Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Мақсатқа жеткізер жол айқындалды

Мақсатқа жеткізер жол айқындалды

12 январь 2016, Вторник
1 898
0
Әрбір Қазақстан азаматы Ел­басы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуы керек. Міне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында осыны нақтылап айтып отыр. 

Өзінің 2015 жылдың сәуірінде өткен Қазақстан Рес­публикасы Президентінің сайлауы сайлауалды тұғырнамасында Президент 5 ілкімді жобасын жариялап, оны жүзеге асыруда атқарылатын «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында айналып өте алмайтын әлемдік дағдарыстан шығар жолды бағамдайтын іс-шараларды белгілеген болатын. 

Енді, міне, Елбасы жаңа жылдың алғашқы күндері өтпей жатып, сол мәселеге қайта айналып, межеленген міндеттерді орындаудың практикалық кезеңін айқындап, елдің көңілін тағы аударды. Көптеген көкейкесті мәселелерге жауап берді. Өйткені, осы жыл әлем үшін оңайға соқпай тұрғанын бәріміз сеземіз. Қазақстан қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекет. Алдымызда әлемнің жан-жақты дамыған 30 озық елінің қатарына ену міндеті менмұндалайды. Бұл үшін 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» қолға алынды. Оны дағдарыс кезінде қалай жүзеге асыру керектігі мақалада айқын көр­сетілген. 

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, кез келген реформа заңмен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан, Үкімет пен Парламент заңнамаларды өзгерту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін, жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда алдыңғы қатардағы үл­гілі мемлекет болуымызға жол ашпақ. Президент сонымен қатар, қабылданған заңдарда, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне көп көңіл бөлді. Сот жүйесінің 5 сатылыдан 3 сатылыға көшкендігі, жұртшылықтың сот төрелігіне тез, әрі әділетті қол жеткізуіне мейлінше заманауи тұрғыда мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Мұның да өркениетті қоғамдастық қатарына енуге деген өз ұмтылысымыздың көрінісі екендігі даусыз. Әр буынның өз арманы бар. «Бізге ата-бабаларымыздың көп­теген ұрпақтары үшін Қазақ­станның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Біз, қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік», – дей отырып Президент тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолында бар күш-жігерімізді салуымыз керектігін шегелеп өтті. Биыл 25 жылдығы аталып өтілмек Тәуелсіздікті елдегі барлық ұлт өкілдері қас­терлеуі тиіс. Осы орайда қоғамдық келісім ұйымдары да азаттықтан асқан қасиетті ұғым жоқ екендігін, келісім мен бірліктің ел дамуының кепілі екендігін кеңінен түсіндіруі керек. Мақалада айтылған міндеттерді жүзеге асыруға Қазақ­стан халқы Ассамблеясы белсене қатысатыны сөзсіз. Алдымен, бұл – жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізу мен Елбасы қойған тапсырмалар бойынша бірігіп, «бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығару» деген ұғым. Әрқайсымыз Елбасы ұсын­ған реформаларды жүзеге асы­руға, мықты мемлекетіміздің қа­лыптасып, нығаюына белсене атсалысқанымыз абзал. Бұл үшін біз елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты және өзара сыйластықты сақтай отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға күш салуға тиіспіз. Өміріміздің сан саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталған Елбасы бұл жолы да әлеуметтік, тіл, білім мен мәдениет салаларын айналып өткен жоқ. 3 жаңа Тұжырымдама әзірленгені – біртектілік пен біртұтастықты нығайту, Қазақстан халқы Ассам­блеясын, дене тәрбиесі мен спортты 2025 жылға дейін дамыту мәселелері мақалаға арқау болған. «Мәдени саясат тұжырымдамасына, мемлекеттік даму және тілдердің жұмыс істеуі, білім беру бағдарламасына маңызды өзгертулер енгізілді. Оның сыртында туристік саланы дамыту тұжырымдамасы, 2020 жылға дейін үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы әзірленді», – дейді Елбасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағ­дарламалық мақала ел Президентінің «100 нақты қа­дам» мен 30 қарашадағы «Қазақстан – жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауының жалғасы деп қабылдауымыз керек. Дәлірек айтсақ, бұл – сол игі істерді тағы да бір сүзгіден өткізіп, пысықтап алу. Бұл ретте баршамыз ерінбей еңбек етіп, біз ғана емес, күллі төрткіл дүниенің басына түскен қиыншылықтан қайыспай өтудің қамын қарастыруға тиіспіз. 

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры. АЛМАТЫ.
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры