Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Исі түркінің атажұрты

Исі түркінің атажұрты

31 январь 2012, Вторник
1 995
0
Исі түркінің атажұрты                                                                                                         Астана бүгінде қай қырынан алып қарағанда да шынайы елордалық сипатқа ие болған. Бұл сипат қалада баспа ісінің жақсы жолға қойы­луынан да келісті көрінеді. Қазақтың қарымды қайраткер азаматы Нұр­лан Исабеков басқаратын «Фолиант» баспасы тамаша кітап өнімдерімен жұртшылық көңілінен шығып келеді. «Фолиант» жасап жүрген игілікті шаруаның бірі – «Менің Отаным – Қазақстан» се­рия­сымен жарық көріп жатқан кітап-альбомдар. Бұған дейін «Ұлытау», «Ойыл», «Қазығұрт», «Отырар», «Ерейментау», «Баянауыл», «Шиелі» альбомдары шыққан бұл серия таяуда «Катонқарағай» атты тың туындымен толықты. Авторы – танымал қаламгер Қайырды НАЗЫРБАЕВ. Біз бүгін оқырман назарына көрнекті жазушы Әлібек Асқаровтың кітапқа алғысөзін ұсынып отырмыз.
Ауылдан кеткенімізге қырық жыл өтсе де, әлі күнге туған жер, өскен ұядан кін­ді­гі­мізді үзіп көрген емеспіз. Қазір соны­мызға іштей марқаямыз, шүкіршілік етеміз.
Жылына бірер мәрте болса да барып, туған жердің топырағына аунап-қунап қайтпасақ – ойымыз алаң, ұйқымыз мазаң.
Менің «туған жер» деп отырғаным – Бұқ­тырма суқоймасынан өткен бойда бас­талатын Өр Алтайдың үйрек ұшып, қаз қон­ған құйқалы мекені – Катонқарағай ауданы.
Асылық айтсақ кешірерсіздер, сол Өр Алтайда біз бармаған өзен мен көл, біз баспаған тау мен тас та сирек секілді. Көз же­тер жердің бәрін армансыз араладық, көңіл жетер көкжиектің бәрін тамашалап қайт­тық. Бәрібір Алтайдың ару көркіне, тұңғиық тылсымына құмарымыз бір қанған емес.
Ақыры, қарай-қарай қалаға аттанасың, соңынан көрген-білгеніңді сағынышпен еске аласың, сосын көкіректе буырқанған әсерді қағаз бетіне түсіруге тырысасың.
Сөйтіп жүріп туған өңірдің тағдыр-талайы мен таңғажайып табиғаты жайында төрт деректі дүние жазған екенбіз. Повестер ме, эсселер ме, әлде ғалымдар айтқан­дай, сафари жазбалары ма, әйтеуір көңіл­де­гі арман мен сырды шама-шарқымызша ақ­тарғанбыз. Бәрібір, Алтай кереметін әлі де айта алмай жүргеніңе булығасың, туған жер сұлулығын жеткізем деп сөз таба алмағаныңа аласұрғандай боласың. Олай болатыны – Алтай шын мәнінде жұмбаққа толы тылсым өлке.
Алтайды қаншалықты білемін десең де оның қатпары қабат-қабат. Ашылмаған құ­пиясы, айтылмаған әні, жазылмаған тарихы жетіп жатыр. Алдымда жатқан «Катон­қа­ра­ғай» атты мынау кітаптың қолжазбасын па­рақтай отырып, мен осы ойымның расты­ғы­на тағы бір көз жеткізгендей болдым.
«Фолиант» баспасы жастарды елдік дәс­түр, отаншыл рухта тәрбиелеу мақса­тын­да біршама бастамалар көтеріп жүрген Ас­танадағы рухани орданың бірі. Баспа­ның ондай ізгілікті шаруаларынан біз де хабардармыз. Солардың бірі – «Менің Ота­ным – Қазақстан» сериясы. Осы серияға Катонқарағай өңірі туралы да кітап-аль­бом­ның кіргенін қуа­ны­шпен қабыл ал­дым.
Бұл кітап – аудан­ның белгілі бір ме­рейтойына арналып, құрғақ мақтау, көпір­ген көлдей мақа­ла­лар­дың басын құ­ра­ған дүние емес. Керісінше, ауданның ар­ғы-бергі тарихын ба­рынша қамтуға, өңір­дің өзіндік ерекшелігіне, тұмса таби­ға­тын бейнелеуге, олар­­ды суреттермен толық­ты­рып, жан-жақты көр­сетуге ұм­тылған тәлімді дүние екені байқалады.
Кітаптың «Құба жон қорымдағы қа­лың тарих» атты ал­ғаш­қы бөлімінде бұл өңір есте жоқ ерте замандарда сақ, ғұн, түркі тайпаларының атажұрты болғаны, олардың бұл араны мұз дәуірінде, орта палеолит заманында мекендей бастағаны сөз болады. Бұл деректер осы маңайдағы түрлі қорымдардан табылған еңбек құрал­дары­мен, археологиялық ескерткіштермен дә­лел­денеді.
Әлемге белгілі Берел қорымынан табылған археологиялық ескерткіштер де кітапта кеңінен әңгімеленіпті. Оның үстіне үстіміздегі жылы дүние жүзінің он екі елінен ғалымдар, түркітанушылар, Алтайды зерттеушілер Берелде бас қосқаны мәлім. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген атпен өткізілген халықаралық бұл форум жалпы түркітанушы мамандар арасын­да елеулі серпіліс туғызды. Осындай жаңа­лықтың баршасы өңірдің тарихи-мәдени үрдістерін қалпына келтіруге өзіндік үлес қосады деген үміттеміз.
Ғалымдарымыз бүгінде Берел мәде­ниеті­нің этникалық кескін-келбетін анық­тау­ға күш салуда. Алтай – Жібек жолының ең алғашқы торабы. Ол түркілердің ша­ңы­рақ көтерген ата мекені. Бұл өңірдің өр­ке­ниеті де әлемдегі алғашқылардың қата­рын­да болғандығы осы Алтай форумында нақ­ты деректермен айтылды. Ендеше, Алтай­да­ғ­ы Берел өңірі – ежелгі түркі халық­тары­ның мекені ретінде біздің де ата-баба­лырмыздың кіндік қаны тамған жер болып есептеледі. Берелде ашық аспан астындағы мұражай салынып, оны келешекте жер-жерден келіп туристер тамашалайтын болса, ол баршамызға мақтаныш. Сондықтан кітапта Берелге арналған материалдар тобынан оқырман тағлымды мағлұмат алады деген ойдамыз.
Катонқарағайдың елі мен жерінің та­рихын түгендеу барысында сол өңірді мекендеп отырған Қаратай жұртшылығы туралы, осы елдің арғы-бергі тарихында өзіндік орны бар әйгілі болыс Әбдікерім Ере­жеп­ұлы, Ленин орденді ұстаз Садық Түкібаев, елдің қазіргі қадірменді ақсақалы, Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, сондай-ақ Катонқарағайдың та­ны­мал түлектері туралы қысқаша болса да мағ­лұ­маттар бар. «Тумаса да туғандай болған» деген тақырыппен кезінде осы өңірде тұрып, қызмет істеп, артында өшпес із қалдырған қазақтың белгілі тұлғалары да әңгіме болады. Олардың қата­рын­да ұлы ақын Сұл­танмахмұт Торайғыров, әйгілі ғалым Сәрсен Аманжолов, Сәлкен Су­ханбердин мен Әміре Айтбақиндер туралы ма­териалдардың берілуі құптарлық іс.
Катонқарағай өңіріне әлемдік деңгейде аты шыққан көптеген ғалым­дар мен зерттеушілер, өл­кетанушылар мен жи­һан­кездер келгені мәлім. Олардың қатарында Гум­больд, Аткинсон, Хель­мерсен, Семенов-Тян-Шанский, Рерихтер бол­ды. Таңғажайып таби­ғат­қа көз сұғын қадаушылар да жеткілікті еді. 19 ғасырдың екінші жарымында Ка­тон­қарағайдың Шабанбай атты шұғылалы зор аймағы ақ патшаның иелігіне өтіп, қарапайым қазақ көк шалғынды жайлауы­нан, мал жаяр өрісінен айрылып қалған. Сөйтіп, әйгілі қазан төңкерісіне дейін жайлауға шықса да, мал жайса да патша ағзамға арендалық ақы төлеп қиналған.
Осы өңірдің тумасы, қазақ әдебиетінің бүгінгі ақсақалының бірі Қалихан Ысқақ ағамыз былай дейді: «Катонқарағай десе, «бұл екінші Швейцария ғой» дейтін жаман әдет бар. Швейцария заманнан бері тапталып қалған сарыжұрт қой, оның қасында Алтай төр жайлаудың сонысы емес пе! Дүние жүзінде біз де талай елді шарлап көрдік. Катонқарағайды солардың бірімен де салыстырғым келмейді».
Алайда, осындай таңғажайып өлкенің тарихы мен сұлу сипаты бір кітапқа сыймасы өзінен-өзі түсінікті. Оның үстіне бір қосылып, бір ажырап жүргенде Үлкен Нарын өңірінің шежіресін жинау ісі кенжелеп те қалғаны байқалады. Дегенмен, ел аман, жұрт тыныш болса, ондай олқылық­тардың да орнын толтырар уақыт келер. Әзірге қолда барына ризалық етіп, бұл кітапқа ақ жол тілейік, ағайын.
Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры