Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Дидахмет Әшімханов

Дидахмет Әшімханов

24 сентябрь 2018, Понедельник
2 287
0

Дидахмет Әшімханов,

жазушы, Қазақстанның еңбек 

сіңірген қайраткері



«МАҢМАҢГЕР»


«Манмангер, кекілің келте, жалың майда, 

Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда...» 

Әлібек ән салады "маңмаңгерлеп", 

Келеміз Алтай асып Ұраңқайға.


Ал маған өлең қайда, әнің қайда, 

Аяқты аңдап бассам — соным пайда. 

Ит өлгенге жаяулап нем бар деймін, 

Әкем басы қалып па ед Ұраңқайда.


Елсіз жер, иесіз тау айналамыз, 

Ну орман, қалың тоғай сай-салаңыз. 

Адамды аю жеген талай рет, 

Тегінде бұл Алтаймен ойнамаңыз.


"Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, 

Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда"... 

Таусылмас осы екі жол ән боп келед, 

Бұл шіркін қайталаудан жалықпай ма?


Жалықпай ма, ән сөзін жалғамай ма, 

Аһ ұрып Ақан салған "арман-айға". 

Аса алмай "майда жал" мен "құлын-тайдан» 

Құрғыр-ай, жетпей қойды-ау «қалқатайға».


Арқырап асау Қаба ағар сайда, 

Бұл өзен атышулы Өр Алтайда, 

Әлібек ән салғанда тербеледі, 

Солқылдап Сайтан көпір сонадайда.


«Ау, Аспан, жаның қайда, малың қайда, 

Қарманып ұстап қалған талың қайда?» 

Жазарда  «Сайтан көпір»... осы сайда 

Оралхан салып еді-ау бар айқайға.


«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, 

Жүйрік жоқ сенен озған құлын, тайда». 

Әлібек маңмаң басып ән салады, 

Жете алмай "Маңмаңгерден" "Бурылтайға".



Ақыры, таудан астық жаяулатып, 

Таудан асты күн-дағы баяу батып. 

Жеткенде жағасына Марқакөлдің, 

Әлібек әнін үзген баяулатып.


Әншейінде «әу» демес Әлекеңнің, 

Сондағы өнеріне таң екенмін. 

Қулығын түсінбеген достың-дағы, 

Мен онда ашық ауыз бала екенмін.


-«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда»,

Әлеке-ау, баяғыдай әнің қайда?

Дегенде Әлібегім күлсін келіп, 

Сырымды айтайын деп осындайда.


- Жетіскеннен мен сонда ән салдым ба? 

Еріккеннен тылсымға жан салдым ба? 

Үнсіз келе жатқанда... аю, қасқыр 

Шыға келсе қайтер ең қарсы алдыңда.


«Маңмаңгерге» басып бір барымменен, 

Мен оларды үркіттім әнімменен. 

Тау мен тасты жаңғыртып ән салмасам, 

Қоштасар ең сол күні жаныңменен.


-  Қауіп бар әр адамның қадамында, 

Қан жылайсың Ай мен Күн аманында. 

Ей, Әлеке, әніңмен қорғай жүрші, 

Енді мені аюлар заманында.


21.01.2001.


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры