АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
Көру онлайн файл: 6_aldanan-rpa-5_07_18.pdf
П О В Е С Т Ь
---------------------------------------------------------------------------------
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ
(Социализм хикаяты)
Бағы жоққа тағы жоқ деген, тегі, осы шығар... Құрысын бәрі! Ел-жұрттың алдында қарабет болдым! Оқуға түсе алмай құлап қалдым, оңдырмай омақастым.
Шынын айтсам, түбі бір жер сүзерімді өзім де сезгем. Сезе тұра белді буып, тәуекелмен қойып кетіп едім... Соным бекер-ақ бопты! О баста Алматы дейтін мынау ызы-қиқулы қалаға жоламай-ақ қоюым керек еді. Кеш те болса соны ұқтым.
***
Әскерден келген бетім осы еді, ел сияқты жөнімен дайындалуға да уақыт болмады ғой. Баяғыдағы мектеп пәндерін тас ұмытып қалыппыз, жадымызды жаңғырта алмай қиналдық. Оның үстіне гүлден бал сорғандай кітапқа құмарлығымыз тағы шамалы, сөйтіп о бастан оқуға өгейлігіміз де сыр берген сияқты. Тірсегіміз дірілдеп алғашқы екеуін ілдебайлап тапсырған болып едік, үшіншісінен мұрттай ұштық. «Жазған бала армиядан келген екен-ау» деп бетін бері бұрып, бүйрегі бүлк еткен біреуі болсашы! Өңкей бір тасбауыр, безбүйрек буржұйлар! Бүлк еткені сол, омақастырды, қуана-қуана қағып жіберісті.
– Мына бала әскерден келген сияқты ғой, аздап демеп жіберсек қайтеді? – деді емтихан қабылдап отырған үшеудің ортасындағы көзілдірікті доцент әйел.
– Әскерден дейсіз бе?
– Иә, әскерден...
– Әскер болғанда, бұл жігіт қатардағы солдат емес... Прапорщик болған мықтыңның өзі сияқты! Ал прапорщиктерге бізде ілгөт жоқ! – деді сонау бұрыштағы шолақ көйлек сары қызды көзімен сүзген мұртты мұғалім.
– Онысы немене еді? – деп сұрады көзілдірікті әйел.
– Офицер ғой! – деді мұртты мұғалім ителгідей жұтынып.
Мен прапорщик дегеннің тіпті де офицер емес екенін түсіндірейін деп, тамағымды кенеп, мұртты мұғалімге ұмсына бергенде:
– Оу, жігітім, прапорщик болсаңыз сол жерде қалмадыңыз ба? – деп оң жақтағы қасқа бас профессор барқ ете түсті. – Сен сияқты шалағай шатпақтар өзімізде де жетіп жатыр... Біздің басымызды қатырып, несіне әурелеп отырсыз? Общым былай... келген жағыңызға қайқайыңыз, шырағым!
Мен “шын айтып тұрсыз ба?” дегендей қасқа басқа бажырая қарадым. «Шатпағы несі?» Бұл кісінің ата жауындай жек көре сөйлеген қыжылын ұққым келді. Анау шақша бастың жалтырын мен таз қылғандай, соншалықты шүйліккеніне түсінбедім. “Кет” деген сөзді сасық запыранын төкпей-ақ, адамша да жеткізуге болады ғой!
“Атасына нәлетті бильярдтың шарына ұқсаған анау шақша бастан шарт еткізіп шертіп кеп жіберсе!”
Профессор мен ежірейе қарағанға қуаттанып кетті ме, айтар сөзін нығарлап, суырдың шөншігіндей шәңкілдей жөнелді:
– Иә... иә, шырағым, сен өйтіп маған шадырайма! Бәрі бітті! Өз Отаныңыздың тарихынан мақұрымсыз, білмейсіз. Тым болмаса жылын айтып бере алмадыңыз. Мұныңыз ұят. Масқара! Құладыңыз. Әйда, шырақ, енді қайқая беріңіз! Отан тарихын білмейтін студенттің бізге керегі жоқ. Ұқтыңыз ба?
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
“Қайқая бер” деген соң жалынатын емес, жылайтын емес, құжаттарымды жинастырдым да, бөлмеден бүрісіп шыға жөнелдім.
***
...Байқаймын, тағдыр мені тағы да тұйыққа тіреген сияқты. Жігерім жасып, жаным жүдеп-ақ қалды.
Бірақ сол үшін өлетін емес қой!
Биыл жолым болмаған екен, келесі жылы келермін. Бәлкім, келесі жылы жолым оңғарылып, оқуға түсіп те кетермін. Бәлкім... бәлкім, мен енді қайтып оқуға келмеспін де... Мәңгі келмеспін! Сөйткенім де жөн шығар? Құрысын бәрі!
Қалай десек те, болар іс болды – бояуы сіңді. Ендігісі, әлгі қасқа бас профессор айтқандай, алаңсыз ғана ауыл жаққа қайқаятын шығармын. Дәл сол үшін қан жұтып қайғыратындай дәнеңе жоқ, бүлінген тағы ештеңе жоқ. Бәріне өзім кінәлі... Батар күннің атар таңы бар деген, ауылда да мендік тезек табылар. Ауылдан қара үзіп мен кеткелі де, мінеки, үш жылдан асыпты. Сайда саны, құмда ізі жоқ, бос сандалып осы қаңғығаным да жетер менің!
Болды, кеттім ауылға!
***
Жатақханаға келдім де, бәтеңкемді шешер-шешпестен төсекке құладым. Емтихандарға шама-шарқымша тыраштанып дайындаламын деп соңғы уақта діңкелеп шаршасам керек. Жұмсақ жастыққа басым тиісімен тыпыр етпей қатып қалыппын.
Содан таң бозында бір-ақ оянғам.
Тұрып суық суға жуынып, әскерден бері сүйретіп жүрген қара шабаданға киім-кешегімді асықпай жинап салып қойдым. “Соңымнан сөз ермесін” деп төсек-орнымды төмендегі кәстеләнша келіншекке қол қойғызып, ресімдеп тапсырып қайттым. Сөйттім де, тырапай асып қорылдап жатқан бөлмелес үш жігіттің құйрықтарынан шапалақпен бір-бір ұрып, “қош айтысып” шығып кеттім.
Теміржол вокзалына баруым керек. Сол жерден біздің ел жаққа баратын пойызға отырамын да, ауылға заулаймын. Сонымен бәрі тәмәм, ағайын! Оқу да тәмәм, әскер де тәмәм. Қысқасы мен бүгін бәріне нүкте қойдым. Үлке-е-ен, сеп-семіз нүкте! Енді өмірді жаңадан, жаңа болғанда да тап-таза беттен бастаймын. Аппақ қағазды аламын да, айқара ашып қойып өмірімді қайта жазуға кірісемін!
***
Автобустың аялдамасына келсем – қаймалысқан көп халық. Көлік күтіп, тықыршып жүрген жұртшылық. Уақыт таңғы сегіз, соған қарағанда бұлардың бәрі жұмысқа асыққан ағайын болды. Бұл көпшілікпен бүйтіп жағаласпай-ақ, адам аяғы басылған кезде де көшеге шығуыма болатын еді. Бірақ біздің жаққа баратын жалғыз пойыздың жүретін уақытын білмейді екенмін. Сол үшін өзімше ертерек қамданған түрім еді. Оның үстіне желп еткен желі жоқ, түтін сасыған тымырсық мынау қаладан тезірек қашқым келді. Сары даланың сағым қуған самал белін, саумал желін, боз жусанын сағынып кеттім.
“Апырмай, Қанағат мұғалима да осы қаланың бір бұрышында жүр ме екен? Әлде өзі туып-өскен Ресейіне кетіп қалды ма?”
Түнде селдетіп жаңбыр жауыпты. Жаңбырдан соңғы қала көшесі моншаға түскендей жарқырап жатыр.
Таңғы ауа керемет таза, кеңсірік жарардай екен.
Теміржол вокзалына отыз екінші автобус барады дескен. Сол автобусты күткелі де, мінеки, жарты сағаттан асты. Әлі жоқ. Онсыз да сіркем су көтермей жүр еді, автобустың кешіккені жүйкемді жұқарта түсті. “Бұл жерден “отыз екі” жүруші ме еді?” – деп бірнеше кісіден сұрадым. Бәрі де шыбындаған жылқыдай бастарын изеседі. Бәрібір мен күткен “отыз екі” жер жұтқандай жоқ.
Вокзалға таксимен де баруға болады деп ақыл қосқан білетіндер. Бірақ... бірақ такси дегенің бұл қалада екінің бірінің қолы жете бермес сирек қуаныш тәрізді. Такси шақыратын құпия телефондар болады деседі. Ондай алданышты қара халықтың маңдайына жазбаса керек. Сондықтан қара халық таксиді көпшілік телефонмен шақырады. Ал көпшілік телефонмен шақырған таксиің сені сарғайтып кемінде бір сағат күттіреді. Күттіріп қана қоймай, көбінде түрлі сылтау айтып келмей қалады. Сондықтан барар жеріңе өзі арзан, өзі сенімді автобус көлігімен жылжи бергенің жөн дескен әлгі білгіштер.
Сөйтіп мақтаған автобусының да түрі мынау болып тұр.
Уақыт тоғызға жақындай аялдамадағы адам қарасы біршама сейілді. Әр тұста бір шошайып он шақты кісі ғана қалдық.
– Бұл жерден “отыз екі” жүре ме? – деп сұрадым мен тобылғы таяқ ұстап, таразыдай тартылған ұзын бойлы бір кісіден.
Ұзын ағайдың ажары сарғайыңқы сияқты. Бойында бір сырқаттың бары сезілгендей. Ол кісі жауап беруге асыққан жоқ. Алдымен қолындағы таяғын білегіне іліп, алақанына бұйра насыбайды екі сілкіп салды да, тілінің астына жып еткізіп лақтырып жіберді.
Сосын ғана маңғаз кейіппен:
– Жүреді, бауырым! – деп мен жаққа жалғыз рет қабағын көтеріп, аппақ орамалмен аузын іліп сүртті. – Мен де сол көлікті күтіп тұрған кісімін.
– Мүмкін сіз білмейтін шығарсыз, ол автобустың маршрутын өзгертіп жіберген шығар? – деп мен де тықақтап қоймадым.
Насыбайшы ағай бар денесімен маған бұрыла беріп, мырс етіп мысқылмен жымиған болды да:
– Қалқам, білгің келсе айтайын – дәл қазір олар домино соғып жатыр! – деді.
– Хм-м! Қызық екен!
– Егер асығыс болмасаң, сәл сабыр ет... “Отыз екі” дегенің қазір бірінен соң бірі жарыса ағылатын болады.
Иығымды қиқаң еткізіп, мұрнымды тыжырып мен теріс айналып кеттім. Әрине, насыбайшы ағаның сөзіне титтей де сенгем жоқ, қиқар кісінің орынсыз әзілі деп ұқтым.
***
Міне, ғажап, арада көп уақыт өтпей жатып жарысқандай болып “отыз екінің” екеуі іркес-тіркес келе қалған. Алдыңғысы біздің аялдамаға тоқтамастан, салдыр-гүлдір ағызып өте шықты. Шиқ етіп тоқтаған екіншісіне жүгірген жұртпен мен де ұмтылып едім, біреу ақырын ғана жеңімнен тартқандай болды. Ұзын бойлы әлгі насыбайшы ағай екен:
– Абажадай андағы шабаданыңмен бұған қыстырылып қайтесің, бауырым! – деді. – Қазір басқалары да келеді ғой. Соларды күтсеңші!
Мен сенер-сенбесімді білмесем де, шабаданымды көтеріп амалсыз қайта қайттым.
Айтқанындай-ақ, арада екі-үш минөт өткен жоқ, түтінін бұрқыратып ажылдап-гүжілдеп үшінші автобус та жетіп келді.
– Әй, бауырым, осы бір қызық болсыншы... Екеуіміз сабыр сақтап келесісіне отырсақ қайтеді? – деді насыбайшы аға. – Мына көлікпен жұмысқа асыққандар-ақ кете берсінші!
Мен лажсыз ағайдың бұл айтқанына да көндім.
– Байқаймын, оқу іздеп келген көптің бірісің-ау? – деді ағай, бағанағыдай емес сарғыш өңіне қан жүгіргендей болып. Сосын менің үсті-басымды шола қарап шықты.
– Иә! – дедім мен қипақтап. – Бірақ құлап қалып, ауылға қайтып бара жатырмын.
– Жөн-ақ... – деді ағай. Сөйтті де төс қалтасынан бір парақ ақ қағаз алып, әлгіні шақпақтап бүктеп, жырта бастады.
– Қандайынан құлап жүрсің?
– Тарихтан. Иван Болотников бастаған шаруалар көтерілісін дұрыстап айта алмай ұшып кеттім.
Ағай жөткірініп, басын шайқады. Езуіне кекесін үйіріле қалыпты. Қағаздың жыртылған бір шақпағын алды да, саусағының ұшымен тілінің астындағы насыбайды іліп алып тастады. Сосын:
– Иван Болотниковта нең бар еді, құлыным-ау? – деп маған жаны ашығандай көзін көтерді.
Мынасы мен үшін тіпті орынсыз сұрақтай көрініп, қапелімде не дерімді білмей түкірігімді жұтып қойдым. Айтар сөзім көмейіме кептеліп қалды.
Насыбайшы ағай кеңкілдеп күлді, басқадай сөз қайтарған жоқ.
Іле сырғып келіп аялдамаға төртінші автобус тоқтаған.
Төртінші автобустың салоны біршама бос екен. Ағай екеуіміз билетімізді алып, кең орындықтардың біріне емін-еркін қатар жайғастық.
– Мұндай да қызық болады екен-ау?! – деп мен әлі де аң-таңмын.
– Оның несі қызық дейсің, – деді ағай тобылғы таяғына сүйеніп. – Көлік ұзақ кешікті екен, шопырлар тұйықтағы стансада домино соғып жатыр деп біл. Сосын кестесін қуып жету үшін бірінің артынан бірі өстіп жарыса зауласады баяғы.
– Бұл сияқты тәртіпсіздікке жол бермей, шопырларды көкесіне танытып жазалау керек қой! – дедім мен ренішімді сездіріп.
– Е, бауырым, жазалағаннан жалығатын болғамыз жоқ па! – деді ағай.
– Сонда қалай? Өстіп жүгенсіз жібере беру керек пе екен?
– Қайдан білейін... Үлкен есеппен қарасақ, жазалауға қарағанда кешіріп, жөнге салған дұрыс. Дәрменсіздер ғана кешіре алмайды. Кешіру – күштілерге тән қасиет деседі.
– Кешіру дейсіз бе, мұныңызға түсінбедім?
– Бұл сөзді айтқан мен емес, Ганди деген әулие...
– Кім дейсіз?
– Ганди деймін...
– Естімеген екенмін.
– Естімесең, әлі талай естисің. Ол кісі Индиядай алып елді бұғаулықтың азабынан сондай жолмен құтқарған.
– Хм... Біз Индия емеспіз... – дедім мен дауысыма барынша салмақ беріп.
Насыбайшы ағай мойнын бұрып, мен жаққа сығырайып, қабағын көтерді:
– Жөн сөз айтып отырсың, бауырым, – деп саусағымен сарғыш мұртын бір сипап өтті. – Біз Индия емеспіз. Солай бола тұра, басқа елдің тарихынан тағылым алғанның артықтығы болмайды.
Ағайдың майда қоңыр даусы бәсеңдей түсті.
– Жалпы бізге ұрымталы осы ілім болар, – деді күбірлеп ойға батып. – Қырық құбылған алақұйын заманға тап болдық. Әр кемелдің бір зауалы болатын шығар, тегі. Өйтпесе қаншама ұрпақ жалаң батырлыққа салып, кеуделерін оққа тосты. Содан не тапты? Бәрінің басы кетті... Біз қалдық, міне, не басшы жоқ, не қосшы жоқ, өңкей әңгүдік. Көшелі сөз айтар көсемге зармыз бұл заманда. Бәріміз рухани қотыр, сортақым тобыр боп қалдық. Бір нәрсені көңілге буып, көкірекке түйер жан таба алмайсың... Солай, бауырым!
Арадағы аздаған үнсіздіктен соң:
– Өзің ауылда өсіп пе едің? – деп сұрады.
– Иә, ауылда өстім.
– Ауылда өссең сол... Қой баққан қазақты көрген боларсың?
– Әрине, көріп жүрміз ғой... Өзіміз де қой бақтық.
Ағай мойнын бұрып, маған тағы сығырая сынай қарады.
– Екі жыл... – дедім мен. – Екі жыл қой бақтым... комсомол-жастар бригадасында.
– Е-е-е... солай де, бауырым!
– Солай!
– Солай болса, қойшы қойды қалай айдаса, қой солай қарай өріп жүре бермей ме?
– Әрине, сөйтеді.
– Ендеше, інім, біз де сол бір отар қой сияқтымыз...
– Қой сияқтымыз дейсіз бе?
– Иә, қой сияқтымыз.
– Кім ол қой сияқты?
– Мына біз... Ішінде сен де, мен де бармыз.
– Хм-м... – деп мен ернімді тыржитып, иығымды қиқаң еткіздім. – Сонда қойшы кім болғаны?
Ағай кеңк-кеңк күлді. Күліп тұрып:
– Біз жазғанға ие көп қой, – деп бет орамалымен көзінің суағарын сүртті. – Біреуге тәуелді халықтың хал-жағдайы қашанда солай болған...
“Меланхолик, – деп түйдім мен. – Байқаймын, мені қияс сөзге бастап отыр. Біздің қоғамға кереғар қайдағы жоқты айтып, мылжыңдап кетті. Бос қиялды емумен жүріп, өмірде жолы болмаған біреу ғой, тегі? Апыр-ай, бұл кісінің жасына жеткенде мен де осындай көкмылжың болар ма екем?”
– Солай, інішек, – деді ағай менің ойымды біліп тұрғандай-ақ. – Менің жасыма келгенде сен де ойшыл болуға мәжбүрсің... Алағай да бұлағай мынау заманға қараймын да, мен тамыры шіри бастаған алып бәйтеректі елестетемін. Ал тамыры шіріген ағаш түбінде бір құлайтыны анық!
Насыбайшы ағай орамалының ұшымен тағы көзін сүртті.
– Өкініштісі сол, ол ағаштың құлағанын біз көрмейміз... Жассыңдар ғой, бәлкім, мына сендер көріп қалуларың мүмкін.
Ағайдың нені айтып, нені мегзеп отырғанын ашып ажырата алмадым. Ұқпаған соң ба, мен үшін бұл сөзі қызығы шамалы құрғақ пәлсапа болды. Жалпы үлкендердің өстіп ақыл айтып абызсынып шыға келетіндері мені өлердей жалықтырып жіберетін...
Бұл ағайымыз телепат бәле ме, менің жаңағы ойымды да сезіп қалды, білем. Өйткені содан кейін ұзақ уақыт жақ ашқан жоқ. Әр аялдамада бір тоқтап, салдыр-гүлдір заулап келе жатқан автобустың терезесінен сыртқа көз салып мелшиіп отырды да қойды. Тек автобустан түсерде ғана мен жаққа бұрылып:
– Бауырым, келесі аялдама менікі еді, – деді. Сөйтті де, менімен бас изеп қоштасып, қаздиып орнынан тұрды:
– Сенің басыңды ауыртып көп сөйлеп қойдым-ау деймін? Атың кім болады?
–Базарқан!
Жөн-ақ... Мен Ақселеу деген ағаң болам. Сөздің бәрі әлгі көліктің кешіккенінен шықты ғой. Әйтпесе қайбір әңгімеміз тасып бара жатыр дейсің. Артық-кем сөзіме кешірерсің ағаңды! Сау боп тұр, інішек!
– Сау болыңыз!
Ағай қалпағын түзеп бір жөткірініп алды да, таяғын білегіне қыстырып автобустан түсіп кетті.
Қалпағы қисайып, тұқырайып ойға батқан күйі көше бойлап мамырлап кетіп барады. Автобус орнынан қозғалғанша мен ағайды көзбен ұзатып салдым. Бағана таман бұл кісіні мылжың көптің бірі ме деп едім, енді ол ойымнан айныйын дедім... Мен ойлағандай емес, сабырлы жан секілді. Сосын... Ақселеу есімді бұл кісінің жүрісі де, қимыл-қозғалысы да, жұмсақ қоңыр даусы да баяғыдағы біздің “география ағайға” қатты ұқсап кеткен. Тек айтқан әңгімесі ғана ұғынықсыз, бөтендеу сияқты көрінді.
***
“География ағайдың” есімі – Смағұл болатын.
Смағұл мұғалім институтты әлде Украинадан, әлде Ресейдің бір қаласынан бітіргенін білетінбіз. Әйтеуір, институтта оқып жүргенде ме, әлде бітірген соң ба, курстың барлық студенттерін теплоходқа тиеп, Жерорта теңізін аралатыпты. Қара теңіз, Босфор, Мәрмәр, Эгей теңіздері, Грекия, Италия, Гибралтарға дейін барып қайтқан хикаятын басын қайта-қайта шайқап қойып, тамсана әңгіме етіп отыратын. Әдетте көп сөзге жоқ біртоға, керіктей кекиіп өзімен-өзі жүретін Смағұл мұғалім мектепке келгенде шешенсіп, тұлғаланып кететін. Өзінің сабағын соншалықты тартымды әрі қызғылықты өткізуші еді. Ал әлгіндей шетел сапары туралы әңгімені бастап берген кезде көзі ұшқындап, құлақ-шекесі қимылдап, жайнап шыға келетін. Құлақ естіп, көз көрмеген алыс жер, бөтен ел жайында өзі барып келген тірі адамның аузынан есту біз үшін де бір ғанибет-ті. Өйткені шетел дегенге біздің ауыл түгілі, осы жалпақ өңірде әлі ешкім бара қойған жоқ. Сондықтан біз бәріміз ертегінің еліне еніп кеткендей, өзіміз де Смағұл мұғаліммен бірге теңізде жүргендей толқып, ол кісінің әңгімесін өзгеше әсермен құмарта тыңдайтынбыз.
– Күн жүріп, түн жүріп, біздің теплоход Гибралтарға да жетті-ау! – деп әдетте Смағұл ағай ұзақ-сонар әңгімесін жалғап ала жөнелуші еді. – Көкпеңбек теңіздің үстінде баяу қалқып келеміз. Алдымыздан шалқып ұлы мұхит көрінеді... Бұл көрінген Атлант мұхиты. Мұхиттың арғы жағында Американың қос құрылығы жатқанын іштей сеземіз. Бірақ Гибралтардан Америка көрінбейді. Оң қанатымызда Испания... Ақбас шыңдары мұнартып жарықтық Пиреней жатыр созылып. Сол жақтағы көкжиекте сарғыш жалдар... Бұл – әйгілі Африка материгі. Алып қара құрлық, адамзат өркениетінің алтын бесігі...
Смағұл ағайдың бұдан арғы әңгімесі Сахараның ми қайнатқан шөліне, саваннаның алуан түрлі аң-құсына, қолтырауыны құжынаған Замбези өзеніне, таңғажайып сұлу Виктория сарқырамасына ауысып жүре береді. Ал сөз реті оң қапталдан басталып кеткендей болса, онда Испанияның көркем табиғаты, тарихқа бай әсем қалалары – Барселона, Валенсия, Мадридті тәптіштеп суреттеп кететін. Ол жердегі әйгілі Прадо музейін әңгімелей отырып, одан әрі жайымен Францияға өтіп, қала біткеннің төресі Парижден бір-ақ шығатын.
Сөйтіп, біздің ағай бұғаздағы кеме үстінен оң мен солын ап-анық көріп тұрғандай-ақ, соның бәрін өзі аралап жүргендей-ақ жалықпай сайраушы еді.
Смағұл ағай әсіресе Гибралтарды көбірек әңгіме ететін.
– Шіркін, ғажап деп осы бұғазды айт! – дейтін көзі қылиланып қиялға шомып. – Егер сендер жердің жұмағы дегенді естіген болсаңдар, міне, сол айтқан жұмағың осы жер! Сағымданған жап-жасыл жағалау, жалт-жұлт етіп күн сәулесімен ойнаған көкпеңбек теңіз... Жаныңды жадыратып, сарайыңды ашқан тұзды теңіздің салқын самалы. Құныға жұтасың, сіміресің – бәрібір тоймайсың ғой, тоймайсың! Қараған сайын ынтыға түсесің, көзсіз қызықтай бергің келеді. Көріп-білген мұндай әсеріңді құр сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, балалар! Ол үшін міндетті түрде өзің барып көруің керек. Сонда ғана әдемілік, нағыз сұлулық дегеннің қандай болатынын шын сезінесің.
– Шетелдегі жолдарды айтсаңшы! – дейтін ағай келесі жолғы әңгімесінде ішін тартып, басын қайта-қайта шайқап. – Жолдары тақтайдай теп-тегіс қой, теп-тегіс... Сайрап жатыр... Біздегідей шаңы бұрқыраған ойдым-шұңқыр жол ол жақта атымен жоқ. Асфальттің беті айнадай жалтырап жатады.
– Үйлерінің төбесі бәрі бір түспен боялады екен, – деп Смағұл ағай әңгімесін тағы да жалғай түсетін. – Менің көргенім – бәрі де күрең қызыл түсті. Біздегі секілді ұсқынсыз сұр шифер емес, олар үйлерінің төбесін черепица дегенмен жабады екен.
Ағай келесі бір әңгімесінде:
– Қала көшелері қандай таза... Жап-жасыл газондар, жайнаған гүлзарлар! Әсіресе жол жиегіндегі бұталарды әлеміштеп, нелер бір әдемі геометриялық фигуралар жасап қойғанын көрсеңіз! Тіпті гүлді шөптер шырмауықша шырматылып, көп қабат үйлердің терезелеріне өрмелеп шығып жатады! – деп тамсанатын.
–Менің қайран қалған бір нәрсем – жол жиегіндегі, көше бойларындағы жүз құбылып жарқылдаған жарнамалар болды. Шіркіндердің әдемілігі көз арбайды. Түн баласында әлгіндей жарнамалар қала ішін күндізгідей жарқырата құлпыртып жібереді екен, – деп таңдайын қағатын.
– Көше-көшенің екі жағы кілең жайнаған дүкен, жайылған базар. Сендерге өтірік, маған шын – сол арадан адам жанынан басқаның бәрін табасың. Біздің түсімізге кірмейтін дефицит тауарлар, киім-кешектер саусап тұр. Не кием, не ішем дейтін емес... Қызығасың да, қызғанасың да! Жолға шығарда біздің бәрімізге қырық доллардан берген, ол неге жетсін. Баяғы қайыршының күнін кешкендей болдық, – деп ренішін де сездіріп қоятын.
Шетелді аузының суы құрып соншалықты мақтайтын ағайымыз бірде аяқ астынан жұмыс ауыстырып, ауылдан бір-ақ күнде көшіп кеткен. Қайда көшіп кетті, ол жағын ешкім ашып айта алмады.
Біреулер ол кісі мектеп директорымен қырбай болып, арыз жазып жұмыстан өзі шығып кетіпті десті.
– Пішту! – десті келесі біреулер еріндерін шүйіріп. – Мұғалімнің өз обалы өзіне! Жер-көкке сыйғызбай жаман капиталистерді мақтап несі бар еді?! Көптен бері КГБ соңына түсіп, ақыр соңында алысқа жер аударып жіберіпті!
Қалай болғанда да содан кейін Смағұл ағайды қайтып біз көргеніміз жоқ. Бірақ біздің география пәніне деген сүйіспеншілігіміз Смағұл ағай ауылдан кеткеннен кейін де басылған емес. Балалар бір жерге жиналамыз да, өзіміз ойлап тапқан “карта ойынын” ойнаймыз. Кәдімгі географиялық карта... Ойынның шарты бойынша біреуіміз көзімізді жұмып, теріс қарап тұрамыз да, екіншіміз “Атластағы” картадан бір атауды атаймыз. Теріс қарап тұрған бала сол атауды іздеп табуы керек.
Осы ойынды ойнай-ойнай біздің бәріміз дүниежүзінің географиялық картасына жүйрік болып алдық. Карта бетіндегі белгілі атауларды тегіс жатқа білетін едік. Осындай карта ойнаудың ең үздігі мен болдым.
Әлі есімде, екі рет оңбай жеңілгенім бар. Біреуі – Сулавеси деген арал. Сағат бойы әуреленіп таба алмаған соң, “өтірік, ондай атау бұл картада жоқ” деп қарсы байбалам салдым. Сөйтсем, бар екен, шұқып тұрып көрсетті. Құрғыры, Тынық мұхит пен Үнді мұхитының арасында бақаға ұқсаған тарбиған бір арал. Екінші рет Нордкап атауын іздеп есім шықты. Ол күні таба алмай, екінші күні мектепке келіп, достарыма жеңілгенімді мойындадым. Онысы – Норвегияның бір қиырында, СССР-мен шекарада тығылып жатқан шағын мүйіс екен. Алғашқы жолы не дүние ұтылғаным есімде жоқ, екінші ретте еліктің сирағынан жасалған сегіз өрім қамшыдан айырылғанымды білемін.
Айтып-айтпай не керек, біздің бала қиялымызды оятқан осы Смағұл мұғалімнің әңгімелері еді. Қайран ағай, қазір өзі қайда екен? Мына насыбайшы кісіге ұқсап, қалпағы қисайып, мойыны салбырап, Гибралтарын сағынып бір жерде жүр-ау, шамасы!
***
Теміржол бекетіне де келіп қалыппын. Автобустан түскен бойда шабаданымды сүйретіп бірден кассаға тарттым.
Барсам, мына қырсықты қараңызшы – біздің жаққа баратын пойыз осы алдымызда ғана, сегіз жарымның кезінде жылжып кетіпті. Келесі пойыз ертең, дәл сол уақта, таңғы сағат сегіз жарымда жүреді десті.
“Анау содыр шопырлар домино соғып кешікпегенде ғой, мен ендігі ауылға қарай пойызда тербетіліп кетіп бара жатар едім!”
Амал жоқ, ертеңгі пойызға билет алдым да, сүйреткен шабаданымды зат сақтайтын қоймаға апарып өткізіп тастадым. Шабадан да аяққа тұсау екен, өзінен аман-есен құтылған кезде еңсем көтеріліп, бойым кәдімгідей жеңілейіп қалды.
Енді тәулік бойы менің қолым бос!
– Хм-м-м! Не істесем екен? Қайда барсам, немен айналыссам болады?
Қалта толы шытырлаған ақша. Қара санымды күйдіріп барады. Әскердегі соңғы жылы жинап-терген азын-аулақ нәпақа ғой баяғы. Бұрқыратып қалай шашсам да бір басыма артығымен жетіп жатыр. Сондықтан алдымдағы бір тәулікті барынша әсерлі, мүмкіндігінше қызықты, есте қаларлықтай етіп мәнді өткізгенім жөн.
Алдымен буфетке барып, шай сұрадым. Қабағына қар қатқандай қара келіншек ып-ыстық қара шайды айғыр стақанға шүпілдете құйып берді. Келіншектің түсі суық болса да, шайы ыстық екен... Буы бұрқыраған стақанды жалаңаш қолмен ұстай алмай, тас еденге түсіріп ала жаздадым. Стақан шайқатылып, буфеттің сүйенішіне аздап шай төгіліп кетті.
– Оу, жас жігіт, сізге не болған? Қолыңызға май жағып алғансыз ба? – деп қара келіншек тыржың етіп, реніш білдірді.
– Апай, аздап сүт қосып суытып беріңізші? Шайыңыз тым ыстық екен!
Үш жылдан бері ауылдың қаймақ қосқан құба шайын да сағынып қалғаным есіме түсті.
Қара келіншек жылан шағып алғандай шар ете қалды:
– Қай буфеттен сүт қосқан шай көріп едіңіз?
Мен буфеттің арқалығына сүйеніп, еңкейіп тұрған басымды көтере бердім. Шүкір, буфеттің маңайында әзірге адам саябыр екен, біздің бұл “жылы шырайлы” әңгімемізді ешкім байқамаған тәрізді.
– Енді... баяғыда ауылда солай ішуші едік қой?!
– Ендеше, ондай шайды үйіңізге барғанда ішерсіз!
Буфетші келіншектің шәңкілдеген жауабы, тұнжыраған бедеу ықыласы желпілдеген көңілімді басып-ақ тастады. Ұнжырғам түсіп, стақанымды көтеріп былайғы бір бос үстелге барып жайғастым.
Апырмай, осы сатушы атаулы неге бүйтіп кісікиіктенеді екен деп қайранмын. Бірдеңе сұрасаң болды жаңағыдай шаң-шұң бәлеге қаласың. Нақақтан-нақақ ұрыс естисің. Бастарын қайқаңдатып жыланша ысқырып шыға келіседі. Шеттерінен тырсиған шырт етпе, бензин толы бөшке секілді, бұрқ етіп жарылуға шақ тұрады. Шырпыны шырт еткізсең – лап еткелі тұр... Бұларға жақ ашып үндемеу керек, артық сұрақ қойып бастарын ауыртпау керек, жоқ нәрсені әсте сұрамау керек. Алар затыңды ың-шыңсыз, үн-түнсіз ал да, жайыңа кет. Болмаса жылқыдан торы, қойдан жуас мен құсап тып-тыныш отыра қал. Соған қарағанда сатушылық дегенің жүйкені жейтін құдай атқан азапты жұмыс болғаны ғой, тегі?!
Шайымның суығанын күтіп, аспай-саспай ұзақ сораптадым. Шай ішіліп біткен бойда мысықша жылжып тағы да буфет жаққа жақындадым.
– Апай, айтып жібермес пе екенсіз, Алматының ең мықты рестораны қайсы?
Қара келіншек қаймақ ернін сылп еткізіп, шытынай қарады.
Бұл қарастан мен әлдебір ерсі бірдеңе жасап қойғандай қуыстанып, күртешемді көтеріңкіреп қайта кидім.
– “Алматы!” – деп апай мұрын астынан мыңқ етті.
Буфеттен қашқандай боп төменгі қабатқа түсіп кеттім.
***
Сұрастырып едім, қалада басқа да бірлі-жарым мейрамханалар бар сияқты, бірақ олардың бәрі де алыста болып шықты. Жақындағылары – әншейін жеңіл-желпі кафелер, қаптаған асхана екен. Асхана мен кафені қайтейін, айды аспанға шығарып, не де болса мейрамханада сайрандаған жөн шығар. Оның үстіне жүрекке түскен жүкті жеңілдетіп, адамша көңіл көтерген де артық болмас!
Вокзал дегенің – тоғыз жолдың түйіскен торабы ғой, бұл арада такси жағы баршылық екен. Біреуін жалдап, “Алматы” деп ауызды ашқаным сол еді, салып-ұрып айтқан жеріме алып келген.
Келсем – құрып қалғырдың мейрамханасы жабық болып шықты. "Кешкі жетіден ғана жұмыс істейді" деді.
Ал керек болса!
Сонда мен кешке дейін сарғайып осының ашылуын күтіп жүруім керек пе? Бұл өзі бір қызық жағдай болды-ау!
Алдымдағы ұзақ күнді қалай өткізудің алуан жоспарын ойша саралап, ілбіп басып көшеге шықтым.
Уақыт енді ғана таңғы оннан кетіпті.
Не істесем екен? Сірә, кешкі жетіге дейін көше қыдырып, қала аралап уақыт оздырудан басқа менде амал да, қайран да жоқ.
Осындай оймен кең көшенің біріне түсіп алдым да, аяңдап бас ауған жаққа тартып кеттім.
Бағанағыдай емес, кісі аяғы басылған, көшеде адам қарасы саябыр.
Осыдан бір ай шамасы бұрын келгендегідей емес, Алматы қатты өзгеріп кеткендей. Көз арбаған әлем-жәлем бояуы оңып, әйбат нақышы жоғала бастапты. Әлде маған солай көріне бастағаны ма?
Күн құрық бойы көтеріліп қалыпты. Әлі ертеңгілік уақ қой, соның өзінде шақырайып қайнап тұр. Түнде жауған жаңбырдың әсерінен қара жер бусанып, ауа дымқыл тартып, адамның дем алысын одан сайын ауырлатып барады. Тымырсық, үп еткен жел жоқ. Үнемі самалы соққан салқын жерге үйренген басым, мынау оңтүстік өңірде ауа жетпей аузымды аша берем. Ауасын сорып алған алып шыны ішінде жүргендеймін. Немесе аузын ашып қайраңдап қалған балық сияқтымын.
Қарағаштардың көлеңкесі болмаса көшеде жүрудің өзі қиындай бастаған. Көлеңке-көлеңкені сағалап, тротуарды жағалап мен де аяңдап келе жатырмын.
Есіме көркемсурет галереясы түсті.
Галереяның есіме түскені мен үшін табылған ақыл болды... Тым болмаса ел жаққа кетер кезде өкініште қалып жүрмейін. Сұңғат өнерін тағы бір тамашалап, көңілдің сусынын қайыра бір қандырып қайтайын деген ой келді.
Кездескен жұрттан сұрастырсам – іздеген галереяның ғимараты тура мен келе жатқан бағытта екен. Бірақ біраз жерде, алыстау десті. Алыстау десе де мен бағытымнан танбай, тоқтаусыз жаяу тарта бердім. Уақыт деген жеткілікті, желпілдеп көлік ұстағанмен қайда асығам!
***
Баяғыда, ауылда жүргенде галерея деген мен үшін көктегі қол жетпес армандай еді. Кейде кинодан көргеніміз болмаса, көркемсурет галереясы дегеннің қандай болатынынан бейхабармыз. Содан да болар, Алматыға аяқ басқан күннің ертесінде-ақ алдымен галереяны сұрастырғам. Ғимаратын сарсылып іздеп, қалған жарым күнде залдарды жорта шолып, шала-шарпы аралап шыққаным бар. Соның өзінде бір қабатын ғана көріп үлгеріппін. Келесі күннен бастап сабаққа дайындықтар, соңынан емтихандар кезектесіп киіп кетті де, қолым тимей қалған.
Мен келгенде галерея ашық екен. Өзім үшін қасиетті осы бір шаңырақтың табалдырығын көкірек толы сағынышпен аттадым.
Алыс шетте жатса да біздің ауылда тәп-тәуір кітапхана бар еді. Осы ауылдық кітапхана екінің бірінің қолы жете бермейтін “аса зәру” журнал – “Огонекті” жаздыртатын. Қаншалықты зәру дүние десек те, сол “Огонекті” біздің ауылда менен басқа біреудің іздегенін де, парақтап қарағанын да көргем жоқ. Түрлі түсті суреттері мол бұл журналда нөмір сайын арғы-бергі заман суретшілерінің шығармалары басылып тұратын. Менің аңдитыным осы көшірмелер, яғни репродукциялар. Журнал кітапханаға түскен бетте оны жаздырып үйге әкелемін де, әлгі қос парақты лып еткізіп жыртып ала қоямын. Сосын ізінше қайта апарып, кітапханаға өткізіп тастаймын. Өзге жұртты былай қойғанда, кітапханашы апайдың өзі де бұл журналда ненің барын, ненің жоғын біле бермейді. Сондықтан мен жыртып алған қос парақты ғұмыры ешкім іздемейді.
“Огонектің” әлгіндей жаңа нөмірі түскен күн – мен үшін қуанышты күндердің бірі. Сөйтіп жинаған менің “коллекциям” кейінгі жылдары бір құшақ болып үйіліп қалыпты.
Ауылдың аясына сыймай жүрегім алып ұшып, көңілім байыз таппай аласұрған сәттерде мен осы суреттерді ақтаратынмын. Жұмбақ суреттер менің арман-қиялымды әлдилеп, көңіліме қанат байлағандай болатын. Осы суреттер арқылы мен біздің ауылдан асып, біздің өңірден өтіп өзге бір тамылжыған ғажайып әлемге шым батып жоғалушы едім. Әзірге өрем жете бермейтін тылсым әсемдікпен қауышып, сырласқандай болатынмын. Картиналарға қараған сайын ынтыға түсетінмін, тамағым кеберсіп шөлдей түсетінмін. Осыншалық таңғажайып өнер туындыларын өмірге әкелген суретші атаулыны кереметтей құдірет тұтатынмын. Олардың шеберліктеріне өлердей қызығатынмын, көңілім толқып көзіме еріксіз жас үйірілетін.
Картиналарды күнде-күнде қызықтап жүріп, оларды өзімше зерттеймін деп жүріп жылдар өте өзім де көп дүниеге қаныққаным рас. Жинаған бір құшақ “коллекциямды” кейінгі кезде түгелдей жатқа біліп алдым. Суретшіні де, оның картинасын да көрген жерден тақылдап айтып беретін дәрежеге жеттім.
Ал галерея дегенің әлгі әсем картиналарды қағаз бетінен тамашалау емес, солардың түпнұсқасының өзін көру ғой. Бұл екеуі жер мен көктей екі дүние екен, соған көзім жетті. Былайша айтқанда, тірі адамның өзін көру мен оның фотосуретін тамашалау сияқты нәрселер ме дедім. Сосын, қағаз бетіндегі мен мәз болып жүрген суреттердің бәрінің көлемі шамалас, яғни олардың баршасы журнал қағазының көлеміне ыңғайластырылып басылады. Ал галереяда бұл картиналар – бірі даңғарадай үлкен, енді бірі шап-шағын. Тіпті қабырғаның жарымын қамтып жатқан зор шығармалар да кездеседі. Оның үстіне картиналардың бәрі де алтынмен апталған зерлі багет-кәсектерге салынған. Жалтыраған кәсектегі картинаның адамға әсері де өзгеше болады екен. Кейбір кәсектер қарағай бөренедей қалың. Сол қалың кәсектердің әсем оюлармен, алтын жапырақтармен, ертегінің түрлі көркем құстарымен зерленгенін көрсеңіз! Картина ғана емес, сол кәсектердің өздері де кәдімгідей жеке-дара өнер туындылары ма деп қалдым. Неткен шеберлік десеңізші! Таңданыстан тілің таңдайыңа жабысады.
***
Бұл жолы өткендегідей жорта жүгіріп өтпей, тек қазақ көркемөнері орналасқан залдарды ғана аралауды мақсат еттім. Басқа жағына уақыттың жетпесін білдім. Уақыт жеткен күннің өзінде де залдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Қабылдауың нашарлайды, сезімің мұқалады, лықсып құйыла берген мол әсер адамды тез шаршатып жібереді. Сондықтан асықпадым, өзімше әрбір картинаны мұқият қабылдап, бойыма сіңіруге тырыстым. Картиналардың кейбіреуі маған бұрыннан таныс болып шықты. “Огонектен” ба, әлде басқа да кітап-журналдан көрген сияқтымын.
Телжановтың “Атамекенінің” алдында өзімше алуан ой түйіп, қызықтап тұр едім, желке тұсымнан біреу:
– Мына ақсақал біздің ауылдың шалдарына ұқсайды, – деді.
Бұрылып қарасам – артымда бұйра шашты, қараторы жап-жас бір жігіт тұр. Мұрты тебіндеп өсіп қалғанымен, бәрібір менен кемінде төрт-бес жас кішілігі байқалады.
– Мұндай шал біздің ауылда да бар! – дедім мен.
– Типтік бейне ғой... Суретші ескі мен жаңаның тоғысын, қазақ даласына келген жаңалық лепті бейнелеген, – деп бұйрабас картинадағы көтерілген тың мен көкжиекте түтіні будақтап кетіп бара жатқан пойызды алақанымен нұсқап өтті.
Жас жігіттің сөз саптасы маған ұнап қалды. Құдай біледі, осының көкірегі ояу, жүрегінде бір ұшқын бар бала деп түйдім.
Ауылда жүргенде “Огонектен” жинаған әлгі “коллекциямды” көрсетіп, көңіл жазатын адам таппай қиналатынмын. Картиналардың ішкі мазмұнына үңіліп, біруақ біреулермен кеу-кеу сөз қозғап, ой бөліскім келетін. Суретшілердің жазу мәнері мен шеберліктерін талдап, ақыл-кеңес қосар адам іздейтінмін. Тыным таппай аласұрған көңіліме медет боларлық әлдебір биік әңгіме-сұхбатты аңсайтынмын. Өзіме жұмбақ көп жайттарға түсінік іздеп, жауап берер жанды көксейтінмін. Қаншалықты зарыға көксегеніммен біздің ауылдан ондай әңгімеге лайық жан табылмаған. “Е, мына суреттер ме... Қолдан салған дейсің бе? Қойшы, ей, мүмкін емес... Фотографиядан аумайды ғой? Айтары жоқ, мықты екен, мықты...”. “Оу, көке, мынау жалаңаш әйел ғой? Жалаңаш әйелді жорналға басқандары несі! Масқара-а!..” Көрсінші, қызықтап бірдеңені түсінсінші, түйсінсінші, көңіліне бір сәуле барсыншы деген жақын достарыңның өзі осындай жайдақ сөзден аспай қалысатын. Содан, сенің ұзақ жылдар бойы ақ тер-көк тер боп жинаған “қазынаңның” он шақты бетін немкетті көңілмен парақтайды да, былай қарай ысыра салысатын.
Ал мына бұйрабас болса картинаның мәні мен мазмұнын бір-ақ сөйлеммен ашып тастады.
Ал керек болса!
Екеуіміз сол арада қол беріп амандасып, ескі таныстардай шүйіркелесіп ала жөнелдік. Бұйрабастың есімі – Нұртай екен. Сөйтіп, галереяның қалған залдарын шер тарқатып, әңгімелесе жүріп екеуіміз бірге араладық.
– Мен қашқынмын! – деді Нұртай біз галереядан шыққан кезде.
“Қашқыны несі?” деп мен аңтарылып тұрып қалдым.
– Иә, қашқынмын... Милициядан қашып жүрген кісімін.
– Неге?
– “Негесі” бар ма. Қыз ұрлаймын деп істі болып қалдым емес пе!
Нұртай тас талауы сыртында, емен-жарқын дұрыс жігіт секілді. Аңырайып, аузын ашып тұрып қалған мені ежіктеп сұрата бермей, болған жайды өзі қысқаша баяндай жөнелді.
***
Жағдай былай болыпты.
Нұртай үйдегі бес ұл, екі қыздың үлкені екен. Әке-шешесі онжылдық мектепті бітірген бойда Нұртайға “үйлен де үйлен” деп қиғылық сала бастайды. Алғашында құлақ етін жеген бұл әңгімеге Нұртай әзіл-қалжыңмен жауап беріп, қашқақтап жүреді. Қанша қашқақтап сөзбұйдаға салғанмен, үйден мүлдем безіп кететін емес, әке-шешенің күнделікті ызыңы әбден мазасын алады. Ақыры айтқандарына көніп, үйленбек болып әке-шешеге сөз береді. Сөз бергенімен, даяр тұрған қызы жоқ, кімге үйленерін білмей басы қатады. Мектепті бітіргені кеше ғана. Өзінен кішілер әлі мектеп қабырғасындағы оқушылар. Кешегі күні бірге оқыған сыныптас қатарластарының көбісі маусымның соңында қала жаққа оқу іздеп кетіп қалысқан. Оқуға бармай ауылда қалған сыныптас үш қызға кезекпе-кезек сөз тартып көрсе, олар еріндерін шығарып мұны мазақ қылысады.
Өз ауылынан күдер үзген Нұртай енді көрші ауылдарды жағалай бастайды. Ретін тауып, Жәния деген бір қызбен танысады. Арада бір апта өтпей жатып Жәнияға түпкі ой-мақсатын жеткізеді. “Келесі сенбіде үйленейік, сен маған тұрмысқа шық” дейді. Бұл ұсынысқа Жәния сылқ-сылқ күледі де қояды. Жәнияның күлкісін келісім бердіге жорып, Нұртай сол бетте үй ішін аяғынан тік тұрғызып, той қамына дайындалады.
Межелі сенбіде Нұртай әкесінің “Москвичін” жарқыратып мініп, салып-ұрып Жәнияға келсе – қыз аң-таң. “Сен қалжыңдаған екен десем” дейді қашқақтап. “Үйбай-ау, қалжыңы несі?” деп Нұртай шыр-пыр болады. “Таныстығымызға бір-ақ апта, бұйдалы ботадай соңыңнан еріп кете бер дейсің бе? Олай болмайды. Оның үстіне мен сенен бір жас үлкен екенмін, бүйтіп асығыстық жасасақ, ертең екеуіміз де өкінетін боламыз” дейді қыз бет бақтырмай. “Жоқ, мен ғұмыры өкінбеймін” деп Нұртай жыларман болып ант-су ішеді. “Сен өкінбесең, мен өкінемін” деп қыз да табандап болмайды. Қалай жалынса да қыз илікпей, бұрылып алады да, үйіне қашып кетеді.
Жайратып мал сойылған, бұрқырап ет асылған, бауырсақ пісірілген, алыс-жақындағы ағайын-туыс шақырылған, ауыл тегіс құлақтанған. Енді не істеу керек?
Мынау адам естімеген масқара жағдай болады.
Енді бұл тығырықтан қалай құтылса екен?
Нұртай сең соққандай сенделіп кетеді. Тіпті жап-жазық күре жолда қол-аяғы дірілдеп, қабағы тартып, көзі бұлдырап мәшинесін аударып ала жаздайды.
Қалай болғанда да үйге жалғыз баруға болмасын сезеді. Өйткені әкейдің мінезі шатақ, ел мен жұрттың көз алдында қамшының астына алып, көкала қойдай етіп сабаудан да тайынбайтын кісі. Алай ойлап, былай ойлап, көлденең кездескен кез келген бір қызды алып қашудан басқа Нұртайда амал қалмайды.
Осы оймен Нұртай мәшинесінің басын көрші Тарғын дейтін ауылға қарай бұрады ғой.
Келсе, ауыл шетіндегі құдықтан тығыршықтай бір сары қыз мықшыңдап су алып жатыр екен. Нұртай мәшинесімен жылжып келіп, әлгі қыздың қасына тоқтай қалады.
– Қарындас, суыңнан берші, шөлдеп барам!
Қыз күлімсіреп шелегін ұсынады.
Нұртай шөлдеп тұрмаса да, шелекті басына көтеріп, суық суды қылқылдата сіміреді. Сосын “осы қыз мектеп жасындағы көтерем болып жүрмесін” деген күдікпен:
– Нешенші сыныпта оқисың? – деп барлай сұрақ қояды.
– Мектеп деген түрмеден аман-есен құтылғанбыз, – дейді қыз жайдары жымиып. – Оныншыны биыл бітірдік.
– Мен де биыл бітірдім! – дейді Нұртай да. – Онда екеуіміз құрдас екенбіз. Ендеше күйеуге шықпаймысың?
– Жақсы жігіт табылса неге шықпайын! – деп қыз да ойнақы мінез танытып, наздана түседі.
– Сол жақсы жігітіңіз мен болам...
– Болсаңыз – несі бар... шығамыз!
– Атың кім өзіңнің?
– Қарлығаш...
– Сен қарлығаш болсаң, мен қаршыға. Кел, мәшинеге отыр!
– Мәшинемен қыдырғанға қарсы емеспіз... Бірақ алдымен мына суымды үйге апарып салайын?
Қарлығаш шелегін көтеріп шеттегі үйге кіріп кетеді де, сәлден соң қайта шығып, лып етіп мәшинеге жайғасып отырып алады.
Қарлығаштың ауылдың кейбір қыздарынша өтірік қымсынбай, кісімен сөйлесе білетін ашық-жарқын мінезі Нұртайға бірден ұнап қалады. “Иә, тәңірім, жолым болғаны осы шығар” деп іштей марқайып, әзіл-қалжыңдары жарасып ағызып ауылға да жетіп келеді. Келген бойда өзін күтіп отырған көпшілік ортадан бір-ақ шығады ғой. Қыз сонда ғана Нұртайдың бағанадан бері айтып отырғаны әзіл еместігін түсініп, шошып кетеді. Мәшинеден шықпай, орындыққа жабысып сазарып отырып алады. Есік алдында қалың ел... басқа салар орамалдарын ыңғайлап, шашуларын даярлап, тағатсыздана күтіп тұр. Бірақ келін-шырақ қақпаның сыртына жете тоқтаған мәшинеден шығар емес... Нұртай болса басы салбырап қызға бір, жиналған жұртқа бір жаутаңдап қалған.
Мәселенің мәнісін аңғарған бірер жігіт білектерін сыбанып жіберіп, қасарысқан қызды шыңғыртып-шырылдатып машина ішінен жұлып алады. Алысып-жұлысып жүргенде қыздың балтыры жарақаттанып, көйлегі дар айырылады. Оған да қарамай, жігіттер қызды судан шыққан балықтай тулатып көтеріп бара жатқан жерде Нұртайдың әкесі арашаға түседі.
– Тоқтатыңдар мұндай бассыздықты! – деп ақырады әкей жігіттерге. – Сонан соң ұлына жақындап. – Сен не... бұл қызды еркінен тыс зорлап әкелгенсің бе?
Намыстан жарылып кетердей болып тұрған әкесіне Нұртай жауап бере алмай жер шұқылайды.
– Бұл жақта жоқ ырымды бастап... Маған зорлықпен келген келіннің керегі жоқ! – дейді де, әкесі ұлын желкеден бір нұқып, бұрылып кетіп қалады.
Нұртайдың шыбын жаны мұрнының ұшына келеді. Бас көтеруге шама жоқ, үнсіз барып қызды машинаға отырғызады да, келген ізімен кері қарай шаңдата жөнеледі.
Екеуі де сазарып жол бойы ләм-мим деп тіл қатыспайды. Мұндай жағдайға тап болған қыз мұңын шағып солқылдап жылауы тиіс еді. Мына қызда ондай қылық жоқ, ернін жымқырып, қабағын түйіп, тастай түнеріп алған. Тымпиған түріне қарап Нұртай, тегі, ішіне кек сақтап келе жатыр-ау, істі етіп көкемді көзіме көрсетіп жүрер ме екен деп қауіптенді. Тілге де тарта алмай, басу сөз де айта алмай амалы құрып, ауыл шетіндегі бағанағы құдықтың басына жете тоқтайды.
– Сотқа бересің бе? – дейді Нұртай ақыры күдігін жасыра алмай жасқаншақтап.
Мәшинеден түсіп жатқан қыз:
– Сіз мені ауыл үйдің өсегіне қалдырдыңыз! – дейді дауысы дірілдеп. – Сіз ойыннан от шығардыңыз!
– Мен ойнайын дегенім жоқ. Шыным сол... Сотқа бересің бе?
– Қош болыңыз!
Балтыры қанталап, қолы көгерген, көйлегі жыртылған Қарлығаш қыз мәшиненің есігін тарс жауып, жүгіре басып үйіне кетеді. Не істерін білмей дел-сал мәңгіріп Нұртай далада қала береді.
Үйге баруға бет жоқ, өзен жағасындағы тоғайды көлеңкелеп, Нұртай күні бойы көкке қарап жатып алады. Қорланады, еңсесі бордай езіледі, бүйтіп еркек боп туғанына намыстанады. Егер анау қайсар қыз сотқа жүгінер болса, түрмеге түсіп, жастық дәуренінің нейбетке күйетінін, сөйтіп бұдан былайғы өмірінің мүлдем басқа арнаға бұрыларын ойлап назаланады. Тұңғыш келіндерін күткен, немере сүюді арман еткен әке-шешесін аяйды. Ағасын үлгі етіп, бой түзеп келе жатқан іні-қарындастарының келешек тағдырына қамығады.
Қашанғы қамығып, қашанғы қинала берсін, ақыры «мен де бір шіріген жұмыртқа болдым-ау, ендеше тағдырыма бас иіп, көресіні көріп алайын» деген тәуекелмен түн ортасы ауа бойын жинайды.
***
Түнделетіп үйге келсе, әрине, үйдегі жағдай белгілі... Шымылдық жиналған, дастарқан жиылған, жұрт баяғыда тарап кеткен. Әкесі болса – ақпандағы бурадай ширығып, малдас құрып төр алдында түнеріп отыр. Шешесі болса – жарық жалғаннан түңіліп, теріс қарап, бүк түсіп төсекте жатыр.
“Дау-дамайдың аяғы басылғанша қалаға барып жасырына тұр. Мәселе насырға шауып бара жатса – өзім шақыртамын”, – дейді әкесі. Сөйтеді де, Алматыда тұратын өзінің ескі бір танысының тұрағын беріп, Нұртайды сол түні “Москвичімен” жақын арадағы стансаға жеткізіп салады. Содан Нұртай ағылып жатқан пойыздардың біріне ілесіп, әсем Алматыдан бір-ақ шығады. Ешкімге көрінбей осылайша елден қашып жүргеніне де, мінеки, он шақты күн болып қалыпты.
Менің жаңа танысымның жағдайы осындай екен.
Уақыт көп, амандық болса ертең ауылға кетемін, сондықтан мен Нұртайдың әңгімесін бөлмей, ықыласпен аяғына дейін асықпай тыңдадым.
– Егер қыз сотқа берсе, ендігі олар мені іздеп жатқан да болар? – деді Нұртай алаңдап.
– Байқаймын, соншалықты бүлінген дәнеңе жоқ сияқты ғой... Көгерген қол жазылар, жыртылған көйлек жамалар. Сондықтан сен ауылға телефон шалып, бір хабарын біліп қойсаңшы! – дедім мен.
– Іздеп жүргендей болса, ұсталып қаламын ғой?
– Сонда сен қалай... өмір бойы өстіп қашып жүрмексің бе? Бәрібір өз тағдырыңнан қашып құтыла алмайсың...
Нұртай ойланып қалды.
– Мен кешке “Алматы” ресторанына бармақшы едім. Ғұмыры ресторанға барып көрмеппін. Әншейін көңіл жазып бір сергімек ойдамын. Қалай қарайсың, өзіңді мейман ретінде шақырсам? – дедім мен Нұртайға.
– Қасыңызда достарыңыз бар шығар, ыңғайсыз болар! – деді Нұртай.
– Ешкім жоқ, жалғызбын.
– Ресторанға адам жалғыз бара ма екен?
– Мынау миллион тұрғыны бар қалада бір танысың болмаса сен де сөйтесің.
– Онда көрерміз! – деп, Нұртай қош айтысты да, менің ақылыммен қалааралық байланыс торабын іздеп кетті.
Мен тағы да сопиып көшеде жалғыз қалдым.
Елпілдеген елгезек Нұртайды ойлап келемін... Ауылмен телефон шалып хабарласа алар ма екен? Әлгі айтқан оқиғаның ақыры немен тынуы мүмкін? Шынымен қайран жігітті аяқ-қолын кісендеп түрмеге салып тастаса не болғаны?
Аузын ашса, жүрегі көрінген ақкөңіл Нұртайды кереметтей аяп кеттім.
***
Тұйықтау бір көшенің бұрышын айнала бергенде, қырғын кезектің үстінен түстім. Арақ-шарап сататын дүкеннің алды екен, қараң-құраң кілең еркек, құмырсқаның ұясындай қыж-қыж қайнайды.
Кезекте тұрғандардың кейбірінің сықпыттарынан адам тіксінгендей: беттері домбыққан, көздері күлтілдеп іскен, иектері көгеріп түктеніп кеткен. Құдды бір апталап ұйқы көрмей азапты жұмыста жүрген жандар сияқты. Ауыздары жаялықтай жайылып, екі сөзінің бірін боқтықтан бастайды. Қастарында аз-кем амалсыз тұрып қалып едім, шіркіндердің гөй-гөйінен құлағым сасып кеткендей болды.
Үстіне ақ жолақ олимпийка киген ақшыл өңді бір жігіт ағасы екі-үш иіліп кешірім сұрап, есікке жақындап барды да:
– Үйге алыстан бір сыйлы қонақ келіп қалып еді. Мені кезексіз босатып жіберіңіздерші! – деп көпшілікке өтініш жасады.
Кезектегілер ол кісінің сөзіне міз баққан жоқ, біреулер есінеп көкке қарап, біреулер жөтеліп теріс айналып, түк естімеген болысты.
– Ағайындар, бауыздау құдам келіп еді, – деді олимпийкалы кісі кезектегілерге жалынғандай болып. Жұрт сазарып үндемеген соң, жақын тұрған бір жігіттің жеңінен тартқылады:
– Қарағым, сен рұқсат етші!
Осы арада кейінірек тұрған бұжыр бет, алпамсадай еркек:
– Әй, көке, сіздің құдаңыз түгілі бас жазуға жете алмай қор болып тұрмыз. Анау дүкенші қызға ілінгенше үзіліп кетсек қайтесіз? Онда сіз жауап бересіз бе? – деп аузынан ақ көбігін шашыратып барқ ете түсті.
Олимпийкалы кісі ыңғайсызданғанын сездіріп, бірдеңе деп мұрын астынан міңгірлеген болды.
– Так что, көкесі, қайқайыңыз! – деді бұжыр бет қолымен көше жақты сілтеп.
– Мына кісіні көзіме күйік қылмай итеріп жіберіңдерші! – деп оның артындағы дәуіт бас тағы біреу шәу ете қалды.
Сол-ақ екен, қотандарына оқыста ит-құс түсіп кеткендей, кезектегілер бірінен соң бірі ырғайттап қолдарын сермеп, шулап ала жөнелісті.
– Өзеуретпей өзін қуып шығыңдаршы!
– Өзі арақ жоқта қонақ шақырған не теңі екен мынаның?
– Паршивый интеллигентчиктер ғой... олар ылғи да сөйтеді.
– Осындай типтерді суқаным сүймейді.
– Сөйтіп жүріп кезексіз кимелеуін қарашы!
– Бұлардың бәрі өстіп кезексіз алып үйренгендер ғой.
– Сволочи!
– Ағай, жағаңыз аман, жағыңыз бүтінде бұл арадан тайып тұрғаныңыз жөн шығар!
– Әйтпесе... – Бұжыр бет білегін түрініп, басын шайқады.
Олимпийка киген кісі маңайына жалтақтай қарап, шегіншектеп сыртқа қарай сытыла берді. Сосын жасқана бұрылып кезектің соңына көз жіберді. Кезектің соңы жыланша ирелеңдеп көшенің арғы бетіне шығып кетіпті. Араның ұясы секілді гуілдескен қалың еркек, әр тұстан шаң-шұң айқай, боқтасқан дауыстар шықты. Жүрегі шайлығып қалды ма, әлде кезекке тұрғанымен дүкеннің алдына бүгін жетпесін ұқты ма, мойны салбырап үйіне қайтып кетті.
Осы көріністің бәрін сырттай қызықтап, аңырайып қалған мені біреу ақырын ғана қарымнан ұстаған. Қарасам, кеудесі орден мен медальға толы шоқша сақал бір шал екен. Түр-сықпыты қораштау көрінгенімен қадірлі қария, соғыс ардагері. Соғыс қана емес, еңбектің де ардагері екен. Кеудесінде жалтылдаған наградаларынан танып тұрмын.
– Әй, балам, сен қасымда тұрып, маған бір шөлмек алып беруге көмектесші? – деді қария жәутеңдеп.
– Атай, кезекте тұрсыз ғой, өзіңіз-ақ ала бермейсіз бе?
– Бұл жерде жан басына бір шөлмектен артық бермейді, қалқам. Көмегің керек болып тұр.
Қарияның үлкен басымен бүйтіп кәукелектегені менің намысыма тигендей болды:
– Атай, өзіңіз ардагер екенсіз, сақалыңызға шіркеу келтіретін осындай кезекті қайтесіз? Үйге барып немерелеріңізді ойнатып жатпайсыз ба? – дедім даусыма барынша салмақ беріп.
– Немерелерді ойнатып-ақ жатырмын ғой... – деді қария. – Немеремнің біреуі биыл мектепке барушы еді, сол қуанышты бірер ағайын мен көрші-қолаңға өзімше атап берейін деген ниет қой баяғы... Үйге дастарқан жайған соң шөлмексіз болушы ма еді бұл күнде. Қолұшын беретін бала мен келін жұмыста, ертемен кетіп, түннің бір уағында сүйретіліп шаршап жетеді. Кемпір болса көксау, жүргенінен жатқаны көп. Сөйтіп үйдің бәкүн-шүкін біраз шаруасында жалғыз қалдым. Ал жалғыз кісіге мыналар жалғыз-ақ шөлмек береді. Есептеп қарасам, маған екеу керек екен.
Мен енді қарияға бүйрегім бұрып, не істесем екен деп ойланып тұрғанда:
– Немерелерім екі күн бойы сүтсіз қалды, – деді қария мұңайып.
– Е, неге өйтіп жүрсіз?
– Сүт сататын дүңгіршек таңғы сағат жетіден ашады дегенге кеше жетіде желпілдеп жетіп барсам – қырғын шірет. Әкелген сүті бес қана піләк екен. Әр кісіге үш литрден таратқанның өзінде кезектегілердің жарымы сүтсіз қалды.
– Тегі, қалада сүт мәселесі қиын екен ғой?
– Сиырдың бәрі қысыр қалғандай-ақ биылғы жыл сүт құрып кетті ғой бар жерде... Бізді қойшы, құдай басқа салған соң қара шайға да үйренеді екенсің. Мына құртақандай немерелерім жанымды шығарып барады.
– Қиын болған екен! – дедім мен.
– Өз балаларыма бұлай жүгірмеуші едім, немерелердің жөні бөлек болады екен ғой, түге. Солар үшін жүгірем деп діңкелеп қалдым.
Қария тұрған тұстан дүкеннің есігіне дейінгі аралықты шолып едім, құрғыры, әжептәуір жер екен. Тасбақадай жылжып анау есікке мен жеткенше қай заман? Оның үстіне алдыңғы жақтан да жаға жыртысқан айқай, әкіреңдеген боқтық сөздер естіліп жатты.
– Бір сағаттың ар жақ, бер жағында жетіп қаламыз, балам! – деді қария менің не ойлап тұрғанымды сезіп.
“Бір сағат” дейді, ертең ауылға қайтқалы отырған адам үшін бұл дегенің қиын болар. Жалғыз шөлмек шишаға бола алтын уақытымды жоғалтпай, қаланы аралағаным жөн шығар. Енді қайтып бұл Алматыға келем бе, келмеймін бе – ол жағы да бір Аллаға аян.
– Атай, кешіріңіз, бір сағат тұра алмаспын, асығыс едім...
– Мейлің, жаным, өзің білерсің! – деп қария оған да оп-оңай көне салды.
Дүкеннің алдынан қашқандай боп кеттім.
Бұндай қалың еркектің әулекі кезегін бұрын кім көріпті... Бірдеңесі жұғып қалардай шашымды қайта-қайта сипалап, шып-шып терлеген маңдайымды орамалмен сүрткілей беремін. Бірдеңесі жұғып қалғаны рас та еді: кер азу көпшіліктің бірер боқтық сөзі құлағымда ызыңдап тұрып қалыпты.
***
Арада біршама уақыт өткізіп, үлкен бір паркке келіп кірдім.
Мұнда да қаймалысқан көп халық. Біреулер жол жиегіндегі көгал мен алаңқайларға дастарқандарын жайып жіберіп, бала-шағасымен тамақ қамына кіріскен. Енді біреулер жамбастап кітапқа шұқшиса, қалғып-мүлгіп көк шөпте домалап жатқандар да бар. Су шашқан хауыздардың маңайы, жаздық кафелердің іші-сырты шулаған бала-шаға.
Парктің орта тұсында айдынды көл бар екен. Біреулер сол көлдің бетінде тербетіліп қайық теуіп жүр. Қыз-жігіттің сыңғырлаған күлкісі шығады. Радио “Дос-Мұқасан” ансамблінің сазды бір әуенін құйқылжыта төгіп тұр. Мен бұл паркті шырамытқандай болдым. Иә, дәл өзі... Осы парк жайында тамылжыта жазылған әңгімелерді, түрлі түсті суреттерді талай көргенмін. Тіпті ақындардың өлеңдерін де оқыдым-ау деймін. Расында да көз сүйсінгендей әдемі жер екен. Табиғат пен мынау дем алып сейіл құрып жүрген жұртшылықтың арасында бір жақсы үйлесім сезілгендей. Қыдырыстаған көпшілік бірін-бірі баяғыдан білетіндер сияқты, ежелден таныс жандар сияқты. Бөтені мен ғана... Осы ортаға кіріге алмай адасып қалған жалғыз қара мен секілдімін.
“Көл бетінде тербетілген әнеу көп қайықтың бірінде Қанағат та жүр ме екен... әсем даусымен сызылтып ән шырқап?”
Парктің ішінде мен де серуен құрып, ары-бері қыдырып біршама уақыт жүрдім.
Содан қайтып келе жатып, парктен шыға берістегі қалтарыс тұстағы сыраханаға тап болдым.
Күн ыстық, тілім аузыма сыймай қаталап келе жатыр едім, қуанып кеттім. Сөйтсем, құрғыры, мұнда да қырғын кезек екен. Соған қарағанда бұл қалада кезексіз бірдеңе алу мүмкін емес пе деп қалдым. Бұл жерде де бағанағыдай қара-құрым қаптаған еркек. Қарасы да, аласы да, жуаны мен жіңішкесі де, үлкені мен кішісі де сабылысып осында тоғысқандай. Қаба сақал кезбелер, көздері іріңдеген “бичтер”, қоңқақ мұрын кавказдықтар толып жүр. Ішінара галстук тағып, костюм киген зиялы ағайын да қылаң беріп қалады...
Әрине, сыра дегенің қалада да, далада да қасқалдақтың қанындай қат сусын. Ол жағын мен де жақсы білем. Сыраханада танысың болса – оның өзі бір бақыт, сен онда зор абырой иесісің десетін. Сосын бұл Алматының сыра сатушыларының бәрі армян ағайын деп еститінмін. Олар жүрген жерде қазақ пен орысқа орын жоқ екен. Сол сөздің растығына менің қазір де көзім жетіп тұр... Мұрыны қоңқайып, мөмөзігі иегіне түскен бұйра сақал бір семіз армян көпіршітіп сыра құйып жатыр. Темекісін бұрқыратып, көпшілікке шекесінен қарайды. Өзі мәйкішең, быршып терлеп кеткен. Төсі де, білегі де жүн-жүн. Бір қабат жүнін қырқып, “заготконторға” өткізіп жіберсе де болғандай екен. Қоңқақ мұрын, қою мұрттылардың бір қарасы гуілдесіп бардың ішінде отыр. Өзге жұрт оларға қызыға да, қызғана да қарайтын тәрізді. Қолыңнан келсе қонышыңнан бас дегеннің мысалы осы шығар!
Мен де кезектің соңын ала тұра қалдым.
Байқаймын, кезектегілердің бәрінің қолында бір-бір ыдыс. Біреуінде күрішке, біреуінде банкі, енді біреулер қылша мойнынан қылғындырып графин ұстап алыпты.
– Жігітім, кезекке тұрмас бұрын ішер ыдысыңды ыңғайламадың ба? – деп қасымнан өтіп бара жатқан біреу маған ақыл қосты.
– Оны қайдан алушы еді?
– Ізде... Іштен ізде, сырттан ізде!
Солай деген соң мен араның ұясындай дуылдаған қалың еркектің ішін аралап кете бардым. Алдымен сырахананың ішін түгендеп шықтым. Үстел шетінде тұрған әлдебір бос ыдысқа қол соза берсем болды, біреудің жүндес қолы тартып ала қояды. Немесе сенің білегіңнен шап беріп:
– Кешіріңіз, шырақ, бұл менің ыдысым! – деп гүж ете қалады.
Іштен түк таппаған соң шолулап, шықарға шықтым.
Цемент қоршауды жағалай жайғасқан қарақұрым халық. Жемтікке қонған көп қарға секілді, әрбір тұста шоқ-шоқ топтасып кеңес құрған. Енді біреулер әлдебір домалақ тастарды орындық етіп, дөңгелене отыра қалысыпты. Сөйлеген сөздері естілмесе де, қарқылдап күлген кезде дауыстары құлағыңды жарып жіберердей. Сірә, түрлі-түсті суретімен анекдот соғып жатқан сыңайлары бар. Былайғы көгал үстінде, ағаш-ағаштың саясында жамбастаған тағы біршама жұрт. Құдасының төрінде жатқандай көк шөпте қарындарын сипап, алшыдан түсіп демалып жатқандары да жетеді. Бәрінің алдарында көбігі бұрқыраған тобылғы торы сыра. Бірер жерден шөлмектің де сыңғыры естіліп қалады. Байқаймын, бұл маңайда да бос ыдыс көрінбейді, бәрінің де иесі бар сияқты. Ыдыстары босай бере барға қарай жүгіріседі. Содан ұққаным – сыраны қайталағанда кезексіз құйып береді екен.
– Әй, жігіт, ыдыс керек пе? – деп біреу мені иығымнан қақты.
– Иә, керек! – деп қуана жалт қарадым.
Әлдебір сасық дем мүңк ете түсті. Шегіншектеп кеттім. Бет-аузын тат басып тотыққан, сақал-мұрты көптен ұстара көрмеген, шашы жабағы болып ұйысқан кетік тіс біреу. Көптен жуылмаған күс-күс қолымен маған өмірі су көрмегендей қара қожалақ бір банкіні ұсынып тұр.
– Бір сом! – дейді ақсия жымиып.
Кіртиген жыртық көзі күлім қағады. Бірақ сол жыртық көзден де бір мейірім ұшқындап тұр.
– Не дейсіз? – дедім мен ұқпай.
– Бір сом деймін. – Кетік тіс кетігін тағы да ақситып көрсетті.
– Мына банкі бір сом ба?
– Иә, осы банкі бір сом.
– Неге?
– Солай... Сіз, тегі, бұл жердің заң-зәкүнін білмейді екенсіз ғой. Мынаны менен бір сомға сатып аласыз. Сосын асықпай сыраңызды ішіп біткен соң, сіз тура осы банкіні келесі біреуге сол сомаға өткізіп кетесіз.
– Хм-м... Қызық екен...
– Несі қызық... Бәрі сөйтеді.
Бәрі сөйтер болса мен несіне тәжікелесіп тұрайын. Кетік тіске бір сомын ұстаттым да, банкіні қолыма алып, енді оны жуатын жер іздей бастадым. Сырахананың төңірегінде банкі жуатындай жағдайды тіпті көре алмадым.
– Бар да, анау арыққа шайып ал! – деді менің абдырап тұрғанымды көрген біреу.
Арығы да жетісіп тұрғаны шамалы екен: әр жерде төгілген кір-қоқыс, қауын мен қарбыздың қобырсыған қабығы. Суы да сап-сары, лай. Шамам келгенше банкінің іші-сыртын құммен ысқылап, тазалап жуған болдым.
Жүгіріп кезегіме жетсем – кезегім біраз жерге жылжып, менен кейін де бірқауым ел жиналып қалыпты.
– Ағай, мен мына жерде тұрған едім? – деп кезекке киліге кеттім. Ағайым кеуделеп жібермеді, сосын оқты көзімен оқшырая қарады да:
– Әй, жігітім, мен сізді бұл жерден көрген жоқпын! – деп барқ ете түсті.
– Мен ыдыс іздеп... біраз уақыт айналып қалып едім.
– Шырағым, кезекке ыдысты тапқан соң тұрады. Ыдыссыз кезек алғаның есеп емес!
Мен де қарсыласып, өзімше уәж айтпақ болып оқталғанша болмады, соңғы жақтағылар қозғалақтасып шуласып қоя берді.
– Өңмеңдеп мына жігіт қайтеді, ей?
– Вот наха-ал-л!
– Абитуриент болар?
– Жоға... Тіс қаққан ересек пәленің өзі.
– Сол айтқан тісін қағып жіберсек қайтеді?
Мен дәл осы сөзді айтқан ботқа бет, май мұрын мәйкішең еркекке шытынай қарадым.
– Несіне бұл кісіге ежірейесің, біздің бәрімізбен төбелескің келіп тұр ма? – деді май мұрынның қасында тұрған сексеуілдей секиген келесі бір еркек. – Дәл осы арада қырқ етіп өліп кетсең де, сені кезексіз кіргізбейміз!
– Кәнешнә, кіргізбейміз!
– Қуып жіберіңдер!
– Жолатпаңдар!
– Көзіме күйік қылмай андағы жерден итеріп жіберіңдерші өзін!
– Жігітім, аман-есеніңде табаныңды жалтыратқаның жөн!
“Шіркін-ай, анау май мұрынды иектің астын ала тарс еткізсе, мына қалың еркек маған құмырсқаша қаптап кетеді-ау, әйтпесе...”
Бурыл мұртты, үлкен бір кісі шулаған жұртқа қолын көтеріп, зор даусымен гүж ете түсті:
– Ай, жігіттер, қойсаңдаршы енді, сендерге осыншалық не жетті... бөрінің артындай шулап! – деп кезекте тұрғандарды сабырға шақырғандай болды. – Елден келген бұл жігітке бүйтіп шүйліккендерің не? Алдымен адам сөзін айтып өзіне түсіндірейік те!
– Қабеке, адам сөзіне жеткізбей, өзі ғой кимелей жөнелген!
– Ауылдан келсе де өзі нахал екен...
– Болды, болды! – деп бурыл мұртты ағай көпшілікке тағы да қолын көтерді. Сосын маған бұрылды:
– Шырағым, бұдан былай алдымен ыдысыңды ыңғайлап ал, содан соң ғана кезекке тұр. Ұқтың ба?
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
Бірақ сол үшін мына көпшіліктің ала тайдай бүлінгеніне қайран болып шегіне бердім. Көздеріне күйік болатындай дәл осы арада мен бұларға не істеп қойдым? Маған мұншалық өршеленгендері несі? Құдды бір қабаған иттер сияқты ғой... Қарғыбауларын шешіп жіберсе, атылып келіп бәрі мені жүндей түтуге бар. Жалғыз саптаяқ сыраға бола өстіп айғай көтеріп, адамды нақақ жәбірлеуге бола ма екен! Мен момын шығармын, тіпті көнбіс көк есек шығармын, бірақ бүйтіп намысыма қамшы баса берсе, мынау тер сасыған қалың нөпірді қанға бояп барып, қолдарында өлуге әзірмін!
Қолымдағы шыныны былайғы бір үстелдің шетіне тарс еткізіп қойдым да, жылдам басып сырахана ішінен шығып жөнелдім.
Бұрылып қарамасам да, естіп бара жатырмын: еркектер шу-шу етіп менің банкіме қырылып таласып жатты.
***
Көңілім астан-кестең. Бұл сырахана дегенің құдай атқан жер екен ғой! Өңкей бір күпиген кеппе кеуделер. Сойдауыттай, соқталдай азаматтар. Қара күштерін қайда жұмсарын білмей жүрген жітікке саяқтар. Оңбағандардың бәрін бір шыбықпен айдап ауылға апарса, сосын мұрындарынан сорасын ағызып қара жұмысқа салса, шіркін! Шілденің шіліңгірінде қолмен шөп шаптырып, айырмен шөмеле үйгізсе. Қаңтардың қақаған аязында тау басынан қарағай тартқызып, күрекпен сүрлемнің қатқан тоңын аршытса. Сонда бір көрсем, шіркін, бұлардың әуселесін.
Әр тұста топтасып әңгіме соғып, сыра ішкен мынау қалың жәдігөй маған адам кейпіндегі қорқаулар сияқты елестеп өтті. Қазір барып, біреуінің бүйірінен түртіп қалшы – адамдық тұрпатын сәтте жоғалтып, ілездің арасында хайуанға айналып салатындай. Бет-ауыздары бырыстана жүнденіп, арс етіп қауып алатындай.
Қараң қалғырлардың бәріне жирене қарап безіп барамын. Көрмегенім ендігәрі сырахана болсын! Түтін сасыған мына қапырық қаласы да маған көк тиынға керегі жоқ... Осы қаңғырғаным да жетеді! Кеттім ауылға!
Жыртқыш аңдары босап кеткен зоопаркке оқыста тап болып, қателігімді кеш түсінгендей алды-артыма қарамай қашып барамын.
* * *
Біраз көшені айналып адасып жүріп, ақыры ағашы қалың бір сквер-баудың ішіне келіп кірдім. Саядағы ұзын ағаш орындыққа барып жайғастым.
Бір жағымда кафе, маңдайында “Театральная” деген айбақ-сайбақ жазуы бар. Бір жағымда әлдебір театрдың әсем ғимараты, қалың ағаш арасынан күлгін сары түсті нәзік келбеті нобай береді. Сірә, опера театры дегені сол болар.
Мейрамхананың ашылуына әлі бірер сағат уақыт бар. Зерігейін дедім. Көше-көшені мақсатсыз тентірей беру де адамды жалықтырады екен. Бүгінгі менің жүрісім әншейін бос сандалыс, текке уақыт өлтіру болды. Оның үстіне анау сыраханадағы кикілжің жүйкемді жұқартып, шаршатып жібергенін сездім.
– Көкесі, арырақ жылжып отырыңызшы!
Қолында жыртық сеткесі бар, сеткесінде үш-төрт бос бөтелкесі бар имиген бір шал құнжыңдап келіп мен отырған орындықтың астын түрткілеп жатты. Мен орнымнан тұрып кеттім.
– Отыра берсеңіз етті? Мынау біреуісі тура сіздің аяғыңыздың астында жатқан соң...
Шал орындық астындағы шөп арасынан лимонадтың бір бос бөтелкесін суырып алды. Тапқан олжасын асқан ептілікпен сыңғырлатпай сеткесіне салды да:
– Мазалағаныма кешіріңіз! – деп тағзым жасап басын иді. Түр-сипатын енді көрдім, қаны қашып, бет-жүзі қара пышақтай суалып кеткен қария екен. Көзіне қамшы тиген жабыдай жасқаншақ. Жетім қалған зейнеткерге ұқсайды. Шал маған тағы бір тағзым жасады да, құнжың қағып өз жөніне кетті. Аяғын теңселе басқан сайын басы қалт-құлт етіп барады. Қылдырықтай жіңішке мойны әнтек үзіліп кетердей.
Мен отырған жылы орныма қайыра жайғастым.
Қайдағы бір мазасыз ойлар миымды шымшылайды, көңіл-күй астан-кестең.
– Әй, інім, ұнжырғаң түсіп, неғып жалғыз отырсың?
Қаңғалақтап қасымнан өтіп бара жатқан тағы біреуісі тоқтай қалып, маған бұрылды. Жұпыны киінген, сұрақ белгісіне ұқсаған күрең кісі екен. Шашы жалбырап желкесін жауып кетіпті, сонысы өзіне әйбат жарасып тұр.
– Әншейін, жай... – деп иығымды қиқаң еткіздім.
– Жоқ, сен көңілінде бір алаңы бар баласың!
“Менің көңілімде не шаруасы бар екен, алаң бар ма, басқа бар ма, шатағы қанша бұлардың!”
– Демалып отырмын!
– Абитуриент пе десем, одан гөрі ересектеу көрінесің. Әйтеуір кім болсаң да, бауырым, өн бойыңнан ауылдың иісі аңқып тұр. Аңқып емес-ау, мүңкіп тұр.
– Ауылдан емес, мен армиядан келе жатқан кісімін!
– Екі аяғың салбырап көктен түссең де мейлі, бәрібір сенің бойыңнан ауылдың иісі аңқиды.
Мен жалбыр шашқа мойнымды қисайтып, біртүрлі жатырқай қарадым.
Егер де мен адам тани білсем, құдай біледі, бұл кісі де мен секілді жадап жүрген жанның бірі. Өйткені бетінде қан-сөл жоқ, қатқан қайыстай арық екен, концлагерьден шыққан ба деп қалғандайсың.
– Біз ауылдан адасып қалған қазақтың біріміз. Сосын да шабытымыз шабысты емес. Оқтын-оқтын шабысымыздан жаңылып қаламыз, сүріншекпіз! – деп сампылдап келіп, жалбыр шаш менің қасыма қонжия кетті.
– Тынышбай!
Мен жалбыр шаштың ұсынған қолын алып, атымды айттым:
– Базарқан!
Тынышбай ұзын шашын артқа қарай бір серпіп, саусағымен салалап тараған болды.
– Мен сенің атыңнан “қан” жұрнағын алып тастаймын да, оның орнына “жан” қоссам қалай қарайсың?
– “Жан” дейсіз бе? – мен Тынышбайдың мінезін қызықтап күліп жібердім. – Мейліңіз, өзіңіз білерсіз!
– Олай болса сен бұдан былай мен үшін Базаржан боласың. Келістік пе?
– Келістік...
– Келіссек солай, бұдан былай екеуіміз мықты дос болайық, Базаржан!
– Болсақ болайық... Өзіңіз қайда қызмет жасайсыз?
– Біз ешбір қызметте жоқ бос адамбыз. Даланың тағысындай еркін жанбыз! – деді Тынышбай мақтанғандай болып.
Сосын:
– Тәп-тәуір қызметте жүр едім, еңіретіп айып тағып, мөңіретіп шығарып жіберді! – деп қосып қойды.
– Неге өйтіп жүр?
– Негесі бар ма... Сағадат Нұрмағанбетов деген қазақтың генералын естіп пе едің?
– Иә, естігенмін.
– Естісең сол, бір мақаламда сол кісіні “генерал-полковник” деп жазып жіберіппін.
– Иә, онда тұрған не бар екен?
– Сөйтсем ол кісі әлі генерал-лейтенант екен ғой... Венгриядағы совет әскерлері қолбасшысының орынбасары... Біреулер “ол кісі баяғыдан генерал-полковник” деп өзеуреп қоймаған соң, сеніп қалып едім. Сөйтсем, өтірік болып шықты.
– Сол үшін жұмыстан шығарып жіберді ме?
– Цензура жібермей қойды. Қазақтан ондай генерал шықты деген – саяси қателік деп тұжырым жасасты. Басылып дайын тұрған жорналдың бар тиражын пышаққа туратып тастады. Қате жіберген мені жиналысқа салып, таяқтап жұмыстан қуып шықты.
Тынышбай бет орамалымен аузын іліп сүртті де, басын ұстап, қос шықшытын қысып-қысып қойды.
– Басыңыз ауырып тұр-ау, шамасы? – дедім мен әзілдеген болып.
– Дұрыс айтасың, інім, бұл ағаңның басын жаза алмай бас жазып жүргені рас.
Тынышбайдың әзілге әзілмен жауап бергені маған ұнап қалды.
– Қызық екен... Кімнің басын жаза алмай жүрсіз? –дедім жымиып.
– Кімнің емес, ненің деп сұра?
– Иә... ненің?
– Өлеңнің... Өлең кітабымның басын жаза алмай жүрмін.
– Е-е, ақын екенсіз ғой? – деп мен қозғалақтап қызыға түстім.
– Ақынбыз, інішек, ақын болғанда мықты ақынбыз. – деді Тынышбай.
– “Өлең кітабымның басын” дейсіз бе? Оны қалай түсінуге болады?
– Түсінбейтін несі бар! Мен поэзия кітабын дайындадым. Ендігісі сол кітабымның басын жаза алмай қиналып жүрмін. Мәселе осында!
– Қызық екен!
– Бұл бір мен ғана емес, біраз ақын-жазушылардың сырқаты. Мінеки, бір айдан асты менің де сандалып бос жүргеніме. Ақыры шыдамай ішіп кеттім. Оған кешірерсің, інішек!
– Оқасы жоқ.
– Өлең жинағымды баспаға тапсырып едім. Бас-аяғы тап-тұйнақтай, әп-әдемі дүние болды. Мақтанғаным емес, бәрі де жақсы өлеңдер. Тұнған лирика. Шынайы дүниелер еді. Енді сол жинақтың басына төрт-бес өлең қос деп редакторым қиғылық салып отыр... Ленин туралы, партия туралы өлеңдер қос дейді. Совет азаматтарының ерен еңбегін жырла, коммунистік қоғамның жарқын болашағын қос. Сонда ғана жинағыңыз толыққанды кітап болады. Сонда ғана сіздің шығармаларыңыз оқырманның рухын көтеріп, жастарды ерлік істерге бастайтын болады дейді. Әйтпесе қолжазбаңыз бұл күйінде кітап етіп шығаруға дайын емес дейді.
– Онда тұрған не бар? Жаз десе жаза салмайсыз ба?
– Ойбой, қалқам... соны жазу оңай болмай тұр ғой.
– Неге, ағай?
– Жүректен шықпаған соң, күшенгеннен тәуір өлең туа ма! Ондайдың бәрі жалған, фальш болады да шығады.
– Хм-м... Қызық екен!
– Жалпы мен тәп-тәуір лирик ақынмын ғой... Баспа бастықтары “өлеңдеріңде мұң басым, көп жылай бересіз” деп кінә тағады. “Сіз декадент сарынды ақынсыз, қазақ-совет қаламгері екеніңізді ұмытып кеткенсіз” деп сынайды.
– Дұрыс шығар, неге жылай бересіз?
– Мен ғұмыры көзіме жас алмаған жанмын. Мен емес, жүрегім жылайды.
– Қызық екен...
– Менің жасыма келгенде, бауырым, егер санаңда бір сәуле болса, сенің де жүрегің жылайтын болады. Ал көп сөйлеп басыңды ауыртпай мен кетейін.
– Сау болыңыз!
Мен қоштаспаққа қолымды ұсына беріп едім, Тынышбай иығыма қолын артып:
– Мәселе былай, Базаржан... Табылса, мына ағаңа бір “қызылдық” нәпақа бер! – деп үһілеп қасын көтерді. – Адамша басымды жазайын, сосын көзге күйік болмай аман-есенімде үйіме қайтайын.
– Кімнің көзіне күйік болғыңыз келмей алаңдап отырсыз? – дедім мен қалтамнан бір сомдықты қолына ұстатып жатып.
– Кімнің болушы еді... “Қызыл жағалыларды” айтам! – деп Тынышбай оң мен солын көз қиығымен бір шолып алды да, рақметін айтып маңғаздана орнынан тұрды. Сосын қораздай кекиіп жүріп кетті. Желкесін жапқан ұзын шашы желбіреп ыңылдап әндетіп бара жатты.
***
Мен де көше қыдырып, қала араласам ба деп бір оқталдым да, тартынып қалдым. Үп еткен желі жоқ мынадай ыстықта мақсатсыз, ойсыз көше тентіреудің өзі азап шығар. Жай отырғанның өзінде пысынап, қарадай шаршап отырмын. Өйткенше осы көлеңкеде, баудың ішінде аптаптың басылуын күте тұрған оңды болар. Басқадай алшымнан түсіп дем алатын менің төсегім де, қонақүйім де бүгін жоқ. Жатар орнымды таңертең есеп айырысып өткізіп тастағам. Ендігісі – кешке дейін бос сандалыс баяғы. Кешке мейрамханаға барып, айды аспанға шығарып бір сайрандаймын да, вокзалға барып қонамын. Ұйықтайтын жер табылмаса – орындықта отырып-ақ көз шырымын алып таң асырамын. Сөйтіп, амандық болса, ертеңгі күні шу қара құйрық деп ауыл жаққа заулаймын. Екі жыл мерзімді әскерімді өтеймін деп, соңынан прапорщик боламын деп жыл бойы шатасып жүргенде – ауылды көрмегелі үш жылдан асып кетіпті.
Менің бүгін-ертеңгі жоспарым осы ғана.
Әрине, үш жыл бойы қаңғырып жатта жүргенді оңай тағдыр дей алмаймын. Оның көп уақыт екенін әкем де емес, аға-інілерім де емес, тіпті өзім де емес, тек шешем ғана біледі. Шешемді аяймын. Сондықтан тым болмаса шешем үшін бүйтіп сандала бермей, тездетіп елге қайтқаным жөн.
Дәурен-ай десеңші, ауылға барып-қайтудың баяғыда бір рет жөні келіп-ақ қалып еді. Соны аяқ астынан өзім ғой быт-шыт бүлдіріп алған...
Ұмытпасам, бір жарым жылдай “служить” етіп қойған кезіміз. Былайша айтқанда, бұрынғыша құнжыңдамай, атақаздай қоқиып тік жүретін серілік шақ – “черпак” кезіміз. Маған рота командирі “жақсы қызметі үшін” деп саптың алдында алғыс жариялап, ел жаққа барып қайтуыма демалыс берді. Әншейінде демалыс алған солдат ертесінде-ақ казармадан үшті-күйлі жоғалушы еді. Маған келгенде “жолға келесі аптада шығарсың” деп бір аптаға тоқтатып қойған. Бұлай деп алдын ала емексіткенше, берер демалысын берер күні ғана жария еткені дұрыс еді. Өйткені менің содан кейінгі сағатым жылжымай, күндерім өтпей қинаған. Ауылға барам деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Арада үш-төрт күн өтпей жатып маған бұл уайым емес, дерт болып жабысты. Өзім Забайкальенің ит өлген түкпірінде жүрсем де, көңілім әлдеқашан ауылды аралап кеткен. Казармаға сыймай аласұрамын. Бірде “дертім” шыдас бермей асқынып кетті ме, сайтан түртіп көрші теміржол стансасына “самоволкаға” қашып кеттім. Өзге де “самовольщиктер” сияқты кешкі тексерістен соң, солдаттар ұйқыға бас қойған кезде, казармадан зым-зия жоғалғанмын. Рота бойынша өзіміздің кезекші сержантпен алдын ала келісіп қойғам. Әрине, ондайда жас сержанттар зәре-құттары қашып шыр-пыр болады, бірақ жасамыс солдаттарға бөгет жасай алмайды.
– Ради бога, ертеңгілік “подъемға” үлгеріп келем деп уәде берші! Әйтпесе мені де, өзіңді де құртасың, – деп зар еңіреді.
Ертеңгілік “подъем” деп зарлағаны – сағат таңғы алты.
Жас сержанттың обалына қалмайын деп мен алтыда емес, таңғы бесте, яғни тура бір сағат бұрын ротаға оралғанмын. Баспалап келсем – ротада қалғып-шұлғып есік көзінде тұрған дневальныйдан басқа тірі жан жоқ.
– Рота қайда? – деп дневальныйды бүйірінен түртіп оятып жібердім.
– Түнде “тревога” болып, жиналып бәрі кетіп қалды, – деді дневальный алақ-жұлақ етіп.
– Қайда кетіп қалды?
Жаңадан келген ынжық жас солдат менің бұл сұрағыма жарытымды жауап бере алмай, иығын қиқаңдата берді.
Осы кезде каптеркадан аптығып кезекші сержант жетті.
– Сен мені сатпа! – деді ол келген бетте мені қолтықтай жетелеп. – Бәрін өз мойныңа ал! Әйтпесе мен құрыдым!
– Саспа! – дедім мен. – Бәріне өзім жауап беремін. Бірақ сен турасын айтшы, ротаны қайда құртып жібердің?
Кезекші сержант қорыққан кезде мүлдем быдық болып кете ме, бірдеңені әзер түсіндірген болды.
– Дабыл дивизия штабынан түсіп, түнгі екіде қағылыпты. Сол дабыл бойынша айналасы екі сағаттың ішінде күллі дивизия әскери жаттығуға шұғыл аттанып кетіпті.
– Ау, сен не айтып тұрсың? Әскери жаттығудың болатынын құпия каналдар арқылы күні бұрын біліп отырушы едік қой. Бұларың не мазақ? Мұндайын білгенде мен де тырп етпей казармада жатпас па едім? – деп енді мен күңірендім.
– Рас айтасың, бәріміз қапы қалдық. Біздің батальонның офицерлері де дәнеңе білмепті.
– Сонда бұл қайдан шыққан бұйрық болды?
Жас сержант қимыжықтап, мырс етіп күліп жіберді.
– Неге жетісіп күліп тұрсың?
– Осы дабылға байланысты офицерлер қалжың шығарып та үлгеріпті. Айтайын ба?
– Айтшы, кәне!
– Дивизия командирі кемпірімен ұрсысып қалып, кемпірі оны үйінен түріп шығыпты. Далада дамбалшаң қалған ол дивизиясын аяқтан тік көтеріпті деседі.
– Дивизия командирі өзімен кетсін, мына мен енді не істемекпін? Ротаны қай жерден қуып жетем?
– Енді оларды таба алмайсың. Іздеп шықсаң, патрульге ұсталасың. Онда дезертир боп шығасың. Сондықтан күткен жөн. Басқадай сенде амал жоқ.
– Онсыз да дезертир болып тұрмын ғой!
Мен қиын жағдайға тап болғанымды білдім.
Қолдан келер қайран жоқ, сарғайып ротаны казармада күтіп жатуыма тура келді. Күткен ротам үш күннен соң ғана арып-шаршап, торғайдай тозып жетті-ау, әйтеуір. Келген бетте рота командирі дереу мені іздетіп, иықтағы погонды сыпырып, пилоткадағы жұлдызшаны жұлып, белдегі белбеуді шешкізіп гауптвахтаға апарып қаматып тастады.
– Демалысыңның қалған күндерін осы арада өткізерсің, соңынан трибуналға тартамыз! – десті.
Асты сыз, есіктен басқа тесігі жоқ тар қапаста екі көзім төрт болып, тағы үш күн саржамбас боп сарғайып жаттым.
Гауптвахтаға түскен солдатты түн ұйқысын төрт бөліп қуалап, рюкзак толы кірпішті арқалатып пәленше шақырым жүгіртіп, батпақта жер бауырлап еңбектетіп, темекінің тұқылын ай далаға апарып, кісі бойы көр қаздырып көмдіріп, әйтеуір ойларына келгенді істетіп ес-ақылдарын шығарушы еді. Сөйтіп бұл мекеме “гауптвахта” деген сөзді естіген кезде ойбай салып шыңғырып, түсінен шошып оянатындай етіп солдаттарды жақсылап “тәрбиелеп” жіберісетін. Ал маған үш күн бойы тірі пенде тиіскен жоқ, ешкімі шақырмады да. Өзімді жұрттан бөліп жеке-дара бір бөлмеге қамап тастағаны тағы бар. Уақтылы үш уақ тамағымды ішіп, тас төбеге шырт түкіріп қойып тақтай тапшанда қарнымды сипап жата бердім. Бұл тегін тыныштық емес екенін білдім. Өзім айрықша қылмыс иесі екенімді сездім. Арысы түрмеге жіберер, берісі штрафбатқа айдайтын шығар деп, лажысыз ақырын күттім.
***
Төртінші күні таңертең, әйтеуір, көптен күткен хабар да жеткен:
– Комбат шақыртып жатыр! – деді кезекші сержант.
Қатардағы жауынгерді батальон командирінің өзі шақыртса – жағдайдың жақсы болмағаны.
Алдымен каптеркаға барып, киімімді тазалап, погондарымды қайта тігіп, адам қалпына келгендей болдым. Соңынан кезекші сержант мені рота командиріне ертіп апарды. Рота командирі Бауэр деген капитан еді. Маған үнемі оң қабақ танытып жүретін иман жүзді неміс жігіті болатын.
Әскерде командир дегенің құдай емес, бірақ құдайдан былай да емес. Сыйламасаң – сыйлатады, білмесең – үйретеді, үйренгің келмесе – көкеңді танытып отырып мәжбүрлейді. Солай бола тұра, командир де ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, жауынгерлік дайындықтың озаты, қақ-соғы жоқ, берген тапсырманы тиянақты орындайтын солдаттарды ол да өзіне жақын тартып жүреді. Өзге жауынгерлерге үлгі етіп, бедел санайды. Әскердегі бір жарым жыл ішінде мен де ғұмыры ескерту алмаған, кезексіз нарядқа бармаған әлгіндей үлгілі солдаттың бірі едім.
Рота командирі мен кіріп келген кезде бет-аузы бырысқанша кейіп, қатты өкініш білдірді:
– Сен мені сазға отырғыздың! – деді қайта-қайта басын шайқап. – Мұндайды мен өзге солдаттан күтсем де, дәл сенен күткен жоқ едім! Масқара болдық!
– Кешіріңіз, жолдас капитан, енді бұдан былай қайталанбайтын болады!
– “Бұдан былай” дейсің бе? Бұдан былай сенің қай жерден шығатыныңды сен түгілі, командирің – мына мен де білмеймін!
– Кешіріңіз, жолдас капитан!
Капитан тағы күрсінді:
– Екеуімізді де комбат шақырып жатыр, тағдырыңды сол кісі шешетін болады, – деді қасаңдау үнмен.
Мен дедектеп капитанға еріп, сүмпиіп батальонның штабына бардым. Комбат – Громов деген қалың қабақ, бұқа мойын, күжірейген сұсты кісі-тін. Комбат келе жатыр дегенде солдаттарды қойып, офицерлердің өзі үй-үйді айнала қашатын. Мен пақыр ендігі жерде сол аяздай суық кісінің айғайы мен ұрысын естуге алдына бармақшымын. Бұдан асқан қиямет болар ма!
Амал қанша, арыстанның тырнағына түскен қояндай комбаттың есігін имене аттауыма тура келді.
Комбат зор денесімен үстеліне қонжиып, қағаз жазып отыр екен. Бөлмеге кірген бетте капитан біздің келгенімізді баян етті.
– Осы ма?
– Осы!
Капитан қолын артына ұстап, терезеге қарай өтіп кетті.
– Жақындаңыз! – деді комбат маған. Басын үстелден көтерген жоқ, жазып жатқан қағазын былай ысыра салды да, төмен шұқшиып ойға батып отырып қалды. Бірер минут үнсіздіктен соң:
– Солдат! – деп гүж ете түсті.
– Мен, жолдас подполковник! – деп мен де сарт етіп қалшия қалдым. Осыным артықтау болды-ау деймін, өйткені комбат “мынау қайтеді, ей” дегендей қабағын көтеріп, жақтырмай қарап өтті.
– Солдат! – деді тағы да. – Мен саған бір әңгіме айтайын... Осыдан төрт-бес жыл бұрын мен Прибалтикада қызмет жасадым. 1968 жыл болатын. Бізбен көрші әскери-десант полкі бар еді, соларды дабылмен бір-ақ түнде көтеріп алып кетті... Чехословакияда бүлік шығып, соны басуға десант түсірді. Бұл әншейінгі әскери-жаттығу ойыны емес, төтенше соғыс жағдайы болатын. Өйткені ол жерде атыс-шабыс болды, көп қан төгілді, көп солдат қаза тапты. Саған айтайын дегенім бұл емес... Саған айтайын дегенім – сол түні бір десантшы солдат сен құсап “самоволкаға” кетіп қалыпты. Таңертең казармаға келсе – рота да, полк те жоқ... Ал оның полкі бұл кезде Чехословакияда қиян-кескі соғысып жатқан болатын. Мінеки, уақыт төтенше соғыс жағдайы ретінде қаралып, әскери трибунал әлгі десантшы солдатты ату жазасына бұйырды.
Мен түсімнен шошып оянғандай селк етіп, қаздиып тұра қалдым.
– Ұқтың ба, солдат? – деді комбат.
– Дәл солай, ж-ж-жолд... поды-ы-полковник!
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
Комбат әдейі алыстан тартып отыр. Мұнысы “сен де сөйтіп атылуың мүмкін” дегені. Жағдайдың тым-тым қиындап бара жатқанын біліп тұрсам да, сол үшін атып жібермесін түйсігіммен сезгендеймін. Өзі айтқандай, "төтенше соғыс жағдайы" емес қой! Дегенмен, комбаттың сөзіне қарағанда, жүнін жұлған тауықтай етіп погон, белбеу, значоктарды сыпырып штрафбатқа айдайтыны анық болды.
– Ұқсаң – сол... – деді комбат орындығының арқалығына шалқайып. – Кейінгі өміріңе сабақ болсын бұл оқиға. Сені капитан Бауэр жанын салып қорғап отыр. “Бұған дейін ешбір ескертуі болмаған үлгілі солдат еді” деп шаң жуытпай, трибуналға бергізбеуді сұрап отыр. Сен үшін командирің сөз берді! Сондықтан бұдан былай командиріңді жерге қаратушы болма! Бара бер!
Мен жағдайдың дәл бұлайша шешілгеніне құлағым сенбей, әлі де ешнәрсеге түсіне алмай мелшиіп тұрып қалдым.
– Бара бер! – деді комбат тағы да.
– Құп болады!
Мен қолымды шекеме апардым да, сарт-сұрт шыр айналып кері бұрыла бергенде, тірсегім дірілдеп, буыным ұстамай қалды. Тәлтіректеп барып ұшып түстім. Комбат жуан даусымен күркірей күліп жіберді. Терезе жақта тұрған капитан Бауэр де кеңк-кеңк күліп жатыр. Мен одан сайын сасқалақтап, атып тұрып бөлмеден жүгіре шықтым.
Ауылға демалысқа барып қайтсам деген арман осылайша көзден бұлбұл ұшқан. Сотталмай, түрмеге түспей, штрафбатқа айдалмай аман қалғаныма шүкіршілік қылып, тәубе еткеннен басқа менде амал жоқ еді.
***
Скверде жападан-жалғыз қалған сияқтымын.
Жоқ, жалғыз емес екенмін.
Анадай жерде көгершіндерді қуалап бір бүлдіршін жүр ойнап. Ойнап жүрген баласын бағып бір жас келіншек отыр көлеңкелеп. Басқадай қалт еткен қимыл жоқ, баудың іші тым-тырыс. Алыс көше жақтан ары-бері ағылған машиналардың даусы да бұл жерге талып жетеді. Мынау ыстықтан қашып бәрі де үйді-үйлеріне бас сауғалап кеткен сияқты. Жоқ әлде пысынап-терлеп жұмыста отыр ма екен? Жалпы қаланың халқы жаз шықса болды, тарақан тәрізді жан-жаққа қашып кетеді деп еститінбіз. Санаторийлер мен курорттарға, Қырым мен Кавказға, тіпті болмаса мынау Алатаудың арғы астындағы Ыстықкөлге барып ала жаздай рақаттанып суға шомылып жатады десетін. Ал жазғы қаланың көшелерін, мынадай сквер-бауларын мен сияқты абитуриенттер, қыдырып келгендер, қаңғып жүргендер толтыратын сияқты.
– Күннің көзіне шықпа! – деп жас келіншек шыр ете қалды.
Бүлдіршін тыңдаған жоқ, көгершінді тыпың-тыпың қуалап, ортадағы дөңгелек алаңқайға шығып кетті.
Келіншек жүгіріп барып, баласын қайыра көлеңкеге қарай жетелеп алып келді.
– Күннің көзіне шықпа! – деді тағы.
– Күннің көзі деген не? – деп сұрады бүлдіршін.
– Күннің көзі деген – күннің көзі. Ол жерге барсаң, ыстық тиіп, басың ауырады.
– Неге басың ауырады?
– Менің емес, сенің басың ауырады.
– Неге менің басым ауырады?
– Өйткені күн ыстық.
– Неге күн ыстық?
Бүлдіршіннің сұрақтары езу тартқызды. Бала тілі бал деген... Баланың сұрағына ғұлама да жауап бере алмайды деседі ғой!
Қайдан екені белгісіз, сызылып құлағыма “Қорланның” қоңыр сазы келгендей болды.
Шалқайып көк зеңгір аспанға қарадым. Ағаштардың зәулім биігінен аспанның тоқымдай бөлігі алақаттанып көрініс береді. Таңертеңгі аспанды тұмшалаған қорғасындай қалың бұлттың ізі де қалмаған. Көптен бері жаңбыр жаумағандай аспан кереметтей тұнық.
Бұрынырақта бір рет ұшақпен ұшқаным есімде. Өмірімде ұшқаным сол ғана болатын. Содан кейін ондай жақсылықтың жөні бір келмеді ғой... пойызбен жүрдік, автобуспен сапарладық дегендей.
Ұшақпен ұшқан кезде ел-жұрт төменге қарап, жердегі өзен-көлдерді, тау мен тасты, будақ-будақ бұлттарды қызықтап жатты. Мен болсам дәл осылай көк зеңгір төбеге телмірумен болдым. Бізден ары бұлт жоқ, тұнжыраған қаракөк бірдеңе... Түрі мен түсі де, сұсы да өзіміз күнде көріп жүрген үйреншікті аспаннан мүлдем басқаша. Тұңғиық тылсым жатбауыр дүние, өлшемі мен тұрлауы жоқ бөтен ғалам. Былайша айтқанда, ашық космос. Апырмау, деп ойладым, сонда мынау тұңғиықтың түбі бар ма? Қай жерге барып тіреледі? Біздің ұғымда әр нәрсенің шегі бар, басы бар, соңы бар. Ал мына аспанның шегі қайда?
Біз ғой әлі күнге қол созым жердегі өзіміздің серігіміз Айды да адамша зерттей алмай жатырмыз. Одан соңғы Күн жүйесіне көңіліміз жеткенмен, көзіміз жетпей, көп жағдай жұмбақ қалуда. Өзіміздің туған галактикамыз жайында ойлауға өре жетер емес. Ал ғаламда қазірдің өзінде “Құс жолы” сияқты мыңдаған-миллиардтаған галактикалар ашылуда. Келешекте әлі қаншасы ашылары тағы белгісіз. Сонда деймін-ау, шетсіз-шексіз бұл әлем қайда кетіп барады? Мынау дүниенің тиянақ табар тұсы бар ма?
Шынымды айтсам, содан бері мені шексіздік сескендіретін болып алды, мәңгіліктің алдында қатты қорқатын болып жүрмін!
– Құрдас, сәлем!
Ала дорба көтерген бір жас жігіт жан-жағына алақтай қарап алды да, менің қасыма жалпия кетті.
– Құрдас, әңгіме бар!
Мен “әңгімең болса айта бер” дегендей бақшырайып бейтаныс жігітке тіке қарадым. Көзі ойнақшыған дудар бас, аққұба жігіт екен. Киім киісінде айрықша талғам, әлдебір дегдарлық байқалады.
– Джинсі шалбар керек пе?
“Джинсі шалбар” дейді? Өз құлағыма сенейін бе, сенбейін бе! Бұл заманда джинсі табу дегенің аюдың өтінен бетер нәрсе. Ал мына жалтаң көздің көктен түскендей болып “джинсі керек пе?” дегеніне жол болсын.
Дәл қазір джинсінің аса мықты модаға айналып, айрықша дәуірлеп тұрған шағы. Джинсі кию – әрбір жастың қол жетпес арманы. Ол құрғырың іздесең де табылмай, дүкенге де түспей діңкелетеді. Түссе де бармақ басты, көз қыстымен жасырын өтіп кетеді. Қолы қысқа былайғы жұрт ондай тауарды көру былай тұрсын, естімей де, білмей де қалысады. Көшеде көздің құртын жеп, ағайынның қызғанышын қоздырып жүргендердің көбісі джинсілерін Мәскеудің “қара базарынан” алдыртады екен деп еститінбіз. Ал ол жаққа екінің бірінің қолы да, аяғы да жете бермейді.
Джинсі дегеннің хикметі, мінеки, осындай! Мына жігіт болса елде жоқ әлгіндей зәру затты маған ұсынбақшы... Сонда бұл “неткен батпан құйрық, жол үстінде жатқан құйрық” болғаны?
Не десем екен? Керек, әрине!!!
– Джинсі керек пе деймін? Американікі, “Монтана!” Нағыз фирмалық!
Мен жігітке көзімді сығырайтып, сынай қарадым. Сыр бермей сұрланып, іштегі қуанышымды басуға тырыстым.
– Кепілдік қандай? – дедім немкеттілеу ғана тіл қатып.
– Айттым ғой, “Монтананың” нағыз өзі! Фирмалық, кепілдік – жүз пайыз! – деді жалтаң көз.
– Хм-м!
Жігіт ала сөмкесінің бауын ағытып, әлдебір көкпеңбек джинсінің шетін шығарды. “Монтана” деген жазу мен қанатын қомданған бүркіттің оқалы суретін жазбай таныдым.
– Қалай? Аласыз ба?
Мен ойланғандай болып, бірден жауап бермедім.
– Болыңыз! – деп жалтаң көз шыдамсыздана бастады. – Қазір милиция келіп қалады. Алмайтын болсаңыз – мен кеттім.
Мен жалтаң көзді жеңінен тартып тоқтаттым.
Осы милиция деген де бір қызылкөз бәле болды. Өстіп, жақсы тауар кезіксе адамша саудаласуға да мүмкіндік бермейді. Ел-жұртқа керек бұндай қат тауарларды, әсіресе шетелдік киім-кешекті сатып жүргендерді аңдып, сатуға қатаң тыйым салып тастаған. Ұстап алса, бұлардың бар тауарын тәркілеп, өздерін “алыпсатар, алаяқ” деп жауып тастайтын көрінеді. Мына жалтаң көздің де жан-жағына алақтап, тізесі дірілдеп тықыршып отырғаны сондықтан. Мен пышақтың жүзінде тұрғандай қылпылдаған жігіттің жағдайына түсіністікпен қарап:
– Елу екінші размер бар ма? – дедім сыбырлағандай болып.
– Бар! – деп жігіт те күңк етіп, ала дорбасынан бір жылтыр пакетті суырып алды.
– Мінеки, мынау елу екі. Тура сенің размерің!
Мен қолыма алып, аударып-төңкеріп жылтыр қағазды шұқылап жатыр едім:
– Болыңыз, артынан үйге апарып қызықтарсыз... Қазір біреу келіп қалады! – деп жалтаң көз бір тұрып, бір отырды.
– Жүз сом!
– Қанша?
– Жүз сом!
Астапыралла, құны алтыннан қымбат қой! Азаматтың бір айлығына жетеғабыл! Мен таңдайымды тақылдатып, басымды шайқадым.
– Жо-жоқ, бір тиын да түсіре алмаймын! – деп жалтаң көз де шыбындағандай басын шайқап-шайқап жіберді. – Жүз сом... Менің де есеп берер бастықтарым бар.
Әдетте солай болады өзі. Жоқ тауар ылғи да әкесінің құнын сұрап, өстіп қымбат келеді. Қымбатсынып, алмайын десең – басқа жақтан итпен іздесең табармысың мұндайды. Құдай айдап кездескен екен, енді алмасқа лажың жоқ.
Мен жалтаң көздің қолына санап отырып жиырма бес сомдықтың төртеуін ұстаттым.
Ақша қолына тигені сол екен, жалтаң көз жер жұтқандай жоқ болып кетті... Қай жаққа сып ете түскенін де аңғармай қалдым. Тротуар бойында көрінбейді, соған қарағанда қалың бұтаның ішіне сүңгіп кетті-ау деймін. Байғұс бала қайтсін, милициядан тығылып жүргені де.
Пойызға отырған соң ашармын деп, жылтыр пакетті сыртынан аялай бір сипадым да, астыма басып алдым.
***
Біраздан соң шыжып тұрған аптаптың беті қайтайын деді. Күннің табағы да тайпалып сәскеліктен ауа бастаған. Аспандағы адасып жүрген ақшарбы бұлттар да тұтасып, салқын самалдың лебі білінді.
Қайдан шыққанын байқамадым, дәл құлағымның түбінен шәуілдеп үрген иттің даусынан селк ете түстім. Өзіммен өзім ойға батып маужырап отырғанда даусы қандай ащы еді, шындап шошып қалдым. Сөйтсем, үсті-басы жып-жылтыр ұп-ұзын бір қара қанден екен, орындықтың астынан шыға келген.
– Кет! – деп зекіп, қолымды көтеріп айдындаған болдым. Құрғыры, қолымды көтергенге қанденнің қашқаны сол, шап беріп балағымнан тістеп алғаны. Шалбарымды жыртпағанымен, тісі тірсегімді жырып кеткенін сездім. Сасқан жерде аяғымды сілкіп-сілкіп жібердім. Сол-ақ екен, анадай жерде итіне мейірлене қарап тұрған тегене желін семіз әйел:
– Не бейте животных! – деп баж ете қалғаны.
Қанден шәуілдей үріп семіз әйелге қарай қашты. Иесі сол әйел екен, итін жерден көтеріп алып, құшақтап сүйіп жатыр. Көптен көрмей кеткен баласымен сағынысып көріскендей-ақ аймалайды. Сосынғысы әйел маған ала көзін ата қарады да, итімен күбірлей сөйлесіп баудың арасына сіңіп жоғалды.
Тамағым кеберсіп, шөл қыса бастаған соң жайлап орнымнан тұрып, жан-жағымды шолдым. “Театральная” кафесінің алдында “Газвода” автоматы тұр екен. Автоматтың қасында үш-төрт бала, екі-үш әйел көрінді. Яғни, бұл жерде де кезек бар деген сөз. Мен де жылжып сол топқа қарай жақындадым. Соңына барып кезек алып тұра қалдым. Бұл маңайда су ішетін басқа жер жоқ тәрізді, өйткені менен кейін де келіп адамдар кезекке тұрып жатты.
Автоматта жалғыз ғана стақан екен, су шайғышқа пыш еткізіп бір рет шайып, бәрі де сол стақаннан су ішісіп жатыр. Суы тым-тым суық, әрі өзінің газы көп, көмейден өтпей кекірте береді. Асықпай ішейін десең, кезектегінің бәрі жәудіреп жалғыз стақанды күтіп тұр. Асығып-аптығып мен де бір стақанды қылқылдатып жұтып салдым.
Шөлімді аздап болса да басып, қайтып өз орныма келсем – менің бағанадан бері отырған орындығымды басқа біреулер иемденіп қойыпты. Мөлдіреген екі қыз қағаздарын жайып тастап, шұқшиып кітап оқып жатыр. Емтиханға дайындалып жүрген абитуриенттерге ұқсайды.
Қарсы беттегі орындыққа күн түсіп кетіпті. Кафеге таяу бір орындықтың жарымы көлеңке екен, соған барып жайғастым.
“Газвода” автоматының алды босап қалыпты. Жалпы баудың ішінде адам аяғы басылған сияқты. Былайғы бір көлеңкелі тротуардың шетінде күбір-күбір сөйлескен екеу көрінген. Басқадай жан жоқ. Екеудің біреуі кафенің бұрышын айналып кетті де, екіншісі кепкісін милықтата басып, автоматтың қасында аялдап қалды. Аялдап қалғаны жан-жағына алақ-жұлақ барлау жасап, ешкімнің жоғына көзі жеткен соң, жып еткізіп автоматтағы жалғыз стақанды қалтасына сүңгітіп жіберді. Сол бойда сүріне басып кафенің тасасына кіріп кетті.
Олар кеткен бойда, қай жақтан шыққаны белгісіз, автоматтың қасына кішкентай қыз жетелеген бір әйел келді. Келді де, стақан іздеп автоматтың жан-жағын шұқылап бір айналып шықты.
– Мынаның стақаны қайда кеткен? – деп бұрқылдап ұрысып жүр.
Осының бәрін сырттай бақылап отырған мен еріксіз күліп жібердім.
Баудың іші жасыл желекке малынып тұр. Қарағай мен шырша, қарағаш, тал-қайыңнан басқа бұта-қарағанның да алуан түрі байқалады. Әр тұста қызыл ала гүл егілген газондар. Қой қырыққандай тақырлап, газондардың шөбін біркелкі етіп қырып тастапты. Айтары жоқ, бәрі де әсем, бәрі де әсерлі. Иә, мен ертең ауылға кетемін. Енді бұл қалаға қашан, қай кезде келерімді бір Құдай біледі. Сынаптай сырғып алдымызда әлі талай күндер өтер. Сағыныштай сызылып, саумал иісімен, сарыала жапырағымен күз де жетер. Мынау жасылға малынған дүниенің реңі өзгеріп, сыйдиып-сыйдиып сүреңсіз сүректер, арбиған бұтақтар ғана қалар. Сосын қылышын сүйреп қыс жетер, жер-дүние ақша қардан аппақ көрпе жамылар. Артынан тағы көктем шығар. Көктемнен соң қайтадан жаз келер... Сен ауылға кеткен екен деп ертеңгі күні бұл табиғаттың қылшығы да қисаймайды, түгі де өзгермейді. Тіпті сенің бұл өмірде бар-жоғыңның да оған ешқандай қатысы жоқ. Солай, көкесі... Табиғаттың мәңгі жыры деген осы. Өмірде бәрі өткінші, тек табиғат жыры ғана мәңгілік.
Денем тітіркеніп, тоңазыған сияқтымын.
“Апырмай, жасыл желегі жайқалған жаздың күнінде күз бен қысты ойлап, шілденің шіліңгірінде бүрісіп тоңғаным қалай?”
***
Бағанағы мен отырған орындықтағы екі қыздың біреуі жоқ, қағаздарын көтеріп кетіп қалғанға ұқсайды. Орындықта қалған екіншісі кітабын құшақтаған күйі томпиып ұйықтап жатыр... Емтиханға күндіз-түні дайындаламын деп әбден қалжыраған сияқты. Көлеңкеде, бау ішіндегі қыздың ұйқысы мұншалықты сүйкімді болар ма, баспалап барып бетінен шөп еткізіп сүйіп алғым келді.
Абитуриент қыздың мамық төсекте жатқандай-ақ алаңсыз ұйқысы көңілімді қытықтап өтті.
Қарап отырсам, мен пақыр адамша қыз баласына сөз айтып, жігіт секілді бой түзеп жүріп те көрмеппін ғой.
Әрине, кешке киноға барып, қолтықтасып көше қыдырған кездер болды, бірақ шынайы ғашықтық дегенді әлі күнге Құдай менің маңдайыма жазбаса керек. Шіркін-ай, деп ойлайтынмын кейде, әлгі қисса-дастандарда жырлап жататындай біреуге мен де өлердей ғашық болсамшы! Тіпті сондай бір асқақ та таза махаббат жолында құрбан да болғым келетін. Сөйтіп ел аузындағы аңызға айналып, кейінгі жастарға шамшырақтай үлгі-өнеге болуды арман етуші едім. Бірақ қазіргідей қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда оның реті келіңкіремесін тағы сезетінмін... Ұлы махаббаттың тууы үшін әрі сол махаббаттың құрбаны болу үшін үлкен әлеуметтік себеп-салдар керек. Махаббатқа кедергі жасап, қарсы тұратын қамалдай қара күштер керек. Екі жастың махаббатына үзілді-кесілді кедергі болатын қатыгез қоғам, қан жұтқан қаһарлы әке керек. Сонда ғана махаббат шарболаттай шыңдалады, қара тастай қатаяды. Сонда ғана махаббаттың ұлы мұраты жолында шейіт болуға мүмкіндік туады. Ондай заман қайда-а-а қазір? Армандай боп алыста қалды емес пе бәрі де. Батырлар мен баһадүрлердің дәурені баяғыда өткен, келмеске кеткен мәңгілік. Қазір кіммен жүремін, кімге үйленемін десең де еркіңде. Қоғам қол шапалақтап қолдап отыр, әке-шеше де қызының оң жақта отырып қалғанын қаламайды. Тек ебін біліп қыз жүрегіне жол тапсаң болғаны. Әрине, әлгіндей қиындық көріп, қасірет шекпеген, шындық жолында шыңдалмаған махаббат қайдан ұлы болсын. Амал жоқ, ақыр соңында қарапайым, ел қатарлы жайдақ махаббаттың біреуін сен де иеленесің. Сөйтіп, сен де көдеден көп ағайыннан аумай шыға келесің. Сонымен бәрі тамам! Қош, махаббат, қош, қол жетпес асқақ армандар! Ал менің жеке басым ондайға көнгім жоқ еді...
Ұлы махаббаттар тек қана күреспен келетініне менің көзім жеткен.
Сонда не істеу керек?
Бұл мені көптен қинап жүрген түйіні аса қиын мәселе-тін.
Көрген қызымды үнемі Қанағат мұғалимамен ойша салыстырамын да, май жегендей айнып шыға келемін. Бетім тыржиып, өзім қыржиып жақтырмай қаламын. Әйтеуір келіспей тұрған бір кілтипанын көріп қоямын. Сосын-ақ мен үшін ол қыздың барынан жоғы, ашынан тоғы... Қайыра көңіл бөлмей кететін Құдай атқан қырсық мінезім бар.
Неге екенін білмеймін, менің көз алдыма ең алдымен томпаң-томпаң жүгіріп жүрген қара домалақ бала келеді. Ол, әрине, менің балам, өз кіндігімнен тараған менің ұрпағым. Менің бір қасық қаным! Содан кейін осы қара домалақ ұлымның анасын іздеймін. Бірақ қаншалықты шарқ ұрып іздегеніммен, ұлымның анасын таба алмай сарсыламын... Әйтеуір, Қанағат мұғалимаға ұқсас бір елестің көлбеңдегенін көремін, бірақ оның кім екенін түстеп ажырата алмаймын.
– Осы қызды жағаттап көрсеңші! – деп кейде құрдастарым айтақтайды.
– Хм... Болмайды! – деп басымды шайқаймын мен.
– Оу, неге болмайды? – деп ондайда жігіттер аң-таң.
– Болмайды...
– Себебін айт... Әйтпесе сені “сырқат екен” деп ауыл арасына сөз таратып жібереміз.
– Себебі сол – бұл қыз толысуға дайын тұр. Бір бала тапқан бойда жайылып, қарыны шығып семіріп кетеді. Сосын допша домаланып, ауылдың етегіне сүрінген сары қарын былайғы әйелінен аумай қалады. Ал маған өмір бойы нәп-нәзік күйде жүретін, биязы мінез, жүзінен иман төгіліп тұратын қыз керек.
Келесі жолы жігіттер мені қоршап алып:
– Тойбазардың тоғызыншы сыныпта оқитын Күнсұлу деген қызы саған келетін сияқты... Нағыз сен іздеген иман жүзді нәзік қыз сол! – деп уағыздайды.
Мен тағы басымды шайқаймын. Құрдастарым ашу шақырып қызарақтайды.
– Ол қыздың ерні тым-тым жұқа, – деймін мен.
– Болса қайтеді?
– Ертеңгі күні аузына сөз тұрмайтын сыпсыңдаған өсекші әйел сондай қыздардан шығады.
– Қап, құртты-ау, мынау... Ендеше Гауһарға қалай қарайсың?
– Қайсы Гауһар?
– Қанайдың арық қызы ше...
– Мыналарың енді қып-қызыл мазақ... Өзі сереңдеген сырықтай ұзын, өзі скелеттей қу сүйек қатпа қызды екі бүктеп қойныңа алып жат дейсіңдер ме?
– Махаббат бойға қарамайды!
– Пішту! Махаббат бойға емес, жасқа қарамайды.
– Жарайды, – деп жігіттердің амалы құриды. – Анау Балтас досың жүріп жүрген Жамбы қызды саған бергізейік... Ол қыз бәрібір Балтасты менсінбей жүр.
– Болмайды! – деймін мен тағы да бас шайқап. – Жамбының қабағы қалың.
– Не дейді?
– Қабағы қалың деймін.
– Иә, қабағы қалың болса қайтеді екен?
– Білгілерің келсе айтайын. Жамбы сияқты қабағы қалың қыздан ертеңгі күні “ә” десең, “мә” деп бетке шапшитын адуын әйел шығады. Ондай әйел айналасы бір жылдың ішінде екі аяғын салбыратып күйеуінің мойнына атша мініп алады.
Менің мұндай дәлелдеріме құрдастарымның тілдері күрмеліп, ауыздарын ашып қалысады.
– Мына түріңмен сен өмірден жалғыз өтерсің! – дейді күмілжісіп. – Сонда сен бізге ашығын айтшы, саған қандай қыз ұнайды?
Мен “Қанағат мұғалима сияқты” деп айта жаздап, аузымды баса қаламын. Сосын өтірік ойланған болып, дәлелімді басқаша құрамын.
– Қазақтың мақалын білесіңдер ме, “Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады” деген.
– Естігенбіз...
– Естісеңдер сол, жаман қатын жамандау қыздан шығады.
– Сенің талғамыңа салсақ, тегі, біз де бұл өмірден қу тіземізді құшақтап бойдақ өтерміз.
– Мейілдерің... Сендерге ұнаған қыз маған ұнамайды, не істе дейсіңдер енді? Менің де сыңарым бір жерде жүрген шығар. Бірақ мен оны білемін... Ол өте алыста!
Бұл сөзден кейін құрдастарымның амалдары таусылып, менен күдер үзгендей болысады.
“Менің болашақ қалыңдығым Қанағат мұғалимаға ұқсайды” деп іштей мәз болып мен қаламын.
Деймін де, өзімше қиялға батамын... Төгіле серпілген толқынды қара шаш, ай қабақ, алма бет, ақша маңдай, аласы аз мойыл жанар, аққу мойын, аршын төс, қынай бел, дөңгеленген бөксе мен оқтаудай балтыр... Арғы-бергі ақындардың жазған-сызған теңеу сөздерінің бәрі осы Қанағат мұғалимаға келетін. Келетін емес, ақындар тәуір теңеулерін Қанағат мұғалимаға арнап шығарғандай көрініп кететін кейде маған. Сосын ойлайтынмын, осындай мінсіз сұлулыққа жету үшін, кермаралдай керілген мұндай бекзат аруды жасау жолында адамзат баласы қаншама жыл еңбек етті екен деп. Жүздеген жыл... жо-жоқ, мыңдаған жыл, тіпті миллиондаған жыл шығар. Дарвинге сенсек, үсті-басы жүн-жүн, аяқ-қолы үш бүктелген тағы маймылдан Қанағаттай меңсіз мұңлыққа дейінгі аралық – түпсіз тұңғиық. Бұдан миллион жыл бұрын тумағанымыз қандай бақыт!
***
Бір қызығы біздің ауылда қыздан гөрі жігіттер көбірек болды. Қыздар жағы тапшы еді. Сол азғантай қыздың өзін біз аузымызды ашып жүргенде ересек пысықайлар әлдеқашан қылдай ғып бөліп алысқан. Ал біреудің жүріп жүрген қызына көз тастап, қырындау – сүйекке таңба, кешірілмес күнә, сатқындық. Ер-азамат ондай пендешіліктен жоғары тұруы тиіс, ондай опасыздыққа ешқашан бармауы тиіс. Өйткені жігіттердің баршасы өзіңнің ауылдастарың, үй іргелес, қой қоралас. Бірі дос, бірі аға, бірі іні. Сенің бөтен ниетіңді соның біреуі болмаса біреуі сезіп қалса – қарабет болғаның, азаматтық беделіңнің жер болғаны, аяққа тапталғаны. Өйтіп масқараға ұшырағанша – көзіңді құрт, қараңды батыр, ауылдан мүлдемге жоғал.
Бұл біздің ауыл жастарының жазылмаған моральдық кодексі болатын.
Сөйтіп жүріп онжылдықты да бітірдік. Жүрегімізде нұр ойнаған, көкіректе жігер қайнаған арманшыл жастар едік. Тағдыр бізді басқа арнамен ағызып әкетерін қайдан білейік... Мектепті бітірген бойда сыныбымызбен түгел қойшы болып шыға келдік емес пе! Екі жыл “отработкадан” кейін аласыңдар деп, аудандық партия комитеті аттестатты да бергізбей қойды. Көсемдердің ұйғарымына қарсы тұрар қауқар қайсы, мұрнын тескен тайлақтай томпаңдап соңдарынан кете бардық. Сынып болып улап-шулап комсомол-жастар шопандар бригадасын құрдық. Жиырма бес мың бойдақ қойды бөліп алып, бордақылап өсіруге кірістік. Оқуға сырттай түсіңдер деп ақыл қосты көсемдер. Болмаса, әлі жассыңдар, оқу қайда қашар дейсің, екі жылдан соң барасыңдар десіп бағдар сілтеп, басу айтысты. Көсемдердің айтқандарына көндік, айдағандарына жүрдік. Берген қойын шығын шығармай жақсылап бақтық, жаса деген жұмысын жасадық. Бірақ аялаған арманның бәрі адыра қалды, сағым секілді көзден бұлбұл ұшты. Көкіректе алаулаған от-сезім біртіндеп басыла берді. Алаулаған жалынның орнында шоғы бықсыған шала қалды. Сөйтіп бағыт-бағдардан адаса бастадық. Басымыз бөркімізге сыймай талайымыз мәңгіріп кеттік. Бойымызда бұлқынған бұла қуат, қайрат-жігер босқа рәсуа болды. Содан соң-ақ жүректің басына бір дерт байланды.
Екі жылдың ішінде селтеңдеген, желтеңдеген жігіттеріміздің біразы үйленіп, қыздарымыз тұрмысқа шығып кетісті. Шүкіршілік, ақыл жасап әйтеуір бәрі де ауылда қалды. Тек бір қыз ғана шатасып, мұндағы тәп-тәуір жігітін тастап, көрші ауылдың бір жылпың қуына қашып кетті. Оның ақыры қырғын төбелеске ұласып, көз көгеріп, бет ісіп, қашқынды қуған біздің төрт жігіт аудан жақта он бес күннен түрмеде отырып шықты.
Ірілі-ұсақты осындай оқиғалардың салдарынан арамыз сиреп, боздағымыз бордай тозса да, қатарда қалғанымыз намысқа тырысып қой санын кеміткеміз жоқ. Үнемі мойынға артқан міндеттеме үдесінен шығуға тырыстық. Совхоз басшылары миықтарынан күліп қойып, біздің жұмысымызға дән риза екенін жиналыстарда мақтап айтып жүрді.
Сөйтіп екі жыл бойғы сынақтан аман шыққан біз “биыл оқуға барамыз” деп іштей үміттеніп жүргенде, сәуірдің аяғында төрт жігітке “пәбеске” келген. Ішінде мен де бармын. Мамырдың басында төрт қойшы әскерге кететін болдық.
Арман еткен қайран оқу осылайша тағы да біраз уақытқа ысырылып қала берді.
Амал бар ма, әскер дегенің – азаматтың бір міндеті, қасиетті парызы. Әзірге біздің жақта одан қашып құтылған адам жоқ-ты.
Әскерге кететін төртеуіміз баққан қойымызды ың-шыңсыз, арты даусыз түп-түгел санап отырып өткізіп бердік.
Сөйттік те есеп айырысып, айлығымызды қалтаға басып алдық. Ендігісі бірнеше күн бос сандалыс, бәлду-шәлду құр қыдырыс еді... Түні бойы көше-көшені тентіреп, күні бойы борсып ұйықтайтын болдық. Ертең армияда қиын болады ғой, ұйқыларын армансыз қандырып алсын дей ме екен, әйтеуір ешкім бізге жақ ашпайды, үндемейді. Өзіміздің көңіл-күй де осы күндері еркіндікті аңсайды, елдің еркелеткенін қалайды. Көкірек керіп мақтанып жүрсек те, көңілде бір түйткіл бар, жабыңқы... Ит біліп пе, ертең Владивостоктан шығамыз ба, әлде Камчаткаға кетеміз бе? Североморскі мен Ақ теңізге де лақтыруы мүмкін. Әйтеуір біздің ауылдың балаларының жылы жақ, жайлы мекенге кеткендерін естігеніміз де, көргеніміз де жоқ. Қазақстанның өзінде қалу деген орындалмас арман. Әйтеуір қалыптасқан дәстүр бойынша көз көрмес қайдағы бір қиырға кетеріміз рас екен, неге біз соңғы рет бозбалалықтың базына сырын айтысып, армансыз қыдырып қалмасқа!
***
Жыртық үйдің Құдайы бар дегендей, дәл осы күндері біздің ауылға Манар деген бір қыз келе қалған. Осындағы бір келіншектің немере сіңлісі болып шықты. Сегіз жылдықтан соң қаладағы бір техникумда үшінші курста оқиды екен.
– Жігіттер, жолымды кеспеңдер, кететін адаммын ғой, сондықтан бұл қызды мен айналдырайын! – деп Манарды көрген бетте мен қасымдағыларға қатаң ескерту жасадым.
– Саған да ұнайтын қыз болады екен-ау! – деп олар жырқ-жырқ күліп, алақандарын жайып баталарын берісті.
Күнде кешкісін кинодан соң жастар сауық кешін ұйымдастырады. Түннің бір уағына дейін баян тартып, би билейміз. Соңынан қолтықтасып көше қыдырып, қол ұстасып төбе басындағы көк шалғынды кешеміз. Су жағалап сейіл құрып, әуелетіп айлы түнде ән шырқаймыз. Төрт азаматының әскерге кетерін түсініп, ауылдың өзге қыз-жігіттері де қарайлап біздің көңілімізді аулайды. Үйлі-баранды кейбір достарымыздың өзі уақтылы үйлеріне қайта алмай, жалтақтап біздің қасымызда жүреді.
– Манара! – деп таныстырды өзін әлгі қонақ қыз. Атының соңына “а”-ны қосып жіберді.
Соңғы уақта Ғалия мен Гүлнардың “Гуля”, Әлия мен Әминаның “Аля”, Жәмила мен Жайнагүлдің “Женя” болып жүргеніне құлағымыз әбден үйренген. Сондықтан мен қосылып кеткен артық-ауыс әріпке көңіл бөлгенім жоқ. Манар деген атының “Маня” болып кетпегеніне шүкіршілік еттім.
Жалпы Манара қыз маған ұнап қалды. Өзі де бұғағынан үзіліп тұрған бір сүйкімді екен. Мендегі болмашы сезім анау айтқандай ғашықтық емес шығар, бірақ көрсеқызар бір әуестік бойымды меңдегенін білдім. Мейлі, әскерде де ел жақтың жаңалық-өзгерісін айтып, оқта-текте болса да хат-хабар жазып тұратын біреу керек қой. Ал ол адамның қыз болғаны тіпті ғанибет. Сондықтан Манара қыз маған ұнауға міндетті болатын. Оның үстіне әскерге кетуге дейін де біз үш-төрт күн еруміз. Осы аралықта адамша көңіл көтеріп, бой сергітіп, уақытты есте қаларлықтай әсерлі өткізсек – оның несі айып!? Мұндайда жақсы болсын, жаман болсын, қасыңда қалқиып бір бойжеткен жүрмесе – көңіл жарты. Осындай ойлармен мен алғашқы күні-ақ Манараны қапсыра құшақтап, ерніне таскенедей жабысқам. Бірақ шеберлігім жетіңкіремей, сүйісу мәселесінен пәлендей тәжірибемнің жоқтығын әйгілеп алдым. Құшырлана жабысқаныммен, менікі сүюден гөрі сілекейімді жағып, жалаған болып шықты.
Манара құшағымнан бұлқынып шыға беріп, бетін басып теріс айналып кетті.
– Сіздің мұныңыз қалай? – деді ренішті дауыспен. – Біздің танысқанымыз бүгін ғана емес пе?
Мен басымды қасып, қинала қипақтап тұрдым да:
– Оған неше күн керек еді? – деп сұрадым.
Манара көзін бір сәт жалт еткізді де, сыңғырлап күліп жіберді. Мен де бірден жадырап салдым. Өйткені қыздың күлгені – көңілі кет ары еместігінің хабаршысы еді.
Келесі күні кинодан кейін, ойын-сауық пен биден кейін, көше қыдырыстан соң екеуіміз оңаша қалғанда мен тағы Манараны қапсыра құшақтадым. Қыз қарсыласқан жоқ. Бірақ мен бейбақ қызды сүюге бата алмай қор болдым.
– Босатшы! – деді Манара мені ақырын ғана кеудемнен итеріп. – Өкпем қысылып кетті ғой.
Құшағымдағы қызды босата бердім. Босаған қыз кешегідей бетін басып бұрылып кеткен жоқ, алақанымен менің маңдайымды аялай сипады. Алақаны ып-ыстық екен, өн бойымнан жып-жылы шуақ жүгіріп өтті. Сосын менің басымды өзіне таман сәл иді де, ернімнен қатты-қатты сүйіп жіберді...
Мәссаған! Сүйген жоқ, тістеп алды ма, қалай болды өзі? Ұқпай қалдым. Тағы бір сүйсе деп едім, Манара қолымнан жетелеп жүріп кетті. Өз қылығына өзі ұялып қалған сыңайда. Әрине, қасындағы жігіті тәжірибеден жұрдай, түк білмейтін мақау болса, қайтеді енді!
Мен жерге кірердей болып ұялып барамын.
Келесі күні дегеніңіз – соңғы күн болатын. Ертең бір киерімізді үстімізге іліп, жүгімізді қолтықтап әскерге кетеміз. Содан екі жылға еркіндік пен бостандық өмір, қош! Қайдан шығарымыз бір құдайға аян. Аман-есен елге қайтып келеміз бе, келмейміз бе – ол жағын да бір Жаратқан біледі. Алда-жалда мен әскерде жүргенде соғыс басталып кетсе не болды? “Соғыс болмайды” деп кім маған кепілдік бере алады? Бір есік, бір тесік мынау алмағайып заманда ешкім де кесіп ондай уәде бере алмайды. Немесе жаттығу кезінде даладағы қалың шаңда оқыс танкі басып кетсе қайтпекпін? Немесе оқпанда ұмыт қалған патрон оқыста атылып, қаңғыған есалаң оқ маған тисе? Бұндай оқиғалар әскер өмірінде ондап емес, жүздеп болып жататын көрінеді... Шүкіршілік, ондайларды оқып та жүрміз, кинолардан көріп те жүрміз. Тіпті әлгіндей оқыс оқиғалар жайында әскерден келген ауылдастардың аузынан да талай естігеміз. Сол жүз солдаттың кезек күтіп тұрған келесі құрбаны мен болсам қайтемін? Міне, мәселе қайда жатыр!
Әрине, біз кімнен артықпыз, өлсек өле де салармыз... Отан үшін, ел үшін шейіт болып кете берерміз де. Соның бәріне де көнуге болатын еді. Бірақ...
Көңіл шіркін астан-кестең, жүрегім кеудемді жарып шығардай бұлқынады... “Мен осылайша еркек дегеннің не екенін түсінбей-ақ әскерге қыздай кете бармақпын ба!”
Армияның дәмін татқан ағалардан еститінмін, әскерге қыздай барған жігіттерді солдаттар мазақ етіседі деп. "Өкінбейтін боласыңдар, сондықтан жасқанбай қызыңа тиісе бер. Аңқаулыққа салынып, алданып жүрмеңдер, қыздар бәрібір сендерді екі жыл бойы күтіп отырмайды" деп қайрасатын.
Ал ағалардың осы сөзі рас болса – екі жыл бойы солдаттарға мазақ болатын адамның нағыз өзі мен екенмін.
Мені қинаған осы бір кінәмшіл намыс болатын.
***
Бүгін соңғы күн, соңғы түн. Шегінерге жер жоқ. Тәуекел деп бір әрекет жасамаса Кеңес елінің қарулы күштерінен ұят-ты, тегі...
Күндегідей емес, дәл осы соңғы күні Манараның қабағы ашылмай-ақ қойғаны.
Ауылдың қыз-жігіттері бір үйге жиналып, бізді әскерге шығарып салу кешін ұйымдастырған. Кеш түннің бір уағына дейін жалғасты. Манараның көңілсіз екенін мен сол кезде-ақ байқағанмын. Әңгімеге тартып, әзілдеп те көріп едім, әншейін жылы жымиғаны болмаса – ашылып сөйлесе қоймады. Бірақ мен оған оншалықты мән бергем жоқ. Жаңадан ғана танысқан жігіті әскерге кетіп барады, жазған бала соған мұңайып жүрген де деп түйдім. Әрине, әскерге кетер жігіті менмін ғой. Олай болса жағдай жаман болмас... Қыз бүйтіп мен үшін қатты мұңайып жатса – құдай біледі, бүгін менің жолым болып та қалуы мүмкін-ау!? Оның үстіне түн жарықтықтың қызды арбайтын сиқыры бар деседі ғой білетіндер.
Осы оймен жігерленіп, жұрт үйді-үйіне тарқап жатқанда, мен Манараны жеке алып шықтым. Іргедегі тоғайды жағалап қайтайық деп едім, күндегідей емес, қыз менің ырқыма бағынбады. Шамдары жарқыраған көше бойынан шықпай, шабан аттай тартыншақтап тұрып алды. Әңгімеге тартсам, тақ еткізіп қысқа ғана жауап береді де қояды. Байқаймын, қыздың мұңы – әскерге кетіп бара жатқан жігітіне деген уайымнан басқалау сияқты. Қалай болғанда да, қыз көңіліне барлау жасамақ болып:
– Неге бүгін көңілсізсің? – дедім.
– Жай әншейін, – деп қыз иығын бір қиқаң еткізді.
Бұл жауаптың “жай әншейін” емес екенін мен жақсы сездім. Сезе тұра:
– Бүйтіп мұңая берме! – дедім даусымды қоңырлатып.
Қыз үндеген жоқ.
– Амандық болса, екі жыл дегенің зыр-р ете түседі.
Қыз үндеген жоқ.
– Морфлотқа түссем – үш жыл, ол да көп емес. Бірақ мені құрылықтағы әскерге тіркеп қойған.
Қыз аузына су толтырып алғандай үнсіз.
– Сондықтан мен екі-ақ жыл служить етем...
Қыз тағы үнсіз.
– Манара, мені екі жыл күтем деп уәде берші! – дедім даусымды қатқылдау шығарып.
Жайлап басып келе жатқан Манара кілт тоқтай қалып, жаңа көргендей менің бетіме тесіле қарады:
– Ал содан кейін?
– Немене “содан кейін”? – Мен қыздың сұрағын ұғыңқырамай сасып қалдым.
– Сізді екі жыл күтейін. Содан кейін не дейсіз?
– Содан кейін екеуіміз...
Мен айтар сөзімнің аяғын жұтып қойдым. Осы арада қызға не айтпақшы болып сөз бастап едім, оны да ұмытып қалдым.
– Жалған! – деді Манара. – Сіз жалған сөйлеп тұрсыз!
Қыздың мына оқыс мінезінен шегіншектеймін деп, мен сүрініп кеттім.
– Неге олай дейсің? – дедім қарсы шабуылға дайындалып.
– Сіз мені сүймейсіз, сөйте тұра өтірік уәде берген боласыз.
– Неге олай дейсің? – деп мен тағы қайталадым.
– Қыз жүрегі сезімтал келеді. Мен бәрін де біліп жүрмін. Мені екі-үш күн ермек еттіңіз. Әскерге кетіп барады ғой, ер-азамат қой, көңілін жықпайыншы деп қасыңызда болдым. Алғашқы күндердегі сіздің әңгімелеріңізде шынайылық бар еді. Бүгін кеш басталғаннан бастап мен сізді танымай қалдым. Сөзіңіз де, өзіңіз де, тіпті қимыл-қозғалысыңыз да өзгеріп кетіпті. Бәрі жалған, құдды бір әртіс болып кеткенсіз бе, қалай өзі? Сіз бүгін бір рөл ойнап жүргендейсіз.
Мен не уәж айтарымды білмей күмілжи бердім.
– Енді не істе дейсің маған, өзің айтшы! – дедім қипақтап.
– Сіз, ағай, тас санасаңыз, мен құм санаған жанмын, – деді қыз. – Үш-төрт күн ермегіңізге жараған екенмін, енді мені бүгін үйге қайтарыңыз. Тым болмаса көңілімізде жамандық емес, бір-бірімізге деген әдемі әсер қалсын.
“Мәссаған, безгелдек! Бұл қыз телепат болып кеткен бе, менің ойымды қайдан сезіп қойды?”
Мен сөзден тосылып, біреу ұрлығымды біліп қойғандай-ақ қысылдым.
Өзімді алда болатын ұлы-жіңгір шайқасқа дайындап, бүгін кеш бойы жараған бурадай желпілдеп кеткенімді мойындауға тура келді. Өтірік айта алмайды екенмін, өтірік айта алмаған соң қызға да қарсы дау айта алмадым. Дәлел жоқ, айтқанының бәрі шын, бәрі жөн. Өрекпіген жүрек, шалқыған көңіл, шалықтаған көкірек қыз сөзінен соң су сепкендей басыла берді. Бұдан кейінгі әңгімеміздің жараспасын ұғып, қызды үнсіз үйіне дейін шығарып салдым.
Манарамен қоштасып тұрып, иіліп маңдайынан сүйдім.
– Ендігәрі адам сезімімен ойнамаңыз, ұқтыңыз ба? – деді қыз бұрылып кетіп бара жатып.
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине! Ұққан соң да басымды изеп, қолымды бұлғап дегендей, қызды ыржия күліп шығарып салдым.
Бірақ қыз үйіне кіріп есігін тарс жапқан бойда қолқ етіп кеудемнің күңгірлеп бос қалғанын сездім. Ұйқыдан енді оянған жандай серпіле бердім. Өзімнен өзім ұялып, мұншалықты төменшік күйге түскеніме қарадай қорланып кеттім. Осы күндері қайдағы бір арам ойдың жетегінде ширыққан пиғыл-ниетімнен жиіркендім.
Менің алғашқы махаббат сапарым осылайша аяқталған болатын.
***
Асықпай, жаяулап мен жеткенше мейрамхана да ашылып қалар деген есеппен баудың саялы көлеңкесін тастап, керіліп-созылып көшеге шықтым.
Джинсі шалбар салынған жылтыр пакет қолтығымда, тротуармен аяңдап тартып келемін. Жан-жағыма жаутаңдай қарап, жасыл желекке малынған көшені қызықтаймын. Біздің әке-шешеміз ауылда кіндіктерінен байланбай, осы қалаға баяғыда көшіп келгенде ғой, мен бүйтіп босқа сандалмас ем? Анау самаладай әсем үйлердің бір пәтері біздікі болар еді де, мен балконнан шырт түкіріп, мынау жүргіншілерге шекемнен қарап тұрмас па едім! Енді қарашы, көшеге сыймай түтігіп, бөтеннің киімін киіп алғандай мынау ары-бері ағылған жұрттың ішінде өзімді бөтен сезініп келе жатқаным.
– Хм-м-м...
Қолында портфелі бар қаңғалақтаған бір кісі маған соғылып қала жаздады. Көзілдірігін түзеп жатып:
– Жолдас, айтып жіберіңізші, теміржол вокзалына қалай баруға болады? – деп сұрады.
Басқасын қайдам, ал теміржол вокзалының қай жақта екенін мен жақсы білем ғой.
– Мынау үлкен көшеге түсіп, ешқайда бұрылмай төмен қарай тура тарта беріңіз! – деп қиылыстағы даңғылды сілтеп жібердім.
Портфелді кісі рақмет айтып, басын екі рет изеді де, елпең қағып, мен сілтеген жаққа қарай құлдилап кетті.
Мен өзімді бір жасап қалғандай сезіндім... Анау жаңғалақ кісі менен осы қаланың байырғы тұрғынындай-ақ жөн сұрады-ау? Байқаймын, денемді қысқан қайдағы бір қасаңдық аздап серпіліп, бойым иіп жеңілейіп қалған сияқтымын.
***
Күннің ыстығы біршама қайтыпты. Көшедегі жұрттың қарасы да бағанағыдай емес, көбейе түскен.
Көше қиылысындағы жер асты жолына жақындай бергенде, сығанның үш әйелі қарсы алдымнан шыға келді. Қызыл ала, көгала көйлектері жайқалып, өздері осы қаланың қожасындай-ақ найқалып менің қасымнан өте берді. Өтіп бара жатып іштеріндегі жастау біреуісі менің білегімнен шап беріп ұстай алған. Мен қолымды жұлқи тартып, былай қарай ыршып кеттім. “Сығандарға сенбе, шеттерінен ұрлықшы, бәрі алдамшы. Ақшаңды қағып, аузыңды аңқитып кетеді” деген өсиетті бала жастан естіп келеміз ғой.
– Жас жігіт, сен менен неге үркесің? – деді сыған қыз орысшалап. – Сен менен қорықпа. Мен саған тек қана жақсылық тілеймін. Алақаныңды ашшы, келешегіңді қолмен қойғандай айтып берейін!
Үні өзгеше жұмсақ, өзі де үріп ауызға салғандай сүйкімді екен. Екі әйел қастарындағы бұл қызға қарайламай, көшемен құлдилап, ұзаңқырап кетіп барады.
Қыздың жылы-жылы сөйлегені кешеден бері қабарып жүрген көңілімді жібіткендей болды. “Еліктің лағындай осы бір нәзік қыздан осыншалық үріккенім ұят-ты!” деген де ой қылаң етті. Мен де қызға түсімді жылытып сәл езу тарттым да, алақанымды ұсындым.
Қыз менің алақанымды қолына алып, жұп-жұмсақ саусағымен сипалап тұрып:
– Сен, жігітім, алдымен ақша? – деді қылымси жымиып.
– Қанша?
– Қанша берсең де еркің білсін, жігітім.
– Бір сом жете ме?
– Әкел бір сомыңды...
Мен қолтығымдағы жылтыр пакетті тіземе сүйеп, шалбарымның қалтасынан ақша іздей бастадым. Қырсыққанда оңайда ұсағы болмай, қолыма 25 сомдықтан басқасы ілікпеді. Төс қалтамды қарамақшы едім:
– Әкеліңіз, ақшаңызды мен-ақ майдалап берейін? – деп сыған қыз нәркес көзін төңкеріп, наздана қалды.
Сыған қыздың аршыған жұмыртқадай аппақ төсі ашылыңқырап, қос анары жарылардай дір-дір етіп тырсиып тұр екен. Толықсыған денесін ойнақшытып, қылымси бұраңдап ерке-тотай қылығымен көз арбап барады.
Әлі де болса қызға сене алмай, бір шешімге келе алмай аз-кем тартыншақтап тұрып қалдым. Ақыры, жыланға арбалған торғайдай жиырма бес сомдықты қалай ұстатқанымды өзім де аңғарғам жоқ.
Сыған қыз ақшаны лып еткізіп алды да, күректей қағазды алақанында арлы-берлі аударыстырып, жоғалтып жіберді. Сосын дәнеңе жоқ тап-таза қос алақанын менің көзіме тосып:
– Ақша жоқ! – деді сықылықтай күліп.
– Қалайша жоқ? – Менің көзім атыздай болды.
– Жоқ. Бітті! Ақша жоғалып кетті.
Сыған қыз шегіншектей берді. Мен ұмтылып барып, қолынан шап беріп ұстай алдым. Сол-ақ екен, қыз шошқаның торайындай шыңғырып жіберсін. Даусы мұншалық ащы болар ма, сәтке құлағым тұнып қалған. “Құтқарыңдар, зорлағалы жатыр!” – деп жаны шығып бара жатқандай қышқырды. Мен сасып қалып, қыздың қолын босата салдым. Қыз “құтқарыңдар құтқарыңдар!” деп ойбайға басып, қарғып-шоршып суы сылдыраған арықтан өтті де, машиналары ағылған кең көшеге шығып кетті. Мен соңынан тұра қудым. Қызды қуамын деп байқамай қалыппын, ағызып келе жатқан бір сұр “Волга” мені соғып кете жаздап, шиқылдап барып дәл қасыма тоқтады. Оқыс тоқтағаны сондай, тіпті дөңгелектері түтіндеп, резеңке иісі мүңк ете түсті. “Волганың” ішінен атып шыққан жирен шофер мұрты жыбырлап, қолы қалтылдап маған айтар оңтайлы сөз таба алмай тұтықты.
– Ей, малғұн! – деді сәлден соң ғана күндей күркіреп зекіріп. – Ей, малғұ-ұ-ұн-н! Тақ әкеңнің... Өле алмай жүрмісің, сыболыш-ш!
Сыған қыз болса ойбайлаған күйі көшенің арғы бетіне өтіп кетті. Шыңғырған даусы бүкіл көшені жаңғырықтырып барады.
Мен салым суға кетіп, арықтан кері аттап қайта қайттым.
– Каз-з-з-зел-л!
Сұр “Волганың” жирен шофері іштегі заһарын маған қарай тағы бір лақ еткізді де, былш еткізіп бір түкіріп жүріп кетті.
Қыздың ойбайлаған әлгі жала сөзінен кейін оны желпілдеп соңынан қуғаным бекер-ақ болды-ау деп өкіндім. Таяқ жеген баладай төңірегіме біртүрлі жасқана қараймын. Таяқ жегенім де рас қой, анау шоферға дейін аузын көпіршітіп боқтап кетті. Ары-бері сабылысқан жүргіншінің бәрі маған жирене қарап, “мына жігіт пе?” деп табалайтын сияқты. “Көшенің ортасында қыз зорламақ болған сұмырайың осы ма!” деп саусақтарымен шұқып көрсететін сияқты.
– Қалқам, келесі жолы абай боласың!
Өгіздей өңкиген біреу арқамнан қағып, ыржия күліп тұр.
– Хм...
Мен ашуға булығып, адымдай басып жүріп кеттім.
Тапа-тал түсте айырылып қалған жиырма бес сомға емес, көшеден жылу жинаған жаман қыздың аузымды аңқитып алдап кеткеніне қорланып барамын. Соқталдай басыммен айдың-күннің жарығында, қалың елдің қақ ортасында күлкі болғаныма намыстанып барамын.
***
Мен келгенде мейрамхана енді ғана ашылып жатыр екен.
Мейрамхананың ашылуын тағатсыз күткен топпен бірге мен де жағаласып ішке кірдім.
Мынадай мәртебелі парасат ұялаған сәулетті ғимаратты бұрын көрмеген екем. Біздің білетініміз асхана мен кафелер ғой. Кафемен де бертінгі кезде – әскерде жүргенде ғана, офицерлер қалашығында тұрғанда әуестене бастағанбыз. Жұпыны да жайдақ ондай кафелерге қарағанда мейрамхананың салтанаты да, сәулеті де айрықша екен. Алтынмен аптап, күміспен күптеген көркем зал, шілтерлері төгіліп, жалт-жұлт шытыраға малынып мың құбылған жібек перделер. Қарасаң бет-жүзің көрінгендей мұздай жалтыр, нелер бір ою-өрнекті әшекей паркет. Оған қоса ат шаптырым зал ішіндегі қаз-қатар тізілген үстелдер мен алуан жиһаздар да кетер қыздың жасауындай көз арбайды.
Үстелдердің көпшілігі әзірге бос. Мен зәулім терезенің түбіндегі жарықтау орынның біріне барып жайғастым. Қолымдағы пакетті қасымдағы орындыққа тастай бере, әсемдік пен байлыққа малынған зал ішін тағы бір құмарта тамашалап шықтым.
Даяшы – іркілдеген мол денелі қараторы кексе апай екен. Қасыма келіп үн-түнсіз “дастарқан мәзірін” тастады да, сол келген ізімен үн-түнсіз қайтып кетті. Кетіп қалған жоқ, дәл сондай қатырма қағазды тағы төрт-бес үстелге таратып, үйрекше мамырлап “Бар” жаққа өтіп кетті.
Мен “дастарқан мәзірін” енді ғана ашып, шұқшиып өзімше қараған болып жатыр едім, апайым қағазы мен қаламын сайлап төбеме төніп тұра қалыпты.
Байқаймын, бұл апай қызметіне қыздай келіп, кемпір болып зейнетке шығатындар әулетінен тәрізді. Бетін опалап, көзін көгерте бояп, шашын шошайта түйіп алған. Жүріс-тұрысы бәрі есепті, қимылы маңғаз, клиенттерін көз қиығымен-ақ бағып отыр. Бұзық қылған, қызып қалған жігіттерді өзі-ақ желкелеп айдап шығуға қайраты жетерлік пе дедім. Қалай болғанда да, көпті көрген көсем әйел екені көрініп-ақ тұр.
– Маған ежірейіп қарай бермей заказыңызды беріңіз!
Әне, қырағы көзі менің де сәттік қарасымды қалт жібермепті.
“Дастарқан мәзірі” мен атын естіп көрмеген алуан тағамның толған тізбесі екен. Қайсысына тапсырыс берерімді білмей, апайдың өзінен сұрадым:
– Кеспе көже болса?
Бағана қатты шөлдеп тұрып, “Газвода” автоматынан ішкен суық су тамағымды ұстай қалған ба, үнім қырылдап шықты.
– Кеспе көже! – дедім жөткірініп.
– Ресторанда көже бермейді... Көже ішкіңіз келсе асханаға барыңыз.
– Бифштекс... – дедім мен өзімнің тәуір көретін тағамымды айтып.
– Бифштекс бүгін жоқ.
– Ендеше мына біреуін?
– Ол не еді?
– Бефстроганов...
– Ол да бүгін жоқ.
– Мынау ше?.. “Лю-ля...” дей ме...
– Қайсы? Ол да болмай тұр.
Мен бажырайып апайға қарадым.
– Бұқтырылған сиыр еті, цыплята табака, котлеты по-киевски, манты мен пельмен бар, соларға заказ беріңіз!
Мен де өзімше қырсыға қалдым.
– Оларды жемеймін...
– Қалқам, сізбен тәжікелесіп тұруға менің уақытым жоқ. Ыстық тағамның негізгілерін айттым. Қалғанын өзіңіз қараңыз. Ішінен біреуін таңдаңыз да, беріңіз заказыңызды. Әйтпесе орынды босатыңыз!
Апайдың айтқанына көнбеске лажым қалмады. Әйтеуір у емес, бәрі де жейтін ас қой деп, көкөніс салатына, “зразы” деген бірдеңеге, апай көрсеткеннің ішінен бұқтырылып, картоп қосылған сиыр етіне тапсырыс бердім. Артылып жатса – желінбегені қалар, тәйірі. Әйтеуір қызық іздеп, қыдырып келген екенмін, дастарқанның мол болғаны дұрыс қой!
– Ішімдіктен не заказ бересіз? – деді апай. Маған қарамайды, көзі терезеден өтіп айдаланы шолып тұр.
– Хм... Ішімдікке әуестігім жоқ еді... Сол құрғырды қоя тұрсақ қайтеді? Оның орнына лимонад берсеңіз!
– Мұныңызға көнбеспіз.
– Ол не дегеніңіз, түсінбедім?
– Сіз қайда келгеніңізді ұмытып қалдыңыз-ау деймін. Бұл ресторан, шырағым. Сондықтан міндетті түрде ішімдікке заказ беруге тиіссіз.
– Апай, жаспыз ғой, кезі келгенде оны да үлгерерміз әлі.
– Жас болсаңыз ресторанға неге келесіз? Паркке барып шошаңдап би билемейсіз бе!
– Мен әскерден келген адаммын.
– Еркек болып есейіп қалғаныңызды көріп тұрмын, сосын да ішімдік туралы айтып тұрмын.
– Апырмай, енді... Ауыз аштырмадыңыз ғой?
– Бір жерде отыз жыл істесең, шырағым, сіз де сондай боласыз. Сонымен қандайын?
– Бізге қызыл арақ болса жарайды.
– Шарап деңіз. Иә, қайсысын?
– Хм... осы жұрт “Талас” деген қызыл арақты мақтап жүр ғой... Соны бір көрейік те?
Даяшы апай айдалаға көз салған маңғаз тұрысынан жаңылып, иіліңкіреп ернін бұлтыңдатып менің бетіме тесіле қарады.
– “Талас” портвейні! – деп мен заказымды шегелей қайталадым.
– Біз борматуха сатпаймыз, шырағым! – деп апайым ақшыраң етті.
Бір нәрсені бүлдіргенімді мен де сезіп, “дастарқан мәзіріне” шұқшиған болып, парақтай бастадым.
– Ендеше әлгі... коньяк! Сіздердегі ең мықтысы қайсысы еді?
– Армян коньягі.
– Иә, содан...
– Қанша?
– Қанша дейсіз бе... Жүз елу грамм жетеді ғой. Жалпы ішімдіктен қашып жүретін кісі едім, сол мөлшер жарап қалар.
– Біз грамдап құймаймыз. Шөлмегін айтыңыз!
– Үйбай, шөлмек дегеніңіз көп болмай ма?
– Бәрі де солай дейді. Сосын соңыра тағы сұратады.
– Жарайды, айтқаныңыз-ақ болсын. Шөлмегін-ақ әкеліңізші? Ішілмегені қалар.
– Қалмайды! – деп апай мен үшін сеніммен жауап берді. Мен апайдың сөзіне рақаттана күліп жібердім.
***
Әлгінде ғана мейрамханада адам сирек еді. Ат шаптырым кең залдың әр тұсында шоқиып-шоқиып біреулер отырған. Кешкірген сайын адам қарасы көбейе бастады. Менің қатарымдағы терезе жағалаған үстелдердің бәрі адамға толып та үлгерді.
Жалғызбын, ермек қылар ешкім жоқ. Шанышқының ұшымен шоқып жеп, тамаққа да тойып қалғандаймын. Бірер рөмкені дөңгелентіп көтеріп те тастағам. Содан да болар, көңілім жадырап, бойым сергіп, көрші үстелдегі адамдарды түгендеуге кірістім... Зал ішіне бойлай үңіліп, адамдардың бет-жүзіне зер сала қараймын. Отырған осы жұртшылықтың арасынан әлдебір типтер іздеймін. Түр-түсіне, іс-қимылына қарап, мінез-құлқын, қандай кісі екенін айыруға тырысам. Кейде біреулерді өстіп сырттай бақылап, өзімше сынап, шенеп баға бергенді ұнатушы едім. Дәл қазір екі қолын қоярға жер таппай ерігіп отырған маған бұл да бір тәуір ермек болды.
Маған таяу үстелге екеу келіп жайғасыпты. Беті тарғыл бір еркек пен инелікше иілген ұзын бойлы бадырақ қыз.
Еркек қырықтың мол ішіндегі ересек кісі. Қыз одан едәуір жас. Отызға жетіп отырып қалған бикешке ұқсайды. Еркек шәние қонжиыпты, мына отырысымен астындағы орындықты сындырып жібере ме дерсің. Сырдың суы сирағымнан деп, мынау өмірдің серкесі өзі санайтынның бірі. Әйтеуір төбесімен көк тіреп тұрғандай шырғасы берік шылқыған дөкейге келеді. Бұрқыратып темекі тартқан кезде көк түтінді будақтатқан паровоз секілді. Қыз да мықтылықтан құралақан емес, өз бағасын білетін, ә десең, мә дейтін өжеттер қатарынан. Бір көргеннен ұзақ уақыт есте қалатын бейне. Өйткені көзі көлбақадай үлкен екен. Бірақ киген киімінің үлгісі, сылаңдап келіп орындыққа қона кетуі, көз арбаған күлкісі қалада өскен кермиық бикеш екенін әйгілеп тұр. Еркек, сөз жоқ, елден келген. Ел жақтан қыдырыстап демалыста жүрген мұндай ағайын әдетте қалталы келеді. Астанаға күнде келіп жатқан жоқ, сондықтан ақшаны оңды-солды шашып, құмардан шыға сайрандайды. Қыз-қырқынмен қыдырыстап, қаладағы мейрамхана атаулының бәрін адақтап шығысады. Мына мықтың да қалтасындағы ақшаның буы шыдатпай, бұйдасыз бұқа құсап деміне пісіп отырғаны анық. Соған қарағанда, түйені түгімен, мәшинені жүгімен жұтып жүрген елдегі мықтының бірі болды.
Мейлі ғой, бірақ дәл осы жолы кім-кімді қармаққа түсірді екен. Қыз мынау тарғыл бет, шұбар төс еркекті ме, әлде еркек мына бадана көз ұзын қызды ма? “Алматы байтал қала, сайқал қала” деген өлең осындайдан шыққан-ау, сірә.
Еркек темекінің тұқылын мыжғылап өшірді де, қолын салфеткаға сүртіп жатып қызға қарап бірдеңе деді. Тегі, әзіл айтқан тәрізді – екеуі де мәз болып жырқылдап күлісті. Күліп отырып, еркек мұрнын сипады. Мұрнын сипап жатып, шынашағын танауына бойлата сүңгітіп жіберді.
“Шіркіннің мәдениетінің түрін!”
Одан әріректе темекіні будақтатып, қырын қарап әскери біреу отыр. Иығындағы погонын алыстан онша ажырата алмадым. Екі жұлдыз.. Тегі, лейтенант болар... жо-жоқ, подполковник сияқты. Өйткені беті қабысыңқыраған кекселеу көрінеді, жас емес, шынжау етті жасамыс кісі.
Неге екенін білмеймін, соңғы кезде маған бір қызық мінез пайда болып жүр. Офицер атаулыны көрсем тыжырынып, ұнатпауды шығардым. Мені әскерден ит қосып қуған “полкан” да, яғни полк командирі де подполковник еді. “Полканның” фамилиясы Глоба болатын. Офицерлер оны сыртынан мысқылдап мазақ қылып “Глыба” десетін. Сол сабазың көп жылдан бері өсе алмай жүргеніне мына мен кінәлідей, жемтікке түскен құзғындай-ақ шүйлікті ғой:
– Сіз сияқты ақымақтардың кесірінен мен мына орында омалып он жыл отырмын! – деп үстелді тоқпақтады.
– Менімен бірге академия бітіргендер баяғыда алшаң басып генштабта жүр! – деп жоғарыны нұсқап қолын шошайтты.
– Олар мен секілді иығына көк темірден емес, баяғыда оқалы жұлдыз тағып алысқан. Прапорщик жолдас, осыны ұқтыңыз ба! – деп тас шайнағандай тісін қышырлатты.
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
“Сендейлердің кесірінен мен генерал болмай жүрмін” дегені ғой. Устав бойынша тарамыстай тартылып, “кінәлімін, жолдас подполковник” деп тақылдай бергеннен басқа менде амал қалмады.
Иілген басты қылыш кеспейді деуші еді қазақтар. Ол жоралғы Кеңес армиясына жүрмейді екен. Алды-артыма қаратпай әскерден бәрібір қуып шықты ғой.
Айқайлаған дауысқа жалт бұрылсам – қарсы беттегі терезе тұсындағы үстелге үш еркек жағаласа жайғасып жатыр екен. Ішіндегі біреуі қолын олай да, былай да сермеп, түкірігі шашырап, жараған бурадай жұлқынады. Сонда да сөзін өткізе алмай қинала ма, бірдеңені долдана айқайлап дәлелдеген болады. Құдды бір шалғайдағы көтерем бөлімшенің шолақ бригадирінен аумайды. Үшеуі де әжептәуір қызу. Әр тұста шоқ-шоқ өзге жұрттың отырғанында шаруалары жоқ. Маң далада мал айдап жүргендей. Мейрамхананың ат шаптырымдай кеңдігі қайта анау дарақының айғай-шуының жарымын жұтып қойып жатыр. Соның өзінде жау шапқандай бәрімізді елең еткізді.
Даяшы әлгі үшеуіне тепеңдеп барып, саусағын шошаңдатып бірдеңе деп кетті. Жұлқынған әнеу біреуісі сонда да оңай басыла қойған жоқ, бұрауы таусылған ескі патефондай қарлығып барып, тұншығып барып әзер тынышталды.
Қарсы алдымдағы үстелде бет-жүзін опалап қайқаң қаққан үш келіншек. Біреуі кербездей керілген ұзын бойлы арықша, қалған екеуі – домаланған салқы төс, жұмыр білек, түйе балтыр толық әйелдер. Маңызды бір шаруаны жасырынып келіп, жекелей шешіп жатқан сыңайлары бар. Әңгімелерінен белді ата, белгілі әулеттің қорабалы бикелері екені аңғарылады. Сөз таластырып, бірімен-бірі жарысып бұлдыр қағады. Кейде жан-жақтарына алақтай қарасып алады да, біріне-бірі еңкейіп сыбырға көшеді. Олардың сыбыры маған естілмейді, бірақ сыбырласып отырып та әлденеге келіспей дауыстары қатты-қатты шығып кетеді. “Әйелмісің деген, бүйткен құпиялары бар болсын”. Содан менің ұққаным – үш келіншек те жең ұшынан жалғасып, ауыз жаласқан абысындар. Үшеуі де осы қаланың іргесіндегі жақын бір ауданнан келгендер. Жай келгендер емес, сол ауданның мықтыларының нақсүйерлері. Сөз ауандары – ауданға түрлі түсті төрт теледидар, бес кілем, сосын бес стенка-жиһаз түскендерін байқатты. Келіншектердің пайымынша, бұл оқиға жылына жалғыз келетін сирек қуаныш, мәні аса зор жаңалық. Сондықтан Құдай беріп тұрған мұндай мүмкіндікті қолдан шығарып алмау керек десіп белдерін буып, білектерін сыбанып алысқан. Әлгі дүниенің бәрін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы келесі дүйсенбіде бюродан соң өзі бөлмекші екен. Үшеудің ішіндегі ұзын бойлы, арықша бикеш – сол бірінші хатшының әйелі болып шықты. Ауданда кездессе көзге түсіп қалысады, тығылып қалаға келіп, мәселені шұғыл түрде ақылдасуға жиналған беттері осы болса керек. Ең бастысы – бұл зәру заттарды көпшілікке жария қылмай, дүйсенбідегі ауданның бюросына қалдырмай, сенбі-жексенбі күндері бөлгізіп тастау керек. Сөздеріне қарағанда, келіншектер бірінші хатшыны өз дегендеріне көндіретініне сенімді. Сөйтіп түрлі түсті теледидарды да, кілемді де, стенка-жиһазды да қылдай қылып жақындары мен дос-жарандарына таратпақшы. Тіпті теледидардың біреуін көптен шапағатын түсіріп, Қызыр атадай қамқорлығына алып жүрген қаладағы әнеу бір беделді бастыққа сыйлап жібермек. Үш бикеш осындай ортақ мәмілені бекіткен соң, үлкен іс тындырғандай мәз болып күлісіп, сол үшін деп сыңғырлатып бокал көтерісіп жатты.
Арқа тұсымдағы үстелде де арқа-жарқа төрт жігіт отыр екен. Сөздері жарқын-жарқын шығады, бәйге атындай аңқылдаған көңілді топ. Әңгіме ауанынан байқаймын – төртеудің біреуі композитор сияқты. Аты-жөнін Алтынбек Қоразбаев дегендей болды. Сол композиторыңыз алыстан жолаушылап келген сияқты. Алыстан болғанда да Мәскеу мен Ленинград емес, шетелден келген тәрізді. Жігіттердің басқосулары – сол туристік сапардан аман-есен оралғандарын, қуанышпен кездескендерін атап өтіп жатқанға ұқсайды.
Композитор, әнші десе делебеміз қозып елең ете қалатын әдетімізге басып, мен де олардың әңгімесіне құлақ түре қалдым.
Әдетте маған өнер адамдары мақтаншақтау келетін сияқты көрінетін. Әлде олардың бар шындығы сол ма, кім білген... Композиторыңыз да ондайдан құралақан емес екен, көйлегіне сыймай желпініп қойып, әңгімесін құба жондатып көсіліп сөйлеп отыр. Алдымен круизбен болған шетелдік қалаларды тізіп, теңіз үстіндегі алуан қызықтарын айтты. Біздің баяғы “география ағай” секілді сыдырта мақтаған да жоқ, даттаған да жоқ. Сөйте тұра сөзге шешен кісі екен, айтқан әңгімесі әсерлі шықты. Әңгімесінің соңында қайтар жолда көрген хикметін, әуежайдағы қиналғанын сөз етті.
– Жолға шығарда бәрімізге елу доллардан қалтамызға ақша салып берген еді, – деді композитор. – Жұрттың бәрі сол ақшасын сары майдай сақтап, қайтар мезгілде бір кассеталы бір-бір магнитофоннан сатып алысты. Бір кассеталысы тура елу доллар тұрады екен. Композитор болған соң мен екі кассеталысына қатты қызықтым. Бірақ екі кассеталысы жетпіс доллар тұрады. Яғни 20 доллар жетпейді. Деп жүргенде КСРО елшілігінде ұзақ жылдар бойы қызмет жасап, зейнетке шығып, елге қайтып бара жатқан бір ағай жолықсын. Менің әндерімді де, өзімді де сыртымнан жақсы білетін кісі екен, өзі келіп амандасты. Сөйтіп екеуіміз бір кеш қаланы бірге қыдырдық. Менің көкейімде осы дипломат ағайдан 20 доллар қарыз сұрау. Алғашқы күні бата алмадым. Келесі күні қайтар жолға жиналған сәтте беттің арын белбеуге түйіп, екі кассеталы магнитофон алсам деген арманымды айттым. Кібіртіктеп тұрып 20 доллар қарыз сұрадым.
– Інім-ау, сол да сөз болып па! – деп ағайым сұрағанымды суырып бере салды. Содан менің қуанышымда шек жоқ, арман еткен магнитофонымды арқалап, күлім қағып жұртпен бірге елге қайттым.
Қиындықты Мәскеуге ұшып келген соң көрдім. Кеденде шақылдаған бір шегір қыз отыр екен. Салған беттен “мына магнитофонды қайсы ақшаға алдыңыз” деп тиісті. Мен “осылай да, осылай, біреуден 20 доллар қарыз алып сатып алдым”, – деп ағымнан жарылдым. “Жоқ, сіз 50 доллардан артыққа зат алуға хақыңыз жоқ” деп безерді. “Композитор едім, маған бұл магнитофон шығармашылық жұмысыма керек” деп жалындым. Қыз безеріп көнер емес. Қызға сөзім өтпеген соң, жүгіріп әлгі ағайды ертіп алып келдім. Куәлікке тарттым. “Маған 20 доллар қарыз берген кісі осы болады” дедім. Ағай да мені қорғап, айтар сөзін айтып мақұлдап жатыр. Бірақ шегір қыз міз бақпай қойды. “Жоқ, бұларың дұрыс емес, – дейді шаптығып. – Бұларыңыз кеңестік өмір салтына жат қылық. Шеттен артық ақшамен зат әкелуге болмайды”.
Қысқасы, бір жапырақ қағаз берді де, магнитофонымды тәркілеп алып қалды.
– Оу, сонда өзіңнің 50 долларың да күйіп кеткені ме? – деп жігіттің біреуі шыр-пыр болды.
– Магнитофон екі кассеталы еді, обал болды. Мен ондай магнитофонды ғұмыры көргем жоқ, – деп композитор қайта-қайта күрсіне берді.
Төрт жігіттің қалған әңгімесі қыз-қырқынға ауа бастаған соң, мен назарды басқа жаққа бұрып әкеттім.
***
Бұрыштағы екі кісілік үстелде шашын қайта-қайта тарағыштап әлекедей жаланған қаймақ бет, шегір көз бір жігіт отыр. Көңілі алаң, төменнен көтерілер басқыш жаққа әлсін-әлсін қарағыштап, тамағын қырнап жұтынып қояды. Біреуді тағатсыздана күтіп отырғаны анық. Ол біреуі, әрине, қыз әлде келіншек болар.
Мен адам танысам, қыз күткен бұл жігіт, ең алдымен, сылтау тауып әскерге бармай қалған қудың бірі. Өйткені сырт пошымы тым жылтыр, тым мәдениетті көрінеді. Өз басым тым-тым мәдениетті мұндай кісілерді суқаным сүйе бермейді. Адам болған соң оның артық-ауысы білініп, жыртық-кетігі көрініп тұру керек қой. Мінезінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, адамдармен қарым-қатынасында дегендей. Өте-мөте мәдениет иесінде ондай артық-ауыс дәнеңе болмайды. Ондай адам жан-жағын егеумен егегендей артық жерін жатқызып, өткір бұрыштарын жұмсартып жалтырата майдалап тастайды. Мың жыл суда жатқан малта тас секілді. Содан олардың шашынан бастап үстіндегі киімі, бәтеңкесіне дейін май жаққандай жылтырап тұрады. Өзі де, сөзі де, қимыл-қозғалысы, іс-әрекеті де жылтыр. Ондай кісілердің жүріс-тұрысы мен өзгелермен қарым-қатынасы белгілі бір ережеге бағынады. Ал үнемі өйтіп ережемен жүріп-тұрған адамда қайбір шынайылық болсын!
Қыз күткен мына жігіттің жылтыраған түрі соған әбден келетін сияқты. Мұндайлар әдетте қыз-қырқынға да жұғымды болады. Қарсы сөз айтпай бастықтардың қабағын бағып, қызмет бабында да біраз жерге барысады. Сөйтіп жүріп күндердің бір күнінде сарт етіп саған бастық болып шыға келгенін бір-ақ көресің.
– Хм-м-м...
Ішімді әлдебір ала мысық аяусыз тырналап өткендей болды.
Маған таяу отырған бағанағы тарғыл бет еркек өзі басқа жаққа қарағансып, үстелдің астынан бадырақ көз, ұзын қыздың санын сипалап отыр. Бадырақ көз де еркектің онысын байқамағансып, саусағын сыртылдатып өтірік ойға бата қалыпты.
“Елді мінеген не теңің еді, одан да өзіңнің пұшайман халіңді ойласаңшы!”
Көкіректі сағыныш, көңілді бір мұң жайлап барады. Оның не дүние екенін өзім де ұқпадым. Әйтеуір жиырманың төртіне келіп, соқталдай азамат болғанша түк бітірмегеніме іште бұрқ-сарқ қайнаған өкініш бар. Әлі күнге құрғақ қиялды езумен, болмас арманды емумен ғана жүргеніме ішім тұздай ашиды. Ел құсап адамша еңбек етіп, әлі күнге тындырымды дәнеңе де жасамағаным жанымды қинайды. Мынау сәулетті мейрамхананы да біреу салды ғой? Бірақ ол мен емес, бөтен біреу... Сонда мен қайда жүрген кісімін? Мынау самсаған самаладай көп үйдің біреуін тұрғызуға қатыстым ба? Жоқ, әрине! Үй түгілі соның бір кірпішін де қаласқам жоқ... Сонда мен біреуге өткізіп қойған пұлым бардай несіне кергимін? Өзге көпшілікті менсінбей, несіне мұрнымды шүйіремін осы? Мықтымсып, ешкімге бас имей көкірек кергеніммен, шын мәнісінде өзімнің түк те еместігімді неге мойындағым келмейді? Мынау жалпақ дүниенің жалғыз түйіршік құмы ғана емеспін бе! Немесе ну тоғайдың ішінде безек қағып өз үйірін іздеген бейшара құмырсқа ғанамын ғой! Мынау қаймалысқан тіршілік, күнде өзгеріп жатқан қым-қуыт қызыққа толы өмір менсіз-ақ, менің ешқандай да қатысуымсыз-ақ қасымнан жылжып өтіп жатқан жоқ па!
Жалған-ай десеңші, бала күнімде түсіме ылғи да көкпеңбек теңіз кіруші еді. Бір қызығы, теңіз дегенді ғұмыры көрмесем де, теңізге деген менің сүйіспеншілігім де, махаббатым да бөлекше болатын. Ылғи да сол ақжал толқынды көк теңіздің бетінде, кеме үстінде көкжиекке телміріп қарап тұратынмын. Көкжиекте көз арбағандай көркем Гибралтар жататын мұнартып.
– Әне! – дейтінмін мен достарыма айғай салып. – Әне, Гибралтар көрінді!
Қазір сол көк теңізді де, көкжиекте мұнартқан Гибралтарды да көрмегелі көп жылдың жүзі болыпты.
Оқудан құлап қалғаным енді есіме түсіп, іште тұншыққан запыранды қозғап, бітеу жараның бетін ашып жібергендей. Оның үстіне ішімдіктің қызуы көкіректе бұйыққан қайдағы-жайдағыны түрткілеп, бордай жасытып барады.
***
Осылайша жүйкемді жеп, салым суға кетіп отырғанда қасыма дөңгеленіп даяшы апай келді.
– Сіздің үстелге екі адам әкелемін! – деді қасымдағы бос орындарды нұсқап.
– Ау... бұл үстелде мен отырған жоқпын ба?
– Қалқам, сіз жалғызсыз. Қасыңызда үш орын бос.
– Олай демеңіз... Мынаны көрдіңіз бе? – мен орындықта жатқан джинсі шалбар салынған жылтыр пакетті көрсеттім.
– Мейлі, келген кісі келе жатар. Содан кейін де мына екі орын бос тұр ғой? – Даяшы апай “сөзім бітті” дегендей ана екеуіне бұрылды. – Келіңіздер, мына араға жайғасыңыздар!
Өзіммен-өзім болып мейрамханада бір адамша дем алайын деп едім, үстіме мына екеуін әкелгені менің көңілімді нілдей бұзып жіберді.
– Апай, басқа жаққа отырғызыңызшы! – дедім жалынғандай болып.
– Жоқ! – деп апайым шәңк етті. – Көрмеймісіз, ине шаншар жер қалмады.
– Анау бір кісілердің қасында екі орын бос тұр ғой.
– Сабыр етіңіз, қазір ол жерге де адамдар келеді.
– Апай, мен қасыма адам отырғызбаймын! Жалғыз отырып дем алғым келеді.
– Сіз не деп күбірлеп кеттіңіз? Атаңыздың үйінде отырған жоқсыз ғой. Бұл жер қоғамдық орын, үстелдің иесі менмін. Сондықтан неше адам отырғызам өзім білемін. Ұқтыңыз ба?
Неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
Даяшы апай домаланып менің үстеліме екі адамды жетелеп алып келді. Келген екеудің жастары менімен қарайлас сияқты. Аяқ-қолы балғадай, екі беті алмадай ақсары қыз бен денесінен күн көрінген көзілдірікті жұқа жігіт.
Екеуі де бас изеп амандасып, даяшы көрсеткен орындарға имене жайғасты. Екеуінде де ыңғайсызданғандай кейіп бар. Маған жалтақ-жалтақ қарап қойып, бір-бірімен тілдесе алмай қысылып отыр. Күйеуі мен әйелі болар. Жоқ, оларға келіңкіремейді. Есі түзу еркек өз әйелімен мейрамханаға келуші ме еді? Әлі үйленбеген жастар. Ашық-жарқын емес, бұйығылау, соған қарағанда бірімен-бірі жақында ғана танысқан жұп. Өздерінше мейрамханаға келіп көңіл жазып, оңаша бір сыр ақтарысуды көксеген ғой. Енді, міне, жауар бұлттай түнерген бөтен біреудің үстіне келіп түскендері.
Қол алысып, ерін жыбырлатып, орыс тілінде танысқан болдық.
Қыздың есімі Зарина, көзілдірікті жігіттің аты Руслан екен.
Сәлден соң екеуі сыбырласып сөйлесе бастады. Орысша сөйлесіп отыр. Арагідік қазақ сөздері де қылаң беріп қалады. Яғни, кәріс те емес, шүршіт те емес, өзіміздің қазақтар. Немесе “қара орыстар”.
Музыка ойнап кетті.
Музыкалары беймаза әрі қатты ма дедім. Бой үйренген әдеттегі таныс әуен емес, табиғаты жат, бөтен мақам. Содан ба, бәрімізді селк еткізіп үркітіп жіберді. Сосын кетті дейсің, құлақ тұндырған тарсыл-гүрсіл, дәңгір-дүңгір, апыр-топыр қиқулаған айғай-шу... Апырмау, мынау мен бұрын естімеген қандай әуен? Әлгі капиталистердің поп-музыка дейтіні баспалап бізге де жеткен-ау, тегі?
Байқаймын, жұртшылық бұл әуенді әлі жатырқайтын тәрізді, суырылып ешкім биге шыға қоймады.
Арада тағы біраз музыка ойналды. Ортаға бірді-екілі жұптар шығып, тыпыңдасып билеп жатты. Бір заматта бәріне танымал "Самоцветы" ансамблінің “Белый медведь” дейтін ойнақы әні кеткен қоңырлап. Сол-ақ екен, отырғандардың көбісі өре түрегелісіп, бұлтың қағып твисті билеп ала жөнелісті.
Бағанадан тыныш отырған менің құдайы көршілерім Зарина мен Руслан да бірін-бірі жетектеп биге шықты. Бұлтыңдаған көпшіліктің ішіне бойлаған жоқ, екеуі бергі шетте қалысты. Руслан биге мүлдем жоқ көрінеді, оқтау жұтқандай денесі иліксеші. Керісінше Зарина қыз мың бұралып тәп-тәуір билейді екен. Дөңгеленген бөксесі бүлкілдей жөнелгенде – қызығасың да сүйсінесің. Сезіміңді шымшылап, жан-жүйкеңді қытықтағандай. Әсіресе тай жорғадай тайраңдаған кезде твисті қатыратыны көрініп-ақ тұр.
Байқаймын, би мәселесінде қалада да, ауылда да алабөтен айырмашылық жоқ сияқты. Әскерде жүргенде сонау қиырдағы тайгада да твисті дәл өстіп бүлкілдетіп билесетін... Киім киіс, жүріс-тұрыста аздаған өзгешелік бар шығар. Бірақ биге келгенде – астана болып бұлардың бізден асып бара жатқаны шамалы екен. Мұнда да сол твист, сол фокстрот, сол танго. Көретін киномыз бір, үйренетін жеріміз де сол кино болған соң ұқсас болмай қайда барсын.
“Шіркін-ай десеңші, Қанағат мұғалима қазір қайда жүр екен?”
Жүрегім елжіреп, көз алдым бұлыңғыр тартты... Құлағыма сыңсып салған “Қорлан” әні келгендей. Анық емес, тым алыстан үзік-үзік талып жетеді. Бұл әнді әдетте Қанағат мұғалиманың өзі айтушы еді. Мен кейінгі жылдары осы “Қорланды” басқа кісілердің, тіпті әйгілі әншілердің орындауында да талай рет тыңдадым. Бірақ Қанағат мұғалимадай нәзік нақышымен тамылжыта шырқаған жанды кездестіре алмаппын. Қанағат басқа да талай тамаша әндерді айтатын, бірақ осы “Қорланды” орындағанда өзі де гүл-гүл жайнап, даусы да айрықша құлпырып кететін-ді. Қанағат бұл әнді жүрекпен айтушы еді, жүрекке жеткізіп айтушы еді. Олай болатыны – Қанағаттың өзі сол Қорланның ауылынан екен. Анау бір зұлматты жылдарда әке-шешесі бай-кулак ретінде тәркіленіп, Қорланның отбасы Новосібір өңіріне жер аударылған ғой. Қанағат мұғалима да сол Новосібір жерінде, Қорланның ауылында дүниеге келіпті. Бала жасында Қорлан апасының қолынан талай рет дәм де татыпты. Қорлан апасына талай рет өлең де айтып беріпті.
Сөзіне қарағанда, Қанағаттың да әкесі текті, ақсүйек кісі болғанға ұқсайды. Ресейдің үлкен бір университетінде білім алған оқымысты кісі екенін Қанағат мұғалиманың базбір әңгімесінен аңғарып қалатынбыз. Бірақ әкесі жайында бізге көп ашыла бермейтін. Әкесінің әлгіндей тектілігі Қанағаттың бойынан да сезіліп тұрушы еді. Киім киісі де, жүріс-тұрысы да, адамдармен қарым-қатынасы да өзге мұғалімдерге ұқсамайтын. Көзге сынық, сөзге байсал еді. Әрдайым төңірегіне иба төгіп, ізет сеуіп басқалардан ерекшеленіп тұратын, бөлектеніп тұратын. Ал өзі бөлек жүретін, жоғары білімді, әсіресе нұры бетінде шалқыған уыздай сүйкімді сұлулықты қыз-келіншектер қайтып кешірсін! Сондықтан біздің ауылда Қанағат мұғалиманың достарынан гөрі күндестері көбірек болатын. Ағын судай гулеген ауыл арасының өсегіне тоқтау бар ма! Өз басы күдік келтіріп, себеп бермесе де, соңынан пыш-пыштаған жел сөздер еріп жүретін. Соның бәрін Қанағат мұғалима елең қылмай, ала құйынның арасынан шаң жұқтырмай жарып шығушы еді.
Біз сегізіншіге барған күзде Қанағат сол жылы институт бітіріп, біздің мектепке келген. Содан екі жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді, оған қосымша біздің сынып жетекшіміз болды. Соңынан Смағұл ағай сияқты Қанағат та ұшты-күйлі жоғалып тынды. Әйтеуір ауылдан көшіп кеткені белгілі, бірақ қай жаққа, қайда кетті – әлі күнге ешкім білмейді. Жап-жақсы жүрген жерінен не себепті аяқ астынан түңіліп, жұмысын тастап бір-ақ күнде кетіп қалды? Ол жөнінен былайғы жұрт бейхабар-ды.
Оның себебін білетіннің бірі мен едім.
***
...Бет-жүздері бал-бұл жанып, қызара бусанып Зарина мен Руслан биден оралды.
Артынша дастарқанға олардың да ыстық тамақтары келіп, коньяк құйып, сыбыр-сыбыр тост көтерісті. Алақандай ғана үстелді күргейлеп қатар отырған соң тобық жұтқандай тымпиып, бір-біріңмен тілдеспеу қиын екен. Бір шаңырақтың астында бірге өмір сүріп, оқыс ұрсысып қалған ағайындар сияқты күйге түстік.
Мен өзімше көкке қарап, көпке қарап көршілеріме көңіл бөлмегенсіп отыр едім. Екеуі қайта-қайта жаутаңдап, қысыла берген соң, мен де бұдан әрі монтансығанды қойдым. Бір-бірімізге қайыра қол ұсынып, былайша айтқанда тереңдей таныстық. Зарина қыз осы қаладағы білдей бір дүкенде сатушы болып істейді екен. Руслан менен бірер жас үлкен, институтты былтыр бітірген аспирант жігіт болып шықты. Екеуінің де қазақшасында ұрып тұрған акцент бар.
Мен Қиыр Шығыстан, армиядан қайтып келе жатқанымды айттым. Оқу жағын сөз еткем жоқ.
– Рас па? Мен әскери адамдарды керемет ұнатам! – деп Зарина көзі жайнап шыға келді.
Қыздың сөзіне Русланның алдында мен ыңғайсызданып қалдым.
– Неге? – деп сұрадым әйтсе де бір қызығушылық жетелеп.
– Олар әрдайым жинақы, киім киістері де, жүріс-тұрыстары да белгілі тәртіпке бағынған. Сондықтан да ішкі мәдениеті мықты бола ма деп ойлаймын. Сосын әскери форманың өзі неге тұрады!
– Киім киіс пен жинақылық жайындағы пікіріңізбен келісуге әбден болады, – дедім мен күліп. – Ал әскерилердің жүріс-тұрысы сіз айтқандай керемет тәлімді, идеал деп айта алмаймын.
Зарина да сықылықтап күліп жіберді.
Руслан ғылым жолын қуып, кітап кеміріп, архивтерден шықпай жүргендіктен бе, әңгімеге жоқ, тұйықтау жігіт екен. Оның есесіне Зарина қыз ашық-жарқын, әсершіл әрі сұрақшыл болып шықты.
– Прапорщик? Қандай әдемі ат! – деді Зарина менің әскери дәрежемді естіген кезде. – “Прапорщик” деген сөзді бұрын кітаптардан ғана оқушы едім. Енді сондай дәрежелі тірі адамды көріп отырғаным осы!
– Рас айтасың, патша заманында прапорщик деген әскери дәреже болған. Әдеби кітаптарда да көп жазылғаны шындық.
– Прапорщик! – деді Зарина көзі күлімдеп, сосын қиялға беріліп таза орысшалап кетті. – Звучит так гордо! В этом слове есть что-то благородное, таинственное... Здесь чувствуется какой-то аристократизм и высокая дворянская интеллигентность.
Мен Заринаның “прапорщик” дегенге осыншалық маңыз беріп таңданғанына мырс етіп күліп жібердім. Жұрттың құлағына әлі сіңісе қоймаған бөтен сөз, жаңа атау ғой. Әйтпесе “полковник едім” десең бұл қыз дәл бүйтіп аузын ашып, көзін жұмып таңдана қоймас еді.
– Парашютпен қарғыдыңыз ба? – деп Зарина одан сайын жайнай түсті.
– Қарғыдым! – дедім мен қызға тіке қарамауға тырысып.
– Рас па?
– Рас... Курста жүргенде парашюттен қарғу міндетті оқу бағдарламасында болды.
– Вот здорово! – деп Зарина алақанын шапалақтап жіберді. – Қалай қарғыдыңыз?
– Енді.. қалай қарғушы еді. Кезегің келгенде самолеттің есігінен секіріп кеп кетесің. Жүрексініп секіре алмай кідіріп қалсаң, бәрібір сені итеріп жібереді. Сосын кетесің құлдилап, төмен қарай зуылдап...
– Қорқынышты шығар?
– Алғаш секіргенде ғана қорқынышты. Сосынғысы, екі-үш секіргеннен кейін бойың үйреніп алады. Кейіндері өзің секіргің келіп, сағынып тұрасың.
– Көп секірдіңіз бе?
– Зарина! – деді осы арада Руслан ренжігендей кейіппен. – Кісіні мазалай бердің ғой?
– Русик, өзің әңгіме айта алмайсың, ал әңгіме айтқан адамды көре алмайсың! – деп Зарина Русланға бұртия қалды. Осымен өзі де үнсіз отырған Русланның үні мүлдем өшті.
– Он екі рет... Ал, кәнеки, мынаны сіз екеуіңіз үшін! – деп мен тост көтердім.
– Мен сіз үшін көтеремін! – деп Зарина рөмкесін шылдыр еткізіп менімен соғыстырды. – Себебі мен парашютпен секіруді бала кезден армандайтынмын. Ал сіз он екі рет секірген жігіт екенсіз. Яғни сіз менің идеалым болдыңыз!
Руслан көзілдірігін бір шешіп, бір киді. Осы мезетте жаңадан бір музыка басталып, менен иіліп кешірім өтінді де, екеуі бірін-бірі жетелеп тағы да биге кетті.
Биден қайтып оралған бетте Зарина:
– Айтыңызшы, парашют ашылмай қалатын жағдай бола ма? – деп алдымен маған сұрақ қойып, содан соң ғана орнына отырды.
– Ондай жағдай болады, бірақ аса сирек, – дедім мен. – Бұрынғыдай емес, қазір запасный парашют ойлап тапты ғой... Сосын парашют жерде дұрыс жиналмай, аспанда ашқан кезде шырматылып қалып жүрмесе – ондай оқыс оқиға бола қоймайды. Біздің қасымыздағы десантшылар бөлімінде әлгіндей бір трагедияның болғаны рас...
– Сол жайында айтып беріңізші! – деп Зарина ентелей түсті.
– Енді ғана әскерге шақырылған жас солдат екен. Алғаш секіруі дейді... Сол жігіт опат болыпты.
– Сонда не болған? Парашюті ашылмай қалған ба, жоқ әлде шырматылып қалған ба?
– Зарина, айтады ғой, асықпасаңшы! – деп Руслан тағы бір қозғалақтап қойды.
– Онда тұрған не бар? Тезірек не болғанын білгім келіп отыр! – деп қыз тағы да бұртия қалды.
– Жо-жоқ, парашюті бәрі дұрыс болыпты, – дедім мен көршілерім бір-бірімен сөзге келіп қалмасын деген оймен. – Солдаттың өзі кінәлі екен... Секірген кезде ауа ағынымен парашютті өздігінен ашып жіберетін бауды жібермей, екі қолын бауырына қысып, қарысып қапты. Содан жердегі қаруластарының көз алдында тастай заулап жерге топ ете түскен.
– Обал-ай! – деді Зарина кәдімгідей мұңайып. – Бейшара солдат қорқыныштан қатты айқайлаған шығар!
Мен күліп жібердім. Екеуі де елең етіп, маған таңдана қарасты.
– Биіктен ағып келе жатқан адам айқайлау түгілі, аузын да аша алмайды, – дедім мен түсіндірген болып. – Қарсы алдыңнан соққан ауаның ағымы күздің қара дауылынан бетер, тыныс алғызбайды. Сондықтан әлгі солдат қорқыныштан айғайлап еді деп айта алмаймын.
Арада аз-кем үнсіздік орнады.
Соңынан тағы да тост айтылып, шылдыр-шылдыр рөмкелер көтерілді. Тостан соң Зарина мен Руслан әдеттерінше бірін-бірі жетелеп ортаға шығып, билеп қайтты.
– Сізге алдын ала айтып қояйын, егер қазір бір вальс ойналса, мен сізбен билеймін! – деп Зарина маған ескерту жасағансып, тотайлана көзін төңкеріп өтті. Мен жылы жымиып, “мақұл” деп басымды изедім.
– Армиядағы бір қызық оқиғаны айтып беріңізші! – деді Зарина тағы қиылып.
– Оқиға көп болды ғой... Қандайын айтайын?
– Қызығын әрі керемет қорқыныштысын.
Мен нені айтсам екен деп ойланып қалдым. Бұл қызды былайғы бір ұсақ-түйекпен алдай алмасым белгілі болды. Түріне қарағанда Зарина қыз былайғы әңгімеңді қанағат тұтайын деп отырған жоқ... Курсант кезімде бастан өткерген анау бір оқиғаны айтып бермесем. Ол жайында әлі күнге ешкімге ауыз ашып, тіс жармап едім, мына қыз көмейімнен суырып алайын деп отыр.
– Ендеше бір қызық жайды айтайын, – дедім мен жөткірініп.
– Айтыңызшы! – деп қыз маған қарай ұмсына түсті.
– Әскери жаттығудың бірінде біздің курсанттарды алысқа әкетіп, бір аймаққа десант етіп түсірді, – деп мен әңгімені бастап жібердім. – Ротаның ең соңы болып мен қарғып едім, жел айдап парашютімді алысқа алып кетіпті. Содан қалың орманның ішіне келіп түсейін. Жалпы орман парашютшіге аса қауіп. Менің де парашютім ағашқа ілініп қалып, бауын пышақпен кесіп жүріп, домалап жерге құладым. Аспаннан түсіп келе жатып байқағанмын, қалған жігіттер түстік жақтағы кең далаға қонып жатты. Мен де аяқ-қолымды жинап, асай-мүсейімді асынып қаруластарымды іздеп кете бардым. Ит тұмсығы батпайтын қалың орман, күн көзін көрсетпей көкке шапшыған зәулім ағаштар. Сөйтсем, терістік деп мөлшерлеген бағытымнан адасып, оңтүстік жаққа, шекараға қарай кетіп қалыппын.
– Содан не болды?
– Не болушы еді... екі күн адасып, үшінші күні мені шекарашылар ұстап алды.
– Ұстап алғаны қалай?
– Шекараға бет түзеген, өзі мұздай қаруланған курсанттан кім болса да күдіктенеді ғой... Шетелге қашып бара жатқан дезертир деп ойлапты.
– Үш күн адасқанда қорықпадыңыз ба?
– Әрине, үрей болды... Өстіп адасып орманнан шықпай қалсам қайтемін деген. Бірақ күн жылы, рюкзакта бірер күндік тамағым, автоматым болған соң үмітсіз шайтан деп тоқтаусыз жүре бердім. Түнде мүгі қалың, өзі жұмсақ мәуелі қарағайлардың түбіне қонып жүрдім. Сөйтіп бірде жолбарыспен бетпе-бет келіп қалдым.
– Жолбарыс дейсіз бе? – деп Зарина орындығына серпіле түсті.
– Иә, кәдімгі уссурий жолбарысы... Жалпы жолбарыс деген текті аң ғой. Адамның көзіне түспейтін аса сақ жыртқыш. Ол жазған да иен-тегін орманда адамды кезіктірем деп ойламаған шығар. Маған тесіле қарап тұрып қалды. Мен шошып кетіп, иығымдағы автоматты қолыма алып шегіншектей бердім. Шегіншектегенім қателік болыпты, таңданғандай болып қарап тұрған жолбарыс құлағын жымырайтып, жерге бұға қалды. Маған атылмаққа дайындала бастағаны еді. Жалпы уссурий жолбарысы дүниежүзілік Қызыл кітапқа кірген хайуан, оны атуға болмайтынын білетінмін. Бірақ мынадай жағдайда жан керек, дарылдатып оншақты оқты қатар атып жібердім. Жолбарыс ыршып артқа секіріп, қаша жөнелді. Оның соңынан қуалап тағы бірнеше оқ аттым. Орман іші азан-қазан, үріккен құстар, жаңғырыққан автомат даусы, әйтеуір, сәтке құлағым тұнып қапты. Жолбарыс алды-артына қарамай қашып кетті. “Үһ” деп жүрегімді тоқтатып, аяқ-қолымның дірілін басқан соң, жолбарыстың өлмей қашып кеткеніне қайран болайын? Жақыннан-ақ оқты жаудырдым ғой? Ол кезде қатты қорыққаннан тигізе алмасам, қашып бара жатқанда дәлдеп-ақ атқан секілді едім? Оның үстіне мылтық атудан тәп-тәуір мергендігім және бар. Сонда бұл қалай болғаны деп, автоматтың рожогін сыпырып қолыма алсам – оғы жоқ, құр патрондар екен. Оқу-жаттығу ойындарына көбінде жауынгерлік патрон емес, осындай құр дәрімен тарсылдап ататын бос патрондар беретіні сонда ғана есіме түсті.
– Вы герой! – деді Зарина тағы да орысшалап.
– Сөйтіп мен екі бәледен құтылдым. Біріншісі – оқ атып жолбарысты жасқап, өзім өлімнен аман қалдым, екіншісі – дүниежүзілік Қызыл кітапқа енген сирек аңның да өмірін сақтап қалдым.
Зарина көзі оттай жайнап, ұшып тұрып менің қолымды алды. Сосын менің атымды атамай, үш күн тайгада адасып, нелер бір қиындықты басынан кешірген, жолбарыспен алысып кейбір бозөкпе жігіттердің қолынан келмейтін ерен ерлік жасаған прапорщиктің денсаулығы үшін тост көтерді.
Сызылып вальс кетті. Шәмші Қалдаяқовтың жүректің қыл пернесін шымшылаған “Бақыт құшағындасы...” Мен керемет жақсы көретін әндердің бірі.
Вальс басталған бойда Зарина ай-шай жоқ мені қолымнан жетелей жөнелді. Ортаға шыға бере вальс ырғағында шыр көбелек айналып кеттік. Өзге биге нашарлау болсам да, вальсті бір кісідей-ақ билеуші едім. Бұл да болса ауылдың тәлімі ғой...
Зарина маған жабысып алды. Тырсиған төсі денеме тиіп кетсе тоқ соққандай дір етемін, сосын-ақ бойыма жып-жылы шұғыла жайылып жүре береді. Өзіме икемдеп қызды қаттырақ құшақтайын десем, көзі көгеріп, түрі бозарып бізге қарап отырған Русланнан ұяламын. Бірақ құшақ жазбай қызбен осылайша айнала бергім келеді, музыканың үзілмей ұзаққа созыла түсуін тілеймін. Вальс аяқталғанша екеуіміз де тіс жарып сөйлескеміз жоқ. Вальс аяқталғаннан кейін де екеуіміз бір орам артық айналып шықтық.
– Бізге музыканың қажеті жоқ, рас па? – деп Зарина мойнын былғаңдатып еркелеген болды. – Біздің музыкамыз өзіміздің жүрегімізде!
Мен мақұлдап басымды изеп, үстелге қарай бұрылып едім, Зарина қолымнан тартып тоқтатты.
– Тағы бір би билейікші! – деді өтініп.
Танго басталды.
Зарина білегін менің мойныма асып, бұл жолы маған тіпті жабысып алды. Итеріп жіберетін емес, ұялсам да көндім.
– Мені бүгін үйге сен шығарып салшы! – деп наздана қарады. “Сіз” емес, “сенге” көшіп кетті.
Мен не деп жауап берерімді білмей, тұтыға бердім. Ойланып барып, бір жөткірініп:
– Ыңғайсыз ғой... Руслан бар емес пе? – дедім.
Зарина тыржың ете қалды:
– Да ну его! – деді орысшалап. – Какой-то слащавый он!
Мәссаған, безгелдек! Мен енді не дейін мына қызға? Шынымен мен жаққа көңілі ауып қалғаннан сау ма? Әлде күніне қырық құбылар жастық желіктің буы ма? Қалай болғанда да қаланың өкшесіне қаранған сылқым бикеші бізге мал бола қоймас. Ертеңгі күні маған да “да ну его!” деп айнып шыға келмесіне кім кепіл?!
– Қой, Зарина, сен олай деме! – дедім мен өзімше ақылға шақырып.
– Жоқ, мені сен шығарып саласың!
Мен қипақтап төбеге қарай бердім.
– Адамда ұят деген болады, Зарина... Сен менімен емес, осы ресторанға Русланмен келдің емес пе?
– Ну и что? – деп қыз тақ-тақ етті.
– Ендеше сені сол Руслан шығарып салады.
– Жоқ, Руслан емес, сен шығарып саласың!
Жабысып, ыстық демі бетімді шарпып, құлағыма сыбырлады:
– Сен шығарып сал. Я так хочу!
Ал керек болса! Бұл қызға не деп жауап берейін енді?
– Зарина! – дедім мен де қыздың құлағына аузымды тосып. – Руслан оқыған жігіт, болашағы бар. Ертең үлкен ғалым болады. Екеуің жақсы жарасып кетесіңдер, бақытты боласыңдар.
Зарина билегенін тоқтата қойып, бақырайып менің бетіме қарады:
– Кеше ғана танысқан жігітке ресторанға шақырған екен деп бүгін қоса қоймақсың ба? Мен басым бос еркін қызбын. Не істеп, не қоям, өзім білем. Ұқтың ба?
Неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
Зарина менің құшағымнан жұлқынып босанып, тыпыңдып басып үстел жаққа кетті. Би әлі аяқталған жоқ, не істерімді білмей сәтке абдырап, мен де соңынан ердім.
– Русик, кеттік! – деп қыз қол сөмкесін іле менімен қоштаспастан төменге бастар баспалдаққа беттеді.
Кетіп бара жатып жалт беріп бұрылды да, тыпыңдап менің қасыма қайыра жетіп келді:
– Сіз он жерден әскери болсаңыз да, он екі рет парашюттен секірсеңіз де – бәрібір провинциал боп қалғансыз! – деді жыларман жіңішке дауыспен.
Руслан “не боп қалды?” дегендей маған қарап қасын көтерді. Мен “ит біліп пе?” дегендей ернімді тыржитып, иығымды қиқаң еткіздім.
– Сен сыртта күт! – деді Руслан. – Мен даяшымен есептесіп бір-ақ шығайын.
Қыз жылдам басып, төменге түсіп кетті. Руслан менімен бас изеп қоштасты да, “Барға” қарай кетті.
***
Мен сопиып тағы жалғыз қалдым. “Осы мен соншалықты не бүлдіріп қойдым?” деп өз-өзімнен аң-таң болып отырғанда:
– Сіз ақыры көршілеріңізді қуып тынған екенсіз ғой! – деп қасыма басын былғаңдатып, таңдайын тақылдатып даяшы апам келді.
“Соңыма түсетіндей не жаздым сізге?” дегендей мен даяшы апайға ақшырая қарадым. Апай оған қыңқ еткен жоқ. Қайта қатты айыптағандай жиіркене тесіліп мені жасқап жіберді.
Апай басқадай сөз айтпады, терең күрсініп, амалы құрыған жандай басын бір шайқап жөніне кетті.
Көп өтпей, айналып тағы да біздің жаққа соққан кезде:
– Қасыңызға бір қыз келеді дегеніңіз қайда? – деп сұрады. Апайдың бұл жолғы үнінен сыздан гөрі аяз сезілгендей болды.
– Қыз емес, жігіт...
– Мейлі, кім болса да.
– Келем деп еді, кешігіп жатыр ғой, қайдан білейін.
– Ол адамыңыз енді ресторан жабылғанда келмек пе?
Осы кезде алдыңғы жақтан шаң-шұң дауыс шығып, даяшы апамның ойы бөлініп, менің жауабымды күтпестен кетіп қалды.
Бұл не шуыл деп қарасам, орталарында айғайшыл еркегі бар арғы үстелдегілерге милицияның наряды келіпті. Жігіттер қаттырақ қызып қалған сияқты, келген наряд үшеуін де қиралаңдатып өздерімен алып кетісті.
Жігіттердің бұлары, әрине, дұрыс шаруа болмады. Енді үшеуін де “айықтырғышқа” апарып тоғытады. Ертең таңертең мастықтан айығып, естерін жиған соң шырқыратып отырып мойындарына ақшалай айып салады. Тәртіпсіздіктері туралы дереу жұмыстарына хабарлайды. Жұмыста мұндай өрескел факті міндетті түрде партия немесе кәсіподақ жиналысында талқыға салынады. Талауға түскен ондай қызметкер арысы құйрығына қалжуыр байлап жұмыстан кетеді, берісі қатаң сөгіспен құтылады. Сөгіспен құтылғанның өзі жыл бойы тоқсан сайынғы ақшалай сыйлықтан, жылдық үстеме жалақыдан қағылады. Ең қиыны сол – айықтырғышқа түскен қызметкерді пәтердің кезегінен бастап, мәшиненің, теледидардың, мұздатқыштың, кілемнің, қысқасы қат дүние, игілік қуаныштардың бәрінің кезегінен бір-ақ сәтте сылып тастайды. Құдай оның бетін ары қылсын де! Әйтпесе, өзім түспесем де, сол жақта болып қайтқан ағайыннан талай хикаятты естігем. Айықтырғышта көрген қорлық-зомбылықтарын ертегі мен жырдай қылып айтушы еді олар. Сондықтан мейрамхана атаңның үйі емесін, қоғамдық орын екенін анау келген қызыл жағалылар маған да ескерткендей қабылдадым.
Құрысын бәрі, ауылға қайтам!
Түтін сасыған мынау қапырық қаладан зерігіп кеттім. Маған қала емес, сайын дала, салқын самал керек. Көкіректі кере дем алатын еркіндік, кеңдік керек. Қалада жүрген соңғы бір ай менің тынысымды тарылтып, кеудемді қысып жіберді. Барар жер, басар тауымды шектеп, өрісімді қысқартты. Таудан құлап аққан мөлдір бұлақтай сезінуші едім өзімді, енді қарашы, лайланып бара жатқандаймын. Бүйткенше экологиялық тазалығымды сақтап қалайын. Жанның да тазалығын, тәннің де тазалығын...
“Ай, соншалықты сенің де сүттен ақ, судан таза болып тұрғаның белгілі ғой!”
Осыдан бірнеше күн бұрын мен үшін Алматыдан асқан мекен, бұдан өткен жер жаннаты жоқтай еді. Әлгі ән боп шырқалып, өлең боп айтылып жүрген “арман қала, жұмбақ қала, жұмақ қала” деген теңеулермен мен де үнсіз келіскендей болатынмын. Солай бола тұра, кешелі бері қала туралы менің пікірім айтарлықтай өзгеріске ұшырады.
Қазір менің бұл қалаға деген өкпем қара қазандай. Жасыл желегі маужырап, бау-бақшасы балбырап тұрса да беделі түсіп, мәні мен маңызы менің көз алдымда төмендеп кетті.
Жалпы өз басым көңілімдегі мұндай күрт өзгерістерге әбден үйренгенмін. Алғашқыда өлердей құмартқан нәрсем, кейін өзім көріп-біліп, бастан кешіп, дәмін татқан соң мән-маңызын біртіндеп жоғалтып алатыны бар. Өмірдегі өзгерістер мен құбылыстарды бұлайша қабылдауға болмасын біліп тұрсам да, қанға тартқан қырсықтық ерік-күшімді тұсаулап, кежегем кейін кете беретін...
Оқушы кезімде өз басым география сабағын ғана жақсы көрдім. Сосын аздап әдеби кітаптар оқушы едім. Одан басқасына желкем жар бермейтін. Әсіресе күнде ертемен сабаққа бару, жыбырлаған қайдағы жоқ есеп-қисаптар, күнделікті жазу-сызу маған аса ауыр тиіп жүрді. Кейде оларды игере алмай қиналатыным соншалық, мектепті тастап кетсем деп те талай қиялға батқаным бар. Ішімдегі бұл күйзеліс оныншы сыныпта жүргенде қатты ширығып, шегіне жеткендей болған. Бұл жылдары мен мейлі қай жаққа жіберсе де, қандай шаруаға салса да дайын едім. Әйтеуір қалғып-шұлғып жарты күн партада отырған бейнеттен құтқарса бопты. Бірақ қалыптасқан тәртіпті, қатып қалған жүйені қаршадай бала мен қайтіп бұзайын... Мектепті тастап кетсең – әкей қамшының астына алады. Көкала қойдай етіп сабап, мойныма қамыт кигізіп, қоңыз тергізіп жібереді. Оның үстіне ұшқыш болсам деген бұлдыр бір арман да көңілді қытықтай береді. Онжылдықты бітіріп, аттестат қолға тимесе, ол арман да адыра қалатынын жақсы білдім.
Сөйтіп жүргенде көктем шығып, күн жылына “шопандар бригадасы” деген қауесет пайда болды. “Сынып болып бригада құрасыңдар” деген соң, ол да бір қиқулы дәурен секілденіп, алғашында алаңдап қалғанымыз тағы рас. Бастықтар да қоймасыңа қоймай алқымнан алып, “айналайын, жастар, сүйікті отандарың сендерден ерлік істерді күтеді” деп қайта-қайта қыстай берген. “Қазақстандағы қой басын елу миллионға жеткіземіз, бұл партия мен үкіметіміздің стратегиялық саясаты, отаншыл жастардың патриоттық парызы, азаматтық асқақ міндеті” деп алаулатып-жалаулатқан соң шегінерге жер жоқ, көнбесімізге шара қалмаған. Мектеп сияқты басыбайлы емес, өз билігің өзіңде еркіндеу өмір ғой деген оймен амалсыз оған да көнгеміз.
***
Осы шопандар бригадасын құруға білек түріп белсеніп, кекіл түйіп кіріскеннің бірі мен болдым. Өйткені баяғыда бірінші сыныпқа бір жыл кешігіп түсіп, он жыл бойы сыныптың ересегі есепті болдым да, бастықтар жағы қайта-қайта маған жаутаңдай беріскен. Бұлары “ақыл тоқтатқан серкесі сенсің, баста алға” деген емеуріндері еді. Мен мұрынды бір шүйіріп, бастап бердім. Бірақ арада екі-үш ай өтпей жатып-ақ қойшылық тірлік те мені ығыр қыла бастаған. Содан, жасырып керегі не, өз басым екі жылға ұялғандай боп әзер шыдағам.
Шүкіршілік, екінші жылдың соңына қарай “әскерге кетеміз” деген сылтау табылып, қойшылықтан да уақытында құтылған сияқты болдық. Уақыт озған сайын ұшқыш болар жасымның да өтіп бара жатқанын сездім, арманның бәрі сұйылып, таңғы тұмандай ауаға тарап жатты. Оқу да қолын қош-қош бұлғап қала берді. Ақыр соңында көз көріп, құлақ естімеген қайдағы бір қиырдан бір-ақ шықтық қой...
Шынын айту парыз, азамат ретінде есейткен де, ұйқылы-ояу санамызды серпілткен де осы армия болды. Ол жақта да жазылмаған өзіндік бір заңдылықтар толып жатыр екен. Алғашқы жылы “молодой” аталып, айтқандарына көніп, айдағандарына жүріп бақтық. Өгізге келген күн бұзауға да келетінін, ертеңгі күні біз де әлімжеттік ережесімен “дед”, яғни “ақсақал” болатынымызды, “ақсақал” болып төбеге шырт түкіріп, жастарды жұмсап қойып жатарымызды білдік.
Кейіннен кезегімен солай болды да. Бірақ қаншалықты мықтымсып, “дед” атанғаныңмен казармалық тар тірлік, гарнизонның қоршауынан шыға алмаған қысастық өмір түрмеге ұқсап кетеді екен. Біз екінші жылымызды орталап, торыға бастаған толас шақта Кеңес армиясына “прапорщик” деген жаңа бір әскери дәреже енгізілген. “Прапорщик дегенің офицерге тең емес, бірақ одан кем де емес” деген уағыздар шықты. Прапорщиктер курсына онжылдық орта білімі бар, мерзімді әскер қызметін аяқтап жатқан солдаттар мен сержанттар қабылданады десті. Капитан Бауэр менімен осы жөнінде кең отырып жеке әңгімелесті. Бірер жылдан соң “экстерно” тапсырып, лейтенант атағын алудың жолдары мен мүмкіндіктерін жайып салды.
Мен тағы терең ойға қалдым. Анау жолы түрмеге жібертпей, штрафбатқа айдатпай аман алып қалған командирімнің де көңілін жыққым келмеді... Ол кісі сөз арасында прапорщиктер дайындау жөнінде біздің полкке де жоғарыдан нұсқау түскенін ескерткен.
Қорғаныс министрінің әскерден қайтаратын бұйрығына әлі екі айдан астам уақыт бар-тын. Қай-жайдағы шаруалар аяққа оратылып, полктағы “дембель” маусымның соңына, шілденің ортасына созылатыны белгілі. Былтырғы жылғы “дембельдерді” орындарыңа “замена жоқ” деген сылтаумен тамыз біткенше босатпай, әбден қинағаны есімде. Яғни, кемі тағы төрт-бес ай бойы сарғайып, мынау ит тұмсығы өтпес Забайкальенің қалың орманында, шуаш иісі сасыған тар казармада жата беруден жирендім. Басында билігі жоқ солдаттық бейшара өмірден неғұрлым тезірек құтылғым келді. Армияның үгіт-насихаты кім-кімді де қазан түбіндегі майдай ерітетіні белгілі ғой... “Прапорщиктерге офицерлер қалашығынан үй береді, айлығы шаш-етектен, тіпті офицерге қарағанда прапорщиктікі кеңшілік заман екен” дегесін, нілдей іріп салдым. Оның үстіне елдің ортасына жақын, өркениетке таяу әскери бөлімге барып қалуларың мүмкін десті. Бұл сөз одан бетер желіктірді. Жас өтіңкіреп кетті, менен енді ұшқыш шықпасын мойындап, үмітті біржола үзіп қойған уақ еді. Бардым да, тәуекел деп прапорщиктер курсына арыз бердім. Әрине, менің бұл шешімімді бастықтар құшақ жая қарсы алысты. Көп ұзамай, біздің полктің он шақты солдаты пойызға отырып, өлеңдетіп оқуға кете бардық.
Ол жақта алты ай оқығаннан кейін, Қиыр Шығыстағы қара орман, қырат-шоқының қойнауындағы бір бөлімнен бір-ақ шықтым. Елге жақын орталық бір аймаққа түссем деген ойым тағы да адыра қалды. Бес жылға контрактіге отырдық. Кейінірек офицерлік дәрежеге сырттай тапсырамын деп, өзімше келешегімді кесіп-пішіп-ақ қойып едім, ол ойым да жүзеге аспады. Менің әскери карьерамның соңы аяқ астынан берекесіздікке ұрынып, жылға жетпей армиядан қуылдым.
Көрдіңіз бе, бұл өмірде бір нәрсені қанағат тұтып, әлі күнге табан тіреп тұрақтай алмай жүрген жайымыз бар. Сондықтан Алматыдан алды-артыма қарамай қашқым келіп тұрғаным мен үшін пәлендей жаңалық емес, өзім алдын ала күткендей-ақ үйреншікті көңіл-күй болатын.
***
Зал іші құжынаған халық. Бос үстел жоқ. Бос үстел деймін-ау, бос орындық жоқ сияқты. Гуілдеген үн, будақтаған түтін. Сырттай бақылаған кісіге араның ұясын елестеткендей.
Біздің іргеміздегі үстелге төрт еркек жалпия қалыпты. Өздері әжептәуір қызып алған. Төрт еркектің үшеуі қызылкеңірдек болып бір нәрсені талқылап жатыр. Төртіншісі ұзын мойнын дуадақтың айғырындай созып қойып, әңгімеге араласқан жоқ. Ернін жымқырып, анау үшеудің таласын сырттай ғана бақылап отыр. Оқта-текте бірдеңені құптағандай басын шұлғып, көлгірси күлген болады. Күлгені де қызық, кекесінді кежір күлкі. Еріндері жымиғанмен, бет-әлпеті сазарып бүлк етпейді. Көзі де жұмылмай қимылсыз қалады. Кірпік қақпас жыланкөздің өзі. Әйтеуір, түр-тұлғасынан бір жалғандық сезіліп тұр. Бас шұлғысы да әншейін ишара ғана. Өйткені сөз таластырған анау үш жолдасын емес, мүлдем басқа нәрсені ойлап отырғаны анық. Сөйтіп отырып көз қылып, әңгімеге ортақтасқан кейіп танытқансиды. Мен адам танысам, мынау ұзын мойын мұртын шалдырмас қу перінің нағыз өзі.
Апырмау, дәл осындай жылан көз, жалған жымиысты қайдан көрдім деп мен аң-таңмын. Құдай ақы, керемет таныс бейне! Күліп отырса да бет пішіні қимылсыз безеріп қалатын, жымиып отырып көзі өңменіңнен өтіп кететін кісі кім еді осы?
Есіме түсті, Бөрібай баукеспе екен ғой!
Мынау кісінің өтірік жымиысы ғана емес, түр-келбеті де сол Бөрібайдан аумай қалыпты.
Өз басым сол Бөрібайды бір-ақ рет көрдім. Оның өзінде сонау алыста қалған бала күнімде. Ұмытпасам, он үштемін-ау деймін. Әлде он екідемін бе? Әйтеуір сол кездер... Ол кісінің бет-бейнесінің миымда жатталып қалғаны сондай, фотосуреттей бәрі есімде.
Бөрібай баукеспе Бөктерде тұратын. Бөктер деген – ауылдың аты. Қалың теріс, ақбас шыңды Алтайдың аласарып, жадағай әрі жалаңаш төбелерге алмасар тұсындағы шағын мекен. Тар шатқалдың өңешінде отырған елу-алпыс үй. Ары-бері өткен жүргінші міндетті түрде осы Бөктердің жанынан өтеді. Ауылға кірмейді, бірақ ауылды шақырымдай жерден жанап өтеді. Бұл жақта басқадай жол жоқ. Ауылдың түстік қапталы шапшыма жартас, асу бермес асқар бел, терістік жағы бақасы бақылдаған ми батпақ.
Жанай өтіп бара жатқан жолаушыға тау етегіндегі Бөктер тым момақан, мынау үлкен өмірге мүлдем қатысы жоқ, жүдеу ауыл жетім жұрттай көрінеді. Сырт қараған кісі ауыл ішінде қыбыр еткен жанды байқай алмайды, тіпті көше кезген тіміскі ит пен мысық та жоқ, мұржалардан түтін де шықпай жатады.
– Бұлар сөйтеді! – дейтін біздің ауылдың үлкендері. – Бұлар күндіз ұйықтайды да, түнде жорыққа шығады...
Содан арғысы үлкендер сөзді бірінің аузынан бірі іліп әкетіп, бөктерліктер туралы нелер бір хикаяттарды бастай жөнелісетін. Бөрібай жайындағы аңыз-әңгімелерді естіп жүргенім де сол шақта ғой.
Ол заманда біздің ел Моңғолиядан тау асырып қора-қора қой, табын-табын сиыр мен сарлық айдайтын. Моңғолиядан шыққан мың-мыңдаған мал жайыла жылжып, бірнеше ай жүріп жер түбіндегі Семейдің ет комбинатына апарып өткізілетін.
Алтайдағы мал айдайтын осы аңғарды қазақтар “емпірттің жолы” деуші еді. Ал мал айдаушылар – қала мен даланың жалданбалы алуан халқы. Олар алдарындағы малын комбинатқа шығынсыз өткізгеннен кейін ақшаға шаш-етектен қарық болады екен деп еститінбіз. Әңгіме сонда, алдарындағы малын шашау шығармай, аздырмай-тоздырмай жая айдап, Семей шаһарына аман-есен жеткізуде ғой. Ол үшін сонау Моңғолиядан шығарда әлгі жалданбалы малшыларға мал айдайтын трастың картасын беріп, жол сілтеп, ұры-қарыдан сақтанудың әдіс-тәсілдерін мұқият үйретіп жіберіседі деседі. Сол картада Бөктер ауылы “аса қауіпті нүкте” ретінде қызылмен белгіленген көрінеді.
Жалданбалы малшылар қырық құрау дедік қой. Іштерінде нелер бір маскүнемдер, түрмеден шыққан “зектер”, аннан-мұннан қашқан сотқарлар мен тентектер, бәр-бәрі кездесетін сияқты. Әрине, бала-шағасын асырау үшін адалынан ақша табуға шыққан жөні түзу азаматтар да бар шығар. Қалай болғанда да осы қырық құрау жалданбалы ағайын Бөктерге жақындай бере ұйқы мен күлкіден айырылып, күні-түні кірпік ілмей мал күзететіседі екен. Ол бейшаралар қаншалықты сақтанғандарымен, бөктерліктер айласын асырып бәрібір тиесілі үлесін жымқырып қалатын сияқты.
Бөктерліктер алдымен мыңғыртып қой айдайтын “трастың” бойына әр жерден терең-терең шұңқыр қазады. Ол шұңқырлар кісі көрмейтіндей жерден, қалың тобылғының түбінен, болмаса бұта-қарағанның ортасынан қазылады. Қазған шұңқырларының бетін өздері ойлап тапқан әткеншекке ұқсас конструкция түрінде бекітіп, бетін тақтай қақпақпен жабады. Қақпақтың бетін шыммен, шөп-шаламмен бүркей жасырады. Содан жайыла жылжыған қойлар шетін басса болды – қақпақтың бір жағы сылқ етіп төмен ашылып кетеді. Ашылған қақпақпен қоса шұңқырға үш-төрт қой топ-топ етіп түсе қалады. Үстіне түскен салмақтан босағасын, қақпақ қайыра орнына келіп, сарт етіп жабылып қалады.
Кейде шұңқырға көбірек қой құлату үшін бөктерліктер сол маңайдағы бұта ішіне кішкентай балаларды жасырып қойысады екен. Қалың қой шұңқырдың тұсынан өте бергенде бала қойларды дүр еткізіп шұңқырға қарай үркітеді. Үріккен қой белгілі ғой, бірінің үстіне бірі шығып, шұңқырға оннан, он бестен топырлап құлайды екен. “Емпірттің” малы маңайдан ұзап кеткен соң, түнде бөктерліктер шұңқырларын адақтап, жинаған олжаларын қылдай етіп үйді-үйге бөліп алысатын сияқты.
Осының бәрін ойластырып, ұйымдастырып жүрген сол Бөрібай еді деседі үлкендер. Ал жазғы бір маусымда осы арамен кемінде жүзге тарта отар қой айдалады. Әр отардан әлгіндей тәсілмен үлес алып қалып отырса, әрине, бөктерліктердің табысы шаш-етектен екені белгілі. Сондықтан олар бөтен адамдармен көп араласпайды, былайғы жұртпен көп сөйлесе бермейді. Олардан бірдеңе сұрасаң, жарытып жауап ала алмай қор боласың дейді. “Білмеймін, көргемін жоқ” деп иықтарын қиқаң еткізіп теріс айналып кетіседі. Жалпы бөктерліктердің сөздік қорында “көрдім” деген сөз ежелден болмаған тәрізді. Бәрі де бармақ басты, көз қысты мүддесі бір ағайын, бірін-бірі әсте сатпайды екен. Аудан басшылары да жоғарғы жақтан әлдебір қадірлі қонақ, сыйлы мейман келіп, мал керек, ет керек болған жағдайда ауыздарына уақап осы бөктерліктерге ат шаптырып жатады деседі. Бөктерліктер осылайша бастықтармен де сыбайласып, әмпей-жәмпей жең ұшынан жалғасып жататын сияқты.
Бірде “емпірттің” қалың табынын қақ ортадан ауылдың көк бұқасы, көп сиырымен өкіре-бақыра кесіп өтіп, Бөрібай өзімен бірге он сиырды қоса айдап кетіпті.
Тағы бір жолы әлгіндей “емпірт” емес, кәдімгі өзіміздің көрші аудан – Марқакөлдің қазақтары бір отар қойды Семейге өткізуге айдап келе жатады ғой. Бөктерге таман жақындағанда қыр басында шөп шауып жүрген бір шаруадан:
– Осы Бөктер деген жер мал айдаушыларға аса қауіп деп естиміз. Бұл жерде Бөрібай деген бір оңбаған ұры бар деп естиміз. Сол кісі туралы не білесіз? – деп сұрасады.
– Иә, шырақтарым, ондай ұрының болғаны рас. Қара жер хабар бермесін, ол кісі ел-жұртты қан қақсатқан сұмырайдың нағыз өзі еді. Жарықтық, осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды! – деп жауап береді шаруа.
Ұры Бөрібай баяғыда өліп қалған деген соң, марқакөлдік малшылар аздап арқаларын кеңге салып, бел шешіп босаңсып, ауылдан алысқа ұзамай-ақ шатыр тігіп қона салысады. Бөктерліктерге де сол керек, түнде жымын білдірмей он шақты қойды жымқырып алып қалады.
Сөйтсе, шөп шауып жүрген шаруаңыз – Бөрібай сұмпайының өзі екен.
Мұндай әңгімені естіген былайғы жұрт:
– Ау, ағайын, сендердің мына қылықтарың мүлдем ұят шаруа ғой! – десе:
– Ешқандай да ұяты жоқ! Бұлардың бәрі біздің шаң басар айып-пұлымыз ғана! – деп бөктерліктер әсте айылдарын жимайды екен.
***
Сол Бөрекең, ұрлығы бүкіл өңірге аңыз болған Бөрібай бірде біздің үйге қонаққа келген. Алғашында мен оның атақты Бөрібай екенін қайдан білейін. Бет-аузы жып-жылмағай, тарамыстай тартылған ақсұр өңді кісі екен. Мені кекілімнен сипап, арқамнан қағып еркелеткен болды. Қасына отырғызып тау басындағы бір жезтырнақ туралы әңгіме айтты. Бұрын көрмеген бөтен адам болса да мейірімді ме дедім. Әкем екеуі сораптап шай ішісті, асықпай төре табақ ет жесті. Есімде қалғаны – ол кісі шай ішкенде ернін шүйіріп асығыс ұрттайды екен. Сосын адамға қараған кезде көзі тесіп жіберердей өткір. Соңынан әкем екеуі әлдебір шаруаға келісіп қол алысты да, мейманымыз менің маңдайымнан бір иіскеп атына мінді. Мен ол кісі көзден таса болғанша соңынан қарап, көзбен шығарып салдым. Қайыра үйге кіргенімде, шешем құлағыма сыбыр етті:
– Балам, жаңа келген кісінің кім екенін білесің бе? – деп сұрады.
Мен, әрине, “білмеймін” деп иығымды қиқаң еткіздім.
– Бөрібай деген кісі сол болады! – деді шешем. – Ұры Бөрібайды естіп пе едің?
Естімегенде ше, естігем, әрине!
Мен аузымды ашып аңқидым да қалдым. Әлгінде ғана менімен жымия тұрып, жылы-жылы сөйлескен, әкеммен әмпей-жәмпей бола қалған адам атақты ұрының дәп өзі болғаны ма? Апырмай, түріне қарасаң, иманмен қаптап қойғандай аса бір кішіпейіл сияқты ғой? Бұл қалай болғаны сонда? Жаман кісінің жамандығы, ұры кісінің ұры екені түр-түсінен көрінбегені ме?
Мен адам аласы ішінде болатынын бала жүрекпен сол жолы алғаш рет ұққандай болдым. Алғаш рет жалғандықпен де бетпе-бет жүздескенім сол шығар...
Кейінгі өмірде аяқ басқан сайын жалғандыққа сүрінетін күйге жеттік қой. Бәрібір осы бір көлеңке секілді жаныңнан қалмайтын келеңсіз құбылысқа менің жаным үйренбей-ақ қойды. Асқақтаған амалшыдан аяңдаған адалдық озады. Мен соны білемін, соған имандай сенемін. Мені бұған әкем де, шешем де, тіпті мектеп те үйреткен жоқ. Мені үйреткен – өзім оқыған азды-көпті әдеби кітаптар. Сол себепті де өтірік көлгірсуден, жалған сөзден тіксініп тұрамын, жиреніп тұрамын. Соның бәріне Бөрібай баукеспемен бала күнгі сол бір кездесуім себеп болған сияқты. Сол кездесу ой-санама қатты әсер етіп, жүрегіме шемен боп қатып қалған сияқты.
***
...Үлкен залдың самаладай жарығы бір өшіп, бір жанды.
– Бұл "өкшеңді көтер" деген белгі, – деді көрші үстелдегі бір еркек. – Ресторан жабылады. Енді бізге маза жоқ, қиқулап қуалай бастайды.
– Сағат он бірге таяп қалыпты ғой! – деді оның қасындағы кісі таңданғандай болып.
Мен де сағатыма қарадым, бес минутсыз он бір екен. Расында да уақыт дегенің зымырап өте шығыпты-ау!
Бүйірдегі үстелді қаумалаған төрт еркек даяшы апаймен дауласып жатыр. Өздері әтештің айдарындай болып қызарып алысқан.
– Тағы бір жарты сағат уақыт беріңіз! – дейді қияқ мұртты біреуі азар да безер болып. – Апай, біздің әңгімеміз бітпей қалды.
– Қалған әңгімені көшеде айтыңдар! – дейді апай да сазарып.
– Ойбай-ау, мына түрімізбен көшеде бізді мелиса қол-аяғымызды байламай ұстап кетеді ғой!
– Сендер отырғалы төрт сағат болды, ол не деген таусылмайтын әңгіме?
– Бірге оқып едік... Курстастармыз. Кездеспегелі бес жыл болды. Күнде кездесіп жатқамыз жоқ қой, апай.
– Болмайды, қарақтарым. Бұл үкіметтің мекемесі, қоғамдық орын, тәртіпті бұза алмаймын. Сосын менің де бала-шағам бар ғой, мен де уақтылы үйге қайтқым келеді. Мені де аясаңдаршы!
– Түсінеміз, апай... жарты сағатқа.
– Жоқ, жарты сағат болмайды, он бес минут... Сосын, шырақтарым, залды босатыңдар!
– Рақмет, апай! Бұл жақсылығыңызды өлгенше ұмытпаспыз!
Мен шүйіркелескен төртеуге қызыға қарадым.
«Курстастар деген осындай болады екен-ау!»
Егер жолым оңғарылып осы жолы оқуға түсіп кеткенде ғой, кейін достармен мен де дәл өстіп әмпей-жәмпей кездесіп жүрер ме едім, кім білген? Мынау курстас төртеудің әңгімесі төрт сағат бойы сайраса да сарқылмағанына қайранмын. Сонда бұлардыкі ұшы-қиыры жоқ, тас бұлақтай таусылмайтын не сөз? Тегі, курстас дегенің достықтың сырға толы, жырға толы жылдарымен бағалы, сонысымен қымбат болар? Әйтеуір, мен үшін қазір бәрі жұмбақ... Мен пақыр ондай жұмбақты ғұмыры шеше алмай өкініште кететін шығармын. Өйткені енді менен ешқандай курстас шықпайды, ол жағы біткен іс, шешілген шаруа екенін ішім сезеді. Сыныптас дегеннен әріге аса алмайтын болдық... Сыныптас демекші, осы біз де кезінде мектептен соң бес жылдан кейін, мамыр айында кездесеміз деп уәде берісіп едік. Ол межелі белес биыл өтіп кетті. Сол кездесудің дайындығын сұрап, көктемде бір сыныптасыма хат жазғанда: “Қай бетімізбен жиналамыз? Оқуға түскен біріміз жоқ. Жартымыз қойшы болдық, қалғанымыз қара жұмысқа кеттік. Әскерде прапорщик екен деп сені көз тұтушы едік, сен де құмға сіңгендей құйрығыңды ұстатпай кеттің!” – деп өзімді кінәлаған жауап алғам. Бірге оқыдық деп мәз боп жүрген біздің сыныптастардың сиқы, мінеки, осындай болып тұр.
Енді ойласам, өмірімнің ең бір алаңсыз бақытты күндерім мектеп қабырғасында қалыпты. Кезінде соның өзін бағалай да, бағамдай да білмеппіз-ау! Бәріміз де арман қуып арда өскен ұлан едік. Арманымыз таудай болатын. Сол тауымыз көктем шыға күл-талқан болды. Көктеммен бірге көктеп келе жатқан мақсат-тілегіміз көктей солды. Бәрі де қойшы болып таяқ ұстаған екі жылдың арғы жағына қарай ысырылып кете барды. Ол екі жылды көсемдер мен шешендер қаншалықты мақтап уағыздағанмен, көпшілігіміз оны ертеңімізді тұмшалаған боз тұмандай елестеттік. Болашағымыз аяқ астынан бұлыңғыр тартып жөнелді.
***
Оныншы сыныпты бітіретіндер әдетте 25 мамыр күні соңғы қоңырау соғып, мектеппен қоштасу кешін өткізуші еді. Жігіттер үстеріне су жаңа кәстөм киіп, қыздар құлпырып, өзгеше жасанып клубқа жиналысатын. Бұл күні сен бояндың, сен тарандың деп құлақ етті жеп, жиналысқа салатын тәрбиеші мұғалімдер де жақ ашпайтын. Қыз-жігіттер кеш бойы ойын-сауық құрып, би билеп, дастарқан жасап, шампан ататын. Соңынан топ-топқа бөлініп өзен жағалап, көгал шалғындарды қыдырысатын, таң жаршысы тауық шақырғанша сырнай тартып ән салысатын. Сөйтіп түні бойы ұйықтамай туар күннің атар таңын бәрі бірге қарсы алысушы еді. Ағарып атқан таңмен бірге аялаған армандарын, үкілеген үміттерін күткендей болысатын. Ағарып атқан осы таң жаңа басталған жас өмірдің алғашқы хабаршысы сияқты көрінетін. Бұл күні таңды жұрт қатарлы қарсы алмасаң жылдан құр қалған түйе секілді бәрінен айырылып, болашақ бар өмірің өксіп өтердей көрінетін.
Бұл – көңілде аласұрған асыл армандардың таңы еді, жүректі шымырлатқан бақыттың таңы еді.
Біздің сыныпта сол да болмады ғой... Кеш аяқталып, дастарқан жиналысымен жастардың бір бөлігі өзен жағалап қыдырып қайтудан бас тартты. Бас тартып қана қойған жоқ, “шаршадық, ұйқымыз келді” дегенді сылтауратып үйді-үйлеріне тарап кетісті. “Бұларың не сендердің, таңды бірге қарсы алмаймыз ба?” дегенде:
– Не үмітпен біз оны қарсы алмақпыз? Бәріміз де қойшы боларымыз белгілі ғой, – деді Сейітқұмар деген жігіт.
Сол сәтте қыз-жігіттер Сейітқұмардың аузынан өздері айтуға қорқып жүрген ащы шындықты енді естігендей бір-біріне аңтарылып қалысқан.
Тек комсорг Ләззат қана Сейітқұмардың сөзіне шамданғанын білдіріп:
– Сен ондай пессимистік әңгімеңді қой, Секо,– деп шыр-пыр болды. – Комсомолецтер арасындағы мұндай үгіт-насихатыңды доғар, білдің бе? Қайдағы “қойшы”? Ондай ұғым бізде жоқ қазір. “Қойшы” деген келмеске кеткен. Біз бәріміз шопан боламыз, білдің бе!
Сейітқұмар комсорг Ләззатқа бұрылып, мұрнын қорс еткізіп бір тартты да:
– Шопаны не, қойшысы не – арғы атасы біреу емес пе! – деп есікті тарс жауып шығып кетті.
Комсорг Ләззат не айтарын білмей безектеп қала берген. Сосын біздің бәрімізге жаутаңдап бір қарады да, шыңғырып жылап жіберді. Комсорг жылап еді, қалған қыздар да әзер тұр екен, бәрі сұңқылдап қоя берісті.
Осылайша кештің соңы қожырап, қыздардың азан-қазан жыласына ұласып кетті.
Артынша қыздар тобы бет орамалдарымен көздерін сүртіп, бойларын тіктеді де, соңдарына бұрылмастан, тіпті қош айтыспастан клубтан шыға жөнелісті.
Клубта қалған кілең жігіттер әлі де болса үміттерін үзбей, бірін-бірі қимай қарайлап, тағы бір сағаттай айналсоқтап жүрді. Сосын олар да бірінен кейін бірі жылыстап жоғала бастады. Сол жолы әлденеден күдерімді үзбей алаңдап, ең соңғы болып үйге қайтқан мен едім.
***
Мейрамханадан шыққан бойда жылтыр пакетімді қолтығыма қыстырып, теміржол вокзалына жаяу тарттым.
Коммунистік даңғыл деп аталатын бұл көше жайнап кетіпті, самаладай жап-жарық.
Бұл қала дегенің мен үшін жұмбақ, өзгеше бір әлем болды... Күннің түрлі мезгіліне, ауа райына байланысты құбылып тұратын бөлекше даусы, ерекше үні бар екен, келгелі бері соны байқап жүрмін. Мысалы, қаланың күндізгі даусы оның түнгі даусынан өзгеше. Таңертеңгі тұп-тұнық қала мен шаңқай түстегі қапырық қаланың әуені екі түрлі. Қазір сәске түс болып қалды, көшеде жүйткіген машиналар, анау кафенің төбесіндегі радио-табақтан шыққан саз, милиционердің ысқырығы, дабыр-дұбыр сөйлескен адамдар, бір қора жылқы келе жатқандай қыз-келіншектердің асфальтті тықылдатқан жүрісі – өзіндік бір симфония. Кешке қарай бұл музыка үні қоюлана түседі, тіпті ащылау шығады. Қаладағы нағыз өмір түнде басталатынын байқадым. Күндіз маужырап, ұйқылы-ояу жүрген қала тірлігі түнге қарай жанданып, құлпыра жайнап салады. Түнгі қаланың даусы еш нәрсеге ұқсамайтын айрықша музыка. Бірақ қазақтың музыкасы емес, тілі де бөтен, үні де бөтен.
Түнгі қаланың қақ ортасында сан-сапалақ ойға батып тұнжырап мен келемін.
Өзім сеземін, әжептәуір мас сияқтымын. Кеш бойы сыздықтатып отырып бір шөлмекті тауысып қойыппын, ол оңай дейсің бе! Сондықтан қызыл жағалылардың көзіне түспей, вокзалға барып таңғы пойызды тыныш қана күтіп отыру керек. Әйтпесе бәле деген аяқ астынан. Онсыз да жетісіп жүргеніміз шамалы. Айықтырғышқа апарып қамап тастаса – абыройыңның айрандай төгілгені сол емес пе!
Жалпы өз басым ішімдік атаулыға пәлендей әуестігім жоқ-ты. Менің дәл бүгінгідей ішуім аса сирек құбылыс. Тіпті ондай оқиға болмайды деуге де болады. Жұрт көп жиналған жерден, кенеуі жоқ құр даңғаза мен айғай-шудан қашыңқырап жүретін кісінің бірі менмін... Рас, әскерде жүргенде осы көктемде өстіп бір ішкенім есімде. Сол үшін де оңдырмай таяқты жедік қой. Бұл өзі әсте ұмытылмас оғаш оқиға болды...
***
Прапорщиктер курсынан соң да айдалғандай болып атан жетпес қайдағы бір алысқа түскенім менің көңілімді қатты құлазытып жіберген. Оның үстіне, тар казармадағы солдаттық өмірде армия туралы дәнеңе де білмейді екенсің. Прапорщиктік қызметім менің көзімді біраз нәрсеге ашқандай болған. Армия дегенің де бақантірес, иттартыс тірлік екен. Мұнда да күнгейінен гөрі көлеңкесі басым ба дедім. Жағадан кіріп, балақтан шыққан жағымпаздықтың бұл жерде де түр-түрін көруге тура келген. Бірін қуантып, бірін қуартқан алалық мұнда да жеткілікті тәрізді. Артыңда арқа сүйерің болмаса, соңыңда сенерің болмаса – өсу де қиын, оқу да қиын. Ондайда академияға жол – қияметтің сапарынан бетер. Ал академияны оқып-бітірмеген офицердің шығар тауы шолақ, барар өрісі қысқа.
Полкке менімен бірге келген бес прапорщиктің бесеуі де түрлі шаруашылық жағын икемдеп, көп уақыт өткізбей-ақ бастықтармен әмпей-жәмпей болысып кетті, көз асырып табыс тауып жүрді. Ол әріптестерімнің іштері жарау, жондары қырау, жалпы жаман тұрған жоқ. Мен пақырдың ондайға да ебім болмай шықты. Мінезімнің кесірінен біреулермен ежіл-қожыл шүйіркелесіп, ауыз жаласып достасып та кете алмадым. Офицермен төс қағысып әмпей-жәмпей бола алмайсың, мұрындары көк тіреген біреулер. Көбісі ақымақтау, айғайшыл. Иықтарына жарқыратып оқалы погон таққанға Құдайдың құлағын ұстағандай болысады. Дос болу үшін қызметтен қол боста солар құсап түбін түсіріп ішуің керек. Әйтпесе бөтенсің. Ақылды офицерлер үлкенмен де, кішімен де алыстан сыйласқанды жөн санасады, маңайына жолатпайды. Анда-санда курста бірге оқыған Сидоренко деген қасқа бас, салпы ерін прапорщикке барып, көңіл жазған боламын. Басқа уақта дырду-думанмен саусылдаған құрдастарымның ойын-сауығынан да, бірін-бірі қонаққа шақырысқан даңғаза кештерден де бойымды аулақ салып жүрдім. Менің сол мінезімді біліп алған соң, қызметтестерім кейінгі кезде мені адам деп бір жаққа шақыруды қойысқан.
Атасы бөтен алыс жұртта жалғыздықты шын сезіп, өстіп жаным құлазып жүргенде, бірде офицерлер қалашығының шетіндегі елеусіздеу бір кафеге барғам. Күн жексенбі еді, тайганың қысқы сызы сейіліп, мамырдың жылымық шуағы арқаны қыздыра бастаған кез. Не заматта тып-тыныш кафе ішін бастарына көтере дабырласып бес-алты жас лейтенант кіріп келді. Біздің полктің жастары емес, бәрі де бөтендер. Көрші полкке өткен жылдары келген жас “пополнениеге” ұқсайды. Лейтенанттар келген бойда екі үстелді қатарлап қойып жіберіп, орталарына бірер шөлмекті айналдырып, дөңгеленіп отыра қалысты. Сөз ретінен байқаймын, араларындағы біреуінің туған күнін дүрілдетіп жүрген тәрізді.
– Прапорщик жолдас, бізге қосылыңыз, тост айтыңыз! – деп орталарына мені де шақырды.
Мен рақмет айтып, өз орнымда отыра бердім. Лейтенанттар сәлден соң мүлдем қызды. Бәрі де аузын үріп, аяғын сыпырып, мәпелеп өсірген қаланың бозөкпелері сияқты. Бәрі де мен құралыптас, ары кетсе кейбірі ғана бірер жас үлкен шығар. Құдай біледі, бозөкпе бұларға қарағанда даланың желі қағып, тотыққан күрең жүзді мына мен ересек көрінемін.
Не заматта лейтенанттың біреуі теңселе басып менің қасыма келген. Күлтеленген алтын шашты, сапақ сары күпиген бозбала. Аю көргендей оқшырайып қасымда аз-кем тұрды да:
– Жолдас прапорщик, сіз неге біз шақырғанда келмейсіз? – деді тілін шайнап.
– Кешіріңіз, мен жалғыз отырғанды ұнатамын, – дедім мен басымды көтерместен.
– «Жолдас лейтенант» деңіз!
– Иә, жолдас лейтенант...
– Жо-жоқ, сіз бізді меңсінбей отырсыз!
– Неге менсінбеймін? Меңсініп-ақ отырмын!
– Жо-оқ, сіз меңсінбей отырсыз! Сосын сіз бізді мас санап отырсыз!
– Мас екендеріңіз рас, мен де сіздер секілді қатты қызумын, жолдас лейтенант!
– Жо-оқ, біз түк те мас емеспіз!
– Костя, қойсаңшы бос сөзді... Кел орныңа отыр! – деп оны көзілдірікті бір лейтенант қолынан жетелеп, қайта апарып орнына отырғызды.
Орнына отырғанымен де ол жігіт маған бәрібір тұманды көзін сығырайтып, қайта-қайта қарағыштай берді. Сеземін, өзінше қоразданып, менімен байланысқысы келіп отыр. Пәледен машайық қашыпты деген, аман-сауымда үйіме қайтайын деп ойладым. Орнымнан тұрып, буфетке қарай жүрдім. Сол жерде буфетшімен есеп айырысып жатыр едім, біреу ақырын ғана иығымнан қақты. Жалт қарасам – сапалақ сары әлгі лейтенант.
– Сіз неге біз шақырғанда келмейсіз, прапорщик мырза? – деп түкірігіне шашалып қалды.
– Әй, Костя, прапорщикте нең бар, қойсаңшы! – деп көзілдірікті жігіт те бері беттеді.
– Жоқ, қоймаймын... Бұл азиат бізді меңсінбеді.
– Қой деймін, Костя!
Байқаймын, мына сапалақ сарың жеті атасынан қаракөк, алты атасынан ақсүйек екенін көрсетіп тұр. Әрісі Мәскеудегі үлкен бір бастықтың, берісі округтегі әлдебір генералдың баласы болар. Әншейінде жібектей сызылған иманжүзді интеллигент болғанымен, бұндай кісілердің шын бет-пердесі осындай түбін түсіріп ішкен кезде ашылады. Ұйықтап жатқан алтыншы сезімі оянып, жан сарайы мен бар шындығын осындайда жайып салады.
Дәл қазір түрі бөтен, түсі басқа мені қатты жатырқап тұрғанын, сосын да жуандығын көрсеткісі келген ниетін ұқтым. Армиядағы үш жыл ондай-ондай қитұрқының біразына бойымызды әбден үйреткен.
– Костя, қой деймін! Прапорщиктің мазасын алма! Бар да орныңа отыр!
– Жоқ, отырмаймын... Мына бабай бізді меңсінбей тұр!
Көзілдірікті лейтенант Костя досына қолын бір сілтеп, теңселе басып әжетханаға қарай өтіп кетті.
– Сіз бізді меңсінбейсіз, сөйте тұра өзіңізге қарамайсыз, – деп лейтенант маған тақай түсті. – Сіз әскери адам емессіз, өйткені сізге форма үйлеспей тұр. Жалпы азиаттарға әскери форма үйлеспейді. Сіз соны білесіз бе?
– Ол жағын байқамаппын, – дедім мен әңгіменің тігісін жатқызып, тезірек кетіп қалуға ыңғайланып.
– Жалпы армия сіздің не теңіңіз? Бүйтіп армияны масқараламаңыз, білдіңіз бе?
Мен қаншалықты сабыр сақтайын десем де, басыма қан шапшыды.
– Лейтенант, онда сіздің шатағыңыз болмасын! – дедім ернімді тістеп.
Лейтенант басылғаны сол, өңешін созып өңмеңдей түсті.
– Сіз “сверхсрочниксіз, яғни сіз кусоксыз”, сіздейлер армияның күш-қуатын арттыру үшін емес, дүние жинап, қарнын боқпен толтыру үшін ғана жүреді! – деді лейтенант залды басына көтере дауыстап.
Қалай болғанын өзім де аңғармадым, лейтенантты иектің астын ала жандырып кеп жібердім. Өзі тәлтіректеп әзер тұрған жігіт жұлындай ұшып түсті. Сол бойда анадай жердегі үстелдің астына зу етіп кіріп кетті. Малтасын езіп тұрғанда тілін қыршып алды ма, аузынан қап-қара қан бұрқ ете қалды.
Сол-ақ екен айғай-шу... Қалғандары да белдерін буынып, білектерін түрініп, отырған орындарынан өре түрегелісті.
– Офицерге қол көтерді, мынау масқара ғой! – деп өршеленісті.
– Прапорщик кінәлі емес, Костя өзі тиісті, – деп біреулері маған араша түсіп жатыр.
– Прапорщик жолдасқа Костяның өзі тіл тигізді, – деді тағы біреуі.
– Бәрібір, мына жағдай масқара!
– Костя өзі кінәлі...
– Мен қазір бұл “кусокқа” офицерге қол көтергеннің не екенін көрсетіп жіберейін...
– Жігіттер, тоқтаңдар!
Біз өстіп жағадан ұстасып жағаласып тұрғанда, буфетші хабарлай қойған ба, кафеге сау етіп патруль кіріп келді.
Одан кейінгі жағдай белгілі, офицерге қол көтергенім үшін, әрине, ең алдымен мен жазықтымын. Оның үстіне ішкендік бар, мойным салбырап ноқталы ботадай патрульге ұсталып кете бардым.
***
Әупірімдеп теміржол вокзалына да жеттім-ау әйтеуір.
Вокзалдың бірінші қабаты сапырылысқан көп халық екен. Мен екінші қабатына көтеріліп, буфеттің арғы бір бұрышындағы оңашалау жерге барып жайғастым. Масаңдау мынау түрім біреуге күдік келтірмесін деп, алдыма бір стақан шай мен бір бутерброд алып қойдым. Бірақ оларға тигем жоқ, буфетке келіп-кеткен кісілерді сырттай бақылап, есінеп-құсынап отыра бердім.
Құйрығы дөңгеленген семіздеу бір кісі орнынан қайта-қайта тұрғыштап, қасындағы сызылған келіншектің қолын сүйгіштей береді. Қимыл-қозғалысы тіпті ерепейсіз. Өзін анау келіншектің алдында асқан интеллигент етіп көрсетуге тырысады білем. Онысы жалған екені тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Шарап толы фужерді шылдыр еткізіп соғыстырады да, тағы да иіліп келіншекке тоңқаяды. Тоңқайған кезде шалбары тыртысып, шарт етіп жыртылып кете ме дерсің. Тіфу!.. Ай, шіркін, деп ойладым ішімнен, тоңқая бергенде жүгіріп барып анау дөңгеленген май құйрықтан теуіп кеп жіберсе!
“Қойшы, бала құсап қайдағыны шығармай...”
Шолақ юбка киіп, сылаңдай басқан бүлдірген ерін бір қызға көзім түсті. Айтары жоқ, киім киісі де, жүрісі де әп-әдемі. Отырған еркек атаулының бәрі әлгі қыз жаққа қабақ астынан бір-бір қарап қойысты. Тіпті келіншектің қолын сүйгіш семіз жігіт те бір сәт аңтарылып қалған. Әдемі қыз келді де, буфеттің арқалығына сүйеніп, былайғы жұртқа бөксесін бұлтитып тұра қалды. Буфетшімен әлдене деп шүйіркелесіп жатыр. Сәлден соң буфетші келіншек әдемі қызға темекі ұсынды. Қыз темекінің бір талын қызарған ерніне қыстырды да, қол сөмкесін ақтара бастады. Сол сәтте жақынырақ отырған жігіттің біреуі елпең қағып ұшып тұрып, қызға от ұсына қойды. Қыз әлгі жігітке күлімсірей қарап, бірдеңе деп бүлдірген ернін жыбырлатты. Рақмет айтқаны болар, жігіт ыржиып мәз.
Мен бір кино көріп отырғандай әсерде қалдым. Мына кісілердің бәрі мен көріп отырған кинода ойнап жүрген әртістер сияқты. Әйтеуір, мына көріп отырғаным түк те шынайы өмір емес, бір жалғандық бар. Жалғандық болғанда тіпті өрескел... Әдемі қыздың киім киісінен бастап, бұраңдаған жүрісі, бөксесін бұлтитып, балтыры мен аппақ санын жарқыратып темекі тартқан мынау тұрысына дейін жарнама сияқты. “Әттең, Қособада бір кездессең, көрер едім әуселеңді! – деп тісімді қышырлатқан боламын. – Қызылға түскен бүркіттейін бүрер едім қыңсылатып...” “Қойшы, – деймін артынша, – сен жазған ауызбен орақ орғаннан басқа не жасап қиратып едің!”
Отырған жерімде сәтке қалғып кетіппін. Көзім ұйқыда болғанымен, ойым сергек. Былайғы сыбдырдың бәрін естіп-біліп отырмын. Әне, диктор әйел радиодан саңқылдап қоя берді. Новосібір – Ташкент пойызы келіп тоқтағанын хабарлады. Буфет жақтан лирикалық жеңіл бір саз шығады. Бұрыштағы орындықта төрт еркек еріндерін жымқырып, тымырайып карта соғып жатыр. Мінеки, менің алдымда, тас еденнің үстінде томпаңдап жүгіріп бір қара домалақ бала ойнап жүр. Бұл қара домалақ бала – менің ұлым. Өзімнен аумай қалған тұңғышым менің! Ойнап жүрген балам тас еденге жығылып қалар ма екен деп мен қылпылдап әзер отырмын. Апырмау, бұл баланың анасы қайда? Төменге түсіп кеткен бе, бұл маңайда көрінбейді ғой? Мен ұлымды жаныма шақырып, құшырлана бетінен сүйіп-сүйіп алдым. Сосын құшақтап көтеріп, терезе алдына бардым. Бір қызығы – дала сүттей жап-жарық екен. Әлгінде ғана себелеп жаңбыр жауып тұрған қараңғы түн қайда кетті деп аң-таңмын. Тегі, жаңбыр басылып, найқалып аппақ ай туған ғой? Әлде мұқым даланы самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ма екен? Мейлі ғой, мен ұлыммен ақтарылып ұзақ-ұзақ сырласқым келді. Көрген-білгенімді, көкіректегі арман-шерімді, көңілдегі көп-көп сағынышымды айтсам деймін. Бірақ онымды сәби түсінер ме деп көзім жасаурап ұлыма жаутаңдадым. Ұлым бәрін де ұғатынын сездіріп, менің бетімнен шөп-шөп сүйіп алды.
– Ұлым, – деймін мен үздігіп. – Мен көп дүниеден көңілім қалған жанмын. Арман да, мақсат та бар еді, бәрі әдірем кетті. Ұшқыш болсам деп қиялдаушы едім, оған да мені ешкім жіберген жоқ, билік күштеп қойшы жасады. Әскерге бардым, прапорщик болып жаңа бір өмір бастайын деп едім, мен үшін оның да жөні келмеді. Ол жақта жүріп, аймаңдай болып айдалып кете жаздап, әзер аман қалдым. Соңыма ит қосқандай етіп қуып жіберісті. Содан жаз шыға сонау Қиыр Шығыстан арнайы Алматыны аңсап келдім. Осы жерде оқуға түсіп, жарқын жүзбен өмірді қайта бастасам деп едім, оның да қисынын таба алмадым. Енді, міне, бәрін тәрк етіп, араға үш жыл салып туып-өскен ауылыма қайтып барамын. Мен енді бұдан былайғы өмірімде тек сенің ғана тілеуіңді тілеп, сені жақсы азамат етіп өсіп-жеткізуге бекіндім. Өйткені қолым жетпеген арман-мақсаттың бәрін мен енді саған аманат етпекпін, сенің мойныңа жүктемекпін. Ал менің саған жүктер міндетім зор. Ендігі бар үмітім өзіңде, ұлым!
Менің кішкентай сәбиім жымиып басын изейді. Мен мәз болып оны бауырыма басамын.
Ояна келсем – жан терім шығып бастығырылып жатыр екенмін. Джинсі шалбар салынған жылтыр пакетті тас қып құшақтап алыппын.
Көрген түсім жаңа ғана өңімде болған оқиғадай-ақ басымда сайрап тұр. Санаға сыйыңқырамайтын түсініксіздеу түс пе дедім. Өйткені өзім де өмірді енді ғана бастап жатырмын ғой, сөйте тұра ұрпағыма аманат айтқаным қалай?
***
Вокзалда жұрт біршама азайып қалыпты. Түнгі өтпелі пойыздарды күтіп отырған біреулер әр тұста бір қарайып, күбір-күбір сөйлесіп отыр. Ұйқыдан сергіп, зал ішінде ары-бері сенделісіп жүрген жолаушылар да баршылық. Буфет жабылған, енді сағат таңғы алты болғанда ғана ашылады. Әлгінде ғана менің қасымда дабырласып отырған әйелдер де, балалар да бастарына жүктерін жастап, орындықтардың үстінде қисайып қалысыпты.
Ортадағы орындықта бөшкедей жуан бір еркек ұзынынан түсіп, шала бауыздаған қойдай қорылға басыпты.
Менің де көзіме қайта-қайта ұйқы тығыла берді. Күні бойы босқа сенделіп қала тентіредім. Соңынан малтамызды езіп мейрамханада қанша уақыт отырдық. Оның үстіне ішкендік бар. Соның бәрі қосыла келе қалжыратып шаршатса керек, аяқты көсілте тастап бір жерге шалқамнан жата кеткім келді. Сондай көсіліп жататын бір ыңғайлы орын іздеп едім, орындықтар бос емес екен. Әкесінің төрінде жатқандай-ақ әйелі бар, еркегі бар бірі шалжиып, бірі теңкиіп орындық атаулының бәрін иемденіп алысыпты. Тіпті отырып дем алатын саңылау қалмаған.
Көзден тасалау бір бұрыштағы орындықтың артына барып, астыма пенжагымды төсеп, басыма джинсі салынған жылтыр пакетті жастанып, тас еденге қисая кеттім.
Алғашында суық еден арқама батып аунақшып мазасызданып жатыр едім, соңынан тастай қатып ұйықтап қалыппын.
***
Әскерде екенмін деймін. Қару-жарақ қоймасының бастығы қасқа бас прапорщик тамырым Сидоренкодан ірі калибрлі пулемет сұрап жүрмін. Қуаласаң құмалақ түспейтін курстасым “жоқ” деп ернін салпитып, алақанын жаяды.
– Құдай үшін, біреуін тапсаңшы! – деймін мен жалынып. – Атып алатын адамдарым бар еді, көмектессеңші осындай төтенше жағдайда!
– Жоқ! – дейді Сидоренко кәззап сұрлана сазарып. – Ірі калибрлінің бәрін комбат қабан атуға тайгаға алып кеткен. Алам десең қол пулеметін берейін.
– Жоқ, қол пулеметі оған жарамайды, – деп мен азар да безер боламын, амалы таусылған жандай басымды шайқаймын.
– Неге жарамайды? – деп таңданады Сидоренко.
– Олар қарапайым адамдар емес, терісі қалың оңбағандар... өгіз терісі талыстай берік жандар.
–Мәссаған, не дейді?
–Оллаһи, шыным. Олар доценттер мен профессорлар... Ірі калибр болмаса, жай пулеметтің оғы оларға дарымайды.
– Тері емес, бронь десеңші? Бағана солай демеймісің? Ондай сұмырайларға бронь тесер біреуін табармын! – дейді Сидоренко түсін жылытып.
Енді бір қарасам, жатақхананың жоғарғы қабатындағы терезенің бірін айқара ашып тастап, мен пулемет орнатып жатыр екенмін. Пулеметтің сирағын кәсекке мықтап бекітіп, затворын тартып, сақадай сай дайындап қоямын. Бір заматта қалың мұғалім құмырсқаша қаптап университет қақпасынан бер қарай шығып келе жатты. “Иә, сәт!” – деп мен алақаныма бір түкіріп, олардың бастарынан асыра оқты қарша бораттым. Пулеметім сақылдап, мұғалімдердің зәре-құтын алды. Қалың мұғалім жан-жаққа тарақанша бытырай қашып барады. Бейберекет жүгіріс, айғай-шу, еңіреген еркек, шыңғырған әйел. Енді бір мезетте бәрі де тізерлеп отыра қалысып, екі қолдарын аспанға жайып жіберіп, жоғарыдағы маған зар илеп жалбарынып жатыр. Кешегі жіберген өрескел қателіктері үшін Құдай алдында кешірім сұрап, өкініштен қан құсып, маңдайларын қызыл ала қылып асфальтқа ұрғылайды. “Осы жігітті демеп жіберейік дедім, сен оңбаған ғой қасарысып көнбеген!” деп көзілдірікті доцент апай мұртты мұғалімді желкеден түйгіштеп, мұртын бір талдап жұлғылап жатыр. “Пулеметіңнің барын қайдан білейін, мен бейбақты албасты басқан екен!” деп әлгі қасқа бас профессор да өкініштен запыран жұтып, жалтыр басын жұдырығымен тоқпақтайды, өгіздей өкіреді. “Керегі жоқ сендердің ондай оқуларыңның” деп мен шырт түкіріп, тағы да төменге сақылдатып оқ боратамын. Мұғалімдердің ботадай боздап, шыбын жандарын қиюды сұрап жалынғандарына айызым қанып, сақ-сақ күлемін. Деп тұрғанда, астапыралла, тізерлеп менен кешірім өтінген көпшіліктің ішінде Қанағат мұғалима жүр... Қос жанары жасаурап, маған біртүрлі ренішпен салқын қарайды.
Селк етіп оянып кеттім.
Қарасам – мені аяғымен түрткілеп екі милиционер тұр екен қасымда. Ирелеңдеп еденнен ауыр көтерілдім. Шашымды тарап, жастанған пенжагымды бір сілкіп киіп алдым.
Мені оятқан милиционерлер – білектерінде “кезекші” деген қызыл жолағы бар сержанттар екен: біреуі аға сержант, біреуі кіші сержант.
– Азамат, бізбен бөлімшеге жүріңіз! – деді аға сержант.
“Жүр” деген соң қарсыласатын емес, “неге?” деп сұрағам да жоқ, басым бұлғаңдап, соңдарынан еріп кете бардым.
“Бұлар осы Нұртайды іздеп жүрген жоқ па?” деген күдік келді алғашында. Қайран азамат-ай, нейбетке күйіп кетіп жүрмесе жарар еді деп қапа болдым.
Сосын өзімнің де аздап мас екенім есіме түсіп, ішім қылп ете түсті.
"Мейлі енді, болған іс болды, не қылса да көресіні көріп алармыз"
Бөлімшеге кірген соң, аға сержант үстелге шірене жайғасып, менен жауап алуға кірісті.
– Қай жақтан қаңғып жүрген жігітсің?
– Кешіріңіз, мен қаңғып жүргем жоқ, оқуға келіп едім.
– Оқуға дейді? Онда неғып еденде шалжиып жатырсың... енеңнің үйінде жатқандай?
– Орындықтан орын таба алмай... қисая салып едім.
– Үйбай мынау өзі мас қой! – деп мені жаңа көргендей осы кезде кіші сержант шыр ете түсті.
– Бәсе, көзі кілиіп қапты! – деді аға сержант орындығының арқалығына серпіліп.
– Мас емеспін...
– Кәне, “үһ” деші? – деп кіші сержант маған аузын тақай берді. Мен бетімді тез бұрып әкеттім.
– Тісімді кешелі бері ыспап едім, – дедім мұрын астынан міңгірлеп.
– Не дейт?
– Кешеден бері тісін ыспапты ғой...
– Енді несіне аузын иіскейсің оның? Мас екені түрінен де көрініп тұрған жоқ па... өтектелмеген көйлек секілді бырыстанып.
– Мас екенін мойындамай тұр ғой! – деп кіші сержант шыр-пыр ақталған болды. – Мастығын дәлелдеп берейін деп едім.
– Сен не... медэксперт болып кеткенсің бе? Әлде бұл жігіттің бізді келеке етіп тұрғанын аңдамадың ба?
– А-а, солай ма? – деп кіші сержант маған бақшия қарады.
– Жігіттер, мен мас емеспін. Бірақ оқудан құлап қалғасын кеше кешкісін аздап ішкенім рас еді, – дедім мен әңгімені насырға шаптырғым келмей.
– Аз ішті не, көп ішті не, бізге аузыңнан иіс шықса болды – шабаш! Апарамыз да, қамаймыз да тастаймыз! – деп айдындады аға сержант.
– Жігіттер, бір жолға кешіріңіздер!
– Оқуға келгем де!
– Иә, солай! Оқуға келіп едім, құлап қалдым. Енді ауылға қайтып бара жатырмын.
– Ондай әннің талайын естігеміз... Жұмыссыз қаңғыбастар мен кезбелердің жаз кезіндегі сылтауы сол. Құжаттарың, билетің қайда?
Мен паспорт пен билетімді ұсындым. Шалқақтап орындықта теңселген аға сержант менің құжаттарымды ала бере, саусағының ұшымен іліп қасындағы серігіне тастай салды.
– Сен қарашы! – деді терең күрсініп, құжат тексеруден әбден шаршаған адамның сыңайымен. – Бұл жігіттің айтқандары шын ба, өтірік пе – тексеріп жіберейік.
Кіші сержант шұқшиып құжаттарды қарап шыққанша арада аз-кем үнсіздік орнады.
– Дұрыс секілді, – деді кіші сержант. – Бірақ оқуға тапсырғаны туралы мұнда құжат жоқ.
– М-м-м! Солай деңіз...
– Ол документтер шабаданда еді.
– Шабадан қайда?
– “Камера храненияға” өткізіп тастағам.
– Сөздің құйрығын ұстатпайтын қусың-ау, тегі... Қайда жұмыс жасаушы едің?
– Әскерден келе жатқан бетім еді...
– Әскерден дейді? Әкел бері әскери билетіңді...
Орындықта шалқақтаған аға сержант менің әскери билетімді алып, аударып-төңкеріп өзі қарап шықты.
– О-о! – деді таңданғандай болып. – Прапорщик екенсің ғой? Дұр-р-рес, жігітім! Мен служить еткенде армияда ондай звание жоқ болатын. Кейін шықты деп естігем. Біздің кезімізде ондайларды “сверхсрочник, немесе кусок” десетін.
“Баяғы лейтенантты үстелдің астына сүңгіткендей, мына шарбақ танау шіркінді де иектің астын ала сарт еткізсе!” – деп тісім қышырлап, аузым қисалаңдап кетті. Курста жүргенде жекпе-жек төбелестің, кісі өлтірудің біршама әдіс-тәсілін үйреткен. Шүкіршілік, ол жағын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Осы екі сүмелекті қызыл ала қойдай етіп сабауға шамам еркін жетеді.
“Қызбаланба!” деп өзімді сабырға шақырып тежеген болдым. Қызбаланамын деп бодаулы басым тағы бір арылмас бәлеге қалып жүрер. Бұларға жолап кетсең болды, бетіңе баттастырып күйе жағып, құйрығыңа қоңырау байлап жіберіседі. Сосын өмір бойы жүргенің өкініп... Онсыз да өкініш атаулы бір басымызға жетіп жатыр ғой!
Аға сержант менің бет-әлпетімдегі құбылысты байқап қалған сияқты:
– А-а-а! Намысыңа тиіп кеттім білем, – деді өтірік жымиып. – Бірақ, қалқам-ау, сені армиядан баяғыда айдап шығыпты ғой?
– Баяғыда емес, мамыр айының он бесінде...
– Ау, одан бері де үш ай өтті ғой? Ешқайда тіркелмей, жұмысқа тұрмай қайда қашып жүргенсің?
Аға сержанттың бұл айыбы орынды еді. Әскерден кеткен адам бір айдың ішінде барған жерінің әскери комиссариатына тіркелуге тиіс. Заң солай. Ал мен болсам мерзімді әскери солдаттық борышымды ел қатарлы атқарып, міндетімнен аман-есен құтылған адам ретінде тіркелуге асықпағаным рас-ты. Енді мына бәлеқорлар сол жіңішке тұстан бір ілік таппақшы!
– Жігіттер, түсінсеңіздерші! – дедім мен орнымнан тұрып. – Мойнымдағы материалдық дүниені табыстап, құжаттарымды жинап, үйімді өткізіп, Қиыр Шығыстан пойызбен келгенше де айдан асты. Сосын осы қалаға келген соң да “қайда тапсырсам екен?” деп, өзіме лайықты оқу іздеп тағы біраз шарладым. Соңынан оқуға дайындалып, емтихандарға кірісіп кеттім. Сандалып бос жүрген күнім жоқ, шынымды айтам. Ауылға енді ғана кетіп барамын. Ауылға барған бетте военкоматқа тіркелем, алдарыңызда сөз беремін!
– Отырыңыз! – деді аға сержант түсін суытып. – Отырып сөйлеңіз! Жарайды, айтқан сөзіңе сендік, солай-ақ болсын делік. Бірақ бәрібір үкіметтің белгілеген тәртібін бұзуға болмайды ғой, көкем-ау! Тәртіпті бүгін сен бұзсаң, ертең мен бұзсам, бүрсігүні мына тұрған сержант Серік бұзса – мемлекетіміз не боп кетер еді? Анархия... хаос!
– Кінәлімін, жолдас аға сержант! – дедім мен не айтса да дайын екенімді білдіріп.
– Ал сен келесің де қоғамдық орында мас боласың, шалжиып еденде жатасың. Прапорщик басыңмен военкоматтан қашып тіркелмей жүресің... Міне, мәселе қайда жатыр!
Мен аға сержанттың айтқан ақыл сөзінің бәрін қабыл алып, басымды шұлғып-шұлғып жібердім.
– Жалпы әскерде “сверхсрочниктер” көп ақша табады деп еститінбіз, сол рас па? – деп аға сержант даусын жұмсарта сұрады.
– Енді... бұйырғаны болды ғой.
– Әне, ол жағын да жасырасыз. Мен саған ағаң ретінде ақ жүректен ақтарылып бәрін айтып отырмын. Ал сенің бір бармағың бәрібір бүгулі... Олай болмайды, көке! Сөйлескен соң былай... ер-азаматша ашық кетейік! Біз сені жолыңнан қалдырмай босатамыз. Бірақ қоғамдық орында мас болып, военкоматтан қашып жүргенің үшін айып төлетеміз!
Мен қуана келістім:
– Қанша төлейін?
– Ол жағын патша көңілің білсін, жігітім!
– Үш сом жете ме? – деп мен жан қалтамды ақтара бастадым.
Орындықта шалқиған аға сержант мырс-мырс күліп, басын шайқады.
– Прапорщиктер де осындай тақуа сараң болушы ма еді? Көке, білмесең айтайық, штраф дегеннің таксасы – червонец! – деді.
“Червонец” дегені – қызғылт он сомдық қой. Мен құнжыңдап қалтамнан он сомдық іздеп едім, қырсыққанда қолыма тағы да жиырма бес сом ілікті. Орындықта тербетілген аға сержанттың ойнақшыған өткір көзі оны байқап қалыпты:
– Міне, нағыз азамат! – деп орындықты сықырлатып орнынан тұрып, құжаттарымды өзіме қайтарып берді. Мен амалсыз саусағыма қыстырылып қалған жиырма бес сомдықты үстелдің шетіне тастай салдым.
Қош айтысып есіктен шығып бара жатып, әлдене есіме түскендей:
– Квитанция бермейсіздер ме? – дедім бұрылып.
Сержанттардың екеуі де ауыздарын ашып, аю көргендей таңдана қарап қалысты.
– Қайдағы квитанция? – деп орындықта шалқайған аға сержант күңіреніп кетті. – Қайдағы квитанцияны сұрап тұр мынау? Әй, көке, аман тұрғаныңда қараңды тез батырсаңшы! Әйтпесе... Енді қайтып біздің көзімізге түсуші болма, ұқтың ба?
Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!
***
Орындықта ұйықтап жатқан біреулерді ақырын сырғытып, араларына сыналап кіріп, өзіме отыратын орын ыңғайлап алдым.
Сосынғысы әлгі екі сержанттың қылығына қынжылып, өзімді көптен моншаға түспей, әбден кірлеп кеткен жандай сезіндім. Тәртіп сақшыларының өзі бұлай істесе, қалған қара жұрттан не қайыр? Сонда деймін-ау, бұл заман қалай қарай қисайып бара жатыр өзі?
Атасына нәлет, бүк болмаса, шік болсын, түңілдім бәрінен. Кеттім ел жаққа! Ауылды сағындым! Осы қаңғығаным да жетер енді!
Қалғып-шұлғып әрнәрсені ойлап, қиялым қырыққа бөлініп отырғанда, есіме Жандарбек түсе кетті...
Қызық, біреуге өлім тілеу Құдай алдындағы ауыр күнәнің бірі деседі. Сол сөз рас болса, нағыз күнәкарыңыз мына мен шығармын!
Алғашында мен ол жігітке жаңбырлы күні жарқ етіп төбесінен жай түссе екен деп тіледім. Жай түсіп денесін қақырата екіге айырып тастаса, екіге айырылған денесі шашылып, көңірсіп-бықсып жанып жатса деп армандадым. Болмаса, зәулім бір қарағай оқыста үстіне құлап, бел ортадан мыжып тастаса, мыжылған денесі екіге бөлініп дір-дір жыбырлап жатса деп тіледім. Бүйтіп екіге бөліп тастамаса, мұндай ақтан безген арсыздар түбінде бір тіріліп кететіндей көрінді.
Соңынан менің мұндай мысық тілеуім әншейін бос қиял екенін ұқтым. Ұқтым да, ендігі кезекте мен ол кісіні өз қолыммен өлтіргім келді. Темекі тартып мұрнын шүйіріп маңғазданып тұрған жерінде үш салалы ағаш айырды қарнына қорс еткізіп тығып алса дедім. Сол бойда арам қанын суша сорғалатып айырмен аспанға көтеріп, сиырдың жапасындай төмендегі шатқа қарай шырқатса дедім. Немесе түнде аузын аңқитып қорылдап жатқан жерінде бәкімен сыр еткізіп тамағынан тартып жіберсе, немесе лақтай бақылдатып терісін тірідей сыпырса деп те жоспар құрдым.
Әрине, мен бұл ойымның бірде-бірін іске асырмағаным белгілі.
Аспаннан да, жерден де мен өлім тілеп жүрген әлгі жігіттің есімі – Жандарбек болатын.
Мен үшін Жандарбек – албастының тонын жамылған адам кейпіндегі хайуан еді.
Өн бойынан ағып тұрған мерезі бар ол сұмырайдың атын естігеннен аузыма кермек дәм келетін.
***
...Жандарбек біздің ауылға біз тоғызыншыны бітірген жазда келген. Бізден кемінде сегіз-тоғыз жас үлкендігі болды. Мектеп бітіргеннен кейін Тынық мұхитта төрт жыл теңізші болыпты. Теңізші болғанда су бетіндегі кемеде емес, су астында, яғни сүңгуір қайықта қызмет жасапты. Алты ай бойы су астынан шықпай мұхиттарды кезгенін, Кубада болғанын, Антарктидаға таяу жерде ғаламат айсбергтерді көргенін ертегі мен жырдай ғып әңгіме ететін. Біз Жандарбектің әңгімесін аузымызды ашып, көзімізді жұмып қызыға тыңдаушы едік. Алғашында “шіркін-ай, біз де осындай қыран мінез нар жігіт болсақшы” деп, Жандарбекті керемет бедел тұтатынбыз, өзіне қатты еліктейтінбіз.
– Гибралтарды көрдіңіз бе? – деп сұрадым бірде мен одан.
Жандарбек маған жылы жүзбен бұрылып, оң жақ қасын көтерді.
– Кімді дейсің?
– Гибралтарды...
Жандарбек ернін шүйіріп, көзін қылитып, басын шайқады. “Көрмедім” дегені. Мен өзім бедел тұтқан Жандарбектен дәл мұндай жауап күтемін деп әсте ойламап едім, қатты ыңғайсызданып қалдым. Жандарбек үшін ұялып кеттім. Жандарбекке деген ыстық көңілім бірден салқындап салды. Жандарбектің асқақ тұлғасы көз алдымда біртіндеп шөгіп, аласарып бара жатты. Өйткені мен Жандарбектің дардай теңізші бола жүріп Гибралтарды көрмек түгілі, оның атын да естімегенін сездім. Гибралтардай ғажап жерді көрмеген соң, әлемдік мұхиттарды оңды-солды шарлағаннан не пайда деген қорытынды жасадым.
Әскерден соң Жандарбек пединституттың дене шынықтыру факультетіне оқуға түсіпті. Екінші курста жүргенде жатақханада жанжал шығып, көз көгеріп, мұрын қанап, әйнек сынған соң мұны оқудан шығарып жіберіпті. Кейінірек ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, біздің ауылға көшіп келгенде сол техникумның соңғы курсында оқып жүрген кезі екен.
Шөп шауып кілең еркек тауда жатамыз. Жайлаудың қан базардай думанды шағы. Болашақ оныншының балалары Жандарбек бастаған бір топ сүрбойдақ жігіттермен бір шатырдың астындамыз. Содан түннің бір уағына дейін ересек жігіттердің әңгімесін тыңдаймыз. Ересектер көбінде анекдот айтысады, әпенді бір ағайынның күлкілі әрекеттерін естеріне алысып, мазақ етіседі. Соңынан әңгіме ауаны қыз-келіншектер жағына ауысады да, құла ауыз жігіттер кезекпе-кезек, нелер бір бастан кешкен хикаяттарды соғады-ай дерсің. Бірінен-бірі асырып байлығы мен барлығын, ерлігі мен нарлығын жырласады-ай дерсің! Мен үшін қыздар жайындағы әңгіме – әзірге өзім баспаған тың шалғын, жұмбақ та қасиетті тақырып. Сондықтан әлгіндей қу сөзден қуырдақ қуырған ағалардың әңгімелерін қызғанышпен тыңдаймын. Кейде тіпті сол әңгімелерді ыңғайсыз көрем, құлақ қойып тыңдағаныма ұяламын. Бірақ тыңдамайын десем де тыңдағым келе беретін.
Әсіресе біздің ортамызға сол жылы қосылған Жандарбек қыздар тақырыбындағы әңгімені өзгеше жандырып жіберуші еді. Қаладағы хикметтерін жырлаған кезде – солардың қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін айыра алмай қайран қалатынбыз.
– Ай, Жәке, осы арада аздап қосып жібердің-ау, ә? – деп әншейінде аузымен айды алып, қолмен қоян соққан құрдастары да кейде Жандарбекке сенімсіздік білдіретін.
Ондайда Жандарбек:
– Сол да сөз болып па... Мен сендерге мына бір жағдайды айтайын! – деп одан бетер қызық бір оқиғаны бастай жөнелетін. Әлгі қырғын төбелес жасап, оқудан қуылып жүргені де нағыз ер жігітке лайық іс – бір сұлу бикеш үшін болған оқиға екен.
Қысқасы, алғашқы айларда шөпшілер арасында Жандарбектің аруағы аспандап, асығы алшысынан түсіп тұрды.
Жандарбектің ұзын бойлы, кең жауырынды бағлан тұлғасына қарап, оның қыз-келіншекке салымы бар жұпар кіндік екеніне лажысыз сенетінбіз. Әсіресе толқынданған бұйра шашы мен қап-қара тұңғиық жанары ұрғашы атаулының жүрегін арбайтыны шындық еді.
– Сөйтіп әлгі қыз “үйлен” деп соңымнан қалсашы, – деді Жандарбек бірде кезекті бір әңгімесіне кірісіп. – Мен: “үйленбеймін” дедім. “Сен сүйемін дегенің қайда?” дейді. Мен айттым: “Иә, анау кезде сүйіп қалғаным рас, бірақ қазір сүймеймін” дедім. “Онда неге тиістің?” деді қыз. “Сенің есіңде мәңгі қалу үшін” дедім мен. Қысқасы, қыз соңымнан қалмайтын болған соң мен амалға көштім. Біздің группада осы қызға өлердей ғашық бір жігіт бар еді. “Мен сені сол жігітке ұзатамын” дедім қызға. Алғашқы түні күйеуін алдап, қалайша қыз болып көрінуге болатындығын үйреттім. Қыз айтқанымның бәріне көнді. Айналасы бір айдың ішінде апай-топайын шығарып, екеуін өз қолыммен үйлендіріп жібердім. Дүрілдетіп комсомол тойын жасадық. Анау да бауырсақ бет, картоп мұрын өңкиген ынжық неме еді, дәнеңе де сезбепті. Сөйтіп қызбен мен кейін де кездесіп жүрдім.
Әлемдік мұхиттарды кезген теңізші бола тұра Гибралтарды білмегенге салқындаған көңілім, Жандарбектің дәл осы пасық әңгімесінен кейін мұз болып қатып қалды.
– Біздің Жәкең нағыз Дон-Жуан ғой! – деп жігіттер әлгі әңгімеге мәз болысып, Жандарбекті қолпаштап жатты.
– Жәкеңді көрген қыз-келіншек қайдан шыдасын!
– Ондай қыз әлі туған жоқ шығар! – деп даурығысты.
– Мен Жәкеңе көнбес бір қызды білемін, – деп тағы біреуі таңдайын тақылдатты.
– Ол кім еді? – деп, бұл сөзге бәрі елеңдесіп қалды.
– Айтайын ба?
– Айтар болсаң айтсаңшы енді, діңкені құртпай!
– Айтсам сол... Ол қыздың аты – Қанағат!
Мені біреу құлақ-шекеден қойып қалғандай басым дыңылдап кетті. Маужырап ұйықтап бара жатыр едім, ұйқым шайдай ашылды. Қанағаттың аты аталғанға өзге жігіттердің де гу-гу әңгімелері сап тыйылып, арада сәтке үнсіздік орнай қалған еді.
– Иә, Қанағат жақсы қыз! – деп сәлден соң жігіттердің бірі терең күрсінді.
– Ол қыздың ауылға келгеніне де, мінеки, екі жылдан асты, әлі күнге біздің бірде-бірімізді меңсінбей жүр ғой! – деп келесі біреуі көптен көңілінде жүрген ренішін ақтарды.
– Мен білсем, сол қыздың қалада жігіті бар. Әйтпесе неге өзін өйтіп оқшау ұстайды? – деп тағы бір жігіт өзінің өкпе-назын сездіріп өтті.
– Қанағат дегендерің әлгі мұғалима қыз ба? – деп сұрады Жандарбек.
Осы кезде менің қасымда жатқан Бекболат сыныптасым:
– Иә, сол! Ол кісі біздің сынып жетекшіміз! – деді сүйінші сұрағандай болып.
Жігіттер Қанағаттың мықты қыз екенін Жандарбекке кезек-кезек мақтау сөзбен жеткізіп жатты.
– Сол қызды айналдырып көрсеңші! – десті бәрі.
– Көрсек көрейік! – деді Жандарбек.
– Ай, ол қыз саған да көне қоймас...
– Қайда кетер дейсің, көндіреміз.
– Біз білетін Қанағат болса, сенің арбауыңа оңайлықпен түспейді.
– Түсіремін, бәстесейік пе?
– Бәстессек бәстесейік!
– Неменеге бәс тікпексің?
– Бір жәшік портвейн!
– Бопты!
– Әкел қолды!
Сартпа-сұрт қолдар алысылып, оны келесі біреулер бөліп те үлгерісті.
Мен бұта түбінде бұққан қояндай бүрістім де қалдым. Өне бойым суыққа тоңғандай дір-дір етеді. Сәлден соң әңгіме доғарылып, жұрттың бәрі ұйқыға бас қойғанда да, мен тынышым кетіп, түн ортасы ауғанша аунақшып жаттым.
Содан әлгі жайсыз әңгіме біразға дейін ұмыт болғандай еді. Ұмытпаған мен ғана. Бірақ Жандарбекті аңдитын емес, етегінен ұшынған бұл әуейінің не істеп жүргенін қайдан білейін. Көкірек қыж-қыж қайнайды, қолдан келер қайран жоқ. “Иншалла, осының бәрі әншейін жігіттердің әзілі боп қалсыншы” деп көңілім тынши бастаған кезде, бірде Қаныбек деген Жандарбектің жақын досы:
– Әй, Жәке, сен уәдеңде тұра алмадың. Енді бізге бәсіңді берсеңші! – деді.
Жандарбек көзі күлімдеп:
– Қақасы, сенің сөзің бекер... Мен әсте бәстен жығылып көрмеген жанмын! – деп жырқылдап күліп жіберді.
– Әй, білмеймін, сен де ауызбен орақ оратын көптің бірі болып жүрме!
– Күт, Қақа, қайда асығасың? – деп Жандарбек тағы да жырқылдап күлген болды.
Осымен жігіттердің сөз қағысы тамам болған. Мен Жандарбектің жырқылдаған менмен күлкісінен шошиын дедім. Мынау жай ғана жырқыл емес, өзіне өзі дән риза, ойлағаны оңынан шығып жүрген алаяқтың зымиян күлкісі.
Менен тағы да маза кетті.
***
Біз сияқты мектеп оқушыларын жайлаудағы шабындық басынан ауылға жібере бермейді. Осы соңғы айдың ішінде бір-ақ рет етекке түстік. Оның өзінде жаңбырлы бір күні “монша” деп айдап апарып, ертесінде қойдай қуалап қайтып алып келіскен. Байқаймын, бізге қарағанда үлкен жігіттердің жөні басқашалау сияқты. Көбісі бригадирден сұранып, түнді жамылып кезек-кезек ой жаққа барып-келіп жүрген сияқты. Сосын ертесінде түк білмегенсіп өтірік ыржиып, қос басында темекісін будақтатып отырғандары.
Бірде түн ортасында оянып, қоста Жандарбек пен Қаныбектің жоқтығына өзім куә болдым. Арада үш-төрт күн өтпей жатып олар тағы да жоғалып кетті. Содан кейін-ақ мен олардан шындап сескеніп, қауіп қыла бастадым. Қағынған немелердің ұры жүрістері барына көзім анық жетті. Мұндайда кімге барып шағынарсың, кімге мұң-шеріңді айтарсың... Бармағымды тістеп, босқа кіжінгеннен басқа қолымнан түк келмеді. Атасына нәлет, Жандарбек сұмпайы миығынан жымиып қойып, дәнеңе болмағандай жайбарақат шөбін шауып жүре берді.
Күндер жылжып өткен сайын бұл жігіттің басқан-тұрғанының бәрі жалған, қимыл-қозғалысы шылғи өтірік, өн бойы тұнған арамдықтай көрінді. Өзін иттің етінен жек көретін менің бұл өмірде бар-жоғымнан бейхабар ма дедім. Мені адам екен деп елең қылмайды, тіпті бұрылып көз қырын да салмайды. Ары кетсе волокушамен шөп тартып жүрген қарала-торала көп оқушының бірі деп қана біледі.
Сөйтіп жүргенде сағыныштай сарғайтқан тамыз да орталап, совхоздың шөбі де ыңғайланайын деді. Жаңбыр жаумай, күн жарықтық дәл өстіп енді бір апта айық тұрса – шөп науқанын абыроймен аяқтап, бәріміз улап-шулап ойға түсеріміз анық-ты.
Бірде түскі тамақтан соң тоқ басып, бір топ шөпшілер қостың көлеңкесін саялап отырғанбыз. Сөз арасында Қаныбек:
– Сен енді Қанағатқа үйленетін шығарсың? – деп күбірлеп, Жандарбекке қарай еңкейді. Олардың күбірін бәріміз естідік. Менің жүрегім зырқ етіп, тістеп отырған бидайықтың сабағын көмейіме тығып алдым.
Жандарбек болса мұрын астынан мыңқылдап, бірдеңе деп түсініксіздеу үн қатты. Жауабын бұлдап әдейі істеп тұрғанын білдім.
– Не деді, тойға дайындалыңдар дей ме? – деді өзге жігіттер де елеңдесіп.
Ыстық күн маужыратып, ұйқылы-ояу отырғандар да қозғалақтап, “не дер екен” дегендей Жандарбекке жамырай қарасты.
Жандарбек мырс етіп, басын шайқады да, саусағымен шашын салалап:
– Тиісіп қойған қызына үйленген қай қазақты көріп едің? – деп бұл енді Қаныбекке қарай еңкейді. – Қанағат мен үшін пройденный этап!
“Пройденный этап” деген орысшасын бәріне естірте, өзгеше салмақ бере айтты.
Жігіттер ауыздарына құм құйылғандай тым-тырыс қалысты.
– Ну и ну! – деп қасындағы Қаныбек дүниеден түңілгендей теріс айнала берді.
Мен шыдай алмадым, жарылып кетердей болып қорс ете қалдым.
– Сұмырай! – деген сөздің аузымнан қалай шыққанын білмеймін.
Жігіттердің бәрі шеттеу отырған маған жалт қарасты.
– Мына бала не дейді? – деп Жандарбек жігіттерден өтірік сұраған болды. Жігіттер мелшиіп жақ ашқан жоқ.
– Кәне, қайталашы! – деді Жандарбек отырған менің төбеме жақындай төніп. Мен де қапы қалмайын деп орнымнан тұра бердім. Өзімнен көп жас үлкен болса да, менен қайрат-күші әлдеқайда басым болса да, Жандарбектен түк те қорыққаным жоқ. Қанағаттың намысын қорғау жолында дәл осы арада асқан ерлікпен мерт болуды қаладым. Немесе селебе пышақпен Жандарбекті шошқаның торайындай шыңғыртып, терісін тірідей сыпырып сойғым келді. Сондықтан адам кейпіндегі айуанға мен жалтақсыз тіке қарадым. Айуанның тілеген сөзін асқан бір ләззатпен сүйсіне қайталап бердім:
– Сен нағыз сұмыр...
Көз алдым түнгі нөсер кезіндегі найзағайдай жарқ ете қалды. Қалай ғана жалп етіп құлап түскенімді аңғармадым. Жан дәрмен қарманып, қайыра тұруға ұмтылдым. Екі ұмтылып қиралаңдап барып әзер тұрдым. Айтар сөзімнің соңын айтқызбағанына, менің де бір ұрып үлгермегеніме өкініп күйіп барамын, лапылдап жанып барамын. Жігіттер араға түсіп, Жандарбекті қолтығынан демеп былай қарай жетелей жөнелді. Бар күшіммен ышқына ұмтылып, кетіп бара жатқан Жандарбектің шөмиген құйрығынан керзі етікпен шылқ еткізіп бір тептім. Етігімнің бұдыр табаны жақсы тиді-ау деймін, байғұстың белі қайқаң ете қалды. Осы мезетте мені де бір қарулы қол тырп еткізбей арқамнан қапсыра құшақтай алған.
Жандарбек жұлқынып қайта бұрылып еді, жігіттер оны сабырға шақырып, басу айтып босатпады.
– Боғыңмен жасты баламен төбелескенің не, естіген елден ұят-ты! – десті.
– Енді өзі ғой соқтыққан! – деп Жандарбек өзінше шүленсіген болды.
– Кел бері, иттің ғана баласы! – дедім мен қан түкіріп. – Бүгін мен сенің қолыңда өлемін, не сені өлтіремін, білдің бе!
Менің нарттай қызарып түтігіп кеткен түрімнен болмаса да, Жандарбек ширыға айтқан шегедей сөзімнен сескеніңкіреген сияқты.
– Мынау қайтеді, ей! – деп соңына бір жалт қарады. – Мен өзі бұл балаға не жасап қойып едім, айтыңдаршы!
– Қанағат бұлардың мұғалимасы ғой, соған шамданып жатыр, – деді Қаныбек.
– Мұғалимасы болса үлкендердің әңгімесін тыңдамасын! – деді Жандарбек.
Сөйтті де дабырласқан жігіттермен бірге қосты айналып кетті. Тісімнен қан сорғалап, дуылдаған жағымды ұстап мен қала бердім.
Өзіме де өрескел көрінген менің бұл қылығымды бөтенге жорымай, “мұғалимасы ғой” деп араша түскен Қаныбекке іштей риза едім.
Содан күз түсе мектепке барсақ, бізге басқа сынып жетекші тағайындап қойыпты. Қанағат мұғалима сабақ басталмай тұрып-ақ ауылдан кетіп қалыпты. Жұмыстан шығып, мүлдем басқа жаққа көшіп кетіпті.
***
– Ау, маужырап неғып отырсың?
Селк етіп серпіле бердім. Жалт қарасам, менің иығыма қолын салып арсалаңдап бір жігіт тұр. Ұйқылы-ояу күйде алғашында танымай қалыппын – кеше галереяда кездескен Нұртай екен.
– Нұртаймысың? – дедім қапелімде аузыма басқа сөз түспей сасқалақтап.
– Дәп соның өзімін! – деді Нұртай одан сайын ыржалақтап.
Мен қалғып кеткеніме ыңғайсызданып, көзімді уқалап орнымнан тұра бердім.
– Мұнда неғып жүрсің? – дедім Нұртайға.
– Ауылға қайтып барамын. Міне, жаңа сатып алдым, – деп Нұртай қолындағы билетін көрсетті. – Әнеки пойызым келіп тоқтап тұр... Жүр, мені шығарып сал, жүре сөйлесейік.
Мен Нұртайға ілесіп, жылтыр пакетімді қолтықтап перронға бірге шықтым. Нұртай болса дамылсыз самбырлап сөйлеп келеді.
– Кеше сен шақырған жерге бара алмадым, ғафу ет... Оның керемет бір себебі болды... Сенен кеткен бойда өзіңнің ақылыңмен ауылға звондағанмын. Үйінде телефоны бар бір мықты досым арқылы барлау жасап білсем, мені іздеп жатқан ешкім жоқ екен. Сосын досыма айттым, өл-тіріл, бірақ маған көрші Еңбек ауылындағы Қарлығаш есімді қыздың телефонын тауып бер дедім. Кешке қайыра телефон шалсам, мың жасағыр досым қыздың телефонын тауып қойыпты. Дереу сол арада қыздың үйіне заказ беріп, қолма-қол сөйлестім емес пе...
– Иә, сонымен қыз не деп жауап берді? – дедім мен тағатсыздана.
Нұртай мәз болып күле берді. Күлгенде көзі тарс жұмылып, өзгеше шаттанып күлді. Жүзінен шексіз қуаныштың лебі есіп тұрды.
– Қыз маған қатты ұрысты! – деп ішек-сілесі қатып күледі.
– Хм... Ұрысқаны қалай?
– “Қалыңдығыңызды алып кетпей қайда жоғалып кеттіңіз?” деп ұрысты.
– Қызық екен...
– Мен “сотқа берген жоқпысың мені, Қарлығаш” дедім. Ол айтты, "бергенім жоқ" деді. "Әнеу күні сіздің мені алып қашқаныңыздан әке-шешем бейхабар деді. Сіз жақсы адамсыз, мен оны сездім" дейді. "Сондықтан қай жақта жүрсеңіз де тездетіп қайтыңыз. Қолдан алсаңыз да, жолдан алсаңыз да, қалыңдығыңызды алып кетіңіз" деді. "Мен сізді күтіп жүрмін" деді.
– Апырмай, Қарлығаш қыз ақылды екен ғой! – дедім мен мына әңгімеге шын риза болып.
– Өте ақылды қыз! – деп Нұртай одан бетер лепіре түсті. – Мен оны көрген бетте бірден ұнатқам... Ақылсыз болса мені баяғыда соттатып жіберер еді ғой. Яғни Қарлығаштай ақылды қызға көзді жұмып, сеніп үйлене беруге әбден болады. Сондықтан сені тойымызға шақырамыз. Кел! “Звонда” деп ақыл айтқан сен емеспісің... Сол үшін де рақмет саған!
Мен Нұртайдың жүректен шыққан шын сөзіне тебіреніп, екі жасқа бір мықты сыйлық жасағым келіп кетті.
– Мынау бүгін сатып алған джинсі шалбар еді. Осыны сен ал, Нұртай! – деп жылтыр пакетті ұстата бердім.
– Ба-а... джинсі шалбар дейсің бе! – деп Нұртай аң-таң.
– Иә, джинсі шалбар... Размері саған да лайық. Сенің үйлену тойыңа менің сыйлығым осы болсын.
– Жо-жоқ! Мен мұндай дефицит дүниені ала алмаймын. Мұндай қымбат киімді өзің киіп, өзің тоздыр, – деп Нұртай ат-тонын ала қашты.
– Жоқ, Нұртай, берген сыйлықты алу – парыз. Қолымды қақпа сен. Мен армиядан келген ақшалы жігітпін, қажет болса тағы да тауып аламын.
– Солай дейсің бе? – деп Нұртай ойланып қалды.
– Солай, достым!
Нұртай жалма-жан пакеттен джинсіні суырып алды да:
– Ба-а... мынау нағыз класс! – деді таңдайын тақылдатып. – Рақмет саған!
– Ойбай, неге шығардың? Милиция көріп қалса “қайдан алдыңдар?” деп бәле сап жүрер! – деп мен бәйек болып жатырмын.
– Ба-а! – деді Нұртай тағы да таңданып. – Мынаның екінші борбайы қайда кеткен?
Салаң етіп жайылып салған джинсіні мен қолыма алып, аударып-төңкеріп тексеріп шықтым. Масқара! Расында да жалғыз ғана балақ... Екінші балағын біреу әдемілеп тұрып қайшымен қырқып тастапты.
Мен өз көзіме сенерімді де, сенбесімді де білмей, Нұртайдың алдында жерге кірердей ұялдым.
– Бұлары қалай? Шынымен... тағы да алданып қалғаным ба!
Джинсіні жылтыр қағазына умаждап қайыра тықтым да, бұрышта тұрған қоқыс салатын жәшіктің ішіне атып ұрдым.
– Ештеңе етпес! – деді Нұртай мені арқамнан қағып. – Бас аман болса әлі талай джинсі кие жатармыз.
Мен тұқырайып, басымды изедім.
– Ол кім, саған алдап сатып жүрген?
– Ит біліп пе? Әйтеуір күнде алданып жүрміз ғой... Өмір мені алдап жүр ме, әлде өмірді мен алдап жүрмін бе, білмедім. Әлде осы мен өзімді өзім алдап жүрген жан шығармын.
– Болды, болды! – деді Нұртай бұл әңгімені жақтырмай. – Жаман шалбарға бола соншалық бүлінгенің не?
– Әңгіме шалбарда ғана емес қой, достым!
Пойыз бір ышқынды да, пыс-пыс етіп жылжи бастады. Нұртай жүгіре басып вагонға кірді. Вагонға кіріп, тамбурдың табалдырығында тұрып та бірдеңе деп басу сөз, тоқтам ақыл айтып жатыр. Қоштасқан жұрттың шуылынан оның бір сөзі естілсе, біреуі естілмейді. Пойыз жайлап орнынан жылжи берді. Бал-бұл жанған Нұртайдың жүзіне қызыға қараймын. Кеше ғана енді түрмеге кетем, келешегім кесілді деп өмірден түңілген жігіт бүгін шексіз қуаныш құшағында кетіп барады, әнеки! Нұртай сияқты ашық мінез, аласыз, адал жандардың жақсы отағасы болатындығына өз басым имандай сендім. Ал жақсы отағасы жақсы отбасының ұйытқысы ғой.
– Бақытты бол, Нұртай! – деп мен де қолымды бұлғап қала бердім.
Маған мынау ұзын пойыз өзінің вагондарына толтырып кілең қуаныш әкетіп бара жатқандай көрінді.
***
Таңғы сағат алтыда буфет ашылды.
Буфеттің ашылуы зал ішіне қозғалыс енгізген сияқты. Адамдар қалқиып орындарынан тұрып, буфеттің төңірегіне жиналысып жатты.
Қай жақтан сарт ете қалғаны белгісіз, сақау біреу бір қорап картаны қолыма ұстата қойғаны. Қолымен, саусағымен ымдап бірдеңе дейді, онысын ұққам жоқ. Қорапты ашып жіберсем – порнографиялық карталар екен. Мұндай сұмдықты мен бұрын көрмеген екем. Расында бір рет көргемін. Әскерде жүргенде... Онда кілең жалаңаш әйелдер болатын. Ал мына жерде... жалаңаш әйелдерге қоса азбан еркектер де жүр.
Жүрегім айнығандай болып, бұрыла бердім. Сақау да соны сезді ме, жып еткізіп картасын жинап ала қойды. Сосын лезде жоқ болып кетті. Жын ба, шайтан ба, қайда кеткенін де байқамай қалдым.
Буфетке барып мен де бір стақан шай алдым. Сосын қайда отырсам екен деп жан-жағымды барладым. Ортадағы үлкен екі үстелді қосып, күргейлей қоршап күдікті бір топ отыр. Қабақтары қабарған, иектері түксиген, айналаға кектене қараған күдірейген біреулер. Әрісі түрмеге бара жатқан, берісі түрмеден келе жатқан “зектерге” ұқсайды.
Өзі азғантай үстелді әйелі бар, еркегі бар шәниіп бір-бірден иемденіп алыпты. Ортадағы үстелдегі штормовка киіп, борсықтай дөңкиген көсе қара қазаққа беттеп едім, шай ішкен сиқы ұнамай қалды. Өзге дүниені ұмытқан, шайқап қойып тәлеңкемен шай ұрттап отыр. Ыстық шайды үһілеп үрлеп ұрттаған кезде жараға ұқсаған екі көзі мүлдем жабылып қалған. Сосын ұрттағаны да қызық, жаялық ернін түштитіп, бейнебір әйелмен сүйіскелі жатқандай асқан бір ләззатпен сорып отыр.
Көсе қараның қасынан өтіп кетіп, арғы бұрыштағы бос үстелге тарттым. Ол жерге де қимыл-қозғалысы құныс маймылға ұқсаған сырықтай біреу құнжыңдап енді ғана жайғасып жатыр екен. Шай мен жалғыз тал бутербродымды көтеріп мен де өкшелей жеттім.
– Ағай, қасыңыздағы орын бос болар?
Ағай көзін көтеріп маған қараған да жоқ, “отыра бер” дегендей қолын нәумез сілтей салды.
Мен орындыққа жайғасып, ыстық шайды үріп бір ұрттадым да, ағайға қарадым. Бұл кісінің алғаны мен ойлағандай шай емес, қызыл-күрең шарап болып шықты. Өзінің беті біртүрлі қарайыңқырап ісіп, көзінің айналасы домбығып тұр екен. Сақарға салған сүйектей құп-қу, тым арық. Бет-жүзі шалбар-шалбар, салынып ішетіні көрініп-ақ тұр.
– Қалқам, сен маған назар салмай шайыңды жөнімен іше бер, – деді де ағай қолы дірілдеп стақан толы күрең қызыл сусынын жеміре жұтып салды. Сөйтті де, ирелеңдеп орнынан тұрып, қисалаңдап қайыра буфет жаққа кетті.
Мен ағайды енді таныдым. Танығаныма алғашында қуанғаныммен, соңынан өкінгендей ме, әйтеуір бір екіұдай сезімде қалдым. Ол кісі буфет жақтан қайтып оралғанша көрінбей кетіп қалсам ба екен деп те ойладым. Ағайды дәл мынандай кейіпте көремін деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Мені кездестіргенге ол кісі де дәл қазір елпілдеп қуана қоймас. Жер болып ұялуы мүмкін. Өзіме де ыңғайсыз, сондықтан... Не істесем екен?
Ып-ыстық шайымды да, бутербродымды да тастап орнымнан тұра беріп, сылқ етіп қайта отырып қалдым. Әлдебір құмарпаз түйсік жіпше байлап тұрғызар емес. Қызық болғанда, жүрегім алқынып, қаным көтеріліп кеткендей болды. Бойымды әлдебір әлсіздік билегендей.
Бұл кісі баяғыда бізге алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптарда сабақ берген “география ағай”, яғни Смағұл мұғалім болатын.
Ақылы азық, сөзі сусын болған менің қайран ұстазым! Енді қарашы, қазан ұрған қауындай қауқиып қалған мына ұсқынсыз кеспірін?
Баяғы жылдары ауылда жүргенде “бұл кісіні мұғалімдіктен босатыпты, білім беру жүйесінен мүлдем қуып жіберіпті” деген әңгіме естігенім бар еді. “Өтірік болар, Смағұл ағайдай талантты мұғалімді ешкім де мектептен қуа алмайды!” деп, әлгі әңгімеге сенбей қойғанбыз. Тегі, сол қауесеттің рас болғаны ғой?!
Смағұл ағай қалтылдаған қолына қызартып тағы бір стақанды көтеріп, орнына келіп жайғасты. Бірақ ішкен жоқ, төмен қарап түксиіп отырып қалды. Иә, сол “география ағайдың” тура өзі... Бұл кісіні көрмегелі қай заман! Көп өзгерген сияқты. Заманында керіктей кекиген кербез кісі еді. Енді қараңызшы... екі бүктетіліп, жарқанаттай жұқарып қалғанын. Қартайған, тозған, жүдеген. Бірақ бұл кісі осыншалық қартая қоятындай жасқа да жеткен жоқ сияқты еді ғой? Тегі, ішімдіктің әсері-ау? Шәкірті екенін сездіріп сөзге тартсам, онсыз да дімкәс жүрегін жаралап алмас па екем? Ағайдың жаны жаралы екенін түрінен де, қимыл-қозғалысынан да байқап отырмын. Бұл кісі қайдан жүр, бұл вокзалда неғып жүр? Жолаушылап бір жаққа кетіп бара жатқан беті ме, әлде осы қалада тұратын кісі ме? Сірә, осы қалада тұратын шығар... Бұл уақытта қаладағы дүкеннің бәрі жабық, сосын да вокзалдың буфетін торуылдап таң атпастан жеткен-ау, тегі!
– Қалқам, сен маған сүзіліп қарай бердің ғой?
Мен селк ете түстім. Смағұл ағай көзін де көтерген жоқ, елден жасқаншақтап бір қырын отыр, соның өзінде менің тесіліп қарап отырғанымды қалайша байқап қалды?
Қипақтап, мен не айтарымды білмей қысылдым.
– Жол жүріп бара жатырсың ба, қалқам? – деді ағай қарлығып. Бірақ сонда да қабағын көтерген жоқ.
– Иә...
Ағай құптағандай басын изеді.
Мен ағаймен сөйлескім келіп кетті, көңіл жазып ұзақ-ұзақ әңгімелессем деп көкседім. Бірақ сөзді де, әңгімені де неден бастарымды білмей тосылдым. Кешеден бергі кино секілді тізбектеліп өтіп жатқан суреттердің ішіндегі нағыз шынайы бейне осы ағай сияқты көрінді. Біртүрлі көңілім бұзылып, көмейім қыстығып, жанарыма жас іркілді.
– Смағұл ағай, мен сіздің оқушыңызбын!
Ағай бәрібір төмен салған көзін көтерген жоқ, “дұрыс екен” дегендей басын бір изеді де қойды.
– Ағай, сіз бізге алтыншыдан бастап, сегізінші сыныпқа дейін географиядан сабақ бергенсіз... “Жаңа тұрмыс” ауылында.
– Иә, географиядан сабақ бергенім бар... – деді ағай менің сөзімді растағандай. Бірақ бәрібір қабағы мен басын көтерген жоқ.
– Біз сіздің Жерорта теңізі жайындағы, Гибралтар бұғазы туралы әңгімелеріңізді керемет қызығып тыңдайтынбыз.
Осы арада ағайдың төмен сүзілген көзі жайлап мен жаққа бұрылды. Шоғы сөне бастағандай болған сарғыш жанары сәтке жылт ете қалды. Соның өзінде тұқырайған қабағын төмен салып отыра берді.
– Гибралтар дедің бе? – деп қайталап сұрады.
– Иә, Гибралтар! – дедім мен қуанып. – Сіз шетелдерде болғаныңыз туралы бізге қызық-қызық әңгіме айтып беретінсіз.
– Иә, Гибралтарда болғаным рас, – деді ағай, даусы тарғылданып шықты.
Кезіндегі әңгімешіл, ашық-жарқын ұстазымның бұлайша тұнжырап қалғаны менің аянышымды тудырды.
– Ағай, сіз бізді өз ауылымыз, өз еліміз ғана емес, бүкіл жер шарын жақсы көруге, күллі планетаны сүюге баулыдыңыз. Біз география сабағын керемет ұнатушы едік. Осы сабақты бәріміз де жақсы оқыдық. Сіз бізді арманшыл болуға үйреттіңіз. Біз де сізге ұқсап шетелдерді аралағымыз келетін, Гибралтарды бір көрсекші деп қиялдайтынбыз.
– Иә, сосын... көрдіңдер ме? – деді ағай.
– Хм-м! – мен тұтықтым, сосын: – Көргеміз жоқ! – деп жауап бердім.
Ағай басындағы қалпағын шешіп, үстелдің шетіне ысырып қойды. Енді байқадым, ағайдың баяғы толқынданған қою қара шашы боп-боз, өзі сиреп жұқарған. Көптен жуылмағасын ба, майланып ұйыса жабысып жатыр.
– Сен ұшқыш болсам деуші едің ғой? – деді ағай.
Менің жүрегім мұздап салды. Өстіп тұқырайып отырып-ақ Смағұл ағай мені жазбай танып отыр екен ғой! Не айтарымды білмей, ыстығымның көтерілгенін сездім. Маңдайымнан сұп-суық тер шып-шып шықты.
– Оқасы жоқ, – деді ағай тұқшиған күйі басын шұлғып. – Әлі жассың, өмірің әлі алдыңда... Тек көкірегіңдегі отты өшіріп алмасаң болады. Басқа дүниенің бәрі орнына келеді әлі.
Мен де ол кісінің сөзін құптағандай басымды изей бердім.
Смағұл ағай басқадай сөз айтқан жоқ. Алдындағы стақанды екі бөліп ішті де, қалпағын қайта киді. Басын сәл иіп, ерні дірілдеп менімен қоштасқандай ишара жасады. Сосын түйе секілді созалаңдай орнынан тұрып, тәйтіктеп төменгі қабатқа беттеді.
– Ағай, сізді шығарып салайын, – дедім мен шын көңілден.
“Керегі жоқ” дегендей ол кісі басын бір шайқап, шығар есікке қарай теңселіп ұзай берді.
Ағайды көзбен шығарып салып тұрған менің жанарыма тағы да жас тығылды. Ауа жетпей, мынау қапырық зал ішінде біртүрлі тынысым тарылғандай. Өзімді көп жылға қартайып кеткендей сезіндім.
***
Арада жарты сағаттай уақыт өткенде, мен де бірінші қабатқа түсіп, пойыздар тоқтайтын перронға емес, қала жақтағы алаңға қарай шығып кеттім.
Аспан бұлыңғыр, қорғасын бұлттар үйлердің төбесіне төніп салбырап қалыпты. Сібірлеп жаңбыр жауып тұр, ұзаққа созылатын ақ жауын тәрізді. Биылғы жыл жердің бұты кеппей, қай жерде де жылауық жаз болып тұр ғой өзі. Мен келген қара орманды Қиыр Шығыста жаңбыр дегенің шелектеп құюшы еді жарықтық. Мына қаланың да жетісіп тұрғаны шамалы екен. Түні бойы жаңбыр жауса, күні бойы шақырайған аптап жаңбыр суын кептірумен әлек. Ыстық күнде бусанған дымқыл ауа адамның тынысын тарылтып, қарадай терлетеді екен.
Қазір жазғы күннің ең бір жанға жайлы сәті. Ауа кеңсірік жарардай таза, қоңыр салқын таңғы мезгіл. Таң алдындағы сұрлана сазарған мынау бүгінгі боз аспан менің қазіргі көңіл-күйіме үйлес. Маған аспан үнсіз жылап тұрған сияқты көрінді.
Шілделік шырылдады. Әлде маған солай естілді ме? Әйтпесе мынадай сылбыраған жаңбырда, таң алдында шілделік шырылдамаса керек-ті.
Сібірлеп жауған жаңбыр астында аяңдап келемін. Сібірлеген жаңбырда сырлы бір жұмбақ бар сияқты. Құлағымды түріп тың тыңдаймын, ағаш-ағаштың арасынан алақаттанып көрінген боз аспанға тесілемін. Аяңдап келіп саялы қарағаштар өскен әдемі бір аллеяның ішіне бойлай кірдім. Маңайда ешкім көрінбейді. Таң енді ғана атып келе жатыр, көшеге шыққан жанның бәрі жаңбырдан бас сауғалап тығылып қалғандай... Дәл қазір ауада жаздың ми қайнатқан шілдесі емес, күздің ызғары сезіледі. Менің көңілім де табиғаттың осынау жатбауыр күйімен астасып кеткен. Менің көңілімде де күздің сызды салқыны бар.
Жаңбыр суы шашымнан сорғалап бетімді жуып жатты. Жаңбыр суы ғана емес, менің өзім де ағыл-тегіл жылап келеді екенмін.
Аспанды қалың бұлт тұмшалағасын ба, төңірек қарақұрықтанған алагеуім. Әлде маған солай көрінді ме? Әйтеуір, маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Олай болса, көңілдің кірін шайып неге бір емін-еркін жылап алмасқа деп ойладым.
Мінеки, жиырманың төртіне келдім, әлі күнге жүйкені босатып адамша бір жылап та көрмеппін ғой.
Алдымен әлгінде ғана өзім кездескен, бізге географиядан сабақ берген талантты мұғалім Смағұл ағайды есіме алып, ол кісінің жұмбақ тағдырына жаным ашып жыладым. Содан кейін көз көрмес алыстағы Гибралтарды көксеп, ол жерді менің мәңгі-бақи көрмей өтуім әбден мүмкін екенін сезіп жыладым. Содан кейін Алматыны соншалық аңсап келіп, оқуға түсе алмай кетіп бара жатқан пұшайман халімді ойлап жыладым. Ұшқыш болсам деген бала күнгі асқақ арманымды қай жерде жоғалтып алғаныма дал болып, өкініп жыладым. Адамдардың бойында жалғандықтың неліктен көп болатындығына күйініп жыладым. Ең соңында аңқылдаған ақ жүрек Нұртай досым есіме түсіп, Қарлығаш екеуіне адамдық бақыт тілеп қуанып жыладым.
Бетімнен бозағым шығып, ботадай боздап жаңбыр астында ұзақ жүрдім.
Сосын көз жасымды басымнан сорғалаған жаңбыр суымен жудым да, үлкен бір іс тындырғандай бойым жеңілейіп кейін қайттым.
Көп жылдан бері менің жүрегім ән салмап еді. Енді ән салып тұр. “Қорлан” әнін...
***
Үсті-басым малмаңдай су, сүйретіліп вокзалға қайтып келдім. Жаңбыр астында қалған кісіні ғұмыры көрмегендей біреулер маған үдірейе қарасты. Қарамақ түгілі, көздері атыздай болып шығып кетсе де қыңқ дегем жоқ. Алшаң басып, бос орындықтың біріне барып шалқая құладым.
Бұдан бірер жыл бұрынғы алып ұшқан асау көңіл, өрекпіген тентек жүрек бүгінде байсал тапқандай. Бойымдағы ондай өзгерісті біраздан бері анық байқап жүрмін. Бірақ сол өзгерістен өзім үрке бастадым... Өйткені өйтіп байсал тауып, салқын сабырға көшетіндей жасқа мен әлі жете қойғам жоқ қой. Әлі үйленіп те үлгермеген жап-жас жігіт емеспін бе? Сонда бұл не өзгеріс, қажымай жатып қартайғандай болғанымыз ба? Байсал тауып байырқалайтын емес, от алып, ораққа түсер кезім емес пе бұл!
Баяғыда ауылға сыймай аласұрушы едім-ау!
Кино көреміз, соңынан би болады, бәрі көңілді, бәрі ретімен жақсы сияқты. Шүкіршілік, ауылда жастар баршылық, шама-шарқынша ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, уақыттың қызықты да мәнді өтулеріне күш-жігерді аямайтын. Оның үстіне комсомол ұйымы бар. Ол ұйым жастардың арақ ішіп, анаша тартып кетпей, коммунистік мораль рухында тәрбиелеуге бастарымен жауап береді.
Осындай әсерлі ұйымдастырылған әрбір кеш алғашында жап-жақсы, тартымды көрінгенімен, соңынан мен үшін қызығы тез басылып қалатын. Осы дырду-даңғазаның бәрі жалған, ешкімге қажеті жоқ әншейін бос әуей көрініп кететін. Жалықтырып жіберетін. Қарадай қоңылтақсып, бәрінен түңіліп, көңіл-күйім жабырқап салатын. Кейде тіпті ауа жетпей, тынысым тарылғандай сезінуші едім. Ауылдың аясы тарлық етіп, жападан-жалғыз маң даланы кезіп кететінмін. Табаным қызып, тіпті ыстығымның көтерілген де кезі болды. Білемін, мұндай шақта мен сырқат емеспін, бірақ сырқаттан былай да емес едім. Айдалада жүріп маужыраған табиғатқа, жұлдызы жамыраған аспанға қарап қайдағы жоқ қиялға батам, сосын жанымды қоярға жер таппай қиналам. Жүрегім сыздай береді, жаныма бірдеңе жетіспейтінін сеземін, бірақ оның не нәрсе екенін тағы білмейтінмін.
Ержетіп, етек-жеңімді жинаған қазіргі уақта енді ғана бірдеңені ұға бастағандаймын... Мақсатты жолда маған ылғи да қажыр мен қайрат, табандылық жетіспей жатады екен. Ішті бола алмағандаймын, құнарлы бола алмағандаймын. Сөйтіп жүріп, мінеки, көңілімнің көрігін тұман баса бастағанын да аңдамаппын.
Алты ұл, бір қыздың ортаншысы болғандықтан ба, үйде де менің бар-жоғымды шешемнен басқа іздеп жатқан жан болмайтын. Алдымда арқа тұтар ағалар, ақыл айтар апа бар, артымда сүйеу болар інілер жүр, мен үшін соңыма қарайлар алаң да жоқ еді. Енді ойласам, біздің ұрпақтың да тағдыры тайқы, тұзы жеңілдеу болған сияқты. Біз бұрынғылар дәріптейтін Аталықтай ақсақалдан, Аналықтай бәйбішеден тәлім алған құнары қалың жандар бола алмаппыз. Біздің әке-шешелеріміз де – әрісі институт пен техникумда оқыған, берісі он жылдықты тауысқан көзі қарақты қаратаяқтар. Олардың да ақылының асып, кемелінің тасып тұрғанын байқай алмадық. Баяғы жоқшылық пен қуғын-сүргіннің шетін көріп қалғасын ба, біздің әкелердің буыны ұраншыл бола тұра үрейшіл, жалтақ, жасқаншақ болды. Қалай десек те олар да өз заманының төл перзенттері еді. Сондықтан оларға да айтар реніш, тағар кінә бізде жоқ. Керісінше, әке көңілінде маған деген өкпе-наздың барын сеземін. Шетке шыққан саяқтай менің мінезім әкеме жақпайды. Тіпті әке үшін мен тозған тұяқ, кеткен бел, шіріген жұмыртқа сияқты көрінетін шығармын. Ағаларына тартпады деп қынжылады. Ағаларымның үшеуі де жанның қадірін бағатын, малдың қасиетін білетін дөңгелек шаруаның адамдары. Менің оларға тартпағаным рас, оны мойындаймын. Бірақ бәрібір мен есепшот құшақтап, күндіз-түні қағаз кемірген әкеме де, байлық пен дәулетті мақсат еткен ағаларыма да ұқсағым келмеді. Ащы аңсаған мал сияқты мен басқа бір өрісті көкседім. Тіршіліктің өркенсіз қыбыр-жыбырымен ауылда мәңгі қалудан қорықтым. Ешкімге ұқсамаған тәуелсіз де еркін өз жолымды іздеп сарсылдым. Армияда жүргенде кейіннен сырттай тапсырып, офицерлік дәреже алып, ауылға сап-сары ала болып барсам деп қиялдаушы едім, оның да жөні келмеді. Тым болмаса бір оқуға түсіп, ел жаққа жүзім жарқын боп жетейін деп едім, ол ойым да әдірем қалды. Осылайша арман-мақсаттың бәрі шұғыладай менен бірте-бірте алыстап бара жатыр.
Ендігісі, мінеки, жұттан шыққан жұрындай кейіпте ауыл жаққа еңкейген жайымыз бар.
Ол жақта да ертең не болары маған әзірше беймәлім. Әйтеуір ауылға барған соң арада апта өтпей жатып сырттағы кең дүниені аңсай бастайтынымды тағы жақсы білем. Ал шығандап сырт жақта жүрсем – елжіреп ауылды сағынып кеп жүргенім. Сонда менің байырқалар мекенім, байыз табар шын тұрағым қайда деп кейде өзіме-өзім таң қаламын.
***
Сағатыма қарадым.
Менің де пойызға отырып, жол жүретін уағым келіп қалыпты. Кеше өткізген шабаданымды алайын деп салып-ұрып жүк сақтайтын қоймаға барсам – есігі тарс жабық. Аузында салақтап қап-қара шойын құлып тұр. Шүкіршілік, қоймашы келіншекті күткен жалғыз мен емес екенмін, көп болып шулап жүріп, буфетте шай ішіп отырған жерінен таптырып алдық. Өзі де атан түйенің жарымындай етжеңді әйел екен, жайқалып келіп, жайымен қойманың есігін ашқанша да біраз уақытымыз кетіп қалды. Содан шабадан қолға тиген бойда жүгіре басып, сүріне-қабына перронға шықтым. Шықсам, менің пойызым жайлап жылжып жүріп бара жатыр екен.
Апырмай, бұл қалай болғаны, шынымен-ақ кешігіп қалғаным ба деп мен не істерімді білмей сенделіп тұрып қалдым.
Соңынан жүгірсем бе екен деп бір оқталдым да, абажадай шабаданды сүйретіп еңкілдеудің тағы ретін таппадым.
Перрондағы көпшілік вагондармен жарыса жүгіріп, соңғы сәлем сөздерін айтысып, қимастықпен қоштасып жатыр. Маңай толы айғай-шу, жылаған бала, қой қайырғандай бірін бірі шақырған дауыстар. Пойыздағы жолаушылар да перрондағы жұртшылыққа вагон терезелерінен қолдарын бұлғап барады. Ал, мен бейбақ пойызымнан кешігіп, тағы да аузымды ашып аңырап қалдым!
***
Мәссаған, мына бір ғажапқа қараңыз!
Перронда сапырылысқан көпшіліктің ішінде кетіп бара жатқан пойызды көзбен шығарып Қанағат мұғалима да тұр!
Жүрегім атқақтап аузыма тығылды. “Апырмай, Қанағатты да көретін күн бар екен ғой!” – деймін іштей тәубе етіп.
Тірсегім дірілдеп, тізем қалтырап, жылжып басып қызға жақындай түстім. Сыртынан байқап келемін, мен көрмеген арадағы алты жылда түк те өзгермепті. Өн бойында бір мін жоқ, сол баяғы бетінен нұры шалқыған толықсыған талдырмаш қалпы... Уыздай ақ білек, үлбіреген бұғақ, толқынды қою қара шаш. Аппақ мойнын ораған қызыл шарқат шәлі самалмен қосылып баяу желбірейді. Толықсыған қазіргі тұрысы да бөлекше, балғын да байсал. Тұнған романтика!
– Қанағат!
Мектепте жүргенде “апай” дегенді қосып айтатынбыз. Әкесінің атын білмейді екенмін. Бәлкім, білген де шығармын, бірақ қапелімде қайдан аузыма түссін. Есіміне тіркеп баяғыша “апайды” қосып айтуға тілі құрғыр тұтығып, сөзімді жұтып қойдым. Демім таусылып, үнім шықпай қалды.
– Қанағат!
Бұл жолы бір жөткірініп, есімін батыл атадым. Қыз қызыл шәлі ораған аппақ мойнын әнтек бұрып, маржандай аппақ тістерін көрсетіп маған күлімсірей қарады.
– Жоқ, мен Қанағат емеспін, – деді.
– Хм-м!
Қап, енді қайттім? Бұл қыз шынында да Қанағат емес екен. Ыңғайсыздау болды-ау! Бүйтіп шатасқаныма жол болсын!
Сол екі арада... әнеу жерден жүріп келгенше көзіме қос тамшы жас үйіріле қалыпты. Ып-ыстық жас... Мұнысы несі екен?
Бейтаныс қыздың алдына екі көзім боталап өңмеңдеп жетіп барғаныма намысым келді. Өзін қайта-қайта атын атап шақырғаныма кешірім өтінуді де ұмытып, қыздың қасынан жылдам басып өте шықтым.
Жүрегім тұз құйғандай ашып кетті. Мұрным жыбырлап, кірпігім қыбырлап, қабағым қайта-қайта тарта берді.
Мені ауылға апаратын пойызым дөңгелектері дүрсілдеп, әнеки, біртіндеп ұзап бара жатыр. Айдың-күннің аманында мен тағы да адасып, сопиып перронда қала бердім.
2007 жыл