Гүлнұр Зұлқаршынқызы
ақын
АРНАУ
Жазушы Ә.Асқаровқа
Өр Алтайдың тұнығынан нәр алған,
Көз жетпейді шыңдарындай ой арман.
Қыран аға, құз қиядан жетіліп,
Ұлы өнердің биігіне жол алған.
Қанға сіңген құдіреті даланың,
Жауһазын ой жаулап алған жанарын.
Көпшіліктің жүрегіне жол салған,
Қасиетті қару етіп қаламын.
Ірке сілкіп іргелі ойдың түндігін,
Сырлы тілмен аштың өмір шындығын.
Қайратыңмен қатар ұстап келесің,
Жолы бөлек екі көштің тізгінін.
Кілкіп тұнған қара сөздің қаймағы,
Нұрландырар ақ жаңбырдай майдағы.
Шыңырауда шыңдағандай жаныңды,
Өнер жолы өмір-күрес майданы.
Өр Алтайдай асқақ арман жігері,
Елжіреген туған жер деп жүрегі.
Оқырманға ой салады әр сөзің,
Мұзарт таудың сүңгісіндей сүбелі.
Қатал тағдыр қайғы-мұңды сезінбей,
Өмір жайлы ой толқыған көз ілмей
Адамбыз деп асқақтаған пенделер,
Туған жерін тұнық сүйсе өзіңдей.