Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері

Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері

02 февраль 2018, Пятница
2 217
1

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. 

«Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл дестелер  «Көккөл», «Аспантау», «Шанағаты», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұзтау» деп аталатын  бірнеше кітаптан тұрады. 

 Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына отырып: «Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп,  «Туған елге» ұласады. ... Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. ...Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп жазған болатын. 

Расында, қазақтың ұлан-байтақ сақарасы табиғат таңғажайыптарына, нелер бір тылсым сырларға, ашылмаған ақтаңдақтарға толы екені шындық.  Солардың ішінде таулы өңірлерде де жұмбақ мекендер толып жатыр.  Әлібек Асқаров болса исі түркінің атажұрты саналатын Алтайда туып, сол киелі өңірдің бар қасиетін бойына сіңіріп өскен азаматтың бірі. Содан да шығар, жазушының қаламына таулы жердің қайталанбас табиғаты, таулы елдің аңыз-әпсаналары, таулы қойнаудың тыныс-тіршілігі көбірек іліне береді. 

Алтайдың Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы сынды дарынды ұлдары дүниеден өтіп кетті. Солардың жазбаған, жазуға үлгермеген дүниелерін оқырман қауымның Әлібек Асқаровтың қаламынан күтетіні заңды. Аманаттың ауыр жүгін арқалауда абырой биігінен көрініп келе жатқан қаламгер осы бір жауапкершілікті де жан-жүрегімен сезінетін тәрізді. Сол себепті ол алуан тақырыптарға қалам тербеп жүргенімен, мұнар таулар мен мұзарт шыңдар сиқыры – жазушы шығармашылығының негізгі өзегі болып қалуда. 

Көкірегінің көзі бар әрбір қазақтың бір көрсем деп көксейтін қасиетті жері болады. Солардың бірі әйгілі Мұзтау (Белуха). Мінеки, сол әулие тауға  жете алмаған оқырман ондай олқылықтың орнын «Мұзтау немесе Жер кіндігіне сапар» кітабын оқумен толтыруға мүмкіндігі бар... 


Википедияның құрғақ ақпараты қомағай оқырманның шөлін қандыра алмасы белгілі. Мәселен, «Көккөл немесе Қарлы асуда қалған ауыл» атты кітапта жылдар жылымы ел есінен ұмыттырған,  Кенді Алтайдың кермек тағдырындай болған, адам аяғы сирек түсетін тау басындағы Көккөл кеніші жайында баяндайды. 

Ал «Шабанбай» кітабында жазушы сонау замандарда жергілікті қазақтардан күшпен тартып алып, ақ патшаның жеке иелігіне өтіп  кеткен, ата-бабамыздың күншілікке созылаған шұрайлы өңірі жайында шабыттана жазады. Үйрек ұшып қаз қонған сулы да нулы алқапты армансыз аралап, көзбен көріп, көңілге түйгенін жазушы көркем тілмен жеріне жеткізе суреттейді. 

«Шанағаты» атты кітапта еліміздің ең суық нүктесі саналатын Марқакөл өңіріндегі елді мекен туралы әңгіме болады. Бұл жерде қыс айларындағы 40-50 градус суық – әдеткі жағдай. Тіпті бір жылдары осы ауылда 62 градус суық тіркеліпті.

Шығыс Қазақстанның табиғатын, оның әрбір өзені мен көлін, тауы мен тасын бүге-шігесіне дейін зерттеп жазған жазушы кейінгі кезде Қазақстанның басқа да қасиетті жерлері жайында қалам тербеуге көшіпті. Жазушының бұл туындылары да сәтті шығып жатқанына оқырман «Егемен Қазақстан» газеті арқылы қанық. Мәселен, «Қазығұрт» атты кітапта адамзат баласы ғасырлар бойы талқылап келе жатқан Топансу тарихнамасы жөнінде баяндалады. Ежелден алуан түрлі аңыз-әпсанаға арқау болған, тұла бойы тұңғиық сырға толы Қазығұрт  тақырыбы – қашан, қалай айтсаң да қызықты болары хақ. Алайда, бұл кітапта жазушы Қазығұрт пен Қаржантау сілемдерін аралаған әсерінен гөрі, жалпы «Әлемдік Топансудың» тарихына бойлауға тырысады.  Топансу туралы түрлі халықтардың аңыздары мен мифтерін саралайды, солардың арасынан Қазығұрттың шындығын алып шығуға ұмтылады. Ол үшін бүгін таңдағы ең жаңа деректерге сүйене отырып, қазіргі ағылшынның аса беделді ассириолог-ғалымы Ирвинг Финкельдің пікірлерін алға тартып, тыңнан ой түйеді. Ал «Аспантау немесе Альпинизм ақиқаты» кітабы  – жазушының бір топ достарымен Хантәңірі тауына сапарынан туған ой-толғамдары. Мұнда Қазақстандағы альпинизмінің дамуы Хантәңірі шыңының игерілуімен сабақтастырыла отырып, осы саладағы саңлақ спортшылардың жетістіктерімен таныстырады. Сондай-ақ әлемнің биік шыңдары туралы мағлұмат беріп, аса күрделі саналатын спорт түрінің қызығы мен қиындығынан мол дерек ұсынады. 

Аталып өткен кітаптар «Қазақ жерінің құпия сырлары» атты сериямен жарық көрген. 

Ал «Қайырымды Үміт мүйісі немесе Жер шетіне саяхат» аталатын кітап-альбом «Өлке» баспасынан «Жұмыр жердің жұмбағы» деген айдармен шыққан. Африка құрлығының оңтүстік қиырындағы  Қайырымды Үміт мүйісі (орысша атауы – Мыс Доброй Надежды) – Жұмыр Жердің жұмбаққа толы нүктесінің бірі. Осы арада сулары бір-біріне мәңгі қосылмайтын жап-жасыл Үнді мұхиты мен қаракөк Атлант мұхиты түйісіп жатыр. Жазушы Жердің шеті саналатын осы ғажайып мүйіске сапары төңірегінде әңгімелей отырып, оның ғасырлар қойнауына кеткен арғы-бергі тарихынан сыр шертеді.  

Көпшілік оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп қана қоймай, көптеген тың мағлұматпен байытатын бұл кітаптарды оқырман олжасы деуге әбден лайық. Шағын да болса кітаптардың әрбірі танымдық, тағылымдық көркем дүниелер. Оқырманын әсте жалықтырмайтын, бүгінгі күннің сұранысына толығымен жауап беретін бұл шығармалар жазушының үлкен жетістігі демекпіз. 

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
klsieolwerpioda
klsieolwerpioda Гости 5 февраля 2023 13:27
Полный после этого тест драйв анлимитед голд
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры