Қайырды Назырбаев
жазушы
АРТА БЕРСІН МЕРЕЙІҢ
Алтайдағы алтын ұядан түлеп ұшқан азғана қырандардың ішіндегі ең алғыры, ең таланттысы, Астанадағы арқа сүйер ақылшы інім ретінде 60 жылдық мерейтойына арналған Әлібек Асқаровқа жүрекжарды лебіз.
Шыңғыстайдағы ұстаздар:
«Әлібектен бірдеңе,
шығады әлі» деген ед.
Құдай берген талант,
Жарып шықты не керек?!
Оралхан мен Қалихан,
Шырақшың боп алдағы.
Жазушылық талабың,
От-жалындай маздады.
Кітаптарың баспадан,
Шығып жатыр бұрқырап.
Әңгіме, повесть, роман,
Соларыңды тұр құрап.
Тау-тасты кезіп,шарлаумен
Өткіздің талай жазыңды.
Тарихты екшеп, барлаумен
Кітаптар талай жазылды.
Соның бірі «Алтайың»,
Көрсең көңіл толады.
Туған жерге - құрмет,
Сыйың десек болады.
Оқырманды шығармаң,
Күрсінтті де күлдірді.
Разы болып Шерағаң,
Жақсы пікір білдірді.
Бағалады еңбекті,
Бірауыздан кіл мықты.
Иелендің бір кезде,
Мемлекеттік сыйлықты.
Берілген жоқ тектен-тек,
Орден,медаль – нешеуі.
«Қайраткер» де атандың,
Бәрі еңбектің өтеуі.
Небір игі,жақсы ойлар,
Бір өзіңнен тарайды.
Жерлестерің мұндағы,
Бір өзіңе қарайды.
Катондайын жеріңнің,
Сенен көрем жігітін.
Қаратайдай еліңнің,
Ақтадың сен үмітін.
Төрт құбылаң тең бүгін,
Немере,бала – ай, күнің.
Аман болсын жан жарың,
Қасыңдағы Зәйгүлің!
Ей, Әлібек, бауырым!
Заман тыныш, уайым жоқ,
Қолда бәрі бар тұста.
Мерейің биік, көңілің тоқ,
Жақсы келдің алпысқа!