Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » САЯХАТШЫ СУРЕТКЕР/ «Астана Ақшамы»

САЯХАТШЫ СУРЕТКЕР/ «Астана Ақшамы»

05 май 2012, Суббота
351
0
Жүсіпбек Аймауытов – ұста, Шәмші Қалдаяқов – ақын, Ақселеу Сейдімбек – зергер, Жұмекен Нәжімеденов күйші болған дейді білетіндер. Расында да, адам бойы өнер атаулыға таяздық етпейтінге ұқсайды.  Әйтсе де, ақын Ұлықбек Есдәулет айтқандай, «Адам өзінің басты дарынын аялау үшін, бойындағы басқа қабілеттерін құрбандыққа шалады». Бұл – ақиқат. Әйтпесе, бүгін де арамызда көзқуанышымыз болып жүрген Фариза ақын мен жазушы Төлен Әбдік қаламымен бірге күйшілігін неге алып жүрмеді? Саз әлемін музыкасымен байытқан Төлеген Мұхамеджанов неге ақындардың да бел ортасында жүрмейді?..  Әр өнерді бір-бір биік шың десек, расында да, екі аяқты жұмыр басты пенденің бір мезетте екі биікке бірдей табаны тіреуі мүмкін емес. Сол себепті, қалай болғанда да бір өнер үшін екінші өнер, екінші бір қабілет құрбандыққа шалынады...  
 Әлібек Асқаров десе, өр Алтайдың табиғаты көркем тілмен суреттелген әдеби шығармалар көз алдымызға келеді. Таулар мен қыраттар, мұзарт шыңдар, социализм заманында өмір сүрген жандардың басынан өткен қызықты хикаяттар, сосын... өздері нәзік болса да, бойына қаһармандыққа тұнған әйелдер туралы жазылған көркем туындылар ойыңа оралады. Қайсыбір жылы жазушының студент жастармен болған кездесуінде халық ақыны Қонысбай Әбілдің: «Оралханның шығармасын оқысаң, Алтай сұсты, ішінде жыртқыш аңдар жортқан қорқынышты аймақ болып көрінеді. Ал, Әлібекті оқысаң, сол Алтай жанға жайлы, шуақты әсем табиғат сияқты», – дегені тегін емес. Қаламгер ретінде Әлібек Асқаров қандай қиын тағдыр иесін прототип етіп, қандай ауыр жағдайды баяндаса да, адамды философиялық ойға жетелей отырып, оқиға жеңіл оқылатындай етіп жазады. Жазушы шығармаларындағы ауыр, азапты тағдырлардың өзі адамның өмірге деген құштарлығын арттыра түседі. Суретші тілімен айтқанда, бұл шығармашылық иесінің шеберханасында тұнжыраған қара түсті бояулар жоқ. Қаламының сиясы тек қана шуақ шашуға, оқыған көңілге тәтті бір сезім сыйлап, жақсылықтың жаршысы болуға жаратылған тәрізді... Сурет, бояу деп кеткеніміз тегін емес. Жазушы Әлібек Асқаров көрікті ойды көркем тілмен кестелей білген суреткер болса, ол қалам иесінің өмірге суретші көзімен қарайтындығынан. Шынында да: «Мен жүз жерден жазушы болайын, өмірге суретші көзімен қараймын. Әдемі табиғатты көргенде соны тамашалап отырып та: «мына жерге мынадай, ана жерге анадай бояу жағып-жағып жіберер ме еді», – деп қызығып отырам. Қарсы алдымдағы адамдардың бет-әлпетіне қарағанда да түр мен түстің, көлеңке мен жарықтың түсуіне мән беріп отырамын. «Шіркін, мына түрге былай-былай бояу жағып қояр ма еді», – деп сұлулықты арттыра түсуге құмартамын. Ал, әдемі келбетті көргенде суретін салғың келіп те кетеді...», – дейді өзі суретшілік туралы әңгімелеп. 
 Қызығы сол, біз сөз етіп отырған қаламгермен қатар, әлгі «Алтайды» жан-жақтан жұлмалап жазысқан жазушылардың бірі Оралхан Бөкей Әлібек інісінің суретшілік өнерін кәдеге жаратуға жол салып берген. Жазушы Жанат Елшібектің естелігіне қарағанда «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне алғаш рет «міне, менің суретші інім» деп тұрып, Оралхан ертіп әкелген. Сөйтіп, газеттің макетіне араласып, басылымда жұмыс істеуіне мұрындық болады. Алғашқы айларда Әлібек Асқаров газеттегі мақалалардың тақырыбына орай суреттер жазып, штрихтар сыза бастаған. (Айтпақшы, суретшілердің өз тілімен айтқанда, олар сурет «салмайды» екен, «жазады» екен. – авт.) Ә дегеннен оның қылқаламынан туған өнер «Лениншіл жасқа» редактор болып келген Сейдахмет Бердіқұловтің көзіне түседі. Сөйтіп, газетте штаттан тыс жұмыс істеп жүрген суретші баланы Сейдағамыз шақыртып алып, тапсырмалар береді. Аузын ашса-ақ қандай идея айтпағын қағып ала қоятын қырағы бала редактордың көңілінен шығады. Сөйтіп, оның газетті безендіруге қызу араласуына үлкен мүмкіндік туады. 
Негізі суретшілік – Алла тағаланың маңдайға жазған несібесі, екінің біріне бұйыра бермейтін өнер. (Әлібек Асқаровтың өз сөзі. – авт.) Алайда, қылқалам иесі қаншама талантты болса да, жазған туындысы лайықты бағаланып, ел-жұртқа танымал болғанша көп уақыт кетеді. Өйткені, «үздік туынды – ары кетсе жалғыз картина болуы мүмкін. Оны көрмеге қойып, жарыққа шығармаса, шеберханада бүркеулі жата береді». (Бұл да қаламгердің өз сөзі. – авт.) Бұқара халықтың талантты суретшілерден гөрі жаман жазса да жазушыны тез танитыны сондықтан. Жазушы бір жазған дүниесін мыңдаған, он мыңдаған таралыммен шығара алады. Ол баспасөзде насихатталады... Тірісінде танымал болып, түкірігі жерге түспей өткен суретшілер тым аз. Ал, өлгеннен кейін ғана лайықты бағасын алғандар өнер тарихында жүздеп саналады. Десек те, Әлібек Асқаров – жазушылығынан бұрын суретшілігінің игілігін көрген адам. Әлгіндей училище қабырғасында жүріп газет жұмысына араласа бастаған тұста «студент қой» деп, Сейдахмет Бердіқұлов оған қаламақыны баса қойғызады екен. Сөйтіп екі қалтасы бума-бума ақшаға толы Әлібек өзін ғана емес, қатар жүрген студент курстастарын, жора-жолдастарын да тамақтандырып, «асыраған»... 
Суретшілікпен қоса саяхатшылық та – біздің кейіпкерімізге тән қасиет. Жерде ми қайнайтын ыстық түсіп, адамдар күн көзінен жасырынар көлеңке іздеп сабылғанда, Әлібек Асқаров қыстың қызығына тоймағандай ақбас тауларды бетке алып, жолға шығады. Алтай асып, құзар шыңдарға, мұзарт тауларға өрмелеп, мүлдем басқа, өз әлеміне еніп кете береді. Айтпақшы, суретші үшін ақ түспен жұмыс істеу ең күрделі істердің бірі. Ақ түстілердің көзге көріне бермейтін елеусіз ғана айырмашылығын сезімталдықпен, қырағылықпен байқай білу, ажырату және соған сәйкес бояу қолдана білу – суретші үшін үлкен сын. Сол себепті де, қай қылқалам иесіне де қыстың пейзажын жазу қызықты болып қала берген. Демек, жаздыгүні қолы қалт етсе, жазушының тау жақты бетке алып, бораны соғып, үскірік желі ескен ақ қар, көк мұз шыңдарды аралап кете беретіні де сол өмірге суретші көзімен қарайтындығынан болуы мүмкін. Әлбетте, суретші болған соң, ақ ұлпа жамылған табиғатқа, қысқа ерекше құмартады. Таза ауа, табиғат адам жанын да тазартады. Күйбең тіршілігі, пендешілігі басым қоғамдағы сапырылыстан бір мезгіл қол үзіп, аспан мен жер арасындағы шексіз кеңдікке кету – көкте – Құдай, жерде сен ғана бар екеніңді сезіндіретін пендеуи жалғыздықты сезінуге мүмкіндік береді. Асылында, суретшілік те, саяхатшылық та сұлулыққа құштарлықтан туатын өнер. Әлібек Асқаровтың көп уақытын бояудың иісі бұрқыраған шеберханасында өткізген жылдарында негізінен пейзаж жазуға құмартып, алып Алтайды айналсоқтап жүргені де сол әдемілікке әуестіктен. 
Жанат аға, менің сондай жазғым келеді. Орағаңның, Марат Қабанбаевтың, Сейітқазы, Жақау мен Ырымның очерктері қатты ұнайды. Солар секілді болғым келеді. Училищеден соң Журфакқа түсіп кетсем қайтеді? Жазушы ағасы Жанат Елшібекке қойған осы бір ауыз сұрағы кешегі суретшінің бүгінгі жазушыға айналардағы ашқан есігі тәрізді. Есік ашылғаны сол, оны уақытпен үндескен әдемі өмір тосып алды. Кешегі суретші өзінің керемет көркемсөз шебері екенін көрсете білді. Жазу шеберханасын құрғанда да онысын стиль, тақырыптық тапқырлық, жанр... – қай жағынан болмасын, заманына, оқырман талабына сай тартымды әдіс- тәсілдермен жасақтай алды. «Көккөл», «Мұзтау», «Шындығатай», «Шабанбай» – тарихи-танымдық дерегі мол хикаялар. Бұл тұрғыда ағамыздың саяхатшылығы еліне екі бірдей пайда әкелді деуге болады. Біріншіден, ағамыз осындай саяхатшылығы, табиғатта серуен салуға құмарлығы арқасында жас баладай жаны таза, күлкісі кедергісіз қалпы аман-есен арамызда жүрсе, екіншіден, елінің, жерінің әсем табиғатын өзі тамашалап қана қоймай, баяғы суретші көзімен қарағандағы әсерін жазып, төл әдебиетімізге сафари жанрын әкелді. Сөйтіп, ел-жерді танытуға үлес қосты. Мәселен, Алтайдың алыс төрінде елеусіз қалған Көккөл ауылы (1955 жылы жабылып қалған) өзі аттас Әлібек Асқаровтың көркем очеркінен кейін ғана баршаға белгілі болды. Бүгінде жұрт Шығысқа бет алса болды, Көккөл іздеп баратын қасиетті мекенге айналды. 
 Осы күндері Әлібек Асқаров сурет салып, шеберханада отырмайды. Алайда, бұл өнерді үйреніп, сосын жиреніп, басы бүтін күресінге лақтырды деген сөз емес. Қаламгер бейнелеу өнерінің сыртындағы қабын сыпырып алып, ішіндегі бар қазынаны тұла бойына сіңіріп алған тәрізді. Сол себепті, суретшіге тән артықшылықтардың бәрі қаламгер бойынан табылады. Ал жуырда өзі жазып аяқтаған «Суретші мен мұғалима» атты повесі жазушының әу бастағы өзінің ата тегіне алғаш рет ат басын бұрғанының белгісі іспетті. 
Баспа ісін дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекеттік сыйлық алған Әлібек Асқаров кітап басу жұмысына бет бұрып, баспа өнімдерін безендіруге білек сыбана кіріскенде суретшілік өнерден саналы түрде бас тартқан. Суретшілік әлемнен шығып кетсе де, Әлібек ағамыз өзі тікелей ықпал етіп, орнына «кепілге» қойып кеткен қылқалам иелері баршылық. Солардың бірі - елге белгілі суретші Ағымсалы Дүзелханов. «Екеуміз әскерде бірге қызмет жасадық. Ағымсалының сурет салу қабілетін байқап: «Сен Алматыға барып, Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түс, суретші бол, сенен түбінде мықты суретші шығады» деп кеңес берген едім. Ол Алматыға келіп мен айтқан училищені оқып бітірді. Одан кейін Мәскеуге барып, Суриков институтын тәмамдады. Бүгінде қазақтың атақты суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», – дейді бұл туралы Әлібек Асқаров. Ағымсалыны Көркемсурет училищесіне жіберіп жүргені – ҚазҰУ–дың журналистикасына түскенге дейін қаламгер өзі де осы оқу ордасында кәсіби суретші мамандығын алу үшін төрт жыл білім алған. 
 Қаламгерді жазушы ретінде ғана білетін көзіқарақты оқырманның көкейінде, әрине, «бұрын жазған суреттері қайда?» деген сауал туады. Өкініштісі, жазған суреттер сақталмаған. Достары таратып әкете береді екен. Біраз суреттер, соның ішінде Оралхан Бөкейдің портреті де бар, Орағаңның мұрағатында болуы мүмкін. Өйткені, «Менің сызғандарымның көбісін Оралхан сұрап алып кететін», – дейді Әлібек аға. 
Саяхатшылықты сүйген жазушылар да, бейнелеу өнеріне әуестенген жазушылар да әлемде аз болмаған. Бірақ, өткен-кеткенге үңілсек, осы екі өнерді бір бойына тоғыстырған қаламгер тапшы. Жазушы Әлібек Асқаров үшін – суретшілік пен саяхатшылық оның қос қанаты тәрізді. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «қаламгердің биігі қаламы көтерген биікпен өлшенетін» болса, сол биігіне көтерілуіне демеу болған да осы екі өнер. Байыптап қарасақ, қазақ қаламгерлері арасында да суретші-жазушылар баршылық екен. Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы суретті жақсы жазады, жазушы Мақсот Ізімұлы – ол да шебер суретші. Қалмұқан Исабаевтың әуесқой суретші екенін қатарластары біледі. Ал, жазушы Анатолий Ким мен Ілья Жақанов – Әлібек ағамыз секілді суретшілік бойынша кәсіби білім алғандар. «Суретші киімнің қыртыс-қатпарлары мен қолды қалай салғанына қарай сыналады», – дейді кәсіп иелері. Бұл жағынан Әлібек ағаның қандай суретші болғанын біз, әрине, бағамдай алмаймыз. Киімнің қыртысы мен қатпарын қалай салғанын білмесек те, біздің бір білеріміз бар: Әлібек Асқаров – жазушы ретінде адам жанының қалың қатпарын ашып, ішкі әлемдегі қыртыстарды жазып көрсетуге шебер-ақ. 
Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры