академик
ҒАЖАЙЫП ЛИРИКАЛЫҚ ХИКАЯ
«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді».
Хикаят осылай аталады. Авторы – Әлібек Асқаров.
Жас дейтін жас та емес. Бұрын да талай кітаптары шыққан. Мына кітабы да бұрынырақ басылған тәрізді. “Раритет” баспасы “Қазақ прозасы қазынасынан” деген сериямен қайта басып шығарыпты. Менің қолыма түскені осы. Оны мен қызығып оқыдым.
Бұл – бір ғажайып лирикалық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйылып тұрған сыр. Бейімбетше жазады. Сол бір ұлы жазушының дәстүрін жалғастырады. Дәстүр деген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шындығын жұпыны әңгімелеуден, адамды танып, оның сырын ашып суреттей білуден туады. Әлібек те осы үлгіні дамытқан.
Алайда, хикаяның тақырыбы, суреттеліп отырған өмірі – лирика емес, трагедия. Ол Кеңес өкіметінің соңғы жылдары бір орталықтан басқару жүйесі ыдырап, колхоздар мен совхоздар тарап, қазақ ауылдарының бөлініп-бөлініп, шаруашылығы күйрей бастаған кезең оқиғасына құрылады. Ауыл-ауыл болып жіктеліп, оңашаланған қазақ ортасында ағайындық, рушылдық белең алады. Жастар жұмыс таппай қалаға кетеді. Бөлімшелер мен бригадаларда, мал фермаларында қалғандар бұрынғы жұмыс орындары жабылып, еңбексіз қалады. Әлі келгендері колхоз, совхоздарға орталық болған үлкен ауылдарға, басқа жаққа қоныс аударады. Жазушы қазақ ауылы үшін үлкен апат кезеңі болған осы бір шындықтың сыры мен шынын суреткерлікпен ашып берген.
Хикая оқиғаларын, адамдар тіршілігі мен іс-әрекеті жайлы әңгімелерді Әлібек көркем тілмен, негізінен, баяндап жеткізеді. Үлкен психологиялық суреттер жоққа тән. Жеке кейіпкерлерді біртіндеп еске алып, оның тағдыры жайында әңгімелеген хикаятта психологиялық суреттің аздығын байқамай да қаласың. Оның көркемдік күші бүгінгі қазақ ауылы тұрмыс-тіршілігінің дәл түсірілген суреті мен жеке адамдардың бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі тағдырында. Жазушы детальді ойната біледі. Типтік бейнелер типтік ортада ашылады. Осылардың бәрі ауыл шындығын мүлтіксіз жеткізуге көмектескен.
Үш бөлімді хикаяттың алғашқы бөлімі желісінің орталығы – төртінші бригада деп аталған ауыл. Кейінгі бөлімдерде бұрын совхоз орталығы болған Мұқырға ауысады. Әлібек осы ауылдардың тарихы мен адамдары жайлы әңгімелеп, негізгі назарын бүгінгі күннің шындығына аударады. Сол арқылы ауылдағы өзгерістерді, оның адам тағдыры мен психологиясына әсерін, орта мен адам әрекетіндегі қайшылықтарды дәл танып суреттейді.
Төртінші бригада бұрын жүз қаралы үйі бар үлкен ауыл болған екен. Содан бүгін жеті-ақ үй қалыпты. Сол жеті үйдің иелерінің тағдыры мен жетім қалған ауылдың суреті арқылы Әлібек шаруашылығы күйреп, ыдырауға айналған қазақ ауылы өмірінің шындығы мен қоғамның қозғаушы күші болған адамға ие бола алмай, шет қалдырғанын әдемі көрсетеді. Бүгінгі ауыл суреті бірден-ақ көңіліңе қаяу салып, жаныңды жүдетеді.
“Баяғы үш көшенің бойында жүз қаралы үй бар еді, қазір өрт тиген қамыстай селдіреп, одан жетеуі-ақ қалған. Қарайып жұртта қалған жетеуінен басқасы бұрнағы жылдан бастап етектегі Мұқыр жаққа үздік-создық көшіп кетіскен. Ең соңғысы былтыр еңкейді. Көшкеннің бәрі бөренесін таңбалап, мұндағы үйлерін біртіндеп тасып алысқан. Қазір ауылдың іші қотыр тайдың жон арқасына ұқсайды, ойдым шұңқыр, қағылған қада, күйген бөрене” (10-б.).
“Ескі көздің айтуына қарағанда, осы ауылдың ежелгі аты “Айдарлы” екен. Болса, болар, бұл ауылдың Алтай жарықтықтың айдарындай тынысты ортада, ырысты жерде тұрғаны рас. Түстік қанатында сыңсыған орман, қара орманның төрінде ұшар басы күмісше жалтырап Ақшоқы қасқаяды. Бір бүйірінде текшеленген жартасты жон. Текшеленген жартастардың биігінде желмен шулап самырсын мен балқарағай жайқалады. Ақшоқының алқымынан демалған Талдыбұлақ ауылға жете арынын басып, бұраңдай аққанымен, төменірек тұста жартастан өкіре құлап гүрілдеп жатыр. Гүрілдеген осы сарқыраманың аржағында, сонау майсалы машақтың төсінде суы шәрбат Құндызды көлі жатыр айнадай жарқырап” (11-б.).
Осы екі сурет Алтайдың әдемі табиғаты мен оның сәнін бұзып жатқан қазіргі ауылдың қайшылықты бейнесін көз алдыңыздан өткізеді.
Бүкіл қазақ ауылы сияқты Айдарлы да заман тәртібін айналып өтпепті. Кеңес салтымен ол әуелі “Коммуна” болып атын өзгерткен. Одан шағын колхоз үлкен шаруашылыққа қосылып, соның бір бригадасына (төртінші бригада, төртінші ауыл) айналған. Енді сол бригада да жабылған. Бригаданың жабылуы жаппай жұмыссыздық тудырып, ел көше бастаған. Қалған жеті үйде оқитын бала жетіспей, мектеп жабылады, кешікпей дүкен, дәрігерлік пункт жұмыстарын тоқтатады. Осының бәрі жеті үй тұрғындары ортасында әрқилы әңгіме, наразылықтар тудырады. Берекесіздік белең алады.
Шығарма сюжетін жеке адамдардың тағдырына құру арқылы үлкен заманалық шындықты ашу әдісі әдебиетке бұрыннан да жат емес. Оның кейбір үлгілері Бейімбеттің өзінде де кездеседі. Баяғыда В.Солоухиннің “Шықтың тамшысы” (“Капли росы”) деген кітабы шығып, мақталып жатқанда, менің оны оқып көңілім құлазығаны бар. Сонда ескі дағдымен одан драмалық тартыс пен ұнамды-ұнамсыз адамдар қақтығысып, әдебиет теориясы үйреткен композицияның басталуын, шарықтау шегін, шешілуін іздеппін. Өмірді үйреншікті формалардан басқа да жолдармен кең суреттеуге болатынын алпысыншы жылдарға дейін түсіне қоймадық қой. Кейін әдебиет қалыптасқан стандарттан шығып, өмірдің өзіндей алуан түрлі үлгілерде жасалғаны мәлім.
Әлібек осы лирикалық проза үлгісінде жұртта қалған жеті үйдің адамдарын суреттеу арқылы көп дүниенің сырын аңғартқан.
Ауылдың бас көтерер адамы – Мэлс атты мұғалім. Мектеп жабылып, ол да жұмыссыз қалған. Әрбір мекеменің жабылуы, үйреншікті тіршіліктің бұзылуы кезінде “айтам”, “жазам” деп кіжініп қояды. Бірақ қолдан келері жоқ. Бригадада бар жалғыз телефон да, ауылға жарық беріп отырған мотор да кетті. Күнделікті сөйлеп тұрған радио да сөйлемей қалды. Осының бәріне деген халықтың көзқарасын білдіретін де, күйініп көзге түсетін де Мэлс. Жұмыссыздық алдымен Мэлс басына түседі. Ауылдың қалған адамдарының көбі – шалдар. Олардың зейнетақысы бар. Ал Мэлсте ол да жоқ. Жұмыссыз адамның тіршілігі құрысып, ешбір ісі алға баспай, берекесіздікке тап болады. Жұрт қатарлы саяжай салуды да, теледидар көруді де армандайды. Бірін жасау үшін материалдың жоқтығы, екіншісін іске асыруға биік антенна тұрғызудың қиындығы бөгет жасайды. Тағдыр оны тығырыққа тіреп тұрғаны байқалады.
Ауыл адамдарының қай-қайсысы болса да, осындай. Мэлстің атасы Қасиман бір кезде атақты ағашшы болған. Соғыс кезінде де ағаш дайындау үшін броньмен қалдырылған жұмысшы екен. Қабден ақсақал да соғыс кезінің қиыншылығынан өткен жуас, ақкөңіл, аңқау, қоғамға пайдалы еңбек атқарған. Байғоныс балташы – ағаштан түйін түйген ісмер. 40 жыл шопан болған ардақты малшы Кәрім, пошташы Сәлима – бәрі де жасы ұлғайғанмен, еңбектен қалмаған, ауыл тіршілігінің әр саласынан өз орнын тапқан адамдар еді. Бәрі де үйге қамалып қалды. Моторист Сәрсен, Метрей шал өз көңілдерін арақтың ащы суымен басып, олар жүр. Бала-шағаның тамағына ақша таппаса да, көңіл көтеруге бірігіп шөлмектің бағасын құрайтын әдет бұл ауылдың азаматтары бойынан да табылады.
Бірақ өмір жүрісінен жаңылмайды, ақырындап сырғып өтіп жатыр. Жұртта қалған жеті үй де тіршілігін тоқтатпаған. Алайда, ол – келешек үшін жасалып жатқан тіршілік емес, өлместің қамы. Сыртқы әлем оларды ұмытып кеткендей. Ауыл сыртындағы сыңараяқ соқпақ қана оларды елмен жалғастыратын сияқты.
Мұқырдағы тіршілік те осыған ұқсас. Бірақ үй саны, тұрғындары көптеу. Бригададан көшкен елдің біразы осында жиналған. Ауыл аты сол жерден ағып өтетін өзен атымен қойылған. Бұрын дүрілдеген совхоз орталығы болған екен. Бұл күнде совхоз тарап, “Аренда”, “Шаруа қожалықтары” болып бөлінген. Мектебі – орысша. Ала-құла адамдар, ала-құла тіршілік. Басшысы – тілін шайнап, түкірігін шашырата сөйлейтін, ашуланшақ Түсіпхан шайқалған шаруасын ретке келтіре алмай, ауыл сыртындағы қара жартаспен (ел оны “Тасшоқы” дейді) алысып жүр. “Осы Тасшоқыны қопартып тастамасам, Түсіпхан атым құрысын... Осы жартас болмағанда күн бізге бір сағат ерте түсер еді. Малымыз бір сағат ерте өріп, жұмысқа бір сағат ерте шығар едік” деп ашу шақырады.
“– Солай ма еді.
– Солай.
– Қызық екен.
– Несі қызық? Көрмейсің бе? Жан-жағың анталаған қара орман, қалың тау... Қалқалап, мешаит етіп, күн жарықтықтың көзін де жөнді көрсетпейді, жылуын да жеткізбейді бұл Тасшоқы.
– Апырымай, ә?
– Осындай биік шыңның етегіне әкеп ауыл салып жүрген кім өзі? Совхоздың таңертең бір сағаты, кешке бір сағаты зая кетіп жүр... Бәріне кінәлі осы Тасшоқы!” (105-б.).
Жазушы қиюы қашқан тірші-ліктің барлық пәлесін Тасшоқыға жауып отырған халықтың психологиясына жылы юмормен қарайды. Бастықтың ыңғайымен бәрі Тасшоқыны жамандайды. Біреудің шөбі шабылмай қалса, біреудің отары өрмесе, енді біреудің сиыры мерзімімен табынға қосылмаса, бәріне Тасшоқы кінәлі болып шығады. Рахман тентек мезгілінде дүкенге арақ түспесе, ол үшін жарты сағат бойы Тасшоқыны боқтайды. Ауыл басшысынан шыққан осы қысыр әңгіме шаруасы жоқ ауылдың берекесіздігінің айқын куәсі болғандай.
Мұқырдың тұрғындары – түгелдей қазақтар. Орыс атымен жоқ. Орыс ортасында өсіп, еліне оралған Алексей (Алдаберген) мен оның келіншегі Ольга (Орынша) қалың қазақтың ортасына түсіп, қиналып жүріп, олар да қазақша сөйлеп кетеді. Дегенмен, үйренген әдеті бойынша шошқа ұстап күн көреді. Оларды ешкім де сыртқа теуіп жатқан жоқ. Соған қарамастан, Алтай ауылдарының салтымен Мұқыр мектебін орыс тіліне көшірген. Орысша оқыған қазақ балалары ана тілінде сөйлегенмен, жаза алмайды. Бұл да қазақтың проблемасы.
Мұқыр тұрғындарының бейнесі де хикаяда қызықты ашылған. Әр адам – бір-бір тағдыр. Бірін-бірі қайталамайды. Кержактар ортасында өскен Алексей солардан үйреніп келген бұқамен жекпе-жекке шығу ойынын көпке көрсетемін деп, екі қабырғасы мен бұғанасын сындырады. Қазтайдың арақ ішіп, аузындағы алтын тісін жұтып қоюы, Мырзахметтің аң аулап жүріп аюға құрылған апанға түсіп кетуі, Тасшоқының ұшар басы екеу, қос емшек болатын деп таласатын Қанапия қылығы, Нұрпейіс пен Бектемірдің “құдалығы” және қалжыңдары қазақ ортасында қазақы мінез тудырған бір жағы күлкілі, екінші жағынан трагедиялық құбылыстар. Осы қатарға Ақдәулет пен Қазтайдың балаларын ауыстырып алуы сияқты сирек оқиғалар да кіреді.
Бектемір молда бейнесін жасауда жазушы халықтық дәстүрлердің тәжірибесіне, әзіл-қалжың салтына сүйенген. Ақыл-парасаты мол, көрген-білгені де көп, айла-шарғысы да, қулық-сұмдығы да мол қарт өмірден түйген ой-байламы бойынша әрекет етеді. Жұрт әзіл-қалжыңның бәрі де Бектемірден қалған дейді. Оның Нұрпейісті алдап бұғыға мінгізіп құлатуы, екінші жолы балқарағайдың биік басына шығаруы құрбысының мертігіп, аурулы болуына себеп болады. Нұрпейіс те ақысын жібермейді. Жылқы бағып жүргенде Бектемірге боза деп терінің иін ішкізіп, есікті жауып кетіп масқаралайды. Одан соң жылқыдан ерте қайтқан Бектемір Нұрпейісті аң аулап жүргенде аю шауып өлтірді деп естіртеді.
Қазақтарда қалжыңның осындай түрлері де болған. Әуелде өкпелескенмен, мұндай қалжыңға қатысушылар кек тұтпаған, біріне бірі кешіріммен қараған. Осыны оқып отырғанда, менің есіме Аманжол Шәмкенов марқұмға әйелің өлді деп естірткенім түсті (ол жөнінде естеліктерімде жазғам). Дөкірлеу болғанмен, осылар да қазақы мінездің көріністері.
Ел ыдырап, жұмыс орындары жабылған кезде ескі жұртта қалғандардың көбі жасы ұлғайған адамдар болғаны хикаяда анық көрінеді. Жоғарыда аталған Бектемір мен Нұрпейіс те осы топтан. Олардан басқа Әмір, Метрей сияқты соғыс ардагерлері бар. Майданнан қатты жараланып, есеңгіреп қайтқан Әмір қарт күні бүгінге шейін ешкіммен шешіліп сөйлесіп, күліп, сыр ашқан адам емес. Ол соғыс шындығымен өмір сүреді, майдандас жолдастарын жиі еске алады. Командирінің атын есіне түсіре алмай көп қиналады. Мұқыр ауылында Ұлы Отан соғысының құрбандарына ескерткіш қойылмаған екен. Әмір өзі ағаштан ескерткіш жасап, оған алдымен майдандас жолдастарының атын, содан соң осы ауылдан кетіп, қайтпаған ардагерлердің есімдерін жазады. “Мен сендерді ешқашан ұмытпаймын”, дейді. Бұл ескерткіш басына жиналғандар тарапынан әрқилы пікір туғызады. Оның тізімін әркім өз білгендерімен толықтырады. Ескерткішті кейін біреулер жұлып тастайды. Ауылдағы бүгінгі өмір өткен апаттың құрбандарына осындай “құрмет” көрсетуге жеткізеді.
Соғыс трагедиясын ашуда Меңсұлу мен Тұрғанбек тағдырлары ерекше орын алады. Бұл екеуі жарасып, сөз байластырған жастар екен. Тұрғанбек майданға аттанарда, Меңсұлу “Маған үйленіп кет” деп қинайды. “Мен мерт болсам, күнің не болады?” деген Тұрғанбек күдігіне бой бермейді. “Мен сенің тілеуіңді тілеп, күтіп отырамын. Майдандағы азаматтың үйде жары қалса, оған ғайып ерен қырық шілтен қорған болады” деп үгіттейді. Сөйтіп үйленіп үш күннен соң соғысқа аттанған Тұрғанбек қайтпайды. “Хабарсыз кетті” деп хабар алған Меңсұлу оны өмір бойы күтіп өтеді. Бойына бала бітіп қалған екен, соны туып, өсіреді. Баласы университет бітіріп, отау тігеді. Көрікті келіншекке қызығушылар да, шын ниетімен үйленгісі келгендер де аз болмаған. Меңсұлу бірде-біріне көнбей, Тұрғанбегін күткен. Ауылда елмен бірге жұмыс істеген. Ұлғайған. Өмір өтіп барады, соғыс әлдеқашан өткен. Тұрғанбегі әлі жоқ. Сол кезде ол өз еркімен суға кетіп өледі. Өлерінде баласына, ел-жұртына ризалық айтып, өз байламын сөкпеуін өтініп хат жазып кетеді. “Енді мені ұстамаңдар, балаларым! Тұрғанбегімді, сендердің әкелеріңді күтумен өттім, оны өлердей сағындым. Мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін, әкелеріңді күтемін деп әбден шаршадым, тоздым. Бұдан әріге шыдай беруге төзімім таусылды, қуатым сарқылды. Мен үшін Тұрғанбексіз мына өмір тұл екен. Ақыры әкелерің келмеді. Енді әкелеріңе өзім барайын деп бекіндім” – депті ол келіні мен ұлына қалдырған аманатында.
Қандай аянышты, күшті рухты танытатын махаббат құрбаны. Үш күн бірге өмір сүріп, өмір бойы соны малданып, болашағынан күдер үзбей, ақыры дағдарысқа ұшыраған ғашықтық сезім, сағыныш оны жарын іздеуге әкетеді.
Адамдардың рухани биіктігін көрсетуде Әлібек осы сияқты ғашықтар тағдырына көбірек көңіл бөледі. Дәметкен мен Жанғалидың өмірі де аянышты әрі қызықты. Бір-біріне ғашық болып қосылып, ширек ғасыр өмір сүрген, бала-шаға өсірген екеуін қоғам алмасуының қиыншылығы, заман қыспағы айырады. Ұлы Нұржанның Ауған соғысында қайтыс болуы салдарынан сезімтал Дәметкен ұзақ ауруға шалдығып барып қайтыс болады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Алайда баланың талантты, сүйікті болып өсуі, жоғары мектепке оқуға түсуі, екі жылдан соң әскерге шақырылып, Ауғанстанда жұмбақ жағдайда қайтыс болуы, оның сүйегін әкелген әскери адамдардың табытты аштырмай бітеу күйінде жерлетуі нәзік жанды Дәметкенді күйретіп кетеді. Ол: “Мүмкін, ол біздің Нұржан емес шығар”, деп күдіктенеді. Көре алмағанына, бетінен сүйе алмағанына өкінеді. Содан аурулы болады. Айдаладағы жалғыз үй малшының тіршілігі де жеңіл емес. Осыларды көтере алмаған Дәметкен Жанғали малда жүргенде, иесіз үйде құлап қайтыс болады.
Жазушы Дәметкен мен Жанғалидың жас кезін, өнерлі қыз бен жігіттің кәсіп қумай, жастығын қызықтағанын әдемі еске алады.
“– Қызбен уағдаласып жүріп, құда түсеміз, қолдан аламыз деп отырғанда алып қашты, – дейді ағасы Нұрғали... – Отау тігіп бөлек шыққан соң Дәмешімнің өнері жетеді деп, Құдай берген өз өнерін тастап кетті... Дәмештің дауысына ауыл тарлық етеді, Дәмешке кең сахара керек деп, тракторын тастап, қойшы боп, алыс Займкеге көшіп кетті... Осыдан кейін Жанғалиды қалай әпенді демессің” (117-б.).
Амал бар ма! Басқа қонған бақыттың да, ас та төк нөпір қуаныштың да шегі болады. Ел арасында Қозы мен Баян, Ромео мен Джульетта аталған екі өнер иесінің бақытты шаңырағы бір жылдың ішінде ортасына түседі. Хикаяның ең бір ауыр оқылатын беттері – Жанғалидың айдалада жалғыз үй шопан қыстағында, қысқы боранда өлген Дәметкенін күзеткені. Қой төлдеп жатқан кез. Осындай жан-жақты қыспақтың ортасында өткен үш күн оқиғаларын жазушы үлкен психологиялық суретке айналдырған. Дүниенің бәрін ұмытып, меңдуана жегендей мәңгіріп қалған Жанғалидың жан дүниесі оқырманын да күйзелтпей өтпейді. Қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінетін есті жігіт күндіз ашық қорада қалған мал есіне түсіп, сүйретіліп сыртқа шыққан. Оның түні бойы кірпік ілмей малын жайлауы, сөйте жүріп Дәмешпен іштей тілдесуі, онымен өткен қызықты күндерін, жарының қылығын еске алуы адам жанының түпкі сырларын қозғайтындай. “Мұның қасіреті – жеке бастың қайғысы. Ал қоғамның малы қырылып қалса – бүкіл совхоз, ел-жұрт қарабет болады. Осы ой тежеу болып, ашуын сабырға жеңдіреді” (122-б.), – дейді жазушы.
Дәмешті жерлеген соң малын өткізіп, ауылға көшіп, зейнетке шыққан Жанғалидың күн ұзын Жалбызды бұлақтағы жарының қасынан шықпай қойғаны да оны әпенді санаған жұрт көзіне тым оғаш қылық еді. “Бас құрасын” деп кісі салған Нұрғалидың ақылын да тыңдамай, ол қалған өмірін Дәмештің моласын күзетуге арнайды. “Жанғалиды қашан іздесең де сол Жалбызды бұлақтың басынан табасың”. Бұл – әпенділік емес, адал, шын махаббатты құрметтеген сезімнің көрінісі. “Қатын өлсе, қамшының сабы сынды” деп түсінетін жабайы қазақ оны қайдан түсінсін! Осындай биік сезім иелерінің тағдыры екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Әлібек осыны танып, суреттей біледі. Хикаяны қызықты етіп тұрған да осы сияқты күшті характерлер мен тағдырлар.
Осымен бірге Әлібек жапандағы жалғыз үй малшының қадірсіз өміріне назар аударады. Ауылдан көмекке келеді деген кісісі келмей, өлген Дәмешін үш күн күзетіп, әрі малына қарауға күш тапқан Жанғали трагедиясы – жалғыз малшының аянышты күнкөрісін де еске салады. Малшыны сақтау, оның жағдайын жасау деген біздің қолымыздан келмей-ақ қойды. Қазақ малшыларының өміріне өзгеріс керектігін “Өскен өркенде” М.Әуезов те жазған еді. Түзелген ештеңе жоқ. Жастар ауылдан да, малдан да безіп кетті. “Шопан болу менің қолым емес екен, бүйтіп қысы-жазы қой соңында салпаңдағанша, мен механизатордың оқуына барамын” деп Нұрғалиұлы Нұрланның Жанғалиды жалғыз тастап кетуі де осы шындықтың көрінісі.
Хикая осындай проблемалармен де қызықты. Ондағы тағдырлар адамдардың өз қағидатына беріктігін, адалдығын, сол үшін күресе алатынын танытады. Тіпті жұрт “арызқой” атандырып жіберген Орынбайдың өзі – қағидаттың адамы. Ол елін, жерін, байлығын қорғау үшін шындықты жақтап арыз жазады. Ауыл, аудан басшылары шеше алмаған мәселені жоғарғы жақтың алдына қояды. Оны “арызқой” атандырып жүргендер – сол жоғарыдан келген тексерушілер. Әділет, шындық жолымен қарасаң, Орынбайдікі дұрыс. Оның Мұқырдың Күреңбел деген құйқалы жерін басып алып, рұқсатсыз застава салған шекарашылармен таласы да совхоз жерін қорғаудың амалы еді. Ол үшін өзі жаза тартты, таяқ жеді, қудаланды. Кешегі өкіметтің, кешегі әскери адамдардың әлімжеттігі қандай болғанынан хабардар боласыз.
Көп жыл ауыл басшылығында қызмет етіп, халқына жаққан Мырзахметтің бейнесі де әділдіктің, қарапайымдылықтың, қоғам мүлкіне адалдықтың символы сияқты.
Қазақтардың ішкі қарым-қатынасы, көрші-қолаң ағайынның күндестігі – хикаяда көтерілетін негізгі тақырыптардың бірі. Негізінен даугер емес, пәледен басын алып қашып, “Қол сынса, жең ішінде, бас сынса, бөрік ішінде” деп үйренген халықты пыш-пыш сөз ушықтырып, аяғын дау-жанжалға айналдырып жіберу де ел ішінде кездесіп қалатыны белгілі. Мұқырда да осындай оқиғалар аз болмаған. Кезекті дау мектепке ат берумен байланысты басталады. Кітапханашы Дәулетхан 20-30-жылдары колхоз құрып, мектеп ашқан, ауылды басқарған, кейін соғыста өлген Қаратан Қарамендиннің атын беруді ұсынып, мақала жазады. Екінші мақаланы мектеп мұғалімі Оралбек жазып, сол мектепті ұйымдастыруға тікелей қатысып, көп жыл директор болған, 50-жылдары сол қызметінде қайтыс болған Ералы Сағынаевтың атын атайды. Ұсынылған Қарамендин мен оны ұсынған Дәулетхан қызғалдақ руынан, Ералы мен Оралбек қамай руынан екені анықталады. Әрқайсысы өз руының адамдарын ұсыныпты. Әуелде олар осылай ойлады ма, жоқ па, оны кім білсін. Бірақ сөзқұмар көпке Қанапия ой тастап, дәлелдейді. Ел ойланып қалады. Бұрын ру сұраспай ағайын болып жүрген елдің арасына жарықшақ түседі. Адал адамдар бұл әңгімеге қарсы шығады.
– “Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар” деген, Қанапия. Сен жұрттың ниетін жаманатқа бастама, – дейді Нұрғалидың бәйбішесі тіксініп.
– Қамайы не, қызғалдағы не? Сен, Қанапия албасты, мантырама. Қан араласып, бәріміз де баяғыдан ағайын жекжат болып кеттік емес пе? – деп әңгімеге Нұрғали да араласады.
Бірақ әңгіме мұнымен бітпейді. Ел екіге жарылады. “Мен қазақпын, мен коммуниспін” – деп Мырзахмет өз басын ала қашады. Мұқыр дауы көрші ауылдарға жетіп, Аршалы мен Берелдегі ел алатайдай бүлініп, өзара қоғамдасады. Екі рудан шығып қосылған жас жұбайлар әрқайсысы өз жерлестерін жақтап, айырылысуға дейін барады. Ішімдік ішіп қолға түскен Қазтай (қамай) милиционер қызғалдақ жігітке “Сен қызғалдақтық жасадың” деп айғай шығарады. Бұрынғы ағайын ел бір-біріне сенуден қалады. Пәлені бастаған қызғалдақ Дәулетхан ауыл энциклопедиясына қамайларды жамандап қоюы мүмкін деп, оның қағаздарын ұрлауды ұйымдастырады. Сөйтіп, қызғанғандары қызыл итке жем болып, жоғарғы жақ мектепке М.И.Калинин атын береді.
“Үлкендерде ұлағат, кішілерде ізет қалмай барады бүгінде. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуір бәріміз тышқаншылап, ұсақтап кеттік” – дейді хикаяның соңында Бектемір ақсақал. Бұл – заманға да, заман адамына да қарата айтылған сөз.
Мұндай ой түйіні жазушы ұстанымын да аңғартады. Әрине, бұл – ел болу қағидаты емес. Заманауи қиындықтар тұсында тас түйіндей бірігіп, одан елдіктің күшімен өту кім-кімге де керек. Тышқаншылап, ұсақтап кету – әлсіздік. Осы тұрғыдан өзі көрген, сезінген дүниелерін көркем бейнеге айналдыра отырып, Әлібек те “Оян, ойлан, қазақ” деп тұрғандай. Өр Алтай етегіндегі елдің биіктікке емес, еңіске қарап қалғанына қынжыласың. Сөйтіп, оқырманын қуанта да, қынжылта да алған жазушы қаламының қарымына риза боласың.
«Егемен Қазақстан» газеті.