Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті

Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті

13 февраль 2018, Вторник
2 224
0
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті М.Сералин атындағы жастардың шығармашы­лық бірлестігінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру мақсатында көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер академия­сының академигі, «Парасат» орденінің иегері Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.
«Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл дестелер «Көккөл», «Аспантау», «Ша­на­ғаты», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұз­тау» деп аталатын бірнеше кітаптан тұ­-рады. Шараға «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Түр­кі­стан» газетінің тілшісі Көлбай Адыр­бекұлы, белгілі суретші Еркін Нұразхан және факультет ұстаздары мен студенттері қатысты.
 Кездесу алдында ҚазҰУ ректоры, ака­демик Ғалымқайыр Мұтанұлы жазушыға арнайы әл-Фараби атындағы медалін тағып, шығармашылық табыс тілегенін айта кеткен жөн. Шараны ашқан Журна­листика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек Әлібек Асқаровтың жазушылық қырынан бөлек, еңбекқорлығы, адамгер­шілік қыры хақында тоқталып, қаламгерге факультет атынан қазақ руханиятына қос­қан үлесі үшін Алғысхатын тапсырды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына отырып «Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. …Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шер­теді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. …Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп жаз­-ған болатын.
 Расында, қазақтың ұлан-байтақ саха­расы табиғат таңғажайыптарына, нелер бір тылсым сырларға, ашылмаған ақтаң­дақтарға толы екені шындық. Солардың ішінде таулы өңірлерде де жұмбақ мекен­-дер толып жатыр. Әлібек Асқаров – Алтайда туып, сол киелі өңірдің бар қасиетін бойы­на сіңіріп өскен азаматтың бірі. Содан да шығар, жазушының қаламына таулы жер­дің қайталанбас табиғаты, таулы елдің аңыз-әфсаналары, таулы қойнаудың ты­ныс-тіршілігі көбірек ілінетінін аңғару қиын емес. Шара барысында жазушы әрбір сапардың маңыздылығы мен қиындығына тоқталып, сафари жанрының ерекшелігін әңгімелеп берді.
 Әрбір қазақтың бір көрсем деп көк­сейтін қасиетті жері болады. Солардың бірі – әйгілі Мұзтау (Белуха). Сол әулие тауға жете алмаған оқырман ондай ол­қылықтың орнын «Мұзтау немесе Жер кіндігіне сапар» кітабын оқумен толтыруға мүм­кіндігі бар.
 «Көккөл немесе Қарлы асуда қалған ауыл» кітабында Кенді Алтайдың кермек тағдырындай болған, адам аяғы сирек басатын тау басындағы Көккөл кеніші жайында баяндалады.
 «Шабанбай» кітабында қаламгер сонау замандарда жергілікті қазақтардан күшпен тартып алып, ақ патшаның жеке иелігіне өтіп кеткен, ата-бабамыздың күншілікке созылған шұрайлы өңірі жайында ша­быттана жазады. Үйрек ұшып, қаз қонған сулы да нулы алқапты армансыз аралап, көзбен көріп, көңілге түйгенін жазушы көркем тілмен суреттейді.
 «Шанағаты» кітабында еліміздің ең суық нүктесі саналатын Марқакөл өңірін­дегі елдімекен туралы әңгіме болады. Бұл жерде қыс айларындағы 40-50 градус суық – әдеттегі жағдай. Тіпті бір жылдары осы ауылда 62 градус суық тіркеліпті.
 Шығыс Қазақстанның табиғатын, оның әрбір өзені мен көлін, тауы мен тасын бүге-шігесіне дейін зерттеп жазған жазушы кейінгі кезде Қазақстанның басқа да қасиетті жерлері жайында қалам тербеуге көшіпті. «Қазығұрт» кітабында адамзат баласы ғасырлар бойы талқылап келе жат­қан топансу тарихнамасы жөнінде баян­далады. Жазушы Қазығұрт пен Қаржантау сілемдерін аралаған әсерінен гөрі, жалпы «Әлемдік топансудың» тарихына бойлауға тырысады. «Аспантау немесе альпинизм ақиқаты» кітабы – жазушының бір топ достарымен Хантәңірі тауына сапарынан туған ой-толғамдары. Мұнда Қазақстандағы альпинизмнің дамуы Хантәңірі шыңының игерілуімен сабақтастырыла отырып, осы саладағы саңлақ спортшылардың жетіс­тіктерімен таныстырады. Аталған кітаптар «Қазақ жерінің құпия сырлары» серия­сы­мен жарық көрген.
 Шағын да болса кітаптардың әрбірі – танымдық, тағылымдық көркем дүниелер. Оқырманын әсте жалықтырмайтын, бүгінгі күннің сұранысына толығымен жауап беретін бұл шығармалар жазушының үлкен жетістігі екені анық. Шараға қатысқан қаламгердің әріптестері жаңа туындылары жайында ой қосып, ақжарма тілектерін білдірді. Студенттер көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Ақбота ИСЛӘМБЕК
Марат ЖҮНІСБЕКОВ (фото)

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры