Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Өтепберген Әлімгереев

Өтепберген Әлімгереев

22 сентябрь 2018, Суббота
1 411
0

Өтепберген Әлімгереев,

жазушы, тарихшы



мұзарт шыңға бет алған


Мен жазушы Әлібек Асқаровты көптен бері білемін. Ол әдебиеттегі қадамын журналистикадан бастады. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы болатын. Онда қазақ баспасөзінде Шерағаң басқаратын «Лениншіл жастың» беделі үстем. Әр күн сайын оқырманын баурап алатын жып-жылы суреттеме, репортаждар мен новелла, шағын әңгімелер жарияланып, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков, Жомарт Әбдіхалықов, Байтұрсын Ілиясов, Серік Әбдірайым, Кәдірбек Сегізбаев, Ырым Кенебаев сияқты журналистердің республиканың әр шалғайынан жазған көлдей-көлдей очерктері басылады. Олардың бәрі де кейде бас тақырыптары не мазмұнына сай қолдан салған суреттермен (штрих) безендіріліп, жанып кетеді. Бұл, әрине, алдымен жауапты хатшы, одан соң сол суретті салатын көркемдеуші-суретшіге байланысты. Осы ретте жұрттың ықыласы көбіне-көп егіз қозыдай айырылмай бірге жүретін Жанат (Елшібеков) пен Әлібекке (Асқаров) жоғары. Ал, олар болса түннің бір уағына дейін секреттариатта отырып, бірі газеттің келесі санының макетін әурелесе, екіншісі ондағы материалдарды безендіру суреттерін салып әлек. Содан соң екеуі Бірінші Алматы жақтағы әлдебір ұйғырдан жалдап отырған құрқылтайдың ұясындай қоржын үйлеріне тартады.

Әлібек онда Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқитын. Кейін ол салған суреттер республиканың басқа да газет-журналдарында басылып жүрді. Уақыт өте сол «Лениншіл жаста» оның өзі туған Алтай өңірінен жазылған жып-жылы, әдемі очерктері жарық көре бастады. Олардың негізгі тақырыбы марал, оның шаруашылығы мен бұғы өсірушілер, аюлы орман, Алтай табиғаты жайлы болып келетін.

Бір қарағанда, бұл тақырып сол кезде жалғыз Әлібекке ғана тән емес, оны бұрқытып Қалихан Ысқақов, мұң мен сырға толтырып Оралхан Бөкеев, әр қырынан Марат Қабанбаев, Нұрдәулет Ақышев та жазар еді. Бәрі де сыңсыған орман, шым-шым бет қарыған аяз, айналаны аппақ ғып бөккен қар, ондағы табиғат қиындығына қарсы күрескен адамдар және өмірінде тау көрмеген, орман түгіл марал дегеннің маңына жақындамаған біздер үшін бәрі қызық қой, бірде мен балалық пәк көңілмен «сіздің ауылда бұғы көп пе?» деп сұрадым. Ол қашанғы әзіліне басып «жетеді, дүниенің бәрі бұғы» деді.

Мен «Ғажап!» дедім, өйткені, кәдімгідей сенген едім. Содан соң, ол тағы бір мырс етіп күлді де, «Жоға, сен де менің бала күнгім сынды дүниенің бәрін бұғы мен марал жайлаған деп ойлап қалма. Мен кішкене кезімде дәл солай ойлаушы едім. Сөйтсем, қазақ Алтайында бұғы өсіретін тек біздің ғана шаруашылық екен ғой. Оны мектепке барып, есім кіргесін ғана білдім» дейтін.

Әлібек жазушы ретінде оқырманға жетпісінші жылдардың аяғында «Тайга толғауы» кітабымен келіп, артынша «Құт мекен», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді...», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяты», «Шабанбайдай жер қайда», «Кешегі күннің хикаяты», «Тау самалы», «Алтай - алтын бесік, атажұрт», тағы басқа кітаптарын дүниеге әкелсе, «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» Пекиннің «Ұлттар» баспасынан қытай тілінде жарияланды. Басқа да әңгіме, повестері «Родники рождаются в горах», «Скрип соленого сердца!», «Стон дикой долины», «И смех, и слезы, и любовь» деген атпен түрлі баспалардан орыс тілінде жарық көрді.

Ол - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Әлібек Асқаров өзі туған өлкесін жанындай жақсы көреді, сүйеді. Қолы күнделікті жұмыстан қалт етсе, жыл сайынғы еңбек демалысында өзі туған Алтайға, оның Рахман қайнары, Бұқтырма бойы, көп адамның аяғы жете бермейтін Мұзтау, табиғаттың бар тамашасын бойына жиып-терген Көккөл, Шындығатай мен Шабанбайына тартар да тұтар және жалғыз емес, қасына Астана мен Алматының асфальттарында табандары тесілген Сауытбек, Мереке сынды достарын да ілестіре жүрер. Содан соң... Содан соң жазу үстеліне жабысып, туған Алтайының көркем таңбасын сабақтап, «Тайга толғауларын» ақ қағазға маржандай тізер-ді.

Тегінде жазушы Әлібек шығармаларының алтын арқауы табиғат пен адам арасындағы шынайы жүрекжарды қарым-қатынастар.  Ол табиғат сұлулығын тамсана суреттеумен бірге, сол сұлулық ұялаған жер мен оның иесі, өңір тарихын бір арнаға тоғыстырып, әсем сабақтайды. Әлібек Алтай адамдарының характерін ашуға шебер. Бір қарағанда, аталған өңір адамдарының болмыс психологиясы да өзге жерге ұқсамайды. Көбіне жалғыз-жарым, жалқы күйде күй кешкен жеке тірліктегі жандар. Мәселен, әлгі айтқан «Тайга толғауындағы» ауылдастарына өкпелеп тауға, орманға кетіп қалып, бар өмірін сонда аңшылықпен өткізген жалғыз үй Жекебай, «Ерте түскен бозқыраудағы» кәтек Айтқали мен Көбей, «Бір қарияның айтқанындағы» тағдырлы Қараман мен Торғын дараланған табиғи образдар. Оларды Әлібек әдемі тіл, жылы әзілмен көркемдеп жеткізеді. Сайып келгенде, бұлардың қай-қайсысы да қаламгердің социализм дәуіріндегі туындылары.

Ә.Асқаровты әдебиетте нағыз қаламы төселген, шымыр ойлы, шебер тілді прозаик ретінде танытқан шығармасы – «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» хикаясы. Өзі повесть деп айдар таққанмен, көптеген қаламгер тақырып ауқымы, оқиға қамту аясына сай роман деп жүрген бұл туынды әуелгісінде «Жұртта қалған жеті үй» деген атпен шыққан-ды. Кейіннен кеңейтіліп, толықтырылып, қайта басылды.

Аталған шығарма туралы тарихшы ғалым Бүркіт Аяған «Көзі қарақты оқырман ішінде «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Бүгінгі  қарапайым ауыл өмірін, тұрғындардың бастан кешкен оқиғаларын оқырман үшін соншалықты тартымды, қызықты етіп баяндаған мұндай туындылар аз» деп жазса, Шерхан Мұртаза «Лев Толстойдің «Қажымұратындағы» соқа жырып кеткен түйе жапырақтың тамырындай ауылдың да жаны сірі, тамыры тереңде. Осы көріністі көркем әдебиеттен көрем деген кісі «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» хикаясын оқысын. Авторы - Әлібек Асқаров» деген еді.

Оқиға Алтай өңіріндегі бір кездегі Мұқыр, кейін «Раздольный» атанған шаруашылық орталығы, қазіргі яғни, одақ тұсында бар қауқарынан айырылып, тұрғындары тоз-тоз болған бар-жоғы жеті үйлі елді мекен адамдары арасында өрбиді. Ондағы ұдайы қолында гармоны бар, мұңды ән айтып жүретін Сәрсен, адам құқығының аяққа басылмауын көксейтін Мелс, үнемі басында ұсыныстың бір мәйегі қоздайтын қияли Дәулетхан, сәл нәрсеге бола шатақ өрбітіп, көрші-көлемді шекістіруге үйір Қанапия, бір басына жетерлік тентектігі бар Рахмандар аталған повестегі өз алдарына сомдалған дара-дара кейіпкерлер. Жазушы елімізде социализмнің құлап, капитализмнің қайта орнап, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы қиындықты айна-қатесіз әдемі әзіл, терең астармен суреттеу арқылы сол кезеңнің шындығын дәл көрсетеді.

Бұл бір қарағанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы елімізде қоғам мен қоғам ауысқан өтпелі қезеңіндегі өмір шындығын көрсетуге арналған бұл шығармада асып бара жатқан оқиға, шендескен конфликт жоқ. Бар-жоғы  бір ауылдағы аздаған адамдар арасындағы тірлік. Бірақ нағыз қазақы, аңқау да, албырт, «өгіз бұзаулады» десе, өлердей сенетін адамдар өмірі. Жазушы сол тірлікті өткеннің өзекжарды шындығын бүгінгі беймаза жағдаяттармен жалғап, оқиға өрбітеді. Мұндағы қаламгер тілі өте шебер, тек Алтай өңірінің сөздік қоры 

емес, күллі қазақтың шұрайлы тіркес, әдемі афоризмін осы шығармадан көруге болады. Бұл қаламгердің шығармашылық ізденісі мен терең білім, жазушылық қарымының кеңдігін байқатады. Егер әділіне бақсақ, аталған хикаят жаңа қоғамның алғашқы сәттегі қиындықтары мен болмысын барынша ашып көрсеткен  өте сәтті шығарма.

Қаламгер Әлібек Асқаров соңғы оншақты жылдың беделінде «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяты», «Кешегі күннің хикаясы» деп аталатын жинақтар шығарды. Оларда кешегі кеңестік кезеңнің жақсылы-жаман бар көрінісі кейіпкерлер аузы, іс-қимыл, әрекеттері, мақсат-мұраты арқылы көрсетіледі. Жоғарыдағы өктем күшке кейінгінің бағынышы, бұл жолдағы небір жанкешті зымиян әрекеттер, сол арқылы екінші адамдардың запа шегуі. Оларды «Қара құйын, ақ көйлек» (соғыс жылдарындағы ауыл өмірі), «Левитанның дауысы» (сол соғыстың жүректегі өшпейтін үрейі), «Долдаш ағай» (майданда мерт болған ағасын іздеген іні) сияқты әңгімелерінен көруге болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Әлібек әуелі өзі туған жердің, өр Алтайдың әсем суретін (қолындағы) қауырсын қаламмен қыл қаламмен бейнелегендей әдемі жеткізе білген шебер суреткер. Оның «Алтай, алтын бесік, ата жұрт» атты шығармасын табиғат аясына жолсапар, яғни әлемдік үрдіспен айтсақ, қазақ әдебиетіндегі тың «сафари» жанрын әкелген жазушы деп жүр. Ол рас, қаламгердің «Мұзтау», «Көккөл», «Шындығатай», «Шабанбай» дүниелері туған жердің табиғи-тарихи баянын жан-жақты ашып берген керемет туындылар. Тіпті, осы дүниелерді оқыған, күні кеше ғана арамыздан кеткен ақылман ақын, данышпан да, дара суреткер Қадыр Мырза Әли: «Әлібек кітабында туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Оқып қана қоймайсың, көркемдіктің көне өкілі ретінде құмарта қарайсың. Бұдан бірнеше жыл бұрын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көргендей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Асқаровтың толғауларын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жалғасын көргендей болдым. Оған себеп - әйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты. Алдымен Құдай болу қиын. Құдай болсаң, жаңбыр жаудыру боқтан оңай» деген екен бір атамыз. Тамаша айтылған сөз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе, аса талантты адамға әдемі кітап жазу- проблема емес!» деп жазған еді.

Шындығында, Әлібек бір кітабын «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» деп атаған еді. Ал, оның соңғы 30-35 жыл беделінде жазған әдеби дүниелерін оқып қарасақ, расында да оның әдебиеттің белгілі биігі мұзарт шыңға бет алған өзіндік өрнегі, тамаша тақырыбы бар қаламгер екенін байқауға болады. Әлібек сол өрнегімен оқырманын баурап, бағындырып келеді. Бағындырар мұзарт шыңың көп және биік болғай, асыл дос!


«Алтын Орда» газеті.


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР
05 август 2018, Воскресенье
ӘР ЖЫЛДАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ӘҢГІМЕЛЕР
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры