Орталық коммуникациялар қызметінде 29-шілде күні «Елдің тарихы мен мəдениеті – болашағы тұтас ұлт» тақырыбында өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров Қазақстанда Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 160 том кітап жалпы таралымы 350 мың таралыммен шығарылғанын мәлім етті. «Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаның негізгі бір бағыты – болашағы тұтас ұлт қалыптастыру. Ал елдің өткенді бағалап, ұлт тарихы мен мәдениетін терең зерделемей тұрып елдің болашағы туралы әңгіме айту да мүмкін емес», – деді Әлібек Асқаров. Оның айтуынша, тарихты зерттеу, ең алдымен, көне қолжазбалар мен кітаптарға жүгініп, кітапханалардағы қолжазбалармен тынымсыз әрі мұқият жұмысты талап етеді.
«Осы бағытта Алматыдағы Ұлттық кітапхана Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу мен «Мәңгілік ел» патриоттық жобасы аясында түрлі шаралар өткізіп келеді. Айталық, биылғы жылдың басынан бері біз кітапханада үлкен көрме ұйымдастырып жатырмыз, онда келушілер үш мыңнан астам қолжазбалармен, сирек кездесетін тарихи құжаттармен, кітаптармен таныса алады», – деді Ә. Асқаров.
Әлібек Асқаров ары қарай ғалымдар зерттеуіне сүйене отырып, ежелгі ғұндар бүгінгі қазақтың Керей, Уақ, Сіргелі секілді руларымен туыс болып шыққандығын алға тартты. Оның айтуына қарағанда, зерттеуші ғалымдар қазақ халқының ДНҚ-сын (ДНҚ –Дезоксирибо нуклеин қышқылы, генетикалық ақпаратты тасымалдаушы молекулалар, тірі ағзадағы генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қышқылының бірі – ред.) ежелгі жауынгер халық хунну (ғұн) мен арийлердің ДНҚ-сымен салыстырған екен.
«Нәтижесінде осы үш халықтың өзара жақын туыстық байланысы барын анықтаған. Нақтылап айтсақ, осыдан 4000 жыл бұрын өмір сүрген андроновтардың гені қазақтардың қазіргі Табын руында кездескен. Дүниежүзінде ең алғашқы болып жабайы жылқыны қолға үйретіп, дөңгелекті арбаны ойлап тапқан да осы арийлер болған. Ал «хунну», кейіннен ғұн атанған халық біздің қазіргі Керей, Уақ, Сіргелі руларымен туыс болып шықты», – дейді Əлібек Асқаров.
Бұл ғана емес, оның айтуынша, ежелде алып империя құрған қидандар қазіргі қазақтың наймандарының ата-тегі екені де айтылып жүр. Ал ғалымдар мұндай қорытындыға Қытайдың солтүстігінен табылған Еген Гол, Дүрлі Нас, Бар Кол қорымдарында жерленген жауынгерлердің ДНҚ-сын зерттеу нәтижелері арқылы ұйыған тәрізді.
Сондай-ақ брифинг барысында Әлібек Асқаров қазақ тарихы үшін ең құнды дүние – Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегі екендігін айтты. Өйткені, осыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығының құрылғандығы туралы дерек әзірше тек «Тарихи рашиди» қолжазбасында ғана кездеседі. Кітапхана директорының айтуынша, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи рашиди» атты қолжазбасын парсы тілінен қазақшаға аударып, кітап етіп жарыққа шығарған.
«Бұл кітап қазақтың мəдени өміріндегі айтулы жаңалықтың бірі. Бұған дейін Дулати қолжазбасы орыс тілінен қазақшаға аударылған болатын. Алайда аудармада көптеген түсінбестіктер, көне атаулар мен аттардың қате жазылуы, кейде əдейі бұратартушылық толып жүргендігі белгілі болды. Осы ретте қазақ ғалымдары тарапынан үлкен талқылау орын алды. Қазір «Қазақ хандығына – 550 жыл» деп жатырмыз. Бірақ біз осы деректі қайдан алдық? Ол деректі Мұхаммед Хайдардың осы қолжазбасынан алдық. Басқа ешқандай жазбаларда Қазақ хандығының құрылғандығы жайында дерек кездестірілген жоқ. Бұл кітаптың қазақ үшін маңызы да осында жатыр», – деді Əлібек Асқаров.
Дастан ҚАДЫР
«Президент және Халық»