Бала күнімізде Көккөл жайында көп әңгіме естуші едік. Үлкендер жағы ондайда әзіл-күлкіні тыя қойып, өзгеше салмақтана қалысатын. Сосын сараң бастап, сыздана сөз қозғайтын. Көккөлдегі кен қазу анау айтқандай құпия да болмаған сыңайлы. Бірақ біздің ағайындар Көккөлдің атын естісе көңілдеріне алаң бітіп, көп жағдайда тура жауаптан жалтарыса беретін. Содан ба, Көккөл бейнесі біздің санамызда бұлдыр-бұлдыр сағымдай қалып қойған.
Енді бағамдасақ, Көккөл әлгі адамдардың өміріндегі ең азапты, бейнетті жылдары болған екен ғой… Бейнетті болғаны соншалық, Көккөлді артық рет еске алудың өзі жандарын жаралағандай. Зіл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыз түгелге дерлік өмірден озып кетті. Өкініштісі – бәрі де ерте кетті. Көбісі қырық пен елудің ішінде, ұзағаны алпысқа жете жығылды. Көккөлден соң өмір бойы көксау боп қалған менің Уатай атамның өзі әйтеуір өзін-өзі күткенінің арқасында (екі жыл ғана шахтер болған, қалған уақытта ұсталық жасапты) алпысты еңсеріп барып көз жұмды ғой. Бәрінің дерті біреу еді – ол “селикоз” болатын.
Селикоз деген – өкпеңді шахтаның шаңы қамап, “цементтеп” қатырып тастайды. Құдайдың ауасын кеудені кере армансыз бір жұтуға зар болып, тынысың тарылып, ақыры тұншығып өлесің.
Қазір Көккөл туралы әңгімені айтар ағайын жоқтың қасы: аймақ бойынша қарайып бірер кісі ғана тірі жүр. … Жалпы Алтайды армансыз аралаған адамның бірі біз шығармыз. Бала күнімізде қой бағып, бозбала шағымызда шөп шауып дегендей, Шабанбай мен Тарбағатайдан оңды-солды ойқастап түк қалдырғамыз жоқ. Кейін Иректің үстінен Марқакөлге дейін, Маралды ауылынан Қатын өзеніне дейін күн жүріп, түн жүріп жаяу да бардық. Таулы Алтайды Қосағашымен қоса айналып, Жазатыр басып Ақалақадан ел жаққа асып түстік. Осы сапарда Шындығатайдың шың биігінен Қазақстанға құлар тұста ардақты ағамыз Ілия Жақановтың өзімен бірге “Еділ мен Жайықты” шамырқана шырқағанымызды қайтіп ұмытарсың.
Кейін Оралхан Бөкеевті бас етіп, Аршаты тауларының биігінде, ел сирек баратын алыстағы ғажайып Шәңген көлінің жағасында да бірер күн жатып қайттық. Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, құлыны тайдай көрінер, қыздары айдай көрінер деседі ғой… Жылына бір келер демалысымызды қалай мақтасаң да маңдайына сиятын Алтайды аралауға арнаушы едік.
Сөйтіп туған жер төсінде аунап-қунап қайтудан асқан рахат бар деп білмейтінбіз. Осылайша қаншама жерді араладық, қаншама жер көрдік, бірақ Көккөлге жолымыз бір түспей-ақ қойыпты. Әйтсе де Көккөлге бір жетсек деген арман іште үнсіз бұғып жататын. Елдегі азаматтардың мойнына міндеттеп салып та көрдік.
Бәрібір Көккөл сапарының реті келмеген.
Көккөл жолының ұзақтығы, уақыттың тапшылығы сылтау болып, сапарымыз сағыздай созыла берді. Жол түспеген соң, Көккөл де көңілдегі әдемі бір сағыныштай жылдан-жылға қордаланып жинала түсті. Содан, биылғы жыл көктем шыға Көккөлге баруға шындап бел шешкеміз. Жер ортасы жасқа келдік, бүйтіп соза берсек өмірдің де өте шығарын еске алуға тура келді. Дайындық жұмысына ерте бастан кірісіп, сапар жоспарын жүйесімен жан-жақты ойластыра бастадық.
Алдымен Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлауға ниет қылған азаматтар іріктелді. Олардың ішінде жазушы Дидахмет Әшімханов, домбыра жасау шебері, өнерпаз Жолаушы Тұрдығұлов, белгілі журналистер Сауытбек Абдрахманов пен Анатолий Гурский, баспагерлер Тұрлығазы Дуанбеков, Ахметқали Өтеғалиев, Қайырды Назырбаевтар, кәсіпкерлер Алашыбай Баймырзаев пен Амангелді Кенжиндер бар еді. Бәріміздің басымызды қосып, ақыл-кеңесін беріп, шаруашылық жұмыстарды ұйымдастыру ісін елдегі досымыз Ерен Жұмағұлов қолға алды. Ерен тау мен тайганың жөнін жақсы білетін атақты аңшы, Өр Алтай табиғатын қорушы жанашыры (қазіргі Катонқарағай Ұлттық паркінің директоры). Соңынан Ерекең бұл шаруаға өзінің қол астында қызмет жасайтын қорықшы інілері Мұқтархан Жұмағұлов пен Төлеухан Туратаевты да жұмылдырған. Осы азаматтардың іскерлігі болмаса Астана мен Алматыдан келген ағайынның жағдайы мүшкіл болғандай екен. Оған кейін, сапар барысында көзіміз жеткен.
Ерен қия-тасқа шыдамды он төрт атты ертерек таңдап, оның ер-тұрманын, жүген-саймандарын әзірлепті. Жігіттерге жылы киім, жаңбыр мен су өтпейтін плащтар, шатырлар, басқа да керек-жарақтарды дайындапты. Содан маусым орталай Тоқтар Бәженов деген ағамызды малын айдатып, жол ортадағы Сейсембай жайлауына көшіріп жібереді. Сейсембайға дейін ілдебайлап машина көлігімен баруға болады екен. Одан ары тек салт атпен ғана сапарлайсың. Машина көлігі дегенде, былайғы машина Сейсембайға тағы жете алмайтын боп шықты. Астанадан мініп келген екі “Джип” бұл жолға жарамай қалған.
* * *
Сөйтіп, шілденің ми қайнатар ыстық бір күнінде Астана мен Алматыдан жиналған достар әйгілі Берел қорғанының маңында бас қосқанбыз. Мәдениетті қолдау жылын өткізу туралы қаулысында Қазақстан Үкіметі Берел қорғанының жанынан туристік база, қонақ үй кешенін салуды міндеттегені бар-ды. Катонқарағай ауданының әкімі Алтайбек Сейітов сөзінде тұрып, қорғанның тура жанына, сылдырап аққан Бұланты өзенінің жағасына, қайың-теректі орманның ортасына әп-әдемі коттедждерді салып тастапты. Жиырмадан астам қонақ бөлмесі, асхана, демалыс беседкалары, моншасы бар. Енді қосымша бірер құрылыс салып, бильярд пен теннис столдарын қоюды ойластырып отыр екен.
Туристердің алды келіп жатқанға ұқсайды. Келген туристер Берел қорғанымен, табиғаттың көрікті жерлерімен, марал, омарта шаруашылықтарымен ғана танысып қоймайды, сонымен бірге бұғы мүйізінің сорпасына түсіп, емделіп те жатқан көрінеді. Мұзтау мен Көккөл жаққа сапарлаушылар осы жерде.
Бұланты өзенінің жағасында бір қондық та, ертеңінде “бісмілла” деп жолға шықтық. Сейсембайға басқа машина жарамайтындықтан, бәріміз “Газ-66”-ның қорабына тығылғамыз. Алдымызда тау мен тасты, қия-батпақты жүз шақырымдық жол жатты. Оның жартысын осы машинамен, қалған бөлігін атпен өту міндеті тұрды.
Шақырым демекші, Өр Алтайда ара қашықтық шақырыммен емес, уақытпен өлшенетін секілді. Оған осы сапарда тағы да көзіміз жеткен… Орман ішіндегі Язевка ауылына кірген кезде жолбасшымыз Ерен Жұмағұлов: – Қаракөлге дейін отыз шақырым ғана қалды, – деп ескертті. – Олай болса сол Қаракөліңе жете бірақ дем алайық, – дедік біз.
Ғұмыры артық сөз айтпайтын салмақты да сырбаз Ерен миығынан жымиып: – Байқаңдар, жігіттер, – деген. Соңынан сол 30 шақырымды “алпыс алты” өкіріп-бақырып, ыңыранып-ырғатылып төрт сағат жүрген кезде бәріміз де ойға қалғамыз. Қаракөлден арғы жол тіпті қиындап кеткен.
Қаракөлде ежелден пилорама бар екен, кеңес заманында Язевка мен осы пилораманың екі арасында “Маздар” мен “Краздар” ағаш тасып, арлы-берлі жөңкілеп жатыпты. Ал Қаракөлден ары біз сияқты жүрек жұтқандар ғана сапарлайтын сияқты. Қаракөлден шыққан бетте біздің жол Катунь мемлекеттік қорығының территориясына бойлай кіріп кетті. Катунь қорығы
– Ресейдегі атышулы қорықтың бірі. Сөйтіп біз Ресей жеріне еніп, Қатын (Катунь) өзенін жағалай өрлеп, бірер сағаттан соң қайыра өзіміздің Қазақстанға қайтып оралдық. Ұзақ жыл Катунь қорығының егері боп қызмет жасаған біздің жолбасшымыздың бірі – Ақәділ Сүндетбаев бауырымыз бұл маңайда аң мен құстың айрықша көптігін әңгіме етті. Әсіресе бұлан мен бұғы, бұлғын мен құндыз, кәмшат пен күзен көп кездеседі дейді.
– Бағана өздеріңіз көрген Қаракөлде язь деген балық өседі, – деді Ақәділ.
– Қазақ оны шиқылдауық балық дейді. Ұстасаң болды, аузын ашып шиқылдай береді. Одан беріректегі шекарадағы дөңгелек көлді – Нәлім көлі дейді. Ол көлде иісі Алтайда кездеспейтін нәлім дейтін балық өседі. – Нәлім қайдан пайда болған бұл жаққа?
– Язь да, нәлім де табиғаттың жұмбағы. Олар ғылымда эндемик түрлер ретінде қарастырылады. Жалпы бұл қорықтың да территориясына кіруге қатаң тыйым салынған тәрізді, көзге түссең айыппұл төлетері сөзсіз.
Мұзтауға бастар жалғыз жол осы болғандықтан біз қорыққа амалсыз кірген екенбіз. Әлдебір күміс қоңыраудай сылдырап аққан бұлақтың жағасына қызылды-сарылы палаткалар тігіп тастап, от жағып, тамақ ішіп жатқан табордай топқа жолықтық. Сақалдары өскен еркектер, шорты, джинсі киген қыз-келіншектер, гүл теріп мәз болған бала-шаға. – Бұлар рерихшілер ғой. Шамбалаға табынып, Мұзтауға кетіп бара жатқандар, – деді де, Ерен машинаны тоқтатып, бізге бес-он минөт үзіліс жариялады. Біз де сол үзілісті пайдаланып, бұлақты жағалаған жұртпен жүздесіп суретке түстік, шым-шымдап әңгімеге тартқан болдық. Тегі осы табордың көсемі болар, бурыл сақал біреуі қасымызға өзі келді. – Қайда бара жатырсыздар? – дедік біз бурыл сақалға. – Жер кіндігіне! – деді бурыл сақал жүзі бүлк етпей. Біз бір-бірімізге қарастық. Бурыл сақал біздің таңданысымызды сезді де, риясыз жымиып қойып өз ойын түсіндіруге кірісті. – Космостық энергияның бәрі осы Мұзтауда тоғысады. Алғаш бұл құбылысты орыстың әйгілі философ-суретшісі Николай Рерих ашқан болатын, кейін бұл құбылыс ғылым әлемінде нақты дәлелденген… – Аты-жөніңіз кім еді, ағасы? – Зиновьий Петрович десеңіз болады. Геодезиспін. Ұзақ жыл Северде жұмыс жасадым. Өзім Суздаль деген қаладанмын… – Білеміз, Суздальда болғамыз… – Апырмай, Алтайдан да Суздальда болған жанды кезіктіруге болады екен ғой, – деп Зиновьий Петрович балаша қуанып қалды. – Жер кіндігі деп Сіз сонда Мұзтауды айтып тұрсыз ба? – Иә, осы Мұзтаудың маңайы… Бұл тұста атмосфера қабаты аса жұқа. Космостық энергияның қуаты сондай, жыл бедерінде Мұзтаудың басы небәрі 14 күн ғана ашық тұрады. Қалған уақытта жағаға соққан судың иіріміндей бұлт тұмшалап, шыр көбелек айналып жатқаны. – Қызық екен… – Ешқандай қызығы жоқ. Бұл көзі қарақты азаматтардың бәріне белгілі аксиома. Байқайсыздар ма, Мұзтау пәлендей биік тау емес, небәрі 4506 метр ғана. Мұзтаудан әлдеқайда биік, әдемі әрі әсерлі шыңдар толып жатыр. Сөйте тұра неге жұртшылық Мұзтауға ағылады. Ойладыңдар ма осыны! – Қызық екен… Дәл осындай әңгімені баяғыда бір естігеніміз бар. Есімізде еміс-еміс қалған сол бір деректерді Зиновьий Петрович қайта жаңғыртып отыр. Біз үлкен жаңалық ашқандай күйге түсіп, қош айтыстық та машинамен ырғатылып тағы кете бардық. Бірер сағаттан соң тайга ішіндегі сыңар соқпақтың бойында тізіліп кетіп бара жатқан қызылды-сарылы тағы бір топқа кезіктік. Алдарында аттылы екі қазақ жігіті, жалданған жол көрсетуші қойшы-қолаң. Омыраудағы нәресте болар, ат үстіндегі екі қазақ үш кішкентайды қолтықтарына қысып алыпты. Машинаны тоқтатып, аяқ жазып жерге түстік. Бізді көріп, тізілген табор да демалыс жасап, көгал үстіне аяқ серпіп отыра-отыра кетісті. Босқа тұрмай, бұл жүргіншілермен де жөн сұрасып шүйіркелесе жөнелгеміз. – Қайда бет түзедіңіздер? – Қалай десек екен… Жердің кіндігіне бара жатырмыз десек сіздерге ұғынықты бола ма? Бұлар бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай сөйлейді екен. – Анау жақта сіздер сияқты бір топты кездестірдік. Олар да сіздің адамдар болар? – Топтар көп қой бұл жақта… Біз Иркутскі жақтан, Байкалдың маңайынан келе жатқан жандармыз… Мұзтауға келіп жүргенімізге көп жыл болды. – Байкалдай әдемі жер тұрғанда, алыстағы Алтайға несіне әуре боп келіп жүрсіздер? – Бұл Мұзтау ғой!.. Осы арада кейіндеп тұрған бір сары жігіт бірер аттап бізге жақындады да: – Сіздер қазақ боларсыздар, қазақ болсаңыздар Ашина бабаларыңды білетін шығарсыздар? – деп түйіле қалды. Біз бас изедік. – Білсеңіздер сол, күллі түркінің ата тегі болған Ашина өзінің бес жүз жігітімен осы Орталық Алтайда тығылған, осы төңіректі пана еткен. Менің атым Мансур, татармын, яғни Ашина менің де бабам. Тарихта Ашинаның жігіттері кен қазып, темір өндіргені айтылады. Соңынан бес жүз жігіт ересен қуаттанып, көрші ұлыстарды бағындырған, сөйтіп түркі мемлекетінің негізін қалаған. Осыдан бір күн бұрын еңісте Сауытбектің жалпы адамзаттың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуі Алтай тауында басталғанын әңгімелеп жатқаны ойыма оралды. “Қоладан жасалған ауыздық аттың езуін тіліп жібереді, содан ат алыс жолға шыдамайды, аттың қатты шабуы да, жорық көлігі болуы да темір ауыздық шыққаннан кейін басталған, соған алғаш қол жеткізген көне түркілердің жер-дүниені дүбірлетіп жібергенінің негізгі себебі сол”, деп еді досымыз. – Ол деректі Гумилевтен оқығамыз, – деп біз де бірдеңе білетінімізді сездірдік. – Гумилев оны Бичуриннен алған, – деді Мансур. – Әңгіме онда емес, әңгіме – мемлекет құратындай алапат қуат Ашинаның жігіттеріне қайдан келді? Саны қазіргі бір батальонға да жетпейтін сарбаздар ғой. Осыны ойладыңыздар ма? Біз жауап таппай, иығымызды көтердік. – Олар осы Мұзтаудың маңайын паналаған. Мұзтаудан қуат алып, осы жерден өсіп-өнген. Сондықтан барша түркі жұрты Мұзтауға идолға табынғандай табынуы міндет. – Қызық екен… – Өз басым осы Мұзтауға үшінші рет келе жатырмын. Мұзтауға өзімнен басқа табынып жүрген бір қаракөзді көрмедім. Табынғанның бәрі де басқа халық. Іргеде отырған қазақтың ай қарап жүргеніне таңым бар. – Ашинаның Мұзтау маңайын паналағаны жөнінде Сіздің ғылыми дәлеліңіз бар ма? Мансур “осындай да сұрақ бола ма” дегендей көзін бір бажыраң еткізді де, түкті иегін сипады. – Сенім керек, ағайын, – деді төмен қарап күрсініп. – Ішкі бір сенімің болмаса, түйсігің болмаса, несіне адам атанып жүрміз… Біз тағы бір жаңалық ашқандай күйде ошарылған топпен қош айтысып, машинаға отырдық. * * * … Кейіннен, Астанаға қайтып келген соң Интернеттен Шамбала туралы біраз ақпаратты ақтарғамыз. Шамбаланың мағынасы “Беловодье”, яғни жер жаннаты деген ұғымды береді екен. Жер үстіндегі Шамбала – көкорай майсалы мамыражай мекен, үйрек ұшып қаз қонған сулы да нулы жер. Ал жер астындағы Шамбала – хош иісті гүлдермен көмкеріліп, қымбат тастармен әшекейленген, алтын зерлі жарқыраған қала. Бұл таңғажайып қалаға кірер екі есік бар. Оның оңтүстіктегі есігі Гималай тауларының гүлжазиралы бір аңғарында, Брахмапутра өзенінің бастауында. Солтүстік есігі Алтай тауларында, Мұзтаудың маңайында деседі. Ал енді осы жер жаннаты – Беловодье жайында орыс жылнамаларында да біршама дүние айтылыпты. 981 жылы Киев князі Владимир Святославович өзіне отыз үш жасар монах Сергийді шақырып алып, оған Жер жаннаты – Беловодьенің қайда екенін анықтап, сол жерді табу керектігі жөнінде тапсырма береді. Сергий не істерін білмей, құдайға құлшылық етіп, одан жалбарынып көмек сұрайды. Жетінші түні Сергийдің түсіне өзі монах болған Афон монастырінің настоятелі кіреді. Ол Жер жаннаты – Беловодье туралы аңыз айтады. Көне заманда Византияның белгілі бір патшасы өз дініне көңілі толмай, бүкіл елдегі ақылдыларды жинап алып, жақсы дін таңдау үшін қайда елшіліктер жіберу керектігін сұрайды. Ақсақалдардың ішіндегі ең кәрісі орнынан тұрып: “Алыс Шығыста мәңгілік сұлулық пен ақиқат елі – Жер жаннаты туралы айтады, бірақ ол жаққа кез келген адам бара алмайды, сол елдің тұрғындары осы мақсатқа лайық деп танығандар ғана бара алады деп маған өз ұстазым айтып еді”, – дейді. Византия патшасына бұл аңыз ұнайды да, бас етіп әлгі қарияны сайлап, Шығысқа елшілік аттандырады. Олардан көп уақыт хабар болмайды, тек 20 жылдан соң әлгі қария ғана оралады. Көп жылға созылған қияметті сапарда қасындағы серіктерінің бәрі қаза болыпты. Түсінде көргенін Сергий князьге баяндайды. Князь тыңдап болған соң Византия патшасы сияқты ол да 333 адамнан тұратын елшілікті жолға дайындайды. Оларға Шығысқа, тек күнге қарсы жүріп отыруға бұйрық беріп, ұзақ-сонар сапарға аттандырады. Олар үш жылдан кейін қайтып келуі тиіс деп күтіледі, алайда олар үш жыл емес, отыз жылда да оралмай қояды. Жер жаннатына елшілік жібергеннен кейін арада 49 жыл өткенде Царьградтан бір жасы ұлғайған монах келеді. Ол Киевте жеті жыл елеусіз өмір сүріп, ажалының жақын қалғанын сезген кезде, көпшілікке бақұлдасу сөзін айтыпты: “Мен баяғы ұлы князь Владимирдің Жер жаннатын іздеуге жіберген елшісі боламын. Біз бөтен ел, бөтен жермен екі жыл жүріп, жылқы мен адам қаңқасына толы бір шөлге іліндік. Ақ сөңке боп шашылып жатқан қаңқаларды көрген кезде серіктерім шошып, көпшілігі кері қайтып кетті. Тек екі жолдасыммен мен ғана қалдым. Аптап пен аштыққа, сусыз шөлге қарамастан біз Шығысты бетке алып жүре бердік. Еңбегіміз ақталып, жолай бізге бір кездері Жер жаннатында болған кісі жолықты. Ол кісі бізге жөн сілтеп, қасымызға жолсеріктер қосып берді. Көптеген қиыншылықтан соң біз бір жазиралы тауға шықтық. Қасымдағы жолдастарым науқастанып қалды, ал жолсеріктер ары қарай барудан бас тартты. Мен тіптен жалғыз қалдым, қасымда тірі жан болмады. Бірақ мен жігерімді жасытпадым. Менің кеудем бақыт пен шаттыққа толып, жүрегімді белгісіз бір қуаныш сезімі билей берді. Мен саяхатымның мақсатына жақын екенімді әрі оған міндетті түрде жететінімді сездім”, – деп есіне алады. Сергий монахтың бұдан әрі айтқаны – ақыл-есі кіресілі-шығасылы жағдайда ол тау соқпақтарымен тоқтаусыз жүре береді. Төртінші күні кешке қарай оны белгісіз бір тілде, бірақ Сергий түсінетін тілде сөйлейтін бір адамдар тауып алады. Осылай орыс монахы ғажайып Жер жаннатына жетеді. Ол туралы Сергий былай дейді: “Менің көргенімнің бәрін айтуға тіл жетпейді. Бірақ мен шамам келгенше айтуға тырысайын. Ең бірінші айтарым, Беловодье – ертегі де, аңыз да емес, ол шындық…”. Соңынан монах қайтыс болады, бірақ Жер жаннаты туралы оның әңгімелері ауыздан ауызға тарап, көп адам “күнге қарсы” сапар шегуді армандайды. Осы жолмен 1926 жылы орыстың атақты философ-зерттеушісі, суретші Николай Рерих те жүріп өткен екен. Өзінің саяхаты туралы Рерих: “Оңтүстіктегі орыс жазығы мен Кавказдың солтүстігіндегі далалар арқылы Алтайға түзу сызық жүргізіңдер, ал одан соң оңтүстікке бұрылыңдар. Егер осы бағытпен жүре берсеңіз, міндетті түрде Алтайдағы Белуха (Мұзтау) тауына барып тірелесіз”, – деп жазыпты. Осылайша Жер жаннаты орыс халқы үшін ең бір арманды мақсат болып қала беріпті. Алтайдағы Мұзтауға барған адамдар нағыз әсемдік пен әділдік патшалығын табады деп иланған. Қасиетті Мұзтаудың маңындағы адам жүрмес шатқалдарында шұғылалы әлем – Шамбалаға кірер есік бар деп сенген. * * * Ымырт үйіріліп, қас қарайған шақта қалың орманның ішінен шығып, көк шалғынды кең аңғарға қарай құладық. Аңғардың қос қапталы бастарын қар шалған өркеш-өркеш таулар, сілемденіп көз жетер көкжиекке дейін созылып кете барған. Аңғардың түстігі шоқтанған қарағай, терістік жағы ұйысқан қара орман. Сай табанында мың бұралып сылаң қаққан арналы өзен. Төңіректі қараңғылық жауып түн түндігі көмкерсе де өзен күміс шашбаудай жалтырап жатыр. – Бағана Берелдің қасындағы Ақбұлақ осы, бұл жоғарғы ағысы, – деп Ақәділ етектегі өзенді иегімен нұсқады. Аңғардың орта тұсынан жылт етіп от көрінді. Бізді сарыла күтіп отырған Тоқтар Бәженов ағамыздың киіз үйі сол боп шықты. Ажылдап айлы түнде қабақтан құлаған біздерді Тоқаң құшақ жайып есік алдында өзі қарсы алды: – Аттарың дайын… Менің үлкен ұлым Тұрсынханды сендерге жолбасшы етіп жіберейін деп отырмын. – Тоқаң мән-жайды келген бетте айтып жатыр. – Көккөлдің жолын ұлым екеумізден басқа жан білмейді… Ертең таңғы салқынмен шығып кеткендерің жөн. – Ақәділ, сені бұл төңіректің соқпағына дейін біледі деп мақтаушы еді ғой? – Олары рас, бұл жақта мен білмейтін соқпақ жоқ. Бірақ, мойындау керек, Мұзтау мен Көккөлге барып көрмеппін. – Ақәділ кінәлі жандай желкесін қасыды. Тоқаңның дастарқанынан дәм татып, сапырған сары қымызға сусындаған соң, далаға лаулатып от жақтық. Сосын баршамыз отты күргейлей жайғасып, түн жарымына дейін әңгіме соқтық. Тұрсынхан оттың үстіне мосы орнатып, оған су толы шелек ілді де, балық пісіру қамына кірісті. * * * Мынау ағарып жатқан Ақбұлқақтың бұл тұсында балық болмайды екен: төменіректе отыз метрлік су құламасы бар деседі. Балық содан бері өрлей алмай қалатын сияқты. Бізге арнап балықтың сорпасын, яғни “уха” қайнатып жатқан Тұрсынхан балықтарды таудың арғы бетінен, Көксу жақтан ұстап әкеліпті. Жалпы Өр Алтайда балық аулау да бір ғанибетті қызық ермек. Алтайдың бұлағы да, өзені де тастай суық келеді. Тастай болатыны – бастауын биік мұздықтардан, мәңгі қардан алады. Осы тастай суық суда әдеби тілімен айтсақ аққайраң, жергілікті жұрттың тілімен айтсақ “хариус” деген балық өседі. Хариус – форельдің тау суында ғана өсетін текті жұрағаты. Осы аққайраң асау өзен ішінде атқан оқтай заулайды, көз ілеспес шапшаң. Кіші-гірім сарқырамадан жебедей атылып шығып кетеді. Әрине, балықтың да, балықшының да түр-түрі көп қой. Қала жақта да балық десе делебесі қозып шыға келетін достар баршылық. Соларға еріп, бірер мәрте біздің де балық аулауға барғанымыз бар. Өзен мен көлдің тып-тымық айнасына қармақты салып қойып күнұзақ сарыла күтіп отырғаның… Өз басым ондай ұзақ күтіске шыдамай, далада балық аулауды біржола қойғамын. Тастан тасқа ұрып, жағалауды сабалап аласұрып жатқан Алтай өзенінде балық аулаудың қызығы басқаша. Орыстың тамаша жазушысы Виктор Астафьев осы аққайраң аулаушыларды өз шығармаларында “хариусьятники” деп атайды. Біз бала күнімізден сондай нағыз құмарпаз “хариусьятниктің” бірі боп өстік. Балықшылар алдымен темір қармаққа аюдың жүнін шыбынға ұқсатып, қанатын шығарып, жіппен өріп байлайды. Қармақтың біреуін қара жіппен, енді бірін сары, көк жіптермен өреді. Сосын табиғаттың мезгіліне, ауа райының жағдайына байланысты бірде қара шыбын, бірде сары, бірде көк шыбын салады. Яғни ақ көбіктенген судың бетімен әлгі қармақ-шыбынды ағызады. Ағып келе жатқан қармақ-шыбынға кенет аққайраң қарғиды. Су беті сарт етеді, құрығың солқ етеді, өзің селк етесің… Міне, мынау шелек ішінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан балықтар дәл сондай әдіспен ұсталған. “Шіркін-ай, балықтың сорпасын-ай” деп балықшылар тамсанып, мұрындарын шүйіретін сорпаңыз да осы. Көзі ағарып балық піскен соң оны сүзіп алып былай қояды да, сорпаның үстіне келесі топ балықты салып жібереді. Ол да көзі ағарып піскен кезде үшінші топ балықты салады. Мұндай тағамның балығы өз алдына, сарымсақ, жуа, картоп араласқан сорпасы қатық қосқан мақпалдай қою, тіл үйірген дәмді. Осы айтқан “тройной” жасауға ұстаған балығы жетпеді білем, Тұрсынхан бізге “двойная уха” жасап берген. Жігіттер “пай-пай” деп қойып, пора-пора терлесіп, балықтың сорпасын тамсана ішісті. Соңынан ортадағы отты демдей түсіп, тағы да ұзақ-сонар әңгімеге кіріскен. Мен топ ортада отырсам да ортақ әңгімеге араласпай, мынау түннің тынысын тыңдаған болдым… От сытыр-сытыр жанып жатыр, сумаңдаған жалын тілі жігіттердің жүзінде ойнайды. Әріректен Ақбұлқақтың бір қалыпты сарыны сырылдап естіліп тұр. Түстіктегі шұбарланған самырсын басы баяу желмен қосылып ол да бір сарынды саз шығарады. Үй сыртындағы түп тобылғы жақтан тарғақ тарқылдады. Түнгі сағым астарында мұнартқан жоғарыдағы жазық беткейден байғыздың зарлы үні талып жетті. Аспан шайдай ашық еді. Шайдай ашық аспаннан мың сан жұлдыздар жымыңдайды. Тау басында, жайлау төсінде жұлдыздар ерекше жарық, әрі жанға жақын. Қалада әсте мұндайды көре алмайсың, сосын да аспан төсіне құмарта қарайсың. Өзеннің арғы жағындағы орманның жиегінен бұғының сырнайлатқан уілі естілді. Біз келген жақтағы шағыл басынан тастар домалаған. Шың биігінен етекке түскен арқар мен таутекенің үйірі болар. Әлде түнгі жорыққа шыққан маймақ аяқтың өзі ме екен? Әне, тас тағы құлады… Отқа қарап үңіліп отыр едім, анадай жердегі бөрененің үстіне жылтың етіп баршатышқан шыға келді. Көзі жәудіреп бізге қарап сәл-пәл отырды да, қауіп жоғын сезген соң жолақ жауырынын жарқ еткізіп ағаш басына өрмелей жөнелді. Түн баласында алау басында отырған адам ойшыл келеді. Ойшыл болмасаң да тау түні адамды еріксіз ойға жетелейді. Түннің тылсымы, жұмбақ күй, салқын самал, таза ауа әлдебір жақсылық ойға бойлатқандай. Күнделікті күйбең тірлік, алаңы көп тынымсыз жұмыс – тау басында, алау қасында бәр-бәрі бекер секілді. Жаның да, тәнің де табиғаттай тазарып салады, өзіңді жас жігіттей әсершіл әрі кереметтей жеңіл сезінесің. Ғафағаң айтқан, қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбеков ағамыз осы Катонқарағайға бір келгенінде жазған өлең жолдары есіме түсті: Ардағым Алтай, даламның дарқан төрі екен, Алланың өзі аспаннан түсер жер екен. Расында Алтай жарықтық жердің төресі ғой, бекзат көркіне көңіл тойып болмайды. Мынау манаураған айлы аңғар, ағараңдаған Ақбұлқақ Архип Куинджидің әлемге әйгілі картинасын еске түсіргендей. Он тоғызыншы ғасырдағы зиялы қауымды қайран қалдырып, өнердің қайталанбас құбылысы болған шығарма еді ғой ол. Онда Днепр, мұнда Ақбұлқақ. Ішкі мазмұны, қуаты мен рухы кереметтей ұқсас суреттер. Көңілге мұң, жүрекке сағыныш ұялататын тылсым көріністер. Тау адамға қуат береді деседі білетіндер. Өз басым осы қағидаға имандай сенетінмін. Ол үшін алдымен тауды сезіне білу керек, оның ғаламат қуатын, энергиясын бойыңа сіңіре білуге тырысу қажет. Сонда ғана таудың құдіретіне, оның ұлылығына бойлауға болады. Әйтеуір, менің білетінім – тауда болған осындай бірер күнің мен түнің бір жылға медет. Кейін қыстың қақаған аязында да түсіңе кіріп, жүрегіңді жылытып, көңіліңді нұрландырып жүреді. * * * Алтай қойнауындағы таңның атуы да өзгеше. Кеше кешкісін күн лезде батып, ымырт та тез үйірілген. Таң да солай тез атып, жарқырап жарық түсе қалар деп едік, олай болмады… Тау қойнауы манаураған қаракөк сағым астарында біраз уақыт бусанып жатты. Сосын шың бастарындағы қарға шағылысқан күннің сүт сәулесі біртіндеп етекке ойысқан. Соңынан әлдебір әдемі көгілжім нұр аңғар ішін аралап жүре берді. Аңғар іші ұйқысынан енжар оянып, шым-шымдап ағара бастағанымен, тау белдеулерінде шудадай созылып ақшыл тұман қалды. Атқа мінген он алты адам таңғы бозқырауды кешіп жолға шықтық. Кешегі айық күн жоқ, аспан ала, жер шола. Сәлден соң аспан жарықтық аласынан да айырылып, мүлдем сұрланып алды. Алтайдың басынан ызғырық соқты. Соңынан сібірлеп жаңбыр жауа бастады. Найзағай шартылдап, шелектеп құйып өтсе жақсы ғой… Оның аты – өткінші. Ал мынадай сібірлеп жауған жаңбырдан без. Күн ұзаққа, кейде тіпті аптаға созылып, адамның зықысын шығаратын жаңбырдың өзі. Су өтпес плащтарымызды жамылғанымыз жақсы бопты, қымтана түсіп, тоқтаусыз тарта бердік. Жайлаудың бұтасы мен шалғыны ат сауырынан екен. Аздан соң киіп шыққан жап-жаңа етігіміз шылқып шыға келген. Кеудеміз жылы, аяғымыз малмаңдай су. Амал қанша, іштен тынып, аяңдап жылжи бердік. Қапталда қарауытқан қапсағай тауды Итөлген атайды екен. Адам түгіл ит жете алмай өлген жердің түбі ғой тегі. Ал мана жолда қыл көпірдей бір қия беткейден өткенбіз. Төмені құз, құздың түбінде айға шапшыған арыстандай Ақбұлқақ қайнап жатыр. Оның үстіне тасқа жабысқан ағаштың бұтақтары жолыңды шлагбаумдай көлденең бөгеп тастапты. Аттың жалына жабысып, бетті бұтаққа осқызып әзер өткеміз. Сол қияны Түйеқұлаған атайды екен. Көшіп бара жатқан баяғының бір байының түйесі жүгімен шатқалға ұшып кеткен секілді. Енді бір жерді “Қыз өлген” деп таныстырды. Ол атау бертін, Көккөл кеніші заманында қойылған сыңайлы. Бой жетіп қалған бір қыз бала Көккөлде суық тиіп ауырып, ойдағы ауруханаға аттандырылады. Қыс айларында ауырмақ түгіл сеспей қат, сені ақ қар, көк мұзда анау Көккөлден таситын керемет жоқ. Мынау қыздың ауырғаны қазіргідей жаздың жаймашуақ күні болса керек. Сорлы қыз сонда да елге жете алмай, жол ортада көз жұмыпты. Содан бері Көкжотаның бір мүйісі Қызөлген аталып кетіпті. Бірер сағат жүрістен соң Ақбұлқақтың жағасына құладық. Ақбұлқақтың жағасы шілік пен тал ұйыса өскен қалың тоғай екен. Төтелей салып жолсызбен жүріп кетіп едік, үсті-басымызды шыбыққа сызғызып, өзен жағасына азар жеттік. Өзен үстінде тақтайлары шіріп, бөренесі қарайып кеткен атам заманғы бір көпір тұр. Сонау қырқыншы жылдардан бері қалай шыдап келгеніне қайрансың. Өткелден өткізбек болып Тұрсынхан мен Ерен аттарды төменге жетелеп кетті, қалғанымыз жаяулатып көпірден өттік. Ақбұлқақ бұл тұста ағынды әрі терең, көпір астында әбжыландай қыстыға сырылдайды. Көпірден өткен бетте қалың тайга ішіне еніп кеттік. Жалпы қазақта “тайга” деген сөз жоқ. Бұл сөз қазақ тіліне Сібір жазушыларының шығармаларын аударудан енген. Өр Алтайдың қазақтары тайганы “теріс” дейді. Терісте қылқан жапырақтылардың түр-түрі кездеседі: самырсын, қара самырсын, қарағай, сары қарағай, балқарағай. Былайғы адамға көбісі бір-біріне ұқсас секілді, бірақ зер сала қарасаңыз – айырмасы толып жатыр. Қара самырсынның бұтағы төмен қарай салбырай өседі, салалы саусаққа ұқсайды. Ал бұтақтары тіке біткен самырсынды шырша дейді. Қаба сақал балқарағайларды бұл жақта ағаштың патшасы санайды. Басқа ағаштар сияқты басы найзадай үшкір емес, бұйраланған доғал әрі мәуелі биік. Түр-тұлғасы да еңгезердей алып, қылқаны да салалы ұзын. Биыл балқарағай мол болатыны байқалады: ағаштың басынан аяғына дейін жаңғақ самсап тұр. Бір ағаштан екі қап балқарағай жаңғағын жинауға болғандай. Қазір жинауға әлі ерте, сары сүйек боп пісетін уағы – қыркүйектің іші. Селдір түкті, сұйық мұрт сібір қарағайы терісте ілуде бір кездеседі. Итөлген тайгасында да солай екен. Қылқан жапырақтыларға жатқанымен қарағайдың бұл түрі күзге салым сарғайып, қыста бүр тастайды. Бұл жақтың орманы да жеміс-жидекке бай екенін байқап келеміз. Әсіресе көкбояу қалың екен. Таңқурай мен қарақат та кездесіп қалады. Дертке дауа шырғанақ, долантопшы да жеткілікті көрінді. Жігіттер орман алаңқайының бірінен қымыздық теріп, жартас биігінен рауғаш жұлып, қаужаңдасып ат үстінде жеп келе жатысты. Ертеректе, суретшілік өнерге ден қойып жүрген кезімізде тау мен тайганы суретке салуға әуес едім. Жаз бойы бірсыпыра этюд жазып, оларды күзге салым көрме жасап, мұғалімдердің талқысына салатынбыз. Менің жазған орманым көбінеки Шишкинге, тауларым Рерихқа ұқсап жататын. – Шырағым, қазақтың суретшісі болғың келсе онда мынадай тау мен тасыңды ұмыт. Даланы жаз, қазаққа дала тән, қазақтың бояуы далада! – деді живописьтен сабақ беретін қазақ ағай. – Сен Шишкинге де, Левитанға да еліктеме. Сен тауды да, орманды да қазақтың көзімен сал. Сенің орман-тоғайыңнан қазақтың иісі аңқып тұратын болсын! – деді композиция пәнінен сабақ беретін орыс мұғалім. Осы екі мұғалімнің қайсысынікі жөн екенін білмей басым қатқан. Тау десе бар шаруаны жиып қоятын студент жігітке далаға бауыр басу қиындау тиді. Әлі күнге солаймыз. Алматыда жүргенде сезбеген екенбіз, іргеде ақ бас Алатау, арқыраған өзені, орманы мен тоғайы бар, алаң көңілімізге Алтайды жетімсіретпепті ғой. Тау жазғанның қадір-қасиетін Арқаға көшіп барған соң бір-ақ сезінгеміз… Итөлгеннің кіндігін бөктерлеп, біртіндеп биікке көтеріліп бара жаттық. Орман ішінде ескі арба жолдың сорабы байқалады. Ескі жолды белуардан шалғын шөп басып кетіпті, оңды-солды жығылған ағаштар, сынған бұтақ-сидалар. Ағаштар тазаланбағасын ескі жол да бітеліп қалған, туристер өз ыңғайына бұрып жол жиегінен сүрлеу салып алыпты. Орман іші сыз, бірақ шайырдың иісі танау жарғандай екен. Өзгеше жағымды иіс, сарайыңды ашып, кеудеңді кере кең тыныстатады. – Ауыл артындағы асуға иек артып, жайлауға шыққанға Алтайды көрдік деп мәз болған екенбіз ғой… Нағыз Алтай мынау ма дедім! – деп, мұндайда көп сыр бере қоймайтын Дидахмет те таңданысын жасыра алмады. – Солайы солай, – деді Ерен Дидекеңнің сөзін құптап. – Бұл жаққа екінің бірінің аяғы жете бермейді. Ең соңғы елді мекеннің өзінен жүз шақырым шығып кеттік. – Егер дәл осы бағытпен адасып жүре берсек Тундрадан бір-ақ шығатын шығармыз? – деп Ахметқали екі ұдай сауал тастаған. – Тундрада нағашың бар ма еді… Мұзды мұхитқа барып бірақ тірелесің, – деді қалжыңбас Амангелді. – Рас айтады. Мынау орман Сібір тайгасының етегі. Тайганың басы Тундрада жатыр… – деді Ерен. — Қызық екен… Ат тізгінін шаужайлап, қиыстап жолдан шыға беріп едім, тура алдымдағы бір шоқ ужапырақтың түбінен пар-р етіп ұлар көтерілген. Астымдағы атым жалт беріп, мені тастап кете жаздады. Ұлар қалықтап барып, төмендегі мық қайыңның арасына кіріп жоғалды. Тұрлығазы тепеңдеп ұлардың соңынан қуып берейін деп еді, Ерекең: – Алтай ұлары “Қызыл кітапқа” енген, тимеңдер, – деп ескерту жасады. – Ата қаздай ірі екен өзі! – деп, құсқа қатты қызығып кеткен Тұрлығазы амалсыз тізгінді тежей берді. Қапталдағы мүк басқан үйдей граниттің жалпақ беті жалт-жұлт күнге шағылысты. Жақындай бере көргеніміз – тас беті қаптаған эпитафиялық жазулар. Тот баспайтын ақ болат, қара шойын, сұр дюраль… Құйылып жазылғаны, ойылып жазылғаны бар бәрін қатарлап, тас бетіне шұрыппен мықтап бекітіп тастаған. Қаза болған туристерге, альпинистерге достарының орнатқан белгісі, жүрек тебірентер қоштасу сөздері. Бірі Катунь асуында, енді бірі Берель мұздағында, үшіншісі Ақбұлқақ аңғарында, әйтеуір жер аты көп, оқыста мерт болғандар. Тайга қателікті кешірмейді, – деп Ерен бізге де ескерту жасады. – Алладан амандық тілеп, абай болайық! Бір заматта жоғарыдан ересен гүріл естілді. Бір-бірімізбен үзеңгілесе тізілген біз елеңдесе тың тыңдаймыз. Бір эскадрилья реактивті ұшақ дәл төбемізден өтіп бара жатқандай құлақ тұндырады, алақтап төбеге телміреміз. Жолбасшылар тіс жарған жоқ, үнсіз бастап әкелді де, әлдебір жарқабақтың басына жете тізгін тежеді. Міне, ғажап! Демімізді ішімізге тартып, оқыс ашылып салған көріністен көз ала алмай қалдық. Арқыраған үлкен тау өзені биік тастан қарғып, төменге, шатқалға қарай өкіре құлап жатыр. Шатқал жаққа иіліп қарау мүмкін емес, жүрек шайлығады. Жігіттер аттарынан түсе-түсе қалып, сыртылдатып бірін бірі суретке түсіре бастады. – “Көккөл су құламасы” дегеніңіз осы болады, – деді Тұрсынхан. Күннің көзі жылт ете қалып еді, шатқал түбінен көтерілген бумен қоса кемпірқосақ ойнап шыға келді. Сарқыраманың даусы құлақ жарғандай, су шашырандысы жарқабақ биігінде атпен тұрған біздің бетімізді тершітті. Бұл Қазақстандағы ең ірі су құламасы еді. 12 томдық “Қазақ совет энциклопедиясына” енген әйгілі сарқырама. Энциклопедияда судың құлау биіктігі 70 метр деп жазылған. Бұлақ пен өзеншенің тастан құлағанын көріп жүрміз ғой. Ал мынадай өткел бермес адуын өзеннің биік жартастан құлауы жон арқаңды шымырлатар сұмдық сурет екен. – Біз Төменгі лагерьге келдік, – деп Тұрсынхан құлаққағыс жасады. “Төменгі лагерь” дегеніңіз жаңағы сарқыраманың өр жағында Көккөл өзенінің екі жағасына жайғасыпты. Әр тұста бір қарайып үш-төрт үй тұр. Кезінде іргелі ауыл болғанға ұқсайды, көптеген үйлердің, қора-қопсының қышыма мен қурай басқан орындары нобайланды. Өзен жағасындағы бір үйдің ішінен адамдар шықты. Бұлар біздің алдымызда кеткен космонавт, екі мәрте Кеңес Одағының батыры В.В.Аксеновтың тобы боп шықты. Жан шақырып, осы үйде бой жазып демаламыз ба деп едік, бұл үйді бізден бұрын иемденіп қойыпты. Амал қанша, есік көзінде атпен ойқастап, үйіріліп тұрып қалдық. Қалмақтың қалың қолын қаусатқалы бара жатқандай кеудеде бинокль, бірер мылтық, карабин асынған біздің жүрісіміз суыт, түсіміз суық көрінген болар. Космонавт, қасында дәрігері, оққағары мен көмекшісі бар, бізге қызыға қарап, жан-жағымызға шығып суретке түсірді. Үйден шыққан дәрігер келіншек шайға шақырды. Қатты тоңған Алашыбай мен Ахметқали әдеп дегенді жинай тұрып, үй ішіне қойып кеткен. Содан олар бойларын жылытып, байпақтарын кептірісіп, шай ішіп бірақ шығысты. Қалғанымыз космонавтпен сөйлесіп сыртта ошарылып тұра бердік. – Осымен төртінші жаз осында келіп дем алып жүрмін, – деді Владимир Викторович. – Мына үй баяғыда қирап жатқан болатын, өзіміз жөндеп, әктеп, сырлап ретке келтіріп алдық… Әлемнің талай елін араладым. Жер шарын төбеден де тамашаладым. Бірақ осы жердей, Алтайдай көркем жерді көрген емеспін. Осы сөзіме сеніңдер, інілерім! Космонавт біз бара жатқан Көккөл кенішін білмейді екен, тіпті ол жайында естімепті де. “Бұл жақта ауыл бар ма еді?” – деп танданыс білдірді. Жалпы Мұзтауға беттеген альпинистер мен туристер осы Төменгі лагерьде дамылдап, соңынан түстік қырқаны қабырғалап Мұзтау жаққа кететін сияқты. Ал Көккөлдің жолы мүлдем бұрыста, осы арадан тұра таудың таз басына бастайды. Біз Төменгі лагерьді төменге қалдырып, тағы да жолға шықтық. Көккөл өзені тасы көрінген шыныдай мөлдір болғанымен, мінезді екен. Атыңмен бірге жұлып әкетіп, төмендегі сарқырамадан тастап жіберердей адуын. Екі жағаны жалғастырған баяғыдағы ескі көпірдің ізі ғана қалыпты. Адам өтерлік қос бөрене тұр, оның өзін бертінде лекерлеп қойған сыңайлы. Орман сиреп, альпі белдеуіне шықтық. Балтырдан келетін жасыл шалғын, жел үп етсе болды, үлбіреген шәлідей нәзік толқып салады. Бұйраланған қызылды-жасылды белдерге қарасаң жан дүниең жалаулағандай көңілің тасып, көзің дем алады. Мұрынға француз ағайындарға қимайтындай, әлдебір хош иісті әтір иісі желпиді. Әтір емес, бүлдіргеннің иісі екен, шөп арасында әр жерден қыздың ерніндей сүп-сүйкімді қызара көрініс берді. Дидахмет пен Жолаушы аттарынан түсіп, былайғы шеттегі балдырған мен қурай арасын аралап кетті. Суға батқан адамдай анда-санда қылтың етіп бастары ғана көрінеді. Сыбызғылық қурай іздескен екен, аздан соң бір топ қурай көтеріп қуанысып қайтты. Туған жердің түйе жейтін жапырағы да дәрі, түйе аунайтын топырағы да дәрі дейді ғой… Расында да алдымызда масатыдай жайылған осы көкшалғын шөптің біразының шипалық қасиеті бар. Тамырға қатыстысының өзі бір төбе. Күрең гүлді алтын тамыр, қурайдай сорайған жұмыр бас марал тамыр, күлгін гүлді қызыл тамыр… Сосын аю тамыр дейтіні тағы бар. Басқасын білмеймін, күйекке түсер алдында бұғылар тұяғымен марал тамырдың түбін қопарып жейтін сияқты. Ұлы-жіңгір сайыс алдында тентек тағыға бұл тамыр өзгеше қуат береді деседі. Бала кезімізде өзіміз алтын тамыр мен марал тамырды қайнатып, компот жасап ішетін едік. Түйетабанмен жарысып тастауыт жерде өскен анау көкала жапырақтарды бадамшай дейді. Қаймана қазақ бағзы бір замандарда осы жапырақты көлеңкеге кептіріп шай жасаған. Бадамшайдың арасы әдеттегідей толған көкбүлдірген екен. Отыра қалсаң киіміңді қанжоса қылардай қалың. Әлдекім беткейдің бадамшай қалың өскен тұсының топырағын қазып, шымын қопарып тастапты. — Қабан шошқа ғой мынау, – деді жігіттердің біреуі. — Өр Алтайда қабан шошқа болмайды. Бұл аюдың ісі, – деді Ерен. – Бадамшайдың тамыры орман қожасының сүйікті тағамының бірі. Мынаны қараңызшы, жаңа ғана қазылған, топырағы әлі кеуіп те үлгермепті… Жігіттер қозғалақтап, жан-жақтарына күдіктене көз тастап өтті. Серіктерінің алаңын аңдаған Ерекең әңгімесін үстей түсті. – Баяғыда бұл жақта аю қабағат қалың бопты. Қазір азайып кетті ғой. Бұғы-марал таңертең мен кешке орманның шетінде жайылып жүретін. Елік пен күдір де көп еді. Қары қалың қыста көпшілігі қырылып қалды. Әсіресе күдір құрып кетті. Браконьерлер тісі үшін құртып жіберді. — Оның тісін не қылмақ? — Күдірдің сорайып шығып тұрған екі тісі болады. Сол тістің ішінде иіс суға қосатын ерекше сұйық зат болады. Браконьерлер сол сұйық зат үшін аулайды. Мұндай әңгімені естіген Ахметқали қасына жол білетін Ақәділді серік қып, “аң қарайықшы” деп кейіндеп қалып қойысты. Аздан соң бұрылып бір қарасақ, жас жігіттер қарсыдағы қара орман ішіне бойлап бара жатыр екен. Күреңселі қияның бірінен ағашы жоқ алаңқайға шыға келіп едік, қарсы алдымыз өртеніп жатқандай алаулаған шалғынға тап болдық. Оттай қызылсары гүлге бөккен, көз жауын алған әсерлі көрініс еді. Бұл гүлдерді жергілікті жұрт мысықоты дейді. Неге бұлай атайтынын кім білген, ғұмыры ұзаққа созылмайтын осы мысықотының гүлдеген мезгілі баяғыда бала күніміздің таусылмас мейрамы болатын. Міне қызық, мысықотының әсері көңілді тербеп, келесі бір белеске көтерілгенімізде, алдымыздан жаппай шегіргүл өскен жалпақ алаң ашылып салды. Акварель бояуын үлбіретіп жұқа жаққандай алаң беті күлгін түске нәзік бөгіп жатыр. Алаң үстінде көз арбаған көгілдір сағым ойнайды… Орман жиегіне таман әр тұста бір таушымылдық байқалды. Қанқызыл түсі алыстан менмұндалап тұр. Шалғыны шолтиып, аласара бастаған бір белесте кілең ақшешек қаптаған аппақ даланы көрген кезде домбырашы Жолаушы досымыз: – Мына гүлдерді біз келеді деп әдейі түр-түрімен егіп тастаған жоқ па осы? – деп көргеніне күдік келтіре бастады. – Жолау, біз тауға өрлеп барамыз. Таудың әр биігіне тән өзінің шөбі, өзінің гүлі болады! – деп Ерен дәлел айтты. Сейсенбайдан шыққанда бірін-бірі қағытып, әзілдесіп жарқырап келе жатқан жігіттер қазір көп сөйлемейді. Төменгі лагерьден шыққан сыңар соқпақ қазір мүлдем жоғалған, әйтеуір Тұрсынханның тұспалымен тартып келеміз. Көккөлге дейін тағы он бес шақырым жүріс бар деген. Тәйірі он бес шақырым деген не, үш-ақ сағатта жетіп барамыз деп жігерімізді жанып қоямыз. Орман да, альпі шалғыны да таусылып, ендігі бір кезекте тундралық белдеуге іліндік. Мұнда да қылтиған шөп бар, шөп арасынан ағарған, сарғайған, көгерген гүлдер байқалады. Бірақ мұндағы гүлдер өзгеше момақан, баланың жасаураған көзіндей аянышты. Шөбінің де шөп құсап жайқалар шамасы жоқ, тайдың терісіндей тықыр, аласа. Біраздан соң тықыр да болса балаусалы жасылы бар тундрамыз шағыл тасқа алмасып, жүрісіміз қиындай түсті. Тіпті кейбір тұста ат тағасы топыраққа тимей әуреге салған. Әр жерде бір алашұбар қар жатыр. Бағана орман ішінде соқпағымыздың сорабын жоғалтып алып едік, мына қорым тастарда ескі жолдың ізі сайрап жатты. Қорымды тастан тазалап, тауды қазып, тасты қашап шана жүрер жол салған екен. Ол заманда трактор да, бульдозер де жоқ, осының бәрін қолмен қалай қазған дейсің. Қаншама бейнетті жұмыс, төгілген тер, итшілеген қайран ғұмыр. Қорым тастарды қуалай салған ескі жолмен қиялап ұзақ жүрдік. Әлде аттың табаны тасқа тиіп, жүрісіміз өндімей ілбіген соң солай көрінді ме екен? Өрлеген сайын күртік қарға жиі кездесе бердік. Өзімізше өжеттеніп, қардың үстіне атты көлденең салып едік, тапырақтап батып қалдық. Сосын қардың жұқалау тұсын айналып, қорымға түсіп кетпестей, абайлап жүруге мәжбүр болдық. Әйтеуір, не керек, аттар болдырды-ау деген шамада желі азынаған асудың үстіне көтерілгеміз. Сол-ақ екен, қарсы алдымыздан біраз үйлі әлдебір ауыл жарқ етіп шыға келді. Қылаң етіп арғы қырды асып жоғалған екі-үш итті тағы көзіміз шалып үлгерген. — Терісауыз ғой! – деді Тұрсынхан. Терісауызы – қасқыр. Біздің ит дегеніміз қасқыр боп шықты. Расында, мынау иен тауда қайдағы ит! Малшы ағайын қасқырды әсте өз атымен атамайды, “ит-құс” немесе “терісауыз” дей салады. Атын атаса малға шабады деген наным бар. Ананы қара, көл шетіндегі әнеу үйден аю атып шықты. Алда келе жатқан Амангелдінің қамшымен нұсқаған жағына жалт қарастық. Еңіске қарай домалай қашып бара жатқан бурыл аңды бәріміз көрдік. Тек Тұрсынхан ғана мұртынан мырс етті де: – Росомаха ғой, – деді, сосын атын шаужайлап ауылға кіре берді. – Ол қандай аң? – Қазақтар “құну” дейді. Алыстан аюға ұқсайды, бірақ одан әлдеқайда кіші, өзі керемет сұғанақ аң. Мына иен ауылды иемденіп алған ғой. Біздің күншіліктен көксеп келген Көккөліміз осы боп шықты. Қасқыр мен құну басынған иесіз мекен, өлі ауыл. Екі жаны бедірейген бедеу жартас, мұз құрсанған шағыл шың. Біз көтерілген қиялы қаптал Қазақстан екен де, арғыдағы түнерген терең шатқал Ресейдің территориясы боп шықты. Ауыл іші де алашабыр қар, шашылған тас. Тастардың ара-арасынан жасаурап шөп қылтияды. — Тастақ болса да аттарды ауыл ішіне арқандаңдар, ит-құс тартып кетер, сақ болыңдар! – деп Ерен көмекшілеріне нұсқау беріп жатты. Етігіміз онсыз да шылқыған су еді, аттан түсіп, қар үстімен жүріп едік, су кешкендей күйге түстік. Таудың мұзарт биігінде тұрған мынау жұмбақ ауылға таңдана қараймыз. “Көккөл қандай ауыл екен” деп талай рет қиялдағанымыз есімде. Екі таудың аңғары, көк шалғынның ортасындағы әлдебір қираған ауыл көз алдымызға келетін. Мына ауылдың пәлендей қирағаны жоқ, құрылысы аман. Кейін біреулер “Көккөл биікте жатыр” деді. “Е, тегі таудың таз басына салынған-ау” деп тағы бір жорамал жасағамыз. Бірақ дәл осындай кереметті көреміз деп ойламаппыз ғой… Адамның қиялына кірмейтін көрініс. Биік қарлы шыңның тастақ төбесі. Былайша айтқанда, Абылай аспас асудың нағыз өзі. Сол жердегі тоқымдай жазыққа ауыл салып тастаған. Екі өкпе тұсы жадағай, азынаған жел өңменіңнен өтеді. Шығысында тас қорымды қара тау. Таудың терістігі мұз бен қар, күн жағы қарайып, аждаһаның қабыршақты жонындай жалдана созылып жатыр. Ертеде естіген “Вольфрам тауыңыз” осы боп шықты. Тау алқымын бөктерлей сызған бірнеше жол байқалады. Шахталарға бастайтын соқпақ-сүрлеу болды. Таудың әр тұсы үңірейген үңгір. Бұлар штольнялар екен, кенді осы үңгірлерден өндірген. Үлкендер жағы осы таудың адамдарға талай қасірет әкелгенін айтып отыратын. Таң қараңғысынан тұрып, кезекті сменаға кетіп бара жатқанда қар көшкінінің астында қалған оқиғалар көп бопты. Тастармен қоса домалаған қар көшкіні оңдыра ма, адам шығыны жиі қайталанған деседі. Жұмысшылар жатқан тұрғын барақтарды, кеніштің кеңсесін, дүкен, қойма, монша сияқты құрылыстарды аралап, өзімізше ажыратып жаттық. Кейбір үйлер біз үшін жұмбақтау қалды. Бәрі де қатырып отырып қарағайдан салған мықты құрылыс, енді бір жүз жылға былқ етпейтін түрі бар. Бәрі де тас фундаменттің үстінде, құрылыс инженериясының барша мүмкіндігін пайдаланып, ақаусыз жасаған дүниелер. Тек қарағай бөренелер көп жылғы қар мен жаңбырдың әсерінен қара май жаққандай қарайып кетіпті. — Біздің заманда мынадай мықты үй салу қиын шығар? – деді Анатолий Гурский тамсана басын шайқап. – Бұрыштың қиюын, түзулігін қарашы, өнер туындысынан кем емес. Біз мынау қыран жетпес биікке сыңар аяқ сүрлеумен, салт атпен ілбіп әзер жеттік. Ендеше осыншалық көп қарағай бөренені, тақтай мен басқа да материалдарды анау етектен қалай тасыды екен. Тастан басқа түгі жоқ мынау қиянға ауыл салу дегенің ақылға симайтын шаруа ғой… Сәлден соң ауыл үстін сұр тұман басып қалды. Тұманның қоюлығы сондай, қол созым жердегі барақтар жоғалып кетті. Біз кезінде қойма болған шағындау үйге түсіп, от жағып жан шақырдық. Су-су болған шұлғау-байпақтарымызды кептіріп, тоңған аяқтарымызды отқа тостық. Сыртқа қайыра бір шыққанда әлгіндегі қою тұманнан белгі де қалмапты, күн шайдай ашылып, қар бетіне күміс шытыра шашқандай шағылысып жатты. Күннің ашылғанын пайдаланып, ауыл іргесінен басталған Вольфрам тауына шығып, штольняларды көріп қайтуды ойладым. Тастан-тасқа секіріп, біраз биікке көтерілдім де, шахтерлер жүрген ескі сүрлеуге түсіп, тауды бөктерлей өрледім. Әр тұста штольняның белгісі, сарғайған, қарайған ағаш тіреулер қылтияды. Шахтаны жапқан кезде, тасты жарып, кірер есіктің бәрін бітеп тастаған екен. Яғни, шахталарды консервация жасап кеткен. Соған қарағанда бұл тауда кеннің қоры әлде де мол болғаны ғой. Арада жарты сағат өткен жоқ, қайтуға ылдилап едім, төмендегі ауыл тағы көрінбей қапты. Е дегенше қарлы боран ұйтқып берсін. Төпелеп бұршақ ұрды. — Қайда кеткендеріңді айтып жүріңдер, бұл жерде адасып кету түкке тұрмайды – деген Тұрсынханның сөзі есіме түсті. Әлгінде оған күлгеміз де қойғамыз. Қалжыңы шығар дегеміз. Енді міне қараңыз, бет қаратпас ақтүтек. Шілденің ортасында мынадай мінез танытып отыр, қақаған қыста не болмақ? Мына боранға қарап қазір анау етекте ми қайнатар аптап дегенге қайтіп сенерсің! Қыс күндерінде үй мен үйдің арасына арқан тартып қояды десетін. Арқаннан қолы шығып кетіп, желмен ығып адасып өлгендер де болыпты. Соның ішінде балалар да бар екен. Шілдедегі боранды көрген біз осы айтқан әңгіменің бәріне иланғамыз, әрі барша болмысымызбен түйсінгендей болдық. Әкелеріміз бен аналарымыздың, аталарымыз бен әжелеріміздің қаншалықты бейнетті жағдайда еңбек етіп, өмір сүргенін жүрегімізбен сезіндік. Айналайын ағайын қыста қысылғанымен, жазда да жадырау дегенді білмей өтіпті ғой. Тіс шұқырға ағашы жоқ, тастан басқа дымы жоқ, боран-шашыннан басқа қызығы жоқ мынау жер түбінде он жыл, жиырма жылдан қалай тұрып келген. Жер түбі дейтінім Көккөл Қазақстанның қиыр шеті, бұдан әрі қазақ жері жоқ. Көккөл ауылы осы қиырдағы шекараны күзеткен үнсіз сарбаз секілді. Боран соқса да, тұман түсіп, ызғырық ұрса да селт етер емес, өңі салқын, түсі суық. Осы жаққа сапарға шығар алдында Көккөл кеніші туралы біраз архив құжаттарын іздестірген едік. Мардымды дүние таба алмадық. Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында ғана болмашы бір деректер сақталыпты… Көккөл кеніші туралы алғашқы жазбалар 1934 жылға қатысты екен. Онда Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Советінің 22 тамыздағы қаулысы бойынша Қазақ сирек металдар барлау жұмыстары басқармасына қарасты Көккөл геологиялық-барлау партиясының жұмысын жыл бойына алмастыру туралы тапсырма берілгендігі айтылады. Яғни, бұл кезеңде Көккөлде геологиялық-барлау жұмыстарының қызған кезі болса керек. Құжатқа қарағанда, барлау жұмыстары бұл кезге дейін тек жаз айларында ғана жүргізілген сияқты. Осы облысқа қарасты Ұлан аудандық мемлекеттік мұрағатынан 1941 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі жеке құрам бойынша бұйрықтар табылды. Бірақ Көккөл кенішінің нақты қай кезде ашылғаны туралы мәлімет мұнда да айтылмапты. Құрамында Көккөл кеніші болған “Нарымолово” деген басқарманың құжатына Көккөл ГЭС-ін салу туралы арнайы комиссияның актісі тіркеліпті. Бұл құжат 1944 жылдың 10 тамызымен белгіленген. Яғни, Көккөл су құламасы негізінде су электр стансасын салу сол кезде ойластырылған шаруа секілді. Бірақ жақсы идея жүзеге аспай аяқсыз қалған, себеп-салдары белгісіз. Көккөл кеніші негізінен вольфрам концентратын өндірген. Өндірген өнім о баста таза соғыс мақсатына жұмсалған, танктердің бронін бекітуге пайдаланылған. Бірақ архив құжаттарына қарағанда бұл жерде молибден, басқа да қымбат металдар өндірілгенге ұқсайды. Ауылдың Ресей жақ қапталын аралап шолған кезімізде – төмендегі бұлақ бойында алтын сүзетін сүзгіштерді кездестіргеміз. Соған қарағанда старательдер басқа металдармен қатар алтын да сүзген сияқты. Көзі тірі қариялармен әңгімелескенімізде, дайындалған руданы тау басындағы Көккөл кенішінен Төменгі лагерьге салт атпен тасыған. Төменгі лагерьден Өрелге дейін пар ат жеккен арбамен жөнелткен. Өрелден Самар ауданы жеріндегі Палацыға елуінші жылдарға дейін тағы да сол ат-арбамен, елуінші жылдардан соң сол кездегі “полуторка” мәшинемен (екеу болыпты) тасыған секілді. Вольфрам дегенің зілдей қара тас, бір дорбасының өзін арбаға әзер көтеріп салатынбыз, деседі қариялар. Көккөл кенішінің бастығы Чесноков деген кісінің Катонқарағай аудандық партия комитетінің хатшысы Мырзахметовке жазған баян-хатынан сол кездегі кеніштің материалдық-техникалық жарақтандырылуынан, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайынан мәлімет алуға болғандай екен. Чесноков 1954 жылдың 9 айы бойынша кеніштегі жұмыс жоспарының орындалу жайын баяндапты. Кен қазу жұмыстары – 98 процентке орындалғанын, кенді өңдеу жұмыстары – ол да 98 процентке, ал вольфрам концентратын өңдіру – 91,2 процент болғаны келтірілген. Соңынан жоспардың неге толық орындалмауының себеп-салдарын түсіндіруге тырысады. Бұл баян-хаттан ұққанымыз: кеніш жұмыстарының көпшілігі қолмен атқарылады; кеніштің электр қуаты аз, жетпей жатады, “Букау-Вольф” деген жалғыз дизельдің өзі қосалқы бөлшектердің жоқтығынан көп жағдайда тұрып қалады; ұзақ жылдар бойғы үздіксіз жұмыстың салдарынан бұрынғы байыту фабрикасының іші-сырты тас пен құмға толып кеткен, 1954 жылы жаңадан байыту фабрикасы салынып, ол фабрика осы қыркүйектен бастап қана жұмысқа кірісті; таудағы цехтан фабрикаға кен тек ат күшімен ғана тасылады, қыс күндерінде жиі болатын қатты борандарда бұл жұмыс апталап тоқтап қалады; Өрелден Көккөлге дейінгі 110 км.аралықтың жолы сол баяғыдай жөнделмей-ақ қойды: техникалық жарақтар, құрылыс материалдары, азық-түлік, жанармай уақтылы жеткізілмей жатады; ал көктемнің лайсаңында жол мүлдем жабылып, елмен қатынас екі-үш айға дейін тоқтап қалады; жұмысшылардың үй-тұрмыстық жағдайын да жақсы деуге келмейді, 1937 жылы салынған 3 барақ қазір адам тұруға жарамсыз боп қалды, осы уақыт аралығында бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген барақтардың 12 шаршы метрлік бір бөлмесінде 3 отбасыдан тұрады; осы аталған нашар тұрмыстық жағдайлар түптеп келгенде жұмысшылардың еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізуде. Чесноков хатының соңында өзі көтерген мәселелерді шешудің жолдарын ұсынады: алдымен кен қазу жұмыстарын, басқа да учаскелерді механизациялау қажет; ол үшін өнімділігі 20 текше метрлік компрессор, қуаты 300 квт.болатын электростанса керек; Өрелден бастап Көккөлге дейінгі аралықтағы жолды күрделі жөндеуден өткізіп, келешектегі кенді автомәшине көлігімен тасымалдауға көшпейінше шаруа алға баспайды; жұмысшылардың үй-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында тағы бірқатар тұрғын үйлер салу қажет. Көккөл кенішінің бастығы осы айтылған шаралардың бәрін жоғарғы ұйымдарға мәселе етіп қойып, қол ұшын беріп, нақты көмек көрсетулерін сұрапты. Чесноков өзінің баян-хатының бір жерінде: “По имеющимся запасам руды, рудник должен иметь производительность против настоящей, в три раза, но при настоящей механизации горных работ транспорта, выполнить это невозможно”,– деп, біз үшін бір қызық ұсыныс тастайды. Яғни, кеннің қоры жеткілікті болғаны ғой… Тоғыз айдың жоспары бойынша есеп беріп отырған бұл хат 1954 жылдың қазаны мен қарашасы арасында жазылған болар. Ал кеніш 1955 жылғы тамыз айында жабылған. Кеніштің ресми жабылуы туралы нақты құжат тағы табылмады. Біз тілдескен көнекөз қариялардың бәрі осы “елу бестің тамызы” деп бір сөзден шыққан. Кеніштің жабылуы туралы шешім бастықтарды кім білген, жұмысшылар үшін оқыс оқиға болғанға ұқсайды. Жүздеген жұмысшының жарым-жартысы сол жылы бір-екі айдың ішінде жаяу-жалпылы болса да көшіп үлгереді. Бала-шағасы көп, көлік іздеп қиналғандары амалсыздың күнінен тағы бір қыс қыстап қалады да келесі жылы жазда бірақ көшіседі. Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл жерде негізінен еңбек армиясы жұмыс жасапты. Олардың көбісі Самар, Үлкен Нарын, Катонқарағай аймағында тұратын азаматтардан тартылған деседі. Коробиха ауылында Антонина Чанова деген бір апай болды. Жарықтық сол кісінің баяғыда бір қызық әңгіме айтқаны бар… Колхозда жұмыс істеп жүрсе керек, ол кезде он сегіз жастағы тал шыбықтай Антонина апамызға колхоздың бастығы қырындай бастайды. Үйлі-баранды әрі жасы келген кісі болған соң, жас қыз ат тонын ала қашады. Қызға кектенген бастық бірде Антонинаны “жұмысқа 15 минөт кешіктің” деп жала жауып соттатып, Көккөлге айдатып жібереді. Жас қыз Көккөлдегі қара жұмысқа шыдай алмай біраздан соң қашып шығып, соғысқа кетіп құтылады. – Екінші Украин майданында медбике боп соғысқа араластым. Әрине, майданда да бізге оңай тиген жоқ. Шүкіршілік, жаумен шайқасу абырой мен атақ берді. Көккөлде ақ тер, қара тер боп қара жұмыс жасағандарға не берді? Не абырой жоқ, не атақ жоқ, бәрі де селикоздан қойдай қырылып қалды, – деп отыратын Антонина Михайловна. Қара жұмысқа әйелдер ғана емес, жасөспірім балалар да жегілгенге ұқсайды. Жасөспірім балалардың да старатель боп жұмыс істегендерін архив деректерінен, жалақы берген құжаттардан кездестірдік. Көз көрген қариялар Көккөлге сол заманда көлікті қалай жинағандары туралы жырдай әңгімелейді. Осы жақта сары шаш, қушиған бет, ұзынтұра бір мал дәрігері бопты. Сол кісі “маңқа тиді” деп, Катонқарағай өңіріндегі тәуір жылқының бәрін жинатады. Үлкен ор қаздырып, жұрттың көзінше жиналған жылқының біршамасын аттырып тастайды. Аш отырған жұрт етін ұрлап кетпес үшін атылған жылқылардың үстінен жанармай құйдырып, өртетіп жібереді. – Біздің ауылда құйрық-жалы төгілген бір қасқа айғыр болды, –дейді Тоқтар Бәженов ағамыз алыстағы балалық шағын еске алып. Жер тарпып, ойнақшып тұратын сол қасқа айғыр маңқамен ауырды дегенге ешкім сенген жоқ. “Соғымға жығайын, басқа малым жоқ еді, бала-шағама азық етейін” деп жалбарынған иесінің тілегіне әлгі орыс пысқырған да жоқ. Қасқа айғырды басынан атып, сол жерде біз секілді бала-шағаның көзінше өртетіп жіберді. “Маңқа тиді” деп жиылған көп жылқының қалғанын бастықтар Көккөл асырып жіберді. Сөйтіп, сол жылқылар ұзақ жылдар бойы кеніштен кен тасу жұмыстарына пайдаланылды. Осылайша адам ғана емес, мал екеш мал да репрессияға түскен болатын, шырақтарым. – Кеніш бастығының құқы шексіз еді, – дейді Тоқаң тағы да. — Колхоздың іске жарамды аттарын сұрамай-ақ лауға алып жүре беретін. Соғыс жылдарында да солай еді, соғыстан кейін, елуінші жылдары да өстіп кеніш бастығының түкірігі жерге түспей тұрды. Қарсы тұрар қауқар қайсы, колхоз жазған қара өгізбен қала беретін. Климат жағдайының аса жайсыз, жұмыстың азапты ауыр, тұрмыстың қиын болуы салдарынан Көккөлде соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де өлім-жітім көп болыпты. Бірақ ауыл маңынан зират көре алмағанымызды айтып, себебін Тоқтар ағамыздан сұрағамыз. –Көккөлдің жері тас, қайтыс болғандарды Төменгі лагерьге түсіріп жерлейтін,– деді Тоқаң. – Ол жердегі төбенің үстіндегі зираттың өзі жарты қала. Кезінде Өр Алтайды шулатқан Көккөл туралы бір шындықтың басы осы. Тарихты түгендемей болашақты барлау қиын. Көккөл – Өр Алтай тарихының үлкен бір беті, тар жол, тайғақ кешті тағдыры. Сондықтан біз білген азғантай дерек келешекте толығады, кеніш туралы жасырын дүниелер жарық көріп, шындықтың беті ашылады деген үміттеміз. * * * Бұл жерде ауа райы әрбір 15-20 минөт аралығында өзгеріп сала береді екен, бұл құбылысты бәріміз аңғардық. Қармен шағылысып, көз қарықтырған ашық күнді әп-сәтте тұман баса қалады. Соңынан қарлы боран ұйтқиды. Енді бірде аспан асты тына қалып, жапалақтап қар жауа бастайды. – Мұзтау қай жақта? – деп сұрадық күннің көзі қылт ете қалған бір әредікте. — Мұзтауыңыз әне тұр! Бәріміз бұрылып Тұрсынхан көрсеткен қарсы қапталға үңіліп қалдық. Мұзтауды іздеп сығырая телміреміз. Қорғасын бұлттың астынан алапат шыңның алашұбар етегі көрініс берді. Сұсына қарағанда басы мен бауырын жуық күндері аша қоятын түрі жоқ. Дегенмен біз іргесіне жақындап-ақ келген екенбіз, ұлы таудың суық демін анық сезіндік. Ауылдың маңайы шашылған темір-терсек екен. Кезінде дүкен болған үйдің бұрышында баяғының “полуторка” мәшинесі тұр. Моторы бұзылған, қорабы қираған, шынысы шағылған. Әйтеуір артқы екі дөңгелегі аман, желі шықпаған, сол қалпы. Бұл мәшине мынау биік тауға қалай келгені, оны не үшін әкелгені белгісіз… Шахтерлердің “карбитка” деп аталатын қол шамын жігіттер әр жерден тауып алып жатты. Электр қуатын берген дизель де шашылып қалған. Бір шетте тас уатқыш алып механизм төңкеріліп жатыр. Ауылдың батысындағы құз жартастың түбінде көл бар екен. Көл ежелгі жанартаудың кратерінде тұр. Көлдің шет-жиегі кіреуке мұз, орта тұсы тұңғиық, жүрек суырғандай қап-қара. Сірә түпсіз терең болар.. Көл жағасынан екі қабатты байыту фабрикасы орын теуіпті. Фабрикадағы түрлі механизмдермен таныса жүріп ұққанымыз: таудан тасылған кен майдаланып ұсақталады, ол ұсақ тастар жоғарыдағы конус тәріздес чанға құйылады, сумен шайылады, сосын ұзынша транспортерге түседі. Транспортер бойында қаз-қатар тұрған әйелдер керегін бөлек, тасын бөлек қолмен сұрыптап шығады. Ауылдан арырақ, қорым тастың арасындағы ат жайылымындай тепсеңде тағы бір шағын үй тұрды. — Айыптыларды қамайтын кеніштің түрмесі сол – дейді Тоқтар ағамыз. – Кейінгі елуінші жылдары бұл үйдің не болғанын білмеймін. Ал соғыс кезінде еңбек армиясының айыптылары жататын. От жағылмайтын тастай суық үй зынданнан кем емес-ті. Оған бір түскен адам қайтып ұмытпастай болады. Ал оған түсу соншалықты қиын да шаруа емес еді. Таңертең жұмысқа бес-он минөт кешіксең де, күнделікті нормаңды орындай алмай жатсаң да – барар жерің осы үй. От демекші, тіс шұқыр ағашы жоқ мынау тасты тауда ауыл отынды қайдан алды дейсіз ғой. Отындық қарағай бөренелерді Төменгі лагерьден атпен тасыпты. Содан әлгі бөренелерді өлшеп отырып кеседі екен. Кесілген бөренелерді тізімдеп бөлме-бөлмеге бөліп береді екен. Бұл бөлінген отынның аздық ететіні сондай, ер-азамат таң қараңғысынан жұмысқа кеткен кезде тамақ жылыту үшін бір жағып, олар түннің бір уағында жұмыстан қайтқан кезде бір рет жағуға ғана жететін сияқты. – Күндізгі уақытта ұсақ балаларды көрпемен қымтап, салқын үйде қалдырамыз да, өзіміз жұмысқа кетеміз, – дейді Көккөлде сегіз жылдай тұрған Күлзиға Құрманғазина тәтеміз. – Түскі самауырды үш-төрт үй бірігіп қайнатамыз. Самаурын қайнатар жаңқа жоқ, дүкенге түсе қалса таласып-тармасып жәшігімен сатып аламыз да, сіріңкемен қайнатамыз. Ауыр жұмыстағы ер-азаматтың амандығын ойлап, әйелдер жағы отынды осылайша үнемдейтін едік. Кеніш кеңсесіндегі кітап сөрелері, қолдан жасалған шкафтар, столдар, орындықтар біреуісі құлап, біреуісі жығылып дегендей шашылып жатыр. Есік-терезесі ашық-шашық жатқандықтан кейбірі қарайып, шіри бастапты. Пружиналы темір кереуеттер мелхиор бастары жалтырап, сол қалпы сақталған. Барақтардың, үйлердің еден тақтайлары қар мен судың салдарынан омырылып құлап жатыр. Дегенмен, уақыт пен иесіздік өлген ауылға қолтаңбасын мықтап салған сияқты. — Қарағай дегеніңіз мыңжылдап шыдай береді, – деді орман ісінің маманы Ақәділ ініміз. — Мынау шіріп жатқандары ағаштың балқарағай секілді жұмсақ түрі ғой. Әйтпесе үйдің қарағай қабырғасын қараңызшы, әлі күнге тас қамалдай емес пе! Монша, дизель тұрған сарай, сосын клубқа ұқсас бір үйдің қабырғасы жоқ, қирап жатыр, іргетасы ғана қалыпты. Бұл жайтты Тоқтар ағамыз: – Елу бестің тамызында кеніш ресми жабылған соң, көше алмай қыстап қалған жұрт не істесін? Қақаған қыста өлместің қамын жасап, осы үйлерді отынға талшық еткен ғой,– деп түсіндірді. Біз бұл күні кезінде кеніштің қоймасы болған үйдің төбесіне шығып, шатырдың астында қонып шықтық. Күндіздің өзінде дірдектеп жүрген бізге түннің қаншалықты суық болғанын айтып жатудың өзі артық шығар. Бұл сапарға керек-жарақтың бәрін сайлап, дайындалып-ақ шыққан сияқты едік. Бәрібір, жігіттердің біразы шілденің шіліңгірінде қардың астында, мұздың төсінде жүремін деп ойламаса керек. Киіп шыққан жалғыз свитер мен куртка қорған болмай, қайта-қайта төмендегі алау басына жүгіріп, жылынумен жүрісті. Түн ортасында атанды жығардай алапат жел тұрған. Желдің соңы қарлы боранға ұласты. Шатырды жұлып әкетердей үйіріп соғады, ысқырған үні тіптен зәрлі. Боранға қосылып Вольфрам тауы жақтан қасқыр ұлыды. Қасқыр ұлып еді, іргеде арқандаулы аттың бірі екі-үш рет кісінеп жіберді. Бәріміз ояу болатынбыз, жылқы кісінеген бойда Ерен досымыз атып тұрып, мылтығын алып мансардқа шығып кетті. Қатты бір дауыстап, мылтық атты. Мылтық даусын боран жұтып жіберді білем, шатырда жатқан біз әзер естідік. Ерекең киініп сыртқа шығып кетті де, сүт пісіріп мезгілден соң ғана қайтып оралды. — Алтай мінез танытып тұр, бет қаратпайды,– деді үсті-басын қағып жатып. – Аттың бәрін қора маңына айдап тастадым. Түн жарымында басталған боран таң ата бірақ басылған. Таң сарғайып атқан бойда далаға шықсақ – жер дүние анадан жаңа туғандай аппақ. Кешегі Көккөлді, келген жерімізді танымай қалдық… Асықтан келер қар түскен, ауа райы жаңа жыл алдындағыдай балбырап тұр, тып-тымық. Расын айтсақ, кейбір жігіттер түні бойы ауыздарын балықша ашып, ауа жетпей ауырып шыққан болатын. Кейін білдік, Көккөл тұрған бұл асу теңіз деңгейінен тура үш мың метр биікте екен ғой. Ауа сирек, оттегі тапшы. Арамызда сырқаттанып қалғандардың барын ескеріп, шай ішіп бой жылытқан бойда жол қамына кірістік. * * * Көккөл кенішінен аттанарда Алтайдың алқымында қалып бара жатқан жетім ауылға тағы бір тебірене көз салғамыз. Мынау түсі суық жатбауыр мекеннен көңілге медет, жүрекке жылу іздегендейміз. Бірақ ыс тигендей бірөңкей қара үйлі қаралы ауыл демін ішіне тартып үнсіз сазарады. Қалай болғанда да осы бір жұттан қалғандай жұмбақ ауыл бізге елдіктің қасиетіндей, ерліктің символындай көрінген. Өр Алтайдың мұзарт биігінде адамның жасампаз рухына орнатылған мәңгіліктің ескерткішіндей елестеп өтті. Осы жерде бізден кейін болған, “Время” газетінің тілшісі Андрей Кратенко өзінің мақаласында Көккөлді кеңес дәуірінің “Титанигіне” теңепті. “Титаник” Атлантиканың 4 мың метр тереңінде, Көккөл Өр Алтайдың 3 мың метр биігінде қалған… Тәуір табылған бейнелі теңеу ме дедім…
Әлібек АсҚаров, жазушы.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
10 тамыз 2001 жыл.