Сырағаң сонда сөйлейді…
Тоқсаныншы жылдың басы. Ол кезде «Өнер» баспасында бас редактор қызметіндемін. Бірде баспамызға сырбаз басып Сырағаң – Сырбай Мәуленов келді. Бұрын гүжілдеп, бұрқырап жүретін, өзінің келе жатқанын күншіліктен сездіретін Сырағаң бұл жолы жуас, жүзі де сынық. Соңғы кезде ол кісінің аздап сырқаттанып жүргенін естігенбіз. Құрақ ұшып қарсы алдық, дастарқан жайып, шай дайындаттық. Дастарқан басындағы әңгіме кезінде Сырағаң менің қолыма бір бума қағаз ұстатқан. Қағаз болғанда түрлі қиындылар, жыртылған дәптер, блокнот беттері, арасында түтілген түрлі-түсті сия сорғыш қағаз да бар. Бәрінде айбақ-сайбақ жазулар, оқылуы қиындау, қытайдың иероглифтеріне ұқсайды.
– Мыналар менің шимай-шатпағым ғой… – деді Сырағаң. – Көрген-білгенімді, естіген нәрсені түртіп қоюшы едім. Солардың табылғанын жинап-теріп саған әкеліп отырмын. Сендер Ақселеу екеулерің «Білім және еңбекте» жүргенде «Деген екен» дегенді бастап едіңдер ғой. Сол «Деген екен» қазір әр газетте, әр журналда шашылып жүр. Соларды жинақтап, басын біріктіріп жүйелеп, кітап етіп шағарсаңдар етті? Жұрт ондай кітапты алар еді, оқыр еді. Өйткені бұл да ауыз әдебиетінің бір түрі. Қазақ тапқыр сөзге елітеді, құмартады. Сөз тыңдау, сөзге тоқтау деген біздің қанымызда бар қасиет. Ертең біз кеткен соң мұндай әңгіменің бәрі ұмыт болады, құрып кетеді. Мына әкелген менің шимайларым да сол «деген екенге» келеді. Үстінен өңдеп, пайдаға жаратарсың!
«Деген екенді» жинақтау Сырағаңның осы өтінішінен басталған еді. «Өнер» баспасы атынан өз қызметкеріміз Мақсұтбек Ниязбековке, ақын Мұхамедия Жұмағалиевқа тапсырып, алты кітапша шығардық. Мен өзім де кейіннен ізденіс жасап, Сырағаң ғана емес, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Қалмұқан Исабаев, Ілия Жақанов, Қадыр Мырзалиев, Ақселеу Сейдімбеков, Сұлтан Оразалинов, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков, Кәдірбек Сегізбаев, Әзілхан Нұршайықов, Жақау Дәуренбеков, Қайсар Әлім, Қайырды Назырбаев, Жаңабек Шағатаев, тағы басқа да қаламгерлерден әзіл әңгімелер жинадым. Олар да көңіл түкпіріндегі сыр сандықтарын ақтарып, құрдастары, әріптестері жайында көрген-білгендерін айтып берісті, өткен замандардағы халқымыздың аяулы азаматтары, асыл тұлғалары туралы естеліктерін баян етті.
Бүгінде, қарап отырсам, осы жұмысқа қозғау салған, ойтүрткі берген қайран Сырағаңның – қазақтың ғажайып ақыны Сырбай Мәуленовтің өзінің айтқыштығы да бөлекше екен. Соларды «Сырағаң сонда сөйлейді…» деген ат қойып, ел газеті «Егемен» оқырмандарының назарына ұсынуға бекіндім.
Әлібек АСҚАРОВ.
Көрнекті аудармашы, француз әдебиетінің тамаша білгірі, Бальзактің, Мопассанның бірнеше шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен Хасен Өзденбаев 80 жасқа толып, астаналық бір мейрамханада үлкен той жасапты. Хасекең сексенге келсе де томағалы бүркіттей сыр бермеген, түзу жүріп, тік отыратын, шашына қылау түспеген келбетті кісі екен. Сөз кезегі тигенде ол кісіге Сырбай Мәуленов былай деп тост көтеріпті:
– Өзденбайдың Хасені,
Жан біткеннің әсемі.
Ақ түспеген шашына,
Сексенде де жас өңі…
Тиді ме әлде, кім білсін,
Мопассанның әсері.
***
Оқырман қауымға «Қажымұқан» кітабымен жақсы таныс жазушы Қалмақан Әбдіқадыров (1903-1964) өзбек тағамдарын жасауға келгенде алдына жан салмайтын шебер болыпты. Көркем әдебиет баспасында істеп жүрген кезінде ол кісі бірде ақын інісі Сырбай Мәуленовті үйіне қонаққа шақырады:
– Жеңешең үйде жоқ еді… Сенің талантыңа тәнті боп жүрген ағаң едім, үйге барайық, саған өз қолымнан дәмдеп ас істеп берейін, – дейді.
Сырбай: «Ас істеймін дегені несі екен?» – деп бір ойлайды да, соңынан еріп, Қалекеңнің үйіне барады.
– Сен кітап қарай тұр, мен ас істеп, палау баса қояйын, – деп, Қалмақан ас үйге шығып кетеді.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде:
– Қалеке, палау қайда? – дейді қарны аша бастаған Сырбай.
– Палауды баптап жатырмын, күте тұр! – дейді Қалекең ас үйден дауыстап.
Арада тағы бір сағат өтеді. Сырбай тықыршып, қарнын сипап:
– Палау не болды, Қалеке? – дейді.
– Баптап жатырмын… аздан соң әзір болады, – дейді Қалекең.
Сырбай тағы да бір сағаттай күтеді. Палау келмейді.
– Қалеке, палауыңызға не болды? – дейді Сырбай шыдамсызданып, ас үйге қарай жақындап.
– Нағыз бабына енді келейін деді… Сәл күте тұр! – дейді Қалекең бүлк етпей. Үш сағат бойы күттірген палаудың мұндай «қорлығына» төзе алмаған Сырбай сол жерде:
– Қазаннан ас түскенше,
Сіздің палау піскенше,
Шыдар едім мен пақыр,
Әттең, соған іш көнсе! – депті де амалы құрып, сылқ етіп отыра кетіпті.
***
Қырқыншы жылдардың соңында Сырбай Мәуленов Қостанай облыстық газетінде редактордың орынбасары болып біраз уақыт қызмет атқарады. Бастығы демалысқа немесе бір жаққа командировкаға кеткен кезде Сырбай ыңғайын тауып, газеттің бір бетіне тұтастай «Әдебиет бетін» салып жібереді екен. Осы жәйт төрт-бес рет қайталанған соң, мұны байқап жүрген облыстың бірінші бастығы Сағалбай Жанбаев (1904-1972) Сырбайды өзіне шақырып алады:
– Сен неге әләуләйщинаңа басасың? Газеттерің партияның органы, саяси газет… Ал сен болсаң әләуләйщинамен айналысасың! – деп ұрысады.
Сырбай ауызша сөгіс естіп, үндемей шығып кетеді.
Арада жылжып жылдар өтеді.
Жанбаев біраз жерде басшылық қызметте болып, соңынан Орталық Комитеттегі партиялық комиссияға жұмысқа ауысады. Сол қызметте жүрген кезде бірде Қырымға барып дем алыпты. Демалып жүріп бір топ өлең жазыпты. Алматыға қайтып оралған соң Қырымда жазған әлгі өлендерін құшақтап «Жұлдыз» журналының редакциясына әкеледі ғой.
Ол кезде «Жұлдыздың» бас редакторы Сырбай Мәуленов екен. Сырағаң өлендерді оқып көрсе, көркемдік дәрежесі төмендеу, нашарлау дүниелер екен:
– Ақсақал, біз қоғамдық-саяси журналмыз, мұндай әләуләйщинаны баса алмаймыз, – дейді Сырбай.
Сонда Жанбаев мырс етіп күліп жіберіпті де, басын бір шайқап, бөлмеден үнсіз шыға жөнеліпті.
***
Жазушы Ғабдол Сланов (1911-1969) баяғыда «Жұлдыз» журналында қызмет істепті. Бірде бір жетіге оңтүстік жаққа іссапарға кетіп, сол кеткеннен мол кетсе керек. Хабар-ошар жоқ, арада бір жарым ай өткен соң ғана сүйретіліп Алматыға жетеді ғой.
– Иә, Ғабеке, қайда болдың, қайдан келдің, сайра кәнеки?– дейді «Жұлдыздың» сол кездегі бас редакторы Сырбай Мәуленов жоғалған қызметкерін шақырып алып.
– Басеке, айып менен,– дейді Ғабдол кешірім өтініп. – Қызылқұмның қиыр бір шетіне шығып кетіп… бір қойшының үйінде «тойлаңқырап» жіберіппін. Қойшы да бір аңқылдаған сабаз екен, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалыппын.
Сонда Сырбай алақанын жайып, көкке қарап:
– Айналайын, Ғабдол,
Әйтеуір бар бол!
Құдай тағала бұл Ғабдолды
Жоғалтпай тағы, жар бол!–
деп бата тілеп, бөлмесінен қуып шығыпты.
***
Ақын Жақан Сыздықов (1901-1977) аздап ішімдікке әуестігі бар, бірақ ішімдікті оншалықты көтере алмайтын, бір-екі рюмкеге кәдімгідей масайып қалатын кісі екен. Сырбай Мәуленов сол ағасымен үнемі қалжыңдасып, әзілдері жарасып жүретін секілді. Бірде Сырбай Жақан туралы былай деп өлең шығарыпты:
Кафелерге үнемі,
Кете алмайды түстенбей.
Жүз грамға жүреді,
Екі литр ішкендей.
***
Ақындар Қабыл Боранбаев (1915-1978) пен Қалижан Бекхожин (1913-1990) жан достар екен. Бірде Қабыл ішіп жүріп, сол мас күйінде Қанабек Байсейітовке ілесіп Талдықорғанға кетіп қалыпты. Қалижан оның қайда кеткенін білмей, жан-жаққа хабар беріп, іздеумен болады. Қаперінде түк жоқ, жарты айдан соң Қабыл аман-есен Алматыға қайтады. Оны көрген Қалижанның қуанышында шек болмай, садақа беріп, достарын шақырып, той жасапты. Сол тойда сөз кезегі келгенде ақын Сырбай Мәуленов былай деген екен:
– Қалижан іздеп Қабылды,
Көше кезіп сабылды.
Талдықорған тауынан,
Қанабектің жанынан
Жоғалған Қабыл табылды!
Табылғанға той жасап,
Қалижан тағы шабылды.
Қабыл отыр, шала мас,
Сипап қойып қарынды.
***
Халқымыздың тамаша ақындарының бірі Әбдікәрім Ахметов (1924-1983) ұзақ жыл әскер қатарында офицер болған, кейін Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқыған кісі. Әбекеңнің үлкен бастық болуға да негізі бар екен, бірақ өзіне әйел тұрақтамай, жиі-жиі ажыраса берген соң, бастықтық қызметтен жолы оңғарылмапты. Әйел үшін сөгіс те алады, ұрыс та естиді, партиядан да шығарылады. Әбекеңнің сенделіп жүрген сондай бір кезінде ақын Сырбай Мәуленов досына арнап мынадай өлең жазыпты да, хатпен үйіне салып жіберіпті:
– Тәңірім сені жаратты ақын етіп,
Аңқылдақ Әбдікәрім Ақыметов!
Тастаған әйелдерің жиналып ап,
Жүрмесе жарар еді зақым етіп.
***
Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен бірде Жамбыл облысын аралайды. Ол жақтағы жергілікті бір жас ақын Сырағаңды қолтығынан жетелеп, үйіне қонаққа апарады. Жас ақынның аздап кеудесінің желі бар ма, айтар сөзін ұйқаспен, өлеңмен айтуға тырысады екен. Сырағаңды төріне жайғастырған бойы, өзі де тізе түйістіріп отыра қалып:
– Сыраға, отырайық өлеңдетіп,
Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп, –
деп сөз тастайды.
Сонда Сырағаң:
– Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,
Бағасын не қыламыз төмендетіп, –
деп іле жауап береді. Әлгі жас ақын Сырағаңның осы сөзінен соң өлеңмен сөйлегенді сап қойыпты.
***
Партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан көңілі мынау екен:
– Жасады әкең бір өмір ғасырындай,
Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!
Жылама, жасыңды тый, балалар мен
Жұбайың аман болсын Асылыңдай!
***
Өмірден ертерек кеткен тамаша ақын Төленді Нұрмұхамедов /1936-1979/ көп жыл бойы партия – совет саласында қызмет еткен ғой. Сол кісі Алматы облысы Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде партиялық қызметті тастап, біржола шығармашылыққа бет бұруды ойлайды. Сөйтеді де, хатшылықты табыстап, Мәскеудің М. Горький атындағы Жоғары әдебиет курсынан бірақ шығады. Ол жақта екі жыл оқып, Алматыға келген соң қызмет табылмай, біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Сонда Сырбай:
– Нұрмұхамедов Төленді,
Жазамын деп өлеңді
Хатшылықтан босанып,
Мәскеу жаққа жөнелді.
Барып түсіп оқуға
Теорияға кенелді.
Қайтып келді – жұмыс жоқ,
Кездесті көп кедергі…
Оқу сонда не берді? – деген екен.
***
Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиетіне» екі рет бас редактор болғаны белгілі. Сол екінші жолы бас редактор болып бекіген соң, бірде Орталық Комитеттің кезекті Пленумына қатысады. Үзіліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Комитеттің секретары боп істеп, кейін орнынан түсіп қалған Нұрымбек Жанділдинді көреді. Бұрынғы үлкен бастық төңірегіне бір топ адам жинап, әңгімелесіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқамағансып былай қарай өте береді.
– Иә, Сырбай, сен «Қазақ әдебиетіне» қайтып барыпсың ғой? – деп Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты.
Сонда Сырағаң:
– Оныңыз рас… Мен қайтып баруын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды Құдай тағала сізге де бермес пе екен? – депті.
***
Қазақ халқының талантты ақындарының бірі Төлеужан Ысмайыловтың (1932-1972) бірде «Социалистік Қазақстан» газетіне топтама өлеңдері шығады. Қуанышы қойнына симай, Төлеужан елпең қағып көшеде келе жатса – қарсы алдынан Сырбай Мәуленов кезігіпті.
– Оқыдың ба? Өлеңдерім қандай екен? – дейді Төлеужан Сырбайға.
Сонда Сырбай:
– Кешегі болдым ырза өлеңіңе,
Төлеужан, не берейін төлеуіне?
Басыңды бір сүңгітсем жарамай ма,
Тобылғы торы сыра шелегіне, –
депті де, қолынан ұстап сыраханаға қарай жетелей жөнеліпті.
***
Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988) әскерден аман-есен оралған соң, көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан «Алматы» мейманханасының бастығы қызметтерін атқарған. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:
– Осы сендер менің әскердегі өмірімді, Рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар – менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті? – деп базына айтады.
Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:
– Мейірің – нұры мол сарай,
Мінезің – бейғам баладай.
Жүрегің – ыстық моншадай,
Көңілің – мейманханадай, –
деп мақтап ала жөнеліпті.
***
Белгілі драматург Қапан Сатыбалдин /1917-1969/ мен ақын Сырбай Мәуленов бірде сапарлас боп, ел жаққа жол тартып бара жатады. Ұзақ жолда Қапекең жазып жатқан өзінің жаңа бір пьесасының желісін ұзақ-сонар әңгіме етеді. Сөз арасында:
– Пьесада төрт қазақты өлтіргеніме қалай қарайсың, Сырбай… Осыным артық емес пе? – деп сұрапты ұйқылы-ояу отырған Сырбайдан.
Сонда Сырағаң бүлк етпей:
– Қапеке, бүкіл қазақты қырып тастасаңыз да еркіңізде ғой, – деп жауап беріпті.
***
Жетпісінші жылдардың орта тұсы болса керек, денсаулығына байланысты ақын Сырбай Мәуленов ащы суды біраз уақыт бойы аузына алмай жүреді. Онысын құрбы-достары да біледі екен. Алайда, бір топ қаламгерлер бас қосқан бір жиын-тойда Мұзафар Әлімбаев бастаған достары Сырағаңды сынап, ащы судан аздап болса да дәм татқызбақ болып келіседі. Достары әрі азғырады, бері азғырады, неше түрлі сөзбен қажайды, бәрібір Сырағаң көнбей, безеріп отыра береді. Жан-жақтан қаумалап, «отырыстың сәні келмей жатыр» деп жалбарына берген соң, көңілшек Сырағаң ақыр соңында шыдай алмай, бір рюмканы көзді жұмып тартып жіберіпті. Сырағаңның сонысын аңдып отырған Мұзафар:
– Ішпеймін деп сөз берген,
Сырбай қалай өзгерген,
– деп таңданғандай болып, басын шайқайды.
Сонда Сырағаң зор даусымен гүж етіп:
– Ішейін деп іштім бе,
Қимайды екен көз көрген, –
деп іле өлеңмен жауап беріпті.
***
Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той болып өтеді. Тойдың басы Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын-сауық, мәжілістермен аяқталады. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысады. Бірнеше күн тойлап, бастары аздап шыңылдап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай «Москва» мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, мейманханадан қазақстандық неміс жазушысы Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым айтыстың үлгісімен былайша өлеңдете жөнеліпті:
Ғафу:
– Немістің бір ақыны Бельгер еді,
Сырбай:
– О бастан жомарттығы белгілі еді,
Ғафу:
Үш тілдің басын қосқан қайран сабаз,
Сырбай:
– Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.
Ғафу:
– Мәскеуге келе қалған сапары екен,
Сырбай:
– Біз десе соға қалған ер жүрегі,
Ғафу:
– Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,
Сырбай:
– Немістен ішер кезек енді келді.
Қазақ тілінің құдіретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд риза болып, екі ағасын қолтықтап бөлмесіне қарай жетектей жөнеліпті.
***
Баяғыда Алматы маңындағы «Алатау» санаторийінің бастығы – Абай, оның орынбасары – Жамбыл деген жігіттер болыпты. Бірде Сырбай Мәуленов дем алмақ оймен әлгі санаторийге барса – орын жоқ екен.
– Абай мен Жамбыл басқарған мекемеге Сырбай сығалап қайтса да қанағат қой! – деп Сырағаң ренжіңкіреп, қайтар есікке беттейді.
Мұны естіген бастықтар Сырағаңнан кешірім өтініп, бір орын тауып берген екен.
***
Қазақ халқының ақсақал жазушыларының бірі Сейітжан Омаров ғұмыры арақ-шарапқа ернін тигізбеген жан екен. Осыны білетін қаламгер інілері әлдебір жиында «мынау жәй сусын еді, асқазанға шипасы бар» деп алдап, Секеңе «Шартрез» деген шарапты күштеп жұтқызып жібереді. Содан Секең қызып қалғанын «уландымға» жорып, «баяғыда «Шартрез» ішіп өліп қала жаздадым емес пе» деп, кейіндері әлгі оқиғаны әр жерде аңыздай айтып жүріпті. Ақсақалдың осы мінезін қызықтап, Сырбай Мәуленов Секеңе арнай мынандай өлең шығарыпты:
«Шартрезді» ұрттады,
Ойлап шипа шарап деп.
Сосын оны жұтпады,
Отырды ол қарап тек.
Улады деп денемді,
Соқпады оған бір қайтіп,
Сол «Шартрез» дегенді,
Қырық жыл бойы жүрді айтып.
***
Жаздың ми қайнатқан аптап бір күнінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Жайсаңбек Молдағалиев, Әубәкір Нілібаев Жезқазған облысының Ақадыр ауданына сапарлап барып қалыпты. Аудан басшылары қаламгерлерді сол жақтағы бір совхозда директор болып істейтін Көкжалов деген кісінің үйіне қонаққа ертіп апарады. Көкжалов атына сай мінезді жігіт болса керек:
– Мынау күйіп тұрған шілдеде, торғайдың қанаты күйер мынау шөлде бұлар не іздеп жүрген кісілер?– дейді басшыларға әзілдей бұрылып.
Басшылар не айтарын білмей аңтарылып қалысады. Осы кезде Сырағаң гүж етіп, Көкжаловқа төніңкіреп барып былай депті:
– Шөлден көл іздеп жүрміз,
Елден ер іздеп жүрміз,
Көкжал болып атағы шыққан,
Соның ішінде сені іздеп жүрміз…
***
Атағы жер жарған қас батыр, әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов (1918-2006) көктемнің көкөзек күндерінің бірінде өзінің жекеменшік машинасымен Алатаудың бөктерінде келе жатып, байқаусызда терең жарға құлап кетеді. Құдай сақтап, әйтеуір аман қалады. Бірақ ауыр жарақат алып, емханаға түседі.
Қасым досының емханаға түскенін естіп, Сырбай Мәуленов гүр-гүр етіп келесі күні көңіл сұрап жетеді.
– Ау, Қасеке, соғыс жоқ, ел іргесі тыныш… айдың күннің аманында саған не болды? – дейді келген бетте.
– Байқамай, 3 метрлік жардан аунап кеткенім… – деп Қасекең күмілжіп жағдайын айтады.
Мұны естіген Сырбай бет-аузын тыржитып, басын шайқай береді:
– Қасеке! – дейді ақын. – Бұл әңгімені мен ғана естиін. Сенің партизан деген, батыр деген атыңа «3 метрден құладым» дегенің ел-жұрттан ұят. Сен бұдан былай басқаларға «30 метр жардан домалап кеттім» дейтін бол!
Арада ай өткенде Қасекең аман-есен жазылып, емханадан шығады. Қызық болғанда, сол күндердің бірінде, балпаң басып көшеде келе жатқан Сырбайды мотоцикл қағып кетеді. Сырағаң да «жедел жәрдем» машинасымен дәл сол емханаға түседі. Хабарды ecтіген бойда енді Қасым Сырбай досының көңілін сұрамаққа емханаға барады. Сырағаң аяқ-қолын орап тастаған, сілейіп төсекте жатыр. «Осылай да, осылай… оқыс болды, мотоцикл қағып кетті» деп болған жайды жеткізеді. Сонда Қасым түсінбегендей иығын көтеріп, басын шайқап:
– Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқа ешкімге айтпа, ұят болады! – дейді. – Түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қағып кетті деген не сұмдық! Сен бұдан былай өзге жұртқа «мені КамАЗ қағып кетті» деп сөз тарат! – деген екен.
***
Сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков (1922-2002) Жазушылар одағы Сатира секциясының қарауына өзінің әлі сиясы кебе қоймаған жаңа комедиясын ұсынады. Секцияның кезекті мәжілісінде әлгі комедиясын Сәкең өзі оқып береді. Комедияның шұбалаңқы, ұзақтығы сондай, секцияға қатысып отырғандарды есінетіп, ұйқы шақырта бастайды. Ақын Сырбай Мәуленов те жалығып, ыржалақтап жиі-жиі күле беріпті.
– Әй, Сырбай, сен неге күлесің? – дейді Садықбек оған реніш білдіріп.
Сонда Сырбай:
– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – деп одан бетер иығы селкілдеп қоя берген екен.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
Пікірлер (1)