Жер жаннаты
Бала жасымыздан «тау» десе екі құлағымыз елеңдеп, делебеміз қозып шыға келетінін жасырмаймыз. Тегі, атам қазақ «тау баласы тауға қарап өседі» деп бекер айтпаса керек. Енді қайтейік, шыр етіп дүниеге келгеннен көргеніміз тау болса. Тау басында қой бақтық, тау бөктерінде шөп шаптық, құз-қияда асыр салдық, жасыл жонда құлын-таймен жарыстық. Туған жерді сағынып тұратынымыз, мұнар тау мен мұзарт шыңды аңсап тұратынымыз да содан шығар.
Биылғы жазда да ұлғая бастаған жасымызға қарамаппыз, тырмысып тағы да тауға шығып кетіппіз… Топқайыңның қыр желкесінде, Күршім сілемінің төрінде ақ сәлдесін жамылған Бүркітауыл соқталанып ылғи да көз арбайтын. Жап-жақында, қол созым жерде ғана тұрғандай еді. Құрғыры, үш күн сандалтты, торғайдай тоздырып жіберді. Тегі, атам қазақтың «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегеніне сеніп қалсақ керек. Садаға кетсін, қазақ та кейде қателесе ме деймін… Көргеніміз – саңылау жоқ жалама құздар мен ақсиған жартастар болды. Мыңдаған жылдар бұрынғы жанартау кратерлерінің шұңғымасындағы тұңғиық көлдер. Тұңғиығы сондай, адамды жұтып қоярдай қап-қара. Оларды бірде әрі айналып, бірде бергі жағын жағалап, шапшыма құзға өрмелейміз. Жығылып-сүрініп, аяқ-қолды жараладық, ауа жетпей демігіп қызылмай боп күйіп кете жаздадық. Енді қайырылып артымызға қарамастай, ендігәрі тау көрместей дүниеден түңіліп қайтқанбыз. Бекер екен, өзімізді табиғатпен жарасымда санап, Бүркітауылды бөрікпен қағып алатындай күпінген екенбіз. Мұншалықты жан қинайтынын қайдан білейік?!
Содан, міне қызық… Арада ай өтпей жатып «Хантәңірі» деген хабар шыққанда, көзі құрғыр тағы да шырадай жанып, екі құлағымыз елеңдей қалған. Бұл сапарға кезінде Қатонқарағай ұлттық табиғи паркте, кейіннен Берел мемлекеттік қорық-мұражайын басқарған абзал досымыз, тау десе ішкен асын жерге қоятын атақты аңшы Ерен Жұмағұлов сонау Алтайдың төрінен арнайы жетті.
Бақсақ, бұл жолғы сапардың салмағы әжептәуір жеңіл екен. Әдеткідей аяғымызға тақа киіп, белімізге арқан байлап, қолымызға «ледоруб» дейтін қайланы ұстаудың тіпті де қажеті жоқ. Қара терге малшынып көк мұзға да жармаспайсың. Тікұшақпен барасың, тау табиғатын айналып-толғанып құмарың қанғанша қызықтайсың, соңынан шың түбіне барып бірер күн демаласың. Бар шаруа осымен тәмам. Әрине, Әулие таудың мұзын сипап, тынысын тыңдап, демін жұтқан да жөн болар еді. Амал нешік, сапардың реті солай болған соң, оған да көндік. Тікұшақпен де бір шырқаған артық болмас деп, барымызды киініп, байлауышымызды тағынып, Алматының жаздың күзге ұласар жайма-шуақ бір күнінде көксеген сапарымызға шығып та кеттік.
Хантәңірін көру бақыты екінің бірінің маңдайына жазбаған деседі. Қалай десеңіз де, ел ішінде сондай наным бар. Ұлы шыңның асқақ бейнесін көре алмай, сұңғыла көркін қызықтай алмай өкініп кеткен жандар көп болыпты. Оның себебі – Әулие тау шамшыл, мінезі дегдар. Ұшар басын қорғасын бұлт тұмшалап, айдай ажарын жасырып апталап, айлап тұрып алады. Қолдан келер қайран жоқ, көкке телміріп, көзіңді сатып күте-күте жалығасың, ақыры мойның салбырап кері қайтасың.
Бұл жолы біздің жолымыз оңынан туған сыңайлы. Күн шайдай ашылып, Алатаудың да, Тянь-Шаньнің де қар жамылған шыңдарын алдымызға жарқыратып жайып салды. Алматыдан асығыс шыққанымызбен, тікұшақ Жетісудың небір көрікті жерлерін биіктен тамашалатып, дарылдап екі жарым сағат бойы ұшты. Түрген шатқалымен өрлеп, қобыз жон, жасыл бұйрат Асы жайлауын түстігінен астық та, «Екінші Көлсайға» бардық. Көлдің ғажап көркіне көз тойдырайын деді ме, ұшқыш төмендей беріп, көлді екі айналып шықты. Баяғыда, шілденің ортасында осы көлге атпен келгеніміз есімде. Шұңқырда жатқан төменгі Көлсайға қарағанда Екінші Көлсайдың жағасы масатыдай жайқалған шалғын, алуан гүлге бөккен батсайы жазық. Көл табиғатының әсемдігі көңіл семірткендей, шабытыңды шақырғандай. Адамдардың көбісі бұл көлге жете алмайды, сондықтан да жоғарғы көлдің қадірін біле бермейді. Менің білетінім – табиғаттың нағыз маржаны осы Екінші Көлсай.
Ендігі бір мезетте шұқанақ-шоқылы Шарын шатқалын көлденеңдей кесіп өттік. Алдымызда Мойнақ ГЭС-і, тау ойқысында айнадай жалтыраған су қоймасы. Одан әрі белден белге ұласқан жолбарыс жондар. Артынша түнерген шатқал, жынысты орман басталды. Ұшқыш Іле Алатауы Тянь-Шань сілемдеріне ауысқанын ескертіп жатты. Аспантаудың омырауынан саулаған сансыз бұлақтар күміс шашбау секілді жалтырап көрінді. Тау бөктеріндегі мөлиген шыршалар да, киізделген бұта-қараған да сұйылып барып, ақыры таусылды. Жалаңаш биіктер, тундралық таз белдеулер ашылып салды. Сәлден соң олар да шұбартып барып ақ қар, көк мұзға ауыса бастады. Ендігісі күміс шытыра шашылғандай көз шағылыстырған сүттей әлем үстінде ұшып келе жаттық. Қаншалықты аптап жазда да міз бақпас, ғасырлар бойы бет-бейнесі өзгермей жатқан тұмса табиғат. Шың басына жол бермей, қамалдай қасқайған жалама жартастар ғана алашұбар. Олар ақша бет арудың бетіндегі сүйкімді меңге ұқсағандай. Жықпыл-жықпыл сайлар мен шайтан шатқалдардың бәрінің табаны мелдектеген мұздықтар. Бейнебір арқырай ағып келе жатқан тау өзені сай-саланы кернеп барып, мұз боп қата қалған ба дерсің. Енді бір тұста мұздықтар ересен күшпен етекке қарай бірін бірі итеріп, шағылған шыныдай ойран-асыры шыққан. Көктемде сең жүргенде үлкен өзендерде осындай шор-шор «торостар» пайда болады. Жер-көкті көлкітіп өзенді бөгеп, адамдарды әуреге салып қоятын да осы «торостар». Мұздықтағы торостар адамдарды өйтіп әуреге салмас, бірақ альпинистерді аттап бастырмайды, маңайы аса қауіпті. Ойран-топыры шығып жатқан мұздардың әңгек-шұңғымасына сырғып кету сөз емес. Мұндағы мұздықтардың қалыңдығы кей тұста жүз метрге дейін жетеді деседі.
Төмендегі кең дүние демін ішіне тартқан тым-тырыс, қыбыр еткен тіршіліктен ада сияқты. Тікұшақтың дарылдаған дауысынан болар, арғыдағы шашын беткейден бүкіл аңғар ішін ақ боранға орап, орасан қар көшкіні түсті.
Күннің шайдай ашықтығы мұндай жақсы болар ма! Көп өтпей-ақ алты қырдың астынан мұнарланып… дариға-ай десеңші, Тәңір таудың өзі көрініс берген. Селт етпес сеңгір жалдың төріндегі шыңға жақындағанша да жарым сағат уақыт ұштық. Жақындаған сайын байқап келеміз, төрт қырлы тең қабырғалы үшкір пирамидаға ұқсайды екен. Көк сүңгідей көк жүзіне шаншылып, қарқарадай қасқаяды, жарықтық! Жақындаған сайын шапшыма қасбеті мен бұрыш-қырлары айқындала түсті. Төбеден үрей сала салбыраған қаспақ қар, мұз «козыректер», жылмағай төскейде қарала құз-жартастар байқалады. Шың бедері айшықталған сайын Ұлы таудың шалықтаған салқын ажары айдынданып бара жатты. Бәріміз терезеге емінеміз, ішімізді тартып, аузымызды ашып аңырып қаппыз. Мақтаса мақтағандай, айтса айтқандай екен-ау! Хан десең де, Тәңір десең де әбден жарасқандай! Тәкаппар да маңғаз. Көк тіреген сұсты қабағына қандай теңеу де сиятындай. Аппақ қар мен көкпеңбек мұз дүниесінде шұғыладай жарқырайды. Көргенге көз, қарағанға көңіл тойсашы! Суреттеуге тіл жетпегендей. Амалсыз күрсінесің. Таңдайың кеберсіп, тілің күрмеліп, бас шайқайсың да қоясың.
Несін айтасың, мынау аппақ мөлдір дүние ғаламат екен! Мұндайда іштей шамырқанасың, шалқисың да толқисың. Көңіл әлдилеген әсерлі сапарды ұйымдастырғандары үшін «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Нұрбол Әлдібаевқа, осы облыс бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сәбит Битаевқа бас изеп ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Рахмет айтып, қолдарын қайта-қайта қысып қоямыз…
Жанкешті жұрт
Әрине, аспанмен таласқан асқар таулар, мәңгі мұз құрсанған шыңылтыр шыңдар төңірегінде сөз болғанда ақынның лағыл жырынан да бұрын көз алдымызға альпинист-спортшының келуі заңды. Альпинистер – шын мәнінде жанкешті жұрт. Былай қарасаңыз, әрекеті көп, берекеті шамалы шаруамен айналысып жүргендей. «Осылар неліктен тауға құмар болады екен?» деп те қайран қаласың. Бірде болмаса бірде мерт болу қаупі барын біле тұра олар тас жұтар тәуекелге неге барады? Бұл сұраққа нақты жауап берген альпинист әлі туған жоқ. Әйтеуір түйсіктің түртпегімен сезетіндері – тауға құмарлық та дерттің бір түрі екені. Жазылмас дерт! Білетіндері – альпинизм – ол экстрим, ол адреналин, өзіне деген сенімді бекіту, рухты шыңдау. Шыңның шырқау биігіне сүйретіліп шыққан бойда жерді айқара құшақтап еңкілдеп жылайтындарын қайтерсің! Бұған дейін көрген құқай-азабын, қиямет-қорлығын сол арада көз жасымен жуады. Ондайда кемсеңдеп тұрып ауыздан шығар жалғыз сөз – «Мы сделали это!».
Аты аңызға айналған Джордж Мэллориден «Сіз неліктен Эверестке бара жатырсыз?» деп сұрапты. Сонда Мэллори «Ол Эверест болғандықтан да!» деп жауап беріпті. Бұл жауапты қалай ұқсаңыз да еркіңізде!
Жалпы, осы тақырыптағы деректерге қарап отырсақ, «альпинизм» сөзі Батыс Еуропаның ең биік тау жүйесі – Альпі атауынан шыққан екен. Таудың басына өрмелеу ең алдымен спорттық мақсатты көздейтіні белгілі. Бірақ ғылыми-зерттеу саласында да альпинизмнің рөлі зор. Спорттың бұл саласы бірнеше түрге бөлінеді. Соның ішінде 6 мың метрден асатын биікке өрмелеу – «биіктік альпинизмі» деп аталады.
Альпинизмнің өркендеп дамуы Орталық Еуропадан бастау алады. 1786 жылы швейцариялық ғалым Г.Соссюраның ұйымдастыруымен Альпінің ең биік нүктесі – Монблан шыңына М.Паккари мен Ж.Бальма деген азаматтар көтерілген. Дәл осы оқиға әлемдік альпинизмге бастама болған сияқты. 1865 жылы ағылшындық жанкештілер техникалық жағынан күрделі маршрутпен өрмелей отырып, тағы да сол Альпі тауы жүйесіндегі Маттерхорн атты шыңды игереді. Бұл күн «спорттық альпинизмнің» туған күні, яғни «күрделі маршруттар бойынша тау шыңдарына өрмелеудің» бастамасы болып есептеледі.
Биіктік альпинизмін алғаш бастаған 1907 жылы Гималайдағы жетімыңдық Трисуп шыңына шыққан ағылшын Том Лонгстафф деген кісі. Ал Ресейдің жартасқа өрмелеу тарихына келсек, бізге белгілі алғашқы дерек – Бірінші Петр патша 1697 жылы Оңтүстік Германиядағы биіктігі 1142 метрлік Брокен тауына шыққан екен. Осы жыл Ресей альпинизмінің туған жылы ретінде қалды. Бізге жеткен келесі бір дерек – 1788 жылғы орыс экспедициясы мүшелерінің биіктігі 4750 метрлік Ключи шоқысына (Ключевская сопка) көтерілуі. Биіктігі 5628 метр болатын Эльбрустың шығыс жақ шыңын алғаш Ресей ғылым академиясы тау экспедициясының жолбасшысы Келар Хаширов бағындырады. Пятигорск пен Нальчикте орнатылған ескерткіш шойын тақта осы кісінің Эльбрустың басына алғаш шыққандығының дәлелі.
1845 жылы Орыс географиялық қоғамының құрылуы тау шыңдарын игеруге жол ашып, әжептәуір жағдай жасады. Қоғамның бастамасымен Орталық Азияның таулы аудандарына көптеген экспедициялар жіберілді. 1901 жылы Владикавказда, Пятигорскіде, Сочиде, Верныйда (қазіргі Алматы) бөлімшелері бар «Русское горное общество» деп аталатын қоғам құрылды.
1923 жылғы тамыз айы Кеңес заманы альпинизмінің туған күні саналады. Осы жылы осы айда Тбилиси университетінің доценті Г.Н.Николадзе бастаған 17 студент (оның ішінде 5 қыз бар) Казбек тауының басына шыққан болатын. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай Кеңес еліндегі альпинизмнің дамуы қарқындап өседі. Памирлік экспедициялар жасақталып, Орталық Тянь-Шаньді игеру науқаны басталады. 1933 жылы КСРО аумағындағы ең биік нүкте – Памирдегі биіктігі 7495 метрлік Коммунизм шыңы бағындырылады. Памир шыңдарын игеруге Евгений Абалаков деген азамат көп еңбек сіңіреді.
Құрамы 9 адамнан тұратын кеңес альпинистері 1982 жылы мамыр айында бұрын жүрілмеген маршрут бойынша аса қиын әрі қауіпті оңтүстік-батыс бүйірден Эверестке көтеріліп, сапарларын сәтті аяқтайды. Екінші кеңестік Гималай экспедициясы 1989 жылы жасақталған еді. Бұл жолғы КСРО құрама командасының құрамында ресейліктермен бірге Қазақстан мен Украинаның да ең мықты альпинистері енеді. Олар Канченджанга сілемінің сегізмыңдық төрт шыңын траверс (төменге түспестен, қабырғалай жүріп, қатар тұрған шыңдарға кезегімен шығу) арқылы бағындырады.
Сөз ретінде «бағындырды» (орысшасы «покорил») – альпинизм мектебінде көптен қалыптасып кеткен сөз екенін айта кетейік. Әрине, табиғатты бағындыру, оның ішінде биік тауды бағындыру адам ұғымына жат түсінік. Осы терминге даңқты жерлесіміз Анатолий Букреев те бір интервьюінде наразылық білдіріпті: «Покорять… это то же, что и покорить другую страну, значить завоевывать. Это неправильно сложившийся термин в советской школе альпинизма. Покорить вершину? Не нужно стремиться ее покорить. Можно только сравняться с высотой горы на какое то время и спуститься вниз живым, если повезет!». Амал қанша, оқырманнан кешірім сұрай отырып, біз де қалыптасқан шаблоннан шықпай жатқанымызды мойындаймыз.
Біз жоғарыда «жетімыңдық», «сегізмыңдық» деген терминдерді де сапырып жатырмыз. Бұлар да альпинизмде жиі қолданылатын атаулар. Яғни, таудың биіктігі жеті мың метрден немесе сегіз мың метрден астам деген ұғым. Біздің әңгімеге тиек болып отырған Хантәңірі «жетімыңдықтар» қатарында. Оның биіктігі теңіз деңгейінен 7010 метр жоғары. Жер шарындағы Хантәңірі сияқты жетімыңдықтар алпысқа тарта екен. Қаншалықты тырмысса да, солардың төртеуінің басына әлі күнге адам баласы шыға алмай жүр. Ал, планетамыздағы «сегізмыңдықтар» саналатын шың – 14. Сол 14 шыңның бәріне шыққан адамдар барын естігенде шын риза боласың. Ондай альпинистер нағыз ержүректер, жон арқасының жалы бар қас батырлар. Бүгінге дейін сегізмыңдықтардың баршасын адақтап шыққан альпинистер 30 кісі, оның үшеуі әйел. Солардың ішінде қара көз біздің қазақтың да болғаны көңілге мақтаныш ұялатады. Ол батырдың аты-жөні – Мақсұт Жұмаев.
Тәңірі нышаны
«Тянь-Шань» сөзі қытай тілінде «аспантау» деген ұғымды білдіреді делінеді. Бірақ арғы түбінде өз сөзіміз. Мұны бізге өзімізбен Хантәңірі сапарына бірге аттанған журналист досым Сауытбек Абдрахманов түсіндіріп берді. Сонда қалай дейсіз ғой? География ғылымдарының докторы, физикалық географияның, палеографияның, топонимиканың ірі маманы Эдуард Мурзаев бұл атаудың түркінің Тәңірі (Танры – Бог) және нышан (нишан – метка) сөздерінен жасалған калька екенін дәлелді айтқан екен. Енді мұны оқырмандар біле жүрсін деп әдейі жазып отырмыз. Бұған көз жеткізгіңіз келсе Википедиядан «Тянь-Шань» деген мақаланы ашып, соның «Происхождение названия» деген бөлігін қарап аларсыз. Ал Хантәңірі болса – қазақ жерінің мақтанышы, өзі сол Аспантаудың жүрегі, осы таулар сілемінің қайталанбас көркі.
Хантәңірін түркілер ежелден қасиет тұтқан. Бұл шың туралы алғашқы мәлімет бұдан 1200 жыл бұрын қытай дереккөздерінде жазылып қалыпты. Орыс саяхатшыларының ішінен 1856 жылы Хантәңірін Қарқара өзенінің басынан көріп, шыңның көркіне тамсанып, орыс қоғамына алғаш таныстырған –Семенов Тянь-Шанский екен. Сол таныстырудан кейін-ақ Орыс география қоғамы Тянь-Шаньға бірінен соң бірі бес экспедиция аттандырады.
Хантәңірі шыңының биіктігі – 7010 метр. Ол Орталық Тянь-Шань – Қазақстан, Қырғызстан және Қытай шекарасының тоғысында орналасқан. Бүгінде ол әлемдік альпинизмнің танымал алаңының бірі. Ол, сондай-ақ, планетамыздың солтүстік жартышарындағы ең жоғары ендіктегі шың саналады. Ол биіктігі жөнінен жетінші орында. Хантәңірі – шығуы аса күрделі шыңның бірі, талай альпинистің басын жұтқан қатерлі тау. Бір сауыры көкбет жылтыр тас, оны «Мәрмәр қабырға» деп атайды. Қар тоқтай бермейді. Тоқтаса да ұзаққа шыдамай, көшкін болып сыпырылып төмен түсіп кетеді. Біз көргенде де бойында қары шамалы, мұздығы күнмен шағылысып айнадай жалтырап жатты.
Тәңір таудың басына алғашқы болып 1931 жылы 12 қыркүйекте украиндық альпинист Михаил Погребецкий қасындағы үш серігімен көтеріледі. Шыңның оңтүстік қабырғасы арқылы өрмелейтін осы маршрут қазіргі кезде де классикалық болып есептеледі. Кезінде Хантәңірі жайында көптеген зерттеулер жасап, біршама мақалалар шығарған көрнекті қаламгер Жанболат Аупбаев былай деп жазыпты: «Хантәңірі республика альпинистерін бұқаралық спорттың қиын да қызықты саласына баулитын, олардың шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір жаттығу алаңы. Мәселен, 1980 жылы бірінші кеңестік Гималай экспедициясы жасақталғанда сондағы көп сатылы сынақтан біздің Қазақстан альпинистері сүрінбей өтіп, Эверестке шығуға жолдама алған Мәскеу, Ленинград командасынан кейінгі мықты төрттік топты құрады. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ. Гималай экспедициясына қатысуға үміткер 52 спортшының ішінен үздік шыққан 16 адамның арасындағы Қазбек Уәлиев, Ерванд Ильинский, Юрий Голодов, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев альпинизмге барар үлкен жолды осы Хантәңірінен, оны бір емес, бірнеше рет бағындырудан бастаған болатын. Қазір де солай. ТМД-дағы немесе шетелдегі дүбірлі жарыстарға барар алдында олар алдымен Тянь-Шаньға жол тартады, жаттығады, содан соң барып әлгіндей альпиниадаларға аттанады. Өздерінің өмір жолы, мақсаты мен мүддесін мұзарттарды бағындыруға арнаған мұзбалақтар үшін Хантәңірі, міне, осындай ерекшелігімен қымбат!».
Бүгінгі таңда да Тәңіртаудың жылдан жылға қадірі артып, қасиеті асқақтай түскені айдай шындық. Жыл сайын жаз шыға саяхатшылар топ-тобымен шың етегіне жетіп, арнайы лагерьлерге орналасады. Шыңның ұшар басына дейін барып қайтуға, кем дегенде, 14 күн уақыт керек. Ол үшін келген қонақтар айлап жатады, ұзақ дайындыққа кіріседі, биіктікке бейімделу жағдайынан өтеді. Содан кейін ғана қаздай тізіліп шың биігіне бет алады.
Ажал тауы
Альпинизм спорты жайындағы әңгімені Эверестсіз айту тұздықсыз сорпа ішкенмен бірдей. Ал, Эверест дегеніңіз – «ажал тауы» екені қазір баспасөз беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Ол жөнінде Интернетте материал да, айғақ болатын фотосуреттер де жетіп артылады. Адам түгілі, құс төресі бүркіт те жетпес биікте түн баласында бет қаратпас дүлей боранмен қоса, 60 градусқа дейінгі аяз қысады. Турасын айтқанда, шыңға бет алған альпинист өзінің қайтып оралмай қалуы мүмкін екенін біледі. Оттегінің жеткіліксіздігі, соның салдарынан жүректің әлсізденуі, сіңір созылып, үсік шалу, тастан құлап жарақат алу, боранда адасып кету – адамның опат болуына әкеліп соқтыратын түрлі жағдайлар. Өзің сеніп келе жатқан оттегі баллоны қақпақшасының аязда қатып қалуы да талай рет қатерге себепкер болған.
Биіктік жағдайында шапшаң қимыл жасауға болмайды, кейде аяқ өзіңе бағынбай тарбаяқтап қаласың. Ондайда адам өзін терең судың астында жүргендей сезінеді, қимыл-қозғалысың баяу, әр қадамың есепті, бәрін де ойланып барып, ақылмен жасайсың. Ақыл демекші, оттегі тапшылығында ми айналып, ой-жүйең жұмыс істемей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Спортшы не істеп, не қойғанын білмей, көз алды бұлдырап жындана бастайды. Ауа жайылып, бағытынан бұрылып кетеді, алдындағы құрдым құздың ернеуін көріп тұрып құлап кеткен оқиғалар көп болған. Суыққа қатты тоңған жан оттан шыққандай күйіп-жанады, үстіндегі киімдерін шешіп, лақтыра бастайды.
Альпинизм тәжірибесі шыңға шабуыл кезінде көбінде мықтылар мен тәжірибелі спортшылар, жол көрсетушілер мен нұсқаушылар мерт болатынын көрсетті. Өйткені, командадағы серіктестері үшін жауапкершілік оларға көбірек жұмыс жасауға, көп қимылдауға мәжбүрлейді. Сөйтіп, арпалысып жүргенде өзінің әлі құрып, күш-қайраты сарқылып қалғанын да байқамай қалады екен.
Енді мына жағдайға назар салыңыз… 2006 жылдың мамыр айында Эвересте орын алған қайғылы оқиғаны оқығанбыз… Биіктегі әлдебір жартастың түбінде суықтан көгеріп үсіп бара жатқан 34 жастағы ағылшын Дэвид Шарптың дәл қасынан 42 альпинист өте шығады. Бұрылып аяушылықпен қарағандары болмаса, ешкім де оған қол ұшын бермейді. Араларындағы біреуі ғана бұрылып келіп, ерні күп боп ісіп, тілі аузына симай жатқан альпинистен иіліп сұхбат алмақшы болады. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, бірнеше рет суретке басады да, жолынан қалмай, әрі қарай кете барады. Дэвид тіл жоқ, көзі жәудіреп, сол орнында кемсеңдеп қала береді. Дэвидті суретке түсірген – «Discovery» телеарнасының маманы екен. Мінеки, бастаушы гидсіз, көмекші шерпасыз Дэвид құсап жалғыз өзі «ерлік» жасағысы келгендердің тағдыры әрдайым осылай аяқталып жатады.
Шыңға беттеген альпинистер қай-қайсысы болмасын жан-жақта шашылып жатқан, жарым-жартылай мұзға көмілген мәйіттердің қасынан өтуге мәжбүр. Бұл мәйіттердің бір кездері өздері сияқты альпинистер болғанын олар жақсы біледі. Тек ол жазғандардың жолы болмай, сәтсіздікке ұшырағандарын да түсінеді. Олардың кейбіреуі тастан ұшып кетіп, сүйектерін сындырған, кейбіреуі қақаған аязда аяқ-қолын үсітіп алған, немесе өлердей шаршап, аттап басуға шамасы жоқ әлсіреп жығылғандар. Немесе, ықтасында аяқ суытып, бел жазып сәтке тынығайын деп қақаған суықта мәңгі қатып қалғандар.
Әлгіндей биіктен қайтып оралмай, шашылып жатқандардың статистикасын ешкім жүргізбейді. Өйткені, өлгендердің көбі есепте жоқ «жабайы топтар», яғни кәсіби нұсқаушы мен жүк көтеруші шерпаны жалдауға қаражаты тапшы жандар. Дайындықтары шамалы олар өздерінше үштен беске дейінгі шағын топ құрып, тауды игеруге аттанысып жатады. Енді біреулер қаражат үнемдеймін деп ақшасын аяп, өмірімен қоштасуға мәжбүр. Эверестке шығар әр маршруттың бұрысы мен бұлтарысында бүгінде шамамен «мәңгілік күзетте» 200-дің үстінде адам жатыр деседі. Бұл бір ғана таудағы жағдай. Ал, Эверестен де қиын, шығуы күрделі Чогори, Аннапурна сияқты шыңдардың өн бойында қаншама адам қалды десеңізші! Сондай келеңсіз суреттер біздің Хантәңіріне де тән. Оның да сай-саласында, әңгек-шыңырауларда, қалың қар мен мұздың астында өзіміздің де, шетелдің де біраз азаматтары мәңгі тұрақ тапқан. Шыңға өрмелеген альпинистер жіпке тізгендей шұбалып, жолдарында жатқан мәйіттерді аттап-бұттап өте береді екен. Өйткені, олар алды мен арты қоғамдалған тар сүрлеуде бағытынан сәтке болса да ауытқудан зәредей қорқады. Биікте адамның әр қадамы санаулы, жыбыр-жыбыр жылжумен аяқ басады. Мәйітті қастерлеп, жолдан бұрылып кетсе – жоғарыға жете алмай қалулары әбден мүмкін, немесе соқпағынан адасып, қаптаған құз-шыңыраудың біріне шатқаяқтап домалап кетулері сөз емес.
Биікке беттеген адамның көңілін әрдайым қорқыныш пен үрей билеумен болады. Ол түсінікті де, шың-құздар еркелікті көтермейді, қателікті кешірмейді. Бір альпинист өзінің естелігінде «аяқ-қолың үсіп, бірер саусағыңды, екі-үш башпайыңды кестірумен құтылсаң – оған шүкір деу керек» деп жазыпты.
Жұрт арасында Эверестің басына бірінші шыққан Джордж Мэллори атты ағылшын деген де аңыз бар. Бұл 1924 жыл болса керек. Жұптас серігі Ирвинг екеуінің шың басына өрмелегендеріне бірнеше кісі куә екен. Соңғы рет оларды бұлттармен араласып, шың басынан небәрі 150 метрдей жерде кетіп бара жатқандарын дүрбі салып байқапты. Артынша шыңның биігін де, спортшыларды да қою бұлт тұмшалап қалған. Жорамал бойынша олар шың басына шыққан, содан қайтқан жолда, ылдилап келе жатқанда опат болған сияқты.
Қысқасы, ол екеуі де етектегі лагерьге қайтып оралмаған. Есімдері көп жыл бойы атаусыз қалды, уақыт екеуін де санадан өшірді, ұмыт болды. Оларды іздеген де ешкім жоқ, ол заманда іздеу салатындай адамзат баласында шама да жоқ еді. Тек, 1999 жылы шыңға өрлеген кезекті бір топ 8290 метр биіктікте жылдар жылымы жұтқан, жел жалап, мұзға қатқан көптеген мәйіттерге тап болады. Солардың ішінен баяғыда, бұдан 75 жыл бұрын жоғалған Мэллориді ерекше киіміне қарап тауып алады. Ол тарғаяқтай ұмтылып барып, жерді сүзе етбетінен құлапты деседі. Басы мен қолдары мұзға жартылай қатып қалыпты. Серіктесі Ирвинг ол маңайдан табылмайды. Алайда, Мэллоридің байланған арқаны ақырғы сәтке дейін екеуінің бірге болғанын айғақтапты. Өйткені арқан пышақпен шорт кесілген. Соған қарағанда Ирвинг әлде де жүруге шамасы болып, өлімші халдегі жолдасын тастап, өзі төмендеп кеткен тәрізді. Сөйтіп, таудың ылдидағы бөктерінің бірінде қаза болды деген болжам бар.
Қар үстінде ашық қалған адамның денесі ұзаққа сақталмайды деседі, дененің киіммен жабылмаған ашық жерлерін қарлы боран сүйекке дейін мүжіп тастайды екен. Ал, қалың қардың астында, немесе мұзға қатып қалғандай болса ол дене ұзағырақ сақталатын сияқты. Кейінгі жылдары бір альпинист 7200 метр биіктікте қар көшкінінен кейін оқыс ашылып салған жап-жас әйелдің мүрдесіне кезігіпті. Жуықтағы бір жағдайда опат болған-ау деп, ол жас әйелді суретке түсіріп алады. Төмендегі лагерьге қайтып келген соң, тәжірибелі серіктестеріне әлгі әйелдің суретін көрсетеді. Сөйтсе ол әйел бұдан 10 жыл бұрын қатты боранға қалып, жоғалып кеткен альпинистің бірі болып шығады.
Опат болған альпинистерді эвакуациялау қиямет шаруаның бірі, сондықтан ондай жұмысқа белсеніп ешкім бара қоймайды. Тікұшақ болса әлгіндей биіктікке көтеріле алмайды, сирек ауада апатқа ұшырауы даусыз. Сондай-ақ, адамның шыныдай боп сіресіп қатып қалған денесі мен аяқ-қолын бөлшектеп кеспесең, оны бүктеп тасымалдауға икемдеу тағы мүмкін емес. Оның үстіне өзі әлсіреп, әлтек-тәлтек биіктен қайтқан альпинист мұз қатқан киім-кешегімен 90 килограмнан ауыр тартатын адамды көтеріп те, сүйретіп те төменге түсіре алмайды. Амал жоқ, қаза болған альпинистер осылайша таудың қия-шатқалдарында көмусіз қала береді.
1998 жылдың мамырында болған ерлі-зайыпты Сергей Арсентьев пен Френсис Дистефаноның қазасы көптің көңілін құлазытқан-ды. Олар 8200 метр биіктікте боранның басылуын күтіп, үш күн, үш түн тауда қалады. Содан кейін 22 мамырда 18.15-те сүйретіліп, аңсаған армандарына жетіп, шыңның шырқау басына шығады. Шыңға шығуға бұл мезгіл тым кеш еді. Екеуі де оттегі маскасын пайдаланбаған. Сөйтіп, альпинизм тарихында Френсис оттегісіз шыққан тұңғыш әйел саналды.
Ерлі-зайыптылар арып-шаршап төмендеп келе жатқанда қараңғылық түсіп, әдеттегідей алай-дүлей боран басталып кетеді де олар бір-бірінен адасып қалады. Түн жарымында Сергей лагерьге соқа басы өзі келеді. Әйелі түні бойы жоқ. Түні бойы кірпік ілмеген Сергей ертеңінде ертемен әйелін іздеуге жалғыз аттанады. Ол сол кеткеннен мол кетеді, таудың белгісіз бір шатқалында мерт болды деген болжам бар. Келесі күні үш өзбек, үш шерп және Оңтүстік Африканың екі альпинисі жолай қар астында жатқан Френсиске кездеседі. Екі тәулік бойы сақылдаған сары аязда қалса да жас келіншек әлі тірі екен. «Мен американкамын. Құдай үшін көмектесіңіздерші?» деп күбірлейді әйел. Альпинистердің сегізінің де арман-мақсаты шыңға шығу ғой, әйелдің қиын жағдайын көрсе де аялдамай, оның қасынан өте береді.
Кейін әлгі сегіздің айтуымен Френсистің қай жерде жатқанын білген бірер таныстары 8 жыл бойы жаңа экспедицияға дайындалып, артынып-тартынып Эверестке шығады. Олар көп жылдар бой қалың қардың астында көміліп қалған Френсисті ақыры іздеп табады. Ұйықтап кеткендей ғана көз жұмып, сұлу қалпын сақтап қалған жас келіншекті американ жалауына орап-шымқап, жартастан шатқалға қарай сырғытып жібереді. Биік тау жағдайында адамды жерлеудің реті осы болатын. Ал, оның күйеуі Сергей Арсентьевтің мәйіті ешбір жерден табылмайды.
Мико Имаи деген альпинист таудағы адамгершілік, гуманизм жайында қойылған сұраққа былай деп жауап беріпті: «В таких экстремальных ситуациях каждый имеет право решать: спасать или не спасать партнера. Выше 8 тысяч метров ты полностью занят самим собой и вполне естественно, что не помогаешь другому, так как у тебя нет лишних сил».
Шындығы да, тегі, осы болар… Теңіз деңгейінен 8 мың метр биіктікте әркім өз өмірі үшін арпалысады, шыбын жаны үшін күш күресуге мәжбүр.
Букреев биігі
Хантәңірі – етектен көз талғанша қызықтайтын ғажайып тау ғана емес, ол ең алдымен еліміздегі «биіктік альпинизмінің» киелі де кепиетті ордасы. Ал, биіктік альпинизмі жайында сөз болғанда, қазақ елінің атын шығарып, бұл салада әлемдік деңгейге көтерілген жерлестерімізді айтпай кетуге тағы болмас…
Жалпы Қазақстан альпинистерінің жеткен жетістіктері орасан! Ертеректе Жанболат досымыз жазғандай, бұл жетістіктерге жетулеріне оларға ең алдымен Алатау мен Тянь-Шаньнің ақбас шыңдары себепші болғаны сөзсіз. Аттарынан ат үркетін, атақтары жер жарған ол жерлестеріміз жастайынан Алматы маңайындағы мұздықтарға өрмелеп, болаттай шынығып, соңынан планетамыздың айтулы шыңдарын бағындырған өрендер.
Қазақстандық мықты альпинистер туралы сөз болғанда ауызға ең бірінші ілінетіні – Анатолий Букреев. Спорт әлемінде оның есімі жер жарады. Ол шын мәнінде әлемдік дәрежедегі жойдасыз тұлға. 1958 жылы туған. Өзінің қысқа ғұмырында сегізмыңдық 14 шыңның 11-інің басына шығып үлгерген. Эверестке үш мәрте көтерілген.
Өздерінің жерлесі, атағы жер жарған асыл азаматы жайында қазақстандықтар оншалықты біле бермейді. Есесіне оның есімі шетелдерде, әсіресе, Құрама Штаттарда аңызға айналған. Голливуд Анатолий туралы екі көркем фильм түсірді. Оның алғашқысы «Смерть в горах» деген атпен 1997 жылы, екіншісі осы жуықта – 2015 жылы «Эверест» деген атпен үлкен экранға шықты. Көрермен ретінде «Смерть в горах» фильмін алғаш көргенде мен қатты тебірендім, жүрегімді мақтаныш сезімі, бойымды қуаныш биледі. Өйткені, Анатолийдің алматылық екенін білмеуші едім, осы фильм арқылы көзім жетті… Фильмнің қырқыншы минутында Эверестің басына шыққан Анатолий күні мен бүркіті жарқыраған аспанкөк Қазақстан туын кеудесінен суырып алып, желбірете жайып жібереді. Бұл эпизодты көріп отырған біздің тіліміз байланып, деміміз бітіп қалғандай күй кешкенбіз.
Анатолий өзі туралы Голливудтың фильм түсіріп жатқанын білген. Бірақ сол фильмді көре алмай 39 жасында қаза болып кетеді. Сондықтан осы бір атақты жерлесіміз туралы оқырманға біршама мәлімет бере кетсек артық болмас деген ойдамын.
Анатолий Букреев КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан азаматтығын алып, тоқсаныншы жылдары Гималайға және Қарақорым тауларына неше мәрте шығып қайтады. Шетелдік экспедицияларда жол көрсетуші, нұсқаушы-гид болып жұмыс істейді.
1995 жылдың 30 маусымында Алматы жанындағы биіктігі 4010 метрлік Абай шыңына шыққан көпшілік альпиниадасында Анатолий Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке нұсқаушысы болды. Артынша Манаслу мен Чо-Ойю сегізмыңдықтарына сәтті жасалған Екінші және Үшінші қазақстандық гималай экспедициясына қатысты. Жалғыз өзі Лхоцзе, Шишабангма, Броуд-пик, ІІ Гашербрум сегізмыңдықтарын бағындырып, ғаламшардағы ең мықты альпинистердің бірі атанды.
Анатолий – биіктікке көтерілгенде ешқашан оттегі маскасын пайдаланбаған спортшы. Ол 1995 жылдың 17 мамырынан 1996 жылдың 17 мамырына дейін, яғни бір жылдың ішінде 5 рет сегізмыңдық шыңға: Эверестке, Дхаулагириге, Манаслуға, тағы да Эверестке және Лхоцзеге көтерілгені үшін әлемдік рекордқа ие болды. Кейінгі алты сегізмыңдыққа шығуға ол тоғыз жарым ай ғана уақытын жұмсады.
Анатолий Букреев 1997 жылғы 25 желтоқсанда қазақстандық кинооператор Дмитрий Соболевпен бірге Италияның танымал альпинисі Симоне Мороны ертіп, өзінің 12-ші сегізмыңдығы – Аннапурна тауына қыс мезгілінде өрмелейді. Ол үшеуі 6 мың метрлік биіктікте ертеңгі шығудың әзірлігін жасап, ілмектер қағып, таяныш-перилалар орнатады да, бүгінше демалу үшін кештетіп базалық лагерьге ылдилап келе жатады. Кенеттен тау биігінде салбыраған қасат қардың ернеуі күркірей құлап, күтпеген жерден алапат көшкін түседі. Көшкін альпинистерді тау беткейінен сыпырып әкетеді. Симоне Моро көшкінмен бірге төмендегі лагерьдің маңайына дейін домалап, таңғаларлық жағдайда тірі қалады. Басы мен қолы жарақаттанған ол базалық лагерьге сүйретіліп әзер жетеді де, апат жайында хабарлайды. Жоғалғандарды іздестіруге дереу Алматыдан, құрамында төрт тәжірибелі альпинист бар, құтқарушы экспедиция ұшып шығады. Олар неше тәулік іздегендерімен, Букреев пен Соболевті таба алмайды. Келесі жылдың наурыз айында, күн жылыған кезде Симоне Моро мен Ринат Хайбуллин жоғалған екеуді қайыра іздестіреді. Бірақ ол талпыныстары да ешқандай нәтиже бермейді. Тек Анатолийден алған мына хабарлама ғана бүгінгі күні ұлы альпинист жайындағы соңғы дерек болып қалуда:
«18.12.97 г. Сегодня мы спустились на высоту 1760 м. в поселок с горячими источниками на отдых. Две недели стояла погода, необычная для Непала. Засыпало снегом более чем на 3,5 метра. Откапывали палатки и топтали тропу до АВС. Потеряли две палатки. Завтра возвращаемся наверх в базовый лагерь. Будем пытаться делать восхождение до 16 января, после чего надеюсь вылететь в Алма-Ату. С 5 февраля у меня приглашение в Иран и потом в Америку. Анатолий».
Бес жылдан кейін Симоне Моро Италияда 7 рет басылған, оған қосымша испан және поляк тілдерінде аударылып шыққан Букреев туралы «Комета над Аннапурной» кітабын жазды. 2002 жылы қазақстандық режиссерлер А.Севернюк пен В.Тюлькин Анатолий туралы «Непокоренная вершина» атты деректі фильмді жарыққа шығарды. Анатолийдің америкалық досы, киноактриса және қоғам қайраткері Линда Уайли Аннапурнаның етегінде оған арнап ескерткіш-пирамида орнатты. Тақтада бір кездері Анатолийдің өзі айтқан: «Горы не стадионы, где я удовлетворяю свои амбиции, они – храмы, где я исповедую мою религию», деген сөздері жазылған.
1999 жылдан бастап Алматының тау бөктерлерінде Анатолий Букреевті еске алуға арналған төртмыңдық Амангелді шыңына жылдамдықпен жалғыз көтерілу бойынша жыл сайынғы дәстүрлі жарыс өткізіледі. Букреевтің альпілік стилінің ең жарқын ізбасары, жоғарыда сөз еткен әйгілі спортшы Денис Урубко осы жарыста бірнеше рет жеңімпаз атанды.
Осы жылы Линда Уайли достарымен «Букреевтің мемориалды Қорын» құрды. Ондағы мақсат – Қазақстанның жас альпинистеріне Аляскадағы, яғни ең солтүстік ендіктегі алтымыңдық Мак-Кинли шыңын, ал жас америкалықтарға – Хантәңірі жетімыңдығының басына шығуға демеушілік жасау. 2000 жылы Букреев Қоры Гималайдағы Шишабангму биігіне жасалған қазақ-американ экспедициясына демеуші болды. Осы экспедиция қазақ жігіті Мақсұт Жұмаевтың бағын ашып, жұлдызын жарқыратты. Ол содан кейін-ақ арасы 10 жыл ішінде 14 сегізмыңдықтың барлығын оттегі маскасынсыз-ақ игеріп шықты.
Линда, сонымен бірге, «Выше облаков. Дневники высотного альпиниста» атты кітап жазып, оны тау табиғатымен, Букреевтің алуан суреттерімен безендіріп жарыққа шығарды. Кітап Канадада жоғары бағаға ие болып, түрлі сыйлықтар иеленді.
1996 жылдың 10 мамырында Эвересте болған апатқа байланысты Батыс баспасөздерінде Букреевтің есімі көп айтылып жүрді. Ол кезде Анатолий Эверестке жасалған «Горное безумие» америкалық коммерциялық экспедициясының нұсқаушысы болатын. Бұл экспедицияның жетекшісі Скот Фишер еді. Олар Роб Холл бастаған жаңазеландиялық «Консультанты по приключениям» атты экспедициямен шың биігіне қатар көтеріледі. Коммерциялық аталу себебі – Эверестке шыққысы келген адам 65 мың АҚШ долларын төлеуі тиіс. Экспедиция құрамында осындай мол қаражат төлеген, жастары 40 пен 50 арасындағы әуесқой-альпинистер болады. Әрине, жасамыс кісілердің тәжірибесі шамалы, баяу жылжиды, жиі-жиі тоқтайды, ентіктерін баса алмай себепсіз дем ала береді. Екі топтың да кейбір мүшелері шың басына шыққандарымен, әлгіндей тобанаяқ салбөкселіктің салдарынан ерте күнді кеш қылады. Күн батқанша 7900 метр биіктіктегі төртінші лагерьге оралып үлгермейді. Аяқ астынан басталған көз қаратпас сұрапыл боранға қалады.
Қысқасы, бұл экспедицияның нәтижесі былай аяқталады:
Алғашқы топта таудан түсіп келе жатқанда үсік шалып, қатты сырқаттанған экспедиция жетекшісі Скот Фишер ғана қайтыс болды. Оның денесін бір күннен кейін Букреев барып, қар астынан қазып алады. Ал экспедицияның қалған алты мүшесі, қастарында екі кәсіпқой нұсқаушы Бейдлман мен Букреев бар, және төрт шерпа шыңға шығып, аман-есен қайтып оралады.
Роб Холлдың экспедициясында шыңнан түсу кезінде үсік шалған Холлдың өзі және экспедицияның байырғы мүшесі Дуг Хансен қаза табады. Оларға Оңтүстік шыңнан көмекке келген Энди Харрис деген нұсқаушы жігіт те үсіп өледі. Төртінші лагерьге жақындай бере, азғантай ғана жер қалғанда қараңғы түнек пен боранда топтан адасып қалып қойған Ясуко Намба деген 47 жастағы жапон әйелі де мерт болады. Ол әйелді Букреев бір жылдан соң ғана қар астынан тауып алып, жапон жұртшылығының алдында оны құтқара алмағаны үшін кешірім сұрайды. Тірі қалғандар – шыңға көтерілген Майк Грум, екі шерпа және осы қайғылы оқиға туралы кейін атышулы кітап жазған журналист Джон Кракауэр болды. Анатолий өзі әбден титықтап лагерьге келсе, Холлдың тобынан әлі бір топ адам таудан қайтпағанын көреді. «Қалғандары қайда?» деген оның сұрағына «төртеуі жүре алмай тауда қалды» дегендей немқұрайды жауап алады. Анатолий көп ойланып тұрмай-ақ, бораны бет қаратпай тұрған түн түндігіне жалғыз сіңіп кете барады. Бірер сағат өткенде өлімші болған бір альпинисті тәлтіректей көтеріп палаткаға кіргізеді. Кіргізеді де, өзі дем алмастан түнделетіп қайта тауға кетеді. Біраз уақыттан кейін екінші альпинисті иығымен сүйеп алып келеді. Түн ортасын аударып барып үшіншісін сүйрелеп әкеледі де, өзі де діңкесі құрып, күш-қуаты сарқылып, сүрініп құлайды. Төртінші альпинисті құтқаруға оның мүлдем шамасы жоқ еді. Өлім аузынан Анатолий құтқарып қалған адамдардың аттары қазірге дейін белгілі: Сандро Питтмэн, Шарлотта Фокс, Тимоти Мэдсен. Кейін бұл оқиғаны естіген сарапшылар да, оған куә болған әріптестері де аюдай ақырған аязда, көрдей қараңғы түнек жағдайында қазақстандық бұл жігіттің бойына мұншалықты қайрат-жігер қайдан келгеніне таңғалысады. Жаны темір болса да дәл мұндай қиялға сыймас әрекет адам баласының мүмкіндігінен тысқары деп бастарын шайқасады.
Биылғы жылы «Проект Магнит» атты шығармашыл топ деректі фильм түсірген екен. Осы фильмде олар Анатолий Букреевтің бұл ерлігін 1976 жылы 16 қыркүйекте Ереван көлінің жағасында болған әйгілі оқиғамен теңгеріпті. Ол күні суға жүзуден бірнеше мәрте әлем чемпионы Шаварш Карапетян 92 адаммен көлге құлаған автобустан 20 адамды құтқарып қалған болатын. Расында да, жиырманы құтқару үшін ол тереңдігі 12 метрлік суық суға жиырма рет секірген еді. Бұл да Құдай тағаланың адамға өлшеп берген мүмкіндігінен жоғары әрекет болатын.
Бір журналист «палаткада сол сәтте Холлдың тобынан төрт нұсқаушы, олардың көмекші алты шерпасы демалып жатқанын естідік. Аяз бен боранға шыдамай, серіктестерін тауға тастап кеткен солар емес пе еді? Сіз өзге топтан бола тұра басыңызды неге бәйгеге тіктіңіз? Олар неге сол түні сізбен бірге ере шығып, өз командастарына көмектеспеді?» деген сұрағына Букреев: «Западные альпинисты… они никогда не рискуют. У них за плечами кредитная карточка, банковский счет, дом в Калифорнии или на островах где-то. У него хорошая жизнь, и он приехал отдохнуть» деп жауап беріпті.
Міне, біздің әйгілі жерлесіміздің ниеті қаншалықты таза, адамгершілігі жоғары, рухы қандай биік болған десеңші!
Эвересте болған трагедияға байланысты Голливуд екі фильм түсіргенін жоғарыда айттық. Мұндай трагедия биік тауларда оғанға дейін де талай болған, тағы да бола беретіні даусыз. Дәл осы оқиға төңірегінде әлемдік баспасөздің бөрі тигендей бөрлігіп жүргендері – экспедиция құрамында арзан сенсацияға үйір бір журналистің болғандығынан. Осы экспедициядан қайтқан бойда Кракауэр тездетіп кітап жазып, оны бұрқырап көп тиражбен елге таратады. Голливуд осы журналистің естелігін негізге ала отырып, тездетіп фильм шығарып жібереді. Мұндайда Батыстың журналисінің де, Голливудтың да шапшаңдығына таңғалмасқа лажың жоқ. Оқиға 1996 жылдың мамырында болды дедік, ал арада бір жылға жетпей (кітапты қойшы, әрине, кітап жазу да оңай емес) экранға сондай тездікпен атышулы фильмнің шығып кеткеніне қайрансың. Фильмді Роберт Маркус деген режиссер түсірген болатын.
Араға 17 жыл салып, Бальтасар Кормакур деген режиссер де «Эверест» атты фильмді экранға шығарады. Бұл фильм де сол баяғы трагедияға арналғанымен, режиссер біздің Букреевтің ерен ерлігін барынша бүркемелеп көрсетіпті. Негізі бұл фильмде де басты кейіпкер Анатолий болуы керек еді. Амал бар ма, «мүйіз сұраймыз деп, құлақтан айырылғандай» болыппыз. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, «киношниктердің» кейбір әділетсіздігіне өкінесің де қоясың.
1997 жылдың мамырында өзі туралы фильм түсіріп жатқанын «альпинистердің Меккесі» – Непалда жүріп естіген Букреев бір журналға былай деп жауап беріпті: «На Западе мне после прошлогодней трагедии многое не нравится, потому что люди делают на этом большие, сумасшедшие деньги, преподнося события так, как хочется той же Америке, а не так как это было на самом деле. Сейчас Голливуд снимает фильм, не знаю, что там сделают из меня… понятно, что это будет совершенно по другому. Там из любого негативного события делают только деньги. И забывают обо всем, когда речь идет о миллионах баксах – можно повернуть историю как угодно».
Түрлі елдердің баспасөз материалдарын оқып отырған кезде біздің аңғарғанымыз – өзге жұрт Букреевтей кесек тұлғаны «қазақстандық» дегенге қимайтын сияқты…
Букреев құтқара алмаған төртінші адам ешбір жерден табылмай, ақыры із-түзсіз жоғалып кетеді. Ол ғана емес, өзге де экспедициялардың бірер мүшесі сол түні таудан қайтпай қалған екен.
Бір қызығы, «үсіп өліп қалды» деп тау бөктерінде бетін жауып, мәңгіге қалдырып кеткен 50 жастағы экспедиция мүшесі Бек Уэзерс таң ата тіріліп, барша күш-қайратын жинап, сүйретіліп лагерьге өзі келеді. Бірақ кейінірек аяқ-қолы кесіліп мүгедек болып қалады. Уэзерс кейіннен осы оқиға жайында «Брошенный умирать» кітабын жазады. Ол кітап 2000 жылы көп таралыммен жарық көреді.
Америкалық Альпілік Клубы қақаған аяз бен боранда өз өмірін қатерге тіге отырып тәуекелге барғаны үшін, тауда қалған бірнеше адамды құтқарғаны үшін Анатолий Букреевке 1997 жылғы 6 желтоқсанда Дэвид Соулс атындағы сыйлық береді. Арада 19 күн өткенде әйгілі жерлесіміз қаза табады.
2007 жылы Букреевтің өмірден озғанына 10 жыл толуына орай альпинистік қоғам Алматы маңындағы Пионер шыңына альпинистің есімі жазылған қоңыраулы үштаған ескерткіш орнатты.
Симоне Моро жалпы альпинистерге, соның ішінде қазақстандықтарға: «Анатолий Букреевке деген менің ризашылығым шексіз. Мен онсыз қазіргідей тірі жүрген болмас едім. Сіздер Букреевті ешқашан ұмытпаңдар! Өйткені, ол сендердің мақтаныштарың әрі айта жүрер айбындарың» деген сөз арнады.
Жерлестері болса Алматының Орталық стадионының қабырғасына Анатолий Букреевке арналған мемориал тақта орнатты.
Асқарға аттанғандар
Біздің елде ауыз толтырып айта жүретін, жүрген жерде мақтан ететін альпинистер баршылық дедік. Солардың қатарында Валерий Хрищатый мен Қазбек Уәлиевті, әлгінде есімдерін атай кеткен Денис Урубко мен Мақсұт Жұмаевты атауға болады.
Валерий Хрищатый 14 жасында Алатаудың 4 мың метрлік биігіне шыққан жап-жас өрен екен. Ол небәрі 41 жыл ғана ғұмыр кешті. Осы қысқа ғұмырында Памир мен Тянь-Шань шыңдарына аса күрделі 50 жаңа маршрут салды. Бір өзі 350 рет түрлі биікке, солардың ішінде 33 рет жетімыңдықтарға көтерілді.
Қазбек Уәлиев екеуі 3 сегізмыңдықты – Эвересті, Канченджанга мен Дхаулагириді бағындырды. Біз тілге тиек етіп отырған Хантәңіріне Валерий 6 рет шығыпты. Ол КСРО-ның бес мәрте чемпионы болды, «Қар барысы» атағын да иеленді. Бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталды.
Валерий КСРО чемпионатының аясында Победа шыңынан Хантәңіріне дейінгі аралықтағы алтымыңдық, жетімыңдық шыңдардың бәрін көктей өтіп, 14 күнде траверс жасап шыққан спортшы. Бұған дейін дәл осындай азғана уақытта мұндай ерлік жасаған, оннан астам шыңды адақтап өткен адам болған жоқ.
Ол 1993 жылы ағылшын альпинистерін бастап Хантәңіріне өрмелейді. Тәңір таудың биігін қонақтарға көрсеткен соң, осы шыңға солтүстік жалама қабырғаны бауырлап, жалғыз шығуды көздеп жүрген. Бірақ…
Төпелеп күн-түн демей үш тәулік бойы қар жауады, алай-дүлей бұрқасын тұрады. Бұл кезде қар суырған бұрқасынның басылуын күтіп, Хантәңірінің батыс жақтағы ойыс ерлігінде көп альпинист жиналып қалған болатын. Жауған қар палаткаларды қайта-қайта басып қала береді. Зықысы шыққан альпинистердің бір тобы мұз қабырғаларды ойып, үңгір қазып, соларды барып паналайды. Бірде жаңадан жауған қалың қардың салмағынан биікте шорланған мұз қопарыла жылжып, үңгірде бейқам жатқан төрт поляк альпинисін мыжғылап, үстінен басып қалады. Тура сол күндері осындай мұз көшкіні Чапаев асуында боранның басылуын күтіп жатқан Валерий Хрищатыйды да мерт қылады.
Қазақстан альпинизмі тарихындағы санаулы саңлақтың бірі – Қазбек Уәлиев. Ол Эверестке шыққан алғашқы қазақстандық азамат. Қазбек әскери ұшқыштың отбасында дүниеге келген. Алматыда мектеп бітіреді, осы қалада политехникалық институтты қызыл дипломмен тәмамдайды. Ғылым жолына түседі, Новосібірде, Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде диссертация қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын алады.
Ол альпинизм спортымен институттың бірінші курсында оқып жүрген кезінен айналысқан екен. Табанды жігіт кейін осы саладан КСРО спорт шебері, КСРО-ның бірнеше мәрте чемпионы атанады. 1982 жылы Эверестке шығатын бірінші советтік экспедицияның командасына енеді. 1989 жылы альпинизм бойынша КСРО-ның құрама командасының капитаны болып тағайындалады.
Қазбек 1974-1990 жылдар аралығында КСРО территориясындағы жетімыңдықтың бәрін бағындырған спортшы. Олардың кейбіріне ол бірнеше реттен шығып, барлығы 21 мәрте биікке көтерілген. Мысалы, Коммунизм шыңына 9 рет, Ленин биігіне 8 рет шығыпты. Солардың ішінде біз сөз етіп отырған Хантәңірі де бар. Осы ерліктері үшін «Қар барысы» құрметті атағына ие болады.
Ең бастысы, Қазбек өзінің жұптас досы Валерий Хрищатыймен 1982 жылы Эверестің басына, бұрын ешкім жүрмеген оңтүстік-батыс қабырғадан жаңадан маршрут салып, өзгелер секілді күндіз емес, мамырдың 7-сінен 8-іне қараған түнде ұлы шыңның ұшарына шығады.
Біздің келесі бір мақтанышымыз – Мақсұт Жұмаев, 1977 жылы дүниеге келген, Сырым батырдың тікелей ұрпағы. Биіктік альпинизмі бойынша еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Әлемнің барлық сегізмыңдығын бағындырған жалғыз қазақ. Солардың бәріне оттегі маскасынсыз шығып, бұл жөнінен әлемдегі 12-ші альпинист атанды.
Қызық болғанда, Мақсұт тау дегенді алғаш Алматыға бір ағайынның үйіне қонаққа келгенде бір-ақ көріпті. Содан тау шыңдарына өлердей құмартып, Орал ауылшаруашылық институтында оқып жүрген кезінде-ақ, жаз бойы Алматыға келіп, Қазбек Уәлиевтің «Хан-Тенгри» фирмасында жұмыс жасайды. Шетел альпинистерінің жүгін көтеріп, Алматы маңындағы үш мыңдық, төртмыңдық шыңдарға шығып жүреді.
2000 жылы 9 тамызда қасында екі досы бар, алғаш рет Хантәңірінің басына шығады. Сол жылы 22 тамызда «Хантәңірі – 2000» фестивалінің төрешілері ретінде 3 жігіт төменнен көтерілген жеңімпаздарды кезек-кезек күтумен, биіктегі азынаған жел өтінде, шыңның ұшар басында 7 сағат бойы отырады. Содан кейін-ақ Мақсұттың әлемдік додасы басталады. Жер шары құрылықтарының айтулы шыңдарының көбісін бағындырады. Сегізмыңдықтардың бәрінің басына шығып, 16 рет оттегі баллонынсыз шырқау биіктерге көтеріледі.
Сегізмыңдықтарды бағындыру қаншалықты жүрекжұтқан жігіт болсаң да оңай тірлік емесі аян. Өрлік те, өжеттілік те шыңдалар тұс осы! Мақсұт оларға жасымас жігер, мұқалмас қайратының арқасында қол жеткізді. Әйтпесе талай рет шың биігіне 100-150 метр қалған кезде ауа райының қолайсыздығына кезігіп, амалсыз кейін шегінген шақтар Мақсұтта да көп болған. Әсіресе, өзі шетінен бағындырып келе жатқан 14 сегізмыңдықтың ең соңғысы – Қарақорымдағы атышулы К2-ні жұптасы Василий Пивцов екеуі бес мәрте шабуылдағаны бар. Бесеуі де сәтсіздікке ұшырады. Тек алтыншы ретте ғана әупірімдеп шың басына аяқтары тиген.
Мінеки, біздегі биіктік спортының бірер әйгілі саңлақтарымен таныстырып өттік. Әрдайым барымызды бағамдап, баяндымызды бағалап жүргеніміз жөн шығар деген ниет біздікі…
* * *
Біздің тікұшақ Тәңіртаудың алқымына дейін көтерілді. Ұшқыш «5150 метр биіктеміз» дегенді хабарлады. Сол хабардың әсері ме, оттегінің тапшылығын сезіп, аздап алқына бастағандаймыз. Оның үстіне тікұшағымыз ауылдың майбатпақ қара жолына түскендей шайқалақтай бастады, қапалағы үрейлі бөтен дауыс шығарып, тарсылдап кетті. Биіктік жағдайында қапалақты ұстар дәнекер ауа сиреген кезде сөйтіп, зәрені алады екен. Ұшқыш бұдан әрі тікұшақтың көтеріле алмайтынын, апатқа ұшырауымыз мүмкін екенін ескертті. Мен қызбаланып, анау төмендегі екі таудың ерлігіне, немесе мұздықтың бір тепсеңіне қонуды ұсынып едім, ұшқыш азар да безер болды. Біріншіден, сирек ауа жағдайында қонған жерден тікұшақ қайта көтеріле алмай қалады деді. Екіншіден, асудың үсті қашанда азынаған жел, тікұшақты қаңбақтай қақпақылдап әкете ме деп қауіптенді.
Мейлі, деп біз ұшқыштың айтқанына амалсыз көндік. Ендеше, аман-есенімізде жадағай етекке еңкейгеніміз де жөн шығар деп бірауыздан шешім қабылдадық.
Жігіттер шың етегіндегі жосалы жазықтың жиегіне палаткалар құрып, жарқыратып шатыр тігіп тастаған екен. Әрине, азаматтардың мұндай құрметтеріне ризашылығымыз шексіз еді. Сөйтіп, біз көңіл қытықтар көркем көріністің бел ортасында екі күн бойы армансыз дем алдық. Өрмелеп мұзға шықпасақ та, Әулие таудың ауасын жұтып, тұмса табиғат әлемінде тыныстадық. Тау шалғынының жұпарын иіскеп жанымыз жаңғырды, ұмытылмас әсерге бөленіп, серпіліп қайттық.
…Мына біз тікұшақпен де көтеріле алмаған биіктікке жаяу жететін жүрек жұтқандардың жанкештілігіне ауыз ашып, көз жұмбасқа, шақшадай басты шайқай бермеске шара жоқ!..
Әлібек АСҚАРОВ.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы.