Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ

CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ

22 июнь 2018, Пятница
475
0
Бүгінгі күні жаман-жақсылы жазушы атанып жүргенімізбен, біздің әуел бастағы те­гіміз суретшілер әулетінен. Жасымызда Алматы көркемсурет училищесінде көз майын тауысып төрт жыл оқығанымыз бар, содан күректей диплом алып, кәдімгі кәсіби маман болып шыққанбыз. Бөтеннің бақшасына түскендей болып, жазу-сызуға бет бұр­ғанымыз кейіннен ғой... Сондықтан қалың суретші қауымының ішінде менің курстастарым да, достарым да, былайғы таныстарым да жетіп жатыр.

 Өнертанушы бір замандас қайсыбір мақаласында менің бітіміме “жазушылар ішіндегі суретші, сурет­шілер ішіндегі жазушы” деп сипаттама беріпті. Мұ­нысы мақтағаны ма, мазақтағаны ма білмедім. Бірақ осы анықтамада бір шындықтың иісі аңқиды.
 
 Жалпы суретші ағайындар томаға-тұйық кісі­лер, қоғамнан тысқары, саясаттан аулақ, саяқ жүруге бейім. Олардың әлемі ерекше, көруі мен көзқарасы бөлекше, мынау қаймалысқан тірлікті, қайшылыққа толы өмірді қабылдауы өзгеше. Желке шашы жалбырап, сақал-мұрты салпиған, томырық топыраш суретшінің көңіл кілтін тауып, сөйлете білсең, соңы­нан оны тоқтатуың қиынға соғуы мүмкін. Өйткені олар жалған көлгірсуді білмейді, жалпылдап жағымсу да оларда атымен жоқ, жайы келсе ашылып та, ашынып та сайрап береді.

 Алматыға кезекті іссапармен бір барғанымда жалбыр шаш сондай бір таныс жерлесіммен күн ұзақ сырласқаным бар. Ол кісінің көзіне кездейсоқ мен жазып жүрген “Әйел парасаты” циклынан бір әңгіме түскен екен. Содан авторы таныс адам, “осы не жазды екен” деп сыдыртып оқып шығыпты.
 
 Суретші жерлесім алдымен өзі оқыған сол әң­гімеден алған әсерінен шыжымдап сыр тартты. Соңынан: “Жалпы әйелге қатысты менің басымда да бір жағдай өтіп еді”, – деді күмілжіп. “Олай болса айт”, – деп мен де тілінен тартып, жетелей түстім.
 
 Суретші сөзін неден бастарын білмей тұнжырап біршама отырды. “Сенің талғамың мен талабыңа қан­шалықты келетінін білмеймін, – деді қиналғандай болып, – басымнан кешкен қарапайым оқиға ғой... егер көркемдеп жіберсе бірдеңе шығып қалуы да мүмкін?”.
 
 Арада жылжып бірер рөмке кеткен соң таны­сымның көзі ашылып, көңілі жазылғандай болды. Айтар әңгімесін арқан жұтқандай ыңыранып ауыр бастап еді, артынша ағыл-тегіл ақтарылды-ай дерсің. Аламан бәйгенің қазанатындай құба жондатып ұзақ­қа кетті. Бұл күні менің де алып бара жатқан пә­лен­­дей шаруам жоқ еді, жерлесімнің сөзін бөлмедім, асық­пай тыңдап, аяғына дейін шыдап бақтым.
 
 Астанаға қайтып келген соң қызметтен қол тимей, тисе де жасқанып жолай алмай, біраз уақыт толғанып жүрдім. Ақыры бір әредікте белімді бекем буып, әлгі әңгімені жазуға отырдым.
 
 Бірақ мұндағы басты кейіпкерлер әлі өмірде бар, нақты адамдар болғандықтан, этикалық тұрғыдан ыңғайсыз санап, аттарын өзгертіп алдым.
 
 Сондағы Жәнімқан атты суретшінің айтқан әңгімесі мынау еді.
001.
Тоқсаныншы жылдардың соңы. Ұмытпасам, 1998 жылдың жазы болар. Күйреген империяның қалдығынан жаңа, тәуелсіз мемлекет құру оңай болсын ба, тақыр жерден тау орнатқандай қиналған шақ. Ел экономикасы күйзеліп, халықтың жағдайы өгейсіп тұрған кез.
 
 Бұл жылдар, әсіресе замана желінің өтінде қалған жаны жұқа өнер адамдарына өрескел батты. Көбісі құдай берген талантын тұншықтырып, нәсібін де, кәсібін де тәрк етіп, түз тентіреп кетісті. Бала-шаға уайымы арадай анталаған соң, біразы базар қуалап, сауда-саттыққа бой ұрды. Енді біреулер қарға тірлік­тен тиянақ таппай, ішімдікке салынып, көше қаңғыру­мен күндерін батырды. Сөйтіп, шығармашылық дәу­реннің жалыны түгіл, шоғы да сөне бастады.
 
 Бұл жылдар менің өмірімде де жанымды мүжі­ген күйреуік кезең болды.
 
 Ол жылдарды артық рет еске алудың өзі әлі күнге кеудемді қысып, жанымды жаралайды. Әрі-сәрі сүреңсіз күндер айларға, айлар баянсыз, бәт­уасыз жылдарға жалғасып, көңілі түскір көкнәр ішкендей сенделдік. Бағдар нұсқадан жаңылып, қу жанымыз қуырдақ болуға айналды. Сөйтіп жүріс-тұрысымнан да, іс-әрекетімнен де береке кетті. Қолға алған шаруамның қиюы қашты, шығармашылығым да құнарсыз топырақтай тоқырай бастады. Тоқырап емес, тоқтап қалды десе де болады. Күні бойы ойсыз, мақсатсыз бос отырам да қоям. Бір ойдың ұшығын ұстап, жинақтайын десем, ойым сан-саққа пышырап, қырдың қызыл түлкісіндей ұстатпайды-ау, ұстатпайды... Әйтеуір, көкірегім кепкен кеуек­тей күңгірлеп бос қалғанын сеземін. Сеземін де тығырықтан шығар жол таба алмай аласұрамын, жанымды жеймін, баз кешемін. Көбінде сенделіп көше қаңғырамын, сандалып Алатаудың бөктерін тентіреймін. Шақша басым шарадай болып, бір нәрсені шарқ ұрып іздегендеймін.
 
 Бірақ нені іздеп, нені аңсайтынымды өзім де білмей дал ұрам.
002.
Сөйтіп, ой жады боп ойсырап жүрген қиын шақта Ералы деген досым оқыс көшеде кездесе кетсін...
 
 Ералы ерте бастан ел жақта тұрушы еді, бір-бі­рімізді көрмегенімізге талай жылдың жүзі болған. Шұрқырасып көрісіп, әмпей-жәмпей болдық та қал­дық.
 
 Ерекең қызмет бабымен Алматыға жиналысқа келген беті екен. Өзі аудан өңіріндегі өкірген бастық болып шықты.
 
 – Жағдайың болмай жүр-ау? Былай... нетіп, елге келіп демалып қайтсаңшы! – деді ол қоң­қылдап.
 
 Менің сүзектен тұрғандай жүдеу сиқымды кө­ріп, аяушылық жасағаны.
 
 – Демалып дейсің бе?
 
 Досымның ұрымтал ұсынысына мен қапелімде сөз таба алмай тілімді шайнап қалдым. Шынын айтсам, өзім де бас ауған бір жаққа безіп кеткім келіп жүрген. Бұл қаладан қарамды батырсам, марғау асып ұшты-күйлі жоғалсам деп арман ететінмін іштей. Енді, мінеки, Ералы достың бұл шақырысы құланның қасуына мылтықтың басуындай жағдайды еске салып тұр.
 
 – Барайын, – дедім басымды шыбындаған ат­ша шұлғып, – шын шақырсаң неге бармайм... барам.
 
 Ералы менің құнжыңдағанымды қызық көрді ме, кеңкілдеп кенеле күлді.
 
 – Қашан келсең де мен дайын, – деді сосын, – бірақ шаруа бірыңғайланған кезде, күзге қарай келсең жөн болар еді. Күзде қол бостау, оның үстіне Алтай­дың табиғаты да өзгеше жайнап кетеді... Суретші үшін жақсы мезгіл.
 
 Қысқасы, Ерекең егер мен барып жатқандай болсам, өзі бас болып күтіп алатынын, бар жағдайды жасайтынын айтып, қоштасып кете барды.
003.
Ералыға көзінше уәде бергеніммен, артынша тағы да дүдәмал ойға батып, қарадай ұялайын... Себебі ел жаққа менің бармағаныма да жиырма жылдың жүзі болыпты.
 
 Оқу іздеп баяғыда тентіреп қалаға кеткеннен қайтып ауылға ат ізін салмаппыз ғой... Елден аттанғанда қауырсын қанат бала едік, мінеки, қырықтан асқан қабылан жасқа да жетіппіз. Мас­қара-а! Өнер қуамыз, азамат атанып өзімізді дә­лел­дейміз деп жүргенде ауылдан кіндігімізді үзіп алыппыз.
 
 “Ендеше, елге қай бетіммен, не деп бармақпын”.
004.
Ералымен бұл кездесуіміз тамызда болған еді.
 
 Мен не де болса беттің арын белбеуге түйіп, ауылға бармақ болып шештім. Арада ай бойы жолға жиналдым. “Этюдник” дейтін қобдишамды тазаладым, палитраны жаңаладым, этюд жазатын бір құшақ қатырма қағаз, бірер қорап майлы бояу сатып алдым. Сөйтіп, қыркүйек орталай асай-мү­сейімді арқалап, артынып-тартынып Алтайға қарай жол шектім.
 
 Ералы досым сөзінде тұрып, аудан шекарасынан арсалаңдап келіп, өзі қарсы алды.
 
 “Тау шатқалының етегінен өзіңе жайлы бір үй дайындап қойдым. Сол жерге барып былай нетіп... бұрқыратып шығармаңды жаз, жақсылап демал”, – деп, жұтынған қара мәшинесіне отырғызды да, аялсыз жүріп кетті.
005.
Біздің жақта Аршаты дейтін алыс ауыл бар-ды. Өз басым естігенім болмаса, ол ауылды әлі көрген жоқ едім.
 
 Осы Аршаты – қазақ жерінің қиыр шығы­сындағы ең шеткі елді мекен саналады. Одан арғысы Моңғол жері, терістігі Қытай, түстігінде Ресей. Аршатыдан ары қырық шақырым қиырда Шындығатай шекара заставасы орналасқан. Ол да Қазақстан аумағындағы соңғы застава.
 
 Аршатыға дейін біз ырғатылып-шайқатылып жарым күн жол жүрдік.
 
 Маған арнап дайындаған үйлері – орманшы­лардың оқта-текте вахталық тәсілмен келіп-кетіп тұратын күзет мекендері екен. Олар тау ішіндегі мұндай жалғыз-жарым үйлерін “кордон” атайды. Өзі Аршатыдан да ары бес шақырым тау жақта, терең шатқалдың аузында, күркіреп аққан Тауте­келі дейтін өзеннің жағасында болып шықты.
 
 Орманшы кордоны орын тепкен бұл маңай “Тайпақ” аталады десті.
 
 Атына сай, өзі де мал өрісіндей ғана тай­пақ, жазық жерде екен. Үй іргесінен қалың орман басталады... бойшаң қарағай, маңғаз самыр­сын. Төменіректе борықтай аппақ қайыңдар. Аппақ қайыңдар көз жауын алып, самаладай сап түзей қалыпты. Бергі шеттегі бұтағы жайқалған мама қайыңның түбінде арқалығы қисайған ағаш орын­дық тұр.
 
 Үйдің жоғарғы жағында бұраңдаған бұйра соқпақ байқалады. Соқпақтың арғы ұшы бұта-қарағанды қалың жынысқа бастап, қарағай-самыр­сынды қара орманға сіңіп кеткен. Одан арғысы үңірейген үрейлі шатқал, қос қапталы шағыл жартас, түнерген түкті таулар.
 
 Қос бөлмелі орманшының кең үйіне жапырыла келіп жайғасып жатырмыз.
 
 Үйге кіре берісте шағын веранда, верандада шайқатылған екі адамдық аспалы орындық. Есікке мүжіліп жұқарған, тот басып сарғайған ескі бір тағаны шегелеп тастапты. Әудем жерде, өзен жағасында тағы бір жатаған қараша үй байқалды.
 
 – Монша! – деді Ералы иегімен нұсқап, – қашан жағам, қашан түсем десең де дайын.
 
 Жағасы жайлаудай мынау мекен менің демалуыма да, шығармашылықпен айналысуыма да жайлы жер боларын түсіндім.
006.
Жігіттердің біреуі пышағын жалаңдатып қой сойып, қалған екеуі қазан көтеріп, от жағып жү­гіріп жүрді.
 
 Ағашты шабақтап жаңқалап, енді біреуі сары самауырға түтін сап әуре.
 
 Верандаға ұзынша үстел орнатып, үстіне қы­зыл ала дастарқан жайып тастапты.
 
 Дастарқанда дөңгеленген қазы мен қарта, тұз­далған қияр мен саңырауқұлақ. Оларға қоса әр
 
 жерде бал мен таңқурай тосабы мөлдірей қалып­ты.
 
 – Үйдің іші қапырық, далада, табиғат аясында отырып дем алайық, көңіл жазып сырласа­й­ық, – деді Ералы.
 
 “Мейлі, – деп ойладым мен, – сырлассақ сыр­ласайық, менде әңгіме де, сыр да жетеді... мен көкірегі көп жыл бойы қапас қалада қамалып, құса боп келген жанмын”.
 
 – Маған ешқандай көмекшінің де, аспазшының да қажеті жоқ, – дедім Ералыға, – мен қаланың шуылынан, беймаза көпшілік ортадан қашып жүр­ген қашқынмын. Жалғыз болсам деймін. Көп ойлансам деймін, шынын айтсам, ойымды тиянақтап, өзіме өзім келуім керек.
 
 – Патша көңілің білсін, – деді Ералы, – бірақ келіп-кетіп жүрсе де мына Мұнарбек қасың­да болсын. Отын жарып, ет асып дегендей, бәрі­бір қолғанат бір көмекші керек саған.
 
 – Мейлі, солай-ақ болсын, – деп мен ол жағдайға да келістім.
 
 – Басқа қандай бұйымтайың бар, жасырмай айта отыр?! – деп Ералы тықақтай түсті.
 
 – Бұйымтай дейсің бе... Қандай бұйымтай бол­сын менде, рақмет бәріне...
 
 – Кедергі етпейміз, жұмысыңды алаңсыз жа­сауыңа болады.
 
 Осы арада көптен көкейімде жүрген бір қиял­дың ұшығы қылаң берді.
 
 – Егер мүмкіндік болса... бір тілек айтсам деп едім.
 
 – Іркілме, айта бер, құлағым сенде!
 
 – Айтсам сол... Қазір күз уағы ғой, күйекке түскен бұғылардың сүзіскенін көруге болар ма екен?
 
 Ерекең Мұнарбекке бұрылды, Мұнарбек көзі жыпылықтап, Ералыға қарады.
 
 – Мүке, қалай... суретші ағаңа ондайды көр­сете аласың ба?
 
 – Үйбай, ағай, байлап қойған бұғым жоқ, қай­дан көрсетейін... Олардың қай сайда, қайсы тауда жиналып, төбелесетіндерін қайдан білем... бұғылар маған айтпайды ғой.
 
 Ерекең кеңкілдеп күліп жіберді.
 
 – Өзің де естіп отырсың, сүзіскен бұғыларды көру қиын сияқты ғой?
 
 – Мен біраз жыл кәсіпкер аңшы болғам, –
 
 деді Мұнарбек ақталғандай болып. – Мына тау­ларды оңды-солды талай шарладым. Сөйтіп жүр­сем де бұғылардың төбелесі менің де көзіме түскен жоқ.
 
 – Жарайды, – деп Ерекең Мұнарбекті арқа­дан қақты, – бұғылардың сүзіскенін көрсете алмасаң, ағаңды таутекеге ертіп апар. Қаладан келген суретші үшін ол да сейілдің мықты кө­кесі.
007.
Ералы екеуіміз пілте шамның жарығымен оты­рып, түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Көп сыр айтылды, біраз шер тарқатылды.
 
 Менің туған ауылым осы ауданның келесі бір қиырында, қалың таудың қойнауында еді. Әке­ден бала жаста айырылғанбыз, шешеміздің де дү­ние салғанына жиырма жылдан асты. Оқу іздеп баяғыда қалаға жалаңаяқ, жалаңбас жетім аттан­ғанбыз. Ауылдағы жалғыз ағамыз ол да көп жыл бұрын бала-шағасымен Қарағандыға көшіп кеткен. Сөйтіп ол ауылда мен алаңдайтын ағайын, қарайлайтын туыс қалған жоқ-ты.
 
 Қалай болғанда да, туып-өскен өз ауылым ғой, Ералы кейбір таныстар мен сыныптастардың жағдайынан хабар берді. Содан ұққаным, мынау аласапыран заманда жетісіп жүрген біреуі жоқ сияқты. Ауылда жұмыс азайған, кешегі дүрілде­ген парторгтар, зоотехниктер мен агрономдар қол қусырып далбасалап қалыпты. Еркектер мен әйел­дердің қоғамдағы рөлдері алмасқан тәрізді... Жұ­мыссыз қалған малма тымақ күйеулерін жала­ңаяқ жар кешіп жүрсе де намысшыл әйелдері асырауға көшіпті. Еркектер бала бағып омалып үйде отырады екен де, әйелдер қаладан зат тасиды екен. Әкелген заттарын сатып, бала-шағасының шай-суын айырып отыр деседі. Ондай әйелдерге “челношница” деп ат қойысыпты.
 
 Түн ортасы ауа Ералы ертемен қалаға баруы керектігін айтып, жолға жиналды. Кетерінде ма­ған бес қорап патронымен қоса бір мылтық тас­тап кетті. Мен үшін бір таутекеге лицензия сатып алып, бәрін заңдастырып қойғанын айтты. Оның үстіне “иен жер, қасқыр мен сілеусін, қала берді аю бар” дегенді ескертті.
 
 – Рақмет, – дедім мен, – аңға барсақ бірге баратын шығармыз?
 
 – Мен өзім бара алмаспын, бірақ сені аңға апаратын адам табылады.
 
 Қызмет көрсетіп жүрген төрт жігіт те бастық­тарының көлігімен ауылға жетіп қалмақ бо­лып, қазанды төңкеріп, дастарқанды жинай баста­ды. Түн­де суық болса пешке үстеп қайта-қайта отын салып қою керектігін маған мықтап тапсырып жатыр.
 
 – Жарайды, – дедім мен, – түн жылы секілді ғой, тоңа қоймаспыз.
 
 Бөтен жерде ерте тұрып кететін әдетім еді, отынды таңертең салсам да үй суый қоймас деп ойладым.
 
 Бәрі жиналып, мәшинені гүр еткізді де, түн қараңғысына сіңіп кете барды.
 
 Мәшине даусы етектегі Бұқтырмаға жеткенше естіліп тұрды. Содан кейін құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Әріректегі өзеннің құмыққан сарыны ғана еміс-еміс естілгені болмаса, Алтай түні тым-тырыс, төңіректе өлі тыныштық.
 
 Көзім ілінгенше көңілім күпті, құлағым елеңдеп жаттым.
008.
Бөтен үйде ерте тұрам дегенім бекер болып шықты. Екі езуімнен сілекейім ағып, жастықты құшақтап тас бүркеніп, албасты басқандай түске дейін ұйықтаппын.
 
 Біреу есік қаққан кезде бір-ақ оянғам.
 
 “Бұл не тықыл?”
 
 Қайда жатқанымды ұқпай, көзімді тырнап аштым да, төсектен созалаңдап әзер тұрдым. Расында, біреу есікті жайлап тоқылдатып тұр екен.
 
 – Ай, бұл кім?
 
 – Мен ғой, Мұнарбекпін, шай қойып, дастар­қан жасайын деп едім.
 
 – Қазір ашам.
 
 Үйдің іші суып кетіпті, пештегі от әлдеқашан өшіп қалған.
 
 “Қап, түнде тұрып, демдеп отын салып қой­ғанда ғой...”
 
 Киініп жатып, “Мұнарбек деді ме... Мұнарбегі кешегі төртеудің қайсысы еді” деп есіме түсіре алмадым.
 
 Есіктің ілгегін көтердім, арғы жағында ыржиып едірек мұрт, қара сұр бір жігіт тұр. Есіме түсті, мені таутекеге апаратын аңшы осы ғой. Ералы осы мұрттыға тәптіштеп мені тапсырып жатқанын естігем.
 
 – Ассалаумағалейкүм, аға, қалай дем алды­ңыз?
 
 – Рақмет, бәрі жақсы. Сен келмегенде кешке дейін ұйықтап қалғандай екем.
 
 – Оқасы жоқ, демалуға келген екенсіз, күндіз-түні ұйықтасаңыз да еркіңізде. Үй салқындап кеткен екен, тездетіп от жаға қояйын...
 
 Мұнарбек шыр айналып, дөңгеленіп үй шаруасына кірісіп кетті. Мен күртемді желбегей жамылып, сыртқа шықтым.
 
 Таза ауаны құныға жұтып, төңіректі қызықтап верандада аз-кем тұрдым. Сосын сүлгіні мойныма орадым да, керек-жарақты қолыма алып жуынуға жоғарыдағы өзен жаққа қарай аяңдадым.
009.
Мұнарбектің сүт қатқан қою шайынан соң тағы да маужырап ұйқы соғайын... Әдетте күндіз күштесем де ұйықтай алмаушы едім, мына жерде аузымды балықша ашып, есінеп-құсынай беремін. Бойым балбырап, өзім маужырап, мауыққан мысықтай бір қызық жағдайға түстім.
 
 – Қазанға ет салып қойдым, әзірше кешегі етті жылыта тұрсам қайтеді? – дейді Мұнар­бек.
 
 – Жоқ, әуре болмай-ақ қой, қазір тәбетім болмай тұр.
 
 – Олай болса ет піскенде оятам, дем ала тұ­рыңыз.
 
 – Ет қанша уақытта пісуші еді?
 
 – Айналасы екі сағаттың ішінде.
 
 – Онда сен асықпа, мені кешке бір-ақ оят.
 
 – Монша жағып қояйын, кешке моншаға тү­сіп, дем алғаныңыз жөн болар?
 
 – Мейлің білсін.
 
 Айтқанындай-ақ, Мұнарбек кешке дейін мені оятқан жоқ, қас қарая өзім ояндым. Мүмкін, оянбас та едім, шырқырап жылаған әлдебір жас баланың даусын естіп атып тұрдым... Не болғанын білмей жан-жағыма аңтарыла қараймын. Үстелде буы бұрқырап төре табақ ет тұр. Мұнарбек есікті шиқылдата ашып үйге кіріп келеді екен.
 
 – Аға, шошып ояндыңыз ғой? – деді ол менің бақшиған жүзімді көріп.
 
 – Көп ұйықтағандықтан ғой... Есіктің шиқылы да қос көрініп кеткен болар.
 
 – Дастарқанға отырыңыз.
 
 Мен үстел үстіндегі астау толы үйілген етке қарап, күліп жібердім.
 
 – Мынаның бәрін кім жейді? Әлде тағы қонағың бар ма еді?
 
 – Бәрі де сіздің сыбағаңыз, ағай!
 
 – Қап, осыншалық несіне әуре болдың? Ма­ған жарым жілігі де жетер еді ғой.
 
 Десем де, қарным ашып қалған сияқты. Екі езуімнен майды сорғалатып, біраз малжаңдадым. Майлы ет аш өзекке дік түсті ме, тағы да есінеп-құсынап ұйқы шақыра бастады. Мұнысы несі екен? Сыртқа шығып, қолымды шайған соң, тағы да төсекке қисаймақ едім, Мұнарбек:
 
 – Аға, монша даяр тұр, орамал, сүлгінің бәрі сол жерде, – деді.
 
 Бұл ақылды жөн көріп, моншаға жиналдым.
010.
Жарықтық монша дегенің жанның рақаты ғой, маңдайым ашылып, құрыс-тырысым жазы­лып сергіп қайттым.
 
 Пеште от лаулап жанып жатыр, қарағайдың шайыры шарт-шұрт етеді. Үйдің іші моншадан кем емес, қайнап кетіпті. Мұнарбек бырш-бырш терлеп, мұртын қисаңдатып мәйкішең отыр.
 
 – Түнде от сөніп қалып, тоңып қаларсыз, мен бүгін алдыңғы үйде қонып шығам, – деді.
 
 – Мейлің білсін... бірақ үйде келін іздеп жүрмей ме?
 
 – Жоқ, іздемейді. Біз тау мен тасты тентіреп апталап кете береміз, жұмыстың жайы солай... келініңіз ондайға әбден үйренген.
 
 Моншадан келген бойда қисайып едім, ерте­сінде күн көтеріле бір-ақ тұрдым. Бұл күні де басым мең-зең, жатақ тиген мал секілдімін, әншейін бүктетіліп жата бергім келеді.
 
 – Организміңіз таза ауаға уланып жатыр, –
 
 деп Мұнарбек менің бұл жағдайыма өзінше тұжы­рым жасады.
 
 – Таза ауаға да улана ма екен?
 
 – Уланғанда қандай... Сіздердің организмде­ріңіз қаланың көк түтініне машықтанған. Екі күн­нен соң әдепкі қалпыңызға түсесіз.
011.
Күні бойы бырылдап бас көтермей ұйық­тадым.
 
 Түс ауа ауыл әкімі амандасуға арнайы келген екен, оятуға батпай, сағат жарым күтіпті де кетіп қалыпты.
 
 – Апырмау, ұят болды ғой, оята салмадың ба? – деп Мұнарбекке кейігендей болдым.
 
 Менің бет-аузымның бырысқанына Мұнарбек былқ еткен жоқ: “Мына тұрған жер емес пе, әлі талай келеді”, – деп мұрнын қорс еткізді де, кекі­рейіп өз шаруасымен кетті.
 
 Сыртқа шығып бой жазып, тоғай жақты қы­дырыстап біраз жүрдім. Төмендегі мама қайың­ның түбіндегі арқалығы қисайған орындыққа бардым. Бұл ара тоғайдың жиегі, дем алуға ың­ғайлы, дөңсең жер екен. Етектегі бозала аңғар бойы, Шындығатайдан шыққан қара жол, жайыла жарқыраған өткел бұл тұстан алақандағыдай көрініп тұрды.
 
 Орындыққа отыруым мұң екен, ұйқы шақы­рып тағы есіней бастадым...
 
 “Қой, бүйткенім болмас, – деген күдік пайда болды, – мынау Тайпақ өміріме бір өзгеріс, тірлігіме серпіліс жасамаса, тегі, мына түріммен мен мәңгіп кететін шығармын”.
 
 Алдағы күндерімнен бір жақсылықтан үмітті едім.
012.
Төбеде ескі люстра, шынысы сарғая бастапты, шыбын қонып алақаттанып қалған. Соған қарағанда кезінде бұл кордонға электр жарығы да тартылған ғой, тегі.
 
 Төрдегі қабырғада бұғының басы ілулі тұр. Мүйізі пәлен сала, абажадай үлкен. Көзіне де түймедей тас орнатып жылтыратып қойыпты. Дәл осындай тағы бір тұлып-чучела есіктің кіре беріс шекесіне қағылған. Шошайған мүйізі бар еліктің сүп-сүйкімді басы. Ол да көзі жәудіреп маған те­сіле қарайды.
 
 Бұлардың бәрі бір кездері осы маңайда секіріп-билеп тірі жүрген орман хайуандары. Аңшылар терісін сойып, етін жеп болған соң, мүйізді бас­тарынан тұлып жасап тастайды. Ол тұлыпты оюланған әдемі тақтайға бекітеді де, сән үшін өстіп іліп қояды. Тұлып-чучела жасау да екінің бірінің қолынан келе бермейтін сирек кәсіп. Халықтық қолөнердің бір түрі. Мұндай тұлып жасаушылар аңшылар арасында үлкен құрметке ие, оларды “таксидермист” деп атайтынын естігем.
 
 Қалада мұндай тұлыптың талайын көргем, тіпті мүсінші бір танысымның шеберханасында да біреуі ілулі тұратын. Бірақ ол мынау секілді бұғы да, елік те емес, гну дейтін антилопа. Иә, Африкадағы күжірейген бұқа тектес киік қой. Іштей арман еткенімен, ол мүсінші ғұмыры Африкаға барған кісі емес... Ендеше, анау бас қайдан келді, кімнен алды, ол жөнінде жұмған аузын ашпайды.
 
 Жоғарыда, бұрышқа таяу тұста жалғыз сөре. Байқаймын, сөрені мен келердің алдында ғана асығыс сүрткен секілді, айғыз-айғыз. Сөре ше­тінде жалғыз кітап, қисайып тұр. Өзі кірпіштей қалың. “Бұл не дүние екен” деп, қызықтап қолы­ма алдым. Мұқабасы түтілген, сыртынан қандай кітап екенін айырып болмады. Алғашқы беттері жыртылған, біреулер әжетке жаратқан сыңайлы. Көз жүгіртіп оқыған болып едім, Сервантестің “Дон Кихоты” екен. Қазақша аудармасы. Баяғыда басылып шыққан, бала кезімізде дәл осы басылымын оқығаным бар. “Дон Кихотты” орнына қой­дым да, өзім әкелген төрт кітапты шабаданнан шығардым. Амандық болса, мен бұл үйде кемінде бір ай дем алатын шығармын, яғни бірде болмаса бірде оқырмын деп ала келгем. Әзірге бірінің де бетін ашқам жоқ.
 
 Кітаптарды сөреге апардым да, қатарлап тізіп қойдым.
013.
Түн ортасында оянып кетіп едім, қайта ұйық­тай алсамшы.
 
 Алдыңғы үйден өрескел үн шығады. Мұнарбек екен... шала бауыздалған мал секілді қорылдап жатыр. Құлағымды басып, төсекті сықырлатып, дөңбекшіп ұзақ жаттым. Бәрібір болмады, ұйқым шайдай ашылып кетті.
 
 Сіріңке жағып сағатқа қарасам, таңғы төрт­тің төңірегі екен.
 
 Киініп сыртқа шықтым.
 
 Ай сүттей жарық, аққолтық алагеуім шақ. Табиғат дел-сал манаурап жатыр. Түн салқын, аңғар бойын қуалаған суық жел бар. Тау белдеуінде шұбатылған сұрғылт тұман. Етектегі жосалы жа­зық уылжыған көгілдір нұрға малынып тұр.
 
 “Осыншалық әдемілікті қызықтамай быр-быр ұйықтап жата бергенім ұят-ты, тегі...”
 
 Түн астарына ұзақ үңілдім.
 
 Мынау бозала шақтағы көгілдір таң теңізі бұрын-соңды мен байқамаған бояу түрімен құбылады. Өмірде сирек ұшырасар колорит, түр мен түстің күрделі үйлесімі... Әттең, жаңылмай ұстап қалсам деп көзім талғанша сығыраямын, шаншыла зерттеген боламын. Мұндай бояу үйлесімін күндіз сабылып итпен іздесең таппайсың. Сондықтан мынау түннің көркем сипатын, лирикалық әсерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Айлы түнді түбіне жеткізе жазған суретшінің бірі Архип Куинджи ғой. Құдай біледі, оның “Айлы түнгі Днепр” атты шедеврінде де дәл мынандай күрделі бояулар жоқ.
 
 Не істесем екен? Тап қазір этюд жаза қояйын десең, бәрібір шам жағасың. Ал шам жарығымен жазған этюдте бояу түсі қашанда алдамшы. Ертеңінде “мына бояу не шатпақ, ана бояу не батпақ” деп өзің таң қалып жүргенің. Сондықтан мұндайда көзбен жаттап, көңілге түйгеннен басқа амал жоқ.
 
 Тау жақтан сырнайлатқан бұғы даусы шықты. Аздан соң басқа бір қиырдан келесі бір бұғының үні талып естілді. Бірін-бірі сайысқа шақырған өктем дауыстар.
 
 Бұғылардың күйекке түскен кездегі жекпе-жегі туралы талай естігем. Махаббат майданы, ерлік пен өрліктің сойқан соғысы. Сәті түсіп сол сойқанды бір тамашаласа ғой, шіркін... Картина жазар едім, ол картинаға бойымдағы бар талантымды, жинақтаған тәжірибем мен шеберлігімді салар едім. Бірақ алып Алтайдың қай сілемінен, қайсыбір қойнауынан табарсың оларды? Тіпті тау мен тасты тентіреген әккі аңшы Мұнарбек те “ондайды көрмедім” деп ат- тонын ала қашты ғой.
 
 Мұнарбек те оянып кетіпті.
 
 – Ұйықтай бермедің бе?
 
 – Жоқ, сіздің қасыңызда болайын деп...
 
 – Мен үш күн тұяқ серіппей ұйықтап, ұйқымды әбден қандырған кісімін.
 
 – Ендеше, ағай, менде бір ұсыныс бар, – деді Мұнарбек. – Қазір аттарды әкелейін, сосын жылы киініп тауға кетіп қалайық.
 
 – Тауға дейді... неге?
 
 – Таутеке қарап қайтсақ...
 
 – Мынауың табылған ақыл! – деп, мен қуа­нып кеттім.
 
 Екеуіміз апыл-ғұпыл жолға жиналдық. Далада жатқан ыдыс-аяқты үйге кіргізіп, есікті құлыптап жаптық та, бір-бір мылтық асынып атқа қондық.
 
 Мұнарбек қоржынға толтыра бірер бөлке нан, шай мен қант, сарымсақ пен ет салып алды. Оларға қосымша шәугім, шағын кәстрөл ала шықты.
 
 – Ау, мұның бәрін не істемексің?
 
 – Тауда адам тамақсау келеді.
 
 Мұнарбек білгішсініп, сұқ саусағын шошайтты.
014.
Баяғыда, желөкпе бозбала шағымызда біздің де мылтық асынып, осы Алтайда аңға шыққан ереуіл кездер болған...
 
 Әлі есімде, бірде наурыз туа құр атуға бардық. Құр ойнағы дегенің де табиғат ананың сирек қызығының бірі екен, соған куә болдым... Келесі бір жолы қалың қарға мелдектеген еліктер­ді қуалағанымыз бар.
 
 Екі жолы да түк ұстай алмай құр босқа сандалғанымды білемін.
 
 Айтпақшы, қайсыбір қыста тұзақ құрып екі қоян алғаным, соңынан, жайлауда күні бойы аңдып жатып, тегенедей төңкерілген семіз бір суыр атып алғаным есімде. Осымен менің аңшылық өнерім тамам. Аңшылықтан гөрі жас күнімде мен қармақ­пен балық аулағанды ұнатушы едім.
 
 Енді, мінеки, Мұнарбек ініме еріп таң қараң­ғысынан таутекеге кетіп барамын.
 
 Мұнарбек бұл өңірге әжептәуір аты шыққан аңшы деседі, Ералы бастығы солай деп жер-көкке сыйғызбай мақтап кетті ғой... Сондықтан менен қайыр жоқ, бар үміт кірпі мұрт осы қара жігітте. Менікі әншейін еріккеннің ермегі, ел көру, жер көру дегендей, кәсіби суретші ретінде таулы өңірдің табиғатын тамашалап қайту ғана.
015.
Қылдырықтай жетім сүрлеуді қуалап шатқал ішімен ұзақ жүрдік. Шатқал жолы шатқалаң, саз-батпақты, шағыл тасты, аттарға да, өзімізге де ауырлау тиді. Төрт құбылаң түнерген шың-жартас басып қалардай төбеңнен түксие төнеді. Сыңар сүрлеудің өзін мелшиген тас пен салпиған самырсын қос бүйірден қусыра қысып тастапты.
 
 Күн әлі шыққан жоқ, айнала түгел алакөлеңке құшағында.
 
 Шатқал төріне бойлаған сайын жүрісіміз қиын­дай түсті. Бірде өзеннің арғы жағына өтсек, келесі бір тұста атқақтаған суық суды сауырдан кешіп қайта бері өтеміз. Таутекелі де мінезді екен, ат үс­тінен жұлып әкетердей айқұлақтана ақтарылады. Оның үстіне жадағай өткел де жоқ, шыр айналған ақкөбік иірімдер, бір-біріне мінгескен шомбал тас­тар, тырмысқан тік жарқабақ. Енді бір жерде күдірейген жалама жартастың желкесіне ентігіп шығып едік, ирелеңдеген соқпақпен лоқылдап еңіс­ке қайта түсуге тура келді. Құдай сақтасын, мүлт кетсең болды, төмендегі тентек өзенге атыңмен бірге күмп бергендей екенсің...
 
 Біз өрлеген шатқалдың теріскейі жыныс орман, ішіне күн түспейді, көрдей қараңғы. Орыстардың “тайга” дейтіні осы. Түстік жағы сойдақталған қа­лың жартас, ұшары көкпен таласып жатыр, қарасаң бөркің түседі. Түстік жақта ағаш сирек. Өзен табанында болмаса, шың-жартастардың бауырындағы ағаштар таздың басына біткен шаш секілді... әр тұста тасқа жабысқан шоқ самырсын, тарбиған май­қарағай. Әйтсе де, шың басындағылары шынар сияқты көз тартқан әсем.
 
 Бір тұстан шошайған топ шырышты көріп қал­дым. Қызарған жемісін көтере алмай иілген долантопшы да жиі кездесті. Итмұрын да қалың екен.
 
 Беткейде қарақат сирек сияқты, жолай ат үстінен сауып дәм таттым. Уағы өтіп кеткен бе, қабысып солып қалыпты. Есесіне долананың балбырап піскен, нағыз бабындағы шағы екен. Оны да шоқып жеп, таңдайыммен талмап келемін.
 
 Дәл төбемізден шар етіп шауқарға ұшып өтті. Даусы қандай ащы еді кәззаптың... Шау­қарға шарылдаса – тамағын қорығаны, яғни биыл балқарағай қабағат қалың деген белгі. Балқарағайдың қалың шыққаны елдің несібесі. Қызылдап жинап, өкіметке өткізсе де қара шаруа­ға тиын-тебен, дәтке қуат.
 
 Мұнарбек аттан түсіп, жарқабақтың ернеуіне барды да, ымдап мені шақырды. Аңшылық делебем қозып, мен де қарғып түсіп қасына жетіп бардым.
 
 – Әне! – деді Мұнарбек төмендегі қалың ағашты нұсқап.
 
 – Ол не? – мен ештеңе байқар емеспін.
 
 – Әнеу бұта түбіндегі қарайғанды көрдіңіз бе?
 
 Мұнарбектің айтып тұрғаны тым жақын жер, ары кетсе жүз метр шамасында, мен неғып көре алмай тұрмын. Амалсыз дүрбімен қарадым.
 
 – Дүрбісіз де жақсы көрініп тұр, – деді Мұнарбек.
 
 – Анау бұтаның қап-қара көлеңкесін айтып тұрсың ба?
 
 – Иә, сол...
 
 – Томар емес пе?
 
 – Томар емес, күдір жатыр.
 
 – Иә, тікірейген екі құлағын байқадым... қимылдамайды ғой, өліп қалғаннан сау ма?
 
 – Күдір сөйтеді, тіпті құлағын да қимылдатпай, өстіп тас секілді қатып қалады.. Біз кеткенше тырп етпейді.
 
 – Ендеше, мен оны... – деп, иығымдағы мылтығымды ыңғайлай бастап едім, Мұнарбек жайлап білегімнен ұстады.
 
 – Мылтық даусынан соң бізге басқа аң жоқ... Таутеке де, елік те алты қырды асып жоғалады.
 
 “Түсінікті!”
 
 Мен мылтығымды қайыра иығыма асып, атыма қарай беттедім.
016.
Түнерген терең шатқалдан қыратты беткейге шықтық. Күн кірпігі тау кемерінен қылаң беріп, қырқа биігін арайлы шапаққа бөлей бастады. Бұ­дан әрі тауды жебелеп, жотаны жалдап тағы біраз жерді еңсердік.
 
 Әлдебір төбешіктің иығына ілінген кезде Мұ­нарбек тізгін тежеді. Ат үстінен дүрбі салып, қар­сы бетті сүзді.
 
 – Бірдеңе көріне ме?
 
 – Иә, көрінеді, бірақ алыста.
 
 Мен де қызығып кетіп дүрбімді шығарып, қарсыдағы шың-жартастарды тінте қарап шықтым. Бірдеңе көрсем бұйырмасын.
 
 – Ай, інім, сен қай тұстан көріп тұрсың?
 
 – Анау ортадағы найза тастың ұшарында тұр.
 
 – Не тұр?
 
 – Не болушы еді, теке де!
 
 “Найзатасы” қайсы еді? Құрғырдың бәрі де үш­кірейген тас, шошайған шың...
 
 Ат үстінде тұрып дүрбі салу қиын екен, тынымсыз шөп күйсеген жануар құрғыры жыбырлап, дәнеңе көрсетпеді.
 
 Созалаңдап аттан түстім. Қарсы қапталды дүрбімен сыдырта қыдырып шықтым.
 
 “Бәсе, енді жөн болды. Көрдім!”
 
 Әнеки, біреуі жартас ұшында қасқайып қарап қалыпты. Бәтшағарың тастан құйған сом ескерткіш сияқты, шыққан күннің жалқын шапағына шомылып, жарқырап тұр. Құлжасы болар, жан-жағына маңғаз мойын бұрып қояды. Құдай біледі, етектегі аттылы екеуді ол да көрген шығар. Алыстағы бізден келер пәлендей қауіптің жоғын аң да сезеді-ау. Ай, қу теке!
 
 Жартас бауырында қоңырқай түсті тағы бір­деңелер қозғалақтады.
 
 Ба-а-а, мыналар ешкілер емес пе!
 
 Төртеуін көріп тұрмын... бесеу, алтау болды. Ойбай, жетеу.. он, он екі, он жеті. Ойпырмай, мынау беткейде бір отары жайылып жүр ғой!
 
 Мұнарбек дүрбісін жинап орнына салды да, маған бұрылды:
 
 – Мынау биікті “Аңсаған құлаған” атайды, – деді. – Осыдан көп жыл бұрын Аңсаған деген аршатылық атақты аңшы қыста аң қарап жүріпті. Содан аяғына киген тақасы оқыс мұзда тайып, биік құздан ұшып кетеді. Ауылдастары қыс бойы сабылып іздейді, аңшының қай жаққа, қайсы тауға кеткенін де білмейді. Ақыры қар еріп, жер ашылған кезде осы арадан тауып алыпты. Құздан құлаған кезде етекке жетпей, екі тастың арасына қыстырылып қалыпты деседі... Ауылдастары тауып алғанда бейшараның көзін құзғын шұқып тастаған екен.
 
 Мұнарбек “Аңсаған құлаған” шың-жартас жақ­қа қамшысын тағы бір сілтеді де, атын тебініп жүріп кетті. Мен де атыма мініп, мұрнын тескен торпақтай, оның соңынан ере жөнелдім.
 
 Биіктен көбік шаша құлап, сарқырай шулаған әлдебір бұлақтан өттік те, қарсы бетке шықтық. Содан кейін қабырғалап тауға көтерілдік.
 
 Қаптағаймен аттарды жетекке алып, тағы біраз жүрген соң, қалың шағылға келіп тірелдік.
 
 Мұнарбек бұдан әрі ат жүре алмайтынын, жаяу өрлеу керектігін ескертіп жатыр. Мен сонау жоғарыда бұлтпен таласып соқталанған шың-жартастарға көз салып едім, басым айналып, жүрегім шайлыққандай болды.
 
 – Ойпырмай, біз шынымен анау биікке шығуы­мыз керек пе? – деп ернімді салпитып, қабағымды кіржиттім.
 
 – Шығамыз, аға, шығамыз! – деді Мұнар­бек, – Біз шықпасақ, таутеке біз үшін төмен түс­пейді...
 
 “Қарашы, үндемей жүргенге ұяң бөрік пе десем... жатып атары бар екен-ау өзі!”
 
 Мен мырс етіп күліп жібердім.
 
 Аттарды ағаш бұтағына тізгіннен байлап, ауыз­дығын алып, айылын босаттық та, өзіміз қарды омбылап жоғарыға кеттік.
 
 Етектегі орман жиегінен үкінің ентіккен үні естілді.
017.
Қар бетінде баданадай із жатыр...
 
 Мұнарбек еңкейіп, қолын басып, іздің ар жағына бір, бер жағына бір шықты.
 
 – Барыс! – деді, едірек мұрты едірейіп, маған бұрылды. – Үлкен барыс... анау қарлы шыңдарға қарай кетіпті. Ол да біз секілді таутеке аңдып жүр.
 
 Апырмау, мынау шынымен асқар шыңдарды ғана мекен ететін барыстың ізі ме! Тәңірге жақын ұшар биікте ғана жүретін, ғаламшарымыздағы аса сирек аң.... Бұла күш пен ептіліктің, еркіндік пен тәуелсіздіктің баламасы. Біздің жас мемлекетіміз өзінің символы етіп алған барысың осы!
 
 Мен де еңкейіп, ізді алақаныммен қайта-қайта сипалай бердім. Барыстың өзі түгілі, ізін де алғаш көруім еді, қасиетінен бірдеңе жұқса деп тілеймін іштей... Ізіне қарағанда, табаны күректей екен.
 
 Тағы да жоғары өрмеледік.
 
 Әлдебір жақтан бұғы сырнайлатты. Сырнай­латқан ол дауысқа іргедегі орман ішінен екінші бірі уілдеп үн қосты. Енді бір тұстан ешкішек маңырап, елік әупілдеді. Таз биіктен суыр аңқиттады. Көк аспанды сүмбідей жарып, бүркіт жүр қалықтап. Таудан домалаған жіңішке бұлақ біздің қасымызда арынын басып бүлкілдеп қалыпты. Құлақ қойып тыңдасаң, әңгіме айтқандай ма, қалай? Жо-жоқ, әңгімеден гөрі қызықты бір ертек айтып жат­қандай.. Мен табиғаттың осы бір симфониясына құлақ түріп, аңырып тұрып қалыппын.
 
 – Аға, қалмаңыз! – деп Мұнарбек сонадай жерде қол бұлғап тұр.
 
 Тырмыса өрмелеп біраз биікке шыққан соң шыдамадым, аһылап-үһілеп күреңсе шөпке жантая жығылдым.
 
 Алтайдың мынадай асқарына бұрын шықпа­сам да, қобдишамды арқалап Алатаудың қойнау-қолатының талайын аралағам. Содан білетінім, жал­пы тауға шығу да шөлде жүргенмен бірдей. Адам көп терлейді, көп су ішеді. Сосын күнге де тез күйеді. Мен де қазір моншаға түскендей ағыл-тегіл терлеп келем. Күнге де қарайған шығармын, бірақ ол жағы ертең ғана белгілі болады. Бетімнің бір қабат терісі сыдырылып, ернім күп боп ісіп кетпесе жарар еді...
 
 Тау мен таста жүргенде өзіңе тым сенімді болма деседі, қайсыбір кітаптан баяғыда оқыға­ным бар. Тым қорқудың да қажеті жоқ сияқты. Алғашқысы жаза басып, мерт қылады, соңғысы қателікке ұрындырады. Осы екеуінің тең ортасынан жол тапқан жан ғана ұтады екен. Сондай адам ғана экстремал жағдайда өзін еркін сезінеді, дегеніне жетеді.
 
 Менің бұған дейін тау табиғаты жайында оқып-білген тәжірибем осылай дейді.
 
 Терлеген адам көп отырып қалса – биік жер алдамшы, лездің арасында тер қатып қалады. Сосын өн бойың қозғалтпай ауырып, тізең қақсап, аяғыңды баса алмай қиналасың.
 
 Мен ол жағын да жақсы білемін. Сондықтан аз-кем дем алған соң, созалаңдап орнымнан тұрдым. Ілбіп басып тағы да Мұнарбектің соңынан ердім.
018.
– Мына асуды Жалкезең деседі. Осы асу­да анау жылдары бір қасіретті уақиға болып­ты...
 
 Мұнарбек кезерген ернін жымқырып, өкініш білдіргендей басын шайқады. Оның үздік-создық айтқан әңгімесінен ұққаным мынау болды.
 
 Губушкин деген дорба сақал кержақ шал, өзі ақырзаман аңшы, құралайды көзге атқан мық­ты мерген екен, жалғыз ұлын қасына ертіп осы ма­ңайда аң қарап келе жатады ғой. Осы Жалке­зеңнің жалына шыға бере баласы айналып әкесінің алдына түсіп кетсе керек. Оны әкесі байқамайды. Қараса, алдыңғы жақта бұтаның түбінде бұлыңдап бір аңның жотасы сарғаяды. Әккі мерген “түлкі шығар” деп ойланбастан тартып қалыпты. Сөйт­се, суыр тымақ киген өзінің баласы екен... Қара­құстан тиген оқ оңдырсын ба, сол арада сеспей қатырыпты.
 
 – Құдай ондайдың бетін аулақ қылсын! – Мұнарбектің аузы қисайып, мұрты жыбырлап кетті.
 
 – Қандай қасірет десеңші!
 
 Бұл әңгіме менің де жүрегімді шымшып ал­ғандай болды.
 
 Қасымыздағы тобылғының түбінен пыр-р-р етіп алакүрең кекілік ұшып шығып, екеуімізді де селк еткізді. Ілбіп өзім әзер келе жатқан мен сүрініп кеттім.
019.
Күнгей қапталға шығып едік, бұл жақта қар да, ағаш та жоқ, тақыр жалаңаш екен. Сүйем қарыс шөп өскен жалама бет, ойдым-ойдым тасқорым. Беткейдің биігінде шың-құздар шалықтайды.
 
 – Мына алқапты Сарыбет деседі, – деді Мұнарбек. – Қыста қар тоқтамайды, көшкін жиі түседі. Таутекелер қыс бойы осы арада тебіндеп шығады.
 
 Аздан соң сілем құрып, мен әбден титық­та­дым. Аяғым өзіме бағынбай, тізем дірілдеп, тәл­тіректеуім көбейді. Жиі-жиі отыра қалам, ентігімді басып дем алған болам, бірақ одан да келер пайда жоқ. Ауа жетпей аһылап-үһілеймін, қайраңда қалған балықтай аузымды аша беремін. Пора-пора терлеп кеттім, киген көйлегім шылқып, суға шомылғандай күйге түстім.
 
 Шаршағанымды көріп Мұнарбек менің мылты­ғымды өз иығына асып алды.
 
 Жартас басына бірде қос қолдап құйрығым­нан итеріп шығарады, енді бірде қолымнан тартып өзі көтеріп алады. Әлгіндей кезекті бір тастың үс­ті­не шыққан бойда мен шалқамнан түсіп жата ке­тем. “Көп отырмаңыз, – деп Мұнарбек тағы шыр-пыр болады, – көп отырсаңыз қайтып тұра алмай қаласыз”.
 
 Ол жағдайды өзім де жақсы білем. Бірақ қай­тейін, дәрмен жоқ, қажыр-қайрат таусылды, күш-қуатым сарқылды. Құлағым тұнып, басым шыңыл­дап, қайта-қайта жұтына беремін. Тіпті мұрны­мнан тамшылап қан ағып кетті.
 
 – Осы арада өлтіріп алып, сен менің сүйегімді үйге сүйретіп жүрме! – деймін Мұнарбекке әзіл­деген болып.
 
 Десем де, көмейден шыққан үнім көмескі, ескі патефондай үзік-үзік. Не айтқанымды өзім ұқпаймын. Сосын амалсыз ыржиған боламын, тү­рім де жетісіп тұрмағанын сеземін. Аяғымды алшыдан тастап ұзағырақ отыра түскім келеді. Сорымды сорпадай қайнатқан осы сапарға несіне елп ете қалғаныма өкінемін... “Көп дем ала берсек, үйге қайта алмай қаламыз, түнгі жол ауыр болады”, – деп Мұнарбек күйіп-пісіп жүр. Басына бәле тілеп, мені ертіп шыққанына ол да өкінетін сияқты, оның да қиналысын түсінемін. Өзі анау жалама құздарда тастан тасқа секірген таутекеден аумайды. Шаршағанын да, ентіккенін де әлі байқағам жоқ, дем алып жүргендей тым сергек... Қайткенмен де тауда туып, таста өскен жігіт қой, мен әлім құрып жалпия кеткенде, ол дүрбі салып биіктерді барлап тұрғаны.
 
 Әупірімдеп жүріп біз таудың алқымына тіке шықтық.
 
 Келесі мезетте Мұнарбек жалпақ бетті қабыр­ғалай тартты.
 
 – Ау... таутеке жоғарыда қалды... сонда біз теріс-қағыс қайда лағып барамыз?
 
 – Жақындасақ сезіп қалады, жел алдырмай анау бүйірді айналайық.
 
 Қабырғалай жүрген аздап болса да маған жеңілдеу тиді. Бірақ май күреңсеге қиғаш түскен буынсыз аяғым тайғанақтай береді. Шаңырқап шар­шағаным бәрібір басылар емес. Биік жер, ауа жетпей тынысым тарылғанын сеземін. Қайтейін, қиналсам да намысқа тырысамын, не де болса аяғына дейін шыдамаққа бекінген боламын.
 
 Әлдебір қоржын тастың тасасына жете Мұ­нарбек саусағымен ернін басып, белгі берді. “Кел­дік, енді дыбыс шығармаңыз, сөйлемеңіз” дегені. Мен оны түсіндім, түсіндім де жантайып жанына жата кеттім.
020.
Жан шақырып, аздап өзіме өзім келгеннен кейін, жан-жағымды мен де шолған болдым.
 
 Қарсы алдымның бәрі шалқыма шыңдар, құл­дима құздар. Сондай найзалы шыңның бірінің алқымындағы көп жануарға көзім түсті... Жыбырлап, қыбырлап жайылып жүрген бір отар қойға ұқсайды. Енді бір тобы қырды асып жөңкіліп барады. Көзім бұлдырап қырық, елу, алпыстан асыра санадым. Шың желкесінен тізіліп шығып жатыр, шығып жатыр. Кезеңді айналып асып кетіп жатқандары қаншама. Ойпырмай, таутеке дегенің осыншалық көп болады екен-ау!
 
 Мұнарбекке бұрылсам, ол анау мыңғырған мал­ды көрмеген сияқты, тас төбеге, біз жатқан шың­ның ұшарына дүрбі тігіпті. Бүйірінен түртіп, “анау қалың текені қарасаңшы” дегендей ишара жасадым. Оған Мұнарбек былқ еткен жоқ, басын шайқады да, тапжылмай тұра берді.
 
 – Аға, олар қорықбас ешкілер, – деді аздан соң жамбастап жатқан маған еңкейіп, – бізге текесі, құлжасы керек!
 
 “Бұл жігіт нені көріп тұр” деп, созалаңдап орнымнан тұрып, Мұнарбек дүрбі салған шыңның биігіне мен де көз тігейін...
 
 Мәссаға-а-ан!
 
 Көрші жартастағы қалың ешкіге мәз болып жатсам, мынау жоғарыда мал дегенің қарақұрым ғой! Тауешкінің қалың отары осы жақта жайылып жүр. Дүрбісіз-ақ ап-анық көрініп тұр.
 
 Мұнарбек күрсінді де, бұрылып менің құлағы­ма сыбырлады.
 
 – Сол жақтағы әнеу жартас басында бір теке тұр, соны атыңыз! – деді.
 
 – Лицензиямыз бар, бәрі де заңды ғой, ә? – дедім мен біртүрлі жүрексініп.
 
 Мұнарбек беті жыбырлап ыржиып күлді. Күл­ді де қасын керіп, басын шұлғыды.
 
 Сосын маған мылтықты ұстата берді.
021.
Жалпы мылтықты мен жасымда жақсы атушы едім, бұл жолы да, Құдай сақтап, ұятқа қалғам жоқ.
 
 Мұндай аңшылық сапарда екі ату болмасын тағы білдім. Гүрс еткен мылтық даусы түгілі, тас құласа безіп кетуге дайын тұратын тағы жан­уар екінші ретке үлгертпейді. Сондықтан асықпай көздеп, демімді ішіме тарттым да, шекірейіп жартас үстінде тұрған текені жалғыз оқпен жалманынан түсірдім.
 
 Мылтық даусынан құлақ тұнып, тау мен тас жаңғырығып кетті. Көзді ашып-жұмғанша болмады, Сарыбеттегі қалың таутекеден біреу де қалған жоқ, бір-ақ сәтте қырды асып жоғалды.
 
 Менде жүруге шама жоқ, құлаған текені жо­ғарыға барып Мұнарбек өзі көтеріп алып келді. Шудадай желкілдеген ақшулан сақалы бар, білектей имек мүйізді бөлекше жануар екен.
 
 – Жалпы, бүгінгі олжаңыз жаман емес, – деп ол ыржың-ыржың етеді, – жеті жасар жас текені сұлатыпсыз...
 
 – Жеті жаста екенін қайдан біліп қойдың?
 
 – Мінеки, мүйізінің буыны жетеу! – Мұнарбек иілген мүйіздің ішкі жағынан бунақтарды санап көрсетіп жатыр.
 
 – Рақмет! – дедім мен де қуанған рай танытып.
 
 Мұнарбек іреп сойып, әп-сәттің арасында теке­нің терісін сыпырып жіберді. Қимылы шапшаң, көз ілесер емес. Етін де пәрше-пәршесін шығарып жіліктеп тастады. Соңынан өкпе-қарыннан бас­қасын орап-шымқап қапқа салды. Текенің басын жылтыр целофанға орады да, мүйіздің қайқайған жағын иығымнан асырып, менің арқама артып берді. Өзі қаптағы етті көтеріп, мылтықтарды қолына алды.
 
 Біз осы қалпымызда олжамызды арқалап етек­тегі аттарға қарай еңкейдік.
022.
Бұл кезде түс әлдеқашан ауып кеткен. Мұ­нарбекті білмедім, менің ішімде ит ұли бастады. Тауда жүрген адамның қарны тез ашады деген сөз рас болды. Әрине, жанды қинап, бүйтіп шайтан шыңдарға өрмелесең, қарын байғұс ашпағанда қайтсін?
 
 Әйтеуір, аю шауып, ит-құс жарып кеткен жоқ, аттар аман-есен орнында екен.
 
 Мұнарбек келген бетте ашық тұсқа жерошақ орнатып, самырсынның түбінен қу бұтақ жинап, от жақты. Сосын былайғы бір өзектен шәугіммен су алып келді. Мосыға шәугімді аспақтап іліп, буын бұрқыратып шай қайнатты.
 
 Өзі пысық деймін, шайға қосатын сүт те, қант та, май да ала келіпті. Дастарқанды жайып жіберіп, кершеулеп турап, сарыала тұздықты етті дөңгелентіп ортаға тастады. Екеуіміз де апта бойы аш жүргендей-ақ тамақты жапырып жеп, шәугімді сарыққанша іштік. Тау биігінде нан да, ет те өзгеше дәмді болады екен.
 
 Күн екіндікке еңкейе үйге жиналып жатыр едік, етек тұстан күркіреген айғай шықты... Айғай емес, албастыдай ақырған ащы дауыс. Құлақтың жарғағын жарып жіберердей, адамды естен тан­дырардай алапат үн.
 
 Шынын айтсам, зәрем зәр түбіне кетті... аспан қақырап, жер дірілдеп кеткендей болды. Аттар осқырынып, құлақтарын қайшылап, тізгіндерін жұлқылады.
 
 Дауыстар тағы қайталанды...
 
 Құдды бір, мынау шатқал төрінде грек аңыз­дарындағы титандар айқасып жатқандай көрінді.
 
 – Аю!
 
 Кәнігі аңшы Мұнарбектің де көзі бақырайып кетіпті. Ол да алақ-жұлақ сасып қалған сияқты. Дереу мылтығына ұмтылып, баспалап төмендегі жар­қабақтың жиегіне барды.
 
 Мен де жүрегім атқақтап, оның қасына жет­тім.
 
 Төменде қырық бұратылып Таутекелі өзені ағараңдайды. Таутекеліге қарсыдағы сайдан жылтырап бір бұлақ құйып жатыр. Бұлақты сайдың алды ашық, арты кенере тау.
 
 Сол бұлақтың бойында, сиыр өрісіндей жада­ғай жазықта арбасып екі аю тұр... Екеуі де адамға ұқ­сап түрегеп алған. Шатқал ішін күңірентіп, ке­зек-кезек ақырады. Біреуі бұқадай зор, екіншісі кішілеу, тайынша аю.
 
 Дүрбі салып едік, екеуін де тура алдымызға алып келді.
 
 Жас аюдың үсті-басы қан. Қайта-қайта айғайға басып, байбалам салып айбат көрсетіп тұрған да сол. Үлкен аю да күркіреп қояды, бірақ анаған қарағанда қимылы жайбарақат, күшінің басым еке­нін білетіндей. Енді бір мезетте үлкені екі-үш қарғып жетіп барды да, жас аюды шапалақпен тартып-тартып жіберді. Жас аю шыңғыра домалап барып, қайта тұрып кетті. Қашып кетудің орнына, тұрған бойда өзінің кеудесін өзі ұрғылап айғайға басты. Айғайдан гөрі ойбайға келеді. Ойбайлаған даусынан тау күңіреніп, тас домалады. Кеудесін тырмалап, тынымсыз ұрғылап жатыр, өзін-өзі аяр емес, қан-жосасын шығарды. Келесі сәтте, мәссаған... темірдей тұяқтарымен өз қарнын өзі жарып жіберді.
 
 Жантүршігерлік масқара көрініс! Атқақтаған қан алаңқайды қызыл ала түске бояп тастады.
 
 Үлкен аю шаруаның біткенін сезді білем, тұм­сығын көтеріп, екі мәрте жалтақтай бұрылды да, өз жөнімен кете барды. Қан-жоса болған жас аю ақтарылған ішегін шұбатып жоғарыдағы тасты айнала бере, теңселіп барып құлады.
 
 – Өлді! – деді Мұнарбек күрсініп.
 
 – Құдай сақтасын... бұларға не болған?
 
 – Тайынша аю анау үлкен аюдың территориясына кіріп кеткен. Тәжірибе жоқ қой... Үлкенге күші жетпейтінін білді, бірақ ашуы сондай, өзін өзі жарып жіберді.
 
 “Ойпырмай десеңші, мұндай да жағдай болады екен-ау?”
 
 Көргеніме көзімді сендіре алмай мен тұрмын аңырып.
 
 Алтайға келіп аю дейтін алыптардың да алапат айқасына куә болғанымды қарашы! Мынау көрініс күндіз естен шықпайтын, түнде түсіңе кі­ретін жойыт оқиға ғой!
023.
Китің аяңмен Тайпақтағы кордонға ымырт үйіріле жеткенбіз.
 
 Үйге келсек, есік алдының ойраны шығып жатыр. Әр жерде домалаған шелек, төңкерілген леген, күлі шашылған жерошақ. Сойған қойдың терісін жігіттер етін сылып, тегістеп қырып бұрыштағы кермеге әдіптеп жайып кетіп еді, идектеліп ол да жерде жатыр. Көн тулақтай жұлым-жұлымы шығыпты.
 
 – Ба-а-а, мына жерге не болған? Біз жоқта аю шапқаннан сау ма?
 
 – Жоқ, аю емес, росомаха... Қазақтар оны “құну” деседі. Ол сабалақ сасықтың кейде осындай сұғанақ әдеті бар.
 
 – Сұғанақ емес, мынауың нағыз бандит қой!
 
 Біз жоқта үйге адам келмеген секілді. Келсе де есікте құлып тұр, бұрылып қайтып кеткен болар, тегі.
 
 Мен ауырсынып, Мұнарбектің көмегімен аттан төңкеріле түстім.
 
 Мұнарбек аттардың ерін алып, тоғай шетіне апарып арқандады да, ыдыс-аяқты салдырлатып тамақ қамына кірісті.
 
 Атқа мінгенге екі саным қажалып, тақымым тартылып, талтаңдап қалыппын. Келген бетте сырт киімді шештім де, кескен теректей төсекке құлап түстім. Сәтке ғана көз шырымын алсам деп едім, тас болып ұйықтап қалыппын.
 
 Мұнарбек оятқан кезде қайда жатқанымды айыра алмай алақтайын... Зордың күшімен тұрдым. Дала тас қараңғы, жерошақтағы от қана лаулап жанып жатыр.
 
 Екі арада талай уақыт өтіп кетсе керек.
024.
Таңертең сергек тұрдым.
 
 Кешегі ауыр сапардың белгісіндей тізенің қақ­сап, қара санның ауырғаны болмаса, күндегі мауық­қан бойкүйездік тарқаған. Күндегі демекші, осында мен келгелі неше күн өтті деп, верандаға шығып, күндерімді санауға кірістім.
 
 Алғашқы күні кештетіп осы үйге түстік. Ке­лесі күні күні бойы ұйқы соқтым. Бір де. Екінші күні тағы ұйқы соқтым. Мұны екі де. Үшін­ші күні...
 
 – Мұнарбек, бүгін нешесі еді, өзі қайсы күн бүгін?
 
 Табалдырықта сырт беріп, тісін аршамен шұ­қып отырған Мұнарбек мен жаққа бар денесімен бұрылды.
 
 – Менің есебімше қыркүйектің жиырма жеті­сі. Аптаның қай күні екенін біле алмадым.
 
 – Неге білмейсің?
 
 – Бізде “сенбі, жексенбі” деген жоқ, бізге бәрібір... күнде жұмыс. Сондықтан аптаның күн­дерімен санаспаймыз.
 
 – Ой, сен де ләухи екенсің...
 
 Мұнарбектен қайыр жоғын түсініп, саусағым­ды бүгіп тағы санай бастадым.
 
 Әлгі Аршатының әкімі үшінші күні келді емес пе? Олай болса біз тауға төртінші күні шықтық, таутеке аттық делік. Ол – кеше. Ендеше, бүгін бесінші күн... Бәрі дұрыс, бәрі жөн. Яғни, бұл араға біз келгелі бүгінмен бес күн толып отыр. Осыдан былай күндерді Робинзон Крузо құсап өзім жазып, өзім есептеп жүрмесем болмас... Мына Мұнарбектен қайыр жоқ, адамды албаты шатастыратын түрі бар.
 
 “Ойпырмай, менің келгеніме де заулап бес күннің өте шыққаны ма?”
 
 Кеше ғана келген сияқты едім-ау! Әлі дәнеңе де бітіргем жоқ. Ойсыз, мақсатсыз бұл жүрісіме жол болсын... Туған жеріме тек ұйықтау үшін ғана келгендей болғанымды қарашы! Тіпті, осы бес күннің ішінде мынандай көркем табиғат аясында жүріп бір этюд те жазбаппын-ау!
025.
Күндерімнің босқа өтіп кеткеніне таңданыстан бұрын бойымды әлдебір өкініш биледі.
 
 “Масыл басқандай екі-үш күн бас көтермей маужырап ұйықтағаным не? Қой, ағайын, өзімді өзім қолға алмасам болмас!”
 
 Көңілімді күпті қылған өкінішімді Мұнарбекке айтып едім, ол мұрнын тыжырып, менің пікірім­мен келіспеген рай танытты:
 
 – Неге мәнсіз? – деді самбырлап. – Туған жер – сіздің анаңыз. Сіз анаңыздың құшағына сағынып кіріп, еркелеп жатырсыз. Бұл күндер сіздің ең мәнді, мағыналы күндеріңіз деп қабылдаңыз.
 
 “Ба-а-а, мына жігітті қара, қалай-қалай сайрайды!”
 
 Үнсіз жүрген Мұнарбек ойда-жоқта үйдей сөз айтып тастады емес пе... Маладес!
 
 Қалай десең де, Мұнарбектің сөзі менің жа­бырқай қалған көңілімді қайтадан жадыратып жі­бер­гендей болды.
026.
Мұнарбек асқан таутекенің етінен талшықтап дәм татып, бірер кесе шай іштім. Жеңсік ас дегенің болмаса, таутеке етінің қалжасы аздау екен.
 
 Киіндім де, этюдник-қобдишамды арқалап етек­­ке қарай еңкейдім.
 
 – Рұқсат болса, мен бүгін ауылға барып қай­тайын, – деп, Мұнарбек те жолға жиналды.
 
 “Әрине, рұқсат, амандық болса, кешке кездесе жатармыз. Көлденең шаруа шығып, келе алмай жатса оған да өкпе жоқ”.
 
 – Егер түстікке келмей қалсаңыз, талғажау етерсіз! – деп, Мұнарбек маған бір жілік ет, бірер тілім нан, құрт-ірімшік салды да, шағын дорбаны иығыма қоса артып жіберді.
027.
Тайпақтың етек тұсы бозалаң дала, шоқатты жазық екен. Жазықтың соңы түнерген тау тұм­сығына сұғынып жатыр. Әр жерде шошайған бір­лі-екілі жетім қарағай, шалғынын мал таптап шолтиған шоқ-шоқ ши. Жаздың басында мұндай даланы жайқалған шөп, қып-қызыл күнгелді гүлі басып кететін. Сонда бүкіл дала қызыл жалынға оранып, өртеніп жатқандай әсерге бөлеуші еді. Тамыз туа мұндай дала тағы өзгеріп салатын, енді ол аппақ түске еніп, түймедақпен құлпырып шыға келуші еді. Таусылып бермес жаз қызығы деген осы да... Қалың өскен әлгіндей гүлшөптердің қазір гүлі түсіп, домалақ дәнегі ғана сарғаяды.
 
 Бала кезімнен көз алдымда қалған туған жер табиғатының ерекшелігін есіме түсіріп келе жатырмын.
 
 Тағы есіме түскені, қазақтар тау аңғарындағы мұндай молынан созылған жазық алапты “дара” деп атайтын.
 
 Мына дара да арғы аталарымыздың оза көшіп, кең жайлаған шұрайлы күзеуі болған секілді. Өйткені жазықтың орта тұсына жете бере ескі қорым зираттарға кезіктім. Зират болғанда, боз жылқының құйрық қылымен байланған, күйдірілген сазбен өрілген мығым құрылыс. Суретшімін ғой, дәстүрлі Еуропаның ғана емес, қазақ топырағының сәулет тарихының да жілігін шағып оқығанбыз. Сондықтан археологиядан да аздап хабардармыз. Кейінгі екі ғасырда қазақ мұндай мәнерде зират салған емес, бұл даусыз ақиқат. Оның үстіне бүгінгі жергілікті халық мұндай үлгідегі зиратты білмейді, білсе де баяғыда ұмытқан. Яғни, менің көріп тұрғаным – есте жоқ ескі заманнан қалған құрылыс. Құдай біледі, он сегізінші ғасырдың үлгісі... Қас беттері ерекше қалың. Кейбірінде кезіндегі күмбездің нобайы байқалады, қабырғалары жарым-жартылай сақталыпты, көпшілігі жермен-жексен болып қираған.
 
 Ескі қорымды алдыңғы планға шығарып, осы жердің табиғат көркінен майлы бояумен бір этюд жаздым. Көптен бері этюд жазуды да қойып кетіп едім, көкірегімде өлеусіреген шабыт маздай бастағандай.
 
 Қызық көріп төңірегімді тамашалаймын деп, жазықтың жиегіне жеткенімді де аңғармаппын.
 
 Ауада танау жарғандай бір хош иіс бар. Ша­йыр иісі ме екен? Жоқ, шайыр болмаса керек-ті, ол жоғарыдағы тау белдеуінде ғана. Әлде балдың иісі ме? Оған да келмейді. Құдай біледі, мынау хош иіс Алтай күзінің иісі...
 
 Тау түкпірінде тағы бір өзен ашу шақырып, алқына өкіріп жатты. Даусы ересен, мінезі тентек, екпіні түйе жығардай. Ералы әңгіме еткен “Күрті өзені” осы болды.
 
 Күртінің де жоғарғы басы терең шатқалды қуалап кетеді екен. Шатқал іші тұтасқан қара орман, сонау төрінде басын қар басқан шыңдар ағарады. Осы көріністі арқыраған өзенімен, шатқалымен, аппақ тауымен алсаң – әсерлі композиция шыққандай.
 
 Мынау көрініске шабытым қозып, аруақтанып кеттім... Жалма-жан қобдишаны ыңғайлы тұсқа орнаттым да, асықпай, бабымен тағы бір этюд жаздым.
 
 Этюд ойлағанымдай тәуір шықты, өзіме қатты ұнады, көңіліме қонды... Түр мен түстің ырғақты үйлесімі, жарық пен көлеңкенің құбылуы арқылы табиғаттың күзгі тұнжыр күйін жақсы ұстадым... Алдыңғы пландағы сарыжағал жазық жұмсара келіп, шыршалы-самырсынды күлгін жасылға ауы­сады. Оның соңы алабұлтты аспанмен астаса ағар­ған тауларға барып тіреледі. Композиция тұрғысы­нан да табиғат кеңістігі перспектива арқы­лы сәтті бейнеленді.
 
 Ең бастысы, этюдтегі алуан бояу жалпы қарағанда күрең түсті колорит жинақтап, қоңыр күздің сабыр күйін, тынышты қалпын қапысыз көрсетіп тұр.
 
 Оллаһи, табиғаттың тұнжыр күйін, күрделі бояуын мен бұған дейін дәл осындай ұқсатып жаза алғамын жоқ. Бұл этюд түбінде бір тәуір картинаға материал болады деген үміттемін.
 
 Қобдишаны жинап жатыр едім, қорсылға ұқсас әлдебір жат дауысқа жалт бұрылдым. Қарасам, сонадай жерде сүйір тұмсығымен ауаны иіскелеп, борсаң қағып әлдебір ала борсық қашып барады екен.
 
 
 
 028.
Сурет салатын асай-мүсейімізді арқалап Ала­таудың бөктерін оңды-солды талай шарладық қой...
 
 Әсіресе күзде Алатау жарықтық мың сан бояумен құлпырады-ай дерсің... Сыған келіншектің жеті қабат жібек көйлегі де дәл сондай құлпыра қоймас. Палитраңдағы бояу түрі жетпестей әсерге бөленесің. Бояудың қоспасыз ашығы да, күрделісі де, көмескісі мен көлеңкелісі де жетіп жатыр. Көз арбайды, сезіміңді қытықтайды, жер кездіріп әуреге салады, сандалтады, бірақ әсте жалықтырмайды.
 
 Ал Алтай күзі басқаша ма дедім. Тым тәкаппар, дегдар... Өңінде салқын сыз бар, салмақ пен салтанат басым. Негізінен бұл жақта жалғыз сары түстің өзі неше түрлі реңкпен ойнап, құлпырып шығады екен. Алтайдың қайың-талымен қоса, қылқан жапырақты қызыл қарағайы да күзде бүр тастап сарғаяды. Балқарағай, самырсын, шыршалар қошқылдана түскені болмаса, мәңгі жасылын қыс бойы сақтап қалады. Сонда қарасаңыз – сіздің табан астыңыздан басталған қоңырдаң дала әрідегі сарғайған шалғын мен алтын сары орманға ұласады. Одан жоғары жасыл самырсындар, одан әрі таудың тундралық түкті белдеуі шұбартады да, ол қақ күмісше жарқыраған қарлы шыңдарға ұласады. Осы көріністің баршасы көкпеңбек шы­ңылтыр аспанмен астасып кете барады...
 
 Айтары жоқ, шырақпен іздесең таппас керемет сурет. Былайша айтқанда, нағыз алтын күз. Левитан емес, Поленовтың “Алтын күзін” еске салғандай.
 
 “Жас кезімде туған жерімнің осынау сұлулы­ғын неғып байқамағанмын”.
 
 Көп жылдан кейін көрген Алтай күзінің кел­бетінен мен қайталанбас әсер алып қайттым.
029.
Есік алдында бір ат байлаулы тұр. Оның бергі жағында шорымық үстінде шоңқиып томардай жуан біреу отыр.
 
 Алыстан байқап келемін, әлгі кісі оқта-текте күн салып жан-жағын болжаған болады. Кім болса да мені тағатсыз күтіп отырған біреу. Бұл қай шабарман? Әлде Ералы достың жіберген кісісі ме?
 
 Үйдің маңайында басқадай қыбыр еткен жан жоқ. Соған қарағанда Мұнарбек ауылдан әлі келмеген сияқты.
 
 “Келіншегі жібермей жатыр-ау, тегі?”
 
 Жақындай бере томар үстіндегі кісі мені көріп, орнынан тұрды, сосын ата қаздай қаздаңдап қарсы жүрді. Қаздаңдап келіп қос қолын ұсынды, жалпылдап амандасып жатыр.
 
 – Сіз келді деп естіп... алдыңғы күні де бір келіп кетіп едім, – деді.
 
 – Е-е, ауылдың әкімі екенсіз ғой.
 
 – Солай... Атым Қаныбек... Қаныбек Манақ­баев!
 
 Танысқанымыз үшін екеуіміз тағы да қол беріп амандастық.
 
 – Көп күтіп қалған жоқсыз ба?
 
 – Оқасы жоқ, әдейі іздеп келген соң...
 
 – Иә, Қанеке, не шаруа?
 
 – Енді былай... мейман боп біздің елге келіп қалған екенсіз, осы сенбіде қонақ болып кет­сеңіз?
 
 – Сіздің “біздің ел” дегеніңіз менің де елім, кіндік кесіп, кір жуған туған жерім.
 
 Қаныбек мойындағандай басын изеп, борбақ саусағымен самайын сипалады.
 
 “Күндіз бәріміз малдамыз, шаруада жүреміз, кешке қарай күтсек” дегендей ниет білдірді.
 
 Маған ертесі не, кеші не, бәрібір ғой. “Мейліңіз білсін, Қанеке”, – дедім мен оған да келісіп.
 
 Бірақ “сенбі” дегені қашан еді? Бүгін өзі қай күн?
 
 Қаныбектен білгенім – бүгін қыркүйектің жиырма сегізі, бейсенбі екен.
 
 Апырмау, сонда мен келгелі бері алты күн өткен бе? “Бес күн” деп есептеп жүрсем... Мұнысы қалай? Мұнарбек екеуіміз неғып жаңылысып жүрміз? Сонда мен... айдың-күннің аманында бір күнімді қайда жоғалттым?
 
 Көзімді түсіріп, өзімнен-өзім мырс етіп күліп жібердім. Қанекең онымды байқаған жоқ.
 
 Сенбі күні кешке келіп, әкімнің өзі мені мәши­несімен ауылға алып кететін болды.
030.
Кешкі дастарқан басында Мұнарбектен жоғал­ған бір күннің қайда кеткенін сұрадым.
 
 Мұнарбек мойынын ұршықша бұлғаңдатып, кө­зін жыпылықтатты:
 
 – Сіз тұяқ серіппей қатты ұйықтадыңыз, тегі, байқамай өткізіп алғансыз ғой? – деді, жауабы көңіл айтқандай екпінде шықты.
 
 Ойда-жоқта менің бір күнімнің жоғалып кет­кеніне ол оншалықты қиналатын емес. Жауабын берді де, сол мезетте бәрін ұмытты. Етін турап, шайын баптап, дастарқанмен әбігер. Тобық жұтқандай томырайып, өзі сөзге де сараң. Аңшы жігіт, түн қатып, түс қашып тау мен таста жүреді, ол жақта қайдағы әңгіме. Солай үйренген, бірдеңе сұрасаң ғана тоқ еткізіп жауабын береді де, мұртын едірейтіп, қасқайып қарап отырады. Көп сөзге жоқ болса да, байқаймын, тілінде нәр бар.
 
 Мұнарбек бүгін тағы да ауылға қайтатын болды. Пешке отынды үстеп салды да, отынның бір құшағын пештің алдына үйіп тастап, атына мініп жүріп кетті. Иен таудың үңірейген қойнауында мен жалғыз қалдым.
 
 Өткен күндері ойыма дәнеңе алмай бырылдап ұйықтай берген екем, бүгін біртүрлі елегізиін дедім. Мұнарбектің жоқтығын, жалғыздығымды сезінгендеймін.
 
 Верандаға шығып едім, маған деп қалдырған жирен ат орман жиегінде жайбарақат жайылып жүр екен. Мұнарбек шідерлеп кетіпті. Оқта-текте құйрығын сабалап, пысқырынып қояды. Сарғайған шөпті борт-борт жұлып, алаңсыз. Ат та болса адамға ес екен.
 
 “Апырмау, Ералы достың осындай жалғыз қалғанда, мені күзететін бір ит тастап кетпегені қалай?”
 
 “Қызық-ау, – деп ойладым, – қаланың ызы-қиқу шуылына үйреніп қалған мен үшін мүлгіген тыныштықтың үрейлі көрінуін қарашы!”
 
 Үйге қайыра кірдім де, қара мылтықты қолыма алып, аударып-төңкеріп тексерген болдым. Әнеу күні таутекені дәл осы мылтықпен атқанмын, содан кейін ұстап тұрғаным осы... Мұнарбек те пысық екен, ұңғысын жалтыратып тазалап қойыпты. Қорабына санап отырып алты патронды салдым. Сосын мылтықты кереуеттің басына сүйеп, есікті ілдім де, төсекке киімшең жата кеттім.
 
 Киімшең қисайғаным жөн болыпты. Ұйқым қашып, түнде төрт рет сыртқа шықтым. Сыртқа шыққан сайын күртемді киіп, мылтықты иығыма асынып аламын. Мылтығы бар адам батыл болады екен, далада қыдырыстап көп жүрдім. Шідерін сылдырлатып, төмендеп кеткен атты екі мәрте қайырып әкелдім.
 
 Бүгінгі түн ерекше салқын секілді, қыстың сызы, қардың иісі мұрынға тебеді. Пешке отынды қайта-қайта үстеп салып, үйді қыж-қыж қайнатып қойдым.
 
 Таң алдында ғана көзім ілінді.
 
 031.
Енді ғана ұйқыға бас қойғанда, Мұнарбек бүйірімнен түрткілеп оятып жіберді. Ауылдан қай уақта келгені белгісіз, бүкшеңдеп үйдің ішін жинастырып жүр.
 
 Мен үстелде тұрған шарадан бір кесе арпа көжені құйып іштім де, қобдишамды асынып да­лаға шықтым.
 
 Кең жазықтың бойында жалғыз келе жатырмын.
 
 Матай дарасының орта тұсында кеше көрген ескі зираттарды жанай өттім.
 
 Ескі зираттар бүгін біртүрлі қорқынышты, мен өтіп бара жатқан кезде гүрс етіп біреуінің күмбезі құлап түсті. Шаң қауып, бетімді басып жөтеліп жатырмын. Көзімді ашсам... бәлі, мына қызықты қараңыз! Жазықтың үсті қалың ел, мыңғырған мал. Ақшаңқан киіз үйлер, асылған қазан, шулаған бала-шаға. Бір бүйірде қызығы көп қымыз ауылы, шапқылаған құлын-тай, желкілдеген аппақ боталар. Бейбіт өмір, тату тірлік. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай ғажайып сурет. Ерлігі текті, елдігі шалқыған, мейманасы кенерінен асып-тасқан мерейлі жұрт.
 
 Көкірегімді өртті сағыныш шарпиды, жүрегім қысылады, жанарыма жас үйіріледі.
 
 “Бәсе, – деп мәз-мейрам болам, – менің қия­лымда­ғы Матай бидің ауылы осындай көркем де көсегелі болса керек еді!”
 
 Сөйтсем түсім екен, қара терге түсіп ентігіп жатырмын.
 
 Ойпырмай, жаңағы түстің тура өңімдегідей көрінуін қарашы! Мұнарбектің түрткілеп оятқаны, Матай дарасындағы ақар-шақар ауыл қаймалысқан барша тіршілік-тынысымен көз алдымда сайрап тұр. Тіпті қобдишаның иығыма батқан салмағын да сезгендеймін.
 
 Әдемі суреттен айырылып қалғаныма өкініп, төсекте аунақшып жатырмын. Көзімді қайта тарс жұмған боламын, қайдан... бәрі де келмеске кетті. Мұндай сұлу түстер, сірә, қайталанушы ма еді?
 
 “Дәурен-ай, десеңші, – деп күрсіндім. – Баяғыда ғой, жаңағы көрген менің ғажап түсімдей бұл далада өмір қайнап жатты-ау!”
 
 “Матай бидің ауылы... Олар менің ата-бабаларым ғой!”
032.
Мен тұрғанда күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Пештің оты өлеусіреп, өшудің алдында екен, отын салып, лаулатып қайта жағып қой­дым.
 
 Бұлақ басына барып қолымды оңды-солды сермеп, жаттығулар жасадым. Жуынып-шайынып, сергіп те, серпіліп те қайттым.
 
 Бүгін күн жылы болатын түрі бар. Менің білуімде, қазір Алтайда нағыз саршатамыз, май тоңғысыз мамырасын шақ. Ауа шыныдай мөлдір, таңғы тұнық ауаны қанша сімірсең де шөлің қанбастай.
 
 Мұнарбек ауылда шаруасы болып кешігіп жатыр ма, әлі көрінбейді. Амандық болса, ол да көп күттірмей келіп қалатын шығар. Пеш үстінде дайын тұрған ыстық шайдан бірер кесе сораптадым да, тамаққа зауқым болмай, киініп далаға шықтым.
 
 Жерошақ басындағы томар үстінде марқадай қомданып кезқұйрық отыр екен. Есік ашылған бетте орнынан ауыр көтеріліп, жалп-жалп етіп ұша жөнелді. Қолда таяқ болғанда қуып жетіп, соғып алуға да болғандай екен.
 
 Иә, бүгін немен айналысуым керек? Тағы да жер аралап, этюд жазып қайтсам ба екен? Жоқ, әлде Мұнарбектің келуін күтіп, аяқты көтеріп тас­тап үйде жата бергенім жөн бе?
 
 Менің жағдайым қызық болды-ау, келмей жатып зеріге бастағанымды қарашы... Қалалық синдром деген осы. Шығармашылық адамы үшін бұл жақсы нышан емес.
 
 Өзеннің арғы бетіндегі дөңкиген тұмсық жақ­тан бұғының шақырған даусы шықты. Ізінше сол төңіректен оған жауап қайтарған тағы бір бұғының сырнайлы даусын естідім. Бір жақсылықты сезгендей жүрегім лүпілдеп кетті. Ойпырмай, бұғы сайысын көруім де мүмкін-ау деген ой мені дереу жолға жинады.
 
 Арғы беттегі дөңкиген тұмсық жалдана өр­леп, соңы таудың таз басына ұласып кетіпті. Қос қапталын қарағай-самырсын көмкергенімен, жал­дың жоны ағашсыз жалаңаш секілді. Осы жал­дың желкесін бойлап, аяңдап жүріп кетсе – анау жоғарыдағы қарлы шыңдардың мұз тіліне дейін барып қайтуға болғандай екен. Етектен-ақ байқап тұрмын, көз арбайтын сұлу жер. Жаңағы бірін-бірі шақырған бұғылар сол жалдың арғы үстінде сойқанды бастап та жіберген шығар деп дәмелендім.
 
 Мылтықты асынып, бірер патронды қалтама бос салдым да, тауға тарттым.
 
 Үй артында жайылып жүрген жирен ат пыс­қырынып, “қайда кеттің” дегендей, үдірейіп қа­рап қалыпты.
 
 
 
 033.
Етектен болжағанда таудың жалы күреңсе жамылған майда жондай көрініп еді. Құрғыры, шөп дегенім ойдым-ойдым алабұта, тобылғы мен шайқурай болып шықты. Кіндіктен келеді, ады­мыңды аштырмайды, шыр айналып жол іздеп жүргенің. Жадағай жол табылмаса аттап-бұттап, жығылып-сүрініп қалың бұтаны жарып өтесің.
 
 Бүгінгі тауға шыққаным да мен үшін оңайға соқпады, қара терге түстім. Шамамен екі сағатта мынау дөңкиген тұмсықтың үстіне жетіп, сүзіскен бұғыларды да көретін шығармын деп жобалап едім, қайдан, екі сағат өткенде таудың ортан беліне әзер іліктім.
 
 Бірін-бірі шақырған бағанағы бұғылардан белгі жоқ. Екеуі үнсіз кездесіп, “менсіз” жекпе-жектерін бастап жібермесе, төңірек құлаққа ұрған танадай.
 
 Бір ойым “өзіңді-өзің осыншалық қинап қай­тесің, осы арадан қайтып кетсеңші” дейді ар­қадан қағып. Келесі ойым қасарысып оған көнер емес. “Үйге барғанда не істемексің, тағы да борсып жата бермексің бе? Не де болса тауға шығып, бұғы сойқанын тамашалап қайт” деп қамшылайды. Әйтеуір, өстіп арбасқан екіұдай тартыстың арпалысымен тағы екі сағаттай уақыт өтті. Енді бір ышқынсам, төбесіне де жетем-ау... Бірақ ышқына алмадым, бұтаға шалынып етпетімнен құлап түстім, біреу көк желкемнен түйіп жібергендей болды, жердегі саңғырлап кепкен шөпті барып құштым. Шөптің хош иісі танау жарғандай. Тұмсығымды тығып, біраз қимылсыз жаттым. Рақат! Басымда ой жоқ, алаң жоқ, әншейін бойым балқып маужырап барамын.
 
 Осылайша жерді құшып қанша жатқанымды білмеймін, тұрған кезде кәдімгідей сергіп қалыппын. Өзімді құр атқа мінгендей сезіндім. Қайрат-күшім тасып кеткендей... Мынау қалған жүз метрді жүгіріп шығуға дайынмын. Тіпті арғыдағы қарлы шыңдарға барып қайтуға да шамам жететін сияқты. Бірақ өйтсең ұтыласың, тау биігі алдамшы, оттегі тапшы, әсте асығуға болмайды. Ол жағын мен жақсы білемін.
034.
Таудың мен шыққан иығы мен қарлы шыңдар арасында тағы бір терең сай жатты.
 
 Алыстан қарағанда іркес-тіркес жалғасқан тұтас сілемдей көрініп еді, көз алдамшы екен. Тө­бенің арғы жағы салқын сабат, кең ойпат болып шықты. Бұғы да, марал да маңайда көрін­бейді.
 
 Ойпаттың ұлтаны шымдауыт, көк шалғын. Бір шеті мойынағаштай иілген ұзынша көл. Қар­сы алдымнан көкпеңбек көлдің жарқырап шыға келгеніне қуанып кеттім. Имек көлдің бергі жа­ғалауы сарғайған шалғын, сорайған қурай, әр жерде жібектей күлтеленіп айрауық пен бидайық шошаяды. Одан әрісі жапырылған қалың қоға, өлең шөп пен қияқ. Көл маңайы сазды болғанымен, қарсы беті қырдауыт, қалың ағаш екен. Осы көлді тамашалау үшін ғана бұл жерге келуге болғандай. Суретшіге іздесең таптырмайтын, нағыз этюд жазатын көрініс. Иығыма асқан мылтықтан бас­қа, қолымда бояу да, қарындаш та, қағаз да жоқ. Мұндайда өзіңе емес, көзіңе ғана сенесің. Көргеніңді барша келбетімен, бояу нақышымен мықтап ойыңда сақтауға тырысасың. Артынан, үйге барған соң соның бәрін есіңе түсіріп, алған әсеріңді жаңғыртып, палитрадан іздейсің. Сөйтіп, жиған-терген естелігіңді керілген сұр кенепке төгесің...
 
 Ойпатқа түсіп, көлді жағалап біраз жүрдім. Бір тұста көл жағасы жадағай, тастақ екен. Жақын­дап барып қол шайып, бетімді жудым.
 
 Аяңдап көлдің төменгі шетіне де жеттім. Қарағай мен самырсын, қайың мен терек аралас өскен ну тоғай. Енді байқадым, менің көл деп мәз болып жүргенім тіпті де көл емес, тоған болып шықты. Көлденең ағаштарды жығып, бұта-қарағанмен үйіп, батпақ жағып шегенделген мықты бөгет... Қолдан жасалған!
 
 Кім бөгеді екен? Иен жатқан бұл биікке кім­нің келуі мүмкін? Әлде жақын маңайда әлдебір шаруашылық бар ма?
 
 Көңілімде үміт ұшқыны жылт етіп, алақтап айналама қарадым. Ешқандай тіршіліктің белгісі жоқ. Түнерген орман, тұнжыраған табиғат. Тек әл­де­қайдан бебеулеген нәзік үн естілді. Құстың даусы, кекілік, әлде бақбақ болар...
 
 Мен сөйтіп өзіммен-өзім толғанып тұрғанда шолп етіп, көл беті дөңгелене толқынданып кеткен. Артынша жон арқасы жылтыраған қоңырқай бір аңды көріп қалдым. Жүзіп барып, тоған астындағы жарға барып кірді. Құндыз екен...
 
 Мына бөгет те, мынау жарқыраған көл де осы “батырдың” жасаған шаруасы болып шықты.
035.
Көлден шыққан шүмек сарқыраған өзен шы­­ғар деп едім, шүлдірлеген шағын бұлақ екен. Осындай кішкентай бұлақтан да айдынды көл жасап жүрген құндыздың еңбегіне риза болған­дайсың.
 
 Тастан тасқа аттап, аяғыма су тигізбей бұ­лақтың арғы бетіне өттім.
 
 Көл шүмегі төменіректе жарға соғып, иірім жасап айналып жатты. Жағасында бір топ сайрақ торғай шиқылдайды. Сол тұста жотасы жайқалып, заулап жүзіп жүрген тағы бір аңды байқап қалдым. Балық қуалап жүрген бірдеңе... Қимылы шалт, шапшаң, көз ілесер емес. Сөйткенше болмады, аппақ шабақты көлденең тістеп, мойнын созып судан басын көтерді. Сонадай жерде сорайып тұрған мені байқап қалды, білем, шолп етіп су түбіне қайта сүңгіп кетті.
 
 Бұл қандай аң? Құндыз емес... Ондатра ма әлде нутрия ма? Нутрияның жүні сабалақ ұзын, ондатраның тұрқы қысқа болса керек-ті. Ендеше, мынау норка болды. Соған келеді. Терісі үшін шетелден әкеліп, Алтай өзендеріне жіберіпті деп естігем. Солары өрескел қателік болды, соңғы жылдары тым көбейіп кетіп, өзен-көлдегі балық атаулыны жаудай шауып құртып жатыр десетін.
 
 Шүмектен өткен соң жалаңаш төскейді қа­бырғалай өрлеп, арғы жақтағы жұмыр жотаның шекесіне шықтым. Жота биігінде лекітіп мырза жел соғып тұр. Мен арман еткен бұғылар бұл маңайда да байқалмады.
 
 Құндыздың бөгені де, айдынды көл де, қа­рағайлы-шыршалы орман да енді төменде қалған.
 
 Мен тұрған тұстан қарсы алдымның бәрі алақандағыдай көрінді. Көкжиекке дейін күдері жон, қоңыр құйқалы шиыр, іркес-тіркес сілемденген саңғал таулар. Етекте үлкен аңғар, аңғар бойында күмістей жарқырап Бұқтырма жатыр. Бұраңдай аққан ұлы өзеннің келесі ұшы жіңішкере үзіліп, қалың таудың қойнауына сіңіп кеткен. Шатқал-сайларда Бұқтырманы тел еміп үлкенді-кішілі өзен­дер жылтырайды.
 
 Аңғардың мен тұрған жағы қалың орман екен де, қарсы жағы шабындық алқаптарға ұласыпты. Көз қызықтырған мол панорама, тіл жеткісіз тұң­ғиық, іш тартқызған салқар кеңдік. Орман-тоғайы толқыған байтақ өлке көк мұхитқа ұқсап, кенересінен аса шалқиды. Бойына дарқан кеңдік қана емес, мәртебелі ұлылық пен салтанат ұялатқан Хан Алтай! Аруақты Алтай, Киелі Алтай! Исі түркінің Ата жұрты, қалың қазақтың Қасиетті мекені. Қарап тұрып ет жүрегің елжірейді, көмейіңе лықсып өксік тіреледі.
 
 Пай-пай, шіркін, осынау жаннаттың жайла­уындай мырза көріністі барша нақыш-бояуымен полотноға түсірсе ғой деп көкседім. Бірақ оның мүмкін емесін тағы білемін. Он жерден талантты, жүз жерден дарынды бол, ол қолдан келмейді. Өйткені сен жазған полотнода мына тау мен тас, жыра мен сай быжырқайланып, ұсақталып, әсері жоғалып кетеді. Мұндайды тек көзбен көріп, көңілмен сезіну шарт. Кейде өнердің де құдіреті жете бермейтін әсерлер болады. Мынау керемет көрініс сондайдың бірі.
 
 Павел Корин өзінің туған жері – Палехтің панорамасын жазғанын білемін, Третьяковкадан түпнұсқасын да көрдім. Кеңес дәуірінің ең танымал, ең тұлғалы суретшілерінің бірі ғой. Ол кісі де өзінің туған өлкесі туралы дәл қазіргі мен секілді әсерге бөленген шығар... Орыс жерінің кеңдігін перзенттік махаббатпен паш етіп, көрген жанды таң қалдыратындай етіп бейнелегісі келген болар. Кориннің ол ниетін суретші ретінде, табиғат десе елжіреп тұратын қарапайым пенде ретінде мен де жақсы түсінемін. Әлгіндей әсермен ол кісі ені қысқа, ұзындығы пәленше метр картина жазды. Сонда не ұтты? Ұтқаны шамалы дер едім. Сөз жоқ, ол Кориннің тамаша туындысы, бірақ көрермен ол картинадан дәл мынандай әсер ала алмайды. Мұндайды тек көзбен көріп, көңілмен түйсіну шарт.
 
 Мен кеудемді кере дем алдым да:
 
 – Уа, дариға, туған жер, қасиетіңнен айналдым! Жердің жаннатындай көркіңнен сенің садаға кетейін! – деп, бар даусыммен айғай салдым.
 
 Сосын қуыстанып, жан-жағыма алақтай қара­дым. Шүкіршілік, маңайымда тірі жан жоқ екен.
036.
Әлі төсектен тұрғам жоқ, көзімді ашып ба­қырайып жатырмын. Керіліп-созылдым, кереует­тің басынан ұстап, аяғымды қайшылап, оңды-солды сермеп жаттығулар жасадым.
 
 Байқаймын, бөлме ішінде бір өзгеріс бар сияқ­ты. Бөлме ғана емес, дүниеде бір өзгеріс бар ма, қалай өзі? Көңілім елегізіп кетті.
 
 Атып тұрып терезенің пердесін ысырдым да, далаға көз тіктім.
 
 Бұл не жағдай?
 
 Көзімді алақаныммен сүртіп, қайта үңілдім.
 
 Міне, ғажап! Төңірек танымастай өзгеріп сал­ған... Жер-дүние анадан жаңа туғандай тап-таза, күмістей аппақ. Аппақ қар қылаулап әлі жауып тұр. Қар емес, аспаннан аппақ мақта қалықтап түсіп жатқандай. Мамық көрпе жамылып, дүние біткен манаурап қалыпты...
 
 Ертегіге бергісіз тамаша көрініс.
 
 Ағаштар жапырағын да тастап үлгерген жоқ, ал қар болса тынымсыз жауып тұр. Тегі, биыл­ғы жылы қыс ертерек түсейін деген ғой. Өйтер болса талай ағаш қарды көтере алмай қирайтын болды.
 
 Апыл-ғұпыл киіндім де, қобдишаны верандаға талтайта салып, этюд жазуға кірістім.
 
 Әттең, шеберлігім жетіп, мынадай сәттің керім күйін ұстай алсам ғой! Қылаулап қардың жауғаны қашанда адам жүрегінің қыл пернесін қозғайды, көңіл тербейді. Қазіргі көрініс те дәп сондай, тұнып тұрған поэзия ма дерсің. Қайталанбас сурет!
 
 Шабытым шалқып, этюдті тез-ақ жаздым. Асығыс шимайымнан тәп-тәуір бірдеңе шыққан тә­різді... Бояуларым баттасып, палитрам ботқа бол­ды. Бояуды қалың жаққаным сондай, кенептің беті бедерлі барельефке ұқсап кетті. Жанатай Шар­­де­нов сияқты, картонға тюбикпен жағудың алдын­да қалдым. Сол еркін де батыл мазоктардың ар­қасында табиғаттың қазіргі зар күйін ұстаған сияқтымын.
037.
Жалпы қысқы пейзажды жазу оңай шар­уа емес. Ақ түспен жұмыс жасау суретші үшін қашанда күрделі болған, сонысымен де қысты жазу қызықты. Өйткені табиғатта ақ түс үнемі алуан түрлі реңкпен құбылып тұрады. Соларды көре білу, көріп қана қоймай, олардың болмашы айырмадағы ара-жігін ажыратып, бояуларды үйлесімді келтіре жағу суретшіден үлкен шеберлікті талап етеді. Шебер суретші ғана табиғаттың былайғы көз байқай бермейтін нәзік лирикалық әсерін ұстай алады.
 
 Мен бүгін сол талап үдесінен шықтым ба деген ойдамын...
 
 Этюд өзіме ұнады. Басымды әрі қисайтып, бері бір қисайтып қарадым, алыстан сығырайып, жақыннан бақырайып үңілдім. Жалпы дұрыс се­кілді, шүкіршілік, бір деммен жазылды. Содан ба, өн бойынан оптимистік көңіл-күй есіп тұр.
 
 Әбден “тексеріп”, көз сусынын қандырған соң, этюдті терезеге апарып сүйеп қойдым.
 
 Кепсін, уақыт өтсін, кемшілігі болса артынан түзей жатармын. Бағасын сонда берермін.
 
 Бірақ... өз басым ғұмыры жазған этюдімді қай­талап түзеп, жаңартып көрмеппін.
 
 Әрине, этюдтерді картинаға көшірген кезде ком­позициясын жөндеп, компановкасын реттеп, ар­тық-кемін толықтыруға болады. Бәрібір алғаш­қы алған әсер, сол сәтте көріп, қабылдаған түр мен түс, тұтас алғанда жалпы колориті сақталуы тиіс.
 
 Турасында, этюд дегенің келешек картинаның материалы, нобайы ғана. Ал табиғат аясындағы этюд, суретші тілімен айтқанда, “пленер” – пейзажды натурадан жазу, өмірдің шын көрінісін, табиғаттың бояуын өзінен іздеу... Жарық пен бояудың үндестігі. Ол күн сәулесінің жер бетінде алуан түспен құбылуы. Яғни, этюд суретшінің сол күнгі, сол мезеттегі көріп тұрған әсері, эмоциясы, сезім толғанысы. Ондай сезім толғанысы келесі күні дәл сол қалпында қайталанбайды, олай болуы мүмкін емес. Сондықтан жазған дүниеңе кейіннен ойдан бірдеңе қосып бүлдірме, жалғандыққа ұшы­райсың. Этюд деген ақынның оқыс шабытынан туған жалғыз шумақ лирикасы сияқты, тұнып тұрған поэзия болуы тиіс.
 
 Өзге суретшілерде шатағым жоқ, менің өмірлік тәжірибем осылай үйреткен.
 
 Ерте түскен ақша қар қылаулап әлі жауып тұр.
 
 Қардың мамық ұлпалары жерге жетпей шыр көбелек айналып, ауада қалықтайды. Дүниенің бәрі тазарып салған, моншаға түскендей қылаусыз аппақ. Менің қалада жүріп қабарған көкірегім де ақша қармен тазара бастағанын сеземін. Көңіл-күйім таңғы ауадай тұнық, тау суындай мөлдір, мынау аппақ дүниеге ұқсап бара жатыр...
 
 Ең бастысы бүгін – күн сенбі.
 
 Алла жазса, кешке іргедегі Аршаты дейтін ауылға қонаққа барамын. Мен сияқты еріккен қа­заққа ол да табылған ермек. Ауылда мейман бол­мағалы қаншама жыл?! Болған қыз төркінін танымастың кебі менікі. Оны сөз етудің, ойлаудың өзі ұят. Бетті қызартқан ұятпен қоса көңіл түкпірінде әлдебір сағыныш оянғандай.
 
 Бүгінгі кеште мені нендей жаңалық, қандай қызық күтіп тұр екен?
 
 Жүрегі құрғыр лүпілдеп, бір жақсылықты сезгендей...
 
 
 
 038.
Ақша қар күні бойы қылаулап, кешке қарай ғана басылды.
 
 Қардан соң өзгеше тымық, меңіреу тыныштық орнады. Жер-дүние танымастай өзгеріп салған. Жапырағы түспеген ағаштардың бұтағы салбырайып, оқыс басқан қарды көтере алмай дір-дір етеді.
 
 Мұнарбек түстен кейін буын бұрқыратып тау­текенің қалған етін асып әкелді.
 
 Мен верандада тұрып тағы бір этюд жазғаным болмаса, күні бойы үйден шыққам жоқ. Дала қызыл асықтан қар, қарды кешіп қайда барайын... Өзіммен ала келген кітаптарды ермек етіп үйде жаттым да қойдым.
 
 Ауыл әкімі Қаныбек айтқан уағында келді. Екеу­і­міз мәшинеге отырып, қайқайып қонаққа кеттік.
 
 Мұнарбек бүгін түннің суық, аязды болатынын, отты өшірмей бөлмені жылы ұстау керектігін айтып, үйде қалды.
039.
Бір қызығы – Аршаты ауылына қар жаумапты, соған қарағанда Тайпақ едәуір биікте болғаны ғой.
 
 Аршатыда жалғыз ғана көше екен. Көше болғанда таусылып бермес, ішектей шұбатылған ұзын. Нақты қай жерден басталып, қайда аяқта­латыны тағы белгісіз. Оның үстіне түзу емес, қыңыр-қисық, екі шеті қой батпақ. Іргедегі Бұқ­тырманың арнасын қуалай салынған соң ба, төрт-бес жерде бұратылып кетіпті.
 
 Өзі ұзын, өзі қыңыр-қисық көшемен келе жат­қанда бір тұстан нанның танау жарған тәтті иісі мұрынға тепкен.
 
 Қаныбектің айтуынша, бұл ауылда наубайхана жоқ, әркім ұнды өз білгенінше илеп көтереді, нанды өздері пісіреді. Дәл осы шаруаға келгенде ауыл келіншектері бар өнерін салады екен. Бақталастық емес, кәдімгі шеберліктің жарысы. Бірінен-бірі асып түскісі келеді. Содан “апырмай, пәленшенің нанын айтсаңшы” деп, ауылда әңгіме тарайды. Ауыл әйелі үшін одан асқан мақтау, одан асқан абырой мен атақ жоқ. Кейбір шебер әйелдердің пісірген наны ел ішінде аңызға айналып, желдей тарап, төмендегі Өрел мен Берелге де жетеді деседі. Қолы ұзын әкім-қаралар ондай нанды шабарман жіберіп, осы Аршатыдан арнайы алдырып жатады екен.
 
 Көшенің орта тұсына жеткенде, мәшине тау етегіне қарай бұрылды.
 
 Әкімнің ақ сарайдай кірпіш үйі таудың ық­тасын қойнауында, шоқ самырсынның ішінен орын теуіпті. Үйдің айналасын биік дуалмен қоршап тас­тапты.
 
 Машинадан түсіп жатыр едік, бұрқыраған жас еттің иісі күншіліктен мұрынға тепті.
040.
Аяғымызға жабысқан батпақты сүртіп, алдыңғы бөлмеде жайлап шешініп жатырмыз. Байқаймын, төргі бөлмеде сөйлесіп-дабырласып бірқауым жұрт жиналып қалған сияқты.
 
 – Ауыл активі ғой, – деді Қаныбек кәуке­лектеп, – қала тілімен айтқанда, Аршатының зиялы қауымы осылар.
 
 Мейлі, бұл ауылда мені танып жатқан тірі жан жоқ, мен де ешкімді танымаймын, сондықтан маған бәрібір еді.
 
 Әкімнің қонақ бөлмесі ат шаптырым кең екен. Содан ба, келген қонақтар кең бөлмеде қадау-қадау шашырап кетіпті.
 
 Амандық-саулықтан соң, Қаныбек жиналған топқа алдымен мені таныстырды. Сосын ауыл зия­лыларын бір-бірлеп маған таныстырып өтті.
 
 Өгіздей өңкиген қоңқақ мұрын кісі осындағы мектеп директоры болып шықты. Директор басы­ның қасқасын самай шашымен жауып қойыпты. Қа­сында етектей жайылған семіз әйелі отыр. Оған іргелес мектеп директорының орынбасары – яғни “завуч”. “Завуч” дегені жасы келгенімен, ажары көп қайта қоймаған толысқан әйел екен. Жалғыз келген сияқты, әрі осы әйелдің жүзі маған бір­түрлі таныс жандай жылы ұшырады. Содан кейін­гісі ауыл дүкенінің иесі, былайша айтқанда, жер­гілікті кәсіпкер. Ол да сыртымен жылтырап, таразыдай тартылған талдырмаш әйелімен терезе жаққа жайғасыпты. Төрдегі сырмақ үстіне үрінді қардай қарнын қампитып ауыл әкімінің орынбасары малдас құрған. Оның жанындағысы қалмақ бет, қараторы келіншек – әйелі екен. Екі арада албыраған ақша жүз тағы бір жас келіншек отырды. Ебелек қаққан кірпік шаш, ақсұр жігітті ауыл әкімдігінің қызметкері деп таныстырды.
 
 Шақырылғандар шағын топ болса да Қаныбек асаба сайлап қойыпты. Асабасы – Самарқан деген жас жігіт, ауыл клубының меңгерушісі болып шықты. Бәтшағарың топтан торай шалдырмастың нағыз өзі екен, жіптіктей жұтынып, сөйлеп берген кезде ерні-ерніне жұғар емес...
 
 Жиналғандар мені сырттай танитындарын айтысып, бастарын изеп кәукілдесіп жатыр.
 
 “Көңіл үшін ғой, әйтпесе Алматының қайбір суретшісін біліп жатыр дейсің бұл ағайын...”
 
 – Тегі, үй иесі Қанекең алдын ала сіздерге таныстырып қойған ғой, – дедім ақталғандай болып.
 
 – Олай демеңіз, бұл алыс ауданнан атақтылар аз шығады. Сол азғантай атақтылардың санатында сіз де барсыз. Мектепте оқушыларға үнемі айтып жүреміз, – деді жас келіншек.
 
 Сөз ләміне қарағанда, бұл келіншек мұғалима болды.
 
 – Танимыз ғой сізді! – деді “завуч”, сөйтті де қасын керіп, көзін төңкерді.
 
 Мен “завуч” әйелді зерттей, үңіле қара­дым.
 
 Осы кісі есімін кім деп еді? “Сәлима” деді емес пе... Сәлима Ыбрашева... Зайсанның қызы, Дайыр ауылынан... О, тоба! Расымен сол болғаны ма! Құдай біледі, мынау сол Сәлима!
 
 Арада қаншама жыл өтті?! Жыл емес, тұтас өмір өтті ғой... Бұл қызбен Алтайдың аю жортқан бір түкпірінде кездесем деп кім ойлаған.
 
 Пай-пай десеңші, уақыт құрғыры неткен қатал еді. Баяғы қылдырықтай Сәлима қыздан жұрнақ та қалмапты... Толысқан, күнге күйіп тотыққан, ескірген. Арада өткен ширек ғасыр мықтап ізін тастаса керек. Ойпырмай, осы әйелдер неге тез қартаяды екен? Қыз дегенің гүл секілді дейтіні осы ғой, тегі...
 
 Сәлима мені жазбай танып отыр, қайта-қайта көз құйрығын тастап, жылы жымиып қояды.
 
 Қайран, Сәлима!
 
 Ол да бір алтынға бермес аяулы күндер, ға­сырға бермес қызықты жылдар еді-ау!
 
 Көз алдымнан киноның лентасындай көріністер бірінен соң бірі зулап өтіп жатыр...
041.
Ол кезде Сәлима талшыбықтай майысқан студент қыз болатын. Өскеменнің пединститутының екінші курсында оқиды екен, яғни менен бір жастай үлкендігі бар. Сол күзде біздің ауылға қырманға көмекке келіпті. Сәлима, Сәбира, Кәбира... аттарын ұмытып та қалыппын, тағы бір-екі қыз бар. Барлығы бесеу еді.
 
 Қыркүйек айының орта тұсы. Біз совхоздың қара шаруасындамыз. Күні бойы шөп жинаймыз, отаулаймыз, сүрлем саламыз, сүдігер жыртамыз. Ымырт түсе клубқа жиналып, кино көреміз, соңынан ойын-сауық, би кешін ұйымдастырамыз. Кино көріп қызықтап жүргеніміз шамалы, біздің аңдығанымыз би. Қыздардың қолынан ұстап, белінен құшақтап шыр айналып би билеу үшін келеміз. Соған мәзбіз, екі езуіміз екі құлағымызда, соның өзі бізге зор бақыт.
 
 Жаңадан келген бес қыз ауыл жігіттеріне көктен түскен нұрдай, қолға өздері келіп қонған бақтай көрінді. Әрине, институтта оқиды, ертеңгі күнгі жоғары білімді мамандар. Біз болсақ бола­шағы әлі бұлдыр, тағдыры тұманды, биыл мектеп бітіргенімізбен оқуға баруға жағдай келмей, институт түгілі, техникумды арман етіп жүрген жандармыз.
 
 Анау бесеуді көргенде ауыл қыздары жайына қалды. Өзіміз де көп емеспіз, жеті-сегіз жігіт едік, бәріміз студент бесеудің көзіне түсудің амал-шарғысын жасап арпалыстық. Күнде кешкі кинодан соң би, биден соң қыздарға бөлінген жатақхана реттес кең үйде жігіттердің бірінің өтірік “туған күнін” өткіземіз. Туған күн жиілеп кетсе, басқа бір сылтауды ойлап табамыз. Арамызда сүрбойдақ, тіс­қаққан үлкен жігіттер де бар. Екеуі шопыр, қажет тағамды зырылдап барып көрші ауылдан алып келе қояды. Сөйтіп, үстелді жайнатып, неше түрлі тамаққа, арақ пен шарапқа толтырып тастаймыз.
 
 Әйтеуір, бесеудің ішіндегі мөлдіреген кішкентай сарысы менің еншіме бұйырды. Аты Сәлима екен. Бұрын қызбен кім жүріп көріпті, содан ба, Сәлимаға мен құлай жығылдым. Ғашықтық дертіне шындап шалдықтым, күйдім, жандым. Жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпейтін болды.
 
 Бұл менің алғашқы махаббатым еді.
042.
Мәшиненің қорабына тиеліп, түннің бір уа­ғында топтанып, табиғат аясына шығамыз. Айлы түн астында ақ қайыңды тоғай ішін қыдырамыз. Әуелетіп ән шырқаймыз, мәнерлеп өлең оқимыз, жарысып қызық әңгімелер айтамыз. Бірнеше рет ормалықтың үстінде ақсүйек те ойнағанымыз бар. “Ақсүйек” дегенді біздің ауыл естімеген екен, қырманға келген осы студент қыздар үйретті.
 
 Бірде түн ортасында Киік тауының басына шықтық. Басқа жігіттер қулық жасап, “шаршадық” деп, қыздарымен бірге жол ортада қалып қойысты. Аһылап-үһілеп таудың ұшарына жеткен Сәлима екеуіміз ғана.
 
 Таудың биігі жайқалған көк шалғын екен, сол көк шалғынның қалыңына жайғасып, тыныс алып ұзақ отырдық. Ай жап-жарық. Бұл жерден етектің мол суреті аппақ мұнарға шомылып, сиқырланып көрінді. Ауыл да мұнар астында бұлдырап жатты. Он сегіз жыл осы ауылда ғұмыр кешсем де бұл таудың басына шықпаппын ғой. Әдемі көрініс көңіл тербетті. Тербелген көңіл тілімді байлап тас­тады. Қасымда үкідей үлбіреп Сәлима отыр. Оны құшақтап, бетінен сүйсем деймін, арман етем, бірақ өйтуге дәрмен жоқ. Оқыс қимыл жасасам үркітіп алардай жасқанам. Өйтсем, еліктің лағындай атып тұрып, қыз қашып кетердей үрей билейді бойымды. Қызды ренжітсем, қолымдағы бақыт құсын мәңгіге ұшырып алардай қорықтым.
 
 Мынау биікке пора-пора терлеп, пысынап шаршап шығып едік. Бүгінгі түн ерекше жылы секілді көрінген. Қимылсыз отыра берген соң ба, аздан соң ауа да салқын тартып кетті. Күздің сызы білінді. Сәлиманың дірілдеп тоңып отырғанын байқадым. Жігерімді жанып қимыл жасап, үстімдегі шолақ күртемді Сәлиманың иығына жапқан болдым.
 
 Қайта, әлгінде осы тауға ентігіп шығып келе жатқанда балдырлап сөйлеп, батылдау едім. Содан да айырылыппын, тілім кәлимаға келетін емес. Осылайша тапжылмай жарым сағаттан астам уақыт үнсіз отырдық та қойдық.
 
 Келесі бір мезетте Сәлима мен берген шолақ күртені көк шалғынның үстіне жайып жіберіп, өзі соның үстіне керіліп жата кетті. Көзін тарс жұмып, қатты шаршап, ұйықтап кеткен сыңай танытты. Шалғын үстінде шалқайған қыздың жатысы мені тіптен сал ғып байлап тастаған. Нені ойлағаным, неден қорыншақтағаным белгісіз, аяқ-қолым қимылсыз, өн бойым дір-дір етеді. Амал жоқ, жағым қарысып, жатқан қызды қимылсыз күзетумен отыра бердім.
 
 Не заматта Сәлима жайлап тұрып, “қайтайық” дегендей ишара жасады. “Қайтсақ қайтайық” дедім мен де мойным салбырап.
 
 Екеуіміз үн-түнсіз орнымыздан тұрдық, үнсіз етекке қарай еңкейдік.
043.
Өмірде бір өрескел қателік жіберіп алғанымды мен таудан түсіп келе жатқанда-ақ сезгемін.
 
 Бірдеңе деп сөйлеген болып едім, Сәлима бетін бұрып жауап бермеді. Естімегенсіді. Есік алдына келгенде қолының ұшын немқұрайды ғана ұсынып, қоштасуы да салқын болды.
 
 Мен өзімнің осыншалық мырқымбай ынжық­тығыма өкіндім, қатты қорландым, бармағымды шай­надым.
 
 Келесі күні биден соң жастар сыртқа қыды­руға жиналған кезде, Сәлиманы жағаттап едім, “сен жақсы жігітсің, мен сені сыйлаймын, бірақ әуре болмай-ақ қой, өтінемін” деді құлағыма сыбырлап.
 
 Сәлима сыбырлап қана жұмсақ айтса да, бұл сөз мені біреу мылтықпен қақ жүректен атып жі­бер­гендей әсер етті.
 
 Қыздың шығарған үкімі осы еді, ендігісі арыз­дануға да, ақталуға да жатпайтын, мен соны ұқ­тым.
 
 Махаббат деген бәлеңіз қиын екен, мен көз алдым қарауытып, меңдуана жегендей мәңгіріп қалдым.
044.
Сол Сәлима, міне, отыр!
 
 Менің алғашқы махаббатым, тау суындай мөлдір, таңғы ауадай таза менің балаң сезімім. Өмірдегі тұңғыш алған соққым, алғашқы жүрек жарам.
 
 Бұл соққыдан айығу маған оңайға соққан жоқ. Содан кейінгі ұйқысыз түндерімді, торыққан күн­дерімді, тіпті өмірден түңілген сәттерімді бұл Сә­лима білді ме екен... Қайдан білсін! Теріс айналып сол кеткеннен бір-бірімізді көргеніміз жоқ, телефон шалып, хат жазып дегендей хабарласқан да емеспіз.
 
 Сондықтан да бұл қызда менің мәңгілік есем кеткен, көкіректе опындырған күйіктің, отты өкі­ніштің табы бар...
 
 Алғашқы отырыстан соң үзіліс жарияланды.
 
 Үзіліске шыққан жұрт екіге бөлінді.
 
 Әтештің айдарындай қызарып алысқан еркектер бүйірдегі кішкентай бөлмеге кірді де, карта соғуға кірісті.
 
 Әйелдер әр жерде топтасып, бірін-бірі көптен көрмеген жандардай олар да шүйіркелесе қалыпты. Сәл тыныстан соң шалқыған сазды музыка қо­йылды, артынша би басталды. “Әй, картада бас­тарың қалып па еді, біруақ әйелдердің көңілін көтеріп би билесеңдерші” деген ұранға преферанс соққан еркектер былқ еткен жоқ. Әйелдер жалынып қалай шақырса да биге шықпады. Қалың әйелдің ортасында селкілдеп, секеңдеп Самарқан асаба екеуіміз ғана қалдық.
 
 Би толастаған іркіліс бір сәтті пайдаланып, Сәлиманы ертіп сыртқа шығып кеттім.
 
 Терлеп шыққан екем, қалай десе де алғашқы қардың ызғары бар, дала салқын екен. Сыртта ұзақ тұра алмадық, көңіл жазып сөйлесе де алмадық. Сол азғантай сөз алмасудан ұққаным, Сәлима пединститутты бітірісімен жолдамамен осы жаққа келіпті. Содан тағдырдың жазуымен Аршатыда тұрақтап қалып қойған, тұрмысқа шыққан. Көп жыл мектепте қатардағы мұғалима болып істепті, қазір директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары. Ержеткен бір қыз, екі ұлы бар. Күйеуі орманшы екен, анау жылдары тауда балқарағай соғып жүріп, ағаштан құлап мерт болыпты.
 
 – Ой, заман-ай, десеңші! – дедім мен күр­сініп.
 
 – Не болды соншалық?
 
 – Қай-қайдағы естеліктер еске түсіп, жүрегімді мысықша тырналап жатыр.
 
 – Не? Өкініш бар ма еді?
 
 – Болғанда қандай...
 
 Сәлима сылқылдап күліп жіберді, күлкісі кәрлен кесенің сыңғырындай құлаққа жағымды шықты. Байқаймын, арада қанша заман өтсе де мен пақыр мынау қызды әлі күнге қимайтын тәріздімін. Әрине, бүгінгі толысқан етжеңді, жасы ұлғайған Сәлиманы емес, өзімнің бозбала естелігімді болар. Сол ғой, отты сағыныш болып жүректі жылытып, бүгінгі көңілді желпілдетіп көтеріп тұрған.
 
 – Енді бізді қайтесің, – деді Сәлима көзі тайғанақтап. – Біздің дәурен оқша зымырап өте шықты ғой. Өмірдің заңы, бәрі де тағдырдың жазуы... Сен бойдақпын дедің бе? Сол сөзің рас болса, мен сені бір жас келіншекпен таныстыра­йын. Мықты қыз, өкінбейсің. Бірақ жаны нәзік, жаралап алып жүрме, абай бол!
 
 Сәлимадан мұндай мазмұндағы әңгіме күткен жоқ едім, тілім байланып құнжыңдап қалдым. Сонымды сезді ме, “әлі күнге ұялшақ екенсің ғой” деп мені арқамнан еркелете сипап, қолтықтап ішке енгізді.
045.
Енді ойлап отырсам, мен пақырды суретші еткен осы Сәлима екен ғой...
 
 Намысымды жер етіп менсінбеді, қорашсы­нып қарамай кетті. Сол кеткеннен мол кетті... Айт­пақшы, Өскемендегі Образцовый көшесіндегі пединституттың жатақханасында бір кездескеніміз есімде. Кездейсоқ жағдайда. Салқын амандасып, жымия бір қарады да, қасымнан қайқайып өте шықты. Анадай жердегі шомбал денелі күдірейген бір жігітке барды да, екеуі қолтықтасып кете барды.
 
 Содан кейін көріп тұрғаным осы.
 
 Сәлимадан соң мен қолынан қой жығу кел­мейтін ынжық жетесіз емес екенімді өзіме де, өзгеге де дәлелдеуім керектігін ұқтым. Дені сау, ойы озық, аяқ-қолы балғадай жалын жүректі азамат екенімді көрсетуім қажет болды. Табандап төрт жыл оқып суретшілер училищесін бітірдім. Училищені бітірген бойда ай-шайға қаратпай екі жылға армияға алып кетті. Ол жақтан келген соң тағы бір жыл жұмыс істеп, ақша тауып, жолға қаражат жинадым. Содан жаз шыға жалғыз сөмкемді көтеріп Ленинградқа тарттым. Алқынып келіп, абығып жетіп Репин академиясына құжат тапсырып едім, ол жылы емтиханнан мұрттай ұштым. Училищедегі білімім кәдеге аспай қалды. Әрі екі жыл бойы қарындаштың орнына автомат көтеріп жүгіремін деп қарайып қалсам керек. Рисуноктан қолым әлі қатпаған, пропорциядан қателік көп, өзіңе деген сенімсіздік басым деп сынады. Живопистен көріністі тұтастықпен қабылдау жоқ, бөлшектеніп, ұсақталып кетіппін.
 
 Маңдайым тасқа соғылып оқудан құлап қалсам да, ауылға қайтқам жоқ. Қасақана сол бөтен қалада қалып қойдым. Бір жыл қара жұмыс істедім, вагондардан жүк түсірдім, көмір тиедім, дүкендерге зат тасыдым. Түнде институттың еденін жуып, кешке қосымша сабақтарға, сурет салу үйірмелеріне қатыстым. Сол кешкі қосымша сабақтар маған үлкен көмек болды, көп дүниеге көзім ашылды, қабілетім шыңдалды. Соның арқасында жолым ашылып, келесі жылы оқуға қабылдандым. Живопись факультетіне... Бес жыл көз майын тауысып, Евсей Моисеенконың шеберханасы бойынша академияны үздік бітіріп шықтым. Болашағынан үлкен үміт күттірген дарынды, талабы таудай жас суретші атандым. Алматыға келген бойда өзім оқыған училищеге мұғалім болып орналастым. Алдымен шығармашылық жағдайым үшін жеке шеберхана бөліп еді, екі жылдан соң қаланың мөлтек ауданынан екі бөлмелі пәтерге ие болдым.
 
 Баяғы жан күйзелісі ұмытылды, жүректегі жара жазылды.
 
 Бірақ көңілде әйел жұртына деген өкпе мен наз қалды.
 
 
 
 046.
Пай-пай, шіркін, сол Сәлима енді, мінеки, жарқырап алдымда отыр!
 
 Толысқан, байсал тартқан. Бабам қазақ “сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес” дегені рас екен. Баяғы тәкаппарлық пен тектіліктің жұрнағы бойында әлі де бар, сазандай аппақ болып отырысы да салтанатты.
 
 Музыка дамылдап, әйелдер дем алуға шық­ты.
 
 Сәлима өзін “Гүлзина” деп таныстырған жас мұғалимамен сөйлесіп, піскен алмадай албырап төргі бұрышта отырған. Менің қадала қарағаным­ды байқап жылы жымиды да, ымдап қасына шақырды.
 
 – Екеуіңнің де бастарың бос екен, ендеше. мен сендерді жақын таныстырайын, – деді.
 
 Мен иіліп Гүлзинамен тағы да қол алыстым.
 
 Өзі торғындай үлбіреген ізетті жанға ұқсайды. Әлгінде жарқылдап билеген кезде көз қырыммен қызыға бақылап, өнеріне қатты сүйсінгем. Талдырмаш, қынай бел, кермиық қазақ аруының эталоны осындай-ақ болар.
 
 Самарқан асаба көп дем алдырмады, нелер бір көңіл көтерер көркем тіркестерді қойша тоғытып, бәрімізді жүлде үшін би жарысына шақырды.
 
 Гүлзина “цыганочка” мен “частушканы” бөк­сесі бұлтылдап, еденді тарсылдатып әдемі билеп шықты. Бірінші жүлде туш ойнаған салтанатты жағдайда соған табысталды. Ендігі кезекте қазақтың ұлттық биі жарияланды. Сол-ақ екен, “Қамажай” кетті шырқалып. Бұл жолы Гүлзина ортаға мені шақырып, шыр айналып өзімен бірге үйіре жөнелді. Мен таяқ жұтқандай икемсіздеу қозғалсам да, бәрібір ең тәуір билеген біз болып шықтық. Жүлде екеуімізге тең бөлінді. Соңынан Шәмші әндерінің ырғағында екеуіміз тағы бір вальс билеп, үстелге отырдық.
 
 – Мұнша әдемі билеуді қайдан үйреніп жүр­сіз? – деп сұрадым мен.
 
 Студент кезінде би кружогына қатысқан екен. Бәсе, би билегендегі қимыл-қозғалысында кәсіби­ліктің нышаны бар... Жарайсың, қарындас! Қалай болғанда да, бүгінгі отырыстың патшайымы осы қыз екені даусыз еді.
 
 Келесі үзілісте, тегі, әйелдер биден жалықты ма, қабырғаны жағалай жайғасып, сызылтып ән бас­тап кетті. Бәрі қосылып “Достар” әнін шырқады. Дүкеншінің жұқалтаң келіншегі сызылтып жеке дауыста бір ән айтты. Сосынғысы, “Гүлзинаға кезек берейік, Гүлзина ән салсын”, – деп жұрт шуласып жатты.
 
 Жаңағы биші келіншек, жұрттың бүйтіп сұра­уына қарағанда, тегі, әнді де тәуір айтатын болғаны ғой?
 
 Жүзі балбырап, бипаз басып ортаға Гүлзина шықты.
 
 “Ал, баста, Гүлзинажан!” – дейді жұрт қау­маласып. Бірақ Гүлзина үнсіз, жүрексінген сыңайы бар, көзін түсіріп ойланып тұр.
 
 “Айтар болса, бәлсінбей бастамай ма енді?”
 
 – Суретші ағайы заказ берсін, қандай әнді тыңдағысы келеді екен? – деп, мына жақтан Сә­лима қойып қалсын...
 
 Мен бүйірімнен біреу нұқып жібергендей елең еттім. Түкті түсінбей Сәлимаға бұрылдым, Сәлима бір көзін қулана қысты да, жып-жылы жымия салды.
 
 “Көпшілік ортада бүйткені несі? Қайдағы ән?”
 
 – Ағай, қандай ән тыңдағыңыз келеді? –
 
 деп енді Гүлзина да мен жаққа жаутаңдай қа­лыпты.
 
 Қапелімде не айтарымды білмей тосылдым.
 
 “Иә, тапсырыс сізден, қыздардың көңілін жық­­паңыз?” – деп бір шеттен үй иесі Қаныбек шық­ты тықақтап.
 
 – Иә, ағай, қай әнді ұнатасыз?
 
 Гүлзина жанары жәудіреп, маған қарап тұр. Басқа шаруалары құрып қалғандай жиналған көп­шіліктің бар назары, төрт көзі менде.
 
 – Апырмай, енді... мен жақсы көретін ән көп қой.
 
 – Ендеше, солардың біріне тапсырыс беріңіз.
 
 – Қазақ әндерінің бәрін білесіз бе?
 
 – Бәрін болмаса да, біразынан хабарымыз бар.
 
 – Иә, сонымен...
 
 – Абайдан бастасаңыз! Мысалы... “Желсіз түн­де жарық ай”.
 
 Гүлзинаның танадай көздері жарқ ете қалды. Күлімсіреп маған сүзіле бір қарады да, әнді баяу бастап, сызылтып ала жөнелді. Даусы ашық, үні құлаққа аса жағымды екен. Әнді мен үшін айтып жатқанын сезсем де, қабақ көтергем жоқ, төмен қараған қалпымда ұйып тыңдадым. Ән аяқталған кезде орнымнан тұрып, Гүлзинаға иіліп рақмет айттым.
 
 Расымен Гүлзина жақсы әнші екен. Жұрттың сұрауы бойынша одан кейін де екі-үш әнді орындап шықты.
 
 Бүгінгі кештің соңғы биі жарияланды. Бұл жолы белді бекем буып, Гүлзина қызды биге мен шақырдым. Екеуіміз вальс ырғағында шыр айналып жөнелдік.
 
 – Тым еркін кеткеміз жоқ па? – деді Гүлзина назданып. – Ұятқа қалып жүрмейміз бе?
 
 Мен түкті түсінбей қабағымды кіртитіп, иығымды қиқаңдаттым.
 
 – “Үй артында кісі бар” деген, мен басы бос кісі емеспін, ауылдық жерде соңыңнан ерер сөз болады.
 
 Келіншектің емеуріні санама сонда ғана жетті. Білемін, ауылдың мінезі маған да мәлім, ауылдың пыш-пыш өсегі желді күнгі өрттей тарайды. Күншілдер көбейеді, соңыңнан шұқып көрсетеді, табалайды. Содан адамның көшеде жүріп-тұруы қиындап қалады, Гүлзина соны мегзеп отыр.
 
 – Қапа болмаңыз, қаңқу сөзге жол бермес­піз! – дедім мен.
 
 – Егер ән тыңдағыңыз келсе айтарсыз! – Бұл сөзді Гүлзина құлағыма ернін тақап, сыбырлап айтты. Ыстық демі құлағымды ғана емес, өн бо­йымды шарпып өтті.
 
 – Ән дегенде менде тойым жоқ, күндіз де, түнде де тыңдай берем!
 
 Мен де басымды бұлғаңдатып, ыржиған болдым.
 
 – Онда бұл құпияңызды ешкімге айтпассыз?
 
 Гүлзина енді тотайлана қарады. Бұл қарасқа жүрек құрғыр тәтті жегендей еріп жүре берді.
 
 Кеш аяқталды, жұрт бір-бірімен қош айтысып, үйді-үйіне тарқасты. Кеш, әсіресе, мен үшін есте қаларлықтай болды, ауылдастар жайында көңілімде жақсы әсер қалды. Серпіліп, бір жасап қайттым. Тайпақтағы үйге жеткенше құлағымда Гүлзинаның әні сызылып тұрып алды.
 
 “Желсіз түнде жарық ай...”
047.
Әкімнің үйіндегі кешті тағы да ой елегінен өткізіп, алуан қиялға батып ұйықтай алмай ұзақ жаттым.
 
 Алдымен, Сәлиманың бір әредікте Гүлзина­ның өмірінен сыбырлап сыр айтқаны есіме түс­ті...
 
 Сембіғали деген күйеуі бар екен, бірақ ол күйеудің барынан жоғы... жеті жыл болыпты қалаға кеткелі. Сол кеткеннен мол кетіпті. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Жоғалған. Ол кісінің қайда екенін, не істеп, не қойып жүргенін ешкім білмейді. Әлде қалада жүліктер өлтіріп кетті ме, әлде ол жақтағы көп шүйкебастың бірінің қолына кіріп алды ма, ол жағы да беймәлім. Қысқасы, жеті жыл бойы Гүлзина жалғыз. Жеті жыл бойы бір еркектің бетіне тіктеп қарамаған, соңына сөз ертпеген аппақ қардай адал жан. Мұрат атты жалғыз ұлын өсіріп, кәрі енесін әлпештеп бағып, осы ауылда жүріп жатқан жайы бар.
 
 Сәлимадан тағы естігені – бұл қыз етектегі Еңбек деген ауылдан екен. Институт бітірген жазда құрбысының “оқу бітірген қуанышын” бөлісіп, осы Аршатыға той тойлап келіпті де, сол бойда қайтпай қалып қойыпты. Қалып қойған жоқ, тойлатып жүрген жерінен ауыл жастары оны ұрлап әкетіп, жаңағы Сембіғали деген жігітке күшпен қосып жіберіпті.
 
 – Шатасқан бір хикаят, ол жағына терең­деп қайтесің? – деп Сәлима арғы жағын қоз­ғамады.
 
 Осы әңгімеден менің ұққаным – бұл Гүлзина қарындас қыз дәуреннің қызығын көріп үлгермеген сияқты.
 
 Ұрлап кетсе, күйеуіне күшпен қосқан болса –
 
 екі арада анау айтқан махаббат та болмаған ғой... Иә, қайдан болсын, ол жағы шыққан күндей шындық. Күйеуінің де із-түзсіз жоғалғанына, мінеки, жеті жыл өтті деседі. Яғни, махаббаттың жалын құшағында тұншықпаған, қызыл гүлдей қысқа қыз дәуреннің қызығын көріп үлгермеген, жастықтың базына сырына бойлап, қытықшыл қылығын сезіп білмеген келіншек. Қысқасы, төсек бақытын да, тақым қызығын да түсінбеген, тірлігіне өкпесі, өміріне өксігі бар жаралы жан.
 
 Ендеше, егер Сәлиманың айтқаны шынымен рас сөз болса, мен бұл келіншекке махаббаттың не екенін көрсетейін, көкесіне танытайын деген шәлкем-шалыс ой келді басыма.
 
 Өзі де қымыздай жұтымды, шұғыла төгіп, ізет сепкен нәзік жан екен. Махаббат дейтін асқақ сезімге арнап жаратылған әйел ме деп қал­дым.
 
 Гүлзинаны ойлап жатып, көргенім мен көңіл­дегім қозғалып, қиял тереңіне шым батып жүре бердім...
048.
О, аруларым менің!
 
 Өмірде сырлас, мұңдас болған, талай қызықты күндерді, қылықты түндерді бірге бөліскен қыздар мен келіншектер... Қазір сендер қайдасыңдар? Қайсысың қай жақта, қайсы қиырда жүр екенсіңдер? Мен кейде сендерді сағынамын, ертегіге бергісіз ерке сәттерімді шарқ ұрып іздеймін. Сендер менің көңілімнің көгі, өмірімнің гүлі едіңдер. Қазір мен көпшілігіңнің аттарыңды да ұмыттым, бейнелерің де есте қалмапты. Бірақ сендер сыйлаған махаббатты, адал көңілдеріңнің мейірімі мен шуағын ұмытқам жоқ. Олар менің жүрегімді әлі күнге шабақтап, нұр сәулеге бөлеп жүреді. Мұңайған сәттерімде ол маған күш береді, күйзелген шақтарымда бо­йыма қуат береді. Шығармашылығымның қайнар бұлағы да, табысы мен шабыты да өздеріңсіңдер. Шіркін-ай, бүгінде сендер қайда жүр екенсіңдер? Әлде бір-бір еркекті құшақтап, балалы-шағалы болып, отбасының күйбеңімен мүлдем ұмыттыңдар ма мені? Бәрібір, мен сендерді қызғанам. Өйткені ғашықтық індетінен қашып жүрсем де, мен сен­дердің әрқайсыңа елжірей құладым, жан-тәніммен берілдім. Кездесулеріміздің ғұмыры келте болса да, мен сендердің әрқайсыңды шынайы сыйладым, Құдайдай құрмет тұттым.
 
 Сендердің кейбірің маған адал жүректеріңмен ғашық болғандарыңды да білемін. Менімен отау құрып, отбасын арман еткендерің тағы шындық. Бірақ ондай жауапты қадамға мен дайын емес едім. Мен өнер жолын отбасы, ошақ қасы тірлігінен биік қойған, осы жолда бәрін де құрбан еткен жан едім. Біз бір-бірімізді қимасақ та, көпшілігіңмен дәл осы арада түсінісе алмай, ұғыса алмай ажырасып жаттық.
 
 Қалай болғанда да, менің өмірімде сендерден өшпес із қалды, жүрегімде айықпас сыз қалды.
 
 Айналайын, аруларым менің!
049.
Басқаның жан дүниесіне араласа алмаймын, өзге адамның сезімі, талғамы мен түйсігі жөнінде төрелік айтып, сәуегейсір ойда емеспін. Айтуға да, араласуға да қақым жоқ екенін тағы білемін. Өйткені әр адам жеке бір әлем. Бұл қағиданы айтқан тағы мен емес, арғы-бергі заманның атынан ат үркетін ғұламалары солай депті. Олай болса мен де жеке әлеммін... Менің әлемім кітаптарда жазылғандай, өлеңдерде шырқалғандай махаббатты асқақтатып, аспандатып қабылдай алмайды.
 
 Ол үшін маған ренжімессіздер деп ойлаймын. Махаббат дегенді менің қабылдауым өзгеше, түсінігім бөлекше... Мысалы, мен үшін махаббат – психикалық аурудың бір түрі. Турасын айтқанда, кәдімгі жүйке дерті. Махаббаттың күйігіне шыдай алмай күйіп кеткен, шейіт кеткен уақиғалар жүздеп емес, мыңдап саналады. Ендеше, ол дерт емей немене... Менің түсінігімде ол есірткі мен маскүнемдікке ұқсас аурудың бір түрі.
 
 Махаббат миды мүжіп, адамды ұйқы мен күлкіден айырады, ашық күнде адастырып, айық күнде көңіл-күйіңді бұзады. Қан қысымын көтеріп, қос шықшыттан қысады, қара аспанды төндіреді. Махаббаттың ондай проблемасын мен де бозбала күнімде басымнан бір кісідей өткергем. Сол себепті де мен сезім дегенді ауыздықтап, өзімді қатаң бақылауда ұстауды, тіпті бағыттауды үйрендім. Шығармашылық еркіндігімді, бас бостандығын, тәуелсіздігімді сақтап қалуға тырыстым. Әйел затымен былай да кездесіп, қауымдасып жүре беруге болатынын өмірлік тәжірибемнен өткізіп, махаббат майданында өзіме азаттық сыйладым. Олай етпесем, тіршіліктің өркенсіз қыбыр-жыбырымен қысқа ғұмыр зыр етіп өте шығып, өнерде ештеңе үлгермей қаламын ба деп қорқамын.
 
 Мен өмір салтымды дәл осы ұстаныммен, осы мазмұнда құрған жанның бірімін.
050.
Суретшілердің шеберханалары қашанда базарлы, дырду-думанды келеді.
 
 Олар бір жерге қауымдасып жиналып алып, күн ұзақ өнер жайында гу-гу әңгіме соғады, қы­зылкеңірдек боп дауласып жатады. Мұндай кездесулер мен жүздесулер ішімдіксіз тағы болмайды. Оның соңы қыз-келіншектер шақырып, таң ат­қан­ша дуылдатқан ойын-сауыққа ұласады. Күйеуле­рі­нің кешіккеніне, үйге келмей қонып қалатында­рына көбісінің әйелдері үйренген, иіс алмас көмпіс. Көн­тері болған көпшілігі күйеулері шеберханада шы­ғармашылықпен айналысып жатыр деп ондайға оншалықты алаңдай бермейді.
 
 Өз басым мұндай берекесіз басқосулардан аулақ жүруге тырысам. Албаты шуласқан ағайынға ебектемей, ере бермей, бөлініп кетемін. Оның үстіне, ішімдік дегенің денсаулығыма жақпайды. Бүгін жақсы көрініп, көңіліңді ебелектей елпілдеткенімен, ертесінде күні бойы ине жұтқандай итиіп жүргенің. Ештеңеге зауқың жоқ, өмірден торығасың, өзіңнен өзің жиреніп, кірерге тесік таппай қиналасың. Ал қыз-келіншек жағына келгенде, шүкіршілік, мен де есемді жіберген жан емеспін. Қысыр сөзден қызыл бұзау тудырып, албаты шуласқан анау әріптестерімнен озып кетпесем, қалыс қалған жерім жоқ.
 
 – Мастерскойыңды бүгінше бере тұршы! – деп қиылады кейде әріптес бір достар.
 
 – Оу, не болды?
 
 – Не болушы еді... бір тәуір келіншекпен танысып едім...
 
 – Өзіңде де мастерской бар ғой?
 
 – Менің мастерскойым қауіпті... Соңғы кезде әйелім күңкілдеуді шығарды. Күдігі бар, түнде келіп тексере ме деп қорқам.
 
 – Сонда маған қайда кет демексің?
 
 – Сен бойдақсың ғой, бүгінше үйіңе барып қонсай!
 
 – Мастерской бүгін занят...
 
 – Занят дейсің бе... Онда, ертең ше?
 
 – Ертең бір жазушы досым сұрап отыр.
 
 – Бүрсігүні?
 
 – Оу, сендер менің мастерскойымды бордель деп ойлап па едіңдер!
 
 Мінеки, мұндай мазмұндағы әңгіме-сұхбат ме­нің суретші достарым арасында жиі болып тұра­тын...
051.
Тағы да тұяқ серіппей түске дейін ұйықтадым. Бұл жолы Мұнарбек айтқан “таза ауаға тұншығып” емес, кешегі ішімдіктің әсерінен.
 
 Көз домбыққан, бас қорғасындай, қарақұстан бүріп, солқылдап көтертер емес. Ішім өрт шалған орманға ұқсайды. Тілім кермек, демім күлімсі, өзімнен-өзім жиіркенемін. Соған қарағанда, дәудір­леп отырып біразға дейін сілтесек керек. “Ертең демалыс, қайда асығамыз” деген соң, жиналған жұрт арқаны кеңге салып, түннің ортасын аударып барып бір-ақ тарқасқан.
 
 Мені мәшинесімен Қаныбек әкімнің өзі үйге әкеліп салған. Қаныбек біршама қызу еді, мәшинесі өткелде өшіп қалып, су ішінде түнеп шықпасақ деп мен қатты қауіп қылғам. Сөйтсем, аптаның сенбі-жексенбісімен санаспайтын, күн деп, түн деп есептеспейтін ауыл азаматы үшін қызып алып рөлге отыру түк те емес екен. Күнделікті дағдыға айналған.
 
 Учаскелік полиция төмендегі ауылдан айына бір рет келіп кетеді екен. Ал МАИ дегенді бұл қиырдағы ауыл көрмек түгілі әлі атын да естімепті. Сондықтан бәрі еркін, ешкімнің ешкімде шатағы жоқ, өздері би, өздері қожа... Бейнебір тайыз бұлақтан өткендей Қанекең Бұқтырмадан ажылдап-гүжілдеп, шоқырақтап-шайқатылып тоқтаусыз өте шықты. Күндегісінен де тез өтті...
 
 Тұрсам, тілеуің бергір Мұнарбек шайын бұрқ-сарқ қайнатып, төре табақ етті ортаға дөңгелен­тіп үйіп тастап, дастарқан басында күтіп отыр. Дастарқан шетінде мөлдіреген шөлмек пен жалғыз рөмке. Тегі, өзі ішпейтін жігіт болғаны ғой? Тікірейген мұртына, жасына жетпей шалбарланған бет-аузына, күреңіткен түрі мен қызылға түсердей қызарған көзіне қарасам түбін түсіріп ішетіннің өзіне ұқсайды.
 
 – Аға, жуынып, дастарқанға отырыңыз!
 
 – Менікі “дикий отдых” қой, дастарқанға жуынбай-ақ отыра салсам қайтеді?
 
 – Мейліңіз білсін. Алдымен бас жазып алға­ныңыз жөн еді... тәбетіңіз ашылады.
 
 – Ағаңмен бірге сен де тартып жіберсеңші! Әлде бастығыңнан қорқасың ба?
 
 – Мәселе онда емес, мен жұмыс жағдайындамын ғой.
 
 – Е, қайтер дейсің, өзіңе де құй былай...
 
 – Маған болмайды... мен ішсем, аға, запоймен кетем... Сосын мені апталап тоқтата алмайсыз.
 
 – Ойбай, бәтіреке, онда қойдым, сөзімді қай­тып алдым.
052.
Жігіттермен қатар жүргенде кейде біреулердің айтағы мен зорлағаны болмаса, таңертең бас жазу деген ғадетімде жоқ-ты. Мұнарбек солай деген соң, тамаққа тәбетім соқпай, орамалды иығыма ілдім де, шықарға шығып кеттім.
 
 Жуынып-шайынып, верандада тұрып жатты­ғулар жасадым, қиықтап төңіректі болжадым. Енді байқадым, кеше жер-дүние аппақ қар емес пе еді? Қызыл асықтан жауған сол аппақ қар бүгін ізім-қайым жоқ, тау кіндігіне қарай өрлеп кетіпті. Сай-салада, күн түспейтін тасада, бұта-қараған түбінде ғана алақаттанып шұбартады.
 
 Үйге кіріп, Мұнарбектің көңілі үшін дас­тар­қаннан там-тұмдап дәм таттым да, тұра бердім. Мұнарбек “бас жазбадыңыз ғой” деп бәйек болып жүр. Таң атпай ішу жақпайтынын, оқыс қан қысымы көтеріліп кетуі мүмкін екенін оған тәп­тіштеп түсіндіріп жатырмын.
 
 – Савва Морозов дегенді естігенің бар ма? – дедім.
 
 Күткенімдей-ақ, Мұнарбек ол кісіні “танымайтын” болып шықты. Бірақ сырттай Морозов туралы көп әңгіме естісе керек. Ол кісі Өрелде ұзақ жыл зоотехник болып қызмет жасап, кезінде атағы дүркіреп шыққан, елге танымал абыройлы азамат болыпты. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары зейнетке шығып, Ресейге көшіп кеткен екен.
 
 – Мейлі, – дедім мен, – көшсе көше берсін... сол Морозов айтыпты, “с утра даже лошади не пьют” деп.
 
 – Ат жазған басының ауырғанын айта алмайды ғой, айта алса ол да ішер еді, – деді Мұнарбек күрсініп.
 
 Мен одан мұндай жауапты күтпеп едім, алдымен “мынау не деп тұр” дегендей ойланып қал­дым. Соңынан риза болып, қарқылдап күліп жі­бер­дім.
 
 Табиғат аясына шығып этюд жазуға шабыт жоқ, кітап оқуға да желке жар бермеді. Көкірегім бос, көңілім көр, басым бақадай, дүниеде ешкімге керексіз жандай бойымды күйреуік күй билеп кетті.
 
 Жылырақ киіндім де, далаға шығып, басым ауған жаққа тәйтіктеп кете бардым.
053.
Бұқтырма бойын жағалап жалғыз келе жатырмын.
 
 Қазір Алтайда қоңыр күз. Меніңше, қоңыр күз суретші үшін аса маңызды жыл мезгілі. Өзге ағайында шаруам жоқ, бірақ мен үшін күз айларының жөні бөлек, жаныма жағады, рухыма жақын.
 
 Әрине, көктем де жылдың жақсы уағы екенінде дау жоқ. Салқын самал, таза ауа, лала гүлдер, көк өскіннің хош иісі дегендей. Бірақ орман-тоғайды армансыз, алаңсыз қыдыра алмайсың. Көктемде әсіресе таулы орманды кене қаптап кетеді. Оның “энцефалит” дейтін бәлесі жабысса саудаңның біткені, өлесің. Егер өлмей, Құдай сақтап тірі қалсаң – ғұмыр бойы мүгедекпін дей бер.
 
 Менің білетінім – жаздың алғашқы айында да осындай кене қаупі бар. Қаншалықты көрікті болғанымен, жаз кезінде орман ішінде емін-еркін этюд жазып, сурет сала алмайсың. Көк шөп үстіне алшыңнан түсіп, бел жазып жата алмайсың. Өйтер болсаң, маса мен шыбын-шіркей қойны-қоншыңа кіріп, ызыңдап, піскілеп маза бермейді. Адамша көңіл жазып, бой сергітіп дем алдырмайды.
 
 Ал жарықтық қоңыр күзде бәрі басқаша. Табиғат сарабдал тартып, сабыр күйіне енеді. Күн райы да қалыпты жағдайға түседі. Асау өзендер арынын басып, тартылады, жуасиды, мөлдірленеді. Балықшы ағайынның науқаны нағыз осы күзде басталады. Ол ғана емес, табиғат та неше алуан бояумен құлпырып, жарқырай жайнап кетеді.
 
 Сондықтан да күз мезгілінің мен үшін маңызы бөлек, мәні ерек.
 
 Шүкіршілік, биылғы жылы Алтайға қоңыр күзде келіп, оның қақ төріне шығып дем алып жатқаныма дән ризамын. Әйтеуір, бұл сапар өміріме бір өзгеріс енгізуі тиіс тәрізді.
 
 Күдікшіл көңіл күпті, бірақ “үмітсіз – шайтан” деген...
054.
Әлдебір тұста өзен жағасы сарғайған майда құм екен. Жазда шалқадан түсіп қыздырынып жататын жайлы жағажайдың нағыз өзі. Қызығып кетіп, бәтеңкемді шештім де, құм үстінде жалаңаяқ жүгіре жөнелдім. Құмның беті жылы көрінгенімен, асты тастай суық, дымқыл сыз екен. Лездің арасында табанымнан ызғар өте шықты.
 
 Құм шетіндегі жалпақ тастың үстінде тарба­йып тарғыл кесіртке жатыр. Күнге қыздырынған кейпі. Түн суық, күздің қазіргі жайы да пәлендей жылы қабақ танытар емес. Сонда бұл кесіртке інге кіріп ұйықтамай неғып жүр? Әлде отбасынан айырылған мен секілді пұшайман жәндік пе? Егер қанаты болса ғой, құс секілді әлдеқашан жылы жаққа ұшып кетер еді. Бұл өмірде қанаты жоқтар, қанатынан қайырылғандар жалғыз осы кесіртке деймісің...
 
 Таста тарбайған кесірткеге қарап, өзімше іштей пәлсапа соғып тұрмын. Ал турасын айтсам, менің мұндай жайдақ пәлсапам кімге керек? Солай деп ойлауым мұң екен, көңілге тағы да қаяу түсті.
 
 “Қашанғы өстіп көңілім байыз таппай сенделе берер екенмін мен бейбақ?”
 
 Су жағасындағы кәрі қайыңның түбіне жабысып ескі мордашке жатыр. Кәдімгі шыбықтан тоқылған, көктемде балық өрлеген кезде қарсы құратын мордашке. Браконьер алаяқтың әрекеті. Шыбығы біраз жерден тарқатылып, қарны қабысып қалыпты. Көктемгі тасқын айдап әкеліп, бұрышқа тықсыра ұрғанға ұқсайды.
 
 Қайдағы-жайдағы мазасыз ойлармен басым қатып, өзен бойын жалғыз жағалап келемін...
055.
Негізінен, суретшілік деген Алла тағаланың маңдайға жазған несібесі, екінің біріне дари бермес сирек қасиет қой.
 
 Бірақ он жерден дарынды, жүз жерден талантты бол, жазған туындың лайықты бағаланып, ел мен жұрт танығанша уақыт керек... көп уақыт керек. Үздік туынды дегенің – ары кетсе жалғыз картина шығар. Көрмеге ұсынып, көрерменге ұмтылып, өзің қимыл жасамасаң, үздік туынды дегенің де елеусіз, ескерусіз қалуы кәдік. Шеберханаңда өзіңе де, өзгеге де керегі жоқ бүркеулі күйі жата бермек.
 
 Сондайды ойлағанда, кейде мен жазушы бол­­­ғым келетін. Жазушы болып, тәуір бір кітап жаз­саң, әйтеуір “таралым, сатылым” дегені бар, там-тұмдап кітапхана мен дүкенге түседі ғой. Біреу болмаса, біреу көреді, танысады, оқиды. Ол дүние­ңе газет бетінде мақтау айтылып, көпшіліктің назарына ұсынылуы да әбден мүмкін. Елдің аузына ілігу, жақсы атану, еткен еңбегіңнің бағалануы осындайдан басталады.
 
 Ал суретші жолы жіңішке, танымал болу қиын­ның қиыны.
 
 Мен кейде суретші туындысына сын айт­қыштардың, жағалағыштар мен бағалағыштардың, пікір түйгіштердің көптігіне қайран қалам. Әсіресе жазушылар мен журналистер қауымы “талдаған” кезде – құлағыңды басып айдалаға безіп кеткің келеді. Бәрі білгіш, бәрі сәуегей, шетінен көріпкел, сөйте тұра сөздері түйеден түскендей. Көпшілігі сенің этюдің мен наброскілеріңнен де асқар сюжет, асқақ мазмұн іздегісі келеді. Олардан да өмірлік терең тұжырым, философиялық заңғар ой сомдағысы бар.
 
 Оқта-текте газет-жорнал беттерінде әлдебір же­ке картина немесе жаңадан ашылған көрме жа­й­ын­да мақалалар да басылып жатады. Көзге түс­кенін біз де парақтап қарап, оқыған боламыз. Бі­рақ солардың көбісі – айтары тайыз, ұстары ша­­ма­лы, тіл безеген бәлду-шәлду бірдеңелер, қарап тұрып қарның ашады. Суретші жазған зиялы ортадан тәлімді сөз, тағылымды ой, тәрбиелі әңгіме ести ал­май діңкелейді.
 
 Соның бәрі өтірік білгішсінгендіктен, өзін бі­­лімпаз етіп көрсеткісі келгендіктен. Ондай диле­танттық пікірлер өнерді жалған жолға итер­мелей­ді, көрерменнің талғамын адастырады. Білімпаз зия­лы ағайын осы жағын аңдамай қалысады.
 
 Бояудың үйлесімі, жаңалығы мен зар күйі, өнер көгіндегі оның бағыт-бағдары, көркемдік көк­жиегі, қала берді суретшінің жаны, тебіренісі жайында дәнеңе жоқ. Қияли қызыл әңгіме, сылдыр сөз... Суретші қауымы бүгінде соның бәріне көнген, көнтері болған. Ләм деп ауыздарын ашпайды, қарсыласпайды, ағынан жарылып ақталу да жоқ. Турасында, олармен дауласа алмайды, дауласса да жеңе алмасын жақсы біледі. Бірөңкей тіл мен жақтарына сүйенген шешендермен, танаулары көк тіреген көсемдермен қайтіп сөз талас­тырсын... Түйсігі жетсе де, түсіндірер сөзі жетпей жатады.
 
 Суретші әлемі әлімсақтан жұмбақты. Бұрқы­раған бояу иісі, желімнің күйігі мұрнына келмеген, көңірсітіп кенепке төсеме жасап көрмеген бөгде жанның ол әлемге бойлауы қиын. Сондықтан бұл ортада “суретші суретші үшін” қағидасы қалып­тасқалы қашан... Оларға қазынадай қымбаты –
 
 тек әріптестерінің бағамы мен байламы ғана. Олармен пікірлесуге де, ой бөлісуге де, ұзақты күн дауласуға да болады. Үлкен өнерге жол ашатын да осындай басқосулар, шынайы өнердің шындығы да осындай кәсіби пікірталастан туындап жатады.
 
 Тау жақтан бұғының сырнайлатқан даусы ойым­ды бөліп жіберді... Дауыс шыққан жаққа жалт бұрылып, таңырқай қарап қалыппын.
056.
Жағалауға жақындап барып, жар үстінен Бұқтырмаға үңілдім. Бұқтырманың суы көкпеңбек, айнадай мөлдір екен. Судың сарыны бірқалыпты, құлаққа аса жағымды. Дәрігерлер өзен сарыны жүйке дертін емдейді деп жатады ғой, олай болса маған нағыз керегі осы... Жүйкесі жұқарған жанның бірі менмін. Ендеше, “шамалы ем алайыншы” деп, жар басында жарбиып біраз тұрдым.
 
 Көктем мен жазда арнасына сыймай тасып, орман-тоғайға жайылып кететін асау өзен қазір момақан, суы мейлінше тартылып тайыздалған. Қа­ныбектің ары-бері ойқастап мәшинемен өтіп жүр­­ге­­ні де содан. Оның өзінде бір ғана жер – жайылма кең өткелден ғана өтеді. Әйтпесе Бұқтырмамен ойнауға болмайды, бұған сенім жоқ. Ежелден “қанды су” атанған тентек, ашуы алапат, мінезі бұзақы.
 
 Әлдебір жақтан гүрілдеген үздік-создық мотор даусы шықты. Тегі, ұшақ шығар деп, күн салып аспанды болжадым. Аспан тым төмендеп кеткендей ме, қалай өзі? Жалпы байқағаным, бұл Алтайда аспан аласа көрінеді екен.
 
 Ұшақ емес, алыстағы жазықта жолсызбен бұлтыңдап әлдебір сұр мәшине билеп келеді. Мұн­­­дай мәшинені бұл жақта “таблетка” деседі. Байқай­мын, сол “таблеткаң” маған туралап тартып келе жатқан сияқты. Кімдер болды екен?
 
 Мәшине сонадай жерге көлденеңдей тоқтады да, ішінен сау етіп бес-алты кісі түсті. Ішінде көй­лек киген екі әйел көлбеңдейді. Тани кеттім, мына топ кеше ауыл әкімінің үйінде бірге бол­ғандар ғой...
 
 Әнеу шеттегі көгілдір көйлекті жұқа келіншек Гүл­зина. Оның қасындағы тойған үйректей мамырла­ғаны – Сәлима.
 
 – Сізді шарқ ұрып іздеп әзер таптық қой! – деп Қаныбек аяғын қайшылап, арсалаңдап қарсы шықты. – Мұнарбек те сіздің қай жаққа кетке­ніңізді байқамай қалыпты.
 
 – Иә, мені неге іздеп жүрсіңдер?
 
 – Әкәу, енді...
 
 Қаныбек сөз таба алмай кібіртіктеп тұрғанда, араға кешегі асаба Самарқан араласты.
 
 – Қазақта “өзің жаққан отыңды өзің өшір” деген өлең бар.
 
 – Ол өлең махаббат туралы емес пе еді...
 
 – Қалай қабылдасаңыз да еркіңіз. Бірақ біз сіздің басыңызды жазу үшін келіп отырмыз.
 
 Жігіттер лездің арасында от жағып, мосыға шәугім іліп, шай қойып жіберісті. Шөбі тапталған шалғын үстіне етектей сары ала дастарқан жалтырай жайылып қалды.
 
 Самарқан көкмойынның бірін кеңірдектен қыл­ғындырып, емпелеңдеп менің қасыма келді. “Аға­сы, шай қайнап, тамақ әзір болғанша”, – дейді көзі көлтектеп. Бет-жүзі бырысқан, өтектелмеген көй­лек секілді, тым жалынышты, мен мырс етіп күліп жібердім.
 
 Жігіттер менің жаныма қоғамдаса үйіріліп, шайға дейін де бірер рөмкеден көтеріп тастасты. Сөздеріне қарағанда, “ағайды Тайпақтағы тар үйге қамай бермей, бір уақ көкке шығарып серуендетейік” деп, өздерінше дайындалып-ақ келіпті.
 
 Сәлима кешегіден гөрі көрікті, келбетті, дегдар сипатта көрінді. Осы кербез мінезі ғой мен пақырды тағдырдың тәлкегіне тастатып жүрген. Бұл қыздың биік талғамынан ауылдың қарапайым қара баласы қайдан шықсын. Қарапайым ғана емес, қарабайыр, ынжық, жасық болдым-ау осы мен... Оны несіне жасырайын. Адам қатарына қосылып, мәдениетке үйреніп, көргенді, көсегелі атанып жүргеніміз кейін де, тәйірі.
 
 – Сен графиняға ұқсайсың, – дедім оған жеке қалған бір сәтте.
 
 Сәлима бұрылып қараған жоқ, баяу ғана езу тартты да:
 
 – Қайсы романнан? – деп сұрады.
 
 – Әрине, Толстойдан...
 
 Ол басын әнтек көтеріп, еріп келген жас ке­ліншек жаққа болымсыз иек қақты.
 
 – Бізді қойшы, – деді, – біз махаббат базарынан қайтқан жанның санатындамыз. Еркектердің жанын түсінетін болдық қой, сенің жасыңдағы еркектер қазір біздейлерге қарамайды, бізді кәрі санайды. Сендей азаматтарға жас иіс керек, оны тағы білеміз. Басың бос екен, кеше өзіңе таныстырған анау келіншектің етегінен ұста. Уақытты оздырмай, соны айналдыр.
 
 Біреу ұрлығымды сезіп қойғандай менің ұрт етім бүлкілдеп, бет-аузым жыбырлап кетті.
057.
Асылы, ауыл тұрғындары да дұрыс дем ала білетін сияқты.
 
 Шама-шарқымызша қазақ жерінің бірталай аймағын біздің де шарлағанымыз бар. Тәубе дейік, біраз өмірді көрдік, ретіне қарай ел мен жұрттың құрметі мен сыйына да бөлендік, жақ­сы мен жаманды айыратындай да тәжірибе жинақ­тадық. Бірақ Бұқтырма бойындағы бүгінгі мынау кездесуді мен солардың қай-қайсысына да айырбастамас едім.
 
 Бұл бір арқа-жарқа отырыс, шат-шадыман дас­тарқан болды.
 
 Жігіттердің біреуі құрық сүйретіп өзен жаға­лап кетіп еді, әредіктен соң жарты дорба аппақ балық ұстап әкеліпті.
 
 Келесі кезек орыстар “уха” деп атайтын балық-сорпа қайнату үрдісіне алмасты. Оның да әзірленуі нәзік, өзіндік қыры мен сыры бар, бөлекше кәсіп секілді. Сорпа дайын болғанша Қаныбек екі қолын қайшылап айбат көрсетіп, маңайына тірі жанды жолатқан жоқ. Дәм кіргізер қызыл шарапты да, көгерген түрлі шөп-шаламды да, ең ақыры картоп пен тұздықты да өзі салып, өзі баптады.
 
 Соңынан Қанекең балық-сорпаны шара кеселермен салтанатпен ұсынған кезде, дәміне тамсанып, тіліміз таңдайымызға жабысып қалғандай болды.
 
 Дастарқанның келесі кезегі дайындалғанша жарым сағатқа үзіліс жарияланған. Бәріміз орындарымыздан тұрып, таза ауада жан-жаққа қыдырыстап кеттік.
 
 Гүлзина жібектей қара шашы толқынданып, Самарқанмен анандай жерде емен-жарқын әңгіме­лесіп тұрды. Екеуі де әлденеге мәз болып күледі. “Шіркін, – деймін мен, – анау қою шашқа тұншы­ғып өліп кетсе де арман жоқ-ау!”
 
 Әйел затын тәрк ететін мен пақыр Гүлзинаға қызыл көргендей ширыға қараймын... Самарқан асабадан қарадай қызғанып та тұрмын.
 
 Бұл қызды білгенім де кеше ғана ғой... Сонда қалай болғаны? Бір күн ішінде Гүлзина жүрегімді баурап, жан дүниемді шуаққа бөлегені несі? Әлде көптен бергі әйелсіз зарығудың салдары ма? Түкті түсінсем бұйырмасын... әйтеуір, қазіргі менің көңілім қызылды-жасылды.
 
 Бұл мен күтпеген қызық жағдай болды.
 
 Самарқан құрғақ отын жинауға тоғай ішін аралап кетті. Соны пайдаланып Гүлзинаның қасы­на емпеңдеп жетіп бардым. Желіккен жиендей қимылым еркін. Бірақ көзіне көзім түсіп кетіп еді, құрғыры, жүрегім дір ете қалды. Қап-қара мойыл көзі жәудірей боталап тұр... Шынын айтсам, дәл мұндай сұлу жанарды мен бұрын көрген емеспін. Суретшімін ғой, есте сақтау қабілетім мықты, ондайға тастаймын. Құдай біледі, ендігі қалған ғұмырымда да дәл мынадай әдемі жанарды кездестіре алмайтын шығармын.
 
 Жан дүниемде бір нәрсе оянғандай.
 
 Содан ба, көз алдым сәтке бұлдырап, басым айналғанын сездім. Гүлзинаның қасына не үшін келгенімді де тарс ұмытыппын.
 
 Гүлзина жылы ғана жымиып, күлімсірей қарап тұр. Албыраған жүзінен сүйкімді құйын жүгіріп өткенін байқадым.
058.
Табиғат аясы деген тамаша ғой, шіркін, жа­ныңды ләззатқа бөлеп, рақатқа батырады.
 
 Табиғат аясында бәрі басқаша. Күнделікті күйкі тірліктен, өркенсіз қарбаластан адасың. Алаңы да, мазаңы да жоқ, санаңды сабырлық пен тыныштық әлдилейді.
 
 Мен осы күндері дәл сондай рақаттың дә­мін татқандаймын-ау! Дәмін татқан сайын осы тірлігімнің баянды болуын тілеп, ұзақ-ұзақ тыныс­тай түссем деймін. Құмарым қанғанша қызығына бата берсем деймін.
 
 Аршатылық азаматтарға ағыл-тегіл төгіліп, кө­кейдегі осы тілегімді айттым. Сосын жерлесте­рімнің маған деген адал ниеті мен ақжарқын кө­ңілдеріне ризашылық білдіріп, тост көтердім.
059.
Қас қарая жігіттер мені “таблеткаға” отырғы­зып, Тайпаққа әкеліп салды.
 
 Үйге кірген бойда шешінгем жоқ, төсекке құ­лап түстім. Қатты қызумын, оның үстіне болдырып, шаршап қалыппын.
 
 Қанша уақыт ұйықтағанымды білмеймін, не заматта шырқырап жылаған бала даусынан селк етіп шошып ояндым.
 
 Жылаған жас баланың үні дәл құлағымның түбінен естілді...
 
 Атып тұрып далаға шығып, алақтап маңайды болжадым. Мимырт жайылған жирен аттан басқа ештеңе көзге түспеді.
 
 Әлгі дауыс судың сылдыры шығар десем, жа­қын маңда ондай бұлақ жоқ. Өзен болса күркіреп алыста, сарыны талып әзер жетіп тұр. Сонда бұл не болғаны? Әлде түсім бе? Бірақ өңімдегідей ап-анық естідім ғой. Жас баланың шырылдаған үні шыңылдап әлі құлағымда тұр...
 
 Осы маған шалық тиіп жүрмесе жарар еді.
 
 Есікті іштен іліп, шешініп төсекке қайта қисайдым.
060.
Іргедегі Таутекелі өзенінің жағасына барып екі этюд жаздым. Соңынан балдырған шөптің жа­пырағын, долантопшының қызарған жемісін, мәуе­лі бір балқарағайдың жер үстінде арқанша бұратылған тамырын қоңыр қағазға ақ бояуды араластыра оты­рып, сангинамен сурет салдым. Этюдтер де, суреттер де көңіліме қонды.
 
 Сурет салудың қызығымен жүргенде түс ауып кетіпті. Мұнарбек ауылдан бағана келіпті де, түскі тамағын дайындап, шарқ ұрып мені іздеп жүр екен.
 
 Бұл күні үйден ұзап шыққам жоқ, түскі та­мақтан соң, верандаға жайғасып кешке дейін кітап оқыдым. Соңынан болашақ картиналардың композицияларын ойластырып, эскиздер шимайлап тағы бірқауым уақыт өткіздім.
 
 Қас қарайып, жұлдыз жамыраған мезгілде қызық бір оқиға болды...
 
 Алдымен, төменгі жақтан қараңдаған бір­деңенің елесі байқалған. Артынша, қара жолмен баяулап біреудің келе жатқанын көрдік. Ымырт қараңғылығымен әлгі кісі бері жақындағанша кім екенін ажырата алғамыз жоқ.
 
 Сөйтсек, Гүлзина екен...
 
 Бұл қыздың бейуақ мезгілдегі жүрісінен жаманат хабар әкеле жатқандай біртүрлі тіксініп қал­ғанбыз. Қыздың келісіне менен гөрі Мұнарбек қатты таңданған, аузын ашып, танымаған адамша аңырайып қарады.
 
 – Гүлзина, не болды? Ауылда тыныштық па өзі? – деп мен де құрақ ұшып, қарсы алып жатырмын.
 
 – Тыныштық, бәрі де аман-сау... Сіздер менің бұл келісімнен бөтен ойға қалмаңыздар!
 
 Құлағымызды қалқайтып, біздің өре түрегел­генімізге Гүлзина да үкідей үрпие түсті.
 
 – Оқасы жоқ, келгенің әбден жөн болды.
 
 Мен ішкі қуанышымды сездірмей, күпті көңілді жуып-шайған болып жатырмын.
 
 – Мен сізге ән айтуға келдім...
 
 – “Ән айтуға” дейсің бе?
 
 – Иә, ән айтуға... мен сізді Абай рухына бойлатқым келеді.
 
 “Пәлі, бұл не дегені? Таза кітаби сөз ғой... Осы келіншек менен өткен қиялшыл, романтик болып жүрмесе неғылсын!”
 
 – Мен педагогпын ғой, сіз болсаңыз өнер адамысыз... Сондықтан сізге бір сағаттық дәріс оқып, ұлылықпен тілдестірейін деп едім.
 
 Дәнеңе түсінбесем де, мен мақұлдап, басымды изедім.
 
 – Қайтіп жалғыз келдіңіз, өзеннен қалай өтіп жүрсіз? – деп ендігі кезекте Мұнарбек араға килікті.
 
 – Жомартты білесің ғой, мектепке былтыр келген жас мұғалімді айтам... мәшинесімен сол жігіт әкеліп салды. Бір сағаттан соң қайтып алып кете­ді, – деді Гүлзина. Деді де, қайта маған бұрыл­ды:
 
 – Егер қарсы болмасаңыз, киініңіз, жүріңіз!
 
 Мен “қайда” деп сұрағам да жоқ, қыз ша­қырып тұрса жан қала ма... Үйге кіріп, апыл-ғұпыл киіндім де, Гүлзинаның соңынан бұйдалаған ботадай еріп кете бардым.
 
 “Аға, ауылға қайтсам қайтеді?” – деп көзі жы­пылықтап Мұнарбек қалды.
 
 Әй, қу бала, “бүгін қонамын, қасыңызда боламын” деп келген.
 
 Енді мүсәпір бола қалған түрін қара! Дегенмен жыланның жусағанын білетін аңғары бар жігіт сияқты.
061.
Дала сүттей мұнарға бөккен, аспанда ай толықсып туып тұр.
 
 Гүлзина мені қолтықтап алды да, өзенге қа­рай бастады. Мектептегі балалардың қылығын айтып, әріптестерінің қызығын сөз етіп, өзен ай­рығына дейін апарды. Асау Бұқтырманың үлкен бөлігі қарсыдағы таудың кемерінде екен. Мынау айрығы кішігірім өзенше ғана болып шықты, өзі сыңсып баяу ағып жатыр. Енді бір тұста осы өзенше айдынды көл жасап жазыққа дендей жайылып кетіпті. Біз осы көлдің жағасына жете тоқтадық.
 
 – Міне, мынау Қасқабұлақ, Абай бабамыздың туған жері деп ойлағайсыз. Ай шығып тұр, жел жоқ, бізге нағыз керек түн осы! – деді де, баяу бастап “Желсіз түнде жарық айды” шырқай жөнелді.
 
 Төбеде найқалған айдың сәулесі су бетіне аппақ жолақ тастаған.
 
 Судың беті білеулене толқиды, майда тол­қындар жағалауға жарыса жығылып, малта тастарды шапаттап жатыр. Дәл осы сәтте көл айнасы Гүлзинаның әніне қосылып тербетіліп тұрғандай. Іргедегі Бұқтырманың сарыны да қыздың салған әніне өзінше саз қосқандай. Жапырағын әлі тас­тап үлгермеген күзгі ағаштар өзді-өзі сыбырласады. Мен осы құбылыстың бәрін көзіммен көріп, құлағыммен естіп, жүрегіммен қабылдап тұрмын. Су бетіне құмарта қараймын, ондағы айдың алтын жолағын қызықтаймын. Алтын жолақты жол етіп айлы түннің тұңғиығына қарай жүре бергім, жүре бергім келеді.
 
 Гүлзина келесі кезекте “Татьяна әнін” сызылтып ала жөнелді. Соңынан “Айттым сәлем, қалам қас” кетті құйқылжып. Сосын “Көзімнің қарасын” шалықтатып барып, тоқтады.
 
 Гүлзинаның құлаққа аса жағымды майда қо­ңыр үні көңілімді тербеп, жан-дүниемді толқытып жіберді.
 
 “Ойпырмай десеңші, – деп ойладым, – айлы түн астарында айтылған ән осыншалық әсерлі болатынын білмеппін ғой. Бозбала шағыма қайтып орал­ғандай күй кешкенімді қарашы!” Шын сөзім... Өмір неткен ғажап еді, дүние неткен көркем еді деп тамсанамын іштей. Мынау Алтай түні өзгеше құлпырып кеткендей болды, берідегі орман мен тоғай да, әрідегі Матай дарасы да ерекше нұрла­нып салғандай.
 
 Гүлзина әнді аяқтаған кезде, мен оны кеудеме қысып, күнсіген шашынан иіскедім. Осы қалпымда елжіреп бірер сәт құшақтап тұрып қалдым. Енді болмаса жаңағы әсем ән шырқаған ерінге қарай ұмтылмақ ниетте едім. Бірақ қыз менен мұндай мінезді күтпеді білем, жайымен қолымды босатып, құшағымнан бұлқынып шыға берді.
 
 Мен ұмтылып барып, қайта құшақтай алдым.
 
 – Қойсаңызшы! – деді Гүлзина, – Сізге не болған? Мен сізді сыйлағандықтан келіп тұр­мын.
 
 – Мен де...
 
 Құдай сол, аузыма түскен сөздің түрін қара! Не айтарымды білмей тұтыққаным қай сасқа­ным? Ой, әумесер-р-р!
 
 Гүлзина құшағымнан босап, шегіншектеп кет­ті.
 
 Қайтейін енді... өмір мені де көп нәрсеге үйретті ғой. Баяғыда Сәлимаға деген батылсыз ұяңдық бүгінде адыра қалған. Сәлиманың есесін кейін өзге қыз-келіншектерден талай қайтарғам. Өкініш жоқ! Қазір де сөйтіп, мына келіншекке батылдау қимылдап едім, менің шайпау мықтылығым бұл жерде кәдеге аспай қалды.
 
 Өткел жақтан мәшине сигнал берді.
 
 Менің жаңағы әрекетім екеуіміздің де кө­ңілімізге көлеңке түсіргендей. Үнсізбіз. Сол үнсіз қалпымызда өткел жаққа қарай аяңдадық.
 
 Сырнайлатқан бұғы даусы естілді. Дауыс жақын маңнан шықты. Өзеннің арғы бетінен, болмаса қарсыдағы тау бөктерінен болар. Сәлден соң оған жауап бергендей алыстан, Күрті жақтан тағы бір бұғының уілі талып жетті. Соған қа­рағанда бұл Алтайда күйек науқаны қызған сияқ­ты.
 
 – Рақмет, Гүлзина! – дедім мен үзілген әңгімені сабақтамақ ниетпен. Даусым тарғыл шықты, жөткірініп қойдым.
 
 – Қалай, ән ұнады ма?
 
 – Ұнағанда қандай!
 
 – Оқушылардың жақсы түсініп, терең қа­былдауы үшін кейде біз осылайша ән де айтамыз, өлең де оқимыз, көрнекі құралдармен де саналарына құюға тырысамыз.
 
 – Сен, Гүлзина, жақсы ұстаз екенсің. Мен бүгін сенің тәрбиелі шәкіртің болдым. Шын мәнінде мен ұлы Абайдың рухымен сырласқандай күйге түстім. Рас айтам... Сол үшін де рақмет саған!
 
 – Байқаймын, сіз ән десе елітіп тыңдайды екен­сіз.
 
 – Менің әнді жақсы көруім әншісіне байланысты...
 
 Гүлзина бұрылып, бетіме тіктеп қарады. Оның қарағанын мен байқамағансып, қабағымды төмен салып жүріп келемін.
 
 – Абай атам атқан ғой, – дедім қабақ кө­термеген қалпы, – “әнді сүйсең менше сүй” деп. Әрине, бұл жағынан келгенде данышпан Абаймен таласа алмаспын. Бірақ Абайдан кейінгі екінші орында өзіммін деген пікірдемін.
 
 – Өзіңіз туралы пікіріңіз жаман емес екен, – деп Гүлзина жарқылдай күліп жіберді.
 
 – Бүгінгідей айлы түнді мен көптен көрмеппін... көрсем де дәл мұншалықты сезіне алмаппын.
 
 – Айды қараңызшы! Ай қандай әдемі... Айда қызғылт бояу бар деседі. Сіз сол бояуды көре аласыз ба?
 
 – Суретшілер оны баяғыдан біледі.
 
 Жауабым келте болды ма, Гүлзина үндемей қалды.
 
 – Мен Қасқабұлақта болдым... – дедім әңгі­мені жалғаған болып.
 
 – Иә, сосын... айта беріңіз! – деді Гүлзина.
 
 – Айтсам сол, мен сол арадан желсіз түнде жарық айдың нұры тербелетіндей айдынды көре алмадым. Жылап аққан жалғыз бұлақ қана... Абай заманында шалқып жатқан өзен-көлдің бәрі суал­ған, тартылып қалған.
 
 – Бәрі де полигонның әсері шығар? – деді Гүлзина.
 
 Мен құптағанымды сездіріп, Гүлзинаның иы­ғына жайлап қолымды арттым да, құшақтап алдым.
 
 Өткел жақтан мәшине тағы да сигнал берді.

 
 062.
 
 Келгелі бері неше күн өткенін ұмыттым. Асылы, соны бас қатырып есептеп те қажеті жоқ сияқты. Дем алудан жалыққан кезде қобдишамды жинап, қалаға қарай қайқаярмын. Ал әзірге шығармашылық адамы үшін материал жинап, суреттер салып, эскиздер ойластырып, күш-қуатымды қалпына келтіріп жатқан жайым бар.
 
 Кеше Гүлзинаны шығарып салған соң, үйге келдім де, бірден ұйықтап қалғам. Содан бүгін ертерек тұрып кеттім. Мұнарбекті оятпадым, ақырын басып верандаға шықтым.
 
 Осы Тайпаққа келгелі бері менің бір ұққа­ным – тау қойнауында таңды қарсы алу бір ғанибет екен. Бүгін де солай... бүгінгісі тіпті ерекше таң ба дедім. Өзі бұл Алтайда таң да, түн де, тіпті күндіз де мен үшін ерекше болып тұр ғой. Рас айтамын!
 
 Әнеки, қарашы, өзен бойы түбіт түсті селдір тұман, тау белдеуінде шұбатылған бозала бұлт. Күн кірпігі шың биігінен енді ғана сығалай бас­тапты. Ұйқылы-ояу аңғар бойы манаурап жатыр, қиял-ғажайып ертектегідей жұмбақты кейіпте.
 
 Ылғи да мүмкіндік тауып, мен осындай өліара мезетті жіберіп алмауға тырысам. Мейлі, ашық күн болсын, жаңбырлы болсын, шоқиып қараймын да отырамын, өлердей қызықтаймын. Мұным әрекетсіз уақытты бос өткізу деп те қапаланам кейде. Бірақ осының өзі менің сүреңсіздеу өміріме әр береді, көңіліме шуақ құяды. Таңғы шапақты қарсы алған, кешкі шуаққа шомылып, салқын самалдың майда лебіне бет тосқан, сөйтіп өзіңді қуанышқа кенелткен күнді босқа өтті деуге тағы болмас. Адам ғұмырының өзі осындай мың-миллион сәттерден құралады ғой.
 
 Өмірге мән беретін де, оны сәнді ететін де осындай шуақты шақтар шығар, тегі.
063.
Қарындашпен әлдебір композицияларды ақ қағазға шимайлап верандада жайбарақат отырғам. Мұнарбек сұранып бағана ауыл жаққа кеткен. Түс әлетінде төменгі қара жолда қараңдап біреу көрінді. Әйел адам... Сөйтсем, тағы да Гүлзина екен. Бүгін де бүйтіп келе жатқаны несі деп таңдансам да, елпең қағып алдынан шықтым.
 
 Гүлзина әлдебір қоржын арқалап, жүктің тағы бірін қолымен көтеріп, белі үзілердей қайысып келеді екен.
 
 – Әкел, мен көтерейін, – деп, мен оның арқасынан қоржынды түсірдім. Ішіне тас салып тастаған ба, қоржын түскірі кәдімгідей сал­мақты.
 
 – Апырмай, мынаның бәрін ауылдан бері қа­лай көтеріп әкелгенсің?
 
 – Жоқ, анау шоқ қарағайдан бері... Кешегі Жомарт бауырым мәшинесімен әкеліп салды.
 
 – Мәшинесі бола тұра неге үйге дейін жет­кізбеді?
 
 – Сізден ұялып, көрінбей қайтып кетті.
 
 Гүлзина алюминий кәстрөлге тұшпара пісіріп ала келіпті. Қосымша самса мен бауырсақты бөлек түйіп алыпты.
 
 – Несіне әуре болдың? – дедім. – Бұл үйде тамақ жетеді ғой.
 
 – Мынау өз қолыммен дайындап, сіз үшін әдейі пісірген дәм еді.
 
 “Өз қолыммен” дейді, “сіз үшін әдейі” дейді. Бұл сөзге жан дүнием жылынып, жүрек құрғыры майдай еріп жүре берді.
064.
Түс мезгілі болған соң Гүлзина әкелген тамақтан тойғанша жеп, екеуіміз верандаға шықтық. Аспалы орындыққа қатар жайғасып, қол ұстасып тербетіліп көп отырдық. Мен үйден көрпе әкеліп, Гүлзинаның иығына жаптым, аяғын қымтадым. Қалай болғанда да күздің аты күз емес пе, салқын тиіп, суық ұстап қалар деген ниет баяғы.
 
 – Сіздің мекеніңіз иен жер... Сосын да ештеңеден жасқанбай, сөзге қалам деп қорықпай, өзіңізді іздеп әдейі келдім, – деді келіншек.
 
 Тағы да “өзіңізді іздеп” дейді, “әдейі келдім” дейді... Түйсігі бар пендеге жүрекке жетер жылы сөз. Әйел жолы жіңішке, бұдан артық не десін? Қысқасы, қыз өзінің көңілін ашық айтпаса да аңғартып отыр. Қолынан да ұстатты, білегінен де сипатты, Құдайға шүкір, мен пақыр үмітсіз емес сияқтымын. Мұрным жыбырлайды, көзім күлімдейді, жүрек лүпілдейді...
 
 – Рақмет! – дедім де, қызды иығынан тартып, маңдайынан сүйдім.
 
 Арада біршама үнсіздік орнады. Қырықтан астым, өмірім еңкейіп, күн секілді кемеріне бата бастағандай сезінуші едім. Енді қарашы, мына келіншекті кездестіргеннен бері күнім жарқырап салғандай жағдайға түскенімді.
 
 Келіншектің ойы оң, ниеті дұрыс секілді, ендеше мен несіне тартынам деп өзімді іштей қайрап қойдым.
 
 – Гүлзина, – дедім, – Гүлзина... не десем екен саған. Мен расында да жалғыздығымды қат­ты сезініп жүрген жанмын.
 
 – Талантливые люди всегда одинокие, – деді Гүлзина орысшалап.
 
 – Дұрыс шығар... бірақ дәл қазір саған бір­деңе дейін десем өтірік сияқты болып шығады. Ал сендей мөлдір қыз жалғандықты, өтірікті қабылдамасы белгілі.
 
 – Әдемі өтірік болса неге қабылдамасқа, – деп келіншек езу тартты. – Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай еткен ондай-ондай әңгімені айта білу де зор өнер. Әдемі өтіріктің арғы жағында үлкен ақыл, зерек зерде жатады.
 
 Мен Гүлзинаның мына сөзіне жауап таба
 
 алмай мүдірдім. Тіпті, айтар сөзімнен жаңыл­дым.
 
 Амалым жоқ, басқа әңгіме құрып қалғандай, тағы да суретшілер жайына ауыстым.
 
 – Леонардо да Винчиді айтам... Адамзат да­нышпанының біреуі ғой, сол кісі өзінің сүйіктісі
 
 Мона Лиза деген қызды салыпты, – дедім мен. –
 
 Сол секілді мен де сенің портретіңді салсам қай­теді?
 
 Гүлзина жарқ етіп, мейірлене көзін төңкеріп өтті.
 
 – Салыңыз, – деді, – қарсылық жоқ... Мона Лиза сияқты тарихта менің де атым мәңгілік қалсын.
 
 – Бірақ мен портрет салмаушы едім. Мен пейзажиспін ғой. Жо-жоқ, кейде портрет те саламын, жанрлық картина да жазғаным бар. Бі­рақ...
 
 Не айтайын деп едім... тілім күрмеліп, сөзімді тағы ұмыттым. Сосын қолды бір сілтеп, дереу қобдишаны құруға кірістім.
 
 Гүлзинаның бет-жүзін жарық пен көлеңкеге ыңғайлап отырғыздым да, көмірмен аппақ картонды сызғылай бастадым.
 
 Тау жақтан бұғы сырнайлатты.
065.
Аспан ашық, күн райы қоңыр салқын. Ауада аздаған желемік бар. Түнерген түкті самырсындар үнсіз сазарады. Қайың мен теректің әнеу күнгі қардан қалған жетім жапырақтары қалтырап, сыбдыр қағады.
 
 Етектегі жазықта әлдебір “уазик” соңына сел­дір шаң тастап, өкпе жолмен көлденеңдей зымырап барады. Жоғарыдан, Шындығатай жақтан келе жатқан сыңайы бар. Соған қарағанда шекара­шылар-ау, сірә? Иә, солар ғой... Әйтпесе адасып жүрген есалаң біреу болмаса, бұл шалғайға бейса­уат мәшине келмейді.
 
 “Уазик” зымырап келіп, өткелге жете кілт тоқтады. Неге екені белгісіз, сол арада аялдап біршама тұрып қалды. Әлде жүректері дауаламай, өткелден қаймығып тұр ма екен? Шопыры тәжірибесіз, болбыр біреу болды ғой, тегі. Әйтпесе ауылдың мәшинелері дарылдап, күркілдеп күніге өтіп жүрген жайылма емес пе.
 
 Сәлден соң “уазик” артқа қарай шегінді. Көл­денеңдей айналды да, тұмсығын маған қарай бұрып, кордонға туралай тартты.
 
 Мен мұндайды күтпеп едім, бүйірім бүлк ете қалды. “Уазик” бірде көрініп, бірде жоғалып, шоқырақ қағып біздің үйге қарай заулап ке­леді.
 
 “Апырай, бұнысы тағы кім болды екен?”
 
 Күнге қыздырынып бейқам отырған жылы орнымнан амалсыз тұра бердім.
 
 “Уазик” ажылдап келіп, ойқастай бұрылды да, шиқ етіп сонадай жерге тоқтай қалды.
 
 Мәшинені аударып тастардай теңселтіп, ішінен бұқа мойын, алпамсадай қара кісі түсті.
 
 Басына кигені кебенек, құлағын жауып, салпайып қалыпты. Үстінде брезент күрте, аяғында керзі етік. Алыс жорықтан, қиыр сапардан шаршап келе жатқан жанға ұқсайды.
 
 Мен оны мәшинеден түскен бойда қарсы алып, қол беріп амандастым. Тегі, көмекшісі болар, елпілдеген тағы бір жас жігіт безек қағып жүгіріп жүр.
 
 – Жәке, сен осында жатыр деген соң әдейі бұрылдым.
 
 Енді таныдым, осы ауданның әкімі екен. Аты Рахметқажы болатын, Алматыға жиналысқа келгенде баяғыда бірер кездескеніміз бар. Тіпті, екеуіміздің мейрамханада түстенгеніміз де есімде. Бұл кісі туралы менің көңілімде жақсы әсер сақ­талыпты, күркіреп жүрген ақкөңіл аға болатын.
 
 Рахметқажы тас сүйреткендей аяғын ауыр ба­­сып, қиралаң қағып, былайғы бір шорымыққа қонжия кетті. Ұйып қалған тізесін қарыстап жазып, екі-үш рет сермей сілтеді де, созалаңдап қайта тұрды.
 
 – Анау арадан өтіп бара жатып, мына үйден түтін шыққанға, “иен үйде кім жатыр” деп сұрасам... “Суретші ағай” дейді. “Ол қайдағы суретші ағай, аты Жәнімқан емес пе?” десем, “иә, сол кісі” деп басын шұлғиды мына Оралжан. “Ойбой, онда тоқта, бұрыл да солай тарт” дедім. Сөйтіп келіп қалдым, Жәке... Амандаспай өте шыққанды жөн көрмедім.
 
 – Рақмет, Раха, біздікі еріккеннің ісі ғой... қол қусырып, демалып жатқан жай баяғы.
 
 – Шығармашыл кісіге демалыстың өзі жұмыс емес пе. Ертеңгі күні мына Алтай туралы мықты картиналар өмірге неге келмеске?
 
 – Тырысып бағармыз...
 
 Рахметқажы төңкерілген жайын аузына темекіні тістеп, асықпай оны тұтатты, сосын бұрқыратып тарта бастады. Әредік темекі түтінін қолмен сермеп сейілтіп қойып, әңгімеге кірісті.
 
 Ауданның күзгі шаруасын бірыңғайлаған соң, бірер күнге демалыс алып, Шәңген жақтан сапарлап келе жатқан беті екен. Шәңген – тау ба­сындағы балығы тайдай тулаған айдынды көл деп мен де естігем. Ол жаққа екінің бірін жібере бермейді, ол үшін арнайы “рұқсат қағаз” керек. Шекаралық аймақ, жердің түкпірі дегендей. Ал аудан әкіміне қайда барам десе де жол ашық қой...
 
 – Демалдық, балық ауладық, – деді Ра­хаң. – Жүйкем жұқарып, шаршап жүр едім, ті­леуің бер­гір, бір сергіп қайттым.
 
 – Дұрыс болған екен.
 
 – Ай, Оралжан, анау балықтан бірдеңе жасап жіберсеңші, Әлекең дәм татсын.
 
 – Сорпа жасайын ба, жоқ, әлде қуырып жіберейін бе?
 
 – Сорпаң ұзаққа кетер, қуырғаның жөн шы­ғар.
 
 Ыдыс-аяқтары да өздерімен бірге екен, Оралжан салдырлатып қазан-ошақты мәшинеден түсі­­ріп жатты.
 
 – Бой жазып жүріп қайтайық, – деді Рах­метқажы. – Шәңгеннің жолы да бір Құдай ат­­­қан неме ғой... тау мен қия, мәшине оңдырмай соғып тастапты. Өн бойым құрысып ауырып отыр­мын.
066.
Рахаң екеуіміз алдымен жолды бойлап өткел жаққа қарай аяңдадық. Содан соң солға бұрылып, төмендегі шоқатты жазықпен өзенді құлдай қы­дырдық.
 
 Мен үнсіз тыңдаушымын. Екі қолын оңды-солды сермеп қойып, тынымсыз сөйлеп келе жат­қан Рахаңның өзі. Ауданның биылғы табыстарын жарнамалап, цифрлармен тұздықтап баяндап бір өтті. Одан кейін бұл өңірдің арғы-бергі тарихына да қысқаша шолу жасап шықты. Соңынан қасындағы серігінің шаруашылықта шатағы жоқ, мәдениет өкілі екені есіне түсті ме, аудан мақтан тұтар азаматтарға да кеңінен тоқталып өтті.
 
 – Сондай мақтанышымыздың бірі өзіңсің! – деп мені күректей алақанымен арқамнан қағып-қағып қойды.
 
 Темекісін бұрқыратып, ауыз жаппай сөйлеп келе жатқан ағамыз үнсіз қалғанға мойын бұрсам, күнге қарап бет-аузы тыжырынып бара жатыр. “Аһ-чу-у-у!” деп түкірігін жан-жаққа шашыратып түшкіріп жіберді. Ат үркітер түшкірік... зор адамның түшкірігі де өрескел шығады екен.
 
 – Кешір, мына күннің жылымық шуағы мұр­нымды қытықтап... – деп Рахаң бет орамалымен мұрнын жұлып тастардай сүрткілеп жатыр.
 
 Қарсы жағалауда өзеннің иіріміне қармақ салып біреудің тұрғанын бағана байқағам. Рахаңның түшкірігі ол кісіні де шошытып жіберген сыңайлы. Жалт беріп біз жаққа бір қарады да, қармағын апыл-ғұпыл жинай бере, алды-артына қарамай безіп жөнелді. Танымасын деді ме, телпегін ми­лықтата басып, ағаш-ағаштың тасасымен зытып барады.
 
 – Сіздің түшкіргеніңізден анау кісі қорқып қашып кетті, – деп мен күліп жібердім.
 
 – Қорықсын... Оның менен қорқатын жөні бар.
 
 – Тегі, таниды екенсіз ғой?
 
 – Танығанда қандай... Бәтуасыз жан, осы жақтағы құла ауыздың бірі. Жұмыс істегісі кел­мейді, самогон ішіп, көшеде сенделіп бос жүр­гені.
 
 – Сонда қаражатты қайдан алады?
 
 – Қаражатты дейсің бе, қаражат – төрт баласы бар, соның “пособиесін” айдан айға күтеді. Балалары шиқ-шиқ еткен аш. Мектепке баратын дұрыс киімдері де жоқ. Ауыл болған соң мал асырамасаң тағы болмайды. Малдының жүзі жарқын, беті жарық... Әгірөт егіп, бір сиыр асыраса нетті. Әгірөтті күту керек, картопты түптеп баптау керек. Қой мен сиырға жазда шөп шабу керек, әйтпесе Алтайдың алты айға созылған қысында арам қатады. Жоқ, бұл кісі ондай қара жұмысқа қыры жоқ, қолы бармайды. Кірі жұғып қалатындай қорқады. Кезінде институт бітірген, өзін интеллигент санайды, ақсаусақ. Сөйтіп жүріп ауылдастарын қойдай бөріктіретінін қайтерсің! Аузымен орақ орады, сөзден сүрінбейді, дәлелмен соғады. Әңгімесіне құлақ түрсең, таудағы тарлан шұбарың осы ма дерсің. Ауыл мен аудан ғана емес, күллі Қазақстанның ішкі-сыртқы проблемасы жалғыз осының мойнында тұрғандай зарлап береді. Өзінің жұмыс істегісі келмейтінін, ауылда отырып, картоп егіп, мал асырағысы келмейтінін үкіметтен көреді. Бала-шағасының шиқылдап аш жүргеніне Президентті кінәлағысы келеді.
 
 – Ау, бүйте берсе бала-шағасын қырып алмай ма?
 
 – Жоқ, оған жеткізбейді. “Пособие” алған күні бір қап ұн, бір қап макарон, қант пен шай алады да, соларды қара суға қайнатып, ай бойы талғажау етіп отырғандары. Ауылда да жұмысқа желкесі жар бермейтін, бойында грамм намысы жоқ осындай еркектер бар.
 
 – Тым болмаса, әйелі тірлік жасаса нетті?
 
 – “Апама жездем сай”, әйелі де етегіне сүрінген еріншектің бірі. Ең қиыны – жақсылықты көре алмайды. Қимылдаған қыр асады демекші, осы ауылда өзінің қайрат-күшімен тірлік жасап, дәулет жинай бастаған бірер азаматтың үстінен домалақ арыз жазып жіберді. Сөйтіп, ауыл ғана емес, ауданды да алатайдай дүрліктірді. Қала берді, көрші-қолаңның ұсақ малын ұрлайды. Былтырғы жыл жеке шаруашылық құрып, әжептәуір оңалып келе жатқан Бейсен деген жігіттің бір мая шөбін өртеп жіберді.
 
 – Ушәсковыйға айтып, жазаға тартпадың­дар ма?
 
 – Қолынан ұстап алмаған соң түк те істей алмайды екенсің. Шөпті өртеген сол екенін бәріміз білеміз, араға ақсақалдарды салып, ақыл да айтып көрдік, полиция жіберіп қорқытып-үркіттік те. Болмады... Оқыған қаратаяқ қой, бет бақтырмайды, ештеңені мойнына алмайды.
 
 – Ендеше, сізден қашатын жөні де бар екен!
 
 Мен өзен жаққа тағы көз салып едім, бәтшағар неткен шапшаң еді, сол екі арада әлгі балықшы екі қырдан асып кетіпті.
 
 Біз жазық даланы кең айналып, кері қайт­тық.
067.
Рахметқажы әңгіме айтудан, мен оны тың­даудан жалығар емеспін. Ағамыз аузынан су ақ­қанша сөйлеп келеді.
 
 – Жазғыштардан шаршадым, – деді ол теме­кісінің шырпысын тұтатып жатып. – Бұрынғыдай емес, бәрі сауатты, жазу-сызуға келгенде тастаяқтай қағыстырады. Біреуді біреуге шағыстырғанда алдарына жан салмайды. Мынау қаладан бері қарай шыққанда жол бойы кафелер мен мейрамханалар, қонақүйлер мен демалыс орындары. Өзің де байқаған шығарсың? “Жердің бәрін басқа халыққа таратып беріп жатыр, қазақ өз жерінде отырып біріне де ие бола алмай қалуда” деп, қала мен облыс басшылығын кінәлап, жуықта Президент­ке арыз айдап жіберіпті. Тексере келсе, сол жол бойына “бірдеңе жасасам” деп жер сұраған, өтініш айтып хат жазған бірде-бір қазақ жоқ болып шықты. Мінеки, қазақ ағайын дайын дүниені ғана көре алады, көреді де қызғаныш етеді. Оған дейін пәруейіне де кірмейді, тіршілік жасасам деп ойлайтындар аз, көбісі ұйықтап жүреді. Бұл біздің сүйегімізге сіңіп кеткен жайбасарлығымыз ба, әлде немқұрайлығымыз ба, білмеймін... Ауыл қазағының бір індеті осы болып тұр.
 
 – Біраз мәселені көтеріп тастадыңыз, – дедім мен.
 
 – Өзіңмен кездескен соң, көзі қарақты аза­мат деп сыр ашқаным ғой. Әйтпесе, бәріміздің ты­раштанып жүргеніміз осы қара қазақтың қамы емес пе...
 
 Өрлей жүріп едік, тоғай алаңқайында қираған үй мен шашылған әлдебір қора-жайдың үстінен шықтық. Қамау қораның бүйірі ойсырапты, арғы жағынан бұрқыраған қолаңса иісі шығады.
 
 – Мынау баяғыда Дәушен деген кісінің зәйімкесі болатын, – деді Рахметқажы. – Бұл ара кезінде өрісі кең, шөбі шүйгін кең жер еді. Енді қарашы, қисайып, қирап жатқанын... Жаның ашиды.
 
 – Дәушен кім еді?
 
 – Атақты қойшы болатын. Ол кезде мен совхоз директоры едім. Әңгіме болсын, тың­дасаң осы жердегі бір қызық жағдайды айтып берейін.
 
 – Айтыңыз, айтыңыз...
 
 Рахаң бір нәрсе ойына түсті білем, мырс етіп күліп жіберді.
 
 – “Балалы үйдің ұрлығы жатпас” деген... Мал төлдеп жатқан кез. Қыс қатты болды, оның үстіне сағыздай созылып жатып алды. Жемшөп жетіспей, жұтап тұрған қиын шақ еді. Бірде демалыста мәшинеге отырдым да, ешкімге айтпастан, ескертпестен малшыларды жалғыз аралап кеттім. Салып ұрып осы Дәушенге де келдім. “Қой қалай төлдеп жатыр?” – деймін. “Жақсы”, – дейді. “Шығын көп пе?” – деймін. “Жоға, о не дегеніңіз, шығын жоқ” – деп бет бақтырмайды. Қыс қиын, соған қарамастан Дәушеннің шығынсыз мал төлдетіп жатқанына риза болдым. “Шығынсыз шықсаң, күллі ауданға үлгі етем, премияны күреп аласың”, – деп арқасынан қақтым. Осы кезде жүгіріп жүрген көп баланың бірі ақырын ғана менің жеңімнен тартты. “Өзіңізге бір құпия айтамын”, – дейді. Қызық көріп, еңкейіп құлағымды тостым. Баланың сондағы айтқаны – “Моншаның арғы жағындағы шұңқырда қозылар жатыр”, – деді. Төбенің тасасындағы моншаға жетіп барсам, арғы жағында шұңқырда өлген қозылар тау болып үйіліп жатыр.
 
 – Соны көрсеткен бала жаңағы менің көмекшім, аты Оралжан, – деп Рахаң қарқ-қарқ күлді.
 
 Осы кезде Оралжанның бізді айқайлап дәмге шақырған даусы естілді.
068.
Оралжанның қуырған балығы тіл үйірген дәмді екен.
 
 Рахметқажының айтуынша, бұл “хариус” деген балық кезінде патша дастарқанының мәзіріне еніпті. “Сондықтан мұндай дәмді тағамға дұрыстап бір көтеріп жібермесе болмайды” деп, әкім әмір беріп, мәшинеден бір бөтелке алдыртты. Екеуіміз дастарқан басында әңгімелесіп отырып, бірер рөм­кені көтеріп салдық.
 
 – Жетеді! – деді Рахаң. – Бұдан әріге денсаулық көтермейді. Баяғыдай таңды таңға асырған күндер адыра қалды.
 
 Рахметқажы осылай деді де, қолын шайып, қайтуға жиналды.
 
 – Жер емес, Әлеке, байқасаңыз, бүгінде сіздің мынау еліңіз қартайып барады, – деді, кетерінде не іздегені белгісіз, брезент күртесінің қалтасын ақтарып. – Жастардың бәрі қалаға қашып жатыр. Мектеп бітірсе, бәрі оқуға жүгіреді. Бәрі университетке түскісі келеді, бәрі бастық болғысы келеді. Қазір оқуға түсу де пәлендей проблема болмай қалды ғой... Ақшаң болса, бірдеңе етіп балаңды оқытар жер табылады. Бірақ ол жерден қандай білім алып шығады? Қандай маман болып шығады? Қазақ оған мән беріп жатқан жоқ... Сонда деймін-ау, қара жұмысты кім істемек? Ауылды кім көтереді? Малды кім бағады? Сүтті кім сауады? Шалағай маман болғанша, жақсы жұмысшы болған артық емес пе, біздің қазақ соны түсінбей жатыр.
 
 Рахаң өкінгендей басын шайқап-шайқап жі­берді де:
 
 – Әй, Оралжан, кетер аяққа тағы бір стопка құйып жіберші! – деді күркіреп.
069.
Аудан әкімін аман-есен шығарып салған соң, төсекте қисайып дем алып жатыр едім, тағы бір мәшиненің гүр еткен даусы шықты.
 
 “Рахметқажы, тегі, бірдеңесін ұмытып кет­кен-ау” деген оймен қайыра сыртқа шықтым.
 
 Бұл жолғы келгендер шекарашылар екен, құ­жат тексере келіпті. Төрт солдат, бір офицер. “Сіз­­дің осында жатқаныңыздан хабардармыз, деген­­­­мен шекаралық аймақ, бөтен жан жоқ па деп тексере келдік”, – деді жас капитан менімен аман­дасқан соң.
 
 – Маңайдан бейсауат біреулерді көрсеңіз, дереу хабар беруге тырысыңыз. Өзіңіздің де абай болғаныңыз жөн, – деді жұмбақтап.
 
 Бұл сөзге мен көзім бақшиып, күдіктеніп қал­дым.
 
 – Соншалықты не жағдай? Тыныштық па?
 
 Наряд бастығы мені қолтықтап, былайырақ алып шықты.
 
 – Тыныштық болмай тұр, – деді, алаңдап, ернін жымқыра сөйледі. – Түрмеден екі рецидивист қашып шығыпты. Айтуларына қарағанда, алған бағыттары осы Бұқтырма аңғары деседі.
 
 Мен қалжыңдап тұр ма деп едім, капитанның түрінде шаршағандық бар, бозарып кеткенін байқадым.
 
 – Жарайды, – дедім. – Ұқтым!
 
 Бірақ шекарашыларға қалай хабар бермекпін, ол жағын капитаннан сұрауды ұмытып кетіппін.
 
 
 
 070.
Шекарашылардың жайсыз хабары көңілімді мазалап, күртемді иығыма желбегей жамылдым да, бой жазып жоғарыдағы өзен жақты жағалап қайттым.
 
 Қайтып келсем, есік алдында тағы бір “уазик” тұр. Бағанағы мәшинелерге қарағанда ескі модель, сыры қашқан, кузовы әр жерден майысқан. Қысқасы, талай мәрте соғылып, талай рет жөнделген, көпті көрген көне көлік.
 
 “Бұл келген кім болды екен?”
 
 Үй сыртындағы қайың түбіндегі орындықта қағаз жазып мөлдіреген бір жас қыз отыр.
 
 Қыз мені көрген бойда орнынан тұрып қарсы жүрді. Ғафу өтініп, ізетпен амандасып жатыр.
 
 – Суретші Жәнімқан Сансызбаев ағай сіз боласыз ба? – деп жаутаңдайды.
 
 – Иә, сол кісінің дәл өзімін. Өзің кім бо­ласың?
 
 – Аудандық газеттің тілшісі едім... Атым Ғалия.
 
 Тілші қыз тағзым ете иілді де, майысып қолын тағы ұсынды.
 
 – “Тілші” дейді? Мен сені оқушы бала шығар десем...
 
 – Сырттай оқимын.
 
 – Нешінші курстасың?
 
 – Үшінші курс...
 
 – Әлі жарымына да жетпеген екенсің. Өзің уыздай жассың, неге іштей оқымайсың?
 
 – Әкем жоқ, шешем ауру, ауылдан шыға алмадым, – деп қыз мұңайғандай болып төмен қарады.
 
 – Әкең қайда еді?
 
 Қыз бірден жауап бермей, күмілжіп барып, бала кезінде әкесінің бұларды тастап, басқа әйелге еріп қалаға кетіп қалғанын айтты.
 
 Жас қызға жөнсіз сұрақ қойғаныма енді мен ыңғайсызданайын дедім.
 
 – Кешір, айнам!
 
 Өзі газеттің білдей тілшісі екен, ендеше кең отырып әңгімелесейін деген оймен орындыққа жай­ғасып жатыр едім:
 
 – Ағай, алдымен ана жақтағы ата мен апаға барсақ қайтеді? – деп, Ғалия үй жақты нұс­қады.
 
 – “Ата мен апа” дейді?
 
 – Иә, ағай, ол кісілер сізді әдейі іздеп келді.
 
 – Ойбу-у, жаным, ұят болды ғой...
 
 Қайың түбіндегі қызға бұрыламын деп, үйдің сыртын айналып кетсем керек. Қыз көрсеткенде бір-ақ байқадым, верандада бір кемпір және бір шал отыр. Шал аяғын алшыдан тастап, табалдырыққа жайғасыпты. Кемпір менің әткеншек орындығымда ырғатылып қалған.
 
 “Мені іздеп жүрген бұлар кім болды екен? – деп таң-тамашамын, – тегі, ертеден әке-шешемді танитын біреулер болғаны ғой?”
 
 Алдымен екі аяғын көсілтіп, табалдырықта шәулі бүркітше қомданған ақсақалмен амандас­тым. Ақсақал ұзын сирақты бәйтеректей биік кісі екен.
 
 Содан кейін орындықта ырғатылған кемпірге барып, қос қолымды ұсындым. Кемпірдің көзі көр­мейтін болып шықты.
 
 – Әлгі бала ма? – деді дауыстап.
 
 – Иә, әже, іздеп келген балаңыз осы кісі болады, – деп мен үшін тілші қыз жауап беріп жатыр.
 
 Кемпір басымды еңкейтті де, шашымнан сипап, маңдайымнан иіскеді.
 
 – Өркенің өссін, шырағым, – деп, орамалы­ның ұшымен көзін сүртті. – “Алматыдан” деген соң мына қызымнан қалмай әдейі сені іздеп кел­дім, балам... Саған айтар сөзім бар!
 
 – Апа, айта беріңіз! – деп мен кемпірге та­қай отырдым.
 
 – Айтсам сол... Мен тоқсанға келген кейуанамын, – деді басын көтерместен, – қазір көз кө­руден, құлақ естуден қалды. Қаттырақ сөйлемесең естімеймін.
 
 – Апа, не тілегіңіз бар, айта беріңіз! – деп мен енді даусымды қаттырақ шығардым.
 
 – Естіп жатырм, естіп жатырм, шырағым, – деді кемпір. – Айтайын дегенім бар, бірақ өзіңе ғана айтам.
 
 Ғалия жымиып бір қарады да, бұрылып верандадан түсіп кетті. Кемпірдің саңқылдаған даусын шал да естісе керек, тыржың етіп ол да орнынан сықырлап тұра берді. Тұрған бойда талтаңдай басып үйді айналып жоғалды.
 
 – Екеуіміз ғана қалдық, апа, айта беріңіз!
 
 – Бөтен құлақ естісе сөзіме сенбейді, сосын мазақ етіседі. Өзіңе ғана айтсам деп ем...
 
 – Айтыңыз, құлағым сізде...
 
 – Бәрін басынан бастайын... Тыңда, шыра­ғым. Мен отызға толмай жатып төрт баламен жесір қалған әйелмін. Күйеуім соғысқа кетіп еді, сол кеткеннен қайтпай қалды. Қырық үштің жазында “жоғалып кетті” деген жалғыз жапырақ “қара қағаз” алдық. Не өлі, не тірі екенін білмедім. Сол білмеумен, мінеки, менің елу сегіз жылым өтті. Бәрін есептеп-санап отырмын. Сонда деймін-ау, өмірде бар адам қалайша “жоғалып кетеді”? Денесі аспанға бу боп ұшып кеткен жоқ қой... Өлген адамның артында зираты қалмаушы ма еді? Балаларымның да, басқаның да үміті өшкенімен, мен түбі бір ол кісінің қара шаңырағына оралатынына сеніп жүрдім. Соғыстың аласапыраны басылған соң табылатын шығар, сөйтіп бір күні жарқ етіп жайраңдап жетіп келер деп көп күттім. Күте-күте ақыры менің де жүйкем жұқарды, шыдамым таусылды, үмітім өшті. Сосын ол бай­ғұстың өліп қалғанына мен де сене бастадым... Сөйтіп, Алланың жазған ісіне лажсыз көніп, мо­й­ындағандай болып едім. Бірақ кейінгі жылдары анау радио мен телебизор дегенді тыңдап отырсам, басқадай әңгіме айтады... бөтен сөз естимін. Әлгі піленге түскендер шетелге өтіп кетіп, содан қайтпай қалады екен. Назырхан, баяғы шалымды айтам да, от алып, ораққа түскендей өткір жігіт еді. Қыз-келіншектерге де жолы болғыш серілігі бар болатын. Отағасының сыры өзіме мәлім ғой... Құдай біледі, радио бірдеңені біліп айтады, ол байғұс піленге түсті де, шетелдің бірінде тұрып қалды. Жүрегім сезеді. Ендігі балалы-шағалы да болған шығар. Содан ұялып, елге қайтуға қина­лып та жүрген шығар. Мен кемпір, ол шал болды, енді ұялатын несі бар? Қайтқаны жөн. Әйелін де, балаларын да өзімен бірге ала келсін. Бала көптік қылмайды, туғанымыздай қарсы ала-
 
 ­мыз.
 
 – Апа, сонда маған не тапсырайын деп отырсыз?
 
 – Не тапсырушы ем... Алдымен сұрау салып, шетте жүрген сол Назырханды табуға көмек көрсет. Назырхан Байназар баласы... Сосын елге қайтсын де! Бүйте берсе сүйегі шіріп жат жерде қалып жүрер жаман шалдың...
 
 – Апа, ол кісінің жасы нешеде еді?
 
 Кемпір көп сөйлеймін деп шаршап қалыпты, ентігіп жауап бере алмай, иегін кемсеңдетіп әзер тіл қатты:
 
 – Отағасы менен екі жас үлкен болатын, – деді.
 
 – Ойбу-у, тоқсаннан асып кетіпті ғой?
 
 – Жоқ, сексен тоғызда болар... Менің тура жасым қазір сексен жетіде.
 
 – Ол кісі жасы жетіп өліп қалған да шы­ғар?
 
 – Жоқ, ол өле қоятындай кісіден емес. Ден­саулығы атан түйені жығардай болатын. Оның қасында мен нәзік едім, талшыбықтай қатпа болдым. Сол нәзік деген менің өзім, мінеки, тоқсанға аяқ салдым. Өле қоятындай оған не жетіпті?
 
 Бұл бір тосын әңгіме болды. Маған үміт артып, арнайы іздеп келген мына қарт кісіге не деп уәж айтарымды білмей қысылдым.
 
 Қалай қысылсам да, кемпірдің көңілін қай­тармай, онсыз да дімкәс жүрегін жараламай, тығырықтан аман шығуым керек. Дереу қағаз бен қарындаш алып, терең ойланған болып, өзімше әрекет жасап бақтым... “Елу сегіз жылдан бері еліне қайтпай жатқан” Назырхан атаның аты-жөнін тәптіштеп тағы бір сұрадым да, мұқият жазып алдым.
 
 – Мені де жаз, – деді кемпір, соқыр болса да қағаз жазып жатқанымды сезіп-біліп отыр. – Кәміңке деген ауылда тұрам, атым Сақыпжамал, пәмилем – Назырқанова.
 
 Мен қабағымды көтеріп, қате естіген шы­ғармын деген оймен кемпірге бақырая қара­дым.
 
 – Күйеуіңіздің атына жазылғансыз ба, қа­лай?
 
 – Ол заманда ондайға қарап жатқан кім бар. “Пәмилең қалай” деп орыстың қызы сұрағанда, қайдан білейін, тілім жетпеді, “Назырқанның қатынымын” деп бар білгенімді айтып едім, солай жазып жіберіпті ғой.
 
 Кемпір шаршап қалдым деген соң, қолтығы­нан сүйеп үйге кіргіздім де, төсекке жатқызып қойдым.
 
 Өзім ендігі кезекте үйдің сыртын айналып жоғалған ақсақалды іздеп кеттім.
071.
Ақсақал өзін Байғалимын деп таныстырды.
 
 Іргедегі Аршатының байырғы тұрғыны екен. Кеңірдегі сорайған, шынжау етті, күйек сақал қу­шиған арық кісі. Ұзын денесі екі бүктетіліп, жүрсе де, тұрса да майламаған ағаштай сықырлап қоя береді.
 
 “Осы ауылдағы көзі тірі жалғыз соғыс ар­дагерімін” дейді. Соғыстан соң өмір бойы орманшы болып жұмыс жасапты, мынау өңірдің тау мен тасын бес саусақтай білетінін айтты. Алматыдан “үлкен бастық” келіп, Тайпақта демалып жатыр дегенді естіп, әдейі іздеп шыққан беті екен. “Үлкен бастығы” баяғы мен ғой...
 
 – Мен көпті көрген кәрі шөңгенің бірімін, қарағым, өзіңмен тілдесетін сөзім бар, – деп бұл кісі де әлдебір құпия айтардай түйілді.
 
 – Ақсақал, мен бастық емеспін, – деп бұлтарып көріп едім, ол шүңірек сарғыш жанарын тіктеп, маған сынай қарады. Тіксініп қалдым, жай адам емес, көңілді көзден ұғатын сұңғыла шалға ұқсайды.
 
 – Алматыдан келгеннің бәрі біз үшін үлкен бастық. Бастық болмаса да, аузы дуалы, бастық­тарға жақын, тілі жететін, сөзі өтетін кісі, сон­дық­тан жалтармай менің сөзімді тыңда былай! – деп, қария бұйыра, өктем сөйледі.
 
 – Тыңдадым, ата, айта беріңіз! – деп, мен амалсыз көндім.
 
 Қарияның күрек тісі жоқ екен, түкірігін шашыратып ысқырып сөйледі. Айтқан кейбір сөзін түсіне алмай, ежіктеп қайталап сұрауға тура келді.
 
 – Қоғамнан қуат кеткен, адамнан ұят кеткен заманға тап болдым, қарағым... – деп қария әңгімесін бастады. – Алтайдың ағашын отап жатыр, аң мен құсын құртып жатыр. Таутекеге браконьер деген бәле жаудай шапты. Мүйізі үшін құлжасын ғана таңдап атады. Браконьерден қалғанын интурохотник дегендер шетелге тасып әкетіп жатыр. Ұлттық парк құрылғалы бері ты­йым салынып еді. Лицензиямен ғана атуға рұқсат деседі. Бірақ бәрі бекер, құр сөз, тоқтау болмай тұр, балам...
 
 Қария сирек сақалын саумалады. Проблеманы түсінгендей мен бас изеп, құптап қана отыр­мын.
 
 – Бұғы-маралда да сол жағдай, – деді қария ауыр күрсініп. – Аңшылар таңдап жүріп, тіпті соңына күндіз-түні шам алып қуалап мүйізі шаңырақтанған атан бұғыларды ғана атады. Біз­дің де, шетелдің де аңшыларына бұғының еті емес, терісі емес, мүйізі ғана керек... Олар мүйіз­ді ескерткіш үшін қалаға алып кетеді, апарып үйлеріне салбыратып іліп қояды, мақтан етеді. Сөйтіп, жылдар өте ұрғашы маралдарға қорықбас жаман бұғылар ие болып қалып жатыр. Таутекенің де, бұғының да тұқымы азып барады, азайып барады. Баяғыда, соғыстан кейінгі жылдары жиырма, жиырма екі салалы бұғылар болыпты. Өзім ондайын болмаса да, он сегіз саласын көрдім. Қазір бұғы мүйізі сегіз-тоғыз саладан аспай қалып жатыр. Қолыңнан келсе, шырағым, осыған бір қайран жаса? Менің осы сөзімді жеткіз бастықтарға! Олар да ет пен сүйектен жаралған жандар шығар, ұғар, түсінер, бір шешім жасар деген үміт­пен келдім саған.
 
 Байқаймын, қария ірі сөзге, елдік әңгімеге бастап отыр. Мұндай проблеманы шешуге, тоқ­тау салуға мен пақырдың құзыреті жетпесін бұл кісі қайдан білсін. Олай десем, қарияның көңілі қала­ды, қоғамға деген сенімі жоғалады. Мұндай үлкен шаруамен ғұмыры айналыспаған қарапайым суретші үшін мынау шынымен қиын мәселе болды. Екі арада арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін ұтымды жол табу керек...
 
 – Жоғарыға айта бар, көлденең көк аттының бәріне лицензия бере беруді доғарсын. Тағы да айтам, ақшаның соңына түсеміз деп Алтайдың та­би­ғатын әбден жұтаттық. Тоқтатсын! Солай деп айт! Келгендегі менің бар шаруам осы, шыра­ғым!
 
 Қарияның сөзін мейлінше құптайтындығымды білдіріп, айтқандарын ол кісінің көзінше қағазға түртіп алдым.
 
 Осы кезде жолың болғыр Мұнарбек бәрімізді дастарқан басына шақырған. Мен қуанып кеттім. Дереу қарияларды дастарқанға отырғыздым да, екеуін Мұнарбекке мықтап тапсырып, өзім тілші қарындасқа сұхбат беруге кеттім.
072.
Ғалия екеуіміз қайың түбіндегі арқалы орын­дыққа кеңінен жайғаса отырдық.
 
 – Қазір жариялылық заман ғой, ағай, еш­теңені жасырмай, ашық сөйлесейікші, – деді қыз қиылып.
 
 – Несі бар... сөйлессек сөйлесейік! – дедім мен.
 
 Ғалия әңгімені алдымен отбасымнан бастауды сұрады...
 
 Қап-п! Менің қашқақтайтын да, мүдіретін де жанды жерім осы отбасы әңгімесі ғой. Ол жағын тілші қыз қайдан білсін... Көктен түскендей алғашқы сұрағымен-ақ төбемнен дүңк еткізді. Ұсталған жерім осы шығар? Енді бұл қызға қалай жауап берсем, қалай деп құтылсам екен?
 
 “Жариялылық заман, жасырмаңыз” дейді тағы.
 
 Не де болса көрейін, жұқалап айтуға тырысайын. Егер түсініп жатса, шамамның келгенінше, тілімнің жеткенінше өзімнің өмірлік кредомды, философиямды жеткізуге ұмтылып бағайын бұл қызға. Ғұмыры жеке өмірім жайында сөз қозғап, сұхбат беріп көрмеп едім. Кейде көрмелерде кездескенде тілшілермен өнер төңірегінде жалпылама сөз болып қалатын. Бірақ қандай жағдайда да мен өзімнің жеке басым туралы әңгімеге бастырмай, маңайлатпай, алыстан айналып өтетінмін.
 
 Ал бүгінгі мендегі көңіл күй мүлдем басқаша. Алтайдың төрінде, тамылжыған табиғаттың аясында отырмын, туған жерімде алшымнан түсіп емін-еркін дем алып жатқан жайым бар. Ендеше, осы мен неден жасқанам, неден қашқақтаймын? Мен де бір ағымнан жарылып, ақтарылып бір сай­райыншы. Ал мықты болсаң тыңдап көр мені, қарындасым...
 
 – Алдымен айтарым, жақсы суретші болу үшін өнерді жан-тәніңмен сүйе білуің керек. Сол сүйік­ті ісіңе өміріңді бөліп-жармай, отбасы-ошақ қасы деп алаңдамай, басыбайлы тұтас арнау шарт. Мен сөйттім... қазабы мен азабы көп нағыз өнердің биік шыңын аңсадым, соны өмірімнің мұраты етіп алдым. Қазақтың көркемсуретін сапалы биікке көтергім келді. Әлемдік сурет өнері үлгілеріне иек арта отырып, олардың шылауында кетпей, қазақ көркемсуретіне ұлттық дәстүрлерді молынан енгізуді, ұлттық болмыстың құндылықтарын барынша паш етуді мақсат еттім. Бейнелеудің жаңаша, тың мүмкіндіктерін ашсам дедім. Сұңғат өнерінің ұлттық бояуы мен нақышын тауып, айдай әлемге атымды шығарсам дедім, халқымның даңқы мен құрметіне бөленуді армандадым. Талайым зор, танымым мол еді. Бұл жолда біраз жетістікке қол да жеткіз­дім. Бірақ тағдырым тауқыметті, маңдайым тайқы шықты. Іздеген мұратымды таба алмай ұзақ сарсылдым. Өнер сапарындағы бақталастық, өмірде­гі әділетсіздік жүйкемді көп жұқартты, еңсемді езді, рухымды таптады. Мен күресу үшін жаратылмаппын, жаным жұқа екен, табанды болмай шықтым. Күйреуік сезімге бой алдырдым. Мақсат еткен ме­жемнің тым биіктігін мойындадым. Аңсаған ар­ма­нымның жолында қарым-қабілетім мен талан­тым кем соққанын ұқтым.
 
 – Сонда қалай, арманыңыз орындалмай қал­ды дейсіз бе?
 
 – Орындалмады деуге болмас... Бала күннен суретші болуды арман етіп едім, ол арманым орындалды. Жұрттың қолы жетпей жүрген Ленинград көркемсурет академиясын оқып бітірдім. Қабілетті суретшімін, бірақ аңсаған биігіме әлі жете алмай жүрмін. Солай бола тұра, мақсат жолынан әлі қайтқамын жоқ.
 
 – Біз сізді үлкен суретші санаймыз.
 
 – Рақмет ниетіңе... Мен жерлестерім үшін үл­кен суретші шығармын. Ал үлкен өнер үшін қан­дай суретшімін? Мәселе осында болып тұр ғой, қарындас.
 
 – Сіз картиналарыңызды қандай жағдайда са­ласыз? Шабытыңыз ылғи да келіп тұра ма?
 
 – “Салады” емес, “жазады” деп түзеткейсің... Өз басым ешкім жоқта, тыныштықта өз ойыммен жеке қалып жұмыс жасағанды ұнатам. Бірақ бәрі де сөйтеді деп айта алмаймын... Бір әріптестерім бар, алқагөлсіз жұмыс істей алмайды, ол болмаса көңілсіздік басып, шабытынан айырылады. Ондай әріптестерім үстелде бір шиша мөлдіреп тұрғанын қалайды. Жұмысқа кірісер алдында жақсылап бір тартып алады да, содан кейін анда-санда бір ұрттап қойып картинасын бұрқыратып жаза береді. Ал менің Өскен деген бірге оқыған жақын досым жұмысқа симфониялық музыка қойып кіріседі. Рок-музыканы да тарсылдатып, айғайлатып, соның әсерімен билеп жүріп жұмыс істейтін суретшілер де бар.
 
 – Суретшілерді көшеде келе жатса күншіліктен тануға болады. Сіз де сол санаттансыз... Оның себебі неде деп ойлайсыз?
 
 – Себебі дейсің бе... – мен аздап кідірдім, ойланып барып жауап қаттым. – Алдымен олардың сыртқы келбеті бөлектеу, сондықтан көрер көзге оғаш, сырт адамның күдігі содан туады-ау деймін. Шенеуніктер секілді сықиып киінбейді, дудар бас, жабағы бет, алқам-салқам жүреді. Көпшілігі жаңғалақ, ұмытшақ. Енді біреулері ылғи да өзінің ойымен басы қатып әбігер, сөйтіп, жеке әлеміне кіріп алады да, қасынан өтіп жатқан нақты өмірдің шындығын байқамай қалады. Ондай жан сырт көзге әрдайым әпенді болып көрінеді. Әлгіндей әпенді бейнесінен жұртшылық шизофрения, психоз сияқты түрлі дерттің синдромын байқағандай болады. Сөйте тұра оларға “талант қой” деп кешіріммен қарауға тырысады. Олардың пайымынша, талант пен есалаңның арасы жалғыз қадам. “Тәңір асып-төгіп бере салған талантын көтере алмай, жазған бейшараның миына салмақ түскен” деп түйеді. Бұл жөнінен олардың ойы дұрыс та... Қызық мінез Толс­тойда да, Эйнштейнде де, Кант пен Гетеде де болған. Көркемсурет саласынан мысал айтсам – Винсент Ван-Гог, Исаак Левитан, Морис Латур, Франциско Гоялар, бірі шизофрениямен, бірі эпи­лептойд дейтін сырқатпен, енді бірі психозбен ауырған ғой... Мен де солар сияқты шалық тиген жанның бірімін, қарындасым.
 
 – Қойыңызшы, ағай! – деп Ғалия бетін басып күліп жіберді.
073.
Тағы да көрген-білгенімді, көңілді мазалаған кейбір ойларымды ортаға салып, тілші қызбен емен-жарқын әңгімелесіп отырмын.
 
 – Өнер жолында Еуропаның біршама жерін мен де араладым, – дедім. – Лувр, Прадо, Венеция, Ватикан, Эрмитаж, Уффици мен Питти... Гояны өзім үшін жаңадан аштым. Боттичеллиді жаңаша көрдім. Дюрерге табындым. Ван-Гогты бұрын репродукциядан ғана қызықтап, мәз болып жүруші едім, түпнұсқада қайта табысып, танымым тереңдей түсті. Өнер жолында оқып жүрген кезімізде классикалық живописьтің мазмұнына бойлай алмай қиналушы едім, өйткені бізге Биб­лияны оқытқан жоқ, Евангелиеге жолатқан жоқ. Кейін білгенім, қазақтың училищесінде төрт жыл, Ленинградтың академиясында бес жыл оқыған “изо тарихының” дені христиан дінін уағыз еткен ілім екен. Соған көзім жетті.
 
 – Біздер, қазақ суретшілері, ұлттық бояуымызды, қазақы нақышымызды таба алмай, басымызды тауға да, тасқа да ұрып жүрміз, – деп, әңгімені келесі бір арнадан тартқан болдым. – “Ұлттық нақыш” десек болды, киіз үй саламыз, түйе саламыз. Қазақ киіз үйден көшіп, қаланың сәулетті ғимараттарында тұрып жатқанына қаншама жыл болды? Ғасырдан асты. Ондай картиналар “ұлттық нақыш” емес, қазақтың өзіне де, әсіресе жастар үшін қазір экзотикаға айналып кетті.
 
 – Киіз үй де, түйе де біздің өткен өміріміз ғой, одан несіне қашамыз?
 
 – Дұрыс қой... Бірақ әңгіме мынада. Шетелден келген қонақтар, меймандар, делегациялар, қала берді, елшілік қызметкерлері әлгіндей экзотикалық картиналарды сатып алады да, Еуропа мен Америкадағы виллаларына апарып іліп қояды. Ондай картиналарды көрген шетелдіктер, “е-е, қазақ дейтін халық әлі күнге киіз үйде тұрады, түйе мініп жүреді екен” дегендей ұғымда қабылдайды. Сөйтеді де, олар үшін Гвинеяның папуасы не, қазақ не, бәрі бір түземдіктер болып қалады.
 
 – Сіз қызық әңгіме қозғап тұрғандайсыз ғой?
 
 – Мен суретшілер ортасында жаппай құбы­лысқа айналып кеткен бұл жағдайға немқұрайды қарай алмаймын. Газетке жазсын деп сол үшін саған айтып отырмын.
 
 – Ашық пікіріңізге рақмет, ағай... Бірақ біз­дің газет аудан төңірегінде ғана тарайтынын ескергейсіз. Оның даусы қалың қазаққа, әсіресе сіздің әріптестеріңізге жетеді дегенге күмәнім бар.
 
 – Жетпесе қойсын, – дедім мен жымиып. – Сөз ретімен өзіңе айтқаным ғой... Жалпы өз басым өнердегі штампқа қарсымын... Ақша табудың жолына түскен әріптестерім соңғы жылдары картиналарды баспаханадан басып жатқандай штампылап ұрып жатады. Сөйтіп Құдай берген қабілетін де, талғамын да жоғалтуда. Бұл проблемаға қалайша немқұрайды қарауға болады. Ішіме толып кеткен соң саған сыр ғып айтқаным ғой... Меніңше, дүниедегі ең жаман нәрсе, ол немқұрайдылық. Сон­дықтан өзінің ойын, пікірін ашық айтпайтын пасықтардан қорқу керек. Олардан бәрін күтуге болады. Олар ойын жарты­лай ғана айтады, әліптің артын баға­ды. Желдің қайдан соғарын аңдиды. Бір нәрсе­ге жа­рым-жартылай ғана қарсы болады. Бұның аты – қорқақтық.
 
 – Дұрыс айтасыз...
 
 – Өнер биік болуы керек. Биік болу үшін оны әр кез тазартып отыру шарт.
 
 – Қайтып тазартпақсыз?
 
 – Ол жағын өзім де білмеймін.
 
 – Айтқаныңыздың бәрі жөн шығар, – деді Ғалия. – Менің білетінім мынау... Өнер өмірге әсем­дікті ғана әкелмейді, ол кейде жүрекке мұң ұялатады.
 
 – Сен, қалқам, өнертанушы емессің бе? – деп мен қызға қарап аңтарылып қалдым.
 
 – Жоқ, мен журналистикада оқимын, – деді Ғалия күлімсіреп.

 
 074.
Гүлзина келіп қалар деген алаңдаумен бүгін есіл күнім босқа өтті.
 
 Қайта-қайта верандаға шығамын, етектегі қасқа жолға тесілемін, күншіліктегі күмісше жарқыраған өткелге сығыраямын. Көз тоқтатар қарайған жоқ, қыбыр еткен жан жоқ бүгін.
 
 Кеше бастап салған Гүлзинаның портреті есі­ме түсті. Веранданың кәсегіне теріс қаратып сүйеп қойған едім. Босқа сенделе бергенше, натура жоқ болса да, портретті аяқтамаққа қобдишаны орнаттым. Ойша бірер штрих қосып бейнесіне жан беріп, фонын жөндеген болдым. Портрет былай­ша жаман шықпаған сияқты, жарық сәулені ойната отырып, қыздың характерін дәл ұстаппын. Мона Лиза секілді Гүлзинаның да бүлдіргендей ернінде жұмбақты жымиыс бар... Ары қарай түрткілей берсем бүлдіріп алармын дедім де, порт­ретті верандадағы шегенің біріне іле салдым.
 
 Ары-бері өтіп жүрген Мұнарбек менің немен айналысып жатқанымды байқамаса керек. Бір кезде бұрылып келіп:
 
 – Оу, мынау қыздың суреті ғой? – деп осқы­рына қарады, – Қолдан салғансыз ба?
 
 – Иә, Мүке, қолдан салдым...
 
 – Мықты-ы-ы! Оу, мен бұл қызды бір жерден көрген сияқтымын ғой... Ойбу-у, мынау біздің Гүлзина емес пе? Иә, Гүлзина... аумайды. Масқара-а-а, қалайша дәл келтіргенсіз! Аға, байқаймын, тегінде фотограф болғансыз-ау, ә?
 
 – Иә, болғанмын, – деп мырс етіп күліп жі­бердім.
 
 Мұнарбектің аңқылдаған ашық мінезі менің де көңіл-күйімді көтеріп тастады.
 
 Сарылып үйде отыра бергенше деп, қо­лымды артыма ұстаған күйі серуенге шығып кеттім. Аяң­дап етекке түстім де, жазықтың бер­гі жағын аралап, Бұқтырманы жағалап қайт­тым.
 
 Бұқтырманың суы мөлдірленіп, арнасына тү­сіпті. Күзгі табиғаттың сабыр шағын құмартып, өзен бойында бірер сағат қыдырып жүрдім.
 
 Үйге қайтып келген соң да ештеңеге зауқым соқпады. Гүлзинаны күтумен қас қарайып, түн болды. Зарықтырған қыз бәрібір келмеді, үміт өшіп, көңіл күй қара түнмен астасып түнеріп кетті.
 
 Кешкі тамақтан соң Мұнарбек сұранып, жирен атпен ауылға қайтты.
 
 Өн бойымды мазасыздық билеп, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай мен үйде қала бер­дім.
075.
Тәулік бойы зарықтырған Гүлзина ертеңінде күн шыға келді...
 
 Өр жақтағы Таутекелінің бойында қыдырып жүр едім:
 
 – Ағай! – деп ту сыртымнан құшақтай алған­да, селк ете түстім. Өзеннің құлақ тұндырған сарынынан қыздың дәл қасыма келгенін байқамап­пын да.
 
 – Кеше жұмыстан шыға алмай қалдым, – деп Гүлзина ақталып жатыр. – Мектебімізге ауданнан комиссия тексеріп келіп, тырп еткізбеді. Бүгін сенбі болған соң, “қалғанына өзім жауап берем” деп, Сәлима апай босатып қоя берді.
 
 – Сәлима жіберді дейсің бе?
 
 – Иә, солай... “Барып ағаңның жағдайын бі­ліп қайт”, – деді.
 
 – Апырмай, апайың, тегі, тәуір кісі екен ғой?
 
 – Алтын адам... Маған сөз тигізбей, ылғи да қорғап, қолдап жүреді.
 
 “Ай, Сәлима, Сәлима... Бүйтпесең сен Сәли­ма болармысың!”
 
 Гүлзина екеуіміз қол ұстасып, үйге қайттық.
 
 Үйге кіріп келсек, төр алдында жүгіріп тыш­қан жүр. Көзі инедей жылтыраған сүйкімсіз қап­тесердің өзі... Қыз-келіншек тышқан көрсе, қораға қасқыр шапқандай шыңғырып шулап қоя беруші еді. Гүлзина олай етудің орнына, пешке сүйеулі шымшуырды ала салып қуып берсін... Оның қуғанына тышқан жеткізсін бе, жылт етіп бұрыштағы тесікке кіріп кетті. Мен мәзім шығып күліп жатырмын.
 
 Күте-күте кешеден бері шыдамым таусылып, жүйкем жұқарып бүгінгі күнге сүйретіліп әзер жетіп едім. Содан ба, есікті мықтап ілдім де, ай-шайға қарағам жоқ, Гүлзинаны тырп еткізбей құшақтаған күйі төсекке құлай кеттім.
076.
Аспан бүгін шайдай ашық, көкте бір шөкім бұлт жоқ, күн де жылымық шуағын молынан тө­гіп-ақ тұр.
 
 Шабдар сәскеге жақындай ауа райы тіпті ысып кеткендей болды. Май тоңғысыз саршатамыз, тегі, осы болар. Гүлзина ыстықтап, үйде отыра беру­ден зеріге бастады.
 
 – Күн қапырық болып барады, кешке қарай жаңбыр жауатын шығар, – деді ол.
 
 – Өзімізді қапасқа қамай бермей, бір уақ тау­ға шығып қайтсақ қайтеді? – дедім мен.
 
 Бұл идея екеуімізге де ұнап кетті, шұғыл түрде жолға жиналдық.
 
 Түстіктегі шатқалдың мүйісін айналып, келесі сайдың ішімен біраз жерге дейін бардық та, жалаңаш беткеймен тауға көтерілдік. Бұл жаққа мен әлі аяқ баспаған едім, айтары жоқ, бұл маңайдың да табиғаты балбырап бабында тұр екен.
 
 Тау биігіне біршама көтерілген кезде қарсыдағы алқапқа көзіміз түскен. Алтайдың қара орманы бұл тұста қатты өртеніпті. Ақсөңке ағаштар аруақтай ырсияды. Арасынан іздер болса мүсіншіге таптырмас материалдар баршылық сияқты. Өртенген ағаш іші қаптаған көк өскін. Көбісі балғын қайың, сирек болса да жасыл самырсын мен шырша байқалады.
 
 Бұтасыз қия беткей таусылып, шоқ қарағайдың ішіне бойладық. Ағаш іші қалың шөп, алақат қар. Өткен жолы жауған қар ғой көлеңкелі тұстарда ерімей әлі жатқан.
 
 – Анау үлкен мысықты қара!
 
 – Қайдағы мысық?
 
 Ағаштан түсіп, көлеңке тұстағы қар бетімен безіп бара жатқан ала шұбар аңды менің де көзім шалып қалды.
 
 – Осындай үлкен, құйрығы шолақ мысықты қайдан көрдің?
 
 – Жолбарыс емес пе?
 
 – Қазақстандағы соңғы жолбарыс 1949 жы­лы Балқаш маңайында өлтірілген.
 
 – Сонда бұл қандай хайуан болды?
 
 – Сілеусін! – дедім мен.
 
 Гүлзинаның көзі бақырайып, менің қолымнан ұстай алды.
 
 Таудың жұмыр басына шықтық. Одан да өтіп, арғыдағы еңкейіске түсе бергенбіз... Қарсы алдымыздан шыға келген марқа жон байтақ кеңістікке қарап екеуіміз де аңтарылып тұрып қалдық.
 
 – Ба-а-а, мынаны қара! – деп мен айғай сал­дым.
 
 Гүлзина да тамсанып, қайран болып тұр:
 
 – Мына жер өзі бір жеке әлем ғой! – деді ақырын ғана.
 
 Расында да, біздің алдымыздан көкжиекке дейін созылған әлдебір кең алқап ашылып салған. Ертек сипатты жайқын өлке, адам аяғы баспаған, аң мен құс жортқан тағы мекен. Алтайда дәл мұндай кең тынысты, жазиралы жайлауды бұрын-соңды көрмеппін. Тас қоржындаған Аршатының қара тауларынан мүлдем бөлек. Жер бедері бөтен, айнадай жарқыраған өзені мен көлі мол. Әрідегі шың-құздар мен шошайған шағылдар ертедегі жанартаудан қалған ізге ұқсайды. Буылтық бұйра қыраттар алуан түрге оранып, күзгі шалғын алтын сары бояумен, енді бір тұста қара жасыл, күрең түспен жайқалады. Әр жерде үйіріле қалған шоқ-шоқ балқарағай ағашы.
 
 Бір ерекшелігі, қырат-беткейде белдеу-белдеу болып алтын тамырдың плантациялары жайқалып жатты. Сарсылып іздесең табылмас, сирек кез­десетін бұл шипалы шөптің қазір нағыз піскен уағы.
 
 “Осы жерден бір дорбасын қазып алып, Алматыдағы достарға таратса ғой, шіркін!”
 
 Біз ілгері жүрген сайын жаңалық ашқандай таңырқаумен келе жаттық. Жота басына шықсақ болды, жаңа бір көкжиек алдымыздан жайнап ашылып, жарқырай жайылып шыға келеді.
 
 Мен оқта-текте байқатпай Гүлзинаға ұрлана көз тастап қоям. Сөз жоқ, қандай бір талғамға сай, жөні бөлек әйбат әйел. Жанарында болым­сыз мұң табы бары байқалады, сонысымен де Гүл­зина жұмбақты, сонысымен де тартымды көрі­не түседі.
 
 Дөңкиген бір қойтастың басына шықтым да, құшағымды жайып жіберіп, жаһанға жар сала айғай салдым.
 
 – Гүлзина-а-а-а-а!
 
 Гүлзина мәз-мейрам, сылқылдап күліп жа­тыр. Өзінің күлкісі де қандай сүйкімді еді десеңші!
 
 Әріректегі жал самырсынның ығында бөренесі ырсиған бір ағаш үй тұрды. Оның не құрылыс екенін жақындап көрмекке солай қарай бара жатыр едік, пар етіп қалың арша арасынан бір үлкен құс ұша жөнелген. Гүлзина шошып кетіп, шыңғырып арқама жабысты. Ұшқан құс алысқа ұзаған жоқ, қалықтап барды да, төмендегі қалың жыныстың ішіне кіріп жоғалды.
 
 – Ұлар! – дедім мен.
 
 – Ұлар дедіңіз бе? Менің бірінші көруім... – деп Гүлзинаның көзі жайнап кетті, әлгі құсты со­ңынан қуып беруге даяр тұр.
 
 Ағаш үйді қызықтап бір айналып шықтық. Баяғы бір замандағы аңшының жалғыз бөлмелі, қыста аң аулап, пана тұтқан “ізбөшкесі”. Төбесі ойылған, іргесі шіріген, жермен-жексен жапырайып жатыр. Тайга дегенің осы.... Ағаш қана емес, үй ғана емес, адамды да өстіп құртып жіберуге бар. Әр қадамыңды, қимыл-әрекетіңді безбенге са­лып, салмақтап, ойланып жасау керек, сауысқандай сақтық керек. Қара күшпен, құр көкірекпен табиғатты иліктіре алмайсың. Аңдамаған аңғал жанды тау мен тайга мерт қылады.
077.
Тау алқымындағы бұлтиған жоталы жазықты кесіп өттік. Жазықтың шалғыны шүйгін, жазғы жасылын көп жоғалта қоймапты. Тек әнеугүнгі жауған қар шалғын шөпті сыпыра жапырып кеткен. Әйтсе де әр жерде шоқ-шоқ есек шөптер шошаяды. Жапырылған шалғын аяққа оратылып, адымды аштырмай әуреге салды. Содан арғы шеттегі қыр басына шыққанда, Гүлзина екеуіміз де діңкелеп шаршағанымызды сездік.
 
 Қыр үстінде жылы жел соғады, жаз соңы­ның желігі ғой... Бұл жер де аю жонданып жатқан дөң­киген дөңес екен. Бірақ шалғын емес, тықыр шөп, жүруге жеңіл.
 
 – Мына дөңнің арғы құламасында не бар екен? – деймін мен өтірік тартыншақтап.
 
 – Онда тұрған не бар, давай көріп қайта­йық! – дейді Гүлзина да қызығушылық танытып.
 
 Әуесқойлығымыз ұстап, қол ұстасып ары қа­рай жүріп кеттік. Еңкейістегі жартасты жарқабақ­қа жете тоқтадық.
 
 Бұл ара күргейлей қоршалған қалың жақпар тас екен. Құпия қамал секілді бізді өзіне тартып, қызықтыра түсті. Не де болса осы тас қамалдың арғы жағын көру үшін жақпар тастың біріне өрме­ледік. Тас үстіне шыға бере мен басымды бұға қалдым. Гүлзина ондайды күтпеді ме, көзі ала­қандай болып, маған жабыса түсті.
 
 Арғы жақтан тарс-тұрс еткен қатты дауыс шығады. Мен Гүлзинаны қолынан тартып қасы­ма отырғыздым да, иегіммен алдыңғы жақты мег­зедім.
 
 Гүлзина жартастың арғы етегіндегі көрініске қарап, көзі жайнап таң-тамаша.
 
 Төменде жадағай жазық, шөптесін шөңейт. Сол тұста жайылып бір топ марал жүр. Мөлшерлеп едім, ұзын саны отыз қаралы. Арғы шетте екі бұғы сарт-сұрт сүзісіп жатыр. Аша мүйіздері айқасып, біршама уақыт тіресіп тұрды. Сосын шегініңкіреп барып, бастарын шайқап-шайқап алды да, тағы да бір-біріне қарсы ұмтылды. Тас пен тасты ұрғандай сарт-сұрт үн шықты. Мүйіздерімен тіресіп, шыр айналып, аша тұяқтарымен жердің шымын қопарып арпалысып жатыр.
 
 Маралдар жайбарақат, қан жоса болып төбе­лескен екеуге үдірейе қарасады. Көпшілігі бұл тө­белеспен шаруасы жоқ, бір шетте мимырт жайылып жүр. “Қай жеңгенің менікі” дегендей жүрістері марғау, тұрыстары маңғаз.
 
 – Махаббаттың жекпе-жегі! – дедім Гүлзи­наның құлағына сыбырлап.
 
 Гүлзина қызарып, бетін бұрып әкетті. Мен бұғылар туралы естіп-білгенімді өзімше түсіндіріп, айтып жатырмын.
 
 – Сөйтіп анау төбелескен екеудің қай мықты­сы мынау көп маралды иемденіп алып кетеді, – деп қайырдым.
 
 Көзім ойнап Гүлзинаға қуақылана қарап қал­сам керек, ол менің жайраң қаққан түрімді көріп сықылықтап күліп жіберді.
 
 “Мұндайды көру керек” деп мен Гүлзинаны өзімнен де жоғарыға шығарып қойдым.
 
 Осылайша махаббат сайысын қызықтап, қос бұғының жекпе-жегін соңына дейін күтіп отыра бердік.
 
 Ақыры сайысқа түскен бұғылардың біреуі жеңіліп, бүйірлей шегіншектеді де, таңын жар­қыратып, секіріп билеп қаша жөнелді.
 
 Жеңген бұғы мұрнын шүйіріп үйіріне барды. Басын қайта-қайта шайқап қойып, мекіреніп үйірін төңіректеп біраз жүрді. Сосын қалың маралды соңынан ертіп, қаздай тізіліп қыр асып жоғалды.
 
 
 
 078.
Ауа барған сайын қапырық тарта бастады.
 
 Батыстан қорғасын қара бұлт шығып, көкжиекті көмкере қымтап бізге қарай жылжып келе жатты. Сұры жаман, соған қарағанда жаңбыр болатын түрі бар.
 
 – Қайтайық! – деп, Гүлзина аспанға күдікпен көз тастап қойды.
 
 – Мейлі, қайтсақ қайтайық, – деп мен де қара бұлттың түрінен түңілейін дедім.
 
 Бұғы сайысын қызықтаймыз деп жүріп, уа­қыт­тың біразын өткізіп алған сияқтымыз. Күн кеш­кіріп, төңірек көлеңкелене бастапты. Қараң­ғыға қалмасақ жарады... Дәнеңе етпес, мұндай сирек көріністі көргеніме өз басым дән риза едім.
 
 Әупірімдеп, бірімізді-біріміз сүйемелдеп жартас басынан түскенше болмады, әлдеқайдан сайтан үйіргендей құйын тұрды. Арада көп өтпей-ақ, құйынның соңы қатты желге ұласты.
 
 Келген жолымызбен кері қайтсақ деп едік, болмады... желмен қосылып суық жаңбыр себезгілей жөнелген. Бас сауғалар ықтасыны жоқ таудың таз биігінде жаңбыр астында қалу қауіп. Соны түсініп, бүйірдегі шатқал жаққа дедектей жүгірдік. Қалай десек те, ол жақта қалың орман ғой, пана тұтар ағаш табылып қалар.
 
 Шатқалдың орманы төменде екен, тайғанақтап, жығылып-сүрініп, қиядағы бір балқарағай ағашы­ның астына қойып кеттік.
 
 Балқарағай түбі қалың бүр, құп-құрғақ. Айла­тып жаңбыр жауса да, тамшы тамбайтын жер секілді.
 
 Біздің келуімізді күтіп тұрғандай, жел оқыс басылды да, іле жаңбыр шелектеп құйып берсін... Алтай табиғаты осыншалық шамшыл деп ойламаппын, бағанағы қапырық күн мүлдем болмағандай, күздің жаңбыры ауа райын лезде суытып жіберген. Гүлзина қалтырап тоңа бастады. Мен оны кеудеме қысып жылытқан боламын. Дәтке қуат дегені болмаса, оның да пайдасы шамалы. Қос өкпеден суық өтіп, екеуіміз де мұрттай ұшып жүрмесек жарар еді...
 
 – Сәл шыда! – деп Гүлзинаны сөзбен демеген боламын. – Өткінші ғой, қазір-ақ басыла­ды.
 
 Сол екі арада маңайды қараңғылық құшағы тұмшалап алды. Табиғат нөсерлеткен, жарқ-жұрқ шатырлатқан жынды сойқанды бастап жіберген. Әйтеуір жарқ еткен найзағай жарығынан ғана оқыс бірдеңені аңғарып қаламыз.
 
 Жаңбырдан қашамыз деп қайсы шатқалға тү­сіп кеткенімізді де аңдамаппыз. Тайпақ қай тұста? Келген жол қай жақта қалды? Мына шатқал қайдан шығады? Гүлзинаға сездірмеген бола­мын, бі­рақ осындай сұрақтар менің көңілімді қатты қо­балжытып тұрған.
 
 Гүлзина бірдеңе білетін шығар деп жұқалап сұрап едім, ол да бұл жаққа аяқ баспаған болып шықты.
 
 Нөсер қалай тез басталса, басылуы да сондай тез болды. Төгіп-төгіп жіберді де, “сендермен ісім бітті” дегендей қақырап, күркіреп қырды асып кете барды. Көктегі қара бұлт сейіліп, қара түнектің етегі аздап серпілді, орман іші алакөлеңке тартты.
 
 Екеуіміз үріккен қойдай үрпиісіп балқарағай түбінен шықтық. Жан-жағымызға жалтақтай қарай­мыз, қайдан келіп, қайда тұрғанымызды білмей­міз.
 
 Мен ары-бері ойқастап өзімше із кескен болдым. Сөйтіп жүріп әлдебір сыңар аяқ соқпақты тауып алдым. Соқпақ деуге де келмейді, қоянның жымындай жықпыл сорап.
 
 Сол сорапты қуалап, шатқа қарай ылди­ладық.
 
 Сайға түссек, одан арғысын бірдеңе етіп көре жатармыз, бір жөнін табармыз деген үміт. Сай ішінде міндетті түрде не өзен, немесе сылдыраған бұлақ болады. Алтайда бұлақсыз сай, өзенсіз шатқал жоқ. Сонысы үшін де бұл өңірді нулы ел, сулы жер атайды. Өзен түгілі, жылап аққан жылбысқы бұлақтың өзі міндетті түрде Бұқтырмаға барып қосылады. Бұқтырмаға бір жетсек, одан арғысы тірі жан, тісті бақамыз ғой, Тайпақты да мөлшерлей жатармыз.
 
 Ылдилап келе жатыр едік, бір заматта сора­бымыздың нұсқасын жоғалтып алдық. Алабұта мен бүрген ұйысқан қайдағы бір қалың жықпылға түсіп кетіппіз. Үсті-басымызды бұтаға сызғызып, жүрер жолымызды қолмен ашып әзер дегенде кү­реңселі беткейге шықтық.
 
 Жаңбыр суынан кейінгі күреңсе шөп май жақ­қандай тайғанақ, жылп-жылп етеді. Қай жерді қалай басуды көрсетіп, өзімше Гүлзинаға ақыл айтып сүйеп келе жатыр едім, бір кезде жалманымнан құладым. “Қап” деуге ғана шамам келіп, сол бойда домалай сырғанап төмен кеттім. Төмендегі дәу қарағайдың түбіне барып соғылдым. Бағанағы найзағай секілді көз алдым жарқ-жұрқ ете түсті. Тілерсегімді оңдырмай жаралап алдым.
 
 Қатты ауырсынып, жатқан жерімнен Гүлзи­наның көмегімен әзер тұрдым. Әйтеуір ешбір жерім сынған жоқ, аман секілді, оған да шүкір. Бі­рақ сол аяғым бастырмай сүйретіліп, шойнаңдап қалдым.
 
 Енді мені Гүлзина сүйеуге мәжбүр болды.
 
 Мен қисайсам болды, шамасы жетпей ол да жығыла салады. Оның үстіне әлгіндегі сүйретінді сорабымыз да жоғалған, соқыр өзекті бағдар тұтып қана ылдилап келеміз. Ылдилаған сайын шатқал іші қарақұрықтанып, қоюлана түсті. Аздан соң көзге түртсе көргісіз болып кетті.
 
 Қараңғыда бұта-бұтаның арасынан қолы­мызбен жол ашып, бірде жығылып, бірде тұрып төмендей түстік. Байқаусызда мен көзімді шұ­қып ала жаздадым, бетімді долананың инесі оң­дырмай сызып кетті. Шып-шып қан тамшыла­ды. Жығылып-сүрініп жүріп ақыры етекке де жеттік-ау.
 
 Білгендей-ақ, сай табанында күркіреп өзен ағып жатыр екен. Үсті-басымыз малмаңдай су, киімдеріміз батпақ, бәрібір бұл арада қалу қауіп. Соны сезіп аз-мұз тыныс алған соң, бірімізді-біріміз сүйеп өзен ұлтанымен құлдамақ ойда едік... Гүлзина жоғарғы жақтан жылтыраған әлдебір жарықты байқап қалыпты.
 
 – От! – деді даусы қарлығып.
 
 Мен де соңыма бұрылып, түн астарына үңілдім.
 
 – От емес, шамның жарығы сияқты?
 
 Көзімнің суын сүртіп, тағы тесілдім.
 
 – Ана жерде бір үй тұр ма... қалай өзі?
 
 – Үй болса, барайықшы!
 
 Бұл жолғы Гүлзинаның үні тым жалынышты шықты.
079.
Расында да, сайдың жоғарыдағы иінінде, түкпірге тығылған бір құрылыс байқалады. Шамасы сол үй болар.
 
 Шашымнан сорғалап көзіме түскен суды сүртіп тастап, қайта-қайта тесілемін. Ақыры анық көрдім, қарайып бір үй тұр... Сығырайған терезеден өлеусіреген жарық байқалады.
 
 “Қызық екен... таудың иен қойнауындағы бұл неткен үй?”
 
 Көңіл күпті болса да, осы үй бізге пана бо­лып, қиындықтан құтқарарын сездім. Оның үстіне сүйретілген мына ақсақ жүріспен Тайпаққа бүгін жете алмасымды тағы ұқтым. Гүлзина да “барайық” дегендей жеңімнен қайта-қайта тарт­қылап қояды.
 
 Амалсыз, сай түкпіріндегі жұмбақ үйге қарай жылжыдық.
 
 Қорғалаңқырап ай туды, шүпірлеп жұлдыздар шықты. Шүйкедей созылып Құс жолының түбіт сорабы шаңытты. Әлгінде ғана нөсерлетіп, ес-ақылды шығарып, күркіреп өткен жаңбыр ұмытылған сияқты. Ай шатқал ішін де сүт нұрға бөлеп, тас қараңғылықтың етегі түріліп кетті. Қырсық дүние деген осы... Ай әлгінде біз шатқалдың жалама беткейінен түсіп келе жатқанда шықса ғой, бүйтіп ит қорлықты тартпас едік. Мен де тастай домалап, ағашқа соғылып, ақсаңдап қалмас едім. Не дерсің бұған... Тіфу, сайтан!
 
 Біздің келгеніміз қарағайдан қиып салған жалпиған жатаған үй екен. Сыртынан шамалауымша, қос бөлмелі секілді. Бірақ шатыры едірейген тік. Бұл жақта мұндай үйлерді “изба” деседі. Қазақтар “ізбөшке” “қоржын үй” деп жатады. Тік шатырлы болатыны – тау ішінде қыс баласында қар тым қалың түседі. Шатырға қар тоқтап қалса, салмағымен сындырып жіберуі мүмкін. Ал тік шатырға түскен қар тоқтамайды, өзі сырғып кетеді. Ауа райының жағдайы, тіршілік қамы жергілікті жұртты осыған үйреткен.
 
 Үй сыртында, желі бойы жоғарыда үйшікке ұқсас бұғыңқы тағы бірдеңе қараяды. Тегі, қара монша болар. Одан әрі қора-қопсы, сырғауыл қо­тан байқалады.
 
 “Апырмай, жапандағы бұл жалғыз үй кімдікі болды екен?”
 
 Жылынып жан шақырмасақ біздің күніміз қараң, дәл қазір сайтанның үйі болса да кіріп баруға дайынбыз.
 
 Үйге ене берісте шағын шулан, шулан ішінде ескі-құсқы көрім-әзірет үйіліп жатты.
 
 Есікті шүңкиген шүмек бет орыстың кәрі кемпірі ашты. “Сендер кімсіңдер” деп сұраған ол жоқ, есігін айқара ашты да, екеуімізді үн-түнсіз ішке өткізіп жіберді.
 
 Кемпір Гүлзинаның шешінуіне көмектесті. Бір­деңе деп күбірлеп жүр, не десе де әйтеуір жаны ашыған жылы сөз.
 
 Мен үйге кірген бетте сылқ етіп босағаға шөге салдым. Әлім құрып, қимылдауға шамам келмеді. Аз-кем тыныстап, жан шақырған соң ғана, жайымен шешінуге кірістім.
 
 Бұрышта өлімсіреп жалаушке жанып тұр. Өлімсіреп жанса да осының жарығы ғой бізді шамшырақтай шақырып әкелген. Сол жақта ыдыс-аяқ шкәбі, іргеде темір кереует, бұрышта ескі икона. Иконаны гүлді ақ орамалмен көмкере жауып қойыпты.
 
 Кемпір жеті қараңғы түндегі біздің адасқан жағдайымызды айтпай-ақ сезгендей. Гүлзина екеуі бірдеңе деп сөйлесіп жүр, басым зеңіп, құлағым шыңылдап түк естір емеспін. Гүлзинаның үстіне құрғақ киім жауып, аяғын көрпемен орап жатыр. Жүні қырқылған ескі бір қара тонды сүйретіп әкеліп, менің алдыма тастады.
 
 
 
 080.
Кемпірдің үсті-басы жұпыны, кигені сарғыш сарапан, аяғында шәркей. Қимылы ширақ, соған қарағанда өзі тым кәрі де емес сияқты. Бірақ сақарға салған сүйектей бет әлпеті көгіс, терісіне ілінген арық. Өзін тірі скелет-қаңқаға ұқсатқан­дайсың...
 
 Кемпір күйтіңдеп жүріп қара шөңкеге тол­тыра картоп асып қойды. Дастарқан жайып, ат ары­тып туғаны келгендей нан турап, шай демдеп әбігер. Үстелге қойған ыдыс-аяқтың көбісі түрлі көлемдегі қайың күбі. Бұл жақтың орыстары оларды “туес, туесок” дейтінін естігем. Бұлар қайыңның қабығынан жасалған қол өнерінің қайталанбас үлгісі.
 
 Ортаға қайың күбілерді қойып, айналасына ескі-құсқы ыдыс-аяқтарды жайнатып, этнография­лық натюрморт жазса деп ойладым. Бірақ оған қа­зір шама қайда?
 
 Кемпір бірдеңе деп орысшалап күбірлейді. Тілі былайғы орысқа ұқсамайды, сөзінде де, мақамын­да да өзгешелік бар. Соған қарағанда кержақ болар деп шамаладым.
 
 Кержақ ағайынды біз жасымыздан білетінбіз. Ол кезде бұл халықтың мінезі де шатақ, басқаша еді. Орысты да, қазақты да үйлеріне ғұмыры кір­гізбейді, кім келсе да шарбақтың сыртынан қарсы алады. Сонысын білетін сайқымазақ жігіттер әдейі барып су сұрайды. Бұрқылдап ренжіп жүріп кемпірлер су бергенімен, су ішкен сол ыдысты лақтырып жі­беретін. Біз соған мәзбіз. Кейіннен кер­жақтың сал­ты мен дәстүрін қатаң сақтаған үлкендер азайды, шал-кемпірлер өліп бітті. Кеңестік тәртіп те, өмірдің ыңғайы да оларды қалыпты арнаға түсіре бастады. Жергілікті орыстың жастарымен үйленіп, тұрмыс құрып, біртіндеп қан араласып кетті. Қазір кержағы не, орысы не айырып болмайсың.
 
 Мына кемпір қалың таудың ортасында мұра­жайдың сирек экспонатындай сақталып қалған кісі ғой, тегі.
 
 Дастарқан басында мен кемпірге там-тұмдап бастан кешкен жағдайымызды баян еттім.
 
 Кемпірдің аты Акулина екен. “Батюшкаңыз бойынша қалай болады” деп сұрап едім, “баба Аку­лина” десеңдер болады деді де қойды.
 
 Акулина да көңіл жазып, біраз әңгіме қоз­ғады. Бұл жерді қазақтар Жаманшат деседі екен. Кемпірдің Мокей деген шалы осы өңірге аты шыққан аңшы болыпты. Сонау бір жылғы қыста анау Таутекелі жаққа аңға барып, өзімен бірге ертіп шыққан жалғыз ұлын оқыста атып алыпты. Содан Мокей шалдың өзі де оңала алмай, арада жыл өтпей жүрек талмасынан қайтқан екен.
 
 Түнеугүні таутеке қарап, Сарыбет жаққа барған сапарда Мұнарбек айтқан оқиға есіме түсті. Дәу де болса бұл қаралы шаңырақ сол аңшыныкі болар. Өзінің фамилиясы кім деп еді? Ұмытпасам, “Губушкин” деді-ау деймін.
 
 Акулинадан жайлап фамилиясын сұрадым.
 
 – Мы Кубушкины... Кубышкины! – деді кем­пір. – Мы из древних христиан, и веры праведной мы не переменили.
 
 Кемпір байғұс тілі жетпей, аздап бұзып айтып отыр. Құдай біледі, сол Губушкин осы кемпірдің шалы.
 
 Мұнарбек ұлының соңынан аңшы әкесінің де дүние салғанын айтпап еді. Әке жазған баланың күйігіне шыдай алмай, құсадан кеткен екен ғой... Құдай басқа салмасын, естір құлаққа ауыр, қа­бырғаны қайыстырған қайғылы жағдай екен!
 
 Жүрегіме жақын алдым ба, мен ауа жетпегендей аузымды балықша ашып күрсініп жібердім.
 
 – Чада мово загубил, алгимей треклятый! – деп, баласын айтқанда, кемпір де кеудесі құныс­танып, сұңқылдап алды. Бөтен болсақ та Гүлзина екеуімізге міңгірлеп мұңын шағып, шерін ақтарып жатыр.
 
 Әңгімесіне қарағанда, содан бері кемпір жал­ғыз. Қала жақта тұрмыста бір қызы бар екен, жылда жаз айларында балаларын ертіп солар келіп кететін сияқты. Биыл да немерелері ала жаздай осында болып, оқу басталар алдында ғана қалаға қайтыпты. Рас-ау, мынадай әдемі жер, салқын сабат, табиғат аясы қайсыбір “оқушы лагерінен” кем емес қой.
 
 Бастықтар кемпірді етекке ел ішіне шақырған екен, одан өзі бас тартыпты. Акулинаның пайымынша, ауыл ежелден бұзылған, рухани тазалық жоқ, бәрі “анчихрист” болып кеткен.
 
 Кемпір бірер шошқа, тауық пен қаз асырап отырғанын айтты. Аздаған зейнетақы алады, қант пен шайға сол жетіп жатыр. Шалынан бір шабдар ат қалған екен, “өліп қалды” деп, кемпір алайып аспанды нұсқады... Онысы не екенін мен ұқпай, қайталап сұрадым. Анау жылдары аспаннан темір құлапты, сол темір қыр басында жайылып жүрген шабдар жазғанды өлтіріп кетіпті.
 
 – Исусе многомилостивый, – деп кемпір мұны есіне алған бойда бұрыштағы иконға бұрылып, екі саусағымен шоқынды да, үш мәрте иіліп тағзым етті, – это знамение господне, Божья кара!
 
 Кемпірдің ойынша, ол да бұл үйге Құдай тағала жіберген нәубет екен. Шабдар аттың қызық жағдайда өлгенін мұқым ауыл естіпті. Содан тез арада әлдебір әскерилер келіп, кемпірге аттың құнын төлепті де, әлгі темірді көтеріп алып кетіпті.
 
 Мен бұл әңгімені аңыз ба, ертек пе деп отыр едім. “Әскерилер келіп алып кетті, аттың құнын төледі” деген соң ғана санама бірдеңе жеткендей болды...
 
 Кемпірдің көкті көрсетіп отырғаны – аспанға ұшқан ғарыш кемесінің құлаған бөлшегі ғой. Байқоңырдан ұшқан кемелердің траекториясы осы Алтай тауларының үстінен өтетінін, алғашқы сатысы елсіз тайгаға құлайтынын оқығаным бар. Рас, мынау өңірдің бәрі елсіз мекен, ит тұмсығы батпас қалың орман. Өзге жер жетпегендей, қырсық темірдің туралап Губушкиннің жалғыз атының төбесіне құлауын қарашы!
 
 Қарақат тосабы қосылған ыстық шай ішіп, үгілмелі картоп жегеннен соң Гүлзина екеуіміздің бетіміз бері қарағандай болған. Бойымызға қан жүгіріп, жан шақырдық. Бірақ менің аяғым мазамды алып, зырқырап қақсай берді. Гүлзина да ақ қағаздай бозарып, күркілдеп жөтелуі жиілей бастады. Күн жылы ғой деп жеңілдеу киіммен шығып кетіп едік. Қайта Гүлзина сақтық жасап, күртесін ала жүріпті, сонысы ақыл болды. Әйтпесе, күн қаншалықты жылынып кеткенімен, күздің аты күз емес пе, салқын ызғар бар. Оның үстіне жуықта ғана борандатып қар жауды. “Суық тиіп, өкпесі қабынып жүрмесе игі еді”, – деп мен қатты қауіптендім.
081.
Кемпір Тайпақты біледі екен, айтуынша, ол жер бұл арадан пәлендей алыс емес. Біз Алтайдың жырымдалған көп жылғасының біріне түсіп кеткен көрінеміз. Мына тұрғанымыз Жаманшат болса, Тайпақ келесі шатқалдың өңешінде сияқты. Бәсе, соншалықты алысқа ұзай қоймасақ етті...
 
 Ақыры, біз Акулина кемпірдің үйінде қонып қалдық. Түнде Гүлзинаның ыстығы көтеріліп, ауы­рып шықты. Кемпір оған ем-дом жасап, біраз уақытқа дейін қасында отырды. Денесін шөп-дәрімен ысқылап, әлдебір ішірткі ішкізді. Соңынан көрпемен орап-қымтап, жатқызып қойды.
 
 Кемпірдің қолы дуалы екен, ертесінде аздап басының сынғаны болмаса, Гүлзина кәдімгідей сауығып тұрды. Керісінше, менің аяғым дом­бығып, сүйегім сырқырап, денем ауырлап қалды. Соған қарағанда бір күндік қиындыққа шыдай алмаған қаланың нағыз ақсаусағына айналған екем мен.
 
 Қиналсам да сездірмеуге тырыстым, үйдің сыртын айналып, құрысқан денемді жазып жатты­ғулар жасаған болдым. Бәрібір одан оңалып кете қойғамын жоқ.
 
 Акулина кемпірдің таңғы шайынан соң ілбіп басып жолға шықтық.
 
 – Пращевайте, благостные мои, живите с миром! – деді де, Акулина кемпір шоқынып, соңы­мыздан тағзым етіп қала берді.
 
 “Рақмет сізге, қасіреті қалың, ақ жүрек Акулина кейуана!”
 
 Үйіне бас сұқтырмайтын, су ішкен ыдысыңды лақтырып тастайтын баяғы кержақтар менің бала­лық естелігімде ғана қалған ба дедім...
082.
Тайпақ оншалықты алыс емес шығар деп ойлап едік, ақсаңдаған маған жеткізбей жанымды шығарды. Құрғыры дүниенің жері екен.
 
 Өзенді жағалай қуған қылта жолмен шат­қалдың аяғына жеткенше де діңкеміз құрып еді. Содан дөңкиген тұмсықты айналамыз деп әл кетіп, сүйекшідей сүйретіліп қалдық. Кемпірдің осы жер дегені көш жер болып шықты.
 
 Тайпаққа жақындай жер ыңғайын бағдарладым, біз жаңбырдан қашамыз деп мүлдем теріс-қа­ғыс шатқалға түсіп кетіппіз... Алтай ағаттықты кешірмейді, адасқанды оңдырмайды дейтіні рас болып шықты.
 
 Тайпақтағы үйге түс ауа әзер жеттік.
 
 Үйге келіп, төсекке құлағанда ғана бұл са­пардың қияметін бар денеммен сезіндім. Аяқ-қолым дірілдеп, аузым жыбырлап, иегім кемсеңдеп қаусап қалыппын. Акулина кемпір болмағанда біз кеше түнде бұл Тайпаққа жетуіміз неғайбыл екен. Екеуіміздің де үсті-басымыз малмандай, мынау күздің суық түнінде бір самырсынның түбінде қатып қалар ма едік, кім білсін...
083.
Ауа райы тағы күрт бұзылды.
 
 Біз үйге кіріп жан шақырып, бірер кесе шай ішкенше болмады, сыртта жаңбыр тағы да құйып кетті.
 
 Кешегідей өткінші болар, аздан соң басылатын шығар деп күткенімізбен, жаңбыр көк иық етіп ұзақ сілбіледі.
 
 Гүлзина бүгін қазан айының алғашқы жек­сенбісі, яғни мұғалімдер күні екенін ескертті. Мен бұл хабарға кәдімгідей абыржып қалдым. Өйткені Гүлзинадай аруға лайықты тарту жасауым керек еді, ал менде даяр тұрған түгім жоқ. Не істеуім керек? Амалсыз қолын қысып, маңдайынан сүйдім де, мерекесімен құттықтап өзінің портретін сыйға тарттым.
 
 Кешке қарай жаңбырдың соңы ызғырған желге ұласты. Желдің артынан алапат дауыл тұрды. Үйдің шатыры тарсылдап, терезе сықырлап, іргедегі қарағайлы қалың орман шулай жөнелді. Аздан соң жер-дүние азан-қазан болды да кетті. Алдымен сыртта мың сан қасқыр ұлып жатқандай еді, соңынан ол ұлыған дауыс албастының айғайына, жын-шайтанның ойбайына айналып жүре берді. Мұндайда далаға шығу түгілі, есік ашудың өзі қауіпті көрінді. Терезені сындырып, есікті жұлып әкете ме деп те үрейлендік. Сырттағы құлақ тұн­дырған шуылға жарқ еткен жасынның от шашуы қосылғанда, құдды бір қорқынышты кинода отырғандай күй кештік.
 
 – Біреу далада фотоаппаратпен жарқылдатып түсіріп жүргендей ғой, – дедім мен.
 
 – Теңеуіңіз әдемі, – деді Гүлзина, – бірақ на­жағайды мазақ етпеңіз, ол Алланың әмірі, ашуы тиіп жүрер, байқаңыз!
 
 Солай деді де, бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды.
 
 Мынадай дауылда таңертең қалай қайтарын білмей, Гүлзина уайымдай бастады.
 
 – Таңға дейін дауыл басылады, күн шайдай ашылады, көр де тұр! – деп мен сәуегейсіп сенім білдірдім.
 
 “Мына дауыл шынысын сындырып жүрер” де­ген қауіппен, біз төсегімізді терезеден алысырақ, еденнің түкпіріне қарай салдық та, даладағы аласапыранды тыңдап, әңгімелесіп біраз жаттық. Со­ңынан өз қызығымыз өзімізде, сырттағы шулаған жаңбырды да, азан-қазан дауылды да, бәрін тарс ұмыттық.
 
 Астан-кестеңі шығып, төңкерілген дүние таңға жуық әзер басылды.
084.
Таңертең Гүлзина тамақ дайындап, дастарқан жайғанша мен киініп, төменгі жақты болжап қайт­тым.
 
 Жер лайсаң, қара жолдың миы шыққан бат­пақ, толарсақтап жаяу жүру қиындап кеткен екен. Бұқтырманың суы көтеріліп, арнасынан шыға тасып жатыр. Кешегі өткел атымен жоқ, ат түгілі қайық өтпес ағынды.
 
 Бұл жайсыз хабарды естігенде Гүлзина көзі боталап, жылап жібере жаздады.
 
 – Жұмыстан қалдым, ұят болды... ел-жұрт сезіп қалса қайттім... жаман атым жайылатын болды... енем мен ұлым да бүгін-ертең Өрелден қайтуы тиіс еді... олар келсе көрші-қолаңды шулатып, шарқ ұрып мені іздейтін болды... – деп қара аспанды төндіріп, күңіреніп кетті.
 
 – Қайда кеткеніңді Сәлима біледі ғой... күн райы бұзылғанын ол да көріп-біліп отыр... жұмыста бірдеңе деп сылтау табатын шығар? – деп мен жуып-шайып басу айтып жатырмын.
 
 Қиналса да амал жоқ, су тасу, жол жабық, Гүлзина тағы белгісіз уақытқа дейін менің қасымда қалды. Гүлзинаның көзінше мен де бұл жағдайға ауыр күрсініп, қапаланған боламын. Өкініп басымды шайқаймын, күн райына реніш білдіремін, бірақ іштей қуанышты едім.
 
 Осылайша, барар жер, басар тауымыз жоқ, күн суық, жер батпақ, екеуіміз күні бойы төсекте төбеге қарап жаттық та қойдық.
 
 Мауқымыз қанғанша құшақтасамыз, бірімізді- біріміз жеп қоярдай аймаласамыз. Әйтеуір естен кетпес ләззатты шақты басымыздан өткеріп жатырмыз.
 
 Бұл күні біздің көңілде айтылмаған әңгіме, ашылмаған сыр қалмаған, тіпті ішке бүккен күйік-наланың бәрі ақтарылғандай еді.
 
 – Мен күйеуі тастап кеткен жарты жан, тіршіліктің күнделікті күйбеңінен аса алмаған әйел едім. Қолында жалғыз ұлы, кәрі енесі бар қарапайым мұғалима едім. Сөйтіп жүріп, өзімнің кім екенімді ұмытып кеткен кісі едім. Сіз менің әйел екенімді есіме түсірдіңіз, мүлдем басқа адамға айналдырып жібердіңіз.
 
 – Осы жаққа келгелі мен де өзгердім, айнам!
 
 – Басымнан көп қиындықты өткердім. Сөйте тұра асқақпын, намысқоймын. Еңсемді түсіргем жоқ, қиындыққа мойымадым, ешкімге басымды имей өмірде жалғыз келемін.
 
 – Сен рухы мықты қызсың, Гүлзина!
 
 – Барлық адамдар жылы көңілге зәру. Ал әйел біткеннің бәрі еркектің мейірін аңсайды. Сұлулық тек сұлулықты ғана жаратады. Сол секілді, сұлу сезім де сұлулықты жаратады...
 
 – Осындай ақылды сөздерді қайдан үйреніп жүрсің?
 
 – Шынын айтсам, сіз үйреттіңіз... Осы күндері үйрендім. Әйелдің сұлу болуы да, ақылды болуы да ер адамға байланысты екен, соған көзім жетті.
 
 Жүрегім елжіреп мен Гүлзинаны бауырыма басамын.
 
 – Менің өміріме әр кірді, тірлігіме нәр жү­гірді. Төңірегім жасанып, дүние түрленіп салғандай болды...
 
 Гүлзина не десе де басымды изеп, шашынан иіс­кеп мақұлдап қоямын. Басқа не дейін, көңіл­дің мұндай толқынысты сәтінде бірдеңе деп сөз қосудың өзі артық.
 
 Шынын айтсам, борықтай ағарып бауырымда жатқан ару қыздың жүрекжарды айтқаны мені де тебірентіп жіберген... Кешегі күні сәті түсіп, асқар таулардың алыс қойнауында өзіміз куә болған бұғы сайысын есіме алдым. Мыңнан біреудің ғана көзіне түсер таңғажайып сол көріністі полотнода айшықтағым келді. Көрген көрермен ішегін тартып, жағасын ұстайтындай ғаламат картина салуға бекіндім.
 
 “Көресіздер, аман болсам, мен әлі бәріңді таң қалдырып, дүниені шулататын боламын!”
085.
Гүлзинадай аруды құшақтап жатып, ауыл қыз­дарының тағдыры қалаға қарағанда ауырлау әрі күрделірек пе деген ойға қалдым.
 
 Ауыл қызының бәрі болмаса да, көбісіне махаббат атты арман ұғымның қажеті шамалы. Әрине, қыз болған соң бәрі де асыл сезім, асқақ махаббатты аңсайтыны даусыз. Бірақ соған лайық рухани кемелдікті таба алмай сарылады. Жас кетіп барады, уақыт зымырап өтіп барады. Ақыры іздегені жақын маңнан кездеспей, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен можантопай көлденең біреудің етегінен ұстап кете беруге мәжбүр. Бірер балалы болған соң асау сезім жуасиды, арман болған махаббат ұмытылады. Ауылдың сарыала етек сарпылтаң көп бәйбішесінің бірі болып шыға келеді.
 
 Сөйтіп, нелер бір арулар аңсаған махаббатта­рын армандарында ғана әлдилеп өмірден өтеді. Асқақ махаббатқа деген сағыныштары той-тома­лақ­та сызылтып салған әнмен шығады, құс жастықты құшақтап көрген түстерімен тамам болады.
 
 Гүлзинаның да жас өмірін мен осылай елес­теттім.
 
 – Әрине, – деді Гүлзина менің ойымды сезгендей. – Зорлықпен алып қашып, үйге енгізіп, басыма орамал салғанда, соның бәрін сыпырып тастап, қайта кетіп қалуыма да болатын еді. Оған ерік-жігерім де, қайратым да жететін. Мейлі, соңымнан сөз еріп, “есік көрген” деп сыртымнан ғайбаттай берсін. Қалың қазақ не демейді, кейін бәрі ұмытылар еді. Ары кетсе басқа ауылға көшіп, тіпті басқа ауданға да ауысып кетуіме болатын-ды. Бірақ болашақ енемді көрдім де... қалып қойдым. Бет-жүзіне иман үйірілген, жана­ры мейірімге толы кісі екен. Көзі боталап, құша­ғын ашып, маңдайымнан иіскегенде кеудесінен итеріп жіберуге дәтім бармады. “Жалғызымның бұл қуанышына да жеттім-ау! Жалғыз еді, екеу болды, сен енді менің қызым боласың, Аллаға екі дүниеде ризамын”, – деп күңіренді ғой... Енемнің осы сөзі мені жіппен байлағандай ұстап қалды. Амал қанша, енейдің сол қуанышы да көпке бармады... Өмірге Мұрат келіп, аяқ-қолымды жиған соң, күйеуім ұшты-күйлі жоғалды. “Ауылда маған лайық жұмыс жоқ, табыс табамын” деген сылтаумен сөмкесін арқалады да, қайқайып қалаға кетті. Содан бері, мінеки, жеті жылдың жүзі болды, құмға сіңгендей хабар-ошарсыз. Қай қалада жүргенін де білмейміз. Кебіні жоқ, көрі жоқ, бір жерде қылжиып қалды ма, одан да бейхабар­мыз. Тірі болса, әйелі мен баласын ұмытса да, “артымда өлмелі шешем бар еді-ау” деп бір қайы­рыл­са етті!
 
 Мен Гүлзинаны құшақтап, еркелетіп шашынан сипадым. Басын көтеріп, жүзін өзіме қара­тып едім, жанары мөлтілдеп жасқа толып кетіпті...
 
 Маған бауыр басқаны соншалық, жан сырын тоқтаусыз ақтарып-ақ жатыр.
 
 – Егер менің бойымда бір ізгілік қасиет, адамгершілік жақсылықтың нышаны болса, со­ның жарымы – көркем әдебиеттің арқасы, – де­ді. – Әдеби кітаптарды көп оқыдым. Торыққан күндерімде кітаптардан пана іздеймін. Өзім ылғи да сол оқыған кітаптарымның кейіпкерлеріне ұқ­сағым келеді де тұрады. Солардың жасаған іс-әрекетін, бойындағы жақсы қасиеттерін үйренуге тырысамын. Адам ретінде қалыптасуыма осы кітаптар әсер етті, содан кейін енемнен көп тәлім алдым.
 
 “Бұл келіншектің енесі Құдайға қараған жақсы адам болды-ау, оған да тәуба”.
 
 Екеуара айтылған әңгімеміз таусылар емес...
 
 Гүлзинаны білгеніме бірер күн ғана болса да, бұл келіншек менің жанымды жақын тү­сінетінін аңғардым. Көздің қарасынан-ақ айтар сөзіңді ұға қоятын секілді. Құдайға анық, бұған дейін мұндай ұғымтал жанды өмірі кездестірген емеспін.
 
 “Бәлкім, менің адасқан жанымды ұғатын әлемдегі жалғыз кісі осы шығар?”
 
 Қалай десем де, бұл күндер мен үшін балдай тәтті ұмытылмас сәттерге толы болды. Жұмақтың төріне шыққандай сүйегіме дейін балбырап, бұрын-соңды сезіп білмеген рақат ахуал кештім. Пенде атаулының ғұмыр бойы іздейтін, қолы жетпей аңсап өтетін “бақыт” деген ұғымы, тегі, осы болар. Сол бақыттың да кемел шағы, өлшеулі шегі болатын шығар, сірә. Мен сол өзім тапқан бақытымның кемерінен шалқыған кемел шағына, толысқан толайым шегіне жеткендеймін.
 
 Апырмай, буырқанған бұл не сезім деп өзім де аң-таңмын. Жан дүнием нұрланып, жүрегіме шуақ жайылғанын сеземін. Езу жияр емеспін, өзімнен-өзім жымия беремін. Ұмыт қалған бая­ғы бозбала шағыма қайтып оралғандаймын... кө­ңіл шіркін байыз табар емес, өкпе алқынады, жү­рек дүрсілдейді, ой мен қиял әлдеқайда алып ұшады.
 
 Гүлзина сыртқа шығып кеткен бір мезетте көзімді жұмып, қисайып жатыр едім, түні бойы шала ұйқы болғанның әсері ме, мызғып кетіппін. Түсімде ұзап бара жатқан Гүлзинаны көрдім. Соңына бұрылып қарамады, ширақ басып күре жолмен ауылға қарай кетіп барады. Шіркіннің жүрісі қандай десеңші... кербез де көркем. Мен ару келіншектің соңынан қызыға қарап көп тұрдым. Сосын дауыстап шақырдым, естімеді. Жаным шыр­қырап айғай салдым, Гүлзина онда да естір емес. Сол естімеген күйі, бұрылып қарамаған бойы көңілден де, көкжиектен де ғайып болды.
 
 Ішке кірген Гүлзинаның тықырынан оянып, жаңа ғана көрген осы түсімді айтып бердім.
 
 – Неге бұрылып қарамадың? Мен сенің қара­май кеткеніңнен қорқып қалдым?
 
 Гүлзина күлімдеп келіп, мені сынықси құ­шақтады да, екі бетімнен алма-кезек сүйіп-сүйіп алды.
 
 – Қорықпа, – деді, – мен енді мәңгі сен­дікпін!
086.
Түс әлетінде қос атпен Мұнарбек келді.
 
 Бұқтырма тасып жатыр, өткел жабық, жол батпақ, мәшинелер қаңтарулы. Сондықтан кордон­да қамалып қалған Гүлзинаны ешкімге айтпай, сырт көзге түсірмей жасырын түрде атпен алып қайтуға өзі келіпті. Нағыз азаматтық, нағыз білгендік деп, міне, осыны айт!
 
 – Аға, мен жоқта жалғызсырап қалған жоқсыз ба? – дейді түкті беті қисаңдап. Бәтшағардың көзінде көлгір күлкі бар.
 
 “Әй, қу бала, қалжыңының түрін...”
 
 Үшеуіміз бірге отырып, түскі тамақ іштік.
 
 Араға үш күн салып тағы келетін болып уағда­ласып, Гүлзина Мұнарбекке ілесіп атпен ауылға қайтты.
087.
Түстен кейін тағы да сібірлеп жаңбыр бас­талды.
 
 Адамды әбден ығыр қылатын, мазаңды алып, жүйкеңді жұқартатын ақ жауын. Құрғыры, не дұрыстап жаумады, не қоймады, себезгілеп тамшылап кешке дейін тұрып алды. Жаңбырмен қоса бесін әлетінде қоп-қою, сұп-сұр тұман түскен. Сол-ақ екен, Алтайдың биігі түгілі, іргедегі жота да жабылып қалды. Төңірек түнеріп, маңайды мұң басып кетті. Қасымда Гүлзина жоқ, қанатымнан қайырылғандай хал кешіп, мен жалғызсырайын дедім. Осындайда ес болатын Мұнарбек те бүгін ауылда, нағыз зерігу енді басталды.
 
 Гүлзинаны ойлап жатып, ұйықтап кетіппін.
088.
Дәл құлағымның түбінен сатыр-сұтыр шыққан дауыстан селк етіп ояндым.
 
 Таң сібірлеп енді ғана атып келеді екен. Ал­ғашында, тегі, жер сілкінген-ау деген ой келді. Жер сілкінсе, бір ретпен тоқтамасы белгілі, тағы шайқайтын шығар деп төбеге телміремін. Ескі люс­тра қозғалар емес.
 
 Желетімді желбегей жамылып, верандаға шық­тым. Ақырын жылжып айналаны бозала тұман басып келеді екен. Есік алдында әлдебір өзгеріс бар сияқты. Оның нендей өзгеріс екенін түсіне алмай үңілдім. Сөйтсем, сонадай жерде кәрі қарағай сұлап жатыр. Түп-тамырымен қопарылып түскен. Ұшар басы мен жатқан үйдің бұрышына жете жығылыпты.
 
 Жуынып-шайынып, пешке от жақтым. Су ысытып, шай қойдым. Үйде ет те, тамақ та жет­кілік­ті көрінеді. Не ішем, не жеймін десең де табыл­­ғандай.
 
 Жылы киініп, сыртқа шықсам, бағанағыдай емес, есік алды да, жығылған қарағай да көрінбей қалыпты. Тұман... Тұман болғанда тіпті соқыр тұман. Қол созсаң саусағың бұлдырап кетеді. Үйден ұзаңқырап шықсаң, Құдай біледі, адасып кетуің оп-оңай. Жардан құлап мертігесің, ағашқа соғыласың, болмағанда бұта-қарағанға көзіңді шұ­қытуың хақ. Масқара-а, осындай да қою тұман болады екен-ау. Мынау бар ғой, адамның түсіне енетіндей төтенше құбылыс!
 
 Әлдеқайдан жылаған баланың даусы шық­ты...
 
 Биік жер, құлағым бітеліп, шыңылдаған болар, әлгі дауысқа көңіл аударғам жоқ. Ашылсын деп екі-үш жұтынып, құлағымды уқалап қойдым. Жалпы соңғы күндері құлақ шыңылдап, дауысқа ұқсаған қайдағы жоқты шатастыра бас­тадым. Соған қарағанда, тауда туып, тауда өссем де, қалада көп жыл тұрғандықтан биік жерді жатырқап қалған тәріздімін. Құлақтың шыңылы сол... былайша айтқанда, бейімделмей, үйрене алмай жатқаннан бо­лар. Ретін тауып, қан қысымын да бір өлшетіп алған жаман бол­мас еді.
 
 Аппақ тұманға шомылып, қызықтап ары-бері сенделіп жүрдім.
 
 Таныс бағытпен жоғарыдағы бұйра соқпақты бойлап, өзен жағасына барып қайттым. Әйтеуір, жалғыз аяқ сүрлеудің сорабы бар. Ал екі бүйірдегі қалың қарағай мен қайыңдар бұлдыр-бұлдыр. Сорайып әр тұстан бұтақтар салбырап оқыс шыға келеді. Абайламасаң көзіңе тигізіп, бетіңді сүргізіп алғандайсың.
 
 Соқыр тұман дүниені кері төңкеріп жібергендей әсер етеді екен. Көзге біртүрлі жат, көңілге тосын. Өзен сарыны да өзгеше, әдеткідей емес, тереңнен тұншығып шығады. Ол да мынау қою тұманда булығып, бұлқынып жатқандай.
 
 Ары-бері сенделіп үш рет жүріп өтіп, ерінбей-жалықпай өлшеп шықтым. Суға дейін 154 қадам екен. Бірде 156, енді бірде 152 қадам болды. Орта есеппен сол 154-ке тоқтадым. Бұл шамамен 120 метр деген сөз. Не үшін өлшедім, өзім де білмеймін.
 
 Енді бір сәтте ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай селк ете түстім. Құдай ақы, жон арқам аяз соққандай мұздап салды.
 
 Жалт қарасам, бүйірдегі тұман сәл сұйылған екен де, қарағай тасасында шоқиған бірдеңені көзім шалып қалды. Шегіншектеп кеттім. Тұманда бұлдырап анық көрінбеді, әйтсе де желке жүні күдірейген төбет ит екенін байқадым...
 
 “Ойбай, бұл жерге қайдағы ит келсін... мынау қасқыр емес пе?”
 
 Солай ойлауым мұң екен, жүрегім тас төбеме шықты... Қолымды ербеңдетіп айбат шегіп, жан даусым шыға айғай салдым. Сәтін салғанда, дәл қасымда қарағайдың кепкен бұтағы жатыр екен, соны ала салып бұлғап-бұлғап жібердім. Менің айғайым да, ойбайым да қасқырға әсер етпеді, білем, көзі шамшырақтай жанып бірер мезет қарап тұрды. Содан кейін жайбарақат бұрылды да, құйрығын бұтына қысып тұманға сіңіп кете берді.
 
 Мен енді ғана өзімнің жалғыздығымды се­зіндім. Сезініп қана қойғам жоқ, тайгада қауіптің барын тірсегім дірілдеп, он екі мүше, бүкіл денеммен ұқтым. Мына жалғыз қасқыр біраздан соң бесеу-алтау болып жиналып келуі әбден мүмкін екені санама жетті. Күзде қасқыр тышқан ауласа да аш бола қоймас, бірақ мына арланның сұры жаман, мені қасақана аңдып жүрген жыртқыш­қа ұқсайды. Құдай сақтансаң ғана сақтаймын деген.
 
 Жылдам басып үйге келдім де, бейнебір үйір­лі қасқыр есікті арсылдап ашып кіріп кетердей, ілгекті іштен іліп алдым.
 
 “Ал, бәлем, қалада жалғыздықты көксеуші едің, қалай екен?”
089.
Үйден ұзап ешқайда шықпадым. Мынау қа­лың тұманда қайда бармақпын, оның үстіне баға­нағы арлан қасқыр жүрек құрғырды шайлықты­рып тастады.
 
 Бұғы сайысы туралы болашақ картинам­ның нобайын ойластырып, қағаз сызғылап үстел ба­­сын­да отыра бердім. Ауылдан жырақ, иен жерде жал­ғыз адамның тамаққа да тәбеті соқпайды екен.
 
 Гүлзинаның қасымда жоқтығы жанымды жү­деткендей.
 
 Қалай десем де, Гүлзина екеуіміздің арамызда бір шындықтың барына менің көзім анық жетті. Өзіміз де байқай бермеген жаңа бір әлем, әсем дүние пайда болғандай. Шынайы махаббатты тағдыр маңдайға жалғыз-ақ рет жазады деседі ғой... Аңдауымша, мен пақыр соны кездестіргенге ұқсаймын. Осы рас болса, мен оны аялай білуге, бағалай білуге тиіспін... ол үшін тағдырға рақметтен басқа айтарым жоқ. Алтайдың алыс түкпіріне арнайы шақырып, әйбаттап демалдырған Ералы досыма ризамын. Өйткені Ералы болмағанда Гүлзинадай махаббатымды кездестірмей де өмірден өте шығуым ықтимал еді ғой. Мына менің та­йыз түсінігіммен, ит мінезіммен ол жағдай әбден мүмкін болатын.
 
 Бір қызығы, бұл Гүлзинаны мен бұрыннан білетін сияқтымын. Құдай ақы, солай... бұрыннан білемін. Бұл қыз менің өмірімде талай кездесті, онымен талай мәрте тілдескен болуым да кәдік. Бірақ мен бейбақ таусылып бермейтін өркенсіз тірлік, күйтің шаруамен жүріп, оған көңіл аудармаған тәріздімін.
 
 Түс ауды, тұман бәрібір сейілер емес.
 
 Не заматта ажылдап-гүжілдеген, батпақ жолда жүре алмай күшенген мәшине даусы естілді. Мен далаға шықтым. Тұманды сап-сары фарымен тес­кілеп, есік алдына әлдебір қара “джип” өкіре келіп тоқтады.
 
 Ералы екен. Мынадай ми батпақта қайтіп ке­ліп жүр? Оны да қойшы, тасып жатқан анау Бұқ­тырмадан қалай өтті?
 
 Ералының бұл келісіне мен таңданып қал­дым.
090.
– Байқамаппыз, Бұқтырма қатты тасып кетіпті ғой? – деп Ералы жарқылдай амандасып жатыр. – Өткелде тұрып қала жаздап... шопырдың мықтылығының арқасында ыршып-шоршып шығып кеттік.
 
 – Қайтарда қайтесің? – дедім мен.
 
 – Өте алмасақ, су қайтқанша сенің қасыңда жатамыз.
 
 – Сөйтіңдер, орын бәріңе жетеді.
 
 Ералы өзімен бірге ауылдан Мұнарбекті де ертіп ала келіпті.
 
 Мұнарбек пен шопыр жігіт дастарқан қамына кірісті.
 
 “Күн райының мазасыз уағындағы бұл не жүріс”, – деп едім, Ералы: “Қалай демалып жат­қаныңды көру үшін келдім”, – деп қарқ-қарқ күлді. Сосын, қипақтап аз-кем тұрды да, шын­дығын айтты.
 
 Келесі аптада облыстан екі үлкен бастық келе жатқанға ұқсайды. Лицензиялары бар, тауға шы­ғып аң атып, табиғат аясында бірер күн демалып қайтпақ сыңайлы. Сол сыйлы қонақтарды елдің кө­зінен сырт жерде, ешкім көрмейтін оңашада, қыс­қасы осы кордонда демалдыруға шешім жасалып­ты. “Оған дейін үйдің іші-сыртын тағы бір жаңалап сырлап, жаңғыртып, жөндеп қойыңдар”, – деген тапсырма түсіпті.
 
 – Қашан босатуым керек?
 
 Ералы ернін жымқырып, бірдеңені санағандай аз-кем ойланып қалды.
 
 – Ертең еру... Мен саған бүрсігүні көлік жіберейін.
 
 – Жақсы, солай болсын... бүрсігүні үйді босатамыз.
 
 Мен де күндерімді санамалап едім, шатасып, құрғырдың аяғына жете алмадым.
 
 – Мен келгелі неше күн болды осы?
 
 – Ертеңді қосқанда тура он сегіз күн.
 
 – Он сегіз дейсің бе?
 
 – Иә, он сегіз күн...
 
 Мен басымды шайқап, күліп жібердім.
 
 – Мен бір күнімді жоғалтып алыппын...
 
 Ералы менің әзілімді түсінбеді, білем, қипақ­тап самайын қасыды.
 
 – Жәке, имандай шыным, бірер күн қосу маған қиындау болар... Өйткені сылақшылар мен үй жөндеушілерді бүрсігүнге шақыртып қойып едім...
 
 Сосын өзімсініп, қолын менің иығыма асты да:
 
 – Сен ренжіме, – деді бетін тақап. – Жағдай солай болып тұр... Ауданға кел де, біздің үйде бірер күн еру бол!
 
 – Рақмет! – дедім мен. – Сен маған қолыңнан келген барлық жағдайды жасадың. Жақсы демалдым. Біраз этюдтер жаздым. Бәріне де ризамын! Біз де екі аяғымыз салбырап көктен түскеміз жоқ, жағдайды түсінеміз... Қысқасы, бұл Тайпақтан алған әсерім маған бір қысқа азық. Егер көлік тауып берсең, мен бүрсігүні ешқайда тоқтамай, қалаға аялсыз жүріп кетейін.
 
 – Сонда біздің үйге соқпай кетпексің бе?
 
 – Ол жағын бара көрейік.
 
 – Түсінгенің үшін саған да рақмет... Бүрсігүні мына Секо келеді... Опытный шопыр. Әй, Секо, бері келші! – деп, Ералы оған мені тәптіштеп тапсырып жатыр.
 
 Дастарқаннан дәм татып, әңгіме соғып сағатқа жуық уақыт отырды да, “жарықта өткелден өтіп алайық” деп, Ералы асығыс қайтып кетті.
 
 Кешке қарай жер бауырлаған қою тұманның етегі түріліп, тауға қарай жылжыды. Тұман ашыл­ған соң Мұнарбек те жирен атты ерттеп мініп, “ертең келемін” деп ауылға аттанды.
091.
Күн жарықтық бүгін шуағын молынан-ақ тө­гіп тұр. Биікте өшкен оттың селдір түтініне ұқсаған қазбауыр бұлттар шұбартады. Үйдің дәл төбесінен сусылдап қос үйрек ұшып өтті. Құ­дай біледі, жыл құсының соңы осылар болар...
 
 Қылықты қыздай күніге қырық құбылған Алтай күзінің мінезі тіпті түсініксіз болып кетті... Өткен түнде дүниені төңкеріп тастардай алқынған алапат дауыл, оның алдындағы шелектеген нө­сердің ізі де жоқ. Енді қарашы, табиғат жарқы­рай жайнап, түкті көрмегендей, ештеңе білмеген­дей күннің күлімдеп шыға келуін.
 
 Даладағы жағдай мен өзгерістің баршасын сы­ғырайып терезеден бақылап, дөңбекшіп төсекте жатырмын.
 
 Бұған дейін, тегі, көңіл қоймасам керек, расында үйдің іші тозыңқырап кетіпті. Бұл жерге сыйлы қонақтар шақырар болса, мына үйді жаңалап, сырлап-сылаудың жөні бар секілді.
 
 Қабырғада шағын ағаш сөре. Сөре ішінде баяғы Сервантес, сосын мен әкелген төрт кітап тұр. Сөре астында журналдан қиып алынған әдемі бір қыздың түрлі-түсті суреті. Түрі таныс, соған қарағанда киноактриса-ау деймін. Ол да қағазы сарғайып, шыбын қонып алақаттанып, суреті оңа бастапты.
 
 Төр жақта әукесі салбыраған мүйізі абажадай бұғының басы. Босағада жәудір көз елік... Еліктің жоғарғы жағында дөңгелек сағат ты­қылдайды.
 
 Қой, бұл шаңыраққа да бек рақмет, мен ертең жолға жиналайын, қалаға қайтайын. Бір есептен осы да жөн болды, нағашылап келген жиендей, тегін тамақ жеп қашанғы көкжамбас боп жата бермекпін.
 
 Менің қайтатынымды Гүлзина білмейді, ол ертең емес, бүрсігүні келетін болып уағдаласқанбыз. Бүрсігүні келгенде ол менің суыған орнымды сипалап қалатын болды. Кездесе алмай қалатын сияқтымыз, жағдай соған тіреліп тұр!
 
 Көкіректі өртті өкініш жайлап барады...
 
 Көкіректе өкініш кетпес үшін ол келіншекке қалай хабар берсем екен? Оның да амалын таба алмай, ойым сан-саққа бөлінді.
 
 Бір реті бола жатар деп, Гүлзинаны ойламасқа сөреден кітап алып оқуға кірістім. Бірақ бәрібір ойым басқа жақта, қайсы кітапты, нені оқып жатқанымды да білмедім. Көкірегімде от жанып, миым бұрқ-сарқ қайнап кеткендей...
 
 Соған қарағанда жүректе үлкен бір өзгеріс бар.
 
 Сабырлы жан секілді едім, енді, мінеки, уа­қытты өткізе алмай бір отырып, бір тұрамын. Та­ғатсызданып кеттім. Есіктің маңдайшасындағы дөң­гелек сағатқа жалтақтап қарай берем. Қан­шалықты қарасам да, пәтшағар жылжымайды-ау, жылжымайды. Уақыт құрғыры табандап тұрып алған сияқты.
 
 Айтпақшы, иен үйдегі бұл сағат істемей, тоқ­тап қалған шығар деген де күдік келді. Рас-ау... Қуанып кетіп, сөмкенің қалтасынан қол сағатымды суырып алдым. Әлдебір үмітпен оған қайта-қайта үңілемін. Қырсыққанда, бұлар келісіп алған ба деймін. Әлде менің онсыз да жұқарған жүйкемді сынағысы келгендері ме... екеуі де бірдей уақытты көрсетіп тұр.
 
 Қос бөлмеге сыймай, верандаға шығып, жат­тығулар жасадым. Қолымды санап отырып жүз рет сермедім, елу рет отырып-тұрдым. Еденге жатып арпалысып аяғымды қайшыладым, білегімді шынықтырдым.
 
 Ентігіп шаршап қалдым. Демалысым жиілеп, тіпті тынысым тарылып кетті. Бәрібір, арпалысқан жаттығулар да қабарған көңілімді көтере алмады. Кемерінен асып-тасқан бүгінгі көңіл күйім көсілген кең даланы аңсайды, шіркін. Бар болмысыммен табиғатқа сіңіп жоғалып кеткім келеді.
 
 Жылы киініп, сыртқа шықтым. Қиықтап тө­ңіректі шолуладым.
 
 Қалай қарай бастасам екен? Қай жаққа барсам екен?
 
 Шатқал іші көңілге де, көзге де таршылық етеді. Етектегі жазықта бірнеше рет болдым, ол жақтағы көрер дүниенің бәрін көрдім. Анау жолы Күртіге дейін барып қайтқам, армансыз араладым, таныстым, сол да жетеді. Қазір мен үшін дарқан көсілген Матай дарасы да, орман-тоғайлы Бұқтырма бойы да қызық болмай тұр.
 
 “Әлде тауға шығып қайтқаным жөн бе?”
 
 Қарсыдағы жалды бойлап, ана жолы әнеу биікке шыққам. Жайқалған шалғын секілді кө­рінгенімен, құрғыры, жалдың бойы ұйысқан ала­бұта болатын. Оны да көрдім. Бүгін менде ондай қалың бұтаны жарып, тауға шығардай ша­ма жоқ.
 
 Жан-жағымды болжап, теріскей шығыстағы жақын төбенің біріне тарттым. Биіктік пен кеңдік осы бұйраттың басынан да табылар. Кеудені кере тыныстап, таза ауаны тойғанша сіміріп, алаңсыз бір бой жазып қайтсам деймін.
092.
Тау алқымы қож-қож қына басқан жақпар тас екен, қыздың жиған жасауындай текшеле­ніп қалыпты. Бірде тырмысып тасқа шығып, бірде жабысып тасты айналып, қуыс-қуысты сағалап өрлеп келем. Жолай төрт-бес жерде демалып, аңдап басып аяңдап, төбенің басына да шық­тым.
 
 Алыстан болжағанда жадағайлау көрінгені­мен, шығар жолы шапшыма, басы біршама биік екен.
 
 Әпігімді басқан соң, жапырылған сары шал­ғынның үстіне күртемді жайып жібердім де, жантайып жата кеттім.
 
 Осы күндері кәдімгідей ет жинап, қарным дөңгеленіп, торалып қалғанымды байқадым.
 
 Төбе басындағы түсі өзгеше аппақ мүкке көзім түсті. Кілем секілді түгі қалың, тастың бетін шұбарлап тастапты. Осы мүктің шипалық қасиеті барын естігем. Сонау Мәскеуден арнайы іздеп келіп, қапшық-қапшық жинап алып кетеді деседі. Мейлі ғой, ал жергілікті қазақтардың көбісі бұл мүкті білмейді, білсе де пайдаланбайды. Қазақы мінездің бұл да бір кемшілігі-ау.
 
 Айналаның бәрі гүл-гүл жайнап кеткендей ме, қалай өзі... Құдай-ау, көктем шыққан секілді ғой. Күн де керемет шуақты, маужырап ұйқы шақыртқандай. Төңірек түгел күздің алтын түсіне бөгіп, ол да дел-сал мүлгіп тұр. Бөтекедей бұлтиған бөктер мен қызғылт қыраттар қызықтырып көз арбайды. Ақ балтырлы қайыңға да, мәуелі бал­қарағай мен салпиған самырсынға да мейірлене қараймын. Тіпті менің маңайымдағы түксиген жар­тастар да, бүйірдегі соқыр өзек пен түстіктегі терең шатқал да әлдебір шапағатты жылылықпен өзіне шақырғандай.
 
 Қалай десеңіз де, осыншалық мейірбан бола қалғаныма өзім де қайранмын.
 
 Қара ноқаттай екеу тұманды асу үстінде бұл­дырайды. Шұбардың арасында бірде көрініп, бірде жоғалып көкжиекке сіңіп бара жатыр. Дүрбі салып қарадым... Арқаларында рюкзакқа ұқсас кө­тергендері бар. Балқарағай соғып жүрген ауыл адамдары ма? Әлде әнеугүні шекарашылар айт­қан қашқындар болып жүрмесін...
 
 Өр жақтағы қорым ішінен түйеқұлақ ши­қылдады. Мені бөтенсіп, қауіп қылған жайы бар. Бұрылып қарап едім, көкпеңбек шөпті жалпақ тасқа жая кептіріп, қасында шоқиып отыр екен. Қимылымнан шошыды ма, шолтаң етіп қорымның жықпылына қойып кетті.
 
 Жүрек мазасыз, көңіл тағатсыз.
 
 “Осы мен шынымен ғашық болып қалғаннан саумын ба?”
 
 Жоқ, ондай әлсіздігім болған емес, ғашықтық деген жалпы менің өмірлік ұстанымыма қайшы құ­былыс қой? Мен ұрғашы ағайыннан әлдеқашан кө­ңілі қалған жанның бірімін. Олардан аузым күйген, күйгенде оңдырмай күйген. Содан бастап әйел заты мен үшін айына бірер мәрте көңіл көтергенде болмаса, қажеті шамалы, пайдасынан зияны. Олардан шақырым аулақ жүруге тырысам. Махаббат айтпай келетін дерт екенін білген соң, ондай дертті денеге дендетпей, сақ жүруге ұмтылам. “Махаббат” деп мауыққан өзге жұртта шатағым жоқ, үйлене ме, қоя ма – өздері білсін. Ал мен табиғатымнан саяқ жүруге бейіммін, жалғыздықты ұнатам, өзге еркектердей әлгіндей “ерлікке” дайын емеспін. Мен өмірімді таза өнердің жолына арнаған жанмын, былайша айтқанда, өнердің құлақкесті құлымын. Осы мақсат жолында түбінде бір жарқырап жарып шығарыма сенімдімін. Сондықтан мені кінәлауға да, айыптауға да ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені өнер адамдарының ішінде де өмірде үйленбей, сүрбойдақ өткен мысалдар жүздеп саналады. Олар өздерін ұмытып, күйкі тірлікті тәрк етіп, шығармашылыққа түбегейлі беріліп өтті. Соның арқасында адамзат тарихында өшпес із қалдырды, өркениетті биік деңгейге шығарды, өнер әлемінде бетбұрыстар жасады. Ертедегі Вольтерден бастап, Спиноза, Бетховен, Руссо, Кант... Сүрбойдақ өткен менің ұлы әріптестерімді айтсам – Карл Брюллов, Владимир Боровиковский, Винсент Ван-Гог, Камиль Коро, Эль Греко, Эдгар Дега, Морис Латур, жапон Утамаро, тағы кімдер бар еді, ұмытып қалыппын, қысқасы, тізе беруге болады. Тіпті әлемдік өнердің теңдессіз данышпандары Леонардо да Винчи мен Микеланджело да, Боттичелли мен тентек Караваджо да өз өмірлерін алаңсыз тұтастай өнерге арнап, қу тізелерін құшақтап бойдақ өткен. Оның үстіне жасым да қырықтың қырқасына шықты ғой, маған қайдағы сезім, қандай ғашықтық? Бозбала желік, жастық жалын баяғыда келмеске кетті. Енді оларды естеліктен ғана іздеп табарсың. Соған қарағанда бұл бір өткінші әуесқойлық болар, бүгін бар да, ертең жоқ... Мұндайда не істеу керек? Ақыл тоқтатқан адам өзін қалай ұстағаны жөн? Соның амалын да, емін де таба алмай пұшайман болып отырмын, мінеки.
 
 Әлде мен бұл қыздың өзіне емес, оның әніне ғашық шығармын? Ол жағы да түсініксіз. Жан тереңіндегі бұл құбылыстың ақырын күткеннен басқа менде қазір ешқандай шара қалмады.
 
 Ақылды қыздар алдында әлсіздік танытсам да, былайғы қыздарға мықты едім. Қатал болып кететінім де бар, тіпті күш көрсетіп қорлауға да дайынмын.
 
 Ендеше, маған не болды?
093.
Өнердің басыбайлы құлы болсақ та, ма­хаббаттың машақатын біз де заманында бір кісі­дей тартқанбыз.
 
 Сәлиманы айтпаймын...
 
 Сәлима алғашқы махаббат дейміз бе, әлде балаң сезім еді дейміз бе, оның жөні бөлек. Әрине, ол қыздың өміріме өшпестей із қалдырғанын мо­йындаймын. Турасын айтсам, намысымды оятып, еңсемді серпілтті, азамат боп қалыптасуыма бағ­даршам болған да осы қыз.
 
 Қазіргі әңгіме Сәлимада емес. Әңгіме – осыдан он шақты жыл бұрын, отыздың төртіне жиған жасымда менің үйленгенімде болып отыр... Отбасын құрып, шаңырақ көтеріп, менің де кішкентай ұлды болған жайым бар. Бұл уақиғаға достарымның көбісі куә, ал не үшін ажырасқанымды ешқайсысы білмейді. Ол жайында күні бүгінге дейін тірі жанға жақ ашқан емеспін.
 
 “Қайта құрудың” аласапыран жылдары... Бір­де қар еріп, күн жылына бастаған шақта Өскен досым өзінің шеберханасына үш қызды шақырып, өзінше мәдени-шығармашылық реттегі отырыс ұйым­дастырды.
 
 Өскен үйленген жігіт болса да қыз-келіншектен кет әрі емес, аузының салымы бар, арамыздағы жұпар кіндіктің бірі еді.
 
 Біздің тараптан да үшеу болып қоғамдасып, дастарқанды жайнатып, қыздардың көңілін аулаумен болдық. Шама-шарқымызша сый-сияпат жасап, кезектесіп суретке түстік. Музыка қойып, би биледік, қысқасы, еркетотай қыздармен есте қаларлықтай әйбат кеш өткіздік.
 
 Тотыгүл атты көзге сынық, томпиған қара торы қыз менің еншіме бұйырды. Түн ортасы ауа отырысты аяқтап, бәріміз тарқаған шақта мен ол қызды құшақтап, өзімнің шеберханама алып кеттім. Келесі күні ол қызға мақтанғандай екі бөлмелі үйімді көрсеттім. Тотыгүл ыбырсыған үйімді жинап, ыдыс-аяқтың бәрін ұнтақ қосып жалтыратып жуып берді. Соңынан дәмді тамақ жасап, тағы бірнеше күнге қасымда қалып қой­ды.
 
 Содан бастап Тотыгүлдің еркелеп, назданып маған келуі жиіледі... Бірде шеберханама келсе, енді бірде түн ортасында үйдің есігін наздана қоңыраулатып тұрғаны. Сөйтіп жүріп жібектей есіліп, бет моншағы үзілген Тотыгүлге мен бауыр басып, жақсы көріп кеттім. Оның үстіне арада бір ай өткен соң ол “аяғы ауырлап қалғанын” жеткізді. Бұл хабар маған аспаннан жай түскендей әсер етсе де, сыр беріп үндегем жоқ. Қыздың сұрағын тұқырайып жауапсыз қалдырдым да, артынан бұл төтенше жағдайды сарапқа салып, жүз ойланып, мың толғандым.
 
 Алдымен ұққаным, менің азаматтық бостан­дығыма қауіп төніп, өмірлік ұстанымым бүлінейін деді. Ашық аспаныма бұлт үйіріліп, бейбіт тірлігім бұзылды, болашағым бұлдыр тартты.
 
 Өнердің ұлы мақсаты мен отбасы-ошақ қа­сының проблемаларын қалай үйлестіруге боларын безбенге салдым, салмақтап, ұзақ ойландым. Бай­қап қарасам, жалпы маған да бұл мәселенің қиюын тауып, үйлестіріп жіберуге болатындай... Жасқанатын да, қорқатын да дәнеңе жоқ сияқты. Қатар жүрген әріптестерімнің бәрі бірдей бойдақ емес қой. Бетке шыққан сүйелдей болып, мен секілді саяқ жүрген суретшілер бірен-саран ғана. Көбісі балалы-шағалы, көріп те, біліп те жүрміз. Араласып та, жағаласып та жүрміз. Сөйте тұра олар да тыраштанып еңбек етіп, тәп-тәуір туындылар жазуда. Шүкіршілік, үлгі тұтар мысалдар баршылық... Оның үстіне Тотыгүл үйге келсе де, шеберханаға соқса да бөлме ішін тап-тұйнақтай тазалап, үстел-орындықтарды айнадай жалтыратып қояды.
 
 Ойлай-ойлай шақша басым шарадай болып, ақыры мен Тотыгүлдің ыңғайына жығылдым, екеуі­міз үйленетін болдық.
 
 Бірер дос-жаран мен әріптестердің басын қо­сып, шағындау кафеде улап-шулап той-томалақ өткіздік. Қарағандыдан Тотыгүлдің әке-шешесі, екі бауыры келді.
 
 Мен де осы сәттен бастап енді соқа бас емес екенімді, отбасым, әйелім барын түсініп, жаңа жағ­дайға бейімделуге тырыстым.
094.
Күндер зымырап, айлар жылжып өтіп жатты.
 
 Алматыға ішектей шұбатылып қоңыр күз де жетті. Қоңыр күздің жылымық бір кешінде Тотыгүл жедел жәрдем машинасымен перзентханаға түсті. Келесі күні ол аман-есен босанды, сөйтіп, біз үш келі алты жүз грамм салмағы бар балпанақтай ұлды болдық.
 
 Тотыгүл аяқ-қолын бауырына алған соң, ұлы­мызға ат қойып, куәлік алу қамына кірістік. Сол үшін әлдебір құжаттарды ресімдеуге Тотыгүл мені өзінің гинеколог дәрігеріне жұмсады. Қағаздарды көтеріп дәрігердің қабылдауына барғаныммен, кезек күтіп, біршама уақыт отырып қалдым. Зеріккеннен әлгі қос бет қағазды ермек қылып ежіктейін. Жалпы дәрігер жұртшылығы көркем жазу дегеннен жұрдай халық қой, жазулары айбақ-сайбақ... қарасаң жүрек айнығандай. Бейнебір бұл кісілер университет түгілі, мектеп қабырғасын көрмеген жандар сияқты. Айбақ-сайбақ әлгі жазуларды шамалап оқимын деп, Тотыгүлдің екінші рет бала көтеріп отырғанын ұқтым. Жүрегіме қанжар қа­далғандай болды. Басқа біреудің құжаттарымен алмасып кетті ме десем, қателік жоқ, бадыра­йып басында Тотыгүлдің аты-жөні тұр. Бұл бір шатасқан құжат шығар деген оймен, қабылдауға кірген кезде Тотыгүлдің дәрігерінен сұрауға бе­кіндім. Мен ыңқылдап аузымды ашқанша болмады, дәрігер апайдың өзі бірінші болып мені “екінші баламмен” құттықтап жібергені. Мәссаған... Менде үн жоқ, тілім тас байланды, сазарып отырып қалдым. Құжатқа қолын сүйкете сала, атып далаға шықтым.
 
 Мен жас әйеліме күмәнді, күпті болсам да, шыдап бақтым. “Сен алдап күйеуге тидің” деп бе­тіне баспадым, шу шығарғам жоқ. Бірақ То­тыгүлге деген көңілім өгейсіп, қатты суып кет­ті. Арадағы қарым-қатынас ерлі-зайыпты­лар­дың міндеттері шегінде ғана шектеліп қала берді. Қалған уақытта – өтірік ыржиған болу, естіме­генсіп бұрылып кету, сылтауратып үйге кешігіп келу.
 
 Арада бір айдай уақыт өткенде, бірде өзім­нің шеберханамда баяғыдағы үш қызбен түскен фотосуреттерді қарап отырғам. Билеп жүріп те, тост көтеріп жатып та, құшақтасып отырып та бейберекет суретке түсе беріппіз. Тотыгүл екеуіміз бірге түскен суреттің біріне ұзақ қарап, жан-жақты зерттеген болдым. Қыздың бейнесінен жалғандықты, алдамшы алаяқтың бейнесін іздей­мін. Ондай белгіні таба алмай, жұмбақтың түбіне жете алмай қайран болам. Деп күйзеліп отырғанда сурет шетіндегі сарғыш датаға көзім түсті. Он бесінші наурызбен белгіленіпті. Құдай атып, осы түні ғой Тотыгүлдің менімен шеберханада қонып қалғаны... Шарап құрғырдың қызуы да, әйтпесе сол қылығымыз дұрыс болмады, оны кештеу ұқтым. Енді, мінеки, сау басыма сақина тілеп, мой­ныма қамыт іліп отырғаным... Жарайды, өмірге Сағи келді ғой, бәрі де кешірімді, бәрі де өткінші. Кей құбылысқа жүйкені жұқартып, бармақты тістей бермей, философиялық тұрғыда қараған жөн шығар? Ұмытайын бәрін, кешірейін жас әйелімді, біздің үйде де қуаныш барын, той боларын ойлайын...
 
 Тотыгүл ертең Сағиды қырқынан шығарам деп дайындалып жатқан. Сөйтіп, менің ұлыма да қырық күн толып қалыпты. Қарашаның жетісінде туды, кезінде бұл күн парадқа барып алаулатып, жалаулатқан аламан мейрам еді. “Қайта құрудың” самалы төңкерістің де теріс жағын әшкерелеп, ай­ғайлап жазып, аймаңдай етіп жатыр. Содан ба, бұл мейрамның алапат пәрмені қазір бұрынғыдай емес, бәсеңсіген. Мейлі, үлкен саясатта нем бар менің, өздері білсін. Мейрамдарын құртар болса, бұдан былай жетінші қараша менің ұлымның туған күні есебінде атап өтілетін болады... Тотыгүл де азамат, сегіз айда туа салыпты ғой. Сегіз ай... Неге тоғыз ай емес? Қызық екен?
 
 Тағы да көңілге күдік ұялап, жүрекке сезік түсті...
 
 Сезігімді сейілтпекке таныс бір дәрігеріме телефон шалайын. “Сегіз айда әйел босана ма?” деп сұрадым. “Ондай оқиға сирек, негізі жеті айда немесе тоғыз айда босанады” деді таныс дәрігерім. “Сегіз айлық бала жетілмеген, әлжуаз туады” деп қосып қойды. Байқаймын, Сағи балпанақтай, домаланған жұп-жұмыр. Емшекті салпылдатып емуі де жақсы, ұйқысы да тыныш, жылаған даусы да құлақ тұндырғандай. “Әлжуаз” деуге тіпті ауыз бармайды.
 
 Бұл “сегіз ай” менің көңіліме тағы тұман тү­сірді.
 
 Салып ұрып баяғы гинеколог апайға бардым, баламның неше айлықта туғанын сол кісінің өз аузынан естігім келді. “Тоғыз ай, бәрі дұрыс, бәрі жөн, балаңыз уақытымен өмірге келді, алаң болма­ңыз”, – деп, апайым жылы-жылы сөйлеп, арқамнан еркелете қағып, аман-есен шығарып салды.
 
 Ал керек болса...
 
 Сонда қалай, Сағи да менің өз ұлым емес, арда бала болғаны ғой? Бұл барып тұрған жөнсіздік, өрескел әділетсіздік, жан ауыртар қателік... Кү­ңіреніп кеттім! Санам сандалып, бәрінен түңіл­дім. Бардым да, Тотыгүлмен ашық әңгімелестім.
 
 Алай-бұлай бұлтақтап еді, нақты деректерді көл­денең тартып, ақыры мойындаттым... Қараған­дыда бір жігітпен көңіл қосып жарым жылдай азаматтық некеде тұрған екен. Артынан әлгі жігіт түрлі сылтау айтып, тайсалақтап, бұл қызды тас­тап кеткен сыңайлы. Содан Тотыгүл амалсыз түсік жасатыпты да, Алматыға ауысып, бір кафеге даяшы болып орналасыпты. Ана жолы Өскен шақырған қыздарға ілесіп келген беті екен. Сағидың жағдайын безеріп айтпай қойды. Оның бүйтіп безергені мені одан әрмен күмәнді ойларға жетеледі. Байлаулы бұзаудай күй кештім. Ақыры екеуіміз ың-шыңсыз, бет жыртысып ұрыспай, керіспей, бейбіт жағдайда ажырасып тындық. Үйі­мізді бір-бір бөлмеден қылдай ғып екіге бөліп алыс­тық.
 
 Менің махаббат хикаяларым, мінеки, осымен тамам.
 
 Содан бері ұрғашы жұртынан жүрек шайлы­ғып, көңіл қаймыққан сияқты еді. Енді, мінеки, Алтайға келіп ашық күнде сабындай бұзылуымды қарашы?!
095.
Жота басында әр нәрсені ойлап, көп отырдым.
 
 Күн екіндікке еңкейді. Етектегі үй алақан­дағыдай, Бұқтырма аңғарының біраз жері көз алдымда жарқырап жатыр. Жаялықтай жайылып сап-сары Матай дарасы да сұлай көсілген. Тіпті, алыстағы Күртінің суы да күн сәулесінде жүзіктей ойнап, үзік-үзік жылтырап қояды.
 
 Есік алдында тұғжыңдап әлденелерді жинас­тырып Мұнарбек жүр. Айтпақшы, бұл жүгірмек қашан келіп қалған? Қашан келгенін де көрмей қалыппын ғой... Ауылға мініп кеткен жиренді арғыдағы қайың түбіне байлап қойыпты. Соған қарағанда аттан түскені де әлгінде болса керек. Дүрбі салып оқта-текте төңірегін болжаған болады. Құдай біледі, мені іздегені... ақыры тапты. Қуанғаны болар, қос қолын көтеріп бұлғап жатыр. Сөйтті де дүрбісін үйдің бұрышына іле салып, емпең қағып бері қарай тартты.
 
 Дәл осы мезетте арқа тұсымнан бебеулеп жылаған жас сәбидің даусы шыққан. Артынша алып Алтай күңіреніп, мен жатқан жота күрсініп салғандай болды. Шошып кеттім... Сас­қан жерде “бісмілла, бісмілла” деп орнымнан атып тұрдым.
 
 Сәби даусы қай жақтан шыққанын біл­мей, алақтап артыма қараймын. Таудың жаңағы күрсінісі жеті қат тереңнен естілді, соған қарағанда қазір дүр етіп жер сілкінетін шығар? Көзім алақандай, жұтынып құлағымды ашамын. Құлақ құрғыры тұнып қалған ба, уқалаймын, шынашағыммен шұқылап тазалаған болам. Сә­бидің жылаған даусы да, таудың тереңнен құмыққан күңіренісі де қайталанбады... Естігенім өтірік болды, жалған, елес, галюцинация. Тегі, биік жерде қан қысымы көтеріліп, қос шықшытым қысып, құлағым шыңылдаған болар. Шошаңдап қайта-қайта тауға шыға бергенді қою керек шы­ғар осы маған.
 
 Енді байқадым, мен шыққан төбенің терістік тұсындағы тар қылтаның арғы жағы ұйықты алқап екен. Ел көшкендей кең, сағымы шалқыған ұзын сай.
 
 Әлгі сайға қарап тұрғанда, көзім бүйірдегі жалпақ тасқа түсіп кетсін. Тас үстінде ұршықша иіріліп сұр жылан жатыр екен. Әлгінде келген кезде неғып аңдамағам? Күнге қыздырынған сыңайы бар, жылт-жылт етіп, қимылсыз. Бәтшағардың түсі неткен суық еді, өн бойымнан суық леп жүгіріп өтті.
 
 Сынған бір бұтақты алып жерді сабаладым, жылан жайлап жазыла бастады. Сөйтті де ирелеңдеп арғы жағындағы қалың аршаның арасына кіріп кетті.
 
 Жылан тура астымнан шыққандай-ақ, мен жерде жатқан күртемді қағып-сілкіп, аударып-төңкеріп тексере қарадым да, киіп алдым.
 
 Арсы-гүрсі аталақтап Мұнарбек келді жа­ныма.
 
 Мен сағатқа жуық әуре болған төбе басына ол лып етіп он бес-жиырма минутта шыға салғанын қара!
 
 “Шашында жел ойнаған мұндай жігітке төбе басына шығу бұйым болсын ба...”
096.
– Мынау мен көрмеген бір әдемі алқап екен, – дедім сырт жақтағы жосалы сайға көз тігіп. Мұнарбек жалт бұрылды:
 
 – Ол жаққа баруға болмайды! – деді жұ­лып алғандай. Бейнебір мен сол сайға жиналып жатқандай білегімнен ұстай алды.
 
 – Оу, не болды? – деп мен де үркіп кет­тім.
 
 – Қарғысқа қалған Қарғыба сайы осы болады.
 
 – Не? “Қарғысқа қалған” дейді?
 
 – Иә, қарғысқа қалған... Түнде ол жақтан шыңғырған баланың, боздаған ананың дауыс­тары шығады. Ондай жылаған дауыстар кейде күндіз де естіледі деседі. Қасірет атқан қорқынышты, сондықтан ол жаққа ешкім бармайды.
 
 “Ба-а-а, мына жігіт не шатып тұр?”
 
 – Жылаған дауыс дейді... сен ондайды өзің естідің бе?
 
 – Жоқ, естігем жоқ... Бірақ үлкендер жақсы біледі. Менің атам жарықтық та айтып отыратын... “Қарғыба жаққа барма” деп қорқытып қоятын. Мен содан бұл жаққа жоламаймын, аң қарағанда да бұл сайды айналып өтем.
 
 – Соншалықты не құпия?
 
 – Ерсайын деген жылқышы баяғыда жылқысын іздеп, осы Қарғыба сайына түсіп кетіпті. Қалың шөп арасында кереге мен шаңырақты, адам сүйектерін, жылқының қаңқаларын көріпті. Ақсөңке боп бәрі шөп арасында шашылып жатыр дейді.
 
 – Ол не сүйектер?
 
 Мұнарбек қиналғандай қипақтап сәл тұрды да, артынша әкесінен естіген ескі бір әңгімені айтты.
 
 ...Жиырмасыншы жылдардың соңындағы қара қуғын, қызыл қырғын сүргелең заман екен.
 
 Қытайға үдере көшіп бара жатқан қазақтың бір тайпа елі шекарадан осы Қарғыба арқылы өтпек болады. Ол жайында қызылдар алдын ала біліп қояды да, дәл осы арада күтіп жатады. Содан қалың көштің алды-артын қоршап, қос бүйірден екі пулеметпен оқ боратып, тірі жан қалдырмай қырып салыпты. Сол бойда бұл сайға ешкімді жібермеген. Адамдардың сүйегін жинауға да рұқсат етпеген. Әке-шешелері оққа ұшып өлген омыраудағы бүлдіршіндер, жас балалар шырқырап жылап сайда тірідей қала беріпті. Оларға да жолатпаған. Ақыры балалар да жылай-жылай сілесі қатып, бәрі де осы арада аштан өліп бітіпті. Содан бері сай ішінен анасын іздеп жылаған баланың, баласын жоқтап боздаған ананың дауыстары ауық-ауық естіліп тұрады екен.
 
 Мұнарбектің әңгімесіне менің аузым ашылып қалды. Мұның айтып тұрғаны сонда не болды, аңыз ба әлде шындық па? Мына сөзіне сенейін бе, сенбейін бе?
 
 Қызылдардың кенеусіз қырғынынан қырыл­ған бала-шағаның шыңғырып жылаған даусы... Оны осы күндері мен де неше мәрте естідім ғой.
097.
Төмендегі өткел жақтан әлдебір салт аттылар қылаң берді.
 
 Екі кісі. Қиғаштап өткелден өтті. Енді қа­лай жүрер екен деп едім, жоғары да, төмен де бұрылған жоқ, туралап Тайпаққа бастар қасқа жолға түсті.
 
 Байқаймын, тағы маған келе жатқан меймандар сынды. Кімдер болды екен?
 
 Кім болса да ешкі құсап секеңдеп тау мен таста жүргеніміз ұят болар. Мұнарбекті соңыма ертіп, етекке еңкейдім.
 
 Ба-а-а, мына қызықты қара!
 
 Есік алдына барған соң, дүрбімен шолып едім, әлгі салт аттылар – әйелдер болып шықты. Сайға түсіп, бергі тұмсықтан жарқ етіп шыға келгенде тани кеттім: айналайын Сәлима мен Гүлзина екен!
 
 – Ел құлағы елу... Сен ертең қайтады дегенді естіп... тым болмаса қоштасып қалайық деп кел­дік, – деп Сәлима ат үстінен сөйлей жетті.
 
 Алдымен қолынан демеп, Сәлиманы аттан түсірдім. Содан кейін Гүлзинаны көтеріп алдым.
 
 – Қуаныштымын! – дедім Сәлимаға деген ризашылығымды жасыра алмай.
 
 Десем де, өз даусымды өзім танымай қалдым. Көмейімнен шыққаны бөтен дауыс. Жалғыз сөздің өзінде діріл бар, тіпті, сөзімнің соңы жұтылып кеткенін аңғардым.
 
 Қалай болғанда да, келіншектер айтқанымды ұққан сияқты.
 
 – Әрине, сен қуанбағанда кім қуанады? – деп Сәлима қасымнан тотайлана қарап өтті.
 
 Гүлзина ақ қағаздай бозарып кетіпті, қабағы салыңқы. Көңіл үшін күштеп күлімсірейді, бәрібір көзіндегі қою мұң жүзін ашар емес. Тегі, менің кететін хабарым жүрегіне ауырлау тиген секілді.
 
 Әйелдер қоржынмен тамақ ала келіпті. Дала салқын, екі күннен бері үстелді үйдің ішіне кіргізіп тастап едік, қайыра верандаға шығардық. Екеуі лездің арасында дастарқан үстін жайнатып жіберді.
 
 Мен Сәлимаға қосылып шарап іштім. Гүлзина ернін тигізгені болмаса, ішуден бас тартты. Бұқтырмадан қорықпай қалай өтіп келгендерін сұрадым. Сөздеріне қарағанда, өзен суы бүгін едәуір қайтып қалған сияқты.
 
 Әйелдер ұзақ отырмады. Аттарды біреулерден бірер сағатқа деп сұрап алған екен, қайтаратын уақыттары жақындап қалғанын айтты.
 
 Аздан соң “сыртқа шығып келейін” деп сылтауратып, Сәлима үйді айналып кетті. Аңғары бар ақылды әйел ғой, бәрін де сезіп-біліп отыр... Бұнысы – Гүлзина екеуімізді әдейі оңаша қалдырған түрі.
 
 – Аға, жолыңыз болсын, – Гүлзина тана көзін төңкере қарады. – Мен әлі біраз болатын шығар деп үміттеніп жүрсем... Қуанышым осыншалық қысқа болады деп ойламаппын.
 
 – Олай деме, айнам... Біз енді қалған өмірі­мізде бірге боламыз.
 
 – Айтқаныңыз келсін. Бірақ бәрібір жүрек мазасыз.
 
 – Сені көре алмай, қоштаспай кетем бе деп мен де қатты қиналдым.
 
 – Менің де жағдайым солай болды... Кететін хабарыңыз төбемнен жай түскендей әсер етті.
 
 – Бүгін осында қалсаң қайтеді?
 
 – Қуана қалар едім, ыңғайы келмей тұр... Ренжімеңіз! Таңертең Өрелден енем мен ұлым кел­ген. Олар мені үйде күтіп отыр.
 
 – Ендеше мен Алматыға барған соң үй-жайымды жөндеп, шаруамды реттеп дайындала­йын. Сосын телеграмм салып сені шақырып алармын.
 
 – Сізге еріп бірге жер түбіне кетуге әзірмін.
 
 – Ризамын, айнам!
 
 Мен Гүлзинаны құшақтап, бауырыма бастым, шашынан иіскедім, албыраған ернінен сүйдім.
 
 – Менен хабар күт! – дедім құлағына сыбырлап.
 
 Гүлзина жанары жасаурап, үнсіз басын изеді.
 
 Бағанағы ретпен алдымен Сәлиманы атқа мін­гіздім.
 
 – Байқаймын, махаббаттарың Қыз Жібек пен Төлегендей ме, қалай? – деп Сәлима күлімсірей­ді. – Адам қызығып қана емес, қызғанғандай да екен... Бұрын қайда жүргенсің өзі?
 
 – Бұрын сенің қасыңда болғам, өзің қуалап жібергенсің.
 
 – Қайдан білейін, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен ұяң бала едің. Қыз жүрегін осын­шалық баураған жігіттік өнерді қайдан үйреніп жүрсің?
 
 – Алдымен сен сабақ бердің, сосынғысын өмір үйретті.
 
 Сәлима ат үстінен маған жалт бұрылды. Жаңа ғана ойнақтап тұрған жанары боталай қа­лыпты.
 
 Гүлзина атына мінер алдында менің қойын қалтама қолын жүгіртіп, бірдеңені сала қойды.
 
 – Блокнот, – деді жымиып. – Менің сізге арнап жазған жан сырым осында... Қазір қарамаңыз, қалаға барған соң асықпай оқырсыз.
 
 Гүлзинаның үзеңгісінен ұстап, біраз жерге дейін шығарып салдым.
 
 Содан соң олар өткелден өтіп, көзден таса болғанша соңдарынан мөлиіп қарадым да тұрдым.
098.
Үйге қайтып келген бойда қойын қалтама қол салдым.
 
 “Қалаға барғанда оқыңыз” дейді, жаным те­мір емес, қалаға дейін мен пақыр қайдан шыдайын...
 
 Күн қараңғыланып, блокноттағы жазу бұлды­­рап көрінбеген соң, шам жағып, пілтесін көтер­дім.
 
 Дереу жазбаларды парақтап, асығыс оқуға кі­рістім. Сол-ақ екен, бас көтере алсамшы. Алдымен ақ қағаз бетіндегі мөрдей жазу, асыл сөздер кімге бағышталғанын түсінбей, мағынасына бойлай алмай қалдым. Соңынан оқып отырғаным әншейін жай кітап емес, мұндағы ақтарылған сезімнің бәрі өзіме арналғаны санама жеткенде бетім дуылдап, ыстығым көтеріліп кетті. Ет жүрегім елжіреп, ба­қыттың бал шырынына батып бара жатқандай есеңгіреген күй кештім.
 
 Дариға-ай десеңші! Алла куә, ойнағам жоқ, өтірік махаббат құрғам жоқ. Бәрі рас, бәрі шын! Әуел баста қызды өзіме ғашық етуге әрекеттеніп баққанымды жасырмаймын. Сөйтем деп жүріп өзім де ғашықтық дертіне шалдығып қалғанымды білдім. Гүлзинаның күнсіген шашынан иіскеу, мөлдіреген жанарын, аппақ мойнын аймалау мені шексіз ләззатқа бөледі. Бірақ...
 
 Бірақ өмірде осындай да мөлдір махаббат, буырқанған сезім болады деп ойламаппын-ау! Се­зім емес, жанартау ғой мынау...
 
 “Гүлзинадай аруды өзіме осыншалық ғашық еткен мен де қара жаяу емес екенмін, тегі!”
099.
Блокноттағы жазулар әр кезде, әртүрлі жағ­дайда жазылғаны көрініп тұр. Гүлзина үйде де, мектепте де, тіпті далада жүріп те жазған сияқ­ты...
 
 Алғашқы беттегі жалғыз шумаққа “Ж-ға арнау” деп тақырып қойыпты. “Ж”-сы өзім екенімді ұқтым...
“Ашқанда алғаш жанымның нәзік сырларын,
 
 Сездің бе сен, көңілде тәтті мұң барын?
 
 Мұнардан туған Мұзтаудың мөлдір бұлағы,
 
 Өзіңе ғана жүректен шыққан жырларым...”
Келесі бетте қара сөзге ауысып, оны бір шумақ өлеңмен аяқтапты:
“Жаным, Ағатайым!
 
 Мен соңғы күндері мүлдем басқа әлемде өмір сүріп жатқандаймын. Тәтті арман әлдилейді жанымды, арман ғана емес, көңілімде көгілдір мұң бар. Содан да болар, қолыма қалам алып, сізге арнап көп-көп өлеңдер жаздым.
 
 Ақын емеспін, бірақ жүрек толқыған шақ­тарда өлең деген ақтарылып туа береді екен. Ол өлеңдерді сіз ғұмыры оқымассыз, білмессіз, көрмессіз. Солай болатынын біле тұра, мен сізбен осы тәсілмен сырласуды, мұңдасуды жөн деп таптым.
 
 Не болғанын білмеймін, әйтеуір бұрын сезбеген үлкен сезім мен сағыныш бар менде.
 
 Бұл жасыма дейін менің жанымды ешкім түсінбеп еді, көптің арасында жүрген жаны жаралы жалғыз едім, сіз ғана қабыл алдыңыз, сыйлай білдіңіз. Сізді кездестіргенім мен үшін зор бақыт болды, Аға! Аспаннан арман еткен адамды Алтайдың алыс жонында жолық­тырғаны үшін Алла тағалаға мың да бір ризамын.
 
 Сергітіп ойды, сезімді ояттың сен келіп,
 
 Жаралы жанымның тоятына өң беріп.
 
 Шарқ ұрып аңсап іздеген мынау жалғаннан,
 
 Арманым ба едің таба алмай жүрген сенделіп”.
Үшінші бетте тағы да қара сөзбен жазылған мына бір жан сырын тебірене отырып оқыдым:
 
 “Арысым менің!
 
 Менен бақытты әйел жоқ шығар мынау ғаламда. Бойымдағы алапат сезімді бейнелеп жазуға тілім жетпейді. Жұрт айтып жататын “әйел бақыты” деген, тегі, осы шығар!
 
 Жаным Аға, мен қазір сізді ойлап жылап отырмын. Жоғалтып алам ба деп қорқамын. Мен сізді шексіз сүйемін!”.
Блокнот ішінде бөлек қағазда бүктеулі тілдей бір хат жүр. Соңында хатты жазған датасы “сегізінші қазан” деп белгіленіпті. Осыдан бірер күн бұрын ғана жазылған хат, тіпті бұл хатты маған жіберіп те үлгермеген сияқты.
“Үйде жалғызбын.
 
 Енем Мұратты ертіп Өрел жаққа бір аптаға нағашыларына кеткен еді, ертеңдер келіп қалатын шығар.
 
 Неге екенін білмеймін, соңғы күндері сізді тым көп ойлайтын болып жүрмін. Тіпті, сезімім лықсып көмейіме тығылады, қалам ұстаған қолым дірілдейді. Ұққаным, менің ғұмыр бойы арманымда әлдилеп, іздеп өткен адамым сіз екенсіз. Менің торыққан, жетімсіреген жаныма демеу болдыңыз. Сізді кездестірген тағдырға мың да бір ризамын.
 
 Сіздің айтқан әңгімелеріңізден мен көп дүниеге көзім жетті, Сіз өнердің үлкен тұлғасы, шынайы талант иесі екенсіз. Сіз үлкен арман жолында жүрген жансыз, сол жолда табанды екенсіз, сондықтан түбінде аңсаған арманыңызға жетесіз. Мен соны түсіндім, соған имандай сендім. Осыны ойлағанда, мен сізге бақыт сыйлай алам ба, сіздей өнер тарланына лайықпын ба деп жүрексінем... Бірақ сіздің асыл тұлғаңызға үйлесімді болуға ұмтылғым келеді.
 
 Мен сізді өле-өлгенше сүйем, шынайы әрі таза махаббатпен сүйем, Аға. Кездескенде мен бұндай сөзді айта алмаспын, ал жазған кезде жаным тазарып, кеудем кеңіп салады.
 
 Жаным Аға, ұят болса да айтайын, мен бар өмірімді сіздің жолыңызға арнаймын. Ашық кеткеніме мені кінәламаңыз, бұл менің басымнан бірінші рет өткен алапат сезім. Айтпасыма болмады, сіз біліп жүріңіз. Бұл сезім маған аса қиынға соғып тұр. Бірақ мен бәрін де көтерем, бәріне де шыдаймын!”
Сегізінші қазанда не болып еді? Тегі, екеуіміздің тауда адасатын оқиғадан кейін жазылған хат қой мынау? Дауыл мен жаңбырдың астында қалып, Акулина кемпірдің үйінде қонып шықтық. Өзен тасып Гүлзина келесі күні де кете алмай қалып еді. Үшінші күні ғана Мұнарбек қос атпен келіп, алып кеткен. Ол бір алтынға бермес аяулы күндер еді-ау... Мына хатқа қарағанда ол күндер мені ғана емес, Гүлзинаны да қатты тебірентсе керек. Одан кейін біз кездесе алғанымыз жоқ. Соған қарағанда бұл маған жібермек хат емес, көңіл толқынын ақ­тарып, өзі үшін жазған қыздың құпия сыры бол­ды.
 
 Блокнотты парақтай түсем, парақтаған сайын әр бетінен сезімнің мөлдір маржаны құйылғандай болады.
 
 
 
 “Бір тағдыр кештім басымнан бұрын өтпеген,
 
 Үмітімді тұтандырды от кеудең.
 
 Жалыныңа күйіп-жанып жүргенше,
 
 Құшағыңда неге өртеніп кетпегем”.
“Өзің кеп аштың сезімнің алғаш түндігін,
 
 Шұғылаң түсіп жанды бөледі нұр бүгін.
 
 Тау басынан мұнартқан мұнар көрдің бе,
 
 Мен сондай мұңлы, сабырға толы сырлымын”.
Блокнотты жайлап жабамын да, мұқабасын сипалап ойға батып отырып қаламын. Жазылған әрбір сөздің мәніне бойлауға тырысам, қапы жібе­ріп алмай мағынасына тереңдей үңілуге ұмтылам. Оқыған сайын жүрек шіркін шалқиды, көңіл құр­ғыры теңіздей толқиды.
 
 Мен өзімді мынау өмірдегі ең бақытты жан санадым.
100.
Ауданда Ералы досымның үйінде бір күн еру болдым да, ертесінде ертелетіп жолға шықтым. Аудан мен қаланың арасында такси дегенің үздіксіз ағылып жатады екен. “Маған отыр, маған отыр” деп жалақ қағысады, қолыңнан тартып таласады. Ералы таңдап жүріп жөні түзу біреуіне мені отырғызды да, ақшасын төлеп, қош айтысып қала берді.
 
 Арада бір күн жолда жүріп, Алматыға да жет­тім.
 
 Келген бойда дүние-мүлкімнің шаңын қақты­рып, тазалаттым, жуғыздым. Үйдің интерьерін жаңаладым, әктеттім, сырлаттым. Алтайда жү­ріп өзім атқан таутекенің мүйізін қақ төрге қай­қайтып ілгізіп қойдым. Сөйтіп, шаруа жайымен жүгіріп жүргенде, арада жиырма шақты күн өте шықты.
 
 Осы күндер ішінде Гүлзинаны бір сәт те ес­тен шығарғам жоқ. Күйтіңдеп үйде бірдеңе жа­сап жүрсем де, елпеңдеп көшеде кетіп бара жатсам да ойымда. Екеуіміз бірге өткізген шуақты күн­дер, найзағайлы-жаңбырлы түндер сағы­ныш боп көз алдыма келе береді. Түнде көзім ілінгенше Тайпақтағы уақиғалар тізбектеліп қайта­ланып жатқаны. Гүлзина, шын мәнінде, менің өмірімдегі ең жарқын оқиға болды. Жарқырап шыққан күн секілді көз шағылдырды, ыстық оттай бар денем­ді шарпып өтті. Бұл күндері жаным да, тәнім де тазарып салғандай. Жүрегімді әлдебір асқақ се­зім әлдилейді, көкірегімді шадыман шаттық кер­нейді.
 
 Мен Алтайдан денсаулығымды түзеп, күш-қуат жинап қана қайтқам жоқ. Мен көптен кіндік үзіп кеткен туған жеріме барып, жаңа туғандай жаңарып қайттым. Жоғалта бастаған өзімді қайыра тапқандай күй кештім, адасып қалған шы­ғарма­шылығыма қайта оралдым. Ең бастысы, Гүлзи­надай жаны мөлдір ару қызды кезіктірдім. Өмірде жалғыз рет жолығар шынайы махаббатымды туған жерімнен таптым.
 
 Мен ауданға келген күні Гүлзинаның қаңғырған күйеуі де табылды деп естігем. Қалада біреу көріп, сүйінші сұрап хабар беріпті. “Қашып кеткен күйеуге сүйінші сұрағаны несі екен” деп таң қалғам. Қайсы ақымақ ел мен жұртты өйтіп дүрліктіріп жүрген? Мейлі, сұраған жұрт сүйіншісін сұрай берсін... қашқын күйеуден Гүлзина екеуімізге енді келіп-кетер қауіп жоқ. Көз талдырып, көңіл қалдырған қашқынды Гүлзина енді қайтеді дейсің... Біздің махаббатымыз берік, Гүлзина мәңгілік мендік. Мен соны білдім, енді одан өлсем де айырылмасыма сендім. Сөйтіп, ауылдан жүрек түкпіріне мызғымас сенім түйіп аттанғам.
101.
Үйдің іші бір ретке түскен соң, Гүлзинаға хат жазайын деп, қалай бастарымды білмей толғанып жүргенде, бірде сап етіп оның өзінен хат келді. Мен бұл хатқа Гүлзинаның өзі келгендей қуандым.
 
 Бірақ қуанышым бекер болыпты...
 
 Хаттың мазмұны мен күткендей емес, мүлдем басқаша болып шықты.
 
 Жалпы ер адамның босағаны, еңкілдеп жылау былай тұрсын, көзінен жас шыққанның өзі ерсі де. Мен де сондайлардың қатарында болатынмын. Гүлзинамен кездескенге дейін маған ақы берсе көзімнен тамшы жас шықпас еді. Әйел мәселесіне келгенде қайыстай семіп, қаншырдай қатып қалған біреу бар болса, ол менмін. Бірақ осы жылы Алтайға барып қайтқалы бері жаным нәзік, жүрегім сезімтал бола бастағанын байқадым. Гүлзинаның мына хатын оқып біткен соң, ашық күнде жай түскендей мәңгіп қалдым. Жүрегімді қолқаммен қоса жұлып әкеткендей қатты қиналдым. Ойым тиянақ таппай жаутаңдап, жанарыма мөлтілдеп жас тығылды.
 
 “Жаным аға! Мен сізді жүрегімде аялап өтем, – деп бастапты Гүлзина хатын. – Амал қанша, екеуімізге қосылуды, өмірде бірге болуды Алла тағала жазбаса керек. Әттең, маңдайыңызға күн тигізбей аялар едім-ау... Қайтейін, тағдырымыз басқа арнамен кеткен соң.
 
 Сізді ертерек кездестірмеген өмірге өкпе­лімін.
 
 Мен де қыз баласына лайық бақытты бо­луға хақым бар еді, амалым қанша, менің маң­дайыма бақыт дегенді армандап өтуді ғана жазса керек.
 
 Сіз кеткеннен кейін мен көп ойландым. Енем туған анамдай болған кісі ғой, ол туралы сізге айттым да. Жасы сексенге таяған сол қария қазір менің қолыма қарап отыр. Ұлым сегізге толды, ес біліп қалды. Мен сізді іздеп қалаға кеткенде, оларды қайда тастамақпын? Сізді қаншалықты сүйсем де, ең алдымен мен анамын ғой... Өзімді бақытты етем деп, оларды қалайша бақытсыз етпекпін. Өзгенің бақытсыздығының үстіне өз бақытыңды жасай алмайсың.
 
 Сіз кеткеннен кейін үш күннен соң әкесі кел­­ді арып-ашып. Әйтеуір, сүйегін сүйретіп же­тіпті. Міңгірлеп, қайда болғанын да ашып айтпайды. Рас, оны қуып жіберуіме әбден болар еді. Бірақ ол менің баламның әкесі ғой. Үйде өлмелі шешесі тағы бар. Көн етікке құрым шұлғау, қайтем енді... Қу жаны әзер жеткен азаматты қайда тентірет­пекпін?
 
 Сіз мені сүйесіз, оны білемін. “Баланы мен бауырыма басамын” дерсіз. Мені қаншалықты сүй­сеңіз де сіз менің балама әке бола алмайсыз. Өйткені біреудің баласы біреуге бала болмай­ды, “өгей” деген жаман ат. Расы солай, қазақтың қанында ежелден бар, сүйекке сіңген ата-дәстүр сарқыншағы бұл. Одан қазақтың бірде-бір еркегі қашып құтылған емес. Сіз де сөйтесіз.
 
 Сіз мені азғантай уақыт болса да қуанышқа бөледіңіз, бақыттың не екенін сездірдіңіз. Махаб­баттың не екенін мен тұңғыш рет сіз арқылы ұқтым. Сіз мен үшін екі дүниеде есімнен кетпес алапат оқиға болдыңыз. Бәріне де шексіз ризамын, рақмет, ардақтым менің!
 
 Менің алғашқы да соңғы махаббатым сіз бол­дыңыз.
 
 Сіз менің ғұмыр бойғы аңсаған арманым екен­сіз, қол жетпес асылым екенсіз. Алғаш кездескен күні маған қараған мейірлі жанарды көргенде, мынау мен іздеген мөлдірлік қой, сезімге толы жанар ғой деп қайран қалғам. Ретін та­уып, сізбен бірге болуды мен өзім қаладым.
 
 Сосын, жаныңызда болған күндері мен өзімді шексіз бақытты сезіндім. Бөтен еркекпен сыртта түнеу мен үшін үлкен ерік-жігерді қажет етті. Мен үшін бұл әрекет қылмыспен тең еді. Ал мен соған саналы түрде бардым, ол үшін өкінбедім.
 
 Қайта сонан кейін сізді сағат сайын шарқ ұрып іздейтін халге түстім. Көктен іздеген арманымды ауылдың іргесінен, Тайпақтан тап­қаныма қуандым. Осы қуанышым ұзағынан болса екен, көз тимесе екен деп құдайға жалбарындым. Сіз жоқ күндері көзімді сығымдап, ешкімге көрсетпей жылап алатынмын. Мен сізді осылай сүйдім.
 
 Тағдыр неткен әділетсіз еді, егер мен сізді ертерек жолықтырған болсам. дәл бүйтіп қасі­рет жұтпас едім-ау...
 
 Қош болыңыз, асыл аға! Хат жазып, хабарласып қажеті жоқ шығар деген ойдамын. Онсыз да жаралы жүрегімізді қайта-қайта тырналай бергеннен не ұтамыз.
 
 Сізді қалған ғұмырында арманында әлдилеп өтетін – өзіңіздің Гүлзинаңыз”.
Жағдайдың бұлайша күрт өзгергеніне сенер емеспін, хатты қайта-қайта оқимын. Басым мең­дуа­на жегендей әңкі-тәңкі... Жүрегім сазып, сілекейім желім татты. Суға батып бара жатқандай тал қар­манамын, көңіл демер әлдебір үміт іздеймін, ондайды таба алмай қиналамын.
 
 Ақыры уақыт өте келе болған іске амалсыз көнейін дедім. Тас түссе талайынан, жағдайдың бұлай болғанына, тағдырдың теріс айналғанына мен өзімді кінәладым.
 
 
 
 102.
Өнер жолын мұрат етем деп жүріп әйел затын, махаббат деген ұғымдарды саналы түрде тәрк еткенім шындық-ты. Итің-бұлтың тірлікпен көп дүниені ескермей келгенімді тағы мойындадым. Сонда жеткен жерім шамалы болыпты. Көп әріптесімнен талантым артық еді, бәрібір үлкен өнерде осы уақытқа дейін өзіндік жол бастап, із тастай алмадым. Сағымдай арбап, сабындай құбылған мынау алақұйын заманның бұралаң соқ­­пағы көп екен... Өзіммен бірге бітірген, қа­тар жүр­ген Сәрсенғали, әнеки, Мемлекеттік сый­­лық­ты да, орден-медальды да алып жатыр. Пы­сық неме марапаттан кенде емес еді, был­тырғы жыл же­ке шығармашылығына арналған дастарқандай альбомды да шығарып тастады. Та­лай министрліктер­дің офистерінде соның картиналары. Живописьтің оқуын бітірген сияқты еді, соңғы жылдары “аса көрнекті мүсінші” болып кеткенін қайтерсің? Кө­ріп келгендей-ақ, қазақтың батырлары мен баһа­дүрлерін бірінен соң бірін штампылап жатыр. Ме­рейі асып, мейманасы тасып байып кетті. Қала әкімімен іш-майы араласып, Көктөбенің етегінен жер бөліп алды. Ол жерге айналасы бір жылда хан сарайындай коттедж салып тастады. Біреу ғана емес, екінші әйел алып, одан да қазір екі баласы бар... Мен жүрмін, таланыма біткен несібемді ғана малданып. Арым таза, шығармам шынайы болсын деп, құр қиялды қанағат қылғанда не ұтқа­ным тағы белгісіз. Ұтқаным шамалы, өнерде де, өмірде де мақсатыма жете алмай, шыбындаған ша­бан атша мимырттап келе жатқаным мынау.
 
 Махаббатсыз жоғалған қайран жылдарым қай­та айналып енді келер ме маған?
 
 Көзімнің ағы мен қарасындай болған менің жарық жалғандағы ардақтым да, әлпештеген таң­даулым да Гүлзина еді ғой...
103.
Жүрегім қабарса, қазір де Гүлзина берген блокнотқа үңілемін. Содан жаныма жылу, көңілге қуаныш тапқандай боламын. Мұның бәрі алданыш тірлік екенін тағы білемін, сөйте тұра осы өлең жолдары мені шексіз бақытқа бөлейді.
 
 “Жаным аға, сағындың ба, сағындым,
 
 Аймалайын самалы боп ауылдың.
 
 Көктен тілеп жүруші едім көп арман,
 
 Қалай ғана жер бетінен табылдың,
 
 Келші, аға, құшағыңды сағындым”.
“Алтайыңа, аға, нені аңсап оралдың,
 
 Ұйқыда едім, нұрыңа балқып ояндым.
 
 Атқан таңның алауы болып аймалап,
 
 Ақша қармен ақырын жылжып жоғалдың”.
“Ғашықтық күндер арайлы-ақ шіркін таңы нұр,
 
 Сол сағым арман оралар ма екен тағы бір.
 
 Табысу, сүю, сағыну, іздеу, айырылу,
 
 Өзгерте алмас, тағдырдың қатал заңы бұл”.
“Теңедім сені арайлы нұрға, қарағым,
 
 Тереземнен ай болып кейде қарадың.
 
 Кетпейтін ойдан сағыныш болып жаралдың,
 
 Сезімді сендік арқалап кетіп барамын...”
* * *
Жәнімқан суретші осы жыр жолдарын оқыды да, ойға батып мұңайып отырып қалды. Сыздықтап темекі тартты.
 
 – Бұрын мына бәлені аузыма алмаушы ем, Тайпақтан келген жылы бастап, енді, міне, қоя алмай жүрген жайым бар, – деп, ақталғандай теме­кісіне бір түкіріп, тұқылын күлсалғышқа тастады.
 
 – Меніңше, адам рухының мықтылығы оның күш-қуаты мен ерік-жігерінде ғана емес, өзінің қателігін мойындай білуде де жатыр, – деді тұнжырап. – Өмірде өшпес із қалдырамыз, өл­мес сұлулық іздейміз деп көкке телміріп, құр­ғақ қиял еміп келіппіз. Шын өнер де, шынайы сұлулық та жерде жүргенін, қасымызда еке­нін байқамаппыз.
 
 – Мен содан қайтып Алтай жаққа барғам жоқ, – деді сәлден соң қабағын көтеріп, – жолым түспеді. Бірақ ойыма алған картинаны екі жыл толғанып, жазып шықтым. Көрмеге қойдым, қазір галереяда тұр, қолың тисе барып көрер­сің...
* * *
Жәнімқан екеуіміз қош айтысып, қол алысып екі жаққа тарастық.
 
 Астанаға қас қарая ұшушы едім, оған дейін біршама бос уақытым бар-ды.
 
 Жәнімқанның әңгімесінің әсерінен әлі айыға алмай дел-сал күйде көшеде тұрғам, суретшінің “галереяға барсаң” деген тілегі есіме түсіп, дереу солай қарай тарттым.
 
 Көрме галереяның екінші қабатында екен, Жәнімқанның шығармасын кірген беттен тани кеттім...
 
 Үлкен залдың қас бетінде, жарқырап нақ төрде тұр. Қабырғаның жарымын жалғыз жауып қалған. Өзі айтқан баяғы сюжет... Көздері қанталап, ашаланған алып мүйіздерімен тіресіп тұрған қос бұғы. Олардың арғы жағында құйрықтары шолт­иып, төбелескен екеуге көздері жәудірей қараған марал үйірі. Енді бір тобы шайқасып жатқан екеумен шаруасы жоқ, аппақ таңдары жарқырап былайғы шетте жайбарақат жайылып жүр.
 
 Картинаға әлі жақындағам жоқ, алыстан-ақ байқап келем, алқоңыр күлгін бояулармен күз мез­гілін қапысыз бейнелеген полотноның өн бойынан салқын леп, драмалық көңіл-күй еседі.
 
 Картинаның алдында бір топ көрермен үйіріліп, өзара шүйіркелесе қалыпты. Бірімен-бірі пікір алмасып күбірлеседі, өмір, махаббат, күрес төңірегінде философиялық пайымдар жасап, бастарын шайқап сыбырласады. Соған қарағанда, мынау етектей полотно ешкімді бейжай қалдырмаған сияқты.
 
 Мен де жақындап барып, бар зейінімді сала жерлесімнің жаңа туындысын жан-жақты зерттей қарадым.
 
 Алдымен ұнағаны – картинаның композиция­лық құрылымының батылдығы болды. Табиғаттың зар күйін, таңғы мезгілдің әсемсал сипатын ба­рын­ша әсерлі әрі дәл берген. Қылқаламның еш­бір қа­зақ суретшісіне ұқсамайтын өзіндік мәнері, бояудың айшықты нақышы сайрап тұр. Дәстүрлі академиялық сұңғат пен бүгінгі жаңашыл модерннің тең ортасынан шыққан айрықша қолтаңба. Сөз жоқ, бұл туынды Жәнімқанның өнер жолындағы көп жылғы ізденісінің зор табысы, шеберлігінің шыңы, шығармашылығының асқар биігі. Өнер әлеміндегі өзіне тән айшықты қолтаңбасы. Картинаға қараған сайын мен оның ішіне өзім еніп кеткендей, оқыс табиғат аясына кіргендей күй кештім.
 
 Алдыңғы пландағы шалғынды жазық, екінші, үшінші пландағы бұлыңғыр шыңдар, бұлдыр таулар қараған жанның тынысын кеңейтіп, таңғы ауаның тұнығымен тұшындырғандай. Картинаның өн бо­йынан жүрек қылын тербеген әлдебір музыкалық әсем саз шығып жатқандай.
 
 Бояулар үйлесімділігінің дәл мынандай ше­берлігіне қол жеткізу – әр суретшінің өмір бойғы арманы екенін мен жақсы білемін. Жәнімқан дос ондай мақсатқа жеткен сияқты...
 
 Шығарма өзінің зор көлеміне лайық пано­рамалық мол кеңістікті көрсетумен қатар, бойына монументальдық салтанат ұялатып, эпикалық сипатқа ие болған.
 
 Бұл алып полотно табиғат-анаға арналған гимн еді.
 
 “Айтпақшы, картинаның атын Жәнімқан не деп қойды екен” – деген ой келді басыма...
 
 Еңкейіп багет кәсектің төменгі жағына үңіл­дім. “Бұғылар сайысы” немесе “Жекпе-жек” сияқты атауларды оқырмын деп едім. Олай болмай шықты...
 
 Багетке жапсырылған жұқа латунь қаңылтырда “Гүлзинаға арналады» деген жазу ғана бар екен.
Соңы

 
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры