«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
Көру онлайн файл: 1-kanon-jel-parasaty.pdf
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ЗАДАШ ПЕН БАЛҒАНЫМ
«Қайта құру» дәуірінің шарықтап тұрған шағы.
Айтулы бір совхоздың бас маманы Задаш осы «Қайта құрудың» алақұйыны басталған жылы зейнетке шыққан.
Бүйткен зейнеті бар болсын. Бақса, бұл Задаштың көргенінен көрмегені көп екен... Нелер бір алағай да бұлағай күндер мұны алда күтіп тұрыпты. Бүтін тұрған әп-әдемі дүние еді, бірер жылдың ішінде бәрі бұлаңға түсіп, асты-үстіне шықты. Күнделікті қоңыр тірлік қалыпты бағытынан жаңылып, арнасынан ауып жөнелді. Асып-төгілді, шашылды, пышырап кетті. Ақыры – елдің түрі, жердің сұрына дейін кісі танымастай өзгеріп салды.
Задаштың әлекедей жаланған азамат екі ұлы, бойжеткен жалғыз қызы бар еді. Қағынан жерігендей қалаға барса жастардың қайтпай қалатын қашанғы әдеті емес пе... Мұның балалары да сөйткен, оқуларын бітірген бойда қала жағалап, қызмет сағалап сол жақта қалып қойысқан.
Бүгінде ұлдың үлкені үйлі-баранды, бөлек тұрады, қызы тұрмыста. Зейнетке шыққан бойда мұны бәйбішесімен қоса жылы орнынан қозғап, көңірсіген жұртынан қопарып қастарына көшіріп алысқан. Осылайша бұл Задаш жігіттіктен кеткен, кәрілікке жеткен шағында түтін сасыған қапас қаланың тұрғыны болып шыға келді.
О баста ұлдардың екеуі де университеттің оқытушылары-тын. Тегі, заманның ауанын байқады ма, «Қайта құрудың» үшінші жылында тәп-тәуір қызметтерін тастай салып, бизнеске қойып кетпесі бар ма... Желіккен жұртпен бірге желпілдеп, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бір-бір кооператив ашып алысты.
Апырай, ілім мен білімді тәрк етіп, саудагер болғандары қайткені деп, Задаш алғашында іштей алаңдап, қауіп те қылғаны рас. Ұлдарын ойлағанда көңілін көк тұман басып, ертеңі бұлыңғыр тартқандай біраз уақыт уайымдап та жүрді. Екеуін неше мәрте ақылға шақырып, ұзын-сонар мәслихат та құрды. Ондай уағызға көне қойған ұлдар болмады. Барын айтып таусылып бұл ақылға шақырса, ұлдар сабырға шақырды. Амал бар ма, ақыр соңында ұлдар жеңіп шыққан, солардыкі жөн болған секілді. Таңдаулары жаман еместігін уақыттың өзі көрсетіп, өмірдің өзі дәлелдегендей болды.
Танысыңа емес, табысыңа сенетін заман ғой. Шүкіршілік, бүгінде ұлдардың тұрмыстары жаман емес, дәулеттері асып, мерейлері тасып-ақ тұр. Не кием, не ішем демейді, тамақтары тоқ, киімдері көк. Мінгендері – «Мерседес», баратындары Алматы мен Мәскеу. Оларды былай қойып, шығандап кейде шетелге де шығып кетеді.
– Анау ұл қайда жүр, көптен көрінбей кетті ғой? – дейді Задаш ұлдардың бірінің сәлем беруі ұзаңқырап бара жатса.
– Мәскеуге кетіпті ғой, келесі аптада келіп қалады, – дейді Балғаным.
Балғаным – Задаштың құдай қосқан қосағы, балаларының аяулы анасы. Кімнің қайда жүргенін, бұл маңда не болып, не қойып жатқанын көңілмен көріп, көкірекке түйіп отыратын баянды бәйбіше.
– Е, ол жақта нағашысы бар ма ет... неғып бұлар Мәскеушіл болып кетті? – деп ондайда бұл қоразданып, өтірік қоңқаңдаған болады.
Ұлдардан кейінгі жалғыз қызы дәрігер-ді. Тұрмысқа шығып, іргелерін бөлек салғандарымен, көп жылдан бері күйеу бала екеуі бір баспанаға жарымай жүдеп жүретін. Үйі жоқ жанның күйі де қайбір келіскен. Сонысын көріп-біліп жүрген екі ағасы биылғы жыл оларды да ойда жоқта қарық қып тастаған... Қаланың қақ ортасынан ойып тұрып үш бөлмелі кең сарайдай пәтер сатып әперісті.
Ендігісі екі ұл бұрқыратып қала сыртында коттедж салып жатыр.
– Біздің қарашаңырағымыз осы болады. Амандық болса, сендерді осы котежге көшіреміз! – дейді үлкен ұл Ербол.
Мейлі ғой, қай жаққа апарам, қайда көшірем десе де балалардың еркінде. Задаш пен Балғанымға бәрібір, бұйдалаған ботадай айтқан жағына еріп жүре береді. Тас қамал сияқты тасбауыр мынау қалаға да көндікті ғой. Котедж дегенін де көре жатар тәйірі. Осы ұлдардың аман-саулығын тілегеннен басқа қазір уайым жоқ бұларда. Шүкіршілік, осылардың арқасында Балғаным екеуі ел-жұртқа қадірі жетеді, бойлары сыйлы. Былайғы көпке қарағанда іштері жарау, жондары қырау. Одан артық не керек, еңкейген ендігідей жаста? Қысқасы, барды бағамдап, баяндыны бағалап, тәубе деп отырған жайлары бар бұлардың.
***
Көгеріп көк шығып, күн көзі жылына Задаш бірде екі ұлдың басы қосылған оңтайлы сәтті пайдаланып, тосын бір әңгіме бастаған.
– Осы «Мәскеу, Мәскеу» деп өздерің ғана алашапқын болмай, әке-шешелеріңе де біруақ кезек бермейсіңдер ме? – деп күмілжіді. Айтуын айтса да, көңіліне түйткіл алып, ұлдардың алдында басы қылтылдап, жанары жылтылдап, біртүрлі қызарақтап қалды.
«Мына сөзі қалжыңы ма, шыны ма» деген таңданыспен, ұлдары үдірейіп әкесіне қарасты.
– Әке, түсінбедік... Мәскеуге барғың келіп жүр ме? – деп қайыра сұрасты.
– Барсақ немене, кімнен кембіз!
Солай десе де даусы дірілдеп, үні құмығып, Задаш одан бетер қызарып кетті.
Ұлдары қайдағы жоқ сылтау айтып, біраз бұлғаққа салатын шығар деп күтіп еді, қызық болғанда бәрі керісінше боп шықты.
– Әке, мынау тамаша идея ғой! – деп Ербол алақанын шапалақтап жіберді.
– Папа, мамам екеуің бірге барыңдар! – деп Нұрбол да екі көзі жайнап шыға келді.
– Айды аспанға шығарып, бір қыдырып қайтыңдар!
– Мәскеу ғана емес, Ленинградқа да барып, есте қаларлық бір круиз жасаңдар.
– Сөйтіңдер...
Ер-азаматтардың бұл әңгімесіне етек жақта немересіне құрақ көрпе жамап отырған Балғаным ғана селқос қалған.
– Мама, сен бұл идеяға қалай қарайсың? – деді Нұрбол.
Жер қозғалса да қозғалмайтын Балғаным басын көтерместен:
– Енді қартайғанда желігіп не бар! – деді қысқа қайырып. – Сүйегіміз саудырап жолда қалсын демесеңдер, бізді әурелеп қайтесіңдер.
Балғанымның уәжі Задаштың шамына тигендей болып, тыржың етіп боз мұрты тікірейіп кетті:
– Әй, Балғаным, сен бізді қажымай жатып қартайтпа, өйтіп есептен ерте шығарып тастама, білдің бе? – деді әзіл-шыны аралас.
Балғаным жауап қатқан жоқ, әдеткі мінезіне басып үнсіз қалды.
Екі ұл енді екі жақтап шешесін үгіттеуге кірісті.
«Барып қайтыңдар. Бой жазып, серуендеп дем алыңдар, ел көріп, жер көріп қыдырыңдар!» – дейді.
«Қашанғы бықсып үйде жата бересіңдер, біруақ сыртқа шығып, жарық әлеммен танысыңдар», – дейді.
Қалай азғырып, үгіттегендерімен, табиғатынан діні қатты Балғанымды ұлдары да жібіте алмаған сияқты. Балаларының сөзін бөлмей әбден тыңдап болған соң, терең бір күрсініп:
– «Барам» десе, анау әкелерің барып қайтсын! – деді. – Мені қинап қайтесіңдер, немерелерімді бағып үйде болайын.
Задаштың күткені де осы жауап еді, көңілі май жегендей кілкіп кетті. Бірақ жан толқынысын, ішке бүккен құпия сырын сездірмей, өзінше шамданған кейіпте:
– Е, несі бар, барам десем барам! – деп кекие түсті. – Мен көрмеген Мәскеу деймісің, балаларымның арқасында ол жақты тағы бір қыдырып қайтуға мен дайын!
Екі ұлы екі жақтан қолпаштап әкесіне қолдау көрсетіп, бастарын шыбындаған атша шұлғысты.
– Папа, молодессің, жарадың!
– Бұл тамаша ақыл болды...
– Алаң болма, бәрі о’кэй болады...
– Барып-келудің жай-жапсарын өзіміз мықтап ұйымдастырып береміз.
– Әкелерің адасып кетпесе бопты? – деп Балғаным да бір күңк етті.
– Неге адасады, адаспайды! – деп ұлдар арашаға түсіп жатыр. – Ол жақтағы достарға тапсырамыз, бәрін қатырады, патшадай ғып күтіп алады.
– Соғыстан кейін Мәскеуді біз де бір кісідей араладық қой, әлі ұмыта қойғамыз жоқ! – деп Задаш та көңілін бекіткен болды.
Сөйтіп, аяқ астынан жол жүретін болып, осы әңгімеден соң үшінші күні Задаш ақ шағаладай әсем ұшаққа мініп Мәскеу жаққа аттанып кеткен. Содан араға бір апта салып, артынып-тартынып, немерелерге деген базарлығын көтеріп аман-есен қайтып оралды.
Мәскеудің әңгімесі бала-шаға, көрші-қолаңға апта бойы азық болды.
Алаулатып-жалаулатып 1-мамыр мейрамын өткізген соң екі ұлдың басы қосылған бір сәтте Задаш кібіртіктеп тағы сөз бастаған. «Өткен жолы барғанда майдандас достарымды кездестіріп... солар шақырып еді», – деп мұрын астынан міңгірлеген болды. «Алда 9-май ғой, өздерің білесіңдер... Жеңіс күнінде бірге болайық, бірге мерекелейік деп өтініп еді, мен уәде беріп кетіп едім», – деп бір қызарып, бір бозарды.
Қынжылып реніш білдіргеннің орнына екі ұл бұл ұсынысты да қуана қарсы алған.
Артынша олар әкесіне бизнес-кластан орын алып беріп, 7-мамыр күні әуежайға өздері шығарып салысты.
Задаш бұл жолы Мәскеу жақта он күн бойы жоғалды.
Соңғы күндері телефон да соқпаған соң, үйдегілер елеңдей бастап еді. Әйтеуір қайтар күні қонақ үйден бір хабар беріп, «ертең ұшам» дегенді естіп, көңілдері орнына түскендей болысты.
– Әке, қонақүйге звандасақ – жоқсың. Қайда қыдырып жүрдің? – деп Ербол әуежайдан қарсы алып, әкесін көрген бетте сұрақтың астына алған.
Задаш түксиді, бұртиды, сызданып бірден жауап бере қоймады. Сосын:
– Айтпап па едім... майдандас достармен кездестім! – деп зірк ете қалды.
Өткен сапардай емес, бұл жолғы Мәскеу әңгімесі әсерсіздеу болды. «Парад көрдім, Үлкен театрдың алдында екі күн майдандастармен жүрдік» дегеннен басқа Задаш та тереңдеп кетпеді.
Арада бір ай өтер-өтпесте Задаш бүгежектеп екі ұлға Мәскеу жайын тағы сөз еткен. Бұл жолы ұлдар иықтарын көтеріп, қастарын керіп біріне-бірі қарасты.
– Әке, тегі проблема бар-ау? – деді үлкен ұлы Ербол.
– Ондай үлкен шаруа жоқ, балам... Жаз шықты ғой, Мәскеудің маңайы салқын самал, жанға жайлы жер екен. Майдандас достарым «келіп кет, дем алып қайт» деп шақырып жатыр, – деп Задаш өңешін қырнап, үзіп-жұлып бірдеңені түсіндірген болды.
– Әңгіме жоқ... Өйтіп шақырып жатса, барып қайт! – деді кіші ұлы Нұрбол.
«Әкейді Мәскеудегі достары тағы шақырыпты» дегенді естігенде Балғаным:
– Жол жүргеннен жалыққан жоқсың ба? – дегендей жанашырлық білдіргеннен басқа, басы артық сөз айтқан жоқ.
Задаш бизнес-класта шалқайып, тағы да Мәскеуге сапар шегіп кете барды.
Демалғаны сол, бұл жолы ол Мәскеуден жер қазғандай қалжырап, біртүрлі шаршап қайтты.
– Папа, қалай демалдың? – деп аңқылдап алдынан шыққан Нұрболға:
– Жөнді емес! – дей салды.
Сосын:
– Жаңбырлы болды, – деп қосып қойды.
– Е! – деді кіші ұл басын шұлғып.
– Отағасы, жүзің тіпті сынық екен, жел тиген шығар, ұшықтатсам қайтеді? – деп Балғаным бәйек.
Задаш көзі шүңірейіп, қабағы кіржиіп екі-үш күн төсек тартып жатып қалды.
– Ендігәрі бүйтіп жол жүргенді қой! – деді Балғаным бұл қалқиып төсектен тұрған кезде. – Өстіп жүріп өлгеніңді білмей қаларсың сен! Жетер енді қаңғығаның!
Задаш та бәйбішесінің ақылын құп алып, бір тоқтамға келгендей болған.
Осымен Мәскеу әңгімесі мәңгі жабылғандай еді...
***
Арада бірер күн өткенде кәукелектеп үйге Сәду келген. Қасқыр жегендей адуын қара қатыны бар еді, сол екеуі төркіндеп бірер апта ел жақта болып қайтыпты. Елден жеткен беттері осы екен. Құрдасының сырқаттанып қалғанын естіп, көңілін сұрай келіпті. Әжік-күжік әңгіме, бәкүн-шүкін шаруаны сөз етіп, мыжып ұзақ отырды.
– Дүние не боп барады өзі? Байдан шыққан қатындай алаңы көп заманға кез болғанымыз қалай? – дейді қарадай кейіп. – Тірліктің бәрі бақан тірес, ит тартыс боп кетті. Қашан тәртіп болады осы?
Задаш оқта-текте басын изеп, құптағандай ишара жасап қойғаны болмаса, Сәдудің қысыр әңгімесіне араласқан жоқ. Мұның ойы да, көңілі де мүлдем басқа жақта еді.
Сәду болса мөмөзігіне сусып түскен көзілдірігін әредік көтеріп қойып, сампылдап ауыз жабатын емес.
...Осы Сәдумен бұдан төрт жыл бұрын, ауылдан үдере көшіп қалаға қоныс аударған жылы танысқан. Жарым елі шынысы бар көзілдірік киген сіріңке қара кісі екен. Мойыны ырғайдай, тым әлжуаз көрінді. Қойдың құмалағына сүрініп, сиырдың жапасына жығылып жүрген біреуге ұқсаған. Қалай десе де көрші подъезде тұратын құдайы көршісі болып шықты. Оның үстіне екеуі түйдей құрдас екен. Қара тартып басқадай барар жері жоқ, алғашқы жылы үйге сыймай тықыршып, қайта-қайта осы Сәдуді жағаттай беретін. Сөзге тартып, шер тарқатары да жалғыз осы еді.
Сәду де өзі секілді соғыс ардагері боп шықты. Әңгімесіне қарағанда, анау терістік тұста, Ақ теңіз жақта соғысыпты. Екі сөзінің бірінде өзінің теңізші болғанын еске салып, ата қаздай қоқиып, әредік мақтанып қоятыны бар.
– Бәтіреке, сен өзі құйысқаның көтеріліп, соңғы уақта жолаушылағыш болып алдың ғой? – деді Сәду өзге әңгімені тауысқандай не заматта.
Задаш қапелімде не дерін білмей ойынан жаңылып, Сәдуге шаншыла меңірейіп қалды. Құрдасы оқыс ұрлығының үстінен түскендей қатты абыржып, қарадай қуыстанды.
– Мәскеуге неге барғыштап кеттің деп сұрап отырмын, – деді Сәду сөзін тағы қайталап. Тегі Задаш естімеген шығар деді ме, дауысын көтере сөйледі. – Бұл арада мен білмейтін бір сыр бар-ау тегі? А, Задаш... айтсаңшы былай?
Задаш сасқан жерде тілі күрмеліп, тағы да Сәдуге меңірейді.
– Бір емес, қатарымен үш мәрте бардың, – деді Сәду ернін қисайтып, саусағын санап. – Соншалықты не істеп жүрсің ол жақта?
Задаштың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Көзі жортақтап, тұқырайып жерге қарағыштай берді.
Қап, не істесе екен? Қиналған жері осы шығар!
Задаш бет орамалымен тершіген маңдайын сүртті.
Сосын жүрегін тоқтатып, өзін іштей сабырға шақырды.
Бұлбұл зарын қарға ұқпас.... «Майдандас достармен кездесіп едім» деген бала-шағаны алдарқатқан сөзге бұл Сәду қайдан илансын. Суырылып сұрақ қойғыш неме, бірдеңені сезіп отыр-ау шамасы? Қайтіп жалтарса екен? Алдын ала дайындап қойған уәжі тағы жоқ, тықақтаған бұл бәледен қалай құтылмақ?
Сілекейі желім татқандай сезініп, Задаш күмілжи берді. Бет орамалымен көзін іліп сүртіп, ойға қалды.
Ақыры, қайтер дейсің, қырық жылғы жайға бола қырқылжың құрдасы пәлен деп сөге қоймас деп тоқтады. Бір есептен, ішін кептіріп сақтай бергенше, не де болса шерін тарқатып, көңілін жуып айтып тастағаны да жөн шығар. Боғын жасырған мысықтай қашанға дейін өстіп көрінгеннен сескеніп, күнде екі құлағы елеңдеумен жүре бермек?
Сосын өткен күндерін ойша санап болжап еді, қырық жыл емес, одан да асып кеткеніне таңданды. Турасында, мінеки, содан бері қырық екі жыл өтіпті...
Дәурен-ай десеңші, бұл тағдыр дегенге не айтарсың!
Задаш көкірек кере бір жөткірінді де, сөзін бастады.
– Ағаш тамырынан нәр алады, адам жадынан нәр алады деген, Сәду... Мен саған жадымды қозғап, жанымды жеп жүрген бір әңгіме бастайын, – деді әріден орағытып. – Өзіңе талай айттым білем, мен қырық төрттің жазында өлімші болып жараланып, майдан даласында қалғаным бар. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, не заматта шамалап есім кіріп, көзімді ашсам – дәл қасымда қараңдаған үш-төрт санитарды байқадым. Жаралы жауынгерлерді теріп жүрген сыңайлы, бірақ мені байқамай өте берісті. Жан қимақ оңай ма, мен бар күш-қуатымды жинап, ыңыранып үн шығарған болдым. Соның өзі әлсіретіп жіберді ме, есім тағы бұлдырап кетті. Біреудің жүгіріп қасыма келгенін, басымды сүйеп, аузыма су тамызғанын сездім. «Тірі» деген дауысты естимін, қыздың дауысына ұқсайды. «Ағайлар, бері келіңіздерші, мына кісі тірі» деп айғайлайды. Артынша дабыр-дұбыр екі еркектің сөйлескені естілді. «Мұның тірі болғанын қайтейік, өлімші боп жараланған, мал болмайды» дейді біреуі. «Лена, таста, бәрібір өліп қалады, әуре боп қайтесің?» дейді келесі еркек. Тегі еркектер сол бойда бұрылып кете берді ме, менің басымды құшақтап отырған қыз шыңғырып жылап жіберді. «Тірі! – дейді құлындай шырқырап. – Ағайлар, тірі ғой бұл кісі... құдай үшін көмектесіңіздерші, бірге алып жүрейікші, өтінемін сіздерден, жалынамын, ағайлар!».
Әйтеуір, жас қыздың шырылдаған дауысы, айғай салып жылағаны еміс-еміс құлағыма келеді. Содан кейінгісі қара түнек... Екі күннен соң санчаста бір-ақ есімді жинаппын.
– Бәтіреке, қыз болмаса далада қалғандай екенсің-ау! – деді Сәду бұл әңгімеге шын қызығушылық танытып.
– Көзге түспей, көмусіз қалғандар көп қой, менің аман қалғаным бір Алланың жазуы да! – деді Задаш.
– Әңгімеңді бөліп кеттім бе... сөйлей бер! – деді Сәду.
– Сөйлесем сол... «Періштеде де бес мін табылады» дегенді естіп пе ең? Сол айтқандай, мен саған өзімнің бес болмаса да, бір мінімді айтайын деп отырмын... Менің мінім сол – соғыс біткен соң өзімді өлімнен алып қалған әлгі санитар қызға үйлендім! – деп Задаш қабақ астынан Сәду құрдасын барлап өтті.
– Үйлендім дейсің бе, шын айтып отырсың ба? – Сәду сенімсіздік танытқандай ыңғай білдірді.
– Иә, үйлендім... Менің жан баласына айтпай келген сырым осы, Сәду. Не дейсің, бұған? Қандай ақыл қосасың?
Сәду кінәлі жандай отырған жерінде қипақтап кетті.
– Сен оны соғыстан соң қалай іздеп тауып жүрсің? – деді тағы да күдік келтіріп.
– Госпитальда жатқанда әдірісін жазып алғам, – деді Задаш. – Москваның түбіндегі Серпухов деген қалада тұрады екен. «Осыдан соғыстан аман қайтсам, сені міндетті түрде іздеп табамын, сосын екеуміз үйленеміз» деп уәде бергем. Қыздың аты Елена болатын. Мен айтқан уәдемде тұрдым... Соғыстан қайтқан бетте Елена қызды іздеп тауып алдым. Қыздың ағайын-туыстарын, көрші-қолаңды шақырып, шағындау той-томалақ жасап, екеуміз бас қосып үйлендік. Соғыстан соңғы қиын жылдар емес пе, толарсақтан саз кешіп, тобан аяқ тірлікпен екі жыл бірге өмір сүрдік. Бір баламыз болды. Мен баламды Ескендір деп атадым, олар Александр дейтін...
– Бәтіреке-е-е, солай ма ед! – деп Сәду таңдайын тақылдатып, басын қайта-қайта шайқады.
Көкірегіндегі шерменде болған шерін шығарғанға Задаш та өзін жеңілдеп қалғандай сезінді. Лықсып көмейде кептелген көп сырды тағы да айта түскісі келді.
– Содан, бірде әлдебір шаруамен Мәскеуде жүр едім, ойда жоқта көшеде ел жақтың бір азаматына жолығайын, – деп жалғады әңгімесін. – Шүйіркелесіп, ауыл-жайдың амандығын сұрасып, әмпей-жәмпей болдық та қалдық. Әке-шешені ертерек жалмағанбыз, басқадай жақын-жұрағат бізде жоқ. Жетім жан жылдар өте тасбауыр болып кете ме, ел жақтан мен мүлдем қара үзіп қалғандай едім. Ана жігіт жалғыз ағамды есіме салып, ол кісінің де соғыстан тірі қайтқан хабарын жеткізді. Қазір ауылда, үйлі-баранды, абыройлы азамат деді. «Сұрау салып сені іздеп жүр, өзіңді айтып күніге бір жылап алады» деді. Ауыл-аймақтың жүрекке жылы тағы біраз жаңалық хабарын жеткізді.
«Туған ағаң тірі, сені іздеп жатыр» деген хабардан соң, менен маза кетейін деді. Оның үстіне ағаң сені ойлап күнде жылайды дегенді естігенде, жетім өссем де мен де ет пен сүйектен жаралған пенде емеспін бе, көзіме жас алып езіліп кеттім. Қайтейін енді, арада түсік жоқ жалғыз туысым болса... Күнделікті күйбең тірлік, жас отбасының қамымен шапқылап жүріп елемеген екенмін, елді шындап сағынғанымды сонда білдім.
– Ағама амандасып, Қазақстанға барып қайтайын, бір аптадан соң қайтып ораламын, – деп келіншегіммен қош айтысып, жұмысымнан демалыс алып, іле жолға шығып кеттім.
Иллаһи, сол сәтте әйеліме қайтып оралатыныма имандай сенімді едім. Бірақ, қайдан... Ел дегенің қара аламан қалың жұрт, бәрі өзіңнің ет жақын қазағың емес пе, жібере қоймады. Соғыстағы жараның шор боп біткен кеудедегі тыртығы болмаса, деніміз сау, қорғасын құйған сақадай бозбала кезіміз. Жер аралап, қызық қуып дегендей, мауқымды басып айналшақтап жүріп қалдым. Шүкіршілік, соғыс аяқталып, елдің де түтіні ептеп түзеле бастаған кез. Ағам алдымен менің табылғаныма құдайы құрбандық шалып, алыс-жақынның басын қосып ұлан-асыр той жасады. Соңынан өзі барып құда түсіп, айналасы бір аптаның ішінде алды-артыма қаратпай мені үйлендіріп жіберді. Жерлестердің аста-төк сый-құрметі мен қуанышына шалықтаған мен олардың дегеніне пәлендей қарсыласа да қоймадым. Оның үстіне атастырған қалыңдығым – мойылдай мөлдіреген, торғындай үлбіреген, қиырдағының көзін тартқан кермиық арудың нағыз өзі болып шықты. Аққұбаның аққу өңдісі екен. Өмірдің жас кезі, көңілдің мас кезі, қайтып шыдап тұрайын. Мәскеу жақта әйелім барын, балам барын да айта алмай тұтығып, тілімді тістеп, жасырып қалдым. Ол уақытта ер-азаматтың қатары қатты сиреп қалған кез, біреуді біреу сөгетін де заман емес еді ғой... Сондағы менің қосылып жүрген сұлуым осы Балғаным болатын.
– Ап, бәтір, ә... солай болып па ед? – деп Сәду қалтылдатып тағы да басын шайқады. – Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес деген, бәйбішеңнің қазір де жөні бөлек сырдаң кісі ғой...
– Жә, болды енді, сен бұл әңгімені әрі қарай тыңда! – деді Задаш. – Балғанымдай көрікті қызға үйленсем де, бәрібір Еленаны ұмыта алсамшы... Жатсам да, тұрсам да есімнен шықпай қойды. Ақыры қайрат-жігерімді шақырып, намысымды жанып, Еленаға хат жазуға бекіндім. «Жағдай осылай да осылай болды, тағдырдың жазуы шығар, сен мені кеш, Леночка! – деп жаздым. – Енді мені күтпе, реті келсе, тұрмыс құруыңа рұқсат!» – деп ақ батамды беріп, баянды бақыт тілегендей болдым. Артынша Еленадан жауап та келді. Әрине, бәрі де түсінікті ғой, менің азғын алаяқ екенімді, жас өмірін қор еткен арамза, жексұрын, оңбаған екенімді бетіме басып, ашына жазыпты. «Енді бұл жаққа аяқ бассаң, ағаларым сені тірідей бауыздайды, кет, жоғал әрмен, дүниеде ұлың барын мүлдем ұмыт!» деп бәр-бәріне нүкте қойыпты. Расында да, борсықтай дөңкиген дөкір мінез екі ағасы бар еді, «бауыздайды» деп қорқытқан соң, жан керек, мен де қайтып хабарласуды қойдым. Жылдар жылжып өтіп жатты. Уақыт деген соғыстың жарасын да, жүректегі жараны да емдеген сияқты болған. Санадан өшіп, санаттан сырылғандай сияқты еді. Бәрі бекер екен... Зейнетке шығып, қол-аяғы босаған жан, тегі, ойшыл болып кете ме деймін. Әлде ұлғайған сайын көңілдің көк жайлауынан ел кетіп, адамды уайым меңдеп ала ма, ол жағын тағы білмедім... Қысқасы, баяғы Елена келіншегім жиі-жиі есіме түсіп, Ескендір баламды іздеуді шығардым. Ескі жара қайта қоза бастады. Сыртым дүрдиіп жүргеніммен, жан сарайымды сарыала күздей сағыныш меңдеп алды. Ішкі өзегім бордай үгіліп, мінеки, екі жылдың жүзі болды, жүрегім сазып мазасыздыққа душар болдым. Ақыры, төзімім таусылды, не де болса деп тәуекелге бел будым. Менің Мәскеуге барғыштап жүргенім содан. Қайда екен деп әйелімді іздедім, не істеп жүр екен деп азамат болған ұлыма сұрау салдым. Мен көрген кездегідей емес, Серпухов қаласы мүлдем өзгеріп кетіпті, өзімнің таныс мекен-тұрағымды таба алмай көп сандалдым. Баяғы біз тұрған жамау барақты атам заманда бұзып тастапты. Оның орнында көк тіреген зәулім үйлер. Қаншалықты шарқ ұрып іздесем де әйелім мен баламның ізіне түсе алмадым. Құрысын бәрі, ол жақта да тура біздегі сияқты, біреуді біреу біліп болмас аласапыран дүние екен. Сол баяғы тұрымтай тұсымен, балапан басымен кеткен кер табан керең тірлік. Ұшығын таба алмай үш жолы да босқа сандалып қайттым. Өзіңе айтпақ әңгіменің бары осы еді, Сәду құрдас!
– Мәскеу деген үлкен шаһар емес пе! – деп Сәду сөзге араласып, таңдайын тақылдатты. – Үлкен қаладан адам қайдан табылсын... шөп ішінен ине іздегендей күйге түскен екенсің ғой? Апырмай, десеңші...
– Құдай басқа салмасын... Бәрінен бұрын – туғаныңнан тірідей айырылған қиын екен! – деді Задаш.
Осымен бар әңгіме тәмам болған.
***
Тамыз орталай бірде үйге мұртының жебесі тікірейіп, жыртық көзі жайнаң қағып, қызара бөртіп Сәду келді. Жалпақ көзілдірігі мұрнының ұшына түскен, төрткөзденіп алыпты. Жағасы жайлау, көрім әзіретті айтып, сампылдап сөйлей береді. Сәду құрдасының дәл бұлайша қызық мінезін Задаштың алғаш көруі-тін.
– Иә, құрдас, бұл ненің қуанышы? – деп таңырқады Задаш.
– Қалайша ненің қуанышы? – деп Сәду бұл сұраққа Задаштан бетер таңырқады. – Бүгін 18-тамыз, Теңізшілер күні емес пе!
– Е-е, – деді Задаш басын шұлғып. – Онда бәрі жөн екен...
– Несі жөн? Тегі сен менің теңізші екенімді ұмытып қалғансың-ау? – Сәду ернін бұлтыңдатып, жылмаңдап қойды. – Ал, қырық жыл бұрын Мәскеуде қалған қатын-балаңды ұмытпайсың, ә! Ұмытпайсың... Қасыңда жүрген құрдасыңды ұмытып кетесің, құттықтауға да қолың тимейді, а? Бәтіреке, мұның жөн емес сенің!
Сәду қатты өкініш білдіргендей басын шайқап-шайқап жіберді.
«Мынау не оттап кетті» деп Задаш өз құлағына сене алмай, Сәдуге ұрлана қарады. Сәду құрдасы дәнеңе ұғар емес, сіңір мойнын ырғай түсіп, екіленіп қояды. Мұнысын көргенде Задаш ұяттан жарылып кетердей болды. Сәдуден бәрін күтсе де, дәл мұндай қияс мінезді күтпеп еді. Апырмай десеңші, бұл пәтшағарың да қусырылған қу танау, кебіс ауыз біреу екен ғой? Қап бәлем, енді не істеді?!
Задаш нендей қайла жасарын білмей жалтақтап, әлдебір сүйеу іздегендей бұға түсті. Қан майданда от кешкен бір жылдың төлі ғой деп өзін жақын тартушы еді. Суыртпақтап жан сырын айтып еді. Артық қыламын деп тыртық қылғанын енді сезді.
– Ағай-ау, сіздің бұл қай сөзіңіз? Қайдағы әйел, қайдағы баланы айтып отырсыз өзі? Бұл не жұмбағыңыз? Әзілдің де жөні бар, байқап сөйлемейсіз бе! – деп қызы Нағия сол екі арада шамданыс білдіріп, шат-шәлекейі шықты.
Бәйге атындай аңқылдап, әбден қызып алған Сәду Нағияның сөзіне одан бетер жұлқынды:
– Өйбу, жаным-ау, сен дымды да білмейді екенсің ғой... Әкең қайта-қайта Мәскеуге несіне барып жүр дейсің? – деді сұқ саусағын шошайтып. – Не үшін, бәтіреке, айтшы?
– Майдандас достарымен кездесті...
– Пәлі, достарымен кездескіш болса бұғанға дейін ай қарап, жұлдыз санап жүрді дейсің бе? Әлде, бұл әкелеріңнің бір емес, қатарымен үш рет барып қайтқанын ұмыттыңдар ма?!
– Иә, сөйтті... – Нағия сөзден сүрініп, жалтақтап қалды. – Достарымен қала қыдырды... дем алған шығар...
– Пәлі, баламысың деген... Қайдағы демалыс? Қатыны мен ұлын іздеп сабылып жүр... Соғыста танысқан қатыны қалыпты сол жақта. Соларды іздеп таба алмай табанынан тозып жүр бұл әкең. Енді ұқтың ба!
Бұрышта байпақ тоқып отырған Балғанымның жанары жалғыз-ақ рет жалт ете қалды. Сол көзқарастың өзі Задашқа оқтай қадалып, танауы қусырылып, демі қысылып кетті. Кеудесіндегі қырық жыл бұрынғы оқ тиген жарасы сыздағанын сезді.
– Әй, Сәду, тілім буынсыз, аузым тығынсыз екен деп... не көкіп отырсың сен? – деп Задаш құрдасына қабағын кіржитіп, дауысын зорайтты.
Сәду Задашты енді ғана көргендей есектей едірейіп, бақшиа тесіліп қалды. Сосынғысы бірдеңе есіне түсіп кетті ме, көзілдірігін бір шешіп, бір киді.
– Бәтіреке, осы мен қызды-қызбамен көп сөйлеп қойдым білем, – деп іле созалаңдай орнынан тұрды, емпең қағып шығар есікке беттеді. Дүниені бүлдіріп, қашқандай боп қалбалақтап кете барды. «Кетпеңіз, отырыңыз» деген де ешкім болған жоқ, бәрі оны көзбен ұзатып, тобық жұтқандай томырайып соңында қала берісті.
Мас адамға не дерсің... Атаңа нәлет қу Сәду, сыбырлап айтқан сырын аспан асты, жер үстіне жайып салды. Дегбірін қашырып дертті етіп кетті. Балалардың алдында орнынан тұрғысыз жер етіп кетті. Енді қайтті, масқара-ай десеңші?!
Задаш кеткен құрдасына бет-жүзі бырысқанша, ерні тырысқанша кейіді. Көзін еденнен көтере алмай жаншылып, самайы лықылдап қимылсыз отырып қалды.
Шоқ бәлем, ажалды киік адырға деген, өзіне де обал жоқ. Тірнектеп жинап, тырнақтап құраған беделінен бір-ақ сәтте айырылды деген осы болады!
Балғанымнан қазір үлкен бір шатақ шыға ма деп күтіп еді, бәйбішесі түк болмағандай бейбіт күйде екен. Бұрыштағы өз орнында әдетінше байпағын тоқып үнсіз.
Задаш шынымен қиналды. Қиналғаны соншалық, көз алдынан бар өмірі кесек-кесек суреттермен тізбектеліп, зырқырап өте шыққандай болды.
Бұл өмір дегенің де қызық-ау, түсініп бермес қалтарысқа толы, тұнған тылсым, толған жұмбақ. Сол құбылыстарды көбінде адамның өзі де пайымдай бермейтін сияқты. Дер шағында парқын білмейсің, мәнін ұқпайсың... ұқпайсың емес, турасында ұққың да келмейді. Жіберген ағат істеріңе кейін бармағыңды тістеп өкінген боласың, бетіңнен бозаң шығып ұяласың. Пұшықтың есесін мұрыннан қайтаратын емес, уақыт құрғыр өтеді де кетеді. Оны жөндеу әлі күнге ешкімнің қолынан келген емес, келмейтін де шығар!
Несін жасырады, жасында бұл Задашта да құдай сүйер қылық болмады ғой... Құдай сүйер қылық болса, орыстың бүлдіршіндей жас қызын қан қақсатып бесіктегі баласымен қоса тастап кетер ме еді! Қазір ғана ғой, жасамыс тартып, қойдан жуас, жылқыдан торы бола қалғаны. Сөйтсе, өткен өмір бәрібір ізсіз кетпейді екен, бәрінің сұрауы болады екен. Сол шындыққа мұның көзі енді ғана жеткендей.
Табиғатынан өзі де зерек еді, соның арқасында бұл өмірде кемдік көрдім деп айта алмайды. Қайда да өз ортасының оғланы, топтың көсемі болып жүрді... Баяғыда, Мәскеуден келген бетте уақыт ұтқызбай сырттай техникумға түсіп алғаны бар-ды. Сонысы әбден оңды болған екен... Зоотехник деген мамандығы мұның кейінгі тірлігіне алтын арқау болып, өмірдегі жолын айқара ашып берген. Осы мамандығының арқасында жағдайы жаман болған жоқ, қайда жүрсе де айы оңынан, күні солынан туғандай еді. Шүкіршілік, өміріне өкпе болмас. Қазір ғой, зоотехник деген мамандық жоқ, ол Кеңестік жүйенің ойлап тапқан жалған жұмысы, түкке керексіз өтірік шаруасы деп ұрандатып жүргендері. Базары жүріп тұрған ол заманда зоотехниктің абыройы артық, беделі басқаша еді-ау! «Зоотехник келе жатыр» дегенде жылаған бала уанатын. Сиыр мөңіреуін, қой маңырауын қоятын. Қыстақтағы қойшы жазғанның тілі күрмеліп, атына міне қырға қарай шабатын. Қой сойып, ет асу керек дегендей... Ал, қойшының келіншегі киімінің тәуірін киіп, сылаң қағып жасанып, бұраң қағып бұлғақтап алдынан шығар еді. Осы әңгіменің бәрі болған, бәрі рас... Ұят та болса кейде еске алғанның шамы жоқ шығар? Бұл Задаш ондай да ыстық ықылас, шадыман шақтарды басынан өткерген. Бүгінде ғой, соның бәрі шұғыладай алыстап, көкжиекке біртіндеп сіңіп бара жатқаны.
Ойлап отырса, Задаш бір азаматтың басына жететіндей-ақ қызметтер атқарыпты. Шіреніп біргәдір де болды, шертиіп бөлімше де басқарды, соңынан, жоғары білімі болмаса да бас зоотехник қызметіне тағайындалып, оны да ұзақ жыл дүркіретті. Сол жылдары совхоздың асығы алшысынан түсіп, мал аман, жан тыныш, бұл Задаштың да асау көңілі көбік шашып, мейманасы судай тасығаны есінде. Баршылыққа мастанып, бастықтан басқаны танымай кеткен кездері де болды. Әншейінде де желсіз күнде желіккен қарағымның өзі еді. Қолдағы билік, байлық пен барлық жас көңілді тіпті шалқытып жіберген. Сал-серілік жасап, әләулаймен біраз жыл желпілдеді-ай дерсің. Қыз-келіншекке қырындап, талай бір қызыққа толы қиқулы дәуренді бастан өткерді. Әдемі күндерді көңілде тербетіп, көкіректе түнетіп, талай сайранды салды. Ебелектей елпілдеген сол бір баянсыз жүрісі қанша жылға созылғанын өзі де білмейді. Әйтеуір әрнәрсені сылтауратып түннің бір уағында сүйретіліп үйге жететін. Ол ол ма, кейінгі кезде есіргені сондай, тауда жүрдім, малда жүрдім деп, апталап жоғалып кететінді шығарған. Мінезі тұйық, көп сөзге жоқ Балғаным дәнеңе білмейді, түкті де сезбейді деп ойлаушы еді. Бекер екен. Масқара болғанда, келіншегі соның бәрін сезіп, бәрін біліп отырады екен! Бірде Балғаным соны айтты...
– Азаматтың сағы сынбасыншы деп, ашуымды әрдайым сабырға жеңдіруші едім. Ат айналып қазығын табар, сүйегі менікі болған соң, ұзап қайда кетер дейсің деп, сыртқа кеткен бір тамшы арам теріңді де пәлендей қызғаныш етпейтінмін. Бірақ қазір балалар ержетіп, ес біліп қалды. Ауыл үйде әңгіме жатушы ма еді, құрғыры. Соңғы кезде сенің соңыңнан ерген сөз көбейіп кетті. Ондай өсек әңгімені құлағымнан асырып жібердім, естімедім десем де, қазір көрші-қолаңның мазағына, қала берді ағайын-жұрағаттың мүсіркеуіне ұшырай бастағанымды білдім. Мейлі, мені қойшы, үйдегі әйелмін ғой, бәрін де көтерермін. Ал сен түзде жүрген азамат емеспісің... Былайша айтқанда, күнделік елдің бетінде, желдің өтінде жүрген ел ағасының бірісің. Ел мен жұрттың көз алдындағы беделіңді байқасаң етті! Біруақ өзіңе ие болып, азаматтық абыройыңды ойлайтын уақыт жетті емес пе! – деді.
Үні өзгеше салмақты, қорғасындай ауыр, аяздай суық, тұздай ащы шықты.
Үндемейтін кісінің үні де соншалықты зілді келеді екен. Балғанымның осы сөзінен соң Задаш ұзақ-ұзақ ойланып қалған. Санасы серпіліп, денесі дүр сілкініп, ұйқыдан оянғандай күйге түскен. Көзсіз көбелек емес, өлер жерін бұл да біледі ғой. Оның үстіне жасы да әжептәуір кезі. Ауру қалса да, әдет қалмайды дегендей, әрине, серілікті бір-ақ күнде тастап кеттім деп айта алмайды. Десе де, осы әңгімеден соң ұзаққа созбақтамай, олқы-солпы жүрісті сиретіп, бойын тез жинап ала қойғаны рас.
Енді мінеки, арысы – атан өгізге сатып ала алмас тағы бір дауға қалғандай. Берісі – сол баяғы ауыр сөз, жауыр әңгіменің тағы бірін естуге мәжбүр. Бұл Задаш ағайынды өкпелеткеннің үні іриді, әйелін өкпелеткеннің дымы құриды дегеннің кебін мықтап киген сияқты.
Күні бойы басы бөркіне сыймай көңілі қабарып, мәңгіріп жүрді де қойды. Ойы божып, ойлағаны іркіттей ірімтіктеле берді. Тегі, қартайғанда қағынды атанғаны осы шығар. Қырдағы қырғауылды іздеймін деп, үйдегі тауықтан айырылып жүрмесе неғылсын. Бәрінен бұрын бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-жұрағаттың алдында абыройы айрандай төгіліп, соры сорпадай қайнап жүрмесе жарар еді. Орыстан әйелі мен баласы болғанын баяғы бозбалалықтың базынасы ғой деп кешірді делік, желпілдеп үш рет Мәскеуге барғанына не уәж айтпақ? Қырым жылғым есіме түсіп, емешегім үзіліп сағынып кеттім дей ме?
Қысқасы, ендігі кесікті сөз де, кесімді сөз де, кетісудің сөзі де Балғаным бәйбішенің қолында еді.
Екінші күн де ың-шыңсыз тыныш өтті.
Соған қарағанда бәйбішесі де, балалар да Сәду құрдасының сөзін қалжыңға балаған шығар, деп те үміттенді. Жоқ, олай болмапты. Үшінші күні кешқұрым бой жазып бақша жақта жүр еді, «Әке, сені мамам шақырады» дегесін, ойында дәнеңе жоқ, үйге кірді. Кірсе – екі ұлы мен қызын қасына алып, төр алдында салтанатпен Балғаным отыр. Бет-жүзі атқан таңдай ағарыңқы, өзгеше ширығып алған.
Задаштың онсыз да секемшіл көңілі қылп ете түсті.
– Әй, Задаш, мына балаларыңды мен әдейі шақыртып отырмын, сен де жақында бері! – деді Балғаным.
Сөзі аршынды, дауысы айбынды, үні тарғыл шықты.
Қазақ та кейде аузы қисайып, «әйелдің бажылдасқаны – ақылдасқаны» деп өтірік сәуегейситіні бар. Жаны шықсын, бәрі бекер. Бұның Балғанымы бажылдаспайды да, ақылдаспайды да. Бетің бар, жүзің бар демей айтар сөзін қиссаламай айтып салып, қарап отырады. Сирек айтады, бірақ түйреп айтады. Нелер бір бетбағыңды сабасына түсіріп, сұлқын басып тастайды. Асығысты білмейді, ашуын білдірмейді, әрбір сөзін санап айтады, қадап айтады. Енді бірде көңіліне жақпай қалсаң жақ ашпай тұнжырап тымырайып үнсіз қалады. Ондайда Балғанымды қалжа беріп қарата алмайсың, ақша беріп сөйлете алмайсың.
«Бала-шағаның алдында шынымен-ақ мен байғұсты жер етіп, масқарамды шығармақшы-ау», деп Задаш күпті көңілмен бүгежектеп қалды. Қалай болғанда да енді шегінерге жер жоқ екенін тағы түсінді. Мейлі, болар іс болды, бояуы сіңді, ендігісі басына қобыз ойнатып, шаңырағын шайқалтып жіберсе де көтеруге дайын.
Задаш аяғын шешіп, емпеңдеп барып, төрдегі сырмақ үстіне жамбастай жығылды.
– Әй, ұлдар! – деді сүйегін сықырлатып бұл жайғасып болған кезде Балғаным. – Мына әкелеріңнің ішінде күйігі кетіпті. Мәскеу жақта сендердің тағы бір аналарың, аналарың ғана емес, үлкен бір ағаларың да бар екен. Ол әйел де бір ана, бөтен емес, ол ұл да біздің шарана, сендердің туыстарың. Туыс қана емес, туғандарың. Әкелеріңді қайта-қайта ол жаққа сандалта бермей, қолдарың ұзын, қалталарың қалың, сендер іздеңдер, туыстарыңды тауып әкеліңдер! Тым болмаса бір хабарын алдыртыңдар, ұқтыңдар ма? Әкелеріңді құсадан өлтірмейін десеңдер, ертеңнен бастап іздеуге шығыңдар. Менің сендерге айтпағым осы!
Көп әңгімеге жоқ Балғаным сөзін шегелеп айтты, қатты айтты.
Көңілге жаққан сөзді керең де естиді. Бәйбішесінің мына сөзін Задаш өз құлағымен қапысыз естіді, анық естіді. Естіді де, бала-шағасынан ұят та болса, кемсеңдеп еріксіз жылап жіберді.
Әңгіменің шет жағасын әнеу күні Нағия қызы естіген, дүниеден хабарсыз Ербол мен Нұрбол әкесін қоршап алды. Әйел мен ұлдың аты-жөндерін, тұрған қаласын, мекен-жайын, жұмысын жамырай сұрасып жатыр.
– Серпухов деген қалада.. Қазір өзгеріп кетпесе, ол кездегі памилесі Семашкова болатын... Семашкова Елена Николаевна. Ұлдың аты Александр! – деді Задаш құмыққан бәсең үнмен.
– Қайда жұмыс істеуші еді? Адресі қалай еді?
– Әдірісін білсем, сендерсіз де табар едім ғой! – деп Задаш теріс айналып кетті.
Әкесінен мардымды жауап ала алмаған соң, ұлдар енді өздерінше күбір-күбір жоспар құрысып, әңгімені осымен доғарған.
***
Күз түсіп, қазанның қара желі соққан бір күні желден бетер желпініп үйге Нұрбол жетті.
– Папа! – деді аталақтап. – Папа, сүйінші!
– Иә, балам, не боп қалды соншалық? – деп Задаш жамбастап жатқан диваннан созалаңдап тұра берді.
– Біз ағамызды таптық. Москвадағы достарға тапсырып, көп ақша жұмсап іздеу салып, ақыры таптық. Фамилиясы сен айтқандай Семашков емес, Симашков болып шықты... Симашков Александр Задашевич. Темір жолда стрелочник болып істейді екен.
– Симашков дейсің бе?
– Иә, папа, «Симашков»... «И»-мен жазылады. Сен бір әріпке қателесіп кетіпсің?
– Ит біліп пе... Болса болар!
– Мамам Александрды шақыртып та қойды. Алдағы сенбіде келетін болды. Мәскеудегі біздің достар оған самолетке билет алып беріпті.
– Апырмай... келеді дедің бе? – деп Задаш сөз таба алмай тосылды. – Ескендір келеді дедің бе, балам? Шақырып қойдық дедің бе?
– Иә, папа, ағамызды шақырып қойдық, сенбі күні келеді!
– Айтпақшы, оның шешесін айтам... шешесі Елена Николаевнаның жағдайы қалай екен?
– Елена шешей осыдан екі жыл бұрын қайтыс болыпты, – деді Нұрбол.
Задаш буыны босап, жайлап диванға отыра кетті.
***
Содан Балғаным бас болып, балалары қос болып, күн-түн демей Ескендірді қарсы алудың қамына кірісіп кетті дерсің.
Задаштың жалғыз ағасын соғыстан қалған ескі сырқаты анау жылы алып жыққан. Қазір бұл өзі тұл жалғыз. Ағасының балаларын шеттетпей, қарайласып тұрғаны болмаса, басқадай туған да, туыс та жоқ мұнда. Есесіне Балғаным көп ағайынды. Бұлардың тұқымдары жаратылысынан қаракөк, арғы аталары үзеңгі-бауы сегіз қабат ақсүйек болғанға ұқсайды. Балғаным да сондай ордалы отау, тәрбиелі ұяда өскен текті атаның ұрпағы. Балғанымның көдеден көп ағайыны қазір де дәулетіне сәулеті сай мықты азаматтар. Жаманаты шықпаған, ынтымағымен үлгі болған, ел-жұртқа сыйлы кісілер.
Ескендірдің жайымен сол ағайынның бәрі де құлақтанып үлгеріпті.
Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, соншалықты дайындалған Ескендір де айтқан сенбісінде зарықтырмай келе қалған.
«Ұлымды қалай көрер екем» деп неше күн алаңдап, неше түн кірпік ілмей қиналып еді. Ербол мен Нұрбол сияқты бұлшық еттері ойнаған, мығым денелі тығыршықтай азаматты елестеткен. Сөйтсе, Ескендір қабырғасынан күн көрінген жүдеу, иығы қушиған арық болып шықты. Әйтеуір теректей серейген бойы бар. Жасы қырықтан енді ғана асса да, бет-жүзі қайыстай қатып, әжім айғыздап, тарғыл тарта бастапты. Жасынан ерек кекселеу көрінді.
Бұлар Ескендірді улап-шулап бір қора болып әуежайға барып, шұрқырасып қарсы алысқан. Шампан атып, шашу шашысты. Ескендірге алдымен Балғаным барды, көзіне жас алып еміреніп маңдайынан иіскеді. Сосын балалар, жұрағаттар құшақтасып, қол алысып жөн сұрасып жатты. Амандасып бәрі бітті-ау деген кезде Балғаным Ескендірді қолынан жетектеп, былайғы шетте жетім ботадай бөлектеніп қалған Задаштың қасына ертіп әкелді.
– Сенің әкең – осы кісі! – деді орысшалап. – Амандас әкеңмен?
Ескендір алғашында Задашқа таңырқай қарап, аз-кем сілейіп тұрып қалды. Қарны шыққан, қабағы қалың тартқан жирен шалды жатырқаған сыңайда еді.
– Ну, батька, здраствуй! – деді сосын қолын жігерсіздеу ұсынып.
Задаш өзін қаншалықты қайрағанмен шыдай алмады, иегі жыбырлап, мұрты қыбырлап кемсеңдеп кетті. Ескендірдің басын еңкейтіп бетінен сүйді, күнсіген жалбыр шашынан иіскеді, құшақтап кеудесіне басты. Мұрнын қорс-қорс тартып, екі көзін алма-кезек сүрткілей берді. Басқадай екеуі тіл қатысқан жоқ.
Балғаным бүгін өзгеше құлпырып кеткендей екен. Кердең басады, кербез жылжиды. Кербез жылжып келіп, Ескендірді қолынан жетелеп қайыра алып кетті. Задаш соңдарынан қарап тұр... Бәрі мәз-мәйрам, сыңғырлаған күлкі, гу-гу әңгіме, құдды бір араның ұясы секілді. Ортада сырықтай сорайған Ескендір, қасында аппақ кимешек киіп, сымбатымен бөлектенген Балғаным. Қалған жұрт бірде олардың ана жағына, бірде мына жағына шығысып, улап-шулап ұзап бара жатты.
Мынау жалған дүниеде Задаштың бар-жоғын ұмытып кеткен сияқты.
***
Ескендір апта бойы ел аралап, ағайын-достардың шақыруынан, мейман болудан көз ашқан жоқ.
Ербол мен Нұрбол келесі күні-ақ оны ең мықты деген дүкендерге апарып, бастан-аяқ мұздай киіндіріп тастаған. Сөйтіп күнде думан, күнде тоймен жүргенде Ескендірдің қайтатын мезгілі де келіп қалды. Балғанымның өзі бас болып, анау жолғыдай тағы да улап-шулап оны салтанатпен әуежайға шығарып салысты. «Келесі жылы әйел, бала-шағамды ертіп бірге келемін» деп қол бұлғап, қош айтысып Ескендір ұшып кете барды. Аңқылдаған аппақ көңілінен айналайын, өзі көтерем бола жүріп бұл жақтағы ағайынды Мәскеуге қонаққа шақыра кетті.
Әуежайдан үйге қайтып келген соң Балғаным анау жолғыдай екі ұлды тағы да оңаша шақырып алған.
– Бастарың бүйтіп күнде қосыла бермейді, сендерге айтар міндетім бар! – деді.
Ербол мен Нұрбол қашанғы әдетінше шешелерін екі жақтан күргейлеп, қаздиып тұра қалысты. Задаш ұрлық қылған балаша кирелеңдеп, оларға жақындауға дәті бармады. Ұмтыла басып шеттегі бір орындыққа барып жайғасты.
– Жұрағат табу жалғанның зор бақыты, балаларым, – деді Балғаным сабырмен сөзін салмақтап. – Бұдан былай сен екеуің анау ағаларыңның еңсесін түсіртпей, біреуге кіріптар қылмай, әрдайым қолұшын беріп жүріңдер... Сен Ербол, Ескендір ағаңа сол жақтан жөні түзу бір баспаналық пәтер сатып әпер. Сен Нұрбол, ағаң салпақтап жаяу жүрмесін, астына лайық бір мәшін сатып әпер. Алтын арқау, кең тұсауға салмай, бұл шаруаны осы күзде жасап тастаңдар. Өздеріңе айтайын дегенім осы еді.
Екі ұл бастарын шұлғысып, құп алысып жөндеріне кетті.
Балғаным болса бұрыштағы өзінің үйреншікті орнына жайғасып, түк болмағандай жайбарақат байпақ тоқуға кірісті.
Балалардың арқасында осы үйде бәрі бар, бәрі жетеді, жыртық-жамау дүние жоқ. Сөйте тұра Балғаным несіне бүйтіп күйбеңдеп күнде байпақ тоқып, көрпе құрап жүретінін осы Задаш түсінбейді.
Енді байқады, Балғаным әлі күнге сымға тартқан күмістей көрікті екен. Ақша маңдай, ашық қабақ ажарын әлі алдыра қоймапты. Бетіне әжім түсіп, еті баршын тарта бастағанымен, жүзінде жылы мейірім, иман мен нұр шалқып тұр. Алпысқа жетіп қалса да, өзгелер сияқты жайыла толысқан жоқ, белі тоқ, мықыны жұмыр, жасына қарай бәрі де жарасымды.
Задаш қырық екі жыл отасқан әйелін жаңа танығандай сарғыш жанары жасаурап, біртүрлі елжірей қарап қалды...
ҒАББАС ПЕН ШУРА
Осы әңгімені алғаш естігенде әлдебір өкініш аш өзегімізді өртегендей күйге түсіп, қатты тебіренгеніміз бар.
Әңгіменің ұзын-ырғасын алдымен Мұхтар Құл-Мұхаммед айтып беріп еді. «Жазып жүрген жаңа циклыңызға қатып тұр, осыны қолға алсаңыз» деп ұсыныс жасаған. Соңынан бұл баянның бас кейіпкерінің үзік-үзік естеліктері мен жазбаларын оқудың да жөні түсті. Сөйтіп, осы оқиға арқылы әйел затының көк аспандай тұңғиық жеке әлем екеніне біз тағы бір көз жеткізгендей болғанбыз. Қыл пернеден де нәзік әйел жанының жұмбақтығына қайран болып, лажсыз оны тағы да мойындауға тура келген. Біз, еркек ағайын, енеден енді екі туып келсек те бұл сиқырды мәңгі түсінбей өтетінімізді мықтап ұққанбыз.
Алдымен, кейіпкерлердің аттарын өзгертіп, судай сапырып қиялға біраз ерік берейікші деп те ойладық. Артынша бұл ойдан айнып, аттарын да, заттарын да естіп-білген сол қалпында қалдырғанды жөн санадық. Өзгертіп жазсақ өтірік шығатындай, әрі ол кісілердің ар-ұятына қамшы басып, обалына қалардай сезіндік. Қысқасы, адалынан ғұмыр кешкен адамдардың аруағы алдында күнәһәр болғымыз келмеді.
Оның үстіне бұл әңгімеге бірдеңе деп ойдан қосудың қажеті де шамалы еді. Бәрі де тайға таңба басқандай айқын, өмірдің өзінен ойып алынған айдай шындық-ты.
Сол себепті де, қымбатты оқырман, естіген әңгімемізді шашау шығармай, қаз-қалпында сіздермен бөліскіміз келді.
Бірінші желі
Олар бір әке-шешеден екеу еді, ағасы Қалихан мен өзі – Гүлжан. Ағасымен аралары он жас-ты. Гүлжан әке-шешесі мен жалғыз ағасының ортасында тұлымшағы желбіреп, балалықтың уайымсыз қызығына балдай батып жүріп жатты. Бұл оның, қазақ айтатын, ақ жұмыртқа, сары уыз алаңсыз шағы болатын. Соғыс деген суық сөз, көпке келген селебе, бел қайыстырған ауыр жылдар пәруейіне де кірмейді, оның не екенін ұғып жатқан Гүлжан жоқ. Бірақ, жылаған бала, боздаған ана, күңірене күрсінген кемпір-шалды сәби Гүлжан да ауыл арасында жиі көріп жүретін.
Бұлар төбетайлы тепсеңге салынған еңселі үш бөлмелі үйде тұрып жатты. Әкесі Қалиасқар соғысқа дейін көп жыл қара табан шахтер болған кісі еді, содан өкпесі қабынып көксау боп қалған-ды. Құдайдың тегін ауасын армансыз бір жұта алмай тұншығып, ылғи да көгеріп-сазарып күркілдеп жүргені. Соғысқа жарамай, ақ билетпен қалған. Қорада бірер малы бар, ала көбең шаруасын күйттеп жүріп жатты. Көксау болса да ол кісі ағаштан өрнек салып, темірден түйін түйген шебер еді. Көңіліне медет, арқа сүйер қуаты – азамат болған жалғыз ұлы Қалихан. Қоғам жұмысынан қолы қалт ете қалса, қашан көрсең ұлы екеуінің тыртыңдап ағаш кесіп, шұқшиып тақтай жонып жатқандары. Жөнін біліп тұрғасын аянсын ба, екеулеп үйдің іші-сыртын ағаш оюлармен өрнектеп, қоршау шарбақ, есік пен терезеге дейін әлем-жәлем бояп тастаған. Төбе басындағы бұлардың үйі былайғы тәутиген тапал тамдарға қарағанда ата қораздың айдарындай кекиген, құдды бір музей секілді ерекшеленіп тұратын.
Үйге кіре берісте қос терезелі ұзынша сенек. Сенектің дәл ортасында тербетіліп Гүлжанның әткеншегі ілулі тұр. Әткеншектің қызыл-ала жібі қыз бұрымындай өрілген әсем, отыратын тақтайшасында зытып бара жатқан қоянның бедерлі суреті. Сенектен өткен бетте – ас үй, ас үйден екі жаққа екі бөлме тарайды. Олар жатын бөлмелер. Ас үйдің ортасында өрнектелген қазақы үстел, Гүлжан шешесіне еркелеп лақтырып тастайтыны болмаса, көбінде бетінде көгала ашшаулық жаюлы тұрады. Оң жақта үлкен қара қазан. Қазан тұрған тұстағы қабырғада күнделікті тіршілікке қажет ыдыс-аяқ, ожау, шөміш, қасықтар. Бір жақта тұрбасы мұржа арқылы сыртқа жалғанған сары самауыр, қашан көрсең де терлеп-тепшіп, екі иінінен дем алып тұрғаны. Босағаға таяу тұста қыста сүттен май пісетін, жазда қымыз ашытатын күбі.
Жатын бөлменің алғашқысында әлеміш оюлармен нақышталған екі бірдей ағаш төсек тұр. Төр жақтағысы – шешесі мен Гүлжандікі, бергісінде әкесімен Қалихан жатады.
Екінші бөлме – Ғаббас ағайдың бөлмесі.
Ол жерде жүгі сіресіп жиналған, үстін ақпен жауып қойған тағы екі төсек тұр. Анау бөлмедегі ағаш төсектердей жалпақ емес, ықшам, орыстың жалтыраған темір кереуеттері. Бұл бөлменің есігі көбінде жабық тұрады.
Ғаббас – әкесі Қалиасқардың інісі, араға бала түспеген жалғыз туысы. Ол кісі соғыс басталған жылғы қыста майданға кетіпті. Қырық үштің жазына дейін аман-саулығын білдіріп, ағайын-туғанға үшбу сәлем жолдаған бірер хат келген көрінеді. Содан кейін хабар-ошар жоқ, ұшты-күйлі жоғалған. Сол жылдың күзінде Ғаббастан «ерлікпен қаза тапты» деген «қара қағаз» келеді. Қызық болғанда, қырық төрттің жазында дәл осындай тағы бір «қара қағаз» келіпті... Яғни, Ғаббас ағасы екі рет ерлік жасап, араға жыл салып екі мәрте қаза тапқан.
– Сонда қалай, ағай екі рет өлген бе? – деп ересек Қалиханның да түсінбестік танытқаны бар.
– Жоқ, балам, ағаң тірі, жүрегім бірдеңе сезеді!
Бұлай деген Сағила шешесі.
«Қара қағаз» алғаш келгенде көңіл айтып азалаған ағайынды Сағила басына қара салып жоқтау айтып қарсы алып еді. Екінші жолы бозінгендей боздаған қалың әйелді бір-ақ сөзбен ауыздарын жапты да, жамандықты қолымен аластап, қайтарып жіберді. Кейін де Ғаббас жайында сөз бола қалса:
– Қайным тірі, бұлары несі-ей! Адам екі рет өлуші ме еді? Өтірік... сенбеймін! – деп шам шақырғандай болып жүрді.
Сөйтіп, Сағила шешей Ғаббастың төсегін тап-тұйнақтай етіп жинап, есік-терезесін айнадай ғып жуып, еденге алаша төсетіп, бөлмесін жаптырып қойған.
Содан бері Гүлжанға Ғаббас ағасы алыста аюдай үлкен, үсті-басы шуда-шуда жүн, әлдебір айбынды жаумен жалғыз өзі алысып жүргендей елестейтін. Айбынды жау ағасын екі рет өлтірген екен, бірақ екі ретінде де күш-қуаты мығым, алапаты басым ағасы бой бермей, дүр сілкініп қайта тіріліп кетіпті. Сондықтан ол кісі, Гүлжанның болжауынша, жауды біржола жеңген соң ғана ауылға қайтуы тиіс.
Гүлжан батыр ағасын балалар арасында ашықтан-ашық мақтан тұтатын, қашан келер екен деп іштей арман етіп жүретін.
Барына шүкір, жоғына сабыр еткен алаңы көп заман ғой. Құдайдан сұрағаны ақ, тілегі түзу, ниеті таза бұл шаңырақ біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өстіп жұрт қатарлы өмір сүріп жатты.
Гүлжан алтыға толғанда жер-дүниені тітірентіп өткен соғыс та біткен. Қасіретпен қан құстырған қаралы жылдар, жылау күндер мен бұлау түндер артта қалғандай еді. Көтерем ел есін жинап етегін түрініп, жан шақыра бастады. Түтіндерін түзеп, үміттерін жалғап бейбіт тірліктің қарекетіне кірісті. Зәрулікпен соғыстан соңғы жаз өтті, қуанышы мен қайғысы қатар тайталасқан тағы бір қыс аяқталды. Сүзектей созылып қырық алтыншы жылдың көкөзек көктемі де келіп жетті.
Балалық шағы тайраңдаған ботадай бейкүнә еді. Талтүс болғанша тырп етпестен ұйқы соғады. Содан көзін тырнап ашқаннан қас қарайып көз байланғанша үйге жоламайды, безек қағып далада секеңдеп жүргені. Ойынның қызығымен көбінде қарнының ашқанын да білмей қалады.
– Гүлжан, әй Гүлжан, біруақ тамағыңды ішсеңші? – деп шешесі бәйек болып шақырып жатады.
Кейде ол әлденені ұмытқандай жүгіріп үйге кіріп, бір кесе айранды сіміріп алады да, қаймақ жаққан бәтердің үзімін жүре жеп, қайыра далаға қашады.
Сол әдетімен бірде су ішпекке апыл-ғұпыл жүгіріп үйге кірген. Көктемнің шағырмақ шуағы қайтыңқырап, күн ұясына еңкейген ақ пен қызыл арасы еді. Кірсе – табалдырықта бұрын бұл ауылдан көрмеген, өзі жалаңаяқ, жалаңбас бір бөтен әйел тұр. Жаман түйенің жабуындай киімі де алба-жұлба, өзінің кірген беті де осы болса керек. Арсалаңдап жеткен Гүлжан бейсауат жанды көріп, абдырап тұрып қалды.
– Қалиасқардың үйі осы ма? – деді келген әйел үй ішін көзбен шолып. Дауысы ентігіп тұр, еркектің үніндей тарғылданып шықты.
Шешесі бір бұрышта бүкшеңдеп кір жуып жатыр екен, сусып түсіп кеткен орамалын басына жапты да, әйелге мойын бұрды.
– Иә, осы! – деді таңданған пішінмен.
– Осы болса, сүйінші! – деді бөтен әйел әлі де ентігін баса алмай.
Солай деді де, Сағиланың басындағы орамалын сыпырып алып, өзінің мойнына орай салды.
Сағила кібіртіктеп, кірін тастай бере орнынан тұрып кетті.
– Сүйінші, сүйінші! – деп бөтен әйел шаншыла түсті.
– Қалағаныңызды алыңыз... Дегбірді қашырмай, тез айтсаңызшы енді?
– Айтсам сол... Мен Жаңғызтөбеден келіп тұрмын. Байқаймын, жасымыз қарайлас сияқты... Менің атым Қазинеш. Вокзалда техничка болып істеуші едім. Сіздің қайныңызды көрдім...
– Үйбу-у, не дейді... Көзжақсымды айтып тұрсыз ба?
– Көзжақсыңның кім екенін мен қайдан білейін. Мен Ғаббасты айтып тұрмын.
– Шын сөзіңіз бе?
– Шын болмағанда, отыз шақырымнан несіне жүгіріп келді дейсің!
– Көзжақсымды таниды екенсіз ғой?
– Соғысқа дейін талай көргем. Жазбай таныдым, шүбәңіз болмасын... Бұл арада менде жаңылыс болған жоқ!
Бұл хабарды естігенде Сағила есінен айрылып қала жаздады, көзінен бірер тамшы ыстық жас шығып кетті. Екі қолын қоярға жер таппай асып-састы, тіпті үні де құбылып шықты.
– Асыл қайным еді... Қалиасқардың соңынан ерген жалғызы еді... Тірі екенін сезіп едім...
– Құрбым, зар-запыраныңды сосын төге жатарсың, мен асығыспын.
– Иә-иә... Сүйіншіге не аласыз?
– Не берсең де тартынатын мен емес.
– Ендеше күтіңіз, өрістен мал алдырайық?
– Өрістегі малды күтіп отырар уақытым жоқ. Сенсең, құрбым, осы бойда қашып шыққандай болдым... Жан ұшырып жеттім.
– Өрісті тоспасаңыз, қорада бір марқа бар еді, соны... Егер олқысынбасаңыз?
– Мейлің білсін. Ниетіңе рахмет! – деп ширықты келген әйел.
Сағила жанары жасаурап, айтар сөзі ернінде бөгеліп, еңкейіп Гүлжанды маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. Сосын:
– Оразбай ағаң үйде шығар, шақырып кел, марқаны сойып берсін! – деді.
Қуанышты хабардан Гүлжанның да көңілі судай тасып, зуылдап көрші үйге барды.
– Марқа сою керек! – деді кірген бетте.
– Оны қайтпексіңдер?
– Ғаббас аға келе жатыр!
– Қай Ғаббас.. Үйбәй, әлгі «өліп қалды» дейтін баяғы Ғаббас па?
– Иә, солай...
– Не дейт!
– Иә, солай...
Сол ақ екен, Оразбайдың үйіндегі үлкен-кішінің бәрі өре көтеріліп Қалиасқардыкіне шұбырды. Хабарды естіп басқа көршілер де жиналып жатыр. Аздан соң үйдің іші-сырты ақ жаулықты әйелге, кемпір-кешекке толып кетті. Бала-шаға да шу-шу етісіп, олар да аяққа оратылып жүр.
Денсаулығына байланысты жеңіл жұмыс деп, әкейді колхоздың дабылшысы етіп қойған. Қалихан атқа міне шапқылап ауылдың арғы шетінде жүрген әкесін шақыруға кетті.
Оразай ағай ілездің арасында марқаны жіліктеп сойып, жайратып тастады. Сағила сойылған марқаны бас-сирағымен, ішек-қарнымен қоса қоржынға нығарлай салып, Қазинешке арқалатып жіберді.
– Босқа келмеген екем, ағайын, ризамын! – деді Қазинеш жиналған көпшіліктің бәріне естірте. – Өлгендеріңіз тіріліп, өшкендеріңіз жанып жатыр. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын!
Солай деді де, желе-жортып станцияға қарай жалаңаяқ жаяу тартып кетті.
Қап-қара түн түндігін жамылған меңіреу далаға сіңіп жоғалғанша жиналғандар Қазинештің соңынан қарап тұрды да қойды. Бұл шаңыраққа көптен күткен жақсылық хабарды екі өкпесін қолына алып, асығып-аптығып жеткен бейтаныс әйелге ағайынның айтар рахметі шексіз еді.
Қалиасқар мен көрші Оразбайдың үйінде түні бойы ұйқы болған жоқ, қазан көтеріп, от жағып екі үй де абыр-сабыр күйге түсті. Оқыс хабар ағайын-ажынның дегбірін қашырып, дертті етіп кеткендей еді. Ересек Қалихан ол да ерте тұрып, күн шықпай Гүлжанды оятып жіберді.
Әкей ат-арбаны жегіп, таң жаршысы тауық шақырғаннан Ғаббас інісін алып келуге станция жаққа кетіп қалыпты.
Күн көтеріле «Ғаббастар көрінді» деген зарыға күткен хабар да жетті-ау!
Онсыз да түн ұйқысын төрт бөліп тықыршыған ағайын сылтау таппай азар отыр екен. Сәттің арасында ауыл сыртындағы күре жолдың бойы қарақұрым халыққа толып кетті. Соғыс біткелі жылдың жүзі өтсе де, мұндай уақиға бұл ауылда көптен кездескен жоқ-ты. Ғаббастың әлдеқашан өліп қалғанына Сағиладан басқа осы ауылдың бәрі баяғыда-ақ иланған болатын. Енді мінеки, екі рет өлген сол кісіңіз ғайыптан тірілгендей еліне аман-есен келе жатыр деседі. Ал, керек болса! Адам сенгісіз әңгіме емес пе!
Олай болса, әркім осы хабардың шын-өтірігін өз көздерімен көруге асыққан еді.
Не заматта бергідегі бүк түскен бұлғыр жотаның баурайынан қараң етіп арба да көрініс берді.
Төбе басында жиналған үркін ел үдере қозғалып арбаға қарай жылжыды. Қақшаңдаған шал, кемсеңдеген кемпір, балдақ сүйенген, таяқ тіреген ақсақ-тоқсақтар. Олардың соңын ала қара жамылған, ала жамылған бір қора келіншек, қыз-қырқын. Әйтеуір іркес-тіркес шұбырған аламан жұрт.
Бала-шаға құйындай ұшып, қиқуласа шаңдатып алға кеткен. Ауылдың жалбағай иттері де шәуілдей үріп, жол жиегінде ойқастап беталды шапқыласып жүр. Көңілі алып ұшқан Гүлжан да балалармен бірге біраз жерге дейін қабаттаса жүгірген. Сосын ағасы болса да бұрын көрмеген кісісі екені есіне түсіп, біртүрлі тайсалыңқырап тұрып қалды. Көпшілікпен бірге соңында келе жатқан шешесін күтті. Үлкендер жағы келесі бір тепсеңге шыға бере үйіріле тоқтаған. Майдангер азаматты осы арадан қарсы алмақ ойда секілді.
Шешесінің қасында көзі бақырайып, еліктей елеңдеген Гүлжанды арба жақындай бере көп әйелдің біреуі:
– Әй, еркем, бұл арада сен неғып тұрсың? Жүгір ағаңа... Бірінші болып сен құшақта! – деп жеңінен тартып қалды.
– Сөйте ғой, күнім... Бара ғой... жүгір! – деп шешесі де жайымен арқасынан итеріп жіберді.
Сол-ақ екен, қанат біткендей көңілі тасып, Гүлжан арбаға қарай құстай ұшты. Жеткен бойда тыпыңдап арбаның қамсаулы қанатына жармасты.
– Балам, байқа, арбаның астына түсіп қалма! – деп әкесі тізгін тежеп жатыр.
Сол сәтте әлдебір қуатты қол Гүлжанды қолтығынан көтеріп алды да, топ еткізіп өзінің алдына жатқыза салды.
Өзін лып еткізіп көтеріп алған қарулы қол бөтен емес, Ғаббас ағасы екенін іштей сезді. Ағасы еркелетіп жатыр, аялап шашынан сипады, еңкейіп маңдайынан иіскеді, еміреніп бетінен сүйді.
Көп жыл күткен, екі рет өлді деп «қара қағаз» алған жан ағасы осы! Гүлжанның кішкентай жүрегі майдай елжіреп, қос тамшы ыстық жас жанарында іркіліп қалды. Еңіреп тұрып жылағысы келді, бірақ жылаған жоқ.
Гүлжан кішкентай қолымен ағасының белінен құшақтады да, сарыала гимнастеркасына тұмсығын тығып, иіскеп-иіскеп жіберді. Ағасы үнсіз, қарындасының күнсіген шашын алақанымен сипай береді. Өзінің алақаны қандай жұмсақ еді десеңізші.
Ырдуан арба да ырғатылып көпшілікке жақындап қалған.
Ағасына іштей болса да еркелеп мауқы басылғандай болған соң, Гүлжан шалқалап көзін ашты...
Ашқан бойда жылан шағып алғандай шар ете қалды.
Шошынғаны соншалық, екі қолымен бас-көз жоқ ағасының кеудесін төпелей бастады. Тура Әзірейілдің тырнағына түскендей құтылуға тырысып, құлындай шырқырады.
...Сақал-мұрты тікірейген, бет-аузы кірпідей, жақ сүйегі шөмиген, өзі шөлмектей арық, өліктей сұп-сұр біреу төбесінен төніп тұр. Ең сұмдығы сол – екі көзі жоқ! Екі көздің орнында дөңгеленген қып-қызыл қотыр жара. Көртышқанның ініндей үңірейген қап-қара қос тесік. Миға қонбайтын, санаға сыймайтын, адамның өңі түгілі түсіне кірмейтін қорқынышты бейне! Үңірейген қос тесік мұның іші-бауырын тесіп жіберердей, тірідей жұтып қоярдай, түпсіз тұңғиығына суырып тартып бара жатқандай көрініп кетті...
Қолды-аяққа тұрмай шыр-шыр еткен Гүлжанды ағасы көтеріп, бірдеңе деді де, қасындағы әйелдің алдына аудара салды.
Гүлжан дір-дір етеді, денесі безгек тигендей бір ысып, бір суыды. Бүктетіле бүрісіп, шашының түбіне дейін шымырлап, тілін тістеп алды. Пана іздеп әйелдің құшағына тығыла түсті. Әйел де аймалап бауырына тартып, бұрыннан танитын жандай бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр.
Іштей мақтан тұтып, қиялында әлдилеп жүрген асыл ағасын, жауды жеңіп қайтқан күшті батырдың бейнесін жаңағы елес бір-ақ сәтте тас-талқан еткендей болды.
Енді бір мезетте мұны құшақтап отырған әйел де бірдеңе деп сөйлеп қоймасы барма!
Сөзі бөтен, мақамы бөлек тілде шүлдірлеп жатыр.
Жаңағы дөкір тажалдың не екенін түсінбей, онсыз да жанын қоярға жер таппай жатырқаған Гүлжан әнтек селк ете түсті.
Жарқ еткізіп жалма-жан көзін ашып жіберді.
Масқара, тас төбесінде шаншудай қадалып өмірі көрмеген көз тұр. Көз болғанда – тұздай көкпеңбек, баданадай үп-үлкен. Өзінің бет-жүзі аруақтай аппақ, шашы сайтандай сап-сары.
Гүлжан тағы баж ете түсті. Баж етіп шиыршық ата бұлқына қашты. Екі аунап барып арбаның қанатынан аса құлады.
Жерге бұрқ ете түскенде арбаның артқы дөңгелегі дәл тұмсығының қасынан шиқылдап өте шықты.
Гүлжанның арбадан құлап қалғанын көріп тұрған қалың жұрт азан-қазан шуласып жатыр.
– Ойбай, бала өлді емес пе!
– Арба басып кетпесе неғылсын!
– Жоқ, аман секілді...
Шешесі топ ішінен бөлініп, шәлісін желбіретіп жан ұшыра жүгіріп келеді екен.
Үсті-басы шаң, шашы дудырап, бетін айғыз-айғыз жас жуған Гүлжан өкіре жылап, ол да шешесіне қарай ұмтылды.
* * *
Бала Гүлжан осы уақиғаның мән-жайын кейінірек, есейген кезде бірақ білген болатын.
Ағасы қырық екінің жазында қатты жараланып, жау тылында қалып қойыпты. Есі бірде бар, бірде жоқ, орман ішінде қу жанын сүйретіп келе жатқанда мұны партизан отрядының Шура деген байланысшы қызы кезіктіреді.
Жарақаты жазылып, сауығып тұрған соң барар жер, басар тауы жоқ Ғаббас партизандар арасында қала береді. Үлкен жермен байланыс қиын, хабарсыз кеткен Ғаббастан алғашқы «қара қағаздың» келу сыры осы екен.
Орыс тіліне жүйрік, соғысқа дейін техникумда оқығаны бар, Ғаббас жұқалтаң шілтік болса да зейінді, алғыр, арада көп ұзамай взвод командирі боп тағайындалады. Анау жолы өзін өлімнен арашалап қалған он тоғыздағы киіктің асығындай сүйкімді Шура қызбен жұбы жазылмай бірге жүреді. Соғыстан аман-есен оралар болса Қазақстанға бірге барып, отау құрып үйленіп, өмірлерін бірге өткізбек болып серттеседі.
Күндер заулап, айлар жылжып өтіп жатады.
Бірде партизандар темір жолды миналайды. Бірақ түтінін будақтатып, қышқырып-пысқырып жаудың эшелоны жақындай бергенде, мина жарылмай қалады. Қопарғыштың тетігін қалай бұраса да былқ етпейді. Бұл деген адамның миы теріс айналып кететін, сәттің арасында шашы ағарып кететін қиын жағдай еді. Ондайда ойланып жатар уақыт қайда, Ғаббас жатқан жерінен атып тұрып, сымның бойымен темір жолға қарай ұмтылады. Соны күтіп тұрғандай, Ғаббас темір жолға жақындай берген мезетте мина бұрқ етіп жарылып кетеді.
Үсті-басында сау-тамтық жер жоқ, Ғаббас өлімші боп жараланады. Содан өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ екі дүниенің арасында жыл жарым уақыт емделеді. Соғыс біткен соң да Ғаббас госпитальде ұзақ жатыпты.
Сөйтіп, қырық алтының көктемінде ғана қалқиып госпитальдан аман-есен шыққан екен.
Аман-есен шыққанымен не шара, минаның жарықшағы қос жанарын бірдей ағызып түсіріпті. Жылт еткен сәуле жоқ, қылаудай саңылау жоқ – Ғаббас су қараңғы соқыр боп қалады.
Бұл қу тағдыр дегенге шара бар ма!
Әйтеуір, қасынан Шура кетпепті. Баяғы уәдесінде тұрып, қалған ғұмыры біреуге кіріптар болып қалған, өзі ақсөңкедей арық, уайым жеп солған Ғаббасты госпитальдан шыққан бойда үйіне кіргізіп алады. Біраз әл бітіп, өңі түзеліп, жөнге келді-ау деген кезде екеуі қолтықтасып Қазақстанға қарай тартып кетеді.
Бар жағдай осы екен.
Осылайша Ғаббас ағасын қарсы алған сәт бала Гүлжанның есінде ғұмыр бойы жатталып қалған.
Қарғыс атқыр соғыс дегеннің бейнесі қандай болатынын алты жасында-ақ көріп-сезінді ғой бұл Гүлжан!
Екінші желі
Соғыс десе қазір де Гүлжанның көз алдына қатар қазған көртышқанның ініндей үңірейген Ғаббас ағасының қап-қара екі көзі елестей қалады. Құдай сақтасын, адамның қос жанары жоқ деген ұғым әлі күнге миына симай-ақ қойды.
Бәрі де сұм соғыстың қасіреті ғой. Қайраның жоқ, көкірегің қарс айрылып, құр күрсінесің де қоясың. Жүрегіңді әлдебір ала мысық тырнап-тырнап жібергендей өзекті ашытқан өкініш көңілден кетпейді-ау, кетпейді. Бейне-бір тасқа қашалған бәдіздің ізіндей санадан мәңгілік өшер емес.
Гүлжан Қалиасқарқызы бүгінде өсіп-өнген өнегелі шаңырақтың ардақты анасы. Былтырғы жылы дүниеден өткен марқұм Дулат Құрманғалиев деген ақынжанды, ақпейіл азаматпен ұзақ жыл отасып, ұрпақ өсіріп, балалы-шағалы болды, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Шүкіршілік, балаларының бәрі де қазір жоғары білімді, түрлі қызметте абыроймен еңбек етісіп жатыр. Гүлжанның өзі секілді өр мінезді, арда өскен алғыр қызы Жанна үлкен бір министрліктің басшыларының бірі. Жалғыз ағасы Қалихан Алтынбаев болса қазақтың қара тілінің шешені, қара сөзінің көсемі атанып, халқының сый-құрметіне бөленіп өтті. Суырып салма өнердің көмейсіз дарасы, ұлттық айтысты қайта түлеткен саңлақтың бірі болды. Қазақстанның Халық ақыны атағын иеленген ол кісі де бүгінде өмірде жоқ, бұдан біраз жыл бұрын марқұм болған.
Ал, біздің әңгімеміздің арқауы Ғаббас пен Шураның жайы еді ғой. Гүлжанды шошытқан әлгі оқиғадан соң, балаларды өйтіп үрейлендіре берме деді ме, артынша Шура күйеуінің көзіне шыны салдыртып берген, сөйтіп Ғаббас қалған ғұмырында қара көзілдірік киіп өтті.
Бақан тірес, ит тартыс бұл өмірде олардың да көргені көп болды, қиындықтың қысасын, тіршіліктің тауқыметін бастарынан біраз өткерісті. Әйтеуір, барға мәзір, жоққа әзір жұрт қатарлы тату-тәтті өмір сүрісті, берекелі ғұмыр кешті.
Осы арада бәрін болмаса да, екеуіне қатысты мына бір уақиғаларды айта кеткенді жөн санап отырмыз.
...Жұттан шыққан жұрындай болған қазақ ауылдары қырқыншы жылдардың соңына қарай еңсе тіктеп, бой жинап, шаруашылықтарының тасы өрге домалай бастаған-ды. Азық-түлікті жырымдап-өлшеп беретін «кәртішке жүйесі» жойылған соң, ағайынның бойына қан жүгіріп, енді олар бейбіт тірліктің қам-қарекетіне бекем кіріскен шағы-тын. Ағалы-інілі екеу – Қалиасқар мен Ғаббас бала-шағаларымен орыс-қазақ болып бір үйде жарасып тұрып жатты. Келген жылдары Шура бір ауыз қазақша білмейді. Ғұмыры тірі орысты көрмеген қарапайым қазақ ауылы емес пе, орысшаға келгенде бұлар да аузын буған бұзаудай. «Біздің үйге келін боларын білдің, анау жақта соғысып жүргенде бірдеңені үйретпедің бе?» деп жеңгесі қиналған кезде қайнысын сөзбен түйреген болады. Арадағы аудармашы Ғаббастың өзі. Әйтеуір кішкентай Гүлжан жеңгесіне бірдеңе деп ымдап жүріп, білгенінше былдырлап көрсетіп жүріп, жарты жылдан соң екеуі өздері ғана ұғынықты ыңғайда түсінісетіндей халге жеткен.
Бірде Қалиасқар інісіне жеке үй салып бермекші болады. Бала-шаға, көрші-қолаңды жинап, алдымен жеткілікті етіп кірпіш құюға кіріседі. Соғыс мүгедегі ретінде Ғаббасқа үй салуға қажет құрылыс материалдары қоғам есебінен тегін бөлінеді. Сөйтіп, үй салудың дайындығы қауырт басталып кетеді.
Үйдің іргетасы құйылып, материалдар дайын болған кезде Ғаббас шулаған бала-шағаны таратып жібереді де, құрылыстың маңына адам жолатпай қояды.
– Жетті! – дейді ол. – Сендерге бек рахмет, ағайын, енді қалғанын мен өзім жасаймын.
Ғаббастың бұл сөзіне жұрт аң-таң, қалжыңы ма, шыны ма – ол да белгісіз.
– Ойбу, бұл не сөзің, Ғаббасжан-ау?
– Қалай жалғыз салмақсың? Асар жасап екі-үш күнде көтере салмаймыз ба?
– Жоқ! – дейді Ғаббас айтқанынан қайтпай. – Еркек деген өз үйін өзі салуы тиіс... Балалар балшығын әперіп қолғабыс етсе болады, қалғанын өзім реттеймін. Болысам деген ниеттеріңе рахмет!
Ғаббасқа ешкім қарсы сөз айтпайды, шақырылған көпшілік тарқайды, інісінің қайсарлығына басын қайта-қайта шайқап ағасы жөнеледі. Ғаббас болса қабырға үшін арқанды түзу етіп кергізіп тастап, жүріп-тұрар жолын, алып тұрар заттарын белгілетіп алады да, сол күннен бастап қауырт жұмысқа кірісіп кетеді.
Бөрене көтеру, белағаш орнату сияқты қосалқы көмектің қажеті керек тұста болмаса, негізінен кірпіштерін қалап, кәсектерін орнатып, бөлмелерін жобалауды Ғаббас өзі қолға алады. Бұл жұмысқа әлдебір тың күш-жігермен құлшынып, білек сыбанып кіріседі. Тіпті, түскі асты да Шура көбінде құрылыс басына алып келіп жүреді. Үйді ала жаздай, алты ай бойы салады. Шаршауды білмейді, күндіз де, түнде де жұмыс істей береді.
«Түнде жұмысқа шықпай-ақ қойсаңшы, біруақ демалсаң етті» дегендерге:
– Соқыр жанға күні не, түні не? – деп қалжыңға бұрып жібереді екен.
Сөйтіп, күзге қарай төрт бөлмелі үйді бітіреді де, ауылдастарын шақырып, ұлан-асыр қоныс тойын жасайды.
Қысқа қарай жоғары жақтан «соғыс мүгедектеріне үй берілсін, бұзаулы сиыр берілсін» деген нұсқау келгенде Ғаббас үйден бас тартыпты. «Үйді мұқтаждарға беріңдер, менің басымда өзім салған қарашаңырағым бар!» депті. Бұзаулы сиырды ғана алыпты.
Бұзаулы сиырдың үстіне ағасы өз есебінен екі қой, екі ешкі береді. Шура қой-ешкісіне түрлі шүберектен белгі тағып еншілеп қояды. Содан үйдің шаруасы бастан асып, Шура жұмыс істемей қалады. Оның үстіне күйеуі жарымжан, қасынан ұзап кетпей, үйде жүреді. Кір жуса да Ғаббас жанында, қора тазаласа да бірге, бау-бақшада шөп отап, жер қазса да қасында. Екеуі егіз жандардай қыста да, жазда да, таңертең де, кешке де бірінен бірі екі елі ажырамайды. Жылдар өте қора малға толады, үй балаға толады.
Шура расында да кереметтей көркем, теңдессіз сұлу әйел болады. «Апырмай, Алматы мен Өскеменнен орыстың талай аруларын кездестіріп едік, дәл мына Ғаббастың келіншегіндей сұлуды көрмеппіз» деп таңданады екен ауыл азаматтары. Әсіресе Шураның алтындай толқыған қою шашы бұл маңайда жоқ – ұзын, жайып жіберсе тілерсегіне дейін түседі екен. Сағила шешей келінінің сол ерекшелігін ылғи да айтып отыратын көрінеді:
– Менің келінімнің шашындай ұзын шаш қазақтың қыздарында да жоқ! – дейді екен мақтанып.
– Оның жөн, сонда келініңнің төркіні қай жақтан болады өзі?
– Мәскеуден де ары... Псков пен Тверьдің арасында.
Сол бір аяулы күндерді Гүлжан Қалиасқарқызы былай деп еске алады:
«Бақыттары бастарынан асып мәз-мейрам болып жүргенде бұл шаңыраққа тағы бір қасірет келді... Екі ұлы бірдей қатты ауырып, ауруханаға түсті. Үлкені бесте, кішісі үш жаста еді. Бір аптадай емделіп жатты. Күнде барамыз, «Мына дерттің беті қайтпай тұр» деп Шура жеңгем көзін сығымдайды. «Балаларым қалай?» деп Ғаббас аға да сұрай береді. Екі қолы алдына сыймай бір отырып, бір тұрады. Тағатсызданады. Мен не дейін, бәрі дұрыс деймін. Ғаббас аға төсекте жатса – жай дем алып жатыр ма, ұйықтап жатыр ма білмеуші едік. Көзі шыныдан ғой, жабылмайды, көкке шаншылып бақырайып жатады да қояды. Бірде солай жатқан ағам шошына атып тұрды: «Гүлжан, Шура тәтеңе жүгір, екеуің балаларды біліп келіңдерші», – деді. «Аға, әлі таң атқан жоқ, дала қараңғы ғой» деймін мен. «Жаным-ай, мен бір жаман түс көрдім... Қолымдағы пышағымды біреу күшпен тартып алыпты».
Мейлі сеніңіз, мейлі қойыңыз, Алла тағала Ғаббасқа дәл осы сәтте бірдеңені сездіргені рас екен. Ауруханада жатқан үлкен ұлы Өмірлік осы түні дүниеден өтіп кетіпті.
Ботадай боздап, Өмірлікті жерлеп қайтқан күні екінші ұлы Тоқтамысхан да ауруханада көз жұмады. Сонда ештеңеге мойымай келген, қайсар туған Ғаббастың өзі алғаш рет көкірегі қарс айырылып, күйреп түсіпті.
– Ей, сұм тағдыр! – деп күңіреніпті. – Жиырма бесімде екі көзімді алдың, жартылай өзімді алдың, енді екі қозымды алдың. Осыншалық қинайтындай мен саған не жаздым!
Ғаббас егілген кезде жиналған жұрттың сай-сүйегі сырқырып, әйел біткен ұлардай шулап қоя беріпті.
Баланың екеуіне де қате диагноз қойылған екен. «Суық тиді» деп емдеген, сөйтсе екеуі де қызылша болып шыққан.
«Жас кезі ғой, ол заманда Шура жеңгем араға жыл салып босанып тұрушы еді, – дейді Гүлжан. – Екі ұлы өлген кезде жеңгеміздің аяғы ауыр болатын. Ондай кезде Ғаббас ағада жан жоқ, ылғи да жеңгеммен бірге толғатқандай қиналушы еді. Өзін қоярға жер таппайтын.
Екеуі дүниеге он бір бала әкеліп, олардың тоғызын азамат етіп тәрбиелеп, өсіріп жеткізіп кетті. Бүгінде тоғызы бірдей жоғары білімді, дәрігер, инженер, мұғалім, агроном. Олар Ғаббастың атын өшірмей ұрпағын жалғастырып, біреуі ойда, біреуі қырда аман-есен жүріп жатыр.
«Ғаббас» деген қазақ арасында кең тараған есімдердің бірі. Арабтың «Аббас» сөзінен шыққан екен. Оның тура аудармасы – арыстан деген ұғым. Есім ретінде «айбатты», «қайратты» мағынасын береді. Шүкіршілік, соған қарағанда Ғаббас ағамыз өзінің есіміне лайық, ұрпаққа үлгі боларлық жақсы ғұмыр кешіпті.
Ғаббас Алтынбаев сексеннің алтысына жетіп, 2004 жылы бала-шағасының ортасында қайтыс болды.
Ол кісінің топырағына алыс-жақындағы ел мен жерден қарақұрым халық жиналыпты. Кіндігінен тараған ұрпақтың өзі бір ауылға жетіпті. Балалары, қыздары, келіндері, немерелері, шөберелері, үлкен шоғыр шөпшегі және бар – бәрі-бәрі атасының қарашаңырағында ойдан-қырдан бас қосыпты. Адамның маңдайына жалғыз-ақ рет жазылар тірлікте екі рет өлген, соңынан қатал тағдырға қайсарлықпен қасқайып қарсы тұрып өткен ардагер атасы үшінші рет қайтпас жолға аттанғанда соңындағы қалың ұрпағы ботадай боздап жылапты. Қос қарашығынан бірдей айырылып, алпыс екі жыл қара түнек өмір кешкен асыл текті азаматты, қаһарман солдатты соңғы сапарға шығарғанда ол кісінің ағайын-туғаны ғана емес, сол араға жиналған мыңдаған жанар ағыл-тегіл егіліпті. Бүкіл ел болып күңіреніп кетіпті.
Арада бірер айдан соң ол кісінің жан жары, орыс халқының меңсіз сұлу қызы, қасынан қарға адым ұзап көрмеген Шура жеңгей – Александра Александровна Рустикова да дүниеден өтті.
Қан майданның қанды қасабынан қол ұстасып қатар шыққан, қалған өмірлерін жұптарын жазбай бірге өткерген шерлі екеу мәңгілік сапарға да бірге кетті. Зираттары да қатар жатыр.
Түйін
Көрден тірілгендей қу сүйек, үміттен ада мүгедек жігіттің етегінен ұстап, ол байғұсты сұм тағдырдың тәлкегіне тастап кетпей, өмір бойы имандай қадірлеп өткен Шура жеңгейдің ғазиз жүрегіне, шексіз ізгілігіне, кіршіксіз жан тазалығына таң қалмасқа лажың жоқ. Өмір бойы өзінің мойнына масыл боп өтетін сорлы жан екенін біле тұра оны адамдықтан айырмай, өмірден түңілдірмей ел қатарлы асырады, жадаған жанына шуақ құйды, басына бақ қондырды. Адал махаббатымен өзі де текті, қайсар Ғаббастың рухын қайта көтерді, намысын тірілтті, қайнаған өмірдің ортасына қайтарды. Айтары жоқ, бұл көңіл тазартып, жүрек жуғандай кісілік әрекет. «Махаббат қой, қатты сүйген болар, шынайы сүйіспендік» дерсіздер. Ол да жөн, бұған дауымыз жоқ. Бірақ, Ахтановша айтсақ, сонда олар қашанғы аймаласып сүйісе бермек? Сиыр да бұзауын бір маусым ғана жалайды емес пе. Атам қазақ «бөз көйлектің де қуанышы үш күнге ғана созылады» деген... Оның ар жағында күнделікті тіршілік, отбасының қамы тұрғанын ұмытпайық. Иә, кезінде Ғаббас ағамыз қыз жүрегін жаулаған аңызға бергісіз ерлік те жасаған шығар. Мейлі, бірақ жылдар өте ерлік те көмескіленеді, соғыстың азабы да ұмытылады. Уақыт денеге түскен жараны ғана емес, жүректің жарасын да жазады. Өмір тек естеліктен тұрмайды, оның қатал өз заңы бар, басқан ізде белгі жоқ. Сондықтан өмір өз дегенін бәрібір істейді, ырқына көндіреді. Сөздің турасы – бұл дүниеде мәңгілік ештеңе болмайды. Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзгендей дендері сау адамдардың арасындағы сүйіспендік те, қаншалықты күйіп-жанып жатса да, жылдар өте жалыны бәсеңсиді, жарқылы басылады. Содан кейінгі қарым-қатынас әншейін үйреншікті дағдыға, сыйластыққа, туыстыққа ауысады. Қысқасы, бірде олай, бірде бұлай болып жататын ала-құла тірліктің өзіндей адамның сезімі де өткінші.
Олай болса Шура жеңгеміздің бұл әрекетінен биік парасатты, сара жүрек, үлкен адамгершілікті танымасқа лажың қайсы! Бұл әрекет ердің ері, егеудің сынығына лайық, ерлікпен пара-пар көзсіз шешім дер едік.
Дариға-ай десеңші, егіз қозыдай екеуінің өмірі өтеуі жоқ армандай аяулы, сағыныштай әсем көрінеді де тұрады бізге.
Сізді ежелден таныған, көріп-білген туыс-жұрағаттарыңыз ғана емес, осы әңгімені естігеннен кейін, бүгінгі біз де аруағыңыз алдында тізе бүгіп, иіліп тағзым етеміз, Валдай топырағының ару қызы Александра Александровна!
ҚАЛЖАН МЕН ЛӘЗИЗА
Адам мінезі қызық-ау осы... Жақсы мен жайсаң, асыл мен ардақтының бәрін ылғи да алыстан ідейміз. Қызық пен шыжықтың баршасы бөтен жақта, көз көрмес аулақта, әйтеуір біз жоқ жерде өтіп жататындай көреміз. Аңызға лайық уақиғалар мен хикаялар тек қана кітап пен кинода ғана болатындай қабылдаймыз. Сөйтіп жүріп қасымыздағы қайсыбір құбылыстарды байқай бермейміз. Асылымызды бағалап, ардақтымызды тани алмай жатамыз. «Адам жайын ауылдас білмес, арыздас білер» деген тегі осы шығар.
Жуықта мен де ойда-жоқта ел жақтан жайсыз бір хабар естіп, санам сан саққа жүгірді. Тебіреніп терең ойға қалдым. Толғандым, күрсіндім, қиналдым. Ауылда қалған сонау аяулы күндерім, бозала таңым, алаңсыз шағым еске түсті. Көрген-білгенімді, жиған-тергенімді тағы бір ой елегінен өткізіп, сағынышпен сараптап өттім. Ақыры, қолыма еріксіз қалам алып, бір кездері өз құлағыммен естіген осы хикаятты жазуға отырдым.
* * *
Баяғыда, біздің ауылда Ләзиза деген апай болды.
Апай деймін-ау, ол замандағы бозөкпе біздер үшін ол кісі бірнеше немересі бар, елулердің мол ішіндегі сардігер әйел-тін.
Ел іші болғасын той-томалақ, өлім жітімсіз өтпей тұрмайды ғой, сондай науқан-жиындардың бел ортасында қашанда білек сыбанып белсеніп осы Ләзиза апамыз жүретін. Былайғы абысын-ажынның басын қосып, шешен тілімен де, көсем сөзімен де құрбыларын үркердей үйіріп алатын.
Бір қызығы, осы Ләзизанің бет пішіні ауылдың қарала-торала келіншектерінен бөлектеніп тұрушы еді. Өңі атқан таңдай ағарыңқы, көздері тұздай көкпеңбек-ті. Шыт орамалмен байлап алған шашы да алтындай сап-сары болып, орамалының астынан күлтеленіп көрініп тұратын. Жасы келген әйел болса да ол кісінің әдемілігін бала-шаға біздер де әлдебір түйсікпен сезетінбіз.
Ләзиза апайдың Қалжан деген қылаң мұртты, қылау шашты, сүзектен тұрғандай көтерем күйеуі бар-ды. Көтерем болғасын ба, бізге ол кісі бүгін-ертең өліп қалатындай дәрменсіз, әлжуаз жандай көрінетін. «Сүйегіне сүйенген мынадай ынжыққа Ләзиза сұлу қалайша тиіп жүр» деп қайран қалушы едік.
Қалжан ағамыз көп сөйлемейтін, балаға да басқаға да тіктеп қарап көрмеген томаға тұйық кісі-тін. Не сұрасаң да «шүкіршілік» деп, қабағын төмен салып үнсіз отыра береді. Біз сонысына қарап Қалжан ағайды үстінен үйірлі жылқы жүріп өтсе де мыңқ етпес момын, қолынан қой жығу келмес жуас деп ойлайтынбыз. Бірақ... бірақ өзге жұрт безек қағып бүрсеңдеп жүргенде, осы Қалжан қаңтардың қақаған аязын да місе тұтпайтыны қызық жан еді. Кеудесін белуардан жалаңаштап тастап арсы-гүрсі қораның қиын қазып, буы бұрқырап отын жарып, пыс-пыс етіп моншаға шелектеп су тасып жүргенін талай көрдік.
– Тыртиған Қалжанды қауқарсыз екен демеңдер, қабырғасы ырсиып жүрсе де оның өн бойы шандыр, осы ауылда онымен күш сынасар еркек кемде-кем! – дейтін ол кісіні жақын білетіндер.
Қалжан мен Ләзизаның Жанай атты жалғыз ұлы бұрыннан бері біздің ауылда тұратын. Сол Жанайдың өзі ол кезде отыздар шамасында, үйлі-баранды, ауылдың білдей тракторисі еді. Ал Қалжанның Лида дейтін қызын көп білмейтінбіз, ол кісі бізден көп ересек болды да, бейнесі есімде қалмапты. Естуімше, ертеректе Кержабағы ауылының жігіттері көздері бозарып, дымдары құрып, ол қызға қолдары жетпей жүреді екен. Өйткені Лида былайғы қара қазақтың қыздарынан өзгеше, борықтай аппақ, нағыз арудың өзі еді деседі. Амал бар ма, сол қыз ақыры біздің жақтың жігіттеріне бұйырмай-ақ кеткен секілді... Семей жаққа оқуға барып, сол кеткеннен мол кетіпті. Техникумда өзімен бірге оқыған Аягөздің бір жігітіне тұрмысқа шығыпты.
Былтыр жазда Аягөздегі сол қыздары бала-шағасымен келіп кетті деседі. Өтірік айта алмаймын, Лида келгенде біз сияқты оқушы ер балалардың бәрі жайлауда шөпте едік, содан күзде ғана ойға түскенбіз. Сондықтан өз басым Қалжанның ол қызын көре алмадым.
Қалжан мен Ләзиза біздің ауылға анау бір жылдары көшіп келіскен. Көп уақыт тау ішіндегі Кержабағы дейтін бір қиырда тұрған секілді. Кейінгі жылдары Кержабағы «неперспективный» деп жабылған тұста бұл кісілерді тракторист ұлы өз қолына көшіріп алыпты.
Қалжан жасында орысша үш кластық школда оқыған кісі екен. Соның арқасында бір кездері уәкіл де, белсенді де болған сияқты. Кейінірек колхоздың есепшісі қызметін де біраз жыл атқарыпты. Содан оқыған қара таяқ жастар келіп ағайды жылы орнынан жылжытып жіберсе керек. Әйтеуір біз көзімізді тырнап ашқаннан Қалжан ағамыз колхоздың құрық үйірген озат жылқышысы болатын.
Сол Қалжанның әйелі – Ләзиза апамыз ноғайдың қызы, шын аты тіпті де Ләзиза емес, Лиза екен. Онысын біз кейін, есейіп, етек жапқан шағымызда бірақ білдік.
* * *
Мен 1968 жылы оныншы сыныпты бітіріп, сол жылы оқуға бара алмай, қатар құрбы-достардың қалаға ағылған легінен қалып қойдым. Қаражат жоқ, қол қысқа, бір жыл совхозға қара жұмысқа кіріп, оқуға баратын қор жинауға мәжбүр болдым.
Сөйтіп, ала жаздай алыс жайлауда жата-жастанып шөп шаптым, ағаш кестім, сырғауыл дайындадым. Қоңыр күзде ойға түсіп, жұмыс жоқ, ай жарым шамасында сенделіп бос жүріп қалдым. Алтайға алғаш алақанат қар түскен күні, шүкіршілік, маған ыңғайлы бір шаруаның шеті шыққан. Бастықтар Қалжан жылқышыға көмекші етіп жіберді.
Содан Қалжан екеуміз қалың жылқыны Қоңыржонның белінен асырып, Катунь өзенінің жылы ойпатында тебіндетіп, бір қыс қыстап шыққанымыз бар.
Қарашаның қары түсе Қалжан ағай жылқының біреуін жайратып соғымға сойып тастады. Үй жылы, тамақ тоқ, мал тебінде, кезек-кезек күзетіп алаңсыз жаңа жылға да жақындағамыз.
Қуат-жігеріміз бойымызда, қанымыз қайнаған, қызық қуған бозбала шағымыз. Содан ба, кейде мен қатты зерігіп кетемін, өзімді қоярға жер таппай, іргедегі орман ішін албаты тентірей берем. Мақсатсыз, ойсыз босқа сандалам. Еркімнен тыс әлебір күштің жетегімен, амалсыздың күнінен жүргенімді сеземін. Бірақ, қарсы тұрар қайраным жоқ, жағдай қиын, байлаулы бұзаудаймын. Қыс баласында мен секілді мамандықсыз жас жігітке ауылда ыңғайлы жұмыс табылмайды, ол жағын жақсы білем. Қалаға барам, оқу оқимын, адам болам деп арман еткен екенмін, мейлі, зеріккеннен ішім жарылып кетсе де соңына дейін шыдау керектігін тағы түсінем.
Кейде аппақ қар басқан шың жоталарға телміріп, қайдағы бір ынтызарлықпен ұзақ қарап қалатыным бар. Ондайда мұнарланған шың-жоталар мұң шақырғандай болады. Қарап тұрып әлденені аңсаймын, бірдеңені іздегендеймін, бірақ жабыққан көңіліме медет таба алмай, тағы іштей аласұрам.
Сөйтіп, ойым он саққа жүгіріп, көңілім байыз таппай жүргенде, бірде бір қанар нан теңдеп, қант пен шай артынып Қамбаш деген кісі келді.
Бұл жаңа 1969 жылдың қарсаңында болатын.
Ол кісінің келе жатқанын мен күншіліктегі Бұқпаның асуынан көргем. Мал аралап жүрген көп бастықтың бірі шығар десем, осы кісі болып шықты. Шіңкілдеген жіңішке дауысты, қамыт аяқ, талтаңдап қалған ағай екен. Көрші ауылдан біздің бөлімшеге өткен жылы көшіп келген, басқадай өзін жақын тани бермеуші едім.
– Әй Қалжан, қалың қалай? – деді Қамбаш аттан түспей жатып.
– Са ва бьен![1] – деді Қалжан мұрын астынан міңгірлеп.
– Мені саған көмекке жіберді!
– Менде бар емес пе? – деп, Қалжан түкті иегімен мені нұсқады.
– Тәжірбиесіз жас деп бұл «батырға» сенбей отыр. «Ауылға жылтыңдап келе бермей, мал басының амандығын қарап, осы жақта үшеуің қыстап шығыңдар» деп төрелер саған дұғай сәлем айтты.
Қалжан тағы мұрын астынан міңгірлеп, бас шұлғыды.
Әрине, бастықтар солай деп шешсе, Қалжан қайда барсын. Яғни, бұдан былай елді ойлап елеңдемей, ауылды ойлап алаңдамай, мынау меңіреу мекенде үшеулеп қыстап шығуға мәжбүрміз. Бұл сәлемнің астарынан мен соны ұқтым.
Қамбаш келгенге дейін көңілде аздаған үміт бар еді, мына сәлемнен соң оның да оты мүлдем өшті. Ала қыстай ауылға жолымыз мүлдем кесілді...
Қалай десек те Қамбаштың келгені жөн болыпты. Екеуден гөрі үш адам ес екен, әжептәуір қоғам екен, көңілді екен. Оған Қамбаш келген күні-ақ менің көзім жеткен. Артық сөзге жоқ, әңгіме-дүкенге сараң Қалжанға қарағанда, Қамбаш ағамыз шешен тілді ақкөңіл кісі болып шықты. Күнде кешке бір хикметті айтып бірде күлдірсе, енді бірде ойға батырып, мұңайтып қояды. Қыстың кеші ұзақ, сол ұзақ кеште ортадағы темір пешті лаулатып жағып қойып, жалықпай шырт-шырт балқарағай шағамыз. Балқарағай шағып отырып құлақтың шерін тарқатып, Қамбаштың ұзақ-сонар әңгімесін тыңдаймыз. Әңгіме дегенде қысыр сөздің көбігін сапырып, ол кісі де бір таусылып берсеші шіркін... Сонау көктемдегі Советтер одағы мен Қытай арасындағы кикілжіңді екі кеш бойы сөз етті. Даманскідегі ересен ерлікті, Амурдың ортасындағы аралды түп-орнымен жоғалтып жіберген әскери техниканың мықтылығын жер-көкке сыйғызбай мақтады-ай келіп. Тегі газет-журналды көп оқи ма, әлде радио тыңдағыш па, біраз дүниеден хабары бар, құлағы түрік, көкірегі сара жан екен.
– Осы жазда Сальвадор деген ел Гондурас деген елге соғыс ашты емес пе! – деді бірде жіңішке даусын барынша зорайтып.
«Ә, мейлі, – деп біз үндегеміз жоқ. – Бұл заманда кім-кімге соғыс ашпай жатыр, оның қайсыбіріне жүрегімізді ауырта берейік».
– Жо-жоқ, сендер түкті түсінбей қалдыңдар! – деп Қамбаш біз көңіл аудармағанға шыр-пыр болды. – Олар кәдімгі футболға таласып соғыс ашып жүр...
– Не дейт..? Рас па?
– Рас болғанда қандай... Көрші екі мемлекет жребийде қатар түсіп, біреуі біреуін жеңіп кетіпті. Сойқан соғыс содан шыққан.
– Ой, әкіри, а?
– Бәрін де қойшы, – деді Қамбаш тағы бірде. – Американдықтардың биыл Айға қонғанына әлі күнге сене алмай жүрмін... Бұл... бұл бар ғой, менің түсінігімде – өрескел уақиға! Адамзат тарихындағы теңдессіз жаңалық!
– Айға қонды дейсіз бе?
– Иә, Айға адам апарды. Біздің ел қызғаныш етті ме, әйтеуір осы уақиғаны көп даурықтырмады ғой... сыбырлап қана жеткізді.
– Ой, әкіри-и-и.
– Әйтпесе...
Қамбаш шиқ етті де, аузын басып үнсіз қалды.
– Немене «әйтпесе»? – дедім мен елеңдеп.
– «Әйтпесені» қайтесің, шырағым! – деп Қамбаш маған бұрылды. – Басың жас, болашағың алда. Саясат деген бәледен ат шаптырым аулақ жүр. Ақырын басып, аңдап сөйлейтін бол, әйтпесе от басасың. Сосын мына Қалжан секілді сотталып кетесің, ит жеккенге айдаласың.
Жайбарақат жаңғақ шағып отырған мен тілімді тістеп жаңа көргендей одырайып Қалжанға қарадым.
– «Сотталып» дейді?
Қалжан өзі жайындағы одағай сөзге былқ етер емес. Қамбаштың еркектің намысына тиер масқара сөзін рас та демеді, теріске де шығармады. Оқта-текте пешке отын тастап қойғаны болмаса, қабақ көтеріп бұл жаққа бұрылған да жоқ.
– Қалжан ағай «сотталған» дедіңіз бе? – деп мен қайыра Қамбашқа жаутаңдадым.
– Сотталғанда қандай...
Қамбаш айылын жияр емес, сөзі шегедей, үнінде қайтпас сенім бар.
Мен жұтынам деп шағып отырған жаңғақтың бірін аңдаусызда қабығымен қылғытып жібердім.
Егер Қамбаштың мынау сөзі рас болса, сотталған кісіні менің алғаш көруім еді.
Менің түсінігімше, сотталған адам қандыбалақ қылмыскер, кісі өлтірген қарақшы, бандит болуы тиіс-ті. Ала қыстай қасындамыз, бірге ұйықтап, бірге тұрып жатырмыз, яғни бұл кісіні бір кісідей білетін сияқтымыз. Егер мен адам танысам – Қалжан ағамыз сотталған жанға, немесе қылмыскер мүлдем ұқсамайды. Сонда мұнысы қалай? Әлде «адам аласы ішінде» дейтіннің кебі осы ма?
«Бәсе, осы ағай несіне ылғи да томаға тұйық жүреді десем... тегі әлгіндей құйрығында қалжуыры болғасын шығар?»
Өзімді қауіп-қатердің қайнаған ортасында қалған жандай сезініп, жон арқам жыбырлап кетті, иығымды қиқаң еткізіп орнымнан тұра бердім.
Қамбаш аз-кем үзілістен соң:
– Бұл ағаң айдауда жүріп жер дүниенің жарымын шарлап қайтқан, – деп шиқ етті.
Қамбаштың бұл сөзі мені қайыра орныма отырғызды.
– «Жер дүниенің» дедіңіз бе?
– Иә, жер дүниенің...
– «Жарымын» дедіңіз бе?
– Иә, жарымын...
– Ой-ой-ой...
Пеш қасында тұқырайған Қалжанға бір, сампылдап сөйлеп отырған Қамбашқа бір қарадым.
– Қалайша? – дедім сосын.
– Қалайы бар ма... Тағдыр маңдайыңа жазған соң көресің де көресінің бәрін.
Дәнеңе де ұғар емеспін. «Үлкен кісілердің өстіп орынды-орынсыз қалжыңдай беретіндері несі екен» деген іштей реніш те бар.
Қамбаш осы арада Ай жөніндегі үзілген әңгімесін жалғай жөнелген:
– Айда тіршілік жоқ екен, сол жағы қатты өкініш болды, – деді бет-аузын тыржитып. – Мен ол жақта да біреулер бар шығар деп жүруші едім. Енді, мінеки, сол үмітім адыра қалды...
Қамбаш «түк жоқ екен» дегенді ернін түштитіп, иығын қушитып, алақанын жайып түсіндірді.
Түн жарымындағы кәкір-шүкір әңгіме көпке созыла қоймады. Қалжырап шаршағанымызды сезіп, бәріміз төсек салып демалуға қисайдық.
– Қайырлы түн! – дедім мен әлдебір кітаптан оқығаным есіме түсіп.
Қамбаш аударылып, мойнын маған қарай бұрғанын байқадым:
– Бірдеңе дедің бе?
– «Қайырлы түн» дедім...
Бұл не сөз екенін түсінбеді, білем, Қамбаш сол бұрылған күйінде пысылдап дем алып сәл уақыт ойланып жатты да:
– Былжырамай тыныш ұйықта былай... Ертең ерте тұрамыз! – деп қайтадан ары аунап түсті.
Мен қылмыскер Қалжанның қалайша сотталып жүргеніне өзімше жорамал жасап, көпке дейін бақырайып ұйықтамай жаттым.
***
Қамбаш көмекке келген күннен бастап екі ағам мені тебіндегі жылқыға жібермейтін болды.
«Бала тоңып қалар, бала тайғанап құлап қалар, қия бетте мертігіп жүрер» деп үйде отырғызып қойысты. Есесіне үйдің бәкүн-шүкін шаруасы, екеуіне үш уақ тамақ дайындау түгелімен менің мойныма көшті. Алғашында қиналып жүрсем де, соңынан макаронды қайнатып, картопты асып, даяр етті жіліктеп қазанға тастай салуды үйреніп алдым. Тамақтың басқадай түрі, немесе дастарқан мәзірінің өзгедей баламасы бізде жоқ. Таңертең де, түсте де, кешке де буын бұрқыратып сол баяғы төре табақ етті алдарына тоса қоям. Екі ағам маңдайлары бырш-бырш терлеп, күніге үш уақ майлы етке мелдектеп, ыстық сорпаны сораптап отырғандары.
Ала қыстай бізді алаңдатар уақиға бола қойған жоқ.
Тек қаңтар орталай Қара айғырдың үйірін етектен ауып келген ит-құс қамап, бір байталды жарып кетіпті. Байталдың кегін Қара айғырдың өзі қайтарған сыңайлы... Үйірін қорыған қара айғыр қасқырдың бірін қақ маңдайдан қос аяқтап теуіп, сол жерде сеспей қатырыпты. Қалжан өлген қасқырдың терісін сыпырып тұздап, бақанға керіп босағаға іліп қойды.
Соңынан мен қыр астындағы Долан көліне барып, мұзды ойып, балық аулау өнерін ойлап таптым. Ағаларым құрықтарын үйіріп, жылқы қайырып тауда жүргенде мен де бір табақ ақбалықты қармақпен ұстап, кешкісін алдарына тоса қоям. Балық сорпасы біздің дастарқан мәзірімізді біршама байытып, зеріккен көңілімізді әжептәуір көтеріп тастаған.
Қаңтар аяқталып, ақпан туа осындай бір кеште Қамбаш:
– Әй, Қалжан, осы мен қашанғы сарнай берем. Сен де үлкендік танытып, мына жастарға тәлімді сөзіңді айтсаңшы? – деп құрдасына ренжіген сыңай танытты.
Қалжан жауап орнына мұрын астынан бірдеңе деп міңгірледі де қойды.
– Нон, жё нё пё па![2]
– Әңгіме айт деймін! – деп Қамбаш тықақтап тұрып алды.
– Не айтам? – деді Қалжан тағы да түсініксіз міңгірлеп, көзін бұрып сырт айнала берді.
– Айтам деген кісіге әңгіме көп қой. Мысалы, осы сен ноғай қызына қалай үйленіп жүрсің, соны айтып берсеңші?
«Ноғай қызы» дегені Ләзиза апай ғой, бір қызық әңгіменің иісін сезіп, балқарағай түгіршігін молдағатып ойнап отырған мен де құлағымды түре қалдым.
Сырт айналып, тоңқаңдап пешке отын салып жатқан Қалжанға әлдебір үмітпен қараймыз.
Қалжан үнсіз.
– Мына ағаңның ноғай қызына қалай үйленгенін сен сұрашы? – деп, Қамбаш өзі түңілгендей болып маған иек қақты.
– Қалжан аға, әңгіме айтыңыз? – деймін мен.
Қалжан бәрібір ауыз ашар емес.
– Ләзиза біздің өңірде жоқ сирек сұлудың бірі болған! – деп Қамбаш таңдайын тақылдатты. – Рас айтам ба, құрдас?
– Ләзиза апамыз қазір де әдемі ғой? – дедім мен.
– Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес деген... Сенікі дұрыс сөз, балам, Ләзиза қазір де әдемі әйел. Ал жасында теңдесі жоқ көркем болатын.
Қалжан осы арада басын көтеріп Қамбашқа бұрылды.
– Бәйбішеңнің жас күнін өзіміз көрмесек те естігеміз, құрдас, – деді Қамбаш қызарақтап. – Кезінде Ләзизаның көркі бұл елге аңыз боп тараған.
Қалжан үндеген жоқ, пешке отын демдеп, күлін түсірді.
– Балам, бұл ағаңның өн бойы тұнған жұмбақ, тек екі жақтап соны шығара білуіміз керек, – деді Қамбаш.
– Мені әурелеп қайтесіңдер? – деп Қалжан қиналғандай болды. – Мен көңілін кір, жүрегін шаң басқан нейбеткі жанмын.
– Олай деп бұлталақтама, білдің бе! Әурелейтін басқадай кісі жоқ болса, неге біз сені әурелемеуіміз керек? Әурелейміз, айтқызамыз, айтасың, білдің бе! Әйтпесе үшеуміз үйдің үш бұрышында тымпиып жатып алсақ – қазақтың қара тілін ұмытып қалармыз тегі... Тағы боп кетерміз мынау меңіреу мекенде. Зеріккеннен жынданып жүрерміз. Так что, давай, сайра, Қалеке!
– Қазіргінің жастарына менің әңгімем қызық емес қой, – деп Қалжан тағы бұлтартқысы келді.
– Қызық, аға, маған бәрі де қызық! – деп мен де өре көтерілдім.
– Қыстап болмадыңдар-ау... Айт десеңдер айтайын. Бірақ менің өмірім қазақтың ұғымына симайтын бөтен өмір болды.
– Мейлі, әйелің ноғайдан болған соң біз де сенің қара қазақтан бөлектеу екеніңді ежелден білеміз. Бәрін де қойшы, бәйбішең көрікті болған соң қалжыңдап жатқаным да... Естуімше, сен прансуз болып та кете жаздапсың ғой?
– «Француз» дейсіз бе? – деп менің көзім жайнап салды.
– Иә, прансуз деседі ғой... Ол жағын өзі айтсын.
– Ой, әкіри-и-а-а?
Мен түкті түсінбей аң-таңмын, бөтен адамды көргендей Қалжан ағаны көзбен тесіп барамын. Қамбаш та қадалған жерден қан алғыштың бірі екен, сөзбен түйреп, тілмен шаншып Қалжан құрдасын ақыры икемге көндірген.
Қыстың түні ұзақ, әңгіме соғып, балқарағай шаққаннан басқа дым жұмыс жоқ. Қалжан әңгімесін арқан жұтқандай қиналып бастағанымен, сөйлей келе алысқа шабар қазанаттай бауырын жаза түсті. Басынан өткен нелер бір қиқыметті асықпай, әр сөзіне мән бере бабымен баяндап берді.
Сондағы Қалжан ағамыздың айтқан әңгімесі мынау еді.
Қалжанның әңгімесі
1931 жыл. Қалың ел Қытай ауып, қалған қазақ қынадай қырылып жатқан сүргелең заман.
Біреуді біреу біліп болмайтын, біреуге біреу сенбейтін сергелдең уақыт.
Ағайынды сатып кету, ауылдасты атып кету деген де ешкімді таң қалдырмайтын, адамның өмірі, азаматтың құны көк тиынға татымайтын алмағайып қиын кез.
Менің он сегізге енді толған қырмызы қызыл бозбала шағым. Көп жұртқа қарағанда көзім қарақты, қара танитын аздаған сауатым бар. Содан шығар, бастықтар ауданға шақырып, ол жерде әжептәуір қызмет жасап жүрмін.
Әкеміз сары сүргін, қу қырғын анау жылғы аласапыранда кірән асып, Қытайға өтіп кетіпті. «Қайта айналып келіп, әйелім мен баламды алып кетем» деген екен. Сол уәдемен, мінеки бес-алты жылдан асты, ешқандай хабар-ошар жоқ. Ол жақтан бері өте алмай жүр ме десек, екі арада ары-бері бандылар да, қашқындар да жөңкіліп жатқанын естиміз. Соған қарағанда шекарада тосқауылға тап болып, мерт болдыға жорып қойғанбыз. Бірақ шешемнің күдігі басқаша-тын. «Секеңдеген сал-серілігі бар еді, тізе жылтып жас тоқал алған ғой, сосын арғы бетте қалып қойған да» деп күңкілдейді. Қалай болғанда да әкемізді мәңгі жоғалтқанымыз айдай шындық еді.
Сөйтіп, ауру шешем екеуміз біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, ел ішінде ілекерлеп тұрып жаттық.
Бірде, көктем шыға бастықтар аудан қызметкерлерін жан-жаққа бөліп, ел ішіне уәкілдікке жіберіскен. Колхоздастыру жұмысының барысы, көктемгі егіске дайындық сияқты шаруаларды қадағалауды міндеттеді. Қылыштың жүзіндей қылпылдаған бозбаламыз, бойында қуат-күші жетеді деді ме, мені Кержабағы дейтін шалғайға салыпты. Ол ауыл ауданнан шыққан салт атты арада бір қонып әзер жететін ит арқасы қиян екен.
Арада елді мекен жоқ, алыстағы Кержабағыға жол табу да қиямет болып шықты. Қыста қарлы-боранды, жазда ми қайнатқан аптап ыстық Мұңсызбайдың апайтөс жазығы, жетім соқпақты Көшқұлағанның асуы бар десті білетіндер. Әйтеуір Кержабағының алыстығын айтқанда таңдайларын тақылдатып, бастарын шайқасқан. Қалай қорқытса да тартынайын деп тұрған мен жоқпын, аудан айтты – бітті, апыл-ғұпыл жолға жиналдым.
Адасып кетпесін деді ме, басшылар менің қасыма Дүзбай деген селеу сақал, шүңірек көз бір шалды қосып берді. Дүзбай жетпістегі шал болса да, Кержабағының қия жолын жатқа білетін, осы жақтың жықпыл-жырасымен жақсы таныс, құс салып, ит жүгірткен аңкөс кісі екен.
Ертесінде таң қараңғысынан атқа қонып, суыт жүріп кеттік.
Дүзбай аңшы жолай кездескен тау мен тастың, өзен-көлдің аттарын айтып, жердің жайымен таныстырып, сонау жоңғар жорығынан бергі біраз тарихты қопарып тастаған.
Алдымызда Көшқұлаған дейтін асу барын ескертті. Әсіресе түн баласында ол ара аса қауіпті деді. Ұры-қарының мекені, көп торитын жолы да сол екен. Киіміңді шешіп, астыңдағы атыңды тартып алады, түгіңді қалдырмай тонап алады деді. Тірі қалдырса тәубе де, әйтпесе ит пен құсқа жем етіп, Көшқұлағанның терең шатқалына лақтырып кеткен де оқиғалар болғанын айтты.
– Ол араны біз ертең жарықта өтеміз! – деді Дүзбай.
Соңынан шал атына қиқая мініп асықпай, бабымен насыбай атты. Сосын баяу дауыспен қоңырлатып бір ән бастаған. Ғұмыры естімеген әуенім екен. Жүрекке жылы, жол жүргендегі мынау табиғатпен үндес бір ғажап әуен. Табиғаттың әсемдігін, туған жердің дарқандығын, өмірдің мәнін ұқтырғандай жағымды саз.
Осылайша ән айтып, әңгіме соғып дегендей, күн екіндікке ілінгенде аңшы тізгін тежеп, маған бұрылған:
– Мынау бүйірдегі қос өзекті Аша деп атайды. Сол арада менің бір ескі танысым тұрушы еді. Омарта ұстаған ноғайдың шалы. Бүгін соған барып дамылдайық! – деді. Сөйтті де қиыстағы бұлтиған майда жондар жаққа қамшысын шошайтты.
Ұзақ жолда ат соғып қара саным сазып, жүрегім қарайып келе жатқан маған бәрібір болатын. Басымды шұлғыдым да, жолдан шығып қиястай тартқан аңшының соңынан бұйдалаған ботадай еріп жүре бердім.
* * *
Дүзбайдың айтқан танысы – ұйысқан жабағы бет, бурыл қас, қызыл шырайлы ноғай шалы боп шықты. Есімі Сүйін екен. Мес торсықтай домаланып кемпірі жүр. Екеуі де Дүзбайды танып, жылы жүзбен қуана қарсы алысып жатты.
Тұрып жатқандары – жотаның бауырына қазып салынған қос бөлмелі шағын жертөле. Үйдің іші жұпыны, төрде ағаш сәкі, бір ошақ, ортада екі бөлмеге ортақ тандыр пеш. Жерге тақтай емес, қабаттап киіз төсеп тастапты.
Сонадай жерде бір жылқы мен бұзаулы сиыр жайылып жүрді. Жартас бауырында бір топ ешкі жусап жатты. Сүйіннің балшелектері болар, төмендегі бұлақтың арғы жағындағы шалғын ішінде жәшіктер ағараңдады.
– Заман қиын, ұры-қары көп деп естиміз. Іргедегі Қытай жақтан қарулы банды келіп жүр деген де қауесет бар! – деді омарташы күрсініп.
Дүзбай менің әкемнің атын айтып, ауданның уәкілі екенімді таныстырды.
– Сенің Дүйсен әкеңді білуші едім, балам, – деді Сүйін.
Менің секемшіл жүрегім зырқ ете түсті.
– Түлегенде түк қалады, әкең сенің жақсы кісі еді. Уәкіл болсаң жарадың, балам! – деп шал разы пейілмен арқамнан қақты.
Сүйіннің үйінде ет те, нан да жоқ екен. Тандырда піскен бір шөгеңке картопты ортаға алып, пысылдап аршып, жүрек жалғап, жан шақырдық. Есесіне шай мен балға мелдектеп тойып алдық.
Омарташы мен аңшы шал құс жастықты шынтақтап, сығырайған білте шамның жарығымен әңгіме маздатып ұзақ отырысты. Ауық-ауық балсырадан тартып қойысады. Аздан соң екеуі де піскен жемістей нарттай қызарып, тілдері күрмеліңкірей бастады. Күні бойы жүрісі текіректеген ат соғып, мен қалжырағанымды сездім. Үлкендермен отыра беруге шаршадым да, ертерек жатып қалдым.
Түнде беймаза шуылдан оянып кеткем... Далада алай-түлей дауыл екен. Есік көзіндегі жез леген даңғырлап, ұшып түсті де, етекке қарай домалап кете барды. Үйдің қарағай есігі төбе құйқаны шымырлата сықырлап, шыммен жапқан шатыр біреу ұрғылап жатқандай-ақ дүрсілдеп кетті.
Қызық-ау, бұл таулы өңірдің ауа райы соншалық құбылмалы болар ма! Таңертең тұрсам – түндегі аласапыранның ізі де жоқ, аспан шайдай ашық, тотияйындай көкпеңбек. Көкжиектен күн кірпігі қылтиып шығып келеді. Көзімді тырнап ашып, бұлақ басына барып жуынып жатыр едім, қора жақта сиыр сауып жүрген талдырмаш сары қызды байқап қалдым.
Біз дастарқан басына жайғасқан кезде әлгі қыз да имене басып үйге кірген.
– Анау жылғы қызылдың қалың қырғынында жалғыз ұлым мерт болды. Ұл өлген соң келіннен де айырылдық. Кемпір екеуміздің ендігі қуанышымыз осы немереміз. Аты Лиза! – деп омарташы қызды таныстырып өтті.
– Немере емес, қызыңыз боп қалған екен ғой? – деді Дүзбай.
– Иә, қызымыз да, қызығымыз да осы!
Омарташыға рахмет айтып, біз тағы да атқа қондық.
– Енді Кержабағыға дейінгі аралықта ел жоқ, құла түз! – деді Дүзбай аңшы.
«Е, мейлі...» деп мен оған құлық қоймадым.
– Амандық болса кешке қарай жетіп те қаламыз.
Мен ноғай қызы Лизаны ойлап келе жатыр едім.
Лиза қыз расында да көрген жанның көзі тойғандай көркем екен. Аспан түстес аласыз бадырақ көз, аппақ қардай алма бет, үлбіреген қаймақ ерін, күлтеленген жібектей сарғылт шаш. Денесі тығыршықтай, кеудесіндегі қос анары тырсиып, қимыл етсе көңілді қытықтап, толқып қоятынын қайтерсің! Мінезі де кісі бетіне күліп қарап көрмеген ізетті, жібектей ме дедім. Бөтен сөзге араласпай, төмен қарап шайын құйып үнсіз отыра берді ғой. Әйтсе де... Әйтсе де, қыз көз қиығымен әредік мен жаққа қарағыштай берген секілді.
Мен де оқта-текте қабақ салып өзімше барлап отырғам. Сөйтіп, екеуміздің жанарымыз бірнеше рет түйісіп те қалған. Әлі тәжірибеден жұрдай жасқаншақ жаспыз ғой, ондайда жерге кірердей ұялып кетемін. Қыздың да мен секілді сезім толқынында қысылып отырғанын сеземін.
– Уәкіл бала, ноғайдың қызы қалай екен? – деді аңшы шал былай шыға.
Мен пысылдап мұрнымды тартып, қызарақтап жауаптан жалтардым.
– Жақсы қыз, – деді аңшы. – Иен түзде жалғыз өсіп келеді. Еліктің лағы секілді. Сендей бозбала жігіттерді аса сирек көреді.
Неге екенін білмедім, мына сөзге біреу ұрлығымды біліп қойғандай қатты қуыстадым.
Атымды бүйірлей тебініп қалдым да, далақтап шапқылап аңшы шалдан недәуір жер ұзап кеттім.
***
– Бұл жақта адам аяғы сирек, – деді Дүзбай аңшы. – Өзге жұрт Кержабағыға анау көрінген көгілдір таудың желкесімен өтеді. Ол тұсты Көккезеңнің асуы дейді. Жол торыған қарақшылар сол асуда жатады. Біз басқа жағымен... төте жолмен тартамыз.
– Төтесі қандай жол еді?
– Көшқұлағанның бүйірімен кететін бір із бар. Тұяқты аң салған сыңар соқпақ... Маймақ аяқтың да ізін талай көргем... Сол араны есіңе сақта, мықтап жаттап ал. Қауіпсіз жол сол, ол жолды ешкім білмейді. Жаныңды босқа саудалап қайтесің, қайтарда да сол соқпақпен қайтқаның жөн.
– Жарайды! – дедім мен бас изеп.
Бүлкілдеген сау желіспен Көшқұлаған аңғарының тар өңешіне де жеткенбіз. Қия-шатқалдың қорым тасты жықпылына кіре берісте мен бұл араны неліктен Көшқұлаған атайтынын сұрадым.
– Елден естігенім, баяғыда осы шатқалда қазақтың жайлаудан қайтып келе жатқан бір көші опат болыпты, – деді Дүзбай алақанына насыбай салып жатып.
– Апырмай!
– Тегі, тар тұмсықта алдарынан апам шыға келсе керек...
– Апамы несі?
– Апам деп қазақ аюды айтады, шырағым. Ол байқұс та қайтсін, өзінің күнде жүріп жүрген жолы, бейқам келе жатқан ғой.
– Апырмай-й!
– Содан көш басындағы ат үркіп, шатқаяқтап барып шатқа ұшып кетіпті. Біріне бірі ноқтамен жалғасқан тағы екі ат пен бір түйені өзімен бірге тарта кетіпті.
– Мәссаған!
Тау мен тасты армансыз кезген аңкөс кісі ғой, жан білмейтін қауіпсіз жолмен төтелей тартып келеміз.
– Ата, әлгі көш қай тұстан құлады екен? – деп сұрадым.
– Ол көштің жолы бұл емес, – деді шал. – Біз келе жатқан жолды даланың аң-құсынан өзге ешкім білмейді.
Сөйтіп, төте жолмен біршама уақытты ұтып, қиырдағы Кержабағыға түс ауа жетіп бардық.
Уәкілге арнап өлмелі бір кемпір мен шалдың үйінен қуықтай жалғыз бөлме дайындап берді. Дүзбай аңшы менімен қош айтысып, таныс бір жекжатының үйіне тартты. Ұрыста тұрыс жоқ, мен де келген бойда жұмысқа қызу кірісіп кеттім.
Келгендегі басты міндетім – ұжымдық шаруашылықты ұйымдастыруға уәкілдік кеңес беріп, мал басының санын алу. Бұларға қоса ел-жұртпен кездесіп, саяси түсінік жұмыстарын жүргізіп, жаңа өмірге бейімделудің бағыт-бағдарын үгіттеп қайту еді. Тапсырылған жұмысты уақтылы бітіре алмай, Кержабағыда бірер апта аялдап қалуға тура келді. Әсіресе, адамдармен жеке қабылдау өткіземін деп, сау басыма сақина тілеп, көп уақытымды ұтқызып алдым.
Жұмыс жұмысымен-ау, бірақ осы жақта жүрген күндері ойымнан ноғай шалдың Лиза қызы бір шықпай-ақ қойған. Томпиған момақан келбеті, жылы жымиған сүйкімді бейнесі қайта-қайта көз алдыма келе берді.
Соншалықты не бопты, ойламай-ақ қояйыншы деймін. Қайтар жолда бұрылмаймын, тура тартам, Лиза қызды көрмей кетем деймін. Бірақ бәрібір әуем кетіп, көңілім мерейленіп, аңсарым ауа берді. Күндіз ойымнан, түнде түсімнен бір шықсашы құрғыры. Шынын айтсам, бәле болды... Ойламайын деген сайын ойсоқты бола түстім.
Бұл мен үшін күтпеген жағдай-тын. Қызға осыншалық ынтық бола қалғаныма өзім де қайран едім. Көңіліме қанат байланып өн бойымды қуаныш билеп алды. Бұрын жүрегімнің бар-жоғын білмеуші едім, енді жүрегім дүрсілдейтін болды. Көктемнің күні де шуағын төгіп маған ғана күлімдейтін тәрізді. Мен де кездескен жұртқа жынданған адамша ыржия берем. Қысқасы, өзім де сырын ұқпаған бір құдыреттің кеудемде пайда болғанын анық сездім.
* * *
Қайтар жолда да омарташы Сүйіннің жертөлесіне түнердей есеппен, Кержабағыдан түс әлетінде шықтым.
Анау күнгідей аңшы шал бұл жолы қасымда жоқ, жалғызбын. Ол кісі екі күн еру жатып, ертерек қайтып кеткен.
Кержабағыдан шыққан бойда тау шатқалдарын шиырлап, жықпылдарды жылғалап ұзақ жүрдім. Адасып кетем деп қауіптенсем де, жан керек, Дүзбай айтқан сыңар аяқ төте соқпақпен Көккезеңді айналып өттім.
Көшқұлағанның шайтан шатқалын қабырғалап келе жатқанда сібірлеп жаңбыр басталып, тайғанақтап жүрісті ауырлатып жіберген. Шатқалдың Мұңсызбайдың жазығына ұласар тар өңешіне жете жаңбыр үдей түсті. Соңымда қалып бара жатқан қия беткейден тау қопарылғандай алапат гүріл шыққан. Сөйтсем, қарсыдағы биіктен әлдебір үлкен тас домалап, жер-дүниені күңірентіп төмендегі сай түбіне құлап түскен екен. Қатты шуылдан әншейінде мыңқ етпес астымдағы атым да үркіп, құлағын қайта-қайта қайшылай берді.
Мұңсызбайдың жосалы қызыл жонымен бірде шапқылап, бірде желе жортып біршама уақыт ұтқандай болдым.
Ақыры, ойлағанымдай шығып, омарташы Сүйіннің үйіне қас қарайып, жұлдыз жамырай жеттім.
Абалап алдымнан шыққан қос төбеттің соңынан мылтығын кезенген Сүйін шал да көрінді.
– Бұл кім? – деді анадайдан ақырып.
– Мен ғой... Қалжанмын.
– Қалжан-малжанды білмеймін. Тоқта! Не керек саған?
Не дерімді білмей сасып қалдым.
– Атай, анау жолы сіздің үйде түнеп шыққан уәкіл жігітпін ғой... Әлгі Дүзбай досыңыз екеуміз... Кержабағыдан келе жатырмын.
– Дүзбәй дейсің бе?
– Иә, Дүзбай...
Сүйін аз-кем ойланып тұрды да, кезенген мылтығын түсіріп, айтақтап иттерін шақырып алды.
– Уәкіл бала, бүйткеніме кешір! Ұры-қары қабағат, заман қиын, «құдай сақтансаң сақтайды» деген... – деп шал елпілдеп жүр.
– Оқасы жоқ, түсінеміз ғой!
Сүйін екеуміз сыртта атты жайғап, бәкін-шүкін әңгіме айтып кідіріс жасап, сосын ғана үйге кірдік.
Үйге кірсек – Лиза қыз самауырды қайнатып, столды жайнатып, бізді күтіп дайын отыр екен. Әнеукүнгідей емес, көйлегі де шыттай жаңа секілді. Өзгеше жылы шыраймен сәлемдесіп, қуанышын жасыра алмай күлімсірей береді.
Қыздың мұндай ыстық ықыласына мен өткен жолғыдан бетер қысылып барамын. Оның үстіне Сүйін шал да:
– Байқаймын, сен келгенге менің қызым қатты қуанып отыр! – деп қалжыңдаған болып, жерге кірердей ұялтып жіберді.
Үйде Сүйіннің бәйбішесі көрінбеді.
– Кемпір шай-шақпыт аламын деп ауылға кеткен, – деді Сүйін.
Шалдың Кержабағы жайын, өзі білетін кейбір таныстарын сұрағандары болмаса, дастархан үстінде артық әңгіме бола қойған жоқ.
Сол үнсіздікпен, оқта-текте бір-бірімізді көзбен сүзіп, жатар орынға қисайыстық. Шал екеуіміз ауызғы бөлмеде қалдық, Лиза төргі үйге өтіп, есікті ішінен бекітіп алды.
Таңертең масыл басқандай ұзағырақ ұйықтап қалыппын. Қасымда жатқан шал жоқ, Лиза қыздың есігі шалқасынан ашық. Баспалап барлап едім, төсегі бос екен. Соған қарағанда сиыр сауып, мал жайғап кеткен ғой... Қазақша айтқанда ерте тұратын – «бір ісі артық» пысық қызға ұқсайды.
Бұлақ басына барып, таң салқын болса да өзімше кеудеме шейін шешініп тастап жуынып жатқанмын. Сол арада не болғанын түсінбедім, әйтеуір қатты сескеніп, суға етбетімнен құлап қала жаздадым. Тіпті, бақ етіп дауысым да шығып кеткен. Сөйтсем Лиза қыз екен, тоңқаңдап жуынып жатқан менің сыртымнан келіп арқама бір бақыр суды құйып жіберіпті. Таудан құлап аққан бұлақтың мұздай суы сескендірмей қойсын ба... Лиза шошытып айғайлатқанына мәз, сықылықтай күліп қаша жөнелді. «Ап, бәлем» деп, соңынан қуып берейін деп едім, сонадай жерде күнге шуақтап шорымық үстінде шоңқиған омарташыны көріп қаймығып қалдым.
Лизаның бұл қылығы көңілімді марқайтып, үміт отын маздатқандай болған. Жүрегім лүпілдеп, ұлты басқа болса да қыздың кет әрі еместігін ішім сезді.
Бәрібір, содан кейін де екі арада пәлендей әңгіме бола қойған жоқ. Үнсіз таңғы тамақты ішіп, үнсіз атты ерттеп міндім де, көзім жәутеңдеп кете бардым.
Мынау құла түзде, иен далада әлдебір асылым қалып бара жатқандай жүрегім сазып, көзім тұманытқандай. Көкірегімді қайдағы бір беймаза мұң торлап, соңыма жалтақтап қарай беремін.
Арада жаз өтті.
Жылауық баладай жердің бетін кептірмей, күнара жаңбырлатып сарыала күз де жетті. Жылдағыдай аптаға созылған ақ жауын емес, биылғы жаңбырдың жауысы да өзгеше-тін. Шатырлатып күркіреп шелектеп құяды, сел болып сай-саладан ағады да, сап тиыла қалады. Бұрын сирек еститін оқыс жағдай – жай түсіп мерт болған уақиғалар бұл жылы тым жиілеп кеткен.
Осындай жылауық күндердің бірінде бастықтар мені тағы Кержабағыға жұмсасын... Күн райының жайсыздығына қарамастан бұл сапарға мен қуана-қуана келістім.
* * *
Омарташы Сүйіннің иен түздегі жертөлесіне баяғыша қас қарая жеткенмін. Шал тағы да айдындап, мылтығын бұлғай шыққанымен, ескі танысындай жылы қарсы алды. Лиза қыз өткендегісінен де өңденіп, құлпыра түскен тәрізді.
– Хабарсыз кеттіңіз ғой? – деді көзін төңкеріп. Үнінде реніш те, наз да бар еді.
Мен не дейін, өзіне жылы жүзбен күле қарап, иығымды қиқаң еткіздім де қойдым.
Сүйіннің бәйбішесі белінен шойрылып, төсек тартып жатып қалыпты. Төргі бөлмеге кіріп, ол кісінің көңілін сұрадым.
Дастархан жасалып, шай ішілген соң, шалдың рұқсатымен Лиза екеуіміз қыдырыстап далаға шықтық.
– Екі күн болды жаңбыр толастап тұр, – деді Лиза. – Енді бір аптадай айық болады дейді әкем. Ал менің әкемнің айтқаны айнымай келіп жатады.
– Тегі, ол кісі көріпкел болды ғой?
– Сіз жаңбырға қалмай тез қайтыңыз.
– Қайтамын! – дедім мен. – Үш күн боламын да, тездетіп кері қайтамын.
Екеуміз сылдырап аққан бұлақты жағалап, айлы түн астында қыдырыстап біраз уақыт серуен құрдық. Не заматта үйден Сүйін шал шығып, дауыстап қызын шақырды. Амалсыз кері қайттық.
Содан мен Кержабағыда үш күн емес, бес күнге таяу жүріп қалдым. Бесінші күні де ертерек кетуге қол тимей, күн бесіндікке ауғанда әзер жолға шыққам. Есебімше, тездетіп Көшқұлағанның қия беті мен құз шатқалынан өтіп алсам, арғы жағы Мұңсызбайдың жазығы. Жазық таусылып бермес ұзақ дегені болмаса, содан кейінгісі басқадай қиын жол жоқ. Бүлкіл аяңмен-ақ омарташының үйіне түн ортасында жетуге тиіс едім.
Бірақ, ол жоспарым түкке де жарамай қалды....
Жол ортаға жеткенде шалдың айтқаны рас шығып, алдымен аспанды қарала-торала бұлт тұмшалады да, артынша селдетіп жаңбыр құйып берген. Шатыр-шұтыр найзағай ойнап кетті. Бұл жердің найзағайының дауысы да өрескел қатты ма дедім. Қорғасын бұлт түйдек-түйдегімен жер бауырлап жылжып барады. Бұлт па, тұман ба өзін айырып болмайды. Шатырлаған найзағай да бұрқылдап жақын маңға түсіп жатқандай. Желе жортып менің келе жатқан жолым – пана тұтар қарайғаны жоқ құла дүз. Қырат-жотасыз, төбе жасырар жылға-сайсыз мидай жазық. Мұңсызбайдың меңіреу даласы осы-тын. Биік жер, жұмыр таудың жотасы, күншілікке созылған тақтайдай тегіс үстірт. Оза көшіп, кең жайлайтын иен өңір. Ежелде осы үстірттің үстінде ақар-шақар ауыл болған десетін. Бүгінде сол есіл ел, сайран жер мылқау жатыр. Кезіндегі ауылдан қалған белгі – ескі қорым-зираттар ғана. Қорымның қақ ортасында күмбезді жалғыз мазар тұр.
– Анау көрінген мола – Бектас әулиенің күмбезі! – деген ана жолы аңшы Дүзбай.
– Ол кісі кім болып еді?
– Әулие кісі болыпты.
– Е-е...
Қарайғаны жоқ мұндай жазықта ат үстіндегі адамға найзағай түсуі әбден мүмкін екенін талай естігем. Өзі биік жер болса, өзі мидай жазық болса – маған түспегенде қайда түспек... Шоқиған ат үстінен қашып, жадағай бір тұсқа тығылғым келеді. Бірақ қашып қайда тығыларсың? Зәрем ұшып, басымнан бақайыма дейін бойымды үрей билеп келеді.
Найзағай тағы бір жарқ еткенде қиыста қалып бара жатқан қалың зиратты байқап қалдым. Өткен жолы Дүзбай шал айтқан Бектас әулиенің күмбезі ғой. Қуанып кеттім. Шалық тигендей молаға қарай құйын-перен шапқылай жөнелдім.
Мені қуалағандай, найзағайдың жарқылдауы осы мезетте тіпті жиілеп кетті. Зиратқа жеткенше жүрегім аузыма тығылды. Арғы шеттегі ағаш қоршаулы моланың біріне атымды тізгінінен іле салып, жандәрмен ортадағы үлкен күмбезге қарай ұштым.
Күмбез ескі болса да, төбесі аман, іші шаңы шыққан құрғақ екен. Қырық жылғы қурай басып кетіпті.
Арғы түкпірден пар-р-р етіп бір құс ұшып шығып, онсыз да секемшіл жүрегімді селк еткізді. Қараңғыда қандай құс екенін де байқай алмадым, менің басымнан асып, нөсерлеткен түн құшағына сіңіп ғайып болды.
Ес жинап, жан шақырған соң бір құшақ қурай шөпті ортаға үйіп, от жағып жылынып алмаққа ыңғайландым. Шақпақ жағып, от қойып жатқан кезде ту сыртымнан біреудің қарап тұрғанын жон арқаммен анық сездім. Аруақ-қ!.. Жүрегім су етіп, өн бойым мұздап салды.
Жалт қарадым. Қолыма ұстаған оттың жарығымен байқап қалдым – сасық күзен екен. Зираттың арғы түкпіріндегі іннің аузынан тұмсығын шығарып көзі жылтырап қарап тұр. Менің оқыс қимылымнан шошып, шалт бұрылып інге қайыра қойып кетті. Құйрығы шолтаң етіп, соңынан бұрқ етіп бір уыс шаң көтерілді.
Жаққан отым да жалп етіп өшіп қалды.
Қолымдағы шақпақты қайыра жақпаққа шыртылдытып жатыр едім, сіркіреген жаңбыр, шатырлаған найзағай дауысынан дабыр-дұбыр бір топ адамның келіп қалғанын байқап үлгердім. Тура мен паналаған күмбездің алдында апыл-ғұпыл аттарынан түсіп жатыр. Жарқ еткен найзағай жарығымен иықтарына асынған мылтықтары барын да көріп қалдым.
Зәрем қалмады. Мылтық асынғандарына қарағанда, омарташы айтатын әлгі «жол тонағыш бандыңыз» осылар болып жүрмесін? Егер солар болса, онда зәудіғалам бұл қанышерлердің қолына ауданның уәкілі түссе – құдайдың бергені деңіз. Ат басындай алтын тапқаннан бетер қуанар. Сосынғысы белгілі, тірідей терісін сыпырады.
Сасқан жерде қалың қурай арасына, түкпірге қарай шегіншектей бердім. Сол мезетте шатырлап тағы найзағай ойнап, найзағайдың күркірімен қоса сатыр-сұтыр қайдағы бір шұңқырға құлап түстім. Шұңқыр емес, көрге құлағанымды сезіп, жүрегім атша тулап кетті. Шаң қапқан аузы-басымды сүрткілеп тұра бергенім сол еді, дабыр-дұбыр сөйлесіп, әлгі топ күмбез ішіне кіріп келді. Екі жігіт бөренедей бірдеңені екі жағынан көтеріп әкелді де, мен жатқан түкпірдегі қалың қурайдың үстіне былқ еткізіп тастай салды.
Жан керек, көр болса да құлаған жерімнен бас көтермей жабысып жата қалдым. Комсомол мүшесі ретінде «құдай жоқ» деп уағыздап жүрсем де, «Иа, Алла, сақтай гөр!» деп қайта-қайта сиына беріппін.
«Зираттың арғы шетіндегі атымды байқап қалған жоқ па» деп те зәрем зәр түбіне кетті.
Жоғарыдағылар қызыл кеңірдек болып бірдеңеге дауласып жатыр. Келген жолмен қайтуға болмайды, басқа жолмен кетейік дейді біреулер. Біздің келгенімізді көрген тірі жан жоқ, айналма жолмен әуре боп қайтеміз дейді келесі топ. Сөз ауаны бұлардың шекара асып, арғы жақтан жеткен топ екенін анық аңғартты. Ұры да емес, қары да емес, бұлар нағыз бандының өзі болды. Мұндай бандылар қанышер кекшіл келеді, көлденең көк аттыны тонап кеткен, жалғыз отырған үйді өртеп кеткен деген сияқты алыпқашпа әңгімені бұл жақта жиі естисің. Құмда саны, қырда ізі жоқ мұндай жын-перілерді неше жылдан бері әскер шығып іздеп таппай жүр. Бұл жақты қан қақсатып қиратып-бүлдіріп, бір-ақ түнде арғы бетке өтіп кетіседі. Содан іздері басылып, айғай-шу бәсеңсіген уақта ойламаған басқа тұстан соқтығып, ел-жұртты тағы ұлардай шулатып кетеді.
Осының бәрін ойлағанда жаным түршігіп, тыпыр етпей көрде үнсіз жата бердім.
Мұрныма ерменнің қышқылтым иісі келіп, қиналып барам. Шыдап-ақ бағайын деп едім, құрғыры мұрным жыбырлап қоймады. Оның үстіне шаң қапқаным және бар. Дем алмай, мұрнымды қыстым, көзімді тас қып жұмып алдым. Қояр емес, атасына нәлет, бәрібір жыбырлай берді.
Ақыры жыбырлаған мұрын құртты мені... Түбіме жетті!
Қатты-қатты түшкіріп жібердім.
Жоғарыдағылар жым болды.
– Өй, мына жақта кісі бар ғой! – деп біреуі шөпті сытырлатып бері қарай жүрді. Шұңқырға жақындап келді де, бесатарының затворын тартып төменге кезеніп тұра қалды. Мойнын созып не нәрсе жатқанын түсінбей тұр. Менде амал қалмады, шегінерге жер жоқ, әйтеуір бір өлім. Жаным шыға айғайға басып, бақырып-қышқырып, қолымды ербеңдетіп атып тұрдым. Сол сәтте шатыр-шұтыр найзағай жарқылдады да, күмбездің іші сиқырлана жалт-жұлт етіп, далада от ойнап кетті. Мылтық кезеніп тұрған кісі «астапыралла» деп, екі аяғы көктен келіп шалқасынан құлап түсті. Мылтығы бір жаққа, өзі бір жаққа домалап барады.
Қалған жұрт жапатармағай шықарға ұмтылып, есікке симай кептелісіп жатыр. Қысыла-қымтырыла, жығыла-сүріне алды-арттарына қарамай безіп барады. Жығылған кісі тұра алмай үйелеп, есікке қарай жан ұшыра ол да еңбектей зытты. Бар дауысымен тағы айғайға бастым. Қорыққан адамның айғайы да өрескел бола ма, өз дауысымды өзім танымай қалдым. Әйтеуір мен айқайлаған кезде зираттың қабырғасы қақырап, күмбезі дірілдеп, дүние даңғырлап кеткендей болды. Оның үстіне тағы да найзағай жарқылдап, іле жерді ойып жіберердей күркірей жөнелсін. Аспан қақ айырылып, күмбездің төбесі опырылып құлап кетті ме деп қалдым.
Бандылар аттарына асығыс-үсігіс міне қашты.
Найзағайдың жарқылы оларды одан бетер үрейлендіріп, соңдарына бұрылып қарауға мұршаларын келтірмеді. Енді қайтып бұл зиратқа аяқ баспастай болып, бәрі де түн құшағына сіңіп жоғалды.
– Бісмілла! – дедім мен. – Әулие бабам, сақтай гөр өзің!
Қатты бір түшкіріп, шаң басқан үстімді қағып, бетімді сүрттім.
Өрекпіген жүрегім басылар емес, қатты қорқып қалсам керек, өне бойым безгек тигендей қалш-қалш етеді. Кеудемді кере тыныстап дем алған боламын, бәрібір тізем дірілдеп, буыным босай береді.
Қарасам, бандылар көтеріп әкелген жүктері мен мылтықтың біреуін тастай қашыпты.
Маған кезелген мылтық осы ғой. Құдай сақтап атылмай қалды. Арқалап әкелген жүктері – ораулы кілем екен. Асқан сақтықпен еңкейіп, кілемнің орауын жаза бастадым. Орауын жазып, ауната бергенімде ыңырсыған бір үн шықсын... Секемшіл жүрегім тағы да селк етіп, бір шетке ыршып түстім. Қолыма мылтықты алып, ораулы кілемді аяғыммен түрткіледім. Кілем тағы ыңырсыды. Әйелдің үні шығады. О, тоба, мұнысы несі?
Асқан сақтықпен кілемді шетінен көтеріп, домалатып ашып жібердім. Найзағай жарығынан байқап үлгердім, аузы буулы, қолы байлаулы, шашы бобыраған бір жас қыз кілем ішінен домалап түсті. Өзі сап-сары, орыстың қызына ұқсайды.
Найзағай тағы жарқ-жұрқ етті.
«Мәссаған, мынау Лиза ғой!».
Мен аң-таңмын.
Иә, кілемнен домалап түскен омарташы Сүйіннің Лизасы екен. Оу, бұл қыз мұнда қайдан жүр?
– Лиза...
Найзағай жарқылдап кетті.
Лиза қайраңға шығып қалған ақшабақтай бұлқынып жатыр.
– Лиза?
Қатты бір бұлқынса қасындағы көрге түсіп кететін жайы бар. Еңкейіп аузын шештім.
– Лиза, қорықпа, бұл менмін... Қалжанмын!
Лиза жауап қатқан жоқ, мені дауысымнан таныды білем, тыныштала қалды.
Қараңғы болса да қарманып, қыздың аяқ-қолын шештім, сүйемелдеп орнынан тұрғыздым.
Лиза тәлтіректеп тұра алмады, сосын менің мойынымнан қапсыра құшақтап, ықылық атып еңіреп қоя берді.
***
Өзім аңсап, арнайы іздеп келе жатқан Лизаға мен ойда-жоқта осылай кездестім.
Әрине, бандылардың қанды тырнағынан қызды арашалап алып қалғаныма өлердей қуандым, әрі осы ерлігімді іштей мақтан тұттым. Бұл оқыс оқиға мені түрлі ойға қалдырды, көп толғандырды. Сөйтіп, ақыры мен Лизаға үйленбек болып бекіндім. Менің бұл шешіміме шешем алғашында ат тонын ала қашты, қарсылық білдірді.
– Әлгі, шыбын асыраған ноғайдың қызы ма? – деп сұрады.
– Немене, қазақтан қыз табылмай қалып па еді? – деп зекіді.
– Өзі тым кішкентай екен! – деді Лизаны көрген бетте.
– Көтерем емес пе? – деп күдік келтірді.
– Әй, осы қыз маған келін, саған әйел болып жарытпас! – деп түңіліс те білдірді.
Шешем тізіп шыққан кемшіліктердің бірде бірін мен мойындағам жоқ, бәріне нақты жауап тауып, қалыңдығымды қорғап бақтым. Айтқанымнан қайтпай табандап тұрып алдым. Ақыры шешем жалғыз ұлының дегеніне амалсыз көнді.
Бұл 1934 жылдың күзі болатын.
Интернационалдық тұрғыда шағын комсомол тойын жасадық. Ол тойдың төрінде, менің шешемнің қасында Сүйін шал бәйбішесімен қатар отырды. Расын айтсам, қайын атам да, енем де маған бір көргеннен-ақ жылы ұшыраған. Енеміз көп сөйлемейтін, ешкіммен шаруасы жоқ томаға тұйық жан екен. Қайын атамыз керісінше, көкірегі ашық, көңілі таза, әзіл-қалжыңы жарасқан жайдары кісі болып шықты. Арада көп уақыт өтпей ол кісі де күйеу баласын туғанындай жақсы көріп кетті.
Иен түзде жалғыз өскен Лиза біздің үйге бірден бауыр басты. Өзі де пысық қыз екен, келін боп түскен күннен үй шаруасын шырқ иіріп, дөңгелентіп әкетті. Ұсақ-түйектен қолы босағанға енесі де қатты риза еді.
Бірақ неге екенін білмедік, біраз уақыт бала көтермей жүріп алды. Оған мен де іштей қауіп қылдым, өзі де қатты қиналды. Сездірмегенімен, шешем де көзін төмен салып, үнсіз күрсінуді шығарды. Дәрігерге көрініп, тәуіпке емделмек болып жүргенде, құдайға шүкір, үшінші жылы жақсылық хабар белгі берген...
Лиза аман-есен босанды. Көзі бадырайған балпанақтай қыз туды.
Немерелі болғанаға балаша қуанған шешем осы күннен бастап Лиза келінін өзінше еркелетіп «Ләзиза» деп атай бастады.
Алдыңғы жылдардағы ашаршылықтың табы ел өміріне терең із тастаған, жұртшылықтың әлі есін жинап, оңала қоймаған көтерем кезі. Ұры-қары көбейген, арғы беттен асып келген қарақшылар да асқынып тұрған шақ. Арқадан, Семей жақтан ағылған аш-жалаңаш жұртшылық, азып-тозған халық Алтайдың етегін паналап, жан сауғалап жатқандарын естиміз. Қаңбақ кезген қуаң далаға қарағанда балқарағай теріп, балық ауласа да Алтай дәтке қуат болыпты.
Біздің қызымыз әлі омырауда еді. Сондықтан бұл жылдар менен гөрі Ләзизаға ауырлау тиді. Мен уәкілмін, көбінде ел аралап, апталап, айлап жоғалып кетем. Шүкіршілік, шешем екеуі жоқшылыққа мойымай, таршылыққа кейімей қиындықтың бәріне шыдап бақты ғой.
Біздің отбасылық өміріміз содан кейінгі жылдары қалыпты арнаға түскендей болған. Сөйтсе, ол да тірлігіміздің уақытша елесі, алдамшы белесі ғана секілді екен. Артынша тағы да аласапыран заманға кез болдық. Ағайынды ағайын дұшпан тұтқан, әке мен бала алагөз болған күндер туды. Көрші мен көрші аңдысқан, көлеңкеден үріккен, көрінгеннен қорыққан күдігі мол қиын дәуір туды.
Бұл 1937 жылдың нәубеті еді.
* * *
Аудан орталығындағы ұзын барақтан бір бөлмені еншілеп, біз кәдімгідей орныққан отбасы болып қалған кезіміз.
Шешеміз қолымызда, баламыз бауырымызда, үй бар, қызмет бар – біз үшін осыдан асқан бақыттың қажеті жоқ сияқты еді. «Пәленшені ұстап әкетіпті, түгеншені айдатып жіберіпті» деген сияқты әңгімені жиі естіп жатамыз. Астыртын ұйымдар құрып, диверсиялар дайындаған ондай «халық жауларына» біздің үйде де аяушылық жоқ. «Өз обалы өзіне, өңкей екіжүзді оңбағандар, шоқ-шоқ» деп айызымыз қанып әндеп, қостап отырамыз. Солардың бәрін аман-есен ұстап, құртып тауысса – біз үшін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған жаймашуақ жақсы күндер туатындай көреміз.
Сөйтіп жүргенде бәріміз құдайдай санайтын аудандық партия комитетінің секретары Ахмет Төлегенов ұсталып кетті. Ол кісі мені қызметке қабылдаған, үнемі маған қамқор болып, ақыл-кеңесін айтып жүретін жақсы ағамыз еді. Жүзінен иман үйрілген, сөйлескен жанды баурап алатын, ешкімге қатты сөз айтпайтын ерекше жан-ды. Бұл оқиға менің түсінігіме симай, санамды төңкеріп, мәңгіртіп тастады. Артынша аттарын атаса ат үркетін тағы бірер мықты қамауға алынды. Апырмау, солардың бәрі шынымен «халық жауы» боп шыққаны ма деп қайран қалып, далым шығып жүргенде, туған қайын атам атылып кетті... Ләзизаның әкесі – кәдімгі Сүйін шал ше, сол кісі. Тексере келе ол да «халық жауы» болып шығыпты. Естуінше, жасауыл жасанып барып, түн жарымында үйінен ұстаған сияқты. Содан дедектетіп ауданға айдап келе жатқан жерінде шал оңтайлы бір сәтте ретін тауып қаша жөнелсе керек. Өлмелі шал қайбір желаяқ дерсің, қуғыншылар ұзатпай қуып жетіп, табан астында атып тастапты.
Бұл хабар Ләзизаны ғана емес, мені де есеңгіретіп жіберген. Не істерімізді білмей, торға түскен торғайдай шырылдап қалдық. Содан кейінгі өміріміз ішкеніміз ірің, жегеніміз желім татып, шықарға құлақ түрумен, ел сөзіне елеңдеумен болдық.
Әлгі жағдайдан соң, менің қызметтен қолым тимей, шешесін көшіріп әкелуге екі атпен Лиза өзі кеткен. Үш күннен соң салдырап бос қайтып келді.
– Көнбей қойды? – деді.
Осылайша күнде гөй-гөймен жүргенде өзі мұғалім болып істейтін, үйімізбен араласып тұратын көзілдірікті көрші ағай бар еді, ойда-жоқта сол кісі ұсталсын. Ол кісіні қалай ұстап әкеткенін Ләзиза екеуміз өз көзімізбен көрдік... Алдымен түнде терезеге жарық түсіп, дырылдап кеп тоқтаған мәшиненің дауысын естідік. Ұйқы сергек, көңіл алаң, төсектен атып-атып тұрып, терезенің пердесінен сыртқа сығаладық. Ел-жұрт «черный ворон» деп атап кеткен НКВД-ның қара мәшинесі есік алдына келіп тоқтады. Ішінен үш кісі шығып... шүкіршілік, біздің емес, көршінің есігін қақты. Үшеудің екеуінде бесатар. Тегі бастығы болар, қара күртелі біреуісі салпылдатып маузер асынып алыпты.
Жүрегіміз дүрсілдеп, тынысымыз тарылып сығалап қарап тұра бердік. Арада жарты сағат шамасы өткен жоқ, мұғалім ағайды үйінен дедектетіп айдап алып шықты. Мәшинеге итеріп отырғызып, гүр етіп түн қараңғысына сіңіп жоғалды.
Олар кетісімен Ләзиза мені тас қып құшақтап, солқылдап жылап жіберді.
* * *
Көрші мұғалім дәулескер күйші еді. Мектепте домбыра үйірмесін ұйымдастырып, бір топ балаға домбыра үйретіп жүретін. Кейін естідік, ол кісі ұлтшыл сарындағы мұғалім екен, социалистік өмір салтына жат, ескілік дәстүрдің «насихатшысы» болып шықты.
Мұғалімнің шашын қайшымен ылғи да мен алатынмын. «Шіркін, станок сатып алсам» деп көксеп жүретін, бірақ онысы аяқ жетер бұл маңайдан табылмай, ақыры ретін тауып қаладан алдыртыпты. Жалтыраған станокті әнеу күні үйге әкеліп сыртылдатып, мақтанып көрсеткені бар. «Алдағы жексенбіде асықпай шашымды жөнімен алып берерсің» деп өтініш жасаған-ды.
Сенбі күні өзі ұсталып кетті.
Ұсталып кеткен мұғалімнің кішкентай ала мысығы бар еді. Сол мысық бірде біздің үйге кірді де, Ләзизаның аяғына оратылып қайтып шықпай қойды. Ләзиза табаққа сүт құйып, үстіне нан турап тамақтандырды. Ертеңінде көрші апайына «мысығыңызды қайтарайық» деп еді, ана кісі басын шайқап, бұрылып қарамастан үнсіз жүріп кетті. «Керегі жоқ» дегені ғой. Әрине, ол апайдың жағдайын біз жақсы түсіндік. Күйеуі барда жұмыс істемей екі баласын бағып үйде отырды. Енді мысық түгілі шиеттей жас балаларын асырап, жан сақтаудың өзі қиындап қалғанын сездік.
Арада бір ай өтпей жатып, мені өзім талай жыл уәкіл болған Кержабағыға колхоз басқартып жіберген. Шешем мен Ләзизаны, екі жасар қызымызды, тіпті мысығымызға дейін орап-шымқап, екі ат, бір өгізге теңдеп алыс ауылға сапар шектік.
Кержабағыға келген бойда алдында шағын дәлізі бар, қарағайдан қиып салған қос бөлмелі орыс үйіне кірдік. Шатырының шеткі тақтайлары сынған жамау үй екен. Қол тиген бір демалыста шатырын жамап, табалдырығын жөндеп, терезесіне қақпақ салармын деп жоспар жасадым. Іргедегі орман ішінен қайыңның көк өскінін қазып әкеліп, терезе көзіне отырғыздым.
Кержабағыға келгелі қауіптен қашып құтылғандай болсақ та, бәрібір көңілден күдік кеткен жоқ-ты. Оның үстіне «ана кісі ұсталыпты, мына кісі айдалып кетіпті, пәленшенің көкесі атылыпты» деген сөздерді ара-тұра аудан жақтан жеткен сирек хабардан естіп жатамыз. Тіпті, құдайдай санап, жүрген аудандағы НКВД-ның бастығы да қамалыпты дегенде – кімге сеніп, кімге қоярымызды білмей абдырадық. Аудан орталығы мен үлкен ауылдарда екі күннің бірінде жиын, халық жауларына лағнет айтқан айғай-шу, ұрандаған жұртшылық. Бастықтардың тапсырмасымен Кержабағыда да ел тілегіне үн қосқан осындай жиынның екеуін өзім өткізіп, жалындаған сөз сөйледім. Қатырып отырып оның хаттамасын жасап, арнайы шабарманмен ауданға жіберіп едік, кейіннен мақтау естіп бәріміз марқайып қалдық.
Осылайша, бірін бірі аңдыған, бірінен бірі үріккен жұртшылықпен бірге өмір сүріп, бірге тұрып жаттық. «Қайын атасы әлгіндей жағдайда мерт болған, әкесі арғы бетке қашып кеткен» деп біреу сыбыр етсе болды, менің де күнім қараң екенін сезіп жүрдім.
* * *
Ақыры солай болды... мен қауіп қылған сол күн де жетті.
Қаншалықты үрейленіп, жаманат хабарды күтіп жүрсем де, әлгілер келген сәтте бұл жағдай соншалықты оқыс, соншалықты тез болғандай көрінді. Қалай десек те, «бәлкім мені айналып өтер» дегендей әлдебір үміт ұшқыны жүрегімді шабақтап жүруші еді. Сосын анау шетінен көгенделіп айдалып жатқандарда, құдай біледі, осы арада бір шындық бар... «жел соқпаса шөптің басы қимылдаушы ма еді» деп топшылайтынмын. Үндемей жүріп үйдей бәле жасап жүрген зымияндар ғой деп шынымен жиренетінмін. «Ал, мен ше, – деп әр нәрсені салмақтап сарапқа салатынмын, – мен сүттен ақ, судан тазамын, бүлдірген түгім жоқ, еліме адалмын, Отанымның патриотымын, олай болса несіне жалтақтаймын, неден қорқамын». Ойсоқты болған сәттерде осылайша өзімді-өзім сабырға шақырып, жігерлендіріп қоюшы едім.
Бірақ, жаманат сарт етіп жеткен сәтте ең алдымен «бұл қалайша?», «неге менмін?» деп санам сапырылысып кетті. «Не үшін?» деп алас ұрдым.
Жағдай демалысқа қараған түні болған. Таң алдындағы тәтті ұйқыда жатқан кезде есік тарсылдады. Бейсауат уақтағы мұндай өктем жүрістен «солар» екенін жазбай таныдым. Атып тұрып тез-тез киіне бастадым. Аналар есікті сындырып жіберердей ұрғылап жатыр. Шошып кеткен әйеліме басу айтып, шашынан сипадым да, есікке ұмтылдым.
Сол баяғы көргендей үшеу. Жылтыраған қара елтірі күрте киген бастығы мен мылтық асынған екі солдат. Ерінбей-жалықпай мынау ит арқасы қияндағы Кежабағыға қалай жеткен десеңші!
Менің аты-жөнімді сұрап, «Қалжан Дүйсенов» екенімді растаған соң, киініп соңдарынан еруді бұйырды.
Ләзизаның көзі шарадай боп кеткен, өн бойы дір-дір етеді.
– Қорықпа, Лизочка, қорықпа! Сабыр ет... Бұл бір қателік деп ойлаймын. Көр де тұр, мен барамын да, бәрін түсіндіріп, ертең қайтып келемін.
Ләзиза көзі жәутеңдеп басын шұлғи берді.
Киініп, солдаттардың алдына түсіп кете бардым. Есіктен шығып бара жатып, арқамды аяз қарып өткендей сезініп, жалт етіп соңғы рет әйеліме қарадым. Ләзиза сол баяғы орнында суыққа тоңған торғайдай бүрісіп тұрып қалыпты. Көзінде мөлтілдеген жас.
Әйелімді қорқытпас үшін жаңағы айтқан сөзіме өзім де сеніп қалғандай едім. Бірақ ұсталып кеткендердің қайтып келгенін әлі естігем жоқ. Соны ойлап, Ләзизаның бейнесін көз алдымда сақтап қалғым келгені ғой...
Расында да, бір қасыретті ішім сезгендей-ақ екен, үйден осы кеткеннен араға жиырма бір жыл салып әзер қайтып оралған едім.
***
Қалжан осы арада әңгімесін аяқтап:
– Міне, ағаңның жағдайы осындай болған! – деп маған бір қарап өтті.
– Оу, ары қарай не болды? Соны айтсаңшы? – деп Қамбаш шыр ете қалды.
– Ары не болушы еді? Отырмыз ғой, мінеки, жылқы бағып.
– Мен жылқы баққаныңды сұрап тұрғам жоқ. Түрмеде жиырма жыл не бітірдің, соны сұрап тұрмыз?
Арада жайсыз үнсіздік орнады.
– Жиырма бір жыл! – деді Қалжан басын ұстап.
– Иә, жиырма бір... Бұл дегенің тұтас бір ғұмыр ғой... – деді Қамбаш.
– Оның рас. Бірақ бұл әңгіме жастарға қызық бола қоймас.
– Айтыңыз, аға, әңгімеңіз әскере қызық екен?
– Ой, балам-ай, мұндай әңгіменің несі қызық болсын!
– Әне, бұл құрдас сөйтіп те бұлданады...
– Бұлданып отырғам жоқ, ауыр әңгіме. Жүйкемді жұқартып жібереді. Есіме алсам болды, қарадай шаршап қалам.
Қалжанның екінші әңгімесі
Қара елтірі күртелі бастық алдымда, маңдайында баданадай жұлдызы бар шошақ бөрік пен сұр шинелді екі солдат артымда. Үшеуі де ат үстінде. Осы үш салт аттылының ортасында томпаң қағып мен жаяу тартып келемін.
Қайдан шыға келгені белгісіз, Мұңсызбайдың жазығында Бәдиша кемпір қарсы жолықты. Қолында тобылғы таяқ, бетін жартылай бүркеп алып жорғалап келеді екен.
– Әй, қарақтарым, мына баланы қайда айдап бара жатырсыңдар? – деп Бәдиша таяғына сүйеніп тұра қалды.
– Онда сенің шаруаң не!
Алдында келе жатқан күртелі бастық барқ етті. Оған Бәдиша айылын да жиған жоқ:
– Тағы да жау ұстадыңдар ма?
– Халық жауын ұстадық...
– Бүйте берсеңдер ауылда бас көтерер жан қалмас, тегі...
– Аузыңа уақап бол!
– Сен өйтіп мені қорқытпа, мен қорқатын жастан өтіп кеткем...
– Әй, кемпір, сампылдамай жайыңа жүрсеңші!
– Неге мен жайыма жүрем, өндірдей жастың өмірін өксітпек болсаңдар.
Жағдай ұшықпай тұрғанда араға мен өзім араластым.
– Шешей, бұл бір қателік. Ауданға барған соң бәрі анықталады... Сосын мен дін аман қайтып келем.
Қалып бара жатқан Бәдиша кемпір соңымыздан айқай салды:
– Қарағым, қайда жүрсең де аман жүр... Қиналған шақта жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта!
Не дейді... «Жаныңа үңіл» деді ме? «Жүрегі» несі? Бәдиша кемпір онымен не айтқысы келді екен?
* * *
Үш салт атты мені жаяу-жалпылы алдарына салып айдап, келесі күні түс ауа ауданға әкелген. Ертесінде алты адамды қосақтап аяқ-қолымызды байлады да, қос арбаға тиеп конвоймен қалаға жіберді.
Содан кейінгі біздің көрген мехнатты құдай басқа салмасын. Досың түгіл жауыңа тілемейтін ауыр күндерді, азапты айларды бастан өткердік қой... Жиі-жиі тергеуге апарады, тергеу үстінде ұрады, соғады, тепкілейді, азаптайды. Білектерін сыбанып тастаған, қабағына қар, кірпігіне қырау қатқан жендеттер. Есеңгіреп бара жатсаң үстіңе сар еткізіп бір шелек мұздай суды құйып жіберіп, сергітіп алады. Сосын тағы да тергеу, тағы қинау... Соңынан ес-түссіз өлімші күйіңде қолыңнан сүйретіп әкеледі де, камера есігін теуіп ашып, ішке қарай лақтырып тастайды.
Надзиратель дегендерің де өңкей бір қоразданған қорқаулар болып шықты. Адам сөзін түсінбейді, тіпті түсінгісі де келмейді. Бірдеңе десең көзін бұқадай ажырайтып шыға келіседі. Адамбысың, малмысың деп бізге назар салып жатқан жанды көрмейсің.
Сондағы маған жапқан жалалары, тіпті қисынға келмейтін айып... «Қайын атаң екеуің бандылармен ауыз жаласқансыңдар, Совет өкіметін құлатуға әрекет етіп жүрген астыртын ұйымның белсенді мүшелерісіңдер» дейді. Осыны мойында деп құтырған бурадай зіркілдейді. Өтірік нәрсені шын екен деп қайтып мойындайын. «Ауыз жаласқам жоқ» деймін мен шындығымды шырылдап. Ондайда ауыздан ұрып, тісімді сындырады. «Совет өкіметіне жау емеспін» деймін мен жалбарынып. Ондайда мойнымды қайырып, қайыспен есім ауғанша қылқындырады. Бөшкедегі суға басымды тығып, тұншықтырады. «Сіздер қателесіп жүрсіздер, мен Совет өкіметінің белсенді қызметкерімін, өз елімнің патриотымын» деп те жалынамын. «Шырағым, партия ешқашан қателеспейді» деп тарамыстан қыл бұрау салып, башпайды бұрағанда көз алдымда жасын оты жарқылдап кетеді. Еркектің ең осал, нәзік жерін қышқашпен қысқан кезде – шыбын жаның көзіңе көрінеді екен. Орындыққа жалаңаш отырғызып қойып, керзі етіктің табанымен ғауратыңды мыжғылағанда өмірден түңіліп, сол арада өле қалуды тілеп құдайға жалбарынасың.
Ақыр соңында, тістің біразы сынған, көз көгеріп, ауыз күп боп ісіп кеткен, қан түкіріп адамша сөйлеуден де қалдық. Қабақтары қаһар шашқан сұмырайлар бәрібір тергеулерін тоқтатқан емес. Қанымыз кеуіп сусамыр болсақ та аузымызға тамшы су тамызбайды. Ең қасыреті – бір сәтке кірпік қақтырмай, ұйықтатпай азапқа салғандары болды. Әлсіреп, көзің жұмылып қалғып бара жатсаң – бүйірден керзі етікпен тоңқ еткізіп бір тебеді. Қабырғаға сүйеп тұрғызып қояды да, ұйықтай берсең іштен ыңқ еткізіп бір ұрады.
Азап камерасын есіме алсам қазір де төбе құйқам шымырлап қоя береді.
Адам ит жанды дейді ғой, сол рас сөз секілді... Біздің бастан кешкен қиқыметті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Соның ішінде азаптың бәріне шыдауға болады екен, басқа түскен қиындыққа көнуге болады екен, бірақ ұйқысыздыққа төзу қиямет екен. Осы жылдары менің соған көзім жетті.
Қандала сасыған, биттеп-құрттаған, қан мен жын мүңкіген тар камера, оның алапес тигендей алабажақ төрт қабырғасы. Әр тұста аяқ серпуге жер таба алмай бүрісіп, бір-біріне тығыла ұйлықан халық. Жоғарыдан үкім күткен бейшара жандар... Әйтеуір, санаңда мәңгі жатталып қалған сүреңсіз суреттер.
Ұйқысыз азапқа түскен алғашқы айда-ақ мен меңдуана жегендей мәңгіріп кетіппін. Көз алдым тұманданып, басым әңкі-тәңкі, миым шыр көбелек айнала береді. Айдың соңында сүйретіп әкеп камераға лақтырып тастағанда, басымды көтеріп демеп жатқан камералас бір кісі:
– Қарағым, бүйтіп қиналғанша «қой» деген қағазына қолыңды қоя салмадың ба? – деп құлағыма сыбыр етті.
«Арандатушы» деп ойладым. Камерада жатқан отыз-қырық жанның біреуі міндетті түрде бөтен болады, қара құлақ тыңшы немесе жылмиған жансыз деп естігенім бар. Жаны ашығансып, ақыл қосқансып жүріп ондайлар адал азаматтарды орға итереді. Камерадағы артық-ауыс әңгіме, одағай ой-пікірлерді өңдеп-жөндеп жоғарыға жеткізіп тұратын да солар. Мына кісі тегі сондайдың бірі болар деп көңілім бірден күдік алды. Жауап қатпай жиырыла түсіп, басымды шайқай бердім.
– Мен жау емеспін. Ешқандай да ұйымға мүше болғам жоқ!
Бұл бір өрескел қателік болғанына сенімім әлі мықты. Көп уақыт өтпей билік басындағы біреу болмаса біреудің осы дүрбелеңнің жөнсіздігін түсінеріне, содан соң бәрі де өзінің орын-орнына келеріне шүбәм болған жоқ. Жоғарыдағы үлкен бастықтар немесе көсемнің өзі осы әлімжеттікті, шектен шыққан бассыздықты білсе ғой, бірімен бірі ауыз жаласқан берідегі сұмырайлардың көкесін көзіне көрсетер еді-ау деп арман етем.
Қателік емей немене, топырлап камерада жатқандардың біреуі Аршаты ауылының қарапайым қойшысы болатын. Өзін сырттай мен де танушы едім. Ауылдан қарға адым ұзап шықпаған, тіпті ауданды көрмеген жуас біреу-тін. Әліпті таяқ деп білмейді, қара танымайды. Сауаты да, саясаты да қоңқиған мұрнынан әріге аспайтын сол бейбаққа «гоминданның жансызы» деген айып тағылыпты.
Тергеу аяқталғанша сасық камерада топырлаған көптің ішінде қан сасып, биттеп-борсып үш ай жаттым. Біреулер келіп, біреулер кетіп, әйтеуір камера іші де судай сапырылысқан халық. Мұндағы адамның азайған кезі болған жоқ, қайта қайсыбір аптада шамадан тыс көбейіп кетіп, бос орын табылмай, аяқ серпіп көсіле де алмай қиналып жүрдік. Апталар мен айларға созылған азапқа шыдамай қол қойып жібергендер де болды. Ондайлардың тағдыры не екенін бәріміз білеміз – ол ату жазасы. Әрине, күнннен күнге, айдан айға созылған мұндай азапқа шыдай бергенше, «қой» деген қолын қоя салып, тыныстауға да болар еді. Сосын атуға алып кеткенше еркінсің, боссың. Ешкім сені шақырмайды, тергемейді, бұрынғыдай жаныңды шығарып, ес-ақылыңнан айырып қинамайды. Әншейін жоғарыдан үкім күтіп жата бересің. Қысқасы, бір апта болсын, бір ай болсын – жаның жай тауып, ақшам алдында бой жазып дем аласың.
Менің де бет-аузым алапес тигендей қотыр мен жара, мұрын мен ерін адам көргісіз, шодырайып ісіп кеткен. Күрек тісім морт сынып, ысылдап сөйлеп, сөзімді жұрт ұқпайтын халге жеттім.
«Бүйтіп жанның да, тәннің де бейнетіне төзгенше аман-есен атыла салған жөн шығар» деп те талай толғандым.
Бірақ, ондай сәтте Ләзизаның «қашан келесің» дегендей, аспан түстес әдемі жанары боталап, сәбиін құшақтап тұрған бейнесі көз алдыма көлеңдей беретін. Әйелім мен шешемді, шиеттей нәрестемді енді мәңгі көрмеймін-ау деген ой мені үнемі серпілтіп жіберетін. Алғашқым қыз бала болды, қол аяғымды кісендеп мені айдап әкеткенде Ләзизаның аяғы ауыр-тын. Бірер ай болып қалған кезі. Екеуміз де кіндігінен кіш еткен, ата жолын жалғайтын ұлдан үмітті едік. Сол іште қалған баланың не ұл, не қыз екенінен де қазір бейхабармын.
«Қайда жүрсең де тірлігіңді сақта» деп пе еді... әлде, «жүрегіңді сақта» деді ме? Қалай еді өзі?
Ат-тасына нәлет мұндай қу тірліктің... Тірлігің жан шыдатпас азапқа айналып жатса оны сақтап қайтпекпіз? Ондай тірлікті не үшін бағалауым керек!
* * *
Тергеудің екінші кезеңі басталған тұста тергеуші өзгеріп, тағы бір апта дамылдағандай болдым.
Жаңадан келген тергеуші бір рет шақырды да, ақыры менен күдерін үзді ме, қайтып шақыруды қойды. Сосын шығарылған үкіммен бірақ таныстырды. Кеңестер Одағы қылмыстық заңының 58-бабымен жиырма жылға кесіп тастады. Бұл үкім мен үшін оншалықты оқыс жаңалық емес-ті, бәрі де осы баппен көгенделіп кетіп жатыр. Екі күннің бірінде солай, өзіміз бәріне куәміз. Менің де жаным олардан артық емес, пұшайман көпшілікпен белгісіз бағытқа мен де кісенделіп кете бардым.
Алдымен есік-терезесі мақау бітелген «столыпинканың» тар клеткасына қамап, вагонда тербетіліп этаппен айға жуық жүрдік. Соңынан терістіктегі Печора дейтін өзеннің бойындағы ағашпен қоршалған, тікенек сыммен өрілген бірөңкей қарағай барақтарға апарып тоғытты. Жеткен жеріміз осы екен.
Содан осы арада төрт жыл тұрдық.
Төрт жыл бойы қыстың қырауында, күздің сілікпеңді шығарған жаңбырында, жаздың сона шағып, маса талаған аптабында жан алып, жан берісіп ағаш кестік.
Печора деген суы мол, тау мен тасы қара орманмен көмкерілген әдемі өңір екен. Өзін Алтайға ұқсатам, сөйтіп кейде жер сұлулығына өксікті сағынышпен қызығып қарап қалам. Бірақ «дүниенің кеңдігін қайтейін, киген етігің тар болса» демекші, басың бодан, еркің жоқ болған соң, табиғаттың әсемдігін езіп ішейін бе деп теріс айнала берем. Бас көтеріп төңірекке қараудың өзі ет жүректі езіп жіберетін.
Кейде маған осы тірлігімнің бәрі өңім емес түсім секілді елестеп кететін. Ойпырмай, осының бәрі шынымен-ақ түсім болса екен деп тілейтінмін. Бірақ түс дегенің ешқашан нақты болмайды ғой. Түс деген – қалың тұманды кешіп жүргендей бірінен соң бірі алмасып жататын бұлдыр-бұлдыр суреттер. Ал менің ортам бұлдыр емес, қимыл-қозғалысы нақты, іс-әрекеті тайға таңба басқандай айқын көріністер... Ұстап көруге болады, дәмін татуға болады, ыстық-суық екенін сезінесің. Басың ауырып, балтырың сыздайды. Жаның қиналып шаршағаныңды білесің. Түс секілді бұлт етіп басқа көрініске аунап кетпейді, қиналған сәтте құс секілді қалықтып бір жаққа ұшып кете алмайсың. Өтіп жатқан оқиғалар тізбегі әсте шатаспайды, бірінен соң бірі заңды түрде жалғасып жатады. Түсің болмағанына көзің жеткен кезде қарадай шошисың, жүрегің қан жылайды, өлердей өкінесің.
Кісіні таршылық та сынайды, баршылық та сынайды деседі ғой. Менің осы төрт жылда көрген қиқыметім бір адамның өміріне молынан жетер уақиғаға толы-тын. Қайран жоқ, толарсақтан саз кешіп, қар жастанып, мұз төсеніп жүрсем де елде қалған шешем мен әйелім, бүлдіршін қызым үшін бәріне шыдап бақтым.
Түрме деген – орысы бар, жойыты бар, бұратана былайғы жұрты да жеткілікті, нелер бір қасқалар мен жайсаңдардың тұрағы екен. Атағының өзі атан түйеге жүк болатын жояндарды мен осы арадан кездестірдім. Бір кездегі профессорлар, күні кешегі академиктермен тізе қосып қатар жұмыс істеймін, қандала сасыған барақта бірге жатамын деп кім ойлаған?
Олар ғана емес, екеудің бірі мұғалім мен инженер, партия қайраткерлері, ел басқарған бастықтар болып шықты. Көпшілігі оқығаны мол, тоқығаны одан да көп қаратаяқ мықтылар. Құдай ақы, санаға сыймайтын, айтса адам сенбейтін оғаш жағдай... Бұл жерде бәрі де тең, жүз жерден оқымысты болсын – ол да мен секілді құқысыз, тексіз бір бейбақ. Түрме басшылары, надзирательдер түгілі, шинеліне сүрінген боқмұрын солдаттың алдында бейшара. Қойдан жуас, жылқыдан торы, еңселері түсіп, әукелері салбырап жүнжіп жүрген көпшілік. Профессор, академик дейтін емес, көптің бірі... Әрине, мен өзімді әкеліп түрмеге тыққандары өрескел қателік екенін білдім... Ал түрмедегі, әсіресе, мына оқымысты қасқалардың «халық жауы» екеніне құдайдай сенетінмін. Сондықтан оларға біраз уақыт күдікпен қарап, үркіп жүрдім. Тіпті, қайын атамның өзіне де бас шайқап, «адал адам болса айдап әкеле жатқанда қашып несі бар» деп ойға қалушы едім. «Тегі бір бәлесі болған ғой, иен жерде жалғыз отырып, бандылармен сыбайласқаны рас та шығар» деп те жорамал жасайтынмын.
Мұндағы оқымысты көпшіліктің айтқан әңгімесін мен ұқпаймын, өрем жетпейді, менің сөзімді олар ұқпайды. Оларды мен шын өмірден хабары шамалы, арман-мақсаты аспанда жүрген қияли біреулердей көрем. Аяқ-қолымен жерді нық басып тұрған өзім ғана секілді сезінемін.
Печора түрмесінде Иосиф Шрайбман деген бір танысым болды. Алғашында мен ол кісіден де қауіптеніп, қашқақтап жүретінмін. Бірақ жүре келе бір-бірімізді жақын тартып, сырласып кеттік. Шрайбман да көпті көрген, көкірегіне көп нәрсе түйген оқымысты жан екен. Әлі өмірлік тәжірибеден тұлдай, саясаттан мақұрым маған күбірлеп-сыбырлап жүріп-ақ бірталай ақыл-кеңес берді. Бірде әңгіме үстінде мен оған Сүйін атам туралы күдігімді ортаға салғам. Мұны естігенде Түсіп ағай (мен ол кісіні осылай атаушы едім) мырс-мырс күлді де:
– Сен қайын атаңа шәк келтіруші болма. Ол кісі де сен сияқты, мен сияқты адал жан. Мынау жүрген саясилардың бәрі де үстерінен жала жабылып, осындай күйге түскендер. Ешқайсысы да халықтың жауы емес. Бәріміз үлкен саясаттың құрбанымыз. Ол саясаттың аты бар, – деп біраз әңгімені айтып тастады. Сосын:
– Бірақ түбінде ақиқат жеңеді, сондықтан үмітіңді үзбе! – деп мені жігерлендіріп қойды.
Уақыт өте келе түрмеде бірге тұрып, бірге жатқан біраз адамдардан сыр тартып сөйлесіп жүрдім. Көпшілігі бұл жерге қалайша, не себепті түскендерін өздері білмейді. «Жала жабылды, үштіктің ұйғарымымен сотталдық, сөйтіп айдалып кете бардық» деп қысқа ғана қайырысады. Бір таң қаларлығы – бәрінің ұсталған, түрмеге түскен тағдырлары ұқсас, бірінен бірі айнысайшы. Ақылдары тасыған, көкірегі ояу, көзі ашық білімдар азаматтарға ағаш кестіріп, сал ағызып қойғандары аянышты әрі өрескел ұят-ты. Әрине, жұпыны киім астында кімнің жүргенін айыру қиын, бәрі еңселері езіліп, сүйектеріне сүйенген мүсәпірлер. Ақсүйектер, зиялылар екенін сырттай сөйлеген сөзінен, іс-әрекетінен аңғарғандай боласың. Кісі өлтірген, ел тонаған уркалар оларға әсте ұқсамайды, олар бұл жақта да жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап жүреді. Өйткені біз отанын сатқан сатқындармыз, совет халқының қас дұшпандарымыз, бұл мемлекетке ниеті харам бөтен жандармыз. Қаншалықты ауыр қылмыс жасаса да уркалар осы елдің тентегі саналады, яғни өз елінің адамдары. Сондықтан уркалардың түрмедегі құқығы жоғары, айбаты басым. Олар алшаң басып талтаңдап қана қоймай, өзге жұртқа маза бермейді, жәбірлейді, масқара етеді, өзінің дегенін орындатып, үкімін жүргізуге ұмтылады. Сол үшін де зиялы ағайын өздерінше бірігіп, арасынан бір мықтыны басшы сайлап, қоғамдасып өмір сүреді. Жалғыз қалсаң сұрауың жоқ, іздеушің жоқ, күнің қараң. Уркаларға күң болып кетесің. Түрменің жазылмаған заңы осындай.
Арада айлар өте, жылдар өте кімнің кім екенін біз жатқа біліп алдық. Бұлардың қай-қайсысы да елге көсем, жұртқа тағлым боларлық көшелі кісілер екендеріне көзім әбден жетті. Ал, олар қор болып, толарсақтан саз кешіп, суыққа тоңып қара жұмыста жүр. Осындай әділетсіздікті ашып айтатын, жоғарыға дұрыстап жеткізетін біреулердің жоқтығына ақылым жетпей, қатты қынжылатынмын.
Таранов деген қырықтың мол ішіндегі қою шашты, боз мұртты бір кісі болды. Сонау төңкеріске дейінгі большевик, Азамат соғысының батыры екен. Ерлігі үшін екі рет жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марпатталыпты. Сол кісі қашан көрсек те өзімен өзі күбірлеп сөйлеп жүретін. Партия билігінде не болып, не қойып жатқанына миы жетпей, таңдайын тақылдатып, басын қайта-қайта шайқай беретін. Талай боздақ басын құрбан еткен ұлы мақсаттардың барлығының аяқсыз қалып бара жатқанын ойлап қайғыратын. «Мүмкін емес, – дейтін қайта-қайта басын ұстап. – Бұлай болуы мүмкін емес».
Таранов патша заманында да түрмеге түскен екен.
– Бұрын не үшін отырғанымды білуші едім. Езілген халыққа еркіндік, теңдік әпереміз деп түрмеге түстік. Бетің бар, жүзің бар демей турасын айтып салатын от жүректі күрескерлер едік. Артымызда бізді жақтаушы қалың бұқара барын сезінуші едік. Жарқын болашаққа, ертеңгі атар күннің нұрлы боларына сенім мол еді. Күрескер екенімізді іштей мақтан тұтатынбыз. Түрмеде жатсақ та кеудеміз шаттық пен қуанышқа толы еді. Надзирательдер де біздермен санасатын. Саясилар түрме бастықтарына талап қойып, оны орындата білуші еді. Өйткені олар да бізден сескенетін, артық рет байланысқылары келмейтін. Ал қазір ше, қазір не болып, не қойып жатқанын айырып білу қиын. Өзің қан төгіп, сол үшін жан аямай күрескен, өзің орнатысқан өз өкіметің қол-аяғыңды кісендеп, түрмеге әкеліп тығып отыр. Бұндай парадокс тарихта болған жоқ. Ақылға симайтын құбылыстар.
«Ақылға симайды» деп, өзімен өзі күбірлеп, беталды сөйлеп жүретін Таранов лагерге келгеніне жыл толмай есі ауып қайтыс болды.
Ол кісінің өлімі маған ерекше әсер етті.
Осы өлімнен кейін мен алғаш рет өмірдің мәні жайында ойлана бастадым.
«Аман жүр... жүрегіңді сақта, қиналған шақта жаныңа үңіл» деп еді-ау.
Әрине, жас өмірің түрмеде өксіп өтіп жатқан кезде басқадай да тірлік бар дегенге сенгің келмейді.
Еркіндік деген, азат өмір деген қол жетпес арман, болмас қиял секілді. Ала көйлек жамылған былайғы көпшілікті санамағанда, қораздайын қоқаңдаған надзирательдер де, мылтығын шошаңдатқан конвоирлер де мен көксегендей еркін емес, сол еркіндіктің елесіндей ғана көрінетін.
Шын еркіндік көкте шырылдаған бозторғайда ғана бар деп білетінмін.
* * *
Келесі күні кештетіп ауыл жақтан Зайнолда деген кісі хабар әкелген. Қалжанның Аршаты ауылындағы бір туысқаны қайтыс болыпты. Ертесінде Қалжан мен Зайнолда суыт ауылға аттанысты. Содан Қалжан араға апта салып қана қайтып оралған.
Қалжан келгеннен кейін де әнеу күні үзілген әңгіме бірер күн айтылған жоқ.
Бірде үшеуміз пеш қасында балқарағай шағып отырғанда, Қалжан үзілген әңгімесін өзі жалғап әкеткен...
Қалжанның үшінші әңгімесі
Соғыс басталғаннан кейін жыл өткен соң, 1942 жылдың жазында түрмедегі қырық бес жасқа дейінгі «зектерден» ерікті түрде «штрафбат» жасақтай бастады.
Күш-қайратым бойымда, өрімдей жаспын, алғашқылардың бірі болып мен сол батальонға жазылдым. Ішімізде саясилар да, кісі өлтірген қылмыскерлер де, ел тонаған бандиттер мен ұры-қарылар толы батальонды сол жылғы күзде майданға аттандырды. Солдатша киіндірді, бірақ жағада петлица, маңдайда жұлдыз жоқ. Мылтық түгілі, өтпейтін пышақ та бермеді. «Керек болса жаудан тартып алыңдар» деп міндет жүктеп, майданның алдыңғы шебіне, нағыз қасапхананың бел ортасына әкеліп тастай салды.
Арада апта өтпей жатып жойқын шабуыл басталған. «Печора штрафбатын» үш ротаға бөліп, флангі бойынша әр жерге таратып жіберді. Байқауымызша, майдан шебінің ең бір осал тұсын біздің роталармен «тығындап» тастаған секілді.
Күздің бозқырауы мен топырағы аралас лайсаңда қарша бораған оққа қарсы ұрысқа шықтық. Қолда окоп қазатын шағын күрекше, бар қаруымыз сол ғана. Алдыңғы жағың от шашқан ажал, артыңда «заградотряд» дейтін тажал. Жалтақтасаң болды, жаудан бұрын солар тарс еткізеді. Қайда қашсаң да құтылу жоқ. От бүріккен пулеметке қарсы жұдырықпен ұмтылған соң – ол қандай соғыс? Ақыры солай болды да... Алғашқы шабуылда-ақ біздің ротаны баудай турап, қойдай жусатып тастады. Бізді алға салып, уралап ере шыққан тұрақты әскерлер орта жолдан жалт беріп, шегініп кетісті. Қарусыз рота не ары, не бері жоқ екі оттың ортасында жалғыз қалды. Жан алып, жан беріскен осы бір аласапыранда снарядтың шұңқырына домалай құлап, құдай сақтап тірі қалғам. Содан кейінгісі аспан асты, жер үсті тұтасып араласып кеткен. Атыс-шабыс толастаған шақта мен белуардан топыраққа көміліп жатыр екенмін. Бұл тозақтан тірі қалған жалғыз мен бе десем, жиырмаға жуық кісі аман-есен қолға түсіппіз. Немістер мылтығы жоқ, дымы жоқ біздің кір-қожалақ сықпытымызды көріп, мазақ етіп даурығысып жатты. Кайсыбір жігіттер қолдарына білемдеп шоқпардай таяқ ұстап алыпты. Немістер олардың алды-арттарына шығып қызықтап суретке түсірісті.
Осылайша менің соғысым алғашқы шабуылмен-ақ тәмәм болған. Сөйтіп, жау қолына тұтқынға түсіп, эшелонға тиелдік те, батысқа қарай озандатып кете бардық. Нешеме тәулік жол жүріп, Германияның шалғай шетіндегі Заксенхаузен дейтін концлагерден бірақ шықтық.
Тозақтан тозақтың айырмашылығы болмайтын секілді. Концлагер дегенің Печора түрмесінен де бетер мехнатты мекен екен. Крематорийге дедектеп, өртеніп кеткеннен басқа азап атаулының қияметін бұл жерде де бір кісідей-ақ таттық. Құдай маңдайға жазған соң қайда қашарсың, тірліктен үмітті үзбей, қан сасыған мұндағы қиындыққа да соңына шейін шыдап бақтым.
***
Екі жыл бойы тауды тесіп, тасты қашап, өкпемізді шаң қаптырып кен қаздық. Қысы-жазы бір тыным тапқан кезіміз жоқ. Қыс дейтіндей бұл немістің жерінде қыс та болмайды екен, қара суық қақап тұрып алады. Ауа дымқыл, сәл суық түссе өн бойыңды қалтыратып тоңдырып жібереді.
Осы екі жылда Виктор Крупко деген украин азаматымен достасып, ағалы-інідей жақындасып кеткенбіз. Түсі суық, жүзінде ыза мен кектің табы бар, жанары үнемі мұңға батып жүргені. Өзі шымыр денелі, еңгезердей кісі еді. Сол Виктор мені көп нәрсеге үйретті, біраз дүниеге көзімді ашты. Советтер одағындағы бұратана халықтардың пұшайман халін, олардың тарихының өрескел бұрмалануын, оларды тілі мен діннен айыра бастаған зымиян саясат жайын құлағыма құюмен болды. Хохол болып, немесе қазақ болып өмірге келген соң әрбір азаматтың перзенттік парызы туралы айтты, ұлттық мүдде дегеннің не екенін тәптіштеп түсіндірумен болды.
Түрмедегілердің көбісі тірі жан, тісті-тісті бақа дегенің болмаса, адамдық кейіптен кетіп қалған өлекселер еді. Тас көтеріп жатып та шөке түсіп жантәсілім етеді. Жүріп келе жатып та жантая салысады. Барақта кешке жатып, таңертең тұрмай қалатындары қаншама.
Қатар жатамыз, қатар жүреміз, вагонеткаларға бірге тас тиейміз. Сол Виктор ағамыз американ әскерлері келіп босатардан аз-ақ бұрын мерт болды. Обал-ақ, арман еткен бостандығына жете алмай үзіліп кетті.
– Ұзын құлақтан естідік, Батыстан ашылған екінші майдан жақындап қалған сияқты. Соған қарағанда бізге бірінші болып американдықтар келе ме деген болжам бар. Ондай жағдайда мен енді қайтіп қызылдарға бармаймын. Батысқа кетем. Украинамның болашағы үшін мен шетте жүріп күресем. Әйтпесе Советтердің қолына түссең – түрмеде шірітеді, – деуші еді Виктор.
Амал қанша, асыл азамат вагонеткаға кесек тиеп жатқан кезде байқаусызда тастан құлап, аяғын сындырып алды. Жіліншіктен морт үзілген екен, тіпті ырсиып сүйегі шығып кетті. Бірер жігіт оны кенепке орап, жоғарыға көтеріп алып шыққанбыз. Күзетші солдаттардан лазаретке апарып, дәрігерлік көмек көрсетулерін сұрадық. Сол мезетте сырықтай бір офицер әкіреңдеп жетіп келіп, «тараңдар» деп барқ етті. Алтыатарымен айдындап, Виктордың маңайына үйріле қалған тұтқындарды қайыра қуалап тастады. Сөйтті де, адамбысың, малмысың деп қараған жоқ, ыңырсып жатқан Викторды тарс еткізіп атты да жіберді.
Дариға-ай десеңші, Украинам, елім деп соққан үлкен жүрек, жайсаң азамат осылайша ит өліммен қор болды.
***
Екі жылдан астам уақытқа созылған азаптан соң, қырық бестің көктемінде біздің лагерді американ әскерлері келіп азат етті.
Соңынан, лагерден сүйектерін сүйретіп шыққанның бәрі ес жинап, ет алып айлатып ауруханада жаттық. Ауруханадан шығысымен бәрімізді эшелонға тиеді де, екі күндік сапар шеккізіп, әлдебір шалқыған теңіздің жағасына әкеліп төккен. Теңіз емес, бұл көргеніміз Атлант мұхиты болып шықты. Турасында Сен-Мало деген шығанақ, келген жеріміз Гранвиль атты портты қала екен.
Обалдары не керек, осы арада жүз қаралы өлмелі жанды тағы бір ай бойы дем алдырды. Соңынан құжат толтырып қолымызға ұстатты да, бәрімізді босатып қоя берген. Қайда барсаң да, не істеймін десең де бұдан былай еркінсің, арман еткен бостандыққа шықтың, ендігісін өзің білесің.
Сөйтіп, азан шақырып қойған атым Қал-Жан Дүйсенов еді, ойда-жоқта «Жан Дюпен» атты француз жігіті болып шыға келдім.
Ал, месье Жан Дюпен, енді қайда бармақсыз? Не істемексіз? Шынын айтсам, барар жер, басар тау жоқ, сенделіп далада қаңғырып қалдым. Менің басыма түскен бұл да бір кезекті сынақ болды. Өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ, жатыры бөтен жат елде жарты жылдай қайыршылық ғұмыр кештім. Шүкіршілік, ашаршылықта жеген нанның дәмі ұмытылған ба, концлагерде бірге отырған бір французға кездесіп, сол азамат қол ұшын берді. Қолымнан жетелеп, Гранвильден оңтүстікке қарай жүз шақырымдай жердегі Ле-Глан деген шағын қалашыққа ертіп апарды. Өзі осында тұрады екен. Сол жерде концлагерде отырған бірер французбен таныстырған. Олардың біреуін өзім де білетін болып шықтым. Ішінде «Сопротивлениеде» соғысқан абырой иелері де, дәулеті тасыған ауқаттылар да, беделі жүріп тұрған белсенділер де бар екен. Солардың көмегімен теңіз жағасына жақын маңнан бір бөлмелі лашық тауып, темір жол вокзалында қол жүгін сақтаушы қоймашы болып орналастым.
Тірі жан болған соң өмір сүру керек, жатпай-тұрмай дайындалып, күнделікті тұрмысқа жарайтындай ауызекі дәрежеде француз тілін үйреніп алғам.
Бірде көп толғанып, елге, әйеліме арнап хат жазып жатыр едім, мен тұратын үйдің иесі:
– Месье Дюпен, хат жазып әуре болып қайтесіз, жазған хатыңыз бәрібір әйеліңізге жетпейді, коммунистер жыртып тастайды, – деп тоқтау айтты. – Кейде газеттен оқып, радиодан естіп жүрміз, олар тұтқынға түскеннің бәрін жауыз, сатқын деп қабылдайды деседі. Сіздің тірі екеніңізді білсе, «сатқынның әйелі» деп отбасыңызды мазалап жүрсе қайтесіз? Осы жағын ойласаңыз.
Ақсақалдық жасқа жеткен, көпті көрген қарапайым үй иесінің бұл сөзі менің жүрегіме біздей қадалған. «Отбасыңды мазалайды» дейді... Әрине, кәрия француздарға тән дегдарлықпен естігенін мәдениетті түрде айтып отыр. Әйтпесе, біз жақтағы мазалау – тозақтан бетер екенін француз ағайын қайдан білсін. Қалай десек те, айтқан сөзінің жаны бар, ескерткені жөн болды. Кәрияның сол ескертуінен соң «үйге хат жазсам» деген арманым ауаға ұшып кете барды.
– Сен үйленсеңші? – деп, кейіннен француз таныстарым түртпектеуді шығарды. – Еркек жетіспейді. Әйел деген, әнеки, өріп жүр, маңдайынан шертіп жүріп бір сұлуды алсаңшы!
Мен ондайда күмілжимін, жауаптан қашқақтаймын, болмаса әрнәрсені сылтауратып қастарынан безіп кетем.
«Қайда жүрсең де... жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта!».
«Үйлен» десе ылғи да осы бір ауыз сөзді құлағыма біреу сыбырлап тұрғандай болады да тұрады. Қызық-ау, мұны маған кім айтып еді осы? Азапты жылдар миыма да ауыр салмақ салып, көп дүниені көмескілендіріп жібергендей. Мінезімде жаңғалақтық, ұмытшақтық пайда болғанын байқадым.
Арада жыл жарым өткенде француз достарым маған ренжуді шығарды. Үміттерін үзіп, еркек екеніме күдік келтірушілер де табылды. Өздерінің кәукілдескен отырыс-жиындарына шақыруды сиретті, табиғат аясына шыққан сейілдеріне қоспайтын болды.
– Сен француженкаларды менсіңбейсің, – деп мін таға бастады.
– Сен өзіңнің азиаттығыңды ұдайы алға тартасың.
– Сен бүйтіп біздің қоғамға ғұмыры кіріге алмайсың! – дегендей сөздер көбейді.
Ақыры мен ойымды ашық айтуға мәжбүр болдым.
– Елде әйелім мен қызым бар еді, соларға жетуім керек? – дедім.
Мұны естігенде француз достарым бөрі тигендей шу ете қалысты.
– Сен енді ол әйелді ұмыт! – десті.
– Сен енді ол жаққа қайта алмасыңды ұқсаңшы!
– Ол жаққа сенің жолың енді мәңгі жабылды!
– Әйел, бала-шағаң да сені баяғыда өлдіге санады, соны түсінсеңші!
– Бұл шындық, ал шындықты мойындау керек,
– Қартайып тұрған жоқсың, өмірді қайта баста, тірі жан тірлігін ойлау керек! – деп жабыла тәрбие жұмыстарын жүргізді. Ақыл-кеңестерін берісті.
Бұл француз жұрты бетің бар, жүзің бар демейді екен, көңілге қарамайды, турасын айтып салады да қарап отырғандары. Бәтшағарлар, көңілде маздаған азғантай үміттің өзін жан-жақтан қаумалап, жоқ қылмақшы.
Әрине, өздерінше жанашыр бейіл танытқандары ғой, түсінемін. Бірақ «жолың мәңгі жабылды» дегенге бәрібір иланғым келмеді. Түбінде ел жаққа бір қайтарыма қылаудай болса да сенімім бар еді. Қазақтың өзі түгілі иісі де жоқ бөтен елде күл шыққан жандай бұлайша сандала бермесімді жүрегім сезетін. Өлсем де елге жетіп жығылсам деп арман ететінмін. Жатсам да, тұрсам да ойлайтыным осы-тын. Ел дегенің қиял жетпес алыста. Оған жету үшін көп жұмыс істеу керек, жеткілікті қаражат жинау керек. Қаражат жол шығынына ғана емес, ол жақтағы бала-шаға, ағайын-туысқа көйлек-көншек, сый-сияпат сатып алу үшін де қажет. Әрине, француз елі де жақпай жатыр дей алмаймын, теңіздің жағасы, шүкіршілік жұмыс бар, бір басыма тапқан-таянғаным жетіп жатыр. Оның үстіне француз ағайындар қазақ секілді тас-талауы сыртында, аңқылдаған ақкөңіл жұрт. Бәрі жөн, бәрі орнында. Бірақ мен үшін әрдайым жүрген ортамның бөтендігі сезіліп тұратын, көңілге салқын, көзге жат-ты. Бойым сіңбей, ойым жүрмей үйренбей-ақ қойдым.
Маңдайы тайқы тағдырға не айтарсың, бұғанға дейінгі көрген тозағы аздай, енді жат жұртта сандалтып қойғанын қарашы!
Ақыр соңында мен жеңіліс таптым... Француз достарым күйеуі соғыста қаза тапқан Сюзанна Гавальда деген қылдырықтай бір жесір келіншекпен таныстырып, екеумізді үйлендіріп тынды. Өздері қаражат қосып шағын той-томалақ жасап берді. Мен жаман лашығымды тастап, әйелімнің екінші қабаттағы екі бөлмелі пәтеріне көшіп алдым.
Көңіл түкпірінде бірде жанып, бірде өшіп, алыстағы алау секілді жүрегімді маздатқан үміт оты осылайша мәңгі сөнді.
* * *
Мал дара тартады, адам қара тартады деген ғой... Түрмеде болсын, жат жерде болсын біреу біреуге сүйеу болмаса арам қатасың. Туған елімді өлердей аңсап, туған жерді сағынып жүргенде, бірде қабағын қырау шалған бурыл шаш, арықша келген ұзынтұра бір орыс азаматына кезіккен едім. Ол кісі өзін «суретші-график Афанасий Петрович Боклевскиймін» деп таныстырды. Сонау жиырмасыншы жылдары Ресейден эмиграцияға кетіп, осы Францияда тұрақтап қалған көптің бірі екен. Кезінде Санкт-Петербургтің іргесінде дәулетті имениесі болыпты.
Күйі бірдің күні бір, Боклевскийдің мұңы маған да таныс, қайғысы ортақ боп шықты.
Елудің мол ішінде болса да бойын тік ұстайтын, өткендегі бекзаттықтың өзі болмаса да сарқыншағы мінез-құлқынан анық байқалатын. Кезіндегі орыстың ақсүйек тұқымынан екені сөйлеген сөзінен де, жүріс-тұрысынан да көрініп тұратын.
– Кешіріңіз, мсье, сіздің азиат екеніңізді байқап, әдейі бұрылып едім, – деп Афанасий Петрович алғаш көргенде жылы жымиған. – Шамасы сіз де Ресейдің бұратана территориясынан боларсыз?
Өзі әдейі бұрылып келіп, көптен естімеген орыс тілінде сайрап тұрған соң мен де елең ете түскем. Жасыратын несі бар, жағдайымды айтып, екеуміз бірден ескі таныстардай шүйіркелесіп кеттік. Қаймана қазақтың «тамырым» деп ежелден жақын тартатын өзіміздің орыс қой, нағашымды тапқандай қуандым. Бұл таныстық мен үшін көңілдегі қараны ашқандай, уайымды басқандай, көкіректегі мерез боп қатып қалған түйнекті жібіткендей болған.
– Сіз жап-жас болсаңыз да менімен құрдастай көрінеді екенсіз, – деді ол менің түр-тұлғамды шола қарап. Сосын:
– Бұлай дегеніме кешіріңіз! – деп қосып қойды.
– Оқасы жоқ!
– Мен соғыстың алдында тағы бір мықты азиатты білген едім. Қайтыс болды деп естідім.
– Қазақ па еді? – деп сұрадым мен.
– Анығын білмеймін, сол кісі өзін түрікпін деді-ау деймін. Кешіріңіз, нақты есімде қалмапты... Әйтеуір қою мұртты таза азиат болатын. Аты-жөні, ұмытпасам – Мустафа Чокай болар.
– Мейлі, – дедім мен. – Кім болса да жат жерде көз жұмған мұсылман баласы екен, иманды болсын.
Келесі бірде кездескенде Боклевский:
– Елге қайтыңдар деп үгіттеп жатыр, – деп, салған беттен өзінің басты жаңалығын жайып салды. – Тегі, мен Ресейге қайтатын шығармын...
– Сіз не айтып тұрсыз?
Осы сәтте менің жүрегімді біреу оңдырмай шымшып алғандай болды. Жынданып кете жаздадым. Дауысым да өктем шықты.
– Ол кім сізді өйтіп үгіттеп жүрген? – орнымнан атып тұрып, Боклевскийді жағадан алудың аз-ақ алдында қалыппын. – Құдай үшін, мені де таныстырыңыз?
Боклевский менің жан тебіренісімді түсінген секілді.
– Кешірім өтінемін, сәл сабыр етсеңіз, сабыр... – деді. – Мен сізге не үшін келдім. Соларды таныстырайын, айтайын деп келдім емес пе!
– Сол адамдарға сіз мені бүгін апарыңыз!
– Кешіріңіз, бүгін кеш боп кеткен секілді... Ол мырзалар кеңселерін жауып кетіп қалды.
– Олар мырзалар емес, жолдастар...
– Иә, кешірерсіз, ол жолдастар кеңселерін жауып кетіп қалды.
Мен өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей шексіз қуанышта едім. Боклевский уәдесінде тұрып, келесі күні мені Ресейге қайтушыларды тіркейтін мекемеге өзі бастап алып барды. Соғыс тұтқынымын, өз еркіммен келген емеспін, тағдырдың жазуы солай, менің не жазығым бар? Қысқасы, бұл жаққа келу себебімді осы мазмұнда сайрап бердім. Сөйтіп, мен де елге қайтатындар қатарына тіркелдім. Эшелон Парижде жабдықталады екен, оның жүрер күнін қосымша хабарлаймыз деп, мекен-жайымызды мұқият жазып алып қалды.
Менің қуанышым кеудеме сыйяр емес. Көңілім шаттанып, тізім жасап тіркеп отырған екі азаматтың қолдарын қайта-қайта қыса бердім. Көп жыл көрмей жүрген туыстарымды тапқандай жалтақтай қарап, олармен қимай қоштастым. Соның құрметіне Боклевскийді жөні түзу бір кафеге ертіп апарып, ең дәмді шараптармен сыйлап жібердім. Сыйлап емес, турасында нағыз орыстарша кешке дейін суғарып, көзі кілиіп, мөмөзігі нарттай қызарғанша мелдектетіп тойғызып жібердім. Афанасий Петрович те шарап десе шалқып салатын нағыз сабаздың өзі екен, жез мұртын мысықша сылап қойып, қайдағы жоқ қиялға батып, кафе жабылғанша тыпыр еткен жоқ. Ресейді, туған жерін сағынғанын жырдай созып, кемсеңдеп әредік жылап та алды. Боклевскийдің француз әйелі бұдан біраз жыл бұрын қайтыс болыпты, арада бала жоқ, қазір соқа басы екен. Жат жердегі жалғыздығын айтып, тағы біраз уақыт мұңға батып үнсіз қалды. Мұңайған кезде өзінің тәп-тәуір қоңыр дауысымен орыстың романстарын ыңылдаумен болды. Фашистер Ресейге соғыс ашқалы ұйқысы бұзылып, сурет салуды мүлдем қойып кетіпті. Шынын айтқанда көз жанары бұлдырап, саусақтары дірілдеп, қарындаш пен қалам ұстай алмайтын белгісіз дертке душар болыпты.
Афанасий Петровичпен жарысамын деп, мен де біраз жерге барсам керек. Әжептәуір қызу күйде түннің бір уағында сүйретіліп үйге жеттім. Төсекке кескен теректей сұладым. Сюзаннаның бәйек болып шешіндіріп жатқаны есімде, сосынғысын білмеймін, тас болып ұйықтап қалыппын. Көп жылдан бері дәл осылайша езуімнен сілекейім ағып рахаттанып ұйықтамап едім. Ертеңінде жұмысқа алғаш рет кешігіп бардым.
* * *
Сен-Мало шығанағын жалғыз жағалаймын. Арғыдағы шалқар теңіз – Ла-Манш жақтан сызды салқын леп еседі. Қоңыр күз. Аспанды сұр бұлт тұмшалап алған. Кейде сібірлеп жаңбыр жауады. Оған көңіл аудармаймын. Алдымен сыбырлап, сосын күбірлеп сөйлеп келемін:
– Ләзиза, қайдасың? – деймін.
– Ләзиза, сен қайдасың?
Сосын бар дауысыммен айқай саламын:
– Ләзиза-а-а-а-а!
Іргедегі қалың бұтаның арғы жағынан бір кісі шыға келді. Маған қарап аңырып қапты. Түрі қазаққа келеді. Келеді деймін-ау, мына кісі аумаған қазақтың өзі ғой. Қуанышымды кіммен бөлісерімді білмей аласұрған мен желпілдеп қасына жетіп бардым.
– Сен қазақпысың? – дедім қазақшалап.
Түк түсінбеді білем, қиқаң еткізіп иығын көтерді.
– Ана тіліңді ұмытып қалған шығарсың, осы сен қазақ боларсың? – деп тілімді сындырып французша сұрадым.
Басын шайқады. Әкесі алжирлік араб, шешесі француз, былайша айтқанда қоспа болып шықты.
Сол күні түс көрдім. Теңіз жағасында тұр екенмін деймін. Не заматта әлдебір алып толқын жағада тұрған мені шайып әкетеді. Шайып әкетеді де, қақпақылдай қағып, ашық теңізге қарай ала қашады. Қайда ағызып барады, қай жаққа алып қашып барады – бір Аллаға аян. Мен тұншығып барам, аласұрам, жандәрмен жағаға ұмтылам, бірақ жете алмаймын. Сөйтіп, арпалысып жатып шошып ояндым.
Боклевскийге осы түсімді айтып едім, «теңіз сені еліңе қарай ағызып бара жатты» деп жорыды. «Аузыңа май, астыңа тай, менің орыс досым», – деп оған да кәдімгідей көңілім өсіп, марқайып қалдым.
Советтер еліне баратын эшелонды ұйымдастырушылар өңкей бір иман жүзді, үнемі бетіңе қарап күлімсіреп тұрған кішіпейіл жандар екен. Айналайындар-ай десеңші, шаттық ұялаған жылы жүздері жүрегіңді елжіреткендей. Әдріспен арнайы үйге іздеп келіп, пойыздың қашан, қай уақытта, қай жерден жүретінін нақтылап айтып қана қоймай, вагоны мен орны көрсетілген билетке дейін тапсырып кетті. Бұдан өткен ізетті, бұдан артық адамгершілікті өз басым туғалы көрген емеспін. Көрмек түгілі естіген де емеспін. Жігіттерге рахметтен басқа айтарым болмай қысылып, мен жазған жас балаша қалбалақтадым да қалдым.
– Уақасы жоқ, бізге ештеңенің де қажеті жоқ, – деді жігіттер жылы жымиып. – Тек пойыздан қалып қойып жүрмеңіз!
– О не дегеніңіз, ол менің өмір бойы арман еткен сәтім емес пе! – деп, мен жалпақтап қала бердім.
Жігіттердің адал көңілдері, биік адамгершілігі, елпілдеген кісілігі жүрегіме шуақ жайып, өн бойым тазарғандай жеңілейіп салдым.
Кеудемдегі әлдеқашан өліп қалған сандуғаш құсқа жан бітіп тіріле бастағанын сездім.
Осы күні кешке әйелімді жақын маңдағы кафеге ертіп апардым да, шараптан дәм татып қойып, мен елге кететінімді сыздықтап жеткіздім. Арада ауырлау үнсіздік болды. Дегенмен ақылды әйел ғой, сабырлық танытып, менің бұл шешімімді түсіністікпен қабылдады. Жанарына мөлтілдеп жас ала отырып, рұхсатын берді.
* * *
Арада әлі бір ай шамасында уақыт бар еді. Соны пайдаланып жұмыспен есеп айырысып, концлагерде бірге болған, жат жерде сенделіп бос қалғанда тар жерде қол созған төрт-бес танысымның басын қосып, Сюзанна екеуміз қоштасу рәсімін жасадық. Француз достармен бірге орыс эмигранты Боклевскийді де шақырдық.
Бұл күндері өзгеше масаттанып, қамкөңіл жүйкем жадырап рухтанып кеткенімді сездім.
– Коммунистердің ниеті өзгерген екен, – деді Боклевский шабыттанып. – Тарихтағы ең қанқұйлы соғыс жеңіспен аяқталды. Бұл бәріміздің жеңісіміз, бәріміздің ортақ қуанышымыз. Мұны коммунистер де түсінген сияқты... Азамат соғысының аласапыранында Отанынан ажырап, жан-жаққа шашырап кеткен, кешегі соғыста жау қолына тұтқынға түсіп, шетте қалған отандастарын жинап жатыр. Бұл жақсы жаңалық. Бұл коммунистердің жөн білгендігі. Алыста жүрсек те біздің жүрегіміз әрдайым Ресей деп соқты, Ресей үшін біз ештеңені аямаймыз!
Боклевскийдің де кепкен кеуектей сұрғылт жүзіне соңғы күндері қан жүгіріп, көзі жайнап қанаттанып жүрді. Мен де ішкі жан арпалысымды жасыруға тырысқан болам, бірақ бәрібір қолға алған шаруам қиыспай, берекесі кете бастады. Көңіл орнықсыз, алаң көбейді. Желкем жар бермейді, қайдағы жоқ қиялға шым батып дел-сал күйге түстім. Межелі күнді жақындата алмай, санамен сарғайдым. Ішім алай-дүлей, мұншалықты зарықпаспын тегі!
Боклевский негізі салқын сабырдың адамы секілді еді, соңғы кезде оған да ботадай елпілдеген ерек мінез пайда болған. Екеуміз жиі-жиі кездесеміз. Әжік-күжік әңгіме соғып, арман-мұңымызды ортаға салып, құбылаға қарап ұзақты күн әрекетсіз отырып аламыз. Кейде көңіліміз тасып бір-бірімізді кафеге шақырамыз. Ондайда жағы тынбай сөйлейтін жалғыз Боклевский, мен үнсіз тыңдаушы. Санкт-Петербургте өткен қиқулы жастық шағын жырлайды, Ресейдің қайыңды орманын, көгілдір көлдерін, ғажайып табиғатын тамылжыта әңгіме етеді.
– Мына жақты айтамын, жердің беті кеппей күнде жылап тұрғаны. Артық айтсам кешірерсіз, қыстың өзі қысқа ұқсамайды, қардың өзі қар емес, езілген қойыртпақ бірдеңе. Ал, нағыз қыс біздің Ресейде ғой шіркін! Кәусар ауа, шыңылтыр аспан... әсіресе аязды күнгі қардың сықырын айтсаңшы!
Боклевскийді қақсата бермей, кейде мен де бірдеңе айтып ілескім келеді. Бірақ сөз етер, естелік айтар есімде шуақты оқиға қалмапты. Ылғи да біріне-бірі ұласып тізбектелген көңілсіз суреттер көлеңдейтінін қайтерсің. Солардың арасынан күннің сәулесіндей Ләзиза бейнесінің ғана жылт етіп жүректі шабақтағаны болмаса, басқа дүниенің бәрі қара бұлт жамылғандай тұнжыр бірдеңе екен. Ләзизамен өмір кешкен жылдардың өзі де үрей мен күдікке толы заман болыпты-ау? Содан кейінгісі НКВД-нің азап камерасы, Печора түрмесі, штрафбат, концлагерь... Құдай-ау, мен байғұс адам ғұрлы өмір де сүрмеппін ғой!
Боклевский екеуміз уағдаласып, Париждің іргесінде жасақталатын пойызға бір күн ерте баратын болып шештік.
* * *
Баяғыда, этапта жүрген кезде тергеушілер сындырған күрек тісімді үш күн қатарынан барып, жылтыр темірден салдырып алдым. Он жыл ысқырып сөйлеп келіп едім, жетті енді, тым болмаса елге барғанда адамша сөйлейін деген ниет еді.
Обалы нешік, әйелім Сюзанна жолға керек-жарақты, елге апарар азын-аулақ сый-сияпатты шабаданға реттеп салып қойыпты. Тіпті, пойызда жейтін тамағыма дейін буып-түйіп бөлек дорба дайындаған екен.
Сюзанна екеуміз бір-бірімізге рахметімізді айтып, риясыз ризашылығымызды білдіріп, өмірде ақ жол тілеп жылы қош айтыстық. Сөйтіп, кесімді күннен ертерек бір-бір шабаданды көтеріп, дорбамызды арқалап Боклевский екеуміз көптен арман еткен ұзын жолға шықтық.
Ле-Гланнан Гранвиль қаласына көлік жалдап жеттік те, одан әрі Парижге баратын пойызға отырдық.
Сөйтіп, ертеңінде түсте жүретін пойызға біз кешке барып, вокзалда бір күн ерте күтіп жатып алдық.
Желпілдеп алдын-ала асыққандар вокзалда бізсіз де жеткілікті боп шықты. Кезіндегі княздар мен графтар, көпестер мен саудагерлер, бетіне сарапшын перде жапқан бекзат ханымдар мен былайғы қарапайым жұртшылық қойдай өріп жүр. Сылаңдаған арулар, бұраңдаған бикештер де көз жауын алғандай. Алла жазса, бұлардың бәрі ертең жол жүреді. Ұзақ жылдар бойы аңсаған туған жерге, өскен елге қайтады. Ағайын-жұрағатпен, әйел, бала-шағамен қауышады. Бұдан артық бақыт, бұдан өткен қуаныш болушы ма еді! Сондықтан вокзал іші араның ұясындай құжынаған халық. Жол жүрушілер де, шығарып салушылар да жеткілікті. Ашық-жарқын әңгіме, бір-біріне марапат айтқан қуаныш, сықылықтаған күміс күлкі. Әр тұста үйріле қалған топтар орыстың сызылған әсем романстарын айтып көңіл көтерісіп жатыр. Ән ырғағына еліткен енді біреулері көздерін шыт орамалмен әлсін-әлсін сүртіп қойып, бырс-бырс жылап та отыр.
Сыртқа шығып едім, күзгі күн бүгін ерекше қызарып батып бара жатқанын байқадым. Батыс көкжиек қып-қызыл қанға боялғандай әсер етті. Аспанның шығыс жағы қап-қара, бергі тұстағы бұлдыраған жер-көкті жұтып жатқандай сұстанып тұр екен.
Бұл көріністен көңілім қарадай тіксініп қалған.
* * *
Пойыз бірінші жолға тоқтап, көптен арман еткен аяулы сәт те келіп жетті.
Бәріміз тәртіппен кезек сақтап, өз вагондарымызға, ол жердегі белгіленген орындарымызға жайғастық. Сол сәттен бастап ұзақ жылдар бойы аңсаған арманымыз біртабан жақындағандай сезіндік. Сөйтіп бәріміздің де көңіліміз орнына түсіп, жанымыз жай тапқандай болды. Бірақ жүрек шіркін алқымға тығылып алға қарай алып ұшады. Көпшілігі лықсыған осыншалық мол сезімнен шыдай алмай отыр екен, пойыз қозғалған кезде қуаныштан уралап жіберісті. Енді біреулер айғай салып патриоттық әнге басты. Әйелдердің бәрі көздерін орамалмен іліп сүртіп, жүздері жайнап күлімсірей берді.
– Ресейден кеткенде бұлай болмап еді, – деді Боклевский. – Қысылып-қымтырылып пароходқа әзер іліккеміз. Ине шаншар жер жоқ, сынадай сығылысып Одессадан Стамбулға дейін палубада тік тұрып барғаным есімде. Енді қарашы, бәрі де тәртіппен... Риза боласың! Қалай десең де коммунистер қазір ерлеп тұр!
Жүруімізден тоқтағанымыз көбірек болып, Совет одағының мемлекеттік шекарасына жеткенше төрт күн сапар шектік. Осы апта ішінде Боклевский советтерді мақтай-мақтай өзі де коммунист болып кеткендей еді.
Брест қаласына таң ата жеткенбіз. Бұл кезде жұрттың бәрі мұздай киініп, салтанатты жағдайға дайын, сақадай-сай тұрған. Пойыз баяулап келіп тоқтаған сәтте, қарасақ – вокзал бойы сап түзеп тізілген мылтықты солдаттар екен. «Бұлары несі» деп бәріміз аң-таңбыз.
– Бізді қарсы алу үшін қойылған құрметті қарауыл ғой! – деп шабыттанды Боклевский. – Кешіріңіз, қалай десек те Ресей үлкен империя ғой... Ширек ғасыр көрмей, аңсап келген отандастарын ескі дәстүрмен, жол-жоралғымен қарсы алып жатқаны да.
Боклевский қателесіпті.
Пойыздан түскен қалың елді солдаттар екі жақтан қоршап, қаздай тізілтіп айдап апарды да, кең қоршау ішіндегі барақтарға бөліп-бөліп қамап тастады. Жұрттың ұлардай шулаған сұрақтарына ешкім мәнді жауап берген жоқ. «Күтіңдер, айтамыз» деумен дәмелендіріп, қоршау қақпасын тарс жауып кете барды. Қоршаудың әр тұсынан күзет қойылды.
– Бұлар қателесіп, бізді басқа бірдеңемен шатастырып алды білем, – деді тағы білгіш Боклевский. – Кешіріңіздер, қазір бастықтар бәрін реттейді... Албаты шуламай, мәдениет танытып, сабыр сақтаңдар.
***
Ертеңінде жалтыраған погоны бар шапыраш көз арық майор бір топ солдаттармен келіп, бізді күре жолға айдап шығарды.
– Қазір бәрің тамаққа барасыңдар! – деді.
– Сосын қайда барамыз?
Майор бұл сұрақты жауапсыз қалдырды. Боклевский шыдамады білем, майордың қасына жетіп барды:
– Офицер мырза, кешірерсіз, – деді инабатпен. – Сіздердің түні бойы бізді қамағандарыңыз дұрыс емес. Арамызда әйелдер де, балалар да бар, түн суық болды, олар тоңып қалды. Біз қой емеспіз ғой! Біз Совет үкіметінің шақыруымен, өз еркімізбен келген азаматтармыз.
– «Азаматтармыз» дейсің бе?
– Иә, офицер мырза, біз еркін азаматтармыз!
– Сендер ешқандай да азаматтар емессіңдер, сендер Отанын сатқан сатқынсыңдар! – деді майор кекете мырс етіп.
Боклевский не айтарын білмей тосылып, алақ-жұлақ етіп маған қарады.
– Жоқ, сіз қателесесіз, офицер мырза, – деді Боклевский дауысын зорайтып. – Мен ешқашанда отанымды сатқан емеспін. Кешірерсіз, мен өз еркіммен еліме келіп тұрмын.
– Сатқынсың! – деп офицер арс ете қалды.
– Кешіріңіз, не деп тұрсыз!
– «Сатқынсың» деп тұрмын!
Боклевскийдің ақшыл жүзі нарттай қызарып шыға келді. Қолы қалтылдап, алақтап тағы да маған қарады. Мен не дейін, «текке әуре болма» дегендей басымды шайқадым.
Көпшіліктің алдында Боклевскийдің жерге кірердей қорланып кеткенін білдім. Қалай болғанда да, жағаласпай кейін қайтса екен деп едім. Олай болмады... Боклевский атылып барып майордың жағасынан ала түсті. Екеуі ұмар-жұмар домалап, жол шетіндегі жыраға құлады. Екі солдат бастықтарына көмекке ұмтылды. Сол сәтте тарс ете қалған наганның даусы шықты. Майордың үстіне шығып алып кеңірдектен қысып жатқан Боклевский сылқ етіп аунап түсті. Майор шаң-шаң болған гимнастеркасын қағып, фуражкасын киіп жолға қарай шыға берді. Етбетінен жығылған Боклевский жыра түбінде теректей сұлап қимылсыз жатып қалды.
Мен Боклевскийге қарай ұмтылып едім:
– Тоқта, сволочь! – деп майор айқай салды, наганын шошаңдатып жоғары көтерді. – Осыдан жақындап көрші, табанда сені де жер жастандырайын!
Үріккен қойдай ұйлыққан көпшілік осы оқиғаның бәрін өз көздерімен көрді.
Мынау едіреңдеген майордың әзілдеп тұрмағанын бәріміз түсіндік. Түсіндік те оның айтқанына лажысыз көндік, сөйтіп айдаған жағына тізіліп жүріп кеттік.
Мен қаңтардағы аязға тоңғандай денем мұздап, дірілдеп келем. Ішімде, жан дүниемде бір нәрсенің өліп қалғанын анық сездім.
***
Тағдыр-ай десеңші, көпті көрген, көпке қанық қу мүйіз Боклевскийдің өзі де бұл жолы оңбай қателескенін қарашы! Адамзат баласында дәл осындай алдау, арандату болады дегенге оның да өресі жете қоймаса керек.
Қайран Афанасий Петрович, өр кеудеңді ешкімге басқызбап едің, бұл жолы да солай болды. Сенің өліміңді ақ өлім деп білем.
Таңғы тамақ дегені ботқа мен қара шай, жалғыз тілім қара нан екен, оларды кезекке тұрғызып қойып далада таратты. Содан кейін әйелдерді бөлек, еркектерді бөлек сұрыптады да, қалың дүрмекті малша топырлатып, топ-тобымен теплушкаларға тоғытты. Бәрін эшелонға тиеп, есігін тарс жауып қоя берді. Қарсыласқандарды ұрды, сабады, тепкіледі, көп сөйлей бергеннің аузын ұрып тісін қақты. Ақыры бәрі жым болды. Өз басым Брестке кірген бетте, солдаттардың сапын көргеннен-ақ көңіліме күдік алғам-ды. Бірақ балпылдап сөйлеп, коммунистерді жер-көкке сыйғызбай мақтай берген Боклевскийдің шалықтаған көңілін бұзғым келмеген. Қалай болғанда да туған елдің шетіне аяқ басқаныма қуанышты едім. Сондықтан жақ ашып үндегем жоқ, өзгелер сияқты азаматтық құқығымды көлденең тартып қарсыласпадым, мұрындалған торпақтай жүр деген жағына еріп жүре бердім.
Қысқасы, бізбенен ұзақ тәжікелескен жоқ, аптаға жеткізбей апалас-төпелес жабық сот өткізіп, бәрімізді он жылға кесіп тастады.
Қылша мойным талша деп, мен бұл сынаққа да төзіп бағуға бел байладым. Әйтеуір ел шетіне іліндім екен, қорлық пен қиындыққа тағы да төзуге даяр едім. «Медет беріп жақсылыққа жеткізе гөр» деп іштей тілеумен болдым.
Советтер одағы өздері үгіттеп шақырған эмигрант қандастарын, мінеки, осылайша қарсы алған еді.
***
Жұмада басталған қарлы боран аптаға созылып, артынша күн құлақтанды да, бет қаратпас қытымыр аязға ұласты. Бізден күндіз де, түнде де маза кетті. Қалжан мен Қамбаш бұрынғыдай кезекпен емес, жылқыға бірге кететін болды. Түнде де әлденеше рет бірге тұрып, мылтық атып дауыстап қарды омбылап малды байқап қайтысады. Кейде жығылып-сүрініп таң ата бірақ үйге келеді. Қаншалықты күзеткенімізбен мал бәрібір шығынсыз болмады. Қарны жер сызған ту биенің біреуін үйірлі ит-құс тасқа қамап, жарып жеп кетіпті. Бұл біз үшін биыл қыстағы екінші төтенше оқиға-тын.
Тыныштық жоқ, көңіл алаң, мұрындарына су жетпей шаршап жүрген соң, Қалжанның әңгімесі де жалғасын таппай, біраз уақыт ұмыт болған.
Ақпан орталай аяздың беті қайтып, күн шуағы молая түсті. Аппақ қар басқан адыр-қырқаның төсі шытыра шашқандай жылт-жылт нұрға бөгіп, жылына бастады.
Әнеу күндегідей пеш қасында балқарағай шағып, кәукілдесіп әңгіме соғуға тағы да ыңғайлы жағдай туғандай болды.
Қалжанның төртінші әңгімесі
Арада айдан астам жол жүріп, қойдай бөріктіріп, ұлардай шулатып бізді Хабаровскіге әкелген. Жол бойы көп қиындықты, нелер бір жайсыз жағдайларды бастан өткердік. Вагон іші қапырық, терезені ашуға рұқсат бермейді. Содан екі қабатты, үш орындық нарларда сығылысып жеткенбіз. Нар үстінде тізерлеп қана отыруға орын бар. Ұзын бойлы кісілер екі бүктеліп, белдерін жаза алмай қиналды. Ондайда жамбасың тесілгенше төсекте дөңбекшіп жата бергеннен басқа амалың жоқ.
Хабаровскіден бізді баржаға тиеді. Охот деген таудай толқынды теңізді кесіп өтіп, Магаданнан бірақ шықтық. Баяғыда Печораға түскенде Магадан мен Колымаға айдамағанға шүкіршілік етуші едік. Ақыры тағдыр бізге сол Магаданды да, Колыманы да көрсетті.
Магаданда тұтқындарды топ-топқа бөліп, тайга түкпіріндегі барақтарға апарып қамап тастады.
Қайда барсаң қорқыттың көрі, амал қайсы, сол баяғы әкіреңдеген жендеттердің қолына тағы түстік. Әйтеуір білектерінен қан тамшылаған қаныпезерлерге кез боламыз да тұрамыз. Адамның қағып қанын, сығып сөлін алған сұр бет сұмырайлар. Япырай, бұл неткен лағнет тірлік болды деп көкірегім қарс айырылады.
«Жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта!».
Бірақ, бәрібір тастай қатып, таспадай түйініп алдым. Қар құшақтап, мұз сүйген бұл сынақтың да соңына жетемін деп тістендім.
Бет әлпеті қазаққа келіңкірейтін, қазақтан гөрі қалмаққа ұқсаған қою мұртты бір кісі мен түскен барақтың мықтысы екен. Жақындап барып таныссам ба деп отырғанда әлгі кісінің өзі менің қасыма келген.
– Әй жігіт, сен қазақпысың? – деді салған беттен.
Мен басымды изедім. Сосын:
– Иә, қазақпын! – деп қазақтығымды сөзбен растап қойдым.
– Сен қазақ болсаң, мен Шайзада деген ағаң боламын! – деп ана кісі қолын берді. – Пәмилем Қалиекперов. Жиырма жылға кесілгем, тоғыз жыл алты ай жиырма бір күнім қалды.
– Қалжан Дүйсенов! – мен де елпілдеп қос қолымды ұсындым.
* * *
Тұтқындарды Омолон тайгасының тұнжыраған төріне жаяу-жалпылы айдап апарды да, барақтарға бөліп қамап тастады. Жеткен жеріміз, межелі тұрағымыз осы ара екенін түсіндік. Ендігісі алдағы он жылымызды ит байласа тұрмас осы қиырда өткізетінімізді тағы сездік. Өзі де бір көзге қораш, жатбауыр салқын өңір екен, пілдің жонындай дөңкиген тұйығы. Айнала қара орман, құлақ естімес, көз көрмес көрдей түкпір.
Мұндағы басты жұмыс – алтын қазатын шахта болып шықты. Келген жұрт келесі күні моншаға түсіп, киім ауыстырып дегендей, еру болдық. Үшінші күні қолымызға бір-бір қайла алып, әр тұста бір үңірейген штольняларға бөлініп тас қазуға түстік.
Қойдай өргізіп, қозыдай көгендеп тағы да бел қайыстырған ауыр жұмысқа кірісіп кеттік. Сол күннен бастап, түкірігіміз желім, қақырығымыз қан татып, тағы да азапты айлар мен жылдарды бастан өткерумен болдық. Шахтаның іші қапырық, бұрқыраған шаң, айналасы екі жылда бәрі де күркілдеген көксау болып шыға келісті. Бұл жақта қыс дегенің сағыздай созылып тоғыз ай бойы табандап жатып алады екен. Мұз арқалап, күл төккен бейнеті аздай, бірөңкей мұнар күндер иығыңнан зілдей басады да тұрады. Әсте қабақ көтертпейді, көңіл жадыратпайды, еңсеңді езіп жібереді.
Былайғы ақсүйектерге қарағанда қолымның шаруаға аздаған икемі болды ма, жыл толмай жатып мені сырттағы ұстаханаға ауыстырған. Мені бір ажалдан құтқарған осы жағдай еді. Өйткені шахтада ұзақ қалғандар силикозбен ауырып, өкпелері қамалып тұншығып өліп жатты.
Шайзада ағаймен ағалы-інідей жақындасып, туыстасып кеттік. Күндізгі қарекетіміз әр жақта, әр штольняларда болғанымен, кешкілік асхана ішінде, жатар орында бас қосамыз. Жұмыстан қалжырап, шаршап келсем де ағаймен бірер ауыз тілдеспесем менде ұйқы жоқ. Барақта менімен бірге келген тағы бірер қазақ, қырғыздар мен өзбектер бар-ды, көп өтпей олар да бізге қосылып, кәдімгідей топ құрып алдық. Шайзада ағай бәрімізге ақыл айтар үлкеніміз, пәле-қаладан қорғап-қоршап жүретін көсеміміз. Өзі тарамыстай тартылған қарулы кісі екен, әлімжеттік танытып әкіреңдеген уркаларға сес болды.
Әр күнін есептеп жүретін сол ағай да жиырма жылының соңына жете алмай силикоз дертінен көз жұмды.
Осындай өлім-жітімді, ит қорлықты күнделікті көріп-біліп жүрсем де жасығам жоқ, тіршіліктен күдерімді үзбей, тыртысып бақтым. Тұйыққа тіреліп торыққан сәттер көп болды. Әйелім мен шешемнің, кішкентай қызымның жайынан мүлдем бейхабармын. Ләзиза бетінің қызылы қайтпаған жас келіншек, әлдеқашан күйеуге тиіп кеткен шығар деген де күдік жоқ емес. Құрдымға кеткен күйеуін қашанғы күтпек, тірі адам тірлігін жасау – табиғат заңы. Оған пәлен деп үкім айта алмайсың. Егер жағдай расымен солай болса, Ләзизаға ешқандай реніш жоқ, анау деп кінә тағудан аулақпын.
Қалай десек те, жат жұрт емес, өз елімнің іргесіне жақындағаным жігер беріп, қайрат-күш қосқандай сезінетінмін. Әсілі, бұл мерзім де өте шығар, бостандықтың тәтті дәмі маған да бұйыратын шығар деп өзімді өзім қайрап қоямын. Қиналған сәтте «жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта» деген сөз құлағыма әлсін-әлсін келе бергендей болады.
Осылайша қабырғадан қан аққан, толарсаққа мұз қатқан азапты айлар мен жылдар тағы да жылжып өтіп жатты. Жылдар жылжып өткен сайын көкірегіме қара қан қатып, жүрегінің басына өмірге деген кек байлана түсті.
Сөйтіп, қасіретпен қан құсып тағы тоғыз жылды өткердім.
Әйтеуір өлген жоқпын, тірі дегенім болмаса, сілікпем шығып, құр сүйегім ғана қалған. Жарық жалғанның мені не үшін осыншалық өгейсінгеніне өрем жетпейді. Өрем жеткені – алағай да бұлағай мынау қоғамның мен шіріген жұмыртқасы, құным көк тиын татымайтын жыбырлаған жанды көлеңкесі.
Өстіп жүргенде, шүкіршілік, 1953 жылы Сталин өліп, Берия ұсталып, мынау опасыз дүниеде әділет орнағандай үміт ұшқыны жылт еткен.
Бізді содан кейін де төрт жыл сарсаңға салып, 1957 жылдың көктемінде ғана қамаудан босатты. Былайша айтқанда, тиесілі мерзімнен небәрі бір-ақ жыл бұрын ерте шықтым. Қалай десеңіз де, соның өзі мен үшін шексіз қуаныш, есепсіз бақыт еді. Бақыт деген бостандық екенін мен баяғыда-ақ түсінгем. Бірақ бостандықтың соншалықты тәттілігін осы жолы ғана білгендеймін, дәмін шындап енді ғана татқандай едім.
Содан араға үш ай салып, қысты өткізіп, көктем шыға ел шетіне құрт жеген ақ сөңкедей сүйретіліп жеттім емес пе...
* * *
– Япырмай десеңші, өзің әркез томаға тұйықсың, үнсіз жүресің... Ноғай қызына қалай үйленгеніңді естісем де, сенің басқа қиқыметіңнен мен мүлдем бейхабар екенмін. Осы сенде бір тұңғиық сырдың барын ішім сезуші еді, – деп Қамбаш таңдайын тақылдатып, басын қайта-қайта шайқай берді.
– Аға, өміріңіз сондай қызық екен? – деп мен де таңданысымды жасыра алмадым.
– Қызық дейсің бе? – деді Қалжан тұнжырап. – Оның несі қызық болсын, қарағым. Досың түгілі, дұшпаныңа тілемес тірлік қой менікі. Өмірімнің ең бір мәнді шағы босқа өте шықты... құр өксумен өтті. Сол бір қор болған жылдардың өтеуін кім қайтарады? Екінші өмір бар болса өкінбес едім. Ойласам болды – жүрегім қанжылайды. Ішім тұз ішкендей ашып кетеді. Қайрат-күшіме, құдай берген қабілетіме қатты сенуші едім. Таным мен талабым күмәнсіз еді. Өмірде үлкен шаруаға лайық екенімді сезінуші едім. Балдай арманның тауы шағылып, нардай қайрат қайралмай жатып мұқалды. Оттай орақшы, жаудай қарақшы заманға тап болдым. Сол залым заман мені қатты адастырды, еркімнен тыс мәжбүрледі, күшпен мені басқа арнаға бұрып жіберді. Амалым жоқ... амалым жоқ, ағайын!
– Ойбай, құрдас, «залым заман» демеңіз. Үй артында кісі бар... – деп Қамбаш шыр ете қалды.
– Қазір заман да, заң да басқаша ғой, соған шүкіршілік етейік, – деді Қалжан.
Біршама уақыт бәріміз де тым-тырыспыз.
– Тағдыр деген осы, маңдайыңа құдай не жазса соны көресің де, көтересің де! – деп Қамбаш басу айтқан болды.
Қалжан мойындағандай басын шұлғыды.
– Күйесіз қазан жоқ, қайғысыз адам жоқ, – деді Қамбаш сөзін жалғап. – Санамалай берсек, бәріміздің де басымызда қайғы-мұңның бары рас. Бірақ сенің көрген тауқыметің адам нанғысыз ауыр сияқты.
Қалжан тағы да басын изеді.
– Мен Өскеменді де көргем жоқ... Өскемен түгілі көрші Үлкен Нарынға да бармаған екем... Сен болсаң, құрдас, сегіз қиыр шартарапты шарлап қайтыпсың. Тағдыр деген мінеки, осы! – деді Қамбаш мұңайып.
– Катонды көрдіңіз бе? – деп сұрадым мен.
– Катон дейсің бе? Катонда әнеу бір жылдары құдалыққа барып, шаршап қайтқаным бар, – деді Қамбаш.
– Аман-есен елге оралдым. Бұл да бір қол жетпес арман еді. Оған да шүкір. Елге жете алмай талай боздақ қалды ғой жат топырақта, бөтен жерде, – деп Қалжан терең күрсінді.
Қалжанның бесінші әңгімесі
Осы жылдар ішінде екі жақты хат алысып, хат берісу болған жоқ, ешқандай хабар-ошар тағы жоқ, елдің жағдайынан мен мүлдем бейхабар болатынмын. «Елу жылда ел жаңа» деп жатады ғой. Елу емес, ел жиырма жылда да жаңарып кетеді екен. Оған аудан орталығына жеткенде, таныс ауылдарды көрген кезде мен өзім куә болдым.
Алдымен пароходпен, одан әрі аудан орталығына ат арбамен жетсем де, келген соң қайда барарымды білмей тосылдым. Көксоқта көктем уағы еді. Толарсақтатып туған ауылға қарай тартсам ба екен? Ол жақта да мені күтіп отырған кім бар дейсің. Әлде Кержабағыға барам ба? Мен айдалып кеткен соң Ләзиза ол арадан көшіп кетуі де мүмкін ғой. Сонда не істеуім керек?
Аудан орталығында да ешкімді танымаймын, жөн сұрайын десем жүрексінемін. Түр тұрпатым да адам кейпінен кетіңкіреп қалған. Менің мынандай түріме қарап жөн айтатын да жан табылмағандай еді.
– Бәтіреке, мынау Қалжан емес пе? – деген әйел үніне жалт қарасам, қырықтың мол ішіндегі бір келіншек жутаңдап маған қарай берді.
– Қойшы ары, қаңғырған біреулерді шақырмай! – деп қасындағы еркек әйелді бұрып әкетті.
«Апырмау, мені танып жатқан бұл қайсы әйел болды екен?», – деп аң-таң болып мен қалдым.
Аудандық милиция бөлімін іздеп бардым да, келгенімді айтып, тіркеуге тұрдым. Сол жердегі бір қыздан Ләзиза Дүйсенованың әдрісін тауып беруді өтінгем. Тілеуіңді бергір қарағым екен, әдрісті кешке дейін іздеп тауып қойыпты. Ләзиза сол Кержабағыда тұрады екен, ешқайда да көшпепті.
Кержабағы баяғыда өзім бірер жыл қызмет жасаған ауыл ғой. Ит арқасы қиян, ол жаққа ұшсам бүгін жете алмасым белгілі. Мұндайда кімге жалынасың, оның үстіне жүрек шіркін де шайлығыңқырап қалған, тағы бір пәлеге ұрынармын дедім де, «Заезжий дом» дейтін жалпиған бір үйге бас сұқтым. Сол жерден бір бос орын тауып түнеп шықтым.
Ертеңінде таң қараңғысынан жолға шығып, жаяулатып Кержабағыға тарттым.
Күні бойы тоқтаусыз жүріп отырып, күн бесіндікке еңкейе Сүйін шалдың жұртына жеткем. Шалдың қыстауы атымен жоғалыпты, жұрнағы ғана байқалады. Жертөлесі жермен жексен, төбесі ойылып, топыраққа көміліп қалған. Сілегенің жуан бөренесі ғана бір бұрыштан сойдақталып шығып тұрды.
Шалдың қора-жайы да жоғалған. Біреулер оның сырғауылы мен ағашын тасып әкеткенге ұқсайды. Орны ойдым-шұңқыр, кендір мен қурай басып кетіпті.
Әріректе, бұлақ жағасындағы қара монша ғана қылқиып, жартылай жерге көміліп тұр. Есігі шалқасынан, жеп қоярдай қорқынышты үңірейеді.
Қыр басында бір төмпешік байқалған... Зиратқа ұқсайды. Кімнің зираты екен?
Ләзизаның анасы да әлдеқашан о дүниелік болған шығар деп ойладым. Оларды қойшы, өз шешем... менің туған анам қайда? Тірі ме, өлі ме? Жалған дүние-ай десеңші, солардың бәрінен... бәрінен мен бейхабармын. Тіпті, Ләзиза мен шешемнің, қызымның тағдыры не болды, ол жөнінен де мақұрыммын.
Көкірегім запыранға толып кетті.
Шалдың үйі орнында болса осы арада түнеп шығам ба деп едім, оның жөні келмеді. Амалсыз ары қарай жүре беруге тура келді.
Қараңғы түсе Мұңсызбайдың үстіртті жазығына шықтым.
Сол баяғы Ләзизаға араша түсетін жазық қой. Бірақ ол заманда табиғат жатбауыр мінез танытып, жаңбыр тынымсыз түні бойы нөсерлетіп еді. Ол кезде мен де бұла қуатым бойымда, құйын мінез бұлықсыған жас едім. Енді бақсам, ол да бір сайраны бөлек, сағынышқа толы күндер болып қалыпты-ау! Қазіргі жаңбырдың да мінезі бейқұла, сылбыраған жуас. Менің де халім осы жаңбырға ұқсайды, түнере сазарған мынау табиғатпен үндес. Жалғыз-ақ рет берілген өмірдің жарымын опынышпен, ит қорлықпен өткіздім. Қырық жылғы қырғыннан, сексен жылғы сүргіннен өтіп келе жатқандаймын. Сөйтіп, мен де бүгінде меселім қайтқан, жүнім жығылып, жуасып қалған жанмын. Жүректің ұшына шемен тас байланып, үмітім әлсіз жіпке ғана ілінген шерлі пендемін.
Ақ жауынның астында малмаңдай су болып ұзақ жүрдім. Күндізгідей емес, жүрісім баяулап, аяғым шылқып келеді. Бір мезетте Бектас әулиенің баяғы күмбезі көзіме оттай басылған. Күмбез тура сол баяғыдай екен, шүкіршілік, төбесі бітеу, бұзыла қоймапты.
Мола ішіндегі қурай мен қураған шөпті жинастырып, от жағып, бой жылытқан болдым.
Лау етіп жанған қурай шөптің де жылуы мардымсыз, ғұмыры да қысқа.
Баяғы бір күндерді сағынышпен ойлап, қалғып-шұлғып отырып, көзім ілініп кетіпті.
Шым-шытырық түс көрдім.
Теңіз жағасында жүре екем деймін. Қасымда бір әйел... Бір әйел емес-ау, Ләзиза секілді. Енді бір мезетте қызыл жағалылар келіп екеумізді де байлап-матап алып кетеді. Концлагер ме, Печора ма, әлде Магадан ба – азап камерасында жатыр екенбіз деймін. Мені емес, Ләзизаны қинап, қорлап жатыр. «Тимеңдер! – деймін айқайға басып. – Тимеңдер, өңкей жексұрын оңбағандар!».
Айқай салып, өз дауысымнан өзім шошып ояндым.
Дір-дір етіп қол-аяғымды бауырыма алып, бір уыс боп бүрісіп қалыппын. Денем сал болып ұйып, үш ұмтылып үйелеп әзер тұрдым. Толықсып таң атып, айдарланып көктемнің күні де көтеріліп келеді екен. Бірақ қызуы әлі мардымсыз. Кешегідей емес, боз дала жұпар шашып, ұзатылар қыздай жасана түскен тәрізді. Қалай болғанда да, жаздың иісі сезіліп тұр.
Зираттың арғы жағынан, алысырақ тұстан құрдың құрқылдаған дауысы шықты.
Қатқан нанды суға жібітіп, аздап жүрек жалғап, тағы да жаяу тарттым. Кешегідей емес, шаршағаным біліне бастағандай. Әлде аяқты алшысынан тастап, адамша көсіліп дем алмағаннан ба екен? Өйтіп аяқты серпуге түн аса салқын, көктемнің ызғары қалшылдатып тоңдырып жіберді ғой. Содан ба, арқамдағы қоржын да иығыма батыңқырап келеді.
Аздан соң сібірлеп тағы да жаңбыр жауды. Бірақ жаңбыр ұзаққа созылған жоқ. Арада жарым сағат өтпей жарқырап күн шыққан. Күн шығып еді, Мұңсызбайдың төріне мойынағаштай иіліп қызылды-жасылды кемпірқосақ түсті. Көшқұлағанның қия шатқалына кірер ауызға орнатқан алып босаға іспетті, әдемі-ақ көрініс. Жақындап барып қолмен ұстаса ғой өзін деп қиялдап келемін.
Сол кемпірқосақтың ішінен шыққандай болып, жазықтың арғы жиегінен бір қарайған көрініс берді. Жылқы ма, әлде қой ма екен? Жылқыдан гөрі кішілеу... мамырлап жайылып жүрген қойға келіңкірейді. Отардан адасып қалып, жол жағалаған ақсақ-тоқсақтың бірі-ау тегі. Түнге қалса бұл малдың ит-құсқа жем болары анық.
Арамыз біршама жақындай түсті. Енді ол қарайғанның қой емес, адам екеніне көзім жетті. Апырмау, иен түзде жаяу-жалпылы мына мен секілді жол шеккен бұл қай бейбақ болды екен?
Арамыз қысқара түсті.
Жүрісі баяу, арқасында асынған дорбасы бар. Байқаймын, әйелге ұқсайды. Сәлден соң анық көрінді, ұзын көйлек, жұлым-жұлым сұр күпәйке киген кемпір болып шықты.
– Сіз Бәдиша апай екенсіз ғой! – деп мен аң-таңмын.
Баяғыда, бұдан жиырма бір жыл бұрын да дәл осы арада кездесіп едік-ау! Бұл кісі сол кезде де дәл осындай кемпір еді. Жын ба, шайтан ба, содан бері өзі дым өзгермепті ғой!
Жоқ, өзгерген секілді. Еңкіш тартып, бүкірейе түсіпті. Орамалының астынан күлтеленген шашы күмістей ағарып кеткен. Жақ сүйегі қушиған, бет әлпеті кеуектей кеуіп қалған кемиек кейуана.
«Қиналған шақта жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта, балам».
Осы сөзді айтқан осы кісі емес пе еді? Ойпырмай, енді ғана есіме түскенін қарашы, иә, дәл осы Бәдиша кемпір айтқан...
– Уай, шешей, сіз бар ма едіңіз?
– Бармын, шырағым, бармын...
– Әлі күнге ел кезіп жүрсіз бе?
– Байырқалар жерім жоқ, ел кезбегенде қайтем. Менің тоқсанға келіп, тірі жүргенім осы жүрістің арқасы.
– Мынау елсіз мекенде сізді кездестірем деп ойламаппын.
– Сенің тірі екеніңді мен білгем...
Мен түкірігіме шашалып, жұтына бердім.
– Шешей, оны қайдан білдіңіз?
– Қарағым, мен бәрін де біліп жүрем. Білмесем – жүрегіммен сезіп жүрем.
Ауа жетпей тынысым тарылып кеткендей болды. Ауыр күрсініп, кеудемді кере бір дем алдым да:
– Білсеңіз, қинамай айтсаңызшы? – тамағым қырылдап, үнім өлеусіреп шықты.
– Шешең дүниеден озғанына көп жыл болды. Әйелің ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырды. Отыңды өшірмей, шаңырағыңды шайқалтпай әлі отыр ол жазған... Қалғанын өзің де көре жатарсың!
Менің көз алдым бұлдырап, жан дүнием төңкеріліп кетті. Көзімнен қос тамшы ыстық жас ытқып шығып, бетімді айғыздап домалай жөнелді.
«О, тоба, менде ұл бар екен ғой! – деймін күбірлеп. – Өмірімді жалғар ұрпақты екенмін ғой мен! Иа, жаратқан ием, ризамын өзіңе!».
Әлде жастың әсері ме, көз алдым бұлдырап, жүрегімнің соғысы жиілеп, есеңгіреп қалдым. Өзім де қайбір жетісіп жүрген жан еді дейсің, жерге шөке түсіп тізерлеп отыра беріппін. Тегі сол екі арада біршама уақыт өтсе керек, қарасам – қасымда тұрған Бәдиша кемпір бүкшең қағып көш жерге ұзап кетіпті.
* * *
Баяғыда Дүзбай шал үйреткен бағытты бетке алып, Көшқұлағанның соқыр соқпағымен төтелей тартып келемін. Анталаған алып таулар, шұбар шыңдар мен тарғыл құздар көңілге үрей ұялатқандай. Шатқал табаны көз суырғандай терең, төменде көбік шашқан асау өзен ирелең қағады. Бұл өлкенің тауы мен тасы, орман-тоғайы, қала берді аң-құсына дейін маған етене. Кір жуып, кіндік кескен туған өлкем осы, мен оны өлердей сағынып келемін, сосын да үкідей ұшып келемін.
Күн бесіндікке еңкейе Кержабағы да бұлдырап нобай берген.
Табаны күйген, таңдайы тиген жан ғана ел қадірін біледі екен. Жиырма жыл азап қана емес, тозақтан бетер қиындық көрген, өмір мен өлімнің ара жігінен өткен менің сағынышымда шек жоқ еді.
Елге жақындағанда өзім пәлен жыл тұрған ауылды да, оның тау мен тасын да танымай қалдым. Кержабағы қотыр тайдың жонына ұқсап жұлымдалып, адам аяғандай жүдеп кетіпті. Ауылдың ішіне дейін шоқ-шоқ өскен қалың қарағай еді, бәрі де тып-типыл оталған. Қаптаған томар ғана бұл жерде баяғыда абат орманның болғанын айғақтағандай. Кесілген ағаш тау кіндігіне дейін жеткен.
Ауылдың көп үйлері көшіп кеткенге ұқсайды. Әр жерде бір өлеусіреген түтін байқалады. Бір кездегі тірлігі қайнаған қордалы ауыл енді анау етектегі егістік даланың жетім станына ұқсап қалыпты.
Мен жақындағанда шағын ауылдың азғантай малы улап-шулап өрістен қайтып жатты.
Мына қызықты қараңыз... Баяғыда өзім отырғызған жас қайың бұтақтарын жайып, зәулім ағаш боп өсіп кетіпті. Енді-енді тебіндеп келе жатқан жасыл желегі үйді көмкеріп, жарымын жауып тұр. Қараша үй сол баяғы қаз-қалпында. Шатырдың шетіндегі жартылай сынған әнеу тақтайды жаңалаймын деп жүріп, қолым тимей-ақ кетіп еді. Сол сынық тақтай сол ырсиған қалпы. Шарбақтың ішкі жағындағы арбаның сынық дөңгелегі де белуардан жерге батқан күйінде. Сырты саз балшықпен сыланған жыртық қора, аула ортасындағы жерошақ, жазда тамақ жасайтын бұрыштағы тандыр пеш, бәрі бәз баяғыдай. Тек табалдырық жөнделіп, терезенің қақпақтары жаңадан салынған екен.
Арада жиырма жыл өтіп, жер шарының жарымын аралап қайтсам да үйде үлкен өзгерістің болмауы көзіме оттай басылды. Таныс көрініс тынысымды ашып, жүрегіме жылы шуақ жайғандай болды.
* * *
– Ләзиза қайда? Ләзиза... – деп осы арада Қамбаш шыдамсыздық танытып, басын кекжең еткізді.
Қалжан бірден жауап берген жоқ, біршама уақыт үнсіз отырып қалды.
– Оу, құрдас, Ләзиза сол үйде тұра ма екен? – деді Қамбаш тағатсызданып.
– Оның қайда тұратынын мен қайдан білейін, – деді Қалжан қиналғандай. – Менің не өлі, не тірі екенімнен бейхабар, қайтпасқа кеткен кісімін. Ол бейбақта не жазық?
– Түһ, сен сөзіңді сағыздай созып, ішті кептірдің-ау!
– Қамеке, сіздің сұрағыңыз да төбеден түскендей. Қайдан білейін... Әйтеуір, Ләзизаның осы үйде тұратынын жүрегім сезді. Бірақ сенімнен гөрі күдігім басым. Ол мені күтіп отырмаса қайттым деп қиналдым? Басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен болса ше? Есік алдына жете бере осындай бір алаң ойлар басымды шырмап, тұсаулы аттай екі аяғымды кібіртіктеді де тастады. Үйге жақындауға жүрегім дауаламады. Айналсоқтап алыстан байқастап, былайғы бір томарға бардым да, жайлап арқамдағы дорбамды шешіп, күпәйкемнің түймесін ағытып отыра кеттім.
– Оу, әлгі Бәдиша кемпір бірдеңе деп еді ғой?
– Үй іргесіне келгенде Бәдиша түгілі өз атымды ұмытып қалдым...
– Сен де бір ләухи екенсің...
– Жиырма жыл дегенің аз уақыт емес екен... – деді Қалжан құрдасының алдында ақталғандай болып. – Мен кеткенде жаңа туған нәресте жиырмаға толды. Былайша айтқанда бір ұрпақтың ер жетіп, азамат болатын кезі, ел жаңарып, жер жасанатын ұзақ уақыт. Мен білетін жандар тірі болса, олар да жиырма жылға қартайды. Тірі еместердің сүйегін әлдеқашан қына басты, елдің санасынан өшті. Жиырма жылдың ішінде оларды өзге түгілі, өзінің туыстары да ұмтып қалғаны шындық. Мен де саннан сызылып, сол елдің санасынан өшкен, жұрт ұмытқан пақырдың бірі емеспін бе?
– Мұның енді шын сөз! – деді Қамбаш та бас изеп қоштап. – Жиырма жыл дегенің үлкен мерзім. Сонымен әлгі томардың үстінде отыра бермексің бе? Ләзизаны қалай көрдің?
– Ләзизаны ма... Ләзиза дейсің бе? Айтайын... Сол жерде қанша отырғаным бір құдайға аян. Бес-алты жастағы бір баланың қасыма келіп қызықтап бетіме үңілгені есімде. Үдірейіп сәл уақыт тұрды да, жылан шаққандай баж етіп, шошып қаша жөнелді. Не болғанын ұқпай, мен де селк ете түстім. Сосын түсіндім, жақ еті қушиған, мойны ырғайдай, қан-сөлсіз аруақтай аппақ кейпімнен қорқып кеткен секілді. Аздан соң тағы бір бала келіп, ол да түрімді қызықтауға кірісті. Жылап кеткен бала шағынған болар, бұл одан біраз ересектеу әрі батылдау көрінді. Қолында нан, беті қаспақ-қаспақ, шыбын қонып жатса да қыңқ етер емес. Мен ыржиып күлген болдым. Бала мұрнын қорс еткізіп бір тартты да, бір жұтынып, нанын шайнап жөніне кетті.
Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, не заматта біздің үйден шылапшын көтеріп бір әйел сыртқа шаққан.
Әйелдің Ләзиза екенін мен жазбай таныдым.
Жүрегім атша тулап, көмейіме тығылды. Тынысым тарылып ауа жетпей алқынып кеттім.
Байқаймын, Ләзизада үлкен өзгеріс бар, бұрынғыдай емес, ет жинап толысқан, қимыл-қозғалысы да баяу, салмақты. Шылапшындағы суды лақ еткізіп күресінге төкті де, маңдайын сүртіп, ауданнан келетін сыңар жолға күн сала қарап ұзақ тұрды. Күрсінгенін де естігендеймін. Шаршағаны, торыққаны сезіледі. Сосын басындағы орамалын түзеп, айналасын бір шолып, көзін жайымен мен жаққа бұрды. Сол бойда қарап тұр, қарап тұр... Қолындағы шылапшын түсіп кетіп, арғы жақтағы жыраға қарай салдыр-гүлдір домалап барады. Оны да елер емес... Маған қарап сілейіп қалған. Бір кезде сылқ ете қалды. Бүктетіле барып, жамбастай құлап түссін... Бұдан әріге қайтіп шыдайын, жан ұшыра Ләзизаға ұмтылдым. Басын көтеріп, маңдайын сипап, аймалап құшақтап жатырмын. Қырылдаған тарғыл дауыспен өзімнің аман-есен келгенімді айтып, атын атап шақырған боламын. Алақаныммен бетін шапалақтаймын, ешқандай әсер етер емес, былқ-сылқ жан жоқ, өліп қалған. Жүгіріп бұлақтан су әкеліп, бетіне суық су бүркіп, ұшықтап едім, сонда ғана кірпігін қозғап, есін жиды.
– Жиырма деймін-ау, турасында жиырма бір жылдан соң мен Ләзизамен осылай табыстым! – деді Қалжан әңгіменің аяқталғанын сездіріп. – Мен жоқта өмірге келген ұлым жиырмаға толып, Свинчаткадағы екі жылдық механизаторлар курсында оқып жатыр екен. Қызым Семейден техникум бітіріпті, содан Аягөздің бір жігітіне тұрмысқа шығып кетіпті. Қызым бірер мәрте келіп қайтқанымен, Ләзиза құда-құдағиын әлі күнге көрмепті. Ондағы құда-жекжат «халық жауының» отбасынан аулақ жүргенді жөн санаса керек. Өз анам да, енем де біраз жыл бұрын дүние салыпты. Мен жоқтағы басты өзгерістер осы екен. Мұның бәрін мен Ләзизаның өз аузынан естідім.
Екі арада біршама уақыт ауыр үнсіздік орнады.
Пеште отын сытыр-сытыр жанып жатыр. Балқарағай шағуды да ұмыт қалдырыппыз. Әркім өз ойымызбен болып, естіген әңгімені қорыта алмай қиналған сыңайдамыз. Не заматта Қамбаш қатты бір жөткірінде де, жылжып Қалжанға жақындай отырды.
– Ес-геет![3] – деп Қалжан да өзімен өзі күбірлеп, неге екені белгісіз, басын шұлғыды.
– Не дейсің?
– Мен бе? Мен... Шүкіршілік, жүріп жатырмыз ғой дедім.
– Жоқ, сен олай деген жоқсың?
Қалжан мұртын сипап мырс ете түсті.
– Қамеке, кешіріңіз. Кейде шатасып неміс пен француз сөздерін араластыра сөйлеп қалатыным бар. Айыпқа бұйырмассыз!
– Әй, құрдас-ай... Сен де бір қап түбіне симаған қара қамшы болдың-ау!
Қалжанның әңгімесі Қамбаштың да жүрек қылын қозғап жіберген сияқты.
– Осы әңгімені сен біреуге айттың ба? – деп сұрады Қамбаш.
Қалжан тұнжырап басын шайқады:
– Менің әңгімем кімге керек, – деді бәсең үнмен. – Бұл әңгімені жұрт түгілі өзім де артық рет еске алғанды ауырсынам...
Қамбаш басын шайқап, таңдайын тақылдатты.
– Әй құрдас, – тілі тұтығып, Қалжанның бетіне әлдебір риза кейіппен қарады, сосын желкесін қасып-қасып жіберді. – Иен түзде суық тиіп сырқаттанып қалсақ деп... кәмпіреске деп тығып қойған бір шөлмегім бар еді, мына әңгімең қайдағыны қозғап жіберді, соны шығармасам болмас!
– Несіне әуре боласыз? – деді Қалжан ыңғайсызданып. – Біздікі қай бір жетіскен әңгіме дейсің...
– Ат-т-тасына нәлет... Сендей азаматқа оның несін аяйын!
Қамбаш құнжыңдап қоржынын ақтарып жүріп, орамалға оралған бір шөлмекті жарқ еткізіп суырып алған. Содан екеуі әлгі шөлмекті ортаға алып, қырлы стақанға жартылай құйысып, тартып-тартып жіберісті. Сөйтті де, тағы да ұзақ-сонар әңгімеге кірісті.
– Анау жолы өзіңе айттым ғой, ол кезде сенің сайда саның, құмда ізің жоқ, құрдымға кеткен жансың, – деді Қамбаш сынағандай кескінмен. – Сол замандарда ноғай келіншек Ләзиза туралы мен де көп әңгіме естігем... Иә, иә, өйтіп таңданба, шындығы солай...
– Жақсы әңгіме ме, жоқ әлде...
– Әрине, жақсы сөз... Жалпы, содан менің түйгенім – сенің бәйбішең әулие кісі.
– Ниетіңізге бек рахмет!
– Әңгіме болсын, көңіліңе ауыр алмассың, бәрі де өткенің садағасы ғой, мен де саған көрген-білгенімді айта отырайын.
– Мейліңіз білсін...
– Соғыстан кейінгі жылдары «Кержабағыда жөні бөлек, ақ торғындай аппақ ноғай келіншек бар екен» деген сөз біз жаққа да жеткен. Содан, біздің ауылда Матан деген кісі болды... Білуші ме ең? Білмесең, сол Матан бірде сенің әйелің Ләзизаға сөз салдырғаны есімде. Матанның жағдайын түсінуге болатын еді... Бұл жігіт майданда жүргенде, соғыстың екінші қысында-ақ әйелі әйдөңкеден шөп тасимын деп суыққа үсіп, екі өкпесі қабынып қайтыс болыпты. Шиеттей екі баласы, кәрі шешесі бар еді, үшеуі бұларсыз да өлмес күндерін әзер көріп отырған нағашысының қолына көшеді. Матанның өзі де соғыстан кеудесінде снарядтың жарықшағымен жараланып қайтқан. Келсе, жағдай әлгіндей... Арада жарым жыл өткенде нағашысын бас етіп Матан Кержабағыға құда түсуге барады ғой. Сенің бәйбішеңе баяғы...
– Кешірерсіз, бұныңыз жайсыз әңгіме екен.
– Жайсыз болса да аяғына шейін шыда... Мен өсек емес, жақсы әңгімені, өзімнің білгенімді айтып отырмын. Содан Ләзиза дастарханын жайып, шайын беріп күткенімен, өзі жайында ешқандай ыңғай бермей, екеуін де сыпайылап шығарып салыпты. Матан ауылға қатты түңіліп келді, «ноғайдың қыздарының діні мұндай қатты болар ма» деп қайран қалып, басын шайқай беретін. Жазғанның көңілі Ләзизаға шындап құласа керек, біраз уақыт ешкіммен араласпай, тоң торыс жүріп алды. Осы әңгімені естіген соң, Сұлтанбек деген менің тағы бір ауылдасымның аңсары Ләзизаға аусын... Өзі біздің жақтағы аса келбетті, келіншектерге жұғымды жұпар кіндік сері жігіт еді. Себебін білмедім, соғысқа да бармай броньмен қалып қойған. Бес жыл бойы біргәдір болып әкіреңдеді. Сол да Кержабағыға барып, Ләзизаның алдынан өткенін кейін сыр қылып бірде маған өзі айтып берген. Ләзизаны көндіру үшін «әйелімді тастаймын, маған байға шық» дегенге дейін барыпты... Мен «халық жауының» әйелімін, басыңызға бәле тілеп қайтесіз деген сылтаумен Ләзиза оны да беттетпей қойыпты. Сөйтіп, Сұлтанбек жүз жерден бастық болса да, қылшылдаған көркем жігіт болса да тауы шағылып, салы суға кетіп бос қайтқанына мына мен куәмін.
– Сұлтанбекті мен де танимын! – Қалжан қабағын кіржитті.
– Танысаң сол... Өзің салмақташы, еркек атаулының көбісі соғыста қырылып қалған. Ауылда шал-шауқан, ақсақ-тоқсақ қана. Басқа қатындар бай таба алмай зарығып жүргенде, ноғай келіншектің Сұлтанбектей аяқ қолы балғадай сері жігіттен бас тартқаны қалай? Ондай жігітке екінші, мейлі үшінші қатын боп барса да жұрт сөкпес еді. Ноғай келіншек қолына қонған бақты бастан тепті... Ол кезде біз солай қабылдадық. Өйткені ит жеккенге айдалып кеткендерден қайтқан біреуісі жоқ, сен де қайтып келеді деген пәруейімізге кірген емес. Ноғай келіншектің де байы шіріп, сүйегін баяғыда қына басып кеткен шығар деп жорамалдайтынбыз.
– Сол жағдайдың аз-ақ алдында жүрдік қой.
– Әнеки, өзің де мойындап отырсың.
– Қолдары қалтақ, иектері кемсеңдеген бірер шалдың сөз салғанын естіп едім. Бірақ Сұлтанбектің өйткенін білмеппін.
– Мен өзім білетін, өзім куә біздің ауыл жайын ғана айттым. Аппақ борықтай ноғайдың жесір келіншегі туралы өзге ауыл естімеді дейсің бе! Естіді, әрине. Сұлу көрсе еркекте ес қалушы ма еді. Ол заман – шал-шауқанның да есірген бір дәурені болды ғой. Сондықтан Ләзизаға басқа да сөз салушылар болғанына өз басым шәк келтірмеймін.
– Ләзиза ондай әңгімені маған ғұмыры айтқан емес.
– Оны несіне айтады? Қайсыбірін айтады? Сенің бәйбішеңді әулие деп отырғаным да содан емес пе!
– Уи, жё сьи дакор![4] – деп Қалжан тағы да шетелше міңгірлегенін естідім.
Екі ағамның кеу-кеу әңгіме соғып тағы қанша уақыт отырғанын білмеймін, бұдан әрі олардың қасында қалқиып отыра беруге менің төзімім жетпеді, төсекке жантайған бойда тас болып ұйықтап қалыппын.
* * *
Қырықтың қырқасына шыққанда әсем Алматыны тастап, басқа қалаға, мың шақырым шалғайдағы Арқа төсіне көшеміз деп кім ойлаған.
Нелер бір тамылжыған ән мен жырға арқау болған қайран Алматы... Пәленше жыл оқу оқып, бауыр басқан ыстық мекен. Жар құшып, ұл асырап, қыз өсірген жылы ұя. Соның бәрімен қош айтысатын болдық. Алғашында бос әңгіме шығар деп сенбей жүруші едік, кейіннен ресми түрде Елбасының жарлығы шығып, көшетініміз ақыры шындыққа айналды. Мен қызмет жасайтын министрлік елден бұрын, маусымның басында қозғалатын болды.
Бұл 1997 жылдың жазы еді.
Осылайша көші-қонның шаруасымен шапқылап жүргенде, бірде Алматы-2 темір жол вокзалында бір кластасымды кездестірейін. Ол құрдасымды көрмегелі отыз жылдан асыпты, шынын айтсам өзін мүлдем танымай қалдым.
– Мен Жомарт емеспін бе! – деді ол қолын ұсынып құнжыңдап.
– Қайсы Жомарт?
Мұрнының үстінде қара меңі бар еді, соған қарап, әзер таныдым. Шашы бурыл тартып, бет-аузын өрмекшінің торындай әжім айғыздап тастапты, өзі Африкадан келген ағайындай қарайып кетіпті.
– Қазір қайдасың?
– Тұрғысында...
Тұрғысын – Зырян қаласының маңайындағы үлкен ауыл. Баяғыда Кержабағыдан ел көшіп, біразының біздің ауылға қарай еңкейгенін білетінмін. Кейін «қайта құрудың» апалас-төпелесінде біздің ауылда да жан сақтау қиынға соғып, көп адам үдере көшіп Тұрғысынға кеткенін естігем. Тегі Жомарт та сол дүрмекпен кеткен ғой деп жорамалдадым.
– Лениногордан техникум бітіргем. Бітірген бойда орманшы етіп мені Тұрғысынға жіберген. Сол жерде үйлендім, бала-шағалы болдым. Мінеки, тура жиырма алты жыл болды, Тұрғысында тұрып жатырмын.
Менің де ауыл жаққа ат ізін салмағаныма талай жыл болып еді. Көптен көрмеген кластасым ғой, бұрылып кетіп қалуды ыңғайсыз санадым. Сөйттім де, Жомартты жетелеп, іргедегі кафеге ертіп апардым.
– Шай ішіп отырып, кең отырып әңгімелесейік! – дедім.
Жомарттың жалғыз ұлы әскерде әлімжеттік салдарынан қатты соққыға жығылыпты да, оны мүгедек ретінде комиссияға шығарып, үйіне қайтарыпты. Сол ұлын білікті дәрігерлерге дұрыстап қаратып, емдету үшін арнайы Алматыға өзі алып келген екен.
Арада көп әңгіме қозғалды. Білетін, танитын адамдардың біразын сұрастырдым. Жомарт та білгенінше жауап беріп жатыр.
– Айтпақшы, осы Қалжан ағалар баяғыда Тұрғысынға көшіп кетпеп пе еді? – деп әлдене есіме түскендей болды.
– Иә, солай, – деді Жомарт. – Жұмыс жоқ болып, ауыл жақтан Тұрғысынға алдымен ол кісінің баласы көшіп келген. Әлгі механизатор боп істейтін Жанай ше? Артынша Қалжан ағайлар да сол Жанайдың қолына келді... Тұрғысында ол кісілер біраз жыл тұрды.
– Ол ағамыздың жағдайы қалай?
– Қалжан ағай жетпістің сегізіне жиған шағында жалғыз ұлы Жанайдың қолында, немере-шөбересінің қасында дүние салды... – деді Жомарт. – Ол кісілердің өмірден өткеніне де оншақты жыл болып қалды, – деп қосып қойды.
– Екеуі де ме?
– Иә, екеуі де... Алдымен Қалжан ағамыз кетті. Шалының жетісіне жетпей Ләзиза шешей де қайтыс болды.
– Ой, әкіри-а-а?
– Иә, Қалжан ағайдың жетісін ертең береді деп отырғанда жеңгемізден айырылдық. Екеуінің зиратын қатар қойдық.
Бұл хабарды естігенде мен жүрегім сазып, біртүрлі қиналып қалдым... Әлдебір асылымнан оқыста көз жазып, ардақтымды жоғалтып алғандай кеудемді өкініш кернеді. Көңілім жүдеп салды. Жомартты барар жеріне таксиге салып жібердім де, өзім үйге жаяу тарттым.
Алматының қоңыр салқын көшесімен алуан ойға батып аяңдап келемін.
Қалжанмен бір қыс алыс жайлауда, қар жастанып, мұз төсеніп жылқы баққан күндерді есіме алдым. Қыстың ұзақ кештерінде Қалжан айтқан әңгіме, ол кісінің аңызға бергісіз өмір жолы көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.
Әлгі бізге көмекші болып қыс ортасында келетін Қамбаш ше? Сол кісі мен оқуға кеткен келесі қыста оқыс мерт болғанын естігем... Кезекті бір малшыда жайлауда жәрдемде жүрген екен, нан мен шай алып қайтуға ойға түскен бір сапарында жолай қар көшкінінің астында қалыпты.
Сонда деп ойладым мен, қыстың ұзақ кешінде Қалжан айтқан әңгіменің ендігі тірі куәгері өзім ғана екем-ау? Мінезі ауыр, жұртпен жұғыса бермейтін Қалжан таңды таңға асырған әлгіндей хикаятты біреуге айтты дейсің бе? Әй, кім білген... Айдауда жүрген жиырма бір жылда шалының көрген-білгенін бәйбішесі Ләзиза да толық естімеген шығар. Мен білетін Қалжан болса – ол сондай жан.
Жалпы, өз басым қаламгер ретінде отыз жетінің нәубетін, сталиндік тоталитарлық жүйенің адамдарға жасаған қияметі жайында жазудан жасқанатын едім. Ол заманды біз көрген жоқпыз, куәгері емеспіз, бармақты сорып білгішсініп бірдеңе жазуды жөнсіз санайтынмын. Оның үстіне тоталитаризмнің қасыретін арқау еткен кітаптар жыл сайын бұрқырап шығып жатыр, пәленше серияға жалғасқан кинофильмдер қаншама! Содан ба, оқи-оқи ондай кітаптарға да әбден тойдық, көре-көре кинодан да жеріне бастадық. Қысқасы, ол заман туралы бірдеңе жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген.
Енді, мінеки, Жомарттың хабары жүректі қозғап, көңіл түкпірінде тұмшаланған әлдебір сағынышты оятып жібергендей болды.
«Қалжан айтқан әңгімені білетін мен ғана екенмін. Ендеше ол әңгімені мен жазбағанда кім жазады? – деген ой келді. – Ауылдас қос мұңлықтың ғажайып тағдырын мен айтпағанда кім айтады!».
Сондай оймен, әрі осы баян бүгінгі жастарға тағлым болар ма деген үмітпен, құрметті оқырман, қаз-қалпында өздеріңізге ұсынып отырмын.
ТҰРҒАБЫЛ МЕН МАҒИЗА
Қырымбек Көшербаевқа
Бұл әңгімеге арқау болған аяулы жандардың екеуі де қазір өмірде жоқ. Олар туралы артық кетіп, кем түсіп жатсақ – соңында қалған ұрпағынан кешірім сұрай отырып, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Сыр өңірінде болған осынау ғажайып оқиғаны қаз-қалпында баян етуге тырыстық.
***
Алпыстың бесіне жиған шағында Мағиза апай аяқ астынан дертті болды.
Ұзақ ғұмырында дәл бүйтіп төсек тартып, көкжамбас боп жатып көрмеп еді. Әрине, суық тиіп тұмауратып, бас ауырып, балтыр сыздаған кездері болған шығар. Бірақ ондай жеңіл-желпі науқасты жүре көтеріп, ары кетсе бірлі-жарым күн үйде ем-дом жасап, ертеңінде шапқылап шаруасына кете баратын. Бұл жолы мұрттай ұшты, оңбай құлады. Тіршіліктің таусылып бермес күйбеңімен байқамаған екен, атың өшкір қиын кеселге тап болыпты.
Бұлай болады деп кім ойлаған...
Алаулаған жастық шағы сұм соғыстың алапатына дөп келді. Содан не керек, тұрлауы жоқ мынау жалғанда Мағизаның көрмегені де, көнбегені де жоқ. Тағдырдың тарантасы қалбағай ойнатып қиынның көр соқпағына да салды, қиырдың қиясында да сынады. Ойлап қараса бұл Мағиза қыз болып жарқырап киініп, келіншек боп жадырап көңіл көтермеген екен. Көппен көрген ұлы той демесең, өмірінің жармысы қара табан батпан тірлік, бел қайыстырған ауыр жұмыспен өтіпті. Еккені күріш, естігені ұрыс болыпты. Енді бағамдаса, сол күйсіз күйбеңінің қуанышынан гөрі, қайғы-мұңы молдау болған сияқты. Кейінгі он-он бес жылдың ар жақ, бер жағында ғана ғой елдің бағыты баянға, ісі ілкімге ілініп, халықтың да аузы аққа тие бастағаны.
Шүкіршілік, өмірдің қиындығына қарамастан маңдай терін моншақтатып, үш ұлын қатарынан қалдырмай оқытты, жеткізді, бәріне жоғары білім әперді. Ендігісі табандағы тұяғындай, қолындағы қияғындай болған сол балапандарының үшеуі де мақтан тұтар мықты азамат, мынау деген бір-бір маман. Үлкені – Мерғали институттан соң туған ауданына келіп, көп жылдар бойы көрші совхозда агроном болып қызмет жасап еді. Соңғы кезде өзі туып өскен ауыл жаққа ауысып, кеңшар басқарып жүрген жайы бар. Ол ұлға Мағиза бек риза, көргенді, түйгенді тұңғиық жігіт болып өсті. Бүгінде еліне абыройлы, жұртына беделді, шаруасы да оңынан туып, шаруашылығының да тасы өрге домалап тұр. Қалған екі ұлы да қара жаяу қалған жоқ, білдей инженерлер. Бұл күнде үшеуі де үйлі-баранды, Мағиза болса келін түсіріп, немере сүйіп отырған ардақты ана, аяулы әже.
Осы үш ұлды жеткізем деп желпілдеп жүргенде өмірінің жазы өтіп, тұнжырап қара күзінің де келіп қалғанын аңдамапты. Қуанышын да, уанышын да жылдар жылымы жұтып қойғанын байқамапты.
Енді, мінеки, аяқ астынан асқазанға дерт байланып, айы мен күнін санап қалған жағдайда. Тағдырдың жазуына шара бар ма, бәрін де көреді екенсің, бәріне де көнеді екенсің... Үлкен ұлдың апармаған қаласы, көрсетпеген дәрігері жоқ. Ауданның құзыреті жетпеген соң, облысқа тексертті. Қолы ұзын өкірген бастық емес пе, тамыр-танысы баршылық сияқты. Сөйте тұра облыстың да шамасы келмеді білем, арнайылап Алматыға ұшақпен өзі апарып қайтты. Қайда апарса да дамылдап жатқызып, ем беріп еңсе көтергендері шамалы. Сылдыр сөзбен алдап-сулаған болысады, арқадан сипап, қолтықтан демеп шығарып салысады. Содан-ақ, ұл мен келін сыр бермесе де, Мағизаның іші бір жамандықты сезген. Оның үстіне асқа тәбеттен қалды, күні озып, өзі азып бара жатқанын анық байқады.
Ақ халатты ақылман докторлардың да, көзілдірікті көсем профессорлардың да дәрмені жетпес бір тықырдың таяғаны шындық еді.
***
Қыркүйектің қарбаласы саябырсып, егін орылып, еккен жиналып, шаруашылықтың арқаны кеңге салған шуақты күнінің бірінде Мағиза үлкен ұлын қасына шақыртты.
– Әй, балам, турасын айтшы, енді қанша өмірім қалды? – деді сұрақты төтеден тартып.
– Апа, оныңыз не? Жаманатқа бастамаңыз! – деп Мерғали көзі тайғанап, тура жауаптан сырғақси берді.
– Жарайды, жаман да, жақсы да сөз айтпайын. Дегендерің-ақ болсын... Бірақ сен маған анау Мұталап ауылындағы Тұрғабыл ағаңды шақыртып берші?
– Қай Тұрғабыл? Е... әлгі мұрап болған домалақ шал ма?
– Иә, соның өзін...
Мерғали кібіртіктеп, айтар сөзі көмейіне кептеле берді:
– Апа, өзіңді өзің шаршатпай, дем алсаң етті! – деді.
– Әй, балам, сен өйтіп маған ақыл үйретпе! – деп Мағизаның дауысы бұл жолы өктемірек шығып кетті. – Менің шаршамайтын, дем алатын күнім алыс емес. Сендер жасырғанмен, өзім бәрін біліп те, сезіп те жатырмын... Шақыр деген соң, шақыр былай! Тап қазір алдыма алып кел!
Амалы жоқ, Мерғали тілін тістеп, желкесін қасып үйден шығып жөнелді. Жүргізушісін шақырып мән-жайды түсіндірді де, дереу көрші ауылға жұмсап жіберді.
Көрші ауыл оншалықты алыс емес-ті, небәрі жиырма шақырымдай ғана жерде-тін. Екі арада шаңы бұрқырап сайрап жатқан төте жол. Солай бола тұра жүргізуші сандалып қайда жүргені белгісіз, екі жарым сағат бойы жоғалып кеткен. Не заматта ғана қасында ешкім жоқ, мойны салбырап, сопиып жалғыз өзі келіп тұр.
Мерғали бұл күні шаруадан дамыл алып, шарбақ түбіндегі орындықта ойға батып қарадай шаршап отырған. Аталақтап жеткен жүргізушісін қабағын кіржитіп, басын шайқап ренішпен қарсы алды.
– Шалды күтіп, айналып қалдым, – деді жүргізуші қипақтап.
– Содан...?
– Содан, шал сүйретіліп бір жақтан кешігіп келді...
– Мен қайдан келгенін сенен сұрап тұрғам жоқ, шал қайда деймін? Неге әкелмедің?
– Келмей қойды...
– «Деректір шақырып жатыр» деп алқымдамадың ба?
– Айттым... өзі бір қиқар кісі екен. «Менде шаруасы болса деректір өзі келсін» деді.
– Өй, сен де бір ынжық болдың-ау. Қаттырақ айтпадың ба? Деректір не... зейнеткер шалға ойыншық боп па?
Мерғали аузы-мұрыны жыбырлап, былай қарай шырт түкірді де, орнынан тұра берді.
Әдетте шешесі Мерғалиды көп жұмсамайтын, басын ауыртып артық міндет те артқан жері жоқ. Ауыр науқас үстіндегі бұл назасы тегін еместігін Мерғали іштей сезді.
Домаланған Тұрғабыл шақырғанға келмесе, көтеріп әкелсе де ол бәлені шешесіне өзі жеткізуге бекінді.
Жейдешең отыр еді, үйге кіре апыл-ғұпыл киінді де, рульге өзі отырып көрші ауылға тарта жөнелді. Қиқар болса да, қитар болса да ол шалдың кердең мінезін өзі көріп алмақ.
***
Тұрғабыл үйінде екен.
Шақырсаң келтіре алмас кеңшар директоры оқыс үйге кіріп келгенде үйдегілердің әбігері шықты. Не істерін білмей балалары да, келіндері де абыр-сабыр болысты.
Мерғали кірген бетте үй ішінің жадау жиһазы мен қоңырқай кейпін байқады да, ақсақалда шұғыл шаруасы барын сылтауратып, дастарқаннан сыпайы ғана бас тартты.
Бұрын-соңды Тұрғабылды түстеп көрмеген екен, бақса бұл шалың домаланған шымыр, қаршығадай қағылез кісіге ұқсайды. Төргі бөлмеде құс жастықты шынтақтап ала көрпе үстінде алаңсыз телевизор қарап отыр. Қолында тістеуік, тегі телевизордың сынған құлағын сонымен бұрап қоятын сыңайлы. Мерғали қос қолын ұсынып сәлем беріп, шалдың қасына тізе бүкті.
– Ақсақал, әдейі шақырып, көлік жіберіп едім, келмедіңіз ғой? – деді көңілдегі кірбеңін жасыра алмай.
– Мендей шалды деректір не қылмақ екен сонда? – деп шал ұмтылып барып тетігін басты да, телевизорды өшіріп тастады.
– Сізді шақыртқан мен емес, шешем еді...
Тұрғабыл бұл сөзге елең етіп, ойланып қалғандай болды.
– Мағиза шақыртты дейсің бе? – деп, әңгімеге енді ғана ықылас білдіріп, қайта бұрылды.
– Иә, шешем сырқаттанып жатыр еді, сізді «келіп кетсін» деді. Алдыңыздан өтейін деп, екінші рет, мінеки, өзім келіп отырмын.
– Мағиза де... – шал тұқшиып ойға шомып отырып қалды. – Шешең шақыртса барайын! – деді сосын. – Әуелден мінезі тік, суы қатты жан еді, бармасам шешеңнен таяқ жеп жүрермін.
Сөйтті де, көтерем қойдай созалаңдап орнынан тұрды, киініп, қиралаң қағып Мерғалидың соңынан ерді.
***
Қалжырап көзі бір мезет ілініп кеткен екен, Мағиза мөңіреп ашылған есіктің даусынан оянды. Мерғали ұлы келіп қалыпты. Өкпесі алқынып қысталап жатса да көңіл құрғыр сергек, бағанадан бері ұлдан өзі де бір хабарды тағатсыз күтуде болатын.
– Келді ме, балам? – деді елеңдеп.
– Келді, апа...
Тұрғабыл алдыңғы бөлмедегі келін мен балаларға аялдап, домаланып енді ғана кіріп келеді екен.
– Мағиза, аманбысың?
– Шүкіршілік.
Жыбыр-жыбыр жылжып Тұрғабыл төсектің аяқ жағындағы орындыққа барып шоқиды.
– Ауырып қалды деп естідік қой?
– Ауырсам көңіл сұрап неге келмей жатырсың?
– Біздің ұлдар сенікі секілді бастық емес, көліктері жоқ, қара жаяу... содан тұсаулы аттай үйден ұзап шыға алмаймыз.
– Бұл келісіңе де ризамын!
– Жорғалап жеттік қой, әйтеуір...
– Рахмет!
– ...
– Сен, Мағиза, әжептәуір жүдеген екенсің. Шынын айтсам, бүгін өзіңді әзер танып отырмын. Қара тастай қайратты едің, қайсар едің... Осыншалық не күн туды басыңа?
– Бәрі де келмеске кетті ғой, Тұреке. Осы жасқа дейін қайыспай-ақ келіп едім, мына бәле сайтандай сарт етіп қайдан жабысқанын білмей қалдым.
– Ұмытпасам, сен менен тура он жас кіші емес пе едің, Мағиза? Ғұмырың әлі алда, алдымен мені қуып жетсең етті?
– Әй, Тұрғабыл, бос сөзді қайтесің. Мен сені айыптасуға емес, байыптасуға шақырып отырғанымды сезесің бе? Жақынырақ жылжып отыр, айтар сырым бар.
Босағада көзін төмен салып, тілін жұтып Мерғали тұрған. Келіні мен немерелері де бөлменің есігін айқара ашып тастап, алдыңғы бөлме жақтан жамырай қарап қалысыпты.
Мағиза оларды көзімен сыдырта бір шолып өтті де:
– Сендер бәрің бара тұрыңдар... Мына Тұрғабыл ағаларыңда менің оңаша сөзім бар! – деп есік жаққа қолын сілтеді.
Келін мен балалар соңдарына жаутаңдай қарасып есіктен шыға берісті. Мерғали айқарма есікті сыртынан сырт еткізіп, ол да жоғалды. Балалары кеткен бойда Мағиза орнынан қинала тұрып, аяғын жерге түсірді де, төсектің жақтауына шоқия отырды.
– Әй, Тұрғабыл, – деді тамағын кенеп, – мен кетейін деп жатырмын.
– Кетер болсаң барған жеріңе сәлем айт! – деп Тұрғабыл әзілдеген болды, еңкейіп Мағизаның қуарған салалы саусақтарын ұстады. – Көп күттірмей ол жаққа біз де аяңдап жетіп қалармыз... – сөзін үзіп барып, қайыра тағы тіл қатты, – әлде, Мағиза, не де болса мені күтіп, аялдай тұрғаның жөн бе? – деді.
Мағиза болмашы езу тартып, басын шұлғыды.
– Сенімен қол ұстасып қайда баруға да әзірмін ғой мен. Ол жағын өзіңнің де ішің сезетін шығар. Бірақ бұл жолы күте алмайтын түрім бар.
– Онда реніш жоқ, құр сәлем айтарсың!
– Тұреке, қысыр сөзбен бір-бірімізді шаршатып қайтеміз... Сені неге шақырды дейсің ғой баяғы?
– Иә, неге шақырдың? Қоштасып қалайық деген боларсың-ау шамасы?
– Оның рас, Тұрғабыл, қоштасайық деп шақырдым. Жаман-жақсылы болса да екеуіміз кісілік ілтипат, жарасымды сыйластықпен қатар ғұмыр кештік. Құдайға шүкір, барына да, бәріне де ризамын. Әңгіме онда емес. Әңгіме – ақшам алдында мен өзіңе аманат айтайын деп отырмын. Жалғаннан жалауымды жықпай өтсем деймін. Мойнымда қарызым, ұлдарыма парызым қалмасын...
Тұрғабыл құдиған қабағын көтеріп, Мағизаның көтерем жүзіне түйіле қарады.
– Аманат дейсің бе?
– Иә, Тұреке, аманат...
– Олай болса құлағым сенде, айта бер аманатыңды?
– Айтсам сол... Мына менің үш балам да сенің ұлдарың екенін білемісің?
– Не дейт... Үшеуі де ме?
– Иә, үшеуі де... Қылдан қиқым іздегендей бұл не үрей? Бұл қай күдігің сенің, Тұрғабыл? Мен не... тағы біреумен қыдырып қойды деп пе едің?
Тұрғабылдың басына қан теуіп, көзі лайланып, құлағы шулап кетті.
– Жоқ енді... қайдан білейін... Мықты едің ғой сен... өжет едің, от едің...
– Өжет болсам, от болсам өзгеге солай шығармын. Бірақ сенің алдыңда жібектей едім ғой... Айдың атынан, күннің сәтінен жаңылған жерім бар ма? Жоқ!.. Көңіл сүйген азаматым майданға кетіп, ақыры ол жақтан қайтпай қалды. «Із-түзсіз жоғалды» деген «қара қағаз» алдық. Ол жарықтық та келбеті келіскен маңғаз жанның бірі еді, аман оралса бас қосып, шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешеміз деп арман етуші едік. Арманның қайсыбірі орындалып жатыр дейсің... Сонда да үмітімді үзбей, өзге еркектің бетіне тіктеп қарамай, арысымды күтем деп жүргенде отыздан астым. Өмір зымырап өтіп барады, уақыт болса тоқтаусыз кетіп барады. Содан тағдырдың толқымалы бір сәтінде сені кезіктірдім. Сол үшін де жаратқан иеме мың да бір ризамын. Тұнығымды шайқап, тұндырмамды иіттің. Түнде түсімде, күндіз ойымда жүрген жалғыз азамат та сен болдың.
Бастырмалатып жіберді ме, Мағизаның демігіп шаршағаны байқалды. Тұрғабыл болса дәл мұндай тосын сөзді күтпеп еді. Бұл өзі төбеден жай түскендей жаңалық болды. Не айтарын білмей тұтығып, аузы құрғап, тілі күрмелді. Бүкшиіп бұға түсті. Қипақтап қиналыс білдірді. Мұрын астынан міңгірлеп қалды.
– Жарайды, – деді Мағиза жанарына жас шылап, – өмір өтті, кетті. Өмірдің қадірін өлім таяғанда біледі екенсің. Ескіні қопарғанмен ол бәрібір жаңармайды. Мен анау дүниеге күнә арқалап кеткім келмейді, Тұреке! Сен соны түсін... Балаларым шешелерінің өз аузынан естісін. Мынау үш ұлдың әкесі сен екеніңді бүгін мен оларға айтайын деп отырмын.
Тұрғабыл бағжаң етті. Біреу бүйірінен шымшып алғандай ыршып түсті.
– Ойба-ай-й! – деді де, жұтына берді. – Ойба-ай, Мағиза, қой оныңды! Сен не... шынымен уыздай ұйыған отбасымның шаңырағын шайқайын дедің бе? Енді қартайғанда бәйбішем естісе мойныма қамыт іліп қаңғытып жібермей ме! Қыздарым теріс айналып, ұлдарым бетіме түкірмей ме! Мағиза, сенің ақылың бар еді ғой, бұл не сөзің сенің? Райыңнан қайт... Мынауыңды жөн сөз дей алмаймын. Сені қойшы, әйелсің, мына мен енді қартайғанда күлметім ашылып, ел-жұртқа масқара боламын ғой...
Мағиза біршама уақыт үнсіз отырып қалды, ой тереңіне батқан сыңайда. Сосын басын көтеріп, бойын тіктеді.
– Е, осылай ақылға келсеңші! – деп Тұрғабыл сипақтай сөйлеп, көзін қамшылап қойды.
– Ақылға келетін түгі де жоқ! – деп Мағиза шарт ете түсті, үнінен ызғар сезілді. – Масқара да болмайсың, әшкере де болмайсың. Соншалықты ат тоныңды ала қашатындай не болды саған? Қалбырға құйған сынаптай сырғақсып... Ерлігің де, өрлігің де бір басыңа жетуші еді ғой? Жетпістің бесіне шықтың, бәйбішең Сағымбике де жетпістің үстіндегі кемпір. Енді сені қызғанатындай не қалды? Білемін, ағайын шулайды, кемпірің тулайды. Сосын шулаған жұрт қояды, тулаған кемпірің сабасына түседі... Солай, Тұреке! Менің өкінерім де, өшігерім де жоқ, ағайын алдында арым таза. Соны біліп қой...
– Ойбай, Мағиза, шынымды айтам, жүрегім сезеді... Дос егіз, дұшпан сегіз дегендей, мынау кесіміңе келісу қиын, айықпас бәлеге ұрынамыз.
Тұрғабыл бөксесі жортақтап, орындықты сықырлата тұрып кетті.
– Жоқ, Тұреке, сен өйтіп жалтақтама... отыр орныңа! – деп зекіді Мағиза. – Табан ет, маңдай теріммен асырадым, жеткіздім, үшеуін де азамат етіп өсірдім. Арба көтере алмас азап шектім, сонда да саған салмақ салған кезім болды ма? Болған жоқ. Енді мен келмеске жиналып жатырмын. Қан да, жан да сенікі, қабыл ал! Қабыл аласың, қабылдайсың менің тілегімді. Жолды да, жөнді де білетін абыздық жасқа келдің. Осыншалық үрей шақыратын не болды саған?
– Артын ойлаймын... соған алаңдаймын!
– Алаңдама да, ойлама да... бәрін жақсылыққа жоры!
– Апырмау, сен мені тығырыққа мықтап тіредің-ау! Не дейін енді...
– Түк те деме, мен сөйлеймін. Сен аузыңды буып тынш отыр, үндеме, ұқтың ба?
– Ұқпағанда қайда барар дейсің...
Тұрғабыл тағдырдың жазуына лажысыз көнген жандай кеудесі құныстанып, бір уыс боп шөге түсті.
– Мен саған әлі күнге таң қалам, Мағиза, – деді қоңқылдай сөйлеп.
– Иә, неге таңданып жүрсің?
– Соғыстан аман-сау қайтқан нелер бір атпал азаматтар болды ғой ауылда. Бәрі есімде, ол кезде сен жөні бөлек жан едің... асқақ едің, ажарлының айбындысы едің. Сол азаматтарға емес, сенің мына маған байланып қалғаныңа қайранмын. Сонда деймін-ау... сен мына менің тоң мойын, томырық мінезімнен не таптың?
– Олай деме, Тұрғабыл. Сен көңілі адал, ниеті түзу, санасы сара жанның бірісің. Қасиет қонған адамсың. Мына ұлдарыңды қарашы, бірінен бірі өткен зор, ақылды, шетінен батыр тұлғалы азаматтар ғой.
– Ұлдар маған емес, саған тартып туған сияқты.
– Ұлдар екеумізге де тартқан, Тұреке... менің адуындау мінезім, сенің тереңнен ойлар ақыл-парасатың жұққан бұларға.
Тұрғабыл мойындағандай басын изеді.
– Ай, Мерғали, – деді Мағиза басын көтеріп. – Мерғали балам, бері келші?
Тегі Мерғали алдыңғы бөлмеде жақын маңда отырды ма, шақырған сәтте лып етіп кіріп келді.
– Балам, сен ана екі ініңді шақырт, сосын келіндерді алып бәрің маған жиналыңдар. Шешелеріңнің сендерге айтар сөзі бар.
Мерғали құп алып, есіктен шыға бере таңданған кейіпте шешесіне бұрылып бір қарады да, жоқ болды.
***
Арада көп уақыт өткен жоқ, Мерғали өз әйелін, көрші үйдегі екі інісі мен келіндерін шұбырта ертіп, бөлмеге кірді.
Есен-саулықтан соң алдыңғы бөлмеден орындықтар әкеліп, алтауы да шешесін қоршай жайғасты.
Әлдебір үлкен әңгіменің боларын іштері сезгендей, жүректері күпті, көңілдері алаң. Тұрғабыл тұқшиып топ ортада қалған, молдаға берген баладай момақан. Орамалының ұшымен қайта-қайта көзінің суағарын сүрткен болады, бірдеңе іздегендей еденге телміріп сұлық отыр.
– Балаларым, бәрің бері қараңдар? – деді Мағиза жиналғандарды көзімен сыдырта шолып. – Сендер жасырғанмен мен бәрін де сезіп-біліп жатырмын. Шешелеріңде көп ғұмыр қалған жоқ. Мойнымда қарыз кетпесін деп сендерді бүгін әдейі шақыртып отырмын.
– Иә, апа, тыңдап отырмыз! – деп жиналғандар бірауыздан жамырай жауап қатты.
– Тыңдасаңдар сол... Мына отырған Тұрғабыл ағаларыңды танисыңдар ма?
– Әрине, танимыз! – деді ұлдары бас шұлғысып.
– Ендеше айтайын... осы Тұрғабыл ағаларың сендердің үшеуіңнің де әкелерің болады.
Ұлдар шешесінің сөзін қағыс естігендей алдымен үрпиісіп бір-біріне қарасты. Сосын таңғалған жанарлар ортадағы орындықта монтиған Тұрғабыл шалға қарай ауысты. Екі арада аз-кем аса қауіпті үнсіздік орнады. Кенет жөткірініп қалып, үнсіздікті Тұрғабылдың өзі бұзды.
Сол-ақ екен, іштерін тартып жасқана шыққан күңкілдер дабыр-дұбыр әңгімеге, дуылдаған таласқа ұласа бастады.
Келіннің бірі қуанышын жасыра алмай алақайлап қол шапалақтап жіберді.
***
Түс ауа болған бұл әңгіме желді күнгі өрттей жайылып, кешке қарай тосын жаңалықты бүкіл ауыл естіді. Ертесінде көрші Мұталап ауылы да тайлы-таяғына дейін болған жайға құлақтанып үлгерді.
Бұл әңгімені естіген сәтте Сағымбике бәйбіше оны ауыл арасының піш-піш сөзіне балап, тіпті де сенген жоқ. Сенген кезде ойбай салып, ерін мойнына алып мөңкіді. Құдай қосқан күйеуінің арамдығын сезбей, осы жасына дейін адам емес, сұр жыланды бауырына басып келгенін айтып, зарлап қоя берді. Бөтен қатынға біреу емес, балпанақтай үш бала таптырғанынша тымпиып үндемей жүргеніне қан жұтып қарғап-сіленді. Қара басып күйеуінің осыншалық жексұрын, пасықтығын аңғармай, жымысқы жүрісі, түлкі жортуылы барын сезбегеніне бармағын шайнап бақырды. Басқа да лағнет сөздерді бұрқыратып екпіндеп бара жатыр еді, ұрт мінездеу үлкен ұлы барқ етіп, тыйып тастады. Екі әйел алу қазақтың ежелгі салтында бар ғұрып, тіпті пайғамбар да төрт әйел алғанын шешесіне ақылмен ескертіп, басу айтты. Аспан айналып жерге түскен жоқ, ендеше бөрі тигендей бөрлікпей, бұл жағдайға қайта қуану керектігін ескертті. Туысқан табылды, ағалы-інілі болдық, бауырласып көбейіп жатырмыз, соған шүкір етейік деп шешесін сабырға шақырды. Осымен Сағымбике бәйбішенің үні өшті. Ал Тұрғабылдың кіндігінен тараған үш ұл мен үш қыз үлкенді-кішілі бастық ағайын тапқандарына бек қуанышты еді.
Қысқасы, үш күннен соң төтенше жағдайға байланысты Мерғали өзінің екі інісін, Тұрғабылдың көрші ауылдағы үш ұлын шақыртып, өз үйінде құпия мәслихат құрды. Ендігі жерде мәселені ұзаққа созбай, ел ішін кеулеп бара жатқан қызыл сөзге тосқауыл қойып, қопа қардай қопсыған өсек-аяңға жол бермей, екі жақты ұлан-асыр той жасамаққа келісті.
Той содан кейінгі сенбі күні өтті.
Тойға алыс-жақындағы аламан ел, алқалы жұрттың баршасы жиналды. Ағайын-туыстың ақ батасымен бордақыда бағуда тұрған ақ боз жылқы сойылды. Ауылдастары дәулетін тасытып, мерейін асырған ұлан-асыр қуаныштың куәсі болысты. Торқалы тойдың соңы мәні бөлек, сәні ерек думанды мерекеге ұласты. Тойдың төрінде, қос кемпірдің қасында салдай шалқып Тұрғабыл шал отырды. Сағымбике мен Мағиза апалы-сіңлідей сырласып шалдың оң жағына жайғасты. Сырқаты меңдесе де Мағиза салтанатты кейпінен айнымай, тойдың соңына дейін шыдап бақты. Тұрғабылдың бес ұлы келген меймандарға жатып жастық, иіліп төсек болып құрмет көрсетті. Келіндер мен қыздар шүлен таратып, сый-сыяпат ұсынып, келгендердің отбастарына игілік пен береке, ұрпағына ризық тілесті. Туыс табудың қуанышына ортақтасқан көпшілік қауым ағайындылардың риясыз пейілдеріне шын кенеліп, тойдан түннің екі уағы болғанда әзер тарқасты.
Тойдың соңына дейін айнап-жайнап сыр бермеген Мағиза сол бойда төсек тартып жатып қалды. Қайтып бас көтерген жоқ.
Арада айға толар-толмаста дүниеден өтті.
ҚАРАТАЙ МЕН АННА-ЛИЗА
Осы баянның ұзын ырғасын алғаш естігенде – тереңдей түссе тәп-тәуір хикаятқа сұранып тұрған материал екен деп қызыққаным рас. Өзімнің ыңғайыма келетін, көптен бері қаузап жүрген тақырыбыма үндес сюжеттей көрінген. Негізгі өзегі өмірде нақты болған адамдардың тартысты тағдырын арқау етіп, «Әйел парасаты» атты айдармен бес-алты әңгіме жазғаным бар. Олардың бәрі де әйел затының кемел ақылын, биік парасатын меңзеу, ер адамның қолынан келмес өрлік әрекетіне, ерлік қарекетіне тағзым етуге тұспалдау. «Менмін» деп көкірек керген әрбір тұлғалы еркектің артында ұлылығы сол еркектен кем түспейтін әйел тұрғанын астарлау болатын.
Дегенмен, шағын әңгіме болсын, кең тынысты хикаят болсын – ол көркем дүние, толғанып-толғатуды, әріден ой қозғауды қажет етеді. Ондай кестелі тіл, өрнекті сөзді ақ қағазға көшіруге біршама уақыт керек. Амандық болса кейін ондай дүние де жайымен жазыла жатар деген үмітпен, жүректі тербеген мына бір құбылыстай ғажап уақиға жайында алдымен мақала жазуды ниет еттім.
***
«Жетістікке жеткен әр еркектің артында әйелдің махаббаты тұрады, ал жетістікке жеткен әр әйелдің артында ер адамның сатқындығы тұрады» деген тәмсіл бар. Әсілінде, бұл тәмсіл әншейін қыжыртпа қалжың ретінде айтылған сияқты. Десек те, әйелдің қаласа қар жағатын қайсарлығы бары ежелден мәлім. Қаймалысқан мынау жалғандағы аяқтан шалған әрбір сәтсіздік әйелді одан сайын қайрай түсетінін өзіміз де көріп жүрміз. «Жарасын жалап жазатын» деген теңеу әдетте түздің бөрілеріне, ауыспалы сипатта еркек кіндіктіге қатысты айтылып жатады. Бірақ, нағыз жарасын жалап жазатын, баласына қауіп төнсе – азулы арыстанмен айқасып, жолбарысты да жарып салатын тек Ана ғана. Біздің айтпағымыз да осы жөнінде... халқына қалтқысыз қызмет еткен айтулы бір азамат туралы, сол азаматының қадіріне жетіп, абыройын аспандатқан әйел жайында болмақ.
***
Бақытгүл анамыз ер мінезді, өрлік пен өжеттіліктің үлгісіндей болған қайсар кісі бопты. Он екі құрсақ көтергенімен, ілгерінді-кейінді көбісі шетінеп, екеуі ғана тірі қалыпты. Көлеңкеден қорыққан қуғын-сүргін, жалаңаяқ жар кешкен жақыбайлық, ақсүйек ашаршылық – бәр-бәрін анамыз бастан өткереді. Шаш ал десе бас алған ол да бір опасыз заман еді ғой. Бұлардың отбасы бай да емес, бағлан да емес, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей қоңыр тірлігін күйттеген қоңырқай шаруа болса керек. Ондайға қарап жатқан жан бар ма, ағайынның көрсетуімен отағасын кәмпескелеп жер аударып жібереді. Ол кісі содан қайтпаған... Амал жоқ, Бақытгүл белді бекем буып, күпәйкесін жамылады да, керзі етігін киіп қара жұмысқа шығады. Жылан жалағандай жоқшылық жылдар, шиеттей екі баласына ол осыдан былай ана ғана емес, әке де болады. Арпалысады, түн асырып, түс қатып ерлермен иықтаса еңбек етеді, өзегі талып өлместің күнін кешеді. Оңтүстіктен Ташкентке мал айдаған ер азаматтарға қосылып, малшылыққа жалданады. Басына ораған шәлісі, белін буған белдігі апталап шешілмейді, қолынан қамшы түспейді. Кәріқұлақ қариялардың айтуынша, Бақытгүлдің табандылығы мен қайратына қайран қалған жұрт заманында оны жырға қосыпты. Соның арқасында абзал ана екі баласын ешкімнен кем қылмай өсіреді, оқытады, ел тізгінін ұстайтын азамат етіп жеткізеді.
Шиеттей сол екі баланың бірі – құм суырған жатбауыр Созақ жерінде елу жыл бойы табан аудармай еңбек еткен, күні бүгінге дейін ел ішінде аты аңызға айналған қабырғалы қайраткер – Қаратай Көшкінов екен.
***
Албыраған ақша бет, торғындай үлбіреген Анна-Лиза Лиукконнен ұлты жағынан финнің қызы екен. Ленинградтың терістік жағында, Финляндия шекарасы түбінде туып, сол өңірде ержетіпті, бой түзепті.
Ол Қазақстанның оңтүстігіне жазықсыз ұсталып кеткен сүйген жарын іздеп отызыншы жылдары келеді. Соның алдында НКВД-ның жай соққызып, жасын ойнатқан қанды шешімімен осы жаққа 6300 адам жер аударылған екен. Сол көптің арасында Анна-Лизаның құдай қосқан қосағы да қосақталып кете барыпты.
Анна-Лиза жолай нелер бір азап шегіп, арып-ашып оңтүстікке келгенімен – күйеуін іздеп табу, онымен кездесу кезегін күту – машақаты шаш етектен шаруа, сарсылған бос әрекет болады. Ізденгені бір аптаның, тіпті бірер айдың ішінде де шешілмей босқа сенделтеді, қатты қинайды. Амалы таусылған қамкөңіл келіншек Мақтаарал мектебіне мұғалім болып жұмысқа кіреді. Күндіз ауыл балаларын оқытып, міндетті қызметін істей жүріп, кеш түсе түрлі мекемелерге хат жазады, сұрау салып күйеуін іздеуін тоқтатпайды. Ақыры, дегеніне жетеді, күйеуінің бір дерегін табады ғой... Тапқаннан не пайда, сорлы күйеуі қара ниет, қанды қол жендеттердің қорлығынан денсаулығынан айрылып, ұзақ бейнеттеніп, осыдан біраз уақыт бұрын түрмеде көз жұмыпты.
Мұндай қаралы хабардан асқан қасірет болсын ба! Жас жесір қайғымен қан жұтып, адасып айдалада қалғандай күйге түседі. Сүйгенінен айырылып, көр азабын тірідей тартқан ол жинап-терініп қайтадан Ленинградқа қайтады. Апта жүріп бұл қалаға келгенімен, одан бетер көп машақат көреді. Бірін бірі аңдыған, біреуден біреу үріккен кер заманда «халық жауының» әйелінен бәрі теріс айналады, тіпті қара жұмысқа да алмай қояды. Жойдасыз өктем қоғамның жас келіншектің өзегін өртеген бұл да бір өксікті өкініші еді. Қапалы қайғысын құшақтап қаңғырып қалған ол шағынарға жер таба алмай, іштей тұншығумен болады.
Содан... қоштасарда оңтүстік қазақтарының «бізде мұғалім жетіспейді, қалсаңшы осында?» деп қиыла сұраған өтініші есіне түседі.
Орыс елінен көңілі қайтып, жүрегі шайлыққан Анна-Лиза Лиукконнен титтей Иринасын қолына алады да, апта жүріп, ай жүріп, тағдырдың жазуымен тағы да Мақтааралға қайтып келеді.
Осы күннен фин қызының қалың қазақ арасындағы жаңа өмірі басталады. Жас жесір иықтан масылдай басқан қайғыны қайратына жеңдіреді. Онсыз да жетісіп отырмаған қазақтармен бірге ашпа-жалап күндерді, қаралы жылдар мен азалы айларды бастан өткереді. Замана талқысына шыдас беріп, тіршілік үшін күресін жалғайды.
Тағдырдың жазуын қараңызшы... Дәл осы 1937 жылдың ақпан айында Мақтааралдың ауыл шаруашылық мектебіне тағы бір мұғалім жолдамамен келеді. Ол мұғалім – күрең жүзін күн қаққан біздің келесі кейіпкеріміз Қаратай Көшкінов болатын.
Ол кезде Қаратай ағамыз сәмбідей сымбатты, оқыған-тоқығаны мол, тепсе темір үзгендей таразы жігіт екен. Қарекең Анна-Лизамен мектептің дәлізінде оқыс ұшырасып қалады. Мектептегі бірер сары орысты санамағанда, бірөңкей қараторы қазақ пен өзбектің арасынан ақша қардай аппақ, сүйріктей сұлуды кездестіргеніне жас жігіт қайран қалады. Әзіл-оспаққа бейім Қарекең бірер ауыз тілдескен бойда көмірдей қара шашты аппақ қыздың жөн мен жосықты білетін аңғары бар, санасы биік, ойы озық жан екенін бірден ұғады. «Адам бір көргеннен де ғашық болады» дейтін сөз рас екен. Жас жігіт сондай ғажап күйді басынан кешіреді... Арман еткені, көптен іздегені – жұмбағы мол, сырға сараң, сөзі орнықты осы қыз екенін, өмірлік жарын шындап кездестіргенін жас жүрек жазбай таниды.
Бірақ, екеуінің сөздері келісіп, әңгімелері жарасқанымен, фин сұлуы тартыншақтап бірден ыңғай бермейді. Біраз уақыт бойын аулақ салып, қашқақтап жүреді. Оның себебі де бар болатын... Келіншек болса қапалы қайғы арқалаған «халық жауының» жары. Қаратай – оң мен солын енді танып жатқан аңқылдаған жас ұлан. Болашағынан үміт күттірген жалын жүрек жақсы азамат. Қаңғырып келген бұл келіншектің ондай жігітке бәлесі жұғып, кесірі тиюі әбден мүмкін еді ғой!
Анна-Лиза өзін айналдырған жігітті бірде ашық әңгімеге шақырып, байыптасып осы күдігін айтқанда – Қаратай ағамыз қайсарлықпен қолды бір-ақ сілтепті. Нағыз намысшыл ер жігітке тән серілік пен өрліктің үлгісін танытыпты... Енді ештеңеден тайынбасын, көресіні бұдан былай Лизамен бірге көретінін, басқа түскен тауқыметті бірге тартатынын айтып, серт береді.
Сөйтіп, екі жас аман-есен қосылады. Қосылған бойда Сайрам ауыл шаруашылық мектебіне жолдама алып, қол ұстасады да, ел көрмес алысқа ауысып кетеді.
Фин қызы осылайша жетпесті жеткізіп, жалғанбасты жалғай білген қазақ жұртының қасиеті мен кепиетін таниды. Арада жыбыр-жыбыр жылжып жылдар өтіп жатады. Жас отбасы сыздықтап түтінін түтетіп, қоңторғай тірлігімен ел қатарына іліге бастайды.
***
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұлының ұлты басқа, атасы бөтен қызбен бас құрағанын естігенде Қаратайдың анасы Бақытгүлдің алғашқыда шәт-шәлекейі шығады. Тұңғыш немересі дүниеге келгенше жалынғанға көнбей, жалбарынғанға иілмей, тоңторыс теріс бұрылып, хабар-ошарсыз жатып алады.
Бала деген бауыр ет десек, немере лүпілдеген жүрегің ғой. «Өмірге иіс алмасың келді» дегенде Бақытгүл әже шыдай алмапты, дүр сілкініп, өре түрегеліпті. Іле сәлем-сақпытын арқалап, артынып-тартынып Сайрамға жетеді. Бесікте жатқан баланың бетін ашып көрген кезде әзіз ана алдымен риза болып күліп жіберсе керек. Немере дегені өзінің баяғы ұлынан аумай қалған балпанақтай қара домалақ екен. Соңынан көзінен моншақтап жас төгіледі, үнсіз отырып ұзақ жылайды.
Бақытгүлдің тастай қатқан көңілі осылайша жібіген екен. Етігі мен белбеуін шешіп, немересін құшақтап төрге озыпты. Ақ торғындай болған келінінің маңдайынан сүйеді, ұлының шашынан иіскейді, екеуіне бақуатты ғұмыр тілейді.
Көп өтпей-ақ ақ келіні ананың да, даланың да ыңғайын таба білген зеректігімен Бақытгүлді баурап алады. Енесінің саптама етігін майлап, қапсырма күпәйкесін тазалап құрмет көрсетеді. Үстіне көптен кимген әдемі жеңіл көйлек кигізіп, енесіне жатып жастық, иіліп төсек болады. Инабатты келіннің әрекетіне разы Бақытгүл өзінің ене болғанын, немереге әже болғанын сонда ғана сезініп, содан былай ескі киімдерін кимепті, қолына қамшы алуды қойыпты.
***
1940-шы жылы Шымкенттегі совет-партия мектебінің оқытушысы Қаратай Көшкінов Қызыл әскер қатарына шақырылады. Артынша алапат соғыс басталып, жас жауынгер бірінші лекпен-ақ майдан шебіне аттанады. Соғыстың алғашқы қанды қасабына тап болғандардың сау қалғаны шамалы еді ғой, Қарекең де үшінші ұрыста қатты жараланады. Госпитальге түсіп, ұзақ емделген соң, 1942 жылдың соңында ақсаңдап ауылға келеді.
Келген бойда жергілікті билік жаралы солдатқа Сайрам ауыл шаруашылық мектебін басқаруды тапсырады. Арада алты жыл өткенде ол Сайрам аудандық партия комитетіне ауысып, ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Оның ұйымдастырушылық таланты дәл осы қызметте барынша ашылыпты. Жанын салып Қарекең бұл қызметті 1949 жылдың сәуір айына дейін атқарады. Сол жылы оны қиян шеттегі, ит өлген алыстағы Созаққа МТС ұйымдастыруға жібереді.
***
Шымкенттен шыққан Қаратайдың отбасы екі күн бойы шаңытқан жолсызбен сіңір создырып Шолаққорғанға әзер жетеді. Келе сала бірден көзге ұрғаны – бірөңкей тоқал тамнан, қараша үйден тұратын үркердей ауыл екен. Төңірегі – мұң шақырған мұнарлы дала, сардиған сап-сары құм, иректелген бархандар. Әр тұста бір шошайған ит тісіндей сирек сексеуіл. Шыңырау құдықтардан көтерген судың өзі тұз татиды. Мұндай сүреңсіз суретті көрген Анна-Лиза: «Құдай-ау, мына жерде адамдар қалай тұрып жатыр? Біз қалай өмір сүрмекпіз?», – деп түңіліп кетсе керек. Сонда Қарекең: «Ендеше, екеуміз жаңа жұмысымызды ағаш отырғызудан бастайық?» – деп әйеліне әзіл-шыны аралас жауап беріпті.
Заманды тұлғалар даралайды дейтін сөз рас та шығар. Аязы аюдай ақырған, аптабы құм қайнатқан, табиғаты сұрапыл осынау Созақ жерінде фин қызы мен Қарекең жарым ғасыр ғұмыр кешіпті.
Басқадай ағаш түрі бұл жақтың қытымыр ауа райына шыдамайтындықтан, қыңыр-қисық көшелердің сәнін келтіріп, алдымен жас отбасы қарағаштар отырғызуды қолға алады.
***
Табиғатынан талғампаз, талапшыл Қаратай алуан техникамен жарақтап, өзіне тапсырылған машина-трактор станциясын бірер жылдың ішінде заманға сай жарқырата жаңартады. Қарекеңнің қадірін білетін облыс басшылығы артынша оны Энгельс атындағы совхозға директорлыққа тағайындайды. Көп ұзамай жас маман қаракөл терісін өндіретін Калинин атындағы жаңа совхозды ұйымдастыруға жіберіледі.
Мінеки, Қаратай Көшкінов осы Калинин атындағы қаракөл совхозын табан аудармай, Бетбақтың долы бетінде, құмды дауылдың өтінде жүріп, 35 жыл басқарыпты. Бұл жағдай сол заманда қазақ ізденсе – Гиннес кітабына кіретін рекордтық көрсеткіш деседі.
Барды бағамдап, баяндыны бағалай білген директор осы жылдар ішінде совхозды қаракөл терісін өндіретін республикамыздың іргелі шаруашылығына айналдырады. Ел жетпеген ерен жетістіктерге қол жеткізеді, сөйтіп, өзі де жоталанып, абырой биігіне көтеріледі. Соның арқасында шаңырақтары берекеге толады, өздері отбасылық бақыттың кемелінде шалқиды.
***
Қаратай Көшкінов жер-анадан қуат алған нағыз істің адамы болыпты. Жерлестері Қарекеңнің аттан түскенін көрмесе керек. Жайылымды да, қыстақтардың қысқы дайындығын да өз көзімен көріп, өзі тексеріп, жем-шөптің де уақытында жеткізіліп тұруын өзі қадағалап отырады. Совхоздың өркендеп нығаюына, оның жаңа техникамен жабдықталып, прогрессивті технологиялардың енгізілуіне, сондай-ақ өндірістік құрылысты дамытып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына да зор мән береді. Қатал қысқа қосыла құтырған қасқырға қарсы амал-шарғыны да директор өзі ұйымдастырып жүріпті.
Совхоз жұмысшыларының білікті басшымен біріге еткен еңбектері еш кетпейді, біртіндеп жемісін де, жеңісін де беріп жатады. 1957 жылы Көшкінов бастаған Шымкент облысының озаттары Мәскеуге, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) шақырылады. Қарекең Көрменің «Алтын медалімен» ауылға оралады.
Бұл – шаруашылықтың рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 100 саулықтан 120-дан қозы алып, мерейлері үстем болып тұрған жылдар болатын. Совхозда жоспарлы түрде селекциялық жұмыстар жүргізіліп, ғылыми зерттеулер жасалынатын. Сондай-ақ, шөл мен шөлейт аймақтардың кірпияз ауа райына, жұтаң жайылымына бейімделген, бұйра жүн, түсі жылтыраған тері алу міндеті қойылған-ды. Қысқасы, мемлекеттің жоспарын орындау – парыз, оны асыра орындау – намыс, бұларға қоса тері сапасының жоғары болуы – абырой. Ал, терінің сапасы жоғары болу үшін баққан қойың қоңды болуы керек. Оны дер кезінде шағылыстырып, дер шағында төлдету керек. Бірінен соң бірі туындаған, іркес-тіркес осынау міндеттерді жүйелеп, жүзеге асуын қадағалап отыру – совхоз директорының басты шаруасы болатын. Жыл он екі ай демалысы жоқ, қайырылуға мұрша бермес қайнаған еңбек деп осыны айтыңыз! Сол бір кездері, турасында 1968-69 жылдары жойқын қатты қыс болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы шатқаяқтап қалғаны, сақараның мыңғырған малы жаппай қырғынға ұшырағаны тарихтан мәлім. Ежелгі жыр-аңыздарда айтылатын кәдімгі ақсирақ жұт болған. Ел басына түскен осындай нәубетке қарамастан, Қаратай Көшкінов басқарған совхозда қора-қопсының дер кезінде жылытылып, жем мен шөптің жеткізіліп, алдын ала қамданған дайындық шараларының арқасында мал басы сол жылғы дүлей қыстан да аман шығады.
Осылайша, Қарекең басқарған совхоздың атақ-даңқы бүкіл республикаға жайылып, ол шын мәнінде ауыл шаруашылығына кадр дайындаудың үлгілі мектебіне айналады. Бұл совхозда зоотехник болып, немесе мал дәрігері, агроном, инженер болып қызмет еткен азаматтардың көбісі, яғни Көшкіновтың шәкірттері кейін өздері де бір-бір шаруашылыққа жетекшілік жасап кетеді. Совхоз директорлары болады, түрлі басқармаларға тағайындалады, аудан басқарады.
Қызығынан гөрі қиындығы басым, қуанышынан гөрі қыжылы көбірек осынау жылдардың еншісін бірге бөлісіп, Қарекеңнің қасында табан аудармай сүйген қосағы Анна-Лиза жүреді.
***
«Күз бен көктем айларында әкемізді мүлде көрмеуші едік, – дейді Қарекеңнің Шолпан деген қызы. – Ол кісі таң бозынан кетіп, түн ортасында бірақ үйге келетін. Ол келгенде біз ұйықтап жатамыз, әкеміз үйде азын-аулақ көз шырымын алып, дала шаруасына қайта кеткен кезде біз тағы да тас ұйқыдамыз. Содан оны қайдан көрейік. Біресе мал төлдеп жатады, біресе жем-шөп дайындау керек, енді бірде егін егу керек дегендей... Осының бәріне әкем жеке өзін жауапты санайтын. Әр істің басы-қасында өзі жүргенді міндетім деп білетін. Сондықтан күні-түні аттан түспейтін. Ал, үй шаруасының баршасы шешеміздің мойнында еді. Сөйте тұра әкеміз шешемізге қолқабысын аяған емес. Отбасы жағдайындағы кез-келген істе әкеміздің қайратты қолының табы жататын. Алды-артын байқағыш, мейірбан, қайырымды кісі еді ғой аяулы әкеміз. Апырмау, деп ойлаймын кейде, қоғамдық қызметі қарбалас, түз қатып, түс қашып жүреді. Сондай қаймалысқан өмір салтында бәріне қалай үлгерді, қай кезде демалды? Ол жағы бізге беймәлім, әлі күнге жұмбақ».
Бірде Шолпан түн ішінде оянып кетсе, шешесі дәптер тексеріп отыр екен. Қасына суып қалмасын деп тамақты орамалмен орап қойыпты. «Мама, неге ұйықтамайсың?» – дейді қызы. Сонда шешесі: «Әкеңді күтіп отырмын, қарны ашып, шаршап келе жатқан болар», – деп жауап беріпті.
«Анамыз керемет қамқор кісі болды, – дейді Қарекеңнің Зина деген келесі бір қызы сол бір жылдарды есіне алып. – Анамыздың өзі де Шолаққорған орта мектебінде мұғалімдік жұмыста, оның да жетісіп жүргені шамалы. Сөйте тұра әкеміз келмей ұйықтамайтын. Сонда деймін-ау, ерлі-зайыпты екеуінде бұл неткен жігер, қандай қайрат-күш деп қайран қалам. Жалпы екеуінің түрлері де біріне-бірі ұқсайтын еді, мінездерінде ұқсастықтары көп болатын. Бірін-бірі айтқызбай ұғысатын, көзқарастарымен-ақ бәрін шешіп салатын. Екеуі де шаруақор, қолдары алтын адамдар еді-ау! Әкеміздің шешіліп сөйлесер шын сырласы да, мұңын шағар мұңдасы да анамыз еді. Баянымен жалғасқан осындай бақыттың бастауында жанқиярлық махаббат, бір-біріне деген зор құрмет пен сыйластық жатқанын балалары біз де сезетінбіз».
Атқарған ардақты ісі, ерен еңбегі, қаражон азаматтық ерлігі Қаратай Көшкіновті елі мен жұртының шексіз алғысына бөлейді. Ол кісінің атына қарапайым еңбек адамдарынан бастап, қатар қызмет жасаған әріптестері, дос-жарандары, лауазымды азаматтарға дейін жазған бума-бума хаттар әлі күнге сақтаулы екен. Солардың бірін 1997 жылы 25 қазанда Созақ ауданының әкімі Қуаныш Айтаханов жазыпты: «Аса қадірлі Қареке! – деп басталыпты әкімнің жылы хаты. – Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтала түсетініндей, Сіздей қадірлі азаматын, бүгінгі ел ағасын Созақ жұртшылығы айрықша құрметтейді, ардақ тұтады... Созақ ауданына сонау соғыстан соңғы қиын кезеңде, 1946 жылы отыздың ішіндегі жігіт шағыңызда келіп, өзіңіздің іскерлігіңіз, біліктілігіңіз, ең бастысы биік адамгершілік қасиетіңізбен елдің аса сүйікті, қадірменді азаматы атанып, 50 жыл адал қызмет атқардыңыз. Сіздің елге сіңірген ерен еңбегіңіз ескеріліп, Созақ ауданының құрметті азаматы атандыңыз. Үкіметтің ең жоғары наградасы Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталдыңыз. Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайландыңыз, көптеген мақтау грамоталарын иелендіңіз... Қадірлі Қареке, Сізді Созақ ауданының әрбір азаматы, әрбір отбасы жақсы біледі, қадір тұтады. Жастар өмір жолыңызды үлгі етіп, Сіздей атақты ел азаматы болуды армандайды».
Әкімнің осы бір жүрекжарды сөздерінде ресмиліктің иісі де жоқ. Інінің аға алдында иілген адал көңілін көреміз, ел-жұртының абыз ақсақалға ыстық ықыласын жеткізгенін байқаймыз.
– Ол кісіні қанаттастары «Қареке» деп атаушы еді. Бұл сөз кішіге әкесіндей, үлкенге ағасындай, қатарласына құрбысындай болған асыл азаматтың біз үшін қаншалықты қадірлі, сүйкімді болғанын білдірсе керек. Уақыт өткен сайын бірге істеген, бірге жүрген, тіпті жақын туысыңның аты-жөні де ұмыт бола бастайтыны шындық қой. Ал табиғатынан мінезге бай, дарқан көңіл, әрі салқын сабыр иесі Қаратай Көшкіновтың есімі санадан ешқашан өшпейді, жылдар өткен сайын Қаратаудың Мыңжылқы шыңындай биіктей береді! – деп есіне алады Қарекеңмен кезінде қызметтес болған шолаққорғандық жерлесі Қанат Беспайұлы.
«Он – лишь один из когорты достойных представителей того поколения, на чью долю выпало суровое время испытаний и которые ничем не запятнали своей чести, выдержали все невзгоды, проявляя терпение, упорство, деловитость. Сделали много полезного для материального и духовного подъема нации, а затем передали эстафету новому поколению, наказав жить достойно, трудиться на благо независимого Казахстана. Они верили, что следующие поколения так же будут следовать традициям Великой степи, не забудут прошлое станет основой процветания будущего поколения.
Каратай Кошкинов прошел через все жизненные испытания, проявив характер, волю, целеустремленность. Он посвятил свою жизнь становлению экономики Казахстана. Его светлый образ, вобравший в себя степенность, разумность, выдержку, деловитость и мудрость, и благородный жизненный путь на благо процветания Казахстана являются примером для знавших его людей Южного Казахстана. Добрая память о нем продолжает жить в сердцах земляков», – деп жазыпты журналист Ирина Притула Қарекең туралы мақаласында.
Иә, Қаратай Көшкінов шын мәнінде өз заманы тудырған кесек тұлға еді. Бүгінгі таңда жүзге толған ол кісінің есімін елінің ардақтап, ұрпаққа ұлағат ретінде ұсынып, лайықты құрмет пен сүйіспеншілікке бөлеуі соның дәлелі.
Ел қамын күйттеген әрбір ер адамның отбасының шамын жағып, түтінін түтетер жан жары болғаны ләзім. Қарекеңнің отын маздатып, жанұясын уыздай ұйытып отырған Анна-Лиза әлгіндей адал жардың бірі бола білді. Баяғы талдырмаш фин қызы мектепте қызмет жасай жүріп, қорадағы сиырын да сауды, тандырдағы нанын да жапты, сабылып келіп жататын қонағын да күтті. Қарекең күнді түнге жалғап, қоғам жұмысынан бас көтере алмағандықтан үйдегі балалардың тәрбиесі де әйелінің мойнында болды. Сөйтіп, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелентіп отырған еңбекқор Анна-Лиза ақыр соңында ауыл-аймақтың абыз анасына айналады.
***
Қатал тағдыр сынынан қайыспаған Анна-Лиза мен қарағайдай азамат Қаратай Көшкіновтың бары да, байлығы да, әрине, балалары, өмірлерін жалғастырған ұрпағы. Шүкір, олар бесеу болды: Ирина, Дәулен, Зина, Шолпан, Уәлихан. Қай-қайсысы да ізденгіш, зерек болып өсті. Қуаныштысы – бәрі де кітап десе жанын салыпты, содан да болар білім көкжиектері өрісті боп ержетті. Адам ұрпағы ұяда нені көрсе, ұшқанда соны істері рас қой. Директордың балалары болып, шолжаңдап, еркінсіп ақсаусақ болған бірі жоқ. Баяғы тұқыл үй, тоқал тамнан тұратын қараша ауыл қаншалықты көркейіп жатыр десе де, бет-бейнесі көп өзгермеген. Қонақ үй деген атымен болмайтын. Бұл жаққа ат басын бұрған жолаушының барлығының түсері – Қарекеңнің шаңырағы еді. Әйтеуір үйден мейман үзілмейтін. Қабағы ашық отанасы болмаса – еркектің үйіне жан баласы бас сұқпасы белгілі. Қашанда дастарханы жаюлы, ілтипаты ортаймаған, құрметі мен сыйластығы жарасқан, сүттей ұйыған отбасына келген қонақтар әрдайым риза боп аттанатын.
«Ол кезде тексеруге келген бастықтар да, басқалар да біздің үйге түсетін, – деп есіне алады Шолпан қыз. – Біз, сөйтіп, ел-жұрттың көз алдында өстік, өмір сүрдік, ержеттік... Шынын айтсам, біз әке-шешеміздей болғымыз келетін, оларды үлгі тұттық, соларға ұқсап бақтық».
Қарекең мен Анна-Лиза қайрылуға мұрша бермес қарбалас заманда 60 жылдан астам ынтымақпен өмір сүреді. Ақыры екеуі де қариялық жасқа жетіп, немере-шөбере сүйіп, бала-шағасының ортасында ілгерінді-кейінді бұл дүниеден өтеді.
***
Тәубе дейік, бір кездегі қылышынан қан тамған коммунистік режім құлады. Бас көтергеннің басын алған, есті жанның бәріне жала жапқан, «халық жауы» деп қара жаққан қандықол империя күйреді. Қазақ елі бабалар аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол кезде ғана Анна-Лиза Лиукконненің туған елі Финляндия жаққа барып қайтуына мүмкіндік туады.
Алыста қалған анау бір жылдары ол күйеуінің соңынан жас сәбиін көтеріп елден кеткен өндірдей жас келіншек еді. Енді, мінеки, әлдеқашан о дүниелік болған әкесі мен анасының, бауырларының, басқа да туған-туыстарының зираты басына кейуана кәрия кейпінде келіп тұр. Арада жылдар емес, зымырап ғасырлар өтіп кеткендей. Ғасырға пара-пар ол жылдардың жүгі уақытпен емес, көрген қиындықпен, бастан өткерген тауқыметпен өлшенетінін қазақтың қарт анасы Анна-Лиза Лиукконнен сонда сезген. Туған елінен айырылған, туған жерінен қуылған абзал ана тағы не ойлады екен? Бұл жағы біз үшін тіл жеткісіз тұңғиық сыр. Оны тек ана жүрегі ғана біледі.
Қазақта «қыз – жат жұрттық» деп жатады. Содан да болар, жат жұртта жүрген әйел баласының бойында елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген іңкәрлік, сағыныш ер адамдарға қарағанда күштірек болатын сияқты. Адамға запыран құстырған мұндай сағыныш ешқашан басылмайды, ғұмыры ортаймайды, сағымдай бұлдырап тұйығына жеткізбейді. Сол сартап сезім, іңгәлаған әлгіндей іңкәрлік – жүрек түбінде мәңгі бұғып жата береді. Ал әйел затының отбасы қай жерде болса, Отаны да сол жерде екені белгілі... Кейде бұл әділетсіздік сияқты көрінетіні де рас. Бірақ әйел атты құдірет – Ана болмаса, әйел атты құдірет – Жар болмаса, ер жігіт ата-бабадан аманат болған елдің қамын да ойлай алмас еді-ау! Біздің кейіпкеріміз Қаратайды Қаратай еткен де – алдымен Бақытгүл ананың аялы алақаны, кейіннен Анна-Лиза ханымның алғаусыз көңілі, селкеусіз сезімі, кіршіксіз махаббаты! Ең бастысы – өз заманының азабы мен тозағын қатар көтеріп, бірге тартқан, шырмауықтай шырмаған мынау қу тірліктің дауылы мен жауынынан қол ұстасып бірге өткен қос мұңлықтың ішкі күш-қуатының беріктігі, рухының биіктігі деп білеміз.
Бүгінгі ұрпақтың есінде жүрсін деген оймен, жастарға ғибрат болар өнегелі өмір ретінде осы жағдаятты сөз еттік.
------------------------------
[1]Рахмет, жақсы! – французша.
[2]Жоқ, айта алмаймын! – французша.
[3]Немісше.
[4]Иә, оныңа келісемін! – французша.