Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бәріміз де ауылда туып, ауылда өстік. Әсіресе, қолына қалам ұстап, жазушы, журналист атанған ағайындардың көбі ауылдан шыққан.
Ал, Ана тілінсіз жазушы да, журналист те жоқ. Өйткені — ауыл — ана тілінің мәйегі. Ауыл болмаса осы күндері ана тілі де болмас еді. Ана тілінсіз Қазақ әдебиеті, Қазақ өнері, жалпы Қазақ халқы деген ұғым да ұмытылар еді.
Қасиетіңнен айналайын, ауыл аман болсын!
Ал кейбір басшылар, оқымыстылар, саясаткерлер: ауыл адамдары қалаға көшпейінше пісіп-жетілмейді, мына заманға лайық азамат бола алмайды деп уағыз айтып, көріпкел болысып жүр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов сонау 1910 жылдың өзінде қазақ жері бүліне берсе, қазақтар амалсыздан қалаға көшіп, пролетариат қамытын киіп, қаңғырып кетеді деген жоқ па?
Айтқаны келгендей болды. Қазір ауылдан адамдар безіп, қалаға қарай лап қойып еді, не болды? Қайыршы, ұры-қары, маскүнем, нашақорлар көбейді. Түрме толы қазақ жастары.
Қазақ демографиясының кеніші ауыл еді. Он баладан дүниеге келтіріп, “Батыр Ана” атанған асыл аналар көп еді. Қайда солар қазір? Бесік тербеткен ауыл сиреп қалды. Мыңдаған жылдар бойы сан-сапалақ зұлматтан көп жапа шексе де, феникс құс сияқты, өртенген күлден қайта тіріліп, қайта қанат қаға бастаған қазақ XXI ғасырдың табалдырығын аттады. Шүкір, шүкір! Бірақ ұлттың ұйтқысы — ауыл азаппен аттады. Ұлттың ұйытқысы, іріп кете жаздады.
Лев Толстойдың «Қажымұратындағы» соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай ауылдың да жаны сірі, тамыры тереңде.
Осы көріністі көркем әдебиеттен көрем деген кісі «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…» атты хикаятты оқысын. Авторы — Әлібек Асқаров.
* * *
Өр Алтай Түрік әлемінің алтын бесігі.
Әлібек суреттеген кішкентай ауылдың жанынан осы таяуда ғана археологтар адамзаттың көне мекенін тапты. Алтай Алтай болғалы оның асыл құрсағынан кімдер туып, кімдер өтпеді. Ұрпақтар, әйтеуір, үзіліп қалмай жалғасып келе жатыр. Үзіліп қалса — сол қайғы.
Алтайдың ірі ақыны, толағай суреткері Оралхан Бөкей де өтіп кетті дүниеден. Бірақ жалғассыз емес екен. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты повестің соңғы парағын жауып отырып, Оралхан өлмеген екен, Алтай жыры үзіліп қалмаған екен деп ойладым.
Шынымды айтсам, мен Әлібек Асқаровты осыншама күшті талант деп ойламап едім.
Мына кітабы да қолыма кездейсоқ түсті. Бұл заманда небары 2 мың тиражбен басылып шыққан кітапты тауып оқу да қиын. Қалада жүріп, кітабын сирек кездестіретін (нағыз кітапты айтамын) мұндай болғанда, алыс ауылдар бұл кітапты қайдан көрсін. Шын көркем кітап сирек. Ал, халтуралар көдеден көп. Ақшаң көп болса еріңді де, есегіңді де мақтап жаза бер. Шөп те өлең, шөңге де өлең.
* * *
Алдымен жүз үйлі «Төртінші бригада» тарап кетті. Жүз үйден жеті-ақ үй қалды. «Раздольное» дейтін совхоздың орталығы Мұқыр еді. Мұқырға да тықыр таянды…
Кітаптың мазмұнын тізіп шығайын деп отырғам жоқ. Мәселе — сол жеті-ақ үйде, «Төртінші бригада» арқылы жазушының бүкіл республикадағы қазақ ауылдарының айнасын жасай алуында. Жасай білу шеберлігінде. Мен ел аралап жүріп, сонау Атыраудағы Тайсойған құмына барсам да, Сарысу мен Таласқа барсам да алдымнан Алтайдағы «Төртінші бригада» шығады. Әрине, жер бедері, табиғат көрінісі әрқилы. Бірақ, адамдар...
Әлібек Асқаров қалам ұшындағы бір нүктеден шартарапқа күн сәулесінің кірпіктеріндей сызық тартып, бүкіл қазақ даласын қамтыған.
Ауылда жадауға жақын жадағай мектеп бар. Өзі де бір жабылайын деп тұрған дүние. Сөйтсе де оның осы уақытқа дейін аты да жоқ екен. Кітапханашы Дәулетхан кенет осы мәселені көтеріп-ақ жібергені. Аз ауылдың «энциклопедиясын» үш томдық етіп жазып жүрген осы Дәулетхан мектептің аты жоқ, аты бәленше болсын деп аудандық газетке жариялап-ақ жіберсін. Сол-сол екен, құдай салмасын, азғантай ғана Мұқыр ауылы екіге қақ жарылып, ала тайдай бүлініп шыға келсін.
Қамай мен Қарғалдақ екі ата ел екен. Сол мектептің атына бола екі ру ал кеп айтыссын. Сойқан соғыс бола жаздады. Ақыры мектептің аты Калинин болып тынды. «Екі үйрек таласса – тауықтарға тамаша» дейтін татардың мақалы келді де қойды.
Бұл қазіргі қазақ ауылдарындағы жалпы көрініс.
Екі қазақ дауласқан жерден бір Калинин шыға келеді. Ол ерте-ертеден келе жатқан кесел. Сүтке аузы күйген кісі суық судың өзін үрлеп ішеді деуші еді, біздің казақтың рушылдық кеселі аузымызды қарып кетсе де қырсықтан тиылар емеспіз.
Әлібектің сөз кестесі зерлі жіппен өрнектелген. Осы прозасынан алтайлық қаламдас бауырлары Қалихан мен Оралханның өрнегі сезіледі. Бірақ оларды қайталау жоқ. Мүлде басқа суреттер... Астанадағы үйлердің терезелеріне қазір түнгі қырық градустық аязда қыраудан суреттер салынады. Терезе шынылары бірдей болса да ою-өрнектері әртүрлі.
Сол өзі ғана салған ою-өрнек арқылы Әлібек сені күлдіреді де жылатады. Тұнып тұрған әдемі юмор. Сөйте тұра азынаған азап пен қасыреттен жүрегің сыздайды. Әдемі әзіл, жеңіл юмор арқылы ауыр трагедиямызды ашып көрсетіпті автор.
Шын жазушы оқырманын осылай баурап алса керекті. Бұл менің өз әсерім. Әлдекім басқаша ойлап қалар. Жағымпаздық маған жақпаған әдет. Құдай солай жаратқан.
Әлібек Асқаров қазір Мәдениет министрлігінде кітап өндірісі жағын басқарып отырған ірі шенеунік. Сөйте тұра өз кітабын бар болғаны 2000 данамен ғана шығарыпты. Сын ретінде айтарым: құнды кітаптарды миллиондаған оқырманы бар қазаққа соқыр көздің тамшысындай ғана етіп таратсаң, халқыңды әлі-ақ қараңғы қалдырасың. Мен бұл сөзді тек саған ғана емес, баршамызға қарата айтып отырмын. Бір-бір креслоны мініп отырған Мен болмасам, Сен болмасаң, Ол болмаса кім күреседі бұл қиянатпен?
Әңгіме кітаптан шығып кетті ғой. Мәдениеттің мәйегі – кітап. Адам баласы әріпті ойлап тапқаннан бері солай.
Кітапты ортағасырлық инквизиторлар мен жиырмасыншы ғасырдың соңындағы имансыздар ғана өртеген. Өртегені емей немене, бір дуайпат премьер-министр кезінде кітапханаларды жаппай жабыңдар деп бұйрық берді ғой.
Кітапты қысқарту, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақша хабарларды қысқарту, газет-журналдардың тиражын қысқарту — мұның бәрі қазақ ұлтының тамырына астыртын балта шабумен бірдей.
* * *
Мен 60-қа толғанда Оралхан Бөкейдің «Төменге қараңызшы аға, мен көрінер ме екем…» дегені бар еді аса бір кішіпейілділікпен.
Ізетіңнен айналайын, сол інімнің айтқаны жиі-жиі есіме түседі. Кейінгі інілерімнің жетістігін көрсем, кәдімгідей марқайып қалам. Жазушы Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» повесін оқып шыққаннан кейін көңілім жорғаға мінгендей өсіп-ақ қалды. Енді Әлібекке келесі кітабы екі-ақ мыңмен емес, баяғыдай елу мыңмен, жүз мыңмен шығуын тілер едім.
«Қазақ әдебиеті» газеті.