Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Төлеген Рахымжанұлы

Төлеген Рахымжанұлы

24 сентябрь 2018, Понедельник
2 012
0

Төлеген Рахымжанұлы, 

ақын


ЕЛШІСІ ӨР АЛТАЙДЫҢ ӨКІЛЕТТІ


Әлібек Асқаровқа


Маңғыған маралдардың ірі шебін, 

Көргеңде Ұра жақтан құрыш едім. 

Сол жылы пионерге қабылданған –

Балдырған жап-жас бала інішегім.


Шәкіртім туғанымдай Әлібегім, 

Жұмсаған сыр сонарға әні-лебін. 

Шығармай шып шырғасын жазасың-ау, 

Шиырып қос қоғамның әбігерін.


Қаламға ілінгенің - мәңгіге сын, 

Қайысып қай қоғамда қалды үлесің?! 

Қазасың алтын шыққан жерді терең-

Жазасың «Социализм» әңгімесін.


Көңілің болғанымен сайлы шептей, 

Өмірің жүрген емес жайлы шеттей. 

Қаузасаң тақырыпты зерделейсің 

Аударып - айналдырып майлы ішектей.


Айту бар ботаға да түйедей сын, 

Айқындар басты қайта сүйемейсің. 

Бастаған тақырыпты астарлап та, 

Мүшелеп қасапшыдай жүйелейсің.


Шаршылап текшелеген пұлды матай, 

Тарпаңнан тауда ойнақтар құнды ма тай?! 

Алғыс пен ризалық білдіреді, 

Туған жер: Көккөл, Мұзтау, Шындығатай.


Өзің де суреткерсің - өкшелісің, 

Атақты Мәметек би шөпшегісің. 

Жазғанда термен шығып көміртегі, 

Оқысақ жан рахаты оттегісің.





Жан бар ма болашақтан үміт етпес,

Сөздерім бұрыс кетсе, құдірет, кеш! 

Туған жер - Ақмаралға жылда келген –

Ұланы Өр Алтайдың бұғы тектес.


Достарың аттанғандай айға шұбап, 

Жүзіңнен тарағандай майда шырақ... 

...Биліктің биігінде жүрмегендей -

Жібектей мінезіңді-ай жайма шуақ.


Адалдық - әділдіктен бас алды өлшем, 

Халқына сыбағасын шашар бөлсем. 

Күлгенің - жымиғаның күлімдеп тек, 

Жүргенің бір қалыпты қашан көрсем.


Досына айқара ашып көкіректі, 

Арасын Есіл-Ертіс көпір етгі. 

Отырған Астанада тау баласы-

Елшісі  Өр Алтайдың өкілетті.



ТУҒАН ЖЕРГЕ КЕЛЕСІҢ АРҚА СҮЙЕП...



Әлібектің өнерде бақ-таланы, 

Қалам қару қызметін атқарады 

Туып өскен ауылы – «Мұқыр» емес, 

Бүкіл   Қазақстанның «Ақмаралы».


Тұрымтайдай сұңғыла нәуетегім, 

Өнеріңе бас иіп, тәу етемін. 

Күнгей беті - ақмарал, теңбіл бұғы, 

Қоныс тепкен ауылы  тау етегін.


Жайлап аққан түстігі - Үнсізбұлақ, 

Жағалауын шимайлап күн сызғылап. 

Тау жықпылы бұлаққа ыңғай берсін: 

Жайылымы маралдың мінсіз бірақ.


Енесінен адасқан қышқырды лақ, 

Жаңғырықпен жарысты Ұшқырбұлақ. 

Тау басынан етекке дамыл таппай, 

Орқаш-орқаш тастарды түсті ұрғылап.


Мөлдірінен тел еміп Қос бұлақтың, 

Тамырланған шетендей өскін аттың. 

Қақар қаузап сурет пен сөз өнерін 

Алматыға жеткенше өксіл ақтың.


Алматыда айдынға суңгідің кеп, 

Асқар таудай алдыңда тұрды міндет. 

Туған ауыл, туған жер - суретіңде; 

Сөзбен сурет тұрғыздың шындығым деп.


Саған ғана қаққандай жартасы кек, 

Алтайыңнан дарыды бар қасиет. 

Туған елдің тынысы өнеріңде, 

Туған жерге келесің арқа сүйеп.


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры