академик
АҒА ЖАЙ — АЛТАЙДАЙ ЖЕР ҚАЙДА?
Ей, қайран Алтай, Марқакөл!
Қалды-ау кейін қайран ел!.. — деген сөздермен шырқалатын сағынышқа толы, мұңлы бір ән бала кезімізден құлағымызға сіңіп, содан бері талай жерге көшсек те, қаншама жылдар өтсе де әлі есімізден кетпейді. Сонау сұрапыл соғыс жылдары анам Әужан бүкіл Совет Одағына белгілі болған «Скотоимпорт» деген өте мықты да ықпалды мекеменің бұйрығымен Қытайдан, Моңғолдан мыңдаған малды Семейдің атақты ет комбинатына жаз айларында жая айдап апарып тапсыратын. Ол кісімен атам, апам, әпкем және мен бірге жүретінбіз. Жол Алтай мен Тарбағатай, Қалба таулары арқылы өтетін. Кейде атамның артына міңгесіп, кейде апамның алдына отырып, тіпті кейде атқа, өгізге таңылып жүріп мен сол таулардың небір әсем де әдемі құздары мен қияларын, қарағай, шыршаларын, көлдері мен өзендерін, асулары мен қыраттарын, алуан түрлі шөптері мен гүлдерін көрдім. Әсіресе, бармақтай-бармақтай доланасы мен бүлдіргендерін ұмыту мүмкін емес. Анам марқұм Алматыда тұрып сол жерлерді бір көрсем деп армайдайтын. Мен де ойлап қоюшы ем. Тәңір жазып, соның сәті 2006 жылы түсті. Қатонқарағай мен Рахман арасанында болып қайттым. Бірақ құмарым қанғанша аралай алмадым.
Енді, міне, сапар шекпесем де, асқаралы Алтайдың қойнауына еніп, ауызбен айтып жеткізе алмайтын жерлерді аралап, әрі сағынған, әрі рахаттанған сезімде отырмын. Мұндай жағдайға түсіріп отырған Әлібек Асқаровтың «Алтай — алтын бесік, ата жұрт» деген кітабы.
Бұл жай кітап емес, автордың өзі мұны «тарихи-танымдық тұрғыдағы саяхат (сафари) жазбалары» деп анықтапты. Қош, солай-ақ болсын делік. Алайда, кітапты оқып шыққанда, ол жай ғана жазбалар емес, тарихи-танымдық қана емес, көркем тілмен, өзіндік стильмен жазылған, бір-бірімен тығыз байланысқан төрт шығарма, туған жер мен туған елге деген гимн, мадақ, әрі поэтикалық ескерткіш болып шыққан әдеби туынды екеніне көз жеткіздік. Бір қарағанда төрт тараудан тұратын прозамен жазылған роман сияқты болып көрінеді. Әрине, мұнда әдебиет теориясында айтылатын классикалық романды іздеу — әбестік, солай бола тұрса да мұнда алуан түрлі оқиғалар мен сюжеттер тізбегі, әрқайсысының өз мінезі, әдеті, сөйлеу мәнері бар кейіпкерлер тобы, олардың бір-бірімен қатынасы, әр түрлі жағдайдағы іс-әрекеті бар. Бұл тарауларда өте шебер суреттелген табиғат көріністерін тамашалайсыз, қаншама қызық әңгімелерді естисіз. Кейде Тургеневтің аңшылары айтатын секілді хикаяларға қанығасыз, көптеген аңдармен, құстармен ұшырасасыз. Осының бәрін баяндап, бейнелеп отырған автордың тілі өте шұрайлы, сөз қоры бай, бояуы мол, қиялы қанатты, ал білімі ұшан-теңіз. Әсіресе, Алтайдың арғы-бергі тарихын, оның тау-тасын, шоқысы мен қыстауын, ағашы мен шөптерін, аң-құсын, яғни ғылым тілімен айтқанда, флорасы мен фаунасын, бүкіл биосистемасы мен гидрометтік сипатын айтқанда, құдай-ау, осы Әлібек мұның бәрін қашан оқып, қайдан біліп жүр деп таңданбасқа шараң жоқ. Ол ол ма, бүкіл әлем мәдениетіне, әсіресе, әдебиет пен өнерге, сурет пен сәулетке жетік екенін тағы көресің. Ал оның Шамбала мен Ақсу (Беловодье) туралы жазғандары тек суреттеу емес, оның үнемі ізденіс үстінде жүретінін аңғартады. Мәселен, Шамбала жайында интернеттен дерек іздейді де былай дейді: «Шамбаланың орысша мағынасы «Беловодье» деген, қазақшасы «Жер жаннаты» деген ұғымға келеді екен. Жер үстіндегі Шамбала — көкорай майсалы мамыражай қоныс, үйрек ұшып, қаз қонған сулы да, нулы мекен. Ал жер астындағы Шамбала — қош иісті гүлдермен көмкерілген, қымбат тастармен әшекейленген, алтын зерлі жарқыраған қала. Бұл таңғажайып қалаға кірер екі есік бар. Оның оңтүстіктегі есігі Гималай тауларының гүлжазиралы бір аңғарында, Брахмапутра өзенінің бастауында. Солтүстіктегі есігі Алтай тауларында, Мұзтаудың маңайында деген аңыз бар».
Ал енді осы Шамбала, Мұзтау, Беловодье деген атаулар мен ұғымдарға келейік. Олар ежелгі заманнан бері келе жатқан түркі-моңғол мен үнді (Тибет) мифологиясында кездеседі. Олар туралы түсініктер мен сюжеттер келе-келе классикалық фольклорға еніп, баяғыда түбі бір болған біраз халықта әлеуметтік-утопиялық әпсана туғызған. Елдер осы мифологиялық ұғымға және әпсанаға сеніп, сол жұмақ жерді іздеген, я болмаса, сол жерді ғажап мекен деп суреттеген. Мәселен, Мұзтау көне түркі мифологиясында Өтукен деп қабылданған, ал біздің «Қозы Көрпеш — Баян Сұлуда» адам оңайлықпен жете алмайтын Мұзтау бар. Сондай-ақ Шамбала біздің «Көрұғлы» жырында Шәмбіл (Шамбыл) қаласы боп суреттеледі. (Біздің Жамбыл тауының атауы – Шамбыл болуы ғажап емес). Кезінде Гималайдағы Шамбаланы табу үшін Гитлер-Геббельстер экспедиция ұйымдастырған болатын. «Беловодье» деген де осы тұрғыдағы мифологиялық мекен. Жалпы, қоғамдағы тарихи-әлеуметтік жағдайға байланысты көп елде «құтты қоныс» туралы әпсаналар туған, адамдар соны іздеген. Бізде Асан қайғы Жерұйықты, Өтеген Жиделі Байсынды іздеген.
Жә, Әлібектің тарихқа, шежіреге жүйіріктігін қойып, көркем сөз шеберлігіне көңіл аударайық. Ол нені суреттесе де, бейнелесе де, тіпті бір аңызды, яки күн райының өзгергенін айтса да әдемі, шырайлы сөздермен жеткізеді. Ал балғын балалық шағын, сол тұстағы арман-қиялын, сезімін баяндаса, айнала қоршаған табиғатпен үйлестіре, жандандыра әңгімелейді, романтикалық сарында жырлайды. Шындығын айтқанда, Алтайды, оның адамды естен тандыратын сұлу табиғатын өлең қылмаған ақын қазақта кемде-кем. Солардың ішінде Мағжан, Исалар ерекше жырлағаны белгілі. Ал әлемді шарпыған соғыста фашистерге тұтқынға түсіп, Отанын, елін сағынған Мәжит Айтбаевтың Алтайды айтуы айырықша.
Көз салсаң Алтын Алтай аймағына,
Аймаққа гүл құшағын жайғанына.
Шыңғыс пен Тарбағатай, Хантәңірлер,
Алтайдың сәнді сұлу айдарындай!..
Алтайдың ер еліне ел жете ме,
Сарыарқа сүйген елін шерлі ете ме?
Дариға жер жұмағы Алтайымдай
Басқа жер мені, сірә, тербете ме? —
деп шерін төккен Мәжит ақын «Абылай» поэмасында Алтайдың табиғатын, оның түркілер тарихында алатын орнын, Абылай ханның, оның батырлары мен сарбаздарының Алтайды мұжықтардан қорғағандағы ерлігін тебірене жырлаған. Ақынның Алтайдағы таңның атуын, күннің батуын, түн қараңғылығын, тау сілемдерін тұман басқанын, түндегі аспаны мен жұлдызын суреттеуі — классикалық лирика!
Әлібек те Алтайдағы күн мен түнді, тұман мен қарлы боранды, жаңбыр мен желді, тау-тасты, құз-қияны, аң мен құстардың үнін, дыбыстарын лирикалық сарында бейнелейді. Сөзді оның өзіне берейік:
«От сытыр-сытыр жанып жатыр, алаулаған жалын жарығы жігіттердің жүзінде сан құбыла ойнайды. Әріректен Ақбұлқақтың бірқалыпты сарыны сырылдап естіліп тұр. Түстіктегі шұбарланған самырсын басы баяу желмен қосылып ол да бір мұңлы саз шығарады. Үй сыртындағы түп тобылғы жақтан тарғақ тақылдады. Түнгі сағым астарында мұнартқан жоғарыдағы жазық беткейден байғыздың зарлы үні талып жетті».
Тағы бір мысал:
«Түнде біраз уақыт сытыр-сытыр жаңбыр жауды. Жаңбыр басылып еді, жақын маңнан еліктің әупілі естілді. Бұл елікке етек жақтан тағы бір еліктің үні қосылды. Алыстан тау алқымынан марал сырнайлатты. Аздан соң үкінің ентіккен үһілі, байғыздың талықсыған зары құлаққа келді. Жел тұрып еді, құмығып барып самырсын басы шулай бастады. Анда-санда палатка маңайындағы аттар пысқырып қояды». Міне, тау ішіндегі түнгі өмір. Сырт қарағанда тауды басқан меңіреу қараңғылықта қандай да бір тіршіліктің белгісі жоқ сияқты көрінеді. Ал тауда өскен, оның тылсым құпияларын түсіне білетін адамға таудың түні де — өмірге толы дүние.Осыны Алтайына ғашық Әлібек дөп басып, оқырманына тірі тауды, оның неше алуан аң-құстың мекені екенін, сиқырлы шатқал-қияларын жанды етіп көрсетеді.
Ендеше, Әлібек Асқаров — көркемөнер училищесін бітірген суретші ғана емес, сөзбен сурет сала алатын суреткер деп айта аламыз. Ол дүниеге суретші көзімен ғана емес, ақын сезімімен қарайды, табиғатты, жан-жануарды ақынша түсініп, ақынша сөйлетеді.
Осындай табиғаттың суреттері мен күннің әр мезгіліндегі, тіпті, әр сәттегі жай-күйі жіті аңғарылған тұстар кітапта көп-ақ. Мына бір жолдарға көңіл аударайық:
«...Кейінгі күндердің бірінде Ерлан Сатыбалдиев екеуіміз жер аралап, қырат-жотаны салт қыдырып жүргенбіз. Алдында ғана күн көлеңкесіз ап-айық сияқты еді. Енді бір мезетте, қайдан екені белгісіз, шатыр-шұтыр күн күркіресін... Дәл төбемізде шөкімдей ғана бұлт үйіріліп тұр еді, сол екен дүниені дүрліктіріп жіберген».
Енді мына бір суретке үңілейік:
«Тұмшалаған тұман Тасшоқының биігіне жете селдірей бастағандай еді. Селдір тұманды тескілеп жетім жаңбыр жауып тұрған. Сәлден соң жауынның арты қапалақтаған қарға ұласты, қардың соңы бұршаққа айналды. Күн райы лезде суытып кетті».
Тау табиғатының дүлей мінезі дәл байқалған, ауа райының әп-сәтте бұзылғанын көзбен көріп қана емес, өзің сол жерде жүргендей сезінесің. Тегінде, тау іші, оның шоқылары мен құздары, қиялары мен арқыраған асау өзендері жалғыз бөренеден жасалған шайтан көпірлері, мүлгіген ормандары мен шалқыған шалғындары адамды алуан-алуан сезімге бөлейді. Айлы түн, жаңбырлы күн, тұманды шың т.т. — мұның бәрі таудың ішіне енгенде әу-баста шошытады, қорқытады, тіпті үрейлендіреді, ал уақыт өте келе біртіндеп қоршаған айналамен сіңісіп, етің үйренген соң тәтті қиялға берілесің, бұлттармен бірге көкке ұшып, алып шоқының төсіне, төбесіне шығасың, содан алысқа көз тастап, көкжиектен асасың, жырақтарға сапар шегесің. Тауда өскен тау баласы Әлібек Асқаров «Алтай» кітабында осының бәрін өзі мен жолаушы серіктеріне ғана емес, оқырманына да сезіндіре, түйсіндіре, сүйсіндіре алған.
Алтайды суреттегендегі лирик Әлібек көркем прозасында, әңгімелері мен повестерінде романтикадан алшақтап, қат-қабат тіршіліктің қайшылығы мен қасіретін, күнделікті күйбең өмірдің көріністерін реалистік сипатта, мейлінше шынайы түрде бейнелейді, бірақ соның бәрін ол өмірге деген шұғылалы сезіммен, ара-арасында жеңіл, жұмсақ юмормен сынай отырып, болып жатқан оқиғаларды, адамдардың ара-қатынасын сенімді етіп көрсетеді. Оның бұл қасиеті, әсіресе, ХХ ғасырдың соңғы жылдары «Қайта құру» тұсында, одан кейінгі уақытта жарық көрген шығармаларынан анық байқалады. Солардың бірі — «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты хикаяты. «Романға бергісіз хикаят» — деп атапты Шерхан Мұртаза ағамыз кітапқа берген алғы сөзінде. Айтса, айтқандай-ақ! Бір ғана ауылдың тағдырын көрсету арқылы жазушы социалистік өмір салты бұзылып, күллі қазақ ауылының жай-күйін, адамдардың қожыраған колхоздар мен совхоздардағы қиюы қашқан тіршілігін әдемі бейнелеген. «Қайта құру» деп басталып, жаппай жекешелендіруге көшкен шақтағы елдің өмірге ене бастаған өзгерістерді жете түсінбей, бұрынғы коллективтік дүние-мүліктің талан-таражға түскенін, адамдардың сана-сезімінде өзімшілдік ұғым етек алып бара жатқанын көріп, жаңалықтарға үрке қарап, алда не боларын анық білмей, дел-сал болған қарапайым еңбекшілерді сол қалпында суреттеген. Осы жайттардың барлығын Әлібек бірде жеке кісілердің тағдырын, бірде бүкіл ұжымның тарихын баяндау арқылы көрсетеді және осыларға деген өзінің көзқарасын әдемі әзілді, жылы бір жанашырлық сезімді араластырып, сырт көз болып білдіреді. Сондықтан оқырман, бір жағынан, іштей өкініп, екінші жағынан күліп отырады.
Жазушы сол бір қиын жылдарда елдің қиналғанын, жұмыссыз қалып, не істерін білмей аңырып қалған халін трагедия етіп көрсетпейді. Ол сол халдегі адамдардың іштей күйзелісін, не ойлап әуреге түскенін тәптіштеп айтып жатпайды, болған оқиғаны ғана, адамдардың сол оқиғаға қатынасын, олардың өзара әңгімесін баян етеді де, нақты нәтижені бір-ақ айтады. Сөйтіп көз алдыңызға бүкіл жағдайды сурет етіп әкеп қояды:
«Баяғы үш көшенің бойында жүз қаралы үй бар еді, қазір өрт тиген қамыстай селдіреп, одан да жетеу-ақ қалған.
Қарайып жұртта қалған жетеуінен басқасы бұрнағы жылдан бастап етектегі Мұқыр жаққа үздік-создық көшіп кетіскен. Ең соңғысы былтыр еңкейді. Көшкеннің бәрі бөренесін таңбалап, мұндағы үйлерін біртіндеп тасып алысқан. Қазір ауыл іші қотыр тайдың жон арқасына ұқсайды, ойдым-шұңқыр, қағылған қада, күйген бөрене. Осы жазда қышыма мен кендір өрескел қаптап кетті... Оны шауып алатын адам да жоқ, жеп құртатын мал да жоқ бұл маңайда».
Міне, жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырдың басындағы ауылдың сыйқы. Алайда осындай халге қарамастан ауылда тіршілік бар, адамдар сары уайымға салынбай, қоңыр-күйбең тірлігін атқарып, келешектен үмітін үзбейді. Бір кездегі жайқалып тұрған ауылдың сөніп, жұртшылықтың жаңа жерге қоныстануы — сол болашаққа деген сенімнің белгісі. Егер кең мағынада айтар болсақ, Кеңес өкіметі орнықтырған ауыл ескірді, оның күні бітті, енді жаңа ауыл құрып, жаңаша өмір сүру қажеттігін түсінген ел бұрынғы шашырап жатқан Төртінші бригаданы тастап, Мұқырға, жаңа орынға, орталықтанған мекенге көшіп, өзгеше ғұмыр кешпек. Ақыры Мұқыр «тұрғындары ауыл төріндегі адам көптен бармай тозып тұрған ескі клубқа қарай ағылған. Бәрі де ауданнан келген аузы дуалы бастықтардың айтар жаңалығын, сөйлер сөзін естуге асықты...
Қалай болғанда да, қоғамдасқан тірліктері кезеңді бір белеске жеткенін бәрі де мойындап бара жатты.
Туған ауылдарын алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын жүректері сезіп бара жатты», — дейді автор. Иә, солай болды да.
Жазушы Әлібек Асқаровтың қай шығармасын алсаңыз да негізгі өзегі — қатардағы еңбек адамы, оның күнделікті үлкенді-кішілі харекеті және оның тіршілік етіп жүрген мекені — Алтай, яки Алтай өңірі. Жаңа ғана жарыққа шыққан, баспаның иісі мен бояуы әлі кебе қоймаған «Әйел парасаты» атты кітабы — осы ойымыздың айғағы. Бір цикл құрайтын «Задаш пен Балғаным», «Ғаббас пен Шура» және «Қалжан мен Ләзиза» атты үш шығарма адам үшін де, қоғам үшін де аса маңызды, қайда жүрсең де, қандай жағдайға түссең де, қандай жұмыс істесең де үнемі алдыңнан шығатын, өзіңді өзіңе адам ретінде сезіндіретін және қажетті адам екеніңді бағалап білдіретін қасиетке арналған. Ол — имандылық, адамгершілік, азаматкерлік. Кітапты оқыған шақта ерлі-зайыпты үш отбасының қилы-қилы тағдыры мен олардың әрқайсысының бастан кешірген небір қияметті жағдайларды көріп, солар арқылы сол бір зұлмат замандағы күллі дерлік қазақ халқының басына түскен зобалаңды, жеке адамның жан түршігерлік ахуалын, демек, оның көргендерін, сол тағдырлас мыңдаған, миллиондаған жандардың тауқыметін кино көргендей көз алдыңа елестетесіз. Сондай ала-құла күндері өмір сүрсе де Әлібектің кейіпкерлері адамгершілік қасиеттен айнымайды, биік парасаттылық танытады. Олар жеке басындағы қиыншылықтарды жеңіп қана қоймайды, қасындағыларға нұр шашады, олардың жай-күйіне түсіністікпен, жанашырлықпен қарайды, сөйтіп өмірге өзгеше бір шуақ енгізеді. Осындай қасиетті Балғанымнан да, Шурадан да, Ләзизадан да табамыз.
Тату да тәтті, келісімді өмір сүріп жатқан Задаш пен Балғанымның отбасына баяғыда біткен соғыс күтпеген жерден еніп, ерлі-зайыптының арасына шоқ боп түсіп, адамгершілік пен парасаттылық мәселесін алға тартады. Соғыста жаралы болып, өлім алдында жатқан Задашты санитар қыз бар күшін жинап, санчастқа алып келеді, күндіз-түні қасында болып емдейді. Соғыс біткен соң уәдесі бойынша Задаш әлгі қызға үйленеді. Елена екеуі Ескендір (Александр) атты ұлды болады. Ағасын, туыстарын көріп қайту үшін Задаш өзі елге келеді. Ағайындары оның әйелі, баласы барын білмей, әй-шайға қарамай, Балғаным деген сұлу қызға үйлендіреді. Содан Задаш қалып қояды. Жылдар өтеді. Екі ұлы мен қызы өсіп, жетіледі. Задаш зейнеткерлікке шығып, қалада тұрып жатады. Бір күні балаларының айтуымен Мәскеуге барады. Содан кейін тағы екі рет барады, баяғы әйелі мен ұлын іздейді, таппайды. Ал Балғаным бұл жағдайды біледі, бірақ Задаш ойлағандай ұрыс-керіс шығармайды. Ол үлкен адамгершілік танытып, ұлдарына Ескендірді таныстырып, ағаларың деп, өз баласындай қабылдайды.
Былай қарағанда, осы сюжеттен мелодрама жасауға болар еді. Бұл тектес оқиғалар соғыстан кейінгі жылдарда аз болған жоқ. Жараланып, далада қалып, санитар қыздардың көмегімен жазылып кеткен біраз ағаларымыз бен әкелеріміз майданнан әлгі қыздарды алып келгенін көргенбіз. Солардың кейбірі елге сіңіп, жақсы отбасын құрып, құрметке ие болды, ал кейбірі кетіп қалып жатты, себептері әр түрлі болды. Осы бір айтуға оңай болғанмен, күнделікті тірлікте ел-жұртпен қарым-қатынаста ерлі-зайыптылар үшін өте күрделі жағдай еді. Ал психологиялық, этикалық тұрғыда көп нәрсе сол майданнан келген орыс, татар, украин, неміс қыздарына оңай болған жоқ, соның өзінде олардың көбісі еріне, оның ағайын-туысына адал болып, көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленген-ді.
Әлібектің «Ғаббас пен Шура» атты әңгімесінде бейнеленген Шура, шын аты Александра Алесандровна Рустикова, ал қазақтар оның бұл есімін керек етпей, Шура деп атап кеткен.
Шура мен Ғаббас партизан болып немістерге қарсы диверсия жасап жүрген шақта мина жарылып, Ғаббас екі жанарынан айырылады. Шура үнемі оның қасында болып, жазылып, ел қатарына қосылған соң екеуі Ғаббастың ауылына келіп, ұзақ өмір сүреді, тоғыз баланы өсіріп, жеткізеді.
Міне, әңгіменің негізгі фабуласы — осы. Әрине, әңгімеде оқиғалар көп: Ғаббас соғысқа аттанады, жараланады, жау тылында қалып қояды; оны партизан отрядының байланысшысы Шура деген қыз кездесіп отрядқа алып келеді, ол сонда қалып, взвод командирі болады; бір диверсия кезінде мина жарылып, оның жарықшағы Ғаббастың екі көзін ағызып түседі; жыл жарым уақыт емделеді, соғыстан соң тағы емделеді, Шура госпитальдан оны өз үйіне апарады; ес жиып, әлденгеннен кейін екеуі Қазақстанға келеді.
Осы оқиғалар әңгімеде ұзақ сонар баяндалмайды. Әңгіменің ең басты назары – Ғаббас пен Шураның ауылға келген сәті мен қуанған жұрттың оларды қалай қарсы алғаны, қандай сезімде болғаны. Мұны жазушы он жасар Гүлжанның екі жанары жоқ Ғаббасты, қазақтан түрі бөлек Шураны көргендегі жай-күйін суреттеу арқылы береді де, алапат соғыстың адам тағдырын, оның табиғи бет-пішінін, мінез-құлқын өзгертіп, қаншалықты қасірет әкелгенін көрсетеді.
Екі рет «ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келген Ғаббасты ағасы, туыстары, ауылдастары «баяғыда өлді» деп, жерлеп қойған-ды. Оның тірі екенін, ағасы Жаңғызтөбеден алып келе жатқанын естіген ел сенер-сенбесін білмей, бір жағынан қуана, бір жағынан күдіктене, түгелімен ауыл жанындағы төбеге шығып, жол көздейді. Ақыры арба көрінеді. Адамдар тұра жүгіреді. Бәрінен бұрын Гүлжан жетіп, арбаға мінеді. Ғаббас ағасы еміреніп, маңдайынан иіскеп, шашын сипай береді. Шалқасынан жатқан Гүлжан көзін ашып қараса... «Сақал-мұрты тікірейген, бет-аузы кірпідей, жақ сүйегі шөмиген, өзі шөлмектей арық, өліктей сұп-сұр біреу төбесінен төніп тұр. Ең сұмдығы сол — екі көзі жоқ! Екі көздің орнында қып-қызыл қотыр жара. Көртышқанның ініндей үңірейген қап-қара қос тесік». Мұны көрген Гүлжан шошып, шыңғырып жібереді, қолды-аяққа тұрмай, шырылдай береді. Әрине, мұндай бейнені көрген он жасар баланың психикасы қалай шыдасын!? Жауды жеңіп, жарқырап келе жатқан ағамды көрем деп армандап, қиялдап, қуанып жүрген Гүлжан екі жанарынан айырылып, бет-пішіні қорқынышты адамды көріп, қуаныштың орнына үрейге тап болады, зәре-құты қалмай дірдек қағып, бір ысып-бір суып қиналады. Мұндай жағдайда оның жынданып кетпегеніне тәубе дерсің! Ол аз болғандай ағасының қасында отырған Шураны көріп, тағы да есінен танып, арбадан құлап түседі. Ал осы сәттегі Ғаббас ағасының көңіл-күйі қандай халде болды десеңізші?! Оны жазушы тереңдей күйзелтпейді, бір ғана штрихпен, детальмен сездіреді:
«Қолды-аяққа тұрмай шыр-шыр еткен Гүлжанды ағасы көтеріп, бірдеңе деді де, қасындағы әйелдің алдына аудара салды». Міне, әлгінде ғана еміреніп, иіскеп, аймалаған қарындасын енді «бірдеңе деді де, қасындағы әйелдің алдына аудара салды». Не деген психологиялық бұрылыс. Сағынышқа толы ыстық сезім ақтарылып үлгермей жатып, суып сала берді. Не ойлады сол сәтте ағасы, не сезінді ол? Өкініш пе, кембағалдық па? Не деді ол әйелге? Осы бір ғана эпизод неше түрлі ойға жетелейді, оқырманды бей-жай қалдырмайды, оқырман кейіпкерлермен бірге өкінеді, уайымдайды, қатыгез соғысқа лағнет айтады. Сөйте тұра, енді бір мезетте ізгілікті көріп, көңілі қайта тіріледі. Жаңа ғана шырылдап, маза таппай тұрған Гүлжан ағасы бере салған әйелдің қолында «Пана іздеп, әйелдің құшағына тығыла түсті. Әйел де аймалап бауырына тартып бұрыннан танитын жандай бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр». Шіркін, әйел затының мейірі-ай! Жаны да тәні де жаралы күйеуімен жат елге келе жатып, оқыс сәтке тап болған Шура бөтен, танымайтын қызды аймалап, бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр! Осының өзі-ақ ұлты бөлек Шура қазақ жұртының лайықты да адал келіні болатынын мегзеп тұр емес пе?
«Ғаббас пен Шура» әңгімесі бұл оқиғамен бітпейді, керісінше, шығарманың негізгі оқиғалары енді әңгімеленеді: Ғаббастың майданда жарақаттанғаны, партизан болғаны, Шурамен кездескені, т.б. басынан кешкендері енді ғана есейген Гүлжанның естелігі түрінде баяндалады.
Бұл жолы да автор өзінің стилінен ауытқымайды. Қысқа сөйлеп, мол мазмұнды береді, себебі көбінесе ол істің, харекеттің өзінен гөрі, оның нәтижесін, нақтылығын айтады, сөзуарлыққа салынбайды. Жазушы Әлібектің тағы бір ерекшелігі — шығармаларына арқау етіп өмірде болған жәйттерді алады, сөйтіп өз туындысына деректік сипат дарытады, бірақ бұл көркемдікке нұқсан келтірмейді. Сөз боп отырған кітаптағы үш шығарманың үшеуі де осылай өмірде тіршілік еткен адамдар мен олардың басынан өткен оқиғалар негізінде жазылған. Мұны автордың өзі де үнемі ескертіп отырады. Сондай шығарманың біреуі — «Қалжан мен Ләзиза» повесі.
Бұл повестің құрылымы да, баяндалуы да, мазмұны да ала-бөтен. Мұнда көбінесе классикалық романда болатын пролог пен эпилог, оқиғалардың бірінші жақтан, яғни «мен» арқылы баяндалуы, тархи кезеңдердің әр тұсын мінездейтін оқиғалар шебер қиюластырылған. Шығарма жартылай деректі, автор 1931 жыл мен 1957 жыл аралығында болған алуан-алан оқиғаларды қамтып, сол замандағы бүкіл Кеңес одағында, Қазақстанда орын алған небір қанқұйлы да заһарлы жәйттерді Алтай аясында жатқан үш-төрт қазақ ауылының, ондағы адамдардың тарихы мен тағдырын суреттеу арқылы үлкен көркем панорама жасаған. Повестің прологында автор өзінің бозбала шағында жылқышы Қалжанның көмекшісі болғанын, сол кісінің аузынан естіген әңгімелерін баян етіп отырмын деп ескертеді. Повесть жылқышы Қалжанның естелігі ретінде айтылған бес бөлімнен тұрады, әр бөлімі Қалжан өмірінің әр кезеңіне арналған.
Повесть сюжетінің өрілуінің өзі қызық. Автор бірден оқиғаларды баяндауға кіріспейді. Прологтің өзінде әңгіме кімдер туралы болатынынан хабардар етіп, негізгі екі кейіпкерді суреттеп, оқырманға таныстырады.
«Баяғыда, — деп жазады автор, — Ләзиза деген апай болды... Бір қызығы, осы Ләзизаның бет пішіні ауылдың қарала-торала келіншектерінен бөлектеніп тұрушы еді. Өңі атқан таңдай ағарыңқы, көздері тұздай көкпеңбек-ті. Шыт орамалмен байлап алған шашы да алтындай сап-сары болып, орамалының астынан күлтеленіп көрініп тұратын. Жасы келген әйел болса да ол кісінің әдемілігін бала-шаға біздер де әлдебір түйсікпен сезетінбіз».
Бұл жасы елулердегі Ләзизаның автордың бозбала көзімен қарағандағы келбеті. Ал, енді он екі де бір гүлі ашылмаған бойжеткен Лиза (кейін Ләзиза) қыз оған ынтық боп қалған жас уәкіл жігіт Қалжанның көзімен қараған жігітке мынандай болып көрінеді.
«Лиза қыз расында да көрген жанның көзі тойғандай көркем екен. Аспан түстес аласыз бадырақ көз, аппақ қардай алма бет, үлбіреген қаймақ ерін, күлтеленген жібектей сарғылт шаш. Денесі тығыршықтай, кеудесіндегі қос анары тырсиып, қимыл етсе көңілді қытықтап, толқып қоятынын қайтерсің! Мінезі де кісі бетіне қарап көрмеген ізетті, жібектей ме дедім». Бұл — Қалжанның қыздың алғаш көргендегі келбетін есіне алып отырғаны. Ендеше Ләзиза апай жас кезінде талай жігіттің жүрегін сыздатқан ару болғанын көрсетіп, егде тартқан тұста да «сыры кетсе де, сыны кетпегенін» әйгілеп тұр емес пе? Демек, ондай қыздың (кейін әйелдің) күйеуі қандай болмақ керек? Осыны ойлап үлгергенше оқырманға автор сол адамды таныстырады. Бұл кезде ол — Ләзиза апайдың күйеуі.
«Ләзиза апайдың Қалжан деген қылаң мұртты, қылау шашты, сүзектен тұрғандай көтерем күйеуі бар-ды. Көтерем болғасын ба, бізге ол кісі бүгін-ертең өліп қалатындай дәрменсіз, әлжуаз жандай көрінетін. «Сүйегіне сүйенген мынадай ынжыққа Ләзиза сұлу қалайша тиіп жүр,» — деп қайран қалушы едік.
Қалжан ағамыз көп сөйлемейтін, балаға да басқаға да тіктеп қарап көрмеген тома-тұйық кісі-тін. Не сұрасаң да «шүкіршілік» деп, қабағын төмен салып үнсіз отыра береді. Біз сонысына қарап Қалжан ағайды үстінен үйірлі жылқы өтсе де мыңқ етпес момын, қолынан қой жығу келмес жуас деп ойлайтынбыз. Бірақ...» — дейді автор.
Иә, бірақ... Бұл Қалжан баяғы он сегіз бен жиырма бестің кезіндегі Қалжан емес-ті. Оның үнсіз отыратыны, кісі бетіне қарамайтыны, тек «шүкіршілік» деп айтатыны неліктен? Мәселе сонда. Бұған дейін, яғни автордың бозбалалық шағына дейінгі уақытта оның көрген тауқыметі, тартқан азабы қаншама десеңізші?! НКВД-ның азап камерасы, Печора түрмесі, соғыста штрафбатта болуы, неміске тұтқын болып, концлагерге түсуі, содан соң Магаданда шахта қазуы — жиналып келгенде 21 жыл бойы азап шегіп, қорлық көруі — қалай жуасытпасын адамды, қалай жасытпасын?! Бәрі неден басталды?
Қалжанның бозбала шағы мен үйленуі жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына тап келеді. Қазақ байларын тәркілеу, жер аудару, таптық күрестің үдеуі, халықтың жапа-тармағай Қытайға көшуі, ашаршылықтың келуі, — осының бәрі ел арасында дүрбелең туғызып, адамдардың ешкімге сенбей,бір-біріне күдікпен қарап, бірін-бірі дұшпан санап, қорқып өмір сүрген уақыты. Қалжанның аздаған сауаты бар, сондықтан әжептәуір қызметтерді атқарып жүреді. Колхоздастыру басталып, ауылдарға уәкілдер барып жатады. Сондай уәкілдің бірі — Қалжан алыстағы Кержабағы деген ауылға уәкіл болып барады. Жолай Сүйін деген омарташының үйіне қонады. «Сүйіннің үйінде ет те, нан да жоқ екен. Тандырға піскен бір шөгеңке картопты ортаға салып, пысылдап аршып, жүрекке жалғап, жан шақырдық» — дейді Қалжан. Осыдан-ақ сол шақтағы жоқшылықтың белгісі айқын көрініп тұрған жоқ па? Ел арасында біршама ауқатты деп есептелетін омарташының дастарханы мынадай болса, жарлы-жақыбайлардың халі қандай болғанын аңғару қиын емес.
Қалжан үшін тәп-тәуір басталған өмір бір-ақ күнде тас-талқан болады. Кержабағыда колхоз бастығы болып жүрген оны НКВД-ның үш адамы түнделетіп келіп, алып кетеді. Сол кеткеннен ол мол кетеді. Алдымен ауданға, содан кейін конвоймен қалаға апарады, тергеу жүргізеді. Тергеу процестері мен әдістерін Қалжан былайша айтады: «Жиі-жиі тергеуге апарады, тергеу үстінде ұрады, соғады, тепкілейді, азаптайды... Есеңгіреп бара жатсаң үстіңе сар еткізіп, бір шелек мұздай суды құйып жіберіп, сергітіп алады. Сосын тағы да тергеу, тағы да қинау... Соңынан ес-түссіз өлімші күйіңде қолыңнан сүйретіп әкеледі де, камера есігін теуіп ашып, ішке қарай лақтырып тастайды».
Әрине, Қалжан өзіне жабылған жаланы мойындамайды. Тағы да тергеп азаптайды. Жендеттер «ауыздан ұрып, тісімді сындырды, мойнымды қайырып, қайыспен есім ауғанша қылқындырады. Бөшкедегі суға басымды тығып, тұншықтырады, ... тарамыстан қыл бұрау салып, башпайды бұрғанда көз алдымда жасын оты жарқылдап кетеді. Еркектің ең осал, нәзік жерін қышқашпен қысқан кезде — шыбын жаның көзіңе көрінеді екен. Орындыққа жалаңаш отырғызып қойып, керзі етіктің табанымен ғауратыңды мыжғылағанда өмірден түңіліп, сол арада өле қалуды тілеп, құдайға жалбарынасың» — деп есіне алады Қалжан алғашқы тергеулерді. Содан 58-ші баппен 20 жылға сотталады да, этаппен айдалып Печорадан бір-ақ шығады. Онда 4 жыл ағаш кеседі. Печора түрмесінде әртүрлі ұлттың өкілдері, алуан мамандықтың иелері, профессор-академиктер, бұрынғы революционер-партия қайраткерлері, неше түрлі баскесер ұры-қарылар — бәрі бірге болады. Ұры-қарылар (уркалар) өздерін қожайынмын деп санап, еркін жүреді, басқаларға күш көрсетіп, қоқан-лоққы жасап, маза бермейді.
Сөйтіп жүргенде, 1942 жылдың жазында түрмедегі 45 жасқа дейінгі «зэктерден» штрафбат жасақталады. Штрафбат құрамында Қалжан да соғысқа аттанады. Штрафбаттағыларды «Солдатша киіндіреді, бірақ жағада петлица, маңдайда жұлдыз жоқ. Мылтық түгілі өтпейтін пышақ та бермеді» — дейді Қалжан. Алғашқы шабуылда-ақ Қалжан тұтқынға түсіп, концлагерьге айдалады. «Концлагерь дегенің Печора түрмесінен де бетер мехнатты мекен екен, — деп жалғайды әңгімесін Қалжан. — Крематорийге дедектеп, өртеніп кеткеннен басқа азап атаулының қияметін бұл жерде де бір кісідей-ақ таттық». Мұнда ол 2 жыл бойы тауды тесіп, тасты қашаумен болады. Тек 1945 жылдың көктемінде америка әскері келіп, лагерьдегілерді азат етеді. Алайда, Қалжанның хикметі мұнымен бітпейді. Тағдырдың айдауымен Францияға барады, сонда француз әйелге үйленіп, біраз тұрады. Бірақ ел-жұртын сағынып, қалайда елге жетуім керек деп, өйтіп-бүйтіп Кеңес одағына жетеді. Брест қаласына келген бойда оны, тағы басқаларды «сатқынсыңдар» деп соттайды да, Қалжанды Магаданға айдайды. Ол жерде алтын шахтасында жұмыс істейді. Сталин өліп, Берия атылған соң біраз жұрт бостандық алады, ал Қалжанды тағы да 4 жыл ұстап, тек 1957 жылы ғана босатады.
Міне, жасына жетпей қартайған Қалжанның көп сөйлемейтін, тұнжырап, төмен қарап жүретін себебі осы. Бірақ қанша тауқымет тартса да адамгершілік қасиетінен, өзінің еліне, ауылына, отбасына деген сүйіспеншілік сезімінен айрылған емес, қанша қиналса да күйініп, терең мұңға, бітпес сары уайымға салынған жоқ. Оның бойында биік рух бар, адалдыққа деген берік сенім бар. Соның арқасында ол басын тасқа да, тауға да ұрмай, олай болса-қайтемін, бұлай болса-қайтемін деп әлекке түспейді. Ол анда-санда өткенін ойлап қояды, отбасын есіне алады. Магаданда жүріп, қаншама қиындық көрсе де үмітін жоғалтпайды. «Тұйыққа тіреліп, торыққан сәттер көп болды, — дейді Қалжан. — Әйелім мен шешемнің, кішкентай қызымның жайынан мүлде бейхабармын. Ләзиза бетінің қызылы қайтпаған жас келіншек әлдеқашан күйеуге тиіп кеткен шығар деген де күдік жоқ емес».
Ал, Ләзиза өйтпеген, баяғыда хабар-ошарсыз кеткен күйеуін тосумен күн кешкен. Оған көз тастап, сөз салған жігіттер де болған. Мәселен, Матан деген соғыстан жараланып қайтқан жігіт ғашық болып, көңілін білдірген. Сұлтанбек деген сері жігіт Ләзизаның соңынан қалмай, тіпті әйелін тастамақ-та болған. Ләзиза ешқайсысына көнбей, жарына адал болып, күйеуін сарғая күтумен болады. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, ол арманына жетеді.. Сарыла күткен күйеуінің есік алдына келіп отырғанын көргенде есінен танып қалады. Осы сәтті есіне алған Қалжан былай дейді: «Сол бойда қарап тұр, қарап тұр... Маған қарап сілейіп қалған. Бір кезде сылқ ете қалды. Бүктеле барып, жамбастай құлай түссін... Бұдан әріге қайтіп шыдайын, жан ұшыра Ләзизаға ұмтылдым. Басын көтеріп, маңдайын сипап, аймалап құшақтап жатырмын».
Осылай қияметқайымнан өткен отбасының тарихы жиырмасыншы ғасырдағы қазақ ұлтының тағдырын жария етіп тұр. Бір отбасы емес, мыңдаған отбасы басынан кешірді мұндай жағдайды...
Менің де бір нағашым тұтқынға түсіп, партизанда болып, одан Кеңес одағына қайтіп келіп, Сібірге айдалып шахтада істеді. Ал анам соғыста қаза болған күйеуін тосып, жиырма үш жасында қалса да қайта тұрмыс құрған жоқ, екі баласын, әке-шешесін ер адамша еңбек етіп асырап бақты.
Әлібектің кітабындағы үш әйелдің парасаты, мейірімділігі, адамгершілігі — ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірден алынған, шындыққа негізделген қасиеттер. Осы шындық әдемі өрілген сюжеттер мен кесек бейнелерге негіз болып, көркем шындыққа айналған. Бұл шығармада жазушы Әлібектің өзіндік ерекшеліктері, көркемдік жаңалықтары айқын сезіледі. Солардың бірі деп, мәселен, кейіпкердің нахақтан жала жабылып, адамдыққа сыймайтын азаптарға түсуі, әсіресе, тергеу жүргізушілердің хайуандығы ашық көрсетілгенін айтуға болады. Осы уақытқа дейін біздің әдебиетте тергеушілер мен лагерь жендеттерінің әдіс-тәсілдері туралы мұндайлық кең айтылған емес. Жазықсыз репрессияға ұшырап, сотталып, каторгада болған азаматтар, ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер қайраткерлері тергеу кезінде, лагерьде көрген михнаттарын, азаптарын еске алғысы келмейтін және ол туралы жазбайтын. Повестің бас кейіпкері Қалжанның өзі де осылай дейді, тек реті келіп, құрдасы Қамбаш пен жас жылқышы өтініп сұраған соң есіне алып, айтып отыр. Осы естеліктің өзі Қалжанды ауыр салмақтан арылғандай, іштей көңілін тазартқандай сезімге бөлейді. Өстіп бірте-бірте біздің қоғам да рухани тазара беретін шығар деп ойлаймыз.
Біз Әлібек Асқаровтың шығармашылығына толық шолу жасауды мақсат тұтқамыз жоқ, оның көп туындысының бір парасын ғана талдап, жазушының келбетін ашуға тырыстық. Көзіміздің жеткені — Әлібек шеберлік сырын толық меңгерген, ойлы да сырлы суреткер екен. Осы мақаламызбен азаматтың кемел шағы — тал түске жетіп отырған Әлібекке ұзақ шығармашылық ғұмыр тілеп, тағы да қызықты, әрі әсем дүниелер тудыратынына сенім білдіреміз.
«Алматы ақшамы» газеті.