Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Иесіз жер тозады - Әлібек Асқаров

Иесіз жер тозады - Әлібек Асқаров

04 май 2016, Среда
222
0
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Кітапханасының директоры, жазушы Әлібек Асқаров Жер туралы кодекске енгізілгелі жатқан өзгерістер туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, иесіздік жерді тоздырады. «Бір мысал айтайын. Өткен жылдары Швейцарияға бардық. Сонда жап-жасыл боп, шақпақ-шақпақ игерілген жерлерді көрдік. Бір жерде жүзімдіктер, бір жерде көкөністер. Керемет әдемі көрініс. Көлденең жатқан бір бұтақ жоқ. Сосын әлгі егістіктің қожайынымен  сөйлестік. Сөзінен білгеніміздей үш ғасырдан бері ата-бабасынын келе жатқан мұрасы екен. Әкесінен баласына, баласынан немересіне, немересінен шөбересіне сол үш ғасыр бойы осы жерде әр қадақ жерін өңдеп келе жатыр. Бізде де ойлаймын егер сондай иелері табылып осылай өңдеп жатса қазақ жері де сөйтіп гүлдеп шыға келер еді», - дейді жазушы. Ғалымның айтуынша, кез-келген қазақстандық өз жерін пайдаланып гүлдендіре алады. Ол үшін мемлекет бар жағдайды жасап отыр. «Жер туралы кодекстің өзінде де ашық айтылған жер шетелдіктерге сатылмайды деп. Сондықтан бұған енді соншалықты алаңдаушылықтың, оның астарынан бір қауіп іздеудің қажеті шамалы ау деп ойлаймын. Өйткені, иесіздік жерді тоздырады. Жерге қашан да ие керек. Иесі бар жер қашанда көгереді. Осы жағын ұмытпайық», - деді ол. Айта кету керек, 2015 жылдың 2-қарашасында «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін жерді нарықтық айналымға енгізу мақсатында қолға алынды. Оған сәйкес, аукцион өткізу арқылы жер учаскелерін берудің жаңа механизмін енгізу көрсетілген. Мәселен, мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына аукциондар арқылы сату жолымен жеке меншiк құқығымен мынадай тәртіппен берілетін болады: Бірінші кезекте - жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы. Егер екі аукцион өткізу қорытындылары бойынша учаске өткізілмесе, онда ол учаске бағасының кадастрлық құннан белгіленген ең төменгі шекке (кадастрлық құнның 50 %) дейін төмендетілуін көздейтін аукционға қойылатын болады. Екіншіден, жалға берілген жер учаскесін сатып алу бойынша жеңілдік жағдайларын ұсыну көзделген. Аталған норма Қазақстан Республикасы азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделерін ескереді және оларға бұрын берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін жеке меншiкке оның кадастрлық құнының 50% мөлшерінде айқындалатын жеңiлдiктi бағамен, төлеу мерзiмiн 10 жылға дейін ұзартып сатып алу құқығын береді. Сондай-ақ, осындай үлестерін шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде берген жер үлестері иелерінің құқықтарын қорғайтын норма көзделеді. Үшіншіден, жалға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау. Кодекс жер пайдаланушыларға жалдау құқығымен, атап айтқанда, жалдау мерзімі шегінде банкке кепілдікке салу, иеліктен шығару құқығымен құқықтық мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Төртіншіден, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін жеңілдету. Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес аталған учаскелерде ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты объектілер салу кезінде және шаруашылық жүргізу нысанын өзгерту кезінде ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастау көзделеді. Айта кету керек, енгізілген өзгерістер 2016 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енеді.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kaz/article/2899765

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры