«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
КӨККӨЛ
немесе Қарлы асуда қалған ауыл
Бала күнімізде Көккөл жайында көп әңгіме естуші едік. Үлкендер жағы ондайда қысыр әңгіме, қалжың мен күлкіні тыя қойып, өзгеше салмақтана қалысатын. Сосын арқан жұтқандай ұзақ толғанып, сараң бастап, сыздана отырып сөз бастайтын.
Көккөлдегі кен қазған шаруа анау айтқандай құпия да болмаған сыңайлы. Бірақ Көккөлдің атын естісе біздің ағайындардың көңілдеріне алаң бітіп, тура жауаптан жалтара беретіні қайран қалдырушы еді.
Содан ба, Көккөл бейнесі біздің санамызда сағымдай бұлдыр болды. Ертек пен аңыздың арасындағы қияли дүниедей жұмбақ күйде қалған-ды. Кейін бағамдадық, кейін түсіндік, кеш ұқтық...
Сөйтсек, Көккөл әлгі адамдардың өміріндегі ең азапты жылдары, ең бейнетті белесі болған екен-ау. Бейнетті болғаны соншалық, Көккөлді артық рет еске алудың өзі олардың жандарын жаралап, жүректеріне салмақ салады екен.
Зіл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыздан бүгінде ешкім қалған жоқ, бәрі де өліп қалды, түгелдей өмірден өтіп кетісті. Өкініштісі – бала-шағасының қызығын көре алмай бәрі де ертерек дүние салысты. Жалған тірліктің қуанышына жете алмай тұншығып, арманда кетісті. Көбісі отыз бен қырықтың ішінде, ұзағаны алпысқа жете жығылды. Алпыс дегеніміз некен-саяқ... Көккөлден соң өмір бойы көксау боп қалған менің Уатай Шпекбаев атамның өзі, әйтеуір, өзін-өзі күткеннің арқасында (екі жыл ғана шахтер болған, қалған уақытта ұсталық жасапты) алпысты еңсеріп барып көз жұмды ғой. Бәрінің дерті біреу еді – ол «силикоз» деген бәле болатын. Силикоз – шахтерлердің «кәсіби» дерті. Өкпеңді шахтаның шаңы қамап, «цементтеп» қатырып тастайды. Содан Құдайдың тегін ауасын кеудені кере армансыз бір жұтуға зар боласың, тынысың тарылып, ақыры дем жетпей тұншығып өлесің.
Қазір Көккөл туралы әңгімені айтар ағайын жоқтың қасы: аймақ бойынша қарайып бірер кісі ғана тірі жүр екен. Олардың өзі шахтер болып шаң жұтпаған, қосалқы шаруада жандарын сақтап, силикоздан аман қалғандар деседі.
***
Жалпы, Алтайды армансыз аралаған жанның бірі біз шығармыз...
Бала күнімізде қой бақтық, бозбала шағымызда шөп шаптық дегендей, оңды-солды ойқастап, Шабанбай мен Тарбағатайдың жайқын жайлауларынан ештеңе қалдырғамыз жоқ. Кейінгі жылдары, яғни ержеткен жігіт кезімізде Иректің асуынан Марқакөлге дейін, тау басындағы Фадиха ауылынан Қатын өзеніне дейін күн жүріп, түн жүріп жаяу барғанымыз есімізде. Алматыда оқу бітіріп, қызметке араласқан жылдары Таулы Алтай республикасын Қосағашымен қоса айналып, Алтайдың түкпір төріндегі Жазатыр ауылына барғанымыз тағы бар. Ол да мәңгі есте қалған әсерлі сапар еді... Содан әйгілі Үкөк үстіртінің биігіне шығып алдық та, Ақалақаның маң даласын ақ борандатып кесіп өтіп, ел жаққа асып түскенбіз. Осы сапарда Үкөктің бүркіт ұя салған жарқабақты биігінен Қазақстанға құлар тұста композитор ағамыз Ілия Жақановтың өзімен қосылып «Еділ мен Жайықты» шамырқана шырқағанымызды қайтып ұмытарсың! Кейін Оралхан Бөкеевті бас етіп, Шындығатай тауларының қойнауында, ел сирек баратын алыстағы ғажайып Шәңген көлінің жағасына да киіз үй тіктіріп, бірер күн демалып қайттық. Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер, қыздары айдай көрінер дейді қазақ… Жылына бір келер демалысымызды қалай мақтасаң да маңдайына сиятын Алтайды аралауға арнаушы едік. Сөйтіп, өз басымыз мынау жалғанда туған жер төсінде аунап-қунап қайтудан асқан рахат бар деп білмейтінбіз.
Осылайша қаншама жерді араладық, қайда бармадық, ел көрдік, жер көрдік, бірақ Көккөл жаққа жолымыз бір түспей-ақ қойыпты.
Солай бола тұра, «әттең, Көккөлді бір көрсек» деген арман іште үнсіз бұғып жататын. Кей жылдары елдегі азаматтарға ескертіп, мойындарына міндеттеп салып та көрдік. Бәрібір, олар шаруадан шыға алмады, біз болсақ мемлекеттік қызметтегі байлаулы жандармыз, әйтеуір, Көккөл сапарының реті бір келмеген.
Оның үстіне Көккөл жолының қашықтығы, ол жолды білетін жанның жоқтығы көңілге күдік түсіріп, жүректі жасқай берді. Сапарымыз сағыздай созылған сайын Көккөл де санадағы әдемі бір сағыныштай жылдан-жылға қордаланып жиналып жатты.
Бірде, ресейлік әлдебір газеттен сарғайған ескі фотосурет көзіме түссін... Көккөл кенін ашқан алғашқы геологтар тобы тарих тереңінен бүгінгі бізге күлімдей қарап тұр. Көңіл толқытатын, көп ойға жетелейтін тылсым сурет. Нағыз жиһанкездер, ержүрек батырлар – осы жас геологтар секілді көрініп кетті маған.
Дереу редакциямен хабарласып, өтініш жасап, әлгі суретті алдырттым.
Отызыншы жылдардың орта тұсында түсірілген бұл сурет Зинаида Дмитриевна Лухтанова дейтін әйелдің жеке архивінен алыныпты. Ол кісінің дүние салғанына да біраз жыл өткен екен. Дәурен-ай десеңші, мына суретте Зинаида талшыбықтай бұралған нәзік, күнге бет бұрып күлімсіреп тұрған жиырмадағы сұлу қыз. Жас та болса ол оқу бітірген сирек мамандық иесі, яғни геолог. Ер адамдармен бірге елсіз тайганы, тау мен тасты шарлап, адам аяғы әлі баспаған дүлей түзде жүр.
Суретте төрт қыз, бес жігіт бейнеленіпті. Суретке түсіріп тұрған тағы біреу болуы тиіс, ол кісі қыз ба, әлде жігіт пе – белгісіз. Мүмкін қыз болуы да ықтимал, сонда бес қыз, бес жігіт болады. Қалай болғанда да барлығы он адам сияқты. Бәрі де өрімдей жастар, маман геологтар. Ортада ересектеу бір кісі тұр, геологтар партиясының бастығы сол болар. Оның өзі де пәлендей үлкен болып тұрғаны шамалы, отыздағы оғлан азамат тәрізді. Қазіргідей ыңғайлы шалбар кию әлі модаға енбеген заман ғой, қыздардың бәрі де ұзын көйлекті. Ұзын көйлекпен жолсыз тайганы кезіп, тау мен тасқа қалайша өрмелеп жүр десеңші.
Геологтар қыстан қалған қалың қасат қардың үстінде суретке түсіпті. Соған қарағанда жаз жаңа шыққан тәрізді, шамасы мамырдың соңы, маусымның басы болса керек. Білеміз ғой, Мұзтаудың төңірегінде жаз сол шамада ғана шығып, тамыздың соңында қызыл асықтан қар түсіп қалады. Асқар белді Алтай асуларында геологтардың бұған дейін қаншама қиындық көргендері, жаяу-жалпылы қанша шақырым жүргендері, қаншама жерді шарлап келгендері белгісіз. Мынауысы әлдебір кезеңнің үстіне жете сәтке дамылдап тұрған мезетке ұқсайды.
Суретке үңіле қарасаң қыз-жігіттердің жүздерінен жастыққа тән жігерді, құлшыныс пен романтиканы аңғаруға болғандай. Бәрі де көңілді, әлденеге мәз, жүздері жарқын. Апырмай деп ойлайсың, алда отыз жетінің зұлматы барын, одан соң дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті тұрғанын бұл жастар болжап білмей тұр-ау! Бәрінен де хабарсыз, алаңсыз. Іштеріндегі ең жасы Зинаида екен. Мөлдіреген сол Зинаида қыз да бұл күнде өмірде жоқ. Ұзақ ғұмыр кешіп, қартайып, қаусаған кемпір болып дүниеден өтіпті. Олай болса қалған тоғызы да әлдеқашан бақилық болды ғой. Соны ойлағанда толғанысқа түскендей екенсің. Мынау ескі сурет бұл жалғанның опасыздығын, адам деген жарық дүниенің уақытша ғана қонағы екенін тағы бір еске салғандай болды.
Содан, біз де терең ойға қалып, тәуекел еттік, Көккөлге сапар шегуге бел байладық. Жер ортасы жасқа жеттік, бүйтіп түрлі сылтаумен соза берсек өмірдің де өте шығарын ескеруге тура келді.
Дайындық жұмысына көктем шыға кірісіп, сапардың жоспарын жүйелеп, іс-әрекетімізді нақтылап, жан-жақты ойластыра бастадық. Алдымен Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлауға ниет қылған азаматтар іріктелді. Олардың ішінде жазушы Дидахмет Әшімханов, домбыра жасау шебері Жолаушы Тұрдығұлов, белгілі журналистер Сауытбек Абдрахманов пен Анатолий Гурский, баспагерлер Тұрлығазы Дуанбеков, Ахметқали Өтеғалиев, Қайырды Назырбаев, кәсіпкерлер Алашыбай Баймырзаев пен Амангелді Кенжиндер бар еді.
Бәріміздің басымызды қосып, ақыл-кеңесін беріп, шаруашылық жұмыстарды, ұйымдастыру ісін ел жақтағы досымыз Ерен Жұмағұлов қолға алды. Ерен тау мен тайганың жөнін білетін атақты аңшы, Алтай табиғатын қорушы жанашырының бірі-тін, кейіннен Катонқарағай Ұлттық табиғат паркінің директоры болып тағайындалды.
Соңынан Ерекең бұл шаруаға өзінің қол астында қызмет жасайтын қорықшы інілері Мұқтархан Жұмағұлов пен Төлеухан Туратаевты да жұмылдырды. Осы азаматтардың іскерлігі болмаса Астана мен Алматыдан келген ағайынның жағдайы мүшкіл болғандай екен. Оған кейінірек, сапар барысында көзіміз анық жеткен.
Ерен қия мен тасқа шыдамды он төрт атты ертерек таңдап, оның ер-тұрманын, жүген-саймандарын сақадай сайлап қойыпты. Жігіттерге жылы киім, жаңбыр мен су өтпейтін плащтар, шатырлар, басқа да керек-жарақтарды тап-тұйнақтай етіп дайындапты.
Содан маусым орталай Тоқтар Бәженов деген ағамызды малын айдатып, жол ортадағы Сейсембай дейтін кең аңғарға қарай көшіріп жібереді. Сейсембайға дейін ілдебайлап машинамен баруға болады екен. Одан ары тек қана салт атпен ғана сапарлайсың. Машина дегенде, «вездеход» дегені болмаса, былайғы көлік Сейсембайға тағы жете алмайтын болып шықты. Жол бойы жыныс орман, жығылған ағаш, қия-жартас, шошайған қалың томар мен милықтаған батпақ.
Астанадан мініп келген біздің жұтынып тұрған «джиптеріміз» бұл жақта іске алғысыз болып қалды.
* * *
Сөйтіп, шілденің ми қайнатқан ыстық бір күнінде Астана мен Алматыдан жиналған достар әйгілі Берел қорғанының маңында бас қосқанбыз.
Мәдениетті қолдау жылын өткізу туралы қаулысында Қазақстан Үкіметі Берел қорғанының жанынан туристік база, қонақ үй кешенін салуды міндеттегені бар-ды. Катонқарағай ауданының сол кездегі әкімі Алтайбек Сейітов сөзінде тұрып, қорғанның тура іргесіне, аптыға аққан Бұланты өзенінің жағасына, қайың-теректі орманның ішіне самаладай котедждер салып тастапты. Жиырмадан астам қонақ бөлмесі, асхана, демалыс беседкалары, моншасы бар. Енді қосымша бірер құрылыс салып, бильярд пен теннис столдарын қоюды ойластырып отыр екен. Туристердің алды ағылып келіп жатқанға ұқсайды. Келген туристер Берел қорғанымен, табиғаттың көрікті жерлерімен, марал, омарта шаруашылықтарымен ғана танысып қоймайды, сонымен бірге бұғы мүйізінің сорпасына (оны «былау» деп атайды) түсіп, емделіп те жатқан көрінеді.
Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлаушылар осы жерде, Бұланты өзенінің жағасында бір түнедік те, «бісмілла» деп ертеңінде ертелетіп жолға шықтық. Сейсембайға басқа машина жарамайтындықтан, Ерен досымыз біздің бәрімізді «Газ-66»-ның қорабына тоғытты. Алдымызда тау мен қия тасты, саз-батпақты жүз шақырымдық жол жатқанын ескертті. Оның жарымын шайқатылып осы машинамен, қалған бөлігін шоқырақтап атпен өтуіміз керек екен. Шақырым демекші, Алтайда ара қашықтық шақырыммен емес, уақытпен өлшенетін секілді. Қайдан білейік, оның сырын да соңынан ұқтық қой…
Орман ішіндегі Язевка дейтін мыжырайған он бес үйі, жалғыз көшесі бар жетім ауылға кірген кезде жолбасшымыз Ерен Жұмағұлов:
– Қаракөлге дейін отыз шақырым қалды, қалай қарайсыздар? – деп сұрау салған.
– Тәйірі, отыз шақырым қалса тоқтамай тарта бер... сол Қаракөліңе жете бірақ дем алайық, – деп біз бірауыздан шу ете қалдық.
Ғұмыры артық сөз айтпайтын салмақты да сырбаз Ерен миығынан жымиып:
– Байқаңдар, жігіттер! – деді де қойды.
Соңынан сол «отыз шақырымды» «алпыс алты» өкіріп-бақырып, ыңыранып-ырғатылып үш сағат жүрген кезде біз бірдеңені түсінгендей болдық. Қайда бара жатқанымыз туралы санамызға сонда ғана сәуле түсіп, тұнжырап ойға қалдық.
Қаракөл дегенің бас-аяғы ат шаптырым айдынды көл екен. Қарағай-самырсыны қаптаған тау сілемінің төрінде тербетіле шалқиды. Өзін «қара» деп тегін атамаған сияқты, жүрек суырғандай тұңғиық, түпсіз терең бе дедік.
Осы Қаракөлден арғы жолымыз тіптен қиындап кеткен.
Қаракөлде ежелде пилорама болыпты. Кеңес заманында Язевка мен осы пилораманың екі арасында «маздар» мен «краздар» ағаш тасып, арлы-берлі жөңкіліп жатыпты. Қазір пилорама құрыған, жол қираған, адасқан біреу болмаса бұл маңайға тірі жан аяқ баспайды.
Ал Қаракөлден ары қай заманда да біз сияқты қиял қуып, жүрек жұтқандар ғана сапарлаған сияқты.
Қаракөлден шыққан бетте біздің жол Катунь мемлекеттік қорығының территориясына бойлай кіріп кеткен.
Катунь қорығы – Ресейдегі атақты табиғат қорықтарының бірі ғана емес, бірегейі. Біз Ресей территориясына дендей еніп, сыңсыған тайганың ішімен ыңыранып-ырғатылып ұзақ жүрдік. Арада екі сағаттай уақыт өткенде қайыра өзіміздің Қазақстанға қайта шықтық. Біздің жолбасшымыздың бірі – Ақәділ Сүндетбаев бауырымыз ұзақ жылдар бойы осы Катунь мемлекеттік қорығының егері болып қызмет жасапты. Ақәділ аузының суы құрып, қорықта жүргенде басынан кешкен нелер бір қызық оқиғаларды әңгіме етті. Ресейдің атышулы бұл қорығында аң мен құс айрықша көп екен. Әсіресе, бұлан мен бұғы, бұлғын мен құндыз, камшат пен күзен қалың деседі.
– Бағана өздеріңіз көрген Қаракөлде язь деген балық бар, – деді Ақәділ. – Қазақ оны «шиқылдақ балық» дейді. Ұстасаң болды, аузын ашып шиқылдай береді. Одан беріректегі шекарадағы дөңгелек көлді – «Нәлім көлі» дейді. Ол көлде иісі Алтайда кездеспейтін нәлім дейтін балық өседі.
– Нәлім қайдан жүр бұл жақта?
– Язь да, нәлім де табиғаттың жұмбағы. Олар ғылымда эндемик түрлер ретінде қарастырылады.
Жалпы, бұл қорықтың территориясына кіруге қатаң тыйым салынған тәрізді, ресейлік егерлердің көзіне түссең айып-пұл төлетеді екен. Мұзтауға бастар жалғыз жол осы болғандықтан біз қорыққа амалсыз кіріппіз.
* * *
Ымырт үйріліп, қас қарайған шақта қарағайлы қара орман ішінен шығып, көк шалғынды кең аңғарға қарай құладық.
Аңғардың қос қапталы бастарын қар шалған өркеш-өркеш таулар екен, сілемденіп көз жетер көкжиекке дейін созылып жатыр. Аңғардың түстігі шоқтанған балқарағай, терістік жағы ит тұмсығы батпас ну орман. Сай табанында мың бұралып сылаң қаққан арналы өзен. Төңіректі қараңғылық жауып түн түндігі көмкерсе де, өзен күміс шашбаудай жалтырап жатты.
– Берелдің қасындағы бағана көрген Ақбұлқағыңыз осы, бұл оның жоғарғы ағысы, – деп Ақәділ етектегі өзенді иегімен нұсқады.
Аңғардың орта тұсынан жылт етіп от көрінді. Бізді бір ай бойы сарыла күтіп отырған Тоқтар Бәженов ағамыздың киіз үйі сол болып шықты.
Ажылдап айлы түнде қабақтан құлаған бізді Тоқаң құшақ жайып есік алдында өзі қарсы алған:
– Аттарың дайын… Менің үлкен ұлым Тұрсынханды сендерге жолбасшы етіп жіберейін деп отырмын. – Тоқаң мән-жайды біз машинадан түскен бойда баяндап жатыр. – Көккөлдің жолын ұлым екеумізден басқа тірі жан білмейді… Сондықтан ертең ертемен, таңғы салқынмен шығып кеткендерің жөн.
– Ақәділ, сені бұл төңіректің қыр-сырын жақсы біледі деп мақтаушы еді ғой? – деп қалдым мен.
– Олары рас, бұл жақта мен білмейтін жер, мен жүрмеген соқпақ жоқ. Бірақ, мойындау керек, Мұзтау мен Көккөлге барып көрмеппін. – Ақәділ кінәлі жандай желкесін қасыды.
Тоқаңның дастарқанынан дәм татып, сапырған сары қымызға сусындаған соң, далаға лаулатып от жақтық. Сосын баршамыз отты күргейлей жайғасып, түн жарымына дейін көңіл жазып, одан-бұдан әңгіме соқтық.
Тұрсынхан оттың үстіне мосы орнатып, оған су толы шелек ілді де, балық пісіру қамына кірісті.
Мынау ағарып жатқан Ақбұлқақтың бұл тұсында балық болмайды екен, төменіректе биік су құламасы бар деседі. Балық содан бері өрлей алмай қалатын сияқты. Бізге арнап балықтың сорпасын, яғни «уха» қайнатып жатқан Тұрсынхан бұл көп балықты таудың арғы бетінен, Көксу жақтан ұстап әкеліпті.
Жалпы, Өр Алтайда балық аулау қызық ермек, жақсы демалыс екенін мен де білуші едім.
Алтайдың бұлағы да, өзені де тастай суық келеді. Тастай болатыны олар бастауын биік мұздықтардан, мәңгі қарлы шыңдардан алады. Осы суық суда әдеби тілімен айтсақ «аққайраң», жергілікті жұрттың тілімен айтсақ «хариус» деген балық өседі. Хариус – форельдің тау суында ғана өсетін текті туысы. Осы аққайраң асау өзен ішінде атқан оқтай заулайды, көз ілеспес шапшаң. Кіші-гірім сарқырамадан жебедей атылып шығып кетеді.
Әрине, балықтың да, балықшының да алуан түрі болады ғой. Қала жақта да балық десе делебесі қозып, көзі жайнап елпілдеп тұратын достар баршылық. Соларға еріп, мен де балық аулауға бірер мәрте барғанмын. Өзен мен көлдің тып-тымық айнасына қармақты салып қойып күнұзақ сарыла күтіп отырғаның… Өз басым суға телміріп, ондай ұзақ күтіске шыдай алмайды екенмін. Содан қаланың балықшысына еруді де, балық аулауды да біржола қойғанмын.
Тастан тасқа ұрып, жағалауды сабалап аласұрған Алтай өзенінде балық аулаудың жөні мүлдем басқаша. Орыс жазушысы Виктор Астафьев осы аққайраң аулаушыларды өз шығармаларында «хариусятники» деп атапты. Олай болса біз де бала күнімізден сондай құмарпаз «хариусятниктің» бірі болған жанбыз.
Балықшылар алдымен темір қармаққа аюдың жүнін шыбынға ұқсатып, қанатын шығарып, жіппен өріп байлайды. Қармақтың біреуін қара жіппен, енді бірін сары, көк жіптермен өреді. Сосын табиғаттың мезгіліне, ауа райының жағдайына байланысты бірде қара шыбын, бірде сары, бірде көк шыбын салады. Яғни, ақ көбіктенген судың бетімен әлгі қармақ-шыбынды су бетімен ағызады. Ағып келе жатқан қармақ-шыбынға кенет аққайраң қарғиды. Су беті сарт ете қалады, құрығың солқ етеді, өзің селк ете түсесің.
Міне, мынау шелек ішінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан балықтар дәл сондай әдіспен ұсталған.
«Шіркін-ай, ақ балықтың сорпасын-ай!» деп жұртшылық қайта-қайта жұтынып, таңдайларын тақылдататын сорпаңыз осы. Көзі ағарып балық піскен соң оны сүзіп алып былай қояды да, сорпаның үстіне келесі топ балықты салып жібереді. Балығы піскен ол сорпаны «двойная уха» деседі. Әккі балықшылар мұнымен де тоқтамайды, екінші салған балықтарды да сүзіп алып тастап, бұрқ-сарқ қайнаған сорпа үстіне үшінші топ балықты салып жібереді. Орыс әдебиетіндегі Астафьев қана емес, Залыгин де, Колыхалов та, Куваев та жазып кеткен «тройная ухаңыз», мінеки, осы болады. Мұндай тағамның балығы өз алдына, сарымсақ, жуа, укроп, бұрыш, картоп араласқан сорпасы қатық қосқан мақпалдай қою, тіл үйірген дәмді келеді.
Осы айтқандай, «тройной» жасауға ұстаған балығы жетпеді білем, Тұрсынхан бізге «двойная уха» жасап берген. Жігіттер «пай-пай» деп мақтап қойып, балықтың сорпасын пора-пора терлеп, тамсана ішісті. Соңынан ортадағы алауды күргейлей жайғасып ұзақ-сонар әңгімеге кіріскен. Мен топ ортада отырсам да ортақ әңгімеге араласпай, мынау түннің тынысын тыңдап, өз ойыммен бөлек қалдым…
Сытыр-сытыр ұшқындап ортада от жанып жатыр. Алаулаған жалын тілі жігіттердің бал-бұл жанған жүздерінде сағым болып ойнайды. Әріректен Ақбұлқақтың бір қалыпты сарыны шығады. Түстікте шоқтанған самырсын басы баяу желмен қосылып, ол да жүрек тербеген бір мұңды саз шығарғандай. Үй сыртындағы тобылғы түбінен тарғақтың бөбектеген тарғыл дауысы естілді. Түн астарында мұнартқан қарсыдағы шұбар беттен байғыздың зарлы үні талып жетті.
Аспан бүгін шайдай ашық екен. Шайдай ашық аспанда жымыңдаған мың сан жұлдыз. Тау биігінде, жайлау төсінде жұлдыздар ерекше жарық әрі соншалықты жақын. Түтін қапқан қалада мұндайды әсте көре алмайсың... Содан ба, қара аспанға қызыға да құмарта қараймын. Өзеннің арғы жағындағы орман жиегінен бұғының сырнайлатқан уілі естілді. Терістіктегі шағыл басынан сатыр-сұтыр тас домалады. Сірә, шың биігінен етекке түскен таутекенің үйірі болар. Әлде түнгі жорыққа шыққан маймақ аяқтың өзі ме екен? Әне, күркіреп тағы бір тас құлады...
Отқа қарап үңіліп отыр едім, іргедегі бөрененің үстіне жылтың етіп баршатышқан шыға келген. Көзі жәудіреп, күңкілдескен көпшілікке таңдана қарап сәл-пәл отырды да, қауіп жоғын сезген соң жолақ жауырынын жарқ еткізіп ағаш басына өрмелей жөнелді.
Жалпы, алау басында отырған адам қиялшыл келеді. Мен де ойым сан-саққа бөлініп, алуан қиялға батып отырмын. Тылсым тыныштық, түнгі жұмбақ күй, салқын самал, таза ауа әлдебір тұңғиыққа тартып бара жатқандай. Қаймалысқан күйбең тірлік, бұрылуға мұрша бермес сапырылысқан өмір, алаңы көп күпті көңіл ұмытылған. Тау басында, алау қасында соның бәрі бекер секілді. Жаным да, тәнім де, ойым да мынау табиғаттай тазарып салған. Тыңнан қуат қосылғандай көңіл шіркін әсершіл, бойымды керемет жеңіл сезінемін.
Арқалы ақын ағам Ғафу Қайырбеков осы Катонқарағайға келгенінде былай деп кетіпті:
Ардағым Алтай, даламның асқан төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен
Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан түсер жері екен.
Алтай жарықтық елдің киесі, жердің төресі екенін бұл жаққа келген жанның бәрі мойындайды. Мойындап қана қоймайды, бекзат көркіне көзі тоймай, көңіліне алаң, көкірегіне сағыныш жамап кетеді.
Мынау манаураған айлы аңғар, ағараңдаған Ақбұлқақ украин суретшісі Архип Куинджидің әлемге әйгілі «Днепрдегі айлы түн» картинасын еске түсірген. ХІХ ғасырдағы зиялы қауымды қайран қалдырып, өнердің қайталанбас құбылысы болған шығарма еді ғой. Онда Днепр, мұнда Ақбұлқақ. Ішкі мазмұны, эстетикалық қуаты кереметтей ұқсас, рухы асқақ суреттер. Көңілге мұң, жүрекке дерт ұялататын тылсым көріністер.
Көнекөз қариялар тау адамға қуат пен күш береді деп жатады. Қариялар білмесе айтпайды, өмірлік тәжірибені екшегеннен айтады. Өз басым осы тұжырымға имандай сенемін. Ол үшін алдымен тауды сүйе білу керек, тынысын сезіне білу керек. Оның ғаламат қуатын, энергиясын бойыңа сіңіре білуің қажет. Сонда ғана таудың тылсым құдіретіне бойлауға, оның ұлылығын түсінуге болады.
Әйтеуір, менің білетінім – тауда болған осындай бірер күн мен түн – бір жылыңа медет. Кейін қыстың қақаған аязында да түсіңе кіреді, сөйтіп жүрегіңді жылытып, көңіліңе шуақ жайып жүреді.
***
Сейсембай аңғарындағы таңның атуы да өзгеше болды.
Кеше кешкісін күн кенересіне лезде батып, маңайды қараңғылық тез тұмшалап алып еді. Есесіне, таң да солай тез атып, жарқырап жарық түсе қалар дегенбіз. Олай болмады... Тау қойнауы манаураған қаракөк сағым астарында біраз уақыт бусанып жатты. Сосын шың басындағы аппақ қар мен мұзға шағылысқан күннің сүт сәулесі біртіндеп етекке ойысты. Соңынан әлдебір әдемі көгілжім нұр аңғар ішін аралап, жайыла жөнелді. Аңғар бойы ұйқысынан енжар оянып, шым-шымдап ағара бастағанымен, тау белдеулерінде шудадай созылып боз тұман қалды.
Он алты адам керек-жарақ асай-мүсейімізді қанжығаға теңдеп, таң бозынан салт аттармен жолға шықтық.
Кешегі айық күн жоқ, аспан ала, жер шола. Ат сауырынан шық кешіп, алып таулардың адам баспаған қолаты мен шатқалына сіңіп барамыз. Сәлден соң аспан жарықтық аласынан да айырылып, қабағын жауып, мүлдем сұрланып алды. Алтайдың басынан қар иісін сездіріп ызғырық соқты. Соңынан сібірлеп сұп-суық жаңбыр жауа бастады. Найзағай шартылдап, шелектеп құйып өтсе бір жөн ғой. Оның аты – өткінші. Ал мынадай тамшылап, сібірлеп тұрып алған жаңбыр қиын болады. Күн ұзаққа, кейде тіпті аптаға созылып, адамның зықысын шығарады. Нағыз жылбысқы жылауықтың өзі. Су өтпес плащтарымызды жамылғанымыз жақсы болыпты, етек-жеңімізді қымтанып қойып, тоқтаусыз тарта бердік. Бәрібір, жаңбыр құрғыр дегенін істеп бақты. Үзеңгіге оратылған бұта мен көк шалғын су кешкендей күйге түсірді. Көп өтпей-ақ, осы сапарға деп арнайы сатып алған су жаңа етігіміз шылқып шыға келді. Басымызда күләпара, кеудеміз жылы, бірақ аяғымыз малмаңдай су. Оған қарайлайтын уақыт қайда? Жол ұзақ, тымпиып іштен тынып келеміз, тепеңдеп жылжып келеміз.
Қапталда қарауытқан әлдебір қапсағай тауға жеттік. Ит тұмсығы батпас қара орман, қалың самырсын. Қараған жанның жүрегін шайлықтырған бұл жатбауыр өңірді «Итөлген» атайды екен.
Яғни, адам түгілі ит екеш иттің өзі жете алмай мерт болған жердің түбі болды ғой бұл аймақ.
Осы маңайда қауіпті бір қия беткейден өттік. Төмені құз, құздың түбінде айға шапшыған арыстандай Ақбұлқақ қайнап жатыр. Ол ол ма, тасқа жабысқан ағаштың иір бұтақтары сыңар соқпағымызды көлденеңдеп, шлагбаум секілді бөгеп тастапты. Аттың жалына жабысып, бет-жүзімізді бұтаға жырғызып, бұтаққа сызғызып әзер өттік. Көлденең бұтақтар киген плащымызды шешіп алып қала жаздады.
Бұл қияны «Түйеқұлаған» атайды десті... Көшіп бара жатқан баяғының бір байының түйесі жүгімен шатқалға ұшып кеткен секілді. Енді бір жерді Тұрсынхан ініміз «Қызөлген» деп таныстырды. Ол атау бертін, Көккөл кеніші заманында қойылған сыңайлы. Бой жетіп қалған бір қыз бала Көккөлде суық тиіп ауырып, ойдағы ауруханаға атпен аттандырылады. Қыс айларында ауырмақ түгіл сеспей қат, сені ақ қар, көк мұзда анау Көккөлден таситын керемет жоқ. Мынау қыздың ауырғаны қазіргідей жаздың жаймашуақ күні болса керек. Сорлы қыз сонда да елге жете алмай, жол ортада көз жұмыпты. Содан бері Көкжотаның бір мүйісі «Қызөлген» аталып кетіпті.
Бірер сағат жүрістен соң Ақбұлқақтың жағасына құладық.
Ақбұлқақтың жағасы шілік пен тал ұйыса өскен қалың тоғай екен. «Қайтер дейсің» деп, жолсызбен төтелей тартып кетіп едік, сонымыз бекер болыпты. Үсті-басымызды тағы да бұтаққа осқызып, талға талатып, аттың аяғын шыбыққа шырмап жүріп өзен жағасына шаршап шықтық.
Шыға келсек, міне ғажап... өзеннің үстінде көпір тұр. Тақтайлары әр жерде шіріп сынған, бөренесі күйе жаққандай қарайып кеткен атам заманғы ескі көпір.
Кейін білдік, Көккөл кеніші ашыла салысымен, сонау 1938 жылы салынған атақты көпір осы екен.
Өткелден өткізбек болып Тұрсынхан мен Ерен аттарды төменге жетелеп кетті, қалғанымыз қаздай тізіліп, көпірден жаяу өттік. Ақбұлқақ бұл тұста да ағысты әрі терең, көпір астында әбжыландай қыстыға сырылдайды.
Көпірден өткен бетте қалың тайга ішіне бойлай кіріп кеттік.
Жалпы, қазақта «тайга» деген сөз жоқ. Бұл сөз қазақ тіліне сібір жазушыларының шығармаларын аударудан енген. Жергілікті жұрт тайганы «теріс» деседі.
Терісте қылқан жапырақтылардың түр-түрі кездеседі: самырсын, қара самырсын, ешкі самырсын, қарағай, балқарағай. Былайғы адамға көбісі бір-біріне ұқсас секілді, бірақ зер сала қарасаңыз – айырмасы толып жатыр.
Қара самырсынның бұтағы төмен қарай салбырай өседі, салалы саусаққа ұқсайды. Ал бұтақтары тіке біткен самырсынды шырша немесе ешкі самырсын дейді.
Қаба сақал балқарағайларды бұл жақта ағаш атаулының падишасы санайды. Басқа ағаштар сияқты оның басы найзадай үшкір емес, бұйраланған доғал әрі мәуелі биік. Түр-тұлғасы да еңгезердей алып, қылқаны да салалы, ұзын. Биыл балқарағай мол болатыны байқалады: ағаштың басынан аяғына дейін жаңғақ самсап тұр. Бір ағаштан екі қап балқарағай жаңғағын жинауға болғандай. Жаңғақ жинау әлі ерте, сары сүйек боп оның пісетін уағы – қыркүйектің іші.
Селдір түкті, сұйық мұрт сібір қарағайы терісте ілуде бір кездеседі. Итөлген тайгасында да солай екен. Қылқан жапырақтыларға жатқанымен қарағайдың бұл түрі күзге салым сарғайып, қыста бүр тастайды.
Орман іші жеміс-жидекке бай екенін байқап келеміз. Әсіресе, көкбояу қалың екен. Таңқурай мен қарақат та кездесіп қалады. Дертке дауа шырғанақ, долантопшы да жеткілікті көрінді.
Жігіттер орман алаңқайының бірінен қымыздық теріп, жартас биігінен рауғаш жұлып, ат үстінде қаужаңдап жеп келе жатты.
Ертеректе, суретшілік өнерге ден қойып жүрген кезімізде тау мен тайганы суретке салуға әуес едім. Жаз бойы бірсыпыра этюд жазып, оларды күзге салым көрме жасап, суретші-ұстаздарымыздың талқысына салатынбыз. Менің жазған орманым көбінеки Шишкинге, тауларым Рерихқа ұқсап жататын.
– Шырағым, қазақтың суретшісі болғың келсе онда мынандай тау мен тасты ұмыт. Даланы жаз, қазаққа дала тән, қазақтың бояуы далада! – деді живописьтен сабақ беретін қазақ ағай.
– Сен Шишкинге де, Левитанға да еліктеме. Сен тауды да, орманды да қазақтың көзімен сал. Сенің орман-тоғайыңнан қазақтың иісі аңқып тұратын болсын! – деді композиция пәнінен сабақ беретін орыс мұғалім.
Осы екі мұғалімнің қайсысынікі жөн екенін білмей басым қатқан.
Тау десе бар шаруаны жиып қоятын студент жігітке далаға бауыр басу қиындау тиді. Әлі күнге сондаймыз. Алматыда жүргенде сезбеген екенбіз, іргеде ақ бас Алатау, арқыраған өзені, орманы мен тоғайы бар, алаң көңілімізге Алтайды жетімсіретпепті ғой. Тау жазғанның қадір-қасиетін Ақмолаға көшіп барған соң бірақ сездік емес пе!
Итөлгеннің кіндігін бөктерлеп, біртіндеп биікке көтеріліп бара жаттық.
Орман ішінде ескі шана жолдың сорабы байқалады. Ескі жолды белуардан шалғын шөп басып кетіпті, оңды-солды жығылған ағаш, сынған бұтақ-сидалар. Тазаланбаған соң ағаштар жидіп шіріп, мүк басып, әр тұстан ескі жолды мықтап бітеп тастапты. Содан туристер өз ыңғайына бұрып, жол жиегінен сүрлеу салып алыпты.
Орман іші сыз, бірақ шайырдың иісі танау жарғандай екен. Өзгеше жағымды иіс, сарайыңды ашып кең тыныстатады.
– Ауыл сыртындағы асуға иек артып, іргедегі жайлауға шыққанға Алтайды көрдік деп мәз болған екенбіз ғой… Нағыз Алтай мына жақта ма дедім! – деп, мұндайда көп сыр бере қоймайтын Дидахмет те таңданысын жасыра алмады.
– Солайы солай, – деді Ерен Дидекеңнің сөзін құптап. – Бұл жаққа екінің бірінің аяғы жете бермейді. Ең соңғы елді мекеннің өзінен сексен шақырымдай шығандап кеттік.
– Егер дәл осы бағытпен адасып жүре берсек Тундрадан бірақ шығатын шығармыз? – деп Ахметқали екі ұдай сауал тастаған.
– Тундрада нағашың бар ма еді? Адассаң – Мұзды мұхитқа барып бірақ тірелесің! – деді қалжыңбас Амангелді.
– Рас айтады. Мынау орман Сібір тайгасының етегі. Ал тайганың басы Тундрада жатыр. – деді Ерен.
– Қызық екен...
Ат тізгінін шаужайлап, қиыстап жолдан шыға беріп едім, алдымдағы бір шоқ ужапырақтың түбінен пар-р етіп ұлар көтерілген. Астымдағы атым жалт беріп, мені тастап кете жаздады. Ұлар қалықтап барып, төмендегі мық қайыңның арасына кіріп жоғалды.
Тұрлығазы тепеңдеп ұлардың соңынан қуып берді. Оның әпігін Ерекең басты:
– Алтай ұлары «қызыл кітапқа» енген, тимеңіз! – деп дауыстап ескерту жасады.
– Ата қаздай ірі екен өзі! – деп, құсқа қатты қызығып кеткен Тұрлығазы амалсыз тізгінді тежей берді.
Қапталдағы мүк шұбарлаған үйдей граниттің жалпақ беті жалт-жұлт күнге шағылысты. Жақындай бере қаптаған эпитафиялық жазуларға көзіміз түсті. Тот баспайтын ақ болат, қара шойын, сұр дюраль… Құйылып жазылғаны, ойылып жазылғаны бар бәрін қатарлап, тас бетіне шұрыппен мықтап бекітіп тастапты. Қаза болған туристерге, альпинистерге, зерттеуші ғалымдар мен мамандарға достарының, әріптестерінің, сүйіктісінің орнатқан белгісі. Жүрек тебірентер қоштасу сөздер. Бірі Катунь асуында, енді бірі Берел мұздығында, үшіншісі Ақбұлқақ аңғарында оқыста мерт болғандар.
– Тайга қателікті кешірмейді, – деп Ерен бізге де ескерту жасады. – Алладан амандық тілеп, абай болайық!
Үзеңгілесе тізіліп, бөктерлей биіктеп бара жатыр едік, бір заматта жоғары жақтан ересен гүріл шықты. Біз елеңдесе қалдық. Реактивті ұшақтардың тұтас эскадрильясы дәл төбемізден ұшып бара жатқандай. Ұшақ болса гүрілдей бермей, тезірек ұшып кетсе керек еді, мына дауыс бәсеңсір емес. Бәсеңсігені сол, барған сайын үдеп барады. Құлақ тұндырғандай алапат үн, көңілге қорқыныш ұялата бастады. Бұл гүрілдің не екенін біле алмай, алақтап төбеге телміреміз. Жолбасшы Тұрсынхан тобық жұтқандай аузын ашпайды, мойнын ішке алып, естімегенсиді. Жолбасшымыздың бұл қылығы алдымызда бір қызықтың барын сездіргендей еді.
Қабырғалай өрлеп, әлдебір биіктің басына жете тізгін тежедік. Биіктің арғы жағы терең шатқал екен.
Шатқал деймін-ау, масқара...
Анау төмендегі таңғажайыпты қараңыз!
Демімізді ішімізге тартып, аузымыз аңқиып қалған... Алдымыздан оқыс ашылып салған көріністен көз жаза алар емеспіз. Тұрсынханның діттегені болды, біз бұрын-соңды көрмеген табиғат ғаламатына тап болған едік.
Арқырап аққан әлдебір асау өзен биік жарқабақтан екпіндей қарғып, төмендегі шатқалға өкіре құлап жатыр. Шатқал жаққа иіліп қарау мүмкін емес, жүрек шайлығады. Төмендегі тұңғиық тереңде таудай алып бір самауыр бұрқ-сарқ қайнап жатқандай көрінді.
Жігіттер шыдамады білем, аттарынан қарғып-қарғып түсіп, бірін-бірі сыртылдатып кезек-кезек суретке басып жатты.
– «Көккөл су құламасы» дегеніңіз осы болады, – деді Тұрсынхан.
Күннің көзі жылт ете қалып еді, шатқал түбінен көтерілген бумен қоса кемпірқосақ ойнап шыға келді. Сарқыраманың өкірген даусы құлақ жарғандай, су шашырандысы жарқабақ биігінде, ат үстінде тұрған біздің бетімізді тершітті.
Біз Қазақстандағы ең ірі су құламасына келіппіз.
«Қазақ энциклопедиясына» енген әйгілі сарқырама осы екен. Энциклопедия мұндағы судың құлау биіктігі 80 метр деп жазыпты. Әдетте бұлақ пен өзеншенің биіктен құлағанын көріп жүрміз ғой. Ал мынадай өткел бермес асау өзеннің екпіндеп келіп, өгіздей өкіріп жартастан құлауы – жон арқаңды шымырлатар сұрапыл сурет екен.
– Біз «Төменгі лагерьге» келдік, – деп Тұрсынхан құлаққағыс жасады.
«Төменгі лагерь» дегені жаңағы дүлей сарқыраманың өр жағында, тау өзенінің екі жағасына жайғасыпты. Әр тұста бір қарайып бірер қарағай үй көрінеді. Үйлердің бәрі қисайып қирап қалған. Кезінде іргелі ауыл болса керек, көптеген үйлер мен қора-қопсының қурай басқан орындары нобайланды.
Өзен жағасындағы жамау-жамау қараша үйдің есігінен қарайып бірер кісі шықты.
Сол үйге қарай жақындап, амандасып жөн сұрастық. Бұлар әйгілі космонавт, екі мәрте Кеңес Одағының батыры В. В. Аксеновтың тобы екен. Жан шақырып, осы жамау үйде бой жазып демаламыз ба деп едік. Амал қанша, бұл үйді бізден бұрын бөтен кісілер басып алыпты. Не істерімізді білмей есік көзінде атпен ойқастап, үйіріліп тұрып қалдық.
Қалмақтың қалың қолын қаусатқалы бара жатқандай кеудеде бинокль, бірер мылтық пен карабин асынған біздің жүрісіміз суыт, түсіміз суық көрінген болар. Космонавт, қасында дәрігері, оққағары мен көмекшісі бар, алғашында бізге біртүрлі секеммен қарасқан. Таныса келе күдіктің бәрі жайына қалды, шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Үйден дәрігер келіншек шығып, шайға шақырды. Қатты тоңған Алашыбай мен Ахметқали әдеп дегенді жинай тұрып, келіншектің соңынан үй ішіне қойып кетісті. Олар сол кеткеннен ұзақ жоғалды... бойларын жылтып, байпақтарын кептірісіп, шай ішіп жайланып бірақ шығысты. Қалған жұртқа түк те жоқ, космонавтпен сөйлескенге мәз болып, ошарылып сыртта тұра бердік.
– Осымен төртінші жаз осында келіп дем алып жүрмін, – деді Владимир Викторович. – Мынау баяғыда қирап жатқан үй еді, өзіміз жөндеп, әктеп, сырлап ретке келтіріп алдық.
– Иен таудағы демалысыңыз қызық екен?
– Мен әлемнің талай елін аралаған кісімін. Жер шарын екі рет төбеден де тамашаладым. Бірақ осы Алтайдай көркем жерді көрген емеспін. Осы сөзіме сеніңдер, інілерім!
Космонавт біз іздеген Көккөл кенішін білмейді екен, тіпті ол жайында естімепті де. «Бұл жақта ауыл бар ма еді?» – деп таңданыс білдірді.
Жалпы, альпинистер мен туристер осы Төменгі лагерьде бір күн дамылдап, соңынан Мұзтау жаққа терістік қырқаны қабырғалап кетеді екен. Ал Көккөлдің жолы мүлдем бұрыста сияқты. Тұрсынханның нұсқауына қарағанда, біз түстіктегі жалпақ беткейді кесіп өтіп, таудың таз басына қарай тартуымыз керек екен.
Төменгі лагерьді төменге қалдырып, біз тағы да жолға шықтық.
Көккөл өзені тасы көрінген шыныдай мөлдір болғанымен, мінезді екен. Атыңмен бірге жұлып әкетіп, төмендегі сарқырамадан тастап жіберердей адуын. Өзеннің жоғарыдағы жайылма бір тұсынан ыңғайға келер өткел тауып, соның өзінде аттарды ағысқа қарсы көлденеңдей салып, арғы бетке өттік.
Осы маңайда екі жағаны жалғастырған ескі көпірдің ізі байқалады. Ескі көпірден қалғаны – адам өтерлік қос бөрене ғана, оның өзін туристер бертінде тақтаймен жамап, лекерлеп қойыпты.
Өзеннен өткен соң қабырғалай өрлеп, альпі белдеуіне шықтық. Бұл тұста орман сирей бастаған. Балтырдан келетін жасыл шалғын жел үп етсе болды, үлбіреген шәлідей нәзік толқып салады. Бұйраланған қызылды-жасылды белдерге қарасаң жан дүниең жалаулағандай, көңілің тасып, көзің дем алады. Француз ағайынға қимайтын әтірдің хош иісі мұрынға желпиді. Әтір емес, бүлдіргеннің иісі екен, шөп арасында майысып жатыр, қыз ерніндей қызара мөлдірейді, шіркін.
Дидахмет пен Жолаушы аттарынан түсіп, былайғы шеттегі балдырған мен қурай арасын аралап кетті. Суға батқан адамдай анда-санда қылтың етіп бастары ғана көрінеді. Сыбызғылық қурай іздескен екен, аздан соң бір топ қурайды қолтықтап, жымың-жымың қуанысып қайтты.
Туған жердің түйе жейтін жапырағы да дәрі, түйе аунайтын топырағы да дәрі дейді ғой… Расында да, масатыдай құлпырған осы көкшалғын шөптің біразы шипалық қасиетке ие. Тамырға қатыстысының өзі бір қауым. Күрең гүлді «алтын тамыр», қурайдай сорайған жұмыр бас «марал тамыр», күлгін гүлді «қызыл тамыр»… Сосын «аю тамыр» дейтіні тағы бар. Басқасын білмеймін, күйекке түсер алдында бұғылар тұяғымен марал тамырдың түбін қопарып жейді деседі. Ұлы-жіңгір сайыс алдында тентек тағыға бұл тамыр өзгеше қуат береді екен. Бала күнімізде өзіміз алтын тамырды қайнатып, компот жасап ішетін едік. Түйетабанмен жарысып тастауыт жерде өскен анау көкала жапырақтарды «бадамшай» деседі. Қаймана қазақ бағзы бір замандарда осы жапырақты көлеңкеге кептіріп шай жасаған. Бадамшайдың арасы әдеттегідей толған көкбүлдірген екен. Отыра қалсаң киіміңді қанжоса қылардай қалың.
Әлдебіреу бадамшайлы беткейдің топырағын қазып, шымын қопарып тастапты.
– Қабан шошқа ғой мынау, – деді жігіттердің біреуі.
– Бұл жақта қабан шошқа болмайды. Бұл аюдың ісі, – деді Ерен. – Бадамшайдың тамыры «апамның» сүйікті тағамының бірі. Мынаны қараңыз, жаңа ғана қазылған, топырағы әлі кеуіп те үлгермепті...
Жігіттер қозғалақтап, жан-жақтарына күдіктене көз тастап өтті.
Серіктерінің алаңын аңдаған Ерекең әңгімесін үстей түсті.
– Баяғыда бұл жақта аю қабағат қалың болыпты. Қазір азайып кетті ғой. Бұғы-марал таңертең, сосын кешке қарай орманның шетінде жайылып жүретін. Елік пен күдір де көп еді. Анау жылғы қары қалың қыста көпшілігі қырылып қалды. Әсіресе, күдір құрып кетті. Мускусі үшін браконьерлер құртты.
– Мускус деген не?
– Мускус деген ұрық безінен шығатын зәр.
– Оның ұрық безін не қылмақ?
– Күдірдің ұрық безінде иіс суға қосатын ерекше сұйық зат болады. Ол аса қымбат бағаланады. Браконьерлер сол үшін аулап, мускусті шет елдерге өткізуге тырысады.
Аю жайындағы әлгі әңгімеге Ахметқалидың делебесі қозып кетті білем, қасына жол білетін Ақәділді ертіп кейіндеп қалып қойды. Аздан соң бұрылып соңымызға қарасақ, жас жігіттер байлап қойған аюы бардай, қарсыдағы қара орманға сіңіп бара жатыр екен.
Күреңселі қия қапталдан ағашы жоқ алаңқайға шыға бере, өртеніп жатқандай алаулаған шалғынға тап болдық. Қарсы алдымыз қаптаған қызылсары гүл. Көз арбаған әсерлі көрініс. Бұл гүлдерді жергілікті жұрт «мысықоты» дейді. Неге бұлай атайтынын кім білген, ғұмыры ұзаққа созылмайтын осы мысықотының гүлдеген мезгілі баяғыда бала күніміздің таусылмас мейрамы болатын.
Міне қызық, мысықотының әсері көңілді тербеп, келесі бір белеске көтерілгенімізде, алдымыздан жаппай шегіргүл өскен жалпақ беткей ашылып салды. Акварель бояуын үлбіретіп жұқаналап жаққандай, жер беті күлгін түске нәзік бөгіп жатыр. Ауада адамның көзін бұлдыратып көгілдір сағым ойнайды… Орман жиегіне таман әр тұстан таушымылдық байқалды. Қанқызыл түсі алыстан менмұндалап, ол да өзінше табиғат көркін әрлей түскен.
Шалғыны шолтиып, шөбі таусыла бастаған келесі бір кезең үстін кілең ақшешек қаптап кетіпті. Мұндай аппақ даланы көргенде домбырашы Жолаушы досымыз әсерін жасыра алмады:
– Мына гүлдерді біз келеді деп түр-түрімен әдейі егіп тастапты ғой! – деп, шаттана айғай салды.
– Жөке, біз тауға өрлеп барамыз. Таудың әр биігіне тән өзінің шөбі, өзінің гүлі болады! – деп Жолаушыны таңдандырған табиғаттың тосын «жағдайын» Ерен түсіндірген болды.
Сейсенбайдан шыққанда бірін-бірі қағытып, әзілдесіп жарқырап келе жатқан жігіттер қазір көп сөйлемейді. Төменгі лагерьден шыққан сыңар соқпақ қазір мүлдем жоғалған, әйтеуір Тұрсынханның тұспалымен тоқтаусыз тартып келеміз. «Көккөлге дейін он бес шақырымдай қалды» деген. Тәйірі он бес шақырым деген не, үш-ақ сағатта жетіп барамыз деп жігерімізді жанып қоямыз. Орман да, альпі шалғыны да таусылып, келесі бір кезекте тундралық белдеуге іліндік. Мұнда да шөп бар, шөп арасынан ағарған, сарғайған, көгерген гүлдер қылтиады. Бірақ гүлдері өзгеше момақан, баланың жасаураған көзіндей аянышты. Шөбінің де шөп құсап жайқалар шамасы жоқ, тайдың терісіндей тықыр.
Біраздан соң тықыр да болса балауса жасылы бар тундрамыз шағыл тасқа алмасып, жүрісіміз қиындай түсті. Тіпті кейбір тұста ат тағасы топыраққа тимей әуреге салған. Әр жерде бір алашұбар қар жатыр. Бағана орман ішінде соқпағымыздың сорабын жоғалтып алып едік, мына қорым тастарда ескі жолдың ізі сайрап жатты. Қорымды тастан тазалап, тауды қазып, тасты қашап арба мен шана жүрер жол салыпты. Ол заманда трактор да, бульдозер де жоқ, осының бәрін қолмен қалай қазған дейсің. Қаншама бейнетті жұмыс, төгілген тер, итшілеген қайран еңбек.
Қорым тастарды қуалай салған ескі жолмен қиялап ұзақ жүрдік. Аттың табаны тасқа тиіп, жүрісіміз өндімей, ілбіп келеміз. Өрлеген сайын күртік қар жолымызды бөгей берді. Өзімізше өжеттеніп, қардың үстіне атты көлденең салып едік, тапырақтап батып қалдық. Сосын қардың жұқалау тұсын айналып, қорымға түсіп кетпестей, абайлап жүруге мәжбүр болдық. Әйтеуір, не керек, аттар болдырды-ау деген шамада желі азынаған асудың үстіне де шықтық-ау!
Сол-ақ екен, үйлері күйе жаққандай қап-қара әлдебір жұмбақ ауыл жарқ етіп қарсы алдымыздан шыға келді. Қылаң етіп арғы қырды асып жоғалған екі-үш итті көзіміз шалып қалды.
– Терісауыз ғой! – деді Тұрсынхан.
Терісауызы – қасқыр. Яғни, біздің ит дегеніміз қасқыр болып шықты. Расында, мынау иен тауда қаңғыған қайдағы ит?
Малшы ағайын қасқырды әсте өз атымен атамайды, «ит-құс» немесе «терісауыз» дей салады. Атын атаса малға тиеді деген наным барын бала кезден білетінбіз.
– Ананы қара, көл шетіндегі әнеу үйден аю атып шықты.
Алда келе жатқан Амангелдінің қамышымен нұсқаған жағына жалт қарастық. Еңіске қарай домалай қашып бара жатқан қара-бурыл аңды бәріміз көрдік. Тек Тұрсынхан ғана мұртынан мырс етті де:
– Росомаха ғой, – деп, атын шаужайлап ауылға кіре берді.
– Ол қандай аң?
– Қазақтар «құну» дейді. Алыстан аюға ұқсайды, бірақ одан әлдеқайда кіші, өзі керемет сұғанақ аң. Мына иен ауылды иемденіп алған ғой.
Біздің күншіліктен көксеп келген Көккөліміз осы болып шықты.
«Көккөл осы» дегенге көзіміз сенер емес.
Қасқыр мен құну басынған иесіз мекен, аш кезеңнің үстіндегі өлген ауыл. Екі жаны бедірейген бедеу жартас, мұз құрсанған шағыл шың. Біз көтерілген қиялы қаптал Қазақстан екен де, арғыдағы түнерген терең шатқал Ресейдің территориясы болып шықты. Ауыл іші де алашабыр қар, шашылған тас, қираған арба-саймандар. Тастардың ара-арасынан жасаурап шөп қылтияды.
– Тастақ болса да аттарды ауыл ішіне арқандаңдар, ит-құс тартып кетпесін, сақ болыңдар! – деп Ерен көмекшілеріне нұсқау беріп жатты.
Етігіміз онсыз да шылқыған су еді, аттан түсіп, қар үстімен жүріп едік, су кешкендей күйге түстік.
Таудың мұзарт биігінде тұрған мынау жұмбақ ауылға таңдана қараймыз. «Көккөл қандай ауыл екен» деп талай рет қиялдағанымыз есімде. Ен Алтайдың қалтарыс бір қойнауында қалған, көк шалғынның ортасында, шалқыған көлдің жағасында қираған қайдағы бір қисық ауыл көз алдымызға келетін. Мына ауылдың пәлендей қирағанын көре алмай тұрмыз. Негізгі құрылысы аман, көшіріп апарып осы үйлерді қалаға қоя салуға да болғандай екен.
Кейін «Көккөл биікте жатыр екен» деген де әңгімені құлағымыз шалған. «Е, тегі таудың таз басына салынған-ау» деп тағы бір жорамал жасағамыз. Бірақ дәл осындай кереметті көреміз деп ойламаппыз ғой... Адамның қиялына келмейтін көрініс. Биік қарлы шыңның тастақ төбесі. Былайша айтқанда, Абылай аспас асудың нағыз өзі. Сол жердегі қозыкөш адырға ауыл салып тастаған. Екі өкпе тұсы жадағай, азынаған жел өңменіңнен өтеді. Шығысында тас қорым құрсанған көмірдей қара тау. Таудың терістігі мұз бен қар, күн жағы түнере сазарып, айдаһардың қабыршақты жонындай жалдана созылып жатыр.
Ертеректе естіген «Вольфрам тауы» осы болып шықты.
Тау алқымын бөктерлей сызған бірнеше жол байқалады. Шахталарға бастайтын соқпақ-сүрлеулер ғой. Таудың әр тұсы үңірейген үңгір. Бұлар штольнялар екен, кенді осы үңгір-шахталардан өндіріпті.
Үлкендер жағы осы таудың адамдарға талай қасірет әкелгенін айтып отыратын. Таң қараңғысынан тұрып, кезекті сменаға кетіп бара жатқанда қар көшкінінің астына қалған оқиғалар көп болыпты. Тастармен қоса домалаған қар көшкіні оңдыра ма, адам шығыны жиі қайталанған деседі.
Жұмысшылар жатқан тұрғын барақтарды, кеніштің кеңсесін, дүкен, қойма, монша сияқты құрылыстарды аралап, өзімізше ажыратып жаттық. Кейбір үйлер біз үшін жұмбақтау қалды. Бәрі де қатырып қарағайдан салған мықты құрылыс, енді бір жүз жылға былқ етпейтін түрі бар. Бәрі де тас фундаменттің үстінде, құрылыс инженериясының барша мүмкіндігін пайдаланып, ақаусыз-ақ салған дүниелер. Тек қарағай бөренелер көп жылғы қар мен жаңбырдың әсерінен қара май жаққандай қарайып кетіпті.
– Бұл заманда мынадай мықты үй салу қиын шығар? – деді Анатолий Гурский тамсана басын шайқап. – Бұрыштың қиюын, түзулігін қарашы, өнер туындысынан кем емес.
Біз мынау қыран жетпес биікке сыңар аяқ сүрлеумен, салт атпен ілбіп әзер жеттік. Ендеше осыншалық көп қарағай бөренені, тақтай мен басқа да материалдарды анау етектен қалай тасыды екен? Тастан басқа түгі жоқ мынау қиянға ауыл салу дегенің ақылға симайтын қарекет ғой...
Сәлден соң ауыл үстін сұп-сұр тұман басып қалды. Тұманның қоюлығы сондай, қол созым жердегі барақтар жоғалып кетті. Біз кезінде қойма болған қос бөлмелі шағындау үйге түсіп, от жағып жан шақырдық. Су-су болған шұлғау-байпақтарымызды кептіріп, тоңған аяқтарымызды отқа тостық.
Сыртқа қайыра бір шыққанда әлгіндегі қою тұманнан белгі де қалмапты, күн шайдай ашылып, қар бетіне күміс шытыра шашқандай шағылысып жатты. Күннің ашылғанын пайдаланып, ауыл іргесіндегі Вольфрам тауындағы штольняларды көріп қайтуды ойладым. Тастан-тасқа секіріп, біраз биікке көтерілдім де, шахтерлер жүрген ескі сүрлеуге түсіп, тауды бөктерлей өрледім. Әр тұста штольняның белгісі, сарғайған, қарайған ағаш тіреулер қылтияды. Шахтаны жапқан кезде, үңгірлерді динамитпен қопарып, кірер есіктің бәрін бітеп тастаған екен. Яғни, шахталарға консервация жасап кеткен. Соған қарағанда бұл тауда кеннің қоры әлде де мол болғаны ғой.
Арада жарты сағат өткен жоқ, қайтуға ылдилап едім, төмендегі ауыл тағы көрінбей қалыпты. Е, дегенше қарлы боран ұйтқып берсін. Төпелеп бұршақ ұрды.
– Қайда кеткендеріңді айтып кетіңдер, бұл жерде адасып кету түкке тұрмайды, – деген Тұрсынханның сөзі есіме түсті. Әлгінде ол сөзге күлгеміз де қойғамыз, қалжыңы шығар дегеміз. Сөйтсек...
Енді міне қараңыз, бет қаратпас ақтүтек. Шілденің ортасында табиғат мынадай оспадар мінез танытып отыр, қақаған қаңтарда не болмақ? Мына боранға қарап дәл қазір анау етекте ми қайнатқан аптап дегенге қайтіп сенерсің!
Қыс күндерінде үй мен үйдің арасына арқан тартып қояды деп естігенбіз. Арқаннан қолы шығып кетіп, желмен ығып кетіп, ақыры адасып өлгендер де болыпты десетін. Соның ішінде балалар да бар екен. Шілдедегі боранды көрген біз осы айтқан әңгіменің бәріне иланғамыз әрі Көккөлдің қатал мінезін барша болмысымызбен сезіндік. Әкелеріміз бен аналарымыздың, аталарымыз бен әжелеріміздің қаншалықты бейнетті жағдайда еңбек етіп, өмір сүргенін жүрегімізбен түсіндік. Қайран әкелер, қыста қысылғаны өз алдына, жазда да жадырау дегенді білмей өтіпті ғой? Тіс шұқырға ағашы жоқ, тастан басқа дымы жоқ, боран-шашыннан басқа қызығы жоқ мынау алыс мекенде он жыл, жиырма жыл қалай тұрып келген?
«Көккөлдің қысы да ерекше еді-ау! Тамыз айының аяғында-ақ көрпесін айқара жамылып, маусым айының басына дейін тапжылмай жататын да қоятын, – деп жазыпты өзінің естелігінде тау асуындағы Жоғарғы лагерь емес, етектен орын тепкен, сайдың аңғары, ой жер, жылы мекен саналатын Төменгі ауыл жайында Халел Жөндібаев ағамыз. – Бір бораны бір боранына ұласып, қапалақтап жауған қар айналаны ақ мамыққа орап тастайтын. Үсті-үстіне төпелеп жауған қардан көрші үйдің шатыры да көрінбей, осы жерде тіршілік иесі бар-ау дегізіп, мұржаларынан ширатыла ұшқан түтіні ғана белгі беретін. Жұмалап жауған қар басылып, күн айықса-ақ болды, сақылдаған сары аяз қысып әкететін. Әсіресе, өңменіңнен өтетін желтоқсанның желі мен қаңтардың қақаған аязы, ақпанның азынаған бораны құлағыңды қаңылтырдай қарып, бет қаратпайтын. Салба-салба балқарағай самырсындардың бұтақтары желім боп жабысқан зіл батпан қардың салмағы мен қаңтардың қақаған, ақпанның азынаған аязының қыспағына төтеп бере алмай, морт-морт опырылып сынып жататын».
Ойда тұрған Төменгі ауылдың жағдайы бұлай болғанда жоғарыдағы кеніштің кешкен күйін ойлаудың өзі жон арқаңды шымырлатады!
Мынау азынаған асудағы кеніш ауылы, расында да, ит байласа тұрмайтын жатбауыр мекен екеніне көзіміз жеткендей. Өзі жеті қабат жердің түбінде жатыр. Жердің түбі дегеніміз – бұл ара Қазақстанның қиыр шеті, бұдан әрі қазақта жер жоқ, осымен тәмам. Күйе жаққандай мынау қап-қара ауыл осы қиырдағы шекараны күзеткен застава секілді. Боран соқса да, тұман түсіп, ызғырық ұрса да селт етер емес, өңі сазарған салқын, түсі аяздай суық.
***
Осы жаққа сапарға шығар алдында Көккөл кеніші туралы біраз архив құжаттарын іздестірген едік. Архивтерден мардымды дерек таба алмағанбыз.
Десек те, кейбір ескі газеттерден төмендегідей ақпараттар кездескен:
«Фронты войны не дошли до Казахстана, но именно в этой республике ковалась броня для оружия победы и выливалась большая часть пуль для Красной армии. Обрушившись всей военной и экономической мощью окупированной Европы, фашистская Германия в первый год войны захватила большую часть европейской территории СССР. В азиатском тылу страны спешно создавались промышленные предприятия, принявшие на себя нагрузку по обеспечению фронта всем необходимым для обороны.
Большая часть цветных металлов для танковой брони, снарядов и пуль добывалась в Казахстане на рудниках Джезказгана, Конурада, Риддера, Зыряновска. Но кроме этих крупных предприятий, известных всей стране, были и малоизвестные небольшие рудники и прииски, которые внесли свой вклад в создание оружия победы».
Осылай деп жалпылама жаза келіп, біздің Көккөлге де тоқталып өтеді:
«В годы войны выявилась острая потребность в увеличении добычи вольфрама и молибдена, так как без этих металлов невозможно было делать прочную борню для танков, самолетов и самоходных орудиий. Были задействованы даже самые мелкие месторождения. Одним из них был Кок-Кульское, под Белухой».
Іздестіріп жүріп, Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатынан Көккөл кеніші туралы алғашқы жазбалар 1934 жылға қатысты екенін анықтадық.
Мұрағаттың Зырян филиалында осы жылдарға байланысты мынадай бір қызметтік хат табылды.
Хат Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасына, көшірмесі Катонқарағай аудандық атқару комитетінің төрағасына арнап жазылыпты. Құжатқа Қазақ АССР-і Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Т. Әлиев деген кісі қол қойған.
«В пограничной полосе Катон-Карагайского района в 80 км к северу от деревни Берель будет работать геолого-разведочная партия Казредмедгеологоразведка с целю разведки Кок-Кульского вольфрамо-молибденового месторождения. Учитывая, что Кок-Кульское месторождение имеет всесоюзное значение и что оно находится в исключительно труднодоступной местности и на протяжении 80 км не имеет колесной дороги, а только вьючную тропу, предписывается организовать переброску на месторождение около 200 тонн продовольствия, оборудования, снаряжения доступный для транспорта в короткий летний период с 1 июня по 15 сентября с выделением необходимого количества лошадей и верблюдов».
Сондай-ақ, осы хатта Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Советінің 22 тамыздағы қаулысы бойынша Қазақ сирек металдар барлау жұмыстары басқармасына қарасты Көккөл геологиялық-барлау партиясының жұмысын жыл бойына алмастыру туралы тапсырма берілгендігі айтылады. Яғни, бұл кезеңде Көккөлде геологиялық-барлау жұмыстарының қызған кезі болса керек. Құжатқа қарағанда, барлау жұмыстары тек жаз айларында ғана жүргізілген.
Осы облысқа қарасты Ұлан аудандық мемлекеттік мұрағатынан 1941 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі жеке құрам бойынша бұйрықтар табылды. Бірақ Көккөл кенішінің нақты қай кезде ашылғаны туралы мәлімет мұнда да айтылмапты.
Құрамында Көккөл кеніші болған «Нарымолово» деген басқарманың құжатына Көккөл ГЭС-ін салу туралы арнайы комиссияның актісі тіркеліпті. Бұл құжат 1944 жылдың 10 тамызымен белгіленген. Яғни, Көккөл су құламасы негізінде су электр станциясын салу сол кезде ойластырылған шаруа секілді. Бірақ бұл ұсыныс жүзеге аспай аяқсыз қалған, себеп-салдары белгісіз.
Көзі тірі қариялармен әңгімелескенімізде, дайындалған руданы тау басындағы Көккөл кенішінен Төменгі лагерьге салт атпен тасыған. Төменгі лагерьден Өрелге дейін пар ат жеккен арбамен жөнелткен. Өрелден Самар ауданы жеріндегі Палацыға елуінші жылдарға дейін тағы да сол ат-арбамен, елуінші жылдардан соң сол кездегі «полуторка» атты машинамен (екеу болыпты) тасыпты.
– Вольфрам дегенің зілдей қара тас, бір дорбасының өзін арбаға әзер көтеріп салатынбыз, – деседі қариялар.
Көккөл кенішінің бастығы Чесноков деген кісінің Катонқарағай аудандық партия комтетінің хатшысы Мырзахметовке жазған баян-хатынан сол кездегі кеніштің материалдық-техникалық жарақтандырылуынан, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайынан аздап мәлімет алуға болғандай екен. Чесноков 1954 жылдың 9 айы бойынша кеніштегі жұмыс жоспарының орындалу жайын баяндайды. Кен қазу жұмыстары – 98% орындалғанын, кенді өңдеу жұмыстары – ол да 98%, ал вольфрам концентратын өндіру – 91,2% болғаны келтірілген. Соңынан жоспардың неге толық орындалмауының себеп-салдарын түсіндіруге тырысады. Бұл баян-хаттан ұққанымыз: кеніш жұмыстарының көпшілігі қолмен атқарылады; кеніштің электр қуаты аз, жетпей жатады, «Букау-Вольф» деген жалғыз дизельдің өзі қосалқы бөлшектердің жоқтығынан көп жағдайда тұрып қалады; ұзақ жылдар бойғы үздіксіз жұмыстың салдарынан бұрынғы байыту фабрикасының іші-сырты тас пен құмға толып кеткен, 1954 жылы жаңадан байыту фабрикасы салынып, ол фабрика осы қыркүйектен бастап қана жұмысқа кірісті; таудағы цехтан фабрикаға кен тек ат күшімен ғана тасылады, қыс күндерінде жиі болатын қарлы борандарда бұл жұмыс апталап тоқтап қалады; Өрелден Көккөлге дейінгі 110 шақырым аралықтың жолы сол баяғыдай жөнделмей-ақ қойды: техникалық жарақтар, құрылыс материалдары, азық-түлік, жанармай уақтылы жеткізілмей жатады; ал көктемнің лайсаңында жол мүлдем жабылып, елмен қатынас екі-үш айға дейін тоқтап қалады; жұмысшылардың тұрмыс жағдайын да, баспана мәселесін де жақсы деуге келмейді, 1937 жылы салынған 3 барақ қазір адам тұруға жарамсыз боп қалды, осы уақыт аралығында бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген барақтардың 12 шаршы метрлік бір бөлмесінде 3 семьядан тұрады; осы аталған нашар тұрмыстық жағдайлар түптеп келгенде жұмысшылардың еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізуде.
Хатының соңында Чесноков өзі көтерген мәселелерді шешудің жолдарын ұсынады: алдымен кен қазу жұмыстарын, басқа да учаскелерді механизациялау қажет; ол үшін өнімділігі 20 текше метрлік компрессор, қуаты 300 квт. болатын электростанция керек; Өрелден бастап Көккөлге дейінгі аралықтағы жолды күрделі жөндеуден өткізіп, келешекте кенді автомашина көлігімен тасымалдауға көшпейінше шаруа алға баспайды; жұмысшылардың үй-тұмыстық жағдайын жақсарту мақсатында тағы бірқатар тұрғын үйлер салу қажет.
Көккөл кенішінің бастығы осы айтылған шаралардың бәрін жоғарғы ұйымдарға мәселе етіп қойып, қол ұшын беріп, нақты көмек көрсетуді сұрапты.
Чесноков өзінің баян-хатының бір жерінде: «По имеющимся запасам руды, рудник должен иметь производительность против настоящей, в три раза, но при настоящей механизации горных работ транспорта, выполнить это невозможно», – деп, біз үшін бір қызық мәлімет тастайды. Яғни, деректен кеннің қоры жеткілікті екенін ұғамыз.
Тоғыз айдың жоспары бойынша есеп беріп отырған бұл хат 1954 жылдың қазаны мен қарашасында жазылған сияқты. Ал кеніш 1955 жылғы тамыз айында жабылған. Кеніштің ресми жабылуы туралы нақты құжат тағы табылмады. Біз тілдескен көнекөз қариялардың бәрі осы «елу бестің тамызы» деп бір сөзден шыққан. Кеніштің жабылуы туралы шешім, бастықтарды кім білген, жұмысшылар үшін оқыс хабар болғанға ұқсайды. Жүздеген жұмысшының жарым-жартысы сол жылы бір-екі айдың ішінде жаяу-жалпылы болса да көшіп үлгереді. Бала-шағасы көп, көлік іздеп қиналғандары амалсыздың күнінен тағы бір қыс қыстап қалады да, келесі жылы жазда бірақ көшіседі.
***
Біз Көккөл кеніші жайында естелік іздеп таба алмай жүруші едік. Бағымызға орай, кейін сондай естелік табыла кетті... Ұзақ жылдар бойы Катонқарағай ауданында басшылық қызметтер атқарған, жоғарыда сөз еткен Халел Жөндібаев ағамыздың артында мол мұра қалыпты. Сол кісінің жазбаларын оқып, жоғымызды тапқандай қуанғанымыз тағы рас. Марқұм Халел ағамыздың балдәурен балалық шағы Төменгі лагерде өтіпті. Естелігі мөлдіреген кестелі тілмен, бейнелі теңеулермен керемет әсерлі жазылған, жүрек қылын шерткендей! Елге, жерге деген сағынышқа толы бұл жазбалар нәзік сезімге, асқақ махаббатқа тұнып-ақ тұр. Ал төменгі ауылдың ғажайып жазын, жайқалған жасыл желегін, көкмайса гүл-шөптерімен қатар, қатал қысын, халықтың ауыр тұрмысын, олардың қарапайым қарым-қатынасын суреттеген кезде риза болып, марқұмның аруағына бас идік. Қоғамдық жұмыстармен мойын бұрмай кеткені болмаса, ағамыз кәнігі кәсіби жазушы болғандай екен.
Ендігі кезекте бала болса да сол замандағы талай оқиғаны көзімен көрген ардақты азаматтың сөзіне құлақ түрелік. Ол кісі Көккөл кенішінің қалай жабылғандығын былайша әңгімелепті:
«1955 жыл еді. Тамыз айы орталап қалған уақ. Кеніш бастығы Чесноков кеншілерді жинап, шұғыл жиналыс өткізді. Ол өз сөзін: «Құрметті жолдастар! Көккөл кенші 1938 жылы ашылды. Содан бері кеніште өндірілген вольфрам мен молибден, алтын сияқты металдар бір ғана Қазақстан емес, бүкіл Кеңестер елінің игілігі үшін жұмсалып келді. Отанымыздың байлығын молайтуда, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуда осы отырған сіздердің де өлшеусіз үлестеріңіз бар. Елімізге жау шауып, басымызға ауыр күндер туғанда, сіздердің қолдарыңыздан шыққан өнім танкты брондау үшін жұмсалды. Жауға атылған әр оқты жасауда да сіздердің үлестеріңіз өлшеусіз. Соған орай Отанымыз да сіздердің жанкешті еңбектеріңізді ерекше бағалады. Еңбектеріңіз ауыр екендігі болмаса, өздеріңіздің де, отбасыларыңыздың да жағдайы жаман болған жоқ. Айлық жалақыларыңызды уақытылы алдыңыздар. Аш-жалаңаш емессіздер, уайым-қайғыларыңыз жоқ. Ауылда тұратын колхозшылардың көрген күнін естіп те, көріп те жүрген шығарсыздар. Олар киер киімге, ішер асқа жарыған, орта құрсақ, қам көңіл тіршілік кешкен мүшкіл тұрмыстан көз ашпай келеді. Ақшаның түрін қойып, таңбасын да танымайды», – деп жиналысты жауыр болған үйреншікті тәртіппен емес, ешкімге түсініксіз өзгеше бір мәнерде бастап, кейбіреулердің аттарын атап мақтап өтті. Оның сөзін жағын таянып үстел басында жанаса отырған есепші-шотшы басын шұлғи мақұлдап отырды. Осылайша сипақтап-қипақтап келіп, кеніште кеннің қоры жеткілікті болса да, экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, Көккөл кеншінің жабылғанын хабарлады.
Жиналыстың мәнін түсінбей қаннен-қаперсіз отырған халық ашық күнде жай түскендей залды ұларда-шу етіп басына көтеріп жіберген. Мамырбектің кезінде бастықтың пікіріне кереғар сын айтып, сынағандардың «сирағы сынып, бел омыртқалары опырылып» әбден су жүрек болып қалған кеншілер, Чесноков бастық болғайы тілдері шығып, бастарын көтере бастаған еді. Бүгін тым-тым шектен шығып, шекелері қызып, ешкім-ешкімді тоспай, тіпті кезек те сұрамай, бас-көз демей, бастықтығына да қарамай:
– Не көкіп тұрсың?!
– Мынау не тантып тұр, ей? Өзінің есі дұрыс па?! Кеннің қоры жеткілікті болса, кеніштің жабылуын қалай ұғуға болады?
– Астапыралла, тіліңе шоқ түскір!
– Жағыңа жылан жұмыртқаласын!
– Мынау не деп басты ауыртып, миды шірітіп тұр. Жабылғаны несі? Кім жапты? Неге жапты? Түсіндіріп, тоқ етерін айтпай ма? – деп Емелбаев Нүсіпқазы, Трумов Бойлаш, Құнанбаев Қалқақ, Қатыбакинов Арғымбай секілді тіл мен жағына сүйенгендер ұлардай шулап, құландай тулады. Төрдегі бастықтарын арадай талады.
– Әй, қазша қаңқылдап, есекше бақырмай қойсаңдаршы! Бізді адам деп жинап отыр емес пе? Кезекпен сөйлейік? – деп бір ақсақал мәмілеге шақырды. Шу басылып, айқай азая бере топ ішінен Кәсен қол көтеріп, сөз сұраған.
– Кәсен бе? Ендеше Кәсен сөйлесін! – деп отырған жұрт басыла берді. Тығыршықтай денелі, қой көзді, орта бойлы, бет әлпеті әдеміше келген жігіт ағасы Кәсен мінбеге бармай-ақ, ұмсына алға шығып, жұртқа бұрылған күйі:
– Құрметті ағайындар! Біз азды-көпті 17 жыл бойы вольфрам өндіріп, алтын сүздік. Бүгін мына бастығымыз айтып отырғандай жұмақтың төрінде емес, тозақтың отына күйіп, мұз жастанып, қар кешіп жүріп жоспарды орындамаған жылымыз болған емес! Осы отырған бастықтар бізді 17 жыл бойы адам төзгісіз қара жұмысқа салып, каторгада қаңтарғаны тағы шындық. Таң бозынан таудың тесігіне кіріп, жеті қат жер астында қайла сілтеп, кен қопарып, шаң жұтып, қас қарая сүйретіліп әзер шыққаннан басқа не қызық көрдік? Азап пен бейнеттен көзіміз ашылған күн болды ма? Аязы азынап, бораны бұрқаған тақыр таудың арасында азық-түлік жеткізілмей, қара суға қамалған күніміз аз болды ма? Жағарға отын таппай, сақылдаған сар аязда бетімізді үсік шалып, мұздай қатқанымыз өтірік пе? Барақтардың аядай бір бөлмесінде тұздалған балықтай екі-үш отбасы тұратынымызды кімнен жасырамыз! Қар көшкінінен мерт болған азаматтарымыздың әйелдері жесір, балалары жетім қалмады ма? Алтын жуған әйелдеріміздің буын-буынын суық алып, кеншілердің өкпелері кеніштегі кеннің шаңынан беріш боп сіресіп қатпады ма? Осының бәрі елдің есінде, жұрттың жүрегінде. Енді немене, аяқ астынан біз өкіметке керексіз бола қалдық па? Көп бейнеттің бір зейнеті болушы еді. Енді кенішті жауып, бізді қаңғытып жібермек пе? Өмір емес, тозақ кешкен бізге өкіметтің рақыметі осы ма? Осыған жауап күтеміз біз! – деп соңғы сөзін дауысын көтере, жан толғанысын жасыра алмай бастыққа қараған. Демін іштерінен алып, сілтідей тынып тыңдаған кеншілер Кәсеннің келтірген бұлтартпас уәждерін жамырай қостап, орындарынан тұрып ду қол шапалақтап жіберді. Артынша зал іші араның ұясындай гуілдеп кеткен.
– Бәрекелді! Кәсен дұрыс айтады. Құдай тілеуіңді берсін! Бәріміздің де айтарымыз осы! Бос сөзді қойып, қайда, қалай көшетінімізді айтсын. Үй жоқ, күй жоқ қайда бармақшымыз сонда біз? – десіп, кеншілер Кәсеннің мәртебесін асырып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Жағымпаздар тіс жарып, жақ ашпай, әліптің артын бағысқан. Осы кезде бастық алдында тұрған пілтелі шамды қаламымен ұзақ қағып:
– Мен жылы орынды, нан тауып жеп отырған жұмысты тастап, қысқа қарсы жөңкіле көшу оңай шаруа емес екенін түсінемін. Өкінішке қарай, қолымнан келер еш нәрсе жоқ. Жоғарыдан қабылданған шешім осындай. – деп кенішті жабу тұралы бұйрықты мәнерлеп тұрып оқып берген. Соңынан мазасы кеткен жұртты сабырға шақырып: – Көріп отырсыздар, жағдай осы, жолдастар. Бос шулағанымыздан келер-кетер пайда шамалы, одан да көшудің қамын ойластыралық! – деп бұйыра хабарлады – Көккөлден көшкендердің бәріне де қоныс аударушы деген квота беріледі, көші-қонына ақша төленеді, барған жерінде үй салу үшін арзан бағаға құрылыс ағаштары босатылады. Көшіріп апаруға осындағы ат-арбалар дайын, «Пограничник» колхозынан қосымша екі трактор шығады, – деді дауысын нығарлап, бұған не айтасыздар дегендей сауалды кейіппен отырғандарға көз тастаған.
Ыза буып, шеке тамырлары адырайып отырған жұрт тағы дүркірей жөнелген соң, бастық ашулы кеншілерді уысында ұстауға дәрменсіздік танытып, осымен жиналысты жабық деп жариялады да, мінбеден түсіп, далаға шығып кетті.
Бос ерегесті қоздырғаннан пайда таппасына көздері жеткен халық еңселері түсіп, үйді-үйлеріне тарасқан.
– Кеніш жабылды, көшіңіздер! – деген суық хабар аядай ауылға әп-сәтте жайылды. Аспан асты, жер үстінде тып-тыныш жатқан ел жанталасқа түсті. Жүктерін буып-түйді. Көпшілігі бірнеше жыл мекендеген, туып-өскен жеріндей боп үйреніп қалған тау ішін қимай қиналысты. Қолында шамалы болса да билігі, астында көлігі барлар абың-күбің жиналып, қотарыла етекке қарай бет алды. Көпшілігі көлік таба алмағандықтан, енді біреулер барған жерінде малын асырайтын шөбі болмағандықтан тағы бір қыс қыстап қалысты».
Кеніш жабылуының шын оқиғасы, мінеки, осылай болса керек.
***
Ұлы Отан соғысы жылдарында жоғарғы Көккөлде негізінен «еңбек армиясы» жұмыс жасапты. Олардың көбісі Самар, Үлкен Нарын, Катонқарағай аймағында тұратын азаматтардан тартылған деседі.
Газет ақпараты былай дейді:
«Там работала мобилизованная молодежь, в основном девушки и парни. Вовсе не зеки, а считавшиеся вольными молодые люди, хотя самовольно уехать оттуда было нельзя».
Дегенмен, сотталған жандар да болған сияқты...
Коробиха ауылында Антонина Чанова деген бір апай болды. Жарықтық сол кісінің баяғыда бір қызық әңгіме айтқаны бар… Колхозда жұмыс істеп жүрсе керек, ол кезде он сегіз жастағы тал шабықтай Антонина апамызға колхоздың бастығы қырындай бастайды. Үйлі-баранды әрі жасы келген кісі болған соң, жас қыз ат-тонын ала қашады. Қызға кектенген бастық бірде Антонинаны «жұмысқа 15 минөт кешіктің» деп жала жауып соттатып, Көккөлге айдатып жібереді. Жас қыз Көккөлдегі қара жұмысқа шыдай алмай, біраздан соң қашып шығып, соғысқа кетіп құтылады.
– Екінші Украин майданында медбике болып соғысқа араластым. Әрине, майданда да бізге оңай тиген жоқ. Шүкіршілік, жаумен шайқасу абырой мен атақ берді. Көккөлде ақ тер, қара тер боп қара жұмыс жасағандарға не берді? Не абырой жоқ, не атақ жоқ, бәрі де силикоздан қойдай қырылып қалды, – деп отыратын бертіндері сол Антонина Михайловна.
Қара жұмысқа әйелдер ғана емес, жасөспірім балалар да жегілгенге ұқсайды. Жасөспірім балалардың да старатель болып жұмыс істегендерін архив деректерінен, жалақы берген құжаттардан кездестірдік.
Көзкөрген қариялар Көккөлге сол заманда көлікті қалай жинағандары туралы жырдай әңгімелейді.
Осы жақта сары шаш, қушиған бет, ұзынтұра бір мал дәрігері бопты. Сол кісі «маңқа тиді» деп, Катонқарағай өңіріндегі тәуір жылқының бәрін жинатады. Үлкен ор қаздырып, жұрттың көзінше жиналған жылқының біршамасын аттырып тастайды. Аш отырған жұрт етін ұрлап кетпес үшін атылған жылқылардың үстінен жанармай құйдырып, өртетіп жібереді.
– Біздің ауылда құйрық-жалы төгілген бір қасқа айғыр болды, – дейді Тоқтар Бәженов ағамыз алыстағы балалық шағын еске алып. – Жер тарпып, ойнақшып тұратын сол қасқа айғыр маңқамен ауырды дегенге ешкім сенген жоқ. «Соғымға жығайын, басқа малым жоқ еді, бала-шағама азық етейін» деп жалбарынған иесінің тілегін әлгі ұзынтұра орыс пысқырған да жоқ. Қасқа айғырды бесатармен тарс еткізіп басынан атты да, сол жерде бала-шағаның көзінше өртетіп жіберді. «Маңқа тиді» деп жиылған көп жылқының қалғанын бастықтар Көккөл асырып жіберді. Сөйтіп, сол жылқылар ұзақ жылдар бойы кеніштен кен тасу жұмыстарына пайдаланылды. Осылайша адам ғана емес, мал екеш мал да репрессияға түсіп, жер аударылған болатын, шырақтарым.
– Кеніш бастығының құқы шексіз еді, – дейді Тоқаң тағы да. – Колхоздың іске жарамды аттарын сұрамай-ақ лауға алып жүре беретін. Соғыс жылдарында да солай еді, соғыстан кейін, елуінші жылдары да өстіп кеніш бастығының түкірігі жерге түспей тұрды. Қарсы тұрар қауқар қайсы, колхоз жазған қара өгізбен қала беретін.
Климат жағдайының аса жайсыз, жұмыстың азапты, тұрмыстың ауыр болуы салдарынан Көккөлде соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де өлім-жітім көп болыпты. Бірақ ауыл маңынан зират көре алмағанымызды айтып, себебін Тоқтар ағамыздан сұрағамыз.
– Көккөлдің жері тас, қайтыс болғандарды Төменгі лагерге түсіріп жерлейтін, – деді Тоқаң. – Ол жақтағы зираттың өзі – жарты ауыл.
***
Сапарға шыққанға дейін Шығыс Қазақстан архивтерінен іздестіргенімізбен, мардымды дүние таба алмаған соң, кейіннен Астанаға келіп, кітапханалар мен Интернет жүйесін ақтарғанбыз. Шүкіршілік, Көккөл туралы көп болмаса да, қосымша мәліметтер табылды.
Бұл мәліметтердің кейбір тұстары біз архивтен алған ақпаратты қайталаса да, мәтінмен оқырманды толық таныстыра кетуді жөн санадық. Енді сол деректерден үзінділер тыңдап көрейік:
...Көккөл кенішін аумақтық геологиялық маршрут жүргізу кезінде, нақты айтсақ – 1936 жылы А. Никонов деген геолог ашқан. Ол кісі Көккөл өзені басталар тұстағы жоталы-қырқаның бірінен вольфрамит металы бар кварцтің бөлшектерін табады. Соңынан бұл жаққа геологтардың іздестіру партиясы жөнелтіліп, олар теңіз деңгейінен шамамен үш мың метр биіктен вольфрамит пен молибденит металы бар кеннің жылғасын анықтайды.
...1938 жылдан Көккөлде қолмен кен қазу жұмыстары жүргізіліп, жұмысшы поселкесінің құрылысы салына бастайды. Қазба байлық табылған «Жоғарғы лагерь» деп атап кеткен кезең үстіне кеншілер мен жұмысшылар тұратын барақтар, кеңсе, клуб, әртүрлі жарылғаш заттар қоймасы, ұста, дүкен, екі қабатты кен байыту фабрикасы ірге көтереді. Осы таудың етегінде, Көккөл су құламасынан біршама жоғарырақта, орман алаңқайында кеншілердің тағы бір поселкесі бой түзейді. Ол «Төменгі лагерь» деп аталады. Онда ат қорадан бастап, тұрғын үйлер, мектеп, наубайхана, кеңсе, монша жұмыс істейді. Кенді жылғаларды бойлап көптеген штольнялар қазылады. Кенді сұрыптау жұмыстары да осы арада қолмен атқарылады. Кейінен кен байыту фабрикасы салынған соң, кеннің концентратты өнімі жоғары бола бастайды. Сұрыпталған кен қапшықтарға теңделіп ат-көлікпен Берел селосына жөнелтіп отырады.
...Кеніш 1955 жылға дейін жұмыс істейді. Салқын климаттың арқасында Көккөл кенішінің Жоғарғы лагері әлі күнге дейін өзгеріссіз, баяғы қалпында жақсы сақталған. Бұл жерден әртүрлі шаруашылық заттарын: локомобиль, дизель, су айдайтын насос, тас уатқыш, транспортер, кен байыту фабрикасын сол күйінде көруге болады. Бір жағынан кенішті ашық аспан астындағы музей деуге келеді.
...1988–89 жылдары Экожүйе фирмасы жетекшілерінің бірі Е. Юрченков деген кісі бұл жердегі кеншілер кеңсесінде әртүрлі құжаттар мен іс-қағаздарының да сақталып қалғанын жазады. Сондай-ақ, үй жиһаздары, асүйдің түрлі жабдықтары, тіпті Өскеменнен келген туристер ескі газеттерге жазып-сызған сол кездегі өндірістік есеп-қисаптарды да тауып алыпты.
...Төзімді әрі берік ағаштардан салынған байыту фабрикасы бәз-баяғы қалпында. «Форд» машинасының сынған қалдығы, кен тасымалдаған ат арбалар да сол заманның куәгерлеріндей әр тұста шашылып жатты.
Содан ұққанымыз Жоғарғы ауыл біршама сақталған сияқты. Ал, Төменгі лагерь тұтастай қирап жоғалған екен. Халел Жөндібаевтың балалық шағы Төменгі ауылда өткенін айттық, ол ағамыз осы ауылда төрт жылдық бастауыш мектепте оқыпты. Халекең сол замандағы Көккөлдің жағдайын былай баяндайды: «Тұрғын халық материалдық жағынан тапшылық көрмесе де, рухани аштықты үнемі сезінетін. Телефон, радио байланысы, электр жарығы, газет-журнал, мәдениет үйі, кітапхана деген атымен болған емес. Біздің отбасы сегіз жыл тұрғанда, дүкеннің қабырғасына түсіріліп, далада көрсетілген «Тарзан» атты фильмнен басқа ешбір мәдени шараның куәсі бола алмағанбыз. Халықтың «қараңғылығы» сондай – сайлауға барарда таңғы 5-те тұрып, шелпек-бәтерін пісіріп, азығын дорбалап, 37 жылғы нәубеттің кезіндегідей туған-туысқандары, бала-шағасымен қоштасып аттанысатын. Тоғыз ай бойғы ұзақ қыста қалың қарға, сұрапыл боранға қамалып, күндіз-түні еңбектің бейнетін тартқан, ойын-сауықтан мақұрым қалған қамкөңіл халықтың іс-әрекетін, жай-күйін ешкім ойлай қоймайтын. Тек жиі-жиі Бықыш, Омарбек деген құмалақшылар келіп, бал ашып, құмалақ тартып оңғарылатын жолды, табылатын жоқты, күтіп тұрған қуанышты айтып елді үміттендіретін. Әке-шешеміз оларды әкелері тіріліп келгендей қарсы алып, кетерінде орамалын байлап аттандыратын. Бала-шағасы ауырса Қабдол деген молдаға барып емделетін. Өзіміз де осы молданың сиялы қарындашпен тәлеңкеге жазған ішірткісін талай мәрте ішкеніміз есімде... Көккөл тұрғындары үшін өкіметтің жасаған жалғыз мәдени жақсылығы–балаларын оқытатын бастауыш мектептің болғандығы еді. Төрт сыныптық шағын жинақталған мектептің жүрегі де, тірегі де – Самарханов Бәйдөш деген мұғалім-тұғын. Бірінші мен үшінші сыныптардың сабақтары таңертең, екінші мен төртінші сыныптардың сабақтары түстен кейін басталып, мектеп ұзақты күн үзіліссіз жұмыс істеп жататын. Сол жылдардағы мұғалім Бәйдөштің мойнына әрі ауыр, әрі жауапты, әрі қиын жүк түскенін кейін түсіндім. Екі сыныпқа бір кезде сабақ өткізіп, біреуіне жаңа материалды түсіндірсе, екіншісіне өз бетімен жұмыс істетіп қоятын. Сыныпта бір бала тақпақ айтып, екіншісі ереже жаттап, тағы біреуі есеп шығарып жататын. Жанындағы баланың мазасын алып түрткілеп алақ-бұлақ етіп отыратындар да жоқ емес еді... Мен оқыған сыныпта үш бала ғана болдық».
Халел жазған кезіндегі азан-қазан шулы ауылдан қазір екі үй ғана қалғанына өзіміз куә болдық. Олардың өзі белуардан жерге батып, қисайып-шоңқайып жатыр. Қабырғасына тіреу салып, шатырына брезент жауып, туристер оларды жамап-жасқап қойыпты. Ары-бері өткенде осы лашықтарда демалып, түнеп кетіседі екен. Өйткені Төменгі лагерь тұрған бұл ара Алтайға келген туристердің баршасының дәстүрлі аялдамасы тәрізді. Осы жерден соқпақ жол тарамдалып түрлі бағыттарға – Мұзтауға, жоғарыдағы кенішке, Көккөл су құламасына бастайды.
...Бұл аймақ – мұзарт шыңдар мен асқар биік асулар, сойдиған жартастар мен шатқал-құздар, қарағайлы қара орман мен жайқалған шалғындар, арқыраған өзендер мен сылдыраған бұлақтар әлемі. Сондықтан бұл аймақтың рухы бар деседі жұрт.
Көргендердің айтуынша, осы маңайдағы қираған ескі үйлерде, қарағай бөренелі қора-қопсыда, тасты қорымдарда, қопалы терісте әлі күнге өлі жандардың аруақтары кезіп жүреді-міс. Ұзаққа қалсаңыз оларды сіз де көре алады екенсіз. Әсіресе, түн баласында, кейде күндіз де олар әр жерде бір елес беретін сияқты.
...Төменгі лагерден төрт шақырымдай етектегі шатқал бойында 1938 жылы Ақбұлқақ өзеніне салынған ескі көпір бар. Бүгінге дейін мүлт етпей туристер мен жолаушыларға қызмет жасап тұрған бұл көпірдің инженерлік жобасы таңқаларлық, салыну құрылысы аса күрделі. Көпір асқан шеберлікпен мықты қиюластырылып, берік қызыл қарағайдан салынған. Мінеки, алпыс жылдан асты, асау Ақбұлқақ жүз рет тасып, жүз басылды, басқа көпірлердің талайын қиратты, шайып ағызып әкетті. Бірақ Көккөл көпірі міз бағар емес.
...Жоғарғы лагерге бастайтын тауды жарып, тасты бұзып салған жолдың өзі тарихтың бір ескерткіші. Мәңгі мұз бен тоңды тау жынысы қабаттарын кертіп, гранит тастарды төсеп арба мен шана жүретіндей табан жасап, осы қабырға жолды қалап шыққан. Адамның білек күшінің, қол еңбегінің керемет үлгісі! Қара күштің арқасында салынған бұл жол – ертедегі Мысыр пирамидаларын, немесе инкі тайпалары жасаған ғаламат құрылыстарды еске салады.
Осы баянның басында бізді оқыс тебіреніске түсірген ескі бір сурет жайында сөз еткеніміз естеріңізде болар? Сол суреттегі талшыбықтай майысқан Зинаида атты геолог қыздың туған бауыры А.Г. Лухтановпен сөйлесудің бірде сәті түскен. Ол кісі апайының көзі тірісіндегі кейбір әңгімесін айтқаны бар. Сол естеліктердің негізінде жазған бір мақаласында Александр Григорьевич былай дейді:
«В условиях, прближающихся к арктическим, они жили на руднике летом и зимой, трудились по 12 часов в сутки, добывая руду самым примитивным способом, мало отличавшимся от практиковавшегося две тысячи лет назад. Вручную бурились шпуры: меняясь, один человек держал зубило-бур, другой бил по нему кувалдой. В пробуренные шпуры закладывалась взрывчатка, отбитая руда вывозилась тачками или носилками на поверхность, где сортировалась, а затем с великими трудностями вывозилась и доставлялась на металлургические заводы».
Көккөл туралы осы материалдың алғашқы нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетіне 2001 жылғы 10 тамызда жарық көрді. Сол материал үлкен себепші болып, келесі жылдары елге барғанымызда кеніш туралы мағлұматымыз толыға түскен. Газетті оқыған ел ақсақалдары өздері іздеп келіп, көрген-білгендерін, естіген әңгімелерін айтып жатты. Біз ол айтқандарды шамамыз жеткенше түртіп алып отырдық. Төменде үзік-үзік сол әңгімелердің Көккөл тарихына қатысты беймәлім тұстарын келтіре кетуді жөн көрдім.
«Түсірген мынау суреттеріңді көріп еске алып отырмын... Қылтиып шөп, сарғайып әлдебір гүлдер шыққан бопты ғой. Адам аяғы таптамаған соң сөйткен де... Әйтпесе, баяғыда біз жүргенде соның бірі де жоқ еді. Қиыршық тастан басқа дәнеңе де көрмейтінбіз».
«Мамырбек деген бастық болды. Ұмытпасам, пәмилесі Қайсанов болатын. Қара танымайтын, оқымаған кісі еді. Ел-жұртты көкірекпен, айғаймен, қорқытумен басқарды. «Мамырбек келе жатыр» дегенде жылаған бала уанатын. Айтып-айтпай не керек, ол кісінің қара халыққа тізесі қатты батты ғой».
Осы арада хаттарды қоя тұрып, бір қызық жағдайды айта кетпесе болмас... Қол астындағы қарапайым халықты бір шыбықпен үйіріп жүрген сол Мамырбек Сталин өлгенде жұмысшыларға үш күн демалыс беріпті. Қайғыдан ба, қуаныштан ба, әйтеуір, үш күн бойы ауылдастар бір-біріне қонаққа барып, қонақ шақырып ойран-асыр болады. Артынша Мамырбекті, Доске деген жігітті, сосын радисті қызметтерінен алып тастайды. Бұл тосын оқиға туралы Халел ағамыз естелігінде: «Сол күні кеніштің бастығы Мамырбекті, ат қораның меңгерушісі Доскені, радисті «Сталин өлгенде жұмысшыларға үш күн демалыс бергені үшін орындарынан алып тастапты» деген сыбысты естідік», – деп жазыпты.
Сөйтсе, радист қате естіген екен. Үш күн емес, үш мүйнет пе, әлде бес мүйнет пе, күн көсемді үнсіз еске алу туралы нұсқау беріліпті ғой.
Тағы да хаттар легіне көз жүгіртейік:
«Ойпырмай десеңші, Мамырбектің орнына Чесноков деген орыс келгенде басымыздан қиқу кетіп, көзіміз ашылды емес пе! – дейді Дадыров деген ақсақал. – Жалғанда қараңғы, оқымаған кісіні ел басқартуға болмайды екен. Сондайдың бір мысалы – Елтай Ерназаров деп білем».
«Көккөл туралы архивтен түк таба алмадық» деп жазыпсыңдар. Оқымаған қараңғы адам, Мамырбек архивке несін өткізсін. Чесноковқа дейінге он жылғы аралықтың документсіз, дерексіз «ақ таңдақ» қалуы сондықтан».
«Біз әйелдер вольфрамды лотокпен сүзетінбіз. Әлгі өздерің жазған аш кезеңнің үстіндегі көл жағасында... Қыста ғана емес, ол көлдің суы жазда да тастай суық келеді. Вольфрам дегенің жылтыраған қара тас. Шайқаған кезде ол лотокта қалып қояды, ал құм мен тас шайылып кетеді. Сондағы старатель әйелдер де ерте кетіп қалысты, бүгінде тірі жүрген ешкім жоқ. Бәрін де ревматизм мен буын сырқаты алып жықты. Ал олардың шахтер күйеулері сақал түгіл мұрт қояр жасқа жетпей өліп қалысты».
«Қысты күнгі қардың қалыңдығы сондай, кейбір жылдары төрт-бес метрге жетіп, шатырға дейін басып тастайтын. Үй мен үйдің арасына тартылған арқан да қалың қардың астында қалады. Баспалдақ жасап таудай қардың үстіне шығасың. Содан тұспалдап келесі үйді іздейсің. Келесі үйге кірер үңгірде басына қызыл шыт байлаған сырық таяқ шаншулы тұрады. Яғни, осы қардың астында үй бар екенін содан білесің».
«Соғыс жылдары, соғыстан кейінгі жылдары Көккөлде аштық жиі болды. Қара суға қарап қалған кездеріміз әлі есімде. Әсіресе, қыс баласында апталап ақтүтек боран тұрады, былайғы әлеммен жол жабылады, байланыс үзіледі. Балаларымыз шиқылдап жылаған кезде жанымызды қоярға жер таппайтынбыз».
«Дестелеп жауған қардан, ұйтқыған ақтүтек бораннан көз ашпаушы едік. Көккөлде тымық күндер болғаны есімде қалмапты. Әсіресе, қысты күндері. Қар жауған сайын тау жақтан күркіреп көшкін түседі. Шахтерлар жұмысқа шықпай тұрып взрывниктер қиядағы қарды атқылайды. Кейде солардың атқылағанына қар түспей қояды, ондай жағдай жаман... аса қауіпті.
Жұмысшылар әдетте штольняға кірер тұсқа қазық қағып кетеді. Кейде сол қағылған қазық та қар астында қалады, немесе оны көшкі жұлып әкетеді. Сөйтіп, штольнясын таба алмай адасып, тұтас бір сменаның шахтерлары көшкіге қалған оқиға да болған».
«Көккөл тұрған асуға шығар жол қия беткей. Өздерің де көрдіңдер ғой... Өзі таусылып бермес ұзақ әрі қауіпті. Жоғарыдан қар көшкіні түссе – жентектеп апарып етектегі көлге апарып бірақ тығады. Шүкіршілік, құдай сақтап бұл тұста көшкінде опат болғандар есімде жоқ. Бірақ шанасы сырғып жолдан шығып кетіп, ат-шанасымен қоса шағылға қарай домалап кеткен жайлар болған. Осыны ескеріп, жол тазалаушы бір бригада қысы-жазы жұмыс істеді. Олар қарды да, топырақты да қия жолдың төменгі жағына үйіп, үнемі жолды кеңейтумен болды. Соның өзінде қарсы келсе – екі шана қатар сыймай қалушы еді. Бір жолы сол жол жөндеуші бригаданың өзі көшкінге қалып, бірер азамат мерт болысты».
«Езөпкө ауылынан (Язевка) Көккөлге жаяу барушы едік. Оның өзінде жазда ғана жүресің. Ауылда Наталья Кузнецова деген кереметтей сұлу бір бойжеткен қыз бар еді. Әлі есімде, мың тоғыз жүз елуінші жылдың күзі болатын. Сол қыз Көккөлден жаяу шығып кетіп, Қаракөлге жетпей боранға қалып, үсіп өлді. Кәдімгі жайма-шуақ қоңыр күздегі оқиға... Байғұс қыз аяқ астынан ұйтқып алапат боран соғады деп ойламаған ғой».
«Берелдің бір қазағы жылы киініп, қыс ішінде салт атпен асығыс жолға шығып кетіпті. Әлдебір тығыз шаруа мәжбүр еткен секілді... Сейсембайға жеткенде үйірлі аш қасқыр қоршап, адамды да, атты да пәршә-пәршәсін шығарып жеп кетіпті».
Мінеки, кезінде Өр Алтайды дүбірлеткен Көккөл туралы ақиқаттың бір парасы осы, ағайын.
Тарихты түгендемей болашақты барлау қиын. Көккөл Өр Алтай тарихының үлкен бір беті, тар жол, тайғақ кешті тағдыры. Сондықтан біз білген азғантай дерек келешекте толығады, кеніш туралы жасырын дүниелер жарық көріп, талай шындықтың беті ашылады деген үміттеміз.
* * *
Көккөл тұрған асу үстінде ауа райы әрбір 15-20 минөт аралығында өзгеріп сала береді екен, бұл құбылысты бәріміз аңғардық. Қармен шағылысып, көз қарықтырған ашық күнді әп-сәтте сұп-сұр тұман баса қалады. Соңынан бет қаратпас қарлы боран ұйтқиды. Енді бірде аспан асты тына қалып, қапалақтап қар жауа бастайды.
Күннің көзі қылт ете қалған бір әредікте:
– Мұзтау қай жақта? – деп сұрадық.
– Мұзтауыңыз әне тұр!
Бәріміз бұрылып Тұрсынхан көрсеткен қарсы қапталға үңіліп қалыппыз. Мұзтауды іздеп сығырая телміреміз. Қорғасын бұлттың астынан алапат шыңның алашабыр етегі көрініс берді. Сұсына қарағанда басы мен бауырын жуық күндері аша қоятын түрі жоқ. Дегенмен, біз іргесіне жақындап-ақ келген екенбіз, ұлы таудың суық демін анық сезіндік.
Ауыл төңірегінен әлгі Интернеттегі мәліметтерде айтылған дүниенің біразын біз де көргенбіз. Әсіресе, шашылған темір-терсек көп екен. Кезінде дүкен болған үйдің бұрышында баяғының «полуторка» машинасы тұр. Моторы бұзылған, қорабы қираған, шынысы шағылған. Әйтеуір артқы екі дөңгелегі аман, желі шықпаған, сол қалпы. Бұл машина мынау биік тауға қалай келгені, оны не үшін әкелгені белгісіз… Шахтерлардың «карбитка» деп аталатын қол шамын жігіттер әр жерден тауып алып жатты. Электр қуатын берген дизель де шашылып қалған. Бір шетте тас уатқыш алып механизм төңкеріліп жатыр. Жанармайға арналған темір бөшкелердің екеу-үшеуінің бетін ашып көріп едік, тағы таң-тамаша қалдық... Іші толы солярка, бұдан алпыс жыл бұрынғы қаз-қалпында.
Ауылдың күнбатысындағы құз жартастың түбінде көл бар екен. Көл пайда болған жер – ежелгі жанартаудың кратері. Мұндай кратерді жергілікті жұрт «қалақ» деседі. Көлдің шет-жиегі кіреуке мұз, орта тұсы тұңғиық, жүрек суырғандай қап-қара. Сірә, түпсіз терең болар… Көлден шүмек алған кішкентай бұлақ бұралаңдап ауыл ішін жарып өтіп, Ресей жақтағы терістік шатқалға қарай шүлдірлеп құлап жатыр. Бұлақтың ауыл ішіндегі ағысы тым баяу, қоймалжың. Бірақ ауадай таза, айнадай мөлдір болғасын бетімізді дымдайық деп, еңкейіп қолымызды мала бере, атып тұрдық. Тастай суық екен, тоқ соққандай әсер етті, миға сақ ете қалған.
Көл жағасынан екі қабатты байыту фабрикасы орын теуіпті. Фабрикадағы түрлі механизмдермен таныса жүріп ұққанымыз: таудан тасылған кен майдаланып ұсақталады, ол ұсақ тастар жоғарыдағы конус тәріздес чанға құйылады, сумен шайылады, сосын ұзынша транспортерге түседі. Транспортер бойында қаз-қатар тұрған әйелдер кенді бөлек, тасты бөлек қолмен сұрыптап шығады.
Ауылдан әрірек, қорым тастың арасындағы ат жайылымындай тепсеңде тағы бір шағын үй тұрды.
– Айыптыларды қамайтын кеніштің түрмесі сол, – дейді Тоқтар ағамыз. – Кейінгі елуінші жылдары бұл үйдің не болғанын білмеймін. Ал соғыс кезінде еңбек армиясының айыптылары жататын. От жағылмайтын тастай суық үй зынданнан кем емес болатын. Оған бір түскен адам қайтып ұмытпастай болады. Ал оған түсу соншалықты қиын да шаруа емес еді. Таңертең жұмысқа бес-он мүйнет кешіксең де, күнделікті нормаңды орындай алмай жатсаң да – барар жерің осы үй.
От демекші, тіс шұқыр ағашы жоқ мынау тасты тауда ауыл отынды қайдан алды дейсіз ғой. Отындық қарағай бөренелерді Төменгі лагерьден атпен тасыпты. Содан әлгі бөренелерді өлшеп отырып кеседі екен. Кесілген бөренелерді тізімдеп үй мен үйге, бөлме-бөлмеге бөліп береді екен. Бұл бөлінген отынның аздық ететіні сондай, ер-азамат таң қараңғысынан жұмысқа кеткен кезде тамақ жылыту үшін бір жағып, олар түннің бір уағында жұмыстан қайтқан кезде бір рет жағуға ғана жететін сияқты.
– Күндізгі уақытта ұсақ балаларды көрпемен қымтап, салқын үйде қалдырамыз да, өзіміз жұмысқа кетеміз, – дейді Көккөлде сегіз жылдай тұрған Күлзиға Құрманғазина тәтеміз. – Түскі самауырды үш-төрт үй бірігіп қайнатамыз. Самауыр қайнатар жаңқа жоқ, дүкенге түсе қалса таласып-тармасып жәшігімен сатып аламыз да, сіріңкемен қайнатамыз. Ауыр жұмыстағы ер-азаматтың амандығын ойлап, әйелдер жағы отынды осылайша үнемдеуші едік.
Кеніш кеңсесіндегі кітап сөрелері, қолдан жасалған шкафтар, столдар, орындықтар біреуісі құлап, біреуісі жығылып дегендей, бей-берекет шашылып жатыр. Есік-терезесі ашық-шашық жатқандықтан кейбірі қарайып, шіри бастапты. Пружиналы темір кереуеттер мелхиор бастары жалтырап, сол қалпы сақталған. Барақтардың, үйлердің еден тақтайлары қар мен судың салдарынан омырылып құлап жатыр. Дегенмен, уақыт пен иесіздік өлген ауылға қолтаңбасын мықтап салған сияқты.
– Қарағай дегеніңіз мыңжылдап шыдай береді, – деді орман ісінің маманы Ақәділ ініміз. – Мынау шіріп жатқандары ағаштың балқарағай секілді жұмсақ түрі ғой. Әйтпесе, үйдің қарағай қабырғасын қараңызшы, әлі күнге тас қамалдай емес пе!
Монша, дизель тұрған сарай, сосын клубқа ұқсас бір үйдің қабырғасы жоқ, быт-шыт қирап жатыр, іргетасы ғана қалыпты. Бұл жайтты Тоқтар ағамыз: «Елу бестің тамызында кеніш ресми жабылған соң, көше алмай қыстап қалған жұрт не істесін? Қақаған қыста өлместің қамын жасап, осы үйлерді отынға талшық еткен ғой», – деп түсіндірді.
Біз бұл күні кезінде кеніштің қоймасы болған үйдің төбесіне шығып, шатырдың астында қонып шықтық. Күндіздің өзінде дірдектеп жүрген бізге түннің қаншалықты суық болғанын айтып жатудың өзі артық шығар. Бұл сапарға керек-жарақтың бәрін сайлап, дайындалып-ақ шыққан сияқты едік. Бәрібір, шілденің шіліңгірінде қардың астында, мұздың төсінде жүреміз деп әсте ойламаппыз. Киіп шыққан жалғыз свитер мен куртка қорған болмай, қайта-қайта төмендегі алау басына жүгіріп, жылынумен болдық. Түн ұйқымыз төрт емес, қырық бөлінді.
Түн ортасында атан жығардай алапат жел тұрған. Желдің соңы қарлы боранға ұласты. Шатырды жұлып әкетердей үйіріп соғады, ысқырған үні тіптен зәрлі. Боранға қосылып Вольфрам тауы жақтан қасқыр ұлыды. Қасқыр ұлып еді, іргеде арқандаулы аттың бірі екі-үш рет кісінеп жіберді. Бәріміз ояу болатынбыз, жылқы кісінеген бойда Ерен досымыз атып тұрып, мылтығын алып мансардқа шығып кетті. Айдындап айғай салып, мылтық атты. Мылтық даусын боран жұтып жіберді білем, шатырда жатқан біз әзер естідік. Амалсыздан Ерекең киініп сыртқа шығуға мәжбүр болды. Содан сүт пісірім мезгілден соң ғана қайтып оралды.
– Алтай мінез танытып тұр, бет қаратпайды, – деді үсті-басын қағып жатып. – Аттың бәрін қораның маңайына айдап тастадым.
Түн жарымында басталған боран таң ата бірақ басылған. Таң сарғайып атқан бойда далаға шықсақ – жер дүние анадан жаңа туғандай аппақ. Кешегі Көккөлді, келген жерімізді танымай қалдық… Асықтан келер қар түскен, ауа райы жаңа жыл алдындағыдай балбырап тұр, тып-тымық.
Расын айтсақ, кейбір жігіттер түні бойы ауыздарын балықша ашып, ауа жетпей ауырып шыққан болатын. Кейін білдік, Көккөл тұрған бұл асу теңіз деңгейінен тура үш мың метр биікте екен ғой. Ауа сирек, оттегі тапшы. Арамызда сырқаттанып қалғандардың барын ескеріп, шай ішіп бой жылытқан бойда жол қамына кірістік.
* * *
Көккөл кенішінен аттанарда Алтайдың алқымында қалып бара жатқан жетім ауылға тағы бір тебірене көз салғанбыз. Мынау түсі суық жатбауыр мекеннен көңілге медет, жүрекке жылу іздегендейміз. Бірақ ыс тигендей бірөңкей қара үйілі қаралы ауыл демін ішіне тартып үнсіз сазарады.
Қалай болғанда да осы бір жұттан қалғандай жұмбақ ауыл бізге елдіктің қасиетіндей, ерліктің символындай елестеді. Өр Алтайдың мұзарт биігінде адамның жасампаз рухына орнатылған мәңгіліктің ескерткішіндей көрініп кетті.
МҰЗТАУ
немесе Жер кіндігіне саяхат
Көңілім сенген соңғы жылдарғы бір шындық – Мұзтаудың қадіріне біздің қазақ әлі күнге жете қоймапты.
Сүтпен еніп, сүйекке сіңген, қашанда арқаны кеңге салып жүретін ежелгі енжар мінезіміз бұл ретте де өз әсерін тигізген сияқты. Ел жақтағы бас көтерер мықты деген азаматтардың қайсыбірінен Мұзтау туралы сұрай қалсаң: «е, көріп жүрміз ғойдан» әріге аспады.
– Жайлауда малда жүргенде анадайда жарқырап жататын, – десті елдің ақсақал үлкендері.
– Бірде жылқы іздеп Қапшалға дейін барып қайтқам, – деп бөсті жылқышы бір құрдасым.
– Басына дейсің бе?.. Қызық екенсің! Көк мұз, ақ қарда атамның басы қалғандай не қылам мен ол таудан! – деп келесі бірі шамданып, теріс айналып кетті.
Сөйтіп, елдегі ағайыннан Мұзтау жайында жақсы сөз, жарытымды жауап ала алмағанбыз.
Менің ауылдастарымның әлгі айтқан «көріп жүрмізі» – кемінде Мұзтаудан жүз шақырымдағы аралық. Ал Мұзтауға ең таяп барған жылқышы құрдасымның Қапшалынан әрмен әлі он бес щақырым жер.
Осыдан ұққаным – күншіліктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендері болмаса, біздің ағайын арнайы іздеп ол жаққа ғұмыры бармаған екен. Арғы беттегі алтайлықтар секілді Мұзтауды «асқағым, қасиетім» дейтін қазақ та сирек боп шықты, көбісі бөтен бірдеңедей сырт көз бейнесінде сөйлейді.
Ала жаздай Мұзтауға шұбырған шамбалашылар, рерихшілерді былай қойшы, қара жаяу қаптаған туристердің ішінен қара көзді емге таппайсың. Тек өткен жылы өткізілген «Мұзтау–2002» фестиваліне екі альпинист қазақ жігіті қатысыпты деген сөз бар. Естуімізше, соның біреуі әлемнің «сегізмыңдықтарының» он төртін де бағындырған әйгілі мұзбалақ Мақсұт Жұмаев екен. Басқасында, ұлы таудың басына шықпақ түгіл, етегіне барып қайтқан қазақты кездестіре де, ести де алмадық.
Бұл мәселеде ұлтымыздың ежелден қалыптасқан наным-сенімінің де әсері бар ма деймін...
Мысалы, қазақтардың Мұзтауға деген көзқарасын орыстың әйгілі саяхатшы-ғалымы В.В. Сапожниковтың ХІХ ғасырдың соңында жазған күнделігінен оқыдық: «Высокие снежные горы (Белуха) служат у калмыков предметом священного почитания, – деп жазады ғалым. – Никто из них под страхом смерти не смеет восходить на них. Обаяние Белухи на киргизов (казахов) еще больше: «Нам и смотреть близко на нее нельзя», – говорил мне один старик из аула в вершине Черной Берели».
Ғалымның айтып отырған қариясы – қазіргі біздің Берел ауылының бір тұрғыны болса керек.
Өзге жұртты білмеймін, Мұзтау біздің бала күнгі аңсарымыздың бірі болатын. Әйгілі таудың әйдік келбетін, шіркін-ай, жақыннан барып бір көрсе, тынысын сезіп, көк мұзын сипап құмардан бір шықса ғой дегендей арман бала қиялымызды талай тербеген.
Бірде жайлаудағы біздің қостың қасына қызылды-жасылды киінген жеті адамның түнеп шыққаны есімде. Апам оларға қымыз берді, ет асты, жолдарына бір торсық айран арқалатып жіберді. Арада алты күннен соң әлгі топ алты адам боп кейін қайтты. Біреуі мұздың жарығына құлап қаза болыпты, құтқарушылар келіп оны қалаға алып кетіпті. «Мұзтау қатерлі жер, ол жақта өлім-жітімсіз болмайды» дейтін аңызға әлгі оқиғадан соң біздің де бала көңіліміз сене бастаған. «Мұзтау қатерлі, Мұзтау қиямет» деп, жағаларын ұстап, бас шайқасқан әңгімені одан кейін де талай естідік. Осылайша Мұзтау бейнесі біздің санамызда сұмдық қиындықпен, тіпті өліммен қабаттаса елестейтін болды.
Бәрібір ұлы тау өзіне құмартуын қоймаған.
Алдыңғы бір жылдары әйел, бала-шағасымен Мұзтауға қарай шұбырған шамбалашыларды көріп еріксіз ойға қалғамыз. «Мынанша халық бесіктегі баласымен қоса жаяу-жалпылы әулие тауға шұбап бара жатқанда, соқталдай еркек бізге не жоқ, осы біз неден тайсақтап, неден жасқанып жүрміз», – дегендей қиял келген.
Көкейдегі осы қиялымызды іске асырудың реті биылғы жазға тиген еді.
Өскемендегі альпинистік-туристік фирмамен келісіп, Алтай десе ішкен асын жерге қоятын баяғы азаматтар қаңтардан бастап өзімізді рухани дайындау, денемізді шынықтыру әрекеттеріне кірісіп кеттік. «Баяғы азаматтар» деп қатарынан бірнеше жыл Алтайға барып жүрген достарды айтып отырмын. Олар: полиграфист Ахметқали Өтеғалев, баспагерлер – Тұрлығазы Дуанбеков, Елемес Иманғалиев, Қайырды Назырбаев, журналистер Олег Рябченко мен Сауытбек Абдрахманов еді. Алайда, соңғы сәттерде осы достарымыздың кейбіреуі жұмыстың ыңғайы, отбасының жағдайына байланысты түрлі себептермен сапараға шыға алмай қалысты. Бірақ мұз жастанып, қар төсеніп боранды биіктерде жүрген кездерімізде қалада қалып қойған әлгі достарымызды өзімізбен бірге санадық. Өйткені, баршамыз боп ала қыстай дайындалған, көптен мақсат еткен бұл сапар бәрімізге ортақ арман-мүдде болатын.
Сөйтіп, таң атпай желіп жүгіруге кірістік, демалыс күндері қала сыртына шығып, шақырымдап жаяу жүрдік, велосипед тептік. Олег Рябченко екеуміздің қызмет бөлмеміз 23 қабатта еді, соған ақ тер-қара терге малынып жаяу шығатын болдық. Қысқасы, шама-шарқымызша аяқты шынықтыратын, өкпені шыңдайтын талай жаттығуларды жасап-ақ бақтық.
Жеме-жемге келгенде бұл тірлігіміздің бәрі түк емес екен, баланың ойыны секілді бәрі адыра қалды.
Мұзтау соқпағы біз ойлағандай тұнған романтика емес, аса қауіпті әрі қиын сапар боп шықты.
***
Алдымен аудан орталығынан екі жүз шақырымның үстіндегі Қаракөлге дейін (картада Язевая көлі деп белгіленген) «вездеход» автокөліктерімен жеттік. Көл жағасындағы жоталы жазаң түбекке Катонқарағай ұлттық табиғи паркі туристер үшін қонақ үй кешенін салып жатыр екен. Қарағайдан қиған көрікті үйлердің бірнешеуі бой көтеріп қалыпты.
– Заман ығына қарай бейімделіп жатқан жайымыз бар, – деді осы өңірдегі орман шаруашылығының директоры Игорь Месяцев досымыз. – Мұзтауға ағылған туристердің тең жарымы Қазақстан арқылы өтеді. Оларға жақсы сервис дайындау – ел мен жерді насихаттаудың бір парасы деп отырмыз.
Осы Қаракөлдің жағасында бір түнеп, ертеңінде салт аттармен ертелетіп Мұзтауға сапар шектік.
Біз үшін осы бір қайырлы сапардың керек-жарағын қамдап, жөн-жосығын жасап, елдегі қажет шараларды үйлестірген Катонқарағай Ұлттық табиғи паркінің директоры Ерен Жұмағұлов болатын. Ерекең жылмиған жүйрік, тайпалған жорға емес, ұзын жолға шыдамды, қия-жартасқа мығым мықты аттарды дайындатып қойыпты.
Тоғыз ат, сегіз кісіміз. Сегіздің екеуі – альпинист-нұсқаушы, сосын бір атқосшымыз бар. Палаткалар, төсек-қаптар, альпинистік әбзелдер, басқа да керек-жарақ артқан бір атты жетекке алдық. Басқамызда да теңделген қоржын-сомалар, олардың іші бірнеше күндік азық-түлікке, жылы киімдерге, бәтеңке-байпақтарға толы.
Содан тоқтаусыз суыт жүріп кеттік. Атам қазақ айтпақшы, аласа-биігі бар жерменен, ашығы-тұйығы бар жолменен тоқтаусыз тартып келеміз. Таулы-қиялы ұзақ сапарда кей тұста жолдың сорабын жоғалтып, шыр айналып адасып та қаламыз. Сапар барысында қазақтың кезіндегі небір көрікті қоныстарын, үкілі жайлауларын басып өттік. «Кезіндегі» дейтінім – Қаракөлден шыға бере, арада он шақырым өтпей жатып Ресей территориясына еніп кетіппіз. Бұл маңай көрші елдің Катунь мемлекеттік табиғат қорығы десті. Соқыр ішектей қазақтың жайлауына қалай сұғына кіріп кеткен деп таңғаласың. Көптен бері сызылып қойған жолдың жөні осылай екен.
Катунь қорығынан шыға бере әлдебір күміс қоңыраудай сылдырап аққан бұлақтың жағасындағы қызылды-жасылды палаткаларға тап болдық. Палаткалардың маңайы толы адам, абыр-сабыр, от жағып, тамақ дайындап күйбеңдеген көпшілік. Сақалдары сапсиған еркектер, шортик киіп бөкселері бұлтыңдаған қыз-келіншектер, көбелек қуып мәз болған бала-шаға. Өздерін сығанның таборына ұқсатқандайсың.
– Бұлар сол баяғы «рерихшілер» ғой, Шамбалаға зиярат етпекке Мұзтауға кетіп бара жатыр, – деді де, жолбасшымыз аттан түсіп, бізге бес-он минут демалыс жариялады.
Біз де осы үзілісті пайдаланып, бұлақты жағалаған жұртпен жүздесіп қалуға тырыстық. Олармен суретке түсіп, шым-шымдап бір-екеуін әңгімеге тартқан болдық.
Тегі осы тобырдың көсемі болар, бурыл сақал біреуі жайқала басып қасымызға өзі келді.
– Қайда бара жатырсыздар? – дедік біз бурыл сақалға.
– Жер кіндігіне! – деді бурыл сақал бет жүзі бүлк етпей.
Біз мырс еттік те, иығымызды қисаңдатып, бір-бірімізге қарастық. «Екі аяғы салбырап көктен түскендей мынау сақал нені көкіп тұр» дегендей ойдамыз.
Бурыл сақал біздің таңданысымызды сезді білем, кінәратсыз ғана жымиып қойып, өз ойын түсіндіруге кірісті.
– Космостық энергияның бәрі осы Мұзтауда тоғысады. Алғаш бұл құбылысты орыстың әйгілі философ-суретшісі Николай Рерих ашқан болатын, кейін бұл құбылыс ғылым әлемінде нақты дәлелденді…
– Аты-жөніңіз кім еді, ағасы?
– Зиновьий Петрович десеңіз болады. Геодезиспін. Ұзақ жыл Северде жұмыс жасадым. Өзім Суздаль деген қаладанмын…
– Білеміз, Суздальда болғамыз…
– Апырмай, бұл жерден де Суздальда болған жанды кезіктіруге болады екен ғой? – деп Зиновьий Петрович маған бұрылып, таңданыс білдірді.
– «Жер кіндігі» деп сіз сонда Мұзтауды айтып тұрсыз ба?
– Иә, осы Мұзтаудың маңайы… Бұл тұста атмосфера қабаты аса жұқа. Космостық энергияның қуаты сондай, жыл беделінде Мұзтаудың басы небәрі 14 күн ғана ашық тұрады. Қалған уақытта, яғни жылдың төрт мезгілінде оның басын жағаға соққан судың иіріміндей бұлт тұмшалап, шыр көбелек айналып жатады.
– Қызық екен…
– Ешқандай қызығы жоқ. Бұл көзі қарақты азаматтардың бәріне белгілі ақиқат. Байқайсыздар ма, Мұзтау пәлендей биік тау емес, небәрі 4506 метр ғана. Мұзтаудан әлдеқайда биік, әдемі таулар, әсерлі шыңдар әлемде толып жатыр. Сөйте тұра неге бұқара жұрт Мұзтауға ағылады. Осыны ойладыңыздар ма?
– Қайдан білейік…
Десек те, мұндай әңгімені біздің де еміс-еміс естігеніміз бар-ды. Естігенімізбен, оған пәлендей мән бермеппіз, көңіл қоймаппыз, тереңдей зерттеп көрмеппіз. Шынын айтсақ, бұл мәселе жөнінде скептикпіз, бос әңгіме, болмас қиял деп сенбейтінбіз. Енді, мінеки, баяғыда естіген сол бір аңыз-әпсананы мынау кісі қайта жаңғыртып, жаңалықтай бізге көлденең тартып отыр.
Бәрібір оның сөзіне біз жалп етіп түсе қалғамыз жоқ, есалаң сектаның адамдарына кезіккендей күдіктене қарап, басымызды шайқай бердік. Мұндай фанаттармен дауласып, сөз таластырайық десек, Шамбала, Рерих дегендерден оқығанымыз шамалы, білетініміз жоқтың қасы. Сондықтан екідай күйде бурыл сақалмен өтірік жымиған болып қоштастық та, аттарымызға аяқ артып, жүріп кеттік.
***
Бірер сағаттан соң тайга ішіндегі сыңар соқпақтың бойында қаздай тізіліп жаяу-жалпылы кетіп бара жатқан қызыл ала тағы бір топқа кезіктік.
Алдарында аттылы екі қазақ жігіті бар. Ол екеуі мынау жаяу топқа жалданған жол көрсетушілер, осы маңайдың қойшы-қолаңы екен. Аттылы жігіттер кішкентай бүлдіршіндерді үш-үштен қолтықтарына қысып алыпты. Түсіріп алмай, қалай ғана құшағына сыйдырып отырғанына қайрансың. Бүлдіршіндер мыңқ етер емес, рахатқа батып, тербетіліп кетіп барады.
Оларды көрген соң біз де аяқ жазып, бой сергітіп аттан түстік. Бізді көріп, тізілген тобыр да демалыс жасап, көгал үстіне отыра-отыра кетісті. Әсіресе, әйелдердің жаяу жүрістен шаршағандары білініп-ақ тұрды.
Қызықтап, біз бұлармен де жөн сұрасып, шүйіркелесе жөнелгенбіз.
– Қайда бет түзедіңіздер?
– Қалай десек екен… «Жердің кіндігіне бара жатырмыз» десек, сіздерге ұғынықты бола ма?
«Бұлар бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай сөйлейді екен» деген ой қылаң берді.
– Анау жақта сіздер сияқты бір топты кездестірдік. Олар да сіздің адамдар болар?
– Топтар көп қой бұл жақта… Біз Иркутскі жақтан, Байкалдың маңайынан келе жатқан жандармыз… Мұзтауға келіп жүргенімізге көп жыл болды.
– Байкалдай әдемі жер тұрғанда, алыстағы Алтайға несіне әуре болып жүрсіздер?
– Бұл Мұзтау ғой!..
Осы арада кейіндеп тұрған бір сары жігіт бірер аттап бізге жақындады да:
– Сіздер қазақ боларсыздар? – деді.
Біз құптап бас изестік.
– Қазақ болсаңыздар Ашина бабаларыңды білетін шығарсыздар? – деп шикіл сары түйіле қалды.
Біз тағы да басымызды изедік.
– Білсеңіздер сол, күллі түркінің ата тегі болған Ашина өзінің бес жүз жігітімен осы Орталық Алтайды, осы төңіректі пана еткенін де естіген боларсыздар.
– Естігенбіз, бірақ...
– Жөн екен... Менің атым Мансур, татармын, яғни Ашина менің де бабам. Тарихта Ашинаның жігіттері кен қазып, темір өндіргені айтылады. Соңынан бес жүз жігіт ересен қуаттанып, көрші ұлыстарды бағындырған, сөйтіп Көктүрік ұлысының негізін қалаған.
...Осыдан бір күн бұрын еңісте Сауытбектің, жалпы, адамзаттың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуі Алтай тауында басталғанын әңгіме еткені ойыма оралды. «Қоладан жасалған ауыздық аттың езуін тіліп жібереді, содан алыс жолға ат шыдамайды. Аттың қатты шабуы да, жорық көлігі ретінде кеңінен пайдаланылуы да темір ауыздық шыққаннан кейін басталған. Соған алғаш қол жеткізген көне түркілер. Олардың жер-дүниені дүбірлетіп жіберуінің негізгі себебі де осыдан», – деп бір тұжырым жасағаны бар-ды.
– Ондай деректі Гумилевтен оқығанбыз, – деп біз де қара жаяу емес екенімізді Мансурға сездірген болдық.
– Дұрыс екен! – деді Мансур. – Әңгіме мынада, әңгіме – мемлекет құратындай алапат қуат Ашинаның жігіттеріне қайдан келді? Саны қазіргі бір батальондай ғана сарбаздар ғой. Осыны ойладыңыздар ма?
Ол жағын біз қайдан білейік, мынау шикіл сарының қылмыс жасап қойғандай бізді тергеуге алғаны менің шамыма тиейін деді.
– Оу, ағайын, біз тарихшы емеспіз ғой...
– Тарихшы болмасаңыз, тыңдаңыз... Олар осы Мұзтаудың маңайын паналаған. Мұзтаудан қуат алып, осы жерден өсіп-өнген. Сондықтан барша түркі жұрты Мұзтауды қасиет тұтады, идолға табынғандай табынады.
– Мұзтауға табынып жатқан қазақты көргенім жоқ...
Мансұр менің сөзіме құлақ аспады, самбырлап сөйлеп жатыр.
– Өз басым осы Мұзтауға үшінші рет келе жатырмын, – деді. – Келген сайын бір жылға жетер энергия алып қайтам. Жан-дүнием тазарып, өн бойым жеңілдеп, тыңайып, ерекше сергіп кетем. Мұзтаудың қасиетін осылайша сезініп жүрмін.
– Ашинаның Мұзтау маңайын паналағаны жөнінде ғылыми дәлел әлі де жеткіліксіз ғой? – деп біз көзімізді жыпылықтаттық.
Мансур бажыраң етіп бір қарады да, түкті иегін сипады.
– Сену керек шығар, – деді күрсініп. – Ішкі бір сенімің болмаса, түйсігің болмаса, несіне адам атанып жүрміз…
Біз тағы да таңданысымызды жасыра алмай сенімсіздікпен бас шайқап, ошарылған топпен қош айтыстық та, аттарға міндік.
***
Мансурдың соншалықты қызбалана айтқан әңгімесі өткен бір жылдарғы кездесуді есіме түсірген.
Қазақтың белгілі зергер-ұстасы, өнерлі азамат Махмұт Жетенұлы ініміз бірде осы Катонқарағайға сапарлап келіпті. Төл тарихымыздан жан-жақты хабардар Махмұттың сол жолы әріден бастап, ұзақтан орап, шешіліп сыр шерткені бар...
«Жаратылыс қойнауынан темірді өндіріп алу адамзат баласының дамуына, өркендеп өсуіне зор өзгеріс әкелгені даусыз, – деп бастаған ұста ініміз әңгімесін. – Темірдің дүниеге келуінен бастап осы уақытқа дейін оның өмірде қолданылмайтын саласы жоқ. Адамдар ойлап тауып, тұрмыс-тіршілігіне пайдалана бастағаннан бастап ол адамзат баласының ой-өрісінің дамуына айтулы ықпал етті. Тіпті, адамның ғарышқа самғауының себепшісі де осы кәдімгі жәй темір болды.
Неге осы уақытқа дейін ақ сақалды қариялар, ақ жаулықты әжелеріміз ұста дүкеніне кірсе төске, көрікке тәу етіп жатады? Кейбірі төске ақша қойып, ақ байлайды. Наурыз айында, көктем кезінде төсті, ұстаның өзге де құрал-саймандарын майлап, «төс майлар» деп мал сойып, жұртқа ас беріп, сүт шашып ақ құйып ырымдайды.
Міне, бізге жеткен осы ырымдардың ар жағында Тәңірлік түсініктегі ата-баба дәстүрінің сыры жатыр.
Ерте бір заманда Алтай тауын мекен еткен түрік атты бір рулы ел темір қорытып, оны өндіру арқылы аты шығады. Сол дәуірде күші басым Жужан елі түріктерді Алтай тауының жан-жағы құз жартас, адам қашып кете алмайтын бір қойнауында ұстап, оларды темір өндіруге мәжбүр етеді. Түріктер темір өндіріп жүріп мықты, білікті ұсталар арқылы жасырын қару-жарақ, сауыт-сайман істетіп, жауынгер жігіттерді астыртын қарумен қамтамасыз ете бастайды. Жылдар өтіп, қойнаудағы түрік халқы өсіп-өніп, көбейіп, мұздай қаруланып алады. Ел өсіп, қойнауға симаған соң ақсақалдар ақылдасып, қойнаудан шығатын жол іздейді. Сонда темірші ұсталар ақыл береді. Ұсталар 40 өгіздің терісінен көрік жасаттырып, темір рудасы бар үлкен кереге тасты 40 көрік арқылы от жағып балқытып ағызады. Аққан рудалы кереге тастың орнында бір атан түйе өтетіндей ойық пайда болады. Сол ойықтан бір түнде мұздай қаруланған түрік халқы кең далаға шығады. Өздеріне үстемдік жасаған жауды талқандап, қарсы келген басқа тайпалармен де шайқасып, оларды да бағындырып, мықты мемлекет құрады. Мұздай қаруланып, сауыт-сайман киген түрік халқы осылайша Көктүрік аталыпты».
Махмұт Жетенұлының бұл әңгімесі татар Мансурдың ұрандаған сөзімен үндес еді. Жігіттердің бұл айтқандары бізді де алуан ойға қалдырып, кейінірек шама-шарқымызша ізденістер жасауға итермелеген. Сөйтіп, Ашина туралы біршама материалдар да жинастырғанбыз. Солардың бірі ғылым саласындағы бүгінгі салмақты ой, пәтуәлі пікір иесінің бірі, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлінің зерттеу мақаласы болды:
«Тарлан тарихымыз бен түйсік-санамыздың терең қатпарларында қалған жұмбақтарды аша түсетін құнды еңбегінде Рашид-ад-дин жан-жағы қамал сынды заңғар таулармен қоршалған Жерұйық мекен – Ергенеқоннан түскен Бөрте-чино жайында баяндайды. Оның «Уа, қасиетті көк бөрінің оғландары, ата жұртымызды қайтарып алайық» деген сөзінен кейін жауынгер жұрт тауды балқытып, жол салып, туған жеріне оралды дейді аңыз.
Аңыз түбі – ақиқат. Сондықтан бұл аңыздар бізді Көктүрік қағанатын құрған әйгілі Ашина әулеті туралы ақиқатты зерделеуге жетелейді.
Ашинаның шығу тегі мен олардың Алтай тауларына қалай келгендігі жайында қытайдың «Чжоу шу», «Вей шу», «Тан шу», «Тун дянь» сынды жылнамаларында бірнеше аңыз нұсқалары баяндалған. Мәселен, «Тун дянь» жылнамасының 197-тарауында Ашиналардың шығу тегі туралы мынадай аңыз сақталған: «Көк түрктер әуелден Пин-лиаңды мекендеген Хулардың бірі едi. Олар негізінде ғұндардың бір бұтағы болатын. Арғы тектері – Ашина. Кейiн Вей заманында Тай-ву патша Чие-чу әулетін талқандаған соң Ашина бес жүз отбасымен жужандарға қашып келіп, Алтай тауын мекен етті».
Дархан Қыдырәлі ініміз осы зерттеуінің соңында: «Әр қоғамның тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын “рухани коды” болады. Ол халықтың жадында сақталып, ұлттың ұғым-танымында өмір сүреді, болашағына бағдар береді. Біздіңше, Ашина да жауынгер жұрттың жүрегінде жатталған сондай қастерлі “кодтың” бірі», – деп жазыпты.
Сол Көктүрктің бір бұтағы – біз, яғни қазақ халқы екенін бәріміз әрдайым мақтан тұтуға тиіспіз.
Кейіннен, Астанаға қайтып келген соң, осы сапарда естіген Шамбала туралы да деректер іздестіргенбіз. Оған қатысты біршама ақпарат та таптық. Содан байқағанымыз – Шамбала аса кең ұғым екен. Орысша мағынасы «Беловодье» дегенге, қазақшасы «Жер жаннаты» деген баламаға жақындайтын сияқты. Жер үстіндегі Шамбала – көкорай майсалы мамыражай қоныс, үйрек ұшып қаз қонған сулы да нулы мекен деседі. Ал жер астындағы Шамбала – хош иісті гүлдермен көмкеріліп, қымбат тастармен әшекейленген, алтын зерлі самаладай жарқыраған қала-мыс. Бұл таңғажайып қалаға кірер екі есік бар. Оның оңтүстіктегі есігі Гималай тауларының гүлжазиралы бір аңғарында, Брахмапутра өзенінің бастауында. Солтүстіктегі есігі Алтай тауларында, Мұзтаудың маңайында дейді.
Мінеки, интернеттен тапқан аңыз-әпсана осыған сайған.
Іздеп жүріп, Николай Рерихтың (1874–1947) «Шамбала» атты монографиясымен де таныстық. Рерих Шамбаланы «Заповедная Страна, Священная Страна» деп жазады. Оған кіре берісті алып денелі қар адамдары күзетеді-міс. «Шамбала – самое священное слово Азии, по санскритски – «Калала» дейді де, бұл ұғымға нақты анықтама бермейді. Өз зерттеулерін ғалым былай түйіндейді: «Древнейшие Веды и последующие Пураны и прочая самая разнобразная литература выдвигают необычное значение для Азии таинственного слова – Шамбала. И в крупных азиатских центрах, где священные понятия произносятся уже со стыдливой оглядкой, и в безбрежных пустынях Монгольской Гоби слово о Великой Шамбале звучит как символ Великого Будущего. В сказаниях о Шамбале, в легендах, преданиях и песнях заключается, быть может, найболее значительная весть Востока. Кто ничего не знает о жизненном значении Шамбалы, не должен утверждать, что он изучал Восток и знает пульс современной Азии». Солай дейді де, бұдан әрі Будда дінінің құпия тереңіне шым батып кете барады. Қысқасы, Шамбала ұғымы шығыстық терең философия екенін бағамдадық. Сондықтан бұл арада оны шұбатып, тәптіштеп дәлелдеп жатуды жөн деп таппадық. Алайда, Рерих жер жаннаты – Беловодье мен Шамбаланың ұқсастығын мегзейді.
Рерих өзінің Гималайға сапарында жолай – 1926 жылы Алтайға соға кеткені белгілі. Бекалқа, Ақсу, Сенное ауылдарында болып, Бұқтырма аңғарын аралаған. Өзінің сол саяхатында ғалым: «Оңтүстіктегі орыс жазығы мен Кавказдың солтүстігіндегі далалар арқылы Алтайға түзу сызық жүргізіңдер, ал одан соң оңтүстікке бұрылыңдар. Егер осы бағытпен жүре берсеңіз, міндетті түрде Алтайдағы Белуха (қазақша аты – Мұзтау) тауына барып тірелесіз», – деп жазады. Бұл арада Рерих «Беловодье» деген – Мұзтаудың маңайы дегенді нұсқап отыр.
Жуықта «Экспресс К» газетінен тағы мынадай хабарды оқыдық: «В 1923 году Рерих отправился в экспедицию по Центральной Азии, которая продлилась пять лет. Он искал загадочную страну Шамбалу и одновременно выполнял поручения советского правительства в Тибете... Во время экспедициии Рерих руководствовался письмами панчен-ламы, жившего в ХVІІІ веке. В них описывался вход в подземную страну Агарти, откуда можно было попасть в Шамбалу. После этого путешествия Николай Рерих понял, что искать вход в сказочную страну нужно в окрестностьях алтайской горы Белухи. По его мнению, Шамбала была духовным центром, в котором жили просветленные люди. Периодически из этой утопической страны в мир выходили посланцы, которые проповедовали гуманистические идеи. Один из них, как считал художник, появился на Алтае, и звали его Гэсер хан. Этим и объясняется его тюркский титул... Как считают некоторые исследователи, осенью 1926 года Рериху удалось-таки посетить Шамбалу».
Байқадыңыздар ма, Рерихтың Бұқтырма бойын аралап, Белухаға (Мұзтауға) барғаны тура осы – 1926 жылмен сәйкес келіп тұр емес пе!
Ел арасына кең тараған аңыздардың бірінде Будда – Гаутаманың өзі осы арадан, яғни Мұзтаудың маңайындағы гүлжазиралы Шамбаладан шығып, Үндістанға сапар шеккен деседі.
Орыстың Теософиялық қоғамының негізін қалаған ойшыл Елена Блаватскаяның (1831–1891) ілімін қуушылардың сенімінше де, Шамбалаға кірер есіктің бірі осы Мұзтаудың төңірегінде-мыс. Ол есік жылына екі рет – күн мен түннің теңелген кезінде, яғни жазда 24 маусымда, қыста 24 желтоқсанда ашылады. Оны көруді екінің бірінің маңдайына жазбаған. Алайда, көру міндет емес, Мұзтауға келген адамға оның шапағаты жұғысты болмақ-мыс.
Көне жазбалар жер жаннатын іздеп табу орыс халқы үшін көкей тескен асыл арман болып келгенін сездіреді. Ондай жер Алтай тауларының қойнауында, Мұзтаудың маңайында деп білген. Мұзтауға барған жан әсемдік пен нағыз әділдік патшалығын табады деп иланған. Қасиетті Мұзтаудың маңайындағы адам жүрмес шатқалдарда шұғылалы әлем – Шамбалаға кірер есік бар деп орыс мұжықтары да құдайдай сенген.
Қазақтың атақты фольклоршы ғалымы, академик Сейіт Қасқабасов былай деп жазады: «Шамбала, Мұзтау, Беловодье деген атаулар мен ұғымдар ежелгі заманнан бері келе жатқан түркі-моңғол мен үнді (Тибет) мифологиясында кездеседі. Олар туралы түсініктер мен сюжеттер келе-келе классикалық фольклорға еніп, баяғыда түбі бір болған біраз халықта əлеуметтік-утопиялық əпсана туғызған. Елдер осы мифологиялық ұғымға жəне əпсанаға сеніп, сол жұмақ жерді іздеген, я болмаса, сол жерді ғажап мекен деп суреттеген. Мəселен, Мұзтау көне түркі мифологиясында «Отыкен» деп қабылданған. Ал біздің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» адам оңайлықпен жете алмайтын Мұзтау бар. Сондай-ақ, Шамбала біздің «Көроғлы» жырында Шəмбіл (Шамбыл) қаласы боп суреттеледі. Біздің Жамбыл тауының атауы – Шамбыл болуы ғажап емес. Кезінде Гималайдағы Шамбаланы табу үшін Гитлер, Геббельстер экспедиция ұйымдастырған болатын. «Беловодье» деген де осы тұрғыдағы мифологиялық мекен. Жалпы, қоғамдағы тарихи-əлеуметтік жағдайға байланысты көп елде «құтты қоныс» туралы əпсаналар туған, адамдар соны іздеген. Бізде Асан Қайғы Жерұйықты, Өтеген Жиделі Байсынды іздеген».
***
Біраздан соң оңды-солды жығылған ағаш, сидиған сида, қарақат пен көкбояудың ұйысқан бұтасы жолымызды бөгеп, тайганың ішімен сырғанай ылдилап, түс әлетінде Катунь өзенінің терең шатқалына түстік.
– Біз Елеңшадыр өзенінің Қатынсуға қосылған тұсына келдік. Анау избушканы баяғыда біздің Катонның малшылары салған.
– Иен жерге үй салғандары несі?
– Бұрын иен емес болатын. Біздің малшылар ала жаздай осы арада мал бағатын, кейде тіпті қыстап та қалысатын.
– Қазір ше?
– Қазір ешкім тұрмайды. Қыс айларында боранға қалған қорықшылар ғана соғып тұрады. Олардың өзі оқта-текте бір келеді.
Катунь өзенінің екі жақ аңғарындағы кең көсілген бұл иесіз мекенге қазір қазақтың малшыларын Ресей жағы аттап бастырмайды екен. Ал арғы беттегі ойраттар болса – анау тас қамалдай сірескен құз-жартас, Абылай аспас асулардан бері өте алмайды. Осылайша Өр Алтайды жайлаған Қаратай жұртының ертегідей әдемі төр жайлауы салдырап бос қалыпты.
Орыс халқының әлімсақтан бері арман етіп, аңыз қылып іздеп өткен Беловодьесі осы қазақ Алтайының маңайы екенін жоғарыда сөз еттік. Кейде біз жетпіс жыл ғұмыр кешкен Кеңес өкіметін көзсіз жамандай беретініміз бар. Алайда, сол Кеңес жарықтық болмағанда бұл аймақтың қазағы үдере көшіп, сонау Қарқаралыдан бірақ шыға жаздапты. Қазан төңкерісінің алдында Алтайдың Шабанбай алабындағы әлгі «Беловодье» аталған құйқалы пұшпағының бәрі Ақ патшаның жеке иелігіне өтіп, «Кабинетные Земли Его Императорского Величества» аталып кеткенін бұл жақтың халқы жақсы біледі.
Байқап отырсақ, Алтай жазғанның көрмеген құқайы қалмапты. Атақты жерлесіміз, көркем сөздің хас шебері Қалихан Ысқақов ағамыз (1935–2014) осы өңірді «жетімдер мен жесірлер елі» деуінде де бір астар жатыр. Алтайды жіліктеп бөлу алдыңғы ғасырда, атап айтқанда 1869 жылғы Шәуешек келісімінде басталады. Бұл келісім қалың қазақты ортасынан қақ бөліп, Ресей мен Қытайдың шекарасын белгілейді. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда бұл өңірдің қазағы Қытай қашып, «кірән» асып тағы ойран-асыры шығады. Осы қазақтардың көпшілігі одан әрмен Тибет өтіп, Үндістан көшіп, Ауғанстан арқылы түрік ағайындардан ғана пана тапқандарын бертінде білдік. Қазан төңкерісі қазақты Алтай ауғаннан сақтап қалды деп жүргенде, 1930 жылы біртұтас тайпалы ел болып отырған Катонқарағай аймағы екіге бөлініп, Қошағаштағы (қазір жеке аудан) ағайын-жұрағат Ресейге қарап кетеді. Әйтсе де, тәубешіл халықпыз ғой, ел бөлінсе де еншіміз бөлінбесін деп жүргенде, тәуелсіздіктің алғашқы аласапыранында белгісіз себептермен баяғы Шабанбай осы Қатынсуға дейін, оған қосымша Мұзтаудың маңайы, Ақалақа, Үкөкке дейін Ресейге өтіп кетіпті.
Енді, мінеки, «Шабанбайдай жер қайда, Бұландыдай көл қайда» деп бала күнімізде әнге қосқан бал қымыздай байтақ өлке жетім жатыр. Елге құт болған өлеңді жер еді, ерге құт болған тереңді жер еді, жерге құт болған белеңді жер еді... Сол Шабанбайдың жарымынан айырылып отырмыз.
***
Балқарағайы самсаған бір тұмсықты айнала бере қарсы алдымыздан ашылып салған жайқын дала еріксіз іш тартқызды. Жайқын дала жап-жасыл болып жайқалып жатыр. Сазды жердің ат бауырын сызған бос балдыры, сояудай боз қияғы емес, қырдың салқын сабат шымдауыт шалғыны, уыздай ұйыған ұлтанды шөбі: үп еткен самалмен қосылып үлбіреген шәлідей толқығанда көзің жасаурайды. Дариға-ай десеңші, ағаш нәсілімен, жер жасылымен сәнді деген осы да тегі!
– Бұл алқапты «Мәкиле дарасы» деп атайды, – деді бұл өңірді бір адамдай білетін орманшы Ағәділ Сүндетбаев. – Қазақтың шыбынсыз жазын іздесеңіз – осы жерге келіңіз. Мынау жайқалған жасыл белдің бәрі – атбұршақ пен жоңышқа. Бұрынғының қазағы бұл дараның шөбін малға шипа, малшыға дәрі санапты.
Алаштың ардақтысы, Еңбек Ері, жүрегі сара, көкірегі даңғыл шежіре қариямыз Бошай Кітапбаевтың жазбаларынан Мәкиле жайында сөз іздеп, кейінірек мынадай бір дерек тапқанбыз.
«Мәкиле – Самай руынан шыққан дәулеті тасқан, мерейі асқан атақты би болған кісі. Алтай өңірін жайлаған қазақтардың тарихы, тұрмыс-салты туралы Потанин, Радлов, Самойлович секілді орыс ғалымдарына көп мәлімет берген. Өр Найманның от ауыз, орақ тілді Таңырық ақыны:
Самайда кісі қайда Мәкиледей,
Болмаған қартайса да ақыл кедей.
Кісі еді екі асылдың қосындысы,
Соқтырған тайтұяқтан сақинедей,
– деп Мәкиле биді құрметпен жырға қосқан екен.
«Апырмай, – деп көз алдымызға елестеткен боламыз, – мынау кең аңғарды бір кездері мыңғырған жылқы, маңыраған қой, шапқылаған құлын-таймен жарысып шулаған бала-шаға көңілді думанға бөлеп, қан базардай қайнатып жатты-ау тегі! Сол шадыман береке анау өзен жиегіндегі бидің ақ төбедей отауымен, киіз үйлі ақшаңқан ауылмен қандай жарасым тауып тұрды десеңші!».
Қалай тамсансаң да лайық, көз сүйсінер көркем жер екн!
Жалғыз Мәкиле дарасы емес, төмендегі Құраған, Түрген, Сақал өзендерінің аңғары, Елеңшадырдың ел көшкендей енсіз қапталы, жоғарыдағы Қапшалдың қапсағай жондары – бәрі-бәрі қазақтың жөңкіле көшіп, жазыла жайлаған жайлаулары болыпты. Үлкендерден естігеніміз – бұл аймақта малшылар малды алдымен жаз бойы биікке салады екен. Содан бозқырау түсіп, марал батпақтайтын мезгілде малды етектегі соныға жібереді. Оның себебі – тау белдеуіне қырау түсе жер тоңазып, жылқы тайғанап мерт болады деседі.
– Біздегі Аршаты ауылында қойшылар аяқтарына тақа киіп қой жаяды. Қия тауда тайып кетсең – май күреңсенің үстімен қолшанадай ағасың, – деді бізбен бірге келе жатқан серігіміз, аршатылық қорықшы Манарбек Омаров.
Қалай болғанда да осыншама құлпырған кең өңірдің адам баспас иесіз қалғаны – жерге обал көрінді де тұрды. Үлде мен бүлдеге оранып отырса да оң жақта қалып қойған ару қызды елестеткендей. Мал тұяғы тимеген соны балауса, майға бұлғағандай жылт-жылт еткен жасыл шалғын, шашақ атып шұбартқан мың сан гүлшөп, аңғарды жиектеп сарқырап аққан асау өзен... Барша сұлу ажарын ашып, мырзалығын аямай-ақ төгіп салған иесіз мекенге елжірей қарайсың, егіле үздігесің. Бәрібір, көз құрғыр тойса да, көңіл шіркін тояттар емес. Аттан қарғып түсіп, май шалғынға аунап-аунап алғың келеді. Ақыры сөйтпеске болмады... Бәріміз де аттан қарғып-қарғып түстік те, белуардан шөпті кешіп, біраз жер жаяу жүрдік. Көркемдіктің әнін салған қою гүлдерді иіскеп, қымыздық теріп мәз болдық. Көкіректі айқара ашып жайлаудың кермек ауасын армансыз бір сімірдік-ай дерсің!
Жалпы, «дара» сөзі жеке тұрған тауға, шың-жартастарға қатысты айтылады. Талантты ғалым ініміз Бердібек Бияров «дара» сөзінің жеке адам мекен еткен қойнауға, тау аңғарына байланысты да айтылатындығын жазады. Дәл біздің мысалда кең аңғардың түстігі де, терістігі де өркештенген найзалы шыңдар, олардың қайсыбірін дараламақсың. Яғни, Бердібектің айтқаны жөн, қазақ мынау аңғар ішіндегі даладай көсілген кең жазықты «дара» атап отыр.
Мәкиле дарасын қоршаған екі қанаттағы жайылма бетте ағаш сирек. Қыста қар көшкіні жиі түсетіні – беткейдің бетін әжімдеген тарам-тарам іздерден байқалады. Жергілікті жұрт көшкін түсіп тұратын мұндай таз беттерді «шашын» деседі.
Әлдебір тұста Ағаділ алдымыздағы жапырылған қалың шөпке қамшысын шошайтып:
– Мынаны қараңдар, апамның ізі! – деді.
– Апасы несі?
– «Апасы» – аю да...
– Біздің жақта қасқыр мен аюды өз атымен атамайды.
Бәріміз жапырылған шөпті, жоғарыдағы қара орманның қалыңына қарай кеткен баданадай ізді қызықтап шуласып қалдық.
– Мәссаған, мұнда тезегі жатыр.
– Қане?
– Тезегі неге жап-жасыл?
– Жегенің шөп болса – сен де сөйтесің.
– Өзінен бу шығады.
– Бу шықса, «осы қазақтар менің қиыма осыншалық неге қызықты» деп таң қалып, анау ағаштың ар жағында бізді бақылап отыр.
Қапшал – бастауын мұздықтан алып Катуньға қосылып жатқан көбік шашқан долы өзен екен. Тентек сулардың қосылған тұсында жалғыз аяқ соқпағымыз таусылып, ендігі жол қия-жартасқа, асу мен қобызжонға бастаған. Біз сияқты бір-бір ат мініп, үзеңгілерін шіреген серілер емес, Мұзтауға баратындардың дені жаяу-жалпылы жандар ғой. Тасқа жабысып, қорымды аттап-бұттаған мына тар сүрлеу – жаяудың жолы. Төменде көктемгі бурадай буырқанған өзен, жоғарыда шынар өскен шың жартас. Қорқақтың құдайшыл келетіні рас болды. Біз де алдымен Аллаға, сосын астымыздағы атқа сиынып, тізгінді бос жіберіп, әупірімдеп Қапшалдың қауіпті қорымынан аман-есен өттік.
Қапшалдан аман өтіп, бірер шақырым жер оздырған соң, тағы бір мүйісті айнала беріп едік – алдымыздан ирелеңдеген мұздықтар күмісше жарқ ете қалды... Талай рет фотосуреттерден таныс, кітаптардан көрген, ойша талай зерттеген Геблер мұздығы. Оның шығыс іргесінде Катунь мұздығы.
Жүрек дүрсілдеп кетті.
Мұзтаудың өзі жоқ, көрінбейді, бел ортадан мелдектеп қою тұман астында қалыпты.
– Апырмай, Мұзтауға да жеттік пе!
– Әлі жеткен жоқсың. Былай жақын көрінгенмен, анау етекке дейін әлі он шақырым жер бар.
Осы жолмен талай жүрген нұсқаушы жігіт солай деп жауап берді.
Біледі екен, біраз жер жүрген соң жүрісіміз қиындай түсті. Шалғын шөп сиреп, таудан құлаған қорым тастар жиілеп, аяқты қамады.
Алдымыздан суық ызғар еседі.
Байқап келеміз, жақындаған сайын Мұзтау төңірегінде ілгерінді-кейінді қаза болған зерттеуші ғалымдарға, гляциолог мамандарға, альпинистер мен туристерге орнатылған ескерткіш тақталар, түрлі белгілер жиілей бастаған.
Ақыры тау етегіне дейін аттардың бара алмайтынына көзіміз жетті. Қиналсақ та қайтеміз, әлдебір қызыл құмайт төбешіктің жадағайлау ығына тоқтап, базалық лагерь құруға кірістік.
– Мұздықтың етегіне дейін үш шақырым бар, – деді нұсқаушы жігіт. –Бүгін осында тынығып, ертең таңғы алтыдан жолға шығамыз. Палатканың біреуі, аттар мен атқосшы осы арада қалады.
Көк шалғының арасы толған тас екен. Жөнін келтіріп жерді тазалап, әр тұстан шошайтып палаткалар тіктік. От жағып шай қойдық, иісін бұрқыратып ет астық. Сосын алау басында әңгіме-дүкен құрып түннің бір уағына дейін кәукілдесіп ұзақ отырдық. Жол жүріп шаршағанның бәрі ұмыт болған. Іргедегі ұлы таудың тынысы, көңілдегі қайдағы бір қытықшыл қиял бойға қуат, жүрекке жігер бергендей. Әлсін-әлсін Мұзтау жаққа бұрылып, үміттене көз салып қоямыз. Ашылар емес, жарықтық бізді жатырқай сазарады. Шығыстың ізетті қыздарындай ақша бетін тұманмен жасырып көрсетпейді құрғыр.
Түн ортасы ауған шамада күн салқындап, қар аралас жаңбыр басталған. Біз де палаткаларға кіріп, ұйқы қамына кірістік.
***
Ғалымдар Алтай тауының аты сонау Геродот заманында-ақ белгілі бола бастағанын айтады. «Тарих атасының» жазбаларында сақтардың шығыстағы мекені ретінде Алтынтағ, Мастағ деген атаулар көрсетіледі. Мұндағы Алтынтағ – Алтай, Мастағ – Мұзтау болуы әбден мүмкін дейді ғалымдар. Оған дәлел ретінде Алтайдың қойнау-қолаттарында сақтардың оба-зираттарының көптеп кездесетінін алға тартады.
Ал «Мұзтау» атауы, академик ағамыз Сейіт Қасқабасов айтқандай, ежелгі әдеби ескерткіш «Оғызнама» эпосында жырланыпты: «Қырық күннен соң Мұзтау деген таудың түбіне келді... Шатырларын түсіріп, шөк болып ұйықтап кетті. Таңертең болғанда Оғыз қағанының шатырына күндей бір жарық кірді. Ол жарықтан көк түкті, көк жалды бір еркек бөрі шықты».
Кейіннен осы көк бөрі Оғызды үнемі жорықтарға бастап жүреді. Эпоста Мұзтаудың атына байланысты тағы былай дейді: «Ұша-қырқасы тоң және мұз болатын. Сол үшін оның аты Мұзтау еді» (Б. Бияровтың зерттеулерінен).
Жалпы, осы сапарға дайындық кезінде Мұзтау жөнінде түрлі кітаптардан, интернеттен біршама материалдар жинастырған болатынбыз. Солардың бәрін жүйелеп, қорытқан кезде, негізгі деректер мен мәліметтер мынаған сайды.
Мұзтау (орысша аты – Белуха) – Алтай тауларының ең биік нүктесі (4506 м), Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан.
Мұзтауды ойраттар «Қатын басы», «Үш Сүмер» деп атапты. Алтайды көптен зерттеп жүрген ғалым – Тұрдықұл Шаңбай ініміз Үш Сүмер немесе үш сюре – көне түркіде «тәңір тұрағы» ұғымын беретіндігін айтады. «Ресей Федерациясында, оның ішінде Алтай Республикасында қасиетті шыңға деген құрмет ерекше, – деп жазады ғалым. – Алтай Республикасының мемлекеттік гербінде Мұзтаудың бейнесі бар, әнұранында Мұзтаудың аты аталады... Соңғы он жылда Ресейде қасиетті шыңды әспеттеген жүздеген мақала, ондаған кітап жарық көрді».
Мұзтаудың басы мен етегі мәңгі қар, алуан түрлі мұздықтар, мұздықтардың жалпы көлемі 70 шаршы шақырымды қамтып жатыр. Мұзтаудың төңірегінде 162 мұздық бар. Солардың ірілері санатына Ақкем, Берел, Қапшал, Сапожников, Меңсу мұздықтары жатады.
Жоңғар мемлекеті жойылғаннан кейін ресейлік жиһанкездер мен зерттеуші ғалымдар қазақ жеріне лап қойып ағылғандары тарихтан мәлім. Солардың бірі Н.М. Ядринцев (1842–1894) Мұзтау туралы былай деп жазыпты: «На запад от Аргута уже видны были два пика ослепительной белизны вечных снегов. Снега эти спускались в долину как бы белая мантия и образовывали ледники. Из них с шумом разливались молочные воды двух рек, Катуни и Берели».
Мойындамасқа лажың жоқ, кәсіби жазушының ойына келмейтін бейнелі теңеу айтқан. Мұзтаудың алқымынан жан-жаққа құлай аққан аппақ мұздықтар бойжеткен қыздың күміс шашбауына ұқсайтыны рас.
Мұзтау – қос өркешті. Алыстан қарасаң – аттың еріне ұқсайды. Алтайдың жон арқасына аппақ күміс ерді жарқыратып ерттей салған секілді. Мұзтаудың жан-жағы көз көрім көкжиекке дейін ала шұбар шың-жартастар. Қара орманды, қапсал шатқалды таулардың ажарында Мұзтау ғана қақ күмісше жарқырап жатады.
Осы екі өркештің арасын «Седловина» деп атайды.
Әлгі, жолай кездескен татар Мансур айтпақшы, Жер шарының энергетикалық өрісі осы Мұзтауда тоғысқан деген сенім ел арасында көптен қалыптасқан. Ол энергетикалық өріс Ғарышпен байланысты-мыс. Сол арқылы бұл маңайға келген адамдар Мұзтаудан күш-қуат алып, жан сарайын тазартады, рухын көтеріп, денсаулығын түзеп қайтады. Осы себепті де Мұзтау – Жер-ананың кіндігі саналады.
Мұзтау ғылыми, мәдени және тәжірибелік тұрғыдан да құнды объект. Бұл жерге жылына жүздеген альпинистер, мыңдаған туристер тоғысады. Рерихшілер мен Будда дінінің тегін іздеуші шамбалашылар легі ала жаздай толассыз шұбырып жатады.
Мұзтаудың, әсіресе, ТМД, Балтық жағалауы елдеріндегі атақ-даңқы айрықша. Бұл елдердегі туризммен шындап айналысатын жандардың баршасы Алтайға, оның жүрегі Мұзтауға бір келіп кетуді өздеріне парыз санайды.
Анау бір жылдары Дева Мария Христос деген бір қыз пайда болып, «заманақыр туады» деп жалғанға жар салған жазда Мұзтауға Ресей жағынан күніне 1 мың адам барып-қайтып отырған. Қазір де Қазақстан жағынан әр жаз сайын, басқа туристерді, демалушыларды санамағанда, рерихшілердің өзі мыңдап барып, киелі тауға табынып жатады. Олардың ішінде алыс шетелден – Италиядан, Германиядан, Австриядан, Үндістаннан келетін туристер де баршылық.
Мұзтаудың қалыптасу жасы 1,5 млн жыл деп саналады.
Мұзтау туралы алғашқы ғылыми деректер XVIII ғасырда пайда бола бастайды. 1836 жылы медицина докторы Ф. Геблер Мұзтау мен оның маңайын зерттеп, шамамен таудың биіктігін анықтайды, Катунь және Берел мұздықтарын ашады. Бұл аймақтағы дәрілік-шипалық өсімдіктердің аса молдығын ғылым әлеміне алғаш әйгілеген де осы дәрігер.
Мұзтаудың басына шығу әрекеті өткен ғасырдың басында басталады. 1907 жылғы Геблердің балалары мен ізбасарларының, 1909 жылғы ағылшын Теркердің әрекеттері нәтижесіз қалады. Мұзтаудың биігіне тұңғыш көтерілгендер – ағайынды ғалым Троновтар. Бұл оқиға 1914 жылғы 26 шілдеде 15 сағат 30 минөтте деп тіркелген.
Одан кейін де Мұзтауға шығу әрекеті тоқталмаған. Бірақ олардың бәрі сәтсіздікке ұшырап отырған. Олардың ішінде альпинизммен айналысып жүрген жас ғалымдар – кейіндері есімдері әлемге әйгілі академиктер Б.Н. Делоне, Е.И. Тамм болған. Мұзтау өз басына альпинистерді екінші рет тек 1933 жылы ғана шығарады.
Содан Мұзтауға туристік жол ұзақ жылдар бойы үзіліп қалып, 1952 жылдан қайта жалғасады.
Қазір мұнда Қазақстан тарапынан туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдар жасалып, түрлі шаралар іске асырылып жатыр.
– Өкініштісі сол, Мұзтау адам танымастай өзгеріп барады, бұл алаңдататын жағдай, – дейді мамандар. – Альпинистер былтыр шыққан жолдарын биылғы жылы таба алмай жаңылып қалуда. Өйткені Мұзтау өрескел шапшаң еріп жатыр. Мұзтауды құрсаулаған мұздықтар баяғыда етекте, сайдың табанында жататын. Қазір кіндікке дейін өрлеп кетті. Жаһандық климаттың өзгерісін осы Мұзтаудан айқын аңғаруға болады.
Енді Мұзтау жайындағы мына бір әдемі аңызды тыңдайық.
Қазақта «Қыз емшек» деген жер аттары көп кездесетіні белгілі. Солар сияқты Мұзтау да қос өркеш. Шамбалашылар Мұзтаудың шошайған осы қос өркешін Жер-ананың емшегі деседі. Осы Жер-ананың қос емшегінен Дүниенің төрт бұрышына аппақ сүттей төрт өзен ағып жатыр. Олар – Катунь, Ақбұлқақ, Кучерла, Ақкем өзендері.
Қандай бейнелі теңеу десеңізші!
Кучерла мен Ақкемді көрмедік, олар Мұзтаудың арғы бетінен терістікке қарай ағара ағып жатса керек. Ал бергі беттегі Катунь мен Ақбұлқақ өзендерінің түсі шынында да сүттей аппақ, оны бұл жақтың жұртының бәрі біледі.
Жалпы, Мұзтаудың биігі жылына 14 күн бойы ғана ашық тұрады деген сөзді жиі естідік. Оның өзі шілде мен тамыз айларына, яғни Алтай жеріндегі шөп шабу қарбаласына сәйкес келетін сияқты. Сонда шабындық басында жүрген шөпшілер ауа райын Мұзтауға қарап болжайды екен. Мұзтаудың биігіне бұлт ілінсе болды – жаңбыр жауады деген сөз. Мұзтау ашық болса – көңіл де ашық, шаруа да жайлы.
Ал енді, орыстар «Белая Берель» деп атап, күллі әдебиет пен карталарға жазылып кеткен қазақтың «Ақбұлқақ өзені» туралы да айта кетпесе болмас...
Бүгінде Ақбұлқақ атауын көп қаламгерлер қате жазып жүр. Баяғыда Ғафағаң (Қайырбеков) оны Ақбұрқақ деп өлең-жырға қосып кетіп еді. Былтырғы жыл ойшыл ақын Есенғали Раушанов та солай жазып жіберіпті. Енді бір қаламгерлер Ақбұлақ деп жаңылуда. Турасында, айран түсті бұл өзеннің атауы Ақбұлқақ, яғни «бұлғаушы», «лайлаушы» сөзінен шыққан. Өйткені, аппақ Ақбұлқақтың мөп-мөлдір Бұқтырмаға қосылып, оны біршама лайлап, «бояп» жататынын жергілікті жұрт жақсы біледі.
***
Таңертең нұсқаушылар әр адамның рюкзагын керек-жарақпен толтырып, тап-тұйнақтай етіп жолға дайындап берді. Оның ішінде каримат-төсеніш, ұйықтайтын төсек-қап (спальный мешок), тау мен тасқа шығатын арқан-жіп, альпинистік әбзелдер, әркімнің бір қабат жылы киімі, сосын бес күндік азық-түлік. Оның үш күні шыңға шығу, бір күн түсу, бір күн – запас. Телефон жоқ, радио жоқ, иен тауда ойламаған оқиға, күтпеген қиын жағдай туып қалса қайтпекпіз?
Сөйтіп, 30 килограмнан кем емес бір-бір рюкзакты шірей арқалап, қаздай тізіліп жолға шықтық. Түні бойы жауған жаңбырдың бәрі бұта-қарағанның жапырағында іркіліп қалған ба, Мұзтаудың түбіне жеткенше үсті-басымыз малмандай су болды.
Отыз килограмм жүк алғаш көтергенде бұйымдай болмап еді, отыз метрден соң арқамызда жүк барын сездік. Бір шақырымнан соң ауырсына ыңырсыдық, үш шақырымдағы Мұзтаудың түбіне жеткенде көз алдымызда қызылды-сарылы дөңгелектер ойнап, тіземіз дірілдеп, тәлтіректеп қалдық.
Алып мұздықтың сонау биіктен ирелеңдей ағып түскен ұзын тілі жіңішкеріп барып, жұқара келіп етекке жете жығылыпты. Мұздық астындағы үйдей үңгірден фонтанша атқылап Катунь суы шығып жатыр. Талай өлең-жырға, роман-повестерге, кинофильмдерге желі болған орыстың ұлы өзені. Анау төменгі тұсында көл-көсір дарияға айналатын айдынды өзеннің бастау қайнары, мінеки, осы жер!
Мұзтаудан бастау алған Катунь Таулы Алтай жерін көктей өтіп, Объқа барып құяды. Төменіректе – әйгілі Сростки ауылы. Тас талауы сыртында, бар таланты бойында, қазақ тектес аңқылдақ жігіт Василий Шукшин марқұмның туып-өскен жері. Өнер әлеміндегі қайталанбас туындының бірі – «Калина красная» кинофильмі осы Катуньның бойында түсірілген.
Катунь өзенін біздің қазақ «Қатынсу» деседі. Бұл Қатынсудың Катонқарағайға, яғни Қатынқарағай мен Қотанқарағайға еш қатысы жоқ деген болжам бар. Баз бір ғалымдар Катонқарағайдың «Қотан қарағай», яғни «қарағайдан салынған қора» ұғымынан шыққанын айтады. Ел мен жердің атауын көптен зерттеп жүрген ғалым ініміз Бердібек Бияровтың жазуынша, Қотанқарағай – «топ қарағай» деген ұғымды береді екен. Ал «Катунь» атауына келер болсақ, бұл гидроним төркінін мамандар көне түркі тілінен іздеп табады. Көне түркі ұғымында «қадын» – «мәртебелі», «ақсүйек әйел» деген мағынаны береді екен. Белгілі орыс саяхатшысы П.М. Чихачев (1830–1917) «Путешествие в Восточный Алтай» атты кітабында Катунь атауы туралы былай деп жазады: «У некоторых тюркских народов этот термин имел более широкое значение, так как он употреблялся в смысле «владычица». Поэтому реке и дано название «Катунь» – «царица река».
...Жан шақырып, әйгілі Катуньнің бастауында біз де төңіректі қызықтап жарым сағаттай демалдық.
Атқылап Катунь шығып жатқан мұздықтың үсті қия болса да жадағайлау көрінген. Осымен өрлейтін шығармыз деп иегімізді көтеріп едік, нұсқаушылар бастарын шайқасты: терістік жақтағы иін тірескен қорым тасты, шапшыма тікті көрсетті.
«Расымен сөйтеміз бе? Тфу, сайтан алғыр, тас құрсанған мына шағылдан неғылмақпыз!».
– Мұздықтың үсті аса қауіпті. Мүмкіндік барда мұздан қашып, жермен жүріп қалған жақсы. Біз бүгінше мұздықтардың жиегін жағалап, біраз биікке шығамыз.
Нұсқаушы жігіт абыржыған көңілімізге өзінше басу айтып жатыр.
Бүйтіп «жермен жүргені» бар болсын, әлгі қорым тасты шағылдың желкесіне жеткенше моншаға түскендей күй кештік. Биік тауларға шығар алдындағы осындай төбелерді Алтай қазағы «бөртек» деседі. Сол бөртегіңнің желкесіне шығып едік – арғы жағындағы шұрықтың табанында жалтырап, жүзіктей көкпеңбек көл шыға келді. Мұндай да көкпеңбек көл болады екен-ау! Жақындай бере байқадық, өзі түпсіз тұңғиық сияқты. Кішкентай көлдің осыншалық терең болғаны қалай?
– Қыста қар көшкіні, жазда анау биіктегі дәу тастар домалап, осы көлдің түбіне ұрады. Ұрған сайын көлді тереңдетіп тас та, көшкін де атқып ары асып кетеді.
Мінеки, тереңдіктің қарапайым дәлелі.
Көл жағасында дамылдап, киім ауыстырған соң бастаушымыз:
– Алда қиын участок, абай болыңыздар! – деп ескерту жасады.
Қиын участогі – бір жағынан таудан құлаған қар көшкіні үйген, келесі жағынан жүздеген жылдар бойы мұздықтар ығыстыра сиырып тастаудың салдарынан пайда болған жал топырақ екен. Жал топырақ болғанда таудай биік, арық аттың шоқтығындай тар, өзі жыландай созылып көз жетпейтін жоғарыға кеткен. Жалдың екі жағы да жарқабақ, оның үстіне жүрер жолың тіке шапшыма өрге бастайды. Түстік жағы қорым тас болса да, әйтеуір, ара-арасында шұбартқан шөп байқалады. Сүрініп домалап кетсең де шым-топырақ көңілге медет, тіреліп қаласың. Ал терістік жаны жаңбыр суымен мүжіліп өзінен-өзі құлап жатыр. Аяғың мүлт кетсе болды – сырғанап анау үш жүз метр етектегі мұздықты барып сүзерің сөзсіз. Сосын борпылдақ топыраққа ілініп әзер тұрған қалың тас өрістен қайтқан қойдай жамырап, соңыңнан сау ете қалмақ...
Елестетудің өзі қорқынышты. Елестетпейін десең пышақтың қырындай жалғыз аяқ соқпағыңның жарымы басқан сайын жарылып, әлгі шағылға құлап жатыр. Қырсыққанда, қызыл асық қылтылдап, шаршаған аяқ сырқырап, дегеніңе көнбей әлектейді. Арқаңдағы басыңнан аса шошайған рюкзак аттап басқан сайын сатқындықпен бұлғақ қағады. Тірсегің дірілдеп, аяғыңды қайшылап сүйретіліп әрең келе жатқанда енді бірде желп еткізіп қырдың қасқа желі осып өтеді.
Оның үстіне біз секілді етжеңділеу пақырды жүк арқалап өрге шыққан кезде желке май шалқайтпай, бұғақ май еңкейтпей кегжитіп қинайды екен.
«Ай, осыдан...» – деген алғашқы өкініш биікке бастаған дәл осы жалдың үстінде бір қылаң берген.
«Ай, осыдан аман қайтсам, көрмегенім тау болсын!».
Сеземін, бәрінің ойында сол. Іштерінен мені сыбап келе жатқандарын да түтіккен түрлерінен байқап келемін.
Жүз мәрте демалып, бірнеше сағат бойы қия соқпақпен өрге тырмысып, шу аяқ, қызыл май болған кезде әлдебір үстіртке шықтық-ау құрғыр.
Үстірт дегенің үлкен жазық екен, үсті толы қорым тас, үйдей үлкені, тақтайдай тегісі, найзадай үшкірі – бәрі бар. Қызылы, жасылы, көгі мен сарысы тағы бар. Теріскейде түнерген қардан ада қара бауыр таудың жарымы осы үстіртте жатқан сияқты.
Біраз жүре байқадық, үстірттің асты алып мұздық боп шықты. Мұз жарығы әр тұстан бір көрініп қалады: үсті бір қабат қара тас, одан әрі көгерген мұз, қап-қара терең шыңырау. Жақындаған жанды жұтып қоярдай үрейлі.
Қазақтың айтулы журналисі Жанболат Аупбаев досымның бірде осы мұздықтар туралы әңгімесін қызыға тыңдағаным бар. Сонда Жанболат Хан-Тәңірі жақта мұздың жарығын қазақтар «әңгек» дейтінін айтып еді. Осы сөзді мен өзіміздің Алтай қазақтарынан сұрастырып едім, білмейтін болып шықты. Мейлі «әңгек» болсын, «жарық» болсын, «құрдым» болсын – оның заты біреу: орасан сайда ұзыннан сұлап жатқан алып мұз көлденеңінен қақ бөлінеді. Мұздықтың өн бойында мұндай әңгек-жарықтар жүздеп, мыңдап кездеседі. Оның қайсыбірі болмасын адам үшін аса қауіпті.
Бір қызығы, жоғарыдан итерген қысымның әсерінен мұздың кейбір жарықтары қайтадан бітеліп те қалады екен.
Альпинистер осыдан бірер жыл бұрынғы бір қазалы оқиғаны айтқан. Оқыста жарыққа түсіп кеткен бір жігітке көмек береміз дегенше мұз жылжып кетіп, қайран азаматты тірідей көміп тастапты.
Мұздың жарығына түсіп немесе мұз құламасынан домалап, арысы мерт болып, берісі аяқ-қолын сындырып мүгедек болып қайтатындар – көбінесе нұсқаушысы жоқ, өз бетімен екі-үш адам боп келетін «жабайы туристер» сияқты.
Шүкіршілік, қасымызда тәжірибелі нұсқаушыларымыз бар, теория жағын ойдағыдай өттік, сондықтан әлгіндей «жабайы туристерге» қарағанда жағдайымыз жақсы деп күпті көңілімізді жұбатқан боламыз.
Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Мұзтау мұздықтарының қалыңдығы бірнеше ондаған метрден, кейбір тұстарда 200 метрге дейін жетеді деседі. Соңғы 150 жыл бойғы бақылау Мұзтау мұздықтарының бір жыл ішінде 20–30 метр төмен сырғитынын анықтап отыр. Алайда, сырғи-сырғи етекке жететін мұздықтардың тілі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты жылма-жыл қысқарып, тау кіндігіне қарай тартылып бара жатқанын айтады.
Енді мына дерекке назар салайық: әлемдегі ең қалың мұз Антарктидада, ондағы мұздықтың қалың тұсы 4330 метр деп белгіленген. Гренландияда – 3200 метр, Памир, Қарақорым, Гималай тауларында жүздеген метрден бірер шақырымға дейін жетіп жығылатын көрінеді. Ең қорқыныштысы сол, осы қалың мұздар да қақ айырылып, орасан әңгек-жарықтар жасайды. Құдай өзі сақтасын деңіз, әйтпесе шақырымдаған шыңырауға құлап кеткен қайғылы оқиғалар да өмірде көп болған. Кей жағдайда жарықтар суға толып, мұз көлдері (мореные озера) пайда болады екен (Мұзтауға өрлеп бара жатқанда мұз бетіндегі үлкенді-кішілі көлшіктерді біз де көрдік). АҚШ-тағы Маласпин деп аталатын мұздықта тереңдігі 300 метрлік әңгек таудан құлаған тастарға, шаң-топыраққа лықа толып, кейіннен сол араға өсімдіктер қаптап өсіп шығып кетіпті.
Біз отырған Катунь – Мұзтаудың ең ұзын мұздықтарының бірі, шамасы он шақырымға жетеді деседі. Салыстыру үшін: әлемдегі ең ұзын мұздық – Аляскадағы Хаббард мұздығы, оның ұзындығы 116 шақырым. Памирдегі Фесенко мұздығы 80 шақырымға созылып жатыр. Ал Пәкістандағы космостан өзен секілді көрінетін жалпақ Қарақорым мұздығы – ұзындығы 60 болса, көлденеңі 4 шақырым екен.
Өткен бір жылдардың мамырында журналист Қайырды Назырбаев екеуіміз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына іссапармен барып қайтқанымыз бар. Баян-Өлгейіңіз – біздің Алтайдың күнгей беті, шығыс жақ атырабы. Осы Өлгейдің Моңғолия, Қытай, Қазақстан шекараларының түйіскен тұсында қатарымен бес биік шың жатыр екен. Моңғолдар оны «Бес Боғда» деп, қазақ ағайын Мұзтау десетінін естідік. Бізді сол Бес Боғданың етегіндегі Сырғалы деп аталатын балығы білектей мөлдіреген қос көлдің жағасына апарып дем алдырған. Сонда Үзбен Құрманбайұлы деген ағамыз: «Мұзтауыңыз әне! – деп, батыста, Катонқарағай жақта бұлдыраған ақбас шыңдарды көрсеткен-ді. – Оралхан Бөкей жазатын әйгілі Мұзтауыңыз осы болады!».
Шын Мұзтаудың қайда екенін жатқа білетін біз үндегеміз жоқ. Алайда, Оралханды өзімсініп, Мұзтауға дейін өздеріне икемдеп алған өлгейлік азаматтарға көңіл шіркін жылып салған.
– Осы Мұзтаулардың арасында биік шыңнан етекке дейін сай-саламен ирелеңдей созылған Потанин атты мұздық бар. Қазақтар оны «мұз-өзен» деседі. Ұзындығы 20 шақырым шамасында. Потаниннің мұз жарықтары терең келеді. Мамандар кейбір жері 200 метрге жететінін айтып жүр», – деп Үзекең әңгімесін деректермен нақтылаған.
Мінеки, бір Алтайдың бойында іргелес жатқан мұздықтардың тереңдігін көрдіңіз бе? Мұзтау Бес Боғдадан әлдеқайда биік, шығу категориясы күрделі, яғни оның мұз жарықтарының тереңдігі де моңғолдың бес шыңынан қалыспаса керек.
Тау мұздықтары қашанда тұщы судың сарқылмас қоры саналған. Бір ғажабы – етекте аптап ыстық, қуаңшылық болған жылдары тау мұздықтары ыстықтың әсерінен қаттырақ еріп, өзен суларын молықтырып отырады екен.
***
Етектен таңғы сегізде жолға шыққан біз тасты үстіртке іліккенде түс ауып кеткен. Біз тұрған үстірт таудан құлап аққан тұтас бір мұздық болып шықты. Әріректе сіреу-сіреу мұз құламалары байқалады, одан жоғары сұрғылт тұман. Сібірлеп жаңбыр жауып тұр, ұзаққа созылатын, адамды ығыр қылар ақ жауынның нағыз өзі. Нұсқаушыларымыз тұман ашылмай мұзға шығудың қауіпті екенін ескертті. Тұманның ашылуын, жаңбырдың басылуын күтіп, түскі тамақ әзірледік. Арнайы алып шыққан примустардың біріне шай қайнатып, екіншісіне тамақ пісірдік.
Шай ішіп жайланып, көже ішіп көңілденген соң тағы да жолға шыққымыз келді. Не бел кетер, не белбеу кетер дегендей, жүректерге қайыра жігер біткен.
Турасында біз жал жағалап, тау сағалап бұған дейін қара жермен, аттап-бұттап қотыр тастың үстімен жүріп келген едік. Мұзға әлі табанымыз тие қойған жоқ болатын. Сондықтан альпинистік асай-мүсейді асынып, арқан-жібімізді тартынып, «кошка» деп аталатын ырсиған болат тістері мұз түгілі, қарш етіп тасқа кіретін тақамызды аяққа байлап, анау жалтыр мұздың үстімен жүруге асықтық. Біз қанша асыққанмен төңіректі тұмшалаған қорғасын бұлт сейілмеді, сібірлеген ұсақ жаңбыр басылмады. Сібірлеген жаңбыр үсті-басымызды тағы да малмандай су еткен. От жағып жылынар бұл маңайда тіс шұқыр ағаш жоқ, пана қылар қалқа жоқ, қарайып-қарайып қара тастардың арасында ерсілі-қарсылы жүрдік те қойдық.
Бұл төңіректе біз ғана ма десек, төменіректен қараң-құраң бір топ адам көрінді. Араларынан бөлініп екеуі бізге келіп, жөн сұрасып танысты. Ине жұтқандай арық жігіттер екен, кәсіби альпинистер. Алты кісі, Барнауылдан шығыпты, Ресей жағымен келіп, Берел мұздығы арқылы арғы беттегі Ақкемге өтіп кетпек сияқты. Мынау Катунь мұздығының жолын білмей, біздің жігіттерден жөн-жапсар сұрап жатты.
– Анау көрінген мұз құламасының ортасын ала көтеріліңдер. Үстіне шыққасын сол жақ жиегімен жүріңдер. Келесі мұз құламасы аса тік әрі быт-шыт жарылып жатыр, сондықтан сол жақтағы жартаспен өрлеңдер. Оның арғы жағында қар көшкіні қаупі бар жалама беткейді кесіп өтесіңдер. Абай болыңдар. Содан «Тигриная лапа» деп аталатын мұз құламасының астымен жылжып, Берел мұздығына асар асудың астына жетесіңдер. Ал ол жердің жолын тап басып айту қиын. Күніге мұз құлап, тау айрылып жатады. «Албастының ойнағы» дейміз ол жерді. Аса қауіпті участок, байқарсыздар!
Келген жігіттер картасын ашып жіберіп, әлгі айтқанның бәріне көздері жеткен соң, риза болып, рахмет айтысып қайтып кетті.
– Әне қараңдар, анау мұздың басында бір кісі жүр! – деді Қайырды.
– Қане? Бұл тұстан кісі көрінбесе керек еді.
– Қимылдайды. Кісі жүр деймін.
– Мираж ғой. Ол жерде кісі жүрсе – үлкендігі пілдей болғаны.
– Шынымен соншалықты алыс па?
– Алыс... Ақ қар, көк мұзда жердің аралығын айырып-білу қиын.
Кешкі алты болған кезде тұман ашылар деген үміт үзілді. Осы арада палаткалар құрып, таңды күтуге ұйғардық. Қып-қызыл тастың үстіне палатка тігу де қиын шаруа екен, жатар орынды үшкір тастардан тазалап, қатарлап жалпақ тастар төсеген болдық. Қанша тегістеген болсақ та түні бойы жамбасқа батып шықты.
Кешкі алагеуім шақта бізді таңғалдырған бір көріністің куәсі болғамыз. Анау әріректегі мұз құламасын бел ортадан тұншықтырған тұманның басы бір сәт сейіліп, тура төбемізден әлдебір жақпар тасты қарлы шыңның биігі жылт етті де жоқ болды. Біз «бұл қай шың» дегендей нұсқаушыларға қарадық.
– Мұзтау ғой! – десті олар.
Әрине, Мұзтау екенін іштей біз де сездік, бірақ неге тура төбемізден көрінді. Біздің күткеніміз – анау мұз құламасынан әрмен жайдақ басталып, қабырғалай өрлеп, қиғаштай жететін алыстағы жадағай шың сияқты емес пе еді? Мынау... қарасаң басыңдағы бөркің түсетін шапшыма шыңның өзі ғой!? Мәссаған!
Күймедегі Қыз-Жібектей бір сәтке жалт етіп, ғайып болған Мұзтаудың заңғар айбары жүрегімізді кәдімгідей шайлықтырып тастады. Астанадан алып-ұшқан көңіл су сепкендей басылды. Мұзтау бөрікпен қағып алар оңай олжа емес екені осы арада ғана санамызға жетіп, жон арқамыз жыбырлап, тіксініп қалдық.
***
Жамбасқа тас бата берген соң түн ортасында серпіліп далаға шыққан едім.
Ай сүттей жарық екен. Бізді қоршаған динозаврдың жонына ұқсас құз-жартастар көгілжім сағым астында ұйқылы-ояу манаурап жатыр. Тасырлатып құз-жартастардан жиі-жиі тас құлайды. Күркіреп алыстан әлдебір көшкін түсті. Іргедегі жартас жақтан таңдай тықылдатқандай үн шығып еді, іле сол үн әр тұстан қайталанды.
– Көкұлар! – деді менімен бірге шықарға ере шыққан Манарбек. – Сіздер оны «Алтай ұлары» деп орысша айтып жүрсіздер. Дұрыс емес, қазақ ежелден оны «көкұлар» деген...
Сосын:
– Өзі соншалықты әдемі, сүйкімді құс, Қызыл кітапқа енген сирек құс! – деп қосып қойды.
Төңіректі шолулап, енді бір сәтте екеуміз де бұрылып терістік жаққа қарап едік, мәссаған, тынысымыз тарылып, жағамызды ұстап аңырдық та қалдық.
– Ох, шіркін! – деп, тіпті Манарбектің оқыс дауысы шығып кетті.
Терістік тұста ертектегідей, қолдан салғандай керемет бір сурет пайда бола қалыпты. Кешелі бергі қою тұман етекке түсіп, Мұзтау шайдай ашылып салған. Нақ төбемізде сүттей сәулеленіп тұрды.
Біз ұлы таудың кіндік тұсында жатыр екенбіз.
– Жігіттер, Мұзтау көрінді!
Дауысымыз қаттырақ шығып кетті білем, жігіттер ұйқылы-ояу бір-бірлеп палаткалардан бастарын шығарып, олар да аспанға қарап аңтарылысып қалды.
– Вот это да!
– Жетіқарақшыны қараңдар, тура желкесінде тұр!
– Даяр тұрған картина дерсің.
– Япырым-ай, биік-ақ екен өзі!
– Мұзтауың осы болса, мен қорқайын дедім. Аман тұрғанда осы арадан қайтып кетсек қайтеді?
Шекесіне ай сәулесі түсіп, жұлдызды аспан астарында сүттей мұнартқан Мұзтау расында да көзді арбайды. Шың биігі баяу қозғалатын сияқты, аппақ кемедей қалықтап көк аспанда жүзіп бара жатқандай сезіміңді қытықтайды.
Осы көрініс тағы бір көркем дүниені көз алдымызға әкелгендей болды. Аградағы атақты Тадж-Махал мавзолейі айлы аспан ажарында осылайша үлбірей қалықтап тұратын. Қаншалықты шебер суретші болғанымен, Василий Верещагин ғажайып күмбездің аспан мен жердің арасында жүзген нәзік бейнесін жеткізе алмады. Бірақ біз Орағаңның (Оралхан Бөкей) соңғы рет жүріп өткен жолымен сапарлап, сол ғажайыпты көріп қайтқанымыз бар. Сол сапарда былайғы жұрт көп айтатын осы бір аңыз-әңгіменің шындығына көз жеткізгенбіз. Енді, мінеки, Орағаңның Мұзтауы да айлы аспан ажарында Тадж-Махалдай қалықтап, керенау жүзіп барады.
Мұзтаудың маңайында өмірге келіп, Тадж-Махалдың қасында дүниеден озған қайран Орағаң-ай десеңші! Көңілді мұнарлы мұң, жүректі сазды сағыныш сыздатқандай болды.
«Армысың, Әулие тау, қасиетіңе бас иіп келіп тұрмыз алдыңа!».
***
Барнауылдың альпинистері таңғы бесте темір ілгектерін шылдырлатып, ледоруб-таяқтарын тықылдатып біздің қасымыздан өтті. Қызықтап палаткадан сығалап едік, қызылды-сарылы киінген алты кісі жіптей тізіліп жоғарыдағы мұздыққа беттеп барады екен.
Біз бір шетінде жатқан Катунь мұздығының ирелеңдеген басы көз көрім жерге дейін ашылып қалыпты. Тұманның етегі түріліп, Мұзтаудың алқымына көтеріліпті. Түндегі Мұзтаудың қос шыңы бұлт астында тағы жоғалған.
Таңертеңгілік тамақтан соң палаткаларды жығып, рюкзактарымызды арқалап, асай-мүсей әбзелдің бәрін сайлап, аяққа болат тақаны мықтап байладық та біз де жолға шықтық.
Кешеден бері көрер көзге насыбай атысқандай-ақ аралықтағы алғашқы мұз құламасы жеткізбей сарсаңға салған. Арманшыл көзге арқан бойы жердің тұсау бойы жақындығы болады деген осы. Құламаға дейін де мұзға өрмелеп екі сарқырамадан өттік. Осы мұз сарқырамаларының желкесінен басталатын жазықтар алыстан қарағанда жып-жылмағай сияқты, жақындап барсаң – беті бұжыр-бұжыр, сосын үлкенді-кішілі мұз жарықтарға толы. Кішігірімінен әйтеуір бір-біріңді арқанмен демеп қарғып-шоршып өтесің-ау, ал үлкен жарықтарды айналып, таудың кемерінен оралуға мәжбүрсің. Бір жолы үш жағымыз бірдей өткел бермес аралға тап болып, кері шегінуге тура келді. Кейбір мұздың жарығы ел көшкендей енді, түпсіз терең екен, қарауға жүз шыдамады.
Өскеменде кәсіби альпинистің бірі, фотосуретші Павел Красулин деген жігітпен сөйлескенім бар-ды.
– Мұзтауға беттеген адам ақ ниет, адал пейілмен жолға шығуы керек, – деп ескертіп еді Павел. – Әсте «мен Мұзтауды бағындыру үшін бара жатырмын» деген асылық ой көңілде болмау керек. Мұзтау шамшыл, қазымыр, мерт қылады. Сосын көп альпинистер Мұзтау аласа екен деп менсінбеушілік жасап, алданып қалады. Жалпы, әлемдегі шыңдардың күрделілігі – өсімдіктердің қай белдеуде таусылуына қарай өлшеніп бағаланады. Мысалы Шпицбергенде өсімдік 250–300 метр биіктікте түгесіледі. Сөйте тұра бұл аралдың аласа тауларының өзіне шығу қияметтің қайымы. Анды тауларында 6000–6500 метр биіктікке дейін өсімдік өсе береді. Памирде 5200 метрге, Гималайда 6 шақырымның үстінде, өзіміздің Хан-Тәңіріде 4000 метрден жоғары өсімдіктер бар. Ал Мұзтауда өсімдік екі мың метрден соң жоғалады. Осылай есептегенде, Мұзтау шыңының биіктігі, күрделілігі алты мыңдық ретінде саналады!
Енді мінеки, Павелдің осы сөзінің шындығына біз өзіміз куә болып, көріп-біліп келе жаттық.
Мұздық дегенің, былай қарағанда, тау алқымынан басталып етекке дейін ирелеңдеп шалқи аққан алып дарияға ұқсайды екен. Мынау Катунь мұздығының ені 500–600 метр шамасы, ұзындығы 10,5 шақырым, жалпы аумағы 13,2 шаршы км деп оқығанымыз бар. Әйтеуір, кешеден бері, етектен бері өрлеп жүріп келеміз ғой, алда қанша жер барын тағы білмедік.
Ал мұз құламасы дегеніңіз – таудай сарқырамаларға ұқсайды. Сонда шырқау шыңның алқымынан ақ көбігін аспанға атып, жардан құлап, жартасқа соғылып ақтарыла аққан асау дария бір сәтке мұз боп қатып, қимылсыз тоқтап қалды деп елестетіңіз. Мұндай таңғажайып пейзажды былайғы өмірде кездестіру мүмкін емес. Тіпті, көктемде сең жүрген кездегі Бұқтырманың асты-үстіне шыққан мұз торостары да мынаның қасында баланың әрекеті іспетті. Мұз құламаларды құдды бір жын ойнағы дерсің, астан-кестең дүние, быт-шыт әлем, көз алдыңа заманақырды әкелгендей. Иін тіресе еңіске қарай ентелеген үйдей-үйдей қалың мұздың арасы түйе сыяр да, күйме сыяр да саңырайған саңылаулар. Оның төменгі жағы үңірейген, омырайған жарықтар. Жақындай берсең жүрек суырғандай түпсіз құрдым. Ербиген әнеубір кесек мұздар бірінің үстіне бірі шығып салбырап қалыпты. Түртіп қалсаң жарты Алтайды күңірентіп, жер-дүниені жаңғыртып төмен қарай ағайын деп тұр. Салбыраған мұздарда қаптаған көк сүңгі, «мұз болмаса сүңгімен төбеңді оям» дегендей түксие төнеді.
Осының бәрі әлгі шетелдік киноларда көрсететін басқа планетадағы фантастикалық суреттерді еске түсірген.
Кешеден бері алыстан мұнартқан мұз құламасы таудай биік мұз жарқабақтар болып шықты: түбіне жеткен соң жоғарыға шығар жол таба алмай тосылдық. Былтыр салынған жолдың үстіне үйдей мұз құлап, оған қосымша арандай жарық пайда болып, жолды тас бекітіп тастапты. Нұсқаушылар тұспалдап жол іздеп, мұзға темір қадап, арқан тағып жиырма метрлік алғашқы жалтыр жарқабақтың үстіне шықтық. Тура осы әдіспен бір-бірімізді демеп, арқанмен тартып тағы екі үлкен қабаққа шыққан кезде мұз құламаның төбесіне де жетіп қалыппыз.
– Мына жерден тез өтіп кетуге тырысайық. Қар көшкіні қаупі бар, түнде бұл жаққа қар жауыпты, – деді бастаушы жігіт.
«Мына жері» – бетін аппақ қар жапқан жалама беткей екен. Беткейдің биігінде салбырап-салбырап төменге түксие төнген қасат қардың ұзын жалы байқалды. Бейне бір таудың өзі салба-салба бөрік киіп алған ба дерсің.
– Анау «козыректі» көрдіңдер ме? Ол жай ғана мұз емес, айсберг. Жылжып кетсе жолындағысын тып-типыл сыпырып әкетеді.
Бізде зәре жоқ, жоғарыға жаутаңдай қараймыз.
– Сосын... жөтелмеңдер, қатты сөйлемеңдер!
«Масқара, не дейді!».
Мұздан мұзға жабысып өрмекшідей өрмелеп келе жатқан бір сәтте жолбасшымыз жалтыр мұзға тесіліп, жабысты да қалды.
– Не болды?
– Саранча! – деді таңдана басын шайқап. – Ол оңбаған Мұзтауға да жетіпті.
Анау бір жылдары басымызға бәле боп жабысқан шегірткенің біреуісін біз де көрдік. Шынының астында музейде жатқандай екен, мұз ішінде мәңгі қатып қалыпты.
Кеше, шапшыма биікке көтерілген кезде әр он метр сайын аз-кем тоқтап, бір тыныстап алушы едік. Қазір болса жан керек, жалама бетті көлденең кесіп көгенделген қойдай томпаңдадық. Аузымыз ауа жетпей бақадай ашылып, өкпеміз күйіп кетті-ау деген кезде беткейдің арғы шетіне ілінгенбіз.
Беткейдің арғы шетінен келесі бір мұз құламасы басталған.
– Былтырғы жол бітеліп қалыпты. Мұзбен емес, мына жартаспен көтерілеміз, – деді бастаушымыз.
Біз дәл төбемізден төнген, өзіміз түбінде отырған құз жартасқа шалқайып үрке қарап қойыстық. Атасына нәлет, бұл жартастың ұшар биігі көрінбейді. Қылтиған шөптен ада безерген бедеу бәленің өзі... Өнбойына текшелеп жиғаны құдайдың тасы емес, қатпар-қатпар шойын блоктар ма дерсің.
– Биіктен қорқатын болсаңдар әсте төмен қарамаңдар. Бір-бірімізді арқанмен демеп отырамыз. Аяқтарыңдағы тақаны шешіңдер.
«Ойпырмай десеңші! Мұзға шығарымызды іштей болса да сезген шығармыз. Бірақ жартасқа өрмелейміз деп кім ойлаған?».
Шатаққа түскен шашын аямас демекші, қайта қайтып кететін емес, шығуға мәжбүр болдық. Қара тасқа таскенеше жабысып, қара терге малшынып, бір құдайға сиынып өрлеп кеттік. Аяқты дұрыс жерге, мықты тасқа басуға тиіссің. Қол да солай. Құдайым «живой камень» деп атайтын былқылдақ тасты басып қалудан сақтасын. Былқылдақ тас алдымен өзіңді сүріндіреді, сосын төменге домалап, соңыңда келе жатқан адамды мерт қылады.
Баяғыда, Алматыда жүрген кезімізде Медеуге бара жатқан жолда жартасқа өрмелеген қыз-жігіттерге қарап қатты қызығушы едік: жүрек жұтқан нағыз мықтылар солардай көрінетін. Мына қазіргі біздің тірлігімізге қарағанда олардікі баланың ойыны екен ғой. Олар жоғарғы жаққа шығыр қағып, арқан тартып шығады. Біздің жағдайда шығыр түгіл, сайтан да жоқ. Беліңе байланған арқан да әншейін дәтке қуат екенін сеземіз. Өйткені, сен құласаң жоғарыдағы ілініп-салынып өзі әрең кетіп бара жатқан серігіңді де жұла кетеріңді білесің. Сондықтан намысқа басып, өзгеге ауыртпалық салмай, серіктеріңді ұятқа қалдырмай, бәрін өзің жасауға тырысасың. Ал арқаңдағы рюкзак құрғыр осындай алмағайып сәттерде қас дұшпаныңдай қимылыңа кедергі жасап, бұлғақтап төмен тартатынын қайтерсің!
Итшілеп жүріп жартастың биігіне де шықтық-ау. Биігі жадағай шығар, аяқ серпіп сәл де болса тыныстайтын шығармыз деп үміттенсек... Селебедей серейген бірөңкей үшкір тастар. Алла сақтасын, арғы жағы одан бетер қорқынышты, шыңыраудай терең құз. Тым төменде, құз табанында ағара ирелеңдеген тағы бір мұздықтар көрініс берді.
Жартастың арғы бетін көргенде жүз шыдамай, жүрек лоблыды. Амал қанша, жартас биігіндегі араның тісіндей өркештенген тастарға жабысып, әупірімдеп тағы біршама жер жылжыдық. Жартас таусылған бетте арғы жағындағы қалың қардың үстіне бір-бірлеп топылдап құлай беріппіз.
Жаңағы жартас шілде терімізді шындап бір шығарған. Қардың үсті туған үйіміздей, құс төсегіміздей көрініп кетті. Мамық қардың бетінде аһылап-үһілеп алшыдан түсіп сұлап-сұлап жатып қалдық.
– Ойпырмай, өзімізді осынша қинайтындай не күн туды басымызға?!
– Әй, осыдан аман қайтсам...
– Жауға емес, жартасқа жалтақсыз шаптық-ау!
Шаршаған жігіттер әзілдеген болып іштегі қыжылды тарқатып, күңкілдесіп алды.
Аздап жел тұрып, қар бетінде сырма жүгіре бастады.
– Мұзтауды қараңдар!
Бәріміз бұрылып жоғары қарадық. Мұзтауды тұмшалаған ақсұр бұлт тесіліп, қос шыңның арасындағы Седловина көрініс берді. Седловинада алапат боран, ұйтқи соғып дүниені бұлдырлатып тұр. Мұзтаудың маңайына үйірілген ақша бұлттардың әдемісін-ай десеңші. Шебер қылқаламнан шыққан дайын тұрған өнер шығармасы. Ешқандай модерннің қажеті жоқ, жарықтықтың сымбаты да, сұлулығы да өз бойында жатыр. Боран ұйтқыған Седловинаның үстінде, Мұзтаудың ұшар биігінде қара ноқаттай бір құс ұшып барады. Боранмен, бұлтпен, тұманмен таласып, бірде көрініп, бірде жоғалып самғап барады.
– Мынау бүркіт қой!
Құс көрмей жүргеніміз жоқ, содан ба, Мұзтау биігіндегі бұлдырай көрінген құсқа алғашқы сәтте көңіл бұрмаппыз. «Бүркіт» дегесін елең етіп, қызыға тесіліп қалдық. Осыншама биікте шарықтауын қарашы. Құдай біледі, Мұзтаудың ұшар басындағы қарайған анау жартастарға ұя салған болар. Енді, міне, ақтүтек боранға қарсы қасқайып шамырқана шырқап бара жатқаны. Қандай қайсарлық десеңші!
Бұл көрініс біздің де жігерімізді жанып, бойымызға қуат бергендей болды. Ілбіп тағы алға жылжыдық.
Бес қабат үйдің биіктігіндей кезекті бір мұз құламасынан қазық қағып, арқан тартып өтіп кеттік. Бұл мұз құлама алғашқы екеуіне қарағанда, біршама аласа әрі тайпақтау сияқты көрінген. Әлде біз де мұзға өрмелеп үйреніп қалдық па? Қалай болғанда да, ендігәрі жартасқа шығудан сақтасын деп іштен тілеп келеміз.
Мұз құламаның арғы жағындағы тағы бір қарлы қияны қабырғалап, алақандай ғана адырдың үстіне шықтық.
– Осы жерде лагерь құрамыз, – деді бастаушы. – Бұдан әріге сіздердің шамаларыңыз жоқ.
– Бұдан әрі атам десең аттап баспаймын!
Әбден шаршаған жігіттер қалжыңдаған боп тағы да шындарын айтып қалды.
Жондана созылған қарлы дөңнің үстіне қатарлап палаткаларды құрып тастадық. Шай қойып, жүрек жалғадық. Күн кешкіріп қалған мезгіл еді, төменде бұлдыраған жасыл әлемге қызыға көз жіберіп, біршама уақыт әңгіме соғып отырып қалдық. Ымырт түсе қою тұман басып, бәрімізді еріксіз палатка ішіне қуалады. Артынша кесек-кесек бұршақ жауды, түннің бір уағына дейін ысқырып боран соқты. Біз жатқан мұз дөңнің күнгейі құлама қия болатын, боран палаткамызды қияға қарай үрлеп жіберсе – сырғанап төмендегі мұздың жарығынан бір-ақ шығарың кәміл. Шүкіршілік, ешқандай оқыс оқиғаға ұшырамай, ұйқымызды қандырып, келер таңды амандықпен қарсы алдық.
***
Ертеңінде жігіттердің екеуі күркілдеп жөтеліп, суық тиіп сырқаттанып қалыпты. Бұдан арғы жүріске шамалары жетпейтіні байқалды. Осындай төтенше жағдайға байланысты екіге бөлініп, арғы сапарға азғантай топпен аттануға келістік. Бір палатканы, нұсқаушы бір жігітті ауырып қалған достарымызбен қалдырып, қалған топ таңсәріден асығыс жолға шығып кеттік.
Тағы да сылдыр-сылдыр шығыршықтар, қоңыраулатқан ілгектер, тақ-тұқ темір таяқ. Қысқасы, мұз бетіндегі сылбыр сапар басталды да кетті. Кей тұстарда қалың қар, омбылауға тура келді. Түндегі боран ғой үрлеп тастаған, жолын білмесең, жөнін аңдамасаң, мұндай қардың үстімен жүру қауіпті екен: астында терең құрдым жатуы мүмкін.
Сонау етектен көрінетін «Тигровая лапа» деп аталатын мұз құламаның астынан өттік. Аса қатерлі болған соң альпинистер мұны жолбарыстың тырнағына теңеп, бейнелеп айтқан екен. Турасында, бұл мұздықтың пошым-келбеті жалама беткейден ысқыра ағып келе жатқан алып кемеге ұқсаған. Әлемге әйгілі әлгі «Титаниктің» сүйір тұмсығынан аумайды. Егер зәудіғалам жер қозғалып, кемеге ұқсаған мынау алып мұз жылжып кетсе – атом мұзжарғышы құсап мына сайдағы қалың мұздықты қарс айырып, одан әрідегі анау жартас-тауымен қоса қақ жарып өтердей.
Жылжыған сайын жүріс қиындады. Мұздың беті кешегідей ашық емес, әр тұста бір үйілген үскірік қар. Оның үстіне мұз жарығы, ойқыл-тойқылдар көбейіп, адымды аштырмай келеді.
Дегенмен, екі күндік жүріске әжептәуір ысылып қалсақ керек, бүгін қара терге малшынып, өкпеміз көбіктеніп келе жатсақ та қайраттымыз. Ақыры үш күн бойы бойлай жүрген Катунь мұздығының басына жетіп, Мұзтаудың алқымына тірелдік. Осы тұста кешегі барнауылдық альпинистер оңға бұрылып, Берел мұздығына қарай асып кетіпті. Біз сол қанатты бетке алып, алдымен Седловинаға шығуды мақсат етіп келеміз. Дәл осы солға бұрылар тұсыңыз – расында да, албастының ойнағына ұқсайды екен. Омпы-шомпы, алшы-тәйке тұрған бірөңкей кесек-кесек мұздар, додаға түскендей асты-үстіне шыққан шоғыр-шоғыр қорымдар. Оның қайсысын сағалап, қайсысын жағаларымызды білмей дағдарып, тағы біраз әуре-сарсаңға түстік. Әйтеуір, бастаушы жігітіміздің кәсіпқой альпинист болғаны оңды болар ма, мұздардың саңғал тесігінен өтіп, біреуінен біреуіне таутекеше секіріп, енді бірде көк мұзға жабыса өрлеп, төмендегі біздерге арқан тастап отырды. Сосынғысы, ежелгі Ацтектердің текшеленген пирамидаларына ұқсаған тағы бір опыр-топыр мұз құламасынан әупірімдеп өткенде барып сиырдың өрісіндей ғана әлдебір тепсеңнің үстіне шыққанбыз.
Тепсең үстінде қызыл сырма жүгіреді. Ақпанның қызылындай момақан көрінгенімен – ызғарлы, бет пен мұрынды шымшылап қояды.
– Лагерь құрамыз, – деді бастаушы.
– Жүре бермейміз бе... Мұзтаудың басына әлі біраз жер ғой?
– Болмайды! Ауа райы бұзылайын деп тұр. Мен сіздердің өмірлеріңізге жауап беремін. Қайтып келіп осы араға қонатын боламыз.
Мейлі, оған да көндік. Палатка тігіп, примусқа тамақ жылытып, соңынан сол примусқа шай қайнатып іштік.
Төменгі лагерьдің тұсы әлдеқайда жылы ма дедім. Күн көзі шықса болды – мұз бетінде сылдырап, жіптей созылып жіңішке бұлақтар ағып жатады. «Таудың бұлағы сәнді, көлдің құрағы сәнді» деседі ғой. Ендеше мұз бетімен жүгірген моншақтай мөлдір бұлақтың да сәнін көрдік-ау осы! Шайлық суымызды сылдыраған сол бұлақтардан жинап алушы едік. Мына жерде жентектеп жинап, қарды ерітуге тура келген.
Түс мезгілі ауып кетті. Бағанағы қызыл сырма қатая түскендей. Қайта келіп осы жерде түнейтін болғасын, жүгімізді біршама жеңілдетіп, өрмелеп тағы да жоғарыға кеттік. Аздан соң сауыс-сауыс сірескен тағы бір мұз құламасына кездестік. Дәл ортада өркештенген үш басты мұз жартас тұр, өн бойы қотыр-тесікке толы. Бұл неғып таусылып бермейтін құламалар мен сарқырамалар. Мұзтаудың басына дейін жол бермей қамалдайын қасқайып тұрғандарын қарашы!
Алдыңғы кісінің ізімен аңдап басып, бір-бірімізбен арқанмен жалғасып жүріп келеміз. Кезекті бір мұз жарығы алдымнан шыққан, үстінде көпір жасап көлденеңдеп кесек мұз жатыр. Жолбасшымыз әлгі кесек мұзды бір басып, ары аттап кетіпті: тақасының ізі сайрап жатыр.
«Масқара болғанда, осы кесек мені көтере алмай жүрмесе!».
Көңілде күдік тұрса да, тік жолмен өрлеп шаршап келе жатқаның бар, оның үстіне мына жарықтан секірер болсаң – тағы біраз күш-қуатыңды сарп етесің. Осыны ойлап, құдай сақтар деп кесек мұзға аяқты қойып аттай бергенде, салдыр-гүлдір мұздың жарығына түстім де кеттім.
– Срыв!
Арқамдағы рюкзакқа ілініп, салбырап тұрып қалдым. Аяғыммен ауаны қармаймын. Жігіттер де арқандарын тартып тұра-тұра қалысты. Көмектің барын білсең де аяғың жерге тимеген соң бойыңды қорқыныш билейді екен. Оның үстіне сезіп тұрмын, мен құлаған жарық төменге қарай кеңейіп кеткен секілді. Аяғымды қалай сермесем де тақаның ұшын мұзға іліндіре алмай дымым құрыды. Әйтеуір жан керек, не заматта тақаның ұшы мұзға шаншылған. Содан шынтақтай тартынып, еңіске қарай аунап сыртқа шықтым.
– Көрмеген шаруа еді, бұл да біткен бір іс болды! – деп жігіттер күлісіп жатыр.
Ет қызуымен алғашында байқамаппын, мұз сүңгі тіземе кіріп, бір қабат терісін сыпырып әкетіпті.
Одан арғысы – бір сағаттан артық уақыт қабырға беткеймен көтеріліп, күн еңкейген шақта футбол алаңындай үлкен жазыққа шыққанбыз.
Мұзтаудың әйгілі Седловинасы осы еді.
Біз шыққанда Седловинаның үсті ызғырық есіп тұрса да ашық болатын. Аяңдап алаңның ортасына жеткенше болмады, айналаны тұман тұмшалап алды. Кәдімгі сүттей соқыр тұман. Он метр алды-артымызда келе жатқан серіктерімізді көрсетпей тастаған.
– Жиналыңдар. Осы жерде тыныстап демалайық! – деп бастаушымыз бәрімізді бір жерге үйірді.
Рюкзактарды қардың үстіне лақтырып тастай бере, «уһ» деп үстіне отыра-отыра кетістік.
– Тер қатып ауырып қалып жүрмеңдер, байқаңдар!
Іргедегі Мұзтаудың қос шоқысы ізім-ғайым жоқ. Қос шоқы түгілі, жаңа қай жақтан келдік, енді қай бағытқа жүреміз, одан да жаңылып қалдық. Екі аттасаң терең құрдымға құлатып жіберердей айнала аппақ дүние. Мына соқыр тұманда төрт жағың бірдей түпсіз шағыл, терең шат сияқты елестеп кетті. Былайша айтқанда, жер теңгедей, аспан тебінгідей болды да қалды. Етекте отыз градус ыстық, кейбір достарымыз Қапшағайда суға түсіп, Бурабайда көлге шомылып рахаттанып демалып жатқан шығар! Анау Еуропаның биылғы жыл тарихта сирек болатын аптап ыстыққа тап болып, өртеніп-күйіп жатқаны анау! Біз болсақ әлдебір жұмбақ әлемнің, тылсым тыныштықтың ортасына тап болып, қалтырап тоңып отырғанымыз мынау. Жаңағы пысынап, терлеп шыққан екпінімізді Мұзтаудың биігі лезде-ақ басып тастады.
«Апырмай, кешегі бүркіт осы тұста ұшып жүрді-ау».
Джек Лондонның шеберлікпен суреттейтін ақ құрдымы, мұнарлы әлемі, тегі осындай-ақ болар! Расында, мынау аппақ ғалам құлаққа ұрған танадай тыныштық құшағында ұйып қалыпты: демін ішіне тартып мақау сазарады. «Неткен меңіреу дүние еді», – деп тың тыңдап тұрғанымызда, төменнен күркіреген алапат дауыс шықты... Алдымен жыланның ысқырысындай сырылдаған үн естілген. Артынша әлгі сырыл жер ойылып құлап бара жатқандай сұмдық гүрілге ұласқан. Тіпті, астымыздағы Седловинаның өзі дірілдеп кеткендей болды.
– Ақкем жақтан орасан көшкін түсті! – деді нұсқаушы.
– Мұзтау қақ айырылып кетті ме десем...
– Олай демеңіз. Мұзтаудың басында тұрып ғайбат сөз айтуға болмайды.
Қалай болғанда, астыңдағы жерді қалтыратқан қандай күш еді десеңізші!
Қар көшкіндерінің орасан қуаты, қирату күші жөнінде жазылып та, айтылып та жүргені белгілі. Мұзтау сапарында осы жолы мынадай бір әңгіме естігенбіз... Новосибирскіден шыққан үш студент алдыңғы жылы Мұзтаудың төңірегіндегі көп мұздықтың бірінде жоғалып кетеді. Ішіндегі біреуісі ірі қолбасшы генералдың ұлы екен, генерал дереу тікұшақ жіберіп, іздеу салдырады. Сол тікұшақ Қапшалдың бойын сүзіп, кең аңғар ішімен ұшып келе жатқанда – қос қапталдан бірдей қар көшкіні құлайды ғой. Қар көшкіні болғанда, ақпанның аяғы екен, Қапшалдың қос қапталы тұтастай қозғалып кетіпті. Сондағы көшкіннің қуаты атом бомбасы түскендей әсер етті десіпті көргендер. Қапшал бойынан кәдімгі атом саңырауқұлағындай құйын көтеріліп, бірер сағат аспанда қалықтап тұрып алыпты. Ал аңғар бойымен ұшып келе жатқан тікұшақты ауаның орасан қысымы жаңқадай лақтырып, келесі сайдың түбіне атып жіберіпті.
Седловинадағы біздер Ақкем жақтағы жаңағы қар көшкінін көзбен көрмесек те ғаламат қуатын бойымызбен сезіндік.
Өкінішке қарай тұманның ашылуын күтіп көп уақытымызды жоғалтып алдық.
Тұманды күн жылы болады деуші еді, бұл қағида Мұзтаудың биігіне қатыссыз тәрізді. Тегі, біздің тұман деп тұрғанымыз, Мұзтаудың басынан айналшықтап кетпейтін ақша бұлттар болар. Дымқыл ызғар денемізді тоңдыра бастаған соң, рюкзактың үстінде алшыдан түсіп жатқан біз қимыл жасап тұра бастадық. Сәлден соң балапандарын күйттеген тауықтай қағынып-соғынып бір-бірімізді айналып жүгіруге кірістік. Шүкіршілік, жарықтық Мұзтау біздің пұшайман халімізді сезгендей, бұдан әріге қинаған жоқ.
Қою тұман әлденеден үріккендей оқыс ашылып салған. Сол-ақ екен Мұзтаудың қос шоқысы екі жағымыздан, қол созымдай ғана жерден жарқырап шыға келді дерсің. Шығыс шыңның айдарынан жел есіп, аздап қар бұрқыратып тұр. Қол бұлғаған сұлудың жібек орамалы сияқты.
– Бастысы да, басқысы да – мына шың! – деп нұсқаушымыз сол шығыс шоқыны мегзеді. – Бұған шығу үшін арғы қырынан айналамыз.
Тура шығудың мүмкіндігі жоғын, оның үстіне беткейде саусап тұрған қалың қардың қаупін іштей өзіміз де сезгенбіз. Ал арғы қырын айналу тағы жарты күндік жолға ұқсайды.
– Ақкем жақты барып көрейік.
Қарды сықырлатып үлкен алаңның келесі жиегіне қарай жылжыдық.
– Мінеки, мынау ойманның жері!
Жөн білетін Манарбек етектегі ала шұбар бұлт астында мұнартқан іркес-тіркес тауларды алақанымен сипай көрсетіп өтті.
Ресей... Алтай Республикасының үлкен панорамасы айқара көсіліп алдымызда жатты.
Биіктен қарағандағы көрінісі бергі Қазақстан жақпен ұқсас. Сол баяғы сеңгірленген секпіл таулар, жықпыл-жықпыл өзектер, қара орманы сыңсыған сай-сала, терең шатқалдар. Шатқал табаны күміс жіптей ирелеңдеген үлкенді-кішілі өзендер. Көз көрім көкжиекке дейін бұлыңдай созылып, бұлдырай сіңіп кеткен.
Анау тұста Үлкен Ақтыру атты мұздық бар. Бармасақ та оқығанбыз, білеміз. Ол мұздық – Алтайдағы ең қалың мұздық саналады, қалыңдығы 350 метр деседі.
Біздің тура астымызда мұз жарқабақ. Биіктігі шақырымға созылған бұл мұз жарқабақ терең қойнаулы Ақкем шатқалына ұласады. Одан төмен – айнадай жарқырап Ақкем көлі жатыр. Ресей жақтан Мұзтауға келетін альпинистер мен туристер осы шатқалмен өрлеп, Қаратүрек асуынан асып, Кучерла өзенінің терең сайына түседі. Ол жерде Кучерла атты ұзын көл бар. Одан беріректе Дарашкөл деген тағы бір суы тастай мөлдір көл жатыр. Туристер сол арада бір түнеп, ертеңінде Катунь жотасын жалдай өтіп, Катунь өзенінің аңғарына түседі. Одан бергі маршрут тура біз жүріп өткен жолға бастайды... Яғни, Катунь мен Берел мұздықтарын бойлап шыңның басына өрмелейді.
Бірақ көпшілігі қайта қайтқанда осы Ақкемнің тік қиясымен ары қарай түсіп кететін көрінеді. Өткен жылы ақпанда ерлі-зайыпты гляциолог-ғалымдар осы Ақкем тігінен арқанмен түсіп бара жатып, тағдыр-ай десеңізші, екеуі бірдей қайғылы қазаға ұшырапты... Күн жылыда суланған арқан сәлден соң, күн суыта мұз боп қатып жылжымай қалады. Содан төмендегі серіктері дереу көмек шақырып, мұз жартаста салбырап тұрған екеуді тікұшақтың көмегімен түсірмек болысады. Жартасқа тікұшақ жақындай алмайды, қапалақтың күшті желі ана екеуін екі жаққа үрлеп, олар да ештеңе істей алмай салақтап жіпке жабысып тұра береді. Сөйтіп, әуреленіп жүргенде боран тұрып, аяз қатайып, тікұшақ қайтып кетуге мәжбүр болады.
Амал қанша, ғалымдардың денесін төрт күннен соң, боран басылған шақта әзер түсіріп алысыпты.
***
Ақкем жарқабағын жағалап, қызықтап, аз-кем төмендесек деп едік, нұсқаушымыз басын шайқап көнбей қойды. Жарқабақ деген қасат қардың «козырегі», сондықтан ол аса қауіпті деп ескертті.
Тұман ашылған бойда біздің көңіл де ашылып салған. Бұлттан шыққан күндей күлімдей қараймыз айналаға. Бойымызды қайдағы бір, өзіміз де сырын ұға бермес нөпір қуаныш кернеген.
Көңіл құрғыр да, өзіміз де көкте тұрған соң соно-оу етекте қалған, күншіліктен көрінген Алтайдың қойнау-қолаттарына мұрын астынан кердең қарасамыз. Нағашының ауылына келген жас жиен секілді елпілдеп тұрмыз. Төмендегі қойнау-қолаттың бәрін көлеңке басып, ымырттанып қалған екен. Батар күннің соңғы шапағы биік шыңдардың басында ғана ілініп дір-дір етеді. Мұндай суретті көру екінің бірінің маңдайына жазбағанын, бұл көрініс сонысымен де таңғажайып, сонысымен де әсерлі екенін іштей ұғып, бір-бірімізге елжірей қарасамыз, үнсіз шаттанамыз.
«Тегі, шыңға шығудың ләззаты осы шығар!».
Былайырақ барып, жер болжап жүрген нұсқаушымыз қайтып оралды. Көңілі сынық, жүзінде қобалжу бар.
– Неғып тұрмыз?
– Жылжымаймыз ба?
Нұсқаушы басын шайқап, күмілжіп төмен қарады.
– Күн суытайын деп тұр, оның үстіне кеш түсіп қалды.
– Ойбай-ау, төбесіне қол созым қалғанда қайта қайтарайын деп тұрсың ба?
– Қол созым емес, жақын көрінгенімен тауды айналамыз... алыс жол. Былтырғы оқиғаны енді сіздермен қайталауға менің қақым жоқ.
– Иә, сонда... Қожанасыр айтпақшы, сонда былтыр не болып еді?
Нұсқаушы әлденені еске алғысы келмегендей басын шайқап, ыңырана жауап қатты.
– Былтыр дәл осы жерден біздің екі жігіт шығып кеткен. Мезгіл қазіргіден әлдеқайда ерте болатын. Соның өзінде тау биігіне жеткенде боран тұрып, қайта түсе алмай, түнеп қалуға мәжбүр болысқан. Сөйтіп, қол-аяқтарын үсітіп, өкпелерін қабындырып қалаға аттанды. Артынан саусақтарын, башпайларын кескізіп, қазір мүгедек болып қалысты.
Біз анадай жерде тұрған қос шоқыға алма-кезек жаутаңдай қарадық. «Сендер сенбей тұрсыңдар ма?» дегендей, шоқының екеуінің де ұшарын бұлт қымтай бастады. Іле Ақкем жақтан лекітіп ызғарлы жел есті. Ызғарлы жел қарды ұшқындатып, арада жарты сағат өткен жоқ, ақтүтек басталды да кетті.
Осы сапарға шығар алдында, бірде бәріміз Мұзтау жөнінде кеңесіп отырғанда Сауытбек айтқан, көңілді күпті қылған бір сөз есіме түсті. «Өзге халықты білмеймін, – деген Сауытбек, – біздің қазақ ырымында қасиетті таудың төбесіне шығуға болмайды деседі. Төбесіне шығу – төбесін таптағанмен бірдей... Ойланыңдар!»
Достың ақылын енді ойлануға тура келді.
«Турасында, о бастан мақсат қылғанымыз осы Седловина еді ғой. Кәсіби альпинистер жаңағыдай жағдайға ұшырап жатса, бізге не жорық» – деп көңілді демеген боламын.
Тағы бір әзәзіл ой қолтықтан су бүркіп, айтақтап алаңдата береді.
«Үш күн жүріп, дәл иектің астына келгенде төбеге шықпағаның қалай!?»
Біздің екіұдай күйде ұйлығып тұрғанымызды білгендей боран да ысқырып, қатая түсті. Бір қызығы, ысқырған боранның арасынан тура төбеміз бір сәтке ашылып, көкпеңбек аспанды көріп қалдық. Көк болғанда тұздай көкпеңбек. Аспанның әдемілігін бағана неғып байқамағанбыз. Тоқымдай боп көрінген көк аспан көңілге үміт тастап көрінді де жоқ болды.
Қар ұшқындатқан боранның екпіні қатая түсті.
– Түнге қалмай лагерьге жетіп алуымыз қажет.
– Сөйтеміз бе?
Нұсқаушы таңғалғандай бәрімізді көзбен сүзіп өтті.
– Мына боранда сіздерді лагерьге аман-есен апара алам ба деп қорқып тұрмын.
Солай деді де, өзі батыл бұрылып, адымдай басып жүріп кетті. Бәріміз де арқанмен көгенделген жандар емеспіз бе, қайтеміз, соңынан томпаңдап еруге тура келді. Жүре берген кезде мен оқыс сүрініп, етбетімнен құлап түстім. Шүкіршілік, жалтыр мұзға емес, кешелі бергі жауған қардың үстіне етбеттей жығылдым. Бетім қарға көміліп кетті... Қар жұп-жұмсақ, жып-жылы сияқты. Соңымнан жеткен Манарбек қолтығымнан демеп тұрғызбақ еді:
– Сәл жата тұрайыншы! – дедім оған.
Манарбек көзі жыпылықтап:
– Жараланып қалған жоқсыз ба? – деп бәйек болып жатыр.
– Жоқ... Қазір тұрамын!
Орнымнан ауыр көтеріліп, кетіп бара жатып та «жап-жазық жерде сүрінгенім қалай», – деп ойладым. Қалай болғанда да Мұзтау өзіне дұрыстап тағзым жасатты. Менің де киелі тауды айқара құшқаным дұрыс болған шығар тегі!
***
Лагерьге қараңғыда жеттік.
Анау биікке қарағанда біздің палатка тұрған жер әжептәуір ықтасын екен. Бәрібір Мұзтаудың ызғар лебі бұл жерде де анық сезіліп тұрды.
Жүрек жалғап, бой жылытқан соң былайғы әңгімеге зауқымыз соқпаған. Мұрттай ұшып шаршаған екенбіз, палаткаға кірген бойда бәріміз қатып ұйықтап қалыппыз.
Таңғы бесте тұрамыз деп уағдаласып едік, жетіден өте бірақ ояндық. Ендігі ауқатты төменгі лагерьде ішетін болып, апыл-ғұпыл палатканы жығып, жолға жиналдық.
Төмендегілер екі көздері төрт болып, бұқтырылған еті бар макарон көжесін дайындап, бізді асыға күтіп отыр екен.
– Күн тас төбеге шықты, етекке түсіп үлгермей қалармыз, – деп қауіп қылысты.
– Олай болса жайланып отырар уақыт жоқ, асығыңдар!
– Келгендегі анау шағыл жартасқа қайта бармайықшы?
– Ол тұстағы мұз қауіпті ғой?
– Мейлі, әйтеуір мұзға үйрендік қой...
– Еріктерің білсін... Оны да көрелік.
– Апырмай, осындайда бір дельтаплан да болмайды екен, қалықтап барып анау етектегі жасыл шалғынға қона салатын...
Анау жылы Римге барғанымызда қазақтың азамат қыздарының бірі, Италиядағы елшіміз Бірғаным Әйтімова асыл ағамыз, халық әртісі Сәбит Оразбаевты қонаққа шақырып, сол елдің ұлттық тағамы саналатын спагеттиден дәм татқызғаны бар-ды. Меймандардың арасында Сауытбек екеуміз де бар едік. Сондағы мейрамханада жеген италия спагеттиінің дәмі әлі күнге аузымызда. Бірақ, сол итальян тағамы қарлы шыңдардың арасында, мұздықтардың үстінде ішкен макарон көжеге ілесе алмай қала ма деп қалдым. Добалдай-добалдай макарон осыншалық дәмді болады деп кім ойлаған! Әлде «көндіккенге көнектің өңезі балдайдың» реті ме екен?
Әлгі шағыл жартасқа қайта бармаймыз деп, тәй-тәйлап мұзбен ылдиладық. Расында да, жарқабағы мен жарығы, ойдым-шұңқыры көп қауіпті жердің көкесі осы секілді.
Қырық метрлік жібек арқанды салақтатып жіберіп, бір-бірлеп төмендеп түсіп жатырмыз. Мұз бен шың атаулыға қазақ қызықпағасын ба, мұндағы командалар да кілең орысша, бір-бір ғана сөзден тұрады. Өйткені, жоғарыдағы адам төменді, төмендегі адам жоғарғыны көре алмайды. Көп сөз айтып, айғайға басып мылжыңдай берсең, сырғып келіп басыңа мұз құлайды.
Сөйтіп, үш-төрт адамды түсіргеннен кейін, Қайырды досымызды жоғалтып алдық. Төменге жететіндей уақыт өтсе де, Қайырдыдан біразға дейін хабар болмай қалған.
Соңынан сұрап-білсек, төмендеп келе жатқанда оқыс тақасы тайып, мұз үңгірдің ішіне сырғанап кетіпті. Әйтеуір арқан бар, салақтай тербетіліп, ебін тауып, тақаның ұшын мұзға іліндіріп, ырғатыла сырғып төменге жеткен көрінеді.
***
Тауға шыққанға қарағанда таудан түсу қиын екені екі бастан белгілі жайт. Олай болса үш күн шыққан жолыңды бір күнде түсу қайдан оңдырсын. Оның үстіне мұз үстімен еңкеңдеп еңіске түсудің өз тәртібі бар екен, аяғыңдағы тақаның он екі тісі бірдей мұзға кірш қадалып отыруы тиіс. Әйтпесе тайып кетіп құйрығыңмен төменге шаңғыша ағасың.
Көзімізге көк шыбын үймелеткен қиындықты тізбелеп қайтейік, қара санның қарысып, тілерсектің тіресіп, ұршықтың айналып, сіңірдің сіресіп қалғаны рас-ты. Әйтеуір, тезірек төменге жетіп жығылсақ деген үміт қана түннің бір жарымына жете Ақәділдің қосына діңкелетіп жеткізген.
Ақәділ келетін уағымызды тұспалдап, етін асып, шайын қайнатып күтіп жүр екен.
– Мен сіздерді түс ауа келеді деп... Етті неше рет қайнатып езіліп кетті, шайым құсып кетті.
Әзілдеп жырқ-жырқ күледі, біз жазғанда күлетін шама қайсы: шындығымызды айттық:
– Езілсе де жейміз, құсса да ішеміз!
Ақәділ үңіліп біздің түнерген түрімізді, қабарған қабақ, түксиген иек, безерген бет, кезерген ернімізді қарап, қотырланған қып-қызыл мұрнымызды көріп:
– Бәріне де сеніп тұрмын. Мына сұрықтарыңмен сендер мені жеп қоюдан тайынбассыңдар! – деп жарқылдап тағы күліп жіберді.
Алаулатып от жағып, жанған отты күргейлей қоршап жігіттер әңгіме соқты. Әзіл мен қалжың, анекдот, ауыл айтқыштарының тапқыр сөздері... Бірінен соң бірі іліп әкетіп, тіпті күлкіден езу жиғызбайды. Таудың басында, алаудың қасында айтқан әңгіменің бәрі қызықты, бәрі жарасымды. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келсе де жігіттердің жағалары жайлау, көңілдері шат. Байқаймын, бүгін бәрі де өзгеше ақжарқын, өзгеше мәз-мейрам мінез танытып отыр.
Қалай десеңіз де, осы азаматтар әлгінде ғана әлемнің әулие тауының бірінің биігінен оралған жандар болатын.
Ендігі қалған ғұмырларында дәл осындай оқиғаның мәңгі бақи қайталанбасын жүректері сезетіндей...
Мұзтау жақтан күркірей құлаған қар көшкінінің алапат үні естілді.
***
Қазіргі Қазақстан шекарасы Катунь жотасын жалдай сызып, Мұзтауға тірелген тұста Берел мұздығын кесіп өтеді де, Көккөл, Көксу арқылы Рахман арасанына қарай айналып кетеді.
Сөйтіп, Мұзтаудың мұнартқан қос шыңы өзге мемлекеттің территориясында жатыр.
Біз шыққан биік те өзге елдің жерінде болатын.
Айтар ақиқаттың біреуісі, мінеки, осы.
Араратқа аңыраған армяндардай біздің қазақ та Мұзтауға күншіліктен көз сатып қалмаса екен, ағайын!
ШАНАҒАТЫ
немесе Қазақстанның ең суық нүктесіне сапар
Шанағаты – ұзын жолдан шалғай бұрыста, арнайылап бармасаң былайғы кезде табан түспес қиыр қоныс. Территория жағынан әйгілі Марқакөл алабына қарағанымен, Марқаның көгілдір зеренін аңсап келген ағайын Шанағаты жайында біле де бермейді. Білсе де, Марқадан ары жолсыз жүз шақырымдық ит арқасы қиянға, аю жортқан алыс қойнауға айдасаң да бармайды. Оның үстіне ол маңайға екінің бірін жібере де бермейді... Шекара. Арнайы рұқсат керек. Біз сол сапарға биыл тәуекел еткенбіз, жолымыз оңынан туып, осы жазда қиялдағы мекенге аман-есен барып қайттық.
Турасында, Шанағатыға өткен жылы жиналған едік. Бірақ ол жыл еңсені езген жаңбырлы болды да, сылбыраған лайсаңда толарсақтап жүре алмадық... Жаздың өзінде ауық-ауық қарлы бұрқасын соғып тұратын Шыңғыстайдың желкесіндегі Бұрқат асуынан ілдебайлап өткенімізбен, Алатайдың шыңырау-құз кезеңдері жабылып, Қарақабаның онсыз да қисайып әзер тұрған жеті көпірінің үшеуін су шайып кетіпті. Содан амалсыз Шанағаты сапарын биылға қалдырған болатынбыз.
Өткен жылғы қытымыр қыста Марқакөл өңірінде 59 градус аяз тіркелгенін естігенбіз. Осы сұрапыл аяз тіркелген мекен бұрын Орловка аталыпты, біздің Шанағаты деп жүргеніміз сол ауыл еді. Бұл жерде 40–45 градус суық әдеткі жағдай деседі. Ал, 1969 жылы 62 градус аяз болғанын Интернеттен оқып-білдік.
«Япыр-ай, қазақтың жерінде де Оймякон бар екен ғой, бұл қандай феномен, неткен ерекше құбылыс?» деген сұрақ көңілді мазалаумен болған.
Бір «вездеход» уазик пен бір «джипке» керек-жарақ, асай-мүсейлерімізді тиеп, артынып-тартынып сапарға Алматыдан аттандық.
Арада Аягөзде бір түнеп, келесі күнгі қоңыр кеште Теректі ауылына жеткенбіз. Теректі – көрші Қытай елімен шекараның дәл түбінде тұр. Кеңес кезінде Алексеевка аталып, Марқакөл ауданының орталығы болған. Бұл айтулы ауыл қазір Күршім ауданының қарауында.
Біз «джипті» осы ауылға қалдырып, бұдан әрі жол талғамайтын «уазиктерге» аяқ арттық. Аспанмен астасып жатқан Асутау сілемдері осы Теректінің іргесінен басталады екен. Алдымызда Асутаудың арғы жағындағы Марқаның көліне шығаратын шыңырау-шатқалды, құз-жартасты әйгілі «Мәрмәр жолы» жатты. Теректінің әкімі – түр-тұлғасы кең пішілген дарқан көңіл ініміз Серік Ақсартов тау жолының қауіптілігін көлденең тартып, Асутаудың иір-қиыр асуына өзі бастап шығарып салған.
Мәрмәр жолды 1914 жылдары бірінші Дүниежүзілік соғыста қолға түскен мыңдаған австриялық тұтқындар салыпты. Тұтқын жазғанның жағдайы белгілі ғой, осы қиян жолдың ұзын бойында талайы опат болған деседі. Расында да тауды тіліп, тасты жарып жолды салған жойдасыз күшке таң қалғандайсың. Топырақ емес, тіпті үйреншікті көк тас та емес, қырмызы қызғылт гранит, ұшар басы сазарған сұр мәрмәр...
Мәрмәр жолдың иығына шыққан кезде, түстік етекте кең көсілген Қытай жері алақандай жарқырап жатты. Көкжиектен бұлдырап Сарысүмбе қаласы қылаң берген.
Мәрмәрден ары шалғыны жайқалған бұйра жон, бөтекедей бұлтиған қоңыр белдер екен. Не заматта көз сүрінер ағаштан ада жусанды жасыл жазыққа шықтық. Жазықтың бел ортасында «Ақжайлау» атты шағаладай шағын ауыл ағарады. Ай, қазағым-ай, ат қоюға келгенде алдарына жан салмайды-ау... Осындай ұрымтал атты тапқан бабама қалайша сүйсінбессің! Атына сай, Ақжайлау десе дегендей-ақ екен! Тұрмыстары да жаман емес сияқты: ішінара жарқыраған жаңа үйлер, қаңылтыр «черепицамен» қаптап тастаған қызылды-жасылды шатырлар көзге түсті. Егін жоқ, маңайдың бәрі көкпеңбек кілем альпі шалғыны. Малды кең жазыққа емін-еркін өргізіп тастап, сірне қымызды сапырып, жамбастап жата беретін қан жайлаудың нағыз өзі!
Ақжайлаудың жазығынан соң қабырғалап аңғалақтай терең шатқа түстік. Одан тау бөктерін бауырлап, қабырғалай ыңыранып өрге шықтық. Қайыра тағы бір кертпеш сайға түсіп, иір-қиыр өзенді жағалап кеттік. Әйтеуір, ойдым-шұңқыр қара жолда көлігіміз шоршып билеп тоқтаусыз келе жатырмыз. Әлдебір түксиген тау тұмсығын айнала бергенде қарсы алдымыздан шет-жиегіне көз жетпестей көгілдір көл жарқ етіп шыға келген. Әйгілі Марқа осы болатын! Көлдің бергі жағалауын жиектеп, иін ағашша иіле созылған Ұраңқай ауылы көрінді.
Біз көліктерімізден түсіп, алдымыздан оқыс ашылып салған мұнарлы панорамаға құмарта үңілдік, қызықтай қарадық. Асутау жоталары мен ақ басты Күршім сілемдерінің арасындағы мол пішілген қазан шұңқырда көкпеңбек теңіз шалқып жатты. Айтары жоқ, Марқаның көркі көңіл суарғандай сұлу екен! Ақындардың сөзімен айтсақ, Өр Алтайдың көз жасындай мөлдіреп, жүректі тербейді. Көксағым көкжиекте асқақ та асау, кербез де керім көсіледі жарықтық. Терістіктегі тау баурайы – шайлаған қалың мал: қора-қора қой, табын-табын сиыр, бірер үйір жылқы жасыл жонда қаперсіз маңғыстап жатыр.
Көл жайында ел аузында алуан түрлі аңыз барын білетінбіз. Солардың бірін ертеректе белгілі балалар ақыны, қазақтың қара өлеңін жинаушы Оразақын Асқар ағамыз жазып алыпты. Ол аңыз мынаған саяды... Осынау ару көлдің орнында баяғыда орасан үлкен аңғар болған екен. Аңғар бойында шөптің нелер түрі андыздай өсіп, самал желмен жап-жасыл жайқалып жатады. Аңғардың орта тұсында сылдырап аққан тастай суық мөлдір бұлақ болыпты. Бірде жергілікті қойшы қазақ әлгі бұлақтың маңайында жайбарақат қой жайып жүреді. Қой ішіндегі жүні қап-қара сүйкімді бір қозы бастаудан су ішем деп, оқыс жарқабақтан құлап, суға күмп беріп қойып кетеді. Қойшы қозыны судан зорға сүйреп шығарады. Сол кезде қозы құлаған жерден бұлақ қайнарының көзі ашылып кетіп, бұрқақтап су атқылай жөнеледі. Атқылаған су күндіз-түні тоқтамайды. Ақыры су бүкіл аңғарға жайылып, сай-саланы, жайқалған шалғынды басып, бір жылдың ішінде айдыны шалқыған аумақты көл пайда болады.
Қазақстандық орыс қаламгері Валерий Михайловтың өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында осы Марқа жеріне талай мәрте келіп қайтқанын білетін едік. Ақын досымыз сол кездің өзінде сексенге иек артқан Петр Минаев деген омарташы шалмен кездесіп, мына бір әфсананы жазып алыпты.
Ерте-ерте ертеде Марқакөлдің шүмегі – Қалжырдың жағасында бір бай қазақ отырады. Байдың үйір-үйір жылқысы мен мыңғырған қойынан жер қайысады екен. Қысқасы, байлығында есеп жоқ, дәулеті кемерінен асып-тасқан, соның арқасында дүйім елге сыйлы кісі болыпты. Байдың аққудың көгілдіріндей бойжеткен жалғыз қызы бар екен. Қыпша бел, қыр мұрынды сұлу қыз тұрмысқа шығатын жасқа келсе де әкесі оны қасынан ұзатпай, ешкімге ыңғай бермей жүреді. Айттыра келген небір жайсаң жігіттердің сағы сынып, үміті өшеді.
Бірде елдің жақсылары мен жайсаңдары бас қосып, бұл өмірде ешкім де мәңгілік емесін, сондықтан жастардың бағын байлау күнә екенін айтып, байға ақыл-кеңес береді. Сөзге жығылған қазақ емес пе, бай ақыры ымыраға келеді, ақылға көнгендей болады. «Бай қызын ұзатпақшы» деген хабар маңайдағы елге желді күнгі өрттей тарайды. Іле көл шүмегін жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігіледі. Жан-жақтан тойшы қауым құйылып келіп, көптен күткен думан-той басталып та кетеді. Бай «күйеу болсам» деп үміттенген жігіттерді тізіп қойып, былай дейді: «Қызым жалғыз болса да мен оның бағын байламай, тұрмысқа беруге келістім. Егер лайық жігіт табылса, қызымнан аянатын түгім жоқ, мынау жайлаудың төрін жапқан малымның да жартысын қызыма қосып бермекшімін. Бірақ қоятын жалғыз ғана шартым бар... Марқа сойып қазанға саламын. Сол марқаның еті піскенше күйеу жігіт мынау көлді атпен айналып шығуы тиіс».
Шартты естіген жігіттер біріне бірі алақтап, саса бастайды. О шеті мен бұ шетіне құс қанаты талатын көлді айналып шығу қайдан оңай болсын, ал марқаның балғын еті «е» дегенше пісе салады. Амал жоқ, «үмітсіз шайтан» дегендей, жігіттер білек сыбанып аттарына қона бастайды.
Осы кезде қырда жүрген қойшы жігіт те шапқылап жетеді. «Байеке, жарысқа қатысуға маған да рұқсат етіңіз!» дейді ол қожайынға жалынып. Мұны естіген жігіттер мазақ етіп қарқылдап күледі, бай болса қатты ашу шақырады: «Мына секілді сабаздармен сайысқа түсу сенің не теңің! Алдыңдағы қойыңа ие бол былай!» дейді ақырып. Бірақ қазылық етіп отырған ел жайсаңдары қойшы жігітке жақтасады. Байдың рұқсат етуіне тура келеді. Қойшы жігіттің баптап жүрген жүйрік құнаны бар екен, бар сенгені сол болса керек. Қойшы сол құнанға қарғып мінеді де, қатарға тұра қалады. Содан, белгі берілген бойда қалың топпен бірге құйғыта жөнеледі. Бәйгеге шапқан жігіттер ілезде қыр асып, көзден ғайып болады.
Буы бұрқырап марқа сойылып, түтіндетіп қазан көтеріледі. Бүкіл атыраптан ақсақал-қарасақал сыйлы қонақтар көп жиналған екен, алқа-қотан отырыс жасап, салқын қымызды сапырып қойып, үлкендер кеу-кеу әңгіме-дүкенге кіріседі. Жастар ойын ойнап, ән шырқап, алтыбақан теуіп көл жағасын күміс күлкіге бөлейді. Арада бір сағат өтеді, екі сағат өтеді. Күн еңкейіп барады, қазанда ет бүлкілдеп қайнап жатыр, бірақ қыр асып кеткен бәйгеден хабар жоқ. Бай аспаздарынан: «Ет қашан піседі?» деп сұрайды. «Әлі шикілеу, жайлауда су тез қайнағанымен ет ұзақ піседі!» деп аспаздар да дәлел айтып міз бақпайды. Шамасы олар өздерінің досы – қойшы жігіттің тілеуін тілеп отырса керек. Екіндіге дейін созады, күн де ұяла қызарып ұясына қонуға тақайды. «Әй, қазандарыңа тас түсіп кеткен бе? Ет әлдеқашан пісетін уақ болды емес пе!» – деп бай ашу шақыра бастайды. «Байеке, сәл шыдаңыз, ет былқылдап пісіп қалды... сүйегіне дейін шайнамай жұтатын боласыз» дейді енді аспаздар жалпылдап. Осы кезде көз ұшында бұлдырап бір қара көрінеді. Әлгі көрінген қара астындағы атын төпелеп құйғытып келе жатқан қойшы жігіт болып шығады.
Жанұшырып мәреге жеткен бойда қойшының астындағы құнаны омақаса құлайды да, кісіней шыңғырып сол бойда өліп кетеді. Осы кезде аспаздар да ет піскенін дүйім жұртқа жар салады. Жиналғандар арасында наразылық, айғай-шу шығады. Сіңірі шыққан кедей қойшы бай мен мырза балаларының бәрін жер соқтырып кеткені қалай? Бай тұнжырап отырып қалады. Тұнжыраса да, өкінсе де – болар іс болды – уәдеден таюға болмайды. Уәде азаматтық арына сын. Бай қызын амалсыз қойшыға қосып, малының тең жарымын бөліп береді. Ел естімеген аламан асыр той жасайды. Бақытқа жеткізген құнанынан айырылса да, қызға үйленген қойшы жігіт зор дәулетке кенеліп, ел-жұртына сыйлы, абыройлы ғұмыр кешіпті. Қазақтың көп ертегілері сияқты, көл туралы жергілікті аңыз осымен аяқталады.
Көлді жиектеп, айналып шығамын десеңіз, қазір де 160 шақырым жол жүруге тура келеді екен.
Мамандар бұл шалқар көл теңіз деңгейінен бір жарым шақырымдай биікте деп жазыпты. Ұзындығы 38, ені 19 шақырым, орташа тереңдігі 15 метр шамасында. Ал ең терең жері 32 метрге жетеді.
Марқакөл – ертедегі мұздық дәуірінен қалған су айдыны деседі. Қалай болғанда да, мынандай жайқын суды бір рет көру, оның уыз көркін тамашалау әр қазақтың арманына лайық секілді... Шындығында, көлдің көз арбаған алапат әсемдігін кезінде әйгілі жиһанкездер П.П. Семенов-Тян-Шанский, К.В. Струве, Г.Н. Потанин, В.В. Сапожниковтар тамсана жазып кетіпті.
Қазақтың төкпе ақыны Иса Байзақов та Алтай табиғатын төгілдіре жырлаған сирек дарын иесі ғой. Ақынның «Алтай аясында» атты көлемді дастанындағы шым-шытырық оқиғалар дәл осы Марқа маңайында, Қалжыр өзенінің жағасында өтеді.
Төл әдебиетіміздің классигі, көркем сөздің тәңірі Жүсіпбек Аймауытов та өзінің әйгілі «Ақбілек» романында Марқакөл табиғатын тамылжыта суреттегіні есімізде: «Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан – Марқакөлі. Марқакөлді арқалаған ақ ауылды Алтай елі. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап, көнек-көнек лақылдайды; қара саба еміздіктеп, қою салқын сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды!».
Қараңызшы, қара сөзбен жырлаған ғаламат сурет емес пе! Бұдан асырып қандай теңеу айтарсың!
***
Марқа маңайын ежелден қазақтың найман мен керей тайпалары мекен еткені тарихтан мәлім. Кейіннен «Жер жаннатын», орысша айтсақ, «Беловодье» іздеген переселендер келіп, бұрқыратып поселкелер сала бастаған. Бала күнімізде Ұраңқайдан біздің ауылға келген Сара деген кемсеңдеген бір кемпірдің әңгімесі еміс-еміс есімде қалыпты... Марқа жерін өріс еткен, көл жағасын қоныс еткен азғантай қазақ едік біз, – деп күрсініп еді кейуана. – Мен алты жасқа толғанымда, арқасында дорбасы бар, иегінде дорбадай сақалы бар, ұзақ жолдың азабын тартып азып-тозған, қайыршыға ұқсаған бір жүдеу кісі келді сүлкиіп. Көзі тұздай, шашы сап-сары, жыртық сарафан киген ұзынтұра әлгі кісіден біз, балалар, өлердей қорқушы едік. Қорықсақ та жасырынып барып, кісікиік кеспірін қызық көріп сығалайтынбыз. Қазақтардың әлгі сақалдыға жандары ашыды ма, тамақ берді, моншаға түсірді, жуындырды-шайындырды. Қысқасы, бір аптадай асырап күтті. Сосын жан шақырып, адам кейпіне келе бастаған кезде оның тілегін орындап, көлдің арғы бетіндегі алыстау бір бұлақтың жағасынан жер кесіп берді. Келесі жылы қарасақ – әлгі тентіреп келген келімсектің әйелі, шулаған бала-шағасы бар екен, төбесінен түтінін будақтатып, жарқабақтың бүйірінен жертөле салып алыпты. Енді бір жыл өткенде бұлақ жақта қаба сақалдылардың қарасы көбейе бастаған. Содан қарағайдай қаптаған қаба сақалдылар маңайдағы орманды қынаша қырды, күндіз-түні тықылдатып балта шабумен болды, әр тұстан қарайтып қарағай үйлер көтере бастады. Арада бес жыл өткенде Еловка деген поселке пайда болды.
Шығыс Қазақстанның Шемонайха маңында туып-өскен орыстың аса көрнекті жазушысы Георгий Гребенщиков қазақтардың ата-баба жерінен қалай қуылғанын, сөйтіп өгей баланың күнін кешкен зұлмат заманды жеріне жеткізіп жазып кеткен қаламгер. Жазушы өткен ғасырдың басында өзі сол дауылды да, зауалды жылдардың бел ортасында жүрген, куәсі болған. Переселендердің алдымен қазақ жеріне сынылап кіріп, соңынан мылтықтың күшімен шұрайлы жер, құнарлы мекеннің бәрін зорлықпен тартып алғандарын көзбен көріп, көңіліне тоқыған. Жер ғана емес, азаматтың малсыз, арғымақтың жалсыз қалған сол жылдарын жазушы өзінің повестері мен әңгімелерінде асқан шындықпен суреттей білді: «Эта деревня появилась здесь как-то вдруг, неведомо когда и откуда. Лишь не многие из киргизов видели, что года три-четыре назад здесь появился громадный серый обоз из телег и бричек, нагруженных домашним скарбом, засаленными мешками, старыми столами и грязными люльками… Людей было много, и они показались киргизам грязными и злыми, с тягучей русской бранью и крикливыми ребятишками. Приехали эти люди ранней весной и сразу же стали пахать цельную девственную степь, живя под телегами и под открытым небом. Потом косили и ставили огромные стога сена, а когда прошла страда и появилась на гумнах солома, они намешали ее с глиной и выложили низкие, подслеповатые избушки… А теперь уже выросла целая деревня, в которой было несколько деревянных изб с тесовыми крышами. За последнее же время вырос из соломенных кирпичей огромный дом, покрытый железной зеленой крышей. Время шло, и шли незваные гости, числом все больше и больше. Наехали чиновники, молодые и сердитые, наставили столбов, и в привольной киргизской степи закопошилась новая, чуждая кочевникам жизнь. Киргизы оказались как бы загороженными в своих извечных просторах внезапно вырастающими новыми деревеньками...».
Тағдыры талай мәрте тарихтың тәлкегіне түскен Марқа жерінің өткені мен бүгіні жайында кітаптар мен зерттеу еңбектер баршылық. Солардың соқталысы – ХХ ғасырдың басындағы атақты шайыр, Зайсанның тумасы Арғынбек Апашбайұлының отты жырлары дер едік: «Құзғынды мен Жайдағым, жайлаушы еді аймағын. Қаратай мен Саржомарт, мекендеген найманым. Ойлағанда іш күйер, Алтайдың қызық сайранын. Ерік өзіңде тұрғанда, емін-еркін жайладың. Қазақ халқы сол тұста, шалқып өсіп жайнадың. Ата мекен жеріңнен, қасірет болды тайғаның. Қалам алсам қолыма, ойыма түсер қайдағым...». Сол Арғынбек ақын тағы: «...Бұл өңірде орыстар игермеген сала жоқ. Төлетеді күнде мал, бермеймін деуге шара жоқ. Орыс атып өлтірсе, қимылдауға шама жоқ... Қайсы бірін айтарсың, жүректе жатқан нала көп!» деп замана зорлығынан запыран құсып, зар илеп кетіпті.
Марқаның елі мен жеріне кешегі Кеңес дәуірінде де қатер төнген кездер болыпты. Волюнтаристік биліктің ол заманда кемелдене толысып, шырқау шегіне жеткені мәлім... 1974 жылы Алтайда алапат құрғақшылық болып, орман алқаптарының көп аймағы өрт құшағында қалған еді. Шабындықта сарғайып шөп шықпай, егістік алқаптарда дәнді дақылдар күреңітіп күйіп кеткен. Тіпті, ауылдағы адамдарға дейін қақалып-шашалып, көк түтіннің ішінде қалғанына біз де куәміз. Сол таңдайды кептірген аптап жазда ауданның бір басшысының басына Марқакөлден ағып шығатын жалғыз өзен – Қалжыр есіне түссе керек. Өзеннің көлден шығар шүмегінің арнасын кеңейтіп, түбін тереңдетіп, ақтарып молырақ су алмақшы болады. Сол сумен аңқасы кеуіп, құрғап жатқан егістік алқаптарды суғару туралы «ғаламат идеяны» жүзеге асырмақшы болады. Сөйтіп, бұл іске бел шешіп, білек сыбанып кірісіп те кетеді. Дереу биіктегі Қалжырдың сағасына бір топ жұмысшыларды аттандырады.
Сол кездегі орман шаруашылығының директоры А.А. Чириков деген кісі бірде шаруашылығын аралап, көл жағалап келе жатса, Қалжырдың бойында екі бульдозердің бұқадай өкіріп, тұрбасынан түтіні күркілдеп жарқабақты қазып жатқанын көреді. Арнайы бұрылып барып, жұмысшылардан жөн сұраса – «бастықтардың бұйрығы, шаруаң болмасын» деп трактористер бет бақтырмайды. Бір сұмдықтың боларын сезген директор шапқылап кеңсесіне келіп, атой салып Алматыға телефон шалады. Сәті түскенде, оның зары бүйрекбет бітеуге емес, құйма құлақ біреуге жетіп, астаналық лауазым иелерінің араласуымен әлгі жөнсіздік дереу тоқтатылған екен.
– Ал, шын мәнінде тау басындағы алып көлді ағызып жіберсе не болар еді? – деп қайран қалады бұл оқиғаны естігендер. – Бір жарым шақырым биікте жатқан Марқакөл ақтарылып құлар болса – етектегі бейбіт елді бір-ақ сәтте топан сумен шайып кетпес пе еді! Көл құласа – егін суғару қайда – бүкіл егістік алқаптар лай батпақ пен қой тастардың астында қалатынын әлгі бастық ойлады ма екен! Ең өкініштісі – қазақ жерінде Марқадай ғажайып көл мәңгі-бақиға құрып кетер еді-ау! Дариғай десеңші, Құдай-тағала расында да бізді адам сенбес алапат қатерден сақтаған екен!
Тарихтың осы секілді тарпаң тағлымынан соң тағы да Алла берген Тәуелсіздігіміздің қадірін түсінгендей боласың! Шүкір дейік, азаттықтың арқасында бүгінгі таңда қазақ өз жеріне өзі ие болып, үзілген үміті жалғанды, езілген есесі көтерілді, асыл арманы орындалуда.
Қазір Оңтүстік Алтайдың тұмса табиғатын бүгінгі ұлт мұраты, ертеңгі ұрпақ мүддесі үшін сақтау мақсатында Марқакөл мемлекеттік қорығы қайырлы жұмыс істеп жатыр.
***
Марқаның көліне үлкенді-кішілі 95 өзен мен бұлақ қосылып, жалғыз ғана Қалжыр өзені ағып шығады. Балық уылдырық шашар маусымда көп бұлақтың бәріне шыға бермейді, арнасы терең, суы молдау өзендерге ғана өрлейді. Балық өрлейтін ондай 27 өзен бар екен: Теректі, Ұранқай, Мылтықбай, Самырсынды, Баяусу, Тасбұлақ, Матабай, Жиренбайтал, Қарабұлақ, Байпақ, Құндызды, Бөкенді, Шілікті...
Марқада ерінбеген жанның бәрі балықшы. Балық күнделікті дастарқан мәзірінің міндетті әрі дәстүрлі тағамы. Көнекөз қариялар көп жылдан бері көлдегі лосось текті «ускуч-ленок» (қазақша «майқан» деп атайды) дейтін балықтың ұсақтап кеткенін қынжыла сөз етеді. Оның басты себебі – балықты жөн-жосықсыз аулауда жатыр деседі... Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін балық уылдырық шашар көктем айларында іргедегі Қытайдан бастап, сонау Бийскіге дейінгі мұжықтар Марқа жаққа сабылған екен. Ол мұжықтар балықтың табиғи өсуіне мұрсат бермеген, жүрер жолын кесе көлденең бөгеп, сүзекі-аумен суда түк қалдырмай сүзіп алып отырған. Содан соң ішін жарып, тонналап уылдырығын ғана жинап, балықтың өзін ірітіп-шірітіп, жағалауда тастап кете баратын болған. Осылайша, балықтың тұқымы азып қана қоймай, мүлдем құрып кетудің аз-ақ алдында қалған. Қазіргі майқан 1–2 килограмнан аспайды деседі. Ал, жазба деректерде – қырқыншы жылдардың соңында 12 килограмдық майқан ұстағаны айтылады. Одан бұрынырақта бір қайықшы көл бетінде қайқаңдаған зор майқан балығын ескегімен соғып алыпты. Ол балық 16 килограмм тартыпты деседі.
Марқа жеріне 1907 жылы келіп, зерттеу жүргізген Н.И. Яблонский деген орыс саяхатшысы өзі көрген бір жиіркенішті оқиғаны жазыпты... Саяхатшы бірде жолсерігімен аты жоқ кішкентай өзеннің бірін жағалап келе жатады. Бір заматта маңайды сасытқан жаман иіс мұрындарына келеді. Жолсерігінен «бұл неткен өткір иіс» деп сұрайды. Жолсерігі «өлген балықтың иісі ғой» деп немқұрай ғана жауап береді. «Ол не қылған өлген балық?» деп таңданады саяхатшы. «Көктемде кейбір балықшылар суды бөгейді де, балықты түгел алмайды, бөгеген ауды да жинамай тастап кетеді. Содан су тартылған кезде балықтар көлге қайта алмай қамалып, қайраңда қырылып қалған ғой». Саяхатшы қолқаны қапқан сасық иіс шыдатпай бара жатса да, бұрылып әлгі жерді көргісі келеді. Үйіліп жатқан бір топ балық шығар деп ойлайды. Сөйтсе, көргені ойлағанынан да сұмдық болып шығады... Бір кездегі иірімнің іші толы іріп-шіріп жатқан аткөпір балық. Суы баяғыда тартылып қалған, төменгі жағы – балықшының бөгеті, өзен арнасына көлденең тартып тастаған сүзекі-ау. Құрғаған иірімдегі балықтың саны жүздеп емес, мың-мыңдап саналады. Мұндай жексұрын көрініске қарап тұруға, тіпті жүрек құрғыр дауаламайды екен! Адамдардың табиғатқа деген аяусыз немкеттілігін, осыншалық оңбағандықты көрген саяхатшы қатты қиналып, бірнеше күн ұйықтай алмай жүріпті.
***
Марқадағы арналы өзеннің үлкені – Теректі. Тастан тасқа секіріп, таудың таз биігінен құлап аққан асау өзен. Қашан көрсең алқымынан дем алып, бұрқ-сарқ қайнап жатқаны.
Теректі өзені құлаған таудың үсті құйқалы жазық, кер жайлау, алуан гүлшөпке малынған альпі белдеуі. Өзен өзінің басын мәңгі мұздықтардан алады да, жайлаудағы жазықта момақан жылжып, жайылып ағады. Көлден шыққан балықтың қалың керуені уылдырықты әлгіндей жайылма суларға шығып шашады.
Осы сапарымызда Алтайда адам ғана емес, аюдың да балық аулайтынын естіп, жаңалық ашқандай болғанбыз... Аляска мен Камчаткада сарқырмада тұрып балық қақшыған аюларды теледидардан талай мәрте тамашалаған едік. Бірақ...
Сөзден сөз туып, Нүркен Көпжасаров деген марқакөлдік азамат өзі куә болған бір қызық жағдайды есіне алған. Ол ініміз мұрнағы жылы жазғұтырым жайлауға бара жатып, Теректі өзенінің басында әр тұста шоқиып балық аулап отырған үш аюды көріпті. Аюлар жағалауда қимылсыз суға телміріп тұрады да, қарғып барып балықты бас салады екен. Енді біреуі шалпылдатып, суды бойлап балықты қуалап ойнап жүр дейді...
Нүркен ініміздің сөзіне сенер-сенбесімізді білмей жүргенде, Алтай жайындағы көп кітаптардың бірін ақтарып отырып, мынадай бір дерекке көзіміз түскен: «Не одни люди, жадные до добычи, спешат в это время года к Маркаколю; спешит туда и медведь, так сильно любящий полакомиться рыбой, да еще и на голодный желудок, после долгой зимней спячки к тому же. В очень большом количестве собирается этот зверь весною к Маркаколю и пренахальнейшим образом бродит по его берегам, вокруг всего озера, старательно разыскивая ямы с рыбой. Чем богаче та или иная ямина с рыбой, тем большее число медведя бьется около нее».
Қазақ жерінің біз бұған дейін ешкімнен естімеген, білмей келген бұл да бір құпиясы болды.
Жергілікті кәсіпкер Сергей Бердюгин Марқакөлде майқан балығын аулау ісі ертеректе кәсіптік деңгейде болғанын, сол үшін арнайы мекеме жұмыс істегенін сөз еткен. Әлгі мекеме аулаған балығын баптап, қаптап, мөрлеп, жылына бірнеше мәрте Санкт-Петербургке, ақ патшаның дастарқанына жіберіп отырыпты. Жазба құжаттарда 1911 жылы көлден 135 тонна балық ауланғаны жайында дерек бар. Кеңес кезінде көлден балық аулау кәсібі Зайсан балық комбинатының құзыретінде болған. Алғашқы кезде олар 20 тоннадан, кейіндері 15 тоннаға түсіп, ал Марқакөл мемлекеттік қорығы құрылған жылдардың алдында 8–10 тоннадай ғана балық аулап отырыпты.
***
Ұраңқай ауылында бізді Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Бектембаев деген елгезек ініміз күтіп алған еді.
«Барар жеріміз әлі алыс» деген соң біз дастарқан басында ұзақ отырмадық, аздап жүрек жалғаған соң, аялсыз тағы жолға шығып кеттік. Ендігісі Марқакөлді артқа тастап, ат арытып арнайы іздеп келе жатқан белгісіз өңірге бойлай бергенбіз... Өркештенген тау сілемдерінің арасы ел көшкендей кең, далиған аңғар екен. Бұл өлке жайында таңдай тақылдатқан талай мақтауларды естіп едік, соған көзіміз де, көңіліміз де иланғандай. Шын мәнінде қазағымның байтақ жері, киелі төрі осы ма дегендейсің. Алматыдан шыққаннан бері көргеніміз – жөргектей сарғайған сайын дала, құйын үйіріп, сағым ойнаған жапан түздер еді. Жаздың ортасы болмай жатып жер жаннаты Жетісудың өзі бозаң тартып, Аягөздің ақшулан тегісінің шаңы шығып, сары жұрт болғанына көз жатырқап, көңіл шіркін құлазыған. Мынау алап көктемедей көгереді, жап-жасыл боп бусанып жатыр, желегінің хош иісі танау жарады, төңірек шіркін шешек атып жайнап тұр.
Құлағыма кеше ғана Теректіде естіген ақын-сазгер Нәбиолда Кемешевтің ән әуені келгендей болады: «Ойпырмай, қарашы-ай, жасыл кілем даласы-ай, бойыңды баурап сергіткен, Марқакөлдің ауасы-ай!».
Расы солай екен, басыңды үнсіз шұлғып, көркем теңеудің қай-қайсысын да мойындауға мәжбүрсің.
Бұл жақтың жолы манадан бетер болып шықты: қой батпақ, ойдым-шұңқыр, сықырлаған қиыршық. Ырғатылып билеген, секіріп-селтеңдеген «уазикпен» сапар шеккенімізге сағат жарым уақыт өткенде теңіздей толқыған шалғын бетінде баяу жүзіп бара жатқан алғашқы ауыл нобай берді. Шалғынды жазықтың арғы жиегі түнерген орман, түксиген түкті таулар. Тура жолдан қиыстау қалып бара жатқан бұл ауылды жолсеріктеріміз «Бұғымүйіз» деп таныстырған. Бәрі де қарағайдан «сібір стилінде» салынған еңселі сұп-сұр үйлер. Көбісі мүк басып ескірген, терезелері үңірейіп бос тұрғандары да байқалады.
Бұралаң жолда тағы сағатқа жуық уақыт ұтқызып, кештетіп Төсқайың дейтін ауылға іліктік. Жол ауырлығын қатты сезгендейміз, қонар жерімізге құлап түстік.
– Асфальттің бізге керегі шамалы! – деді біздің шаршағанымызды байқаған Әлижан ініміз. – Асфальт түссе – қаланың халқы құмырсқадай қаптай ма деп те қорқамыз. Сосын мына тамылжыған табиғат ұзаққа бармай құриды. Әзірше құдай тағала бізді өркениеттің қаупінен сақтап тұр!
Әкім сөзінің астарынан біз әдемі әзілді де, құдай салды, біз көндік дейтін шырылдаған шындықты да аңғарғандай болдық.
***
Ертеңінде ертемен жол талғамайтын көліктерге мініп, ат тұяғы сирек түсетін мынау жұмбақ өңірмен жақынырақ танысуға аттандық.
Марқа жерінде жеті Қаба бар екен. Жетеуі де суы мол, Алтайдың ақбас мұздықтарынан нәр алған, ақ көбіктеніп самауырдай қайнап жатқан асау өзендер. Жігіттер жетеуінің де аттарын тізіп берген: Қарқаба, Аққаба, Арасанқаба, Темірқаба, Буыршынқаба, Данақаба, Жаманқаба.
– Қазақ жер мен суды «жаман» демеуші еді ғой? Неге «Жамақаба» деп аталған?
– Ол өзеннің ежелгі аты «Сармөңке қаба» болыпты. Бірақ адам шығыны көп бола бергеннен кейін алдымен «Қандысу» боп, кейін «Жаманқаба» аталып кетіпті.
Осы Қабалардың жетеуі де қазақтың жерінен басталып, соңынан небір шатқал-сай, жыныс орманды көктей тіліп, бұраң қағып Қытайға өтіп кетеді екен. Ол жақта жетеуі бір арнада табысып, бір дереде тоғысып, арқыраған алып өзен – Қара Ертісті құрайды. Қара Ертіс көрші елде бірер иін жасап ентігін басады да, шыр айналып Қазақстанға қайта кіреді.
Шүкіршілік, Қабалардың аттары алаңы көп алмағайып замандарда құбылудан да, құрудан да аман қалыпты. Ал, елді мекендер талай мәрте өзгеріске түскенін естідік. Кезінде колхоздар мен совхоздарға Молотов, Каганович, Ворошилов, Калинин аттарын беру үрдісін осы Марқа өңірі де бастан өткеріпті. Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде солардың көпшілігіне ежелгі атаулары қайтарылып жатқан көрінеді. Сөйтіп, қазіргі кезде Успенка – Ақжайлау, Сорвенка – Бұғымүйіз, Бобровка – Төсқайың, Владимировка – Балықтыбұлақ, Орловка – Шанағаты болып қайта аталған.
– «Уранхайка» атауын өзгерту ойда бар ма? – деп сұрадық біз.
– Ол мәселе де бірнеше рет талқыға түсті, – деді Әлижан. – Ұраңқай деген ел – тува халқы ғой. Олар да біз секілді түркі жұрты, туысқанымыз. Сондықтан оны өзгертудің қажеті бар ма дегендей де пікірдеміз.
Күршім ауданындағы жер мен судың ежелгі атауларының қайта қайтарылуына мұрындық болған аудан әкімі Алтайбек Сейітов «ускуч», «хариус» деген балықтардың да қазақ сөзінен шыққандығын айтып, бізді қайран қалдырған.
– Марқакөл – қазақтардың ертеден бергі жасыл жайлауы, жайлы қонысы, – дейді Алтекең. – Көл тереңіндегі лосось туыстас балықтар маусым туа тау кіндігінен құлап аққан бұлақтарға уылдырық шашуға шығады. Күркіреп аққан тау суында не көп, сарқырама көп. Балық жазғанда басқадай амал жоқ, биіктегі жайылма суларға жету үшін тастан тасқа қарғып-шоршиды, сарқырамаға қарсы екпінмен секіріп ұшады. Сол көріністі сырттан қызықтаған қазақтар оны «ұшқыш балық» атап кетіпті. Кейін келген жиһанкездер әлгі сөзді өз тілдеріне қарай икемдеп, «ускуч» деп жазып жіберсе керек.
– Ал, хариус ше? Біз ғана емес, күллі Сібір алабы бұл балықты осылай атайды ғой? – деп біз қасымызды керіп, күмән келтіргендей болдық.
– Оның рас! – деді Алтайбек. – Сібірдің жарымы – якуттан бастап, долған, шор, тофа, хакас, тува, алтай халықтарына дейін түркі жұрты екені белгілі. Сондықтан хариус та – «қара ауыз» деген түркі сөзінен шыққан. Байқасаңыз, бұл балықтың аузы да, жон арқасы да қап-қара.
Төсқайыңның байырғы тұрғыны, бүгінгі қарақұлақ қарияның бірі Карлхан Бектембаев ағамыз осыдан бірер жыл бұрынғы мына бір жағдайды тілге тиек еткен.
2008 жылы жазда құрғақшылық болып, шөп көктемей жатып қурап, жер сарғайып күйіп кетеді. Алтайдың омырауынан саулап аққан сансыз бұлақ шілде туа кеуіп қалады. Қырсыққанда, сол жылғы қыс та тосын мінез танытып, көк аспанды қақыратқан қытымыр суық түсіпті. Күндіз-түні толассыз қар жауып, жерді жапқан қардың қалыңдығы үш метрден асып кетеді. Толассыз жауған қар ауылдың аузы-мұрнын мақау бітеп, үйлердің бәрін шатырымен қоса басып тастайды. Көше жабылып, жүріс тоқтап, көршілер біріне бірі қар астындағы үңгір арқылы қатынапты. Даланың тұяқты аңдары – марал мен елік топ-тобымен қырылып, тірі қалғандары қарға малтығып ауылдың қара-қопсысын паналапты. Қыстың соңы нағыз ақсирақ жұтқа айналып, ауылдағы ағайын сол жылы ілдалап қу жаны әзер шығыпты.
Осындай төтенше жағдайды көптен білетін, бастарынан кесапат қиындықтың талайын өткерген бұл өңірдің халқы құрық мініп қапы қалмас үшін алдағы қысқа дайындыққа көктем шыға – қар кетіп, күн жылына кірісіп кетеді екен. Мұндағы ағайын ондай қарбаласты орыс тілінде «Северный завоз» десетінін айтты. Артынып-тартынып неше мәрте етектегі ел жаққа барып, әр отбасы 10–15 қап ұн, бірер қап қант, бірер жәшік шай, сосын тұз тасып, «лабаза-қоймасына» жинап, қазан туа алақанын қағып сақадай сай отырады. Әсіресе, қыстық жылы киім-кешекке ерте бастан қамданады. Мал басын аман сақтау үшін де жазда жеткілікті шөп шауып, күз түсе оны қораға тасып алу міндет. Отынды да мол етіп күн жылыда жинап алмасаң – сегіз айға созылар суықта күнің қараң. Қыста етектегі елге бастар жалғыз күре жол тас жабылып, «үлкен жермен» айлатып хабар-ошарсыз қалатын кездер жиі болып тұрады. Алғашқы қар жауған күннен – келесі көктемге дейін қарға адым шыға алмай, байланыссыз қор болған жылдар да есте. Ондайда қол ұшын берер, қолтықтан демер көмек жоқ. Жүрек жұтқан кейбір азамат іргедегі Ұраңқайға барамын деп, ақыры торғайдай тозып, жарым айдан соң сүйретіліп әзер жетіпті. Көрдіңіз бе, ару Алтай, ажарлы Алтай, асқақ Алтай кейде осындай да шамшыл, қатыгез, мейірімсіз болады екен.
«Ресми түрде» жеті ай қыс, үш ай лайсаң, екі ай жаз болатын бұл таулы өлкеде «монша культі» барын байқадық. Қара монша әр үйде бар, дәулетті ағайыннан еуростильде жарқыраған фин моншасын да кездестіресіз. Қалай десек те, марқалық ағайын моншаны тағдыршешті проблема ретінде түзу жолға қойып, бұл шаруаға асқан жауапкершілікпен қарайды екен.
Әңгіме үстінде моншаға қатысты бір этнографиялық детальға көңіл аударуымызға тура келген... Әдетте монша атаулының баршасына тас жинайтыны белгілі. Марқалықтар ондай тасты іздеуге таң қараңғысынан аттанып, жылға мен сайды тентіреп кетеді екен. Көбінде суы тартылған жылауық бұлақтың табанын тінтеміз деседі. Көкжиектен күн қылтия малта тастар таңғы шықпен жалтырап шыға келеді. Моншашылар ондай жалтыраған тасты емес, таңғы шықты бойына жолатпаған, өздерінің айтуынша, «матовый» тастарды тереді. Өйткені ондай малталар күні бойы күн сәулесін бойына сіңірген, сөйтіп мол жылу жинаған, таңғы шықты ілезде кептіріп жіберген ерекше тастар. Мінеки, осындай тастар ғана моншаға лайық, олар ыстықты өз бойына тез қабылдайды әрі оны ұзақ уақыт сақтай алады.
Мінеки, қара табан, қара жон шаруаның өмір тәжірибесінен туған бұл да бір бізге керек әңгіме болды.
***
Біздің көпшілігіміз паронормалдық құбылыстарға сене бермейтініміз рас. Ол мәселеде көпшілігіміз материалистерміз – Кеңес заманынан қалған атеистік тәрбиенің сарқыны. Әлдебір санаға сыймас құбылыстарға күдікпен қарайсың, көзің жыпылықтап, айтушыға сенбестік танытасың. Алайда, осындай әңгімені өзің көптен жақсы білетін, ауа сөйлемейтін, ортаға сыйлы, мінезі орнықты азаматтардың аузынан естігенде – екідай күйге түседі екенсің.
Әсте мақтануды білмейтін, ойын өлшеп, сараң сөйлейтін, өмірінің көп бөлігін тау мен таста өткізген табиғаттың бел баласы, бүгінде Берел мемлекеттік табиғи қорық-мұражайының директоры Ерен Жұмағұлов та бірде ақылға сыймайтын одағай әңгімені бастағаны бар.
– Әр жылы қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні, сағат тура 12-де мен шелекпен барып өзеннен су аламын, – деген еді Ерен дос. – Бұл православиенің «крещенские морозы» деп аталатын мейрамының уағы. Ол суды орыс ағайын «святая вода» деседі, қазақша «мүбарак су» дегенге саяды. Расында да, сол түні алған суда бір қасиет барын көптен бері байқап жүрмін. Әсте ескірмейді, иісі шығып борсымайды. Жыл бойы сол қалпында тұра береді.
Осы мағынадағы әңгімені Төсқайыңның әкімі Әлижан Бектембаев ініміз де айна-қатесіз қайталап берген. Ерен Катонқарағайда, Әлижан Марқакөлде, бірін бірі өмірі көрген жандар емес. Тек Әлижанның қосқаны – су алуға барған адам бұрылып соңына қарамауы тиіс. Өзенге барғанда да, қайтқанда да жақ ашпау керек, сөйлемеу керек.
– Мен биылғы жылы «святая воданың» жанына дәл сол өзеннен кейінгі бір күндері әкелген суды қатар қойдым. Өзімше тәжірибе жасап, шындыққа көзімді жеткізгім келді. Міне, қызық! Жай су арада бір ай өткенде иістеніп бұзыла бастады. Ал «святая вода» сол қалпы, ішсең сол күйінде – сұп-суық, танауың ашылып, көзің жарқ ете қалады.
Әлижан Төсқайың ауылында тұрған Анфиса Овчиникова деген «старовер» әйелді құрметпен еске ала отырып, жаңа бір әңгіменің басын шығарған... Марқұм ол әйел осы маңайға аты шыққан «знахарь-дуагер» болыпты. Ала жаздай тау мен тас, сай-саланы тентіреп, күйбең қағып дәрілік шөптер жинайды екен. Содан қыс бойы әлгі жинаған шөптерін кептіріп, бұрқ-сарқ қайнатып, нілін бөліп, ауылдастарын емдеумен айналысқан көрінеді.
– Егер жылқы мен сиырды жылан шақса – ол ұзаққа бармайды, оны жазар ем жоқ, ұзаса екі тәулікке жетер-жетпесте өліп қалады, – деді Әлижан.
– Бірде менің атым ақсап, жүні жығылып мөлиіп қалды, – деп ол әңгімесін жалғастырған. – Өзім мал дәрігерімін ғой, домбыққан тірсегін сипап көріп, жылан шаққанын білдім. Арнаулы жоғары білімім болса да менің қолымнан жылқыны емдеу келмеді. Не істеу керек? Анфиса апамыздың дуагерлігі есіме түсіп, сол кісіге жүгірдім. Естігенім бар, баяғыда ол апамыз көршісінің жылан шаққан сиырын жазыпты дегенді... Міне, ғажап, апай күбірлеп бірдеңе оқыды, аттың аяғын сипалады, үшкірді. Сенесіз бе, жоқ па, содан сүлкиіп өлгелі тұрған атым екі күнде құлан таза жазылып кетті.
Марқаның елі мен жерін аралаған сапарымызда тағы бір ұққанымыз – әлдебір қиын жағдай болмаса, тіршіліктің қоңыр күйін күйттеген қарапайым жұрт дәрігер дегенді оншалықты іздей қоймайтын сияқты. «Үкіметтің дәрі-дәрмегін көп пайдалана бермейміз, оларды сатып алатын дәріханамыз да жақын маңда жоқ» деп ақталысты.
– Тілін тапсаң табиғат жарықтық мейірімді, атымтай жомарт, – дейді олар. – Тани білсең, төңірек толы дәрілік шөп, орнымен, ретімен пайдалана білсең – мінеки, дәрі де, дәрмек те сол. Өзің білмей жатсаң – старовер кемпірлерден сұрап ал.
Біздің көзіміздің жеткені – кемпірлер ғана емес, кейбір малшы азаматтар да, от басы, ошақ қасындағы әйелдер де қандай шөп неге дәру екенін үйреніп алған секілді. Білмей жатқанын білетіннен сұрап, өздерін де, балаларын да шөпдәрімен емдейтіндерін жасырмады. Құдайға шүкір, ауылдастардың бұндай балгерлік әрекеттері әзірге нәтижесіз емес те секілді.
Сапарлас серігіміздің біреуісі қызыға отырып, қымыздан көбірек тартып жіберді ме, асқазанын алай-дүлей бұзып алсын. Біз қарманып қапшықтан «үкіметтің» түймедәрісін іздеп жатыр едік, Әлижан ініміз «оған әуре болмаңдар» дегендей ишара жасаған. Аяңдап қыр жаққа шықты да, айналасы 15–20 минуттың ішінде бір уыс шөп жұлып алып келді.
– Мынау «скрипун» деген шөп, – деді қолындағысын желпілдетіп. – Қазақшасы қалай екенін білмеймін. Осы шөпті бүгін үш уақ жесеңіз – жетіп жатыр.
Солай болды да. Серігіміз сол күні уыстап, күйіс қайырғандай үш мәрте шөп малжаңдап еді, ертесінде түк болмағандай дыңғырап шыға келген. Содан кейін сабат сусынды қаншалықты сімірсе де былқ еткен жоқ.
Кейін Орман шаруашылығы сөздігінен қарап едік, «скрипунның» тағы бір атауы – «заячья капуста» болып шықты, қазақшасы «күрең бозкілем» деп аударылыпты.
Горно-Алтайск қаласында тұратын биология ғылымдарының кандидаты Алтынай Әшімова староверлердің, қазақтардың, алтайлықтар мен төленгіттердің шөппен емдеу тәсілдерін біраз зерттеген білікті маман. Алтынайдың пікірінше, шөппен емдеу – Алтай жұртында халықтық терапияның ежелден бергі дәстүрлі бағытының бірі. Өздерін қоршаған табиғатты бақылай жүріп, олар өсімдіктердің қасиеті туралы білімдерін ұдайы жинақтап отырған, оларды жылма-жыл толықтырып отырған. Сөйтіп, ғасырлар бойы емдік шөптерді теру тәсілдерін, кептіру мен сақтау амалдарын, сондай-ақ оларды «қолдану ережелерін» ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізген.
Жергілікті халық емдік шөптерді әлгі өсімдіктің қай бөлігі шипалы екеніне байланысты дайындаған. Шөптердің бірінің тамырын қазып алса, келесі бірінің жапырақтарын немесе гүлдерін терген. Ағаштардың жемісі ғана емес, қабығынан да алуан дәрі жасаған. Әдетте, жапырақтарды гүлденудің алдында жинаған. Ал жердің астындағы тамырды, түйіндерді – өсімдік бойында шырын қозғалысы тоқтағанда – күзде немесе ерте көктемде қазып алатын болған. Қабығын – керісінше, шырыны толықсып бойында тұрған шақта, яғни көктемде, тұқымдары мен жемістерін – әбден пісіп жетілген кезде жинаған.
Тағы бір естігеніміз – Алтайда емдік шөптерді ай жаңарғанда ғана теріп, дайындайды екен. Өсімдікті құрғақ ауа райы жағдайында, түс мезгіліне таман, шық бәсеңдегенде жинау керек деседі. Жиналған дәрілік өсімдіктерді құрғақ, желдетілген шатыр үстінде бұлтты күні кептіреді. Соңынан оны мақтадан жасалған қапта, картон немесе ағаш қорапта сақтайды. Емдік дәрілер ішу үшін – қайнатпа, тұнба, ұнтақ түрінде, ал сыртқы дене үшін – булау, тарту, компресс түрінде пайдаланады.
Алтайда күнделікті өмірде емдік шөптерге үлкен маңыз беріп, оларға құрметпен қарауға, ұқыпты сақтауға үйрететінін естідік. Ең бастысы – емге қанша қажет болса, шөпті албаты рәсуа етпей, сонша мөлшерде ғана дайындап отырған. Жалпы, табиғатпен үйлесім жағдайында өмір сүріп жатқан тау жұрты балаларды жастайынан шөпті бей-берекет жұлмауға, ағашты себепсіз сындырмауға тәрбиелеген.
Шоқан Уәлихановтың кадет корпусында бірге оқыған досы, кейіннен Сібірді зерттеген ориенталист-ғалым Григорий Потанин «маралтамыр» деп аталатын шөптің 14 түрлі дертке шипа екенін 1879 жылы жергілікті жұрттың аузынан жазып алыпты. Бұл асыл шөп адамды дертінен айықтырып қана қоймай, жасартып та, жаңғыртып та жіберетін көрінеді. Маралтамырдың, жалпы, адамның денесін сергітетіні, жұмыс қабілетін арттырып, ағзаның төзімділігін күшейтетіні медицинада баяғыдан белгілі. Оның «маралтамыр» аталатын себебі – маралдар күзге қарай күйекке түсер мезгілде осы шөптің гүлі мен жапырағын жұлып, тамырын тұяғымен қазып жейді екен. Марал ғана емес, бұл шөп ер адамға да күйлі қуат береді, тыңнан күш қосады деседі.
Алтайдың шипалы шөптеріне біздің қызыққанымыз соншалық, орысы бар, қазағы бар, кездескен жұртты әңгімеге шақырып, суырылған сұрақшыл болып алдық. Расын айтсақ, олармен сұхбатта шөп жайындағы аздаған біліміміз кәдімгідей толығып, біршама мәлімет жинағанбыз. Мысалы, дәрілік шөптердің ішінде, әсіресе, женьшень туысына жататын «алтын тамыр» көп мақталды... Сирек кездесетін бұл өсімдік биік беткейлерде плантация-плантация болып өседі. Оның алтынға ұқсас сап-сары тамырын қазып алып, адам ағзасы әлсірегенде, қатты шаршағанда қайнатып, компот сияқты ішеміз дейді. Алтын тамыр, жалпы, адамның көңіл-күйіне мықты әсер ететіні, жүрек-қан тамыры жұмысын жақсартатыны медицинада баяғыдан белгілі.
Кейбір балгерлер кәдімгі аршаның дәнін қайнатып та дәрі жасайды екен. Аршаның тұнбалары несеп айдайтын, өт айдайтын дәрі ретінде жұмсалады. Оның жапырағын қайнатып жүректің жұмысын жақсарту, қан қысымын реттеу үшін, сондай-ақ шошынғанда ішкізеді дейді. Баданның жапырағымен жараның іріңін сорып алады. Қалақайды ұнтақтап турап, араққа салып езгеннен кейін адамның арқасына жағып, ревматизм, остеохондроз, құяң ауруларына пайдаланады. Шайқурай – шай үшін ғана емес, сонымен қатар ол асқазан, ішек, жүйке ауруларын емдеп, қан тоқтата алады. Ал, маңқашөп деген өсімдік жылқыда болатын қиын дерттің бірі – маңқа тигенде таптырмас дауа екен. Оны алдымен ұнтақтап турайды, сосын дорбаға салып, аттың басына іліп қояды. Көп өтпей-ақ, аттың маңқасы өзінен өзі ағып түсіп қалады. Ат жазылған соң дорбаны ішіндегі шөбімен қоса алысқа апарып өртеп жібереді. Балқарағай шырынымен туберкулезді, бүйрек пен өкпе ауруларын, несеп түтігін емдейді. Шұғылықтың тамыры да, шөбі де шипалы, асқазан, бауыр, ішек ауруларына пайдалы. Оны жара мен ісікке де қолданады. Тіпті, улы саналатын меңдуананы да ретімен, мөлшерімен пайдаланса – дертке таптырмас дауа деседі.
Енді мына қызықты қараңыз... Алтай әйелдері ертеректе іште жатқан болашақ сәбидің жынысын анықтау үшін «телпексүйсін» деген шөпті пайдаланыпты. Бұл өсімдікті «телпекті» деп те атайды екен, орысшасы «шлемовидный ятрышник». Көлеңкелі жерлерде, терең жыраларда ерте көктемде тамыры адам қолының бес саусағына ұқсаған көкшіл өсімдік көктейді-міс. Осы «бес саусақ» тамырдың тұнбасын ішкен әйел міндетті түрде перзентті болады. Бұл тұнбаны менменсіген тәкәппар қызға да жасырын ішкізіп жіберсе, оның да танауын көкке тіреп кердеңдегені күрт басылып, жігітіне мойынсұнады. Ертеректе әйелдер «бес саусақ» тамырды табаға қуырып, түйнек пішініне қарап, болашақ сәбидің жынысын анықтапты.
***
Жергілікті тұрғындардың бәрі, былайша айтқанда, ауыл аймақ, бота тайлағымен құрт қазатыны біз үшін тосын жаңалық болды... Ол құрттың атын қазақша мақамға салып «кардиацепс» десті (медициналық әдебиетте – «кордицепс»). Марқалықтар бұл құрт өздері үшін шын мәнінде бұлды дүние екенін ұқтырған.
– Иә, жаз шыға бәріміздің құртпен айналысатынымыз рас! – деп, олар өздерінің құпия іс-әрекеттерін бізден жасырмады.
Теледидардан құрт қазған тибеттіктерді көргеніміз бар-тын. Тибеттің құрты – «ярцагумба» деп аталатын. Мына «алтай құрты» сол тибет құртының жақын туысы іспетті. Құрттың бір килограмы миллион теңгеге дейін бағаланады дейді.
– Бұл сома – делдалдардың, яғни жергілікті халықтың қолынан алғандағы баға. Делдалдар оны Қытайға апарып өткізгенде 25 мың евроға сатады.
– Мінеки, үш жылдың жүзі болды, осы құрт оң жамбасқа келген оңтайлы тірлігіміз! – деп марқалық ағайын мақтана түскен.
Шындығында, түртпектеп қазып, тірнектеп жинаған осы құрттың арқасында жергілікті халықтың қалтасы қорланып, біршама қоң жинасыпты. Өкініштісі – құнжың қағып құрт тергіштер саны жыл санап көбейіп бара жатқан сияқты. Оңай ақшаға кенелгісі келгендер Өскеменнен де, Алматы мен Астанадан да ағылып, тау мен тастың ұры қойнауына тығылуда. Жергілікті жұртты кәсіптен де, нәсіптен де айыратын түрі бар. Күндесе де, тілдесе де ауыл билігін тыңдап жатқан олар жоқ. Осылайша Марқаның таулары тіміскі тірлікке тап болып, қотыр тайдың жон арқасына ұқсап барады деседі. Қазылған топырақ, қопарылған шым, әжімделген қырқа-жон.
– Кардиацепс құртын «марин-корень» дейтін гүлшөптің тамырынан қазып аламыз, – деді Валентина деген қызыл шырайлы домаланған келіншек. – Ол шөпті ғылыми тілде «Алтай пионы» деп атайды.
«Алтай пионының» қазақша ресми атауы «шұғылық» болатын. Катонқарағай қазақтары «таушымылдық» дейтінін де естігенбіз. Жазушы Асқар Алтай ініміз бұл өсімдікті түркі бабаларымыз «модағай» атаған деп, «Алтайдың алқызыл модағайы» атты роман да жазып тастағанын білеміз.
– «Шұғылық» – Қазақстанның Қызыл кітабына кірген өсімдік. Сондықтан ол мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Орманшылар да, полиция да бұл өсімдікті қазуға тыйым салған. Соған қарамастан тау-таста жасырынған халықты тоқтату мүмкін болмай отыр, – деп төсқайыңдық егерлер қолдарын жаяды.
– Алаңдайтын дәнеңе жоқ, – деп «құрт қазғыштар» өз дәлелдерін оларға көлденең тартады. – Тамырын қопарғанға «пион» құрып кетпейді. Ол үшін шымын лақтырып тастамай, қайыра өз орнына мұқияттап салып кету керек. Біз сөйтеміз. Жау тигендей бүлдіретіндер–қаладан келген келімсектер... Солай істесе – келесі жылы бұл гүлшөп ерекше жайқалып, қаптап шығады. Соңғы кезде біз бұл құртты «пион» ғана емес, «иван-чай» мен «ужапырақтың» тамырынан да қазып алып жүрміз.
Мұрнағы жылы Мәскеуден келген қырма сақал, селеу мұртты бір орыс ғалымы бұл маңайдағы қазақтар мен кержақтардың тіршілік-тұрмысын ұзақ зерттепті. Әбден зерттеп болған соң: «Сіздер табиғатпен етене болып кеткен адамдар екенсіздер. Бастық жоқ, полиция жоқ, тәртіпсіздік, қылмыс дегенді білмейсіздер. Қазақ-орыс деп бөлмей, тамырлық достықта, татулықта, қоршаған табиғатпен нағыз гармонияда өмір сүріп жатқан жандарсыздар!» деп таңдайын тақылдатып таңғалып, «ғылыми тұжырым» жасап кетіпті.
***
Жөні бөлек, жосығы ерек көрінген Шанағаты ауылын іздеп шыққан біз жолай Балықтыбұлақ ауылына соққан едік. Өткен ғасырдың басында ақындардың «Балықтыбұлақ, Марқакөл, айнала қонған қалың ел. Өзінен өзі толқиды, соқпаса да самал жел. Көз тойғысыз қараса, айнала өскен балғының, жылқы түссе көрінбес, шүйгін шыққан шалғының. Разы болар жеріңе, көңілі өсіп малдының» деп жырлаған Балықтыбұлағыңыз осы. Қазір де табиғат-ананың сол заманнан бері өзгергені шамалы секілді, бірақ, ауылдың сиқы тозыңқырағаны байқалды.
Іргеде застава бар екен, сол жақта қараң-құраң еткен солдаттар болмаса – ауыл ішінде қыбыр еткен жан көрінбеді. Әр үйдің ауласында құрқылдаған үйрек пен тауық, көшеде сабалақ жүн жалғыз ит жүр еді, бізді көрген бойда ол да құйрығын бұтына қысып қашып кетті.
– Мына ауыл түгел көшіп кеткен бе? – деп біз таңданысымызды жасыра алмадық.
– Староверлер ғой, бөтен жұрт келгенде үйлеріне тығылады. Олардың бөтен кісіні алдымен терезеден бақылайтын әдеттері.
Расында да, әр терезеден жылтың-жылтың еткен әлдебір әйелдердің сүлделері байқалған. Бізді өгейсіген ауылда ұзақ тоқтамадық, әкім шаруасын тәмамдаған соң тағы жолға шықтық.
Өр Марқада алты ауыл деп еді, соның бесіншісі Балықтыбұлақты да соңымызға тастап, қойнауға сіңіп кетіп барамыз. Ендігі қалғаны – шығандағы Шанағаты. Шанағатыға бастаған қырық шақырымдық бұралаң жолда бірнеше күркіреген өзенді, шапшыма шағыл, құдима сайларды басып өттік. Ауыл әкімшілігінің қызметкері Бағжан Бітімбаевтан: «Шанағаты қазақ жерінің ең суық нүктесі екенін білетін шығарсыздар?» деп жорта сұраған едік.
– Әрине, солай деп естігеміз. Бірақ сіздерге суық көрінгенімен бұл мекен біздің ыстық ошақ, жылы ұямыз. Сондықтан Шанағаты суық дегенге күмәніміз бар, – деп ол ернін тыржитты.
– Күмәніміз бар дейсіз бе? Ол қандай күмән?
– Қалай десем екен... – деп, Бағжан мүдіріп ойланып қалды, сосын. – Бізде «Круглая сопка» деген доғалақ тау бар, – деп сөзін жалғады. – Әне, көкжиекте шошайып өзі де көрініп тұр. Сол таудың балағында баяғыда Керей деген ауыл болған. Керей ауылының тұрғындары сол араның суығына шыдай алмай, жарымы анау Шанағатыға көшіп кетті. Қалған жарымы Төсқайыңды барып паналады. Керей ауылы Шанағатыдан әлдеқайда суық жер. Аңғардың жалаңаш бетінде, желдің өтінде тұрған ашық мекен. Ол жерде метеостанция болған жоқ, сондықтан оның аязын да өлшеген ешкім болмады. Ал малшы жұрты жер жағдайын жақсы біледі ғой... біздің айтарымыз – бұл жақтағы ең суық жер сол ара. Мықты болсаңыздар қыста келіп сол маңайдың суығын өлшеп кетсеңіздерші?
Біз келе жатқан бұралаң жол сайдауыт жазыққа құлады да, шөпті жапырып бірнеше соқпақтың жолымызды көлденең кесіп өткенін байқадық. Серіктеріміз бұл араны «Проходная» деп таныстырған. Күз түсіп, алғашқы қар жауа аю мен қасқыр, бұғы-марал, бұлан мен елік осы жолмен үдере көшіп, ой жаққа қарай жосылады екен. Содан бәрі жылы жақта қыстап шығады десті.
– Бозбала күнімізде Шанағаты мен Төсқайыңның арасын атпен шапқылап талай жүргенбіз, – деді Әлижан ініміз. – Бірде біз, оқушы балалар, бұғы-марал қыстайтын Кейкі деген жерде бес жүзге тарта маралды көргеніміз бар. Тағы аңның бір жерге бүйтіп жиналуы ғаламат көрініс екен... Осы жолдың бойында да әр төбенің басында мүйіздері шаңырақтанып бұғы мен марал тұратын маңқайып. Біз оларға мал секілді қарайтынбыз, көңіл де бөлмейтінбіз. Содан ба, марал да, елік те бізден сескеніп қаша бермейтін. Тіпті, қоңыр күздің бірінде қарсыдағы анау тепсеңде күйекке түскен екі бұғының сарт-сұрт мүйіздескенін де көргеніміз бар. Айтып айтпай не керек, бертінге дейін бұғы мен елік көп еді бұл маңайда. Тәуелсіздіктің алғашқы бес-алты жылында біршама қиын кезең бастан өткені белгілі... Ел экономикасы тұралап жатты, халықтың тұрмысын түзеу, әскерді асырау керек дегендей алуан проблемалар туды. Сол жылдары шекарашылар бұлан мен бұғыны мұқтаждықтары үшін автоматпен атқылап ойсыратып жіберді. Оның үстіне дәл сол кезде «интурохота» деген пайда болып, марал саны күрт азайып кетті. Одан аман қалғандары 2008–2009 бен 2012–2013 жылдардағы қары қалың екі қыста қырылды. Жығылғанға жұдырық дегендей, осы екі қыста қасқыр да қабағат көбейіп, қарға малтыққан бұғыларға қырғындай тиді. Көктем шығып, қар еріген кезде – әр жерде ақсөңке боп шашылған сүйектерді көп көрдік.
Алыс жолда бірер тұста машиналардан түсіп, бой жазып, аяқ серпіген болдық. Сондай бір аялдауда бізбен ере шыққан Есембек Бекбосынов атты құрдасымыз:
– Анау мұнартқан аңғар – «Еламан сай», – деп терістіктегі тау жақты нұсқаған. – Оның арғы жағындағы тарғыл шың – Керегетас. Керегетастың етегінде Қашқынсай деген қарғыс атқан жер бар. Мұндағы қазақтың да тағдыры тайғақ, бастан кешкен қасіреті көп болған... Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың басында сол арада жүздеген қазақтың қаны төгілген. Тұтас бір ауыл, бір аталы жұрт бір-ақ күнде қырылып қалған. Турасында – қырып салған!
– Қалайша? – дейміз біз аңтарылып.
– Қалайы бар ма... Қытайға өтеміз деп көшіп бара жатқан ақар-шақар бір ауылды қызылдар еркек-әйел, бала-шаға демей, сайдың өңешінде аңдып жатып екі пулеметпен қырып салыпты. Жалғыз ғана бір жаралы қазақ ағаш-ағаштың арасымен сытылып қашып шығады. Содан Шибунаев деген қызыл командир ол сайға көпке дейін ешкімді аттап бастырмаған, қатаң тыйым салған. Мұндай аяусыз оңбағандыққа шыдамаған қазақтар қызылдармен қатты өштесіп, аңдып жүріп, ебін тауып Шибунаевты ұстайды да, аттың құйрығына байлап өлтіреді. Сол Шибунаевқа Кеңес заманында орнатылған ескерткіш кілең қазақ тұратын Шанағатыда әлі күнге менмұндалап, қазақтарға сес көрсетіп жарқырап тұр.
Мұндай әңгімелер Марқа топырағының да тағдырдың ащы зары мен тауқыметін бір кісідей-ақ тартқандығынан дерек бергендей.
***
Шанағаты өзеніне келгенде жолсеріктеріміз осы өзеннің атауының шығу тарихына байланысты мына бір аңызды баян етті.
Баяғыда бір шаруа қыстың жаймашуақ күнінде шанамен шөп әкеле жатады. Қызылсуы жайылып жатқан осы өзеннен өте бергенде, аты тарта алмай тарғаяқтап, тарбаңдап қалады. Қанша әуреленгенімен шана шөпті өзен арнасынан алып шығуға аттың шамасы жетпейді. Амалы таусылған шаруа атты шешіп, жайдақ мінеді де, көмек сұрап іргедегі ауылға кетеді. Ол жақтан қосымша тағы бір атты жетектеп, қайтып келсе – шана белуардан мұзға қатып қалыпты. Сол шананы шаруа мұз еріп көктем шыққанда ғана босатып алған деседі. Содан бері бұл өзен «Шана қатқан» деп, жылдар өте қазақ тілінің үнем заңдылығымен ықшамдалып, «Шанағаты» аталып кетсе керек. Өзеннің атымен қасындағы ауыл да осылай аталыпты.
Ақыры, кең ойпаттың арғы шетінде бұлдырап Шанағаты ауылы да көрініс берген. Ауылдың түстік жағында мұнарасы шошайған застава ағараңдады. Одан арғысы – ұшар басын қар басып, сағымданған асқар таулар тізбегі. Атақты Қаба сілемдері осы. Қаба сілемдерінің арғы етегі Қытай жері. Қол созғандай ғана жақын тұста. Сол арада Марқаның егізіндей Қанас көлі жатқанын ойлағанда, көңіл шіркінді мұңлы сағыныш шарпып өткен.
Ат арытып іздеп келе жатқан Шанағаты ауылына да келіп кірдік.
Шанағатының дәуірлеген шағында бұл жерде 137 үй болыпты, қазіргі қалғаны 25 шаңырақ. Қалаға барған жастар жатағынан түңілгендей қайтпай қалуда, қара жұртта қарайып отырған үлкендер болса біртіндеп азайып жатыр. Сонымен ауылда қазір пошта да, телеграф та, тіпті дүкен де жоқ екен.
– Ауылда халықтың азайып бара жатқаны алаңдатады, – дейді Әлижан қынжыла басын шайқап. – Мен оқыған жылдары Төсқайың мектебінде бес жүзден астам оқушы бар болатын. Қазір 70-тей ғана бала оқиды. Мектебіміз жүдеп кетті! Ал, әлгіндегі шағын ауыл – Балықтыбұлақта 54 үй болған, сегіз жылдық мектеп бар еді. Қазір 24 отбасы қалды, мектеп мүлдем жабылды. Таза қазақ ауылы Бұғымүйізде де ауылдың жарымы көшіп кетіп, қазір қалқайып 25 үй ғана тұр.
Шекаралық аудандар кезінде сыңсыған ел болғаны біздің де есімізде. Біздің де туып-өскен жеріміз шекаралық аймақ болғандықтан, қазір сол ауылдардың бәрінің көтерем қойдай жүдеп кеткенін көріп те, біліп те жүрміз. Қолдан келер қайран жоқ. Шекараның бұлайша жалаңашталып жатқаны Марқа тұрғындарын да қатты алаңдататын мәселе екенін ұқтық.
– Шекараны шегендегеніміз – Тәуелсіздігіміздің ұлы жеңісі, Елбасының ерен ерлігі екені даусыз! – дейді Карлхан ақсақал. – Шекара бұрын қалай еді... анау өзеннің жағасы, мына төбенің баурайы, сонау көлдің жиегі деп, қолды сілтеп шартты түрде соға беретінбіз. Енді, мінеки, әр метрін өлшеп-пішіп, қағаз жүзінде ресімдедік, ала бағанмен нақты бөліп тастадық. Бөлгеніміз жөн-ақ, бірақ аудан орталықтарын шекарадан ала қашып, айдың-күннің аманында халқымыздан айырылып жатқанымыз жақсылық па? Шамаларың келсе, осы проблеманы жоғарғы жаққа жеткізіңдер!
Осы ойды көп жылдар бойы билік басында жүрген, облыстағы жаңалық-өзгерістің бәрін өз көзімен көріп, көңіліне түйіп келе жатқан елжанды азамат Түсіпхан Түсіпбеков те жаны күйзеле отырып: «Ресей мен Қытай жақтары бізбен шектесетін өңірлеріне ішкеріден халықты молдап әкеліп, соған орай инженерлік құрылымдар санын арттыруда, тұрғын үй кешендерін молдап тұрғызуда. – деп жазыпты. – Яғни, Қазақстанмен шекаралас өңірлерге көшіп келушілерге өркениетті түрде әлеуметтік жағдайлар жасауға баса назар аударып жатыр. Қытай Халық Республикасы тіпті, «Қарамай-Шәуешек» темір жол құрылысын аяқтауға шақ қалды. Шәуешек бізге тиіп тұр. Теміржолын тіреп, қаражолын күреп қойды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автомагистралі Қазақстанды көктеп өтеді. Ол елде, тіпті «Шекаралас аумақтар» жайлы арнайы заң шығарылып, ел шетіндегі шағын қалаларды дамыту және ол өңірлерді өркендету жайлы аса ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ал, бізде керісінше... 1997–2011 жылдар аралығында ғана Шығыстағы шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан ада-күде жойылып кетті, 20-дан астам мектеп жабылып, өз жұмысын мүлдем тоқтатты. Шекаралық ауылдардың халқының санын саусақпен санап аласың. Олардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Енді біраз жылдан соң осы өңірлерімізде тігерге тұяқ қалмай жалаңаштанып қалса, оған таңырқауға болмас».
Солайы солай секілді... Шанағатыға кіргенімізде көше жоқ, үйлері әр тұста бей-берекет шашылып қалған, көбісі алқам-салқам саудырап тұр, терезелері адамды жұтып қоярдай үңірейген қап-қара.
***
Ауылға кірген бойда, алдымен метеорологиялық станцияны іздегенбіз. Метеостанцияның қазіргі қызметкері шаруамен ылдидағы ел жаққа кетіпті. Біз осы станцияның қарт ардагері Күлжазира Чеканова апайдың үйіне ат басын тіредік. Аман-саулықтан соң Интернетте бұл метеостанцияның 1908 жылдан бері жұмыс жасап жатқанын оқығанымызды айтып, осы деректің растығын сұрадық.
– Сендердің ол жазғандарың қате! – деді апайымыз. – Станция одан он жыл бұрын, 1898 жылы құрылған. 1998 жылы біз шама-шарқымызша станцияның жүз жылдығын атап өткенбіз.
Соңынан Күлжазира апай асықпай сөйлеп, қоңыр даусымен станцияның тарихынан біршама ақпарат беріп өтті.
Метеорологиялық станция, мінеки, 116 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келеді екен. Басқа станциялар бірде ашылып, бірде жабылып, заманның жағдайына қарай қырық құбылып жатқанда, Шанағаты станциясы айдың аты, күннің сәтінен жаңылмапты... Күніне сегіз рет ауа райының жағдайын телеграфпен ұдайы хабарлап отырған. Бұл жағдай шын мәнінде үлкен ерлік. Тек 1919 жылы ғана станция бірер айға жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі, қара қуғын сүргелең жылдары колчакшылар станция бақылаушысы Михеич деген шалды ұстап алып, қамап тастайды. Содан ол кісіні тұтқындалған топпен Катонқарағайға айдап әкетеді. Бұлар қызылдармен ауыз жаласқандар, бәрін атамыз деп тұрғанда, Катонның приставы атылатындар арасындағы Михеич шалды танып, оны босатуға бұйрық береді. Содан Михеич күннің жылынғанын күтіп, тау асып, Шанағатыға жеткенше тағы бір ай уақыт өтіп кетіпті. Әйтпесе, қандай өкімет келсе де Шанағаты метеостанциясы күндіз де, түнде де әрбір 3 сағат сайын ауа райы жағдайын тексеріп, үздіксіз ақпарат беріп отырған. Қысқасы, ғасырдан астам уақыт халыққа адалынан қызмет жасап келген.
– Қазіргі жағдайы қалай? – деп сұрадық біз.
Күлжазира апай аздап күмілжіді. Өзінің арнайы курсты бітіріп, осы станцияда 1968 жылдан бастап отыз жыл қызмет атқарғанын, содан 1998 жылы, станцияның жүз жылдық мерейтойынан соң, зейнет демалысына шыққанын айтты. Апай зейнетке шығысымен станцияны да жауып тастапты. Қазір оның орнында тәулігіне екі рет қана ақпарат беретін бекет-пост қана қалған екен.
Күлжазира апай қосымша тағы бір жағдайды айтты.
– Бізге ол жылдары ауа құрамын дозиметрмен өлшеп тұру да тапсырылған еді. Сонда кей күндері ауадағы микроренген 43–45-ке жетіп қалатын. Бұл адам денсаулығына қауіпті доза екенін білетінбіз. Телефонмен ауа райы жайында әдеткі ақпаратымызды беріп жатып, «Бұл не жағдай» деп бастықтардан себебін сұрайтынбыз. Ондайда бастықтар «Это не ваше дело!» деп барқ етіп, телефонды тастай салысатын... Кейін білдік, ондай күндері іргедегі көршіміз Қытайда жарылыс болып жатады екен ғой.
Беттерін күн сүйіп, шаштары желмен желкілдеген бір топ азаматтар қызықтап бізді қаумалап тұрып қалыпты. Біз де олармен сөз арасында: «Шанағаты Қазақстанның ең суық нүктесі ғой, аюдай ақырған аязда тоңып қалмай қалай өмір сүріп жатырсыңдар?» – дегендей топ ортаға сұрақ тастағанбыз.
«Жылы киініп, жылы жүрсең қорқатын дәнеңе жоқ, – деді ковбой қалпақ киген мұртты сұлуша жігіт. – Ауа құрғақ, жел жоқ, аузы-мұрныңды орап сақтанып жүрсең – ауырмай аман жүресің. Аузыңды ашып алдың-дұлдың жүрсең, әрине, екі өкпең бірдей қабынып шығуы ғажап емес. Құдай сақтансаң сақтаймын деген...
– Якутиядағы Оймякон елді мекенін естіген шығарсыңдар?
– Естігенде қандай! – деп осы арада жолбасшымыз Әлижан іліп әкетті. – Якут-саха – исі түркі жұрты ғой, қысқасы, өз ағайынымыз. «Оймякон» деген орыс транскрипциясы. Ал түркіше ол «Ой мекен» деген сөз. Яғни, ойда тұрған елді мекен. Мына Шанағаты да ояң жерде, ойпатта тұр. Анау Төсқайың мен Ұранқайда үш метр қар түскенде, бұл араға ары кетсе 40–50 сантиметр қар жауады да қояды. Анау жақта аппақ қар, арқыраған боран тұрса, Шанағатыда боран да, жел де жоқ, мұнарлы тыныштық. Қары жұқа, қарабайыр қыс мұнда. Сондықтан да Марқа аймағының бар жылқысы Шанағаты маңайын тебіндеп, қыстап шығады. Оймякон мен Шанағатының суық болатыны да ойыс жерде тұрғандықтан... Суық, ауыр ауа ойпатта жиналып, мұнартып тұрып қалады.
– Бізде қыс кезіндегі минус 30 градус – жылы күн саналады, – деп күлді ковбой қалпақты мұртты жігіт.
Суыққа адам да, мал да шыдайды екен. Бірақ... өткен бір жылдары біреулердің қаладан әкелген картобымен бірге ілесіп, бұл жақта колорадо қоңызы қаптап кетіпті. Сол жылғы қыста суыққа шыдамай қоңыздың бәрі қырылып қалыпты.
Бір қызығы, Шанағатының жазы ми қайнатқан ыстық келеді екен, 40 градусқа дейін жетеді десті. Біз барған күні де термометр отыздың бел ортасынан асып тұрды. Сонда қыс пен жаздың арасындағы градус айырмашылығы жүзден асып кететін сияқты.
Марқакөл–Шанағатыға барып қайтсақ, көріп қайтсақ деген өтінішімізді қабыл алып, жол сапарымызды ұйымдастырып берген ежелгі досымыз, аудан әкімі Алтайбек Сейітов «Шанағатыда міндетті түрде Марат Елікбаев деген ағаларыңа жолыға кетіңдер» деп еді. Сосын суыртпақтап ол тапсырмасының сырын айтқан...
Алтайбек Үлкен Нарын ауданын басқарып жүргенде, нақтылап айтсақ – 1992 жылы Көктерек ауылының бейтаныс тұрғыны, өзі төсек тартып жатқан ауыр науқас, кезінде ұстаздық еткен Елікбаев Мүбарак деген қариядан хат алады. Қария хатында 1960-шы жылдары Н.С. Хрущевке, 1964–65 жылдары Л.И. Брежневке ашық хат арқылы әр халық өз тілінде оқуға, сөйлеуге, жеке егемендік алып мемлекет құруға, ұлттық валютасын жасауға құқылы екенін айтып, әрі сол кездегі саясатқа сыймайтын, жүрегін мазалап, түн ұйқысын төрт бөліп жүрген қазақтың қамы, ұлттық мұраттар төңірегіндегі ойларын бүкпей жазып жібереді. Сол хаты үшін КГБ шырақ алып соңына түсіп, бұдан кейінгі өмірі отырса опақ, тұрса сопақ болады. Ақыры ұзақ мерзімге «ұлтшыл, қоғамға аса қауіпті» адам ретінде сотталып, көп жылдар бойы Лефортовода отырады. Мерзімін өтеп, босап шықкан соң да ол кісі өз идеясынан таймайды, жүрген жерінде ой-арманын ашық айтып жүреді. Ендігі кезекте билік ақсақалды жындыханаға тапсырып, ұзақ уақыт сыртқа шығармай қапаста ұстайды. Жындыханадан әбден қартайып, денсаулығы мүлдем нашарлағанда ғана босайды. Хат – Горбачевтің «қайта құруын» пайдаланып аудан басшысы Алтайбекке қияметпен өткен өмірін баян етіп, мұңын шағып, ауру жанның арыздасқаны екен.
– Содан менің өмірімде бір қызық кездесу болды, – дейді Алтекең сөзін жалғап. – 2007 жылы Күршім ауданына әкім болып сайланған соң, ел ішін аралап жүріп ең түкпірдегі, шекараның түбіндегі Шанағаты ауылына да бардым. Ондағы халықпен кездесу жасап, мектеп директорымен таныстым. Қызыл шырайлы (бұл өңірдің азаматтары кілең сондай), көзі көкшілдеу, орта бойлы, екі иығына екі жігіт мінгендей қапсағай денелі кісі екен. Кезінде гір көтеруден республика чемпионы болыпты. Директордың аты-жөнін сұрастырып, әңгімелесе келе өзіме жаңалық ашқандай болдым. Бұдан 15 жыл бұрын маған хат жазған «ұлтшыл» қария есіме түсті. Шанағаты мектебінің директоры сол кісінің інісі болып шықты. Аты-жөні Марат Елікбаев. «Ау, мынау жердің шетінде, алыс түкпірде неғып жүрсің» дегендей сұрақ тіл ұшына келгендей еді. Марат 1971 жылы Алматының шет тілдер институтын француз тілі мүғалімі мамандығы бойынша оқып бітіреді. Институтта аса үздік оқиды. Оның үстіне өзі керемет спортшы болады, «спорт шебері» атанады. Институттан соң дипломатиялық жолды арман етеді, шетелдерді араласам, құрылықтар мен мұхиттарды көрсем деп көксеп жүреді. Бірақ, соңғы курсқа келгенде Лефортовода түрмеде жатқан «қоғамға аса қауіпті» Елікбаев Мүбаракпен туыстығы ашылып, КГБ тарапынан қудалау мен сүргелеңге түседі. Институттан шығарылады. Үздік оқығаны желеу болып, ұстаздарының қолдауымен артынша институтқа қайта қабылданады. Бірақ комсомол қатарынан қуылады. Оқу бітіргенше аңдуда болады. Соны сезген кураторы енді еліне қайтпауға, көз көрмеген, құлақ естімеген шалғай түкпірге із-тозсыз қашып кетуге кеңес береді. Өзі қаражатын қосып беріп, шәкіртін жолға шығарып салады. Мараттың сондағы «көз көрмеген, құлақ естімеген шалғай түкпір» деп таңдағаны – осы Шанағаты болса керек. Мінеки, 43 жыл бойы мектепте мұғалім, басқа жақты көрген емес, аттап басқан емес, тырп етпей Шанағатыда тұрып жатыр екен. Үйлі-баранды. Бетегеден биік, жусаннан аласа бой түзеп, айналасына алақтап екі қарап, бір шоқып ғұмыр кешіпті. Көрдіңіз бе, елім деп еңіреген алдыңғы буын ағалардың тартқан азаптарының ұшқыны осылайша біздің замандастарымыздың да қанаттарын күйгізіп, асқақ армандарын жер етіпті. Марат 43 жыл бойы Көктеректегі туған жеріне, ағайын-жұрағатына ат ізін салмапты. Неге келмей жүр, соны Мараттан сендер сұрап біліңдерші?
Өкініштісі – біз Алтекеңнің осы өтінішін орындай алмадық. Сөйтіп, бұл сапарда Маратпен кездесудің реті келмеді... Жаздың бір күні қыстың бір айын асырайтын қарбалас уақ, ол кісі де бала-шағасымен таудың алыс бір қойнауында шөп шауып жатыр деп естідік.
...Күлжазира апайдың үйінде төстеріне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдыздарын тағып, қасқайған үш қазақтың фотосуретіне көзіміз түскен. Суретке таңдана қарап тұрған бізге апамыз тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды.
Суреттегі Есімхан Чеканов – әйгілі жылқышы, Күлжазираның атасы екен. Қасындағы екеу жылқышының көмекшілері – Нұратсалық Ойакенов, Шәріп Дәуітбаев деген кісілер деп таныстырды. Үшеуі соғыс кезінде қатарынан бірнеше жыл 100 жылқыдан 100 құлыннан алып, шығын шығармай өсірген. Сол еңбектері үшін 1949 жылы Батыр атағын үшеуіне қатарымен беріпті. Ал, керек болса! Мұндай зор атақты қатар алған Шанағатыдай ауыл бізде бар ма екен?
Күлжазира апай дастарқан жайып, бізге иісі танау жарған бір ерекше шай ұсынған. «Біз осылай кәдімгі қара шайға мизамгүл қосып дәмін шығарамыз» деді. Төсқайыңда жалбыз қосқан, қарақаттың жапырағына қайнатқан, сосын қарабүлдірген езген үш түрлі шай ішкеніміз бар-ды. Мынасы шайдың кезекті түрі болды.
Кейін қалаға келіп, Сөздіктен іздегенде – мизамгүлдің орысшасы «иван-чай», ресми аты – «кипрей» екен. Қазақша оның «күреңот», «құлын құйрық» деген атаулары да бар боп шықты.
* * *
Біз қиыр жайлап, шет қонған Шанағаты ауылында бірер сағат болып, күн бесіндікке еңкейе Төсқайыңға қайтқан едік. Даңғаза дүниенің айғай-шуынан алыста, беймарал ғұмыр кешкен тұрғындардың риясыз ақ көңіліне марқайып, риза болдық. Риза бола тұрып, тағы да: «Марқадай жер іздеп қайдан табасың, жұпар ауа, кәусәр суға қанасың. Елі жомарт, жері дархан жазира, Марқакөлді қалай қиып барасың?» деген өлең жолдарын есімізге алғандай едік.
Марқа табиғатын ұзақ зерттеп кітап жазған, қазақшаға судай ақын досымыз Валерий Михайлов былай дейді: «Марқакөл адамды өзіне қайта оралып келуіне құштар қылып қоятын жерлердің қатарына жатады. Бірақ, ол дәл несімен қызықтырады? Неге қызықтырады? – деген сұрақтардың төңірегінде ойлана бастасаң-ақ, әлдебір белгісіз нәрсе ойыңа түспей әуре етеді. Осы бір жұмбақ сырлы әлденені сөзбен қалай тап басып айтуға болатынын кім білген, бірақ ең басты нәрсенің өзі нақ сонда жатқанын сезінесің. Бейнебір лебін сезгеніңмен, қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын самал жел сияқты жылыстап жүре береді».
Марқакөлге арнайы келіп, тамаша фильм түсірген атақты жиһанкез Юрий Сенкевич те тұнығы шайқалмаған осы өңірден аттанып бара жатып: «Сіздер неткен бақытты жан едіңіздер! Жер-ананың барлық белдеулері – шалғынды дала да, таулы-тайга да, құйқалы субальпі де, тұнжыраған тундра да мөлдіреп, алақандай алапқа сыйып тұр!» деп қайта-қайта басын шайқап қоштасыпты деседі.
Біз де осындай әдемі әсерде, тамыры ортақ болғанымен, тағдыры өзгешелеу ағайынмен қимай қоштасып, қалаға қарай жол тарттық.
АСПАНТАУ
немесе Альпинизм ақиқаты
Жер жаннаты
Бала жасымыздан «тау» десе екі құлағымыз елеңдеп, делебеміз қозып шыға келетінін жасырмаймыз. Тегі, атам қазақ «тау баласы тауға қарап өседі» деп бекер айтпаса керек. Енді қайтейік, шыр етіп дүниеге келгеннен көргеніміз тау болса. Тау басында қой бақтық, тау бөктерінде шөп шаптық, құз-қияда асыр салдық, жасыл жонда құлын-таймен жарыстық. Туған жерді сағынып тұратынымыз, мұнар тау мен мұзарт шыңды аңсап тұратынымыз да содан шығар.
Биылғы жазда да ұлғая бастаған жасымызға қарамаппыз, тырмысып тағы да тауға шығып кетіппіз... Топқайыңның қыр желкесінде, Күршім сілемінің төрінде ақ сәлдесін жамылған Бүркітауыл соқталанып ылғи да көз арбайтын. Жап-жақында, қол созым жерде ғана тұрғандай еді. Құрғыры, үш күн сандалтты, торғайдай тоздырып жіберді. Тегі, атам қазақтың «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегеніне сеніп қалсақ керек. Садаға кетсін, қазақ та кейде қателесе ме деймін... Көргеніміз – саңылау жоқ жалама құздар мен ақсиған жартастар болды. Мыңдаған жылдар бұрынғы жанартау кратерлерінің шұңғымасындағы тұңғиық көлдер. Тұңғиығы сондай, адамды жұтып қоярдай қап-қара. Оларды бірде ары айналып, бірде бергі жағын жағалап, шапшыма құзға өрмелейміз. Жығылып-сүрініп, аяқ-қолды жараладық, ауа жетпей демігіп, қызылмай боп күйіп кете жаздадық. Енді қайырылып артымызға қарамастай, ендігәрі тау көрместей дүниеден түңіліп қайтқанбыз. Бекер екен, өзімізді табиғатпен жарасымда санап, Бүркітауылды бөрікпен қағып алатындай күпінген екенбіз. Мұншалықты жан қинайтынын қайдан білейік?!
Содан, міне қызық... Арада ай өтпей жатып «Хантәңірі» деген хабар шыққанда, көзі құрғыр тағы да шырадай жанып, екі құлағымыз елеңдей қалған. Бұл сапарға кезінде Катонқарағай ұлттық табиғи паркін құрып, ұзақ жыл осы паркті басқарған, кейіндері Берел мемлекеттік тарихи қорық-мұражайының директоры қызметінде жүрген абзал досымыз, тау десе ішкен асын жерге қоятын атақты аңшы Ерен Жұмағұлов сонау Алтайдың төрінен арнайы жетті.
Бақсақ, бұл жолғы сапардың салмағы әжептәуір жеңіл екен. Әдеткідей аяғымызға тақа киіп, белімізге арқан байлап, қолымызға «ледоруб» дейтін қайланы ұстаудың, тіпті де қажеті жоқ. Қара терге малшынып көк мұзға да жармаспайсың. Тікұшақпен барасың, тау табиғатын айналып-толғанып құмарың қанғанша қызықтайсың, соңынан шың түбіне барып бірер күн демаласың. Бар шаруа осымен тәмәм. Әрине, Әулие таудың мұзын сипап, тынысын тыңдап, демін жұтқан да жөн болар еді. Амал нешік, сапардың реті солай болған соң, оған да көндік. Тікұшақпен де бір шырқаған артық болмас деп, барымызды киініп, байлауышымызды тағынып, Алматының жаймашуақ бір күнінде көксеген сапарымызға шығып та кеттік.
Хантәңірін көру бақыты екінің бірінің маңдайына жазбаған деседі. Қалай десеңіз де, ел ішінде сондай наным бар. Ұлы шыңның асқақ бейнесін көре алмай, сұңғыла көркін қызықтай алмай өкініп кеткен жандар көп болыпты. Оның себебі – Әулие тау шамшыл, мінезі дегдар. Ұшар басын қорғасын бұлт тұмшалап, айдай ажарын жасырып апталап, айлап тұрып алады. Қолдан келер қайран жоқ, көкке телміріп, көзіңді сатып күте-күте жалығасың, ақыры мойның салбырап кері қайтасың.
Бұл жолы біздің жолымыз оңынан туған сыңайлы. Күн шайдай ашылып, Алатаудың да, Тянь-Шаньнің де қар жамылған шыңдарын алдымызға жарқыратып жайып салды. Алматыдан асығыс шыққанымызбен, тікұшақ Жетісудың небір көрікті жерлерін биіктен тамашалатып, дарылдап екі жарым сағат бойы ұшты. Түрген шатқалымен өрлеп, қобыз жон, жасыл бұйрат Асы жайлауын түстігінен астық та, «Екінші Көлсайға» бардық. Көлдің ғажап көркіне көз тойдырайын деді ме, ұшқыш төмендей беріп, көлді екі айналып шықты. Баяғыда, шілденің ортасында осы көлге атпен келгеніміз есімде. Шұңқырда жатқан төменгі Көлсайға қарағанда Екінші Көлсайдың жағасы масатыдай жайқалған шалғын, алуан гүлге бөккен батсайы жазық. Көл табиғатының әсемдігі көңіл семірткендей, шабытыңды шақырғандай. Адамдардың көбісі бұл көлге жете алмайды, сондықтан да жоғарғы көлдің қадірін біле бермейді. Менің білетінім – табиғаттың нағыз маржаны осы Екінші Көлсай.
Көлден ағып шыққан айқұлақ өзен терең шатқалға қарай күркірей құлап жатыр. Шатқалдың табанына жеткенше бірнеше тұстан өкірген сарқырама жасаған. Мінезі шатақ, ақпандағы бурадай көбік шашып аласұрады. Көбік шашқан өзен бойынан ауада түрлі-түсті кемпірқосақ ойнайды.
Екі көлді жалғастырып жатқан да сарыны құлақ тұндырған осы тентек өзен. Сайдың ұлтанына жете аздап арынын тежеп, жықпыл-жыраны қуалап Төменгі Көлсайға қосылған. «Қосылған» емес, Төменгі Көлсайды жасайтын да осы асау өзен... Кезінде алапат жер сілкінісінен терістіктегі тау түп орнымен жылжып кетіп, өзен арнасын бөгеп тастаған екен. Төменгі осы Көлсай да, қарсыдағы тарғыл қырқаның арғы астындағы Қайыңды көлі де әлгіндей тектоникалық өзгерістен пайда болған су қоймалары.
Ендігі бір мезетте шұқанақ-шоқылы Шарын шатқалын көлденеңдей кесіп өттік. Алдымызда Мойнақ ГЭС-і, тау ойқысында айнадай жалтыраған су қоймасы. Одан әрі белден белге ұласқан жолбарыс жондар. Артынша түнерген шатқал, жынысты орман басталды. Ұшқыш Іле Алатауы Тянь-Шань сілемдеріне ауысқанын ескертіп жатты. Аспантаудың омырауынан саулаған сансыз бұлақтар күміс шашбау секілді жалтырап көрінді. Тау бөктеріндегі мөлиген шыршалар да, киізделген бұта-қараған да сұйылып барып, ақыры таусылды. Жалаңаш биіктер, тундралық таз белдеулер ашылып салды. Сәлден соң олар да шұбартып барып ақ қар, көк мұзға ауыса бастады. Ендігісі күміс шытыра шашылғандай көз шағылыстырған сүттей әлем үстінде ұшып келе жаттық. Қаншалықты аптап жазда да міз бақпас, ғасырлар бойы бет-бейнесі өзгермей жатқан тұмса табиғат. Шың басына жол бермей, қамалдай қасқайған жалама жартастар ғана алашұбар. Олар ақша бет арудың бетіндегі сүйкімді меңге ұқсағандай. Жықпыл-жықпыл сайлар мен шайтан шатқалдардың бәрінің табаны мелдектеген мұздықтар. Бейнебір арқырай ағып келе жатқан тау өзені сай-саланы кернеп барып, мұз боп қата қалған ба дерсің. Енді бір тұста мұздықтар ересен күшпен етекке қарай бірін бірі итеріп, шағылған шыныдай ойран-асыры шыққан. Көктемде сең жүргенде үлкен өзендерде осындай шор-шор «торостар» пайда болады. Жер-көкті көлкітіп өзенді бөгеп, адамдарды әуреге салып қоятын да осы «торостар». Мұздықтағы торостар адамдарды өйтіп әуреге салмас, бірақ альпинистерді аттап бастырмайды, маңайы аса қауіпті. Ойран-топыры шығып жатқан мұздардың әңгек-шұңғымасына сырғып кету сөз емес. Мұндағы мұздықтардың қалыңдығы кей тұста жүз метрге дейін жетеді деседі. Ондай тереңнен адамды қайдан іздеп табарсың? Жүрек жұтқан талай альпинист әлгіндей жарыққа түсіп кетіп, мерт болған. Көбісі сол тереңде мәңгі қалды.
Төмендегі кең дүние демін ішіне тартқан тым-тырыс, қыбыр еткен тіршіліктен ада сияқты. Тікұшақтың дарылдаған даусынан болар, арғыдағы шашын беткейден бүкіл аңғар ішін ақ боранға орап, орасан қар көшкіні түсті.
Күннің шайдай ашықтығы мұндай жақсы болар ма! Көп өтпей-ақ алты қырдың астынан мұнарланып... дариға-ай десеңші, Тәңір таудың өзі көрініс берген. Селт етпес сеңгір жалдың төріндегі шыңға жақындағанша да жарым сағат уақыт ұштық. Жақындаған сайын байқап келеміз, төрт қырлы тең қабырғалы үшкір пирамидаға ұқсайды екен. Көк сүңгідей көк жүзіне шаншылып, қарқарадай қасқаяды, жарықтық! Жақындаған сайын шапшыма қасбеті мен бұрыш-қырлары айқындала түсті. Төбеден үрей сала салбыраған қаспақ қар, мұз «козыректер», жылмағай төскейде қарала құз-жартастар байқалады. Шың бедері айшықталған сайын Ұлы таудың шалықтаған салқын ажары айдынданып бара жатты. Бәріміз терезеге емінеміз, ішімізді тартып, аузымызды ашып аңырып қаппыз. Мақтаса мақтағандай, айтса айтқандай екен-ау! Хан десең де, Тәңір десең де әбден жарасқандай! Тәкаппар да маңғаз. Көк тіреген сұсты қабағына қандай теңеу де сиятындай. Аппақ қар мен көкпеңбек мұз дүниесінде шұғыладай жарқырайды. Көргенге көз, қарағанға көңіл тойсашы! Суреттеуге тіл жетпегендей. Амалсыз күрсінесің. Таңдайың кеберсіп, тілің күрмеліп, бас шайқайсың да қоясың.
Расында да, маңайдағы түйе өркеш таулар сілемі Хантәңірінің қасында шоқыдай ғана көрінеді. Күншіліктен менмұндалап, шамырқана шалықтаған Хантәңірдің көркем келбеті бәрімізді шабыттандырған секілді. Ыңылдаған әлдебір әсем әуен келеді құлаққа, ұмыт қалған өлең жолдары, жыр шумақтары көңілді тербегендей...
Жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтің ертеректе осы Хантәңірін «тау біткеннің арғы атасына» теңегені ойға оралды. «Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу, Мұз көйлек көк мұнармен белін буу» деп жырламап па еді. Ал, айыр көмей Мағжан ақын ше? «Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай, Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай! Еріксіз ер түрікті ойға аларсың, Көкке асқан Хантәңірге қарай-қарай». Бертінгі Мұқағали болса, Хантәңірін Тянь-Шаньға «қағып қойған сынаға» теңей отырып: «Шыңның мен танымаймын аласасын, Төбе де аласамен таласасың. Тянь-Шаньның шашақтаулы найзасындай, Қайсың Хантәңірімен жанасасың?» – деп толғап еді ғой. Мұқаңның жан досы, арқалы ақын ағамыз Еркін Ібітанов болса: «Хантәңірі – қария шың, дара шың, Жалғап тұрған жер мен көктің арасын. Сақалымнан аунап түскен толқынды, Ағыл-тегіл көз жасы деп қаласың», – деп өлеңдеткені есімізде.
Несін айтасың, өлең де, жыр да ғажап, мынау аппақ мөлдір дүние де ғаламат екен! Мұндайда іштей шамырқанасың, шалқисың да толқисың. Көңіл әлдилеген әсерлі сапарды ұйымдастырғандары үшін «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша арнаулы тілшісі Нұрбол Әлдибековке, осы облыс бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сәбит Битаевқа бас изеп ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Рахмет айтып, қолдарын қайта-қайта қысып қоямыз...
***
Қаламгер әріптесіміз, осы Хантәңірі өңірінің тумасы Тұрлыбек Мәмесейіттің «Хантәңірі баурайында жалғыз арша» атты повесі бар-ды. Жазушы осы шығармасында шыңға қатысты ұзақ-сонар бір аңызды баян етеді. Ел аузындағы сол ежелгі аңыз мынаған саяды екен...
Баяғыда қалмақтың ханы Саранжап Нарынқол өңірін көрген бойда оған құлай қызығып, тамсанып тұрып қалыпты. «Шіркін-ай, мынау молынан көсілген аңғар бойына жылқымды жайып, шалғыны жайқалған сай-салаға халқымды қондырсам. Анау заңғар шың-құздарды еркін аралап, саятшылық құрсам. Бұл өрнекті өлке екен, әрі таймаған, нәрін жоймаған мамыражай жер екен. Мыңғырып мал өсетін, ойын-тоймен таңды таңға асыратын, серілікпен салбурын қызық кешетін байтақ мекен екен», – деп таңдайын тақылдатыпты.
Қазақ жеріне жасаған нелер бір жорықтарда жеңіске жетіп, жалғанды жалпағынан басып жүрген Саранжап көз құртына айналған бұл өңірге бірнеше рет шапқыншылық жасайды. Бірақ үнемі жеңіліске ұшырап, мақсатына жете алмай бармағын тістеп, дымы құриды. Өйткені тау бөктерін жайлаған бұл елдің Ботабай деген жас батыры бар екен. Ол жас қана емес, оқ дарымас, қақпанға түспес, жүрек жұтқан дара батыр, нағыз көкжал бөрінің өзі екен. Ештеңеден жасқанбайды, жау келерін күншіліктен сезеді, қулығына құрық бойламайды, айла-шарғысына ақыл жетпейді. Жекпе-жекке шығар болса қарсыласын бір айналымға жеткізбей желкесін қияды.
Қанды қол кәрі жыртқыш Саранжап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады, Нарынқолдай жөні бөлек, жосығы ерек жаннат мекенге ие болуды көксеумен болады. Арада айлар өтеді, жылжып жылдар өтеді. Екі жақ та тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман туады. Алайда, үнсіз жатқан Саранжап бұл жылдары жасағын дайындап, оларды соғыстың айла-тәсіліне үйретумен болады. Бірде ол Ботабай жерін күнгейінен айналып, осы елмен іргелес жатқан, сонау ақбас таулардың арғы бетіндегі қырғыз еліне жорық жасайды. Бұл жолы ол зымиян амалға көшіп, қырғыз еліне қалың қолының жарымын ғана аттандырады.
Құба қалмақ қырғыз жұртын қынадай қыра бастаған соң, қырғыз батыры Қияқтан көмек сұрап Ботабайға жаушы жетеді аптығып. Жаман хабарды ести салысымен Ботабай сайыпқыран сарбаздарына өзі бас болып, дереу көршідегі қырғыз ағайынға көмекке ұмтылады. Саранжаптың күткені де осы екен. Ол жылдар бойы соғыс ісіне әбден шыныққан жендеттерінің екінші шерігін бастап, қорғаусыз қалған Ботабай еліне тұтқиылдан тап береді. Кең аңғарды керней жайлаған бейқам жұртқа аш қасқырдай шүйлігіп, ойранын шығарады. Ботабай батырдың әйелі мен бойжеткен қызын байлап-матап тұтқынға алады. Аңғар бойында қалған азын-аулақ еркек кіндіктінің бәрін құртып, қыз-келіншектерді қаздай тізіп, арғы беттегі өз еліне аттандырады. Олармен бірге қазақтың мыңғырған мал-мүлкі де қалмақ жеріне қарай айдалады. Осылайша жаннаттай болған жайсаң өлке жауға таланып, өзегі өксіп, бастан бағы таяды.
Ботабайға әбден кектенген Саранжап оның бойжеткен қызы – албыраған айдай ару Айбүбіні көзінен таса қылмай ұстайды. Торға түскен тотыдай болған сұлудың жаны күйзеледі, жүзінен кешегі бұлаң дәуреннің ізі де қалмай, жүдеп кетеді. Сүйген жігіті Тасқараның не күйде екенін білмей қиналады. Батыр жігіт те көп еркекпен бірге мерт болған-ау деп уайымдайды.
Ал, шындығында, Тасқара қалың қарағайдың арасына жасырынып, етектегі ойран-топырдың бәрін көріп-біліп отырған болатын. Бірақ қарақан басы – қолдан келер қайран жоқ. Көзсіз әрекетке барып, жалаң қылышпен жалғыз шабар болса – сол бойда мерт болары тағы даусыз. Мұндайда не амал бар? Ары-бері толғана келіп, ең болмаса, Айбүбінің жағдайын жақыннан біле жүрейін деген үмітпен, түн ішінде киімін ауыстырып, қалмақ сарбаздарымен араласып кетеді.
Ойға алғаны жүзеге асқан Саранжап айрандай аптап, күбідей піседі, шабыты шалқып әбден асқақтайды. Осы бір жұмақтың төріндей, сәні мен салтанаты келіскен, сулы да нулы өлкеде кейінгі ұрпағы айта жүрер аламан той өткізгісі келеді. Көл-көсір мал сойылады, қазан-қазан ет асылады. Құйқылжытып ән шырқалып, мың бұралып би биленеді, шат-шадыман ойын-сауық көрсетіледі. Жеңімпаз қалмақ жұрты дән риза. Батыр ханды мадақтаған өлең-жырда есеп жоқ. Той-думан әбден қызған шақта еркінсіген Саранжап: «Кімде-кім анау көрінген шошақ шыңның ұшарына шығып, менің қайқы қылышымды қадаса – Ботабай батырдың қызы Айбүбі сұлуды соған берем. Бірақ, ол жігіт шыңға шыққандығын әйгілеп, сол биікте от жағып алаулатуы тиіс» деп масаттанады. Хан мұз құрсанған найза шыңға жүрегі дауалап ешкім бара қоймас деген ойда болатын. Бірақ шамдай жарқыраған ақша бет, өрттей сұлуды көрген жігіттер бастары айналып, ханның зәрлі жарлығының байыбына бармай, тәуекелге бел буады. Сөйтіп, Саранжаптың алдына жиырма шақты сайыпқыран сарбаз жүгіре басып, жүгіне қалысады. Олардың ішінен Тасқараны көріп, Айбүбі тани кетеді. Батыр жігіттің көзқарасынан оның бірдеңе ойластырмақ ниетін ұғады, жігіттің әрекетін түсінеді. Келесі күні, іштерінде Тасқара бар, жиырма жігіт таң бозынан артынып-тартынып қарлы шыңға аттанады. Арада он шақты күн өткенде, арып-ашып, азып-тозып жеті қалмақ қайтып келеді: «Жарлығыңызды орындай алмадық, тақсыр! Талайымыз мерт болды. Жалтыр мұздың үсті азынаған боран екен. Біреулер тайып кетіп, мұздың жарығына құлады, енді біреулер ала құйын боранда адасып кетіп, шыңырау құзға түсіп кетті. Аман қалған төрт-бес жігіт қана тырмысып тау алқымында кетіп барады», – деп болған жайды баяндайды.
Бұл хабарды естіген Айбүбі көңілі нілдей бұзылады. Сүйіктісінің өлі-тірісін білмей, азапқа толы күндерді өткізеді. Кірпік ілмей мұз тауына телмірумен болады. Осындай мазасыз күндердің бірінде тағы төрт қалмақ сүлдерін сүйретіп ауылға келеді. Олардың айтуынша, бір ғана жігіт кері қайтпай, өршелене тауға өрмелеп барады екен. Қалған сарбаздардың бәрі опат болыпты.
Мұзартқа қарай-қарай көзі талып, құр сүлдері қалған Айбүбіге бұл хабар мүлде қиын тиеді. «Ол кім? Тасқара ма, жоқ әлде бөтен біреу ме?! Әй, қайдам...». Ұйқы жоқ, ауыр ойлар діңкелеткен ару қыз бас көтермейді, тұншыға жылаумен болады. Аппақ жүзі қуарып, айдай нұры суалады. Сандырақтап, есінен де тана береді. Нәр тата алмай, тамақтан да қалады, ауық-ауық талықсып, төсек тартып жатып қалады.
Бірде, түн қараңғылығын серпіп, айдындана аспан тіреген мұз шыңның ұшар басынан алаулаған от көрінеді. Амал бар ма, ел мен жұрт қызықтаған бұл қуанышты Айбүбі ару көре алмай, кеше кешке қарай үзіліп кеткен еді.
Үш-төрт күннен соң үсті-басының дал-дұлы шығып, жүдеп-жадаған Тасқара келеді Саранжаптың алдына.
– Мен сөзімде тұрамын, батырым! Бірақ қыз жоқ, өліп қалды. Саған тұтқындағы мына сұлулардың ішінен таңдағаныңды алуға рұқсат! – дейді хан көптің алдында шүленсіп.
Айбүбінің қалай дүние салғанын естіген Тасқара шамырқанып кетеді. Шаршап, жүдеп келсе де осы арада дүр сілкініп, садақша тартылып, бойын тез жиып алады да:
– Жоқ! – дейді жүгініп отырған жерінен атып тұрып. – Маған Айбүбіден басқа ешкімнің керегі жоқ! Оны өлтірген сенсің, Саранжап! Мен сенің мазақ әміріңді орындау үшін шыққамын жоқ шың басына! Жүзінен қан сорғалаған сенің қайқы қылышыңды мұздың ұйығына тастай салғам. Мен Айбүбіге деген асқақ махаббатымды Тәңірдей асқақ шыңның басына алып шыққым келді. Сол кіршіксіз таза махаббат мені алға жетелеп, биікке шығарған. Осыдан былай мынау Тәңір тау Айбүбі екеуміздің маздақ махаббатымызға қойылған мәңгілік белгідей асқақтап тұратын болады!
Мұндай өктем сөзге қандай хан шыдасын, Саранжап осқырына ұшып тұрып, дереу жігіттің басын алуға әмір етеді.
Күн жылынып көктем шыға қазақ сарбаздарымен қоса қырғи жүрек қырғыздың қалың қолын бастап Ботабай өзінің азалы елін, қазалы жұртын жаудан азат етеді. Кейінгі ұрпаққа махаббаттың мәңгі жырындай тарап кеткен осы оқиғадан кейін асқақтаған Әулие шың «Хан-Тәңірі» аталыпты деседі.
Жанкешті жұрт
Әрине, аспанмен таласқан асқар таулар, мәңгі мұз құрсанған шыңылтыр шыңдар төңірегінде сөз болғанда, ел аузындағы аңыздан да бұрын, ақынның лағыл жырынан да бұрын көз алдымызға альпинист-спортшының келуі заңды. Альпинистер – шын мәнінде жанкешті жұрт. Былай қарасаңыз, әрекеті көп, берекеті шамалы шаруамен айналысып жүргендей. «Осылар неліктен тауға құмар болады екен?» деп те қайран қаласың. Бірде болмаса бірде мерт болу қаупі барын біле тұра, олар тас жұтар тәуекелге неге барады? Бұл сұраққа нақты жауап берген альпинист әлі туған жоқ. Әйтеуір түйсіктің түртпегімен сезетіндері – тауға құмарлық та дерттің бір түрі екені. Жазылмас дерт! Білетіндері – альпинизм – ол экстрим, ол адреналин, өзіне деген сенімді бекіту, рухты шыңдау. Шыңның шырқау биігіне сүйретіліп шыққан бойда жерді айқара құшақтап еңкілдеп жылайтындарын қайтерсің! Осыған дейін көрген құқай-азабын, қиямет-қорлығын сол арада көз жасымен жуады. Ондайда кемсеңдеп тұрып ауыздан шығар жалғыз сөз – «Мы сделали это!».
Аты аңызға айналған Джордж Мэллориден: «Сіз неліктен Эверстке бара жатырсыз?» – деп сұрапты. Сонда Мэллори: «Ол Эверест болғандықтан да!» – деп жауап беріпті. Бұл жауапты қалай ұқсаңыз да еркіңізде!
Жалпы, осы тақырыптағы деректерге қарап отырсақ, «альпинизм» сөзі Батыс Еуропаның ең биік тау жүйесі – Альпі атауынан шыққан екен. Таудың басына өрмелеу, ең алдымен спорттық мақсатты көздейтіні белгілі. Бірақ ғылыми-зерттеу саласында да альпинизмнің рөлі зор. Спорттың бұл саласы бірнеше түрге бөлінеді. Соның ішінде 6 мың метрден асатын биікке өрмелеу – «биіктік альпинизмі» деп аталады.
Альпинизмнің өркендеп дамуы Орталық Еуропадан бастау алады. 1786 жылы швейцариялық ғалым Г. Соссюраның ұйымдастыруымен Альпінің ең биік нүктесі – Монблан шыңына М. Паккари мен Ж. Бальма деген азаматтар көтерілген болатын. Дәл осы оқиға әлемдік альпинизмге бастама болған сияқты. 1865 жылы ағылшындық жанкештілер техникалық жағынан күрделі маршрутпен өрмелей отырып, тағы да сол Альпі тауы жүйесіндегі Маттерхорн атты шыңды игереді. Бұл күн «альпинизм спортының» туған күні, яғни «күрделі маршруттар бойынша тау шыңдарына өрмелеудің» бастамасы болып есептеледі.
Биіктік альпинизмін алғаш бастаған 1907 жылы Гималайдағы жетімыңдық Трисуп шыңына шыққан ағылшын Том Лонгстафф деген кісі. Ал, Ресейдің жартасқа өрмелеу тарихына келсек, бізге белгілі алғашқы дерек – І Петр патша 1697 жылы Оңтүстік Германиядағы биіктігі 1142 метрлік Брокен тауына шыққан екен. Осы жыл Ресей альпинизмінің туған жылы ретінде қалды. Бізге жеткен келесі бір дерек – 1788 жылғы орыс экспедициясы мүшелерінің биіктігі 4750 метрлік Ключевск шоқысына көтерілуі. Биіктігі 5628 метр болатын Эльбрустың шығыс жақ шыңын алғаш Ресей ғылым академиясы тау экспедициясының жолбасшысы Келар Хаширов бағындырады. Пятигорск пен Нальчикте орнатылған ескерткіш шойын тақта осы кісінің Эльбрустың басына алғаш шыққандығының дәлелі.
1845 жылы Орыс географиялық қоғамының құрылуы – тау шыңдарын игеруге жол ашып, әжептәуір жағдай жасады. Қоғамның бастамасымен Орталық Азияның таулы аудандарына көптеген экспедициялар жіберілді. 1901 жылы Владикавказда, Пятигорскіде, Сочиде, Верныйда (қазіргі Алматы) бөлімшелері бар «Русское горное общество» деп аталатын қоғам құрылды.
1923 жылғы тамыз айы – Кеңес заманы альпинизмінің туған күні саналады. Осы жылы осы айда Тбилиси университетінің доценті Г.Н. Николадзе бастаған 17 студент (оның ішінде 5 қыз бар) Казбек тауының басына шыққан болатын. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай Кеңес еліндегі альпинизмнің дамуы қарқындап өседі. Памирлік экспедициялар жасақталып, Орталық Тянь-Шаньді игеру науқаны басталады. 1933 жылы КСРО аумағындағы ең биік шың – Памирдегі биіктігі 7495 метрлік Коммунизм шыңы бағындырылады. Памир шыңдарын игеруге Евгений Абалаков деген азамат көп еңбек сіңіреді.
Құрамы 9 адамнан тұратын кеңес альпинистері 1982 жылы мамыр айында бұрын жүрілмеген маршрут бойынша аса қиын әрі қауіпті оңтүстік-батыс бүйірден Эверестке көтеріліп, сапарларын сәтті аяқтайды. Екінші кеңестік Гималай экспедициясы 1989 жылы жасақталған еді. Бұл жолғы КСРО құрама командасының құрамында ресейліктермен бірге Қазақстан мен Украинаның да ең мықты альпинистері енеді. Олар Канченджанга сілемінің сегізмыңдық төрт шыңын траверс (төменге түспестен, қабырғалай жүріп, қатар тұрған шыңдарға кезегімен шығу) арқылы бағындырады.
Сөз ретінде «бағындырды» (орысшасы «покорил») – альпинизм мектебінде көптен қалыптасып кеткен термин екенін айта кетейік. Әрине, табиғатты бағындыру, оның ішінде биік тауды бағындыру адам ұғымына жат түсінік. Осы терминге даңқты жерлесіміз Анатолий Букреев те бір сұхбатында наразылық білдіріпті: «Покорять... это то же, что и покорить другую страну, значить завоевывать. Это неправильно сложившийся термин в советской школе альпинизма. Покорить вершину? Не нужно стремиться ее покорить. Можно только сравняться с высотой горы на какое то время и спуститься вниз живым, если повезет!». Амал қанша, оқырманнан кешірім сұрай отырып, біз де қалыптасқан шаблоннан шықпай жатқанымызды мойындаймыз.
Біз жоғарыда «жетімыңдық», «сегізмыңдық» деген терминдерді де сапырып жатырмыз. Бұлар да альпинизмде жиі қолданылатын атаулар. Яғни, таудың биіктігі жеті мың метр, немесе сегіз мың метр деген ұғым. Біздің әңгімеге тиек болып отырған Хантәңірі «жетімыңдықтар» қатарында. Оның биіктігі теңіз деңгейінен 7010 метр жоғары. Жер шарындағы Хантәңірі сияқты жетімыңдықтар алпысқа тарта екен. Қаншалықты тырмысса да, солардың төртеуінің басына әлі күнге адам баласы шыға алмай жүр. Ал, планетамыздағы «сегізмыңдықтар» саналатын шың – 14. Сол 14 шыңның бәріне шыққан адамдар барын естігенде – шын риза боласың. Ондай альпинистер нағыз ержүректер, жон арқасының жалы бар қас батырлар. Бүгінге дейін сегізмыңдықтардың баршасын адақтап шыққан альпинистер 30 кісі, оның үшеуі әйел. Солардың ішінде қара көз біздің қазақтың да болғаны көңілге мақтаныш ұялатады. Ол батырдың аты-жөні – Мақсұт Жұмаев.
Енді оқырман біле отырсын деген ниетпен, биіктігіне байланысты ретімен тізіп, альпинистің арман-мұраты болған сол 14 шыңды атай кетейік.
Әлемдегі ең биік шың – бәрімізге белгілі – Эверест. Эверест атауы Британдық Үндістанда геодезиялық қызметтің жетекшісі болған сэр Джордж Эверестің құрметіне 1856 жылы қойылған. «Көктің кіндігі» саналатын бұл шыңды тибет тілінде «Джомолунгма» десе, непалдықтар «Сагарматха» атайды. Эверестің теңіз денгейінен биіктігі 8848 метр. Оның «Гималайдағы, бәлкім, дүние жүзіндегі ең биік нүкте» екенін алғаш болжаған Радханат Сикдар деген үнділік азамат. Ол ағылшынның геодезиялық қызметінде топограф болып жұмыс істеп жүрген кезінде, 1852 жылы, шыңнан 240 шақырым жырақта отырып, тригонометриялық амалдармен сызғылап өлшеп, дәл есептеп шыққан.
Биіктігі жөнінен екінші орында – К2 шыңы, ол «Чогори» деген атпен де мәлім. К2 – Пәкістанның Қарақорым тауларында, биіктігі 8614 метр. Үшінші орында Канченджанга – 8586 метр. Одан кейін Лхоцзе – 8516 метр, Макалу – 8485 метр, Чо-Ойю – 8201 метр, Дхаулагири – 8167 метр, Манаслу – 8156 метр, Нангапарбат – 8126 метр, Аннапурна – 8091 метр, Гашербрум-I – 8080 метр, Броуд-Пик – 8051 метр, Гашербрум-II – 8035 метр, Шишабангма – 8027 метр.
Бұл шыңдардың 10-ы Гималай сілемдерінде, 4-еуі Пәкістанның Қарақорым тауларында.
Осы сегізмыңдықтың ішіндегі адам баласы ең бірінші бағындырған биіктік – Аннапурна шыңы. 1950 жылы оның басына Морис Эрцог пен Луи Лашеналь деген француз альпинистері аяқ басқан болатын. Бұл оқиға альпинистер арасында зор серпіліс туғызып, көкпен таласқан сегізмыңдықтарды да бағындыруға болатынына көздерін жеткізді, көңілдеріне сенім ұялатты. Осынау ересен оқиғамен жігерленген альпинистер содан кейінгі бес жыл ішінде «сегізмыңдық» шыңдардың алтауын игеріп жібереді. Олардың ішінде, әрине, заңғар биіктегі Эверест шыңы да бар-тын. Оның басына 1953 жылы непалдық азамат, ұлты «шерпа» дейтін тау халқының перзенті Норей Тенцинг пен жаңазеландиялық Эдмунд Хиллари алғашқы болып көтерілді. Сөз орайында айта кетейік, менің жеке кітапханамда Норей Тенцингтің «Тигр снегов» атты ағылшын тілінен орысшаға аударылған естелік кітабы бар. Норей жазу-сызу дегенді білмейтін, қара танымайтын кісі екен. Альпинист-шерпаның әңгімесін тыңдай отырып, айтқанын жазып, ағылшындық бір журналист соның атынан естелік кітап шығарған. Қызыға да, құмарта оқыдық. Эверестке алғашқы болып маршрут салудың жауапкершілігі, жол қиындықтары, көрген азаптары егжей-тегжейлі баяндалған аса тартымды шығарма.
Алғашқы болып сегізмыңдықтың он төртін де бағындырған итальяндық альпинист Райнхольд Месснер есімді кісі. Ол бұл әрекетке өмірінің 16 жылын арнапты. Екіншісі, қысқа мерзім ішінде, яғни 1979 жылдан бастап, 8 жылда мұндай зор көрсеткішке жеткен польшалық альпинист Ежи Кукучка болды. Гиннестің кітабына кірген бұл рекорд 26 жыл бойы өз тұғырын бермеген. Тек, 2013 жылдың 20 мамырында оңтүстік кореялық альпинист Ким Чан Хо 7 жыл 10 ай және 6 күнде 14 шыңның бәріне шығып, рекордты жаңартады.
Оттегі маскасын пайдаланбай 9 жыл ішінде сегізмыңдықтың бәрінің басына шығып қайтқан қазақстандық (кейін польша азаматтығын алып, көшіп кетті) тағы бір ержүрек жігіт бар. Оның аты-жөні Денис Урубко. Барлық сегізмыңдықтарды бағындырған алғашқы әйел Оңтүстік Корея азаматшасы О Ын Сон деген спортшы. Ол осынау биіктерді жаулаған ер азаматтар арасында 21-ші орында тұр.
Аннапурна – адам бағындырған алғашқы сегізмыңдық болса да, қазіргі кезде оған өрмелеу басқа шыңдарға қарағанда сиректеу. Өйткені бұл тауға шығу күрделі, бейнетті, өлім қауіпі аса жоғары.
Тәңірі нышаны
Ендігі кезекте Қазақстандағы альпинизм спортының дамуы төңірегінде ой бөлісейік.
Білім мен ғылым қарыштап дамыған қазіргі таңда альпинизм – әлемдегі ең танымал экстремал спорт түрлерінің бірі болып табылады. Рас, Қазақстанда альпинизмнің дамуына мүмкіндіктер жетеді, ол үшін қордалы жағдайлар жасалған. Әсіресе, Тянь-Шань таулары, Алтай мен Алатау шыңдары экстремал спортшылардың сүйікті мекені. Ерте замандарда бұл таулардың маңайына көптеген тайпалардың тарихи тағдырлары тоғысқан. Таулар күні бүгінге дейін өз қойнауларында небір құпияларды сақтаумен келеді. Бабалардың дауылпаз рухы қалған бұл тауларда. Спортшыларды осы жағдай да қызықтырады.
Хантәңірі шыңының биіктігі – 7010 метр. Ол Орталық Тянь-Шань, Қазақстан, Қырғызстан және Қытай шекарасының тоғысында орналасқан. Бүгінде ол әлемдік альпинизмнің танымал алаңының бірі. Ол, сондай-ақ, планетамыздың солтүстік жартышарындағы ең жоғары ендіктегі шың саналады. Ол биіктігі жөнінен жетінші орында. Хантәңірі – шығуы аса күрделі шыңның бірі, талай альпинистің басын жұтқан қатерлі тау. Бір сауыры көкбет жалама тас, оны «Мәрмәр қабырға» деп атайды. Қар тоқтай бермейді. Тоқтаса да ұзаққа шыдамай, көшкін болып сыпырылып төмен түсіп кетеді. Біз көргенде де бойында қары шамалы, мұздығы күнмен шағылысып айнадай жалтырап жатты.
«Тянь-Шань» сөзі қытай тілінде «аспантау» деген ұғымды білдіреді екен. Бірақ арғы түбінде өз сөзіміз. Мұны бізге өзімізбен Хантәңірі сапарына бірге аттанған журналист досым Сауытбек Абдрахманов түсіндіріп берді. Сонда қалай дейсіз ғой? География ғылымдарының докторы, физикалық географияның, палеографияның, топонимиканың ірі маманы Эдуард Мурзаев бұл атаудың түркінің Тәңірі (Танры – Бог) және нышан (нишан – метка) сөздерінен жасалған калька екенін дәлелді айтқан екен. Енді мұны оқырмандар біле жүрсін деп әдейі жазып отырмыз. Бұған көз жеткізгіңіз келсе Википедиядан «Тянь-Шань» деген мақаланы ашып, соның «Происхождение названия» деген бөлігін қарап аларсыз. Ал Хантәңірі болса – қазақ жерінің мақтанышы, өзі сол Аспантаудың жүрегі, осы таулар сілемінің қайталанбас көркі.
Хантәңірін түркілер ежелден қасиет тұтқан. Бұл шың туралы алғашқы мәлімет бұдан 1200 жыл бұрын қытай дереккөздерінде жазылып қалыпты. Орыс саяхатшыларының ішінен 1856 жылы Хантәңірін Қарқара өзенінің басынан алғаш көрген П.П. Семенов-Тян-Шанский екен. Шыңның көркіне қатты тамсанған ол, күнделігіне былай жазыпты: «Түскі сағат бірдің кезінде, тау асуына шыға бере, кездейсоқ тамаша көрініске тап болдық. Оң жақ қапталымызда тұрған алып шың маған бұрын-соңды көрген тауларымның бәрінен де зор сияқты көрінді. Оның басынан етегіне дейін қарсауыт сүңгі мұздар құрсаулап тұр. Айналама қарап тұрып санағанымда, ондай шыңдардың саны отызға жуықтады. Осынау алыптардың арасында өзгелерден өзінің биіктігі жөнінен ерекше оқшауланып, дара тұрған үп-үшкір пирамида көзімізге ұрған. Асудан қарап тұрып көз салғанда, ол басқаларынан екі еседей биік сияқты көрінді» (Ж. Аупбаевтың аудармасы).
Семенов-Тянь-Шаньский Хантәңірін Ресей жұртшылығына осылай таныстырады. Мұндай жаңалықты естіген бойда Петербургтегі Орыс география қоғамы Орталық Тянь-Шаньға бірінен соң бірі бес экспедиция аттандырады: 1864 жылы – Н.А. Северцовтың, 1869 жылы – А.В. Каульбарстың, 1876 жылы А.Н. Куропаткиннің, 1886 жылы А.Н. Краснов пен И.В. Игнатьевтің экспедициялары осынау қиян түкпірге сапар шегеді. Орыс қоғамы ғана емес, шетелдік жаратылыстану мамандары да таңғажайып шыңдарды көруге әрекет жасайды. Сөйтіп, Тянь-Шань тауларына 1889 жылы венгр ғалымдары Г. Алмаши мен Ш. Штуммер, 1900 жылы итальян мамандары Ч. Боргезе мен Г. Брохорель келіп, Хантәңірі түбіне шатырларын тігеді.
Кезінде Хантәңірі жайында көптеген зерттеулер жасап, біршама мақалалар жариялаған көрнекті қаламгер Жанболат Аупбаевтың жазбаларына сүйенсек, одан кейінгі оқиға былайша өрбиді...
Саяхатшы ғалымдардың алдында тұрған ендігі міндеттің маңыздысы – шыңды қайтсе де бағындыру болады. Бұл қадамға алғаш қадам жасаған итальян ғалымы Ч. Боргезе екен. Ол қасына саяхатшы досы М. Цурбригенді ертіп, 1900 жылдың жазында Нарынқолдағы Сарыжаз бөктеріне келіп орналасады. М. Цурбриген альпинист ретінде бұған дейін Оңтүстік Америкадағы жетімыңдық Аконкагуа биіктігін игеріпті.
Өршіл жандар үш аптаға созылған ауыр жүрістен соң, қырғыз елі жақтағы Аймонақ аңғарынан келіп бір-ақ шығады. Әйгілі шың бұл жерден қашық емес, әрі барша келбетімен анық көрініп тұрады. Хантәңірін етектен болжап, толық танысып болғаннан кейін олар маршрутты Инелшік мұздығы арқылы салуды жоспарлайды. Алайда, бұл маршрут олардың үмітін ақтамайды. Инелшіктен әупірімдеп өткен бойда алдарынан алып мұз жарығы кездеседі. Альпинистер жиналмалы басқыштары жоқ, одан аттап өте алмай, амалсыз кері қайтады.
Орталық Тянь-Шаньды зерттеуде, ондағы Хантәңірі шыңының толық картографиясын жасауда неміс ғалымы Г. Мерцбахер көп еңбек сіңіріпті. «Мұз құрсаулы мұнараны» бағындыру жолындағы оның бірінші сапары 1902 жылы Нарынқолдағы Байынқол аңғары жағынан басталады. Бірақ саяхатшы алғашқы жорығында 5500 метр биіктікке ғана көтеріліп, кері қайтады. Келесі жылы ол шыңға шығуға тағы да әрекет жасайды. Байынқол аңғарымен өрлей отырып, Инелшік мұздығының шығыс жағына жеткен Мерцбахер одан әрі 18 шақырым ілгерілеп барады да, тұйыққа тіреледі. Неміс ғалымы бір жағын шыңылтыр мұз жапқан жақпартас, екінші жағын қар көшкіні көміп тастаған асудан әрі жол таба алмай, дымы құриды. Қар боратқан суық жел, меңіреу түкпір, бірінен-бірі өткен арантіс шыңыраулар саяхатшының рухын түсіріп жібереді. Содан Мерцбахер Хантәңіріне шығу ешқашан мүмкін емес деген қорытындыға келеді де, қойын дәптеріне: «Тянь-Шань альпинистік әуестенушілік әуресін көтермейтін жер», – деп жазған екен.
Тәңір таудың басына алғашқы болып 1931 жылы 12 қыркүйекте украиндық альпинист Михаил Погребетский қасындағы үш серігімен көтеріледі. Шыңның оңтүстік қабырғасы арқылы өрмелейтін осы маршрут қазіргі кезде де классикалық болып есептеледі. Хантәңірі жайының білгірі Жанболат досымыз тағы былай деп жазыпты: «Хантәңірі республика альпинистерін бұқаралық спорттың қиын да қызықты саласына баулитын, олардың шеберліктерін шыңдайтын бірден-бір жаттығу алаңы. Мәселен, 1980 жылы бірінші кеңестік Гималай экспедициясы жасақталғанда, сондағы көп сатылы сынақтан біздің Қазақстан альпинистері сүрінбей өтіп, Эверестке шығуға жолдама алған Мәскеу, Ленинград командасынан кейінгі мықты төрттік топты құрады. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ. Гималай экспедициясына қатысуға үміткер 52 спортшының ішінен үздік шыққан 16 адамның арасындағы Қазбек Уәлиев, Ерванд Ильинский, Юрий Голодов, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев альпинизмге барар үлкен жолды осы Хантәңірінен, оны бір емес, бірнеше рет бағындырудан бастаған болатын. Қазір де солай. ТМД-дағы немесе шетелдегі дүбірлі жарыстарға барар алдында олар алдымен Тянь-Шаньға жол тартады, жаттығады, содан соң барып әлгіндей альпиниадаларға аттанады. Өздерінің өмір жолы, мақсаты мен мүддесін мұзарттарды бағындыруға арнаған мұзбалақтар үшін Хантәңірі, міне, осындай ерекшелігімен қымбат!».
Бүгінгі таңда да Тәңіртаудың жылдан-жылға қадірі артып, қасиеті асқақтай түскені айдай шындық. Жыл сайын жаз шыға саяхатшылар топ-тобымен шың етегіне жетіп, арнайы лагерьлерге орналасады. Шыңның ұшар басына дейін барып қайтуға, кем дегенде, 14 күн уақыт керек. Ол үшін келген қонақтар айлатып жатады, ұзақ дайындыққа кіріседі, биіктікке бейімделу жағдайынан өтеді. Содан кейін ғана қаздай тізіліп, шың биігіне бет алады.
Ажал тауы
Альпинизм спорты жайындағы әңгімені Эверестсіз айту – тұздықсыз сорпа ішкенмен бірдей. Ал Эверест дегеніңіз – «ажал тауы» екені қазір баспасөз беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Ол жөнінде Интернетте материал да, айғақ болатын фотосуреттер де жетіп артылады. Адам түгілі, құс төресі бүркіт те жетпес биікте түн баласында бет қаратпас түлей боранмен қоса, 60 градусқа дейінгі аяз қысады. Турасын айтқанда, шыңға бет алған альпинист өзінің қайтып оралмай қалуы мүмкін екенін біледі. Оттегінің жеткіліксіздігі, соның салдарынан жүректің әлсізденуі, сіңір созып үсік шалу, тастан құлап жарақат алу, боранда адасып кету – адамның опат болуына әкеліп соқтыратын түрлі жағдайлар. Өзің сеніп келе жатқан оттегі баллоны қақпақшасының аязда қатып қалуы да талай рет қатерге себепкер болған.
Биіктік жағдайында шапшаң қимыл жасауға болмайды, кейде аяқ өзіңе бағынбай тарбаяқтап қаласың. Ондайда адам өзін терең судың астында жүргендей сезінеді, қимыл-қозғалысың баяу, әр қадамың есепті, бәрін де ойланып барып, ақылмен жасайсың. Ақыл демекші, оттегі тапшылығында ми айналып, ой-жүйең жұмыс істемей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Спортшы не істеп, не қойғанын білмей, көз алды бұлдырап жындана бастайды. Ауа жайылып, бағытынан бұрылып кетеді, алдындағы құрдым құздың ернегін көріп тұрып, құлап кеткен оқиғалар көп болған. Суыққа қатты тоңған жан оттан шыққандай күйіп-жанады, үстіндегі киімдерін шешіп, лақтыра бастайды.
Альпинизм тәжірибесі шыңға шабуыл кезінде көбінде мықтылар мен тәжірибелі спортшылар, жол көрсетушілер мен нұсқаушылар мерт болатынын көрсетті. Өйткені командадағы серіктестері үшін жауапкершілік оларға көбірек жұмыс жасауға, көп қимылдауға мәжбүрлейді. Сөйтіп, арпалысып жүргенде өзінің әлі құрып, күш-қайраты сарқылып қалғанын да байқамай қалады екен.
Енді мына жағдайға назар салыңыз... Ресей Гималай экспедициясының мүшесі Александр Абрамов бірде былай деп жазыпты: «На высоте более 8 тысяч метров нельзя позволить себе роскошь морали. Выше 8 тысяч метров ты полностью занят собой, и в таких экстремальных условиях у тебя нет лишних сил, чтобы помогать товарищу».
Осыған байланысты, 2006 жылдың мамыр айында Эвересте орын алған қайғылы оқиғаны оқығанбыз... Биіктегі әлдебір жартастың түбінде суықтан көгеріп үсіп бара жатқан 34 жастағы ағылшын Дэвид Шарптың дәл қасынан 42 альпинист өте шығады. Бұрылып аяушылықпен қарағандары болмаса, ешкім де оған қол ұшын бермейді. Араларындағы біреуі ғана бұрылып келіп, ерні күп боп ісіп, тілі аузына сыймай жатқан альпинистен иіліп сұхбат алмақшы болады. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, бірнеше рет суретке басады да, жолынан қалмай, ары қарай кете барады. Дэвид тіл жоқ, көзі жәудіреп, сол орнында кемсеңдеп қала береді. Дэвидті суретке түсірген «Discovery» каналының маманы екен. Мінеки, бастаушы гидсіз, көмекші шерпасыз Дэвид құсап жалғыз өзі «ерлік» жасағысы келгендердің тағдыры әрдайым осылай аяқталып жатады.
Шыңға беттеген альпинистердің қай-қайсысы болмасын жан-жақта шашылып жатқан, жарым-жартылай мұзға көмілген мәйіттердің қасынан өтуге мәжбүр. Бұл мәйіттердің бір кездері өздері сияқты альпинистер болғанын олар жақсы біледі. Тек, ол жазғандардың жолы болмай, сәтсіздікке ұшырағандарын да түсінеді. Олардың кейбіреуі тастан ұшып кетіп, сүйектерін сындырған, кейбіреуі қақаған аязда аяқ-қолын үсітіп алған, немесе өлердей шаршап, аттап басуға шамасы жоқ әлсіреп жығылғандар. Немесе, ықтасында аяқ суытып, бел жазып сәтке тынығайын деп қақаған суықта мәңгі қатып қалғандар.
Әлгіндей биіктен қайтып оралмай, шашылып жатқандардың статистикасын ешкім жүргізбейді. Өйткені өлгендердің көбісі есепте жоқ «жабайы топтар», яғни кәсіби нұсқаушы мен жүк көтеруші шерпаны жалдауға қаражаты тапшы жандар. Дайындықтары шамалы олар, өздерінше үштен беске дейінгі шағын топ құрып, тауды игеруге аттанысып жатады. Енді біреулер қаражат үнемдеймін деп ақшасын аяп, өмірімен қоштасуға мәжбүр. Эверестке шығар әр маршруттың бұрысы мен бұлтарысында бүгінде шамамен «мәңгілік күзетте» 200-дің үстінде адам жатыр деседі. Бұл бір ғана таудағы жағдай. Ал, Эверестен де қиын, шығуы күрделі Чогори, Аннапурна сияқты шыңдардың өн бойында қаншама адам қалды десеңізші! Сондай келеңсіз суреттер біздің Хантәңіріне де тән. Оның да сай-саласында, әңгек-шыңырауларда, қалың қар мен мұздың астында өзіміздің де, шетелдің де біраз азаматтары мәңгі тұрақ тапқан. Шыңға өрмелеген альпинистер жіпке тізгендей шұбалып, жолдарында жатқан мәйіттерді аттап-бұттап өте береді екен. Өйткені олар алды мен арты қоғамдалған тар сүрлеуде бағытынан сәтке болса да ауытқудан зәредей қорқады. Биікте адамның әр қадамы санаулы, жыбыр-жыбыр жылжумен аяқ басады. Мәйітті қастерлеп, жолдан бұрылып кетсе – жоғарыға жете алмай қалулары әбден мүмкін, немесе соқпағынан адасып, қаптаған құз-шыңыраудың біріне шатқаяқтап домалап кетулері сөз емес.
Биікке беттеген адамның көңілін әрдайым қорқыныш пен үрей билеумен болады. Ол түсінікті де, шың-құздар еркелікті көтермейді, қателікті кешірмейді. Бір альпинист өзінің естелігінде «аяқ-қолың үсіп, бірер саусағыңды, екі-үш башпайыңды кестірумен құтылсаң – оған шүкір деу керек» деп жазыпты.
1996 жылы жапондық Фукуока университетінің спортшылар тобы Эверестке көтеріледі. Олардың жүрер бағытында, шеткері бір ықтырмада халдері мүшкіл, жүдеп-жадаған, мұздап қалған үндістандық үш альпинист жатады. Қақаған аяз бен боранға қалған олар, жапондықтардан жалынып көмек сұрайды. Жапондықтар әріптестеріне қайтар жолда көмек көрсетпек оймен, кідірместен қастарынан өтіп кетеді. Олар шың басынан қайтқан кезде құтқаратын ешкім қалмаған екен. Үндістердің үшеуі де азынаған үскірік қардың үстінде серейіп, мұз боп қатып қалыпты.
Жұрт арасында Эверестің басына бірінші шыққан Джордж Мэллори атты ағылшын деген де аңыз бар. Бұл 1924 жыл болса керек. Жұптас серігі Ирвинг екеуінің шың басына өрмелегендеріне бірнеше кісі куә екен. Соңғы рет оларды бұлттармен араласып, шың басынан небәрі 150 метрдей жерде кетіп бара жатқандарын дүрбі салып байқапты. Артынша шыңның биігін де, спортшыларды да қою бұлт тұмшалап қалған. Жорамал бойынша олар шың басына шыққан, содан қайтқан жолда, ылдилап келе жатқанда опат болған сияқты.
Қысқасы, ол екеуі де етектегі лагерьге қайтып оралмаған. Есімдері көп жыл бойы атаусыз қалды, уақыт екеуін де санадан өшірді, ұмыт болды. Оларды іздеген де ешкім жоқ, ол заманда іздеу салатындай адамзат баласында шама да жоқ еді. Тек, 1999 жылы шыңға өрлеген кезекті бір топ 8290 метр биіктікте жылдар жылымы жұтқан, жел жалап, мұзға қатқан көптеген мәйіттерге тап болады. Солардың ішінен баяғыда, бұдан 75 жыл бұрын жоғалған Мэллориді ерекше киіміне қарап тауып алады. Ол тарғаяқтай ұмтылып барып, жерді сүзе етбетінен құлапты деседі. Басы мен қолдары мұзға жартылай қатып қалыпты. Серіктесі Ирвинг ол маңайдан табылмайды. Алайда, Мэллоридің байланған арқаны ақырғы сәтке дейін екеуінің бірге болғанын айғақтапты. Өйткені арқан пышақпен шорт кесілген. Соған қарағанда Ирвинг әлде де жүруге шамасы болып, өлімші халдегі жолдасын тастап, өзі төмендеп кеткен тәрізді. Сөйтіп, таудың ылдидағы бөктерінің бірінде қаза болды деген болжам бар.
Қар үстінде ашық қалған адамның денесі ұзаққа сақталмайды деседі, дененің киіммен жабылмаған ашық жерлерін қарлы боран сүйекке дейін мүжіп тастайды екен. Ал, қалың қардың астында, немесе мұзға қатып қалғандай болса, ол дене ұзағырақ сақталатын сияқты. Кейінгі жылдары бір альпинист 7200 метр биіктікте қар көшкінінен кейін оқыс ашылып салған жап-жас әйелдің мүрдесіне кезігіпті. Жуықтағы бір жағдайда опат болған-ау деп, ол жас әйелді суретке түсіріп алады. Төмендегі лагерьге қайтып келген соң, тәжірибелі серіктестеріне әлгі әйелдің суретін көрсетеді. Сөйтсе, ол әйел бұдан 10 жыл бұрын қатты боранға қалып, жоғалып кеткен альпинистің бірі болып шығады.
Опат болған альпинистерді эвакуациялау қиямет шаруаның бірі, сондықтан ондай жұмысқа белсеніп ешкім бара қоймайды. Тікұшақ болса әлгіндей биіктікке көтеріле алмайды, сирек ауада апатқа ұшырауы даусыз. Сондай-ақ, адамның шыныдай боп сіресіп қатып қалған денесі мен аяқ-қолын бөлшектеп кеспесең, оны бүктеп тасымалдауға икемдеу тағы мүмкін емес. Оның үстіне өзі әлсіреп әлтек-тәлтек биіктен қайтқан альпинист мұз қатқан киім-кешегімен 90 келіден ауыр тартатын адамды көтеріп те, сүйретіп те төменге түсіре алмайды. Амал жоқ, қаза болған альпинистер осылайша таудың қия-шатқалдарында көмусіз қала береді.
1998 жылдың мамырында болған ерлі-зайыпты Сергей Арсентьев пен Френсис Дистефаноның қазасы көптің көңілін құлазытқан-ды. Олар 8200 метр биіктікте боранның басылуын күтіп, үш күн, үш түн тауда қалады. Содан кейін 22 мамырда 18.15-те сүйретіліп, аңсаған армандарына жетіп, шыңның шырқау басына шығады. Шыңға шығуда бұл мезгіл тым кеш еді. Екеуі де оттегі маскасын пайдаланбаған. Сөйтіп, альпинизм тарихында Френсис оттегісіз шыққан тұңғыш әйел саналды.
Ерлі-зайыптылар арып-шаршап төмендеп келе жатқанда қараңғылық түсіп, әдеткідей алай-дүлей боран басталып кетеді де, олар бір-бірінен адасып қалады. Түн жарымында Сергей лагерьге соқа басы өзі келеді. Әйелі түні бойы жоқ. Түні бойы кірпік ілмеген Сергей ертеңінде ертемен әйелін іздеуге жалғыз аттанады. Ол сол кеткеннен мол кетеді, таудың белгісіз бір шатқалында мерт болды деген болжам бар. Келесі күні үш өзбек, үш шерпа және Оңтүстік Африканың екі альпинисі жолай қар астында жатқан Френсиске кездеседі. Екі тәулік бойы сақылдаған сары аязда қалса да жас келіншек әлі тірі екен. «Мен американкамын. Құдай үшін көмектесіңіздерші?» деп күбірлейді әйел. Альпинистердің сегізінің де арман-мақсаты шыңға шығу ғой, әйелдің қиын жағдайын көрсе де аялдамай, оның қасынан өте береді.
Кейін әлгі сегіздің айтуымен Френсистің қайсы жерде жатқанын білген бірер таныстары 8 жыл бойы жаңа экспедицияға дайындалып, артынып-тартынып Эверестке шығады. Олар көп жылдар бой қалың қардың астында көміліп қалған Френсисті ақыры іздеп табады. Ұйықтап кеткендей ғана көз жұмып, сұлу қалпын сақтап қалған жас келіншекті американ жалауына орап-шымқап, жартастан шатқалға қарай сырғытып жібереді. Биік тау жағдайында адамды жерлеудің реті осы болатын. Ал, оның күйеуі Сергей Арсеньевтің мәйіті ешбір жерден табылмайды.
Мико Имаи деген альпинист таудағы адамгершілік, гуманизм жайында қойылған сұраққа былай деп жауап беріпті: «В таких экстремальных ситуациях каждый имеет право решать: спасать или не спасать партнера. Выше 8 тысяч метров ты полностью занят самим собой и вполне естественно, что не помогаешь другому, так как у тебя нет лишних сил».
Шындығы да, тегі, осы болар... Теңіз деңгейінен 8 мың метр биіктікте қандай гуманизм, қандай адамгершілік туралы әңгіме болуы мүмкін? Мұндай жағдайда әркім өз өмірі үшін арпалысады, шыбын жаны үшін өзі ғана күресуге мәжбүр.
Букреев биігі
Хантәңірі – етектен көз талғанша қызықтайтын ғажайып тау ғана емес, ол ең алдымен еліміздегі «биіктік альпинизмінің» киелі де кепиетті ордасы. Ал, биіктік альпинизмі жайында сөз болғанда, қазақ елінің атын шығарып, бұл салада әлемдік деңгейге көтерілген жерлестерімізді айтпай кетуге тағы болмас...
Жалпы, Қазақстан альпинистерінің жеткен жетістіктері орасан! Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жетістіктерге жетулеріне оларға, ең алдымен Алатау мен Тянь-Шаньнің ақбас шыңдары себепші болғаны сөзсіз. Аттарынан ат үркетін, атақтары жер жарған ол жерлестеріміз жастайынан Алматы маңайындағы мұздықтарға өрмелеп, болаттай шынығып, соңынан планетамыздың айтулы шыңдарын бағындырған өрендер.
Қазақстандық мықты альпинистер туралы сөз болғанда ауызға ең бірінші ілінетіні – Анатолий Букреев. Спорт әлемінде оның есімі жер жарады. Ол шын мәнінде әлемдік дәрежедегі жойдасыз тұлға. 1958 жылы туған. Өзінің қысқа ғұмырында сегізмыңдық 14 шыңның он бірінің басына шығып үлгерген. Жолбасшы гид ретінде, түрлі экспедициялардың нұсқаушысы ретінде ол ұлы шыңдардың кейбіріне екіден-үштен өрмелеп, барлығы 21 рет шырқау биіктікке көтерілген. Эверестке үш мәрте шыққан. Альпинистерге берілетін құрметті «Қар барысы» атағының иесі. Ресейдің «За личное мужество» және Қазақстанның «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ол Қазақстанның XX ғасырдағы ең үздік спортшыларының тізіміне енді.
Өздерінің жерлесі, атағы жер жарған асыл азаматы жайында қазақстандықтар оншалықты біле бермейді. Есесіне оның есімі шетелдерде, әсіресе, Құрама Штаттарда аңызға айналған. Голливуд Анатолий туралы екі көркем фильм түсірді. Оның алғашқысы «Смерть в горах» деген атпен 1997 жылы, екіншісі – осы жуықта, 2015 жылы «Эверест» деген атпен үлкен экранға шықты. Көрермен ретінде «Смерть в горах» фильмін алғаш көргенде мен қатты тебірендім, жүрегімді мақтаныш сезімі, бойымды қуаныш биледі. Өйткені Анатолийдің алматылық екенін білмеуші едім, осы фильм арқылы көзім жетті... Фильмнің қырқыншы минутында Эверестің басына шыққан Анатолий күні мен бүркіті жарқыраған аспанкөк Қазақстан Туын кеудесінен суырып алып, желбірете жайып жібереді. Бұл эпизодты көріп отырған біздің тіліміз байланып, деміміз бітіп қалғандай күй кешкенбіз.
Анатолий өзі туралы Голливудтың фильм түсіріп жатқанын білген. Бірақ сол фильмді көре алмай 39 жасында қаза болып кетеді. Сондықтан осы бір атақты жерлесіміз туралы оқырманға біршама мәлімет бере кетсек – артық болмас деген ойдамын.
Анатолий Букреев КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан азаматтығын алып, тоқсаныншы жылдары Гималайға және Қарақорым тауларына неше мәрте шығып қайтады. Шетелдік экспедицияларда жол көрсетуші, нұсқаушы-гид болып жұмыс істейді.
1995 жылдың 30 маусымында Алматы жанындағы биіктігі 4010 метрлік Абай шыңына шыққан көпшілік альпиниадасында Анатолий Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке нұсқаушысы болды. Артынша Манаслу мен Чо-Ойю сегізмыңдықтарына сәтті жасалған Екінші және Үшінші қазақстандық гималай экспедициясына қатысты. Жалғыз өзі Лхоцзе, Шишабангма, Броуд-пик, ІІ Гашербрум сегізмыңдықтарын бағындырып, ғаламшардағы ең мықты альпинистердің бірі атанды.
Анатолий биіктікке көтерілгенде ешқашан оттегі маскасын пайдаланбаған спортшы. Ол 1995 жылдың 17 мамырынан 1996 жылдың 17 мамырына дейін, яғни бір жылдың ішінде 5 рет сегізмыңдық шыңға: Эверестке, Дхаулагириге, Манаслуға, тағы да Эверестке және Лхоцзеге көтерілгені үшін әлемдік рекордқа ие болды. Кейінгі алты сегізмыңдыққа шығуға ол тоғыз жарым ай ғана уақытын жұмсады.
Анатолий Букреев 1997 жылғы 25 желтоқсанда қазақстандық кинооператор Дмитрий Соболевпен бірге Италияның танымал альпинисі Симоне Мороны ертіп, өзінің 12-ші сегізмыңдығы – Аннапурна тауына қыс мезгілінде өрмелейді. Ол үшеуі 6 мың метрлік биіктікте ертеңгі шығудың әзірлігін жасап, ілмектер қағып, таяныш-перилалар орнатады да, бүгінше демалу үшін кештетіп базалық лагерьге ылдилап келе жатады. Кенеттен тау биігінде салбыраған қасат қардың ернеуі күркірей құлап, күтпеген жерден алапат көшкін түседі. Көшкін альпинистерді тау беткейінен сыпырып әкетеді. Симоне Моро көшкінмен бірге төмендегі лагерьдің маңайына дейін домалап, таңғаларлық жағдайда тірі қалады. Басы мен қолы жарақаттанған ол базалық лагерьге сүйретіліп әзер жетеді де, апат жайында хабарлайды. Жоғалғандарды іздестіруге дереу Алматыдан, құрамында төрт тәжірибелі альпинист бар, құтқарушы экспедиция ұшып шығады. Олар неше тәулік іздегендерімен, Букреев пен Соболевті таба алмайды. Келесі жылдың наурыз айында, күн жылыған кезде Симоне Моро мен Ринат Хайбуллин жоғалған екеуді қайыра іздестіреді. Бірақ ол талпыныстары да ешқандай нәтиже бермейді. Тек, Анатолийден алған мына хабарлама ғана бүгінгі күні ұлы альпинист жайындағы соңғы дерек болып қалуда:
«18.12.97 г. Сегодня мы спустились на высоту 1760 м в поселок с горячими источниками на отдых. Две недели стояла погода, необычная для Непала. Засыпало снегом более чем на 3,5 м. Откапывали палатки и топтали тропу до АВС. Потеряли две палатки. Завтра возвращаемся наверх в базовый лагерь. Будем пытаться делать восхождение до 16 января, после чего надеюсь вылететь в Алма-Ату. С 5 февраля у меня приглашение в Иран и потом в Америку. Анатолий».
Бес жылдан кейін Симоне Моро Италияда 7 рет басылған, оған қосымша испан және поляк тілдерінде аударылып шыққан Букреев туралы «Комета над Аннапурной» кітабын жазды. 2002 жылы қазақстандық режиссерлер А. Севернюк пен В. Тюлькин Анатолий туралы «Непокоренная вершина» атты деректі фильмді жарыққа шығарды. Анатолийдің америкалық досы, киноактриса және қоғам қайраткері Линда Уайли Аннапурнаның етегінде оған арнап ескерткіш-пирамида орнатты. Тақтада бір кездері Анатолийдің өзі айтқан: «Горы не стадионы, где я удовлетворяю свои амбиции, они – храмы, где я исповедую мою религию» деген сөздері жазылған.
1999 жылдан бастап, Алматының тау бөктерлерінде Анатолий Букреевті еске алуға арналған, төртмыңдық Амангелді шыңына жылдамдықпен жалғыз көтерілу бойынша жыл сайынғы дәстүрлі жарыс өткізіледі. Букреевтің альпілік стилінің ең жарқын ізбасары, жоғарыда сөз еткен әйгілі спортшы Денис Урубко осы жарыста бірнеше рет жеңімпаз атанды.
Осы жылы Линда Уайли достарымен «Букреевтің мемориалды Қорын» құрды. Ондағы мақсат – Қазақстанның жас альпинистеріне Аляскадағы, яғни ең солтүстік ендіктегі алтымыңдық – Мак-Кинли шыңын, ал жас америкалықтарға Хантәңірі жетімыңдығының басына шығуға демеушілік жасау. 2000 жылы Букреев Қоры Гималайдағы Шишабангму биігіне жасалған Қазақ-Американ экспедициясына демеуші болды. Осы экспедиция қазақ жігіті Мақсұт Жұмаевтың бағын ашып, жұлдызын жарқыратты. Ол содан кейін-ақ арасы 10 жыл ішінде 14 сегізмыңдықтың барлығын оттегі маскасынсыз-ақ игеріп шықты.
Линда, сонымен бірге, «Выше облаков. Дневники высотного альпиниста» атты кітап жазып, оны тау табиғатымен, Букреевтің алуан суреттерімен безендіріп жарыққа шығарды. Кітап Канадада жоғары бағаға ие болып, түрлі сыйлықтар иеленді.
1996 жылдың 10 мамырында Эвересте болған апатқа байланысты батыс баспасөзіндерінде Букреевтің есімі көп айтылып жүрді. Ол кезде Анатолий Эверестке жасалған «Горное безумие» америкалық коммерциялық экспедициясының нұсқаушысы болатын. Бұл экспедицияның жетекшісі Скот Фишер еді. Олар Роб Холл бастаған жаңазеландиялық «Консультанты по приключениям» атты экспедициямен шың биігіне қатар көтеріледі. Коммерциялық аталу себебі, Эверестке шыққысы келген адам 65 мың АҚШ долларын төлеуі тиіс. Экспедиция құрамында осындай мол қаражат төлеген, жастары 40 пен 50 арасындағы әуесқой-альпинистер болады. Әрине, жасамыс кісілердің тәжірибесі шамалы, баяу жылжиды, жиі-жиі тоқтайды, ентіктерін баса алмай себепсіз дем ала береді. Екі топтың да кейбір мүшелері шың басына шыққандарымен, әлгіндей тобанаяқ салбөкселіктің салдарынан ерте күнді кеш қылады. Күн батқанша 7900 метр биіктіктегі Төртінші лагерьге оралып үлгермейді. Аяқ астынан басталған көз қаратпас сұрапыл боранға қалады.
Қысқасы, бұл экспедицияның нәтижесі былай аяқталады.
Алғашқы топта таудан түсіп келе жатқанда үсік шалып, қатты сырқаттанған экспедиция жетекшісі Скот Фишер ғана қайтыс болды. Оның денесін бір күннен кейін Букреев барып, қар астынан қазып алады. Ал экспедицияның қалған алты мүшесі, қастарында екі кәсіпқой нұсқаушы – Бейдлман мен Букреев бар, және төрт шерпа шыңға шығып, аман-есен қайтып оралады.
Роб Холлдың экспедициясында шыңнан түсу кезінде үсік шалған Холлдың өзі және экспедицияның байырғы мүшесі Дуг Хансен қаза табады. Оларға Оңтүстік шыңнан көмекке келген Энди Харрис деген нұсқаушы жігіт те үсіп өледі. Төртінші лагерьге жақындай бере, азғантай ғана жер қалғанда қараңғы түнек пен боранда топтан адасып қалып қойған Ясуко Намба деген 47 жастағы жапон әйелі де мерт болады. Ол әйелді Букреев бір жылдан соң ғана қар астынан тауып алып, жапон жұртшылығының алдында оны құтқара алмағаны үшін кешірім сұрайды. Тірі қалғандар – шыңға көтерілген Майк Грум, екі шерпа және осы қайғылы оқиға туралы кейін атышулы кітап жазған журналист Джон Кракауэр болды. Анатолий өзі әбден титықтап лагерьге келсе, Холлдың тобынан әлі бір топ адам таудан қайтпағанын көреді. «Қалғандары қайда?» деген оның сұрағына «төртеуі жүре алмай тауда қалды» дегендей немқұрай жауап алады. Анатолий көп ойланып тұрмай-ақ, бораны бет қаратпай тұрған түн түндігіне жалғыз сіңіп кете барады. Бірер сағат өткенде өлімші болған бір альпинисті тәлтіректей көтеріп, палаткаға кіргізеді. Кіргізеді де, өзі дем алмастан түнделетіп қайта тауға кетеді. Біраз уақыттан кейін екінші альпинисті иығымен сүйеп алып келеді. Түн ортасын аударып барып үшіншісін сүйрелеп әкеледі де, өзі де діңкесі құрып, күш-қуаты сарқылып, сүрініп құлайды. Төртінші альпинисті құтқаруға оның мүлдем шамасы жоқ еді. Өлім аузынан Анатолий құтқарып қалған адамдардың аттары қазірге дейін белгілі: Сандро Питтмэн, Шарлотта Фокс, Тимоти Мэдсен. Кейін бұл оқиғаны естіген сарапшылар да, оған куә болған әріптестері де аюдай ақырған аязда, көрдей қараңғы түнек жағдайында қазақстандық бұл жігіттің бойына мұншалықты қайрат-жігер қайдан келгеніне таңғалысады. «Жаны темір болса да дәл мұндай қиялға симас әрекет – адам баласының мүмкіндігінен тысқары» деп бастарын шайқасады.
Биылғы жылы «Проект Магнит» атты шығармашыл топ деректі фильм түсірген екен. Осы фильмде олар Анатолий Букреевтің бұл ерлігін 1976 жылы 16 қыркүйекте Ереван көлінің жағасында болған әйгілі оқиғамен теңгеріпті. Ол күні суға жүзуден бірнеше мәрте әлем чемпионы Шаварш Карапетян 92 адаммен бірге көлге құлаған автобустан 20 адамды құтқарып қалған болатын. Расында да, жиырманы құтқару үшін ол тереңдігі 12 метрлік суық суға жиырма рет секірген еді. Бұл да құдай тағаланың адамға өлшеп берген мүмкіндігінен жоғары әрекет болатын.
Бір журналист «палаткада сол сәтте Холлдың тобынан төрт нұсқаушы, олардың көмекші алты шерпасы демалып жатқанын естідік. Аяз бен боранға шыдамай, серіктестерін тауға тастап кеткен солар емес пе еді? Сіз өзге топтан бола тұра, басыңызды неге бәйгеге тіктіңіз? Олар неге сол түні сізбен бірге ере шығып, өз командастарына көмектеспеді?» деген сұрағына Букреев: «Западные альпинисты... они никогда не рискуют. У них за плечами кредитная карточка, банковский счет, дом в Калифорнии или на островах где-то. У него хорошая жизнь, и он приехал отдохнуть» деп жауап беріпті.
Міне, біздің әйгілі жерлесіміздің ниеті қаншалықты таза, адамгершілігі жоғары, рухы қандай биік болған десеңші!
Эвересте болған трагедияға байланысты Голливуд екі фильм түсіргенін жоғарыда айттық. Мұндай трагедия биік тауларда бұғанға дейін де талай болған, тағы да бола беретіні даусыз. Дәл осы оқиға төңірегінде әлемдік баспасөздің бөрі тигендей бөрлігіп жүргендері – экспедиция құрамында арзан сенсацияға үйір бір журналистің болғандығынан. Осы экспедициядан қайтқан бойда Кракауэр тездетіп кітап жазып, оны бұрқыратып көп тиражбен елге таратады. Голливуд осы журналистің естелігін негізге ала отырып, тездетіп фильм шығарып жібереді. Мұндайда Батыстың журналисінің де, Голливудтың да шапшаңдығына таң қалмасқа лажың жоқ. Оқиға 1996 жылдың мамырында болды дедік, ал арада бір жылға жетпей (кітапты қойшы, әрине, кітап жазу да оңай емес) экранға сондай тездікпен атышулы фильмнің шығып кеткеніне қайрансың. Фильмді Роберт Маркус деген режиссер түсірген болатын.
Араға 17 жыл салып, Бальтасар Кормакур деген режиссер де «Эверест» атты фильмді экранға шығарады. Бұл фильм де сол баяғы трагедияға арналғанымен, режиссер біздің Букреевтің ерен ерлігін барынша бүркемелеп көрсетіпті. Негізі, бұл фильмде де басты кейіпкер Анатолий болуы керек еді. Амал бар ма, «мүйіз сұраймыз деп, құлақтан айырылғандай» болыппыз. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, «киношниктердің» кейбір әділетсіздігіне өкінесің де қоясың.
1997 жылдың мамырында өзі туралы фильм түсіріп жатқанын «альпинистердің Меккесі» – Непалда жүріп естіген Букреев бір журналға былай деп жауап беріпті: «На Западе мне после прошлогодней трагедии многое не нравится, потому что люди делают на этом большие, сумашедшие деньги, преподнося события так, как хочется той же Америке, а не так как это было на самом деле. Сейчас Голливуд снимает фильм, не знаю, что там сделают из меня... понятно, что это будет совершенно по-другому. Там из любого негативного события делают только деньги. И забывают обо всем, когда речь идет о миллионах баксах – можно повернуть историю как угодно».
Түрлі елдердің баспасөз материалдарын оқып отырған кезде біздің аңғарғанымыз – өзге жұрт Букреевтей кесек тұлғаны «қазақстандық» дегенге қимайтын сияқты...
Букреев құтқара алмаған төртінші адам ешбір жерден табылмай, ақыры із-түзсіз жоғалып кетеді. Ол ғана емес, өзге де экспедициялардың бірер мүшесі сол түні таудан қайтпай қалған екен.
Бір қызығы, «үсіп өліп қалды» деп тау бөктерінде бетін жауып, мәңгіге қалдырып кеткен 50 жастағы экспедиция мүшесі Бек Уэзерс таң ата тіріліп, барша күш-қайратын жинап, сүйретіліп лагерьге өзі келеді. Бірақ кейінірек аяқ-қолы кесіліп мүгедек болып қалады. Уэзерс кейіннен осы оқиға жайында «Брошенный умирать» кітабын жазады. Ол кітап 2000 жылы көп таралыммен жарық көреді.
Америкалық Альпілік Клубы қақаған аяз бен боранда өз өмірін қатерге тіге отырып тәуекелге барғаны үшін, тауда қалған бірнеше адамды құтқарғаны үшін Анатолий Букреевке 1997 жылғы 6 желтоқсанда Дэвид Соулс атындағы сыйлық береді. Арада 19 күн өткенде әйгілі жерлесіміз қаза табады.
2007 жылы Букреевтің өмірден озғанына 10 жыл толуына орай альпинистік қоғам Алматы маңындағы Пионер шыңына альпинистің есімі жазылған қоңыраулы үштаған ескерткіш орнатты.
Симоне Моро жалпы альпинистерге, соның ішінде қазақстандықтарға: «Анатолий Букреевке деген менің ризашылығым шексіз. Мен онсыз қазіргідей тірі жүрмес едім. Сіздер Букреевті ешқашан ұмытпаңыздар! Өйткені ол сіздердің мақтаныштарыңыз әрі айта жүрер айбындарыңыз» деген сөз арнады.
Жерлестері болса Алматының Орталық стадионының қабырғасына Анатолий Букреевке арналған мемориал тақта орнатты.
Асқарға аттанғандар
Біздің елде ауыз толтырып айта жүретін, жүрген жерде мақтан ететін альпинистер баршылық дедік. Солардың қатарында Валерий Хрищатый мен Қазбек Уәлиевті, әлгінде есімдерін атай кеткен Денис Урубко мен Мақсұт Жұмаевты атауға болады.
Валерий Хрищатый 14 жасында Алатаудың 4 мың метрлік биігіне шыққан жап-жас өрен екен. Ол небәрі 41 жыл ғана ғұмыр кешті. Осы қысқа ғұмырында Памир мен Тянь-Шань шыңдарына аса күрделі 50 жаңа маршрут салды. Бір өзі 350 рет түрлі биікке, солардың ішінде 33 рет жетімыңдықтарға көтерілді.
Қазбек Уәлиев екеуі 3 сегізмыңдықты – Эвересті, Канченджанга мен Дхаулагириді бағындырды. Біз тілге тиек етіп отырған Хантәңіріне Валерий 6 рет шығыпты. Ол КСРО-ның бес мәрте чемпионы болды, «Қар барысы» атағын да иеленді. Бірнеше ордендермен, медальдармен марапатталды.
Валерий КСРО чемпионатының аясында Победа шыңынан Хантәңіріне дейінгі аралықтағы алтымыңдық, жетімыңдық шыңдардың бәрін көктей өтіп, 14 күнде траверс жасап шыққан спортшы. Бұғанға дейін дәл осындай аз ғана уақытта мұндай ерлік жасаған, оннан астам шыңды адақтап өткен адам болған жоқ.
Ол 1993 жылы ағылшын альпинистерін бастап Хантәңіріне өрмелейді. Тәңір таудың биігін қонақтарға көрсеткен соң, осы шыңға солтүстік жалама қабырғаны бауырлап, жалғыз шығуды көздеп жүрген. Бірақ...
Төпелеп күн-түн демей үш тәулік бойы қар жауады, алай-дүлей бұрқасын тұрады. Бұл кезде қар суырған бұрқасынның басылуын күтіп, Хантәңірінің батыс жақтағы ойыс ерлігінде көп альпинист жиналып қалған болатын. Жауған қар палаткаларды қайта-қайта басып қала береді. Зықысы шыққан альпинистердің бір тобы мұз қабырғаларды ойып, үңгір қазып, соларды барып паналайды. Бірде жаңадан жауған қалың қардың салмағынан биікте шорланған мұз қопарыла жылжып, үңгірде бейқам жатқан төрт поляк альпинисін мыжғылап, үстінен басып қалады. Тура сол күндері осындай мұз көшкіні Чапаев асуында боранның басылуын күтіп жатқан Валерий Хрищатыйды да мерт қылады.
Валерий Хрищатыйдың Қазақстан альпинизмінің дамуына, соның ішінде Хантәңірін игеруге қосқан үлесі орасан. Ол Алатаудың көптеген шыңдарына бұрыннан таныс, белгілі соқпақтармен жүрмей, күрделі әрі қиын қабырғалар арқылы тыңнан маршруттар салып берген жаңашыл спортшы болды.
***
Қазақстан альпинизмі тарихындағы санаулы саңлақтың бірі – Қазбек Уәлиев. Ол Эверестке шыққан алғашқы қазақстандық азамат. Қазбек әскери ұшқыштың отбасында дүниеге келген. Алматыда мектеп бітіреді, осы қалада Политехникалық институтты қызыл дипломмен тәмәмдайды. Ғылым жолына түседі, Новосибирскіде, Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде диссертация қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын алады.
Ол альпинизм спортымен институттың бірінші курсында оқып жүрген кезінен айналысқан екен. Табанды жігіт кейін осы саладан КСРО спорт шебері, КСРО-ның бірнеше мәрте чемпионы атанады. 1982 жылы Эверестке шығатын бірінші советтік экспедицияның командасына енеді. 1989 жылы альпинизм бойынша КСРО-ның құрама командасының капитаны болып тағайындалады.
Қазбек пен Валерий Хрищатый екеуі ұзақ жылдар бойы тау шыңдарына бір жұп болып шығып жүрді. Достары ол екеуін «толстый» және «худой» деп әзілдейді екен.
Қазбек 1974–1990 жылдар аралығында КСРО территориясындағы жетімыңдықтың бәрін бағындырған спортшы. Олардың кейбіріне ол бірнеше реттен шығып, барлығы 21 мәрте биікке көтерілген. Мысалы, Коммунизм шыңына 9 рет, Ленин биігіне 8 рет шығыпты. Солардың ішінде біз сөз етіп отырған Хантәңірі де бар. Осы ерліктері үшін «Қар барысы» құрметті атағына ие болады.
Ең бастысы, Қазбек өзінің жұптас досы Валерий Хрищатыймен 1982 жылы Эверестің басына, бұрын ешкім жүрмеген оңтүстік-батыс қабырғадан жаңадан маршрут салып, өзгелер секілді күндіз емес, мамырдың 7-сінен 8-іне қараған түнде ұлы шыңның ұшарына шығады.
Ал, 1988 жылы келесі бір сегізмыңдық – Дхаулагириге, тағы да адам жүрмеген тыңнан жол салып, тоғыз адам болып аттанады. Алайда, осы тоғыздың үшеуінің ғана, қазақстандықтар – Қазбек Уәлиев пен Юрий Моисеевтің және чехословакиялық спортшы Золтан Демьянның шың биігіне аяқтары тиеді.
Қазбектің одан кейінгі өмірі де табанды дайындықтар мен мұзарт тауларға сапарлаумен өтіп жатады. Ол кейбір шыңдарға «альпілік стилде», яғни оттегі баллонынсыз, жүк көтеруші шерпаларсыз шығып жүрді. Тағы да Эверест пен Дхаулагири, екі рет Манаслу, сосын Чо-Ойю. Осы қиямет сапарларда бірер жақын достарынан, таныс әріптестерінен айырылады.
Қазбек Уәлиев 1996 жылы Қазақстанның альпинизм Ұлттық қорын құрады. Осы Қор кейіндері Іле Алатауының биік нүктесінің біріне «Тауда қаза болғандарға» арнап Мемориал ескерткіш орнатады. Атақты альпинист көп жылдан бері өзі құрған «Хан-Тенгри» атты туристік фирманы басқарып келеді. Бұл фирма Қазақстан туризмі тәжірибесіндегі шетелдік альпинистерге арналған алғашқы мекеме. Күні бүгінге дейін ол Хантәңірін аңсаған өзіміздің де, шетелдік те спортшыларға қызмет көрсетумен айналысады. Осы шыңның бөктерінде жыл сайын жаз шыға «Хан-Тенгри» атты Халықаралық альпинизм лагері жұмыс жасайды.
Бүгінде «Хан Тенгри» – экстремалды туризм саласында өзінің жеке-дара мықты инфрақұрылымы, кәсіби деңгейі жоғары қызметкерлері бар, бірегей жұмыс тәжірибесі қалыптасқан көш бастаушы қазақстандық туроператор.
Халықаралық лагерьге жыл сайын Ұлыбританияның, Германияның, Австрияның, Францияның, Испанияның, Голландияның, Швецияның, Польшаның, Венгрияның, Чехияның, Жапонияның, Кореяның, Жаңа Зеландияның, Австралияның, Сингапурдың, АҚШ-тың, Чилидің, Ресейдің және басқа да елдердің спортшылары келіп, Тәңір тауды жаз бойы шабуылдаумен болады.
Фирма қызметіне шетелдік әріптестері дән риза. Олар Хантәңіріндей табиғаттың қайталанбас құбылысымен танысқандарын өз елдерінде мақтан етіп, насихаттап жүретін көрінеді. Фирма басшылығына рахметтерін айтып келіп жатқан хаттар легі де көп. Мысалы, әлемдік альпинистік қауымдастықтың аса танымал өкілдері – Райнхольд Месснер мырза мен Джунко Табей ханым Тянь-Шаньға саяхаттары өздерін керемет әсерге бөлегенін шаттана жазыпты. Месснер былай деп құрмет білдіреді: «Мен Хантәңірі шыңын әлемдегі ең әдемі шыңдардың бірі деп есептеймін. Биіктегі бірнеше лагерьден тұратын Қазбек Уәлиев құрған инфрақұрылым Орталық Тянь-Шаньға ең күрделі альпинистік экспедицияларды қауіпсіз әрі жайлы жасайтындарына көзім жетті. Ризамын, рахмет сіздерге!». Ал, Джунко Табей ханым: «Менің 1998 жылы Тянь-Шаньдағы Хантәңірі шыңына және 2000 жылы Победа шыңына жасаған екі экспедициямның жетістігі, бәлкім, менің байырғы досым Қазбек Уәлиев жетекшілік ететін «Хан-Тенгри» компаниясы командасының тыңғылықты да ретті жұмысының арқасында болар. Оларға деген менің алғысым шексіз!» деп тебіренеді.
Ал, осы Халықаралық лагерьде болып, қазақ жерінің көркіне көзайым болған шетелдік спортшылар Ян Рыбак, Михаил Хоменюк, Михаил Будянский деген азаматтар өз елдерінде Хантәңірі туралы деректі әңгімелер, естелік мақалалар мен танымдық кітапшалар да шығарып жіберіпті.
Әйгілі спортшы Қазбек Уәлиев бүгінде Қазақстанның Альпинизм және тасқа өрмелеушілер федерациясының, сондай-ақ Қазақстан Туристік қауымдастығының вице-президенті. Ол Қазақстандағы туризмді дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.
***
Біздің келесі бір мақтанышымыз – Мақсұт Жұмаев, 1977 жылы дүниеге келген, Сырым батырдың тікелей ұрпағы. Биіктік альпинизмі бойынша еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Әлемнің барлық сегізмыңдығын бағындырған жалғыз қазақ. Солардың бәріне оттегі маскасынсыз шығып, бұл жөнінен әлемдегі 12-ші альпинист атанды.
Мақсұт тау дегенді алғаш Алматыға бір ағайынның үйіне қонаққа келгенде бір-ақ көріпті. Содан тау шыңдарына өлердей құмартып, Орал ауыл шаруашылық институтында оқып жүрген кезінде-ақ, жаз бойы Алматыға келіп, Қазбек Уәлиевтің «Хан-Тенгри» фирмасында жұмыс жасайды. Шетел альпинистерінің жүгін көтеріп, Алматы маңындағы үш мыңдық, төртмыңдық шыңдарға шығып жүреді.
1998 жылы институтты ойдағыдай бітірген соң, әскерге шақырылады. Бағы жанып, Алматыдағы спорт батальонына алынады да, атақты тренер Ерванд Ильинскийдің қамқорлығына түседі. Содан бері қандасымыз альпинизмнен қол үзген жоқ. 2000 жылы 9 тамызда қасында екі досы бар, алғаш рет Хантәңірінің басына шығады. Сол жылы 22 тамызда «Хантәңірі – 2000» фестивалінің төрешілері ретінде 3 жігіт төменнен көтерілген жеңімпаздарды кезек-кезек күтумен, биіктегі азынаған жел өтінде, шыңның ұшар басында 7 сағат бойы отырады. Содан кейін-ақ Мақсұттың әлемдік додасы басталады. Жер шары құрылықтарының айтулы шыңдарының көбісін бағындырады. Сегізмыңдықтардың бәрінің басына шығып, 16 рет оттегі баллонынсыз шырқау биіктерге көтеріледі.
Сегізмыңдықтарды бағындыру қаншалықты жүрек жұтқан жігіт болсаң да, оңай тірлік емесі аян. Өрлік те, өжеттілік те шыңдалар тұс осы! Мақсұт оларға жасымас жігер, мұқалмас қайратының арқасында қол жеткізді. Әйтпесе, талай рет шың биігіне 100–150 метр қалған кезде ауа райының қолайсыздығына кезігіп, амалсыз кейін шегінген шақтар Мақсұтта да көп болған. Әсіресе, өзі шетінен бағындырып келе жатқан 14 сегізмыңдықтың ең соңғысы – Қарақорымдағы атышулы К2-ні жұптасы Василий Пивцов екеуі бес мәрте шабуылдағаны бар. Бесеуі де сәтсіздікке ұшырады. Тек алтыншы ретте ғана әупірімдеп шың басына аяқтары тиген.
Мақсұт Жұмаев альпинизм спортында атқарған ардақты істері үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Ол «Қар барысы» құрметті атағының иесі, Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны.
Мінеки, біздегі биіктік спортының бірер әйгілі саңлақтарымен таныстырып өттік. Әрдайым барымызды бағамдап, баяндымызды бағалап жүргеніміз жөн шығар деген ниет біздікі...
***
Біздің тікұшақ Тәңіртаудың алқымына дейін көтерілді. Ұшқыш «5150 метр биіктеміз» дегенді хабарлады. Сол хабардың әсері ме, оттегінің тапшылығын сезіп, аздап алқына бастағандаймыз. Оның үстіне тікұшағымыз ауылдың майбатпақ қара жолына түскендей шайқалақтай бастады, қапалағы үрейлі бөтен дауыс шығарып, тарсылдап кетті. Биіктік жағдайында қапалақты ұстар дәнекер ауа сиреген кезде сөйтіп зәрені алады екен. Ұшқыш бұдан әрі тікұшақтың көтеріле алмайтынын, апатқа ұшырауымыз мүмкін екенін ескертті. Мен қызбаланып, анау төмендегі екі таудың ерлігіне, немесе мұздықтың бір тепсеңіне қонуды ұсынып едім, ұшқыш азар да безер болды. Біріншіден, сирек ауа жағдайында қонған жерден тікұшақ қайта көтеріле алмай қалады деді. Екіншіден, асудың үсті қашанда азынаған жел, тікұшақты қаңбақтай қақпақылдап әкете ме деп қауіптенді.
Мейлі, деп біз ұшқыштың айтқанына амалсыз көндік. Ендеше, аман-есенімізде жадағай етекке еңкейгеніміз де жөн шығар деп бірауыздан шешім қабылдадық.
Жігіттер шың етегіндегі жосалы жазықтың жиегіне палаткалар құрып, жарқыратып шатыр тігіп тастаған екен. Әрине, азаматтардың мұндай құрметтеріне ризашылығымыз шексіз еді. Сөйтіп, біз көңіл қытықтар көркем көріністің бел ортасында екі күн бойы армансыз дем алдық. Өрмелеп мұзға шықпасақ та, Әулие таудың ауасын жұтып, тұмса табиғат әлемінде тыныстадық. Тау шалғынының жұпарын иіскеп жанымыз жаңғырды, ұмытылмас әсерге бөленіп, серпіліп қайттық.
...Мына біз шайқалақтап тікұшақпен де көтеріле алмаған заңғар шыңға ақырған аяз бен көз аштырмас боранға қарамай, жаяу-жалпылы шығып жүрген адамдардың жанкештілігіне аузыңды ашып қайран қаласың. Олардың қайтпас қайратына, темірдей жігеріне, рухының мықтылығына сүйсінбеске, риза болып тағы бір рет бас имеске шара жоқ.
ҚАЗЫҒҰРТ
немесе Топансу тарихнамасы
Оралхан Бөкейдің тамаша бір эссесі «Ер екеніңді білейін, Қазақстанның өзге өңірі туралы осылай жазып көрші...» деген сөйлеммен аяқталушы еді ғой. Өзінің туған Алтайы туралы толғанғанда тілін тотаусыз төгетін сөз зергерінің бұл жазғанында терең ой жатқандай. Ауылдағы анасын Алматыға алдыра алмай, амалы таусылғанда Жұмекен ақынның: «Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кетпедің, туған жерді сен жалғыз Бошалаққұм деп пе едің?!», – деп қиналатыны еске түседі осындайда. Әрине, әрбір қазақ үшін ән сап тұрған бүкіл қазақ сақарасы оның туған жері екені және рас.
Біз де Алтай туралы шамамыздың келгенінше, өреміздің жеткенінше жазудай-ақ жазған екенбіз. «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде көлдей-көлдей көлеммен «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Марқакөл», т.б. атты эсселеріміз жарияланды. Олардың бәрінің басы қосылып «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» атты кітаптар мен альбомдар да жарық көрді. Бірақ бәрібір Оралхан ағамыздың әлгі бір сөзі көкейден кетпей-ақ қойған... Еліміздің өзге өңірлерінің ғажайып табиғаты, тағлымды тарихы туралы неге көсіліп бір жазбасқа деп қиялдайтынмын. Өйткені қазақ жерінің қадір-қасиетін әр қаламгер өзінше таниды, өзінше көреді, өзінше қалам тербейді ғой!
«Байқа, досым, Алтайдан басқаға қаламың шабандап қалып жүрмесін?» деп, Мәжіліс депутаты, әдебиетші ғалым Сауытбек Абдрахмановтың анау бір жылдары әзілдегені бар. Сөйтті де Астанадан арнайы келіп, мені Хан Тәңірінің баурайына алып барған. Тікұшақпен шырқау биікке көтерді, Алатау мен Тянь-Шаньнің өзен-көлдерін, сай-саласын аралатып, Жер жәннаты Жетісуды көктен тамашалатты. Тәңір таудың алқымын иіскетіп, етегіндегі көкшалғын жайлауында демалдырды. Сол сапардың ұмытылмас әсерінен «Аспантау» деген көлемді эссе жазылды. Ол да «Егеменде» жарияланып, оқырманның жылы лебізіне ие болды.
Өткен жылдың жазында «Сенің ауылыңа 7–8 рет бардым. Енді сен де менің ауылыма жүр. Қасиетті Қазығұртқа бірге шығайық. Қазығұрт туралы жазу да жазбау өзіңнің адамгершілігіңе байланысты. Бірақ ол жақтан жаның жадырап, көңілің марқайып қайтарыңа мен кепілдік берем» деп, ежелгі әдетінше қалжың-шыны аралас қолқа салған. Артынша, сол жылдың шөп буыны бекіген қараөзек бір шағында жолымыз түсіп, Қазығұртты армансыз аралаудың жөні келген.
Әрине, әулие Қазығұрт кенеулі де, кесек тақырып екенін бұрыннан білетінбіз. Ерте заманнан алуан аңыз-әпсанаға арқау болған, тұла бойы тұңғиық сырға толы Қазығұрт туралы жазу оңай шаруа болмай шықты. Өйткені әлие тау жайында бізге дейін де талай мәрте айтылды, талай рет жазылды... Қазақтың қисса дастандары көбінде бағзы дәуірлердің шындық оқиғаларымен астасып, әрдайым халықтың қапалы қайғысын, қатал тағдырын аңғартатыны белгілі. Біз де бұған дейін хатқа түскендерге мүмкіндігінше өз үнімізді қосып, Қазығұрт пен Қаржантау сілемдерін аралаудан туған әсерімізбен бөлісуге тырыстық. Айлар бойы ізденістер жасап, Топансу жайындағы түрлі халықтардың аңыздары мен мифтеріне үңілдік. Сөйтіп, көйіткен көп әңгіменің ішінен өзіміздің Қазығұрттың дауысын естуге ұмтылдық.
Оңтүстік сапары
Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілемінде жатқан Қазығұрт алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені еске салады екен. Аңызға айналған бұл тау оншалықты биік емес, биік деген нүктесінің өзі – бар болғаны 1768 метр ғана. Таудың жан жағы негізінен жартас қоржындаған бүргенді шағыл, бауыры бұталы шұбар. Жалпы ұзындығы – 20, ені 10 шақырымдай. Осы жиырма шақырым тау баурайының атаулары да қызық... аттаған сайын құпия-сыр: «Қазығұрт ата шоқысы», «Қазығұрт қорасы», «НКВД белгісі», «Тесік тас», «Сырғыма су тас», «Тоқтама су», «Тобылғы беткей», «Алмалы қойнауы», «Доланасай», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Үңгірлі алқап», «Тамшы бастау», «Суық бұлақ», «Айна бұлақ», «Пайғамбар атының су ішкен жері», т.б. Бұл атаулардың астарында алуан аңыздар ғана емес, елдің ерен тарихы, жердің талайлы тағдыры жатқаны аңғарылады.
Біз оңтүстік өңіріне келгенде тамыздың шағырмақ күні жер дүниеге шапағын молынан шашып, мейірімін елжірей төгіп тұрды. Шымкент қаласынан жолға шыдамды екі «внедорожникпен» таңсәріден сапарға шыққанбыз. Алдыңғы машинада тобымыздың жолбасшысы, осы өңірдің тумасы, сенатор, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев. Келесі жолаушы – алыс Алтайдан ат арытып арнайы келген, бұрынырақта Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің, кейіндері «Берел» қорық-мұражайының директоры қызметтерін атқарған Ерен Жұмағұлов. Оған иықтасып артқы орындықта мен отырмын. Соңымыздағы машинада Мәжіліс депутаты, көрнекті әдебиетші-ғалым Сауытбек Абдрахманов, оның көршісі – тілуар саясатшы ініміз Ерлан Саиров.
Бірер сағаттан соң жорғадай тайпалтқан асфальт та таусылған, қияның шаңы борап, шоқырақтаған қара жолына түстік. Құрғыры, қара жолың да таусылып бермес ұзақ екен, шаршап-шалдығып, ырғатылып билеп көп жүрдік. Жібектей желкілдеген жосалы жазықтарды, боз жусаны аңқыған қобыз жондарды басып өттік. Содан, Өгем асуының шоқатты текшесіне жете тізгін тежегенбіз. Осы арада аяқ суытып, бой жазып жарым сағаттай дем алдық. Асудың ең биік, өркешті тұсы осы екен, бетімізге жаныңды жадыратқан салқын самал лекіді. Асудың арғы етегінде ертек сипатты көгілдір аңғар мұнартады. Салқын самалмен рахаттана тыныстап, қарсыдан ашылып салған мол панораманы құмарта қызықтаймыз. Алып аңғардың мұнарланған теріскей қапталы қошқыл жасыл қалың ағаш, түксие түнереді. Қылқан жапырақты орманға бұл өңір де бай екенін байқап тұрмыз. Құлаққа сызылған мұңлы әуен келгендей, тегі алыстан талып жеткен тау өзенінің сарыны болар. Аңғар бойы дел-сал мүлгіп қалған, арадағы көк мұнар тәтті уыздай дір-дір етеді. Тау белдеуінде шарбы бұлтқа ұқсаған бозала тұман тұна қапты. Ауада сабылып келер сарыала күздің сызды лебі сезіледі.
– Мына аңғардың көрінісі Алтайдың тайгасына ұқсайды екен! – дейді Алтайдан келген Ерен досымыз.
Рас айтады, ондай ұқсастықты мен де байқап тұрғам. Бірақ, Алтайдың сесі басым, түсі суық, айдыны ызғарлы. Қия басып қателікке ұрынсаң жұтып қоярдай нойыс. Оңтүстіктің таулары көңілге қуаныш ұялатып, көзге жылы ұшырайды екен. Десек те, мына Өгем аңғарынан тек Алтайдың ғана белгісі емес, Баянауылдың қыз жүгіндей текшеленген жұмыршақ майда тастарын, Қарқаралының қоңыр жон қарағайлы қырқаларын, Бурабайдың толқын шапаттаған көгілдір көлдері мен самаладай сыңсыған жасыл ормандарын, Тянь-Шанның маңқиған асқақ паңдығын көргендеймін. Жер бедерінің мұндай ұқсастығын Алтайдан да табар едің, Алатау мен Арқадан да табасың. Қазақ жерін тұтастырып тұрған да тегі осындай көзге таныс, үйреншікті көріністер, жүрекке жақын суреттер болар!
Шығыс көкжиекте төбесін қырау шалған шың-шоқылар ағарады. Ағарып қана тұрған жоқ, шекесінен шекшигендей. Әйгілі Ақсу-Жабағылының сеңгірі сол десті. Аңғардың біз тұрған күнгей беткейі жартасты, ағашы сирек, алақат. Дегенмен, әр тұста шоқ-шоқ бозарша, долана мен қалың бұта қарауытады.
Етекке құлар жолдың айналмасы көп, бұрылысы одан да көп, кейбір тұсы төменге тік шаншылған құлама екен. Қазір күн ашық, жол шаңытқан құрғақ, соның өзінде мына жол сайтан сирағын сындырғандай қауіпті көрінді.
– Жаңбырлы күндері бұл жолдан машина түсе де, шыға да алмай қалады. Тек шынжыр табан трактор ғана жүреді, – деді Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев. – Ал қыс айларында, оның өзінде күн ашық күндері трактормен болмаса, етектегі Өгем ауылына қатынас мүлдем жабылып қалады.
– Сонда қыс бойы олар қалай күн көріп жүр?
– «Северный завоз» дегенді естіген шығарсыздар? Өгемдіктер қыстың қорын жазда жасап алады да, қорасында малын бағып, үйінде бала-шағасын асырап, төбеге шырт түкіріп жата береді.
Естуімізше, өгемдіктер жердің жаннатындай осынау түкпірге тығылып ап, қу жандарын күйттеп, саяқ өмірге көндіккен сияқты. Бұл аймақтың шолақ қысынан етек-жеңі жинақы, қысылмай да, қысырамай да құралайға еркін ілігеді екен.
Өгемге түсе берісте табиғаттың тағы бір кереметіне кездескенбіз. Еңкейістегі соқыр өзектің бұралаң бір мүйісінде фантастикалық бейнедегі қалың жартас көзге шалынған. Асқар биіктегі сәнді мүсіндер кешені сияқты. Өздері күйдірілген қызыл кірпіштей қып-қызыл. Көкке найзадай шаншылып, самаладай сап түзей қапты. Өзіміздің Қазығұрт емес, құдды бір суы жоқ, нуы жоқ Қызыл планетаның бедеріне ұқсап кеткен. «Қырық қыз дейтін табиғат ескерткіші осы болады! – деп таныстырды топ басшымыз Әли Бектаев. – Тура осыған ұқсас табиғаттың киелі ескерткіштері Қазығұрт баурайында үшеу».
Естуімізше, сол үшеуіне де байланысты үш түрлі аңыз бар екен. Солардың бірін Әли былайша әңгімелеп берген: «Баяғы бір жаугершілік замандарда ел шетіндегі Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуен құрып, ауылға қайтып келе жатқан қырық қызды жау шапқыншылары байқап қалады. Қыздарды көріп көздері қызарған жау айғайға басып, соңдарынан қуа жөнеледі. Тағдырлары тығырыққа тірелген қыздар Құдайға: «Уа, Жаратқан Ием, жаудың қолына түсіріп, өмірімізді қор қылғанша, мына қуғыншыларды да, бізді де тасқа айналдыр!» – деп, тізе бүгіп жалбарына кетеді. Қыздардың тілегі сол арада қабыл болып, бөктерді бойлай далбақтап шауып келе жатқан жау әскері жақпар-жақпар қара тас боп қата қалады. Ол жер содан бері «Қаратас» аталыпты. Ал, ару қыздар ары-бері өткен жолаушылардың көзін қызықтырып, әсемдене тізілген қайталанбас мына ескерткіштерге айналған екен».
Біз төмендей бергенде, самаладай сап түзеген осы найза тастардың етек жағында селтиген тағы бір тас көзімізге түскен. Сақшыдай шақшиған оның түсі тіпті ерекше – аппақ. Әкпен әдейі сылап қойған ба дерсің. Жұрт оны «Күйеу тас» деп атайды екен.
Айтары жоқ, жайлаудай жазиралы жазықтар, сылаңдап сағым ойнаған бозалаң белдер, салқын сабат өзен аңғарлары көз суарғандай әсем. Салқар созылған аңғардың табанында бұраңдай аққан Өгем – хас сұлудың мойнындағы күміс моншақтай. Тау қойнауында мөлдіреген Сусіңген мен Мақпал көлдері Қазығұрт пен Қаржантаудың жасаураған жанарына ұқсаған. Солтүстігінде – ағысы қатты, шайпау мінез Бадам. Оңтүстік етегінен әйгілі Келестің бір саласы бастау алады. Әйтеуір, көпіріп аққан көкпеңбек өзендер, бұлқына аққан бұратарт бұлақтар бұл жақта жеткілікті тәрізді. Қазығұрт пен Қаржантауды төрт құбыласына бұлақтан сүт ағызған абзал анадай елестеттік. Қалай десек те, әсем дүние әуезі біздің көңілде де ән боп тербелгені рас еді.
Қазығұрт биігінде
Қазақы салт-дәстүріміздің мәйегін уыздай ұйытып, ұлтымыздың ырым-жоралғысын көздің қарашығындай сақтап отырған оңтүстіктегі ағайынның қонақжайлығы ел ішінде аңыз боп тараған. Әулие тауды іздеп келген біздің топты қай жерге барсақ та аруақты өңірдің азаматтары қырық жыл көрмеген туысындай қарсы алысып, шынайы ықылас білдірісіп жатты. Әр жерге бір аялдап, ауыл ақсақалдарымен, жергілікті азаматтармен, орманшы-егерлермен көңіл жазып әңгіме-дүкен құрамыз. Артынша тағы да шаңы бұрқыраған қия-жартасты, жоталы-таулы сапарымызға шығамыз.
Үшінші күні мақсат етіп алыстан іздеп келген әулие тауды бетке алған едік. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазығұрттың биігіне шығар алдында, алдымен Ақбура әулиенің басына барып, құрмалдық шалып, тауап қылу керек екен. Біз де елдік дәстүрден ауытқымай, бәрін мұқият сақтауға тырыстық. Тайпақ сайдың тұйығындағы әулиенің көкжасыл жыланкөз жалатқан күмбезді кесенесі алыстан көрініс берген. Сай іші жеміс ағаштарының алуан түріне малынып тұрды. «Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен» деп Асан Қайғы бабамыз айтқандай, бұл өңірдің байлығына таңданбасқа лажың қалмағандай.
Кесененің шырақшысы Сүйеубек Қалықұловты қара сөзді қиырдан қозғайтын қордалы шешеннің бірі ме дедік. Қазығұрт аңыздарын бір кісідей білетін шежіре боп шықты. Сүйекең екеуміз жеке кездесіп, көңіл ашып ұзақ сөйлестік. Арғы-бергіден сыр сұрап, тереңнен сөз қозғап, өңірдің тарихына байланысты біраз әңгімеге қаныққандай болдым.
Ақбура әулиенің басынан шыққан бойда машинамен ырғатылып тағы біраз жер шалдық. Әлдебір үңірейген шаттың етегіне жете созалаңдап машинадан түсіп едік, ерттеулі дайын түрған бір топ әндігер аттар көлденең тартылды. Содан, жалғыз аяқ жетім сүрлеуді бойлап, тау биігіне салт аттармен тартып кеттік. Жұмыр төбені жалдадық, шүңірейген шатқалды жағаладық, саңырайған құрғақ сайды сағаладық. Қия жартасты соқыр соқпақ қиын екен, біраз әуреге салған. Тағалы аттың өзі сырғыма қиыршық тастарды басып шатқаяқтайды, тайғанап кетеді, сүрінеді. Ақыр соңында аңсап келген биігімізге де итырықтап жеттік-ау, әйтеуір!
Тау төбесінде үй орнындай жазаң бар екен. Қия жолдың қиындығы қалалықтарға ауырлау тиді ме, аттардан түскен бойда тіземізді баса алмай талтаңдап қаппыз. Амалсыз жерге домалай құладық. Құладық та, ойпаңның көк шалғынына бел жазып, аяқ созып аунай кеттік. Біз шалғынына аунап жатқан ойпаңның аты «Кеме қалған» аталады екен. Расында да, ойпаңның екі қапталы аруақтай аспанға шаншылған ақсөңке жартастар. Нұх пайғамбардың алып кемесі осы секиген сүңгі тастардың арасына тұмсығымен сұғына кіріп, кептеле барып тоқтаған деседі. Жерде шалқасынан шалжиған Сауытбек досым шабыттанып кетті ме, бір шумақ өлеңді дауыстап айта жөнелді...
Қазығұрттың ай қона еңесіне,
Біз де шықтық ақырғы белесіне.
Нұх пайғамбар ғалейһи уәссаламның,
Ізі жатыр...
Өзі жоқ, кемесі де».
Кейін білдік, бұл жолдар сыршыл ақын Светқали Нұржановтың осы өңірге сапарлап келгенде шығарған өлеңі екен. Аздап тыныстаған соң, созалаңдап орнымыздан тұрып, таудың арғы қабырғасына қарай жақындадық. Таудың бұл жағы аңғал-саңғал жартасты, шаншылған тік, түпсіз терең боп шықты. Қараған жанның жүрегі шайлыққандай.
Бұл тұстан төңірек алақандағыдай ап-айқын, күншілікке дейін көкпеңбек боп жарқырап жатты. Түстік жақта тұңғиық көсілген салқар көш, боз дала. Терістікте ұлы-жіңгір бұйрат бел, құйқалы адыр. Бұйрат белдердің үсті шахматтың тақтасына ұқсаған шақпақ-шақпақ егістік алқаптар. Қалтарыстағы сай-саладан үлкенді-кішілі ауылдар, етекті ел нобайланады. Әне, кешегі қанды соғыстың атақты Батыры, генерал Сабыр Рахимовтың ауылы. Батырдың ауылы сай бойына созыла қоныс теуіпті. Оның етегінде Әли досымыздың ауылы ағарады. Анау Қаржантаудың теріскейінде Сауытбектің кіндік кесіп, кір жуған Ұя атты уыздай ұйыған ауылы. Осыдан бес жыл бұрын Ұяға барған сапарымыз еске түсіп еді, жүректі әлдебір мұң шымшылап өткен... Ол сапарда Әбіш Кекілбаев ағамыз, Фариза Оңғарсынова апамыз да бар еді ғой! Дариға-ай десеңші, өмір деген осы да, өтеді де кетеді! Әбіштей заңғармен біз бір заманда өмір сүріп едік дегенге келер ұрпақ сенер ме екен, сенбес пе екен?
Баяу соққан желмен қосылып Қаржантау жақтан құлағымызға әлдебір мұңлы сарын жеткендей. Таудың жазықтау түскен шығыс арқасы «Орда қонған» деп аталатынын білдік. Пілдің жонындай жайқала созылған осы тепсең біздің дәуірімізге дейін Қаңлы мемлекеті хандарының жазғы ордасы саналыпты.
Көрнекті жазушы ағамыз Қалаубек Тұрсынқұлов (1934–2009) сырқаттанып жүріп «Қазығұрт» атты тамаша кітап-альбом жазып кеткені жұртқа мәлім. Алуан суреттермен байытылып, жан-жақты мазмұндалған тарихи-танымдық осы кітапта ертеде Қазығұрттың баурайына Көктүріктің Истеми ханы, одан беріде Тәуке сияқты қазақ хандары жаз айларында ордаларын тіккені жазылған. Халқымыздың от ауызды, орақ тілді ақылгөйі Төле бидің жайлауы да осы жер екен. Арқадан арнайы келген Қаз дауысты Қазыбек би де осы жайлауға ат басын тіреп, ала жаздай меймандап кетіпті. Сабалақ бала – жас Абылайдың Төле бидің түйесін бағатын жері де осы маңай деседі. Қысқасы, елім деп еңіреген, халқым деп қайысқан талай батырлар мен баһадүрлердің ту тіккен жері, ақындар мен абыздардың, хан мен қараның бас қосқан киелі ордасының бірі осы Қазығұрт болыпты.
Ұлы Жібек жолының бойында жатқан бұл өңірге есте жоқ ескі замандардан бері талай жиһанкездер мен саяхатшылардың, керуеншілер мен ғалымдардың табаны тиген. Бергідегі тарихты айтпағанның өзінде, біздің жыл санауымыздан бұрын Геродот та, Страбон да, Птолемей де бұл өңірді білген, біліп қана қоймай, сараң да болса өз еңбектерінде атап өткен.
Осындайды ескеріп, «Қорқыт ата» мен «Оғызнамада» жырға қосылған Қазығұрттың маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында 1998 жылдың 17 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде ашық хат жарияланады. Ол хатқа академиктер Әбдуәли Хайдари, Қилыбай Медеубеков, профессор Әбдез Стамқұлов, ақын-жазушылар Қалихан Ысқақов, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырзалиев, Қалаубек Тұрсынқұлов қол қойыпты. Халқымыздың тұлғалы азаматтарын алаңдатқан бұл хатта былай делінген: «Қазығұрт тауы – біздің көне дәуіріміздің алып ескерткішінің бірі. Жалпы, қазақ даласының тарихы ұшан-теңіз ғой. Кеңес дәуірінде оны біріміз білсек, біріміз білмей келдік. Абырой болғанда, тәуелсіздігіміз қолға тиіп, жоғалтып ала жаздаған сол асыл қазынамызды біртіндеп болса да түгендей бастаған сияқтымыз... Қазақтың Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Жетісуға жайылып жатқан кең даласында талай-талай тарихи жерлер бар. Тек қана Ұлытау мен Қаратаудағы, Қозыбасы мен Аңырақайдағы, Ерейментау мен Маңғыстаудағы тарихи орындардың өзі неге тұрады! Осылардың бәрінің тарихын бір ізге түсіріп, жүйелей білсек бүкіл қазақ даласының да, қазақ халқының да төл тарихы жарқырап шыға келері даусыз. Осындай қасиетті орын, киелі мекеннің бірі – Қазығұрт тауы!».
Ашық хаттың авторлары, сондай-ақ, Қазығұрттың Ұлы Жібек жолының бойында жатқандығын ескеріп, таудың басына мемориал ескерткіш орнату жөнінде үндеу тастайды. Тау баурайында жыл сайын Наурыз мейрамын атап, ақындар айтысы, бәйге, көкпар сияқты ұлттық ойындар, Қырғызстан мен Өзбекстан жастарын тарта отырып, түрлі спорт сайыстарын өткізіп тұрса деген ұсыныстар жасайды.
Осы үндеуден кейін, Нұх пайғамбардың кемесін символикалық түрде бейнелеген алып мемориал ескерткіш Қазығұрттың етегінен өтетін Шымкент–Ташкент тас жолының бойына, шоқының биігіндегі көрнекі тұсқа 2004 жылы орнатылады. Кейінірек Қазығұрт тауының биігіне жалт-жұлт еткен айнасы күншіліктен шұғыла шашқан обелиск орнатылады.
Асқақ мемориалдың да, обелискінің де бой көтеруіне мұрындық болған – сол кезде Қазығұрт ауданын басқарған, соңынан ұзақ жылдар бойы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, ұлт руханиятының үлкен жанашыры, қайраткер азамат, қазір біздің қасымызда жүрген Әли Бектаев болатын.
Біз тау төбесінен түсіп келе жатқанда, соқпақ жолдың бұрысындағы алма ағашының көлеңкесінде дем алып отырған қызылды-жасылды әлдебір топқа кездескенбіз. Іштерінде үлкендер де, әйелдер мен оқушы балалар да, тіпті омыраудағы бүлдіршін де бар. Санап едік – он бір адам. «Қайдан келе жатырсыздар, қайда бара жатырсыздар» деген сұрағымызға, «Сарыағаштан» деген жауап алдық. Қазығұртқа зиярат етпек ниетпен жаяу-жалпылы сапарлаған беттері екен. Отағасы бастаған бәрі бір шаңырақтың адамдары, нағашылы-жиенді жақын туыстар боп шықты. Бізді қойшы, жарым жолды машинамен жүрдік, одан кейінгі мына шапшыма биікке салт аттармен шығып қайттық. Соның өзінде қара санымыз қажалып, діңкеміз құрып, тіліміз салақтап шаршап келеміз. Япырау деймін, күннің ми қайнатқан аптабында мына кісілерге не жорық?
Әңгімелестік, сөйлестік, риза болдық. Отағасы елжанды көреген азаматқа ұқсайды. Туған жерге деген құрметті, отаншылдық қасиетті, әсіресе, жастар бойына осындай нақты шаралар, ізгілік әрекеттер қалыптастырады-ау деген ойда қалдық.
Бабалар мекені
Мамандар Қазығұрт сілемі есте жоқ ескі замандарда жанартаудың атқылауынан пайда болған деседі. Зерттеулер тау төңірегіндегі тұма бұлақтарда түрлі химиялық қосындылардың, минералдық қоспалардың молдығын дәлелдепті. Басқа жермен салыстырғанда, Қазығұрттың бауырында өсетін жемістердің дәмі де өзгеше, қуаты да ерекше, денсаулыққа әсері де бөлекше сияқты. Түрік әлемінің ХVI ғасырдағы ғұламасы әл-Бұхари: «Қазығұрт баурайы – гүл жайнаған бау-бақшалы, көк майсалы жер» деп, анау заманның өзінде мақтап кетіпті. Ендеше, жайсаң жұрты бар, жазиралы жайлауы бар, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін жерұйық мекенге кім қызықпасын? Сол себепті де бұл өңірде қанды соғыстар көп болыпты, нелер бір қылышты қылилар, найзалы нар батырлар көптеп шығыпты.
«Қазығұрт» кітабында осы аймақты біздің заманға дейінгі VI–V ғасырларда сақ тайпалары мекендегені жазылған. Академик Карл Байпақов Қазығұрт маңайын сақтар мәдениетінің ізбасары – қаңлылар мекен еткенін, сондықтан бұл өлке «Қаңлы елі» деп аталғанын айтады. Х ғасырда өмір сүрген Истахри атты араб саяхатшысы бұл өңірді «Оғыздар қонысы» деп атапты. Жер тарихы біздің негізгі тақырыбымыз емес, сондықтан мақаламызда біз өткенге тым тереңдеуден аулақпыз. Әңгіме – әулие Қазығұрттың маңайы тұнған тарих екенін еске сала кету, елі үшін, жері үшін жан қиған ерлердің, еңку-еңку жер шалған ереймен батырлардың мекені болғанын мақтан ету.
Бізді қызықтырған бір жағдай – Қазығұрттың бауырында жұртшылық пір тұтатын, тауап етіп сыйынатын қасиетті орындардың көптігі болды. Әулие жердің молдығы жөнінен Қазығұрт өңірі Маңғыстаудан кейін екінші орында тәрізді. «Шілтер Ата – Имандылық шырағы ғой, Ақбура – ізгіліктің бұлағы ғой, Қазығұрт – әулиелер тұрағы ғой!» – деген, ескіден қалған өлең жолдары соның бір дәлелі болса керек.
Мұндағы Шілтер Ата – Қазығұрт іргесіндегі қастерлі де әспетті мекеннің айтулысы. Бұл жерге зиярат етіп келіп жатқан жұрттың көптігін өзіміз де көрдік. Жалпы, Түркістанды іздеп, әулие-әмбиелерге зиярат етуге келіп жатқан кісілердің маршрутын Облыстық құрылысты бақылау басқармасының бастығы Құттыбек Жамашев былайша тізбектеп берді: «Шымкент – Шілтер Ата – Сайрам – Отырар – Арыстан баб – Түркістан». Қазір Алматыда ұйымдастырылып жүрген туристік маршруттар осы ретте ұсынылып жүрген көрінеді. Ел арасында Шілтер атаны «Ғайып ерен – Қырық шілтен» деп те атап кетіпті.
Осы Қазығұрттың бауырында жер астынан қайнап шығып жатқан үш бұлақ барын естідік. Олар «Көз бұлақ», «Өңеш бұлақ», «Құлақ бұлақ» деп аталады екен. Әңгімеге қарағанда, осы бұлақтардың сулары бір-біріне әсте ұқсамайды, дәмдері де бөлек. Аттары көрсетіп тұрғандай, емдік қасиеті сол ағзаңды емдеп жазуға септеседі, әсері айтарлықтай.
Қазығұрт төңірегінде жер асты сулары жеткілікті. Жергілікті жұрт Ембұлақ, Ақбұлақ, Майбұлақ, Қотырбұлақ сияқты жер астынан қайнап шыққан суларды түрлі ауруларды емдеуге, жараларды жазуға пайдаланатынын білдік. Сондай ыстық сулардың бірі Қазығұрт ауылының қақ ортасында шығып жатыр екен. «Бұл ауылда дәстүрлі ұғымдағы монша жоқ!» – деп қазығұрттық ағайындардың бізді таң қалдырмасы бар ма! «Қалайша?» – дейміз аузымызды ашып, сенімсіздік танытып. «Басқалар сияқты бізде монша үшін күйтіңдеп от жағып, су қайнатып әуреленіп жатпайды. Жер астынан бұрқырап шығатын ыстық суларды пайдалана береді», – деп әзілсіз-ақ жауап берісті. Содан ұққанымыз, ауылдастар пайдаланатын көпшілік монша тура жер асты ыстық суының үстіне салыныпты.
***
Қазығұрт десе ең алдымен Нұх пайғамбардың кемесі, ерте заманғы аңыз-әпсаналар, Жер үстін басқан Топансу ойға оралатыны заңды. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп басталатын дастанның өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар.
Сол себепті де, Қазығұрт туралы жазған қаламгердің қай-қайсысы да Топансу тақырыбын айналып өте алмасы анық. Шүкір, осы жазбаға кірісер алдында біз де Әлемдік Топансу жайында біршама материалдар жинастырған едік. Солардың ішінде жоғарыда сөз еткен «Қазығұрт» кітабынан біршама деректер кездестірдік. Шымкенттік қаламгер Құралбек Ергөбеков «Қазығұрт ата әулие» кітапшасына ел арасына ауызша тарап кеткен бірнеше аңыздарды хатқа түсіріп, жинақтап беріпті. Бұл кітапша көлемі шағын болғанымен, өз басым оны үлкен еңбекке баладым. Ауыл-ауылды аралап жүріп, ел аузындағы маржандай аңыздар мен жырларды теріп жазып алған. Оны айтқан кісілер бүгінде арамызда жоқ, әлдеқашан өмірден өтіп кетіпті. Әрине, мен үшін бұл деректер де аздық етіп, өзім қызмет жасайтын Ұлттық кітапхананың қорынан да іздеу салдым. Ескі газет-журнал тігінділерін ақтардық, интернетті қопардық. Библияның түсіндірмелерін, Құранның аударма сөрелерін де парақтауға тура келді. Ең қуаныштысы, Мәскеу Халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысудың жөні түсіп, сол жәрмеңкеден Әлемдік Топансуға қатысты ағылшын тілінен жаңадан аударылған бірнеше зерттеу кітап алып келдім. Осы кітаптар білім көкжиегімізді кеңейтіп, көп нәрсеге көз ашқандай болды.
Сондықтан, бұл эссеге әулие Қазығұрт қозғау салғанымен, Әлемдік Топансу жайындағы біздің жиған-тергеніміз топтастырылды. Оларды жұртшылыққа тастай қатқан жүйеде емес, фактографиялық құрылымда жасақтап, кәсіпкер дос-інім Нұрлан Исабековтың қолдауымен жеке кітапша ретінде жарыққа шығарып отырмыз.
Топансу жайында толғаныс
Жалпы, Топансу өмірде шын болған оқиға ма?
Бұл сұрақ ғасырлар бойы талай-талай ақыл-ой иелерін, сақалы сала құлаш данышпандар мен қалың қабақ діндарларды, арыстан тұлғалы ғалымдарды тығырыққа тіреген. Оларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, көз майын тауысып терең зерттеулер жасауына мәжбүрлеген. Бәрібір әлі күнге ешкім оның жауабын нақты айта алмай келеді. Осылайша, ғасырлар бойғы ізденістің арқасында ғылым әлемінде алуан түрлі болжамдар, кереғар пікірлер молынан жинақталыпты.
Орыстың көрнекті мәдениеттанушысы әрі теологі, Библия мен Құранға түсіндірме жасаушылардың бірі Д.В. Шедровицкий былай деп жазады: «Топансудың болған-болмағаны туралы ғылым әлемінде талас пен тартыс әр заманда болып тұрған. Бұл алапат оқиғаның салдарын іздеп, көптеген археологиялық зерттеулер де жасалды. Түрлі құрылықтарда жүргізілген сол зерттеулер расында да ескі заманда жер бетін әлдебір ғаламат су басқанын айғақтап отыр».
Осылай дей келе, мәдениет білгірі бүгінгі теңіз деңгейінен әлдеқайда биік қыратты, үстіртті аймақтарда теңіз табанының белгілері көптеп кездесетінін алға тартады. Суы жоқ шөлейтті өңірлерден ежелгі су жәндіктері мен теңіз өсімдіктерінің қалдықтары табылуда. Жердің қыртыс-қабаттарында лай басқан белдеулердің бары да соның бір айғағы болмақ. Өйткені, топырақтың әрбір қыртыс қабаты – ол Жер тарихының ашылмаған парақтары екені даусыз.
Қосөзен аралығындағы көне қалалардан (адамзаттың ерте дәуірдегі өркениет ошағының бірі Месопотамия жерінен) табылған қыш тақтайшалардағы сына жазулардың (клинопись) өзі жер тарихында мұндай апаттың шын болғанынан дерек береді...
Енді біз де біршама кітаптар мен интернеттен тергендерімізді рет-ретімен назарларыңызға ұсынып, осы бір қиын сұраққа жауап беруге тырысайық.
Байқағанымыз, жан-жақты жаңа технологиямен, заманауи біліммен жарақтанған бүгінгі ғылым бұл мәселеге барынша тереңдеген сияқты. Сөйтіп, Топансу тарихнамасына этнографиялық, тарихи, археологиялық, геологиялық, антропологиялық жан-жақты зерттеулер тұрғысынан келуде.
***
1922–25 жылдары Ирак жеріндегі қазба жұмыстары Библияда соншалықты ыждағаттықпен баяндалған Топансудың шын болған оқиға екеніне күмән қалтырмағандай еді. Нақтылап айтқанда, профессор Л. Вуллидің жетекшілігімен Ирактың оңтүстік шетіндегі Ур деген мекенде патша қорымы 40 метр тереңге дейін қазылады. Сонда, жердің әрбір қыртысынан әр дәуірдегі адамзат тіршілігінің белгілері табылып отырған. Жалпы, жер қыртысы көптеген қабаттардан (слой) тұратыны белгілі ғой. Оның әр қабаты белгілі бір тарихи кезеңдерде қалыптасады да, сол кезеңнің флорасы мен фаунасының қалдықтарын бойында сақтап қалады. Жердің осындай белгілі бір дәуірге қатысты қыртысы – «мәдени қабат» деп аталады. Ол қабат қаншалықты тереңде болса – ол соншалықты көне заман белгісі ретінде қарастырылады. Осылайша, Ур жанындағы қазбада 12 мәдени қабат ашылған. Содан кейін 3 метрдей кепкен лай мен сазбалшық қабаты шыққан. Және осындай жағдай Ур маңайындағы басқа да көне қалаларды қазу кезінде кездескен. Осы қалың лай қабаттан соң тағы да ежелгі адам қоныстарының іздері, пайдаланылған заттардың қалдықтары табылған. Яғни, белгілі бір дәуірде жер алапат су астында қалғаны тайға таңба басқандай анық еді. Экспедиция нәтижесінде әйгілі «Эль-Обейда мәдениетінің» Топансу кезінде құрып кеткеніне археологтардың көздері жетеді. 14-ші қабатта Эль-Обейда өркениетіне, ол дәуірдегі гүлденген мәдениеттің белгілеріне, тұрған үйлердің, пайдаланған ыдыстардың қалдықтарына, жер өңдеген құрал-жабдықтарға кездескен. Тура осындай лай қабаттарын археологтар Солтүстік Ирактағы Кише деген жерден де тапқан.
Әр жерден шыққан осы лай қабаттарын зерттей келе ғалымдар – бұл ерте заманғы әншейінгі тасқын судың ізі емес, Библияда баяндалатын «Әлемдік Топансудың» нағыз айғағы деген қорытындыға келеді. Өйткені, өзендердің оқта-текте арнасынан асып, жер үстіне жайылып кететін өткінші тасқындары немесе неше тәулік бойы селдеткен нөсер жаңбыр жер қыртысында мұндай қалың лай қабатын түзуге әлсіз. Тіпті, олардан жер қыртысында ешқандай із де, белгі де қалмайды. Олар жер бетін ғасырлар бойы шаң-тозаң, өсімдіктер мен жәндіктердің қалдықтары жауып қалатын өзге қабаттармен араласып, сіңісіп кетеді. Ал мына лай қабаттары – қолмен қойғандай анық, жердің өзге қыртыстарынан сап-сары түспен оқшау бөлектеніп тұр! Ғалымдар әр жерден шыққан бұл қабаттардың жас ұзақтығы да ұқсас бір дәуірге сәйкес келетінін дәлелдеген. Әрі олардың құрамы теңіз емес, өзен лайы екенін де анықтаған.
1928–1929 жылдары Месопотамияның келесі бір қаласында Стефан Лангдон деген ғалымың экспедициясы қазып жатқан жерінің он тоғызыншы мәдени қыртысынан бір жарым метрлік сарғыш лай мен сазбалшық қабатына кездеседі. Ал, жиырмасыншы қыртыстан – тағы да Топансуға дейінгі адам тіршілінің белгілері шыға бастайды.
1932–1933 жылдары Ниневияда кезекті қазба жұмыстары жүргізіліп жатады. Британдық бұл экспедицияны детектив жанрының классигі, әйгілі жазушы Агата Кристидің күйеуі Макс Маллоуэн басқарады. «Ұлы қорған» деп аталатын жерде 22 метр тереңдікте олар құм мен лай, кепкен сазбалшық араласқан қалыңдығы 2,5 метр болатын қабатқа кездеседі. Бұл қабаттан әрі қазғанда тағы да оған дейінгі адамзат өркениетінің белгілері шыға бастайды. Маллоуэн бұл туралы кейін былай деп жазыпты: «Мое предчувствие оказалось правильным: нам пришлось опуститься очень глубоко, чтобы найти начало жизни в Ниневии. На глубине почти 70 футов мы вскрыли слой убайидской керамики».
1931 жылы АҚШ-тың Эрик Шмидт бсқарған Пенсильван универстиетінің экспедициясы көне Шуррупак қаласын қазған кезде, 3 метрлік лай мен балшық қабатына тірелген. Өздері іздеп жүрген көне Шуррупак қаласының белгілері осы лай қабатының астынан табылған.
Қосөзен аралығындағы ертедегі Эриду атты қаланың аты Бабыл жазбаларында жиі ұшырасады. Эриду жер бетіндегі ең көне, ежелгі заманның қаласы ғана емес, адамдардың алғашқы мекені де болатын. Сафар мен Ллойд атты екі ғалымның жетекшілігімен жүргізілген ирак экспедициясы 5 метрлік жер қыртысына жеткенде, ойда жоқта олар да таза лай қабатына кездескен. Осы қабаттан әрі тереңдей түскенде, қираған өзге әлемнің қалдықтары, адам тіршілігінің алуан белгілері, сондай-ақ Ной заманындағы ескі храмның қалдығы табылған. Қосөзен төңірегінде жүргізілген басқа да қазбалар дәл осындай лай қабаттары барын дәлелдеген. Солардың бірі – Иерихон қаласын іздеу кезінде археологтар 4 метр тереңде лай қабатына тап болысқан. Оның астынан кейін Натуфий деп аталған көне мәдениет көзі ашылған.
Қазба жұмыстарында мұндай мысалдар жетіп артылады. Сондықтан Топансудың тарихта болғанын дәлелдейтін археологтар әңгімесін осымен доғара тұрайық.
Қыш кітаптың қисыны
Ендігі кезекте тарихи мұраларға, яғни көнеден жеткен жазба деректерге көңіл аудармақпыз...
1872 жылы монета сарайының бұрынғы гравері, кейін Британ музейінің қатардағы қызметкері Джордж Смит (1840–1876) дүниені дүр сілкіндірген жаңалық ашады. Ол оған дейін осы музейде сақтаулы қыш тақтайшалардағы сына жазуларды жылдар бойы оқумен шұғылданған болатын. Сол тақтайшалардың ішінен он екі өрім өлеңнен тұратын «Гильгамеш дастанын» да ежіктеп талдап, оқып шығады. Ең ғажабы, осы эпикалық шығарманың он бірінші тарауы оған дейін Библияның Тауратында тастай болып жазылған, ел-жұртқа бұрыннан жақсы мәлім Топансу апаты жайында екен. Ол бұл әлемдік маңызға ие жаңалықты сол жылдың 3 желтоқсанында Лондонның археологиялық қоғамының жалпы жиналысында жария етеді.
Сол-ақ екен, оның жаңалығы әлемге әйгіленіп, елеусіз клерктің атағы бірден аспанға шарықтайды.
...Археологтар содан бірер жыл бұрын Месопотамияның қиыр солтүстігіндегі ескі Ниневия қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сол қазба кезінде олар б.з.д. 669–633 жылдары патшалық құрған Ашшурбанипалдың орасан зор кітапханасын табады. Бұл патша өз қаласын ғимараттармен ғана әсемдеп қоймай, жаулап алған елдерден көптеген тарихи, табиғи білімдерді, грамматика мен діни тұрғыдағы мәтіндерді жинастырған жан екен. Яғни, өзінің халқын сауаттандыруға ұмтылған ойы өрісті, ниеті келісті патша болса керек. Бұл мәтіндердің баршасы жұмсақ қыш тақтайшаларға сына жазу түрінде жазылып, соңынан олар ыстық пеште күйдіріліп, болашаққа сақтау мақсатында кітапханада қатталып отырған. Кітапхана патша сарайының үстіңгі қабатында орналасқан сияқты. Кейінгі жаугершілік замандарда, қала берді әр дәуірдегі жер сілкіністерінен қала неше мәрте қирап, талай рет өртке оранған. Құм сағаттай сан құбылған сондай бір алмағайып заманда жоғарыдағы кітапхана да жерге құлаған тәрізді, сөйтіп қыш тақтайшалардың басым көпшілігінің күл-паршасы шыққан. Кейін алтын-күміс іздеген ұры-қарылар да оларды таптап, қиратып, құнды жәдігерлердің құруына септескен. Мыңдаған жылдар бойы үйінді топырақ астында қалған қыш тақтайшалар тұзға бай көктемгі қар суымен дымқылданып, одан бетер бұзылған. Біздің заманға осынау асыл қазынаның шағылған, сынған қалдықтары ғана жеткен. Сол мыңдаған қыш кітаптарда Библиядағы Топансу жайындағы баяннан айнымайтын мәтіндер кездескен.
Түсінік үшін «сына жазудың» не екенін қысқаша айта кетудің артығы болмас...
Сына жазу – әлемдегі ең көне, ең ескі жазу. Жас жағынан одан көне алфавитті адамзат әлі білмейді. Топансу туралы әңгімелеген қыш тақтайшалардағы жазудың жасы б.з.д. екінші мыңжылдық саналады. Ал, сына жазу оған дейін мың жыл ертеде пейда болыпты. Ол заманның адамдары бұл алфавитті күнделікті тіршіліктерінде кеңінен пайдаланғаны да анықталып отыр.
Сына жазуды ойлап тапқан шумерлер мен бабылдықтар (вавилондықтар) жер бетінен ертеде жойылып кеткен, сөйтіп олардың тілі де сақталмаған. Шумер тілі бүгінде өлі тілдер қатарында. Сондықтан да сына жазулары оқылуы жағынан өрескел қиын, түсінігі жөнінен күрделі саналады. Бұл жазу латын, кирилица секілді солдан оңға қарай жазылып, сол ретпен оқылады.
Амал нешік, арадағы мыңжылдық қатал уақыт қыш тақтайшалар сақталған кітапханалар түгілі, небір гүлденген ғажайып қалаларды да жермен жексен етіп құртып жібергеніне адамзат тарихы куә.
Сүлкиіп таңнан кешке дейін қыш тақтайшаларға үңілген елеусіз бір қызметкер ғылым әлемін осыншалық таңқалдырады, ресми шіркеуді дүр сілкіндіріп, аяқтарынан тік тұрғызады деп кім ойлаған? Ол өз жаңалығымен ағылшын үкіметін де әбігерге салады. Ол кезде көзі ашық азаматтарды былай қойғанда, әліпті таяқ деп білмейтін қараңғы жұртқа шейін Библиядан хабары болушы еді. Көпшілік жұрт оның мазмұны мен ол жердегі аңыз әңгімелерді жатқа білісетін. Сөйтсе, қайдағы бір қазбадан табылған елеусіз қыштың сынығында «көктен түсті», Құдайдың әуезі дейтін Қасиетті Кітаптағы канондық мәтін қайталанған? Бұл не сұмдық!
Өзі талдап оқып шыққан жазудың мазмұны жөнінде Смит сол кезде былай деп жазыпты: «В ней (клинописе) описывается, как строился ковчег и как он заполнялся; она почти полностью закрывает самый сушественный пробел, остававшийся в истории о Потопе».
Бұл оқиға төңірегінде бүгінде көзі тірі ассириолог Ирвинг Финкель: «Открытие, сделанное Джорджем Смитом, поставило под сомнение сразу несколько общепринятых представлении. Казалось просто невероятным, что сюжет, столь близкий изложенному в Священном Писании, мог родиться в столь примитивном варварском мире, дойти до нас записанном на столь хрупком материале и при этом столь не оспоримым образом войти в общественное сознание. Как могли знать о Ное и о его Ковчеге ассирийцы при благородном царе Ашшурбанапале и вавилоняне при безумном чудовище Навуходоносоре?», – деп таңданыспен жазады.
Топансу жайындағы мифтің алғашқы нұсқасы Месопотамияда шыққаны бүгінгі ғылымға даусыз ақиқат. Тигр мен Евфрат секілді тентек қос өзеннің ортасында өмір сүріп, ылғи да су тасқынынан, аяқ астынан басталатын құмды дауылдар мен жер сілкінісі секілді қатерлерден әбден запыс болған халықтан нелер бір аңыз әңгімелер қалуы түсінікті де.
Ал, қосөзендіктер Топансудың дерегін бабылдықтардан алғаны да даусыз дәлелденіп отыр.
Қыш тақтайшаларда Топансу жайындағы месопотамиялық тарихтың үш түрлі нұсқасы сақталыпты. Тақтайшалардың шеті кетіліп, жазуының біразы үгітіліп өшіп қалса да, негізгі дерегі сақталып, біздің заманға ілінген. Олардың біреуі – шумерлік, қалған екеуі – аккадтық нұсқалар болып табылады. Алғашқы нұсқа ғылымда «Топансу жайындағы Шумер тарихы» деген атпен, қалған екеуі – «Атрахасис туралы дастан» және «Гильгамеш туралы дастан» деген аттармен бізге мәлім. Бұлардың әр нұсқасының кейіпкерлері де әртүрлі кісілер. Сондықтан, мазмұндары ұқсас болғанымен, мамандар бұл үш нұсқаны үш түрлі тарих ретінде қарастырады.
Үйде де, түзде де, көше мен шіркеуде де бұл жаңалық неліктен жұртшылықты осыншалық әбігерге түсірді? Әсіресе, ресми шіркеудің беделіне зор нұқсан келтіріп отырған мәселенің төркіні неде еді?
Нойдың өмірі мен Топансу жайын жан-жақты баяндаған бұл сына жазулар христиан әлемінің сыйынатын, тәу ететін Қасиетті Кітабынан мың жылдан астам бұрын жазылыпты! Ал, керек болса! Қалыптасқан наным-сенімді күл-талқан еткен мұндай әңгімеге ресми шіркеу алдымен жағаларын ұстап таңданған. Артынша жатып кеп шамданған, ерін бауырына алып тулаған!
Еврейлердің де, христиандардың да, арабтардың да Қасиетті Кітаптарында Құдай адамдардың қамсыз тірлігіне, жүгенсіз іс-әрекетіне наразы. Азғындығы үшін оларды Құдай қатал жазаға бұйырады. Былайша айтқанда, жер бетінде қыбырлаған, жыбырлаған дүниенің бәрін сыпырып тастап, аппақ қағаздан Жаңа, жасампаз өмір бастауды, Жерде Жаңа дәуірдің бетін ашуды ниет етеді. Және ол Жаңа дәуір мейірімге, жақсылыққа, ізгілікке, имандылыққа толы боларына сенеді.
Үйде де, түзде де, көше мен шіркеуде де бұл жаңалық неліктен жұртшылықты осыншалық әбігерге түсірді? Әсіресе, ресми шіркеудің беделіне зор нұқсан келтіріп отырған мәселенің мәнісі неде еді?
Нойдың өмірі мен Топансу жайында кеңінен мәлім еткен бұл сына жазулар христиан әлемінің Библиясынан мың жыл бұрын жазылыпты! Ал, керек болса! Қалыптасқан наным-сенімді күл-талқан еткен мұндай әңгімеге ресми шіркеу алдымен жағаларын ұстап таңданған. Артынша ерін бауырына алып шамданған!
Осы арада ескеру үшін айта кетер тағы бір әңгіме бар... Смит ашқан жаңалықтан кейін де археологиялық қазба жұмыстары толастамағаны аян. Месопотамияның Ниппура дейтін қаласының орнын қазу кезінде алты столбтан тұратын елеусіздеу ғана кішігірім қыш тақтайша табылады. Ол тақтайшаның сырын 1914 жылы Арне Пебелеи деген профессор-ассириолог оқып, жария етеді. Бір қызығы, бұл сына жазу «Гильгамеш» дастанынан да ертеректе жазылған екен. Ол туралы Арне Пебелеи былай дейді: «В сохранивщейся примерно на одну треть части текста речь идет о сотворении человека, животных и растений, об основании пяти городов, о гневе богов и решении их наслать на землю потоп, чтобы уничтожить род людской. Набожному и богобоязненному царю Зиусудре божественный голос возвещает о решении богов: на землю обрушится потоп, дабы целиком уничтожить семя рода человеческого... Все бури с небывалой силой разбушевались одновременно. В тот же миг потоп залил главные святилища. Семь дней и семь ночей потоп заливал землю, и огромный корабль ветры носили по бурным водам».
Сына жазумен түскен осы Ниппур тақтайшасында да басты кейіпкер – Зиусудра патша болып шыққан.
Ол замандарда адамдар ұзақ жасаған деседі. Ұзақ жасағандықтан да жарық жалғанның маңызын бағалай алмаған, өмірдің құнын түсінбей, зерігуге салынып, азғындыққа жол берген. Қарапайым халықтың жасы туралы дерек жоқ. Бірақ, Топансуға дейінгі Нойдың ата-тегі Адамнан, қазақша айтқанда Хауа-атадан бастау алатын мәлімет бар. Мінеки, Хауа-ата – 930 жас өмір сүрген. Оның ұлы Сиф – 912 жас, Енос – 905 жас, Каинан – 910 жас, Малелиил – 895 жас, Иаред – 962 жас, Енох – 365 жас, Мавусаил – 969 жас, Нойдың әкесі Ламех – 777 жас өмір сүрген.
Енді көне еврей тілінен көрнекті библеист М.Г. Селезнев аударған Тауратқа назар аударайық:
«Но ты сделай себе из дерева гофер ковчег и устрой в нем отсеки, а изнутри и снаружи обмажь его смолой», – деп Құдай Ной пендесіне аян береді.
Мұсылманның Құранында кемеге адамзаттың арғы тегі Хауа-атаның мүрдесі де әкелінеді. Ол мүрде еркектер мен әйелдерді екіге бөліп, кеменің қақ ортасына қойылады. Нұх кемені орнынан жылжыту үшін «Бісмілла иррахман иррахим!» деп дауыстайды. Кемені тоқтату үшін де осы сөзді айтуға тиіс болады.
Құранда жан-жануарлар, жәндіктер мен құстар Нұх пайғамбардың жәрдемінсіз кемеге өздері келіп жайғасады. Ал, Библияда Құдай Ной пендесіне әрбір түз хайуанынан, әрбір үй жануарларынан, аспанда ұшқан құстар мен жерде жорғалаған жәндіктердің түр-түрінен қос-қостан – еркек пен ұрғашыдан кемеге кіргізіп, келешек үшін олардың ұрпағын сақтауды нақты тапсырады. Құдайдың сол әмірі Библияда былай жазылған:
«и возмешь с собой по паре из всех живых существ, самца и самку, чтобы и они вместе с тобой уцелели. По паре от каждого вида птиц, скота и всякой живности земной пусть войдет с тобою в ковчег, чтобы уцелеть. Возьми с собой всякой пищи – сделай запасы себе и им».
Ағылшынның әйгілі тележүргізушісі әрі табиғат жанашыры Дэвид Аттенборо «бәрінің түр-түрінен, қос-қостан» дегенді шотқа салып жіберіп, есептеп шыққан екен. Сонда, адам жағасын ұстағандай ғаламат цифрларға тіреліпті. Яғни, жер бетіндегі жан-жануарлардың түрлері бір миллион екі жүз елу мыңнан асып жығылған. Оларды «қос-қостан» санасақ – екі жарым миллионға жетпек. Оның ішіне 1 190 200 омыртқасыздар, 950 мың жәндік түрлері, 70 мыңдай молюскалар, 40 мыңдай шаянтектілер енген. Есепке алынған омыртқалылар – 58 800, балық түрі – 29 300, қосмекенділер – 5743, бауырымен жорғалаушылар – 8240, құс түрлері – 9800, сүтқоректілер – 5416. Бір қызығы, ғылымға белгілі өсімдік түрлері – небәрі 300 мыңның шамасында ғана болған.
Енді, көз алдыңызға елестетіп көріңіз... Кеме қаншалықты алып болса да мұншама хайуанды сыйғызу мүмкін бе? Әрине, ақылға сыймайды, мүмкін емес. Мұншалық көп жануар бірін бірі таптап, жаншып, түн қараңғысын жамылып азулы жыртқыштар аңшылық құрып, кеме бортын ойран-асырға, қырғын-топалаңға айналдырып жіберер еді. Оның үстіне қаншалықты зор, мықты деген кеменің өзі мұнша көп салмақты көтере алмай, суға батып кетуі даусыз-ды.
Ғалымдар Топансу жайындағы еврей әңгімесін, сондай-ақ шумер, бабыл аңыздарын сараптай келе – суда жүзетін кит пен балықтарды есептен шығарып тастайды. Су онсыз да олардың стихиясы. Әңгіме, тегі Ной өмір сүріп жатқан сол маңайдағы жан-жануарлар туралы болса керек деген қорытындыға келеді. Ол маңайдың халқы ол заманда мүйізтұмсық, ақ аю, жираф, зебра дегенді білмеген. Ұсақ-түйек жәндіктердің де көбісі оларға таныс емес-ті.
Өз заманының асқан білімпазы Афанасий Кирхер (1601–1680) қыш тақтайшалар әлі жоқ, сына жазу ашылмаған кездің өзінде Топансу төңірегінде іргелі зерттеулер жүргізген ұлы ғалым саналады.
Ол Нойдың кемесінің ғылыми негізде сызбасын жасап, «жан-жануардың ары кетсе 50 пары ғана кемеге сыяды» деген қорытынды жасайды. Кемедегі орын жетіспеушілігі шындығында да қиын мәселе болған. Сондықтан Ной өзі білетін, сол өңірге мәлім хайуандар мен жануарларды ғана тіркеген деген болжам бар. Шамамен, бұдан бес мың жылдай бұрын жалпы, Жер бетінде дәл қазіргідей жануар түрлері соншалықты көп емес-ті. Олардың басым бөлігі Топансудан кейінгі дәуірде пайда болғандар. Ұқсас түрлердің бірімен-бірі шағылысуы нәтижесінде, немесе белгілі бір аймаққа бейімделу салдарынан біршама жаңа түрлер шыққан. Мысалы керік (жираф) Топансудан кейінгі дәуірде – түйе мен қабыланның ұрпағы ретінде өмірге келген деседі.
Төменде Д.В. Шедровицкийдің «Введение в Ветхий завет» атты іргелі зерттеуінен бірер дерек келтіруді жөн көрдік.
«Топансу – ертедегі адамзат тарихындағы орасан зор апат қатарында, – дейді ғалым. – Бұл туралы Библияда Құдай-тағала адамзаттың азғындауынан түңіліп, Ной пайғамбарға жеті күн дайындалуын тапсырып, сегізінші күні жерге алапат нөсер жіберетінін былайша аян етеді...
И сказал Бог Ною: конец всякой плоти пришел пред лицо Мое, ибо земля наполнилась от них злодеяниями; и вот Я истреблю их с земли».
Қасиетті Құранда Нұх пайғамбардың Топансуға дейінгі өмірі 71 Сүреде айтылған. Ол Хауа-атадан кейінгі бірнеше ұрпақтан соңғы Ламех атты қадірменді ақсақалдың ұлы болады. Библиядағы Ной секілді Нұх та Алламен тілдесіп кеме жасаған, адамзат ұрпағы мен жан-жануарларды жұбымен сақтап қалған әулие. Төменде Құранның орыс тіліндегі классикалық тәржімесін жасаған академик И.Ю. Крачковскийдің аудармасынан үзінді келтірмекпіз:
«И открыто было Нуху: “Никогда не уверуют из твоего народа больше тех, которые уверовали. Не огорчайся же тем, что они делают! И сделай ковчег пред Нашими глазами и по Нашему внушению и не говори со Мной о тех, которые не справедливы: поистине они будут потоплены!” И сделал он ковчег, и всякий раз, как проходила мимо него знать его народа, они издевались над ним. Он сказал: “Если вы издеваетесь над ними, то и мы будем издеваться над вами, как вы издеваетесь. Вы узнаете, к кому придет наказание, унижающее его, и кого постигнет наказание пребывающее!” А когда пришло Наше повеление и закипела печь, Мы сказали: “Перенеси в него от всего по паре, по двое, и твою семью, кроме тех, о которых опередило слово, и тех, кто уверовал”. Но не уверовали с ним, кроме немногих. И сказал он: “Плывите в нем, во имя Аллаха его движение и остановка. Поистине, Господь мой всепрощающ и милосерд!”. И он плыл сним в волнах, как горы».
Библияда Құдай Нойға «гофер» дейтін ағаштан зор кеме жасауды, кеменің іші-сыртына смола жағып, жыртық-тесігінің бәрін мықтап бітеуді тапсырғаны жоғарыда айтылды. Бұған қосымша Құдай кеме көптеген бөліктерге бөлінуі тиістігін, соңынан ол бөліктерге алуан түрлі жан-жануарлар кіретінін ескертеді.
«И сделай его так: длина ковчега триста локтей; ширина его пятьдесят локтей, а высота его тридцать локтей».
Ежелгі шығыс өлшем бірлігінде пайдаланылған «локоть» (шынтақ) – қазіргі мөлшермен 45 см шамасында болған.
«И сделай отверсите в ковчеге, и локоть сведи его вверху, и дверь в ковчег сделай с боку его; устрой в нем нижнее, второе и третье жилье».
Құдай-тағаланың Нойдың иығына жүктеген жұмысы адам игере алмас орасан қиын болғаны даусыз. Жалғыз өзі әлемнің барша аң мен құсын, шыбын-шіркейі мен жәндіктерін жинап, кемеге орналастыруы тиіс. Оларды ұзақ уақыт тамақпен, жем-шөппен қамтамасыз етуі міндет. Оның үстіне Жаратушының тапсырмасынан титтей де ауытқымай, сандық іспетті төрт бұрышты қалтқы-кеме жасауы керек. Құдайдың өзі қол ұшын беріп көмектеспегенде, әрине, бір адамның қысқа мерзімде мұндай қыруар шаруаны атқарып шығуы екіталай еді.
Британдық ассириолог Ирвинг Финкель ұзақ жылдар бойы қыш тақтайшалардағы сына жазуларды зерттей келе, Құдайдың жердегі Ной пендесіне тапсырысының жай-жапсарын былайша тізбелепті:
Кеме бүгінгі бізге беймәлім «гофер» дейтін ағаш түрінен жасалады.
Кеме түрлі көлемдегі бөлімдерге, үйшіктерге, құс ұяларына, каюталарға бөлінеді.
Су өтпес үшін іші-сырты смоламен және битуммен сыланды.
Қалтқы-кеменің ұзындығы 450 фут ( 137,2 метр), көлденеңі – 75 фут (22,8 метр), биіктігі – 45 фут (13,7 метр). Кеменің төбесі 50 см шамасындағы шатырмен жабылады. Кемеге кіретін жалғыз есік, 3 палуба болады.
Біздің қолда бар материалдардың бірінде – «кеменің көлемі: ұзындығы 157 метр, көлденеңі 26 метр, биіктігі 16 метр» деп көрсетіліпті. Қалай болғанда да, бұл екі өлшемде де пәлендей алшақтық жоқ. Ол кезде өлшемнің «метрлік жүйесі» де, «милдік жүйесі» де болмағаны белгілі. Сондықтан өлшемдерде аздаған алшақтық шығып жатса, мәселе «локотьпен» есептеуде болып отырғанын ескерген ләзім.
Грек жазабалары арқылы бүгінге жеткен Берос (б.з.д. 350–280 жж.) дерегінде кеменің ұзындығы – бес стадий, көлденеңі – екі стадий болғаны баяндалады. Бабылдық стадий бүгінгі өлшеммен 194 метрге тең келеді деседі. Бұл дерек әлде де зерттеуді қажет етеді, үлкен сәйкессіздік бары көрініп-ақ тұр.
«Сделай кыршу – так, чтобы сверху она выступала на один локоть. Сбоку сделай дверь. Пусть будут в ковчеге первый ярус, второй и третий».
Таурат жазбалары бойынша, кеменің төменгі бөлігінде бауырымен жорғалаушылар, орта бөлікте – адамдар мен жан-жануарлар, ал жоғарыда – құстар орын тебеді. Келесі бір деректерде кеме үш қабатқа бөлініп, төменгі қабатына жануарлар жайғасады, ортадағы қабатқа азық-түлік пен жемшөп қорының қоймасы жасалып, жоғарғы – үшінші қабатқа Нойдың отбасы орналасады.
Құран түсіндірмелерін жасаған өз заманының аса беделді молдасының бірі – Насируддин Абу Саид Абдаллах ибн Умар әл-Байдави (туған жылы белгісіз, 1268 жылы қайтыс болған) «Кеменің бірінші қабаты жабайы аңдар мен үй жануарларына, екінші қабаты адамдар үшін, үшінші қабаты – құстарға арналды» деп жазады.
«И вот Я наведу на землю потоп водный, чтоб истербить всякую плоть, в который есть дух жизни, под небесами; все, что есть на земле, лишится жизни. Но с тобою Я поставлю завет Мой, и войдешь в ковчег ты, и сыновья твои, и жена твоя, и жены сынов твоих с тобою».
Құдай Ной пайғамбармен осылайша келісім жасайды. Нойдың Сим, Хам және Иафет атты үш ұлы бар-ды. Үш ұлының үш әйелі мен Нойдың бәйбішесіне ғана кемеге кіруге рұқсат етіледі.
«Введи также в ковчег из всех животных, и от всякой плоти по паре, чтоб они остались с тобою в живых; мужского пола и женского пусть они будут».
Бұдан әрі Жаратушы Нойға жан-жануарға, құрт-құмырсқа мен құстарға, сондай-ақ адамдарға қажет азық қорын дайындауды жүктейді. Ной Құдай тапсырған шаруаның бәрін ықыласпен, уақтылы орындап шығады.
Егер Ной Құдай айтқан тапсырмадан аздап ауытқып, кеменің өлшемдерінен сәл қателескендей болса – онда кеме ұзаққа бармай толқын мен дауылда төңкеріліп, суға батып кетер еді. Егер кемені үлкенді-кішілі әртүрлі бөліктер мен бөлмелерге бөлмей, әншейін бәрін топырлатып тоғыта салса, онда жан-жануарлар бірімен бірі араласып, бірін-бірі жеп, таптап-жаншып, ақырында тағы да кемені апатқа ұшыратар еді. Сондықтан кеменің көлемі Жаратушы айтқан өлшемнен бір қадақ та өзгертілмей жасалады.
Ной бала-шағасымен кемеге кіреді. Жер бетіндегі жан-жануар, жәндіктер мен құстардан да бір-бір жұптан – еркек пен ұрғашыдан шұбырып келіп, кемедегі өздеріне тиесілі орындарына жайғасады.
«В шестисотый год жизни Ноевой, во второй месяц, в семнадцатый день месяца, в сей день разверзлись все источники великой бездны, и окна небесные отворились;
И лился на землю дождь сорок дней и сорок ночей .
В сей самый день вошел в ковчег Ной, и Сим, Хам и Иафет, сыновья Ноевы, и жена Ноева, три жены сынов его с ними».
Содан, Жаратушының жарлығымен қырық күн, қырық түн жерге толассыз жаңбыр төгеді. Жаңбырдан соң 110 күн бойы жер үстінде шет-жиегі жоқ көк мұхит тербеліп-толқып тұрып алады. Нойдың кемесі осылайша 150 күн көк мұхиттың үстінде салындыдай қалқып жүре береді.
Библияның жазуынша, Топансу күз маусымының екінші айында басталған сияқты. Яғни, бұл кезде астық орылып қамбаға түскен, адамдар бау-бақша, жеміс-жидегін жинап алған беймарал мезгіл. Енді тек сол жаздай тер төгіп тыраштанған еңбегінің зейнетін көріп, той-томалақ өткізіп, бақуатты тіршілік кешер кез туған. Бұл мезгіл біз үшін нақты белгілі, түсінікті делік. Ендеше, екінші айдың 17 күні басталған Топансу қай кезде аяқталды?
«И остановился ковчег в седьмом месяце, в семнадцатый день месяца на горах Араратских».
Бұған қарағанда екінші айдың 17-де басталған Топансу жетінші айдың 17-де аяқталған. Арада тура 5 ай уақыт өткен. Осы 5 ай бойы табиғат алай-дүлей болып, жер бетіндегі адам қолымен жасалған дүниенің бәрі тып-типыл жойылған, қалалар құрыған, ағаштар түп-тамырымен қопарылып шайылып кеткен. Адамдардың баршасы, жан-жануар атаулы, қыбырлаған жәндіктердің бәр-бәрі тұншығып, суға батып, әлдеқашан қырылып қалған.
Библияның баянында Топансу Хауа-ана, Хауа-атадан басталған жыл санаумен есептегенде – 1656 жылы жер бетін басқан. Бұл қазіргі заманның есебі бойынша біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2369 жылы болған оқиға.
Бұл шамамен бұдан 4400 жыл ертедегі оқиға болса керек.
Жаратушының әмірімен межелі күн туған мезгілде дүлей дауыл басылып, табиғат құлаққа ұрған танадай тыныштала қалыпты.
***
Қырық күн, қырық түн селдеткен нөсерден жер бетін бірде-бір тау шыңы көрінбейтіндей етіп, су қабатының басуы мүмкін бе?
Академиялық ресми ғылым бұл құбылысқа күмәнмен қарайды. Жер бетін тұтас жабуға қырық күн жауған нөсердің шамасы бәрібір жетпейді деседі. «Ол мүмкін емес» деп бастарын шайқасады. Жер жаһанды Топансудың басқаны рас болса, онда әлемдік мұхиттар да тереңнен көтеріліп, арнасынан асып, құрылыққа қарай жөңкіле тасыған болуы тиіс дейді олар.
Мамандардың кейбірі Топансудың физикалық себеп-салдарын аспаннан мұхитқа құлаған алып кометаның әсерінен іздейді. Енді біреулер ерте замандарда қазіргі Жерорта теңізінің орнында жайқалған жасыл жон, гүлшөпке оранған ойпат, құлпырған елді мекендер болғанын айта келе, орасан жер сілкінісі нәтижесінде Гибралтар қылтасы ашылып кеткен қасіретті мысалға тартады. Соның салдарынан Атлант мұхитының суы атқақтап Жерортаның байтақ жазығына қарай жөңкілген. Нелер бір көркем жер, көрікті мекендерді тасқын су басып қалған. Сөйтіп, біз білетін бүгінгі шалқыған Жерорта теңізі пайда болған. Бұл ғылымға белгілі тарихи шындық. Бәлкім, Топансу жайындағы аңыздар осы оқиғаға байланысты шыққан-ау деген де болжам бар.
Бүгінгі ғалымдардың баз бірі Библиядағы «в семнадцатый день месяца, в сей день разверзлись все источники великой бездны, и окна небесные отворились...» дегенге шұқшия үңілуде. «Окна небесные отворились» – қазақша көктің түбі тесіліп кетті, аспан тесігі ашылып кетті дегенге келеді. Ол селдеткен нөсер делік. Ал, «разверзлись все источники великой бездны» дегенді қалай түсінуге болады? Осы сауалға орай ғалымдар Топансу заманына дейін жердің ланшафты қазіргі біз білетін бейнеден мүлдем басқаша еді дегенді дәлелге тартады. Ол дәуірде Жер астында жүз мыңдаған шақырымға созылған алып мұхиттар болған екен. Сол мұхит сулары жер сілкінісі, жанартаулардың атқылауы, тектоникалық қозғалыстардың әсерінен бұрқ етіп жер-жерден атқылап шығып кеткен. Бірер күннің ішінде көлкітіп жер үстін басып қалған. Сөйтіп, Топансудың салдарынан жер бөлшектенген, құрылықтардың бейнесі өзгеріске түскен, жаңа аралдар пайда болған, таулар жазыққа, жазықтар тауға айналған. Бір кездегі теңіз табандары дүңкиіп ісіп тау биігіне шығып кеткен, жағалаулар мен құрғақ даланың біразы теңіздің астына түскен.
Әрине, ғалымдардың бұл болжамы да әзірге көкейді тескен көп сұрақтың бірі ретінде қалып отыр.
Десек те, Топансудың өмірде болғанын дүние жүзі халықтары мен тайпаларының этнографиялық деректері, сондай-ақ қазбадан табылған көне жазулар айғақтап отырғанын айту парыз. Осынау алуан мифтер мен көне жазулардан басқа, Топансу оқиғасы ежелгі тарихшылардың да еңбектерінде баяндалғанын ескерген жөн. Ал, олардың жазбалары ғасырлар сынынан өтіп, арадағы талай өркениеттің игілігіне жараған, ендігісі біздің заманның атеистік ұстанымдағы мықты ғалымдарын да мойындатып отыр.
Әлемдік мифтер баяны
Жалпы, Топансу жайындағы мифтер әлемнің көп халқының мәдениетінде кездеседі. Мұндай мифтердің негізгі арқауы – адамзаттың жарық жалғандағы бақыты мен барын көтере алмауы, қызыл-жасыл дүниенің парқын бағалай алмауы, соның салдарынан азғындық жолға түсуі, құдай мен тәубесін ұмытуы. Асқанға – тосқан, жаман істің түбінде бір сұрауы болады, адамзат өзі жасаған күнәсі үшін түбінде бір жауап беруі тиіс.
Мифтердің бәрі де Жаратушының азғындаған күнәһар адамдарды жазалағаны, сөйтіп жердегі тіршілікті жаңадан, ақ қағаздай таза беттен бастағанын уағыздайды. Адамзат баласын қашанда құдайды ұмытпауға, шектен тыс асқақтамауға шақырады, Жаратушы әр адамның ой мен ниетін, ісі мен әрекетін қалт жібермей көріп-біліп отырғанын, Топансудай жазаның кез келген уақытта қайталануы ықтимал екенін ескертеді. Сөйтіп, адамдарды әрдайым тәубеге түсіріп тұрады.
Бүгінгі заманның этнологтары түрлі континенттерді мекендеген халықтардан жинап-теріп, Топансу жайында миф тараған өңірлерді мұқият тізімге алыпты. Қазақ оқырманы үшін сол тізімді қысқаша атай кетудің артығы болмас.
Азиядан бастар болсақ, миф нұсқалары, ең алдымен Вавилонияда, Палестинада, Сирияда, Фрагияда, Үндістанда, Бирмада, Кахинхинде, Малай түбегі мен Камчаткада табылған. Бұған қарағанда Топансу әңгімесі, негізінен Оңтүстік Азияда көбірек кездескен.
Топансу жайындағы көне Үндіс аңыздары б.з.д. 6 ғасырда өмір сүрген Сатапатха Брахман деген абыздың діни еңбектерінде кездеседі. Сондай-ақ, Орталық Үндістан джунглиінде мекен ететін бхила тайпасында Рама деген кісі адамзат ұрпағын Топансудан сақтап қалатын аңыз бар. Бұл аңыз үндістердің әйгілі «Рмааяна» мен «Махабхарата» эпостарында айтылады.
Одан әрі тереңдей түссек, Топансу әңгімесі Малай архипелагіндегі Суматра, Борнео, Целебес, Ниас, Энгано, Церам, Роти, Флорес аралдары тұрғындарында бары белгілі болады. Мұндай әңгімені Филиппин мен Формоза аралдарының түземдіктері де білген. Бенгал шығанағындағы Андаман аралдарының тайпаларынан да осы сарынды мифтер жазылып алыныпты.
Жаңа Гвинея мен Австралия аборигендері арасында да Топансу аңызы кең тарағаны анықталған.
Шығыста полинезиялықтардың, Микронезияға қарасты Палау аралының түземдіктері арасында да осыған ұқсас әңгіме-әпсаналар бар боп шыққан.
Австралия түземдерінің арасында ерте-ерте ертеде жер бетін тасқын су басып, барлық адамдар қырылып, тек бірнеше адам ғана аман қалыпты дейтін миф бар.
Бұдан жүз жылға жуық уақыт бұрын аты мәшһүр Джордж Фрезер «Топансу туралы миф Африканың бірде бір тайпасында кездеспеді» деп жазған еді. Кейінгі зерттеушілер Оңтүстік Африкадағы бапед тайпасынан, сондай-ақ Шығыс Африкадағы біршама тайпалардан Топансу әңгімесін жазып алыпты.
Топансу мифіне бай Американың қос құрылығы болып отыр... Бразилиядағы каинганг, курруайя, паумари, абедери, катауши үндістерінің, Чилидегі араукан, Эквадордағы мурато, Гвианадағы маку мен аккавая, Пеудегі инкі, Боливиядағы чиригуано үндістері арасындағы Топансу мифтері Библиядағы баянның мазмұнына жақын әрі үндес боп шыққан.
Мексиканың Мичоакан провинциясында тұратын үндістерде де Топансу мифі бар екен.
Солтүстік Америка құрылығын мекендейтін монтанье, чироки, пима, делавар, солто, тинне, папаго, акагчемей, луисеньо, кри, мандан үндістерінен де Топансу мифтері табылған. Оның үстіне бұл мифтер жергілікті үндістер ғана емес, Гренландияның, Аляска мен Канаданың солтүстігін жайлаған эскимостарда да кездескен.
Азиямен салыстырғанда Топансу мифі Еуропада сиректеу. Ондай мифтер, негізінен, Ежелгі Грекияға тән болған. Алайда, осы мазмұндас аңыздар Уэлс пен Фрисландия жұрттарында, литвалықтар арасында, трансильвандық сығандар мен вогулдардың наным-сенімінде бары анықталған. Ирландықтардың эпикалық «Кіші Эдда» мұрасында Топансу әңгімесі кеңінен баяндалады.
Топансу жайындағы бізге белгілі мифтің ең көнесі – шумер нұсқасы екенін алдыңғы тарауда айттық. Осы шумер аңыздары негізінде бабылдық нұсқа жасалған. Бабыл нұсқасы біздің заманға дейін өмір сүрген Бабыл тарихшысы Беростың (б.з.д. 350–280) Бірінші Антиох патшаның тапсырысымен өз елінің тарихын жазуы арқылы белгілі болған. Берос сына жазумен грек тілінде жазған. Оның қыш жазбалары сақталмаса да, кейінгі ғасырлардағы грек оқымыстыларының мазмұндауы арқасында бүгінге жеткен. Берос Топансу Жер дүниені Бабылдың оныншы патшасы Ксисутрус заманында басқанын баяндайды. Құдай бірде адамзат баласына келе жатқан зор апат жөнінде патшаға аян береді. Патша Құдайдың айтуымен үлкен кеме жасайды... Одан арғы Топансу оқиғасы Библиядағы баянды айнымай қайталайды. Турасында, Библия осы бабылдық нұсқаны айнытпай қайталаған. Тек кейіпкердің есімін ғана Ной деп өзгертіп алған.
Арада төрт ғасыр өткен соң көне Римнің атақты тарихшысы Иосиф Флавийдің (37–101 жж.) де өзінің тарихи жазбаларына Топансу баянын енгізеді. Ол туралы көне заман жылнамашысы былай деп жазыпты: «После того, как Господь Бог предостерег людей, он наслал дождь, и в продолжение сорока дней беспрерывно лились потоки воды, так что она покрыла землю на пятьдесят локтей в вышину. Это было причиной того, что вообще больше (кроме Ноя с семейством) никто не спасся, так как не было средства к отступлению и бегству. Лишь сто пятьдесят дней после того, как перестал дождь, именно на седьмой день седьмого месяца, начала мало-помалу сбывать вода. Затем, когда ковчег остановился на вершине одной горы в Армении, а это заметил Ной... Несколько дней спустя, когда вода еще более убыла, он выпустил ворона... однако тот сразу вернулся к Ною... Через семь дней Ной выпустил голубя. Когда же последний вернулся к нему запачканный землею, неся лист маслины, то Ной увидел, что земля освободилась от воды. И прождав еще семь дней, выпустил из ковчега животных, и сам вышел со своими домочадцами».
Ал, шумер аңызы біздің заманға дейінгі 1600 жылы шумердің Ниппур дейтін қаласында жазылғаны дәлелденіп отыр. Қазір ол қыш тақтайшалардың негізгі бөлігі Филадельфияның Университеттік мұражайында сақтаулы. Кейбір бөлшектері Лондон, Нью-Хейвен, Нью-Йорк, Женева қалаларының мұражайларына тарап кеткен. Жалпы, біз сөз етіп отырған, Топансу хикаясы әңгімеленген тақтайшаларда әуел баста 1245 шумақ сына жазуы болған деседі. Олардың 60 пайызы ғана біздің заманға жеткен.
***
Топансу жайындағы осынау аңыздар мен мифтерге сенуге бола ма? Әлде оларды адамзаттың қиялынан туған ертекке балай саламыз ба? Ең бастысы, осы мифтерде ғылыми негіз бар ма?
Толғандырған бұл секілді сауалдарға фольклоршы мамандар: «ал ғылымның өзі қаншалықты мифтендірілген» деген қарсы сұрақ қоюда.
«Ғылым мифке барынша жақын» деп жазады американдық әйгілі философ Пол Фейерабенд (1924–1994).
Миф десек те, аңыз десек те, ертек десек те – неліктен Топансу баянының мазмұны барлық халықтарда бір-біріне соншалықты ұқсас. Мифтердің бәрінде азғындығы үшін адамдардан қатты түңілген Құдай немесе құдайлар жерге алапат Топансу жібереді. Пәленше күн аспан нөсерлетеді. Құдайдың бұйрығымен алдын-ала үлкен кеме жасаған, ақ жүректі, адал тілекті жалғыз адам ғана өзінің отбасымен немесе тағы бірер ізгі ниеті жандармен қоса аман қалады. Кейбір тайпалардың мифтерінде кеменің орнына орасан жалпақ сал, үлкен каноэ, зор көлемді қайық жасайды. Қалған жұрт күнәсі үшін суға батып, тұншығып түгел қырылып қалады. Ең ғажабы, жан-жануар, құстар мен жәндіктердің жұп-жұп болып кемеге кіруі де көптеген халықтардың мифтерінде бар. Тек, кейбір елде кемемен де, салмен де емес, Топансу жайында алдын ала хабар алып, биік таудың басына шығып аман қалатын баяндар кездеседі. Бірақ олар аса сирек. Бір мифтерде селдеткен жаңбыр жеті күн жауады, енді бірінде қырық күн, тағы бір халықтарда жарты жыл нөсерлетеді. Бір аңызда тасқын су ең биік деген тау шыңынан қырық кез, енді бірінде елу шынтақ (локоть) жоғары шығып кетеді. Топансу тартылып, кеме аман-есен қара жерге қайырлаған соң, қара жердің шынымен ашылғанын білу үшін құс ұшыру да бар халыққа ортақ схема. Алдымен қарға, құзғын сияқты сүйкімсіз құстарды болжауға жіберіп, олар әдетте жемтік шоқып, қуаныштан бәрін ұмытып, кемеге қайтпай қалады. Яғни, бұл құстар халықтар мен тайпалардың бәріне де жиренішті болғаны. Содан кейін сұңқар, колибри, көгершін, қарлығаш сияқты сүйкімді құстар барлауға кетеді. Енді бір мифтерде кеме иесі теңіз үстінде иілген алыстағы кемпірқосақты көріп, қара жердің ашыла бастағанын сезеді.
Атақты шумеролог Джордж Смит Топансу жайындағы еврей аңызы өз кезегінде тым ертедегі Бабылдың қыш жазуының сарыны екенін дәлелдеп кеткенін алдыңғы тарауда қысқаша әңгімеледік. Библиядағы Топансу аңызы кейіннен грек-христианның Киелі Кітаптарына көшіп, соңынан арабтың Құранында мазмұндалған. Ал, иудей де емес, христиан да емес, ислам да емес – салт-дәстүрі бөлек, тұрмыс-тіршілігі өзгеше, наным-сенімі әрқилы буддалықтар, ламашылар, пұтқа табынушылар, қысқасы Ескі мен Жаңа Әлемнің барша жұрты бұл оқиғаны қайдан алып жүр? Бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ, тіпті кейбірінде дін болмаған, су қараңғы, сауатсыз, оқшау өмір кешкен жабайы мәдениеттегі тайпалар Топансу хикаясын қайдан біледі?
Біздің заманның өзінде ғылыми деректер немесе тарихи құжаттарға қарағанда кей жағдайда фольклор сол көне дәуірдің бейнесін, тыныс-тіршілігін әлдеқайда нақты көрсетіп жүргенін мамандар мойындайды.
Француз ғалымы Жорж Кювье (1769–1832) осы америка үндістерінің иероглифтерін терең зерттеген маман. Ол Топансу жайындағы үндістердің шытырман оқиғалы аңыздарының бәрін мазмұндап тізіп шыққан. Сөйтіп, аттары басқа болғанымен, Ной секілді су тасқынынан құтқарушы кейіпкерлер үндістерде де барын Кювье ғылым әлеміне алғаш жария етеді.
Үндіс демекші, кейінірек ғалымдар мына жайды анықтапты... Американың қос құрылығының аборигендері арасында тараған Топансу мифтерінің көптігі сондай, үңіле зерттеген кезде бұл мифтер үндістер мен эскимостардың барлық тайпаларында кездескен. Солардың бәрінде тасқын апатынан жалғыз ғана адам өзінің отбасымен бірге аман қалып отырған. Жер бетіндегі кейінгі адамзат баласының баршасы сол кісінің ұрпағынан тарапты-мыс.
Мексикалық майялар мен ацтектердің ұғымында, тіршілікті түп тамырымен жойып жіберетін Топансу секілді катаклизмдер мен апаттар Жер бетінде ұдайы қайталанып тұрмақ. Ол апаттар белгілі бір циклге құрылады. Майялардың күнтізбесі бойынша, ондай әрбір цикл 13 бактунде қайталанбақ. 13 бактунді біздің күн санауымызға салсақ – 5120 жылға тең келеді екен.
«Майя» деген бір ғана халықтың аты емес, ол жүздеген тайпалардың басын қосқан, жүздеген қала салған ерте замандағы гүлденген өркениеттің атауы. Осы өркениет «Цолькин» деп аталатын атышулы сәуегейлік күнтізбе жасағаны мәлім. Егер солардың күнтізбесімен есептер болсақ, біз өмір сүріп отырған қазіргі дәуір – бесінші циклды бастан кешіп жатыр. Бұл дәуір біздің заманға дейінгі 3113 жылдың 11 тамызынан басталған. Циклдың аяқталуы – 2012 жылдың 23 желтоқсаны. Әрине, біз үшін бұл мезгілдің өтіп кеткені белгілі. Шүкір, адамзат баласы әзірге тыныш, аман-сау. Алайда, кейбір мамандар бұл бейқамдыққа қуану әлі ертерек деген қауіп айтады. Бес мың жылды қамтыған күнтізбеде плюс-минус он-жиырма жыл қателіктің кетуі әбден мүмкін. Қазіргі әр елдегі су тасқындары, дауылдар мен цунамилер, құрғақшылық пен алапат өрттер келешек зор катаклизмнің алғышарты емес пе деген де болжам бар. Қазақша «жылымық әсері» деп жүрген, орысша «парниковый эффект» дейтін жайсыз құбылыстың салдарынан Планетамыз қазір үлкен қатер үстінде. Бәріне күмәнмен қарайтын скептиктер де, академиялық бағыттағы дегдар ғалымдар да ондай қатердің барын жоққа шығармайды.
Майя күнтізбесіндегі алғашқы апат кезінде аспаннан қан жауған деседі. Содан жер бетіндегі тіршілік атаулы ізі-қайым жойылған. Бұл апаттан ерлі-зайыпты Теспи деген абыз бен оның Тате деген әйелі ғана аман қалады. Құдай ол екеуіне апат туралы алдын ала ескерткен екен. Содан көк теңіздің бетінде неше күн, нешеме түн қиындық көрген Теспидің кемесі қасиетті бір тауға тұмсық тірейді. Теспи жер бетінің судан ашылған-ашылмағанын білмекке шолғыншы етіп құзғынды жібереді. Құзғын әр жерде теңкиіп шіріп жатқан жан-жануарлардың өлігіне мәз болып, жемтік шоқып, кемеге қайтпай қалады. Артынша Теспи тағы бірер құсты ұшырып жібереді. Солардың ішінде тек колибри ғана кішкентай тұмсығына жапырақ тістеп кемеге қайтып оралады. Жердің құрғап, ашыла бастағанын білген Теспи кемедегілердің бәрін түсіріп, жан-жаққа таратады. Сол ерлі-зайыпты екеуден өрбіген көп ұрпақ – бүгінгі адамдар болмақ.
Топансу жайындағы мифтерге бай халықтың бірі – инкілер. Олардың пайымынша, Кон-Тики Виракоча деген құдіреті күшті құдай Жерде тіршілік етуге жіберген алғашқы адамдарына риза болмайды. Олар алпамса денелі, жұмысқа икемсіз, өздері енжар, жалқау, табансыз екен. Ең бастысы – ниеттері бұзылып, түрлі сылтаулармен құдайы парыздарын орындаудан бас тартады. Соған ашуланған Виракоча жерге Топансу қаптатады да, олардың бәрін қырып салады. Одан арғысы дәстүрлі аңыздардың мазмұнымен ұқсас. Топансудан кейін жер бетінде жаңа адамдардың ұрпағы өсіп дамиды. Олардың дене тұрқы алдыңғыларынан әлдеқайда кіші, жұмысқа икемді, шаруаға қабілетті, құдайға бас иген ізетті жандар-мыс.
Үнді жұртының аңыздарында осыдан тура үш мың жыл бұрын Ману есімді данышпан суы тартылып, шұқанақта қайырлап қалған шабақ балықты құтқарып қалады. Ол шабақ Вишну құдайдың балыққа айналған бейнесі боп шығады. Вишну Мануға алдағы күндері Жер жаһанды алапат Топансу басатынын, қыбырлаған, жыбырлаған дүниенің бәрі суға кетіп құритынын ескертеді. Ескертеді де, ризашылығының белгісіндей Мануға үлкен кеме жібереді. Одан кейінгі оқиға – дәстүрлі мифтердегідей. Вишну құдай әрбір хайуан, құстар мен жәндіктерден жұбымен, сондай-ақ барлық жеміс-жидек, ағаш пен шөптердің тұқымдарын кемеге тиеуді тапсырады.
Су қайтқан кезде Манудың кемесі «Меру» деген таудың шыңына тіреліп, дамылдаған екен. Осыдан соң Жердегі Жаңа дәуір басталады. Арада бір жыл өткен соң судан бір әйел шығады да, Манумен тұрмыс құрып, шаңырақ көтереді. Өмірге көп-көп бала келеді. Бүгінгі адамзаттың арғы тегі сол балалар екен-міс.
Қытайдың өте ерте замандарда жазылған Шу-цзин атты қолжазбасында қытай халқының мыңжылдық тарихы Яо императордан басталатыны баяндалады. Сол дәуірде, қазіргі есептеулермен санағанда, біздің заманға дейінгі 2293 жылы орасан зор су тасқыны Ұлы Қытай жазығын басып қалған. Адамдардың біразы биік тауларға өрмелеп, шыбын жандарын сақтауға тырысады. Бірақ су ұзақ уақыт қайтпай, тауды паналаған адамдардың көбісі аштық пен аурудан қырылады.
Көне Тибет аңыздары да осыған ұқсас. Жер бетін Топансу қаптап, адамдардың бәрін жайпап, жоқ етеді. Сол апаттан кейін басталған Жаңа дәуір қазірге дейін созылып келеді-міс.
Библияда Нойдың үш ұлы бары жазылған. Құранда да Нұх пайғамбардың дәл сондай үш ұлы болғаны айтылады.
Нұх пайғамбар жөніндегі мифтер негізінен Насреддин Рабғұзидің (ХІІІ ғасырдың соңы – XIV ғасырдың басы) «Рабғұзи қиссалары» атты қолжазба кітабында жинақталыпты. Бұл кітап 1310 жылы жазылған екен. Мұндағы аңызда Нұх пайғамбар Топансуды Алладан өзі тілеп алады. Пайғамбардың бұлай тілеу себебі – «мұсылман дініне кіріңдер» деп ғибрат таратқаны үшін адамдар оны мазақ еткен, кесек атып қорлық көрсеткен.
Топансу қаптар алдында, таңертең ертемен нан жауып жатқан бір кемпірдің тандырынан су атқақтап кетеді. Сол-ақ екен, таудан да, тастан да, даладан да, қаладан да бұрқақтап су шыға бастайды. Іле аспаннан нөсерлетіп жаңбыр құйып береді. Рабғұзи кемеге Нұхпен бірге мұсылман дінін қабылдаған сексен кісі қоса мінгенін жазады. Мұсылмандыққа бас имеген кәпірлер судан қашып, тау мен тасқа өрмелейді. Судың деңгейі сағат сайын көтеріліп, кәпірлер паналаған ең биік деген таулардан қырық кез жоғары шығып кетеді. Әрине, мұсылман еместердің баршасы суға батып опат болады. Су тартылып, кеме құрғаққа шығып қайырлаған күннен Жаңа өмір басталады.
Топансу жайындағы аңыз Хиуа ханы әрі тарихшы-шежіреші Әбілғазы Баһадүрханның (1603–1664) жазған «Түрік шежіресі» (1664) атты кітабында да баяндалыпты. Бұл шежіреде Хауа-атаның топырақтан жаралғанынан бастап, адмзат дамуының басты кезеңдері түгел қамтылады. Автор адам ұрпағының сабақтастығын үзбей отырып, Нұх пайғамбардың да тағлымға толы ғажайып өмірін көрсеткен... Хауа-атаның ұрпағының бірі Нұх 250 жасқа қарағанда Құдай тағала оны Пайғамбар етіп, ел арасына жібереді. Нұх халықты мұсылмандыққа 700 жыл үгіттегенде небәрі сексен адам ғана оның соңынан ереді. Осыған ренжіген Нұх Құдайдан әлгі сексеннен басқасын жоқ қылуын өтініп, дұға оқиды. Құдай үмбетінің тілегін қабыл алып, жерге Топансу қаптатады.
Кеме теңіз үстінде жүрген кезде адамдардың көбісі ауруға шалдығады. Ақыры Нұхтың әйелі, үш ұлы мен келіндері ғана аман қалып, өзге адамдардың бәрі ауру-сырқаудан қайтыс болады. Кеме Шам жұртындағы Мүсіл шаһарының жанындағы «Жудда» (әл-Жудди) тауына жетіп қайырлайды.
Кеме тоқтаған соң Нұх пайғамбар отбасымен жерге түседі. Өздері айлар бойы кемеде аман сақтап жеткізген жан-жануарларды өріске жіберіп, жәндіктерді тау мен далаға таратады. Алып келген өсімдік тұқымдарын жерге сеуіп, тіршіліктің қам-қарекетіне кіріседі. Бұл рухани арылудан кейінгі басталған Жаңа дәуір еді.
Нұх арада көп уақыт өткізбей, иықтарына аманат артып, адамзаттың келешек ұрпағын өрбіту мақсатымен үш ұлын дүниенің үш бағытына аттандырады. Аңыз бойынша ол Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам деген ұлын Иран өңіріне, Иафес атты ұлын Солтүстік аймаққа жібереді. Осы үшеуінің кенжесі Иафестен Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз ұл тараса керек. Иафес дүние салған соң оның орнына, әкесінің айтуымен, Түрік патша болады. Осы Түрік патшадан Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ атты төрт ұл тарайды. Бүгінгі түрік текті халықтардың баршасы осы Түріктен өрбиді-міс.
«Топансу жайындағы Шумер тарихындағы» адамзат пен жан-жануарды сақтап қалушы кейіпкердің аты – Зиусудра. «Гильгамеш туралы дастанда» – Ушнапишти, «Атрахасис туралы дастанда» – Атрахасис, Берос жазбаларында – Ксисутрус, Библияда – Ной, Құранда – Нұх пайғамбар.
Сондай-ақ, үнділіктердің мифтерінде – Ману және Рама, африкалықтарда – Тумбайнот, Бразилия үндістерінде – Тамандуаре, Чили мен Эквадорда – Уассу, Перуде – Анатиуа, Боливияда – Сигу, Мексикада – Теуни, ирландықтарда – Бергельмир, скандинавтықтарда – Бит пен оның әйелі Биррен.
Бұл мифтерде сол халықтардың өздері ұстанған наным-сенімдерінің, түрлі діндердің әсері айқын көрініс тауып отырған.
Тіркелген бес жүзден астам аңыздар мен мифтердің кейбіреуі бірер фразадан ғана тұрса, енді біреулері кәдімгі әдеби жәдігерлер, алуан үлгідегі өлеңдер болған. Солардың ішінде Қазығұрт жайындағы екі қазақ дастаны да бар. Қайталап айтайын, тақпақ емес, өлең емес – екі дастан! Әлемдік фольклордан дәл мұндай көрнекі мысалды табу қиын шығар!
Кеме қайсы тауға тоқтаған?
«Нұқтың кемесі қайда тоқтады?» дегенде, көпшілік жұрттың ойына алдымен Арарат тауы түседі. Өйткені «Библияда солай жазылған» деп олар дәлел келтіріп, бой бермес еді. Өзге әңгімені тыңдағысы және жоқ. Тереңдей үңілсек, Библияда солай жазылғаны рас, бірақ тура сол мағынада емес екен! Ол жағын ешкім айтқысы келмейді, аңғармағансиды. Мінекей, қарап көріңіз: «И вода стала медленно уходить с земли. На сто пятидесятый день вода начала спадать: в семнадцатый день седьмого месяца ковчег остановился на Араратских горах. Вода медленно отступала; настал десятый месяц года. В первый день десятого месяца показались вершины гор».
Байқасаңыз, еврейлер жазған бұл мәтінде тау туралы көпше түрде айтылған – «на Араратских горах» дейді, «показались вершины гор» деп тағы да көпше түрде баян етеді. Қазір біз «Алтай таулары», «Жоңғар таулары» деп жалпылама айта салатынымыз сияқты, бұл жерде де Араратты жалпылама түрде сипай кеткен. Арарат – шошайған жалғыз шоқы, іргесінде елеусіз тоқал жотасы бар. Сондықтан таудың аты көпше түрде айтылмайды. Яғни, «ол нақты Арарат шоқысы емес, одан әрі іркес-тіркес жалғасып кеткен Кавказ таулары да болуы әбден мүмкін» дейді аузы дуалы Ирвинг Финкель. Ол кісінің сөзіне иланбасқа шара жоқ. Өйткені ол британдық атышулы ассириолог, білімдар шумеролог, Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімі «Сына жазулар коллекциясының» меңгерушісі. Британ музейінің Таяу Шығыс бөлімінде қазіргі кезде 130 мыңдай сына жазулы қыш тақтайшалар сақтаулы. Сына жазуларды зерттеуде бүгінгі таңда ол кісімен теңдесер маманды таппайсыз. Финкельдің «Ковчег до Ноя» атты іргелі зерттеулері ағылшын тілінен орысшаға аударылып, 2016 жылы Мәскеуде кірпіштей қалың фолиант түрінде жарық көрді. Біз біршама жаңа деректерді Ресейден әкелген Финкельдің осы кітабынан алып отырмыз.
Ал, ертеде кең мағынаға ие «Арарат» сөзі «Урарту» атауынан шыққанын ескерсек, тағы да қалың сұрақтың астында қалады екенбіз. Өйткені Урарту – шошайған тау аты емес, «Жер кіндігі» аталған Месопотамияның солтүстігіндегі саяси және географиялық дарқан аймақтың жалпылама аты. Финкель осы дерекке де шұқшия үңіліп, мұқият ойлануды ұсынады.
Бір қызығы, Арарат тауы тектоникалық өзгерістердің әсерінен арадағы бес мың жыл ішінде 20 шақырым оңтүстікке қарай жылжығаны анықталған. Арарат тұрған Жердің қырқыншы градус ендігі қазір Армения жеріндегі жұртқа белгісіз бір төбешікте қалыпты.
Бұдан да әрі тереңдей түссек, біздің заманға дейінгі VII ғасырда жазылған әлемдегі ең әйгілі ассириялық әдеби жәдігер – «Гильгамеш туралы дастанда» кеме «Ницир» атты тауға тоқтаған. Ницир тауы кейін «Пир Омар Гудрун» тауы деп аталған. Ол тау Солтүстік Ирак жерінде.
Ертедегі бабылдықтар, кейінірек несториандықтар да Нойдың кемесі Араратқа емес, Джуди-Даг тауына (мұсылмаша әл-Жудди тауы) тоқтаған деп қуаттайды. Ағылшынның әйел саяхатшысы әрі көрнекті археологі Гертруда Белл (1868–1926) кезінде осы өңірге арнайы мақсатпен барып, зиярат етіп қайтыпты. «Біз жан-жағын қалың шөп, алуан түрлі гүлдер қаптаған Нойдың кемесін көрдік» деп жазады ол. Ертеректе бұл Джуди тауының басында Ной кемесінің құрметіне несториан монастыры салынған екен. Алайда, монастырға біздің заманның 766 жылы найзағай түсіп, қиратып кетеді. Гертруда Белл 1909 жылы осы монастырдың қираған қалдығын суретке түсіріп, батыс баспасөзінде жариялапты. Ол суреттің көшірмесін кітаптан біз де көрдік.
Ислам жазбаларында Нұх пайғамбар мен Топансу тарихы Библия мазмұнымен үндес. Құран сүрелерінде Жаратушының әмірімен кесімді мерзім өткен соң жер көкте көлкіген су тартылып, азая бастайды. Алдымен биік таулардың шошайған шыңдары қарайып көрініс береді. Бірақ Нұхтың кемесі биік те емес, аласа да емес «әл-Жудди» тауының басына жете қайырлайды. Бұл жөнінен мұсылман аңызы – бабылдықтар мен несториандықтар мифтерімен үндес.
Әл-Жудди тауы Түркияның етегінде – Оңтүстік-Шығыс Анатолия провинциясында орналасқан. Тау Сирия мен Ирак шекарасына таяу, Тигр өзенінің бастауында жатыр. Солтүстіктегі Арарат тауынан екі жүз шақырымнан астам қашықта.
Әл-Жудди – кеме тоқтады-мыс дейтін таулардың мықты нұсқасы әрі ең көне жазбаларда сақталған аңыз-әпсананың ірісі болып табылады. Нойдың кемесі Түркияның солтүстік шығысында «Агри-Даг» тауына қайырлаған дейтін де аңыз бар.
Біздің заманға дейінгі ІІ ғасырда Көнегрекия әдебиетінің ірі өкілі Аполлодарда – адамзат ұрпағын сақтап қалған адамның аты – Девкалион екен. Оның кемесі, Аполладардың жазуынша, «Парнас» деген тауға тоқтаған.
Ал, одан кейінгі замандарда Гелланик дейтін грек тарихшысы Девкалионның кемесін жел айдап әкеліп, Фессалия жеріндегі «Отрис» тауына тұмсық тіреткен деп жазады.
Император Августың замандасы әрі досы, Антоний мен Клеопатра балаларының тәрбиеші ұстазы болған Николай Дамасский (б.з.д. 64–І ғасырдың басы) сол заманда 144 кітаптан тұратын Әлем тарихын жазған грек оқымыстысы. Ол өзі жазған тарихтың 96 томында Нойдың кемесі Армениядағы биік тау – «Баристің» басына тоқтаған дейді.
Топансу жайындағы мифтердің ең танымалы – көне яхудийлік аңыз. Ол аңызда Нойдың кемесі «Синай» тауына келіп тоқтапты.
Сондай-ақ, біршама халықтар мен тайпалардың мифтерінде адамзат ұрпағы мен жан-жануарды таулар сақтап қалғаны сөз болады. Соңынан бәрі де таудан етекке түсіп, жаңа өмірді бастайды. Үнділер Инкі мен Ганг дарияларының жазиралы апайтөс жазығына Гиндукуш пен Кашмир тауларының заңғар биігінен түсіпті-міс. Мысырлықтар, аккадтықтар, ассириялықтар, бабылдықтар, парсылар, қытайлықтар, гректер – бәр-бәрінде «Әлемдік Тау» жайында ұғым кездеседі. Ол Әлемдік Тау Жер кіндігінде, әрі ол ешбір халықтың иелігіне, ешбір мемлекеттің меншігіне жатпайды. Ол қайта Жаңа дамыған дәуірдегі барша адамзатқа ортақ киелі мекен саналады.
Ежелгі Үнді мифтерінде кеме тоқтаған таудың аты – «Меру». Мерудың биігінде Брахма, Вишну, Шива, Индра сияқты құдіретті құдайлар мекен етеді-міс. Қытайлықтар Хуанхе мен Янцзы өзендері бастау алатын ақ басты биік тау шыңдарын кие тұтады. Ежелгі мысырлықтардың пайымынша, жер-жаһанды Топансу қаптағанда адамдар әйгілі Нил өзені бастау алатын таулы қыраттарға қашып, аман қалыпты-мыс. Осылайша, ерте заманның адамдары түрлі қауіп-қатерден тек тау ғана аман сақтап қалады деп түсінген.
Қысқасы, қай халық пен қандай тайпа болмасын – тауға табынған, тауды кие тұтқан. Француздық географ Жан Жак Элизе Реклю (1830–1905) Мысыр пирамидалары да, Мексикадағы сатылы пирамидалар да биік тауларды қасиет тұтқандықтың бір нышаны, сол тауларға ұқсатып салған құрылыстар деген болжам айтады.
Орыстың тарихшы әрі этнографы, Мәскеу университетінің профессоры С.А. Токарев (1899–1985) түрлі халықтардың аңыздарын зерттей келе, Скандинавия, Солтүстік Азия мен Гренландия тайпаларында тауға деген құрмет ерекше екенін атап көрсетеді. Олар өздерін қоршаған таулар «Жауыз жандардың» (Злые духи) мекені деп түсінген. Сондықтан тауларды ренжітпеуге, тау туралы жаман сөз айтпауға, тауға құрметпен қарауға, тау табиғатын әрдайым аялап жүруге тырысқан.
Ежелгі Эллада жұрты да ақ қар жамылған Олимп шыңдарына мінәжат еткені, ол үшін құрбандық шалып отырғаны тарихи жазбалардан мәлім. Жаз жаңбырлы болып, астық мол шыққан жағдайда Олимптің құрметіне спорттық ойындар мен жиын-той өткізген. Әмірі күшті Құдайлардың бәрі төбесі бұлтпен астасқан осы таудың биігінде тұрып жатыр деп түсінген.
Москва мемлекеттік университетінің қазіргі аға ғылыми қызметкері Юрий Голубчиков былай деп жазыпты: «Названия величественных вершин нередко обозначали «жилище богов». Так, например, гора Белуха на Алтае называлась Уч-сюре, или Уч-Сумер. Это было священное место, где не охотились и даже говорили шепотом. Такой же святыней был и Хан-Тенгри на Тянь-Шане».
Мұның бәрі дуалы ауыздан шыққан уәлі сөздер. Академиялық ресми ғылым мұндай пікірлерді дұрыс та демейді, бұрыс та демейді. Ең бастысы, көзді жұмып жоққа да шығармайды.
Біздің мақсат – осы әлемдік мифтерге арқау болған қасиетті таулардың қалың қарасынан өзіміздің Қазығұрттың орнын іздеу.
Ирвинг Финкель кеме тоқтаған таулардың бәрін тізбелеп, сергек санамен саралай келе, мынадай тұжырым жасайды: «Ковчег пристал к земле на чрезвычайно удаленной гигантской горе, расположенной далеко за страной Урарту, на противоположном берегу Океана, окружающего обитаемую землю, и далеко за пределами человеческого знания. Иными словами, чтобы найти Ковчег, надо пересечь всю область Урарту и продолжить в том же направлении, в некотором смысле в бесконечную даль».
Байқасаңыз, бұл жердегі «Океан» дегені – Каспий теңізіне келеді. Одан арғы «бесконечная даль» – Тұранның дарқан даласы сияқты. Ондай жағдайда «чрезвычайно удаленной гигантской горе» – біздің Қазығұрт болуы әбден мүмкін! Осы арада ескеретін жайт, Финкель қыш жазулардан да мың жыл ертеде сызылған «Бабыл картасы» атты тақтайшаны зерттей келе, картаға байланысты мәтіндерді жан-жақты талдай келе – осындай мықты тұжырым жасап отыр.
Арарат ақиқаты
Біз іздеген деректерде Арараттың биігінде қалған Ной кемесінің қалдығын алғаш көрген – Джордж Хагопиан деген кісі деседі.
Ол әңгіме былай екен... 1905 жылы 10 жасар Джордж атасына еріп Арарат тауының басына шығады. Сол кезде атасы екеуі мұзға қатып жатқан кеменің қаңқасын көріпті-міс. «Я жил тогда в деревне у подножия горы, – деп кейін ол есіне алады. – Мы с дедом долго поднимались вверх, вдруг по левую руку внизу показалось что-то, напоминающее огромный корабль! Его корпус покрывал снег, и на крыше виднелось длинное отверстие. Дед помог мне взобраться на скальный выступ, с которого я перепрыгнул на крышу сооружения».
Бұл әңгімені айтқан Хагопиан 1972 жылы дүние салған. Ол хат танымайтын қараңғы кісі бопты. Өзін арнайы іздеп келіп, кеме жайында сұраған тілшілерге де, мамандарға картадан атасымен барған жолын көрсете алмапты. «Көрдім» дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпаған. Сондықтан оның сөзі де, өзі де салмақты дереккөзі ретінде қабылданбаған.
1998 жылдың 20 ақпанында «Комсомольская правда» газеті петербургтік Игорь Черкасов деген журналистің бір мақаласын жариялады.
Мақалада автор «Арарат аномалиясы» төңірегінде жиған-тергендерін сараптауға тырысқан. Солардың ішінде 1916 жылдың көктемінде Арараттың басында жатқан кеменің қалдығын Росковицкий атты ұшқыш-лейтенанттың көргенін айтады. Ұшқыш төбеден барлау жасап жүріп, тау биігіндегі бұлдыраған қара нәрсеге көңіл аударады. Әлгі қарайғанның пошымы кемеге ұқсас екен, өзі мұз құрсаған көлдің ішінде жатса керек. Сол жылдары Арарат тауынан қырық шақырым жерде Ресейдің Үшінші авиация полкінің әскери-барлау базасы тұрыпты. Полк командирі Александр Коор қол астындағы офицерінен мұндай сенсациялық құпияны ести салысымен Ресей патшасы ІІ Николайға арнайы хабар жібереді. Бұл хабардың қаншалақты маңызы барын түсінген патша тез арада арнаулы топ құрып, айтқан жерге зерттеушілер аттандыруды міндеттейді. Сол жылдың жазында бір тобында 50 солдат, екінші тобында 100 солдат бар отряд Арараттың екі жағынан барлауға шығады. Ақыры олар 4800 метр биіктікке жатқан кемені табады-мыс.
Николай патша өзге жұртқа жария қылмай, кемені қалайда таудан түсіріп, Санкт-Петербургке алып келу үшін мықты экспедиция ұйымдастырмақ болады. Бірақ, Ресей империясында басталып кеткен 1917 жылғы аласапыран бұл құпия әрекетті іске асыруға мүмкіндік бермейді. Бір деректер бойынша, Петербургке жеткен құжаттар Лев Троцкийдің қолына түссе керек. Дін десе төбе шашы тік тұратын қызыл большевик дереу ол құжаттарды құртқызып, әкелген әскери шабармандарды атқызып тастапты деген лақап бар.
Содан арада жылдар өтеді. Эмиграцияға қашып кеткен Росковицкий 1939 жылы Американың Калифорния штатында шығатын «Нью Эден Мэгэзин» журналының тілшісіне сұхбат беріпті. Сұхбатта былай делінген: «Я сделал несколько кругов над ним. Он был размером с городской квартал, как современный боевой крейсер. Он лежал на берегу озера, на четверт уходя в воду. С одной стороны его корпус был частично разобран, а на борту зиала квадратная дверь шириной около шести метров. Это показалось мне необычным. Ведь даже сейчас корабли не имеют таких больших дверей».
1959 жылдың жазында барлау мақсатымен Араратты айналып ұшып жүрген А. Куртис деген түрік ұшқышы да таудың бауырында жатқан кеменің қаңқасын көргенін баян етеді. Фотоаппаратпен түсірілген суретті мұқият зерттеген кезде, кеменің өлшемдері Библияда жазылғаннан да үлкен екені анықталады. Оның ұзындығы 167 метр, көлденеңі 50 метр шамасында, биіктігі ғана сәйкес – 16 метр боп шыққан.
Келесі жылы Грегор Швингхаммер атты тағы бір түрік ұшқышы Арараттың үстінен ұшып бара жатып жерге: «Үлкен жүк вагоны ма, әлде баржаны ма... көріп тұрмын» – деп хабар береді. Сол жылы-ақ түрік әскерилері тауға экспедиция аттандырып, жартылай мұзға батып кеткен кемені тауыпты-мыс.
Христиан әлімінің қасиеті саналатын Нойдың кемесі Арараттың биігінде мұзға қатып жатыр деген хабардан соң, Түрік үкіметі оны көздің қарашығындай қорғауға тырысады. Тау етегіне қатаң әскери бақылау қойып, ол маңайға бөтен жанды жолатпайды. Соған қарамастан 1984 жылы Рон Вьят деген американ азаматы жасырын жолдармен Арараттың басына шығып кетеді. Шығады да, кемені тауып алып, тасқа айналған ағаштың бірнеше үгіндісін сындырып өзімен алып келеді. Оны контрабанда жолымен Нью-Йоркке апарады да, қала жұртының көңілін аударып, үлкен насихаттық шоу жасап, жарқыратып көрмеге қояды. Түрік үкіметі мұндай бассыздықты естіген бойда, оны ұлттық заңдылықты бұзудың өрескел әрекеті деп жариялап, Араратқа жасалатын ресми экспедициялардың бәріне тыйым салады. Дегенмен, Вьят та қаймықпас қайсардың бірі екен, ол келесі 1985 жылы Дэвид Фесолд деген құрдасымен бірге Араратқа жасырын жолмен екінші мәрте көтеріледі. Бұл жолы экспедиция ара қашықтықтары бірдей етіп қағылған темір құрсауларды көріп, мұның Ной кемесі екеніне көздерін жеткізіп қайтады-мыс. Радиолокация тәсілімен кеменің ішкі жағының қалдықтарын да тексереді. Алайда, оның өлшемдері 1960 жылы түрік ұшқыштары жасаған деректерге кереғар боп шығады. Ғалымдар бұл хабаршылардың қайсысына сенерін білмей бастары қатады.
Анджело Палего деген итальяндық азамат Түрік үкіметінің ресми рұқсатымен Арараттың биігіне төрт рет экспедиция ұйымдастырып, бәрінде сәтсіздікке ұшыраған екен. Сонда да алған бетінен қайтпай, бесінші экспедицияға шығып, 1989 жылғы 11 шілде күні 4300 метр биіктікте бірімен-бірі қатар жатқан екі мұз жарығына кез болады. Әрі олар түзу төртбұрыш жасап жатыпты. Бұл табылған олжа мұзарттың терең құзында жатқандықтан, оған жетіп, ұстап көруге мүмкіндігі болмайды. Палего ежелгі Нойдың кемесі сол болар деп тұжырым жасайды.
1949 жылы Түркияның үстінде ұшып жүрген американдық шпион-ұшқыш сол кездегі КСРО аумағын алыстан бақылаумен болады. Ұшқыш Арараттың батыс беткейінде жатқан белгісіз бір затты көріп, қайта-қайта тексереді. Ақыры оның Америкаға қауіп төндіретіндей құрылым еместігіне көзі жетіп, мұз бен қар үйіндісі шығар деп жайына қалдырады. Бірақ жетпісінші жылдардағы жетіле түскен шпион-ұшқыштардың аса қуатты фотоаппараттармен түсірген суреттерінде әлгі құпия бейне қайта көріне бастайды. Сол суреттерге қарап мамандар белгісіз бейненің ағаш бұйымдардан жасалған зат екеніне көздері жетеді, ал бейненің өзі алып кашалоттың қаңқасына немесе кемеге ұқсайды деген байламға келеді.
Чарльз Берлиц деген журналист соңғы кезде Араратқа жасалған экспедицияға жол нұсқаушылық қызмет көрсеткен Арслан дейтін мырзадан сұхбат алыпты. «Мен соңғы 50–60 жыл төңірегінде Ной кемесін көргендердің саны көп екеніне сенімдімін, – дейді Арслан мырза. – Ол, шынында да, жұрт болжамдап жүрген мөлшерде – Ахора шатқалының оң қол жағында – екі мың метр биіктікте жатыр. Ол жерге барғандар тасқа айналған кеме ағаштарын сындырып үзіп, тәбәрік немесе кәдесый ретінде өздерімен алып кетіп жүр».
Нойдың кемесі туралы мәселе ду көтерілгенде бір оқырманның өтінішіне орай оған 1997 жылы «Аргументы и факты» апталығы бір ғалымның пікірін жариялайды. Ғалым әңгімесінде Арараттағы белгісіз заттың тексерілгенін, оның кеме емес, керісінше, зат сақтау үшін бе, қорғаныс жасау үшін бе – соғылған құрылыс екенін айтады. Талай өзгеріп жатқан табиғатта мұндайдың бола беруі мүмкін екенін, осының өзі терең зерттеуді қажет ететінін ескертеді. Ал жалпы кеме туралы аңыздың көптеген елдерде бар екеніне, тек оның қайда тоқтағанын дәлелдейтін ғылыми айғақ немесе нақтылай заттың әлі күнге жоқтығына назар аударады.
***
«Ортағасырдағы фламандық жиһанкез Виллем Рубрук (1215–1293) Қазығұрт тауын көрген болуы тиіс, тек ол оны Кавказ тауы деп есептеген сияқты», – деп жазады Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз.
Сол заманның саяхатшы-жиһанкездерінің көбісі Қазығұрт сілемін Кавказ тауларына дейін созылып жатқан тұтас таулар сеңгірі деп санаса керек. Тіпті, Орал тауларының өзін де бүйірден қосылған таулар тізбегінің бір тармағы деп түсінген. Сондықтан Рубрук: «Жетінші күн дегенде біздің оңтүстік жағымызда биік таулар көріне бастады. Біз бау-бақша мен егін салу үшін өңделетін кең көсілген суармалы жазыққа келіп жеттік... соңынан сарациндардың Кинчат деп аталатын бір қаласына тоқтадық. Келесі күні тауға таяу басқа бір кентке келдік. Мен тау жөнінде сұрастырып, мұның Кавказ таулары екенін білдім».
Жазушы Қ. Тұрсынқұлов Қазығұрттың тумасы болғандықтан, өзінің өскен ортасын жан-жақты зерттеген қаламгер. Сол кісінің пікірінше, жергілікті халықтың саяхатшыға өздері жақсы білетін тауын «Кавказ» деп түсіндіруі қисынға келмейді. Олар «Қазығұрт» немесе «Қаржан» деп айтуы мүмкін. Тек өзінің георафиялық тұжырымдарынан шыға алмаған Рубрук бұл тауларды Кавказ деп атаған болуы керек. Рубрук осы жерде бастауын таудан алып, бүкіл даланы суландырып, құмға сіңіп жатқан бір үлкен өзен туралы да айтады. Әрі жергілікті тұрғындар осы өзеннің суын қалай бұрғысы келсе, солай бұрып, арық шығарып, егістікке пайдаланып жатқанын жазады. «Нақ осы жерде жүзім өсімдіктерін көріп, екі жерде шарап іштім, – дейді ол тамсанып. – Сонымен қатар маңайдағы жазық далаларда үйір-үйірімен жүрген есектерді көрдім. Қашарға көбірек келетін оларды жергілікті жұрт «құлан» деп атайды екен».
Ғалымдар Рубрук атаған Кинчат дейтін қаланың орнын әлі анықтай алған жоқ екен. Бәлкім, ол басқа авторлардың жазбаларында кездесетін Кенжид қаласы емес пе екен деген де болжам бар. Өкініштісі, сол Кенжид қаласының орны да әлі белгісіз.
Патша азаманында Санкт-Петербург қаласынан Императорлық орыс география қоғамының бастамасымен «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества» атты көптомдық анықтамалық энциклопедия шыққаны мәлім. Көптеген саяхатшылардың сапар жазбаларымен, түсініктермен, карталармен, диаграммалармен, сызбалармен толықтырылған осы энциклопедияның «Түркестанский край» деген 13 томы 1913 жылы жарық көріпті. Бұл кітапты біз Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан көтеріп, танысқан едік. Анықтамалықта Қазығұрт тауы біріне-бірі қатыссыз екі мақалада сөз болыпты. Алғашқы мақалада В.И. Масальский деген князь былай дейді: «Казыкурт пользуется широкой известностью среди окрестного мусульманского населения не только как место обитания и погребения святого Казыкурта, но и как пункт остановки ковчега Ноя после потопа и является таким образом туркестанским Араратом».
Келесі деректі анықтамалықтың соңғы жағындағы бір мақаладан ұшыраттық: «Казыкурт, замечательная не столько своей вышиной (около 5.000 ф.), сколько широкой известностью среди мусульманского населения края, как место погребения святого Казыкурта и остановки Ноева ковчега после потопа. Об этом туркестанском Арарате сложен ряд легенд и преданий, и киргизские певцы, играя на кобызе и домбре, до сих пор перечисляют в своих песнях животных, спасшихся в ковчеге на вершине Казыкурта».
Қалай десек те, Ной–Нұх пайғамбардың кемесі қазақтың Қазығұртына қайырлапты деген хабарды Ресейдің ғылыми ортасына алғаш жеткізген осы анықтамалық энциклопедия болып отыр.
Біз жүздескен кейбір азаматтардан естігеніміз, Қазығұрттың тарихын да, қасиетін де бір кісідей білетін жан – Аманбек қажы Ақайұлы екен. Сапар барысында ол кісімен кездесудің реті келмеді де, Алматыға жеткен бойда іздестіріп, қажының кітаптарымен танысып шықтық. «Көне аңыздар бойынша жер бетін Топансу қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған орын деп Қазығұрттан басқа Аравиядағы – әл-Жуди, Кавказдағы – Арарат, Палестинадағы – Синай тауларын айтып жүр. Бірақ олардан Қазығұрттың бір ерекшелігі – мұнда аңыздарда айтылған белгілердің сақталып қалғандығы», – дейді Аманбек қажы «Адамзаттың Қазығұрты» кітабында. Сосын өзі айтқан әлгіндей белгілерге былайша тоқталып өтеді: «Атап айтқанда, Қазығұрттың 1720 метр биігінде Нұх пайғамбардың кемесінің ізі, сол жерді мекендеген адамдардың үңгірі, су ішкен бұлағы осы күнге дейін бар... Қазығұрт тауына кеме тоқтап, тіршілік қайта жалғасқанда Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Иафес атты ұлдары осы арада Шопан ата, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара атанған төрт түлікті өргізіпті. Міне, сол төрт түліктің тасқа түскен іздері, Пайғамбардың тамақ пісірген ошағы, дастарханы, жайнамазы тас күйінде адамзаттың алғашқы тұрмыс-тіршілігінен сыр шерткендей болады. Тіпті, «дастарханның» жанындағы таста жас баланың ізіне дейін сақталып қалған».
***
2003 жылы «Аргументы и факты» апталығының 7–8 нөмірлерінде журналист В. Писаренконың «Космопоиск» деген қоғамдық-ғылыми бірлестіктің ашқан жаңалығы туралы қызықты материалы жарияланады... Мақалада Вадим Чернобров дейтін азамат басқарған бірлестік мүшелерінің «Арарат құпиясын» ашу үшін 2002–2003 жылдары біраз әрекет жасағаны айтылады.
Ақыры олар таудың Түрік үкіметі баруға тыйым салған батыс қыраттарына көтерілген. Олар ебін тауып түрік бақылаушыларын айналып өтіп, тауға жасырын көтерілген. Вадим Чернобров соңынан осы саяхаты туралы мерзімді баспасөзге сұхбат берген. Сұхбатында олар алдымен осы «Арарат құпиясы» туралы жарияланған, айтылған мақалалар мен құжаттардың баршасын мұқият қарап шыққандарын айтады. Соларды бір-бірімен салыстырған кезде, олардағы толып жатқан қайшылықтар мен сәйкессіздіктерді батыл көрсетеді. Бірлестік мүшелері тау шыңына жету үшін шаршап-шалдығып 3–4 күн сапар шегеді. Ақыры 1950 метр биіктікке көтерілгенде, төмендегі бір белгісіз бейнені байқайды. Чернобров бұдан соң былай дейді: «Точно! Я вспомнил фото, которое кочует в интернете из одного сайта в другой. То же плато, те же холмы, только... здесь еще должен быть ковчег! Прекрасно помню, как на снимке виден остов разрушенного коробля – для контрастности его еще опоясали белыми ленточками. Остов был на месте, уже без ленточек. Только вот при ближайшем рассмотрении «корабль» оказался сложенным из камней и припорошенным землей... загоном для скота, правда, очень большим. Сюда на ночлег пригоняют отары овец. Одной легендой стало меньше».
Бұдан әрі Чернобров келесі бір биікке көтерілгенде тау төбесінде бір жағына қарай қисайып жатқан кеменің сұлбасын көреді. Төртінші күн дегенде сол араға жетеді: «Только это не ковчег. Лежащее на боку «судно» длиной более 200 метров на самом деле оказалось каменным карнизом вулканического происхождения. Лишь по форме он напоминал большой корабль. Кажется, природа будто специально создала обтекаемые «корабельные» обводы. А «поперечный каркас белого цвета» – свисающие сверху гигантские сосульки. Видели бы вы эти сосульки! Длиной 30–50 метров, шириной с железнодорожный вагон!.. Итак, можно было констатировать главный вывод. Тот объект, что на снимках из космоса ученые принимали за отпечаток днища, на самом деле – всего лишь обрыв. Этакий грамадный козырек высотой до 50 метров, на котором не задерживается снег – именно поэтому он хорошо различим на больших расстояниях из огромной каменной полости, которую принимали за открытый корабельный трюм, ветер, вода и время удалили всю более мягкую породу».
Бірлестік жетекшісінің берген сұхбаты, мінеки, осындай. Ғалымдар арасында «Арарат аномалиясы» деп аталған бұлағай жұмбақтың шешіміне орыс баспасөзі осылай нүкте қойыпты. Сонымен, Нұх кемесі Араратқа тоқтаған дегенді таза ғылыми тұрғыдан тиянақтауға тырысып жүргендердің сөзінің тас-талқаны шықты. Жалпы, «кеме менің тауымда тоқтаған» деп біржолата кесіп-пішіп айтуға ешбір халықтың хақы жоқ шығар деген ойдамыз.
Қазығұрт аңыздары
Топансу туралы қазақтың аңыз-әпсаналарына кіріспес бұрын, алдымен миф пен аңыздың ара-жігін ажыратып алған жөн шығар деген ойдамыз.
Заманымыздың заңғар ғалымы, әлемдік аңыз-әпсаналарды түп-тұқиянынан зерттеген академик Сейіт Қасқабасов, жалпы фольклоршы мамандардың мифке берген анықтамалары көп екенін айтады. Солардың бәрін қорытындылай келіп, ғалым ағамыздың тұжырымы мынаған саяды... Миф дегеніміз – дүние туралы фантастикалық түсінік, құдайлар мен титандар жайындағы, қаншалықты шындыққа ұқсамаса да, ақиқат ретінде қабылданатын ауызекі әңгіме. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ мифтері өзінің барлық компоненті жағынан көне классикалық мифтермен үндес екен. Ал, аңыз дегеніміз, ғалымның пайымынша – жергілікті жердің, тайпаның, рудың, немесе бір елдің ауызекі шежіресі, бір аймақта болған оқиғаның әңгімесі.
Ендеше, қазақ арасында ауызекі тілде кеңінен тараған Топансу мен әулие Қазығұрт әңгімелері мифке де, аңызға да келетіні аңғару қиын емес.
Қазақтың ежелгі ақын-жырауларының шығармаларын орыс тіліне аударып, ұлтымыз үшін зор еңбек сіңіріп жүрген көрнекті ақын Орынбай Жанайдаров қазақ жерінің 100 аңызы мен мифтерін жинақтап, жеке кітап етіп шығарған қаламгер. Осы жинақта біздің Қазығұрт тауына қатысты бірнеше аңыз бар екен. Олардың ұзын-ырғасы мынаған саяды.
...Заманында Нұх – жаны таза, иманды, бөтеннің ала жібін аттамаған момын шаруа болыпты. Ал, оның маңайындағы өзге жұрт Алласын ұмытып, пұттарға сыйынған, өзеуреген өзімшіл, даурыққан даңғой жандар екен.
Құдай-тағала ділі түзу, иманы жүрегінде, өзі 250 жасқа толған Нұхқа бірде аян жібереді. Сол күннен бастап Құдайдың айтуымен Нұх күндіз-түні ел аралап кетеді. Адамдарға Алланың сөзін уағыздап, кісілікке шақырады, жүректеріне иман ұялатуға ұмтылады. Жалған тірліктегі біліп те, білмей де істеген күнәләрі үшін Алладан «кешірім сұрап, кеңшілік беруін тілеңдер деп» насихат жүргізеді. Адамдар Нұхтың уағыз сөзін келеке етіп, мазаққа айналдырады. Нұхтың өзін жарымес, миы ауысқан есалаңға балайды. Көшеде келе жатқан оған кесек атып, топырақ шашып, масқаралап қуалай бастайды. Сөйтіп, Нұх сөзін өткізе алмай тәлкекке ұшырап, әбден қорлық шегеді, қалжырап шаршайды.
Ақырында Нұх ниеті түзу болса да қолынан ештеңе келмегенін, ақ ниетін іске асыра алмағанын, ал адамдардың ойларына келгенін істеп, азғындыққа бет бұрғандарын, олардың істерінен де, өздерінен де түңілгенін айтып Құдайға жалбарынады. Сәлдеге бас қойып, дұға оқып бет сипайды. Құдай пендесінің дұғасын қабыл алады да, Нұхқа тағы аян түсіреді. Адамдар жасаған күнәләрі үшін жарық жалғанда қатал азап шегетіні, имансыздардың баршасы суға тұншығып өлетіні, ал қиямет қайымда олар тозақ отында өртелетіні жайында әуез келеді.
Топан су жайындағы бұл хабарды жеткізген Алланың періштесі Жәбірейіл еді. Содан кейінгі Нұх пен Жәбірейіл арасындағы әңгіме былай өрбіпті-міс.
– Енді біз қайтеміз?
– Алыстағы тау аңғарында дарияның ортасында шоқ-шоқ өскен балқарағай ағаштары бар. Сол ағаштан кеме жасаңыз!
– Алыстағы ол ағашты мен қайтып әкелем?
– Тауда отын тасып, нәпақа тауып жүрген бір Дәу өмір сүреді. Ол құшақтап бөрене әкелген соң бір бөлке нан мен бір табақ көже бер. Соған риза болады. Сөйтіп, ол Дәуді бір тойғызсаң көп жұмысыңды атқарып тастайды.
Жәбірейілдің тапсырмасымен Нұх таудағы Дәуді іздеп барады. «Сен маған таудан көп қылып ағаш кесіп, етекке тасып берсең мен сені жақсылап тамаққа тойғызам?» – дейді. Ашқұрсақ жүрген Дәу келісе кетеді. Балағын түріп тастап Дәу дарияға қойып кетеді. Асау дарияның суы Дәудің тізесінен ғана келеді. Дария ортасындағы ағаштарды шөп жұлғандай сатырлатып, жағалауға көп қылып жинайды. Сөйтеді де, оларды құшақтап тасып, Нұхтың айтқан жеріне жеткізіп береді. Нұх жұмысы үшін Дәуге рахметін айтып, арпадан жасалған екі бөлке нан ұсынады. «Мынау нанды Бисмилләһир рахманир рахим деп же, тоймай жатсаң тағы беремін», – дейді Нұх. «Мынауыңыз маған бұйым бола ма, мұныңыз не мазағыңыз?» – деп Дәу ашу шақырады. Бірақ дұға оқып, бүтін нанның жартысын жеген бойда қарнын сипап, кәдімгідей тойып қалады. Нанның қалғаны мен екінші бүтін бөлкені қолтығына қыстырып, Дәу қатты риза болып, тауына қарай кете барады.
Нұх сол мезеттен бастап иман келтірген бір топ кісілерді қасына жинайды да, кеме жасау қамына кіріседі. Өзге жұрт Нұх пен оның серіктерін кекеп-мұқатумен болады, беттерін шымшып мысқылдайды. «Бұл маңда теңіз жоқ, тіпті көл де көрінбейді. Әй, ақымақтар, мына кемені не үшін жасап жатырсыңдар?», – деп әжуалап, қарқ-қарқ күліседі.
Нұхтың Кенан атты үлкен ұлы да анау имансыздардың арасына қосылып кетеді. «Құдай Жерге Топансу жібереді. Біз мына жасап жатқан кемемізге кіріп, жан сақтамақпыз. Сен де иманға кел, райыңнан қайт, бауырларыңмен татулас, отбасыңмен бірге бол?», – деп Нұх ақылға шақырғанмен, Кенан көнбей қояды. Әкесі мен баласының әңгімесін естіген имансыздардың көсемі: «Топансу келсе, қанша тұрар дейсің... бес-алты күннен соң қайтады ғой! Сол үшін кеме жасап шабынғандарың не?», – деп таңданыс білдіреді. Алайда, имансыздар да қамсыз қалмай, қолынан келгендері сандықшалар дайындап, құмыралар жасап, олардың ішіне бірер күндік тамақтарын салып дайындала бастайды.
Кесімді күн де жетеді. Алладан: «Кемеге жан-жануар, хайуан атаулыдан, жорғалаған жәндік біткеннен бір-бір жұптан кемеге енгізіңдер. Содан соң иман келтірген кісілермен бірге өздерің де кемеге кіріңдер», – деген әуез келеді. Нұх барлық хайуандарды, басы – піл, аяғы – тышқанға шейін, құстардан басы – самұрық, аяғы – торғайға шейін, жорғалаушыларды басы айдаһар, аяғы құмырсқаға шейін бір-бір жұптан кемеге кіргізіп, тиесілі орындарына орналастырады. Барлық ағаш түрлері, жеміс-жидек, шөп-шаламның да ұрығын алады. Иман келтірген ер отбасылар да кемеге кіріп жайғасады.
Сондай бір сәтте шайтан есектің құйрығынан тартып, кіргізбей тұрып алады. Есектің тыпыршып тұрғанын көрген Нұх: «Малғұн, неғып тұрсың, кірсеңші тез!» – деп бұйырады. Сол-ақ екен, кемеге есектен бұрын шайтан зып беріп кіріп кетеді. Шайтанға кемеге мінуге рұқсат етілмеген еді. Нұх оны байқап қалады да: «Саған мұнда кіруге рұқсат жоқ, жоғал әрмен!» – деп жекиді. Сонда шайтан: «Мен кірейін дегем жоқ, өзің ғой «кір малғұн» деп бұйырған? Малғұн дегенің мен емеспін бе, сосын кірдім», – дейді мүләйімсіп. Нұхтай Құдайдың сүйген елшісіне екі сөйлеу ауыр күнә, сондықтан пайғамбар тілін тістеп үнсіз қалады. Ақыры бәрі кемеге мініп, өз орындарына жайғасады да, есікті жауып, мықтап бекітеді. Бұл уақыт – күн арайланып енді ғана атып келе жатқан таңғы мезгіл екен.
Топансудың қалай басталған баяны Библиядағы сарыннан аумайды. Яғни, әлдебір кемпір таңсәріден от жағып, тандырда нан пісіріп жатады. Кенет тандырдан бұрқ-сарқ қайнап су шыға бастайды. Кемпір ойбайға басып, далаға қашып шығады. Тандырдан атқылаған су көшеге жайылады. Келесі бір сәтте су барлық жерден бұрқақтап атқылап кетеді. Сол-ақ екен, көктің тиегі де ашылып, аспаннан жаңбыр селдетіп қоя береді. Жерден шыққан су мен селдеген жаңбыр екеуі қосыла тасып, әп-сәтте жер үсті алай-дүлей аласапыранға айналады.
Имансыздар бірін-бірі жаншып биік тауларға қарай қашады. Бәрібір су олар қашқан биік тауларға да жетеді. Жетіп қана қоймай, ең биік деген таудың өзінен қырық кез жоғары көтеріліп кетеді. Оқыс пайда болған шет жиексіз көк теңіздің бетінде мыңдаған сандықшалар мен құмыралар қалқып жүреді. Соңынан күшті дауыл тұрып, құмыралар бір-біріне соғылып, сандықшалар төңкеріліп күл-талқандары шығады. Ішіне жасырынған адамдар түгелдей суға тұншығып қырылып қалады. Олардың ішінде Нұхтың үлкен ұлы Кенан да болады.
Арада бес ай өткен уақытта Нұх «Ашылып құрғаған жер бар ма екен, соның хабарын алып кел!», – деп, қарғаны болжауға жібереді. Қара қарға Топансу кезінде опат болған өліктерді көрген кезде есінен тана қуанады да, бәрін ұмытып, өліктерді шоқуға кірісіп кетеді. Күте-күте көзі талып, ақыры қайтпай қалған қарғаға Нұх: «Алла, сені сор бейнеттен айырмасын!», – деп теріс батасын береді. Қарғаның жемқорлығы мен үнемі өлексе жейтін ғадеті содан қалған деседі.
Артынша пайғамбар құрғақ жерді іздеп, болжап келуге ақ кептерді жібереді. Ол судан шығып құрғай бастаған жердің әрбіріне қонады. Жердің бәрі әлі лай, батпақ боп жатады. Батпаққа қонған кептердің аяғына балшық жабыса береді. Соңында күнгей беткейдегі кәрі Сайрамның биігіне қонғанда, жер құрғақ боп шығады. Үстіртті жерде тұрғандықтан, Топансудан кейін алдымен кепкен жер осы екен.
Нұх пайғамбар ақ кептерге қарап: «Адамдар саған үнемі мейірбан болсын, балағыңа дейін жүн болсын», – деп бата беріпті. Ақ кептердің адамға жақын болуы, балағының барақ жүні болуы содан деседі.
Қазақтың келесі бір аңызында адамдар кеменің жерге тұмсық тіреп тоқтағанын білгенімен, сыртқа бірден шыға қоймағаны айтылады. Әуелі жойқын су қайтты ма, жаңғырған жерде тіршілік етуге бола ма, соны біліп келсін деп Нұх пайғамбар бірінен соң бірін бірнеше құсты ұшырып жібереді. Ол құстар сол кеткеннен мол кетіп, ұшты-күйлі жоғалады. Тек, қарлығаш қана тұмсығына жасыл өскін тістеп, кемеге қайтып оралыпты.
Сол кезден бастап қарлығаш қазақ арасында ерекше құрметтелетін қасиетті құсқа айналыпты-мыс.
Осы кітаптан Нұх пайғамбар мен кемпір туралы тағы мынадай тағлымды аңыз оқыдық...
Байырғы заманда бір кемпір өмір сүріпті. Сол кемпір бірде Нұх пайғамбарға келіп: «Мен жер бетін ғаламат Топансу басатынын естідім. Сен мені ұмытпа, кемеңе отырғызып ала кет!» – деп өтініш жасайды. Пайғамбар «жарайды, кемеге алайын» деп уәде береді. Бірақ Топансу басталған кезде қарбалас шаруамен жүріп, кемпір жайын ұмытып кетеді. Кейін, Топансу толастап, жаңа өмір басталған тұста, әлгі уәдесі есіне түсіп, кемпір тұратын мекенге келеді. Келеді де, кемпірдің бәз-баяғы қалпында аман-сау жүргенін көріп қайран қалады. «Сіз мені кешіріңіз! Қарбаласпен жүріп сіздің өтінішіңізді ұмытып кетіппін! Енді, міне, Топансу басылғаннан кейін бар-жоғыңызды білейін деп келдім!» – дейді оған. Бұл сөзге кемпір таңданыс білдіреді. «Мен ешқандай топанды да, суды да білмеймін, ештеңе көргем жоқ. Тек қана менің сиырым күнде кешке үйге сирақтары шалшық батпақ болып қайтып жүрді. Егер сол шалшықты да сендер топан су десеңдер, мейлі, солай-ақ болсын!» – деп жауап қайтарады.
Нұх пайғамбар сонда кейуанаға жапа шектірмеген, мыңдаған өмірді қиып кеткен жер жүзілік Топансу тасқынын да елетпеген Жаратушының қаншалықты құдіреттілігіне көзі тағы бір жеткендей болады.
Енді білімдар досымыз, профессор Сауытбек Абдрахмановтың «Қазығұрт» альбомына жазған алғысөзіне назар салайық: «Құдайдың құдіретіне шек жоқ, сондықтан бұл аңызға шәк жоқ. Мәселе басқада... Мәселе ежелгі бабалар санасының әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дүниенің жаратылысына адамзаттың жер-жаһанға таратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында. Қазақ мифологиясының әлемдік сарындар ауанынан аумайтынының өзі тәнті етеді».
Бұл тұжырымды Википедия былай қуаттайды: «Согласно исследованиям Дж. Фрэзера, обнаружены следы сказаний с подобным сюжетом в Вавилонии, Палестине, Сирии, Армении, Фригии, Индии, Бирме, Вьетнаме, Казахстане, Китае, Австралии, на многих остравах (Индонезии, Филиппинах, Андаманских островах, Тайване, Камчатке, Новой Гвинее, островых Меланезии, Микронезии и Полинезии), среди множества индейских племён от Огненной Земли до Аляски (всего учтено почти сотни версий)».
Мінеки, ұлы ғалымның зерттеу еңбегінде алып Еуразия континентінен Қазақ жері де аталған! Яғни, есте жоқ ескі замандарда-ақ қазақ халқы Топансу жайындағы әңгімені білгені үшін де, әлемнің көптеген өзге халықтары сияқты сол аңызға өзіндік үн қосқан зердесі үшін де көңілді мақтаныш сезімі билейді. Халқымыз ежелден әлемдік қауымдастықтың толық бір мүшесі болғанына қуанасың да, марқаясың да.
Қазығұрт аңыздары – халқымыздың әлемдік фольклорға қосқан дара дүниесі екені даусыз шындық!
Кеме қандай материалдан жасалды?
Алдымен мына мәселенің басын ашып алайық... Су қайта бастаған кезде Нұх пайғамбардың кемесі неге алғаш көрінген таудың біріне бұрылып тоқтай салмады? Неге ол оншалықты биік саналмайтын Араратқа, немесе Қазығұртқа тоқтады? Заңғар таулар, биік шыңдар олардан да бұрын ашылды емес пе?
Топансу зерттеушілеріне қойылатын жиі сұрақтың бірі осы екен!
Мәселе – Ной, яғни Нұхтың кемесі біз білетін дәстүрлі кеме еместігінде. Орысша оны «ковчег» деп жүр. Яғни, ол кемеден гөрі орасан зор төрт бұрышты бітеу сандыққа, немесе қобдишаға ұқсас болуы мүмкін. Баз бір суретшілер ол қобдишаны орасан үлкен қайықтың үстіне орнатып бейнелеуде. Енді бір қылқалам шеберлері, бүгінгі тілмен айтқанда, бір квартал қаланың төртбұрышты ғимаратын зор қайыққа отырғызыпты. Ал, ең көне жазба – «Гильгамеш» дастанында кеменің формасы – баржа түрінде сипатталады.
Әрине, кім қалай қиялдаса да еркінде. Бірақ ол кемеде олай-бұлай бұратын руль болмаған, киль де жоқ, есетін ескегі және жоқ. Тіпті, желкен де болмаған. Кеме емес, көк мұхитта қалқып жүрген қалтқы деуге келеді. Ол қалтқы қайда барып тіреледі, қайсы тауға қайырлайды – ол мәселе бір ғана Жаратушы иенің бұйрығында болған.
Енді осы кеме қандай ағаштан, қандай материалдан жасалды? Сол мәселені де сарапқа салып көрелік.
Тауратта кеме «гофер» дейтін ағаштан жасалды деп жазылғаны жоғарыда айтылды. Ол ағаштың түрі бізге әзір беймәлім болып отыр. Қазақ аңыздарында «арша» деп көрсетілген. Көп нәрседен хабардар жиһанкез досымыз, қазақтың дарынды ақыны Есенғали Раушанов кеменің «әл-Құддыс балқарағайынан жасалғанын» бір деректен оқығанын айтады. Ресей патшасы арнайы жіберген әскери топтың командирі Александр Коор Арараттағы кеме қалдығы «олеандр» ағашы екенін мәлімдеген. Олеандр кипарис тобына жататын ағаш деседі. «Ливан балқарағайынан» жасалды деген де болжам бар.
Құранда Нұх кемесінің аты нақты емес, арабша «сафина» делінген, қазақшасы – кәдімгі «кеме» деген ұғымда. 54-ші сүренің 3-ші аятында кеме ағаш тақтайлар мен шегеден жасалғаны баяндалады. Кеменің құрылысы, жасалуы, оның ішкі-сыртқы формасы жайында Құранда ешқандай мәлімет жоқ. Алайда, Мұхаммет пайғамбардың немере інісі Абдаллах ибн Аббас әл-Құрайшы (619–686) Нұх кемеге қандай форма берсем екен деп ойланып тұрғанда, Алла оған кемені құстың бөтекесіне ұқсатып «тик ағашынан» (оны «патша ағашы» деп те атайды) жасау керектігін аян етіпті.
«Қазығұрт» атауы жайында
Қазығұрт тауының басында үңгір бар дедік. Ол үңгір Қазығұрт бабаның моласы екен. Сондықтан да тау – сол әулиенің есімімен аталған. Таудың байырғы атауы – Шармық, яғни «дуал, шарбақ» деген мағынаны білдіріпті.
Ғажабы, басқа аймақты бұлт басып, түнеріп тұрса да, Қазығұрттың аспаны қай кезде де шайдай ашық. Егер де әулие таудың биігін көлеңке басып, көрінбей қалса, қариялар: «Қазығұрт қарасын киді» деп, малдарын қораға айдап, далада шашылған дүниелерін дереу үйге кіргізе бастайды екен.
Қызығұрт атауы қайдан шыққаны төңірегінде ортақ пікір әлі жоқ. Тек, ел ішінде алуан аңыздар ғана бер. Солардың бірі былайша әңгімеленеді.
Жер жүзін басқан Топансу апатынан кейін адамның да, жан-жануарлардың да басына қиын заман туады. Азық табу мүмкін болмай қалады. Әсіресе, жыртқыштарға ауыр соғады. Ал мұның бір себебі – Нұх пайғамбар кемемен жиһан кезген уақытта да, одан кейін де тірі жан иелерін өлтіруге тыйым салған болатын. Жыртқыш хайуандар аштықтан бұратылып азап шегеді, өсімдік, жеміс-жидекті талғажау ете алмайды. Әсіресе, қаншық қасқыр ашкөздігімен мазаны алады. Оны қасындағы арланы желкеден басып, тежеп отырады. Күндердің бір күнінде қаншық қасқыр тыйымды бұзып, бір жануарға ауыз салса керек. Дер шағында арлан оны көріп қалып, жемтігін арашалап қалады. Қайсар рух танытқан арлан қасқырды осы оқиғадан кейін аңдар мен адамдар құрмет тұтып, оны «әділқазы» деп атай бастайды. Сондықтан, топан су басылғаннан кейінгі жаңа тіршіліктің бесігіне айналған қасиетті тау – жыртқыш атаулының төресі, асыл тектісі – әділ қасқырдың, яғни Қазықұрттың атымен аталып кетсе керек. Мұндағы «қазы» – әділ деген ұғымды, ал «құрт» сөзі – көне түрік тілінде қасқыр дегенді білдіреді. Көңілге қонымдысы да осы болжам сияқты. Өйткені, көне түркілердің тотемдік ұғымдардың ішінде, ең алдымен қасқыр аталатыны белгілі. Бүкіл түрік халықтары «қасқырдан тараған» деген де аңыз бар. Түріктерді ел еткен Ашина бабамыз десек, осы «ашина» сөзі де қытай жазбаларында «қасқыр» деген ұғымды береді екен.
Қ. Тұрсынқұлов «Қызығұрт» пен «Башқұрт» атаулары бір кездегі көне түрік жұртына тән атаулар екенін айта келіп, Башқұрт атауы «Бас қасқыр» деген мағына береді дегендей болжам айтады.
Қазақ лингвистика ғылымында алғаш рет қалам тартып, атаудың сырын ашпақ болған ғалым – Құлмат Өмірәлиев екен. Ол Ташкент, Сыр, Талас, Келес деген топонимдермен қоса зерттеп, әсіресе, Әбілғазы Баһадүрдің еңбегіне сүйене отырып, «Қазығұрт» атауының Х–ХІ ғасырларда оғыздардың арасында кең тарағанын, ал ортағасырлық жазба деректерде Гаркурд, Геркурд, Газгурд, Гуркурд түрінде кездесетінін айтады.
Тілші ғалым Е. Қойшыбаев та осыған ұқсас дәлелдерді алға тарта отырып: «Шамасы, атау көне түркі тайпаларының қосақталып айтылған атаулары болса керек – Қаз және Құрт. Қаз бен Құрт тайпалары біздің дәуіріміздің ХІІ–ХІІІ ғасырларында өмір сүрген», – деп тұжырымдайды.
Ел аузындағы ертедегі қазақы тағы бір аңыз мынаған саяды... Топансу қайта бастаған кезде көк мұхиттың үстінде қалтқыдай жүзіп жүрген Нұхтың кемесі әлдебір таудың иығына барып тіреледі. Нұх таудың ашылып салған көк шалғын алабына хайуанаттар мен малды түсіріп жатқанда, көкжиектен бүктеліп келе жатқан алып толқынды байқап, қалады. Нұх балаларына: «Қазық ұр! Шапшаң қазық ұрыңдар!» деп бұйырады. Балалары кеменің жан-жағына қазық қағып, толқын жұлып кетпестей етіп бекітеді. Алланың жердегі елшісінің аузынан шыққан аталы сөз – «Қазық ұр», кейін «Қазығұр», «Қазығұрт» болып кетіпті деген де сөз бар.
Келесі бір болжам – он сегіз мың ғаламды алғаш паналатқан құтты мекен болғандықтан адамдар бұл тауды «Қазыққұт» деп атаса керек. Яғни, ол – «құттың алтын қазығы» деген ұғымды бермек. Сөйтіп, «Қазық құт» атауы кейін «Қазығұртқа» айналған.
Ал, профессор Сауытбек Абрахмановтың пікірінше, Қазығұрт атауының түп-тамыры тым тереңде болуға тиіс. «Оның прототүркілік нұсқасы «Қаңғұқ-урт», яғни қуыс (шұңқыр, үңгір) жұрт, басқаша айтқанда, «Ұлы құрсақ» екендігіне қарасақ та, Қазығұрт тауының алыстан алып қайыққа ұқсайтынына зер салсақ та, «қаңғұқтың» – «қайұқ», яғни «қайыққа» келетініне, ал «қадзұқ-урт» транскрипциясының «қазақ жұртқа» жақындығына көңіл бөлсек те талай ойға қаламыз, – деп жазады ғалым. – Басқаша айтқанда, Қазығұрт адамзаттың орасан апаттан кейін кейін қазық қаққан жұрты болып шығады».
Топансу суретшілер қиялында
Дүниежүзілік су тасқыны, яғни ресми «Топансу» деп аталған құбылыстың образы – көптеген жазушылар мен суретшілердің, ғалымдар мен ойшылдардың шабытын шақырған. Ондағы сюжет Қасиетті жазудың шеңберінен шығып, көптеген әдеби шығармалардың, таңғажайып оқиғаларға құрылған алуан фильмдердің, тіпті опералардың тууына да әсер етіпті.
Біз Топансуды бейнелеген әр ғасырдың суретшілерін іздестірген едік. Ақтарған кітаптардың ішіндегі ең көнесі – Германтом Ринг (1521–1596) атты неміс суретшісінің «Топансуы» болды. Содан кейінгілері – итальян суретшісі Аурелио Луини (1545–1593), фламанд суретшісі Якоб Савери (1566–1603), дат графигі Рейнир Зееман (1623–1664). Осылардың арасында Френсис Денби (1793–1861) деген романтизм дәуіріндегі ирландық суретші де бар екен. Ол «Әлемдік Топансу» атты зор көлемдегі картина жазып, кезінде замандастарын таң қалдырғаны айтылады. Қай елдің өкілі екенін білмедік, Джордж Гри деген суретшінің де «Ной кемесі» атты картинасында ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы өнер шеберлерінің өмірге жаңа көзқарасынан туған ерекше бағыт – «романтизмнің» иісі бұрқырап тұр. Ал, француздың әйгілі суретші-графигі Гюстав Доренің (1832–1883) есімі көзі қарақты зиялының бәріне таныс. Бұл суретші әлемдік әдебиеттің алыбы Сервантестің «Дон Кихотына» көптеген гравюралар жасаумен қатар, Библия тақырыбына да еңбек етіп, шығармлар жазған. Сол шығармаларының бірі Топансуға арналып, «Нойдың кеме үстінен кептерді ұшыруы» деп аталыпты.
Армян халқының мақтанышы И.К. Айвазовский (шын фамилиясы – Айвазян, 1817–1900) Әлемдік Топансу сюжетіне арнап бірнеше картина жазған шебер сұңғатшы. Оның тасқын судан қашып тау мен тасқа өрмелеген бейшара халықты, Арарат биігінен өзінің отбасын бастап, жан-жануарларды соңынан шұбыртқан Ной керуенін бейнелеген картиналары көпке мәлім.
Қазақстандай елі бар, Қазығұрттай жері бар біздің кескіндемешілер де мұндай таңсық тақырыптан тыс қалмаған екен. Суретші З. Қожамқұлов өзінің «Қазығұрт аруы» картинасында Нұх пайғамбардан жүйе тартып, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелеуге ұмтылыпты. Ә. Әлсейітов деген замандасымыздың «Қазығұрт Топансу кезінде» атты полотносын да қызыға тамашаладық. Жалпы, теңіз толқынын жазу суретшіден үлкен шеберлікті ғана емес, көреген сезімталдық пен мықты есте ұстай білу қабілетін талап етеді. Бұл картинадағы жағаға ұрып, көбік шашып алас ұрған толқындарды, ауа райының күрделі сәтіндегі теңіз пейжазын қазақ суретшісі әйгілі маринистерден кем жазбағандай қабылдадық.
Келешек топансулар хақында
Бұл Ғалам адам үшін жаралмаған, соны мықтап санамызда ұстауымыз керек. Сәтін салып біздің жолымыз болды, маңдайымыздағы бағымыз жанды, Жерде өмір сүру қуанышына ие болдық. Жер дамуының соқталы бір кезеңінде оқыс дүниеге келген екенбіз. Ендеше сол бақытымызға да, барымызға да тәубе деуіміз керек. Әйтпесе, бұдан 65 миллион жыл бұрын аспаннан айдай алапат құламағанда, сөйтіп бір сәтте динозаврларды жойып жібермегенде – Жер үстінде бізге орын жоқ еді. Сол апаттан інге тығылып от-жалын мен улы газдан, нешеме жылға созылған қара түнек шаң-тозаңнан аман қалған ұсақ-түйек сүтқоректілердің эволюциялық дамуы нәтижесінде адам пайда болды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңізде, шындық осы! Біз әлгі Жаһандық апаттан інге тығылып аман қалған жануарлардың тікелей ұрпағы боламыз.
Ресми ғылым болашақта да жер дамуында алапат өзгерістер, түрлі катаклизмдер болатынын ескертеді. Ескертіп қана қоймайды, олардың бүгінгі алғышарттарын дәлелмен көлденең тартады.
Жер сілкінісі, зілзала, топансулар, өрт, құрғақшылық, дауыл, тайфун, цунами, эпидемия, жаhандық ашаршылық, жаhандық климаттық өзгерістер, мінеки, бүгінгі адамзат баласы бастан кешіп отырған апаттардың қысқаша тізімі осындай.
Соңғы жүз жылда біздің планетамыздағы орташа температура бұған дейінгі мың жылда жетпеген деңгейге көтеріліп кеткен. Егер дәл осы қарқынмен алдағы уақытта да жоғарылай берсе, онда жаһандық жылу Жер бетіндегі барлық тіршілік иелері үшін зор қатерге айналмақ. Жаһандық жылудың әсерінен жаппай полярлық мұздықтар ериді де, мұхиттардың деңгейін апаттық жағдайға жеткізеді. Біраз құрылықтар, көптеген қалалар су астында қалады. Қалғандары үлкенді-кішілі Венецияға айналмақ. Яғни, зәулім ғимараттардың етегін су басады да, дәстүрлі көше ұғымы жоғалады. Көше орнына түрлі каналдар пайда болады. Адамдар бір-біріне сол каналдар арқылы қайықтармен қатынайтын күйге түседі.
Ғалымдар Жер тарихында 6 рет катаклизм болғанын айтады. Осы жаһандық апаттар салдарынан Жердегі тіршілік 6 мәрте жойылып кеткен. Нелер бір гүлденген өркениеттер түп-тамырымен құрып отырған.
Қазір жиі айтылып жүрген «парниковый эффект» – адамзат баласын келешек катаклизмге төтелеп алып бара жатқан аса қатерлі құбылыс дейді мамандар. Олардың айтуынша, бұл үдеріс бүгінде шегіне жетіп, адам бақылауынан шығайын деп тұр. Өкінішке қарай, біз экологиялық дау-дамаймен жүріп уақытты өткізіп алдық. Ендігісі – жыл өткен сайын Жердің дерті асқынып барады. Біз оны емдеудің орнына Жер жазғанның дертіне дерт жамаумен келеміз.
Ресейлік ғалым Анатолий Бернацкий өзінің «Великие угрозы цивилизации» атты кітабында мынадай деректер келтіреді... Адамның бүгінгі таңдағы бей-берекет іс-әрекетінің нәтижесі тек қана бұрқыратып көмір қышқыл газын шығарумен шектелуде. Соның салдарынан Солтүстік Жарты Шардың кондиционері болып келген Арктиканың әсері күрт әлсіреп кетті. Солтүстік Мұзды мұхит апаттық жағдайға тап болды. Мұздар буы бұрқырап, бұрын-соңды болмаған шапшаңдықпен еріп жатыр. Жыл сайын оның етегі терістікке қарай түріліп, мұздың көлемі қусырылып барады. Гренландияның мұздықтары Шарын шатқалдарына ұқсап, мұз каньондардың табаны, сай-саласы сарқыраған өзендерге айналған. Егер дәл осы қарқынмен кете берсе – енді он жылдан соң Гренландия көк тас қоржындаған қап-қара жер боп қалмақ. Өйтіп Арктиканың мұзы еріп, Гренландия құритын болса – Мұхит ағыстары тоқтайды. Әсіресе, Жаһандық жылудың әсерінен Гольфстрим ағысының баяулауы ғаламат проблемаға айналмақ. Ондай жағдайда Жерге кезекті Топансу басу қаупі төнеді. Оның соңы Жер шарының көптеген бөліктерінің суып кетуіне әкеліп соқтырмақ. Арада ондаған жылдар өткен соң континенттер суи бастайды. Жасыл желегі жайқалған құрылықтар бара-бара Антарктидаға айналады. Тіршілік бәсеңсиді, жан-жануардың көптеген түрлері құриды. Бау-бақша, егістік аймақтар қар құрсауында, мұз астында қалып жоғалады. Аштыққа ұшыраған адамзат ұрпағы да күрт азаяды. Мұз дәурінің әсерінен биіктегі стратосферада қатты жел тұрып, Жердің магниттік полюстері ауысады. Содан әр өңірдегі жанартаулар жанданып, олар жиі-жиі атқылай бастамақ. Жанартаудан шыққан көмірқышқыл газы мен өзге де улы шаңды стратосферадағы қатты жел көтеріп, Жер шарына жайып жібереді. Нәтижесінде күннің көзі жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы жабылып, ондағы тіршілік атымен құрып кетуіне себепші болады.
Климаттық катаклизмдер, жер бетіндегі ауа райының өзгерістері біздің өркениетті осылайша құрдымға жібермек. Библия мен Құранда айтылатын заманның ақыры, қиямет қайым, мінеки, осы!
Қалай десек те, қатал табиғат алдында адам қайрансыз. Катаклизмдік апаттар алдында адамзат әлсіз. Ғылым мен техникасы дамыған бүгінгі заманда да солай болып отыр.
Ғаламдық бұл проблема мәдениет қайраткерлерін де алаңдатып, бей-жай қалдырмауда. Жаңалық атаулыға құлағы түрік, қашанда елең еткізер сенсация іздеп тұратын Голливуд болашақтағы мұз дәуірінің жер бетін басып қалуы, орасан жер сілкінісінен тектоникалық қабаттардың ойраны шығуы, жаңа теңіздер мен құрылықтардың пайда болуы, жер жарылып қалалардың қара түнек құрдымға батуы, сондай-ақ жаһандық жылуға байланысты жер бетін топан судың қаптауы сияқты көркем фильмдердің бірнешеуін түсіріп тастады. Топансу туралы кейінгі фильмнің бірінде мемлекеттер алдын-ала бір-бірімен келісіп, адамзатты аман алып қалар кемелерді Қытай үкіметіне тапсырады. Қытайлықтар біреуі жарым қаладай орасан зор үш кемені Гималай тауларының биік асуларында дайындайды. Сөйтіп, сол үш кеме келешек үшін адамзат ұрпағының біраз өкілдерін аман алып қалады-мыс.
Әрине, мұндай мысалдармен халықты қорқытып, үркітудің қажеті жоқ шығар. Мақсат – тарихтан сабақ алу, табиғат-анаға әрдайым қамқор болуды ескерту, жойдасыз әрекеттерге бармауға, абай болуға шақыру деген ойдамыз.
Түйін
Шүкір дейік, Оңтүстік – өркені асып, тірлігі тасқан, құдайдың назарындағы, бақыттың базарындағы ел екен. Атасы бір болмаса да батасы бір алуан жұрттың басын қосқан берекелі жер екен. Жандары жайсаң, ақындай арқалы жұрт екен. Қонақжайлығы риясыз, пейілдері ақ, көңілдері қалетсіз. Қай жерге барсаң да шекарадан қарсы алып, шекараға дейін шығарып салған ас та төк құрметтің куәсі болдық.
Бұл өңірде сонау балапан басына, тұрымтай тұсына қашып, өткел таппай үріккен тоқсаныншы жылдардың қиындығында да ел іргесі сөгілмепті. Жаңа заман шақшадай басты шарадай қылып, нарық деген аш бөрідей бүйірден қысқан кезде де ірге алдырып, береке мен бірлігін жоғалтпапты. Ескен жел жоқ, көшкен ел жоқ. «Көрмейін десем көзім бар дегендей», өзге өңірлерді де іссапармен аралап, көріп-біліп жүрміз ғой... Қазақ ауылдарының біразы аузы үңірейіп, терезесі саңырайып, бейнебір белгісіз жау тапап өткендей қирап қалған. Шаңы бұрқырап ауыл иесіз, азу киесіз жатыр. Иелері баяғыда сөгіле жылжып, қалаға көшіп кетіскен. Жетім жұрт, жесір дала... Оны несіне жасырамыз, кімнен жасырамыз? Ал оңтүстіктің елінде ауылды иесіз тастап көшу деген, ауылдан кету деген ұғым санада жоқ сияқты. Қайта, қайсыбір ауылға барсаң да бұрқыратып коттедждер мен үйлер салып, құрылысты қарқындатып, асфальтты аршындатып, абаттандырып, жайнатып жатқан тірлікке қанасың. Ең бастысы – ағайын арасы тату, ауыл абыройлы, ел еңсесі биік, шеңбері берік. Сауыны мен бәсіресі жайылыста. Сол жайылысы мен жайлауы да тотыдай түрлене түскен. Бәрін көрдік! Көрдік те, елдің тіршілігіне риза болдық, бет сипадық, тәубе еттік. Осындай игілік істермен көзіміз ашылып, көңіліміз ағарып қайтты.
Жүрекке қуаныш ұялатқан бір жағдайды айта кетпесе тағы болмас... Оңтүстік жұртшылығының біз жүздескен азаматтары «Қазығұрт жұртының мінез-құлқы өзгеше, қазығұрттық екені іс-әрекеті мен сөйлеген сөзінен-ақ аңғарылып тұрады» дегенді айтты. Іздеп келгеніміз, зерттеп жүргеніміз Қазығұрт болғасын, біз де бұл әңгімеге құлақ түріп, қызықтай түскенбіз.
– Қазығұрттықтар кеңпейіл, бауырмал, ізетті келеді, – деді қазығұрттың тумасы Әли Бектаев досымыз.
Әлидің сөзі маған өткен бір жылдары Ұяға барған сапарымызды тағы да еске салған. Аядай ауыл өнерпаздарының күшімен ұйымдастырылған концертті тамашалап, басқа да түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, елмен емен-жарқын араласып жүргенде қалтамнан ұялы телефоным түсіп қалыпты. «Айфон» дейтін марканың енді шығып жатқан кезі, Алматыда да, Астанада да ол телефонды көпшілік әлі біле қоймаған. Маған Пекинде жұмыс істеп жүрген күйеу балам сыйлаған-ды. Өзі удай қымбат дүниенің қалтамнан түсіп қалғанын Шымкентке келгенде бір-ақ аңғарайын...
– Қазығұртта қалғаны рас болса, табылады. Көресің, ертең өздері әкеліп береді! – деген, сол жолы да қасымызда бірге жүрген Әли Бектаев. Біреуге табыстап кеткендей-ақ сөзі нық, өзіне сенімді. Әлекең дос ретінде көңілжықпастықпен айтып тұр ғой деген оймен:
– Әлі ешкімде жоқ мықты телефон еді! – деп мен «қош айтысқандай» өкініш білдірдім.
– Қазығұртта ондай жағдай болмайды! – деп Әли де айтқанынан қайтпады.
Мен ертесінде таңертең қызмет бабымен шұғыл Астанаға ұшып кеттім. Өзге жұрт бірер күн демалмаққа Сарыағашқа жол тартты.
Айтқандарындай-ақ, сол күні кешке телефонды балалар шөп арасынан тауып алып, ауылдың әкіміне әкеліп табыстапты. Әкім келген қонақтың бірінің телефоны екенін сезіп, ертеңінде телефонды арнайы кісімен Сарыағашқа жібереді. Ол кісі телефонды Фариза Оңғарсынова апамыздың қолына тапсырады. Фариза апам Астанаға қайтып келген соң әдетінше іні-қарындастарын қонаққа шақырып, жиналған жұрттың көзінше телефонды «сүйіншілеп» маған қайтарды. «Әлібек, мен бұл оқиға туралы өлең жазамын. Ол өлең «Басында Қазығұрттың сотка қалған» деп басталатын болады», – деп бәрімізді ду күлдірсін... Осылайша, жоғалып табылған телефонның ұзақ «жыры» қазығұрттықтардың, Әли айтқандай, бауырмалдығына, ізеттілігіне қоса, жүректерінің тазалығына, көңілдерінің адалдығына бізді де мойындатқан.
Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұхтар Момынов:
– Біздің азаматтар «қазығұрттық» деген имиджді түсірмеуге тырысады. Қазығұрттықпын деу зор мәртебе! Сол үшін де олардың ішкі мәдениеті жоғары. Турасын айтсам, біздің ауданда айғайшыл еркек, шарқая қатын деген болмайды! – деп, жалғастыра түсті.
Соңынан естігеніміз, Қазығұрт ауданында біреуді біреу жамандау, өсек тасып облыс басшыларының есігін тоздыру немесе жоғарғы жаққа шағым жазып, шу шығару секілді келеңсіз жайлар әсте болмапты. Қазығұрттықтар алдымен ырымшыл жұрт екен, содан кейін намысшыл екен. Таулық ағайындармен бірер күн араласқанымызда, ондай әйбәт мінездерін біз де байқағанбыз. Өрнекті ой иелерімен, өрелі сөз иелерімен кездесіп, жүрек ашып шешіле сөйлесіп жүрдік.
Қысқасы, адам бойынан ізгілікті көре білу, жақсылықты тани білу үрдісін қазығұрттықтар көптен бері өздерінің өмір салтына айналдырыпты.
– Қазығұрттықтардың үлгісін күллі Қазақстан үшін моральдық кодекс іспетті қабылдаса да жақсы болар еді! – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Қанатбек Досалиев әзіл-шыны аралас.
Біз осы айтылған сауап-тілектердің баршасымен бас шұлғып келістік. Әрі Қазығұрт Алланың шапағаты түскен, Пайғамбардың кемесі тоқтаған әулие тау ғана емес, жаныңа жапырақ жаяр жақсылар мекені екеніне де көзімізді жеткізіп қайттық.
Қайырымды Үміт мүйісі
немесе Жер шетіне саяхат
Африка аспанында
Осы уаққа дейін қал-қадірімізше біраз жерді аралаған екенбіз, біршама ел мен жұртты көріппіз, сол елдердің суын ішіп, дәмін татыппыз. Сәулеті мыңжылдықтар тереңінен тамыр тартқан қалалармен танысыппыз, табиғаты ертегі мен аңызға лайық өңірлерді тамашалаппыз. Соның бәрі де есімізде, көбісі хатқа түскендей жаттаулы, жадымызда қаттаулы, әсері мол сапарлар. Жаныңды толқытқан, қуанышқа бөлеген ондай ұзақ жолдар ұмытылушы ма еді! Есіңе алған сайын олар сенің жүрегіңді шабақтап, көңіліңді шуаққа бөлеп жүретіні тағы рас.
Сондай ұзақ жолдың бірі Африка құрылығының оңтүстік қиырындағы Қайырымды Үміт мүйісіне сапарымыз еді.
Бұл өзі экзотикаға толы ерекше сапар болды!
Қайырымды Үміт мүйісі – шын мәніндегі Жердің шеті екенінен мектеп жасынан бері хабардармыз. Картаға қарасаңыз одан әрі ел жоқ, жер тағы жоқ. Одан әрі толқын сапырып, қайнап жатқан көк мұхит.
Жердің шеті болғасын да, оған жету қайдан оңай соқсын...
Алдымен Алматыдан алты сағат бойы Стамбулға ұштық. Стамбул әуежайында төрт-бес сағат сандалып, ту сиырдай шермиген, аңсағай бойлы алып лайнерге жайғасқанбыз.
Лайнердегі жолаушыларға жасалған жағдай әйбат, сервисі жоғары дәрежеде болғанымен, он үш сағат бойы орындыққа жабысып, аспанда қалықтап жүріп алу ауырлау тиген. Әйтеуір ермегіміз – алдымыздағы мониторға қарап, қай тұста ұшып келе жатқанымызды мөлшерлейміз де, иллюминатордан төменді қызықтаймыз...
Кіші Азия түбегінен өткен соң Жерорта теңізін тұмсықтан кесе туралай тарттық. Байқаймын, мәремізге төтесінен салып, Африканы қақ ортасынан тіліп өтетін түріміз бар. Әнеки, Кипр аралын жанай ұшып, Александрия қаласының тура үстінен шықтық. Танып келемін, теңізді жағалай қоныс тепкен ежелгі шаһарды анау бір жылдары аптаға жуық армансыз аралағанымыз есімде. Аяулы апамыз Роза Бердіғалиева, достарым Сауытбек Абдрахманов пен Ерлан Сатыбалдиев төртеуіміз Александрия кітапханасын ашу салтанатына қатысып, жүзге тарта қазақ кітаптарын сыйлап қайтқанбыз. Сондықтан да бұл қала турасында бізде әсерге толы әжептәуір естеліктер қалған... Әнеки, бүркіттің тұмсығындай теңізге сұғына иілген түбек көрінді. Әлемнің жеті кереметінің бірі – Александрия маягі сол арада болған деседі. Ал қазір ол түбекте мәмлүк қандасымыз, боз жусанды даласына қайтпай қалған Қайтпай сұлтанның ақ сарайы жарқырайды. Оны да төбеден танып келемін.
Монитор Каир қаласын қиыста қалдыра бере, Ніл өзенін бойлай ұшып келе жатқанымызды көрсетті. Бұл мезгілде солтүстік Африканың аспаны ашық, бұлты сирек сияқты, төмендегі жер бедері барша бояуымен, сай-сала, өзен көлдерімен сайрап жатты. Оң жағымызда сап-сары болып шексіз құм теңізі – Сахара қалып барады.
Нубия шөлінің үстіндеміз. Судан жері далия көсілген жалпақ екен, ол елдің үстімен ұзағырақ ұштық. Жұмыр Жердің белдігі – Экваторды кесіп өткен соң, Уганданың етегінен көкжиекте күнмен шағылысқан әйгілі Виктория көлін анық көрдік. Көл дейтін емес, шалқыған теңізге ұқсағандай. Шалқардың арғы жағында шошағын қар басқан Килиманджаро болушы еді, тегі тым алыста, көз жетпес қиыста қалған-ау, көрінбеді. Бұл маңайдағы жердің бедері бұйраланып, қоп-қою жасыл түске еніп кетіпті. Төменде «ит тұмсығы батпас джунгли» десті білетіндер. Басқа ұсақ-түйек су қоймаларын білмедім, әйтеуір жүздеген шақырымға мойынғаштай созылып жатқан Танганика көлін төбеден жазбай таныдық. Содан кейін арада бірер сағат өткенде жасыл түс бұйдаланған шұбар жазыққа ұласып, күйген терідей ойдым-ойдым сарыала дақтармен араласа бастады. Тағы да сол білгіштер саваннаның үстімен ұшып келе жатқанымызды құлағдар етті. Төменде Танзания, Замбия, Зимбабве, Ботсвана елдері бірінен соң бірі қалып жатты. Осы елдердің біразына шекара міндетін атқарып, арасын қақ бөліп жатқан Замбези өзені мен оның инеліктей жіңішке су қоймасы да жарқырай көрінді. Ботсванадан соң Оңтүстік Африка республикасының байтағына ене бастадық.
Менің ардақты ағам Марат Татаев өзінің жан досы Алтай Тілеубердинмен екеуі осы аймақтың саванналарында жиі-жиі аңшылық құратындарын естігем... Арыстан да, буйвол да, газель де атып, шәулі бүркітше қомданып түскен суреттерін де талай көргем. Міне, Эрнест Хэмингуэй тамылжытып жазатын, жазып қана қоймай, сағындырып суреттейтін нағыз сафариіңіз осы! Анау жолы осы ағаларым алдағы жазда Гренландияға баруды жоспарлап жатқан. «Ақ аюға барасыздар-ау?» – деп елең ете түскем. Ақ аю өкімет қамқорлығында, оны атуға мүлдем тыйым салыныпты, ешбір мемлекетте оған лицензия берілмейді екен. «Карибуге барсақ деген ойдамыз» деп жауап беріскен. Кейін телефон шалып тағы бір хабарласқанымда, Марат ағам аман-есен Гренландияға барып қайтқандарын, демалыстары жақсы өткендерін әңгіме еткен. Бұл жолғы сафариде екі дос карибу ғана емес, қойбұқа да олжалапты. Соған қарағанда бұл заманның сал-серілері Марат пен Алтай ағаларым-ау деп қашанда оларға қызыға қарап жүремін.
Бұл Оңтүстік Африкада 2013 жылдың 13 қыркүйегінде әлем ғалымдарын дүрліктірген сенсациялық жаңалық ашылғанын оқыған едім... Бұдан 4 миллион жыл бұрын өмір сүрген приматтардың жоғары типі – австралопитек пен бүгінгі адамның, яғни «гомо сапиенстің» арасында өтпелі қандай гоминид-түр болды? Австралопитек қай кезде бүгінгі «әмбебеп адам» кейпіне айнала бастады? Ғылыми әлемде «ақтаңдақ» қалған осы мәселе антрополог ғалымдардың басын әуреге салып, көптен бері толғандырып жүреді екен.
Әрине, арадағы 4 миллион жылдың тылсым жұмбағын шешу оңай дейсің бе! Содан, осы өңірдегі «Восходящая Звезда» атты үңгір түкпірінен тағы адам кейпіндегі көптеген сүйектер табылады. Зерттей келе олар австролопитек пен бүгінгі адам арасындағы өтпелі кезеңнің түрі болып шығады. Бұдан 2 миллион жыл бұрын өмір сүрген бұл гоминид адамзат тарихындағы жаңа бет, ғылымдағы жарқын жаңалық деп танылады. Жалпы, Африка құрылығы, соның ішінде біз келе жатқан Оңтүстік Африка «адамзаттың бесігі» саналатыны бұрыннан белгілі жайт. Мына жаңалық сол тұжырымды одан бетер нығайтып, тереңірек бекіте түсіпті.
Алашабыр саванна қия-жартасты, терең шатқалды, ойлы-қырлы шоқалақ тауларға ұласқан кезде – біз межелі жеріміз Кейптаун қаласына жақындағанымызды аңғардық.
Арада сағатқа жуық уақыт өткен соң шалқыған мұхит та көрініс берді.
Атақты Атлантикаңыз осы болды! Шетсіз-шексіз көсіліп, көкжиекте көк аспанмен астасып кете берған. Дүрбі салып шұқшия үңілсең – күншіліктегі Антарктиданың да сағымданған сұлбасын көруге болады деседі. Кепешін аппақ қар басқан таулы түбекті жағалай қоныстанған үлкен қаланы алыстан орағытып, көк мұхитты төрінен бір айналдық та, азынаған дала төсіндегі ашық әуежайға еңкейе бастадық.
Көркем қала Кейптаун
Біз Жер планетасындағы әсем қаланың бірі Кейптаунға келдік.
Кейптаун бүгінде Оңтүстік Африканың Йоханнесбургтен кейінгі екінші астанасы саналады. Мемлекеттің қаржылық орталығы, маңызды экономикалық аймағы. Ел парламенті, ірі банктердің офистері, біршама үкімет кеңселері де осында. Ең бастысы, Кейптаун – әлемдегі ең ірі портты қалалар қатарында. Антарктидаға атандырылып жатқан экспедициялардың көпшілігі осы порттан сапар шегеді. Голливудтың біршама фильмдері Кейптаунда түсірілгенін білеміз. Жағалаудағы ақшаңқан котедждер, самаладай жарқыраған аппақ сарайлар Америка мен Еуропа құрылықтарын аузына қаратқан қаржы алпауыттарының, ел билеушілері мен миллионерлердің жазғы тұрағы. Аты әлемді әлдилеген Голливуд киножұлдыздарының жылына бір рет келіп көңіл көтеретін, сауық құрып сайран салатын жайлаудай жайлы мекені.
Оңтүстік Африка республикасында ресми түрде он бір тіл қолданылады екен. Солардың ішінде көп тарағаны – ағылшын тілі. Көшелердегі жарнамалар, хабарламалар, мекеме атаулары, билбордтар негізінен осы тілде жазылатынын көрдік. Кей жерлерде африкаанс, зулусс, коса дейтін тілдердегі жазуларды да кездестірдік.
Негізінде, шымқай қара нәсіл мен зәңгілер Африканың орталық аудандарын, яғни Экватордың арғы-бергі жағын қоныстанған. Ал Оңтүстік Африканың ежелгі тұрғындары қоңыр түсті пигмейлер болыпты. Пигмейлер алғашында голландықтармен, кейіндері ағылшындармен араласып, «бур» атты жаңа нәсіл шығараған деседі.
Кейптаун қаласын бір жағынан бұлтпен таласқан соқталы шыңдар мен сеңгір таулар сілемі қоршапты. Екінші жағы – шалқыған шығанақ, күншілікке созылған ақ құм, алтын жағажайлар, ақшаңқан сарайлар мен көз сүйсіндірген әсем қонақ үйлер.
Алты құрылықтың кітапханашылары мен аузы дуалы қайраткерлері бас қосқан конференцияны бетке алып, бес адамдық қазақстандық делегация да шаршап-шалдығып жеттік бұл қалаға. Арада бір күн тынығып, былайша айтқанда, жаңа климатқа бейімделіп, кейінгі үш күнде мынау жаһандық өзгерістер заманындағы кітапхананың жұртшылықты ақпараттық қамтамасыз ету миссиясы, цифрлық технологияның басымдығы жағдайында дәстүрлі кітап оқу үрдісін үзіп алмаудың жолдары, оқырманға қызмет көрсетудің соны тәсілдері, сондай-ақ әлемдік ақпарат алмасулар мен көне қолжазбаларды сақтаудың заманауи әдістерін талқылауға арналған түрлі секциялар жұмысына қатыспақпыз. Осы саладағы соңғы кезде пайда болған ғылыми жаңалықтар, озық технологиялармен танысып, кенеулі кеңес құрмақпыз, кесек тақырыптарды қозғамақпыз.
ТМД елдері кітапханашыларының басын біріктірген БАЕ атты қоғамымыз бар еді. Оның қазақшасы – «Евразия Кітапханашыларының Ассоциациясы» деп аталады. Ассоциация президенті – Москвадағы әйгілі «ленинканың» – бүгінгі Ресей мемлекеттік кітапханасының бас директоры Александр Вислый деген әріптес досымыз. Ол кісі сырқаттанып бұл қиянға жете алмай, мен сол Вислыйдың атынан конференцияда сөз сөйлеп, ТМД елдері атынан жиналған қара ала, сары ала көпшілікке құттықтау айтпақшымын.
Мұның бәрі де жөн ғой, ресми шаруалар өз ретімен шешіле жатар. Біздің көксегеніміз – әйтеуір, аяқ жетпес қиянға келіп қалған екенбіз, ел арасында аты аңызға айналған Қайырымды Үміт мүйісіне барып қайту. Жердің шетін көзбен бір көру, қос мұхиттың түйіскен ғажап суретін көңілмен сезініп, көкірекке түю болатын.
* * *
Кейптаун – ауа райы жаймашуақ, табиғаты жомарт, инфрақұрылымы жоғары дамыған зайырлы қала екен. Желтоқсаннан бастап наурызға дейін бұл елде жадыраған жаз. Сол жаздың өзінде ми қайнатқан аптап жоқ, температура 25 градустан жоғары көтерілмейді. Ал, біздегі маусым мен шілдеге сәйкес келетін қыс айларында температура 10–15 градустан аспай тұрды, тек түнде ғана +6 градусқа дейін төмендегеніне өзіміз куәміз. Қыс айлары көбінде боз сәулеге мұнартып, жылы жаңбырлы келеді екен.
Қол босағанда қаланың көрікті ғимараттарын тамашалап, кемелері жарқыраған порттарымен, ондаған шақырымға созылған құмдауыт жағажайларымен, ежелгі тас қамалдармен, алуан мақсаттағы мұражайларымен шама-шарқымызша танысумен болдық. Мұражай демекші, теңіз жағасында «Қос мұхит аквариумы» атты туристердің көп келетін сүйікті орны бар екен. Аквариумда үш мыңға тарта мұхит жануарлары жинақталыпты. Жеті галереяға бөлінген осы аквариум ішінде түрлі акулалар, балықтар мен тасбақалар, моллюскалар мен шаяндар толып жүр. Атлантика мен Үнді мұхиттарында кездесетін жыртқыштар мен теңіз өсімдіктерін түгелге жуық осы арадан көруге болғандай.
Осы аквариум ғимаратының іргесінде, жағалау маңайында «Нобель алаңы» деп аталатын демалыс орны да өзінің ерекшелігімен көңіл аударған... Араларында Нельсон Мандела бар, бұл алаңда Нобель сыйлығына ие болған төрт қайраткердің қатар тұрған адам бойындай ескерткіш-мүсіндері қойылыпты. Қарадомалақ балалардың аталарының қасына барып, қолын алып, құшақтап ойнағандары қандай жарасымды десеңізші!
Ең қызығы – қалада әр жыл сайын жаздың ыстық мезгілі – қаңтар айында «Кейп-Карнавал» атты дәстүрлі ән фестивалі өткізіліп тұратынын естідік. Көше-көшені ән мен биге толтырып, қалалықтардың қуанышына айналған бұл фестиваль біз келердің алдында, осыдан бір ай шамасы бұрын улап-шулап өтіп кетіпті.
2010 жылы футболдан Әлем чемпионатына арналып қаланың іргесіне ғимараты көз тартқан көркем стадион салыныпты. Чемпионатқа дайындық Кейптаун қаласының дамуына даңғыл жол ашқан деседі... Жаңа үлгідегі бес пен жеті жұлдызды гранд-отелдер, жарқыраған мейрамханалар мен супер-маркеттер пайда болып, теңіз жағалауы ұзатылар қыздай жасанып салыпты.
Қаланың түстігінде «Столовая гора» атты биігіне сабырлы салтанат ұялатқан мұз жалды ерекше тау сілемі бар екен. Біз оны «Үстел тауы» деп қазақшалаған болдық. Күн сайын таңертең осы Үстел тауын белдеулеп бозала тұман кілки қалатыны қандай ғажап... Бұл тау аймақтың туында да бейнеленіп, Кейптаун қаласының мәртебелі символы саналатын тәрізді. Алып атандай шөгіп жатқан жалпақ таудың үсті тақтайдай жазық, алыстан қараған жанға расымен үстелден аумай қалған. Бұл тауға жаяу шығатын жол жоқ, жан-жағы шақырымға созылған құз-жартас, қарасаң басыңдағы бөркің түседі. Тасқа өрмелеуші бірер альпинистің арқан салып, тырмысып жоғарыға шығып бара жатқанын көрдік. Былайғы жұрт пен қаптаған туристер шапшыма жартасқа аспалы вагонеткамен тігінен көтеріліп жатты. Жүз қабатты ғимаратқа лифтімен заулап шыққандай миымыз аузымызға тығылған. Тау биігінен етекте кең көсілген ажарлы қала мен шырайлы шығанақ барша келбетімен жайыла көрінді.
Таудың шығыс жағында қарқарадай қасқайған тағы бір зеңгір шың мұнартып жатты. Шың басында үлкен зеңбірек бар деседі, ол күн сайын сағат 12:00-де гүрс етіп белгі беріп, талтүс болғанын қалалықтарға ескертіп тұрады екен.
– Сіздер Кейптаун қаласымен таныстықтарыңызды Кирстенбош бағынан бастаңыздар! – деп ақыл қосты африкалық әріптестеріміз.
Кирстенбош – өсімдігінің алуандығы жөнінен әлемдегі ең танымал 10 ботаникалық бақтың бірі саналады екен. Бақтың негізі Батыс Кейп өлкесінің таңғажайып өсімдік байлығын сақтап қалу мақсатында 1913 жылы қаланыпты. Біз бұл бақтан небір әдемі гүлдерді, желегі желпілдеген таңғажайып өсімдіктерді қызықтап, ешбір жерден кездестірмейтін экзотикалық ағаштармен таныстық. Мұнда өсімдіктің 7300 түрі өседі десті, олардың жарымына жуығы тек осы өңірге ғана тән эндемик өсімдіктер.
Бау, сондай-ақ, шипалы шөптерге де аса бай деседі. Баққа кіре берісте Кап колониясын құрушылардың бірі Ян ван Рибек 1660 жылы отырғызған жаңғақ ағашы мен жаз ғана емес, қыс айларында да жап-жасыл болып жайнап тұратын алуан өсімдіктермен таныстық.
Зор аумақты алып жатқан Кирстенбош бауының шығыс бөлігі түрлі мүсіндермен толықтырылыпты. Алаңқайлар мен гүлзарлар ішінде, экзотикалық ағаштар түбінде, бұлағы сылдырап аққан тасты жағалауларда Оңтүстік Африка мен Зимбабве халықтарының қолынан шыққан – ағаштан жасалған, піл сүйегінен ойылған, мәрмәрдан қашалған қайталанбас өнер туындылары таратылып қойылыпты. Баудың әр тұсында адам шошырлық алпауыт динозаврлардың муляждары да «жайылып» жүрді.
Кирстенбош бауының атағы өсімдіктер байлығымен белгілі болса да, баудың ішінен алуан түрлі құстар мен сүт қоректілерді кездестіргенбіз. Ал, Үстел тауының жалама жартастарының биік алқымына ұя салған африкалық қара бүркіттің бірнешеуін байқадық.
Жайлы климат, малынған табиғатының арқасында Кейптаун арнайы іздеп келіп демалуға жаннатай жайлы мекен екен. Кейп түбегінің жотасын жалдап тауға жорыққа шығуға, ол маңайдан Африканың жабайы табиғатын тамашалауға, жолақтана бөлінген керемет жүзім алқаптарын аралап, құмдауыт жағажайда бой сергітуге болатынына көзіміз жетті.
Ақ нәсілділер таласы
Қала тарихы Еуропа мен Үнді сауда жолын іздеу дәуірімен тығыз байланысты болыпты.
Африка құрылығын айналып өтер теңіз жолы ашылған бойда – Кейптаунның өркендеу дәурені басталады. Нақтылап айтқанда, 1652 жылы голландиялық Ост-Индия компаниясында жұмыс істейтін Ян ван Рибек атты азамат осы маңайдан ары-бері сабылып өтіп жатқан кемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Үстел айлағында сауда-саттық орталығын жасауға кіріседі. Соның арқасында айлақтың тасы өрге домалап, қалашық жыл санап емес, ай санап қарқындап дамиды. Байсалды, бәтуалы мекенге, берекелі, мерекелі қалаға айналады. Арада жүз жыл өткенде бұл мекендегі құлдардың саны еркін тұрғындардың санынан аса бастайды. Осылайша Кейптаун Еуропадан қоныс аударған ақ нәсілділердің меншіктенген өз қаласына айналып кете барады.
Ван Рибек Кейптаунның негізін қалап қана қоймай, 1662 жылға дейін осы өңірдің, яғни Қайырымды Үміт мүйісінің губернаторы да болыпты.
Бұл аймақты алғашқы боп игерген де, жерді иемденген де голландтықтар бопты. Бірақ, табиғаты тотыдай түрленген түбекке ағылшындардың аңсары ауып, арада жүздеген жыл өткен соң сайланып келіп соғыс ашады да, қаланы басып алады. Сөйтіп, Кейптаун қаласын 1795 жылдан бастап британдықтар басқарады.
Британдықтардың либерал басқаруы 1834 жылы құлдықтың жойылуына әкеп соғады. Құлдықтың жойылуы – голландиялық құлұстаушы фермерлердің наразылығын туғызады. Наразы болған 12 мыңнан астам фермер солтүстікке үдере көшіп, өз беттерінше «Бур тәуелсіз республикасын» құрады.
Одан кейінгі айтулы оқиға – 1899–1902 жылдарғы «ағылшын-бур соғысы» болыпты. Бұл соғысты Йоханнесбургтің алтын кенішіне бақылауды өз қолдарына алу мақсатымен ағылшын империалистері бастаса керек. Үш жылғы қантөгіс шайқастың нәтижесінде 1910 жылы құрамына Үміт мүйісі кірген «Оңтүстік Африка одағы» құрылады. Одақтың алғашқы премьер-министрі болып бурлардың бұрынғы генералы Луис Бота сайланады.
1948 жылы сайлаушылар Ұлттық партияға дауыс бергеннен кейін, нәсілдік теңсіздік, яғни «апартеид» жүйесі ресми түрде заңдастырылып кетеді.
1960 жылы Шарпевилл атты мекендегі бейбітшілік шеруі кезінде полиция 69 адамды мерт қылады. Бұл оқиға майға от құйғандай өршіп, апартеидке қарсылықты барынша күшейте түседі. Билік те оңайлықпен беріспейді. Қарсылық күрестің басында тұрған Нельсон Манделаға «мемлекетке опасыздық жасаған» деген айып тағып, қыран мінез нар жігіттерімен қоса оны қамауға алады. Осылайша Мандела 27 жыл түрмеде отырады.
Кейін абақтыдан босаған соң ол өзінің алғашқы жалынды сөзін Кейптаун Ратушасының алдында сөйлеп, халықты тәуелсіздік жолындағы азаттық күресіне шақырады.
1994 жылы Нельсон Мандела елдегі демократиялық сайлауда жеңіске жетіп, салтанатты түрде Оңтүстік Африка республикасының президенті болып сайланады. Жалпылай айтқанда, Кейптаунның қысқаша тарихы осыған саяды.
Қалай десек те, ерте замандардан бері еуропалықтардың Африка құрылығына қоныс аударуының кіндігі болған, кәрі құрылық үшін жаңа дәуірдің жарқын бетін ашқан – оңтүстік қиыр шеттегі осы Кейптаун қаласы екен.
Біз қанға сіңген әдетпен бұл қаланың да әлемге аты шыққан қаламгерлерін сұрастырғанбыз. Тізе берсе, халықаралық бедел алған атақты адамдар мұнда жетерлік тәрізді... Елдің екі жазушысы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленіпті. Оның алғашқысы – Надин Гордимер 1991 жылы, екіншісі – Джон Кутзее 2003 жылы алыпты. Гордимерді оқымаған екенбіз, ал, Кутзее менің сүйіп оқитын жазушымның бірі-тін. Әсіресе, «В ожиданий варваров» атты мықты романын қатты бағалаймын. Бірақ оның Кейптауннан екенін білмеппін, ұятты болдық.
Бұлардан басқа Алан Пейтон, Эскиа Мфаделе, Антджи Крог деген де жазушылардың шығармаларымен таныстық. Кейптаундық әріптестеріміз кезінде апартеидпен күресіп, талай жыл түрмеде отырған, бүгінде көзі тірі Брейтен Брейтенбах атты адуын ақынды ауыздарын толтырып мақтап отырды.
Сондай-ақ, жергілікті жастар халықаралық турнилерде 29 доп соққан Бени Маккарти деген футболшыны пір тұтатынын байқадық.
Саванна сыры
Біздің қуанышымызға қарай, алыс-жақыннан келген қонақтарды Қайырымды Үміт мүйісіне апарап қайту конференция бағдарламасында бар боп шықты.
Сөйтіп, Кейптаунға келген бесінші күні Филипп атты жарқылдаған орыс азаматын біздің топқа қосып берген. «Бұл жақта қаңғып жүрген қандай орыс» десек, КСРО құлап, дүние астан-кестені шығып жатқан 90-жылдардың басында Украинаның Донецкі қаласынан жайлы жер, жарқын тұрмыс іздеп осы жаққа жетіпті. Содан, орыстілді маманға зәру боп отырған туристік фирмаға орналасып, абыроймен жұмыс жасап жатқан көрінеді. Бұл өңір жердің көркі екеніне көз жеткізген соң жергілікті бір қоңыр қызбен бас құрап, бала-шаға өсіріп, мықтап орнығып қалыпты.
– Уверяю вас, это вечная идеальная земля! – деп, Филипп кеудесін ұрғылап, орысшалап мақтанып қойды.
Қыртыстанған шоқатты, ойқы-шойқы қалың адырмен келе жатырмыз. Түстік көкжиекте бір-біріне иек арта жағаласқан таулар тізбегі Үміт мүйісіне дейін бізбен жарысқан. Жолай «Мыс Доброй Надежды» атты мемлекеттік қорықтың жерін жағалап өттік.
«Саванна дегеніміз осы» дейді Филипп. Оның айтуынша, жолдан сәл шықсаң болды, мына ұйысқан кедір-бұдыр бұтаның іші толы тағы жануарлар мен жәндіктер екен. Олардың көбісі адам үшін қауіпті. Әсіресе, әлемдегі ең улы жыланның бірі – «кап кобрасы» дәл осы қорықты мекендейді. Ол ештеңеден қорықпайды, жатқан жерінен тырп етпейді, өзінің территориясын қорғай біледі. Адам түгілі арыстанды шағып сеспей қатырады. Сондықтан туристерге көліктен шығып шошаңдап, бұта ішін аралап кетуге қатаң тыйым салынған. Ең қызығы, бұл түбектегі жаңағы кобра да, бұта мен шөптер де, басқадай да өсімдіктер жер шарының өзге ешбір жерінде кездеспейтін эндемиктер екен.
Машинаны тоқтатып, шоқ-шоқ ағаш өскен бұлтиған жасыл жондарға көз сата құмарта қарап қаппыз. Әйгілі Хемингуэй жазатын «Зеленые холмы Африки» дегенің, мінеки, осы! Шіркін-ай дейсің іштей толқып, дүниені тәрк етіп, көк шалғынды тізеден кешіп мынау бел-белесті жаяу аралап кетсе ғой... Бірақ, өйтуге әсте болмасын Филипп әлгінде қайта-қайта ескертті. Өйткені бұл Алтай емес, Алатауға да ұқсамайды, бұл жер Африка! Анау қалың бұтаның түбінен ақырып арыстан атылса, сонау ағаш тасасынан қабылан қарғып шықса қайтпексің? «Апа» деп айғайлауға шамаң келмес! Соны ойлағанда көңілді де, көк дөненді де тізгіндеуге мәжбүр болдық. Мынау шетсіз-шексіз шұбартқан байтақ континенттей ен байлық басқа ешбір жерде жоғын ақпараттан білеміз. Мұндағы тағы аңдар мен киіктер мыңдап емес, миллиондап саналады. Саванна іші жыртқыштар мен улы жәндіктерге толы, сондай-ақ дала төрінде жайылған үйірлі пілдер де, мүйізтұмсық пен бегемоттар да адам үшін аса қауіпті саналады.
Қорықта «бабуин» дейтін мінезі шатақ, еркінсіп елді әбден басынған маймыл бар екен. Бәтшағарың күдірейген күдіс жон, түр-тұлғасы сүйкімсіздеу жануар сияқты, жолай бізге көп кездесті. Жол жиегінде шоқиып басын қасып, битін сығып, ештеңеден қорқар емес. Автоинспектор секілді ары-бері өткен көліктерді санап отырғандай. Маймылдың бүйтіп еркінситіні – олар иесіз далада емес, табиғат қорығының ішінде жүр, яғни мемлекет қамқорлығында. Сүйкімсіздеу дегенім – қолыңнан жеміс-жидек көріп, тамақ иісін сезер болса, әй-шәй жоқ, жармасып тартып алады екен. Өзі екі иығына екі кісі мінгендей қарулы, ақсиған азу тісі пышақтай өткір бұл маймылдан аулақ жүрген жөн деседі. Оған әйел түгілі мынау деген еркектің шамасы жетпейтін сияқты.
Маймылдан өзге, саваннаның әр тұсында жайбарақат жайылып жүрген антилопа-киіктердің бірер түрін, зебра мен түйеқұсты тамашаладық. Жағалаудың әр тұсында біз «итбалық» деп атайтын тюлендер, теңіз мысықтары (морской котик) күн көзінде шуақтап, жұртпен шатағы жоқ, маужырап ұйықтап жатты.
Әсіресе, бізді қызықтырған – қанаттарын қомдап балпаңдаған пингвиндер болды. Өздері жағалауда тым көп екен. Анау аязы ақырған Антарктидадан пингвиндердің мынау маңайға қалай келгені әлі күнге жұмбақ. Біреулер арадағы екі жарым мың шақырымды жүзіп өткен десе, келесі топ «ол мүмкін емес» деп бастарын шайқасады. Екінші топтың тұжырымынша, пингвиндер мұнда «Королева Мод» жағалауындағы мұздықтардан құлаған алып айсбергтермен ілесіп келіп қалған. Содан осы араның жаймашуақ ауа райына ғасырлар бойы бейімделіп кеткен.
Обалы не керек, Филипп танысымыз мүйіске жеткенше жағы тынбай сайраған. Байқағанымыз, «кәсіби гид» дәрежесіне көтерілген жақсы маман. Білмейтіні жоқ, ел мен жердің тарихынан бастап, жан-жануар, өсімдіктер дүниесін тәптіштеп таныстырумен болды.
– Мен көбінесе орыстілділерді мүйіске тасумен айналысам. Ресейден де, Украина мен Болгариядан да біраз туристерді апардым. Қазақтармен мынау жер шетінде алғаш кездесуім, – деді Филипп.
– Елге қайтпайсыз ба? – дедік біз қазақы әуенге салып.
Филипп ойланып қалды, сосын:
– Біздің елде соғыс. Мынадай жәннаттай жерді тастап, еңкейген ендігі жасымда мен ешқайда да бармаймын! – деп, қолын бірақ сілтеді.
Қос мұхиттың тоғысы
Ойпырмай десеңші, алыстан ат арытып арман еткен мүйіске де жеттік-ау, әйтеуір!
Біз шын мәнінде Жер шетіне келгенімізді жан дүниемізбен сезінгендей едік! Бірінші көргеніміз – Кап түбегі дәл осы арада мұхитқа найзаның ұшындай сұғына еніп, адамның үрейін алғандай түксиген тік жарқабақтар жасап жатқаны. Мүйіс десе дегендей-ақ, жалпақ түбек жіңішкеріп барып, шаншылып қалған. Тым төменде мұхиттың бүктетілген асау толқындары жартасты гүрс-гүрс ұрғылайды. Оған еңкейіп қараудың өзі төбе шашыңды тік тұрғызғандай.
Негізінде Қайырымды Үміт мүйісі Африканың оңтүстігіндегі ең шеткі нүкте саналмайды екен. Ең оңтүстік жер – Инелік мүйісі (мыс Игольный) деседі. Картадан Инеліктің осы Үміт мүйісінен ондаған шақырым шығыс жақта жатқанын көрдік. Алайда, алып Африка құрылығының таусылып бермес жағалауы дәл осы Үміт мүйісінде алғаш рет шығысқа қарай күрт бұрылып, Атлант мұхитынан Үнді мұхитына өтер жолды айқара ашып береді. Сол себепті де, Үміт мүйісі Африканың оңтүстік-батысындағы шеткі нүкте есебінде.
Мүйістің қатпарлы жартасының ұшарында сәнді мүсіндей асқақтаған алып маяк тұрған төбеге шықтық. Маяктың биігінен қараған кезде – оң жағыңызда Атлант мұхиты, ал шығыс көкжиекте созылып Үнді мұхиты шалқиды. Ең ғажабы, екі мұхиттың түсі екі түрлі. Тіпті, өз көзіңе өзің сенгің жоқ. Су деп ойламайсың, екі жақтан екі түрлі бояу тоғысып жатқандай.
Мұхит суларының сырын кейін білдік... Антарктидадан ескен ызғарлы жел, Бенгель деп аталатын суық ағыс Атлант мұхитын қыста да, жазда да салқындатып тұрады. Оның суы жаздың өзінде 12 градустан жоғары көтерілмейді екен. Ал, Үнді жағы бұйығы, жаз айларында 24 градусқа дейін жылиды. Әсіресе, ұшақ биігінен түсірілген суреттерде екі мұхиттың екі түске боялған айырмашылығы көзге бадырайып-ақ тұр. Онысын мамандар температураның айырмашылығы ғана емес, екі мұхит сулары құрамының да әртүрлі болуымен түсіндіреді... Атлантика қаракөк түспен салқын сазарса, Үнді көкжасыл түспен көзге жылы ұшырайды. Атлантикаға қарағанда Үнді таяздау келетіндіктен, бұл мұхитта тропикалық рифтер көбірек кездесетін сияқты.
Тарихи деректер Африка құрылығының оңтүстік-батыс қиырындағы теңіз саяхаты әрдайым күрделі әрі аса қауіпті болғанын айтады. Есте жоқ ескі замандарда ауыздықсыз асау толқындармен алысып жүректері шайлыққан португал, ағылшын, голланд саяхатшылары «Үндістанға бару мүмкін емес» деп әбден торыққан, үмітті үзген тұжырымдар жасапты. Мұндай тұжырымның тамырына балта шапқан оқиға – осы Қайырымды Үміт мүйісінің ашылуы болса керек. Оны ашқан португалдық Бартоломео Диас деген арманы асау, көпті көрген тәжірибелі теңізші екен.
Тарихи құжаттар мынаны баяндайды...
XV ғасырдың соңына қарай Португалия корольдігі Африканы айналып, Үндістанға теңіз жолын ашу әрекетімен жанталасады. Сол үшін мықты кемелерін жарақтап, білікті экспедициялар жасақтап, оларды бірінен соң бірін алыс сапарға аттандырумен болады. Амал нешік, үмітін желкен, жігерін қайық еткен небір аймүйіз теңізшілер еліне қайтып оралмай, адам естімеген алыс жақтарда опат болып жатады. 1487 жылы мұндай алмағайып тапсырма капитан Диасқа да жүктеледі.
Өкінішке қарай, Диас та есек дәмелі өзге саяхатшылардың жолын құшып, кебін киеді. Африканы жағалай жылжып, жергілікті халықпен шайқаса жүріп, әбден қалжырайды. 1488 жылдың мамыр айында ол Африканың ең оңтүстік жиегіне жақындайды. Дәл осы мүйіске жеткенде сұрапыл дауыл басталып, шелектеп нөсер құйып береді. Күндіз-түні екілене соққан дауыл кесірінен Диастың кемесі мүйістегі түнерген жартастарға соғыла жаздап, әйтеуір құдай сақтап аман қалады.
Азық-түліктің тапшылығынан аштық жайлаған, бой жаздырмай нөсерлеткен жаңбырдан мезі болып, дамылсыз соққан дауылмен арпалысқа шыдамаған кеме экипажы бүлік шығарады. Диас бүлікші теңізшілердің талабын орындап, елге қайтуға мәжбүр болады.
Қайтарында осы бір құз-тастары адамды жұтып қоярдай үңірейген үрейлі жерге «Дауыл мүйісі» деп ат қойып кетеді. Өзі айлар бойы жүзіп, Португалияға аман-есен оралады. Келген бойда «егер Африканы Дауыл мүйісі арқылы айналып өтіп, ары қарай туралап тарта берсе, ерте ме, кеш пе саяхатшылар міндетті түрде Үндістанға барып тұмсық тіреуі мүмкін» деп, II Хуан корольді иландырады.
Үндістанға теңіз жолының ашылуынан дәмелі әрі жалғанды жалпағынан басуды аңсаған корольге Диас қойған мүйіс атауы ұнамайды. Ол «Дауыл мүйісі» атауын «Қайырымды Үміт мүйісі» деген атауға ауыстырады.
Диас өзінің томырық өжеттігінің арқасында 1497 жылы 8 шілдеде әйгілі Васко да Гаманың экспедициясына жол көрсетуші ретінде салтанатпен Лиссабоннан бірге ере шығады. Содан ол өзі салған маршрутпен қараша айында Қайырымды Үміт мүйісін айналып өтеді де, кемелерді туралап Үндістанға бет бұрғызады. Осылайша Васко да Гама тарихта Үндістанды ашушы тұңғыш еуропалық болып қалады. Жол көрсеткен Диастың есімі тарих тұңғиығында атаусыз жоғалады. Ал, шындығында қабынған қабан көңілі маза бермей, корольді бұл сапарға үгіттеген, тағы да экспедиция жасақтап, оған басшы етіп Васко да Гаманы тағайындауға көндірген Диас екен. Ержүрек капитан жол көрсетуші ретінде қанағатсыз құмарлықпен Үнді еліне екінші рет тағы барады. Үшінші жолы дәл осы мүйістің төңірегінде дүлей дауылға тап болып, кемесі жағалаудағы тасқа соғылып, сапарлас серіктерімен бірге қаза табады.
Осындай қауіп-қатер, адам төзбес қиыншылықтарға қарамастан, теңіз саяхатшыларының ерлігі бекер болмағаны бүгінде баршаға аян. Қазір адамзат баласы Еуропадан да, Америка құрылығынан да Азия елдеріне су жолдарымен сауда-саттық мақсатында ғана қатынап қоймайды, тура осы жолмен әсерге толы керемет туристік сапарлармен де барып жатады.
Кімнің де болса Африка құрылығының ең оңтүстік нүктесінде тұрып, қара жердің шеті осы екенін сезінгісі келмейді дейсіз. Ақ континент жақтан соққан суық желге кеуде тосып, анау сағымданған көкжиекте жүзген шағаладай алып айсбергті тамашалағысы келмейді дейсіз.
Ең бастысы – Қайырымды Үміт мүйісінде екі ұлы мұхиттың тоғысын қызықтап, сол сулардың екі түстілігін өз көзімен көру де бір ғанибет емес пе!
Тәубе дейміз, мына біз дәл осындай кереметті өз көзімізбен көру бақытына ие болған жандармыз.
***
Мұхиттың қатты ағысы мен үздіксіз соққан дауыл бүгінгі қуатты техникамен жарақтанған теңізшілердің де үрейін ұшырады. Әсіресе, Үнді мұхитының жылы ағысы, Тынық мұхиттың суық ағысының түйісуінен дүлей толқындар желкені желпілдеген ежелгі ағаш кемелерді былай қойғанда, қазіргі темір құрсаулы танкерлер мен лайнерлерді де екіге бөліп тастаған оқиғалар болған. Оның үстіне, суық ағыстың әсерінен мұхит үстін жиі-жиі тұман басып қалады да, кемелер мұхитта жүзген әйдік мұзтауларға (айсберг) жиі кезігетін сияқты. Бұлаңытқан әлгіндей мұзтаулар бозала бұлттармен астасқан кезде – қайсысы бұлт, қай тұста айсберг барын теңізшілер айыра алмай сандалады екен. Мұндай көрініс теңізшілер үшін аса қауіпті деседі.
Әсіресе, ескі замандарда кемелердің көбісі әлгіндей жағдайда жолынан жаңылып, жартасқа соғылып жаңқаша шашылып жатады екен. Нақты дерек жоқ, бірақ осы маңайда суға батқан кемелер төрт жүзден асатынын кітаптан оқып білдік. Бұл аты-жөні белгілі, есепке алынған, тарихта дерегі қалған кемелер ғана. Ал, байланыс нашар ескі замандарда хабар-ошарсыз жоғалған, есепке кірмеген кемелер қаншама?
– «Штиль» деп аталатын бейқам тыныш күндері қайықпен жүргенде – теңіз тұңғиығында өн бойын түк басып, айқыш-ұйқыш жатқан баяғының ағаш кемелерінің қаңқаларын, балығы жыбырлаған бертінгінің темір кемелерін мен де талай көргем! – дейді Филипп.
Осылайша, мынау мазасыз аймақта кемелерге жарқырап жол көрсетер, кемелерді тасты жағалауға соғылудан сақтандыратын зәулім маяк орнату қажеттігі туады.
Әсіресе, 1853 жылы жергілікті билік өкілдері мұхит жағалауын кезекті тексерісі кезінде кездейсоқ Мүйіске сырғи жылжып келе жатқан таудай айсбергті көреді. Бұл көрініс билік өкілдерін көздерін шарасынан шығара қорқытса керек. Көп ұзамай мүйіс биігінде бақылау бекеті мен маяктың құрылысы басталып та кетеді.
Маяк 1860 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Ол Мүйістің ең жоғары тұсы, мұхит деңгейінен 271 метр биіктіктен орын тебеді. Маяк сол кездегі дүниежүзі бойынша мықты құрылыстың бірі ретінде тіркеледі. Ол 80 мың шырақтан, 80 шақырым қашықтықтан жарқырап көрінетін болған, сөйтіп, Оңтүстік Африкадағы ең жарық шамшырақ саналған.
Бүгінгі күні осы мүйіске ағылған сансыз туристер әлемдегі екі алып мұхит суларының түйісуін көріп қана қоймай, шілденің шіліңгірінен бастап, қарашаның қара өзегіне дейін осы маңайда жүзіп жүретін киттерді де қызықтайды. Бұл арада ұзындығы 15 метрге дейін жететін киттер жыл сайын махаббат мейрамын тойлайды екен. Кейде топ-тобымен аппақ бауырларын жарқыратып, төбесінен субұрқақты атқылап қара ала касаткалар да ойнап өтеді.
Мүйістегі шәниген шыңның алқымына дейін темір арқанмен өрмелеген трамвайға ұқсас вагонеткаға отырып жеттік. Одан әрі шың басына бұралаңы көп тарам-тарам тас соқпақпен көтерілгенбіз. Соның өзіне сағаттан астам уақыт кетті. Соқпақ бойына төселген малта тастарды кезінде сонау етектегі мұхит жағалауынан теріп әкелген деседі. Маяк тұрған биіктен міндетті түрде жаяу қайту ұсынылады. Өйткені төменге түсер бірнеше соқпақ бар. Олардың мұхит жақ қабырғасы тас қамал. Сол қабырғаларға сүйеніп тұрып, жел мен судан мүжілген мүйістің құлама жарын, қож-қож қына басқан бұйра тастарды, сонау төменде тар қолтықты арсы-гүрсі қауып жатқан мұхиттың ақжал толқындарын қызықтауға болады.
Теңізшілер арасында «ревущие сороковые» деген термин бар. Бұл термин де осы маңайда, Үміт мүйісінен оңтүстікке қарай 40-шы ендікке байланысты пайда болған. Оның астарынан қорқыныш та, қауіп-қатер де аңғарылғандай... Жер шарының оңтүстік жартышарындағы батыстан соққан жын ұрғандай сойқан жел жиі-жиі дауыл тұрғызып, талай кемені жаңқаша шаққан, талай боздақ су түбіне кетіп шейіт болған.
Біз барған кезде күн ашық болғанымен, көкжиек қалың мұнарға бөгіп жатты. Алыстағы мұнар астарында бұлдырап, оқта-текте атқылаған болымсыз субұрқақты көзіміз шалған. Дүрбі ала шықпағанымызға өкіндік, киттер тобы сол маңайда, тым алыста жүрді. Су бетінде сыңсыған айсбергтерді көре алмадық, бірақ өңменіңнен өтіп, азынаған суық жел Мұзды континенттің ызғарын мықтап сездіргендей болған.
– Үміт мүйісі қасиетті орын саналады, – деді Филипп. – Оның шырқау биігінде тұрып, алдыңызда көсілген қос мұхитқа көз жіберіңіз де, іштей тілек тілеңіз?
Шүкір, тілек деген бізде жетеді ғой. Елдің тыныштығы, дос-жарандардың амандығы, бала-шаға, немерелердің болашағы дегендей, біз де білетін бірер дұғамызды ішімізден қайырып, бет сипадық.
Қорқыныш пен үрей мүйісі
Мінеки, арада төрт ғасырдан астам уақыт өтті, әлі күнге дүние жүзі теңізшілерінің құтын қашырып, зәресін алған бір тылсым аңыз бар. Орыс әдебиетінде ол «летучий голландец» деген атпен жұртқа мәлім. Мағынасына қарай қазақшаласақ, «аруақ кеме», «елес кеме» дегенге келетіндей.
Осы «аруақ кеме» жайындағы әпсана Ұлы Географиялық Ашулар дәуірінде, дәл осы Қайырымды Үміт мүйісімен байланысты пайда болған екен.
Жалпы, «аруақ кеме» туралы ақиқат пен аңыз аралас материалдар әлемдік баспасөзде жетіп артылатынына көзіміз жетті. Біз де Кейптаунның кітап дүкеніне арнайылап ат басын бұрып, осы тақырыпқа байланысты біраз кітаптар мен альбомдарды қоржындап қайтқанбыз.
«Аруақ кеме» төңірегіндегі әлгі аңыз-әпсаналар мынаған саяды...
1600 жылдардың басында голландиялық бір кеме Амстердамнан шығып, Батавияға (бүгінгі Джакарта) сапар шегеді. Кеме капитаны голландық қайсар теңізші Ван дер Деккен екен. Кеме Африканың қиыр оңтүстігіндегі Қайырымды Үміт мүйісін айнала берген жолында аласапыран дауылға тап болады. Айнадай жарқыраған ашық күн аяқ астынан қара түнекке айналып, жасын жарқылдап, аспан мен жердің албастыдай ойран-топыры шығады. Теңізшілер жанталасып дауылға қарсы тұрып, кемені аман алып қалу үшін тырысып бағады. Шошыған теңізшілер «кейін қайтайық, тыныш айлақта дауылдың басылуын күтейік» деп капитанға жалынады. Бірақ тентек капитан оларға қайту туралы ойлауға да тыйым салады. Керісінше, ол аспанға алая қарап, қос қолын ербеңдетіп лағнет айта бастайды. «Мен құдыретті теңізшімін, сондықтан сенің қарсылығыңа қарамай кемемді бұл мүйістен аман алып өтем, көр де тұр!» – деп күшеніп айбат шегеді.
Кенет, кеменің үстінде бұлтпен араласқан адамның бет пішіні пайда бола кетеді. Ол өзін Жаратушының жіберген өкілі екенін, құдайдың құлы Ван дер Деккен мырза жаңағы ғайбат сөзін қайтып алуын сұрайды. Бас киімін шешіп, тізерлеп кешірім өтінуін талап етеді. Барған сайын екпіндей түскен қара дауылмен алысам деп ашуға мінген капитан оның сөзін аяғына дейін тыңдап та болмай жатып, тапаншасын суырып алады да, бұлт-елеске қарата атып жібереді.
Сол-ақ екен, Құдайдың өкілінің күркіреген сұсты дауысын бәрі естиді. Ол дәл осы сәттен бастап мына кеме де, оның капитаны да, теңізшілер де енді қайтып демалмайтынын, ешқашан жағаға шықпайтындарын айтып, Қиямет Күніне дейін мұхиттар мен теңіздерде қаңғып жүре беретіндерін аян етеді. «Сендер өлсеңдер де қаңқаларың кемені басқарып, қарсы жолыққан өзге кемелер мен теңізшілердің зәре-құтын қашырып, мәңгілік қорқынышына айналатын боласыңдар» дейді де, ғайып болады.
Бұл аңыз тез-ақ ұмытылып кетер ме еді, кім білген. Алайда, содан кейінгі жылдары Кейптаун аймағынан, Үміт мүйісінің маңынан «аруақ кемені» көрген елге қадірлі, жұртқа сыйлы, сөзі орнықты адамдар да табыла бастайды...
1857 жылдың ақпанында Деккеннің кемесі мен оның үстінде жүгіріп жүрген адам қаңқаларын «Джозеф Сомерс» кемесінің теңізшілері жақын жерден байқапты.
«Аруақ кемені» 1881 жылдың 11 шілдесінде корольдік флоттың «Ин-констант» атты кемесімен Сиднейге сапары кезінде қасындағы 13 кісімен бірге 16 жастағы ханзада Джордж, яғни болашақ Ұлыбритания королі V Георг та көреді. Осы оқиғаны ол өзі келе жатқан кеменің вахта журналына растап жазып кетеді.
1872 жылдың 4 желтоқсанында ашық мұхитта өз бетінше қалқып бара жатқан «Мария Селеста» атты американ бригантинасына «Дэй Грейша» желкенді кемесі кезігіп қалады. Екі айдан бері жоғалып кеткен бригантина бортында тірі жан болмай шығады. Команда асығыс көшіп кеткен сияқты. Пираттар шабуыл жасады дейін десе, ештеңе тоналмаған, ештеңе де қирамаған, заттардың бәрі орнында. Бұл оқиға «аруақ кеме» жайындағы әңгімені одан әрі өршіте түседі. «Мария Селеста» баяғы «аруақ кемеге» кез болып, экипаж қаза болған деген де қауесет тарайды.
1939 жылы Үміт мүйісінің етегінде жағажайда демалып жатқан 60 адам тып-тынық теңіз бетімен қалқып бара жатқан «аруақ кемені» айқын көреді.
1942 жылдың қыркүйегінде Кейптаун мен Үміт мүйісінің арасындағы Мойл-Пойнт деген жерден төрт кісі он бес минут бойы голландтық «аруақ кемені» тамашалапты. Аруақ кеме соңына жарқыраған сәуле тастап, көлденеңдей өте берген.
1939 жылы саяхатшы жолаушылар Үміт мүйісінің Атлантика жағалауынан тозығы жеткен, ескірген желкенді кемені алыстан байқайды. Жолаушылардың сұрауы бойынша капитан әлгі кемені қызықтап, жақындай түседі. Бірақ бұлар тақай бергенде желкенді кеме кенеттен көзден ғайып болады. Бұл құбылысты саяхатшылар ғана емес, жағажайдағы демалушылар да көреді. Кейінірек көрген-білгенін жағажайдағы құтқару станциясының мамандары «Гленкарин жағажайы» журналына мақала етіп жариялайды.
1942 жылы, соғыс жылдарында немістің бір сүңгуір қайығы да өзінің борт журналына «аруақ кемені» көргенін тіркепті.
«Аруақ кеме» теңіздің тымық кезінде де желкендерін дауыл үрлегендей жылдамдықпен ағып өтіп, көк мұнарға сіңіп кете барады екен. Жалпы, ел арасында оны көрген адам оңбайды, қарғысқа қалып, қатерге душар болады деген де сенім қалыптасқан.
«Тексада» деген клипермен жолаушылап келе жатқан А. Савиньи атты француз жазушысы «аруақ кемемен» кездесудің нәтижесі жайында тарата жазып кетіпті. Оны көргендердің бәрі жағаларын ұстап, қатты шошыған. Теңізшінің біреуі тілі күрмеліп, кекеш боп қалыпты. Келесі күні дауыл кезінде бес матросты палубадан толқын шайып қаза табады. Үшінші күні матростың бірі мачтадан құлап, сеспей қатады. Клипердің капитаны аяқ астынан қояншығы ұстап, өзін-өзі атып тастайды. Тірі қалған экипаждың жарымы жағалауға жетпей сары аурудан көз жұмады. «Ин-констант» кемесіндегі Джордж ханзада қарғыстан аман қалғанымен, «аруақ кемені» бірінші боп көрген штурман сол күні грот-мачтаға шығып бара жатқанда аяғы тайып кетіп, палубаға құлап өліпті.
1913 жылдың қазанында ағылшынның әскери бір пароходы Атлантиканың батысында мұхитта барлық желкенін жайып жіберіп, жүзіп жүрген өз елінің «Марлборо» атты кемесіне кезігеді. Бұл кеме баяғыда, осыдан 23 жыл бұрын Жаңа Зеландиядан Британияға қайтып келе жатқанда қос мұхиттың түйісінде із-түзсіз жоғалып кетіпті. «Марлбороның» бортына көтерілген куәгерлер әр жерде шашылып жатқан адам қаңқаларын көреді. Трагедия жөнінде борт журналында әлдебір дерек қалған шығар десе, журналды мүк басып, дымқылданып шіріп кетіпті. Ақыры, «Марлборо» да осы маңайда «аруақ кемеге» кездескен-ау деген тұжырым жасалады.
1948 жылғы 8 ақпанда голландиялық «Уране Медан» пароходынан көмек сұрап жалынған сигнал түседі. Радист «Офицерлердің бәрі өлді, капитан да қаза тапты... Мен ғана әзірге тірімін» деп жазыпты. Сәлден кейін оның жіберген соңғы хабары «Мен де өліп барамын» деген сөз бопты. Оларға жақын маңайда жүрген бір кеме дереу көмекке ұмтылып, арада бірер сағат өткенде пароходтың палубасына көтерілсе – мостикте өліп жатқан капитанды, руль мен штурман рубкасына айқыш-ұйқыш асылып қалған офицерлерді, кают-компания еденінде серейіп жатқан бірнеше матростарды көреді. Өлгендердің денесінде ешқандай арпалыстың да, жарақаттың да ізі жоқ. Бәрі де көздері шарасынан шыға алайып, әлдебір қорқыныштан бет-әлпеттері қисайыңқырап кетіпті. Мәйіттерді қалаға апарып, дәрігер-сарапшыларға тексерткен кезде бәрінің де жүректері жарылып өлгендері анықталады. Бұл оқиғаны да жұрт «аруақ кемемен» байланыстырады.
«Аруақ кеме» жайындағы алғашқы кітап 1795 жылы жарық көреді. «Ботаника шығанағына саяхат» атты бұл кітаптың авторы Джордж Баррингтон деген кісі бопты. Ел арасына кең тараған бұл аңыз әйгілі композитор Рихард Вагнерді шабыттандырып, 1843 жылы «Аруақ кеме» атты тамаша операның жазылуына себепкер болады. Вагнер ғана емес, сол заманның Джордж Родуелл деген тағы бір композиторына да опера жазуға түрткі болады.
1839 жылы ағылшын жазушысы Фредерик Марриет «Елес кеме» атты роман жазып, капитан Ван дер Деккеннің ұлы Филипптің, яғни құдайдың қарғысына қалған әкенің кесірінен өмірі қор болған жігіттің басынан кешкен тайғақ тағдырын суреттейді.
1909 жылы орыстың ұлы ақыны Николай Гумилев те «аруақ кемеге» «Но в мире есть иные области» атты өлеңін арнапты. Тіпті, Александр Гриннің «Капитан Дюк» атты әңгімесінде де елес кеме елестеп өтеді.
Бұл тақырып ХХ ғасырдың соңында да өзектілігін жоғалтпай, бұқаралық мәдениеттен ойып тұрып өз орнын алған сияқты. «Машина времени», «Наутилус-Помпилус», «Отражение», «Карнавал» рок-топтары капитан Ван дер Деккеннің тағдырын арқау етіп өлеңдер шығарған. Ол өлеңдерді нәшіне келтіріп шырқай білген. Сондай-ақ, бірнеше музыкалық магниттік альбомдар жарық көріп, жастар арасына кеңінен тарап кеткен.
Мұндай мысалдар легі күні бүгінге дейін толастаған жоқ.
Скептиктер «аруақ кеме» туралы аңызды бұлаңытқан сағым, бұлдыраған мираж-елес қана, алыста жүзіп бара жатқан кемелердің мұхит бетінде шағылысқан сәулесі деп байбалам салады. Алайда, куәгерлер ол кеменің бұл заманның кемесіне мүлдем ұқсамайтынын, орта ғасырдың тозығы жеткен ескі, желкені жырымдалған ағаш кемесі екенін дәлелге тартады. Ол әңгімелер біріне-бірі қатыссыз болғанымен, кемені суреттеулері ұқсас шығып жатады. Кеменің суретін сызып көрсеткенде, олар расымен Голландиядан Вест-Индия аралығында жүрген орта ғасырлардың кемелерінен айнымай қалады. Біреулерге Деккен кемесінің суретін көрсеткенде, «ия, дәп осы» деп тани кетіпті. Куәгердің біреуі суретшілік өнерден хабары бар кісі екен. Ол қолына қағаз бен қарындаш алып, өзі көрген кеменің нобайын жобалап шимайлап береді. Суретке сызғаны баяғыда жоғалған «аруақ кемеге» ұқсас болып шығады.
Кейбір зерттеушілер осы әңгіменің көбісі ойдан шығарылған өтірік те болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Десек те, мінезге бай, жауапкершілікті түсінетін байсалды капитандардың айтқандары, қала берді ағылшын тағының мұрагері Джордж ханзаданың жазып кеткеніне қарасақ, бұл оқиғалар шын да болуы ғажап емес. Ертегіге ұқсаған, тылсым сырға толы осы әңгімелердің астарында «Құдай тағаланың барына шүбәң болмасын, бір Жаратқанның бары хақ, оған тіл тигізіп қарғысына қалма» дегендей ұрпаққа айтар тағлым жатқандай.
Қайтар жолда
Кейптаун дүние жүзі бойынша дөкей толқындармен алысқан серфинг спортының астанасы деседі. Спорттың бұл түрі әуел баста осы қалада өмірге келіпті. 10–15 метр толқын бұл маңайда жиі көрініс, қалыпты жағдай болса керек. Қос мұхит тоғысар тұста, жылы ағыс пен суық ағыс қағысар жүлгеде әйдік толқындар пайда болады екен. Африка ғана емес, жалпы жер жүзіндегі арқыраған алып толқындар тек осы маңайдан табылмақ.
Біздің гид Филипп қайсыбір жылы мұхиттағы толқынның 30 метрге жеткенін айтып, қасын керіп желпініп қойды. «Өйдөйт деген, бұл толқын емес, цунами ғой! – деп біз сенімсіздік таныттық. – Ондай толқын жағалауды шайып кетпей ме?» – деп басымызды шайқадық. «Қала құрылыққа дендей енген шығанақта тұр, ал әлгіндей дөй толқындар ашық мұхиттың жалаңаш жағалауында ғана кездеседі», – деп жауап берді Филипп.
Қалаға қайтып келе жатқанда, жағалауға жөңкілген аққұла толқынның жалында ойнаған серфингшілерді біз де көрдік. Таудай толқын ішінде арпалысқан спортшылар қара ноқаттай ғана. Расында да нағыз жүрек жұтқандар осылар ма дерсің!
Бұл суларда серфингшілерге үш түрлі қауіп бар екен. Біріншісі, Атлантика тым салқын, адамға суық тию қаупі жоғары. Екіншіден – спортшылар рифке соғылып қатты жарақат алуы, тіпті мерт болуы да әбден мүмкін. Үшінші – бұл суларда ойқастаған ақ акула аққұла қалың болады деседі.
Жолай арнайы бұрылып, Үміт мүйісін тұңғыш ашқан Бартоломео Диастың құрметіне қойылған зәулім ескерткішке барып тағзым еттік. Дәл осындай ескерткіш-белгі Үндістанға жол шеккен Васко да Гамаға да түбектің келесі бір тепсең биігіне қойылыпты. Оны да алыстан болжап өттік.
Осында жүріп бір аңғарғаным, бұл жақтың аспаны аласа сезілетіндігі. Оңтүстік жартышардың аспаны ғана емес, жұлдыздары да басқаша болатынын бұрын да оқығанбыз. Расында солай боп шықты... Ай ғана ескі таныстай мұңая сүзіледі төбеден. Жетіқарақшы, Темірқазық, Үркер дегенді бұл жақтан көре алмайсыз. Бұл аспанда «Оңтүстік крест» деп аталатын әйгілі жұлдыздар шоғыры бар. Оның ұзын тізбегі, біздегі Темірқазық жұлдызы секілді, тұп-тура Оңтүстік полюсті нұсқайды.
Елге қайтып келгеннен кейін де қазақтың табаны сирек түсетін алыс қиырдағы Кейп түбегі, оның мәртебелі парасат билеген айрықша көркемдігі көз алдымнан кетпей, табиғатының әсемсал сипаты әсерінен көпке дейін айыға алмай жүрдім.
Есте қаларлық, ел мен жұртқа айта жүрер ерекше сапар болғасын да, уақыт бөліп хатқа түсіріп, осы әңгімені оқырман назарына ұсындым.