Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Нұр жауған күн : немесе Астана туралы толғаныс

Нұр жауған күн : немесе Астана туралы толғаныс

04 июнь 2015, Четверг
362
0
Көгімізде Тәуелсіздіктің Көк Туы желбіреген күннен кейін, тағдыры талайлы Қазақ елінің жаңа тарихының парағы басталды. Күйреген империяның қалдығынан  Тәуелсіз мемлекет құра отырып, оған жаңа астана таңдау – тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі.
Астана қаласы туралы толғауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, 1992 жылы туған еді. 1992 жылы  Қазақстанның Прези-денттігіне бүкіл халық болып сайлағаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал, әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан», –  деп жазады.
Астана қаласының тарихы одан бес шақырым жерде орналасқан Бозоқ қаласымен тығыз байланысты екенін кейін білдік. Бозоқ – Қыпшақ хандығының астанасы болған екен. Осы аймақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өтіпті. Елбасы «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал, оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп тұжырым жасайды.
Алматыдан жаңа астанаға көшкен ең алғашқы  мемлекеттік орган –  Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі екенін біраз адам  біледі. Мен де осы министрліктің екінші басшысы ретінде 1997 жылғы 2 мау-сымда Ақмолаға бет түзегендер сапында болдым. «Алматы-2» теміржол вокзалында үлкен шеру болып, аузы дуалы ақсақалдар бізге ақ жол тілесті. Әншілер әуелетіп ән шырқап, бишілер мың бұралып би биледі. Ұлан-асыр, шат-шадыман той болды. Осы арада біз қол бұлғасып пойызға міндік, вокзал перронында жиналған қалың көпшілік «қош-қош» деп қала берісті. Сөйтіп, 3 маусымда түстен кейін  бала-шағамызбен улап-шулап, бұрын көрмеген Ақмола деген қалаға келіп түстік. Арқа төсіне көшіп келген бізді вокзалдан облыс әкімі оркестрмен, көптеген нөкерлерімен  қарсы алды.
Ақмоланы вагонның терезесінен көрген бетте-ақ көңіліміз жабырқап салғаны есімізде. Қала бұрқыраған шаң-тозаң, қаптаған құрылыс, іргетас қаққан тарсылдар. «Ару Алматыны тастап осы біз қайда келдік?» дегендей өкініш жүрегімізді тырмалағаны рас. Мынау сұрқай қала мемлекет астанасы болып, аяғынан тұрғанша өміріміз жетпес деп ойладық.
Қайта тұра қашатын емес, жауапты қызметтеміз. «Көппен көрген ұлы той» болған соң тағдырдың жазуына еріксіз мойынсұндық, ернімізді жымқырып шыдауға да, көнуге де тура келді. Өзімізді көпке дейін іссапарда жүргендей, түбі Алматыға қайтатындай сезініп жүрдік.
Әлі есімде, вокзал алдында митингі жасап, қарсы алушылармен амандасып, шүйіркелесіп жатқан кезде сіркіреп жаңбыр жауып берсін. Жаңбыр ұзаққа  созылған жоқ, жарты сағатқа жетпей қоя салды. Бұл жаңбырды сол жерде тұрған жұрттың бәрі «Алланың ақ нұрына», жақсылыққа балап жатты.
Сол жаңбыр біз үшін шын мәнінде Алланың ақ нұры болыпты. Жылдар өте жаңа қала бәріміздің ғажап мекенімізге айналды. Осы қалада тұрып құдандалы-жекжатты болдық, достар таптық, туыс таптық. Бүгінде Арқа өңіріне судай сіңіп, тастай батқан жағдайдамыз. Қала тарихының тірі куәгеріміз, бұрынғы облыс орталығы қалай мемлекет астанасына айналды, қалай өсті, қалай өнді, гүл-гүл жайнап қалай көркейді. Сол өзгерістердің бәрі әлі күнге  көз алдымызда өтіп жатыр. 
Қазір Астанаға аяқ басқан адам бұл қалаға  қызықпауы, оны жақсы көрмеуі мүмкін емес. Күн көзінде сан құбылып жарқыраған сәулетті ғимараттар, тынысыңды ашқан кең даң-ғылдар өзіне еріксіз баурап алады. Айнадай таза көшелер, жасыл желек бульварлар.  Астананы жақсы көретініміз сондай, көшеде кетіп бара жатқан біреу темекі лақтырса да, қоқыс тастаса да, тіпті түкірсе де жанымыз ашитын халге жеттік.
Балаларымыз да Астанамен бірге ер жетіп, қанаттанды, азамат болысты. Біз көшіп келген жылдары Ақмола халқы 300 мыңның төңірегінде  еді. Бүгінде астаналықтар қатары  850 мыңға жетті. Қазақстан қалаларының ішіндегі ең жасы да – біздің Елорда тұрғындары екен. Астаналықтардың қазіргі орташа жасы 32-ні құрайды.
Астананың салынуы Қазақстанның барлық өңірлеріне серпіліс берді, үлкенді-кішілі қалаларда құрылыс индустриясының қарқынды дамуына себепші болды. 
Дүниежүзі қазақтарының Астанада  өткен төртінші құрылтайында бір топ қандастарымызды түнгі Астанада қыдыртқанымыз есіме түсіп отыр.  Сонда, Парижден келген Мехмет Зенгин деген фабрикант досымыз «Қазағымның астанасы Азияның Парижі болып кеткен екен» деп таңдай қағып, сүйсініп бас шайқағаны бар.
Шындығы да солай болар. Елбасы «Азиялық та емес, Еуропалық та емес, Еуразиялық қала жасаймыз»деп едіСөзінде тұрды, ақыры жасады! Елбасының асқақ арманы артығымен орындалды. Қазір Астанадан әлемдік сәулет өнерінің небір тамаша үлгісін көруге болады.
Егер сөзімізді тұздықтап, санға жүгінер болсақ, «1998 жылы Астанада мектепке дейінгі 48 мекемежұмыс істеген екен. Бүгін оның саны 125-ке жетті. Тағы сондай 19 мекеменің құрылысы жүргізілуде. Соңғы жылдары ғана сегіз аурухана және емхана ашылған. Бала тууына келсек,  1000 адамға шаққанда: 1999 жылы – 11,2 бала болса, өткен жылғы дерек  25,7 балаға жеткенін көрсетті. Бұдан 15 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүруі67 жас еді, қазір 74 жасқа жетті» дейді мамандар. Он жыл бұрын қалада бар-жоғы 37 мектеп еді, қазір оның саны 91-ге жетіпті. Бұл көрсеткіштер қалай көкірек қақсаң да, қалай мақтан етсең де лайық жетістіктер.
Ерке Есілдің жағасында, Сарыарқаның кең төсінде қоныс тепкен  Астана қаласы сәулетімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты деп  айтуымызға әбден болады.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін)

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры