Артқа қайту Басып шығару

Нұрдәулет Ақышев

Нұрдәулет Ақышев,

жазушы, филология 

ғылымдарының 

докторы


ҚАНЫҚ БОЯУЛЫ ҚАЛАМГЕР


Қатарлас қаламгерлердің ішінде Әлібек Асқаровтың қалам ұстау мә­нері, оймен сурет салу тәсілі өзгешелеу екендігі үңіле, шұқ­шия оқыған оқырманға жақсы мәлім болса керек-ті. Көркем шығарманың таби­ғаты сөзбен салынған бейне­лілік арқасын­да ашыла түспек.

Әлібек нақ осы бейнелілік мәселесін жет­кілікті игере білген, қазақ көркемсөзінің қыры-сырына қаншалықты қанық екендігін өзінің қаламынан жорғалап шық­қан шығармалары  арқы­лы жеткізіп жүрген қаламгер. Оның туындыгерлігі тура­сын­да айтылып, сын жанрында жазылып жүрген мақалалар қатары олқы емес. Әр туын­ды­сының көңіл бөлініп отырса, ол жазушының мықтылығы ғой. Ә.Асқаров шығармашылығы­на өз заманында тамсана тү­сіп, бағасын берген Шерхан Мұртазадан асырып жеткізе талдау қолдан келер ме екен?

Әдебиеттің есігін қағып тұрған сонау талапкер кезінен-ақ тырнақалды туынды­лары­мен-ақ оқырман назарын ау­дарып, болашағына үмітпен қа­рауға ықылас туғызатын бір қаламгерлер болады. Кейде, жасыратыны жоқ, он­дай қа­ламгерге үлкен үміт арты­лып, келешегінің келбетін елес­тетуге де асығып жатамыз, болжам айтып жіберуге де батылымыз жетеді. Міне, осындай талапкерлер шоғы­ры­нан көрініп, қалам ұста­сының нық екендігін сез­дірген қаламгердің бірі Әлі­бек Асқаров болатын. Жас жазу­шылардың жыл сайын шы­ғарылатын «Арман қанаты» жинағына енген «Шұғыла таудың етегінде» әңгімесінен бастап, бүгінде жиі сөз болып жүрген «Өр Алтай, мен қай­тейін биігіңді?» хикаяты­на дейінгі аралықта өмірге кел­ген құнарлы туындылар соның лайықты дәлелі болар.

Қазақтың көп жазушыла­рының кейіпкерлері – ел ішін­де­гі қарапайым адамдар. Әлі­бекті­кі де сондай. Өзге­шелігі сол – оның образ сомдау барысын­да өзінше саты­лап баратын ізде­ністері. Ал ізде­ністер ны­шанын байқа­татын – ең алды­мен оның роман­тизмі мен юморлық емеу­­ріндері, бояулы тілі. Әде­­биеттану ғылымы мен сын­­шылар пайымдауларына қа­­ра­­ғанда, Әлібек Асқаров – Ал­тай­дың жыршысы, қаймағы бұзылмаған тұма табиғаттың жанашыр қаламгері. Дау ту­ғызбайтын пайымдау. Бірақ, меніңше, әңгіме тек сол таң­дап алған тақырыппен ғана шектеліп қалмауы тиіс, әңгіме – сол тақырыпты қалай жеткізе білуде ғой. Алтай тауын ас­қақ­тата жырлау – жазушы талан­тының кепілі бола ала ма?

Тақырып жағынан алған­да, Әлібектің қаламына түсетін  жүк оңай емес. Өйткені бұған дейін Алтайды жырлауға талап қылған қаламгерлер жоқ еді деп айта алмаймыз. Сонау бір замандардағы Иса Байза­қов, Дихан Әбілев, Қапан Қам­баров, Қалихан Ысқақұлы, Орал­хан Бөкей, тіпті басқасын былай қойғанда, Әлібектің дос қалам­гері Дидахмет Әшім­ханұлы жә­не т.б. қозғаған киелі тақырып емес пе. Осы­нау тегеурінді топтан кейін Алтайды асқақтата жырлап көр, жаңалығын ашып, өзіңше бедерлеп көр. Оңай емес. Осыдан-ақ Әлібектің көркем қиялына, кәседей кәллесіне тү­сетін жүктің салмағы осал бол­мағанын аңдайсың. Бірақ қиын екен деп күрмеліп қалған Әле­кең жоқ, жүрегінің жалы­нымен, өрекпіген өзімшіл көңі­лімен өзінің төл Алтайын, туы­рылып тұрған туған өлкесін өл­генше жақсы көретінін сөз құйы­лыстарымен дәлелдеп берді.

Сонау қаламы балаңдау ке­зінде жазылған «Шұғыла тау­дың етегінде» әңгімесінде Ал­тай өңірінің табиғат су­реттері ықшам түрде ғана кө­рініп ке­теді. Бірақ бұл әң­гіменің негізі өзегі Алтай табиғатын тамсана бейнелеп беру емес, сол әсем өлкеде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан қарапайым азаматтар­дың жан әлемін оқиға үстінде бейнелеп көрсету. Машинасына шөп тиеп келе жатқан жүргізуші жі­гіттің аяқ астынан өрт шыққан сәттегі шешімталдығы, өзінің ба­сын бәйгеге тігіп, маши­наны аман алып қалу үшін өрге қарай өршелене ұмты­луы – кейіпкердің ерлік жа­сауға іштей қашанда дайын тұрғандығын білдірсе керек. Демек, ол кездейсоқ қаһар­ман емес, уақттың өзі ту­ғыз­ған, ішкі рухы мықты жан. Қарапайым еңбек адамы бол­ғанымен, әрекеті кесек ең бек адамының келбеті жазушы қаламымен әңгімеде жанды суретке айналған.

«Алтайды менен бұрын талай қаламгер жазған екен» деп, тосылып, тосырқап тұр­ған Әлекеңді байқамадық, ол көп жазылса да, таптаурын бо­лып үлгірмеген тақырыпты ша­быттана жырлады. Тіпті өзі­нен басқа ешкім айтпағандай, тілдеріне титімдей де тиек етпегендей екпіндей жырлады, сөз құйынын үйіре соғып, өзінің өр Алтайын жырланып бітпес қасиетті тақырыпқа айналдыра білді. Оған дәлел ретінде тілге тиек бола кететін щығармаларының қатарында «Ша­банбайдай жер қайда?», «Жұрт­та қалған жеті жұрт», «Өр Алтай, мен қайтейін биі­гіңді?» және тағы басқа әңгіме, повес­терін, эсселерін атауға болады.

Осылардың ішінде әдеби сынның талдауына көбірек ілігіп жүрген көлемдірек туындысы – «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп ата­ла­тын повесі.  Мұнда  атақты Алтай тауының баурайына қо­ныс тепкен әжеп­тәуір ауылдың бірер жылдың ішінде қандай кепке душар болғаны сондағы жекелеген адамдардың тірші­ліктерін су­реттеу арқылы көзге елестейді. Осы төңіректе бо­лып жатқан ірілі-уақты оқи­ғалар тізбегі ауыл пошташы­сы болып қызмет атқа­ратын Сәлима қыздың көзі­мен бері­ліп отырады. Әсем та­биғаттың нақ ортасына орна­ласқан, күн­көріске қолайлы жақ­тары же­терлік осынау мекен айдың-күннің аманында нелік­тен тозып, тұрғындары сиыр­дың бүйрегіндей пышырады?

Жазушының шым-шымдап жеткізуінен байқалатыны – мұн­дай күрт өзгерістің себебі те­реңде, еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейінгі өтпелі кезеңнің қатал сынағында жатыр екен.

Кеңес дәуірінде мемлекет­тің қамқорлығында болып, қа­лыпты өмір ағынымен жүріп жатқан ауыл орталықтан келіп тұрған қаржы көзі бітелген­нен кейін бұлағы тартыла бас­таған бақшаға ұқсайды. Ауылдағы кеңсе, мектеп, дү­кен, дәрігерлік пункт сияқты әлеуметтік нысандар біртіндеп жабыла бастаған уақытта тұр­ғындар көңіліне еріксіз алаң­даушылықтың кіруі логикалық тұрғыдан заңды. Кеңес өкі­ме­тінің енді келмеске кет­кенін түсінген кейбір көзі ашық, әлді адамдардың құлазып қалған ауылдан ішкергі, елі мол жақтарға қарай қоныс ау­дара бастауының себебі осал емес.

Осы жағдайға орай кейіп­керлер арасында әрқилы пі­кір­лердің болуы, жекелеген дау-дамайлардың орын алуы өтпелі кезеңнің кезекті шын­дығына сыйымды. Повес­тің өзегіне айналған проб­лема тек өтпелі дәуірдің қиыншы­лық­тары тұсындағы тұрғындар психологиясын ашып көрсе­тумен шектелмейді, жазушы қазақи рухтың сақта­лып қа­луы мәселесіне де мүм­кінді­гінше назар аудара білген. Бір жағында қазақи сананы қаймағын бұзбастан қалай сақ­тап қаламыз деген мәсе­ленің ұшығы көрініп тұрса, екін­ші жағынан жастардың қалалы жерлерге ұмтылысы, тұрғын­дар­дың қалаға шоғыр­ла­нуы (урба­низация) сияқты мәселелер алдыңғы қатарға шығады. Демек, шығарма маз­мұ­нынан алы­на­тын тағы­лымдық сипаттар тез арада ескіре қой­майды деген сөз.

Соңғы уақытта жазушы­ның баспадан жаңа ғана шық­қан «Әйел парасаты» атты кітабына енген туындылары  зерттеушілердің назарына ілі­ге бастаған жайы бар. Осын­дағы «Ғаббас пен Шура» әң­гімесінің айтары не екен деп үңілсеңіз, тек жазушы концепциясына айналған көр­кем пайымдаулардың өзі  әр­түрлі параметрлерде ұсыныл­ғанын байқайсыз. Өйткені сонау қарғыс атқыр соғыстың  бүгінгі бейбіт өмірге жеткен жаңғырығы оқырманды бей­жай қалдыра алмайды. Шура да, Ғаббас та партизан болып, жау тылында басқыншыларға қарсы соғысқан. Ғаббастың артынан бір емес, екі рет қара қағаз келіп, туыстары баяғыда-ақ өлдіге санап қойған. Мұн­­дай жағдаяттың соғыс кезінде аз болмағанын білеміз. Жазу­шы сол шындықты мате­риал ете отырып, бүгінгі ұрпақ үшін ертегідей көрінетін со­ғыс туралы тағы да көркемдік шешім ұсынып, өзінің тия­нақты позициясын білдіреді.

Мина жарқышағының сал­дарынан қос жанарынан айы­рылып, зағип болып қалған Ғаббастың мүгедектігін Шура мойындамауға тырысып, сүй­ген жігітінің етегінен бәрібір айырылмайды. Қазақстанға, Ғаб­бастың туған жеріне келіп, екеуі түтін түтетіп, үй болады.

Қазақстанға келген жастар­ды Ғаббастың туғандарының қалай қарсы алғаны, со­ғыс қа­сіретін түсіне отырып, адам­дар арасындағы мызғымас бе­рік махаббатқа куә болуы эпи­зодтық персонаждар ар­қылы берілген. Мәселен, он жасар Гүлжан есімді қыздың көз алдында болып жат­қан қуанышты оқиғалар оқырман­ды біртіндеп фило­со­фия­лық түйіндеуге жете­лейді. Тек қана бас құрап қойса бір сәрі ғой, Шура өмірге тоғыз бала әке­леді.

Кітаптағы «Қалжан мен Лә­зиза» повесі де Кеңес заманы тұсындағы адамдардың қилы тағдырлары жайында қызық­ты етіп сыр шертеді, оқиға өзегін тосын перипетиялар арқылы өрбітуге ұмтылыс жа­сайды. Жастық шақтары қа­сіретті зұлмат кезеңіне сай кел­ген Қалжанның басынан өткізбеген құқайы жоқ десе де болғандай. Жазушы екі тағдырдың өткелектерден өтіп келіп қалай қиысқанын тар­тымдылықпен жеткізе білген.

Әлібек тек  Алтай пейза­жын ғана кестелей жеткізіп қана қоймай, кейіпкердің порт­ретін салуға да шебер. Мә­селен: «Аспан түстес аласыз бадырақ көз, аппақ қардай алма бет, үлбіреген қаймақ ерін, күлте­ленген жібектей сарғылт шаш. Денесі тығыршықтай, кеудесіндегі қос анары тыр­сиып, қимыл етсе, көңілді қы­тықтап, толқып қоя­ты­нын қай­терсің»  деп сурет­те­летін әйел бейнесі оқыр­манның көз алдына сол қалпы тіріліп кел­гендей болады. Мұнда порт­рет­тердің жазушы шығар­мала­рында кездесу сирек емес.

Қаламгер кейіпкердің мі­нез-құлқын ашу барысында диалогты оңтайлы қолдана білумен ғана емес, сөзден су­рет түйіндеуге де төселіп ал­ған. Ал неге сурет салуға құ­мар екендігін Ә.Асқаровтың шығармашылығын жете түсі­не алатындар пайымдай алуы мүмкін. Білетін кісілердің бірі ретінде бұл мәселеге мен өзім­ше уәж айта кетейін, Әлібек ол – суретші ғой. Қа­лам ұстаған жазушы ретін­дегі суретші емес, кәдімгі қыл қалам ұстаған кәнігі сурет­ші. Оның портрет, пейзаж және лино­графия жанрын­да­ғы жеке­леген шығармалары назарға ұсы­нылған да бола­тын. Бірақ ерте­ректе, отызға жетпеген кезін­де. Ал отыздың ол жақ-бұл жағын сағалап, қақсал тартуға айналған шақта Әлібек Асқаров қыл қаламын ептеп өгейсіте бастады, оның  Пегасы (өнер жо­лындағы Пырағы) жазушылық пен журналистиканың ауылда­рына қарап, жиі-жиі кісінейтінді шығарды. Кейін біржола қыл қаламның белінен басып, бас­қа бағытта көлденең жатқан белден асып түсті.

Қос таланты қос қанаты бола алар еді.

Бірақ Асылбай ақсақалдың Әлібегі сарыөзен уақытының елеулі бөлігін басқа бағытқа жұмсады. Өлшеулі жылдардан тұратын жастық кезеңінде бар қуатын жұмыс орнына  төкті. Жастық шағын «Білім және еңбек» журналының бо­сағасында телмеңдеп жүріп, макет мәпелеумен өткізді. Өз шығармашылығын өзекке тепті. Онан кейін «Өнер» бас­пасын өрге сүйреймін деп, ең­бекқорлықтың өнегесін көр­сетті. Өз шығармашылығы та­­ғы да өгейсіп қалды. Онан ке­йін  Әлекеңнің территориясына басып кіріп, уақытына қожа бола кеткен түрлі деңгейдегі шенеуніктік қызмет. Солардың арасында қашып-пысып, қы­сылып-қымтырылып жүріп, қолынан қайта-қайта түсіп қа­ла берген қаламын сығырая із­деп, сипалақтап тауып алатын.

Бүгінгі оқырманның олжа­сына айналып жүрген өлшеулі туындылары – ыңғайына ке­ліп қалған сол бір ұрымтал сәт­терде үлгіріп қалғандары ғана. Әйтпесе Әлекеңнің негізгі шы­ғармалары әлі басында, жазу­шылық жоспарында.

Сол шығармаларды құныға оқуымыз үшін Әлекеңнің басы аман болсын дейміз.


«Президент және халық» газеті.