Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР

ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР

05 август 2018, Воскресенье
3 875
0
5-kanon-r-zhyldary-gmeler.pdf [646,43 Kb] (Жүктеу: 69)

Көру онлайн файл: 5-kanon-r-zhyldary-gmeler.pdf



ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР



КӨҢІЛДІҢ КӨК ДӨНЕНІ


Бұрынғыдай емес, соңғы кезде шау тартып, денсаулығының нашарлай бастағанын Бектұрған іштей сезіп жүретін. Ішік киіп, тон жамылып дегендей, былайғы күпигені болмаса, баяғы қайраты қайтыңқырап, табанның бұдыры кетіңкіреп қалғанын, әсіресе, биыл қыста айқын аңғарды. Күні кеше ғана құр атқа мінгендей тың еді, енді міне қарашы, арада қыс өтпей жатып, сүйекшідей сүйретіліп шыға келгенін... Оның үстіне соңғы бес-алты күннен бері бүйіріне бұлтиып қап-қатты бір бәленің пайда бола кетпесі бар ма. Алақанымен сипаған сайын әлгі неме теңгедей түйіліп, көңілдегі күдікті молайта түсті. Жаман айтпай жақсы жоқ, әйтеуір, сарайының сау емес екенін Бекең өзі шамалап жүрді.

Осылайша ойдан жүдеп бүгін де үйге бірден кіргісі келмей, күйтіңдеп біразға дейін қора жақтан шықпай қойды. Былайғы шаруа ойын бөліп, көңілін алдап, қайдағы бір бөтен қиялдан алаңдатардай көрінетін. Екі кештің арасында қораның қиын тазалады, шашылған сағдарды жинастырды, жол ашып қар күреді. Сөйтіп, асықпай шам жанғанда бірақ үйге кірген. Жалғыз ұлы Қайырбек те жұмыстан енді ғана келіп, май сіңген комбинезонын қаудырлатып шешіп жатыр екен.

– Әке, сырқаттанып қалған жоқсың ба? – деді ұлы. 

Сұрағанымен қоймай, әкесіне күдіктене көз тастағандай болды. Шыны-аяқты сылдырлатып, дастарқан жасап жүрген келіні де құлағын түріп, сәтке тына қалған. Сол-ақ екен, бөтен біреу ұрлығын сезіп қойғандай Бекеңнің сайтаны ұстасын:

– Немене, әкеңді күннен күнге жасарып келе жатыр деп пе едің? Жоқ, әлде маған тұлпар мінгізіп, ту тіккізбек ойың бар ма?

Әке тарапынан мұндай өктем жауапты күтпеді ме, Қайырбектің тілі күрмеліп, сөзден тосыла берді.

– Қайдан білейін... Біртүрлі жүдеп кетіпсің, – деді жасқаншақтап.

– Жүдеп кетсем – әкеңді қорадағы қиыңа салмай, анау Арасанға апарып емдет былай! – деп Бекең тағы зірк етті. 

Аузына Арасан қалайша түсе кеткенін өзі де ұқпады. Көстеңдей басып төрге өтті де, ашулы кейіппен сырмақ үстіне жалп етіп қона салды.

«Атама бүгін не болған» дегендей, келіні қолына кесе ұстаған күйі қимылсыз қалыпты. Екі көзі боталап, үрке қарайды.

– Әкеңнің қадірін ертең мен өлгенде білерсің! – деді Бекең төргі бөлме жақтан сызданып.

«Осыншалық қазымырланатындай маған не жетті», деп ойлады артынша. Бұрын мұндай шайпаулығы жоқ сияқты еді, бүгін балаларына қарадай тиіскені несі? Әлде ақыл-есін уайым жеп, шалыңның шынымен шатасайын дегені ме? Бүйте берсе – келіннің де қолына сыймай, байлаулы бұзаудай жаутаңдап жалғыз қалар түбінде. Тіпті кішкентай Айгүлге дейін атасының ашулы екенін сезіп, тымпиып басқа бөлмеге безіп кетіпті. Өледі екенмін деп, осыншалық тулауға болмайды ғой!».

Бектұрған алақанын жайып, жымиып немересін шақырды. Еркелетіп тізесіне отырғызды, әр нәрсенің басын шалып күбір-күбір әңгіме айтты. Бәрібір одан үйдің бұзылған шырқы қайта орала қоймады. Тым-тырыс шай ішіліп, үн-түнсіз дастарқан жиналды.

– Осы уаққа дейін Ербол қайда жүр? – деді Қайырбек.

– Оны менен несіне сұрайсың? – деді келіні шап етіп. – Қайсыңды бағайын мен... Мектептен шыққан бойда дала безіп, ойынның соңында кетеді. Осыдан қазір келсінші, сирағын сындырайын жүгірмектің!

– Әй, атасының баласында шаруаң болмасын!

Қайырбек көзін алайтып жөткірініп еді, келіні қыңқ деген жоқ. Алжапқышын жұлқи шешті де, қолын бір сүртіп былайғы қуысқа атып ұрды. Сосын дүрсілдетіп төргі үйге өтіп, күңкілдеп жүріп төсек салды.

Бектұрған қайтып жақ ашқан жоқ, көжеге өкпелеген баладай бұртиып, төсегіне шығып бүк түсіп жатып қалды. Бәрібір ұл мен келін арадағы жайсыз әңгіме біразға дейін басылмаған. Көзі жұмулы болғанымен көңілі ояу, бәрін естіп, бәрін сезіп жатты. Аздан соң етігімен еденді дүрсілдетіп арсы-гүрсі Ербол жетті... «Атасының ұлы» болмағанда шешесі түтіп жейтін екен, арашаға Қайырбек түсіп, әйелін әзер қойдырды. Жұтылмаған малтадай әлдебір нәрсе Бекеңнің көмейінде кілкіп тұрып қалды. «Шоқ, шоқ! – деді өзін өзі іштей қыжыртып. – Жетпей жүргені келіннің тілі еді. Саған енді сол керек! Оны да естір күнің алыс емес секілді».

– Ертең монша екен ғой! – деді Қайырбек не заматта. Үні жасықтау, әңгіменің арнасын бұрып, келіннің көңілін аулаған ниеті бар.

– Қайдағы монша? – деді келін жұлып алғандай. – Сапқоздың моншасының қазаны жарылып жатсақайдағы монша саған?

– Оу, жарылса жамайтын шығар!

– Пішту!.. Арнап салмаған соң, Мәтібей шалдың жаман барағы қашанғы шыдасын. Төбесінен тамшы ағып, шатыры қисайып жатыр әнеки!

– Сонда қалай... бұл ауыл монша көрмей торғауыт боп кетсін дейсің бе?

– Оны менен несіне сұрайсың? Осы ауылдың төресі мен бе екем? Тілдерің бар ғой, айтыңдар анау бастықтарға!

– Қызық екен! – деді Қайырбек таңданып.

– Кезектесіп Оралғазының моншасын жағып жүр ғой жұрт. Сұрармыз біз де бір күні.

Совхоздың моншасына Бектұрған ана жұмада ғана шомылған, «қазаны жарылды» дегенді әлі естіген жоқ еді. Әлгі моншашы Бәтіш кемпірді құдай ұрып, қазанның суын төгуді ұмытып кеткен ғой, тегі? Жалғыз басты жаман кемпірді әуреге салып, қазанның құнын төлетіп жүрмесе неғылсын?

Баяғыда осы ауылда екі үйдің бірінде қара монша бар еді. Кейіннен Матвей деген көпестің ескі барағын жөндеп, тәп-тәуір ортақ монша жасаған. Ауылда ортақ монша болған соң, жылдар өте жұрттың жеке моншалары қозы қамайтын қораға, зат сақтайтын қоймаға айналып кеткен. Сау қалғаны – Оралғазы мұғалімнің мыжырайған қожалақ моншасы ғана-тын

Мейлі ғой, өзім ілініп әзер жүргенде моншаны уайымдағаным қай қиналғаным деп, Бектұрған кеудесін кере уһілеп қойды.

Маужырап көзі ілініп бара жатыр еді, өлім туралы суық ой төбесінен су құйғандай көңілін тағы сергітіп жіберді. Жон арқасы шымырлап, денесінің тоңазығанын сезді. Аяқ-қолын жиыңқырап, көрпесін қымтаңқырай жамылды.

Жаман ауру жабысып, төрт ай бойы төсек тартып қиналған Сәду шалды есіне алды. Тамшы су тамағынан өтпей, аруақтай суалып барып, марқұмның жаны тыншып еді. Жан қинаған ондай ит өлімнің бетін аулақ қылсын де... Әйтеуір бір ажалдың бары рас болса, балаларға масыл болмай, ауырлық салмай, қиналмай кетіп қалғанға не жетсін. 

Япырай, менің де тірлігімнің сөреге шындап таяғаны ма деп таңданды. Жетпіске де әлі екі жылы бар-ды. Жетпісті қойып, сексен-тоқсанға да барып жатыр ғой былайғы жұрт. Солар құрлы жоқ па еді? Тірлік таусылды дегенге көңілі құрғыр сенгісі келмейді, жүрегі дауаламайды. Әрине, тағдырдың жазуы солай болса қайраны қайсы. Мейлі ғой, бірақ, деп бір нәрсеге қатты қиналатыны бар... Мынау жарық жалғанға ел-жұрт айта жүретіндей, ауылдастары сөз ететіндей нендей үлгі тастады? Соңына өнеге болар қандай із қалдырып барады?

Рас, ағайынның ала жібін аттаған жоқ, адалынан еңбек етті. Алты бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Тоны тозған жоқ, аты озған жоқ, ел қатарлы ғұмыр кешті. Соның өзін қанағат тұтып, салауат көріп, іштей шүкіршілік етуші еді. Енді бақса оның бәрі әншейін бергі жақтағы тайыз пайым, можантопай күйкі тірлікке ұқсапты. Ойды ой қуалап, мұның көкірек көзі енді ғана ашылғандай... Енді ғана бір нәрсені көңілмен ұғып, жүрекпен сезе бастағандай. Содан ұққаны – өмірдің шын мәні мүлдем басқаша екен. Бұғанға дейін бұл Бекең өмір туралы тереңнен толғап, тағлымды түйін түйе алмапты. Өкініштісі сол, соның бәрін де тым кеш, ата сақалы аузына түскен кезде түсінгенін ұқты... Енді дәнеңе де бітіре алмай, қайтпас сапарға осылайша құр аттанып кете баратын болды.

Бектұрған қинала күрсініп, оң жамбасына аунап түсті.

Кіндігіңнен тараған ұрпағың да сенің жарық жалғандағы жалғасың, соңыңда қалар ізің екені рас. Бірақ, Бекеңнің пайымынша, баланың жөні басқаша секілді. Олай дейтіні – адам болып жарық дүниеге елшілікке келген екенсің – адамзаттың алтын жібін жалғастыру – Алла тағаланың алдындағы міндетің. Сондықтан оған бола тоқмейілсіп, өзіңді өзің алдарқатудың қажеті шамалы. Оның үстіне қазір фамилияны да атасының атына бергізбейтін болыпты ғой: ол да болса көңілдегі бір медет еді. Алтаудың ішіндегі кіндігінен кіш еткен жалғызы – осы Қайырбектің бір баласы «Бектұрғанов» болса екен деп, кезінде бұл жүрегі лүпілдеп қатты үміт еткен. Амал қанша, ары шапқылап, бері шапқылап, Қайырбек дым тындыра алмаған. Загстегі әріпке қадалған шапыраш көз сары қыз заң-зәкөнмен айдындап, табандап көнбей қойыпты. Соған қарағанда, еншісі бөлек баланың ені де бөлек-ау тегі. Бұл тірліктен өз үлесін, өз үмітін күйттеген сен сияқты ол да бір пенде.

Оу, сонда бұл Бектұрған мынау өмірде айта жүретіндей не қалдырып барады? 

Оқу оқып, көзің қарақты болмаған соң, көп нәрсеге көкейің жете бермейтіні белгілі, ол жағын өзі де біледі, мойындайды. Бір күндік алдамшы жылтырақты малданам деп, өмірдің шұңғыл шыңырауына шындап бойлай алмапты. Дүниенің шолақ екенін түсінбей, әрекеті көп, берекеті жоқ тірлік кешіпті. Санап жіберсе, осы ауылда Бектұрған істемеген жұмыс қалмаған екен... Бастықтарға қарсы келген күні жоқ, қайда салса томпаңдап сонда барды. Балташы болды, шөпші болды, күзетші болды... Тіпті, баяғыда біраз уақыт біргәдір болып та әкіреңдегені бар. Жастық қызбалық-ай десеңші, ат мінгенге Алланың қолын алғандай күпініп еді. Сөйтсе, ол-дағы ағаш қазан қайнатқандай аз уақыттық жалған дүние екен. Былайғы жұрт жаппай соғысқа аттанып жатқанда, қолы іс біледі деп, бастықтар бұл Бектұрғанға бронь соғып тастады. Оған да көнді. Енді ойласа – сонысы бекер-ақ болған секілді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген, ажалы жетсе кімнен артық дейсің. Ал тірі қалса анау Сапарәлі құсап қайтып келер еді-ау. Соғыс ардагері деп құрмет көрсетіп, мейрам сайын мектепке шақырар еді мұны да. Қазір «сен сөйтіпсің» деп қай қазақ елеп-ескеріп жатыр. Қайта, тете өскен құрдастары қырық жыл бойы қалжыңмен қағытып, сөзбен қажап, жүйкесін жұқартып бітті. «Біз қан төгіп, жаумен жағаласып жүргенде, бұл Бекең ауылдағы қыз-қырқынның қалың ортасында қаздай қалқып, үйректей жүзді емес пе» дейді әзіл-шыны аралас. Табаны күйіп, таңдайы тимеген соң біреудің зарын біреу қайдан ұқсын. Әйтпесе қалың қатынға басшы болып, қаңтардың қақаған аязында тау басынан ағаш кесу оңай шаруа болып па! Ондай жұмысқа әйелді былай қойғанда, еркектің де шыдауы екіталай. 

Енді ойласа, соның бәрі бүгінде ертек сияқты, біреуге айтсаң үдірейіп бетіңе күдікпен қарайтын болды. Есіл еңбек зая кеткендей. Ешқандай із тастамай, өткеннің қатпар-қатпар қойнауында қалып қойғандай. Тіпті, өзінің күллі ғұмыры күмәнді ма деп қалады кейде Бекең. Өйткені қолмен ұстап, көзбен көрсетер дүниең болмаған соң, «мен сөйткенмін» деп, сыпайы сөзбен сипағаннан пайда шамалы екен. Еңбегіңді бұлдағандай соны сөз етудің, мақтанудың өзі ыңғайсыз. 

Қыршын кетті-ау деп, бір кездері Құмарқанға жаны ашушы еді. Қазір сол құрдасының тағдырына кереметтей қызығатын болып жүр. Небәрі жиырма жыл ғана өмір сүрсе де, оның ғұмыры мәңгілікке ұласып кетіпті, соны ұқты. Батыр атанып, атын даңққа бөледі. Аудан орталығында қасқайып тас тұғырда бейнесі тұр әнеки... Ауылда жүргенде де от алып, ораққа түсер азаматтың нағыз өзі еді, қысқа ғұмыры да соған лайық болды. Жалын болып өмір сүріп, от болып жанып кетті... Жарайды, Құмарқанның жөні бөлек дейік. Бірақ анау Есіркеп марқұмның Еңбек Ері атанып, ел мақтанышы боларын кім ойлаған? Қойдан жуас, жылқыдан торы жан емес пе еді? Сөйтіп, жүріп бұларды шаңына да ілестірмей, шығандап шырқап кетті. Бектұрған құсап әр жұмыстың басын бір шалып, баянсыз тірлікті күйттеген жоқ. Тыбыр етпей қой бақты, өмір бойы таяқ сүйреткен қойшы болды. Ақыры, әнеки, ол да мақсатына жетті. Ендігісі ауылдағы мектепке де соның атын беріп отыр. Соңына өшпес із қалдырды деп, мінеки, соларды айт! Ал бұл Бектұрғанға соғыс ардагерлеріне берілетін мерекелік жылтырақ медаль да бұйырмапты. Амал қанша, бұл бейбақ жарық жалғаннан осылайша із-түзсіз кете баратын болды!..

Мазасы кетіп, түн ұйқысы төрт бөлініп, ертесінде басы зеңіп ауырып тұрды. Қолынан келер қайраны жоқ, өмірдің мән-маңызын тым кеш түсінгеніне назаланып, сүйретіліп сыртқа шықты. Тағы бір арайлы таң атып, көкжиектен найқалып күн көтеріліп келеді екен. Табалдырықта тұрып кеудесін жазып, таң тыныштығына қимастықпен құмарта қарады. Ендігі қалған ғұмырының да түкке татымасын ойлаған кезде көкірегін қызғаныш пен өкініш кернеді. Буын-буыны босап, сәтке теңселіп кетті.

Сосынғысы, ендігәрі өлім жайында ойламауға тырысып баққан. 

«Көк шықты ма екен» деген оймен қыр жақты шолып, ауылдың сыртына қарай жүрді. Күздің қара суығында шиендеп шыққан жоңышқаның қар астында жаншылған шірінді сабағы тырбияды. Жұлмалаған мал үшін бұл да азық. Қырдың көгі әлі мәз емес екен: былтырғы шөптің ара-арасынан сүйріктей қылтиып күреңсенің өскіні ғана белгі беріпті.

Күн салып етектегі өзен жаққа көз жіберді. Мұз үстінен жүгірген кешегі қызылсу түнгі суықта айнадай жалтырап қатып қалыпты. Арғы көшедегі біреулер мұз ұстіне күзер салып, малын бергі жаққа өткізе алмай әуре.

Соған қарағанда, жоғарғы жақтағы жалғыз көпірді де қызылсу алып кеткен секілді.

Ауыл қыбырлап, күнделікті қарекетіне кірісе бастапты. 

Ес біліп, етек жапқалы көріп жүрген таныс тірлік. Бір күні бір күніне ұқсас, жазы – қысқа, қысы – жазға ұласқан зымыраған уақыт. Сөйтіп жүргенде өмір дегені аңшыдан қашқан түлкідей бұлаң қағып өте шығыпты-ау шіркін! Бойда ерік, ойда көрік бар кезде адам дегенің уақыттың нарқын бағалай бермейді екен. Ендігі жерде қаншалықты өкінгенмен көңілден кеткен көк қаршыға қайта айналып кеудесіне қонар ма?

Ойламайын десе де ойдан қашып құтыла алмай, қыр басында қалқайып ұзақ тұрды. Соңғы рет көріп тұрғандай етектегі туған аулына ет бауыры елжірей қарады. Қызық, Бектұрған өлді екен деп ертеңгі күні осы ауылдың қылшығы да қисаймасы анық. Бейнебір дәнеңе де болмағандай, ертең де дәл осы қыбыр-жыбыр тірлігі жалғаса бермек. Бірер жылдан соң өмірде ондай адамның болған-болмағанын да тас ұмытады. Солай! Қайтесің, өмірдің заңы осы.

Қыр басында тұрған Бектұрғанның есіне ауылдың моншасыз қалғаны түскен. «Совхоз жаңа монша салып бергенше, ел-жұрт қиналатын болды-ау» деп ойлады. Тоғыз қатынның толғағы қатар келген қазіргідей қарбалас шақта бастықтардың монша туралы ойлауға уақыты бар деймісің! Шамасы, бұл шаруаның реті ұзаққа созылатын сыңайы бар-ау?

«Осы мен жұртқа монша салып берсем қайтеді?» деп ойлаған артынша.

Бұл ойының көңілін тебірентіп жібергені соншалық, көз алды буалдыр тартып, тірсегі дірілдеп кетті.

Осыным жақсы ақыл болды-ау деп, ойын жинақтап, түйіндеп біршама уақыт толғанып тұрды. Сосын тәуекелге бел буды. 

Расында, бұл Бектұрған соншалықты кімнен кем! Бұл да текті атаның бір баласы емес пе еді? Ендеше теңдікке тұрса да, кемдікке тұра қоймас тегі. Жарық жалғанға ескерткіш етіп жақсылықтың бір белгісін қалдырмай, ендігі жерде бұл Бекең өле қоймасСолай... Бұйырса, мұның тірілерге аманаты монша болатын шығар! Жай монша емес, «Бектұрғанның моншасы» болмақ!.. Ие, «Бектұрғанның моншасы!».

Өзен жақтағы көшенің аяғында есігі үңірейіп көптен бері бір қара монша тұрушы еді. Оның иесі – Сәдеш шал бұдан бес-алты жыл бұрын аудан орталығында қызмет жасайтын баласының қолына көшіп кеткен. Шалдың үйін көрші ауылдан біреулер сатып алыпбөренесін мөрлеп, баяғыда мәшинемен тасып әкетіскен. Тегі түтін сіңіп, қарайып кеткен соң менсінбеді ме екен, моншаға тиіспеген, сол орнында қалқайып қалып қойған. Жөндеуге жарайтын шығар деген үмітпен Бектұрған елпең қағып, солай қарай тартты.

Моншаның төрт қанаты түгел екен. Өзі су жағасында, биіктеу жерде, ауылдың былайғы үйлерінен оқшау жекеленіп тұр. Әдеткі моншаларға қарағанда іші де кең, еңсесі де биіктеу көрінді. Сәдеш те қолы шаруа білетін тақыс шал еді ғой, моншалық жерді аса ұрымтал тұстан таңдағанға ұқсайды.

Моншаның бұрыш-бұрышын ұстап көріп, бөренелерін түрткілеп, іші-сыртын түгендеп шықты. Балалар шығып сындырған ба, төбенің екі-үш тақтайы опырылып құлаған екен. Еденнің де бірер тақтайы шіріп кетіпті. Тасы шашылған, тас жинайтын дөңгелек темір үшті-күйлі жоқ.

Қысқасы, шын ниетпен қолға алса – монша жөндеуге келетін секілді.

Ана бір жолы Ерболдың кітабынан есік-терезесі оюланған орыстың бір үйінің суретін көргені бар-ды. Мына моншаның да сырт пошымын дәл солай етіп әшекейлеп жіберсе – қатып кетейін деп тұр екен.

Кешке Ербол үйге келгенде, әлгі кітапты бірер күнге деп сұрап алып, былайғы бір жерге жасырып қойды.

Мал қораны жамасам деген оймен былтыр күзде аула бұрышына бір арба тақтайды бақшалап жинап қойғаны бар-ды. Ендігі жерде Бектұрғанның көзі сымдай түзу сол тақтайларға түскен. Арзанның пұлы татымас, ал қымбат қияметке кетпей ме деп ойлады. Сөйтті де, күреңін арбаға жегіп, тақтайларды моншаға қарай тарта бастады. Қораның бір шетінде баяғыдан қабығы аршылған қарағай бөренелер жатушы еді, оларды да бір-бірлеп арбаға тиеп, монша жаққа жеткізген. Моншасы жақсы болса – өзінің де аруағының аспандайтынын ұғып, әйтеуір, қолда бар тәуір дүниесін қысып қалмауға тырысты.

Совхоздан қосымша тақтай мен бірер бөрене, сосын шатырлық шифер сұрасам ба деп бір оқталды да, ол ойынан лезде айнып қалды. Болар адам бақырып болмайды ғой, «мен монша салып жатыр едім» деп әйгілеудің қажеті жоқ деп шешті. Мұндай шаруаны үнсіз тындырған дұрыс. Әрі былайғы елдің көзіне күйік бола бермей, тезірек бітіргені де жөн... Ит біліп пе, бүйірге жабысқан мына бәле қай күні белгі беріп, мұрттай ұшырарын.

Ағаштарды тасып, кірпіштерді кіргізіп болғаннан кейін, тас жинайтын оңтайлы темір іздестіре бастады. Астына от жағылып, үстіне төбедей етіп тас үйілетіндіктен, әдетте оған отқа төзімді темір төселеді. Оралғазының моншасында трактордың тісті дөңгелегі тұрондай мықты шарболат табан астында қайдан табылсын!

Трактор демекші, баяғыда бір жерде шотаяқ трактордың дөңгелегі жатушы еді... Ұмытпаса, МТМ-ның артында, Әшенннің қоймасының маңайынан көрген секілді. Оқушылар темірге өткізіп жібермесе – атам заманғы сынық шойын кімге қажет дейсің.

Осы оймен Бектұрған арбасын ыңырантып, ауылдың арғы басындағы МТМ жаққа аяңдады.

Дөңгелек белуардан жерге көміліп, шым топырақ арасынан жалғыз тісі ғана сорайып шығып жатыр екен. Әдейілеп іздеп, үстінен түспесе, тіпті байқалар емес. Көп жылдан бері мал тұяғы тимегесін бе, төңірегін қурай басып кетіпті. Дөңгелектің маңайы бей-берекет шашылған бөрене мен тақтай. Олардың шашылып осылайша жатқандарына да талай жыл болған секілді. Бауырымен жер сүзгендері әлдеқашан шіріп кеткен... біреуін етігінің тұмсығымен түртіп қалып еді – бырс ете түсті. Үстіндегі кебу қарағайлар әлде де әжетке жарағандай екен. «Әйтеуір иесіз дүние ғой, бірер бөренені арбаға салып алсам қайтеді» деген де ой келді. Олай ойлағанымен, бәрібір ондайға бармасын тағы білді. Енді қартайғанда совхоз мүлкіне қол сұғып, сақалына шіркеу тигізер жайы жоқ.

Әрине, совхоз осы ағаштарды түкке де жаратпайды. Жаратар болса баяғыдан ай қарады дейсің бе, түбінде өстіп керексіз шіріп қалады бәрі. «Ағашың шіріп жатыр екен» деп бастықтардан бұларды сұрар болса – сақалын бұлдағандай көреді тағы. Ондайға Бекеңнің намысы жіберсін бе... 

Жерге көктей шөгіп кеткен сынық дөңгелекті күрекпен ұзақ қазды, сосын күшеніп жүріп арбасына әзер тиеді. Арбасын ыңырантып үйге қайтқан кезде – күн де кемеріне құлаған еді.


* * *

Ащы аңсаған мал сияқты әлдене жетіспей тұрғандай сезініп, мазасызданып үйде отыра алмады. Жұрт аяғы басылып, балалар ұйқыға кеткен мезетте тонын жамылып сыртқа шықты. Қораны айналып, бақшаның ішімен өзен жағасына қарай өтті.

Кешегідей емес, өзеннің мұзы әжептәуір жұқарып қалыпты. Мұз бетімен сылдыр қағып қызылсу жүгіріп жатыр. Тау желкесінен сығалаған жартыкеш ай су бетіне адырнадай созып аппақ жолақ тастапты.

Түн өзгеше жылы екен. Соған қарағанда бүгін түнде мұз қата қоймайтын секілді. Осы қарқынмен ери берсе – айналасы бес-алты күннің ішінде өзеннің арнасы да көрініп қалары анық.

Екі қолын артына ұстап, өзен жағалауын құлдай жүрді.

Мұның моншасы айлы аспан ажарында оқшау жекеленіп, сонадай жерден қарайып шыға келген. Жоталау жерде тұрғаны, әсіресе, түн баласында әсерлі көрінеді екен. Мына дөңнің үстіне монша емес, хан сарайын тұрғызсаң да жарасым тапқандай дерсің.

Төбесіне шатыр өріп, есігі мен терезесін әлгі кітаптағыдай етіп оюлармен әлем-жәлем әшекейлеп тастаса – расында да бұл монша Бектұрғанға лайықты мұра болайын деп тұр. Әттең, тағдыр ғұмыр берсін де! Ғұмыр берсе, келешекте көлемін кеңейтіп, қасынан тағы бір бөлме қосуға болар еді.

Монша деген бейнеті желге кетер бос шаруа емес, әрбір отбасына, әр адамға қажет нәрсе. Қолынан келмес дүниені қиялдап, аспандағы айға қол созып тұрған жоқ қой. Сондықтан бұл жолда аянбаса керек, көзді жұмып, білекті сыбанып кіріскен жөн. Бітірген соң бастықтардың көзінше атап отырып совхозға арнайы тарту етеді. Әттең, май мейрамына үлгірер болса – жиналыста арнайы сөз етер еді-ау! Сосын білсін бұл жұрт Бектұрғанның кім екенін! Үлкені бар, кішісі бар күнбе күнгі кезекке тұрып, «Бектұрғанның моншасына барамыз», «Пах, шіркін, Бектұрғанның моншасы-ай!» деп сүйсініп, тамсанып, таңдайларын қағумен болсын.

Мұны ойлағанда Бекеңнің көңілі тасып, көзі жыпылықтап, мөмөзігіне дейін жыбырлап кетті.

Қазір заман түзу, ел тыныш, бәрі де сыпыраның ішінде отыр: не ішем, не кием демейді, барақат өмір. Сөйтіп отырып бұл адамдар әншейін бақан тірес, ит тартыс ғұмыр кешіп жатқанын қайтерсің! Япырмау, кешегі Құмарқан секілді жігері жалын, от жүректі азаматтар қайда деп ойлайсың. Мынау жарық жалғанда ертеңге бір белгі қалсыншы, лайықты із қалсыншы деп көкейін көгертіп жүрген пендені дәл осы ауылдан әлі кездестірген жоқ. Бір күндік шолақ тірлікті күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер. Кеңінен ойлап, кемеңгер ой түйетін жан қалмағаны ма сонда?

Бұл жасына дейін өзі де айға қарап аңқиып келгені рас екен, онысын мойындайды. Басына қыдырдың еңкейген шағында ғана дарығанына өкінеді. Өз бағасын білмегеніне, нарқына бойлай алмағанына қынжылады. Қазір қайратын қара тасқа салып, шабуын білмей кетілген шарболаттай сезінеді өзін. Әттең, ертерек ес жиса ғой, анау қырдың басына қарағайдан өріп сарай салып кетер еді-ау! Шүкіршілік, олай етуге қолы да, қайраты да әбден жетететін еді... Амал жоқ, ештен кеш жақсы деп, енді соңында қалар моншаға да қанағат қылады.

Ойлап қараса, бақыттың да көзі соқыр екен. Анау Шәймерденнің кассада пәленше мың ақшасы бар екен деп осы ауылдың әйелдері ит қосып шуласып жүр. Жыл сайын мал сатып, ақшасын көкек құсап астына баса беретін сияқты. Сығырайған жыртық көз сол кісіні Бектұрған о бастан-ақ суқаны сүймейтін. Сараң шалдың жер жастанып, су сүйенген қылығына шыдай алмай, ұлы мен келіні де бөлек шығып кетті ғой әне. Әттең, деп қиялдайды кейде бұл, Шәймерденнің мыңғырған ақшасын бұған берер болса – мынау ауылды танымастай жайнатып жіберер еді-ау. Жалқарағайға, ауданға барып, аудан басшысынан құрылыс бригадасын сұрап алып жалдар еді. Ондай игілікті шаруаға аудан басшылары да пәлендей қарсы бола қоймас? Бәлкім, ондай жағдайда жаңарып, жасарған ауылдың бір көшесіне Бектұрғанның атын берер ме еді, кім білсін? 

Басын айналдырған әдемі ойлардың ұшығына жете алмай, түні бойы тағы да тыншы кетіп, таң бозында ғана көзі ілінді.


* * *

Ертеңінде күн қазық бойы көтерілгенде бір-ақ оянған. Көптен бері ұйқының дәмін ұмытып жүруші еді, жас баладай маужырап, күн шыққанша шалжиып жатқанына өзі ұялды. Қатты ұйқыдан көзінің алды көлкілдеп, аласы қанталай қалыпты.

Шай қойып, баптанып отыруға дәті шыдамады. Беті қабыршақтанған суық сорпаның бір кесесін ішер-ішпестен киіне бастады. Саймандар салынған талысты қолына ілген бойда, асыға басып моншаға тартты.

Қаншалықты сабыр шақырайын десе де дегбірі қашып, жүрегінің соғысы жиілеп кетті. Жүрек құрғыр алабұрта берген соң, қолдың да қиуы қашып, қайраты бұрынғыдай болмайды екен. Амалсыз төбе мен еденнің тесігін бітеуді ертеңге қалдырып, бүгін моншаның тасын жинамақ болды.

Жұмысқа енді кіріспек еді, балшық езіп, су жылытатын ыдысты ұмытып кетіпті. Қайтадан сүйретіліп үйден шелек әкеліп, от жағып, су жылытты. Асықпай кірпіштерді балшықпен сылап өріп, дөңгелекті орнататын мықты тұғыр жасады. Тұғырдың бүйірінен от жағатын тесік қалдырды.

Дөңгелекті даладан дөңгелетіп әкеліп, мықшыңдап тұғыр үстіне орнатып жатқан кезде – үңірейіп босағадан біреу қараған... Тымағын милықтата киіп, мойыны кеудесіне түсіп, бүкшиіп тұр. Алғашында оның сұқпытынан қарадай сескеніп қалды. Сөйтсе, Сапарәлі екен.

– Сапеке, төрлетіңіз? – деді шаруасынан қол үзбей.

– Иен моншаны тықырлатып жүрген кім десем... сен екенсің ғой?

Сапарәлі күбірлеп сөйлеп, ішке өтті. Шықырлатып, сынған сәкіге құйрық басып, қонышынан насыбай шақшасын суырды.

– Иә, Сапеке, күйлі-қуатты боларсыз? – деді Бектұрған.

– Е... бізден не күй сұрайсың? – деді Сапарәлі күрсініп. – Ошақтың үш бұты деп отырған баяғы.

– Көңіл-күйіңіз мәз емес қой... Сырқаттанып жүргеннен саумысыз?

– Бәрі де бар, – деді Сапарәлі, өкшесіне шақшасын тықылдатып, шөкімдей етіп алақанына насыбай салды. – Үйірін сұйылтып алған шірік шөңге боп қалдық қой бүгінде...

Бектұрған шаруасын тастай беріп, аңырайып Сапарәліге бұрылды. Бұл кісінің өзінен бес-алты жас үлкендігі бар-тын, көптен көрмеп еді – еңкіш тартып, жүдеп кетіпті. Кезінде қайратты, еңгезердей мықты адам болатын. Кәрілік атан өгізді де шөктіреді дейтіні осы шығар. 

«Ертең өлетінін біле тұра бұл шалдың бос сандалып, бүйтіп жүргені несі екен» деген де ой келді.

– Өзекті жанға бір өлім, Сапеке! – деді алақанындағы темірдің татын тасқа сүртіп жатып. – Бірақ, өледі екеміз деп дүниені тәрк етсек – онда өмір сүріп қажеті қанша?.. Меніңше, сіз бен біз сияқты жасы келген кісілер мынау жарық жалғанда қалатын өзінің ізі жайында ойлан-ғаны жөн болар!

Сапекең құптағандай басын изеп, мұрнын шұрылдатып насыбай атты. Басын изегеніне қарағанда, тегі ниетімді ұққан шығар деп еді, Сапекеңнің мінезінен ондайды аңғара алмаған. «Өмірдегі із дегенің мынау болады» деп, Бектұрған енді ағасына тәптіштеп түсіндіргісі келді. Бірақ Сапекең бұрышты ала бере бырқ еткізіп сіңбіріп қалып, тәп-тәуір көңілін нілдей бұзды.

– Түнде түсіме Сәду кіріп жүр екен, – деді Сапарәлі.

– Сәду дейсіз бе?

– Иә... Бірдеңе дейді маған, онысын ұқпаймын... Ренжіп жүр екен деймін... Сөйтіп жатып оянып кеттім.

– Онысы несі екен, а?

– Сені ертіп, бүгін зират басына барып қайтсам ба деп едім... Келесі жұмада Сәдудің жылы ғой?

Марқұмның жылы болатын күні ауылдың шал-шауқаны әдетте мәшинеге тиеліп зират басына барып, құран оқып бет сипап қайтысатын еді. «Сол кезде бармаймыз ба, қайта-қайта елпілдеп не жетті», деп іштей Бектұрған қынжылып қалды. Оның үстіне шалға еріп кетсе қолға алған мынау шаруасы тоқтап қалатын түрі бар. Ауылдас ағасына аяқ астында нендей сылтау айтарын білмей сасқалақтады.

– Шаруаң бір күнге бола ойсырай қоймас, Беке! – деді Сапекең. – Мен де қол ұшын беріп, жәрдем етермін саған... Сопиып зират басына жалғыз барғанды ыңғайсыз көріп тұрмын. 

Сапарәлінің «жәрдем етермін» дегеніне Бекең біреу бүйірінен нұқып жібергендей кіржің етті. Менен басқа серік таппағандай, бұл шал неғып тықақтай қалды деп, іштей бұлқан-талқан болды.

– Барсақ барып қайталық, – деді сосын келісіп. – Ал, моншаға көмектесем деген ниетіңізге рақмет, Сапеке!.. Оған әуре болмай-ақ қойыңыз, бұл жерде менен асатын шаруа жоқ.


* * *

Бөлімше кеңсесіндегі ертеңгілік жиында біреу монша жайын ескертіп, араға сөз тастаған.

– Монша болады, жолдастар, – деді бөлімше басқарушысы қарындашымен үстелді тықылдатып. – Қазіргі қарбалас шақта оған әзір қол тимей жатыр... Малды аман-есен төлдетіп, жерді жыртып болайықшы... сосын монша мәселесіне де кірісерміз. Әзірге Оралғазының моншасына кезектесе тұрыңдар.

– Бұрынғы үйі жарамайды, моншаны жаңадан салу керек шығар? – деп, тағы біреу бір бұрыштан күңк ете түсті.

– Ол мәселе де директорға ескертілген... Моншаны жаңадан салатын болып келістік. Айтпақшы, осы бастан қазандық цистернаны дайындап қойған жөн еді... Қоймашы қайда? Ә, Әшен, мұндасың ба, әлгі егістіктің басындағы шоқ қарағайдың арасында босаған бір цистерна жатушы еді ғой?

– Ол қазір жоқ... екі жыл болды.

– Жоғы несі? Оны кім алды?

– Мен қайдан білейін

– «Мен қайдан білейіні» несі? Сенің мұның қызық екен?

– Несі қызық? Ондайдың бәрін қойманың қай бұрышына тыға бермекпін. Ал сыртқа бірдеңені қалдырсаң болды, көлденең көк аттының кез келгені қағып кетеді... Кеше Бектұрған шал да арбасымен қойма жаққа келіп, дөңгелектің біреуін ұрлап әкетіпті... Міне, Бәдижамал көріпті. Сенбесеңіз өзінен сұраңыз!

– Ол қандай дөңгелек? – деп бастық Бәдижамалға бұрылды.

– Анық байқай алмадым... Әйтеуір үлкен бір дөңгелекті арбасына салып әкетіп бара жатты.

Жұрт қозғалақтап, бір-бірімен күбірлесіп кетті.

– Сен қатын да көрместі көріп, жұрттың соңына күл шашуға даяр тұрады екенсің? – деді терезе жақта отырған күдістеу қара кісі гүж етіп.

– Әй, Қалиасқар, тісіңнің қанын жақпай жайыңа отыр, білдің бе? Қайтеді-ей бұлар?.. Көргеніме жазықты бола қаппын ба? Маған десе қойманы тұтас көшіріп әкетсін... Садағам! – деді Бәдижамал бұлқан-талқан ашуланып. Сосын орнынан жұлқына тұрып, есікті сарт жауып кеңседен шыға жөнелді.

Бөлме ішін қарқылдаған күлкі басты.

– Жолдастар, тынышталыңдар! – деді бастық үстелді тықылдатып. – Дегенмен, Қалиасқар, сенікі жөн емес...

– Жөн болмайтын немене... Сол жаман темір соншалықты аюдың өті ме еді?

– Сен өйтіп тіліңді безей берме! Аюдың өті болсын, болмасын, біз мемлекет мүлкін талан-таражға салып қойып қарап отыра алмаймыз... 

Сол-ақ екен, отырған жұрт бір-бірімен дабырласып сөйлесіп кетті:

– Бектұрған ондайға барады дегенге сенбеймін.

– Кім білсін?

– Еріккен шалдардан ол да шығады.

– Бекең кеше Сәдештің моншасын төңіректеп жүр еді, тегі моншаға деп алған ғой?

– Монша дейсің бе? Онда трактордың ведущиін қымқырған шығар?

– Кімнің трәктірінен сыпырды екен, ә? 

– Запастан қағып кеткен ғой қу шалың.

– Біз ғой, совхоздың тракторына сұрап ала алмай, зар илеп жүргеніміз?

– Айтпақшы, Сәдештің моншасының қасында біраз тақтай үюлі жатқан?

– Сен, Әшен, түбінде қатыныңды да ұрлатып, қу тізеңді құшақтап қалатын шығарсың?

– Қайдан білейін... Үркердей ғана ауылдан мұндай алауыздық шығады деп кім ойлаған? Елге сенемін деп жүріп...

– Ал сен елге сенбе!

– Мына жағдайдан кейін, әрине, кімге сенерсің енді.

– Ұят болды-ау! – деді Қалиасқар. – Жетпіске жетіп, жер таянған шағында әңгімелі болғанын қарашы мына шалдың.

– Былай болсын, – деді бастық дауысын көтеріп. – Сейсен, сен қасыңа біреуді ертіп, тақтайларды да, дөңгелекті де машинаңа тиеп, Әшенге әкеліп тапсыр. Бектұрған шал бірдеңе деп көнбей жатса – «бұл бастықтың бұйрығы» дерсің. Ол кісінің өзімен мен кейінірек дұрыстап сөйлесе жатармын. Түсіндің бе?

Қияқ мұртты жас жігіт сөзге келмей басын қайта-қайта шұлғыды да, аяғының ұшымен есікке ұмтылды.


* * *


Екі шал зират басынан түс қайта оралған еді. Бектұрған жолдан бұрылып, туралап моншаға тартқан.

Келсе – жау талағандай шаңы бұрқырап, моншаның ойраны шығып жатыр екен. Текшелеп жинап қойған кешегі өзінің тақтайлары да, қарағай бөренелері де ұшты-күйлі жоқ, біреу тып-типыл тасып әкетіпті. Әдемілеп үйген тастары быт-шыт шашылған, кірпіштері қопарылып қирап қалыпты. Балшық илеген шелегі де мыжырайып күресінде домалап жатыр. Неге екені белгісіз, шотаяқ трактордың сынық дөңгелегі төңіректен көрінбеді. Жаман темір соншалықты кімге қажет бола қалды екен?

Үйге келіп, асықпай атын жайғады. Қораның сағдарын жинап, қиын тазалау керек еді, оған бейілі болмады. Біртүрлі жүрегі сыздап, шай қойып ішуге де зауқы соқпай, табалдырықта отырып кешті батырды. Өңірін ашып, бүйіріндегі бұлтиғанды сипалап қойды. Үлкейіп қалған ба, саусағына қап-қатты болып біліне кетті. Үлкейсе де, кішірейсе де, оған оншалықты мән берген жоқ, тұнжырап әр нәрсені есіне алумен болған. Ертерек дүние салып, шалын соңына тастап кеткен бәйбішесіне ренжіді. Берісі ауданда, арысы Алматы кетіп, біраздан бері хабарласпай жатып алған қыздарын сағынды.

Кеш түсе бақшадан кішкентай Айгүлді ертіп келіні жетті. Ымырт үйіріле үсті-басы май-май болып ұлы келді. Мектептен соң әдетінше ойын қуып кетті ме, Ербол әлі кешігіп жатты.

Ұлы бірдеңе айтуға бата алмай, қипақтап жүргенін де сезді. Сезсе де отырған орнынан тыпыр етпеді.

– Әке, – деді ұлы желкесін қасып, күмілжіп. – Әке, мен саған путевка тауып қойдым... Рахман арасанына. Дем алып, емделіп қайтсын деп...

– Е, мейлің, – деп, бұл ернін болар-болмас жыбыр еткізді.

«Арасанды қайтейін мен, – деп ойлады артынша, – ол жаққа өздерің-ақ бара берсеңдерші».

– Әке, – деді ұлы тағы да күмілжіп. – Әке... мұның қалай, а?.. Қартайғанда артыңа сөз ертіп... «Трактордың ведущиі мен бір арба тақтай ұрлапты» деп жұрт шулап жүр... Рас па, әке?..

Мойнына сорпа төгілгендей болып, алдында тұрған ұлына қабақ астынан бір қарады да, сырт айналып тұрып кетті. «Аузынан сөзі түскен осындай ынжық болармысың», – деп кейіді ішінен.

Үйге кірмей, қора жақты жағалап ұзақ жүрді. Ойда-жоқта өзіне жала жабылып, әңгімелі болғанына пәлендей күйінген жоқ. Әншейін бір-ақ сәтте көкірегінің көнтерідей күңгірлеп бос қалғанына қиналған. Кеше ғана көңіл шіркін тау суындай арындап, мынау жалғандағы қоңырқай тірлігіне бір мезгіл балса да әр кіргендей сезініп еді. Сөйтсе, соның бәрі баянсыз, бекер дүние екен... Бектұрған мінер ақ боз ат баяғыда көкжиектен шапқылап өте шыққанға ұқсайды. Иесін шаң қаптырып, әлдеқашан көңілден де, көзден де ғайып болса керек.

Соны мойындады.


1986 жыл


ҚОРЫҚ


Бесқарағай қорық болады деген әңгіменің ел ішін кезгеніне жылдан асып еді, ақыры сол шындыққа айналды. 

Қыс ызғары сынып, көк мұздың көбесі сөгіле ауыл іргесіне бір қора балташы сау ете қалған. Содан айналасы бір айдың ішінде даңғарадай төрт үйді қалқайтты да, келген іздерімен тайып тұрысты.

Арада зымырап тағы да бір ай өте шықты. Қарағайдан қиылған қызыл үйлер ауылдың қызыл тіліне ілініп, бір ұшығы Бесқарағайдағы Байсұлтан шалдың да құлағына шалынған еді.

Мұндай жаңалық еліктірмей тұрсын ба, Байекең де әдейілеп ауылға келіп, сәңірейген төрт үйді төрт айналып шықты. Сосын ат басын әдетінше поштаға тіреген. Балаларынан хат-хабар тағы жоқ екен. Амал қанша, қорық туралы пошташы қыз айтқан екі ауыз мәліметті малданды да, жаман шабдарымен аяңдап үйіне қайтты.

– Бұл жер қорық болады екен, – деп, ауыл жаңалығын кемпіріне шай үстінде жеткізді.

– Онысы несі тағы? – деді Бижамал таңырқап. 

«Қорық» дегені Байсұлтанның өзіне де ұғынықсыздау болатын. Пошташы қыз әлдене деп түсіндіріп еді, бар болғыры, құлағына кірмей-ақ қойғаны. Өзі де жөндеп білмеген соң кемпірінің сұрағын жауапсыз тастап, үнсіз қала берді. Қайталап сұрауға Бижамал да қызықпады, сөйтіп бұл әңгіме тағы біраз уақыт ұмытылған болатын.


* * *

Шуақты жаз молынан дендеп, сауын биенің желіні жаншылып, қытығы басылған кезде, ауыл сыртындағы жаңа үйлерді әлдебір бөтен адамдар қоныстана бастаған. 

Артынша олардың біреуі сағағынан үзілген қаракерді жорғалатып, Бесқарағайдағы Байсұлтанның үйіне түсті. Қаракер мінген бұл жігіт – жаңадан ұйымдасқан қорықтың жас директоры екен.

Шабдар сәскеде келген директор қызыл іңірде бір-ақ қайтқан.

Қорық директоры келіп қайтқаннан кейін-ақ Байсұлтаннан маза кетті. Күндіз күлкісі, түнде ұйқысы бұзылды. Қарадай құты қашып, сары уайымға салына бастады. 

Олай болатын жөні де бар еді. Бұрындары «қорық» дегенді әншейін құлақ ұшында ғана қабылдапты, сөйтсе мұнысы шатағы көп шаруа болып шықты. 

Қысқасы, Байсұлтанға бұл арадан көшу керек екен... Көшкенде де уақыт оздырмай, тез арада кеткені жөн екен! 

– Оу, жетпіске жетіп, жер таянған шағымда мен енді көшіп қайда барам? – деп бұл шынымен қиналған.

– Ақсақал, жағдайыңызды түсінеміз, бірақ қорықты жерде заң бойынша адам тұруға болмайды! – деп жас директор да басын шайқап тұрып алды. 

– Сізді қорықшы ретінде қызметке алып, отырған орныңызда қалдырайық десек, жасыңыз келіп қалыпты, сондықтан заңға томпақ келе алмаймыз, – деп амалы жоқ жандай иығын қиқаңдатты. 

– Қалқам-ау, бұл жерде баяғыда ақар-шақар ел болған, әгәрки қазір солар әлі отырғанда – оларды да көшірер ме едің? – деді бұл.

– Баяғыда болса болған шығар, бірақ дәл қазір ондай ел жоқ қой? – дейді директор ыржиып. 

Екеуара осы әңгімеден мұның ұққаны – ата жұртын аттамай аруақтарды күзетіп, қарайып жалғыз отырған бұл Байсұлтан ел санатында жоқ екен.

Тегі, ауылдағы біреулерден сұрастырып білді ме, жас директор мұның ұрық-шарқына дейін тізбелеп түгендеп берген. Екі ұлының соғыста мерт болғанын, жалғыз қызының бір әскер жігітке тұрмысқа шығып, көптен бері Сібірде тұрып жатқанына дейін хабардар екен. «Өскемендегі кенже ұлдың қолына бармайсыз ба?» – деп сөз тастаған. Қарт кісінің кінәмшіл боларын жастар қайдан білсін, келіннің қолына қарап, кіріптар болудың кілтипәні пәруейлеріне де кірмейтін секілді. Әншейін «барыңыз» дейді. Айтқанға оңай-ау, алдымен өздері Байсұлтан құсап қартайып көрсе етті... 

Өткен жазда әдейілеп қалаға барып, кіші ұлдың ау-жайын барлап еді, бүйткен ұлы бар болсын, көңілі жер болып қайтты. Енді қала жаққа аттап басса – Байсұлтан аты өшсін... Әттең, анау жаман боқташақты қимайды, көмейі бүлкілдеп, соларды сағынады. Арагідік өздері келіп, немерелерін маңдайынан иіскетіп тұрса жарар еді-ау. Жетесіздер, соған да өрелері жетпей, жылына алар жалғыз демалыстарында Қырым мен Кавказға қашып жүр. Жаман шалдың көңілінің ендігі қуанышы да, жұбанышы да сол немерелері емес пе, соны ұқса етті!

Ұлды қойшы, шіріген жұмыртқа болса да кіндігінен кіш еткен өз ұрпағың ғой, жамандыққа әсте қиярмысың. Өзінің қызметі де әжептәуір сияқты. Бірақ байғұс бала келіннің алдында осалдау ма деп қалды. Қазіргінің келіндері де қара таяқ қу емес пе, ата-енесінің алдында сыр білдірмей, құрақ ұшқан болысады. Қойнында қара тас жатса да әсте сездірмейді-ау, сездірмейді. Мұның келіні де сол қоңсыдан болып шықты. 

Қала дегенді былайғы жұрт жатып кеп жамандап жатушы еді, ондай жамандығын бұл Байсұлтан байқай қоймады.

Аздап тынысты тарылтып, көңілді қамағаны болмаса, тұрамын деген кісі түбі үйреніп кететін мекен секілді. Киносына да, театрына да барды, араламаған жері жоқ, ұл-келіннің пейіліне дән риза еді. Әттең, қайтар кездегі келіннің сөзі құлағына түрпідей тигені болмаса. Түрпідей ғана тиіп қойған жоқ, іш-құрсағын қопарып, санасын төңкеріп кеткен. Құдай ақы, естиін деп естіген жоқ... Немерелерін ойнатып, алдыңғы үйде бейқам отырған. Құрғыры, сол кезде оқыс құлағына шалынды емес пе.

...Ұлы мен келіні төргі үйде сыбыр-күбір сөйлесіп жүрген. Сөз арасында «атам қашан қайтады, тездетіп қайтса екен өзі, үй сасып барады» деді келіні қылымси кейіп. 

Ұлы тарапынан бұл сөзге қыңқ еткен жауап болмады. 

Дәл осы тұста Байсұлтан сүтке тиген мысықтай бүрісіп, дәрменсіздігін сезініп қалды. Ұлынан демеу іздеп, алаңдап еді, қорғаусыз қала берді. Онысы үшін оған титтей де ренжіген жоқ, «қала тірлігі әбден жасытқан-ау өзін», деп бір түйді де, жолға жиналды. Келіні әдетінше құрақ ұшып, «келіп тұрыңыз, ата» деп, көзіне сығымдап жас алып, қолтығынан сүйеп автобусқа отырғызып жіберді.

Ортаншы баласы тау-кен инженері еді, әлдебір шет жаққа үш жылға жұмысқа кеткен. Бала-шағасы өзімен бірге көрінеді. Кеткелі бері тілдей жалғыз хат келгені бар, басқасынан әзір бейхабар. Соған қарағанда осылардың қай-қайсысы да аман-саулықтарын айтуды да ауырсынады-ау деген ой келеді.

Шүкіршілік, көштен қалмасыншы деп ұл-қызының бетінен қаққан жоқ, оқытты, жеткізді, жолдарынан қалдырмай қалаға жіберді. Осыным бекер ме деп те ойлайды кейде. Олай дейтіні, мінеки, бәрін тарыдай шашып алып, сопиып жалғыз қалды... Қалаға барғанның тастай батып, судай сіңіп кететіндеріне таңы бар. Бұ шіркіндер бүгінде туған жерін, ата жұртын менсінбеуді шығарыпты, түзден тоят іздейтін болыпты. Адамды қарадай қынжылтатын да осы мінездері ғой!

Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын... Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Бесқарағайлықтар мектепті жағалап, дүкенді сағалап, «орталық» деп, Шұбарағаш пен Жалқарағайға жарыла көшіп жатқанда, мұның бүйрегі де бүлк еткен жоқ. Балаларын интернатқа тапсырды да, қайқайып қайтадан тауға тартты. Екі қолға бір жұмыс Бесқарағайдан да табылып, леспромхозға кіріп алды. Ел іргесіне жақында деген ақыл сөзді шаншудай шам көрді. Сонысы күпіршілік болды ма деп те ойлайды қазір. Жатбауыр боп интернатта өскен бала үйде тұрушы ма еді... Ендігісі, міне, қарасы суалып қаңғырып қалғандай күйде жүр. Ілгері басқанның иті оттайды, омалып Бесқарағайды күзеткеннен ұтқаны не сонда? Әне, кеше ғана ауылға кеткен Қалиасқар құрдасының бүгінде үзеңгі-бауы сегіз қабат, шекірейіп шекесінен қарап отыр.

Байсұлтанның бәйбішесі кіші баласы мектеп бітірген жылы дүние салған. Кіші ұлға риза, әкесін қауқитып иен үйге жалғыз тастамай, совхоздың бәкін-шүкін қара шаруасын күйттеп, қарайып бір жыл қасында жүрді. Қызы мен ортаншы ұлы қайтқан құстай жылына бір келгендері болмаса, ол кезде сайда саны, құмда ізі жоқ, түзде тентіреп жүрген-ді. Кіші ұлы да түбі бұл Бесқарағайға байласаң тоқтамасын, әншейін амалсыздың күнінен торға түскен торғайдай болып жүргенін Байсұлтан іштей сезетін. Жалғыздықтан жасқанса да, баласын бүйтіп тізгіндегісі келмеді. Бас құрауы әлі ерте екен, ендеше қатарынан қалмай, қалаға оқуға барғаны жөн деп шешті. Бәйбішесінің жылын өткізгеннен кейін, апайы мен ағасының көзінше кіші ұлға ақ батасын беріп, қалтасына қаражатын салып ұзын жолға қоя берді.

Сосынғысы ағайынға сөз айттырып жүріп, Бижамал атты өзіндей бір мұңлықты кезіктірген. Ағынан жарылса, «сынық жетім шал» деген былайғы қаңқу сөзден именді. Әйтпесе бұл Байсұлтан шырғасы берік боп, шыдамсыздықтан үйленген жоқ еді.


* * *


Қорық директоры содан кейін де Бесқарағайға бір рет келіп қайтқан. Байсұлтан бұл жолы әр нәрсені сылтау етіп, төрінен көрі жуық екенін, ендігі ойы – ата-баба зиратында қалғысы келетінін айтып қасарысып көрді. Ескі дәстүр, ежелгі салтқа дейін суыртпақтап көлденең тартты. Директор да көзі қарақты оқыған жас қой, бәріне де дәлел тауып, сынаптай сырғып, сөз құйрығын ұстатпай-ақ қойған.

«Жас бала емес пе, ыңғайын тауып, мұртын майлап жіберсем қайтеді», – деп те мұны сайтан түртті. Бірақ бұл ниетінен лезде айнып салды: есіл сөз мірге өтпей жатқанда, бүгінгі жас былайғы ымды қайдан ұқсын деп ойлады.

Сабыр суын қауғалап, әліптің артын бағып жатып алуға директор дес бермесі және белгілі еді. Бұл ойлап тапқан айла-шарғының ендігі қалғаны – беттің арын белбеуге түйіп, салып ұрып аудан бастығына бару болатын. Рас, Байсұлтан бұл жасына дейін біреуге сөз сатып, сөз бұлдатып көрмеген жан еді, амалың таусылса ондай кіріптарлыққа да баруға мәжбүр болады екенсің... Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Бұның бәрін тізбелеп, қаламы бас білетін біреуге қағазға түсіртіп алса – үлкен бастықтың да жүрегі мұз емес қой, жібитін шығар!? Олар да көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар ғой, ақ сақалын сыйласа да бір кесімді пікірін айта жатар... Сосынғысы құдайдың өзі құлым десе, пайғамбар үмбетім демесіне шамасы қайсы?!

Осы байламға тоқтаған Байсұлтан ертесінде жүгенді алып, жаман шабдарын іздеуге шығып еді, күннің жұма екені есіне түсіп, сүйретіліп қайтып оралды. Жүгенді орнына ілді де, үйге қайыра соқпай, қолын артына ұстаған күйі басы ауған жаққа тәйтіктеп жүріп кетті. 

Әлдебір жотаның жалына жете бір-ақ дем алған. Тізе бүгіп, күлтеленген жылтыр күреңсенің үстіне жантая жығылды. Қонышынан шақшасын алып, бипаздап насыбай атты. Көңілі салыңқы еді, қара тастай басқан наз-нала еңсесін езіп жібергендей. Өзі де байқап жүр, соңғы кезде күрт әлсіреп, сүйегі сырқырап, белі сыздап дегендей қайдағы жоқ пәлекеттер бой көтеріп жатқан сияқты. Жүрек жазған да қажыды білем, оның да шанышқылауы жиілегені байқалады.

...Түстік қанаттағы орман ішінен ши қалпақ, шолақ көйлекті жирен сақал орыс жігіті көрінді. Әр шөптің басын бір шалып, көк шалғынды шиырлап, қағазға бірдеңені түрткілеп жазып жүр.

Соқталдай азаматтың ерсілеу қарекетіне таңырқап, Байсұлтан тыпыр етпей орнында жата берді. Анау болса шөпке шұқшиып, шыр айналып жүріп, алшысынан серейген мұның тура үстінен шыққан.

– Сіз неғып жатырсыз? – деді орысшалап. Тұтыға сөйледі, үріккен қойдай үдірейе қарады.

– Демалып жатырмын, – деп, Байсұлтан саусағымен мұртын сылап, есінеп қойды.

– Бұл қорықты жер ғой?!

– Болса қайтейін...

Жирен сақал көзілдірігін шешіп, көзін сығырайтып, бірер аттап жақындай түсті.

– Сіз браконьер емессіз бе?

Жирен сақалдың осыншалық күдігі Байсұлтанның шамына тиейін деді:

– Сен, жігітім, ондай оспақ сөзіңді қой, тегінде! – деп, сүйегін сықырлатып орнынан тұрып кетті.

– Браконьер емес екеніңізді көріп тұрмын, – деді жирен сақал көзілдірігін қайта киіп. – Сіз қорық территориясына бөтен кісінің кіруіне қатаң тыйым салынғанын естіген шығарсыз? Ендеше ақшалай айып тартқыңыз келмесе бұл арадан дереу тайып тұрыңыз!

– Ау, не деп тұрсың? Мен бұл жерге бөтен адам емеспін, мен осы жерде туғам, өмір сүрдім, еңбек еттім... ата-бабам бәрі осы араныкі, осы жерде жатыр... ұқтың ба! – деді Байсұлтан қапаланып.

«Осының есі дұрыс па» дегендей, жирен сақал көзілдірігін көтеріп, Байсұлтанды бастан-аяқ шолып өтті.

– Сіз ғылыми қызметкер де, қорықшы да емессіз, – деді сосын дауысын өктем шығарып. – Ендеше сіз бөтен адамсыз. Мен сізді ендігәрі бұл төңіректен қайтып көрмейтін болайын!

Жирен сақал осыны айтты да, «сөзім бітті» дегендей теріс айналып, шұқшиып шөбін теріп өз жөнімен кете барды. Нендей уәж айтарын білмей жер болып жүдеп Байсұлтан қала берді.


* * *


Сол күні ол қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Содан бесінші күн дегенде әзер басын көтеріп, қалқиып бой көрсеткен болды.

– Ауыл жақты шолулап қайтайын, балалардан хат-хабар бар шығар, – деп, әйеліне беті бері қарағанын сездірді.

Жаман шабдарын Байсұлтан сирек мінетін. Содан да болар, әсіресе, осы жазда кер табаны құйымшағынан майы шыға жылтырап, иесін жатырқап, осқырынуды шығарып жүр. Қазір де құйрығын сабалап, сырт айналып жүген салдырмай шалды біраз әурелеп алды. Атының осындай шәлкес мінезі Байсұлтанға кәдімгідей жағатын: «жалғызсырайды ғой жазған, иесіне еркелегені де» деп сүйсінетін іштей. Кезінде Байсұлтанның да бірер жылқысы бар еді, бүгін мал дейтін мал да қалған жоқ. Балаларын оқытты, қызын ұзатты, екі ұлын үйлендірді, бәйбішесінің төрт міндетін атқарды. Тізе берсе осының бәрі қып-қызыл шығын екен. Қазір қорада сілекей сүртерлік қана бірер қарайған қалды.

Ауылға кірген бойда Байсұлтан әдетінше төтелеп поштаға бет бұрды. Бұған деген хат-хабар тағы жоқ болған соң, пошташы қызға екі ұлы мен Сібірдегі қызының әдрісі жазылған тілдей парақты ұсынды. Былайғы сөзге балаларының елең етпесін сезді де: «Әкелерің әл үстінде жатыр, тез жетіңдер!» деп телеграмма соқтырды.

Әлдебір үлкен шаруаны тындырып тастағандай поштадан жадырап шықты. Табалдырық үстінде аз-кем аялдап, көзінің суын сүртіп, жан-жағын шолулады. Төңірек құлаққа ұрған танадай екен: құдды бір бұл ауылда тірі пенде жоқ сияқты. Әншейінде ат құйрығына ауыз салатын жабағы жүн жаман иттерге шейін аптаптан ығып, көлеңкені сағалап кетсе керек. Жаз шықса болды, бұл Шұбарағаштың тайлы-таяғына дейін шөпте жүретіні Байсұлтанға бұрыннан мәлім. Әйтсе де көше бойынан қыбыр еткен қарайғанның болмауы көңілді құлазытқандай екен.

Тау тұмсығын жиектей созылған мына бір шеткі көшенің көбісі анау Бесқарағайдан келіп қоныстанғандар еді. Бүгінде осы көше бойында Байсұлтан үшін бел жазып, сыр шертер замандас та қалмады. Бәрі де ілгерінді-кейінді сетінеп, бір-бір төмпешік боп қазір анау қыр басында жатыр. Қалқиып қара жер басып жүрген бесқарағайлық үлкендерден – Қалиасқар екеуі ғана... «Көңілден көңіл су ішер» деген, адам ұлғайған сайын тетелес досқа зәру болады екен.

Тырақы шалды шөпшілер қайтсін, борсып үйінде жатқан шығар деген оймен, Байсұлтан атына мініп, тастақ жолмен тағасын шақылдатып Қалиасқардікіне қарай тартты.

Қаншайым кемпір есік алдындағы көлеңкеде сығырайып ұршық иіріп отыр екен. Аман-саулықтан соң, шалының шыбыннан қашып, үйде жатқанын айтты.

Қалиасқар төр алдындағы сырмақ үстінде бір уыс болып бүрісіп қалыпты. Құрдасын көргенде Байсұлтанның арқасы қозып, есіктен айқайлай кірді:

– Әй, Қалиасқар, мұрныңа жылдың иісі келді ме, тал түстегі жатысың не, бәтіреке?

Қалиасқар орнынан үйелеп әзер тұрып, бүгежектеп келіп қолын алды.

Бұлар сыртқа шыққан кезде, Қаншайым ұршығын тастап, күйбеңдеп жерошақ басын жағалап кетіпті. Қалиасқар беті-қолын дымдап сүртінді де, аула сыртында басын шұлғып шыбындап тұрған Байсұлтанның атына қарай жүрді.

– Байсеке, мына жаманың жұнттай семіріп алыпты ғой? Арам ет болып жүрмесе жарар еді... Жақсылыққа көрінгей, тіфу!

– Суқаныңды үйіріп неден шошып тұрсың? Осы тобан аяқ қарабайырымды қайсыбір арғымағыңа айырбастамаймын тегінде.

– Әне, – деді Қалиасқар басын шайқап, – бұл жұрт қара жүнді қарғасын да мақтайды-ей?

– Мақтамай қайтейін, ат құтаймас қу тақым біреулер тілдеп жатса...

– Па, шіркін, пырақтың жел жетпесін ерттегендей бөсуін мұның!

Қалиасқар атты жетелеп, қораға апарып байлады. Байсұлтан көстеңдей басып қалқаға төселген киіз үстіне қонжия кетті. Жаны жадырап, жүрегі жылып салғандай. 

Көшенің шаңын аспанға көтеріп, құйрығын шаншып тырағайлап бір ала сиыр өте шықты. «Ойпырмай, мына ыстыққа басу бар ма? Құс қанаты күйгендей ғой, бәтіреке. Тым құрыса көлеңкелік қысыр бұлттың да жоғын қарашы!» – деп, Байсұлтан көкке көз салып қойды.

– Қазан аузы жоғары деген, Байсекеңдік қарайғаның қалған шығар? – деді тізе түйістіре жайғасып жатқан Қалиасқар кемпіріне дауыстап.

– Пейілдеріңе рақмет, бәтіреке. Ағарғаның болса, қара азығың да жетер, Қаншайым. Асығыстау едім, – деп, Байсұлтан шын ризашылығын білдірді.

Дастарқан жайылғанша екі шал биылғы жаз туралы кеу-кеу сөз қозғап, асықпай насыбай атысты. Нәсіп қылса, бұл өңір бая қуған малшы байитын, тіпті қора түбіндегі ақсақ тоқтыға дейін қысыр қалмас берекелі жер екенін ұзақ әңгіме етісті.

Әлде сараңданғаны ма, әлде қыстан қалған жұқанасы осы ма, Қаншайым құстаңдайланған бірер тілім қазыны дөңгелетіп ортаға әкелді де, Байсұлтанның алдына қарай ысырып қойды.

– Тақым салмағалы біраз болып еді, қара етім жыртылып қапты, – деді Байсұлтан қозғалақтап.

– Иә, Байсеке, – деп, Қалиасқар да құрдасын түсінгендей басын шұлғыды. – Екеуміз асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой... Енді бұл тірліктің бізсіз де таңы атып, тауығы шақыра жатар.

Сораптап шай ұрттап отырған Қалиасқар күңкілдеп тағы да сөз қозғады.

– Жазымышқа қарсы тұратын қауқар қайсы... Кәрі қойдың жасындай ғұмыр қалды, «қашан» деп күн санап, біз де отырмыз мінеки. Дегенмен, Байсұлтан, сен күрт шөгіп кетіпсің... Балаларыңды бір шақыртып алсаң нетті?

– Жер құлағы жетеу емес пе, Бесқарағайдың қорық боларын олар да естіген шығар. Хабарсыз жатқандары қайткені жетесіздердің?

– Ауылға сирек келетін болдың, келсең де бұрылып соқпай кетесің? – деді Қаншайым.

– Үйірсек аттай емпеңдей берсең – ағайынға қадірің болмайды, – деп, Байсұлтан бір тілім қазыны таңдайына басты.

– Қадірлі болып жүргенің сол ма, Бесқарағайдан ит қосып қуалап жатыр деседі, – деп Қалиасқар құрдасына қабақ астынан көз салды.

– Естісеңдер, сол рас сөз.

– Рас болса, қандай байламға келдің? 

Байсұлтан үндеген жоқ.

– Әлгі екі ұлыңның бірі ауылда болса ғой – баяғыда көрші болар едік, – деді Қаншайым.

– Тізе жылытам деп желігіп жас қатынға үйленді, өгей шеше әперіп, ұлын ойға, қызын қырға бездіріп жіберді. Бар бәле осы қарағымның өзінен, – деді Қалиасқар.

– Қылдан қиқым іздемей тыныш отыр! – деп Қаншайым шалының әзілін жақтырмай қалды.

Байсұлтан да құрдасының сөзін ауыр қабылдаған:

– Бәтіреке, тіліңді босқа беземей, осындайда білетін ақылыңды айтып, ара қалыс төреші болмайсың ба?

– Бәсе деймін, сөйтпеймісің?

Қалиасқар кесесін дастарқан шетіне ысырып тастап, үңірейіп Байсұлтанға бұрылды:

– Байсеке, көлденең әңгімені, шүкіршілік, біз де естіп жатырмыз. Көңіліңе келсе де айтайын, сенің тірлігің көжеге өкпелеген баланікі сияқты ма деймін. Алжиын дегенсің-ау, тегі, басыңа бақсы ойнағандай болғаның не соншалық? Со бір қара жұртқа жабысып қалғаныңа таңым бар. Біреу кіндігіңнен байлап кеткен жоқ қой сені...

– Қайтейін енді... Кәрілік келіп, табанның бүрі кете бастаған соң, ата жұрттың топырағы бұйырса деп тілеп едім... тегі, құдай тұзымды көтергісі келмеді білем.

– Батар күннің атар таңы бар, Байсеке. Бесқарағайдан көшеді екем деп босқа таусылма. Біз де бір қордалы ауылмыз, қоралы жұртпыз, далада қалмассың, тегі.

– Бәсе деймін-ау! – деп Қаншайым шалының сөзін қостап қойды.

Қалиасқар сөзін жалғай түсті:

– Біз де сол Бесқарағайдан келгенбіз, оны өзің де жақсы білесің. Шүкіршілік, аштан өліп, көштен қалғамыз жоқ... Қайта жаманымыз жақсарып, қысқамыз ұзарды, боғымыздан боталы түйе жасап байып алдық мінеки.

– Сөзіңнің жөні бар, – деді Байсұлтан мойындап.

– Әй, кемпір, шайың кесіліп қапты ғой, қызартарыңнан салсаңшы былай! – деп Қалиасқар Байсұлтанның кесесіне қол жалғады.

– Сөзіңнің жөні бар, бәтіреке, – деді Байсұлтан тағы да басын шұлғып. – Бірақ, ата жұртты қиып кету оңай емес екен... Жарықтық Бесқарағай ежелден қабырғалы қалың ел еді. Құдайдың құзырына түскендей қаңырап иесіз қалғанына жаның қиналады. Өзіңе айтайын дегенім – адам құрсағынан арымайды, құлағынан ариды дейтіні тегі рас екен. Осы бір қысыр әңгіме мешелге жөтел боп қосылып, мені әбден діңкелетіп бітті. Өзім де сезіп жүрмін, осы жаздан шығу-шықпасым екіталай сияқты... әйтпесе басым бапанға кетсе де көнбес едім.

Қаншайым шайын демдеп, қайыра кесе қыдыртты.

– Е, е... Байекесі-ай, ендігісі екеуміз де күлге шөккен кәрі бурамыз ғой, – деді Қалиасқар жеңіл күрсініп.

– Оны мойындамасқа шамаң қайсы? – деді Байсұлтан.

– Апырай, өмір дегенің атқан оқтай өте шығыпты-ау! – деп, Қалиасқар таңданғандай басын шайқады. – Баяғыда ойлаушы едім, көңілден ел көшкен соң-ақ, тегі, бұл тірліктің базары тарқайтын шығар деп. Бекер екен... Кеудеде шыбын жан барда бір күндік жарықты күйттеп, қауқиып отыра береді екенсің.

– Байсеке, шайды қанып ішсеңші? Ыстық шай қан пісіреді, – Қаншайым Байсұлтанның алдындағы бос кесеге қол созды.

– Шайыңа баға берсем – байтал биенің бал қымызы дер едім, – деді Байсұлтан әзілдеп.

– О не дегеніңіз, Байсеке! – Қаншайым шайдың қызылын қоюлата құйды.

– Па, шіркін! – деді Қалиасқар мырс етіп. – Мына кемпірге желік бітпесе неғылсын. Айғыр қараған биедей бұлқынуын қарай гөр енді қартайғанда.

– Байғұс-ау, тантымай тыныш отырсаң етті, – деп, Қаншайым шалына шап ете қалды. – Сені адам етіп, ел қатарына қосқан мен емеспін бе. Әйтпесе кім едің сен?.. Осы Байсекеңдер салбурынға шыққанда қызылшы боп еруге әзер жараған ынжық емес пе ең?!

– Әне, қазіргінің кемпірі қапталдан шауып килікпесе бастары ауырады.

– Өзің ғой... албаты тиісіп отырған.

– Менікі әншейін де... Есекке үкі таққандай Байсұлтанды мақтағаныңа күлкім келеді.

– Мақтасам, орнымен мақтап отырмын. Бозбаласында оғы жаза кетпеген жұпар кіндік еді ғой бұл кісі. Әттең, мына біз жаққа назарды салмай-ақ кетті! Әйтпесе сендей қазымыр қыршаңқыны қайтер едім...

Қаншайымның сөзіне екеуі де кеңкілдеп күліп алысты.

– Ендігісі, міне, екеуміз де қазан ұрған құрақтай семіп қалдық, – деді Байсұлтан.

«Салбурынды айтып, қай-қайдағыны еске салуын қарашы, – деп ойлады соңынан. – Қыз кезінде өжет еді, қазір де шалын беттетпей отырғанын көрдің бе. Рас айтады, осы Қалиасқар жас кезінде қолынан қой жығу келмейтін ынжық болатын, еті тіріліп ел болғаны кейін ғой».

– Шақшаңды бері тасташы? – деп, Қалиасқар жылжыңқырап отырды. Құрдасының аяқ астынан сопы бола қалғанына Байсұлтан мырс етіп күліп жіберді.

– Бәтіреке, кемпірің сені түкке жарамсыз етіп тастады-ау деймін, үнің басқа жақтан шыққандай ғой?

– Е, бұл кемпірдің сөзі кім, өзі кім. Естімей жүрген қырқылжың емес қой.

– Жақсы болсын, жаман болсын, сол дәуреннің бәрі де Бесқарағайда өтіпті-ау! – деді Байсұлтан шақшасын Қалиасқарға ұсынып жатып.

Сөз ашып, сыр сарқып әңгімелескеніне Байсұлтанның көңілі жадырап, бетіне бояу тепті. Насыбай атып отырып, алыстағы қызын есіне алды. Айтуларына қарағанда, Сібір дегені жердің қиыр шеті сияқты, атам қазақтың әлгі «ит жеккен» дейтіні тура сол болса керек, тегі. Бұл заманның темір қанат көлігіне тоқтау бар ма, «телеграмм» тисе арысы үш күнде сарт ете қалады. Әйтсе де соншалықты алысқа кеткендері несі екен? Туған жерін сағынбай қалай ғана шыдайды осылар? Әлде бұл немелер тек қана күлкі көйлеп, түйсігі басқаша болып өсті ме? Әскер ғой, күйеу баланы бері жібермейтін тәрізді. Өзге бір кезбе күйеу болса – сол «ит жеккеніне» тастатып, талақ қағазымен қоса қызын шақыртып алар еді...

Мұнысы тал қармаған жанның дәрменсіз қоқан-лоқысы, өзіне айтқан жұбатуы екенін өзі де іштей сезетін. Іргедегі Өскеменнен жаман ұлын жалынып жылына бір рет келтіре алмай отырғанда, тескен таудың ар жағындағы Сібірге Байсұлтанның қай зары жетсін.

– Балаларымды шақырттым, – деді Байсұлтан алақанындағы насыбайдың қалдығын қағып жатып. Мұны естігенде Қаншайымның қолындағы кесесі шайқалып кетті.

– Оның жөн болған екен, – деді Қалиасқар самарқау ғана. – Соқырдың тілегені екі көзі, қартайған жанға тыныштықтан басқа не керек... Ендігісін солар шешсін... Әкелерін тентіретпей, жиып алсын былай!

Қалиасқардың сөзі көңіліне тағы да қара бұлт ұялатты. «Тағдыр құрғырға дауа жоқ екен ғой, – деп ойлады ішінен. – Иен таудың арасында нейбетке жүрсе де нысанаға шаншылғанын қарашы! Сары сақал, сал бөксе болған шағында енді қайда барып табан тірейді, қай келіннің қолына қарап кіріптар болмақ? Қу сүйегі саудырап қай қиырда қалар екен!».

Байсұлтан ас қайырып, бетін сипады да, сүйретіліп орнынан тұрып кетті. 

Жүрегі шаншып, бұл жолы шабдарына созалаңдап әзер мінді. 


***

Алысы бар, жақыны бар, әр қияннан әкесіне асыққан үшеу аудан орталығында шұрқырасып табысып, Шұбарағаш ауылына күн ара қатынайтын жалғыз автобусқа бірге мінген.

Автобус ішінде қадау-қадау үрпиіскен осы үшеуден басқа жолаушы болмай шықты.

– Өзгелері қайда? – деп, оңқай асықтай домаланған қой мойынды өскемендік жігіт шоферға сұрақ қойды.

– Кімді айтасыз?

– Жолаушылар қайда деймін?..

– Жолаушылар шөп шауып жатыр...

Осымен әңгіме тынған. Ұзақ жыл көріспесе де көңілдері қабарып, жүдеп-жадап келе жатқан ағайынды үшеу ұзақ жолда жарылып сөйлесе де алмады.

Автобус ауданнан ертелетіп шыққанымен, бұралаңы көп тау жолында миды шайқап, ыңыранып күшеніп ұзақты күн жүріп алды. Содан асыққан ауылдарына әбден сарсылтып, кіші бесінде әзер жеткен.

– Боже мой! Жердің түбі екен ғой! – деді өкшесіне қаранған таспа бел қара торы әйел автобустан түсіп жатып.

– Біз барар жер әлі алда, – деп, шетелден келген қылаң мұртты, қырма сақал ұзын кісі бәтеңкесін асықпай көк шөпке сүртті.

– Әбден масқарамыз шықты-ау!.. Тым болмаса тілін тауып, мына автобусты жалдасаңдар етті, бізді зәйімкеге дейін апарып салсын!

– Бесқарағайға машина барғанын қашан естіп едің?

– Ужас какой... 

– Бармайды, жаяу тартамыз.

– Да ну, к черту... сендердің бүйткен тірліктерің бар болсын! 

Сүмбідей сәнді киінген сібірлік әйел амалы құрып, сылқ етіп шабаданның үстіне отыра кетті.

Ала көз қызыл сиырын тырқыратып тоғайға қуып салып, енді жайланып үйге қайтып келе жетқан Қалиасқар автобустың қасында ошарылған үшеуге көзі түсті. «Дәу де болса солар шығар» деп іші бүлк ете қалған. Аяңдап әлгі үшеуге жеткенше көк автобус көк түтінін бұрқ еткізіп, қалбағай ойнап келген жағына кете барды.

Келгендердің үшеуі де Қалиасқарды анадайдан тани кетті. Еркектер ақсақалдың алдынан шығып, қол беріп амандасты.

– Әкелерің өлетін емес, – деді шал жолаушылардың күпті көңілін басайын деген ниетпен. – Осыдан төрт күн бұрын келіп кеткен. Аман-сау, насыбайын атып шапқылап жүр.

– Бесқарағайға жетудің ретін таппай тұрмыз, ата? – деді өскемендік жігіт.

– Қазір ол жаққа бөтен адамды аттап бастырмайды. Қорық жасап тастаған... Анау үйге барып рұқсат қағаз алыңдар. Әйтпесе пәлеге ұрынасыңдар! 

Қалиасқар ауыл сыртындағы оқшау үйлерді нұсқады.

Жолаушылар шалмен қош айтысты да, шабадандарын көтеріп шұбатылып қорық кеңсесіне тартты.

Қырсыққанда, қорық директоры орнында жоқ болып шықты. 

Өзін «директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасарымын» деп таныстырған сары сақал арық жігіт рұқсат қағазды бере алмайтынын ескертті. Бұлар «анау жақта орман ішінде әл үстінде әкелері жатқанын» түсіндіріп, телеграмманы көрсетіп дәлел айтып жалынса да, сары сақал беттетпей қойды. «Директордың келісімінсіз ондай қылмысқа бара алмайтынын» айтып, сазарып отырып алды. Амал жоқ, кеше таңертең ауданға кеткен директорды күтуге мәжбүр болысты.

Әне келеді, міне келедімен директорды күте-күте қас қарайып, түн болған. Қонақ үй жоқ, сары сақалдың рұқсатымен үшеуі қорық кеңсесінде қалғып-шұлғып таңды атырды.

Таңертең келетін шығар деп күткен директор жолаушыларды тағы жарты күн сарғайтып, машинасын шаңға орап, түс ауа жеткен еді.

Жалғыз жапырақ рұқсат қағаз қолдарына аман-есен тиген соң қаладан келген үшеу каздай тізіліп, Бесқарағайға қарай бастаған таспа сүрлеуге түскен. 

Жолдың қарағайлы орманға кірер тұсына сырық теректен шлагбаум құрып тастапты. Шлагбаумның қасындағы табақтай сұр тақтадағы «Стой! Территория заповедника!» деген жазу сонадайдан жарқырап қарсы алды.

Үшеуі жаяулатып шлагбаумге жеткен кезде, табан жолдың арғы ұшынан басына қара салған жалғыз әйел көрінді.

Бұл – кеше түнде науқас үстінде көз жұмған шалын оң жаққа жатқызып, ауылға хабар естіртуге келе жатқан Бижамал шешей болатын.


1985 жыл



ОРМАНШЫ 


Көбей – он жыл бірге оқыған, тай-құлындай тебісіп бірге өскен кластасы еді. Балалықтың қызығы мен шыжығын үріп ішіп, шайқап төгіскен үзеңгі досы еді.

Бүгінде соның бәр-бәрі көрген түстей келмеске кеткен.

Әрине, кіммен кім бірге оқымай жатыр, кіммен кім дос болмаған. Ондай-ондайды тізер болсаң – осы ауылда дос дегенің қойдай өріп жүр. 

Бірақ Айтқали үшін Көбейдің орны бөлек болатын.

Балалық-ай десеңші, қызығы таусылмастай, қызуы басылмастай-ақ көрінуші еді-ау! Сөйтсе, мынау дүниеде бәрі де баянсыз, өткінші екен ғой... Ноқталы ботадай жетелеп, өмір өз ағысымен әркімді әр жаққа ағызып алып жөнелді. Өмір өзгерді, өмірмен бірге мінез де өзгерді, баяғы балалық бал сезім адыра қалды. Мінеки, он жылдың жүзі болды, «Көбей» десе маңдайы тырысып, желкесі қырысатын халге жетті. Соның бәріне Айтқали өзін емес, Көбейді кінәлі санайды. Осыдан бірер жыл бұрын ауылдан мұның безіп кетуіне де себеп болған сол Көбей... Қайда барарын білмей қатты қиналып, ақыры қашып барып Захар шалдың кордонын паналаған.


* * *

Кордонға келіп, орманшы болып орналасқанына Айтқали қуанбаса өкінген жоқ. Қалай болғанда да осы шешімі жөн болғанға ұқсайды. Онсыз да ала көбең шаруаны күйттеген ағайыннан алып алты, жеп жеті болмасын көрегендікпен сезгендей екен. Шүкіршілік, қазіргі жағдайы жаман емес, ағайынмен алыстан сыйласып, «ортақ өгізден оңаша бұзауым» деп жүріп жатқан жайы бар. Байқағаны, орманшылық – оң жамбасына келетін тәп-тәуір кәсіп екен. Аламанмен шатағың жоқ, өзіңмен өзіңсің. Арты шаңсыз, алды даусыз нейбетке қарекет. Оның үстіне, осы ауылда қыс кезінде екінің біріне оңтайлы шаруа да табыла бермейді. Әйелдерді былай қойғанда, кейбір азаматтардың да қол қусырып, сенделіп қалатын кездері жиі. Еріккен еркектер өздерін қоярға жер таппай, жиналып алып карта соғады, ішімдікке бас қояды, сөйтіп малталарын езіп жүргендері. Әрі қыс кезіндегі табыс та мардымсыз, малың болмаса ондай табыспен бала-шағаңды асыраудың өзі қиын. Айтқали соның бәрін көріп те, біліп те жүр. Олармен салыстырғанда кесімді айлығы бар орманшының жағдайы көш ілгері екен... «Малдының беті жарық» дегендей, қыс ызғар, жаз шаң тимейтін қойнаудағы кордонда малды қанша ұстасаң да еркіңде. Оны да қойшы, осы кордонға көшіп келгелі, ауылдағы құрдастарының қыршаңқы қалжыңынан, күншіл күңкілінен құлағы тыншиын деді. Айтқали, әсіресе, сонысына риза.

Баяғыда осы Көбей тас талауы сыртында, аңқылдақ жігіт сияқты еді. Бірақ, кейінгі жылдары бұзылды, тілін безеп, мылжыңдап көп сөйлейтін болып жүр. Жайына сөйлесе бір жөн ғой, тиісе сөйлейді, шымшып сөйлейді. Тиіскенде – тілінің уыты бар, шоқ тигендей қарып алады. Бұл бәтшағардың мінезі бүйтіп қашан өзгерген, қалайша мақтан көйлеп, сөзуар боп кетті? Айтқали соған таңданады.

Бәленің басы «сен неге қатын алмайсыңнан» басталып жүр. Қайта-қайта сүйкеніп, тілмен қажап, жуандық көрсететіндерін қайтерсің!.. Баяғыда: «Отызға дейін бір алармын», – деп жалтара жауап беріп, сөзбұйдамен құтылып кететін. Қазір Айтқали өзі айтқан әлгі «отызының» бел ортасын аралап қалған жайы бар. Енді қандай сылтау таппақ?

Қыр айналып қаншалықты қашып жүрсе де, түнеу күні Көбеймен ойда-жоқта кездесіп қалған.

– Шыныңды айтшы, осы сенде үйленетін ой бар ма, жоқ па? – деді Көбей сол баяғы «әніне» басып. – Ауылдағы достарың «кеуіп кетті» деп күдік келтіріп жүр саған. Жүздерін айдай етіп дәлелдесеңші бір!

Досының мылжың сөзінен Айтқали әзер қашып құтылған.

Көбейді өстіп аузына ерік беріп, әспенсітіп қойған мұның өзіне де обал жоқ... Кездескен сайын мылжыңдатып сөйлете бермей, неге бетін қайтарып тастамайды? Маңдайына бір-екі рет тисе – өзінің де үні өшер еді. Бұл болса жабыдай жалтаңдап, жүзі сырғақсып, қашуға дайын тұрады. Үндемегенге Көбей үдей түседі. Талай рет қыз-келіншектердің ортасында да көкпарға салып, жерге кірердей еткені есінде. Қанша рет абыройын төгіп, ұятқа қалдырды. «Көбейдің анекдоты» деген қайдағы бір өсек сөздер ел ішіне желдей тарап кетіпті. Кейіпкері тағы осы Айтқали. Сонда қалай, әйелі жоқтың бәрін қоңыр көріп, кем тұтып басыну керек пе екен?!

Алғашында соның бәріне кешіріммен қарап, іштей шыдап жүретін. Бірақ, шыдамның да шегі болады ғой, қашанғы оның жүндеуіне көне бермек?.. Кейінгі кезде бұл Айтекең де осы байламға бекініп, тастай қатып, таспадай түйініп алған.

Әттең, деп армандайтын Айтқали, сол сұмырайдың астынан ит жүгіртетіндей бірде есе тисе екен!

Жалғыз Көбей емес, шынын айтса, анау етектегі үркердей ауылдың қыбырлаған пендесінің бәріне мұның өкпесі қара қазандай. Не үшін өкпелейтінін езі де білмейді, әйтеуір, солардың қай-қайсысы да саусағымен шұқып көрсетіп, Айтқалиды мазақ етіп жүргендей сезінеді. Онысын сыртқа білдірген емес. Бірақ қашанда мұның екі қолы жағасында, іштей сол жұртпен жағаласып та, арпалысып та келе жатыр.

Орманшылыққа кіргелі Айтқали да ортан қол азаматтай тұрмысын түзеп алған. Не ішем, не кием демейді, жұрт секілді бұл да қазір шекірейіп шекесінен қарайды. Олай болса кімнен кем болғаны? Олар бітірген он жылдықты бұл да бітірген. Олар барған әскерге бұл да барған. Олар секілді бұл да талай елді көріп, талай жердің дәмін татып қайтты. Ендеше сол ауылдастардың қай жері артық бұдан? Әлде олардың иті қырым жерге жүгіріп пе соншалықты? Болмаса, бұл Айтқали бүйірге біткен иір бұтақ па екен?

Осындайды ойлай-ойлай жыны қозып, кек тұтады ғой. Әйтпесе онсыз да ала қойдай бүлінген ағайында не шатағы бар дейсің мұның.


* * *

Бүгін Көбейді мұқатар көптен күткен ұрымтал сәт жеткендей күптеніп, Айтқали атар таң алдында атқа қонған еді.

...Түн ортасында сібірлеп жаңбыр жауған, соңынан төңіректі қорғасындай қалың тұман басып қапты. Әдетте мұндай қою тұманды жамылып, жекенің малы көшет еккен танапқа түсетін. Әсіресе Көбейдің ысқаяқ қарасан келгірін біраздан бері аңдып, қолға түсіре алмай жүрген. Бәлкім, сол қызыл көз бәле таң атпай танаптағы көшетті отап жатқан шығар, кім білген?!

Айтқали осы оймен жирен атына мініп, көшет алқабына қарай аяңдады.

Мұның кордоны тау кіндігінен құлап аққан тентек бұлақтың бойында, табиғаттың тамылжыған өзгеше бір тұсында-тын. Жарықтық Захар шал да текті кержақ болған-ау, жайлы жерді жаңылмай таңдапты. Осындай иен-тегін жерді пәленше жыл мекендей тұра, шал байғұстың адалға қарасы болмағаны несі екен? Бірер жәшік балшелегі бар еді, ауданда тұратын кіші ұлы жинап алып кеткен: естуінше, көрші совхоздағы омарташыға сатып жіберіпті. Бау-бақша жағына келгенде шал жарықтық шаруақор болғанға ұқсайды, жарты гектар огородқа екпеген жемісі жоқ. Айтқалиға ондай өнер қайдан дарысын, трактормен айдатып, жыл сайын картоп қана егіп жүр. Оған да шүкіршілік!

Көшеттік танап төмендегі жазаңдау ойпатта, кордонды жанай аққан бұлақтың сол жағасында жолақтана созылып жататын. Жолақтанған алқап қыр биігінен көз салғанда баршабай тышқанның тарғылданған жон арқасын елестетуші еді. Қазір өйтіп қыр басынан көз салу қайда, қарға адым жердегі қарайғанды көрудің өзі қиын.

Айтқали ағаш-ағаштың арасымен баспалай жылжып, бұлақтың бойымен құлдилады. Оқтын-оқтын тізгін тежеп, тың тыңдаған болады. Ондайда астындағы аты да құлағын қайшылап, елеңдей қалады. Бәрібір, бұлақтың сылдырынан басқа бөгде дыбыс естілер емес. Бәр-бәрін мынау масылдай басқан боз тұман жұтып қойғандай, айнала тыныштықта мүлгіп тұр.

Тоғайдың жиегіндегі жалғыз аяқ соқпаққа бұрып еді, аттың тағасы шақыр-шұқыр тасқа тиіп, келе жатқанын күншіліктен әйгілегендей болды. Амалсыз шымдауыт танаптың жылғасына түсіп, соны қуалай жылжыды. Ауылдың сиыр екеш сиырына дейін бұл Айтқалиды әбден танып алған. Қарасын байқағаннан-ақ қорс етіп, құйрықтарын шаншып безіп береді. Сосын қалың ағаштың қай жынысынан іздеп жүресің оларды. 

Тұманға тесіліп, елеңдей құлақ түріп келе жатқанда танаптың таусылғанын да байқамай қалыпты. Бар болғыры, әншейінде аяғына жеткізбестей ат шаптырым жер еді, бүгін неғып шолтия қалған? Амал жоқ, тізгін тежеп, аттан түсті.

Еңкейіп, көшеттің бірін қолымен ұстап, түбіндегі арам шөбін жұлған болды. Сүйем қарыс көк өскін көктемде осындай еді, әлі сол баяғы тарбиған қалпы... Наурыз туа келіп қайтқан баяғы ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл балқарағай дегенің кірпияз, шамшыл ағаш сияқты. Бабы келмесе көрінген жерге көктей де бермейді екен, көктесе де балқарағай бермейді екен. «Ойбу, олай болса еңбегім желге кетіп, несіне арам тер болам?» – деп, бұл да бастықтарға байбалам салған. Жерің жайлы, тәжірибеге ыңғайлы деп, олар да табандап болмай қойды. Осыдан дұрыстап өсіріп, біздің мақсатымызды тәжірибе жүзінде дәлелдеп берсең – көр де тұр, үлде мен бүлдеге бөлейміз, кеудеңе жарқыратып орден тағасың десті. Абыройың аспандап, беделің биіктейді десті. Бастықтардың осыншалық көпшік қоюларына қарағанда, бұл балқарағайың бәлекет шаруа сыңайлы. 

Ішінара қурағандары болмаса, көшеттің әзіргі жайы жаман емес. Бойы оншалықты өсе қойған жоқ, әйтсе де желмен қосылып жайқалған жасыл реңі көңілге үміт ұялатқандай. Апырмай десеңші, осындай жауапты мүлікке қаймана қазақтың малы түссе не болғаны? Айтқалиды істі етіп, бір-ақ күнде отап кетпей ме? Өкімет сеніп тапсырды екен, ендеше аяйтын да, аянатын да дәнеңе жоқ!

Жер бауырлаған боз тұманға жан біткендей, аздан соң арайланып, құбылып өзгере бастады. Тегі, көкжиектен күн шапағы да қылаң бергенге ұқсайды.

Балта даусы естілер ме екен деп, жоғарыдағы тау жаққа құлақ түрді. Үн жоқ, тым-тырыс сазарған мылқау дүние.

Кеше Мұқаділ шал келіп, ағаш сұрап әкіреңдеп кеткен. «Айтпады деме, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын» деп тілін безеп, тісін қайрап кетіп еді. Ондай кісәпір шалдан бәрін күтуге болады. Мынадай тұманды жамылып, әлдебір сайдың ішінде аткөпір ағаш дайындап жатпасына кім кепіл?!

Атасының ала танасын өткізіп қойғандай, әркім келіп ағаш сұрап тықақтайтынын қайтерсің. Орманшы болса – жалғыз, қарағайдай қаптаған қалың жұрттың қайсыбірінің көңілін таппақ. Бірі апа, бірі жезде, бірі бас, бірі дос, әйтеуір осы ауылда көлденең көк атты жоқ, бәрі таныс. Олардың айтқандарынан шықпай, жалпақтай берсе – қандай қасиет қалады? Жайдақ судай көрінген келіп бір ішіп, ішкеннен қалғанын түкіріп кетпей ме? Жо-жоқ, Айтқали аты рас болса ондай жалпақшешейлікке көне алмайды. Көнсе де өз бағасын аспандатып барып, діңкелетіп барып көнетін шығар. Әйтпесе көдеден көп ағайын, түйе ауғанда қайда еді? Адам екен, ел екен деп таныды ма бұл жігітті? Таныған жоқ. Ендеше танысын, білсін Айтқалидың кім екенін!

...Төменгі жақтан, бұлақтың арғы бетінен трактордың күркілдеп барып от алған даусы шықты. Әлгі Көбей қырқылжыңның «Белорусі» ме екен? Арғы жағалаудағы шабындыққа да шалғы түскен-ау, тегі? Пәледен машайық қашыпты дегендей, соларға жанаспай-ақ аулақ жүргені жөн шығар.

Атына мініп, бұлақтың арғы бетіне өтіп, шабындықтың шетімен үйіне қарай аяңдады. Тұмшалаған аппақ тұман әр тұстан бір тесіліп, жылтырап күннің кірпігі де көріне бастапты. Шабындықтың шалғыны ат сауырынан екен, жарықтық көз арбағандай жайқалып жатыр... Былтырғыдай емес, биылғы жыл табиғат шүленсіп-ақ тұр ғой, жер жазған барынша иіп, шықпаған шөбін, бермеген жемісін беруде. Мынау алаптан биылғы жыл кемінде бес мая түсері даусыз.

– Айтқали! Ау, Айтқали!

Бүйірден шыққан оқыс дауыстан селк ете түсті.

Шабындықтың орта тұсындағы абажадай талдың тасасында көгеріп бір «Белорусь» тұр екен. Қасында – Көбей. Қол бұлғап шақырып қояды. Қиырдың қылаңындай қайдан сап ете қалды бұл бәле?

Шарасы құрып, аттың басын солай бұрды.

– Ау, достым, астыңнан су шықты ма, таң атпай қандай жортуылдан қайттың?

– Әншейін... жай шаруа ғой, – бұл күмілжіді.

– Бөркіңе басың сыймай мәңгіріп жүрсің ғой өзің. Мені де көрместен көлденеңдеп өтіп барасың?

Айтқалидың беті жыбырлап, тырыса қалды. Көбей көк шөптің үстіне жамбастап қисая кетті. Басына қол орамалын төрт жерден түйіп, кептеп киіп алыпты.

– Қоқимай аттан түссеңші былай? Көңіл жазып әңгіме соғайық!

– Мынадай қауырт науқанда кедергі боп жүрермін... Түспей-ақ қояйын.

– Біргәдірді күтіп онсыз да бос жатырмын, – деді Көбей бидайықтың сабағын тісіне қыстырып. – Мына жерге кеше түсіп едім, түнде КЗМ-ді тасқа ұрып, тұрып қалдым. Запас бөлшекті күтіп жатқан жайымыз бар.

– Төменгі жақта тағы бір «Белорусь» жүр ғой, ол кім?

– Гоша ғой, Самойлов... Өстіп бедірейіп тұра бересің бе енді! Түс аттан!

Айтқали қинала аттан түсті. Осы құдай атқанмен кездессе болды, жаураған торғайдай құты қашатыны несі екен!

 – Бүйіріңнен сыз өтпей ме? –деді жерде жатқан Көбейге. – Түнде жаңбыр жауды ғой?

– Ондай-ондайға үйренгеміз, – деді Көбей жымиып. – Қар жастанып, мұз төсеніп Алтайдың асқарында да жүреміз, оған қарағанда жаңбырдың сызы айналайын емес пе.

Сыз шөпке құйрық басуға Айтқалидың бәрібір батылы бармады. Қамшысының сабымен қонышын тықылдатып, не істерін білмей қипалақтап тұра берді.

– Сен, Айтқали, Бәдижамалдың сиырын неғып атып жүрсің? – деді Көбей.

– Көшетке түсті.

– Апырмау, енді...

– Көшетке түскен малды мен аямаймын. 

– Иесіне ескертуге болатын еді ғой?

– Сонда маған көрінгеннің үйіне барып, жарапазан шақыр дейсің бе?

– Қалай десең де, ескерту сенің міндетің... Адамгершілік міндетің!

– Бұл жай көшет емес, тәжірибелік көшет, білдің бе! Балқарағай! Алғаш рет қолдан егіп отырмыз. Ондай жауапты жұмысты таптатып қойып, қарап отыра алмаймын мен!

– Ашық күнде қара бұлтты төндірдің-ау!.. Бүйте берсең, әй, Айтқали, түбі сен сотталып тынатын шығарсың.

Мына сөзге Айтқалидың жүрегі шым етіп, шабына от түскендей шамданып қалды. Сазарып қоштаспаған күйі шапшаң бұрылып атына мінді де, шапқылай жөнелді.

Әншейінде жалғыз сөзге он ауыз жауап ілестіріп жіберетін Көбей де жақ ашпады, бидайықтың сабағын тістеген күйі үн-түнсіз қала берді.


* * *

Орталықтағы мекемеге жаңадан бір техник келді деп естіген. Тікелей бастығы қандай кісі екен деп елеңдеп жүруші еді, ертеңінде салаң етіп соның өзі жетіп келіпті.

Бұрынғы бастығы беті шиқандай, бұқа мойын семіз кісі болатын. Бастық десең де, басқа десең де күдірейген тұлғасына жарасқандай еді. Жаңа техник ине жұтқандай имиген арық, жасықтау жас бала екен. Техникумды биыл бітіріп, жолдамамен келіпті. «Тегі, бұл баладан сауға сұрап жарымаспын» деп, Айтқали жаңа бастығын шынымен-ақ қорашсынып қалды.

Техник түске дейін Айтқалидың учаскесінің біраз жерін аралап, танысып қайтты. Құм суырған далада өскен бала екен, өзге әңгіме құрып қалғандай, тау-тастың ағашы мен шөбін мақтаумен болды. Қолын жайып өлең оқыды ма, ыңылдап ән айтты ма, әйтеуір, балалыққа салынып, Айтқалиды әбден жалықтырған. Тепең қағып көрінген түп қарақатқа ұмтылады, жата қалып жердегі жидекті тере жөнеледі. Таңдай қағып, тамсана бергесін: «Шырағым, шошаңдағаныңды қойсаңшы, сенің мұның бастық адамға жараспайды», – деп айтып-ақ салғысы келді. Бірақ жас та болса бас қой, көңіліне кек түйіп жүрер деп тартынып қалды.

Өзіме де обал жоқ, деп ойлаған соңынан, баяғыда сырттай болса да Лениногордың орман техникумына түсіп алуы керек еді. Ендігі бұл да техник болып тайраңдап, бәленше адамның үстінен қарап отырар ма еді, кім білген. Кезінде оқуды ниет қылмады. Қазір ниет етіп, талпынғанмен – шама жоқ... білген білімнің өзі баяғыда-ақ бастан садаға болған. Енді, міне, уыздай жас балаға дейін миыңды жеп, ақыл айтпақ. Көнбеске амалың қайсы!

Кетерінде техник жігіт биыл күзде жинайтын түгіршік пен балқарағайдың жоспарлы мөлшерін айтып, жалғыз жапырақ қағаз ұстатқан. Өзі үйге қайыра соққан жоқ, тура жолмен көрші орманшыға тартып кетті.

Айтқали кордонға келсе – төменгі бұлақтың екі жағасы ығы-жығы халық екен. Басқа жер таппағандай, шөпшілер түскі қостарын мұның үйінің дәл іргесіне әкеп тігіпті ғой. Бұнысын білгенде қалың нөпір тамақтарын ішіп болғанша қыр жақта аялдай тұрар еді. Көзге түстің – бітті, анау бірөңкей қисық ауыз қиқар құрдастары қашсаң құтқармайды.

Пұшайттап қой қайырып жүрген шешесіне көмектескен болып, қораны айнала берді. Бәрібір құрдастарының қырағы көзінен құтыла алмапты.

– Әй, Айтқали, бері кел!

– Жылыстап қайда безіп барады, ей, мынау?

– Бізден қашып бара жатқаны да.

– Қашатындай біз не?.. Әзірейіл ме екенбіз?

«Кел» дегенге елпең етіп жетіп бармай, қасарысып бұл да асықпады. Жайлап аттан түсіп, шарбаққа тізгінді ілді, айылды босатты. Аттан түсе бергенде сиырдың қиын басып кеткен екен, шөпке етігін сүртіп, шыбықпен ұлтанын түрткілеп, күйтіңдеп тағы біраз жүрді. Сосын ғана еріне басып бұлақ басына беттеген.

Шөпшілер көлеңке-көлеңкені сағалап, әр тұсқа дөңгеленіп отыра қалысыпты. Дастарқан сайын бір табақ, табақ толы буы бұрқыраған жас ет. Біреулер жеңін түріп тастап, етті кершеулеп турап жатыр. Қай дастарқан болмасын гулеген әңгіме, қыз-келіншектердің күміс күлкісі.

Көбейлердің дастарқанына бірөңкей сен тұр, мен атайындар іріктеле қалған сыңайлы. Араларында аққудай боп екі келіншек отыр. Айтқали келгенде келіншектер ысырылып, бір шеттен орын ұсынды.

– Дұрыс, Айша, Айтекеңді қасыңа алғаның жөн! – деді мұны байқап қалған бір құрдасы.

– Енді жарастыңдар!

– Онда тұрған не бар, жарассақ жарасамыз, – Айша қызарақтап, тізесін қымтап қойды.

– Айтеке, еңсең түсіп, әукең салбырап кетіпті ғой? – деді ет турап жатқан Көбей. 

Айтқали тымырайып, жауап берген жоқ.

Жігіттер қалжыңы бар, шыны бар, бірінен соң бірі жарыса сөйлеп жатыр:

– Айтекең бізге қарағанда бақытты ғой, он сегіздегі қызға үйленем десе де қазір өз еркінде.

– Жасымыздан қағынып, бар асылымызды қырыққа келмей сарқып алдық, мінеки. Ендігісі етегімізге мөлиіп, омалып қалғанымыз мынау.

– Төрт баланың әкесі болдық. Енді бізді базарға апарып сатса да пұлымыз татымас.

– Айтекеңнің бар асылы бойында-ау әлі... бойында. 

Етті турап бітіп, сулыққа қол сүртіп жатқан Көбей қасындағы келіншекке мойын бұрды:

– Айшажан, сен ақылды қыз едің ғой. Менің сөзімді тыңдасаң – осы Айтқалидың етегінен ұстап айрылма.

Айша ұяттан жерге кірердей болып, екі беті алаулап қызарып кетті.

– Бұл кісі мені қайтсін... – деді ақталғандай болып. – Басы бос бойдақ қыздар толып жүр емес пе?

– Сен, Айша, өйтіп өз бағаңды кемітпе! – деді қасындағы келіншек желпініп. – Бұл жігіттер сендей қызды тауып көрсін алдымен... Жәйі келсе құладынды сұңқар деп, пұлын өткізе алмай жүрген шығар бұл көк соққандар... Әйтпесе Айшадай аруды баяғыдан байқамай, ай бағып жүр ме сендердің Айтқалиларың?

Отырғандар қыран-топан күлісіп жатыр, тіпті жігіттердің біреуі жеп отырған етіне қақалып қалды.

– Масқара, мына Сағиланың сөзін естідің бе? – деді Көбей басын шайқап. – Сен үшін бәріміз жер болдық-ау! Жетер, достым, қу тізеңді құшақтап, көген көзденгеніңді қой, ертеңнен қалдырмай қатын ал!

– Беделден жұрдай еттің бізді, Айтеке?

– Құтқара гөр мынадай масқарадан?

Әрі қарай жұрттың келемежін тыңдап отыра беруге Айтқалидың дәті шыдамаған:

– Қалжыңның да жөні бар, жігіттер! – деп жалғыз рет бұрқ етті де, орнынан тұра жөнелді.

– Ойбу, Айтеке, қайда кеттіңіз? – деп, біреуі пенжағының етегіне жармасты.

– Ренжіп қалды-ау, тегі?

– Әзілдерің қатқылдау еді, біліп ем солай боларын! – деді келіншектің біреуі.

– Қалжыңға бола қабақ шытып, бұғалығын ала қашса – барсын! – деді Көбей.

Айтқалиға, әсіресе, соңғы сөз шаншудай қадалған. Көңілі алай-дүлей, кеудесі жаншылып, аяғын үйіне қарай әзер сүйретіп бара жатты.


* * *

Содан кеш батқанша сыртқа шықпай, диванда дөңбекшіп жатты да қойды. Ештеңеге зауқы жоқ, жүрегін әлдебір ала мысық тырналап жатқандай қиналған. Көкірегінде кек пен намыс қыж-қыж қайнап, шыдатпай барады. Мейлі, қалай аласұрса да, әзірге қолдан келер дәрмен жоғын тағы сезді, сезді де ернін тістеп, көкірегін қарс айырып күрсінумен болды.

Іңір түсе телевизорды қосып еді, жалғыз каналдың өзі бұлдырап, жыбырлап, мардымды дүние көрсетпеген соң – оны да жұлып тастады. Ауылдағы әлеуметтен қалмайыншы деп, бұл бұйымды сатып алғанына да, мінеки, төрт-бес жыл өтіпті. Көбейге қырсығам деп құлашты қалаға сермеп, түрлі түсті көкесінен бір-ақ түсіп еді. Сөйтсе, былайғы жазықтағы мекен емес, тау қойнауындағы тар үйге телевизор дегенің мүлік болмайды екен... Өзінің «мінезі» де қызық. Көңілі түскендей, кейде түннің бір уағында жарқ етіп, шырадай жанып шыға келетіні бар. Әйтпесе басқа уақта жыбыр-жыбыр көзді арбайды да тұрады. Бүйтіп әуреге түскенше дүкенге қайта өткізіп, ақшасын қайырып алғаны оңды шығар.

Онсыз да қабағы ашылмай қабарып жүретін ұлының түйнек тигендей дөңбекшігенінен шешесі де секем алса керек, жақындап келіп, маңдайына алақанын тосты:

– Түрің жаман ғой, күнім, түзде жүріп, жел тиген-ау, тегі? – деді болар-болмас күбірлеп. Іле сырт жақты бір айналып, әлдебір шөптің қайнатқан нілін кесемен көлкілдетіп алып келді. Онсыз да сіркесі су көтермей тырысып жатқанда, шешесінің бәйек бола қалғанын Айтқали жақ-тырмады.

– Тәте, қойшы деймін!.. Ішпеймін!.. – деп қорс етті де, диванды сықырлатып аунап түсті. Оған көне қойған шеше жоқ, тарамыстанған арық саусақтарымен шашын салалап, еркелеткен болды.

– Іше ғой, күнім... Тезірек сауығасың, іше ғой!

– Мен ауырғам жоқ, тәте, шаршап жатырмын. Құдай үшін, тиіспеші маған?

– Мейлі, күнім, мазаңды алмай-ақ қояйын... Бірақ, кесені мына жерге қойдым, ниет етсең ішерсің... Жалғыздықтан да қажып жүрсің-ау, балам. Әкең болса ертерек мерт болды, соңыңнан ерген не іні, не қарындасың жоқ, бір атадан жалғызсың. Сені жеткіземін деп жүріп, мінеки, мен де жарымжан болдым, қартайдым. Ендігі бар үмітім де, тілегім де бір өзің... Бас құрап, немере сүйсем деп те арман етем, күнім. Қайтейін, енді...

Шешесі орамалының ұшымен көзінің суағарын дымдап, сүйретіле орнынан тұрды, күбір-күбір сөйлеп сыртқа кетті.

Айтқалидың көңілін тағы да ала құйын соғып өтті.

Соңғы кезде шешейдің де осындай күңкіл сөзі көбейіңкіреп, жүйкесін жұқартып жүр. Бас сауғалап, барқадар табар жер тарылған секілді. Тіпті, қазір кісі аяғын да ауыр көріп, үйден безетін халге жетті. Біреумен кездесуден қашқақтап, жалғыздыққа жаны бейім бола бастағандай. Баяғыдай емес, адам болып жадырап күлуден қалғалы да қашан!.. Неге олай болды? Қашанға дейін дәретін көмген мысықтай өз-өзінен қуыстанып, көлденең көзден жасқана бермек? Неліктен көкірегіне қан қатып, осыншалық секем-шіл, осыншалық кекшіл болып алды? Иллаһи, осы жағы Айтқалидың өзіне де жұмбақ.

Әйтеуір, ақ жүрегін алалап, бетіне шіркеу боп жабысқан бәле – әйел екенін жақсы біледі. Әрине, үй болғасын ұзын етек біреудің қажеттігі шындық шығар. Бірақ қатын алмай, қамшы ұстамай да өмір сүруге болары тағы ақиқат қой. Айтқали сөйтті екен деп мына дүние қараң қалмас. Әттең, ондай ниетті ұғар ағайын қайда бүгінде?

Соған қарағанда айла-шарғысы таусылып, тығырыққа тірелген тұсы осы сияқты. Досқа күлкі, дұшпанға таба болғанша, расында да біреуді әкеліп кіргізіп, амалдап қолда ұстай тұрса қайтер еді?

Кітаптардан оқып отырса – ғашықтық деген, әйел затына құмарлық деген көз ашып, жүрек жуады десіп жатады. Өз басы ондай кереметті сезінген де емес, білген де емес. Тәйірі, кітап болған соң бәрі де сылдыр сөз, мылжың әңгіме деп көп сене бермейтін. Кейде кино мен телевизорда да біреулер бір-бірімен өліп-өшіп сүйісіп жатады. Әлгіндей орынсыз қылықтардан Айтқалидың қарадай жүрегі айнушы еді. «Гигиенаға жатпайтын бәлені несіне бедірейтіп көрсетеді екен?» – деп тас-талқан шамданып қалатын.

«Тағдырдың жазуына тәбділ жоқ» деседі ғой былайғы жұрт. Сол сөз, тегі, рас шығар. Олай дейтіні – баяғыда бозбала күнінде кезіккен көлденең кесел болмағанда, Айтқалидың да өмірі өзге арнамен ағар ма еді, кім білген!? Кеселдің де кеселі бар. Айтқалиға кезіккен дерт сол кеселдің де ең бір қиыны секілді. Қиындығы сонда, жүзің шыдап біреуге сырқатыңды айта алмай, қарадай қор болады екенсің. Айтқали да тірі жанға сездірмей, біразға дейін шыдап баққан. Ақыры талтаңдап жүруден қалып, жаны шырқырап мұрнының ұшына келген соң, жасырынып ауданға барды, дәрігерге қаралды. 

– Жігітім, жасыңа жетпей суыққа алдырыпсың, вирус түсіпті, – деп дәрігер бір күннен соң қорытынды жасаған. Содан, Айтқали жұмасына бір рет ауданға барып, емделіп, массаж жасатып жүрді. Емделудің кесімді уақыты біткен кезде әжептәуір оңалып қалғанын байқады. Дәрігер еркелете арқадан қағып, жылы-жылы сөз айтып шығарып салған:

– Нешауа, бала, көп алаңдай берме, – деді кеңкілдей күліп. – Бүгінде простатитпен екі еркектің біреуі ауырады. Так что, қорықпа сен... Уылжыған жассың, әлі-ақ жазылып кетесің. Бірақ, түбегейлі емделу керек. Күн суыта қайыра белгі беруі мүмкін, сол кезде тағы келіп жақсылап қаралғаның жөн.

Расында да, сырқаты қараша туа қайыра белгі берген. Бұрынғыдай қинамаса да, дерттің аты дерт емес пе, тамшылап ірің ағып, ашытып ауыртып жүрді. Салып ұрып ауданға барып еді, баяғы дәрігері қалаға ауысып, аудан урологсыз қалған екен. Бар тапқан амалы – аптекаға барып таныс дәрілерді сатып алды да, аяңдап үйге қайтты.

Ауруы мазалай берген соң, жаңа жылдың қарсаңында аудан жаққа тағы барған, урологтің орны әлі күнге бос екен.

Дәрігерді күтумен қыс өтті. Көктем шыға ауруы да бәсеңсіп, өзінен өзі басылып қалғандай болған. Кеселдің беті қайтқанға Айтқали да іштей қуанып жүрді. Алғашында анда-санда болса да шаншып қоюшы еді, кейінгі кезде мазалауды мүлдем қойды. Сырқаты белгі бермеген соң, жүре-келе Айтқали да ауырғанын ұмытып кетті.

Бұл ауруды «кесел» деп тегін атамаса керек. Арада бір жыл өтпей жатып, Айтқали жаны болғанымен жыланы жоқ, әтек боп қалғанын бір-ақ сезген.

Әйтсе де тағдырдың жазуына оңайлықпен көнгісі келмеді. Болған іске шын иланып, сене алмай арпалысты. Екі рет аудандағы дәрігерге барып, екі ретінде де ұялып, кіре алмай қайтып кетті. Жанталасып спортпен айналысты, кір көтерді, жүгірді. Бәрібір одан да дәнеңе өнбеді. Ақыры, он сегізге толмай жатып дүниеден жалығып, өмірден үміті үзіліп, торыға бастады. Ештеңе де еліктірмеді, ештеңе де қызықтырмады. Өмірге деген өкпесі қара қазандай ұлғайып, шырт етпе намысшыл, сөз көтере алмайтын кекшіл болып алды.

Осылайша өң мен түстің арасында мәңгіріп, тағы бір жылды өткізді. Сосын әскерге шақырылды, ол жақта екі жыл жүріп қайтты. 

Өлетін емес, тірі жан, тісті бақа болғасын бірдеңе етіп бәрібір күн көру керек екен. Амал жоқ, оған да мойынсұнды... Өзгелер секілді күлкі көйлеп, бел қызығын сезінбедім екен, ендеше есемді басқа жақтан іздейін деп бекінді.


* * *

Айшаны көптен бері көріп тұрғаны бүгін еді. Қайсыбір еркектер әйелдің біреусін анадай, біреусін мынадай десіп, жіктеп-жұптап, баға беріп, сөз жүгіртіп жатысады. Айтқалидың өз басы әйел мен әйелдің жорғасын танып, саралап-санап көрген емес. Бірі кемпір, бірі жас демесең, көйлек киіп көлбеңдеген көпшілік, айырмасы шамалы. Сол қалың топтан бөле жарып, мұның Айшаға көңіл тігуінің өзіндік сыры бар болатын.

Бұл пақырда былайғы бойдақ қыздарға бодауын өткізердей құдірет қайдан келсін. Араға адам салып, үйге алып келген күнде, тарпаң тайдай бұла жастар мұнымен қосақ құрып тұра ала ма? Ол жағын болжап білу қиын. Ал, анау Айша болса – бір рет босаға көрген, бала асырап, жалғыздықтың тауқыметін тартып жүрген жарым көңіл. Ондай адам қасында қауқиған ер-азаматтың барына тәуба етеді. Нұсқалап, үлгілеп осы ойын жеткізсе – он сегіздегі қыз емес, бұлтыңдамай кесімді жауабын беретіні анық. Бойындағы қуаты бұлықсып, шыдатпай бара жатса – кейінірек ол жағын да кеңесіп келісе жатар. Әйтеуір, былайғы жұрттың көзіне түспей, соңына өсек ертпей, жасарын жасар болса – Айтқалидың онда шатағы қанша! Білсе де білмегенсіп, көрсе де көрмегенсіп жүре бермей ме!

Диван үстінде дөңбекшіп, Айтқали кешке дейін жатты. Ойламаған амалы, іздемеген айла-шарғысы қалмады. Сайып келгенде, бұл төңіректе өзі үшін Айшадан ыңғайлы, Айшадан көнбіс кісі жоқ сияқты. Басқадай тиімді амалды, оңтайлы жолды көре алмаған.

Ақыры, үміттің ұзын арқанын Айшаға тастамақ болып, орнынан тұрды.

Бұрын-соңды қалыңдыққа сөз салып, сөз бұлдатып көрмеген еді. Әрі былайғы біреулердей өзінің ерлігі мен ебіне тағы сенбейді. Оқыста маңдайымды жарға соғып, дұшпанның табасына қаламын ба деп те жүрексінді. «Қалай болған күнде де тәуекелге бел буған екенмін, ендігісін өзімнің бақ-талайымнан көре жатармын» деп шешті.

Осы шешімге тоқтаған Айтқали ымырт үйіріле атқа қонып, ауылды маңдайға алып, жүріп кетті.


* * *

Жирен аттың сылтың аяңымен ауыл шетіне жұрт аяғы басыла жеткен. Маңыраған қой, мөңіреген сиыр қора-жайға қамалып, ауыл ұйқы қамына ыңғайлана бастапты. 

Әр тұстан шәуілдеп үрген иттің даусы болмаса, ауыл үстінде манаураған тыныштық. Ай әлі шыға қоймаған, аспанда шүпірлеген жұлдыздар. Орталық көшедегі самаладай жарқыраған клуб жақтан гармонның мұңлы сазы талып естіледі. Құбыладан суық жел бар екен, не қатаймай, не қоймай, сақаусырап соғып тұр. Жеңілдеу киініп еді, аздап тоңазиын деді. Қойнаудағы кордонға қарағанда – жел өтіндегі ауыл әжептәуір салқын секілді. Күздің де күркілдеп келіп қалғанын сездіргендей.

Ауылға кірер тұста құрылысы көктемде басталған бір кірпіш үй бар-тын. Сол жерге жете Айтқали атынан түсіп, құрылысқа қарай бұрылған. Шошайып атпен көшеде жүргені ұят шығар. Біреу болмаса біреу танып, сөз етіп жүрер тегі. Онсыз да соңынан ала қойдай ерген өсекке кенде емес қой, сөзге сөз жамап қайтеді.

Атын жетектеп құрылыстың ішіне енгізді де, қараңғылау бұрышқа апарып байлап қойды. Бұл үйді анау бір жолы сырттан тамашалап кеткені бар. «Совхоз мәрмәрдай ақ кірпішті қайдан алды екен» деп қатты таңданған. Енді соның біреуін қолына алып, әдейілеп салмақтап көрді. Бүйірінен шертіп еді, зыңылдағандай жағымды үн шығарды. Несін айтасың, бұрын-соңды бұл өңірге бітпеген құрылыс материалы, қажет-ақ дүние. «Кісідегінің кіндігі тартық», қолда жоққа қызыққанмен не пайда!

Айтқали кірпішке бір түкіріп, былайғы тасқа атып ұрды. Зың етіп бір шетінің ұшып түскені болмаса, кірпіш сынған жоқ, домалап қала берді.

Өзін біртүрлі шаршағандай сезініп, бақшаланған былайғы топ кірпіштің үстіне отыра кетті. Алақанын қағып, маңдайын сипады. Жеңінің ұшымен көзін сүртті. Иегіндегі түгі тікірейіп, қолына білінді. Қызға бара жатып қырынбай шыққаны қалай?

Шынымен-ақ қырынбадым ба дегендей, иегін қайта-қайта сипалап қойды. Ұсқыным қалай екен деген оймен түгінің мөлшерін байқады. Абдырап сасатындай дәнеңе де жоқ сияқты, бұрнағы күні қырынғаны есінде, сақалы пәлендей өсе қоймапты. Бұлықсыған былайғы бойдақ жас емес, байдан қайтқан байсалды әйел емес пе, сақал секілді ұсақ-түйекке көңіл аудара қоймайтын да шығар.

Орнынан тұрып, бақшалап жиналған аппақ кірпіштерге, салынып жатқан құрылысқа қызыға қарады. Әйелді қойшы, деген ой келген басына, амалдаса оның да реті табыла жатар-ау. Мәселе мына кірпіште... Мұндай кірпішті қайдан алуға болар екен? 

Алғашында бұл құрылысты совхоздың жаңа кеңсесі болар деп топшылаған. Біреулер дүкен екен десті. Жұрт та айтқыш-ау, ауыл шетінде қайдағы дүкен? Соңынан естігені – кеңсе де емес, дүкен де емес, әншейін тұрғын үй болып шықты. Естіген бойда іші тұз жалағандай ашып берсін. Қызғанғандықтан емес, масқара болып, бұл үйге Көбей кіріп жүрсе қайтем деп сасқандықтан. Көбейдің әзіргі тұрып жатқан үйінің тар екенін, совхозда үйдің кезегінде тұрғанын жақсы білетін. Онда құрдасының тағы да тасы өрге домалап, асығының алшы түскені де. Танауы көкті тіреп, бұл Айтқалиды тағы да күндейтін болды десеңші!

Көше бойлап келе жатып та Көбейді ойлады. Аппақ кірпіштен салынған ақшағала үйдің табалдырығынан шырт түкіріп, мазақ етіп жолға қараған құрдасының бейнесі көз алдына келді. 

Кердеңдеген Көбейдің, Көбей секілді көпшіліктің ауыздарына құм құйып, көзін тауып ақ кірпішті молдап түсіріп алса шіркін! Олардан несі кем бұл Айтқалидың. Ақ кірпіштен қаланған самаладай ондай үй мұның тақиясына тар келеді дейсің бе. Қаңғырлаған қарағай тамда қашанға дейін тұра бермек.

Қол ұстасып, сықылықтай күлген қыз бен жігіт көшенің қарсы бетінен өте шықты. Танып қойды ма екен деп қуыстанып еді, бұл жаққа назар да салған жоқ, өз қызығы өздерінде, күліп-ойнап кете барды.

Айшаның үйіне де жақындап қалыпты. Үйге баса-көктеп кіріп бармай, шарбақтың сыртындағы мойылдың түбіне барып бой тасалады. Соңына түскен аңдушы болса жаңылдырып, дұшпанкөзден сақтанған амалы болатын. Болжауынша, Айша үйінде сияқты: жалғыз бөлмелі үйдің үлкен терезесі жарқырап тұр. Көп күттірген жоқ, келесі бір сәтте, үйде екенін айғақтағандай, терезеден Айшаның көлеңкесі көлбең ете қалды. Артынша терезенің пердесі ашылып, Айшаның өзі де көрінген. Бейнебір Айтқалидың келіп тұрғанын білгендей Айша көшеге үңіле көз салды. Алаңдағаны байқалады. Айтқали кірерге тесік таппай қысылды. Әйтеуір, қараңғы бұрыштағы мұны қанша телміргенмен таба алмасы анық. Айшаның шашы жайыла дудырап, арқасын молынан жауып кетіпті. Назданғандай ұзын шашын серпи толқындатып қояды. Сосын бұрыла беріп, терезенің пердесін түсіріп жіберді. Әлде түнгі көлеңке әсірелеп көрсетті ме, бұрыла бергенде байқады: мойыны аққудай әдемі екен. Қыз-қырқынға көз сатып кім көріпті, әйтсе де Айшаның тұлғасында көңіл арбағандай сұлулықтың барын түйсігімен сезген.

«Әйелдікке көнбей жүрер ме екен, – деп іші қылп ете түсті. – Тым көрікті сияқты. Қашып кетіп, сүйегіме таңба салып жүрмесе жарар еді... Ұрыста тұрыс жоқ. Иа бісмілла деп, не де болса жүзбе-жүз сөйлесіп көрейін».

Осы байламға іштей бекіп, фуражкасын маңдайына баса киді. Киді де, бұқпантайлап тасадан шыға берді. Қырсыққандай осы сәтте терезедегі жарық жалп етіп сөніп қалған. Айтқали сасқалақтап мойылдың астына қайыра қойып кетті.

Қап, енді не істеу керек? Қысыр қиялмен жүремін деп, ерте күнді кешіктіріп алған-ау. Әдейі аңдып жүргендей жатар мезгілге кез болуын қарашы. Бойдақ келіншек онысын басқаша жорып, дәметіп жүрер, тегі.

– Ай, осы тірлігімнен түк те шықпас, білем! – деп өкіне басын шайқады.

Әлде есі барда елін тауып, тыныш қана жүргені жөн бе еді? Осындайда ақыл айтар аға, жөн сілтер ағайын да жоқ. Бар деген туыстың өзі Айтқалидың жағдайын түсініп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтай ала ма? Жеңіл ауыз жеңге-лері беттерін шымшысып, жерден жеті қоян тапқандай әлеуметке дабыра етіп жүрмесе. Айтқалидың өзіне салса, әйел атаулының маңайын әуелей айналып өтер еді. Мынау далбаса тірлікті әйелсіз де өткеруге боларына сенімі иман-дай. Өз шаруасына нағыз мықшеке, пысық. Қайраты да баршылық. Ер-азаматқа бұдан артық не керек? Алакөз аламанға жанаспай-ақ, өзіңмен өзің тіршілік жасауға әбден болатын еді. Бірақ бұл Айтқали құрсағынан емес, құлағынан жүдеп бара жатыр... көлденең көздің сұғы шыдатар емес. Жыл өткен сайын әлгіндей қысыр өсектің бояуы оңар, бары ұмытылар деп те үміттенген. Қайдам! Керісінше, жұрттың күдігі күшейіп барады. Айтқалида әкесінің ала моншағы бардай тықақтап, майлы күйедей жабысып Көбей жүр әнеки. Құдай-ақы, сол құрдасы нағыз қызылкөз бәле болды!

– Ит! – деді Айтқали ыңыранып. – Оңбаған ит! 

Әйел дейді-ау, әйел дегенің Көбейден өткен бәле емес пе! Олардың ішіне кім кіріп шығыпты. Албаты шоқ басып, көзсіз көбелек болып жүрсе қайтпек? Онда жер басып, өмір сүрудің қажеті қанша... Орманшы болып, ақ кірпіштен үй тұрғызып несіне азаптанады. Сондықтан түлкі бұлаңға салмай, мәселенің басын дәл бүгін ашып алғаны дұрыс. Көнеді екен – үйі әне! Көнбейді екен – айтқан сөз осы жерде қалады, бұдан былай аузына уақап болсын.

Әйтеуір, Айшаның есік көргендігі үмітін шабақтап, фуражкасын тағы да маңдайына басып қойды.

Осылайша екіұдай күйде толқып тұрғанда қиыршық тасты сықырлатқан аяқтың жүрісі естілді. Көшенің осы жағымен біреудің келе жатқаны анық. Айтқали мойылдың түбіне жабыса түсті. Сәлден соң әлдебір еркектің сұлбасы көлеңкедей көрініс берді. Жүрісі сақ. Айшаның шарбағына жете жан-жағына алақтап аз-кем аялдап, қарғып арғы жағына түсті. Мысықша жылжып үйдің қалқалы бұрышына барып, қабырғаға жабыса қалды. Дамылдап, тың тыңдаған сыңайы бар. Айтқалидың төбе шашы тік тұрды, тегі бір сұмдықтың куәсі болмаса неғылсын! Жалғызілік адамды торыған бұл қандай сұмырай еді? Әлде үй тонамақ баукеспенің өзі ме екен?

«Бекер-ақ келген екем» деп өкінді артынша. Жалаң қолмен қарулы қылмыскерге қарсы тұрар қауқар қайда! Енді-енді адам болып, бірдеңеге қолым жетті-ау деген шақта қылжита салса қайтеді... Арманда кетіп, қыршынынан қиылмай ма! Құрғыр-ай десеңші, қай сайтан айтақтап бұл араға алып келді? 

Қабырғаға жабысқан еркек, қолын созып терезені шертіп өтті. Жай шерткен жоқ, домбыраның шанағын қаққандай әуезді шертті. Іле шиқ етіп дәліздің есігі ашылды. Еркек екі-ақ аттап ішке қойып кетті.

– Өзіңбісің! 

Айшаның даусы. 

– Күтіп қалдың ба?

Бұл да таныс дауыс... Таныс дейді-ау, мынау Көбейдің даусы ғой. Иә, соның дәл өзі. Мәссаған, енді не дейін!

Екеуі күбірлескен күйі үйге кіріп кетті. Үйдің шамы жанатын шығар деп Айтқали біразға дейін күтті. Бірақ шам жанған жоқ. Күте-күте қалтырап тоңа бастады. Ақыры шарасы таусылып, біреуде ақысы кеткендей мойыл түбінен құлазып шықты. Мелшиген қап-қара терезеге соңғы рет көз тастады да, ілбіп ауыл сыртындағы атына қарай аяңдады.

Көкірегіндегі Көбейге деген кек-нала қара тастай қатайып, еңсесін езіп бара жатты.


* * *

Арада заулап бір ай өте шыққан. 

Жаз бойғы аспан айналғандай аптаптың беті тамыз туа қайтыңқырағандай еді. Совхоз да шабар шөбін бірыңғайлап, ендігі жерде жұмысшыларға үш күнге пұрсат берген. Осы үш күн ішінде жұмысшылар жеке меншік шөбін шауып, үш күннен соң сарбалақтанып пісіп қалған егінге кірісуі тиіс-тін.

Негізінде, жаңбырсыз жаз совхоз шаруасына жайлы болғанымен, орманшы үшін аса мазасыз маусым. Айтқалидың ала жаздай дамыл тапқан кезі жоқ, үнемі ат үстінде, асқар кезіп, учаскесін аралаумен болды. Жинағаны – қарағайдың түгіршігі, аңдығаны – өрт. Аудандағы қызыл кепеш вертолет те күніне екі дүркін Бұқтырма аңғарын төбеден шолулап кетеді. Шүкіршілік, әзірге тілсіз жаудан хабар жоқ, ондай жаманаттың бетін аулақ қылсын деңіз. Әйтпесе, өрт дегенің Алтай орманы үшін алапат қасырет!

Совхоз жұмысшыларын шөпке босатқан күннен бастап Айтқалидың да шаруасы еселей түскен. Бұрынғыдай звено мен бригадаға бөлініп, топтасып жүрген емес, ауыл адамдары ендігі жерде сай-жылғаны сағалап, шілдің қиындай пышырап кетіскен. Алтайдың әр сайында бір-бір адам, әр жылғада сыздықтаған көк түтін... «Отқа абай болыңдар» деп қайсыбіріне ескертерсің. Әйтеуір, жарғақ құлағы жастыққа тимей кездескен жанның бәрін үгіттеп, құлақтарына құйып жүр. Жаздың мұндай бір күні қыстың айына азық, онсыз да жанталасқан жұртқа «шай қойма, от жақпа» деп тыйым салу да жөнсіз.

Шөпшілерді аралап келе жатып, бүгін жол-жөнекей Көбейдің шабындығына соға кеткен. Түс әлеті еді, Көбей ұлы екеуі самырсын түбінде терлеп-тепшіп шай ішіп отыр екен.

– Ә, сен бе едің, кел шайға! – деді Көбей.

Қыр үстінде атын ойқастатқан бұл жауап қатпады.

– Үзеңгіңді шіремей түссеңші бері!

– Уақыт жоқ.

«Менің жұмысым жалғыз сен емессің, көкем» деп бір сызданғысы келді де, жағын бипаздай сипап, үнсіз қалды.

– Қарауылдай қалқиып... ендеше, несіне тұрсың? – деді Көбей.

Құрдасының улы тілі тағы да шымбайын шымшып өтті:

– Орман ішіне неге от жағасың? 

Құрдасын қалай мұқатарын білмей, әдейі тиісті. Көбей жеп отырған тамағын қоя беріп, аңтарылды да қалды:

– Немене дедің?..

– От неге жағасың деймін?

– Ау, достым, шай ішіп, қан пісірмей, мынадай ыстықта шөлден қат деп тұрсың ба?

– Шөлдесең су іш.

– Қай қазақтың су ішіп шөп шапқанын көрдің?

– Онда менің шаруам жоқ.

– Ау... мынау сенің қалжыңың ба, шының ба? – Көбей қолын таянып орнынан тұра берді.

– Общым, былай, – деді бұл қамшысын шошаңдатып. – Отқа абай болыңдар, өртке сақ болыңдар! Ұқтыңдар ма? 

– Е, бәсе, солай деп жөніңе көшсейші.

Көбей тағы бірдеңе деген, бірақ онысын естіген жоқ, естігісі де келмеді. Ашулана атын тебініп, шоқырақ қағып келесі сайға түсіп кетті.


* * *

Көптен бері Көбейді көргені осы еді, бүгінгі кездесу күпті көңілін тағы да әлем-жәлем етті. Жазғы қарбалас көп нәрсені ұмыттырып жібергендей болған. Өмір де өз арнасына түсіп, алаңы да азайған сияқты еді. Енді, міне, соның бәр-бәрі Көбейді көрген бойда қайта жаңғырып, көңіл түкпірінен өре түрекелді.

Үйге кештетіп келіп, түн жарымынан аса төсекке қисайса да ұйықтай алмады. Түрлі ойлар миын ашытып, дөңбекшіп ұзақ жатты. Ұлының мазасызданғанын сезді ме, шешесі төсектен тұрып, пілте шамды жақты.

– Күнім, тісіңді қышырлата бересің, тегі, ішіңде құрт бар-ау? – деді күбірлеп. – Ерітіп сұйық май ішесің бе?

– Ішпеймін, тәте! Бәйек болмай ұйықташы өзі!

– Мейлің, күнім, – деді шешесі, ұлының жекігеніне көңілі жабырқап қалғандай. – Жалғыздықтан да зеріктің-ау... Бас құрағаның да жөн еді. Қайтейін енді!

Шешесі күркілдей жөтеліп, барып шамды өшірді, күңкілдеп жүріп төсегіне жатты.

Қалай дөңбекшігенімен, көкейінен Көбей кететін емес. Қайда барса да мұның алдынан кесе-көлденеңдеп Көбей шығады екен, соны ұқты. Талай жерде тәлкек етті, шаршы топта сағын сындырып, жерге тықтыАна жолы да ақ ниетімен Айша қызға таспадайын түйініп-ақ барып еді, көрдің бе, Көбей сұмырай тағы да жолын кесіп өтті. Түн қатып, түс қашып жүретін түлкі жортуылы бар екен бұл оңбағанның? Бала-шағалы азаматтың ондай опасыздығын кім білген! Жария етіп, жүзін айдай қылатын кісінің жоғын осындайда. Мұнысы алғашқысы деймісің? Еркінсуіне қарағанда, ежелден етегінен ұшынған қудың өзі болды. Сөйтіп жүріп, өзге жұртты сөзге іліп, нысанаға шаншығысы келеді. Әділеттің бары рас болса, Айтқали осының бәріне қашанғы төзбек? Кеңірдегін көкке ілген кердең жүрісіне тұсау салар кез бола ма, жоқ па?

Ашуланғаны сондай, төсекті сықырлатып тұрып кетті. Терезеге барып, сыртқа үңілді. Ай жап-жарық, ай астында құлақтары салпиып самырсындар мүлгиді. Самырсындар арасынан алыста бір біріне иек артқан тау сілемдері елес береді.

Айтқалидың есіне Көбейдің шабындығы түсті. «Қастықпенен, жаққан отты әдейі өшірмей кеткен жоқ па осы?» деген күдік келді көңіліне. Ондай әрекетті, құдай біледі, ол құрдасынан әбден күтуге болады.

Ақыры, бәрібір жуық арада ұйықтай алмасын біліп, киініп далаға шықты. Тұсаулы атын тоғай ішінен жетелеп әкеліп, үстіне ер салды. Қайырылып үйге кіріп, фуражкасын киюге де шамасы келмей, асығыс атқа қонды. Түн жамылып Көбейдің таудағы шабындығына қарай жүріп кетті.

Түнгі ауа желсіз тымық еді. Шабындықтың бергі шетіне ілінген бойда мұрынға түтіннің болмашы иісі сезілді. Жерошақтың түтіні емес, тереңнен бықсып, қоңырси жанған самырсын бүрінің қышқылтым иісі. Айтқали жаз-бай танып келеді. «Шынымен-ақ бір бәлені сезген екем», – деп, қайта-қайта жұтынып қойды.

Аттан түсіп, етігінің ұшымен жерошақтың күлін түрткіледі. Көбей өзі жаққан отты мұқият-ақ өшіріпті. Бірақ, от қызуымен бүйірдегі самырсынның қатпарланған мыңжылдық бүрі қызып кеткен. Асты тұтанып, еріне бықсып жанып жатқан сол екен. Дабыл қағатын пәлендей қауіп жоқ, әйтсе де тездетіп күрек әкеліп, жерді қазып өшірмесе болмайды.

Кенет, Айтқали жоғын тапқандай қуанып кетті. Қуанғаны соншалық, ауа жетпей, тынысы тарылғандай болған. Тамағын кенеп, түймесін ағытты.

– Иә, бәл-л-е-ем! – деді ернін жымқырып. – Қанжығада кездескеніміз біздің осы шығар!

Қатты толқып, басына қан тепті. Есе қайтарар кездің келгенін қолмен ұстағандай анық сезінген. Жауының сағын сындырып, қырын қисайтар сәттің туғанына өлердей қуанышты еді.

– Айтқалидың кім екенін әлі білмей жүр екен, сұмырай! – деді атына мініп жатып. – Басыңа бақсыны ойнатып, кім екенімді бір танытайын саған!

Көк дөненді қос өкпеден тепкілеп, ауылдың қалың итін шулатып, таң қараңғысында Көбейдің үйіне жетті аптығып. Ат үстінен еңкейіп қақпаны ашып, аулаға кірді, ат үстінен ойқастап терезені тықылдатты. Іштен жауап тез болмай, терезені қаттырақ ұрып еді, қамшының темір сабы тиіп кетті ме, шынысы шылдыр ете қалды.

Көбей жеңіл киіммен атып сыртқа шықты.

– Ау, не боп қалды? – деді үрейленіп.

– Не боп қалды дейді, ей! – Айтқали ашудан аузына сөз түспей булықты.

– Айтқалимысың! Не боп қалды, айтсаңшы?

– Сен орманды өртеп кетіпсің... Ұқтың ба? Киін тез, тауға барасың!

Көбей абдырап, Айтқалиға жаутаңдай қарады. 

– Тез киін деймін... 

Көбей сасқалақтап, үйге қайыра қойып кетті. Шапшаң киініп қайта шықты. Үн-түнсіз атын ерттеп, Айтқалидың соңына ерді.

– Әй, күрек пен шелек ал, өртті жалаң қолмен өшірейін деп пе едің! – Айтқали көшеге шыға бере әкірең қағып айғай салды.

Көбей үйге қайырылып, айтқанын орындап, аула ішінен күрек пен шелек алып шықты.

– Ал, қанеки, алға түс!

Ауылдан шыға Айтқали құрдасын алдына салған.

Көбейде үн жоқ, ердің қасына күрегін көлденең ұстап, шелегін даңғырлатып желе жортып тартып барады. Кінәсін үнсіз мойындап, иығы біртүрлі қушиып қалыпты.

Әншейіндегі қотыр тілді құрдасының сопы бола қалғаны Айтқалидың тағы шамына тигендей еді.

– Әй, Көбей, – деді үзеңгілесе қатарласып. – Орманды өртегенің үшін, білесің бе, саған нендей жаза қолданарын?.. Білмесең айтайын... Айдаласың, достым. Қол-аяғыңды кісендеп, Колымаға жібереді.

Көбей жақ ашқан жоқ, мойнын ішіне алып, бүлкең-бүлкең желіп барады.

– Сен вредителсің! – деді Айтқали шамдана айқайлап. – Сенің кесірің енді мыңға тиетін болды... Сенің кесіріңнен Алтайдың шабындығы өртеніп, жұрт биыл қыс шөпсіз қалатын болды. Халықтың малы қырылып, жұтайтын болды...

Көбей жауап қатпады, қылмысын мойындағандай одан сайын қушия түскен. Қыршаңқы құрдасының жігерін жасытып, жүндей түткеніне Айтқалидың айызы қанып келеді.

– Әй, Көбей! – деді. – Орманды өртегенің үшін көкеңе танитын болдың. Өзің де соңғы кезде біреуді басынып, біреуге қасынып, тым-тым кердеңсіп кетіп ең... Шоқ саған! Ноқталы басың керіліп, қытығың басылатын болды енді.

Көбей жауап берген жоқ, бұрылып бұл жаққа бір қарады да, атын тебініп қалды.

«Жанды жеріңді енді бастым білем», – деп Айтқали ішінен алақайлап жіберді.

– Солай, достым, «әр кемелге бір зауал» деген. Сенің де кердеңдеген күнің осымен бітті. Қалай, мойындайсың ба оны?

– Шәңкілдемей кетші әрі!

Көбей оқыс дүңк еткен. Айтқали бұл сөзге шалқасынан түсе жаздады.

– Не дедің? – деп қайыра сұрады. Ашумен айтқан шығар, жаздым-жаңылдым деп, тіл тигізгеніне кешірім сұрар деп еді:

– Шегірткенің айғырындай шәңкілдемей кет әрі! Құлағымды сасытпа! – деді Көбей.

Кешірілмес қылмысы бола тұра кұрдасының мұншалық өктемсуі Айтқалидың санасына сыймады. Тілі күрмеліп, сөзінен шатасып, кейіндеп қала берген. Ұрымтал сәтте есесін жібергісі келмей, аздан соң тепеңдеп тағы да құрдасын қуып жетті.

– Әй, Көбей, сен оңбаған адамсың, – деді үніндегі дірілді сездірмеуге тырысып. – Жіңішкелеп, жымқырып сен талайды құртып жүрсің, білдің бе?

Бұл сөзді не мақсатпен айтқанын өзі де түсінбеді. Мұқатып, сөзін батыра түсу үшін баяғы бір естігенін де шындай ғып қосып жіберді:

– Сенің былтыр күзде Мұқтарғазы қойшыға барып, еркек қойыңды аударып қайтқаныңды да білеміз. Ұқтың ба? Сен де, Мұқтарғазы да өкіметті алдаған қылмыскерсіңдер. Сендердің күндерің өткен. Қазіргідей «перестройка» кезінде сендер секілді алаяқтарға арамызда орын жоқ. Ұқтың ба?

Көбей тізгін тежеп, бар денесімен Айтқалиға бұрылды.

– Кет әрі өтірікті соқпай! – деді сызданып.

– Түк те өтірігі жоқ, – Айтқали да шабалана түсті. – Бәрі шындық. Сенің Айшамен ашына екенің де шындық. Ел-жұрттың бәрі біледі. Иллаһи!

Көбейдің шелегі даңғырлай домалап, төмендегі тасқа барып соғылды. Аттар осқырынып, құлақтарын қайшылай қалды. Шатақ шығаратын шығар деп сасып еді, Көбейдің даусы сабырлы естілді:

– Үндемегенге ұяң бөріктеу ме деп жүрсем... қалай-қалай бұрып барасың, ей?

– Шындықты бетке айтқанға сен шамданба! Үстіңнен жалғыз жапырақты жазып кеп жіберсем – күніңнің қараң екенін сеземісің? Так что, тіліңе абай бол... Енді, міне, өкіметтің орманын өртеп жібердің... Мен саған бағана ескерткем. Сен соны біле тұра маған қырсығып, әдейі өрте-дің. Солай, шырағым! Әктіге біз солай деп тіркейміз.

– Осыншалық іш мерез пасықтық бойыңа қайдан жұққан? – деді Көбей. Былш еткізіп былай бір түкірді де, атын тебініп жүріп кетті.

– Не дейсің? – Айтқали тепеңдеп тағы да үзеңгілесе ілескен.

– Кетші әрі! – деді Көбей. – Бар, әктіңді жаза бер, несіне сүмеңдеп еріп келесің соңымнан...

– Сүмеңдеп дейді, ей... Мен сені алдыма сап айдап келемін...

– Айдамасаң да адаспай табармыз.

– Тапсаң тап!.. Бар да өшір өртті. Осыдан өшіре алмасаң – маған келіп жалынба!

– Жалынбадым!

Айтқали амалсыз тізгін тежеді. Көбейді біршама жер оздырып жіберіп, асықпай аяңға ауысқан.

Ақшоқының биігін күн шалып, төңірек ағара бастапты. Тау алқымын бөктерлеп, тағы жарты сағаттай жүрді. Көбейдің шабындығына жеткен соң, әріге кірмей атын ағаш арасына қалдырған. Өзі баспалап, сай табанын бол-жады. Көбей кеудесіне дейін жалаңаштанып шешініп тастапты, пышырлап жанған бүр қабаттарын аударыстырып, жанталасып жүр. Бағанағыдай емес, тереңдегі өрт жылтырап сыртқа шыққаны байқалады. Енді бір жарты күн кешіксе – Көбей түгіл көпшілікке күш бермес еді. Айтқалидың да есебі тура екен, бұл жерде әзірге бір адамды діңкелетер шаруа бар тәрізді.

Көбей күрегін тастай бере, күпәйкесімен жер сабалап кетті. Сосын тағы да күрегіне жармасып, жер қопарып, топырақ шашып арпалысып жатыр. Денесінен шыққан тердің буы таңғы салқында селдір түтінге ұқсайды. Құрдасының ақ тер, қара тер боп жанталасқан қимылы Айтқалидың айызын қандырғандай. «Шоқ, шоқ! – деді тыжырынып. – Сендей сұмырайға сол керек!».

Арада бірқауым уақыт өтіп, күн сәулесі сай-салаға көлбеп түсе бастады. Әр тұстан құстардың сайраған үні шықты, жақын маңнан елік әупілдеді. Тыным таппай арпалысқан Көбей де жер астын кеулей жанған өртті еңсерейін деген. Өрт көлемі қусырылған сайын Айтқали да мазасыз-дана түсті. Сонда қалай, деп ойлады, өшіріп болған соң Көбей түк көрмегендей қайқайып үйіне қайтпақ па? Жауапқа тартылмай, сүттен ақ, судан тазамын деп сытылып шыға келмек пе? Ең ақыры бұл Айтқали оған акті жасап, құйыршығын бұрау мүмкіндігінен де айырылып қалмақ қой? Жо-жоқ, ондайға жіберуге әсте болмайды. Көбейдей сұмырайды шеңгелді уысынан енді оңайлықпен шығара қоймас бұл Айтқали.

Жерді түрткілеп, қос уыстай кепкен шөп жинады. Жинаған шөбін білектей бір таяқтың басына байлады. Шөп байланбай, берекесі кетіп, шашыла берді. Шөпті ұстататындай бір тілім шүберек жыртып алмақ оймен ышқырын босатып, көйлегінің етегін шығарды. Жуырда ғана сатып алған жап-жаңа көйлек еді, етегі оңайлықпен жыртыла қоймады. Тісімен тартып, күштеңкіреп жіберген: қайран көйлек дар етіп жыртылып, қолтықтан бір-ақ шықты.

Жыртып алған шүберегі енді молынан жетіп, шөппен қоса оны да ағаштың басына добалдап орап тастады. Оралған шүберекке бәкінің ұшымен қарағайдың тамшылаған шайырын жинап, жұқалап жақты.

Осылайша факел дайын болған кезде атына мініп, былайғы тасалау тұсқа барды да, шырпымен тұтатып жіберді. Тұтанған факелді көтере беріп, қасындағы самырсынның бүріне тигізген. Самырсынның майлы бұтағы лау ете түсті. Астындағы аты да осқырынып, өзі де шошып қалды. Бойын тез жинап, факелді құлаштай сілтеп, екінші бір самырсынға қарай лақтырды. Алау самырсынның орта тұсына барып ілінген, ол самырсын да пышырлап жана бастады.

– Ал енді, маған десе азуыңды айға біле! – деді соңына сақылдай бұрылып. – Жыла, өкір, иіс тиіп, сеспей қат!.. Мен ескерткемін саған!..

Сөйтті де, аттан салып хабар беру үшін ауылға қарай атын борбайлап шаба жөнелді.


1986 жыл



ҚИҒАШ ХИКАЯСЫ



Әдебиет әлемінде қанша оқысаң да жалықтырмайтын, оқыған сайын тынысың ашылып, тамырың иіп, тамсандыра түсетін көркем туындылар баршылық. Сондай туындылардың қатарына өз басым орыстың ойсаң жазушысы Константин Паустовскийдің әңгімелерін қосар едім. Әсіресе, «Корзина с еловыми шишками», «Старый повар», «Ручьи, где плещутся форель» атты әңгімелердің орны ерек. Бұл әңгімелер – оқыған жанның сезімін селт еткізетін, жүрекке жылы шуақ жайып, ұмытылмас әсерге бөлейтін талғамы биік, ертегідей мөлдір дүниелер.

Биылғы жылы Атырау облысына іссапармен барып, Ресеймен шекараға дейінгі біршама ел мен жерді армансыз аралағаным бар. Сол сапарда өлкетанушы-ғалым Өтепберген Әлімгереев досымнан естіген, Астраханның Володар ауданында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында болған мына бір ғажайып хикаяны – Паустовскийдің әңгімелеріне ұқсатқандай болғам...


***

Қазан айының басы еді.

Колхоз нулы жерді сағалап, сулы жерді жағалап, ала жаздай шапқан шөбін біртіндеп қораға тасып жатқан кез.

Ертеде бұл маңай аумақты арал болатын. Жаз шыға аралға кірер кеңірдектей тар қылтаны белуардан су басып кететін. Су басса да, жолдың сорабын жатқа білетін әккі тракторшылар оны елең қылмаушы еді... Жер-көкте көлкіген көлден де жол тауып, төтесінен салып арсы-гүрсі өте шығысатын.

Қазір ондай мол су қайда... Жер дүниенің аңқасы кеуіп, әжімделіп құрғап барады емес пе! Бұл күнде бұл маңайдың да суы сорғи тартылып, аралдың құрылыққа қосылып кеткеніне біраз жыл болған. Кезіндегі тар қылта қазір шаңы шығып даңғыраған айдау жол. 

Қалай десек те, осы бір жабайы аралдың жон арқасы жылмиған жазық, шүйгіні мол қоғалы қорыс-ты. Күзгі қарбалас сабасына түсіп, саябыр тапқан бұл күндері аралда түртінектеп төрт-бес тракторшы ғана жүр. Әр тұста шөккен нардай дөңкиген маяларды тырбанып шанаға тиеп, құрылықтағы мал қораларына тасып жүргендер солар еді.

Соңғы апта бойы күздің райы жайлы мінез танытып, күн жарықтық жылы шуағын молынан-ақ төгіп тұрған. Арқаны қыздырып, мұрынды қытықтаған нағыз саршатамыз туғандай еді. Бірақ күз маусымы қашанда шамшыл емес пе, жылы шуақтың желігі осы күндермен басылды да, кешеден бері күн ажары күрт бұзылды. Сібірлеп басталған жылы жаңбырдың соңы күздің сүйек сорар суығына ұласқан. Аспанды қою күрең бұлт тұмшалап, кешке қарай өңменіңнен өтер ызғырық соға бастады.

Шөп тасып жүрген төрт тракторшы жаңбырды сылтауратып қас қарая қайқайып ауылға кеткен. Аралдағы бесінші адам – Нариман – механик еді. Трактордың біреуі сынып, соның ақауын жөндемекке қараша үйде қарайып жалғыз сол қалған болатын. 

Үй дегені – екі бөлме есебіндегі есігі мөңіреп ашылатын жапырайған қотыр лашық-ты. Төргі бөлмеде терліктей жалғыз терезе, еденде қатар-қатар тақтай тапшан. Тапшан үстінде шалаумен нығыздалған ала матрастар. Алдыңғы бөлме түтінмен ысталған қарақожалақ қуықтай шолан. Шоланның дәл ортасында от жағып, тамақ пісіретін кірпіштен өрілген шолақ пеш тұр. Колхоз тынысы тар, қаңсыған бұл үйсымақтың ұры түскендей үңірейген жыртық-тесігін жылма-жыл жамап-жасқап қояды. Науқандық жұмысшылар үшін сол лекердің өзі жетіп жататын. 

Нариман тракторшы ағалары кеткен соң, іңір алагеуімінде бергідегі айрыққа шығып, бұрыстағы атаудың ығына төрт құлаштық торкөз ау салып қайтқан еді. Таңертең көзін тырнап ашқан бойда қайыққа отырып, кешегі өзі құрған ауды қарауға шықты. 

Өзен үстінде шудадай созылып шұбар тұман кілки қалыпты. Төңірек еңсені басқан боз сағымға бөгіп, ажарын ашып көрсетер емес. Шүкір, түн асырып құрған ауы олжалы шықты, бірер сазан, көксерке мен алабұға түсіпті. 

Аудың құлағын саумалап тартып, асықпай жинап жатыр еді, арғы шеттегі нар қамыстың қалың жынысы жайқала қозғалғанын көз қиығымен байқап қалды. Алдымен өзен бетіндегі ала тұман астарынан әлдебір қара қайықтың қайқы тұмсығы көрінді. Қара қайық баяу ағыспен дария бітінде салындыдай сырғи жылжып келе жатты. Қайық үстінде күләпарасын басына милықтата киіп, жылтыраған жарғақ сулық жамылған жадау біреу отыр. Құрғыры, тас мүсін сияқты, қыбыр етпейді, шоқиып қатып қалыпты. Мылтығы белден бүктеліп, қасындағы көлденең орындықта асылып жатыр. Сулықтың ішкі жағында қынай буынған патронтаж жалтырайды. Қайық түбінде бастары қылжиған бірер көк мойын сарыала үйрек байқалды. 

Бұл оқыс көрініске Нариман күдіктене қарады.

Мынау ара тұңқима тұйық еді, теңіздің тамағына тақау мақау шет. Былайғы бейсауат адам жүрмейтін ұры түкпір. Іргедегі Еділ-дариядан қиырға тартқан Қиғаш өзенінің жоғарғы иінінде Ресейдің аңшылық шаруашылығы бар-тын... Мына жұмбақ жан таң қараңғысынан үйрек атуға шыққан сол мекеменің көп аңшысының бірі болды-ау, тегі?

Бойын болмашы үрей билесе де, «қайтер екен» деген әуесқойлықпен бірер мезет қадала қарап қалды. Байқайды, қайықтағы шоқиған жанда тіпті тіршіліктің белгісі жоқ. «Омалып отырған күйі өліп қалғаннан сау ма» деп, ендігі сәтте Нариман мазасы кетіп, алаңдай бастады.

Аудың қалған бөлігін апыл-ғұпыл жинады да, жалма-жан ескекке отырды. Жылжи есіп қара қайықпен қатарласа бере, сықырлатып ернеу тіреді. Шоқиыған жан қайық шайқалғанда барып басын баяу көтерді. Көтерді де, іле аузын басып, булыға күркілдей жөнелді... Әйтеуір, бойында жаны бар екен, тірі екен, Нариман сонысына қуанды.

– Сынок, помоги! – деп, қайықтағы бейбақ жағын әзер ашып, қарлыға тіл қатты. Бет-жүзі өлекседей көгіс тартқан, жанары лайсаң, көз маңайы қызыл жиектеніп, мөлиіп қапты.

Нариман бір қиын жағдайдың болғанын айтпай сезді. Тілге келген жоқ, қара қайықты арқанмен тұмсығынан ілді де, жалма-жан жағалауға қарай шалпылдатып есе жөнелді.

Екі қайықты да жағалаудағы білеу қазыққа жібінен байлай бере, ана кісіге көмекке ұмтылды. Өзі қарағайдай қапсағай, ересен ұзын бәле екен, өндіршегі сорайып, орнынан үш ұмтылып азар тұрды. Ертеде Еділ мен Жайықтың бойынан еңіретіп-боздатып, қазақтарды ит қосып қуалаған қарашекпен мұжықтар жойдасыз зор бопты деп еститін. Мынау да сол соғындылардың нәсілінен-ау, тегі? Аң мен құс емес, адам аңдыған арамза біреу болып жүрмесе жарар еді... 

Нариман қарынан демеп, қолтығынан сүйеп, әлтек-тәлтек кирелеңдетіп аңшыны үйге кіргізді. Алдымен басындағы күнқағарын, үстіндегі сал-су болған жарғағын шешті. Жаңбыр суы бүкіл киіміне өтіп кетіпті. Енді байқады, аңшы дегені – әукесі салбырап, жағы қабысқан мыжырайған мосқал шал боп шықты. Суық өтіп, аруақтай бозарып кеткен кеспірі өзін одан әрмен қартайтып жібергендей. Аңшының орнына өлмелі шалды көргенге күдікшіл көңілі орнына түскендей болды... «Осы шалдарға не жорық, кемпірінің қасында, жылы үйде жамбастап жатпас па» деп бір ойлап қойды. Өзі иегінде тұқыл жоқ көк жарғақ көсе екен. Оның үстіне басы қаздың жұмыртқасындай тап-тақыр, төбесінен шыбын тайып жығылғандай. Ғұмыры басына шаш бітпеген бе, әлде жасы жетіп жидіп түсіп қалған ба, әйтеуір таз төбесі көз шағылыстырады.

Аңдауынша, бұл кісі түн асырып адасқан ғаріпке ұқсаған. Қатты зардап шеккен, халі мүшкіл, өң мен түстің арасындағы міскін жан. «Құрғыры, қолымда қылжиып қалып бәлесіне қалармын» деп, Нариман екі бөлменің арасында зыр жүгірді. «Қайсыбір қиын жағдайға» деп өзгелерден жасырып, ана бір жолы жалғыз шөлмекті орап-шымқап тапшанның астына жасырып қойғаны бар-ды. Сол есіне түсіп, Нариман шөлмекті сылдырлатып суырып алды да, шөпілдетіп қырлы стақанға толтыра арақ құйды. Сосын, стақанды жайымен шалға ұсына бере:

– Мынаны тез тартып жіберіңіз! – деп бұйыра сөйледі.

Шал шүңкиіп көзін әзер ашты. Сексеуілдің семген бұтағына ұқсаған салалы саусақтары икемге көнбей дір-дір етті. 

– Бұл не, балам? – деп стақанға қарады, жыпылықтап қасын көтерді.

– Бұл кәдімгі арақ... жақсы болады... ішіп жіберіңіз? – деп Нариман дігірлей түсті. 

«Жақсы болады» дегенге ана кісі келіскендей басын болмашы изеді. Қолы қалтылдап стақанды зордың күшімен аузына апарды. Тісі сақылдап, шашалып қала жаздады, ұрттап ішіп ұзақ жұтты.

Нариман пешке отынды үстей салды да, шалды шешіндіре бастады. Қария ыңғайсыздық танытып, өзі шешінбек еді, аяқ-қолы икемге көнбей, амалсыз Нариманның ығына жығыла берді.

Өзі қатып-семген көтерем, қабырғасын санап алуға болғандай қу сүйек арық екен. Нариман оны кеудесіне дейін жалаңаштады да, төсекке етбеттей жатқызып, арқасына арақ жақты. Жаққан арақты арқасына жайып, асықпай алақанымен ұзақ ысқылады. Арқадан соң аударып кеудесін ысқылады, білгенінше массаж жасадыСөйтті де, құндақтай орап, құрақ көрпемен төсекке бөлеп тастады. 

Жұмысшыларға деп өткен жексенбіде сойған қойдың құйрық майы түтінделіп шоланда ілулі тұрған, соны әкеліп табаға шыжғырып ерітті. Араға аздаған үзіліс салып көрпені ашып, еріген сұйықпен шалдың кеудесі мен арқасын майлады. Май әбден сіңгенше алақанымен қайта-қайта ысқылаумен болды. Жазған шал әбден титықтаған екен. Жаңағы айғыр стақан арақ та буын-буынына түсіп кетті ме, өн бойы қорғасындай балқып, былқ-сылқ болды да қалды. Қалай төңкерсең де дым сезер емес, кескен теректей серейіп қалың ұйқыға кеткен. Маңдайына алақанын басып көріп еді, аздаған ыстығы бары байқалды. Құлағын төсеп өкпесін тыңдады, шүкір, бөтен сырыл жоқ, қабынудан аман тәрізді. 

Нариман үйдегі жүн көрпе, жамылғы мен бүркеніштің баршасын жинап-теріп, қарияның қоңқиған құзғын тұмсығын ғана ашық қалдырды да, бүйірі мен сирағын құндақтап, қайыра қабаттап орап тастады.

Ана кісі содан қара терге түсіп, түс ауғанша тырп еткен жоқ. Демі бітіп тұншығып қалмаса жарар еді деп, әлсін-әлсін қасына барып тың тыңдайды. Шүкір, беті бері қараған сияқты, құдасының үйінде жатқандай-ақ қаперсіз қорылға басқан. 

Шоландағы шолақ пешке үсті-үстіне көмір тастап, үйдің ішін қыж-қыж қайнатып қойды.

Күн жылына трактормен айналыссам деп еді, трактор ғана емес, шарқайлы шаруаның бәрі адыра қалды. Ендігі ойы жайсыз уақта жаңылып жүрген мына мүсәпірді аман алып қалу. 

Алдымен кастрөлге су құйып, оны бұрқ-сарқ қайнатты. Сыртына майы шыққан сап-сары сазанның бірінің қабыршағын аршып, ішек-қарнын тазалап, шылп еткізіп қайнаған суға тастады. Балықтың көзі ағарып піскен шақта оны жайлап сүзіп алды да, орнына шикі сазанның тағы біреуін тоғытты. Піскен кезде оны да сүзіп, былай алып қойды. Сосын қайнаған сорпаға үшінші балықты тастап жіберді. Кесектеп турап үстіне бірер картоп салды. Дәм шығару үшін сорпа бетіне ұсақтап туралған жуа мен ащылы-тұщылы дәмдеуіштерді қоса септі. Тракторшылардың мұрындары тепшіп, тамсана ішетін «тройная уха» дейтіні осы болатын. Тілді таңдайға жапсыратын дәмді тағам, жеңсік ас, көже атаулының көкесі.

Сыртқа шығып, төңірекке көз жіберіп күн райын болжады. Түс әлдеқашан ауып кетіпті. Жырымдалған сұр бұлттың арасынан күннің сұйқылт нұры өлеусіреп сығыраяды. Кешеден бері себелеген күздің салқын жаңбыры басылғанымен, ауада әлі дымқыл сыз сезіледі.

Нариман қайыра үйге кіріп, бейтаныс шалдың бейқұла халін бақылап біршама уақыт қасында қалшиып отырды. Құр сүлдері қалған бұл кісі бой жазып, біруақ тамақ ішпесе одан бетер әлсірей бермек. Сондықтан балықтың ыстық сорпасын беріп, ар жағына ел қондырсам, күш жинатсам, емдесем деген ниетте еді. Қария дәнеңе сезер емес, күрк-күрк жөтеліп қойып, шала бауыздаған малдай қорылдап терең ұйқыда. 

Қашанғы күтеді, қабатталған көрпелерді бір-бірлеп аршыды да, қарияны иығынан баяу қозғап оятты. Қабырғаға қарап тоңқайып қалған бейтанысы ыңыранып, басын бері бұрды.

– Иә, балам, не болды? 

Байқайды, ертеңгідей емес, үні де, күйі де түзеліп қалғандай.

– Киініп, тамақ ішсеңіз?

Жайып кептіріп қойған су киімдер де әлдеқашан саңғырлап кеуіп қалыпты. Нариман киінуге көмектесті.

Шал үй ішін көзімен қыдыра бір қарады да, тұнжырап еденге шұқшиды, қайдан келіп, қайда тұрғанын білмей қиналған түрі бар. Орамалымен аузын басып, күркілдеп жөтеле береді. Нариман үстелді жылжытып, шалдың алдына зерен кесемен буы бұрқыраған ыстық сорпа қойды. Шал сорпаны ұрттап таусап, ұзақ сораптады. Бұлауға түскендей сүйсініп, тағы да маңдайынан шып-шып тер сорғалады. Терлей бергесін бе, үстел басында ұзақ отыра алмады, сүйегін сықырлатып тапшанға қайыра қисайды. 

– Балық жейсіз бе? – деп сұрады Нариман. – Сазан еді?

Шал басын бұрып, Нариманға жұмсақ жымиды да:

– Рахмет, балам, тәбетім болмай тұр, – деді. Артынша маңдай терісі құрысып, тағы да булыға жөтелді. 

– Балам, атың кім болады? – деп сұрады арадағы біразғы үнсіздіктен соң.

– Нариман.... Нариман Әрешов боламын. Механикпін.

– Жөн екен, жөн екен... Мынау кімнің үйі?

– Бұл тракторшылар станы. Шөп тартып жүрміз.

– Қалған жұрт қайда?

– Ауылға кеткен... үш күнге... бүрсікүні келеді.

Шал қабағын түсіріп, біруақ тоң-торыс қалды. Әбден қалжыраған, жаңағы екі ауыз тіл қатқанға да діңкесі құрығандай. 

– Мен, балам, қамыс ішінде үйрек аңдып отырып адасып кетіппін, – деп күйзеле күрсінді. – Атқан үйрегімді іздеймін деп ағыспен ығып, тұрған жерімнен жылыстап ұзап кетсем керек. Түні бойы жаңбыр астында қалып, қатты тоңдым. Сен кездеспегенде өліп қалғандай екем. 

– Оныңыз рас! – Нариман құптап басын шұлғыды. Еділдің ендей тарамдалған атырабы мың-сан айрық, бытысқан қалың қамыс, жыныс тоғай, қайық түгілі кеме жоғалса табылмайтынын Нариман жақсы білетін. 

– «Атым кім» дедің?

– Нариман.

Шал дұға оқығандай ерін ұшынан «Нарыман» деп үш мәрте қайталады да, басын шайқады.

– Жасым ұлғайған сайын адам атына шорқақ болып барамын. Мен орыстың ыңғайына салып сені «Николай» десем қайтеді? – деп сұрады.

– Өзіңіз біліңіз! – деді Нариман.

– Ал, мені «Толя атай» десең болады. 

– «Толя атай» дейсіз бе? Жарайды...

– Әке-шешең бар ма еді?

– Жоқ, балалар үйінде өстім.

– Менде де бала жоқ! – Толя атай үһіледі, әлдене есіне түскендей көзін тарс жұмып алды.

– Үйленіп пе едің? – деп сұрады артынша.

– Осы көктемде үйленгем...

– Жөн-жөн, балам...

Арадағы аз-кем үнсіздіктен соң, Толя атай жастықтан басын көтеріп, Нариманның қолын алып, кеудесіне басты.

– Коленька, – деді тебіреніп. – Мен айдалада атаусыз өліп қалғандай болсам – айықпас ұятқа қалып, ел-жұрттың алдында үлкен шу болар еді. Сен мені зор қатерден құтқарып қалдың. Енді сен менің балам боласың.

– «Балам боласың» дейсіз бе? – Нариманның еріні қайыстай керілді. Астраханның адасып жүрген атасы бөтен аңсағайдай мұжығына бала болғысы жоқ еді. Бірақ бұл кісінің енді-енді өңі кіріп оңала бастағанын ойлады да, көңілін жыққысы келмей, жауабын жұтып қойды.

– Қандай оқу бітірдің?

– Сельхозтехникум... Астрахан қаласындағы...

– Оның да жөн екен, балам...

Атай Нариманның қолын босата бере: 

– Мен шаршап қалғандаймын. Сенің сорпаң тағы да ұйқы шақыртты, – деп қинала қозғалып, басқа жамбасына аунап түсті.

– Мейліңіз, дем ала беріңіз. Мен сыртта болам, трактор жөндеуім керек еді. 

Нариман атайды көрпемен қымтап жауып, пештің оттығындағы күлді тазалап, қолын жүре сүртіп далаға шығып кетті.

Содан кешке дейін трактордың ақауын жөндеумен арпалысты. Кеш түсе комбинезонын шешіп, қолын жуып, үйге кірсе – Толя атай арқасын пешке қақтап, қол қусырып бергі шоланда отыр екен. Ұзын мойнын ырғап қойып, езу тартып күлген болады. Қайық табанында бірер үйрек жатқанын, реті келсе солардың бірін асып, тамақ жасауын қиылып сұрайды.

Әрине, сөз бар ма... Нариман лып беріп қайық табанындағы үйректерді мойнынан тізіп алып келді. Төртеу екен, біреуін ыстық суға салды да, жүнін бұрқыратып тазалап, кешкі тамақ қамына кірісті. 

Бабында піскен үйрек етінен талмап, тарамдап дәм татқаны болмаса, атайдың тәбеті оған да оншалықты тарта қоймады. Ал ыстық сорпаның бір кесесін сораптап ұзаққа созды. Сорпадан соң Нариманнан қайта-қайта кешірім сұрап, орнына қайыра жантайды да, тас бүркеніп жатып қалды.

Атай ұйықтаған соң да Нариман қараңғы үйді күзетіп біразға дейін отыра берген. Соңынан шолақ пешке бір шелек көмірді толтыра салып, өзі де босағадағы тапшанға киімшең қисая кетті.


***

Таңбозынан мотор даусын естіп, күртесін жамылып сыртқа шыққан. Дарылдаған дарақы қайықтың бірі ме деп еді, қыт-қыттаған катер екен. Катер күнгей қалтарыстағы ықтасын қолтықтан емес, теріс-қағыс тұстан, қарсыдағы ақжал толқын сапырған шалқар жақтан көрінді. Сонадайдан боздата сигнал беріп айдындай келді де, күрк-күрк жөтеліп барып, түйетайлау жағаның май батпағын тұмсығымен сүзе тоқтады. 

Жағалау батпақ екен демеді, ыршып-ыршып төрт жігіт жерге түсті. Түрлері өрт сөндіргендей, әлденеге қатты абыржулы. Нариман бұлардың біреу қуғандай суыт жүрісінен біртүрлі секем алып қалған. Араларындағы қорық инспекторы формасындағы тәйпиген домалақ қазағы болмаса, қалған үшеуінің киім киістері бөтен... Бұл маңайдың қауметіне ұқсамайды. Шаштарын таранып, өкшесіне қаранған қалалық тасыраң біреулер. 

Іштеріндегі бітеу мойын тайөгіздей біреуі аман-саулық жоқ, тепсініп Нариманның қасына жете бере:

– Мы ищем одного уважаемого человека! – деді орысша саңқылдап. – Высокого роста? – деп сұқ саусағын шошайта көтеріп, ауада екі рет иірді.

Нариманның жон арқасынан аяз жүгіріп өткендей болды. «Бұлар ұйымдасқан топ болды-ау» деп секемденді. Қалай болғанда да бойын тез жинап, қораздана қоқиланған бұл жігітке шырай бермей, үніне барынша салмақ сала сөйледі.

– Уважаемый, не уважаемый, я не знаю... Но один дряхлый старик дома лежит, – деп орысшылап жауап берді де, иегімен үй жақты нұсқады.

Жауапты естіген бойда төртеудің екеуі үйге қарай борсаңдай жөнелді. Қорықшы мен тағы біреуі Нариманды аңдығандай, тықыршып оның жанында тұрып қалысты.

Қорық инспекторы «уважаемый» деген кісіні екі күннен бері су бойында сабылып іздеп жүргендерін, күндіз-түні ұйқы жоқ, таба алмай бос сандалғандарын шағынғандай боп сарнап жатыр. Үйрек аңдытып, әдейі қойып кеткен жерден, неге екені белгісіз, ана кісі сан тарам бұрыстың біріне жылыстап жылжып кетіпті. Содан қара басып бұл бейбақтар «уважаемыйдан» мүлде көз жазып қалса керек.

Қорықшының ұсқыны былайғы басбұзар тентекке ұқсамаған, ауылдың қой аузынан шөп алмас момын қазағына келеді. Сонысын байқап, Нариман оның сөзіне үнсіз илананғандай болды.

Келесі бір мезетте қорықшы терістік жағалауда жамбастап жатқан қайқы тұмсық қара қайықты көзі шалып, жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті.

– Әне, әне... біздің қайық! Соның дәп өзі! – деп аяғымен тепсініп, дауыстап жіберді.

Қасындағы күдірейген қалалық жігіт ыржалаңдаған қорықшының байбаламына иланбаған секілді, тапыраңдап қайыққа ұмтылды. Барды да, алақанымен сипалап-түрткілеп қайықты бір айналып шықты. Сол бойда үйге қарай желе жүгірді. Қорықшы да оның соңынан емпеңдеп бірге ілесті.

Далада состиып жалғыз тұра бергенге ыңғайсызданып, арада бірер минуттан соң Нариман да есікті сықырлата ашып, үйге кірген. 

Төрт жігіт беті-қолын шайып, орамалмен сүртініп жатқан Толя атайдың маңайында үймелеп, тар шоланда шиыршық атысып жүр. Қайта-қайта кешірім сұрап, ұятқа қалғандарын айтып, жалпылдап-ақ жатыр. Кеше таңертең Астраханнан арнайы тікұшақ шақыртыпты, бірақ ол құрғыры жаңбырда жете алмай, «енді шықтық» деп бүгін таңертең ғана хабар беріпті. Егер атай табылмағанда, бүгін бұлар сол тікұшақпен төбеден іздеу салмақшы болған екен.

– Анатолий Петрович, сіз дереу қалаға барып, дәрігерге көрінуіңіз керек? – деп бағанағы бітеу мойын жалпылдап еді, Толя атай келіспегендей басын шайқады. 

– Ол жаққа да барармыз, бірақ менің кешелі бергі дәрігерім, міне, мына жігіт! – деп қасын керіп, мейірлене жымиды. – Танысып қойыңдар, аты Николай болады!

Атай не айтса да аузына кіріп кетердей боп әзер тұрған жігіттер жаңа көргендей, Нариманға таңырқай қарасты. Миықтарында кежір күлкі ойнап, атайдың жаңағы сөзін әзілге балаған түрлері бар.

– Дұрыс қой... – деді бітеу мойын күйбежектеп. – Айтқаныңызға құлдық, Анатолий Петрович! Бірақ, мына сасық лашықтан тездетіп кетейікші?

– Бұл лашық сасық емес! – Толя атай қабағын кіртитіп, мұрын астынан күңк етті. Жөткірініп еді, оның соңы булыққан жөтелге жалғасты. Орамалымен бет-аузын бұрап сүртті де, – Бұл жер маған құтты мекен болды... – деді, – осы лашық болмағанда... мына Николай болмағанда, сіздер мені бүгін тірідей көрмес едіңіздер.

Төртеуінің көздері оттай жанып, тағы да Нариманға назар шаншыды. Атайдың сөзінің әзіл еместігі енді ғана миларына жеткендей... Жәмпең қағып Нариманға кезек-кезек қол ұсынып, бастарын изесіп рахмет айтысып жатыр. 

Атай тоқыма қалпағын басына кие беріп, қалбалақтаған ұзын жігітке:

– Валентин, сен мына Николайдың мекен-жайын түгел жазып ал! – деп тапсырып бір өтті.

Валентин дегені жіптіктей жұтынған біреу екен, басын ұршықша бұлғаңдатты да, Нариманды сыртқа жетелей жөнелді. Жеке шығарып, тәптіштеп отырып аты-жөнін, жұмыс орнын, мекен-жайын қойын дәптеріне мұқият түсіріп алды.

Артынша Толя атайды қаумалаған үшеуі де дабырлай сөйлесіп сыртқа шыққан. Қазір катерге отырып қонақ үйге жеткен бойда, тікұшақпен дереу қалаға аттанбақшы боп келісті. Қара қайықты бұл жерден кейінірек алып кетпекші болды.

Атай қоштасарда Нариманның қолын қысып, ұзақ ұстап тұрды, ризашылығын білдіріп, жүректен шыққан жылы сөздерін айтты. 

– Балам, ендігі қалған ғұмырда біз екеуміз бірге боламыз, осыны ұмытпа! – деп елжіреді. Туған ұлындай еркелетіп арқасынан қақты, еңкейіп маңдайынан иіскеді. 

Сөйтті де, жайлап басып катерге көтерілді. 


***

Баталы жанға бақ қонады дегендей, Нариманның содан кейінгі өмірі ертегіге бергісіз, ұзын сонар жырдай жалғасып кете барған. Мерейі тасып, мейманасы асты, жас өмірі өрге домалады. Ауыл арасында «Нариман тіпті де жетім емес екен, туған әкесі табылыпты» деген дақпырт желдей тарады.

Алдымен, арада ай өткенде ол Саратов қаласындағы Ауыл шаруашылық институты ректорынан арнайы шақырту қағазын алған. Ректор нағашысы емес, бұл оның жиені емес еді. Содан ба, бұл шақырту ашық күнде аспаннан тас құлағандай жаңғырығып, ойдағы мен қырдағының баршасын аң-таң етті. Дәнеңе түсінбесе де артын жақсылыққа жорып, Нариман «Саратов қайдасың» деп соңына жалтақ-жалтақ қарап кете барды. 

Қызықтың басы сол шалғайдағы Саратовтан басталды... Техникумды қызыл дипломға бітіргені зор демеу болып, ректормен қысқа әңгімеден соң институттың механика факультетіне сырттай оқуға қабылданды. Он күндей «установочный» дейтін арнайы курсын өткен бойда қуанышы қойнына сыймай, алақайлап ауылға қайтты. 

Ол қуаныштың қызығы басылмай жатып, жаңа жылдың басында Астрахан қаласындағы «Сельхозтехника» дейтін алпауыт мекемеге қызметке шақырылды. Артынша қала шетінен үш бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді. Ақпан айының соңына қарай келіншегі Әсима екеуі буынып-түйініп... міне қызық, пойыз емес, автобус емес, әскери ұшақпен Мәскеуге аттанды. 

Бұларды шақыртқан – өткен күзде Қиғашта кездестірген Толя атай екен. Мерей жасқа толыпты, сол тойға Нариман мен келіннің келіп, қуанышын бөліскенін қалапты. 

Толя атайдың бәйбішесі жасы ұлғайғанына қарамастан ажарын бере қоймаған, мінезі жұмсақ мейірбан жан екен. Нариманды да, келіншегін де ботадай елпілдеп жақын тартып, әңгімеге үйіріп, ежелгі таныстардай-ақ баурап әкеткен.

Мерейтойдың үлкені көктемге қалыпты да, бұл күні тілеуі бір, тілегі ортақ бір топ замандастары атайдың Мәскеу түбіндегі оңаша саяжайында бас қосыпты. Бәрі де тетелес үзеңгі достар, жөн білетін бірөңкей сырлы зерең, қазыналы қариялар екен, көкейге қонатын көрікті әзіл, көшелі әңгіме айтысып отырды. Нариман оларды сырттан бақылап, құлақ қойып қызықтап, өзге бөлмеде жүрген. Қариялардың әңгімесінің бірін ұқса, бірін ұқпай, аузын ашып таңданумен болды. 

– Диманы күтейік. Қызметі ауыр ғой, кешігіп жатқан болар, – деп, кешті бастамай, Толя атай әлдебір досын сағатқа жуық күттірді. 

Ақыры әлгі айтқан «Дима» деген досы да келді. Нариман алтын оқалы погон, сарыала киімді әскери адамды есіктен кірген бетте тани кеткен... Армияда жүргенде Ленин бөлмесінде бұл кісінің үлкен суреті ілулі тұратын. КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Дмитрий Устинов екен.

Нариман онсыз да еденіне дейін мұздай жалтыраған мына сәулетті бөлмелерде өзін қоярға жер таппай қолайсыз күйде жүрген-ді. Үйге алшаң басып маршал кіріп келген соң өзін арыстанның апанына тап болған қояндай сезінді. Офицер демесең, әскерде жүргенде тірі генералды көрмеген қара жаяу солдат еді. Енді, мінеки, маршалмен дастарқандас болғанына көңілі құрғыр сенер емес. Сенбейін десе шыққыр көзі оттай жайнап бәрін көріп-біліп отыр... Қиғаштағы баяғы шүмек бет көтерем шал осындай құдіретті кісі деп кім ойлаған? Аузы дуалы, сөзі уәлі марқасқаның нағыз өзі екен-ау! Саяси бюроның мүшесі, маршалды дос қылған жойпаң бастық екен ғой! Нариман Толя атайға қызыр көргендей қайта-қайта жаутаңдаумен болды.

Дастарқан басына жайғасқан кезде Толя атай Нариманды «менің Николай деген ұлым – осы!» деп мақтанышпен таныстырып өтті. «Ұлым – осы» дегеніне қарағанда, бұл ескі достары Нариман жөнінде бұрыннан хабардар ма, әлде бекзат мәдениеттіліктің белгісі ме, бет-жүзін күн қаққан қазақтың қара баласына таңданған да, сұрақ қойып сұқтанған да ешкім болмады.

Осы кештен кейін де келіншегі екеуі атайдың саяжайында бой үйретіп, бауыр басып апта бойы жатып қалды. 

Мәскеуден елге қайтарында атай Нариманға жаңа үйдің көрімдігі ретінде ресімдетіп «Сақтық кітапшасын» сыйға тартқан. «Алмаймын» деп безек қақса да қоймады. Үй ішіне қажетті керек-жарақ, жарқыратып жиһаз алуын Әсима келінге тапсырды.

Сол жазда іңгәләп өмірге келген Нариманның тұңғышының есімін Толя атай өзі қойды. Немересінің құрметіне атай жас отбасына жұтынып тұрған көгілдір «Волга» автокөлігін тарту етті. 

Нариман содан кейін Мәскеуге әр жыл сайын барып тұрды. Толя атайдың ақсарайдай кең саяжайында бала-шағасымен аунап-қунап, жаз бойы демалып қайтып жүрді. 

Осы алғаусыз көңіл, селкеусіз ниет Толя атай тоқсанның біріне жетіп, өмірден өткенге дейін – он сегіз жыл бойына жалғасқан еді. 


***

Қазақ жігітіне үлкен жүрекпен шынайы ықыласы ауып, туған ұлындай бауырына тартқан, риясыз әкелік қамқорлық жасаған бұл кісі кім екен деп тағатсыздана күтіп отырған шығарсыздар?

Айтайық... 

Ол кісінің аты-жөні – Анатолий Петрович Александров болатын. Кеңестер Одағы қорғаныс саласының аса ірі маманы, отандық ядролық энергетиканың іргетасын қалаушы айтулы ғалым, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың, төрт мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Ғылым академиясының президенті, академик.

Паустовскийді еске түсірген хикая осы еді. 


2013 жыл



СӘЛЕМНІҢ ДЕ ЖӨНІ БАР


Алашыбай менің құдай қосқан туған құдам, ит көйлек құрдасым. Құдағи жағы бар болғанымен, еркек кіндіктіден Алашыбайдан өзге бауыздау құда менде жоқ. Кезінде дүрілдетіп аудан басқарған, фабрика мен зауыттың директоры болған, мінезі байтақ, санасы сергек азамат. Былайша айтқанда, көргені көп, көңілге түйгені одан да көп зиялының төресі. Өзі сырықтай ұзын, жігіттің нағыз серкесі, бойы мендей екеу. Қатар тұра қалсақ әйгілі идальго Дон Кихот пен Санчо Пансадан аумай қаламыз. 

Сол құдаммен бірде жасыл желекке оранған сквердің төріндегі арқалы орындықта аяқты алшыдан тастап, әңгіме соғып отырғанбыз. Қыркүйектің мол іші, ауада мұрынды қытықтап, бетті жыбырлатқан жылы шуақ бар. Баласын коляскаға құндақтап ұйықтатып қойып, өзі кітап оқып отырған жас келіншектен басқа тротуар бойы бос. Әлдене уақытта бұрылыстан сөмке асынған бір оқушы бала жүгіре басып шыға келді. Шамасы, сабақтан кешігіп қалып, асығып бара жатқан сияқты. Асығып бара жатса да, жол шетінде отырған бізді көріп бұрыла кетті. Емпеңдеп келіп қос қолын ұсынып сәлемдесті де, томпаң қағып өз жөнімен кете барды. Жаймашуақ ауыл емес, қаймалысқан қаланың баласынан мұндай ізетті көру сирек қой.

– Өркенің өссін, үлкен азамат бол! – деп мен соңынан дауыстап, риза болып жатырмын. 

Құдама қарасам, көзін төмен салып, қасын көтеріп жымиып отыр екен. Басын әнтек шайқап қояды. Тегі балаға артық сөз айтып қойғам жоқ па дегендей, мен шалжиған аяғымды жинап, қозғалақтай бастадым.

– Жо-жоқ, құда, бәрі дұрыс... Жаңағы баланың сәлемі ескі бір оқиғаны есіме түсіріп отыр, – деді Алшекең. 

Сосын тағы да басын шайқап, мырс етіп күліп жіберді.

– Сәлемнің де жөні болады екен, соны айтайын деп едім?

– Әлбетте, айтыңыз... айта беріңіз, құда?

Алашыбай бір жөткірініп алды да, мазмұны бөлек болғанымен, мағынасы үндес, өзінің басынан өткен екі жағдайды әңгімелеп берді.


Бірінші жағдай


Ала жаздай ауылдағы атамның жанында жүремін деп, алтыншы сыныпқа барар жылы мектепке біршама кешігіп келдім. 

Атам да «оқу қайда қашады, барасың әлі» дегендей, арқаны кеңге салып асықтырмады. Ауылда не көп, бала үшін ермек көп, тайраңдап жаз бойы жүгірсем де ойынға құмарым қанбай, қырдың қызығын қиып кете алмадым. Сөйтіп, өзім де бірер күн кідіре тұруға қарсы болмағам. Қалаға барған соң көп өтпей-ақ ала жазғы алақайлы дырду-думанды, қырдағы ырысты ел мен тынысты жерді сағынатыным белгілі. Шапқылаған құлын-тай, мамырлаған қой-ешкі, маң-маң желген ботақан... Ет жүрегім езіліп, оларды қанша аңсағанмен, енді қайтып қыр жаққа келесі жазда ғана жол түсерін тағы сездім. Сездім де, мектепке араға апта салып бірақ келдім. 

Келсем, сыныптастарым орындарды қылдай бөлісіп, парталарға жайғасып, сабақты бастап кетіпті. Ең соңғы партада сорайып бір қараторы бала отыр. Бала емес, мұрты тебіндеп қалған жігітсымақ. Соның жаны ғана бос екен. Амалым жоқ, кешіккенім үшін мектеп директорынан ескерту алдым да, жасқаншақтап әлгі бөтен баланың қасына барып жайғастым.

Мен отыра берген бойда:

– Рахат! – деді бейтанысым қабағын керіп. 

– Не «рахат»? – деп мен таңдана оған бұрылдым.

– Ой кеще, менің атым Рахат, ұқтың ба!

– Ұқтым-м-м... 

– Сен неге атыңды айтпайсың?

– Мен бе-е-е... менің атым Алашыбай.

– Жүдә жақсы. Енді екеуміз мықты дос болайық.

– Жарайды.

– Мен сені танимын! – дедім мен оның бет-жүзіне зер салып зерттеп болған соң. Рахат та бұрылып, менің бадырайған көзіме сүзіле қалды.

– Жалпы, мені танитындар көп. Егер сені де соққан болсам оған ренжіме. Бүгіннен бастап мен саған тиіспейтін боламын.

Бәсе, шырамытқаным шындыққа шықты... Бұл өзі мінезі шадыр кесел бала, теңіз жақтағы екінші мектептен. Өткен жылы бізді көшеде ұстап алып, бықпырт тигендей соғып жібергені бар. Қайтып екінші мектептің маңайына жоламастай еткен. Мұрнымыз қанап, көзіміз көгеріп, көгала қойдай таяқ жеп қайтқанымыз есімде. Ондай сотқар дүлейдің бейнесі оңайлықпен ұмытылушы ма еді!

– Мен екінші мектептен келдім, – деді Рахат. – Енді осы мектепте сендермен оқымасам болмайды. Ана мектепте миыма сабақ қонбады. Жағдай қиын... мені былтыр да көшірмей тастады. Көкем көзіме көк шыбын үймелетіп, жетектеп осында алып келді. Сен мені бұл азаптан құтқар, көмек жаса!

– Қалайша?

– Сабақ үйрет, кітап оқып бер, бақылау көшірт.

– Жарайды.

Менің мұндай содырға басқаша жауап беруім денсаулығыма қауіп еді. Сондықтан айтқанына көнгеннен басқа лажым қалмаған. Есесіне бұл тентек сырт көзге сес, қауіп-қатерден берік қорған боларын тағы сездім.

Сабақтан соң Рахат «басына түскен қиын жағдайын» маған жырдай қылып айтып берді.

Әріпті әзер игеріп, бірінші сыныптан әупірімдеп өткенімен, есеп-қисапқа шамасы жетпей екіншіде екі жыл отырып қалыпты. Содан үшіншіні көптеп-көмектеп бітірсе де, төртіншіде тағы да табандап тұрып қалса керек. Енді, мінеки, бесінші сыныптан сүйретіліп шыққанымен, алтыншыда тағы аялдап, бізбен иық теңесіп шыға келген.

– Биыл мен тоғызыншы оқуым керек еді, – деді Рахат мұңайып. – Жағдай қиын, достым! Әгәрки, сегізді аман-есен бітірсем, бәрін тастап шопыр болып кетер ем. Ал сегізді бітірмей көкем мені тырп еткізбейді. Сондықтан сен мені алтыншыға тастап кетіп жүрме. Сегізге дейін сүйре, ұқтың ба?

– Жарайды! – деп, оған менің біртүрлі жаным ашып кетті.

Екеуміз сөз беріп серттесіп, бір-біріміздің қолымызды ұзақ сілкістік. 

Алтыншы сыныпқа келгендегі биылғы жаңалық – сынып жетекшісі болған апай зейнетке шығыпты да, оның орнына пединститутты жаңадан бітірген жап-жас украин қызы келіпті. Фамилиясы Сапожникова, аты-жөні Людмила Васильевна екен. Көзі тұздай көкпеңбек, ажары атқан таңдай аппақ, сары шашты сымбатты мұғалима. Жүзі шуақты, жанары аса мейірімді. Осы сүйкімді кісі бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін болды. 

Сөйтіп, оқушылық өмірдің қызыққа толы қиқулы күндері басталып кете барды.

Рахаттың бойы сорайған ұзын, кәдімгідей ботатірсек бозбала. Айнаға қарап шаш тарап қалған кезі. Мен болсам оның жарымынан ғана келемін. Көрші көшеде жолдан өткізбей омыраулап озбырлық көрсетіп жүрген ана мектептің бірер баласы бар еді. Рахатпен достасқалы бері әлгілер жым болды, мені көрсе айнала қашатынды шығарды. 

Екеуіміз мектепке таңертең әр жақтан барғанымызбен, түстен кейін міндетті түрде бірге қайтып жүрдік. Бірде біздің үйде, енді бірде Рахаттыкінде бірлесіп сабаққа дайындаламыз. Доп қуаласақ та, теңіз жағасында ойнасақ та, құм шағылдарды араласақ та жұбымыз әсте жазылмайды. Әредік күн батып, ымырт үйіріле қала көшелеріне де қыдырыстап бірге шығамыз. 

Қыдырыстап көшеге шыққанда, біздің барар жер, басар тауымыз белгілі еді. Қаланың түстік шетіндегі Райхан деген қыздың үйі. Қала шағын болғанымен, Райханның қоржын тамы бірталай жерде. Жорыққа қас қарая шығып, ел жатқанда сүйретіліп қайта қайтамыз. Дәнеңе бітірмесем де, мен Рахаттың соңынан салпақтап бірге еріп жүремін. Шынын айтсам, мен бұл мысық жүрістің мәнісін түсінбей далмын. Аула ішінде арлы-берлі көк көйлегін көлбеңдеткен қызға итала қаздай мойнын созып, босқа көз сүзгеннен қандай пайда барына миым жетпейді. Сол үшін қаланың бір шетінен екінші бір қиырына аяқ тоздырып күнде келудің қисынын ұқпаймын. Көргіш болса осы бір домаланған торша қызды күндіз неге көрмейді екен деп те қайран қалам. Соның сырын ұққым келіп, өзінен сұрап та көрдім. Ондайда Рахаттан тұщымды жауап ала алмайсың.

– Кейін жігіт болғанда өзің-ақ түсінесің! – дейді де қояды.

Кейде біз қанша күтсек те Райхан қыз үйден шықпай сілемізді қатырады-ай! Ондайда екеуміз де дүниеден үмітіміз өшіп, баз кешіп кетеміз. Айлы түн астында құм жиегіндегі тоғайды тентірейміз. Қырғауылдың құрқылын тыңдаймыз, талықсыған байғыз зарын қызықтаймыз. Құм ішінен де, тоғай жақтан да алуан түрлі үн шығады. Шілделік шырылдайды, құрғап қалған өзен-көлдің табанынан бақа бақылдайды. Құм шағылдар түн ішінде мұнарлана мұң шақырғандай болады. Бізге соның бәрі қызық. 

Райхан бұрын Рахат оқыған екінші мектепте сегізінші сыныпта оқиды екен.

– Жоғары сыныпта екен ғой? Бізден үлкен қыз болды ғой? – деймін мен.

– Үлкен болса сенен үлкен шығар, мен үшін ол жасы кіші қарындас, – дейді Рахат.


* * *

Жаңа мұғалима сабақты өзгеше қызықты жүргізеді екен. Әсіресе, орыс әдебиетінің пәні ертегі мен жырдай тартымды өтетін болды. Ақындар мен жазушылардың өмірінен әңгімелер айтып, оларды бүгінгі өмір шындығымен байланыстырып, мысалдармен байытып, оқушыларды бұрын болмаған әсерге бөлеп жүрді. Сөйтіп, орыстың әдебиеті біздің сүйікті сабағымыздың біріне айналды. Тіпті, оқу атаулыға желкесі жар бермейтін Рахаттың ниеті де бұл пәнге шамалы бұрылғандай еді. 

Сынып жетекшісі ретінде де Людмила Васильевна жөні бөлек, жаны ерек мейірбан жан болып шықты. Арада көп өтпей-ақ біз апайымызға бауыр басып, жақсы көріп кеттік. Ол кісінің сынып сағатын өткізуі де, оқушылармен қарым-қатынасы да өзгелерге ұқсамады. Сыныптағы жиырма бес оқушының он екісі қыз. Людмила Васильевна көбінде осы он екі қызды сабақтан соң алып қалып, жеке шүйіркелеседі, құпия сырласады. Қыздармен қай тұрғыда сөз болатынын кім білген, ал ұлдармен әңгіме жаман әдетке үйір болмау, темекі тартпауға, анашаға жоламауға, қыздарды сыйлап жүруге арналатын. Көшеде жылаған бала көрсек уатып, қарт кісіні сүйеу керек. Әлсізді жәбірлемей, оларға көмек қолын созып, қамқор болып жүрген жөн. «Күші басымға жалтақтамаңдар, жағымпаз боп кетесіңдер. Қара күшке қарсы тұрар қашанда күш табыларын естеріңнен шығармаңдар», – дейді. 

Турасын айтқанда, ұлдар келешек азамат, отбасының ғана емес, елдің де тұтқасы, сол міндетке осы бастан дайындалу қажет екен. Ұлдар өзгелерге үнемі үлгі-өнеге болып жүрулері тиіс, олардың адамдармен қарым-қатынасы, ішкі мәдениеті әрдайым жоғары болуы керек. Ол үшін, ең бірінші, жақсы оқу міндет. Жақсы оқу, білімді болу үлкен мәдениетке бастар жалғыз баспалдақ. Келешекте ондай оқушыдан парасатты, кісілігі мол, қайырымды, тұлғалы азамат шығады. Мысалы, көшеде келе жатып түкірмеңдер, ол жаман әдет, ол үлкен әдепсіздіктің белгісі. Қарсы жолыққан кісіге көрмегенсіп, сәлемдеспей өте шығу – ол да көргенсіздік. Қол ұсынып амандасып жүрсеңдер үлкендер сендерге риза болысады. Тәрбиелі бала екен деп сүйсінеді, «өркенің өссін» деп батасын береді. Көп тілегі көл, қырықтың бірі қыдыр. Бала батамен көгереді деген, ондай оқушыға міндетті түрде жақсы тілектің шапағаты тиіп жатады. 

Қысқасы, біздің бәріміз өнегелі ұядан ұшқан ұлағатты ұрпақ, еліміздің келешекте бетке ұстар өскелең ұл-қыздары екенбіз. Сондықтан әрқашан әдепті, мәдениетті болуға ұмтылуымыз керек екен. Ең бастысы – ата-ана да, мектеп те бере алмайтын тәрбиені біз көркем әдебиеттен алатынымызды білдік. «Сол себепті кітапты сүйіңдер, көп оқуға тырысыңдар, кітап сендерді сұлулыққа баулиды, арманшыл болуға үйретеді», – деп Людмила Васильевна құлағымызға құюмен болған. 

Қалай десек те, көрікті сөз көкейге қонады екен. Сынып жетекшісі жібектей майда даусымен ауық-ауық қайталай берген соң, біздің де санамызға бірдеңе ұялағандай еді. Осылайша жүріс-тұрысымызға, мінез-құлқымызға өзіміз де сырын ұқпаған әлдебір өзгерістер ене бастағандай болған. 

Әсіресе, ұлдар жағы көше-көшені көбірек кеземіз, жолға жиі шығамыз, демалыста ұзақты күн теңіз жағасын тентірейміз. Қарсы жолыққан үлкенге танымасақ та бас изеп сәлем береміз, таныс адамдарға анадай жерден қолымызды ала жүгіреміз. Бұрын бізден мұндай ізетті байқамаған үлкендер жағы «Бар бол, шырағым!» – деп жылы жымиып, қуанысып қалады.

Қатты риза болған қарақұлақ қариялар «кімнің баласысың, атың кім?» деп сұрайтынды шығарды. «Е, шырағым-ай, әлгі өзіміздің жақайым Әбдіғазының ұлы екенсің ғой. Әкеңе сәлем айт, сендей әдепті ұл өсіргеніне рахмет!» – деп қол жайып бата берісіп жатады.

Әрине, қара шаруадан қолы әсте босамайтын әке жазғанның дәл осы мәселеге ешқандай қатысы жоғын ол кісілер қайдан білсін. Бәрін үйретіп, баулып жүрген біздің сүйкімді ұстазымыз – Людмила Васильевна ғой... 


* * *

Сабаққа дайындалып біткен соң, бірде кешқұрым мені ертіп Рахат тағы да әдеткі түлкі жортуылына шыққан. Бағыт – қаланың түстік қиыры, құм жиегіндегі сол баяғы Райхан үйінің маңайы.

Мен пақырдың шалғайдағы ол жаққа әсте барғым жоқ. Бірақ, Рахаттың алып ұшқан көңілін қимаймын. Сол бір шынтақтай қара қызда нендей қасиет барына ақылым жетпейді. Әншейінде төбелессе ұратын, күрессе жығатын тентек Рахаттың Райхан десе жүзі жайнап, көзі ойнап, сәттің арасында түрленіп шыға келетініне қайранмын.

Біз Райхан жаққа қаланы көктей өткен асфальт жолмен аяңдап барамыз. Басқа көшеде ондай даңғыл жоқ, олардың бәрі қиыршық тас пен құм аралас сатпақ соқпақтар. Ал мынау асфальт болса қала шегінен де ұзап шығып, арғыдағы айдынды шығанақты айналып кетеді. Одан арғысы алыстағы тұңқима түбекке барып тіреледі. Түбекте әскери бөлім тұр. Ол жаққа бөтен адам түгіл адасқан малды да жолатпайды. Бірақ былтыр атаммен түнделетіп ауылдан келе жатқанда мен сол тұстан ажылдап-гүжілдеп шыққан бірнеше танкі, дәу зеңбіректер сүйреткен мәшинелерді өз көзіммен көргенмін. Жарқыратып бізге асфальт жол салып жүргендер де сол әскерилер. 

Қала сыртындағы шығанақ бұрынырақта шалқыған теңіз еді, қазір ол да тартыла қашып, сасыған сор батпаққа айналып барады. Баяғыда, мен мектепке әлі бармай тұрған кезде, қала іргесіндегі жағажайда тыраң-тыраң суға шомылып, шапқылап құмда ойнаушы едік. Қазір ол теңіз де көзден бұлбұл ұшып, айналасы бес-он жылдың ішінде көз көрімге ұзап кетті.

Әдеткідей Райханның үйіне жету үшін біз қаладан шыға бере асфальт жолды тастап, кілт оңға қарай бұрылып кететін едік. Содан тағы біраз жүрген соң, құм шағылдың төбесіне өрмелеп, қыздың төмендегі қараша үйін аңдитынбыз. Қыздың үйі дуалмен қоршаулы, шағыл биігінен аула іші алақандағыдай, ылғи да шам жарығымен жарқырап тұрады.

Жаздың құты қашыңқырап, көмескі күндердің көбейген уағы еді. Ара-тұра бұрқ етіп шаң көтеріп, лекіп жел соққаны болмаса, бәрібір күздің күні ыстық, түні жылы. 

– Мен бүгін Райханмен кездесетін болып келістім! – деп Рахат қаймақ ернін қисайтып, ыржың-ыржың етті.

Қыз жұртының сезімімді селт еткізбес жастамын, сондықтан досымның бұл ыржыңын мен ұқпаймын. Ұқпасам да ырқына көніп қосыла жымиған боламын. Көңілін қимай, мінеки, бүгін де борсаңдап еріп келе жатырмын.

– Мен Райханмен сөйлескенде сен былай... көрінбей тығыла тұр, жарай ма?

– Жарайды.

Асфальт жолдан шығып, Райханның үйі жаққа бұрыла бергенде, Рахат иығымнан ұстап тоқтатты. Өзі көшенің келесі бетіне мойнын созып телміріп қалыпты.

– Анау талдың түбінде Людмила Васильевна тұр. Мен жүре берейін, сен барып сәлемдесіп қайт. Көрмегенсіп өте шыққанымыз ұят болады, – деді.

– Жарайды!

Алагеуім шақ, жолдың арғы жағында, ағаштың қараңғылау тұсында ағараңдаған көйлекті мен де анық көрдім. Рахат «бар» деген соң тілге келгемін жоқ, солай қарай бүкеңдей жөнелдім. Жақындап келсем қашаға сүйеніп екі кісі сүйісіп тұр екен. Біреуісі Людмила Васильевна, екіншісі бөтен бір әскери адам, офицер, лейтенант. Бала болсақ та, шүкір, әскерилердің шен-шекпенін айыра білеміз. Офицер бойшаң екен де, мұғалиманың өкшесі көтеріліп кетіпті, тіпті жерге тимей тұрды. Аппақ көйлегі боз селеудің үкісіндей желбіреп, жұмыр балтыры тоқ санына дейін жарқырай ашылып қалыпты.

Тура қасына келсем де біріне-бірі жабысып қалған екеуі мені байқар емес.

Мен жайлап өзімнің мұғалимамды мықынынан қақтым:

– Сәлеметсіз бе, Людмила Васильевна! – дедім.

Екеуі құшақтарын жаза бере екі айрылып кетті. Мұртын сыланған сырбаз офицер осқырына төмен қарады. 

– Сәлеметсіз бе, Людмила Васильевна! – Естімей қалған шығар деп, жағызған қозыдай жаутаңдап, мен сәлемімді тағы қайталадым.

– Сә... сәлем... ет болсын, Әбдіғазиев!

Людмила Васильевнаның әуезді жібек үні бұл жолы үкінің үһіліндей ентігіп шықты.

Амандасу рәсімі біткен соң, мен аялдаған жоқпын, бұрылдым да өз жөніме жүріп кеттім. 

Қарасам, Рахат тызақтап безіп барады екен, әзер қуып жеттім. Ішін басып, мені шұқып көрсетіп сақ-сақ күле береді. 

Бір нәрсені бүлдіргенімді, ағаттық жасап мазаққа қалғанымды сонда ғана түсіндім.


* * *

Ертеңінде менің көңілімді өзіме де мәлімсіз көмескі бір күдік торлап алды. Орыс тілі сабағында көзім сырғақтап, аппақ апайыма қарауға бет жоқ, қабақ көтермей отырдым да қойдым. Сабақ аяқталып, оқушылардың бәрі топырлап далаға жүгіргенде, Людмила Васильевна:

– Әбдіғазиев, сен қала тұршы? – деді. 

Имене басып мұғалимаға жақындадым.

– Сен сыр сақтай білесің бе? – деп апайым көкпеңбек көздерін тотайлана төңкеріп, маған біртүрлі сынай қарады.

«Сыр» дегені құпия ғой... Неге білмеймін? Білемін! Кинодан талай көріп жүрмін. Отан үшін, ел үшін жан пида, жаудың қолына түссең де партизандар сияқты жақ ашпау керек. Әлгі киноларды көрген сайын мен де әлдебір ерлік жасап, ат ойнатып атымды шығарсам, атойлаған батыр атансам деп іштей арман ететінмін. Жайы келсе Александр Матросов секілді ел үшін, жер үшін, Людмила Васильевна секілді сүйікті ұстазым үшін жаудың оқ боратқан дзотына жата кетуге де көптен дайынмын. 

Мен бойымды тіктеп, сымдай тартыла түстім де, басымды шыбындаған атша шұлғыдым. 

– Мінеки, сыр сақтай білетінің өте жақсы болды. Ендеше, кешегі екеуміздің кездесуіміз де құпия болсын, жарай ма? 

– Жарайды!

– Екеуміздің арамыздағы алғашқы құпиямыз осы болсын, жарай ма? – аппақ апайымның албыраған ақша жүзінен мейірім төгіліп кетті.

– Жарайды!

Әрине, сынып жетекшісі солай деп тұрған соң, мен бұл құпияны тірі жанға тіс жарып айтқамын жоқ. 

Рахат болса ертесінде жолы болып Райханмен кездесті де, әлгі оқиғаны ол да ұмытып кетті.


Екінші жағдай


Арада бір жыл өтіп, жетінші сыныпта жүрген кезіміз. 

Бірде әкем екеуміз көше бойлап теңіз жақтан жаяулатып келе жаттық. Күздің құт қашырған сұп-сұр бұлыңғыр күндерінің бірі болатын. Қыт-қыттаған бірер тауық, шарбақ түбінде бүк түскен кәрі төбеттен басқа көшенің ұзын бойында қыбыр еткен жан жоқ. Сол кәрі төбеттің арғы жағында шүңкиген шүмек бет жадау шал отырған. Мен ол шалды алыстан байқап келе жаттым. Үй сыртындағы ұзын орындықта екі бүктеліп, құныстана қушиып қалыпты. Кескіні тым солыңқы, бет әлпеті күлдей, сақал жоқ, қайыстай қатқан сұр кісі екен. Аузына түскен сирек мұрты ғана болымсыз қыбырлайды. Біз қасына жақындағанша қабағын көтермей, таяғына сүйеніп тұқшиып отыра берді. Ақжамау болған ескі етігіне телміріп, терең ойға батқандай кейіпте. Оқта-текте құмыға күркілдеп қояды. Маған бұл адам ашық күнде адасып, жападан жалғыз қалған жандай көрініп кетті. Жақындай бере әлгі шал әкеме емес, соңында салпақтаған мен жаққа көзін сыдырта бір өтті де, қабағын қайта түсіріп жіберді. Соның өзінде шібіш көздері тікшие қадалып, жек көре қарағандай болған. Әкеме бұрылып едім, ол кісі мынау қатпа шалды аңдамаған тәрізді, керзі етігін тарпылдатып көшемен туралай тартып барады. Әкемді білмедім, мына жетім қарияға сәлем бермей тасырайып қасынан өте шығуды мен өзіме ұят санадым. Жон арқам шымырлап, әлдебір қалтарыстан Людмила Васильевна сығалап қарап тұрғандай ыңғайсыздандым. Сол оймен бұрыла беріп едім, әкем бәрін байқап келеді екен, шап беріп білегімнен ұстай алды. Қатты қысып жіберді де, өзіне қарай жұлқи тартып қалды.

– Әке, қолымды ауырттың? 

Шыр етіп дауысым шығып кетті, сүрініп барып, бойымды әзер тіктедім.

– Жүр былай...

Әкем қолымды сәл босатты, бірақ жіберген жоқ. 

– Сәлемдесейін деп едім... – ренішімді сездіріп, қоңқылдап келем.

– Жүр былай!

Мен бір жаққа қашып кетердей қолымды жіберсеші, жетектеп келеді. Әлгі арадан біршама ұзаған соң ғана босатты. 

Түкті түсінбей, жыларман күйге жетіп, әкеме жаутаңдай бердім. Әдетте менің үлкендерге қол ұсынып амандасып, иіліп сәлем беріп жатқанымды көргенде іштей еміреніп, жадырап қалушы еді. Онысын өзі ашып айтпаса да, әлдебір балалық түйсікпен сезетінмін. Енді мына қылығы несі? Бұл қай мінезі? Құдай ақы, туғалы бері әкемнен дәл мұндай ожарлықты күткен жоқпын. 

Әкемнің әлгіндегі жайдары жүзі бұзылып, жауар бұлттай түнеріп алған. Мұрынын тыжырып қояды, жиіркенген сыңайда. Мұнысын көргенде мен шынымен бірдеңені бүлдірдім бе деп қапалана бастадым. 

– Әке?

Әкем үнсіз, жауап берер жағдайда емес, сайтаны ұстап, іштей буырқанып-ақ келеді.

– Апай «үлкен кісілермен амандасып жүріңдер» деген?

Басқадай не айтарымды білмедім, егер бірдеңені бүлдірген болсам, бұл менің ақталған түрім болатын. 

Біздің үйге бастар көлденең көшеге түскенде ғана әкем аял жасап, иығымнан құшақтады, сосын бауырына тартты.

– Балам, – деп бұрылып көзіме тіке қарады, дауысы біртүрлі тарғылдау шықты. – Сенен ешқандай да қателік жоқ, балам. Қателік анау кісінің өзінде.

Солай деді де, мені иығымнан құшақтаған күйі үйге қарай жылжи басып жүріп кетті.

– Сәлемнің де жөні болады, балам. – деді жүре сөйлеп. – Саған айтарым, көрінгенге жалпылдай берме. Жайлап, ойланып барып қолыңды ұсын. Олай дейтінім, бұл өмірде сәлем бермей, аулақ жүретін адамдар да толып жатыр. Ондайды да біліп жүргенің жөн.

Әрине, мен түк ұқпасам да әке ақылына толық келісіп, дегенін мойындап бас изедім.

Әкем жүре сөйлеп келеді.

– Жаңағы кісі – бұл өмірде сен сәлем бермес сондай адамның бірі. Оның сырын айтайын, сен мықтап құлағыңа құйып ал... Мына мен төрт жыл соғысқа бастан-аяқ қатысып қайттым. Неше рет жараландым, соғыстың азабы мен қасіретін бір кісідей бастан өткердім. Суішкілігіміз болған шығар, нелер бір қанды қасаптан тірі шығып, елге аман-есен оралдық. Қуанышпен туған жерімізге келіп, адалынан еңбек еттік. Содан запперме боп жүрген жерімде үстімнен нақақ жала жауып, он бес жылға айдалып кеттім. Біраз жыл түрменің азабын да тарттым. Әйтеуір, Сталин өлген соң барып қана, елудің бесінде ақталып, біржола босап шықтым. 

Мен бұрылып әкемнің күреңіткен бет-жүзіне қарадым. Көп сөзге жоқ, сырға сараң әкемнің бір кездері сотталғаны туралы мен дәнеңе де білмейді екенмін. Әкеміз біздің түсінігімізде қан майданда жаумен шайқасқан, ақыры сол жауды жеңіп желпілдеп үйге жеңіспен қайтқан, кеудесінде жарқыраған Қызыл жұлдыз ордені бар, «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі бар қаһарман солдат, ауылдың батыры-тын. Мынау әңгіме мен үшін түйеден түскендей тосын жаңалық болды, миымды айналдырып, ішкі әлемімді астан-кестен етіп жіберді. Батыр санаған әкемді «сотталды» дегенге өрем жетер емес. 

– Мені он бес жылға айдатқан жаңағы кісі, – деді әкем. – Ол кісі көп жылдар бойы НКВД-ның жансызы болған... Сенің нағашы атаң Әлмырзаны да «жапонның шпионы» деп жала жауып, жиырма бес жылға кескізген осы шал. Нағашың итжеккенге айдалып, содан көп жылдан соң көксау болып қайтты, ақыры содан көз жұмды. Көршіміз Сағынғали ағаң есіңде ме, соның әкесі мұғалім болған кісі еді, бала күнімде мені де оқытқан. Сол мұғалімді де «халық жауы» деп ұстатып, атқызып тастады. Олар ғана емес, тыңшы болған бұл кісі осы қаланың көп адамын нақақ ұстап берді, соттатты, айдатты, аттырды. Оны жұрттың көбісі біледі, білгендер бұл кісінің жанына жоламауға тырысады. Қолы қанға боялған, халықтың қарғысына қалған адам бұл. Соны біліп қой, балам!

Расында да «Әлмырза нағашың Сібірде болған» дегенді менің де еміс-еміс естігенім бар. Бірақ, ол жаққа не үшін барғанын, не істегенін нағашым бізге ғұмыры айтқан емес. Апырмай, неліктен осы үлкендердің ойлары тұспал, бойлары жұмбақ келеді екен?

Әкемнің «қолы қанға боялған» деген сөзі жүрегімді дір еткізген. Мұндай жаман сөзді бұрын естімеген екенмін, екі алақанымды қатар ашып, күдіктене қарадым. Сосын бірдеңе жұғып қалғандай екеуін де шалбарыма ысқылап-ысқылап жібердім.


* * * 

Алашыбай «әңгімем бітті» дегендей, орындықтың арқалығына шалқалап, үнсіз қалды.

– Құда, мына әңгімеңізде адамға ой тастайтын мәселе бар сияқты? – дедім мен. – Астарында тәрбиелік ұлағат, үлкен философия жатқандай ма, қалай өзі?

– Онысын қайдан білейін, – деді Алашыбай. – Жаңағы баланың сәлемі ғой, баяғыны есіме түсіріп отырған.

– Аппақ мұғалимаңыздың кейінгі тағдырынан хабарыңыз бар ма?

– Қайдан... оқу іздеп Шымкент кеттік. Қызмет бабымен Алматы мен Атырауда жүрдік. Естуімше, Людмила Васильевна кейін әлдебір әскери адамға тұрмысқа шығыпты. Тегі, мен көрген лейтенант сол болар. Өзі Тарас Шевченконың қазақ жеріндегі өмірін зерттеп, диссертация қорғап, ғылым кандидаты атағын алыпты. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда университетінде қызмет жасаған көрінеді. Елге сыйлы, халқына қадірлі адам болыпты. Осы жуықта, 2010 жылдың басында сексен жасқа жетіп, дүние салғанын естідім. 

– Ұстазыңыз жақсы адам болған екен, нұры пейіште шалқысын! – деп мен бет сипадым.

– Мына, қасыңыздағы құдаңыздың бойынан кісілік пен адамгершіліктің, имандылық пен ізгіліктің қылаудай бір белгісін көрсеңіз – сол украин қызының тәлімі деп ұғыңыз. Сол ұстазымыз үйреткен әдеп біздің санамызға мықтап сіңіп, бәріміздің өмірлік ұстанымымызға айналып кетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, елпілдеп тұратынымыз содан.

Мен құдам әңгіме еткен әлгі көтерем шалды ойладым. Кеңестік кеңкелес заманның ереуіліне ергеннің бірі болды ғой тегі... Оларды үркітіп-қорқытып мәжбүрлеген де шығар. Сол үшін амандаспай өте шығу деген қалай өзі? Қарт адамды өйтіп қорлауға, қоғамнан аластауға бола ма? Сол ойымды түйіндеп айта беріп едім, Алашыбай:

– Жоқ, – деді жұлып алғандай. – Қай заманда да сатқындыққа ақтау болған жоқ, әсіресе, ұлтын сатқандарға кешірім жоқ. 

– Дегенмен...

– Егер әкейдің амандаспай өтіп кеткенін жөнсіз деп тапсаңыз, сіз осыны әңгіме етіп жазып шығыңыз? Шын айтам... Бірақ мен секілді ауыз екі сөзбен құрғақ баяндамай, былай дұрыстап өңдеп, көркемдеп жіберіңіз. Сосын, төрелігін біз емес, қалың оқырман айтсын...

– Байқап көрейін... – дедім мен екіұшты ойға қалып.

Құданың көңілі құдайдай деген, Алшекеңнің тілегін орындамасқа болмады. Арада бірер ай өткен соң уақыт тауып, мінеки, осы әңгімені жазып шықтым.


2008 жыл



ТЕЛЬМАН ҚОЙШЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ


Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының мол іші. «Қайта құру» дейтін өктем саясаттың дәуірлеп тұрған шағы. Ішімдік атаулыға қатаң тыйым салған жарлықтың жалаң қылыштай жарқылдап тұрған кезі. Былайғы бұратана ағайын, қарапайым қара халық аузын буған өгіздей. Ал, ат үстіндегі бастық атаулының басы ноқталы, бірімен бірі алакөз. Бірінен бірі сезіктеніп, бірінен бірі үріккен, көлеңкесінен қорыққан ала-құла заман, дүбара жылдар.

Бәрібір ауру қалса да әдет қалған ба... Сөйтіп жүрсе де, біздің ағайын сирек те болса ретін тауып, бүлкілдеген қу құлқынның құмарын қандырып жүретін. Әсіресе, бастықтар сенімді жер, сенетін орта тапса болды, тізгінді еркін жіберіп, көсіле шалқысатын. «Жемеген ас – жеңсік» деген аталы сөздің кебі келіп, ел-жұрттың ішімдікке әуестігі бұрынғыдан бетер өрши түскен.

Дәл осындай өтпелі кезеңде аудандық партия комитетіне жаңадан бірінші хатшы тағайындалып, жаз орталай ол кісі ел аралап, жер көруге алыс сапарға шыққан. Қасында баяғыда Алматыда институтта бірге оқыған досы бар, «Алтай» совхозының директоры мен парткомын ертіп, төрт кісі сар жайлаудың салқын сабат биігіне қарай бет алған еді.

Жаңа хатшының бұл сапардағы мақсаты – жермен танысып, малшылармен жүздесу болғандықтан, совхоз басшылары үлкен бастықты табиғаты көркем жерлермен алып өтуге тырысқан. Жолы қиян-соқпақты болса да, Ирек асуының ершігіне көтеріле оңға бұрылып, тау етегін сағалай, орман жиегін жағалай жылжып отырысты. Әр жерде жаңа бастық мәшинені тоқтатып, күн салып көкжиекке телміреді. Табиғаттың тамылжыған көркін қызықтап, көк шалғынға көрпе жайдырып, жамбастап жатып демалады. Өздері де ауданнан түс әлетінде шығып еді, жайлаудың алғашқы қосы алыстан қылаң бергенде күн де екіндікке еңкейіп қалған болатын.

– Анау киіз үй – Тельман деген жас қойшының отауы. Еңбек озаты. Өзі маған балдыз боп келуші еді. Егер қарсы болмасаңыз, Қайреке, бұрыла кетсек қалай болады? – деді мәшиненің рулінде отырған партком Тұрарбек бастығына батылсыздау ұсыныс тастап.

Парткомның «Қайреке» деп жаутаңдаған кісісі – мәшиненің алдында отырған аупарткомның бірінші хатшысы Қайыргелді Қайсаныш болатын.

– Ыңғайларың білсін! – деді бірінші хатшы келіскен раймен.

Мәшине сонау етектегі бұлақ басында бозарған киіз үйді бетке алып, ылдилай берді.


* * *

Өрістегі отарын қайыруға жиналып жатқан Тельман Иректің қиясынан бері бұрылған жеңіл «уазикті» көріп, кідіріп қалған. «Екі кештің арасында бұлар кімдер болды екен» деп аң-таң. Тегі, анда-санда бір соғып, жұрттан жасырып жалғыз шөлмегін сарқып кететін зоотехник құрдасы шығар деп бір жобалады. Бірақ «уазик» ажылдап келіп анадай жерге шиқ етіп тоқтаған бойда Тұрарбек жездесінің ытқып шыққанын көріп, жүрегі зырқ ете түсті. Жездесі жәй ытқып шыққан жоқ, лып беріп мәшинені айнала бере алдыңғы есіктен мұздай киінген ұзын біреуді қолынан демеп түсіріп жатты. Әншейінде қарқарадай көретін партком жездесінің өзі оңқай асықтай елпілдеп, құрақ ұшып жүгіргені – келген қонақтың биік дәрежесін айғақтағандай болған. Мәшиненің артқы есігінен шеңбер ата дөңгеленіп совхоз директоры, оның артынша домаланып қозы қарын тағы біреуі түсті. Соған қарағанда, алтын жағалы шоң мықтылардың көктен түскендей келіп қалғанын жүрегі құрғыр сезді.

– Сәния! – деді Тельман әйеліне бұрылып, сөйтті де, өзі қонақтарды қарсы алмаққа мәшинеге қарай басты.

Сәния анау қия бетте шоқақтаған мәшиненің тұмсығы бері бұрылғаннан-ақ үй ішін жинастырып, ортаға дөңгелентіп дастарқан жайып, шаруасын жарым-жартылай ыңғайлап қойған болатын.

Тельман именіңкіреп, үлкендермен қос қолдап амандасты да, қонақтарды ізетпен үйге шақырды.

– Қымыздан дәм татыңыздар... Мал сояйын, қонақ болыңыздар?

– Қымызы бар үйдің қызығы бар дейді ғой, кірсек кірейік, жігітім! – деп хатшы құрыстанған арқасын жазып, керіліп-созылды да, қосқа қарай жылжыды.


* * *

Дастарқан басында совхоз директоры:

– Қайреке, өзіңіз жастардың да жайымен таныса жүрсін деген ниетпен осында бұрылдық,  деді қасын кере шалқақтап.  Әйтпесе мынау қырдың арғы астында Құмархан Баекин отыр. Жоғарғы Кеңестегі өзіңіздің депутатыңыз. Батыр қандас, би құлақтас деген ниет қой менікі. Үйі де кең, жатар орны да жайлы, сонда барып түнегеніміз жөн болар?

– Ыңғайларың білсін, – деді хатшы. – Бірақ жастардың көңіліне келіп жүрмесін, біз дәмнен үлкен емеспіз… аттап кетпейік. 

– Айтқаныңыз болсын! – деді директор, сонсоң Тельманға бұрылды. –Айнам, сен қой сойып әуре болмай-ақ қой, – деді оған. – Бір шынаяқ шай ішеміз де жол жүреміз. Анау Құмархан бізбен қатарлас қой, әңгімеміз жарасар, сендерді қинамай, біз сол үйге жете жығылайық! 

Қонақтар сырт киімдерін шешісіп, дастарқан басына жайғасқан бойда қымызға бас қойысты. Сол екі арада буы бұрқырап Сәнияның сары самауыры да келе қалды. 

Жол шаршатқан ба, хатшы Сәнияның құба шайын ұзақ сораптап, бусанып ішті. Қайта-қайта бет орамалымен маңдай терін сүртіп қойып, өзгеше рахаттанып отырды. Арықша келген хатшының өзі бүйтіп бусанғанда, қатпар-қатпар қалжасы бар өзге жұрт қара сүмек болысқан. 

– Жол ұзақ, расында сусап қалыппыз ғой, – деді өзін Қайыргелдінің досымын деп таныстырған Сапарғали деген піскен қыштай қызыл шырайлы кісі. 

– Жол соншалықты ұзақ та емес. Бірақ асу-белді, қия-тасты ғой, сосын да ауыр соқты. Бізді діңкелеткен де сол! – деді бурадай бұрқырап отырған директор. 

Шай орталай Тұрарбек жылтың еткізіп бір шөлмектің шетін шығарып, жасқаншақтай Сапарғалиға қарады. Сапарғали дастарқанның етегінде кесе жүгіртіп отырған Тельман мен Сәния жаққа сұраулы жүзбен көзін төңкерді.

– Сапеке, бұл балалар өзіміз ғой. Ауыздарына берік жастар! – деп Тұрарбек оның құлағына сыбырлады, көзі алақтап бұға сөйледі.

Сапарғали самайын салалай бір қасыды да, басын шұлғыды. 

– Көңіл жарасса бәрі де жарасады! – деп, бұлардың сыбырын сезген директор да жігер қосты. 

– «Бәле болайын десе быламыққа да тіс сынады» деген сөз бар. Осы біз несіне жасқаншақтаймыз. Кәнеки, құйыңдар! – деді Сапарғали шіреніп.

Сол-ақ екен бөтелке бүлкілдеп, рюмкелер сыңғырлап, көмейлер қылқылдап бірер мәрте тостар көтеріліп те салды. 

– Жарықтықтың дәмін де сағынып қаппыз ғой, ә! – деді директор тамсанып.

– Дегенмен, Нұреке, мына сіздің партком жігітіңіз істі тап-тұйнақтай етіп қатырып орындайды екен! – деді хатшы риза пейілмен директорға бұрылып.

– Қайреке, жүз жерден деректір болсақ та біз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Біруақ біз де бой жазып, кейде көңіл көтергіміз келеді. Сондайда сенетін жалғызым осы. Қандай да демалысыңды «по полной программе» жасап береді ғой… Сөйтеді бұл!

– Бәрекелде! – деп хатшы бас шұлғып, таңдай қақты. – Түбі өсетін жігіт десеңші! Тегі, шешесі бұл батырың туғанда қалжа жеген болар... 

– Рас айтасыз, текті жігіт… Өзім мұның келешегінен зор үміттімін. Ал асықтың алшы түсуі иірушісіне байланысты екенін де ұмытпаңыз, Қайреке!

– Бәрекелде, жақсы айттың-ау, Нұреке! – деп хатшы кеңкілдеп күліп жіберді. 

– Депутатты көріп жүрміз ғой. Жалпы, жастарға көбірек көңіл бөліп, осыларды құрметтеген жөн, – деді хатшы тағы бірер рюмке көтерілген соң. Шаршағаны басылып, аздап көңілденгені байқалды. – Келешек осы жастардыкі. Сондықтан сен жас шопанның меселін қайтарма, көңілін жықпа! Бұны да ақтөбедей бір үйіміз деп білейік! – деп совхоз директорына назар салды.

– Үйбай, Қайреке, о не дегеніңіз! Айтқаныңыз болсын! – деді директор қипақтап. – Менікі әншейін депутаттың бүйені майлы, күйі жайлы ма дегенім ғой… Кең үйде көңіл жараса ма деп...

– Көңіліміз онсыз да жарасып отырған жоқ па?! – деп хатшы езу тартты. 

Қалғандары мәз боп күлген болысты. 

– Апырмай, Қайрекесі-ай, жақыннан қарап алысты болжайтын нағыз сұңғыласыз-ау! – деп директор жаңа көргендей хатшыға мейірлене қарады.

– Енді бір жүз граммнан жіберсек, ән шырқап, би билеуге де дайынбыз, – деп кеңкілдей күліп, сөзге Сапарғали араласты. 

– Ә, ендеше, айнам, кіріс! – деді директор Тельманға қарап ым жасап. – Қойыңды семізінен таңдашы бір. Біз де адам болып, аяқты жазып бір серпілейік.

Тельман жүгіріп сыртқа шығып, қой сою қамына кірісті. Қонақтар ет піскенше карта ойнамақ боп ниет білдірген соң, Сәния дастарқанды жинастырып, ашжаулықты сүртіп, қонақтарға ыңғайлап берген. Өзі жерошаққа үлкен қара қазанды орнатып, су құйып, астына лаулатып от жақты.

Көз байланып, қараңғылық қоюланған кезде барып, сойылған қойдың еті қара қазанға түскен. 

* * *

Қонақтардың қарындары шұрқырай бастады ма, арада бір сағат өтпей жатып партком жездесі қазан-ошақтың жағдайын білді де, елпек қағып қайтадан ішке кіріп кетті. Кіріп бара жатып:

– Әй, балдыз, тамағыңды тездеткенің жөн! – деп саусағын шошайтып, ескертіп кетті. 

Тездеткенде – қазанның ішіне түсетін емес, кемінде екі сағатсыз қайбір ет пісуші еді. Тельман ішінен солай деп ойлады да, қазанның астын түртпектеп, қарағайдың қу жаңқасын үстемелеп салып қойды. 

Содан кейін-ақ партком жездесінің жылтыңдап қазан-ошақты жағалауы жиілей бастады. Картадан қолы босай қалған сәтте елпелектей жүгіріп сыртқа шығады. Бұлардың сөзіне сенбегендей қазанның қақпағын ашып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан етті өзі істікпен түрткілеп аударыстырған болады. 

– Тездетсеңдерші! – дейді тықыршып. 

– Отты көбірек жақсаңдаршы! – дейді дегбірі қашып. 

– Сыйлы қонақтар күтіп қалды, кешіктірсек ұят болады! – дейді қызырақтап. 

Жездесі, сөйтіп, бір кіріп, бір шығып жүргенде қазанның қақпағын жаппай, ашық тастап кетіпті. Тельман дөңгелеп жерде жатқан қара қақпақты көтеріп, бетін сүртіп қайыра қазанға жапты. 

– Лаулатып отты албаты жаға беруге болмайды, ет қатты боп піседі, – деп Тельман партком жездесіне базына жасап еді, оған анау шоқ түскендей шақ ете қалды:

– Қатты болып тістері сынады дейсің бе! Етің піспей кешігіп, қонағың ашуланып тұрып кетсе қайтпексің? Сенің де, менің де тісім сонда сынады. Сау басың садақаға салынып кетер! Байқа, балдыз!

Бағана Сәния ет бір бұрқ еткенде сорпаның көбігін қалқып алып тастаған. Енді ет пісті-ау деген кезде тағы да көбігін қалқуға қазанның қақпағын ашты. Қараса сорпа беті шөп-шаламға толып кетіпті. Қақпақты ашып-жауып жүрген кезде желпіген жел түсірген-ау деп ойлады да, көбікті сүзе бастады. Сүзіп алып жатқан нәрсесі шөп-шаламнан гөрі жүн-жұрқаға келетін сияқты. 

– Бұнысы несі? – деп аң-таң. – Мынау жілік бұлтиып шығып қапты ғой, итеріп қойсаңшы? – деді Тельманға. 

Тельман бұлтиған жілікті түртпектеп итеріп еді, батпады. Сүйектің бәрін шәрағаттап-ақ жіліктеген сияқты еді. Ет-майы добалдай мынау жілік қайдан шықты деп, істікпен бір шаншып аударып тастады. Аударған кезде тарбиған төрт аяқты бірдеңе ербең етіп қазанның бетіне төңкеріліп шыға келді. 

Сәния селк етіп, «бісмілла» деп жағасын ұстай алды. 

– Ай, мынау ит қой? – деп, Тельман да шошына шегіншектеп кетті.

– Иті несі? Қайдағы ит? – деп Сәния шыр-пыр.

Тельман қостың төңірегіне көз жіберді, сосын арғы жақтағы бозала тұманға үңіліп: 

– Ай, Ақтөс... Ақтөс... каһ... каһ! – деп, асырап жүрген күшігін шақырды. 

Күшігі әлгінде жүгіріп-шоршып үй маңында жүр еді, қазір зым-зия жоқ. Әншейінде Тельманның қасынан шықпайтын. Шақырсаң болды, құйрығын бұлғаңдатып, ыржалаңдап жетіп келетін. Енді, мінеки, үй маңынан ұзап шықпайтын күшік ізі-ғайым жоғалған. 

– Құдай біледі, осы біздің Ақтөс... – деп Тельман күдігін ашық айтты. – Жүгіріп жүріп, қазанға құлап кеткен ғой... 

– Астапыралла! Не дейді?

– Солай, Сәния! Болар іс болды, енді қайттік?

– Масқара-ай... Құрыдық қой! 

Тельман иттің қызыл шақа денесін істікке шаншып, ожаумен сүйеп сыртқа алып шықты да, былай қарай лақтырып тастады.

– Қазанды алысқа апарып төгіп тастайық... Тағы бір мал сояйық! – деді сосын. Қысылғаны сонша, ыстығы көтеріліп, жүрегі атқақтап аузына тығылды. 

– Қонақтар ет күтіп отыр ғой, Тұрарбек ағаға ескертейік? Қойыңды сосын соя жатарсың. 

Тельман киіз үйдің есігінен сығалап, қонақтармен бірге карта соғып жатқан партком жездесін ымдып шақырды. Аздап күмілжіп, желкесін қасып тұрып, Ақтөс күшіктің қазанға түсіп кеткенін сыбырлап жеткізді. 

– Не дейт! 

Партком біреу бүйіріне біз сұғып алғандай ыршып кетті. Балдызын ала көзімен ақшырая бір атты да, жерде жатқан күшіктің денесін шыбықпен шұқылап аударып-төңкеріп тексеріп шықты. 

– И-и-и... Ит-ай! – деді күйініп. – Құрттың ғой сен мені, құрттың... 

– Түн ұзақ қой... Тағы бір мал сойып жіберейін? – деді Тельман жәутеңдеп. 

Партком жездесі бірден жауап қатқан жоқ, бүлк-бүлк қайнап жатқан қара қазанға телміріп бір сәт ойланып тұрды да: 

– Сонда не... «Қазанға ит түсіп кетіп еді» деймін бе мына кісілерге? «Мазақ еттің» деп басыма бақсы ойнатсын сосын… – деп саңқ ете түсті. 

Тельман тағы да желкесін қасып жерге шұқшиды. 

– Мен құритын болдым... Ертеңнен бастап жұмыстан қуады! Бәрі бітті! – деп жездесі ауыр күрсінді. Денесі бір-ақ сәтте құныстанып, бейшарадай бүкірейіп қалды. 

– Жезде, маған да оңай боп тұрған жоқ, масқара болдым! Бір амалын табыңыз?

Партком бүлкілдеген қазанға қарап қатты ойланып тұр. Сосын:

– Қырсыққанда қымыран іриді деген осы! – деді бойын тіктеп. – Анау күшіктің көзін жоғалтыңдар... Сорпаның көбігін қалқып тазартыңдар да, етті табаққа салып тарта беріңдер! 

– Үйбай, не дейді? – деп былайғы бір шөркенің үстінде мұңайып отырған Сәния шыр етіп орнынан атып тұрды.


* * *

Ортаға төре табақ ет қойылып, қойдың басы – бір құлағы кесіліп, маңдайы тілініп хатшының алдына тартылды. Директор мен партком ет турауға кірісті. Етжеңді директордың қимылы жай, білегін сыбанып, етті асықпай дөңгеленте турап жатыр. Партком болса, қолы қолына жұқпайды, әлдебір жаққа асыққан жандай етті бұтарлап, кесек-кесегімен тастайды. Ортан жілікті майлы басынан мүжуге кіріскен Сапарғали: 

– Жігіттер, жеп тураңдар! – деп қояды. 

Директор май аралас бірер қара кесекті шайнамай-ақ қылғытып салған. Қылғытты да ернін қисаңдатып: 

– Шөп-шалам түсіп кеткен бе, мынасы несі? – деп добалдай саусағын аузына жүгіртіп, қыл-қыбырын суырып әуреге түсті.

– И-и, дала болғасын солай да... Шөп-шаламсыз болушы ма еді, – деді Сапарғали. – Қаладан келген біздерге даланың еті сонысымен де дәмді емес пе! Сапарғали солай деп, өзі де кебіс аузын бір бұрап, былай қарап былш еткізіп бір түкірді. 

– Рас айтасыз, Сапеке, жайлаудың етінде өстіп шөп-шалам жүрмесе ол несіне жайлау! – деп директор қарны шеңбер атып, іргеге қарай аунап түсті. 

Тағы да тост көтерілді, тілек айтылып арақ ішілді.

– Інішектің аты Тельман дедіңдер ме? – деп сұрады төрдегі хатшы. 

– Иә, аты Тельман, келініңіздің аты Сәния... Тельман деп Германия жұмысшы қозғалысының көсемі Эрнест Тельманның құрметіне қойылыпты, – деп тақылдады Тұрарбек. 

– Бәрекелде! – деп хатшы Сәнияға қарады. – Етті дәмді пісіріпсің, келінжан, ризамыз саған! 

Содан соң парткомға бұрылды:

– Інім, сен өзі жанып тұрған жігіт екенсің. Бұл совхозда партком болғаныңа неше жыл? 

– Төрт жыл болды, жолдас бірінші хатшы. 

– Төрт жыл дейсің, ә? Аппаратқа да қайтатын кезің келген екен. Сен сияқты креативный ойлайтын, новатор жігіттер аппаратқа да керек.

– Қызмет етуге әрқашанда әзірміз!

– Бәрекелде-е-е! 

Хатшы рақаттанып қарқ-қарқ күлді. Күліп тұрып жүрегінің оты бар, өз шаруасына мықшеге, аға сыйлай білетін Тұрарбек секілді жас кадрлар үшін тост көтерді. 

Оның соңынша партком Тұрарбек аруағы басым, мерейі артық, қыдыр қонған шалқар ойлы ағасы Қайыргелді Қайсаныш үшін тамаша тілек айтты.

Әскерилерше тақылдаған парткомның жүректен шыққан абзал тілегіне ағалары да алғыстарын білдірісті.

Ұзақ жол жүріп, қарындары ашып қалған қонақтар төре табақ етті ойсырата жесіп жатыр. 

– Әй, партком, сен неге жемей отырсың? Алсаңшы былай алақанмен көсіп-көсіп? – деді Сапарғали.

Тұрарбек қыбыжықтап, жеп отырмын деді де қойды.

– Әй, үй иесі екі жас... Сендер неғып ет алмай отырсыңдар?

Тельман осындай қолайсыз сұрақтың боларын болжап, алдын-ала дайындап қойған жауабын көлденең тартты:

– Келініңіз кеше қолдан бір салат жасаймын деп... Екеуміз де ішті бүлдіріп алғанымыз...

Бұл сөзге қонақтар біреуі кеңкілдеп, біреуі жырқылдап күлісіп жатыр. 

Қызып алған көпшілік қайтып бұларды қыстаған жоқ.

– Айнам, бір мәрте сорпа аралатып жібер, ет жақсы жүрсін? – деді директор. 

Сәния сол сорпасы құрғырды естеріне алмаса екен деп еді, болмады. Өздері сұратқан соң, амал жоқ, сапырып-сапырып қонақтарға кесемен сорпа жүгіртті. Қаншалықты сүзгенмен болмайды екен, сорпа сораптаған қонақтар қыл-қыбырды түкіріп, ауыздарын қисаң-қисаң еткізді. 

– Сойған қойларың меринос емес, қылшық жүнді қазақы-ау деймін. Қылшығынан сезіп отырмын, ондай қойды қайдан тауып жүрсіңдер? – деді Сапарғали ұртын бүлкілдетіп. 

Тельман не айтарын білмей күмілжіп еді, осы арада сөзге партком жездесі көмекке келді: 

– Баяғыда еділбай қойы біз жақта көп болатын. Құйрықтары тегенедей еді-ау, жарықтықтардың... Кейбір қойлар құйрықтарын көтере алмай шоқиып қалысатын. 

– Пай, пай шіркін, қазақ жерінде сондай да қойлар болды-ау, ә! 

– Өкіметке жүн керек деп еділбайдың бәрін құртып, биязы жүнді мериносқа айырбастап жіберісті ғой.

– Мына құсап қылшығы көп болса еділбайды айырбастағандарың жөн болған екен! – деді Сапарғали. 

Етке шылқия тойған қонақтар тысқа шығып қолдарын шайды. Таза ауада кеуделерін керіп бой жазып, әңгіме соғып біраз тұрысты. Жайлаудың кеңсірік жарған таза ауасын жұтып, көңілдері жайланған меймандар риза болысып, жас қойшы Тельманға, келіндері Сәнияға көрсеткен құрметтері үшін рахметтерін айтысты. 

Ай табағы шарланып көкжиекте дөңгелене жүзіп барады. Үркер жамбасқа ауған екен, түннің пәленше уағы болып қалған сияқты. Соны байқап қонақтар ертең Алатай, Мұзбелімен айналатын алыс жол барын ескерісіп, дем алмаққа қайыра қосқа енді.


* * *

Сәния келесі күні ұшынып ауырып қалды. Түс ауа төсегінен тұрған бойда су қайнатып, кешке дейін ыдыс-аяқты жуды, қара қазанды аударып-төңкеріп құммен ысқылап көп әуреге түсті. 

Итсіз қойшы қойшы ма, иен таудағы қараша қосқа қашанда ес керек... Тельман көрші малшыдан тағы бір күшікті қалап, құшақтап үйге алып келді. Соңынан жерошағын шыммен нығарлап, жып-жылмағай көміп тастады. Су бойынан жұмыр тастың үшеуін домалатып әкелді де, биіктеу етіп қазан қайнатар ошаққа жаңа орын дайындады. 

Кейіннен ой жаққа барып қайтқан малшының бірінен қуанышты хабар да жеткен... Тұрарбек жездесі аудандық партия комитетіне хатшы болып, лауазымды қызметке өсіп кетіпті.


* * *

Тельман Кітапбаев менің сыныптасым еді, Шыңғыстай мектебінде бірге оқыдық. Ол мектеп бітірген бойда біз құсап қалаға қашып, сандалып оқу іздеген жоқ. Әу бастан өмірдегі өз орнын адаспай таба білді, «...бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деді де, қойшы болып туған ауылында қалып қойды. 

Тельман құрдасым ертеректе өзінің басынан өткен осы оқиғаны «бұғанға дейін тірі жанға жақ ашпап едім, көп уақыт өтті, заман өзгерді, қоғам жаңғырды, енді сол құпиямды саған айтып отырмын» деп, өткен жазда бір кездескенде кең отырып әңгімелеп берген болатын. 


2014 жыл



ДОСТАР ҮШЕУ ЕДІ...


– Жалғанда күйеуі бар келіншекке жұғыспау керектігін былайғы жұрттан талай естігем. «Ол дегенің баяу жарылатын мина секілді, түбінде бір бұрқ етіп, күліңді көкке ұшырады» десетін. Сол ғибрат рас боп шықты... Менің өмірімде де осыған ұқсас, әлі күнге жүрегімді біздей піскілеп, шаяндай шағатын бір қидалы жағдай өткен. Ол туралы ойласам болды, әлі күнге өзегімді өрт шалғандай болам...

Бүгінде аты дардай қаламгер бір танысым сонарлата созып, мына бір әңгімені бастап кеткен.


*** 

Дәл осылай болады деп ол әсте ойлаған жоқ еді... Құдай басқа салған соң, лаж бар ма, көруге де, көнуге де тура келген.

Алғашында ол үшеуі бірін бірі іздеп тұрар қимас достар болатын. Достық үшін өліскен, жарты малта бөліскен өр мінезді, өрімдей айбоз жігіттер еді.

Сейсен, Сәрсен және Бейсен.

Сейсен мен Бейсен қазақ, ал Сәрсеннің ұлты кәріс-ті. Оны «Сәрсен» деп атап жүрген ана екеуі. Әйтпесе кәріс баланың «азан шақырып» қойған шын аты Сергей-ді. Толығымен айтсақ – Сергей Викторович Мун.


***

Сегізінші сыныпқа дейін олар бір-бірінің бұл өмірде бар-жоғынан хабарсыз еді. Өйткені үшеуі де ит арқасы қияндағы ауылдарда туып, сол жақта өсті, ержетті. Үшеуінің де ауылындағы мектептері орталау болып, еріксіз аудан орталығына ауысқан. Осындағы орысша орта мектепте шүйіркелесіп табысып, интернатта бір бөлмеде тұрысты. Сөйтіп, тоғыз бен оныншыны ауданнан бітірісті.

Жалпы, интернаттың балалары ұялас бөрідей бауырмал, ұйымшыл келеді. Бозбала жас қашанғы интернаттың төрт қабырғасында қамала бермек? Кешкісін киноға барады, көше қыдырады, ойын-сауық құрады дегендей... Ондай кезде жалғыз жарым жүргендер жергілікті сотқарлардың қолына жиі түсіп қалатын. Ауылдан келген балалар бұл жерде өздерін жетім күшіктей сезінеді, олар үшін мынау дөкей поселок қаламен тең. Жергілікті жастар оларды келемеждейді, келеке етіседі, тілдеп жатады. Әйтеуір екі жақ ит пен мысықтай. Әрине, көпке күл шашу жөнсіз шығар, бәлені бастайтын түні бойы көше қаңғырып, бос сандалған жұлымырлар. Иіскеп сезе ме, белгісіз, әлгі сұмырайлар интернаттың баласын күншіліктен танып қояды. Сосын қуып жүріп ұстап алып, көкала қойдай, көк торғайдай етіп сабап жібереді. Бейсеннің өзі де бірнеше рет беті талақтай көгеріп, аузы шие жегендей боп келгені есінде. Жан керек, ауылдықтар да амалға көшіп, төрт-бестен топтасып жүретін болды. Соның өзінде төбелессіз, жанжалсыз қайтқан кештер сирек. Еруліге қарулы дегендей, жалғыз-жарым қаңғыған қалалықты көрсе бұлар да тырқыратып қуып беруді шығарды.

Бөтен қалада қалыптасқан бұл төтенше ахуал үш достың жарастығын одан бетер бекіте түскен. Үшеуі бір үйдің баласындай тату, қайда барса да бірге, жұптарын жазған емес. Бір ғажабы, Сергей сарт та сұрт тәуір төбелесетін еді. Өзі де қайыстай қатқан шымыр, қолмен де ұрады, аяқпен де тебеді. Әйтеуір, қарсы келгенді жұлындай түсіреді. Қимылы шапшаң, шалт береннің нағыз өзі. Төбелесіне қарап тұрып риза боласың. Ана екеуі де құралақан емес еді. Күржиген қаскөйді Сергей секілді аяқпен айналып сілтеп, керіліп кеудеден тебе алмас. Әйтсе де, ыңқ еткізіп іштен періп, қолдың қырымен желкелей ұрып жалп еткізер жөнтек әдістері бар-ды.

Солай бола тұра, Сергей айғай-шу шыққан маңнан маңа қашатын еді. Шу шықса болды, екі досын жатақханаға қарай жетелей жөнелетін. Онысы дұрыс та бопты... Бұлар оныншыны бітірер жылы би алаңында жойқын жанжал шығып, бір жігіт пышақталып қалды. Ауылдың алшаңдаған содырының екеуі, мектептің бір тентегі сотталып кетті.


***

Оныншы сыныпты бітірген бойда тағдырдың жазуымен үшеуі үш жаққа кете барған. Бейсен Алматыдағы құрылыс техникумына оқуға түсті. Сергейдің де жолы болып, Ақтөбедегі медицина институтына қабылданды. Сейсен әлдебір жамағайын біреуді жағалап Қызылордаға кетіп еді, оқуға түсе алмапты. Содан ауылға қайтудан ұялып, сол қалада жұмысқа қалып қойған.

Екі жылдан соң күректей диплом алған Бейсенді Қызылорда қаласындағы бір құрылыс тресіне прораб етіп жіберген еді. 

Сейсенмен ол осы қалада бір тойда кездесті. Құдай атып, алғашында оны танымай қалсын... Аңқылдаған ақжарма досы арсалаңдап келіп өзі құшақтаған. Сейсен расында да кісі танымастай өзгеріп кетіпті. Кілбік көз, қалақ бет бөтен біреу. Мұрт жіберіп дөңгеленіп, талтаңдап қалыпты. Бөбежігі бүлкілдеп, ыржақтай береді. 

– Ау, саған не болған? Толып кетіпсің ғой? – деп тиісті Бейсен. Сейсен бөгелеңдеп желкесін қасыды.

– Енді былай... – деді балауыздай балпиған беті қисаңдап. – Оқуға түсе алмадық. Содан тентіреп бос жүргенше деп үйленіп алдым. Шүкір, қазір бір баламыз бар. Той жасағамыз жоқ, сондықтан да сендерге хабар бермедік... 

Мұны естігенде Бейсен қуаныштың баршасына шын ниетпен құтты болсын айтып, бақыттарына баян тіледі.

Сейсен құрылыста күзетші екен. «Жап-жас басыңмен ұялсаңшы, күзетшісі несі? – деп Бейсен тағы аң-таң. – Тым болмаса техникалық бір училищеге түсіп, кәсіби мамандық алмадың ба?» – деп қынжылды. Қимыл-қозғалыс жоқ, қалғып-шұлғумен күн батырып, қалқиып түн өткізген қарауыл семірмегенде кім семірмек? Жат болса жатып кеп күлер еді, жолдасың болғасын Бейсен жылағандай болған. «Ай, осындай бозкүйік борбас болармысың» деп іштей өкінді. Өкіне отырып, осыдан былайғы уақта құрылыста бірге істейтін боламыз деп кесіп айтты. «Кірпіш қалаушы боласың, сол кәсіпке өзім үйретемін» деп, досының келешек тірлігін жоспарлап та тастады.

Суыртпақтап сұрап еді, Сейсен біраздан бері Сәрсеннен хабарсыз екен. Медицина институтында кемінде жеті жыл оқиды. Байланыс бірде бар, бірде жоқ, арнайылап іздеп бармасаң оны табу қиын дегендей сылтау айтты.


***

Күзге қарай Бейсен журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, қайтып келген бойда Сейсенді өз бригадасына жұмысқа алды. Үйлерінде қонақ болып, келіншегімен танысты, баласының бетінен сүйді. Әйелі сіріңкедей қушиған қатпыш қара қыз екен, шынын айтса досының талғамына қарны ашқандай болған. Мейлі ғой, өзгеге жаққан көріктіден, өзіңе жаққан ерікті артық дегендей, өзіне ұнаса бопты да, деп көңілін жұбатқан болды. 

Демалыс күндері, қолдары босай қалған сәттерде екеуі уақыттарын бірге өткізіп жүрді. Серуендеп Сыр бойына барады, сыраханада күнұзақ жалықпастан әңгіме соғып отырысады. Сырласумен кейде ұзақ таңды да бірге атырысатын. Сондай күндердің бірінде Сейсен өз үйінде Бейсенді бір қызбен таныстырған. Келіншегінің сыныптасы екен. Құнай көз, қынай бел мөлдіреген біреу. Тоқ балтыр томпиған торының ажарлысы. Қысқасы, қыз Бейсенге бірден ұнаған. Алғашында орысшада тайпалған жорғадай тақылдап, қазақшаға келгенде еріні бұралып, тілі тұтығатын қаланың көп шүйкебасының бірі ме деп еді. Наталья есімді кәріс қызы боп шықты.

Содан не керек, екеуі қол ұстасып ала қыстай қыдырды. Жұбын жазбай бозбала шақтың баз қуанышын ұрттап ішіп, шайқап төгісті. Жастықтың жалындаған жақсы күндерін, қызыққа толы қымыздай тәтті түндерін бірге өткізді. Бақыт атты байтақтың кемеліне жетіп, кемерінде шалқыды. 


***

Көктем шыға Бейсенді атақты бір ағасы Алматыдағы ақпарат агенттігіне қызметке шақырсын... Әрине, сырттай болса да журналистикада оқып жатыр, «тілшілік» шаруа түбі бір баратын төркіні ғой. Жолы түсіп тұрған соң Бейсен көп ойланған жоқ. Құрылысты да, Қызылорданы да тастай бере, қуана-қуана Алматыға тартып отырды.

Натальямен қаншалықты тез табысса, соншалықты тез айрылысты. Екеуінің махаббаты лап етіп жанып, жалп етіп сөнген кепкен аршаның алауындай болды. Бір жабысса мол жабысатын қазақ қыздарындай емес, айрылысқандарын Наталья түсіністікпен қабылдады. Жүректе қимастық болғанымен, қиналыс бола қойған жоқ. 

Арада бірер жыл өткен соң бұл да Гүлназ атты қызбен қол ұстасып бас құрап, ел қатарлы шаңырақ көтерген.

Бейсеннің үйлену тойына Ақтөбеден Сәрсен келіп, күйеу жолдас болды. Жолды ауырсынды ма, әлде жағдайы келмеді ме, Сейсен хабарсыз қалған.

Осылайша өмір өз ағысымен дөңгеленіп өтіп жатты. 

Сәрсен жылына кемінде екі рет Алматыға келіп, қонақ боп кетіп жүрді. Келген сайын үйіп-төгіп базарлық арқалап жетеді. Таныстың да, алыстың да амандығын әңгіме етіп, екі дос талай таңды бірге атырды. Бейсеннің жыл сайынғы қыстық соғымы да Сәрсеннің мойнында еді. 

Бірде журналистік сапармен Бейсен Ақтөбеге барып, Сәрсенде апталап меймандағаны бар. Күз уағы еді, Сәрсен мұны қаз атуға құлан түзге алып кетсін... Екеуі қақыраны баспана етіп, үш тәулік бойы қаңғырысқан. Қаз ату да қызығы таусылмайтын, қызуы басылмайтын естен кетпес сейіл екен. Сол жолғы «шүлөм» дейтін қаз көжесінің дәмі әлі күнге таңдайында тұр. Ол сапарды есіне алса қазір де көзі ойнап, көңілі жайнап салады.

Келесі жылы қарашаның басында Сәрсен «үйленгелі жатырмын, тойыма келіңдер!» деп жеделхат жіберіпті. Достар үшін бұл расында да жақсы жаңалық еді. Жетіжылдық жоғары оқуын бітірген соң да Сәрсен талай жыл сенделіп сүрбойдақ жүріп қалған. Отыздан асты, кешіл емес, кеш болса да оның үйленгені шын қуаныш болатын. Гүлназ екеуі де «барамыз» деп білек сыбанып дайындалып жүргенде, Бейсенді аяқ астынан Мәскеуге іссапарға жіберсін... Амалсыздың күнінен, жан досының қуанышына ортақтаса алмағанына өкіне-өкіне кете барған.


***

Доссыз өмір – шоқсыз көмір деген, Бейсен Мәскеуден келген бойда аялсыз Ақтөбеге жиналды. Шама-шарқынша сый-сыйяпат дайындап, базарлығын арқалап Гүлназ екеуі асығыс жолға шықты.

Сәрсен бұларды құшақ жайып әуежайдан өзі күтіп алған. Мінгені жұтынып тұрған мөлттей қара машина екен. Өзінің үстінде де талғаммен киінген сұр костюм, сәнді көйлек. Бизнеспен айналысқан бекзат жігіттер сойынан екені көрініп тұрды.

– Келіншегім сендерді үйде күтіп... тамақ әзірлеп жатыр! – дейді жүзі бал-бұл жанып.

Қара машина е дегенше зымырап оның үйіне де алып келген. Анау жылғы досының мекен-жайы томашадай қараша там еді. Ендігісі қала шетіндегі қос қабат самаладай ғимараттың ауласынан бірақ шығысты. Дым сезбес біреу емес, Бейсеннің «құрылысшы» деген аты бар емес пе? Иншалла, сәулет өнерінен бір кісідей хабардар. Сәрсеннің табиғи ортаны ескере отырып, айналасын бақпен абаттандыра түлеткен үйі бірден ұнаған. Адам өмір сүрер ортаны пейзаждық ерекшеліктерін сақтауға тырысып, көркемдік-эстетикалық ортақ шешімге келтіруге ұмтылған. Ландшафтылы архитектура дегенің, мінеки, осы. Жарайсың, Сәрсен! Ал, үйдің өзі шағын болса да вилла үлгісінде бой көтеріпті, қас беті төрт колоннамен бекемделген аркадалар. Колонналар коринфтік ордермен кепештеліп, антаблементтегі фриз ежелгі скиф стилінде өрнектелген. Тіпті, төбені ұстаған тимпан реуішті үшбұрыш фронтонның өзінде сол скифтік өрнекті жалғастырған горельеф көз арбайды. Айтары жоқ, іші-сырты тап-тұйнақтай, жайнап-ақ тұр. Айтуынша, үйдің құрылысына, сыртқы дизайны мен интерьеріне өзі бас-көз болған екен. Соған қарағанда дәрігер Сәрсеннің талғамы кәсіби сәулетшіден кем соқпаған тәрізді. 

Турасын айтса, досының тұрмысы өзінен көш ілгері кеткенін, дәулетіне сәулеті сай сабаздығын мойындауға тура келді.

Сәрсен осыншалық қаспақты болады деп кім ойлапты! Сейсен мен Бейсеннен де өткен қысық көз, тырыли қара бала еді ғой. Бақыт дегеннің балақтан басқа қонғаны осы да! Көңілді нөпір қуанышпен қатар қызғаныштың да ала мысығы тырналап өткендей ме, қалай? 

Сәрсеннің өзі де айтулы хирург қой, жеке емхана ашыпты да, ол жерге қаланың мынау деген мамандарын шақырыпты. Сөйтіп, емхананың абыройын асырып, атағын жайып, бұрқыратып жұмысқа кірісіп жатқан сыңайда. Қалай болғанда да Сәрсен досы істің ыңғайын білген, жөнін тапқан. Өзге жұрттың көзін бақырайтып қойып, кәрістің пысықтығы мен ширақтығын іс жүзінде дәлелдеп берген.

– Менің жұбайым осы болады! – деп, сәмбі талдай майысқан, жүзінен сүйкімді шұғыла ескен әйелмен таныстырды. 

Бейсен әдеппен иіліп қол беріп, жылы жымиып амандасып еді... Әйелдің нәзік қолын ұстаған бетте өн бойын ыстық жалын шарпып өткендей күй кешті. Үкідей үрпие қалды. Құдай-ау, деп аң-таң, бұл келіншекті бір жерден көрген сияқты ғой? Соншалықты таныс, аяулы бейне. О тоба, мынау баяғы өзінің Натальясы емес пе! Ойпырмай, ұят-ай, енді қайтты? Соның дәп өзі! Аздап есейген, аздап етейген, әйтпесе бәз баяғы сымбатты қалпы.

Масқара-а-а! Қарабет болғаны осы шығар!

Бейсен әйелге тура қарай алмай, көзі мөлтеңдеп тайғақтай берді. Наталья да қолын қымсына ұсынып, сәл иілді де, одан арғысы Гүлзатпен шүйіркелескен болып бұрылып кетті.

Бұлар қонақ бөлмесіндегі кресло мен диванға жайғасып, кәкір-шүкір әңгімеге кірісті. Интернаттың ескірген естелігін айтып, бір-бірінің бастан кешкен қызықтарын сөз етіп, көрген-білгендерін ортаға салысты.

– Сейсенмен хабарласып тұрам, – деді Сәрсен. – Мен үйленгенде ол арнайы келіп, тойыма қатысып қайтты. Кеше тағы звондады. «Осы жұмада Ақтөбеге келіп кетем» дейді.

– Менен сәлем айтарсың! – деді Бейсен басын изеп.

– Сейсенді күтіп бір апта жатпайсың ба?

– Қайдан! Жұмыстың реті солай... Бітіп болмас газеттің шаруасы ғой. Ертең қайтуым керек.

Сәрсен алматылық досын ертеңінде емес, бүрсігүні қайтарды. Алыстағы көл жағасындағы қонақ үйге жайғастырып, балық аулатып, екі күн бойы бабымен дем алдырды. Үшінші күні бизнес кластан орын алып, бұларды әуежайға дейін шығарып салған. 


***

Арада апта өтпей жатып, дүйсенбі туа түс әлетінде Сәрсен Алматыға қарғыстай сап ете қалсын. Жұмысқа келіп тұр. Түрі өрттен шыққандай күреңітіп, түтігіп кеткен. Мәссаған-н-н! Көңілін күпті қылған ауыр сәт шындап жеткен екен? Бейсен соны сезді. Сезді де, ернін жымқырып, тілін тістей берді.

– Не болды, Сәрсен? – деді таңдайы кеуіп. Қақас жандай үні қақалып шықты. 

– Сен үшін келдім! Самолетпен әдейі ұшып жеттім. Кешкі рейспен қайта қайтам! – деді Сәрсен.

– Иә... жөн екен! – деді Бейсен тұтығып.

– Егер сен шын дос болсаң жасырмай шындықты айт! Сен Натальямен болдың ба? – деді Сәрсен салған беттен.

Сол-ақ екен, Бейсеннің ыстығы көтеріліп, қаны басына шапшыды.

– «Болғаны» қалай? – деп міңгірледі.

– Мен не туралы сұрап тұрғанымды сен жақсы білесің!

Аспан асты қусырылып, Бейсеннің астындағы жер көшіп жүре берді. Құрыған жері осы шығар! Ұсталды, түсті қармаққа. Мықтап түсті... Тайраңдаған тәтті күндердің сұрауы жетті дей бер! Енді қайтті? Не деп жалтармақ? Нендей сылтау айтпақ?

Бейсеннің аузы кеуіп, тілі таңдайына жабысты. Көзі бұлдырап, басы айналды. Сәрсен оған қадала бір қарады да:

– Мен сені асықтырмаймын, – деді барынша байсалды. – Бірақ жаңағы сұраққа мен шындық жауапты алуға тиіспін. Менің ертеңгі тағдырымды сенің берген жауабың шешпек. «Болмадым» десең – онда бір саусағыңды кесіп, маған бересің... Кешкі рейс сағат тоғыз жарымда. Ақтөбеге ұшатын тіркеу үстелінің маңында күтем. Сөз бітті!

Солай деді де, Бейсенге ауыз аштырмай шапшаң бұрылып бөлмеден шыға жөнелді. 

Біреу төбесінен Толағайдың тауын тастап жібергендей шөкелеп, Бейсен мөлиіп қала берді.


***

Есін жиған соң алақанын жайып саусақтарын түгендеді. Қайсысын кес деп кетті сонда? Ондай садизмді қайдан ойлап тауып жүр, бұл Сәрсен? Сертінің сиқын! Қарабодын кәріс емес, содыр самурай болып, «харакири жаса» демегеніне шүкір... 

Натальямен «болмадым» деп жалтарса – саусақты кесу керек. «Болып едім деп» шындықты жайса – онда саусақ аман қалады, бірақ айрандай ұйыған жас отбасының ойраны шығуы мүмкін. 

Сенбейін десе досының жаңағы шаптыққан сөздері ызыңдап әлі құлағында тұр. Қызық-ау, сонда, қай саусақты кесу керек? Ондай таңдауды Бейсеннің өз еркіне қалдырғаны ма? Қалам ұстамайтын, күнделікті тірлікте рөлі шамалы біреуін кескен жөн шығар. Мысалы, сол қолдың шынашағын... Өзгесіне қарағанда осы шынашақтың қадірі кемдеу сияқты. Бірақ, құдай жаратқасын пайдасыз саусақ болушы ма еді? Бұл шынашақ та адамға керек те! Олай болса қандай тоқтамға келгені жөн?

Әділетке жүгінсе, жас отбасының шырқын бұзбас үшін, шаңырағын шайқалтпас үшін шынашақтың бірін садақалаған әбден дұрыс. Айрылмастай досыңа қайрылмастай сөз айтуға болмайды. Әйелдің намысынан бұрын, арадағы достығы қымбат.

Сәрсен секілді хирург таныстар бұл Алматыда да баршылық қой. Ауырмастай укол салып, ем-домын жасап, залалсыз операция жасап беретіндер табылады. Соның бәрін кешке дейін үлгеру керек болады-ау? Содан кейін сусағын орап-шымқап әуежайға жеткізуі тиіс. Әйтпесе Сәрсеннің беталысы жаман, бәтшағарың қаңырығы қаталап, абадандай ашынып алған. Масқара болғанда кеше ғана үйленген әйелін жазым етіп жүрмесе жарар еді.

Бейсен қайта-қайта алақанына қарағыштай берді. Айдың күннің аманында бір саусақтан айрылып, шұнтиып жүрген, тіпті жараспайтын сияқты. Әрине, шынашақсыз да өмір сүруге болар. Бірақ, шұнтиған саусағы көзіне түскен кезде, Гүлназға не деп сылтау айтпақ?

Уақыт болса зымырап өтіп барады. Не істеу керек?

«Ау, осы мен не жаздым?» – деп іштей ақталды тағы. Жамандарша осыншалық кек тұтып, Сәрсен-достың ақ қырау боп аталақтап жеткеніне болайын. Натальямен жүрген екен, балаңдықпен бәрі болған екен... Бірақ ол қай заман? Ит жылғы даудың қоламтасын енді қоздатқаны несі? Бұлықсыған жастық қуат кімге бой берген... Одан кейін де біршама қыз-қырқын алдынан өтті ғой мұның? Соның бәріне кесумен жауап берер болса қолда саусақ, аяқта башпай қала ма? Бұл Сәрсеннің Натальяға үйленетінін Бейсен бейбақ қайдан біліпті. Басқа қыз құрып қалғандай, оған неге үйленді ендеше? «Мен жүрген қызға үйлен» деп арандатқан Бейсен бе екен? Осыншалық шабынатындай тіпті де негіз жоқ, соншалықты бүлінетіндей айғақ және жоқ.

Айтпақшы, Наталья екеуін бұл Сәрсен қайдан біліп жүр? Сыр ғылып қыздың өзі айтты ма? Әй, қайдам. Әйел заты өз тағдырын талқыға салып, ақылсыз қисынға бара қоймас. Анау жолы Ақтөбеде шалқып жүріп, мұның өзі сыр алдырып, бірдеңені бүлдірді ме? Жо-жоқ, шалқып жүрсе де, балқып жүрсе де ақыл түзу, сана сергек, жағдайдың бәрін жіті бақылауда ұстады ғой. Тіпті, оның келіншегіне тіктеп қараған кезі болған жоқ. Наталья да мұны алғаш көргендей кердең кейіпте жүрді. Сонда бұл Сәрсенді қағынан жерітіп, шат-шәлекейін шығарып жүрген кім?

Наталья екеуінің құпиясын білетін жалғыз ғана жан бар. Ол – Сейсен!

Бірақ Сейсен серт ұстасқан жан досы емес пе. Сүйінші сұрағандай Сәрсен екеуінің арасына от жағып несі бар оның?

Әрине, Сейсен екеуі әнеу күні Ақтөбеде кездесті. Оның алдында ғана келіншегімен Бейсеннің де келіп-кеткенін, көл жағасында дем алғандарын еске алып, аңыздай әңгіме еткендері даусыз. Бірақ, мынадай тұңғиық құпия ол жерде қалайша сөз болмақ? Бұл жағдайды сөз ету – қып-қызыл шағыстыру, достарды араздастыру, отбасын бүлдіру, шаңырақты шайқалту! Жүз жерден жан достар болса да, отбасын бүлдірмей, шаңырақты шайқалтпас үшін мәңгі айтылмас әңгіме, іште бүккен сыр болады... Бетін аулақ қылсын, Сейсенді ондай опасыздыққа қимайды.

Сейсен емес, Наталья да емес делік, сонда бұл әңгімені кім қоқсытып жүр? Сәрсен құмалақ салып, бал ашып өзі біліп қойды ма? Бәрі жұмбақ. Ойпырмай, адам деген айдың-күннің аманында осындай да бейдауа бәлеге ұрынады екен-ау!

Не істерін білмей Бейсеннің басы қатты.

«Ай, осы дәу де болса Сейсеннен бір кінарат келген шығар» деген күдігі сәт сайын қоюлана түсті. Қырқылжың досын қаншалықты қорғаштағанымен, басқадай баламаны бұл мәністе көре алмай қиналды.

Бір досы ақырған журналист, атақты қаламгер. Енді бірі елінің сый-құрметіне бөленген қалаулы кәсіпкер. Өзі болса оқымай шетте қалған тәлейсіз пенде. Бала-шағасынан шыға алмай шырматылып жүрген шарқайлы шаруа. Ұят болғанда, прораб кезінде Бейсен орналастырған құрылыстан да шығып кетіпті. Қазіргі тапқан-таянғаны тақыл-тұқыл, бір басынан аспай жатады деп естіген. Анда-санда Ақтөбеге барып-қайтқан жолын да Сәрсенге төлетеді екен. Олай болса, Алматыда алшаң басып жүрген Бейсенді мұқатқысы келмеді дейсің бе? Немесе Ақтөбедегі Сәрсеннің сәулетті сарайы, дәулетті тірлігі күншілдік тудырмайды дейсің бе? Пенделік іштарлық деген қиын-ау шіркін... Әжік-күжік әңгіменің арасында епсек ауыз емеурінмен сездіруі әбден-ау! Олай дейтіні – Сейсеннің өзі ылғи да ішті бола алмағанына, бұлдыр болса да өзінің мақсатты жолында табанды бола алмағанына опынатын. Жасына жетпей қанатының қайрылғанына ернін тістеп қынжылатын. «Әлі жассың, өмір алда, бәріне үлгересің» деген бәтуа сөзге аузы-басын қисаңдатып, қолын бір сілтеуші еді. «Бәрі бекер, бәрі жұбату, ештеңеге сенбеймін, менің үмітім мені шаң қаптырып тастап кетті» дейтін өкінішпен. Өксіткен ондай өкініш кейде ала мысықтай жүректі тырналап, пенденің қызғанышын тудыруы мүмкін-ау? Қызғаныш дегенің де адамның ырқынан тыс құбылыс, қылдан нәзік болжалсыз сезім ғой. Бұл жерде не деп байлам жасарсың. Қандай табанды тоқтамға келерсің? Күрмеуі қиын ахуал, күрделі жағдай. Өз басы әлгіндей сәттік осалдығы үшін Сейсенді жазғырудан аулақ.


***

Кешке телпең қағып таксилетіп әуежайға жетті.

Айтқан жерінде жақтауға сүйеніп Сәрсен тұр екен. Қабағы қар жауғандай, түнере түксиіп терең ойға батқан. Бейсенді майпаңдап қасына келгенде бірақ көрді.

– Сәрсен, сен тыңда! – деп Бейсен салған бетте қоңқылдай тіл қатты. – Біздің арамызда ештеңе болған жоқ! Сен ондай фантазияңды қой, білдің бе!

 Сәрсен мұрынын тыжырып, жаңа көргендей досының бетіне таңырқай қарап қалды. Көзінде қаңтардың ызғары. Бәтшағардың қарасы темірді тескендей өткір. Бейсен шыдай алмай шиыршық атты. Ителгідей жұтынды, күйініштен күрсініп жіберді. 

 – Енді сен мені ұмыт! – деп, Сәрсен шаптыға саңқ ете қалды. Солай деді де, Бейсеннің бозарған жүзіне соңғы рет қайғыра көз салып, шалт бұрылып ішке қарай өтіп кетті. 

Осы оқиғадан соң үш дос бір-бірімен қайтып кездескен жоқ.


***

Мінеки, журналист танысымның асау бермес жастық шағында басынан өткен бір хикаяның жай-жапсары осы екен. 

Әңгімеге арқау болған азаматтардың намысына қамшы басып, шамына тимес үшін мен олардың үшеуінің де аты-жөндерін өзгертіп алуға мәжбүр болдым. Өзге оқиғаның бәр-бәрі – қалалар да, бітірген оқу орындары да, жасаған жұмыстары мен қызметтері де қаз-қалпында қағазға түсірілді. 

Бұл баянның да оқырманға ой салар тағлымы бар шығар деген ниетпен ұсынып отырмын. 


2016 жыл









Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры