филология ғылымдарының докторы,
Мемлекеттік сйлықтың лауреаты
ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ ШОҚТЫҚТЫ ШЫҒАРМА
Бүгінгі қазақ әдебиетінің даму процесіндегі айырықша көңіл бөліп атарлық шоқтықты шығарманың бірі - жазушы Әлібек Асқаровтың "Өр Алтай мен қайтейін биігіңді" атты хикаясы.
Қазақ ауылының арғы-бергі ахуалына, бүгінгі нарық заманындағы жай-күйіне арналған шығармаға алдыңғылардың бірі боп әділ бағаны Шерхан Мұртаза береді. Ол өзінің және жұрт көңілінде жүрген бірқатар толғақты мәселелер хақында Әлібек повесіне арқа сүйей отырып толғанады. "Алдымен, — деп жазады Шерхан, "Романға бергісіз повесть" деп аталған мақаласында, — жүз үйлі "Төртінші бригада тарап кетті. Жүз үйден жеті-ақ үй қалды. "Раздольное" дейтін совхоздың орталығы Мұқыр еді. Мұқырға да тықыр таянды...
Кітаптың мазмұнын тізіп шығайын деп отырғам жоқ. Мәселе - сол жеті үйде. «Төртінші бригада» арқылы жазушының бүкіл республикадағы қазақ ауылдарының айнасын жасай алуында. Жасай білу шеберлігінде".
Әдебиет айнасына шындық дүниенің, қоғам мен адам тірлігінің барша ақиқаты, күнгейі де, көлеңкесі де түсіп отырады. Айна болғанда, бұл көркемдік айна. Гете айтқандай, өнердегі шыншылдық пен табиғаттағы шыншылдық бірдей емес. Екеуінің арасына теңдік белгісін қоя алмайсың. Қойсаң - суреткер емес, көшірмешісің. Бір сәт мына суретті көз алдыңызға елестетіңіз. Үйкүшік қанденнің, атын шартты түрде Белло деп атайық. Суретін салу керек болды делік. Суретші полотнаға оның дәл өзін айнытпай салсын. Сонда не шықты? "Нәтижеде бір Беллоның орнына бар-жоғы қос Беллоға ие болдық".
Көне аңыз бойынша, бір керемет мініскер салған шиені көрген торғайлар оны шын шие екен деп жабылып шоқи беріпті. Гете осы жәйтті әжуа еткен. Мәселе бұл жерде шиенің жақсылы-жаманды салынғанында емес. Мәселе мынада ғана: "көрермендер нағыз торғайдың өздері болған да шыққан".
Сөз өнері - өлі айна, өмірдің солғын сүлдесі емес. Көрген-білгенді айнытпай сол күйінде түсіретін көшіріндіге жатпайды. Әлібек шығармасындағы жігінашып жайыпсалған жайттар бүгінгі құрып кетуге тақаған қай ауылға барсаң да алдыңнан табылатыны хақ. Автор ауыл өмірін бүге-шігесіне дейін біледі. Бірақ ол көрген-білгенін іріктеп суреттеп, уақыттың өзі күн тәртібіне қойған, арнайы сөз етуге ділгір проблемалардың ұшығына шығады, көркемдік жинақтау дәрежесіне көтеріледі. Ерекшелігі - "шартты" тәсілдерге - гротеск, сатира, юмор құралына жүгінеді. Әр кейіпкердің басынан өткен хикаясын күлкі шақыра отырып шертеді. Құр тәлкекке салатын бос күлкі емес. Нарыққа көшудің көп-көп қүбылыстарына жетектейтін өзінше бір айла-әдіс. Қазақтың ежелден сіңісті жақсылы-жаманды әдет-ғұрыптары, кешегі Кеңес кезінде біткен мінездері, бүгінгіге бетбұрыстары алдыңнан көлденендеп, көңілінді алаңдатпай, ойландырмай, толғандырмай қоймайды.
Жүзге бөліну деген «сары ауру» бар. Сол ауру жүз-жүзге ғана емес, тайпаға, руға, тіпті бір шөкім ауыл ішінде атаға бөлінушілікке дейін сіңісті. Одан исі қазақ зардап шегетіні мәлім. "Күлсең, — кәріге күл" дегендейін, адамзат ғұмыры өткен ескімен әмәнда мазақ етіп күліп қоштасқан. Жазушы Әлібек Асқаров повесі дербес еліміздің ежелгі дертінің уақыт озған сайын анахронизмге, көзге шыққан сүйелдей оғаш кінәратқа, дөкір қылыққа айналып бара жатқан рушылдығын даурықтырмай, бас шайқататын зілсіз күлкімен оспақтап отырып жеткізген.
Бір уыс ауыл Мұқыр, негізінен, Қамай мен Қарғалдақ боп екі атадан тұрады екен. Оны әне, міне жабылайын деп тұрған жұпынылау мектепке ат қою мәселесі көтерілгенге дейін ешкім білген жоқ. Бір жыбырлақтың сыбыр етуі мұң, тып-тыныш жатқан бойкүйез ауыл Қамай мен Қарғалдақ боп қақ жарылып, қызылкеңірдек айтысқа шығады. Әрқайсысы мектепке өз туысының есімін қою үшін қырықпышақ болады. Ақыры, — екі жаққа да тиімді "саған да жоқ, маған да жоқ" шешім табылады. Мектепке Калинин атын берейік деген ара ағайын ұсынысы қабылданады. Ұсыныс көңілдерінен шыққан екі жақ - Қамай мен Қарғалдақ "уһ" деседі.
Күлермісің, жылармысың. "Екі қарға таласса, бір құзғынға жем болардың" кері. Шерхан Мұртаза татар халқының "Екі үйрек таласса - тауықтарға тамаша" деген даналығын еске алыпты. Баяғыда сүйегі қурап қалған Калининнің сонау түкпірдегі жас өспірім ұрпақ баулынатын жерден шыға келуі - қазақ менталитеті үшін бұлтартпас шындық. Қазақтың төбе биді бөтеннен іздейтін ежелден етене дерті...
Әлібек повесі тәуелсіз еліміздің береке-бірлігіне қатысты мәні зор бұдан да басқа көп мәселе көтерген. Қоғамдық салмағы күшті проблемаларды, - ескісін де, жаңасын да, - қазақ ауылының күнделікті қоңыр тұрмысынан, әр кейіпкердің өзіне ғана тән мінезінен, әпенділеу қылығынан, бейкүнә іс-әрекетінен сығымдап өндірген.
Проблеманың ең бастысы - нарық дәуіріндегі қазақ ауылының ендігі тағдырына алаңдағандық. Повесть екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім "қазақтың ордалы бір ошағының оты сөніп бара жатты", — деген сөздермен аяқталады. Басында жүзге тарта үйі бар, өр Алтайдың береке-құт қонған Айдарлы аталатын ауылы бара-бара кеміп тозғындайды. Жетімсіреген жеті үй ғана қалады. Олардың да күйі тартылып бітуге таяу... Екінші бөлімде Айдарлының көбісі қоныс тепкен Раздольное совхозының орталығы Мұқыр ауылына тықыр таянады. Мұқыр тұрғындары тозған клуб үйіне қарай аяңдап күбір-күбір сөйлесу үстінде "аядай ауылды алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын жүректері сезіп бара жатты".
Айдарлы ауылы - совхоздың Төртінші бригадасы аталатын. Сол ауылды нарық дауылы жайпап өтеді. Мемлекет қолдауынсыз жетімсіреп қалған совхоз әлсірей-әлсірей құр сүлдері қалады. Аудан жақтан бастықтар келіп өткізбек жиналыс енді совхоз орталығы — Мұқырдың өзінің жаназасын шығармақ. "Совхоз тарайды" деген қауесет расқа шықты...
Ия, жадау сурет - бүгінгі ауылдың ақиқат шындығы. Опырайған кәрі адамның аузы тәрізді ауылды қазір өр Алтайдан ғана кезіктірмейтін шығарсың... Ауылдың сырты сондай болғанда, іші қандай? Ол сауалға да повесть жауабы нақты: типтілі жағдайдан типтік характерлер туындайды.
Өр Алтайдың бір қуысындағы ауыл тұрғындарының тыныс-тірлігі туралы хикаят былай қарағанда, бейтарап көздің жайбарақат отырып суреттейтін қысыр әңгімесіне ұқсайды. Әр кейіпкер өзімен өзі. Тағдырлары басқа-басқа. Повестің бас кейіпкері мынау деп көрсете алмайсың. Сол себепті бір адам өмірін басынан аяғына дейін шолатын тұтас сюжет жоқ. Шығарма жеті үйдің әр отбасымен, одан соң Мұқырдың бірсыпыра адамымен жайлап біртіндеп отырып таныстырады. Әрқайсысының тағдыры түптеп келгенде ауылдың тағдырына тіреледі. Қырық құрау сюжет құрып, семіп бара жатқан ауыл тұрғындарының ендігі күніне көз жүгіртеді. Және құрақ сюжеттің құрақ көрпедей жымы білінбейді. Көрікті суреттей қабылданады. Алдымен шығарманың көрікті тілі баурайды. Трагедиялық мазмұн көңілді тілмен, сайқымазақ тәсілмен жеткізілетіндіктен, оқып отырғаныңда повестің ауыр хикаят санатынан екенін жөнді сезбейсің де. Тек шығарманың ақырғы нүктесіне жетіп, кітап мұқабасын жапқанда ғана ауыр күрсініп, қалың ойға шомасың.
Михаил Шолоховтың бір шығармасында әр адамның бойтұмары іспеттес кісі қызығарлық дәні ("изюминка") болады делінген. Айдарлы мен Мұқырдың тұрғындары қаратөбел тірліктің адамдары десек те, әр кәллада бір қиялдың бары расқа шығады.
Бастауыш мектептің мұғалімі Мелстің мінезіндегі қат-қабат қайшылықтардың өзі не тұрады. Обалы не, Мелс қызметіне адал. Тумысы Талдықорған жақтан. Қызметіне берілгендігі сондай, ширек ғасыр бойы Айдарлыға суша сіңіп кеткен. Ресми ереженің адамы. Түзу жүруге тырысады. Болашақ қайын атасы Қасиман соғыс бойы Бұқтырма өзенімен сал ағызған. Бронь бойынша қалып, соғысқа қатыспаған. Бірақ күйеу баласы майдангерлердің қақпаларына жүлдызша қақтырып, пионерлерге олардың қора-қопсысын әлсін әлі тәртіпке келтіртіп жүргенін көргенде майдан үшін ақ тер, көк тер еңбек еттім деп санайтын Қасекең өзіне де сондай құрмет көрсетілуі тиіс деген ойға келеді. "Ақ көбігін аспанға атқан Бұқтырманың бойымен қаншама миллион текшеметр ағашты Зеранға дейін айдап апарып", тер төккенін соғыста қан төккенге санап, Мелстен бұның қақпасына да қызыл жұлдыз қадауын сұрайды. Бірақ Мелс басқаша ойлайды екен. Қайда жүріп үйренгенін кім білген, кеңселік қытымыр тілге жаттығып алыпты.
"- Бәрі де дұрыс қой, — деді ол. - Мен бәрін де түсінемін. Дегенмен, қолыңызда арнайы билетіңіз болмаған соң, бұл мәселені мен шеше алмаймын. Әрі өзім сіздің үйіңізде тұрам. Сосын жұрт мен туралы не ойлайды"[1].
Аздап бөспелігі бар. Затым түгіл (әке-шешесі, екі үлкен ағасы да ұстаздық қызметте), атымның өзі тұнған интеллигенция: Маркс-Энгельс-Ленин-Сталиннің бастапқы қаріптері, Мелс деп қате жазылған, мені "оборотный Э-мен айту керек" деп есептейді. Метрей шалға "значит" деген сөзді "демек" деген сөзге ауыстыр деп әлек салады. Көрсетпесе де, үйіне теледидар сатып әкеп қояды. Енді тау басынан саяжай салмақ. Өзі мектеп жабылған соң жұмыссыз... Жұмыссыз мұғалімді әйелі де тастап кетеді.
Балташы Байғоныс ғарышкер Гагарин мүсінін жасаймын деп, онысы бөлімше басқарушысы Қақантайға ұқсап кетеді. Сол үшін Совмин деген сөзді таратып Совет Министров деп түсіндіре алатындығына байланысты ауыл аймақта ең білімдар саналатын "селсебет" Шәкіріп жолдастан сөгіс естиді. Шәкіріп ешкімнің "указаниесінсіз" жасаған мүсінді қопарып тастауға бұйрық береді.
Жас кездеріндегі махаббатын жоғалтқан моторист Сәрсен мен Әлипаның отбасы аянышты халде. Ұлдары өлген соң, Әлипаның бойына бала бітпеді. Балажанды қазаққа одан өткен тауқымет бар ма? Бастапқы жолы Әлібек кітабының мұқабасына жазылған өлең Сәрсеннің үйінде айтылады.
Өр Алтай, мен қайтейін, биігінді,
Мерген боп бір атпадым киігіңді.
Өмір өксіп, адасып қалдым жолда,
Кім түсінер іштегі күйігімді...
Сәрсен кеш батты гармонын күрсініс сазға салып ыңырсиды да отырады. Өлеңнің повесть арқауына айналатыны - мұндағы кейіпкерлердің қуанышы шағын, қайғы, күйігі басым.
Қуанышы шағын дегенде, онысы дастархан мәзіретін жасаудан аспайды. Оның да рәсімі жұрт қатарлы дұрыс өтелсе ғой... Бұрынғы бастық Мырзахметтің үйіне сонау оңтүстіктен бауыздау құдасы тұтқиылдан түсе қалады. Алыстан ат өксітіп келген сыйлы қонақты ауыл аяқтарынан тік тұрып "күтеді". Шақырысуға әдеттегідей шіретке тұрады. Арақ дегенге жөпшенділікпен берісе қоймайтын, бұрын балуандыққа түскен божбан дәу қара құда "бәрібір, мұқырлықтардың ас та төк сый-құрметіне шыдас бере алмады. Қойдың майлы құйрығы мен қазы-қартаға мелдектеп кекіріп отырса да, кете-кеткенше тілі кәлимаға келмеген. Тіпті туған құдасы Мырзахметті анық тани алмай, құдағиға жармасып, аздап шатақ шығара жаздады. Әйтеуір, қайтар көлікке есі кіресілі-шығасылы төрт аяқтап өкіріп мінді деседі".
Қуанышының өзі өстіп сиырқұйымшақтанып бітетін өр Алтай ауылының тұрпат тұрқы, дегенмен, мәз-мейрәм көрінбейді. Қуанышынан қайғысы әлдеқайда басым. Темір жол стансасындағы базардан насыбайдың күштірегін таңдаймын деп жүріп мінген әскери эшелонынан қалып қойып, "дезертир" айыбы тағылып, пәлен жыл Итжеккенге айдалып кеткен қожанасырлау Қабден шалдың үйіне көршілері жинала қалады. Алматыдағы Қанат деген баласынан хат келген екен. Оқуға түсе алмай, қалада құрылыста істейтінін хабарлапты. Осыған байланысты бүгінгі ауылдың және бір трагедиясы - жастардың туған жеріне қайтып оралмайтындығы туралы әңгіме қаулай жөнеледі. Байғоныс шалдың да бір баласы Өскеменде. Метрейдің күйігі тіптен ащы. Он үш жыл бойы ұлы тым құрса, хат жазып хабарласпаған. Жалғыз рет тілдей жеделхат жолдапты әкесі жетпіске келгенде. "Жүз жаса" деген тілегін оқығанда Метрей атай кемсең-кемсең жылап алыпты: "На кой хрен мне сто лет! Мне и в семьдесят тошно жить" — дейді.
Өр Алтай елінің күйігі асып-төгіліп жатыр. Әке-шешемнің зейнетақысына қаратып қойдың деп аяқ астынан әйелі тастап кеткен Мелс мұғаліммен қаңыраған үйінің табалдырығын құшып еңіреп жылап жатқан жерінде қош айтысамыз. Ақдәулет атты Мұқырдағы озат мұғалім кейінгі кезде ішімдікке салына бастапты.
- Жарытымсыз айлығыңды да ала алмайсың. Отын, шөп деген күнкөріс үшін бастықтарға жалшыдай жалбақтайсың. "Көкірек толы арман еді, бәрі адыра қалды," — дейді басу айтқандарға.
Соғыс ардагері Әмір шал майдандас достарына жасаған ескерткішін әлдебіреулердің жүлып тастап, солдаттың бетіне қара май жағып кеткенін көргенде, көңілі жаман құлазиды. Майданда Сталин атынан берілген, әскери қолбасшылар қол қойған грамоталарын, өзге де марапаттарын қаттап қаптап, сандыққа сарымайдай сақтап, тығып жүреді екен. Соның бәрін Әужекең отқа жағып жібереді. Майдангер досы Махарадзенің атын қойған, қазақтар қысқартып Мақан атап кеткен баласы мұны көргенде зәресі үшады. "Қушиған арық кеудесі дір-дір етіп, әкесі үнсіз жылап отыр екен. Мақан не болғанын түсінбеді, панасыз жас баладай жетімсіреп қалған әкесін кеудесіне баса берді".
Бұл қайғылы оқиғаның бәр-бәрі жинала келе, түйдектене жөңкіген бұлттай роман финалының аспанын түнертіп-ақ тұр. Оған зеріккеннен ұрыс-керіс тауып, қуарған тірліктің сәнін келтірем дейтін қарны қабақтай Қанапия қырт өз өзі боп алғаш рет сөз тауып айтады. "Арбалған санамен алданған ғұмыр кешкен ұрпақпыз, ондай ұрпақ тышқаншыламай қайтпек бүгінде", — деп күрсінгенде көкірегі қарс айырылды.
Шығарманы жазушы Шерхан Мұртазаның "романға бергісіз" дегені түймедейді түйедей етіп бағалағандық емес. Шығарма повестегідей бірлі-екілі тағдыр хикаятын суреттеп берумен тынбайды. Төртінші ауыл мен Мұқырдың - Раздольное дейтін совхоз орталығы адамдарының, ақсақал, қарасақалдары, бастықтары мен қатардағы қарапайым жұртының бүкіл өмірі тегіс дерлік көп сериялы кино кадрындай көз алдыңнан жылжып өтіп жатқан хикіметі - еліміздің өтпелі замандағы типті жағдайы. Кейіпкерлері - "тышқаншылап" кетті десе де, бүтін бір өткінші дәуірдің типтік бейнелері. Ондай эпикалық кең тынысты, лирикалық сыршыл дүниелер әманда роман жанрына жатқызылған.