Раушан Нұғманбекова
журналист
Семей
СЕЗІМНІҢ СЫРЛЫ САЗЫ
(Жазушы Әлібек Асқаровтың жаңа повесі туралы)
Жазушы Әлібек Асқаровтың туған жері - табиғаты тамылжыған Өр Алтай аймағы. Сондықтан да болар, оның шығармаларының өн бойынан елге, жерге деген сағынышы аңқып тұрады. Бұл ретте әр жазушының өзіндік өрнегі, жазу үлгісі бар десек, Әлібек ағамыз көпсөзділікке жоқ, айтар ойын көркемдікпен нақты жеткізе білетін сырбаз қаламгер. Әрдайым оқиғалар желісі шымыр, тілі кестелі, образға бай. Әр эпизод нақты, детальдар айқын, оқиғалар сайдың тасындай жарқырай суреттеледі. Мұндай проза жалпы оқырманның қабылдауына жеңіл, әсіресе бүгінгі прагматик жастардың түсінігіне ыңғайлы келеді. Осы ерекшелік жазушының былтыр жарық көрген «Жәнімқан мен Гүлзина» хикаясында айқын көрініс тауыпты. Туған жерін жазушы қалайша жырлағанын байқаңызшы:
«Бойына дарқан кеңдік қана емес, мәртебелі ұлылық пен салтанат ұялатқан Хан Алтай! Аруақты Алтай, Киелі Алтай! Исі түркінің Ата жұрты, қалың қазақтың Қасиетті мекені. Қарап тұрып ет жүрегің елжірейді, көмейіңе лықсып өксік тіреледі... Пай-пай шіркін, осынау жаннаттың жайлауындай мырза көріністі барша нақыш-бояуымен полотноға түсірсе ғой деп көкседім. Бірақ, оның мүмкін емесін тағы білемін. Он жерден талантты, жүз жерден дарынды бол, ол қолдан келмейді. Өйткені сен жазған полотнода мына тау мен тас, жыра мен сай быжырқайланып, ұсақталып, әсері жоғалып кетеді. Мұндайды тек көзбен көріп, көңілмен сезіну шарт. Кейде өнердің де құдіреті жете бермейтін әсерлер болады. Мынау керемет көрініс сондайдың бірі».
Осылай дей отырып, жазушы туған жер табиғатын суреттеуді шексіздікке апарып тіреп қояды. Расында да, шынайы сұлулықты, әсіре әсемдікті айтып жеткізу мүмкін емес-ау. Ондайды тек ойлы көзбен көру керек, талғамды сезіммен түйсіну ләзім. Автор солай деген соң оқырман да елеңдеп, апырмай, сол Алтай жерін бір көрсемші деп қиялға батады екен.
Хикая бастан аяқ суретшінің көзімен, бірінші жақтан әңгімеленеді. Әлібек ағамыздың өзі кәсіби суретші болғандықтан, бұл күрделі өнердің қалтарысы мен құпиясын бір кісідей білетіні хикаяның әр бетінен сезіліп тұр. Шығарма «Өнертанушы бір замандас қайсыбір мақаласында менің бітіміме жазушылар ішіндегі суретші, суретшілер ішіндегі жазушы деп сипаттама беріпті. Мұнысы мақтағаны ма, мазақтағаны ма білмедім. Бірақ осы анықтамада бір шындықтың иісі аңқиды» деп басталады. Солай дей келе, Жәнімқан атты бас кейіпкердің, яғни кескіндемеші-суретшінің бастан кешкен оқиғаларын жіптей есіп, ширата түседі. Осы арада айта кеткен жөн, адамның портретін суреттеудегі жазушы шеберлігін еріксіз мойындайсың. Көркем сөзді кемеліне көтерген мұндай шығармалар мақтауға да, мақтануға да лайық. Өмірге суретші көзімен қарайтын қаламгер өз кейіпкерлерін мейлінше айшықты, нақты, оқырман көріп тұрғандай-ақ барша бояу-нақышымен суреттейді. Тұрпаты мен тұлғасын, бет пішінін ғана бейнелеп қоймай, іс-қимылы арқылы психологиялық тұрғыдан кейіпкердің образын сомдай түседі.
Жазушы суретші әріптестерінің көпшілігі томаға-тұйық, қоғамнан тысқары, саясаттан аулақ, саяқ жүруге бейім кісілер екенін ескертеді. Олардың әлемі ерекше, көруі мен көзқарасы бөлекше, мынау қаймалысқан тірлікті, қайшылыққа толы өмірді қабылдауы да өзгеше дейді.
Хикая бізге бұрыннан таныс «Әйел парасаты» циклы аясында жазылыпты. Сондықтан оқырман қыз бен жігіт арасындағы махаббат болар деп болжам жасауы заңды. Ол болжамы рас та. Алайда, хикаяның айтары мен тағылымы тереңде жатыр. Шығарма қоғамдық қайшылықтарды алға тарта отырып, туған жердің қадір-қасиетін білуге, адамдар арасындағы сыйластық, анаға құрмет, әйелге ізет сияқты құндылықтарды сақтауға үндейді.
Бас кейіпкер кәсіби суретші дедік. Оның жеке басының тағдыры да шым-шытырық. Қырыққа келгенше үйленбей жүруінің де обьективті себептері бар. Шығармашылығының толысу кезеңі тоқсаныншы жылдарға түсіп, өмірде бағыт-бағдарынан айрылыңқырап қалған бейбақ жан. Расында да, ол жылдар барша халқымыз күйреген империяның қалдығынан жаңа, тәуелсіз мемлекет құрып жатқан, тақыр жерден тау орнатқандай қиналған шақ еді ғой. Бұл жылдар, әсіресе замана желінің өтінде қалған жаны жұқа өнер адамдарына өрескел батады. Көбісі құдай берген талантын тұншықтырып, нәсібін де, кәсібін де тәрк етіп, түз тентіреп кетіседі. Бала-шаға уайымы арадай анталаған соң, біразы базар қуалап, сауда-саттыққа бой ұрады. Енді біреулер қарға тірліктен тиянақ таппай, ішімдікке салынып, көше қаңғырумен күндерін батырады. Сөйтіп, шығармашылық дәуреннің жалыны түгіл, шоғы да сөне бастайды. Жәнімқан суретші де тұрмысы тұралаған, жаны күйзелген сол көптің бірі болатын. Күйзеліп жүрген Суретшіні ойда-жоқта Алматының көшесінде бір бастық ауылдасы кездесіп, ел жаққа дем алып қайтуға шақырады. Хикая сол Алтайдың алыс төріндегі Аршаты дейтін ауылдың арғы жағында, тау шатқалының өңешіндегі, Таутекелі өзенінің бойында қалқиып жалғыз тұрған орманшының үйінде өрбиді.
Бірде таудағы осы үйде демалып жатқан алматылық мейманды іргедегі ауылдың әкімі қонаққа шақырады. Шақырылған қонақтардың ішінен Суретші өзінің жас кезіндегі махаббаты Сәлиманы таниды. Уақыт құрғыры неткен қатал еді, баяғы қылдырықтай Сәлима қыз қатты өзгерген екен. Толысқан, күнге күйіп тотыққан, ескірген. Арада өткен ширек ғасыр мықтап ізін тастаса керек. «Ойпырмай, осы әйелдер неге тез қартаяды екен? Қыз дегенің гүл секілді дейтіні осы ғой, тегі» деп қиналады Суретші. Өйткені екеуінің арасында үлкен өкініш бар, Суретші жүрегінде жара қалған. Сәлима да басы бос, күйеуі бірер жыл бұрын қар көшкінінде мерт болғанын естиді. Әзілмен баяғы бозбала күндерді, жастық махаббатты еске алғысы келген Суретшіге Сәлима: «Бізді қойшы, – дейді сыпайы ғана, – біз махаббат базарынан қайтқан жанның санатындамыз. Еркектердің жанын түсінетін болдық қой, сенің жасыңдағы еркектер қазір біздейлерге қарамайды, бізді кәрі санайды. Сендей азаматтарға жас иіс керек». Солай дейді де, өзінің әріптесі, мұғалима келіншек Гүлзинамен таныстырады.
Гүлзина келіншектің тағдыры да бір атанға жүк болғандай екен. Оқу бітіріп, құрбысына еріп көрші ауыл – осы Аршатыға қонаққа келгенде, оны жігіттер зорлықпен алып қашады. Гүлзина рухы мықты қыз, басына салған орамалды сыпырып тастап, қайта кетіп қалуына болатын еді. Оған ерік-жігері де, қайраты да жететін. Мейлі, соңынан сөз еріп, “есік көрген” деп сыртынан ғайбаттай берсін. Қалың қазақ не демейді, кейін бәрі ұмытылар еді. Ары кетсе басқа ауылға көшіп, тіпті басқа ауданға да ауысып кетуіне болатын еді. Бірақ ол болашақ енесін көреді де, амалсыз қалып қояды. Енесі бет-жүзіне иман үйірілген, жанары мейірімге толы кісі екен. Көзі боталап, құшағын ашып, маңдайынан иіскегенде кеудесінен итеріп жіберуге дәті бармайды. “Жалғызымның бұл қуанышына да жеттім-ау! Жалғыз еді, екеу болды, сен енді менің қызым боласың, Аллаға екі дүниеде ризамын”, – деп күңіренеді кейуана. Енесінің осы сөзі Гүлзинаны жіппен байлағандай ұстап қалады.
Өкініштісі сол, енейдің сол қуанышы ұзаққа бармайды... Өмірге Мұрат атты бүлдіршін келген жылы “ауылда маған лайық жұмыс жоқ, табыс табамын” деген сылтаумен Гүлзинаның күйеуі сөмкесін арқалап, қайқайып қалаға кетеді. Әлгі алматылық Суретшімен кездескен күзде Гүлзинаның күйеуінің жоғалғанына жеті жыл өтіпті. Оның қай жерде, қай қалада жүргенін ешкім білмейді. Кебіні жоқ, көрі жоқ, бір жерде қылжиып қалды ма, одан да бұлар бейхабар. Тірі болса, әйелі мен баласын ұмытса да, “артымда өлмелі шешем бар еді-ау” деп неге бір қайырылмады деп қапаланады Гүлзина.
Қысқасы, Гүлзина күйеуі тастап кеткен жарты жан, тіршіліктің күнделікті күйбеңінен аса алмаған ауыл әйелі екен. Қолында жалғыз ұлы, кәрі енесі бар қарапайым мұғалима. Сөйтіп жүріп, өзінің кім екенін ұмытып кеткен жан екен. Алтайдың алтын күзінде жолыққан Суретшіге: «Сіз менің әйел екенімді есіме түсірдіңіз, мүлдем басқа адамға айналдырып жібердіңіз» - деп ағынан жарылады келіншек.
Гүлзинадай арудың қасында жүріп, алматылық суретші де терең тебіреніске түседі. Ауыл қыздарының тағдыры қалаға қарағанда ауырлау әрі күрделірек екенін бағамдайды. Ауыл қызының бәрі болмаса да, көбісіне махаббат атты арман ұғымның қажеті шамалы деген түйін жасайды. «Әрине, қыз болған соң бәрі де асыл сезім, асқақ махаббатты аңсайтыны даусыз. Бірақ соған лайық рухани кемелдікті таба алмай сарылады. Жас кетіп барады, уақыт зымырап өтіп барады. Ақыры іздегені жақын маңнан табылмай, аузынан сөзі, қолынан бөзі түскен можантопай көлденең біреудің етегінен ұстап кете беруге мәжбүр. Бірер балалы болған соң асау сезім жуасиды, арман болған махаббат ұмтылады. Ауылдың сарыала етек сарпылтаң көп бәйбішесінің бірі болып шыға келеді. Сөйтіп, нелер бір арулар аңсаған махаббаттарын армандарында ғана әлдилеп өмірден өтеді. Асқақ махаббатқа деген сағыныштары той-томалақта сызылтып салған әнмен шығады, құс жастықты құшақтап көрген түстерімен тамам болады».
Гүлзина ару да сондай талайлы тағдырдың иесі еді. Қалай десе де, бұл күндер Суретші үшін балдай тәтті ұмтылмас сәттерге толы болады. Жұмақтың төріне шыққандай сүйегіне дейін балбырап, бұрын-соңды сезіп білмеген рақаттың ахуалын кешеді. Пенде атаулының ғұмыр бойы іздейтін, қолы жетпей аңсап өтетін “бақыт” деген ұғымы, тегі, осы болар деген пайым жасайды. Егер сол бақыттың да кемел шағы, өлшеулі шегі бар болса, Суретші өзі тапқан бақытының кемерінен шалқыған кемел шағына, толысқан толайым шегіне жеткенін сезеді.
Осылайша автор шын махаббат екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін асқақ та мөлдір сезім екенін мегзейді. Оны аялай білуге, ардақтай білуге үндейді. Оқырманды «сұлулық тек сұлулықты жарататынын, сол секілді сұлу сезім де сұлулықты жарататынын» ұмытпауға шақырады.
Хикаяттың өн бойында әлсін-әлсін қайталанып отыратын екі желі бар. Оның алғашқысы – Суретшінің көкейін тескен, қайта-қайта мазалай беретін асыл арманы. Ол - күйекке түскен бұғылардың сайысын бір көру. Соңынан, мыңнан біреудің ғана көзіне түсер әлгі аламан айқасты полотнода айшықтау. Көрген көрермен ішегін тартып, жағасын ұстайтындай ғаламат картина салу. Алтайға келгелі таңертең де, кешке де сырнайлатқан бұғы дауысын естіп жүр, бірақ оны көре алмай қапаланады. Екіншісі... екіншісі жон арқасын шымырлатқан үрейлі жағдай: шырылдаған жас сәбидің үні, зарлаған ана даусын ауық-ауық естіп қалып жүреді. Бұл не сонда? Суретшінің сай-сүйегін сырқыратқан бұл қандай дауыс? Түсім шығар десе өңіндегідей естиді, елес шығар десе құлағы шыңылдап тұрады. Көзі ілініп бара жатса қара жер күрсінгендей болады. Оның сырын оқырман хикаяттың соңында ғана біледі.
Сөйтсе, жиырмасыншы жылдарғы қызыл қырғында, ел ауған сүргелең заманда осы шекаралық аймақта үлкен трагедия болыпты... Қытайға үдере көшіп бара жатқан қазақтың бір тайпа жұрты шекарадан осы маңайдағы Қарғыба дейтін сай арқылы өтпек болады. Ол жайында қызылдар алдын ала біліп қояды да, сайдың екі жағына мықтап бекініп, бес қаруын сайланып күтіп жатады. Содан қалың көш сай ішіне бойлап кірген кезде алды-артын қоршап, қос бүйірден пулеметтермен оқ боратып, тірі жан қалдырмай қырып салады. Сол бойда бұл сайға ешкімді жібермейді. Адамдардың сүйегін жинауға да рұқсат етпейді. Әке-шешелері оққа ұшқан омыраудағы бүлдіршіндер, жас балалар шырқырап жылап сайда тірідей қала береді. Оларға да ешкімді жолатпайды. Ақыры балалар да жылай-жылай сілесі қатып, бәрі де осы арада аштан өліп бітеді. Содан бері сай ішінен анасын іздеп жылаған баланың, баласын жоқтап боздаған ананың дауыстары ауық-ауықестіліп тұрады екен.
Ал, Суретшінің көкейін тескен арманына келсек, хикаят соңында ол мақсатын орындап шығады. Ел-жұртты қайран қалдырған, галерея қабырғасының жарымын жапқан зор полотноны өмірге әкеледі. Бұл ғажайып картинаны жазуға өз өмірінде кездескен асқақ махаббаты дәнекер болғанын Суретші сезеді.
Суретші мен Гүлзина бірін-бірі қаншалықты жақсы көріп, қосылуға уәде етіскендерімен, қосыла алмайды. Өйткені салт-дәстүр, қазақы түсінікті аттап кету қиын еді. Оның себептерін оқырман хикаятты оқығанда барып көзі жетеді, иланады.
Алайда Суретші өзі арман етіп жүрген, ғажайып шеберлігімен ел-жұртты қайран қалдырған зор картинаны ақыры жазып шығады. Оның өзі – мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда аққан жұлдыздай жарқ етіп, өнер адамын шуаққа бөлеп өткен асқақ махаббаттың құдіреті, көкіректе булыққан сағыныштың сырлы қуаты екенін Суретші біледі.