«АҢШЫ ХИКАЯСЫ»
Көру онлайн файл: 3-kanon-ashy-hikajasy.pdf
«АҢШЫ ХИКАЯСЫ»
ҚОЙҒА ШАПҚАН ҚАРА АЮ
Ел азаттығының алғашқы жылдарында Қазақстанға шетелдік аңшыларды шақыру үрдісі белең алғанын көпшілік біле бермес. Ол заман – күйреген кеңестік империяның қалдығынан жаңа тұрпатты мемлекет құрып, нарықтық қатынастарға өтіп жатқан алмағайып ауыр жылдар-ды. Шаруашылықтар өтпелі кезеңнің тауқыметінен аман шығудың амалын іздеп аласұрған алаңы көп шақ-ты. Әркім жан сақтаудың өзінше алуан айла-шарғысын жасап баққан қысылтаяң қиын кез-ді.
«Интурохота», яғни қазақша айтқанда «шеттураңшылық» (шетелдік туристік аңшылық) деген термин де дәл осы өліара мезгілде пайда болып, тұрлаусыз бұл тірлік тоқсаныншы жылдары әжептәуір қарқын алған болатын.
Осы бір қиын-қыстау кезеңде Өр Алтайдағы іргелі ауданның аңшылық шаруашылығын менің Ерен Жұмағұлов деген досым басқарған еді. Елге барған бір сапарымда Ерен мына бір қызық оқиғаны жаздың ұзақ кешінде асықпай әңгімелеп берген болатын.
***
Қайсыбір жылы Алтайға аңшылар Голландиядан келді.
«Ян және Саския Снайдерс деген ерлі-зайыпты кісілер бара жатыр, жөнімен қарсы алыңдар» деп облыстан тапсырма түсті. Бастықтар иек қақса бізде жан қала ма, зыр жүгіріп кеттік. Шақабай шыңының құз шатқалының етегіне, Күрті дейтін айқұлақ асау өзеннің жағасына жарқыратып аппақ киіз үй тігіп тастадық. Қойымызды сойып, қазанымызды көтеріп дегендей, шетелдік екеудің алдына дастархан жайып ала шапқынбыз. Жатып жастық, иіліп төсек болып әбігерміз.
Голландиялық мырзалар облыс орталығында контрактіге қол қойып, тиісті қаражатын төлеп, бір таутеке атуға рұхсат берген «лицензия» ала келіпті. Қастарында ботадай елпілдеген бір жас аудармашы қыз бар.
Олар келген күннің ертеңінде еру болып, еркін дем алып, жол қамына дайындалдық.
Голландиялық мырзаның оймақтай дөңгеленген бикесі күйеуіне еріп келгені болмаса, аңшылық өнерден бейхабар екен.
Алтай күзінің уыз көркі әлі тарқай қоймаған, орман-тоғай сан түрлі бояуға малынып, айрықша мырзалық танытып тұрған шақ еді. Саския ханым сонысын қызықтады ма, фотоаппаратын асынып, күні бойы өзен жағалап жүріп алды.
Біз төрт жігіт шетелдік жалғыз аңшыны ортаға алып, үшінші күні түн жарымынан атқа қондық.
Құла жота, құба белдерді асып, тұяқты аң салған соқыр соқпақпен өрлеп, Шақабай шыңының алқымына атпен бардық. Одан әрі қына басқан қожыр тас, шаншылған шың, шапшыма асу. Жол жоқ, албастының ойранындай айқыш-ұйқыш шашылған қалың қорымды аттап-бұттап, жартастарға жабысып, қаптағайда қабысып шалықтаған шың басына қарай тырмыстық.
Мақсатымыз айқын. Шеттураңшы валюта төлеп лицензия сатып алған екен, ендеше оның сол лицензиясын толығымен пайдалануына жәрдем ету. Егер бұл кісі таутекені ата алмай құр оралса, онда облыста өткізіп кеткен ақшасының жарымын қайтарып алады. Ондай жағдайға әсте жіберуге болмайды, аңшылар үшін бұл кәсіби сын, азаматтық намыс. Шетелдік мейманның өткізген валютасының толықтай елімізде қалуына біз аса мүдделіміз. Қызметіміздің маңызы сонымен бағаланады, жұмысымыздың сапасы осымен өлшенеді.
Ал шеттураңшы дегенің әрқилы ел, алыс-жақыннан ағылған алуан жұрт. Африканың сарыадыр саваннасында, Австралияның шоқ бұталы шұбарында құс атып, аң қуған қалталы қаумет, еріккен байлар. Джип мәшине, жазық дала, жайлы жағдайға үйренген ондай жандарды Алтайдың асқар биігіне шығару қияметтің қайымы. Әсіресе, ырсылдаған жардай семіз біреу тап болса, онда біздің жігіттер үшін қасырет деңіз... Ішін толтыра таспен толтырған үрінді қанарды көтергендей әлгі немені тауға сүйреп шығарып, тастан сүйеп түсіріп жүргенің. Шеттураңшылық тәжірибеде сүмектей сорғалатып тер төктіріп, қан түкірткен ондай оқиғаның талайын бастан өткергенбіз.
Шүкіршілік, голландиялық Ян құрдасымыз бізге масыл болатындай мырзадан емес екен... Аңшылық сапармен Африканы екі айналып, орыстың Сібірін көктей өткен оңқай асықтай ыңғайлы кісі болып шықты. Әйтпесе Шақабайдың шайтанды да шатастырар шатқалдарымен оның бұлт ұялаған биігіне былайғы біреуді итеріп шығару мүмкін болмас еді.
Таң көбеңдей біз де қос өкпемізді қолымызға алып, межелеген мөлшерлі тұсқа аһылап-үһілеп жеткенбіз.
«Межелі» дегенім – облыстағы бастықтар ауданға қанша адам келе жатқанын, неше лицензия, қандай аң керектігін хабарлаған бойда біз аңшыларымызды жан-жаққа барлауға аттандырамыз. Бәрі де Алтайдың тау-қиясы мен қуыс-қолатын жатқа білетін кәсіби жандар емес пе, қай маңда қандай аңның барын олар алдын ала байқап-болжап жүреді. Содан жоғарыдан нұсқау түскен бойда «Қарақабаның қарсы қапталынан бір маймақты көргенін», «Қосжүректің биігінде бұғы-маралдың үйездеген үйірі барын», «Аршатының Сарыбетінен таутекенің бір қора отарын байқағанын» баян етіседі. Содан барып шетелдік меймандарды қай жерде қалай қарсы алудың келісілген көлемді жоспары жасалады.
Бұл жолы да солай болған, таутеке жөніндегі деректі жеткізген өзіміздің аңшылар еді.
– Бір қорасы жүр, – деген Манарбек деген жігітіміз. – Ай, өтірік айтпасам, жүз елудей бар-ау! – деп таңдайын тақылдатып, басын шайқаған.
Мінеки, сол Манарбек айтқан бағытпен мөлшерлеп келіп тұрған бетіміз осы болатын.
Әрине, Манарбек көрген екен деп таутеке бізді күтіп бір орнында тұрмасы белгілі. Бірақ, біреу оқыс үркітпесе, тосыннан шошытпаса, үйір оншалықты ұзамай, осы қия-шатқалдың бір тепкішегінде жүрген шығар деп жорамал жасағанбыз. Сондықтан аңшылық өнердің ежелден қордаланған мол тәжірибесіне сүйене отырып ақылдасып-кеңестік, мұқият жоспар құрдық.
Ян мырза екеуіміз терістіктегі тар қолтықтың табанында бұғып, таутеке үйірін күтпек болдық. Қалған үш жігіт шың-жартастардың арғы жағын айналып, таутекені жөңкілте үркітіп, біз жатқан тұсқа қарай айдамақ болысты.
Осы байламға тоқтастық та, қоржын тастарға жармасып тағы біраз жоғары көтерілдік. Кезекті бір кезеңнің биігіне жете бере Манарбек алда келе жатқан менің жеңімнен ақырын ғана тартып қалды:
– Тс-с-с! – деді де, сұқ саусағын ерніне басты.
Тау арасы әлі де ақ қолтық алагеуім шақ еді. Баспалап байқасақ, сонадайдағы бозалаң тепсеңде бір қора таутеке жайылып жүр... Манарбек айтқан көп таутекенің бір бөлігі осы болар.
Мен дүрбі салып асықпай зерттедім. Көбісі қорықбас қалың ешкі болғанымен, арасында мүйізі ұршықша ширатылған кер теке де, сұр теке де баршылық екен.
Топ ортада ай мүйізді біреуі басын кегжитіп қарқарадай қасқайып тұр. Тұрысы тым айбарлы, әукесіндегі шудадай сақалы мен шүйдесіндегі көк шулан күдіс айдары желмен желкілдейді. Айтары жоқ, шоқтығы биік, тұрпаты еңселі, айбыны басым сұлу жануар. Текенің нағыз қараласы. Үйірдің көсемі де, серкесі де осы сияқты. Жан-жағын жіті болжап, қиықтап төңірегін шолады, маңғаз маңқаяды. Әлсін-әлсін терістіктегі тарғыл шағылға да мойнын бұрып қояды. Алтай мұздығының тілінде жүретін таутекенің барыс пен адамнан басқа жауы жоқ. Сонда бұл жануар неден секем алып, нені қарағыштап тұр?
Суық күздің шымыр лебі бізге қарай лекиді. Лебі салқын, қардың сызын сездіріп бетті шымшылайды. Текеге иіс алдырмай желдің бізге қарай соққаны да сәтін салған жағдай болды.
Менің білетінім, біздің жақта таутекеден секемшіл, таутекеден сақ аң сирек. Сәл нәрседен сезіктенсе-ақ болды, қас пен көздің арасында жоқ болады. Зым-зия, қайда кеткенін байқап та үлгермейсің.
Соны білгендіктен мен Ян мырзаға «дайындал» дегендей ишара жасадым. Ол мені ұқты. Винчестерін ыңғайлап тасқа тіреп, окулярын сүртті. Тіпті басындағы қисайған күнқағарын да жайымен шешіп былай қойды.
Мен Янды иығынан түртіп өзіме бұрдым да, «анау мүйізді үлкенді атарсың» деп, иірілген аша мүйізді ауаға қолмен сызып көрсеттім. Сосын ара қашықтық екі жүз метр шамасында екенін сездіріп, ауаға саусақпен «200» цифрын айбақтап жазған болдым. Бар болғыр, өзі де зерек жан екен, «бәрін түсіндім» дегендей басын шыбындаған атша шұлғыды.
Жалпы, аңшы ағайынға аударманың қажеті шамалы... Дүниежүзінің аңшыларының бәрінің мақсаты бір, мұраты ұқсас, ойы ортақ. Ол – аң ату. Сондықтан олардың тілі де бір, сөзсіз-ақ түсініседі, ыммен-ақ ұғысып жатады.
«Өзінің жолы болғыш екен» деп, Ян мырзаға біртүрлі көңілім жылып, іштей шүкіршілік етіп қойдым.
Ян мырза асықпады, таутекені байлап қойғандай-ақ ұзақ көздеді. Не заматта барып мылтық даусы гүрс еткен...
Таутекенің бірі аспанға тік секіріп, қарғып барып әрідегі шомбал тасты аса бере омақаса құлады. Бейбіт жайылған үйірдің қалғаны сәттің арасында арғыдағы қаражағал қорымды асып жоғалды. Соңдарында шұбатылып түбіт шаң ғана қалды.
Байқаймын – мен көрсеткен шаңырақ мүйіз кәрі құлжа дін аман кеткен секілді. Сонда бұл шетелдік мырзамыз қайсысын сұлатып жүр?
Бәріміз жапатармағай орнымыздан тұрып, құлаған таутекеге ұмтылдық. Бейшара жануар шомбал тастың тасасында сирақтары тарбайып көктен келіп, серейіп жатыр... Ян сабазың жалғыз оқпен-ақ сеспей қатырыпты!
– Өй, мынау ешкі ғой! – деп жігіттер оны көре сала шу ете түсті.
Біз үдірейіп голландиялық әріптесімізге қарадық, голландық болса өліп жатқан ешкінің жәудіреген мойыл жанарына үңілді.
– Мама? – деді не заматта ешкіні енді танығандай.
– Өй... бүйткен сенің «мамаң» құрысын!
– Қарала текеден қарадай айырылып қалғанымызды қарашы!
– Бұл қарағым ұрғашыға әуес азамат болды ғой тегі?
Жалпы, аң атаулының ұрғашысын атуға болмайтыны дүниежүзінің аңшыларына ортақ қағида. Себебі мәлім – аң біткеннің төлі ұрғашы мал арқылы көбейеді, өсіп дамиды. Ұрғашы мал туристік аңшы үшін де пәлендей қызық емес, қажеті шамалы... Туристік аңшы, негізінен, таутеке мен бұғыны мүйізі үшін атады, сол атқан аңның мүйізін арқалап естелік үшін еліне алып кетеді. Ал мүйізі бір-ақ тұтам қортық ешкінің мұқыр басын неғылсын.
Мынау жағдайға біз ғана емес, Янның өзі де аң-таң секілді.
Қалай болғанда да таутеке аман-есен атылды, шетелдік мейманның лицензиясы күшін жойды, осымен біздің жұмыс тәмам. Ең бастысы, Ян мырзаның кассаға өткізген валютасы толығымен өз елімізде қалатын болды.
***
Сүйретіліп түске таяу етектегі лагерьге жеттік.
Мейманымыздың бет әлпеті ашыған айрандай бұзылып, ұнжырғасы түсіп кетті. Көңіл айтатын емес, бар кінә өзінде, мұндайда біз оған не дейік... Мүйізі бір тұтам болса да еліне естелікке алып қайтсын деп, ешкіні көтеріп лагерьге алып келгенбіз. Жігіттер терісін шешіп, жіліктеп етін қазанға салысты. Басын бітеу сойып, илеп кептіріп, ретімен жолға дайындауға кірісті.
Бірақ ол ешкіге Янның көңілі көншитін емес сияқты. Әйелі екеуі өз тілдерінде ұзақ тәжікелесті, кіржіңдесті, сосын күрсінісіп тарасты. Ақыры Саския бикеш фотоаппаратын арқалап, бөксесін бұлғаңдатып тағы да тоғай тентіреп кетті. Ян мырза сабасына түсіп, сұлқы басылған соң киіз үйге кірді де, теріс қарап тоңқайып жатып алды.
Шетелдік қонақтардың бұндай дүрдараз ахуалы біздің де көңіл күйімізді тоң-торыс еткен.
– Мыналарды не істейміз? – деп басымыз қатты.
– Ауданның лимитінен тағы бір лицензия берсек қайтеді?
– Ақшасы болса аяймыз ба, берсек берейік...
– Енді таутеке емес, бұғы атсын... әйтпесе таутеке үшін тағы да Шақабайдың шыңына шығар шама жоқ.
Өстіп әр нәрсені сөз етісіп, кенеле күліп, кеңкілдеп әңгіме соғып отырғанда лагерьге шоқырақтап желіп салт атты біреу келген. Аталақтап аттан түсті:
– Жігіттер, көмек керек! – деді самбырлап.
– Ау, жау шапқандай не боп қалды?
– Атамаңыз, жаудан бетер қиындыққа тап болдық!
– Алдымен айтсаңшы, өзің кім боласың?
Томардай домаланған бұл жігіт «емпірттің» шабарманы болып шықты. «Емпірт» деп Моңғолиядан мың-мыңдап қой мен ешкі, сиыр мен сарлық айдаған малшыларды айтады. Олар шет елден алған малды арытпай, қоңын түсірмей, қойларын құрттап, айрандарын ұрттап дегендей жая демалдырып Семейге жеткізеді. Сөйтіп, малдың бәрін сол арадағы ет комбинатына өлшеп-санап өткізеді.
– Осы жерде профессионал аңшылар жатыр дегенді естіп, сіздерді арнайы іздеп келіп тұрмын, – деп жалынды шабарман.
Жай-жапсарды білсек, «емпірттің» малшылары Шындығатайдың шығыс шалғайында, әйгілі Үкөктің табанында, Бұқтырма аңғарының тұңқима тұйығында бірер күн аялдап қалған екен. Ақсақ-тоқсақтың тұяғын жонып, құрттаған қотырын емдеп, соңдарынан жылжыған келесі топты күткен жайлары секілді. Сөйтсе, соңғы төрт күн бойы құбыжықтай бір қара аю зәре-құттарын алып қойға шауып, мазаларын кетіріп жүрсе керек. Аю алғашқы екі күні екі қойды тартып алып кетіпті. Жылжып орын ауыстырған екен, қара аю бәрібір соңдарынан қалмаған сыңайлы. Айғайға басып улап-шулап, легенді даңғырлатып, шелекті қаңғырлатып қалған екі күнде аюды жасқап жолатпапты. Айтуынша, арлан бір иттері бар екен, сол ит қара аюды абалап шыр айналып жүгіріп, соңғы күні қойға көп маңайлатпай қуалаған көрінеді.
– Өздерің-ақ «апамның» жөнін тапқан сияқтысыңдар ғой, біздің қажетіміз бола қоймас, тегі?
– Ағайындар, олай демеңіздер. Көмектеріңіз керек! Қара аю бүгін де сағат тоғызда келеді.
– Тоғызда дейсің бе?
– Иә, дәл кешкі тоғызда... Мінеки, төрт күн болды, солай.
– Қолында сағаты бар аю болды ғой...
– Оллаһи, ағайын, шын айтамын!
Моңғолиядан мал айдаған кісілер негізінен әр тараптан жиналған көпшілік, құрамы қырық қылау қара бұқара. Іштерінде түрмеден шыққан шайқы-бұрқылар, ел ішінен безген қулар мен сұмдар, алаяқтар, тентектер мен сотқарлар жетіп жатады. Әрине, бала-шағаның қамымен ақша табуды күйттеген адал жандар да баршылық. Қалай болғанда да мұндай құрама тобырға өкімет тарапынан сенім шамалы, сондықтан қару жағы оларға әсте берілген емес. Мылтығы жоқ, құр таяққа сүйенген жөндекі малшыны аюдың да басынып жүргені содан болды.
Мен киіз үйдің төрінде тоң-теріс тоңқайып жатқан Ян мырзаға «аю атасың ба?» деп сұрау салғыздым. Аудармашы қыздың менің сөзімді жеткізуі мұң екен, Янның боз жүзіне қан жүгіріп, көзі күлімдеп кетті.
***
Ұрыста тұрыс жоқ, дереу жолға жиналып, бес қаруымызды асынып Ян екеуіміз атқа қондық. Шындығатай дегенің ит өлген шалғай, кеш батқанша сол араға жетуіміз керек. Шабарман айтқан әлгі «тоғызға» дейін, яғни аю келгенше қажет дайындықты жасап үлгеруге тиіспіз.
Бірде шапқылап, бірде желе-жортып кешкі бесін шамасында Шындығатайдағы малшылардың қосына да сүргектете жеткенбіз.
Келсек, Шындығатай заставасының бастығы Александр Укачин деген алтай жігіті өзін қоярға жер таппай осы арада сенделіп жүр екен. Укачинмен біраздан бері таныс едік, жаны жайсаң сары азамат, сардар жан-ды. Біз көбінде оны «Саша» дейтінбіз. Саша төңкерілген ернін қайыстай керіп, туысын көргендей бізді жадырап қарсы алды. Малшылар да жексұрын аюдан көрген қорлықтарын, түні бойы көз ілмей шығатындарын, тіпті күндіз де тыныштық жоғын жамырай жеткізіп жатыр.
– Ол сұмырай әбден басынған екен. Бүгін біз оның көкесін көзіне көрсетеміз! – деп Саша жұдырығымен айдындап, мырс-мырс күліп қояды.
Мұздай қаруланған аңшылардың келгеніне бек риза болған малшылар дереу тоқтының бірін алып ұрып, жайратып сойып тастаған. Лаулатып от жағып, сағалданған қара шелекке етті жіліктеп салып та үлгеріпті. Көк шалғынның төсіне дастарқан жайып, безек қағып жүгірісіп әбігер.
– Мына қара пәледен құтқарыңдар! Көзін құртпасаңдар, бұл айуан бізден кейінгі малшыларды да әуреге салады.
– Түк те саспаңдар, аға лейтенант Укачинде Калашников автоматы, менде СКС винтовкасы, ал мына шетелдік азаматта америкалық винчестер. Аю енді бізден қашса құтылмайды. Бүгін түнде ол тажалды тырапай астырып, терісін сыпырып сендерге тулақ жасап береміз! – деп мен ұрандай сөйлеп, малшылардың рухын бір көтеріп қойдым.
– Тәңір жарылқасын сендерді! – деп малшылар қатты риза болысты. Бастарын қайта-қайта шұлғысып, рахметтерін аямай-ақ жаудырысып жатты.
Мен застава бастығына аюды алдымен шетелдік мейманның атуы керектігін, оның себеп-салдарын түсіндірдім. Оқыған, көзі қарақты офицер емес пе, туристік аңшылықтың жай-жапсарынан ол да хабардар екен, еліміздің патриоты ретінде менің ұсынысымды дұрыс қабылдап, келісімін берді.
Ет желініп, шай ішіліп, дастарқан жиналған соң, біз малшыларды жылы орындарынан түріп шығып, шатыр ішіне өзіміз жайғастық. Малшылар алысырақ қауіпсіз жерге ауысып, орталарына алау жағып қоғамдасып бөлек отырысты.
Ит дегендері тайөгіздей арлан екен. «Шаруаларыңыздың берекесін кетіріп жүрер» деп, малшылар оны сонау шеттегі әлдебір қарағайға апарып шынжырлап байлап тастады.
Күз мезгілі болса да жылы етектің шыбынсыз мақпал түні еді. Ауада үп еткен жел жоқ. Әудем жердегі Бұқтырманың бірқалыпты сарыны ғана құлаққа талып жетеді. Мұздай қаруланған үш аңшы шатыр ішінде тың тыңдап, тым-тырыс күтіп жатырмыз. Ян мырзаны білмеймін, Саша екеуіміз құралайды көзге атқан сақа мергендер сапынанбыз, былайша айтқанда бұл шаруаның кәсіби мамандарымыз. Біз үшін пәлендей алаңдайтын, соншалықты сасатын дәнеңе жоқ-ты.
Әлгі шабарман жігіт айтқан «тоғызы» да болды, бірақ күткен аю келмеді.
Бәсе, сағатпен жүретін бұл қандай аю десек...
Арада тағы жарым сағаттай уақыт өтті.
Жол соғып шаршадық білем, көзімізге қайта-қайта ұйқы тығыла берген. Кешегі асқар шыңға шыққан қиналыс бар, бүгінгі жер түбінен жеткен ала шапқын жүріс бар, сол екеуі мені өлердей қалжыратыпты.
Көзім ілініп кеткен екен, бір заматта застава бастығы бүйірімнен түртіп оятып жіберді.
– Келді! – деді сыбырлап.
Мен сілкілеп Ян мырзаны ояттым.
Дала тастай қараңғы. Бірақ қойлар дүрлігіп, қиялай жөңкіліп бара жатқан тәрізді. Арғы шетте көк төбет аласұрып арсылдап жатыр. Түкпірге байлап қойған аттардың да жер тарпып, осқырынған даусы шықты. Соған қарағанда бір қауіптің келгені рас болды.
Шекарашы Укачиннің алдын ала дайындап қойған қуатты әскери фонарін жағып кеп қалдық...
Астапыралла!
Құдай сақтасын, анадай жерде құбыжықтай қараңдап қап-қара бірдеңе тұр! Аю дегендері осы болар. Аю емес, түн қараңғысын жамылған сабалақ жүн дию ма дерсің. Құрғырдың түр-тұлғасының сұстылығы сондай, өкпем алқынып, жүрегім аузыма тығылды. Өн бойымнан сұп-суық леп жүгіріп, жон арқамды қарып өтті.
Қасымда жатқан Ян мырза да оқ тигендей «Ох!» деп қалды.
Кәсіби аңшы болған соң аю атаулының алуан түрін көріп жүрміз ғой... Соңына түсіп қаншасын аттық, аю терісін де талай қанжығалап қайттық. Бетпе-бет кездесіп қалғанымыз қаншама, өлім аузынан қалған оқыс оқиғалар да есімізде. Шүкіршілік, татар дәміміз, суішкілігіміз әлі бар екен, мінеки, аман-есен жер басып жүріп жатқанымыз да соның арқасы. Бірақ, осы арада ағымнан жарылайыншы, мен де дәл мынадай күдірейген күдіс жон, атан нардай қара тажалды кездестірген емеспін.
Укачиннің фонарі шынымен-ақ қуатты екен, құдды бір прожектордай жарқырайды. Қара аю алғашында жарқ еткен фонарь жаққа жалт етіп тікшие қалды да, соңынан оған пысқырған да жоқ, құнжыңдап бұта түбін түрткілеп кетті. Сосын баспалай жылжып ұйлыққан отар жаққа жақындады.
Қой дегенің осыншалық момын хайуан болар ма, дүр етіп жөңкіліп қашқандарымен пәлендей ұзап кете қоймапты. Былайырақ барып құнжыңдаған қара пәлеге үдірейе қарасып ұйлығып тұр.
Көктөбет темір шынжырды үзердей қылғынады.
– Ат-т! – деп, Янды бүйірден нұқып қалдым.
Ян мылтығына екі аша тіреу тіреп, окулярға жабысып көздеп жатыр.
Қара аю ары кетсе жүз метрдей ғана жерде, фонарь жарығымен ап-анық көрініп тұр. Қиналатын емес, тіпті окулярдың да қажеті шамалы еді. Қаншалықты мықты десек те винчестер қойсын ба... Татыр қолтықтың түбін ала тартып жіберсе – дәл жүректен тигізуге болады.
– Ян, болсаңшы тез!
– Ат деймін!
Шекарашы Укачин автоматын ыңғайлап, мен винтовканы кезеніп сақадай-сайланып дайын жатырмыз. Егер мына шетелдік аңшы тарс еткізсе болды, қалған шаруа біздің еншімізде... Оқты қарша боратып, қара аю түгілі, қаһарлы жау шапса да дәл осы арада қанды майдан ашуға әзірміз. Бірақ, бірінші болып біздің оқ шығаруға қақымыз жоқ. Мейлі тигізсін, мейлі тигізбесін, бірінші оқты шетелдік азаматтың атуы міндет. Валюта бізде емес, оның қалтасында, лицензия үшін үш мың долларды біз емес, осы жігіт төлейді. Жаңадан мемлекет құрып жатқан біз үшін үш мың доллар да әжептәуір дәулет, ел-жұртқа қажет қаражат.
– Әй, мына сұмырай неге атпайды?
Бұл жетесіздің несіне тыртысып, неге атпай жатқанын мен қайдан білейін:
– А-а-т-т! – деп шытына жекіп жібердім.
Ян мырза мылтығына мысықша жабысып алған, пыс-пыс етіп әлі дәлдеп жатыр.
Біз «сен ат та, мен атпен» сөз таластырып тұрған кезде қара аю көз ілеспес шапшаңдықпен екі үш қарғып барып, қойдың бірін бас салды. Сосын адам секілді қорбаңдап екі аяғынан түрегеп тұрып кетті. Тұрып еді, құрғырдың тұрқы бұрынғыдан да қорқынышты, бұрынғыдан да зорайып көрінді. Бұлқынған қойды бақ еткізіп екі бүктеп қолтығына қысты да, маң-маң басып орманға қарай бет түзеді.
Сол-ақ екен, алау жағып былайғы шетте қотандасқан қойшы біткен ұлардай шулап қоя берсін... Айғайға басып, от лақтырып, шелек даңғырлатып азан-қазан болысты да қалды.
– Масқара, мына үшеуі аюды атпай неғып жатыр?
– Ау, азаматтар, неге атпайсыңдар, түге?
– Ит екен ғой бұлар...
– Өңкей алдамшы жексұрындар!
Жер жебір, жекен суымызға жетіп қойшылар бізді тілдері жеткенше сыбап жатыр.
Жер тепкілеп Укачин бұлан-талан. Менің де ыстығым көтеріліп, қаным басыма тепті. Ян мырзаны бөкседен періп қалдым.
– Неге атпайсың, оңбаған! – дедім айқайға басып. – Қазір тайгаға кіріп кетеді, айырылып қаламыз!
Ян болса мелшиіп үнсіз, мылтығына жабысып әлі дәлдеп жатыр.
– Немене, көрмей тұрсың ба? Ат деймін! Айырыламыз ғой қазір.
Фонарь жарығын аюға туралай қадап тұрмын. Құдай ақы, көрмейтіндей дәнеңе жоқ. Соқыр адам көретіндей жап-жарық.
Қолтығында ағараңдаған олжасы бар, қара аю талтаңдап ұзап бара жатыр. Жүрісі сейілге шыққандай бейқам, қалаулы ісін атқарып, бізді мазақ еткендей маңғаз. Абалаған дауысы тау аңғарын күңіренткен көктөбет жаққа соңғы рет бір қарады да, төмендегі қалың тоғайға қарай бұрылды.
Жер тепкілеген Укачиннің орысша боқтығы таусылды білем, алтай тілінде де бірер сөзді лақ еткізді. Егер мына Ян мырза шетелдік болмағанда аузы-мұрнын шие жегендей қылары даусыз еді.
«Ат есе аттың» астына алып, айқайға басып безектеп малшылар жүр. Байлаулы көктөбет шынжырын шылдырлатып, аласұрып ағашты айнала шапқылайды.
Ян мырза окулярға жабысып әлі жатыр.
Ақыры қой қолтықтаған қара аю тоғайға сіңіп жоғалды.
Ұят-ай десеңші, енді не істедік?..
Застава бастығы шетелдік мырзаны да, бұл сүмелекті ертіп әкелген мені де сылқита бір сыбап, шырт түкіріп кетіп қалды.
Артынша араның ұясындай азынап малшылар жетті. Оларға тура қарайтындай менде бет жоқ еді. Жерге кіріп кетердей ұяттан жанып тұра бердім. Осы тобырдың бастығы болар, бұйра сақал бойшаң біреуі төбеме төніп:
– Біз қойымызды сойып, дастарқанымызды жайып, барымызды салып сендерді күттік, – деп түкірігіне шашалып, гүж-гүж етті. – Үш бірдей аңшы келіп, масқарамызды шығардыңдар. Аю көз алдымызда тағы бір қойымызды өңгеріп алып кетті. Беттеріңе тура айтайын, үшеуің де оңбаған адам екенсіңдер!
Малшылардың бар ренішін мойныма алып, басым салбырап мен тұра бердім. Шындығында, менің өзім де Ян мырзаның бұл қылығына қайран едім.
Укачин ешкімге бұрылып қарамастан, фонарін де ұмытып, атына қарғып мінді де, тасырлата шапқылап заставасына тайып тұрды.
Янның мойны қылқиып шатырдан шығып келеді екен, мен оны итеріп ішке қайта кіргізіп жібердім.
– Шықпа, сыболыш, шықсаң мыналар сені түтіп жейді! – деп жұдырығымды тұмсығына тақадым. Ян молдаға берген баладай момақан бола қалыпты, басын бір шұлғып, сып беріп шатырға қайыра кіріп кетті. Менің айтқан қазақша тілімді бұл жолы жақсы ұққан секілді.
Малшылардан иіліп кешірім сұраудан басқа лажым қалмады. Бөрідей бөрліккен көпшілікке шетелдік туристік аңшылықтың жай-жапсарын қайтіп тәптіштерсің, бәрібір ұқпасы белгілі. Ұқпаған соң болған іске таң қалысып бастарын шайқай беріседі... Автоматпен, винтовкамен, винчестермен қаруланған үш бірдей мықтының дәл алдарына келген аюдан айырылып қалғандарына милары жетер емес. Үшеуінің де оқ шығармай табандап жатып алуы олар үшін түсінбейтін оғаш жағдай.
Байлаулы тұрған көктөбет төбе құйқаны шымырлатып озандата ұлып жіберді. Естеріне енді түсті білем, малшылардың біреуі жүгіріп барып иттің шынжырын шешіп қоя берген. Сол-ақ екен, көктөбет аю кеткен тоғайға қарай оқша заулап, қалың қараған ішіне кіріп жоғалды.
Арада бірқауым уақыт өткеннен кейін ғана қарсыда түнерген тайга жақтан иттің абалап үрген дауысы шыққан. Бәріміз елең ете қалдық. Көктөбет екі арадағы Бұқтырманы жүзіп өтіп, арғы қапталға шығып кеткен екен-ау! Ай, сабазым-ай, ақыры қара аюды қуып жетіпті. Арлан деп, міне, осыны айт!
Абалаған итпен қоса, ақырған аюдың да дауысы естілді. Кәпірдің дауысының зорын-ай десеңші, Алтайдың шың-шатқалдары күркіреп кетті. Қорым биігінен тасыр-тұсыр тас домалады.
Байқауымша, көктөбет аюмен біраз уақыт жағаласып баққан тәрізді, соңынан екеуінің де үні өшті.
– Аю итті жеп қойды? – деп мен өкініш білдірдім. Көктөбеттей арланның қазасына өзімді кінәлі санап, тағы да ыңғайсыз күйге түстім.
Бұйра сақал түн қараңғысына қайта-қайта телміріп, құлағын түрумен болған. Бірақ, иттің дауысы қайталап естілген жоқ.
Тау өркешінен ай табағы сығалап еді, сәлден соң аңғар бойын сүт мұнарға бөлеп толған ай найқалып шыға келді.
Міне ғажап, арада жарым сағаттай уақыт өткенде үсті-басы сал-су көктөбет алпамсадай болып алдымызға келіп тұр. Аузында бағанағы ақ қойдың жұлмаланған қанжоса басы...
Көктөбет басты тістеп әкелді де бұйра сақалдың алдына тастай салды.
– Мына ынжықтарға сеніп тапсырғанша қойды өзіңе күзеттірмеген екем! – деп бұйра сақал ұмтылып барып, итін мойнынан құшақтап жатыр.
Түннің екі уағы болып қалған мезгіл еді.
Мен шатыр ішінде тығылған Ян мырзаны дауыстап шақырып, қайтуға жиналдым. Түкпірге байлап қойған аттарды шешіп, жетектеп қайтып келе жатқанда жан-жағына жаутаңдап шатырдан Ян да шыққан. Байқаймын, жүрісі өзгере қалыпты, талтаң-талтаң етеді.
Онсыз да ішім божыған идей қыжылдап, теріме сыймай жүрген мен:
– Өй, езбе, болсаңшы тез! – деп барқ етіп, фонарді жарқ еткіздім.
Сонда ғана байқадым, бағанадан бері етбеттеп жатқан Ян мырзаның борбайы көл-дария... Алтай орыстарының «медвежья болезнь» дейтінін естігеніммен, білмеген екем. Мына бейбақ бүгін сол дертті басынан өткерген сияқты.
Шеттен келген қонаққа бұл арада не дейін, шырт еткізіп бір түкірдім де атыма міндім.
АЮДЫҢ ӨТІ ҚАЙДА?
Бұл да Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы оқиға еді.
Ерен ертеңгілік жұмыс бөлмесіне кірген бойда үстел үстіндегі көк телефонның қолды-аяққа тұрмай безектеп жатқанын көрді. Қоңырау қала жақтан сияқты... Ауыл арасы, дос-жарандардың телефон шырылы момақан, мүләйім болушы еді. Мынау үстемдігін сездірген, «тез ала қоймадың» дегендей өктем, қызарақтаған ашулы, долы шалыс.
Ұмтылып барып Ерен телефонның құлағына жармасты.
– Әй, қайда жүрсің? – деді арғы жақтағы тарғыл дауыс. Ерен Жұмағұлов аудандық аңшылар қоғамының төрағасы еді. Ал, мына дауыс – облыстағы өзінің тікелей бастығы Амантай Қалмақбаев екен.
– Жұмыстамыз ғой...
– Жұмыста болсаң былай... шұғыл тапсырма бар. Мұқият тыңдап ал!
– Құлағым сізде!
– Тағы бір мейман келе жатыр... Жақсылап қарсы алыңдар!
– Қашанда дайынбыз ғой... Тағы шет елден бе?
– Енді қалай деп едің? Жапониядан! Өзіміз секілді қысық көз біреу екен.
– Бұйырсаңыз бопты! Қайда салу керек?
– Аюға!
– М-м-м! Тағы да аю ма? Өзіңіз білесіз, біздің жақта аю азайып кетті ғой. Бұл жапонға аюды қайдан табам? – деп Ерен қоңқылдай бастап еді, бастығы:
– Табасың! – деп сөзін бөліп жіберді. – Ақшасын төледі, лицензиясы қолында. Енді не керек саған? Айлатып жатса да қалағанын тауып бер! Айтуына қарағанда, оған сенің чучелаң да, терісі де керек жоқ сияқты. Аюдың өті керек дейді.
– «Өті» дейсіз бе?
– Иә, аюдың өті...
– «Терісі керек жоқ» дедіңіз бе?
– Айтып тұрмын ғой, керегі жоқ... Патша көңілің қиып жатса, терісін маған сыйла! – Амантай бастығы қарқылдап күліп жіберді. – Қонақ қазір сен жаққа көлікпен шығады. Біздің мекеменің шопыры апарып салады. Арғы жағы сенің құзыретіңде... Жапонша тіл білуші ме едің?
– Проблем жоқ, дүниежүзі аңшыларының тілі ортақ! – деп Ерен байыппен жауап қатты.
– Жарайды, жарайды, біздікі әш-шейін қалжың да.
– Тапсырмаңыз осы ма?
– Осы... Ұятқа қалдырмассың?
– Белгілі шаруа ғой...
Ерен жайлап телефонның құлағын ілді де, жағын таянып ойланып отырып қалды. Хатшы қызды шақырып, Өрікбай Жайсаңбековты іздетті.
Өрікбай маңайдағы ауылдың бірінде тұратын кәсіби аңшы еді. Осыдан үш күн бұрын ушәскесін аралап жүргенде әлдебір сары аюды көргенін телефонмен хабарлағаны бар. Сол хабары рас болса, ол «апам» ұзап қайда кете қойды дейсің... Жүрген шығар сол маңайда майпаңдап, жемісін жеп, қыстық майын жинап. Мына шаруаны бас білетін сол Өрікбайға тапсырғанды жөн көрді.
Арада сағат жарым өткенде шашы желпілдеп, өзі елпілдеп Өрікбай кірді бөлмеге.
– Өреке, – деді Ерен аман-саулықтан соң әңгімені алыстан тартып. – Осы сен маған мынаны айтшы? Біздің кәсіпкерлер неге аң ауламайды? Өстіп ылғи шетелдіктерге малай боп жүре береміз бе?
– Ойбу, Ереке, қиналып отырсыз ғой? Не боп қалды? – Өрікбай бастығына қасын көтеріп, біртүрлі секем ала қарады.
– Тағы бір шетел келе жатыр.
– Ә, онда мәселе түсінікті... – Өрекең сөз төркінін бағамдады да, суырыла сөйлеп жөнелді. – «Біздің кәсіпкерлер неге аң ауламайды дейсіз» ғой баяғы? Олар аң ауламайды емес, аулайды. Бірақ, олар шетелдіктер құсап лицензия сатып алмайды. Біздің кәсіпкерлер мен шенеуніктер аңды тегін аулағанды ұнатады. Сосын оларға сіз бен біздің жолбасшы болып керегіміз жоқ. Өйткені, олар тау-қияға жаяу шыққанды, тырмысып тасқа өрмелегенді суқаны сүймейді. Олар аң біткенді вертолетпен аулағанды, төбеден Калашников автоматымен атқанды ұнатады. Екеумізге олар пішту деген... Сондықтан да біз олардың келіп-кеткенін көрмей де, білмей де қаламыз.
Әріптесінің қияңқылау сөзін Ерен миығынан жымиып, мұқият тыңдады. Көкейге қонатын, құлаққа жағатын сөз. Расында, ондай жағдайды Ереннің өзі де біледі, біле тұра әдейі сұрап еді. Өрікбай ойнап айтса да, ойындағысын айтты. Өзінің де, Ереннің де көкірегінде көптен қордаланған қыжылды шығарды... Кәсіпкерлер мен лауазымды бастықтардың «аңшылығы» туралы бұл өңірде алуан аңыз бар. Сөз қуғандай болып, ондай-ондайды тізбелеп қайтеді. Тек, былтырғы жылы Ішкі жақта аң аулап жүріп апатқа ұшыраған тікұшақты еске алса да жетіп жатқандай... Бұғы қуалап жүргенде қапалағы самырсынның бұтағына ілініп, тікұшақ оппа қарға топ ете түсіпті. Құдай сақтап ұшақтары жарылмапты, мертіккен де ешкім болмапты, бәрі дін аман құтылыпты деседі. Апат жайында басқадай мәлімет болмады, оқиғаның егжей-тегжейі айтылмады. Болған жайды даурықтырмай естігеннің құлағын жауып, көрген жанның аузын басып, ләм-мим түк жоқ – жылы жауып қоя салысты...
***
Жапондық «интураңшының» аты-жөні – Кацуо Мурасаки екен. Қырықтарға иек артқан орта бойлы, бұраудай тартылған таразы кісі. Қаланың көк түтінінде емес, даланың жел қаққан аптабында көбірек жүргені бет-жүзінен, ширақ мінезінен көрініп-ақ тұр. Келген күні ауылдағы ағылшын тілінің мұғалима қызы арқылы суыртпақтап тілдескен болысқан. Содан ұққандары – Мурасаки-сан аңшылықты кәсіп етпепті, кәдімгі жер кезген әуесқой турист болып шықты. Өткен жылы Интернеттен жапондықтардың да Алтайдан шыққанын оқыпты. Содан ұзақ дайындалып, бұл жақтың елі мен жерін көрсем деген әуесқой қызығушылықпен келіпті. Оған қосымша бір дәрігер досы, «егер табылып жатса аюдың өтін ала келерсің» дегендей базына артып жіберіпті. Бар шаруасы осы екен. Қысқасы, әдеткі «трофейлік аңшылардай» емес, бұл кісінің келген келісі жұмбақтау, жүрісі бөлектеу көрінді.
Көкбөрінің ұрпағымыз деп алаулатып-жалаулатқан түркі текті ағайын ғана емес, шығыстың қиырындағы кәрістер де, тіпті көк мұхиттың арғы жағындағы американ үндістері де Алтайдан шығыпты деп ғалымдар кеңірдек созып даурығып жатады ғой. Мына келген жапон азаматы да баба жұртын аңсаған сондай лектен тәрізді. Мейлі, бола берсін.... Ондай-ондай одағай сөз, тосын әңгімеге бұл жақтың қазағының құлағы әбден үйренген.
Аю өтінен Шығыс медицинасында, әсіресе, Жапон елінде аса қымбат дәрі-дәрмек жасалатынын Ерен де естіген. Ол жайында бұл өңірде алыпқашпа әңгімелер де баршылық... Осыдан бірнеше жыл бұрын аю өтін іздеп Алтайға жапондық кәсіпкерлер келсе керек. Пысық қазақтар оларға сақтап жүрген аю өтін өткізіп, шаш етектен байып қалыпты. Дәндеген жапондықтар араға жыл салып тағы да келеді ғой. Байлап қойған аюлары жоқ, қазақтар енді не істесін? Кейбір жылпың ағайын тағы да ыржалақтап олардың алдарынан шығады да, аюдың орнына бұқаның өтін өткізіп жіберіпті. Содан жапондықтар қайтып бұл маңайға аяқ баспай кетсе керек. Қазақтың да «бизнесі» осымен тәмәм болған екен.
***
Мейманға аудан орталығында арнайы дастарқан жайылып, қазақы сый-сыяпат пен құрмет көрсетілді. Орталықта бір түнетіп, ертесінде Ерен керек-жарақтың бәрін машинаға артты да, мейманды Өрікбайға ертіп тауға қарай шығарып салды.
Күн табағы тайпалып жамбасқа еңкейген шақта бұлар шетелдік аңшылар үшін арнайы дайындалған кордонға құлаған. Кордон дегені – қарағайдан қиып салған кодтедж рәуішті қос бөлмелі қоналқы үй-тін. Самаладай сап түзеген қайыңды тоғайдың ықтасын жағынан орын тепкен. Қасында шағын қара моншасы бар. Моншаның іргесінде сылдырап мөлдір бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың арғы бетінде омарташы кержақтың жұпыны мекен-жайы қараяды. Селдір сақал, сидам шаш сүлкиген Селиван шал осы кордонның күзетшісі есепті екен. Сол қоңторғай тірлігіне титімдей болса да тиын-тебен алып, кемиек кемпірі екеуі шайлығын айырып отырған сыңайда.
Бұл мекенді ежелден Середчиха деп атайтын. Төмендегі ойқы-шойқы ойпаңның ойраны шығып жатқаны байқалады.. Қаусаған үйлер, қираған құрылыс, шаншылған діңгек, шашылған бөрене... Кезінде бұл ойпаңда тіршілігі қайнаған үпір-шүпір поселке болған. Соғыстың бел қайыстырған қиын-қыстау зобалаңында, одан бергі елудің еңсені езген қысалаң кезеңінде бұл өңірде жыл он екі ай ағаш кескен. Кескен ағаштарын Бұқтырманың асау толқынымен арпалысып, Зырян қаласына сал ағызған. Алпысыншы жылдардың соңына қарай ағашты дайындау мен тасу жұмыстары түгелдей механикаландырылған кезде поселкенің көп жұмысшылары сандалып бос қалысады. Артынша «леспромхоз» атты мекеме құрылады да, Алтайдың бұл маңайдағы қарағайы мен самырсыны ұстарамен қырғандай тақырланады. Сөйтіп, жасыл желегі желкілдеген тау мен жота таздың кепешін киіп қала береді. Ағашы таусылған соң төбедей поселкенің де маңдайынан бағы тайып, азып-тоза бастайды. Ақыры мұндағы қалың ел түгелдей ілгерінді-кейінді етек жаққа көшіп кетіседі.
Қазір бұл аймақ алапес тигендей ала-құла – қаптаған қара томар, қаражағал қырқалар, шұбар бет шоқаттар. Қалың томар арасында қылтиып, бой көтерген көк өскіннің зәулім қарағай болуына әлі көп жылдар керек.
Кордондағы Нұрсан мен Мерхат деген күтуші екі жігіт – шаруашылықтың егерлері болып шықты. Келетін қонақ туралы хабарды рациямен алыпты. Содан малын сойып, етін асып дегендей, елеңдеп күтіп отыр екен. Бүгін осы арада аяқ жазып дем алып, аю қарауға ертең ертемен шығатындарын қонаққа ымдап ұқтырған болысты. Басқадай көңіл жазып, көсіліп сөйлесуге тіл құрғыры жетпеді. Әйтпесе Жапония жаңалықтарын естіп, ол жақтағы аңшылықтың жайынан әңгіме тыңдаса артық болмас еді.
Дастарқаннан соң Мурасаки-сан фотоаппаратын арқалап төмендегі ойпатқа қарай кетті. Көшкен ауылдың қираған жұртынан не іздемек болғаны белгісіз.
Қалған үшеуі ертеңгі аса қауіпті сапарға дайындыққа кірісті.
***
Өрікбай көмекшілікке екі жігітті қоса ертіп, Мурасакимен бірге таң қараңғысынан атқа қонған. Нұрсанның аңшылыққа үйретіп жүрген лайка төбеті де бұлармен бірге ере шықты. Сыңараяқ қылтамен үшеуі қаздай шұбырып Мохнатка тауын бауырлай тартты. Бұл жаққа салт ат болмаса, машинадан қайыр жоқ. Тіпті, кейбір тұста ат та жүре алмайтын шатқалаң шатағы жетеді. Қоржындаған қара қорым, айқыш-ұйқыш жығылған ағаш, сида бұтақ, бақасы бақылдаған саз батпақ.
Әнеу күні ушәскені аралап жүргенде алыстан дүрбі салып Тесная өзенінің қайнарындағы ойыстан әлдебір сары аюды көргені бар еді. Тесная, атына сай, таудың тар өңешінде қысылып, алқына аққан асау өзен. Өзен шатқалы жан баспаған жыңғыл тоғай, тасты қорым, жарбиған жарқабақ. Сондықтан судың басына бару үшін алдағы қожыр тасты, салба самырсынды Мохнатка тауын алқымдап асып түсуге мәжбүр.
Жалпы, бұл маңайды ертеден Патриарх Никонның реформасынан қашып-пысып, жер ауып келген «раскольниктер» мекендеген. Содан да болар, жер-су аттарының бәрі тіл бұраған бөтен сөздер. Сонау жетпісінші жылдардан бастап старовер-кержақтар да бұл арадан көше бастады. Қалаға кетті, далаға кетті, орыстармен сіңісіп, жан-жаққа тарап таусылуға таяу. Қазір әр жерде бір омалып омарташы шалдардың отырғаны болмаса, қара ормандай қалың кержақтан тұқым да қалмай барады. Жалғанның жарымына жайылған мынау құладүз бүгінде меңірейіп иен жатыр.
Бақса, нарыққа ендік, мал табудың жөні осы екен деп, соңғы жылдары аңшылықты асыра жарнамалап кеткен тәріздіміз. Үкімет аңшылықпен мамыр асып байып кететіндей жоспар жүктеп, міндет артып қоятыны ыңғайсыз-ақ шаруа. Соның салдары ғой, көктем мен күзде шетелдік аңшылардың бұл өңірді майлы ішектей айналдырып алғаны. Жылтыңдап әр елден келгіштер көбейіп кетті. Беттері бедірейіп, ауыздары қисайып тек қана бұғы мен аюды атайды. Елік пен күдір сияқты майда-шүйдені менсінбейді. Өстіп, бөтен жұрт атып азайтты ма, әлде майдан ашқандай мылтық дауысынан үркіп жер ауып кетті ме, соңғы кезде Алтайда аю мен бұғы сирексіді. Баяғыдай емес, аңшылықтың өзі әрекеті көп, берекеті жоқ тышқаншылаған тірлікке айнала бастады. Әлгі аю да Ойман асып кетпесе жүрген шығар қыстық қорын талмап жинап, сол маңайды төңіректеп. Ылайым, солай болғай... Әйтпесе, босқа сандалып, құр қайтар болса – атасы бөтен мына азамат қазынаға құйған қаражатын санап тұрып қайтарып алады. Ондай жағдайда Еренге сөз тиеді, аңшылар Қоғамы жұмысты ұйымдастыра алмай отыр деп, жігіттер де азын-аулақ сый-ақыдан қағылады.
Тау баурайында боз тұман шаңытады. Қарсыдағы қаптал да қылаңыта бусанып жатыр. Арғыдағы Шыбындының шыңырау шатқалы мүлдем көрінбей қалыпты. Қою тұман терең сайды тығындап, мақау бітеп тастаған. Бейнебір шатқал ернеуі – жердің біткен тұсы, жеткен шегі, одан әрі түпсіз тұңғиық дерсің.
Әдетте Алтайдың тұяқты аңы таң бозынан ашыққа шығады. Табиғат ұйқысынан әлі оянбаған беймезгіл шақта бой жазып, олар кебу тепсең, жазық алаптарда алаңсыз жайылады. Күн кірпігі қылтия қалың теріске қайыра кіріп кетеді де, содан ымырт түскенше күйіс қайырып, тырп етпей жатып алады. Ал аюдың қисыны басқаша. Аю үшін иен табиғатта қорқатын дәнеңе жоқ, өзі би, өзі қожа. Алты ай қыс ұйқысына ұзағынан дайындалып, талмап талшықтап бойына қажетті май жинаумен болады. Сөйтіп, ол күндіз де, түнде де жайбарақат жайыла береді. Мұндай саумал иісті сарыала күзде аю мүлде бейқам, қорек іздеп қарынның қамымен әбігер. Әлгі көрген сары аю да арадағы үш-төрт күнде борбаңдап алысқа ұзай қоймаса керек-ті.
Бүлкілдеп сыңар соқпақпен келе жатқан Нұрсанның төбеті, бір мезетте бұлт етіп ағаш арасына кіріп кеткен. Байқаса, қос құлағы ербиіп тарғыл жон баршатышқанды шиқылдатып қуып жүр екен. Қап, мына иттің жаман әдетке басуын қарашы! Бүйте берсе ертеңгі күні тиінге салғанда алжасып, тиіннің орнына тышқанға үріп жүруі кәдік.
– Әй, Нұрса-ан-н, итті бұзасың, қайтар кейін! – деп Өрікбай серігіне барқ етті.
Қос қанаттағы орман ішін де көз қиығымен болжап келеді. Айгөлектенген самырсын басы баяу тербеліп, жүрекке жылы қоңыр саз шығарғандай. Бұл аймақта биыл долантопшы қалың екен. Көз қызықтырған қып-қызыл жемісін бұтағы көтере алмай тағзым ете иіліп тұр. Соған қарағанда, алдағы қыста бұлғын аулау қиынға соғатын түрі бар. Бұлғын аса сақ, шақылдаған шақар аң, әккі жыртқыш қой. Адамнан оншалықты сескене қоймайтын зәлімнің бірі де осы бұлғын. Ол пәле долантопшы жеп те жанын сақтап, қытымыр қыстан былқ етпей шыға алады. Әдетте аңшылар бұлғынды жүні жетілген қыста аулау үшін, жаз бойы оның жүрер жолына кормушка-үйшіктер іліп, ол үйшіктердің ішіне ет салып, тамақ беріп бой үйретеді. Ал долантопшы қалың шыққан жылдары ол үйшігіңе қарамайды, етіңді де жемейді. Мұндай жағдайда бұлғынды тек қақпанмен ғана аулай аласың. Ал қақпан құру – аңшының жүйкесін жүдетер қиын амалдың бірі.
Шырша басында түгіршік аз шыққан екен. Жыл аралатып ағаштың да өстіп дем алатыны бар. Түгіршік аз шықса тиін де азаяды. Тиіннің мүлдем жер ауып кететін жылдары да болады. Шыдайсың, оған да амалсыз көнесің. Өйткені табиғаттың заңына қарсы тұрар адамда қауқар жоқ.
Күн қабағы мұнарлы болатын. Көк жүзінде тыраулап, көңілге сағыныш тастап тырналар тізбегі өтіп бара жатты. Кеш қайтқан тырналардың соңы болар тегі. Құралай мен бидайық қалың өскен Матыбай дарасынан еліктің әупілі естілді.
Бобровка аңғарының арғы төрі бұлтың жонды кең қолат. Қолаттың қалың теріске сұғынған соқыр өзегін, оның оң жағындағы дөңкиген доғал таудың жайылмасын дүрбі салып ұзақ сүзді. Бұлың-бұлың мұнартқан адыр-қырқаларды да көзі талғанша тінткіледі. Соңынан Проходная асуын атпен асып, теріскей тараптың күншілікке созылған қоянжон бұйраттарын да шолып шықты. Бірер тұстан тастақ топыраққа түскен бұғы-маралдың көмескі ізі болмаса, іздеген аю жер жұтқандай көрінбеді.
Түс әлетінде секиген әлдебір қара жартастың түбін паналап, ықтасын тұсқа от жағып тамақ жылытты. Сораптап шай ішіп, бойға қан жүгіртті, жан шақырысты. Иен түзде қою қара шайдың өзі етке бергісіз дәмді болады. Жалпы, тауда жүрген адам тамақсау келеді. Содан ба, жігіттер дастарқанды жапырып жеді. Қомағай қасықпен емес, тамақты таяқпен жейтін жапондық та жеті күн аш жүргендей тәбетінен тартынған жоқ.
Күнде мініп жүрген емес, шетелдік мырзалар атпен бірер сағат қыдырғанға таңдары созылып, қара еттері жыртылып, талтаңдап қалушы еді. Мына жапондық әлуетті екен, салт жүріске кәнігінің өзі болып шықты.
Сағат жарымдай уақыт бел суытып дем алғаннан кейін, Өрікбай аттарды бұйыға арқандатты да, өзі үш жігітті қасына жаяу ертіп, мінбелеген қалың қорымның арасымен таудың күн түскен күреңселі иығына қарай өрмеледі.
***
Бұлар алдымен аюдың құм топыраққа баттиа түскен ізіне кезікті. Із жосадай жаңа... Жайдақ жотаның саргідір бөктерін біраз шиырлапты. Әр тұстан «черемша» дейтін жабайы пияз қазып жепті... қыстық жатаққа ішін тазалап жүрген жайы бар. Қазған жердің топырағы бусанып бұрқырап жатыр. Өрікбай аюдың жақын маңда екенін сездіріп, Мурасакиге түсіндірген болды. Қағылез, ұғымы бар кісі ғой, «ұқтым» дегендей көзін жыпылықтатып, изек қақты. Енді бұлар бұта-бұтаны сағалап, аңдап басып, асқан сақтықпен ылдилады. Көңіл шіркін күпті, жүрек мазасыз... Жиі-жиі тоқтайды, алақтап маңайды шолады, елеңдеп тың тыңдаған болады. Сыбырлап сөйлеседі, жыбырлап жылжиды.
«Жақын жерде аю жүр» деген ойдың өзі адамды аяздай қалтыратады екен.
Ауада сылбыраң желкім бар еді, оның соңы қар ұшқынына ұласты. Өр Алтайдың бұл маңы ат тұяғы сирек түсетін алыс қиыр. Табиғаты шамшыл өңір, желтең күннің қарлы боранға айнала салуы ғажап емес.
Аңшылар қыбырлап қозғалып сағат жарымдай уақытты ұтқызды. Қиыстағы әлдебір шұбар тұмсықты айнала бере сарсыла іздегендерін ақыры алыстан көрді... Қара орманның терістік жиегіндегі жөргектей жазаңда бір көрініп, бір жоғалып, түртінектеп жер қазып жатыр екен. Сырттан қарағанда жон арқасы бұлтыңдаған алып көртышқанға ұқсағандай. Жер арасының балын тапты ма, әлде құмырсқаның илеуін қопарып жатыр ма, белгісіз.
Өрікбай дүрбі салып ұзақ тесілді. Өз көзіне өзі сенбей тұр, тоңқаңдаған мына аю ана жолғыдан өзгешелеу секілді... Ол көргені сарыала еді, атан өгіздей арбиған алпауыт еді. Мынасының түсі қарақоңыр, тұрпаты да кішілеу ме, қалай? Байқауынша, үш қыстаған маймақ табан... Мейлі ғой, сарысы не, қарасы не – айырма жоқ, жапон іздеген өт аю атаулының бәрінде бар.
Аю байпаңдап ұйысқан шоқ бұтаны айналып кетіп, көп күттірмей шыр айналып бүйір тұстан қайта шықты. Сәтін салғанда жел алмас жақта екен, әзірге ештеңе сезер емес. Тоңқаңдап жер қопарып, тамыр қазып қу тамағымен әуре.
Қар ұшқыны қоюланып барады. Өрікбай көз қиығымен жоғарыны болжаған – таудың таз басы аппақ кепеш киіп үлгеріпті. Қарсыдағы қара жон да алашұбар кейіпке енген. Уағы да таяды, ұшқындап жауған осы қар енді қайтып ери қоймас тегі.
Бұлар төмендегі мүк басқан қожыр тасты сырттан айналып, орман жиегіне ылдилап еді, аюдан жүз елу метрдей жерден шыға келісті. Нұрсан мен Мерхатты Өрікбай осы арада қалдырды да, Мурасаки екеуі жамбастай жылжып, төмендегі қызыл тобылғының түбін барып паналады.
Енді аюмен екі ара ары кетсе жүз метрдей ғана жер еді. Көздемей атсаң да қапы қалмас жақын аралық. Азулы жыртқышқа бұлайша тым жақындаудың өзі де зор қауіп. Содан ба, құрғырдың сұсы мысын басып, жон арқасы мұздағанын сезді. Өзін өзі сабырға шақырса да, демалысы жиілеп, жүрегі кеудесін жарып шығардай-ақ дүрсілдейді. Жапон жігітінің де жіпсік көзі жыпылықтап, үкідей үрпиеді. Мойнын ішке тартып, басын бұға береді. «Қорқатын дәнеңе жоқ» дегендей, Өрікбай оған бұрылып ыржиған болды, жігерін жанып арқасынан қақты. Ымдап, ыңғайлана жатқызды да, атуға дайындады. Аңшылық өнерден хабары бар ғой, үн шығармай, винчестердің затворын шықылдатпай жайымен тартты да, асықпай көздей бастады. Сәтін салса, азаматтың жолы болады. Егерде оғы қапы кетіп, «осечка» беріп қалса – сақадай сай Өрікбай жатыр қасында.
Аю басын көтеріп, тұмсығымен жел алды да, көлденеңдей бұрылып құлағын тікшитті. Бірдеңені сезген сыңайда. Енді кідіруге болмас... Өрікбай жапондыққа белгі беріп, жайлап иығынан түртті. Мурасаки де осы оңтайлы сәтті пайдаланып, татыр қолтықты нысанаға ала атып жіберген. Аю озандай ақырып, айғұлақтана атып тұрды. Мылтық даусының қай жақтан шыққанын біле алмай аталақтады. Екі аяқпен тұра келген мезетте, тілеуің бергір Мурасаки, тағы бір атып жіберсін... Бұл жолғы оқ қылаң төске дөп тиіп, бұрқ етіп шапшыған қап-қара қан көрінді. Тау іші мылтық дауысымен жаңғырығып, оған аюдың құлақ тұндыра бақырғаны қосылып, төңірек азан-қазан болды да кетті. Іле Өрікбай да аюдың жүрек тұсын қарауылға алып, бесатардың шүріппесін басып үлгерді. Екеуі де жанды жер, талма тұстан тигізген сияқты. Өйткені аю өгіздей өкіріп барып омақаса құлады да, қорқырай сұлап сылқ түсті. Сол бойда тырп етпей қимылсыз қалды.
Бұлар бірден тұрып кетуге жүректері дауаламай, орындарынан тапжылмай біршама уақыт бақылап жатты. Аю қимылсыз, ешқандай қозғалыс байқалмады. Жаңағы үш оқ «батырыңды» сеспей қатырған тәрізді.
Өрікбай жайлап орнынан тұрып, үсті-басына жабысқан қар мен шөп-шаламды қақты да, қошемет білдіріп Мурасакидің қолын қысты.
– Мал-ладес-с-с! – деді жылы жымиып.
Жапондық та балаша мәз, қос қолын қусырып, иіліп тағзым етіп жатыр. Өз тілінде шүлдірлеп бірдеңе дейді. Жоғарыдан ыржаң қағып арсалаңдап Нұрсан мен Мерхат жетті. Олар бәрін сырттан бақылап жатқан екен, бас бармақтарын қайқайтып, қонақты мақтап кезек-кезек құшақтаумен болды.
Аңшылық өнердің барша бақыты да, мағынасы мен маңызы да осындай қуанышты сәттер ғой!
Дабырлай сөйлесіп төртеуі де өлген аюға қарай жылжыды. Нұрсан өз алдына бірдеңені айтып, қарқылдап мәз болып келеді. Мурасаки мылтығын иығына асып алған, екі жігіттің алды-артына шығып, сыртылдатып суретке түсіріп жүр. Қолын оңды-солды сілтеп қойып, ол да өзінше сөзге араласқан болады.
Өрікбай маңайдан таяқтық ағаш іздеп еді, көзіне ештеңе шалынбады. Бұл төңіректе тас та жоқ екен, ұйысқан көк шалғын, шымдауыт ұлтан. Оның үстіне еріне жауған көбелек қар да құйқалы шиырды шұбарлап тастапты. «Е, жарайды, өлер аю өлді ғой» деген оймен айналып, төрт аяғы төрт жақта жарбиып жатқан аюдың алдына шықты. Алтайдың алыбы етбетінен түсіп, бақаша жерге жабысып қалыпты. Өзі жұнттай болып семірген екен, күдіс жоны күдірейіп, қылшық жүні жауған қармен шағылысып жылт-жылт етеді. Шүкіршілік, ат арытып алыстан келген азаматтың жолы болды, мына қоңыр аю мақтауға да, мақтануға да лайық олжа!
Өрікбай аюға тақай түсіп, етігінің басымен тұмсықтан түртіп қалды. Сол-ақ екен, тарбиып өліп жатқан аю кілмиіп көзін ашсын... Ашты да, басын әнтек көтеріп күркірей гүр-р ете түсті. Өрікбай шошына ыршып, шегіне бергенде, шалқасынан шалына құлады. Қолындағы мылтығы да ұшып былай кетті. Жаралы аю сүйретіле ұмтылып барып, Өрікбайды аяқтан бас салды. Тырнағы қызыл асықтан ілініп, етігінің өкшесін жаншып қалды. Сояудай тырнақ шеңгелдеп жіберер емес. Тілі құрғыр байланып, айғайлауға да мұршасын келтірмеді. Әйтеуір, аю азуын ақситып, ақыра ұмтылған сәтте аузына тобылғы сапты дойыр қамшысын бойлата тығып жіберді.
– Ойбай, өлдім! – деді қарлығып. Аузы құрғап, үні өзінен аспай қалды.
– Атыңдар, ойбай! – деп артынша бар дауысымен шыңғырып жіберді.
Ана үшеуі көздері атыздай айналып, ауыздарын ашып анадайда бақшиып қапты. Қас пен көздің арасында апай-топай не болғанын ұқпай тұрған секілді. Мурасаки мылтығы иығында, фотоаппаратын құшақтап шегіншектеп барады. Осы мезетте жоғарыда қалған төбет арсылдап шауып келіп, аюды айналып абалай жөнелді. Төбеттің келгені Өрікбайға күш бергендей болып, жан дауысы шыға ойбайға басты:
– Атыңдар, сыболыштар, неғып тұрсыңдар!
Нұрсан мен Мерхат енді ғана ұйқыларынан оянғандай серпіліп, жалма-жан мылтықтарына жармасты... Құлақты тұндыра тарсылдатып атқылап жатыр. Аю Өрікбайдың аяғын босата бере, өгіздей өкіріп аунап түсті де, сол қалпы қимылсыз қалды. Өрікбай болса төрт аяқтап жер бауырлай қашып, анадайдан ақсаңдай басып тұрып кетті.
Қараса – аю етігінің өкшесін жұлып, ұлтанын айырып жіберіпті. Қонышы да сүйем қарыс жыртылып, белтірі ырсиып қапты. Бір ажалдан құдай сақтаған сияқты. Алмас тұяқ балтырдан ілінгенде қара санды жұлып алғандай екен.
Аңқасы кеуіп, шөлдегенін сезді. Тілі таңдайына жабысып қалғандай... Буын-буыны босап, тірсегі дірілдейді, денесі қалтырайды. Басы мәңгіріп, былайырақ барып сарғайған шалғын үстіне жантая кетті. Құрғырдың айбары осыншалық зәрлі болар ма, көзі жортақтап тоқтамай, аю жаққа бет бұрудан да жасқана берді.
Мурасаки Өрікбайдың пәрше-пәршесі шыққан етігіне үңіліп, сипалап көрді де, қайран қалып бірдеңе деп сөйлеп тастады. Нұрсан оны қолынан жетелеп теңкиіп жатқан аюдың қасына апарды. Тізе бүктіре отырғызып, мылтығын қолына ұстатты да, жан-жағынан суретке түсіріді. Ескерткіш үшін деп, шеттен келген аңшылардың бәрі өстиді.
Өрікбай аяғының қақсап ауырғанын енді сезе бастады.
– Аюды сойыңдар! – деді Нұрсанға. – Терісін сыпыр, өтіне абай болыңдар, бөлек кесіп алыңдар... Көтергенше етті екі атқа өңгеріп, Селиван шалға апарып беріңдер!
Нұрсан жарым сағаттай жоғалып, төмендегі аттарды жетелеп алып келді. Аюды Мерхат екеуі шалқасынан жатқызды да, білек сыбанып екі жақтап союға кірісті. Мурасаки де шыр айналып, аюдың аяқ-қолын ұстап, көмектескен болып жүр. Оқта-текте Өрікбай жаққа қабақ астынан қаймыға қарап қояды. Өлім аузынан қалған жаңағы жанталасқа өзін кінәлі сезінетіндей.
Арада сағатқа жуық уақыт өткенде жігіттер буын бұрқыратып аюдың терісін іреп сыпырып-ақ тастаған. Кеудесін жарып, ішек-қарнын ақтарып жатқанда, Нұрсан әлденеге таңданған кейіпте сілейіп тұрып қалды.
– Өті жоқ! – деді дауыстап, сөйтті де бозарған жүзбен Өрікбайға одырая қарады.
Бұл кезде етектегі қойнау-қолатты көлеңке жауып, аспан да жер де аппақ мұнар астында көміліп бара жатқан еді.
***
Өрікбайды екі жігіт сүйемелдеп, қолтығынан демеп атқа мінгізді. Содан ілбіп басып қас қарая етектегі кордонға жеткен. Осы арада тағы бір түнеді де, ертеңінде таңсәріден бәрі артынып-тартынып ауылға қарай жылжыды.
Жол бойы Өрікбай Ерен бастығына қай бетімен көрінерін білмей, нендей уәж, қандай сылтау айтарын ойлап басы қатты. Аяғының ақсап, шойнаңдап қалғаны мынау... Тырнағы тиген жоқ сияқты еді, бәрібір қызыл асықты мытып жіберіпті, қақсап қинап келеді. Тәжірибесі молынан жететін кәсіби аңшының осыншалық білместік жасағаны, жаңсақтық жібергені естіген жаннан ұят екен!
Жалпы, аюды атып өлтірдім дегеннің өзінде аңшылар оны алыста тұрып, оның өзінде шошаңдап алдына шықпай, арт жағынан ұзын шыбықпен арқасынан түртіп байқайды. Немесе жасырын тұстан кесек тас лақтырады. Сол кезде аюдың желке жүні қыбырлап, шүйдесі жыбырлап, жымиған құлағы тікшие қалса – аю әлі тірі, бойында әлі жаны бар деген белгі. Жаралы аю қашанда кекшіл, жынын шашқан ашулы, сондықтан өрескел қауіпті. Ал ашулы аю бойынан жаны шығып өліп бара жатқан сәтте де қайыра атып тұруға қуат табады. Атып тұрып аңшыны пәршелеп тастауға қайраты да, күші де жетеді.
Баяғыда енесін браконьерлер атып кеткен жетім қонжықты үйге әкеліп асырағаны есінде. Маусымның басы еді, қонжық кішкентай, ары кетсе үш айлық болар. Соның өзінде қызықтап құшақтаған кезде құшағыңды жазып жіберетін. Қаршадай қонжықтың өзіне ересек адамның күші жетпей қалатын. Оған қарағанда мынау тарлан тайынша ғой. Бұлардың бұлшықтары еттен емес, құйған құрыштан дерсің.
Өрікбай соның бәрін біледі. Біле тұра жаза басқаны масқара болды. Сол үшін де іштей күйзеліп, қабағы түсіп, тілін тістеп келе жатты.
***
Керзі етігін тарпылдатып есіктен шойнаңдай кірген Өрікбайды Ерен бастығы жадырай қарсы алды. Ақсақ аяғына бір қарады да:
– Аттан жығылдың ба, тастан құладың ба, аяққа не болған? – деп емен-жарқын амандасып жатыр. Өрікбай орындыққа жайлап жайғасып, әңгімені неден бастарын білмей тұтықты.
– Ие, сонымен... аю алдыңдар ма? – деді Ерен.
– Алдық... Бірақ өті жоқ! – деді Өрікбай төмен тұқырайып.
– Өті жоқ дейді... Өті жоқ аю болушы ма еді? – Ерен Өрікбайдың бет-жүзіне күдіктене көз жүгіртіп өтті. – Сендер осы жылқы атып жүрген жоқсыңдар ма?
Өрікбай көзін жерден алып, басын көтерді.
– Олай емес... Өті бар, бірақ өтіне оқ тиіп, ағызып жіберіпті! – деді.
– Қалайша? Байқамадыңдар ма!
– Аюды үш оқпен жыққан сияқты едік... Өлді екен деп жетіп барсам – мені сирағымнан бас салғаны... Етігімді жұлып алды, жазым ете жаздады. Біздің екі жігіт сасқан жерде бүкіл обоймаларын атып жіберіпті.
– «Бүкіл обойманы» дедің бе?
– Иә, бүкілін...
– Сонда қанша?
– Нұрсанның кавалериялық карабині – бес оқ, Мерхаттың СКС карабині – он оқ... Алдында атылған үш оқты қосқанда – он сегіз оқ атылып кетіпті.
– Мәссаған... Майдан ашқан екенсіңдер ғой? Өйткенше пулемет ала шықпадыңдар ма! – Ерен мырс ете түсті. Өрікбайдың жүзі нарттай қызарды.
– Басеке, солай болды... Ұят... Терісі де шұрық-тесік... Түкке жарамайды... Кешірім сұраймын?
Ереннің түсі суыңқырап, ойға батып, орындықтың арқасына шалқалай серпілді.
– Сонымен, жапондық азамат бос кететін болды ма?
– Жағдайды өз көзімен көрді ғой. Аюды бірінші боп атқан өзі... Реніші бола қоймас! – деп Өрікбай ернін тыржитып, иығын көтерді.
***
Ерен әр ауылдағы аңшы әріптестерімен хабарласып, аюдың өтіне сұрау салған.
Коробиха поселкесінде Назар Панкратов деген қорбаңдаған кержак шал тұрушы еді. Жасы жетпістің бесінен асса да тау мен тайганы кезіп, түз тентіреуін қоймаған сұңғыла аңшының бірі-тін. Сәтін салғанда, кептіріліп, салқын жерде сақталған аю өті сол кісіден табыла кетті.
Назар шалды Коробихаға Ереннің өзі арнайы іздеп барып, аюдың өтін аттай қалап алып келді. Соңынан оны құндақтап орап, жапондық азаматты риза етіп, жолына салып берген еді.
БҰҒЫ ҚУЫП, АЮ АЛҒАН...
Облыстағы «Охотсоюздың» бастығы таңсәріден үйге телефон соқты. Әдетте ол кісі кеңірдегін кенеңкірей бипаз бастап, күркірей тіл қататын. Бұл жолы дауысы жұмсақ, үні майда. Сөзінен қиналғандай ахуал сезіледі.
– Көмек жаса, қол ұшын бер, құтқар, шырағым! – дейді ебелектеп. – Өзгеден қайыр болмай, бәрінен үміт өшті. Енді азамат деп саған ғана сеніп отырмын!
– Тыңдап тұрмын, Амангелді Ғайниевич! Осыншалық таусылатындай не боп қалды? айта беріңіз? – деді Ерен бастығының тосын мінезіне таңданысын жасыра алмай.
– Айтсам сол... Шетелден сыйлы біреу келіп қалды. Ол кісі былтыр да келген. Былтыр оны анау... аты кім еді... ия, Жұмажанға жібергем. Екі апта бойы түк бітірмей сандалып бос қайтты. Ұят болды... Биыл да сөйтсе Қазақстанның имиджі түсіп, абыройымыз айрандай төгілейін деп тұр. Қырсыққанда, мынауысы әншейінгі көптің бірі емес, аузы дуалы, беделі биік кісі екен.
– Мейлі ғой... Сонымен ол кім болды?
– Мазарини деген біреу.
– Мазарини дейді? – Ерен мырс етіп күліп жіберді. – Францияның кардиналы емес пе? – деді әзілдеп.
– Жоқ, Франциядан емес, итальяндық. Кардинал емес, бірақ одан тағы кем емес... граф екен, өз елінің шылқыған байының бірі деседі.
– М м м...
– Итальяндық болғанда да, анау әлгі... Сицилиядан кепті.
– О о о! Мафияның өзі десеңізші?
– Артық сөзді қайтесің, шырағым. Сені мен біздің мафияда шаруамыз қанша... Қонақтың қанжығасын майлап, аман-есен еліне қайтарсақ – екеумізге сол абырой! Ол үшін сен бірдеңе жаса! Алдымен аю болжа, оны таппасаң бұғы ізде... Тіпті болмаса қабан шошқа атқызсаң да бір амалын келтір! Шошқадан да тісін ақситып чучеланы қатырып жасап береміз. Қайтсең де, биыл құр қайтпасын, бауырым! Қалтасындағы ақшасын қағып қалайық.
Ерен ойланып қалды.
– Неге үндемейсің? – деп телефонның арғы басындағы бастығы шар ете түсті.
– Құлағым сізде, Амангелді Ғайниевич, мұқият тыңдап тұрмын!
– Тыңдасаң сол... Мен оған екі лицензия жазып қойдым... Аю мен бұғы... бес мың доллар! Шынын айтсам, оның ақшасын кассаға өткізіп те тастадық. Ұқтың ба? Тағы қосарым, бұл кісі Мәскеуде біршама уақытын бос өткізіп алыпты да, содан визасының мерзімі бітіңкіреп қалған екен.
– Сонда, неше күнге келе жатыр?
– Сенің құзыретіңде төрт күн... Ровно төрт күн, Ереке! Ал, сендім өзіңе... тапсырдым бәрін. Бұлар үшін Алтай дегенің аң-құсы аңызға айналаған жұмақ мекен. Эльдорадо! Ендеше еліміздің сол биік беделін, мемлекеттің имиджін түсіріп алмайық. Тағы да айтам, ұятқа қалдырма! Бар үмітім өзіңде! Таңертең барады, қонағыңды қазақы дәстүрмен жақсылап күтіп алғайсың!
Бастықтың өтініші де бұйрықтай өктем шығады ғой... Сонда дейді-ау, төрт күнде бұл Ерен не істеп үлгереді деп ойлайды екен? Байлап қойған аюы, бағып жүрген бұғысы жоқ, трофейші-аңшылар мұндайда апталап-айлап жатаушы еді. От ала жүргендей мына меймандікі не еркелік?
Ерен аздап қиналыңқыраса да, елік пен қабан шошқа қайдан да табылар деген оймен бастыққа уәдесін берді де, телефонның құлағын ілді.
Асыққаны сол ма, «таңертең келеді» деген мейманы сарғайта күттіріп, түс ауа әзер жеткен. Ерен Жұмағұлов – көптен бері аудандық аңшылар қоғамының төрағасы болып қызмет атқаратын. Дәл осы жолы мейманның кешіккеніне ол пәлендей қинала қойған жоқ. Өйткені бәрібір бүгін еру, кештетіп Таутекеліге жетсе болғаны. Таутекеліде, тау суының жағасындағы орманшылар кордонының іргесіне ақ шағаладай қос киіз үй құрғызып тастаған. Шетелдік аңшыларды сыйлап күтетін де, қазақы қонақжайлықты көрсетіп, құрмет жасайтын да жер сонда. Таутекеліден ары ел жоқ, аңыраған құла дүз. Самырсыны сыңсыған абат орман, саңғал тау мен сеңгір шыңдар.
Итальяндық мейман туралы облыстың төтенше тапсырмасын Ерен Аршатыдағы жігіттерге кеше кешке рациямен ескертіп қойған. Киіз үйлердің ашық-шашығын реттеп, төсек орынды жаңалап, тамақтарыңды әзірлеп дайын отырыңдар деген. Бір бұл емес, шетелдік аңшылардың талайын қарсы алып, әбден ысылған телпекбайлар емес пе, жігіттер ондайды айтқызбай-ақ қатырады. Құда түгіл құдай келсе де олар сақадай сай, қашанда дайын.
Мына итальяндық мейман бойы ортадан сәл жоғары, домаланған толықша кісі екен. Қалың қабақ, кесек мұрын, келбеті де келісті, «граф» десе дегендей-ақ сымбатқа ие. Ұшын қайырып қойған бурыл мұрты да өзіне әбден жарасып, қоңырқай өңіне әр беріп тұр. Жүзінен дегдарлықтың шұғыласы ескенімен, жасы ұлғайыңқырап, еті ауырлай бастағаны байқалады. Жарық жалғандағы жағдайы жасалған, ендігісі ел аралап, жер қыдырудан басқа қызығы азайған айталтақ адамдар сойынан екені көрініп-ақ тұр.
Қол беріп амандасып жатып, өзін «Ерен» деп таныстырып еді, ол кісі оны «Ирен» деп қабылдады. Мейлі, түзетіп қажеті болмас, солай-ақ болсын. Ұққаны, графтың аты-жөні Дино Мазарини екен. Тағы бірдеңе деп боз мұртын жыбырлатып, өз тілінде біршама әңгіме айтып тастаған. Аудармашы жоқ, Ерен оның әңгімесін өтірік ұққан болып езу тартты, дән риза болғандай қасын керіп, басын изеді.
Графты алып келген бастықтың көлігін қалаға кері қайтарды да, Ерен қонақты өз машинасына отырғызып, түс ауа Таутекеліге қарай аялсыз тартып кетті.
***
Таутекелі – Алтайдың жуан ортасындағы аңшылар қосыны, базалық лагерь. Үнемі келімді-кетімді кісіні күтіп, шөре-шөреде жүрген елпек жігіттер тамақтарын асып, дастарқандарын жайып әзір отыр екен. Қай биікте маймақ табанның жүргенін де алдын ала барлап, болжап қойыпты.
Аңшының тірлігі әрдайым алаңшыл, әрекеті алмағайып. Әсіресе аюға шығу қан майданға аттанғаннан кем емес кералаң жағдай. Бір Аллаға сыйынып, ондайда ошағына аман-есен оралуды тілеуден басқа қайран жоқ. Оның үстіне жігіттердің нұсқаған бағдарының ұзақтығын ескеріп, үш азамат түн ортасы ауа атқа қонған. Сол бойда қыртыс-қатпары мол Күрті сілемін бетке алып суыт жүріп кетті. Қалғандары сапаршыларға ақ жол тілеп, бет сипап қала берісті. Үйрек пен қаз емес, тиін мен бұлғынға да бара жатқан жоқ, зәудіғалам тұяқты аң кездесіп қалса үркітіп жүрер деген қауіппен ит ерткен жоқ.
Бұларды бастап келе жатқан Манарбек деген кәсіби аңшы, осы Аршатының тумасы еді. Бала жасынан тау кезіп, аң қарап өскен қағылез, ақкөйлек ашық жігіт. Мынау қабағын түкситіп, түнере тұнжыраған Алтайдың жықпыл-жырасын жырдай жатқа біледі.
Ортада граф, Ерен соңында. Қия беткейде ат сүрініп, қонағының құлап қалмауын қадағалаумен келеді.
Алдымен қаздай тізіліп үңірейген шатқал ішіндегі тұяқты аң салған айғыз-айғыз тар соқпақты бойлап біршама жер оздырды. Соңынан сай табанында қарғып аққан тентек бұлақты ары-бері ойқастаймыз деп, сағатқа жуық уақыт ұтқызды. Сөйтіп, шатқал тұйығынан бауырлай жоғары өрлеп, Күрті сілемінің бұйрат беліне шаққанда көкжиектен күн де қылаң берген. Бұдан әрі көлбей түскен қатпар-қатпар қара адыр. Манарбектің сілтеуінше, осы қара адырдың сырты шалғынды жон, құйқалы шұбар. Өздері көрген маймақ табанның жайылысы да, өрісі де сол маңайда тәрізді.
Көлденең қара адырдың етегіне жете Манарбек тізгін тежеп, дөңгеленіп аттан түсті.
– Бұдан ары қорым тас, ат жүре алмайды! – деп ол иегімен жоғарыны нұсқады. – Апамды дүрбі салып кеше анау беткейден көргеміз. Сол жерде тоңқаңдап бірдеңе қазып жатты.
«Апам» дегені аю ғой, әлуеті басым күш иесіне деген құрметі шығар, бұл жақтың аңшылары аюды атымен атамайды. Серігінің сөзіне қарап, «Тегі, қазып жүргені – торжуа[1] болар, жатаққа дайындалған беті-ау», деп Ерен іштей болжам жасады. Пәтшағарың борсаңдап қазір қай маңда жүр екен? Сесі қиын, тегі асыл хайуан ғой, кәсіби аңшының өзіне де оңайлықпен алдырмайды. Аюды алу үшін темірдей жүрек, оразадай шыдас керек. Атасы бөтен мына ақсүйек соны сезер ме екен? Әлде өзін таза ауа, қылаусыз табиғат аясында сейілде жүргендей ойлай ма?
Манарбек аттарға ие болып, келген тұста қалды да, Ерен мылтықтарды асынып, қонағын ертіп қойтас қоржындаған жоғарыға жаяу беттеді. Аңшы жазғанның күні осы, атқа да, жатқа да емес, өзінің екі аяғына ғана сенеді. Алтайдың тұнжыраған қойнау-қолатын да, ақ қар-көк мұз секпілдеген шың-жоталарын да өстіп жаяу шарлап жүргендері. Арбиып атпен аң қарау түйе үстінен түйреуіш іздегенмен бірдей. Сауысқаннан сақ түз тағысы ат тұяғының дүрсілін қырымның қиырынан сезіп қояды. Сондықтан мінісіңнің оттап-пысқырып алыста қалғаны жақсы.
Арада жарым сағат өткенде шаршап-шаңырқап Манарбек жөн сілтеген маңайға да іліккен. Расында да ауыл үйдей дөңсеңнің үстінде маймақ табанның ізі сайрап жатты... Бұтаны жайпап, бұтағын сындырып қарақат сауыпты, бадам шайдың тамырын қазып, топырақтың ойранын шығарыпты. Енді бір тұста аунап-қунап біраз жусаған да секілді. Жатқан жерінде көк шалғынды жапырып, жөргектей сап-сары таптап тастапты.
Ерен қалтасынан аюдың суретін шығарып, қамырық көңілін көтермекке қонағына көрсетті. Аңшы бейбаққа аудармашы бермейді, «өздерің бірдеңе етіп ұғысыңдар» дейді де, қызық қуған қалталы байларды бұйдалаған ботадай соңыңнан ертіп қоя береді. Содан, бөтен жұрттың аңшы-туристеріне айтар сөзін ыммен, қолмен түсіндірмек боп, аузы-мұрындары қисаңдап жатқаны бұлардың. Кейде келгендердің ішінде кежегесі кейін тартқан кесірі де кездесіп қалады. Ондай мотыларға ұқтыра алмай, дымың құрып, жаға жыртысуға шақ қаласың. Сөйтіп, бұлар да амал іздеп, айлаға көшкен... Аюдың да, бұғы-маралдың да, елік пен күдір, сілеусін мен қасқырдың да, тіпті қабан шошқаның да суреттері әрдайым төс қалталарында. Керегінде жарқ еткізіп қонақтың тұмсығына тақасаң болды, миғұла біреуі болмаса бәрін де түсіне қояды. Ереннің мына қонағына аюдың суретін көрсетіп жүргені де сондай себеп еді.
– Осыны іздейміз, сәті түссе атамыз! – деп қазақша қосып қойды.
Түйсігі бар кісі екен, суретті көргенде бәрін ұқты, тіпті мөлиген мүсәпір көзінде сәуле ұшқындап, қуанғаны байқалды.
Аю шиырлай жайылыстап жоғарыға кеткен сияқты. Сонысына қарағанда, айналсоқтап осы маңайдан оншалықты ұзай қоймаған да сыңайлы. Мұндайда екі шоқып, бір қарап, абай болған дұрыс. Қапелімде үстінен түсіп, бұта түбінен ақырып атып шықса қайтпек?
Бұлар орманның ішімен емес, бүйірдегі шағыл тастың жалымен маңайды байқастап, жоғарыға өрмеледі. Аңшыға да жан керек, айналымы тар орман іші қауіпті. Сондықтан мынадай жартастың биік жалы, оң мен солың айқарылған ашық жер ыңғайлы. Соңында келе жатқан граф жақ ашар емес, қайда жүр десең де басын бір изеп, мұрындаған өгіздей томпаңдап ере береді. Шаршаса да, шалдықса да, әйтеуір әзірге сыр бермей сазарып шыдап келеді.
Іздеген аюы жер ауып кеткен бе, ізі-қайым бұл маңда жоқ боп шықты. Жақындағы тау-тастың қырқа жонын оңды-солды ойқастағандарымен, көздеріне қарайған ілікпей діңкелеткен. Бұл кезде күн табағы да найқала көтеріліп тас төбеге көтерілген еді. Енді маймақ табан ғана емес, торсаңдаған жаман торайды іздеудің өзі бос әурешілік екенін Ерен сезді. Әдетте Алтай тағысының бәрі жайылымға таңғы шықпен ғана шығады, содан кешкі шапақпен ғана ашықта өрістейді. Қалған уақта басыңды тасқа ұрсаң да дәнеңе таппайсың, баршасы қалыңда көлеңкелеп, тырп етпей жусап жатып алады.
Амалы таусылған Ерен қонағын соңына ертіп, тау биігінен мойны салбырап кері қайтқан.
***
Төменде Манарбек лаулатып отын жағып, шайын қайнатып, тамағын жылытып бұларды алаңдап күтіп отыр екен. Алғаусыз ақ көңіл мінезімен арсалаңдап қарсы алды. Жоғарыдан тырс етіп мылтық дауысы шықпаған соң, жолдастарының жорықтан бос қайтқанын сезіп, өкініп отырғанын да жасыра алмады.
Шай ішіліп, дастарқан жиналған бойда Ерен көлеңкелі бір тұсқа тоқым салып, сеңсең ішікті астына төсеп, ишарамен графтың демалуын сұрады. Анау сөзге келген жоқ, алшысынан түсіп жығыла кетті. Қатты ұрынған екен, сол жатқаннан кеш түскенше тұяқ серіппей ұйқы соқты.
Күн еңкейе жеңіл-желпі тамақтанған екеуі тағы да тауға тартқан. Бұл жолы қарсы беттегі қойтас қоржындаған жалбыр тауды маңдайға алысты. Жалбыр таудың арғы жонынан бұйрат-белдері күншілікке созылған Түкі жайлауы басталады. Күйекке түскен бұғы-маралдың махаббат мекені сол маңайда. Қу маймақтан үміті үзілген соң, ендігісі кешкі салқынмен сол үстірттен бұғы болжамаққа ниет еткен. Кешқұрым мезгілде әріге сұғынып бара алмаса да, Түкінің бергі басын шолып қайтпақ ойда болатын.
Бұлар мық қайың тарғылдаған шоқалақ адырдың басына шықты. Қоңыр күздің кешкі шапағы өзгеше тымық. Әредікте лүпіп соққан майда жел мұрынға шайыр иісін әкелгендей. Күнгей тұстан байғыз бейшараның бебеулеп жылаған үні талып жетеді.
Енді байқады, сонадайдағы шоқ самырсынның көлеңкесін паналап, ғайыптан пайда болғандай, аша мүйіз бір бұғы тұр. Ойхой деген... Мынау көрініс – өңі ме, жоқ әлде түсі ме? Ерен оқыс басын бұға берді. Графты да май желкесін бүре жерге басты. Бұғыны ол да байқап қалса керек, жағдайды түсінгендей жерге тасбақадай жабысты. Иа, тәңір, оңғара көр! Ит арқасы қияннан келген мына кісінің жолы болайын деді! Ерен саусағын сілекейлеп, шошайтып ауаға ұстап еді, болымсыз желемік сол жақ бүйірден екен. Яғни, басқадай бәле килікпесе, бұғы бұлар жақтан иіс ала қоймайды.
Іштей толқулы еді. Ымдап графқа иегімен бұғыны нұсқады, мылтықты көрсетті, «атуға дайындал!» дегені. Граф езу тартып, көзі күлімдеп, басын изеді.
Алдымен бұғы мен өздері тұрған аралықты көзбен мөлшерледі. Сөйтті де, қалтасынан блокнот шығарып, аппақ бетке бадырайтып отырып «100 м.» деп жазып, қонағының тұмсығына тақады. Граф бәрін түсінді. Мылтығының планкасын дұрыстап, сығырайып бұғыны көздей бастады. Байқайды, демі жиілеп, қолы дірілдей береді. Қозы өрісіндей мынадай жақыннан тигізе алмаса, бұл шонжарға обал жоқ!
Құлақты тұндырып, мылтық даусы гүрс ете түсті.
Маңқиған бұғы кенет сүрініп кетті де, жалт бұрылып, секіріп-билеп орман ішіне сүңгіп жоғалды. Оқтың тиген-тимегені белгісіз, әйтеуір жарқ еткен аппақ таңын ғана көріп қалысты. Қап, осыншалық жақыннан тырп еткізбей орнында қалдыруға да болатын еді ғой! Мына бекзаттың аңшылық өнерінде де, мергендігінде де бір кемдік бар-ау, тегі? Қаншалықты қадір иесі болса да бұндай «мергендігімен» биыл да сенделіп бос қайтатын шығар? Өзі де сақтық жасамай, қонағына соншалықты сеніп қалғанына іштей өкініш білдірді.
Жайлап орындарынан тұрып, тізіле ілбіп, әлгінде бұғы тұрған тұсқа барды. Граф өз тілінде гүж ете қалғанға мойын бұрса, жердегі бадам жапыраққа тамған тамшы қанды шұқып көрсетіп тұр екен. Ерен тамшыны саусағының ұшына іліп, көзіне тақады, иіскеп көрді. Расында да жаңа тамған жып-жылы қан... Бұғы жараланып қашқан, олай болса біраз жерге дейін шапқылап барып, ақыры қансырап жығылады.
Орман ішіне бойлай еніп, тұяқтының қашқан ізін барлап еді, тамшылаған қан әр жерге белгі тастапты. Оқ тиген, бірақ оқ бұғының қай жерінен тиді? Адаспай, жаңылмай, енді салпақтап оның соңынан қалмау керек. Қансырап барып, бір жерде өліп қалса ит-құсқа, болмаса құзғын мен қарғаға жем болады.
Қонағына қолды бұлғап белгі берді де, Ерен өзі алға түсіп, із кесіп жүріп кетті.
Жаралы бұғы бергідегі шұбар қырды асып, арғыдағы қалың теріске кіріп кетіпті. Соңынан қуып жетерміз деген үмітпен бұлар қалжырағандарына қарамай, орман ішіне бойлады, аяқтары жеткенше біраз жерді сүзіп шықты. Қайдам, түз кердеңі жеткізбей титықтатқан. Аздан соң күн де көкжиекке еңкейіп, төңірек ілездің арасында қарақұрықтана бастады.
Бұғыны бүгін таба алмасын білген екеуі көңілдері қабарып, кері қайтуға мәжбүр болысты.
* * *
Ертеңінде тағы сол үшеуі кордон басынан таң атпай тауға аттанған. Қарағайлы-шыршалы терісті қабырғалай кесіп, күн шыға тау алқымынан саулап құлаған қорымға жете тізгін тежесті. Манарбек аттарды арқандап осы арада қалды да, Ерен мен граф мылтықтарын арқалап бұдан әрі жаяу өрледі. Кешегі бұғының қашқан жағын бағдарға алып, бел-белесті ұзақ кезді. Табиғаттың соңғы иіндісіндей мезгіл шіркін ересен пейілді, өзгеше дүбара, танау қытықтаған жылымық. Індете іздесе, шүкір, бүгін бұғыны табарына екеуі де сенімді еді.
Біраз жүрген соң бұлар алдарынан жарқ етіп жайылып салған кең алапқа кез болысты. Көркем көрініске қонағы аузын ашып, көзін жұмып таңданысын жасыра алмады. Дереу шыртылдатып суретке түсіріп жатыр. Мына жон адам тіршілігінен дерек жоқ, аңшы да сирек келетін байтақ өлке екенін Ерен ежелден білетін. Маусымы масасыз, шілдесі шыбынсыз жесір жайлау, меңіреу мекен болатын.
Әріректе саңырайған саңғал таулар, бастарына мұздан тәж киген зеңгір шыңдар. Жасыл бояуын әлі жоғалта қоймаған жат өңір көз суарғандай шырайлы. Аспаны да көк торғындай шыңылтыр. Сол көкпеңбек аспан жүзінде қаңғырған ақша бұлттар жел айдап беталды жөңкіп барады. Төңірек манаураған тыныштық құшағында мәңгіріп, дел-сал есінейді.
Түстік тұста төбеден төнген кәрі жартас байқалған. Егер соның тұмсығына көтерілсе, керги керілген сонау кең алап алақандағыдай көрінбек. Сол арадан біраз жерді болжауға болатын сияқты. Ерен осы оймен қонағына кеңкиген құзды көрсетті де, өзі кеңінен айналып оның желкесіне қарай жол бастады. Бұл жолы графтың жүрісі ауырлап, құз басына сүйрегендей болып әзер шыққан. Жол бойы ентікпесі ұстап, ахылап-үһілеп демалуы жиілей берді. Пора-пора терлеп кетті. Бейнебір семіз денесі жанып жатқандай, үстінен бұрқырап бу шықты.
Өліп-талып өрмелеп құздың биігіне шыға келгенде, арғы еңкейістегі бір нәрсеге оқыс көздері түссін... Қалың бұтаның қалқасында күйбеңдеп күдір жон бір мақұлық жүр... Борсық па, әлде суыр ма? О тоба, мынау аю ғой! Бұғы қуып, табандарынан таусылып жүргенде маймақтың тап өзіне кездескендерін қарашы!
Аю қау бұтаның тасасынан жон арқасы бір көрініп, бір жоғалып, бүкшеңдеп өзімен өзі әуре. Бәтшағарың бас көтерер емес, әлдебір әрекетке қауырт кіріскен. Ерен дүрбі салып үңіліп еді, қайдағы бір қожбан күрең нәрсені сүйрелеп, шым топырақты бұрқыратып көміп жатыр екен. Мұнысы несі деп тұрғанда, бұлтың етіп аша мүйіз көзіне түсіп, ағарған таңын байқап қалды. Мәссаған, мынаның бүгежектеп көміп жатқаны бұғы ғой? Қызық болғанда, бұлардың шыр айналып кешелі бері іздеп жүрген бұғысы боп жүрмесін?
Көзін тырнап ашқаннан бергі кәсібі аңшылық емес пе! Көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, Ерен аю мен екі араны шамамен екі жүз отыз метр деп болжады. Әрі дегенде бес-он метр ғана айырма шығар, әйтпесе, шүкір, көз мөлшерден қателесіп көрген жоқ. Блокнотына бадырайтып «230 м.» деп түртті де, қонағына ұсынды. Граф жағдайды түсінгенін сездіріп басын изеді. Қайткенмен, сабазыңның сұсы қиын-ау, аюды көргенге қонақтың кәдімгідей жүрексініп, толқып тұрғаны байқалды.
Граф өндіршегін еміне созды да, мылтығын ыңғайлап, аюды көздей бастады. Мүлт кетсе қапы қалмайын деген оймен Ерен де оқшантайға жайлап оқ жүгіртіп, жерге жабыса түсті. Ендігісі – аюдың бері қарай, ашыққа шығуын асықпай күту керек. Мұндайда асығыстық аңшының жауы, жер соқтырады, тіпті ондай қателіктің өзі адамды жазым етуі де ықтимал.
Білген жанға аю деген оңай жау емес, онымен ойнауға болмайды! Аю өлшеусіз жыртқыш, алапат күш иесі. Сондықтан асқан сақтық керек. Мына маймақты да қарашы, адамның жүйкесін жұқартып, бұта тасасынан бері шықпай қойғанын. Қоңыр жоны ғана жарым-жартылай жылтыңдайды. Өзге дүниені тас ұмытқан, өз шаруасына басымен кірісіп кеткен.
Құрғыры, екі ара даладай ашық, баспалап жақындап бару қорқынышты. Бүйірден айналудың да еш мүмкіндігі жоқ, иісшіл неме сезіп қояды. Қорбаңдаған бар денесін көрсетіп, әйтеуір бермен қарай бір шығар, не де болса сабыр сақтап ақырын күткен дұрыс.
Деп жатқанда, міне қызық... граф тарс еткізіп атып жіберді. Ерен селк ете түсті. Масқара-а! Мына кісінің мұнысы несі? Бұл қай сасқаны?
Мылтық даусынан арғы беттің тасы құлап, тау жаңғырды. Бүкшеңдеп жүрген аю күңіреніп атып тұрды да, бұта тасасынан алақ-жұлақ жұлқына қарап, арқырай ақырып жіберді. Қалыңнан басы ғана қылтиып көрініс берді. Артынша тау-тасты жаңғырта тағы бір ақырып, арғыдағы еңіске қарғып-секіріп қаша жөнелді.
Ерен қонағының оқыс қылығына не дерін білмей, ерні дірілдеп, тілі тұтықты.
Граф та бірдеңені бүлдіргенін сезіп, есі кетіп қолбалақтап қалды. Өзінше бірдеңе деп шүлдірлейді, Еренге жалтақтап, қайғыра мөлиеді.
Аюдың жараланғанын Ерен сезді. Бірақ аюды жанды жерінен, татыр қолтық пен өкпе тұстан атпаған соң, қара сан мен май бөкседен тиген оққа аю өле қоймасын тағы білді... Ондай жеңіл жараны ол жалап жүріп те жазып алады. Ал, жаралы аю қашанда ашулы, кекшіл, қаны қайнап, өршеленіп кетеді. Онысы аңшы үшін зор қауіп. Қорбиған денесіне қарап аю икемсіз, жайбасар деп ойлау қате. Аюдай қырқар, аюдай шапшаң аң табиғатта сирек. Қуып берсе таулы жерде аттылыны да аттап бастырмайтын жүйрік. Бұл жолы ол мылтық даусының қай жақтан шыққанын аңдай алмай, амалсыз арғыдағы ылдиға бой жасырды. Көргендей болса күндей күркіреп бұларға қарсы шабары даусыз еді.
Өкіріп-бақырып қалың жынысқа кіріп кеткен аюды келесі сәтте түстік беткейдің ашығында безіп бара жатқанын көзі шалып қалған. Одан әрі тоңқаңдап терістіктегі аралас орманға сіңіп кете барды.
Ерен жатқан жерінен жайлап тұрып, абайлап басып аю шиырлаған тұсқа қарай жақындады. Бөксе жағы жарым-жартылай көмілген бұғы көзі алайып, басы қайрылып, теңкиіп қапты. Еңкейіп топырақты тазалап, сипалап байқап еді, сол кешегі бұғы екеніне көзі жетті... Граф атқан оқ шаптан тиген екен, содан қансырап барып осы араға жетіп жығылса керек. Өлген бұғыға әлгі аю бүгін таңертең кездескен тәрізді.
Бұғының бір мүйізі түбінен сынып кетіпті, теріге ілініп салбырап әзер тұр. Дегенмен, пәлендей бүліне қоймаған, орнына қайыра жапсырып, бас сүйегіне бекітіп тастауға әбден болғандай. Мықты таксидермистер ондайды жымын білдірмей қатыра қояды. Қалай болғанда да, алыстан келген қағай жанға мелжемді бір «трофей» табылды.
Әріректегі құдимада шошайған шоқы тас байқалады. Осы маңайдың биік нүктесі сол ара сияқты. Шоқының басына шығып, төмендегі терістік беткейді төбеден болжауға болғандай екен. Осындай оймен Ерен құдимаға қарай жылжыды. Граф бірдеңе деп сөйлеп, соңынан қосарлана еріп еді, Ерен оны қолымен ишара жасап тоқтатты. Аюдың жемтігінің қасында тұра беру қауіп. Сондықтан «сен анау ашық жерге барып тұра тұр» дегенді қонағына қабағын түкситіп, қол сілтеп түсіндірген болды. Анау ұққан секілді. Басын жүре шұлғып күрт бұрылды да, бүйірдегі ашық тепсеңге қарай ілбіді.
Ерен өрмелеп жартастың басына шығып, күн салып айналасын болжады. Әлде биік жер болғасын ба, қарсыдан ызғарлы салқын самал сезіледі. Төмендегі ырғай мен ұшқат қылаңытып сұрқыл тартқан. Бергідегі орманның алашабыр алаңқайынан, арғыдағы таудың таз биігінен әлгі аю көрінер ме екен деп көзі талғанша тесілді. Қу маймақ күндізгі жарықта ашыққа шыға қоюшы ма еді. Жарасын жалап бір қалыңның түбінде жатқан шығар. Соңынан іздеу үлкен қатер. Ашулы аю әдейі аңдып жатады. Атып шығып бас салса – апа деуге үлгермейсің. Сондықтан сау басқа сақина тілемей, абзалы бүгін аяңдап кордонға қайтқандары оңды. Қалай десең де, жаралы аю қансырайды, ертеңге дейін біршама әлсірейді. Әлсіреген аю дәл бүгінгідей қауіпті бола қоймайды.
Ерен бұрылып әріптесі жаққа көз салған. Граф мылтығын иығына асып, шыңның жарқабақ ернеуінде өкпелегендей теріс қарап тұр екен. Арғы етекте молынан көсілген қылқан жапырақты жасыл панораманы қызықтап тұрған сыңайда. Мейлі, Алтайдың тұмса табиғаты көңілін тербеген болар, көзі тойғанша қызықтай берсін. Ертең еліне барғанда аңыз бен жырдай әңгіме ғып, бұл өңірді жарнамалайтын болады. Оның үстіне аңшы жұрты әсіре сөзге бейім, өсіріп айтуға, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай сапыруға жақын жұрт қой.
Ерен терістік беткейді көзімен тағы бір шолды да, аңдап басып жартас биігінен ылдилай бастады.
Жартастың етегіне жете бере әлдебір түйсіктің түртпегімен қонағы тұрған жаққа жалт қараған.
Қалыңның ішінен атып шыққан бір қап-қара тажал желке жүні жалт-жұлт етіп графқа қарай шапқылап барады. Ойбай, мынау аю ғой!
– А-а-а-и-и-а-а!
Қапелімде аузына сөз түспей, қышқыра айқай салды. Жан дауысы шықты. Иығындағы мылтығын сыпырып қолына алған бойда, тастан тасқа секіріп құстай ұшты.
Граф дауыс шыққан жаққа бұрыла бере, екпіндеп жетіп қалған аюды көріп үлгерді-ау әйтеуір!
Жан бермек оңай ма, ұшқынтып кеп қалған аюды көре сала, баж етіп граф оң жамбасына ұшып түсті. Екпіндей жеткен аю жерде жатқан адамнан асып барып, құз жартастың ернеуіне тоқтай алмай, омақаса домалап кетті. Сол екпінімен өкіріп барып, терең шыңырауға құлап жоғалды.
Ерен де екі өкпесін қолына алып, арсы-гүрсі жүгіріп жеткен. Граф қалшылдап шалқасынан жерде жатыр. Қолындағы фотоаппараты анадай жерге ұшып кетіпті. Мылтығы иығынан сыпырылып, ол да белден бүгіліп жайрап қалған. Бишараның көзі атыздай айналып, арбиған саусақтары ауаны қармап дір-дір етеді.
Ерен қонағын қолтығынан демеп, тәлтіректетіп орнынан тұрғызды. Үсті-басын қағып, денесінде жарақаттың бар-жоғын тексерді. Шүкір, құдай сақтап аюдан келген зақым жоқ сияқты. Бірақ, оңбай шошыған, жаңағы жағдай өңі екеніне сенбегендей, жас балаша жан-жағына жаутаңдай береді. Абдырап абалақтап қимылы да ебедейсіз. Жүрегіне зақым келмесе жарар еді.
Жарқабақтың ернеуіне жақындап барып, Ерен баспалап төменге үңілген. Төбе құйқаң шымырлап, бас айналғандай терең шыңырау екен. Көз бұлдыратқан көр шатқалдың нақ өзі. Аю төменде, шатқал түбіндегі қорымға түсіп, бақаша тарбиып қапты. Сабазың қимылсыз, омыртқасы үзіліп сеспей қатқан сияқты.
Шыңның жадағай желкесін айналып, Ерен қонағын сүйемелдеп етекке түсті. Аюға жақындай бере, алдын ала сақтық жасап, бірнеше кесек атты. Былқ етер емес, өліп қалғаны шын екен. Сонау биік шыңнан былш етіп қорым тастың үстіне құлау бұл мақлұққа да оңай соқпаса керек!
Аударып-төңкеріп байқап еді, білгендей-ақ екен... Басқа емес, бағанағы жаралы аюдың тура өзі боп шықты. Графтың атқан оғы қара саннан тиіпті де, аққан қан терісіне ұйып, қатып қапты.
Мейлі, қалай десе де Ереннің есебі түгенделді. Сыйлы қонағының да еңбегі еселеп ақталды. Өз еліне бір емес, екі бірдей олжаны арқалап қайтатын болды! Бәріне шүкір, бергеніне де, көргеніне де тәубе!
Өзінде де тәжірибе жеткілікті ғой, сөйтсе де Ереннің мына жағдайға басы қатты... Мана бұл жаралы аю анау қырды асып, арғыдағы қара орманға кіріп кеткен сияқты еді ғой? Қай уақта қайта айналып бұл араға келіп қалған? Әлде, жемтігін қорып жасырын оралған түрі ме екен? Әлде кек қуалап, өзін жаралаған адамды қайыра іздеп келгені ме? Бұл да табиғаттың көп жұмбағының бірі болды.
***
Ерен бұғының мүйізін, аюдың басы мен терісін ет пен майдан сылып тазартып, түн асырып сорғытты да, соңынан тұзға қатырып, ұқыптап бастапқы өңдеуден өткізіп шықты. Бізге қарағанда, шетел таксидермистері әлдеқайда тәжірибелі, ғасырлар бойы оны кәсіпке айналдырып, шеберліктерін әбден шыңдаған жандар. Олар бұл шаруаны атадан балаға аманаттап, өнер дәрежесіне дейін көтере білген. Сондықтан қалған жұмысты сол кәсіби шеберлердің еншісіне қалдырып, Ерен қонағына мұқияттап олжасын теңдеді де, төртінші күні ұзын жолға шығарып салды.
Өзі де облыстағы бастығының тапсырмасын ойдағыдай атқарғаны үшін арнайы алғыс алып, абыройға кенелді.
Ең бастысы, шетелдік қонақтың құйған қаражаты түгелдей облыс қазынасында қалды... Елдікті енді ғана еңсеріп жатқан шарқайлы жұртқа ол да болса дәтке қуат еді!
[1] Торжуа – черемша.