Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті прозашы Әлібек Асқаровқа «Социализм әңгімелері» мен «Әйел парасаты» топтамалары үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында құрылған Халықаралық Жазушылар одағының атынан «Ұлт мақтанышы» төсбелгісін табыстау рәсімі өтті. Төсбелгіні «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша өкілетті директоры Мұхамедқали Баймұханов тапсырды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері Ә.Қайырбеков, Т.Мамашев, Ж.Шаштайұлы, Р.Нұғманбекова, З.Жұмановалар ұлттық әдебиетіміздің бүгінгі көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, жазушы Әлібек Асқаровтың соны тәсіл, тың өрнектермен өрілген шығармалары эстетикалық тұрғыдан әсерлі, көркемдік деңгейі биік дүниелер екеніне тоқталды. Жазушы шығармалары образ сомдаудағы өзіндік тәсілімен, бояуының қанықтығымен, табиғатты суреттеудегі нәзік нақыштарымен дараланады. Еліміздің табиғаты өзгеше Қатонқарағай өңірінің тумалары Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкей сынды көркемсөз зергерлерінің ізбасары бола білген Ә.Асқаров ағалары салған жолды лайықты жалғастыра білді. Жазушы қаламынан бүгінде отыздан астам кітап жарық көрді. Ә.Асқаровтың әрбір шығармасы тылсым табиғатқа, туған жерге, ауыл адамдарына деген сүйіспеншілікке, жүрек жылуына толы. Жазушы шеберлігінің бір сыры — кез-келген уақыт өзгерістерін, заман талқысын оқырманның көз алдына келетіндей етіп, қазақтың қара сөзімен сомдай білуі. Ә.Асқаровтың бастамасымен Қазақстан тарихына байланысты құнды кітаптар сериясы, қазақ әдебиетінің алтын қорына жататын шығармалар топтамасы, қазақ фольклорының көп томдығы жарық көрді. Жазушы қазақ әдебиетінің алыптары – Абай, Жамбыл, Әуезов шығармаларын шет елде бастыруға белсене атсалысты. Минск қаласында Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі халықаралық кеңестің төрағасы ретінде ТМД елдері арасындағы мәдени-рухани саладағы үзіліп қалған озық дәстүрлерді қайта жалғастыруға көп күш жұмсады.