Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Жанат Әскербекқызы

Жанат Әскербекқызы

22 сентябрь 2018, Суббота
1 197
0

Жанат Әскербекқызы,

филология ғылымдарының докторы


ҚАЛАМГЕРДІҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ


Бастау 


Әлібек Асқаров – бүгінде есімі оқырман жұртшылыққа жақсы таныс қаламгер. 

Жазушы шығармалары дені табиғат пен адам арасындағы күрделі қарым-қатынасқа құрылған. Сол арқылы жер тарихы мен ел тағдырының ажырамастай байланысы бейнеленеді. Табиғат аясындағы адамдар болмысының қат-қабат жан қалтарысы, сезімі мен арманы, мақсаты мен мұраты танытылады

Жазушы шығармашылығының биік белесі – қалың оқырман жүрегіне жол тапқан «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» роман-хикаясы. Содан кейін жазылған сафари жанрындағы «Алтай. Алтын бесік, ата жұрт» туындысы қазақ әдебиетіне осы бір тың жанрды әкелсе, кешегі кеңестік кезеңнің қилы оқиғаларын арқау еткен «Социализм хикаяты», «Социализм әңгімелері» өз алдына бір төбе. Ал, «Әйел парасаты» циклын құрайтын туындылары жеке бір сала...

Қаламға сыр төккен ғұмырында осындай салмақты да сазды, астары қалың, «сырты күміс, іші алтын» дүниелерді ұлттық әдебиеттің қазынасына сый еткен жазушының оқырманына айтары, өмірге көзқарасы, өзіндік дүниетанымы дерлік сол көркем дүниелері арқылы анық аңғарылады. 

Қаламгер мұраты не? Нені мақсат етеді? Нені кие тұтады? Бұл сұрақтарға жауапты оқырман жазушының шығармаларынан табары ақиқат. 


Алтай һәм адамдар...


«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» роман-хикаясы  әдебиетші ғалымдар тарапынан «бүгінгі қазақ әдебиетінің даму процесіндегі айрықша атап өтетін шоқтықты шығарма» деп танылды. Бұл шығарма турасында академик Серік Қирабаев сөзіне құлақ түрейік:

«Бұл – бір ғажайып лирика­лық хикая. Жұп-жұмсақ, мөп-мөл­дір, тұнып тұрған лиризм. Адам сезімін, ойын қозғап, құйы­лып тұрған сыр. Бейімбетше жа­за­ды, сол ұлы жазушының дәс­түрін жалғастырады. Дәстүр де­ген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шын­ды­ғын жұпыны әңгімелеуден, адам­ды танып, оның сырын ашып су­реттей білуден туады».

Тарихшы ғалым Бүркіт Аяған болса: «Көзі қарақты оқырман ішінде «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Бүгінгі қарапайым ауыл өмірін, тұрғындардың бастан кешкен  оқиғаларын оқырман үшін соншалықты тартымды, қызықты етіп баяндаған мұндай туындылар аз» дейді. Ал, Шерағаң – Шерхан Мұртаза «Лев Толстойдың «Қажымұратындағы» соқа жырып кеткен түйежапырақтың тамырындай ауылдың да жаны сірі, тамыры тереңде.  Осы көріністі көркем әдебиеттен көрем деген кісі «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…» хикаятын оқысын. Авторы — Әлібек Асқаров», - деп ағынан жарылады.

Жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарындағы өтпелі кезеңнің шындығын шығарма арқауына айналдырған жазушының шеберлігі оқиғаны өрбіту, кейіпкерлер болмысын даралау  авторлық баяндаудан барынша көрініс тапқан. Уақыт шындығын көркем бейнелеу қаламгерден шеберлік пен қырағылықты, аңғарымпаздық пен тереңдікті қаншалықты қажет ететітін ескерсек, бұл хикаяның қаламгерге үлкен абырой мен жетістік әкелуі кездейсоқтық емес. Ол шығармашылық  ізденістің, терең білім мен жазушылық табиғатын еркін игерген таланттың нәтижесі.

Хикая дер кезінде, дәл уақытында жазылуымен көзі қарақты оқырманның ықыласына, жылы ілтипатына бөленді. 

Шығарманың төгілген тілі, келіскен әзілі мен ащы мысқылы, жүректі қозғап, жанды егілтер шынайылығы өз алдына бір зерттеуге жүк боларлық дүние...  Қызыл туын ғасырға жуық желбіреткен кеңестік жүйе күйреп, ежелден аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы жылдардың қиындығын дәл осы туындыдай бар болмысымен ашып көрсеткен шығарма сирек. Осы кезеңнің ауыртпалығы, сол қиындықты толарсақтап кешкен ауыл адамдарының мінез-құлқы мен іс-әрекеті, тағдыр-талайы бұл туындыда асқан шынайылықпен тартымды бейнеленген. Автордың шебер әрі  шешен баяндауы оқырманын еріксіз баурайды. Хикаяда үнемі бір ұсыныстардың шетін шығарып жүретін қиялшыл Дәулетхан, болмашыдан дау тудырып, ағайынды араздастыруға құмар даукес Қанапия, өз алдына бір әлемі бар тентек Рахман, адам құқығының тапталмауын қалт етпей қадағалағысы келетін Мэлс мұғалім, гармонымен үнемі мұңлы ән айтып жүретін Сәрсен сияқты кейіпкерлер әр ауылда кездесетіні ақиқат. Кейіпкер болмысын танытуда, оқиғаны баяндауда ойнақы да жылы әзіл сәтті үйлесіп, шығарманы әрлендіре түскен. Былай қарасаң әзіл, күлкі сияқты, бірақ сол әзілдің астарында уытты мысқыл, күлкінің астарында жүректі шымырлатып, жанды ауыртып барып төгілетін ащы жас, көкіректі қарс айырған күрсініс  жатқанын аңғарасыз. 

Жазушының «Сүргелең» повесі тұнып тұрған тау табиғатының суреті деуге болады. Қарағайлы қара орманның әсем көркі, өзен аңғарындағы шудадай ширатылған селдір тұман, атар таң алдындағы құр  ойыны, аң мен құстың кешкі сайраны – бәр-бәрі өзінше жеке  әлем. Күллі түркі жұртының түп отаны саналатын Алтайдың қайталанбас ғажайып суреті осы өңірден шыққан көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей шығармаларында өзіндік мәнермен өрнектелсе, Әлібек Асқаров қаламында көз алдымызға кәдімгі қылқаламмен кескінделген әсем пейзаж болып елестейді. Бұған жазушының қауырсын қаламмен бірге қылқаламның да шебері екендігі себеп болса керек. 

Әлібек Асқаровтың «Алтай, алтын бесік, ата жұрт» атты тың жанрдағы туындысы өз алдына бөлек әңгіме. 

Бұл еңбек – ел мен жердің толғауындай кесек шығарма.  Кітаптың алғы сөзінде айтулы қаламгер, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов «сафари» жанрындағы бұл кітаптың өзіндік ерекшелігін айта келе, «Әлібек Асқаровтың Алтай жайлы бұл шығармасы аталмыш жанрдың қазақ әдебиетіндегі ізашары» деп тұжырым жасайды. 

Табиғат тылсымына жолсапар жазбалары әлемдік әдебиетте бар үлгі. Бірақ, біздің ұлттық әдебиетте бұрын-соңды туындай қоймаған, жаңа жанрдың беташарындай болған бұл кітап мазмұн тереңдігі мен пішін жаңалығы тұрғысынан болашақтағы талай «сафарилерге» жол сілтері сөзсіз. 

Түркі жұртының алтын бесігі болған Алтай бауырындағы қазақ ауылының бастан кешкен оқиғалары, таудың мұзарт белдеуінде, үш мың метрлік биікте орналасқан, соғыс кезінде вольфрам өндірген Көккөл кенішіндегі азапты еңбек, ауыр тіршілік, табиғаттың қаһары мен шуағы мейлінше әсерлі әңгімеленген. Алтайдың ең биік шыңы Мұзтауға сапарын баяндайтын бөлімі де танымдық, тағылымдық мәнге толы. Жазушы туған өлкесінің тыныс-тіршілігін, талайлы тағдырын, қатал да сұлу табиғатын перзенттік сүйіспеншілікпен тебірене жырлайды.

Алтай жыршысына айналған қаламгер інісі туралы көрнекті ақын Қадыр Мырза-Әлі былай дейді: «Әлібек кітабында туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Оқып қана қоймайсың, көркемдіктің көне өкілі ретінде құмарта қарай­сың. Бұдан бірнеше жыл бұрын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Нико­лай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таң­ғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көргендей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Ас­қа­ровтың “Мұнар тауды, мұзарт шыңды аң­саймын” толғауларын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жалғасын көргендей болдым. Оған себеп ­– әйгілі Ал­тайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты.“Алдымен Құдай болу қиын. Құдай бол­саң, жаңбыр жаудыру боқтан оңай” деген екен бір атамыз. Тамаша айтылған сөз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе, аса талантты адамға әдемі кітап жазу – проблема емес!»

Бұл пікір бәріміздікі деуге болады...


Кешегі заман  «қызықтары»


Қаламгердің кейінгі жылдары жазған еңбектері де оқырман назарын елең еткізген туындылар болды. 

Өз алдына бір шоғыр құраған «Социализм әңгімелері» әрқилы оқиғаларды арқау еткенімен, тұтас дүние, табиғаты ұқсас бірнеше әңгімелердің жиынтығы. Бұл әңгімелерде кешегі кеңестік заманның жақсылы-жаманды барша шындығы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен мақсат-мұраты тұрғысынан баяндалады. Келмеске кеткен қоғамның кезінде көзден тасада ұсталған қалтарысты тұстары, зымиян саясаты қаламгердің астарлы баяндауы мен суреткерге тән сезімтал түйсігінің ауанымен жеткізіледі. Соғыс жылдарындағы қазақ ауылының қайғы-қасіреті мен ауыр тұрмысын арқау еткен «Қара құйын, ақ көйлек», сол бір сұрапыл соғыс салған жара жүрегін сыздатып, үнемі үреймен ғұмыр кешкен қарапайым жанның көңіл күйін «сырты әзіл, іші мұң» етіп баяндаған «Левитанның дауысы», майданда мерт болған ағасының атын үнемі кітаптардан іздеп жүретін «Долдаш ағай» әңгімелері жүрек сыздатып, көңіл құлазытады, ауыр ойларға жетелейді. Бұл әңгімелердің қай-қайсысы да өткен өмірдің сабақтарын алға тартады, бүгінгі тәуелсіздіктің мағынасын, еркіндіктің, азат елдіктің бағасын ұқтырғандай болады. 

Жазушы социализм әңгімелеріне желі болып тартылған тақырыпты «Социализм хикаяты» (кейін «Пойыз ұзап барады» деп аталған) атты повесінде барынша тереңдете түскен. Хикаяттың бас қаһарманы Базарқан – әскерден келген жас жігіт, яғни өзіміздің замандасымыз. Оқуға түсуді армандап, ат басын әскерден қайтқан бетте Алматыға тірегенімен, ол кезекті бір емтиханнан  құлап қалады. Өткендегі оқиғаларды еске түсіре отырып, сол арқылы автор кейіпкердің өмірімен оқырманын үзік-үзік таныстырып отырады. Базарқанның әңгімесімен сол тұстағы қала тіршілігі, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынасы бейнеленеді. Осындай оқиғалар ауқымында әлеуметтік-қоғамдық шындық барынша ашылады. Орта мектепті бітірген қазақ жастарын тұтастай ауылда қалдырып, күштеп комсомол-жастар бригадасына енгізу, бұл әрекетке патриоттық мән беріп шақырған үндеудің астарындағы сұмдық саясатқа қынжыласыз, өкінесіз. Жастардың тауы шағылып, өмірден  жол таба алмай адасуының да негізгі себебі осы екенін түсінесіз. Бас кейіпкердің үнемі бір нәрседен торығып, тығырыққа тірелген тұста қайталай беретін «мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине» дейтін  сөзі бар. Бұл сөйлем – сол қоғамдағы амалсыз бас изеушілікті, көнбістікті, шарасыздықты аңғарта түсетін сәтті деталь. Үстемдік құрған кеңестік идеологияның боданына айналып, армандары алданған ұрпақтың тағдыры бұл хикаятта барынша кеңінен ашылған. Кешегі өзі куә болған Кеңес өкіметінің сан қилы саясатын, оның адамдарға тигізген залалын көркем тілмен өрнектеген бұл «социализм циклын» жазушы жетістігінің жаңа бір биігі деп білеміз. 


Сан қилы тағдырлар


Жазушының соңғы жылдары жазып жүрген «Әйел парасаты» атты жаңа топтамасына кіретін «Задаш пен Балғаным», «Ғаббас пен Шура», «Қалжан мен Ләзиза» әңгімелері де лирикалық сазбен бедерленген, оқырманын бей-жай қалдырмайтын айтары мол, көркемдігі биік, деректілік сипаты басым дүниелер. Бұл туындыларда қарапайым ауыл әйелінің аналық ұлы бейнесі, оның ақыл-парасаты, отбасын сақтаудағы азаматтық ерлігі алуан оқиғалар арқылы ашылып отырады. 

Кешегі соғыстың ардегері, бүгінгі зейнеткер Задаштың басынан өткізгені анау-мынау оқиға емес. Майдан даласынан өзін аман алып шыққан орыс қызымен әуелде тағдыр қосып, кейіннен елге оралған соң амалсыз ажыраған майдангердің жанын сыздатар ауыр жара – сол әйелден туған ұлынан хабарсыз қалуы. Арада қырық жылдан астам уақыт өткен. Мәскеуге үш қайтара сапарлап,  ісінен нәтиже шығара алмай,  жанын жегідей жеген дертті сыр етіп құрдасы Сәдуге айтқан. Сәду болса, сыр сақтайтын жан болмай шықты, Задаштың кемпірі мен қызының алдында бұл сырды жайып салған... Әсілі, сонысы дұрыс болған екен. Балғаным бәйбіше екі ұлын шақырып алып: «Әкелеріңді құсадан өлтірмейін десеңдер, ағаларыңды іздеңдер» деп бұйырады. Бұйрық орындалып, Ескендір-Александрдың хабары шығыпты. Енді ол бауырларымен, әкесімен қауышуға келеді. Ескендірдің жайын байқаған Балғаным ана: «Ағаларыңның еңсесін түсірмеңдер, жағдайын жасаңдар, баспана әперіңдер, астына көлік әперіңдер» дейді тағы ұлдарына. Ана сөзі – балалар үшін бұйрық. Орындалары сөзсіз. Бір ошақтың отын жаққан әйелдің елге жетерлік ақылы мен парасаты, мейірімі кім-кімнің де жан-жүрегін тебірентпей қоймайды. «Міне, қазақтың әйелі! Міне, қазақ ұлдарының анасы» дегізерліктей. Әйел парасатын паш еткен бұл туынды кейіпкерлері өмірдің өзінен ойып алынған. Прототиптері  ортамызда ғұмыр кешіп жатқан жандар. Әдебиеттің өзегі – өмір шындығы, шындық болғанда көз алдымызда өткен, талай жан куә болған нағыз шындық. Жазушы сол үлгі-өнеге боларлық шындықты  көркемдік әлемінің көрігінде қорытып, оқырманына әдемі дүние етіп ұсынады.

Шындық демекші.... Осы сияқты  өмір оқиғасы «Ғаббас пен Шура» әңгімесіне өзек болған.

Әңгіменің кіріспесінде автор атынан берілген баян бар.

«Осы әңгімені алғаш естігенде әлдебір өкініш аш өзегімізді өртегендей күйге түсіп, қатты тебіренгеніміз бар.

Әңгіменің ұзын-ырғасын алдымен Мұхтар Құл-Мұхаммед  айтып беріп еді. «Жазып  жүрген жаңа циклыңызға қатып тұр, осыны қолға алсаңыз» деп ұсыныс жасаған. Соңынан бұл баянның бас кейіпкерінің үзік-үзік естеліктері мен жазбаларын оқудың да жөні түсті. Сөйтіп, осы оқиға арқылы  әйел затының көк аспандай тұңғиық жеке әлем екеніне біз тағы бір көз жеткізгендей болғанбыз. Қыл пернеден де нәзік әйел жанының жұмбақтығына қайран болып, лажысыз оны тағы да мойындауға тура келген. Біз, еркек ағайын,  енеден енді екі туып келсек те бұл сиқырды мәңгі түсінбей өтетінімізді мықтап ұққанбыз.

Алдымен, кейіпкерлердің аттарын өзгертіп, судай сапырып  қиялға біраз ерік берейікші деп те   ойладық. Артынша бұл ойдан айнып, аттарын да, заттарын да естіп-білген сол қалпында қалдырғанды жөн санадық. Өзгертіп жазсақ өтірік шығатындай, әрі ол кісілердің  ар-ұятына қамшы басып, обалына қалардай сезіндік. Қысқасы, адалынан ғұмыр кешкен адамдардың аруағы  алдында күнәһәр болғымыз келмеді.

Оның үстіне бұл әңгімеге бірдеңе деп ойдан қосудың қажеті де шамалы еді. Бәрі де тайға таңба басқандай айқын, өмірдің өзінен ойып алынған айдай шындық-ты.

Сол себепті де, қымбатты оқырман, естіген әңгімемізді шашау  шығармай, қаз-қалпында сіздермен бөліскіміз келді», - деп сыр шертеді автор.

Гүлжан атты әйелдің естелігімен берілген әңгіме желісі  әйел атты парасат иесінің ғажап рухани ерлігін танытады. Майданнан екі мәрте қара қағаз келіп, соңынан өзі келген Ғаббастың жанына сүйеу, көз орнына көзі болып бірге келген Шура атты әйел... Алтын шашты ару қыз... Бұдан кейінгі күллі ғұмырын қос жанарынан айрылған Ғаббаспен алпыс екі жыл бірге өткізген қайратты жан. Екінің бірінің, тіпті жүздің бірінің қолынан келмейтін ерлік бұл. Тағдыр тауқыметіне қарсы тұрып, он бір ұл-қыз өсіріп, ұзағынан ғұмыр кешкен Ғаббас пен Шура тағдырын тілге тиек ете отырып, автор әйел-ананың асқақ тұлғасын, ақыл-парасатпен сомдалған болмысын ардақ тұтады. Сондай жандардың бар екеніне тебіренеді. Оқырманын қоса тебірентеді. Осы бір ізгілік тұнған тақырып «Қалжан мен Ләзиза» хикаятында жалғасын тапқан. Өмірде болған адамдар тағдырын көркем дүниеге айналдыру үшін де қаншалықты шеберлік керек екені белгілі. 

«Адам мінезі қызық-ау осы... Жақсы мен жайсаң, асыл мен ардақтының бәрін ылғи да алыстан ідейміз. Қызық пен шыжықтың баршасы бөтен жақта, көз көрмес аулақта, әйтеуір біз жоқ жерде  өтіп жататындай көреміз. Аңызға лайық уақиғалар мен хикаялар тек қана кітап пен кинода ғана болатындай қабылдаймыз. Сөйтіп жүріп қасымыздағы қайсыбір құбылыстарды байқай бермейміз. Асылымызды бағалап, ардақтымызды тани алмай жатамыз. «Адам жайын ауылдас білмес, арыздас білер» деген тегі осы шығар» деген автор толғанысы шертілер хикаяның мән-мағынасын аңғартады. Қалжанның айтқан әңгімелері арқылы ел тағдыры, жер тағдыры, қарапайым адамдар өмірі оқырманның көз алдынан кино лентасындай өтеді. Адамзат баласынның тіршілігі басталған тұстан бірге жасасып келе жатқан қасиетті ұғымдар әрқайсымыз күнде көріп жүрген қарапайым ғана бір жанның жан-дүниесінде, жүрегінде ғұмыр кешіп жатқанын кейіпкер әңгімесінің ауанынан аңдаймыз. Аңдаймыз да, ізгілік пен парасаттың, жақсылық пен мейірімнің адаммен бірге жасай беретін жасампаздығына көз жеткіземіз. «Адамдық негізі – әйел» деп, ғасыр басында ғұлама жазушымыз М. Әуезов мақала жазса, соның дәлелі, шындығы осы ғасырдағы қаншама көркем туындылар арқылы көрінді. Зере әже, Ұлжан ана, Айғаным бәйбіше, Ұлпан... ұзаққа созылар бұл қатардан орын алар әйел-ана, әйел-арулар сапына Әлібек Асқаров қаламы пішіндеген Балғаным мен Шура, Ләзиза сияқты кейіпкерлер де кірді.  


Түйін


Қаламгер мұраты елі мен жерін, ұлтының ұлылығын һәм қасіретін, бастан кешкен тарихын, ізгілікке тұнған жүрек иелерін, қат-қабат сырлы адам болмысын көркем шығармалары арқылы ұрпақ жадында жаңғырту десек, жазушының бұл мұраты жоғарыда сөз болған шығармалары арқылы орындалған. Әзілі мен мысқылы, ойы мен толғанысы, сыршыл сазы келіскен туындылардың өмірмен біте қайнасқан болмысы, оқырманның жүрек қылын қозғар әсерлілігі өз алдына. Әдеби кеңістіктегі биік эстетикалық талғам, мызғымас авторлық ұстаным, қаламгерлік шеберлік сияқты ұғымдар тұрғысынан сөз қозғасақ, солардың қай-қайсысына да өзіндік бітім-табиғатымен жауап беретін Әлібек Асқаров туындылары қазақ әдебиетінің қазынасын байытқан рухани дүниелер екені даусыз.


«Айқын» газеті.




Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры