Қазақстанның халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ӨНЕГЕЛІ ОЙЛАР, ӨМІРШЕҢ ӨРНЕКТЕР
Бұл күндерде Алматыдан ешқайда ұзап шыға алмайтын, сексеннен асқан аурушаң қарияға қазіргі ауыл тынысы күңгірт, бұлдыр. Сонау алпысыншы-сексенінші жылдардың тұсында он екі айдың төрттен бірін ат үстінде өткізіп, Қазақстанның қиян-қиырын түкпір-түкпіріне дейін асықпай шарлайтын едім-ау!
Қайран ауылды әбден сағынған менің қолыма таяуда көркеми құнды, алуан сырлы, қасірет-мұңлы бір кітап түсті.
Авторы Әлібек Асқаров.
...Қазақтың оралымды, өрнекті көркем тілін үйрететін бұндай кітапты кем дегенде 180 мың тапсырыспен шығаруға тиіспіз.
«Бодан елдің бұғаулы бұзауы болған мына бізден не күтіп едіңіз? Төрелер болса ат ойнатып ел басқарды, қаралар атойлаумен ғұмыр кешті. Кең дүниені кеуделеумен тірлік құрып едік, кеудеміз қуыс боп шықты. Өміріміз біреулер көкіп жүргендей зая да болмаған шығар. Дегенмен, арбалған санамен алданған ғұмыр кешкен аға ұрпақ екеніміз рас..».
Өткен заманға, өкінішті өмірге сол аға ұрпақтың өкілі аузымен әділ баға берілген.
Бүкпе жоқ, бұлтару жоқ, нағыз шынайы баға! Қазақ ауылы – ұлттық рухтың ізгі мектебі екенін дәлелдеген.