Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20

ӨР АЛТАЙ

05 август 2018, Воскресенье
5 626
0
7_r-altaj-roman.pdf [1,25 Mb] (Жүктеу: 149)

Көру онлайн файл: 7_r-altaj-roman.pdf

Р О М А Н 

----------------------------------------------------------------------------

                                                                                      ӨР АЛТАЙ, 

МЕН ҚАЙТЕЙIН БИIГIҢДI...


Бiрiншi  бөлiм


Өр Алтайдың төрiндегi Төртiншi ауыл қазақтың құт дарыған қасиеттi қонысының бiрi едi.

Осы өңiрдiң базарлы шағында бұл ауылда үш көше бар болатын, үш көшенiң үш түрлi аты бар болатын. 

Бүгiнде сол көшелерден жұрнақ та қалмапты.

Ел-жұрттың әлi есiнде, көшенiң бiреуi — «Алмалы» деп, келесiсi «Орталық», ал үшiншiсi «Заречный» аталу­шы едi... Соңғысына орысшалап ат қойып, айдар тағып жүрген — Метрей атай. Басқаша айтқанда, жабағы бет жаңғалақ  Дмитрий шал. Өйткенi ол шал ежелден сол «Заречный» көшесiнде тұратын да, «Заречный» — ауылды қақ жарып аққан адуын Талдыбұлақтың арғы бетiнде едi.

Бiр кездерi ортаңғы көшенiң бойында бөлiмше кеңсесi, дүкен, бастауыш мектеп, медициналық пункт, клуб секiлдi осы ауылдың мәдени және әкiмшiлiк меке­мелерi бiрiнен соң бiрi қатар түзеп, қаздай тiзiлiп тұратын. Сонысы үшiн де бұл көшенi Метрей атай ауыз толтырып «Центральный» деп, былайғы жұрт «Орталық көше» десетiн.

Ал бергi шеткi көшенiң «Алмалы» атануына ауылдың маңдайына біткен жалғыз мұғалiмi Мелс кiнәлi...

Бұл өзi аңыздай болған әзіз әңгiме.

Қысқасы, ол кiсi педучилищенi ойдағыдай бiтiрiп, үкiметтiң жолдамасымен шалғай шеттегi осы ауылға келедi ғой... Келгенiмен, ұзақ уақыт бойы тау қойнауын жерсiне алмай, алғаш­қы жылдары қатты зерiгiп жүредi. Сонау жер жаннаты Жетiсуда қалған елi мен жерiн, туған үйiн жиi-жиi сағына бередi. Сөйтiп жүргенде, бiрде көктемгi бiр каникулда жолы түсiп, алыс Қапалдағы үйiне барып қайтады. Қапалдан қайтқан сол жолда өзiмен бiрге алма ағашының бiр түп көк өскiнiн орап-шымқап ауылға ала келедi. 

Ол кезде Мелс мұғалiм қазiргi тегенедей төңкерiлген Зайрасына әлi үйлене қоймаған, Қасиман ақсақалдың үйiнде пәтерде тұратын сүр бойдақ кезi екен. Алыстан ат арытып әкелген алманың көшетiн Қасекеңнiң көше жақ терезесiнiң алдына мәпелеп егедi. Арада жылдар жылжып өтiп жатады. Алманың көшетi бой көтерiп көктеп өсiп, жапырақ жайған ағашқа айналады. Жапырақ жайғанымен көршi-қолаңның үмiтiн ақтамайды, тәттi алмасын бермейдi. Өстiп жылдар бойы қысыр қалған қырсық ағаш ақыр соңында қатты бiр қыстың суығында үсiкке шалынып, қурап тынады.

Қалай болған күнде де, әлгi ағаш — осы өңiрде көктеп өскен тұңғыш алма ағашы ғой. Соны ескерген ауыл тұрғындары осынау тосын құбылысты тарихта мәңгi қалдырғысы келедi. Келедi де, алма ағашының құрметiне бiр көшенiң атын «Алмалы» деп қояды. 

Бүгінде сол айтқан алма ағашы ақсөңке боп қурап, Қасиман оны отынға турап тастағанына да көп жылдар өттi.

Баяғы үш көшенiң бойында жүз қаралы үй бар едi, қазiр өрт тиген қамыстай селдiреп, одан да жетеу-ақ қалған.­

Қарайып жұртта қалған жетеуiнен басқасы бұрнағы жылдан бастап етектегi Мұқыр жаққа үздiк-создық көшiп кетiскен. Ең соңғысы былтыр еңкейдi. Көшкеннiң бәрi бөренесiн таңбалап, мұндағы үйлерiн бiртiндеп тасып алыс­қан. Қазiр ауыл iшi қотыр тайдың жон арқасына ұқсайды, ойдым-шұңқыр, қағылған қада, күйген бөрене. Осы жазда қышыма мен кендiр өрескел қаптап кеттi... Оны шауып алатын адам да жоқ, жеп құртатын мал да жоқ бұл маңайда.


***

Ескi көздiң дерегіне қарағанда, осы ауылдың ежелгi аты «Айдарлы» екен. Болса болар, бұл ауылдың Алтай жарықтықтың айдарындай тынысты ортада, ырысты жерде тұрғаны рас. Түстiк қанатында сыңсыған қара орман, қара орманның төрiнде ұшар басы күмiсше жалтырап Ақшоқы қасқаяды. Бiр бүйiрiнде текшеленген жартасты жон. Текшеленген жартастардың биiгiнде желмен шулап самырсын мен балқарағай жайқалады. Ақшоқының ал­қымынан домалаған Талдыбұлақ ауылға жете арынын басып, бұраңдай аққанымен, төменiрек тұста жартастан өкiре құлап, гүрiлдеп жатыр. Гүрiлдеген осы сарқыраманың арғы жағында, сонау майсалы машақтың төсiнде суы шәрбат Құндызды көлi жатыр айнадай жарқырап.

Айтары жоқ, ауылдың «Айдарлы» деген асқақ атқа лайық екені айдай шындық.

Тағы да сол қариялардың айтуынша, ақ қашып, қызыл қуған анау жылғы аласапыраннан кейiн бұл ауыл «Коммуна» атаныпты. Кейiнгi аты — «Төртiншi бригада». Турасында, «Төртiншi бригада» — ауылдың ресми аты. Қалың қазақ бұл атты өз ыңғайларына бұрмалап, «Төртiншi ауыл» деп кетiскен. Ал, «Төртiншi бригада» деп кiм атап жүр, қай кезде аталып жүр, ол жағын ешкiм бiлмейдi. Балташы Байғоныстың есебiнше, осы соң­ғысы ауылға аса ұрымтал, дәл тауып қойылған атау секiлдi.

— Мысалы, — дейдi Байекең саусақтарын бiрiнен соң бiрiн бүгiп. — Мұқыр ауылы — совхоз орталығы, яки бiрiншi бiргәдi, оның iргесiндегi Берел — екiншi бiргәдi, Өрел — үшiншi бiргәдi, бiз — төртiншi бiргәдiмiз. Бәрi де ақылға қонады, бәрi заңды... Бұл мәселеде ешқандай дау да, талас болмауы тиiс.

— Бiз неге төртiншi боламыз? Неге бiз ең соңында қалуымыз керек? Неге бiз үшiншi немесе екiншi бiргәдi емес­пiз? — деп ондайда Қасиман түсiнбестiк танытып, Байғоныспен самбырлап сөзге араласады.

— Себебi, бiздiң ауыл орталықтан алыста, қиыр шетте жайғасқан, — дейдi Байекең дымды бiлмес құрдасының арандатуына ерiк бермей, сабырмен ғана.

— Бiз неге өйтiп шетте қалғанбыз? — Қасекең бұндай жаңалыққа кәдiмгiдей таңданып, сенбестiк танытады.

— Қартаға қара, сонда бәрiн түсiнесiң! — деп, Ба­йекең ендiгi жерде құрдасының мылжың сөзiнен қаш­қақтай бастайды. Бiрақ Қасекең де қадалған жерден қан алмай қоймайтын кәззәптiң бiрi ғой, одан сайын ентелей түседi.

— Сен, Қасиман, көзiңдi ашып, былай қартаға қарасаңшы, бiздiң ауыл Қазақстанның ең шетiнде жатқан жоқ па! Бiзден ары қазақта ел жоқ — бiр жағымызда Қытай, бiр жағымыз Монғолия, бiр жағымыз Ресей. Ұқтың ба? — дейдi Байғоныс.

— Бәрiбiр, бастықтардың бұлары дұрыс емес, — деп Қасекең қыңырайып көнбейдi. — Нөмiрдi ауылдың алыс-жа­қындығына қарай үлестiрiп, адамды бүйтiп алалауға болмай­ды!­ 

— Онда несiне қарап үлестiру керек дейсiң? — Ба­йекең шынымен ашу шақырып, шаңқ ете түседі

— Ендi... мисалы, берген өнiмiне қарап...

— Ал сенiң ауылың алға түсетiндей қандай өнiм берiп ел мен жұртты қарық қып жатыр? 

— Не болушы ед... Қой бағамыз, сиыр сауамыз де­гендей...

Құрдасының аузына қапелiмде оңды сөз түспегенiне Байғоныс одан бетер шамданып қалады. 

— Әй, Қасеке-ай! — дейдi басын шайқап. — Сенiң аузыңа қой мен сиырдан өзге не түсушi едi?.. Шана жасайды, арба жасайды, қамыт-сайман жасайды... Олар сен үшiн немене... өнiм емес пе?

— Әнеки, өзiң айтып отырсың... құдая тәуба, өнiм де­генiң бiзде жетедi екен ғой? Нағып мен оларды ұмыта қалғам! — деп Қасиман жоғын тапқандай жадырап сала бередi.

Байғоныс әңгiме ауанының ауытқып бара жатқанын дер кезiнде аңғарып:

— Жоқ, Қасеке, басқалармен салыстырғанда бұларың мардымды дүние емес, — дейдi дәлелдеп. — Бiздiң сапқоз негiзiнен марал өсiретiн шаруашылық. Сондықтан марал шаруашылығы үшiн сенiң үш-төрт отар қойыңның, екi табын сиырыңның құны көк тиын. Бiлдiң бе? Текшеленген мынау тау мен тасыңды сатымен қоршап тастаса — өрiсiң тарылып, мал асырар жерiң жоқ, ертеңгi күнi қой мен сиырыңды өзiң де тастай қа­шар­сың... 

— Байеке, асылық кетпеңiз!

— Бұл асылық емес... Менiң болжауымша, түбiнде осы таудың бәрiн айқыш-ұйқыш сатымен қоршап, бiрыңғай марал асырауға бет бұратын шығар бұл сапқоз. Айтпады деме, Қасеке, тiрi болсақ екеуiмiз оны да көремiз.

Бұндай әңгiменiң болғанына да, мiнеки, ширек ғасыр уақыт өтiптi. «Сен әулие екенсiң! — дейдi бүгiнгi Байғонысқа құрдастары. — Әттең, қара танымай біздің арамызда қор боп жүрсiң-ау, әйтпесе мынадай зеректiгiңмен баяғыда Алматыда отыратын жансың ғой сен!».


***

Құрдастары Байекеңдi «әулие» дейтiнi — баяғыда Қасиманға айтқан сәуегейлiк сөзi айнымай келген. Бұғы мен маралдың басы жыл санап көбейiп, совхоз тау-тас­тың бәрiн сатылап қоршаумен болды. Ақыр соңында «Төртiншi бригаданың» да мал жаяр өрiсi тарылып, егер егiсi, шабар шабындығы саты iшiнде қалып қойған. Сөйтiп мұндағы қой мен сиыр басқа совхозға таратылып берiлген едi. Қоймен бiрге ерiп қойшылар, сиырмен бiрге ерiп сиыршылар көршi шаруашылықтарға ауып кетісті.

Жер тарылып, жұмыс азайған сайын мұндағы жұрт­тың да көңiлдерi бұзылды, табандарының бүрi кетiп, тайғанақтай бастады. Соңынан бригада ресми түрде жабылды. Бригаданың кеңсесi қағаз-мүлкiмен қоса етектегi Мұқырға түсіп кеттi. 

Алғашында «Төртiншi ауылда бұғышылардың бiр звеносы жасақталады» деп едi, ойласа келе ол шаруа да тиiмсiз болған сияқты. Өйткенi бастықтардың берген ол уәдесi сөз жүзiнде ғана қала берген. Звеноға қарайлап, әлiптiң артын баққан кейбiр ер-азаматтардың үмiтi адыра қалды. Күте-күте жүздері сарғайып, үміттері өшіп, ақыр соңында олар да орталыққа қарай ойысты. 

Кеңседен кейiн ауылдың мектебi жабылды. Мелс мұғалiм шыр-пыр болып, мектеп үшiн ауданға екі мәрте сабылды. Бәрiбiр онысынан да дәнеңе  шықпаған... Салы суға кетіп, амалы құрыған ол оқушылардың соңғы екеуiн қолдарынан жетектеп, Мұқырдағы интернатқа өзi орналастырып қайтты. 

Мектептен соң дүкен жабылды. Оғанға дейiн ауылдың дүкенi арақтың есебiнен айлық жоспарын ойдағыдай орындап тұратын. Жұрттың көпшiлiгi көшiп, ауылда бiрөңкей кемпiр-шал қалған соң, дүкеншi қыз да әлгiндей майшелпек табыстан қағылып қалған... «Дүкен жабылады» дегендi алдын-ала естiген де ешкiм болмады. Жабылған кезде елең еткен де ешкiм жоқ, солай болуы тиiс сияқты қабылдасқан. Әйтеуiр бар бiлетiндерi — аудан жақтан қияқ мұртты жылмиған бiр жiгiт келдi де, дүкенге екi күн бойы ревизия жасады. Ревизиясы бiткен бойда дүкендi сатушы қызымен қоса қопарып, бiр-ақ күнде көшiрiп алып кеттi.

— Бұлары дұрыс емес! – Секеңдеген машинаның соңынан телмiрiп шығарып салып тұрған Мелс мұғалiм ғана бұл жағдайға қатты наразылық бiлдiрген. 

— Мен ауданға барып, дүкендi бәрiбiр қайтартам! — деп мұғалiм тiсiн қышырлатты. — Мейлi бесеу болайық, он кiсi болайық, бiз де тiрi жан, тiстi бақа емеспiз бе! Бiз де бiр елмiз ғой! 

— Керегi жоқ! — дедi мұны естiген Байғоныс Мелс мұғалiмге. — Әуре болып қайтесiң?.. Дүкенсiз де бiрдеңе етiп күнiмiздi көрермiз.

Соңынан қудалған өзiнiң мектеп екеш мектебiн де қайтара алмай сандалып бос қайтқан мұғалiмге балташы ағасы бұл жолы сенiмсiздiк танытқан сыңайда едi.

Дүкеннең соң, арада бiр ай өтпей жатып дәрiгерлiк пункт жабылды. 

— Жо-жоқ, ағайындар, менi ендi ұстамаңдар! — дедi Мелс мұғалiм бұл жолы. — Мен ендi барар жерге барамын. Конституция бойынша әрбiр азамат денсаулығын сақтауға құқылы. Сондай-ақ, әнеу бiр жылғы Совминнiң қаулысы бойынша олар медициналық көмектi барынша жақсарта түсуi тиiс. Жақсартқандары сол, бұлар бар дүниенi құртып, тасып жатыр етекке. Бұл — барып тұрған бассыздық! Бұның бәрiн берiдегi шолақ белсендiлер жасап жүр. Алып та жығып, шалып та жығып бiлгендерiн iстеп жүрген солар. Мен бәрiн сезiп отырмын. Сондықтан мен әрiге, үлкен жерге барам. Менi жолымнан қалдырып, ендi ұстаушы болмаңдар!

Жұртта қалған азғантай ауылдастары мұғалiмнiң бұл жолғы тiлегiн орындап, ұстаған жоқ. Ұстамағанға лып етiп кете қалған Мелс те болмады. Әне барам, мiне барам деп жүргенде қылышын сүйреп қыс келдi. Даяр тұрған көлiк жоқ, қысты күнi жол жүру бұл жақта қияметтен бетер. Не де болса артын күтiп, арызданар алысқа көктем шыға кетпек болып бекiңдi. 

— Бәлем, күн жылынсын. Алдымен облысқа барам. Олардың қолынан дым келмесе, Алматы түсем, — деп кiжiндi мұғалiм қаңтар түсе.

— Апырай! — деп мұғалiмнiң мұншалықты қайратына саңырау Кәрiмге дейiн бастарын шайқасқан. — Ендеше, босқа әуре болмай, неге бiрден Алматы түс­пейдi екен?

— Расында да, Алматы түсiп, мектептi де, дүкендi де, дәрiгер қызды да бiрден қайтарып алсаңшы! — деп Қасиман да күйеу баласына кеңес бердi.

Үлкендердiң ақыл-кеңесiн Мелс мұғалiм құлағына да iлмедi:

— Жо-жоқ, ағайындар, бұған этикет қажет! — дедi сұқ саусағын шошайтып. — Сатылап, инстанция сақтап бару керек, әйтпесе ұят болады!

— Онысы не нәрсе? — деп Қасекең Байғонысқа жау­таңдай қарады. — Ондай дүние сенде жоқ па едi?

Шанаға шабақ шауып жатқан Байғоныс иығын көтерiп, басын шайқады.

Қар ерiп, көк тебiндеп көптен күткен көктем де жеткен. Көктем келiп, күн жылынғанымен, Мелс мұғалiм қалаға жиналардай сыңай танытпады. Кәрiм шал мұғалiмнiң мұнысын «тегi, жер кеуiп, жолдың ашыл­уын күтiп жүр ғой» деп жорамалдады. Сөйтiп жүргенде жадырап жаз да шықты. Мелс мұғалiм тобық жұтқандай тымпиып, бәрiбiр үнсiз. Қарашаның қары түсе тепсiнген баяғы екпiн, темiр үзгендей тегеурiн қайда кеткенi белгiсiз, қойдан жуас, жылқыдан торы бола қапты. 

Маусым туа ауылдағы жалғыз басты Сәлима қыз қалаға барады екен деген әңгiме шықты. Ол әңгiменi естiген бойда саңырау Кәрiм қолын арқасына артып, тәйтiктеп мұғалiмнiң үйiн бетке алған. 

— Мелс шырағым, байқаймын, шаруабасты боп қолың тимей жүрген секiлдi. Әлгi айтар дүниеңдi Сәлимадан айтып жiберсеңшi, сол қыз бәрiн тындырып бiрақ қайтсын! — деп мұғалiмге ақыл қосты. 

Мұғалiм «болмайды» дегендей басын шайқады. Неге болмайды, ол жағын мұғалiм айтпады. Кәрiм қайыра сұрамады.

— Жөн, шырағым, еркiң бiлсiн! — дедi де, келген iзiмен тәйтiктеп қайтып кеттi.

Уақыт өте көшкен әңгiме де, бөскен әңгiме де бiртiндеп ұмытыла бердi.

 Жұртта қалған жетi үй тағдырдың жазуына мойынсұнып, амалдың жоқтығынан жаңа жағдайға икемделiп, жұпыны  тiршiлгін жалғап жатты.

* * *

 Бiр кездерi азан-қазан қайнап жататын берекелi ауылдан небәрi жетi үй қалғанымен, осы жетi үйде сегiз отбасы тұратын.

Бүгінде жұртта қалған жетi үй жетi тұста жетiмсiреп қадау-қадау қараяды. 

Кезiндегi «Алмалы», «Заречный», «Орталық» көше­лердiң бойында қазiр шошайып бiрден-екiден ғана үй қалған.

Солардың iшiндегi үйірінен адасқан қудай болып, бергi шетте қуарған анау бiреуi — Сәлиманың үйi.

Иә, баяғыда қалаға жиналып, мұғалiмнiң аманатын жүктесек қайтедi деп Кәрiм шал мiндет артпақ Сәлима. Қызық, Сәлима сол жазда қалаға ұзақ жиналып, ақыры бармай қалды... «Қаладан бiр нағашы туысы табылыпты, әжептәуiр қызметте екен», — деп естiген мұндағылар. «Барса жолы болсын, бағы ашылсын қайран баланың!» — деп бiр ауыздан бас шұлғысып, ризашылықтарын бiлдiрiсiп едi бәрі де. Риза болмай қайтедi, бiлген жанға ер-азаматтың қолынан келе бермейтiн кiсiлiк жасады бұл Сәлима. Сәлиманың ондай азаматтығына, оның жүрек тебiрентер адамгер­шiлiгiне қазiр жетi үй ғана емес, бұрынғы Төртiншi ауылға дейiн түгел куә!

Шешесi Нұрбикеш еңбегiн емген шаруақор, бөтеннiң ала жiбiн аттамаған адал жан едi жарықтық. Бұл жалғанның қызығына жете алмай арманда кеткен бiр адам болса — ол Нұрбикеш шығар, сiрә. Тұрмысқа шығып, жар қызығын көрдiм бе дегенде күйеуi бертiнгi жапон соғысына кете барды. Көп өтпей-ақ, қырық бестiң жазында ол жақтан «қара қағаз» алды. Содан Нұрбикеш қайтiп тұрмысқа шыққан жоқ. Күйеуiнен құрсақ көтерiп үлгермесе керек, бiрақ елуiншi жылдардың орта тұсында дүниеге осы Сәлима келген. Жолдан тапқан бұл нәресте қайдан келдi, әкесi кiм, ол жағы ел-жұртқа әлi күнге жұмбақ. Неге екенiн кiм бiлсiн, жеңiл жүрiсiң бар екен ғой деп, онысын Нұрбикештiң бетiне басқан да ешкiм болмады. Нұрекең бұрынғыша өзiнiң қоңырқай шаруасын күйттеп, кiшкентай қызын мәпелеп өсiрiп жатты. Жұмбақтың сырына құмартқан ауылдың қайсыбiр сыпылдаған әйелдерi Нұрбикештi бiрер жыл бақылауға да алған. Алғанымен қия басып, күдiк келтiрер Нұрбикештен мiнез байқай алмаған соң, ақыры олар да сыпсыңдап  аңдуларын қойған.

Сол Нұрбикеш жалғыз қызы тоғызыншы класс оқып жүрген қыста оқыс қаны тасып,  төсек тартып жатып қалған. Соңынан ауруы асқынып, аудандағы ауруханаға түстi. Содан жаз шыға бiр жақ аяқ-қолы сал болып, зембiлмен үйiне қайтқан.

Шешесiнiң жағдайына байланысты Сәлима оныншы класты оқи алмай, жастайынан жұмысқа кiрдi. Шелегін көтеріп фермаға сауыншы боп орналасты.

Нұрбикеш сол жатқаннан табандатқан он жыл бойы төсектен тұрған жоқ. 

Осының бәрiн көрiп-бiлiп жүрген ауылдастары Сәлиманың азаматтығына сүйсiнетiн, қаршадай қыздың қайратына қайран қалысатын. Құрбылары секiлдi бiруақ бой түзеп, клубқа барып би билеп, жастармен қолтықтасып көше қыдырған кезiн де ешкім көрген емес. «Бағыңды байламайын, жолыңнан қалма, қызым!» деп, шеше байқұс талай рет ақ батасын берген екен, ондайға Сәлиманың өзi көнбептi. Әйел­дердiң пiш-пiш өсегіне қарағанда, анау бiр жылдары осы ауылға жұмысқа келген жас зоотехникпен Сәлима сөз байласқан көрiнедi. «Екi жылдық отработкам бiткен соң сенi қалаға алып кетем!» — дептi жас жiгiт. Зоотехниктiң айтқан кесiмдi уақыты бiткен кезде Нұрбикеш қызына: «Теңіңді тапқан екенсің,  барсаң бара ғой», — деген екен. Бiрақ Сәлима еңiрегенде етегi жасқа толып, шешесiн құшақтап үйден шықпай жатып алыпты. Амал қанша, екi көзi боталап, соңына жаутаңдай қарап, жас зоотехник келген жағына кете барған сияқты.


***

Өтiрiк-шыны белгiсiз, осы Мелс мұғалiмнiң де бiр кезде Сәлимада көңiлi болған деген қауесет бар.

— Бетiм-ау, әкесiндей кiсi емес пе? — деп, бұны естiген әйелдер беттерiн шымшыласа керек.

— Несi бар? — десiптi еркектер жағы. — Небары он бес-ақ жас үлкен екен, ер-азаматқа үлкендiк жараса бередi.

Бұл жағдай, тегi, әлгi айтқан зоотехникке дейiн болған тәрiздi. Ұзақ жылдар бойы үйленбей, ауылдың әйгiлi сүр бойдағы атанған Мелекеңнiң көзi күндердiң күнiнде осы Сәлимаға түскен тәрізді. Үй жұмысын да, түз жұмысын да дөңгелентiп тындырып жүрген тал шыбықтай талдырмаш қызға құмартпай қайтсiн! Құмартқанымен, жас айырмасынан жасқанып, жүзбе-жүз сөйлесуге жүрегi дауаламай жүредi. Басы толы идея Мелекең бiр күнi бұл қиындықтың да амалын табады ғой... Алдап-сулап, сый-сыяпат жасап жүрiп көршi бiр әйелдi жеңгетайлыққа жұмсайды. Жеңгетайы Мелстiң сәлемiн Сәлимаға жеткiзгенге дейiн ауылдағы әйел атаулыны адақтап, ақылдасып шығады. Сол-ақ екен, ауыл iшi қораға оқыста ит-құс түсiп кеткендей шулап қоя берiседi. Әрине, заты қыз болған соң, Сәлима да әлгi шудан шошып, мұғалiмнiң маңынан ат-тонын ала қашады.

Жарықтық Нұрбикеш көзi тiрiсiнде атақты наубайшы едi. Нұрбикештiң пiсiрген нанын сыйлы қонақтар келген кезде анау Мұқырдағы бастықтарға дейiн арнайы шаналы атпен алдыртатын. «Нұрбикештiң үйiнен нан иiсi күншiлiктен аңқып тұрушы едi», — дейдi бүгiнгi қариялар. Аңқыған иiстiң өзiне үлпiлдек нан жегендей мар­қайып, былайғы жолаушыға дейiн тамсанып өтедi екен.

Шеше өнерi Сәлимаға да жұғыпты. Бiрақ баяғыдай емес, жалғыз басты қыз баланың үйiне адамдар көп бара бермейдi. Бұрынғыдай емес, Сәлима да тандырды сирек жағады, ұлпа нанды сирек пiсiредi. 

Бригада тарап, сиырды басқа совхозға ауыстырғаннан кейiн, Сәлима сауыншылығын тастаған. Арада бiр ай шамасындай жұмыссыз жүрдi де, соңынан поштабай болып орналасты.

Жалпы бұл ауыл ауыл болғалы «Пошта» деген мекеме бұл жерде атымен болған емес. Сонау жылғы «Коммуна» кезiнде де, кейiнгi «Төртiншi бригада» дәуiрiнде де хат-хабар, газет-журнал күншiлiктегi Мұқырдан атпен тасылатын. Бригада жабылып, жұрт үдере көшiп жатқанда бұрынғы поштабай келiншек те күйеуiн қолтықтап, етекке қарай қайқайған. Оның қайқайғаны жөн болып, бос орын Сәлимаға бұйыра кетті.

— Әгәрки поштабайды да құртар болса — қауым бо­лып хат жазамыз! — деп тепсiнген сонда Мелс мұға­лiм. — Бiз де газет- журнал оқып, қүнделiктi саясаттан хабардар боп отыруға міндеттіміз. Бiздiң ондай құқымызға бiреу­дiң қол сұғуына, тыйым салуына жол бермеймiз. Бiздiң бұл құқымыз заңмен қорғалады. 

Мелстiң бұл айдынды ұранын құлағы шалып қалған әйелi Зайра:

— Өзгесiн қайдам, поштабайды жiбермеуге сен бар жаныңды салатыныңа сенемiн! — деп сөзбен түй­реп өттi. 

— Айналайын Зайраш! — деп оған Мелекең азар да безер болды. — Бұл дегенiң принципиальный әңгiме. Мұның арғы жағында саясат жатыр, сондықтан саяси әңгiмеге әйел баласының араласпағаны жөн! 

Сөйтiп, ауылдың поштабайы өзге мекемелердiң кебiн киiп құрып кетпей, қысқарып кетпей аман қалған. Бұл игiлiктi шаруада Мелс мұғалiмнiң қаншалықты үлесi барын жұрт оншалықты бiлiңкiремейдi. Осы сұрақ көкейiн тесе берді ме, бiрде саңырау Кәрiм мұғалiмнен сыр суыртпақтаған едi:

— Мелс шырағым, — дедi. — Әлгi поштабай туралы хатты айтамын да... Тегi бiздi әурелемей өзiң-ақ тындырған екенсiң ғой? Менiң iшiм бiрдеңенi сезедi... Арызды бiрден жоғарыға жазып, дымдарын шығармай тұн­шық­тырдың бiлем?

— Кәреке, мен жалобщик емеспiн! — дедi мұғалiм. Кәрiм ести алмай құлағын тосты. 

— Мен жалобщик емеспiн! — дедi мұғалiм қайталап.

— Оның рас... Сен ондай емессiң. Сен мықтысың ғой, мықтысың! — деп, Кәрекең осы жолы мұғалiмге қатты сүйсiндi.




***

Поштабайдың өзi қысқармай аман қалғанымен, кесiмдi айлығы қысқарыпты. Сәлима қазiр бұрынғы келiншектiң айлығының жарымын ғана алады екен. Зайраның айтуынша, Мелстiкi бос мылжың, поштабайдың орынын қысқартпай аман сақтап қалған Сәлиманың өзi. Бастықтармен саудаласпай-ақ, жарым айлыққа болса да келiскен көрiнедi. 

Бригада жабылып, ел-жұрт етекке көшiп кеткен соң, жұртта қалған жетi үй түгелiмен газет-журналға жазылғыш, шеттерiнен радио тыңдағыш болып алды. Тiптi, ғұмыры газет бетiн ашып көрмеген, қағаз атаулыны бiрыңғай өзге мұқтаж үшiн ғана пайдаланатын Кәрiм шалға дейiн жазылған. Алып жүргенi — аудандық газет пен «Мода» дейтін журнал. Соңғысы кiлең қыз бен жiгiтi бар, түрлi-түстi, көз тұндырған әлемiш дүние екен. Кәрекең қазiрде қимас туысын тосқандай бұл журналдың әр нөмiрiн тағатсыздана күтiп жүредi... Осының бәрiн ұйымдастырып, жаздырып жүрген Сәлиманың өзi.

Поштабайдың астында бастықтар бекiтiп берген жалғыз ат бар, ол атты «Захар торы» деседі. Олай дейтiнi, баяғыда осы атты құнан күнiнде Захар деген кержақтың шалы үйретiп, ұзақ жыл шаруаға мiнген екен

«Захар торыны» таң қараңғысынан ерттеп, Сәлима аптасына екi рет жолға шығады. Содан Мұқырға барып поштаны қоржынына тиейді де, қас қарая шаршап-шалдығып ауылға жетеді. Биыл қыста қамсаулы шана жегiп, патронсыз ескi он алтыншы мылтықты бауырына басып, тұлып­қа оранып барып-келiп жүрдi. Боранды күндерi пошта жоқ... Анау бір жолы, ақпан туа екi апта бойы дамылсыз боран соққан. Сәлима екi апта бойы тырп етпей үйде жатып, соңынан Мұқырға түссе — газет-журнал тау-төбе боп үйiлiп қапты. Iшiнде тiлдей бiр хат жүр. Қабден ақсақалға Алматыдағы ұлынан екен.

Сол күнi кеште Қабден мен Нұржамал шешейдiң үйiне бiр топ адам жиналды. Дөңгелене отырып, дауыс­тап бәрi әлгi хатты оқысты. Хатта Қабекеңнiң ұлы оқуға биыл түсе алмағанын, бiрақ келесi жылы сөзсiз түсетiнiн, әзiрше құрылысшы боп үй салып жүргенiн, табысы жаман емес екенiн жазыпты. Хат соңында жазда сатқан малдың ақшасынан аздаған тиын-тебен аударып жiберсеңдер деген өтiнiш айтыпты. 

— Әлгi күзде келген хатта «оқуға түстiм» дегенi қайда, бәтiреке? — деп Қабекең бұрқан-талқан болды.

— Оқуын қайтейiн, құлыным аман жүрсе бопты! — деп Нұржамал шешей көзiне қуаныштан жас алды.

— Оқуға түсе алмаған соң ұялған ғой, шамасы, — дедi Сәлима.

— Бәтiр-ау, несiне ұялады? Әке-шешесiнен ұялғаны несi, тағы? 

— Жiгiт емес пе, намыстанғаны да.

— Өйтiп бөтен ел, бөтен жерге кiрiптар болғанша қайтып келгенi жөн едi.

— Осылар ауылдан неге қашады екен? — деп Қасиман таңқалғандай басын шайқады. 

— Жалғыз Қанат па... кеткеннiң бәрi қайтпай жатыр емес пе? — деп Метрей де гүж еттi. 

— Бiр есептен жастардың қалада жүргенi де дұрыс, — дедi Мелс мұғалiм терең ойға батып. — Қайткенмен де Алматы үлкен мәдени орталық қой... Бардан ауысады, балдан жұғысады деген. Қайрат қайтып келген күнде дайын тұрған жұмысың қайсы?.. Бәрiбiр етектегі Мұқырға жiберер едiңiздер!

— Мұқырда туыстары бар ғой... Анау Алматы дегенiң құлақ естiп, көз көрмеген қиян емес пе... жетiмсiреп жүр-ау, құлыным! — деп Нұржамал ендiгi сәтте дауыс шығарып, сұңқылдап қоя бердi.

— Тәйт әрi! — дедi Қабекең жекiп. — Сенiң ұлың басқаның баласынан әулие ме екен? Қайтедi ей, жаманат­қа бастап!

— Менiң де ұлдарым, мына Метрейдiң де балалары қалада жүр ғой, — дедi Қасиман.

— Байғоныс атамның да бiр баласы Өскеменде оқиды, — деп Сәлима Қасекеңнiң тiзiмiн толықтыра түстi.

— Қайта сендердiң балаларың хат жазады. Бiздiкi совсем забыли, черти! — деп Метрей сақалын салалады. — Үлкен ұлымды көрмегелi, мiне, он үш жыл болды. Мен қайтып шыдап жүрмiн осы?

— Әндрейдi айтасың ба?

 — Иә, соны айтам.

 — Ол анау Мұрман деген жерде емес пе едi?

— Иә, сол Мурманскiде...

— Ол жақ суық болады деушi едi. Боран-шашын боп келе алмай жүрген шығар? — дедi бiр бүйiрден Нұржамал.

— Әндiрейдiң әскери шенi қандай едi? — деп сұрады Мелс. 

— Прапорщик!

— А-а? — деп Кәрiм естiмей құлағын тосты. 

— Прапорщик деймiн!

— Апырмай, ә! — деп Кәрiм басын шайқап, Метрей құрдасына бұрылды. — Ол әлгi генарал дегеннен үлкен бе едi, қалай едi? — деп тағы да жаутаңдап қалды.

— Соның ар жақ, бер жағындағы үлкен бастық! — дедi Қасиман бiлгiшсiнiп.

Бағанадан әңгiмеге араласпай, тiсiн шұқып, тыңдап қана отырған Байғоныс миығынан жымиып жөткiрiнiп қойды. Ендiгiсi отырғандардың бәрi мойын бұрып, Байғонысқа аңтарыла назар тiктi.

— Жөн-ақ! — дедi Байекең тағы да жөткiрiнiп. — Сөйтсе де, бiздiң Қанатжан қолымызда өскен бала ғой, қалайша құрылысшы боп жүр екен, а?

— Иә, «құрылысшымын» деп жазыпты, Байеке!

— Қызық екен. Қолынан балта ұстау келмейтiн, жазу-сызуға ғана бейiм бала емес пе едi! Қалайша құрылысшы боп жүр екен, а?

— Байеке, оған несiн таңданасыз? — дедi Мелс.

— Таңданбай қайтейiн, егер алматылықтар бiздiң Қанатжанға өздерiнiң тұрар үйiн, қара шаңырағын сенiп салдырып жатса — олардың жағдайы мәз болмағаны. Апырмай, қолы iс бiлетiн, балта ұстай бiлетiн бiреулер табылмады ма екен?

Байғоныстың сөзiне Метрей кеңк-кеңк күлдi.

— Қанатжан зерек едi ғой, бiрдеңе етiп үйренген шығар, — деп Қабекең ұлы үшiн ақталғандай болып, қипақтап қалды.

...Аптасына болмаса да, айына бiр осындай хат бұл ауылға келiп тұрады. Хатты ең жиi жазатын Байғоныс пен Қасиманның әскердегi ұлдары. Бiреуi Германияда, бiреуi Камчаткада. Көрдiңiз бе, жетiм қалған жетi үйдiң ұрпағының қайда-қайда жүргенiн! Содан кейiнгi алыстағылар — Метрей атайдың балалары. Бiреуi Мурман­скiде, ол кiсiнiң әкесiне хат жазғанын әлi көрген жоқ. Сәлима поштабай болғалы жалғыз рет тiлдей ғана жеделхат келген. Әкесiн жетпiс жасқа толуымен құттықтапты. «Жүз жаса» деген тiлек айтыпты. 

— На кой хрен мне сто лет! Мне и в семьдесят тошно жить! — деп, жеделхатты оқыған кезде Метрей атай кемсең-кемсең жылап алды.

Ол атайдың бiр қызы Таганрог деген қалада тұрады. Тұрмыста. Осыдан үш жыл бұрын күйеуiн ертiп, ауылға келiп қайтқан. Құдайға шүкiр, атай осы қызына дән риза, жылына екi-үш мәрте одан хат алғанына мәз.

Алматы мен Өскемен жақта да осы ауылдың бiр топ жастары бар. Аудан орталығында, облыста тұратын үйлi-баранды жұрағаттар да баршылық. Бiрақ олардың әке-шешелерiне сәлем жолдағандарын Сәлима әлi көрген жоқ. «Шаруадан қолдары босамайтын шығар, төрде отырған төрелер емес пе» деп ойлайтын Сәлима. Қалай болған жағдайда да тамырын тереңге жайған мәуелi ағаштай, ауылдастарының құлақ естiп, көз көрмеген алыс-алыс жерлерде жүргенi поштабай Сәлиманың көңiлiне мақтаныш сезiмiн ұялататын.

***

Бұрынғы «Алмалы» көшесiнде көшпей қалған келесi бiр үй — Қабден ақсақалдiкi едi. Қабекең жасы ұлға­йыңқырап қалса да, өңiн бермеген қызыл шырайлы, кесек бiтiмдi мол кiсi. Кезiнде осы ауылдың балуаны атанып, сабан тойда неше дүркiн бәйге алыпты. Бәйбiшесi Нұржамал екеуi өмiр бойы сиыр бағып, сырт­та жүрдi де, зейнетке шыққаннан кейiн ғана зәйiмкеден ауылға көшiп келген. Қазiр кемпiр-шалдың қолында Әсия деген алты жасар немерелерi бар. Мұқырдағы кенже ұлдың тұңғышы.

Осы ауылда Қабекең туралы алыпқашпа аңыз көп. Соның бәрiне мұрындық болатын Қабекеңнiң ақкөңiл аңғалдығы тәрiздi. Қабекең табиғатынан жуас, қой аузынан шөп алмайтын момын кiсi. Бозбала жасында соғысқа бара жатып, поездан қалайша қалып қойғанын өзiнен сұрасаңыз да айтып бередi... Насыбайы тау­сылып, нешеме тәулiк бойы вагонда ырғатылып, Қабекең өлердей қаңсып келе жатса керек. Күндердiң күнiнде поезд Қызылорда деген қан базарлы бiр қалаға тоқтапты. Мынадай үлкен базардан насыбай табылмас па екен деген үмiтпен Қабекең командирден сұранып, жылыстап теплушкадан түседi. Түссе, расында да, кемсеңдеген ешкi сақал арық бір шал бұйра насыбайды бұрқыратып сатып отыр екен. Қабекең асығыс мұрынына екi атымын тартып жiберiп:

— Бұдан гөрi күштiрегi жоқ па? — деп сұрайды.

— Бар! — дейдi шал бас бармағын шошайтып. 

— Қайда? 

— Менiмен жүрiңiз!

Шал Қабекеңдi қолынан алып жетелей жөнеледi. Соңына қараса, пойызы әлi орнында екен, «не де болса күштiсiн сатып алайын» деп, Қабекең шалға ерiп жүрiп кетедi. Шал базардың арғы бетiндегi бiр бұрылыстағы жапырайған тамға ертiп апарады. Келсе, бұндағы насыбай да пәлендей оңып тұрған жоқ, шамасы әлгi базардағы насыбайдай ғана екен. Саудаласып жатар уақыт қайда, бiр дорбасын сатып алады да, қолтығына қысып елпең қағып вокзалға қарай жүгiредi. Сөйтсе, келген жолымен емес, құдай атып терiс бағытқа қарай лағып кетiптi. Қайдан келiп, қайда тұрғанын бiлмей қалада жарты күн адасады. Бiреулердiң сiлтеуiмен азар дегенде жол тауып, вокзалға келсе, әрине, поезд түгiл сайтан да жоқ, баяғы заманда кетiп қалған...

Дәл осы сәттен бастап Қабекең адам айтса сенгiсiз қиқыметтi бастан кешіредi ғой... Өзiнiң кiм екенiн растайтын куәлiк құжаттың бәрi теплушкадағы қоржында кеткен, қолтығына қысқан насыбайдан басқа дәнеңесi жоқ Қабекеңдi комендатура тергеуге алады. Қандай поезд, қандай бөлiмше — қараңғы Қабекең ол жағын қайдан бiлсiн, жұмған аузын аша алмай қор болады.

Ақыры, Қабекеңдi бiрден-бiрге ауыстырып көп тергеп, әлдебiр үлкен қалаға жеткiзедi. Сол жерде бұны «дезертир» деп тауып, атуға бұйырады. Абырой болғанда, Қабекеңдi өзiнiң жоғалтқан баяғы пойызының бiр офицерi танып, жөн сөзiн айтып, атудан арашалап қалыпты.

 Содан Қабекең майданның орнына он жыл Магаданда айдауда, қара жұмыста болып қайтады.


***

Қабекеңнiң қайбiр қылығын айта берерсiң. Оның баз бiрiн сайқымазақ жігіттер ойдан да шығарып алады екен. Бастарына күлдiргi бiр қызық дүние келе қалса — «Қабекең сөйтiптi» деп, оп-оңай осы кiсiге аудара салатын сияқты. Былтыр жазда шөп шауып жүргенде Байзақ деген тракторшы жiгiт Қабекеңнiң айды аспанға шығарғанын айтып, жұртты қыран-топан күлкiге батырғаны бар. Бiрақ Мелс мұғалiм тракторшы жiгiттi табан астында, тамам жұрттың көзiнше әшкере етiп, Қабекеңнiң абыро­йын арашалап қалған.

— Сенің мұның шыли өтiрiк! — деп мұғалiм бұрқ ете түскен. — Бұл айтып тұрғаның Қожанасырдың әңгiмесi! Сенбесең, бiздiң үйде «Өлген қазан» деген кiтап бар, соны қара!

— Қожанасырдiкi болса қайтедi? — дедi тракторшы Байзақ.

— Онда неге Қабекеңе таңасың?

— Мен әшейiн жұртты күлдiру үшiн айта салдым...

— Елдi бұлай күлдiруге болмайды, — дедi мұғалiм сөзін салмақтап. — Болмаған әңгiменi болды деп, көрім-әзіретті Қабекеңе таңуға тағы болмайды. Бiле бiлсеңiз­дер — Қабекең әулие кiсi.

— Қандай кiсi дейдi?

— Әулие дейдi...

— Пiшту... оттапты мұғалiм.

Жалғыз мұғалiм ауылдағы қай еркектiң аузына қақпақ болсын, бәрiбiр айылын жинап жатқан жан жоқ. Тұздықтап, пiсiрiп, әсiрелеп, Қабекеңдi әр жерде әзiлге қосып жүредi. Сондай әңгiменiң бiреуi осы өткен қыста ғана пайда болды. 

Әлдебiр шаруа бабымен Қабекең Мұқырдағы туыстарына барып, кештетiп үйiне қайтып келе жатады ғой. Ол жақта не жегенiн, не бәле iшкенiн кiм бiлген, әйтеуiр жол ортаға жеткенде, Қабекеңнiң iшi бүлініп, бұрап ала жө­нелiп­тi. Амал жоқ, атын тоқтатып шанадан түседi. Жол үстiне жалпая салуға ұялады да, қарды омбылап самырсынның қалың ортасына бойлап кiредi. Шаруасы тынған соң, көңiлi жайланып, мұртына қатқан мұзды тарап, ағаш арасынан шыға келсе — аты да, шанасы да орнында жоқ... Қабекеңнiң жолға киген тұлып тоны, тiптi түлкi тымағына дейiн әлгi шана үстiнде кете барыпты деседi.

— Әй, Қабеке, айдалада түлкi тымағыңа дейiн шешiп, неғып соншалықты жайланып жүрсiң? — деп, Байғоныс бұл әңгiмеге кәдiмгiдей таң қалады.

— Өтiрiк айтады... Тымағымды шешкем жоқ, тонымды ғана шешкем! — дейдi ондайда Қабекең ақталып.

— Байқұс-ау, тоныңмен жалпая кетпедiң бе... Өлiп қала жаздадың ғой! — деп бәйбiшесi Нұржамал бәйек болады. 

— Ыңғайсыз болар деп едiм? — дейдi Қабекең қателiгiн кеш болса да мойындап.

Расында да сол жолы Қабекең суыққа қатты тоңып, өлiм аузынан қалыпты. Жол ортасы дегеннiң өзi он бес-жиырма шақырым шамасыңда, қаңтардың қақаған аязы жеңiл киiммен оңдырсын ба! Түн жарымында шалы есiктен кiрiп келгенде, Нұржамал баж етiп, көсеуге ұмты­лыпты.

— Әдiрағалды, кiсiкиiк екен деп қалдым! — дейдi шешей шындығын айтып. — Үстi-басы аппақ қырау, көзi ғана жылтырайды. Қайдан бiлейiн, бұл бәтуасыздың бұрқасында бүйтiп жаяу қалғанын!

— Аты қайда, бос қайтқан шана мен аттан бiрдеңе сезбедiңiз бе? — дейдi Мелс мұғалiм.

— Аты құрғыр үйге келмей, ауыл сыртындағы әйдөң­кеге бұрылып кетiптi ғой.

Жұрттың айтуынша, сол оқиғадан кейiн Қабден қыс баласында алысқа ұзап шықпайтын болыпты.


***

Қабекең туралы шындық әңгiменiң бiрi — ол кiсiнiң Мәмбет қойшыға барғаны. Ол кезде Қабекең бір табын сиыр баққан мықты бақташы екен. Бiрақ сол жылы қолындағы өзінің жеке меншiк қойының бәрi еркек туып, күз түсе әлдебiр үмiтпен таныс қойшысы Мәмбетке барады ғой. Екi-үш еркек тоқтыны ұрғашыға аударып берсеңшi деп, қойшыға базынасын айтады. Мұны естiген Мәмбет жатып кеп ашуланады. Бастықтарға айтып, көкеңе танытам, көз бояушылық қара ниетiңдi сотқа жазып, айдатам сенi деп зәре-құтын алады. Қабекең қатты сасып, салы суға кетiп, мiнiп барған атына шейiн тарс ұмытып, сол жолы үйiне тағы да жаяу қайтыпты.

Қабекең туралы жұрт қалай десе де өз еркiнде, бiрақ ол кiсiнiң әдебиетке деген құмарлығы солардың қай-қайсысынан айрықша болатын. Әдебиет болғанда, Қабекеңнiң оқитыны — «Батырлар жыры». Өзi оқымайды, кеш түсiп, шам жанысымен балаларына оқытады.

Кiшкене күндерiнде балалары көкесiне жалықпай-ақ дастандарды бiрiнен соң бiрiн жырлап берушi едi. Ондайда Қабекең «паһ, паһ» деп тамсанып қойып, рақаттана ұйып тыңдайтын. Өсе келе балалары батырлар жырынан жалығып, кеш түссе киноға, клуб жаққа қашқақтауды шығарды.

Балалардың кенжесi — Қайша. Сол Қайшасы бесiншi кластан бастап каникул сайын көкесiне кiтап оқып берiп жүр. Қазiр — тоғызыншыда. Баяғыдағы «Батырлар жырының» мұқабасы жүндей түтiлiп, беттерi сарғайып, бүгiнде әбден ескiрген. Тегi, Қамбар болар, сыртыңда бүркiт ұстап, сауыт киген бiр батырдың әлемiш әдемi суретi бар едi. Соның батыры жоқ, бүркiттiң бiр қанаты, аттың бiр құлағы ғана қалыпты қалқиып. Мейлi, кiтап ескiре берсiн, бәрiбiр Қабекең үшiн бұдан ардақты, бұдан қадірлі кiтап жоқ. Қайшасы кезектi каникулға шыққанша кiтапты ақ матаға қаттап орап, сандықтың түбiнде сақтап қояды.

Былтырғы жылы жұрт жапа-тармағай Мұқырға көшiп жатқанда бiреудiң үйiнен сырты жұлым-жұлым, шетiн тышқан кемiрген «Рүстем-дастанды» қолға түсiргенi бар. Дәл сол күнге дейiн Қабекең iштей өзiн батырлар қиссаларының асқан бiлгiрi санап жүретiн. Көлемi күректей кере қарыс мына кiтапты көргеңде көзі бақшиып, таң-тамаша қалған. 

— Әкiри, мынауың қиссаға ұқсайды ғой? — деп iшi құрғыры қылп ете түсті

Қабекең өзiн қисса-жырдың бiлгiрi санаса санағандай-ақ едi. Кiндiгiнен тараған балалардың бесеуi де осы «Батырлар жырын» көкесiне жырлап берумен ержетiстi. Оның үстiне кейде қонақ болып осы үйге әлдебiр бала-шаға келе қалса, Қабекең оларға да жантая жатып кiтап оқытып жiберетiн. Бар-жоғы жалғыз-ақ кiтап, бұл ғұмырында кем дегенде өзiн жүз рет парақтап төңкерген шығар. Бәрiбiр құлақ құрышы қанып, көңiлi бiр сусындап көрген емес. Бабына жеткен бал қымыздай дәмдi, iшкен сайын iше түскiсi келе бередi шiркiндi! Бәрiбiр қанағат тұтып тойып бермей-ақ қойды. Арып-шаршап тау мен таста мал соңында жүрген кезде де үйiндегi кiтабын сағынумен болады. Осы кiтабы қыстың қырауында да жүрегiн шабақтап, бойын жылытып жүредi.

Сөйткен Қабекеңнiң қолына ойда-жоқта «Рүстем — дастан» тисiн...

— Бәтiреке, мына бiреу қандай кiтап өзi? — деп жұлма-жұлма кiтапты Мелс мұғалiмге апарып көрсеттi.

— «Рүстем-дастан» ғой! — дедi мұғалiм.

— Оның кiм едi?

— Батыр ғой, батыр...

— Ой әкiри, ондай да батыр бар ма едi? — деп Қабекең қатты өкiнiш бiлдiрдi.

— Бар, Қабеке, бар!

— Пошымына қарап, өзiм де тегiн кiтап емес екенiн сезiп едiм. Қап-п-п!

Жаңа кiтапқа құмартқан Қабекең сол күнi Сәлиманы қонаққа шақырып, қатарымен екi кеш оқытыпты. Соңынан Қайша каникулаға шығып, үйге келiп, ол да бiрнеше күн бойы жырлап берiптi. Өзi де сүбесi бес елi семiздеу дүние екен, қазiр Қабекең бiтiруге таяу. Немересi Әсия екеуi ендi Қайшаның көктемгi каникулын асыға күтiп жүр. Қалған беттерi, Қабекеңнiң есебiнше, балалардың бiр каникулынан аспайды.

***

Қасиманның төрт бөлмелi қаңылтыр шатырлы қызыл үйi де көшенiң Қабден тұратын жағында бо­латын.­

Бұрын бұл үйдiң есiгi күншығыс жаққа қараған бiреу едi, қазiр күнбатыстан да есiк шығарып, екеу болған. Көшенiң, «Алмалы» атануы да осы үйге қатысты дедiк қой. Мелс мұғалiмнiң ұзақ жылдар бойы пәтерде тұрып, ұстаздық еткен мекенi де осы үй. 

Алғаш оқу бiтiрiп, бұл шаңырақтың табалдырығын аттағанда — қазiргi әйелi Зайра бесiншi класта оқушы едi. Абырой болғанда, Мелс мұғалiм Зайраға сабақ берген жоқ. Әйтпесе, «мұғалімі оқушысына үйленіпті» деп былайғы жұрт беттерін шымшысып, жаман атқа қалары даусыз едi. Мелс аулға келген жылы Зайра Мұқырдағы интернатқа барып орналасқан. Соңынан сол Мұқырдан оныншыны тәмамдап бiр-ақ қайтты. Қалаға үш жыл қатарынан оқуға барып, түсе алмаған соң амалсыз ауылда сауыншы боп істеді. Болашақ басқадай өмiрдi, баламалы жолды болжай алмай, ақыры екеуi бас қосып, отау тiктi.

Үйленгеннен кейiн, арада бiр ай өтпей жатып, Қасиман екi жасты бөлектеп, үйiн дәл ортадан екiге бөлiп тастаған. Үйдiң қарсы бүйiрiнен тағы бiр есiк ойып, алдына шағын қалқа салып бердi... Сөйтiп, жас жұбайлар жеке үйге шыққандай болысты.

Қасекеңнiң қаймалысқан ғұмырының көп бөлiгi леспромхозда өткен-дi. Денсаулығына байланысты зейнетке ертерек шығып, содан кейiн осы ауылға бiржола кө­шiп келген.

— Бiз, қалқам, сыған сияқты көшiп-қонып үй­рен­гемiз. Дiлекең «әйда» деген күнi айтқан жағына тартып отырамыз! — деп Қабекең кейде мақтанып та қояды.

Дiлекең дегенi — Дiлбар шешей, Қасекеңнiң қырық жыл отасқан қосағы. Ұл өсiрiп, қыз өсiрiп, бәрiн де қанаттандырып, жан-жаққа ұшырып жiберiстi. Қазiр сол жан-жақтағы балаларына айына-жылына қонаққа барып қайтуға қолдары тимейдi. Қолдары тимейдi емес, қыста жол азабынан қорғалайды, жаз шыға «шөп» деп шапқыласады. Өстiп күнде «ертеңмен» жүргенде уақыт та зымырап өте бередi.


***

Қасекең соғысқа бармаған кiсi. Тегi, соғысқа да ағаштың керек болғаны ғой, Қасекеңдi ағаш кесушi қалың қатынның бригадирi етiп броньмен алып қалған. Әйел бiткендi ағаш кесу шаруасына үйретiп болған соң, өзi сал ағызушы боп, ең қиын әрi қауiптi учаскеге ауысты. Ақ көбiгiн аспанға атқан Бұқтырманың бойымен қаншама миллион текшеметр ағашты Зеранға дейiн айдап апарды десеңшi! Есiне алса, бүгiнде соның бәрi ертек сияқты, өзi де әзер сенгендей.

Соғысқа бармай қалған жалғыз Қасекең дейсiз бе? Басқаны қойғанда, iргедегi анау Кәрiм де барған жоқ. Бiрақ соғысқа бармадым-ау деген ой Кәрекеңнiң қаперiне де кiрiп шықпайды. Не үшiн соғысқа бармағанын сұрасаң: «Шақырған жоқ, шақырмағасын мен барғам жоқ, қойымды бағып жүре бердiм», — дейдi ол күмiлжiп.

Ал Қасекең болса военкоматтың бронiмен қалған бөлекше кiсi. Майдан үшiн жан аямай тылда еңбек еткен жауынгер. Қасекеңе салсаңыз, арқыраған ақөркеш асау өзенмен сал ағызу — атойлап жауға шапқаннан оңай дей алмайды. Ендеше тылдағы ауыртпалықтың осындай астарын Байғоныс ағасы неге түсiнбейдi? Қасекең соған күйiнедi.

Бұл ауылда мектеп төрт жылдық болып, оның мұғалiмi өзiнiң қазiргi күйеу баласы Мелс болып тұрған кезде оқушылар бiр игiлiктi бастама көтерген. Соғысқа қатысқан азаматы бар үйдiң қақпасына қып-қызыл бесбұрыш жапсырып, сенбi-жексенбi күндерi әлгi үйдiң қорасын тазалап, отынын кесiп, әжептәуiр қолғабыс көрсетiп тұрды. Бiрақ Қасекеңдi елеген ешкiм болмады. Мелске жағдайын түсiндiрiп, қақпаның маңдайына жұлдыз жапсыруын өтiнiп едi, болашақ күйеу баласы табансыздық танытып, тайқып шықты:

— Бәрi де дұрыс қой, — дедi ол. — Мен бәрiн де түсiнемiн. Дегенмен қолыңызда арнайы документіңіз болмаған соң, бұл мәселенi мен шеше алмаймын. Әрi өзiм сiздiң үйде тұрам. Сосын жұрт мен туралы не ойлайды.

Мұғалiмнен қайран болмаған соң, Қасекең ертеңiнде салып ұрып балташы Байғонысқа барды. Байекеңнiң Қасиманнан бес-он жас үлкендiгi бар едi, iзетпен сәлем берiп:

— Байеке, бiз де Жеңiс үшiн бiр адамдай тер төккен кiсiмiз. Оның шет жағасын өзiңiз де бiлесiз! — деп сөзiн салмақтап, әрiден қозғады. — Қар жастанып, мұз тө­сенiп дегендей, тау басынан ағаш кесiп арпалыстық. Қала бердi қақтығысқан қалың бөренеге жол салып, белшемiзден су кешiп, сал ағыздық. Кәрiм сияқты емес, мен өкiметтiң арнайы бронiмен қалдым. Ендеше мен де өзiмдi тылдың жауынгерi санаймын...

— Санасаң санай бер, — деп балта шауып отырған Байғоныс Қасекеңнiң сөзiн оқыс бөлiп жiбердi. — Маған салсаң, мен олай санамаймын.

Бұндай жауаптан гөрi Байғоныстың анау балтасының дүмiмен көк желкеден қойып қалғаны Қасекеңе жеңiлдеу тиер едi. Таңдайы кеуiп, тiлi тұтықса да, Қасекең шырылдаған шындықтың түбiне жетпек болып бекiндi:

— Ендеше сiз қалай санайсыз? — дедi Қасекең екi жақты келiсiм, ортақ мәмiле iздеп.

— Мен ештеңе деп те санамаймын! — деп Байғоныс шорт кестi.

— Жо-жоқ, Байеке, — деп Қасекең шыр-пыр болды. — Олай болуы мүмкiн емес. Не ақ, не қара деп бiр жағына шығу керек. Яки сiз де бiрдеңе деп санауға тиiссiз?

— Санасам — айтайын, — дедi Байғоныс бар денесiмен Қасиманға бұрылып. — Сен қолыңа мылтық ұстап көрген жоқсың — бұны бiр де, дәрi иiсiн иiскеп көрген жоқсың — мұны екi де, окопта жатып биттеп көрмедiң — мұны үш де, бiрге жүрiп, бiрге тұрған достарыңның қазасының қандай екенiн бiлген жоқсың — мұны төрт де, значит, бұлардың бәрiн көрмеген соң сен соғысқа қатысқан жоқсың — бұны бес де! Мiне, осы бес пактi саған жете ме?

— Биттеп дейдi... бит деген бiзде де болды ғой? — деп Қасиман мүдiрдi. — Бәрiбiр сiздiң бұларыңыз әдiлетсiздiк!


***

Ардақ тұтқан ақсақал ағасынан да қолдау таппаған Қасекең ендiгi жерде жұлдызшаны жұқа тақтайдан әдемiлеп кесiп, егеп-жонып өз бетiнше жасап алады. Қырсыққанда жұлдызшаны бояйтын қызыл бояу Байғоныстан өзге бұл ауылда ешкiмде жоқ боп шығады. Шарасы таусылған Қасекең басын иiп Байекеңе қайта барады ғой.

— Қызыл бояуды не iстегелi жүрсiң? — дейдi Байғоныс күдiктенiп.

Жұртқа өтiрiк айтып көрмеген Қасекең бiраз кiбiртiктеп, күмiлжiп, ақыры шындығын айтады.

 Сол-ақ екен, Байекең ерiн мойнына алған атша тулапты. Қасиманның тiрлiгi барып тұрған жүгенсiздiк екенiн, соғысқа қатысқандардың тiзiмi қатаң түрде мектептiң тiзiмiнде тұрғанын, ол тiзiмдi өзгертуге Қорғаныс министрiнен басқа ешкiмнiң де қақысы жоқ екенiн алға тартады. Егерде Қасиман ұяты жетiп, шынымен ондай ауыр қылмысқа барар болса — масқара етiп газетке мақала жазып жiберетiнiн, немесе осы өңiрдегi барша соғыс ардагерлерiн жинап, мәселенi қатаң түрде жиналыста қарайтынын, шындық жолында жеңiске жеткенше ештеңеден де аянбайтынын қатты ескертедi. 

Бәледен машайық қашып құтылыпты дегендей, Қасекең не үшiн келгенiн де ұмытып, алды-артына қарамай безе жөнеліпті.

Сөйтiп, Қасиманның асыл арман, ақ ниеті орындалмай қалған. Бар өнерiн салып, әдемiлеп өзi жасаған жұлдызшаны қақпасының маңдайшасына жапсыра алмады, тiптi оны қызылға бояп та үлгерген жоқ. Арманы аяқсыз қалған соң, жұлдызшаны аппақ шүберекке әдiптеп орап, «ұрпағыма аманат» деп сандықтың түбiне қаттап салып тастады.

Жұлдызшамен болған ыңғайсыз жағдай Қасекеңнiң көңiлiне қара көлеңке тастап, өмiрiнiң мәнiн өзгертiп жiбергендей болған... Мұз жастанып, қар төсенiп, белшесiнен су кешiп, өмiр мен өлiмнiң арасында өткiзген қиын-қыстау жылдары, ендi қараса, ешқандай да есепке енбей қалыпты. Басқалар алып жатқан атақ, көрiп жатқан құрмет бұл үшiн жоқ екен. Неге олай болды? Кiмнен сұрайды? Бұл сұрақтың жауабын кiм бередi? 

Қасиман жанын қинаған осы тұңғиықтан үлкен ұлы әскерге кеткеңде бiр серпiлгендей болған. 

Ұлы әскерге кеткенде Қасекең бұл ауыл бұрын-соң­ды көрмеген ұлан-асыр той жасады... Совхоздың шаруасы ыңғайланып, мал семiрiп, арқаны кеңге салған жайма-шуақ кез едi, содан ба, тойға ауылдың тайлы-таяғына шейiн жиналды. Жұрттан жырылып жалғыз қалғанға ұялды бiлем, бәйбiшесiне iлесiп бұл тойға Байғоныс та келген.

«Көрсiн Қасиманның қандай екенiн! — деп шалқыды iштей Қасекең. — Бiздiң де әулеттен әскер шыққанын бiлсiн бұл ел!»

Iңiрде басталған той ұзақ таңға ұласты. Бала-шаға болмаса, Қасекең ересек адамдардың бiрде бiреуiн қайтарған жоқ, ән айтқызып, би билетiп дегендей, таң атқанша сауық құрғызды. Таң сiбiрлеп атқан мезетте пар аттан жегiлген қамсаулы үш шана есiк алдына сырғып келiп тоқтай қалған.

— Ал, қанеки, Мұратжанды шығарып салам деген­дерiң шаналарға бөлініп отырыңдар! — дедi Қасекең ұрандап.

Қызып алған жастар жағы шаналарға лап қойысты. Шығарып салушылардың көптiгi сондай, әскерге кетiп бара жатқан Мұраттың өзiне орын әзер табылды.

Сонымен не керек, үш шанаға тиелген сауыққой жастар Мұратты сонау Мұқырға дейiн шығарып салыс­қан. Мұқырды бастарына көтерiсiп өлең айтып, улап-шулап жүрiп Мұратты ауданнан қатынайтын жалғыз автобус­қа отырғызған.

 Ұлын автобусқа отырғызып, қоштасып жатқан кезде Қасекең шыдай алмай солқылдап жылап жiберсе керек. Әкелiк сезiм ғана емес, құрғыры, ащы судың да қызуы ма, қай-жайдағы өкпе-назы есiне түсiп, ұлын құшақтап, өксiгiн баса алмайды. Еңкiлдеген әкесiн көрiп, Мұрат та жылайды. Ерiп келген қалың жұрт әке мен ұлдың қоштасуының куәсi болып, бәрi де елжiрей тебiренiп қарап қалысады.

— Әке, қателiгiм болса кеш менi? — дейдi ұлы сол­қылдап.

— Кештiм, құлыным, кештiм! — дейдi әкесi еңкiлдеп.

— Әке, темекi тарттың деп ұрсушы едiң, ендi тарт­паймын, қоямын, әке! — дейдi ұлы мұрнын қорс еткiзiп.

— Тарта бер, құлыным, сен ендi әскер болдың, үлкен азамат болдың, ендi саған бәрi де рұқсат! — дейдi әкесi ұлының маңдайынан сүйiп.

— Әке, тiрi жүрсем ендiгәрi сенi ешқашан рен­жiтпеуге тырысамын! — дейдi ұлы.

— Сен онсыз да жаман әкеңнiң езiлген еңсесiн бiр көтерiп тастадың, құлыным! — дейдi әкесi мейiрленiп. – Сенiң әскер болғаның, әкеңдi ұрайын... достарымды қуантып, жауларымды жер еттi!

— Қош, сүйiктi әкем менiң! — дейдi ұлы басын тiктеп.

— Әскерге лайық бол, ұлым. Сенiң әскер болғаныңды көре алмаған жауларымның iшi күйсiн, жаным! — дейдi әкесi кеудесiн керiп.

— Қош, аяулы әкем менiң! — деп ұл солқылдайды.

— Әулетiңнiң намысын таптатпа, балам! — деп әке жiгерленедi.

— Қош, қайран әке!

— Қош, намысым менiң!

Бұндай қимас қоштасуға тiрiдей куә болып, бақырайысып қарап тұрған қыздар жағы шыдай алмай беттерiн басып, сұңқылдап бәрi жылап қоя берiсiптi. 

Сөйтiп, екi көзi бұлаудай, ботадай боздап Мұрат автобуспен бораңдатып әскерге кете барады. Қасқыр шап­қан қоралы қойдай шуласып, қолдарын бұлғай-бұлғай зар илеп, ауылдастары соңында қала бередi.


***

Әттең, бар әңгiме осымен тамамдалса жақсы ғой шiркiн, онда құда да тыныш, құдағи да тыныш болар едi-ау! Амал нешiк, екi күн өтiп, үшiншi күн жеткенде улап-шулап шығарып салған баяғы Мұратжан сүйре­тiлiп үйге қайтып келiптi. Ұлын көргенде әкесiнiң шығарға жаны қалмай:

— Ойбай-ау, не болды, айт шыныңды?! — дейдi сас­қалақтап.

— Көктемге қалдырды, — дейдi ұлы ұртын томпайтып.

— Құдай-ау, баянкомның аяғына жығылып жалбарынсаң да неге кетiп қалмадың?

— «Қайта бер» дедi, мен бұрылдым да қайтып кеттiм, — дейдi ұлы иығын қиқаң еткiзiп.

Әскерге жарамай қайтып келгенiн Мұраттың өзi қалай қабылдағанын кiм бiлсiн, әкесi Қасиман кiрерге тесiк таппай қиналған. Бiр теуiп, жердiң астына түсiп-ақ кеткiсi келдi. Барар жер, басар тауы тарылып, бiр ай бойы кiсi бетiне қарай алмай жүрдi.

 Арада шаруаның арпалысқан тiрлiгiмен қытымыр қыс өттi. Ақыры көптен күткен көктем де шығып, военкоматтан тағы бiр шақыру қағазы келген. Бұл жолы Мұрат тезегiн жасырған мысықша ел-жұрттан ұрланып, қараңғы түндi жамылып, әскерге үн-түнсiз зытып отырды.­


***

Қасиман үйiнiң жартысын жастарға бөлiп, қарсы беттен бөлек етiп есiк шығарып бергенiмен, қазан-ошақтары әлi күнге ортақ. Бүгiнде Зайра ғана емес, күйеу баласы Мелс те Қасекең мен Дiлбар шешейге баласындай бауыр басып кеткен. Қасекең күйеу баласының бойындағы көп бiлетiн, көп оқыған бiлiмдiлiгiн сыйлайды. Талай жыл қатарынан осы ауылдың бала-шағасын жалғыз өзi оқытып, бiлiм нәрiмен сусындатқанын мақтан тұтады. Мелс болса атасының ақ жарқын адалдығын, бөтеннiң көңiлiн жықпас жiбектей мiнезiн құрметтейдi.

Зайраға үйленген жылы Төлеужан деген қызыл мұрын бiр жiгiттiң Мелспен байланысқаны бар. Алдымен тiлiн безеп, қалжыңмен қажаған болды. Соңынан, оқыған мұғалiмдi қара сөзбен жеңе алмасын сездi ме:

— Күшiк күйеу! — деп көзiн қысып қулана күңк еттi. Сосын бұл «тапқырлығына» өзi риза болып, шиқ-шиқ күлдi.

Мелс те жұрттың осындай оспадар сөзiнен қауiп­тенiп, қарадай қуыстанып жүретiн. Мынаны естiгенде оқыс қақпанға түскендей, iшкi әлемi әлемтапырық боп кеттi. Шиқылдап күлген қызыл мұрынға не дерiн бiлмей тiлi тұтығып, мелшидi де қалды. 

Арадағы өресiз әңгiменi үнсiз ғана тыңдап отырған Байғоныс дәл осы мезетте келiп арашаға түскен. Байғоныс арашаға түспегенде, Мелекеңнiң сол күнi шұғыл бiр шешiмдi жасары даусыз болатын. Жаман айтпай, жақсы жоқ деп, ондай шешiмге iштей дайындалып та жүретiн: атасынан iргесiн аулақ салып, көзге күйiк болмай «Заречный» көшесiне көшiп кетсем деп ойлайтын. Егер оған Зайра көнбей жатса, азаматтық намыс үшiн ажырасуға да дайын едi бұл Мелс... Шабаданын арқалайды да, жалғыз өзi қайқайып отырады. 

Бағына орай бұл жолғы кикiлжiң ондай төтенше жағдайға жеткiзбей, бейбiт шешiмiн тапты:

— Шырағым Төлеужан, — дедi Байғоныс әлгi қызыл мұрын жiгiтке бұрылып. — Сен, бiрiншiден, қызара бөртiп тойып отырсың, сондықтан да аузыңа келгендi көкiп отырсың. Біз соның бәрiн де естiп отырмыз. Мұның ел мен жұрттан ұят нәрсе! Екiншiден, сөзден ұтылғаныңды мойындамайтын бiлместiк таныттың. Мұның, сайып келгенде, бiлместiк емес, жетесiздiк болды. Үшiншiден, «күшiк күйеу» деп ауылың ардақтаған жалғыз мұғалiмдi қорлағың келдi. Мұның өрескел ұят нәрсе... Бiлген адам бұл балаға рақмет айту керек. Елiн тастап, жерiн тастап, сонау Талдықорғандағы әке-шешесiне де қарайламай, бiзге келiп бала оқытып жүр. Сендер болсаңдар албаты қаңғырып,  түзден тоят iздеп, ауылды меңсiнбейсiңдер. Оқу бiтiр­гендерiң қайтып оралмай, қоңыз терсеңдерде қалада қалғыларың келеді...

 Байекең осы арада тамағын кенеп, көзiн Мелске төңкерген:

— Алыс ауылдың қиындығына қарамай тыраштанып адалынан еңбек етiп, Мелс шырағым, сен өз баламыздай бiзге бауыр басып кеттiң. Сол үшiн де саған бiз екi дүниеде дән ризамыз! Ал «күшiк күйеу» дегенi — Төлеужанның сандалғаны. Сен күшiк күйеу емессiң, шырағым. Өйткенi, сен Зайраға үйленгенге дейiн де Қасиманның үйiнде пәлен жыл пәтерде тұрдың. Қасиман мен Дiлбарға туғандай болдың. Сенiң еңбегiң артығымен сiңдi бiзге. Сайда саны, құмда iзi жоқ қаңғырған бiреу демедiк, маңдайынан шертiп қай қызымызды таңдасаң да еркiңде едi. Зайраны алып, Қасиманға күйеу болдың, оны да жөн деп таптық. Мынау Төлеужан сияқ­ты құрдастарың жырқылдай берсе — шаңырағыңның бөлек, есiгiңнiң түзден екенiн көздерiне шұқып тұрып көрсеткейсiң. Мүмкiн, сонда ғана көздері жетіп, ендiгәрi ауыздарына уақап болар бұл жетесiздер.

— М... м... мен... мен причем? — дедi Төлеужан сасқалақтап. — Мен ауылды меңсiнемiн... Мен осы ауылдың маңдай алды механизаторымын.

— Сөздiң рәсiмi де, Төлеужан, — дедi Байекең. — Нақты сенi емес, сенiң кейбiр құрдастарыңды мысалға айтып отырмын.

Мелс үстiнен ауыр жүк түскендей жеңiлейiп қалған. Жайшылықта көп сөйлемейтiн тұйық кiсiнiң ойда жоқта ағыл-тегiл ақтарылып, өзiн жер-көкке сыйғызбай мақтағанына бiртүрлi шамырқанып, көңiл құрғыры көлдей толқып кеттi.


***

Расында, педучилищенi бiтiрiп, жиырманың үшіне шыққан жас жiгiт жолдамамен осы ауданға келгенде, бұл жақта мүлдем қаламын деген ой үш ұйықтаса түсiне кiрмеген. Алғашында мектепте екi мұғалiм болатын. Арада жыл өтпей жатып бұрынғы ағай аяқ астынан жүрек дертiнен қайтыс болды да, Мелс мектепте сопайып жалғыз қалды. Сөйтiп бастауыш төрт класқа да жалғыз өзiне сабақ беруге тура келдi... Төрт класс деген аты болмаса, әр класта бес-алтыдан ғана бала бар еді. Бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша, Мелс те екi-екi кластан бiрiктiрiп оқытты... Түске дейiн бiрiншi мен үшiншi, түстен кейiн екiншi мен төртiншiге сабақ бердi.

Алдымен бастықтар тапсырған жұмысты икемдеп, ретке келтiрiп ала­йыншы, сосынғысын көре жатармын деп кесіп-пішіп едіБірақ, жұмысқа бойлап бiр кiрген соң, таусылып бермес күйтің шаруа шырмауықтай аяққа оратылып, байланып қала берді. Санада да, санатта да жоқ бұл ауылда мұғалімді құдайдай сыйлайды екен, құрмет тұтады екен. Содан да болар, көген көз көпшіліктің артқан сенімін тағы аттап кете алмады. Сөйтiп жылдар бiрiнiң артынан бiрi жылжып өтiп жатты. Мұғалiмнiң сүр бойдақ саяқтығы ұзаңқырап, құрдастарының әзіл-қалжыңы көбейіп бара жатқан соң, амал жоқ, үйленiп тынды. Ал, бас құраған басыбайлы еркектiң жағдайы қай заманда да, қайбір заңда да белгiлi ғой...

Шүкiршiлiк, оқудан босап, жазғы каникулға шығысымен жыл са­йын Талдықорғанға барып, Қапалда тұратын туған-туыс­қандарын бір адақтап қайтады. Соңғы жылдары бала-шағасымен қаздай шұбап жүр. Бiр қызығы, қазiр меймандап ол жаққа бара қалса — апта өтпей жатып Алтайдағы ауылын сағынатын мінез шығарды.

— Мен туғаннан интеллигент боп туғам! — дейдi Мелс өзi жайында сұрай қалсаңыз. — Әкем — мұғалiм, шешем — мұғалима, менен үлкен екi ағамның екеуi де мұғалiм, қарындасым — дәрiгер, кiшi iнiм — ол да мұғалiм. Менiң затым түгiлi, атымның өзi тұнған интеллигенция: М дегенiң — Маркс, Э дегенiң— Энгельс, Л дегенiң — Ленин, С дегенiң — Сталин. Бәрiн қосқанда МЭЛС шығады. Жалпы менi Мелс деп қате айтып жүр, паспортымда да дұрыс жазылмаған. Менi оборотный Э-мен айту керек!

— Бәрi де жөн, Мелс шырағым, — дейдi ондайда Байғоныс ақсақал ауыл мұғаліміне ілтипатын білдіре. — Сенiң ақсүйек, бiлiмдi екенiңе күмән жоқ. Әттең, сен Шәкiрiптi көрмедiң ғой... Мiне, бiлiмдi деп сол кiсiнi айт! Мiнбеден саң­қылдап сөйлеп бергенде жылаған бала уанушы едi. Сол кiсiмен бiр кездессең — зерексің ғой, сен де көп нәрсе үйренер едiң... Ғұлама едi ғой, ғұлама болатын бiздiң Шәкiрiп!

— Ол кiсi қазiр қайда едi? — дейдi Мелс шынымен құмартып.

— Өрел мен Мұқырда ұзақ жыл бойы селсебет боп iстедi. Пенсияға шыққан соң Катонға көшiп кеткен.

— Рас айтасың, Шакировтай бiлiмдi кiсiнi мен де көргем жоқ, — деп ондайда Метрей атай да құрдасын қостап қояды.


***

Байғоныстың сөзi негiзсiз де емес едi. Бұл ауданда бiр кезде Абдолла Шәкiровты бiлмейтiн пенде жоқ болатын. Ауылдық кеңестiң төрағасы болып әр жерде iстеген қадiрмендi, елге сыйлы азамат-ты. Шәкiров келе жатыр дегенде сиыр мөңiреуiн, қой маңырауын қояды екен деседi. Өйткенi, төраға жұрттың артық малын жылма-жыл жиып алатынын былай қойғанда, әр үйде қанша қаз, қанша тауық барына дейiн жатқа бiледi екен. Ел мен жұрты ол кiсiнi кереметтей құрмет тұтып, «Селсебет» деп атап кетiптi.

— Алпысыншы жылдардың басы едi, — дейдi балташы Байғоныс алыста қалған бiр жайтты есiне түсiрiп. — Шәкiрiп бiздiң үйге келiп, биыл қанша мал тапсыратынымды тiркеп, уәдемдi алды. «Жалғыз тайыншамды соғымға жығуға рұқсат ет», — деп жата кеп жабыс­тым. Көнбей-ақ қойғаны. «Сiз жеке басыңыздың пайдасын ғана көздейсiз, ал үкiметтiң жоспарын неге орындамайсыз?» — деп, қолындағы газеттi шошаңдатып, өзiме бәле салды. Амал жоқ, соғымға деп арнайы бордақылаған тайыншамды алдына салып қоя бердiм. Кетiп бара жатып: «Жолдас Байғоныс, биыл мына ала сиыр егiз бұзаулайтын секiлдi. Жасырмай, екеуiн де селсебетке тiркетiңiз!», — деп бұйыра тапсырып кеттi. Алла-ай десеңшi, Селсебетiм мұншалықты көрiпкел бола ма, ала сиырым сол жылы расында да егiз бұзаулады.

Жалпы ол кiсi жайында бұл өңiрде әңгiме баршылық. Шәкiровтi көзi көрген қайсыбiр қариядан сұрамаңыз — «қызметiне өлердей адал едi» деп сүйсiне еске алысадыОл кісі жас болсын, жасамыс болсын, бәрiмен де «жолдас пәленше», «жолдас түгенше» деп аса ресми мәнерде сөйлеседi екен.

Шәкiровтың әсiресе жиналыстарда көсiлiп сөйлегенi кереметтей әсерлi едi деседi. Ол кiсi мiнбеге шыққанда мiндеттi түрде стақанмен су сұратады екен. Мiнбеде тұрып, тамағын қырнап жөткiрiнiп, судан бiр ұрттап қойып:

— Қымбатты азаматтар мен азаматшалар! — деп бас­тайды екен баяндамасын. Содан кейiнгi сөзi әр­дайым:

— Совминнiң пәленшесiншi жылғы пәленше нөмiрлi қаулысы бойынша, — деп жалғасатын секiлдi. Шәкiров дәл осы тұста сөзiн кiлт үзiп, жайлап көзiлдiрiгiн шешiп, залда отырғандарды бiр шолып шығады екен.

Сосын:

— «Совмин» дегенiмiз, қымбатты азаматтар мен азаматшалар, «Совет Министров» деген болады! — деп, стақандағы судан тағы бiр жұтып жiбередi екен.

Қайдағы бiр қиын сөздiң мағынасын осылайша оп-оңай тарқатып бере салған «селсебеттiң» бiлiмпаздығына әсiресе шал-кемпiрлер жағы қайран қалып, бастарын шайқасатын көрiнедi.

Бәле шықса осы жастардан шығады. Кезектi сондай жиналыстың бiрiнде «Селсебетке су дайындаңдар» деген тапсырманы алған сайқымазақ бiреу судың орнына стақанға толтыра арақ құйып, лып еткiзiп ұсына қойыпты. Шәкiров ұсынған ыдысты қолына алып, әдетiнше ұрттай бере сәтке ғана бөгелiп қалады. Сосын сабазың стақанды тамсана тұрып көмейiне төңкере салыпты. Артынша әдеткiдей «Қымбатты азаматтар мен азаматшалардан» бастап, түк болмағандай сөзiн жалғай жөнелiптi.


***

Мелс мұғалiм Төртiншi ауылға келгелi бергi өзiнiң ширек ғасырға жуық ғұмырында Шәкiров туралы әңгiменiң талайын естiген. Әдемi әзiлге толы, iш тарта айтылған осы әңгiме-әпсананың қай-қайсысы да мұғалiмге жағатын. Аты аңызға айналған ауылдық кеңестiң бұрынғы төрағасына деген құрметi ме, әлде ұзын сөздi толық айтқаннан гөрi ыңғайлырақ санады ма, Мелекең де әңгiме арасында Министрлер Кеңесiн «Совмин» деп қысқартып айтып жүрді.

Мектеп жабылғаннан кейiн Мелс мұғалiм мүлде жұмыссыз бос қалған едi. Жұмыссыз мұғалімнің қадір-қасиеті де біртіндеп кетіңкірей береді екен. Зайраның түртпегiмен, оңтайлы бiр қызмет сұрап етектегi Мұқырға барып қайтқан. Совхоз директоры Түсiпбеков мұғалiмдi жылы қабылдағанымен, «әзiрге ұсына қояр ештеңе жоқ» деп, шарасыздық танытып, қолын жайған.

— Пажалыста, осы Мұқырға көшiп келiңiз, бiр­деңесiн қарастырайын? — дедi ол мұғалiмнiң ұзақ жыл бойы сiңiрген адал еңбегiн ескерiп. — Әйтпесе «Төр­тiншiден» сiздiң ыңғайға келетiн жұмыс табамын деп айта алмаймын... Кстати, анау сiздер жақтағы Ақшоқының сатысына келешекте марал кiргiзсек қара­уылдық орын болып қалуы мүмкiн. Оған қалай қа­райсыз?

— Бiз қандай жұмыс болса да тартынбаймыз! — дедi мұғалiм жiгерленiп.

— Ендеше күтiңiз сол орынды.

— Күтемiн!

Сол «күтемiнмен» арада бiраз уақыт өттi. Ақшоқының ар жақ, бер жағы баяғыда-ақ сатымен айқыш-ұйқыш қоршалып бiткен. Бiткенiмен, саты iшiне әлi бұғы-маралды кiргiзген жоқ. Яғни, бұғысы жоқ, маралы жоқ сатыға күнi бұрын қарауылдың қандай қажетi бола қойсын?

— Жұртта қалған жұрындай қашанғы селтиiп жүре бермексiң? — деп ренжидi кейде Зайра. — Еңсеңдi көтерiп, есiңдi бiр жинасаңшы? Өстiп омалып үйде отыра бергенше — кетейiкшi бас ауған жаққа!

— «Бас ауған жаққа» дейдi... Қызық екен! — деп, Мелс әйелiнiң сөзiне кәдiмгiдей ойланады. — Мәселенки, менiң өмiр бойғы арманым — «Франс Иосиф жерiн» бiр көру едi. Егер солай қарай тартып отырсам, соңымнан ерiп барар ма едiң?

Мелс мұғалiм осыншалық қиын сұрақты қоюын қойса да, «сынағандай менiң мұным не, ұят-ау» деп, әйелiне мейiрлене қарайды. Iштей толқып кеткендiктен аздап кеудесi де алқынып, оның соңы күркiлдеген көк жөтелге ұласады.

— Дүниенiң шетiне кетсең де етегiңнен ұстап қалмаймын! — дейдi Зайра ақ ниетiмен, солай деп еркелеп күйеуiнiң шашын салалайды.

— «Франс Иосиф жерi» — шынында да дүниенiң шетi...

— Шетi болса бола берсiн...

— Шетi емес-ау, оның да арғы жағы... Жыл он екi ай қыс, алты ай бойы қара түнек басып жататын Қиыр солтүстiктегi арал... Екi арада Мұзды мұхит жатыр.

— Мейлi, — деп Зайра оған да келiседi. — Әйтеуiр саған жұмыс табылған жаққа қарай кетейiкшi!

— Әй қайдам? — деп осы арада Мелстiң өзi де кү­мәнданады. — Ол аралда маған оңтайлы жұмыс табыла қояр ма екен?!

Осындай құрғақ қиял, бос әңгiмемен әзiрге уақыт өтiп жатыр. Зайра «көшейiк» деп күнде құлақ етiн жейдi. «Сәл күтейiк, деректір айтқан әлгi қарауылдың жұмыс әне-міне болып қалар» деп Мелс Мұқыр жаққа жаутаңдап қояды.


***

Қолы бос мұғалiм түнеу күнi үлкендердiң бас қосқан бiр жиынында ортаға ғаламат идея тастаған.

— Дача салуымыз керек!-—дедi мәселенi төтесiнен қойып. — Бiз осы кiмнен кембiз, ағайын? Қазiр өкiметтiң өзi қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты жоюға ұмтылуда. Ендеше жоғарыдан жарлық күтпей, инициативаны өз қолымызға алғанымыз жөн... Студент кезiмiзде қала өмірінің жай-жапсарына бiз де бiршама қаныққамыз. Рақат солардiкi... Сенбi күнi бала-шағасымен дачаға тартады. Таза ауа жұтып, демалып, жексенбi күнi кешкiсiн сiп-сiбежи боп қайтып келедi. Мiне, өмiр деп соларды айт! Олай болса, ағайын, бiз қалалықтардан кембiз бе? Бiз оларға ұқсап демалуға қақымыз жоқ па? Әлде дача салу қолымыздан келмей ме?

— Даша дейдi... Әлгi Мұқырдағы тракторшы Сәмөшкөннiң қатынын айтып отыр ма? — деп саңырау Кәрiм құлағын тосты.

— Айтып отырғаным Сәмөшкөннiң әйелi емес, демалыс үйi жайында! — дедi мұғалiм түсiндiрiп.

Құрыстанған маңдайын сипап, көзi кiртиiп есiнеп-құсынап әзер отырған Қабден:

— Бәтiреке, таза ауа дейтiндер қайта бiзге келмей ме? — деп немқұрай пiшiнде пiкiр қосып қойды.

— Қабеке, бүгiн ұйқыңыз бiртүрлi шала ғой? Түз жортып, түсiңiз қашып жүрген жоқсыз ба өзi! — дедi құрдасына Қасиман.

— Таздан тарақ қалғалы қашан, — деп Қабден тағы да есiнедi. — Үйден қандала деген бәле шығып, екi күн болды, мазамды алып, ұйықтатпай жүргенi.

— Қандалаға мазаң кетсе, әлi де қытығыңның басылмағаны-ау, сайтан?

— Ағайындар, байыпты әңгiмеге қысыр сөздi қыстырмалап қайтесiздер! — Мұғалiм үлкендерге ренiш бiлдiрдi.

— Таза ауаны айтам, — дедi Қабден өз ойын тағы қайталап. — Таза ауа дегенiң осы бiзде емес пе? Алтай ғой бұл, Алтай... Суы бал, көдесi майса Алтай, қасие­тiңнен айналайын!

— Сөзiңiздiң жаны бар, Қабеке. Таза ауа iздеп бас қатырудың қажетi шамалы. Сондықтан бiз өзiмiзше демалатын, күнге қыздырынып, спортпен айналысатындай саяжайлар салуға тиiспiз. Ауылдың сыртына, алысырақ тұстан дегенiм ғой...

— «Саяжай» дегенiң үй ме?

— Комплекс... Ол жерде жемiс-жидек, бау-бақша да өсiруге болады.

— Значит, огороды да бар ғой? — дедi Метрей атай.

— Бар.

— Ол жерге картоп егуге бола ма?

— Болғанда қандай!

— Онда ауылдағы огородты кiмге тастаймыз? 

 Мұғалiм күмiлжiп қалды:

— Картопты ауылда егiп, қалған жемiстi дачада өсiруге болады ғой....

— Значит, мен картопты түптеп үйде қалам, Глаша жемiсiн өсiрiп дачада тұратын болады.

— Бәсе, бұндай жағдай Метрейге майдай жақса керек едi.

— Жаққаңда қаңдай! — деп Метрей атай қулана көзiн қысып, қаба сақалын қапсыра сипалап қойды. 

— Метрей өзi бiлсiн, Мелс шырағым, бiрақ мына әңгiмең менiң көңiлiме қоныңқырамай отыр! — дедi бағанадан берi үнсiз отырған Байғоныс.

— Байеке, сiз әзiрге дачаның мағынасын түсiнбей айтып отырсыз. Түсiнген кезде шаруаға бел шешiп бірінші боп сіз кiрiсетiнiңiзге менiң күмәнiм жоқ.

— Мәнiн түсiндiм-ау, қажетiн түсiнбедiм?

— Қажетiн дейдi... Қалайша қажетiн түсiнбейсiз? — деп, Мелс қолын жайып қайран қалды. — Бiз осы жерде қоғам болып, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты тездетiп жоюдың ең ұрымтал, ең төте жолын талқылап отырмыз. Ал, қала мен ауылдың айырмашылығын жою — партия мен өкiметтiң алдымызға қойып отырған сындарлы саясаты. Сiз, Байеке, соның да қажеттiлiгiн түсiнбей отырсыз ба?

Байғоныс мүдiрдi. Оның мүдiргенiн пайдаланып, Қасиман қатты өкiнiш бiлдiргендей басын шайқап-шайқап жiбердi:

— Сiз немене, өкiметтiң саясатына қарсы шығып, алжиын дедiңiз бе? Әлде, баяғы отыз жетiнi ұмыттыңыз ба?

— Құдай сақтасын, неге ұмытайын... Мен саясатқа қарсы емеспiн, бiрақ көкейге қонбайды.

— Өкiмет қана емес, партияның да саясаты деген жоқ па?

— Олар ғана емес,«сындарлы» дегендi де айтты ғой?

— Онысы не бәле тағы? 

— Ит бiлiп пе...

Мұрнын шұқып былайғы шетте отырған Қабден:­

— Бұл шаруаларың менiң де көкейiме қонып отырған жоқ, — деп гүж ете түстi.

— Мелс шырағым, бiз өкiметтiң ондай саясатына қарсы емес екенiмiздi өзiң де жақсы бiлесiң, — дедi Байғоныс Қабден өзiн қолдағанға қабағы ашылып. — Алдымен сол жақсылық шаруаны Метрей екеуiң бастап, бiзге жол көрсетсеңдер еттi. Сендерден көрiп, соңынан бiз де қозғалар едiк.

— Менi де әурелемей, сол дачаны алдымен өзiң бас­тасаңшы! — деп, Метрей Байғонысқа қарай жылжың­қырап отырды.

Ұрымтал, тәп-тәуір идеясы үлендерден қолдау таппағанына қиналып, Мелс сөзден тосылды.

— Жарайды, оған де келiстiк! — дедi ақыры амалы таусылғаннан міңгірлей үн қатып. — Олай болса дачаны алдымен өзiм бастап салып, сiздерге үлгi көрсетейiн. Сiздер сосын кiрiсерсiздер?

— Мелс шырақ, асарға шақырғандай болсаң, бiз көптеп көмек етiп жiберемiз.

— Жо-жоқ, ақысыз еңбек күшiн пайдалануға менiң қақым жоқ... Соңымнан жаманат сөз еріп жүрер.  Өзiм саламын!

— Шырағым, өзіңнің патша көңiлiң бiлсiн! — деп, ақсақалдар осы шешiмге тоқтап, сүйектерiн сықырлатып орындарынан тұрған.

***

Ертеректе, «Төртiншi бригада» атанып тұрған шағында бұл ауылда жалғыз ғана телефон бар едi. Бригада кеңсесiнде тұратын сол жалғыз қара телефонмен дауысы шамалы былайғы адамның сөйлесуi екiталай-ды. Өйткенi телефонның құлағындағы қиқулаған, ысқырған, пысқырған айқай-шудың ар жағынан, жер түбiнен шыққандай адам дауысы емiс-емiс, үзiп-талып жететiн. Бар дауысқа салып арғы жақтағы кiсi айқайлап сөйлейдi, боранды түнде мал қайырған малшыдай бергi жақтағы адам да тамағын жыртып, бар өнерiн салып айқайға басады. Соның өзiнде бiрiн-бiрi дұрыс түсiнiп жатқаны шамалы. Кейде, тiптi түк ести алмай, түсінбеген кездерi бастықтар ұғып қайту үшiн Мұқырға ат шаптырып жатады...

Телефонмен ең көп сөйлесетiн бөлiмше басқарушысы Қақантай едi. Ол кiсi Мұқырмен күнiне екi мәрте сөйлескеннен кейiн тамағы қырылдап, көкiрегi сырылдап, дауысы сыбырлап қалатын.

Бiрде Қабден қаңғалақтап жүрiп, Қақантай жоқта кеңсеге кiрiп кетсе керек. Кiрiп келсе, үстел үстiндегi қара телефон қолды-аяққа тұрмай безектеп жатыр... Қабекең «мынау қайтедi-ей» дегендей аң-таң күйде бiраз бақылап тұрады. Бәрібір телефон тоқтамай, дамылсыз шырылдай берген соң асқан сақтықпен жайлап құлағын көтередi.

— Әлеу? — дейдi арғы жақтағы үн айқайлап, — бұл «Төртiншi бригада» ма?

— «Төртiншi бiргәдi» емес, Қабденмiн, — дейдi Қабекең ақырын ғана.

— Әлеу! — дейдi арғы жақтағы дауыс одан бетер айқайға басып, — бұл «Төртiншi бригада» ма екен?

— Жоқ дедiм ғой, «Төртiншi бiргәдi» емес, Қабденмiн! — дейдi Қабекең дауысын сәл қатайтып.

— Әлеу! — дейдi арғы жақтағы үн тамағын жыртып. — Бұл «Төртiншi бригада» ма деймiн? 

— «Төртiншi бiргәдi» емес, Қабденмiн... Мен Қабденмiн ғой! — дейдi Қабекең де барынша дауысын шығарып.

— Әлеу! — дейдi арғы жақтағы үн дәнеңе естiмей, қышқырғандай боп. — Аузыңа су жұтып алдың ба ей, неге мелшиiп жауап бермейсiң?

Сол кезде Қабекеңнiң басына қан шапшиды ғой. Басы бөркiне сыймай бара жатқан соң, бөркiн жұлып алып, үстел үстiне атып ұрады:

— Әй, атаңа нәлет, Оралғазы! — дейдi телефонның құлағына айқай салып. — Сен әлгi бiздiң Мәуiт құрдас­тың үлкен ұлы Оралғазы боласың ба?

— Солмын, солмын! — дейдi ар жақтағы Оралғазы ақыры дауысын естiгенге қатты қуанып.

— Сол болсаң — тақ әкеңнiң аузын... — деп, Қабекең Оралғазыны әкесi Мәуiттен сыбап бiр түсiптi де, телефонның құлағын ашулана тарс еткiзiптi.


***

Бригада жабылғаннан кейiн сол қара телефон да қоса құрыған. Өзi телефонмен сирек сөйлессе де, ауылдан телефонның жоғалуы Мелстiң жанына аяздай батты.

— Үлкен өмiрге шығатын байланысымыздың бiр тармағы мәңгiге үзiлдi, — деп Байғонысқа барып мұңын шақты.

— Қауымдасып, күнiмiздi көрермiз, ұсақ-түйекке бола мойыма! — деп Байекең басу айтқан болды.

— Ұсақ-түйек емес, бұл кесек проблема! — дедi мұғалiм.

— Кесек болсын, ұсақ болсын, қолдан келер қайраның қайсы?

— Сөзiңiз орынды. Бiрақ қарекетсiз қарап отыруға тағы болмайды.

Балта шауып отырған Байғоныс бұл сөзге елең етiп, мұғалiмге бетiн бұрды.

— Сонда қалай... Тағы да ауданға барып арызданасың ба?

— Барғанмен пайда жоқ! — дедi мұғалiм өкініш білдіріп. — Олай болса, бiз телефонның орнын телевизормен толтыруымыз керек.

— Неменемен дейсің?

— Телевизормен...

— Е-е...Мейлiң, шырағым...

— Бұл меніңше табылған ақыл, тамаша идея... Сіздің тараптан қолдау табылса – мен жалтақсыз кірісемін, Байеке? 

— Кірісем десең кірісе бер, шырағым. Мен сені неге қолдамайын, қолдауға тырысам!

Осындай оқыс шешiмге бекiнген Мелс мұғалiм үш күннен соң Сәлиманың атын сұрап мiнiп, аяңдап Мұқыр түсiп кеткен. Сол кеткеннен ауданға дейiн барып, араға екi күн салып, алдына өңгерген абажадай жәшiгi бар, аман-есен үйiне оралған. Өңгерген жәшiгi телевизор екен.

Кешкiсiн мұғалiмнiң тауық қорадай ғана тар үйiне ауылдағы жан бiткеннiң бәрi жиналды.

Мұндай жиын-тойға көп ұмтыла бермейтiн Сәрсен мен Әлипа да қолтықтасып жетiптi.

— Телевизор үшiн мен таң атқанша свет жағуға да­йынмын! — деп моторист Сәрсен үйге алшаң басып, жiгер таныта кiрдi.

Жұртшылық тегiс жиналып бiткен кезде Мелс заманауи техниканың адам өміріндегі орасан пайдасын тереңнен сөз етіп, жарым сағат баяндама жасады да, салтанатты жағдайда телевизорды қосты. Қосып еді, жарқырап, беті жыбырлағаны болмаса, ешқандай сурет көрсетпедi. Көрсетпеген соң, техникадан хабары бар Сәрсен де бiлегiн сыбанып жіберіп, алды-артын шұқылап, көмекке араласты. Оған да болмаған соң Сәрсен шатырға шығып, самырсын сырықтың басындағы антеннаны ары-берi қозғап көрді. Мелс  үйдегi телевизордың құлағын сыртылдатып айналдырумен болды. Бәрiбiр, телевизор селт еткен жоқ, суретсiз, әншейiн құр жыбырлап тұрып алды. Келген жұрт ұміттерін үзбей, телевизорға телмiрiп түннiң бiр уағына дейiн отырды.

— Мүмкiн бұзылған телевизор шығар? — дестi жиналған көпшiлiк таң алдында, жарқырап Шолпан туған шақта.

— Жо-жоқ, дүкенде тексерiп алғам! — деп Мелс оларға дес бермедi.

— Мүмкiн автобустың iшiнде, немесе атқа өңгерген кезде бiр жерiн бүлдiрiп алған шығарсың?

— Жо-жоқ, өзiме жайсыз болса да осының жайын ойлап, ұрмай-соқпай, жас баладай мәпелеп әкелдiм. Оллаһи, бүлдiргем жоқ!

— Онда несiне қырсығады бұл құрғыры?

—        Бiзге келгенде дүниенің бәрi қырсығып тұр ғой!

—        Адамша бiр кино көрсем деп армандап ем... Қап!

—        Мелс қайта-қайта айта берген соң ба, бұл телевизор кеше менiң түсiме кiрді...Жалғыз өзiм телевизордың алдында шәниіп Шәмшiнiң әнiн тыңдап отыр екем деймiн... 

—        Үмiтсiз — шайтан деген. Ақырын күтейiк, ағайын?

— Общым былай, — деп, бұл күнгi жиынды Сәрсен қорытындылады. — Мен бiрдеңе бiлсем — бар бәле — антеннадан. Антеннаны іргедегі анау жартастың басына орнату керек. Былқ етпеңiздер, менде соған дейiн жететiн кабель бар. Ертең осы телевизор сайрап тұрмаса — мұрнымды кесiп берейiн. Тоқ етерi, ертең кешке осы үйде тағы кездесемiз! Келiстiк пе?

Жұрт келiспей қайда барсын, бастарын шұлғысып, күбiр-күбiр күңкiлдесiп үйдi-үйiне тарқасты.

Ертеңiнде бүкiл ауылдың көзiнше жартас басына құрықтай ұзын антенна орнаған. Антенна Сәрсеннiң кабелi арқылы телевизорға жалғасты. Жалғасқанмен, телевизор бәрiбiр ештеңе көрсетпедi. Телевизор көрсетпегенге кешегi уәдесiн ескерiп, Сәрсен де мұрынын уайымдап жатпады.

— Отражательсiз болмайды екен, — дедi ақталып. — Мұқырдағы отражательдiң күшi бiзге жетпейдi бiлем. Бiз бүгiн соны дәлелдедiк.

— Кiтап керек! — дедi Мелс ерінін шүйіріп. — Біз антеннаны ғылыми негізде, яғни кiтапқа қарап қайта жасауымыз керек.

Ондай кiтапты Сәлимаға тапсырып едi, Мұқырдан екi күн iздеп, таба алмай қайтты.

— Ауданнан iздеу керек! — дедi Мелс сонда да үмiтiн үзбей.

— Сол жаққа телевизорымызбен бiрге көшiп кетсек қайтедi? — деп мұны естiген Зайра күйеуiне қиыла қарады.­

— Жо-жоқ, Зайражан, олай болмайды... Бастаған iстi аяқтау парыз. Жұрт маған сенiм жүктеп, нәтиже күтiп отыр! — дедi Мелс азаматтық мiнез танытып.

Өзi айтқандай, мұғалiмнен жұртшылық сарылып пәлендей нәтиже күте қойған жоқ-ты. Әншейiн, көрмеген көлде естiмеген құстың үнi бардай көңiлдерiнде болымсыз сағыныш қалған. Арада бiр апта уақыт өткен кезде көңiл тербеген әлгi мұң да тарқай бастады. Сәрсен кабелiн дөңгеленте орап, қайыра жинап алды. Жартас басында сорайған құрықтай антенна ғана оқта-текте Мелс мұғалiмнiң үйiнде телевизор барын еске салатын. Сөйтiп жүргенде мұғалiмнiң басына аяқ астынан саяжай туралы пәрмендi бiр идея келдi де, «телевизор проблемасы» екiншi кезекке ысырылып, көмескiленiп қала бердi.


***

Ойдан ой туады деген рас екен, бiрде терең ой үстiнде жүрген Мелс мұғалiм саяжайдың да, телевизордың да мәселесiн бiр-ақ сәтте шешiп тастасын:

— Бiздiң ауыл қойнауда тұр, — дедi өзгеше шабыттанып. — Яки, бiз болашақта дачамызды таудың басына салуға тиiспiз. Сонда ғана телевизор толқынын ұстап, күнде кешке Алматыны тамашалайтын боламыз.

«Таудың басы» дегенге саңырау Кәрiм күн сала сығырайып, Ақшоқының қарлы шыңдарына көз жүгiрттi.

— Ол жақ суық емес пе? — дедi тiтiркене бүрiсiп. — Сол телевизор құрғырды көрмей-ақ қойсақ қайтедi?

— Олай десеңiз, сiз қатты қателесесiз! — дедi мұғалiм Кәрекеңнiң құлағына дауыстап. — Өркениеттi елдiң әрбiр азаматы, соның iшiнде сiздiң де телевизор көруге, сол арқылы күнделікті ақпарат алып отыруға құқыңыз бар!

«Құқыңыз бар» дегенге Кәрiм кәдiмгiдей кеудесiн тiктеп, талтаңдай басып, үйiне бiртүрлi күпиiп қайтты.

Мелс мұғалiм алдымен құрылыс материалдарын жинауға кiрiстi. 

Етектегi Құндызды көлiнiң жағасындағы ағаш өңдейтiн «пилорамның» төңiрегiнде гәрбiл тақтайлар жеткiлiктi екен. Көбiсi белуардан батпаққа батып, шiри бастапты. Құрылысқа жарайды-ау дегендерiн Мелс бiр шетке бақшалап жинап, күн көзiне кептiрiп қойды.

Кезекте тұрған келесi мiндет — саяжайлық ыңғайлы жер таңдау болатын. Бұл да ә дегеннен шешіле салар оңай шаруа емес екен. Жақын маңда Мұқыр ауылы көрiне қоятындай биiк жер табылмады. Алысырақ тұстағы таулардың желкесiн барлап едi, азынаған жел, ызғары сай-сүйектi сырқыратқандай салқын. Ешқандай ықтасыны жоқ ондай тұл жалаңаш, тайдың терiсiндей тақыр тазда күнге қыздырынып, спортпен шұғылданудың мүмкiндiгiн мұғалiм көре алмады.

Жер аралаған күннiң ертеңiнде Мелс мұғалiм суық тиiп күркiлдеп, төсек тартып жатып қалды. Ыстығы көтерiлiп, маңдайынан шып-шып тер шықты. Кү­йеуiнiң сырқатына Зайраның зәресi кеттi. Мұқырға дәрiгерге шапқыламақ болып едi, шешесi тоқтатты. Байғо­ныстың бәйбiшесi — Гүлжамал шешейдiң аздаған тәуiпшiлiгi бар еді, сол кiсiнi шақыртып, екi кештiң арасында батар күнге бет бұрып, ұшықтатты. Гүлекең әлдебiр шөптi қайнатып, нiлiн iшкiзiп, маңдайына спiртке шыланған орамал басты. Қайдан тапқаны белгісіз, Сәлима да бiр уыс дәрi-дәрмек әкелiп бердi.

Сәлима мен Гүлжамал шешейдiң ем-домының әсерi ме, әлде Зайраның құйрық май, ыстық сорпасының борша-борша терлеткенiнен бе, төрт күннен соң Мелс қалқиып далаға шыққан.

— Дашасы да құрысын, телевизоры да құрысын, денсаулығыңды ойласаңшы! — дедi Зайра жаны шығып. — Жөтелiң бiр жазылмады, мен осы жөтелден қауiп қылам. Дәрiгерге қаралып, санаторийге барып, емделiп қайтсаң қайтедi?

— Екеуiмiз де жұмыссызбызсанаторийге қаражатты қайдан табамыз? — дедi Мелс мұңайып.

— Телевизорды сатамыз... Көк тайыншаны өткi­земiз... Сенiң жолыңа сол жетедi!

— Басқасына тиiссең де телевизорға тимешi, Зайражан! — дедi күйеуi жалынғандай болып. — Көрсетпесе де үйiңде телевизордың болғаны қандай жақсы!

Ақшалары таусылып, шай-шақпыт, жiп-суанға қаражат керек болған соң, Зайра расында да көк тайыншаны сатып жiберген. Телевизорға тиiскен жоқ. Қайта, төгiлген бір қызыл бүлiш матаны сандықтан шығарып, матаның жиегiн шашақпен әдiптеп, телевизорға әсемдеп жауып қойды.

* * *

Мелс мұғалiм ақыры санаторийге бара алмады. Дәрiгерге қаралып, ондай жаққа бармаған соң денсаулығы да мәз емес, күркiлдеп дамылсыз жөтеле бередi. Бұрын да бойына шыр жұқпаған iлмиген арық едi, қазiр тiптi солып кеттi. Мұрны сорайып, көзi шүңiрейiп, кемпiр беттеніп қалған. Тұрған құр сүйек әншейін. Өзiнiң айтуынша, соңғы үш жылда он бес килограмға арықтапты.

— Онысы бекер! — деп мұны естiгенде Байғоныс оған сенiмсiздiк бiлдiрдi. — Мелс он бес келеграмға арықтаса — орнында түк те қалмас едi. Менiң шамалауымша ол жеті-сегіз келеграмға арықтаған.

Қанша арықтаса да мейлi ғой, бiрақ денсаулығының нашарлап бара жатқаны жалғыз Зайраны ғана емес, ауылдастарын да алаңдата бастады.

— Дачаны салып, сендерге телевизорды қосып беремiн, сосын айлатып жатып емделемiн, — дейдi мұғалiм ауылдастарына.

Әйтсе де Мелс мұғалiм айтқанында тұратын табанды жан екен. Саяжайлық ыңғайлы орынды ақыры iздеп тапқан. Қазiр Сәлиманың «Захар торысын» жалдап, көл жағасындағы тақтайларды бiртiндеп тау басына  тасып жатыр.

* * *

Жұртта қалған жетi үйдiң жөнi түзу тәуiрi де, көрер көзге көрнектiсi де балташы Байғоныстың алты қанат ақшаңқан шаңырағы болатын.

Байекең осы ауылдың жетпiстi алқымдап қалған ақылман үлкенi. Бәйбiшесi Гүлжамал екеуi алты бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ауыл-аймақтың қадiрмендi қариялары.

Тегiнде, Байғоныс — ағаштан түйiн түйген iсмер кiсi. Бұл кiсiнiң балташылық шеберлiгi кезiнде ауданнан асып, анау Нарынның елiне шейiн мәшһүр бопты. Осы өңiрдегi екi шананың бiрi Байекеңнiң қолынан шықты десек, артық мақтағандық емес. Бая­ғыда Бәйғоныстың балдай бармағынан шана мен доға да, ер-тоқым мен қамыт-сайман, тiптi арба мен тарантас та дөңгеленiп шыға беретiн. Қазiр арба мен тарантастың заманы өтiп, Байекең шанамен ғана шектелiп қалды. Әйтпесе, бұл жақтың елi Байғоныс­тың үйiнен қазақы ер мен қалмақы ердi, құранды ер мен қозықұйрықты маңдай-қасынан шертiп жүрiп таңдап әкетушi едi. Ер iздейтiн бүгiнде адам да азайды, дүкендегi «кавалерийский» дейтiн темiр құраманы малданып, аттарының арқасын жауыр ғып езiп жүргендерi.

Байғоныс қолынан келген өнерiн тәлімсіген де, бәлсінген де жан емес. Керек затыңды сұрасаң, жүзіңді жерге қаратпайды, барын ұсынады, жоғын бұлданбай жасап бередi. Сұрамасаң да жасар затын тоңқаңдап жасай бередi. Әйтеуiр, дүние бар болса оған ие табылады деп сенедi... Доғаларын ешкiм алмай соңғы бiрер жылдың iшiнде тау болып үйiлiп қалып едi, бiреуден естiді ме, көршi «Жамбыл» совхозының директоры, жолың болғыр Райысов Толқын деген қара жігіт  бiр-ақ күнде бәрiн жинап-теріп алып кеткен. Ендiгi кезекте Байекеңнiң шаналары тау-төбе болып бақшаланып жиналып қалды әнеки. Бригада тарамай тұрған кезде жасағанын жасаған бойда талап әкетушi едi, қазiр анау Мұқырдағы бастықтардың аяғы жетпей жатқан сияқты бұл жаққа. Жетпесе жетпей-ақ қойсын, бәрiбiр туа біткен балташылық кәсiбiн, кұнделікті кәкір-шүкір шаруасын  Байғоныс тастаған емес.

— Құдая тоба, зейнетке шыққан адам денсаулығын бағып, тып-тыныш үйде жатушы едi. Бiздiң шал жердiң тесiгiн бiтердей күйбеңдеп, жұмыстан әсте қалсашы! Жоқ жерден тыпыңдап өзіне жұмыс тауып алатынын қайтерсің?  Дауа жоқ біздің шалға, дауа жоқ! — деп бәйбiшесi Гүлжамал бәйек болады.

— Қимылсыз тыныш жатқан адамда денсаулық болушы ма едi? — дейдi Байекең қарсыласып. — Бойдағы қан секiлдi, адам да үздiксiз қарекет етуi керек.


***

Байғоныс көп тыңдап, аз сөйлейтiн салқын сабырдың адамы. Сосын да Мелс мұғалiм басына келген күрделi идеяларын алдымен осы кiсiге айтып, кеңiнен ақылдасып алады. Тiптi, саңырау Кәрiм мен туған бажасы Қабден де әр нәрсенi Байғоныспен кеңесiп шешiп жүр. Кейде қолын арқасына артып, арғы көшедегi Метрей де мамырлап келiп, ұзақты күн кәукiлдесiп кетедi.

Байғонысты шалдардың қысыр әңгiме, бос сөзiнен гөрi су жағасындағы қайың мен талдың тағдыры көбiрек толғантатын едi. Шана жасау да, доға жасау да жұрт ойлағандай оңай шаруа емес. Алдымен соған лайық ағаш таңдау қажет. Соңғы жылдары жұмыр тал, бұтақсыз қайың табудың өзi қиындап барады. Нешеме қыс қатарынан таудан көшкiн түсiп, көктемде атқы жүрiп, көл жағасындағы тоғайды жусатып кеттi. Етектегi өзен бойындағы тоғайлы жалды анау жылғы қатты қыста шөп жетпей, совхоз жаппай отап, малға берген. Одан қалғанын жазғытұрым жүрген сең арнасынан тасып жайылып, жырымдап, жаралап, iске алғысыз етiптi. Сонау Бұқтырманың бойынан ағаш iздемесе, Байе­кеңнiң де барар жер, басар тауы бүгiнде айқындалып қалды.

Ағашты да мезгiлiнде, бабы жеткен дер шағында кеспесең — икемiңе көне қоюы неғайбыл... Көктемдегі жас ағаш іске жарамсыз. Жаз шығып, жапырақ жайған кездегi ағаш тағы да жарамайды: өзегiнде нiлi бар ағаш иiлмейдi, иiлсе де морт сынғыш келедi. Ал тамыздың соңы, қыркүйектiң басында жапырағы сарғайып, өзегiндегi нiлi суалған кезде ғана балтаңды белiңе байлап, тоғай тентiреуiңе болады.

Байғоныс өзiне тапсырылған қай шаруаны болмасын әрдайым ыждағаттылықпен, ықыласпен жасайтын. «Жамбыл» совхозының әлгі Толқын дейтін директоры тапсырған кәшәуаға да бар зейiнiн, білген өнерiн салған едi. Асықпай, баппен ұзақ жасады, түйтіңдеп жаз бойы тек сонымен ғана айналысты. Темiрден табан салып, оюлап, қара түске сырлап, жарқыратып далаға шығарған кезде — бәйбiшесiнiң көзiнен жас тамып кеттi:

— Шал! — дедi орамалымен бетiн басып. — Мен мына дүниеңнен тiксiнiп қалдым... Мен бiлгенде, бұл сенiң өнерiңнiң жеткен биiгi секiлдi... Қорқамын сенен шал! Несiне осыншалық жаныңды салып едiң?

— Тәйт әрi, жаманатқа бастамай! — дедi Байғоныс зiлсiз ғана. — Жаман шалыңның өле қоятын түрi жоқ. Амандық болса бұдан да тәуiрiн жасармыз әлi!

Кәшәуаны көруге бiрiншi болып бажасы Қабден келдi.

— Байеке, сiрә бұдан артық дүниенi сен ендi қайтып жасай алмассың! — дедi басын шайқап.

Бажасының бұл сөзiнен Байекең шынымен-ақ сескенiп қалған.

— Әй, Қабден, аузыңа Табанбайдың қалың қызы түкiрiп қойғаннан сау ма? — дедi қызарақтап.

Сосын Мелс мұғалiм келдi. Келдi де, кәшәуаны үш айналды. Сығырайып алдынан қарады, еңкейiп артынан қарады. Былайырақ барып етпеттей жатып, бүйi­рiнен сығалады.

— Мынауыңыз нағыз өнер туындысы! — деп, соңынан өзiнiң тұжырымды бағасын бердi. — Мынандай дүниенi атқа жегіп қор етпей, тек музейге қою керек. Музей болғанда да атақты Эрмитажға немесе Луврға өткiзу керек!

— Мелс шырағым, ғафу ет, мен мұны «Жамбылдың» деректiрi үшiн жасап едiм? — дедi Байекең ыңғайсызданып.

— Жо-жоқ. Бұл қайталанбас өнер туындысы! Шын өнер дегенiң адамзат баласына ортақ болуы тиіс. Сіз мұны музейге өткізіңіз? 

— Мен бұл кәшәуәнi «Жамбылдың» деректiрi үшiн жасап едiм.

— Кiмге дейсiз?

—«Жамбыл» совхозының деректiрiне...

— М... м... м!.. — мұғалiм үндемедi.

— Сондықтан ғафу ет, шырағым! Алдын ала уәде берiп қойып ем... Әйтпесе сенен немдi аяйын!

Жұрт тамашалап бiткен соң, Байғоныс кәшәуаны майлап, қайыра қораға кiргiзiп, бетiн кенеппен жасырып жа­уып қойды. Содан берi де жылдан асты, тапсырыс берген  «Жамбылдың» директорынан әлi хабар жоқ. Жолға қарап елеңдеп күнде күтумен Байекең жүр.


***

Байғоныс — төрт жыл соғыстың үш жылын бастан-аяқ басынан өткерген жан. Осы ауылда шын соғыстың қандай екенiн бiлетiн бiр адам болса — ол осы Байғоныс шығар. Сұм соғысты Сталинградтан бастап, Прагамен аяқтаған кiсi. Сондықтан да соғыс жайында артық айтылған, кем айтылған әңгiменi жаны жақтырмайды. Бұл кiсi отырған жерде жұрт та ондай өтiрiк сөз, оспадар әңгiмеге баспайды.­

Соғыс демекшi, соғыс ардагерлерiн оқушылар тiзiмге алып, ауық-ауық мектепке кездесулерге шақырып тұрушы едi. Мектеп жабылғалы жүрекке жылы сол бiр шаруа да жайына қалды. Қабден мен Метрейдiң қақпасындағы жұлдызшалардың шеттерi сынып, бояулары оңып кеткелі қашан! Екеуiнiң осыншалық салақтығына жаны ауырады: қасиеттi дүниенi қашанда қастер тұтқан жөн ғой! Байекеңнiң өзi болса жұлдызшаны қаңылтырмен қаптап қойған, аптасына болмаса да айына бiр мәрте бояп, жарқырата жаңартып отырады. Айшықты алқызыл бояудың майлысын да сол жұлдызша үшiн аудандағы қызы әкелiп берген.

Бөлiмшенiң «Құрмет тақтасы», мектептiң «Класс бұрышы» секiлдi бәкүн-шүкiн ұсақ шаруаларды былай қойғанда, Байғоныстың баяғыда адамның мүсiнiн де ағаштан шапқаны бар.

Күнi кешегiдей бәрi де есiнде... Сонау алпысыншы жылдардың басы болатын. «Аспанға адам ұшыпты, Гагарин ұшыпты» деп жер-дүниенiң шулап жатқан уағы. «Ұшқан адам ұша берсiн, мейлi ғой» деп, алғашында дүрліккен дүрмекке оншалықты мән бермеген. Бiрақ бала да, кәрі де Гагарин деген жiгiттi қайта-қайта сөз етіп, даурыға берген соң, Байекең де аздап алаңдайын дедi. Тiптi, тау басында қой жайып жүрген саңырау Кәрiмге дейiн тобылғы таяғын сүйретіп, бiрде аталақтап жеткенiн қайтерсiң:

— Мен Гагариндi көрдiм, — дедi көзi шырадай жанып. — Оллаһи, көрдiм! Артынан шұбырған аппақ iз тастап, Ақшоқыны асып жөнелдi.

— Артында шұбырған iзi бар дейсiң бе?

— Иә, аппақ iз қалды... Әлгi, алдында кетiп бара жатқан Гагариннiң өзiн көрмегенде, ирелеңдеген iзiн айдаһар екен деп қала жаздадым.

— Ендеше ол Гагарин емес. Оны «райактивный сәмөлөт» дейдi.

— Не дейсiң?

— «Райактивный сәмөлөт» деймiн...

Кәрiм дауласқан жоқ, қабағы түсiп, тауы шағылып, таяғын сүйретiп қайыра таудағы қойына кеттi.

Ауылды дүрлiктiрген осындай әңгiме ақыр-соңында Байғоныстың да делебесiн қоздырған. Ұмытпаса, Бiрiншi май күнi шығар... Жұрт улап-шулап, үй-үйдi қыдырып тойлап жүргенде, Байекең газеттен Гагариннiң суретiн қиып алды да, балтасы мен шотын белiне қыстырып тауға қарай тартып отырды. Ақшоқының етегiндегi жартастың желкесiнде көптен берi состиып балқарағайдың бiр молағы тұратын. Балқарағайды бел ортадан жасын осып түскенiмен, өзегi аман екен. Байекең барған бойда әлгi ағашты шапқылап өз жөнiне ыңғайлап, шаруаға бірден кiрiсiп кеттi. Содан нешеме күн ақ тер-көк тер болып арпалысқан. Таң атпай кетедi, ел жатқанда бірақ келедi сүйретіліп. Тiптi Гүлжамал шешей де күйеуiнiң қайда жүргенiн көпке дейiн сезбептi. Байекеңнiң бұл құпиясы тоғызыншы май күнi ғана ашылса керек...

Жеңiс күнiне орай Байғонысты соғыс ардагері ретінде шабарман жiгiт клубтағы кездесуге шақыра келедi. Шақыра келсе – Байекең таң қараңғысынан балтасы мен шотын, балғасы мен қашауын қолтықтап бір жаққа кетiп қалған. Қайда кетiп қалған? Ақшоқы жаққа қарай кеткен сияқты. Ол кезде бөлiмше басқарушысы Қақантайдың дүрiлдеп тұрған кезi. «Қап тауын асып кетсе де табыңдар» деп жарлық бередi. Жарлық қатты, жан тәттi, шабарман жiгiт атына мiне салып, Ақшоқыға қарай шабады ғой... Атының қан сорпасын шығарып, Ақшоқының етегiне жетсе — Байекең жартас басында бүкеңдеп мүсiн қашап жатыр екен. Мүсiнге әрi қарап, берi қарап, шабарман:

— Мынау Қақантай аға ғой! — дейдi қуана алақайлап. Содан бұл жерге не үшiн келгенiн де ұмытып, «сүйiншiлеп» ауылға қарай атын борбайлата жөнеледi.

«Балташы Байғоныс Ақшоқының басына Қақантайдың ескерткiшiн орнатып жатыр екен» — деген әңгiме ауыл арасына тез-ақ тарайды. Құдай айдап сол күнi жиналысқа «селсебет» Шәкiровтың келе қалмасы бар ма! Төңiрегiнде болып жатқан құбылысты қашанда сал­қын санамен саралап, сабырлы зердемен сынап жүретiн Шәкiров жолдас та мынадай жаңалыққа жайбарақат қала алмапты. Жиналысқа үзіліс жариялайды да, клубқа жиналған халықты соңынан шұбыртып, Ақшоқыға қарай өрмелейдi.

Байекең мүсiндi әсемдеп-ақ жасаған екен: басында шлем, шлемде «СССР» деген жазу бар, көк жүзiне көз тiгiп қимылсыз қалған жансыз бейне. Әттең, қолынан бал тамған шебер балташы болса да, Байекеңнiң мүсiншiлiк өнерi олқылау соққан сияқты... Гагаринге қаншалықты ұқсатам деп тыраштанғанымен, пошымын оншалықты келтіре алмаса керек.

— Аумаған Қақантайдың өзi! — деп, мүсiндi көрген кезде қойшы Кәрiмге дейiн қуана қол шапалақтап жiбередi.

— Рас, маған ұқсайды екен! — деп Қақантайдың өзi де мойындайды.

Шәкiров мүсiндi ұзақ зерттейдi: етектен сығалайды, өрден қарайды, жартасқа шығып қолымен де сипалап көредi. Бұл кезде Жеңiс құрметiне арналған жиналыс осы жерде өтердей-ақ, жартас түбiне бiрқауым ел жиналып қалады. Сiлтiдей тынып, бәрi де Шәкiровтың көсемдiк сөзiн күтiп тұра бередi.

— Жолдас Байғоныс! — дейдi аздан соң жартас басындағы төраға. — Сiз өрескел саяси қателiк жiбергенсiз. Сiз бүйтiп управляющий Қақантайдан космонавт жасауға кiмнен рұқсат алдыңыз? Мұқыр селсебетi ондай указаниенi сiзге берген жоқ. Яғни, сiз ешкiмнiң рұқсатынсыз өз бетiңiзше ескерткiш жасауға кiрiскенсiз. Нәтижесiнде саяси қателiкке ұрынғансыз! Қақантайдан ұшқыш-космонавт жасауыңыз — майор Юрий Алексеевич Гагариннiң атына кiр келтiргендiгiңiз. «Космонавт» деген қасиеттi атақты қорлағаныңыз. Немесе оның мағынасын тереңдей түсiне алмағаныңыз. Сiз осыны мойындайсыз ба?

Жеңiс мерекесiне орай бiрер ауыз жылы сөз күтiп тұрған Байғоныс мұндайды естiгенде жағы қарысып, сiлейiп тұрып қалады.

— Әне, үндемейсiз! — дейдi Шәкiров сұқ саусағын шошайтып. — Значит, бұны бiз кiнәңiздi мойындағаныңыз деп түсiнемiз!

— Құрметтi азаматтар мен азаматшалар! — дейдi селсебет ендiгi сәтте етектегi көпiшiлiкке сөз арнап. — Бәрiңiз де көрiп тұрсыздар, қашанда указаниясыз жұмыс, өзiмшiл мiнез осындай бiлместiкке немесе анархия­ға әкелiп соқтырады. Партия сызып берген сара жолдан тайдырып, зор қателiктерге ұрындырады. Осыны мықтап естерiңiзге сақтаңыздар! Ал, жолдас Байғоныспен болған бүгiнгi жағдай сiздерге де үлкен сабақ болсын, ендiгәрi мұндай саяси қателiктердi әсте қайталамайтын болайық!

— Қайталамауға тырысамыз-ау, бiрақ мына ес­керткiштi қайтемiз? — дейдi топ iшiнен бiреу.

— Үлкен бастықтардың көзiне түспей, сөзге қалмай тұрғанда бензин құйып өртеп жiберіңдер! — деп тапсырады Шәкiров.

— Өртеуге рұқсат жоқ, оқыста орманды өртеп алып жүрермiз! — дейдi топ iшiнде тұрған орманшы жiгiт.

— Ендеше трәктір әкелiп тамырымен қоса жұлып тастаңдар! — деп тепсінеді селсебет.

— Рақымет! — дептi осы кезде шетте тұрған Байғоныс ернiн тiстеп, шүберектей бозарып.

— Рақыметтi маған айтпаңыз, жолдас Байғоныс, — дейдi селсебет оған түсiн сәл жылытып. — Рақыметтi сiздiң саяси қателiгiңiздi дер кезiнде көрсете бiлген шабарман жолдасқа айтыңыз!

Осымен шағын жиналыс аяқталып, жұрт Шәкi­ровтың соңынан шұбырып ауылға қайтып кетедi. Ба­йекең болса өзiне-өзi келе алмай, апта бойы меңдуана жегендей мәңгіріп жүреді. Соңынан, «тегі менiң қателескенiм рас шығар» деп кiнәсiн iштей мойындап, әлгі оқиғаны ұмытуға тырысыпты. 

Кейiнiрек Шәкiровтың бұйрығымен мүсiндi тросқа iлiп, трактормен сүйреп, тамырымен қопарып жұлып тастайды. Құлаған мүсiн жартас түбiнде қарашаның қары түскенше жатты деседi. Сосынғысы, бiрде үштi-күйлi жоғалып тынған сияқты... Әлдекiм дәл түбiнен арамен кесiп, тамырын тастап, мүсiнiн ұрлап кетiптi.

 Бiреулердiң сөзiне қарағанда, оны iстеген Қақантайдың өзi екен. «Өзектi жанға бiр өлiм, кейiн басыма қояр бiр белгi осы болсын!», — деп бiр сырлас досына аманат еткен екен деседi.

***

Моторист Сәрсен — Байғоныс ақсақалдың құдайы көршiсi, бiреуi көшенiң арғы бетiнде, бiреуi бергi бетiнде. Бұл тұста көше дейтiн көше де жоқ, екеуiнiң де үйi тұйық түкпiрде, таудың жазыққа ауысар етек тұсында тұр. Ауылдың әйгiлi «Орталық көшесi» бұрын осы тұстан басталатын, қазiр көше қайда, бiреу қайда... Ойдым-шұңқыр, топырағы шашылған қотыр жазық, қоқсыған дала. Шүкiршiлiк, көше өзгерсе де, көршi екi үйдiң қыбыласы әзiрге өзгере қойған жоқ.

Сәрсен негiзiнен Мұқырдың жiгiтi едi. Мұқырдағы осы өңiрге аты мәшһүр семiз Қанапияның үлкен ұлы болатын. Қабденнiң ортаншы қызы — Әлипаға үйленгеннен кейiн Мұқырда бiр жыл тұрды ма, тұрмады ма, iле-шала осы ауылға отбасымен көшiп келген.

— Ол кезде «Төртiншi бригаданың» неперспективный болатынын қайдан бiлейiн, — деп Сәрсен қазiр мұрынын тыжырып, көкіректегі қыжылын жасырмайды. — Шөбi қасында, шабындығы iргеде, мыңғыртып мал ұстап, мамыр асып бай боламыз деген соң, лып ете түсiп едiм... Жалғанда әйелдiң насихатына еруге болмайды екен. Бүгiнде менің соған көзiм жеттi!

Мұқырда тұрғанда Сәрсен мен Әлипа кiшкентайлы болып, көп ұзамай балалары шетiнеп кетiптi. Содан берi, мiнеки, бiрге тұрғандарына жиырма жылдан асты — Әлипа қайтып құрсақ көтермедi. Бармаған жерi, көрiнбеген дәрiгерi жоқ, бәрiбiр ешқандай пайда болмады. Тiптi сонау жылдары Алматыға да екi рет барып, емделiп қайтты, одан да түк шықпады.

— Бедеусiң! — дейтiн Сәрсен қызара бөртiп алған кезде әйелiне шүйлігіп.

Күйеуiнiң бедеулiктi бетiне басқанын Әлипа бұрын үнсiз ғана қабылдайтын, iшiндегi қайнаған қасiрет-наласын көз жасымен оңашада жуатын. Кейiнгi жылдары оған да көндiгiп, қара тастай қатып алды. Баяғы жас келіншектей сұңқылдап жылауды да мүлдем қойды.

— Сенiң өзiң бедеусiң! — деп, ендi күйеуiн өзi беттен алатын болды. — Дәрiгерлер қанша iздесе де менен дәнеңе таппады. Осы сенiң өзiңде бiр пәле бар. Бар да, өзiңдi тексерт, бiлдiң бе?

Ондайда Сәрсен дау айта алмай, аузын ашып, аңтарылып қалатын. «Осының сөзiнде шындық боп жүрмесе неғылсын!» — деп өлердей қауiптенетiн. Бiрақ, дәрiгерге қаралып, тексеруден өтуге батылы жетпей, қарадай ұялып жүрдi. Бiреу болмаса бiреу көрiп, құрбы-достың табасына қалармын, масқарам шығып жүрер деп қорғалады.


***

Ана бiр жылы Арасан санаторийiнiң бiр дәрiгерiн тракторына отырғызып, автобусқа дейiн шығарып салғаны бар. Жол-жөнекей екеуi жақсылап танысып, бiраз әңгiменiң басын қайырып тастаған. Сөз арасында Сәрсен:

— Осы сiздер көп дүниеден хабардарсыздар ғой... Айтыңызшы, еркектiң бедеу болуы мүмкiн бе? — деп сұраған.

— Болғанда қандай! — дедi дәрiгер. — Бiр түн бойы мұз үстiне отырып шықшы, бедеу болмағанда қайда барар екенсiң!

— Тегi, суық тигеннен екен ғой?..

— Суық, тигеннен де, микроб түскеннен де, қысқасы оның көптеген себебi бар. Туғаннан функциясы бұзылған бедеулер де болады.

«Осы кiсi көпке жая қоймас» деп, Сәрсен ендi әңгiменiң ашығына бассын.

— Көп жыл бойы әйелім екеуіміз балаға зар боп жүрміз. Дәрiгерлер әйелiмнен түк таба алмапты. Ендеше менiң де қаралғаным жөн бе?

— Әрине, ондай жағдайда тексерiлгеннiң артығы жоқ.

— Ендеше, алғашқы баламыз қайдан пайда болды деп ойлайсыз?

— Қайдағы «алғашқы бала»?

— Үйленген жылы бiздiң бiр баламыз болған. Атын Болат деп қойып едiк. Үш айдан соң өлiп қалды.

— Ә, солай де... Мүмкiн ол сенiң балаң емес ­шығар?

 Дәрiгер қарқылдап күлiп жiбердi.

 — Қалжың ғой, iнiм! — деп iзiнше Сәрсеңдi арқадан қағып, күлкiсiн жия қойды. — Адамның жүре келе де ондай дертке шалдығуы әбден мүмкiн. Шыныңды айтшы, солақай жүрiсiң бар ма едi? 

— Бiздiкi әншейiн ауызбен орақ орғанымыз болмаса...

— Ендеше суық тигiзген боларсың... Қайдан бiлейiн мен... Анализiңдi көргем жоқ, уролог емеспiн, — дедi дәрiгер иығын көтерiп.

Бұл әңгiменi өрескел ыңғайсыз санаса да, Сәрсен соңынан терең ойға қалған. 

Ол кезде арақ-шараптың да ел iшiде молдау уағы. Сәрсеннiң де iшiмдiкпен әуестенiп шалқып жүрген кезi. Жаманы сол, iшкен сайын дәрiгердiң әлгi бiр әңгiмесi құлағында ызыңдап тұрып алатын болды. 

Удай мас, есi кiресiлi-шығасылы, бiрде сүйретiлiп түн ортасында есiктi айқара ашып үйге кiрген. Кiрген бойда әйелiне:

— Сен, Әлипа, басымды қатырмай турасын айтшы? — дедi тiлiн шайнап. — Болаттың әкесi мен бе едiм, әлде басқа бiреу болды ма?

Әлипа жақ ашып сөз қатқан жоқ, пештiң үстiнде жатқан табаданды жұлып алды да, күйеуiн қақ маңдайдан сылқита соқты. Сосын шалқалай жығылған күйеуiн табалдырықтан асыра домалатып, есiктi тарс жауып алды.

Басы мең-зең, Сәрсен ертесiнде ояна келсе — жүнi жидiп алжып жүрген Жолдыаяқ деген төбеттi тас құшақтап, бауырында бүрiсiп жатқанын көрдi.


***

Бұл өңiрде iшiмдiк жоғалғаннан берi, шүкiршiлiк, Сәрсеннiң де бетi бермен қарай бастаған-ды. Сәрсен iшуiн доғарғанмен, ерлi-зайыптылар арасындағы ұрыс-керiс, дау-жанжал бәрiбiр азая қоймады. Ауық-ауық тұтанып-басылып, мiнеки, күнi бүгiнге дейiн ырың-жырың жалғасып келедi.

Бригада жабылған соң Сәрсен де көк «Беларусiн» өткiзiп жiберген. Мұқыр жаққа көшкiсi келiп оқталып-ақ едi, Әлипа табандап көнбей қойды.

— Көшем десең өзiң көше бер! — дедi ернiн сылп еткiзiп. — Ол жаққа барып, ата-енейдiң көзiне түрткi болар жайым жоқ. «Баласы жоқ, бедеу» деп, онсыз да Мұқырды шулатып жүрген көрiнедi ғой!.. Тырп етпеймiн осы жерден. Өзiмнiң де денсаулығым мәз емес, тыныштық керек маған.

— Мейлiң! — дедi Сәрсен мойны салбырап. — Мейлiң, Әлипа. Бiрақ менi ұстама, мен бәрiбiр бұл жерден кетемiн.

— Кетсең — жолың әне! Ұстамадым сенi! — деп Әлипа қолымен есiктi көрсеттi.

Бiрақ оған елп етiп Мұқыр жаққа кете қойған Сәрсен болмады. Бiреу көшiп, бiреу қалып жатқан кезде мотористiң орны босап, сонда барып орналасты. Моторист деген даңғарадай аты болмаса, айлығы шайлығына жетпейді. Әйтеуiр, екi қолға бiр жұмыс деп, лекерлеп жүрген жағдайы бар.

Жасыратыны жоқ, содан да болар, Сәрсеннiң қазiр жетiсiп жүргенi шамалы. Сырты бүтiн көрiнгенiмен — iшi түтiн. Iшiн ала мысық тырналап жатса да, сездірмуге, сырт көзден жасыруға тырысады. Таз ашуын тырнадан алады дегендей, баяғыда дүниенi тәрк етiп, араққа салынатын, iшiмдiктен қанағат iздейтiн. Қазiр арақ түгiлi, бұл ауылдан iркiттiң ащы суын да таба алмайсың. Арақ жоғалғанға Сәрсен қуанбаса қиналған жоқ, оп-оңай-ақ қойып кеттi. Бiрақ бұрынғыдай ашық-жарқын бауырмалдығы жоғалған, сырын iшiне бүгiп, тұнжырап алды. Айналдырған жетi үйдiң анда-санда бас қосқан жиын-тоғысына да әйелі екеуi сирек барысады. 

«Апырмай, — деп, кейде Сәрсен өз ойынан өзi тiксiнетiн. — Қырықтың қырқасына ендi ғана iлiнсем де, өмiрiм батуға айналғандай көрiнетiнi несi?»

Расыңда да, Сәрсен бұл ғұмырында денсаулығына шағынып, қыңқ деп дәрiгерге көрiнген жан емес-тi. Тепсе темiр үзердей қайраты әлi де мол. Бедеулiкке келсе — кiнә Әлипадан ба, өзiнен бе — әзiрге анығы белгiсiз. Мұның бiлетiнi — өзiнiң құйған шойындай балуан денесiнде екi ғана кемшiлiк бары. Оның бiреуiсi — жағындағы оймақтай тыртық, екiншi кемшiлiгi — күрек тiсiнiң жоқтығы. Ашуланған кезде айтқан сөзiнiң ысылдап шығатыны да осы күрек тiстiң кесiрi.

Iшiп алған кiсiге Бұқтырманың суы балтырдан емес пе! Осыдан бiраз жыл бұрын бiр шаруамен Сәрсен көк тракторын күркiлдетiп етектегi Мұқырға түскенi бар. Сол кеткеннен мол кетiп, бiр аптадан соң ғана ауылға оралған. Арақта әкесiнiң құны қалғандай-ақ сол жолы суша сiмiрiптi ғой... Бiр күн iшсе бiр сәрi, екi күн iшсе тағы кешiрiмдi-ау, шым батып бiр жұма жоғалған адамға не дауа айтарсың! Қысқасы не керек, iшер «сусыны» сарқылып, ақшасы таусылған кезде ғана ұяты оянып, бұл жаққа әләулей үшiн келмегенi, бастықтың жауапты тапсырмамен жiбергенi, ол жақтағы жұрттың мұны елеңдеп күтiп отырғаны есiне түседi.

— Мен осында қашан келiп ем? — деп сұрайды «бөтел­келес» досынан. «Бөтелкелесi» ежiктеп саусағын санап:

— Бес күн болды, — деп күндi айырады.

— Масқара! — дейдi бұл бетiн басып. — Бастыққа не деп жауап берем ендi.

— Былқ етпе! — дейдi «бөтелкелесi». — Дәрiгерге бар да, справка жаздырып ал.

— Қандай справка?

— «Ауырдым» деген...

— Мен ауырғам жоқ, iшiп жаттым ғой?

— Сол да сөз боп па... Жақсылап сұрасаң — олар да ет пен сүйектен жаралған пенделер емес пе, жазып бере салады.

— Кiм?

— «Кiм-кiмдеп» қайтедi-ей? Кiм болушы едi — дәрiгер де!

— Қай дәрiгер?

— Мысалы, тiс дәрiгерi...

— Мен ешқандай тiс дәрiгерiн танымаймын.

— Оны тану-танымаудың қажетi жоқ...

— Сонда қалай?

— Барасың да, «тiсiм қақсап, шыдатпай барады» дейсiң.

— Ау, тiсiм ауырмаса ше?

— Тфу!.. Сен түк ұқпайтын кеще екенсiң ғой... Ауырмасаң да ауырды де. Өтiрiк соқ!

— Бiлiп қойса ұят қой?

— Дәнеңе де бiлмейдi. Ол да сенi мен мен секiлдi пенде дедiм ғой. Тiсiңнiң қай жерi ауырып тұрғанын, қалай ауырып тұрғанын ол жазған қайдан бiлсiн. Дәрiгердi жаңылдыру үшiн сен әдейi тiсiңнiң көрiн­бейтiн түп жағын нұсқа.

— Жұлып тастаса қайтемiн?

— Жұлса жұла берсiн, есесiне қолыңда справкаң болады.

Өлiмнен ұят күштi дейтiнi рас екен, сегiз ойланып, тоғыз толғанып, ақыр соңыңда Сәрсен орамалмен жағын таңып қинала басып дәрiгерге барған.

— Тiсiңiз маржандай екен! — дейдi дәрiгер қыз там­санып. — Қалайша ауырып жүр, бәрi де сап-сау секiл­дi ғой?

— Түбi, — деп ыңырсиды Сәрсен. — Мына тiсiм­нiң түбi.

Қыз көрсеткен тiстi олай қарап, былай қарап, ештеңе таба алмайды. 

— Мүмкiн басқа тiсiңiз шығар? — дейдi қыз сенiмсiздiк бiлдiрiп.

— Жоқ, тура осы тiсiм...

— Сап-сау сияқты, не iстерiмдi бiлмей тұрмын? — деп, дәрiгер қыз әлгi тiстi қысқышпен ырғап-ырғап қояды.

— Қарындас, менi қинамай-ақ жұлып тастаңызшы соны! — дейдi Сәрсен ыңырсып.

— Амал жоқ, сөйтуге тура келедi.

Сап-сау тiстi жұлу оңай болсын ба, Сәрсеннiң қиналғаны соншалық, шыбын жаны шырқырап мұрнының ұшына келедi. Оның үстiне қарулы еркек емес, сарт еткiзiп жұла салуға дәрiгер қыздың да шамасы жетпей қиналады. Шықырлатып, қышырлатып жартысын сындырып жүрiп әйтеуір әзер дегенде суырады ғой. Сәрсеннiң маңдайынан шып-шып тер шығып, кеңес берген досын жетi атадан іштей сыбаумен болады

Дәрiгер қыз суырған тiстi табаққа тастай беріп, іле қысқышымен қайта көтерiп, айналдырып ұзақ үңiледi. Суға шайқап, қаннан тазалап, лупамен тесiле зерттейдi. Сосын көзi алақандай болып Сәрсенге бұ­рылады:

— Тiсiңiз сап-сау ғой? — дейдi таңданып.

Сәрсенде тiл қатуға шама жоқ, «мүмкiн емес» дегендей басын шайқай береді. Аузын шайып, жағына дәрi басып, орнынан тұрған соң да сөйлей алмай қор болады. Ақыры үстел үстiндегi қағазға «Справка керек?» деп жазып, қызға қарай ысырады.

Жазуды оқыған дәрiгер қыз одан сайын таңданып, ақыры шыдай алмай күлiп жiбердi.

— Ағай, уникально! — дейдi сықылықтап, Сәрсен ыржиып басын изейдi.

— Жалпы, тiсi ауырған адамға справка берiп көргемiз жоқ, — дейдi қыз. — Сiздiң мақсатыңыз тек справка болса, оныңызға көнейiк, жазып берейiн.

Ауылға келсе, бөлiмше басқарушысы Қақантайдың атарға оғы жоқ, тықыршып күтiп отыр екен. Кеңсеге кiрген бетте:

— Қарағым, тракторыңды өткiз де, шабаданыңды арқалап, келген жағыңа қайқая бер! — дейдi сызданып.

— Ағай, ауырып... Мiне, справкам бар!

Бастық «справканы» әрi аударып, берi аударып, ештеңе түсiнбей — үстелдiң шетiне тарс еткiзiп атып ұрады.

— Бұл не қағаз? Немене, iшiң өтiп тұралап қалып па ең? — дейдi айқайлап.

— Ағай, үш күн бойы тiсiм ауырып... Ес-ақылымнан айрылып тұра алмай жаттым.

— Соқпа өтiрiктi! — дейдi бастық тепсініп. — Тiс ауырғанға ес-ақылынан айырылған кімді көрдің? Оданда ішiп мас болып жаттым десеңшi?

— Сенбесеңiз, мiне тiсiмдi көрiңiз... Жұлып тастады.

— Жұлып тастады дейсiң бе? Кәне, аш аузыңды!

— А... а-а-а!

— М-м-м... Бәрiбiр сенбеймін саған, тексертем, ұқтың ба?

— Пажалыста, тексертiңiз, ағай!

Айтқанындай-ақ ол кiсi сөзiнде тұрып, Мұқырға барған бiр жолында әдейiлеп тiс дәрiгерiне кiре кетiптi. Кiруiн кiргенiмен, дәрiгерден iшек сiлесi қатып, iшiн басып домалап шығыпты деседi.

Содан ауылға қайтып келгеннен кейiн Сәрсендi шақырып, қолына бiр түйiншектi ұстатқан:

— Мынауыңды өзiң ал! — дедi қатуланып. — Бүйте берсең аузыңдағы отыз тiстен түгел айрыласың, тегiнде.

Сәрсен түйiншегiн алған бойда зып берiп тайып тұрған. Ашып қараса — өзiнiң баяғы тiсi екен. Орамалға қайыра орап, үйге апарып сандықтың түбiне жасырып қойды. Сол тiсi әлi күнге ораулы күйiнде сол орнында жатыр.


***

Сәрсеннiң жағындағы тыртықтың да осы тiске ұқсас азғантай хикаясы бар-ды. Ол жағдай тым әрiде, ұмытпаса бесiншi класта оқып жүрген кезде болған оқиға болатын.

Қай бала мақтан сүймейдi, суға шомылып, ауылдың бiр топ қара домалақтары даурыға сөйлесiп, өзен жағасынан қайтып келе жатқан-ды.

Сол жазда қаладан келген Қалибек деген ересектеу бала маңғаз басып, бұларға қарсы жолықты.

— Қане, қайсың мықтысыңдар? Мына күшiкпен кiм ырылдаса алады? — дедi Қалибек өзiмен ерiп келе жат­қ­ан күшiктi көрсетiп.

— Ырылдасқаны қалай?

— Кәдiмгi ит құсап ырылдасып, жұлқысу керек. — Балалар үндемей қалды.

— Бiз ондай ойынды бiлмеймiз, — дедi балалардың бiрi.

— Бұл ойын емес, жiгiттiң нағыз мықтылығын, ержү­ректiгiн сынайтын психологиялық шайқас.

— Қызық екен!

— Несi қызық?.. Мықтыларың қане, ортаға шы­ғыңдар!­

Балалар қозғалар емес.

— Мен бiлсем, араларыңда Сәрсеннен мықтыларың жоқ секiлдi. Қане, Сәрсен, шықшы ортаға!

Қалалық жiгiттiң қолпаштау сөзi Сәрсеннiң қолтығына су бүрiккен. Суырылып алға шықты. Тiзерлеп отыра қалып, төртаяқтап күшiкке қарай жылжыды. Алдымен ырылдады, сосын «аф-аф» деп итше үрдi. Күшiк болса бұған жәудiреп қарады да, «мынау қайтедi-ей» дегендей бұрылып, өз жөнiне кеттi. «Қарсыласының» жеңiлiс табуы Сәрсендi одан сайын қанаттандырып, күшiк бұрыла берген кезде атылып барып, жүндес желкесiнен қапсыра тiстедi. Тiстедi де, сiлкiп-сiлкiп былай қарай лақтырып жiбердi.

Балалар алақайлап, ду қол шапалақтасып жатыр. Сәрсен де тiсiне жабысқан жүндi түкiрiп, тiзесiн қағып, мықтымсынып орнынан тұра бердi. Тұра бергенi сол едi, күшiк үн-түнсiз атылып келiп, мұның алқымынан жармасты-ай дерсiң! Әйтеуiр, құдай сақтапты, пышақтай өткiр тiстерi кеңiрдекке емес, жағына қадалған.

Осылай Сәрсен бала күнгi «мықтылығының» бiр белгiсiн өмiр бойы өзiмен әкеле жатыр.


***

Әлипа Сәрсеннен үш жастай кiшi. Сегiзiншiнi бiтiргесiн, одан әрi оқыған жоқ, жазда шөпшiлерге аспазшы, қыста МТМ-да су жылытушы боп жүрдi. Сәрсенмен де онымен осы МТМ-да жүрген кезде танысқан.

— Мұқырдан келген әнеу бiр тракторшы жас жiгiт сенiң аты-жөнiңдi сұрайды, — дедi бiрде Агафия деген орыс құрбысы.

— Сұраса, сұрай берсiн.

— Әдемi екен... бәлсiнбей, былай танысып алсаңшы!­

— Ұят қой...

— Несi ұят?

— Қалай танысамын деймiн де...

— Клубқа шақыр, үйге шақыр...

— Кетшi әрi, үйге шақырғаны несi?

— Несi бар? — деп Агафия ойланып қалды. Сосын:

— Осы сенiң туған күнiң қашан едi? — деп сұрады.

— Менiң бе, менiң туған күнiм осы айда болады... Осы айда деймiн-ау, ертең! — Әлипа жоғын тапқандай қуанып кеттi.

— Шын айтасың ба? — Агафия қулана қарады. — Әлде әдейi беріге бұрып тұрсың ба?

— Шын айтам!.. — Әлипа шкафтан паспортын әкелiп, бетiн ашып көрсеттi. — Мiне, «1949 жылғы 16 апрель» деп жазылған.

— Чудо! — дедi Агафияның көзi жайнап. — Ана жiгiт арманыңда аялаған сенiң ақ құсың екен! Әйтпесе, мұндай совпадение болуы мүмкiн емес. Уверяю тебя! Айрылып қалма анадан, етегiне жармас! Сендер кереметтей бақытты семья боласыңдар!

Құрбысының үгiтi Әлипаның жүрегiн елжiретiп жiберген. «МТМ-да армандаған бақытың жүр» дегесiн қалайша шыдасын! Ғұмырында атап көрмеген туған күнiне дайындалып, үйге үш-төрт құрбысымен қоса әлгi тракторшы жiгiттi де шақырды. Екi арада жеңгетай боп шап­қылап Агафия жүр. Тракторшының есiмi Сәрсен екен. Кесек тұлғалы, қою қара шаш, дөңгелек көз әдемiше жiгiт... Әлипаға бiрден ұнаған.

Туған күнге жиналған жастар дуылдасып ұзақ отырысты. Тойдың нағыз қызған шағында үйге Әлипаның шешесi Нұржамал келдi.

Әке-шешесi ол кезде отгонда сиыр бағатын, ауылдағы үйде Әлипа бiр апайымен, мектепте оқитын екi бауырымен ғана тұрып жатқан-ды.

— Бұл не думан? — дедi сырт киiмiн шешiп жатқан Нұржамал шешей.

— Той боп жатыр, тәтетай, той боп жатыр!

Агафия құрақ ұшып шешейдi шешiндiрiп, қолынан жетектеп үстел басына алып келдi.

— Ал, тәте, қызыңызға арнап бiр ауыз тiлек айтыңыз! — деп қиылды жастар.

— Не тiлек ол? 

— Қызыңыздың туған күнiне арнап, бiрдеңе деп жiберiңiз!

— Қай қыздың туған қүнi?

— Әлипаштың да... Бүгiн Әлипаштың туған күнi, тәтетай!

— Қай Әлипаштың?

— Өзiңiздiң қызыңыз, мына Әлипаны айтамыз?

— Әдiрағал, не дейдi мыналар? — Нұржамал шешей екi қолын кезек сiлтедi. — Мен көктемде бала туғам жоқ... Оны қайдан шығарып жүрсiңдер тағы?

Отырған жұрт бiр-бiрiне қарасып жым болысты. Дос­тарының алдында қысылғаны сонша, Әлипа не iстерiн бiлмей, шкафтағы паспортына ұмтылды.

— Тәте, мiне, паспортта «16 апрель» деп жазылған! — Бұл отырыста ешқандай қателiктiң жоқ екенiн дәлелдеп жатыр.

— Бұл кiмнiң пашмұрты? Сенiкi ме?

— Иә, менiкi...

— Е, құдай сол, пашмұртта жаза бередi де...

— Қалайша «жаза бередi?» — деп Әлипа бұртия қалды.­

— Жаза бередi... Әйтпесе мен көктемде бала тап­қам жоқ.

— Тауыпсың ғой, тәте, көктемде менi тауыпсың!

— Әдiрағал! — дедi тағы да шешей. — Баланы тап­қан мен бiлем бе, жоқ сен бiлемiсiң? Сенi тапқанда жаз бiтiп, жапырақ сарғая бастаған. Қатындармен шөп жинауға бара алмай, бүктетiлiп үйде жатқам мен. Үш күннен кейiн балалар мектепке барған. Бәрi есiмде... «Әпрел, әпрел» деп, адамды шатастырғаны несi!

Жастар жамырай күлiп жiбердi.

— Значит, 27 август болды! — дедi Агафия.

— Жоқ, олай емес... Август отыз бiрiнен бiтедi, яғни, Әлипа, сен 28 август күнi туғансың.

— Ендеше паспортта неге қате жазылған? — дедi Әлипа жыларман болып.

— Ит бiлiп пе онысын... Метрикеңдi кеш алып едiк, тегi, әкеңнiң былықтырып жүргенi де...

Жастар мәз, көздерiнен жас аққанша күлiсiп жатыр. Достарының күлкiсiн Әлипа басқаша қабылдап, екi бетi оттай өртендi.

— Мен бәрiбiр мұны ауыстырамын! — деп, паспортын шкафқа қайыра атып ұрды.

Намысқа тырысар болса — Әлипа керемет өжеттенiп кетедi екен. Сол жазда ауданға әуре-сарсаңға түсіп төрт рет барған. Ақыры дегенiне жетiп, туған күнiн өзгертiп, паспортын жаңартып алды.


***

Сәрсен аузын ашса жүрегi көрiнген ақкөңiл жiгiт боп шықты. Кеш болса жастар жағы ауыл клубына жиналады. Ауыл клубындағы ойын-сауықтың ұйт­қысы — Сәрсен, гармонь тартады, ән айтады, тiптi «Частушка» мен «Лезгинканы» да билеп жөнеледi. Аздап өлең жазатын да өнерi бар екен. Агафияның айтқаны келiп, махаббат дегеннiң, бақыт дегеннiң не­ екенiн сол жазда Әлипа да ұққандай болған. Сәр­сенiн iштей мақтан ететiн, көлденең көздiң сұғынан­ қызғанатын.

Күзде Сәрсендi әскерге әкеттi. Әлипа Мұқырға дейiн барып, қош айтысып шығарып салды. Содан Сәрсен Мұзды мұхиттан бiр-ақ шыққан... Североморскiде екi жыл жағадағы теңiзшi болды. «Теңiзшi» деген жалғыз сөздiң өзi Әлипаның жүрегiне жылы шуақ құятын. «Менiң сүйгенiм көптiң бiрi секiлдi жай солдат емес, матрос!» — деп мақтанатын iштей.

Арада бiр жарым айдан соң Сәрсеннiң әскерден жазған алғашқы хатын алған. Хат iшiне бiр ауыз қара өлең де қосып жiберiптi:


«Ақ тiсiм, аузымдағы маржан тiсiм, 

Өзiңсiң душар болып сүйген кiсiм. 

Сағынып нұр жүзiңдi ойлағанда, 

Шыдатпай, от жаққандай қайнайды iшiм».


Әлипа кеудесiн кернеген бақыт пен қуаныштың әсерiнен етбетiнен төсекке құлап, жастықты құшақтап, таң атқанша жылап едi сол жолы.

Әйтеуiр, Сәрсеннiң әр хатында бiр шумақ өлең жүретiн. Баяғыда сол өлең жолдарын түгелдей жатқа бiлушi едi, қазiр iлуде бiреуi ғана есiнде сақталыпты.


«Ақша қарда жорытқан қояндайсың, 

Мен Қозы, сен ару Баяндайсың. 

Екi көзiң тұңғиық, ақыл ескен, 

Өмiрлiк менiң мәңгi саямдайсың».


Дариға-ай десеңшi, таңғы ауадай сол бiр мөлдiр сезiм, асқақ махаббат қайда кеткен деп сағынады қазiр. Қай жерде жоғалтып алды? Ол жағын бүгiнде Сәрсен де, өзi де бiле бермейдi. Сәрсен әскерден қайтып, екеуi бас құраған кезде де ештеңенi аңғармаған. Барлық қасiрет ұлдары өлген күннен басталған секiлдi. Әлде содан кейiн бойына бала бiтпеген соң тағдырдың осындай тауқыметiн тартып жүр ме? Ол жағы да белгiсiз. Әйтеуiр, өмiрiнiң ең әдемi кезеңi сонау Мұқырда қалғандай сезiнедi де тұрады. Ол жаққа қайта көшiп барғандарымен баяғы күннiң ендi қайтып келмесiн, көңiлден ұшқан көкала құстың қайта оралып кеу­десiне қонбасын да бiледi. Ендеше, қамшының сабындай келте ғұмырда жол ортада сергелдеңге түсiрiп, тұйыққа тiреген не нәрсе? Осындай күйге түскендерiне кiнәлi өздерi ме, жоқ әлде өзге бiреу ме? Оған да өресi жетпейдi.

Бүгiнде ерлi-зайыпты екеуi де бойларында жан болғанымен, кеуделерi бос, әншейiн қыбырлаған тiрi көлеңкелер секiлдi сезiнедi өздерiн. Былайғы жұрт сияқ­ты емес, қонаққа да аса сирек барысады. Кеш түссе Әлипа үйден шықпай жатып алады. Сәрсен болса табалдырыққа жайғасып, түн жарымына дейiн гармонымен ыңылдап ән айтады. Айтар әнi де қазiр өзгерiп кеткен... Баяғыша бар дауысымен шырқап салар биiк әуен емес, өзгеше жуас әрi сазды. Жүрек қылын тербегендей мұңға толы.


«Өр Алтай, мен қайтейiн биiгiңдi, 

Мерген боп бiр атпадым киiгiңдi. 

Жас өмiр өтiп жатыр өксуменен, 

Кiм түсiнер iштегi күйiгiмдi...»

* * *

Бұл ауыл «Төртiншi бригада» атанып, тасы өрге домалап тұрған заманда әр көшеде бiрдi-екiлi орыс семья­сы бар болатын. Олардың да балалары төрт класқа дейiн осы ауылда қазақша бастап, соңынан бiреуi Мұқырда, келесi бiреуi аудан жақта оқуларын әрмен қарай жалғастырысып жататын. Орыстардың оқыған балалары ғана емес, әке-шешелерi де қазақшаға судай едi. Ел жаппай Мұқыр жаққа еңкейген кезде мұндағы азғантай орыс қоса-қабат кетiстi. Елмен қоса «мен де көшем» деп дүр­лiккенiмен, ақыр соңында көшпей жұртта қалған жалғыз орыс Дмитрий шал, яғни «Метрей атай» ғана.

— Господи, Мұқырда қай туғаның күтiп отыр сенi? — деп Пелагея шешей шалының «көшем» дегенiне шат-шәлекей болған.

Әдетте, Метрей атай да, Пелагея шешей де орысша-қазақшаны араластырып сөйлей беретiн. Әсiресе, Метрей атай шалдардың арасында таза қазақша сөй­леп отырып, оқта-текте орысшалап, шәлкем-шалыс сөздi тұздыққа араластырып қоюшы едi. Ауылдастарының құлағы Метрейдiң ондай шұбар тiлiне әбден үй­ренген.

— Осы Метрей, сен орыссың ғой, бiрақ орысша бiлесiң бе? — деп бiрде саңырау Кәрiм шын пейiлiмен сұрағаны бар.

— Саған қарағанда тiлiм сынық, қалаға барсам нан сұрап жеуге шамам жетедi, — деп Метрей кеңкiлдеп күлген.

Метрей атай сөз арасында «значит» дегендi көбiрек қосушы едi. Бiрде, осы кiсiмен шүйiркелесiп көше бойлап қатар келе жатқан Мелс мұғалiм:

— Сiзге бiр ескерту жасайын... «Значит» деген орыс­тың сөзi. Сiз ол сөздi бұдан былай «демек» деп алмастырыңызшы! — дейдi өтiнiп.

Мұғалiмнiң өтiнiшiне шал шалқасынан түседi.

— «Демегi» несi мынаның? Бiзде жоқ сөздi қайдан ойлап таптың? «Значит» сөзi «Коммунадан» да бұрын, бұл ауыл «Айдарлы» боп тұрған кезде де бар болатын. Вот так, шырағым!

— Бәрiбiр, «значит» орыстың сөзi.

— Кiм айтты орыстiкi деп?.. Бұл сөз орысқа да, қазаққа да ортақ, шырағым. Мысалы... әлгi... «космонавт»... немесе «бригада» деген сияқты.

— Жо-жоқ, атай, бұл ондай сөзге жатпайды.

— Неге жатпайды? — Шамданған шалдың ендiгi жерде шеке тамыры көгерiп шыға келедi. — Оның жатар-жатпасын бұл ауылда ғұмыр бойы тұрып жатқан мен бiлем бе, жоқ әнеу күнi ғана келген кiрме бала сен бiлесiң бе? Вот так, шырағым!

— Мен «әнеу күнi ғана» келгем жоқ. Кiрме де емеспiн... Мен келгелi, мiнеки, он алты жыл болды, атай! Сосын мен қазақ тiлiн техникумда  оқыған кiсiмiн ғой!

— Сен қазақ тiлiн оқыған жерiңде мен мұғалiм боп сабақ бергем, бiлдiң бе! Сондықтан шалмен босқа дауласпа, шырағым!

— Ой, атай, сiз өзi бiртүрлi қиын кiсi екенсiз... Сенбесеңiз анау келе жатқан Кәрекеңнен сұраңызшы. Қайткенмен де дiнi қазақ қой, қазылығын сол айтсын? — дейдi Мелс амалы таусылып.

Екеуi қалбаң қағып, көше бойлап кетiп бара жат­қан Кәрiмдi дауыстап тоқтатады.

— Кәреке, айтыңызшы, «значит» деген кiмнiң сөзi? — дейдi дауға қызған Мелс мұғалiм салған жерден айқай­ға басып.

Кәрiм сасқалақтап, иығын қиқаңдатып, қос қолын жая бередi.

— Бiлмеймiн... — дейдi азар да безер болып. — Оллахи шын айтам, менде ондай ит болған жоқ! — деп жауап береді де, даукестердiң қасынан алды-артына қарамай безе жөнеледі.

Жалтара қашқан Кәрiмнiң соңынан Метрей:

— Жоқ, ол сенiң итiң болатын, мойындатамыз саған! — деп барқ етiп, қолын сiлтеп, айдындап қала берiптi. Сөйтiп екеуi iшектерiн басып мәз болы­сыпты.


***

Қармақ салып, балық аулау — Метрей атайдың жыл сайынғы рақат ермегiнiң бiрi. Жаз шығып, су мөлдiрлене ол кiсiнi үйде ұстау қиын, өзен жағалап, күнi бойы жоғалып кетедi.

Осыдан бiраз жыл бұрын ауылдың бiр топ жасөспiрiм тентектерi өзенге ау салып, су бұрып, ойларына келгендi iстеп, балықты үркiте бастапты. Оны көрген Метрей де өзен жағалауын ала жаздай қойып кетiптi.

— Үйбай, Талдыбұлақтың басындағы сарқырамада аю бар екен. Бiздiң жақтың қоңыр аюы емес, Алатаудың ақтөс қара аюы деседi. Бұл жаққа қайдан, қалайша келiп жүргенi бiр құдайға аян, әйтеуiр бейсауат жүрген адамды аңдитын көрiнедi. Таудағы бiр геологқа шауып, әйелiн тартып алып кетiптi деген әңгiме бар. Ендi өзен жағалаған балықшыларды аңдуға кiрiсiптi. Ана жолы Метрей қармақ салып сарқырамаға дейiн барса керек. Ту сыртынан бiреудiң баспалап бағып жүргенiн байқап қалып, қармағын да, құрығын да тастай салып, қаша жөнеледi. Аю тырағайлатып қуып бередi. Аюдың алдыңғы аяқтары қысқа ғой, еңiске қарай жүгiре алмай, тоңқаңдап қапты байғұс. Метрей болса өлдiм-талдым дегенде қуғыннан құтылып, үстi-басын далба-дұлба жыртып, диуанадай селтиiп үйiне жетiптi.

— Астапыралла! — дестi мұндай сұмдықты естiген ауылдастары жағаларын ұстап. — Аюдың адамға шап­қаны жақсылық болмады!

— Бiздiң аю емес, бөтен аю болғасын Метрейдi танымай жүрген шығар?

— Бәрiнен бұрын әлгi әйелдiң жағдайы не болды екен? Әйел өзi жас па екен, кәрi ме екен?

— Пәлi, кәрi әйелдi аю не қылсын?

Қысқасы, не керек, ауыл iшiн кеулеген осындай әңгiмеден соң балалар балық аулауды сап тыйған. Кейбiр өжеттерiн шешелерi желкелерiнен түйгiштеп, үйлерiнде қамап қойды. Керiсiнше, Метрей атай құрығын сүйретiп, таң қараңғысынан сарқырама жаққа ұрланып барып жүрдi.

Кезiнде атай iшiмдiк жағын терiс көрмептi. Бiрақ сол құрғырдың адамға абырой әперген кезiн тағы да көрмесе керек. «Үйде береке, жұмыста беделiң кетiп, өз алдыңа мәңгiрiп қалады екенсiң», — дейдi атай сол бір шақты есіне алып.

Дегенмен, осынау ұзақ ғұмырында «сен сөйттiң» деп Пелагеясы бетiне тiктеп қарамаған жан екен. Қазiр iшiмдiктi онсыз да қойып кеттi ғой, бiрақ баяғыда, төрт аяқтап сенделiп жүрген кезiнде құсығын жуып, киiмiн шешiп, ақ төсекке орап жүрген Пелагеясына екi дүние­де дән риза. Кемпiрiнiң бұлайша кешiрiмдi болуының өзiндiк сыры да бар едi.


***

Шындығында, Метрей атай — Пелагеяның екiншi күйеуi болатын. Бiрiншi күйеуiнен Пелагея жастай, жиырманың бесiне жетпей аңдаусызда айырылып қалыпты.

Турасын  айтар болса, айдың-күннің аманында өз қолымен өлтiрiп алыпты. 

Сорлы басы, олай боларын қайдан бiлсiн, әшейiн жәй қорқытам да қоям деп ойлаған ғой. Оның ақыры әлгiндей қасiретпен тынарын кiм болжапты!

Оның аты Григорий екен, өзi Пелагеядан он жастай үлкен екен. Бұйра шашты, кең иықты, мұрынды келген еңгезердей жiгiт едi деседi.

— Шiркiннiң көзiн айтсаңшы, тотияйындай көкпеңбек едi ғой! — дейді Пелагея бұрынғы күйеуi туралы. — Қадалған жанның көкiрегiн қаритындай өткiр болатын. Қайтейiн ендi... жазған бейшара iшушi едi. Iшкенде түбiн түсiрiп безбожно iшетiн. Кейiннен iшiмдiкке салынып кеткенi соншалық, үйге келмей, далада қонып, күресінде домалап қалып жүрдi. Сөйтiп берекемiз кетiп, ырың-жырың күйде тұрып жаттық. Қыс түсе аяқ астынан суық тиiп кiшкентай Дусямыз шетiнеп кеттi. Осының бәр-бәрi жас та болсам менiң көкiрегiме шемен боп жиналып, жүрегiме қан боп қатып қалса керек.­ Бiрде Григорий сүйретiлiп, түн жарымында төрт аяқтап үйге келдi, — дейдi шешей әңгiмесiн әрмен сабақтап. — Емiс-емiс есi бар. Бөркiн жоғалтқан, үстi-басы қар аралас топырақ, шашы мен мұрты сауыс-са­уыс қатқан мұз. Бейшараның түрiнен адам шошығандай! Шыдай алмадым, айғайға басып ұрыстым, шыңғырып жер тепкiлеп жыладым. Айтпаған сөзiм, қарғамаған қарғысым қалмады. Бiрақ оған селт еткен күйеу болмады. Менiң жан айқайым, байбалам сөзiм құлағына да кiрмедi.

— Осымен бәрi бiттi, Гриша! — дедiм ақыры айла-шарғым таусылған соң. — Бүйтiп жас өмiрiмдi сендей сүмелекке қор еткенше, мен сенi балтамен шауып өлтiрейiн!

Сөйттiм де, пеш түбiнде жатқан өзімнің қара пимамды көтере бере, төр алдында алшысынан сұлаған күйеуiме тұра ұмтылдым.

— Глаша, Глаша! — деп бағанадан тiлсiз жатқан күйеуiме жан бiтiп, қолымен басын қорғалай бердi.

— Өлтiрмешi! Қойдым мен, қойдым! — дедi жалбарынып.

Бағанадан жауап бермей қасарысқан күйеуiмнiң аяқ астынан безек қағып, жанын қорғап жасқаншақтағаны— менi одан сайын елiрте түстi.

— Бiттi, Гриша, мә, сыбағаңды ал! — дедiм де қара пимамен тоңқ еткiзiп кеудесiнен қойып қалдым. Пима оншалықты қатты да тиген жоқ едi, тимесе де Гриша «аһ» деп жанұшыра айқай салғаны... Сосын аяқ-қолын серпи берiп, сылқ ете түстi.

— Әй, Гриша, сен шынымен қорқып қалдың ба? — дедiм күйеуiмнiң бетiне еңкейiп.

Григорий үндеген жоқ, көкпеңбек көзi шарасынан шыға бажырайып, қимылсыз қапты.

— Гриша, мен өтiрiк қорқыттым сенi. Қолымдағы балта емес, пима болатын! — дедiм зәрем кетiп.

Гриша кiрпiк қақпады. Бiр сұмдықтың болғанын сезiп, баж етiп аузымды бастым. Ес-ақылым шығып, көршi үйдегi ата-енеме қарай жүгiрдiм.

— Қайран, Григорий! — дейдi кейде Пелагея шешей көзiне жас алып. — Менiң ашумен қорқытқанымды шын көрiптi ғой. Қара пиманы шынымен-ақ балта екен деп, қорқыныштан жүрегi жарылып ке­тiптi.

Қаншалықты қайғырғанмен, өлгеннiң артынан өлмек жоқ әрине. Арада үш жыл өткен соң осы Дмитрийдi кезiктiрдiм. Екеуiмiз көп ойланып жатпай-ақ бас қосып, отау құрдық... Қайсыбiр кiсiнiң аузына қақпақ қоярсың, «күйеуiн өлтiрген дүзқара» деген жаман атақ бiраз жыл бойы соңымнан қалмай, көзге шыққан сүйелдей мазалап жүрдi. 

— Господи, iшсiн, жесiн! Еркектiң онысына бола несiне тарыласыңдар! Ер-азамат әйелдiң уанышы да, сүйенiшi де. Қасымызда қалқиып тiрi жүргенiне тәуба етiңдер! — дейдi Пелагея шешей жас келіншектерге.

Бұл Пелагея шешейдiң өмiр жолынан түйген уағызына, айтар өсиетiне көбiрек ұқсайды. Бiрақ шешейдiң ол пiкiрiне ауыл әйелдерiнiң бiреуi келiссе, бiреуi келiспей жатады.


***

Метрей атай да құдай қосқан Пелагеясын қатты құрметтейтiн жан. «Сен сөйттiң» деп оған бәйбiшесi жақ ашпаса да, iшкенiн Пелагеяға бiлдiрмеуге тырысады, жасырады. Сол жасырып iшкеннiң салдарынан бұрнағы жылы ел-жұрттың алдында масқарасы шыққан. Тiптi оны еске түсiрудiң өзi ұят шаруа.

— Бекер сөз, ол әңгiменi Метрей ойдан шығарған ғой. Әйтпесе, бiз анау жылы тура соған ұқсас грузинский кино көргемiз, — деп сенбептi әлгi оқиғаны естiген кезде етектегi мұқырлықтар.

— Баяғыда соған ұқсас кiтап оқыған сияқтымын, — деп Таганрогтағы күйеу баласы да атасының әпенді iсiне күмән келтiрiп хат жазыпты.

Мейлi, жұрт өйтiп сенбей жатса тiптен жақсы. Сенбей жатса — Метрей атайдың абыройы орнында де­ген сөз.

Ал, жасырмай турасын айтсақ — атаймен ондай жағдайдың болғаны айдай шындық едi, әрi ол оқиғаны осындағы жетi үй жақсы бiлетiн. Мұқырлықтар айтқан «грузинский кинода» нендей қиқыметтiң болғаны бұларға беймәлім, алайда Метрей жазғанның бастан кешкен сұмдығын мұндағы ағайынның бәрi бірауыздан сайрап бере алады.

Ол оқиға осыдан бес-алты жыл бұрын, қазiргi «қайта құру» бұлғағының бастауында болған жағдай екен.


***

Ол заман — ауылда iшiмдiк атаулы жоғалып, ер-азамат есiн жинап, отбасына әр бiтiп, өмiрге нәр бiте бастаған кез едi ғой. Метрей атай да мемлекеттiң саясатын қолдап, тентек судан нәр татпай, бiр жылға дейiн шыдап бағады. Шыдамайын десе де лаж жоқ, ондай қат дүниенi қайдан тапсын! Таба алмай дiңкелеген атай ендiгi жерде айлаға көшедi... Өзiнiң жорамалы бойынша жамап-жасқап, iлекерлеп, самогон аппаратын құрамалдайды. Онысын кемпiрiнен жасырып, бақша бұрышындағы картоп салатын погребтiң iшiне тығып қояды. Тамшылатып, жартылықтың көлемiндей жинаған соң, оны iшу салтанатына дайындалады. Киiмiн дұрыстап, басытқысын ыңғайлап, су-суанын көтерiп, жұрттың көзiне түспестен моншаға барып тығылады. 

Көкiректе аңсай күткен сағыныш бар, қаңсытқан ұлы шөл бар, алғашқы стақанды көзiн тарс жұмып тартып жiбермек болады. Тартып жiбермек болып оқтала бере, жүрегi дауаламай iркiлiп қалады. Самогонның сарғыш түсiне қарап, ары-берi толғап көредi де, бiртүрлi күдiк келтiредi.

— Самогон дегендi бұрын да байқап жүрмiз ғой, бiрақ менiң самогоным өзгеше лай көрiндi, — дейдi атай мұртын шиырып. — Әрi көңiл құрғыр өзiм жасаған жаман аппаратқа да сенiңкiремедi...

Сонымен не керек, атайдың ақкiске ұқсас созалаңдаған тiк құлақ Манька деген қаншығы бар-ды. Атай алдымен самогонды сол сүйкiмсiздеу тiмiскi итiне iшкiзiп көргiсi келедi. Аулада алаңсыз шапқылап жүрген Маньканы желкесiнен қапсыра ұстап, төгiп-шашып оның аузына бiр стақанды тоғытып жiбередi. Қайтер екен деп соңынан иттi бiраз бақылайды. Манька құрғыр түктi сезер емес, құйрығын бұлғаңдатып, көбелек қуып, көшенi кезiп кете барады.

Көңiлi жайланған атай да стақанның бiреуiн сыл­қылдатып салып алып, қызара бөртiп көшеге шығады ғой. Ыңылдап өлең айтып, көпiрден өтiп Кәрiмнiң шарбағын айнала берсе — төрт аяғы көктен келiп серейiп, бағанағы Манькасы өлiп жатыр екен дейдi. Өз көзiне өзi сенбей, иттi аяғымен түрткiлеп, аударып-төңкерiп көредi. Жан жоқ, көрiнген төбеттiң жетегiнде жүретiн жетесiз қаншық былқ-сылқ, сеспей қатқан...

Шал болса да жан бермек оңай ма, мына сұмдықты көргенде атайдың жүрегi тас төбесiне шығады. Сасқан жерде iргедегi саңырау Кәрiмнiң үйiне ұмтылады. Түс әлетi екен, кiрiп барса Кәрiм алшыдан түсiп төр алдында борсып ұйықтап жатады.

— Мен үзiлiп барам, көмектес. Тездет, ойбай! — деп құрдасын сирағынан сүйреп оятады.

— Бiсмiлла, не боп қалды?

— Тезiрек, менi көтерiп медпунктке жеткiз, үзiлiп барам...

 Дабыр-дұбырды естiп, ауыз үйде құрт қайнатып жат­қан Нарша жетедi бақырын бұлғап.

— Байқаусызда у iшiп... үзiлiп барам, Нарша, менi тезiрек дәрiгерге жеткiзiңдер! — дейдi атай көзi қылилана ақшырайып.

Мұндайда әрбiр минут қымбат, Кәрiм мен Нарша сөзге келмейдi, екеуi атайды қолтығынан көтерген бойда дәрiгерлiк пунктке қарай дедектете жөнеледi.

Бұл ауылдың медпунктi қашан ашық тұрған, Нарша екi өкпесiн қолына алып, дәрiгер қызды iздеп үйiне жүгiредi. Барса — дәрiгер қыз жұмыс бабымен сол күнi таңертең ауданға кетiп қалыпты. Бұл хабарды естiген кезде атайдың ақырғы үмiтi үзiлiп, тағдырдың жазуына ерiксiз мойынсұнады:

— Ендi менi үйге апарыңдар, кемпiрiме жетiп жығылайын, адамша өз үйімде өлейiн! — дейдi өтiнiп.

«Метрей атай әл үстiнде, өлгелi жатыр екен!» деген хабар ауыл iшiне лезде тарап кетедi. Бұл хабарды үйде отырып естiген Пелагея шешей аңырап-боздап шалын көшеден қарсы алады. Шалында үн жоқ, тiлi кәлимаға келер емес, көзi қылиып ықылық атады.

— У iшiптi! — дейдi Нарша түйеден түскендей. Пелагея одан сайын ойбайға басады. Пелагеяның ойба­йын естiп, тау басында шөп жинап жүрген жұмысшылар да ауылға қарай шапқылайды.

Атайды көтерiп апарып, төргi үйдегi төсекке шал­қа­сынан салып қояды. Бурыл сақалы түштиiп, екi қолын айқастырып кеудесiне жинаған атай төсекте жатып хал­қымен қоштаса бастайды. Алдыңғы үй толы сұңқылдаған әйел, жылаған бала. Атай оның бәрiн де естiп жатады. Соңынан өзiнiң Пелагеясын шақырып, ақшам алдыңда ағынан жарылып, онымен де қош айтысады.

— Глаша! — дейдi кемсеңдеп. — Глаша, ренжiткен болсам, кеш менi?

— Кештiм, Митя, кештiм! — дейдi Пелагея шешей де орамалымен көзiн басып.

— Глаша, тентектiк жасаған болсам, оны да кеш­кейсiң? — дейдi атай көзiн жұмып.

— Оны да кештiм! — дейдi шешей.

Жиналған жұрттың көңілін босатып, көздеріне жас үйіріп, кемпiр мен шал өстiп ұзақ арыздасады.

— Глаша, мен сенi жанымдай жақсы көрiп, аялап өттiм, — дейдi атай. 

 — Бiлемiн, Митя, мен бәрiн де бiлемiн! — дейдi шешей. 

— Глаша, мен сенiң көзiңе шөп салмауға тырыстым.­

— Оны да бiлемiн, Митя, сенің азаматтық адалдығыңа құдайдай сенуші едім ғой.

— Жо-жоқ, Глаша, мен сен ойлағандай адал да емес едiм.

— Ештеңе етпейдi, Митя, ер жiгiттiң басында не болмайды дейсiң.

— Глаша, мен сенi жалғыз рет қана алдадым. Сол үшiн кеш менi!

— Кештiм, Митя, кештiм!

— Есiңде ме, ақсақ Матвейдiң қалада тұратын қызы бар едi ғой?

— Есiмде жоқ, Митя.

— Жо-жоқ, сен есiңе түсiршi... Ел-жұрттың тың көтерiп шуласып жатқан уағы едi ғой?

— Есiмде жоқ, Митя. Матвейдiң қай қызын таниын.

— Қаладағы қызы ше, Глаша?

— Мейлi, солай-ақ болсын...

— Кеше алсаң кеш, Глаша. Мас болып, бiрде сол қызбен далада қонып қаппын.

— !?

 — Неге үндемейсiң, Глаша?

— !?

— Глаша, кешпегенiң бе? Анау дүниеде күнәм жеңiлдесiн деп... өзiңе өлер алдында бар шынымды айт­қаным едi. Кеш, Глаша, кеш менi! Рас айтам, содан кейiн әйел атаулыға көз тiгiп көргем жоқ.

— Қайтем ендi, Митя, кешсем кешейiн... Мен де саған қыздай тигем жоқ қой.

— Сенiң заңды күйеуiң болды ғой... Заңды некеде тұрдың.

— Оның рас. Бiрақ Гриша өлген соң да, Степан деген бiр жiгiт келiп-кетіп жүретiн...

— !?

— Сен ол Степанды бiлушi ме едiң?

— Танымаймын, Глаша!

— Жоқ, сен тануға тиiссiң, Ботап сайындағы омарташыны айтам. Колмогоров Степан ше?

— Танымаймын дедiм ғой, Глаша! Мен ешқандай Колмогоровты бiлмеймiн, бiлгiм де келмейдi. Апырмай, тынысым тарылып барады. Басымды көтерiңдершi?

Жұрт құрақ ұшып жастық салып, атайдың басын көтередi. Бәрiбiр ауа жетпегендей сезiнiп, тынысы тарылып атай алқынып шыдай алмайды.

— Үзiлiп бара жатырмын бiлем, сыртқа шығарыңдар­шы, жарық жалғанға соңғы рет көз тастап өлейiн! — дейдi атай сырылдап.

Еркектер атайды төсегiмен көтерiп, есiктен сыймаған соң, бiр теуiп терезенi сындырады да, далаға алып шығады. Таза ауаға шыққан атай ендi, өзi айтқандай, жарық жалғанға соңғы рет көз жіберіп, қош айтысып төңiрегiн шолады ғой. Шолып тұрса — сонадай жерде құйрығын шаншып шапқылап өзiнiң бағанағы Манька­сы жүр екен дейдi. Атайдың қуанып кеткенi соншалық:­

— Вот... с-сука! — деп орысшалап сылқита бiр сыбапты да, төсектен атып тұрып, иттi тырағайлатып қуалай жөнелiптi.

Сөйткен атай бүгiнде судың арғы бетiндегi өзi атын қойған «Заречный» көшесiнiң бойында, жұртта қалған жетi үйдiң бiреуi боп тұрып жатыр.

***

Осыдан бiраз жыл бұрын Мелс мұғалiм соғыс және еңбек ардагерлерiн мектепке оқушылармен кездесуге шақырғаны бар. Кездесуге шақырылған ата-әжелердің әрқайсысының өмiр жолына тоқтала келiп, Мелекең оқушыларына саңырау Кәрiмдi:

— Бұл кiсi үзiлiссiз қырық жыл шопан болған ардагер ақсақалымыз! — деп таныстырыпты. 

Үзiлiссiз қырық жыл қой бағудың қиындығын оқушылар да сездi ме, ду қол шапалақтап жiберiседi. Ғұмыры мұндай қошеметтi көрмеген, өмiр бойы «саңырау» атанып келген Кәрекеңнiң бұған бiртүрлi көңiлi босап, қарадай масайып қалады. Соның әсерi ме екен, орнынан ұшып тұрып:

— Мелс шырағым, мен елу екi жыл қой баққам! — деп мұғалiмнiң сөзiне түзету енгiзiп жiбереді.

Сампылдап сөйлеп қызып алған Мелс ондай «түзетуге» оңайлықпен көнгiсi келмейдi:

— Жо-жоқ, ақсақал, сiз қырық жыл бойы қой бақтыңыз! — дейдi қарсыласып.

— Шырағым, елу екi жыл! — дейдi Кәрiм жұп-жұмсақ дауысымен ізетпен қайталап.

— Жо-жоқ, қырық жыл, қымбатты оқушылар!

— Елу екi жыл деймiн...

— Мейлi, солай-ақ болсын!

Мелс мұғалiм кездесуден шыққан бойда «сөзiмдi неге бөлдiңiз» деп Кәрекеңе ренiш бiлдiредi.

— Мен әлгi «қырық» дегендi түзетем деп... — Кәрекең кiнәсiн мойындап, иіліп кешiрiм өтiнедi.

— Шынымды айтсам, — дептi Мелс мұғалiм де көңiлi жайланған соң. — Сөйлеп тұрғанда сiздiң «елу екiңiздi» түсiнбей қалыппын. Елу екi — қырықтан аз секiлдi көрiндi.

— Елу екiсi не, қырқы не? Бәрiбiр емес пе? — дейдi Байғоныс мұндай тәжікенің төркiнiн түсiне алмай.

— Бәрiбiр емес, Байеке! — дейдi мұғалiм. — Сан түрiнде қарасақ, әрине, елу екi қырықтан он екi жыл көп. Ал, дыбыстың естiлуi, аудиторияға әсерi жағынан — қырық басым. Өйткенi «елу екi» ерiн ұшымен ғана айтылады, ал «қырық» —қырылдап тереңнен шығады. Сол себептi де елу екiге қарағанда салмақты, жұртқа әсерлi естiледi.

Оқушылармен болған осы кездесуден соң, мұға­лiмнiң «қырық салмақты сан» деген байламы саңырау Кәрiмнiң де көкейiне қона кеткендей болған. Бүгiнде бiреу Кәрекеңнен: «неше жыл қой бақтыңыз?» деп сұрай қалса:

— Қыр-р-рық жыл, шырағым! — деп қырылдап жауап берiп жүр.


***

Сол саңырау Кәрiм қарайып жұртта қалған жетi үйдiң жетім бiреуi. Үйi бұрынғы «Орталық» көшенiң аяғында, су жырған жарқабақтың жиегiнде жалбия қараяды. Сығырайған жыртық жалғыз терезесi бар мыжырайған мешел там. Алдында дәлiзi жоқ, табалдырықтан аттаған адам төтелеп үйдiң төрiнен бiрақ шығады.

— Ынжықсың-ау, Кәрiм, барып тұрған ынжықсың! — дейдi балташы Байғоныс Кәрекеңнiң үйiн көрген са­йын. — Қолыңнан қой жығу келмейтiн ынжықсың сен!

Жұрт айтса берсiн, бiрақ бәйбiшесi Нарша екеуiне осы жарымжан үйлері молынан жетiп жатыр. Ұрпаққа мұра етер арттарында алаңдайтын бала жоқ, хан сарайындай кең үйдi кемпiр-шал не қылады дейсiң?

— Сен үйге әсте жарымайтын болдың, — деп биыл көктемде су жүрiп, жарқабақ құлап жатқан кезде Метрей де миын мүжiп кеткен. — Мына моншаң су жырған жыраға қарай шөгiп барады екен, аяқтарың көктен келiп, тоңқалаң асып жүрмеңдер, тегiнде!

Метрей атайдың «үйге жарымайсың» дегенi негiзсiз де емес-тi. 

Осыдан көп жыл бұрын бұл Кәрiм совхоздың бойдақ қойын бағып, Ботап сайындағы зәйiмкеде жападан-­жалғыз тұрушы едi. Ботап сайы қысында бораны мөңіреген, жазында желi азынаған өзi де бiр құдай атқан мекен болатын. Азынаған желi жетпегендей, бұл сұрықсыз сай көктемнің көкөзек бір күнінде оспадар мiнез танытып, Кәрекеңдi қу тақырға отырғызып кетті емес пе

Бәрiн де басынан бастайықшы...

Кәрiмнiң әкесi өмiр бойы қой баққан кiсi едi. Жарықтық әкесiнiң айтуынша, оның әкесi де өмiр бақи қой бағып өтiптi. Әкесi туралы әкесiнiң айтқан әңгiмесiне қарағанда, арғы әкесi де өмiр бақи қой баққан секiлдi. Одан арғы бабаларының қандай қарекетпен айналысқанын Кәрiмнiң өзi де, өзге жан да бiле бермейдi. Бiлмесе де, Кәрекең кейде үнсiз ойға батып, тегi, жер жаралғалы берi бiздiң ұрпақтың маңда­йына қой бағу жазылған шығар деп жорамал жасап қояды.

Өзi он жасынан салпақтап қой соңына ердi... 

Көлденең дерттен кенеттен қайтыс болған әкесiнiң орнын басып, о баста осы Айдарлыдағы Өтесiн байға жалшылыққа кiрген. Кейiн Кеңес өкiметi келiп, Өтесiн кiрән асып Қытайға қашып кеттi де, байдың малы тәркiленiп, жаңа өкiметке өткiзiлдi. Байдың малымен қоса Кәрiм де жаңа өкiметке өттi. Бұрын қойшы едi, жаңа өкiмет келгенде де қойшы болып қала бердi. Қыс қыстауда, жаз жайлауда салпылдап мал соңында жүргенде уақыт шіркін де атқан оқтай зымырап өте берiптi. Уақытқа мойын бұрғызбаған алаңы көп аласапыран жылдар да арта қалды. Ес жиған кезде алды-артына ой жүгіртіп еді –  өзiн өмірдің қуанышы мен сүйінішінен кешiккендей сезiндi. Үйленiп, бас құрауға тәуекелi жетпей бүгежектеп, қорғалай бердi. Сөйтiп жүргенде басы бурыл тартып, самайын ақ шалды.

Зейнетке шыққаннан кейiн де бұл дүниеден қу тiзесiн құшақтап өтер ме едi, кiм бiлген, Ботап сайындағы зәйiмкесiн су шайып кетпегенде...


***

Ботап сайында Кәрiм жарты ғұмырын өткiзсе де, бiр қатердiң барын байқамаған секiлдi. 

Алдымен шың биiгiндегi мың жыл қозғалмаған жартас жарылып, етекке құлап түскен. 

Кәрекең таң алдындағы тәттi ұйқының құшағында бүк түсіп, маужырап жатыр едi, тау қақырап, жер айрылып кеткендей зұлмат дауыстан шошып оянды. 

Ышқырын қолына ұстаған күйі далаға атып шықса — дәл iргеде үйдей жартас жатыр екен шаңы бұрқырап.

Таудан құлаған жартасты көрген бастықтар: «Қырға қарай орын ауыстырсаңыз қайтедi?» —деп ақыл айт­қансыды. «Құдай сақтар», — деп, бұл бастықтарға иiлiп рахметiн айтып, сай табанынан тырп еткен жоқ. Тырп етер едi-ау, егер бастықтардың «қырдағы үйi» даяр тұрса. Үй түгiлi дәнеңе жоқ, шығарып салма жалған сөз, жайдақ ақыл баяғы. Үй түгiлi малдың жыртық қорасын жылына бiр рет жамай алмай жүргенде, бастықтар Кәрiмге қыр басына үй салып бередi дегенге кiм нанады?­

Құдай сақтар деп тiлеп едi, Кәрекеңнiң Ботап са­йындағы қараша үйiн құдай бәрiбiр сақтай алмады...

Сол жылы қыс аязды, қар қалың түсiп, есесiне көктем ертерек шыққан. Көктем шыққасын қыстағы қалың қардың көбесi күрт сөгiлiп, қар суы сай-саладан бұлақ болып сарқырап, атқы болып жөңкiлген едi. Сондай жойқын атқының бiрi Ботап сайынан да арқырап өте шыққан. 

Күнгей қыраттағы шұбардың iшiне малын тебiндетiп, күннiң шуағына қыздырынып, жалпақ тастың үстiнде ұйқылы-ояу жантайып жатыр едi... Бiр заматта жер астынан алапат гүрiл шықты. Тағы бiр жартас таудан құлап келе ме деп, Кәрекең орнынан атып тұрған. Алақтап Алтайдың мұзарт биiгiне қарады. Қанша тесілгенмен тау биiгiнен ондай қауiптi байқай алмады. Ал, гүрiл болса барған сайын құлақ тұндырғандай үдеп бара жатты. Тiптi жер дiрiлдеп, қырда тұрған Кәрiмнiң табаны да алапаттың қуатын сезгендей болған. Келесi бiр мезетте жоғарыдағы сай табанында төңкерiле дөңбекшiген қап-қара тажал көзiне шалынды... Өкiре гүрiлдеп, көбiк шашып, шаң боратып, тастарды тасқаяқша соғыстырып біреңе заулап келеді. Бейнебір өзімен өзі арпалыса домалаған алып диюға ұқсаған!

— Атқы! — дедi Кәрiм шошына айқайлап.

Айтып үлгергенше болмады, ағаш пен тас, қар мен су аралас қарала түстi қоймалжың тажал сай табанындағы Кәрiмнiң мал қорасы мен қараша қосын көмдi де жіберді.

Көрген адамның жүзi шыдамас, жүрек шайлықтырған қорқынышты көрiнiс едi бұл.

Су сарқылған кезде малын үйiрiп, етекке түстi. Таңертең ғана сап-сау тұрған зәйiмкесiнiң орнында ендi ізі де қалмапты. Атқы ұстарамен қырғандай сыдырып, жып-жылмағай бәрін жоқ қылған. Сай табаны қызыл асықтан борпылдақ май батпақ. 

Жаманшылық хабар жерде жатпайды ғой. «Кәрiм үйсiз қалыпты» деген сөз әп-сәтте ауыл-аймаққа жеткен. 

Әлде Кәрекеңе жаны ашып, қиын-қыстау кезде қол ұшын бергенi ме, әлде бұрыннан ниетi болды ма, Нарша апай ертеңiнде белiн орамалмен шарт буып, Ботап сайына қарай тартыпты. Келсе — сай бойында бастықтар да, басқалар да толып жүр екен.

— Әй, Қақантай! — деп Нарша апай барған бетте бөлiмше басқарушысына кiжiне тиiседі. — Сен мал амандығын ғана ойлап, жаның шығып барады, ә! Ал, малшының жағдайын неге ойламайсың? Малыңды адал бағып, жыртық үйде қаншама жыл тұрып келдi, адам екен деп елеп-ескердiң бе Кәрiм бейбақты? Ескерген жоқсың! Мұны — бiр де. Ал Кәрекең кешегi сумен бiрге ағып, мерт болса қайтер едiң? Кәрiм өлдi екен деп сенiң қылшығың да қисаймас едi, бiлдiң бе! Мұны — екi де. Ендеше, бастық шырағым, саңырау болса да далада бос жатқан еркек жоқ, тегiнде... Бүгiннен бастап мынау малыңды санап ал!

— Наршеке, сабыр ет, сабыр! — деп Қақантай түкке түсiнбей, апайды басалқыға шақырады .

— Сабыр етер түгi де жоқ! — дейді Нарша ентiгiн баса алмай екпiндеп. — Бүгiннен бастап мен Кәрiмдi өзімнің қолыма аламын, бiлдiң бе?

Наршаның айғайына жиналған жұрт аң-таң. Апайдың олармен шаруасы жоқ, келесi мезетте былайғы бiр тас үстiнде шоқиған Кәрiмдi шақырады:

— Әй, Кәрiм, берi кел! — дейдi қолын бұлғап. — Сен ел ойлағандай түк те бейшара емессiң. Әйтпесе, қай қазақ сен құсап сапқоздың қойын шашау шығармай қырық жыл бағып бердi? Айтшы кәне? Бұлар сенiң момындығыңды басынып, саңыраулығыңды сылтауратып, келеке етiседi. Пішту, де бәріне?  Сен жарты жан, мен жарты жан. Қалған ғұмырымызда бiр-бiрiмiзге сүйеу болып, iлекерлеп өмiр сүремiз. Ер соңымнан!

Наршаның сөзiн естiгенде Кәрекең кемсеңдеп жылап жiберiптi. Кәрiм жылағанға Нарша да жылайды. Үлкен адамдардың балаша боздағанын көргенде жиналған жұрт күлкi үйiрiлген езулерiн жия қойыпты.

Сөйтiп, Кәрекең алпыс үшке шыққан пайғамбар жасында малын өкiметке аман-есен өткiзiп, Наршаның үйiне бiржола көшiп алады. Нарша апай бастықтармен айқайласып жүрiп, шалға тиесілі зейнетақысын өндiрiп бередi. Содан берi де, мiнеки, он жылдан асты, өздерi айтқандай, кемпiр-шал бiр-бiрiне сүйеу болып, жар басындағы жыртық үйде есендікпен, амандықпен  тұрып жатыр.


***

Қол жұмысына епсiздеу болғанымен, малдың жайына келгенде Кәрiм алдына жан салмайтын көріпкел. «Жалғыз басты кiсi ғой» деп жанашырлық танытып, бастықтар кейiнгi он бес-жиырма жыл көлемiнде Кәрекеңе ылғи да бойдақ қой баққызатын. Сонда Кәрекең күзде қабылдап алған бес жүзден астам тоқты-торымды айналасы бiр-екi айдың iшiнде домаланта семіртіп, шетінен түстеп танып алушы едi...

— Әлгi «Ешкi мiнез» секеңшiлдi айтамын да...

— Анау «Қабден қоңыр» кеше тұяғын сындырып...

— «Метрей мiнез» ше...

— «Қасиман көк» сөйткенi...

— Әлгi «Әртiс» неме билеймiн деп тастан домалап... — деген сияқты малсақ Кәрекеңнің әңгiмесі таусылып бермейтін. Бiр қызығы, Кәрекең отарын ауыстырғанмен, қойға қоятын аттарды ауыстырмаушы едi. Мiнезi мен түрiне, тұяғы мен мүйiзiне, маңыраған даусына қарай өзi бiлетiн аттарды бөлiп-бөлiп, жаңа отарына да қылдай етіп таратып беретiн.

Бар өмiрiн қой соңында салпақтап, тау басында өткiзген Кәрiм шал ауылға келген алғашқы жылы үйге сыймай бiраз уақыт мазасызданып жүрдi. Безек қағып, көше кезiп кетедi, көше жалықтырған шамада қыр басына шығып алып, ауылды төбесiнен болжап ұзақты күн отырып алады. 

Бiрде қыр басында шоқиып күн шуақтап отырғанда қасына аяңдап Мелс мұғалiм келген.

— Кәреке, сұмдық-ай десеңiзшi! — деп аузын саңырау ағасының құлағына тақап айқайлай сөйледі. — Мен кеше сiз туралы адам сенбестей бiр әңгiме естiп — жағамды ұстадым. Тегi, құрдастарыңыздың қалжыңы қатты ма деймiн!

— Қырқылжың шалдар айта берет те...

— Түнi бойы сiз туралы ойлап, мазам кеттi. Бәрiбiр олардың сөзiне сене алмадым. Сосын рас-өтiрiгiн өз құлағыммен естиiн деп, бүгiн әдейi iздеп келдiм сіздi.

— Соншалықты бүлiнетiндей ол не нәрсе?

— Құрдастарыңыз сiздi «осы жерден қарға адым ұзап шықпаған ынжық шал, тiптi мына тұрған Мұқырды да өмiрi көрген жоқ» деп ғайбаттады.

— Жандары шықсын, өтiрiк соғады...

— Бәсе, өзiм де әзіл-қалжыңдары шығар деп шамалап едiм.

— Баяғыда Ақшоқының басында қой жайып жүргенде биіктен Мұқырды талай көргем, тәйiрi. Үйлерi жыбыр-жыбыр етiп етек тұста түнере көсiлiп жататын...

Кәрiмнен мұндай жауап естiген Мелс мұғалiм сол түнi де терең ойға батып, қатты мазасызданып шығыпты.­


***

Жалғызiлiк өмiр Кәрiмдi түн қатып, түс қашып түзде жүре беруге әбден үйреткен болатын. Үй iздемей, күй таңдамай етегiн төсек, жеңiн жастық етiп көрiнген жерге қисая салатын. Сөйтiп жүрген Кәрекең бiрде отарын жартастың түбiне иiрiп, өзi жол шетiндегi зират iшiне түней салады ғой.

Ұйқысын әбден қандырып, ертеңiнде керiлiп-созылып зираттан дамбалшаң шығып келе жатқан Кәрекеңдi сол тұстан өтiп бара жатқан Қабден байқап қалады. Таң алдында аруақтай ағараңдап зират iшiнде жүрген кiсiнiң Кәрiм екенiн қайдан бiлсiн: «Бiсмiлла!» — деп иманын үйiрiп, тырағайлатып шаба жөнеледi.

— Қабден... Ай, Қабден! — деп айқайлап, далбаңдап оның соңынан Кәрiм жүгiредi. «Аруақтың» айқайға басып қуып келе жатқанын көрген Қабденде жан қалмайды, құйын-перен зымыраған бойы үйге атымен қоса кiрiп кете жаздапты деседi.

Әрине, бұл аңызда аздаған «тұздық» та болуы мүмкiн, бiрақ Қабекеңнiң келесi күнi көршi-қолаңның басын қосып, бiр қойын сойып, құдайы садақа бергенi рас екен.

— Аруақ атымды атап шақырды ғой... Әй, осы мен көпке ұзамаспын! — деп, бiраз уақыт мұңайып жүрiптi.

Бәйбiшесi Нұржамал:

— Ешқандай да аруақ емес, саңырау Кәрiм екен ғой. Жұрт солай деп сенi мазақтап жүр! — десе:

— Садаға кетсiн Кәрiмнен... Көрмеген олар бiле ме, көрген мен бiлем бе? Кәрімді танымай мені құдай атты дейсің бе?  — деп бет бақтырмай қойыпты.

Өзiн қоярға жер таппай, ауылға сыймай жүрген Кәрiм шал соңғы жылдары тоғай кезген аңшы болып алған. Омалып үйде отырғаннан гөрi аңшылық деген көңiл алдарқатар тәп-тәуiр ермек екен. Баяғыда ауданнан үш милиционер келiп, ауылдағы мылтықтың бәрiн бiр-ақ күнде сыпырып әкетiскен. Кәрiмнiң де баяғы қойшы кезiндегi он алтыншы мылтығы сол жолы қолды болып кете барды. Мылтығынан айрылған Кәрiм аңшының қазiргi қаруы тұзақ пен қақпан боп қалған.

Су жағалап, қоянға құрған тұзағына былтыр қыста, қызық болғанда, бiр құндыз түсiптi. Мұндай оқыс олжаға балаша қуанған Кәрекең екi өкпесiн қолына алып, үйдегi Наршасына жетедi асығып.

— Жақсылап илеп, саған жаға жасап беремiн! — дейдi кемпiрiне.

— Құндыз жаға менiң қай теңiм! — дейдi Нарша. — Оданда мен бұл терiден әдемiлеп тымақ тiгiп берейiн саған!

— Жаман да болса менде тымақ бар ғой, Наршажан. Одан да саған жаға жасайық?

— Құндыз жағамен мен қайда барып жатырмын... Оданда саған тымақ тiккенiм жөн... Ер-азаматсың ғой, жұрт қазiр ер-азаматтың басына қарайды.

— Жоқ, Наршажан, жалғыз терi тымақ жасауға жетпейдi, жаға жасаған дұрыс!

— Жетпесе — астарына боялған суыр терiсiн қо­сармыз...

— Болмайды, Наршажан...

— Сөйтейiк, Кәрiмжан!..

Шал мен кемпiр осылайша мәмiлеге келе алмай, ақырында құндыздың терiсiн сатпақ болып шешедi.

— Ақшасына ақша қосып Мелс мұғалiм секiлдi телевизор сатып алайық! — дейдi Нарша.

— Ақшаны қайдан қосамыз? — дейдi Кәрiм.

— Ешкiнi сатамыз.

— Мұғалiмнiң телевизоры iстемейдi ғой?

— Iстейдi... Мұғалiм iстетедi, әйтпесе сатып алмас едi.

 Кәрiм шал қылшығына қан тигiзбей құндызды сойып, терiсiн баптап илейдi. Терi дайын болған кезде кiмге сатарын, қалай сатарын бiлмей тағы бастары қатады. Сөйтiп жүргенде ауылға қауқалақтап бiр қалалық жiгiт келе қалады. Кәрекең сол жiгiтпен келiсiп, терiнi орап-шым­қап, оған  қолтықтатып жiбередi.

— Шырағым, мына терiнi қалаға апарып сатып, ақшасын маған аударып жiбершi? — дейдi өтiнiп.

— Қатырамыз, ақсақал! — дейдi қалалық жігіт те уәдесін нық берiп.

— Өркенiң өссiн, шырағым, жағың түспей жамандық көрме! — деп риза болып, қол бұлғап Кәрiм қала бередi.

Былтыр кеткен сол терiден әлi күнге хабар жоқ. Кәрекең қазiр де аптасына екi уақ Сәлиманың поштасын торып, үмiтiн үзбей күтiп жүр.

* * *

Жұртта қалған жетi үй, жетi үйде тұратын сегiз отбасы өздерiнше қыбыр-жыбыр қарекетiн жасап, былайғы әлемнен жырақта жетiм тiрлiгiн кешiп жатты. 

Былайғы әлем жетi үйдi мүлдем ұмытқандай едi.

Ауылдың күнбатысындағы ирелеңдеген сыңар аяқ соқпақ қана iргедегi үлкен әлеммен жалғастырып жатқан жiңiшке жiпке ұқсайтын. 

Жетi үйдiң арасындағы ендiгi қалған заңды жұ­мыскерлер — Сәлима мен Сәрсен ғана. Мелс мұғалiм жұмысқа әлi орналаса қойған жоқ, сатыға бұғы-маралды осы жазда енгiзедi деген сөзге әлі күнге сенiп, алаңсыз таудағы саяжайдың құрылысымен әбiгер. Келiншек атаулыдан Зайра мен Әлипа бар, екеуi де етектеріне сүрініп, үй шаруасында. Қалған жұртшылық — шал мен кемпiр, шүкір, олар бастықтардан жұмыс күтіп сарылып, қызмет іздеп сабылып жатқан жоқ. Мелс мұға­лiмге қарағанда олардың жағдайы көш iлгерi, әйтеуiр пошта кешіктіріп берсе де айлық зейнетақыларын алып тұрады. 

Түнеу күнi сегiз отбасы кеңес құрып, қолдағы азын-аулақ малды жинап, осы көктемде екi адамға тапсыруды ақылдасқан. Қабден жекенiң қойын бағуға, Метрей атай сиыр бағуға келiскен. Келiсiм бойынша мал басына шағып, ай сайын малшыларға ақша төлейтiн болыс­ты. Сөйтiп, қосымша тағы екi адамның жұмысқа қолдары iлiктi.

Байғоныс соңғы кезде намаз ұстауға кiрiскен болатын. Намаз ұcтаса да балта мен шотын тықылдатып, шана жасауын тастаған жоқ. Осы айдың басында қақпадағы жұлдызшаны бояп, жарқырата жаңартып қойған. Әлгi «Жамбыл» совхозының директоры шаруадан шыға алмады ма, тым кешiгiп кеттi. Иесiн күте-күте кәшәуаның жалтыраған қара бояуы да әр жерiнен қаңсып жарылып, әжiмденiп, түсi оңа бастапты.

Саңырау Кәрiм анда-санда тоғай аралап, су жағалап қақпан мен тұзақ құрып қайтады. Тыраштанған еңбегi кейде бекерге де кетпейдi, осы қыста екi қоян ұстап, жетi үйдiң адамдарын түгел шақырып, ақ сорпаға кәнi еттi.

Былтырғы жылғы құндыз терiсiнен әлi хабар жоқ, үмiтсiз шайтан деп Кәрекең де поштаға елеңдеумен жүрiп жатыр.

Сәрсен осыдан төрт күн бұрын Қабденнiң тор биесiн мiнiп, жанармай мәселесiн реттеу үшiн Мұқырға кеткен едi, содан кеше түнде ғана қайтып оралды. Сегiз отбасы төрт күн бойы электр жарығынсыз қалып, балауыз шаммен отырысты. Бiлтелi шам Байғоныс пен Метрей атайдың үйiнде ғана бар боп шықты.

— Электр сiбетке сенiп әбден еркелеп кетiппiз, — дедi жұрттың шам iздеп шапқылап жүргенiн көрген кезде Байғоныс шырт түкiрiп. — Әйтпесе осы баяғыда май шаммен-ақ талай iстi тындырып тастаушы едiк қой!

Осы төрт күннiң iшiнде ауылда бiршама жаңалық-өзгерiстер де болып үлгергендей едi. Алдымен арадағы Талдыбұлақ тасыған, сөйтiп, «Заречный» көшесiмен жалғастыратын жалғыз көпiрдi қызыл су алып кеттi. Соның кесiрiнен Метрей атайдың үйi елден бөлiнiп жырақ қалды. Келесi күнi — ауыл шетiндегi әйдөңкеде тұрған жерiнде Сәлиманың «Захар торысын» қас­қыр тартып кеттi. Әсiресе, осы соңғы оқиға естiген жұрттың қабырғасын қайыстырды.

— Апырмай, ендi не болар екен? — дестi әйелдер жағы Сәлимаға жандары ашып.

— Қорада ұстамай, екi кештiң арасында далаға жiбергенi несi екен?

— Жазған бала-ай, жаза басқанын қарашы!

— Үйде ақыл айтар үлкеннiң болмағаны осы да!

— Аттың құнын мойнына салады-ау ендi?

— Әлде жасын ескерiп кешiрiм жасар ма екен?

Еркектер де Байғоныстың шана жасайтын шеберханасында бас қосып, осынау тосын жағдайды талқыға салған болатын.

— Ит-құс басынайын дедi, бұл жақсылық емес! — деп, сөздi Байғоныс бастады.

Қалған еркектер кәукiлдесiп, оның сөзiн бiрiнен соң бiрi iлiп әкетiстi.

— Ауылдың iргесiнде тұрған малға тиiскенi несi?

— Мылтық жоғын сезген де...

— Одан да емес... Әшейiн, бұрынғыдай арқа-жарқа ауыл жоқ, селдiреп қалған бес-алты үйдi, Байекең айт­қандай, ит-құсқа дейiн басынайын деген ғой...

— Менiңше, сiбет барда олар жоламайтын секiлдi.

— Рас айтады, дарылдап ауыл сыртында тұрған Сарсеннiң моторы да сес болады-ау деймiн?

— Сiбет дегенiң қасқырға сес, адамға ес қой.

— Айналайын моторымыз аман болса екен!

— Сәрсенге ғұмыр берсiн!


***

Ертеңiнде төсекке бас қояр мезгiлде «Сәрсен келдi» деген хабарды естiп, Байғоныс түнделетiп мотористiң үйiне барды. Сәрсен атын жайғап, жуынып-шайынып, ендi ғана дастарқан басына шайға отырыпты.

— Шырағым, ат-көлiк аман жеттiң бе? — дедi Байғоныс, бұрынғыдай емес, моториске деген көңiлi өзгеше елжiреп.

— Амандық, Байеке! — дедi Сәрсен. — Бiз аман жеттiк-ау, сiздерде аманшылық емес қой?.. Поштабайдың көлiгiн қасқырға жегiзiп...

— Солай болды... Сiбет жоқ болса ит-құс та басынады екен. 

— Мiне, мұныңыз жөн сөз, ақсақал! — деп Сәрсен жадырай түстi. — Электр дегенiң өркениеттiң белгiсi ғой... Электр жарығы, радио мен газет-журналымыз барда бiз ешкiмнен кем болмаймыз.

— Оның рас, Сәрсен шырағым.

— Бiрақ... соны бiреулер түсiнбейдi ғой... — деп Сәрсен тұнжырай басылып, күмiлжи сөйледi.

— Көкейiңде күдiк бар сияқты ғой? Жолың болмай, жанармайсыз қайтқансың-ау, шамасы? 

— Жағдай одан да бетер қиындады, Байеке. Солярка бермек түгiлi, моторды алып кетемiз, жабамыз деп дiкiлдеп жатыр.

— Жапқаны қалай?..

— Жанармай үнемдеу керек. Жетi үйге бола жеке мотор, бiр моторист ұстайтын жайымыз жоқ дейдi бастықтар.

— Бұлар бiзбенен итпiсiң, кiсiмiсiң деп санасуды қояйын деген екен?

— Шаруашылық толығымен хозрасчетке көшiп жатыр. Сендердi мойнымызға масыл етiп, шығынданар жайымыз жоқ дейдi.

— Жағдай онда қиындаған екен, — деп, Байғоныс қынжылып орнынан тұрды. — Мұғалiмдi шақырып, қалған шаруаны көппен бiрге ертең кеңесейiк.

Байғонысты ертеңiнде айқайлаған дауыс оятқан. Сыртқа шықса өзеннiң ар жағында қолын бұлғап, да­уыстап Метрей тұр екен. Өзеннiң бергi бетiнде — бүкшиген Кәрiм.

— Сәрсен келiптi ғой, свет бола ма? — дейдi Метрей.­

— А-а? — дейдi Кәрiм.

— Свет бола ма деймiн?

— Естiмедiм, Метрей, қаттырақ айтшы!

— Әй, Кәрiм, Сәрсен келiптi ғой?

— А-а? Не дейсiң?..

— Сәрсен келiптi деймiн.

— Қаттырақ айтшы, естiлмей жатыр.

— Сәрсен... Сәрсен деймiн.

— Жо-жоқ, мен Кәрiммiн, Метрей, танымай тұр­сың ба?

— Сәрсен келiптi деймiн. Бүгiн свет бола ма?

— Тағы да естiлмей қалды, қаттырақ сөйлешi!

«Саңырауға сәлем берсең — атаңның басы деген осы екен-ау, — деп ойлады Байғоныс, — Мына Кәрiмде саңылау жоқ, мүлдем мақау боп қапты ғой өзi!»

Даусы қарлығып, әбден шаршаған Метрей қолын бiр сiлтеп, бұрылып кеттi. Дұрыстап сөйлесе алмағанына ыңғайсызданды ма, ендi бергi беттегi Кәрiм ай­қайға басты.

— Әй, Метрей! — дедi арғы жағадағы құрдасын тоқтатып. — Сәлиманың атын қасқыр жарып кеттi.

Метрей «не дейсiң» дегендей иегiн көтерiп, аңырып тұрып қалды.

— Сәлиманың атын қасқыр жарып кеттi деймiн.

— Қашан? 

— Поштабай Сәлима ше, соның атын қасқыр жарып кеттi.

— Қашан?

— Поштабайдың атын. Әлгi өкiмет берген «Захар торы» ше, соны қасқыр жарып кетiптi.

— Қа-аша-а-ан? — Метрей ашу шақырды бiлем, басындағы бөркiн жерге атып ұрды.

— Мынау қайтедi-ей? — дедi бергi беттегi Кәрiм Метрейдiң онысына таңырқап. — Поштабайдың жалғыз атын ұмытып қалғаны несi? 

Метрей қайтып үндемедi, жердегi бөркiн көтерiп тiзесiне қақты да, сүйретiлiп үйiне кеттi.

— Менi саңырау деседi, барып тұрған саңырау Метрейдiң өзi? — деп, Кәрiм арғы жағадағы құрдасына ренiш бiлдiрдi.


***

Екi көзi былаудай болған Сәлима кеше Байғоныстың атын сұрап, Мұқырға кетiп едi, бүгiн түс әлетiнде мал дәрiгерiн ертiп қайтып оралыпты. Мал дәрiгерi жаңадан оқу бiтiрiп келген жап-жас бала екен, өлген атқа актi жасап, Байғоныс пен Мелс мұғалiмге қол қойдырды да, бiр кесе шайды iшер-iшпестен Мұқырға қайтып кеттi.

— Баланың жүзi жылы екен, төлете қоймас! — деп топшылады Дiлбар шешей.

— Төлетер болса — Сәлима екеуiмiз бiрлесiп төлей­мiз. Өйткенi, «Захар торыны» мен де пайдаланғам, — дедi Мелс мұғалiм. 

— Әрине, Сәлимаға сен қашан шаң жуытып ең! — деп Зайра күйеуiн бiр түйреп өттi.

Алдын-ала уағдаласпаса да, түстен кейiн бергi жағалаудың адамдары Сәрсеннiң үйiнде бастарын қосқан. Өлген атты уайымдап, жүдеп жүрген Сәлима да келдi. Бәрiнiң көңiлiн алаңдатқан «моторды неге жабады?» деген жалғыз сұрақ болатын. Соған жауап iздеп, бiрiн бiрi қара тартып, демеу iздеп жиналған түрлерi едi бұлары. Бұрын мұндай уақытта екi-үш еркектiң, үш-төрт әйелдiң басы кездейсоқ қосылғаны болмаса, үлкен кеңеске ылғи да кешқұрым жиналысатын. Бүгiнгi жағдай кезек күттiрмей, шұғыл шешетiн төтенше шаруа болғандықтан, кешке дейiн қалдыруға ешкiмнiң жүрегi дауаламаған секiлдi.

— Моторды жабатын бопты, бұл жағдайды бәрiңiз естiдiңiздер? — дедi Мелс мұғалiм.

— Бiз естiп жатырмыз ғой... Ана арғы жақтағы Метрей әлi хабарсыз, — дедi Қасиман.

— Естiмесе ести жатар... Ал, ендi не iстеймiз? — Жиналғандар тұнжырап үнсiз қалысты. 

— Ойлану керек, — дедi Сәрсен.

— Ендеше, ойланыңыздар... Мотор кетсе, тоқ болмаса телевизор да көрсетпейдi. Дача деген де адыра қалады... Общым, бiздегi көп жағдай свет пен токқа байланысты. Осы жағын ескерiңiздер!

— Жаз шыға радиоточкаларды да жабады десiп жүр.

— Сәрсен шырағым, оны қайдан естiдiң?

— Мұқырдағы радиоузельде бiр жiгiт бар, сол айтты.­

— Солай боларын менiң де iшiм сезiп едi, — дедi Байғоныс күрсiнiп.

— Көлiгi жоқ, ендi бiздiң Сәлимаға да тықыр таянбаса неғылсын? 

 — Жаңадан көлiк беретiн шығар? 

 — Әй, соған күмәнiм бар...

— Ендi қалай?.. Сәлима поштаны жаяу тасымайды ғой?

— Жаяу тасымасы белгiлi... Көлiк жоқ деп сылтауратып, поштабайдың орнын қысқарта салады.

— Е-е, бәсе, солай десеңшi... .

Әркiм әр саққа жорып, әңгiме гу-гу қыза түстi. Сөзге араласпай аузын буып үнсiз отырған саңырау Кәрiм ғана. Сөйлеген жанның аузына телмiрiп, оқта-текте басын изеп қояды. Соған қарағанда бiрде естiп, бiрде естiмей отырған сыңайлы

— Бәрi де бiздi осы жерден қуудың амалы, — дедi Гүлжамал шешей кiжiнiп.

— Бiздi көшiрiп, орнымызға бидай екпек пе? — деп оған апайы Нұржамал қосылды.

— Ексе егедi де...

— Өстiп қасарысып отырып алғанымыз үшiн ертеңгi күнi бiздi заңға тартып жүрмей ме? — деп Қасиман күйеу баласына бұрылды.

— Ондай заң жоқ! — дедi мұғалiм.

— Солай де... Ендеше көресiсiн көрiп алайық...

— Несiн көрiп аласыз?..Светiңiздi моторымен қоса қопарып алып кетсе, поштаңызды жауып, радиоңызды өшiрiп тастаса — несiн көрiп аласыз? Кiсiкиiк мылқау өмiр кiмге қажет?

— Ендеше жаптырмауға тырысу керек.

— Вот, Қасеке, әңгiме сонда. Сол мәселенi шешу үшiн жиналып отырмыз ғой қазiр! — дедi мұғалiм атасына түсiндiрiп.

— Осы жерге байланып қалғамыз жоқ қой, көшсек қайтедi? — дедi Зайра.

— Жалпы, мұндай ұсынысқа мен қарсы емеспiн, — деп Сәрсен оны қостай кеттi.

Жөткiрiнiп, араға Байғоныс сөз қосты:

— Шырағым, Сәрсен, — дедi моториске көзiн төңкерiп. — Болтың босап, қипақтап отыр екенсiң... Шыныңды айтшы, осы былықтың бәрiне өзiң мұрындық болған жоқсың ба?

— Оллаһи, Байеке! — деп Сәрсен ыршып түстi. — Өздерiңiз куәсiздер, мен Мұқырға сәлерке iздеп кеттiм емес пе? Олардан бәле тiлеп шатағым қанша!.. Олай деп күмән келтiрсеңiздер, жарайды... жаңағы сөзiмдi қайтып алдым.

— Бiздiң Сәрсеннiң оңдай мiнезi жоқ! — деп, күйеуiн жақтап, асхана жақтан Әлипа жеттi.

Байғоныс «сабыр етiңдер» дегендей қолын көтерiп:

— Олай болса әлiптiң артын бағып, әлде де бiрер күн тоса тұрсақ қайтедi? — дедi. — Үйге барып, қабырғаларыңмен кеңесiп, ертең-бүрсiгүнi кесiмдi шешiм­дерiңдi айтарсыңдар?.. Оғанға дейiн су да қайтып, Метрейдiң де ойын бiле жатармыз?

— Заты орыс қой, сондықтан мұндай күрделi шаруа­ны Метрейсiз шешу жөнсiз болар, — дедi Қасиман.

— Дұрыс айтады... Қысылғанда таздың басынан да бiр бит табылады деген. Көп боп кеңескеннен кенде болмаспыз.

— Кейде бiздiң Кәрiмнiң де жөн сiлтер түзу сөзi бар, — дедi Қасиман. — Оны неге тыңдамадық?

 — Пiшту! — деп Нұржамал терiс қарап, ернiн шығарды. — Осылар жоқтан да жорға шығарады.

Қасиман Нұржамалдың күңкiлiне шамданған сыңай танытты:

— Ескерген ескiсiн сақтайды, ел болған естiсiн сақтайды демекшi, сендер Кәрiмдi өйтiп шеттете бермеңдер, тегi!

— Ескi мен естiнi жаңа таптыңыз...

Байғоныс езу тартты, Дiлбар мен Нұржамал күлiп жiбердi. Жұртшылық тығырыққа тiрелген осы бiр сәт­те Мелс мұғалiмнiң басына бiр ұрымтал ой сап ете ­қалған:

— Ау, ағайындар! — дедi қуанып кеткен мұғалiм. Көзiлдiрiгiн шешiп қолына алды. — Бiз, Ба­йекең айтқандай, бүрсiгүнi де кездеспейiк, бiрсiгүннен арғы күнi бiздiң үйде наурыз көжеге жиналайық. 

— Ибай, наурыз мейрамы да келiп қалыпты ғой! — дедi әйелдердiң бiреуi.

— Қалендар қарауды да бiлмеймiз... Бүгiн нешесi едi өзi? 

— Бүгiн ағайындар, он сегiзiншi март, — дедi Мелс сөзiн шегелеп. — Яғни Париж коммунасының құрылған күнi. Бiз ендi үш күннен соң, ұлыстың ұлы күнi қарсаңында, бiздiң үйде бас қосамыз... Келiстiк пе?

— Келiстiк...

— Келiспегеңде қайда барады дейсiң...

— Яғни, жиырма бiрiншi март күнi, кешкi сағат жетiде жиырма бiр түрлi тағамнан жасалған Зайраның наурыз көжесi сiздердi асыға күтетiн болады.

— Жиырма бiр тағам дейдi?..

— Жиырма бiр...

— Наурыз көженi жетi түрлi тағамнан жасаушы едi ғой? 

— Онда көже емес, қойыртпақ болады десеңшi?

— Не болса да барғасын көре жатармыз. 

Жиналғандар осы шешiмге тоқталып, Әлипаның сүт қатқан шайынан соң аяңдап, үйдi-үйлерiн бетке алды.

* * *

Көктемнiң үш күнi дегенiң әжептәуiр уақыт екен: осы үш күн аралығында қызыл су қайтып, мұздың астына түстi. Күнгей қыраттар қардан аршылып, топырақ кеберсiп, терiстiк жақ ойдымдалып шұбарта бастады. Қолдағы малдың аузы көкке iлiнiп, өрiстеп далаға шығысты.

Өзеннiң арғы бетiндегi Метрей атай мен Пелагея шешейдiң де табандары бергi жағалауға түсiп, ағайындармен арқа-жарқа болысты.

Күллi табиғат секiлдi шағын ауыл да осылайша көк­теммен қоса оянып, қыбырлап жазғы тiршiлiгiне кiрiсе бастады. Баяғы бiр замандарда көктемге әлдебiр үмiт артып, жаздан жақсылық күтiп ырымдасып жатушы едi. Бұл жылы олай болмады... Жетi шаңырақтың алдағы жазға деген үмiттен гөрi, күдiктерi көбiрек көрiндi.

Үш күн бойы ауыл тағы да электр жарығынсыз, алакөлеңкеде отырды. Қашанда жаңалық атаулыдан кеш қалып жүретiн саңырау Кәрiм неге жарықтың жоғын бiлмекке, бiрде тәйтiктеп мотор жөндеп жатқан Сәрсенге барған. 

 — Шырағым, көптен берi сiбет жоқ қой? — деп сұрады.­

 — Сәлерке болмай жатыр, Кәреке!

— А-а?

— Сәлерке жоқ деймiн?

— Сәлерке дейдi... Оның кәресiн бе?

— Соның бiр түрi.

— А-а?

— Иә, кәресiн деймiн.

— Ол неге жоқ?

— Бермей қойды...

— А-а?

— Бермей қойды деймiн.

— Кiм ол бермей жүрген? 

— Бастықтар...

— Сәрсен шырағым, қаттырақ айтпасаң атаңның құлағы күннен күнге нашар еститiн болып барады?

— Общым, Кәреке, былай! — деп Сәрсен кiлтiн тас­тай берiп, шыдамай орнынан тұрды. — Мiне, көрдiңiз бе? — дедi айқайлап бұрыштағы қарақожалақ ыдысты көрсетiп. — Осы бөшкеде жартылай ғана сәлерке бар. Наурыз тойына әдейi сақтап отырмын. Содан кейiн — до свидания! Жоқ! Капут! Бәрі бітеді! 

Сәрсен ернiн шығарып, алақанымен көлегейлеп, шалдың құлағына аузын тақады:

— Сәлерке деген кәресiн, Кәреке? Ертең наурыз, свет болады. Ендi машайт етпей үйге қайтыңыз!

 — Ә, рақмет, шырағым! — деп Кәрiм «свет боладыға» мәз болып, тәйтiктеп өз жөнiне кеттi. 

Сәрсен Кәрiм ағасына бүйтiп уәде бергенiмен, бұл жолы уәдесiнде тұра алмаған едi. 

Наурыз мейрамының қарсаңында, жиырма бiрiншi март күнi биылғы жылы алғаш рет күн күркiреген. Соңынан сiбiрлеп жаңбыр жауды. Жаңбыр жауып тұрған мезетте, түс әлетiне таман ауылға шана сүйретiп бiр қызыл трактор келген. Трактор Мұқырдан екен, шанасына Сәрсеннiң моторын тиедi де, көп аялдамай келген iзiмен қайтып кеттi.

Ауылдың шетінде дарылдап әлдебiр трактордың жүргенiн бәрi естiген, бiрақ моторды тиеп, қайтып кеткенiн бiреу бiлдi, бiреу бiлген жоқ... Метрей атай сырттағы сiбiр­леген жаңбырдан қорғалап, бұйығып үйiнде жат­қан. Байғоныс әдетiнше шеберханасына кiрiп алып, тықылдатып балта шабумен болған. Қабден немересi Әсия­ны қолынан жетектеп, «Рүстем-дастанды» қолтықтап, Сәлиманың үйiне қарай кеткен. Қасиман болса қызы мен күйеу баласына қолғабыс етiп, ауыз үйден шыққан жоқ. Мелс мұғалiм кешке наурыз көжеге келетiн қонақтарды күтудiң дайындығымен жүрдi.

Әйтеуiр, бұрынғы МТМ жаққа өрлеп кеткен трактордың соңынан толарсақтан батпақтап, iздеп барған жалғыз Кәрiм ғана. Келсе — iштерiнде Сәрсен бар, үш жiгiт үйшiктiң iшiндегi двигательдi арсы-гүрсi шанаға тиеп жатыр екен.

— Кәреке, бәрi бiттi! — дедi Сәрсен тиеп болған соң алақанын жайып. — Төртiншi ауыл құрыды. Ендi бұл ауылда свет мәңгi-бақи болмайды, ендi бәрiмiз жаппай көшемiз.

Кәрiм үндеген жоқ, қайталап та сұрамады. Трактор ауылдан ұзап кеткенше кебенегi қисайып, бүкшиiп соңынан қарады да тұрды.

Күркiреп басталғанымен, жаңбырдың соңы ұзаққа созылған. Не басылмады, не үдемедi, сұп-сұр тұманды тесiп, кешке дейiн сiбiрледi. Ел-жұрт «наурыз мейрамы» деп елеңдесiп жүргенiмен, ауаны адамның еңсесiн езiп жiберердей көңiлсiздiк жайлап кеттi.

Қабден ақсақал Сәлимаға бұл күнi «Рүстем-дастанды» оқыта алмаған: келген тракторшы жолай Сәлимаға бiр жапырақ қағаз тастап кетiптi. Қағазда өлген аттың құны Сәлима қыздың мойнына салынғаны жазылыпты.

Сөйтiп, кешке дейiн жетi үй — сегiз отбасы мотор жайын да, Сәлиманың жағдайын да түгел естiп, құлақтанып үлгерген болатын. Осыдан бастап жетi үйдiң берекесi шындап кеткен едi.

Алдымен, сол күнi кешке «наурыз тойы» деп, арнайы шақырып отырған Мелс мұғалiмнiң үйiне бiрер адам бармай қалды. Сәлиманың көңiл қошы болмай, «ауырдым» деп төсектен тұрмай жатып алыпты. Сәрсен гармонын тартып ыңылдап ән айтып, үйiнен шықпай қойыпты. Кәрiм мен Нарша әлденеге өкпелегендей, iңiр түсе жатып қалыпты.

Жиналған қонақтар да көңiлдерi қобалжып, бiрдеңе жетпей тұрғандай алаңдасып, ұзақ отырыса алмады. Мелс мұғалiм:

— Қоғам болып жоғары жаққа шағым жазайық! — деп едi, бәрi де бастарын изеп «жөн» дескендерiмен, соншалықты елпiлдей қалған ешкiм болмады. Бұрынғыдай әдемі әзiл, көңiл жазған қалжың сөз, жарасты отырыс жоқ. Әншейiн кеуделерi көңгiрлеп бос қалғандай қуыстанып, қабақтарын да көтерместен үйдi-үйлерiне тарқасты.

Келесi күнi шабаданын қолына ұстап, гармонын арқасына асып, Сәрсен жаяулатып Мұқырға кетiп қалды.­

Үшiншi күнi Сәлима Қабден шалдың атын мiнiп, өзiнiң ең соңғы поштасын әкелiп, жетi үйге таратып бердi. Осы жолы Катонқарағай жақтан келген бiреу­лермен келiскен екен, бұзаулы сиырын, қолдағы бес-алты қойын соларға сататын болыпты.

Үш күннен кейiн әлгi айтқан адамдары келiп, Сәлиманың малын алдарына салып, айдап алып кеттi.

Көкек туа үйiнiң есiк-терезесiн бекiтiп, Сәлима ел-жұртымен қош айтысты да, жолға шықты. Қайда бара жатқанын өзi де бiлген жоқ... Көңiлiнде күдiк пен мұң, әйтеуiр жарық жалғаннан үмiтiн үзбей, белгiсiз сапарға тәуекелмен бет алды.

Сәлиманы Қабден екi атпен Мұқырға дейiн жеткiзiп салды.

Май мерекесiнiң қарсаңында Мелс мұғалiмнiң үйiнен үлкен жанжал шықты. Жанжалды көтерген Зайра болатын. Ата сақалы аузына түскенше қашанға дейiн әке-шешесiнiң зейнетақысына ортақтасатынын, қашанға дейiн өстiп жұмыссыз жүретiнiн ашына айтып, күйеуiнiң шаңын қақты. Арашаға Қасиман мен Дiлбар түсiп едi, олардан да қайыр болмады. Май мерекесi күнi Зайра күйеуiнiң тау басында саяжай деп салып жатқан үйшiгiн өртеп жiбердi. Ертеңiнде жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде алты жасар Ертайын ертiп, Мұқырға жаяу тартты. Мелс мұғалiм оларды шығарып салған жоқ, көп жылдан берi көзiне алғаш рет жас алып, табалдырықты құшып қалып қойды. Арада бес күн өткеннен кейiн Қабден шалдың Мұқырдағы ұлы келген. Келдi де, «ауылда бала жоқ» деген сылтау­ды көлденең тартып, әкесiнiң қолындағы кiшкентай Әсияны өзімен бірге алып кеттi.

Осылайша күнде бiр гөй-гөймен көңiлдерi қабарып жүргенде, жарқырап жаз шықты. Аннан-мұннан каникулға жиналған балалар әке-шешелерiн, атасы мен әжелерiн бiр-бiр жадыратып тастаған. Артынша көңiлдi алаңдатып шөп науқаны киiп кеттi. Сөйтiп, жаздың алғашқы бiрер айы айғай-сүреңмен бiлiнбей өте шықты. Алайда, тамыз туа тау басына бозқырау түсiп, күн райы күрт бұзылып жөнелдi. Бiрөңкей жылбыраған сүреңсiз жаңбырлы күндер басталып кеттi. Еңсенi езген қорғасын тұман, миы шыға езiлген топырақ, тұнжыраған боз аспан... Ызғары сүйектен өткен осындай суық күндердiң соңы күзге ұласты.

Суық ерте түскен соң каникулға жиналған бала-шағаның да құмары қанбай, ойыннан ертерек қалып қо­йысты. Сөйтiп күз түсе жыл құсындай олар да жан-жаққа тарап кетiстi.

Жетi үй тағы да жетiмсiреп иен тауда қала бердi.


 

Екiншi  бөлiм


Шаруашылығында аздаған бұғы-маралмен айналыс­қаны болмаса, Мұқырдың басқа ауылдан айырмасы шамалы. 

Бұл жерде де таңды атырып, тауықты шақыртқан күнделiктi қарекет, қоңыртөбел тiрлiк баяғы. Өзгелер сияқты мұқырлық ағайынның да малы мен жанын бағып, бала-шаға өсiрiп дегендей қоғамдасып, жұрт қатарлы ғұмыр кешiп жатқан жайлары бар.

Төрдегi Төртiншi ауылдың төбедей көрген төркiнi, жұмақтай көрген жайлы мекенi осы Мұқыр болатын.

Төрдегi ауыл жылы орнынан қопарыла көшкен кезде алғашқы лектi қарсы алған, сөйтiп бiреудi паналатып, бiреудi сағалатқан да осы Мұқыр едi.

Мiнеки, сөйткен Мұқыр жерiнiң де адамдарға жайлы қоныс, жайсаң мекен болғанына нелер бiр ықылым заман өтсе керек. Содан да болар, жақсы мен жаманның, қуаныш пен қайғының, күйiнiш пен сүйiнiштiң не екенiн, шүкiршiлiк, мұқырлықтар да бүгiнде бiр кiсiдей бiледi. 

Барша қазақ секiлдi мұқырлық ағайындар да асқан қонақжай, алақаны ашық, жомарт жандар. Обалы нешiк, ат арытып алыстан бiреу келгендей болса — жатырқау деген, бөтенсу деген бұларда жоқ қасиет: мейлi кiм болса да құрақ ұшып қонақ етiп, құдайдай көрiп сыйлап жiберуге дайын тұрады.

Осы жылғы сәуiрдiң басында әлгiндей бiр сыйлы қонақтың осы ауылға ойда жоқта келе қалғаны бар... Қонақ болғанда да қаңдай қонақ десеңiзшi! Бұрынғы бастық Мырзахметтiң бауыздау құдасы екен. Мырзекең көп жылдан берi ол кiсiнi әдейi шақырып бұл жаққа келтiре алмай қиналып жүрiптi. Сөйткен құдасы көктен түскендей бiр-ақ күнде топ ете қалсын. Тiптi Мырзекеңе алдын-ала хабар да салмай, салаң етiп сопа басы жалғыз жетiп келiптi.

— Апырмай, телеграм салмадыңыз ба, көлiкпен ауданнан қарсы алатын едiм ғой? — деп, Мырзекең құ­да­сының автобуспен шаршап-шалдыққанына шынымен қысылды.

— Жүдә, мен үшiн әбiгер болмаңыздар. Бұяқтағы құдамның елi мен жерiн көрiп қайтайын деп, кемпiрдi тастап жүрiп кеттiм, — дедi алыстан келген сыйлы құда гүж етiп.

Алыстан келгенде — облыс орталығы Өскеменнен келсе де мұқырлықтар мұншалықты мазаланбас едi. Мырзекеңнiң бұл құдасы қайдағы бiр жердiң шетiнен, құлақ естiп көз көрмеген сонау Қызылорда дейтiн шаһардан екен. Қияннан келген құдайы қонақтан мұқырлықтар несiн аянсын: бар өнерiн салысып, ол кiсiнiң алдында жайылып жастық, иiлiп төсек болыс­ты. Қызылордалық құда да от ала жүргендей бес-ақ күнге асығыстау болса керек, сол бес күннiң iшiнде ол кiсiнi он үй қонаққа шақырысып жiберiскен. Иншалла, құданың да бiр кiсiдей денсаулығы баршылық, бозбаласында балуан күреске түсiп, талай бәйге алған бұқа мойын, пiшiнi мол күжiрейген кiсi екен. Бәрi­бiр, мұқырлықтардың ас та төк сый-құрметiне шыдас бере алмаған. Қойдың майлы құйрығы мен қазы-қартаға мелдектеп кекiрiп отырса да, кетер-кеткенше тiлi кәлимаға келмей-ақ қойғаны... Тiптi туған құдасы Мырзахметтi анық тани алмай, құдағиға жармасып, аздап шатақ шығара жаздады. Әйтеуiр, қайтар көлiкке есi кiресiлi-шығасылы, төрт аяқтап өкiрiп мiндi деседi.

Құда болсаң шыда деген... Мұқырлықтардың қонақжай пейiлi әрдайым осындай! Құда ғана емес, құдайы қонақтың қай-қайсысына да дәл өстiп құрмет көрсетуге мұқырлық азаматтар қашанда дайын.


***

Бұл ауылдың Мұқыр аталуы ауыл iргесiнен сар­қырап аққан Мұқыр өзенiне қатысты болса керек, тегi. Ұтқыр сөз бен бейнелi теңеуге келгенде баяғыда да от ауыз, орақ тiлдi кiсiлер болған ғой. Сол бабалар өзенге «Мұқыр» деген атауды қалай ғана дәл тауып қоя салған деп таң қаласың. Мұқыр десе дегендей-ақ... Тау кiндiгiнен бүктетiле домаланып, өкiре долданып, самауырдай бұрқ-сарқ қайнап жатқаны. Мiнезi аузынан ақ көбiгiн шашыратып, жер тарпып шыр айналған мүйiзсiз мұқыр бұқадан аумайды-ау, аумайды.­

— Бiздiкi деревняның аты өзеннен емес, наборот, мынау река бiздiң деревняның атын алған болар, — дейдi кейде Лексей бiлгiшсiнiп.

— Сен шүленсiмей жайыңа отыр. Кержақтан шыққан шала қазақ сен ненi бiлушi едiң! — деп ақсақ Нұрғали ондайда шыр-пыр болады. — Бiздiң ауыл Мұқыр деп өзеннiң атымен аталған. Ұқтың ба?

Мейлi, қалай болғанда да бұл күнде өзеннiң де, ауылдың да аты бiреу. Өзендi қойшы, ал ауылдың Мұқыр аталуына наразы жандар мұқырлықтар арасында жетiп жатыр. Әсiресе, жандары қашанда жаңалыққа бейiм жастар жағы «Мұқыр» атауына түбiрiмен қарсы.

— Әне, аналарды қараңдар, мұқырлықтар келе жатыр, мұқыр сиырлар келе жатыр? — деп мұқырлық жастарды әрiсi ауданнан, берiсi Өрелден бастап мазақ қылатын көрiнедi.

— Былжырапсыңдар... Бiз Мұқыр емес, Раздольное совхозынанбыз! — деп, бұлар да бой бермей, көбiнде намыстарын жұдырықпен қорғасады екен.

Жастардың «Раздольное» деп қару тұтып жүрген­дерi — сонау алпысыншы жылдардың басында құралған сов­хоз аты. Былайша айтқанда, Мұқыр ауылының негiзiңде iрге көтерген шаруашылық бүгiнде солай аталады. 

— Шiркiн десеңшi, осыншалық ұрымтал атты қандай ғана ақылды бас ойлап тапты екен? «Раздольное» десең дегендей-ақ қой бiздiң ауыл! — дейдi туған ауылы туралы семiз Қанапия ернiн шүйiрiп тамсанып. — Айналаның бәрi сыңсыған орман, жасыл тоғай, шалғынды дала, көкпеңбек көкжиек. Қалай болғанда да, «Раздольное» деп кереметтей тауып қойған!

Семiз Қанапияның таңданысына лайық бұл Раздольное совхозы кезiнде дәулетi асып, берекетi тасып, дәуiрлеп те көрдi. Бiрақ дәулет те, байлық та қолда мықтап ұстап тұрмаған соң ағаш атқа мiнгендей өткiншi нәрсе екен. Қазiр соның бәрi баяғының садағасындай әлдеқашан ұмыт болған. Әсiресе соңғы жылдары ел өмiрiндегi «Қайта құру» үрдiсiне еремiз деп, бұлардың жағдайы күрт төмендеп кеткен болатын... Совхоз шаруашылық есеп деген бәлеге толықтай өтiп едi, ауылды доңыздың жұты тигендей жұтатып ала жаздады. Банкiдегi тиын-тебенi түбiне дейiн түгесiлiп, мұқырлықтар алты ай бойы көк тиынға зар болып, сең соққандай сенделiстi. Қыстан шыққан көтеремдей совхоздың ендi ғана әупiрiмдеп қоң жинап, тәубелерiн шақырып жатқан жайлары бар. «Семьялық аренда» дей ме, «шаруа қожалығы» дей ме, әйтеуiр совхоздың iргесiн кертiп-бөлiп, өлмес күннiң қамын ойлап, бүгiнде әркiм өз күлшесiне күл тартумен әбiгер.


***

Өткен жылдары төрдегi Төртiншi ауылдан осы Мұқырға бiр топ үй сау етiп көшiп келген. Көшiп келгендер саны алғашқы бетте бiршама сияқты едi, Мұқырдың да асығы алшысынан түсiп тұрмағанын байқап, көпшiлiгi бұл жерге де аялдамай әрмен асып жөнелiскен.

— Қоянның түрiн көрiп қалжасынан түңiлiптi деген... Құрып бiткен Төртiншi ауылға дейiн бiздi мен­сiнбей кеттi! — деп, көшкендердiң қылығына мұқырлықтар қатты қапа болысты. 

Ел iшi болған соң жел сөз жатушы ма едi, жоғарғы ауылдан келiп қоныс тепкендер туралы бұл Мұқырда да әрқилы әңгiме бар. Сол көп әңгiменiң бiрi мынаған саяды. 

Төртiншi ауылдан көшiп келген бiреудi шала қазақ Лексей өзiнше қонаққа шақырып, Ольганың суға бөрттiрген капуста көжесi — борщқа тойдырып жiбередi. Борщқа тойған әлгi кiсi былай шыға бере қарнын сипап тұрып:

Буынғаным белiме кемер белдiк, 

Қоңыр салқын Айдардан неге келдiк?

Сапырған сары қымыз iшпес басым, 

Шөп-шаламды ас қылған елге келдiк, — 


деп өлең шығарыпты.

— Галимый өтiрiк! Төртiншi ауылдан мен никого қонаққа не приглашал! — деп, Лексей бұл әңгiменi жоққа шығарғысы келедi.

— Әй, Лексей, оларды қонақ етпегенiң тiптi дұрыс болмаған. Қазақта «ерулiк» деген жоралғы болады, — дейдi ондайда ақсақ Нұрғали.

— Боже мой, бұл қазақты пригласишь – бәлеге қаласың, не пригласишь – тоже бәлеге қаласың! — деп ондайда Лексей аң-таң.

Мұқырдың өзге ауылдан бiр ерекшелiгi бар болса, ол сiрә, ауылдың күншығыс төрiнде шошайған қара жартас болар. Бұл қара жартасты мұқырлықтар Тасшоқы деп атайтын. Тасшоқының нешеме жыл, қаншама ғасыр дәл өстiп шошайып тұрғаны бiр құдайға аян. Турасында, мұқырлықтар Тасшоқы туралы бас қатырып ғұмыры ойлаған емес... Баяғы жартас, бiр жартас, ұшы найзадай көкке шаншылып, ешкiммен жұмысы жоқ, сойдиып тұра беретiн. Қысы-жазы бойына қылау жұқтырмай қап-қара боп қасқайып тұрған Тасшоқы кейде осы өңiрдiң сақшы сарбазына да ұқсап кететiн. Мейлi ғой, ұқсаса ұқсай берсiн... Бiрақ, түнеу күнi, әлгi қызылордалық құда кеткен күннiң ертесiнде, осы қара жартастан қарағайдай дау шыққан. Содан кейiн Тасшоқы туралы әңгiме бiраз уақыт бойы, мұқырлықтардың мұқият назарында болды. 

Совхоз директоры Түсiпбеков мырза кежегесi кейiн кеткен шаруашылығы үшiн сол күнi ауданнан сөгiс алып қайтқан-ды. Мұқырға жетiп, машинасынан түскен бойда қара жартасқа ата жауындай алая қараған. Сосын жұдырығын түйiп, қолын шошаңдатты:

— Бiздi құртып жүрген осы сыболыш! — дедi. Басекеңнiң ашуланғаны соншалық, екi езуiнен түкiрiгi шашырап кеттi. — Осы пәленiң кесiрiнен көсегемiз көгермей-ақ қойды... Атаңа нәлеттi динамит әкелiп, бiр-ақ күнде бұрқ еткiзiп қопартып тастайын ба!

Басекеңнiң тiлiн шайнап, түкiрiгiн шашыратып ашуланғаны мұқырлықтарға оншалықты таңсық емес-тi. Сөйтсе де ауыл ағасының машинадан түспей жатып аспанға алая қарап айғайға басуы — кеңсе алдында ошарылған төрт-бес еркектi бей-жай қалдыра алмады.

— Қопартып дейдi?

— Кiмдi қопармақ?

— О тоба! Кiмге қатерiн тiктi тағы? 

— Басеке, жүзiңiз қатулы екен, бiр ашуыңызды берiңiз? — деп iштерiндегi Омаш деген механизатор директорға қарай жақындады. Онысы бастық кәрiн тiккен беймәлiм байғұсқа өзiнше ара түскен сыңайы болатын.

— Қопартамын дедiм ғой, қопартамын! — деп бастық та зiркiлдеп райынан қайтпады.

— Кiмдi қопарғалы жүрсiз, басеке? Тегi, бiр қиын жағдай боп қалған-ау? 

— Мынау жартасты...

— Кiмдi дейсiз?

— Тасшоқыны айтам... Осы Тасшоқыны қопартып тастамасам, Түсiпхан атым өшсiн!

Кеңсенiң алдында ошарылған жұрт ендiгi сәтте күн салып көкке телмiрiп, түкке түсiнбей аңтарылысты.

— Түсеке, бiр ашуыңызды берiңiз! — дедi механизатор Омаш тағы да тiлi күрмелiңкiреп, — Тасшоқыны қопартсаңыз, ол құрғырың төңкерiлiп ауылды басып қалар... Шошайған түрi сұсты екен өзiнiң.

— Басса баса берсiн, — дедi бастық бәрiбiр айтқанынан қайтпай. — Есесiне шаруаға ыңғайлы болады...

— Қандай шаруаны айтасыз?

— Қандай шаруа дейдi... Қандай шаруа болушы едi... Совхоздың шаруасы да...

— Оған не боп қапты, Түсеке?

— «Оған не боп қапты» дейдi, ыщо... Аудан бойынша ең соңындамыз, бiлдiң бе? Ал нелiктен бiздiң сов­хоз қотыр тайдай ауданның соңында жүредi? Оның себебiн бiлесiң бе?

— Қайдан бiлейiк, басеке. Ол жағы өздерiңiзге мәлiм болмаса, қара халық — бiздерден несiн сұрайсыз...

— Вот, мiне... мәселе қайда жатыр... Совхоз туралы, қоғам туралы сiздер бас қатырғыларыңыз келмейдi. Бәрiң де өздерiңше демократ боп алғансыңдар. Сонда, немене, совхоз тек бастықтарға ғана керек пе екен?

— Айтқаныңыздың бәрi жөн ғой, Түсеке. Бiрақ мынау Тасшоқыны қопарам дегенiңiз не сөз?

— Сөзiмнiң жөнi бар. Iсi оңалмағанның түсi қашан оңалған? Осы жартас болмағанда күн бiзге бiр сағат ерте түсер едi. Малымыз бiр сағат ерте өрiп, жұмысқа бiр сағат ерте шығар едiк.

— Солай ма едi?

— Солай...

— Қызық екен...

— Несi қызық? Көрмейсiң бе... Жан-жағың анталаған қара орман, қалың тау... Қалқалап, машайт етiп, күн жарықтықтың көзiн де жөндi көрсетпейдi, жылуын­ да жеткiзбейдi бұл Тасшоқы.

— Апырмай, ә?

— Осындай биiк шыңның етегiне әкеп ауыл салып жүрген кiм өзi? Совхоздың таңертең бiр сағаты, кешке тағы бiр сағаты зая кетiп жүр... Бәрiне кiнәлi осы Тасшоқы!

Осымен кеңсе алдында совхоз директорымен пiкiр таластырғандардың аузына құм құйылған болатын. Iле-шала бұл әңгiме ауыл iшiне желдей жайылған. Келесi күнi күн шықпай мұқырлықтар Тасшоқының келешек тағдыры жайында түгелдей құлақтанып үлгерген едi. Содан кейiн-ақ ағайынның бәрi сойдақталған Тасшоқыға әлдебiр күдiкпен, бiртүрлi секеммен қарай бастаған. Бiреудiң уақтылы шөбi шабылмай, бiреудiң отары өрiлмей, ендi бiреудiң сиыры мезгiлiмен табынға қосылмай жатса, бар бәленi Тасшоқыға жабуды шығарды. Ол ол ма, түнеу күнi ауылға мезгiлiнде арақ түспей қалып едi, тентек Рахман дүкеннiң алдында, дүйiм жұрттың көзiнше жетi атасынан тартып, жартасты жарты сағат сыбаған көрiнедi.

Жартастың совхоз шаруашылығына келтiрiп отырған орасан зиянын мұқырлықтардың көпшiлiгi мо­йындаған. Бiрақ бастықтың «бiр-ақ күнде динамитпен бұрқ еткiземiн» дегенiне бiреу сендi, бiреу сенген жоқ. Мұзтаудай үлкен шыңды бұрқ еткiзiп қопара салу — айтқанға ғана жеңiл. Әйтпесе басекең жүз жерден мықтымсыса да — Толағай емес, ондай құдiрет қолынан қайдан келсiн.

— Әншейiн, ашумен айтып қалғаны да, — дестi сенбегендер жағы. — Болмаса, Тасшоқыдай тауды қопа­ру — құдайдың ғана қолынан келетiн шаруа ғой.

— Пiшту, сендер өйтiп көрсоқыр болмаңдар? — дестi сенгендер жағы дабыл көтерiсiп. — Атомный динамит әкеп басып қалса — Тасшоқы түгiл жарты Алтайың жоқ болады, тегiнде!

Қалай десе де Тасшоқы дауы осындай қысыр сөз, қыңыр әңгiмеден әрiге бара қоймады. Қырдың қызыл түлкiсiндей оқта-текте қылаң етiп, қызыл тiлге жел бергенi болмаса, арада бiрер ай өтпей жатып басылып қалды. 

Мұқырдың тағдырындағы мазасыз күндер әлi алда болатын...

* * *

Мұқырда орыс деген ағайын әуел бастан болмаған секiлдi. Орыстың болмағаны кемшiлiк пе, жоқ әлде кеңшiлiк пе, ол жағына да мұқырлықтар бас қатырған емес. Бiрақ көршi Аршаты мен Өрелде, қала бердi анау Катонқарағайда орыс ағайын өрiп жүр ғой. Сол көдеден көп орыс Мұқырға қалайша жетпей қалған, ол жағына да қиналып жатқан мұқырлықтар жоқ. Орысы болмаса да көштен қалмайық деген ниетпен мұқырлықтар анау бiр жылдары ауылдағы қазақша мектептi орысшаға айналдырып жiберiскен. Сөйтiп есесi кетiп, сыбағасыз қалған Мұқырдың өзге ауылдармен терезесi оп-оңай теңеле салған болатын. Шүкiршiлiк, қазiр Мұқырдың балалары ешкiмнен кем емес, шүлдiрлеп орысшаға басқан кезде — орыс ағайынның өзiн жаңылдырады.

Тарғақ бет шұбар Лексей осы ауылға алғаш көшiп келгенде, орысы жоқ мұқырлықтар Лексейдi «тегi, орыс дегенiң осы шығар» деп таң қалысқан болатын.

Алғашқы жылдары Лексей де, келiншегi Ольга да қазақшаға шорқақ едi. Қалың қазақтың ортасына түскен соң жүре келе тiлдерi жаттығып, қазiр шұбарлап болса да қазақша сөйлейтiн дәрежеге жеттi. 

Сөйтiп жүргенде Лексейдiң азан шақырып қойған қазақша есiмi де табылды: Алдаберген екен. Онысын мұқырлықтар бертiнгi уақта, совхоздың еңбек озаттарына арналған бiр жиналысында бiрақ бiлiскен. Өмiр бойы iшкi жақта, Коробиха деген ауылда, кiлең қабасақал кержақтардың арасында өскендiктен Алдаберген алдымен Алешаға, есейе келе Алексейге айналып кетiптi. Келiншегi Ольганың да шын есiмi Орынша боп шықты.

— Әй, Лексей, сен шоқынған шығарсың? — деген бұл жаңалыққа жағасын ұстаған Нұрғали.

— Сенiң тәп-тәуiр қазақша атың бар екен, соны бiзден несiне жасырғансың?

— Қазақшасы слишком длинный... Тiлім келмейді. Ал орысшасы коротко. Өзiме осы орысшасы ұнайды, — дейдi Лексей де шындығын жасырмай.

— Айттым ғой, сен шоқынғансың деп.

— Шоқынғам жоқ. Я круглая сирота! Өмiрiм кержақтардың iшiнде өттi. Еңдi не iсте дейсiң маған?

— О не дегенiң? Бойыңда қазақтың қаны бар емес пе? 

— Какой қазақ?.. Какой қан?.. Ендi менен дұрыс қазақ та, оңды орыс та шықпайды. Этого я сам прекрасно знаю

— Қаның тартпаса қалың қазақтың ортасына неғып көшiп кеп жүрсiң ендеше?

— Андағы бастықпен поругался. Мұндағы бас­тық жұмысқа пригласил... Вот и все! 

Лексей көшiп келген жылдары Мұқырға Мырзахмет бастық едi. Лексей көшiп келмес бұрын екеуi алдын-ала уағдаласқан секiлдi, әйтеуiр келген бойда Лексейге жұмыс табыла кеттi ғой. Бiр табын сиыр алып, бiр-ақ күнде осы ауылдың айтулы бақташысы боп шыға келдi. Қазiргiдей тарамыстанған шал емес, ол кезде Лексей бiр орнында тұра алмай ұшып-қонған мазасыз, шегiртке мiнез жеңiлтек кiсi болатын.

— Боже упаси, бұл Алешада құдай сүйер қылық жоқ! — деп Ольга әлi күнге iшiн тартады. 

Совхоздың сиырын бағып, маң далада маңып жүрген бақташының басында қандай қиял барын былайғы жұрт қайдан бiлсiн. Сөйтсе, бұл Лексей өзiн жылы ниетпен қабылдаған мұқырлық ағайынға iштей тарту-таралғы ойластырып жүрiптi ғой. Күндердiң бiр күнiнде көптен толғандырған сол ойының да түйiнiн тапса ­керек. 

Алдымен, Лексей совхоздың көп малының iшiнен бiр жас бұқаны таңдап алады. 

Сосын ол бұқаны жаратып баптап, ала қыстай жалықпастан мәпелеп асырайды. Сөйтiп жүргенде бiрiншi мамыр мерекесi келiп, Лексейге өз өнерiн көрсетудiң жөнi түседi. 

Бiрiншi мамыр мерекесi күнi ауылдастар тайлы-тая­ғына шейiн Мұқыр өзенiнiң жағасына жиналып, жалау­латып транспаранттар көтерiп, алаулатып ұрандап, алқалы жиын өткiзедi. Жиынның соңы ән айтып, би билеген, палуан күрестiрген ұлан-асыр тойға жалғасады. Мiне, дәл осы мезетте, яғни той шарықтау шегіне жетіп, әбден қызған шақта «Сиыр фермада Лексей коррида көрсетедi екен» деген оқыс хабар тойшылар арасына тарап жөнеледi. 

— Онысы несi тағы? — деп сұрапты кiтап оқымайтын, кино көрмейтiн бiлiмсiздер жағы. 

— Коррида деген — бұқамен жекпе-жекке шығу, — деседi, анда-саңда кiтап оқып, күнделiктi кино көрiп жүрген бiлгiштер жағы.

— Корридада адам сүзеген бұқамен сайысады, — дейдi бiлгiштер жағы бiлетiндiктерiн тағы жасыра алмай.­

— Астапыралла!

— Мұндайда не бұқа өледi, не адам өледi.

 — Астапыралла!

— Жалпы, көп жағдайда адам мерт болады.

— Астапыралла!

Әрине, бұрын-соңды құлақ естiп, көз көрмеген мұндай тосын хабар мұқырлықтардың делебесiн қоздырмай қойсын ба! Басқа қызықтың бәрiн тастай бере, ел-жұрт ендiгi кезекте Лексейдiң сиыр қорасына қарай ағылады. Келсе — Лексейдiң қолында дастарқандай қып-қызыл пүлiш мата, құрық мойнын жел сындырғандай ырғап қойып, ыржиып қора сыртында селтиіп тұр дейдi. Барған бетте бастықтар «сен мерекенiң шырқын бұздың» деп ұрыса бастаған екен, Лексей де бет бақтырмапты:

— Коррида да праздник! — дептi қолын шошайтып. — Испан государствасында корриданы көруге люди тысячами келедi. Даже патша мен король да келедi. Ыщо, оған ақша төлеп кiредi. Вот так, товарищи!

— Мына пәтшағар Коробихадан емес, Испаниядан келгендей сайрайды ғой!

— Коррида деп зарлағанша, бiзге көкпар көрсет­пей ме?­

— Ойбу, Лексей жазған сенiң көкпарыңды қайдан бiлсiн.

Лексейдiң райынан қайтпасын ұққан бастықтар:

— Еркiң бiлсiн, Лексей, — деп қолдарын сiлтеп терiс айналыпты. — Осыдан бiр бәлеге ұрынып, бiздi iстi етiп жүрсең — айтпады деме, сиырдан шығарып, шошқа бақтырамыз.

— Бiр бәлеге ұрынса — шошқа бағуға жарай қояр ма екен бұл Лексей.

Сайысты ел-жұрт осылайша сан-саққа жүгiр­тiп, қызықтың басталуын тағатсыздана күтумен болады.

— Бәрiнен бұрын қызыл пүлiшiм құриды-ау! — деп бiр шеттегi Ольга байбалам салады. — Анау бұқаның мүйiзiне iлiнсе, боже упаси, ол пүлiштен не тамтық қалады!

— Кеме жасаушы кебiс тiккенге тамсаныпты демекшi, сүзеген бұқа көрмегендей нағып бәрiң дүрлiгiп жүрсiңдер? — деп, құрып қойған алашасын тастай бере, бiр қора әйелдi соңынан шұбыртып Нұрғалидың бәйбiшесi Бибiш те айдындай жетiптi.

Ауылдастары түгел жиналды-ау деген кезде Лексей белбеуiн қынай тартады да, қарғып қораның iшiне түседi. Түскен бойда қызыл пүлiштi жарқырата жа­йып, қораның арғы шетiнде тұрған бұқаға қарсы жүредi. «Мынау қайтедi-ей» дегендей бұқа алғашында матаға телмiрiп сәл тұрыпты да, жердi тарпып, мүйiзiн шай­қап-шайқап, Лексейге тұра ұмтылыпты. Сайысты қызықтап, қораның сыртында ұйлыққан жұрт ойбайға басып кейiн серпiледi.

Осы сәтте Лексей көз iлеспес шапшаңдық көрсетiп, екпiндеп жетiп қалған бұқаны жалт берiп жанынан өткiзiп жiбередi. Бұқа арынын тоқтата алмай тарс етіп қораның қабырғасына барып соғылады. Қоршаған жұрт шыңғыра шуласып, тағы да кейiн серпiледi. Лексейдiң батылдығы мен шеберлiгiне жастар мәз болып ысқырысып, үлкендер жағы  ризашылықтарын білдіріп, ду қол шапалақтайды.

— Вот, молодец! — дептi бастықтар да сүйсiнiп.

— Өзi ер екен ғой!

— Ирелеңдеген түрiне қарап, бұл шала қазақтан дәнеңе шықпас деп жүрсем...

— Бiздiң ауылға сүзеген бұқа қайдан келген?

— Өзi үйретiптi ғой.

— Өй, сабаз-ай десеңшi!

Жұрт Лексейдiң мықтылығын мақтауға сөз таппай жатқан кезде, қабырғаға соғылған бұқа есiн жинап, ұрыс алаңына қайыра бет бұрады. Екi езуi екi құлағында, мақтағанға көңiлi өсiп, халқына қайта-қайта иiлiп тағзым етiп тұрған Лексейге бұқа қайта ұмтылады ғой. Лексей де жалма-жан қолындағы пүлiштi алдына жая берiп, бiр шетке ыршып түседi. Бiрақ, бұқаның екпiнiне шыдай алмай, қалпақтай ұшады. Алданып қалған бұқа бұл жолы тез қайрылып, жерден тұра алмай үйелеп жатқан Лексейге өкiре ұмтылыпты. Мұны көрiп тұрған әйелдер ойбайлап беттерiн басып, бала-шаға бажылдап ұлардай шулап қоя бередi. Жан беру оңай ма, тұрып үлгермесiн сезген Лексей ышқына ұмтылып, қораның түбiне жабыса түседi. Екi көзi қорасанның дағындай қызарып алған ашулы бұқа жер тарпып өкiрiп келiп Лексейдi сүзгiлейдi. Қаншалықты сүзгiлiсе де, бұрыштағы адамға мүйiзi iлiнбей, тұмсығымен жаныштап, илей берiптi. Әйтеуiр, сыртта тұрған еркектердiң бiреуi есiн жинап, бұқаны сойылмен ұрғылап қуалап, Лексейдi әзер ажыратып алады.

Қан-сөл жоқ, қу шүберектей бозарып кеткен Лек­сейдi көтерiп, аяқ-қолын жинап қораның сыртына шығарысады. Қауiпсiз жерге жеткен соң Лексей тiлi күрмелiп, әлдене деп ыңыранса керек.

— Әй, қатындар, шуламаңдаршы, бiрдеңе деп жатыр? — деп, жiгiттердiң бiреуi Лексейдiң аузына құлағын тосады.

— Не деп жатыр?

— «Прощай!», — дейдi.

— Кiмге, ойбай?

— «Ольга, прощай!» —дейдi. 

— Ольга қайда едi?

— Мына жақта...

— Берi алып келiңдер!

Мұндай сұмдықты көргенге жүрегi шыдамай талмасы ұстап, жүресiнен отырып қалған Ольганы екi әйел екi қолтығынан демеп, кескен теректей сұлап жатқан күйеуiнiң қасына әкеледi.

— Олечка, прощай! — дептi Лексей ернi ғана жыбырлап. Мұны естiгенде Ольга:

— Родимый мой! — деп, шыңғыра дауыс салып, серейген күйеуiн құшақтай құлапты деседi.

Сөйтiп, бұқамен сайысқа түсемiн деп осы Лексейдiң бiр ажалдан қалғаны бар. Сол жолы екi қабырғасын, бiр бұғанасын сындырып бiрер ай ауруханада жатып шыққан екен.

— Лексейдiң миы да шайқалса керек! — дестi ол ауруханадан келген күнi былайғы жұрт.

— Кантож болды десеңшi!

— Иә, Әмiр шал құсап кантож боп қапты.

 — Әмiр жазған соғыстан кантож боп қайтты ғой.

— Мына Лексей сайтанға не көрiндi десеңшi, айдың-күннiң аманында миын шайқап...

Қалай болған күнде де бiрiншi мамыр мерекесi күнгi бұқамен сайыс Лексейге сұбап болған. Содан кейiн-ақ бұрынғыдай желпiлдеу жоқ, жын-шайтаны аздап басылып, сабасына түскендей едi.

Обалы қанша, Лексей де, бәйбiшесi Ольга да көршiлiкке, ағайынгершiлiкке адал жандар. Орыстардың iшiнде өскендiктiң әсерi шығар, кейде ақылға сыймайтын оғаш қылық көрсетiп қалатындары бар. Әйтпесе бұл екеуi ауылға келгелi берi тiрi пендеге қарсы келiп, шәй десiп көрген жоқ.


***

Осыдан бiраз жыл бұрын Лексей омарташы Колмогоровқа барып, бажылдатып бiр торайды алып келгенде Нұрғали:

— Мұның не сенiң? — деп көршiсiнен қатты тiксiнiп қалған.

— Торай ғой, поросенок! — деп, Лексей ойбайлаған торайдың желкесiн сүйсiне сипап, танауынан шөп еткiзiп сүйiп алды. Нұрғалидың оған қарауға жүзi шыдамай, терiс айналып кеттi.

— Оны не iстегелi жүрсiң?

— Асыраймын.

— Қазақтың шошқа асырағанын қай атаңнан көрiп едiң?

— Бұл шошқа деген прекрасный согум

— Соғымнан садаға кетсiн!

Нұрғалидың қараптан-қарап неге ренжiп тұрғанын түсiнбей, Лексей торайды қоя берiп, көршiсiнiң иығына қолын салды. Қолын салғанға Нұрғали жылан шаққандай ыршып түстi.

— Когда мы Коробихада тұрғанда шошқамыз бiр қора болатын, — дедi Лексей оған да мән бермей. — Қойға қарағанда бұл шошқа малы күй талғамайды...

— Жетiскен екенсiң. Шошқа асырар болсаң — сенiң табалдырығыңды осыдан былай ешкiм де аттамайтын болады.

— Почему?

— Харам... Мұсылман жұрты шошқа асыраған үйдiң тамағын харам, табағын харам, ыдыс-аяғын харам санайды.

— Чепуха! Бәрi бос сөз!

Нұрғали шариғат жолын қаншалықты уағыздағанымен, Лексейдің миына жеткiзе алмаған. Сол жолы бiрiн-бiрi қайтып көрместей боп ажырасып едi, қайдан... үш күннен соң кәукiлдесiп қайта табысты.

Әлгi кiшкентай торай қазiр жардай болып семiрген, iркiлдеген iрi мегежiн. Шалпылдатып кешке дейiн шалшық судан шықпайды. Баяғы Нұрғалидың әңгiмесiнен кейiн «сен шошқа асырадың» деп көзге шұқыған да ешкiм болмады. Қайта ауыл балалары жалғыз шошқаны қызық көрiп, шыбықпен түрткiлеп, борсаң-борсаң жүгiргенiне, қорсылдаған дауысына мәз.

— Бiздiң Алеша жаман кiсi емес, он добрый человек! — дейдi Ольга күйеуi жайында. — Бiрақ кейде iшiп қояды, сонысы өзiне де, маған да жақпайды.

— Ну и что! Саған жақпаса да маған жағады. Жағатын болған соң да iшiп қоямын, — дейдi Лексей ондайда қарсы дау айтып.

Лексейдiң ащы суға аздаған әуестiгi бары рас. Оны ауылдастарының бәрi бiледi. Қарға аунаған түлкiдей тәулiктiң төрт мезгiлiнде қызара бөртiп жүргенi. Бiреудiң басын жарып, көзiн шығарып жатқан ол жоқ, сондықтан ауылдастары Лексейдiң онысына көңiл аудармайды. Сиырды тастап, совхоздың қара жұмысына ауысқан Лексей ауыл iшiнен үй алған, сөйтiп ақсақ Нұрғалимен бiр-ақ күнде құдайы көршi боп шыға келдi. Шүкiршiлiк, әзiрге көршiлер тату-тәттi, аралас-құралас сыйласып тұрып жатыр.


***

Соңғы жылдары асқазаны бүлiнiп, Нұрғали қыш­қыл сұйықтың бәрiн тыйған болатын. Көршiсiнен қа­йыр болмаған соң, совхоз жұмысынан қолы босай қалса­ Лексей зып берiп Мырзахметке баратынды шығарыпты. Мырзахмет — бұрынғы өзiнiң бастығы, Коробихадан әдейi шақыртып алған уағдалас досы ғой. Өмiр бойы ат үстiнде жүрiп, зейнетке шыққасын қу кеуектей керексiз боп қалғанын сезгесiн бе, Мырзекең оқта-текте әлгіндей көңiл көтеруге қарсы емес. Содан екеуi өткен-кеткендi әрiден қозғап, берiге жалғап, шүйiркелесiп ұзақ күндi батырысады.

Бiрде Нұрғали қи шашып, жер өңдеп бақша жақта жүр едi, шарбақтың сыртынан Мырзахмет шақырған.

— Нұреке, келiп кетiңiзшi, бiр қызық айтайын? — дедi. Ақсаңдай басып Нұрғали оның қасына барды.

— Иә, не боп қалды?

— Бар болғыр, кеше маған Лексей келiп кеттi емес пе! — деп Мырзекең әлденеге мәз болып, басын шай­қады.­

— Иә, жөн екен.

— Ай, бар болғыр-ай... Сайқымазақ қой бұл Лексей.­

— Сосын не болды?

— Сайқымазақ жынды екен.

— Ие, не болды соншалықты?

— Анекдот айтты... Саяси анекдот. Тiптi айтуға аузым бармайды. — Мырзахмет қарқылдап күлiп жiбердi.

— Заман өзгердi ғой, баяғы отыз жетінің нәубеті келмеске кеткен. Қысылмай айта берiңiз?

— Айтсам айтайын, Нұреке... Бiр шаруа адамы Мәскеуге барыпты, съезге делегат болып. Келген соң ауылдастары жаңалық сұрайды ғой баяғы. «Шүкiршiлiк, көп жайды ұғып, көзiм ашылып қайтты, — дептi шаруа. — Бiрiншiден, «Маркс-Энгельс» деген бiреу емес, екi кiсi екен. Екiншiден, «Слава КПСС» дегенiңiз кiсi болмай шықты. Үшiншiден, «Бәрi де адам үшiн, адамның игiлiгi үшiн» деп еңбек етiп едiк, мен сол адамды көрiп қайттым!» — деген екен.

Мырзахмет мәз болып, тағы да қарқылдап жiбердi.

— Ол ғана емес, тағы бiр сiбежи анекдот айтып кеттi.

— Ие, не дедi, айта бер?

— Айдалада тiлi салақтап бiр ит зытып келе жатыр екен дейдi. «Апырмай, мына далада тым болмаса бұта-қараған кездеспесе — қуығым жарылып өлетiн шығармын» деп зытып бара жатыр екен дейдi. Ха-ха-ха...

— Тауып айтқан екен! — деп Нұрғали тағы да басын изедi.

— Сiз түсiнген жоқсыз... сiз бұл анекдоттың мағынасын түсiнген жоқсыз, — деп Нұрғалидың қосыла күлмегенiне Мырзахмет қапаланғандай қолын бiр сiлтеп жөнiне кеттi.

Нұрғали, шынында да, Мырзахметтiң не үшiн мәз болғанын ұққан жоқ. Лексейдiң күнде айтып жүрген қиқар сөзiне ата сақалы аузына түскен үлкен кiсiнiң осын­шалық қарқылдап күлгенi ерсiлеу сияқты көрiнген.

Лексейдiң ондай-ондай қалжыңына Нұрғалидың құлағы әлдеқашан жауыр болған, әрi кетсе мырс етiп миығынан жымиып отыра бередi.


***

Мырзахмет демекшi, осы Лексейдiң баяғыда Мырзахметтi де бiр жақсылап қатырғаны бар. Ол кезде Мырзекең совхоз жұмысшы комитетiнiң төрағасы, яғни «рабочком» болатын.

Фермадан ауылға көшiп келген жылы Лексей бұл ауылда жоқ әдемi, өзiнiң тiлiмен айтқанда, «культурный» әжетхана салмақшы боп бекiнедi. Алдымен әжетхананың шұңқырын қазуға кiрiседi. Шұңқырды да бұл ауылда теңдесi жоқ терең етiп, ерiнбей-жалықпай қазуды мақсат етедi. Лекең елден озам деп тым-тым тереңдетiп жiберсе керек, бiр күнi қараса әлгi шұңқырынан су шығып кетiптi. Есiл еңбегi желге кетiп, шұңқырынан су шыққан соң, Лексейдiң «культурный» әжетхана жасамақ арманы да адыра қалады.

Рабочком Мырзахмет бiрде кеңсесiнен түнделетiп шығып, үйiне қайтып бара жатқан кезде әлгi шұңқырға күмп берiп түсiп кетсе керек. Содан айқайласа ешкiм естiмейдi. Амалы жоқ, кеңiрдектен келген лай суға малтығып, таң атқанша дiрдектеп тұрыпты деседi. Ольга үйiндегi кiр-қоқыс, жуынды-шайындыны сол шұңқырға төгiп жүредi екен. Таңертең әдетiнше шылапшынын көтерiп, шұңқырға жетiп келсе — су iшiнде қылтиып адамның басы тұр. Баж етiп бақырып жібереді де, сасқан жерде шылапшынды әлгi қылқиған бастың үстiне төңкере бере етегiне сүрiнiп үйге қарай қашыпты.

— Жаны шықсын, жалған сөз! — дейдi ол туралы бүгiнде Мырзекеңнiң өзiнен сұрасаңыз. — Лексейдiң жанынан қосқан өтiрiгi.

— Шұңқырға құлағаныңыз да өтiрiк екен-ау, тегi?

— Қалай десем екен... Жалпы шұңқырға құлағаным рас. Суының да кеңiрдектен келгенi рас... Жан бермек оңай ма, айқайлап жүрiп жұртты ояттым...

— Сiздi шұңқырдан кiм шығарды?

— Ольга.

— Лексей қайда едi?

— Оның қайда жүргенiн мен қайдан бiлейiн!

Мiне, осыдан кейiн пiш-пiш сөз, күдiктi сұрақ бiрiнен соң бiрi туындайды ғой...

— Апырмай, Мырзекең кеңседен нағып кеш шығып жүр екен?

— Кеш шыққанын қойшы, көшемен жүрмей, бөтен бiреудiң әгiрөтiндегi шұңқырға қалай түсiп жүр?

— Мырзекеңнiң үйi де бұл жақта емес едi ғой?

Мейлi, жұрт сыртынан қалай сөз жүгiртсе де, Мырзекең қыңқ еткен жоқ. Бастық адамға пәленше жыл жинаған беделден бiр-ақ күнде айырылып, ел мен жұртқа мазақ болу — өлiммен тең. Соңдықтан ертеңiнде тап-таза киiнiп, кеудесiн тiктеп, алшаң басып кеңсеге барады. Шұңқыр туралы ләм деп жақ ашпайды. Бастық атаулының айтқанын тыңдап, айдағанына жүретінолардан қаймығатын әрі құрмет тұтатын кеңестік заман ғой. Мырзекең қабағын түйіп сыздана қалған соң басқаларға да жан керек, күлкi үйрiлген ерiндерiн жия қойыпты.

Осы жағдайдан кейiн Мырзекең мен Лексейдiң арасы бiрер жыл қырбай боп жүрiптi. Өмiрде өткiншi емес нәрсе жоқ, бүгiнде әлгi уақиғаның бәрi өткеннiң садақасы боп қалған. Қазiр Мырзекең зейнет демалысында, Лексей болса зейнетке жасы әлі жете қоймаған кісібелін қайыстырып ауылдың қара жұмысында жүр. Сүрлем аршиды, жер қазады, егiн суғарады. Әйтеуiр қай жерде жұмыс шықса, басшылар сол жерге елгезек Лексейдi жұмсай қояды. Орынша болса сиыр фермасының бiлдей бiр сауыншысы. Мырзекең мен арадағы әжетханадан туған кiрбiң баяғыда ұмыт болған. Бүгiнде екi азаматтың ел қатарлы араласып-құраласып аман-есен тұрып жатқан жайлары бар.

***

Ескiше Мұқыр ауылы, жаңаша жырлаған «Раздольное» совхозы әуелде аудандағы iргелi шаруашылықтардың бiрiнен саналатын. 

Соңғы жылдары қайбiр шаруашылықтың жұлдызы жанып тұр дейсiң, солар сияқты Мұқырдың да бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн әупiрiмдеп жүрiп жатқан жайы бар бұл күнде.

Әрине, iргелi шаруашылық, үлкен ауыл болған соң бұл жерден де iздегенiңiздiң бәрiн табуға болады... Ел iшi — өнер кенiшi демекшi, Мұқыр да талант­тардан кенде емес. Бұл ауылдан күмiс көмей әншiнi де, бал бармақ күйшiнi де, жұртты аузына қаратқан дуалы ауыз шешендер мен той басқарған көсемдердi де кездестiруге болады... Әйтсе де Мұқырдың ескi көз ежелгi жұрты үшiн бүгiнгi өнерпаздардың орны бiр төбе де, Жанғалидың келiншегi Дәметкеннiң өнерi бiр тө­бе едi.

— Пай-пай, Дәмешжан-ай! Мынадай өнерiңмен момын Жанғалиға қалайша тиiп жүрсiң? — деп, баяғыда бастық боп жүрген кезiнде Мырзахмет те көңiлдегi шындығын айтып салатын.

— Сен бұл өнерiңмен Алматыда отыратын жансың ғой. Сен, Дәмеш, Алланың нұры түскен ерекше әйелсің! — дейтiн Бибiш абысыны.

— Радиодан ән шырқайтын қарағымның нағыз өзi емес пе! — дейтiн бiреудi әсте мақтап көрмеген, ештеңеге тамсанбайтын Қанапияға дейін  таңдайын қағып.

— Радионы да естiп жүрмiз ғой! — деп ондайда Нұрғали да туған келiнi жөнiнде пiкiр қосатын. — Радиодағы әншiлерiңiз Дәмештен садаға кетсiн!

Айтса айтқандай, Жанғалидың келiншегi Дәметкен кезiнде алдына жан салмаған ғажайып әншi кiсi болыпты.

Ел iшiндегi қайсыбiр әңгiмеге құлақ түрсеңiз — Жанғали мен Дәметкен бiр-бiрiне өлердей ғашық болып қосылыпты деседi.

— Бозбала күнiнде Өрел жаққа жиi-жиi барғыштап жүретiн. Сөйтсем, осы Дәмеш келiнiмдi ыңғайлап жүрiптi ғой, — дейдi Нұрғали iнiсi туралы.

— Дәмештiң әншiлiгiнде дау жоқ. Бiрақ бiздiң Жанғали да өнерден кенде емес едi ғой? — дейдi оларды ертеден білетін жұрт.

— Жұрт Әмiр шалды әпендi санайды. Ал нағыз әпендi менiң iнiм Жанғали еді ғой! — дейдi Нұрғали тағы да. — Қызбен уағдаласып жүрiп, құда түсемiз, қолдан аламыз деп отырғанда алып қашты. Сөйтiп екi ауылды үлкен дауға қалдырды. Бұл әлгi Бектемiр мен Нұрпейiстiң құдандалық дауынан да бұрын болған уақиға. Бұл бiр деңiз. Отау тiгiп, бөлек шыққан соң, маған Дәмешiмнiң өнерi де жетедi деп, құдай берген өз өнерiн тастап кеттi. Бұны екi деңiз. Дәмештiң даусына ауылдың аясы тарлық етедi, Дәмешке кең сақара керек деп тракторын тастап, қойшы боп, алыстағы қыстауға көшiп кеттi. Бұл үш. Осыдан кейiн Жанғалиды қалайша әпендi демессiң!

Нұрғалидың сөзiнде бiр шындықтың бары рас едi. Нұрекеңнiң өзi алғашында «осы iнiм сырқат емес пе» деп те қауiп қылатын. Кейiнiрек «басын дуалап қойған жоқ па» деп келiнi Дәмешке күдiк келтiрiп жүрдi. Бiрақ, қаншалықты күдiктенгенiмен, келiнi мен iнiсiнiң тарапынан сезiктi ештеңе таба алмаған. Таба алмаған соң, тағдырдың жазуына амалсыз көнген. Әлгi қиссаларда жырлап жататындай, тегi, бұлар бiр-бiрiне шынымен ынтық, бөлекше адамдар-ау деп байлам жасады. Сөйттi де, жастарға бұрынғыдай бiлгiшсiнiп ақыл айтып, албаты мазалауды қойды. Өздерiнiң көңiл қалауына салып, ерiктерiне жiбердi. Әрi осы жастардың ақыл-парасаты өзiнен артық болмаса, кем емесiн сездi. Турасын айтса, iнiсi мен келiнiнiң өзiнен гөрi бiршама бақыттырақ екенiн, екiнiң бiрiнiң маңдайына жазылмаған өзгеше ынтымақпен ғұмыр кешiп жатқанын iштей мойындады да.

Тіпті, бірде мынандай да қызық жағдай болыпты... Совхоздың бас зоотехнигі мен бас веттехнигі малшыларды аралап, алыс отгонның біріне кетіп бара жатады ғой. Жолай айдаланы жаңғыртып, құйқылжи әуелеген  әсем ән естиді де, әлгі ән шыққан Жанғалидың қыстауы жаққа қарай бұрылады. Қыстауға келсе – Жанғали мен Дәметкен есік алдында қол ұстасып, тамылжыта төгілтіп  ән шырқап отыр.

-Бісміллә, екеуіңе көктемнің шалығы тигеннен сау ма? – деп, мұны көрген  бас зоотехник жағасын ұстайды. 

-Мен бұл үйде ұлан-асыр той боп жатыр ма десем... Екеуіңнің  дауыстарың тұтас хор капелласындай шығады ғой! – деп бас веттехник те басын шайқай беріпті. 

Ол кісілер ерлі-зайыптылар шырқаған әннің құдіретіне тамсанып,  бұл көргендерін ел ішінде көпке дейін аңыз ғып айтып жүріпті.

Әрине, көптiң аузына қақпақ қою қиын ғой... Әлде мазағы, әлде шындары сол ма, ауылдың үлкендерi Жанғали мен Дәметкендi «Қозы мен Баян» десетiн. 

Жастар жағы «Ромео мен Джульетта» деп күлiсетiн.

Мейлi ғой, бiрақ шындығында да екеуiнiң махаббаты бұл өңiрде болмаған айрықша құбылыс едi.Амал қанша, басқа қонған осындай мол бақыттың да, ас та төк нөпiр қуаныштың да шегi болады екен.Аңызға айналған тума талант, шынайы өнердiң де өшетiн кезi болады екен.

Айналасы бiр-ақ жылдың iшiнде соның бәрі быт-шыт күйреп тынды.

Айналасы бiр-ақ жылдың iшiнде Жанғали мен Дәметкеннiң уыздай ұйыған шаңырағы шайқалып, ортасына құлап түстi.


***

Досқа да, дұшпанға да үлгi болатындай екеуiнің тату-тәттi ғұмыр кешкеніне ширек ғасыр толған. Бiр ұл, екi қызды дүниеге әкелiп, оларды қатарынан қалдырмай өсiрiп жеткiздi. Өздерi алыстағы қыстақта тұрғандықтан, балалардың үшеуі де Нұрғали ағасының қолында оқыды. Ұлдары Нұржан оныншыны алтын медальға бiтiрiп, Алматыға жоғары оқу орнына түскен. Сол жерде екi жыл оқыған соң ойда жоқта әскерге шақыртылған. Ауған соғысының қызып тұрған уағы едi. Нұржанды алты ай оқытып, алғашқы лекпен-ақ сол Ауғанның қанды қасабына салып жiберiптi. Арада көп уақыт өткен жоқ, Жанғали мен Дәметкен ұлдарының қазасын естiдi...

Ұлының денесiн жарқыраған аппақ темiр табытпен ауылға алып келген. Сол жақтан бiрге ере келген екi-үш әскерилер табытты ашуға рұқсат етпей, бiтеу күйiнде жерлеттi. Ұлының дидарын соңғы рет көре алмай, әкесi мен шешесi аһ ұрып арманда қала бердi. Дәметкеннiң жүрегi онсыз да дiмкәс едi, ұлының қазасынан кейiн жуадай солды. Содан кейін-ақ баяғы жайдары күлкi, әуелеген әсем ән бұл шаңырақтан бұлбұл ұшты.

«Мүмкiн, ол бiздiң Нұржан емес шығар. Бiздiң Нұржан әлi тiрi, әскерде жүрген шығар?» деп өз-өзiнен күбiрлеп отыратын Дәметкен.

«Тым болмаса Нұржанымның жүзiн бiр көрсемшi, арманым болмас едi!» деп күрсiнушi едi Дәметкен.

«Мойныма бұршақ салып құдайдан тiлеп алған жалғыз ұл едi. Ақжол тiлеп, тоқымын қағып, үлкеннiң батасын алған құлыншағым едi. Мен құдайға не жаздым осыншалық!» деп еңiрегенде етегi жасқа толатын Дәмет­кеннiң.

Осылайша күн артынан күндер заулап өтiп жатты. Қылышын сүйреп қыс та келдi. Қыс түскен соң бастықтар Жанғалиға көмекшi етiп, Нұрғалидың ортаншы ұлы— Нұрланды жiберген. Жас бала қыстың алғашқы екi айын iлекерлеп шыдап бағып едi, ақпан туа қолын бiр сiлтеп ауылға тайып отырды.

— Аға, ренжiмеңiз! — дедi әңгiменiң ашығын айтып. — Шопан болу менiң қолым емес екен, бүйтiп қысы-жазы қой соңында салпаңдағанша, мен механизатордың оқуына барамын.

— Апырмау, мал төлдегенше шыдасаң еттi? Мен көмекшiсiз қалатын болдым ғой? — деп Жанғали састы.­

— Ағатай, менi қинамаңыз! Бастықтарға жөнiмдi айтып, бiреудi жiберткiзермiн мұнда! — дедi Нұрлан қиылып.

Кетем деген баланы күшпен қашанғы ұстарсың. Жанғали қимаса да, қиналса да  «айнам, еркiң бiлсiн» деп Нұрланды қоя берген.

Нұрлан кеткен күнi бәрi орнында секiлдi едi, нағыз қасiрет оның ертеңiнде басталды емес пе!


***

Күнде таң қараңғысынан малды жайғап, үйге қайыра кіргенде Дәмешi отты жағып, шайын қайнатып, дастарқанын жайып отыратын. Бұл күнгі таңда әдеттегiдей қараша тамның есiгi де ашылмады, мұржадан сыздықтап түтiн де шықпады. Далада жүрген Жанғали: «Тегi, тағы да сырқаттанып, төсектен басын көтере алмай жатыр-ау» деп жорыды да қойды.

Иә, сөйтіп малды жайғап болып, жайланып үйге кiрсе — Дәмешi бүк түсiп, пеш қасында құлап жатыр. Жандәрменде ұмтылып барып, әйелiн жерден көтерiп алған. Көтерiп алғаннан не пайда, аяулы Дәмешi сұп-суық, әлдеқашан жан тәсiлiм етiптi...

Қасында қасiретiңдi бөлiсер адам болмағаннан кейiн, көзден жас та шықпай қинайды екен. Не керек, у жеген бурыл бөрiдей алас ұрды Жанғали.

 Жүгiрiп қора жаққа барды, ентiгiп ен даланың бiраз жерiн кезiп қайтты. Шатырға шығып, төңiрегiн шолды. Жолаушылап келе жатқан бiреу-мiреу көрiнбес пе екен деп көкжиекке телмiрдi. Бәрiбiр, бораны ұйтқыған аппақ даладан,  меңiреу тылсымнан өзге ештеңенi көре алмады.

 Амалы таусылып, сүйретiлiп қайтадан үйге кiрдi. Дәмештiң денесiн ақ матамен қымтай орап, оң жаққа жатқызды да, пешке от жақты. 

Сыртта ұлыған бұрқасын ұзаққа бармай, түске қарай бәсеңсiген. Әдетте күн ашық болса түстен кейiн қойды далаға шығарып, кешке дейiн тебiндетiп қайтушы едi. Ендiгiсi байтал түгiлi бас қайғы, Жанғали дүниенiң бәрiн тас ұмытты. Меңдуана жегендей мәңгiрiп, басы дыңылдап миғұла болды да қалды. Осы күйде Дәмештiң қасында отырып кештi батырды.

 Қас қарайып, көз байланған кезде ғана аздап есiн жинап, орнынан тұрды. Сенделектеп жүрiп шам жақты. Шашпа қорада ашық қалған мал есiне түсiп, сүйретiлiп сыртқа шықты. Iлбiп жүрiп малды жылы қораға қамап, үйге қайта оралды.

Түнi бойы кiрпiк iлген жоқ. Түнi бойы тағы да боран тұрып, таң ата әзер саябыр тапты. Боранның шуылы, пеште жанған оттың пышылы әлсiн-әлсiн елеңдетiп, шықарға құлақ түргiзiп үмiттендiрумен болды. Жол торып, далаға жүз рет шығып, жүз рет кiрген шығар. Көмекке жiберген адамы әне-мiне келiп қалуға тиiс едi. Совхоз басшылары да ақылсыз емес қой, мынадай аязда, иен далада саулық қойды көмекшi шопансыз қалдырмаса керек еді. Наурыз туа сақман басталады. Нау­рыз туа дейдi-ау, ендi бiр жетiден кейiн-ақ малдың алды төлдей бастайтын шығар.

Жiберген көмекшiнi мына боранда қасқыр қамап, обалды боп жүр ме екен деп те бiр қауіптенді. Малды бұл күнi ашық қораға күн көтерiле бiрақ шығарған. Әлде көзi тұмаңданып көре алмады ма, әлде қидың буынан байқамады ма, қайрылып қораға кiрген кезде үш-төрт жерде ағараңдап шаранасына қатып қалған қозыларды көрдi.

Мұның есебiнше қойдың төлдеуiне әлi ертерек сияқ­ты едi, соған қарағанда бұлар түсiк болды... Кеше малға шөп салмай күнi бойы боранға қалдырып, түнде ғана қораға кiргiзгенi есiне түстi.

Қозыларды шаранасымен қоса жинап-терiп, былай апарып адам аяғы баспас бiр түкпiрге көмiп тастады. Қарды аршып, тоң боп қатып қалған жердi тоңқылдатып қазу да оңайға соқпады. Қара терге түсiп шаршап, жүрегi сазып, көзi қарауытып сүйретiлiп тағы да үйге кiрдi. Кешеден берi нәр татпағанын ойлап, от жағып, пеш үстiне шәйнек қойды. Күндегiдей самауыр қайнатып, Дәмештiң құла шайын сораптар заман қайда! Осының бәрi өңiнде емес, түсiнде болып жатқандай еш нәрсеге сенгiсi жоқ.

Шаршаған миы бiр сәтке демалып, қатты бiр сiлкiнсе — мынау еңсесiн езген буалдыр сағым дүр серпiлiп, сейiлiп кетердей елестедi. Сосын Дәмеш те ұйқысынан оянып, күндегi қадетiмен күйбеңдеп жүрiп самауыр қайнатардай, дәмдеп дастарқан жасардай үміттенді.

Дастарқан жасап жүрiп: «Ауылдағы балалар қайтiп жүр екен, құлындарым... Оқудағы Ризадан да көп болды хат жоқ» деп Жанғалиға мұңын шағатын тәрiздi. Сосын жайлап орнынан тұрып, бұрыштағы Нұржанның әскер киiмiндегi суретiн алақанымен аялай сипайтын сияқты. Сипап тұрып, күбiр-күбiр сөйлейтiн сияқты.

Дариға-ай десеңшi, соның бәрi ендi мәңгi орындалмайтын арман боп қалмаса жарар едi! 

Оянатын шығар деп үмiттенген Дәмешi ақ матаны бүркенiп, оң жақта жатқан жерiнен қозғалар емес. Иесiн сарғая күткендей сары самауыр да бiр шетте мелшиiп қапты. Серпiлейiн, мынау тұманнан айығайыншы деп, қолымен қос шықпытын қысып-қысып жiбердi. Бәрiбiр одан да дәнеңе шықпады. Миында мың сан құмырсқа оңды-солды ағылып жатқаңдай, мынау сағымды сұрқай дүниенiң айығар түрi жоқ.


***

Түс ауа шана жегiп, қорадағы малға сүрлем шашты. Соңынан шаналы атпен жолға шығып, бiраз жерге дейiн желдiртiп барып қайтты. Қаңғып жүрген ит-құс болса да жолығар ма деп едi. Қанын iшiне тартқан сұп-сұр даладан көз тоқтатар, ес боларлық қарайған таппай, босқа сандалып, шаршап қайтты.

Совхоздың жiберген көмекшiсi бойында жаны болса бүгiн жетуге тиiс едi. Әлде қыс iшiнде бастықтар көмекшiге лайық кiсi таба алмай, әркiмдi бiр сұрап, қиналып жатыр ма екен? Олай болмаса керек-тi. Өйткенi, бұл ауылда қыс айында екi азаматтың бiреуi жұмыссыз. Тiлiн тауып жұмсар болса көмекшiлiкке адам табылады. Көмекшi деген өз алдына, бастықтардың да қыстауға бiр келiп, Жанғалидың хал-жағдайын бiлiп кетер мезгілі жеткен. Адамды қойшы, қоғамның малының да сұрауы болмағаны ғой сонда? Бұл ағайын неғып осыншалық салақсып кеттi?

Күрсiнiп едi, көкiрегi қарс айрылып, қақырап кеткендей болды. 

Жыл­қыны суғарып, кеш түсе жаймалап малға тағы шөп шашты. Кешегiдей емес, бүгiн малды суыққа ұзақ қалдырмай, қораға ертерек қамады.

Бұл түнi маздап жанған пештiң қасында отырып, аз-мұз көз шырымын алғандай болды. Киiнiп бес-алты мәрте далаға шығып, шам алып қорада жусаған қойды аралап қайтты. Таңға жуық екi қой төлдептi, бiреуi егiз, бiреуi жалқы екен. Шаранасын тазалап, мұрыннан үрлеп дем салды да, қозыларды енесiмен қосақтап жылы үйшiкке апарып қамады.

Бүгiн келмесе бәрiн тастап ауылға шабам деп тастай бекiнiп едi, оған тағы ұяты жетпедi. Төлдей бастаған өкiметтiң малы иен қалғандай болса — жұт тигендей, мына аязда қырылып қалар. Мұның қасiретi — жеке бастың қайғысы, ал қоғамның малы қырылса — бүкiл совхоз, ел-жұрт қарабет болар. Осы ой тежеу болып, ашуын сабырға жеңдiрдi.

Ауылдан ертелетiп шыққан адам бұл жерге қас қарая жетедi. Ал бәкүн-шүкiн шаруаға қарайлап, түс ауа жолға шыққан кiсi түн ортасында келіп қалуы тиiс. Олай болса жiберген көмекшiсi әлi күнге табандап неғып жете алмай жатыр? Не болды, не көрiндi бұларға?

Қораны аралап малды тексерiп, күн көтерiле үйге кiрдi. Кiрген бойда үй iшiн жайлаған бөтен иiс қолқасын қапқан. Оның не иiс екенiн сездi. Күндiз-түнi дамылсыз от жағып отыр, үй жылы, жылыға шыдамай мәйiт иiстене бастаған-ау, сiрә? Қайран Дәмеш-ай! Балаларының ардақты анасы болған, Жанғалиға аяулы жар болған Дәмеш, алтын басың қор болды-ау! Аға­йынды күтiп иен үйде осынша күн жатамын деп ойлады ма екен? Шырқата салған әнiмен ел-жұртты аузына тамсандырып, өзiне көпшiлiктi ынтық еткен өнерпаз Дәметкен! Ендi, әнеки, ешкiмге керегi жоқ жансыз мәйiт, жылы үйде жата-жата иiстене де бастапты.

Тағдырдың жазуы бұлай боларын бұл Жанғали бiлмедi ғой. Баяғыда қойшы боп желiгiп несi бар едi! Ауыл арасында жүре берсе осыншалық қиындыққа тап болып, аяулы Дәмешiн дәл бұлайша қорлатпас едi-ау! Ендi қарашы, мұң-зарын естiр құлақ, көрер көз болмай айдалада сандалып қалғанын.

Уай, дариға-ай десеңшi, ширек ғасыр қатар ғұмыр кешкенде күйеуiнiң бетiне тiктеп қарап көрмептi-ау бұл Дәметкен. Тракторды тастап, қойшы болды. Ауыл төңiрегiндегi қыстауларды менсiнбей, өзiнше иен табиғатты, еркiндiктi аңсап, көңiлi күншiлiктегi Ақалақаны қалады. Алыс кеттiң-ау деп Дәмеш онда да қабақ шытқан жоқ. Балаларын тәрбиелеп өсiрiп, үйiн мұнтаздай тазалап, малмен бiрге өрiсте жүрген күйеуiне ыстық пейiл, ақ дастарқанын жаюмен болды. 

Жаздың жаймашуақ кештерiнде, таң бозында кейде асыл Дәмеш сызылтып бастап ән шырқаушы едi. Сызылтып бастаған әнi келесi бiр сәтте құйқылжи шарықтап көк жүзiне көтерiлген бойда Алтайдың асқар биiгiнде қалықтап-дiрiлдеп тұрып алатын. Сөйтiп, Дәмеш ән айтқанда жел соғуын, су сарқырауын, құс сайрауын сап тыйғандай болушы едi. Ақалақаның кең аңғары ән сазымен манаурап, ерекше құлпыра жасанып кету­шi едi. 

Апырай, сол күндер ендi мәңгi-бақи келмеске кеттi дегенге Жанғалидың ақылы жетпейдi. 

Болған iске жүрегi қалайша ғана сенер екен? О тоба, о Жаратқан ием! Не боп барады мынау заман?  

Тұман... ештеңенi де аңғарып болмас қорғасындай қою тұман!..

Құдай-ау, бұл тұманнан айығар каүн бар ма? Ендi не iстейдi, қайда барады, кiмге мұңын шағады бұл бейбақ? 


***

...Мәйiттi жылы үйде бұлайша ұзақ сақтауға болмасы белгiлi болды. Әлде от жақпай күте тұрғаны жөн бе едi? Онда өзi қай жердi барып паналайды, ауылдан адамдар келiп қалса — оларды қайда жайғастырады?

Аруақ өзi кешсiн, малды жайғап қораға қамаған соң, үйге келiп, кiре берiстегi дәлiзден орын сайлады. Сосын Дәмештiң денесiн киiзге орап, көтерiп апарып, дәлiздегi тақтаның үстiне жайлап жатқызып қойды.

— Жағдай осылай болды, Дәмеш, ренжiме маған! — дедi кемсеңдеп. — Бұлай етпесем елiң мен жұртың келгенше сенiң сүйегiңдi сақтай алатын түрiм жоқ...

Үйге кiрiп, қолын шайып, бiрер кесе шай сораптаған болды. Дәмешiн дәлiзде жалғыз қалдырғанына бiр түрлi алаңдап, үйге сыймай тағы мазасы кеттi. Қайыра сырт­қа шықты.

Дала тастай қараңғы екен. Табалдырықта Ақтөс жусап жатыр. Орны толмас әлдебiр үлкен қасiреттiң болғанын ол бейшара да сезгендей: үндемейдi, қыңсылап тамақ та сұраған жоқ. Иесiн алыстан бақылап, маңайламай жүр. Үйге кiрiп, итке бiр шелек жуынды-ша­йындыны алып шықты. Сосын дәлiздiң есiгiн ашып, шырпы жақты.

—Жатырсың ба, Дәмеш! — дедi күбiрлеп. — Бүгiнше осында демал. Тiрi болса ертең бiреулер келетiн шығар. Тағы бiр күн күтейiк... Күтейiк, Дәмеш!

Қанша сарғая күткенiмен ертеңiнде де ауылдан кiсi келмедi. 

Жанғали қанын iшiне тартып, қара тастай қатып алды. Мал күндiз де, түңде де бiрден-екiден төлдеп, қозының саны жиырмаға жетейiн дедi. Олардың бәрiн ыңғайлап, бөлiп-бөлiп жылы үйшiктерге жайғастырды. Ертерек туған қойдың бiреуiсi төлiнен жерiп, қозысын аштан өлтiрiптi. Енесiн қайта-қайта телiп, қозыны көзден таса етпеу керек едi. Оған өзiнiң жайы былай болған соң, амал жоқ ендi!

Түнде шам жағып, суық дәлiзде, қасында бiразға дейiн отырып Дәмешiн күзеттi. Күбiрлеп сөйлесiп, әйелiне қайғы-мұңын шақты. Екеуiнiң баяғыдағы балдай тәттi бақытты күндерiн еске алды. Қайдағы бiр қызық жәйттердi ойлап, кеңкiлдеп күлiп те қойды. Құдай-ау, бұл не күлкi, тегi, осы мен жынданатын шығармын деп те ойлады iштей.

«Мүмкiн Дәмешi тiптi де өлмеген шығар? Осының бәрi түс боп шықса қайтедi?»

Түнде тағы екi қой төлдедi, екеуi де егiз тапты. 

Ертеңгi күн де өткендегідей мазасыз өттi. Мәңгiрiп, не iстеп, не қойып жүргенiн өзi де бiлмедi. Әйтеуiр, малды жайғап, қозыларды қарап, пешке от жағып, үй мен қораның арасында күнi бойы сенделiп жүрдi де қойды. Бүйтіп  азап тартқанша қораға барып аспақтала салсам ба деп те қиялдады. Дәмешiнен жаны аяулы боп па! Аласұрған жаны сонда мәңгі тыныш табар еді... Бiрақ анау балаларды қайтедi? Кiмге аманат етiп тастайды? Оның үстiне қоғамның қойы иесiз қырылып қалса, артына жаманат ермей ме. «Малым жанымның садағасы» дейтін қазаққа ондай сөз өлiмнен бетер, сүйекке түскен таңба ғой!

Қас қарая сенделектеп үйге кiрiп едi, пеш қасында шоқиып отырған бiреулерге көзi түстi. Кiсi ме, томар ма айыра алмай, жеңiмен қырау басқан көзiн сүрттi. Орнынан тұрып, өзiне қарсы жүргенде барып Нұрланды таныды.

— Аға, бастықтар көмекшi бермей қойды, әкемдi ертiп өзiмдi қайтадан сiзге жiбердi! — дедi Нұрлан мұңайып.

— Iнiм, аман-саумысыңдар! 

Даусынан таныды, пеш қасында алақанын жылытып отырған екiншi кiсi — өзiнiң туғаны, жалғыз ағасы Нұрғали екен. 

— Дәмеш көрiнбейдi ғой, шықарда жүр ме? — деп сұрады ағасы.

Жанғали үндеген жоқ. Бет-аузы бырыстанып, әлi құрып табалдырыққа шөкесiнен түсiп отыра кеттi. Сосын екi иығы селк-селк етiп, қыстыға еңiреп қоя бердi.

Ер-азамат басымен алғаш рет жылауы едi.

***

Мұқыр ауылының терiстiк тұсында жылап аққан жалғыз бұлақ бар. 

Ол бұлақты мұқырлықтар бүгiнде «Жалбызды бұлақ» деп атасады. Кейбiреулер оны «Жанғалидың бұлағы» деп те айтып жүр. Ал, турасында ол бұлақтың ежелгi аты — «Әулиебұлақ» деседі. Ертеректе, мынау iргедегi Мұқыр ғана емес, төмендегi Аршаты мен Өрелдiң елi де осы бұлақты әулие тұтып, зиярат қылып, басына түнеп кетедi екен. Баяғыда осы бұлақтың қайнарында мыңжылдық мәуелi балқарағай ағашы болған екен. Бұлаққа келушiлер оның салбыраған бұтақтарына арулап ақ байлап, балқарағайды да қасиет тұтқан көрiнедi. Жарықтық, ол балқарағай бүгiнде атымен жоқ: ескiлiктiң сарқыншағымен күрескен отызыншы жылдардың жалын жүрек жастары отынға кесiп әкетiптi. 

Бүгінде бұлақтың бiр кездерi әулие саналғанын, оның қайнарында жалбыздың барын мұқырлықтар әлдеқашан ұмытқан. Мұқырлықтар ұмытқан соң, бұлақтың да маңайын қамыс басып, жағалауы батпаққа айналып кеткен едi. Жұрт ұмытқан бұлақтың көзiн аршып, өмiрге қайта әкелген — осы Жанғали... Дәмешi дүние салған соң қойды бiржола өткiзiп, Ақалақадағы зәйiмкесiн тастап ауылға көшiп келген. Ауылдың ортасынан ойып тұрып үй алып, екi қызын өсiрiп жеткiздi, совхоздың қара шаруа­сын қалмай, ақыры зейнетке де шықты. Қазiр үлкен қызы Ризаның қолында тұрып жатқан жайы бар. 

Үндемей жүрiп Жанғалидың дiнi қатты екен: ағасы Нұрғали «бас құрасын» деп араға ағайынның бiразын салып-ақ едi, бәрiбiр көндiре алмады.

Шаруада жүрген кезiнде Жалбызды бұлаққа қолы босағанда ғана баратын. Зейнетке ілініп, жұмыстың бәрiн қойған соң, күйбеңдеп күнi бойы бұлақ басынан шықпайтын болды. Бұлақ басына анау жылдары отырғызған балауса қайың бұл күнде жапырақ жайған аппақ еңселi ағашқа айналды.

Жанғалиды қашан iздесең де сол Жалбызды бұлақтың басынан табасың...

* * *

Осы Мұқырдың қарақшылы түйедей бүгiнгi қарты кiм десе — ауылдастың бәрi Бектемiр молданы атар едi. 

Оның жөнi де бар. Өйткенi Бектемiр — ауылдағы шал-шауқанның үлкенi, жасы жетпiстің мол ішіндегі ақ сақалдысы. Әрi өзге үлкендерге қарағанда Бекеңнiң ақыл-парасаты да, көрген-бiлгенi де көбірек. Қала берді, айла-шарғысы да, қулық-сұмдығы да баршылық. Әрине, Бекең анау Әмiр құсап кiтап оқымайды, газет-журнал парақтамайды, жастармен бiрге жағаласып күнде киноға бармайды. Бекеңнiң сауаты — өзiнiң ұзақ ғұмырынан түйген пайым-байламы, өмiр тәжiрибесi ғана. Мұқырлықтар сол себептi де ес-ақылын кино мүжіп, миына оқу өтiп кеткен Әмiрдi «әпендi» десе, Бектемiрдi «ақсақал», «молдеке» деп құрметтеседi.

Бектемiрдiң молда атанып жүргенi бертiнгi кез ғой. Әйтпесе тасбиық ұстап, иман жолына түсем деген ой баяғыда үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн... Көненiң көзiндей, ескiнiң өзiндей болған Ашамай молда жүзге жетiп дүние салған соң, бұл Мұқыр молдасыз қаңырап қалған. Ел iшi емес пе, өлiм-жiтiмсiз тағы болмайды, ондай жағдайда ауылдастары Аршаты мен Берелге шап­қылап, сандалып молда iздеп кететiн. Соның бәрін көрiп-бiлiп отырған соң Бектемiр шыдамады. Ескiше қара танитын едi, анау үлкен Нарындағы ғұлама Сәйфи хазiретке барып, жата-жастанып дәрiс алып қайтқан. Шүкiршiлiк, фатиха мен ықыласты дұрыстап қайыра бiлмейтiн Аршаты мен Берелдiң дүмше молдаларымен салыстырғанда — көзi қарақты, иман алдында ары таза Бекеңнiң.

Жұрттың айтуынша, әзiл мен қалжыңның бәрi осы Бектемiрден қалған секiлдi. Жастық шақ кiмдi елiк­тiрмедi, кiмдi желiктiрмедi. Бекең де жасында көксоққан перiнiң нағыз өзi болыпты. 

— Жарықтық Нұрпейiс жазғанды ертерек көрге тыққан осы Бектемiр ғой, — деп Мырзахмет өткен күндердi еске алса болды, қарқылдап күлiп жiбередi.

— Көрге тыққаны қалай? — деп, ондайда әр нәрсеге құлағы түрiк кiтапханашы Дәулетқан елең ете түседi.

— Пенсиясына да iлiнбей қайтыс болды ғой... Соны айтам. 

— Ал оған Бектемiрдiң қатысы қанша?

— Қатысы бар, шырағым.

— Сонда қалай... Бiреудi бiреу өлтiрiп жатса — сiздiң күлгенiңiзге жол болсын!

Әрине, Дәулетқан секiлдi сөздің жөнін бiлмес жастарға бұл ұзақ әңгiме. Бұл арада «Нұрпейiстi өлтiрген Бектемiр едi» деп мәселенi төтеден қою да жөнсiздiк. Алланың елшiсiндей етегiне қарап тасбиық тартқан молдекеңе оның өзi жала жапқанмен тең. Әйтсе де, бұрынғы бастық Мырзахметтiң сөзi негiзсiз де емес едi. Жарықтық Нұрпейiстiң жарық жалғаннан мойны қисайып, аяғы ақсаңдап, көкiрегi сырылдап қорлық тартып өткенiне осы Бектемiрдiң айрықша үлесi бары рас-ты.

Тел қозыдай бiрге өсiп, төс түйiстiрген өмiрлiк достар Бектемiр мен Нұрпейiстiң қиқыметiн мұқырлықтар қазiр де ертегi мен жырдай ғып айтып бередi.

— Нұрпейiстiң көкiрегi бұғы мiнемiн деп сырылдап қалды емес пе! — дейдi Нұрғали ол кiсi жайында.

Анау Шұбарағаш, Берел мен Өрел бұғы-марал өсiргенiмен, ол кезде Мұқыр жерiнде ондай түлiк болмапты. Бұғы-маралды бұл жаққа кейiндерi әкелген сияқты.­

Соны ескерген екi дос жаздың жаймашуақ бiр күнiнде қолдарына ноқта мен арқан iлiп, қыр астындағы бұғы-маралы қалың Шұбарағаш жаққа жол тартады. Ондағы ойлары — бұл тiрлiкте жақсының да, жаманның да дәмiн татысты, бiрақ тiрi бұғыны ерттеп мiнiп көрмептi ғой! Анау қиыр терiскейдегi ит жеккенде бұғыларды мiнiс көлiгi ретiнде де пайдаланады екен, тiптi шанаға да жегетiн тәрiздi. Ендеше мүйiзi шаңырақтанған Шұбарағаштың бұғысының олардан қай жерi кем? Асау тайдан бетер емес шығар? Жалына қол тигiзбес асау тайдың да талайын үйретті ғой бұлар! Олай болса қысқа ғұмырда бұғының да әуселесiн бiр байқап, құмардан шыққанның несі айып?

Екеуi Шұбарағаштың ту сыртынан құлдилап, қалың қарағай iшiндегi сатыға келiп кiредi. Бiреуi күргейлеп айдап, бiреуi алдынан тосып аңдып, бiр бұғыны әупiрiмдеп шалмалап ұстайды. Ұстаған бұғысын ағаш­қа таңып, басына ноқта салады.

— Мен мiнейiншi! — дейдi Бектемiр бәрi дайын болған кезде. — «Бұғыға алғаш рет атша ерттеп мiнген Бектемiр болатын» деп кейiнгiге жақсы атым қалсын, мен мiнейiн, Нұреке!

Нұрпейiс тiлi байланғандай тұнжырап үндемейдi. Ол үндемегенге Бектемiр одан сайын үдей түседi:

— Әлгi итжеккен жақта бұғы мiнiп жүргендерді кiтаптан көрдiңiз бе, Нұреке? Келешекте бiз де бұғыны солар құсап мiнiс көлiгi жасаймыз. Ренжiмесеңiз, бiрiншi боп мен мiнейiн... Ұрпаққа атым үлгi болсын, атағым өшпес өнеге болсын! Мүмкін ұрпағым осы еңбегімді бағалап, маңайдағы бұғы сапқозының бірін менің атыммен атайтын шығар!

Нұрпейiс не десiн, төмен қарап күмiлжи берiптi.

— Жо-жоқ, Нұреке! — дейдi Бекең табан астында райынан қайтып. — Аға сыйлап өскен азаматпыз, бақандай жарым жас үлкендiгiңiз бар... Жол сiздiкi, бұғыға бiрiншi боп сiз мiнiңiз!

Нұрпейiс «шын айтып тұрсың ба» дегендей көзi алақтап Бектемiрге үміт арта қарайды.

— Сiздiң жолыңызды орағаным ұят шығар, Нұреке. Ұрпаққа сiздiң атыңыз қалсын, мiнiңiз, кәне!

Бектемiр не айтса — соны орындап, әбден көмпiс болған Нұрпейiс «мiн» дегенге бұғыға қарғып мiнеді. Басы арқанмен ағашқа таңулы тағы аңның көзi қанталап, ақшырайып, ойнақ қағады. Досы қарғып мiнген бойда Бектемiр арқанды ағытып, бұғыны босатып қоя бередi. Босаған бұғы шу қара құйрық деп, еңiске қарай атқан оқтай зымырай жөнеледi. Мүйiзiнен тас қып ұстап алған Нұрпейiс шыбын жаны шырқырап, ұшар қарғадай желпiлдеп бұғы үстiнде кете барады.­

— Ау, Нұреке, жеткен жерiңе сәлем айт! — деп айқай­лап, қол бұлғап Бектемiр қалады.

Бекең асықпай арқанды жинап, аяңдап басып ылдилап келе жатса — жүз жылдық алып қарағайдың көлденең бұтағында Нұрекең тұр дейдi салбырап. Жан жоқ, тiл жоқ, кiрпiгi ғана әзер қимылдайды екен.

Бұғының екпiнi оңдырсын ба, көлденең бұтақ кеудеден соққан кезде төс сүйегi зақымдалған тәрiздi, тiлге келе алмай сол жолы Нұрпейiс үйiнде сiлейiп үш күн жатыпты.

Тағы бұғыны тiзгiндеймiн деп бұтаққа соғылған сол күннен бастап Нұрпейiстiң тамағы қырылдап, көкiрегi сырылдайтынды шығарыпты.


***

Ал Нұрпейiстiң сап-сау аяғының қызыл асықтан сынып, шойнаңдап қалатыны бертiнiрек, жетпiсiншi жылдардың басы екен.

Қоңыр күз келiп, балқарағай қарасүйектенген шақта екi досқа бiрде желiк бiтедi ғой. Екеуi екi атты сайлап, қоржындарын теңдеп тауға қарай қайқайысадыБалқарағайы самсаған, ағашы қалың бір тепсеңнің үстіне дөңгелентіп қос тiгiп, екi күн ақ тер, қара тер боп балқарағай соғыпты. Үшiншi күнi болғанда Бектемiр:

—Нұреке, бәрi дұрыс-ау, бiрақ ағаш-ағаштың ұшар басында балқарағайдың ең сүйектiсi, iрiсi қалып барады. Биiктен жасқанып басына шықпай, тәуiрiне жете алмай қор боп жүрмiз. Әттең, қол-аяғым сiз құсаған жеңiл болса, тиiн секiлдi ұшарына өрмелеп, есемдi жiбермес едiм. Қайтейiн, ендi мынадай дөңгеленген қарынмен!.. — деп арман етедi.

— Бекесi-ау, ағаштың ұшар басына шығып әуре болғанша, жанындағы шашылып жатқан береке-байлығы да бiзге молынан жетiп жатқан жоқ па? — дейдi Нұрпейiс досының арманын түсiнбей.

— Нағыз сөлi, нағыз шырыны басында ғой, Нұреке? — деп Бектемiр де тоты құстай тақылдап тұрып алады. — Әттең, шыға алмаймын, шыға алғандай болсам қапталдағы қоқысты қайтер едiм, шiркiн-ай десеңшi!

— Ендеше мен шығып көрейiн? — дейдi досының тiлегiн екi етпейтiн Нұрпейiс бiртүрлi жiгерсiзденiп.

— Жолыңыздан жарылқасын, Нұреке! — деп Бек­темiр досына оң сапар тiлейдi.

Нұрпейiс мәуелi балқарағайға жабысып, басына қарай тиiнше өрмелей жөнеледi. Шығып барады, шығып барады, балқарағай дегенiң осыншама биiк болар ма, таусылып болар емес дейдi.

— Қалай, ұшына жеттiм бе? — деп шаршаңқырап қалған Нұрпейiс жоғарыдан ентiге айқайлайды.

—Жоқ, тағы да шығыңыз? — дейдi жердегi Бектемiр ол кiсiге бағдар сiлтеп.

— Ендi қалай?

— Тағы бiраз...

— Ендi ше?

— Тағы да аздап...

— Ал ендi ше?

— Тағы...

— Ойбай, сынып барады...

— Ештеңе етпейдi, бекем болыңыз, тағы шыға түсiңiз!

— Ойбай, Беке, ұшт-е-ем!

— Қайда, Нұреке? Қайда ұштыңыз?

— ?!

— Ауылға ұшсаң боқты менен бұрын жетерсiң! — деп, Бектемiр атына мiне салып, етекке қарай тырағайлатып шаба жөнелiптi.

Аттың қан сорпасын шығарып, далақтап шауып Нұрпейiстiң үйiне жетедi.

— Ау, Нұрғызайын, Нұрекең келдi ме? — дейдi дөй даладан айқайлап.

— Келгенi несi? Екеуiң тауға бiрге кетiп едiңдер ғой? — дейдi Нұрекеңнiң әйелi түкке түсiнбей.

— Айттым ғой, әне! — дейдi Бекең. — Ауылға бәрiбiр менен бұрын жетпейсiң деп, айтқаным айдай келдi менiң.

— Немене, екеуiң жарысып па едiңдер? Қоржыңдарың қайда теңдеген?

— Қоржын да, қос та тауда ғой... оларды қойшы... Нұрекеңдi айтам, Нұрекең ең биiк бiр балқарағайдың басына шығып алып, қанатын қомдап «ұштым» деп маған айғай салды. Ұшсаң да менен бұрын жетпессiң деп, мен де намысқа тырысып шаба жөнелдiм!

— Не дейдi мына көксоққан?

— Бетiм-ау, мынаның айтып тұрғаны  қалжыңы ма, шыны ма?

— Мына кiсi жынданған шығар... 

Ел-жұрт Бектемiрдiң бұл қылығына сенер-сенбесiн бiлмей аңтарылады. Екi-үш жiгiт аттарына мiне салып, тауға қарай шабысады. Барса, балқарағайдың түбiнде алшысынан түсiп серейiп Нұрпейiс жатыр дейдi. Бет-аузы қан, киiмi жұлым-жұлым жыртылған, тiл-ауыз жоқ. Зембiлге салып шала-жансар күйiнде көтерiп жiгiттер Нұрпейiстi үйiне алып келiптi.

— Ойынның да жөнi бар, адаммен осылай ойнауға бола ма екен! — деп естiген жұрт Бектемiрге ренiш айтыпты. — Өлiп қалса қайтер едiң!

— Бұтағы қалың балқарағайдан құлаған адам оңайлықпен өлушi ме едi, — дептi Бекең де бетi бүлк етпей.

— Жаман айтпай жақсы жоқ, мерт болса қайтер едiңiз?

— Мерт болса — терең қазып тепкiлеп көмер едiк... Нұрғызайынның әмеңгерi боп өзiм қалар едiм, — дептi Бекең мiз бақпай.

Ұратын емес, соғатын емес, қырықтың қырқасындағы соқталдай азаматқа жұрт не iстесiн... Тентектi тезге салғанмен түзелмесi белгiлi. Тыжырынып жек көрiсiп, күңкiлдеп сыртынан сөз айтқаннан басқа қайран жасай алмапты.

Әрине, бұл оқиға Бекеңнiң абыройын аспандата қойған жоқ. Өйткенi балқарағайдан құлаған әлгi оқиғадан соң Нұрпейiстiң аяғы сынып, бұғанасы шығып, мойны қисайып, жарымжан боп қалса керек.

Осыдан кейiн-ақ екi отбасы бiраз жыл бiр-бiрiмен қырбай боп жүредi. Жылдар жылжып өтiп жатады. Нұр­пейiстiң шойнаңдаса да аяғы жазылады, қисайып қалған мойны түзелмесе де түзелгендей болады. Тән жарасымен қоса жан жарасы да жазылып, өткеннiң өкiнiшi ұмытыла бастайды. Ақыры саудайы екi досты Мырзахмет бастық қайыра табыстырып, алдарына үйiр-үйiр жылқыны салып бередi де, Арғыт тауының арғы жағына асырып жiбередi. Сол жылы баққан тайыншаларын күзде етке өткiзiп, сандалып бос қалған Лексейдi де анау екеуiне қосып, үшеу етiп қоса қоя бередi.

— Арғыттың арғы етегi жылы, жылқыларды тебiн­детiп, сол жақта қыстап шығыңдар! — деп тапсырады бастық.

Бастық айтқасын жан қала ма, бiр жарым күн жол жүрiп, жылқыны жая айдап, үшеуi межелі жерге де жетедi. Қысы қатты құдай атқыр Мұқырға қарағанда, бұл жақтың ауа райы әжептәуiр жылы болады екен. Оқтын-оқтын көшкi түсiп, қырат-беткейлердiң қары аршылып, тiлiм-тiлiм қарайып жатады екен. Баға бiлген малшыға өрiс жеткiлiктi, малды көшкi түскен шашынға тебiндетiп, алаңсыз қыстап шығуға болатындай жайлы мекен екен.

Алдымен ықтасын бiр тұсқа қостарын тiгiп, асты-үстiне қабаттап киiз жауып қымтайды. Қостың iргесiнен жылқы жусар қора ыңғайлайды. Жылқының семiздеу бiреуiн сол күнi жайратып соғымға сойып тастайды. Қостың қасынан шатыр тiгiп, оны ет сақтайтын салмаға, тамақ сақтайтын қоймаға айналдырады.

Осылайша, оңаша шыққан үш еркектiң өмiрi жәрмеңкенiң базарындай өтiп жатады. Жылқыға кезектесiп шығады, кезектесiп тамақ жасайды, тiптi аң-құс атуға да кезектесiп барып жүредi. Ана екеуiне қарағанда аңшылық өнерге Бектемiр бейiмдірек болыпты: бiр барғанда кекiлiк атып, келесi жолы ор қоян қанжығалап қайтады. Нұрпейiс пен Лексей күнi бойы бос тентiреп, түк таппаған соң, аңшылық жолдан екеуi де мүлдем бас тартады.

Жәрмеңкенiң базары да қашанғы жалғасар дей­сiң. Күндердiң күнiнде оның да қызуы басылып, қызығы қайта бастайды. Арада бiр ай өткеннен кейiн үш еркектi осынау саяқ тiрлiктерi жалықтыра бастайды.


***

Бірде таңертеңгiлiк тамағын iшiп, Бектемiр кезегi бойынша жылқыға кетедi. Кезегi бойынша Нұрекең орман кезiп, аң қарауы тиiс екен. Ол тiрлiгiнен бәрiбiр нәтиже шықпасын бiлген соң дем алып Лексейдiң қасында қоста қалады. Ет турап, тамақ дайындап жүрген Лексей төр алдында жамбастап, тiсiн шұқып ерiгiп жатқан Нұрпейiске былай дейдi:

— Әй, Нұреке, осы сен қашанғы Бектемiрдiң илеуiне көне бересiң? Аңқаулығыңды пайдаланып, ол ылғи  да сенi басынып алған, бессовестно обманывает... Ақыры, вот результат – инвалид боп қалдың! «Хватит» демеймісің!

— Оның рас қой, — дейдi Нұрекең мойындап. — Бiрақ Бекеңнiң салдыры бар да, салмағы жоқ аңқылдақ емес пе!

— Ну и ну... аяқты сындырып, мойынды қисайтса да защищаешь его... Это не игра, Нұреке? Көзiңдi ашып қара! Қорғанбасаң, қарға да көзiңдi шоқиды.

— Қазақтың ойыны қашанда қатты ғой.

— Ендеше сен де есеңдi алсаңшы? Екеулеп давай оны сазға отырғызайық?

Өстiп екеуi құпия келiсiп, ұзақ жылдар бойы қордаланған Нұрпейiстiң кегiн бiр қайтармақ болысады.

Жылқыдан қайтқан Бектемiр кештетiп қосқа кiр­генде — Нұрпейiс пен Лексей төр алдында алшыдан түсiп тырайып жата қалысады.

— Оу, не болды сендерге? — дейдi Бекең. 

Лексей көзi кiлиiп, тiлiн шайнап, былдырлап сөйлей алмайды. Араға Нұрпейiс түседi:

— Лексей бiр боза ашытып... соны iшiп мас боп жатырмыз,- деп міңгірлейді.

— Ол қандай боза? Сарқыт қалдырдыңдар ма? — деп Бекең де әуестене түседі.

— Әне, кәстрөлде ... сенiң сыбағаң! — дейдi Нұрекең мұрын астынан мыңқылдап

Суықтан бойы тоңазып, шаршап келген Бекең сөзге келмей кәстрөлдi басына қотара салады. Ішуін ішсе де жақтырмай тыжырынып:

— Мынауың ащы бірдеңе ғой? Бұл қандай боза өзi? — деп сұрайды. 

Ана екеуiнде үн жоқ, жауап жоқ, ештеңе естiмегендей қосты басына көтерісіп қорылға басады. Мас кісіден жауап күтіп қашанғы отырсын, дайын тамақты iшiп болған соң, Бекең де көрпе, жастығын жайып, төсек­ке қисаяды. Таудан онсыз да құр сүйегін сүйретіп қайтқан Бекең төсекке бас қойысымен-ақ қор ете түседі. Оның ұйықтағанын күтiп жатқан Нұрпейiс Лексейдiң үйретуiмен жайлап орнынан тұрып, үйдiң есiгiн арқанмен шаңдып байлайды да, қайта келiп үнсiз жата қалады.

Түн ортасына қарай Бекең алдымен қинала ыңыранады. Тыншы кетіп, ұйқысырап бiр аунап түседi. Қатты мазасызданып жатып, ақыры оянып кетедi. Iшiн басып, ары-берi дөңбекшiп тағы бiраз жатады. Қинаған іші онымен де басылмаған соң, созалаңдап орнынан тұрып, иығына тұлыбын iлiп есiк жаққа қарай өтеді. Қараңғы­да сипалап есiктi аша алмай бiраз әуреге түседi. Шыны аяқты салдырлатып сiрiңке iздейдi. Лексей күндiзден тығып тастаған сiрiңкенi қайдан тапсын, амалы құрып қайыра есiкке ұмтылады. Шандып байланған арқанның түйiнiн шеше алмай ұзақ қиналады. Ана екеуiнде үн жоқ, көрпемен бастарын тұмшалап, ауыздарын басып, Бекеңнiң әр қимылын аңдып жата бередi. Iштi бұраған дүлей күш ақыр соңында шыдатпаған болар, есiктi аша алмай, әбден қиналған Бекең не заматта:

— Тақ әкеңнiң... қап! — деп табалдырыққа жал­пиып отыра кетiптi.

Мұның бәрiн естiп-бiлiп жатқан төрдегi екеу айыздары қанып, күлкiден iштерiн басып мәз болысады.

Таң да атады. Түк бiлмегендей Лексей мен Нұрекең де орындарынан тұрады. Бұл түнде ештеңе болмағандай-ақ Бектемiр де сыр бермейдi:

— Ойға түсiп, шай-шақпыт, нан-сұн алып қайта­йын, — дейдi Бекең. — Жылқыны екеуiң кезектесiп баға тұрыңдар? Соңынан сендер де ойға түсiп, моншаға шомылып қайтарсыңдар.

Осылай уағдаласып, Нұрекең жылқыға кетедi, Бекең атын ерттеп, қоржын-қопсысын артып, ойға қарай тартады.

Содан суыт жүрiп отырып қас қарайып, ымырт үйрiле Бектемiр ауылға жетiптi. Ауыл iргесiндегi қыр басынан құлдилағаннан-ақ «ой, бауырымға» басады ғой. Айдаладан айқайлап жоқтау айтып, қалың иттi шулатып, барша ауылды дүрлiктiрiп ат басын Нұрпейiстiң үйiне бiр-ақ тiрейдi. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, шашын жұлып аңырап Нұрғызайын шығады үйден. Сонымен не керек, Нұрекеңнiң шаңырағына жарты ауыл жиналып, азан-қазан болысады.

«Арманда кеткен Нұрекем, қапыда кеткен Нұрекем-айлап» Бекең аһ ұрып, қақырынып-түкiрiнiп, iштегi қайғысы мен құсасын запыранмен шығарған болады.

Оқыста не болғанын әлi жете түсiнбесе де, Нұр­пейiстiң қапияда мерт болғанын ұғысып, жиналғандардың да қабырғасы қайысады.

Ел-жұрт есiн жиған кезде барып, Бекең тай-құлындай тебiсiп бiрге өскен қайран құрдасының қалайша мерт болғанын ұзақ сонар әңгiме етедi. Сығымдап көзiне жас алып отырып айтқан Бекеңнiң сондағы әңгiмесi мынау екен.

Томаға-тұйық Нұрекеңдi аңқау деп, момын деп былайғы ел албаты шатып жүргенге ұқсайды. Ер егесi еңiсте, батырды кебенек iшiнде таны деген, нағыз Нұрпейiстi жылқы баққан саяқ өмiр танытыпты. Сөйтсе — Нұрекең сегiз қырлы, бiр сырлы сырбаз жiгiт екен ғой! Былпытып тамақ пiсiрiп, әспеттеп әсiп жасаған аспазшылығын, яғни тiлдi таңдайға тақ еткiзер дәмдi дастарқан әзiрлеген биік өнерiн былай қойғанда, бiздiң Нұрекең құралайды көзге атқан ақырзаман аңшы екен. Екi күннiң бiрiнде елiк атып, етке кеңiрдектен мелдектеткенiн санамағанда, арадағы бiр айдың iшiнде алты бұлғын ұстапты. Құдай кешсiн, аузынан жазып Бекең қате айтыпты, өлер күнi ұстаған әнебiреуiсiн қосқанда, жетi бұлғын екен ғой! Аңшылыққа деген осындай көзсiз құмарлық Нұрекеңдi ақыры алып жығып, мерт етсе керек... Алдыңғы күнi самырсыны сыңсыған қалың терiстi тентiреп, аң аулап жүрген кезiнде, Нұрекең оқыста топ етіп аюдың апанына құлап кетедi. Мезгiлсiз оянып кеткен шатын аюдың ашуы  оңдырсын ба, Нұрекеңдi екi бүктеп астына салып, пәршелеп тастапты. Жоғалған Нұрекеңнiң соңынан Лексей мен Бектемiр із салып iздеп шығып, аюды атады да, Нұрекеңнiң шашылған сүйегiн жинап-терiп қапқа салып, қос басына көтерiп алып келеді.

Нұрекеңнiң басы, бiр қолы мен ақсақ аяғы бөлек қалған екен, қатқан қанды жуып, киiзге арулап орап, ойға түсiруге дайындап қойысыпты. Жылқы мен қосты күзетiп, көзi бұлаудай боп Лексей қала берiптi, тездетiп ауылға хабар беру үшiн бұл Бектемiр ойға тартыпты. 

Бар жағдай осы екен.

Мұндай қасiреттi естiген елде ес қала ма, түнi бойы ұйқы жоқ, сүйектi алып қайтуға төрт ат, төрт жiгiт, бiр зембiл дайындап, таң атпай Арғытқа аттандырады

Ертеңiнде жақын жерге ат шаптырып, алыстағы жұрағаттарға телефон шалып, телеграмма салып хабар берiседi.

Науқанға деп Нұрпейiстiң жарап тұрған кер биесi сойылады. Бұл күнi Бектемiр қатын-қалашқа бас-көз болып, ақыл-кеңесiн айтып дөңгеленіп Нұрекеңнiң ошағының басында жүредi. Келесi күнi ертемен Мырзахметтің кеңсесіне  барып:­

— Бiрер күнге аудан жақты жағалап, жүрегiмдi тексертпесем болмайтын сияқты... Мына сұмдықтан кейiн жүрек жазған аздап шайқалып кетсе керек. Рұқсат ет! — деп жүрегін басып өтiніш жасайды.

— О не дегенiң, Беке? Барып қайт... Құрдас деген оңай емес қой, бiз сiздiң жағдайыңызды біліп отырмыз, — деп Мырзахмет асқан түсiнiстiк танытып, сөзге келмей рұхсатын берiптi.

Бастықтан рұқсат алған Бекең «аудан қайдасың» деп алды-артына қарамай безiп отырады. 

Арғытқа кеткен төртеу де келесi күнi кешке қалың қарды омыраулап, сүйретiлiп жетедi.

— Не болды? Сүйек қайда? Зембiл қайда?

— Нұрпейiс өлмек түгiл, дәнеңе еткен жоқ, дiн аман... Лексей екеуi жылқысын бағып, Бектемiрдi күтiп тауда жатыр, — дейдi Арғыттан қайтқан шабармандар күлкiден iштерiн басып.

Мұны естiгенде Мырзахмет бастық ілмиген арық болса да ашудан жарыла жаздапты. Нұрғызайын бәйбіше өздiгiнен жүруден қалып, сүйемелмен төсекке барып құлапты.

Жылқы сойылған, қой бауыздалған, қазан-ошақ асылған, алыс-жақындағы жұрағат-жекжат жиналған, не iстеу керек ендi?

— Мұндай қорлықты көрсеткенше Нұрекемнiң аман-есен өлгенi жақсы едi ғой! — деп Нұрғызайын ықылық атып, жұртқа бет көрсетуден қалыпты.

Бұл бұрын-соңды ел естiмеген сұмдық едi. Ауданға кiсi шаптырып, Бектемiрдi жауапқа тартатын емес, жиналған елдiң бiрi күлiп, бiрi жылап, еттi жеп, тамақты iшiп үйдi-үйiне тарқасады.

— Ыңғайсыздау жағдай болған екен, неге осыншалық қатты кеткенсiң? — деп кейiннен құрдастары Бекеңнен сұраса керек.

— Қос iшiнде қиналып, менiң масқара болғанымды бiлсеңдер — жылқы соймақ түгiлi, түйе сойғызар едiңдер! — дептi Бекең.

— Әй, Нұреке, Бекеңдi соншалықты нағып қинап, масқара етiп жүрсiңдер? — дейдi құрдастары Нұр­пейiске.

— Боза деп терiнiң иiн iшкiзiп едiк... — дейдi Нұрекең күмiлжiп.

— Ендеше, екеуiңнiң де есептерiң түгел бопты! — деп құрдастары Бектемiр мен Нұрпейiстi бәтуаға шақырып, қол алыстырып татуластырған екен.

Мiнеки, екi достың қиқыметi осындай... 

Нұрпейiстiң дүние салғанына да қазiр бiраз жыл болған. Шүкiршiлiк, Бектемiр әлі дін аман, Мұқырдың ақ сақалды, сары тiстi көсемi, қадiрлi қариясы боп жүрiп жатыр.

* * *

Ел басына күн туып, күнбатыстан соғыс өртi шыққан кезде Мұқырдың да бiршама ер-азаматы майданға аттанған болатын.

Содан аман-есен ауылға оралғандары алтау едi.

Қазiр сол алтаудың iшiнен қалқиып тiрi жүрiп жатқандары Әмiр мен Метрей, Бектемiр мен Нұрғали ғана.

Арызқой Орынбайдың денсаулығы келiспей, әскерге жарамай қалған. Мырзахмет бастық ол заманда да ат үстiнде жүрген шолақ белсендi еді, тылды нығайту мақсатында военкомат ол кiсiнi арнайы броньмен қалдырыпты. Ұзынтұра Лексей iшкi жақта өстi ғой, соғыс жылдарында ол әлi кәмелетке толмаған жасекен. Қанапия мен саңырау Кәрiм соғысқа қа­лайша бармай қалды, ол жағын өздерi де бiлмейдi. Өзi соғыстың иiсiн сезбесе де, соғысқа барып қайтқан­дар жайында пiкiрдi көп айтатынның бiрi — тағы да осы Қанапия.

— Әмiр әпендiге дауым жоқ, — дейдi Қанапия. — Нағыз передовойда болып, кантож боп қайтты ғой... Ал анау Нұрғали мен Бектемiрге менiң күдiгiм бар...

— Неге? — дейдi ондайда қызыққа құмартқыш Рахман секiлдi әуесқой жастар. 

— Бектемiр басқалармен салыстырғанда ақылды әрi айлакер. Соған қарағанда ол штабтың маңында жүрiп, жанын сақтап қалған сияқты. Бекеңнiң «соғыста оқ тиiп, жараланып едiм» дегенiн естiгендерiң бар ма?

— Жоқ.

— Мiне, көрдiңдер ме... Соғыс төрт жылға созылды. Осы төрт жыл iшiнде қарша бораған қалың оқтың бiреуi, тым болмаса саусағының ұшын сызып кетпедi дегенге кiм нанады.

— Рас айтасыз...

— Яғни, бұдан бiз Бекең штабта, бастықтардың қасында, жылы жерде бұғып қалған деген жорамал жасаймыз.

— Нұрғали ата ше?

— Нұрекең Бектемiр секiлдi оқығаны жоқ, қара танымайды. Мылтықты да қай жағынан атуды бiлмейдi. Сондықтан Нұрекең отын жарып, күл шығарып, асхананың айналасында жүрдi деген болжам бар.

— Бiр аяғы жоқ қой... протез?

— Пәлi... Сендер оның аяғы соғыста жоғалған деп жүрсiңдер ме?

— Әрине!

Қанапия қарқ-қарқ күлiп, төңкерiлген қарынын риза пейiлмен аялай сипап қояды.

— Нұрғали жаман аяғын соғыста садақалаған болса — хан көтерiп құрмет көрсетпес пе едiк... Ол бейбақ аяғынан ай мен күннiң аманында айрылып қалған.

— Қайтiп?

— Көккөлде кен қазам деп желiгiп, көшкiге қалып, аяғы үсiп, гангрена бопты ғой. Сосын браштар кесiп тастапты. 

Қырқылжың Қанапияның ауылдағы соғыс арда­герлерi туралы жастарға айтар уағызы, мiне, осындай. Ал тот басқан қаңылтырдай өн бойы шұрық-тесiк, бетi тыртық, өзi «кантож» Әмiр туралы әңгiме бола қалса — сөзшең Қанапияның да аузына құм құйылатын.

Мұқырлықтардың баршасы Әмiр шалды көзiнше «Әужеке» дескендерiмен, кейде сыртынан «әпендi» деп те атайтын едi. Ал бәйбiшесi — Рәзия кемпiр «кантож» дейдi. Рәкеңнiң «кантож» дегенi — контужныйсың, байқұс, сенiң миың шайқалып, есiң ауысыңқырап кеткен деп шалын кемсiткенi болатын.

Рәзия — Әмiр шалдың құдай қосқан қосағы, сондықтан да бiрдеңенi бiлiп айтады...

Ол кiсiнiң Ұлы Отан соғысынан миы шайқалып, шашы жидiп түсiп, қыли көзденiп жарымжан боп қайт­қаны рас-ты.

Қырық үштiң қақаған қысында қош айтысып майданға батыс жаққа кетiп едi, германымен қоса жапондардың соғысын да тамамдап, үйiне қырық алтының жазында шығыс жақтан оралған. Соғысқа он тоғыздағы қылшылдаған бозбала күйiнде аттанып едi, соғыстан тыртық бет, әжiм маңдай егде тартқан еркек боп қайтқан. Содан берi Әужекеңнiң ел құсап жа­дырап күлiп, жазылып сыр ашқанын ешкiм әлi көрген жоқ.

— Әужекең баяғыда Рәзияға үйленгенде де тобық жұтқандай томсырайып отырып алған, — дейдi Бектемiр соғыстан соңғы аздаған қуаныштарды еске алып. — Тойға жиналған жұрт өлең айтып, би билеп жатыр, ал Әужекеңде үн жоқ, той бiткенше отырған орнынан тыпыр етпедi.

Әужекең үндемей жүрсе де үйдей шаруа тындырып жүретiн кiсi. Әрi Әужекеңдi мүлдем үндемейтiн, жақ ашпайтын жан екен деуге тағы болмайды. Ол кiсi қайда жүрсе де өзiмен-өзi күбiрлеп сөйлесiп, қашанда тұңғиық ойға батып жүредi. Мiнеки, соғыс бiткелi де қырық жылдан асты, Әужекеңдi содан берi түйiнi қиын бiр мәселе әлi күнге мазалаумен келедi. Миы құрғыры қаттырақ шайқалып кеткен бе, соғыстағы командирiнiң аты-жөнiн шатастырып алыпты. Әужекеңнiң ұғымында — бұл барып тұрған опасыздық, сондықтан өзiнiң бұл жөнсiздiгiн әсте кешiре алмайды. Қырық жыл бойы жатса-тұрса осы жайды ойлап, қиналумен жүр... Әй, өзi де Алланың нұры түскен, от боп жанған өрт жiгiт едi ғой! Кiшi лейтенант болатын. Алматыда оқу оқып жүргенде әскерге шақырылыпты. Гармоньда ойнаған кезде көз iлеспес виртуоз­ едi, әндi де әуелете шырқап беретiн, әңгiмеге де шешен едi сабазың. Өрiмдей жас жiгiттiң өнерi құмарыңды қандырып, қайран қалдыратын. Амал қанша, сол жiгiт минаға түсiп, оқыс мерт болды. Түгi де қалған жоқ. Лағнет атқыр сұм соғыс болмаса ғой, ол жiгiттен әдемi азамат, өнерпаз өрен өсiп шығар едi-ау! Он екiде бiр гүлi ашылмай жатып қыршынынан қиылды да кеттi әнеки! Бойындағы бұлқынған қуаты, бұлықсыған таланты, бәр-бәрi өзiмен бiрге ғайып болды, мәңгi бақи келмеске кеттi. «Тағдыр дегенiң әдiлетсiз екен. Әдiлет болса — соғыста мен өлiп, ол тiрi қалар едi ғой? Сөйтiп, ондай асыл азамат туған еліне менен гөрi көбiрек пайда тигiзер едi, көбiрек қуаныш әкелер едi», — деп мүжілетін кейде Әужекең.

Өлер адам өлдi, қанша қиналғанмен ендi оны қайтып тiрiлте алмасын тағы бiледi. Оның орнына нағып мен өлмедiм деу де астамшылық шығар әсілінде. Мәселе — мезгiлсiз шейiт болған сол азаматтарды қастерлеп есте сақтауда ғой... Әужекең болса — есте сақтағаны сол, ол жiгiттiң аты-жөнiн де ұмытып қалыпты. Әрине, ол кiсi офицер, взвод командирi, бұл болса көптің бірі, қатардағы солдат. Офицермен төс қағыстырып, арқа-жарқа дос бола алмасың екі бастан белгiлi. Офицермен арадағы әңгiме де көбiне ресми: «Жолдас командир, жолдас пәленшеден» әрiге аса алмайсың. Әскер болғасын байқұс солдатқа бастық та көп, командир де жетедi. Әйтсе де осы кіші лейтенанттың орны солдаттарға бөлекше едi. Ендi, мiне, сол бір әндей әдемi азаматтың Игiлiков Мүсiлiм бе, әлде Мүсiлiмов Игiлiк пе — шатастырып алғаны бұл Әужекеңнiң. Қырық жылдан берi есiне түсiре алмай, пұшайман хал кешiп, шақшадай басы шарадай боп жүргені.

— Рәзия, — дейдi кейде бәйбiшесiне баяу ғана үн қатып. — Есiме түстi, Игiлiков Мүсiлiм болатын. Тура солай... Жарықтық, жүзінен шұғыла ескен жаны жайсаң кiсi едi ғой!

— Рәзия, — дейдi келесi күнi жiгерсiздеу тiл қатып. — Кеше қателестiм бiлем, ұмытпасам оның аты Мүсiлiмов Игiлiк секiлдi. Осындай асыл азаматтың атын неғып шатастырып алдым екен?

Рәзия апай шалының сөзiне баяғыда бұлқан-талқан ашуланушы едi. Жүре келе оған да құлағы үйренiп алды. Қазiр тiптi адам екен деп шалының сөзін құлағына ілуді де қойған... Мүсiлiмов Игiлiк пе, жоқ әлде Игiлiков Мүсiлiм бе, Рәзия апайдың онда қандай шаруасы бар? Жүнiн түтiп, ұршығын иiрiп, насыбайын атып кәкір-шүкір өз қарекетімен отыра бередi.


***

Осы сияқты көңiлiн алаңдатқан мазасыз ойлар күндердiң бiр күнiнде Әужекеңдi әлдебiр әрекетке бастаған болатын.

Әужекең қазан туа қолына бiлемдеп балтасын ұстап, белiне шотын қыстырды да, ауылдың терістік шетiне қарай аяңдаған.­

Ауыл iргесiндегi қырқаның үстiнде сыйдиып баяғыдан балқарағай ағашының мүжiлген кәрi молағы тұратын. Барған бетте Әужекең әлгi молақты шауып өңдеп, ойға алған шаруасына кiрiсiп берген. Содан, ол кiсiнiң неше күн ақ тер, қара тер боп арпалысқаны белгiсiз, қазан мейрамының қарсаңында жұмысын аман-есен аяқтап шыққан.

Сөйтiп, ауыл iргесiндегi қырқаның биiгiнде қолына автомат ұстаған, басына каска киiп қасқайып тұрған солдаттың ағаш ескерткiшi пайда бола кеттi.

«Әмiр шал алжиын деген бе, қу молақты жаңқалап не iстеп жүр?» — деп мүсiркеген жұртшылық жарқыраған ескерткiштi көрген кезде бастарындағы бөркiн шешiп, тағзым етiстi.

Соңынан Әужекең ағаш мүсiннiң астына көлденеңiнен жалпақ тақтай шегелеп, тақтайға қызыл бояумен «Сендердi ешқашан ұмытпаймын!» деген ұран жазып қойды.

Былайғы шаруаны санамағанның өзiнде, ағаштан адам шапқан кiсiнiң шеберлiгiн айтып жату артық шығар. Ендеше ағашқа қолы шебер кiсi жазуды да тас­тай етiп әдемiлеп жаза алады екен. Қол бiлген соң аянсын ба, Әужекең жаңағы «Сендердi ешқашан ұмытпаймын!» деген iрiлеу ұран сөздiң астына: «Махарадзе, Игiлiк Мүсiлiм, Сегiзбай Айдарбеков» деп кiшiлеу қарiптермен үш адамның атын маржандай етiп қосымша тiзiп шыққан.

— Бұл Мұқырда Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткiш жоқ едіАуылдастарыңызға ескерткiш жасап бергенiңiз үшiн, Әмiр ақсақал, сiзге мың да бiр рақмет! — деп кiтапханашы Дәулетқан ескерткiш бiткен күнi дүкен алдындағы жұрттың көзiнше Әужекеңе зор ризашылығын бiлдiрдi. — Мен бастықтарға барып айтамын: жетiншi ноябрь күнi бiз бұл ескерткiштi ресми түрде ашуымыз керек. Сiз оған дейiн бұл ескерткiштi аппақ матамен жауып қойыңыз... Көрiнгенге көрсете берсеңiз көз тиедi.

— Оның да жөн шығар... Бiрақ әлгi ақ мата дегендi қайдан алам? — деп Әужекең ауыл мәдениетiнiң белдi өкiлiне шындығын айтты.

— Простыня жапсаңыз да болады.

— Ол үшiн кемпiрiм менi үйден түрiп шығады ғой?

— Жарайды, ол жағын көмектесермiз... Материалы ағаш дегенi болмаса — ескерткiште мiн жоқ. Тек сiз өз атыңыздан ғана арнау жазған екенсiз. «Ұмытпаймын» депсiз... Олай эгоист болуға болмайды, ақасақал! «Ұмытпаймыз» деп баршамыздың атымыздан жазыңыз? Сөйтiп өзгерткенiңiз дұрыс!

— Бәсе деймiн... Соғыста жалғыз сенiң ғана туысың өлген жоқ қой! — деп топтың iшiнен әйелдер шаптықты. — Бiз де жетiсiп жүрген жоқпыз... Жазар болсаң бәрiнiң атын жаз!

— Бұлар Әужекеңнiң туыстары емес, — деп бiреу ара түсiп, саяси сауаты шамалы әйелдерге түсiндiрген болды. — Бұлар Әужекеңнiң соғыста мерт болған достары. Көрдiң бе, әнеу бiреуiсi грузин көрiнедi...

— Бұл шал алжиын деген бе... Соғыстан қайтпай қалған ағасының атын неге жазбайды?

— Шорт бiлiп пе... Ұмытып кеткен шығар.

— Туысын ұмытқаны несi?

Әужекең басына үйiрiлген даудан қашқалақтап, арнау сөздi көпше түрде жазуға бас шұлғып уәде бердi.

— Күннiң аптап ыстығы, жауын-шашын бар дегендей, бетiн лакпен сырлап қойса жөн болар едi, — деп Әужекең ұсыныс-тiлегiн қосты. — Дәулет қарағым, сен осы жағына көмек етпейсiң бе? Тiлiң өтедi ғой, запқоздан лак сұратып берсеңшi?

— Қатырамыз, ақсақал! — дедi Дәулетқан.

Әужекең ертеңiңде ертемен жазуды өзгерту үшiн қолына бояуын ұстап, сүргiсiн қолтықтап ескерткiшке келген. Келсе, өзi жазған үш адамның қасына тағы бiр кiсiлердiң аты-жөнi қосылыпты: «Шағатаев Тұрғанбек, Шағатаева Меңсұлу». Мұны оқыған кезде Әужекеңнiң қолтығына қысқан сүргiсi сырғып түсіп кеттi.

— Бәтiреке, Меңсұлу соғыста өлген жоқ едi ғой? Бұлары қай мазағы! — деп көзі тұманданыпжерге қисая бердi.

 Шаруа жасайын деп шабыттанып-ақ келiп едi, сол ниетiнiң бәрi адыра қалды. Басының сақинасы ұстап, ештеңеге құлқы болмады. Көкейiнде «кiм жазды екен?» деген жалғыз ғана сұрақ тұрды. Ұлы мен келiнi дейiн десе, осыдан екi жыл бұрын Меңсұлудың ұлы — Айбар ауданға жұмысқа ауысып, Катонға көшiп кеткен. Олардың иен қалған үйлерiнде қазiр екi мұғалима қыз пәтерде тұрады. Ол қыздар бөтендер ғойТұрғанбек пен Меңсұлудың жайын қайдан бiлсiн... Сонда мұны жазған кім болды? 

Кiм болса да маржандай тiзiп, бар өнерін сала жазыпты. Ерекше сүйіспешілікпен, бөлекше ықыласпен өрнектеген.

Апырмай, расында бұл кiм болды екен?

Жарайды, Тұрғанбектiң жөнi бөлек делiк, майданда шейiт болған, арманда кеткен боздақ қой. Дұрыс-ақ! Ал Меңсұлуды қосқандары несi? Меңсұлу соғыста емес, бертiндерi, алпысыншы жылдардың соңында дүние салды емес пе?

Әрине, Меңсұлу мұңлықтың қалайша дүние салғанын бiр Әужекең ғана емес, бүкiл Мұқыр өңiрi бiледi.

Ол уақиғаны бүгiнде еске алудың өзi жүрекке ауыр.

Ондай қасiреттiң бетiн ендi аулақ қылсын де, кейiнгi ұрпақ ондайды бiлмей-ақ қойсын де!


***

Әй, өзi де Меңсұлу десе дегендей-ақ едi-ау!

Аққу мойын, қылыш қас, боталаған жанары қараған жанның көңiлiне шоқ тастайтын. Айтса айтқандай-ақ, жөнi бөлек меңсiз сұлудың нағыз өзi едi ғой! 

Меңсұлу жалғыз, жiгiттер көп, сұлу қыз қайсы бiреуiне жетсiн. Ауылдастарын алаңдата бермей, бой жеткен соң Меңсұлу да жiгiттердiң бiреуiн қалаған. Сондағы қалағаны қандай жiгiт едi десеңшi! Түр десең түр бар, бой десең бой бар, ой десең ой бар, құдай тағала бар асылды бiр өзiне үйiп-төге салғандай Тұрғанбек деген жiгiт болатын.

— Ей, қу дүние, содан берi де көп заман өтiптi-ау!

Төбе басындағы ағаш ескерткiштiң түбiнде отырған Әужекең ауыр күрсiнiп, терең-терең ойға батты.

...Үндемей жүргенiмен осы Әужекең керемет киношыл кiсi-тiн. Ымырт түссе болды, қиралаңдап клуб жаққа қарай аяңдайды. Әлдебiр ұятты қонақта болып, немесе өлiм-жiтiмге қатысып, құран-қатымнан шыға алмай қалмаса, бұл ауылда көрсетiлген кино атаулының бiрде-бiрiн Әужекең құр жiберiп көрген емес. Қандай кино екенiне де қарап жатпайды, үнсiз барады да, бiр бұрышқа жайғасып отыра қалады. Киномеханик бала көршi ауылдың жiгiтi едi, Әужекеңнiң киношылдығын ол да әбден мойындап:

— Әмiр ата көрiнбейдi ғой, сәл күте тұрайық! — деп кейде Әужекең кешiгiп жатса киноны бірден бастамайтын.

Әужекең кино үшiн күнде ақша төлеп жатпайды, зейнет ақысы келген күнi алдын ала төрт сом өткiзiп қояды, сол ақшасы бiр айға артығымен жетедi. Төрт сомды есептеп шығарып жүрген де сол киномеханик баланың өзi:

— Күнiне 20 тиыннан, сiз 20 күн келедi деп есептесек — төрт сом болады. Оның арғы жағындағы 10 күндi сiздiң актив көрермен екенiңiздi ескерiп, сосын әлдебiр себептермен келмей қалу мүмкiндiгiңiздi де ойластырып — есептен шығарып тастадық.

Шығарып тастағаны жөн-ау, бiрақ кейде ол баланың бiр киноны қайта-қайта, екi-үш рет қойып жiберетiнi қинайды. «Бәтiреке, мынасын кеше көрген секiлдiмiн ғой?» — деп таң қалады Әужекең ондайда. Бiрақ бәрiбiр үндемейдi, тыпыр етпей аяғына дейiн шыдап, қайталап көрiп шығады.

Борсып үйде жатқан басқа шалдармен салыстырғанда, киношыл қасиетi Әужекеңнiң өресiн бiршама кеңейтiп тастаған. Үндемейдi, үндемегенге осы шал түктi бiлмейдi деп ойлайды былайғы әлеумет. Расында олар қателеседi, қателескенде оңбай қателеседi... Жасырмай шындықты айтар болса, қыр басына соғыс құрбаңдарына ескерткiш жасау идеясын Әужекең сол кинодан алған болатын.

Тұрғанбек пен Меңсұлудың тағдыры Әужекеңе тағы да өзi көрген көп киноны еске салған едi. Аққудың көгiлдiрiндей боп, бiр-бiрiне кереметтей жарасқан, бiр-бiрiне өлердей iңкәр болған жастар жайында талай-талай кино көрдi. Өзгелерге үлгi болардай ондай iңкәрлiк, таңғы ауадай тазалық тек кинода ғана болатын шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, бұл адамдар өз айналасындағыларды аңдамайды екен ғой! Қолда бар алтындарын бағалай алмай, асылдың бәрiн шарқ ұрып алыстан iздейтiнi несi екен? Әйтпесе, бiлген жанға Тұрғанбек пен Меңсұлудың махаббаты киноға да, дастанға да лайық тағдыр емес пе едi!

Тұрғанбек майданға — қырық екiнiң күзiнде шақыртылды. Ол кезде Меңсұлумен жарасып, сөз байласып жүргендерi болмаса, әлi үйлене қойған жоқ-ты. «Тұрғанбек пәленше күнi майданға аттанады екен» деген хабарды естiген бойда, Меңсұлу сүйгенiне тұрмыс­қа шықпақ боп бекiнедi:

— Мен соғыста мерт болсам күнiң не болады? Оданда соғыс бiтсiн, майданнан аман-есен оралайын, сосын отау құрармыз? — деп Тұрғанбек ақылға шақырып тоқтау салады. Меңсұлу бәрiбiр оған көнбесе керек. «Майдандағы азаматын күтiп отырар үйде жары болса — Ғайып ерен, қырық шiлтен қорғап-қоршап жүредi» деп уәж айтыпты. Құдалас болмақ екi жақ көнгiлерi келмесе де, Меңсұлу көндiрiптi. Ақыры аяқ астынан той жасалып, екi жастың некесi қиылады. Үш күннен соң қош айтысып Тұрғанбек майданға кете барады.

Қайран Меңсұлу, күнi-түнi тәңiрге жалбарынып, Аллаға сыйынып, Тұрғанбегiнiң амандығын тiлеумен болушы едi. Жазғанның сол ақ тiлегi қабыл болмады... Сенiп тапсырған Ғайып ерен, қырық шiлтенi сүйген жарына қорған бола алмады. Тұрғанбегi сол кеткеннен өзi жанындай жақсы көретiн Алтайдағы аяулы ауылына, ол жердегi теңдессiз көркем Меңсұлуына қайтып оралған жоқ.

Өмiрге iңгәләп Тұрғанбектiң соңында қалған жалғыз тұяғы — Айбар келдi.

Жылдар жылжып өте бердi.

Жылжып жылдар өтсе де, «Тұрғанбегiм келедi» деп Алладан үмiтiн үзбей, Айбарды аялап өсiрiп Меңсұлу жүрiп жатты.

Тұрғанбектен «хабар-ошарсыз кеттi» деген қаралы қағаз алған соң, ауылдастары да «жоғалған адам табылып қалар» деген ойда едi. Соғыс аяқталып, арада төрт-бес жыл өтiсiмен ағайын-туыстың баршасы Тұрғанбектен күдер үзе бастағандай болған.

Бiрақ Меңсұлу өзiнiң Тұрғанбегiнен үмiтiн әсте үзбеп едi. Бүгiн болмаса ертең келердей, ертең болмаса бүрсiгүнi келiп қалардай алаңдаумен көп жылғы өмiрiн өткiздi.

Тұрғанбектiң ендi қайтып келмесiн бiлген соң, Меңсұлудай мұңлыққа құда түсушiлер көбейiп кеткен. Сұлуды көрсе еркек деген арсыздау келедi екен, Меңсұлуға көз салмаған, пiш-пiштеп сөз айтпаған Мұқырда еркек қалмады. Ауылды былай қойғанда, алыстан ат арытып, басқа жақтан да құда түсушiлер табылып жатты. Бiрақ соның бәрiне Меңсұлу кесiмдi жауабын берiп, ақылмен алдап-сулап шығарып салатын. 

Өмiр өтiп жатты, өтiп жатқан өмiрмен қоса әке-шеше, ата-ене де бұл дүниеден қайтты. Бәрiбiр Меңсұлу сүйгенi Тұрғанбектен күдерін үзген жоқ. Көз қуа­нышы, жалғыз ұлы азамат боп ержеткен соң, қолда бар азын-аулақ малын сатып, Айбарын Алматыға оқуға жiбердi. Әкесiне тартқан өжет болды ма, Мұқыр ауылының тағдырындағы тұңғышы болып Айбар университетке оқуға түстi. Бес жыл университетте оқып, күректей дипломмен ауылға қайтты. Айбарын қарсы алған Меңсұлудың қуанышында шек болмады. Сол жылдың күзiнде ұлан-асыр той жасап, Меңсұлу келiн түсiрдi.

— Тұрғанбектiң бiр арманы орындалды! — дестi жұрт Меңсұлуға шын риза болып.

Тағдырға шара бар ма, ауылдастары сол жылдың қысында аяулы Меңсұлуларынан ойда жоқта айрылды да қалды...

Баласы мен келiнiн аяқтандырып, шаруа-жайды табыстап ыңғайлаған соң, бiр күнi таңсәрiден өзенге барыпты да, мұздың ойығына түсiп кетiптi...

— Апырмай десеңшi, қырбақ бетiнде суатқа бастаған iзiн көрдiк. Соңына бұрылып соңғы рет қарамапты да ғой... Неткен қайсар жан едi! Тiке жүргеннен жүрiп отырып, еш қиналыссыз барған да, аттап басып түсiп кеткен. Суаттың ернеуiнде шашақты шәлісі жатты. Тегі ол шәліні әдейі тастаған сияқты, — дейдi Бибiш апай көзiне жас iркiп.

Елдiң айтуынша, Меңсұлу өлер алдында келiнi мен ұлына бiр жапырақ хат пен сақтық кiтапшасын қалдырған екен. Сақтық кiтапшасында ұлы мен келiнi үшiн өмiр бойы тiрнектеп жиған азын-аулақ тиын-тебенi бар екен. Ал жалғыз парақ қағазға: «Шешелерiңнiң бұл әрекетін сөкпеңдер, түсiнуге тырысыңдар, кешi­рiңдер, құлындарым менiң. Өмiр бойы Айбарымның отау тiгiп, өз қолы өзiне жеткен күнiн аңсап келiп едiм, оны да көрдiм. Мен ризамын сендерге! Ендi менi ұстамаңдар, балаларым. Тұрғанбегiмдi, сендердiң әкелерiңдi күтумен өттiм, оны өлердей сағындым. Мен де ет пен сүйектен жаралған пендемiн ғой, әкелерiңдi күте-күте әбден шаршадым, тоздым. Бұдан әрiге шыдауға төзiмiм таусылды, қуатым сарқылды. Қаншалықты сарғая күткеніммен әкелерiң келмедi. Ақыры Тұрғанбексiз мына өмiр тұл екенiн ұқтым. Ендi әкелерiңе өзiм барайын деп бекiндiм. Қош, қос құлыным, қош болыңдар, шеше­лерiңдi сөге-жамаңдамаңдар, түсінуге тырысыңдар!» деп, келiнi мен ұлына аманат хат тастап кетiптi. 

Мiне, аттары бiр түннiң iшiнде маржандай тiзiлiп ескерткiшке жазылып қалған Тұрғанбек пен Меңсұлудың тағдыры осындай болатын.


***

Ағаш ескерткiштiң содан кейiнгi жайы тiптi қызық болды: түбiндегi тақтаға күн сайын пәленше адамның аты тiркелiп жүрдi. Әркiм ұрланып барып өзiнше жазып кетедi, жазудың бiреуi түзу, бiреуi қисық. Ақыры тақта тұтастай жазуға толған соң, Әужекең ескерткiштiң табанына тағы бiр тақтай жалғаған, белгiленген кесiмдi күнi әлгi тақтай да айбақ-сайбақ жазуға толған болатын.

Қарашаның жетiсi күнi совхоздың парторгi бастап, Дәулетқан қостаған ауыл белсендiлерi қыр басына бiр қауым адам жинап, салтанатты түрде ескерткiштi ашты. Парторг алдымен қазан төңкерiсiнің маңызы туралы, сосын кешегi сұрапыл соғыста қаза болған есiл ерлер жайында, сондай-ақ осынау ашылғалы тұрған ескерт­кiштiң интернационалдық, патриоттық рухтағы тәрбиелiк мәнi төңiрегiнде ұрандата сөз қозғапіш пыстырған ұзақ сонар баяндама жасады. Іш пыстырса да парторгтың баяндамасы зор ықыласпен тыңдалып, соңында митингiге жиналғандар қуаныштан ду қол шапалақтасты. Артынша мектеп көркем өнерпаздарының күшiмен соғыс және еңбек ардагерлерiне арналған шағын концерт қойылды.

— Бұл ескерткiш — уақытша ескерткiш! — дедi парторг концерттен соң, митингiнi жабар сөзiнде. — Бiз болашақта дәл осы төбенің басына соғыс құрбандарына бетон мен граниттен еңселі монумент орнатамыз! Ол монумент айбарланып, айдындалып күншіліктен көз тартатын болады! Солай, жолдастар!

Әрине, болашақта граниттен ескерткiш қоя ма, жоқ па, бастықтар ақылдасып өздерi шеше жатар. Бiрақ парторгтiң ағаш ескерткiштi өзi орнатқандай-ақ бөскенi аздап Әужекеңнiң көңiлiне келген. «Тым болмаса оны жасаған кiсiнiң атын атап, жиналғандардың көзiнше бiр ауыз рақымет айтпағаны қалай?» деп кәдімгідей мұңайып қалды. 

«Ә, мейлi, — деп жұбатты соңынан өзiн. — Мен ескерткішті бiреуден рақымет естиін деп жасағам жоқ қой!».

Дәулетқан лакты ақыры таба алмады. Қара суға дейiн қарай-қарай беретiн завхоз «жоқ» деп жіпсік көзін жыпылықтатып, қолын жайыпты. Жаны шықсын, ескерткiштей қасиеттi мүлiк үшiн жерден қазса да бiрдеңенi табуға болатын едi.

Жауын-шашын, қыс пен жаз дегендей, жалаңаш ағаш қырық құбылған табиғатқа қашанғы шыдасын, кейiнгi кезде әр тұстан сызат пайда болып, қаңсып жарыла бастаған. Тегi, балалардың шаруасы болар, өткен жылы ескерткiштiң қолындағы автоматты сындырып алып кетiптi. 

Қазiр қолындағы автоматынан айрылған ағаш солдат қыр басында қаңсып әлi тұр. 

Баяғыдағы «граниттен монумент орнатамыз» деген парторгтiң уәдесi мұзға жазып, күнге кептiрген сөз боп қалды. Егерде парторг аудан жаққа бас­қа жұмысқа ауысып кетпеген күнде, бәлкiм уәдесiн орындап, тас ескерткiштi бұл күнде орнатып та қояр ма едi, кiм бiлген?!


***

Әужекеңдi жақын танитындар өзге замандастарымен салыстырғанда ол кiсiнi әжептәуiр сауат иесi санайтын. Кiтапханаға барып қазiр де Дәулетқаннан кiтап жаздырып, парақтап тұрады. Оқыған кiтаптарына күнде­лiктi көрiп жүрген кино қосылған кезде көзқарасының кеңдiгi, сауатының жан-жақтылығы тұрғысынан басқа шалдар Әужекеңнiң шалымына келмейдi.

Сол Әужекеңе Рәзия апай қатарымен бес қыз туып берген. Қатарымен бес қыз болғанға қуанды ма, қиналды ма, ол жағын Әужекең тiрi жанға сездiрген жоқ. Алайда кенже қызы Қанипаның шiлдеханасында ел естiмеген, естiген кезде де құлақтары сенбеген бiр жәйттi жария еткенi бар.

— Ағайындар! — деп, үндемес Әужекең шешенсiп бұл жолы қызық мiнез танытты. — Қай ел екенiн ­ұмытып қалдым, «Гелимадоэ» деген кiтап оқып едiм. Оның да бес қызы болыпты. Жаңағы «Гелимадоэ» деген сол бес қызының... Гелена, Лида, Мария, Дора, Эмма деген қыздарының аттарынан құралған сөз екен. Мен де ұзақ ойланып, айналайын бес қызымның аттарын сөйтiп бiрiктiрсем бе деп едiм. Анау айтқандай менiң қыздарым бiр атауға сыймады. Сыймаған соң қыздарымның аттарын екi сөзге бiрiктiрдiм. Алғашқы үш қызымды «Сәкәсәли» деп атаймын, соңғы екеуiн «Жақан» деп атамақпын. Сәкәсәли — Сәбира, Кәбира, Сәлима деген сөз, Жақан — Жәнипа мен Қанипадан қосылған сөз. Айтайын дегенiм осы едi!

Жиналған жұрт қалжыңы ма, шыны ма дегендей алғашында ауыздарын ашып, Әужекеңе бiр сәт аңтарылып қалысты. Соңынан жастар жағы iштерiн басып, қыран-топан күлкiге батты. Әужекеңнiң оларда iсi болмады, айтарын айтты, ойын жеткiздi, сонымен тынды. Бiрақ бәйбiшесi Рәзия бұл байламға көнбей, күйеуiне үзiлдi-кесiлдi қарсы шыққан:

— Сәкәсә-бәкәсәңдi бiлмеймiн. Балаларымның азан шақырып қойған атын шатастырмай, тыныш отыр былай! — дедi шамданып.

Бәлкiм, әйелiнiң сөзi тоқтау болып, Әужекең алған бетiнен қайтып та қалар ма едi, кiм бiлген. Бiрақ шiлдеханада сөз аңдыған сайқымазақ жастар да толып отырды ғой. Құлақтары бiтеу емес, Әужекеңнiң әңгi­месiн олар да естiдi. Сол жастар жағы iлiп әкеткен болу керек, ауылда ғана емес, аудан өңiрiнде бұрын-соңды ешкiм естiмеген бұл жаңалық желдей есiп жұртқа тарап кеткен. Көп уақытқа дейiн Әужекеңнiң қыздарын ауылдастары Сәкәсәли-Бәкәсәли, Жақан-Мақан деп мазақ етiсiп жүрдi.

Құдай тiлеуiн берiп, Әужекеңнiң алтыншы баласы ұл болған. Әужекең ұлының есімін Мақан деп атаған. Көршi-қолаң «тегi, Әужекеңнiң бұл есiмдi кiшi қыздарының әлгi өзi қойған Жақанымен ұқсатып қойғаны ғой» деп ойлаған. Мақан ер жетiп, мектеп бiтiрiп, бүгiнде үйлi-баранды мықты азамат. Қара шаңыраққа ие болып, әке-шешесiмен бiрге тұрып жатыр. Сол Мақанның паспорт­тағы шын аты «Махарадзе» екенiн көргенде, кiтапха­нашы Дәулетқан шалқасынан түскен.

— Ағай, оған несiне таңданасыз? — дедi Мақан кiтапханашыны сабырға шақырып. — Махарадзе әкем­нiң соғыста мерт болған бiр досы екен. Менiң атымды соның құрметiне қойыпты.

— Қызық екен... Ақылға қонбайды! — дедi кiтап­ханашы көзiн сүртiп. — Ау, ағайын, бұл грузиннiң аты емес, фамилиясы ғой?

— Болса бола берсiн... Өткен жылы Семейге жүн өткiзiп келе жатыр едiм, Георгиевка деген жерде менi бiр гаишник тоқтатты. Көше тәртiбiн бұздың деп талонымды теспек болды. Бiрақ «Махарадзе» деген атымды көрiп, аң-таң қалсын. Солай-да солай, оған таңданбай-ақ қойыңыз, әкем грузин досының құрметiне осылай деп атымды қойған дедiм. Сөйтсем, әлгi қара мұртты гаишник грузин екен, жата кеп жабысып үйiне қонаққа шақырсын. «Бармаймын, асығыспын» десем көнбедi, ондай жағдайда машинаңды стоянкаға қойғызып, бәрiбiр сенi жiберткiзбеймiн дедi. Грузин дегенiң қиын жұрт екен, үйiне сүйрегендей болып алып барып, түнi бойы қонақ еттi. Шарапты суша төгiп, грузиннiң нелер бiр тағамдарынан дәм татқызып, өлең айтып, би билеп, ертеңiнде түсте күншілік жерге дейін  шығарып салған. Өзi де кереметтей мәрт жiгiт екен, кетерде иығыма грузиннiң буркасын жауып жiбердi. Азан шақырып қойған грузин тектi атымнан өстiп өмiрiмде бiр рет пайда көрге­нiм бар.

— Атыңды өзгертiп алмаймысың? — дедi Дәулетқан.­

— Адамның атында тұрған дәнеңе жоқ, арғы жағы дұрыс болса жетпей ме! — дедi Мақан-Махарадзе.

— Арғы жағы — қай жағы? 

— Жан сарайды айтам.

— Сонда сенiң кiшкентай Сейсен ұлың «Сейсен Махарадзеұлы Әмiров» болып жазыла ма?

— Дәл солай етiп жаздым. Сендер интернационализм деп кеңiрдектерiңдi босқа созғанша — мына менен үлгi алмайсыңдар ма? Интернационализм менiң өн бойымнан аңқып тұр емес пе!

Мiнеки, мұқырлықтар «әпендi» атап кеткен Әмiр шалдың жағдайы осындай. Қазiр Әужекеңнiң өмiрiнде пәлендей өзгерiс жоқ, төрт-бес жыл болды ауыл мектебiн түнде күзетiп, бәкүн-шүкiн шаруасын күйттеп жүрiп жатыр. Соңғы кезде Қайсар сияқты Әуже­кеңнiң де құлағы нашарлап кеттi. Бұрын да былайғы дүниеге мойын бұрғаны шамалы едi, қазiр ол кiсi қасында зеңбiрек атсаң да былқ етпейдi.

Әйтсе де, әншейiнде өзiмен-өзi томаға-тұйық үнсiз жүретiн Әужекеңнiң кейде бүйiрден қойып қалатыны бар. Әнеукүнi тура осы мiнезiне басып:

— Мен ауылдастарымды жанымдай жақсы көремiн! — дептi бәйбiшесi Рәзияға.

— Пiшту, оларға неғып емешегiң езiле қалды? — дейдi Рәзия ернiн сылп еткiзiп.

— Өзi де қамшының сабындай қысқа ғұмырда ұрыс-керiстiң қажетi қанша? Тату-тәттi, береке-бiрлiкпен де ғұмыр кешуге болады ғой.

— Сен шалға әулие тимесе неғылсын! — деп, Рәзия шалының ендiгi сөзiнен қауiптенiп қапты. 

— Жақсы көретiнiм — бәрiмiз де замандаспыз, жақсылықтың да, жамандықтың да дәмiн бiрге татып келе жатырмыз, — дейдi Әужекең өзiмен-өзi сөйлескендей күбiрлеп. — Соңынан бәрiмiз де iлгерiндi-кейiндi өлемiз, бәріміз қара жердiң астына ба­рамыз...

— Астапыралла!

— Өйтiп иманыңды үйiрме... Мен шындықты айтып отырмын. Ендi жүз жылдан кейiн бүгiнгi қыбырлап жүргендерден бiреуi де қалмайды, бәрi де өледi.

— Астапыралла, не дейт мына кантож?

— Солай, солай, бәйбiше. Мың жасаған ешкiм жоқ. Шыр етiп дүниеге бүгiн келген нәрестеге шейiн ары кетсе жүз жылдан соң жоқ болады. Сондықтан еңкейген кәрiден, еңбектеген балаға дейiн мен өзiмнiң замандасым санаймын. Бәрiмiздiң көретiнiмiз де, тағдырымыз да ұқсас, iшкен суымыз, жұтқан ауамыз ортақ. Ендеше мен оларды неге жақсы көрмейiн?

— Астапыралла!

— Бұл сөзге сен, кемпiр, шошыма! Шошитындай түк те жоқ... Бұл сөздi айтқан мен емес, Экзюпери деген прансуз. Ол прансуз заманында өстiп шындықты айтып кетiптi.

— Астапыралла!

Шалының бұл сөзiнен Рәзияның шошығаны сондай, көктемнiң шалығы тидi ме деп күдiктенiп, сол күнi Бектемiр молданы шақыртып, Әужекеңдi ұшықтатқан көрiнедi.

***

Бес саусақтың бәрi бiрдей еместiгi сияқты, ауыл болған соң ала-құласыз болушы ма едi... Мұқырда да ауылдың жақсы-жайсаңдарымен қатар қалың елге жаман аты шыққан бiр арызқойы бар едi.

— Раздольное совхозын жоғарғы жаққа танытқанның бiрi осы бiздiң Орекең — Орынбай Байгереев болады! — дейдi бұрынғы бастық Мырзахмет.

— Ой, сатана-а! Армиямен айқасып жүрген Орекеңңiң жүрегiнiң жүнi бар шығар! — дейдi қашанда таңырқап жүретiн Лексей жағасын ұстап.

— Орекең соғысқа барған жоқ, сондықтан әскер дегеннiң, танкi мен пушка дегеннiң не екенiн бiл­мейдi! — деп Әмiр шал ондайда Орекеңнiң қылығына ғылыми түсiнiк жасайды. — Әйтпесе есi түзу адам әскермен шатаса ма!

Әмiрдiң сөзiнiң жаны бар, ел басына күн туып, кәрі демей, жас демей азаматтар жаппай соғысқа аттанысып жатқанда, Орынбай бармай қалып қойған. Соғыстан қашып, бас сауғалап қалған жоқ, әскери комиссариаттың рұқсатымен «көзi жарымжан» деген ақ билетпен қалды. «Жарымжан» дегенi — Орынбайдың оң көзiнде түймедей таған бар-тын, сол ақилығы себеп болыпты... Баяғыда, бала күнiнде шапқылап ойнап жүргенде оқыста шыбықтың ұшы тиiп кеткен болатын. Соғыс­қа ала қоймады деп ол үшiн Орекең титтей де қорланған жоқ, ала дорбасын иығына артты да, қайқайып ауылға қайтып келді. 

Әрине, қан майданның жөнi бөлек қой, дегенмен елде қалған Орынбайларға да оңай соққан жоқ. Бармаған жұмысы, iстемеген кәсiбi қалмады. Бақташы болды, ағаш кестi, жылқы бақты, охран болды, тiптi бiраз уақыт қатындарға бiргәдiр боп та шошаңдағаны бар. Соғыс бiткен соң, Мырзахмет секiлдi орманшылыққа ауысып, сол жерден аман-есен зейнетке шықты. «Арызқой» деген атаққа ие болып, ел-жұртты ұлардай шулатқан Орынбайдың бар өмiрi осы ғана.

Орынбайдың әскермен шатысып жүргенi соғыстан көп кейiн, аудан басшыларының «жаппай жүгерi егiңдер» деп қиғылық салатын заманында ғой... Атам қазақ қашанда көршiңмен тату бол, көршi ақысы — құдай ақысы деп жатушы едi. Қайсы жақтың кiнәсi екенi белгiсiз, тату-тәттi тұрған көршi Қытаймен араздасып қалған кезде, бұл Катонқарағай ауданына жасыл фуражкалы әскерлер аяқ астынан қаптап кеткен. Папах киген, бөрiк киген бiр тобы наурыз туа осы Мұқырға да сау ете түстi. Бұлақтың арғы бетiнде ауылдың малы жайылатын Күреңбел деген құйқалы ұзын жота бар едi. Әскерлер сол жотаға жиналып, қолдарын оңды-солды сiлтесiп ұзақ-сонар кеңес құрысқан. Кеңестiң соңында әр тұсқа тоңқаңдап қазық қағып, белгi сала бастады. Көктен түскендей болған сары-ала топтың әр қимылын Орынбай өз ауласынан қалт жiбермей бағып тұрған болатын. Қайткенмен де орманшы деген аты бар емес пе, бұлардың Күреңбелдi жағаттауының сырын бiлейiншi деп үстіне орманшының арнайы киiмiн, басына фуражкасын киiп, соларға қарай аяңдады. Иықтары жалт-жұлт етiп, мұрындары көк тiреген әскерилер Орынбайды аю көргендей одырая қарсы алысты.

— Мына бөтен адам қайдан жүр? — деп папах киген бастығы мұрты дiрiлдеп, орысшалап иек қақты.

—Сен нағып жүрсiң бұл жерде? — деп екiншi бiреуi дiкiлдей жөнелдi.

Күнде басына шығып, мал қайырып жүрген өзiнiң Күреңбелi емес пе, Орынбай қыңқ деген жоқ. Қайта аналардың өздерiнен үлкен адамға ешкiнiң текесiндей бақылдап, жөн-жосықсыз зiркiлдегенi қарадай намысын қайрады.

— Сiздер неғып жүрсiздер бұл жерде? — деп қарсы сұрақ қойды. 

— Бiз әскерилермiз.

— Болсаңдар қайтейiн...

Үйiрiлген үркердей топтың арасынан бiр жас офицер бөлiнiп, Орынбайды жайлап шығарып салмақ ниетпен қолтығынан ұстады. Орынбай оның қолын сiлкiп жiберiп, топтың қасына тепеңдеп жетiп барды.

— Мен Орынбай Байгереев боламын! Осы жердiң орманшысымын, әбиешiкпiн! — дедi.

— Орманшы екенiңiздi көрiп тұрмыз, — дедi әскерилердiң бiреуi.

— Саған осы не керек? — дедi әскерилердiң екiншiсi.

 Жандарына қайдағы бiр көзi аларған орманшының келгенiне намазы қаза болғандай папах киген бастығы қатты ренiш бiлдiрдi.

— Бұл бiздiң жер! — дедi Орынбай да тiстенiп. — Бұл мал жаятын, бүлдiрген теретiн Күреңбелiмiз бiздiң. Күреңбелдi сендер неғылайын деп жүрсiңдер?

Орынбайдың бұл сөзiне топ iшiндегi әскерилердiң бiреуi кеңкiлдеп күлiп жiбердi. Папах киген бастықтары күлген жоқ, көзiн алайтып, зiлдене бiрдеңе дедi де, терiс айналып кеттi.

— Сен кiммен сөйлесiп тұрғаныңды бiлесiң бе? — дедi iштерiндегi бiреуi Орекеңе еңкейiп қазақшалап. — Бұл кiсi полковник, үлкен кiсi. Көп сөйлей берсең ол кiсi сенi қаматып тастайды.

— Қамата берсiн... Менi өйтіп қорқыта алмайсыңдар! Бiрақ сендердiң табандарыңа бұл Күреңбелдi таптата алмаймын.

— Бұл жерге бiз застава саламыз, — дедi әлгi қазақ офицер. — Жер көп қой... Сен бүйтiп ақымақ болма!

— Жер көп емес... Айналаның бәрi ағаш, орман-тоғай, тау мен тас, қала бердi егiс. Жерiмiздiң аман тұрған ашық пұшпағы осы Күреңбел ғана. Ендi оны сендер басып алмақсыңдар!

— Бiз бұл жерге застава саламыз! — дедi қазақ офицер сөзiн қайталап.

— Оған рұқсат алып па едiңдер?

— Бiз рұқсат сұрамаймыз, бiз жоғарыдан түскен бұйрықты орындаймыз! Бiз әскери адамдармыз, — дедi қазақ. 

Орынбай мен қазақ офицердiң шүйiркелесе қалғаны шамына тиiп кеттi ме, папах киген бастығы бұлардың қасына одыраңдай жетiп келдi. Дуадақтың айғырындай әкiреңдеп, қарлыға ақырып қалды.

— Уйдите! Чтоб вас... духу здесь не было! Вы поняли меня!

Күркіреген дауысы қандай айбатты едi бәтшағардың, мықтымсып тұрған Орынбай кәдiмгiдей сескенiп қалған.

Амал жоқ, папах киiп қоразданған бастыққа алая бiр қарады да, бұрылып кете барды. Суға түскен тышқандай мойны салбырап, жiгерi жасып үйiне кірді. Үйде де дамылдап отыра алмады, сол кезде атағы мен абыройы аспандап тұрған аузы дуалы «селсебет» Шәкiровты iздеуге шықты. Сақманмен басы қатып шапқылап жүрген Шәкiровты ферма жақтан шоқырақтап қайтып келе жатқан жерiнде, көшенiң басында жолықтырды.

— Әбеке, Күреңбелдi тартып алғалы жатыр! — дедi Орынбай салған беттен Шәкiровке.

— Күреңбелдi дейсiз бе?

— Иә, Күреңбелдi.

— Кiмдер?

— Әскерлер...

— Тiфу! — деп мұны естiген Шәкiров атын тебiнiп қалды. — Оны маған несiне айтып тұрсыз, жолдас Орынбай? 

— Тоқтаңыз, асықпаңыз, Әбеке... Менiң бiлейiн дегенiм — олар сiзден селсебет ретiнде жерге рұқсат сұрап па едi, соны айтыңызшы!

— Сiз қызық адам екенсiз, жолдас Орынбай. Әскер қашан селсебеттен рұқсат сұраушы едi?

Шәкiров бұлқан-талқан ашуланып, желе-жортып жүрiп кеттi. Былайырақ барып, тiзгiн тежеп, Орынбайға мойнын бұрды:

— Осы төңiректен застава салады деп едi. Тегi, солардың жер өлшегiш комиссиясы ғой... Оларды қашан көрiп жүрсiз?

— Осы әлгiнде ғана... Олар меркi салып Күреңбелдi белгiлеп жатыр? — дедi Орынбай үмiттене дауыстап.

— Күреңбелдi жыртып, жүгерi ексек деген жоспар бар едi, қап, жерден айырылып қалатын болдық қой!

— Жерiңiздi бермеңiз, Әбеке! — дедi Орынбай кiжiнiп.

— Әскерге қалай бермессiң...

— О тоба, сiз де әскерден қорқады екенсiз ғой.

— Шырағым, менiң жасыма келгенде әскерден қорқатын боласың, саясатты сыйлайтын боласың, партияны құрметтейтiн боласың!

— Бұныңызға келiспеймiн.

— Өлетiн қарға бүркiтпен ойнар деген, жолдас азамат. Әскермен әуре болмаңыз, екеуiмiздi де ит жеккенге айдатып жүрер, бiлдiңiз бе!

«Әне, бұлар бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойғандай сөйлейдi», деп кейiдi Орынбай. Ұнжырғасы түсіп, іштей мүжіліп кетті. Орынбайдың жауар бұлттай түнерiп, үндемей қалған түрiнен Шәкiров әлдененi сезiктендi ме, атының басын берi бұрды:

— Сiз не iстегелi жүрсiз? — дедi жақындап келiп,

— Өзiм бiлемiн! — дедi Орынбай да қырысып.

— Байқа, жолдас! — дедi «селсебет» қамшысын шошаңдатып. — Отпен ойнаймын деп... сайтан көбелек құсап нейбетке күйiп жүрмеңiз, тегiңде!

— Өзiм бiлем дедiм ғой!

— Мейлi... өзiңiз-ақ бiлерсiз. Мүмкiн олар райкомнан рұқсат алған шығар?

— Ол жақтан алса ала берсiн... Бiзден рұқсат алған жоқ. Бiз ондай рұқсатты бермеймiз, бiлдiңiз бе!

— Бiзiң кiм?

— Бiз — мұқырлықтар... Осы ауылдың адамдары. 

Шәкiров аузына оңтайлы сөз түспей, қолы қалтылдап, қамшының сабымен бөркiнiң маңдайын көтердi. Атын ойқастатып, Орынбайға жақындай түстi.

— Қаш... Қаш-ш-шаннан берi мәселенi мұқырлықтар шешiп жүр едi?- дедi тұтыға тiстенiп.

— Әбеке! — дедi Орынбай даусын жұмсартып. — Бас­қа мәселеге араласпай-ақ қоялық. Ал Күреңбел айналайынның жөнi бөлек емес пе!.. Заставасын анау қырдың арғы жағына неге салмайды? Ауылдың айналасындағы азын-аулақ жерiмiзге ие бола алмасақ — бұл жерде боқ жеп несiне отырмыз! Несiне шалбар киiп еркек атанып жүрмiз! Көлденең көк аттының бәрi бүйтiп бiздi басына берсе — жырымдалып жерiмiзден не қалады? Азып-тозып бiтпеймiз бе сосын?

— Әй, жолдас... ж-жолдас... сiз аузыңызға уақап болыңыз. Советтер Армиясын сiз «көлденең көк атты» дегенiңiз не сандырағыңыз? Бұл масқара ғой! — деп ат үстiнде тұрған Шәкiровтың көзi алақандай болды.

— Сiз Әбеке, албаты даурықпаңыз! — дедi Орынбай «селсебеттi» сабырға шақырып, — Мен не айтып тұрғанымды жақсы бiлем... Өкiметке қарсы, саясатқа қарсы мен ештеңе дегем жоқ, бiлдiңiз бе!

— Жоқ, сiз саясатқа қарсы шығып тұрсыз... 

— Қойсаңызшы!?

— Тоқ етерi былай, жолдас Байгереев... Мен ештеңе естiгем жоқ, екеуiмiздiң арамызда ешқандай әңгiме болған жоқ, ұқтыңыз ба?

Шәкiровтың әрiге тiлi күрмелiп, тағы да шолақ қамшысын шошаңдатты. Атының басын бұрып жатып, тiсiнiң арасынан:

— Мен сiздi танымаймын, жолдас-с-с..! — деп ысылдай барқ еттi де, көшенiң батпағын шалпылдатып, тырағайлатып шапқылай жөнелдi.

«Сенген қойым сен болсаң, күйсегенiңдi ұрайын!» деп «селсебеттi» iштен сыбап, Орынбай қарадай жүдеп орнында қала бердi.

Былайғы бөтен сөзден сескенiп, «селсебет» Шәкi­ровтың қашқандай боп кеткенiн Орекең жақсы түсiндi. Қоғам болып бiрiгiп, жоғарыдан көмек сұрасақ деген ниетте едi, ендi оның ретi келiңкiремейтiнiн сездi... Жерi мен елiне қамқор болатын бастықтардың сиқы жаңағы болса, қарадан қандай қайыр күтпек. Басқа жұрттан көмектiң келмесiн ұққан Орынбай сол күні шұғыл түрде екi бет шағым-хат жазған. Шағым-хатта әскерилер келiп Күреңбелдi басып алғанын, сөйтiп ауылдың мал жаяр өрiсiн тарылтып жiбергенiн, бұл дегенiңiз үлкен қателiк, әскерилер тарапынан барып тұрған бассыздық екенiн, бұл жергiлiктi халықпен санаспау, олардың құқықтарына қол сұғушылық екенiн ашына дәлелдедi. Жазған шағымын ауыл мұғалiмiне қатырып тұрып орысшалатып алды. Сосын орыс тiлiндегi шағымды көшiрiп, үш дана етiп көбейттi де, бiреуiн Совет Одағы коммунистiк партиясының Бiрiншi хатшысының атына, бiреуiн Мәскеудегi СССР Қорғаныс министрiнiң атына, үшiншiсiн Алматыдағы шекара әскерлерiнiң штабына салып жiбердi.

«Жалаңаш жаңбырдан жасқанбас деген. Артым таза, алдым ақ, астымда тағым жоқ жалаңашпын. Бұл әскерилер ауылдың жаман әбиешiгiне не қылар дейсiң» деп байлам жасады.

Арада жарты ай өткен жоқ, алдымен Орынбайды ауданға шақыртты. Одан аман-есен қайтқаны сол едi, бiреулер екi кештiң арасында ауылға жетiп келiп, Орынбайды машинаға отырғызды да, облысқа алып кеттi. Сол кеткеннен Орекең мол кетiп, облыстық қалада ұзақтау жүрiп қалды. Өзi де ешбiр дайындықсыз асығыс аттанып едi, арада жарты ай өткенде арып-ашып, торғайдай тозып үйiне сүйретiлiп жеткен. Көршi-қолаң «қайда болдың» деп бұдан сұраған жоқ, бұл да жұмған аузын ашпай, фуражкасын баса кидi де, әдеткі жұмысына қайыра кiрiстi.

Орынбай облыстан келген кезде Күреңбелдiң айналасы тiкенек сыммен қоршалып, жота үстiне жарқырап екi-үш барақ жайғасып та үлгерген болатын. Ауылдың малын бұлақтың арғы бетiне, Күреңбел жаққа жаюға қатаң тыйым салынғанын естіді.

Неге екенi белгiсiз, мектептегi орыс тiлi пәнiнiң мұғалiмi жұмыстан босап, басқа жаққа көшiп кетiптi. «Селсебет» Шәкiровты да ауданға шақыртқан екен, ол кiсi мен ешкiмдi көрген жоқпын, мен ешкiмдi бiлмеймiн дегенмен құтылыпты десті.

Өзi әскерге бармаса да әскер дегеннiң құдiретiн Орынбай осылайша байқап-сезген еді. Жүрегi қатты шайлығып қалды ма, Күреңбел жаққа қараса болды көзi тайғанап, жон арқасы терлеп салуды шығарды. Орманшылық кәсібінің арқасында күнделікті учаскесiн аралап, орман тоғайды оңды-солды шарлап жүргенiмен, әлгi жағдайдан соң бұлақтың арғы бетiне аттап басқан емес. Өмiрдегi пәле-жаланың бәрi осымен кетсiншi деп, аяулы Күреңбелін бөтен жұртқа мәңгi садақа еткен.

Жылдар өте ол оқиғаның да тiгiсi жазылып, ұмытыла бастаған кезде, бiрде құрдастары Орынбайдан шым-шымдап сыр тартқаны бар.

— Сендер сұрамаңдар, мен айтпайын! — деп Орекең ол әңгiменi де шорт кесiп тастаған. — Оны сұрап, тағы да көмейлерiң бүлкiлдейтiн болса — ағайындықтан кетемiз!

— Таяқ аюға да намаз үйретiптi деген рас екен-ау... Орекең бұлай десе — бiз қойдық ендеше! — дестi құрдас­тары. Бiрақ қойдық дегенмен де қойған олар жоқ... ­алғашында әзiл ретiнде «арызқой» деп Орынбайға ат қосқан, кейiн олары шынға айналып, Орекеңе әлгi ат күйедей жабысты. Қазiрге дейiн Орекеңдi нақақ күйдiрiп, азан шақырып қойған атына қосақталып қалмай келедi.


***

— Ореке, сiз жеңдiңiз! — деген осыдан бес жыл бұрын, тағы да көктем кезiнде кітапханашы Дәулетқан Орынбайдың қолын қуана қысып. — Застава көшiп жатыр.

— Қайда? — бұл хабарға Орынбайдың құлағы сенбедi.

— Ит бiлiп пе қайда көшiп жатқанын... Олар бiзге айта мА? Әйтеуiр, көршi елмен қабағымыз ашылғалы берi заставаларды да қысқартып жатқан көрiнедi ғой.

Арада ширек ғасыр өтсе де, заставаның көшкенi, тегi, баяғы өзi жазған шағымның нәтижесi ме деп үмiттенiп едi. Бұл жерде басқа жағдай әсер еткенiн бiлген кезде Орынбайдың көңiлi пәсейiп қалды.

Застава екi-ақ күнде жоқ болды. Ажылдап-гүжiл­деген, дауыстары жер жарған жиырмаға тарта машина келдi де, жота басындағы барақтарды тiкенек қорша­уымен қоса бұзып-шағып қораптарына тиеп алысты. Сосын қаздай тiзiлiп келген iздерiмен ырғатыла жылжып қайтып кеттi. Олар кеткен бойда Күреңбел Әмiр шалдың тақиясыз таз басына ұқсап қалған... Бiртүрлi ұсқынсыз, жүдеу. Жотаның басы айқыш-ұйқыш асфальт жол, ат шаптырым бетон плац, ойдым-ойдым шұңқырлар. Жаз шыға жотаның үстiн кендiр мен қышыма, қурай мен ошаған қаптап кеттi.

Бiр кезде шалғыны жайқалған, гүл-шөбi көз арбаған құйқалы-күреңселi Күреңбел ұсқынсыз қотыр жон боп қожырап қала бердi.

Орнында бар оңалар деушi едi, бекер екен. Содан берi де жылжып жылдар өттi, Күреңбел жазғанның оңалған дәнеңесi жоқ... Ауылдың былайғы малын қойғанда, Лексейдiң тiмiскi мегежiнi де қазiр ол жаққа аяқ баспайды.

***

Мұқыр Мұқыр атанғалы берi бұл ауылға кiмдер бас­тық болмады десеңiзшi! Бiреуi келiп, бiреуi кетiп дегендей, әлi күнге сабылысып жатқаны. Демдерiне нан пiскен сол көптiң iшiнде осы Мұқырға өзiндiк iз тастап, өшпес қолтаңба қалдырып жатқандары тағы шамалы. Салаң етiп ға­йыптан келiседi де, соңынан құмға сiңгендей iз-тозсыз жоғалып тынады. Жоғалып тынатыны — олардың бәрi жоғарыдан тағайындалатын, сырттан келетiн бөтен кiсiлер болатын. Бастық болып бекiгендерi жалғыз мәшинемен, кейде тiптi жалғыз шабаданмен ғана көшiп келiсетiн. Содан төрт-бес жыл Мұқырға бастық болған соң, төрт-бес мәшинеге тиелiп келген жағына қайқайып отырысатын. Артынша жалғыз мәшинемен cекеңдеп келесi бастық жетедi. Ылғи да өстiп ежелден қалыптасқан мызғымас дәстүрдей қайталанып-жалғасып жататын-ды.

Әрине, бастық болған соң қолдарынан шаруа келедi, қолдарынан келген соң қоныштарынан басады. Ол жағын мұқырлықтар жақсы түсінедітүсінген соң да жақ ашпайды. Совхоздың қазiргi директоры Түсiпбеков мырза да осыдан төрт жыл бұрын Тарбағатай дейтін қияннан келген болатын. Мейлi, кiмдi жiберiп, кiмдi қойып жатса да, мұқырлықтардың онда шатағы жоқ, әйтеуiр қойған кiсiлерi елге жайлы болса болғаны. Тәубешiл мұқырлықтар пәндәуи дүниенi парық қылмай, «бергенiңе шүкiрлiк» деп, қашанда арқаны кеңге салып жүре бередi. Жайсыз бастық келсе де мұқырлықтар бiр серпiлiп айылын жиған емес, сол баяғы өгiз аяң, мимырт қарекеттерiнен әсте танбай, күнделiктi тiршiлiк­терiн жасай бередi.

Мұқырлықтар бастық атаулыны атам қазақтың салтымен «төре» деп атасады. Осы Мұқырға мұқырлықтардың өз арасынан суырылып бастық болған, яғни төре болған жалғыз азамат бар. Ол азамат — Мырзахмет едi. Иә, осы Мырзахмет заманында итiн де төрде үргiзген кәдiмгi төренiң өзi болған. Сондықтан да болар, бұл төңiректе Мырзахметтi танымайтын жан жоқтың қасы. Мырзахметтiң мысалы мұқырлықтарға тауықсыз да таңның ататындығын дәлелдеп, саясатқа көздерiн ашқан. Ауылдастардан да төре сайланса — бiреу тондарын шешiп алмасын, төркiнге апарып салмасын ұғысты.­

Мұқырлық Мырзахмет алдымен Мұқыр колхозын басқарды. Кейiн колхоз «Раздольное» совхозына айналған кезде бiраз жыл жұмысшы комитетiнiң төрағасы, яғни «рабочком» болып қызмет жасады. Тiптi арада бiр жылдары ауылдық кеңестiң төрағасы болып iстегенi де бар. Кеңестiң төрағалық қызметiн ол әйгiлi Шәкiровтен қабылдап алған болатын.

— Шәкiртсiз ұстаз тұл деген, бiздiң Мырзахмет Абдолла Шәкiровке лайықты iзбасар бола бiлдi! — дейдi бұл екi азаматты жақсы танитын ағайындар бұл күнде.

Мейлi, ағайынның қолпашы жөн де шығар, әйтеуiр бiр нәрсе анық: қай қызметте жүрсе де Мырзекең азаматтық арына шiркеу келтiрген жоқ... Халқына адал, елiне абыроймен жұмыс атқарды. Кейiнгi заманда оқыған-тоқығаны мол қаратаяқ жастар көбейiп, үш кластық ескiше сауаты бар Мырзекеңдi «рабочкомнан» да босатып жiберiскен. Содан, орманшылық жұмыс­қа ауысып, бес-алты жылдан соң сол жұмыстан соңына жаманат ертпей зейнет демалысына шыққан.

Бастық боп жүргендегi Мырзекеңнiң жұмыс тәсiлi қызық едi. Бүгiнгi бастықтардай бiреулермен шаң-шұң айқайласып, жәйi келсе боқтасып жүйкесiн жұқартпайтын. Алдап-сулап, арқадан қағып, жымия сөйлеп шығарып салғанда — жұмсаған жерiне жүгiрiп кеткенiңдi өзiң де байқамай қалатынсың. Ал ол кiсiнiң алдына әлдебiр мәселемен келгендей болсаң, өз атыңа айтылған қошеметтен, әлгiндей жылы сөздерден соң келген шаруаң мүлдем шешiлмей қалса да, басекеңе дән риза болып марқайып үйге қайтар едiң.

Мырзекеңдi көрсе болды, ғұмыры күлiп көрмеген Ақдәулет мұғалiм де ыржиып салатын көрiнедi. Ақдәу­летке шейiн күлдiрiп жүрсе, оллаһи,  Мырзекеңнiң бойында бiр сиқырдың бары рас болғаны.

Ақдәулет мұғалiмнiң бала кезi екен. Жаз шықса болды, бұл ауылдың тайлы-таяғына дейiн сай-саланы сағалап шөпке кететiн әдетi емес пе. Жаздың бiр күнi қыстың бiр айын асырайды деп, ала жаздай бұрылуға шама жоқ, мұрындарынан шаншылып жүргендерi мұқырлықтардың.

«Ертең шөпке шығамыз» деген күнi әдетте жайлаудан бiр үйiр жылқыны айдап әкеліп, қораға қамап қойысады. Сол түнi шөпшi балалардың қай-қайсысы да «шiркiн-ай, ертең маған қандай ат бұйырар екен» деп, iштей арман етiп қобалжып шығысады. Ол түнгi ұйқы ұйқы болмай, елгезектерi таң қараңғысынан бiлектерiне жүгендерiн iлiп, ат-қораға тартады. Ерте келгендерiне аттың тәуiрi, кеш келгендерiне жаманы, ерiншек шабаны тиедi. Ат үшiн балалар қызыл кеңiрдек боп ұрсысып, кейде жұдырықтасып та қалады.

Ақдәулет те «шiркiн ертең қай ат тиер екен» деп қиялдап, бұлақты жағалап келе жатса:

— Әй, балам, берi бұрыла кетшi! — деп бiреу сыбырлай үн қатыпты.

Ақдәулет бұрылып соңына қараса, шарбақтың бұрышына жабысып осы Мырзахмет тұр екен дейдi. Қолымен аузын басып, ымдап шақырып тұр. Екi кештiң арасында жасырынып бастықтың өзi әлдебiр құпия айтуға шақырып жатса, балада жан қала ма, Ақдәулет те лып етiп, Мырзекеңнiң қасына жетiп барады.

— Сен Ақдәулетсiң ғой? — дейдi Мырзекең құпия әңгiменi бiреу естiп қалмасын дегендей алақтап жан-жағына қарап.

— Иә, Ақдәулетпiн, аға!

— Айналайын, Акдәулет қалқам, мен өзiңдi бөлекше жақсы көрем. Өзiңе бiрдеңе айтсам деп едiм. Тегiнде, тiсiңнен шығып жүрмесiн! — дейдi Мырзекең Акдәу­леттiң кекiлiнен сипап.

— Аға, иллаһи-биллаһи ешкiмге айтпаймын— деп Ақдәулет ант-су iшедi.

— Шынымен ешкiмге айтпайсың ба?

— Айтпаймын, аға!

— Айтпасаң былай... Ертең ертемен қораға бар да, алдыңғы аяғында дағы бар қасқа торыны ұста. Ұқтың ба? Тағы да ескертем, бұл туралы ешкiмге айтушы болма. Көптен берi сол атты саған арнап, баптап күткiзiп жүрмiн.

— Ой, рақмет, аға! — дейдi Ақдәулеттiң қуанышы қойнына сыймай. — Ол әлгi былтырғы жылы Орынбай әбиешiк мiнген қасқа торы ма?

— Ие, шырағым, соның дәл өзi. Бiрақ менiң сенi соншалықты жақсы көретiнiмдi, қасқа торыны берге­нiмдi бөтен бiреуге бiлдiрме, ұқтың ба? — дейдi бастық қатты тапсырып.

Ұқпағанда қайда барады, жүгенiн қолына iлiп таң атпай ат қораға құстай ұшады ғой Ақдәулет. Келсе — өзi теңдес бала-шаға қорада толып жүр екен. Жылдағыдай дау-дамай, у-шу жоқ, ләм деп тiл де қатыспайды. Барлық бала бейнебiр ауыздарына су толтырып алған секiлдi. Бiр-бiрiне күдiкпен үрке көз тастап, үнсiз ғана бiр-бiр атты ұстап мiнiп жатыр. Бала басымен үлкен бастықтың осыншалық ыстық ықыласына кенелген Ақдәулеттiң қуанышында шек жоқ. Баспалап барып, бастық айтқан қасқа торысын жүгендеп, қайқа­йып қорадан шыға жөнеледi.

Мұндай үлкен қуаныш iште ұзақ жата алмайды ғой. Әсiресе алып-ұшқан желөкпе жасөспiрiмдердiң кеудесiне сыйсын ба. Нұсқалап, үлгiлеп бастықтың өзiн кереметтей жақсы көретiнiн, мынау қасқа торыны өзi үшiн ол кiсiнiң арнайы асырап-күткенiн Ақдәулет те бiр күнi достарына сыр қылып жеткiзедi. Сол-ақ екен, балалардың бәрi мақтанып, шулап қоя берiседi.

Сөйтсе, Мырзекең шөпке шығар алдында ауылдағы бала бiткендi адақтап, «құпия түрде» құлақтарына сыбырлап, әрқайсысына бiр-бiр аттан бөлiп берiптi ғой. Ондағысы таңертең ат қораға барғанда балалар атқа таласпасын деген қулығы екен. Қорадағы әр аттың мiнезi өзiне аян, әр баланың шамасына қарай, iстейтiн шаруа­сына орай ыңғайлап аттарды бөлiп таратады екен.

Жалпақ жұртқа жаратқан да жақпайды деседi ғой. Бастық болып ел басқарған соң, әрине, жұрттың бәрiнiң көңiлiн табу мүмкiн емесi белгiлi нәрсе. Яғни Мыр­зе­кеңдi жамандап, үстiнен сөз жүгiртетiн кiсiлердiң де кездесерi даусыз. Солай бола тұра ол кiсiнiң бүкпесiз ақ көңiлiн, принципшiл адалдығын достарын былай қойғанда, жауларына дейiн амалсыз мойындайтын. Мырзахмет туралы ел арасында әлі күнге алуан әңгiме баршылық. Соның бiрiн ақсақ Нұрғали да жырдай қып айтып отырады.

— Әлдебiр шаруа бабымен Өрелге барып, түнделетiп үйге қайтып келе жатсам — бастықтың кеңсесiнiң шамы жарқырап жанып тұр екен, — дейдi Нұрғали. — Түн ортасы ауып кеткен шақ едi, жиналыс боп жатыр ма деп, аттан түсiп, баспалап терезеге жақындадым. Қарасам, бөлме iшiнде қолын сермеп қойып, әлдебiреумен ұрысысып, оңды-солды сенделiп бiздiң Мырзекең жүр. «Сiздiң бұл указанияңызға мен түбiрiмен қарсымын, жолдас бiрiншi хатшы. Мәселенi бұлайша сыңар жақты шешуге болмайды!» —деп айқайлайды. «Бiрiншi хатшы» дегеннен соң зәрем кеттi. Бiрiншiнi бөлмесiне шақырып алып, айқайға басып ұрысқан бiздiң бастық жынданған шығар деп ойладым. Бiрiншi бiр бұрышта сүмiрейiп отыр-ау тегi деп, мойнымды созып едiм, бөлме iшiнде Мырзахметтiң өзiнен басқа тiрi жан жоқ. Мырзекеңнiң қолын сермеп қойып сөйлеп жүргенi — төрде тұрған сынық орындық боп шықты. Мұны көргенде менiң төбе құйқам шымырлап кеттi. Оқымаған адамға бастық болу оңай ма, ел басқарам деп жүрiп миына ауырлық түсiп, қайран азамат ауысыңқырап кетпесе неғылсын деген жаман ой келдi. Не де болса сырқат адамға қол ұшын берiп, қолтығынан демеп үйiне апарып салайын деп, кеңсеге баса-көктеп кiрiп бардым. Мырзекең бажырайып, аю көргендей маған үдiрейе қарады. Оның үдiрейе қарағанынан мен одан сайын қауiптенiп, жайлап барып бiлегiнен ұстадым. Есi ауысқан адамнан бәрiн де күтуге болады ғой, тiптi сенi жазым етiп жарып тастаса да оларға сот жоқ деп естушi едiм. «Мырзеке, сабыр... сабыр етiңiз, үйге жүрiңiз?», —деп жасқаншақтай қолынан тарттым. «Бара алмаймын, дайындығымды әлi бiткем жоқ», — деп ол да тартыншақ­тай бердi. «Ештеңе етпейдi, Мырзеке, үйге жүрiңiз?», — деп мен де күшке салып жетелей түстiм. «Оу, Нұреке, нағып соншалықты бәйек бола қалдың? Үйге де барармыз. Бiрақ ертең райкомның бұйрасында сөйлейiн деп едiм, соған дайындалып жатырмын. Менде не ­шаруаң бар?» — дегенi. Сонда ғана басыма бiрдеңе ­жеткен.

— Мырзекеңмен осындай да жағдай болған, — дейдi Нұрғали бұрынғы бастығына деген ризашылығын жасыра алмай. — Сол жолы бiздiң Мырзекең бетiң бар, жүзiң бар демей, ешкiмнен қаймықпай-ақ, өз пiкiрiн бұйрада бiрiншiге дәлелдеп шығыпты. Бастық деп, мiнеки, осындай азаматты айт!

Мырзекең кейiн жұмысшылар комитетiнде қызметте жүргенде де, орманшылыққа ауысқанда да әлгiн­дей бүкпесiз принципшiлдiгiнен айнымағанға ұқсайды. Ол кiсi ауылдық кеңестiң төрағасы болып сайланған жылы бұл совхозда Сайранқан деген домаланған қара кiсi директор екен. Директордың аты директор ғой, бiздiң Мырзекеңдi әр нәрсеге бола қайта-қайта шақырта берiптi. Әбден мазасы кеткен жаңа төраға ақыр соңында мәселенi төтесiнен қояды ғой:

— Қарағым, Сайранқан, — дептi директорға ел-жұрттың көзiнше. — Сен совхоз директорысың. Яғни осындағы шаруашылықтың жетекшiсiсiң. Рас па?

— Рас, Мырзеке, рас, — дейдi директор мойындап.

— Ал мен болсам — ауылдық кеңестiң депутаттар сайлаған төрағасымын. Яғни мен осы жердегi Совет өкiметiмiн. Рас па? — дейдi Мырзекең одан сайын нығарлап.

— Рас, Мырзеке, рас, — дейдi директор бас шұлғып.

— Рас болса, Совет өкiметiн мазалап, несiне қайта-қайта алдыңа шақырта бересiң? Егерде Совет өкiметiнде шаруаң болса — селсебетке өзiң кел. Осыдан былай осыған келiсейiк! — дептi Мырзекең.

Ол заман қазiргiдей демократия мен жариялылықтың дәуiрi емес, «совет өкiметi келе жатыр» десе жылаған бала уанатын кез ғой. Мырзекеңнiң әлгiндей ескертпесiнен кейiн директордың келiспеске шамасы қалмайды. Директор содан былай Мырзекеңдi iздей қалса, елпiлдеп ауылдық кеңес жаққа өзi баратын болыпты.

Осы принципшiлдiгiнен орманшы боп жүрген кезiнде Мырзекеңнiң оңдырмай таяқ та жегенi бар...

Бiлген адамға орманшылық дегенiң де бөрiкпен қағып алардай оңай шаруа емес екен. Ауыл болған соң бiреуге отын, бiреуге шөп керек. Ендi бiреу үйiн жаңартып, бiреулер монша салғысы келедi. Солардың бәрi де қолдарын жайып, ағаш сұрап тiлемсектенiп орманшыға жаутаңдайды. Көдеден көп ағайын, олардың айт­қандарына көнiп, ағашты бейберекет үлестiре берсең — ертеңгi күнi Алтайда тiс шұқыр тал қалмасы белгiлi. Соны ескерген Мырзекең орманшы боп орналасқан күннен бастап тастай қатып, таспадай түйiнiп алады.

— Шырақтарым, — дейдi орманшы боп орналасқан алғашқы күнi, — сырғауыл мен бөрене қажет болса — анау леспромхозға барыңдар, ал менiң ағашымда шатақтарың болмасын!

Отын сұрағандарға да бұрынғы орманшылар сияқты мәймөңкелемей, турасын айтады:

— Отын керек екен, алдымен белет сатып алыңдар, сосын заң жүзiнде бөлiнген деләннән барып кесiңдер! — дейдi отынға деп бөлiнген тоғайды нұсқап.

Әрине, Мырзекеңнiң мұндай принципiне бiреу көнген, бiреу көнген жоқ. Көнгендерi ақшасын берiп қолынан алып жатты, көнбегендерi ұрланып барып жолынан алып жатты. Ұрлықтың құйрығы бiр-ақ тұтам емес пе, қызметiне аса сергек Мырзекеңнiң «жолынан» қашанғы ала берер дейсiң. Ондайлар әредiк қолға түсiп, араларында еселеп ақшалай айып тартқандары да болды. Сөйтсе, әлгiндей алаяқтардың да өз есебi iшiнде, орманшыға алакөз боп кек сақтап жүредi екен ғой.


***

...Жаңбырлы күндi жамылып, бiрде екi-үш адам тау қойнауында жасырынып ағаш кесiп жатады. Кесiп жатқан жерiнде орманшы Мырзекең олардың ұрлықтарының үстiнен түседi. Плащ жамылып, беттерiн ­күләпәрмен жасырған әлгi ағайындар орманшыны бас салып, көзiн тас қып байлайды да, аузына шүберек тығып, сына қаққан томарға екi қолын қысып кетедi. Өздерi ләм деп бiр-бiрiмен тiл қатыспай, кескен ағаштарын аспай-саспай арбаға тиейдi де, тайып тұры­сады. 

Жаңа ғана кесiлген қарағайдың жас томары оңдырсын ба, қолын қысқан кезде жаны шырқырап көзiне көрiнiптi Мырзекеңнiң. Айқайлап көмекке шақыра­йын десе аузы бiтеу, көрейiн десе көзi байлаулы, сiркiреген жаңбырдың астында тұрып таңды атырыпты. Орманшыны ертесiнде сиырын жайып тауда жүрген Лексей тауып алған екен.

— Сперва Мырзекеңнiң атын көрдiм, — дейдi Лексей. — Седлосы  үстiнде, сай iшiнде жайбарақат жайылып жүр. Көңiл жазып, әңгiмелесiп қайтайыншы деп сайға түссем, томарға сүйенiп Мырзекең тұр. Алғашында дәрет сындырып тұр екен деп жақындамадым. Қайткенменде бастық болған адам ғой «болсыншы» деп немножко подождал. Тұрмын, тұрмын, Мырзекең болар емес тiптi. Жөткiрiнiп, атын атап тiл қатып едiм, ыңыранғандай чуть-чуть дауыс шықты. Иығын қиқаңдатып, басын бұлғады. Аттан қарғып түсiп жанына жетiп барсам, Мырзекеңде тiл-ауыз жоқ, глаза закрыты, весь мокрый, қолын томарға тiреп қалшиып қапты. Ақ тер, қара тер боп, томарға қайыра сына қағып жүрiп, саусақтарын әзер шығарып алдым.

Намыстана ма екен, ол жағдай туралы Мырзекеңнiң өзi бүгiнде жақ ашпайды. Лексейдiң айтуына қарағанда, орманшыны қысып кеткендердiң арасында осы күнгi Қанапия да бар сияқты.

— Бәтiреке, ондай оңбағандарды неге соттамайды? — деген мұны естiгенде Әмiр де ашу шақырып.

— Фактi жоқ қой, фактi, — дейдi Лексей оған. — Көзi байлаулы, аузы бiтеу, құлағы тығындаулы адамда қандай фактi болушы едi!

Қалай болған күнде де тау басында болған бұл қылмыс ашылмай аяқсыз қалған. Өмiр үйретедi екен, сол оқиғадан кейiн Мырзекең де сауысқаннан сақ болып алды. Жалаңтөс батырлықты былай қойып, ағаш ұрлау­шыларды байқастап сыртынан аңдып, абайлап қолға түсiрiп жүрдi. Соның арқасында зейнетке шыққанға дейiн әлгiндей опасыз ұры-қарыдан қайтып жәбiр-жапа шеккен жоқ.

— Орманшы болған соң қиқыметсiз болмайды екен, — дейдi бүгiндерi Мырзекең өткен күндерiн еске алып. — Олай болатыны — жұмыстың ретi солай: күндiз-түнi ат үстiндесiң, тау-тасты аралап дамылсыз түзде жүресiң. Түзде жүрген пендеге, оның үстiне қалың орманның iшiн тентiреген кiсiге оқыс оқиға кездеспей тұрсын ба?

Ол кездегi Мырзекеңе бекiтiлiп берiлген учаскенiң көлемi жиырма мың гектарға жуық алқап екен. Мырзекең пәленше жылғы орманшылық қызметiнде осынау ұлан-ғайыр алқапты оңды-солды талай шиырлапты. Тиесiлi учаскесiндегi әрбiр жота, әрбiр сайға дейiн жатқа біліп алыпты. Әуестiк дегендi қойсаңызшы, бiрде орман аралап келе жатып: «Осы мына таудың арғы жағында не бар екен, көрiп қайтсам қайтедi?» деген әзәзiл ой түседi. Сол бойда аттың басын керi тартып, өмiрi барып көрмеген биiк таудың арғы жағына жол шегедi. Бiлмейтiн жердiң ой-шұңқыры көп, көп болған соң да Мырзекеңе бәрi таңсық. Көрмеген жерiн қызықтап, тауды бөктерлеп келе жатқан кезде қарағайдан қиып салған жатағандау үйшiкке тап болады. Мырзекеңнiң сол жерде делебесi қозып, тағы да әуестiгi ұстайды ғой... Адам аяғы баспаған иен жердегi бұл неғылған үйшiк? Әлде бiреулер осында қазына әкелiп жасырып жүр ме? Осындай күдiкпен Мырзекең атынан түсiп, еңкейiп үйшiктiң iшiне көз жүгiртедi. Көз жүгiртсе — iшiнде қызарып бiр асымдай жас ет жатыр екен. Бұл неғылған ет деп, Мырзекең еңбектеп үйшiкке қойып кетедi. Сол-ақ екен, қарағайдан қиылған ауыр бөрене сарт етiп, кiрген тесiгi бiтелiп қалады. Не болғанын аңғара алмай, өзi тас қараңғы, өзi тап-тар үйшiктiң iшiн сипалап, есiк iздеп бiраз әуреленедi. Үйшiктiң есiгi жоқ, жуан-жуан жас қарағайдан қиып салған бiтеу екенiне көзi жеткен кезде барып ақылы кiредi ғой.

Үйшiктiң төрт қабырғасы, еденi мен төбесi бөренемен мызғымастай берiк жасалыпты. Есiк деп еңбектеп кiргенi тесiк боп шықты. Бұл кiрген бойда ет салған тақтайды қозғатып жiберсе керек, тесiк тарс етiп өзiнен-өзi жабылып қалыпты. Сонда ғана Мырзекең бұл еш­қандай да қазына жасырған үйшiк емес, аю ұстауға арналған апан екенiн аңғарады. Төрт қабырғаны тепкiлейді, кеудесiмен итередікүшенеді, бөренелер мiз бағар емес. Аюға арнап жасалған дүние адам күшін елең қылсын ба! Айқайлайды, көмекке шақырады — адам баспаған иен тауда мұны кiм естiп жатыр. Ақыры, әлi құрып тағдырдың маңдайына жазғанына үнсiз көнедi де, ақырын күтедi.

Ол уақта Мырзекендердiң отбасы ауыл iргесiндегi орман iшiнде, шатырында «5» деген жазуы бар орманшының үйiнде тұратын. Ертеңiнде таңертең бәйбiшесi Зылиха шелегiн даңғырлатып сиырын сауып, қора жақтан қайтып келе жатса, анадай жерде Мырзекеңнiң аты ауыздығымен, ер-тоқымымен машақта жайылып жүр екен дейдi. Шошығанынан Зылиханың қолындағы шелегi түсiп кетiп, сауған сүтi лақ етiп төгiлiп қалыпты.­

— Ойбай, өлтiрдi! — дептi Зылиха аттан салып айғайға басып. — Жүлiктер өлтiрдi бiздiң Мырзашты... Баяғыдай тауда жазым еттi олар. Бармысың, ағайын, қолыңа қару ал, қарсы шап!..

Аттандап шыққан соң ағайынның намысы қозбай тұрсын ба, ер-азаматтар қолдарына бiр-бiр сойыл алып, аруақтарын шақырып тырағайлатып тауға қарай шаба жөнелiседi.

— Қайтар кегiн, Мырзашымның, қайтарыңдар! — деп Зылиха зар илеп үйде қала бередi.

Сол iздегеннен ауылдастары орманшыны күн iздейдi, түн iздейдi. Жердiң тесiгiне кiрiп кеткендей Мырзекең үштi-күйлi жоқ боп шығады. Пәленше күннен берi адам жоғалғаны туралы ауданға хабарлап, iздеушiлердiң қатарына милиция да қосылады. Бәрiбiр онымен де жоғалған Мырзекең табылмайды, Зылиха болса алыс-жақындағы жұрағат-жекжатты тегiс шақырып, үмiтi үзiлiп, Мырзекеңнiң науқанына дайындала бастайды. «Сүйегiң де табылмай арманда кеттiң-ау, арысым!» —деп Зылиха сұңқылдап жоқтаған кезде жиналған ағайынның сай-сүйегiн сырқыратады.

Абырой болғанда аңшылар аюға құрған апанын тексеруге келiп, кiресiлi-шығасылы есi бар орманшыны зембiлге салып, төртiншi күнi үйiне алып келiптi.

— Апанға аю түскен екен десек, борсыған еттi құшақтап, көзi шүңiрейiп бiр қазақ отыр, — деп Катонның қауға сақал кержақтары Мырзекеңдi әлi күнге мазақ етiсетiн көрiнедi.


***

Жалпы, Мырзекең ғұмырында денесiне артық май жимаған, сойдиған ұзын, сидиған таразы кiсi. Мырзекеңнiң киiм киiсiнен, жүрiс-тұрысынан әрдайым тазалық, әлдебір ақсүйектiк сезiлiп тұратын.

— Мырзеке, осы сiз төре тұқымынан шығарсыз? — деп сұраған бiрде Қанапия ол кiсiден.

Қазақтың рулары мен одан тарайтын сүйек мәселесіне келгенде сүріңкірей беретін Мырзекең:

— Болсақ болармыз, — деп немқұрайды жауап берген.

Онысын шын көрiп қалған Нұрғали:

— Жо-жоқ, Мырзеке, сiздiң сүйегiңiз қарғалдақ руы­нан, — дедi жұлып алғандай. — Өйткенi бiздiң ауданда қарғалдақтан бастықтар көп шыққан. Тiптi Байназар деген бiр қарғалдақ анау Алматыда үлкен бастық екен деп те естiгем.

Кәрi тарлан қартайғанда боз шығады демекшi, Мырзекең зейнетке шыққан соң ақсүйектiк танытып үстiне ақ жолағы бар көкпеңбек «олимпийка» сатып алған болатын. Сөйтiп спортпен айналысып кеткен. Ондай өзi әдемi, өзi сәндi, өзi жеп-жеңiл киiм осы ауылдың жастарының да түсiне кiрген жоқ-ты. Жұрттың айтуынша Мырзекең өзiнiң сәндi «олимпийкасын», өз бағасының үстiне ақша қосып, Өскеменнiң «барахолкасынан» алдырт­қан көрiнедi.

Спорт киiмiн киiп алып, Мырзекең қазiр күнде таңертең ертемен ауылды айнала бүлкек-бүлкек желiп бара жатады. Жарты сағаттай жүгiрген соң Мұқырдың жағасына барып, баяғыша, әлгi бiрiншi хатшыға сермегендей қолын оңды-солды сермеп, еңкейiп-тоңқайып ертеңгiлiк «зарядка» жасап қайтады. Күнделiктi жүгiргенi өзiне жағатын да секiлдi, құрдастарына қарағанда тың, арам етi жоқ, жасы жетпiске жетiп қалса да жараған аттай арынды.

Бiрақ... бәйбiшесi Зылиха айтқандай, желбегейге жел үйiр деп, пәле-жаланың бәрi осы Мырзекеңдi айналдыратын сияқты. Алғаш сатып алған жылы бұл кiсi осы «олимпийкадан» да сазайын жақсылап тартыпты ғой.

Қашанда спортты сүйетiн Мырзекең бiр күнi көршi баланың велосипедiн сұрап мiнедi. Үлкен кiсiге көшеде ойқастап велосипед тебу ыңғайсыз, Мырзекең кең жазықты бетке алып, ауылдың сыртына шығып кетiптi. Қарсыдан соққан самалға төсiн тосып, андыздап келе жатқан кезде «олимпийка» шалбарының бiр балағы велосипедтiң шынжырына қыстырылып қалады. Балағын шығарам дегенше болмай, велосипед жарға құлайды. Мырзекең де велосипедпен бiрге қисая жығылады. Қыстырылған балақ велосипедтiң астында қалады да, алайын десе қолы жетпейдi. Жұлып алайын десе дар етiп қайран «олимпийкасы» жыртылатын түрi бар. Өзi зейнеткер, демалыстағы адам, мұндай ыңғайлы киiмдi Зылиха өлiп бара жатса ендiгәрi алып бере ме! Бiреу келiп босатып жiберер деген үмiтпен Мырзекең шыжыған күнге қақталып, қыбыр етпей шұңқырда жарты күн жатыпты. Шұңқырда жатқан Мырзекеңдi суға түсiп, үйге қайтып келе жатқан балалар көрiп, велосипедтің шынжырын шешіп босатып алыпты. Шындығында балалар да көрмей өте бередi екен, ертiп алған иттерi шәуiлдеп үрiп, шұңқырда бiрдеңенiң жатқанын әйгiлеген тәрiздi.

— Бiздiң Мырзаш жыраға құлап, бiр ажалдан аман қалды! — деп Зылиха сол күнi көршi-қолаңды, ауыл ақсақалдарын шақырып, қонақасы берiп, тiлеу тiлептi.

Бұл әңгiменi естiген кезде:

— Ол қайдағы жыра мұның құлап жүргенi? — деп Нұрғали қайран болды.

— Әлгi... өлген малды тастайтын шұңқыр ше?

— Құдая тоба, ол төңiрек маңайынан адам жүрместей сасық едi ғой? Мырзекең нағып жүр ол жақта?

— Мырзекеңе бәрi бiр емес пе... Иiс сезбейдi, гаймаритпен ауырған.

— Апырмай десеңшi, ол кiсiге құдық пен шұңқыр қашанда даяр тұрады екен! — деп бұл оқиғаны естiген кезде Нұрғали құрдасына шын жаны ашыды. — Е, қасқыр қартайса итке мазақ болады деген осы да... Әйтпесе Мырзекеңдер бір замандарда  түкiрiгi жерге түспейтін бiлдей бастық емес пе едi!

Совхоздың қазiргi директоры Түсiпбеков мырза: «Тар қазандай тасқалақ осы ағамыз қайтып ел басқарып жүрген?» —деп кейде күдiк келтiредi. Мейлi, күдiк келтiрсе келтiре берсiн. Бiрақ Мұқырда туып, Мұқырды бас­қарған жалғыз бастық әзiрге осы Мырзекең екенi айдай шындық.

***

Құдандалық-жекжаттықтың жолынан, ата-баба салт-дәс­түрiнен мұқырлық ағайындар да кем түсiп, көштен қалып көрген емес едi. Баяғы бiр ескi замандардағы қазақтың бел құда, бесiк құда, аяқ құда дегендей, құдандалығының алуан түрiн бұл мұқырлықтар да бас­тарынан өткерген. Солардың бiрi Бектемiр молда болатын. Сайтан қартайса сопы болар деген, бүгiнде ол кiсi түк көрмегендей тасбиық тартып тымпиып отыр ғой әнеки. Осы Бектемiр мен ақсақ Нұрпейiстiң басына түскен баяғы бiр бәледен соң мұқырлықтар «айттыру», «атастыру» сияқты ата жолын тас ұмытты. Содан кейiн-ақ қалыңдық iздеу, жар таңдау мәселесiн олар тұтасымен жастардың өз еншiсiне қалдырған.

Ол заманда Бектемiр дiн ұстап, иман жолына түсе қоймаған, әлекедей жаланған жас кезi екен. Қасында төс түйiстiрген жан досы, үзеңгiлес серiгi Нұрпейiс бар. Ол кезде Нұрпейiстiң де бұғыға әлi мiнбеген, ағаштан құлап, аяғын әлi сындыра қоймаған, шолтаңдаған мүгедек ақсақ емес, дыңғыраған тың шағы болса керек. Осылайша екi дос жұбы жазылмай, айдынның егiз қазындай есен-сау жүрiп жатады. Әлгi қиссалардағы аңыздардай, күндердiң күнiнде жұбы жазылмаған екi достың әйелдерi де айлас-мұңдас болып, бiр мезгiлде бала көтередi ғой...

— Әгәрки, сенiң әйелiң қыз тауып, менiң әйелiм ұл тапса — екеуiмiз құда болайық! — дейдi Бектемiр.

— Егерде сенiң әйелiң қыз тауып, менiң әйелiм ұл тапса қайтемiз? — дейдi момын Нұрпейiс.

— Олай болуы мүмкiн емес! — дейдi Бектемiр ата қораздай айдарланып. — Бiзде мүлт кету деген болған емес. Оған өзiң де куәсiң!

— Мен де бiр азаматтай тiзе жыртып, еңбектенiп жүрген жанмын ғой, менiкi неге қыз болуы тиiс? — дейдi Нұрпейiс мұңайып.

— Көңiлiңiзге келсе де айтайын, бұл жөнiнде өзiңiз­ге күмәндiмiн, — дейдi Бектемiр досын одан сайын ­жерлеп.

— Ал екеуiмiзде де ұл болса, немесе екеуiмiзде де қыз болса қайтемiз?

Екi дос бiрiн-бiрi қажап мұқатқан осындай бос мылжың, қысыр әңгiмемен тоғыз айды өткiзедi. Тоғыз ай толып, уақыты жеткен соң екеуiнiң де әйелi аман-есен босанады. Нұрпейiстiң әйелi ұл, Бектемiрдiң әйелi қыз туады. Қоразданып қоқиып жүрген Бектемiрдiң бiр-ақ күнде сағы сынып, досы Нұрпейiспен құдалыққа амалсыз келiседi. Жылдар өтiп, қыз бәлиғатқа, ұл кәмелетке толады. Ендi екi дос құдалықтың мәселесiн бiржола шешпек ниетпен жастарды шақырып, кесiмдi сөздерiн айтады. Оқыған қаратаяқ жастар мұндай зорлыққа қайдан көнсiн: қыз «бармаймын» дейдi, жiгiт «алмаймын» дейдi. Бекең қызына «барасың» дейдi, Нұрекең ұлына «аласың» дейдi. Осылайша екi жақ болып мәмiлеге келе алмай айтысып жүргенде, Бекеңнiң қызы үштi-күйлi жоғалып кетедi. «Қыз жоғалды» деген суық хабар мұқырлықтарды аяқтарынан тiк тұрғызады. Қыз iздеу операциясына белсеніп ауылдық кеңес, учаскелiк милиция араласады. Милиция уақиғаның себеп-салдарын тексерiп кеп жiберiп, бәленiң басы қос құда — Бектемiр мен Нұрпейiстен екенiн анықтайды. Ол кезде қазiргiдей мамыражай уақ емес, шаш ал десе бас алған қиын заман ғой... «Кертартпа феодализмнiң кесiрлi дәстүрiн уағыздаушы, социалистiк отанға жат пиғылды адамдар» ретiнде екеуi де қолма-қол ұсталып, қосақталып сол күнi ырдуан арбамен ауданға айдалады.

«Қыз байқұс күйiнiштен құса болып, тау басындағы Шәңген көлiне құлап өлiптi-мiс», «Әкесiнен түңiлген қайран бала бақытын iздеп қалаға қашып кетiптi-мiс» тәрiздi жел сөз бес күн бойы ауыл үстiн бозторғайдай кезiп жүредi. Ескi дәстүрдi жаңғыртамыз деп аяқ-қолы маталып, ауданға айдалған Бектемiр мен Нұрпейiстен де хабар-ошар болмайды. Қызды қойшы, тiрi болса бiр табылар, мұқырлықтарды бұдан былай нақақ айдалып кеткен арыстай екi азаматтың тағдыры қыйнайды. «Түрмеге салатын болды, кісенделіп ит жеккенге айдалатын болды» деп, еңiреген кезде екi әйелдiң етектерi жасқа толады.

Жоғалған қыз Өрелдегi нағашы атасының үйiне барып, бес күн бойы тығылып жатқан екен. Бесiншi күнi кешке түк болмағандай шашы желбіреп Мұқырдағы үйiне аман-есен қайтып оралады. Қыз есен-сау табылғанымен, ұсталған азаматтарды аудан оңайлықпен босата қоймайды. Қыз iздеген бес күннiң үстiне тағы бес күн бойы оларды қайта-қайта тергеп, хатқа жазып жауап алыпты. Сөйтiп қос құда он күн бойы уақытша түрменің тышқан жортқан тас қапасында отырып шығады. Көздерi кiлмиiп, өздерi iлмиiп, үйлерiне үрпідей үдірейіп жеткен екен

Бұл уақиға басқаларға да өнеге-сұбап болып, атастыру салтының тамырына Мұқыр жерiнде мәңгiлiк балта шабылады. Құдандалық-жекжаттықтың басқадай да салт-дәстүрi, ырым-жоралғысы мүлдем келмеске кетедi. Осы уақиғадан соң мұқырлықтар жаңа заманның жарқын бейнесiне айналған «комсомол тойына» тұтастай көшiсiп кетедi.

Осылайша, феодализмнiң сарқыншағы мүлдемге жойылды деп, арқаны кеңге салып жүргенде мұқырлықтар тағы бiр масқараға тап болысқан... Бұл жолы Мұқырда тірідей қыз ұрланған болатын. Турасында, құдай сақтап қыз ұрлана жаздаған болатын.

Мұқырлықтардың пайымында қыз ұрлау — ер жiгiттi ұшпаққа шығара қоятындай абиырлы кәсiп емес. Олардың ойынша, қыз ұрлау дегенің төтенше екi жағдайда ғана болады: жiгiттiң ынжықтығынан, сосын ата-ананың ақылсыздығынан. Бiрiншi жағдайда — жiгiт өзi ұнатқан қызын көндiре алмайды, көндiре алмаған соң оны ұрлап қашуға бекiнедi. Бұл жiгiттiң ынжықтығы емей немене? Немесе — жiгiт бетiнен бөзi, аузынан сөзi түскен жетесiз. Екi сөздiң басын қосып, қызға жақындай алмайтын мырқымбай. Бұл да ынжықтық емей немене? Ал екiншi жағдайдың жөнi бөлек... Қыз бен жiгiт бiрiн-бiрi ұнатады, сүйеді, қосылып бірге өмір сүруді ниет етеді. Бiрақ қыздың әке-шешесi тыртысқан біреулер, екудің бұл некесіне қарсы. Шын сүйiскен жастар мұндай жағдайда не iстеуi керек? Әрине, бiреуi үйiнен қашып шығады, екiншiсi оны ұрлап тынады.

Мұқырдағы «қыз ұрлау» хикаясы осы аталған екi нұсқаның алғашқысына сәйкес келетiн.

Бұл жолы дау-дамайға мұрындық болған — Қазтай деген қалмақ бет қара жiгiт болатын. Өзi күжiрейген тоңмойын, қыз-келiншекке ебi жоқ ынжықтау бiреу едi. Сөй­ле­генде — екi ұртын томпайтып, әлдекiмге өкпелеп тұрғандай қомпаңдап сөйлейтiн. Құрдастары оның не ай­тып тұрғанын түсiне алмай, көбiнде қайталап сұрайтын.

Әке-шешесi ертерек қайтып, жастайынан әжесi Қатипа кемпiрдiң тәрбиесiнде өскендiктен Қазтайдың аздаған шолжаң еркелiгi де бар едi. Әжесiне өстiп еркелеймiн деп жүрiп Қазекең көп дүниеден бос қалса керек. Қазтайдың сол әжесi күндердiң бiр күнiнде немересiнiң құлағын жақсылап бұрап, ақыл үйретiп жiбередi ғой. «Мен қартайдым, ендi сен қатын ал. Келiн түсiрiп қолымды босат, немере сүйiп, қуанышқа кенелейiн. Отызға келгенше қашанғы өстiп сүр бойдақ жүре бермексiң!» —деп ойбайға басып, жалғандағы жалғыз немересiн үйден түрiп шығады. Ашуланса әжесiнiң де мiнезi шатақ екен, «қолынан жетектеп бiреудi әкелмей, үйге кiрмейсiң» деп, есiктi тарс жауып, iштен iлiп алыпты.

Басына ауыр күн туған Қазтай қайда барсын, салы суға кетiп достарын паналайды баяғы. Осылай да осылай, қатын ал деп жатыр, жағдай шиеленiсiп тұр дейдi достарына шағынып.

«Ал» дегенге ала қояр қыз қайдан табылмақ, достары да ауыр ойға батып, жан-жақты жоспар құрысады. Ынжық Қазтай осы ауылдың қалың қызының бiреуiмен жүрiп, тым болмаса бiреуіне екi ауыз тiл қатса ғой — мәселе оп-оңай ақ шешiле салады екен. Ондай даяр тұрған кандидатура жоқ боп шығады. Қазекеңнiң өзiне салсаң таңдау, талғау дегендi бiлмейтiн секiлдi. Көйлек киiп көлбеңдеген көпшiлiк, қолынан жетектеп қайсысын алып келсең де кет әрi емес. Достары тоғыз ойланып, он толғанып, бұл ауылдың қыздары Қазекеңе мал болмасына көздерi жетедi.

Осы күнгi тентек Рахман ол кезде оныншы класта оқитын оқушы екен. Оқушы болса да орта басқарып жүрген оғылан жiгiт екен.

— Ұрлау керек! — дептi Рахман. — Ұрламасақ, мына Қазтайға жынды бiреу болмаса, естi қыз жоламайды.

— Бектемiр мен Нұрпейiс құсап басымыз бәлеге қалып, iстi боп жүрмейiк?

— Мейлi, iстi болсақ болармыз... Есесiне Қазтай қатынды боп қалады.

Жігіттер «өз ауылымыздың қызын ұрлайтын болсақ — олардың әке-шешесi, қала бердi туған-туыстарының бәрi таныс кiсiлер, абыройсыздыққа ұрынып жүрермiз» деген тоқтамға келедi. Сондықтан аудан жақтан келiп осы ауылда қонақтап жатқан Әтiркүл деген қызға барлығы бiрауыздан байлам жасайды. Ол идеяны да алға тартқан Рахман екен.

— Ол қыз үш күннен берi менiң немере апамның үйiнде қонақта жүр. Апам екеуi техникумда бiрге оқыпты. Жас қыз ғой, әлi бойдақ екен. Қазтайға қатып тұрБұдан оңтайлы кандидатты итпен iздесеңдер де таппайсыңдар! — деп топ ортаға ұрымтал ұсыныс тастайды.

Ұрыста тұрыс жоқ, Рахманның бұлтартпас дәлелiн мойындаған жiгiттер қыз ұрлайтын үшеудi iрiктеп былай шығарады. Қалғандары әжейдi қуантып сүйiншi сұрап, көршi-қолаң, туған-туыстарды шақырып, той қамына кiрiсу үшiн Қазтайдың үйiне қарай ағылады.

Астарында уақытша бiреуден сұрап алған «Жигули», ұрлыққа шыққан бұл үшеудiң басшысы тағы да Рахман екен. Екiншiсi — өткен жылы мектеп бiтiрiп, оқуға түсе алмай, ауылда есепшi боп жүрген Ақан деген аласа бойлы қылдырықтай құба жiгiт. Үшiншiсi — Жанұзақ, күжiрейген күдiс жон, қайда салсаң да қайтпас қайрат иесi. Аңдап басып, ақырын жүрер мынадай алмағайып шаруаға епсiз болғанымен, жаман айтпай жақсы жоқ, жанжал шығып, жан сауғалар жағдай туса — достарын кеудесiмен қорғап қалатын баһадұрдың нағыз өзi. Рахман Жанұзақты осындай бақай есеппен ертiп алады.

Жағдайдың жай-жапсарын алдын-ала барламақ болып, Рахман апа-жездесiнiң үйiне кiредi. Тракторымен таудан ағаш тасып жүрген жездесi үйге әлi орала қоймапты, қыздар өздерi ғана шүйіркелесіп жеке қалыпты. Рахман апайының ша­йын iшiп, қыздардан жайлап сыр тартып, өзiнше барлау жасап жағдайға қанығады.

— Құдай сәтiн сап тұр, бәрiн де бiлдiм, — дейдi шыққан бетте сырттағы достарына. — Жолдың арғы бетiнде тұратын Әмiр шал бар ғой... Соның кенже қызы Қанипамен де бiрге оқыпты ғой бұлар. Қазiр қонаққа сол үйге жиналып жатыр. Бiз машинаны жолға қойып, оларды күре жолдың бойында, былайша айтқанда Қособаның түбiнде күтейiк. Олар бәрiбiр үлкен жолды кесiп өтедi. Сәтiн салса, сол жерде қызды тырп еткiзбей, қанжығаға мықтап байлайтын боламыз.

Осылай деп келiсiп, «Жигулидi» күре жолдың жиегiне қойып, қыздарды тапжылмай күтедi. Рахман — рульде, қалған екеуi сыртта. Қызды бас салып, аяқ-қолын бүктеп машинаға салған бойда, алды-арттарына қарамай зыр ете түспекшi. Сосынғысы итпен қуса табар ма бұларды. Жоспар мықты, жiгiттер жiгерлi, қандай да болсын ерлiкке дайындалып сақадай сай тұрысады.

Не заматта Рахманның апа-жездесiнiң үйiнiң шамы сөнiп, қараңғы түнде күбiрлеп сөйлесiп берi беттеген екi кiсiнiң нобайы байқалады.

— Бала көтерген алдыңғы әнебiреуiсi менiң апа­йым, оған тимеңдер! — дейдi Рахман қос серiгiне қатаң ескертiп. — Соңында келе жатқанды икемдеңдер!

Қарулы жiгiттер қойсын ба, соңғы әйелдi бас салып, аузын басып, қолын қайырып, машинаға тыпырлатып тықпалай бастайды. Жан бермек оңай ма, мұндайда қыз екеш қыз да қарулы боп кетедi екен... Үш жiгiтке бой бермей табандап, машинаға кiрмей тыртысады. Рульде отырған Рахман да қолы iлiнген тұстан жармасып, қайсар қызды iшке қарай тартқылайды. Тарт­қылап жатқан кезде қыздың көйлегi басына түрiлiп, төменгi жақтағы үлбiреген iш киiмi дар етiп жыртылып кетедi.

— Оңбағандар! — деп, абыройы байқалып қалған қыз дауыстап жылап жiбередi.

— Ойбай, мынау менiң апайым ғой! — дейдi Рахман қызды даусынан танып.

Аң-таң болған жiгiттер жылыстап бiр шетке шыға бередi. Үстi-басы жыртылған апайы Рахманды жерден ап, жерге сап ұрысады, ертеңгi күнi шешесiне айтып, көкесiне танытпақ болады.

Рахман бейбақ қайтсын, бәрiне де шыдап бағады.

— Әтiркүл қайда?

— Әтiркү-үл!

Бала көтерген Әтiркүл бұл сұмдықты көрген бетте алды-артына қарамай безiп отырса керек, үштi-күйлi бұл маңайда жоқ. Рахман апайынан жатып-жастанып кешiрiм сұрап, ат-шапан айып төлейтiн болып, азар құтылады.


***

Жолы болмаған үшеуi сүйретiлiп Қазтайдың үйiне келедi. Келсе — ел-жұрт тегіс жиналған, бәрi де елеңдесiп келiн күтiп отыр. Келiншек алу да бiр бақыт қой, әншейiнде бiтеу жараға ұқсайтын Қазтайдың көзiне де оқыс нұр бiтiп, күлiмсiрей берiптi.

Ет асулы, дастарқан жаюлы, ендi не iстеу керек? Келiн жоқ, жортуылға кеткен үшеуi сопиып соқа бастары жеткенiн көргенде, Қатипа әжей сай-сүйектi сыр­қыратып зарлап қоя бередi. Елдiң ұлына қатын деген даяр тұрады, бiздiң ұлдың жолы бiр оңғарылмаған жетiмек болды-ау. Ендi ел-жұрттың бетiне қалай қараймынқарабет болдым-ау деп, еңiреген кезде, үшеуi ерiндерiн тiстеп, тастай түйiнiп, тағы да суыт жолға шығады ғой. Бұл жолы мәшинесіз  жаяу аттанады.

Былай шыға бере Рахман сарбаздардың басын қосып, тағы да шағын кеңес құрады.

— Олар шошып қалды, бүгiн үйге қайтпайды, сол Қанипаның үйiне қонады, — дейдi Ақан.

— Басқа бiреудi аңдымасақ, Әтiркүлден үмiт үзiлдi, — дейдi Жанұзақ гүжiлдеп.

«Үмiтсiз шайтан» деп, ертеңгi күнге қашанда сергек сезiммен қарайтын оптимист Рахман:

— Саспаңдар, достарым! — деп серiктерiн сабырға шақырады. — Менiң өмiрлiк тәжiрибем айтады: қонаққа барған адам — шай iшедi. Әсiресе қыздың үйiне қыз қонаққа барса — майын тамызып өсек соғады, сосын шөл даладан келгендей сары самауырды сарыққанша шай iшедi.

— Иә, сосын?

— Ал шайды көп  iшкен кісі бiтеу болмаса далаға бiр шығуы тиiс қой? Рас па?

  •  Солай шығар...
  •  Қорықса да қысылып қашанғы үйде отырар дейсiң. Ақыры далаға бір шығады. Бiздiң мiндет — олар далаға шыққан кезде аңдып тұрып бас салу. Тыпыр еткізбей байлап-матап ала қашу.

— Обал ғой, далаға шыққан соң шаруасын бітіруге мұрсат берейiк те? Содан кейiн де бас салсақ үлгере­мiз ғой.

— Ешқандай да обалы жоқ. «Жауды аяған жаралы болады». Мен дәл қазiр осы мақалды «Қызды аяған қатынсыз қалады» деп өзгертемiн! Келістік пе?

Осындай келісімге келіп, үш ноян Әмiр шалдың үйiн ториды ғой. Үйге кiрген қонақтар неше самауыр шай iшкендерiн кiм бiлсiн, әйтеуір бұларды сарғайтып ұзақ күттiредi. Не заматта, дәлiздiң есiгi шиқ етiп сыртқа теуiп, арғы жағынан күбiр-күбiр сөйлесiп, сыңғырлай күлiп екi қыз шығады.

— Туу... дала тастай қараңғы екен ғой... тұра тұршы, мен шамды жағайын, — деп бiреуiсi қайрылып дәлiзге кiрiп, тырс еткiзiп ауланың шамын жағады.

Ендiгiсi аула iшi де, қора жақ та самаладай жарқырап салады. Сыртқа шыққандар — Қанипа мен Әтiркүл екен. Шүкiршiлiк, араларында Рахманның апайы болмайды. Бағанадан берi үйде соққан әңгiмелерi жетпегендей екi қыз ендiгiсi ауланың ортасында тұрып ұзақ-сонар әңгiмеге кiрiседi.

— Бұлар бiтеу ме едi, неге берi таман жақындамайды? — дейдi Рахман тағатсызданып.

— Әй, Ақан, осы Қанипалар сендерге нағашы болып келушi едi ғой? Сен бұларға өз адамысың... барып сөйлесiп, Әтiркүлдi берi қарай икемдесеңшi! — деп қыздардан қозғалыс болмаған соң, Рахман оларға Ақанды жұмсайды.

— Екеу ғой, екi қызға күшiм жетпейдi, — деп Ақан жiгерсiздiк танытады.

— Сен күшпен емес, сөзбен алдап, берi таман қараңғылау тұсқа шығаршы... Содан кейiнгi шаруаны бiз қатырамыз.

Амалы жоқ, Ақан мойыны салбырап, тыпың-тыпың басып қыздарға қарай кетедi.

— Әй, Ақан, сен қайдан жүрсiң? — деп, түнделетiп жүрген бауырына Қанипа сезiктене қарайды.

— Әйеме келдiм, бiр шаруамен... — дейдi Ақан апа­йының күдiгiн сейiлтпек болып.

— Әйең үйде отыр, ендеше бар...

— Сендер неғып тұрсыңдар?

— Бiзде шаруаң қанша... Бiз әңгiме айтып тұрмыз.

— Мен де әңгiме тыңдайыншы!

— Қыздардың өсегiнде нең бар?

— Тыңдағым кеп тұр.

— Мен сенiң апайың емеспiн бе, айтқанды тыңда, үйге бар!

— Бармаймын... Сендердiң қастарыңда тұрамын. 

Ақан тiл мен жағына сүйенiп апайымен өстiп сөз таластырып бiраз тұрады.

— Ендеше Әтiркүлдi күзетiп осы жерде тұра тұр, мен сыртқа шығып келейiн, — дейдi күдiгi сейiлген апайы аздан соң.

— Жарайды... Бара бер!

Қанипа бұраңдай басып қораның қараңғы бұрышын айналып кетедi. Ақанда зәре жоқ, ана екi антұрған Әтiркүл екен деп Қанипаны бас салып, бағанағы қателiктi қайталап жүрмесе неғылсын деп қылпыл­дайды.­

— Сiздiң атыңыз Әтiркүл, сiз бiздiң ауылға қонаққа келдiңiз, ә? — дейдi Ақан сызылып.

— Иә, атым Әтiркүл...

— Менiң атым — Ақан болады.

Ақан Әтiркүлге қымсына қолын ұсынып танысады да, сол ұстаған күйi қыздың қолын жiбермейдi:

— Шамның астына сайтан көбелек толып кетiптi, көйлегiңiздi жеп қойып жүрер... Жүрiңiз, былайырақ барып тұрайық! — деп ұсыныс айтады.

— Сайтан көбелек дейсiз бе? — дейдi Әтiркүл таңырқап.

— Сайтан көбелек деген «моль» ғой...

— Тұрған тірі адамның да киiмiн жей ме екен?

Қыз сенерiн де, сенбесiн де бiлмей, Ақанның жетелеген жағына қарай жылжиды.

— Жегенде қандай! — дейдi Ақан одан сайын екiленiп. — Әнеу күнi сiз секiлдi бiр қыз жiгiтiн күтiп осындай шамның астында көбiрек тұрып қапты. Жiгiт те жоқ, үстiндегi кiрепдешiн көйлегi де жоқ, әлгi қыз сол күнi үйiне жалаңаш қайтыпты. 

— Қойыңызшы! — деп қыз сықылықтап күлiп жiбередi. — Сiз керемет фантазер екенсiз. 

— Шын айтам, имандай шыным! — деп Ақан сол қолымен кеудесiн басып, қызды жетелей түседi. — Сондықтан жүрiңiз, жарықтан былайырақ тұрайық.

— Бұдан әрiге бармаймын.

— Неге?

— Қараңғы... қорқамын.

— Несiне қорқасыз?.. Қасыңызда мен бармын ғой!

— Сiзден де қорқамын... Өтiрiктi шындай соғады екенсiз.

— Қорықпаңыз, жүрiңiз!

— Жо-жоқ, бармаймын. Бұл ауылдың жiгiттерiне сенiм жоқ сияқты. Мен осы жерден әрiге аттап бас­паймын.

«Қап, қысыр әңгiмемен уақытты ұтқызып алдым-ау», деп Ақан қапа болады. Осы кезде шиқ етiп, әжетхана есiгiнiң ашылған даусы естiледi. Ендi кешiгуге болмасын ұғып, Қанипа келсе, еңбегiнiң зая кетiп, сандалып далада қаларын Ақан түсiнедi.

Сол оймен мысықша атылып, қыздың ту сыртынан, қапсыра құшақтай алады:

— Жанұзақ... Жанұза-ақ! — дейдi айқайлап. Аяқ-қолы балғадай қарулы қыз қойсын ба, арқасына таскенеше жабысып алған кiшкентай жiгiтке бой бермей бұлқынады.

— Жанұза-ақ! Жанұза-ақ! — деп Ақан жан дауыспен достарын көмекке шақырады.

Сырттағы айқайға үйдегi әйелдер жүгiрiп шығысады, қора жақтан ойбайлап Қанипа жетедi. Аула iшi азан-қазан болады да кетедi.

Бұл көрiнiстi сырттай бақылап тасада тұрған екеу қыр асып зытып жоғалады. Не заматта жағасы жыртылған, бет-аузы айғыз-айғыз тырналған Ақан жетедi ентiгiп:

— Сатқынсыңдар! — дейдi ол қан түкiрiп. — Қалың қатынға жалғыз мені жем еттiңдер!

***

Үшеуi салы суға кетiп Қазтайдың үйiне келсе — екi көздерi төрт болып, тойға жиналған жұрт бұларды әлi күтiп отыр екен. Бұлардың сүтке түскен тышқандай кейiпте, мойындары салбырап тағы да бос қайтқандарын көрген Қатипа әжей тағы да зарлап қоя бередi. Тағдырға лағнет айтып, «мұндай қорлықты көрсеткенше, қу шұнақ құдай, кеше неге алмадың менi» деп сұңқылдайды. 

— Болды, әже, қамықпаңыз! — дейдi Рахман тоқтау айтып. — Анау төргi үйде үйiрiлiп отырған көп қыздың қайсысы сiзге ұнайды? Қане, көрсетiңiз, соның бiреуiн келiн етiп бүгiн түсiрiп бермесек — бiздiң жiгiт атымыз өшсiн!

Тағы бiр үмiттiң ұшқыны жылт еткесiн, Қатипа әжей көзiн сүртiп, риза пейiлмен Рахманға:

— Қарақтарым, қыз жақсысы қисық лашықтан табылады, — дептi. — Осы шаңыраққа ие болар тұтқа, балама жар болар адамға ризамын. Қайсысын қалайтынын Қазтайдың өзiнен сұраңдар.

— Апа, мен қайдан бiлем... — деп Қазтай ат-тонын ала қашады.  

— Бiлмегенi несi?

— Маған бәрiбiр... Қатын болса бопты.

— Оу, кеще, еркек емеспiсiң! Қай қыз ұнайды деп адамша сұрап тұрмыз ғой сенен? Көрсетсеңшi!

— Бәрi ұнайды... Бәрi де жақсы қыздар! Өздерiң таңдап берiңдершi бiреуiн? — деп Қазтай жалынғандай болады.­

 — Сонда не... Бәрiн қатын етпек ойың бар ма? 

Ауыз үйде отырған жiгiттер ендiгi жерде Қазтайға қалыңдықты өздерi таңдауға кiрiсiп, төргi үйдегi қыздарды бiр-бiрлеп сарапқа салады. Әжейге келiндiкке қай қыздың «кандидатурасы» лайық, сол төңiректе ұзақ-сонар мәслихат құрысады:

— Ләззәт қалай?

— Тантыма... Оның жiгiтi бар! 

— Кiм?

— Оралғазы... Екеуiнiң жүрiп жүргенiне, мiнеки, бiр ай болды.

— Ал бергi шеттегi Мәриәм ше?

— Ол да болмайды. Ол қызды көптен берi Шаймардан айналдырып жүр.

— Менiңше, анау Бағдат дұрыс секiлдi?

— Бағдат па?.. Құдай сақтасын... Ана мiнезбен әжейге күн көрсетпей, Қазтайды бiр шыбықпен айдап жүрер... Бетпақ қой ол, бетбақ!

— Онда Күләйдi икемдеген жөн шығар?

— Аяғы қисық демесең... Әжесiнiң мойнына көп мiнген қыз секiлдi.

—Кәмила қалай?

— Көзiнiң аздап қилилығы болмаса...

—Оу, бұларың не?.. Жiбi түзу қыз қалмады ғой бұл ауылда.

— Жiбi түзулерiн қылдай ғып өздерiң бөлiп-бөлiп алдыңдар. Неғыл дейсiңдер ендi?

— Кейбiреуi бүгiн келген жоқ.

— Сонда қалғаны бiрөңкей ақсақ-тоқсақ, қисық пен қылилар ма?

— Жо-жоқ... Кәмиланың аздап қылилығы болмаса, былайша нешауа бала сияқты.

— Бәрiбiр жарамайды... Әжейге жiп сабақтап бере­тiндей көзi түзу қыз керек. Ал сенiң Кәмилаңның көзiл­дiрiгiнiң шынысы бес елi.

— Жiгiтi жоқ, басы бос жүргендерден кiм қалды ендi?

Жiгiттер тығырыққа тiрелiп, қатты ойланысады.

— Айтпақшы, анау шифонердiң қасында отырған Нұрлытайға көз салыңдаршы! — дейдi Рахман бұл қиындықтан шығар ең соңғы мүмкіндікті нұсқап.

 — Е, немене, көрмей жүрген — Нұрлытай деймiсiң? 

 — Өзi де шифонердей етжеңдi қыз ғой.

— Үй шаруасына олақтау демесең... Әжейге масыл болып, түске дейiн ұйықтайтын ерiншек келiн боп жүрмесiн!

Шифонердей денесiмен осы Нұрлытай күдiрейген Қазтайға әбден лайық едi, ең ұрымтал осы ұсыныс та өтпей қалады.

— Ендеше, ортадағы анау Мәйкеннен өзге лайық адам таба алмай отырмын, — дейдi Рахман үмiтi үзiлiп.

— Мәйкеннiң көршi ауылда жiгiтi бар деп естiгем.

— Әбжан ба... Оның әскерге кеткенiне, мiнеки, бiр жылдан асты.

— Байқұс бала-ай, сағынып жүр екен ғой...

— Пiшту, бұ заманда әскерге кеткен жiгiтiн тосқан қызды көрсем көзiм шықсын... Оданда ретi келмей, ыңғайлы жiгiт кездеспей жүр десеңшi.

— Ендеше, Мәйкеннiң сұбабын алып, Қазтайды жолықтырайық оған... Қазтай, қалай, Мәйкенге көңiлiң тола ма?

— Толғанда қандай! — деп Қазтай жерден жетi қоян тапқандай қуанып, ыржиып салады. 

— Толса сол, бүгiн сенi сол Мәйкенге үйлендiремiз! — дейдi Рахман.

Келiндiкке «кандидатура» таңдау мәслихаты осымен аяқталады. Мәслихаттың қаулысы аса құпия сақталып, үйдегi, түздегi жастар, туған-туыстар дастарқан басына шақырылады.

Өзгелерге қарағанда қызыл тiлге аздап икемi бар ғой деп, Рахман асабалыққа Ақанды сайлайды. Сонысы үлкен қателiк болған секiлдi. Ақан қыздардың алдында шешендiгiн көрсетемiн деп дiлмарсып, мылжыңдап ұзақ сөйлептi. Құпия қаулы бойынша бiр тост ұзақ күттiрген бүгiнгi отырыстың баянды болуы үшiн, ештен де кеш жақсы дегендей, осы шаңырақтың болашақ келiнi үшiн көтерiлуi тиiс екен. Бұл тост бiткен бойда Мәйкеннiң басына орамал жабылып, екi жақтан екi жеңгесi қолтықтап, төрт жiгiт былайғы жанжалдан қоршап, шымылдықтың iшiндегi құтты орнына апарып қоңдыруы тиiс екен. Ақанның көп сөйлеген мылжың сөзi соншалықты дәлдiкпен ойластырылған тамаша жоспардың күлiн көкке ұшырса керек. Сөйлегенде былайғы жаққа қарап сөйлесе бiр жөн ғой, өзге қыз құрып қалғандай қайта-қайта Мәйкенге қарағыштап, көңiлдегi құпиясын сездiрiп алады. Келiннен келiннiң жорғасы жоқ, бiрақ бұл үйдiң босағасын оң аяғымен аттаған келiн мiндеттi түрде құтты келiн болатынын, мiндеттi түрде бақытты болатынын айтып, апырмай, маңдайының бағы бес елi сол қыз қайда екен деп асаба өзiне телмiрiп зар қақсап тұрған соң Мәйкен мән-жайды сезбей қойсын ба! Мәйкен ғана емес, Мәйкенмен бiрге ере келген өзге қыздар да сезiктенiп дайын отырыпты. Ту сырттарынан келiп, Мәйкеннiң басына орамалды жаба берген кезде қыздардың бәрi орындарынан атып-атып тұрысады. Баяғының жiбектей сызылған биязы қыздары емес, шеттерiнен оқу оқып, тiлi шыққан қаратаяқтар емес пе, сол жерде шу көтерiп «көтерiлiс» шығарады. Өздерi айтқандай, қылиы бар, қисығы бар, бетбағы мен «шифонерi» бар қалың қыз айғайға басып жiгiттердiң шаңын қағып, екi аяқтарын бiр етiкке тығады. Сол бойда соңдарына да бұрылмастан қыз бiткен тойдан тайып тұрысады.

Тобық жұтқандай томсырайып отырған жiгiттерге аздан соң жан бiтiп, ендi бiрiн-бiрi кiнәлауға көшедi. Кiнәлаудың ақыры төбелеске ұласып, бiреудiң көзi көгерiп, бiреудiң шекесi iсiп, бiреудiң киiмi жыртылып, берекелерi қашып тарқасады.

Мұқыр ауылының тарихындағы ең алғашқы, әрi ең соңғы қыз ұрлау хикаясы осылайша аяқталған едi.


***

Сол Қазтай сәтiн салып, сол жылы күзде әжесiне ақыры келiн түсiрген. Ақан «шифонер» деп, Рахман «ерiншек» деп жаратпаған баяғы Нұрлытайға үйленген болатын. Бiлмейтiн жұрт кейде албаты ғайбаттайды екен: айналайын Нұрлытай құтты келiн, Қазтайға сүйiктi жар болды. Әйелiне әсiресе Қазтай дән риза сияқты, «Нұрлытай» десе болды, екi езуi екi құлағына жетiп, ыржиып сала бередi.

Атам қазақтың көп бейнеттiң бiр зейнетi болады дейтiнi рас екен. Жетiм өскен момын Қазтай да келiншек алып, адам санатына қосылып кеттi. Сөйтiп Мұқыр ауылының тағы бiр шаңырағы қуаныш пен бақыттың кемеліне кенелді.

Дей тұрғанмен, бақытты деген шаңырақтың өзiнде де бiр кiлтипан болады екен. Отбасының iшкi сыры секiлдi ондай кiлтипанды былайғы жұрт, сырт көз байқай да бермейдi. Қазтай мен Нұрлытайдың отбасында да сондай бiр түйiнi қиын, шешiмi күрделі бiр мәселе бар-тын. Ол мәселе — тұңғыштары Дарханға қатысты болатын.

Дархан қазiр төртiншi класта оқып жүр. Әкесi Қазтай да, шешесi Нұрлытай да еттi келген, беттi келген дөңгеленген қара кiсiлер. Қараның да қарасы болады, бұл кiсiлер сол қараның iшiндегi терiсi қалың шой қаралар сойынан едi. Тiптi үйдегi әжейдi де ауылдың шал-шауқандары өз атымен атамай, «қара кемпiр» десiп кеткен. Үлкен­дердiң айтуына қарағанда, Қазтайдың әкесi де түнерген қалың қабақ, қорасандай бұжыр бет зәңгі қара  кiсi болғанға ұқсайды.

Туған әке-шешесi ғана емес, ата тегiне дейiн осылайша қап-қара бола тұра — Дархан сап-сары болып туды. Сары болғанда — орыстың өзi ұялғандай сары... Дарханнан соң дүниеге келген кейiнгi үш қыздың үшеуi де қарала-торала, әкесi мен шешесiнiң аузынан түсiп қалғандай.

Қазтай мен Нұрлытайды қинайтын осы жағдай болатын.

* * *

Мұқырдың энциклопедиясын жазып жатырмын деп жалпақ жұртқа жар сап жүрген кiтапханашы Дәулетханды, басқа жұртты кiм бiлсiн, ауылдың шал-шауқандары әжептәуiр бедел тұтатын. Дәулетханның «энциклопедия» деген сөзiне үлкендер жағының тiлдерi бұралғанымен, оның мағынасын шамалайтын, айтып жүргенi тегi шежiре болар деп топшыласатын.

— Он маладес! Қолынан бәрi келедi. Өзi асқан ученный... Мен мұндай ученный кiсiнi баяғыда Коробихада тұрған кезiмде кержақтардың iшiнен де кездестiрген жоқпын! — дейдi Лексей Дәулетхан туралы.

— Әне... бұл Лексей ғылым-бiлiмнiң де нарқын кержақтармен өлшейтiн болды! — деп оған Нұрғали шамданады. 

Лексейдiң ауылдық кiтапхананың меңгерушiсiне мұншалықты жоғары баға беруi негiзсiз де емес едi.

Бiлiмдi болғанда, бұл Дәулетханда институт бiтiрген ел қатарлы жоғары бiлiм жоқ. Өзiнiң айтуына қарағанда, алыстағы әсем Алматының iргесiнде Алматыдай көркем Қаскелең деген қала бар екен. Сол жерден халықты мәдениетке, сосын әдебиетке тәрбиелейтiн бiр тамаша техникумды тамамдапты. Бұл Мұқырда жоғары бiлiмдi жастар мен жасамыстар бүгiнде қойдай өрiп жүр ғой, бiрақ солардың бiр де бiреуi, шал-шауқандардың пiкiрiнше, Дәулетханның шалғайына жармаса алмайды. Өйткенi олардың бiр де бiреуi газет-журналды, қала бердi алуан түрлi кiтапты Дәулетхандай оқымайды, оқиын деп ниет қылса да анау айтқандай уақыттары жоқ. Ал Дәулетхан болса қолына тигендi шекiлдеуiкше шағып тастайды. Өйткенi, кәсiбi солай — кiтапханашы. Оған қосымша пәленше жыл бойы «насихатшы» деген қоғамдық жұмысты үзіліссiз атқарған мықты азамат. Ендеше Дәулетхан бiлiмдi болмағанда, қысы-жазы шаруамен алысқан совхоз директоры, немесе мал соңында салпақтаған зоотехник бiлiмдi болады дейсiз бе!

Жалпы Дәулетханның тегi бұл Мұқырдан емес сияқ­ты, етектегi анау Аршаты жақта туған көрiнедi. Қас­келеңдегi өзi айтқан тамаша оқуды ойдағыдай бiтiрiп, жолдамамен ауданға келсе — туған жерi Аршатыда орын жоқ екен. Жоқ орынды жерден қазатын емес, аудандағылар жас маманға осы Мұқырды сiлтеп, жолға салып қоя берiптi. 

Содан берi де, мiнеки, он жылдың жүзi өтiптi. Дәулетханның да жасы отызға иек артты, әлi үйленген жоқ, жастықтың жалауын жықпай сүр бойдақ жүрiп жатқан жайы бар.

— Адам неғұрлым кеш үйленсе — оның өмiрi сол­ғұрлым ұзара түседi, — деп ол кейде өзiнiң бүгiнгi ­жағдайын жұртқа түсiндiрген болады. — Ал менiң ұзақ өмiр сүргiм келедi. Олай дейтiнiм — мен сол ұзақ өмiрiмде «Мұқыр ауылының энциклопедиясын» толық аяқтап, артымда өшпес iз, мәңгiлiк мұра қалдырғым келедi.

— Қызық... Әлгi айтқан дүниесiн жазғалы он жылдың жүзi болды ғой? Неғып бiтпейтiн шаруа болды онысы? — деп арызқой Орынбай таң қалады.

— Соған қарағанда қолға алғаны осал нәрсе болмады! — деп ондайда Нұрғалидың да күдiгi молая түседi.

Бiлiмнiң тым-тым көптiгi кейде азаматқа зиян да секiлдi. Сол көп бiлiмi көкiрегiн буып шыдатпай ма, Дәулетхан соңғы кезде ауыл басшыларымен жиi-жиi сөзге келiп, шекiсiп қалып жүр. Орынбайда зәре жоқ, директор бiрде болмаса бiрде қатты кетiп, бұл жiгiттi жұмыстан қуып шыға ма деп те қауiптенедi.

— Дәулетхан ауылдан қуылса — әлгi Мұқыр энциклопедиясы аяқсыз, жазылмай қалады, — дейдi Орынбай. — Оны бiр деңiз. Екiншi — бiзге күнделiктi жаңалықты жеткiзiп тұратын да жан қалмайды... Американың жағдайын, Израйлдiң жай-күйiн бiле алмай қараң қаламыз. Сондықтан Дәулетханды қоғам үшiн қорғап, өзiмiз үшiн сақтауымыз керек.

— Сол бәлелi кiтаптың жазылмай-ақ қойғаны жөн едi, — дейдi Нұрғали Орынбайдың тамырын басқансып. — Ит бiлiп пе, бiз туралы ол жерде не дегенiн...

— Жоқ, Нұреке, — деп оған Орынбай қарсы шығады. — Жаңалық айтып жаныңды жадыратып жүрген қай әкiмдi көрдiң? Бәрiнiң бiлетiнi малдың амандығы, жем-шөп дайындау, жер жыртып егiн егу. Дәулетхан сондай қарбалас тiрлiктегi бiр жұтым таза ауа секiлдi. Сондықтан оның қасымызда жүргені жақсы бiзге.

— Айтқаның жөн де шығар... Бiрақ осы баланың қайсыбiр тiрлiгi күдiктi көрiнедi де тұрады... миғұла ма деп қаласың.

— Жо-жоқ, Нұреке. Оның тiрлiгi — адал тiрлiк. Тым-тым адал болғандықтан да бiзге ерсiлеу көрiнедi.

Әрине, кiтапханашының тағдыры төңiрегiнде үлкендердiң алаңдағаны орынды шығар. Бiрақ үлкендер алаңдап, бастықтар тiсiн қайрап жүр екен деп айылын жиып жатқан Дәулетхан ба! Ана жолғы совхоз жұмысшыларының үлкен бiр жиынында мiнбеге шығып алып, тағы да басшыларға соқтығыпты...

— Сексен бесiншi жылғы сәуiрдiң самалынан кейiнгi «қайта құру» процесi бiзге үлкен өзгерiс, зор жаңалықтар әкелгенiн жақсы бiлесiздер. Солардың ең құндысы — демократия мен жариялылық. Соның арқасында бiз көптеген ескi дәстүр мен салттардан бiртiндеп арылып келемiз. Бұл, әрине, жақсылық өзгерiстер! — дедi сұқ саусағын шошайтып. — Ал ендi сөйте тұра мына жиналысымыздың сиқына қараңыздаршы!..

— Не боп қапты? — деп жиналғандар елеңдесiп қалды.

— Тiкелей мәселеге көшсеңшi! — дедi жиналыс төрағасы үстелдi тықылдатып.

— Тiкелей мәселе туралы менде пiкiр жоқ.

— Онда мiнбеге несiне шықтың?

— Мен жиналыс туралы сөйлейiн деп едiм... Есте­рiңiзде бар шығар, баяғы тоқырау жылдарында да жиналыстар дәл осылайша өтушi едi ғой... Президиум. Президиумда мiндеттi түрде директор, парторг, совхоздың игi жақсылары, ақсақалдары мен қарасақалдары отыратын...

— Не айтайын деп тұрсың өзi? — деп төрдегi директор Түсiпбеков мырза да Дәулетханға алая қараған.

— Айтайын дегенiм, сондай ығыр қылған дәстүрден бас тартайық... Сайланған екен, президиумға жиналыс­тың төрағасы мен хатшысы ғана отырсын. Президиум деген атадан мұраға қалған құтты орын емес шығар, қалғандары бұқарамен бiрге залда отырсын... Әйтпесе бүгiнгi заман талап етiп отырғандай ашық әңгiме болмайды, зал мен президиум болып жiкке бөлiнiп, сөзiмiз жараспайды. Менiңше, осы дәстүрден бас тартайық, жолдастар! Сонда ғана бiз жиналыс өткiзудiң формасын ғана өзгертiп қоймай, мазмұнын да өзгертiп, нағыз демократиялық жолға көшетiн боламыз.

Бастықтардың ойын кiм бiлген, залда отырған қара шаруа қалың ел Дәулетханның сөзiн қостап, бiрауыздан «жөн екен» дескен. Бiрақ, Орынбайдың есебiнше, төрдегi жылы орнын қай бастық оңайлықпен бере қояды дейсiң. Ондай жағдайда Дәулетханның жаңағы айтқан сөзi олардың жүректерiне инедей қадалып, мыйларында қатталып та, жатталып та жатыр ғой.

— Менiң бiр ұсынысым бар? — дейдi Дәулетхан бiрде директорға.

— Ие, айта ғой! — дептi директор.

— Айтсам сол, жұмысшыларға мiнездеме берудi жою қажет, — дептi Дәулетхан. — Ол да тоқырау заманының, тiптi одан арғы замандардың тозған дәстүрiнiң бiрi. Мiнездеме ол кезде де адамды бастықтарға, партбюроға, профкомға, тағысын-тағыларға тәуелдi етiп қоюшы едi. Ал бастыққа тәуелдi адам жеке басының мүмкiндiгiн аша алмайды, бойындағы бар қуатын жұмсап, қоғамға толық пайда келтiре алмайды. Өзiнiң пiкiрiн, өзiнiң жеке көзқарасын ашық айта алмаған адам — кемтар адам. Өкiнiшке орай, арамызда қазiр сондай кемтарлар көбе­йiп кеттi.

— Е, неге?

— Өйткенi пiкiрiн ашық айтып, бастықтармен тiлге келiп қалған азаматтарға бастықтар дұрыс мiнездеме жазып бермейдi. Қысқасы, бәрiне де осы мiнездеме кiнәлi.

— Сонда не айтайын деп тұрсың?

— Мiнездеме берген практиканы тоқтату керек... Адамдардың мiнездемеге тәуелдiлiгiн түбегейлi жою қажет.

— Айналайын, Дәулетхан, ойыңды жинақтап, ұғынықты етiп айтшы! — дейдi директор.

— Мiнездеменi айтамын. Мiнездеме арқылы бiз жұмысшыларды бастықтарға тәуелдi етемiз, бастықтардың алдында жағымпаз етемiз. Мен соны айтып тұрмын!

— Қалайша?

— Мәселен, жаман мiнездеме алған адам туристiк жолдамамен шетелдерге бара алмайды. Сондықтан қашанда жақсы атанып, жақсы мiнездеме алу үшiн ол адам өз пiкiрi дұрыс болса да ашып айтпайды. Бастан құлақ садаға дейдi, бастықтарға тәуелдi екенiн бiледi. Ал тәуелдi болу — жағымпаздыққа әкелiп соғады. Ал жағымпаздық — жаман iндет. Соның салдарынан сталиншiлдiк, брежневшiлдiк кер заман соншалықты ұзаққа созылған.

— Дұрыс қой, бiрақ сенiң мұның мемлекеттiк масштабта көтеретiн мәселе, шырағым! 

— Жақсылық өзгерiстi әркiм өзiнен бастауы тиiс. Сiздер де осыдан былай мiнездеме берудi тоқтатса­ңыздар!

Бұл сөзге директор қарқылдап күлiп жiберiптi:

— Жарайды, солай-ақ болсын, — дептi директор. — Бiрақ осы жазда оқуға барғысы келiп жүрген жастар бар. Мiнездемесiз олардың құжаттарын оқу орны қабылдамайды ғой? Рас па?

— Мүмкiн...

— Онда не iстеймiз?

— Қайдан бiлейiн...

— Көрдiң бе, шырағым. Әркiмнiң басына лайық бөркi болады. Сенiң көтерiп отырған мәселең мемлекет тарапынан қозғалып шешiмiн табатын дүние... Оған бiздiң шамамыз келмейдi. Ұқтың ба?

— Сонда мен не iстеуiм керек?

— Газетке жаз, пiкiр туғыз, жұртшылық құлақтансын, оқысын, бiлсiн...

— Мынауыңыз табылған ақыл екен! — деп Дәулетхан қуанып кетiптi. — Мен сөйтемiн... Мен газетке жазамын. Пiкiр туғызамын!

Дәулетхан қолға алған шаруасына тиянақты жiгiт қой. Бәлкiм, сол айтқан мақаласын баяғыда жазған да шығар. Бiрақ ондай мақала мұқырлықтардың көзiне әзiрге түсе қойған жоқ.

Күнде ертеңгiлiк совхоз директоры Түсiпбеков мырзаның кеңсесiнде өтетiн разнарядкаға ауыл кiтап­хана­шысының мысқалдай да қатысы жоқ әрине. Қатысы жоқ болса да, ана бiр жолы Дәулетхан тауық шақырғаннан тұрып, директордың әлгiндей разнарядкасына қатысыпты деседi. 

— Мен сiздерге арнайы мәселемен келiп отырмын, — дейдi Дәулетхан директорға. — Бұл жерде қазiр совхоз басшылары, мамандар, біргәдірлер, жұмысшылар жиналған екен. Дұрыс болды! Ендеше бәрiмiз болып қисынға келмейтiн бiр қайшылықты мәселенi осы жерде шешiп алсақ... 

  • Ол қандай мәселе еді?
  • Ол мәселенің, турасын айтсақ, сіздердің баршаңызға қатысы бар. Яғни,   әрбiр жұмысшының, әрбiр адамның еңбек демалысына қатысты. 

— Шырағым, Дәулетхан, қазiргiдей қарбалас шақта ешкiмге отпускi бере алмаймын, — дейдi директор қабақ шытып.

— Жо-жоқ, директор жолдас, мен ешкiмге демалыс сұрап келгем жоқ. Совхоз жұмысшыларының iшiнде он жылдап демалыс алмағандардың барын да бiлемiн...

— Өтiрiк! — дейдi бас агроном тепсiнiп.

— Несi өтiрiк? Шопандардың қайсысын алмаңыз — демалыс дегендi ғұмыры көрмейдi ғой, көрмейдi.

— Демалыс алмай жүрген өздерi ғой, — дейдi директор. — Жаз жайлаудан артық демалыстың қажетi қанша оларға!

— Рас айтасыз!

— Шопандардың қайсысы саған арызданып жүрген? — деп бас зоотехник күпiнiп шығады бiр шеттен.

— Ешкiм де арызданған жоқ, — дейдi Дәулетхан ойын дөп жеткiзе алмағанына қынжылып. — Бұл мәселе директордан бастап — бәрiңiздiң еңбек демалыстарыңызға қатысты... 

— Шырағым, жұмысқа асығып отырмыз... Сағыздай созбай, айтарың болса — тезiрек айтсаңшы!

— Ендеше, сөзiмдi бөлмеңiздер... Бiреу сөзiмдi бөлсе — жаңылып қалатын әдетiм бар.

— Айт ендi, сызданбай...

— Айтсам сол... Мәселен, сiз, — дейдi бас агрономды нұсқап. — Еңбек демалысына шыққан кезде—сiздi жиырма төрт жұмыс күнiне босатады. Рас па?

— Рас, бұл жаңалық емес, бәрi бiледi.

— Сол жиырма төрт күнге — жұмыс күнi ретiнде сенбi де кiрiп кетедi, рас па?

— Солай ғой ендi...

— Солай болса, ендi басқа жағдайды, сiз ауырып бюллетенге шыққан жағдайды алайық. Сол бюллетендi өткiзген кезде сiзге сенбi күнiн санамайды, бұл жағдайда сенбi «жұмыс күнi емес» деп есептеледi. 

— Сосын?

— Несi сосын?.. Яғни, бiз осылайша қақпақыл жасап отырған сенбi — жұмыс күнi ме, жоқ әлде демалыс күнi ме? Осының басын ашып алуымыз керек. Бұл принципиәлни мәселе, жолдастар!

— Сенбi түгiл жексенбiде де мұрнымыздан шаншылып жұмыста жүрген жоқпыз ба? — дейдi бiр жұмысшы.­

— Канкретна бiздiң совхозды емес, жалпы жағдайды мысал етiп отыр ғой, сөзiнiң жаны бар, — дейдi тағы бiреуi.

— Рас айтып тұр... Яғни екi түрлi нұсқау қағаз бар ғой, тегi? 

— Солай секiлдi...

— Ендеше екеуiнiң бiреуiн ғана қалдыру керек қой?

— Жолдастар, тынышталыңыздар! — дейдi директор. — Шырағым, Дәулетхан, сен мұндай күрделi мәселенi басымызды қатырып несiне бiзге зарлап тұрсың? Аудан басшыларымен ақылдас. Жолын тауып одан да жоғарыға барып сөйлес, заң орыңдарымен кеңес. Бiзге салсаң, қара шаруаға бәрi де жұмыс күнi емес пе!

   —Рас-ау, аптаның күндерімен кім санасып жүр дейсің!

— Бұл мәселенi аудан да, басқа да шеше алмайды, — дейдi директор артынша терең ойға қалып. — Сен, Дәулетхан, бұл ұсынысыңды жинақтап, проблемалық мақала етiп газетке жаз, пiкiр тусын, ел оқысын.

— Табылған ақыл! — деп Дәулетхан да қуанып кетедi. — Мен мұны газетке жазайын!

— Сөйт, шырағым!


***

...Көкейiн тескен келесi бiр мәселенi Дәулетхан жұмысшылардың ашық жиналысында қозғаған едi. Баяғыдай емес, соңғы жылдары ашық жиналыстар көбейiп, жұртшылық та ой-пiкiрлерiн барынша ашық сөйлейтiн болды ғой. Сондай жиналыстың ашықтығын пайдаланып, Дәулетхан білек сыбанып белсенiп мiнбеге шыққан.

— Бұл жiгiт тағы ненi бүлдiрер екен? — деп, зал iшi қозғалақтап қойды.

— Жолдастар, мен бүгiн сағаттық белдеу жайында мәселе қозғағым кеп тұр, — деп Дәулетхан бұл жолы көп сөзге салмай төтесiнен тартты.

Ашық жиналыс болған соң — адам көп, көп адамның iшiнде ала да, құла да кездеседi дегендей, зал iшi бiрi күлiп, бiрi мысқылдап, даурығысып кетiстi. Жиналыс төрағасы столды тықылдатып, графиндi шылдырлатып жүрiп шуылды зорға басты.  

— Шырағым, Дәулетхан, ойыңды тұжырымдап, былай қысқаша айтсаңшы? — дедi мiнбеде тұрған кiтапханашыға ренжiп. — Жиналысты келекеге айналдырайын дедiң бе, мұның не сенiң?

— Ғафу өтiнем... Бiрақ менде жиналысты келеке етейін деген бөтен ой жоқ, бiреу сөзiмдi бөлсе айтарымнан шатасып қалам.

— Шуламаңдаршы, сөйлесiншi...

— Бәдiк болса да осы жiгiт бiрдеңенi бiлiп айтады. Сөйлей бер, шырағым!

— Сөйлесем сол... Бәрiңiз де таңғы алтыда тұрып, жұмысқа барасыздар. Рас па? — дедi Дәулетхан үнiне салмақ берiп. — Ал, сiздер алты деп тұрған кезде күн құрық бойы көтерiлiп қояды. Ал кешкi алтыда қараңғылық түсiп кетедi. Әсiресе қыс күндерiнде кешкi алты — түннiң бiр уағы. 

  • Мына жігіт не деп былжырап кетті?
  • Мен осы мәселені «неге бұлай» деп көп ойландым. Тексере келе ақыры мәселенің мәнісін таптым...  Бар кiлтипан бiздiң сағаттық белдеудiң қателiгiнде екен.

— Мынау бiр қызық сөздi бастайын деп тұр!

— Ешқандай да қызығы жоқ... Әншейiн, бiлмейтiн бiреулер бiздi Алматы уақытына тели салған... Алматыға әрине бәрiбiр... Таңғы алтыда оларда таң сiбiрлеп ендi ғана атып келе жатады. Оларға ымырт кешкi он-он екiде түседi. Олар бiз секiлдi қиналмайды.

— Ие, сонымен не айтпақсың?

— Айтайын дегенiм — бiз Новосiбiр уақытына көшуiмiз керек... Сонда бәрi де реттеледi. Уақытымен тұрып, уақытымен жататын боламыз... Картаға көз салыңыздаршы... Сол Новосiбiрiңiз, бiзден бiр сағат айырмасы бар Новосiбiрiңiз бойлық бойынша тура біздің үстімізде тұр. Яғни бiз Алматыдан бiр сағат айырмасы бар Новосiбiрмен бірдейміз.

— Ендi қайт дейсiң бiзге?

— Осы мәселенi ашық жиналыстың қаулысына енгiзiп, бiздiң сағаттық белдеудi өзгертудi талап етемiн. Нақты айтқанда, Алматы уақытымен емес, бұдан былай Новосiбiр уақытымен жұмыс iстеудi өмiрге енгiзуiмiз қажет!

Дәулетхан солай дедi де, мiнбеден түсiп кеттi. Қалжыңы ма, шыны ма белгiсiздеу көрiнген кiтапхана­шының бұл ұсынысына жұрт абдырап, күбiр­ле­сiп қалды.­

— Мұндай қаулы бiздiң жиналысқа келе қояр ма екен?.. — деп жиналыс төрағасы директорға жалтақтады.­

— Әрине, келмейдi, — дедi директор. — Сағаттық белдеудi ауыстыру — бiз шешетiн мәселе емес. Сөзiң орынды, Дәулетқан шырағым. Бiрақ сен осының бәрiн әдемiлеп, дәлелдеп отырып газетке жаз. Бiз ғана емес, ел-жұрттың бәрi оқысын, пiкiр тусын.

— Жазамын! — дедi Дәулетхан тағы да нық сенiммен. 

Көрдiңiз бе, көп оқыған, көп бiлген адам ұсыныс-пiкiрдi де көп айтатын секiлдi. Көп оқыған осы бiлгiштiгiне демократия мен жариялылық келiп қосылып, бүгiнде Дәулетханның тасы өрге домалап-ақ тұр. Алайда, көрiнген жерге тұмсық тығамын деп, бастықтардың алдында сүйкiмiн кетiрiп, көзге шыққан сү­йелдей боп жүргенi тағы шын. Көптi көрген үлкендер жағы «аяғы қалай болып кетер екен» деп қауiп те қылады, аяушылық та бiлдiредi.  Өзінің тағдыр-талайын ойлап жатқан Дәулетхан және жоқ, кейде тiптi әскери мәселеге де араласып кететiнiн қайтерсiң...

— Жуықта бiздiң ауылдан он жiгiттi переподготовкаға алды, бiлесiз ғой? — дептi Дәулетхан тағы бiрде директорға. — Ал переподготовка деген — қайтара да­йындау деген сөз. Яғни, әскери iстi, жауынгерлiк жаттығуларды ұмытыңқырап қалған ер-азаматтарды қа­йыра әскерге шақырып, дайындық курсынан өткiзiп, ұмытқан нәрселерiн есiне түсiредi. Рас қой?

— Рас, рас... Ие, әрмен қарай айта бер?

— Ендеше, жуықта бiздiң ауылдан военкоматқа кеткен он жiгiттiң үшеуi осыдан бiр-екi ай ғана бұрын әскерден келген солдаттар емес пе едi? Оларды неге жiбердiңiздер? Екi айдың iшiнде әскердi ұмытып қалды деп ойладыңыздар ма? Оның есесiне ол жiгiттер сов­хозға жұмыс iстесе, шөп шауып, егiн орса — бiраз пайда келтiрер едi ғой?

— Шырағым, бұл сұрағыңды военкомға қойсаңшы! — дептi директор. — Тiптi болмаса газетке жаз, пiкiр ­тусын.

Көп оқығанның кесiрiнен байғұс бала жаманатқа ұшырап жүрер деген ниетпен бiрде Дәулетханға жаны ашып, Лексей кiтапханаға барған. Барса Дәулетхан әдетiнше алдына көп кітапты үйіп тастап, шетінен ашып, парақтап отыр екен.

— Ағай, жалғызсырап отыр едiм, келгенiңiз тiптi жөн болды, — дедi Дәулетхан балаша қуанып. — Мына Венеция қаласын айтам...жылына пәленше милиметр суға шөгiп барады. Бұл үлкен апат... Бұл дүниежүзiлiк апат! 

— Боже мой, апат дейсiң бе?

— Солай, ағай, үлкен апат! Венецияны сол үлкен апаттан қалай құтқарып қаламыз? Мiне, осы жағын ойландыңыздар ма?

Лексей түкке түсiнбей, қушиған иығын көтердi. 

— Ал мен бiлемiн! — дедi кiтапханашы. — Венецияны құтқарудың жолын бiлемiн... Адриатика жақтан бөгет салу керек. Сосын суды керегiнше босатып отыру керек.­

Лексей айтқаныңның бәрi жөн дегендей басын шыбындаған атша шұлғыды.

— Жарайды, Венецияны бiрдеңе етiп ойластырармыз. Ал ендi... Пиза мұнарасын қалай сақтаймыз, оған не айтар едiңiз?

— Оған не боп қалып едi? — деп Лексей сасайын дедi.

— Қисайып тұр.

— Қисайып дейсiң бе?

— Иә, қисайып... егер ол бiр күнi гүрс етiп құлап түссе — әлемдiк мәдениеттiң iнжу-маржанынан мәңгiге айрылатын боламыз.

— Апырмай, қиын болған екен!

— Қиын болғанда қандай... Бұл бүгiнгi заманның ең өзектi проблемасы болып тұр. Ол туралы соңғы кездерi мен де көп ойландым. Бiрақ шешiмiн таба алмай қатты қиналып жүрмiн.

Лексей түсіністік танытып,  таңдайын тақылдатты.

— Менi қинап жүрген тағы бiр жаһандық проблема бар, — дедi Дәулетхан мұңайып. — Үш миллиард жылдан кейiн мынау аспандағы күнiмiз сөнедi...

— Господи, жаман сөз айтпасаңшы! — деп Лексей ыршып түстi.

— Жаман сөз емес, шындық солай, ағай! Күн сөнедi, жер суыйды, адамзат, жан-жануар, барша тiршiлiк өледi. Бәрi де құриды... Сонда деймiн-ау, осы бiз несiне тыраштанып жүрмiз деп ойлайсың...Несiне ала шапқын болып алға ұмтыламыз. Қыс демей, жаз демей жұмыс жасаймыз, өмiрде өшпес iз қалдыруға тырысамыз. Соның бәрi де баянсыз екенiн, бәрi де келешекте құритынын бiле тұра сөйтемiз. Айтыңызшы, сонда бiз не үмітпен өмір сүріп жатырмыз осы?

Лексей жауап берген жоқ, кiтапханашыға қарап бақырайды да қалды. 

— Знаешь, браток, сен тездетiп қатын ал! — дедi аз үнсiздiктен соң түйеден түскендей.

Талай естiп, құлақ етiн жеген үйреншiктi сөзi ғой, бұл ұсынысқа кiтапханашы оншалықты мән бер­­ген жоқ.

— Дәулетхан, сен естiп отырсың ба?.. Мен саған бас құра, қашанғы осылайша жүре бересiң деп отырмын... Егер ақша жағынан қысылып жүрсең — елмiз ғой, көптеп көмектесiп жiберемiз...

— Үйлен дейсiз ғой баяғы? — деп Дәулетхан қарап отырған кiтаптарын ысыра бердi.

— Иә, үйлен деймiн.

— Қашан?

— Даже ертең үйленем десең де мы не против.

— Әрине, сiздер қарсы болмайсыздар ғой... Бiрақ... — деп кiтапханашы қасын керiп ойланып қалды. — Идея­ны идея қозғап... Ағай, сiздiң сөзiңiз маған тағы бiр ой тастап отыр. Ой емес, бұл да проблема!

— Наверное, лайықты қыз таба алмай жүрсiң-ау?

— Жо-жоқ, мәселе қызда емес... Мәселе — бойдақтар мен баласы жоқтарға неге салық салады? Мiне, мәселе сонда! Ана жолы бiр кiтаптан оқығаным бар едi... Бiрiншi Петр патша өз заманында сақал жiбергендерге салық салыпты деп.

— Сақалға дейсiң бе? 

— Ие, сақалға... Бiрақ қазiр он сегiзiншi ғасыр емес, жиырмасыншы ғасыр емес пе! Бұл дегенiң — «Неге қатын алмайсың» деп айып тағумен пара-пар ғой... Немесе, «неге балаң жоқ» деп те салық салады. Бәлкiм, ол адам бала сүйгiсi келетiн де шығар, бiрақ не әйелi, не өзi бедеу. Бұл жағдайда не iстемек? Өмiр бойы айып тартып, салық төлеп өтуi тиiс пе?   

—Бала таппайтын қатынды тастау керек қой.

— Әйел емес, еркектiң өзi бедеу болса ше?

— Еркек бедеу болушы ма едi? 

— Болғанда қандай!

Лексей ойланып қалған, сосын бiртүрлi ыңғайсызданып, орнынан тұра бердi:

— Вот, беда-то какая! — дедi басын шайқап. Дәулетхан Лексейдiң күдiгiн байқаған жоқ, саңғырлап сөйлеп отыр: 

— Менiңше, баласынан бас тартқан, немесе ата-аналық құқықтан айрылған адамдарға ғана салық салған дұрыс... Өйткенi олардың балаларын асырап, оқып жеткiземiз деп, өкiмет белгiлi мөлшерде қаржы бөледi. Көрдiңiз бе, тұнған қайшылық, түсiнiксiз бiрдеңелер.

Лексей жылжып басып есiкке жақындады. Соңынан жүре сөйлеп, оны кiтапханашы шығарып салды.

— Сосын, ақсақал, — дедi Лексей есiктi аша берген кезде бiлегiнен ұстап. — Баласы жоқ деп налогтi тек еркектер ғана төлейдi, қазiр бәрiмiз де тең құқылымыз ғой, ендеше баласы жоқ әйелдерге неге салық салмайды?

Лексей «қайдан бiлейiн» дегендей иығын көтерiп, кiтапханашыға аяй қарады.

— Әрине, сiз де бiлмейсiз, мен де бiлмеймiн, — дедi Дәулетхан. — Ал турасында—осының бәрiн бiлуге тиiспiз. Мұндай қайшылықты дүниелер дер шағында аңғарылып, дұрыс шешiмiн тауып отырмаса — қоғам өрге баспайды. Қоғам өрге баспаса — бiздiң Мұқыр ауылы да дамымайды. Өрмекшiнiң торындай бәр-бәрi бiр-бiрiмен байланысып жатқан дүние... Ұқтыңыз ба?

Лексей бұл арадан тезiрек кеткiсi келiп:

— Я все понял! — деп басын изедi.

— Жо-жоқ, сiз, ағай, әлi дұрыстап ұққан жоқсыз, — дедi кiтапханашы да тықақтап. — Мен бұл мәселенi газетке жазам, ел оқысын, пiкiр тусын... Сiздер де газеттен оқып, менiң ойымды дұрыс түсiнерсiздер сонда.

— Пажалыста, сөйте ғой...

— Сөйтемiн, ағай! 

Кiтапханашымен арада болған әңгiме Лексейдiң ұнжырғасын түсiрiп жiберген. Түйенiң тобығын жұтқандай күнi бойы тұнжырап жүрiп алды. Ақыры көңiлiн толқытқан ауыр ой iшiне сыймай бара жатқан соң, кешке жатарда күңкiлдеп бәйбiшесiне сырын ашты:

— Вот беда-то какая! — дедi күрсiнiп. — Бiздiң кiтапханашы жiгiт бар емес пе, Дәулетхан деген, сол жiгiт бедеу екен.

— Бедеу дейсiң бе?

— Ие, бедеу екен.

— Боже, упаси! — деп, Ольга iшiн тартып, бетiн шымшыды.

— Бұл ер-азаматтың басына түскен қасiрет қой!

 — Боже, упаси! 

 — Байқұс бала отыздан асқанша неге үйленбей жүр десем...

 — Боже, упаси!

— Солай, Олечка... Кейде бiреудiң қасiретiн көрмей-бiлмей тұрып сыртынан кiнә тағамыз. Қатын алмады деп жұрт Дәулетханды сыртынан сөгеді. Совсем не хорошо, не корректно! Бiлмей сөйлеймiз ғой осы кейде бiз, бiлмей сөйлеймiз..

— О господи, прости!

Iңiрде, жатар алдында айтылған бұл жаңалықты ертеңiнде ертемен сиыр сауып, мал өргiзген ауылдың шал-шауқаны, кемпiр-кешегi түгел естiдi. Сол бойда жер-жерге желдей тарап, түс әлетiнде бұл әңгiмеге бүкiл Мұқыр құлақтанып үлгерген едi.

Содан берi күнi бүгiнге дейiн Дәулетханға «сен неге үйленбей жүрсiң» деп тiрi пенде жақ ашқан емес...


 

Үшiншi  бөлiм


Ежелден етек-жеңдi ел болып, ақар-шақар қоғамдасып ғұмыр кешiп жатса да, Мұқыр жұрты бiр-бiрiмен алакөз болып көрген жоқ едi.

Әрине, ауыл iшiндегi сотқар мен тентектiң мұрын қанатып, көз көгерткен қайсыбiр жанжал төбелесi, көршi-қолаңның, ағайын-ажынның арасындағы күндестiктен туған дау-дамайдан Мұқыр да кенде емес-тi. Ел болған соң бес саусақ бiрдей емес, ондай-ондай келеңсiз көрiнiстер әр ауылда кездесiп тұрады ғой. Бас жарылса бөрiк iшiнде, қол сынса жең iшiнде. Жиi болмаса да, оқта-текте бой көрсетiп қалатын әлгiндей шәлекей-шатақтар бiр көшенiң бойынан, әрi кетсе ауылдың шегiнен әрiге аса қоймайтын.

Сөйтсе, мұқырлықтардың осыған дейiн «шатақ» деп шаптығып жүргендерi әншейiн ауылдастың бiр-бiрiне деген еркелігі, ағайындық базынасы ғана екен ғой...

Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң дегендей, шатақтың шiкiресi мұқырлықтарды алда күтiп тұрыпты.


***

...Маусымның мамыражай бiр күнiнде аудандық газеттiң бетiнде мұқырлықтар туралы бiр мақала жарқ етіп шыға келген.

 Турасында, бiреу емес, қатарымен екi мақала жарияланған болатын. Жоғарғы жағында «Бiр мәселеге екi пiкiр» деп, мақалалардың басын қосқан бармақтай тақырыбы бар. Екеуiнiң де тiлге тиек еткенi — Мұқыр мектебiне ат беру туралы ұсыныс екен. Мақаланың алғашқысын кiтапханашы Дәулетхан жазыпты. 

Дәулетхан мектепке жиырмасыншы-отызыншы жылдары осы Мұқыр ауылының басын бiрiктiрiп, ұжым жасаған, соның негiзiнде колхоз құрған, кейiннен соғыста қаза тапқан қадiрмендi ауылдасымыз Қаратан Қарамендиннiң атын беру керек деген пiкiр айтыпты. Екiншi мақаланы осы ауылдың мұғалiмi Оралбек жазыпты. Ол да тереңдей тарих­қа бойлап, кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарын еске түсiре отырып, сол жылдары Мұқыр мектебiнiң iргетасын қалаған, ұзақ жылдар бойы осы мектепте ұстаздық етiп, елуiншi жылдары көз жұмған қадiрмендi мұғалiм Ералы Сағынаевтың есiмiн мектепке берген дұрыс деп ортаға ұсыныс тастапты.

Алғашында мұқырлықтар бұл екеуіне де «жастар орынды мәселе көтерген екен» дегеннен аса қоймаған. Соңынан «осы екеуiнiң қайсысынiкi дұрыс» деген бағытта бiраз ойласып, «келісіп пішкен тон келте болмас, бұл мәселенi совхоздың жалпы жиналысында бірлесіп талқылайық» деген тұжырымға тоқтас­қан. Сосынғысы, жұртшылық көңiлдерiнде күдiк жоқ, жайбарақат жиналысқа дайындала бастаған. Осы да­йындық кезiнде пiкiрталасқа бiр бүйiрден даукес Қанапия араласып, iстiң бәрiн бүлдiрдi де кеттi. Сөйтiп газет бетiнде өркениеттi тұрғыда басталған әдемi пiкiр­таластың ақыры насырға шапты.

— Мен мына мақаланың астарынан саяси мән аңғарып отырмын, — дедi бiрде Қанапия Мырзахметтiң үйiнде қонақта отырғанда. — Білген кісіге мұның астарында үйдей пәле жатыр!

Бектемiр молда бар, Нұрғали мен Лексей бар, үй иесi Мырзекең бар, бәрi де аңтарылып Қанапияға қарасты.­

— Ие, сен қандай пәле көріп қалдың тағы? – деп жамырасты бәрі.

—Мен екеуінің де астарынан ру тартысын көріп отырмын!

Не дейт мына көксоққан? 

— Рас айтамын, ру тартысы жатыр! — дедi Қанапия сөзiн нығарлап. — Ендi соны дәлелдейiн сендерге... Жарықтық Ерекеңдi, Сағынайдың баласы Ералыны айтам, естерiңде ғой?

— Әрине, есiмiзде.

— Естерiңде болса, сол Ерекеңнiң сүйегi кiм едi?.. Қамай болатын.

— Қамай болса қайтейiк, менiң де сүйегiм қамай, — дедi Нұрғали.

— Сабыр, сабыр, Нұреке... Олай болса, мақаланы жазып отырған Оралбек мұғалiм кiм?.. Ол да қамай. Қамай болғанда — сол Ералының немере туысы. Ұқтыңдар ма?

— Е, мейлi, болса бола берсiн.

— Жо-жоқ, сендер түктi де ұққан жоқсыңдар. Ал екiншi мақаланы жазып отырған Дәулетхан кiм? Ол — қарғалдақ. Өзiмiздiң баяғы Аршатының қарғалдағы. Ал ендi Қаратан Қарамендин кiм едi? Ұмытып қалсаңыздар — айтайын, ол кiсi қарғалдақ болатын. Сонда қамай қамайды қолдап, қарғалдақ өзiнiң қарғалдағын қолдап мақала берген газетке. Яғни, әркiм өз ирегiн икемдеген... Бұл ру тартысы емей немене? Мәселенiң төр­кiнiн ендi ұққан шығарсыздар?

Қанапияның дәлелi Мырзекеңнiң үйiнде жайбарақат отырған қонақтарды жай оғындай осып өттi. Бұл сөзге не деп уәж қайтарарын бiлмей, бiр-бiрiнiң бетiне бажырая қарасып, сiлейiп отырысып қалды. Қанапияның болжамында бір шындықтың бары растай көрінді. Сонда қалай... алақандай ауылдан да осыншалық алауыздық шыққаны ма? Мұндай жағдай үш ұйықтаса түстерiне кiріп пе еді? Қарашы, әңгіменің ауаны қалай-қалай бұрылып барады? Енді қартайғанда сақалдарына шiркеу түсіріп, аға­йынның балдай ұйыған берекесiнен айрылып қалмақ па сонда?

Сiлтiдей тынған тыныштықты бiрiншi болып үй иесi Мырзахмет бұзды:

— Мүмкiн емес! — дедi ол өзiне тән мәдениеттi қоңыр даусымен. — Бұл мүмкiн емес, жолдастар!

— Не мүмкiн емес, неге мүмкiн емес? — деп шақ ете қалды Қанапия. — Мырзеке, ненi «мүмкiн емес» деп отырсыз? Қарсы дәлелiңiз болса — айтыңыз, кәне! Ендi бiздер сіздердің доводтарыңызды тыңдайық!

— Қайдағы дәлел? Менде ешқандай дәлел жоқ! Бiрақ сенің сөзіңе сенгiм келмейдi.

— Мырзекесi-ау, бұл масқараға кiмнiң сенгiсi кеп тұр дейсiз. Мисалы, Нұреке, сiздiң сенгiңiз келе ме?

Нұрғали «сенгiм келмейдi» дегендей үнсiз басын шайқады.

— Әне, көрдiңiз бе, Нұрекеңнiң де сенгiсi жоқ. Ал, молдеке, — дедi Бектемiрге бұрылып. — Сiз сенесiз бе?

— Қайдан бiлейiн, — дедi Бектемiр күбiрлеп. — Заман азды ма, халқым тозды ма, бұлары несi, шықпағанды шығарып.

— Әне, молдекең де сенбей отыр... Қайла жоқ, алдымызда бұлтартпас пәктi. Ал пәктiнi мойындамасқа тағы болмайды. Солай, қымбатты ағайын, мойындайсыңдар! Басқадай сіздерде амал жоқ, жол тағы жоқ!

Отырғандар сөзден тосылып, тағы да аз-кем үнсiз қалысты. Қанапияның әңгiмесi көңiлдерiне мықтап көлеңке түсiргендей. Күйедей қап-қара көлеңке... Үнсiздiк ұзарған сайын көңiлдегi сол көлеңке одан сайын қоюлана түскендей. Өйткенi қонақта отырғандардың iшiнде қамайы да, қарғалдағы да бар едi. Әрi олар өз аталастарының осы ауылдағы қадiр­мендi қария­лары саналатын. Нұрғали — қамай, Бектемiр мен үй иесi Мырзахмет — қарғалдақ-ты. Лексей мен Қанапияның ғана аталары бөтен... Қанапия бұл елге кiрме-тiн. Түбiн қусаң бұл Қанапияның қазаққа қатысы да шамалы болып қалады. Арғы атасы қалмақ деседi. Өз шешесi татардың қызы болғаны осы отырғандардың бәрiне аян. Ал Лексей жазған қай ел екенiн өзi де бiлмейтiн мәң­гүрт. Қалай болған күнде де балалар ағат басып, бiр­деңенi бүлдiрген екен. Соның салдарынан ағайын арасына жарықшақ түсейiн дептi. Олай болса не iстеу керек?

— Аяғы жаман төрдi былғар, аузы жаман елдi былғар деген, Қанапия. Сен жұрттың ниетiн жаманатқа бас­тама. Шайқап сөйлемей, байқап сөйле! — дедi Нұрғалидың бәйбiшесi Бибiш бұл әңгiмеден қатты тiксiнiп.

Бибiштiң сөзiне Қанапия шоқ басып алғандай шамданды:

— Сен, Бибiш, өйтiп тiлiңдi беземе, тiсiңнiң қанын маған жақпай отыр былай! — дедi көзi шатынап. — Алашағым кетсе де, айташағым кетпесiн... Неге сен осы менiң аузыма қақпақ қоя бересiң? Пiкiрiмдi ашық айтуға менде де құқық бар ғой. Менiң кiнәм — сендерден гөрi ойым жүйрiк болып, нәрсенiң астарын аңғара бiлгенiмде ме?

Бибiш үндеген жоқ. Қанапияны жақтырмағандай жүзiн сырт берiп, бұрып әкеттi.

— Қамайы не, қарғалдағы не? Сен, Қанапия, албаты мантырама! — дедi Нұрғали бәйбiшесiне ара түсiп. — Қан араласып, бәрiмiз де баяғыдан ағайын-жекжат болып кеттiк емес пе.

— Әй, Нұреке-ай, баланың сөзiн сөйлеп... — дедi Қана­пия құрдасының бiлместiгiне өкiнгендей. — Ағайын­ кiм, жекжат кiм? Жеме-жемге келгенде бәрi де өзiнiң туысына бұрады... Мисалы сен, Нұреке, сен қазiр қамайларды жақтап, Ералы Сағынаевты қолдап iшiң бүл­кiлдеп отыр. Ағыңнан жарылшы, солай емес пе!

— Тәйт әрi, мантырамай жайыңа отыр!

— Көңiлiңе дық алма, Нұреке, мен мисал үшiн айтып отырмын. Мисал үшiн Мырзекең мен молдекең өздерiнiң қарғалдағына бұрып отыр iштей. Саусақ сырт­қа емес, iшке қарай бүгiледi. Қайтесiң ендi, құдай солай жаратқан соң.

— Ой, сенiң мисалыңды!.. — деп, Нұрғали Қанапия­ны мұрын астынан сыбап өттi.

— Қойыңдар! — деп, осы арада үй иесi Мырзекең қонақтарды бәтуаға шақырды. — Басқа әңгiме құрып қалғандай... нағып өңештерiңдi созып өзеурей қалдыңдар?.. Биыл шөптiң шығысы қалай екен өзi? Беке, қыр жақты болжаған жоқсыз ба?

Бектемiр ырғатылып, жауап бергенше болмады, араға тағы да сампылдап Қанапия кiрiп кеттi.

— Мырзеке, шөп шығады ғой, — дедi. — Бұл Мұқырда бұл жасыма дейiн шөптiң шықпай қалған кезiн көргем жоқ... Ал мына даудың ақыры қиын болатын түрі бар. Түбінде мектебiмiзге атаусыз  қалу қаупi төніп тұр

— Қалса қала берсiн... Оған сенiң неғып қимаң қышып отыр?

— Жо-жоқ, ағайындар, мектеп болғасын, ол жерде бiздiң балаларымыз, немерелерiмiз оқып жатқан соң, оның аты болғаны ләзiм. Мисал үшiн... 

— Әне, тағы да мисалға кеттi... Өзгені білмейм, мына мені мисалға алмашы, онсыз да денсаулығым болмай жүр!

— Нұреке, ендiгi мисалымда сiздi атамаймын... Иә, қай жерге тоқтап едiм?

— Мисал үшiнге тоқтағасың... 

— Иә, мисал үшiн... Қап, ненiң мисалын айтайын деп едiм?

— Ит бiлiп пе, сенiң тағы немененi қоқсытқалы отырғаныңды.

— Сөзiмдi бөлiп, өстiп шатастырасыңдар адамды... Е, мисал үшiн бiздiң сапқозды алайық. Ауылдың аты Мұқыр, ал сапқоздың аты Раздольное. Қандай жарасымды. Мұқыр сапқозы десең тiптi келiңкiремейдi ғой... Ал Раздольное деген ат қандай жараса кеткен... Өң берiп тұр емес пе!

— Сонда кiмнiң атын қоямыз? Бұл шаруаны дау-дамайсыз шешіп, тiгiсiн жазып, реттей салуға болмас па?

— Азаматтардың екеуi де елге еңбегi сiңген, құрмет пен атаққа лайық адамдар. Қамайдан шыққан Ерекең де, қарғалдақтан шыққан Қарекең де... Осы екеуiнiң қайсысының атын қойса да мектепке жарасып тұр.

— Оу, екеуiн бiрдей қойғызбайтын шығар?

— Әрине, бiреуiн ғана қойғызады. Ол үшiн екi рудың арасында әдiл жарыс... ие, ие... әдiл жарыс өту керек. ­Сосын дауысқа сап кеп жiбергенде — қай жеңгенi алады.

— Сайлау секiлдi болды ғой.

— Бұл сайлаудан анағұрлым қиын шаруа... Жеңу үшiн — көп дауыс алу керек. Көп дауыс алу үшiн жұртшылық арасында кеңiнен үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу керек. Ал ондай үгiт-насихат жүргiзетiн, жастарға жол сiлтейтiн ру ақсақалдары мына сiздерсiздер!

— Сен, Қанапия, қашаннан берi ағайынға ақыл айтар көсем бола қалғансың? — деп Мырзекең қызарақтап, мәдениеттi түрде ашу шақырды.

— Мен көсем болайын деп отырғам жоқ. Мен шындықты айтып отырмын. Сiздер бiр-бiрiңiзге ашып айта алмайтын шындықты мен айтып отырмын. Өйткенi мен қамай да емес, қарғалдақ та емеспiн, ара қалыс ағайынмын. Маған бәрiбiр. Сендер, қазақтар, бiрiң өлiп, бiрiң қал, оған менiң қылшығым да қисаймайды. Бiрақ шындықтың аты шындық, оны қабылдау керек!

— Ендеше, үгiтiң не, насихатың не мантырап отырған? — дедi Нұрғали. 

— Ендi қалай дейiн... Мүләймсiп мәймөңкелейiн бе? Үгiттiң аты — үгiт, насихаттың аты — насихат! Сендер ойла­ғандай, қазiр баяғы заман емес. Заман өзгердi, жастар келдi, ұрпақ жаңғырды... Баяғыдай жабайы қазақшылықтың ауылы алыста қалған. Қазiргi жұрт бәрiн де күреспен, таласпен жеңiп алады. «Өмiр деген — күрес» дейтiнi тағы шындық. Солай, ағайын!

— Қара аспанды төндiрдiң-ау.

— Ендi қайтемiн... Абаларсың — қаппассың, менен жақсы­ таппасың... Тiлiмдi қышытып, өздерiң сөйлеткен екенсiңдер, албаты даурықпай мойындаңдар, бұл шындықты!­

Қарғалдақ құрдастарына қабағын көтеруге ыңғайсызданып, тұқырайып Нұрғали отыр. Сақалын саумалап молдекең үнсiз. Iшiмдiктен тартыңқырап жiберген Лексей мөмөзiгi алаулап, қалғып-шұлғып өзiмен өзi әбiгер. Мойны салбырап, пырылдап ұйықтап бара жатады да, шошып оянып, кекжең еткiзiп басын көтерiп алады. Өз үйiнде болған жайсыз әңгiмеге өзiнен өзi қуыстанып Мырзахмет қипақтайды. Қарғалдақ болғанына қатты өкiнгендей, «әкiри-а» деп оқта-текте таңдайын қағып қояды.

— Бүгiнге осы да жетер, рұқсат болса қозғалайық! — дедi Бектемiр бетiн сипап.

Бұлар қозғалақтап тұра бергенде:

— Қазақ десең өзiңе тиедi, соқыр десең көзiңе тиедi деген осы екен ғой! — деп Бибiш терең күрсiнiп, көзiн сүрттi. Қалың қазаққа емес, Қанапияға қатыстырып айт­қан сияқты. Оған қыңқ еткен Қанапия болмады, киiнiп жатқан кезде құрдастарын тағы бiр шымшып өттi:

— Бүгiннен кейiн бас қосып өстiп кездесер ме екенбiз, жоқ әлде кездеспес пе екенбiз, ә? Осы арада соңғы рет қоштасып қалсақ қайтедi? — деп, әлде қалжыңы, әлде мазағы екенi белгiсiз, қарқ-қарқ күлдi.

— Тiлiңе шиқан шықсын! — дедi Бибiш.

— Жау жоқ деме жар астыңда, бөрi жоқ деме, бөрiк астында деген осы болады! — дедi Қанапия күлкiсiн жимай.

Меймандарымен қоштасып жатқан Мырзахмет:

— Мен қарғалдақ емеспiн, жолдастар! — дедi бурыл басын саусағымен тарақтай керi қайырып. — Мен қазақпын, мен коммуниспiн! 

 Қонақтар Мырзекеңе бұрылып, бөтен бiреудi көргендей бiр сәт аңырысып тұрып қалысты. Сосын қабарған көңiлмен мойындары салбырап, шықарға беттедi.

***

«Жаманаттың жүз аяғы, мың даусы болады» деген сөз, тегi, рас екен. Қанапияның «дәлелi» ертеңiңде ауыл ішіне желдi күнгi өрттей жайылған. Қамайлар айтты: қарғалдақтар өздерi аз болса да тымпиып алып, iштерi толған арамдық екен дестi. Қарғалдақтар айтты: қамай көптiгiмен бiздi басынбақ екен, ондай шовинизмге бiз жол бере қоймаспыз, пiшту дестi. Екi жақ та пәленше жыл бойы ауыл аралас, қой қоралас болып, қалайша тiзе қосып бiрге тұрып келе жатқандарына таң қалысты. Екi жақ та аяқтан шалар жауды ертерек аңғармай, мұрын астынан арғыны көрмеген аңғалдықтарына, бұғанға дейін көрсоқыр болып келген­дерiне қатты өкiнiстi. Екi жақ та бiр-бiрiмен құдандалы-жекжат болғандарына қиналып, бармақтарын тiстестi. Ағайындасып қан араластырғандарына қапаланып қайғы жұтысты. 

Қашағанның қырсығы жусағанға тиедi демекшi, Мұқыр дауы Аршаты мен Берелге де жетiптi. Ол жақтың да қамайы мен қарғалдағы ала тайдай бүлiнiп, қоғамдасып жатқаны белгiлi болды. Оларды қойшы, базары тарқамаған бүтiн ел емес пе, үнi өштi, жабылды, бiттi деген анау қырдағы Төртiншi бригадаға не жорық десеңiзшi! Ол жақтағы Қасиман ағамыз қамай екен, қазiр намысын қайрап, бiлек сыбанып шапқылап жүр деседi.

Араға осылайша әзәзiл түсiп, мұқырлықтардың уыздай ұйыған берекесi бүлiнiп, шаңырағы шайқалайын дедi. Дәл осы кезде, әлде көңiлдерi жараспады ма, әлде шынымен ауыл iшiн кеулеген осынау жел сөз желеу болды ма, Аманжол мен Баршагүл атты былтыр қосылған жас жұбайлар ажырассын... Бұл ажырасу онсыз да тұтана­йын деп тұрған отқа лақ еткiзiп майды құя салумен бiрдей болды. Себебi Аманжол қарғалдақ екен де,  жас баласын көтерiп, еңiреп жылап төркiнiне қайтқан Баршагүл қамай боп шықты. Бұл тосын оқиғадан мұқырлықтар болашақ азамат соғысының иiсiн сезгендей болды.

Киiктiң қасынуына мылтықтың басуы дегендей, бiрнеше күннен соң ауылды тағы бiр оқыс жағдай дүр сілкіндірді.

Мұқырдың өзiнде ушәскелiк милиционер жоқ едi. Қарауында екi-үш ауыл бар, ол милиционер Мұқырда емес, көршi Аршатыда тұратын. Ол жiгiт анда-санда Мұқырға да келiп, көше-көшенi бiр сүзiп өтушi едi. Соңғы келiсiнде әлгi «участковый» аяғын қайшылап кетiп бара жатқан Қазтайды көшеден ұстап алыпты. «Сен массың, значит үйiңде самогон бар» деп, Қазтайды дедектетiп үйiне сүйреп апарады. Қолдан сыра ашытуға, самогон қайнатуға қатаң тыйым салынған кез ғой, милиционер Қазтайдың үйiн асты-үстiне шығарып тiнтедi. Түк таба алмай, амалы құрып, алақанын сүртiп кетiп бара жатқан милиционерге Қазтай:

— Сен қарғалдақтық жасап менiң үйiмдi тiнттiң. Менiң абыройымды айрандай төгiп, масқаралағың келдi. Бәрiбiр ол арам ойыңнан ештеңе шықпады, түк таппадың! —дейдi гүжiлдей айқайлап. — Мықты болсаң анау өзіңнің қарғалдақ ағаң Әмiрдiң үйiн тiнтшi, әуселеңдi сонда көрейiн!

Көршi ауылда тұратын қарғалдақ «участковыйдың» қамай Қазтайды сүйрелеп жүргенiн жұрт бағана көрген. Ақыры немен тынар екен деп, қызықтаушылардың бiр тобы бұл кезде көшеге жиналып қалады. Қазтай болса оларды арқаланып, жаңағы сөздi жапанға жар сала айқайлайды. Милиционер не iстерiн бiлмей сасады. Форма кигенге құдайдың құлағын ұстағандай боп, әкi­реңдеп қалған жас жiгiт бұл ауылдағы кикiлжiңнен бейхабар болатын. Орысша оқып, орысшалау өскен ол өзiнiң қарғалдақ екенiн де Қазтайдың аузынан тұңғыш естiген-дi. Бәрiнен бұрын «участковыйды» састырған — көшеге жиналған көпшiлiк болатын.

— Барсам барамын! — дедi милиционер Қазтайға бұрылып. Тамағы кеберсiп, шиқылдап, даусы өзiнен аспай қалды.

— Бара алмайсың.

— Неге бара алмаймын?

— Өйткенi ол қарғалдақ, өз ағаң. Сондықтан сен оған тимейсiң.

— Зашем маған қарғалдақ-парғалдақ. Ничего не знаю. Қазiр барам да тексерем.

«Участковый» фуражкасын маңдайына баса киiп, адымдай басып Әмiр шалдыкiне кеттi. Жұрттың бiразы қызық көрiп оның соңынан бiрге ердi. Кiтапты көп оқитын, киноға жиi баратын көзi қарақты Әмiр шал жас жiгiттiң қоқан-лоқысын тыңдасын ба, «прокурордан санкцияңды әкел, сосын бiрақ тексересiң» деп, үйiнен түрiп шығыпты.

Әмiрдiң үйiне кiрмей жатып, атып қайта далаға шыққан милиционердi көргенде Қазтай:

— Әне, қараңдаршы! — дедi жұртшылықтың назарын аударып. — «Тексерем, тiнтем» деп едi, қане тiнткенi? Өтiрiк айтты... Өзiнiң қарғалдақ ағасы ғой, сондықтан оған тиiскен жоқ. Көрдiңдер ме?

— Көрдiк, Қазтай, көрдiк! — деп куә болысты жиналған көпшiлiк.

— Оллаһи, қарғалдақтар осыншалық провакацияға барады деп ойламап едiм! - деп түңiлдi Қазтай басқа айтар сөзi құрып.

— Әй, Қазтай, сенiң келiншегiң де қарғалдақ емес пе едi?—дедi топ iшiнен бiреу.

Қазтайдың бұл ескертпеге қысылғаны соншалық, күрең жүзi бiр-ақ сәтте қарақошқылданып салды:

— Тастаймын! — дедi құмығып. — Әкесiн ұрайын... Тастаймын ондай қатынды... Қатыннан гөрi азаматтық намысым қымбат маған!

— Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатынға сенбе деген осы болады, Қазтай шырағым! — деп әлгi жiгiт сақ-сақ күлiп, Қазтайдың «шешiмiн» қолдап арқасынан қақты.

Қалай болғанда да, учаскелiк милиционердiң бақай есеп, арам оймен үйiн тiнтiп, Қазтайға моральдық тұрғыда зор нұқсан келтiргенiн жиналған көпшiлiктiң мойындамасқа амалы қалмады. Өйткенi әлгі әрекеттің бәрiн бастан-аяқ төрт көзі түгел көрiп тұрды ғой... Сол себепті де осы оқиғаның тiрi куәсi ретiнде олар кейiнгi күндерi Қазтайдың ерлігін аңыз етiп ел ішіне таратып жіберді.

***

Қазтай учәскелiк милиционердiң қарғалдақтығын әшкере ететiн күнi ақсақ Нұрғали әдетiнше таң қараңғысынан тұрған.

 Көк сиырды сауғызып, табынға қосуға ауыл шетiне қарай айдап бара жатып, жолай Қанапияға кезiктi. Iркiлдеген Қанапияға қарағанда тарамыстанған Дүрия кемпiр шаруаға оңқай асықтай ширақ-ты. Күн шыққанша ұйықтайтын Қанапияның бүгiн пысықсып сиыр айдап бара жатқанын көргенде, Нұрғали шырт түкiрiп, орамалымен ернiнің езуін сүрттi.

— Кемпiр Катондағы қызға кетiп... көрдiң бе, мiнеки! — деп, таң атпай сиыр айдап бара жатқанына Қанапия ақталғандай болды.

— Борсып үйде жата бергенше бiруақ осылай сер­пiлгенiң жөн! — дедi Нұрғали.

— Кемпiрсiз қиын екен. Әке бас, көке бас деп жүрiп көршiнiң қызына саудырдым.

Сиырларды бақташының алдына салып, өрiске жiберген соң, екеуi насыбай атып, ауыл сыртындағы тепсең үстінде шүйiркелесiп бiршама отырды. Аздан соң күн кiрпiгi де қылтиып, Тасшоқының иығынан сығалаған. Сығырайып Тасшоқы жаққа көз тастаған Қанапия:

— Әй, Нұрғали, осы сенiң есiңде ме, осы жартас баяғыда екi ұшты ма едi?—дедi.

— Екi ұштысы несi?

Нұрғали құрдасының сөзiн алғашында ұқпай қалды. Бiрақ ол ұқпады екен деп Қанапия сұрағын қайталаған жоқ. Ұмсына түсiп, әлдененi есiне алып, өз алдына сөйлеп кеттi:

— Ие, ие.. Есiме ендi түстi. Ұшы екеу болатын. Қасқырдың күрек тiсiне ұқсайтын. Ендi қарашы, бiреу ғана қалыпты! Бұл қай кезде бiреу боп қалған? Түсiпбеков бастық баяғы сөзiнде тұрып, бiр ұшын динамитпен қопарып тастағаннан сау ма?

Нұрғали да селеу сақалын шошаң еткiзiп, жартас жаққа иегiн көтердi.

— Сен шал не шатып отырсың?— дедi, сойдиған шыңнан еш өзгерiс байқай алмаған соң шамданғандай болып. — Бұл шыңның қос емшек болғанын қашан көрiп едiң?

— Көргемiн, қос емшек болатын.

— Өтiрiктi соқпа, құдайдан қорықсаңшы?

— Мен несiне қорқам... Бәрi есiмде, ұшы екеу болатын.

— Саған дауа жоқ шығар!— деп Нұрғали қолын сiлтедi.

— Әне, бұлар өстiп адам сөзiне нанбайды,- деп Қанапия да екiлене түстi. — Бала күнiм дәл кешегiдей есiмде. Сол кезде мына жартастың басы екеу болатын.

— Бiз бала болмаппыз ба! Бiз онда неге көрмей жүргенбiз?

— Сен Нұреке, байқамаған шығарсың. Есiңе түсiршi, екеу едi ғой?

— Есiме түсiрдiм, бiреу болатын.

— Жоқ, екеу деймiн!

— Жоқ, бiреу... —Екi шал аяқ астынан сөзге келiп, жақ-жақ айтысып отырғанда, қастарына кер биесiн жетелеп Лексей келген. Лексейдi көрген бойда екеуi оған қазылыққа жүгiнгеңдей болысты. 

— Әй, Лексей бала күнiң есiңде ме, мына Тасшоқының басы баяғыда нешеу едi?—дедi Қанапия.

— Екеу емес, бiреу едi ғой?— дедi Нұрғали. 

— Екеу емес пе едi, Лексей, есiңе түсiршi?

— Бiреу болатын.

— Екеу деймiн, екеу, Лексей!

— Әй, өзеуремей тұра тұрыңдаршы! — дедi түкке түсiнбеген Лексей. — Сендерге не болған өзi, қызуларың көтерiлiп тұрған жоқ па?

— Жоға, бәтiреке... Таздан тарақ қалғалы қашан. Мына Тасшоқы үшiн айтысып қалдық. Басы бұрын екеу болатын, соған мына даукес Нұрғалиды көндiре алмай отырмын, —дедi Қанапия қиналғандай боп.

— Менi даукес дейдi.. Нағыз даукес өзiңсiң! — дедi Нұрғали қызараңдап. 

— Қалай десең де, ұшы екеу болатын.

— Жоқ, бiреу деймiн.

Лексей күн сала сығырайып жартас жаққа көз жiбердi. Жаңа көргендей ұзақ қарады. Сосын мұның қазылық байламын күтiп, аңтарыла қалған екеуiне бұрылып:

— Мен бұл жақта емес, iшкi жақта, кержақтардың арасында өстiм ғой... Бұл жартасты қайдай бiлейiн! — деп шолақ қайырды да, атын тұсамаққа топ қайыңның арасына сiңiп жоғалды.

Лексейден тұщымды сөз ести алмаған соң, екi шал амалдары таусылып, шырт түкiрiп орындарынан тұрды. Тұрған бойда шөп-шалам жабысқан құйрықтарын да қаққан жоқ, бiр-бiрiне тiл қатпастан екi айрылып кетiстi. Тәйтiктеп ауылға екеуi екi соқпақпен тартты.

— Түкке тұрмас бiрдеңе үшiн кеңiрдек жыртып, осыншалық бүлiнгенiм не?—деп қапаланды Нұрғали былай шыға. — Мылжыңды езген жеңедi, езгендi құдайдан безген жеңедi демекшi, Қанапиямен шатысып, өзiме де обал жоқ... Тасшоқының басы екеу түгiлi үшеу болсын. Онда менiң қандай шаруам бар едi? Тiфу, сайтан алғыр!

Бұл ауылда қырқылжың Қанапиямен дауласып абырой тапқан адам әзiрге туған жоқ. Ол жағын Нұрғали да жақсы бiлетiн. Бiрақ бiреу көзiңдi бақырайтып қойып, қарадай өтiрiк соғып тұрса — жаның қалай шыдасын. Әйтпесе бұл Нұрғалидың Қанапиямен айтысардай Тасшоқының үшкiр басыңда әкесiнiң құны қалған жоқ қой.

«Осы Қанапияның мөмөзiгi неге үнемi қызарып жүредi? — деп ойлады тағы да. — Лексейдi қойшыоның мөмөзiгi неге нарттай екені баршаға мәлім. Ол бәтшағар анау ащы суға әуес. Ал Қанапияның мөмөзiгiне не болған? Тегi, борсып көп ұйықтағаннан қызарып кеткен ғой. Тiфу!»

Ауылға кiре бергенде бұлақ басында тоңқаңдап жуы­нып жатқан кiтапханашы Дәулетханды көрiп, сол жаққа қарай бұрылды. Осы жiгiт бiраздан берi ауылдың шежiресiн жинап жүр екен деп ұзын құлақтан жиi еститiн. Бiрақ сол сөз рас па, рас болса ол қандай шежiре — ол туралы Дәулетханмен бетпе-бет жүздесiп, сұраған емес. Суыртпақтап сөзге тартып, сол құрғырдың немене екенiн бiле кетейiншi деген оймен, кiтап­ханашы жiгiт суық суға аһылап-үһiлеп жуынып болғанша қасында қарады да тұрды.

— Ассалау, ағатай! — дедi Дәулетхан мұны көрген кезде сәлемiнiң соңын жұтып.

— Уағалейкүмсәлем! — дедi Нұрғали.

— Бiрдеңе айтайын дедiңiз бе?—Дәулетхан орамалымен денесiн сүртiп, Нұрғалиға жақындады.

— Шырағым, сен бiр тәуiр дүние жинап жүр дей­дi ғой?

— Қай дүниенi айтасыз?

— Шежiре дей ме... 

— Ә-ә, ондай дүниенi жинап жүргенiм рас. Бiрақ ол сiздер айтып жүргендей «шежiре» емес, энциклопедия. 

— Немене дедiң?

—Энциклопедия деймiн... «Мұқыр ауылының энциклопедиясы» деп аталады. Менiң әзiргi шамалауым бойынша, барлығы үш том болуға тиiс.

— Е, е, солай ма едi...

— Солай, ағай!

Нұрғали тағы не сұрарын бiлмей, қипақтай бердi. Сөре-сөре самсаған кiтаптарды кемiрiп, күнi бойы кiтапхананың iшiнде отыратын осы жiгiт бiраз дүниеге қанық шығар деп шамалады. Сосын жаңа ғана қыр­қылжың Қанапия құрдасымен арада болған жайсыз әңгiме есiне түсiп:

— Шырағым, кiтап жазып жүрсең — сен мынадан да хабардар шығарсың... Осы Тасшоқының басы бұрын нешеу едi? — деп сұрады.

Орамалмен арқасын ысқылап жатқан Дәулетхан бұл сұраққа қалшиып аз-кем қимылсыз қалды да: 

—Кiмнiң басы дейсiз?— деп қайталап сұрады.

— Тасшоқының... Анау шың жартасты айтамын. Бұрын екеу ме едi, бiреу ме едi?

Дәулетхан Тасшоқы жаққа бiр қарады да:

— Оның басы қазiр нешеу?—дедi түк көрмей тұрғандай.

— Нешеуi несi... Бiреу!

Дәулетхан орамалын мойнына iлiп, былайғы бiр шорымыққа барып отыра кеттi. Шойнаңдап барып, Нұрғали оның қасына шоңқия жайғасты.

— Ағатай, — дедi кiтапханашы үлкен әңгiме бастайтындай сыңай танытып. — Мен Мұқыр ауылының тұрғындары туралы ғана энциклопедия жазып жүрген қаламгермiн, зерттеушiмiн. Бiлдiңiз бе! Мен адам зерттеушімін. Ал, анау Алтайдың шыңындағы жартастың басының екеу, немесе үшеу болғаны менiң энциклопедияма ешқандай да қатысы жоқ.

— Дәулет қалқам, сенiң шежiреңе оның керегi жоғын мен де шамалаймын. Бiрақ Қанапиямен сөзге келiп қалып едiм. Ол «екеу» дейдi, мен «бiреу» деймiн. Сен бiр жөн сөз айтып, Қанапияның өтiрiгiн бетiне басса екен деп едiм.

— Жарайды, ағай, олай десеңiз — сiз үшiн кiмнiң басы болса да дәлелге тартуға бармыз! — дедi Дәулетхан нық сенiммен. 

— Өркенiң өссiн, шырағым! — деп Нұрғали кiтапханашыға рахметiн айтып, протезiн сүйретiп тұрмаққа ұмсынып едi, анау ақырын ғана бiлегiнен ұстай алды:

— Мынау сұрағыңыз маған сiздiң характерiңiздiң тағы бiр қырын ашып отыр... Сiз табиғатты жаныңыздай сүйедi екенсiз, ағай! — дедi ыржиып.

Нұрғали не дерiн бiлмей мүдiрдi. Кiтапханашы болса Нұрғали Нұрғали болғалы естiмеген әлдебiр әдемi сөздердi төгiп-төгiп жiбердi:

— Көкорай шалғын, ну орман, айдын көлдi былай қойғанда, сiз сүреңсiз, сұп-сұр шошайған жартастың бейнесiнен де әдемi әсер, рухани шабыт алады екенсiз. Сiз құдайдың қара тасынан да поэзия iздейтiн сықылдысыз. Бұл басқа ағайында атымен жоқ қасиет... Әттең, Нұреке, сiз табиғат қорғау қоғамына мүше болып кiрсеңiз — керемет қатып кетер едi. Амал бар ма! Ондай жағдайда сiз мен жазып жүрген «Мұқыр ауылының энциклопедиясына» личность ретiнде, яғни мүйiзi қарағайдай тұлға ретiнде енер едiңiз. Дегенмен мен сiздi... иә, иә, «Нұрғали Тiлеубаев» деген өмiрбаяндық колонкаға: «Табиғаттың жанашыр досы. Ауыл төңiрегiндегi тастарға дейiн тiзiп жүретiн жаны елгезек азамат» деп жазып қоямын.

— Дәулет қалқам, сол құрғырды былай нетiп... жазбай-ақ қойсаң қайтедi? Ұят-ты, тегi, —деп Нұрғали ендi шындап қысылды. 

— Жо-жоқ, жазамын! — дедi кiтапханашы да өзеуреп. — Бұл мен үшiн тапқан идея болды!

— Ұят болды-ау! Ел-жұртқа ендi қай бетiммен көрiнбекпiн...

— Несi ұят? Түк те ұяты жоқ... Бұл ауылда жылт еткен әрбiр жаңалық пен құбылыс назардан тыс қалмауы тиiс. Бәрi де нақпа-нақ, сол қалпында энциклопедияға тiркелiп отыруы мiндет. Сонда ғана Мұқыр ауылының тарихы көздеген мақсатта, көркемдiк дәрежеде жазылатын болады.

— Ол жерде мен туралы тағы не бар едi? — деп, Нұрғали ұрлық жасап қойғандай Дәулетханға қуыстана қарады.

— Бәрi бар, — дедi Дәулетхан да бетi бүлк етпей. — Бәрi бар, Нұреке. Бүкiл өмiрбаяныңыз бар, күллi өмiр жолыңыз жазылған... Жалғыз сiз ғана емес, осы ауылдағы адамдардың баршасының өмiрбаяны жинақталған. Ауыл тұрғындарының мiнез-құлқы, кәсiбi, ата-тегi, бала-шағасы, тағысын-тағылардың бәр-бәрi жүйелi түрде тiркелiп-қатталып жатыр. Олай етпесе энциклопедияда құн болмайды, нарқы түседi... Әттең, сол айтқанның бәрiн тiркеп үлгере алмай жатырмын, шамам келмей жатыр. Көкiрек бұлбұлдай сайрайды, бiрақ уақыт құрғыры жетпейдi.

— Не деп жазғаныңды былай... оқып байқатпай­сың ба?

— Жоқ, оны оқуға болмайды.

— Неге?

— Энциклопедия дегенiңiз қасиеттi дүние. Ол сiздер мен бiздерге емес, келешек ұрпақ үшiн жазылатын құнды жәдiгер. Сондықтан да бұл томдар сiздер мен бiздер аман-есен өлгеннен кейiн ғана жарық көруi тиiс.

— Апырмай, ә... Сонда ол кiтап бiздiң мiндеттi түрде өлуiмiздi күтедi екен ғой?

— Әлбетте, солай, Нұреке... Ұрпаққа аманат етер асыл зат, рухани мұра қашанда өзi солай болады.

— Әйтсе де, Дәулет қалқам, мына бiз құралыптас шал-шауқандар жайында ұятты бiрдеңе кетiп қалып жүрмесе жөн едi? 

— Мен, Нұреке, тек қана бүкпесiз шындықты жазам... Бұл — әлемдiк энциклопедистердiң принсiпi.

«Бұл бәтшағар тазша баладай тақылдап илiкпедi-ау» деп терең күрсiнiп, Нұрғали қиралаңдап орнынан тұрды. Кiтапханашымен қоштаспастан, көжеге өкпелеген баладай мойны салбырап өз жөнiмен кете барды.

— Ағай, сiз ренжiмеңiз! — дедi Дәулетхан мұның соңынан айғайлай дауыстап. — Мен өтiрiк жазуға хақым жоқ, мен тек қана боямасыз шындықты жазам.

«Шындық» дейдi, шындық дегенi, тегi, бастан өткен уақиғалар ғой, деп болжады Нұрекең. Дәулетханның алдында соншалықты қуыстанатындай мұның басынан қандай уақиға өтiп едi?

Қалай ойласа да келешек ұрпақ алдында Нұрғалидың сүйегiне таңба салатындай ыңғайсыз әрекеттi есiне түсiре алмай-ақ қойды.

***

Масқара болғанда, сүйекке таңба салатын жайсыз уақиға, ұятты шаруа бұл Нұрғалидың өмiрiнде бар боп шықты.

Ескiлiктегi сол бiр уақиға сол күнi кеште, ел аяғы басылып, дастарқан басына отырған кезде есiне оқыс сап ете түскенi...

Сол-ақ екен, қолы тоқ соққандай дiр етiп, Бибiштiң ұсына берген кәрлен кесесiн табадағы кәртөптiң үстiне төгіп алды

Үстелге үймелеп, қуырылған кәртөптiң қаспағына таласып жатқан балалар аңырайып атасына бiр қарасты да, шай мен сама төгiлген картопты жемеймiз деп тайқып шыға берiстi. Iштерiндегi ең кiшiсi — Манар ғана тәттi кәртөбi «бүлiнiп» қалғанға көзiн жұмып, аузын қисайтып, бырс-бырс жылап жiбердi.

— Нұрекесi-ау, мас адамша қолың қалтылдап не болды өзiңе?—деп Бибiш те кейiстiк бiлдiрдi.

Сосын-ақ Нұрекеңнiң шайға зауқы болмады. Көңiлi нiлдей iрiп, iшкi әлемiнiң астан-кестеңi шықты. Әлгi қоянкөз кiтапханашы жiгiттiң тықақтап, мұны майлы қасықтай айналдыруынан әлдеқандай секем алып едi, жүрегі құрғыр бiрдеңенi сезгендей екен. Ойпырмай, баяғыдағы уақиғаны, тiптi өз басы атам заманда ұмытқан дүниенi қазбалап, қалайша тауып алып жүр бұл бәтшағар? Тегi, бiреу пiш-пiштеп жеткiзген ғой. Ұят-ай әке, ұрлық түбi қорлық дегеннiң кебi осы шығар!

Есiк алдына шығып, шарбақ сыртындағы орындыққа протез аяғын алшысынан тастап, шалжия кеттi. Көз байланып қалса да, әлгi Рахман жүгiрмек жарықты жаға қоймапты. Моторға жетуге шамасы жоқ, ауылдың бiр шетiнде ләйлiп жүрген шығар баяғы.

— Ассалау, көке!

Әлдекiм абажадай боп, дәл құлақтың түбiнен айқай салғанда, Нұрғали бүлк ете қалды.

— Аман-сау, күйлi-қуатты боларсыз? Бала-шаға, немере-шөбере дегендей, бәрiнiң қызығын көрiп, пенсия­ңызды кемiрiп жатырсыз ба? Анау әлгi... әскерде моряк боп служиттеп жүрген тәмпiш мұрыннан не хабар?

Бастырмалатып осыншама сұрақтың астына алған қай заржақ деп үңiлiп едi — Рахман жүгiрмектiң өзi екен. Кiмдi ойласаң сол келедi деген, ұзақ жасайтын неме болды бұл сайтан.

— Көкесi, не... танымай қалдыңыз ба? Мен Рахманмын ғой, — дедi анау да мойынағаштай еңкейiп.

— Танып тұрмын... — дедi Нұрғали. — Бiрақ сен жүгірмекті осыншалық көп сөйлейдi деп ойламаушы едiм... Мен сенiң сәлемiңе жауап та берiп үлгергем жоқ, ал сен сұрақтармен төпелеп тастадың менi!

Рахман Нұрғалидың бетiне телмiрiп, еңкейген күйi аз-кем тұрды да, иығын қиқаң еткiздi:

— Бұл шалдарға сәлем берсең де бәлеге қаласың, сәлем бермесең тағы бәлеге қаласың! — деп бойын тiктеп қайрылып алды да, шалшықты шалпылдатып шарбақты айналып кеттi.

«Моторды от алдырып, свет жағуға бара жатқан бетi-ау деп жобалады Нұрғали. — Бiрақ осы жастар сәлемiнiң соңын жұтып қоятыны несi екен? «Ассалау» дейдi анау қоянкөз де. «Мағалейкүмi» қайда бұлардың?»

Рахманға «жүгiрмек» деп жанама атты таңып жүрген осы Нұрғали болатын. Содан ауылдың үлкен-кiшiсi түгелдей Рахманды «жүгiрмек» деп атасып кеткен. Күлегеш қыздар құсап жалбыратып шаш жiбергенi болмаса, жалпы өзi жаман бала емес, қайыңның безiндей шымыр, келiстi жiгiт.

— Ата, оның аты «жүгiрмек» емес, оның аты «борзый», — деген әлгi әскерге кеткен тәмпiш ұлы баяғыда.­

— Тәйт әрi, «борзыйы» несi? Ол иттiң аты емес пе?— дедi Нұрекең.

— Бiлмедiм, ата, әйтеуiр достары оны «борзый» де­седi ғой!

— Жетiскен екен...

Сол «Рахман жүгiрмегiңiз» осы Мұқырдың мықты моторисi, яғни электр жарығының «құдайы». Ал электр жарығынсыз бұл заманда көп шаруаң адыра қалатыны тағы белгiлi. Сондықтан моторист деген бұл жақтың  қайсыбiр ауылында да мәртебелi мамандық. Осы жағынан келгенде Рахман да Мұқырға аса қадiрлi әрi сыйлы кiсi. Сағат он екiге дейiн жаға ма, таң атқанша жаға ма, жоқ әлде «тымау тидi» деп мүлдем жақпай қоя ма — ол жағын Рахаңның патша көңiлi бiледi. Әсiресе ауылда той-томалақ бола қалса — Рахаңның абыройы аспандап, түкiрiгi жерге түспей кетедi. Ондай жағдайда той иелерi тойдың болатынын Рахманға алдын ала ескертiп, үш күн бұрын алдынан өтедi. Сосын сый-сияпат жасап тойғанынша суғарады. Егер Рахаң олардың сый-саяпатына риза болып, пейiлi түссе — той болатын түнде ғана емес, күндiз де моторды дырылдатып, жарықты жағып қоюға бар.


***

Аздан соң МТМ жақтан Рахманның моторы күркiреп барып от алды да, артынша ауылға бiр-ақ сәтте жан кiрiп, жарқ ете қалды. Жарқ еткен электр жарығымен бiрге Нұрғалидың басына да бiр ұрымтал ой сап ете түскендей болған. Бiреу жаман ойымды сезiп қалды ма деп, жан-жағын қауiптене көзбен шолды. Арғы шеттегi Мырзахметтiң үйi жағында шәуiлдеп үрген иттiң, клуб жақтан сырнай тартып, ән салған жастардың дауысы болмаса, көше бойы тып-тыныш.

«Бұл шаруаға кiмдi салсам... Ыңғайлы кiм бар?» деп тағы бiршама уақыт бас қатырды. Айтқаныма көнедi-ау деген жастардың бiразын ойша тiзiп, ақыры Рахманға тоқталған. Рахманнан асқан ептiнi, қала бердi қолынан ондай алмағайып шаруа келетiн пысықтықты өзге жастардың бойынан таба алмады. Жылы-жылы сөйлесең жылан да iнiнен шығады демекшi, сұрағанын берiп, көңiлiн жайласаң — тентек болса да Рахман айтқанға илiгуi мүмкiн. Жаңа өзiне қаттырақ сөйлеп, ренжiтiп алған жоқ па! Бар болғырдың мiнезi де ноқ, мұрындықсыз бұқадай бiрбеткей едi, қайрылмай жүрмесе неғылсын!

Алла тағала өзi кешсiн, Нұрекеңнiң «шаруа» деп көңiлге түйген iсi — ұрлық болатын. Ұрлық болғанда — бiреудiң басын жарып, көзiн шығарайын деген ой жоқ-ты. Немесе бiреудiң малын ұрлап, үйiн тонайын деген харам ниеттен де аулақ-ты. Әншейiн әлгi кiтапханашы жiгiттiң жазып жүрген энциклопедиясын бiлдiрмей жымқырып, iз-тозсыз жоғалтып жiбергiсi келген... Кiтапта тұрған не бар дейсiң, кiтап ұрлаған — зады ұрлық болғанымен, күнәға жата қоймайтын шығар? Нұрғалидың өз үйiнде де талай кiтап жатыр ғой әнекикөрінген жерде шашылып. Бiреу соларды түгелiмен тасып әкетсе де Нұрғалидың шаңырағы ойсырап қалмасы белгiлi.

Табан астында мұндай ұтқыр шешiм қабылдауы — Нұрекеңнiң көңiлiнде ұйлыққан ала бұлтты аздап сейiлкендей болды. 

Қайтесiң ендi, соның бәрiне кiнәлi баяғы жастық желiк қой. Жастық желiктiң ойламай от басқызар бұла қуаты, көзсiз тәуекелi де. Ол жағдай зәудiғалам қазiр есiне түссе де қысты күнгi ала торғайдай бүрiсiп, кәдімгідей қысылып қалады. Сондықтан Нұрекең ол жағдайды мүлдем ұмытуға, есіне алмауға тырысатын

 Соны дейдi-ау, анау Дәулетханға қай пысықай сыпсыңдап жеткiзе қойды екен?

Есіне алмауға тырысқан соң, атам заманғы ол жағдайды Нұркеңнiң өзi де  ұмыта бастаған сияқты едi. Кiтапханашы бала бағана «осы ауылдағы әр кiсiнiң өмiр тарихын жазып жүрмiн» дегенде, сезiктi бұрын секiрер дегендей, аяқ астынан көңiлi кылп ете түскен. Күптi көңiл бiрдеңенi бiлгендей-ақ екен... Әлгi уақиға сап етiп ойға түскенде Бибiш ұсынып жатқан кесенi ұстай алмай, қолы қалтылдап табаға шай төгiп алғаны да содан едi. 

Мейлi, шайды да, таба толы майлы картопты да қойшы, бәрiнен бұрын әлгi жағдайдың ұмыт қалмай, уақтылы есiне түскенi үлкен абырой болды...


***

Баяғыда, елуiншi жылдардың басында Көккөл деген кенiшке  Нұрғалидың да ел-жұртпен бiрге көшіп барып, төрт-бес жыл кен қазғаны бар. Бүйткен кенiшi бар болсын, көп азамат денсаулықтарынан айрылып, қу сүйек боп қайтты ғой ол жақтан. Сау қайтқандардың өзi жаппай «силикозбен» ауырып, жасына жетпей бiразы кетiп қалысты. Ол бәледен Нұрекең де кем қалған жоқ секiлдi: кейде кеудесi қысып, дем жетпей жөтелген кезде шыбын жаны шырқырап кетеді. Құлақ шекесiне шейiн қызарып, есi ауып қала жаздайтыны бар.

Ол кезде Көккөлде вольфрам дейтiн қымбат металл өндiрiлетiн. Нар түйенiң өркешiндей шошайған жұмыр таудың әр тұсында шұрық-тесiк үңгiрлер бар едi. Ол үңгiрлердi «штольня» десетiн. Жұмысшы-шахтерлар сол штольняларға бойлай кiрiп, қайламен күн демей, түн демей қара терге түсiп кен қазатын. Соңынан, қазған кендерiн қапқа тиеп, атқа өңгеріп  етекке тасысатын.

 Нұрғали жұмыс iстейтiн бесінші штольня әлгi жұмыр таудың кiндiк тұсында, биiкте таман едi. Келiншегi азық-түлiк орап берген түйiншектi қолтықтап бұл да өзге шахтерлер сияқты таң қараңғысынан тауға кететiн. Содан қас қарая үстi-бастары шаң, кiр-қожалақ, мұрттай ұшып  үйге жететiн сүйретiлiп.

Бiрде, ұмытпаса ақпанның аяғы, наурыздың басы болар, әдеттегiдей жетi-сегiз шахтер таң қараңғысынан тау кiндiгiндегi кенiшке қарай өрмелеп бара жатты. Суық тиiп, сырқаттанып жүрген жiгiттердiң бiрi құмығып барып қаттырақ жөтелiп қалып едi, сол-ақ екен, жер-дүние дүр сiлкiнiп, айдахардай ысқыра гүрiлдеп, жылжып жүре берген. Сәттiң арасында тау мен тастың астаң-кестеңi шығып, әлем-тапырық болды да кеттi. Әйтеуiр, тау алқымынан алапат көшкi түскенiн, таудан аққан қармен бiрге өзi де бөрiктей домалап, көбiк iшiнде тұншығып бара жатқанын ғана бiледi.

Содан не керек, аудандық ауруханада бiр-ақ есiн жиған. Жағдайды сұрастыра келе, расында да таудан қар көшкiнi түскенiн, сменаға бара жатқан сегiз шахтердан екi-ақ адам аман қалғанын, оның бiреуi өзi екенiн естiдi. Жұмысшылардың бiреуi әлi күнге табылмапты, анау етектегi шатқалға алып кеткен сияқты деседi. Күн жылынып, қар ерiгенде белгi бермесе, әзiргi iздеулерi әншейiн құр сарсаң, нәтижесiз көрiнедi.

Нұрекең де көмек келiп аршып алғанша қалың қардың астында тәулiкке жуық жатып қапты. Қар астында тәулiк бойы жатқан оңай ма, ауруханада бiр аяқты кескiзiп, саржамбас боп жаз шыққанша жатты. Жаз шығып жер көгерген кезде сырқатынан айығып, көтерем қойдай ақсаңдай сүйретiлiп Өрелге жеткен. Өрелде ол кезде Көккөлдегi кенiштiң кеңсесi бар болатын. Осы жерден Көккөлге баратын көлiк iздеп, кеңсенi торуылдап тағы бiр күн сандалды. Ақыры, ол жаққа бара қоятын көлiктiң ретi табылмай, бастық бұған колхоздың ыңыршағы айналған бiр мәстегiн сұратып берген.­

Вольфрам кенiшiнiң Өрелдегi кеңсесiнен сапар шеккен жолаушы жол ортада бiр қонып, келесi күнi кештетiп Көккөлге әзер жетушi едi.

Жол ортасы — Сейсембай деген Мұзтаудың етегiндегi шалғыны шұрайлы иен-тегiн аңғар болатын. Осы жағдайды ескерген кенiш бастықтары Сейсембайға ары-берi жүргенде жұмысшылардың қона кетуi үшiн қарағайдан қиып бекет үй салдырған-ды. Нұрғали колхоз берген мәстекке қиқая мiнiп, Сейсембайдағы сол қараша үйге жеткенде қас қарайып та кеткен едi.

Бекетке келсе есiк көзiнде бiр ат байлаулы тұр екен. Үй iшiнде едендi сыпырып, терезенi сүртiп күйбеңдеп бiр бөтен әйел жүр. Көккөлдегi көп әйелдiң бiреуiне де ұқсамайды. Аттан түсiп, сәлемдесiп, жөн сұраса келе әйелдiң есiмi Қадиша екенiн бiлдi. Жазотыр жақтан жолаушылап Катондағы бір туысын іздеп  келе жатқан бетi екен.

Қысқасы, жаздың жарым түнi әңгiмемен өттi. Әңгiмеден әңгiме туып, Нұрекең ақыр соңында Қадишаның жесiр, басы бос екенiн, күйеуi бiраз жыл бұрын қар көшкiнiне кетiп қаза болғанын естіді.

— Мен де көшкiнге қалып, өлiм аузынан қайттым, — дедi Нұрғали. — Ауруханада үш ай жатып, жазылып шыққан бетiм осы. Жолдастарымның көбiсi қаза тапты

Мұны естiгенде Қадишаның көңiлi босап, көзiне жас iрiктi. Нұрекең келiншектi сабырға шақырып, елжiреп шашынан сипап, икемдеп бауырына тартты.

Қара орманды қалың таудың арасы, иен жер, тамылжыған тұңғиық түн. Екеуi ғана... Япырмау, қысқа ғұмырда мұндайлық та бақытты сәттер болады екен-ау! Жүрек шiркiндi лүпiл қақтырып, көзге жас үйiрген осындай да тылсым қуаныштар барын Нұрғали бұрын неғып байқамаған?.. Өлең сөздi қара тiлден айыра бiлмес Нұрекең бұл түнi аяқ астынан ақын боп кете жаздады дерсiң. Қиыстырып нелер бiр өлең оқыды, қиюластырып қайсыбiр шұрайлы сөздердi шұбатты Қадишаға. Қолына қанат байлап, құсқа ұқсап аспанда қалықтап ұшқысы келдi. Қадишаны жетектеп айлы түннiң астында алақайлап жүгiргiсi келдi. Басын мәңгi қар басқан мұзарт шыңдарды арман еттi. Шатқал табанында сылаңдай аққан асау өзен Ақбұлқақты көкседi. Қадишаны қолынан ұстап адам естiп, көз көрмеген алысқа безiп кеткiсi келдi. 

Қалай десеңіз де, бұл түн Нұрғали үшiн бөлекше түн болды. Көңiлдi шалқытқан, жүректі балқытқан ләззатқа толы, әсерi мол тәтті  түн болды.


***

Екеуi ертесiнде түске таман атқа қонып, бiр-бiрiне сүзiле қарап, қимастықпен қоштасқан.

— Мен ендi осы жақта, Катонда қаламын. Әйел жазғанның жарты ғұмыры күту деседi ғой. Мен де осыдан былай сiздi күтумен өтетiн шығармын! — дедi Қадиша мұңайып.

— Күт, Қадишажан, тiрi болсам сенi iздеп табамын! — деп Нұрекең де нағыз еркекке тән нық уәде берген.

Сол сәтте берген уәдесiне тастай берiк екенiне өзi де иланған. Амандық болып, жер басып тiрi жүретiнi рас болса, Қадишасын жердiң түбiнен болса да iздеп табатынына имандай сенген. Амал қанша... Көккөлге жеткен бойда алдынан улап-шулап балалары, ботадай боздап әйелi шыққан кезде Нұрекең бәрiн ұмытты. Кешелi бергi қылығын ойлап, кiрерге тесiк таппай қысылды дерсiң. Балаларын бауырына басып, кемсеңдеп жылап та алды. Әттең, сол арада жердiң тесiгi бар болса бала-шағасына қарабет болған бет-жүзiн көрсетпей-ақ кiрiп-ақ кетер едi. Оллаһи, дәл сөйтер едi!

Ұяттан қысылған Нұрекең сол түнi өзiне-өзi тағы бiр уәде берiп, ант-су iшкен болатын. Ендi қайтiп адалдықтың ала жiбiн аттамауға, әзәзiл сайтанға ерiп, ендiгәрi әйелiнiң көзiне шөп салмауға іштей сөз бердi. Кеше түндегi оқиғаны ендiгәрi мәңгi-бақи есіне алмауға бекінді.

Обалы не керек, Нұрекең қалған ғұмырында екiншi уәдесiнде тұрып-ақ баққан. Қия басқан жерi жоқ, бала-шағасының қамын күйттеп, бәрiн де қатарынан қалдырмай оқытып жеткiздi. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ендi, мiне, бәйбiшесi екеуi немере сүйiп, қуаныш­қа кенелiсiп отыр. Екеуi де осы ауылдың қадiрлi қариялары. Оның үстiне бұл Нұрекең қолынан бал тамған iсмер, өзi балташы, өзi ұста болды. Соның ар­қасында Көккөл «неперспективный» деп жабылып, жұрт шұбырып ауылға қайтқанда, басқалар секiлдi Нұрекең жұмыссыз тентiреп қалған жоқ. Қолы бiледi, бiрден ұстаханаға қойып кеттi. Содан, қалған өмiрi ұстаханада, колхоз-совхоздың көди-сөди шаруасымен, ат тағалаумен, қатын-қалаштың от басындағы темiр-терсегiн жамаумен өттi. Сол ұстаханада жүрiп абыроймен зейнетке шықты.

Мiнеки, осылайша ұзақ ғұмырында Нұрғали намысына қамшы бастырмай, абыройына шiркеу келтiрмей адалынан еңбек еттi. Әттең, әлгi бiр ұятты жағдай болмаса ғой... 

Ондай оқиғаның болған, болмағанын анау кiтапханашы жiгiт қайдан бiлдi екен? Аузы жеңіл бiреу көкiп сөз еткен ғой тегi? Өз басы тiрi пендеге ол туралы жақ ашпаған сияқ­ты едi. Жо-жоқ, жақ ашпадым дегенi бекер шығар. Бая­ғыда, Көккөлден көшiп келген жылы кенiштiң көп ­жаңалығының бiрi ретiнде осы Лексейге айтты-ау деймiн. Әлде айтқан жоқ па? Жоқ, айтты... Екеуi әйелдерi­нен тығылып, моншада кәукiлдесiп боза iшiп отырған. Көп жылдан берi кездеспей, бiр-бiрiн сағынып көрiскен соң, ләйлiп ұзаққа кетiп қалысыпты. Сол жолы бiраз әңгiменiң басы қайырылып едi. Әлгi оқиға да қапелiмде аузынан шығып кеткен ғой. Бәсе, Дәулетхан қайдан естiп жүр десе... Әңгiменiң төркiнi ендi түсiнiктi болды.

Даудың басы өйтiп Лексейден шыққаны рас болса, онда жақсылық болмағаны. Жалғыз ол уақиға емес, мұның есек сатып алғанын да Лексей ертегi мен жырдай ғып анау кiтап кеміргішке жеткiзген болар. Сүйiншi сұрағандай осы Лексейдiң бөтеннiң шаруасында не шатағы бар екен!

Есек сатып алғаны есiне түсiп едi, Нұрғалиды одан бетер ашу қысып, қаны көтерiлiп кеттi. Бибiш берген дәрiнiң бiр түймесiн аузына салды да, шойнаң қағып үйiне тартты.

***

Ол кезде Нұрғалидың ұстада жүрген кезi болатын. Шүкiршiлiк, абыройы да, атағы да жаман емес едi. Бiреу атын тағалатса да, орағы мен шалғысын жаматса да бас ұрып осы Нұрғалиға жететiн. Тiптi қатын-қалашқа дейiн самауыры мен шәйнегiн, ожауы мен ошағын қолтықтап «Нұреке, Нұреке» деп елпiлдеп тұрушы едi. Оларды дәнекерлеп жөндеп беру, жыртығын жамай салу ұстаға сөз болып па, тәйiрi! Риза болған жұрт рахметiн айтып, Нұрғалиға ақша ұсынады. Ауылдастан ақша алатындай ақылынан алжаса қойған жоқ қой, «керегi жоқ» деп берген ақшаларын қалталарына қайыра салып бередi. Ақшаларын алмай қолдан қаққан соң, қайта-қайта Нұрғалиға iсi түсе берген жұрт ендiгi жерде бiр-бiр бөтелкесiн қолтықтап жететiн болды. Алғашында ол бөтелкенi иесiмен қоса бiрнешеу болып бөлiсiп жүрдi. Соңынан артық-ауысын үйге әкелiп, моншаға тығылып, Лексеймен қосылып босатуды шығарды. Бөтелкемен достасқан соң үйдегi де, түздегi де абырой аздап шайқала бастағандай болған. Әйтеуiр сондай шатақты уағында аңғарып, көңiлдiң көк дөненiн мезгiлiнде тежедi ғой. Өйтпегенде шайтан азғырып адамдықтан кетiп қала жаздапты бұл пақырың. Сол жылдары моншаның маңайына тыққан бiр бөтелкенi Нұрекең бертiнгi кезде, арада бес-алты жыл өткенде ойда-жоқта тауып алғаны бар. Әйелiнен жасырып шым-топырақтың астына күрек бойы сүңгiткен екен, жер қазып, картоп егiп жүрiп үстiнен түскен.

— Боже мой, сонша жыл жер астында сақталған арақтың күшi қандай екен? — деп Лексей әлгi бөтелкеге жата кеп жабыссын. «Мұның күшiнiң қандайлығын сен ғана бiлесiң» деп Нұрғали жадырай күлiп, тапқан қазынасын көршiсiне қолтықтатып жiберген.

— Уланып қаларсың, бәтiреке. Алдымен итке iшкiзiп көрсеңшi! — деп Бибiш бәйек. Онысын Лексей құлағына да iлген жоқ, қырлы стақанға бүлкiлдете толтырып құйды да, көздi жұмып тартып жiбердi:

— Пай, пай! — дедi таңдайын тақылдатып. — Мықты екен, бiрақ бәрiбiр самогонға жетпейдi.

Жарықтық-ай десеңшi, содан берi де, мiнеки ширек ғасыр өте шығыпты-ау Есек сатып алып, жын тигендей желiгiп жүргенi де сол шамада едi ғой.

Ол да бiр қызық дәурен екен-ау...


***

Бiрде Нұрғалиға былайғы адамның басына келе бермейтiн таңғажайып ой түскен. Сол таңғажайып ойын дамытып, Нұрекең үш күн, үш түн толғанды. Ақыры нақты тоқтамға келдi. Соңынан осы ойын iс жүзiне асыру үшiн қалаға жүн тасыған совхоздың бiр машинасына мiнгесiп, Семей дейтiн жер түбiндегi шаһарға тартып отырды.

Ұста болып көппен араласып жүрсе де, Нұрғали бұл ойын ауылдағы ағайынға айтқан жоқ болатын. Айтқан жағдайда да, мұндай тосын жаңалықты олардың қолдай қоятынына көзi жетпедi. Әмбе, бұл да пенде ғой, көңiлге аздап қызғаныш та түскен. Ағайынның бәрi желiгiп, қоғамның жұмысын тастап, шеттерiнен Семейге қарай жөңкiлсе не болғаны? Олардың бәрiне бiрдей даяр тұрған көлiк қайда?

Ауылда тұрған соң, әрине, малсыз күнiң қараң. Мал асырайын десең — оған жем керек, шөп керек. Жазда шөптi мол етiп дайындамасаң — Алтайдың алты айға созылған аязында малыңды қарадай қырып аласың. Мал дегенде әсiресе жылқы малын асырау бұл жақта қиындау соғып жүр. Шөптi көп жейдi, жегенде де талғап, талмап жейдi. Қырдың шөбi болмаса, ойдың өлең шөбiн тағы меңсiнбейдi. Қары қалың бұл Мұқырдың төңiрегiндегi тебiндiк өрiс совхоздың малынан артылмайды. Ал бiр үйде аяқ артар бiр жылқы болмаса шаруа адамының да өрiсi тарылады, аяғына тұсау түсiп, ауылдан ұзап шыға алмайды. Ол заманда қазiргiдей жеке меншiк мотоцикл мен мәшине сатып алып, шалқайып мiну дегендi ел бiлмейтiн кез.

Нұрғали болса мұқырлық ағайындарды тығырыққа тiреген осынау ауыр жағдайдан шығудың амалын ұзақ ойластырған. Сөйтiп жүрiп қиындықтан құтылудың ең оңай, ең төте жолын таптым деп іштей қуанған.

Ойлап тапқан жаңалығына Нұрғалидың көңiлiнiң көтерілгені соншалық, әттең оқығандай болсам менен мүйiзi қарағайдай ғалым шығар едi-ау деп те армандады. Жалпы ұлы жаңалықтардың бәрi де қарапа­йым келедi ғой. Нұрғалидың да ойлап тапқан амалы көзбен көрiп, қолмен ұстағандай қарапайым болатын. Қарапайым болғандықтан да бұғанға дейін ешкiмнiң мыйына келмей жүрсе керек. 

Нұрекеңнiң амалы - әншейiн қолда бар жылқының бiразын есекке айырбастап жiберу едi... 

Иә, кәдiмгi ұзын құлақ, қамшы құйрық есекке... Совхоз табын-табын жылқысын өзi бiлер, қымыз керек, ет керек дегендей, жағдайы келсе асырай берсiн. Ал шөптi керегiнше шаба алмай, қолындағы жылқысын баға алмай отырған, өрiсi тар, тебiнi жоқ, шаруасы шамалы жекелерге Нұрғалидың ақылы әкесi жасамаған жақсылықпен тең.

...Есек дегенiң, Әмiр шал секiлдi, күй талғамайтын көмпiс жануар ғой, оның асырауы шаруаға пәлендей ауырлық келтiрмейдi. Есек жазғанның етi арам, күшi адал. Есек мiнген еңбегiн мiнедi деседi. Олай болса қысы қатты мына Мұқырдай жерге асырауы қиын, өзi кiрпияз жылқы малына қарағанда есек әлдеқайда тиiмдi. Бұған дау жоқ!

Осы оймен Нұрғали бәйбiшесiнiң байбаламына да қарамастан астындағы атын сатты да, Семейден бiр-ақ шықты. Берiдегi Өскемен емес, одан да әрiден, қияндағы Семей дейтiн шаһардан шығуында да бiр гәп бар едi... Ұзынқұлақтан естуiне қарағанда, есек малының асылы — орысы мол Өскеменде емес, қазақтың қалың қонысы осы Семейде екен. Оның үстiне, өзiн ала келген машина да тиелген жүндi Өскеменге емес, Семейге өткiзбекшi болатын.

Шофер бала көз алдында өскен ауылдың қара домалағы емес пе, Нұрғалидың айтқанына көнiп, айдағанына жүрiп отырды. Базардан-базар қоймай аралап, есек баққан үйлердiң бiразын адақтап, күнi бойы қала тентiрестi. Шофер бала оған да қыңқ еткен жоқ. Ақыры екеулеп таңдап жүрiп кешкi базардан тайыншадай бiр iрiсiн сатып алысқан. Сатып алған есектi машинаның қамсаулы қорабына тиедi де, мықтап байлап-бекiтiп, екi тәулiк жол жүрiп ауылға жеттi.

Мұқырды былай қойғанда, жалпы Катонқарағай өңiрi оған дейiн тiрi есектi көрмеген болатын. Машинаның қорабында ырғатылып, екi күн жол жүрiп, ауылға жеткен тайыншадай есектi тамашалауға мұқырлықтар тегiс жиналды. Алыс қыстақтарда сиыр бағып, қой жайып жайбарақат жатқан аршатылық малшыларға дейiн сабылып жеттi.

— Бiсмiлла, мынасы несi?— деп, бұл тосын құбылысқа тек Бибiш қана енжар қалды. — Пәленше күн жоғалғанда әкелгенiң салпаң құлақ осы бәле ме?

— Мұны, бәйбiше, қазақ «есек» дейдi. Есек дегенiң — мiнiс малы болады! — деп Нұрғали да қитыға жауап бердi.

Топ iшiнен балалардың бiреуi:

— Ата, бұл есектiң аты кiм?— деп сұрады. Нұрғали қапелiмде аузына сөз түспей, есектiң жон арқасын сипа­лап, кiбiртiктеп сәл тұрды да:

— Тайқара! — дей салды.

Деуiн десе де, бұл ат өзiне ұнап кеттi. Балалар да «Тайқара, Тайқара» деп шуласып ала жөнелдi.

Жұрт қызықтап бiткен соң, қас қарая Нұрғали Тайқараны қораға апарып, малдың арасына қосып жiбердi.

Арада бiраз уақыт өтiп, қарашаның алғашқы қары да түстi. Оған дейiн Нұрғали есегiне ер жасап ерттеп мiнiп, қырдағы қойшы iнiсi Жанғалиға бiр мәрте барып қайтқан. Көрген жұртты қайран қалдырып, есегiне шоқиып мiнiп, ел аралап мәртебесi өсiп жүрiп жатыр едi, шатақ әлгi қарашаның алғашқы қары түскен күнi басталған.


***

Алдымен, түн жарымында шырт ұйқыда жатқанда сатырлаған дауыстан шошып оянды. Құлақ түрiп едi, қора жақта у да шу: мөңiреген сиыр, маңыраған қой. Күпәйкесiн иығына iлген бойда атып далаға шыққан. Есегiме ұры түскен шығар деген күдiкпен, айдындап қораға жетсе, — масқара-ай десеңшi, есегi тайыншаның үстiне қонжия мiнiп алыпты.Тайынша жазған мықшиып, тырп ете алмай қинала мөңiреген болады. Есек хайуанның мына қылығына адамның жүзi шыдар емес. Соңынан ере шыққан Бибiштiң аузына сөз түспей, бетiн басып терiс айналып кетті.

Нұрғали тайыншаға жабысып алған есектi таяқпен төпелеп жүрiп, әзер дегенде айырып алды. Алғашында Тайқараның мұндай ұятсыздығына ашу қысып, түтiгiп кетiп едi. Төсекке қайыра жантайған кезде күлкi буып, бiразға дейiн екi иығы селкiлдеп жатты.

— Жетiстiң! — дедi не күлерiн, не жыларын бiлмеген Бибiш. — «Қарғаны мақтағанмен сұңқар болмас, есектi баптағанмен тұлпар болмас» дегендi естiп пе едiң? Естiмесең әлi-ақ соған көзiң жетедi. Көр де тұр!

Бибiш бiрдеңенi бiлiп айтқан екен. Нұрғалидың күлгенi бекер-ақ болыпты... 

Тайқара таң ата сиырға шауып, бұлардың ұйқысын тағы бөлдi. Бiр түнде екi рет шатақ шығарғасын, таңертең Нұрғали есегiн ноқтасынан жетелеп, бөлек қораға қамап тастады. Сол күнi суат басына барған кезде Тайқара тiзгiндi жұлқи қашып, көршi Лексейдiң та­йыншасын әй-шәй жоқ, тырқыратып қуалай жөнелдi.

Үш күннен соң Тайқараның ұятсыз қылығы бүкiл ауылға жайылды. Амалы таусылған Нұрғали есегiн көзiнен таса қылмай, жеке қораға қамап асырады. Мал дегенiң жылдың белгiлi бiр мезгiлiнде ғана күйекке түсушi едi, есекте ондай иман атымен жоқ боп шықты. Кiмнен естiп жүргенi белгiсiз, Лексей есек туралы бiрталай әңгiме бiледi екен. Лексейдiң сөзiне қарағанда бұл хайуан да адам сияқты-мыс. Қыс болсын, жаз болсын оған бәрiбiр тәрiздi, талғам жоқ, көзi қызарып қойып кете беретiн көрiнедi.

— Сен ақылсыздық жасадың, — дедi бiрде Лексей тағы да бiлгiшсiнiп. — Алғаннан кейiн еркегiмен қоса ұрғашысын да сатып әкелу керек едi... Ендi бұған лайық ұрғашы мал бұл өлкеде жоқ. Қайтсiн, бейшара хай­уан... Сиыр ма, бұзау ма, көзi бұлдырап есiнен айрылып қалған ғой.

Бұзау демекшi, жеке қорада қамаулы тұрған соң Тайқара бiр жұмадай тәртiп сақтап, жөнге келген сияқты едi. Бiр күнi тапа-тал түсте қораның сырғауылын сындырып, көршi қораға қарғып түсiп, бұзауға тап берiптi. Есектiң бұл қылығынан соң Нұрғали сабасынан мүлдем шықты. Қапелiмде қолына таяқ түспей, құйтақандай бұзауды қорлаған қасиетсiз хайуанды протезбен құлаштай қойып қалған. Протезi құрғыр күл-паршасы шықты. Есек болса қыңқ еткен жоқ, протез тиген басын бiр шайқады да, мазақ қылғандай құйрығын бiр бұлғап жөнiне кеттi.

— Сатамын! Он-ақ сомға сатамын! — деп, күйiп кеткен Нұрғали сол күнi күллi ауылға жар салды.

Астындағы мiнiп жүрген атын сатып, жер түбiндегi Семейден әурелеп әкелген мүлiгi түкке тұрмай, бекер шашылғанын ойлағанда Бибiш қан қақсады:

— Аттың ақшасын кәсciге салып, балаларға киiм алсам еттi одан да, — деп ойбайлады.

— Саспа, Бибiш! Шалың аман болса ақша табылады. Алдымен мына жүзқарадан аман-есен құтылайықшы! — деп Нұрекең бәйбiшесiн сабырға шақырды.

Нұрғали қаншалықты жар салғанымен, есегiнен оңайлықпен құтыла алмаған. Тайқараның әлгiндей сайқалдығын естiген жұрт оны он сомға да алмай қо­йысты.

— Лексей, тiлiң майда ғой, су тегiн берейiн, бiреу­лерге бiрдеңе етiп өткiзiп жiбершi! — деп ендi Нұрғали көршiсiне қолқа салды.

Құрдасының көңiлiн қимай, Лексей ауылдың бiраз үйiн адақтап шықты. Тайқара десе бәрi де бастарын ұстап, ат-тондарын ала қашысты. «Үстiне ақша қосып берсе де алмаймыз, алған жерiне қайта апарып тастасын» деп азар да безер болысты.

Алған жерi Семей ғой, оған қайта апарып жатса, әрине, тиын-тебендi бiрдеңе етiп өндiрiп те алар едi. Бiрақ оған бара қоятындай баяғыдай көлiктiң ретi  қайдан табылсын.

— Атамын! — дедi Нұрекең ақыры құтыла алмасын бiлген соң. — Мырзахмет құлайтын анау шұңқырдың жиегiне жетектеп апарам да, атып тастаймын!

— Тек, обал болар! — дедi Лексей тiксiнiп. — Ататындай малдың не жазығы бар?

— Жазығы сол, қасиетсiз сайқал екен.

— Сайқал еткен сенiң өзiң... Алғаннан кейiн қосағымен қоса алу керек едi. Ендi қайтедi, бұның да еркек деген аты бар емес пе...

— Әй, сен де бiр қиғылықтап болмадың ғой.

— Сен, Нұрғали, сәл шыда. Мен анау Ботап сайында отырған Колмогоров Степанға барып қайтайын... Әлгi омарташы орыс есiңде ме, сонымен сөйлесейiн. Бәлкiм, пұл сұрамай тегiн берсек, ол кiсiнiң көнiп қалуы әбден мүмкiн.

— Пұл сүрағаның не? Көнбей жатса — үстiне жүз сом ақша қосамыз де. Көндiр, бiрдеңе етiп амалын тап...

— Қайдағы ақшаны қоспақсың, байғұс-ау? — деп Бибiш зар қақты.

— Есек үшiн табамын. Жылу жинасам да табам! — деп Нұрғали да шамырқанып бет бақтырмады.

Өркенiң өскiр Лексей, әйтеуiр, есектi тегiн алуға Колмогоровты көндiрiптi. Басына жап-жаңа ноқта кигiзiп, ерiн ерттеп, рақметiн айтып омарташы орысқа Тайқараны тiзгiннен жетектетiп қоя берген. Қоя бердi де, иығынан ауыр жүк түскендей «уһ» дедi. Ертеңiнде тұяқ серiппей түске дейiн ұйықтады. Атасына нәлет, сол есектi содан қайтып көрген жоқ.

Мiне, ұзақ ғұмырында Нұрекеңнiң басынан осындай да хикiметтің өткенi бар.

Лексей бұл оқиғаны жатқа бiледi. Олай болса әлгi есек туралы әңгiменi кiтапханашыға айтпады деймiсiң? Аңыздай етiп жырлап берген шығар! Арасына тұздық қосып дәмдеп, өтiрiктi шындай ғып, мұның ақсақ аяғын тыңдай ғып әсiрелеп тұрып жеткiзген болар! Ондай-ондай көпiрме сөзге келгенде Лексей алдына жан салмайды. Соның бәрi жiпке тiзгiндей хатқа түсiп, әлгi шежiренiң iшiне кiрiп кетсе не болғаны? Сүйекке таңба түстi деген сол болады!

Жо-жоқ, тiрi тұрғанда Нұрғали ондай жөнсiздiкке жол бере қоймас...  

***

Осы сәттен бастап Нұрғалидың өмiрi бiрөңкей мазасыз күндерге ұласып жөнелдi дерсiң...

Бiрде, ымырт әлетiнде көршiсi Лексейге домаланып қырқылжың Қанапия келе қалыпты. Екеуi аулада ауыз жаласқандай шүйiркелесiп отырғанда, ақсаңдай басып Нұрғали да қастарына барған. Олардың әңгімесіне араласа отырып, сөз арасында Нұрғали:

— Осы анау кiтапханашы жiгiттiң жазып жүргенi не нәрсе, естiдiген жоқсыңдар ма?—деді бiлмегенсiп.

— Дәулетханды айтасың ба?

— Иә, соны айтам.

— Вроде, энциклопедия жазып жүр деп естiгем, — дедi Лексей.

— Онысы не туралы екен?—деп Нұрғали тағы кiбiр­тiктедi.

— А черт его знает!

— Пішту, бәрi бос сөз! — деп әңгiмеге Қанапия ернін шүйіріп, қолын сілтеді. — Ол суайтың ауызбен орақ орғаннан басқа бiтiрiп жүргенi шамалы. Осы ауылдың тарихын жазамын деп былтырғы жылы маған да келiп кеткен.

— Ие, сосын не болды?

— Не сосын...

— Ол сенен не сұрап жүр?

— «Өмiрбаяныңызды айтыңызшы» дейдi. Не iстеп, не қойдыңыз дейдi. Құдды бiр прокурор сияқты. Сосын сендер туралы сұрады.

— Бiз туралы дейсiң бе?— деп Нұрғали елең ете түстi.

— Иә, сен екеуiң туралы... Мырзахмет пен Қайсар туралы, Әмiр туралы да бiлгенiмдi айтып бердiм.

— Бiз туралы сен сонда не айттың?—дедi Нұрғали көзi жыпылықтап.

— Мен оны аудандық газетке мақала жазғалы жүр екен деп ойлағам. Сөйтсем...

— Сөйтсең, немене?

— Сен неғып тықақтай қалдың соншалық?

— Әшейiн, сұрағаным ғой...

— Содан арада бiр ай өткен соң «әлгi мақалаңды көрсетшi» деп кiтапханаға барсам — бала аузын ашып, қолын жаяды. «Мақала емес, мен шежiре-кiтап жазып жатырмын» дейдi суайтың.

— Энциклопедия дегенi ғой.

— Ниетi дұрыс-ау...

— Қайдағы дұрыс? Бәрi былжырақ, бос сөз. Шежiре жазатындай... әлгi немене едi?..

— Энциклопедия, — деп Лексей түзету жасады.

— Иә, енциклопет жазатындай бұл Мұқыр кiмнiң шiкiресi екен. Көтерем қойдай ауданның артында жүргенi мынау. Мұқыр секiлдi мұндай ауыл Қазақстанда мың-мыңдап саналады. Әгәрки солардың бас-басына енциклопет жазыла берсе, қара жердi шөптiң орнына кiтап басып кетпес пе едi.

— Дәулетханның жазғандары бiр кiтапқа сыймайтын сияқты. Үш кiтап жазбақ ниетi бар деседі.

— Әне, үш кiтап дейдi... Кәрi адам айнаға қараса өзiнен көңiлi қалады дегенді естіп пе едіңдір? Сендер өздерiңнiң кiм екендерiңдi бiлу үшiн, тым болмаса, мына iргедегi Аршатымен салыстырып байқасаңдаршы... Төменде күйбеңдеп, төбенiң басын көрмейсiңдер!

— Вот, мынау көкейге қонатын сөз! — деп Лексей Қанапияны мақұлдады.

— Сондықтан Дәулетхандыкi бос сандалбай әшейiн. Кiтап түгiлi, анау төрдегi Төртiншi ауылдың кебiн киiп, түбiнде Мұқыр да құритын болады.

— Тiлiңе терiскен шықсын сенiң, Қанапия!

— Жастар жаппай қалаға қашып жатыр. Жұмыс қолы селдiреп қалды. Бүйте берсе Мұқырда болашақ бар деп мен айта алмаймын.

— Бiреу патша сарайын көрiп тамсанып, қайтып келiп өз үйiне өрт салыпты ғой... Сен, Қанапия, өйтiп Мұқырды жамандай берме! — дедi Нұрғали.

— Жамандағаным емес, пайымды сөзiмдi айттым! — деп Қанапия саусағын шошайтты.

Қанапияның осы пiкiрi Нұрғалидың көңiлiндегi алаңды аздап сейiлткендей болған. Бiрақ, бұл бәтшағардың сөзiнде қашан бәтуа болып едi, осы айтқаны жаңылыс боп жүрсе қайтем, деген де күдiк тұрды көкейде. Сақтықта қорлық жоқ деген, жұртты тыңдаған дұрыс шығар, бiрақ Нұрғалидың өзiнде де бас бар ғой.

Нұрғали осындай оймен ертеңiнде көк сиырды ертелетiп әдетiнше табынға қосып, үйiне қайтып келе жатқан. Картоп еккен бақша жақтан бiреу дауыстап айқай салды.

— Әй, Нұреке, берi бұрыла кет!

Тағы да Қанапия құрдасы екен. Бақшаның арғы түкпiрiндегi дәретханаға жетпей, шаруасын тындырып тұрған кейпi бар. Шалбарын көтерiп, ат ерттегендей-ақ жуан қарнына айылбасты ырғай тартып жатыр. «Пайғамбар жасынан асты, бала-шағадан ықса еттi» деп Нұрғали құрдасына жақтырмай қарады.

— Нұреке, неғып әукең салбырап кеткен? — дедi Қанапия шарбаққа қарай жақындап.

— Табынға сиыр қосып қайттым.

— Жөн екен, Нұреке. Бiрақ әнеукүнгi әңгiменi екеумiз аяқсыз қалдырдық-ау, ә?

— Қайсы әңгiменi айтып тұрсың?

— Тасшоқыны айтам...

Нұрғали жауап қайырған жоқ, Қанапияның өгiздей өңкиген мол денесiн бастан-аяқ бiр шолып өттi де, шырт түкiрдi. Сосын басын бiр шайқап, бұрылды да, балпаңдап  өз жайына кеттi.

— Тасшоқының басы екеу болатын, бiлдiң бе! — деп даурығып Қанапия қалды.

«Бәрiмiз де оңып тұрмаған шығармыз, бiрақ Қанапиядай бәдiктi күндiз итпен iздеп табу қиын шығар» деп ойлады Нұрғали.


***

Көшенi құлдап келе жатып, ағараңдап өз үйiнiң ауласында отырған Қайсарға көзi түстi. Тiлдесе кетпек ниетпен солай қарай бұрылды. Қайсар дамбалшаң, табалдырықта бүкiрейiп, қой қырқатын қайшымен башпайының тырнағын алып отыр екен. Абажадай үлкен қайшы ыңғайға келмей, кәрi денесi оңайлықпен илiкпей әжептәуiр қиналысқа түскенi бай­қалады. Қашаға келiп сүйенiп тұрған Нұрғалиды көргенде:

— Баяғыда Иiс алып берушi едi... — деп, бұл тiрлiгiне ыңғайсызданып, ақталғандай болды.

— Е, бәрiмiз де жетiсiп жүрген жоқпыз ғой, — дедi Нұрғали құрдасын құптағандай. — Өлмегенге өлi балық деген тiрлiк баяғы...

Қайсекеңнiң бәйбiшесi - Иiс кемпiр бұдан екi жыл бұрын дүние салған болатын. Қайсекең қазiр ұл мен келiннiң қолында. Кезiнде қызыл шырайлы, мол пiшiндi лақса кiсi едi, соңғы екi жылда бетi бозарып, денесi қушиып жүдеп кетiптi. Оның үстiне құлағы естiмейдi, құлағының түбiнен айқай салмасаң — селт етпейтiн таскереңнiң нағыз өзi... Өр Алтайдың бұл жағынан Қайсар сияқты саңырауды екi үйдiң бiрiнен табуға болады. Шаруаның қамын күйттеп, түн қатып, түс қашып боран-шашында жүредi. Алтайдың алты айға созылатын  саршұнақ аязы оңдырсын ба, ақыр соңында көпшiлiгi өстiп құлақ дертiне шалдығысады.

— Алматы жаққа бiреу-мiреу бармай ма, бiлмедiң бе? — дедi Қайсар қолындағы қайшыны табалдырықтың астына жасырып жатып.

Нұрғали «бiлмедiм» дегендей басын шайқады.

— Апарат тапсырайын деп едiм. Киiп жүрген апаратым былтыр сынып қалған... Алдымен батариясы отырды, батария күтiп жүргенде өзi сынып қалды.

«Неғып сындырып алдың?» дегендей Нұрғали сұрау­лы жүзбен иегiн көтердi.

— Басып кетiппiн... Түнде дәретке шығам деп... ит бiлiп пе оны. Бытыр ете түстi... Күл-пәршесi шығып, уатылып қалды.

— Е, қайтер дейсiң, бiр ретi келер... Алдырарсың апаратты! — дедi Нұрғали кетуге ыңғай бiлдiрiп.

— Бiрдеңе дедiң бе?

— Ретi бiр келер, алдырарсың оны дейм.

— Кiм келедi дейсiң?—деп Қайсар ұмтылып құлағын тосты.

— Ретi деймiн.

— Ол кiм едi тағы?

Нұрғали қайтып тiл қатқан жоқ, көзiн төмен салып ойланып қалды. Құлағында аппараты жоқ кiсiмен айғайласудың жайы келiңкiремесiн ұқты. Былайғы бiреу таң атпай екi шал өңеш жыртысып ұрсысып жатыр екен деп ойлар. Соны сездi де, құрдасына «жақсы тұр» дегендей басын бiр изеп, жылыстай жөнелдi.

— Апырмай, ә... Кiмнiң келетiнiн анықтап айтпадың ғой?—деп, Қайсар құлағын уқалап, өкiнiш бiлдiрдi.

Нұрғалидың бiлуiнде, осы Қайсардың да бұл өмiрде жасамаған қылығы жоқ. Ендi ғана ғой, қартайып, қайрат кетiп, түк көрмегендей дамбалшаң табалдырықта отырғаны. Әйтпесе әпендi анау Әмiр емес, заманында нағыз әпендiнiң бiрi осы Қайсар болатын.

Баяғыда, балқарағай қалың шыққан берекелi бiр жылы осы Қайсекең тауға барыпты. Балқарағай ағашының бiреуiнiң басына шығып, асықпай балқарағай түсiрiп жүрсе, көршi ағашта да бiреу сатырлатып бал­қарағай соғып жатыр екен дейдi.

— Әй, бұ қайсың? — дейдi Қайсекең дауыстап. 

Үн жоқ, тым-тырыс.

Тегi, құлағының мүкiсi бар Әмiр шығар естiмей тұрған деп топшылайды Қайсекең.

— Әй, Әмiр! — дейдi айқайға басып, — Аянбай, былай көбiрек түсiр... Менде өгiз бар, көтере алмай жүрсең, қапқа теңдеп өгiзбен апарамыз, ұқтың ба?

Сол-ақ екен, көршi ағаштағы көршiсi сатыр-сұтыр кеттi дейдi төмен қарай домалап.

— Ойбай, Әмiр, не болды? Абайласаң еттi, құлап кеттiң-ау жазған! — деп, жанұшырып бұл да ағаштан түсе бастайды.

Топ етiп жерге құлап түскен әлгi немеге қараса — өгiздей өңкиген аю екен. Аю да жерге құлап түскен бойда алды-артына қарамай борбаңдап қаша жөнеледi. Қайсекең де аяғы-аяғына тимей безiлдеп етектегi ауылға қарай ұшады. Ендi бiр қараса — балқарағайдың түбiне байлап қойған өгiзi өзiнен бұрын үйге жетiптi.

Бұл кiсiнiң бәйбiшесi — Иiс жарықтық ақылды әрi алғыр әйел болатын. Қайсекең қырық жыл бойы қой бақты, сол қырық жыл бойы малын шашау шығармай,­ мойынға мiнгiзбей, Қайсарды адам етiп жүрген — сол Иiс. Әйтпесе алды-артын ойламайтын ақкөңiл, ашық ауыз аңқау, тумысынан пәтуасыз Қайсекең малтасын езiп баяғыда далада қалар едi. Жастайынан бiрге өстi ғой, Нұрғали соның бәрiне куә. Ұрада тұратын кiшi қызы Дәйкө туған жылғы оқиға да Нұрғалидың күнi кешедей есiнде...

Қайсекең, алдында бiр отар қойы бар, ол кезде емiн-еркiн Салқыншоқы дейтiн жайлауды жайлайтын. Бәйбiшесi Иiс аузы-мұрнынан шыққан екiқабат екен. Қыркүйек келiп, қолдағы балалар ауылға оқуға кетiп, иен жайлаудағы қараша қоста екеуi ғана қалады. Күндердiң күнiнде шай таусылып, амал жоқ, Иiс Қайсарды қыр астындағы Шұбарағашқа дүкенге жұмсайды ғой.

— Менiң жайымды көрiп отырсың, қыдырып жүрiп алмай, тезiрек кел былай! — дейдi күйеуiнiң мiнезiне қанық Иiс.

— О не дегенiң! — дейдi Қайсар бәйбiшесiнiң ескерткенiне ренiш бiлдiрiп. — Ары екi сағат, берi екi сағат, төрт сағаттың iшiнде келемiн.

Төрт сағатқа кеткен Қайсекең сол кеткеннен мол кетiп, төрт күннен соң бiр-ақ оралыпты.

Иiс болса ертеңiнде жалғыз босанып, нәрестенiң кiндiгiн өзi кесiп, баласын құндақтап орап, көмек сұрап көл жағасындағы көршi қосқа барады.

Есi кiресiлi-шығасылы, удай мас, төрт күннен соң оралып тұрған Қайсекеңдi Иiс жер-жебiрiне жетiп ұрсады ғой.

— Адасып кеттiм! — дептi Қайсекең бетi бүлк ет­пей. — Құдайға анық, Иiсжан, орман iшiнде адасып, Жуантөбе түсiп кетiппiн.

Жаны шықсын, адастым дегенi өтiрiк екен. Иiс жазған оны артынан бiледi. Шұбарағаш — көптен берi бармаған ауылы, бiреу туыс, бiреу дос дегендей, ағайынның көңiлiн қимай көрiнген үйде қонақтап жүрiптi ғой бәтуасыз неме.

Сөйтiп жүрген осы Қайсекең кезiнде өзiнше серi де болғаны бар. Пәлендей аңшылығы, пәлендей мергендiгi болмаса да, жайлауда жүргенде мылтық асынып, бақбақ қуалап, суыр аңдығанды ермек тұтатын. Айырбас­қа да бек құмар кiсi едi. Соның арқасында мiнiп жүрген талай атын, талай мылтығын, қолындағы талай қамшысын алмастырды. 

...Мына оқиға елуiншi жылдардың соңында, жайлауға шығар алдында болған секiлдi. Көктемеде отырған Қайсекең бiрде тағы бiр жаңа мылтықты асынып жетсе ­керек.

— Әй, Кәкiм! — дейдi көмекшi боп жүрген iнiсiне. — Мен мына бiр мылтықты тастың қуысынан тауып ­алдым.

Iнiсi қайран болып, мылтықты аударып-төңкерiп қарай бастайды.

— Тегi, баяғыда, әлгi ақ қашып, қызыл қуған заманда бiреулер тастың қуысына тығып кетсе ­керек.

— Аға, мынауыңыз зауытта былтыр жасалған мылтық қой? — дейдi iнiсi мылтықтағы жазуға үңiлiп. — Мiнеки, «1958 жыл» деп мөрдей басылыпты.

— Әне, бұлар сенбейдi... Тастың қуысынан тауып алдым дедiм ғой.

— Қайдағы тастың қуысы?

— Тауда не көп, тас көп... Соның бiр қуысы да?

— Ағатай, сөзiңде бiр шикiлiк бар-ау, сезiп тұрмын.

— Сезсең сол, қазiр қосқа барғанда Иiс сұрай қалса — сен куә бол. Мылтықты тастың қуысынан тауып алғаны рас де, жәрәй ма?

— Жәрәйдi, — дейдi iнiсi келiсiп. — Ал шыныңды айтшы, бұны қайдан алып жүрсiң?

— Ана, Жұлдыздағы Қабидолда бар емес пе, соған бiр қойға айырбастап, қағып түстiм, — дейдi Қайсекең ағынан жарылып.

Қызыл әскерше жарқырата мылтық асынып Қайсар кешке қарай         қайқайып қосқа жетедi. Есiк алдында шөпшек терiп, самауыр қайнатып жүрген Иiс расында да келген беттен мылтықты сұрайды. Қайсекең бетi бүлк етпей, тас қуысынан тауып алғанын айтады. Күйеуiнiң мiнезiн бiлетiн Иiс басын шайқап күдiк келтiредi. Сол кезде iнiсi Кәкiм ағасының сөзiн рас­тап, куә болады. Иiс амалсыз сенедi. Сонымен бұл әңгiме бiразға дейiн ұмыт болады.

Күндердiң күнiнде Иiс әлдебiр шаруамен Жанғали қойшының үйiне барады ғой. Барған кезде өзiнiң бiр қойы Жанғалидың отарында жүргенiн көредi. Жылда егiзден қозы табатын қойын Иiс жазбай таниды.

— Ау, Жәке, мынау бiздiң қой ғой?—дейдi Иiс.

— Қайдағы сенiң қойың?

— Өйбу... өз қойымды танымай қара басып па менi! — дейдi Иiс шаптығып.

— Бұл қойды түнеу күнi Қабидолда әкеп қосып кеткен, — деп момын Жанғали шынын айтады.

— Ол қайсы Қабидолда?

— Жұлдыздағы жылқышы Қабидолда ше?

— Апырмай, ә, ол өзi ұяңбөрiктеу момын жiгiт едi, ұры атанайын дегенi ме! — деп Иiс қайран қалады. ­Сосын: — Мен мұны тек тастамаймын! — дейдi жер тепсiнiп, — Мен оны iстi етемiн... Бөтеннiң қойын ұрлаған қалай болатынын мен оған көрсетемiн!

Иiстiң айбынына момын Жанғали қайдан шыдасын, пәледен машайық қашыпты дегендей, қойын екi қозысымен қосып Иiстiң алдына салып қоя берiптi.

Түн ортасында екi өкпесiн қолына алып шапқылап Қабидолда жетедi Иiске.

— Әй, Иiс, мұның не сенiң? Не честно бұның! — дейдi келген бойда кiжiнiп.

— Сонда, қой ұрлаған сенiкi жөн боп па? Осыдан сенi сотқа тартпасам — Иiс атым өшсiн! — дейдi Иiс те жанжал шақырып айғайға басып.

— Кiмдi айтып тұрсың «қой ұрлаған» деп?

— Сенi, шырағым! Қой болғанда iшiнен таңдап жүрiп, егiз қозылайтын ең жақсысын ұрлапсың, бiл­дiң бе?

— Не честно, Иiс, не честно!

— Бәлесiн қара өзiнiң?

— Не честно деймiн, Иiс, мен бұған төзе алмаймын!

— Төзбесең — әдiрем қал, бiлдiң бе!

— Бәрiбiр төзбеймiн... Не честно бұларың! 

— Түн ортасында әкiреңдемей, қайқай ары! — дейдi ашуға булыққан Иiс. — Мен сенiмен ертең сөйлесем, сот алдында сөйлесем, бiлдiң бе!

— Ойбай-ау, Иiс, қайдағы сот, қайдағы ұрлық?— дейдi Қабидолданың жаны шырқырап. — Бiз Қайсар екеуiмiз адамша келiсiп едiк қой. Адамша айырбастап едiк қой. Ендi бұларың не?

— Айырбасы несi тағы?

— Айырбас деген айырбас та!

— Неге айырбастап жүрсiң?—деп сезiмтал Иiс осы тұста елең ете қалады.

— Мылтыққа... Мен оған жап-жаңа мылтық бердiм. Ол отардан таңдап бiр қойды бердi. Сөйтiп қол алысып, бәрiн де келiсiп жасағанымыз қайда?

Мұны естiгенде Иiстiң амалы құрып, сылқ етiп отыра кетiптi.

Көрдiңiз бе, бұл Қайсар да кезiнде осындай болған. Зейнетке шыққанша қой бақты, зейнет демалысына шыққаннан кейiн де бiрнеше жыл қой бақты. Мұқырдың шежiресiне әйгiлi қойшы ретiнде кiрерi анық. Дұрысында сол атақты да, абыройды да Қайсарға емес, Иiс марқұмға беру керек едi. Қырық жыл қой бағып алған бiр орден, екi медалды Қайсекең емес, Иiс марқұм кеудесiне тағу керек едi. Әйтпесе Қайсекеңдiкi көңгірлеген қуыс кеуде, құр сандалбай, құрғақ сөз баяғы. Иiстiң айтқанына көнiп, айдағанына жүрiп, әупiрiммен тiршiлiк еттi. Сөйтiп, жүрiп осы Қайсардың ел қыдыруды, түз тентiреп серiлiк құруды тәуiр көретiнiн қайтерсiң! Түске дейiн суыр аңдып таудың таз басында жүрсе, түстен кейiн құрығын сүйретiп су жағалайтын. Болмаса атына қиқая мiнiп көршi қойшыларды, қымыз ауылын аралап кететiн.

Балық демекшi, балыққа қатысты бiр әңгiмеге осы Нұрғалидың да баяғыда куә болғаны бар. 

Нұрғали сол жазда жайлауға бара жатқан бiр қора шөп­шiлерге iлесiп, Салқыншоқыда отырған Қайсардың қосына түскен. Бұлар келсе — Қайсар әдетiнше қос басында жоқ, өзендi құлдап балық аулап кетiптi.

Бұлар жайланып, Иiстiң дастарқанынан шай iшiп, дәм татып орындарынан ендi тұрып жатқанда — етек жақтан қараңдаған Қайсекең де көрiнген. Артында ағараңдаған теңi бар, торы атына мықшия мiнiп, ыңылдап ән салып жеттi қосқа.

— Бүгiн балық жақсы қақты! — дедi аттан түсiп жатып. Көңiлi көкте, дорба толы балықты лақтырып былай тастады. Бөктерген тағы бiр теңдi қанжығадан шешiп жерге домалата салды.

— Өй, көксоққан! — дедi Иiс әлгi теңдi көрген бойда. — Жетiстiрген екенсiң...

«Не боп қалды» дегендей, жiгiттер бiр-бiр ұмтылысып едi, соңынан олар да қыран-топан күлiп қоя берiстi.

Сөйтсе, бұл күнi расында да балық жақсы қағыпты. Иығына iлген дорбасы балыққа толады. Бiрақ... қармақты суға тигiзсең болды, балық салқ еткiзiп жұлып алады. Қалай қызықпассың! Дорба толды екен деп мұндайда судың жағасын қалайша қиып кетпек? Қайсекең отыра қалып дамбалын шешiп, екi балағын бекiтiп байлайды да, ұстаған балығын ендi соған жинайды. Аздан соң оны да лықа толтырып, екi балағын салақтатып  атқа теңгерiп, өлеңдетiп үйге қайтыпты.

— Сол балықты жедiңдер ме?—деп құрдастары Қай­секеңдi талай қажады.

— Дамбалымен қосып күресiнге лақтырып тастадым, — дейтiн ондайда Иiс марқұм. — Бұл да үстiне бiр кигенiн биттегенше шешпейтiн қарағым ғой... дамбалы сарғайып сасып кетiптi.

— Иә, Қайсеке, сосын не боп едi?

— Бәтiреке, қабыршағын тазалап, сол балықты өзiм-ақ асып жедiм. Онда тұрған не бар дейсiң! — дейдi Қайсар түкке түсiнбей.

Мұны құлақтарымен естiп отырған жұрт мәз болысады.

— Дәмдi болған шығар! — деседi қалжыңдап.

— Несiне күлесiңдер... Балықты жинар алдында суға бiр шайып алғам.

— Ненi?

— Ненi болушы едi... Дамбалды да, — деп Қайсекең тағы да жұртты күлкiге батырады.


***

Мiнеки, жалғыз Нұрғали емес, Қайсардың да басынан осындай әумесер жайлар өткен... Осы әңгiменiң қай-қайсысы да азаматқа абырой әкеле қояр жақсылық емес, әрине. Бұндай жәйттерге мән берiп iздей берсе, Нұрғалидың жасындағы құрдастардың iшiнде денi сауы жоқ. Рас айтады, сүттен ақ, судан таза ешкiм табыла қоймас сірә! Қай-қайсысының да етектерiне намаз оқып жүргендерi  шамалы. Әлгi кiтапханашы жазып жүрген шежiренi оқыған кейiнгi ұрпақ бұл Мұқырда есi дұрыс адам өмір сүргеніне күдiктенер. Мәселенки, осы Қайсар өзi туралы шежiре жазылып жатқанын бiле ме екен? Бiлсе бұл кiсiлер неғып жұмған ауыздарын ашпай, қарекетсiз қарап жүр? 

Осы сияқты сан-сапалақ ой мазалаған Нұрекең құйрық басып үйде отыра алмады. Келiннiң қолынан үн-түнсiз бiрер кесе ертеңгiлiк шайды iште де, қайыра далаға шықты. Көшенi өрлеп, тағы да Қайсардыкiне келдi. Қайсар бүгежектеп қора жақта жүр екен, ақсаңдап құрдасының қасына барды. Нұрғалидың қайтып келгенiне Қайсекең кәдiмгiдей жадырап салды:

— Бәтiреке, бағана бiреу келедi деп бастадың да, кiм екенiн айтпай қашып кеттiң ғой?—дедi.

— Ешкiм де келмейдi, — деп Нұрғали басын шайқады.­

— Келмейдi дейсiң бе? — дедi Қайсар.

— Иә, келмейдi деймiн.

— Бәсе, өзiм де солай деп бiлiп едiм.

Екеуi аула сыртындағы ұзынша орындыққа барып жайғасты. Жайланып насыбай атысты. Нұрғали әңгiменi неден бастарын, бастаса да керең құрдасына қалай түсiн­дiрерiн бiлмей тосылды. Көшеде екеуi даурығысып сөйлесер болса — iшкi жоспары, сары майдай сақтап жүрген құпиясы әлемге айдай бола ма деп те қауiп қылды.

— Кешелi берi iшiм кетiп жүргенi, — дедi Қайсар қинала қарнын сипап. — Түнi бойы далаға жүгiрдiм... Тiптi келiннен ұят болды.

— Е, iшiңе не жеттi? — деп Нұрғали иегiн көтердi.

— Немерем екеуiмiз кеше қолдағы малды күнгей қыратқа апарып, өрiстетiп жайып қайтып едiк. Бидонмен сүт ала шығыпты. Қайтарда «текке төгемiз бе, ата, мына сүттi iше салшы» деп бидон тола сүттi берген. Баланың көңiлiн қимай, iшiп қойып едiм... Сол құрғырың бәле болды.

— Бекер iшкенсiң? — деп Нұрғали да өкiнiш бiлдiрдi.

— Бiр бидон сүт оңдырсын ба... Iшiм қабысып қалды, — дедi Қайсар қиналып.

— Iшкенiң бекер болған.

Қайсекең қипалақтап Нұрғалиға бар денесiмен бұрылды:

— Шаруамен келдiң бе? Айтсаңшы! — дедi. — Әйт­песе мен кетейiн. Мына құрғыр тағы да шұрылдап шыдатпай барады.

«Шаруам жоқ» дегендей басын шайқап Нұрғали орнынан тұрды. Қайсар безек қағып қораны айналып кеттi. Нұрғали не iстерiн бiлмей, дел-сал күйде аула iшiнде шошайып жалғыз қалды. Бұл Қайсарға бiрдеңе деп мiндет артудың өзi болмас шаруа екенiн түсiндi. Ендiгiсi, не де болса қармақты Рахманға тастамақ боп, тас түйiн шешiмге келдi.

***

Сыланбайын десем биден қорқам, сыланайын десем бибiсiнен қорқам дептi ғой баяғыда бiр кісі. Нұрғалидың қазiргi жағдайы дәл сондай күйде болатын.

Ауылды кеулеген сыпсың өсек, қарғалдақ пен қамайдың гулеген дау-дамайында Нұрғалидың шаруасы болмады. Байтал түгiл бас қайғы дегендей, Нұрекең ойға алған өз жұмысымен әбiгер едi. Өзi тетелес ауыл үлкендерiн тiзбелеп, бiр-бiрлеп ойша адақтап шықты. Құрдастарының өмiр жолдарын саралап өттi. Сондағы көзiнiң жеткенi — бұл көксоққандардың да жетiскен бiреуi жоқ екен.

Нұрекеңнiң түсiнiгiнше, мұқырлық құрдастары бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарардай қазiргi алмағайып кезеңде берекеден айрылып, бытырап, тышқаншылап кеттi. Қайдағы бiр мектеп үшiн баяғыда сүйектерiне қына бiткен аруақтардың атын қозғап, жiк-жiкке бөлiнiп мантырасып жүр. Дәл қәзiр өзге шаруаның бәрi жалған, ұсақ-түйек, мардымсыз. Бүгiнгi таңдағы кезек күттiрмейтiн ең басты, ең маңызды шаруа — шежiренi құрту. Сөйтiп, бала-шағаның, немере мен шөберенiң алдында қарабет болмау, сүйекке таңба салмау.­ Ауыл үлкендерінің осы мәселенің төркiнiн терең түсiнбей, бейқам  отырғандары қынжылтады.

Ұзақ толғанып, құрдастардан қайыр болмасына Нұрекеңнiң көзi анық жеттi. Ұрыста тұрыс жоқ, не де болса бiлектi сыбанып, осынау алмағайып шаруаға жалғыз кiрiсуді ниет қылды. «Не бел кетер, не белбеу кетер» деп, iштей намысын жiгерiне жаныды.

— Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы! — деп мұрын астынан мiңгiрлеп сертке жы­ғылды.­

 Расында да, Нұрғали ары мен намысы үшiн дәл қазiргiдей қиналыс сәтінде  жанын қиюға да әзiр едi.

* * *

Күндегiдей көк сиырды ауыл сыртына айдап апарып табынға қосты да, Нұрғали көшенiң бергi шетiндегi «Рахман жүгiрмектiң» үйiн бетке алды. 

Орман жиегiнде тiзесi шыққан олимпийкасын тыртитып Мырзахмет бүлкең-бүлкең желiп барады екен. Тұра қалып қолын оңды-солды сермеп, еңкейiп-тоң­қайып әуресi шығып жүр. Сәске мәлден жас өттi, өзiн осыншалық қинамаса еттi, деп ойлады Нұрғали құрдасына жаны ашып. Сырт көзге мазақ болып, жас балаша таңсәрiден секеңдеп жүрген мұны «кезiнде түкiрiгi жерге түспеген бастық едi» дегенге кiм сенедi.

Бүлкеңдей желiп, көлденеңдей өтiп бара жатқан Мырзекең Нұрғалиға жалғыз рет қолын көтердi де, ағаш арасына сiңiп жоғалды. Қол көтергенi — құрдасымен амандасқан түрi ғой. Бүйткен аманы бар болсын!

Жез шәйнегiн сүйретiп, қораны айналып кеткен Бектемiр молданы да көзi шалып қалды. Алла жолындағы молдекеңнiң өзi де ендi ғана тұрып жатқан тәрiздi. Төмендегi Лексейдiң ауласынан «Ой, мороз, морозды» әуелете шырқаған көңiлдi гуiл шығады. Алыстан қонақтар келдi ме, әлде көршi ауылдың омарташы орыстары шала қазақ Лексейдiкiнде бас қосып қалды ма, әйтеуiр бұл аулада таң асырған той. 

Рахман әлi тұрмапты. Жерошақ басында от жағып бүкшеңдеген шешесi Зейнеп «ұлды оятайын ба» деп едi, Нұрғали керегi жоқ дегендей басын шайқады. Ондағысы, шала ұйқы одыраң неме оятқанға шамданып, көнбей  қырысып жүрер деп өзiнше әлiптiң артын баққаны болатын. «Рахман жүгiрмектен» бәрiн күтуге болады, оң жағына келмей қалсаң «к чорту» деп қорс ете қалатын морттың өзi.

Түн қатып, түс қашып жүрген бойдақ жiгiттiң ұйқысы да қатты болатын секiлдi. Төргi бөлмедегi қорылдаған даусы далаға естiлiп тұр. «Рахманның түлкi жортуылы бар екен» деген өсек осыдан бiраз бұрын Нұрғалидың да құлағына шалынған... Ұзақ жыл қалада жүрiп қаратаяқ болып қайтқан, ол жақта тұрмысқа шығып, соңынан ажырасып тынған осы ауылда Марфуға атты келiншек бар-ды. Қаңтардың қақаған аязында да, көктем мен күздiң сылбыраң батпағында да сұлу киiнiп, сылаң қағып жүретiн сол келiншекпен Рахманның көңiлi көптен жарасыпты десетiн. Апырмай, ол үйге өкшесiне қаранып, бойын күткен келiн емес, Зейнеп кемпiрге қарайлайтын кiсi керек-ау деп Нұрғали ойлаған да қойған. Сонымен ол естiгенi де ұмыт болған. Бүкшеңдеп аулада жүрген кәрi Зейнептi көргенде, әлгi әңгiме қайта жаңғырып есiне түстi.

Зейнептiң күйеуi баяғыда Көккөлдегi қар көш­кiнiнде мерт болған едi. Осы Рахман туғанға дейiн бала тоқтамай, екi-үшеуi шетiнеп кеттi. Рахман туғанда әкесi жарықтық ақсарбас атап, ырымдап ұлының құ­лағына сырға салған. Сол аңсап күткен ұлының қызығын көре алмай әке жазған кете барды ғой дүние­ден. Шешесi Зейнептiң де қолындағы жалғыз ұлынан көрiп отырған рақаты шамалы... Төбелесiп, төрт жыл «условный» отырып келдi. Отыздан асты, әлi сүр бойдақ. Шешесiнiң қолын жылы суға малып, келiн түсiрейiн деген пәруейiне де келер емес. Жұрттың сөзіне қарағанда, әлгi Марфуғамен сыбайластығы да баянсыз дүние секiлдi. Табанының бүрi жоқ, тұрлауы жоқ бұл жiгiтке бiрдеңенi сенiп тапсыру да қиын-ау... Қиын болса да қайтедi, ол шаруаға лайық өзге адамды сабылып iздегенмен, жер-көктен таба алмады. Ниет қылса — Рахманның ғана қолынан келетiн шаруа сияқты.

— Асықпасаң, Нұреке, қаз етiн асайын? — дедi ­Зейнеп.

— Әуре боп қайтесiң, бар болса бiзге қара шайың да жарайды, — дедi Нұрғали шын ниетiмен.

— Мейлi, өзiң бiл... Осы үйде не көп, қаз етi көп, бәрiбiр асамын.

— Соншалықты көп қазды қайдан алып жүрсiң?

— Қайдан алып дерiң бар ма... Бұрнағы күнi қазымның бәрiн қырып алдым емес пе!

Тағы да Рахманнан бiр тентектiк шыққан-ау деп, Нұрғалидың iшi бүлк ете түстi.

— Нағып қырып жүрсiң? — дедi, әйтсе де сыр ­бермей.

— Жалғыз ұл тықақтап қоймағасын, ел-жұрттан жасырып сыра ашытқам. Ұрлап-жырлап жүрiп оны да ұлдың өзi сарықты ғой әйтеуiр. Сыра таусылған соң, ләгөннiң түбiн қағып, шырмауығын күресiнге төге салғам... Кiм бiлiптi бұлай боларын... Қаздар мен төккен шырмауықты шоқып жеп қойыпты. Кешке қарасам, қазымның бәрi тырайып-тырайып өлiп жатыр... Тым болмаса мамығын жастық қылайын деп, бәрiнiң жүнiн жұлып, өздерiн әлгi Мырзахмет құлайтын шұңқырға апарып тастағам... Сөйтсем, ертеңiнде қаңқылдап үйге кеп тұр бәрi. Қызыл шақа, ұсқындары тiптi қораш, адам шошығандай... Ұлға айтып, бәрiнiң басын шаптырып тастадым.

— Апырмай, қызық болған екен, — дедi Нұрғали сәл ғана езу тартып.

— Мейлi, Нұреке, — дедi Зейнеп. — Қаздан көрген пайдамыз шамалы. Тым болмаса осылай ет боп пайдасы тисiн.

Осы Зейнепке анау бiр жылдары кемпiрi өлген Аршатының бiр шалы сөз салып келген көрiнедi. Ол шалға Зейнеп байқұстың қалай жауап бергенi бiр құдайға аян, бiрақ шалдың бөтен ниетiн Рахман сезiп қалып, сақалынан сүйреп, үйден қуып шығыпты.

— Апырмай, үлкен кiсiнi сақалынан сүйрегенi ұят болған екен, — деп, бұл әңгiменi естiгенде Нұрғали кәдiмгiдей ыңғайсызданған. Бiрақ Рахмандай әумесерге сақалдың да, бастықтың да құны көк тиын, ол үшiн бiлектiң күшi ғана бедел екенiн және ұқты. Барлап қараса, бұл Мұқырда Рахманның сағын сындырып, жөнге салар күш иесi жоқ секiлдi. Бар болса да, одыраңдаған Рахманмен байланысқысы келмейтiн шығар ешкiмнiң. Әлде Зейнеп кемпiрдiң жалғызы ғой деп аяушылық жасай ма екен...Ол жағы да бiр құдайға аян. Қиыны сол, кейiнгi жастар да Рахманға елiктеп, оны өздерiнше өнеге тұтып, қайдағы бiр оспадар мiнез танытып жүр.

Зейнеп ауызғы үйге дастарқан жасап жатқан кезде, керiлiп-созылып Рахман да тұрды.

— Ассалау, көке! — дедi Нұрғалиды көргенде есiнеп. — Таң атпай бұл жақта неғып жүрсiз?

— Ауылдың таңы баяғыда атқан, — дедi Нұрғали көтеріле бастаған күнге сығырайып.

— Атса ата берсiн... Мотористiң жұмысы кештен бас­талады, — деп, Рахман иығына орамалын iлiп, талтаңдай басып бұлақ басына жуынуға кеттi.

Моторист деп тұрғаны өзi, яғни күнi бойы ұйықтасам да еркiмде дегендi аңғартқаны Нұрғалиға. «Апырмай, бiрдеңеге шамданып қалған жоқ па?» деп Нұрғали тағы қылп ете түстi.

— Үш күн болды моторды жөндеп... Көке, бұл менiң ерте тұрып жүргенiм, — деп самбырлай сөйлеп, Рахман дастарқанға жайғасты.

— Жөндей ғой, қалқам, жөндей ғой, — дедi Нұрғали оның ырқына жығылып.

Рахман жалғыз кесе шайды асығыс iштi де, қаудырлатып комбинезонын кие бастады.

— Әкәу, шай iшпедiң ғой? — дедi Нұрғали.

— Бұның әдетi сол, таңғы шайды iшпейдi, — дедi Зейнеп.

— Бас дыңылдап тұр... Басы ауырған кiсiге шай тамақ бола ма! — дедi Рахман.

— Егер шайды қою етiп iшсең — бастың сақинасын жазады, қалқам.

— Туһ, көкесi-ай... Сказки рассказываете!

— Рас айтам, шырағым.

— Маған шай емес, арақ керек... жүз грамм. Бас сонда жазылады.

— Қап... таң атпай оны қайдан таптық? — деп, Нұрғали мiңгiрлеп, сөзден тосылды.

Рахман киiнiп, есiктен шыға бергенде:

— Шырағым Рахман, сенде бiр бұйымтайым бар едi! — деп, Нұрғали да қолын таянып орнынан тұрды.

— Сiздiң... менде ме?.. — деп Рахман аң-таң.

— Иә, сенде... Былайырақ шығып, жеке сөйле­сейiкшi?

— Қызық екен... Маған да бiреудiң iсi түскенi ме... Қызық екен!

— Неге түспесiн... Ауылдың бәрiне сiбет берiп, самаладай жарқыратып отырған сен емеспiсiң?

— Ол үшiн мен зарплат алам.

— Не алатыныңда шатағымыз жоқ, бiздiң бiлетiнiмiз Рахманның сiбетi.

— Ильичтiң шамы, Рахманның светi деңiз... Қызық екен!

— Бiреудiң үйiнде той болса да таң атқанша жарық сұрап, саған жалынып жүрмей ме. Iс түстi деген сол емес пе!

— Қалай iс түскен? Ондай тойды таң атқанша мен де тойлап жүрмiн ғой... Жалпы мен той-томалақты жақсы көрем.

— Ойын-сауыққа әуестiгiңдi бiлемiн, Рахман шырағым. Шынымен ойын-сауықты жақсы көрсең — жастар бiрiгiп, әлгi не деушi едi... әлгi, концерт ұйымдастырсаңдаршы!

— Бұйымтайыңыз осы ма? Осы болса — концерт менiң қолым емес, көке!

— Сабыр, сабыр, Рахман қалқам. Айтайын дегенiм бұл емес едi...

— Иә, құлағым сiзде.,. пожалыста айта берiңiз!

Нұрғали қалай бастасам екен деп, мұртын сипап аз-кем ойланып қалды. Сосын:

— Мен сенi ұрлыққа жұмсайын деп отырмын, — дедi түйеден түскендей.

— Ұрлыққа дейдi? — Рахманның дүрдиген аузы ашылып қалды.

— Иә, ұрлыққа, қалқам. Әлгi концерт қолым емес дедiң ғой. Ал бұл шаруа тек сенiң ғана қолыңнан келетiн нәрсе.

— Сонда сiз менi ұрлықшы дегiңiз кеп тұр ғой?

— Құдай сақтасын... Басқа лайықты адам таппай, өтiнiп келiп тұрмын алдыңа.

— Ол не нәрсе... Анығын айтсаңызшы былай!

— Қалай десем екен... Сен Дәулетханды танисың ғой?

— Е, анау меңдуана жеген қиялиды ма?

— Оның не жегенiн қайдан бiлейiн... Сол Дәулетханда осы ауылдың шежiресi бар. Соны қолға түсiрiп берсең.

— Шежiре дейдi?

— Тура аты шежiре емес, басқаша аталады... Енциклоп дедi ме, құдай-ау...

— Энциклопедия шығар?

— Тура өзi. Өзiң де бiлiп тұр екенсiң ғой.

Рахман аз-кем ойланып тұрды да, қарқылдап күлiп жiбердi.

— Шырағым, ақырынырақ күлшi, ел мен жұртқа жария боп жүрермiз, — деп Нұрғали састы.

— Мен ендi түсiндiм, —дедi Рахман күлкiсiн жимай. — Сiз қарғалдақтан өш алайын деген екенсiз ғой!

Әлгi қоянкөз Дәулетханның қарғалдақ екенi сонда ғана Нұрғалидың есiне түскен.

— Ә, мейлi, қалай деп ойласаң да өз еркiңде, — дедi басын шұлғып.

— Ендеше өш алуға қол ұшын беремiз, — дедi Рахман масаттанып. — Қатырамыз, көкесi!

— Өркенiң өссiн, шырағым!

— Ол энциклопедияның түрi қандай едi? Аты бар ма?

— Қалқам-ау, ол жағын қара танымайтын бiз қайдан бiлейiк. 

— Кiтапты көрдiк дедiңiз ғой?

— Көргемiз жоқ, өз құлағымызбен естiдiк қой. Қандай кiтап екенiн... өзiң байқастарсың. Арғы жағын патша көңiлiң бiлсiн. 

Рахман тағы ойланды. «Керегi жоқ» деп қорс ете түсе ме деген қауiппен Нұрғали:

— Сол кiтап менiң бiлуiмше кiтапханада сақтаулы, — деп қосып қойды.

— Ладно, көке! —дедi Рахман алақанын ұсынып. — Бестi әкелiңiз, келiстiк!

— Шырағым, бесiң бес сом ба?

— Бесiм — алақан. Келiстiк деген сөз. Ал бұл шаруа­ның құнына бес соммен құтыла алмайсыз.

— Онда қанша?..

— Бiр ләгөн сыра, немесе үш бөтелке шиша... Қайсысын қалайсыз, өзiңiз бiлiңiз?

— Көп емес пе? Нарқы ауыр болмай ма? 

— Ендi қалай деп едiңiз? Ұрлық жасау оңай нәрсе ме? Ұсталып қалып, тағы да түрмеге айдалып кетсем қайтесiз?

— Апырмай, не дейiн ендi... Келiссек келiсейiк. Сырасы қиын болар, анау үшеуiне...

— Ендеше, көке, мұндай шаруаға алдын-ала аванс берiп қояды.

— Онысы несi тағы?

— Үшеудiң бiреуiн алдын-ала әкеп тастаңыз. МТМ-да болам... Магазин сағат 2-де ашылады. Оны бiлесiз ғой? Қалған екеуiн жұмыс бiткесiн есептесермiз. Келiс­тiк қой?

— Келiспегенде қайда барады дейсiң... 

— Ендеше, чао, күтем сiздi, — деп Рахман қулана көзiн қысып, көше бойлап жүрiп кеттi. Кетiп бара жатып «Күтем сiздi, көкетай» деп ыңылдап ән айтып бара жатты.

Рахманмен қол алысып, сөз байласқан соң, көңiлi жайланғандай сезiнiп, Нұрғали елпең қағып үйiне қайт­қан. Табалдырықтан аттай бере бәйбiшесiне:

— Ау, Бибiш, менi жолға дайында. Өскеменге, қызыма барып қайтайын! — дедi дауыстап.

Шұқшиып, құрақ көрпенi жамап отырған Бибiш сау­сағына оқыс ине тығып алды.

— Нұрекесi-ау, саған не болған? — дедi шып-шып шыққан саусағының қанын сорып. — Даланың желi тиiп жүрмесе неттi? Көктен түскендей бұл қай сөзiң?

— Қызымды сағындым! — дедi Нұрғали әлгiндей емес, көңiлi сәл пәсейiп. Былайғы бiр орындыққа барып аяғын түзу тастап, сықырлатып қона қеттi. — Немерелерiмнiң маңдайынан иiскеп қайтайын деп едiм. Өздерiн көрмегелi көп болды ғой...

— Аяқ астынан кетем дегенiңдi айтам.

— Сен де, Бибiш, менiмен бiрге жүрсеңшi? Көңiл жазып, екеулеп қаланы көрiп, бiр серпiлiп қайтайық?

— Үйбай... менi әурелеп қайтесiң сен шал. Ұл мен келiн күнi бойы жұмыста, үйдегi балаларға кiм қарайды. Оның үстiне шөпке шығар уақ та таяп қалды ғой. 

— Шөпке дейiн келемiз... Ол жақта балаларға масыл боп шалжиып жатып алады дейсiң бе! Барамыз да, қайтамыз.

— Менi қинама, Нұрекесi! Барғың келсе —өзiң барып қайт.

— Олай болса — жолға жина! Аялдамай, ертең таң­ертеңгi аптобозбен шығып кетейiн...

— Нұрекесi-ау, түсiңнен шошығандай осыншалық асыққаның не?

— Солай, Бибiш. Ақшаң болмай жатса, қаражатты барар жолға тапсаң жетедi. Қайтарға балалар бiрдеңесiн өздерi қамдай жатар.

Нұрғалидың бұлайша аяқ астынан асығыс жиналуын­да өзiне ғана аян бiр сыр бар едi. Рахман жүгiрмек әлгi шежiре кiтапты жымқырған күнi Нұрғали бұл ауылда болмауы тиiс. Яғни, ертеңгi күнi ел дүрлiгiп, милиция шығарып, ит қосып iздеген кезде — ауылда болмай шыққаны Нұрекеңдi қандай да бiр жауап­кершiлiктен құтқарып қалады. 

Бибiш қарызданып-қауғаланып жинап берген тиын-тебеннiң жарымына бiр бөтелке арақ алып, уәде бо­йынша қалаға кетер күнi Рахман жүгiрмекке табыстады.­ Қалған ақша қалаға дейiн жете ме, жетпей ме, ол жағын да санаған жоқ. Жолаушылап, бүйтiп алысқа сапар шегiп кiм көрiптi, сөйтсе соғысқа қатысқан ардагерлерге «льгота» деген жол жеңiлдiгi бар екен. Нұрғали оны да кейiн, жол үстiнде бiреулердiң аузынан естiдi. Ол үшiн соғысқа қатысқандығы туралы кiтапшасы керек екен, Нұрғалидың ол кiтапшасы үйде, сандықтың түбiнде баяғыдан сүрленiп қаттаулы жатыр. Қысқасы, қызының қаладағы мекен-жайын бетке ұстады да, тағдыр талайын бiр құдайға тапсырып, алға қарай тарта бердi.

Нұрғали қалаға сол кеткеннен мол кеттi. Шөпке дейiн келемiн деп Бибiшке сөз берiп едi, шөпке дейiндi қойып, шөптен кейiн де келе алмады. Осылайша айдың аманында, күннiң жарығында Мұқыр ауылынан адам жоғалды.

***

Мұқыр Мұқыр атанғалы бері, ауылдың негiзiнде құралған совхоз — Раздольное атанғалы берi бұл жақтың елi ғұмыры көрмеген әлдебiр таңсық жемiс түскен дүкенге. Ол жемiстiң аты «алмұрт» екен.

Оның алмұрт екенiн дүкеншi қыз ғана емес, мұқырлықтардың бәрi жазбай таныды. Шүкiршiлiк, газет-журнал оқиды, кино көредi, теледидар бар: дәмiн бiлмесе де, жемiс-жидектi түстеп тануға сауаттары жетедi. Дүкенде кезекте тұрған сары қарын көп әйелдiң бiреуi:

— Дәмi алмадан аумайды... Жалпы алмұрт деген алманың жақын туысы болады, — деп алмұртты кезектегi көпшiлiкке таныстырғысы келiп едi, келесi бiр әйел:

— Қандай туысы? Ағасы ма, әлде көкесi ме?—деп сылқ-сылқ күлiп жiбердi.

— Қарағым, алмұртты неге сатпай тұрсың?

— Қазiр бастық келедi. Сол кiсiнiң нұсқауын күтiп тұрмын.

— Немене, бастық «сатпа» деп пе едi?

— «Менiң нұсқауымсыз алмұрттың бiреуiне де қол тигiзбе» деп қатты ескерттi.

— Әне, дүкенге бiр тәуiр дүние түссе болды, бастықтардың бақылауға алатыны несі?

Бұлар тағатсыздана бастықты күтiп тұрған кезде есiктен тырнадай сорайып Лексей кiрдi. Кiрдi де, кезекте тұрған көпшiлiктiң көңiлiн нiлдей бұзып жiбердi.

— Не түсiптi? — дедi екi бүктетiлiп, дүкеннiң төрiнде бақшаланған жәшiктерге мойнын созып.

— Алмұрт түсiптi...

— Алмұрт дейсiң бе? А ну-ка покажите? Бай-бай, мынау груша ғой!

— «Грушасы» несi? Алмұрт! — дедi дүкеншi қыз көзi бақырайып.

— Уверяю вас, мынау настояшая груша! Баяғыда Өскеменге барғанда көргем.

— Қайдағы «груша»?

— Әлгi өлеңде айтатын груша ше? Шас вспомню... ­«Расцветали яблони и груши»... — деп Лексей сәл өлеңдетiп жiбердi. — Вот, сол өлеңдегi грушаңыз - осы!

Кезекте тұрғандар наразылық бiлдiрiп, күбiр-күбiр қозғалақтасып кеттi.

— Қайдан бiлейiк, бiзге алмұрт дедi ғой.

— Аңқау елге арамза молда деген. Осылар алмұрт деп бiзге грушаны сатып жүрмесiн.

Бұлар дүкенге қандай жемiстiң түскенiн айыра алмай бастары қатып тұрғанда қасына кәсiподағын ертiп бастық та жеттi. Келген бойда жәшiктiң бiрiне қолын жүгiртiп жiберiп, алмұрттың бiреуiн суырып алды. Кезекте тұрған жұрттың көзiн қызықтырғандай аударып-төңкерiп аз-кем тұрды да:

— Баяғыда Алматыда оқып жүрген кезiмiзде мұндай жемiстердi сорт-сортымен таңдап жеушi едiк! — деп алмұртты қарш еткiзiп бiр тiстедi.

— Пай-пай, бiздiң Түкеңнiң де жемегенi жоқ-ау! — деп алмұрт күйсеп жатқан бастыққа кәсiподақ тамсана қарап, орамалымен аузын сүрттi.

— Жағдай былай, жолдастар! — дедi бастық асықпай алмұртты жеп болған соң қаздай тiзiле қалған кезекке көз жүгiртiп. — Өздерiңiз бiлесiздер, алмұрт дегенiңiз дефицит тауардың қатарына жатады. Сондықтан бiз алмұртты еңбек озаттары мен пенсионерлерге, соғыс ардагерлерiне ғана сатуды ұйғардық.

— Түке, батыр аналарды қосайық! — дедi кәсiподақ.

— Иә, батыр аналарға да... Әрбiр отбасына үш келеграммнан. Әйтпесе жетпейдi, көрiп тұрсыздар, өзi де аз дүние.

Жиналған жұрт шулады, наразылық бiлдiрдi, соңында тұрған жастардың бiрi ысқырып жiбердi, бәрiбiр болмады. Бастық айтты — бiттi, шешiм өзгерген жоқ. Оның үстiне кәсiподақ куә болып тұрған соң, еңбек озаттары еместер, зейнеткер еместер, соғыс ардагерi еместер мойындары салбырап үйлерiне қайтысты. Батыр ана емес, үй қызметiндегi әйелдер де қара басып баланы аздау тапқандарына өкiнiсiп, етектерiне сүрiнiп олар да кеттi.

Сөйтiп, ауылға келген азғантай алмұртты бастықтың тiзiмi бойынша тиесiлi кiсiлер қылдай ғып бөлiп алысқан.

 Ең қызығы сол, келесi күнi совхоздың еңбек озаттары түгелiмен жұмысқа шықпай қалды. Директор мен кәсiподақ монша жақтырып, бұл күнi кеңсе жаққа жоламапты. Еңбек озаттары түнi бойы кiрпiк iлмей, iштерiн басып далаға жүгiрумен болыпты. Кейiн анықталды, еңбек озаттары ғана емес, ардагер шалдар да, батыр аналар да, олардың бала-шағалары, көршi-қолаңдары да түн ұйқысын төрт бөлiп, дала күзетiп шыққан көрiнедi.

Алыстан келген таңсық жеміс алмұрттың дәмiн мұқырлық ағайындар алғаш рет осылайша байқаған болатын.

***

Болайын десе бәле деген аяқ астынан екен! 

Мұқырдың тең жарымы iштерiн басып ертеңiнде ыңқылдап ауырып жатқан кезде даукес Қанапия:

— Бұл — нағыз диберсия! — деп, алмұрт оқиғасына саяси баға берген.

Әрине, түске дейiн борсып ұйықтамағанда, Қанапия да алмұрттан өзiне тиесiлi сыбағасын алатын едi. Сосын ауылдастарының кебiн ол да киетiн едi. Қазiр ғой, алмұрт сатып алмағанына мықтымсып, өзге елдi мазақ етiп, сақ-сақ күлiп тұрғаны.

— Бұл дегенiңiз — диберсия, мен сезiп тұрмын! — дедi Қанапия қатын-қалаштың қалың ортасында. — Ру тартысының мұндай диберсиялық жолы түбiнде жақсылыққа апармайды! Менiң ескерткенiм осы!

— Қайдағы ру тартысын көкiп тұр мынау?—деп, әйелдер жағы бұл сөзден секем алып, құлақтарын түре қалысты.

— Қайдағы болушы едi... Қамай мен қарғалдақтың таласы да.

— Оның алмұртқа қандай қатысы бар?

— Пiрәмой қатысы бар.

— Иә, сөйле.., сөйле!

— Бiрақ, ақ сөйле, сөйлегiшiм!

— Сөйлесем сол... Алмұрт сатқан дүкеншi Қабира кiмнiң қызы едi, естерiңде бар ма?

— Қабира ма Қабира қойшы Заманның қызы. Оны бәрiмiз бiлемiз.

— Қойшы Заманның сүйегi кiм едi? Естерiңде бар ма?

— Заман... Заман қамай ғой...

— Мiне, ағайындар, бәленiң төркiнi осында жатыр. Ойланыңдар. Ойлағанда — қатты ойланыңдар!

Қанапияның сөзi әйелдерге тоқпақпен ұрғандай әсер еттi. Бiрiнен-бiрi қуыстанып, ерiндерi дiрiлдеп, не дау айтарын бiлмей бөгелiстi. Әйтсе де орталарынан батылдау бiреуi алға шығып, шәниiп шетте тұрған Қанапияға жақындады. Ақсақ Нұрғалидың бәйбiшесi Бибiш екен:

— Сен, Қанапия, ауыз өзiмдiкi екен деп бейкүнә жұртқа жала жаппа, бiлдiң бе! — дедi Бибiш түтiгiп. Топ ортада сирек болатын, аз сөйлейтiн сабаз бәйбiше шегелеп айтты. — Алмұрт жеп ауырғандардың iшiнде қарғалдақ та, қамай да бар. Ал анау Лексей бұл Мұқырға қатысы жоқ, кiрме едi ғой, оны кiм ауыртты? Қамай ма, қарғалдақ па?

— Жөн-ақ!

— Өйтiп көпшiлiкке күйе жаққаны несi екен?

— Бұл Қанапия жайдан-жай даукес атанбаған шығар.­

— Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамас деген... — Жиналған қалың әйел Бибiштiң сөзiн қуаттап, шуласып кеттi.

— Ау, ағайындар, сендер маған нақақ тиiспеңдер! — дедi Қанапия сасқанынан қолын сермеп, шаршы топ­қа шаңқ ете қалды. — Қайтедi-ей бұлар, бөрiнiң артындай шулап... Мен айтсам пәктiмен айтып тұрмын.

— Немен дейдi?

— Пәктiмен... Ауылда неше адам ауырды, оның нешеуi қамай, нешеуi қарғалдақ, қаншасы басқа жұрт, мен бәрiн де есептеп қойғам. Бiлдiңдер ме?

— Не дейдi мынау?

— Есепшi боп кеткеннен сау ма?

— Iздегенi дау-дамай ғой, тiрлiгi сол болған соң, қайтсiн ендi!

— Астапыралла, ниетiнiң жаманын...

— Бибiш дұрыс айтады, — деп Қанапия, бұл жолы даусына салмақ бере сөйледi. — Алмұрт жеп ауырғандардың iшiнде қамайлар да бар. Олардың саны он төрт. Ал ауырған қарғалдақтар саны жиырма сегiз. Бес адам басқа атаның кiсiлерi... Оның iшiнде Лексей де бар.

— Бәсе, екi жақтан да ауырғандар бар екен ғой?

— Оның рас... Бiрақ бұл диберсияда былайғы кiсi аңғара бермейтiн бiр құйтұрқы жатыр. Қамайлықтар қарғалдақтың екi адамына өздерiнiң бiр адамын садақа етiп отыр. Күрес болған соң ондай жертiбасыз болмайды, ағайын. Өзiмiз герман соғысының тәжiрибесiн көп зерттедiк қой. Түпкiлiктi жеңiс үшiн өз адамдарын қойдай қырған ондай жағдай майдан даласында жиi боп тұрған.

— Сен соғысқа барған жоқ едiң ғой?

— Барғам жоқ... Бiрақ көп зерттедiм дедiм ғой.

Қанапияның ұтымды сөзiне орынды жауап таба алмай, әйелдердiң тiлi күрмеле бердi.

— Майданы несi, аузыңа жылан жұмыртқаласын сенiң! — дедi сәлден соң алдарақ тұрған әйелдiң бiреуi.

— Сен өйтiп елдi арандатпа, халықтың қарғысы тиiп жүрер! — дедi Бибiш Қанапияны ақылға шақырып.

Бибiштiң бұл сөзiне Қанапия шат-шәлекей боп шамданып қалды:

— Сен, Бибiш, қорқытпа менi! — дедi қызарақтап. — Шалың қамай болған соң сен қамайларға бұрып тұр­сың. Ендеше, әңгiменiң ашығына көшейiк: айтшы кәне, шалың қайда қашып кеттi... Шалың кеткен бойда мұндағы жұрт жаппай iндетке ұшырады. Қарғалдақтар жағы жайрап қалды. Бұны қалай түсiнуге болады? Осы алмұрт пен Нұрғалидың қалаға кетуiнiң арасында бiр байланыс жоқ дейсiң бе? Ойлану керек, тексеру керек бұл пәктіні!

— Құдай атсын сенi! — деп Бибiш қолын бiр сiлтеп, бетi нарттай қызарып терiс айнала бердi. — Құдай атсын! Айтып тұрған сөзiн мұның... 

— Дауа жоқ екен бұл Қанапияға, дауа жоқ!

Бұдан әрi әйелдермен әңгiмесiнiң жараспасын сезiп, Қанапия да қалың топтан жылыстай жөнелдi. Кетiп бара жатып та сонадайдан сұқ саусағын шошайтып, әйелдерге бұрылды:

— Менiкi әншейiн қоғамдық пiкiр тудыру, қатындар! — дедi айқайлап. — Ал ол пiкiрдi қалай қабылдайсыңдар, ол өз ерiктерiңде!

Бұл мезгіл — совхоздың әлi шөпке шыға қоймаған, арқаны кеңге салған өлiара шағы болатын. Шөпке шықпаса да жұмысшылар шалғыларын қайрап, қамыт-саймандарын сайлап ұлы-жiңгiр науқанға қауырт дайындық үстiнде едi. Өйткенi шөпке шықты болды -  мұқырлықтардың бұрылуға уақыты жоқ, бiреуге қарайлауға мұршасы болмайды, мұрындарына су жетпей сапырылысып кетедi.

Бұл күндері ауылдан үштi-күйлi адам жоғалғанынан да мұқырлық ағайын әлі бейхабар болатын.

***

Шiлде туа мұқырлықтар жаппай шөпке шықты. 

Ауылда кемпiр-кешек, бала-шаға ғана қалды. Ер-азаматтар бiр-бiр арғымақты ерттеп мiнiп, шөбi шүйгiн алыс жайлауға қарай аттанысты. Олар осы кеткеннен табандатып жайлауда екi ай бойы совхозға шөп дайындайды. Осы екi ай аралықтың орта тұсына таман, жаңбырлы бiр күндi пайдаланып шапқылап ойға түседi де, бiрер күн еру болып, кiрiн жуғызып, моншаға түсiп дегендей, еру болады. Содан күннiң көзi ашылған бойда келген iздерiмен жайлауға қайта қайқайады. Ал жайлауда бiрөңкей ашық күндер тұрса — онда шөпшi азаматтар моншасыз да шыдайды. Екi айға бола кiрлеп, биттей қоймас деп бастықтар босатпайды. Жуынам-шайынам деген кiсiге жайлауда да өзен бар, көл бар десiп, шөп шабу науқаны аяқталғанша тырп еткiзбейдi.

Әдеттегідей, ауыл төңiрегiндегi шабындыққа шал-шауқан, жеткiншек жастар, қыз-келiншектер шыққан. Әйтеуiр қолына айыр, болмаса тырма ұстауға жарайтындар көшеде бос қалған жоқ. Қолдарының қаруы барлары шөмеле мен мая үйедi, сүйретпеге шөп салады. Одан кейiнгi ересектерi сүйретпенiң соңында шашылған шөптi тырмамен жинастырады. Жас балалар атқа мiнiп, «пәгөн­шiк» болады.

Шөп шабу дегенiңiз — мұқырлықтар үшiн думанды қызық маусым. Жаздың бiр күнi қыстың бiр айын асырайтыны рас сөз. Жазда қамданып қалмасаң, қыста қысыласың, қолдағы малды қарадай қырып аласың. Ал, Мұқырдың қысы мінезді, аязы адуын, қары кiсi бойы қалың түседі. Тебiн деген бұл жақта сирек, көп жағдайда тұяқты жыл­қыға дейiн ала қыстай қорадағы шөпке қарап қалады. Соны білген соң осынау маңызды науқанға ауылдың қалқиған шалдарына дейiн үлес қосып қалуға тырысады. Әрине, олар дедектеп сүйретпенiң соңынан жүгiре алмайды, жерде тұрып шөмеленің басына айыр-айыр шөп лақтыруға шамалары келмейдi. Бiрақ шөмеленің басында тұрып, жерден айырлап лақтырған шөптi қабылдауға қауқарлары барШөмелені ыңғайлы тұсқа дөңгелете үйiп, бас жағын су өтпестей доғалдап шығаруға олардың айла-шарғылары да, тәжiрибелерi де жетедi. Сондықтан шөпшi жастар ауылдағы бес-алты шалды биыл да қылдай ғып звено-звеноға бөлiп алысқан. Iштерiнде қалаға кеткен Нұрғали ғана жоқ. Нұрғали жоғалды екен деп ел-жұрт әлi дүрлiге қоймаған кез. Қалаға кеттi екен — жолы болсын, кешiгiп жатыр екен — онда тұрған не бар? Қызына күнде барып жатқан жоқ, немере­лерiнiң қасында мауқын басып, қонақтап қыдырып жүрген шығар!

— Амандық болса, менiң көршiм ертең-бүрсүгүнi келiп қалады, iшiм сезедi! — дейдi шөпте жүрген Лексей.

Лексей солай деп үмiттенгенiмен, Нұрғали ертеңiнде де, бүрсiгүнi де келген жоқ. Бүрсiгүнi Бибiштiң үйiне шалы Нұрғали емес, қызара бөрткен Рахман келген.

— Апа, бәрi де «о кей» болды! — дедi бас бармағын қайқайтып. — Нұрғали көкемнiң айтқанын қатырдым!

— Жақсы, қалқам, келiп жатса айтайын, — дедi Бибiш.

— Как эта... келiп жатса? — деп Рахман үдiрейе қалды.­

— Қайдан бiлейiн... келетiн уағы болып едi. Жаман айтпай жақсы жоқ, жолда ауырып қалды ма, әлде адасып кеттi ме деп те қорқамын.

— Қорықпаңыз, апа, бiздiң мынадай жарқын заманда ешкiм де сара жолдан адаспайды. Тiптi ол кiсiнiң жол жүргенде ауыруға да қақысы жоқ.

— Айтқаның келсiн, Рахман қалқам. Тәңiр жарылқасын сенi!

— Мен былай нетiп... аздап қызып жүргенiм. Бүгiн туған күнiм едi. Оған ғапу етерсiз!

— Уақасы жоқ, қалқам... Мерейлi бол, теңiңнiң алды бол! Зейнеп жазған да қуанып жатқан шығар?

— Тәтем бiлмейдi... оған әлi айтқам жоқ.

— Айт шешеңе... Зейнептiң жалғандағы жалғызы да, қуанышы да өзiңсiң ғой. Шешеңе айт, қалқам. Қазiр бар да айт!

— Айтамын, апа, айтамын.. Но пока!

Рахман туған күнiн шешесiне айтуға бәрiбiр асыққан жоқ. Шабындық басынан шаршап қайтқан шөпшiлер кешке мәдени демалып, дұрыс тынығулары тиiс. Мұқырдағы мәдени демалыс дегенге кешкiсiн клубқа барып, кино көру жатады. Кино көрсету үшiн электр қуаты, яғни жарық керек. Ал ауылда жарықтың болу-болмауы моторист Рахманға тiкелей байланысты. Осындай жауапкершiлiктi сезiнген Рахман бүгiн сұранып, шабындық басынан ертерек кетiп қалған. Ертерек кетуiне күрделi үш мәселе себеп болған. Бiрiншiсi, бүгiн туған күнi едi. Екiншiсi — бұлақтың арғы жағындағы көшеде «замыкание» бар тәрiздi: кеше ол жақтағы көшенiң жарығы бiр жанып, бiр сөнiп жыпылықтап тұрды. Соның салдарын анықтап, дiмкәс жерiн жөндеу керек. Үшiншiсi, бүгiн самурайлар туралы жапон киносы болмақшы. Жақсы кино — бұл ауылдың сирек қуанышы, кiшiгiрiм мейрамы. Самурайлар туралы кинода мiндеттi түрде дзюдо, каратэнi, жарқ-жұрқ семсерлесудi, құрып қалғанда сарт-сұрт жұдырықтасқан қара төбелестi көрсетедi. Ал бас жарып, көз шығарған төбелесi бар, қиян-кескi соғысы бар киноларды Рахман жанындай жақсы көредi. Сондықтан бүгiнгi мотор да ақаусыз тоқ беруi тиiс. Ол үшiн мотор­ды тағы бiр тексерiп, тетiктерiн жөндеп, сүртiп қойғанның артығы жоқ.

Рахман алдымен арғы көшедегi «замыканиенiң» себебiн тексеруге барды. Ұзақ iздеп әуреленген жоқ, ақауды бiрден тапқан: көшенiң дәл басында, Қазтайдың үйiнiң тұсындағы дiңгектiң сымтемiрi бiрде тиiп, бiрде тимей iлiнiп қана тұр екен.

Аяғына тақаны киiп, керек-жарағын қалтасына салды да, дiңгектiң басына өрмеледi. Басына шығып, шынжыр белдiктi байлап жатыр едi, дiңгек күтiр-күтiр етiп, бiр жағына қарай қисая бастады. «Құладым! — деген Рахман. — Бұл шiрiк дiңгектi баяғыда-ақ жаңалай салу керек едi, ажалыма көрiнген екен ғой!» деп өкiндi. Өкiнiп үлгергенше болмады, терезенi сындырып, дiңгекпен қоса Қазтайдың үйiнiң iшiне тасыр-тұсыр құлап түскен. Құлағанда — еденге емес, жұп-жұмсақ төсекке құлады. Бiреудiң құлында-құлыны шығып, шырқыраған даусын естiдi. Не болғанын түсiнбей, тақада қалған аяғын шығарып, жан-жағына қараса — төсекте теңкиiп бiр әйел жатыр. Екi көзi бақырайып шошына қарайды, iркiлдеген денесi дiр-дiр етедi. Әрең таныды, Қазтайдың «шифонер» келiншегi Нұрлытай екен, тегенедей төңкерiлiп жатқан.

— Дiңгектен құладым, шiрiк екен! — дедi төсектен үйелеп тұрып жатып. — Аяғымды ауыртып алғанымды...

Нұрлытайда үн жоқ.

— Сен неғып шөпке бармай, тал түсте үйiңде жатырсың?

Тiлiн жұтып қойғандай «шифонер» келiншек үнсiз, қалш-қалш етiп, жасаураған көзiн жыпылықтата бердi.

— Қорқып кеттiң бе? Сымтемiрдi жөндеп жатып, дiңгектен құлап кеттiм. Дiңгекпен бiрге құладым. Бандит емес, менмiн... моторист Рахманмын. Әлi танымай тұрсың ба?

Нұрлытайға жан бiтiп, қимылдап төсектен түстi.

— Бетiң қан, — дедi үнi дiрiлдеп. — Қып-қызыл қан... Жүлiк екен деп қалдым.

Рахман бетiн сипап едi, алақанына қан жұқты. Құлаған кезде терезенiң шынысы кесiп кеткен ғой. Ақсаңдай басып, алдыңғы үйге өтiп, қолжуғышқа бетiн жуды. Айнаға қарап, үстi-басын түзедi де, Нұрлытайдың қасына қайтып келдi.

— Сен қорықпа... Терезеңдi салып беремiз. Терезең сынғанға мен кiнәлi емеспiн. Дiңгек кiнәлi. Атаңа нәлет, шiрiп тұр екен.

Әншейiнде ауыздыға сөз бермейтiн Нұрлытай тағы да үнсiз, «ұқтым» дегендей ишара бiлдiрiп, басын ғана изедi.

Рахман тақасы мен саймандарын жинастырып, дiңгектiң терезеден кiрiп тұрған ұшын сыртқа қарай итердi. Сымтемiрлерi борт-борт үзiлiп, шиыршықталып далада қалыпты.

— Сен неге үйде жатырсың? Шөпке барған жоқ па едiң? — деп, үйден шығып бара жатып Рахман тағы да Нұрлытайға бұрылды.

— Аяғыма шөгiр кiрiп, iрiңдеп жүре алмай қалдым, — дедi Нұрлытай ақталып.

— Ендеше екеуiмiз де ақсақ екенбiз! — деп Рахман қарқылдап күлдi. Ендi ғана есiн жинаған Нұрлытай да сықылықтап күлiп жiбердi.

Құлаған дiңгектiң орнына жер қазып жаңа дiңгек орнату, оған жаңадан сымтемiр тарту — оңай жұмыс емес. Оған жалғыз Рахманның шамасы жетпейдi, екi-үш кiсiнiң қолғабысы қажет. Ал көмектесер кiсiнiң бәрi қырда, шабындық басында, шөпте жүр. Жарық болмақ түгiлi, Мұқыр ауылы қараң қалса да олардың Рахманға қарайлауға қазiр мұршасы жоқ. Сондықтан шөп нау­қаны аяқталғанға дейiн Рахман шеткi көшенiң жарығын мүлдем ажыратып тастады.

Кеш түсiп, қас қарайған шақта клубта жапонның жақсы киносы болды. Жанжал-тартысы мол, төбелесi көп шытырман оқиғалы кинодан шабыттанып шыққан Рахман өзi тәрбиелеп жүрген төрт-бес жасты үйiне қонаққа шақырды. Ауыз үйге дастарқан жасап, түн ортасы ауғанша достарымен туған күнiн тойлады. Түн ортасы ауа қапырық үйдi тастап, қыдырыстап бәрi таза ауаға шықты.

Қызып алған жiгiттер көздерi тұманданып, көше-көшенi мағынасыз кезумен болды. 

Әлдебiр шарбақты жағалап, шуласып әңгiме соғып келе жатыр едi, құлақ түбiнен қойдың маңыраған даусы естiлген. Қойдың маңырасына Рахманнан өзгесi мән берген жоқ: ауылда не көп, қой көп, маңыраған қойды көрмеп пе... Озыңқырап кеткен Рахман қойдың даусын естiген бойда жалт бұрылып, керi жүрдi. Шарбақтан асыра мойнын созып, картоп еккен бақшаға телмiрдi. Бұлдыраған көзiне бақшаның арғы түбiнен ағараңдаған бiрдеңе iлiнгендей болған. Ағараңдаған нәрсе қой боп шықты, көк майсаға арқандап қойыпты. Мұқырлықтар малды семiртiп соярда ғана жайлаудан арнайы алдыртып, өстiп бiрер күн арқандап ұстайтын.­

— Әй жiгiттер, берi келiңдер! — дедi Рахман сыбырлап, мастығы да айығып кеткендей болды. — Берi келiңдер! Тамаша идея бар!

Даурығысқан жiгiттер де бiр қызықтың иiсiн сезгендей жым болысты.

— Сендердiң қарындарың ашқан шығар? — дедi Рахман алақанымен ернiн басып, «дымдарың iште болсын» дегенi.

— Бағана бiздiң үйден жеген жалғыз қаздың етi сайдың тасындай сендерге қайдан закуска болсын... Мына қойды тоғайға апарып сояйық та, етке бiр тояйық!

— Иесi бiлiп қалса қайтемiз?

— Түк те бiлмейдi... Түн бiздiкi. Таң атқанша етi түгiл, жiлiгiнiң майына дейiн сорып тастаймыз.

— Ендеше бiз дайын...

— Тайлақ та жылында бiр тайраңдайды. Бiз де бүгiн дұрыстап бiр тойлайықшы, көкетайларым менiң! Есте бiр қалсын бүгiнгi түн...

Жiгiттер қойсын ба, секiрiп-секiрiп шарбақтың арғы жағына түсiп, арқандаулы ақ қойды тарпа бас салды. Жiгiттердiң бiреуi қойды алдыңғы екi сирағынан көтердi де, иiрiп әкеп арқасына топ еткiздi. Ел аман, жұрт тынышта қолды боп бара жатқан қой маңырай берген соң, Рахман бiр етiгiн шешiп, шұлғауын қойдың аузына нығарлай тығып жiберген. Қойдың үнi өштi. Жiгiттердің біреуі қазан-ошақ әкелуге жүгiрiп үйiне кеттi. Қалғандары қойды арқалаған күйi жылыстап ауылдан шығып, өзен бойындағы тоғайға қарай томпаңдасты.

Желiгiп алған жiгiттер су жағасына жеткен бойда қойды әп-сәтте боршалап, жiлiктеп тастаған. Жаубүйрекке деп бауырды ғана бөлiп, iшек-қарнын өзенге ағызып жiберiстi. Iз қалмасын деп төрт сирақты былай апарып көмiп тастады. Қазақ болғасын қойдың басынсыз тамақ болушы ма едi. Жiгiттер басты да жақсылап үйiтiп, етпен қосып, қазанға салды.

Қазандағы ет пiскенше бәрi жабылып, түнгi тоғайды шарлап, құшақ-құшақ отын жинады. Соңынан, бiр жiгiттi қазан басында кезекшiлiкке қалдырып, қалғандары өзенге шомылды. Қауiп-қатер мен қызыққа толы бағанағы жапон киносының жалғасы осы тоғайда өтiп жатқандай, жiгiттер аса көңiлдi болатын.

— Адамға өмiр бiр рет қана берiледi. Сол өмiрдi өксiтпеуге тырысу керек! — деп, Рахман жiгiттердi одан бетер жiгерлендiрiп қойды. — Менiмен шын достассаңдар — өмiрлерiң жәрмеңкенiң базарындай болады. Мен сендерден, көкетайлар, намысшыл азамат, нағыз еркек жасап шығарам!

Еттi баптап, былқылдатып пiсiрiп отыруға уақыт қайда. Қазан бұрқ етiп бiр қайнаған соң тамақты түсiрiп, жiгiттер қоғамдасып отыра қалысты. Бiр-бiр жiлiктен иемденiп, майы мен қанын сорғалатып, жұлқылап жеуге кiрiстi. Қырлы стақанға бүлкiлдеп арақ та құйылды.­

— Бiздiң бүгiнгi түнгi тамаша демалысымыз үшiн! — деп, Рахман алғашқы тосты көтертiп те жiбердi.

Жiгiттердiң iшiндегi үлкенi ретiнде қойдың басы Рахманға тартылды. Екi құлағын кесiп, екi көзiн ойып, достарына үлестiрдi де, ендi таңдайын iздеп едi, таба алмады... Бастың жағы айрылмай, бiтеу асылыпты. Тiстiң арасына пышақ салып, күштеп жағын ашты. Жағын ашып едi, арғы жағынан шұбатылған бiрдеңе шықты.

— Мынасы несi?—дедi Рахман таң қалып. — Мынау мата ғой.

— Орамал шығар. Жемiр қойлардың орамал жей­тiнi бар.

— Мынау да жемiр бәле болғаны-ау, шамасы!

— Орамал емес, Рахманның бағанағы шұлғауы емес пе?

— Рас айтады, менiң шұлғауым, — деп Рахман қуанып кеттi.

— Шұлғаудың да пiсiп қалғаны ма!

— Рахаңның аяғының шуашы молдау едi. Сорпа дәмдi болған шығар?

Бастан шыққан шұлғауға мән берген де, күлген де ешкiм болмады. Жiгiттердiң көздерiне ұйқы тығылып, малжаң-малжаң жiлiк мүжумен әуре едi.

Рахман шұлғауды саусағының ұшына iлдi де, сорпасын сорғалатып былай тастап, басты мүжуге кiрiстi.

***

Адам көңiлден азады, тiлден жазады деген рас екен. 

Рахман шабындық басында шөп жинап жүрген кезде бiрде тiлi қышып, дiңгектен қалай құлағанын сөз қылған. Дiңгекпен қоса құлап, терезенi сындырып, мамық төсекте шалқасынан жатқан Нұрлытайдың үстiне топ ете түскенiн мақтана айтып салды.

— Өйдөйт, деген, майлы былпылдың үстiне құлап... суiшкiлiгiң бар екен сенiң! — дестi еркектер жағы әзiлдеп. — Айсара секiлдi құбай арықтың үстiне құласаң — сүйегiң шашылып қалар едi.

— Қазтайдың жайлауда шөпте екенiн бiледi, әдейi құлаған ғой.

— Басқа жерге емес, тура төсекке құлауын...

— Сүр бойдақ жүрсе де бұл Рахманның есебi түгел. 

Шөпшiлердiң қолпаш әзiлiне масаттанған Рахман әнеу күнi түнде бiр семiз қойды ұрлағандарын, оны тоғайға апарып сойып жегендерiн де тамсана әңгiме еттi. Ұрлап жеген қой етiнiң дәмдiлiгiн, шұлғау хикая­сын айтып едi, шөпшiлерге бұл әңгiме пәлендей әсер етпедi.

— Әлгi жесiр Бәдижамал «қойым жоғалды» деп шарқ ұрып iздеп жүр едi. Сол жазғанның жалғыз қойын ұрлап жүрмеңдер?— деп өкiнiш бiлдiрiстi.

Мұны естiген кезде Рахман таралғыдай тартыла қалды:­

— Жо-жоқ, көкесi, ондайды атамаңыз! Бiз қойды Аршатыдан ұрлап әкелгемiз, — деп, жаза басқанын сезiп, тайсақтай бастады.

— Қайдан ұрласаңдар да — ұрлықтың аты ұрлық қой! — дедi шөпшiлердiң бiрi.

— Мал ұрлағанды соттайды! — дедi тағы бiреуi күң­кiлдеп.

— «Соттайды» дейдi?

— Иә, соттағанда қандай... Аяқ-қолыңды байламай әкетедi.

— Қайдағы бiр жаман қой үшiн бе?—деп Рахман да қорғанып бақты.

— Жаман болса неге ұрлап жүрсiң?

— Болды... болды ендi... Қалжың сөздi де сiздер шын көредi екенсiздер. Көкелерiмдi күлдiру үшiн әдейi өтiрiк соққам мен, — деп Рахман кiшiрейе түстi.

— Лайым, солай-ақ болсын! — деп шөпшiлер сенiмсiз бастарын шайқасты.

Мақтанамын деп дүниенi бүлдiрiп алғанын Рахман анық сезген. Өзi «условный» болса да түрме дегендi жағалап қайтты, ол жақтың не екенiн көрiп-бiлiп келдi. Былайша айтқанда, басқаларға қарағанда тәжiрибесi баршылық. Сөйте тұра өстiп... жас баладай жаңылысар ма? Ұят-ай десеңшi! Бұл әңгiме, әрине, Бәдижамалдың да құлағына жетедi. Сосын-ақ айғай-шу, милиция шақыру, тексеру, бiр-бiрлеп жiгiттердi жауапқа тарту... Iстi болды деген осы да! Тағы да еркiндiктен айрылып, сотталып кете барғаны ғой! Екiншi рет қылмысты болып отыр дейдi де, ендi олар Рахманды аямайды. 

Соңғы кезде өзiнен басқаны ұмытып, көп сөйлеп, көбiрек желпiлдеп кетiп едi. Ақыр соңында әнеки, өзгенің емес, өзінің аузынан жазды. Көп асқанға — бiр тосқанның кебiн кидi. Обал жоқ бұған! Шоқ, шоқ бәлем!

Рахман басына жауар бұлттай төнiп келе жатқан қауiптiң иісін анық сездi. Сездi де, таң атпай МТМ меңге­рушiсiн тауып алып, жеделдетiп моторды өткiздi.

— Ау, iнiшек, бүйi шаққандай аяқ астынан бүлiн­генiң қалай? — деп МТМ бастығы аң-таң. 

— Нұрғали көкем жоғалып кетiптi, соны iздеймiн, — деп Рахман барқ ете қалды.

«Нұрғалиды iздеймiн» деген сылтаумен кадр бөлi­мiнде құжаттарын да тездетiп реттеп, қалтасына қаттап салып алды. Бибiшке барып: «Нұрғали көкемдi iздеп қалаға кетiп барам!» — деп, ол кiсiден бiраз соманы қағып түстi. «Әрi кетсе бiр аптаның iшiнде қайтып ораламын», — деп, шешесiмен қош айтысты да, Рахаң сол күнi түс ауа Мұқырдан үштi-күйлi қашып кеттi.

***

Егерде тып-тымық түн қараңғысында табалдырықта жатқан алжыған жаман иттiң құйрығын оқыс басып кетiңiзшi... Шошып оянған жабағы жүн кәрi төбет атып тұрып қыңсылай қашады, сосын былайырақ барып әупiлдеп үрген болады. Ол иттiң үрiсiне көршiнiң итi қосылады, көршiге көршiнiкi қосылады. Сөйтiп келесi бiр сәтте құлақ түрсеңiз — алысы бар, жақыны бар, ауылдағы ит бiткен ұлардай шуласып жатады. Ол шудың iшiнде не жоқ дейсiз: арпылдаған алыпсоқтар да, арсылдаған бөрiбасарлар да, шәуiлдеген қаншықтар да, шiңкiлдеген қандендер де, бәр-бәрi бар.

Аудандық газет бетiндегi мақаладан, дәлiрек айт­қанда, сол мақалаға Қанапия тарапынан жасалған дәйектi талдаудан кейiн басталған Мұқырдағы ағайын тартысы осындай даңғаза шуға ұқсайтын. Бұл шуға қала жақтан қайтпай жатқан Нұрғалидан басқасы, яғни қамай мен қарғалдақ әулетiне жататындар түгелге жуық өз үндерiн қосысқан. Басқа рудың өкiлдерi де қарап жатпады; екi жаққа ара ағайын ретiнде намыстарына қамшы басып, отқа май құйып жүрдi. Осылайша шағын ауыл екi үлкен одаққа, одақ түрлi партияларға, партиялар ұсақ-ұсақ фракцияларға бөлiндi. Бiреулер қай-қайдағы ескiнi қопарып, архивтi қопсытып, бұл тартысқа тарихи дәйектеме беруге тырысты. Келесi топ түймедейдi түйедей етiп дәлелдеп, бұл шиеленiстiң ақыры тек қана қарулы көтерiлiспен ғана шешiлерiне нақты болжаулар жасады. Қысқасы, алақандай Мұқырда азғантай ғана уақыт iшiнде ақыл айтқыштар да, сә­уегей мен көрiпкелдер де күрт көбейiп кеттi.

...Тамыз орталай күн райы күрт бұзылып, апталап жаңбыр жауған. Адамның жүйкесiн жұқартып, ығыр қылатын сылбыраған ақ жауынның өзi-тін. Дәл осы ақ жауынды сылтауратып жайлауда жат­қан шөпшiлер «моншаға түсемiз» деп бiр-ақ күнде ауылға сау ете қалысты.

Алакөз болып отырса да жарықтық ауылдың аты ауыл ғой, жiгiттер бала-шағасымен, дос-жаран, сүйген қыздарымен қауышып, мәре-сәре болысты. Осы жолы қамай Нұрғалидың бiр жарым айдан берi қаладан қайт­пай жатқанын естiдi. Нұрғалиды iздеп соңынан кеткен Рахманның да хабарсыз ұзақ жоғалғанын бiлiстi. Мұқырлықтарды қатты мазалап жүрген басты мәселе — мектепке ат берудi бастықтар күзге қалдырыпты. Шөп науқаны аяқталып, ел-жұрт етек-жеңiн жиған соң асықпай алқалы жиналыс ашып, мәселенi ақылдасып шешемiз деп сөз берiсiптi.

Бұл күндерi «монша» деп жайлаудан ойға түскен көп шөпшiнiң бiрi — Қазтай болатын.

Қазтай үйiне келген кезде Рахман сындырған терезе үңiрейiп әлi бос тұрған-ды. Нұрлытай, қайдан алғаны белгiсiз, етектей целофанмен терезенi жауып, өзiнше жапқан болыпты. Онысы дәл ортасынан қиғаштай жыртылып, шетiне қарай ығысып кетiптi, желмен қоса желп-желп етедi.

Ертеңiнде өзге жұрт секiлдi Қазтай да таудағы жеке шабындығына баруы керек едi, терезенiң кесiрiнен бара алмай қалды. Дархан мен екi қызын ертiп шабындық басына Нұрлытай кеткен. Бұл үйдiң шөбiн Қазтай емес, ала жаздай ойда жүрген Нұрлытай тiрнектеп болса да өзi шауып алатын. Жылда солай. Сондықтан «қолдағы малға шөп шабылмай қалады-ау» деп Қазтай әсте қиналған емес. Озаттар қатарында қоғамның шаруасын қамдап, жаз бойы жайлауда алаңсыз жата бередi.

— Терезенi жөндеп бiткен соң мен де сенің соңыңнан барармын! — деген Қазтай келiншегiне.

Терезенiң шаруасын түске дейiн бiтетiн шығармын деп едi, бiтiре алмады. Ағаштарын жамап-жасқап, шыныларын құрап-кесiп, жұмысын түс ауа әзер аяқтады. Бiтiргенiмен шабындық басындағы Нұрлытайға бәрiбiр көмекке бара алмаған... Терезенi жөндеп болдым-ау деген кезде — бүйрек бетi албырап, балық көзi күлiмдеп үйге Оралбек мұғалiм келiп қалыпты.

— Бiр ай жүрiп жайлаудан сен де, мен де шаршап қайттық қой, Қақа. Былай... жүйкенi босатып, бiр уақ көңiл жазбаймыз ба?—дедi қиылып.

— Ондайың бар ма едi?—деп, көңiл жазуға кет ары еместiгiн сездiрiп, Қазтай да қылп ете түстi.

— Жасырып жүрген екi шөлмек «ензе» бар едi... Өзiңнен басқаға қимай тұрмын... Дос деп жүргеннiң бәрi қарғалдақ боп шықты емес пе!

Бұл сөз Қазтайға өзiнiң де, Оралбектiң де қамай екенiн есiне салған. Мұғалiмнiң өзiн жұрағат тартып, жұрттан алабөтен екшеп шақырғанына iшi құрғыр майдай ерiп жүре бердi.

— Бiздiң үйге барайық? — дедi Оралбек. — Шер тар­қатып бiр сырласайықшы!

Оралбектердiң шөбi шабылып бiтiптi, ендi жинауы ғана қалыпты. Шөптi жинауға жаңбыр ырық бермеген соң, бала-шағасымен амалсыз бүгiн үйде екен.

— Шабылған шөптiң өзiн жаңбырға шiрiтпей жинап алсақ та жетедi бiзге! — дедi Оралбек.

Екеуi Оралбектiң ауыз үйiне жайғасып, керек-жарақ тiске басарын ортаға алып, қас қарайғанша отырды. Бiраз әңгiменiң басы қайырылды. Әңгiменi айтушы — Оралбек, анда-санда «еһе» деп қойып, бас шұлғып тыңдаушы Қазтай. Оралбекпен бұрын бұлайша жақын сырласып көрмеп едi, бақса бұл мұғалiм көп дүниеден хабардар, көкiрегi сара, бiлiмдi жiгiт екен. Қамай iнiсiнiң әңгiмесiнен Қазтай тұңғыш рет Таулы Қарабақтағы қиын жағдайды бiлдi. Оның аузынан алғаш рет Тәжiкстандағы қырғын соғысты естiдi. Қазтай ғұмыры естiмеген басқа да көп-көп әңгiме бар екен, олардан да хабардар болды.

Оқығанның аты оқыған ғой, бiрге шөп шауып, жайлауда бiр қоста жатса да, жаңалық атаулыға мұғалiмнiң құлағы түрiк сияқты. Жалпы бұл Оралбек қамай болғанымен, тегi төмендегi Аршаты жақтан болатын. Өскеменнiң пединститутын бiтiрiп, жолдамамен баяғыда осы Мұқырға келген. Осы жерде жүрiп үйлендi, бала-шағалы болды. Осында жүрiп ауылдағы мектептiң тарихын зерттедi. Аудандық газеттегi ел-жұртты шулататын анау жолғы әйгiлi мақаланы жазған да осы Оралбек. Демек, талабы таудай, таланты тас жарардай жойдасыз жiгiт деген сөз. Мұндай жiгiттер, Қазтайдың бағалауында, Мұқырда мұғалiм емес, шалқайып ауданды басқаруы тиiс. Бұл Оралбек неғып орнында омалып отырып қалды екен? Ауданда бастық болып қамай туысы отырса, дос бар, дұшпан бар дегендей, бұл Қазтайға да мерей емес пе едi!

Қазтай бiршама қызды. Қызған сайын үнi өшiп, мойнын iшiне алып тұнжырай түстi. Бағанағы «еһе» мен бас шұлғу да жайына қалған. Оған қарағанда шағын болса да Оралбек көп көтередi екен, сөзiнен жаңылмай әлi есiп отыр.

— Менiң арманым мұғалiмдiк емес, журналист болу едi, — дедi балық көзi жасаурап, қиялға батып. — Газетке мақала жазып жүргенiм де сондықтан... Өзiң бiлесiң, алдымен мектептiң тарихын зерттедiм. Қағаздарды, құжаттарды ақтардым, қариялармен, көзкөрген куәгерлермен сөйлестiм. Әлгi өзiмiздiң қамай ағамыз Ералы Сағынаевты тауып алып жүргенiм соның арқасы. Егер менде о бастан журналистiк қабiлет болмаса — мен ол кiсiнi шаң басқан архивтiң арасынан ешқашан да таба алмас едiм.

Бұл кезде Қазтайдың көгерген түктi иегi мүлдем салбырап кеткен болатын. Мұғалiмнiң әңгiмесiн тыңдап отырғаны, әлде тыңдамай отырғаны белгiсiз едi. Оған көңiл бөлiп жатқан Оралбек болмады, рюмкелерге тағы бiр-бiр құйып шықты да, әңгiмесiн жалғастыра бердi.

— Менi бар ғой... менi... — дедi Қазтай не заматта гүжiлдеп мұғалiмнiң сөзiн бөлiп. — Менi... осы рюмке құртып отыр.

— Неге?—дедi мұғалiм таңданып.

— Мен... анау әлгi... қырлы стақанға үйренгем ғой... Тартып салып қарап отыратын...

— Бұның дұрыс емес. Рюмкамен iшкен кiсi кайф алады.

— Жарытпайды... Сыздықтатып мысыңды құртады екен.

— Мәдениеттi iшiп үйренсейшi! — дедi мұғалiм Қазтайдың онысын жақтырмай. — Менiң туыстарым мәдениеттi болуы тиiс... Сөйтiп анау қарғалдақтарды мәдениетке үйретуi тиiс. Сонда ғана бiз интеллек­тiмiзбен олардың сағын сындырып, жасыта аламыз.

Қазтай оған да көндi.

— Қарғалдақ демекшi, мен өз мақаламды жазған кезде олар туралы ойламаппын да, — дедi мұғалiм үзiлген әңгiмесiн сабақтап. — Оллаһи, ол жағы үш ұйықтасам түсiме кiрмептi. Тiптi Ералы Сағынаевтың қамай екенiн де бiлгем жоқ... Кiмнiң кiм екенiн кейiн анықтадық қой... Қазiр өзiм де соған таң қаламын. Бұндайға көзiмiздi ашқан Қанапияға рақмет!

Қазтай күстенген күректей алақанына рюмканы мөлдiретiп қондырды да, шалқая берiп, қылқ еткiзiп қотара салды.

— Мәссаған! — дедi мұғалiм мырс етiп. — Рюмкесiмен жұтып қоя жаздадың ғой, Қақа?

Қазтай үндеген жоқ, тыжырынып, қолын бiр иiскедi де, тұқырайып  отыра бердi. Мұғалiм де қалыспайын дегендей, рюмкесiн қолына алды, бiрақ iшкен жоқ. Тау­сылып бермес әңгiмесiн тағы да жалғай жөнелдi:

— Мына... жазушы дегендерiңiз, журналист деген­дерiңiз, Қақа, творчество адамдары саналады, — дедi. — Ал, творчество адамдарында интуиция қатты дамыған. Яғни бiр нәрсенi алдын-ала аңғарып отырады немесе әлгi дүниеге миы жетiп, түсiнбесе де, түйсiктiң түрт­пегiмен әйтеуiр жүрегi сезедi... Сондай құбылысты мен өз болмысымнан да байқап жүрмiн.

Қазтай үндеген жоқ, түктi иегi салбырап одан сайын­ тұқырая түстi.

— Дәлелдейiн бе?— дедi мұғалiм сұқ саусағын шошайтып. — Дәлелдесем мынау... Әлгi мақаланы жазғанда мен Ералы Сағынаевтың қамай екенiн бiлдiм бе? Әрине, бiлгем жоқ. Бiрақ интуитивно сезген секiлдiмiн. Ол мақала жарияланғаннан кейiн осыншалық резонанс туады екен деп ойладым ба? Әрине, ойлағам жоқ. Бiрақ интуитивно сезiнуiм мүмкiн. Яғни, менiң о баста арман еткен журналистiк, зерттеушiлiк қабiлетiм осы арада оянып, өре түрекелген... Мiне, солай! Осыншалық беделге ие болған ол мақала, достым, саған өтiрiк, маған шын, менiң тырнақ алды тұңғыш шығармам болатын. Ал егерде мен көлдей очерк жазсам не болмақ? Бұрқыратып етектей-етектей повестер мен романдар жазсам не болғаны!?

— Жазбай-ақ қой! — дедi бағанадан үнсiз отырған Қазтай ұйқысынан оянғандай. Қазтайдың үн шығарып, оқыс жауап қатқанына Оралбек елең еттi:

— Неге жазбаймын?— дедi жұлып алғандай.

— Бәле болады! — дедi Қазтай.

— Бәле болады дейсiң бе? Оның да жөн екен, — деп, мұғалiм бұл жауапқа да оп-оңай келiсе салды. — Дегенмен, мен бұл туралы әлде де ойланамын.

— Ойлан... Бiрақ мен кетейiн! — дедi де, Қазтай есiнеп, керiлiп-созылып орнынан тұрды.

Ағайын үшiн көптен сақтап жүрген шөлмектердiң екеуiн де сарыққан соң, мұғалiм де Қазтайды тоқтатпады, көшеге дейiн шығарып салды.


***

Жаңбыр суымен езiлген батпақты шалпылдата кешiп, Қазтай үйiне қарай тартқан. Масайған кездегi өзiнiң ежелгi әдетiне басып тұнжырап, тұңғиық ойға шомумен келеді. Мұндайда адамды қайбiр жетiскен ой, жөнi түзу нәрсе меңдеушi едi! Қазтай да көптен берi жүйкесiн жұқартып жүрген — Дархан мен Дидарды ойлап қиналып келе жатқан. Бұл екi ұлдың тағдыры — түйіні күрделi, шешімі қиын мәселеге айналды. Не iстеу керек, қалай істеу керек, оған ақылы жетпейдi. Ойлай-ойлай ақыры самайына ақ түстi. Бәрiбiр шырмауықтай шырмаған мазасыз ойдан құтыла алмай-ақ қойды бұл Қазтай.

Осы ауылдағы әдебиет пәнiнiң iлмиген сары мұғалiмi Ақдәулет екеуi бiр жылдың екi мезгiлiнде үйленген секiлдi едi. Ұмытпаса, сары мұғалiм өзiнiң Ақгүлiне көктемнiң соңы, жаздың басында қосылған. Ол кезде мектептiң пионер вожатыйы болып жүрген Ақгүл оқушыларын жинап, мамырдың он тоғызында алаулатып костер жаққан. Содан кейiн-ақ iле-шала Ақдәулетке тұрмысқа шығып, ұлан-асыр той жасады ғой... Қазтай шөп науқаны аяқталып, жайлаудан мал қайтып жатқан кезде, қыркүйектiң соңына қарай үйлендi. Соған қарамастан, екеуiнiң де әйелi Өрелдегi перзентханаға бiрге түсiп, бiр күнi босанды. Сонда деп таң қалады бұл Қазтай, iлмиген анау жiгiт ала жаздай ай қарап жүрген бе? Әйелiн мұның әйелiмен өйтiп жағаластырмағанда өзi де, Қазтай да мұндай тауқыметтi тартпас едi ғой? Барлық кесiр сол iлмиген сарыдан келдi. Оллаһи, бәрiне сол кiнәлi!

Балалардың перзентханада алмасып кеткенiн қазiр былайғы ағайынды қойғанда, соқыр кiсi растай алады. Сәби кезiнде баланың бөтендiгi оншалықты байқалмау­шы едi, оның үстiне Нұрлытай да шаңқылдап бет бақтырмайтын.

— Мынау сап-сары ғой өзi, орысқа ұқсап кетiптi? — деп Қазтай әлденеден қуыстанып, жырқ-жырқ күлетiн.

— Кетшi әрi, шықпағанды шығарып... Орыс десең жоламай-ақ қой баламның қасына! — дейтiн ондайда Нұрлытай ернiн сылп еткiзiп.

Балаға жоламайтын Қазтай ма, әжесi мен Нұрлытайдың көзiн ала бере айналып-толғанып, мекiренiп иiскеумен болатын.

«Бала орысқа ұқсайды» деген күңкiл бiрде Қатипа әжейдiң де құлағына шалыныпты. Сол-ақ екен, әжей Қазтайдың шаңын қағып, үйден түре қуып шықты.

— Өлгенде көрген жалғыз немерем... Қайтедi-ей, бұлар алтындай баламды жатырқап... Тiлiңе терiскен шықсын сенiң! — деп әжей бұлқан-талқан болды.

Қазтай сол түнi қора iшiндегi шөмеленiң iшiнде түнеген. Тiсi-тiсiне тимей қалшылдап қатты тоңды. Содан кейiн көңiлдегi күдiктен де, былайғы бөтен ойдан да айыққандай болған. Баласының түр-түсi төңiрегiнде қайтып жақ ашқан жоқ.

Кейiнгi әңгiменi қозғаған Нұрлытайдың өзi едi. Нұрлытай Дарханды қолынан жетелеп мектепке, бiрiншi класқа апарған-тын. Ақгүл де сол күнi өзiнiң Дидарын бiрiншi класқа әкелiптi. Оқу жылының ашылуы­на арналған салтанатты жиында Дархан мен Дидар қатар тұрып қалса керек. Екеуiне алма-кезек қарап тұрып, Нұрлытай шынымен бiр өрескел қателiктiң болғанын сезiп, iшiн тарта қалады. Көзiнiң қырымен Ақгүлдi байқаса, ол да балаларға жаутаңдап шүберектей бозарып кетiптi. Нұрлытайға қарағанда денесi де, жаны да нәзiктеу ғой, көзi мөлтiлдеп, ерiндерi дiрiлдей берiптi.

— Әсiресе бiздiң Дарханды айтам-ау, анау Ақдәулеттен аумай қапты... Аузынан түскендей! — деп оңашада Нұрлытай бырқырап жылап алды.

— Мен айттым ғой саған... екi қарадан қалайша сары бала туады деп... Сен сенбей қойдың! — дедi Қазтай жетi жыл бұрынғы өкпесiн еске түсiрiп.

— Қара басып менi құдай атқан екен! — дедi Нұрлытай күрсiнiп.

— Сенi емес, анау роддомдағы оңбаған сестраларды құдай атқан! — дедi Қазтайдың да көңiлi босап қолпылдап.

— Албасты басқырлар, сәбилердің қолдарына таққан биркаларды ауыстырып жiберген ғой, тегi?

Нұрлытай орамалының ұшымен көзiн сүрттi. Қайта-қайта өкiнiшпен басын шайқап, күрсiне бердi.

— Дидардың көзi саған келедi екен! — дедi. — Көзi сенiкi секiлдi қиғаштау, монғолойд.

— Дидар мен секiлдi қара, — дедi Қазтай. — Оның маған ұқсайтынын мен баяғыдан бiлемiн.

— Мұрыны маған ұқсайды екен! — дедi Нұрлытай сүйсiне күлiмсiреп. — Тәмпiш мұрын... Мен секiлдi...

Бұл уақиға Нұрлытайды ойсоқты етiп, кәдiмгiдей жүдетiп жiберген. Iркiлдеген мол денесi аздап қалыпқа түскендей болып едi. Бiрақ қайғырғанмен пайда жоғын iштей сездi ме, жаңа жыл алдында бәрiн серпiп тастап, бұрынғыдай жадыраған қалпына түстi.

— Неғып сенiң жүнiң жығылып жүр?—деп, аяқ астынан күйеуiне шүйлiктi. — Жеттi ендi! Жетiге келген баламды айырбастар шамам жоқ. Бiлдiң бе? Ендiгiсi осы Дарханның, соңынан ерген анау екi қыздың саулығын тiлейiк!

Қазтай не десiн:

— Тiлесек тiлейiк! — деп әдетiнше бас шұлғып келiсе салды.

Содан берi де төрт жыл өттi. Қаншалықты еске алмайын, ұмытайын десе де бұл жағдай Қазтайдың бүйiрiн бүлкiлдетiп маза бермедi. Папалап жүгiрiп жүрген Дархан да туған ұлы ғой, бiрақ нағыз өз қаныңның жөнi бөлек екен. Әсiресе кiндiгiнен кiш еткен ұрпағыңның бөтен үйдiң босағасында жүргенi ет жүректi езiлтiп, тас көңiлдi жiбiткендей. Миын мүжiп, басын кемiрiп жат­қан сезiм тауқыметiн Қазтай сөзбен де, ыммен де айтып жеткiзе алмас едi. Есiне түскен сайын маңдайы құрыстанып, тынысы тарылып, терең-терең күрсiнетiн. Кейде ұйықтап жатып та бiреу буындырып жатқандай-ақ ахылап-үһiлейтiн, қинала ыңыранатын, төсектi сықырлатып аунақшып кететiн. Талай рет Дидарды сырттай бақылап, сөйлеген сөзiн, күлген күлкiсiн, ойнаған ойынын тамашалап, мәз болып қайтып жүрдi. Ондайда Дидардың қимыл-қозғалысынан, тәттi күлкiсiнен өзi мәңгiлiкке жоғалтып алған әлдебiр асылын iздегендей болатын. Соңынан сол iздеген асылын таппағандай, сандалып сағым қуып жүргендей беймаза күй кешушi едi.

Дархан екiншi класқа барған жылдың қысында, Қазтай бiрде гараждан шығып, түскi асқа үйге қайтып келе жатқан. Дәулетқанның кiтапханасының тұсынан өте бергенде, бұрышта тұрған Ақдәулет пен Дарханды көрдi. Селк етiп, жүрегi тас төбесiне шықты. Ақдәулет сырт берiп тұр екен, мұны байқаған жоқ:

— Қалай, тоңып жүрген жоқпысың? — дедi Ақдәулет балаға емiренiп.

— Кәмпит жегiң келе ме?—дедi одан сайын иiлiп. Сосын баланың албыраған бетiне алақанын тосты, бөркiнен сипады. Өз ұлын бүйтiп айналдырып-толғандырып қоюға бұдан әрiге Қазтайдың жүрегi дауаламай:

— Дархан! — деп барқ еттi. Даусы ащы әрi үрейлi шықты. Балаға еңкейiп, иiлiп тұрған мұғалiм мұның даусынан шайқатылып кетiп, жығылып қала жаз­дады.

— Папа! — дедi Дархан әкесiн көрген бойда, сосын алақайлап құлындай ұшты.

— Ұлым менiң!

Қазтай баласын жаңа көргендей мекiрене сүйiп-сүйiп алды. Бала дегенiң осыншалық тәттi, осыншалық ыстық болар ма!

Дел-сал сiлейiп тұрып қалған мұғалiмге көз қырын да салған жоқ, ұлын мойнына мiнгiздi де, одыраңдай басып оның қасынан өте шықты.

Әйтсе де, Ақдәулет мұғалiмнiң екi бүктетiле иiлiп, Дарханды айналып-толғанғаны ұзақ уақыт көз алдынан кетпей жүрдi. Ақдәулеттi Қазтай iштей жақтырмайтын. Ала жаздай түк бiтiрмей, күзде үйленген мұнымен мұғалiмнiң қасақана жарысқандай болғанына, Нұрлытаймен бiрге Ақгүлдi қабаттастырып бiр мезгiлде перзентханаға салғанына реніші қатты едi. Бұл реніші о баста болымсыздау ғана көрiнген. Алайда, жыл өткен сайын онысы ұлға­йып, қазiргi кезде зiл қара тасқа айналған. Көкiректе шемен боп қатып қалды. Ойлап кетсе болды, көкiректе қатқан әлгi зiл қара тасты көтере алмай, мойыны салбырап, еңкеңдеп қалатын жағдайға жеттi. Ендеше өзiн осындай пұшайман күйге түсiрген Ақдәулеттi қалайша жақсы көрсiн! Жұттан шыққан көтерем қойдай арық, сүйегiне сүйенiп сөз кемiрген сары мұғалiмде қандай қуат, қандай сезiм болсын деп менсiнбеушi едi. Сөйтсе, онысы күпiрлiк болған секiлдi. Дарханды айналып-толғануына қарағанда, ода да әкелiк мейiр, аталық сезiм бар екен-ау! Балалардың о баста алмасып кеткенiн, өз қаны Дархан екенiн сары мұғалiмнің де бiлетiн болғаны ғой?

Қазтайды қинаған осы жағдай болатын... Мұғалiмнiң Дарханды айналып-толғанғаны жалғыз бұл емес болар, тегi? Мектептiң мұғалiмi, күн беделi балалармен бiрге. Мұғалiм ретiнде Дарханды оңашалау тұсқа шақырып алып, шашынан сипап, бетiнен сүйiп жiберсе де — кiм көрiп жатыр! Бала ес бiлiп қалды, бәлкiм, сары мұғалiм­нiң ондай-ондай ұрлығын ендiгәрi ұлдың өзiнен сұрап тұрған жөн шығар?

— Әй, Дархан! — деген бiрде Қазтай ұлына. — Сенi анау сары мұғалiм бетiңнен сүйiп жүрген жоқ па?

— Сары мұғалiм деген кiм?— дедi Дархан жаутаңдап.­

— Кiм едi аты?.. Әлгi.. Ақдәулет деген мұғалiм.

— Ой, папа, ол кiсi — жақсы кiсi. Маған ылғи кәмпит бередi...

— Атаңның аузын... Кәмпиттi сұрап тұрғам жоқ мен сенен. Бетiңнен сүйдi ме деймiн?

— Сүйдi...

Қазтайға бұдан артық ақпараттың қажетi жоқ едi. Қас қарайып, ымырт жабылғанына да қарамады, апыл-ғұпыл киiнiп сыртқа шықты.

— Қайда кеттiң? — дедi ауыз үйде бауырсақ пiсiрiп отырған Нұрлытай.

— Қазiр келем!

Салып ұрып алдымен мектепке барды. Ол жерде кемпiрiнiң орнына күзетшiлiкке келген Әмiр шалдан басқа ешкiм жоқ екен. Әужекең есiгiн айқара ашып тастап, завхоздың бөлмесiнде қаннен-қаперсiз ағаш жонып отырды. Тарпылдай басып дәлiзге андыздай кiрген Қазтайды елеген де жоқ. Бұл отырысына қарағанда мектептiң жарым мүлкiн көшiрiп әкетсең де Әужекең бүлк ететiн емес.

— Ассалаумағалейкүм! — деп Қазтай қарсы алдына жетiп барғанда ғана:

— Ә, сенбiсiң! — деп, басын көтерiп, амандасқан болды.­

— Ата, Ақдәулет мұғалiмдi көрдiңiз бе? 

Мұғалiмнiң үйге кетiп қалғанын Қазтайдың өзi де сездi. Бiрақ мектепке кiргесiн ақсақалмен амандаспай кету, амандасқан соң бiр ауыз тiлдеспей кетудi ыңғайсыз санады. Шал мұның сұрағын естiмептi:

— Жақсы азамат едi, — деп өз алдына сөйлеп кеттi. — От алып ораққа түскендей мықты жiгiт едi... Бiрақ атын шатастырып алыппын, балам... Мүсiлiмов Игiлiк пе едi, әлде Игiлiков Мүсiлiм бе? Есiме түспей-ақ қойды.­

— Ақдәулет мұғалiмдi көрмедiңiз бе?—дедi Қазтай сұрағын дауыстап қайталап.

Шал бұл жолы «көрмедiм» дегендей басын шайқады да:

— Ондай азаматтардың атын ұмыту — күнә! — дедi тағы өзiмен-өзi сөйлесiп. — Мен пақыр ана дүниеге күнә арқалап баратын болдым...

Қазтай келiскендей басын изедi де, адымдай басып есiктен шығып жөнелді. Келдiң-кеттiң деген Әужекең болмады, сол шұқшиған күйi ағашын жонып отырып қалды.­

«Әмiр шал алжиын деген екен» деп ойлады Қазтай былай шыға. 

Ендi не iстерiн бiлмей дағдарып бiраз тұрды да, бөркiн милықтата басып мүғалiмнiң үйiн нысанаға алып тартып бердi. Сары мұғалiмдi арнайы iздеп шыққан екен, ендеше алған бетiнен қайтпауы керек. Әйтпесе несiне еркек атанып жүр! Әрине, сары мүғалiмдi мектепте кездестiрiп, сол жерде азаматтарша жеке сөйлескен оңды болар едi. Көрдiң бе, ендi үйiне баруға мәжбүр... Қазтайдың не үшiн келгенiн Ақгүл айтқызбай-ақ түсiнетiн шығар. Қалай дегенмен де заты әйел ғой, сезетiн болар.­

Әлгiнде, үйден шыққан бетте ашуы да, екпiнi де өзгеше қатты едi. Ғұмыры бiреуге жұдырық жұмсап, тiрi тышқанның тұмсығын қанатып көрмесе де, Қазтай дәл осы жолы төбелеске тас-түйiн бекiнген болатын. Тышқанның болмаса да, сары мұғалiмнiң тұмсығын бiр қанатайын деп ойлаған. Өзге жұртты қайдам, кеудесiнен күн көрiнген сол iлмиген мұғалiмге шамасының жететiнiн бiлдi.

Амал қанша, аузынан көбiк шашқызып, арындат­қан ашуы ұзаққа бармады. Әмiр шалдан шыққан бойда су сепкендей басылған. Ендiгiсi, әйтеуiр сары мұға­лiммен тiлдесiп қайтайын, «қарағым, қыртыңдамай тыныш жүр» деп ескертiп қайтайын деген бейбiт ниет қана болатын.

Алдында қозы қамайтын үйшiктей ғана сеңкесi бар мұғалiмнiң жалғыз бөлмелi үйiне де жеттi. Есiгiн тартып едi, iштен iлiп алыпты. Тоқылдатып едi, ешкiм жауап қатпады. Қатты ұйықтап естiмей жатыр ма деп, терезеге барды. Жалғыз бөлмелi үйде жалғыз ғана терезе екен, сыртқы қақпағын жауып, iлмектеп қойыпты. Қақпақтың саңылауынан жылтырап үйдiң жарығы көрiнедi. Шамдарын өшiрмептi, соған қарағанда әлi ұйықтай қоймаған тәрiздi.

— Ақдәулет! — деп дауыстап, терезенiң қақпағын тоңқ-тоңқ еткiздi.

Құлақ түрiп едi, iштен ешкiм жауап бермедi.

— Ау, үйде кiм бар?—деп қырылдап, қақпақты тағы да тоқылдатты.

— Үйде бiз бармыз, — дедi iштен бiреу. Жiңiшке дауыс. Баланың даусы. Баланың даусы дейдi-ау, мынау айналайын Дидардың өзi ғой! Иә, соның даусы!

Қазтай мекiренiп, iштегi Дидарға жылы-жылы сөз айтқысы келдi. Бiрақ былайғы кезде екi сөздiң басын қоса алмай дағдаратын Қазекең, қазiргiдей қысылған шақта не айтарын бiлмей тiлi байланды.

— Акдәулет қайда?—дедi. «Папаң» деп айтуға аузы құрғыры бармады.

— Папам мен мамам қонаққа кеткен.

— Үйде кiм бар?

— Айнұр екеуiмiз бармыз. 

«Үнiңнен айналдым» деп елжiредi Қазтай. Iштегi Дидар сөйлей түссе екен деп тiлеп едi, сұрақ қоймасаң бала да сөйлемейтiн секiлдi. Сұрақты жөн-жосықсыз қашанғы қоя бермек, қапелiмде сұрақтың да жөнiн таба қоятын Қазтай ма. Осымен екi арадағы сұхбат түгесiлген. Сұхбат түгесiлсе де Қазтай айналшықтап, терезенiң түбiнен кеткiсi келмедi. Терезенiң қақпағына бiресе оң құлағын, бiресе сол құлағын тақап тың тыңдады. Алқынған өз жүрегiнiң лүпiлi ме, әлде iштегi Дидардың демiн сезгендей болды ма:

— Жәнiм сол, ыһ... ыһ... — деп дауыстай кiсiнеп жiбердi. 

— Бұл кiм?—дедi iштегi Дидар.

— Ыһ... ыһ... жәнiм сол! — дедi Қазтай тағы да.

— Бұл кiм?

Кiшкентай қыздың қорқып жылағаны естiлдi.

— Дәуiсiңнен сенiң! — дедi Қазтай.

Сол сәтте гүрс етiп мылтық атылды. Терезенiң шынысы шылдыр ете қалды. Құлағын қақпаққа тақап тұрған Қазтай сасқанынан тайып жығылды. Шүкiр­шiлiк, перiштесi қағып қорғасын бытыра денесiне дарымапты. Домалап қалған бөркiн тiзесiне бiр қағып, милықтата кидi де, алды-артына қарамай үйiне зытты. 

Мiне, содан берi де екi қыс, екi жаз өттi. Бәрiбiр өзгерген дәнеңе жоқ. Дархан да, Дидар да... екеуi де өз баласы секiлдi. Кейде олар Қазтайға егiз тәрiздi елестейдi. Сол егiздiң бiреуiн танымайтын бөтен адамға уақытша асырауға бергендей сезiнедi.


***

Оралбектiң үйiнен шыққан бойда толарсақтан батпақтап, сандалып көшеде ұзақ жүрдi. Жаңбырдың басылар түрi жоқ, адамның зықысын шығарып, сылбырап тұр. Жотаның басындағы ағаш ескерткiшке де барып қайтты. Соғыс құрбандарына арнап Әмiр шалдың орнатқан ескерткiшi ғой. Жаңбырлы түн астында солдат жазған да бiртүрлi тұнжырап кетiптi, үстi-басы сағал-сағал. Жалғыздықтан жаны жүдеп тұрғандай.

Жаңбыр астында, түн iшiнде көп жүргеннен бе, көкiрегiнде қайнаған запыранның зәрi қайтыңқырағандай болған.

Етiгi белуардан батпақ, үстi-басы малмаңдай су, үйге кiрсе — шөптен қайтқан Нұрлытай әлi ұйықтай қоймапты. Балалардың киiмiн жөрмеп, алдыңғы үйде отыр екен. Нұрлытайдың ұйықтамай өзiн күтiп отырғанына iшi жылып, Қазтай мәз болып, ыржиып күлдi. 

Күйеуiне қабақ астынан көз тастап өткен Нұр­лытай:­

— Тiсiң қайда?—дедi.

— Немене?

— Протез тiсiң қайда деймiн? 

— Тiс дейдi? — Қазтай бар денесiмен қолжуғыштың маңдайындағы сынық айнаға бұрылып, аузын ашып, тiсiн санады.

— Алтын тiстi айтам... алтын тiс?—дедi Нұрлытай да тақылдап.

Қазтай қалай санаса да тiсi түгел, бiрақ алтын тiсi жоқ боп шықты.

— Таңертең мен шөпке кеткенде бар болатын... Қайда жiбердiң?

Түн ортасында қайдағы бiр тiстi жоқтап, Нұрлытайдың бүйтiп тақылдағанын жақтырмады. Былш еткiзiп легенге бiр түкiрдi де, қолжуғышқа аузын шайды.

— Тiс қайда деймiн?.. Жоғалттың ба?

Қазтай не дерiн бiлмей, аузын ақситып, тағы да сынық айнаға қарады.

— Тамақпен қоса жұтып қойған шығарсың? 

Қазтай үндеген жоқ. Алтын тiстiң iзi-қайым қайда кеткенiне өзi де таңырқап, түктi иегiн сипалай бердi. Сол құрғырды бекер-ақ салдырған екем деп өкiндi. Соншалықты әкетiп бара жатқан дәнеңе де жоқ едi, отыз екi тiсi аман-сау түгел орнында болатын.

— Сен өйтiп несiне бұға бересiң? Кiмнен кемсiң? Сен де современный модный жiгiт бол! — деп, Нұрлытай мұны қолынан жетектеп ауданға апарып, күрек тiсiн алтынмен қаптатып берген. Алтынмен қаптатқаннан келе қойған өзгерiстi Қазтай байқай алмаған. Анда-санда көңiлi түсiп, ықыласымен ыржиғанда ғана алтын тiсi жарқырап көрiнiс беретiн. Бұл тiстiң сән үшiн салынғанын, сондықтан жиi-жиi ыржиып, алтын тiстi көрсетiп қою парыз екенiн iштей сезетiн. Әйтсе де ауызда жүрген ардақты тiс аяқ асты жоғалады деп кiм ойлапты! 

— Әлде аузыңды ашып, аңқиып тұрғанда бiреуге ұрлатып алдың ба?—дедi Нұрлытай.

Нұрлытай да қадалған жерден қан алмай тынбайтын әйел екен. Бұрын бұл мiнезiн нағып байқамаған?

— Жоқ! — деп Қазтай қорс еттi.

— Онда қайда жоғалттың? 

Қазтай «бiлмеймiн» дегендей, иығын көтердi.

— Қайда барып келдiң?

— Ағаш ескерткiшке.

— Қайда?

— Әмiр шалдың ескерткiшiне... Жота басындағы. 

— Мына жаңбырда ма?

— Иә...

Нұрлытай iсiн тастай берiп орнынан тұрды. «Жаныңның барында шыныңды айт» дегендей Қазтайға шаншыла қарады. Құрғырдың көзi қандай өткiр едi, өңменiңнен өтiп кеткендей екен.

— Иә!.. — дедi Қазтай су-су болған шашын сипалап, тентектiк жасап қойған баладай мойны салбырап, кiбiртiктей бердi. — Оның алдында Оралбек мұғалiм­дiкiнде қонақта болдым.

— Сөйтiп жөнiңдi айтпайсың ба!

Қазтай кiнәсiн мойындап, су-су болған шашын тағы да ұйпалады. Шашы май жаққаңдай жылтырап, жып-жылмағай бола қапты.

— Ол үйде не жеп едiңдер?

— Арақ iштiк.

— Iшкенiңдi сұрап тұрғам жоқ... Не жеп едiңдер?

— Қуырдақ... картоп қосылған.

— Үйден шыққанда тамақ iшiп шығып па ең?

— Жоқ... Терезенi жөндедiм. Бiткен кезде Оралбек келiп үйiне ертiп алып кеттi.

Нұрлытай екi аттап Қазтайдың қасына келдi. Бiр шатақты бастайды-ау деп қауiптенiп едi:

— Шешiн! — дедi жұмсақ қана.

Қазтай жүйкесi жiбiп, шешiне бастады. Нұрлытай күйеуiнiң шешiнуiне өзi көмектестi. Су-су болған плащын, батпаққа былғанған етiгiн сенекке шығарып тастады.

— Жат! — дедi Нұрлытай. Ақырын айтса да, Қазтайға бұл үн бұйрықтан бетер естiлдi.

Қорбаңдай басып, бүйiрдегi төсекке жете бере, ақ мамықтың үстiне бұрқ етіп құлап түсті.

***

Аузындағы алтын тiстен ай мен күннiң аманында айрылып қалғаны Қазтайға жақсылық болмады... 

Былайғы жұртшылықтың құлағына шалынбасын деңiз, әйтпесе Қазтайдың содан кейiнгi бастан кешкенi — азаматқа абырой әпере қоятын тiрлiк емес-тi. Екi күн бойы қуықтай үйге қамалып, Нұрлытайдың қатаң бақылауында отырды. Оған дейiн Нұрлытай жоғалған тiстi iздеп Оралбектiң үйiн сүзiп шыққан. Бiр жерде түкiрiп тастады ма деп, көшенi де шолулады. Тiптi соғыс құрбандарына арналған ағаш ескерткiшке дейiн барып қайтты. 

— Менiң ендiгi бар үмiтiм сенiң iшiңде! — дедi Нұрлытай түтiгiп. — Малжаңдап малтаңды езiп отырып, қуырдақпен қоса жұтып қойғансың-ау шамасы? 

—Немененi?

— «Немененi» дейдi ей, бетi бүлк етпей? Алтын тiстi айтаменді ұқтың ба!

— Жұтқам жоқ!

— Жұтпасаң жұтпағаның дәлелденедi... Сондықтан үш күн бойы, тiптi бес-алты күн бойы үйден тырп етпейсiң. Бiлдiң бе?

— Неге?

— Менiң қарауымда боласың.

— Мен онсыз да қарауыңдамын ғой... Совхоздың шөбiн қайтемiн, жiгiттер iздейдi ғой менi!?

— Совхоздың шөбi де, үйдiң шөбi де қарайлай тұрады... Сенсiз совхоз қараң қалмас... «Суық тидi» деп справка алып берем. Бiлдiң бе! Тырп етпейсiң... Осыдан тырп етшi, мойныңа қамыт кигiзiп, қоңыз тергiзiп жiберейiн бәлем сенi!

— Ұрыспашы өйтiп!

— Ұрыспаймын... Бiрақ айтқанымды iсте... Мiне, горшок саған. Сыртқа, есiктiң артына шығарып қоямын, соған кәк етесiң, ұқтың ба!

—Ұят қой... горшогi несi?

— Ұятшылын мұның... Пах, бетiнен моншағы үзiле қапты ғой! Мен сенi адам болсын, ел болсын деп тыраштанам. Қатарынан қалмасын деп алтын тiс салғызам... Ал сен болсаң кежегең кейiн кетiп, көткеншек­тейсiң де жүресiң өстiп. Мен сенi не жұрт қатарлы күйеу етем, не көше қаңғырған бейшара бiреу етем. Айтқаным айтқан, ұқтың ба!?

Нұрлытайдың буырқанған ашуына қарсы тұрар қауқар қайда, Қазтай мұрын астынан бiрдеңе деп мiңгiрледi де, жым болды. Сосынғысы тiлге келмей, әйе­лiнiң айтқанына көнiп, айдауына жүрiп бақты. Әйтеуiр досың түгiл жауыңа тiлемес қорлық екен бұл. Құдайға шүкiр, Нұрлытай қорқытқандай бұл қыстаушылық бес-алты күнге созылған жоқ, екi-ақ күнде нәтиже берген.

— Табылды! — дедi Нұрлытай екiншi күнi кешке жақын мәз бола қуанып. — Жұтып қойғаныңды сезiп едiм, жаңылмаппын... Мiнеки, көрдiң бе!

Нұрлытай алтын тiстi жылтыратып алақанына салып, Қазтайдың көзiне тақай бердi.

— Әкетшi әрi! — дедi Қазтай тыжырына қашқақтап. — Қалай ғана ұстап жүрсiң сасытып.

— Пах, мынаның кiрпияз бола қалғанын қара!.. Суға шайып, горшоктың iшiнен сүзiп алдым... Сосын ыстық суға салып қайнаттым... Дезинфекция жасалды деп есепте. Қайтедi-ей, жиiркенiп!? Ертең ауданға барып, аузыңа қайта салғызып берем, ұқтың ба?

Қазтай мұны естiгенде лоқсып, құсып жiбере жаздады. Нұрлытай желкеден тоңқ еткiзiп жұдырықпен қо­йып қалды.

— Шашылып жатқан артық дәулетiм жоқ... Бұл пәленше мың ақша... Сен өйтiп жиiркенбе? Қазiр табаққа салып, көзiңше тағы да қайнатамын.

Нұрлытай күйеуiн қолынан жетелеп ауыз үйге апарды да, тiстi табаққа салып қайнатты. Тiстiң тазалығына Қазтайдың көзiн әбден сендiрмек болып, ұзақ қайнатты.­

— Сен екеуiң екi күн бойы неменеге шүйiркелесiп жүрсiңдер? — дедi Қатипа әжей әлденеден сезiктенiп. Келiнi енесiне бiрдеңенi айтып қоя ма деп, Қазтайдың жаны шығып кете жаздады.

— Мына балаңа жаңбырдан суық тиiп... Соны емдеп жатырмын, — деп Нұрлытай көзi күлiм қағып, өтiрiктi соғып жiбердi.

— Қайнатып, шөптiң нiлiн iшкiз? — дедi әжесi бiлгiшсiнiп. — Анау өкiметтiң түйме дәрiсiнен гөрi шөп дұрыс.

— Сiз айтқандай, апа, мiнеки мен шөп қайнатып жатырмын.

— Е, бәсе, өзiм де солай ғой деп ойлап ем.

Алтын тiстiң тазалығына көзi жеткен соң, Қазтай қарсыласқан жоқ, әйелiнiң жетегiнде ертеңгiлiк автобуспен ауданға кете барған. Ол жақта бiр түнеп, алтын тiстi аузында қайта жарқыратып ауылға оралды. Қазтайды кiм бiлген, алтын тiстiң табылғанына Нұрлытайдың қуанышында шек болмады. Сандықтың түбiне тығып, сары майдай сақтап жүрген соңғы шөлмегiн шығарып:

— Ал еңдi, Қазтайжан, тiсiңдi жууыңа болады! — дедi масаттанып. — Дезенпексия ретiнде!

Ішкі әлемін оқыс шаттық кернеп кетсе де,  қапелiмде Нұрлытайға оңды жауап қайтара алмай, Қазтайдың тiлi күрмелді. Қысық көзi мүлдем жұмылып, әйелiне сығырая бір елжіреді дебыртық бармағымен шөлмектің қылша мойнынан бас салды.

***

Нұрғалидың қалаға кеткенiне бiр жарым ай, сол Нұрғалиды соңынан iздеп шыққан Рахманның жоғалғанына жарты ай шамасы өткенде Бибiш құмалақ салған. Құмалағы жақсылыққа жорымаған соң, салып ұрып Мұқырдың пош­тасына барды. Өскемендегi қызының мекен-жайын көрсетiп: «Әкең барды ма, барса үйге қайтпай неғып жатыр, тезiрек қайтар?», — деп жеделхат соқтырды. 

Келесi күнi поштабай қыз: «Келген жоқ. Ол қайда кетiп едi? Қашан кетiп едi? Бiз бiр ай демалыста, Қы­рым­да болып қайттық. Тездетiп жауабын берiңдер?» деген жеделхатты үйге әкелiп бердi. Жеделхатты оқыған бойда Бибiш поштабай қызды бас салып, зар илеп жылап қоя берген:

— Жүрегiм бiр жаманатты сезiп едi... Осылай боларын бiлiп едiм... Жаман шалды жүлiктер өлтiрiп кеткен екен ғой жолда. Әйтпесе бойында жаны бар кiсi осыншалық жоғалар ма! Ойда-қырда малы бар, шабылмаған шөбi бар, соның бәрiн бiле тұра жаман шал бүйтiп ұзақ жатпас едi ғой... Өлiп қалған екен ғой, өлтiрiп кеткен екен ғой арысымды! — деп ойбайға басты.

Поштабай қыз Бибiш апасына не деп басу айтарын бiлмей абдырады:

— Апа, сабыр етiңiз, сабыр... — дедi де, Бибiштiң бетiнен шөп-шөп сүйiп алды.

— Қашанғы сабыр етейiн! — дедi Бибiш оған да тоқтамай. — Бiр жарым ай болды, үндемей-ақ шыдап бақтым. «Нұрғали жоғалған екен» деп тыпыр еткен бiреуi жоқ... Осы ауылдың iргесiн қаласып, тер төгіп, бiр кiсiдей еңбек еткен азамат емес пе едi. Сапқоз тышқақ лағын да iздетiп, ала шапқын болып жатады. Бiздiң шалдың сол мал құрлы да құны болмағаны ғой? Соған жаным ауырады, қарағым! Мына заманның ауанынан қоқам!

— Сабыр етiңiзшi, апа, сабыр... Нұрғали атам ертең-ақ жетiп келедi. Көресiз әлi!

Бибiш басынан сусып түсiп кеткен орамалымен бетiн сүртiп, орамалды қайыра басына жапты.

— Айтқаның келсiн! — дедi күрсiнiп. Бойын тез жинап, поштабай қызға бұрылды. —Қарағым, сен телеграмм соқтырып, анау аудандағы ұлды шақыртып бер...

— Оралғазы ағайды ма?

— Ие, соны...

— Ол бiздiң ауданда емес, көршi Үлкен Нарында ғой.

— Мейлi, қайда жүрсе де шақырт тездетiп. Әдiрiсi мiне, көк дәптерде жазулы.

Поштабай қыз көк дәптердi ақтарып, Оралғазының мекен-тұрағын мұқияттап көшiрiп алды.

— Содан соң Аршатыдағы қызға да телеграмм соқ! — дедi Бибiш.

— Оларға не деп соғайын? 

Бибiш сәл ойланып тұрды да: 

— «Әкелерiңдi жүлiктер өлтiрiп кеттi, тез жетiңдер!» деп соғарсың? — дедi қатуланып.

Поштабай қыз келiспегендей, басын шайқады:

— Сiз, апа, жаманатқа бастай бермеңiз! Қалаға барып, ауырып қалса қайтесiз? Ауруханадан жазылып шығып, ертең үйге жетiп келсе қайтесiз? Сондықтан телеграмманың текстiн өзiм жазайын. Маған сенiңiз: балаларыңыз тез келетiндей сөздерді теріп жазам.

— Өзiң бiл, қарағым. Қысылтаяңда қол ұшын бер­генiңе рахмет... Тәңiр жарылқасын сенi!

— Өскеменге де жауап жолдау керек қой... Оларға не деймiз?

— Оларға не дерсің? Жаз шықса болды, ауылға келiп, әке-шешесiне шөпке қолғабыс етудiң орнына Қырым мен Қытайға қашысады. Үйлерi жабық, әкесi барып далада қаңғып қалған ғой, тегi. Сөйтiп, ұрысып жазып жiбершi өздерiне.

— Болмайды, апа... Өйткенше бiз «Әкең сендерге маусымның 20 күнi кеткен. Ауруханадан iздеңдер? Милицияға хабарлап, iздеу салыңдар! Хабарын тездетiп берiңдер?» деп телеграмма соғайық?

— Мейлi, қызым, сөйтсең сөйт! — деп Бибiш пош­табай қызға ризалық бiлдiрiп, қолына жеделхатқа жетерлiк ақшасын санап бердi де, аулаға дейін шығарып салды.

Сол күнi ымырт жабыла, шабындық басынан қайтқан Лексей мен Жанғалиды Бибiш үйге шақыртты:

— Ағаң жоғалды, ағаңнан айрылдық! — дедi Бибiш қайнысына шағынғандай болып. 

— Ақырын күтейiк? — дедi Жанғали сабырмен. — Өскеменнен келетiн жауапты тосайық. Не дейдi екен... сол жауапқа орай бiз де қаракет қылармыз.

— Саған қарағанда жастау, молодуха бір кемпiр iздеп кеткен шығар? — деп Лексей Бибiшке қарап кеңк-кеңк күлдi.

— Мейлi, кiмдi iздесе де өзi аман болсыншы! —дедi Бибiш. 

— Сен так не расстраивайся, зря шу көтерме? — дедi Лексей езуін  жиып. — Нұрғали екені рас болса — ол мықты, крепкий мужик! Жуликтерге  алдырмайды ол и никакая болезнь его не берет! Мен біледі, соғысқа барған воякалар бәрі сондай! Оларды соғыс закаляли... Вот увидишь, шалың шойнаң қағып ертең жетiп келедi. 

— Айтқаның келсiн! — деп Бибiш қабағын көтеріп, райланғандай кейіп танытты.

Ертеңiнде шойнаң қағып Нұрғалидың өзi жетiп келмегенiмен, Өскеменнен жақсылық хабар алынды. Бұл хабарға Бибiш Нұрғалидың өзi келгендей қуанды. «Әкейдi таптық. Ауруханаға түсiптi. Хал-жағдайы жақсы. Жуықта шығарады. Алаң болмаңдар, ауылға өзiмiз жеткiзiп саламыз» дептi қаладағы қыз бен күйеу.

Шабындықта жүрген шал-шауқандар да Өскеменнен хабар күтiп алаңдап, жұмыстан ертерек қайтқан едi. «Ауруханаға түсiптi» дегендi естiгенде таңданғандай бастарын шайқасты:

— Апырмай, ауылдың шалын кiм апарып бәлнiске салып жүр екен? — дедi Бектемiр.

— Тағы да протез аяғы белгi берген ғой, тегi! —деп Лексей де өзiнше жорамал жасады.

— Ағайдың жүрегiнiң дiмкәстiгi бар едi, жүрегi ауырып түскен болар, — дедi Жанғали.

— Жаман шал қаңғалақтап жүргенде мәшине қағып кетпесе жарар едi... Содан қорқам! — дедi Бибiш.

Айналасы бiр жетiнiң iшiнде Нұрғали, қасында қызы мен күйеу баласы бар, ақсаңдап үйiне келген. Әкесiн көруге андағы-мұндағы балалары Мұқырға ағылды. Туған-туыстардың осыған дейiн қосылмай жүрген бастары бiр қосылып, ақсарбас сойылып, құдайы садақа берiлді. 

Бибiш кемпiрдiң көрiпкелдiгi бар екен... Қалаға барған Нұрғалидың алдынан қызы мен күйеу баласы қарсы алмапты. Тегi, ауданнан соққан жеделхат жетпеген ғой деп, Нұрғали такси жалдап, әдiрiспен үйге келсе, үй жабық екен. Көршiлерi қызы мен күйеуi балаларын ертiп курортқа кеткенiн айтады. Сол көршiнiң үйiнде бiр түнеп, Нұрекең қош айтысып ертеңiнде қайтар жолға шығады. Таксимен өзi бiлетiн автовокзалға дейiн барады. Содан автовокзалдың көп сатылы тас табалдырығымен көтерiлiп бара жатқанда автобусқа асыққан әлдебiр жасөспiрiмдер байқаусызда қағып кетiп, қалпақтай ұшырады. Тас басқыштан төмен қарай допша домалап, протезi сынып, өзi есiнен танып қалады.­

Нұрекең ауруханаға осылай түсiптi.

— Бәлнiсте жатырмын деп хабар бермедiң бе? Әкесiнiң үйiнде жатқандай шалжиып хабар-ошарсыз жатып алғаны несi екен бұл шалдың?—деп Бибiш көңілінде іркілген ренiшiн бiлдiрдi.

— Қызымның әдiрiсi жазылған әлгi жалғыз жапырақ қағазды жоғалтып алыппын... Менiң қызымды танымасаңдар, онда Мұқырға хат жазыңдаршы десем, «iздедiк, бiрақ ондай ауыл бiздiң облыста жоқ екен» деп сестра қыздар бет бақтырмай қойды.

— «Мұқыр» емес, ресми қағаздарда «Раздольное» деп жазылады емес пе? Соны да ұмытып қалдың ба? — дедi Мырзахмет.

— И на картеи на почтовой книге индексации «Раздольное» деп жазылған! — дедi Лексей де Мырзахметтiң сөзiн растап.

— Онда бiз несiне «Мұқыр» деп мәз болып жүрмiз?— деп бұл жаңалықты жаңа естiген Бектемiр молда да аң-таң болды.

— Кiтап оқымайсыңдар, газет-журнал қарамайсыңдар. Сондықтан саясаттан бейхабарсыңдар! Ауылдың атына дейiн шатастырып, бәрiң де көштен қалғансыңдар! — деп Мырзахмет құрдастарын қатты айыптады.

Бiр жарым ай бойы жоғалып кеткен Нұрғалидың табылу қуанышына жиналған жұрт кеу-кеу әңгiме қозғап, көңiл жазып, түннiң бiр уағына дейiн отырысты.

Жан-жақтан бiр-ақ күнде жиналып қалған Нұрғалидың балалары бiр-ақ күнде жан-жаққа тарап кетiстi. 

Қаладағы аурухана берген су жаңа протезiн киiп, иығына шалғысын iлген бойда Нұрғали да ертеңiнде ақсаң қағып өзiнiң шабындығына тартты.

***

Ой мен қырдағы шөп шабылып, егiн орағы аяқталғаннан кейiн ауыл басшылары өзара кеңес құрған:

— Алдымен сабантой жасаймыз ба, әлде мектепке ат беру жиынын өткiземiз бе? — деп шаруашылық басшысы Түсiпбеков мәселенi төтесiнен қойды.

Арасында мектеп директоры бар, жиналған шаруашылық мамандары бұл сұраққа тиянақты жауап таба алмай қина­лысты.

— Сабантойды өткiзе берейiк? —дедi күбiр-күбiр кеңестен соң алғашқы болып пiкiр бiлдiрген бас инженер. — Механизаторлар түн ұйқысын төрт бөлiп, шүкiршiлiк, орақ науқанын абыроймен аяқтады. Биыл­ғы орақ оларға оңайға соққан жоқ, бәрi қажыды, шаршады. Сондықтан бiруақ механизаторлардың көңiлдерiн аулаған жөн деп бiлем.

— Малшылар да жайлаудан жылжып күзеуге түсiп жатыр. Сабантойды өткiзген дұрыс шығар? — деп бас зоотехник бас инженердiң пiкiрiне қолдау көрсеттi.

— Тағы қандай ұсыныс бар?

— Сабантой, сабантой дейдi... Совхозымыз белшесiнен батып убыткада отыр... Несiне өзеурей­сiңдер? Қаржыны қайдан табам сендердiң ондай тойларыңа? — деп, осы арада бас инженер мен бас зоотехникке бас бухгалтер қарсы шықты.

— Әкiмшiлiк тарапынан аздаған қаржы табармыз, — дедi Түсiпбеков бас бухгалтердi сабырға шақырып. — Одан арғысын, ел-жұрт қой, өздерi-ақ бiрдеңе етiп көтерiп әкетедi.

Жиналғандар бастықтың сөзiн гуiлдесiп, қолпаштай жөнелдi.

— Түсекең тауып айтты!

— Бастап берсек болды ғой, қалғанын өздерi-ақ қатырады.

— Рас айтасың, бұл ауылдың Мұқыр екенi рас болса, арғы жағын өздерi-ақ үйіріп алып кетедi.

— Әне, тағы да Мұқыр деп шатастырды... «Раздольное совхозы» десеңiзшi?

— Мейлi, солай-ақ болсын...

— Сыраны бөшкелеп түсiру керек шығар...

— Сыраны білмеймін, қымызды мол етейік.

— Киiм-кешек, қант пен шай дегендей...

— Қанттың керегi жоқ... Сол тиесiлi талоннан айыр­майық.

— Дұрыс айтады. Әйтпесе жұрт жаппай самогон айдап, ұятқа қалып жүрермiз.

— Сонымен, сабантой өткiзетiн болдық қой?—дедi бастық.

Жиналған мамандар нақты жауап бере алмай тағы да бiрiне-бiрi жаутаңдасып, тосыла берiстi.

 — Неге үндемейсiздер?

— Менiңше, сабантойдан бұрын мектепке ат беру жиналысын өткiзген жөн секiлдi? — дедi мектеп директоры.

— Неге олай дейсiз... дәлелiңiз бар ма?

— Пәлендей дәлелiм жоқ. Бiрақ... сабантой дегенiң аламан жиын ғой. Ондай үлкен жиында ауылдастардың бiр-бiрiмен алакөз боп жүргенi жақсылыққа апармас. Оқыста жанжал шығып кетуі мүмкiн...

— Қамай мен қарғалдақ болып дейсiз ғой?

— Дәп солай, Түсеке... Екi рудың бетке шыққан азаматтары тiстерiн қайрасып, бiлектерiн сыбанысып мектептiң жиналысын күтiсiп жүр...

— Жиналысты күтiп жүр дейсiз бе?

— Ие, күтiп жүр!

— Өйтiп күтiп жүрсе, ол жиналыстың да соңы төбелеске айналып кетпей ме?

— Онсыз да азамат соғысы бұрқ етейiн деп тұр бұл ауылда...

— Азамат соғысы дейдi?

— Ие, азамат соғысы... Бiз де Таулы Қарабақтың алдында тұрмыз.

— Таяу Шығыс де... Бiз соларға келiңкiреймiз.

—  Не дейдi, бәтiреке?

— Ондай қауiп төнiп тұрса, сол мектепке ат бермей-ақ қойсақ қайтедi? 

— Бермей жатсақ — баяғыдағы ағылшындар мен француздардың жүз жылдық сойқанына ұласып кетуi кәдiк.

— Апырмай, мынау бiр қиын жағдай болды ғой!

— Қиындықтың көкесi алда...

Көпшiлiктiң гу-гу сөзiн мектеп директоры тоқтатты:­

— Сiздер өйтiп бұра тартпаңыздар, жолдастар! — дедi бастық кәдiмгiдей-ақ қызарақтап. — Мектеп болған соң оның аты болғаны дұрыс. Аты бар мектеп сiздерге де, бiздерге де зор абырой!

— Абырой дейсiз бе? — деп бастық мектеп директорына қарады.

— Ие, үлкен абырой...

— Ендеше, былай болсын... — дедi Түсiпбеков. — Алдымен мектептiң мәселесiн шешiп алайық. Сабантой бiзден қашпас... Ол үшiн ертең кешке ауыл клубына халықты жинап, күн тәртiбiне мектепке ат беру мәселесiн қоялық... Қарсылық жоқ қой? Келiсемiз бе осыған?

— Келiспей қайда барамыз...

— Келiсемiз!

Ертеңiнде, осы келiсiм бойынша мұқырлықтар ауыл клубына жиналды. Кәмелетке толған, дауыс беруге жараған азаматтардың бәрi иiн тiресiп клубтың iшiне кiрдi. Бала-шаға, мектеп дауын сырттай қызықтаған басқа атаның өкiлдерiне iштен орын тимей, олар кезек-кезек терезеден сығаласып, ашық тұрған есiкке құлақтарын тосты. Мұндай шулы жиын Мұқыр ауылында бұрын-соңды болмаған. Болмағаны былай тұрсын, ауданнан әлдебiр әкiм келiп жиналыс аша қалса, бастықтар ауылдастарын желкелеп жүрiп клубқа әзер жинасатын. Сосын жиналыс дегенге мұқырлықтар әдетте қалғып-шұлғып, бiрер сағат болса да көз шырымын алып қайту үшiн барушы едi. Бұл жолы қалғыған да, шұлғыған да ешкiм болмады. Тiптi ауыл клубын ғұмыры көрмеген кейбiр кемпiр-шалға дейiн кимешектерiн жел­пiлдетiп жетiптi. Келген бетте қарғалдақтар оң қатарға, қамайлар сол қатарға жайғасты. Жиналыс басталғанша екi жақ жарылып кетердей болса да iштен тынып, бiрiн-бiрi көзбен атысып, әйтеуiр жақ ашып тiл қатысқан жоқ. Жиналыс басталған беттен оның бәрi адыра қалды: зал iшi аю тиген араның ұясына ұқсап кеттi.

Жиналысты аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы, мұрты таңқита қырылған, мұрын астында түймедей ғана қарасы бар Ковалев деген көзiлдiрiктi кiсi басқарды. Ол жұртшылықты күн тәртiбiмен егжей-тегжейлi таныстырды да, алғашқы сөздi ауылдық кiтапхананың меңгерушiсi Дәулетханға бердi.

Сол-ақ екен, сол қатарда отырған қамайлар жағы қорасына қапыста ит-құс түсiп кеткендей шулап қоя берiстi.

— Неге бiрiншi болып қарғалдақ сөйлеуi тиiс? — дедi олар қолдарын ербеңдетіп, айқайға басып.

— Кiм бастап сөйлесе де бәрiбiр емес пе? — деп, Ковалев абдырады.

— Неге бәрiбiр? Бұл принсiптi мәселе... Сонда қалай бiрiншi боп сөйлейтiндей қарғалдақтың несi артық бiзден?! — дедi қамайлар жағы есе бермей шаптығып.

— Артық болсақ — артық та шығармыз! — деп қарғалдақтар жағы да сызданып, жиналыс төрағасы берген сирек мүмкiндiктi тыртысып жiбергiсi келмедi.

— Ендеше Дәулетхан да, Оралбек те сахнаға шықсын, екеуi екi жерде тұрып, бiр мезетте сөйлесiн! — дедi есiк көзiнде тұрған Сейтебек деген жалпақ бет, тапал жiгiт.

— Екеуiн қатар тыңдау қиын ғой?

— Сөзжарыс боп кетедi.

— Олай болса бiреуiне берiңдер!

— Ие, сонда кiмге беремiз?

— Дәулетхан сөйлесiн!

— Жо-жоқ, Оралбекке сөз берiңдер!

Жиналыс төрағасы не iстерiн бiлмей сасқалақтап, көзiлдiрiгiн бiр шешiп, бiр кидi. Төрағаның қиналғанын байқап, мiнбеге Түсiпбеков мырзаның өзi көтерiлдi. Мiнбеден бастықтың сұсты тұлғасын көргенде зал iшi жым болды.

— Жолдастар, мен қарғалдақ та, қамай да емеспiн, ол жағы өздерiңiзге жақсы мәлiм, — дедi бастық салмақпен. — Маған қарғалдағың да, қамайың да бәрiбiр, екеуiне де қаймана қазақ деп қарайтын кiсiнiң бiрiмiн...

— Неге бәрiбiр? Анау қамай Әшкөн құдаңды қайда қоясың? — дедi топ ортадан бiреу.

— Ешқайда да қоймаймын, —дедi бастық. — Оның қамай екенi, маған құда екенi рас, бiрақ ол кiсiнiң мына сiздердiң дау-дамайларыңызға ешқандай қатысы жоқ. Ол Аршатыда тұрады, оны өздерiңiз жақсы бiлесiздер.

— Құдаң болғасын бүйрегiң бәрiбiр қамай жаққа бұрады ғой!

— Ал бұрды делiк... Сонда кiмге бiрiншi боп сөз берерiмiздi шеше алмай, өстiп түнi бойы тәжiкелесiп отырамыз ба?

— Неге шеше алмаймыз?.. Бiрiншi болып қамай сөйлесiн. 

— Оттапсың! Бiрiншi болып қарғалдаққа сөз берiлiп қойылды! — деп оң қатардағы бiреу орнынан атып тұрды.

Ендiгiсi, мiнбеде тұрған бастыққа дейiн сасайын дедi:

— Жолдастар! — деп ол қолын көтерiп, бастықтығына басып ақырып жiбердi. — Мынау жиналыс емес, Тәшкеннің Алай базары боп кеттi ғой! Бұларыңыз не?.. Албаты шулағанды доғарыңыздар! Раздольное совхозының дирекциясы алғашқы сөздi Дәулетханға бередi. Бiрiншi болып сөйлеуге оның моральдық құқы бар... Өйткенi оның мақаласы газет бетiнде Оралбектен бұрын тұр...

— Басекең жөн айтады... Газеттің басында бiрiншi болып Дәулетханның мақаласы тұрған болатын.

— Газеттің басында сол ма еді?

— Иә, бiрiншi соныкiн басыпты ғой оңбағандар!

— Солай ма едi?

— Қап! Құртқан екен ғой бiздi!

Бастықтың тауып айтқан бұл дәлелiне қарсы дау айта алмай, қамайлар жағының ауыздарына құм құйылғандай болды. Сөйтiп, бiрiншi сөздi кiтапханашы Дәулетхан алған. Ол осы Мұқыр ауылын ауыл еткен, соның негiзiнде Раздольное атты тамаша шаруашылықты ұйымдастырған, өзi кейiннен Ұлы Отан соғысында ерлiкпен қаза тапқан Қаратай Қарамендин туралы толғана әңгiме айтты. Әңгiмесiнiң соңын мектепке сол абзал азаматтың атын берген ең ұрымтал, ең әдiлеттi шешiм болады деген ұранмен аяқтады. Дәулетханның сөзiне оң қатарда отырғандар «уралап» қол шапалақтады, сол жақтағылар ысқырып-қиқулап, залды бастарына көтерiстi.

Сөз кезегi Оралбек мұғалiмге берiлдi. Ол айтар сөзiн бипаздап әрiден бастады. Өзiнiң таза шығармашылықтың адамы екенiн, көп дүниенi интуициямен алдын ала сезiп-бiлiп жүретiнiн, бала күнiнен журналистiк шаруа­ға бейiмi бар дарын иесi екенiн қозғап өттi. Сосын, қаламгерлiк шығармашылық жолдағы тырнақ алды туындысына осыншалық көңiл бөлiп, талқыға салғандары үшiн төсiн басып, ауылдастарының алдында үш мәрте иiлiп, перзенттiк алғысын бiлдiрдi.

— Ау, жiгiтiм, мектепке сенiң атыңды бергелi отырған жоқпыз ғой, сағыздай созбай айтар сөзiңдi айтсаңшы! — дестi оң қатарда отырған қарғалдақтар жағының төзiмi таусылып. 

— Азаматтың аузын қақпаңдар, сөйлесiн! — дестi сол жақтағы қамайлар тобы өз өкiлiне ара түсiп.

Ақыры Оралбек негiзгi әңгiмесiне де ойысқан. Катонқарағай ауданындағы тұңғыш зерттеушiнiң бiрi ретiнде ұзақ түндер бойы кiрпiк iлмей архив ақтарғанын, сондай азапты да ауыр жұмыстың нәтижесiнде әйгiлi мұғалiм Ералы Сағынаевтың өнегелi өмiрбаянын жарыққа шығарғанын айтты. Ол кiсiнiң осы ауылдағы мектептiң iргесiн қаласқанын, ұзақ жыл ұстаздық еткенiн, жүздеген шәкiрт тәрбиелегенiн, ол шәкiрт­тердiң халық шаруашылығының алуан саласында ерен еңбек етiп жатқанын шабыттана әңгіме қылды. Мектепке сол кiсiнiң атын беру лайық, нағыз әдiлеттi шешiм осы болады деген ұсыныспен ол да сөзiн ұрандата тамамдады.

Бұл жолы қамайлар жағы ду қол шапалақтап жiбердi. Қарғалдақтар жағы олардың қуанышын айғаймен, ысқырықпен көмiп естiртпей тастады. Екi жақ та кiжiнiп, бiлектерiн сыбана бастап едi, жиналыс төрағасы тұтана бастаған жанжалды үстелдi тоқылдатып басып ­тастады.

— Дауысқа саламыз! — дедi төраға.

Дауысты санау үшiн оң қатардан бiр уәкiл, сол қатардан бiр уәкiл сайланды. Мектеп директоры есеп комиссиясының төрағасы болып бекiтiлдi. 

Қол көтерiлiп, дауыс берiлдi.

Қызық болғанда, дауыс қортындысында екi жақ та тең түстi.

— Бұлай болуы мүмкiн емес! — дедi қалыс ағайынның бiрi. — Қалайша екi жақ тең болады?

— Қамай жағы жеңуi тиiс едi... Бiз көппiз ғой! — дестi сол жақта отырғандар мығымсып.

— Қарғалдақтан садаға кет... Көппiз деп кердеңдегенi несi! Бiз де қоғам болып сайланып келгемiз, тегiнде! — деп қоқиланды оң қатарда отырғандар.

— Бұл жерде сенiмсiздiк көрсететiн дәнеңе де жоқ, — дедi жиналыс төрағасы ақталып. — Өздерiң сайлаған адамдар санады... Не iсте дейсiңдер еңдi маған?

— Қалыс ағайындарды неге есепке алдыңдар? — деген батыл емес, күбiр-күбiр дауыстар шықты.

— Олар да осы ауылдың тұрғындары, —деп түсiнiк бердi төраға. — Мектеп оларға да ортақ. Мектептiң тағдырына олар да енжар емес. Сондықтан олар да екi жаққа бөлiнiп дауыс бердi. Оларды да санадық.

— Ендi не iстеймiз?

— Ит бiлiп пе...

— Мынау шатақ шаруа болды ғой өзi!

Төралқадағылардың да, залда отырған көпшiлiктiң де айла-шарғысы таусылып, бастары қатты.

— Қайталап дауысқа салып көрсек қайтедi? — дедi мектеп директоры төрағаға жаутаңдап.

— Болмайды! — деп Ковалев бұл ұсынысқа үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. — Оңдай жағдайда бiр жағы жеңген күннiң өзiнде жеңiлген жақ жанжал шығарады. Әдейi iстедiңдер деп президиумға сенiмсiздiк бiлдiредi.

Залда отырған екi топтың да екпiндерi басылып, өзара қызу талқыға кiрiстi. Бұл тығырықтан шығар жол iздеп, әрбiр топ өздерiнше мәжiлiс құрысты.

— Қарғалдақ пен қамайдан басқа бұл ауылда ел құрып қап па? Олардыкi өтпеген екен, ендеше бiз де өз кандидатурамызды ұсынайық! — дедi есiкте тұрған бағанағы жалпақ бет тапал Сейтебек.

Жұрт түгел жапырыла бұрылып, есiк жаққа қарап аңтарылып қалды.

— Ұсынған кандидатуралардың екеуi де өтпеген екен, еңдеше үшiншi кандидатураны бiз ұсынамыз!

Айтуын айтса да, жалпақ бет Сейтебек жасқаншақтап шегiне бердi. Көпшiлiктiң назары жеп қоярдай оқыс өзiне төнгенi зәре-құтын алған сыңайлы.

— Ол кiм... сенiң кандидатураң? 

— Әзiрге бiлмеймiн... Ойласақ, табамыз ғой бiреудi...

— Бiлмесең — былжырамай жайыңа тұр!

«Бұл быртыштың сөзi кiм, өзi кiм» дегендей көпшiлiк қолдарын нәумез сiлтеп, өз жөндерiне көштi. Жұрт шуласып, тағы да қызу талқыға кiрiстi. Әйтсе де, «үшiншi кандидатура» деген идея басқаларға ой салмағанымен, жиналыс төрағасының көкейiне қона кеткен: 

— Жолдастар, бұл жiгiттiң ұсынысы — орынды ұсыныс! — деп Ковалев орнынан ұшып тұрды. — Сiздер ұсынған екi каңдидатура өтпеген екен, заң бойынша үшiншiсiн ұсынуға да қақыларыңыз бар!

— Кiмдi? — деп күңiрендi зал iшi.

— Ол жағын өздерiңiз шешiңiздер. Әйтеуiр лайық деп тапқан ұлы адамдардың бiреуiн ұсыныңыздар.

— Кiмдi? — деп зал iшi тағы да наразы гуiлдесiп кеттi.

— Кiмдi екенiн мен қайдан бiлейiн? — деп Ковалев екi қолын жайды. — Өздерiңiз ойласаңыздаршы... Мысалы, аудандағы үлкен мектеп Калинин атында... Михаил Иванович Калининнiң атында. Сiздер де сондай бiр мықтының атын қойсаңыздаршы!

— Ау, ағайындар, бiз ауданнан кембiз бе? — деп, осы кезде топ ортадан Лексей айғайлай орнынан тұрды. — Ауданның мектебi Калининнiң атын неге жалғыз иеленуi тиiс?

— Рас айтады...

— Жақсы мен жайсаңның бәрiн аудан иемденетiн болды ғой бұл заманда...

— Олай болса бiз де мектепке Калининнiң атын беремiз! — деп Лексей екi бүктелiп, орнына қайта жайғасты.

— Кәлiнi кiм едi? — деп сұрады бiр кемпiр.

— Бектемiрге ұқсайтын теке сақал бiр шал болған...

— Жақсы кiсi болса — келiскен жөн, шырақтарым!

— Жақсы кiсi... Одан өткен жақсы кiсiнi табу қиын!

— Ендеше Лексейдiң ұсынысын қолдайық.

— Бiздiң оқушылар ауданның оқушыларынан кем бе екен! Қолдасақ қолдаймыз!

— Калинин аты берiлсiн!

— Калинин болсын!

— Калинин! — деп зал iшi қат-қабат жарысып, Лексейдiң ұсынысын бiрiнен соң бiрi көтере жөнелiстi.

Клубтың iшi өзгеше рухтанып кеттi.

— Айтқандарыңыз болсын! — деп шулаған көп­шiлiктiң мысы басып, Ковалев батылсыздау үн қатты. — Мектепке Калининнiң атын беруге өз басым қарсы емеспiн.

— Рахмет, шырағым!

— Алдыңнан жарылқасын!

— Бiздi сен қолдасаң, сенi құдай қолдап жүрсiн!

— Әумин!

Жиналған көпшiлiк аяқ астынан табылған тамаша ұсыныстарына Ковалев бастаған бастықтардың қарсы болмағанына шын жүректен ризашылық бiлдiрiп, ду қол шапалақтап жiбердi. Тiптi есiк жақтағы жастар уралап, бiр-бiр ысқырып қалысты.

Сөйтiп, бұл ұсыныс дереу дауысқа салынған. Қарсы қол көтерген, немесе қалыс қалған тiрi пенде болмады. Ұсыныс бiрауыздан мақұлданып, ауыл мектебiне аса iрi мемлекет қайраткерi Михаил Иванович Кали­ниннiң есiмi берiлетiн болды.

Жиналыс төрағасы Ковалев ауыл тұрғындарының ұсынысын тиянақтап, хаттаманы реттеп, жоғарғы жаққа бекiтуге тездетiп жiберетiнiн хабарлады да, жиналысты жабық деп жариялады.

Осылайша мұқырлықтар көптен көкейде жүрген қиын мәселенi ойдағыдай реттеп тастаған. Арқаларынан ауыр жүк түскендей сезiнiп көңiлдерi жайланып, асықпай, түн ортасына қарай үйдi-үйлерiне тарқасты.

Ала жаздай ағайынды алакөз еткен мектеп мәселесi осылайша тамаша әрі дұрыс шешiмiн тапқан. Артынша Мұқыр өзенiнiң жағасындағы жазық машақта дүркіреп сабантой өттi. Дүркіреп өткен сабантойдан соң мұқырлықтар қанағаттанғандық сезiммен қыстың қамына кiрiскен.

Сөйтiп жүргенде, Мұқырда кезектен тыс тағы бiр жиналыстың өтетiнi белгiлi болды. Ол жиынды аудан басшылары қар түспей тұрып, қарашаның басында жасамақшы екен. Ұзын құлаққа қарағанда, осы жиында Мұқырдың бүгiнгi хал-жағдайы, тұрмыс-тіршілігі, келешек тағдыры сөз болатын сияқты...

***

Әдетінше, қараша орталай түсетін қар биыл қазанның соңына қарай  қызыл асықтан басып қалған. 

Ерте жауған қарды пайдаланып мұқырлықтар жаз бойы тау-қияда, сай-салада ақ тер, қара тер боп шапқан шөмеле-шөмеле шөптерін бiртiндеп қораларына таси бастады. Қолы жеткендер трактор жалдап, қолы жетпегендер шана жегiп, шошайған шөмелесiн шетiнен кертiп, шет пұшпақтап атпен тасып жатты. Тамыр-таныстықпен сонау көктемде малшыларға мал қосқан ағайындар жайлаудан семiрiп қайт­қан малдарын айдап қайту үшiн күзеудi бетке алысты. Әрине, құр қол емес, жаз беделi мал баққан ақысы деп бiрер шөлмек, көйлектiк бөз, қант пен шай қолтықтай кетiстi. Қар жауған күнi ауылдағы жекенiң малын да бақташылар үйдi-үйге таратып берiскен. 

Жаз кезiнде арнайы бақташы жалдап, ауылдағы жекенiң малын бiр жерге жинап, қоғам жасап бағып келген едi. Ендiгiсi ондай кең заманның ауаны тарайды. Ендiгiсi әркiм малының соңында таяқ ұстап салпақтап өзi жүретiн уақ. Малды қазiрден қолда ұстап, қорадағы азын-аулақ шөпке қамап қою әлi ертерек. Өйтiп желтоқсан келмей шүленситiн болсаң — шапқан шөбiң көктемдi былай қойғанда, ақырапқа да iлiнбей, жұтап қаласың. Сондықтан әзiргiдей күн жылы, қар жұқада жекелер малын егiнi орылған боласаны масақтап, уақытты ұтуға тырысады.

Табиғат пен тұрмыстың ыңғайы мұқырлықтарды осындай амалға үйреткен болатын.

Қыс пен жаздың жалғасар тұсындағы осы бiр өлiара шақта әсiресе қолдағы бiрлi-жарым сиыр малына ие болу қиын екен. Көзден таса болса бiттi, қарасан келгiр немелер көздерi алайып безiп бередi. Басқа дүние жетпегендей, салып ұрып сохоздың шөбiне барады. Содан күргейлеп үйiп қойған маяның етегiн шыр айналдыра шұрқ-тесiк оймыштап, бастарын белуардан тығып, малжаң-малжаң күйсеп тұрғандары. Жегендерiмен қоймай, шөптi мүйiздерiмен iреп шашып, соңынан үстiне шығып жапалап кететіндерiн қайтерсiң!

Орынбай күзетшi боп жүргенде мұқырлықтар өздерi сауып отырған сиыр түлiгiнiң қандай хайуан екенiн бағамдамай келiптi.

Биыл күзде Орекең аман-есен жұмысынан алынып, оның орнына семiз Қанапия «охран» болған. Сиыр түлiгiнiң сумақай оңбаған екенін,  ысқаяқ жүрiсi барын мұқырлықтар сонда ұқты... Кiмнiң кiм екенiн бастықтар да тани ма, қазiр Қанапия өзiне жүктелген зор сенiмдi еселеп ақтап жатқан жайы бар. Охран болғанға құдайдың құлағын ұстағандай iсiнiп, демiне нан пiсiп жүр. Ол охран болғалы мұқырлықтардың басынан қиқу, көңiлiнен күдiк кетпей-ақ қойды. Төңкерiлген қарны ердiң қасынан асып, күн ұзақ қиқайып аттан түспейдi. Сауысқандай шықылықтап, таңсәрiден үйге келiп тұрғаны қамшысын шошаңдатып. Совхоздың шөбiне малың оқыс түсiп кеттi екен, онда қып-қызыл бәлеге қалғаның... Алдымен малыңды тырқыратып қораға апарып қамайды. Сосын көзiңдi бақырайтып қойып саған актi жасайды. Бала-шағаңның аузынан жырып, ақшалай айып төлетедi. Осымен тынса бiр жөн ғой, онсыз да шықпа жаным шықпа деп отырған отбасыңды шайлық сүттен қақтап, қамаған малыңның майын сылып ашықтырып, бiрер күннен соң ғана қайтарады.

— Вот Қанапия зараза, а? Соғымға деп бордақылап жүрген бычогімді қамап, екi күн бойы ашықтырды! — дедi Лексей бiрде көршiсiне шағынып.

— Сенi қойшы... орыс реуiштiсiң ғой сен, Лексей, — дедi оған Нұрғали. — Тайынша болмаса, сен соғымға шошқа сойсаң да күнiңдi көресiң. Ұят болғанда, биыл­ғы жыл соғымнан мен қағыла жаздадым емес пе!

— Иә, не боп еді?

— Әлгi менiң күрең тайымды бiлесiң ғой?

— Иә, сосын?

— Сол күрең тайды Ботап сайындағы Мәнтештiң ескi моншасына қамап кетiптi. Табанымнан таусылып төрт күн iздеп, азар таптым емес пе!

— Вот зараза. адам емес бұл Қанапия.

— Садаға кетсiн адамнан... Тасшоқының басы екеу деп жүрген шатасқан шалдан қандай иман сұрайсың!

Қанапияның қырсығы қабырғаларына батыңқырап кеткен соң, қазiр боласадағы әр сиырдың соңында шошайып бiр-бiр кiсiден жүр. Кiсi болғанда, бала-шаға оқуда, былайғы азаматтар совхоздың шаруасынан босамайды. Бұл жүргендер ауылдың баяғы кәрi-құртаңдары, кембағалдары болатын.

Қылтадан қар жауып, шана жолы түскен соң жаңадан келген орманшы жiгiт Қаракүнгей жақтан делән бөлген. Орманшыдан отындық ағашқа заңды түрде билет жаздырып алғандар сол күнi шаналарын жегiп, Қаракүнгей жаққа қайқайысқан. Елден бұрын барып, бұтағы аз, безi жоқ, отындыққа ыңғайлы ағаштарды белгiлеп, алдын-ала қармап қалмақ. 

Осылайша Мұқыр ауылы күйбең тiрлiгiмен қыс қаракетiне кiрiсiп жатқан мезетте көктен түскендей салаң етiп ауылға Рахман жетiп келдi. Төрт ай бойы Рахаңның iз-тұзсыз жоғалып, ауылға аман-есен оралып тұрғаны осы болатын. Келгенде — жалғыз емес, қасына бүркiт мұрын, жабағы шаш ұзынтұра бiр жiгiттi, сосын өкшесiне қаранған өзiнiң Марфуға сұлуын ерте келiптi.

— Қуды қу табады, шұқанақты су табады демекшi, Рахманның жабағы шаш мынауысы өзiнен аумайды екен, — дестi оларды көрген бетте мұқырлықтар.

— Бұл кiсi атағы жер жарған экстрасенс! — деп таныстырды Рахман ертіп келген серігін. —Бұл кiсiнiң қасында Кашпировский мен Чумагiң қоңыз терiп кетедi.

Ауыл болған соң ол жерде ауру-сырқаусыз тағы болмайды ғой. Оның үстiне фельдшер қыз сонау сәуiрде Аршатыға тұрмысқа шығып, ала жаздай медпункт мелшиiп жабық тұрған болатын. «Экстрасенс» дегендi естiген кезде мұқырлықтар құлақтарын түре қалысты. Сөйттi де алыстан келген ғажайып кiсiнi көру үшiн келесi күнi Бибiштiң үйiне қарай ағылды.

— Сендердi ағайыным деп, көкелерiм ғой деп мен бұл кiсiнi Мұқырға әдейi алып келдiм, — дедi Рахман да жиналған көпшiлiктi көрiп көңiлi босап. — Бiрақ сендер менiң осы жақсылығымды да бiлмейсiңдер ғой... Күнi ертең ұмытып кетесiңдер. 

— Ұмытпаймыз! — дестi экстрасенстi көрмекке келген көпшiлiк. 

— Ұмытпасаңдар, төрт ай бойы жоғалғанда, «Рахман қайда?» деп, тым болмаса бiреуiң iздесеңдер еттi? 

— Шырағым-ау, сайда саны, құмда iзi жоқ сенi қай қаладан, қай даладан iздеп таппақпыз?

— Жарайды... Маған деген жақсылықтарың сол болсын. Бастықтарға сөз салып, анау медпункттi мына кiсiге аштырып берiңдер? Сол жылы жерде, жайлы орында отырып клиент қабылдасын.

Көптен дәрiгерсiз, дәрiсiз қалған көпшiлiк қоя ма, Рахманның айтқанын екi етпей, иесiз тұрған мед­пункттi сол күнi-ақ аштырып бердi. Рахман жабағы шаш ұзынтұраны төргi бөлмеге жайғастырды да, сенекке үстел қойғызып, ол жерге Марфуғаны отырғызды. Марфуғаның қасына «касса» деген жазуы бар тақтайша iлiп қойды.

— Марфуға осы жерде отырып клиенттерден ақша жинайтын болады. Мен бұлардың бастығы ретiнде кезек сақтатып, жұртты тәртiпке шақырып отырам, — деп Рахман әркiмнiң мiндетiн түсiндiрiп өттi.

Бұған қала көрмеген бiреулер таңданыс бiлдiрiп ­жатты:

— «Ақша» дейдi... Тегi, бұл кiсi ақшамен емдейдi екен ғой?

— Сен немене... елдiң бәрi бершiл Мағрипа деп пе ең, тегiн емдейтiн.

— Көрмегенге көсеу таң деген осы да...

— Денсаулық үшiн ақша деген не тәйiрi. Ертең өлсең боқ дүние босқа қалады.

— Қаншадан екен?

— 50 сомнан дедi ғой...

Экстрасенске кiру үшiн ақша жинағанға кемпiр-шалдар жағы сұрақты көбейте берген соң, Рахман ол мәсе­ленi де жерiне жеткiзе түсiндiрiп бердi:

— Бiз әрбiр клиенттен қалада 10 сомнан алатынбыз. Одан бергi Самарда 20 сомнан, Зеранда 30 сомнан, Үлкен Нарында 40-тан алып келдiк. Ал бұл Катонқарағай ең шалғайдағы аудан, сондықтан бұл жақта әр клиенттен 50 сомнан алуға шештiк. 

— Тым көп емес пе, Рахман шырағым? 

— Түк те көп емес... Бұл Мұқыр ауданнан да алыс — жүз шақырым түкпiрде... Глубинкада. Қайта бiз сендерден сәпсем аз алып отырмыз. Жерлесiм деп, көкелерiм ғой деп мен сендерге үлкен жеңiлдiк жасап отырмын. Мұқыр Катонқарағай емес қой, қайдағы бiр құдай атқан түкпiр бұл жер. Сондықтан бұл жерден 60 сом­нан алсақ та артықтық етпейдi. Сөйткен дұрыс шығар, иә... 60 сом­нан болсын!

— Көбейтiп жiбердiң ғой!

— Жо-жоқ. Давай.. көп сөздi доғарып, тағы 10 сом­нан қосыңдар!

— Тоқал ешкi мүйiз сұраймын деп, құлағынан айрылыпты деген осы!

Арада өткен төрт ай — бiлген кiсiге бiраз уақыт екен. Бұл төрт айдың iшiнде Рахманның қой ұрлағанын да жұрт тарс ұмытқан болатын. Семiртiп отырған жалғыз қойы қолды болған Бәдижамал жесiрге дейiн ондай кезептікті баяғыда кешiрген:

— Бұршақ қанша секiргенмен табаны қиратпайды... Рахман тентек болып тезден шықпас. Азаматтың абыройынан тышқақ тоқтым садаға! — дептi ол кiсi ана бiр жолы.

Соған қарағанда, Рахманның ауылдан алды-артына қарамай безiп кетуi де бекер болған сияқты. Рахман кеткеннен кейiн үш күннен соң жабылып қалған Төртiншi ауылдан ауып келген Сәрсен деген жiгiт моторист боп оның орнын басқан. Соңынан Қазтайдың үйiнiң қасындағы дiңгек те қайта орнап, Заречный көшесiне шам жағылды. Қазiр де кешкi жетiден түнгi он бiрге дейiн ауыл iшi самаладай жарқырап тұрады. Кейде екi сериялық әлдебiр қызық кино бола қалса — Сәрсен моторды он екiге дейiн өшiрмей жағып қояды. Жақсылық хабар қашанда жерде жатпайды ғой, ауылды кеулеген қайсыбiр әңгiмелерге қарағанда Бұқтырма ГЭС-iнiң жарығы жуықтағы екi-үш жылда осы Мұқырға да келiп қалатын сияқты:

— Ондай жағдайда әр отбасы бiр-бiр мұздатқыш сатып алатын болады! — дейдi кiтапханашы Дәулетхан Мұқырдың болашағын болжап.

— Оны не iстеймiз? — дейдi бiлмейтiндер иықтарын көтерiп. 

— Ет сақтаймыз, сүт сақтаймыз...

— Сосын...

— Сосын ГЭС-тiң қуаты келсе телевизорды қосып қойып, күндiз-түнi кино көремiз.

— Жұмақтай жақсылықтар алдымызда екен ғой!

— Пiшту! Оған дейiн балапан басына, тұрымтай тұсына қаңғып кетпесек жарар едi...

Дәулетхан демекшi, оның көптен жазып жүрген «Мұқыр ауылының энциклопедиясы» турасында бұл ауылды әрқилы әңгiме кезiп жүр. Ол әңгiменiң қайсысы шын, қайсысы өтiрiк -  анығын ешкiм бiлмейдi. Бiреулер «энциклопедияны» Дәулетхан өткен айда жазып бiтiрiп, поштамен Алматыға салып жiберген екен деседi. Ендi бiреулер: «Тiптi де олай емес, Дәулетхан мұзға жазып, күнге кептiрген уәдешiл суайт. Шежiреге ол ендi ғана кiрiсiп жатыр» деп дәлел келтірген болады. Үшiншi бiреулер: «Кiтапханашының энциклопедия жазып жүрмiн дегенi шылғи өтiрiк, оның бәрi болайын деп бола алмаған, толайын деп тола алмаған баланың әшейiнгi қысыр қиялы, көкейдегi арманы ғана» деп есiл еңбектi түп-тұқиянымен жоққа шығарғысы келедi. Күзден берi «охран» болып, үрген қарындай күпиiп жүрген Қанапия да әнеу күнi даңғырлап, осы үшiншi пiкiрдi қуаттап кеткен:

— Жер жүзiнде Мұқыр сияқты көтерем ауылдар аз ба!.. Оның бәрiне өйтiп шежiре жазыла берсе — жер бетiн шөп емес, кiтап қаптап кетер едi, — дедi ол өзінің ежелгі әуенiне басып.

— Адам деген су iшкен құдығына түкiрмес болар! — деп Нұрғали асқан отаншылдық танытып, ауылына араша түсiп едi, Қанапия:

— Сен қазанға салмағанды қасықпен iздетiп елдi әуре қылма... Былайғы жұрт сенiң ауылыңның өмiрде бар-жоғын да бiлмейдi! — деп кесiп тастады.

— Бiлмесе қойсын. Бiрақ Мұқыр қасиеттi мекен! — деп Нұрғали да қасарысып, өз пiкiрiнен қайтпады.

— Есекке үкi таққандай Мұқырды несiне мақтай бересiңдер осы! — дедi Қанапия барынша салмақтап. — Мұқыр түгiлi қазiр ел-жұрттың алдында аудан қарабет боп отыр.

— Не боп қапты тағы?

— Әнеу күнi Қалиахмет Сатанов деген Берелдiң управляющийi астанадан келген бiр топ қадiрлi қонақтарды жер соқтырып алдап кетiптi.

— Апырмай, ұят-ақ болған екен!

— «Ертең келiңдер, бұғының мүйiзiн кескендi көрсетем» дептi де, өзi ертеңiнде тығылып қалыпты. Сөйтiп, әлгi астаналық қонақтар ыстық аптаптың астында Қалиахметтi жарты күн тосыпты. Алданып қалғандарын бiлгесiн, «ендiгәрi көрмегенiмiз Катонқарағай болсын» деп бiр түкiрiп, қатты ренжiп Алматыға тайып тұрысыпты. Содан берi Алматы жаққа да бiздiң аудан туралы нашар пiкiр жайылып кетіпті деседi.

— Апырмай ә, Қалиахмет сүйекке таңба салып, бәрiмiздiң масқарамызды шығарған екен-ау! — деп бұл әңгiменi естiген көпшiлiк қатты намыстанды.

— Қалиахметте шатағым жоқ, — дедi Нұрғали күбiр­леп. — Бiрақ бiздiң Мұқырдың жөнi басқа.

Құрдасының бiрбеткейлiгi тағы да Қанапияның шамына тиiп кеттi:

— Сен Нұрғали, алдымен анау Тасшоқының басы нешеу екенiн анықтап алсаңшы, менiмен сосын сөз таластырасың! — дедi шолақ қамшысын шошаңдатып.

— Бiлемiн... бiреу болған, — дедi Нұрғали да тiресiп.

— Бiреу емес, екеу болған деймiн!

— Бiреу болған...

— Екеу деймiн. Екеу!

Мейлi, Қанапия кiммен дауласпаған, сыры көпке мәлiм күбi кеуде, көк езу Қанапия ғой. Сондықтан кiтапханашы Дәулетхан туралы көре алмастықпен де жаман айтуы мүмкiн. Олар қалай ойласа да өздерi бiлер, бiрақ Нұрғали кiтапханашыда әлгi айтқан шежiренiң барына сенiмдi болатын.

Сенген адамы — Рахман жүгiрмек Нұрғалиды жер соқтырып, сазға отырғызып кетiптi. Табанының бұдыры жоқ сол жiгiтке о бастан-ақ «қалай болар екен» деп күмәнданып едi, ол күмәні бекер емес екен... Басқадай оңтайлы адам табылмаған соң, амалсыздың күнiнен әлгiндей күрделi iстi күдiктене тұрып табыстағаны рас. Сөйтсе, Дәулетхан жазып жүр дейтiн Мұқырдың энциклопедиясының орнына «Қазақ совет энциклопедия­сының» он екi томын жытырыпты ғой сабазың. «Көке, кешiрiңiз, басқадай энциклопедия таба алмадым» деп тiлдей хат жазып, қала жаққа қашарда соңына тастап кетiптi. Апырмай, қолмен жазылған дүние мен тасқа басылған кiтапты айыра алмағаны несi бұл неменің? Тiсi шыққан балаға шайнап берген ас болушы ма едi... Сөйлескен кезде, ақысын берген кезде ымның ыңғайын түсiнген сияқты едi ғой? Неғып бас­қа кiтапты әкелiп жүр? Ықылассыз, құлықсыз жасалған жұмыстың ақыры өстiп тынады мiнеки. Бiреудiң жоғын бiреу түйе үстiнен iздейдi деген осы да!

Қалай болған күнде де бұл мәселе Нұрекеңнiң көңiлiн байыз таптырмай, түн ұйқысын төрт бөлiп, мазасын кетiрiп-ақ жүр...

Қазтай мен Ақдәулеттiң арасындағы құпия сырдан, шүкiршiлiк, әлi күнге әлеумет бейхабар. Бiр класта қатар оқып жүрген ойын балалары емес пе, Дархан мен Дидар төс түйiстiрген дос болып алысыпты. Осы жағдайды бiраздан берi байқап жүрген Нұрлытай түнеу күнi:

— Ақгүлдердiң үйiн қонаққа шақырып, былай нетiп... араласып тұрсақ қайтедi?—деп Қазтайға қиылып наз айтқан.

Жалпы бұл ұсынысқа Қазтай әу бастан қарсы емес едi. Бiрақ ол кезде қарғалдақ пен қамайдың дауы шарықтау шегiне жетiп, әнi-мiне жарылайын деп тұрған аса қауiптi шағы болатын. Ондай қиын-қыстау кезеңде көзсiз ерлiкке баруға Қазтайдың батылы жетпедi. Күллi қамай әулетi ондай шақырысты сатқындыққа балап, бетiне күйе жағып табалай ма деп қауiптендi. Соңынан «осы Нұрлытай қарғалдақтығына басып, алыс та болса аталасына бүйрегi бұрып тұрмаса неғылсын!» деген де ой сап еткен басына. Соны ойлауы мұң екен:

— Керегi жоқ! — деп барқ ете қалды.

— Неге керегi жоқ?—дедi Нұрлытай күйеуiн еркелете шашынан сипап. — Балалар екi үйге де ортақ, олай болса екi үй араласып, ағайындасып тату-тәттi өмiр сүрсек қандай жақсы болар едi. Бәрiмiздiң көңiлiмiз жай табар едi.

— Керегi жоқ! — деп Қазтай тағы да барқ еттi. Сол-ақ екен, Нұрлытай да орнынан жылан шаққандай атып тұрып:

— Садағам! — дедi айқайға басып, Қазтайды көк желкеден қойып қалардай тепең-тепең еттi. — Садағам, бiлдiң бе! Бiрiң өлiп, бiрiң қал... Қайтедi ей, адам сөзiн айтса, төбет ит құсап арпылдап...

Солай дедi де, есiктi тарс жауып сыртқа шығып кеттi. Бекер-ақ «арпылдаған» екенмiн деп, жерге кiрердей жүдеп Қазтай қалды.

Қазiр елдi шулатқан мектеп мәселесi ойдағыдай шешiмiн тауып, қамай мен қарғалдақ арасындағы ата жаулықтың жалындаған оты бәсеңсiген уақыт қой. Әгәрки, екi атаның арасындағы осынау бейбiтшiлiктiң ақыры баянды болса, Қазтайдың да Ақдәулеттi қонаққа шақырып қалуы ғажап емес. Сосын ерулiге қарулы дегендей, Қазтайды Ақдәулет қонаққа шақыра жатар. Сөйтiп, төс түйiстiрген дос болар, отбасымен араласып, құйрық-бауыр жескен ағайын-жекжат боп кетер... Әзiрге мұның бәрi Қазтайдың көкейiндегi құрғақ қиял ғана. Ал шындығында екi үйдiң туыстық қарым-қатынасын, екi баланың тағдыр-талайын тек қана ауылдағы рухани келiсiм, бейбiт келешек шешетiн сияқты.

Бiрақ соңғы кезде «Ақдәулет бұзылыңқырап жүр» деген ел iшiнде қауесет бар. Әйелi Ақгүлмен жиi-жиi ұрысысып, аздап iшiмдiкке салынып барады деседi. Ғұмыры iшiмдiктi аузына алмайтын мұғалiмнiң бұлайша өзгерiске түсуi мұқырлықтарға абырой әкелер құбылыс емес.

— Кетемiн мен бұл жерден! — дейдi екен Ақдәулет iшкен сайын. —Мұқырда бiр күн де тұрмаймын. Дүние кең, бiр жерде менiң де несiбем бар шығар... Көз көрмес алысқа кетем. Әйтпесе өмiрiм өксумен босқа өтiп барады. Iшқұса боп өлетiн болдым мынау меңiреу түкпiрден.

— Босқа өткенi несi? Сен шәкiрт тәрбиелеп, елiмiздiң келешек азаматтарын дайындап жатқан жоқсың ба? Сен олайша босқа қапа болма! — деп келiншегi басу айтса:

— Бәрi былжырақ, бәрi бос сөз, демагогия! — деп оған да көнбейдi екен. — Мұғалiмнiң дәуiрi әлдеқашан өткен. Бүгiнде мұғалiм жазғанды, басқаны былай қойғанда, оқушының өзi де тыңдамайды. Жәйi келсе сыртыңнан мазақ етiп, мұрындарын тыржитып, еріндерiн шығарады.

— Қой, Ақасы, соншалықты таусылғаның не?

— Алатын айлығың iшкен-жеген шайлығыңнан артылмайды. Оның өзiн уақтылы ала алмай, көзің мөлиіп, сандалып жүргенiң. Бiреулер құсап жарқырап киiм киiп, жадырап көңiл де көтере алмайсың. Отын, шөп дегендей, күнкөрiс үшiн ауылдың бастығынан бастап, басқасына дейiн мұғалім байғұс тәуелдi. Жалшыдай жалтақтап жүргенiң көрiнгенге бас ұрып...

— Үмiтсiз шайтан деген, Ақасы...

— Бәрi бекер. Көкiрек толы арман едi, бәрi де адыра қалды. Түкпiрге тығылып тұншығып қалдым, табансыздық танытып, дегенiме жете алмай қор болдым. Бәрiне осы сайтан атқыр Мұқыр кiнәлi! — дейдi екен Ақдәулет қатты қызған кезде.

Ақдәулет ауылдың ғана емес, ауданның да бетке ұстар үлгiлi мұғалiмi санатында. Үлгiлi мұғалiмнiң аппақ көңiлiне ала көлеңкенiң түскенi ауылдастары үшiн қиындау мәселе болып тұр. Тай тулағанмен үйiрiнен шықпас дейдi ғой. Ақдәулет те бала-шағасын, қара шаңырағын, қала бердi туған ауылын тастап қайда барады дейсiң. Бәлкiм, iшiмдiк жағын азайтса, ақыл кiрiп, бұрынғыдай iзеттi әрi момын кейпiне түсетiн шығар деген үмiт бар.

***

Суық тиiп, бiраздан берi сырқаттанып үйiнде жат­қан Әмiр шал да қарашаның қары жауған күнi қауқиып шықарға шыққан. Содан баяғы жылдары өзi орнатқан ағаш ескерткiштi жаңалап, бетiн сырлап қайту үшiн қыр басына жиналды... 

Кеше кешкiсiн Әужекеңе Өскемеңде тұратын кiшi қызы Қанипа бала-шағасымен меймандап келген болатын. Өздерi от ала жүргендей тым асығыс екен. Әке-шешемiзге амандасып қайтайық деп, небәрi үш-ақ күнге жұмыстан сұранып шығыпты.

Шалының бүкшеңдеп, бiр жаққа жиналып жатқанын байқап қалған Рәзия ренiш бiлдiрдi:

— Әй, кантож, қызың қаладан күнде келiп жатқан жоқ қой... қопаңдамай үйде отырсаңшы былай! — дедi дауыстап.

Әужекең кемпiрiнiң байбаламын естiмедi ме, құлақ асқан жоқ. Шалы құлақ аспағанға Рәзия одан сайын шамырқанып айқайға басты:

— Бұйыққан мысықтай үйде жатып-жатып, боранды күнi желіккенің не сенiң? Андағы көкжөтел түбiме жетсiн деп жүрсiң бе!

Әужекең Рәзияның айқайының мәнiсiн ұққан ­кезде: 

— Рәзия, сен ұрыспа маған! — деп тамағы кеберси үн шығарды. — Құдайдан бiр тiлеуiм бар, келiннiң қолына телмiртпей, сенiң алдыңда алса екен деймiн... Ол жаққа мен көптен берi дайын жүрген кiсiмiн.

— «Бiсмiллә» деп сөйле былай!

— Бүгiн майдаңдас достарым түсiме кiрiп, менi шақырып жүр екен деймiн... Ескерткiштi жаңғыртып, бояу­мен сырлап қайтайын.

Шалының сөзiнен тiксiнiп қалған Рәзия қайтып тіл қатқан жоқ.

Бояуы мен бояуышын сүйретiп қыр басына шыққанымен, Әужекең ағаш ескерткiштi орнынан таба алмай адасып қалды. Сұрақ белгiсiндей бүкшиiп, қыр биiгiнде далы шығып тұрған шалды көрiп, етекте ойнап жүрген бiр топ бала жамырай жүгiрiп қасына келдi. Жамырай жеткен балалар бастырмалатып бiрiнен соң бiрi жарыса сөйлеп жатыр:

— Ата, ескерткiштi ана жолы бiргәдiр трактормен қопарып тастаған...

— Солдаттың мойнына арқан iлдi де, трактормен бiрақ құлатты...

— Сосын анау сайға қарай домалатып жiбердi... 

Әужекең балалардың жарыса сөйлеген сөзiнiң бiрiн ұқса, бiрiн ұққан жоқ. Бiрақ болған жағдайдың мән-жайын жақсы түсiндi. Өкiнгендей басын шайқап күрсiндi, сосын ойға батып сақалын саумалады.

Атасына жаны ашыды білем, балалар тағы да жамыраса сөйлеп кетті:

— «Автоматы жоқ, қолы жоқ бұл мазақ кiмге керек» деп жұлып тастады.

— Бибiш апам «тиiспеңдер» деп едi, бiргәдiр тыңдамай қойды...

Әужекең балалардың кекiлiнен еркелете бiр-бiр ­сипады да, iлби басып арғы жақтағы сайға түстi. Тамырымен қопарылған ағаш ескерткiш домалап сай табанында теңкиiп жатыр екен. Солдаттың бетiне бiреу қара май жағып әлемiштеп, кеудесiне «жаман жазулар» жазып тастапты.

Әужекең бояуы мен бояуышын сүйретiп, қыр басынан көңiлi құлазып қайтты.


***

Қаладан Қанипаның келгенiн естiп, сол күнi кешке Әужекеңнiң үйiне саптамасын сүйретiп Қайсар жеткен.

— Қарағым Қанипа, қолың тисе қала жақтан маған құлақтың апаратын салып жiбершi! — деп шай үстiнде Қанипаға келген бұйымтайын айтты.

— Ондай дүние табылса, салып жiберейiн! — дедi Қанипа.

Қайсар ыңғайсыздана қозғалақтап:

— Ақшасын берiп жiберейiн бе?—деп күмiлжiдi.

— Керегi жоқ... кейiн бере жатарсыз, —дедi Қанипа. 

Қайсар естiмедiм дегендей, құлағын тосты.

— Ақшасының керегi жоқ деймiн, — дедi Қанипа дауыстап.

— Тiлеуiңдi берсiн, Қанипажан! — дедi Қайсар өзгеше жадырап.

Құрдасының келiп қуанышына ортақтасқанына Әужекең де риза болатын.

— Биылғы жыл аурушаң боп алдым, — дедi Әужекең дастарқан жиналған соң Қайсарға бұрылып. — Байқаймын, осы қыстан шықпайтын сияқтымын. Көк­темдегi жеңiс тойын менсiз тойлайтын болдыңдар ендi.

Әужекеңнiң не айтып отырғанын Қайсар ести алмады. Естiмесе де насыбайын атып бас шұлғып отыра бердi.

— Қалай болғанда да көкiректе бiр арман кетiп барады, — дедi Әужекең сөзiн жалғап. — Майданда шейiт болған азаматтың атын ұмытып, қара басып анау дүниеге күнә арқалап аттанатын болдым мен...

Қайсар тағы да құптағаңдай басын шұлғыды.

Әужекең бүгежектеп сандықтың түбiн ақтарып, ол жерден қызыл бөзге оралған бiр бума қағазды алып шықты. Сөйттi де шет-жиегi жыртылып, сарғайып кеткен әлгi қағаздарды Қайсардың алдына бiр-бiрлеп жа­йып тастады.

— Бәтiреке, мыналарың әскер қағаздар ғой? — дедi Қайсар көп қағаздың бiреуiн көтерiп.

— Бұлар майданда маған берген грамыттар! — дедi Әужекең. — Мынау Стәлiннiң өзi берген... мынау да сол кiсiнiң мақтау қағазы. Мына бiреуiн командующий берген. Мынасы да командующийдiкi. Мына медалдi Прага деген қала үшiн алғам.

Әужекеңнiң сөзiн естiмесе де, Қайсар бұл жолы құрдасының не туралы айтып жатқанын ұқты.

— Сен нағыз батыр екенсiң! — дедi, шын ниетiмен айтты. Сосын жылтыраған медалдi аялай сипап қойды. — Сен мына қағаздарды сарғайтып сандыққа тықпай, рәмкеге сап төрдiң басына iлiп қойсаңшы! Ел көрсiн, жұрт бiлсiн... сенiң тегiн адам емесiңдi.

Әужекең үндеген жоқ, қағаздарды қайыра қаттап жинап, медалдi арасына салды да қызыл бөзбен шарт буып былай ысырып қойды.

Екi шал бұдан кейiн де кәукiлдесiп бiршама уақыт отырды. Әңгiмелерi оншалықты үйлеспей, әркiм өзiнше лағып, ауа жайыла берген соң, оларды сырттай бақылап отырған Мақан Қайсар атасын қолтығынан демеп, үйiне жеткiзiп салды.

Қайтып келсе әкесi жылдар бойы бойтұмардай сақтап келген грамоталары мен мақтау қағаздарын бiр-бiрлеп отқа жағып, пеш қасында тiзерлеп бүктүсiп қалыпты. Қызарған шоқтың үстiнде жалғыз медалдың жанып бiткен темiрi жылтырайды.

— Әке, мұның не? — деп Мақан шошып кеттi. Ұмтыла түсiп, әкесiн қапсыра құшақтай алды.

Қушиған арық кеудесi дiр-дiр етiп, әкесi үнсiз жылап отыр екен. Мақан не болғанын түсiнбедi, панасыз жас баладай жетiмсiреп қалған әкесiн кеудесiне баса бердi.

***

Жанғалидың Жалбызды бұлағының дәл түбiнен ­совхоз осы күзде «кәрелен күпке» салып тастаған болатын.

Келесi көктемнен бастап осы жерде қой тоғытамыз деп едi, соңғы кездегi әңгiмеге қарағанда совхоздың болар-болмасы белгiсiз, тағдыры неғайбыл сияқты. Осыншалық шығын шығарып күпке салғандарымен, ендiгi жерде оның да ертеңi дүдәмал болып қалды. Бәрiнен бұрын осы күпкенiң кесiрiнен Жанғали жазғанның Жалбызды бұлағы тартылып, ми батпаққа айналып кеттi.

Қарашаның қары жауған күнi бұрынғы бастық Мырзахмет әдетiнше желiп келе жатып, Жалбызды бұлақтың жағасына тайып жығылыпты. Тайып жығылып, совхоз қазған әлгi терең күпкеге домалап түсiп кетiптi.

Содан шекесi қызыл ала қан, белуардан суға малшынып дiр-дiр етiп үйiне азар жеткен көрiнедi.

Шалының шала майданнан қайтқандай түрiн көрген Зылиха ойбайға басып, сол күнi кешке мал сойып, құдайы бергiзген. Қазан көтерiп, Мырзекеңнiң замандастарын, қала бердi, көршi-қолаңды шақырып тiлеу тiледi. Кезiнде бастық болған кiсiнiң беделi де зор ғой, совхоз директоры Түсiпбеков мырза да Мырзекеңнiң көңiлiн сұрай келiптi. Бәрi жөн-ақ, бiрақ осындай құдайы дастарқанға бетi самардай болған «охран» Қанапияның шақырылғанына Нұрғали iштей ренжулi болатын. Бiрдеңенi iшi сезген екен, дастарқан басында құрдасымен тағы да сөзге келiп қалды...

Нұрғалидың тобық жұтқандай томсырайып отырғанын байқаған Қанапия:

— Бәйбiше, шалыңның күйiсi кетiңкiреп жүр ме, қалай? — деп Бибiшке екiүшты әзiлсымақ тастады.

— Нұрекеңнiң көктем мен күзде қол-аяғы сырқырайтын әдетi бар, оны өзiң де бiлетiн шығарсың?—дедi Бибiш. Сөйттi де Қанапияны жақтырмағанын сездiрiп жүзiн сырт бұрып әкеттi.

Оған бетi бүлк еткен Қанапия жоқ, Нұрғалиға бiр, Бибiшке бiр қулана көз тастап:

— Күйкентайдың күйiн тапсаң сұңқардай деген... — деп мырс еттi.

— Әй, Қанапия, сенiң тәнiң семiрiп, жаның азғындап барады! — дедi Нұрғали күйiнiп. Сосын төр жақта Бектемiрмен қатар отырған директорға жүз берiп:

— Өсер елдiң арманы көп, өшер елдiң жанжалы көп болады дейдi екен атам қазақ. Тегi, соған қарағанда осы Мұқырдың халқы ел болудан қалып бара жатқан шығармыз! — дедi.

Директор үндеген жоқ, төмен қарап тұқырайып отырып қалды. Директордың үнсiздiгiн пайдаланып, сөзге тағы да Қанапия килiктi:

— Соған сенiң көкейiң ендi ғана жетiп отыр ма?—дедi Нұрғалиға. — Мен оны баяғыда... баяғыда түсiнгем. Түсiндiм де, бұл баянсыз тiрлiктi тәрк еткем...

— Астапыралла, не дейдi мынау!

— Қырық жыл қатар жүрсек те сенiң мiнезiңдi бiлiп болмадым, — дедi Нұрғали таусылып.

— Мен бәрiн әдейi iстеймiн. Маған қызық керек... — дедi Қанапия қарқ-қарқ күлiп. — Қызық болмаса, әредiк ұрыс-керiс болмаса бұл қуарған тiрлiктiң сәнi болушы ма едi! Атам бөтен болғасын ба, қазақтарды қырқыстырып қойып, қыр басынан қызықтағанды ­ұнатам.

— Астапыралла, не дейт!

— Бүркеп жүрiп бөтендiгiн бiлдiрiп алды.

— Менiкi әншейiн пiкiр тудыру ғой, Нұреке, — деп Қанапия тағы да мазақ қылғандай қарқылдап күлдi.

— Адалсынған молданың үйiнен алты доңыздың басы шығыпты деген сөз бар... «Пiкiр тудыру» емес, Қанапия, сенiң көкейiңде қара жатыр, — дедi Бибiш.

Қанапия ойып жiберердей Бибiшке одырая қарап өтті. Тiлi қышып тағы бiр түйреп тастағысы келіп едi, осы арада совхоз директоры жөткiрiнiп, қабағын көтерген:

— Ұрпағына үлгi, ұланына ұлағат болған бұрынғының ақсақалдары қайда осы? — дедi Қанапияға шаншылып. — Әлде бәрi де өткеннiң өкiнiшi боп кеттi ме?

Отырғандар бастықтың астарлы сұрағына не дерiн бiлмей тосылып, тым-тырыс қалысты.

— Айта бiлгеннiң аузы дуалы. Жөн айтып отырсың, Түсiпхан шырағым... Үлкендерде ұлағат, кiшiлерде iзет қалмай барады бүгiнде. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуiр бәрiмiз тышқаншылап, ұсақтап бара жатқанымыз рас! — деп Бектемiр қасын көтере көпшiлiкке бұрылып, қозғалақтап қойды.

— Кiшi дейтiн кiшi қалды ма осы ауылда... Жастардың бәрi қағынан жерiген құландай қалаға қашып жатыр. Түзден тоят iздеседi... Қалқиып жүрген он-он бес азаматтан басқасы кепкен кеуектей шалдар емес пе! — дедi Орынбай өзiмен-өзi күбiрлеп.

— Бiлегiнiң күшi, қолының қаруы бар азаматтар ауылда азайып кетті, — деп Нұрғали Орекеңнiң күбiрiне жан бітірді.

— Бүйте берсе, қазақ ауылында келешек қалмай ма деп қорқам! — дедi Орынбай тағы өзiмен-өзi күбiрлеп.

Жиналғандар бiр-бiрiн қабақ астынан бағысып, бiрер сәтке тым-тырыс қалысты.

— Мен бүгiн бiр қиын түс көрдiм, - дедi Нұрғали әлдене есiне түскендей қозғалақтай қомданып.

Бәрi де Нұрғалиды жаңа көргендей кеуделерiн тiктеп, мойындарын солай қарай бұрысты. Нұрғали айтар сөзiн айтқанымен, көпшiлiктiң оқыс өзiне бұрылғанынан ыңғайсызданайын дедi.

— Ие, сосын? — дедi Бектемiр жақтырмағандай шүйлiгiп.

— Түс көрдiм деймiн.

— Оныңды естiдiк... Мен де көрдiм түстi. Онымен не айтпақ едiң?

Нұрғали тамағын кенеп, сөйлеп кетті.

— Түсiмде жапырағы жайқалған бiр мәуелi бәйтерек екен деймiн. Сол бәйтерек шайқатылып-шайқатылып тұрды да, менiң көз алдымда ұзынынан гүрс етiп құлап түстi.

— Әйтеуiр өзiң амансың ба?

— Қарасам — быжынаған көп құрт бәйтеректiң тамырын кемiрiп жеп жатыр екен.

— Соны да түс деп... — Қанапия көзiн сығырайтып, самайын қасыды. 

— Жақсы түс емес бұл...

— Қойыңызшы... Ақылды iсiне сенедi, ақымақ күшiне сенедi, қорқақ түсiне сенедi дегендi естiп пе едiңiз?

—Жөн-ау, бiрақ бәрiбiр құйтырқылау түс пе дедiм.

Әлдебiр қызық әңгiме күткен жұртшылықтың көңiлi жығылып, назарларын қайыра бастыққа бұрысты. 

—        Совхоз таратылады, бөлшектенiп жекелерге үлестiрiледi деп естимiз. Бағдардан айрылып байырқалап қалдық емес пе! — дедi Бектемiр.

—        Совхоз туралы осы жуықтағы жиналыста кеңесiп шешiледi деседi ғой?

— Орнында бар оңалар, ел iргесi тыныш болсын!

— Көп суыр iн қазбайды, iн қазса түзу қазбайды деген бiр аталы сөз бар. Түсекеңдей басшы жоқ жерде Мұқырдың халқы өткел таппай адасып қалып жүр­месiн.

— Олай бола қоймас. Заман өзгердi, қоғам жаңғырды. Ендiгiсi сол заманның ыңғайына қарай тiршiлiк жасау керек шығар.

Осы тұста Қанапия Бектемiрге бұрылып:

— Беке, рұқсат болса бастыққа мен бiр уәж айта­йын, — дедi.

— Уәжiң болса — айт! — дедi Бектемiр.

Қанапия сөйлеуге асыққан жоқ. Төңкерiлген қарнын аялай сипады да, жұртқа қарап маңғаздана мұрнын тартты.

— Түсеке, көкейiңiздi жазбай танып отырмын, сiз әлгi әңгiмеңiзбен шалдарды саясатқа бастап отырсыз, — дедi жуан мойнын бастыққа бұрып. — Бодан елдiң бұғау­лы бұзауы болған мына бiзден не күтiп едiңiз? Төрелер болса ат ойнатып ел басқарды, қаралар атойлаумен ғұмыр кештi. Кең дүниенi кеуделеумен тiрлiк құрып едiк, кеудемiз қуыс боп шықты. Өмiрiмiз бiреулер көкiп жүргендей зая да болмаған шығар. Дегенмен, арбалған санамен алданған ғұмыр кешкен аға ұрпақ екенiмiз рас... Олай болса ондай ұрпақ қарға тiрлiкті күйттемей,  тышқаншыламай қайтпек керек...

— Мынауыңыз қызық байлам екен! — деп бастық таңданыс бiлдiрдi.

—Жалпы Қанапия ағайдың сөзiнiң жаны бар, — деп үлкендердiң әңгiмесiне бiр шеттегi Дәулетхан килiктi. — Жуықта «Парасат» журналынан осындай ойды қуаттаған бiр мақала оқығам... «Кеңестiк дәуiрдегi жетпiс жылда қазақ халқының ұлттық генофонды деградация­ға ұшырады» деп тұжырым жасапты ғалымдар.

— Неменеге ұшырапты дейдi?

— Тоқыраған, тозған деседi.

— Кiм ол тозып жүрген?

Дәулетханның сөзiне бастық басын шайқап күлiп жiбердi. Сосын:

— Бұл да мен естiмеген әңгiме екен, — деп ойланып қалды.

— Қалай деп мiнесеңiз де мiнезiмiз осы бiздiң! — дедi Бибiш те сөзге араласып. — Барымыз да осы, бағымыз да осы, шырағым... Ендi бiздi тезге салғанмен тү­зелмеспiз. 

Дәл мұндай жұмбақ әңгiменi осыған дейiн осы отырғандардың ешқайсысы естiмептi. Оны бiреу ұқты, бiреу ұққан жоқ. Жұмбақ әңгiме жиналғандарды жұмбақ күйге түсiрiп, тiлдi күрмеп, көңiлдi көпке жазбай тастады. Сөйтiп, Мырзахметтiң тiлеуiне келген қонақтар бұл күнi әдеттегiдей ұзақ отырған жоқ, әрненi сылтау етiсiп, күн жарықта ертерек тарқасып тынды.

* * *

Аудан жақтан бастықтар келiп жиналыс жасайды деген кесiмдi күнi Мұқырда тағы да қапалақтап қар жауған.

Қапалақтап қарашада жауған қар жер дүниенi аппақ көрпеге орап тастады. Бұл Өр Алтайға қыстың келгендiгiнiң белгiсi едi. Қыстың да қайталанбас көркем әсерi болады екен, қармен бiрге Мұқыр да жаңа түскен жас келiндей жасанып шыға келдi.

Түс әлетiнде мұқырлықтар ауыл төрiндегi адам көптен бармай тозып тұрған ескi клубқа қарай ағылған. Бәрi де ауданнан келген аузы дуалы бастықтардың айтар жаңалығын, сөйлер сөзiн естуге асықты... Жел сөз жерде жатушы ма едi, «совхоз тарайды екен» деген әңгiме мұқырлықтардың құлағын жауыр қылғалы бiраз уақыт өткен. Кейiнгi кезде совхоз ғана емес, аудан да тарайды екен, аудан ғана емес, облыс та тарайды екен деген қауесет шықты. Аудан ауданға, облыс облысқа қосылады екен, сөйтiп iрiлендiрiледi екен дестi. Ел iшiн кеулеген осы қауесеттiң шын-өтiрiгiне көз жеткiзiп, мұқырлықтар бүгiн ол әңгімелерді өз құлақтарымен естiмек.

Қалай болғанда да, қоғамдасқан тiрлiктерi тұйыққа тіреліп, кезеңдi бiр белеске жеткенiн бәрi де мойындап бара жатты.

Туған ауылдарын алдағы уақта орасан өзгерiстер күтiп тұрғанын жүректерi сезiп бара жатты.


1994 жыл.







Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры