Жәркен Бөдешев
ақын, Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты
ӘЛІБЕК АСҚАРОВҚА
Мен отырмын тағдырымнан сор қашап,
Сен отырсың талантыңмен көл жасап.
Көгермейді бұл дүние,
Екеуміз бірге болмасақ.
Мол суыңды қотар маған көл-көсір,
Алуан түрлі гүлзарым,
Гүлден де нәзік бұл жаным,
Шөлден қатып қалмасын.
ТАЛАНТ
«Ғұлама таулардың қақаған аязына қарылып, боранына булығып, тау дертімен ауырып, бастарыңызды қауіп-катерге байлап, Сіздер неге осыншалық арпалысқа түстіңіздер» деген сауалға 1924 жылы Эверестке өрмелеп, 8450 мертрлік биікте қаза тапқан ағылшын альпинистері Мелллори мен Ирвиндер былай деп жауап берген екен: «Дүниеде Эверест болғандықтан».
Біздің рухани Эвересіміз Ұлы Абай мен Мұхтар Әуезов. Сол рухани биіктікке қарай бәріміз де бауырымызды тасқа тілдіріп, табанымызды мұзға қарып, өнер дертімен арпалысып, біріміз ілгері, біріміз кейін өрмелеп барамыз. Ғұлама шыңға кімнің шығып, кімнің орта жолда мерт боларын бір Аллланың өзі ғана біледі.
Тауда туып, шахарда өскен талант,
Ақ сұңқардай сілкінеді, таранып,
Қанат қағып шың басына қонғанда ол,
Дүниенің көрінеді бәрі анық...
Білген жанға — ой аңқаулау,
Сөз — әккі.
Елестетер жұмақ пенен тозақты.
Алтай таудың бауырына түскен қар,
Сенің екі самайыңды бозартты...
Мұзға жанып,
Құзға қайрап,
Бұғы құрыш тұяғын.
Еңлік гүлін теріп жейді қияның.
Беу, Әлібек, альпинисі Алтайдың —
Бауырын тасқа көп тілдірген зиялым...
Биік тауға найзағайлы бұлт үйір,
Жаны жайсаң азаматқа жұрт үйір,
Айналайын,
Ата-жұртым Алтайдың —
Құба құмын ала келші, бір түйір.
Сол түйірден алтын қағып алайын,
Шын асылдың нарқын танып алайын.
Бара жатыр ашудастай сарғайып,
Туған жұртын бек сағынған Ағайың...
Жеті кабат жер астынан шыққан су —
Өзегіңе көгілдір ніл боп жұққан су —
Оралханның «Кербұғысы» жұтқан су,
Қара Ертістен ала келші, ұрттам су.
Ұрттам сумен басайыншы, шөлімді,
Жабырқамай жасайыншы көңілді.
Төрт аяғы тағаланған ат мініп,
Мәрмәр тастан қашайыншы жолымды.
Салмағынан қайысса да қара жер,
Ауырсынбай, ала келші, ала кел,
Маған деген сенің ықыласыңды,
Өз көзімен көрсінші бір тәмам ел.
Өлмейді екен,
Сөнбейді екен жыр мәңгі,
Шегіршіннің бұтақтары бүр жарды.
Сені көрсем еске аламын қамығып,
Бала жырау Мәукенұлы Нұрланды...
Сағынары,
Сарғаяры жоқ адам,
Парықталмас құлазыған обадан,
Мен — Жайырмын.
Сен — Алтайсың,
Болғайда -
Екі тауға апаратын жол, аман.
Көкжал бөрі мойынын саған бұрып кеп,
Тамсанады ойың қандай тұнық деп.
Құттықтауға 60 деген жасыңды,
Келеді әне, ақын інің Ұлықбек.
Қызғаншақтар жүре алмайды жауықпай,
Талантқа ол да төнген қауіптай.
Қасиетті қара өлең мен қара сөз,
Бөлінбейтін қалқан менен сауыттай.
Жағымпаздар бізді көрсе жорғалар,
Анадайдан бұрылып кеп, қолды алар,
Әлібек Асқар — Беренсауыт болғанда,
Жәркен Бөдеш — болат қалқан қорғанар...
Тәңірім саған ортаймайтын құт берді,
Қабат-қабат қазына болып түптелді...
Көтере алмас күш атасы қара нар,
Сөз соңына қоя салған нүктеңді.
Таудай ауыр,
Құстай жеңіл —
Саған біткен бүтін сезім,
Бүтін ой,
Үтірлерің үлпілдейді үкідей.
Сөйлемдерің — керуеннің соқпағы,
Балдай тілің — боз інгеннің сүті ғой...
Әлібегім, жаратылған Асқардан,
(Тамыры тасты жарып шыққан тасжарған).
Сен мұңайсаң Алтай бірге мұңайып,
Қарағайдың бүршігінен жас тамған.
Саумал самал желпігенде жаздайғы,
Шабытыңның шоғы қоздап, маздайды.
Қиял құсын қияларда түлеткен,
Тау оғылы аласарып, азбайды.
12.04.2010 жыл