«СОЦИАЛИЗМ ӘҢГІМЕСІ»
Көру онлайн файл: 2-kanon-socializm.pdf
«СОЦИАЛИЗМ ӘҢГІМЕСІ»
«МОНА ЛИЗА»
Университеттің төртінші курсынан соң студенттерді алты айлық практикаға жіберген. Төлеужанды Қарағандыға бөліпті. Облыстық газеттің редакциясына барып жүз көрсетіп тіркелген соң, алты ай бойы қонақ үйде жататын емес, жатақхана іздестіруге кірісті. Редакциядағы жігіттердің көмегімен жан-жаққа телефон шалып, ақыры қала шетіндегі құрылысшылар жататын үш қабатты саман үйден қуықтай бір бөлме тапқан болысты. Жүгін арқалап, бір бума кітабын қолтықтап Төлеужан әлгі бөлмеге барып орналасты.
Бөлмені ретке келтіріп тазалап, шаңын сүртіп, жатар орнын ыңғайлаған соң, әдетінше, төсегінің тұсына өзімен бірге ала келген «Мона Лизаны» іліп қойды.
Бұл – Леонардо да Винчидің әйгілі картинасы болатын. Әрине, түпнұсқа да, көшірме де емес, кәдімгі альбом-кітаптан жыртып алынған етектей бір парақ-ты. Суреттің жан-жағын ақ қағазбен жиектеп, кәсекке салып әшекейлеп жүрген Төлеужанның өзі еді...
Орталықтан шалғайда, Бетбақдаланың бір қиырында өскен Төлеужан университетке түскен бойда өзге әлемге тап болғандай сезініп, оқу мен тоқудың қызығына құныға ден қойған. Шөлден қайтқан жолаушыдай шөліркеп бірде-бір лекцияны, қосымша сабақ пен семинарларды құр жібермей, күндіз-түні кітаптан бас көтермей оқумен болды. Өзге студенттер күнделікті оқу бағдарламасының өзін әзер үлгеріп жатса, Төлеужан оқулықтың сыртында қаншама тың дүниемен танысып жүрді... Еуропаның сонау антик дәуірінен бастап, күні бүгінге дейінгі мүйізі қарағайдай мықтыларының біразының басын шалды. Түгел оқып игермесе де, негізгілерін, керек-ау дегендерін қалыс қалдырған жоқ. Көркем әдебиетке қоса қоғамдық ғылымдарды, жалпы әлемдік ақыл-ой мұрасын, тарихын қоса-қабат шама-шарқынша меңгеруге ұмтылды. Осылардың бәрінің кейінгі өмірінде ауадай қажеттігін ұғып, еуропалық дегдар мәдениетті бойына барынша сіңіруге тырысты. Зиялы азаматтың қатарына қосылу үшін білім мен ғылымның негізін дәл осы студент шағында қалап алу қажетін түсінді. Әйтпесе өркениеттің ұлы көші шаң қаптырып жұртқа тастап кетердей қауіптеніп, көңілі қанағат таппай алаңдауды шығарды. Бөлмелес достары қыздарды ертіп парк пен би алаңын торыған кезде Төлеужан барын киініп, байлауышын тағынып, симфониялық концерттерді тамашалауға кететін. Кітапханадан қолы қалт еткенде салып ұрып балет пен опера көруге баратын. Сол симфонияны да, опера мен балетті де оншалықты ұғыныңқырамай, тағылау өскен табиғаты қабылдаңқырамай жүрсе де жігерін жанып, өзін-өзі күштеп барушы еді. Әлемдік әдебиет пен мәдениеттің қайнары да, алтын діңгегі де тек Еуропа деп қабылдады. Өйткені қайсыбір кітапты парақтамасын, айналып келіп соның бәрі де әлгіндей тұжырымды көлденең тарта беретін. Осы түсінікке тереңдеп, имандай сенген сайын ой-санасын өзі де сырын біле қоймаған әлдебір шұғыла қиял шымылдықтап, арбай түскендей болатын.
...Көркемсурет галереясына барып жүрген кезінде, бірде Леонардо да Винчидің үлкен альбомын көріп қатты қызыққаны бар. Өзі де удай қымбат кітап екен, қарызданып-қауғаланып жүріп әлгіні бәрібір сатып алды. Альбомды қарап отырса – Леонардо данышпан өзінің мыңдаған туындыларының ішінен «Джаконданы» айрықша жақсы көріпті. «Джаконда» дегеніңіз – бір қыздың күлімсіреп отырған тылсым суреті. Қыздың аты-жөні – Мона Лиза болып шықты. Мінеки, сол «Мона Лизаны» ұлы суретші қайда барса да жанынан тастамай алып жүреді екен. Әрине, тірі қызды емес, өзі салған портретті. Леонардо да Винчи сөйткенде мен неге үйтпеске деген ой келді Төлеужанға. Болмасаң да ұқсап бақ деген... Төлеужан альбомдағы «Мона Лизаны» қиып алып, әшекейлеп, өзі жататын төсектің тұсына іліп қойды. Осы төрт жылда жатақханада нешеме бөлме ауыстырды, «Мона Лизаны» әсте тастаған емес. Жаңа бөлмеге кірген бойда, ең алдымен төсегінің тұсына осы «Мона Лизасын» іледі. Жазғы каникулда құрылыс отрядына жұмысқа кеткен кезде ғана амалсыз жатақхананың қоймасына қалдырып жүрді. Бұл жолы өндірістік практика жарты жылға созылатын болған соң Төлеужан «Мона Лизасын» қолтықтап Қарағандыға өзімен ала келген-ді. Құрылысшылар жатақханасының қуықтай бөлмесіне кірген бойда осы суретті төсегінің басына іліп жүргені де содан еді.
Арада оншақты күн өткен. Бірде түнгі екіге дейін кітап оқимын деп ұйықтап қалыпты. Редакцияға кешігіңкіреп келсе, бөлім бастығы өзін қоярға жер таппай мұны тықыршып күтіп отыр екен.
– Шырағым-ау, келмей жатып бүйтіп кешіккенің қалай? – деп қызарақтап басын шайқады. – Сені қаламы жүйрік жас журналист қой деп жұмсайын десең… Өстисіңдер енді!
Төлеужан ағасынан кешірім өтініп, қайда жұмсаса да дайын екенін сездірді.
– Жарайды... – деді бөлім бастығы лезде сабасына түсіп. – Әлгі Күзембаев шахтасында бүгін рекорд болмақ екен. Соған бар да, қатырып отырып материал жазып әкел. Келістік пе!
Келіспегенде қайда барсын, Төлеужан қасына фототілшіні ертіп, редакцияның көлігімен Күзембаев атындағы шахтаға тартып кетті. Шахтаның шыңырау штрегіне түсіп, күні бойы жер астында жүрді. Шахтаға алғаш түсуі еді, бұл үшін бәрі де таңсық, бәрі де қызық. Содан жеткілікті материалын жинап, көп әсерге бөленіп үйге кештеу оралған.
Жатақханадағы бөлмесіне кірсе – бұрышта жұп-жұқа болып шүңкиіп шешесі отыр.
Апырмау, мұның ауылы анау Бетбақтың аузында еді. Олай болса Гүлайым шешесі сонша жерден Қарағандыға қалай келіп жүр? Үлкен қаланың ішінен мынау бір шеттегі жасырын жатақхананы қалай тауып алып жүр?
Төлеужан әлденеден секем алып, шешесіне үрке қарады.
– Сені гәзетіңе іздеп бардым... Үйді солар көрсетіп жіберді, – деді шешесі. Үні бөтен біреумен сөйлесіп отырғандай біртүрлі салқын.
– Тәте, неге келдің? – деп Төлеужан көңіл күдігін жасыра алмады.
– Сені Қарағандыға келіп үй алыпты деп естідік ауылда. Қате хабар болған екен, оны да ана гәзеттегі достарың айтты.
– Менің Қарағандыға келгенімді біреулер үй алды деп ұққан ғой.
– Ит біле ме... Үй алды екен деп... үйіңді көрейін деп алып-ұшып жетсем...
Енді байқады, шешесінің екі көзі домбыға қызарып кетіпті, соған қарағанда жақсылап тұрып жылағанға ұқсайды. Салдырап шаршап отырған жайы бар. Маңдай әжімі молайып, тереңдей түскендей ме, қалай... Салалы саусақтарының сыртына тарамыстанып көк тамыры адырайып шығып кетіпті. Бет ажары да өткен жаздағыдай емес, танабы кепкен боз даладай қуқыл тартқан, суала күнсіген.
– Тәте, не болды саған... Ауыл-аймақ аман ба, өзі?
– Аман, құлыным.
– Тәте, неге жылағансың, нағашы атам сау ма?
– Нағашы атаң сау, құлыным.
– Не болды енді... Айша апам қалай?
– Айша апаң да аман-сау, құлыным.
Төлеужан не істерін білмей шешесінің қас-қабағына қарап аз-кем отырды да, шай қамына кірісті. Шәйнекпен су ысытып, үстелге дастарқан жайған болды.
– Ал енді айтшы, – деді шешесіне қою шайды қос қолдап ұсынып жатып, жалынғандай болды. – Не болды, тәте? Жүрегімді ауыртпашы!
Гүлайым шешей шайдан екі ұрттады да, көзінің жасын тағы да сығып-сығып алды.
– Жалғызым, құлыным, – деді сосын қушия бастаған кеудесін тіктеп. – Он жеті жасымда әкеңнен жесір қалдым. Сені жеткізейін, қабағыңа кірбің түсірмейін деп қайтып тұрмыс та құрғам жоқ. Несін жасырайын, небір бұланай кісілер сөз де салып көрді. Сол азаматтың біріне де қарамай, санамен сарғайдым. Табан ет, маңдай теріммен арқалап жүріп сені асырап-жеткіздім. Көрмеген қорлығым, кешпеген бейнетім жоқ менің, құлыным...
– Тәте, мен оны білмей жүр дейсің бе, мен бәрін де білемін. Аман болсам, ақ сүтіңді ақтаймын, тәте!
– Құлыным, саған аналық ақ сүтімді бұлдап отырғам жоқ мен. Міндетсуден де аулақпын... Айтпайын деп ем, өзің айтуға мәжбүр қылып отырсың.
– Тәте...
– Сенің әкең жігіттің бозтайлағындай кісі еді. Сұм соғыс болмағанда ел көркейтер мықты азамат-ақ еді жарықтық. Амал қанша, сағымдай сейіліп, жоқ болды бәрі. Соңында әйтеуір сен қалдың қарайып, соны медет тұтушы едім... Үш ай ғана отассам да, сол әкеңнің аруағын өмір бойы ардақтаумен келемін. Әкеңдей асыл азаматқа жар болғаныма екі дүниеде ризашылығымды білдіріп, жаратқан иеме тәубе етіп жүремін. Әкесіндей қайсар, өр мінезді болсын деп сені де бетіңнен қақпай, бұла ғып өсірдім.
– Тәте, бәрін де білемін. Бәріне де рахмет. Бірақ осынша таусылып сөйлегенің қалай? Не боп қалды өзі?
– Әкең соғысқа кеткенде сен іште қалғансың. Ұл болса Төлеужан қой атын, қыз болса еркің білсін деп еді әкең. Әкеңнің аманатын орындап, атыңды Төлеужан қойдық. Сен сүзекпен ауырғанда кіндіктен жалғыз еді деп, құдайдан сауға сұрап күншіліктегі әулиенің зиратына да жалғыз қонып шықтым. Құдай тілегімді беріп, сен сүзектен аман қалдың. Жалғыз ұлды ел қатарынан қалдыра көрме деп тағы арман қылдым. Шүкіршілік, ол арманыма да жеткендей едім. Тоның тозбай, атың озбай ел қатарлы оқуға түстің. Оны да бітіруге, мінеки, көп қалған жоқ қой...
– Тәте, турасын айтшы, мен бірдеңе бүлдіріп қойдым ба? Не боп қалды соншалықты?
– Сондағы көрейін дегенім осы ма еді, құлыным-ай!
– Ойбай-ау, тәте не болды?
– Мені қойшы, арманда кеткен әкеңнің аруағын сыйламағаның қалай, құлыным?
– Тәте!
– Жалғызым ұрпақ өрбітіп, әкесінің өмірін жалғар, жиырмасында кеткен боздағым ұрпағымен мың жасар, немере иіскеп мен де көп бейнеттің бір зейнетін көрермін деп арман етуші едім...
– Тәте...
– Тоқта, балам! Сол әкеңнің арманы да, анаңның үміті де әдірәм қалғандай күйге түсіп отырмын қазір!
Гүлайым шешейдің шүңірек көзі жарқ етіп, баласына қатқылдау қарады.
– Сонда сен... сонда сен бәрін тәрк етіп, мына бір атасы басқа буаз қатынға үйленгелі жүрсің бе? – деп соншалықты салқын раймен төсектің басындағы «Мона Лизаны» иегімен нұсқады.
– Тәте...
Төлеужан не дерін білмей тілін тістеп сылқ түсіп отыра кетті.
– Беті секпіл-секпіл, өзіңнен бес-он жас үлкен әйелде нең бар еді, ботам-ау?
Төлеужан қабырғадағы картинаға бар денесімен бұрылды. Расында, ары-бері таси берген соң ба, қыздың бетіне болымсыз секпіл пайда болған сияқты, іші де аздап толысқандай ма, қалай өзі... Не күлерін, не жыларын білмей мәңгіріп, жаңа көргендей, Мона Лизаға телмірді де қалды. Төлеужан үшін бұл мүлдем тосын түйсініс еді.
«Апырмай, әлемді шулатқан мынау бейне менің шешемді неғып тебірентпейді?» – деп қиналды ішінен.
«Мені жарық дүниеге әкеліп, азаппен асырап жеткізген ана көңілін мейіріммен толқыта алмаған бұл суретке мен неге осынша табынамын?» – деп тағы да аң-таң.
Гүлайым шешей көзінің жасын іліп сүртіп, баласына тағы бірдеңелерді айтып жатыр. Бірақ ол әңгімені Төлеужан естіген жоқ, құлағы тарс тұнып қалған. Орнынан ауыр көтерілді де, зерлі кәсекті жайлап түсіріп төсектің үстіне қойды. Содан шыны астындағы Мона Лиза бейнеленген қағазды суырып, оны асықпай екі бүктеп дар-дар айырып жыртты. Сосын шешесіне бұрылып:
– Тәте, осы ма еді? – деп жыртқан қағазды қолына умаждады да, бұрышқа лақтырып жіберді.
Гүлайым шешейдің қуқыл тартқан әжімді бетіне шырай жүгіріп, жүзі болмашы мейірленгендей болды.
– Көп сөйлеймін деп тамағым кеуіп қалыпты. Шайыңды демдеші, балам! – деп, үлкен бір іс тындырғандай үй ішіне жадырай қарады.
ЛЕВИТАННЫҢ ДАУЫСЫ
«Қырғи қабақ соғыс» жылдары...
Әлемдiк империализмнiң Кеңес одағына қарсы дұшпандық саясаты барынша өршiп, екi жақты текетiрестiң аяғы ақырзаманға дейiн жақындап қалған кез. Әлем жұртшылығы үшiншi дүниежүзiлiк соғыс «әне басталады, мiне басталады» деп қатты қауiптенiп, мамыражай тiршiлiктiң ұстараның жүзiндей қылпылдап тұрған уағы.
Мұқажан ақсақалдың жалғыз немересi Қуанышбектiң де есейiп, азамат болған шағы дәл осы бiр қыл ұшында тұрған қиын заманға тұспа-тұс келген. Қуанышбектiң әкесi де топырлаған көп қыздан соңғы кiндiгiнен кiш еткен жалғыз едi, сорлы бала соғыстан қайтпай қалды. Содан «орнымды оңалтар қара орманым, әулетiмдi жалғастырар жалғыз тұяғым» деп, Мұқаң Қуанышбектiң қолын қақпай, бетiне келмей еркелетiп өсiрдi. Шүкiршiлiк, атасы сөйттi екен деп Қуанышбек те артық шолжыңдап кеткен жоқ, көргендi боп ержеттi, атасына көмекшi, жесiр шешесiне қолғанат боп өстi. Былтырғы жыл мектеп бiтiргенде Мұқаң астындағы атын сатып, қалаға оқуға жiбермек едi, оған немересiнiң өзi көнбей қойған. Бiр жылдың ары-берiсi жоқ, жұмыс iстеп қаражат жинап, оқуға келесi жылы барам деген. Мұқаң көп ойланып лажсыз оған да көнiп едi. Немересi сөйтiп бiр жылдай колхоздың ұстаханасында тарсылдатып темiр соғып жүрген болатын. Содан әнеу күнi ойда-жоқта әскерге шақыртқан «пәбеске» алып, Мұқаңның қазiргi көңiл-күйi ақпандағы борандай алай-дүлей-дi.
Бұл Мұқаң кезiнде атан жыққандай қайратты кiсi-дi. Кәрiлiк құрғыр кiмдi шөктiрмеген, қазiр баяғы бұла қуаты бұлақтай сарқылып, күлге шөккен кәрi бурадай кейiпте. Бұрын қолдан ер шауып, кәдуескi шана ғана емес, кәшәуәнiң өзiн де оюлап-өрнектеп жасай беретiн шебер балташы едi. Қазiр ол өнердің бiрi де жоқ, тышқаншылаған ұсақ-түйек тiрлiк баяғы. Қамшы өреді, кендiр мен қылдан арқан ширатады, ер-тұрманның ұсақ-түйек әбзелдерiн жамап-жасқаған болады. Өстiп бiрдеңенi түртпектеп, кесiп-пiшiп отырып бiр құлағы қабырғадағы қара табақта. Қара табағы – радио. Сол радиодан қақсап жататын әңгiменiң көп жайын түсiнбесе де, мынау пәни тiршiлiктiң бiр тығырыққа тiрелiп тұрғанын, кең дүниенi тарылтқан бiр қиындықтың барын байқайды. Қартайсаң да өлiмдi ойлама, елiңдi ойла демекшi, ұлан елiмiзге бiр қауiптiң барын жүрегi құрғыр сезедi. Кейде сүйретiлiп көршi Қайбар құрдасы келiп, насыбай атып, күн ұзақ қасында отырып қайтады. Ол жазған да қыбырлаған жанды көлеңке дегенiң болмаса – миы шайқалған кәрi шөңге, соғыстың мүгедегi. Радиодан естiген жаңалығын көбiнеки сол Қайбармен бөлiседi. Екi шалдыкi баяғы «сегiзде баланың тiсi түседi, сексенде кәрiнiң бiр-бiрiне iсi түседiнiң» кебi... Адамзаттың саны былтырғы жыл үш миллиардқа жетiптi. «Бұл көп пе, аз ба?» деп сұрайды Қайбардан. Ол жағын Қайбар қайдан бiлсiн, бозарған сақал-мұртын сипалап, жерге шұқшиып үнсiз қалады. Сол үш миллиардтың бiр миллиарды бiз екенбiз, бiр миллиарды – аналар екен. Аналар дегенi дұшпандар болар. Дұшпандар дегенiң капиталистер. Капиталистердiң ата жау, қас дұшпан екенiн Мұқаң ғана емес, Қайбар шал да жақсы бiледi. Ал үшiншi миллиардыңыз қытайлар сияқты. Бiр ыңғайсызы сол iргедегi осы қытаймен де қырбай болып, ондағы өз адамдарымызды тайлы-таяғымен қоса өткен жылы елге көшiрiп алыппыз. Жалғанда көршiңмен керiспе, көршi қақысы – құдай ақысы деушi едi баяғының үлкенi. Қиямет күнi қоңсыдан деген, Мұқаңа әсiресе осы қытайға келгенде тауанымызды тарылтып, олардан ат құйрығын кесiсе терiс айналып кеткенiмiз қатты батады. Тағы да сол радиодан естiп-бiлiп отыр, кеңес халқы соңғы жылдары «бiз Американы қуып жетiп, басып озамыз» деген ұранмен зор өрлеу үстiнде жұмыс жасап жатқан тәрiздi. Несi бар, мықтылықтың бiр шарты – өзiңе деген сенiм. Теңдiкке тұрсақ та, кемдiкке тұрмаспыз... Әнеки, әлемде бiрiншi болып мұзжарғыш кеме жасап, оған ұлы Лениннiң атын берiп, былтырдан берi Мұз мұхиттың сiреу-сiреу мұздарына салып қойыппыз. Әнеу күндерi дұшпандардың алдын орап аспандағы Айға жер серiгiн жiберiп, Айдың адам көрмеген арғы бетiн суретке түсiрiп алыппыз. Радионың айтуына қарағанда әскери әлеуетiмiз де дұшпандардың мысын мықтап басып тұрған сияқты. Былтырғы жылы 1-мамырда Орал тауының үстiнде, тiптi көз көрмес биiкте жансыздық жасап жүрген Американың барлаушы ұшағын атып түсiрiп, ұшқышын байлап-матап ұстап алыппыз. Шүкiршiлiк, айбарымыз да бар, қауқарымыз да бар қаһарман ел екенiмiздi дәлелдеппiз. Ендi, мiнеки, кеңес халқы жұмған жұдырықтай болып зор шабытпен жер-жерде жүгерi егуге кiрiсiптi. Жүгерi дегенiң – бiлмей жүрсек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы екен ғой. Дұшпаннан түк тартсаң да пайда, осы жүгерiнi сол кер азу америкалықтардан үйренсек керек. Соның iшiнде бұрын ғұмыры егiн салып көрмеген осы Мұқаңдардың колхозы да жүгерi шаруашылығын мықтап қолға алып жатқанын естiп жүр... Тiптi, анау итжеккеннiң арғы жағындағы итсигек өспейтiн жерде де жүгерiге қауырт кiрiстi деп радио күнде жар салуда. Сөйтiп, еңбегiмiз дәулет болып, беделiмiз сәулет болып жатқан жақсы жағдайда екенбiз.
Осындай ұлы өзгерiс, үлкен жаңалықтар мұндағы ауыл адамдарына да рух берiп, намысын қайрады ма, Қайбардың былтыр үйленген ұлы жаңа туған баласының атын азан шақырып Арлен қойыпты. Мұнысы не десе – «Армия Ленина» деген сөз екен. Несi бар, шоқта шыңдалған шарболаттай қарулы күштерiмiздiң қуатына ризашылығы шығар. МТМ-да токарь боп iстейтiн Николай деген орыс Қайбардың ұлына елiктеп баласының атын Мэлор қойып жiберiптi. Бұл аттың шешуiн ешкiм таппай, ақыры Николайдың өзi айтып берсе керек: «Маркс, Энгельс, Ленин – организаторы революции» деген ұран сөзден алыпты. Мұндай әдемi аттарды ауылдастары мынадай алмағайып заманда азаматтардың саяси бiлiктiлiгiнiң, елжанды сезiмiнiң айқын көрiнiсi деп қабылдасқан.
Қолы қимылдап әлгiндей бәкүн-шүкiн шаруа жасап жатқанымен Мұқаң осындай жақсылық жаңалықтың бәрiн естiп-бiлiп отырады. Ат қартайса есекпен достасады, ер қартайса төсекпен достасады дейтiн сөз, тегi рас шығар. Қағынан безген құландай жасында үйде отырмас кезбе едi, көкiрек шiркiн алып-ұшқанымен қазiр қыдырысқа шама жоқ. Бел көтертпейдi, буын сырқырайды, қол қалтырап, аяқ қақсай бередi. Дариға-ай, сексен екен, сексен дегенiң жермен жексен екен дегенiң осы да. Кейде қара табақтан төгiлiп ән мен күй бередi. Бойы балбырап, ойы маужырап оны да тыңдайды. Төрелер де, қаралар да дамылсыз сайрап жатады, ақыл сөз де, нақыл сөз де ағыл-тегiл айтылып жатады. Керең болмаған соң соның бәрiн естидi екенсiң. Естiмеймiн десең де естисiң. Сөйтiп, кәрiнiң бiлгенiн перi де бiлместей болып ақпарат пен жаңалыққа кенелiп отырғаның... Әсiресе саясатқа келгенде Қайбар құрдасынан бөтен тiрi жанға Мұқаң жақ ашқан емес. Өйткенi саясат деген құрдымға тым тереңдеуге болмасын, ол жайындағы ой-пiкiрiңдi аңқылдап ашық айту қауiп екенiн жақсы бiледi. Сондықтан да секемшiл. Қалай болғанда да, бұрынғының арты, бүгiнгiнiң қарты ғой, ғұмырлық тәжiрибе соған үйреттi. Әйтпесе, көдеден көп ағайын, қайсыбiрiнiң аузына қақпақ боларсың. Радионың сөзiн сенiң өзiңдей ғып ұзын елдiң руына жайып жiберсе – қол-аяғыңды байламай-ақ ұстап әкетер. Сөйтемiн деп талай боздақтың сайда саны, құмда iзi жоқ, итжеккенде шiрiп қалысты ғой әнеки. Мұқаң санасымен соның бәрiн бағамдап, сараптап-санап отырады.
Түске дейiн бiр, түстен кейiн бiр кебенегiн қисайтып тәйтiктеп келiп насыбай атысып кететiн Қайбар шал бүгiн әлi көрiнбейдi. Сол Қайбар құрдасы қойшы ұлыма деп мұрнағы күнi бұған қамшы тапсырып едi, бүгiн сол қамшыны өруге кiрiскен. Қарттығына мақтанатын емес, мәрттiгiне мақтанатын жаста ғой, Мұқаң осының бәрiн ақысыз-пұлсыз жасайды. Кейде тапсырушы ағайыннан қайыс пен терi сұрағаны болмаса, қалғаны тегiн.
Үйге асығыс Қуанышбек кiрдi. Әскерге кететiн болғандықтан шапқылап жұмысын тапсырып, қағаз-құжаттарын дайындап жүрген-дi. Әлдебiр шаруасын ұмытып кеткен бе, келген бойда құрал-сайман салынған жәшiктi ақтаруға кiрiстi. Ендi байқады, қабырғадағы қара табақ, неге екенi белгiсiз, мелшиiп үнсiз қалыпты. Мелшиiп үнсiз тұрған радио бiр кезде саңқ ете түсiп, Мұқаңды селк еткiздi... «Тыңдаңыздар... тыңдаңыздар... тыңдаңыздар!» – деп бiр сөздi үш мәрте соза мәнерлеп орысша хабарлады. Сосынғысы аз-кем тыныстады да: «Кеңестер одағы территориясындағы барлық радиостанциялар мен Орталық телевидение жұмыс iстейдi... ТАСС-тың аса маңызды хабарын беремiз», – деп төбеңе мұз құйғандай зәрлi дауыспен шегелей жария салды. Мұқаң елең етiп, аузындағы насыбайын жұтып қойды. Кәрi жүрегiн шым еткiзiп бiрдеңе шымшып алғандай болды. Өрiп отырған қолындағы сегiз таспа қамшысы да сусып түсiп кеттi. Қуанышбектiң пәруейiне де кiретiн емес, тоңқаңдап жәшiктiң iшiнен бiрдеңенi iздеп әуре. Үзiлiс жасап, жым-жырт қалған радио арада бiр минуттай уақыттан соң жаңағы сөздердi тура сол мақамда, адамның төбе құйқасын шымырлатар сұсты суық дауыспен қайта қайталады. Суық емес, дауысынан тiптi аяз ескендей. Сосынғысы тағы да тылсым тыныштық... Әлгi аяздай қарып түсер сөздерден кейiн тым-тырыс қалған осы тыныштықтың өзiнде сұмдық үрей бар-ды.
Мұқаң тәлтiректеп орнынан тұрып кеттi.
– Әй, балам, берi келшi! – дедi бұрышта күйбеңдеген немересiн шақырып.
– Ата, не болды? – деп Қуанышбек басын көтерiп атасына қарады.
– Әкеңнен қалған жалғыз тұяқ едiң, құдай оны да көпсiндi ме деймiн... Келшi берi!
– Ата, не айтып тұрсыз? – Қуанышбек жақындап атасының алдына келдi.
– Бiздiң әулеттiң тамыры шынымен үзiлейiн дегенi ме, бұл не деген керi кеткен заман болды, балам?
– Ата, қуарып кетiпсiз ғой, сырқаттанып қалған жоқсыз ба?
– Балам-ай, бас құрап үйленiп те үлгермедiң. Тым болмаса сенен бiр ұрпақ қалса – әулетiмiздiң тамыры үзiлмес едi-ау. Қайтейiн ендi, құдай басқа салған соң.
Осы кезде радио жон арқаңнан тер шығарар бағанағы борандатқан суық сөздердi ежiктеп үшiншi мәрте қайталаған.
Бұл жолы Мұқаң радионы тыңдаған жоқ, онсыз да белгiлi жай ғой... Есiл-дертi немересiнде:
– Соғыс! – дедi тiлi тұтығып, таңдайы кеуiп қалды. – Соғыс басталды, балам! Қалай болар екен деп көптен қауiптенiп жүр едiм, болмады... Ақыры мiне басталды. Мынау еркектi дауысынан танып тұрмын. Сенiң әкеңдi өлтiрген өткен соғысты да дәл осы кiсi хабарлаған болатын...
– Ата, бұл Левитан ғой... Диктор Левитан.
– Кiм болса да аузынан заһар шашқан осы кiсi... Дауысынан танып тұрмын.
Қуанышбек те бiр қиын жағдайдың болғаны санасына ендi жеткендей көзi боталап, жүрегi алқынып кеттi.
Мұқажан ақсақал тоқтаусыз ағыл-тегiл ақтарылды дерсiң. Атасының дәл осылай есiлiп, көсiлiп сөйлегенiн Қуанышбектiң көруi алғаш едi. Бейнебiр көптен қыстығып айта алмай жүрген көп сөзiн дәл мынау толқымалы сәтте ағынан жарылып айтып қалуға тырысқандай.
– Бiр атадан алтау едiк, балам. Ақ патшаның ылаңы бар, ақ қашып, қызыл қуған зобалаң бар, әйтеуiр қазақтың басына түскен қилы заман, қиын кезеңдерде бәрi де шiлдей пышырап сетiнеп кетiстi. Аман қалған ағайын анау жылғы ашаршылықта ауылымен, ру-тайпасымен қоса қойдай қырылып қалды. Үлкен атаң «халық жауы» боп айдалып кеттi. Сенiң әжең он құрсақ көтерiп едi, бала тоқтамай, әупiрiмдеп екi қыз, бiр ұлды аман өсiрiп едiк. Сол жалғыз ұл – сенiң әкең болатын, соғыстың қанды қасабында мерт болды. Екi апаңның бiрi дәрiгер едi, соғыстан соңғы алауыз саясатпен ұсталып кеттi. Анау жылы тың игерген сотқарлар ауылға қаптап кетiп, бiр апаңды солар жазым еттi. Сонда да сенiң барыңды тәубе етiп, жаратқан иемнен жалғыз немеремнiң саулығын тiлеушi едiм. Қорқа-қорқа қоян болдым, балам... Мынау соғыстың жөнi басқаша деседi. Атом соғысы, одан аман қалу қиын деседi. Сонда қалай... бiздiң әулеттiң алтын жiбi осымен үзiлгенi ме, жалғыз тұяғым-ау менiң? Мұқажан тұқымының тұздай құрығаны ма? Ендi қайттiм, балапаным-ай!
Мұқаң көкiрегi қарс айырылып шөке түсiп, кеудесi құныстана қыстығып жылап жiбердi. Көзiнен қысылып шыққан жас домалап аппақ сақалына тамшылап жатты. Қуанышбек те тiзерлей отыра қалып, атасының қушиған басын құшақтап, маңдайынан иiскедi. Атасының жас баладай кемсеңдегенiне Қуанышбектiң де көңiлi босап, жанарына жас iркiлiп тебiренiп кеттi.
Бұл жолғы радионың үзiлiсi әдеттегiден сәл ұзақтау болды. Адамның зәресiн зәр түбiне жiберер тылсым тыныштық. Ақсақал да, немересi де тағдырдың жазуына мойынсұнып, ендiгi ретте тiзерлеп отырған күйi қабырғадағы қара табақтың аузын бағып мелшиiп қалысты. Жасаураған көздерi бұлдырап, жоғарыдан үкiм күткендей шыбын жандары шырқырайды.
Көп өтпей жаңағы зәрлi дауыс тағы да саңқ ете түстi.
Ғарышқа адам ұшыпты...
Ол адам Совет Одағының азаматы, майор Юрий Алексеевич Гагарин екен.
«БУТАФОРИЯ»
Американың қиыр түкпіріндегі Тусон деген бір қаламен біздің Алматының «бауырлас» болып жарияланғаны бар.
Соған байланысты екі жақты делегациялар алмасып, мамырдың мамыражай бір күнінде Тусоннан бір қора қонақ біздің жаққа да сау ете қалған. Тусонның мэрі бастап келген ресми меймандарды Алматының әкімдері бөліп әкетісті де, қалған топты қала аралатып, күту жағы түрлі кәсіпорындардың мойнына жүктелді. Соның алғашқы күні Кітап фабрикасының еншісіне тиіп, Исағали өзі басқаратын осы кәсіпорынды аяқтарынан тік тұрғызған. Америкамен арадағы тоң аздап жіби бастағанымен, бәрібір көңілдегі сыз бен күдік әлі сейіле қоймаған кез. Америка десе аю көргендей ожырайысып, әлде де болса сезіктеніп тұратын шақ-ты. Бұл кісәпірлердің шарайнасы шалқасынан деп жауапты тапсырманы алысымен-ақ, Исағали фабриканың шаңын қағып, тозаңын сілкіп асты-үстіне шығарды. Қалалық партия комитеті бекіткен бағдарлама бойынша, мұхиттың арғы бетінен келген меймандар түске дейін Кітап фабрикасының жұмысымен, жақсылық істерімен танысулары тиіс екен. Сосын қазақтың қонақжайлығын көрсетер кең дастарқан жайылуы міндет, ол да осы кәсіпорынның есебінен. Түстен кейін өлкетану музейін аралатып еліміздің тарихынан, тұрмыс-салтынан мағлұмат беру. Кешке симфониялық концертке апару, яғни мәдени демалыс. Концерттен соң кешкі астарын дәмдеп беріп қонақ үйге жылы шыраймен шығарып салса болды – мойнына жүктелген парыздан да, қарыздан да аман-есен құтылмақ.
Бағдарламаның басқа бөлігіне жауапты адамдардың барын ескеріп, Исағали өзі басқаратын кәсіпорынмен таныстыру шаруасы жоғары саяси әрі биік мәдени деңгейде өтуі керектігін жақсы түсінді. Ылғи да бізді сынап-мінеп жүретін капиталистерге социалистік өндіріс орны туралы дұрыс пікір қалыптастырып, еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы биік дәрежеде екенін көрсету міндеті тұрды. Бұл мәселе қала басшылығының да жүктеген қатаң тапсырмасы, саяси сыны болатын. Сондықтан Исағали фабриканың іші-сыртын мұнтаздай қып тазалатып, қонақтар жүріп өтетін дәліздің бәріне ұзыннан «кремлевка» дейтін қызыл жолақ ұзын-ұзын кілем төсетіп тастады. Инженерлер мен техниктер отыратын бөлмелердің үстелдері мен жиһаздарын ауыстырып, терезеге құрған шторларды жаңалатты. Онымен де тынбай фабрика интерьерінің әр тұсына жарқыратып картиналар ілгізіп, терезелерді айнадай етіп жуғызып қойды. Цехтарда сол күні жұмыс жасайтын сменаның қыз-келіншектерінің бәріне көлбеңдетіп көгілдір фартук кигіздіріп, бастарына алқызыл орамал байлатты. Баспахана мәшинелерінің майын сүртіп жалтыратып, сыры оңған ескілерін қайыра боятып тастады.
Бұндай өзгерістен соң тырнақ астынан кір іздегіш дұшпан капиталистер бұл кәсіпорынға бірдеңе деп сын айтуының өзі енді қиын еді...
Ертеңінде бәрі де ойлағандай болды... Тусондық меймандар еліміздегі кітап шығару шаруашылығының жай-жапсарымен танысып, жарқыраған цехтарды аралап, біркелкі киінген шағаладай әдемі қыз-келіншектердің жұмысына тәнті болысты. Жиһаздары көз арбаған өндіріс бөлімдерінің қызметін көріп, кереметтей риза пейіл білдірісті. Осы топқа бекітілген аудармашы жігіт арқылы Исағали фабриканың өткен-кеткен тарихынан әңгіме айтып, кемел келешегінен толыққанды ақпарат беріп өтті. Соңынан төменгі қабаттың біріндегі самаладай кең бөлмеге түскі дастарқан жайғызып, ас та төк қонақасы дайындатты. Дастарқан басында екі жақты жақсы тілектер айтылып, достық ниеттің көрінісі ретінде Исағали америкалық делегацияның басшысымен құшақ айқасты.
«Көрмегенге көсеу таң, сөйтсек капиталистер де өзіміз сияқты екі аяқты адам екен ғой,» – деп ойлады соңынан Исағали.
Сағаты мен минөтіне дейін алдын ала белгіленіп қойылған бағдарламаны әсте бұзуға болмасын түсініп, Исағали түстен кейін қонақтарды жеңіл мәшинелерге тиеді де, өлкетану музейіне алып барды. Мұндағы музей басшылығы да қатты дайындалып күтіп отыр екен, кіре беріске қымбат кілем төсеп, құрметті қонақтарды әнмен, гүлмен қарсы алысты. Бұл жерде де біркелкі әдемі киінген, қол-аяқтары балғадай өңкей көрікті қыздар жұмыс істейтін боп шықты... Шіркіндердің талшыбықтай бұралған қимыл-қозғалыстарына көз де, көңіл де тойғандай болған. Әсіресе қонақтарды музей экспозицияларымен таныстырып, гид ретінде бөлме-бөлмелерді аралатқан, аршыған жұмыртқадай дөңгелек бет талдырмаш қыз ағылшын тіліне судай екен. Атын Айнаш деп таныстырды. Биязы ғана жымиып қойып, үлбіреген бұғағын толқындатып сөйлеп берген кезде, айналайын бір мүдірсеші... Үні қандай әсем, баяу әрі байсалды, ағылшын тілінің өзіне тән мақамы қыздың көмейінен әндете шыққандай ма, қалай. Қолындағы таяқшасымен нұсқап қойып аялы жанарын жалт төңкеріп музейдің экспонаты туралы сайрай жөнелгенде... Исағалидың көкірегін мақтаныш кернеп салды дерсің. Өзінің қазақ боп жаралғанына, қазақтың осындай көркем қыздарының шет тілін ана тіліндей білгеніне жаны жадырап, тынысы ашылғандай. Музейдің патша сарайындай кең ғимаратының іші мүлгіген сая еді. Айнаш қыздың мәнерлі дауысы сол салқын сая ішіне өзгеше салтанат, әлдебір тылсым сиқыр ұялата түскендей. Қалай болғанда да шет тілдерін меңгеруде кейінгі толқында үлкен сапалық өзгеріс барына көзі жетіп, қыздың ағылшынша төгілген тәтті тіліне елжірей құлап, жүрегін өкініштің ала мысығы тырнап-тырнап алды... Айнаш қарындасы дәл осы жерде жаңа дәуірдің жарқын куәсіндей көрініп кетті. Әлдебір сұлу сезімнің сырлы пернесі көңілін қытықтап өтті... Біреу бұл ұрлығын байқап қалғандай қарадай қуыстанып, жан-жағына алақтап қарап қойды.
...Исағалилар оқып жүргенде ауыл мектептерінде шет тілі маманы, яғни мұғалімі сирек кездесетін. Жетпей жататын. Исағалидың мектебінде алтыншы сыныпта жүргенде бір шет тілі мұғалимасы пайда болып, сегізді бітіргенше бұлар ағылшын тілін оқыған. Тоғызыншыны бастаған күзде әлгі қыз күйеуге қашып кетіп, қаладан арнайы сұратып тағы бір қызды әкеліп еді. Ол қыз неміс тілі маманы екен, сөйтіп бұл Исағалилар қалған екі жылды неміс тілін оқуымен тәмам қылған. Нәтижесінде не ағылшын емес, не неміс емес, дүбәра бірдеңе болып шығысты.
Ауылға қарағанда, әрине, қаланың жөні бөлек. Қала мектептерінде жоғары оқу орындарында шет тілі пәні міндетті түрде жүргізілді. Алайда, ол пәнді қаншалықты жақсы оқып, сайрап тұрғаныңмен – шет тілінің келешегі көмескі болды. Бәрібір сенің білгеніңді бағалап, шет жаққа жіберіп жатқан ешкім жоқ. Байлаулы бұзаудай бәрі Мәскеуге тәуелді. Шетке кімді жіберу, кімді жібермеу жағын сол Мәскеу шешетін. Ал алыстағы Мәскеу нағашың емес, бұратана қазақтың мұңы оларға қайдан жетсін. Көзіне қамшы тиген жабыдайын Мәскеуге жалтаңдап отырғаның… Рас, қалтасы қалың азаматтар, тізгін ұстаған «төрелер» кейде туристік жолдамалармен шетке шығып жүрді. Соның өзінде олардың баратын елдері – Шығыс Еуропа, яғни социалистік бауырлас мемлекеттер ғана. Капиталистік шет елге былайғы адамның баруы аса сирек құбылыс-ты. Исағалидың бір танысы Жерорта теңізін жағалап круизбен біршама елдерді аралап қайтқаны бар. Жіберерде жеті атасына дейін тексеріп, ес-ақылын шығарған. Сөйтіп, рұқсат етілген қырық екі доллармен көп елді аралап, қайыршының күйін кешкендей боп қайтқан. Өз еркіңмен жүргізбей, қой айдағандай топтан шығармаған соң ондай туристік сапарларда да шет тілінің пайдасы шамалы сияқты. Ал, шет тілін жақсы үйреніп, дипломат болып шет елге кетемін деу – бозкүйік борбас қазақ үшін көктегі айды армандаумен тең еді. Өйткені Қазақстанда сыртқы істер министрлігі жоқ. Турасында ондай министрлік болды, бірақ аты бар да заты жоқ. Бұл ретте де бар шаруаны Мәскеу шешетін. Ол жаққа бұйдалаған түйедей күй кешкен қазақтың үні тағы жете бермейтін.
Сондықтан мектеп пен институтта шет тілін жүз жерден жақсы оқығаныңмен сенің кейінгі өміріңде оның қажеті шамалы-тын. Рас, шет тілін шын ықыласпен меңгергісі келіп, балапан құстай талпынғандар болды. Бірақ олар да биліктің бедеу ықыласына кезігіп, түк болмай қалып жатты. Сосын да болар бұл пәнге оқушы да, тіпті мұғалімдердің өздері де жеткілікті түрде маңыз бере бермейтін. Мән беріп жатқан күннің өзінде шарттылық жағы басым еді.
Солай бола тұра, мына қызды қарашы, тайпалған жорғадай ағылшынша зырлап тұрғанын. Әсіресе Айнаш қыздың қимыл-қозғалысы қатты сүйсінтті. Бойында әлдебір қылықты наз бар, жалықтырмас жағымдылығымен көз тарта түседі. Ұшқыр ойлы, зерек зейінді жаңа толқынның өкшелей жеткенін аңдамай да қалған-ау тегі. Яғни, Исағалилар тұсындағы сірескен сеңнің көбесі сөгіліп, темір шымылдықтың шындап ашыла бастағанының бұл да бір нышаны болды. Уа, заман-ай десеңші, келімді-кетімді мыналар секілді қонақтар бар, басқа бар дегендей, шет тілінің қазаққа да керек бола бастағаны ғой.
Исағали іштей марқайып, шүкіршілік етіп қойды.
Айнаш ортаға құрылған қазақтың киіз үйінің қасына келіп, көп дүниені түсіндіріп тұрғанда, блокнотына әлдене жазып жүрген ат жақты арық америкалық бірдеңе деп шүлдірлеп сұрақ қойған. Айнаш ол кісіге көзін төңкеріп бір қарады да, сөзін жалғай берді. Сұрағына жауап ала алмағанына америкалық басын қалтылдатып қипақтап қалды. Осы жайға сырттай куә болып тұрған Исағали да біртүрлі жайсыз күйге түсті.
«Апырмай, қонақтан ыңғайсыз болды-ау, жауап бере салса қайтеді?» деп іштей бір ойлап, амалсыз топқа ілесіп алға жүрді. Қонақтар тағы біраз бөлмелерді аралап, қазақтың қолданбалы өнерін, өткен-кеткен тарихына, тұрмыс-салтына қатысты басқа да экспонаттарды қызықтады. Тойған қаздай мамырлап басқан Айнаш қыздың соңынан меймандар шұбырып үстіңгі қабатқа көтерілді. Бұл жерде де батырлардың қару-жарақ, сауыт-саймандары сақталған экспозицияда Айнаш әдеттегідей жібектей қою шашын серпіп қойып, ағылшынша төгілтіп сөйлеп жатқан. Әлгі ат жақты америкалық тыныш тұрмай тағы да бірдеңе деп сұрақ қойсын. Айнаш сөзін үзе бере ол кісіге бұрылып бір қарады да, тұтығып барып өз әңгімесін жалғап кетті. Америкалық блокнотын түртпектеп, көзін жыпылықтатып қызарақтап қалды. Исағали тағы да жерге кірердей боп қысылды.
«Апырмай, жауап бермей мына қызға не болды? – деп қиналды ішінен. – Жүзінен ізет төгілген қазақтың ибалы қызы сияқты еді, адамша жауап бере салса қайтеді?» Әлгінде ғана жүрегін әлдилеген тәтті сезім сейіліп, біртіндеп буланып ұшып жатқандай.
Ақыры музейді жақсылап аралап қонақтар шығар есікке бет алған. Атриумда музей басшылары қонақтармен жылы-жылы қоштасып, сый-сыяпаттарын тапсырысып әдемілеп-әсерлеп шығарып салысты. Сол жерде үйіріліп тұрғанда Исағали Айнаштың қасына келіп көңілде қалған түйткіл-ренішін сездірген.
– Айналайын Айнаш-ай, бәрін де керемет жақсы өткіздің, бірақ ана кісінің сұрағына жауап бере салғаның жөн еді, – дегенді айтты.
Айнаш ағасының ескертпесін мойындағанын сездіріп, бір қызарып, бір бозарды.
– Ағай-ай, қайтейін, кешіріңіз, – деді жанары боталап, елжіреген бүлдірген ерні өкпелегендей бұртия қалды. – Мен ағылшынша білмеуші едім.
– Жо-жоқ, керемет жақсы сөйледің, бәрі риза болды, рахмет! – деп Исағали қыздың сөзіне келіспегендік танытты.
– Мен ағылшынша білмеймін, ағай... Білген болсам ол кісіге жауап қайтарар едім ғой. Біз басты экспозициялар, негізгі экспонаттар туралы ағылшын тілінде жаттап аламыз. Жаңа да сол жаттағанымды ғана айтып шықтым.
Мұны естіген Исағали сенерін де, сенбесін де білмей сілейіп тұрып қалды. Тақиялы бас талайды көреді деген осы екен-ау деп ойлады іштей. Сосын ыржиып күліп жіберді. Айнаш та жасаураған жанарын сүртіп, тәтті жымиды.
– Бутафория! – деді Исағали басқадай ұрымтал сөз аузына түспей, басын шайқап. – Осы біздің көп шаруамыз бутафория болып бара ма, қалай өзі? Бәрі де көзбояу, жалған...
Сөйтті де басын тағы бір шайқап, алыстан келген қонақтарды соңынан ертіп сыртқа бастады.
ҚАРА ҚҰЙЫН, АҚ КӨЙЛЕК
Ақселеу Сейдімбекке
Соғыстан соңғы жоқшылық заман.
Аманжол алтыншыны бітірген жылдың жаймашуақ жазы болатын. Осы жазда нағашы атасы ауданға барып Аманжолға көйлек сатып әкелген.
Шіркін-ай, көйлек болғанда қандай еді десеңізші! Көз қарықтырған аппақ... Ақпанның ақша қарындай шытырлап тұр. Етек-жеңі де құйып қойғандай дәп-дәл еді. Иығы да тыртиған денесіне әп-әдемі қона кеткен.
Бұғанға дейін кигенінің бәрі олпы-солпы бірдеңе – түсі қашып, түрі оңған ескі-құсқылар болатын. Ғұмыры бүйтіп дүкеннен кім киім сатып алып көрді дейсің... Шеше жесір, ата жарымжан, біреудің тесік-тозығын қанағат қылып өсіп жатқан жайы бар-ды... Қырық екінің күзінде соғысқа кеткен әкеден сол жылдың қысында-ақ «қара қағаз» келген. Әкей соғысқа кеткенде бұл Аманжол емшектегі екі айлық бала екен. Содан шеше жазғанға жар қызығын, бұл Аманжолға әке мейірін көруді қатал тағдыр маңдайға жазбаса керек. Қайран шеше жалғызына жетімдікті сездірмейін-ақ дейді, бірақ жыртық дүниені қанша жамағанмен бүтінделуші ме еді. Көбінде сол жыртықты жамайтын жамауға да қол жетпей қинайды ғой... Жетімдік дегенің ең әуелі үстіңе киген киімнен, аяқта сүйреткен кебістен көрініс береді екен. Ақ көйлекке дейін Аманжол кішірейтіп пішіп, қысқартып кесіп, соғыстан қайтқан бір бәкене солдаттың гимнастеркасын үш жыл лекер еткен. Қаншалықты кесіп-пішкеніңмен үлкеннің киімі бала шіркінге қайдан үйлессін: үрген қарындай қолпылдап, болмаса сырықта шошайған қарақшының шоқпытындай ерепейсіз солпиып тұратын. Әнеу бір жылы шешесі біреудің май сіңген ала гүлді алжапқышын шолтита пішіп шолақ жең көйлек жасап бергені бар. Соғыстан жаралы оралып, елге жете көз жұмған бір жамағайынның сұр шинелін бүктеп-бүріп, ықшамдап, қыстың қырауында пальто орнына киіп жүрді. Тағы бір таныстан атасы қалап әкелген әміркен бәтеңкені тырпылдатып мінеки төрт жыл сүйреп келеді. Әлі күнге аяғына ілері сол... Шүкіршілік, жазда киіп жарытпаса да, қыс баласында байпақпен, шұлғаумен орап-қымтап іліп жүруге бұл шәркей әбден жарап жатыр.
Сөйтіп жүрген Аманжол ойда жоқта аппақ көйлек киіп, бір-ақ күнде жарқырап шыға келді дерсің... Өмірінде дәл өстіп қуанып көрген жоқ шығар, сірә. Ақ көйлекті киген сәтте өзін әуелей ұшқан аппақ көбелектей сезініп, мұрны біртүрлі жыбырлап кетті. Ақ көйлекті киіп, оның өзінікі екеніне сенерін де, сенбесін де білмей сипаланып тұрған кезде есіне Қанипа қыз түсе қалған. Қанипа – көрші Ошақбай атаның ерке-тотай кенжесі, Аманжолдың сыныптасы. Есіне түскен бойда жүгіріп сыртқа шығып, Ошақбай үйінің алдын ойқастап екі-үш рет олай-бұлай жүріп өтті. Үшінші ретте мұны Қанипа да байқап қалған екен, шолжыңдай еркелеп мұның қасына жетіп келді. Сонсоң айналшықтап көйлекті шұқылап біраз қызықтаған болды. Матасын байқағансып, Аманжолдың білегін оңдырмай шымшып та алды.
– Неткен әдемі! – деді шын таңырқап. – Аппақ қар секілді екен!
Көйлегінің көрші қызға ұнағаны Аманжолды тіпті тебірентіп жіберді.
– Атам сатып әперді! – деп қылқиған мойнын тіктеп, қораздана кекиіп қойды.
Қанипа ақ көйлектің жеңін бір сипады да, үнсіз қалды.
– Дүкеннен... дүкен болғанда ауданнан сатып әкелді, – деді Аманжол көйлегінің қадір-қасиетін ұқтыра түскісі келгендей.
Қанипа үнсіз. Өзінің үстіндегі ескірген көк-әлеміш көйлегіне бір қарады да, жүзін төмен салып теріс айнала берді. Сол бойда соңына бұрылып қарамастан томпаңдай жүгіріп үйіне қайыра кіріп кетті.
Аманжол ертеңінде де, одан кейінгі күндері де күніне бір уақ ақ көйлегін киіп, Ошақбайдың үйін төңіректеуді шығарды. Қанипа үйден шығып ақ көйлек киген мұнымен тілдеспейінше ата қаздай ойқастап сол маңайда жүріп алатын болды... Осы ауылда сыныптас екеуі ғана. Жастары шамалас болған соң көңілі көбінде Қанипаны іздеп тұрады. Қалған бала – біреулері ересек, мұрындарын шүйіріп мұны менсінбейді, енді біреулері бастауыш сыныптың бүлдіршіндері, мұның тілін ұғатын бірі жоқ. Күз түсе ірілі-ұсақ осы бала біткен қайтқан қаздай шуласып, орталық фермадағы мектепке қарай шұбайды. Өйткені бұл жерде мектеп жоқ, ауыл кішкентай. Турасында, ауыл дейтін, ауыл да жоқ мұнда... Жайлау да емес, ой да емес, Мойынқұмның шалғайында шошайған оншақты малшы үйі ғана. Сол оншақты үй маң даланың әр тұсында бір-бірінен үріккендей оқшау қараяды. Қоғамдасып іргелесе отырса нетті, бір үй мен екіншісінің арасы ел көшкендей. Қыста қара боран ысқырып, жазда қара құйын кезіп жүргені ауыл ішін.
Күнде кие бергесін бе, әлде терден, әлде топырақ ұшырған желден Аманжолдың ақ көйлегі бірер күннен соң кірлеп қалды. Шешесі кірлеген көйлекті шылапшынға салып, сабынын көпіршітіп тап-таза етіп жуып берді. Сонсоң оны сілкіп-сілкіп үй іргесіндегі түп тобылғының үстіне жая салды.
– Балам, байқап жүр... Көйлегіңді бұзау-торпақ жалмап кетпесін! – деп ескертіп қойды.
Аспан тұздай көкпеңбек, күн барынша шаңытып тұрған. Талма түстің таңдай кептірер аптабы бел ала бастаған мезгіл. Қайнаған ыстық ауаның әсерінен құба жон, сары белде буалдыр сағым шалқиды. Шілделіктің де шырылы сап тыйылып, тас төбеде шырылдап тұрып алатын бозторғай да ізі-ғайым жоғалған. Амандық болса, мынадай ыстықта ақ көйлек әп-сәттің арасында дыңғырап кеуіп қалуы тиіс, деген оймен Аманжол көп алысқа ұзамай, тобылғыны торып, көйлегін күзетумен болды. Сөйтіп жүргенде әлдебір көк кесірткенің тобылғыға тырмысып шығып бара жатқанын көзі шалып, жүгіріп келді де әлгі бәлені шыбықпен қағып түсірді.
– Көйлегімді былғамақсың ғой, ә! – деп жерге домалап түскен кесірткені түртпектеп қойды.
Кесіртке шаң-топырақтың бетімен тарғаяқтап қаша жөнелді. Аманжол айналаны бір шолып, ақ көйлек орнында, былайғы малдың жоқтығын байқап, «қап, бәлем, сені ме» деп көк кесірткені қуып берді. Көк кесіртке шеткергі шымдауыт бір інге жете берген кезде шолтаңдаған құйрығын аяғымен баса қалған. Бәрібір кесіртке тырбаңдай жанталасып, сып беріп інге кіріп кетті. Қараса – құйрығы үзіліп сыртта қалып қойыпты. Иіріліп, шоршып жатыр. Аманжолдың есіне атасы айтар бір тәмсіл түсіп, соны тақпақтай жөнелді:
– Алтын басым аман болса,
Алты күнде тірілем.
Жез құйрығым аман болса,
Жеті күнде тірілем.
Сосын бір кесек таспен ирелеңдеген құйрықты жаншып бастырып, шаңын бұрқыратып топырақпен қалың етіп көміп тастады.
– «Жеті күнде тірілем» дейді екенсің. Ал енді тіріліп көрші! – деді үлкен бір шаруаны тындырғандай бойын тіктеп.
Осылайша өзімен-өзі мәз болып тұрғанда кенет ту сыртынан ысылдаған сұсты бір үнді естіген. Атасы аңыз ғып айтар айдаһар-жылан қыр желкесіне төніп қалғандай шошына жалт қарады.
Жалт қараса, расында да айдаһар-жыланға ұқсас, жердің шаңын суыра үйірген бір қара құйын ысылдап жақындап қалыпты. Жер мен көкті жалғастырған иір діңгек секілді. Ұршықша үйіріліп, жоғарғы басы қайқаңдай көтеріліп, төменгі жағы жер бетін суыра сорып, дүниені алмап-жалмап келеді.
Аманжолдың жүрегі зырқ етті. Зырқ еткені құйынның адам шошырлық құбыжық сұлбасынан емес. Мойынқұмның қара құйыны үйдің түндігін жұлып, ошақ басындағы ыдыс-аяқты үйіре көтеріп, ақсақ-тоқсақ тоқты-торымды тырапай асырып домалатып тастарын талай көрген. Қорқып қалғаны – сол алапат бәлекет үй сыртындағы тобылғыға, мұның ақ көйлегіне туралай тартып келеді екен. Ойлануға да мұршасы келмей, жандәрмен көйлегіне ұмтылды. Бірақ тобылғыға жетіп үлгермеді. Қара құйын ысылдап келіп ақ көйлекке бұдан бұрын жетті де, желп еткізіп оны әуелете көтеріп әкетті. Көтеріп әкеткен бойда елпілдетіп-желпілдетіп оны анау шырқау биікте шыркөбелек айналған қара шаңның көмейіне тоғытып жіберді. Сөйтті де, мазақ еткендей мың бұратыла ирелеңдеп, мұның дәл қасынан ысылдай ұйтқып өте шықты. Аманжол не істерін білмей бір сәт алақ-жұлақ аспанға қарап абдырап қалды. Сосын-ақ қара құйынның соңынан ышқына ұмтылды-ай дерсің. Шапқан аттан жүйрік қара құйынның соңынан жанұшыра қуып берді. Ойнақ салған қара құйын жеткізер емес, мұнымен қуыспақ ойнағандай бұлтың қағып бірде ана төбеден, бірде мына төбеден шыға келеді. Көкке әуелеп кеткен ақ көйлегі мүлдем жоқ, құйынның іші қалбалақтаған жапырақ пен шөп, бұрқыраған қою шаң. Көйлегін көре алмаса да жанұшыра қуып келеді. Сәлден соң өкпесі өшіп, жүрегі лоқсып аузына тығылды. Түкірігі желім татып, көмейін шаң қауып, тынысы тарылып кетті. Бәрібір қара құйынның соңынан безек қағып жүгіре берді.
– Тәте... – деді қиналып, шешесін көмекке шақырған болды. Бірақ қарлыққан дауысы өзінен де аспай қалды.
– Тәте, – деді тағы сырылдай демігіп, бет-аузын термен аралас айғыз-айғыз жас жуып кетті. – Менің көйлегім... ақ көйлегім...
Құла дүзге қарай бұраңдай қашқан құйынның соңынан жанұшыра жүгіріп келеді, ағыл-тегіл жылап келеді. Ақ көйлектен мәңгі айырылып қаларын ойлағанда жаны шығып кете жаздап, аяғы-аяғына тимей ұшып келеді. Жалаңаяқ табанын үшкір тастың тіліп кеткенін, тілінген жерден қан саулап келе жатқанын сезеді. Бірақ оған аялдауға мұрша жоқ. Құстай ұшып жүгіріп келеді, ағыл-тегіл жылап келеді.
– Тәте, – дейді құмығып, бірақ дауысы шықпайды.
Көк аспанға қақшаңдай көтеріліп, шүйкедей созалаңдаған қара құйынның лебін сезіп келеді. Ышқынып барып бір секірсе көйлегіне қолы ілінердей үміттене ұмтылады.
Ауыл сыртындағы шұбардан тезек теріп жүрген Шағиман шешей қара құйынды бағана көрген... «Бісміллә, бісміллә, бәлекетінен аулақ», – деп қолын аластай сілтеп, күбірлеп тұрғанда, құйынның соңынан құстай ұшқан ұлына көзі түсті. Сол бойда иығындағы тезек толы қапты тастай бере, баласының соңынан жүгірген. Аманжол болса бұл кезде мың бұралып билей қашқан қара құйынмен бірге маң даланың манаураған көкжиегіне де жетіп қалған.
Қара құйынды енді қуып жеттім-ау деген сәтте Аманжол діңкелеп барып омақаса ұшып түсті. Сол бойда жел қуған даланың қаңбағы секілді бес-алты рет домалап кетті. Сілесі қатып есінен тана құлады.
Не заматта есін жинап, көзін ашса – қасында шешесі отыр. Мұның басын тас қып құшақтап алған, жоқтау айтып зарлап отыр... Зары сай-сүйегіңді сырқыратады. Сұм соғысты, сорын ашпай қойған тағдырын қарғап-сілейді. Боздағым аман болса – жалғыз ұлы бүйтер ме еді, мен жазған өстіп қасіреттен қан құсар ма едім деп зарлайды.
Аманжол шеше құшағынан босанып, үсті-басын қағып-сілкіп тұрып кетті.
Бұл тұрғанмен Шағиман шешей тұрған жоқ. Сол шөке түсіп тізерлеген күйі алақанымен маңдайын тіреп, солқылдай жылап отырып қалды. Біреу қайтыс болып кеткендегідей мақамды әуезге салып кәдімгідей жоқтауға басқан.
– Тәте, жыламашы! – деп Аманжол арқасынан құшақтап еді, одан бетер дауыс созып, ағыл-тегіл теңселіп кетті.
Әр жерде қараң-құраң тезек теріп қыбырлаған екі-үш келіншек, ошақ басында қарайып күйбеңдеген бірер әйел Шағиманның дауысын естіп, лезде жиналып қалысты. Алғашында Шағиманға басу айтып сабырға шақырып, ошарыла қоршап тұр еді, бір кезде олар да ықылық атып, қосыла үн шығарып, боздап қоя беріскен... Әйелдердің біреуісі шыт-орамалын басынан жұлып алды да, шашын жайып жіберіп, жоқтауға басып, отыра кетті. Қалған әйел жаңа көргендей бірін-бірі құшақтап, айқай салып көрісіп жатыр. Жастау бір келіншек Шағиманды арқасынан айқара қапсырып, ойбай салып қоя берді.
Үлкені бар, жасы бар көп әйелдің аяқ астынан аһ ұрып бұлайша азан-қазан болғанын Аманжолдың бірінші көруі еді. Бұл оқыс көріністен шошыңқырап, шегіншектей берді. «Менің көйлегіме бола тәтелердің осыншалық бүлінгені несі» деп алғашында аң-таң. Бірақ байқайды, тәтелері ендігі жерде Аманжолдың бұл арада бар-жоғын мүлдем ұмытқан сияқты. Мынау жыластарының жөні бөлекше, күйзелістері ақ көйлек емес, басқа дүние екенін бала жүрегі сезді... Жылдар бойы көкіректе шер болып жиналған қасірет-нала, тартқан азап, көрген бейнеттері ащы запыран болып бір-ақ сәтте лақ етіп ақтарылғандай. Бұғанға дейін қара тастай еңселерін езіп келген қайғы мен шер, қыс ызғар, жаз шаң жұтқызып, мұз арқалап, күл төккізген бейнет-сорасы, жүректі тотияйындай улап келген өкініш пен күйініш жанартаудай лықсып көз жасымен жуылып жатқандай. Балғын денесін қайғы күйретіп, құрт жегендей бүгіліп қалған жап-жас келіншектер жар қызығын көрмей жатып мынау өгей өмір, өксікті тірлікке қалайша тап болғандарына ашынғандай. Құдай басқа салған тайқы маңдай, таз тағдырларын қарғап лағнет айтысқандай. Шыдамның да шекке жетіп, сабыр суының да сарқылған кезі осы сәт шығар... Қасіреттің зары өткен әйел біткен сарнайды, сарнайды да зарлайды. Ауа жетпей алқынып, құса болып өксиді, күңірене күрсінеді. Жан жарының қазасын жаңа ғана естігендей баршасы бірдей аза тұтысады. Қабырғадан қан аққан, толарсаққа мұз қатқан азапты күндердің, қиын-қыстау жылдардың бар қасіреті атқыдай ақтарылып енді ғана сыртқа шыққандай.
Анадай жерде көлденеңдеп өтіп бара жатқан Зәкәрия шал ұлардай шулаған қалың әйелді байқап, тор шолағының басын бері бұрған. Көп жақындаған жоқ, не болды деп сұрамады да. Беліндегі орамалының ұшымен көзінің суағарын іліп сүртті де:
– Жетер енді... Доғарыңдар! – деп қарлыға айқай салды. – Мына дүниенің төрт құбыласы сендердің көз жастарыңмен түгенделер болса – баяғыда-ақ түгенделер еді. Барына қанағат, жоғына салауат етіңдер. Доғарыңдар зарлағанды!
Зәкәрия шал солай деді де, шыбындаған тор шолағын бір тебініп, өз жөнімен кете барды.
Әйелдер ықылық атып өксіп, аһылап-үһілеп күрсінісіп барып жылағандарын да, шулағандарын да тоқтатты.
Қара құйын болса қазалы қалың әйелді мазақ еткендей ойнақ салып көкжиекке сіңіп бара жатты.
ДОЛДАШ АҒАЙДЫҢ КІТАПТАРЫ
Қалада тұратын Қабдолданың ауылда тұратын Долдаш деген ағасы бар.
Қара танығандай ғана сауаты болғанымен осы Долдаш ағасы керемет кітапқұмар кісі. Оқитыны кілең соғыс туралы кітаптар... Аудан орталығына бара қалса алдымен кітап дүкеніне бас сұқпай көңілі көншімейді. Дүкенге кірген бойда іздейтіні соғыс жайындағы жаңа кітаптар. Соғыс болғанда, бертінгі Ұлы Отан соғысы. Сатушы қыз да Долдаш ағайдың осы мінезін әбден біліп алған, соғысқа қатысты жаңа дүние түсе қалса ағайға деп сүрлеп, сақтап қояды.
Долдаш қаладағы Қабдолда інісінің үйіне де қыдырыстап екі-үш жылда бір келіп-кетіп жүреді. Келген сайын алдымен қаланың кітап дүкендерін, қаптаған дүңгіршектерді айнала аралап, ауылға бір құшақ кітап арқалап кетеді. Бірде, жолы түсіп Мәскеуге бара жатқанында Қабдолдаға да әдейілеп кітап тапсырып жіберген. «Келесі айда Мәскеуге барам депсің ғой, – деп жазыпты хатында. – Сол жақта Михаил Алексеев деген жазушының «Сталинград» деген романы шығыпты. Газеттен оқыдым. Былай салақсып ұмытып кетпей, ағаңа сол кітапты тауып ала кел».
Ағасы солай деп тапсырма берген соң, амал қайсы, Қабдолда сарылып іздеп әлгі кітапты тауып әкелген. Тағы бірде Долдекең қалаға меймандап келіп, Қабдолдадан «үлкен кітапханаға енгізіп жіберуін» сұрағаны бар. Қабдолда ретін тауып, келісімін алғызып, кітапханаға кіргізді. «Кірем де шығам, ертең ауылға қайтармыз» деп отырған ағасы сол кітапханаға шым батып, үш күн бойы шықпай қалған. Қызметке жиналғандай-ақ барын киініп, байлауышын тағынып ертемен кетеді, қас қарая кітапхананы жауып бірақ қайтады. Жеңгей жүр самауырдай бұрқырап, көк көйлекті көптің біріне қолды болғаннан сау ма, мұнысы несі-ей мұның деп. Долдаш ағай ондайда марқа қозының маңырасындай ғана момақан үнмен «кітап оқыдым» дейді де қояды. Басқадай жауап та, сөз де жоқ.
Үлкен кітапхананың кітабын үйге бергізбейді, оның үстіне қалалық «пропискасы жоқ» ауылдан келген ағайынға кітап сұрату тіпті қиын. Амал жоқ, Долдекеңнің сол жерде тапжылмай отырып кітап оқығаны рас та шығар. Бірақ Қабдолда байқайды, ағасының орысшасы оншалықты емес. Амандасып, нан сұрайтын шамада ғана тілі бар. Сонда әлгіндей сүбе қарыс томдарды қалай аударып жүр деп кейде ағасына күдік қылады. Оның үстіне ол кісінің зырлап тұрған жүйріктігі тағы жоқ, буындап, жаялық ерні жыбырлап, қинала сыбырлап оқиды. Сөйтіп ежіктеген кітабының қайсыбірі оңайлықпен алдырмай, айларға созылып кетеді. Соған қарағанда ағасының бұл істеп жүргені әрекеті көп, берекеті жоқ баянсыздау тірлік екенін Қабдолданың сарайы сезеді. Бірақ көзін ашып жөн сөз айтайын, сыр тартайын десе ағасының көңіліне келе ме деп үндемейді. Мейлі, еркі білсін, зеріккеннен тапқан хоббиі шығар дейді де қояды.
Сол кітапқұмар ағасынан Қабдолда бірде жеделхат алған. Турасында ағасы емес, жеделхатты жеңгесі салыпты. «Ағаң сырқат. Соңғы кезде төсек тартып қалды. Келіп кетсеңші» деп, әншейінде ауыздыға сөз бермес жорға жеңгесі қысқа ғана қайырыпты.
Ерте көктем еді. Жаз шығып, күн жылына ел жаққа Қабдолда онсыз да жиналып жүрген. Жылдағы әдеті сол. Жеңгесі де қалалық қаратаяқ қайнысының жаз болса отбасымен ауылға бір соғып, ағасының үйінде ақ ішіп, аунап-қунап қайтатынын білетін. Соны біле тұра шұғыл шақыртып отыр. Тегі, қайыспас қара нардай көретін қайран ағасына шынымен бірдеңе болған...
Қабдолда жұмыстағы бәкүн-шүкін шаруасын тездетіп реттеді де, келесі күні асығыс жолға шығып кетті.
...Жалғыз ағасы Молдаш соғысқа кеткенде Долдаш небәрі он жастағы қаршадай бала екен. Молдаш – осы Қабдолданың әкесі болатын, жарықтық соғысқа сол кеткеннен қайтпапты. Сталинград түбінде ерлікпен қаза болғаны жайында қыс ішінде тілдей «қара қағаз» келеді. Бар болғаны сол ғана.
Соғыстың ауыр жылдары. Жеңгесі күні бойы колхоздың қара жұмысында, кешке сүлдесі құрып сүйретіліп үйге әзер жетіп жүреді. Киген көйлек үсте кепкен кедейшілік кез ғой... Жағдай солай болған соң үй шаруасы Долдаштың мойнына түседі: сиырды сауады, қорадағы төрт-бес қойға қарайлайды, үйге от жағып жылытады, жазда шөп шауып, қыста қи күрейді. Онымен ғана тынбай, әлі бірге де толмаған Қабдолданы бесікке бөлейді, астын тазартады, орауын жуып-шаяды, емізеді. Емізе қоятын ол кезде емізік те жоқ, сүтті аузына толтырып алып, бүлдіршінге тілін сорғызып тамақтандырады. Қойдың құйрық майын қосып, жарманы езіп ботқа жасайды. Қабдолда қасыққа үйренгенше сол ботқаны да шым-шымдап тілінің ұшымен сорғызып жегізіп жүрді.
Соғыс аяқталысымен колхоз әлі бұғанасы қатпаған Долдашты да өзінің қара жұмысына салып жіберген. Соғыстан соңғы көтерем ел, тұралаған шаруашылық, жұмыс қолы жетіспейді... Содан жеңгесі кенеттен қаза болып кеткенге дейін колхоздың қаймалысқан кәкір-шүкір шаруасынан көз ашқан жоқ. Ұстада көрікші болды, көмір тасып, қар күреді, мал күзетті, кейін тракторшының көмекшісі болды. Сөйтіп жүргенде, қырқыншы жылдардың соңындағы қатты бір қыста боранға қалып, қос өкпесі қабынып жеңгесі дүние салды. Долдаш ол кезде он жетіге толса да, бұл жағдай жығылғанға жұдырық боп қиын тиді. Тұлдай жетім қалған Қабдолданы содан былай қолынан жетектеп жүріп өзі оқытып, өзі асырап жеткізді. Қабдолда үшін Долдашты әскерден де қалдырды. Өстіп жүріп үйленудің де қиюын келтіре алмай ұзақ уақыт бойдақ жүріп, отызға іліне бас құрады.
Содан кейінгі өмірінің баршасы темір трактордың үстінде өтті. Қыстың қырауында мұз жастанып, қар төсеніп малшыларға шанамен жем-шөп тасыды, қалың қарда жол аршып, отын сүйреді. Жаз бойы тағы да тыным жоқ, пар айдайды, егін себеді, астық орады, шөп шабады, сосын тағы да күн-түн демей жер жыртады. Әйтеуір дамыл бермес арпалысқан тіршілік болды…
Күн түссе көлеңкеде де өрік өседі деген. Ағасының саясында Қабдолда, шүкіршілік, ел айтқандай жетімдікті сезген жоқ. Не кием, не ішем демеді, бәрі дайын, бәрі алдында. «Қарағым, тек оқуыңды жақсы оқысаң болды» дейді ағасы. Осылай деген Долдекеңнің өзі бірдеңеге қолы жетіп, шырт түкіріп отырса бір сәрі ғой... Өзі де балалы-шағалы, бірінен тартса біріне жетпей жатқан жоқшылық заман. Әрине, жалғыз ағасының жағдайын көріп-біліп жүрген Қабдолда да жетесіз болған жоқ, ерте есейіп, өжет боп өсті. Жасынан ширап, таралғыдай тартылып алды.
Мектепті бітірген бойда ағасы қаражатын қалтасына салып, Қабдолданы қайқайтып қалаға қоя берген. Абырой болғанда, Қабдолда да ағасын артық қинамай, оқуға сол жылы түсіп кеткен. Бұл бір құдайдың өзі қолдаған үлкен қуаныштардың басы болды. Долдекең бесінші курсқа барған күзде інісін үйлендіріп, қаладағы бір асханада ұлан-асыр той жасап берді. Сөйтті де ертеңінде өлмелі бір кемпірдің жалғыз бөлмелі жыртық «времянкасына» бөлек шығарып, «енді мынау қалаға судай сіңіп, тастай батыңдар» деді де, өзі ауылға тартып отырды. Осылайша ағасы елде, Қабдолда болса зерлі қара көзілдірік киіп, қара мұрт қойып қалада қала берген. Сол жылы оқуларын ойдағыдай бітірісіп, сәті түсіп келіншегі екеуі де жұмысқа орналасты. Балалы-шағалы болысты, кейін қаланың ортасын ойып тұрып самаладай жарқыраған жаңа пәтер алысты. Былайша айтқанда, біреуден ілгері, біреуден кейін қалт-құлт ел қатарлы өмір сүріп кетісті. Қарап отырсаңыз – содан бері де сарқырап талай су ағып, жылжып талай жылдар өткен екен.
Шүкіршілік, бүгінде ел де етегін жауып, еңсесін көтергендей халде. Көп сөзге жоқ, кәрі қойдай тартыншақ Долдаш ағасы да ердің жасы елуден асып, қазірде дөңгеленіп қарны шыққан, қабағы қалың тартқан кейіпте. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған олар да жеке-дара бір әулет. Соған қарамай «інім» десе аға жазғанның әлі күнге жаны жоқ, ботадай елпілдеп тұрғаны. Інісінің ауылға айналып жылына бір соққанын місе тұтпайды, қарадай іздеп, сағынып жүреді. Айбақтап, айғыздап айына бір хат жазып тұрады. Ағасының екі-үш хатына Қабдолда шолақ қайырып жалғыз хатпен жауап беріп құтылады. «Жұмыстан қолың тимейді, білемін, бәрібір біздің сәлемді қабылда» деп елдегі өзгерістерді, ауыл жаңалығын, көрші-қолаң, малжанның амандығын тәптіштеп тізіп жібереді. Әр хатының соңын «соғыс жайындағы жаңа бір кітап көзіңе түссе байқай жүр» деп ескертумен аяқтайды. Қызмет бабындағы адамның кітап қарауға уақыты болушы ма еді, аға тілегін Қабдолда көбінде ескерусіз, жауапсыз қалдырады. Рас, кейде, ыңғайы келіп кітап дүкеніне кіре қалса, соғыс жайында кітапты іздестірген де болады. Әншейін ағасының көңілі үшін ғана. Баяғыда бір-екі рет посылкамен төрт-бес кітаптан салып жібергені есінде. Әйтпесе арнайы кітап іздеп дүкенге бас сұққан емес.
Сүйткен ағасы аяқ астынан шақыртып жатыр… Темірдей тірегі, қарқарадай қара тауы бар сияқты жүруші еді. Сол тірегі тітіреп, тауы шайқалып кеткендей күйге түсті Қабдолда. Әйтпесе қартайып тұрғаны шамалы, қайрат-сөлі бойында, айдың-күннің аманында не жетті дейсің ағасына… Жеделхатқа қарағанда былайғы ыңқыл-сыңқыл емес, шынымен бір қиын жағдай болған.
***
Қабдолда жол бойы көңілі ширығып мазасыз күйге түсті. Долдаш ағасын ойлап, жүрек шіркін мейіріммен тебіренеді, сағынышпен толқиды. Жалғыз ағасының өзі үшін қаншалықты қымбат екендігі санасына енді ғана жетіп, ішкі өзегі қанттай еріп салды... Ағасының шын қадірін енді ұққанын қарашы. Аға – бор, іні – тас деген тегі осы шығар. Аға емес, жетімдікті сездірмей, еңсесін ездірмей қорғаштап өсірген әкесі екен ғой мұның. Әкесі болмаса да, әке орнын жоқтатпаған жарық жалғандағы жалғыз туысы екен. Бұл өмірде ойлағаны оңынан шығып, үмітті үлеске, сыйлы сыбағаға қолы жеткендей болса – соның бәрі осы Долдаш ағасының арқасында бопты. Тірнектеп жинап, тырнақтап құрап жүріп мұны қатарынан қалдырмай аман-есен ел қылды. Әйтеуір өзі көксеп жете алмаған, көкіректе қайнаған арман-мұңның баршасын жалғыз інісіне үміттегені анық.
Бұлар да әлдеқашан өз қолдары өздеріне жетіп, үйлі-баранды болса да, бәрібір аға шылауынан шыға қоймапты. Басқасын былай қойғанда, жылдық бір соғымды Қабдолдаға қалаға жеткізіп беру үйреншікті әдетке айналып кеткелі қашан... Өзі қасынбағанның айызы қанушы ма еді. Жылдар өте соның бәрін ағасы жасауға міндеттідей саналарында бір мещандық ахуал қалыптасып кеткен. Іргесі бөтен болса да інісінің сол еркелігінің бәріне ағасы көніп келеді, көтеріп келеді. Дарқан жүрек осындай ағадан қайтіп қана айналмассың мұндайда...
Ойы түскір сан-сапалақ шиыршықталып, сары уайымды сапырып Қабдолда ауылға да жеткен.
Долдаш ағасы расында да қатты ауырып, оңдырмай құлапты. Соңғы кезде көбейіп бара жатқан шет жұрттық қайсыбір тұмауды аяғымен көтеріп, ақыры әлгі бәлені асқындырып, аудандағы ауруханаға түсіпті. Содан көлденеңнен жабысқан дерт жүрекке шауып, қиын боп бара жатқан соң, әлдеқандай қауіп қылып інісін шақыртқан екен.
Қабдолда келгенде ағасы басын қалқитып ауруханадан үйге шығыпты. Жазылып кеткені шамалы сияқты, бадамдай бағылан денесі суалып, ине жұтқандай бүкшиіп қалыпты. Дөңгеленген күрең жүзі қуарыңқырап, көптен қырынбаған сақал-мұрты сепсиіп бозжағал тартыпты. Күрк-күрк жөтеліп, әлсін-әлсін жүрегін ұстап деміге береді.
– Жұмысыңнан қалдырдым-ау сені! – деп інісінен кешірім өтінгендей болды.
– Ештеңе етпес.
– Ғұмыры аурухана дегенді білмеп едім, оны да көріп қайттым, – деді ағасы.
– Ағаң аурухананың ғана емес, о дүниенің есігін көріп қайтты, – деп тегенедей төңкерілген жеңгесі сығымдап көзіне жас алды.
Қара нардай қайрат иесінің қарадай мүсәпір боп қалғаны, осыншалық морт сынғаны біртүрлі аянышты еді. Қабдолда ағасының қадіріне енді жеткенін сезініп, бұл жолы екеуі ұзақ-ұзақ сырласты. Ағасы басына қабаттап жастық салып төсекте, бұл болса орындық қойып етектесе қасында отыр. Осылайша екеуі түннің бір уағына дейін шер тарқатып, жырдай созып әңгіме соқты. Сабарман мінез көрсетіп, ағамсынып әңгіме бастаушы Долдекең, Қабдолда болса ізетті шәкірт, ұйып тыңдаушы.
Бар өмірімді сені асырап жеткізуге арнадым, соғыста өлген ағамның аманатын орындадым дегенді сездірді Долдаш ағасы. Інісінің үлкен азамат, шен алып, шекпен кигендей қалалық қызметкер болғанын, оның да ұл өсіріп, қыз мәпелеп отырғанын көз қуаныш ететінін байқатты.
– Бір есептен келгенің де жөн болды, өзіңді сағынып жүр едім, – деп күрсініп қойды.
Қабдолданың бір таң қалғаны – Долдекең қырық жыл бұрын соғыста өлген ағасын қайта-қайта ауызға алып, дұғадай қайталай бергені болды. Қайран ағай азаматтың бозтайлағы еді деп күңіренеді. Маңдайымнан сипаған алақанының табын әлі күнге сеземін дейді. Тұйыққа тіреліп, қиналған сәттерде әкемдей болған ағамның ыстық мейірі қашанда қуат беретін. Жыласам уатып, тоңсам жылытқандай болатын дейді. Кейінгі өмір мені маңдайымнан сипап көрген жоқ, ащының да, тұщының да дәмін бір кісідей таттық. Сондайда ылғи да аға рухы бірге қасымда жүрді. Қазір де аруағымен жебеп, екеуіміздің әңгімемізді үнсіз бір шетте тыңдап тұрғандай сезінемін дейді.
Үш сыныптық қана білімі бар, ғұмыр бойы түздің шор аяқ тірлігімен от басында сарылған ағасына Қабдолда нендей уәж айтсын. Бұл әңгімесін немқұрай бас шұлғумен құлағынан асырып жіберген.
Үш сыныптық білімі бар деп жүрген Долдаш ағасының жинаған кітаптары сервантқа толып қалыпты. Бұрындары келіп-кетіп жүргенде бұл кітаптарды балалардың оқулығы шығар деп көңіл қоймаушы еді, енді байқаса кілең соғыс туралы кітаптар екен. Қызылды-жасылды, алалы-қаралы, қаз-қатар тізіліп тұра қапты. Ағасының өмір бойы тірнектеп жинаған рухани қазынасы тегі осы секілді.
Қабдолда ерінбей-жалықпай сөредегі кітаптарды санағандай бір-бірлеп ақтарып шықты. Көбісі орысша, ішінара қазақша кітаптар да кездесті. Бірер қолбасшының естелік-мемуарлары, «Ұлы Отан соғысының тарихы» атты үлкен екі томдықтан басқасы түгелге жуық көркем шығармалар екен. Қабдолда олардың ішінен өзінің баяғыда Мәскеуден жіберген жалғыз кітабын ғана тапты. Басқадай сәлемдемелері әжетке жарамай қалған ба, бұл арада көрінбеді.
Деп тұрғанда, Қабдолда тағы бір қызыққа қайран қалды...
Кітаптардың баршасы Сталинград майданы туралы екен. Диссертация қорғайын деп жүрген аспиранттай, Долдекең тек Сталинград жайындағы кітаптарды жинай беріпті ғой... Апырмай, ағайдың бұнысы несі екен?
– Бірінде болмаса бірінде сенің әкең, менің ағам Молдаштың аты кездесер ме екен деп көп іздедім. Бірақ әлі күнге таба алмадым, – деп жауап берді ағасы бұл сұраққа.
Мұны естіген Қабдолданың қияқ мұрты қисайып, көзілдірігі сусып түсіп кетті.
– Үйбай, аға... бұлар көркем шығармалар емес пе! – деді тілі құрғыр тұтығып.
Төмен қарап тұқырайған ағасы мақұлдағандай басын изеді.
– Мейлі ғой, – деді түңілгендей сыңаймен. – Бәрін-ақ сүзіп шыққандай болдым, бәрібір кездестіре алмадым... «Қара қағаздың» ерлікпен қаза тапты деп келгені есімде. Ондай ерлікпен қаза болғандардан бір белгі, із қалуы тиіс еді.
Қабдолда иығын қиқаңдатып, басын шайқады. Сосын самсаған көп кітапты алақанымен бір сипай өтті де:
– Аға, сіз қызықсыз... мыналардың көбісі көркем шығармалар, – деді тағы да қайталап. – Ал көркем шығармаларда адам аттарын жазушы ойдан шығарады. Кітаптағы оқиғаларды да жазушы өзінің қиялымен қиыстырып жазады...
Долдаш ағасы басын әнтек көтеріп, Қабдолдаға кіртиген сулы жанарын жалт еткізді.
– Оттапсың! – деді, аузынан түкірігі шашырап кетті. Дауысы да шәулі бүркіттей шаңқ ете қалды.
Інісіне алғаш дауыс көтерді.
Содан жатқан жерінде қыстыға жөтеліп, аузын басып ары қарай аунап түсті.
Қабдолда не айтарын білмей ұрты жыбырлап меңірейді де қалды.
Аздан соң ағасы аяғын төсектен түсіріп, созалаңдап барып орнынан тұрып кетті.
– «Қиял» дейді... қайдағы қиял? Ол жерде қырғын болған. Әкең де сол қасапқа түсіп мерт болды. Қиялы несі мұның!
Осы сөздерді айтқанға қиналып шаршап қалғандай. Тағы да ауа жетпей жүрегі алқынып, күрк-күрк жөтеліп алды.
Соншалықты осы мен нені бүлдірдім дегендей Қабдолда аң-таң.
– Оттапсың! – деді ағасы демігіп. Бірақ бұл жолғы үнінде зіл байқалмады.
Тілсіз қалған осы бір сәтте Қабдолданың да санасына бір сәуле түскендей болған. Ағат кеткенін енді ғана ұққандай. Аузына ақталар сөз түспей, төсекте бүкшиіп отырған ағасының арқасынан еркелеп құшақтай берді.
Қалай болғанда да әлгі сөз аға көңіліне қатты тиген сияқты. Долдекең қайтып үндеген жоқ, басын изеп «бара бер» дегендей інісіне ишарат жасады да, төсегіне жантайып жатып қалды. Айтар сөз таба алмай Қабдолда ағасының қасында қипақтап аз-кем тұрды да, есікке бұрылды.
Жолдан шаршағандығы бар, оның үстіне түн ортасы ауған мезгіл, дем алмаққа өз бөлмесіне барып қисайды. Ағасының бөлмесіндегі жарықты сөндіріп шығып еді, аздан соң оның сырт етіп қайта жанғанын естіді. Тегі сыртқа шықпақшы ғой деді де қойды. Бірақ ағасы сыртқа шыққан жоқ. Оны да біраз уақыт байқап жатты. Ағайды ренжітіп алдым-ау деп көңілі қабарып, іші-бауыры елжіреп алаңдап жатқанда көзі ілініп кетіпті. Алаң көңіл қашанда құс ұйқы ғой, не заматта шошып оянып, біреу шымшып алғандай атып тұрды.
Сібірлеп терезеден таң қылаң беріпті, бөлме іші буалдыр. Долдекеңнің бөлмесі жақта жарық әлі жанып тұр, бірақ ешқандай үн шықпайды, тым-тырыс.
Қабдолда жалаң аяқ башпайының ұшымен басып, ағасының бөлмесінің есігін жайлап ашты.
Бір Аллаға сиынып жүрегі аузына тығылып қорқып-ақ келіп еді... Қос жанары жасаурап, жаратқан иесіне жалбарынып-ақ келіп еді.
Иә, тәубе, Долдаш ағасы танауы делдиіп, шалқасынан түсіп быр-быр ұйықтап жатыр екен. Бала секілді жүзінен қуаныш есіп, ұйқысы тіпті тәтті. Әлдебір қалыңдау кітапты кеудесіне қыса құшақтап алыпты... Кітап оқып жатып ұйықтап кеткен ғой.
Қасындағы орындықтың үстінде де шашылып төрт-бес кітап жатыр.
Бәрі де Cталинград майданы туралы кітаптар...
«ОБЛАВА»
Айсұлтан жастар газетінің облыстағы меншікті тілшісі еді. Проблемалық мақалалар мен көлдей-көлдей очерктерді, көркем әңгіме-повестерді бұрқыратып жазып, ел назарына іліне бастаған бұла кезі. Келешекке тай сойғандай талаппен, тас бұзғандай тәуекелмен теткіп жүрген албырт шағы. Әйтсе де, әзірге бәрі бұлыңғыр, қарлығаш арман қанат қағып қай биікке самғатады, қай төбеге қонғызады – ол жағын болжап-білу қиын-ды. Деп әсерде жүргенде, асық ұтыс заман-ай десеңші, Айсұлтанның көктен сұраған тілегін жерден бере салған... Аяқ астынан Алматыға қызметке шақырылды. Қызмет болғанда қандай десеңізші... Көптен көксеп жүрген жастар газетінің орталық аппараты емес, оған шақыртса да Айсұлтан үшін үлкен қуаныш қой... Республикалық партиялық газеттің өзіне, айбыны зор аға газеттің редакциясына жұмысқа шақыртты.
– Аяқ алысыңызды біраздан байқап жүрміз. Талабыңыз бар, – деді Жапекең. – Аппаратқа келіңіз, әдебиет бөлімін қолыңызға алыңыз... Үш айға шыдасаңыз – пәтер мәселеңізді де шешіп қалармыз.
Жапекең деп отырғаны – Жаппар Байтасов. Аға газеттің бас редакторы, яғни бірінші басшысы. Партия орталық комитетінің білдей мүшесі, Жоғарғы кеңестің айтулы депутаты. Былайша айтқанда, түкірігі жерге түспейтін, азуын айға білеген дөкейіңнің нағыз өзі. Алапаты артық, айбары басым кісі.
Былайғы ағайын қызды-қыздымен Айсұлтанды «таланттысың» деп мақтап жататын. «Сен дарынсың» деген қолпаш сөзге де құлақ шіркін үйрене бастаған. Солай бола тұра, Жапекеңнің дуалы аузынан шыққан «талабыңыз бар» деген жалғыз сөз – Айсұлтан үшін үлкен бағадай естілген. Бұл сөздің астарынан сол сәтте өзінің жарқын болашағы жарқ еткендей болған. Дөкей басшының тарапынан келер күнгі аялы қамқорлықты да аңғарып, шоң ағаның ақ батасын алғандай күй кешкен.
Ал, «бөлімді қолыңа ал» деуі – бөлім меңгерушісі боласың дегені ғой. Мұны естігенде Айсұлтанның жүрегі лықсып көмейіне тығылды. Өйткені, жастар газетінің елдегі тілшісі мынау үлкен газеттің аппаратына қатардағы қызметкер болып келсе де – зор қуаныш, қызмет бабында шарықтап өскендік. Енді міне, Жапекеңнің «бөлім меңгерушісі» дегендей тосын ұсынысты айтып отырғаны мынау. Қайталап сұраса бәтшағарың айнып жүрер деп қауіп қылып Айсұлтан үнсіз қалды.
Жапекеңнің қара былғары креслосына шалқайып, айрықша маңғазданып, жарқыраған алтын тістерінің арасынан сағыздай созып сөйлегені болмаса – осының бәрі сәттік қана мезет болатын. Сол сәттік мезеттің түйінінде атын айтса жылаған бала уанатын бастықтың «үй мәселесін де шешіп қалармыз» дегенін естігенде... Айсұлтанның қан қысымы басына шапшыды. Гипертония дегенді естігенмен білмейтін кезі, сөйте тұра қан қысымының миын жарып жіберердей болғанын анық сезді. «Үш ай шыдасаң» дейді, үй дегенің қолында тұрған мықты ғой, тегі кезекті үйдің құрылысы сол үш айдан соң бітпек шығар. Елден келген Айсұлтандай жалаңаяқ пақырға үш ай емес, үш жыл күт десе де төбесі көкке жетпей ме!
Мінеки, өмірінің бастауында өстіп Айсұлтанның айы оңынан, жұлдызы солынан туып, арман еткен аңсарына кенеттен кенеліп сала берді... Айналайын өмір-ай, мен саған өлердей ғашықпын дейді көңіл құрғыры бұлың-бұлың алып-ұшып. Айналайын компартия, сенен асқан қамқор жоқ, сенен асқан дана болмас дейді ет-жүрегі елжіреп. Ал, Жапекем десе – енесін аңсаған ботадай елпілдеп, көзіне ыстық жас үйірілетін халге жетті.
* * *
Сонымен, бала-шағаны уақытша елде қалдыра тұрып, Айсұлтан лауазымды жаңа қызметіне барша ықылас-ниетімен алаңсыз кірісіп кеткен. Бала-шаға дегенде – іркес-тіркес өмірге келген бір ұл, бір қызы бар-ды. Екеуі де былдыр-былдыр сөйлеген бүлдіршіндер, әйелі болса дәрігер. Балалардың екеуі де әзірге әке-шешенің қолында. Үлкендері ұл еді, ата дәстүрі бойынша ол баяғыда Айсұлтанның әке-шешесінің меншігіне өтіп, «атасының баласы» болып кеткен. Қайткенменде ана ғой, Орынтай бірде ауылға барғанда еміреніп, баласын бауырына басып «құлыным» деп қапты. Онысын байқап қалған атасы айқай шығарып, ерін бауырына алып тулағаны бар... «Келмеңдер ендігәрі!» деп бұларды үйден түре қуған. Әйтеуір шешейдің тәк-тәк сабырымен әзер тоқтасты.
Сөйтіп, бала дегенде бұларда қазір жалғыз қыз бар десе де болғандай еді. Соңғы бір жылдан бері ол да ауылда, үлкендердің қолында. Оның да Айсұлтан мен Орынтайға қаншалықты бала боп жарытары белгісіз. Үлкендерге мүлдем бауыр басып, туған әке-шешесін танымай кете ме деп те күдік қылады.
Әрине, Айсұлтанның Алматыға қызмет ауыстырған жаңалығына әйелі балаша қуанды. Оқып-тоқығаны бар, жоғары білімді қай әйел жарқыраған астанада тұрғысы келмейді дейсіз. «Мен де жиналам...» деп жұлқынып еді, «үш айға шыдасаңшы» деп Айсұлтан әйелін әзер тоқтатты. Қазір қоңыр салқын күз кезі, қыс ызғары да іргеде, өзіңе де дайын тұрған жұмыс жоқ, күткенің жөн деді. «Бәлкім, жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алармыз» деп әйелінің күпті көңілін жұбатқан болды.
Осылайша Айсұлтанның жаңа қызметтегі бұрылуға мұрсат бермейтін қызыққа толы қымғуыт күндері басталды да кетті. Біреулер айтып жатады, қызмет қолдың кірі деп. Садағам кетсін сол айтқандар... Бұлай дейтіндер – сол қызметке қолы жетпей жүргендер болар тегі. Әйтпесе тәуір қызмет азаматтың көңілін өсіріп, мерейін арттырмай ма. Дос бар, дұшпан бар дегендей, беделіңнің биікте, абыройыңның аспанда болғанына не жетсін. Жаңа қызметке келгелі Айсұлтанның да көңілі асып, мерейі тасып жүрді. Жап-жас басымен аға газеттің білдей бір бөлімінің меңгерушісі. Бүкіл елдің әдебиеті бар, мәдениеті бар дегендей, баршасының проблемаларын көтеріп, өткір-өткір мақалалар жазуға кірісті. Бас толы идея, бойда буырқанған қуат, көкірек шіркін алып-ұшып беймәлім көкжиектерге асықтырады.
Арада зымырап бір ай өте шықты.
Партиялық аға газеттің аппаратында, өңшең бір атағы жер жарған мықтылардың ішінде жұмыс істеу қиындау екен. Бірде газет редакторының бірінші орынбасары Балтекең – Балтабай Қасымбекұлы кезекті «лездемеде» әдебиет бөлімінен дайындалған бірер материалды «сойып салды». Қатқыл сөйлеп қатты кетті... Жастар газетінің жеңілтек буымен желпінгенді доғарыңдар, болмас шаруаны, бос қиялды қысқартыңдар деді. Оқырманды да, өздеріңді де қысыр сиырдың уызынан дәмелендіргенді тоқтатыңдар деді. Деді де қарындашпен қара үстелді тақ еткізді. Онымен де қоймай, «Бұдан былай айға қарап ауыз білегендеріңді көрмейтін болайын» деп сөзінің соңын бас шайқаумен бітірді.
Ол кісінің үстелді тақ еткізгені – қатты ескерткені екен. Былайша айтқанда, бұл жағдай енді қайталанса – өз обалдарың өздеріңе деп айдындағаны.
Балтекең сөйлегенде әншейінде сөзге көсем, тілге шешен былайғы ағайын ауыздарына құм құйғандай үнсіз қалысқан. Шар айнасы шалқасынан шатақ кісі деп бәрі де сескенетін сияқты.
Балтекеңнің алғашқыда жай орынбасар, содан кейін бірінші орынбасар болғанына да көп жылдың жүзі болыпты. Газеттің бірінші бастығы бірінен соң бірі ауысып жатса да, Балтабек ағамыз міз бақпай қашанда орнында қала береді екен. Жұрттың сөзіне қарағанда, ол кісі бұл газетке уыздай жас студент кезінде келіпті. Содан қызметін қарапайым корректорлықтан бастап, біртіндеп сатылап өсіп, төбесімен көк тіреген қазіргі дәрежесіне жетіпті деседі. Яғни, газеттің «кухнясын» ішінен де, сыртынан да жатқа білетін майталман. Тоғыз амалы, тоқсан тоғыз бұқтырмасы бар жытқыр маман. Маман ғана емес, сақарға салған сүйектей түсін де, ішін де бермейтін мықты бастық. Содан да болар, мұндағы жігіттер ол кісіні сыртынан «сұр кардинал» деп айдар тағысыпты. Ал, «сұр кардинал» соңыңа түссе инквизициядан бетер, түбіңе жетпей тынбайды деседі тағы да сол білгіштер.
Әріптестері Айсұлтанды Жапекеңнің, яғни үлкен бастықтың адамы санайтын. Расында да алыстан арнайы шақырып, осы жұмысқа орналастырған сол кісі ғой. Қатардағы қызмет емес, бастықтық лауазым берді. Көздері жоқ емес, осының бәрін ол қулар саусақтарын бүгіп санап отыр. Іштей сонысын малданып, көсеу ұзын болса, қол күймес деуші еді, бекер боп шықты. Өкше басар орынбасары жиналыста мұның «кадрын сойып» жатқанда ләм деп арашаға сөз айтпады ғой... Аузына су толтырып алғандай-ақ жақ ашпай қалды. «Жас қой, тәжірибесі жетпей жатқан шығар» десе де амалдыққа жетер еді. Өйтпеді. Тым болмаса қабағын көтеріп, Айсұлтан жаққа көз де салмады ғой. Не керек, ол кісі партиялық принципшілдіктің, сын мен өзара сынның көкесін көрсетті.
Өзін сыйлайтын әр мекеме сияқты бұл газетте де үш бастық бар. Үшіншісі – Сартаев Айтан, редактордың орынбасары, домаланған тоқаш сары жігіт еді. Өз жұмысына ұқыпты, қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға адам. Айсұлтан алғаш жұмысқа кіріскен күні үлкен басымен өзі келіп құттықтап, жерлес ағасы екенін айтып, оң шырай танытқан.
Енді міне, Балтекеңнің қатқыл мінез, қатал сынына ұшырап, абдырап отырған Айсұлтан араша тілегендей көзінің астымен Айтан ағасына қарап еді. Қайран қалды. Тап бір бұл үшін өзі ұятқа қалғандай, сарғыш жүзі алабұртып, құлағының ұшына дейін қызарып кетіпті. «Әй, бала-ай, байқамайсың ба?!» деп мұны жазғыратын сияқты.
Жеме-жемге келгенде үлкен бастықтан да, кіші бастықтан да қайыр болмасын ұғып, Айсұлтан «сұр кардиналдың» кәрінен қашып, сақ жүруді ұйғарды. Сақтанбай қайтсін, амандық болса бір-екі айдан соң үй алуы тиіс, елден әйел, бала-шағасын жинап әкеліп, астанада бұл да ел қатарлы өмір сүргісі келеді.
Сол бойда Балтекең айтқан сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға тырысып, жұмысының бағыты мен бағамына өзгерістер енгізуге ұмтылды. Бірақ, құрғыры шығармашылық жұмыста ондайдың бәрін бірден өзгертіп, мінеки деп көрсете де алмайды екенсің. Қалай десең де, екшеп сөйлеп, емеурінмен ұқтыратын аға газеттің ауыздығы Айсұлтанға оңай соқпады.
Алматы күзінің арқа жылытар шуақты күндері мол ғой. Сондай жаймашуақ күндердің бірінде Айсұлтан мойнындағы галстугін лақтырып тастап, жағасы жайлауда дәлізде кетіп бара жатқан. Қайдан шыққаны белгісіз, қарсыдан дуадақтың еркегіндей қаздиып Балтекең ұшыраса кетсін.
– Сіз өзіңіздің қай мекемеде істеп жүргеніңізді ұмытып қалған екенсіз! – деп шүйлікті. – Ұмытсаңыз есіңізге түсірейін: бұл жер – ЦК-ның органы, партиялық мекеме. Шырағым, ендігәрі сіздің галстуксіз жүргеніңізді көрмейтін болайын! – деді.
Жарлық қатты, жан тәтті, содан кейін Айсұлтан қылғынып өліп бара жатса галстугін шешпейтін болған. Не де болса, үй алғанша бәріне шыдау керек.
Арада жылжып тағы бір ай өтті.
Бірде Жапекең іссапарға жолаушылап кетті де, газеттің макетін Балтекең өзі қарайтын болды. Оқылатын материалдың көпшілігін Айсұлтанның бөлімі ұсынады. Қайткенмен де әдебиет деген аты бар емес пе, очерк, публицистика, өлең, әңгіме, эссе сияқты жанрлар шама-шарқынша қамтылып жатады. Кезекті нөмірге көсіле жазылған тағы бір сондай материалды жоспарлап еді, макеттен ұшып кетіпті. Сол кеште макеттің қорытынды талқылауына Айсұлтан арнайы қатысып:
– Балтеке! – деп түсіп қалған материалын бастыққа қарай жылжытып қойды.
– Шырақтарым, арғынның материалын қайта-қайта тықпалағанды қойсаңдаршы! – деп Балтекең оны кері итеріп тастады.
Айсұлтан не істерін білмей, аузын ашып абдырап қалды. Іле есін жиып:
– Балтеке, бұл арғын емес, Дитюк туралы материал, Еңбек ері туралы очерк! – деді. Дауысы ащылау шығып кетті білем, күргейлей отырған әріптестері екеуіне үдірейе қалысты.
Балтекең қолындағы қаламын тастай бере, қос шықшытын алақанымен қысып, қабағын көтерместен ауыр ойға батып аз-кем үнсіз отырып қалды.
– Апырмай, жастар-ай...! – деді сосын шаршағандай сыңай танытып. – Апырмай, жастар-ай, сөз төркінін танымай жатып шаужайға жармасатындарың-ай! «Арғын» десем – байтақ еліміздің арғындар қоныс еткен өңірін айтқаным болар. Сол Арқадан бұл нөмірге бес материал кетіп барады. Мынаны алтыншы етіп тықпалап отырсыңдар. Арқадан басқа өңірді де ескерсеңдер етті! Бұл республикалық газет қой!
Балтекең айтар сөзін Айсұлтанға емес, отырған көпшілікке арнап айтқандай еді.
Айсұлтан қысыла қызарақтап кешірім сұрады да, сол бойда бөлмеден шыға жөнелді.
– Сұр кардинал сені енді құртады! – десті бұл әңгімеге куә болғандар.
Сонымен, «қашан мені құртар екен» деп ойлап қойып, қойдан жуас, қозыдан момын кейіпте жүріп жатты. Көңілі күпті. Күні кеше ғана армандай асықтырған келешегі бірде көмескі, бірде бұлт басқандай бұлың-бұлың етеді. Үйден де үміт бірде үзіліп, бірде жалғанып, алаң көңілмен күнделікті жұмысын амалсыз атқаруға мойын ұсынғандай.
Сөйтіп жүргенде, тағдырдың жазуына не шара, онсыз да берекесіз тірлігі тағы бір бәлеге душар болғанын қайтерсің!
Фарида атты кереметтей көркем қызға құлап түскені...
Әрине, елде құдай қосқан қосағының барын, тәй-тәй басқан қос құлыншағының барын ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне жас коммунист екені де жадында. Коммунистік партияның толық мүшесі болмаса да – мүшелікке кандидат. Алла жазса алдағы көктемде мүшелікке толықтай өтуді жоспарлап жүр. Яғни, өз әйелің тұрғанда бөтен қызға ғашық болу – өзі еңбек етіп жүрген газеттің тілімен айтқанда, коммунистік моральға әсте сыйыспайтынын, әсіресе, коммунизм құрылысшысының моральдық кодексіне мүлдем жат қылық екенін жақсы білді.
Сөйте тұра, ең бастысы соның бәрін біле тұра, ұға тұра Фарида қызды есіне алса болды, дегбірі қалмай ет жүрегі елбіреп қоя беретінді шығарды.
Бұған не дерсің енді!
Ертеңгі тағдырым не болар деп ала көңіл болып жүргенде бұл жағдай мешелге жөтел болып қосылды...
«Ғашықтық жөні бір басқа» деп «Қыз Жібекте» тегін айтпаса керек. Бұл Айсұлтан құдай қосқан қосағы Орынтайға да ғашық болған шығар. Ғашық болмаса – біреу күштеп үйлендірген жоқ қой бұларды. Яғни, арада бір сүйіспеншілік, ұнатушылық болғаны рас. Бірақ, дәл қазіргідей... бірде ерік-жігерден айырған, енді бірде көңілге қанат байлап көкке самғатқан сиқырлы сезімді білген емес. Фаридаға десе жүрегі мүлдем басқаша соғатынын байқайды. Бұрын-соңды сезінбеген бір бұла қуат, ынтызар күш осы қызға тартады да тұрады. «Тегі мен енді ғана шын ғашық болған шығармын,» – деп қайран қалады кейде. Сонсоң қаламдас бір құрдасының әзілі ме, шыны ма, құйтырқы уағызын есіне алады. «Жылдар өте әйелің туғаныңдай, қарындасыңдай болып кетеді. Махаббатты басқа жақтан іздеген жөн» дейтін ол. Айсұлтанның қазіргі жағдайы да дәл осы күйді бастан кешкендей. Орынтай – құдай қосқан әйелі, оны тәрк етіп немесе айырбастап жатқан бұл жоқ. Балаларының сүйікті анасы, құрметтейді, сыйлайды, жақсы көреді. Алла жазса, қалған ғұмырда әлі талай той-томалақ жасап, екеуінің талай қызыққа кенелері кәміл. Ал Фарида... Фарида көз қуанышы болар... Мынау жалғандағы оқыстан тауып алған сирек алданышы, сүйініші, сүйеніші, рухани демеушісі. Тағы не десе екен... Әйтеуір оның жөні бөлекше...
Фарида да Шымкенттен осы күзде келіп, аспирантурада оқып жүр екен. Мамандығы – экономист. Өмір-ай десеңші, бұл Айсұлтан журналистік жұмысының арқасында талай ел мен жерді аралап еді. Сұлу көрмей жүрген жоқ, айдай әдемісін де, күндей көріктісін де кездестірген. Әйтсе де толған айдай толықсып, бала қаздай байпаңдаған Фарида бикеш ешкімге ұқсамайды-ақ. Тал бойында бір мін жоқ, сүйрік боп жалғыз шыққандай сүйкімді. Сұлулығы сарша тамыздың бабына жеткен бал қымызындай жұтымды, қырмызыдай тартымды. Нұр ойнаған ашаң жүзі ылғи да төңірегіне иба төгіп, ізет сеуіп тұрғаны.
Фариданы ойласа болды өн бойын бір асқақ сезім кернеп, айдарынан жел есіп, ет жүрегі қорғасындай балқып сала береді. Көз алдына Фариданың көк көйлегі көлеңдейді, жібек шашы желеңдейді, сөйтеді де көңіл шіркін байыз таппай елеңдейді. Тұла бойында қамаулы қайнаған бір ересен қуат-күш, жалындаған от барын сезеді. Күре тамырына ұшқын түссе бұрқ етіп жарылып кетердей аласұра алаңдайды. Сөйтіп жүріп енді бір сәт өзінің партиялық газетте қызмет жасайтын жас коммунист екені есіне түссе – меңдуана жегендей мәңгіріп қалады. Соңғы кезде қарап отырып тәтті қиялға берілетінді шығарды. Сұлу ойлар көңілді қытықтап, жүректі шабақтағандай. Бірақ жүйесіз, күн жеген шүберектей оңа береді.
«Сені бекер-ақ кездестірдім бе деймін, – деп еді бірде Фарида мұңайып. – Енді менің көз жасым өмір бойы құрғамайтын шығар». Апырмай, ақылды қыз неге мұндай ауыр сөзді айтты екен деп ойы тағы да сан тарауға бөліне береді.
Бұл Алматыда екеуін танып жатқан адам жоқтай көруші еді: екеуі де елден келген бөтендер. Десе де театр мен концерттерде бірлі-жарым таныстар ұшырасып қалып жүрді. «Келін осы ма?» – десті Орынтайды әлі көрмегендер. Ондайда бас шұлғысып қана әлгі таныстардың қасынан асығыс өте шығысатын. Партиялық газеттің қызметкері, жас коммунист адамға бұлайша ашық кетуге болмасын ұғып, бұлар енді театр мен концертті де сирексіте бастады. Дырду-думанмен саусылдаған жастарға елпілдеп ере бергенді қойып, ересектігін сезінуге мәжбүр болысты. Оңаша бір кафеге, парктің көлеңкелі бұрышына кіріп кетіп, жасырынып сырласуды шығарды. Біреуі жиырманың үшіне, біреуі отызға келді: орындықта отырып аймаласу, ағашқа сүйеніп сүйісу, жұрт көзінен қашқақтап тышқаншылаған мынау тірліктері біраздан кейін жалықтыра бастаған. Екеуінің де көңілі тоят іздегендей аласұратынды шығарды. Көкейде болғанымен, сол бір ойын жеткізудің ретін таба алмай ұялып жүрген Айсұлтан ес-түссіз бір құшақтай аймаласқан сәтте:
– Ертең қонақ үйге барайықшы? – деп үздіге сыбыр еткен. Бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды. Фарида намыстанып мұны жақтан бір ұрып, тайып тұра ма деп күтіп еді. Шүкіршілік, олай етпеді. Қыз да басын изеп, бірден келіскен сыңай танытты.
Ертең – сенбі еді. Яғни, алда екі күн бос уақыт, демалыс деген сөз...
Анау бір жолы қонақ күту мәдениеті жөнінде әдебиет бөлімі бір «дөңгелек үстел» өткізіп, соған «Алатау» қонақ үйінен бір татар апай қатысқан. Тәжірибесі мол, әңгімеге лайық кісі осы деп қалалық мекеме ұсынған. Өмір бойы мейман күтетін демалыс үйлерінде, санаторийлерде істеп, соңғы жылдары осы «Алатауға» ауысқан екен. Өзі қазақшаға судай, сөзге шешен, көпті көрген көшелі кісі екен. «Зейнетке шығуыма да жарты-ақ жыл қалды» деп шүкіршілік етіп отырды. Түбі керек болар деп апаймен жақсылап танысып алғаны бар-ды.
«Қонақ үй» дегенде Айсұлтанның көкейін тескен сол татар апайы болатын. «Ретін тауып бір бөлме алсам шіркін» деп көптен көксеп жүретін. Сол жоспарының іске асатын сәті енді түскендей... ертеңіне салып ұрып «Алатауға» барды. Барса, құдайдың құдіреті шығар, татар апайы таңертең ғана жетінші қабаттың кезекшілігін қабылдап, орнында отыр екен.
– Ә, әлгі газетші баласың ба! Әнеу күні газеттеріңе суретім шығып, сөзімді оқып қуанып қалдым, – деп апай Айсұлтанды жазбай таныған.
Екеуі біраз шүйіркелесіп, негізгі шаруасын неден бастарын білмей қипақтап отыр еді, апай онысын сезіп қалды.
– Шырағым, бөлме сұрап келіп тұрсың-ау! Біліп отырмын... Ауылдан біреу келді ме, жоқ әлде...
– Солай еді... апай...
– Қызың бар ғой тегі... Жарайды, дело молодое. Келсеңдер кештетіп келіңдер, таңертең өзім оятып, шығарып жіберем.
Айсұлтан көгілдір бір бес сомдықты ұсынып жатыр еді, апай оның қолын қағып жіберді.
– Сенің бес сомың мені ұшпаққа шығармайды, – деді. – Оданда өздерің абай болыңдар. Ұсталып қалып жүрмеңдер.
Алматының қоңыр самал мақпал кешін жамылып Фарида екеуі «Алатау» қонақ үйіне келді. Татар апайлары сөзінде тұрып, бұларды самаладай жарқыраған бір бөлмеге кіргізіп жіберді. Айсұлтан шарап, су-суан, көкөніс сияқты тағамдық қажеттерді портфеліне салып ала келген-ді. Тіске басар дәмді бесінші қабатқа түсіп, оның да бір дорбасын сатып әкеліп қойды. Екі адамға бір таң атқанша емес, ертең кеш батқанша да молынан жететін тағам...
– Шошаңдап жүгіре бермей, енді шықпай жатыңдар! – деп Айсұлтанды көріп қалған татар апайы қатаң ескерту жасады.
Содан апайынан қаймығып қайтып сыртқа шығысқан жоқ. Самаладай бөлмеде екеуі ғана. Телевизоры бар, төсегі бар. Жуынам десең әнеки, жарқыраған ваннасы дайын. Қонақ үйде бұрын да болып жүр ғой, бірақ қызбен отырған бөлменің әсері бөлек пе дейді. Өзгеше әрленіп, жарқырай сәнденіп кете ме қалай... Бөтеннің сұқ көзінен, сыпсың сөзінен қорқатын емес, кедергі жасайтын да ешкім жоқ, әншейін бір рақат еркіндік. Бұл да орындалмас арман сияқты еді, иншалла, оған да қол жеткендей. Шараптан ұрттап қойып іште тұнған жан сырларын ақтарысып, біріне-бірі жеп қоярдай телмірісіп, сағыныштарын баса алмай біршама отырысты. Соңынан буырқанған бұла сезім ерік-күшке төтеп бермей ақтарылып, бірін-бірі оттай шарпып өтті. Сосын-ақ екеуі мынау жарық дүние, жалпақ әлемді мүлдем ұмытысты. Махаббаттың бал шырынына шым батып, ертегінің жұпар иісті гүлзар бағын аралағандай ессіз күй кешісті.
Әйел көрмей жүрген жоқ, бірақ дәл осы түн Айсұлтанның ғұмырында әлі бола қоймаған бөлекше түн еді: асқақ сезімге, шынайы қуанышқа толы, ләззаты мол әсте ұмытылмас ғажайып сәттер болды. Көңіл шіркін қызылды-жасылды, күлім қағады, жүрек ән шырқайды, жанары нұр шашады.
Айсұлтан бұрын-соңды өзін дәл осындай бақытты сезініп көрген жоқ болатын.
* * *
Жаңа ғана балбырап ұйықтап кеткен сияқты еді, шырылдаған телефон дауысынан шошып оянысты. Сағат таңғы төрт екен. Телефонда өздерінің кешегі татар апайы, дауысы біртүрлі үрейлі:
– Шырақтарым, тез тұрыңдар... Облава! – деді де телефонның құлағын қоя салды.
– Не? – деп ұйқылы-ояу Фарида да сұрап жатыр.
– Облава дейді.
Екеуі де жандәрмен атып тұрып, апыл-ғұпыл киіне бастады. Фарида сырт киімін қолына іле, жүгіріп ваннаға кіріп кетті. Айсұлтан сырт еткізіп шамды жақты да ұмтылып балконның есігін ашты. Төсекті жинай берген кезде есік тарсылдады. Тықылдатқан жоқ, ағаш есікті жарып жіберердей жұдырықпен ұрғылады.
– Открывайте! Оперуполномоченные госбезопасности!
О, тоба! Не дейді... Мыналары КГБ ғой!
Айсұлтанның жаны шырқырап, торға түскен торғайдай қиналып кетті. Әп-сәтте қара сорпа боп терлеп берді. Тірсегі дірілдеп, қолы қалтырап, әйтеуір шылдыратып жүріп есіктің кілтін бұрап ашқан болды.
Есіктің арғы жағында қабақтары түнерген үш жігіт тұр екен. Бас изеп амандасқан болды да, Айсұлтанға бірінен соң бірі куәліктерін көрсетті. Бәрі де аға лейтенанттар... Фамилияларынан аңғарды, біреуі Бондарин деген орыс, біреуі Темірғалиев деген қазақ, үшіншісі Ким деген кәріс екен. Айсұлтан шегіншектеп жол беріп оларды бөлмеге өткізді. Шашын таранып ваннадан Фарида шықты. Қиын жағдайдың болғанын сезіп, жүзі қуара бозарып, еріні дір-дір етеді.
– Паспорттарыңызды...
Айсұлтан ілулі тұрған пенжағына, Фарида қол сөмкесіне ұмтылып, паспорттарын ұсынды.
Екі паспортты екі жігіт парақтап тексергенше, үшінші орыс жігіті мұқият бөлмені аралап, балконға бір шығып қайтты. Дала әлі тастай қараңғы екен.
– Екеуіңіз де осы қалада тіркеуде екенсіздер... Қонақ үйді қалай алып жүрсіздер? – Айсұлтан бірдеңе дейін деп еді Бондарин оның сөзін бөліп жіберді.
– Білеміз, білеміз... ақталмай-ақ қойыңыз. Азамат басыңызбен қоғамдық орынға келіп қызойнақ жасайсыз. Ұялмайсыз ба!
– Біз бір-бірімізді жақсы көреміз! – деді Айсұлтан сасқан жерде.
– Сіз үйленген адамсыз... Алдап әкеліп, зорлық жасаған шығарсыз?
– Жо-жоқ, ағайлар, мен өз еркіммен келдім! – деп Фарида шыр ете қалды.
– Жігіттер мен шынында да қызымды кереметтей жақсы көрем! – деп Айсұлтан қайталағандай болды.
– Әдемі әйелді бәрі де жақсы көреді, – деп кәріс жігітінің қиғаш көзі күлім қақты.
– Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, сүйеміз... Қыз өз еркімен келіп отыр. Сонда біз заңға сыймайтындай қандай қылмыс жасап қойдық? Сүйгеніміз үшін кінәліміз бе? – деп Айсұлтан намыс шақырғандай болды.
– Ол жағын кейін біле жатарсыз, – деді Темірғалиев кекесінмен.
Бондарин ымдап еді, Ким дипломатын ашып, қағаз-қаламын ыңғайлай бастады.
– Солай, азамат... Протокол толтырамыз.
Ким паспорттарды алдына алып, жаза берген кезде Фарида оның қолына жармасып жылап жіберді.
– Ағайлар-ай, азаматтың обалына қалмаңдаршы... Мен оны жанымдай жақсы көремін. Мен мұнда өз еркіммен келдім. Бір жолға кешіріңіздерші! – деді еңірей жалбарынып.
Айсұлтан не істерін білмей сылқ етіп төсекке отыра кетті. Шілде тері шыққандай бұрқырай бусанды дерсің. Сосын соңғы үмітін көлденең тартып:
– Жігіттер-ай, жасымыз қарайлас екенбіз. Өмір болған соң бәрімізде қателік болатын шығар. Бір жолға кешіріп, жазбай-ақ қойсаңдаршы? Қалтамда 300 сом ақшам бар, азаматтықтарыңды жуғаным болсын... бөліп алыңдар! – деп үшеуіне алма-кезек қарады. Темірғалиев мұндай сөзге таңданғандай бағжаң етті де, мырс күліп қағаз жазбақ болған кәріске бұрылды. Кәріс күдіктене көзін сығырайтып орысқа қарады. Қияқ мұрт, тұманытқан көкше көз Бондарин болса орамалының ұшымен ернін бір сүртіп, қасын түйіп:
– Мұндай сөзді айтпаңыз, протоколға түссе өзіңізге жаман болады! – деді сызданып.
Не керек, бұлардың жалынғандарына да, жылағандарына да жігіттердің сезімі селт еткен жоқ. Міз бақпаған қалпы ежіктеп екеуінен жауап алды, протокол толтырды, оның соңына растап қолдарын қойғызды. Сосын түк болмағандай бұлармен бас шұлғып қоштасты да, қайқая басып, қаздай тізіліп шығып жөнелісті.
Олар кеткен бойда Фарида бетін басып солқылдап жылап қоя берді.
* * *
Мынадай масқарадан кейін Айсұлтаннан маза кетіп, сең соққан балықтай сенделіп қалды. Қызды шығарып салған соң Терренкурда арлы-берлі теңселіп жүрді де қойды. Бір ретінде осы аңғардың тұйығындағы Айнабұлаққа дейін сүйретіліп барып қайтты. Саялы салқын Терренкурдың өзі өрекпіген жүрегін басатын емес. Ішкі өзегі өртеніп, жігері құм болғандай. Бұл қалада жан сырын бөлісер Фаридадан басқа жақыны жоқ екен. Соған көзі жетті. Мөлтілдеп жылап тұрып бағана Фарида бәріне дайын екенін айтқан. Айтқан жоқ, серттескендей болды. Қай сөзіңді де мен қолдап қол қоям, сен үшін жан пида дегенді сездірді. Қонақ үйге алдап әкеліп зорлық жасамағанын, өз еркімен келгенін, жігітін сүйетінін Фарида өзі айтып протоколға түсіргізді. «Біз тексерушіміз, ал одан қандай қорытынды шығарады – ол жағын бастықтар шешеді» десті аналар. Бірінен-бірі сескенді ме, ұсынған парасын да алмай, жауапсыз қалдырысты. Әйтпесе 300 сом дүниенің ақшасы ғой, мұның екі айлығынан да көп. Дегенмен пара ұсындың деп бұған бәле салған жоқ, жақ ашпай үнсіз қалысты-ау? Соған қарағанда үшеуінің де арғы жағы «кет әрі» емес-ау осы? Үшеуін де бірін-біріне аңдытып қойған, сол себепті де үш түрлі ұлттан жіберіп отыр. Қандай зымиян саясат десеңші! Бүйтпесең КГБ болармысың!.. Жалпы, қонақ үйлердің бәрінде ауық-ауық «облава» болып тұратынын Айсұлтан бұрын да естіп жүретін. «Облава» дегенің – кәдімгі тексеру десетін. Қонақ үйге «облавашылар» айтпай аяқ астынан сап ете қалады да, кірер-шығар есіктің бәрін жауып, қарулы күзет қойғызады. Сосын әр қабатқа тексерушілер жіберіп, адам жатқан бөлмелердің бәрін ашқызады, түн болсын, түс болсын түгін қалдырмай аралап шығады. Кезекшіге пара беріп заңсыз жатқандарды, паспорты жоқтарды, ең бастысы жасырынып қонып жатқан еркек пен әйелді іздеседі. «Облаваны» қонақ үйдің қалалық басқармасы, кейде милиция жасайды екен. Ал тоқсанына бір рет КГБ жасайды, ең қиыны да, қауіптісі де сол деп еститін Айсұлтан. Құдай ұрғанда, өзі қазір тура сол КГБ-нің «облавасына» ұсталып отыр ғой! Бұған не дауа айтарсың!
Айсұлтан қайтерін білмей ақпандағы бурадай алас ұрды. Ұшар көгі, қонар көлі тарылып, нысанаға ілінгенін ұғып тыпыршыды. Өмір мен өлім арасындағы торға түскендей жандәрмен бұлқынған болады. Қайтсе де бұл масқара жағдайдан аман шығудың амалын табуы тиіс. Әйтпесе... Әйтпесе партиядан шығарылады, жұмыстан қуылады, үйден айырылады. Талабы тас болып, келешегі кесіледі. Көрдіңіз бе, бір-ақ сәтте барынан айырылып, сайда саны, құмда ізі жоқ қаңғырып қалғалы тұр.
Шіркін-ай, осы бір өткелектен аман өтсе, бәлем, ендігәрі...
Терренкурда арлы-берлі сенделіп жүріп ойлап тапқаны – ертең ертемен КГБ-ның қалалық басқармасына бару болды. Әлгі жігіттердің бастығына кіріп, жөнін айту. Тонын шешіп алмас, болар іс болды, бояуы сіңді. Не бел кетер, не белбеу кетер деген. Егер ол кісі түсіністікпен қарамаса – тағдырдың жазғанына көніп, қайқайып елге қайтады. Мұндай жағдайда, әрине, мұны бұрынғы жұмысына да қайта қабылдамасы белгілі. Партиядан шыққан, моральдік тұрғыда азғындаған кісі мұғалімдікке де жарамайды. Ауылға барады да қойшы болады, одан басқа келешегін көре алмай тұр. Қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап жүріп те жазу жазуға болатын шығар... Бұлар бәрін тартып алса да, бойындағы құдай берген дарынын, қолындағы қаламын тартып ала алмас. Оған да шүкіршілік!
Белін бекем буып, осы байламға тоқтады.
* * *
Түні бойы кірпік ілмеді. Таң ата талықсып барып мызғып кеткен екен, шошып оянды. Содан қайтіп төсекке бас қойған жоқ, суық суға жуынды да, киімдерін үтіктеп, кездесуге дайындалды.
КГБ-ның қалалық басқармасына былайғы адамның кіруі қиын шығар, бірақ партиялық бас газеттің тілшісіне тоқтау болған жоқ. Кезекші жоғарыға бір телефон шалып, өткізіп жіберді.
Бастықтары қырықтың мол ішіндегі Айтқұлов деген күрең қабақ, көнтек ерін қарасұр қазақ екен. «Шырағым, қандай шаруа еді?» деп сұратпай-ақ, Айсұлтан қарсы орындыққа жайғасқан бойда кешегі оқиғаны қысқаша баяндап берді. Бұл сөйлеп жатқанда, бастық бұған бажырайып қарады да отырды. Сөзін бөлген жоқ, бірақ Айсұлтан сөзін аяқтаған кезде таң қалысын жасырмады:
– Мен сізді партиялық газеттің тілшісі деп қабылдасам... – деп таңдайын тақ еткізіп басын шайқады.
– Аға, көрдіңіз ғой, тілшіде де жаза басу, ағаттық болады, – деп Айсұлтан құмығып төмен қарады. – Айыптымын, бір жолға кешіріңіз. Енді бұл жағдай қайталанбас...
Айтқұлов күдірейген мойнын ішіне алып, тұнжырай ойға батып отырып қалды. Сосын телефон шалып кешегі протоколды алдыртты. Қос парақ қағаз екен, мұқият танысып шықты. Танысқан соң қағазды ақырын жауып, бір шетке ысырды да, тағы да тым-тырыс ойға шомып үндемеді. Не ойлап, не қойып отырғанын біле алмай дегбірі қашқан Айсұлтанда жан жоқ, көзі құрғыр жортақтап еденді сүзгілейді.
– Өзіңіз ғой ЦК-ның органында қызмет жасайды екенсіз! – деді сәлден соң Айтқұлов орындықтың арқасына қарай серпіліп.
– Солай боп тұр, аға.
– Өзіңіз үйлі-барандысыз?
– Солайы солай, ағасы...
– Сөйте тұра мынау жүрісіңізге жол болсын...
– Біз бір-бірімізді жақсы көреміз!
– Жақсы көргенде, сөйтіп қоғамдық орынды масқара етіп, жынойнақ жасауларың керек пе?
– Жынойнақ жасағамыз жоқ. Біз әдепті болдық.
– Шырағым, ойнасыңмен баратын жерді жынойнақ дейді. Қонақ үй – қоғамдық орын, біліп қойыңыз!
– Енді қайда барамыз, ағай? Забордың түбіне жат дейсіз бе?
Бастық миығынан мырс етті. Бастықтың мырс етуі Айсұлтанның кеудесін басқан жарым жүкті лақтырып тастағандай әсер етті. Өзі де бір суырылған сұрақшыл неме екен, әлде қызметінің реті сол ма, Айсұлтан не де болса ағынан жарылды.
– Барар жер, басар тау қалмаған соң осы қонақ үйді паналап едік.
– Кезекшіге ақша бердіңіздер ме?
– Ұсынып едік, алмады.
– Осыңыз өтірік...
– Шындығы сол, аға!
– Ол әйел жұмыстан қуылады... іс қозғалатын шығар...
– Апырмай, пенсиясына жарты жыл ғана қалып еді...
– Ол жағында біздің шатағымыз жоқ.
– Бір жолға ол апайды да, мені де кешірсеңіз етті?
– Апайда нең бар. Алдымен өз басыңызды арашалап алсаңызшы...
– Айтқаныңыз болсын!
– Коммунист деген атқа жараспайтын өрескел қылық жасағансыз. Түсініп отырсыз ба соны?
– Түсінгенде қандай... Бірақ мен коммунист емес едім.
– Онда кімсіз?
– Кандидатпын. Толық коммунист болғанда тәртіпті боламын. Солақай жүрмейтін боламын. Алдыңызда сөз беремін!
Айтқұлов тағы да мырс күлді. Тілеуің бергір, бұл күлістен Айсұлтан әлдебір үміт ұшқынын байқап, одан сайын жалбарына кішірейді.
– Аға, мені кешіріңіз бір жолға! Обалыма қала көрмеңіз. Үй алайын деп кезекте тұр едім... Жазушы болайын деген арманым бар еді. Сеніңіз маған. Соның бәрі әдіре қалайын деп тұр. Менің бар тағдырым сіздің қолыңызда тұр.
Байқайды, Айтқұлов кәдімгідей ойланып қалыпты. «Бұл мекемедегінің бәрінің бүйрегі бітеу ме десе, ет пен сүйектен жаралған жандар да бар екен-ау!» деген ой келді Айсұлтанға. Сорлының зары арлыға кездессе екен деп тіледі ішінен.
– Жігітім, сенің жайыңды түсініп отырмын, – деп Айтқұлов шырай жылытқандай сыңай берді. – Бірақ іс жүріп кетті, ЭВМ-ге түсіп кетіпті. Енді оны өшіру немесе тоқтату мүмкін емес. Ол жағы қолымнан келмейді. Дегенмен...
– Не айтсаңыз да дайынмын! – деп Айсұлтан алақанымен кеудесін басып, ұшып тұрды.
– Отырыңыз... Менің сізге деген көмегім мынау болсын... Әр мекемеде үш бастық болады. Сіздерде де солай шығар. Мен солардың біріне «әкімшілік шара қолданыңыздар» деген хат жолдайын. Сол үш бастықтың қайсысына хат беруді өзіңіз айтыңыз. Ойланыңыз!
Айтқұловтың бұл сөзі түнектің төрінен жарқ етіп жол көрсеткен шырақтай әсер етті. Айсұлтан екі минуттай ойланып қалған. Осы екі минут аралығында басынан екі айдың оқиғасы кинохроникадай зымырап өте шықты дерсің. Хатты үш бастықтың қайсысына тапсыртқан жөн? Тап осы арада жаза баспай, қателеспей соны шешуі тиіс. Хат қайсы бастықтың қолына тиеді, соған орай бұл Айсұлтанның тағдыр-талайы айқындалмақ.
Әрине, алдымен ойға түскені Жапекең, бас редактордың өзі болды. Мұны әдейілеп елден шақыртқан, қызмет ұсынған бастығы. Айсұлтан ол кісі жөнінде өзі көріп-білген, әріптестерінен естіген әңгіме-пікірлерді сұрыптап, ой безбенімен таразылап бір өтті.
Ең бірінші, Жапекең нағыз коммунист, бұған ешкімнің дауы жоқ. Тіпті ол кісінің коммунистігі елден ерек, киім киісінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен коммунистігі иіс судай күншілік жерден аңқып тұрады. Ұлы идеяға көзсіз берілген ондай кісілер жалаң қылыш секілді, кез-келген дүниені ойланбастан қиып түсері хақ.
Айсұлтанның көз алдына хатты оқыған кездегі Жапекеңнің көңіл-күйі елестеп бір өтті. Жапекең қылау шалған боз шашын серпе қайырып, дереу редколлегияны шақырар еді. Сосын қос саусағының ұшына әлдебір скрепканы іліп алып, үстелді ақырын ғана тықылдатып отырар еді. Аса маңызды сөз айтарда, әсіресе, партияға пайдалы тың ой, жақсы идея тастарда ол кісі өститұғын... Саусағының ұшындағы скрепкамен үстелді тықылдатып, біразға дейін қырағы көз, қытымыр мінезбен сазарып отырып алатын. Сосын тісінің арасынан сыңар езулей сыздықтатып сөз бастамақ:
– Құрметті жолдастар, мен партияның кадр саясатына сәйкес әрекет еттім, – дер еді. – Үлкен сенім артып, облыста жүрген жерінен арнайы шақырып едім. Сөйтсем, мен қателесіппін, жолдастар! Бұл кісі партиялық моральға жат өрескел қылық жасап, мені жерге қаратып отыр... Мені ғана емес, бірге қызмет жасап жүрген әріптестері – сіздерді де қарабет етіп отыр.
Әрине, бұл арада Жапекең күнә жасап қойсаң да мойындау керек екенін, өзінің партияға қалтқысыз қызметін, кіршіксіз жүрегін жиналғандарға емеурінмен сездіріп өтпек. Бастық ретінде өзінен де кейде қателік кететінін суыртпақтап жеткізбек. Өйткені, осы айтқанның бәрі қызметкерлеріне әрдайым үлгі, келешектегі кемел істеріне үлкен мектеп болуға тиіс.
Яғни, «мені жұмысқа алып еді» деп Жапекеңе арқа сүйеп сенім артуға болмас деп Айсұлтан іштей бір тұжырып қойды.
Есіне түскен келесі адамы – домаланған тоқаш сары Сартаев Айтан ағасы болды. Бұл өзі қоғалы көлдің құрағындай мінезі жайлы, Айсұлтанмен жерлес-жекжат кісі. Газет ұжымын басқарған үшеудің ішіндегі жасы сол. Жаңа қызметке кіріскен бетте Айсұлтанды ағалық жолмен үйіне қонаққа шақырып жібергені есінде. Қонаққа шақыра отырып, сол жерде өзінің ағайындық қамқорлығын қатты сездірген. Бұғанға дейін әдебиет деген бөлімді мүйізі қарағайдай мықтылардың басқарып келгенін, Айсұлтанға да сол дәстүрді лайықты жалғастыру міндетін ескерткен. Сол мықтылардың бәрі бұдан да жоғарылап өсіп кеткендерін, сондықтан бұл лауазым – аса қасиетті орын екенін бір сыр етіп қайырған. Креслоға отыру оңай, бірақ оны абыроймен ұстап тұру әлдеқайда қиын өнер екенін айтқан. Бұл бөлімге Ғабит, Ғабиденнен бастап, Хамит, Сырбайларға дейін келіп, әңгіме-дүкен құрып кетеді екен. Жай келмейді, рухани орта, зиялы орда деп келеді. Соңынан мақтап та кетеді, мінеп-сынап та кетеді. Соларға олқы соғып жүрмес болар, би бол, биікте бол деп уағыз айтты. Содан мынау жаңа кірген күрделі ұжымда адам өзін қалай ұстау керектігін, кіммен қалай сөйлесіп, кіммен жақындасатынын, кімнен аулағырақ жүру керектігін де ескертіп бір өткен. Оның үстіне көзге көріну үшін әр нөмірге бір тәуір материал беріп тұру міндетін, жүйелі түрде айына бір бет ұйымдастырып тұру керектігін сөз еткен. Осының бәрі әп-сәтте санасын шарпып өткен Айсұлтан: «Бәрі жөн-ақ, бірақ мына жағдайда осы менің қамқор ағам қайтер еді?» – деп ойлады. Конвертті ашып оқыған бойда қамқоршы ағасы, мұны дереу шақыртар еді. Айсұлтан кірген бетте орнынан атып тұрып қарсы жүрер еді. Жүзінде жылылық бар, бірақ әріден лықсыған үлкен өкініш, қамығу байқалар еді. «Айналайын інім-ау, бұл қалай... ұсталып қапсың ғой, ә! – деп өкінгендей басын шайқар еді. – Әне, қатынас қағаз... – деп үстелдегі хатты сұқ саусағымен нұсқар еді. – Алдымен жұрттан бұрын білсін деп өзіңді әдейі шақырып отырмын. КГБ-ның хаты! Ал КГБ-мен ойнауға болмасын өзің де жақсы білесің. Үлкен айып тағып отыр саған. Мәселесін қараңдар деп қатаң тапсырма беріп отыр. Тапсырманы орындауға мен міндеттімін... Ендігі шаруаны коллективтің талқысына саламыз, солар шешсін. Сол үшін өзіңе алдын-ала ескертейін деп шақырдым», – деп қаутаңдар еді. Сипай сөйлеп, сыпайы кешірім өтінер еді. Ақ көңілдің арызынан, ағайынның парызынан құтылар еді.
Айсұлтанның пайымынша, Айтан ағасының жайы осы!
Жас қой, әлде де барар жер, басар тауы алда, өскісі келеді. Содан да болар жасқаншақ, табанда бүр жоқ, тайғанақ. Ол ағасы бұл хатты Айсұлтанға жұрттан бұрын көрсетіп, ағалық міндетінен құтылғанына риза болмақ. Ал ұжымға салса – ұзын көлдің иіріне, қысқа елдің қиырына кетпек. Қара аламан қалың жұрт, қайсысының жаны ашып, бүйрегі бұрар дейсің бұған. Әйелі де еститін болады, сонсоң айғай-шу, ажырасу... Өйтіп ағайынға қарабет болғанша арызын жазып қарасын батырғаны жөн. «Бірақ ит қосып партиядан қуып шықпай бұлар арызға да қол қоймай сарсаңға салады ғой!» – деп қиналды тағы.
Өзіне деген ниеті түзу, түсі жылы деген екі бастықтың жай-жапсары осылай болды. Енді қалғаны – «сұр кардинал» ғана...
Өзі куә болған жоқ, бірақ осы Балтекең, яғни бірінші орынбасар Балтабай Қасымбекұлы кейде домбыра тартып, әуелетіп ән шырқайды екен деп естігені бар. Осы жазда деседі, ол кезде Айсұлтанның қызметке әлі келе қоймаған кезі ғой, жігіттер бірде «көкке шығып», той-томалақ жасапты. Аузына ащы судан ұрттап алмаса да, Балтекең табиғат аясында өзгеше желпініп, төгілдіріп күй тартыпты. Соңынан құйқылжытып «Аққұмға» басыпты деседі. Тағы бірде жоғарыдан түскен қоңыраумен бір мықтыға кезектен тыс үй бөлгелі жатқанда Балтекең әлгі жөнсіздікті дереу тоқтатып, үйді кезекте тұрған қарапайым корректорға бергізіпті деп естіген. Осы әңгімелер көңіл түкпіріндегі болмашы үміт сәулесін ұшқындатқан болды. Айтқұловтың алдында отырып еске алған тағы бір дүниесі – құла ауыз көп ағайынның «сұр кардинал түбіңе жетеді» деп сәуегейсігені-ді. Түбіме қашан жетеді екен деп қанша күткенімен, Балтекең тарапынан пәлендей қуғын-сүргінді байқай алмады. Бұл – өзі көріп, өзі куә болған шындық. Соған қарағанда осы кісінің сырты суық болғанымен сарайында саңылау бар сияқты. Қалай болғанда да, бұдан әрі шегінерге жер жоғын ұғып, белін бекем буынып, саусағымен шашын тарақтап қойды.
– Иә, ойландың ба? – деп Айтқұлов қаздиып орнынан тұрып кетті.
Мұнысы «бала, сенімен тәжікелесіп отыруға уақытым жоқ, шешіміңді тез айт та қайт» дегені. Буыны тартылып қалғандай Айсұлтан да орнынан қиралаңдай тұрды.
– Бірінші орынбасарға... Аты-жөні Балтабай Қасымбекұлы. Газеттің екінші бастығы... Соған бергізіңіз?
Айтқұлов алдындағы күнтізбеге еңкейіп, бірдеңені жазып жатыр. Қайталап сұраған жоқ. Әдетте үлкен бастықтар қызметкерлерінің уәжін құлақ ұшынан тыңдайды да, қайталап сұрап жататын. Айтқұлов өйткен жоқ, еңкейді де жазып алды. Әлде басқа бірдеңені жазды ма екен?
– Газеттің екінші бастығы...
– Естідім, шырағым, саңырау емеспін... – деді Айтқұлов зілсіз ғана. – Телефоныңды қалдыр. Хатты жіберерде алдын-ала өзіңе звандаймыз.
– Қашан?
– Осы аптаның ішінде... Қоңырауды таңертең күт!
Үндеместер басқармасына жолбарыс көрген жолаушыдай көп күдікпен кіріп еді, көңілденіп шықты. Күйі кетіп, қу жаны қуырдақ болып жүр еді, жүректе әлдебір үміт оты жылтырағандай сезінді. Мұнан әрі еңсені басқан қалың ойды бір серпіп, тұңғиықтан тұншығып шыққандай «уһ» деді.
* * *
Айсұлтан апта бойы басы бөркіне сыймай мәңгіріп жүрді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды дерсің. Көкейін тесіп, мазасын қашырған Айтқұловтың қоңырауы, КГБ-дан келетін хат. Жұмыс тоғызда басталғанымен, бұл бәтшағарың таңғы бозамықтан оянып, қаздиып бөлмесінде отырғаны. Барша қайыр-үміті алдындағы қара телефон, жетім қозыдай жаутаң-жаутаң қарап қойып, Айтқұловтың қоңырауын зарыға күтумен болды. Айтқұлов та мұның жүйкесін сынағандай тым-тырыс, хабар-ошарсыз. Хабар ұзаған сайын бұл тағы да күйісінен жаңылып, күні көлеңке басқандай күйге түсті. Өз жұмысы адыра қалған, хат қорыту, нөмірге материал беру жағын қол астындағы екі жігітке аманаттап, өзі әрекетсіз бос сенделіп қалды. Сөйтіп, бұл апта – құбылаға қарап өткізген бекер күндер болды. Өзін тірі жанға керексіз, шетке шыққан саяқтай құлазыды. Арамдықтан бейхабар арман қуған ұлан еді, құты шайқалып кетті. Күпті көңілі күңгірт, божыған ойы мимырт. Ендігі қорқатыны – екінші бастық ортекедей одыраңдап шыға келсе қайтем дейді.
Онда жас жүрегін жауқазындай елбіреткен арманның да, аңсардың да қараң қалғаны. Өмір бәйгесіне жаңа қосылып, көсіле шауып келе жатқан тағдыр-торысының омақаса құлағаны. Сонда қайтпек... Дүниеде тәлкекке түскен тағдырыңның кілті өзгенің қолында болып, дәрменсіз күй кешкеннен жаман ештеңе болмас. Айқасып жүріп мерт болған ерде арман жоқ екен ғой... Болар іс болды, енді тезірек үкімі шықса екен деп іштей ширықты.
Содан, зарықтырған телефон қоңырауы аптаны аяқтатып барып, жұма күні шар ете қалды.
...Айсұлтан әдетінше таңнан келіп, үрпиіп бөлмесінде отырған. Телефон шар еткенде, сасқанынан сағатына қарады. Сегіз жарым екен. Сол! Бұл уақытта редакцияға есі түзу адам телефон шалмайды.
Алдында бомба жатқандай қолы дірілдеп телефонның құлағын сақтықпен жайлап көтерді.
Айтқанындай-ақ үндеместер басқармасынан екен. Бірақ Айтқұлов емес, дауысы тарғыл, бөтен біреу. Амандасты, аты-жөнін сұрады, сосын сағат тоғыз жарымда Балтабай Қасымбекұлына хат табысталатынын айтып тақ-тақ етті де, телефонның құлағын тарс еткізіп қоя салды.
Айсұлтан атып тұрып, жүгіре басып Балтекеңнің бөлмесіне барды. Хатшы апай гүлдерге су құйып, күйбеңдеп терезе алдында жүр екен. Бастық әлі келе қоймапты.
– Көзің шүңірейіп неғып жүдеп жүрсің? – деді есік көзінде серейіп тұрған Айсұлтанды көрген хатшы апай. – Тіпті бозарып кетіпсің ғой?
Айсұлтанның хатшы апайға адамша жауап беруге дәл қазір шамасы жоқ болатын.
– Апай, сағат тоғыз жарымда Балтекеңе важный хат келеді. Оғанға дейін бастыққа тірі жанды кіргізбеңіз! – деді.
Дауысы қатқылдау шықты ма, апайы гүлін тастай беріп үдірейе қарады.
– Тыныштық па, қайным?
– Сол тыныштығы болмай тұр ғой, апай... Ешкімді де кіргізбеңіз!
– Бопты, жаным... кіргізбейміз!
Бәрібір, Айсұлтанның өзі де сол төңіректен ұзап кете қоймады. Жаны байыз таппай, Балтекеңнің қабылдау есігін сырттан бақылап, дәлізде арлы-берлі жүрді де қойды. Аздан соң қызметтестері топ-тобымен келе бастады. Олардың біреуімен амандасса, біреуімен амандаспай терезеге қашып, айдалаға көз тіккен болып, өткізіп жіберіп жатты. Сағат тоғызға жетпей олар да бөлмелеріне тараса тығылып, адам аяғы саябырсыды. Сырдаң басып Балтекеңнің өзі де келді. Келді де қораздай кекиіп бөлмесіне кіріп кетті. Балтекең келген бетте таң атпай алдынан өтіп, андағы-мұндағы әңгімені тасып жүретін екі жігіт бар еді. Әдетінше сол жігіттер сып беріп қабылдау бөлмесіне ене берген. Тегі, хатшы апай гүлге құйып жүрген суды бұлардың мойындарына құйып жіберді ме, бастарын салбыратып іле қайта шығысты. Ендігі кезекте Айсұлтан қабылдау бөлмесінің есігіне жақындап барып, қарауылға өзі тұрды.
Уақыт құрғыры тоқтап қалған тәрізді. Минут дегені сағатқа ұласып кеткендей ме қалай... Айсұлтанның ішкі әлемі шиыршық атып, найза ұшында тұрғандай мазасызданды.
Ақыры келді...
Апырмай десеңші, осындай да дәлдік болады екен-ау! Тура тоғыз жарымға екі минут қалғанда сұқсұрдай бір жігіт жетіп келді де:
– Қасымбекұлы қайда? – деп сұрады.
– Мынау есікте.
Келген жігіт рұқсат та сұраған жоқ, сып етіп Балтекеңнің бөлмесіне кіріп кетті. Содан бір минут болды ма, болмады ма, қайта шығып жөнелді. Айсұлтан ойша есептеп отыр, Балтекең қазір хатты ашады, оқиды, оған бес минут жетеді. Бастықтың ойлануына уақыт бермей, хатты оқып біткен бойда кіріп барғаны жөн.
Солай істеді. Сағатына қарап тұрып бес минут күтті де, есікті жайлап ашып кіріп барды.
Балтекеңнің жұмыс үстелі әрқашан жылан жалағандай боп жататын. Әсіресе біреу келгенде әлдебір құжат түгілі, оқып отырған газетіне дейін үстелінің суырмасына салып тастайтын. Бұл жолы олай болмады, жаңағы сұқсұр жігіт әкелген хат ашылып, оқылған, үстелдің бір шетінде жатыр екен.
Айсұлтан бас изеп амандасты да, былайғы бір орындыққа жылжып барып отыра қалды. Сол бойда уақыт оздырмай келген шаруасын айта жөнелді.
– Балтеке! – деді, дауысында діріл бар, үні құрғыр іріңкіреп шықты. – Балтеке, анау хатты мен Байтасовқа да, Сартаевқа да бергізе алатын едім. Көп толғанып сізге бергізуге тәуекел еттім...
Бұл Айсұлтанның бір апта бойы қайта-қайта қайталап, әбден жаттап алған сөзі еді. Бұдан әрі дайындалып келген келесі сөйлеміне ауысты:
– Балтеке, сіз де жас болған шығарсыз. Мына ініңіз жаза басып бір қармаққа түскен екен. Кессеңіз – басым міне, кешсеңіз – өле-өлгенше қарыздар ініңіз болып өтер едім. Ендігі бар тағдырым сіздің қолыңызда! – деді де, мөлиіп төмен қарады.
Балтекең саусағымен үстелді тықылдатып, бұған емес, есік жаққа тесіліп сазарып қапты. Мұның апта бойы дайындалып келген екі ауыз сөзін естімегендей. Естісе де ербиген құлағынан асырып жібергендей ме, қалай? Айсұлтанның жүрегі шым етті, басқа біреу мұндайда жүрегі ұстап орындықтан домалап түсер еді. Бұл болса амалсыздың күнінен үкімін күткен бейбақтай мойнын ішіне алып бұға түсті.
Сазарып қалған Балтекең не заматта ауыр күрсініп, жайлап креслоның арқалығына қарай шалқайды:
– Былайғы кезде өзіңе шырай беріп сыр ашпасам да, ұлтқа үлгі келешек бір тұлға болар-ау деп іштей үміт артып жүруші едім, – деді майда қоңыр дауыспен. – Сол үмітімді өшіре жаздапсың ғой, шырағым. Байқамайсыңдар ма... Осылайша от басуға бола ма екен!
Айсұлтан күркіреген өктем сөз, жекіру, ұрыс пен айқай – бәріне де іштей дайын келген. Бірақ бастығының тарапынан дәл мұндай өзімсінген жұмсақ сөз естимін деп әсте ойлаған жоқ-ты.
Балтекең сәл кідірді де, үстел шетінде жатқан хатты иегімен нұсқады:
– Мынау артында сұрауы бар пәле, – деді. – Мейлі... мен асарымды асап, жасарымды жасаған жанның бірімін. Бірдеңе етіп, бұл дүниені де жабармыз. Бірақ бұл оқиға кейінгі өміріңе мықты сабақ болсын, шырағым...
Шайқалақтап Айсұлтан орнынан тұрды. Рахметін айтып шегіншектеп шығып кетуі керек еді, жаңағы жылы сөзден соң бойына бір өжеттік пайда болып, іркіліп тоқтап қалды. «Неғып тұрсың» дегендей, Балтекең қабағын көтерді.
– Балтеке, сізге мың да бір рахмет! – деді Айсұлтан. – Бірақ ініңіздің жүрегі орнына түссін десеңіз – мына бәлені көзімше жыртып тастаңызшы!?
Айсұлтан үні дірілдеп, қара үстелдің шетінде ағарған хатты мегзеді.
Балтекең бағжаң етті. Галстугін түзеп, басын әнтек сілкіп, креслоның арқалығына қайта серпілді. Сосын хатқа бір, Айсұлтанға бір шытына қарады. Сөйтті де, ұмтылып, хатты конвертімен алып майдалап тұрып жыртты да, кәрзеңкеге тастай салды. Содан соң қалтасынан аппақ шыт орамалын алып, қолын сүртті.
– Шырағым, алаңдамай жұмысыңды істей бер! – деп Айсұлтанға иегімен есікті нұсқады.
Айсұлтан көзі жайнап, көңілі тасып Балтекеңнің бөлмесінен шыға берді. Коридорда Жапекең – үлкен бастықтың өзі ұшыраса кетті.
– Қалай, шаруа жақсы ма! – деді қолының ұшын ғана ұсынып.
– Жақсы, Жапеке...
– Үй болады. Алаңдама, үй береміз, – деп үлкен бастық маңғаз басып қасынан өте шықты. Бұл сөзге Айсұлтанның жүрегі майдай еріп, Алладан Жапекеңнің аман-саулығын тілеп тұрып қалды.
Үлкен бастығының амандығын тілеп енді жүре бергенде дәліздің арғы шетінен сүтке тойған қозыдай домаланып кіші бастығы көрінді.
– Әй, інім, – деді сонадайдан Айтан ағасы дауыстап, – бір апта болды газетке түк бермей кеттің ғой?... Байқа бала, көзге түсіп «бездельник» атанып жүрме!
Айсұлтан Айтан ағасының ескертпесінің бәрі жөн екенін, соны қатты мойындап тұрғанын сездіріп, басын шыбындаған атша изеді. Басын изеп тұрып ғайып-ерен қырық шілтен секілді адамды пәле-жаладан қорғап-қоршап жүретін осындай ағайынның бары қандай жақсы деп іштей тәубе етті.
ЗАҒИРА АПАЙ
– Апай қайтыс болған...
Бұл хабарды Тұрлығазы елден келген бір ағайынның аузынан, сөз арасында естіп қалды. Дүние салғанына бір жылға таяп қапты. Тұрлығазының жүрегі шым етіп, мынау жайсыз хабарды бұған дейін естімегеніне қарадай қысылды. Орнынан тұрып, кеудесін кере дем алды да, бөлме ішінде арлы-берлі сенделіп кетті.
Зағира апайдың есімі көңіл түкпірінде көмескі қалған көп жайды қайта көтеріп, есіне салғандай еді...
* * *
Тұрлығазының да жастық шағы ойқыл-тойқылы көп бір алмағайып замандарда өтті. Қазақтың бетке ұстар көсемдері түгелімен көгенделіп ұсталып, ұлт зиялысының тамыры қырқылған кез. Кейінгі пайда болған көсемсымақтар қарадай көлеңкесінен қорқып, бөріктерін заман ыңғайына қарай қисайта киіп алысқан. Қазақ тілінің қасиеті жоғалып, қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан шақ-ты. «Қателесіп» балаларын қазақ мектебіне тапсырып қойған қазақтар сол балаларын қолдарынан жетектеп орыс мектептеріне өткізіп жатты. Баланы орыс мектебіне өткізу үшін бір сынып кейін шегеру керек, көнбіс қазақ соның өзіне риза еді. Өйткені жарқын келешек орыс тілінде, орыс мектебінде. Орысша тілің келмей шүлдірлеп жатсаң – дос та, дұшпан да мазақ етіседі, білімсіз, ақымақ, кеще санайды.
Мінеки, осындай аумалы-төкпелі заманда уыздай ұйыған ұжымын шайқамай, шашыратпай, аман-есен сақтап қалғанның бірі Зағира апай болатын. Көсем сөзді, шешен тілді, қазақтың өр мінезді қыздарының бірі еді. Ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етіп, кейінгі уақта зейнет демалысына шыққанын естіген.
Тұрлығазы мектеп бітірген жылдары Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп бүкіл ел дүрлігіп, газет-жорнал күнде жазып, радио мен теледидар құлақ етін жеп жатқан кез. Мектеп бітірген жастарды қалаға оқуға жібермей, сыныбымен түгелдей қойшы етіп, әр өңірде «комсомол-жастар шопандар бригадалары» құрылып жатты. Көктемнің көкөзек бір күнінде бұлардың сыныбына да галстук тағып, мұздай киінген үш жігіт келіп жиналыс ашқан. Келгендердің біреуі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, келесі кісі – аудандық оқу бөлімінен, үшіншісі тіпті дөкей бастық – аудандық партия комитетінің нұсқаушысы екен.
Қастарында сынып жетекшісі Бикен апай бар, үш жігіт Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізудің қаншалықты экономикалық пайдасын, әсіресе, бұл мәселенің саяси маңызын ұзақ-сонар сөз етісті. Сондықтан қазір жер-жерде комсомол-жастар бригадалары жасақталып, олар отар-отар қойды көбейтіп, үлкен жетістіктер мен абыройға кенеліп жатқаны аңыздай әңгіме болды. Орден алған, комсомол съездеріне делегат болып жатқан кейбір озат шопандардың аттары мақтанышпен аталды. «Коммунистік ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген нағыз отаншыл осындай жастардан тәлім алыңдар, соларға ұқсап бағыңдар» дегендей ұрандалған уағыз айтылды. Сондықтан, «сүйікті партиямыздың саясатын оқушы жастар, сіздер де бірауыздан қолдап, сынып болып шопандар бригадасына аттаныңыздар, сөйтіп елге аттарыңызды әйгілеп, сый-құрметке бөленіңіздер» деген жалындаған ұсыныспен әңгіме түйінделді.
– Оқуды қайтеміз? – деді арадағы үздік оқитын бір қыз.
– Оқу ешқайда қашпайды. Екі жыл жұмыс істеп, өмірлік тәжірибе жинақтап, содан кейін де оқуға баруға әбден болады. Оқу сендерден ешқайда қашпайды және ол ешқашан кештік етпейді! – деп сендірді партия нұсқаушысы.
– Екі жылда білгенімізді ұмытып қалмасақ... – деп күмілжіді орта тұстан бір бала.
– Айналайындар, бұны мен ойлап тапқам жоқ! – деп осы арада комсомолдың бірінші хатшысы ешкі көзденіп, жұлқынып шыға келді. – Бұл партияның нұсқауы, саяси мәселе. Сіз немене, сонда партияның саясатына қарсы шығайын деп тұрсыз ба?
– Жо-жоқ, менікі әншейін пікір ғой... – деп әлгі бала партаның астына бұға түсті.
– Ондай одағай пікіріңізді жинап, қалтаңызға салып қойыңыз!
Сынып іші жым болды.
«Комсомол хатшысының сесі қиын сияқты, екі жылда тұрған түк жоқ, қойшы болсақ бола салайықшы» деп ойлады Тұрлығазы. Дәл осы дүбәра сәтті аңдып тұрғандай Бикен апай:
– Ал, кәнеки, шопандар бригадасына бүкіл класс болып баруды қолдайтындар – қолдарыңды көтеріңдер! – деді өзінің жұмсақ та қоңыр даусымен.
Жұрт жапатармағай бәрі қолдарын көтерді. Бикен апай орнынан тұрып, көтерілген қолдарды санап тұр еді, есікті айқара ашып мектеп директоры Нүсіпбаева Зағира апай кіріп келді:
– Не нәрсені бөлісе алмай жатырсыңдар? Мына балалар неғып қолдарын шошайтып отыр?
– Класс болып шопандар бригадасын құрмақпыз, Зағира Нүсіпбаевна! – деді сынып жетекшісі Бикен мұғалима.
Зағира апай алдымен төрде отырған лауазымды қонақтарға қарады, содан соң түгелге жуық қол көтерген сыныпты бір шолып шығып, мүсіркегендей ернін сылп еткізіп, нәумез басын шұлғыды да:
–Е-е-е, шырақтарым-ай, қойшы болайын деген екенсіңдер ғой?... Өмір бойы қой баққан әке-шешелерің жетісіп еді. Енді сендер де сөйтпексіңдер ме? Түсіріңдер қолдарыңды! – деп саңқ ете қалды. Айбыны қатты, сөзі мығым.
Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы иығын қипақтатты. Аудандық партия комитетінен келген нұсқаушы жігіт еліктей едірейе қалды.
– Зағира Нүсіпбаевна, сіз... сіздің бұл пікіріңіз дұрыс емес!
– Неге дұрыс емес? Сонда қой бағуды тек қазақтың ғана маңдайына жазып қойып па? Орыс мектебін неге үгіттемейсіңдер? Неге сіздер қазаққа ғана қоқаңдайсыздар? Күштеріңіз бізге, ауыл қазағына ғана жетеді? Қаланың баласы неге қой бақпайды осы? Сонда қалай, бастықтың баласы – бастық, ғалымның баласы – ғалым, ал ауылдың баласы міндетті түрде қойшы болуы тиіс пе?
– Оны біз ойлап тапқамыз жоқ, Зағира апай!
– Ендеше, көздерің ашық, тілдерің бар, сөздерің жетеді, сол саясатты ойлап тапқандарға түсіндіріп айтпайсыңдар ма? Тура сөз туғанға жақпайды. Жібергіш болсаңдар неге Теміртауға, өнеркәсіпке жібермейсіңдер? Әлде өнеркәсіп ауыл баласының қолынан түсіп қала ма?
Осы арада дәл ортада шәниген аудандық оқу бөлімінен келген жігіт ұшып тұрды:
– Зағира Нүсіпбаевна, сіз... сіз өзіңіздің авторитетіңізбен бізді бұрышқа тыға бермеңіз! – деді тілі тұтығып, нарттай қызарып. – Шопандар бригадасын құрып, Қазақстанда қой шаруашылығын өркендету ісі – «екінші тың» деген атқа ие болып отыр. Бұл партияның стратегиялық линиясы.
– Шырағым, сен мені стратегиямен қорқытпа. Ары кетсе – орнымнан алып тастарсың... еден жусам да күнімді көрермін. Ондай ұран сөзіңді қой! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Кісілік сөзімді айтып тұрмын. Ереуіл сөзге ере бермей, үлкен азаматсыңдар, елдің сөзін сөйлесеңдерші! Жастардың жолын кеспеңдер, өспей жатып таптамаңдар. Ауылдан жабы емес – тұлпар, құладын емес – сұңқар шығады дегенге сенбейсіңдер ме? Бүйтіп боздағыңды бордай езіп, келешекте не қылайын деп жүрсіңдер?
– Бұл саяси таяздық ...
– Тайыздық болса, шырағым, мынаған келісейік... Егер анау көрші Луначарский атындағы орыс мектебінен қойшы боп бір бала баратын болса, осы класты әлгі айтқан бригадаларыңа өзім бастап апарам... Әйтпесе – қысыр әңгімені қысқартыңдар! Балалардың басын қатырмай, өз жұмыстарыңызға барыңыздар!
Зағира апай келген қонақтарға есікті нұсқағандай ишара жасаған. Қонақтар салы суға кетіп, еріндерін жымқырып, бастарын шайқап кластан шыға жөнелісті. «Біз бұл істі бұлай қалдыра алмаймыз» деп күбірлесіп, бірін бірі жігерлендіріп бара жатты.
Келгендер тегі болған жайды «жақсылап» жоғарыға жеткізген болар, артынша оқушылар Зағира апайды ауданға шақыртқанын естіген. Ол жердегі дөкейлердің алдында да Зағира апай айтқанынан қайтпапты. Соның алдында екі жыл бұрын бригада құрған екі сыныптың тағдырын мысал етіп, алдарына жайып салыпты... Бір жылға жетпей ол бригада пышырап, торғайдай тозып, тарап кеткен болатын. Басы таудай, аяғы қылдай құрып тынған еді. Екі сыныптан да бірде-бір бала оқуға түсе алмаған. Екі сыныптан екі қыз алтын медальға бітірісіп еді. Оның біреуі бір жылдан соң күйеуге тиіп, бүгінде оқу да, тоқу да жоқ, от басты, ошақ қасты сарылған әйел. Келесі қыз бригадада жүргенде жүкті боп қалып, қазір баласын құшақтап үйінде отыр. Алтын медаль беріп үкідей үлпілдеген үмітіміз еді екеуі де, әдірем қалды. Бала жасынан «мен кинорежиссер» боламын дейтін бір оқушы ішімдікке салынып, қылмыс жасап, ақыры түрмеден бірақ шықты. «Жастардың арманын жер етіп, ұядан ұшпай жатып қанатын қайырған осындай ахуал үшін кім жауап береді?» деп, тайсалмай табандап тұрып алыпты. «Енді мен өз оқушыларымның тағдырын тәжірибеге сала алмаймын. «Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер» деген. Жүректегі жастық жалынын өшіріп, обалдарына қалмаймын!» деп қасқайыпты.
Сөйтіп, Тұрлығазылардың сыныбы құдай сақтап, қойшы болудан аман қалған. Бұл оқиға айдарынан жел ескен арманшыл жастардың көңіліне қанат бітіріп, ертеңге деген сенімін бекіте түскен.
Содан кейін-ақ баршасы мемлекеттік емтиханға дайындалып, «кім қандай оқуға, қайда баратыны» айқындала бастаған. Арада екі айдай уақыт өткенде Зағира апай өзіне Тұрлығазыны шақыртып:
– Әй, жетімегім, сен қай оқуға барғалы жүрсің? – деп сұрады.
Тұрлығазы расында жетім еді. Өзі де жетім өскен қыз болғасын Зағира апасы іш тартып, Тұрлығазыны «жетімегім» дейтін..
– Свулшқа... – деп Тұрлығазы желпіне сөйлеп, мәз болып ыржиды.
Зағира апай оқушысының бетіне бажырая қарады.
– Сыболышы несі?
– Стравопольское высшее военное училище летчиков и штурманов...
– Ұшқыш болмақсың ба?
– Иә, әскери ұшқыш болам!
Апай маңдайын тіреп ойланып қалды.
– Арыз беріп қойдым... Жуықта комиссиядан да өттім, денсаулығым мықты. Енді емтиханды тапсырған бойда кетем! – деп Тұрлығазы әскерилерше тақылдай жөнелді.
– Оны кім саған... әскер боласың деп жүрген? – деп күрсінді апай.
– Военком!
Зағира апай орнынан тұрып:
– Жүр, кәне сол военкомыңа! – деді де, Тұрлығазыны ертіп сыртқа беттеді.
Сол бойда бір жас мұғалімнің машинасына мініп, іргедегі Жәркент қаласына Тұрлығазыны жетелеп алып барды. Ешқайда бұрылмастан бірден әскери комиссардың өзіне кірген. Комиссар Зағира апайды бұрыннан таниды екен, есік көзінен қарсы алып, қолынан демеп орындыққа отырғызды. Хатшысына шай алдырып, Зағира апайдың алдына қойды. Сарыала киімді комиссар қабағы түксиіп, түсі суық болғанымен, жібі түзу, жүрегі жұмсақ кісі екен.
– Жүсіпбек, шырағым, «қадіріңді білмегенге қадіріңді кетірме» дейді. Өзіңе қадірім жетеді ғой деп әдейі келіп отырмын. Сұрайын дегенім, мына баланы қайда жібергелі жүрсіңдер? – деп, Зағира апай сөзін әріден орағытып бастады.
– Бұл жігіттен біз летчик жасайық деп жүрміз... Военный летчик! – деді комиссар іштей мақтанғандай болып. Апайдың қасынан Тұрлығазыны көрген бойда осындай әңгіменің боларын ол алдын-ала сезген сияқты.
– Е-е-е! – деді апай басын шұлғып.
– Бұл жігіт әнеу күні біздегі комиссиядан өтіп қойды, летчик болуға жарап тұр. Денсаулығы мықты! Документтерін дайындап, әзір отырмыз!
– Сол документтерді көруге бола ма? – деді апай басын көтеріп.
– Зағира Нүсіпбаевна, әрине, сізге болады ғой... көрсетеміз!
Комиссар ішкі телефонмен Тұрлығазы Дуанбековтың құжаттарын сұратты.
Көмекші лейтенант лып етіп бір папканы комиссарға тапсырып, қайыра шығып кетті. Комиссар папканы Зағира апайға қарай ысырды.
– Мінекиіңіз!
Апай папкінің ішіндегі қағаздарды бөлек шығарды да, ортасынан қақ айырып, жыртып тастады. Бұл әрекетті көріп отырған комиссар сөз таба алмай тұтықты. Онсыз да күрең жүзі тотыға қарайып, шүңет жанары жарқ-жұрқ ете түсті.
– Жүсіпбек, шырағым, сен маған ренжіме! – деді Зағира комиссарға бұрылып. – Мынау бала бір атаның соңында қалған жалғыз тұяқ. Өзі әке-шешеден де ерте айырылып, жетім өсіп келеді. Сонда бұ баладан әскер жасап, орыстан қатын әперіп, тұқымын тұздай құртпақсыңдар ма?
– Зағира Нүсіпбаевна, бұныңыз дұрыс емес!
– Неге дұрыс емес? Әскери адамның жайын біз де білеміз... Камчатка ма, Магадан ба, жоқ әлде Ақ теңіз бен Қара теңіздің арасы ма, әйтеуір тілін де, дінін де ұмытып, туған елінен кіндік үзіп қалады. Сендер солай етпексіңдер ғой? Жарықтық Сабырбай ақсақалдың ұрпағы бөтен ел, бөтен жерге судай сіңіп, тастай батсын дейсіңдер ғой? Ұрпағы орыстанып кетсін демексіңдер ғой? Жоқ, ол болмайды! Мен тірі тұрғанда ондай жөнсіздікке жол бермеймін. Сен мені түсін, Жүсіпбек, шырағым, қағазыңды жыртты деп маған ренжіме! Менің басқадай амалым қалмады! – деп апай қара пәпкіні комиссарға итере жылжытты да, Тұрлығазыны жетелеп бөлмеден шыға жөнелді.
Комиссар төмен қарап түнерген күйі қолындағы қарындашын тықылдатып, үнсіз қала берді.
Зағира апайдың сесінен қорқып Тұрлығазы содан кейін әскери комиссариат жаққа жолаған жоқ. «Сен қайда жүрсің» деп ол жақтағылар да Тұрлығазыны іздей қоймады. Сөйтіп өмірдің ағысы оны өзге арнамен алып кете барған.
* * *
Әлгі оқиға себеп болып, сол жылы күзде Зағира апайды орнынан алып тастады. Кейінгі өмірінде ол кісі қатардағы мұғалима боп қызмет жасап, зейнет демалысына шықты деп еститін.
Дариға-ай десеңші, сол Зағира апайы да дүниеден өткен екен-ау! Қырық құбылған алақұйын заманда шындықты бетке айта білетін сирек азаматтың бірі еді ғой!
Зағира апайдың айтқаны келіп, шәкірттері шалымды шықты... Көпшілігі ілгерінді-кейінді әртүрлі оқуға түсіп кетіскен. Соңынан осы 28 оқушының арасынан екі ғылым докторы, төрт кандидат, екі журналист, газеттің бір басшысы, мемлекеттік мекемелердің бірнеше жетекшілері өсіп шыққан еді. Соның бірі – Тұрлығазы Дуанбеков болатын. Ол сол жылы Мәскеу полиграфия институтына түсіп, қазақ жастары арасынан «полиграфия инженері» дейтін сирек мамандықты иеленді. Іргелі баспаханада цех бастығы, Баспасөз министрінің көмекшісі, министрліктің Полиграфия басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Алғашқы лекпен еліміздің жаңа астанасына көшіп, мемлекеттік «Елорда» баспасын ұйымдастырды. Өзі ұзақ жылдар бойы осы баспаға жетекшілік жасап, ұлт руханиятына қосылған тамаша кітаптар шығарды. Қай қызметте жүрсе де әріптестеріне абыройлы, дос-жарандарына сыйлы, айтулы баспагер, білікті маман, білімдар басшы ретінде таныла білді.
* * *
Ертеректе Алматы облысы Панфилов ауданында болған тағлымды бір оқиғаның жай-жапсары, мінеки, осы! Мен бұл әңгімені Тұрлығазы Сабырбайұлының өз аузынан естіген едім.
Зағира апай – ұлттық сұңғат өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің немере қарындасы екен. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі. Алматыдағы Ә. Қастеевтің мемориалды музей-үйінде абыз суретшінің өзі салған Зағира Нүсіпбекованың акварель портреті сақтаулы.
Нұрыңыз пейіште шалқысын, алмағайып заманда жастардың тағдырына араша түскен қазақтың қайсар қызы!
«САЯСИ АКЦИЯ»
Қиял жетпес қияндағы Африкада СПИД деген бір бәле шығып, жегі құрттай жер шарына жайылып барады деген қауесетті жұртшылық көптен естіп жүретін. Өзі дауасы жоқ жаман дерт екен, ХХ ғасырдың қасіретіне айналар түрі бар деп ақпарат құралдарының жағы тынбай сарнап жататын.
Күндердің күнінде сол бәлеңіз Қазақстанға да жетіп, дауасыз дертке қарсы біздің елде де аяусыз күрес басталған. Ел астанасы Алматыда СПИД-орталық құрылып, олар алуан түрлі алдын-алу шараларына, бұқара арасындағы тәрбиелік үгіт-насихат жұмыстарына құлшына кірісіп кетті.
Бірде түс ауа, Зейнеп қызмет жасайтын білдей мекемеге де осы СПИД– орталықтан салаң етіп үш кісі келе қалған. Сырықтай екі еркек пен домаланған бір әйел екен. Келген бойда екінші бастық Ермұқан Смаханұлына тоқтаусыз кіріп, «презерватив» деген зәру заттың бір жәшігін табыс етіп кетті. Табыс етіп қана қоймай, екінші бастықпен сағат бойы өнегелі тәлімдік тұрғыдағы келелі әңгіме жүргізіп, бұл акцияның мемлекет үшін қаншалықты саяси әрі экономикалық маңызы барын жіктеп таратып берді. Үшеуі сөзді бірінен соң бірі іліп әкетіп, аузы-аузына жұқпай сайрады-ай дерсің. Проблеманың қайдан шыққанын, оның адамзат үшін орасан қасыретін, бұл тұрғыдағы әрбір кісінің азаматтық парызын тәптіштеп түсіндірген кезде осы дерттің жер жүзіне тарап кетуіне Ермұқан Смаханұлы өзі кінәлідей қысылды. Тершіген маңдайын қайта-қайта сүрткілеп бір қызарды, бір бозарды, сосын:
– Айтқандарыңыздың бәрін ұқтым... түсіндім. Алаң болмаңыздар, сеніңіздер маған! Айтқандарыңызды ел-жұртқа жеткіземіз, бәрін де таратып береміз, – деп уағызшы-лекторлардан ант-су ішкендей боп әзер құтылды.
Келген үшеу үлкен шаруа тындырған кейіпте маңғаз қоштасып, бөлмеден шыққан бойда, Ермұқан Смаханұлы терең ойланып қалған. Әлгінде ғана аналардан құтылғанша асығып еді, енді мына құрғырды ел мен жұртқа қалай таратам деп басы қатты. Өмір бойы осы мекемеде жұмыс жасап келеді, бірақ дәл мұндай оғаш жағдайды көрмепті. Өзін біреуге пәлен деп әңгіме етудің өзі ыңғайсыз екен. Ыңғайсыз болса да, енді қашып құтылатын емес, әлгі лекторлар «маңызды саяси акция» деп зар илесіп кетті ғой... Соған қарағанда артында сұрауы бар бәлелі іс сыңайлы. Айтқандарын жасамасқа болмас, деп қиналды Ерекең.
Бұл құйтырқы шаруаны кімге тапсырсам деп, қол астындағы қызметкерлерінің бір легін көз алдында тізіп шықты. Біршама уақыт ойланып-толғанып, ақыры Зейнепке тоқтаған. Күннен туғандай домаланған бұл қара келіншектен әйелдерді қойып, еркектің көбісі ығатын. Ығып қана қоймайды, сескенеді, сыйлайды. Мінезі өр, бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтып салатын қарағымның бірі. Кесек мінез, көсем тілді, ақылына көркі сай қатқан келіншек. Қалжыңға жығылып, сөзден сүрініп көрмеген пысық. Түйе балтыр, тегене төс бұл Зейнептің бір басына қайраты мен күші де жетіп артылады. Былайша айтқанда, «болам деген жігітке от беретін» сиқырыңның нағыз өзі.
– Былай... – деді Ермұқан Смаханұлы Зейнепті бөлмесіне шақырып.
Шақыруын шақырса да қалай түсіндірерін білмей састы.
– Общым мына бәлені жұртқа тарату керек.
– Нені дейсіз?
– Не болушы еді... мынаны да!
– Бұл не өзі?
– Не екенін бөлмеңе апарып, сол жерде көре жатарсың... Былай болсын... ел-жұртты улатпай-шулатпай жайымен тарат, білдің бе! Тегін таратасың. Тегін екен деп алалама, тегіс жеткіз бәріне. «Саяси акция» дейді ғой, соңынан біреулер арызданып жүрмесін.
– Саяси акция дедіңіз бе?
– Иә, саяси акция деп кетті...
Зейнеп үстел шетінде тұрған қағаз жәшіктің аузын ашпаққа ұмтылып еді, бастығы бүйіріне біреу біз сұғып алғандай:
– Әкет әрі! Бөлмеңе апарып аш! – деп шаңқ ете қалды.
Дауысы қандай ащы еді, Зейнеп селк ете түсті.
Үйбай, мына кісіге не болған, деп бастығына еліктей едірейе қарады. Көнектен үріккен көк дөнендей осқырынып, бұл кісінің көзі тайғанақтай бергені несі екен, деп таңданды.
«Бұл бастықтарды адам түсініп болмайды».
Зейнеп бөлмесіне барып жәшікті ашқанша асықты. Ашты да... масқара-ай десеңші, денесі дір етіп, тіксініп қалды. «Саяси акция» деп айдар таққасын, алмағы мен салмағы бар салиқалы шаруа шығар деп еді. Сөйтсе... Құрғырың құрым елге жетерліктей үйіліп жатыр екен.
«Екінші бастықтың әлдебір арамдық жұғып қалардай безек қаққаны осы екен ғой. Сайтан алғыр-ай, істемеген ендігі жұмысы осы ма еді!».
Жәшік толы дөңгеленген түймелерге қарап тұрып Зейнеп бастықтардың үнемі осындай тіс батпайтын, сөз өтпейтін қиынға салып қоятынына налып, намыс шақырғандай болды. Көңілшекті қошемет қор етеді деген осы да, деп өкінді артынша. Бұл үшін енді қай бастықпен бет жыртысып кетісіп жатпақ... Тапсырманы орындамасқа амалы қайсы!
Енді бұл бәлені қалай таратудың жолын ойластырды. Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман. Шынтуайтына келсе, сүйекке таңба салып, өсекке қалдыратын қиын шаруа бұл. Оның үстіне мынау мекеме – таза қазақы орта. Ал қазақы орта қашанда гу-гу өсек-аяңның ордасы екені белгілі. Бұл мекемеде де солай, тілін тасқа безеп, жұмыртқадан жүн қырыққан бірөңкей кебіс ауыз шешендер мен көсемдер қызмет жасайды.
Біраз ойланып отырып, ақыры жұмысты тізім жасаудан бастау керек деп шешті. Тізімге зейнет жасына жақындаған бірер шалдауыттар мен бес-алты жасөспірімнен өзге, ұжымның етік киген еркек кіндіктісін түгел кіргізді. Тізімнің ең басына мекеменің үш бастығын жазып, бірінші бастық Нұрлан Қасымұлының қолын келістіріп отырып өзі қойды. Сосынғысы, «бұл шаруаны тапсырған өзі емес пе» деп, екінші бастық Ермұқан Смаханұлының да қолын қатырып тұрып ұқсатып жіберді.
Өстіп қол жинап таратпаса, көдеден көп ағайын Зейнептің өзі ойлап тапқандай көріп, еріндерін түштитіп табалап жүрер түге, деп іштей қауіп те қылды.
Осындай оймен жәшікті көтеріп, тізімді қолға алып бұлаңдай басып үшінші бастыққа кірген. Үшінші бастық Құмар Зарқұмарұлы мәселені көп шеше қоймайтын, үнемі алдыңғы екі бастыққа жалтақтай беретін жасықтау кісі еді. Бастығының осы мінезін жақсы білетін Зейнеп салған беттен:
– Екі бастық қолын қойып, өздеріне тиесілі сыбағаларын алды. Енді өзіңізге келіп тұрмын? – деп соқты.
Құмар Зарқұмарұлы креслосын шиқылдатып, бір отырып, бір тұрды. Ғұмыры мұндай тауарды пайдалану түгілі, қолына ұстап көрмеген жан-ды. Ыңғайсызданған шыраймен қипақтап тұрып:
– Тізімді әкелші, ана кісілер қаншадан алды екен, көрейін, – деді.
Зейнеп сып еткізіп тізімді алдына жая беріп:
– Анау жасы ұлғайған үлкен ағаларды айтам... Тұрсынәлі, Қазтай сияқты үлкен кісілерді кіргізгем жоқ... – деп есеп бергенсіді.
– Сосын жұмысқа жаңадан келген жас жігіттерді де тізгем жоқ, – деп қосып қойды.
Құмар ағасы сығырая шұқшиып, алдындағы қағазды мұқият зерттеді. Сосын:
– Ана кісілер оннан алыпты ғой. Маған да сонша бер, олардан аз
алсам ұят болар, – деп қалтасын қарманып ақша шығара бастады.
– Үйбай, Құмар Зарқұмарыш, мұның бәрі тегін... Тек адал пайдалансаңыз болғаны, – деді Зейнеп азар да безер болып.
– Тегін дейсің бе? – деп бұл сөзге Құмар Зарқұмарұлы елең етті. – Онда әлгінің үстіне тағы бесеуді қосып жазшы.
Зейнеп үшінші бастықтан шыққан бойда онымен іргелес Серікқабылдың бөлмесіне кіріп кетті.
Бөлім бастығы Серікқабыл табиғаты таза, аңғал, сол аңғалдығынан болар, жүріс-тұрысы әпенділеу кісі еді. Зейнеп мән-жайды түсіндіріп, жәшікті тарс еткізіп үстелге қойған кезде:
– Өзі ондай дүние қандай болады екен? – деп, қолын белуарынан
жәшікке сүңгітіп жіберіп, бір мәрте араластырып шықты.
– Немене, ғұмыры көрмегендей...
– Естігеміз, бірақ көрмеп едік, – деп Серікқабыл қолына екі түймені алып, ары-бері айналдырып қызықтады.
– Апырмай, ұят-ау! – деді басын шайқап. – Әгәрки алмай қойсам
одан бетер ұят болар-ау, ә?
– Әрине, ұят болады. Өйткені бұл саяси акция! – деп Зейнеп те осы арада дауысына өзгеше салмақ беріп жіберді. – Бастықтардың өзі оннан-он бестен алып жатыр.
– Ендеше маған бесеу бер. Одан көпке қинама! – деді Серікқабыл жалынғандай болып.
– Мейлі, – деді Зейнеп. – Мейлі, қанша баптағанмен сенің тұлпар болмасыңды білем... Мінеки, сұраған бесеуің!
Серікқабылға тиесілі бесеуді өткізіп, қолын қойдырып алғаннан кейін, Зейнеп жәшігін көтеріп аппарат басшысына кірді. Аппарат басшысы Жақыш ағай екі шоқып бір қарайтын секемшіл кісі еді:
– Үйбай, не дейді... былай көрсетпей бер! – деп құлағы ербиіп жалтақ-жалтақ етті.
– Неге көрсетпеймін? Еркек кіндіктінің бәріне адамша таратып жүрміз ғой... ашықтан ашық.
– Бәрібір ұят болады, Зейнеп, көрсетпе деймін!
– Жә, жә, болды, көрсетпей-ақ қойдық.
– Әкел бері!
Жақыш ағай Зейнеп ұсынған бес түймені зып еткізіп үстелдің ең төменгі тартпасына тыға қойды. Сосын біреу көріп қойғандай қуыстанып, есік жаққа жаутаңдай қарады.
Тізімге қол қойдырып еді, байқайды, әдеткі қолы емес, шимайлап басқаша жазып жіберді.
Келесі бір үлкен бөлімнің бастығы Нұрқан ағай – атағы бар, атағына қоса шатағы бар, шар айнасы шалқасынан қиындау кісі еді. Зейнеп имене басып бөлмеге кіріп, мәселенің мән-жайын түсіндіре бастағаннан-ақ, ана кісі бет-жүзінен қаны қашып, атар таңдай ағара бастаған. Зейнеп сөйлеген сайын ағайдың екі езуі кебістей созыла түсті, қою қасы дір-дір етіп, маңдай шашы тікірейіп кетті. Не заматта жылан шағып алғандай келтек денесі селк етіп, оқшырайып орнынан атып тұрды.
– Жоғал! – деді тілі күрмеліп қырылдап. – Көзіме көрінбей жоғал әрі!
Зейнеп жоғалғаны сол, жайқалған кеудесін толқыта тепсініп, Нұрқан ағасына одан бетер жақындай түсті.
– Нұреке, кешіріп қойыңыз, бұл бастықтың тапсырмасы тегінде! – деді бұл да даусын зорайтып.
– Ондай тапсырма берген бастығыңмен қоса құры!
– Нұреке, тегінде мұныңыз ұят болады! Төменде күйбеңдеп төбенің басын көрмей жүрген жалғыз сізсіз! Бұл саяси акция... Ермұқан Смаханұлы солай деп тапсырма берді. Ертеңгі күні айықпас әңгімеге қаласыз!
– Жоғал дедім ғой саған!
Нұрқан ағайы мұртының жебесіне дейін тікірейіп, безгек тигендей қалшылдап кетті. Біреу күрек тісін қағып алғандай енді ысқыра шаптықты. «Қайдағы бір үлбіреген жаман резеңкеге бола шабына от түскендей шамданғаны несі?», – деп Зейнептің де басына қан шапшыды. Қызметтес қарындасына соншалықты айғайлап... Өй, тыпыңдаған тартық неме, шегірткенің айғырындай шәңкілдегеніне жол болсын!
«Бұл еркектерді адам түсініп болмайды».
Зейнеп қаймақ ернін қисайтып, тыржың етті де теріс айналып жүріп кетті. Жәшігін көтерген бойда есікті аяғымен тарс еткізіп теуіп ашып, бөлмеден шыға жөнелді. Нұрқан ағасының айқарма есігі шиқылдап шалқасынан ашық қалды.
Қызық ей осылар... Елде елу түрлі адам бар, жалғыз Зейнеп солардың қайсысының көңілін таппақ. Қайсысының алдына барып жалпаймақ. Бастық айтты – бітті емес пе! Осы ұжымда қызмет жасайды екенсің, айлық алып, бала-шағаңды асырап отыр екенсің – мынау саяси акцияны комментарийсіз қолда! Солай, ағайын! Бұл Зейнептің бұдан былай көрінгенмен тілге келіп, көрінгеннің айғайын естіп, сөз таластырып жүруге уақыты да жоқ, денсаулығы да жетпейді!
Ашуға булығып жарылардай болып келеді.
Ендігі кезекте бақайына қаранған бастықтарды қоя тұрып, қатардағы қызметкерлерге таратуға кірісті.
Мырзахан деген шүмек бет шүңкиген жігіттің өзі бөлімде, тегендей төңкерілген әйелі бухгалтерияда істеуші еді. Мәселенің маңызын айта берген кезде Мырзахан да Нұрқан ағасы құсап мысық көзденіп, шыр-пыр бола қалмасы бар ма...
– Өлә-ә, әкет, көрсетпе! – деп безектеді.
Зейнептің онсыз да лықсып тұрған ашуы сыртқа запыран болып атылды. Жаңа ғана Нұрқан ағасына кеткен есесін, нақақ естіген айғайын енді Мырзаханнан алғандай болды.
– Әй, Мырзахан! – деп төске ұрған тастай шақ ете қалды. – Әй, Мырзахан, сен олай деп безектеме, білдің бе! Білеміз сені де... отырған жерден отын кескен қудың бірісің сен, ұқтың ба! Мекемеге ұн түссе ғой, «біз екі адамбыз» деп екі мөшектен арқалап кетесіңдер. Колхоздан картоп алдырсақ, сарымсақ әкелсек – «біз екеу едік» деп екі қаптан тағы теңдеп алып жөнелесіңдер. Осы қыста жылқы сойдырып ет таратқанда да «біз екеу емеспіз бе» деп беттерің бүлк етпестен екі порцыны қақшып түстіңдер. Енді келіп «алмаймын» дейсіңдер. Аласың, Мырзахан, алдыртамыз, білдің бе! Жұрт оннан алып жатыр. Мен саған «екеусіңдер» деп жиырма беремін. Вот, солай, шырағым!
Мырзаханның ашылған аузы қайтіп жабылмай, аңырып отырып қалды. Зейнеп бір-бірлеп отырып жиырма дананы санады да, тарс еткізіп үстелдің үстіне тастап жүріп кетті. Кетіп бара жатып:
– Тектің атасы баяғыда өлген. Үкіметте тегін дүние жоқ. Сондықтан артынан есеп бересің, ұқтың ба... – деді саусағымен айдындап. – Қатының екеуің бірігіп есеп бересіңдер, соны мықтап есіңде ұста!
Тілін жұтып қойғандай қылғынып Мырзахан орнында қала берді.
Мырзаханнан шыққан бетте қараса – есік көзінде бір топ балғын жастар топырлап тұр екен.
– Апай, сізді күтіп тұрмыз, – деседі.
Атасында көрмегенді ботасында көріп жүрген қулар емес пе, шібіш көздері ойнақшып, ырбаң-ырбаң етіседі.
– Бір жақсы дүние таратып жүр деген соң... бізге жетпей қала ма деп... – деп көздерін сүзіп бұлдыр қағады.
Зейнеп күліп жіберді. Күлкімен бірге көкірегін кернеген ашуы да бұрқ етіп сыртқа шығып кеткендей болды. Әйтеуір, лезде көңілі көтеріліп, жадырап салған. Сосын мынау «көгенкөздерді» не істесем екен деп аз-кем ойланып тұрды да, шұбырта ертіп бәрін терезе алдына апарды. Бұл жастар тізімде жоқ. Сондықтан ақ қағазға бәрінің аттарын жазғызып, қолдарын қойдыруға тура келді. Сөйтті де әрқайсысына он түймеден ұстатып жіберді. Құлындай ойнап, қуана кетіп бара жатқан топтың ішінен Қайбар деген жылмиған жылтыр еңкейіп Зейнептің құлағына сыбыр ете қалған:
– Нұрқан аға алмапты ғой, сол кісінің үлесін бізге бере салмайсыз ба? – дейді жылтыңдап.
Зейнеп басын кегжең еткізіп, қою шашын серпи бере Қайбарға ақшырая қарады:
– Жоқ! – деді жұлып алғандай. – Жоқ, шырағым! Бәрінің есебі бар. Тегін дүние жоқ мұнда.
Сайқымазақ Қайбар сықылықтай күліп, желе жүгіріп жөніне кетті.
«Ай, жастар-ай, бұларды да түсіну қиын боп барады-ау осы!».
Зейнеп енді бұрыштағы Сейтен серінің бөлмесін бетке алды.
Сұңғақ бойлы, кердең жүрісті кербез Сейтенді әріптестері баяғыдан «сері» атап кеткен. Парасат-зейіні мол, оқығаны мен тоқығаны көп, өзі көркем, тілге шешен Сейтен сері осы мекемедегі қыз-келіншектің көзінің құрты еді.
Зейнеп кіргенде сол Сейтекең аяқты серейтіп орындыққа артып салып, көзілдірігі жылтырап газет оқып отыр екен.
Зейнеп жәшікті үстелге қойып, осылай да осылай деп келген шаруасының мән-жайын түсіндіріп жатыр еді:
– Қарақшы қарақшыны қараңғыда таниды деген, Зейнеп-жан, менің байқауымда, қалаулы ісіңді енді тапқан сияқтысың! – деп көз құйрығымен жымия қарап, болымсыз мырс етті.
Қапелімде не айтарын білмей, Зейнеп жөткіріне бере түкірігіне шашалып қалды.
– Өзін қалай пайдаланушы еді, Зейнеп-жан-ау, біреуін былай өзің көрсетіп жіберсеңші! – деп дайындалған ыңғай танытып, газетін екі бүктеп былай ысырып қойды.
– Дүниенің жарымын құртып... Талай додаға түскен шығарсың, көкпардың талайын тартқан шығарсың? – деп Зейнеп те тілін безеп шыға келді.
– Суырып тартпаса пеш те суық, серіге де бап керек екенін ескергейсің, Зейнеп-жан.
– Қиссаламай турасын айтсаңшы, қаншасы керек?
Сейтен шырайын жылытып, болмашы күлімсіреді. Сосын қаздиып орнынан тұрып, тырнадай түйіліп жәшікке үңілді.
– Өй, мынау өзі ойсырап қалыпты ғой? – деді көңілі толмағандай.
– Қапа болма, саған жетерлік бар.
Зейнеп былайғы қысыр сөзге жоқ, шаршағанын аңғартып, үһілей күрсінді де:
– Қаншасын аласың? – деді.
– Біреуін де алмаймын! – деп Сейтен де қырсыға қалды.
– Неге?
– Тоғыз қабат торғауытқа құрсанатындай мен Еуропаның рыцарі емеспін. Жалаң қылышпен жалаңаш шабатын кең даланың ұланымын.
– Пах, шіркін...
– Немесе...
– Немене «немесе»? – деп Зейнеп елең етті.
– Өзің тәжірибе жасап көрсетіп бермесең – түк те алмаймын.
– Пішту...
Құтырғаннан құтылған артық. Зейнеп мойнын бір былғаң еткізді де, жәшігін көтерген бойда бөлмеден ыта жөнелді.
«Мылжыңды езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді деген осы шығар» деп күйінді.
Ойынды еті бұлтыңдап, қойқаң қағып дәлізде кетіп бара жатыр еді, бір бүйірден сексеуілдей секиіп Қазтай ағасы қатарласа жолықты.
– Зейнеп шырағым, сен бір тәуір дүние таратып жүр деп естіп... – дейді күмілжіп.
– Үйбай, не дейді... Абыздай болған ағаларымызға не жорық? – Зейнеп ағасына шалқалақтай қарап, бірер адым шегініп кетті.
– Жо-жоқ... Таздан тарақ қалғалы қашан. Сұрап тұрған мен емес.
– Иә, онда кім?
– Анау менің Тұрсынәлі құрдасым ғой, сайтан алғыр, бетін басып саған жете алмай, мені жұмсап отыр... Тегін дүниеңнен дәмелі.
– Үйбай, аға, ұят емес пе!
– Түк те ұяты жоқ, шырағым. Ол ағаң қартайғансып сопы болып жүргенімен, бір көзі қысыңқы. Онысына таң қалма сен, қалқам. Асықтың алшы түсуі иірушісіне байланысты деседі ғой... Көлденеңде жеңешелерің бар деп естігем.
– Үйбай, ағай, қызық екенсіздер... мейліңіз ендеше!
Бір уысын Қазтай ағасына асығыс ұстата бере, Зейнеп бетін басып тез бұрылып кетті.
– Қайтеміз енді... Кәрі тарланың қартайғанда боз шыққаны сияқты. Кешір ол ағаңды, – деп өтірік-шыны белгісіз, Қазтай қипақтап қала берді.
Масқара, сақалды бастарымен бұлары несі, деп ағалары үшін Зейнеп ұялып барады.
«Бұл еркек деген халықты адам түсініп болмайды».
Сары шаш, жирен мұртты татар шатыс Айрат ағасының бөлмесіне барды. Айрат бұрқыратып темекі тартып, терезе алдында обадай боп ойланып отыр екен. Стол үсті қоңырсыған көп қағаз, қабырғада қылымсыған қалың актрисаның плакаттары мен қиынды суреттері. Зейнеп келгенде темекінің түтінін қолын сермеп сейілтіп, Айрат ойнақшып орнынан тұрды.
– Құрғыры, шет елдерде осы түймелер әптекте толып тұрады деп естиміз. Бізде итпен іздеп әзер табасың! Сенің мынауың тамаша ақыл болды! – деп, жәшікті көрген кезде Айрат ағасының секпіл беті қуаныштан тарғыл тартты.
– Қаншасын аласыз? – деді Зейнеп.
– Жорыққа шыққанда кейде бұл бәлені ұмытып кетіп, мына ағаң талай рет сазайын тартқаны бар, – деп Айрат ағасы қутыңдап, жаялық ернін жымқыра түсті. – Аузы күйген үріп ішеді. Сондықтан ана жәшігіңді тұтас қотара салсаң да қарсы емеспін, қалқам!
– Үйбай, оныңыз қалай? Болмайды, ағай! Он түймеден таратып жүрмін. Бәріне жеткізуім керек.
– Қарауланбай, қалқам, маған жиырмасын тастай салсаңшы? – деді Айрат қатты қиылып.
Зейнеп ағасына бақшырая бір қарады да, басын шұлғып, сұрағанын бір-бірлеп санап отырып тастап кетті.
***
Бөлмесіне кіріп, қағаз-құжатын реттеп, қалған түймелердің есебін алып жатыр еді, есіктен сығалай жылмиып Қайбар кірді. Қудың көзі қысыңқы деген рас шығар тегі, мына қудың көзі күлімдеймін деп мүлдем жұмылып кетіпті.
– Нұрқан ағай өзіне тиесілі дүниесін сұратып жатыр?
– Жаның шықсын, өтірік айтасың!
– Оллаһи, шын айтам. Жігіттіктен өтсек те, кәрілікке жете қойғамыз жоқ, бір керекке жаратармыз, деп сізге дұғай сәлем айтты.
– Тура солай деді ме?
Қайбардың басы қалтылдап кетті.
– Тура солай демесе де, сондай ыңғай білдіріп отыр... Оллаһи, шын айтам!
Зейнеп бұдан әрі сөз таластыруға құлқы болмай, он түймені санады да, мұқият қағазға орап Қайбарға ұстатып жіберді.
Жәшігінің түбінде қалған азғантай түймелерді таратып тастамаққа дәлізге шықса, анадай жерде төрт-бес жас үйіріле қалыпты. Іштерін басып, Зейнепке ұрлана қарап қойып, шиқылдап күле береді.
– Әй, сендер неге ырбыңдап тұрсыңдар? Мені мазақ етіп тұрғаннан саумысыңдар өзі?
Жастар «ойбай, жоқ» деп қолдарын көтеріп, азар да безер болысты.
– Онда не жетті сендерге?
– Апай, сіз туралы емес... Анау Қайбар сіз берген түймелердің төртеу-бесеуін шар жасап үрлеп, машбюроға апарып іліп қойыпты. Машбюроның жас қыздары оларды шынымен шар екен деп жүр...
– Ой, өңкей сайтан! Болды, тараңдар бұл жерден!
Көрмегенге көсеу таң, зат қадірін білмеген сатушыны ұялтар деген. Қыздардың мұншалықты надандығына Зейнеп күйініп кетті. Расында да, бұл бәле қолға сирек түсетін қат тауар, зәру заттың бірі ғой. Жас қыздар ондайды қайдан көрсін, қайдан білсін деп, жылдам басып машбюроға қарай кетті.
***
Жұмыстың соңына таман көтерген жәшігі босап, Зейнептің шаруасы ыңғайланғандай болған. Тапсырған дүние тегіс таратылды, маңызды саяси шара орындалды, тізім жасап, түгелдей қол қойылды.
Бөлмесіне кіріп, үһ деп шамалы тыныстаған соң, есеп беруге екінші бастыққа жиналды. Әу баста тапсырма берген, осы бір ыңғайсыздау шаруаға салған сол кісі ғой...
Кіріп келсе – бастығы басын алмай қағаз қарап отыр екен.
– Иә, не шаруа? – деп қабақ астынан бір қарап өткені болмаса басын көтерген жоқ.
– Тапсырмаңызды орындадым, соған есеп берейін деп... – Зейнеп тотайлана көзін төңкеріп, қолындағы парақпен бетін желпіп қойды.
Бастық қабағын көтерген жоқ, бірақ көзі тышқанша жылтырап тесіліп қалды. Екі кештің арасында мұның келісіне таңданған сыңайы бар.
– Ол не тапсырма еді?
Зейнеп асқан сақтықпен жақындап келіп, үш бет тізімді бастығының алдына тастай берді.
Шүкіршілік, жиырма жылдың жүзі болды, осы мекемеде тапжылмай адалынан қызмет атқарып келеді. Бастық күріш десе күріш, күрмек десе күрмек деп, құдай біледі, қарсы шыққан кезі жоқ. Бүгін де, мінеки, түстен кейінгі үш сағатын арнайы бөліп, бастықтың жауапты тапсырмасына саяси мән беріп, оның әлеуметтік мәні мен маңызын көтеріп, жанын салып жақсы жұмыс жасап келіп тұр. Рахмет айтқан қошемет сөз, жылы лебіз естігісі келіп еді. Мәссаған! Рахмет түгілі, бастығы өзінің қызметкерін қайда жұмсағанын да ұмытып қалыпты.
– Бұл не тізім? – деп Ермұқан Смаханұлы көзілдірігін шешіп, уқалап бет орамалымен көзін сүртті.
– Бағана өзіңіз тарат деп едіңіз ғой?
Ерекең көзілдірігін қайта киіп қағазға үңілді.
– Тіфу... ана пәле екен ғой... Әкет әрі! – деп тапсырмасы енді ғана есіне түскендей, тыржың ете қалды.
– Ереке, бұл тізімді кімге тапсырам? – деді Зейнеп.
– Кімге тапсырсаң да өзің біл! Әкет бұл жерден!
– Сіз де қызық екенсіз... Өзіңіз тапсырма бересіз де...
– Ендеше апар да архивке өткіз!
– Архивке дейді?
– Иә, архивке... Кейінгі ұрпақ тауып оқысын... Қазақстандағы СПИД-ке қарсы жойқын соғыс біздің мекемеде басталғанын зерттеп білсін.
Ермұқан Смаханұлы орындығының арқалығына шалқалай беріп, мырс-мырс күліп жіберді.
Зейнеп қағаздарын тез жинап алды да, бұраң қағып бөлмеден шыға жөнелді. Мазақ қылғандай бастығының мұрты жыбырлап, мырсылдап күлгеніне намыстанып барады. Жанын салып кіріскен жарты күнгі жұмысының зая болғанына күйініп барады.
«Бұл бастық дегенді адам түсініп болмайды».