МАРҚАКӨЛ-ШАНАҒАТЫ немесе Қазақстанның ең суық нүктесіне сапар
Шанағаты – ұзын жолдан шалғай бұрыста, арнайылап бармасаң, былайғы кезде табан түспес қиыр қоныс. Территория жағынан әйгілі Марқакөл алабына қарағанымен, Марқаның көгілдір зеренін аңсап келген ағайын Шанағаты жайында біле де бермейді. Білсе де, Марқадан ары жолсыз жүз шақырымдық ит арқасы қиянға, аю жортқан алыс қойнауға айдасаң да бармайды. Оның үстіне ол маңайға екінің бірін жібере де бермейді… Шекара. Арнайы рұқсат керек. Біз сол сапарға биыл тәуекел еткенбіз, жолымыз оңынан туып, осы жазда қиялдағы мекенге аман-есен барып қайттық.
Турасында, Шанағатыға өткен жылы жиналған едік. Бірақ ол жыл еңсені езген жаңбырлы болды да, сылбыраған лайсаңда толарсақтап жүре алмадық… Жаздың өзінде ауық-ауық қарлы бұрқасын соғып тұратын Шыңғыстайдың желкесіндегі Бұрқат асуынан ілдебайлап өткенімізбен, Алатайдың шыңырау-құз кезеңдері жабылып, Қарақабаның онсыз да қисайып әзер тұрған жеті көпірінің үшеуін су шайып кетіпті. Содан амалсыз Шанағаты сапарын биылға қалдырған болатынбыз.
Өткен жылғы қытымыр қыста Марқакөл өңірінде 59 градус аяз тіркелгенін естігенбіз. Осы сұрапыл аяз тіркелген мекен бұрын Орловка аталыпты, біздің Шанағаты деп жүргеніміз сол ауыл еді. Бұл жерде 40-45 градус суық әдеткі жағдай деседі. Ал, 1969 жылы 62 градус аяз болғанын Интернеттен оқып-білдік.
«Япыр-ай, қазақтың жерінде де Оймякон бар екен ғой, бұл қандай феномен, неткен ерекше құбылыс?» деген сұрақ көңілді мазалаумен болған.
Бір «вездеход» уазикпен бір «джипке» керек-жарақ, асай-мүсейлерімізді тиеп, артынып-тартынып сапарға Алматыдан аттандық.
Арада Аягөзде бір түнеп, келесі күнгі қоңыр кеште Теректі ауылына жеткенбіз. Теректі – көрші Қытай елімен шекараның дәл түбінде тұр. Кеңес кезінде Алексеевка аталып, Марқакөл ауданының орталығы болған. Бұл айтулы ауыл қазір Күршім ауданының қарауында.
Біз «джипті» осы ауылға қалдырып, бұдан әрі жол талғамайтын «уазиктерге» аяқ арттық. Аспанмен астасып жатқан Асутау сілемдері осы Теректінің іргесінен басталады екен. Алдымызда Асутаудың арғы жағындағы Марқаның көліне шығаратын шыңырау-шатқалды, құз-жартасты әйгілі «Мәрмәр жолы» жатты. Мәрмәр жолды 1914 жылдары бірінші Дүниежүзілік соғыста қолға түскен мыңдаған австриялық тұтқындар салыпты. Тұтқын жазғанның жағдайы белгілі ғой, осы қиян жолдың ұзын бойында талайы опат болған десе-ді. Расында да, тауды тіліп, тасты жарып жолды салған жойдасыз күшке таң қалғандайсың. Топырақ емес, тіпті үйреншікті көк тас та емес, қырмызы қызғылт гранит, ұшар басы сазарған сұр мәрмәр…
Мәрмәрдан ары шалғыны жайқалған бұйра жон, бөтегедей бұлтиған қоңыр белдер екен. Не заматта көз сүрінер ағаштан ада жусанды жасыл жазыққа шықтық. Жазықтың бел ортасында «Ақжайлау» атты шағаладай шағын ауыл ағарады. Ай, қазағым-ай, ат қоюға келгенде алдарына жан салмайды-ау… Осындай ұрымтал атты тапқан бабама қалайша сүйсінбессің! Атына сай, Ақжайлау десе дегендей-ақ екен! Тұрмыстары да жаман емес сияқты: ішінара жарқыраған жаңа үйлер, қаңылтыр «черепицамен» қаптап тастаған қызылды-жасылды шатырлар көзге түсті. Егін жоқ, маңайдың бәрі көкпеңбек кілем альпі шалғыны. Малды кең жазыққа емін-еркін өргізіп тастап, сары саумалды сапырып, жамбастап жата беретін қан жайлаудың нағыз өзі!
Ақжайлаудың жазығынан соң қабырғалап аңғалақтай терең шатқа түстік. Одан тау бөктерін бауырлап, қабырғалай ыңыранып өрге шықтық. Қайыра тағы бір кертпеш сайға түсіп, иір-қиыр өзенді жағалап кеттік. Әйтеуір, ойдым-шұңқыр қара жолда көлігіміз шоршып билеп тоқтаусыз келе жатырмыз. Әлдебір түксиген тау тұмсығын айнала бергенде қарсы алдымыздан шет-жиегіне көз жетпестей көгілдір көл жарқ етіп шыға келген. Әйгілі Марқа осы болатын! Көлдің бергі жағалауын жиектеп, иін ағашша иіле созылған Ұраңқай ауылы көрінді.
Біз көліктерімізден түсіп, алдымыздан оқыс ашылып салған мұнарлы панорамаға құмарта үңілдік, қызықтай қарадық. Асутау жоталары мен ақ басты Күршім сілемдерінің арасындағы мол пішілген қазан шұңқырда көкпеңбек теңіз шалқып жатты. Айтары жоқ, Марқаның көркі көңіл суарғандай сұлу екен! Ақындардың сөзімен айтсақ, Өр Алтайдың көз жасындай мөлдіреп, жүректі тербейді. Көксағым көкжиекте асқақ та асау, кербез де керім көсіледі жарықтық. Терістіктегі тау баурайы – жайлаған қалың мал: қора-қора қой, табын-табын сиыр, бірер үйір жылқы жасыл жонда қаперсіз маңғыстап жатыр.
Көл жайында ел аузында алуан түрлі аңыз барын білетінбіз. Солардың бірін ертеректе белгілі ақын, қазақтың қара өлеңін жинаушы Оразақын Асқар ағамыз жазып алыпты. Ол аңыз мынаған саяды… Осынау ару көлдің орнында баяғыда орасан үлкен аңғар болған екен. Аңғар бойында шөптің нелер түрі андыздай өсіп, самал желмен жап-жасыл жайқалып жатады. Аңғардың орта тұсында сылдырап аққан тастай суық мөлдір бұлақ болыпты. Бірде жергілікті қойшы қазақ әлгі бұлақтың маңайында жайбарақат қой жайып жүреді. Қой ішіндегі жүні қап-қара сүйкімді бір қозы бастаудан су ішем деп, оқыс жарқабақтан құлап, суға күмп беріп қойып кетеді. Қойшы қозыны судан зорға сүйреп шығарады. Сол кезде қозы құлаған жерден бұлақ қайнарының көзі ашылып кетіп, бұрқақтап су атқылай жөнеледі. Атқылаған су күндіз-түні тоқтамайды. Ақыры су бүкіл аңғарға жайылып, сай-саланы, жайқалған шалғынды басып, бір жылдың ішінде айдыны шалқыған аумақты көл пайда болады.
Мамандар бұл шалқар көл теңіз деңгейінен бір жарым шақырымдай биікте деп жазыпты. Ұзындығы 38, ені 19 шақырым, орташа тереңдігі 15 метр шамасында. Ал ең терең жері 32 метрге жетеді.
Марқакөл – ертедегі мұздық дәуірінен қалған су айдыны деседі. Қалай болғанда да, мынандай жайқын суды бір рет көру, оның уыз көркін тамашалау әр қазақтың арманына лайық секілді… Шындығында, көлдің көз арбаған алапат әсемдігін кезінде әйгілі жиһанкездер П.П.Семенов-Тян-Шанский, К.В. Струве, Г.Н. Потанин, В.В. Сапожниковтар тамсана жазып кетіпті.
Қазақтың төкпе ақыны Иса Байзақов та Алтай табиғатын төгілдіре жырлаған сирек дарын иесі ғой. Ақынның «Алтай аясында» атты көлемді дастанындағы шым-шытырық оқиғалар дәл осы Марқа маңайында, Қалжыр өзенінің жағасында өтеді.
Төл әдебиетіміздің классигі, көркемсөздің зергері Жүсіпбек Аймауытов та өзінің әйгілі «Ақбілек» романында Марқакөл табиғатын тамылжыта суреттегіні есімізде: «Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан – Марқакөлі. Марқакөлді арқалаған ақ ауылды Алтай елі. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап, көнек-көнек лақылдайды; қара саба еміздіктеп, қою салқын сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды!»
Қараңызшы, қара сөзбен жырлаған ғаламат сурет емес пе! Бұдан асырып қандай теңеу айтарсың!
* * *
Марқа маңайын ежелден қазақтың найман мен керей тайпалары мекен еткені тарихтан мәлім. Кейіннен «Жер жәннатын», орысша айтсақ, «Беловодье» іздеген переселендер келіп, бұрқыратып поселкелер сала бастаған. Бала күнімізде Ұраңқайдан біздің ауылға келген Сара деген кемсеңдеген бір кемпірдің әңгімесі еміс-еміс есімде қалыпты… Марқа жерін өріс еткен, көл жағасын қоныс еткен азғантай қазақ едік біз, – деп күрсініп еді, кейуана. – Мен алты жасқа толғанымда, арқасында дорбасы бар, иегінде дорбадай сақалы бар, ұзақ жолдың азабын тартып азып-тозған, қайыршыға ұқсаған бір жүдеу кісі келді сүлкиіп. Көзі тұздай, шашы сап-сары, жыртық сарафан киген ұзынтұра әлгі кісіден біз, балалар, өлердей қорқушы едік. Қорықсақ та жасырынып барып, кісікиік кеспірін қызық көріп сығалайтынбыз. Қазақтардың әлгі сақалдыға жандары ашыды ма, тамақ берді, моншаға түсірді, жуындырды-шайындырды. Қысқасы, бір аптадай асырап күтті. Сосын жан шақырып, адам кейпіне келе бастаған кезде оның тілегін орындап, көлдің арғы бетіндегі алыстау бір бұлақтың жағасынан жер кесіп берді. Келесі жылы қарасақ – әлгі тентіреп келген келімсектің әйелі, шулаған бала-шағасы бар екен, төбесінен түтінін будақтатып, жарқабақтың бүйірінен жертөле салып алыпты. Енді бір жыл өткенде бұлақ жақта қаба сақалдылардың қарасы көбейе бастаған. Содан қарағайдай қаптаған қаба сақалдылар маңайдағы орманды қынаша қырды, күндіз-түні тықылдатып балта шабумен болды, әр тұстан қарайтып қарағай үйлер көтере бастады. Арада бес жыл өткенде Еловка деген поселке пайда болды.
Шығыс Қазақстанның Шемонайха маңында туып-өскен орыстың аса көрнекті жазушысы Георгий Гребенщиков қазақтардың ата-баба жерінен қалай қуылғанын, сөйтіп, өгей баланың күнін кешкен зұлмат заманды жеріне жеткізіп жазып кеткен қаламгер. Жазушы өткен ғасырдың басында өзі сол дауылды да зауалды жылдардың бел ортасында жүрген, куәсі болған. Переселендердің алдымен қазақ жеріне сыналап кіріп, соңынан мылтықтың күшімен шұрайлы жер, құнарлы мекеннің бәрін зорлықпен тартып алғандарын көзбен көріп, көңіліне тоқыған. Жер ғана емес, азаматтың малсыз, арғымақтың жалсыз қалған сол жылдарын жазушы өзінің повестері мен әңгімелерінде асқан шындықпен суреттей білді: «Эта деревня появилась здесь как-то вдруг, неведомо когда и откуда. Лишь не многие из киргизов видели, что года три-четыре назад здесь появился громадный серый обоз из телег и бричек, нагруженных домашним скарбом, засаленными мешками, старыми столами и грязными люльками… Людей было много, и они показались киргизам грязными и злыми, с тягучей русской бранью и крикливыми ребятишками. Приехали эти люди ранней весной и сразу же стали пахать цельную девственную степь, живя под телегами и под открытым небом. Потом косили и ставили огромные стога сена, а когда прошла страда и появилась на гумнах солома, они намешали ее с глиной и выложили низкие, подслеповатые избушки… А теперь уже выросла целая деревня, в которой было несколько деревянных изб с тесовыми крышами. За последнее же время вырос из соломенных кирпичей огромный дом, покрытый железной зеленой крышей. Время шло, и шли незваные гости, числом все больше и больше. Наехали чиновники, молодые и сердитые, наставили столбов, и в привольной киргизской степи закопошилась новая, чуждая кочевникам жизнь. Киргизы оказались как бы загороженными в своих извечных просторах внезапно вырастающими новыми деревеньками…»
Тағдыры талай мәрте тарихтың тәлкегіне түскен Марқа жерінің өткені мен бүгіні жайында кітаптар мен зерттеу еңбектер баршылық. Солардың соқталысы – ХХ ғасырдың басындағы атақты шайыр, Зайсанның тумасы Арғынбек Апашбайұлының отты жырлары дер едік: «Құзғынды мен Жайдағым, жайлаушы еді аймағын. Қаратай мен Саржомарт, мекендеген найманым. Ойлағанда іш күйер, Алтайдың қызық сайранын. Ерік өзіңде тұрғанда, емін-еркін жайладың. Қазақ халқы сол тұста, шалқып өсіп жайнадың. Атамекен жеріңнен, қасірет болды тайғаның. Қалам алсам қолыма, ойыма түсер қайдағым…». Сол Арғынбек ақын тағы: «…Бұл өңірде орыстар, игермеген сала жоқ. Төлетеді күнде мал, бермеймін деуге шара жоқ. Орыс атып өлтірсе, қимылдауға шама жоқ… Қайсы бірін айтарсың, жүректе жатқан нала көп!» деп замана зорлығынан запыран құсып, зар илеп кетіпті.
Марқаның елі мен жеріне кешегі Кеңес дәуірінде де қатер төнген кездер болыпты. Волюнтаристік биліктің ол заманда кемелдене толысып, шырқау шегіне жеткені мәлім… 1974 жылы Алтайда алапат құрғақшылық болып, орман алқаптарының көп аймағы өрт құшағында қалған еді. Шабындықта сарғайып шөп шықпай, егістік алқаптарда дәнді дақылдар күреңітіп күйіп кеткен. Тіпті, ауылдағы адамдарға дейін қақалып-шашалып, көк түтіннің ішінде қалғанына біз де куәміз. Сол таңдайды кептірген аптап жазда ауданның бір басшысының басына Марқакөлден ағып шығатын жалғыз өзен – Қалжыр есіне түссе керек. Өзеннің көлден шығар шүмегінің арнасын кеңейтіп, түбін тереңдетіп, ақтарып молырақ су алмақшы болады. Сол сумен аңқасы кеуіп, құрғап жатқан егістік алқаптарды суару туралы «ғаламат идеяны» жүзеге асырмақшы болады. Сөйтіп, бұл іске бел шешіп, білек сыбанып кірісіп те кетеді. Дереу биіктегі Қалжырдың сағасына бір топ жұмысшыларды аттандырады.
Сол кездегі орман шаруашылығының директоры А.А.Чириков деген кісі бірде шаруашылығын аралап, көл жағалап келе жатса, Қалжырдың бойында екі бульдозердің бұқадай өкіріп, тұрбасынан түтіні күркілдеп жарқабақты қазып жатқанын көреді. Арнайы бұрылып барып, жұмысшылардан жөн сұраса – «бастықтардың бұйрығы, шаруаң болмасын» деп трактористер бет бақтырмайды. Бір сұмдықтың боларын сезген директор шапқылап кеңсесіне келіп, атой салып Алматыға телефон шалады. Сәті түскенде, оның зары бүйрекбет бітеуге емес, құймақұлақ біреуге жетіп, астаналық лауазым иелерінің араласуымен әлгі жөнсіздік дереу тоқтатылған екен.
– Ал, шын мәнінде тау басындағы алып көлді ағызып жіберсе не болар еді? – деп қайран қалады бұл оқиғаны естігендер. – Бір жарым шақырым биікте жатқан Марқакөл ақтарылып құлар болса – етектегі бейбіт елді бір-ақ сәтте топан сумен шайып кетпес пе еді! Көл құласа – егін суару қайда – бүкіл егістік алқаптар лай батпақ пен қой тастардың астында қалатынын әлгі бастық ойлады ма екен! Ең өкініштісі – қазақ жерінде Марқадай ғажайып көл мәңгі-бақиға құрып кетер еді-ау! Дариға-ай десеңші, Құдай-тағала расында да бізді адам сенбес алапат қатерден сақтаған екен!
Тарихтың осы секілді тарпаң тағылымынан соң тағы да Алла берген Тәуелсіздігіміздің қадірін түсінгендей боласың! Шүкір дейік, азаттықтың арқасында бүгінгі таңда қазақ өз жеріне өзі ие болып, үзілген үміті жалғанды, езілген есесі көтерілді, асыл арманы орындалуда.
Қазір Оңтүстік Алтайдың тұмса табиғатын бүгінгі ұлт мұраты, ертеңгі ұрпақ мүддесі үшін сақтау мақсатында Марқакөл мемлекеттік қорығы қайырлы жұмыс істеп жатыр.
* * *
Марқада ерінбеген жанның бәрі балықшы. Балық күнделікті дастарқан мәзірінің міндетті әрі дәстүрлі тағамы. Көнекөз қариялар көп жылдан бері көлдегі лосось текті «ускуч-ленок» (қазақша «майқан» деп атайды) дейтін балықтың ұсақталып кеткенін қынжыла сөз етеді. Оның басты себебі – балықты жөн-жосықсыз аулауда жатыр деседі… Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін балық уылдырық шашар көктем айларында іргедегі Қытайдан бастап, сонау Бийскіге дейінгі мұжықтар Марқа жаққа сабылған екен. Ол мұжықтар балықтың табиғи өсуіне мұрсат бермеген, жүрер жолын кесе-көлденең бөгеп, сүзекі-аумен суда түк қалдырмай сүзіп алып отырған. Содан соң ішін жарып, тонналап уылдырығын ғана жинап, балықтың өзін ірітіп-шірітіп, жағалауда тастап кете баратын болған. Осылайша, балықтың тұқымы азып қана қоймай, мүлдем құрып кетудің аз-ақ алдында қалған. Қазіргі майқан 1-2 килограмнан аспайды деседі. Ал, жазба деректерде – 1940-жылдардың соңында 12 килограмдық майқан ұстағаны айтылады. Одан бұрынырақта бір қайықшы көл бетінде қайқаңдаған зор майқан балығын ескегімен соғып алыпты. Ол балық 16 килограмм тартыпты десе-ді.
Марқа жеріне 1907 жылы келіп, зерттеулер жүргізген Н.И.Яблонский деген орыс саяхатшысы өзі көрген бір жиіркенішті оқиғаны жазыпты… Саяхатшы бірде жолсерігімен аты жоқ кішкентай өзеннің бірін жағалап келе жатады. Бір заматта маңайды сасытқан жаман иіс мұрындарына келеді. Жолсерігінен «бұл неткен өткір иіс» деп сұрайды. Жолсерігі «өлген балықтың иісі ғой» деп немқұрай жауап береді. «Ол не қылған өлген балық?» деп таңданады саяхатшы. «Көктемде кейбір балықшылар суды бөгейді де, балықты түгел алмайды, бөгеген ауды да жинамай тастап кетеді. Содан су тартылған кезде балықтар көлге қайта алмай қамалып, қайраңда қырылып қалған ғой». Саяхатшы қолқаны қапқан сасық иіс шыдатпай бара жатса да, бұрылып әлгі жерді көргісі келеді. Үйіліп жатқан бір топ балық шығар деп ойлайды. Сөйтсе, көргені ойлағанынан да сұмдық болып шығады… Бір кездегі иірімнің іші толы іріп-шіріп жатқан аткөпір балық. Суы баяғыда тартылып қалған, төменгі жағы – балықшының бөгеті, өзен арнасына көлденең тартып тастаған сүзекі-ау. Құрғаған иірімдегі балықтың саны жүздеп емес, мың-мыңдап саналады. Мұндай жексұрын көрініске қарап тұруға тіпті жүрек құрғыр дауаламайды екен! Адамдардың табиғатқа деген аяусыз немкеттілігін, осыншалық оңбағандықты көрген саяхатшы қатты қиналып, бірнеше күн ұйықтай алмай жүріпті.
* * *
Марқадағы арналы өзеннің үлкені – Теректі. Тастан тасқа секіріп, таудың таз биігінен құлап аққан асау өзен. Қашан көрсең алқымынан дем алып, бұрқ-сарқ қайнап жатқаны.
Теректі өзені құлаған таудың үсті құйқалы жазық, кер жайлау, алуан гүлшөпке малынған альпі белдеуі. Өзен өзінің басын мәңгі мұздықтардан алады да, жайлаудағы жазықта момақан жылжып, жайылып ағады. Көлден шыққан балықтың қалың керуені уылдырықты әлгіндей жайылма суларға шығып шашады.
Осы сапарымызда Алтайда адам ғана емес, аюдың да балық аулайтынын естіп, жаңалық ашқандай болғанбыз… Аляска мен Камчаткада сарқырамада тұрып балық қақшыған аюларды теледидардан талай мәрте тамашалаған едік. Бірақ…
Сөзден сөз туып, Нүркен Көпжасаров деген марқакөлдік азамат өзі куә болған бір қызық жағдайды есіне алған. Ол ініміз бұрнағы жылы жазғытұрым жайлауға бара жатып, Теректі өзенінің басында әр тұста шоқиып балық аулап отырған үш аюды көріпті. Аюлар жағалауда қимылсыз суға телміріп тұрады да, қарғып барып балықты бас салады екен. Енді біреуі шалпылдатып, суды бойлап балықты қуалап ойнап жүр дейді…
Қазақ жерінің біз бұған дейін ешкімнен естімеген, білмей келген бұл да бір құпиясы болды.
Жергілікті кәсіпкер Сергей Бердюгин Марқакөлде майқан балығын аулау ісі ертеректе кәсіптік деңгейде болғанын, сол үшін арнайы мекеме жұмыс істегенін сөз еткен. Әлгі мекеме аулаған балығын баптап, қаптап, мөрлеп, жылына бірнеше мәрте Санкт-Петербургке, ақ патшаның дастарқанына жіберіп отырыпты. Жазба құжаттарда 1911 жылы көлден 135 тонна балық ауланғаны жайында дерек бар. Кеңес кезінде көлден балық аулау кәсібі Зайсан балық комбинатының құзыретінде болған. Алғашқы кезде олар 20 тоннадан, кейіндері 15 тоннаға түсіп, ал Марқакөл мемлекеттік қорығы құрылған жылдардың алдында 8-10 тоннадай ғана балық аулап отырыпты.
* * *
Ұраңқай ауылында бізді Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Бектембаев деген елгезек ініміз күтіп алған еді.
«Барар жеріміз әлі алыс» деген соң біз дастарқан басында ұзақ отырмадық, аздап жүрек жалғаған соң, аялсыз тағы жолға шығып кеттік. Ендігісі Марқакөлді артқа тастап, ат арытып арнайы іздеп келе жатқан белгісіз өңірге бойлай бергенбіз… Өркештенген тау сілемдерінің арасы ел көшкендей кең, далиған аңғар екен. Бұл өлке жайында таңдай тақылдатқан талай мақтауларды естіп едік, соған көзіміз де, көңіліміз де иланғандай. Шын мәнінде, қазағымның байтақ жері, киелі төрі осы ма дегендейсің. Алматыдан шыққаннан бері көргеніміз – жөргектей сарғайған сайын дала, құйын үйіріп, сағым ойнаған жапан түздер еді. Жаздың ортасы болмай жатып жер жәннаты Жетісудың өзі бозаң тартып, Аягөздің ақшулан тегісінің шаңы шығып, сары жұрт болғанына көз жатырқап, көңіл шіркін құлазыған. Мынау алап көктемедей көгереді, жап-жасыл боп бусанып жатыр, желегінің хош исі танау жарады, төңірек шіркін шешек атып жайнап тұр.
Құлағыма кеше ғана Теректіде естіген ақын-сазгер Нәбиолда Кемешевтің ән әуені келгендей болады: «Ойпырым-ай, қарашы-ай, жасыл кілем даласы-ай, бойыңды баурап сергіткен, Марқакөлдің ауасы-ай!».
Расы солай екен, басыңды үнсіз шұлғып, көркем теңеудің қай-қайсысын да мойындауға мәжбүрсің.
Бұл жақтың жолы манадан бетер болып шықты: қой батпақ, ойдым-шұңқыр, сықырлаған қиыршық. Ырғатылып билеген, секіріп-селтеңдеген «уазикпен» сапар шеккенімізге сағат жарым уақыт өткенде теңіздей толқыған шалғын бетінде баяу жүзіп бара жатқан алғашқы ауыл нобай берді. Шалғынды жазықтың арғы жиегі түнерген орман, түксиген түкті таулар. Тура жолдан қиыстау қалып бара жатқан бұл ауылды жолсеріктеріміз «Бұғымүйіз» деп таныстырған. Бәрі де қарағайдан «сібір стилінде» салынған еңселі сұп-сұр үйлер. Көбісі мүк басып ескірген, терезелері үңірейіп бос тұрғандары да байқалады.
Бұралаң жолда тағы сағатқа жуық уақыт ұтқызып, кештетіп Төсқайың дейтін ауылға іліктік. Жол ауырлығын қатты сезгендейміз, қонар жерімізге құлап түстік.
– Асфальттің бізге керегі шамалы! – деді біздің шаршағанымызды байқаған Әлижан ініміз. – Асфальт түссе – қаланың халқы құмырсқадай қаптай ма деп те қорқамыз. Сосын мына тамылжыған табиғат ұзаққа бармай құриды. Әзірше құдай тағала бізді өркениеттің қаупінен сақтап тұр!
Әкім сөзінің астарынан біз әдемі әзілді де, құдай салды, біз көндік дейтін шырылдаған шындықты да аңғарғандай болдық.
Дәл осындай әңгімені бұдан екі жыл бұрын Қазығұртқа барғанымызда Ұя деген ауылдың қарттарынан да естігенбіз. Олар да иен таудағы мекендеріне асфальт жол салмаққа ниеттенген билік орындарына әлгіндей қауіпті айтқан екен.
* * *
Ертеңінде ертемен жол талғамайтын көліктерге мініп, ат тұяғы сирек түсетін мынау жұмбақ өңірмен жақынырақ танысуға аттандық.
Марқа жерінде жеті Қаба бар екен. Жетеуі де суы мол, Алтайдың ақбас мұздықтарынан нәр алған, ақ көбіктеніп самауырдай қайнап жатқан асау өзендер. Жігіттер жетеуінің де аттарын тізіп берген: Қарқаба, Аққаба, Арасанқаба, Темірқаба, Буыршынқаба, Данақаба, Жаманқаба.
– Қазақ жер мен суды «жаман» демеуші еді ғой? Неге «Жаманқаба» деп аталған?
– Ол өзеннің ежелгі аты «Сармөңкеқаба» болыпты. Бірақ адам шығыны көп бола бергеннен кейін алдымен «Қандысу», кейін «Жаманқаба» аталып кетіпті.
Осы Қабалардың жетеуі де қазақтың жерінен басталып, соңынан небір шатқал-сай, жыныс орманды көктей тіліп, бұраң қағып Қытайға өтіп кетеді екен. Ол жақта жетеуі бір арнада табысып, бір дереде тоғысып, арқыраған алып өзен – Қара Ертісті құрайды. Қара Ертіс көрші елде бірер иін жасап ентігін басады да, шыр айналып Қазақстанға қайта кіреді.
Шүкіршілік, Қабалардың аттары алаңы көп алмағайып замандарда құбылудан да, құрудан да аман қалыпты. Ал, елді мекендер талай мәрте өзгеріске түскенін естідік. Кезінде колхоздар мен совхоздарға Молотов, Каганович, Ворошилов, Калинин аттарын беру үрдісін осы Марқа өңірі де бастан өткеріпті. Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде солардың көпшілігіне ежелгі атаулары қайтарылып жатқан көрінеді. Сөйтіп, қазіргі кезде Успенка – Ақжайлау, Сорвенка – Бұғымүйіз, Бобровка – Төсқайың, Владимировка – Балықтыбұлақ, Орловка – Шанағаты болып қайта аталған.
– «Уранхайка» атауын өзгерту ойда бар ма? – деп сұрадық біз.
– Ол мәселе де бірнеше рет талқыға түсті, – деді Әлижан. – Ұраңқай деген ел – тува халқы ғой. Олар да біз секілді түркі жұрты, туысқанымыз. Сондықтан, оны өзгертудің қажеті бар ма дегендей де пікірдеміз.
Күршім ауданындағы жер мен судың ежелгі атауларының қайта қайтарылуына мұрындық болған аудан әкімі Алтайбек Сейітов «ускуч», «хариус» деген балықтардың да қазақ сөзінен шыққандығын айтып, бізді қайран қалдырған.
– Марқакөл – қазақтардың ертеден бергі жасыл жайлауы, жайлы қонысы, – дейді Алтекең. – Көл тереңіндегі лосос туыс тас балықтар маусым туа тау кіндігінен құлап аққан бұлақтарға уылдырық шашуға шығады. Күркіреп аққан тау суында не көп, сарқырама көп. Балық жазғанда басқадай амал жоқ, биіктегі жайылма суларға жету үшін тастан тасқа қарғып-шоршиды, сарқырамаға қарсы екпінмен секіріп ұшады. Сол көріністі сырттан қызықтаған қазақтар оны «ұшқыш балық» атап кетіпті. Кейін келген жиһанкездер әлгі сөзді өз тілдеріне қарай икемдеп, «ускуч» деп жазып жіберсе керек.
– Ал, хариус ше? Біз ғана емес, күллі Сібір алабы бұл балықты осылай атайды ғой? – деп біз қасымызды керіп, күмән келтіргендей болдық.
– Оның рас! – деді Алтайбек. – Сібірдің жарымы – якуттан бастап, долған, шор, тофа, хакас, тува, алтай халықтарына дейін түркі жұрты екені белгілі. Сондықтан, хариус та – «қара ауыз» деген түркі сөзінен шыққан. Байқасаңыз, бұл балықтың аузы да, жон арқасы да қап-қара.
Ал керек болса!
Төсқайыңның байырғы тұрғыны, бүгінгі қарақұлақ қарияның бірі Карлхан Бектембаев ағамыз осыдан бірер жыл бұрынғы мына бір жағдайды тілге тиек еткен.
2008 жылы жазда құрғақшылық болып, шөп көктемей жатып қурап, жер сарғайып күйіп кетеді. Алтайдың омырауынан саулап аққан сансыз бұлақ шілде туа кеуіп қалады. Қырсыққанда, сол жылғы қыс та тосын мінез танытып, көк аспанды қақыратқан қытымыр суық түсіпті. Күндіз-түні толассыз қар жауып, жерді жапқан қардың қалыңдығы үш метрден асып кетеді. Толассыз жауған қар ауылдың аузы-мұрнын мақау бітеп, үйлердің бәрін шатырымен қоса басып тастайды. Көше жабылып, жүріс тоқтап, көршілер біріне бірі қар астындағы үңгір арқылы қатынапты. Даланың тұяқты аңдары – марал мен елік топ-тобымен қырылып, тірі қалғандары қарға малтығып ауылдың қора-қопсысын паналапты. Қыстың соңы нағыз ақсирақ жұтқа айналып, ауылдағы ағайын сол жылы ілдалап қу жаны әзер шығыпты.
Осындай төтенше жағдайды көптен білетін, бастарынан кесапат қиындықтың талайын өткерген бұл өңірдің халқы құрық мініп қапы қалмас үшін алдағы қысқа дайындыққа көктем шыға – қар кетіп, күн жылына кірісіп кетеді екен. Мұндағы ағайын ондай қарбаласты ресми тілде «Северный завоз» дейтінін айтты. Артынып-тартынып неше мәрте етектегі ел жаққа барып, әр отбасы 10-15 қап ұн, бірер қап қант, бірер жәшік шай, сосын тұз тасып, «лабаза-қоймасына» жинап, қазан туа алақанын қағып сақадай-сай отырады. Әсіресе, қыстық жылы киім-кешекке ерте бастан қамданады. Мал басын аман сақтау үшін де жазда жеткілікті шөп шауып, күз түсе оны қораға тасып алу міндет. Отынды да мол етіп күн жылыда жинап алмасаң – сегіз айға созылар суықта күнің қараң. Қыста етектегі елге бастар жалғыз күре жол тас жабылып, «үлкен жермен» айлатып хабар-ошарсыз қалатын кездер жиі болып тұрады. Алғашқы қар жауған күннен – келесі көктемге дейін қарға адым шыға алмай, байланыссыз қор болған жылдар да есте. Ондайда қол ұшын берер, қолтықтан демер көмек жоқ. Жүрек жұтқан кейбір азамат іргедегі Ұраңқайға барамын деп, ақыры торғайдай тозып, жарым айдан соң сүйретіліп әзер жетіпті. Көрдіңіз бе, ару Алтай, ажарлы Алтай, асқақ Алтай кейде осындай да шамшыл, қатыгез, мейірімсіз болады екен.
«Ресми түрде» жеті ай қыс, үш ай лайсаң, екі ай жаз болатын бұл таулы өлкеде «монша культі» барын байқадық. Қара монша әр үйде бар, дәулетті ағайыннан еуростильде жарқыраған фин моншасын да кездестіресіз. Қалай десек те, марқалық ағайын моншаны тағдыршешті проблема ретінде түзу жолға қойып, бұл шаруаға асқан жауапкершілікпен қарайды екен.
Әңгіме үстінде моншаға қатысты бір этнографиялық детальға көңіл аударуымызға тура келген… Әдетте монша атаулының баршасына тас жинайтыны белгілі. Марқалықтар ондай тасты іздеуге таң қараңғысынан аттанып, жылға мен сайды тентіреп кетеді екен. Көбіне суы тартылған жылауық бұлақтың табанын тінтеміз десе-ді. Көкжиектен күн қылтия малта тастар таңғы шықпен жалтырап шыға келеді. Моншашылар ондай жалтыраған тасты емес, таңғы шықты бойына жолатпаған, өздерінің айтуынша, «матовый» тастарды тереді. Өйткені, ондай малталар күні бойы күн сәулесін бойына сіңірген, сөйтіп, мол жылу жинаған, таңғы шықты ілезде кептіріп жіберген ерекше тастар. Мінеки, осындай тастар ғана моншаға лайық, олар ыстықты өз бойына тез қабылдайды әрі оны ұзақ уақыт сақтай алады.
Мінеки, қара табан, қара жон шаруаның өмір тәжірибесінен туған бұл да бір бізге керек әңгіме болды.
Әлижан Төсқайың ауылында тұрған Анфиса Овчинникова деген «старовер» әйелді құрметпен еске ала отырып, жаңа бір әңгіменің басын шығарған… Марқұм, ол әйел осы маңайға аты шыққан «знахарь-дуагер» болыпты. Ала жаздай тау мен тас, сай-саланы тентіреп, күйбең қағып дәрілік шөптер жинайды екен. Содан қыс бойы әлгі жинаған шөптерін кептіріп, бұрқ-сарқ қайнатып, нілін бөліп, ауылдастарын емдеумен айналысқан көрінеді.
– Егер жылқы мен сиырды жылан шақса – ол ұзаққа бармайды, оны жазар ем жоқ, ұзаса екі тәулікке жетер-жетпесте өліп қалады, – деді Әлижан.
– Бірде менің атым ақсап, жүні жығылып мөлиіп қалды, – деп ол әңгімесін жалғастырған. – Өзім маман мал дәрігерімін ғой, домбыққан тірсегін сипап көріп, жылан шаққанын білдім. Арнаулы жоғары білімім болса да, менің қолымнан жылқыны емдеу келмеді. Не істеу керек? Анфиса апамыздың дуагерлігі есіме түсіп, сол кісіге жүгірдім. Естігенім бар, баяғыда ол апамыз көршісінің жылан шаққан сиырын жазыпты дегенді… Міне, ғажап, апай күбірлеп бірдеңе оқыды, аттың аяғын сипалады, үшкірді. Сенесіз бе, жоқ па, содан сүлкиіп өлгелі тұрған атым екі күнде құлан таза жазылып кетті.
Марқаның елі мен жерін аралаған сапарымызда тағы бір ұққанымыз – әлдебір қиын жағдай болмаса, тіршіліктің қоңыр күйін күйттеген қарапайым жұрт дәрігер дегенді оншалықты іздей қоймайтын сияқты. «Үкіметтің дәрі-дәрмегін көп пайдалана бермейміз, оларды сатып алатын дәріханамыз да жақында жоқ» деп ақталысты.
– Тілін тапсаң табиғат жарықтық мейірімді, атымтай жомарт, – дейді олар. – Тани білсең, төңірек толы дәрілік шөп, орнымен, ретімен пайдалана білсең – мінеки, дәрі де, дәрмек те сол. Өзің білмей жатсаң – старовер кемпірлерден сұрап ал.
Біздің көзіміздің жеткені – кемпірлер ғана емес, кейбір малшы азаматтар да, от басы – ошақ қасындағы әйелдер де қандай шөп неге дәру екенін үйреніп алған секілді. Білмей жатқанын білетіннен сұрап, өздерін де, балаларын да шөпдәрімен емдейтіндерін жасырмады. Құдайға шүкір, ауылдастардың мұндай балгерлік әрекеттері әзірге нәтижесіз емес те секілді.
Сапарлас серігіміздің біреуі қызыға отырып, қымыздан көбірек тартып жіберді ме, асқазанын алай-дүлей бұзып алсын. Біз қарманып қапшықтан «үкіметтің» түймедәрісін іздеп жатыр едік, Әлижан ініміз «оған әуре болмаңдар» дегендей ишара жасаған. Аяңдап қыр жаққа шықты да, айналасы 15-20 минуттың ішінде бір уыс шөп жұлып алып келді.
– Мынау «скрипун» деген шөп, – деді қолындағысын желпілдетіп. – Қазақшасы қалай екенін білмеймін. Осы шөпті бүгін үш уақ жесеңіз – жетіп жатыр.
Солай болды да. Серігіміз сол күні уыстап, күйіс қайырғандай үш мәрте шөп малжаңдап еді, ертеңінде түк болмағандай дыңғырап шыға келген. Содан кейін сабат сусынды қаншалықты сімірсе де былқ еткен жоқ.
Кейін Орман шаруашылығы сөздігінен қарап едік, «скрипунның» тағы бір атауы – «заячья капуста» болып шықты, қазақшасы «күрең бозкілем» деп аударылыпты.
Горно-Алтайск қаласында тұратын биология ғылымдарының кандидаты Алтынай Әшімова староверлердің, қазақтардың, алтайлықтар мен төлеңгіттердің шөппен емдеу тәсілдерін біраз зерттеген білікті маман. Алтынайдың пікірінше, шөппен емдеу – Алтай жұртында халықтық терапияның ежелден бергі дәстүрлі бағытының бірі. Өздерін қоршаған табиғатты бақылай жүріп, олар өсімдіктердің қасиеті туралы білімдерін ұдайы жинақтап отырған, оларды жылма-жыл толықтырып отырған. Сөйтіп, ғасырлар бойы емдік шөптерді теру тәсілдерін, кептіру мен сақтау амалдарын, сондай-ақ, оларды «қолдану ережелерін» ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізген.
Жергілікті халық емдік шөптерді әлгі өсімдіктің қай бөлігі шипалы екеніне байланысты дайындаған. Шөптердің бірінің тамырын қазып алса, келесі бірінің жапырақтарын немесе гүлдерін терген. Ағаштардың жемісі ғана емес, қабығынан да алуан дәрі жасаған. Әдетте, жапырақтарды гүлденудің алдында жинаған. Ал жердің астындағы тамырды, түйіндерді – өсімдік бойында шырын қозғалысы тоқтағанда – күзде немесе ерте көктемде қазып алатын болған. Қабығын – керісінше, шырыны толықсып бойында тұрған шақта, яғни көктемде, тұқымдары мен жемістерін – әбден пісіп жетілген кезде жинаған.
Тағы бір естігеніміз – Алтайда емдік шөптерді ай жаңарғанда ғана теріп, дайындайды екен. Өсімдікті құрғақ ауа райы жағдайында, түс мезгіліне таман, шық бәсеңдегенде жинау керек десе-ді. Жиналған дәрілік өсімдіктерді құрғақ, желдетілген шатыр үстінде, бұлтты күні кептіреді. Соңынан оны мақтадан жасалған қапта, картон немесе ағаш қорапта сақтайды. Емдік дәрілер ішу үшін – қайнатпа, тұнба, ұнтақ түрінде, ал сыртқы дене үшін – булау, тарту, компресс түрінде пайдаланады.
Алтайда күнделікті өмірде емдік шөптерге үлкен маңыз беріп, оларға құрметпен қарауға, ұқыпты сақтауға үйрететінін естідік. Ең бастысы – емге қанша қажет болса, шөпті албаты рәсуа етпей, сонша мөлшерде ғана дайындап отырған. Жалпы, табиғатпен үйлесім жағдайында өмір сүріп жатқан тау жұрты балаларды жастайынан шөпті бей-берекет жұлмауға, ағашты себепсіз сындырмауға тәрбиелеген.
Шоқан Уәлихановтың кадет корпусында бірге оқыған досы, кейіннен Сібірді зерттеген ориенталист-ғалым Григорий Потанин «маралтамыр» деп аталатын шөптің 14 түрлі дертке шипа екенін 1879 жылы жергілікті жұрттың аузынан жазып алыпты. Бұл асыл шөп адамды дертінен айықтырып қана қоймай, жасартып та, жаңғыртып та жіберетін көрінеді. Маралтамырдың жалпы адамның денесін сергітетіні, жұмыс қабілетін арттырып, ағзаның төзімділігін күшейтетіні медицинада баяғыдан белгілі. Оның «маралтамыр» аталатын себебі – маралдар күзге қарай күйекке түсер мезгілде осы шөптің гүлі мен жапырағын жұлып, тамырын тұяғымен қазып жейді екен. Марал ғана емес, бұл шөп ер адамға да күйлі-қуат береді, тыңнан күш қосады десе-ді.
Алтайдың шипалы шөптеріне біздің қызыққанымыз соншалық, орысы бар, қазағы бар, кездескен жұртты әңгімеге шақырып, суырылған сұрақшыл болып алдық. Расын айтсақ, олармен сұхбатта шөп жайындағы аздаған біліміміз кәдімгідей толығып, біршама мәлімет жинағанбыз. Мысалы, дәрілік шөптердің ішінде, әсіресе, женьшень туысына жататын «алтын тамыр» көп мақталды… Сирек кездесетін бұл өсімдік биік беткейлерде плантация-плантация болып өседі. Оның алтынға ұқсас сап-сары тамырын қазып алып, адам ағзасы әлсірегенде, қатты шаршағанда қайнатып, компот сияқты ішеміз дейді. Алтын тамыр, жалпы, адамның көңіл күйіне мықты әсер ететіні, жүрек-қан тамыры жұмысын жақсартатыны медицинада баяғыдан белгілі.
Кейбір балгерлер кәдімгі аршаның дәнін қайнатып та дәрі жасайды екен. Аршаның тұнбалары несеп айдайтын, өт айдайтын дәрі ретінде жұмсалады. Оның жапырағын қайнатып, жүректің жұмысын жақсарту, қан қысымын реттеу үшін, сондай-ақ, шошынғанда ішкізеді дейді. Баданның жапырағымен жараның іріңін сорып алады. Қалақайды ұнтақтап турап, араққа салып езгеннен кейін адамның арқасына жағып, ревматизм, остеохондроз, құяң ауруларына пайдаланады. Шайқурай – шай үшін ғана емес, сонымен қатар, ол асқазан, ішек, жүйке ауруларын емдеп, қан тоқтата алады. Ал, маңқашөп деген өсімдік жылқыда болатын қиын дерттің бірі – маңқа тигенде таптырмас дауа екен. Оны алдымен ұнтақтап турайды, сосын дорбаға салып, аттың басына іліп қояды. Көп өтпей-ақ, аттың маңқасы өзінен өзі ағып түсіп қалады. Ат жазылған соң дорбаны ішіндегі шөбімен қоса алысқа апарып өртеп жібереді. Балқарағай шырынымен туберкулезді, бүйрек пен өкпе ауруларын, несеп түтігін емдейді. Шұғылықтың тамыры да, шөбі де шипалы, асқазан, бауыр, ішек ауруларына пайдалы. Оны жара мен ісікке де қолданады. Тіпті, улы саналатын меңдуананы да ретімен, мөлшерімен пайдаланса – дертке таптырмас дауа десе-ді.
Енді мына қызықты қараңыз… Алтай әйелдері ертеректе іште жатқан болашақ сәбидің жынысын анықтау үшін «телпексүйсін» деген шөпті пайдаланыпты. Бұл өсімдікті «телпекті» деп те атайды екен, орысшасы «шлемовидный ятрышник». Көлеңкелі жерлерде, терең жыраларда ерте көктемде тамыры адам қолының бес саусағына ұқсаған көкшіл өсімдік көктейді-міс. Осы «бес саусақ» тамырдың тұнбасын ішкен әйел міндетті түрде перзентті болады. Бұл тұнбаны менменсіген тәкәппар қызға да жасырын ішкізіп жіберсе, оның да танауын көкке тіреп кердеңдегені күрт басылып, жігітіне мойынсұнады. Ертеректе әйелдер «бес саусақ» тамырды табаға қуырып, түйнек пішініне қарап, болашақ сәбидің жынысын анықтапты.
* * *
Жергілікті тұрғындардың бәрі, былайша айтқанда, ауыл-аймақ, бота-тайлағымен құрт қазатыны біз үшін тосын жаңалық болды… Ол құрттың аты «кадиецепс» екен. Марқалықтар бұл құрт өздері үшін шын мәнінде бұлды дүние екенін ұқтырған.
– Иә, жаз шыға бәріміздің құртпен айналысатынымыз рас! – деп, олар өздерінің құпия іс-әрекеттерін бізден жасырмады.
Теледидардан құрт қазған тибеттіктерді көргеніміз бар-тын. Тибеттің құрты – «ярцагумба» деп аталатын. Мына «алтай құрты» сол тибет құртының жақын туысы іспетті. Құрттың бір килограмы миллион теңгеге дейін бағаланады дейді.
– Бұл сома – делдалдардың, яғни жергілікті халықтың қолынан алғандағы баға. Делдалдар оны Қытайға апарып өткізгенде 25 мың евроға сатады.
– Мінеки, үш жылдың жүзі болды, осы құрт оң жамбасқа келген оңтайлы тірлігіміз! – деп марқалық ағайын мақтана түскен.
Шындығында, түртпектеп қазып, тірнектеп жинаған осы құрттың арқасында жергілікті халықтың қалтасы қорланып, біршама қоң жинасыпты. Өкініштісі – құнжың қағып құрт тергіштер саны жыл санап көбейіп бара жатқан сияқты. Оңай ақшаға кенелгісі келгендер Өскеменнен де, Алматы мен Астанадан да ағылып, тау мен тастың ұры қойнауына тығылуда. Жергілікті жұртты кәсіптен де, нәсіптен де айыратын түрі бар. Күндесе де, тілдесе де ауыл билігін тыңдап жатқан олар жоқ. Осылайша, Марқаның таулары тіміскі тірлікке тап болып, қотыр тайдың жон арқасына ұқсап барады десе-ді. Қазылған топырақ, қопарылған шым, әжімделген қырқа-жон.
– Кадиецепс құртын «марин-корень» дейтін гүлшөптің тамырынан қазып аламыз, – деді Валентина деген қызыл шырайлы домаланған келіншек. – Ол шөпті ғылыми тілде «Алтай пионы» деп атайды.
«Алтай пионының» қазақша ресми атауы «шұғылық» екен. Катонқарағай қазақтары «таушымылдық» дейтінін де естігенбіз. Жазушы Асқар Алтай ініміз бұл өсімдікті түркі бабаларымыз «модағай» атаған деп, «Алтайдың алқызыл модағайы» атты роман да жазып тастағанын білеміз.
– «Шұғылық» – Қазақстанның Қызыл кітабына кірген өсімдік. Сондықтан, ол мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Орманшылар да, полиция да бұл өсімдікті қазуға тыйым салған. Соған қарамастан тау-таста жасырынған халықты тоқтату мүмкін болмай отыр, – деп төсқайыңдық егерлер қолдарын жаяды.
– Алаңдайтын дәнеңе жоқ,– деп «құрт қазғыштар» өз дәлелдерін оларға көлденең тартады. – Тамырын қопарғанға «пион» құрып кетпейді. Ол үшін шымын лақтырып тастамай, қайыра өз орнына мұқияттап салып кету керек. Біз сөйтеміз. Жау тигендей бүлдіретіндер – қаладан келген келімсектер… Солай істесе – келесі жылы бұл гүлшөп ерекше жайқалып, қаптап шығады. Соңғы кезде біз бұл құртты «пион» ғана емес, «иван-чай» мен «ужапырақтың» тамырынан да қазып алып жүрміз.
Бұрнағы жылы Мәскеуден келген қырма сақал, селеу мұртты бір орыс ғалымы бұл маңайдағы қазақтар мен кержақтардың тіршілік-тұрмысын ұзақ зерттепті. Әбден зерттеп болған соң: «Сіздер табиғатпен етене болып кеткен адамдар екенсіздер. Бастық жоқ, полиция жоқ, тәртіпсіздік, қылмыс дегенді білмейсіздер. Қазақ-орыс деп бөлмей, тамырлық достықта, татулықта, қоршаған табиғатпен нағыз гармонияда өмір сүріп жатқан жандарсыздар!» деп таңдайын тақылдатып таңғалып, «ғылыми тұжырым» жасап кетіпті.
* * *
Шмуц-2 (2)Жөні бөлек, жосығы ерек көрінген Шанағаты ауылын іздеп шыққан біз жолай Балықтыбұлақ ауылына соққан едік. Өткен ғасырдың басында ақындардың «Балықтыбұлақ, Марқакөл, айнала қонған қалың ел. Өзінен өзі толқиды, соқпаса да самал жел. Көз тойғысыз қараса, айнала өскен балғының, жылқы түссе көрінбес, шүйгін шыққан шалғының. Разы болар жеріңе, көңілі өсіп малдының» деп жырлаған Балықтыбұлағыңыз осы. Қазір де Табиғат-ананың сол заманнан бері өзгергені шамалы секілді, бірақ, ауылдың сиқы тозыңқырағаны байқалды.
Өр Марқада алты ауыл деп еді, соның бесіншісі Балықтыбұлақты да соңымызға тастап, қойнауға сіңіп кетіп барамыз. Ендігі қалғаны – шығандағы Шанағаты. Шанағатыға бастаған қырық шақырымдық бұралаң жолда бірнеше күркіреген өзенді, шапшыма шағыл, құдима сайларды басып өттік. Ауыл әкімшілігінің қызметкері Бағжан Бітімбаевтан: «Шанағаты қазақ жерінің ең суық нүктесі екенін білетін шығарсыздар?» деп жорта сұраған едік.
– Әрине, солай деп естігеміз. Бірақ сіздерге суық көрінгенімен бұл мекен біздің ыстық ошақ, жылы ұямыз. Сондықтан, Шанағаты суық дегенге күмәніміз бар, – деп ол ернін тыржитты.
– Күмәніміз бар дейсіз бе? Ол қандай күмән?
– Қалай десем екен… – деп, Бағжан мүдіріп ойланып қалды, сосын. – Бізде «Круглая сопка» деген доғалақ тау бар, – деп сөзін жалғады. – Әне, көкжиекте шошайып өзі де көрініп тұр. Сол таудың балағында баяғыда Керей деген ауыл болған. Керей ауылының тұрғындары сол араның суығына шыдай алмай, жарымы анау Шанағатыға көшіп кетті. Қалған жарымы Төсқайыңды барып паналады. Керей ауылы Шанағатыдан әлдеқайда суық жер. Аңғардың жалаңаш бетінде, желдің өтінде тұрған ашық мекен. Ол жерде метеостанция болған жоқ, сондықтан, оның аязын да өлшеген ешкім болмады. Ал малшы жұрты жер жағдайын жақсы біледі ғой… біздің айтарымыз – бұл жақтағы ең суық жер сол ара. Мықты болсаңыздар қыста келіп сол маңайдың суығын өлшеп кетсеңіздерші?
Біз келе жатқан бұралаң жол сайдауыт жазыққа құлады да, шөпті жапырып бірнеше соқпақтың жолымызды көлденең кесіп өткенін байқадық. Серіктеріміз бұл араны «Проходная» деп таныстырған. Күз түсіп, алғашқы қар жауа аю мен қасқыр, бұғы-марал, бұлан мен елік осы жолмен үдере көшіп, ой жаққа қарай жосылады екен. Содан бәрі жылы жақта қыстап шығады десті.
– Бозбала күнімізде Шанағаты мен Төсқайыңның арасын атпен шапқылап талай жүргенбіз, – деді Әлижан ініміз. – Бірде біз, оқушы балалар, бұғы-марал қыстайтын Кейкі деген жерде бес жүзге тарта маралды көргеніміз бар. Тағы аңның бір жерге бүйтіп жиналуы ғаламат көрініс екен… Осы жолдың бойында да, әр төбенің басында мүйіздері шаңырақтанып бұғы мен марал тұратын маңқайып. Біз оларға мал секілді қарайтынбыз, көңіл де бөлмейтінбіз. Содан ба, марал да, елік те бізден сескеніп қаша бермейтін. Тіпті, қоңыр күздің бірінде қарсыдағы анау тепсеңде күйекке түскен екі бұғының сарт-сұрт мүйіздескенін де көргеніміз бар. Айтып-айтпай не керек, бертінге дейін бұғы мен елік көп еді бұл маңайда. Тәуелсіздіктің алғашқы бес-алты жылында біршама қиын кезең бастан өткені белгілі… ел экономикасы тұралап жатты, халықтың тұрмысын түзеу, әскерді асырау керек дегендей алуан проблемалар туды. Сол жылдары шекарашылар бұлан мен бұғыны мұқтаждықтары үшін автоматпен атқылап ойсыратып жіберді. Оның үстіне дәл сол кезде «интурохота» деген пайда болып, марал саны күрт азайып кетті. Одан аман қалғандары 2008-2009 бен 2012-2013 жылдардағы қары қалың екі қыста қырылды. Жығылғанға жұдырық дегендей, осы екі қыста қасқыр да қабағат көбейіп, қарға малтыққан бұғыларға қырғындай тиді. Көктем шығып, қар еріген кезде – әр жерде ақсөңке боп шашылған сүйектерді көп көрдік.
* * *
Шанағаты өзеніне келгенде жолсеріктеріміз осы өзеннің атауының шығу тарихына байланысты мына бір аңызды баян етті.
Баяғыда бір шаруа қыстың жайма-шуақ күнінде шанамен шөп әкеле жатады. Қызылсуы жайылып жатқан осы өзеннен өте бергенде, аты тарта алмай тарғаяқтап, тарбаңдап қалады. Қанша әуреленгенімен шана шөпті өзен арнасынан алып шығуға аттың шамасы жетпейді. Амалы таусылған шаруа атты шешіп, жайдақ мінеді де, көмек сұрап іргедегі ауылға кетеді. Ол жақтан қосымша тағы бір атты жетектеп, қайтып келсе – шана белуардан мұзға қатып қалыпты. Сол шананы шаруа мұз еріп көктем шыққанда ғана босатып алған деседі. Содан бері бұл өзен «Шана қатқан» деп, жылдар өте қазақ тілінің үнем заңдылығымен ықшамдалып, «Шанағаты» аталып кетсе керек. Өзеннің атымен қасындағы ауыл да осылай аталыпты.
Ақыры, кең ойпаттың арғы шетінде бұлдырап Шанағаты ауылы да көрініс берген. Ауылдың түстік жағында мұнарасы шошайған застава ағараңдады. Одан арғысы – ұшар басын қар басып, сағымданған асқар таулар тізбегі. Атақты Қаба сілемдері осы. Қаба сілемдерінің арғы етегі Қытай жері. Қол созғандай ғана жақын тұста. Сол арада Марқаның егізіндей Қанас көлі жатқанын ойлағанда, көңіл шіркінді мұңлы сағыныш шарпып өткен.
Ат арытып іздеп келе жатқан Шанағаты ауылына да келіп кірдік.
Шанағатының дәуірлеген шағында бұл жерде 137 үй болыпты, қазіргі қалғаны 25 шаңырақ. Қалаға барған жастар жатағынан түңілгендей қайтпай қалуда, қара жұртта қарайып отырған үлкендер болса біртіндеп азайып жатыр. Сонымен, ауылда қазір пошта да, телеграф та, тіпті, дүкен де жоқ екен.
* * *
Ауылға кірген бойда, алдымен метеорологиялық станцияны іздегенбіз. Метеостанцияның қазіргі қызметкері шаруамен ылдидағы ел жаққа кетіпті. Біз осы станцияның қарт ардагері Күлжазира Чеканова апайдың үйіне атбасын тіредік. Аман-саулықтан соң Интернетте бұл метеостанцияның 1908 жылдан бері жұмыс жасап жатқанын оқығанымызды айтып, осы деректің растығын сұрадық.
– Сендердің ол жазғандарың қате! – деді апайымыз. – Станция одан он жыл бұрын, 1898 жылы құрылған. 1998 жылы біз шама-шарқымызша станцияның жүз жылдығын атап өткенбіз.
Соңынан Күлжазира апай асықпай сөйлеп, қоңыр дауысымен станцияның тарихынан біршама ақпарат беріп өтті.
Метеорологиялық станция, мінеки, 116 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келеді екен. Басқа станциялар бірде ашылып, бірде жабылып, заманның жағдайына қарай қырық құбылып жатқанда, Шанағаты станциясы айдың аты, күннің сәтінен жаңылмапты… Күніне сегіз рет ауа райының жағдайын телеграфпен ұдайы хабарлап отырған. Бұл жағдай шын мәнінде үлкен ерлік. Тек 1919 жылы ғана станция бірер айға жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі, қара қуғын сүргелең жылдары колчакшылар станция бақылаушысы Михеич деген шалды ұстап алып, қамап тастайды. Содан ол кісіні тұтқындалған топпен Катонқарағайға айдап әкетеді. Бұлар қызылдармен ауыз жаласқандар, бәрін атамыз деп тұрғанда, Катонның приставы атылатындар арасындағы Михеич шалды танып, оны босатуға бұйрық береді. Содан Михеич күннің жылынғанын күтіп, тау асып, Шанағатыға жеткенше тағы бір ай уақыт өтіп кетіпті. Әйтпесе, қандай өкімет келсе де Шанағаты метеостанциясы күндіз де, түнде де әрбір 3 сағат сайын ауа райы жағдайын тексеріп, үздіксіз ақпарат беріп отырған. Қысқасы, ғасырдан астам уақыт халыққа адалынан қызмет жасап келген.
– Қазіргі жағдайы қалай? – деп сұрадық біз.
Күлжазира апай аздап күмілжіді. Өзінің арнайы курсты бітіріп, осы станцияда 1968 жылдан бастап отыз жыл қызмет атқарғанын, содан 1998 жылы, станцияның жүз жылдық мерейтойынан соң, зейнет демалысына шыққанын айтты. Апай зейнетке шығысымен станцияны да жауып тастапты. Қазір оның орнында тәулігіне екі рет қана ақпарат беретін бекет-пост қана қалған екен.
Беттерін күн сүйіп, шаштары желмен желкілдеген бір топ азаматтар қызықтап бізді қаумалап тұрып қалыпты. Біз де олармен сөз арасында: «Шанағаты Қазақстанның ең суық нүктесі ғой, аюдай ақырған аязда тоңып қалмай қалай өмір сүріп жатырсыңдар?» – дегендей топ ортаға сұрақ тастағанбыз.
«Жылы киініп, жылы жүрсең қорқатын дәнеңе жоқ, – деді ковбой қалпақ киген мұртты сұлуша жігіт. – Ауа құрғақ, жел жоқ, аузы-мұрныңды орап сақтанып жүрсең – ауырмай аман жүресің. Аузыңды ашып алдың-дұлдың жүрсең, әрине, екі өкпең бірдей қабынып шығуы ғажап емес. Құдай сақтансаң сақтаймын деген…
– Якутиядағы Оймякон елді мекенін естіген шығарсыңдар?
– Естігенде қандай! – деп осы арада жолбасшымыз Әлижан іліп әкетті. – Якут-саха – исі түркі жұрты ғой, қысқасы, өз ағайынымыз. «Оймякон» деген орыс транскрипциясы. Ал түркіше ол «Ой мекен» деген сөз. Яғни ойда тұрған елді мекен. Мына Шанағаты да ояң жерде, ойпатта тұр. Анау Төсқайың мен Ұранқайда үш метр қар түскенде, бұл араға ары кетсе 40-50 сантиметр қар жауады да қояды. Анау жақта аппақ қар, арқыраған боран тұрса, Шанағатыда боран да, жел де жоқ, мұнарлы тыныштық. Қары жұқа, қарабайыр қыс мұнда. Сондықтан да, Марқа аймағының бар жылқысы Шанағаты маңайын тебіндеп, қыстап шығады. Оймякон мен Шанағатының суық болатыны да ойыс жерде тұрғандықтан… Суық, ауыр ауа ойпатта жиналып, мұнартып тұрып қалады.
– Бізде қыс кезіндегі минус 30 градус – жылы күн саналады, – деп күлді ковбой қалпақты мұртты жігіт.
Суыққа адам да, мал да шыдайды екен. Бірақ… өткен бір жылдары біреулердің қаладан әкелген картобымен бірге ілесіп, бұл жақта колорадо қоңызы қаптап кетіпті. Сол жылғы қыста суыққа шыдамай қоңыздың бәрі қырылып қалыпты.
Бір қызығы, Шанағатының жазы ми қайнатқан ыстық келеді екен, 40 градусқа дейін жетеді десті. Біз барған күні де термометр отыздың бел ортасынан асып тұрды. Сонда қыс пен жаздың арасындағы градус айырмашылығы жүзден асып кететін сияқты.
…Күлжазира апайдың үйінде төстеріне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдыздарын тағып, қасқайған үш қазақтың фотосуретіне көзіміз түскен. Суретке таңдана қарап тұрған бізге апамыз тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды.
Суреттегі Есімхан Чеканов – әйгілі жылқышы, Күлжазираның атасы екен. Қасындағы екеу жылқышының көмекшілері – Нұратсалық Ойакенов, Шәріп Дәуітбаев деген кісілер деп таныстырды. Үшеуі соғыс кезінде қатарынан бірнеше жыл 100 жылқыдан 100 құлыннан алып, шығын шығармай өсірген. Сол еңбектері үшін 1949 жылы Еңбек Ері атағын үшеуіне қатарымен беріпті. Мұндай зор атақты қатар алған Шанағатыдай ауыл бізде бар ма екен?
Күлжазира апай дастарқан жайып, бізге исі танау жарған бір ерекше шай ұсынған. «Біз осылай кәдімгі қара шайға мизамгүл қосып дәмін шығарамыз» деді. Төсқайыңда жалбыз қосқан, қарақаттың жапырағына қайнатқан, сосын қарабүлдірген езген үш түрлі шай ішкеніміз бар-ды. Мынасы шайдың кезекті түрі болды.
Кейін қалаға келіп, сөздіктен іздегенде – мизамгүлдің орысшасы «иван-чай», ресми аты – «кипрей» екен. Қазақша оның «күреңот», «құлын құйрық» деген атаулары да бар болып шықты.
* * *
Біз қиыр жайлап, шет қонған Шанағаты ауылында бірер сағат болып, күн бесіндікке еңкейе Төсқайыңға қайтқан едік. Даңғаза дүниенің айғай-шуынан алыста, беймарал ғұмыр кешкен тұрғындардың риясыз ақ көңіліне марқайып, риза болдық. Риза бола тұрып, тағы да: «Марқадай жер іздеп қайдан табасың, жұпар ауа, кәусәр суға қанасың. Елі жомарт, жері дарқан жазира, Марқакөлді қалай қиып барасың?» деген өлең жолдарын есімізге алғандай едік.
Марқакөлге арнайы келіп, тамаша фильм түсірген атақты жиһанкез Юрий Сенкевич те тұнығы шайқалмаған осы өңірден аттанып бара жатып: «Сіздер неткен бақытты жандарсыздар! Жер-ананың барлық белдеулері – шалғынды дала да, таулы-тайга да, құйқалы субальпі де, тұнжыраған тундра да мөлдіреп, алақандай алапқа сыйып тұр!» деп қайта-қайта басын шайқап қоштасыпты деседі.
Біз де осындай әдемі әсерде, тамыры ортақ болғанымен, тағдыры өзгешелеу ағайынмен қимай қоштасып, қалаға қарай жол тарттық.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы.
(«Егемен Қазақстан» газетінен)
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
26 апрель 2017, Среда
Бұл жолғы рухани жаңғырудың жөні бөлек, маңызы еліміз үшін айрықша екені даусыз
25 февраль 2017, Суббота
Әлібек Асқаров: Мыжырайған қазақ болып, Алтай мен Атырауды аралап жүргенiм бәрiнен артық
Пікірлер (0)