Исі түркінің атажұрты Астана бүгінде қай қырынан алып қарағанда да шынайы елордалық сипатқа ие болған. Бұл сипат қалада баспа ісінің жақсы жолға қойылуынан да келісті көрінеді. Қазақтың қарымды қайраткер азаматы Нұрлан Исабеков басқаратын «Фолиант» баспасы тамаша кітап өнімдерімен жұртшылық көңілінен шығып келеді. «Фолиант» жасап жүрген игілікті шаруаның бірі – «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен жарық көріп жатқан кітап-альбомдар. Бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Қазығұрт», «Отырар», «Ерейментау», «Баянауыл», «Шиелі» альбомдары шыққан бұл серия таяуда «Катонқарағай» атты тың туындымен толықты. Авторы – танымал қаламгер Қайырды НАЗЫРБАЕВ. Біз бүгін оқырман назарына көрнекті жазушы Әлібек Асқаровтың кітапқа алғысөзін ұсынып отырмыз.
Ауылдан кеткенімізге қырық жыл өтсе де, әлі күнге туған жер, өскен ұядан кіндігімізді үзіп көрген емеспіз. Қазір сонымызға іштей марқаямыз, шүкіршілік етеміз.
Жылына бірер мәрте болса да барып, туған жердің топырағына аунап-қунап қайтпасақ – ойымыз алаң, ұйқымыз мазаң.
Менің «туған жер» деп отырғаным – Бұқтырма суқоймасынан өткен бойда басталатын Өр Алтайдың үйрек ұшып, қаз қонған құйқалы мекені – Катонқарағай ауданы.
Асылық айтсақ кешірерсіздер, сол Өр Алтайда біз бармаған өзен мен көл, біз баспаған тау мен тас та сирек секілді. Көз жетер жердің бәрін армансыз араладық, көңіл жетер көкжиектің бәрін тамашалап қайттық. Бәрібір Алтайдың ару көркіне, тұңғиық тылсымына құмарымыз бір қанған емес.
Ақыры, қарай-қарай қалаға аттанасың, соңынан көрген-білгеніңді сағынышпен еске аласың, сосын көкіректе буырқанған әсерді қағаз бетіне түсіруге тырысасың.
Сөйтіп жүріп туған өңірдің тағдыр-талайы мен таңғажайып табиғаты жайында төрт деректі дүние жазған екенбіз. Повестер ме, эсселер ме, әлде ғалымдар айтқандай, сафари жазбалары ма, әйтеуір көңілдегі арман мен сырды шама-шарқымызша ақтарғанбыз. Бәрібір, Алтай кереметін әлі де айта алмай жүргеніңе булығасың, туған жер сұлулығын жеткізем деп сөз таба алмағаныңа аласұрғандай боласың. Олай болатыны – Алтай шын мәнінде жұмбаққа толы тылсым өлке.
Алтайды қаншалықты білемін десең де оның қатпары қабат-қабат. Ашылмаған құпиясы, айтылмаған әні, жазылмаған тарихы жетіп жатыр. Алдымда жатқан «Катонқарағай» атты мынау кітаптың қолжазбасын парақтай отырып, мен осы ойымның растығына тағы бір көз жеткізгендей болдым.
«Фолиант» баспасы жастарды елдік дәстүр, отаншыл рухта тәрбиелеу мақсатында біршама бастамалар көтеріп жүрген Астанадағы рухани орданың бірі. Баспаның ондай ізгілікті шаруаларынан біз де хабардармыз. Солардың бірі – «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы. Осы серияға Катонқарағай өңірі туралы да кітап-альбомның кіргенін қуанышпен қабыл алдым.
Бұл кітап – ауданның белгілі бір мерейтойына арналып, құрғақ мақтау, көпірген көлдей мақалалардың басын құраған дүние емес. Керісінше, ауданның арғы-бергі тарихын барынша қамтуға, өңірдің өзіндік ерекшелігіне, тұмса табиғатын бейнелеуге, оларды суреттермен толықтырып, жан-жақты көрсетуге ұмтылған тәлімді дүние екені байқалады.
Кітаптың «Құба жон қорымдағы қалың тарих» атты алғашқы бөлімінде бұл өңір есте жоқ ерте замандарда сақ, ғұн, түркі тайпаларының атажұрты болғаны, олардың бұл араны мұз дәуірінде, орта палеолит заманында мекендей бастағаны сөз болады. Бұл деректер осы маңайдағы түрлі қорымдардан табылған еңбек құралдарымен, археологиялық ескерткіштермен дәлелденеді.
Әлемге белгілі Берел қорымынан табылған археологиялық ескерткіштер де кітапта кеңінен әңгімеленіпті. Оның үстіне үстіміздегі жылы дүние жүзінің он екі елінен ғалымдар, түркітанушылар, Алтайды зерттеушілер Берелде бас қосқаны мәлім. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген атпен өткізілген халықаралық бұл форум жалпы түркітанушы мамандар арасында елеулі серпіліс туғызды. Осындай жаңалықтың баршасы өңірдің тарихи-мәдени үрдістерін қалпына келтіруге өзіндік үлес қосады деген үміттеміз.
Ғалымдарымыз бүгінде Берел мәдениетінің этникалық кескін-келбетін анықтауға күш салуда. Алтай – Жібек жолының ең алғашқы торабы. Ол түркілердің шаңырақ көтерген ата мекені. Бұл өңірдің өркениеті де әлемдегі алғашқылардың қатарында болғандығы осы Алтай форумында нақты деректермен айтылды. Ендеше, Алтайдағы Берел өңірі – ежелгі түркі халықтарының мекені ретінде біздің де ата-бабалырмыздың кіндік қаны тамған жер болып есептеледі. Берелде ашық аспан астындағы мұражай салынып, оны келешекте жер-жерден келіп туристер тамашалайтын болса, ол баршамызға мақтаныш. Сондықтан кітапта Берелге арналған материалдар тобынан оқырман тағлымды мағлұмат алады деген ойдамыз.
Катонқарағайдың елі мен жерінің тарихын түгендеу барысында сол өңірді мекендеп отырған Қаратай жұртшылығы туралы, осы елдің арғы-бергі тарихында өзіндік орны бар әйгілі болыс Әбдікерім Ережепұлы, Ленин орденді ұстаз Садық Түкібаев, елдің қазіргі қадірменді ақсақалы, Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, сондай-ақ Катонқарағайдың танымал түлектері туралы қысқаша болса да мағлұматтар бар. «Тумаса да туғандай болған» деген тақырыппен кезінде осы өңірде тұрып, қызмет істеп, артында өшпес із қалдырған қазақтың белгілі тұлғалары да әңгіме болады. Олардың қатарында ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, әйгілі ғалым Сәрсен Аманжолов, Сәлкен Суханбердин мен Әміре Айтбақиндер туралы материалдардың берілуі құптарлық іс.
Катонқарағай өңіріне әлемдік деңгейде аты шыққан көптеген ғалымдар мен зерттеушілер, өлкетанушылар мен жиһанкездер келгені мәлім. Олардың қатарында Гумбольд, Аткинсон, Хельмерсен, Семенов-Тян-Шанский, Рерихтер болды. Таңғажайып табиғатқа көз сұғын қадаушылар да жеткілікті еді. 19 ғасырдың екінші жарымында Катонқарағайдың Шабанбай атты шұғылалы зор аймағы ақ патшаның иелігіне өтіп, қарапайым қазақ көк шалғынды жайлауынан, мал жаяр өрісінен айрылып қалған. Сөйтіп, әйгілі қазан төңкерісіне дейін жайлауға шықса да, мал жайса да патша ағзамға арендалық ақы төлеп қиналған. Осы өңірдің тумасы, қазақ әдебиетінің бүгінгі ақсақалының бірі Қалихан Ысқақ ағамыз былай дейді: «Катонқарағай десе, «бұл екінші Швейцария ғой» дейтін жаман әдет бар. Швейцария заманнан бері тапталып қалған сарыжұрт қой, оның қасында Алтай төр жайлаудың сонысы емес пе! Дүние жүзінде біз де талай елді шарлап көрдік. Катонқарағайды солардың бірімен де салыстырғым келмейді».
Алайда, осындай таңғажайып өлкенің тарихы мен сұлу сипаты бір кітапқа сыймасы өзінен-өзі түсінікті. Оның үстіне бір қосылып, бір ажырап жүргенде Үлкен Нарын өңірінің шежіресін жинау ісі кенжелеп те қалғаны байқалады. Дегенмен, ел аман, жұрт тыныш болса, ондай олқылықтардың да орнын толтырар уақыт келер. Әзірге қолда барына ризалық етіп, бұл кітапқа ақ жол тілейік, ағайын.
Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.