ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты
Жазушы Әлібек Асқаровқа
Шілдеде қалың киім киіп алып,
Жүресің Мұзтау жаққа жиі барып.
Алтайдың шыңдарына шыққан кезде,
Тұрады төбең көкке тиіп анық.
Сімірген көктен сусын зер кесемен,
Бақытты жан болмайды сонда сенен.
Қырандай қанатыңды қағасың бір,
Құтылып тар дүние - тар көшеден.
Көңілің көбелектей алып-ұшып,
Тау-таспен табысасың сағынысып.
«Алтайдай жер қайда?» - деп аңыраған,
Ауғанда күні кеше ел ығысып.
Талай жан туған жерді көрсем деген,
Жас алып жанарына кемсеңдеген.
Сарғайып сағыныштан жан тербеген,
Әлеке, мен де өзіңдей сан шөлдегем.
Қаламың қолда барда, жан бауырым,
Халқыңның толға мұңын, толға жырын.
Алтайдың жартысынан айырылған,
Кім білер, біз білмесек жер қадірін?!
Айтпай-ақ белгілі ғой ендігісі,
Ешқашан үмытылмас ердің ісі.
Еске алып күрсінесің елестесе,
Көзіңе Оралханның кербұғысы.
Көктемдей көкірегіңде үміт гүлдеп,
Жайнайсың жалындаған жігітпін деп.
Алтайды көрген сайын елжірейсің,
Мұзтауды жүрегіңмен жылытқың кеп!..