Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әлібек Қаңтарбай

Әлібек Қаңтарбай

22 сентябрь 2018, Суббота
1 152
0

Әлібек Қаңтарбай

жазушы

АЛТАЙДЫҢ АЙТАҒАЛЫ ЖЫРШЫСЫ


Белгілі қаламгер, көрнекті прозашы Әлібек Асқаров асқаралы алпысқа толып отыр. Оның қаламынан туған «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері» секілді тамаша туындыларын қара ормандай оқырманы жылы қабылдап, жоғары бағалағаны белгілі.

Қаламы қарымды қаламгерді «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі мен оған қарасты «Дидар» газетінің редакциясы да мерейлі мерейтойымен  құттықтап, шығармашылық табыстар тілейді. Бүгін оқырман назарына Әлекеңнің «Алтай. Алтын бесік, ата жұрт» атты туындысы туралы жазылған тың пікірді ұсынып отырмыз.


Асқаров айтқан ақиқат


Алтай туралы көп айтылған, көп жазылған. Қазақтың қара тасты иітетін қара сөзінің ғаламат шеберлері Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей таңғы сәресін «Алтай» деп ашып, аһ ұрып, түсінде де Алтаймен арыздасып жататындары әмбеге аян. Аса сыршыл, көбелек қанатының суылын, тасының әуенін, жапырағының жырын, балдырғанының бал тілін қалт еткізбей ұғатын үкілеген ақыны Ақтан Нұрбаев та Алтайын жырлап тауыса алмай, теңеулері мен эпитеттерін сарқып барып көз жұмған. Ақтан, Қалихан, Оралханның қаламы бәрін қамтып суреттей алмаған  абат та жұмбақ Алтайды бабына келтіріп балбыратамын деу бос әуре шығар, тырақы тыраштану, көтерем көк бестіні басқа-көзге бекер қамшылап, зорықтыру шығар деп  мүлдем жылы жауып қойғанбыз. Жо-жоқ, айтуға болады екен. Айтқанда да Әлібек Асқаров сияқты айту керек екен. Міне, сіздің алдыңызда оның «Алтай. Алтын бесік, ата жұрт» атты қара сөзбен, көркем тілмен әдіптелген үлкен жинағы жатыр делік. 

Әсілі, оқырман қауымның жазушы не журналистің қаламынан туған суреттеулерге «көркем шығарма» немесе «деректі шығарма» деп бөле қарауы заңды құбылыс. Көркем шығармалардың басым бөлігін жазушы фантазиясының жемісі деп қабылдап, деректі шығармалардан шұқшиып шындық іздейді. Табады да. Әрі имандай ұйып сенеді. 

Міне, Әлібек Асқаровтың жоғарыдағы атаумен шыққан көркем очерктер жинағынан ең алдымен сол ақиқатты таптық.

Кітап төрт бөлімнен тұрады: «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай». Төртеуі де Алтайдан еншісін бөліп алмаған ғаламаттары.

Басқаша айтар болсақ, Мұзтау – Алтайдың тәжі, Көккөл –  көйлегі, Шындығатай – көксауыр етігі, Шабанбай – ақшәйі көрпесі. Мен ойлаймын, Әлібек Асқаров сынды әрі жазушы, әрі қылқалам шебері, әрі қоғам қайраткерін атағынан ат үркетін Мұзтау мен Көккөлге сүйреген, ынтықтырған екі түрлі жағдаят, екі түрлі мұрат болуы мүмкін деп.

Біріншісі, Қалағаң мен Орекеңнің арманы болған асқақ шыңдарды өз көзімен көру, солар үшін тәу ету, солардың сәлемін жеткізу, тағы да... Алтай тәңірісіне мұңы мен шерін ақтару.

Екіншісі, туған жерінің тау-тасына деген алапат үлкен махаббат пен сағыныш. Ал очерк-тер жинағын оқып шыққан соң Әлекеңнің қолтоқпақтай денесіне осыншама махаббат пен сағыныш қалайша сыйып жүргеніне таң-ғалмасқа лажыңыз жоқ.


Көккөл – ғасыр трагедиясы


Әлібек Асқаров «Көккөл» очеркі арқылы XX ғасырдағы кеңестік дәуір идеологиясы құрбандарына мәңгілік ескерткіш тұрғызыпты.

Көккөл – XX ғасыр трагедиясы. Соғыс алдында (1938 жылы) вольфрам, молибден шығарған, Алтайдың тағылар ғана мекен еткен қиянындағы құлазыған мекен. Қазір әдірем қалған. Очерктен Көккөлдің дәл өзіндей қатыгездік пен қасірет, таусылмас мұң мен шер, Көккөлдің дәл өзіндей тырдай жалаңаш үскірік үреді. Тым-тым үрейлі. Көккөлдің кешегі шындығы – бүгінгі ұрпақ үшін аңыз. Аңыз болғанда да жантүршігерлік оқиғалардың іріктелген түрі. Бүгінгі тоқкүлкі, ішкен – мәз,  жеген – тоқ жастардың сене қоюы неғайбыл. Асқаров сынды әккі қаламгер бұл мәселеде де аспайды, таспайды, өтірікке бас-пайды. Қаны сорғалаған шындық түйірлерін теру үшін сан түрлі тәсілдерге барады: Көккөлдің қанды қасабынан әупірімдеп тірі шыққан, бүгінде қан түкіріп, тірлік талқанын талмап жүрген бірен-саран тірілеріне сауын айтады, үзік-үзік кино таспалары сынды естеліктеріне жүгінеді. Қулығы қырық есекке жүк боларлық әккі аңның ізіне түскен сыралғы аңшы болушы еді ғой. Әлекең, міне, дәл осындай әрекетке көшкен.

Әне, шілденің шыбынның миын қайнатар шіліңгір аптабында азынаған ақтүтек бораны-мен, ақшұнақ аязымен тірлік иелерінің өн бойына  үрей заһарын шашып Көккөлдің жоғарғы лагері бой көрсетті. Осыдан 50-60 жылдар бұрынғы социализмнің трагикомедиясының сахнасы бұл. Әлекеңше айтсақ, XX  ғасырдың төрт мың метр биіктікте қайырлап қалған «Титанигі» осы.

Асқаровтың қаламынан туған мынадай қасіретті шығарманы оқып отырған сіздің өн
 бойыңыз тоқ соққандай қалшылдайды, адам баласының онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырын, талайлы тағдырын ту-талапайға түсіріп тәлкек еткен қоғамдық формацияға кәдуілгідей лағнет кесегін лақтырасыз, бетіне түкірердей кектенесіз, аза тұтасыз. Енді бірде өліп қалмайын деп көнтері хайуан екеш хайуанның тірлігіне бой ұсынған кешегі ағалар мен апаларымыздың көмпістігіне налисыз.

Біздер күнделікті қу тірлікте сұм дүние деген тіркесті жиі қолданатынымыз бар. Алағай-бұлағай өмірге көңіліміз толмай, аласапыран күй кешкен сәтте аузымызға түседі. Ал нағыз сұм дүниенің не екендігін парықтағыңыз келсе, «Көккөл»трагедиясына ден қойғаныңыз жөн. 

Табиғат пен оның бір бөлшегі – адамдар арасындағы қатал да сұрқай қарым-қатынасқа жаныңыз шырқырай егіледі. Көккөлдің төменгі лагеріндегі сүйектері шашылып қалған қайран ағаларымыз бен апаларымыз оқыс тіріліп кете ме деп те қорқасың. Дәуір, оның жүйесінің шындығын Асқаровтай беруге әрекеттену керек екен!


Мәңгілік сағыныш


«Шындығатай» очеркінде «Көккөлді» оқып  отырғанда шегіне жеткізе шірене тартылған  жүйке пернеңіз босап сала береді. «Көккөлді» оқып отырғандағы төкпе күй әуені шертпе күйге ұласқандай  мамыражай күй кешесіз. Автормен бірге дем алғыңыз келеді. Алайда ауыздығын қарш-қарш шайнап,  жұла тартқан сәйгүліктің үстіндегі Асқаров бұл  жерде де өзіне титімдей рақымшылық жасаудан аулақ. Тағы да төгіледі. Сағынышын шертеді.

Жо-жоқ, Әлекең бұл жерде де: «Сағыныштан сал болдым. Жүзіңді бір көруге зармын!» деген секілді ұрандауға бармайды. Өмірден  ерте кеткен асылдарын – ағалары мен замандастарын, тіпті қазір қасында жүрген көзі  тірілерін де мекірене іздейді.

Оралхан Бөкейдің Асқаровтың жазушы, азамат болып қалыптасуына тигізген үлгі-әсерлерін  тізбелеп қажеті шамалы. Әлекеңнің әр шығармасынан, әр аттаған қадамынан: «Мен Оралханның алдын көргенмін. Оның сарқытын ішкенмін. Содан үлгі алғанмын. Соның ісін алға апарушы азаматпын!» деген  саумал самал лекіте соғып тұратыны шындық.  Десек те, еске алудың да сан түрі болады екен.  Әлекең соның соны бір үлгісін ұсыныпты.

Оралхан туралы айтады. Сағындым демейді. Әр эпизодта Орекеңнің айтқан оқыс ойларын, бірге жүргендегі іс-әрекеттерін үзіп-жұлып келтіре отырып Оралхан Бөкей сынды қара сөздің сүлейін өз биігіне алып шығады. Оқырманға сағындыртады. Оралханын үздіге сағынған автор еркелегісі кеп, қасында жүрген Қалағаңның (Қалихан Ысқақтың) қолтығына басын тығып, сүйкеніп кетуді де ұмытпайды. Қасында дастарқандас отырған адамды сағыну Орекеңде мол еді, мүмкін содан жұқты ма екен, әлде тамырында бар қасиет пе? Әй, табиғи болмысы шығар!

Орекеңнің: «Алматыда біз емес, Жанұзақ жүруі керек еді» дейтін Жанұзақ Бәйгереев бәріміздің ортақ досымыз еді. Оралханның жасында өтті өмірден.

Сол Жанұзақтың, Баламер Сахариев, Ермұ-қан Әбдірахманов, Сақан Құрманов, Сайфолла Ауғанбаев сынды ағаларының орнын толтыра алмай аласұрады.

«Пай-пай, нағыз қыз табиғат Алтайда» деп тамсанғанда таңдайымызды қақыратып жібере жаздайтынымыз бары рас. Десек те, одан әріге көбіміздің бара алмайтынымыз – тағы шындық. Ал автор мен табиғаттың бір-бірін жетекке алып, «саяхатқа» шығуының ерен үлгісін дәл осы эсседен тауып, айран-асыр боларыңызға бәс тігуге бармын. Әсіре жұмбақ  Алтай Асқаровтың алдында шағи көрпесін, құпия сандығын ашып алғанын байқамай да қалады.

Әлекең мен оның замандастарының бала-лық бал шағы, жел көкірек жастық шағы қалған ауыл қандай! Елі үдере көшпеген, базары тарқамаған қайран ауылдың қазы қаңқылдап, сиыры мөңіреп, малы жамырап ию-қию. Кешкі ауылдың реңкі неткен әсем! Әне, ауылдың қара шаңырағы–клубтан бастау алған сазды әуен мұқым ауыл жастарын «жүр-жүрлеп» сонау Бұқтырма өзені бойындағы тал-шілікті тоғайға жетелеп барады. Әсілі дәл осы шығармасын Әлекең көз жасына тұншығып отырып жазғанақ шығар. Басқаша мүмкін емес.

Сағынуды, соны жеріне жеткізе, майын тамыза жазуды да Асқаровтан үйренсе, артық болмас.


Мұзтауда жұмбақ көп


Ал, «Мұзтау» очеркі...

Мұзтау демекші, бұл тек қана көкпеңбек мұздан тұратын алып тауды көп оқып, көнектің түбін тескендер жердің кіндігі атап жүр. Бұл атауының өзінен атты қойып атан үркетін әрі асқақ, әрі тәкаппар заңғарға Әлекеңді тәнті еткен не болды екен. Өткен күзде Астанадағы ол телефон шалсын:

– Аттас аға-ау, елге барып қайтпаймыз ба? Дидахмет замандасымыздың 60 жылдығын аудан атап өтпек көрінеді, шақырып отыр. Менің бір апталық демалысым қалған, соны пайдаланбақпын. Тауға шығамыз, балық аулаймыз, – дейді. Құдай-ау, тағы да тауы несі? Таудан жалықпайтын неткен жан?

Сол жолы тауға да бардық, балық та ауладық. Қоңыр күз. Алтай маужырап тұр. Күндіз көп-көрім жарқырап тұрған күн кеш түсуі мұң еріксіз күртке кигізеді. Алтайдың кіндігіне дейін аппақ қар. Иен тауда біраз қосшыларымызбен үш күн жаттық. Сонда байқағаным, Әлекеңнің таусыз тұра алмайтындығы. Ақыры шыдамадым: 

– Мұзтаудың әщадылығы жайлы бала кезден естіп те, көріп те келесің. Ол тау сауатсыз адамды қойып сандаған альпинисті жұтқанын білесің. Сонда анау жылғы сендердікі нендей қожанасырлық? – деп қалдым. Әлекең тек қана өзіне тән, тек өзіне ғана жарасатын сыпайы жымиысымен маған қарап тұрып-тұрып:

– Әлаға, тауда туып, тауда өссек те тау туралы білетініміз тым-тым аз көрінеді. Тау туралы жазбақ боп қолға қалам алсақ, желісі қатты аттың үстінде келе жатқандай шоқырақтан аспаймыз.Тау туралы жазбас бұрын оның тасы мен қынасын басып, өн бойыңмен сезінуің керек екен. Мұзтау-Мұзтау деп қарақан басын тау мен тасқа соққан Оралхан да құсалықпен өтті, кетті. «Мұзтаудың әу бастағы атауы – «Тәңіртау» деп жүретін Қалихан ағамыз болса біраз жасқа келіп қалды. Шынымды айтсам, басқа өңірдің азаматтарынан ұялып біттім. «Мұзтау» деп елеуірегенде көкіректеріңді қақыратып жібере жаздайсыңдар. Ал тау туралы мандытып ештеңе айта алмайсыңдар» деп бетімізден отымызды шығарады. Сондықтан да осындай тәуекелге баруға тура келді, – деп ағынан жарылды.

 Өмірде қарақан басы мен шыбындай жанын құрбан етуге сақадай-сай адамдардың шағын тобы болады емес пе. Міне, Әлекең солардан екен. Қасына өзі сияқты төрт-бес жанкешті дос-жаранын ерткен ол кәсіби альпинистердің кез келгені тәуекел ете бермес, қаһары мен әщадылығы әлемге әйгілі Мұзтауға шығады. Айналдырған үш күнде үш ғұмырға татитын қиыншылықтармен бетпе-бет келеді. Жеңеді. Көп дүние түйсінеді. Ажалды пендені тәубесіне түсіру үшін Мұзтау керек екендігін, ал Мұзтаудың жұмбақтығы сондай, ғылыми прогрестің әлі оның оннан бірін де түсіне алмай жатқандығын шертеді.

Оралхан Бөкейдің Мұзтаудың балағында кіндігін қиғызып, Гималайда соңғы демі үзілгенінен байланыс, заңдылық табуға әрекеттенеді. Мүмкін кездейсоқтық, мүмкін жазмышқа қатысты ма екен? Міне, «Мұзтау» очеркі осылай туған. 

«Мұзтау» очеркін оқып біткен соң өзіңіз Асқаров бастаған топпен Мұзтауға шығып, ажалмен сан рет төс қағыстырғандай күй кешесіз. Шілденің шіліңгірінде тісіңіз-тісіңізге тимей сақылдап, дірдектей тоңып отырғаныңызды байқайсыз.

Міне, жазушының құдіреттілігі де осында.


Шабанбай – жерұйық өлке


Шабанбай... Бұл очерк-эссе ел мен жер қасіретінің шырылдаған шындығын іздеген, кешегі Ресей империясының қазақтың ен байлығын, кен байлығын тонап қана қоймай, оның қаны сорғалаған рухын да шайнамай қылғытқандығының қағаз бетіне түскен көркем  анықтамасы. Әлекеңнің дәл осы очеркін оқыған пенде бүгінгі күні ресейлік болып кеткен Шабанбай сынды жерұйық өлкені  менің атамекенім, менің Отаным деп иемденетіні рас. Сандаған ғасырлық тарихты шаң-тозаң басқан көне шапанының  етегімен қымтап отырған Алтайдың мұңы мен шерін Әлібек Асқаров сынды оның бал татыған зәмзәм суын ішкен, кіндігін сол таудың беткейінде бой көрсетер торы тобылғысына кестірген сұңғыла жазушыдан өзге ешкім де жеріне жеткізе  шерте алмасына көзіңіз жетеді. Көркем әрі тарихты таразылаған очеркі арқылы жазушы кешегі империяның тасқайнат қатыгездігіне лағнет-үкімін айтқан. Әсілі кез келген тарихшы не жазушының белгілі бір тарихи кезең жайлы қаламына жүгінгенде мақсат етер ең басты мұраты біреу ғана болар, ол – ел мен жердің өткендегі шежіресін келер ұрпаққа аманаттау, жат жұрт тарихшыларының қандауырымен қырқылып кеткен шындықты табу. 

Міне, Әлекең «Шабанбай» эссесінде, жалпы «Алтай» аталатын үлкен жинағының бас-аяғын-да мұрағаттардың қазақ үшін суалып қалған  қасаң омырауынан сауып алынған түйнемдей-түйнемдей ақпараттарды өте ілкімді пай-даланған. Оны көркем тілмен өргені – бір төбе. 

Қысқасы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровтың «Алтай» жинағы
 – қарт Алтайдың көркем антологиясы. Ал оны оқып шыққан ажалды пенденің түркілердің кіндік жұрты – Төр Алтайды көкірегі қарс айырыла сағынатыны хақ. Мұратына жеткен жазушы бақыты дегеніміз де осы шығар.


«Дидар» газеті


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры