Төлеген Қажыбай
ақын (Көкшетау қаласы)
Асқаровтың Алтайы
Мақалама қойған тақырыбыма кез келген қазақ тосырқай қарап: «Е, Алтай – Әлібек Асқаровқа ғана қатысты ма екен?» деуі әбден мүмкін. Әбден мүмкін емес, тура солай, жатып алып тулары хақ.
Әлібек Асқаровтың «Алтайда алтынкүз еді» повесін оқығаннан кейінгі туындаған ой Алтай шын мәнісінде Асқаровтікі де екен деген тұжырымға табан тіреткен. Өйткені, көлемі шағын болғанымен, повестің айтар сөзі, Алтай өңірінің ғажап табиғатының тұмса келбет-кескіні, оның қойнауындағы ұшқан құс, жүгірген аңы, ұйыса өскен сан алуан шөбі, тауы, тасы, биіктен құлаған сарқырама суларына дейін сұңғатты сұлу поэмаға тән суреттерімен сүйсінтпей қалмаған.
Повесть көрнекті қаламгердің кемелді шағынан шырай берер қалпымен, Алтайдың ақ сүмбідей сұлу салтанатын суреттеуге келгенде он сан бояулы палитарлы полотноны көз алдыңа көлденең тартқандай әдемі әсерге бөлейді.
Суреттеу демекші, шығармадағы қазықты кейіпкер Жәнімқанның мамандығы кәсіби суретші болғандықтан да туған топырағы Алтайды одан артық кім сезініп, кім сыйпаттай алсын деген байламға келе отырып, жазушының сан мың мамандық иесін бөліп алып, кәсіби суретшіні басты кейіпкер етіп алуын салған жерден ақтайсың әрі құптайсың.
Шынында да туған өлкесі Алтайдан ұзақ жыл қол үзіп кеткен Жәнімқанды Алматының шаңдақ көшелерін көп шиырлап, суретшіге қажетті түйсігінен тосырқағандай алшақтап, сезім сыршылдығынан сырылып қалғандай еді. Оның шабытын тыңнан толқын болып тербетер тақырып та сезімін серпілтіп, қоршаған ортасына жаңаша көңіл көзін қадауға келгенде шаутартқызар жағдаяттар да аз болмаған. Төрт қабырғасына телмірткен шеберханада да, ырду-дырдумен өткізген берекесіз әңгімеге желі берген әріптестер дау-дамайлары да Жәнімқанды қарадан қарап қартайтып, ұлы өнерден аз өрісін таппай тұйыққа тірегені шындық еді. Шығармашылықтық шытырман шырмауық азабы ірі таланттың өзін төрт аяқтан бірдей ақсатып, зау биікке қанат қағып көтерілер қиясының қия жолынан адастырады екен. Сол мән-мағынасыз, мазмұнмақсатсыз басқосулардың бірінде бұрын байға шығып, балалы болған, әйтсе де қылықты қыздай қылмиған біреуге ұрынған Жәнімқанды үй болсам, арқа-жарқа отбасын құрсам деген үміті өшіп, сезімі күйінішті күйікке ұшырайды. Өзінің мөлдір мұнтаздай таза көңілі тасқа соғылғандай опынып, былай да жолы болмай болдырып жүрген Жәнімқанды одан әрі тұмсықтан ұрғандай тұралатып кетеді. Алматының сан мың тағдырлар тоғысып, тоқайласа тарқасып жатар қатал қойнауында жүре берер ме еді Жәнімқан.
Өлмегенге өлі балық, бірде елдес Ералы деген азамат Алматы көшесінде кезіге қалады. Суретші досын елге, Алтайға шақырады. Суретші үшін таптырмас тұс-Алтайдың алтын күзі ғой деген уәж айтады.
Сөйтіп, суретші Жәнімқанның екінші өмірі-творчестводағы соны арнасы ашылады. Таудың бір қойнауына барып орналасқан суретші өзін түлеткен Алтайдың тұмса табиғатын жаңа көріп, білгендей екі-үш күн есеңгіреп, етек-жеңін жия алмай жүреді. Алтын күздің арайлы таңымен таласа тұратын Жәнімқан этюдтер салуға кіріседі. Алтын зермен өрнек шеккен аяулы Алтай перзентінің назарына өзінің бар сұлулығын сыйға тартқандай жарқырай көрсетіп, қолат қойнауларында бұғып жатқан небір нұрлы сипаттарын азырқанбай ұсынады.
Суретші жігіт Алтайдың арда келбетінен өзі бұрындары байқамаған ғажап көріністерді көңіл сүзгісінен, суретші жанарынан өткізеді. Былай деп толғанып та кетеді: Алтай күзінің өңінде салқын сыз бар, салмақ мен салтанат басым. Негізінен бұл жақта жалғыз сары түстің өзі неше түрлі реңкпен ойнап, құлпырып шығады екен. Алтайдың қайың-талымен қоса, қылқан жапырақты қызыл қарағайы да күзде бүр тастап сарғаяды.Балқарағай, самырсын, шыршалар қошқылдана түскені болмаса, мәңгі жасылын қыс бойы сақтап қалады. Сонда қарасаң-сіздің табан астыңыздан басталған қоңырдан дала әрідегі сарғайған шалғын мен алтын сары орманға ұласады. Одан жоғары жасыл самырсындар, одан әрі таудың тундралық түкті белдеуі шұбартады да, ол ақ күмісше жарқыраған қарлы шыңдарға ұласады. Осы көріністің баршасы көкпеңбек шыңылтыр аспанмен астасып кете барады...
Міне, Алтайдың табиғи сипаты осылайша суретші жанарында қайталанбас мың бояулы полотно құрайды.
Бұл сурет Тургенев, Бунин, Куприн, Паустовский, Пришвин суреттеулеріндегі орыс даласының бейнесін бөтен, кәдімгі қазақтың, Алтай тауының тұлғалы көрінісі, қайталанбас ғажайып ажар кескіні.
Осының бәрін көңіл көзінен өткеріп тұрған суретші: «Жас кезімде туған жерімнің осынау сұлулығын неғып байқамағанмын» деп опынады. Сөйтеді де көз алдында көлбең берген табиғаттың тамсандырар небір ғажап суреттеріне көңілін тоғайтып, көз суарады, санасына сіңіреді. Түптің түбінде уақыттың әр кезеңінде этюд етіп түсірген осынау пейзаждық кескіндемелер кенепті полотна бетіне көшірілген толымды суретке айналарына сенесің.
Жазушы Алтай аясындағы бірінен-бірі өткен сұлу реңкті табиғат төгіп тастаған бояулар тоғысын суретшісіне сырттай сұқтандырып қана қоймайды. Ол осынау өлкенің өксікті халі – экологиясына да үңілтеді. Әсіресе, сырнайлатқан бұғылардың мылтық қарауылына ілініп, азып-тозып бара жатқандығына күйзеледі, сеніде сол күйзеліске түсуге жетелейді.
Өзін іздеп келген соқыр кемпір мен серейген бәйтеректей шалдың қос тараптағы әңгімелері ауыл адамдарының аңғал қалпын аңғартады. Соқыр кемпір соғыста хабарсыз кеткен күйеуін іздейді. Тоқсанға келген шалы өліп қалған да шығар дегенге сенбеген кемпір: «Жоқ, ол өле қоятын кісіден емес. Денсаулығы атан түйені жығардай болатын. Оның қасында мен нәзік едім, талшыбықтай қатпа болдым. Сол нәзік деген менің өзім, мінекей, тоқсанға аяқ салдым. Өле қоятындай оған не жетіпті?». Шалын өзгеге қиса да өлімге қиғысы жоқ. Әдемі юморлы әңгіме еріксіз езу тартқызады. Ал серейген шалдың әңгімесі басқа арнада. Ол Алтай өңірінде бар ғұмырын орманшылықта өткерген. Ендеше, оның айтар сөзі де осы төңіректе, бізше айтсақ, экология маңына өрбімек қой.
- Қоғамнан қуат кеткен, адамнан ұят кеткен заманға тап болдым, қарағым,-деп қария әңгімесін бастады, -Алтайдың ағашын отап жатыр, аң мен құсын қғртып жатыр.тау текеге браконьер деген бәле жаудай шапты. Мүйізі үшін құлжасын ғана таңдап атады.Браконьерден қалғанын интурохотник дегендер шетелге тасып әкетіп жатыр.
- Бұл-бүгінгі Алтайдың күйікті халі.
Орманшы шал әңгімесін одан әрі сабақтайды.
- Бұғы-маралда да сол жағдай,-деді қария ауыр күрсініп. - Аңшылар мүйізі шаңырақтанған атан бұғыларды ғана атады.Біздің де, шетелдің де аңшыларына бұғының еті емес,терісі емес,мүйізі ғана керек...Ұрғашы маралдарға қорықбас жаман бұғылар ие болып қалып жатыр. Текенің де, бұғының да тұқымы азып барады,Баяғыда жиырма, жиырма екі салалы бұғылар болыпты... Қазір бұғы мүйізі сегіз-тоғыз саладан аспай қалып жатыр.
Міне,ұшқан құс,жүгірген аңына шын жаны ашитын адамның сөзі-осы. Оң сөз,опынған қарттың күйзелісі. «Сен осыны жоғарғы жаққа жеткіз. Бассыздыққа тиым салсын»дейді қария өз өтінішін қосақтай өріп. Ал жергілікті газеттің тілшісі Ғалия мен әңгіме суретшілікке ойысады. Осы төңіректегі әңгімеде суретшінің өз өнеріне деген көзқарасы,тартар азабы , ізденістері, осы жолда қаншама жыл тер төккенімен әлі күнге өзіне-өзі разы емес көңілін аңдайсыз. Автордың сурет өнерін бір кісідей зерттей алғандығын, оның қыры мен сырын зерделеудегі ой озықтығын сүйсіне айтуға тиіспіз.
Жуырдағы бір әңгімемізде Әлібек Асқаровтың өзі де «Жазушылық жолға түспесем суретші болып кетер едім»дегені де негізсіз емес шығар деген ой түйдік.
Повесте алғашқы махаббатынан қуаныш емес қасірет, жан ләззатын емес азап шеккен Жәнімқанның студенттік кезде табысып айырылысқан бейкүнә Сәлимә арқылы Гүлзина атты өмірден жан азабын аз тартпаған қалыптағы адам екен. Маскүнем күйеуі жалғыз ұлы мен анасын Гүлзинаға тастап ел адақтап кеткен. Қарап отырсаң бірі жардан, екіншісі ерінен адалдық көрмеген жүректері жаралы жандар. Қаламгер осындай өмір арнасында үміт, тілектен адалана бастаған тірлік атаулыдан түңілгендей күй кешкендерді кезіктіреді, бір-біріне деген ықылас-пейілдерінің тазалығы, өмірге деген көзқарастарының бір арнадан табылуы арқылы өше бастаған үміт аңсарлары қайта жанданып, тоқтасқан шақта табысқан тағдырларына шексіз разылық хал үстінде сүйіспеншілік сезімге бөленеді. Бұл бір жеңіл-желпі, желпетек сезім емес, терең толғаныс, он сан ойланыс үстіндегі үстемдігі таза махаббат еді. Суретші жігіт Гүлзинамен қосылуға бекем бел байлайды. Онысын келіншекте те хош көреді.Бірақ... Иә, бірақ Гүлзина Жәнімқанның күткенінен де биік, арлы қалпымен асқақтап кетеді. Оны Гүлзинаның Жәнімқанға жазған хатынан сезінесіз.
«Сізді ертерек кездестірмеген өмірге өкпелімін»,-дейді аяулы Гүлзина. «Менің алғашқы да соңғы махаббатым сіз болдыңыз»,-дейді асыл Гүлзина.
«Сізді қалған ғұмырында арманында әлдилеп өтетін-өзіңіздің Гүлзинаңыз»деп тәмамдайды өз хатын мұң кешкен келіншек.
Үш жылдан соң қайта оралған «көнетікке құрым шұлғау»ерін мүсіркейді, оның жалғыз анасын қимайды.Ендігі ғұмыры осы ортада бәз-баяғы қалпында күйікті өксікті хал кешіп өте бермек.
Міне, адамдардың әлекке түсер тағдыры, итің-бұлтың тірлігі осындай.
Автордың айтпағы айқын, адамдар арасында болмай қоймайтын табысу мен қоштасу, араласу мен ажырасу, содан туар күйікті ғұмыр, өкінішті жағдаят...Оның бәрін көтере білу де оңай шаруа емес.
Бас кейіпкерлердің: «Өмірде өшпес із қалдырамыз, өлмес сұлулық іздейміз деп көкке телміріп, құрғақ қиял еміп келіппіз. Шын өнер де, шынайы сұлулық та жерде жүргенін,қасымызда екенін байқамаппыз»-деп түйіндеуі-шымыр да шырайлы шығарманың ұсынар кредосы десек те болар.
Өзінің әдемі суреттеуімен, тақырып сонылығымен, сұңғатты лиризмге бай сыйпаттарымен есте қалар «Алтайда алтын күз еді»повесі көрнекті қаламгер Әлібек Асқаровтың жаңа бір аксуы десек те болар.
«Қазақ әдебиеті» газеті