Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Социализм сипаты капитализм көзімен
Бәрі де ойда жоқта, оқыста басталды.
Әлібек Асқаров інімнің суретші болам деп біраз оқығанын, біршама ізденгенін білетінмін.
Бір күні “Егемен Қазақстан” газетінде “Мұзтау” атты көлемді толғауы бұрқ ете қалды. Басқа мақалаларды былай қоя салып, алдымен соны оқыдым. Туынды маған қатты ұнады. Тақырыптары туыс, өздері ағайындас, армандас болғандықтан ба, Оралхан марқұмның бір кездері “Жұлдыз” журналында жарық көрген Алтай туралы әдемі дүниесі есіме түсті. Кеудесін кере демалып, көсіле жазған сол бір толғауды сүйсіне оқыған едім. Ол маған бірден ұнаған-ды. “Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл...” деп Абай әулиеміз суреттегендей, Оралхан очеркіндегі қар басып қалған қалың қызғалдақты кешіп келе жатқан романтик ініміз ойымда өшпес із қалдырған екен... Әлібектің “Мұзтауын” оқып отырып, Оралханның сол бір сүйкімді очеркін есіме түсірген едім. Сол бір бояуы шымқай, түбі мөлдіреп көрініп жатқан көл-көсір суретті көз алдыма тағы бір елестетіп, естелік тұнығына тағы бір шомылып шыққандай болдым.
“Мұзтаудың” сәтті жазылған тартымды туынды екенін ақтарыла айтып, Әлібекке телефон соқтым.
– Рахмет, Қадаға! “Мұзтау” кітап болып шығып жатыр. Түгел оқып шықсаңыз тіптен тәуір болар еді! – деді ол.
– Тезірек жібер! – дедім мен.
Бірақ, өкінішке қарай, кітап менің қолыма тез тие қойған жоқ. Хабарласқан сайын, ұмытпай ескертіп, кітапты күтумен болдым.
– Қадаға, тағы бір кітабым жарық көрді. Екеуін қосып, жақын күндерде жеткізіп саламын! – деді Әлібек тағы бір уәде беріп.
Уәде уәде күйінде қалмай, бұл жолы жедел орындалды. Алматыдағы сенімді адамына тапсырыс берілген болуы керек. Қалаға барып, қайтып келсем, күткен кітаптарым үстел үстінде жатыр.
Тірліктен алған бір тәлімім: кітап қолға тиген бойда оқуға кіріспесең, оқылмай қала береді, қала береді. Сөреге апарып сұға салмай, креслоға құлай кеттім.
“Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын” деп аталатын жинаққа “Көккөл”, “Шындығатай”, “Мұзтау” жолжазбалары кірген екен, солардан бастадым. Әрбір әдеби жанрдың тек өзіне ғана тән ерекше қасиеттері болады. Солардың ішінде, негізінен, илеуге көніңкірейтіні – очерк. Қалай созсаң да, қалай қысқартсаң да, қалай исең де икемді. Шеберлік мектебі біле-білгенге осы очерк жанрынан басталады. Соны жақсы сезінген Әлібек үш очерктің үшеуінде де Алтайды, туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Оқып қана қоймайсың, көркемдіктің көне өкілі ретінде құмарта қарайсың. Бұдан бірнеше жыл бұрын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көргендей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Асқаровтың “Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын” кітабын, очерк-толғауларын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жалғасын көргендей болдым. Оған себеп – әйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты.
“Алдымен Құдай болу қиын. Құдай болсаң, жаңбыр жаудыру боқтан оңай” деген екен бір атамыз. Тамаша айтылған сөз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе, аса талантты адамға әдемі кітап жазу – проблема емес! Бүкіл болмысыңды баурап алатын тақырып болса, жан-жүйеңді тебірентер сұлулық болса, оны сүйсініп көрер көз болса, сол көз көрген көркем әлемді мөлдіретіп қағазға түсірер суреткер тіл болса – ақын арманына жетті дей бер. “Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын” кітабын ықыласты көз, ынталы көңілмен оқып шыққан мүдделі ағайын әдемі әлемді аралап, бейішке барып қайтқандай әсер алары сөзсіз. Бұл солай! Өз басым тап сондай бір ғажап дүниеге кіріп, қуанышқа бөленіп қайтқандай желпініп қалдым. Әдемілік, әсемдік туралы құмарта ойланған сияқтымын. Бұл толғау кітаптың басты қасиеті – Алтайдың әдемілігінде емес. Туған жердің өткеніне, әсіресе, бүгініне мұң көзімен қарауда, жанашырлықта. Емініп барып, егіліп қайтуда! Әлемге түсінікті ортақ тілде, перзент тілінде дабыл қағуда!
Өз басым қарапайым оқырман ретінде де, көркем әдебиеттің жетпістегі жанашыр өкілі ретінде де “Мұнар тауды, мұзарт шыңды”, міне, осы тұрғыдан құшақ жая қабылдадым. Сөйте тұра менің нағыз олжам – бұл кітап емес – “Социализм әңгімелері” екен. Осы атпен жарық көрген келесі кітап екен, ондағы бес-алты әңгіме болды!
Көркем әдебиет – ұлттың, халықтың өсіп-өнуінің, есеюінің, тарихи дамуының бірден-бір көрсеткіші. Дәлірек айтсақ, айнасы. Бұл мәселеде қоғамтану ғылымының өзі көркем әдебиетпен бәсекеге түсе алмайды.
Біразымызға белгілі, осыдан тоқсан жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген қазан төңкерісі қазақ халқының ұлттық дамуына оқыс әсерін тигізді. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ұлттың ұлт болып қалыптасуы феодализмде басталып, капитализм кезінде барып аяқталатын көрінеді. Біздің қазақтар капиталистік қоғамды түгелдей бастан кешірген жоқ. Өткерген жоқ. Бірден ертегі социализмге аттап кеттік. Аттап қана қойған жоқпыз. Соны мақтаныш тұттық. Ана тілімізде “бір қайнауы ішінде” дейтін тіркес бар. Біздің түбімізге жеткен де, міне, сол бір қайнау. Жетпей қалған бір қайнау! Яки, шикілік. Дәлірек айтсақ, санадағы шикілік.
Ғылыми тұрғыдан үңілгенде солайы солай. Әйтсе де... сол бір өте ұзаққа созылған феодализм мен қас пен көздің арасында өте шыққан тұрақсыз капитализм кезіндегі қазақтардың өзінше берік психологиясын, тұтастығын, салт-сана бірлігін, жетпіс жылдық қазымыр социализм қанша қыспаққа алса да жөнге сала алмады... Смағұл Елубаев романдарындағы сонау түркімен түкпіріне тереңдеп еніп, тұйыққа тірелген батыс қазақтарының салт-санасы мен Әлібек Асқаров немесе Қайнар Олжай жазып жүрген алтайлық қазақтардың салт-санасынан пәлендей айырмашылық таппайсың. Бұл әдеби мысал ғана емес. Алпысыншы жылдардың аяғында мен Зайсан мен Тарбағатай аудандарында болып, қалың отырған қазақтардың тұрмысымен таныстым. Сонда мен Ұлықбектің ауылындағы конусқа ұқсастырып сүйірлеп қалаған тезек пен өз ауылымдағы тап солай қаланған тезектердің арасынан пәлеңдей алшақтық таппадым. Дәлірек айтсам, мен тура өз ауылыма барып қайтқандай әсер алдым.
Әлібек Асқаровтың “Социализм әңгімелерін” оқып отырғанда осы тәрізді тағы бір туыстық алдымнан шықты.
“– Балам, байқап жүр... Көйлегіңді бұзау-торпақ жалмап кетпесін!” – деп ескертеді. Осы бір ескертпе менің зердемде елу-алпыс жылдан бері қалғып жатқан жетім кезімді түртіп оятқандай болды. “Жебір бұзау және менің мәйкем” деген шағын өлеңім ойыма оралды.
Көки алман бай тұрдық деп кеше біз,
Кетті біраз сол жылдарда есеміз.
Қиып-пішіп,
Ескі-құсқы матадан
Мәйке тігіп беретін-ді шешеміз.
Күйе-күйе маңдайындай кеншінің
Күн астында талай-талай тершідім.
Бір көнеден тіккен сол бір мәйкеге
Бұзауқаны өш болатын көршінің.
Кір жайғанда
Дәл білетін ай-күнді,
Сол бұзаудың келетіні айқын-ды.
Шуақ жақта сілемейін шұбыртып
Шайнайтын да тұратын ол мәйкемді.
Мәселе әңгіменің көйлек, өлеңнің мәйке туралы болғанында емес, әңгіме социализм заманы, яки жоқтық, кедейлік, тапшылық туралы жазылуында. Социализмнің, дау жоқ, ұтымды жағы жеткілікті болатын. Оны өз басым көп көрдім. Көп сезіндім. Бірақ менің есімдегі социализм, негізінен, жарлы қоғам, жоқтықтың символы тәрізді бірдеңе. Осы тұрғыдан келгенде Әлібек Асқаровтың аталмыш жинағына кірген туындылары “Социализм әңгімелері” деп өте дұрыс және батыл аталған!
“Қара құйынды енді қуып жеттім-ау деген сәтте Аманжол діңкелеп барып омақаса ұшып түсті. Сол бойда жел қуған даланың қаңбағы секілді бес-алты рет домалап кетті. Сілесі қатып, есінен тала құлады.
Не заматта есін жиып, көзін ашса – қасында шешесі отыр.
Мұның басын тас қып құшақтап алған. Жоқтау айтып зарлап отыр. Зары сай-сүйегіңді сырқыратады. Сұм соғысты, сорын ашпай қойған тағдырын қарғап-сілейді. Боздағым аман болса, жалғыз ұл бүйтер ме еді?! Мен жазған өстіп қасіреттен қан құсар ма едім деп жылайды”.
Көркем әдебиеттің құдіреті, міне, осында! Ақ көйлекті ала қашқан қара құйынның қылығы... жетім бала мен жесір ананың ғана емес, сол бір тапшы тірлікті бірге кешкен бүкіл ауыл қасіретіне айналғандай болады.
Социалистік қоғам қарапайым халықтың жанына жақын қоғам. Оны жұмысшы мен шаруа бірден сезінді. Бірақ қызығын толық көре алмады. Қуатты капитализм жан-жақтан қысып, буындырып ұстады. Кеңес өкіметі бейбіт жылдарының өзін соғысқа дайындықпен, біраз жылдарын Азамат соғысымен, Ұлы Отан соғысымен, одан кейін шаруашылықты қалпына келтірумен өткізді. Табыстың көбі қару-жарақ шығарумен, АҚШ-пен екі арадағы текетіреспен, қырғи-қабақ соғыспен өтті. Әлібектің кейіпкерінің шешесі тігіп берген ақ көйлекті қара құйын алып қашса, менің мәйкемді бұзау жалмап тынды. Бірақ негізгі қорлық қара құйын да, жебір бұзау да емес. Біздің түбімізге жеткен – жоқтық! Жоқтық болғанда бір көйлек, бір мәйкеге қарап қалған жоқтық емес. Адам ұялатын жоқтық. Тақыр кедейлік! Әңгімеге тиек болып отырған қара дауыл алып ұшар ма еді, ұшпас па еді, егер соны керулі жіпке бекітіп қоятын кіп-кішкене ағаш қыстырғыш болғанда?! Құдай атқанда, сол болымсыз ағаш қыстырғыштың өзі қолға түспеді ғой!
Шап-шағын әңгіме бүкіл бір заманның, бүкіл бір кезеңнің қалың халық болып әрең көтерген қиямет-қасіретінің ауыртпалығын көз алдыңа түгелдей жайып салады. Иә, көркем әдебиеттің ғаламат құдіреті, міне, осы! Соны сезінген болуы керек, бір кездегі дәуір данышпаны Карл Маркстың өзі бүкіл Еуропаның әйгілі философтары, экономистері, қоғамтанушылары болып, түсіндіре алмаған әлеуметтік қатаклизмді Бальзак шығармаларын оқып түсіндім деп тегіннен-тегін айтпаса керек.
Жалпы, Әлібектің әңгімелері оқырманды жалықтырмайды. Қызықты оқылады. Автордың діттеген ойы, идеясы, міне, осынау қызықтың астында бүлк етпей бұғып жатады. Көркем әдебиетпен көзін ашқан тәжірибелі оқырман, салиқалы оқырман шығармаға табиғи сіңісті болып, тереңде жатқан авторлық идея елеусіз қала берер ме еді, қайтер еді?! Мысалға “Бутафория” деген әңгімені алып көрелік.
“Қалалық партия комитеті бекіткен бағдарлама бойынша мұхиттың арғы бетінен келген меймандар түске дейін кітап фабрикасының жұмысымен, жақсылық істерімен танысулары тиіс екен. Түстен кейін өлкетану музейін аралап, еліміздің тарихынан, салтынан мағлұмат беру. Кешкісін симфониялық концертке апару, яғни мәдени демалыс...
Ылғи да бізді сынап-мінеп жүретін капиталистерге социалистік өндіріс орны туралы дұрыс пікір қалыптастырып, еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы биік дәрежеде екенін көрсету міндеті тұрды... Сондықтан Исағали фабриканың іші-сыртын мұнтаздай ғып тазалатып, қонақтар жүретін дәліздің бәріне “кремлевка” дейтін қызыл жолақ ұзын-ұзын кілем төсетіп тастады...
Онымен де тынбай, фабрика интерьерінің әр тұсына жарқыратып картиналар ілгізіп, терезелерді айнадай етіп жуғызып қойды.
Ертеңіне бәрі де ойдағыдай болды...
Исағали түстен кейін қонақтарды мәшинеге тиеді де өлкетану музейіне алып барды... кіреберіске кілем төсеп, құрметті қонақтарды әнмен, гүлмен қарсы алысты. Бұл жерде де біркелкі әдемі киінген, қол-аяқтары балғадай өңкей көрікті қыздар жұмыс істейтін болып шықты. Әсіресе, қонақтарды музей экспонаттарымен таныстырып, гид ретінде бөлме-бөлмелерді аралатқан, аршыған жұмыртқадай дөңгелек бет талдырмаш қыз ағылшын тіліне судай екен. Биязы ғана жымиып қойып, үлбіреген бұғағын толқындата сөйлеп берген кезде айналайын бір мүдірсеші! Қолындағы таяқшасын нұсқап қойып, аялы жанарын жалт төңкеріп, музейдің экспонаты туралы сайрай жөнелді. Исағалидың көкірегі кернеп салды дерсің... Қазақтың осындай көркем қыздарының шет тілін ана тіліндей білгеніне жаны жадырап, тынысы ашылғандай.
Айнаш ортаға құрылған қазақтың киіз үйінің қасына келіп, көп дүниені түсіндіріп тұрғанда, блокнотына әлдене жазып жүрген ат жақты арық американдық бірдеңе деп шүлдірлеп сұрақ қойған. Айнаш ол кісіге көзін төңкеріп бір қарады да, сөзін жалғай берді. Сұрағына жауап ала алмағанына американдық басын қалтылдатып қипақтап қалды. Осы жайға сырттай куә болған Исағали да біртүрлі жайсыз күйге түсті.
“Апырмай, жауап бермей мына қызға не болды? – деп қиналды ішінен. Жүзінен ізет төгілген қазақтың ибалы қызы сияқты еді, адамша жауап бере салса қайтеді”.
Ақыры музейді жақсылап аралап, қонақтар шығар есікке бет алған. Со жерде үйіріліп тұрғанда Исағали Айнаштың қасына келіп, көңілде қалған түйткіл-ренішін сездірген. Айналайын, Айнаш-ай, бәрін де керемет жақсы өткіздің, бірақ ана кісінің сұрағына жауап бере салғаның жөн еді дегенді айтты. Айнаш ағасының ескертпесін мойындағанын сездіріп, бір қызарып, бір бозарды.
– Ағай-ай, қайтейін, кешіріңіз, – деді жанары боталап, елжіреген бүлдірген еріні өкпелегендей бұртия қалды. – Мен ағылшынша білмеуші едім”.
Сонда… сонда әлгі қызға әлгі айтқанының бәрін алдын-ала жазып беріп, жаттатып қойған!
Қосып алары жоқ нағыз социализмнің әңгімесі. Барып тұрған көзбояу. Ал біз білетін социализм мұндай көзбояусыз күн көре алмайтын.
Әлібектің шеберлік тұрғысынан қарағанда өте ұтымды шыққан бір әңгімесі “Левитанның дауысы”. Ол бірден “Қырғи-қабақ соғыс жылдары... Әлемдік империализмнің Кеңес Одағына қарсы дұшпандық саясаты барынша өршіп, екі жақты текетірестің аяғы ақырзаманға дейін жақындап қалған кез. Әлем жұртшылығы үшінші дүниежүзілік соғыс “әне басталады, міне басталады” деп қатты қауіптеніп, мамыражай тіршіліктің ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған кезі” деп басталған әңгіме осы төндірген қаупі аз болғандай, “Мұқажан ақсақалдың жалғыз немересі Қуанышбектің де есейіп азамат болған шағы дәл осы бір қыл ұшында тұрған қиын заманға тұспа-тұс келген. Қуанышбектің әкесі де топырлаған көп қыздың соңы, кіндігінен кіш еткен жалғызы еді” деп бір пәлені одан әрі төндіре түседі. Бір-екі әңгіме емес, ондаған роман жазып, қара сөздің құлағында ойнайтын шабандозға айналып алған нағыздың өзі сияқты. Оқырманды ырқынан шығармай, жіпсіз байлап, тіпті бұйдалап алғандай.
“Енді байқады, қабырғадағы қара табақ неге екені белгісіз мелшиіп үнсіз қалыпты. Мелшиіп үнсіз тұрған радио бір кезде саңқ ете түсіп, Мұқанды селт еткізді.
“Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!..” деп бір сөзді үш мәрте мәнерлеп орысша хабарлады. Сосынғысын аз-кем тыныстады да: “Кеңестер Одағы территориясындағы барлық радиостанциялар мен Орталық телевидение жұмыс істейді. ТАСС-тың аса маңызды хабарын береміз!” – деп төбеңе мұз құйғандай зәрлі дауыспен шегелеп жария салды. Мұқаң елең етіп, аузындағы насыбайын жұтып қойды. Кәрі жүрегін шым еткізіп, бірдеңе шымшып алғандай болды. Өріп отырған қасындағы сегіз таспа қамшысы сусып түсіп кетті.
...Үзіліс жасап, жым-жырт бола қалған радио арада бір минөттей уақыттан соң жаңағы сөзді тура сол мақамда адамның төбе құйқасын шымырлатып сұсты суық дауыспен қайта қайталады. Суық емес, тіпті даусынан аяз ескендей. Сосынғысы тағы да тылсым тыныштық... Әлгі аяздай қарып түсер сөздерден кейін тым-тырыс қалған осы тыныштықтың өзінде сұмдық үрей бар-ды”.
Міне, міне, осы! Бұл әңгімені де социализм хикаясы қылып тұрған осы үрей! Ол кездегі адамдардың көңілінде қайда да бір үрей болатын. Біреу ұлтшыл болып көрінуден қорқатын. Біреу жершіл болып көрінуден қашатын. Біреу үстімнен біреу арыз береді деп ұйқысы бұзылатын. Енді біреу жұмысымнан айырылып қалар ма екенмін деп қауіптенетін. Былай қарасаң, бәрі жақсы, бәрі жарқын, бәрі көңілді. Бірақ, оңаша қалудан қорқады. Ойланудан қорқады. Өз ойынан өзі шошиды.
Сөйтсе… кейіпкеріміздің қорқатын ештеңесі жоқ екен. Ғарышқа адам ұшыпты – Юрий Гагарин көкке көтеріліпті. Бірақ, “Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!” деген дауыс шықса кешегі кеңес кісісі “Енді не жақсылық болар екен?”, деп күтпейді, “Тағы нені айтқалы жатыр?”, деп күтеді… Жақсылық келмесе келмей-ақ қойсын, тек жамандық келмесе болды!..
“Социализм әңгімелері” осындай-осындай алты хикаядан тұрады. Мен соның үшеуін ғана тілге тиек қылдым, ойларымды ортаға салдым. Бұл үш әңгіме қалған үш әңгімеден мықты немесе мықтырақ болғандықтан бағаланып отырған жоқ. Көтерген тақырыбына, атына заты сай ұтымды дүниелер болғандықтан дараланып отыр. Талдаудан тыс қалған “Мона Лиза”, “Долдаш ағайдың кітаптары”, әсіресе “Облава” айрықша бөліп алып, арнайы сөз қылуға татитын-ақ новеллалар. Бірақ, шағын мақалада нысанға артық жүк артып, тектен тек сөз шығындағанда не табамыз? Бұл алты әңгіменің ішінде електен өткізсе, жалғыз-ақ “Долдаш ағаның кітаптары” басқа бір дүниелерге орын босатып беруі мүмкін. Бірақ ол үшін ол әңгіме бұдан көш ілгері болуға тиіс.
Сарылып отырып, ұзақ жылдар жазып, ақыр аяғында сағынған күніңе де жетіп, үкілі туындысын сәтті аяқтаған олжалы автор қандай қуанса, сол бір татымды да тартымды, үздік туындыны үздігіп оқыған разы пенде бұл кітаптың тезірек бітіп қалғанына сондай өкінеді. “Социализм әңгімелерінің” соңғы бетін мен де сондай бір қимастықпен жаптым-ау деймін.
Ал енді мақаламның тақырыбына байланысты бір ауыз сөз айтайын. Әлібек Асқаровтың “Социализм әңгімелеріне” неге осынша көңіл бөліп жатырмын? Біз социализм жайында бұған дейін де талай жазып едік қой, жақсы да жазып едік. Солайы солай. Кешегі кеңестік кезеңдегі бүгінгі заман әдебиетінде халқымыздың асыл қазынасына қосылатын құнды дүниелер көп, өте көп екені рас. Сонымен бірге, біз ол кезде социализмге социалистік сана тұрғысынан қарап, социалистік реализм әдісімен жазып келгеніміз тағы рас. Әлібектің мына кітабының бөлектеніп тұрған бір белгісі – социализм сипатына капитализм көзімен қарағандығы. Бір қоғамға бір қоғамның көзімен қарағанда да ақи-тақи ақиқатты айта қою қиын, әрине. Оның үстіне біз өтпелі кезеңде тұрған қоғамбыз. Қалай дегенде бұл да бір ракурс. Қызық ракурс. Жалғастыратын-ақ жұмыс. Әлібектің өзі де сөйтетін шығар.
«Егемен Қазақстан» газеті.