Жанат ЕЛШІБЕК
жазушы
СУРЕТКЕР
Эссе
1.
Орайлы істің оңынан келуі осы да. Уақыттың тығыздығына қарамастан «Ана тілі» газетінің тапсырмасын құп көрдім. Таяуда ғана өзім куә болған жағдайды ұрымтал штрих ретінде пайдаланудың сәті түсіп тұрғандай. Жыл табалдырығы алдындағы үш-төрт күндік демалысты қағыстырып Балқаштың жағасындағы туған жерге барып қайтқанмын-ды. Алтын қазық – ыстық ұямда, анамның жанында толық бір тәулік аялдамаған шығармын. Құдайға шүкір, тоқсанның төріне қол созған шешемнің ойы тұнық, сөзі түзу. Алаң көңілім сабасына түсіп, алып-ұшқан жүрегім орныққандай. Бір байқалған өзгешелік, ежелден аса сабырлы анашымның қолынан таспиығы түспейтін бопты. Зерлі әшекей тас-моншақтарды саусақтарының ұшымен шиырған қалпы сөйлеп отыр. Өткен-кеткенді, теледидардан естіп-көргендерін сұрайды. Таныс-білісті түгендеп, одан-бұдан сыр суыртпақтайды. Бәрінен хабардар болғысы келеді. Әйтеуір, құлағы түрік, көкірегі ояу.
–Әттең көзім кетіп барады. Бұрынғыдай бір мезгіл газет, кітап оқуды қойдым. – Бәсең үні кібіртіктеп барып, қайтадан жігерлі естілген. – Осы қарағым, әлгі суретші бауырың аман-есен жүріп жатыр ма? Аты Әлібек пе еді... Үйлі-баранды шығар. Қазір Алматыда ма, жоқ әлде Ақмолаға көшіп барды ма? Өзі бір Құдайына қараған, болайын деп тұрған бала сықылды көрінетін...
–Астанада ғой... Елбасының маңында!
–Бәсе, айттым емес пе!
Бағанадан бері анадайда өзді-өзімен дабырласып отырған Болат нағашым мен Қобай інім елеңдесіп, біздің әңгімемізге бүйірден қосылғаны бар.
–Апа, Әлібек суретшілікті тастап кеткен. Ол қазір дөкей жазушы. Қызметі де үлкен, – деді Болат ентелей жақындап. – Басқасынан хабарым жоқ. Жазғандарын өз басым өте сүйсініп оқимын. Таяуда «Егеменге» «Қойға шапқан қара аю» деген қызық әңгімесі шықты. Алтайға аю аулауға келген шетелдік аңшы туралы.
–Е-е, біз де оқыдық үй-ішіміз жапырыла. Әлгі қорыққаннан бұтына жіберіп қоятын сужүрек аңшы жайында ғой. – Қобай інім ішін ұстап қарқылдап күлген. – Кітаптарын оқып жүрміз. Тілінің бізі бар. Келеңсіздіктер мен кемшіліктерді әзілмен бейнелеп, мақтамен бауыздайды. Жалпы, Әлібектің жатыпатарлығы әншейінде оншалықты байқалмайды. Өте биязы, сырбаз жігіт. Өткен жылы Астанаға барғанда жолықтым. Шамасы, он бес жылдан соң кездескен шығармыз. Етжеңденіп, домаланып қапты. Құрақ ұшып жатыр. Баяғы жайраң қаққан елгезек мінезі, «толдым», «өстім» дейтін емес. Әйтпесе, табанда танымай қалатын талай шіренді көріп жүрміз емес пе...
–Нағыз азамат!
Нағашым шыдамсыздана әңгімені келтесінен үзіп, көмейіне тығылған әлгіндегі пікірін басқа арнаға бұрды. Әлібектің соңғы жылдары жазған дүниелерін жіліктеп-жіліктеп талдай жөнелсін. Несін жасырайын, аузымды ашып қалыппын.
–Өй, Бөке, өзің әдебиет зерттеушісінен кем емес секілдісің. Бәрі дұрыс. Жаңғақша шағып отырсың.
–Жо-оға-а... Менікі оқырман ретіндегі жеке пікірім ғой. Әдебиет пәнінің мұғалімі болмасам да, сөз өнерін қадірлеймін. Көрінген былжырақты оқи бермеймін. Кешір, әрине. Іріктеп, сөз саптауына, алған тақырыбына, көтерген мәселесіне қарай дегендей. Өзің жақсы білесің, биолог болсам да шатып-пұтып бірдеңелер жазатынымды. Әлібектің тәуелсіздіктің елең-алаңындағы шалғайдағы ауылдың хал-жағдайын, нарыққа бейімделе алмай дағдарысқа ұшыраған ауыл адамдарының мінез-құлқын, күйкі тірлігін, ең ақыры азып-тозған пиғылдарын жан-жақты ашып, өлтіріп жазған кітабы туралы сынып сағатын өткіздім. Күні кеше ғана өзіміз өмір сүрген, өзіміз бастан кешірген, имандай ұйып, табынып-сиынған социалистік қоғамның бет-пердесін әшкерелеп, әжуалап түйрейтін көркем әңгімелері қандай нанымды, қандай тартымды. Ал «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Көккөл», «Мұзтау», «Шындығатай», «Шабанбай» тәрізді тарихи-танымдық дерегі мол хикаяларын сабағымда жиі пайдаланамын. Газетке шыққандарын түгел жібермей қиып алғанмын. Үйде сақтаулы тұр. Әлібек Асқаров менің пайымдауымша, табиғат жыршысы. Мөлдіретіп, тамылжытып жазады. Қазіргі үлкен жазушыларымыздың бірі Қалихан Ысқақ ол жөнінде әдемі айтыпты... Айтпақшы, сен сонау Алтайдың баласымен қалай танысып жүрсің? Ә...
Сырт көз – сыншы. Көзі қарақты жерлестерімнің ой-өрісі серпілтіп-ақ тастаған. Бәрінен мағлұматтары бар. Қандай қуанышты. Қарапайым ауыл мұғалімінің ағынан жарылғанын көрмейсің бе?! Қалихан аға сүйікті інісі туралы әр-әр жерде жылы лебіздер білдіріп, мемуарында жазғаны мәлім. Әлібектің былтыр жарық көрген «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» кітабы хақында көсіле ой толғаған: «Көккөл, Шындығатай, Мұзтау – бұлар қазақ дейтін жұрттың шығыстағы үш тіреуі, үш тірегі десек те болады. Қытай, Моңғолия, Ресей – үш бірдей мемлекетті қоңсылыққа алып, аспаннан алақтап арғы беттегі ежелгі қонысты да еске салар ұшар биігіміз. Менің шекарам, менің атамекенім, менің отаным дегенді жазушы әдіптің астымен-ақ айтып отыр. Сан ғасырлық тарихты бауырына басып жатқан ұлы таудың рухы оның шыңдарынан да биік екенін орманын кешпеген, тасын баспаған, суын татпаған адам білер ме екен?.. Төр Алтайдың қасиеті де, қасіреті де осы кітаптың ішінде. Автор көргенін ғана емес, көкейіндегісін де қоса өріп, оқушының сезіміне, зердесіне тастап отыр... Әлібектің қуалап отырғаны аңыз да емес, алтын да емес, өткеннің өкініші мен бүгіннің ақиқаты».
Рас. Осындай ғұмыры ұзақ туындыларды дүниеге әкелген, жүрегі елім деп, жерім деп елжіреген Әлібек екеуміз ең алғаш қалай кездескен едік?
Жадыдағы жаңғырықтар не дейді? Кәне, құлақ түрелікші...
2.
Адам жады ешқашан ескірмейді. Дабыл қаққан мезетте-ақ есіңнің қатпар-қатпарында қатталған оқиғалардың арасынан өзіңе қажеттісін қаз-қалпында бейне бір кинолентадай жанарыңның алдына көлбеңдете қояды. Айна-қатесіз. Менің де Әлібек ініммен алғаш танысқан сәтім тура күні кешегідей есімде.
Өткен ғасырдың алпыс тоғызыншы жылының қарашасы. Бәлкім желтоқсанға ұласар өліарасы болуы керек. Алматыға биыл қыс ерте түскен. Қар қалың. Кешелі-бері сарышұнақ аяз буып-ақ тұр. О кезде “Лениншіл жастың” редакциясы Коммунистік даңғылы бойындағы 63-ші ғимаратта (қазіргі Абылай хан) орналасқан. Кешкісін ел жұмыстан қайтып жатқан абыр-сабырда секретариатқа бас сұққан әдебиет бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев:
– Жанатжан, міне менің айтып жүрген суретші бауырым. Аты-жөні Әлібек Асқаров, – деді жылыұшырай. – Өздерің сөйлесіп таныса бергейсіңдер. Біраз заказ беріп көр. Мен үйге кеттім.
– Жарайды Ораға!
Иығына түскен қою бұйра шашын милықтата бастырып жұп-жұмсақ, үлпілдеген тиін малақайын киген ол шығып кетті. Ілкі сәт соңынан үнсіз қарап тұрып қалған менің көзім қарсы алдымдағы жаңа танысымның қолындағы құлақшынға түсті. Тіл ұшына жетіп келгені.
– Мына шәпкің де тиіннің терісінен тігілген бе? – дедім таңырқаған үнмен. – Бүкіл Алматыда жалғыз ғана Оралхан ағаның басынан көріп, қатты қызығатынбыз.
– Иә, біздің жақта ондатр, қаракөл жоқ. Барымыз осы тиін ғой. – Қолындағы малақайын жұмырлай уыстап көрсеткен Әлібек үстіндегі тор көз пальтосын шеше бастады. – Бөлмелеріңіз қайнап тұр екен.
– Кәне, әдемілеп шешініп таста да алдыңдағы бос үстелге жайғас. Асықпасаң біраз отыратын шығармыз. Мен келесі нөмірдің екі бетінің макетін сызып тастайын. Мүмкін, бір-екі штрих сызып әкелерсің ертеңге. Әлібек, сен мына одақтас республикалардың газеттерімен таныса бер. Біздің “Лениншіл жас” секілді газеттері ғой. Әсіресе, Молдовияның, Балтық республикаларының жастар басылымдары ұнайды. Макеттерін көз жүгіртіп көрші. Квадраттарды құбылтып береді. Фотолары да тартымды әрі сапалы. Штрихтарды өте жақсы орналастырады…
Әлгіндегі аяз сорған қызыл шырай реңі бозара түскен бозым бала көздері күлімдеп, ұяң үнмен тіл қатқан:
– Жанат аға, кешірерсіз. Квадрат, макет дегендерді онша түсінбей тұрмын.
– Әрине, білмейсің. Сендерге оны оқытпайды. Газет бзендіруді біздің ҚазПИ-дің филфагында да үйретпейді. Суреттер мен фотоларды өлшеп, материалдардың жолдарын санайтын мына сызғыштарды осында көрдім алғаш рет. Бұл линейканы – строкамер дейді. Иә, қолыңа ұстап жыпырлаған цифр-таңбаларға үңіліп көр. Көзің қаныға берсін. Онымен қалай жұмыс жасау керектігін қазір үйретемін. Еш қиындығы жоқ. Тек ынта-ықыласың болуы керек. Ендігі жерде барлық заказды осы сызғыштар арқылы орындайтын боласың.
– Әр кәсіптің өз жұмбағы бар деген осы. – Тұла бойынан тазалықтың, күлім көзінен мөлдірліктің, таңырқаған мақамынан балғындықтың лебі мен табы анық аңғарылар жаңа танысым жұқа пленкадан жасалған сызғыштың орама шиыршығын екі қолымен бірдей жазып ынтыға тесіле түсті. – Мынауыңыз тұнған есеп-қисап қой өзі.
Әлібекпен алғаш танысқан күнімді есіме түсіргенде осынау көрініс жанарымның алдына қаз-қалпында жетіп-ақ келеді.
Әрине, адам жадында кез келген өмір суретінің өшпестей боп сақталып қалуы мүмкін емес. Ілуде біреуі ғана яғни мыңнан бір мезеті ғана… Үлкен ғұмырдың өзін осындай маңызды да, ұмытылмайтын сәттер құрайтынын тереңірек білсек, шіркін!..
3.
…Кешікпей редакторымыз Шерағаң – Шерхан Мұртаза “Жалын” альманағына бас редактор боп ауысып, “Ленжастың” орынтағына Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов отырды. Онсыз да күн аралатып біздің редакцияға бас сұғатын жаңа бастығымызбен ежелгі танысымыздай қауыштық. Төменгі қабаттағы “Қазақстан пионерінен” келген Сейдахмет аға “юнкорры” ретінде мені өте жақсы білетін.
– Кәне, Жанатжан, маған кірші, – деді кабинетіне өрлеп бара жатып. – Әлгі суретшіңді… Соңғы кезде штрих суреттері жиі шығып жүрген Әлібек Асқаровты айтам, дереу ертіп келе қойшы…
Әуелде ештеңеге түсіне алмай, абдырап қалғаным рас. Өйткені, айтып тұрған Әлібегі штатта істемейтін суретші. Әлі студент. Қолы қалт еткенде, екі-үш күнде бір рет редакцияға соғып кетеді. Онда да көбіне кештетіп, жұмыстың соңына таман. Екінші ауысымда оқиды. “Оны-мұны, асығыс емес заказыңыз бар ма?” деп телефондайды алдын-ала. Кеше сабақтан соң келіп, бір очерктің тақырыбы мен өлеңдер топтамасына екі-үш штрих жасауға тапсырма алып кеткен-ді. Бүгін хабарласуы екіталай. Қазіргідей ұялы телефонның дәуірі қай-д-а?.. Не десем екен? Секретариаттың төріндегі бастығымның есігінен имене аттаған бойы:
– Аға, Әлібек жоқ еді, – дедім күбірлеп.
Сөзімнің аяғын күтпеген жаңа редактор:
– Оу, сағат әлі бес емес пе? Неғып ерте кетіп қалған, ә?!
– Ол бізде істемейді ғой. Студент жігіт. Қолы бос кезінде ғана тапсырмамызды орындайды…
– Е, е… Солай ма еді. Әлібектерің жақсы суретші. Салған суреттері, сызған штрихтары ұнайды. Өзіндік қолтаңбасы байқалады. Газетке белсендірек тартуымыз керек. Реті келіп жатса қызметке алайық. Бүгін-ертең хабарласып қалса, тездетіп шақырарсың. Маған жолықтыршы, өзім түсіндіріп, таяудағы нөмірдің біріне тапсырма берейін.
– Жарайды. Өзі де звондап қалар.
4.
Көпке созбай, ертеңінде редакцияға елпілдеп жетіп келген Әлібекті ай-шайға қарамай Сейдағаңа алып бардым.
– Оу, бауырым, мен сені осы газетте жұмыс істейтін шығар десем, оқитын сықылдысың. Нешінші курстасың? Сабағың жеңіл болып, уақыт тапсаң бізге жиірек қатысып тұр. Тәуір материалдарды ажарлап, жұтындырып бермесе оқылмайды.
– Соңғы курстамын биыл. Дипломдық жұмыстан қол тиіңкіремей жүргені. Әйтпесе, өзім де газетке арнап штрих суреттер салуға қатты қызығамын.
– Маған ықылас-ынтаң ұнап отыр. Жастарға салбөкселік жараспайды, жек көрем ондайларды. Ендеше, Әлібек, сен тура ертеңгі нөмірге қатырып тұрып бір үлкен штрих салып әкелші. Идеясы, міне, мынадай: Қазақстанның асты-үстіндегі қазба байлықты қос алақанға орналастырып бейнелеп көрші. Әрине, айтқанға оңай. Менікі – тек идея, ой тастау. Қалай саласың, қандай шешіммен көрсетесің. О жағы өзіңнің фантазияңа, суретшілік қиялыңа байланысты. Түсіндің бе, менің ойымды? Егер сәтті шықса, тура фирманың үстіне 21 квадратқа тұтас береміз. Ширек беттің көлемінде жаман болмайтын секілді. Өзім де білмеймін, әйтеуір, миымнан кетсейші бұлдыр бір елестің сұлбасы...
– Иә, оригинальный дүние шығуы мүмкін. Мен де көз алдыма бірдеңені елестетіп тұрғандаймын. Бүгін түнімен сызып көрейін, – деді Әлібек ерекше бал-бұл жанып.
Ертеңіне сағат оннан аса Әлібек те жетті. Түнімен кірпік ілмегені анық байқалады. Екі көзі қып-қызыл. Сейдағаңның айтқандарын шала-пұла елестеткен мен штрих-суреттің нобайын ойша өзімше кескіндеп, жанарымның алдына көлбеңдетемін-ау. Сөйтсе де тым күрделі көрінген. Көңілім де алаңдаулы. “Әлібекжан бастықтың идеясын қалай шығарар екен?” Жоқ. Күпті күдігім оның қолындағы қара тушьпен салынған табақтай картинаны көрген бойда сейіліп қоя берді.
Алып алақанда Қазақстанның қазба байлықтарын шашаусыз орналастырыпты. Қара алтын селін ағызған мұнай скважинасы, жал-жал көмір таулары, кеніштер мен зауыттардың кескіндері, дарқан дала төсін қан тамырындай шимайлаған болат жолдар мен көкке бой созған жоғары кернеулі электр желілері... Бәрі-бәрі бар. Үңілген сайын, тесілген сайын әр тұстан ап-анық шалынады. Тіпті, ұлан-байтақ еліміздің астықты алқабы, ойдым-ойдым орман-тоғайы мен шалқыған өзен-көлдерін де аңғару қиын емес. Ғажабы сол, құр әшейін үйме-жүйме, іркес-тіркес тоғыта салмаған. Әр детальды, әр штрихты әдемі жымдастыра үйлестіріп, суретшілік шеберлікпен үндестіре білген. Жіті назар аударғанда барып алып қолдың салалы саусақтары ұштарын әдіптей көмкерілген сызық-жолақтардан республика картасының нобайын байқадым. Тамаша шешім.
– Жүр. Редакторға көрсетейік. Меніңше о кісіге ұнайтын сияқты. Ойын да, идеясын да дәл тапқансың.
– Кім біледі? Бастықтың талғамы бізден биік қой, – деді Әлібек қобалжи. – Асығыстау салынды, бір түннің ішінде бұдан артық ештеңе істей алмайсың ғой.
Емен-жарқын қарсы алған редакторымыздың қырағы қиығы штрих-суретті ашып қалғанда-ақ байқады.
– Жарайсың, Әлібек! – даусы ерекше жарқын шыққан. – Кеше саған түсіндіре алмай бәйек болған ойым тура осы емес пе! Менің айтпағымды өте сәтті орындапсың. Сенің бұл суретің кез келген картинамен иық тіресе алады. Көлдей-көлдей мақала мен материалдың аузын қисайтып жібереді. Өзіңді қатты қинап жібергенімді сеземін, бауырым. Мынадай кесек дүниені ұйықтамай, жарым түнде сызып шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Біраздан бері ойлап жүрген тақырып. Тағы да айтамын: өте тамаша жасапсың. Қалың оқырманның көңілінен шығатыны даусыз. Бұл суреттің айдарына былай деп жазыңдар: “Өз байлығың – өз қолыңда!” Артық-ауыз басқа ештеңе қосудың қажеті жоқ. Тездетіп баспаханаға жіберіңдер.
Біз Сейдағаңның кабинетінен жымыңдап шықтық.
Салған суреті ертеңгі нөмірге шықпай жатып мақтау естіген Әлібектің төбесі көкке сәл-ақ жетпегені айдай анық.
Еңбегіңнің дер кезінде бағаланғанына не жетсін!..
Айтпақшы, ақиқатын айту керек, сол кезде біз журналистиканың найзагері – Сейдахмет ағаның ішке бүгіп қалған жұмбақ сырын жете ұқпағандаймыз. Қазіргі бостан, азат оймен зер салсақ, бүкіл байлығымызды сүліктей сорып жатқан алпауытқа қарсылықты Әлібекке салғызған осы сурет арқылы жеткізуге ұмтылғаны анық байқалады.
…Осылайша “Ленжасқа” бауыр басып кеткен Әлібекті жігіттер де жатырқамады. Өздері жазған суреттемелерге, очерктерге, тіпті ұйымдастырған топтамаларын ажарландырып безендіру үшін штрихтарды тек Әлібекке салғызатын болды. Ұжымның бір мүшесіне айналған ол уақытының денін редакцияда өткізетін. Көбіне менің жанымда. Кей күндері жұмысқа ертеңгісін бірге келеміз. Өйткені, жатақханада тұратын оны қоярда-қоймай пәтеріме алып барамын. Үйіміз жоқ. Бірінші Алматы жақта, Мехпоселкта бір ұйғырдың күркедей қоржын бөлмелі үйін жалдап тұрушы ек. “Біздікіне барып қона сал…” Менің қолқамды екі етпей құп алатын.
Қазекемнің үйінен қонақ арылған ба? Қысы-жазы, жыл бойы бірінен соң бірі келіп жататын ағайын-туыстарым да Әлібекті тонның ішкі бауындай жақсы көріп кеткені рас. Туған інімнен кем көрмейді. Сирек құбылыс. Бәз-баяғы селкеусіз қалпында.
Әлібек екеуіміз түннің бір уағына шейін сырласамыз. Әңгімеміздің тіні – журналистика төңірегінде, әдебиет төңірегінде. Жастар газетінің жазғыштары қолынан шыққан әр дүниені қақас жібермей, шемішкеше шағып оқитын ол өз пікірін ортаға салатын. Училище қабырғасында жүрсе де бейнелеу өнері, жалпы сурет өнері жөнінде аса терең білімпаз бауырым жазуға да бөлекше құштар екенін сездірген:
– Жанат аға, менің де со-н-дай жазғым келеді. Орағаңның, Марат Қабанбаевтың, Сейітқазы, Жақау мен Ырымның очерктері қатты ұнайды. Солар секілді жазғым келеді. Училищеден соң журфакқа түсіп кетсем қайтеді?
– Несі бар, ниетің дұрыс. Егер жазуға құласаң, осы бастан түрте бер. Жұрттың бәрі бірдей журналист боп, я болмаса ақын-жазушы боп туа салмаған ғой. Журналистикаға сырттан-ақ түскенің жөн. Очно оқимын деп біраз уақытыңды өткізіп аларсың. Сейдахмет аға да өзіңе жаман қарамайды. Мүмкін, бізге қызметке алатын шығар.
Шындығында Әлібектің жаны да, жүрегі де журналистикаға жақын болып шықты. Әр түрлі тақырыптарға арнап салған суреттерімен бірге нәзік лиризмге құрылған көлемді очерктері мен суреттемелері, тырнақалды әңгімелері баспасөз беттерінде жиі жариялана бастады. Қай туындысын болсын өзі безендіріп мөлдіретіп, қыздың жиған жүгіндей жұтындырып береді. Өстіп суретші Әлібек Асқаров – ойы ұшқыр, қаламы үшкір журналист-жазушы жігітке айналды, “Ленжастың” сүйкімдісіне айналды.
5.
Өткен жылдар елесін жаңғыртқан сайын жадыдағы суреттер сұлбасы сүлеленіп, әрқилы оқиғалар рет-ретімен бастарын қылтитып шыға келеді-ау. Қайсыбірін айтып тауысарсың. Үлкен өмірдің кіп-кішкентай бөлшегіндей. Ақиқатында дүниенің өзі, тіршлііктің өзі осы ұсақ-түйектен құралса керек. Ендеше Әлібекке қатысты есіме түсіп отырған оқиғалардың оқшауларын жүлгелейін.
Талай марқасқа қылқалам шеберлерінің ұстаханасы саналатын Алматы көркем-сурет училищесін бітірген бойда әскери міндетін өтеу үшін армия қатарына шақырылған Әлібек бауырым ешқайда ұзамады. Алматының нақ төрінде орналасқан әскери бөлімшеде, яғни үйдің іргесінде. Қағілез суретшіге зәру жаңа ортаға тез бейімделіп, ғажайып өнерімен дараланған оны мұнда да алақандарына салып құрметтеді. Жалғыз ғана мысал. Қалаған кезінде редакцияға, не үйге соғып кететін ол бірде: “Партияға өт деп жатыр. Не істейін?” деді. “Мұндай мүмкіндіктерді жіберме. Көбіміздің қол-аяғымыз байланып, қиналып жүргенімізді өзің де жақсы білесің…” Ақылымыз зая кетпеді. Іле-шала әскерін бітіріп, “Білім және еңбек” («Зерде») журналына көркемдеуші редактор болып орналасқан Әлібектің өзгелерден бір артықшылығы осынысы еді.
Жадыдағы көп көріністердің бірі Шоқаным дүниеге келгенде, оны перзентханадан Әлібек екеуіміз шығарып алғанымызды неге ұмытайық. О кезде Алматыда жақын туысымыз жоқ. Біріміз – аға, екіншіміз – іні. Шоқ-шоқ гүлімізді шашып, ақ қайнарымызды аспандатып аттық. Қайран, қылаусыз періште пәк көңілдер-ай! Өзіңдей суретші болсын деп Әлібекке ұлымыздың аузына ырым етіп түкірткеніміз де әлі есте. Тура осыған ұқсас сурет Әлібек пен Зәйкүл екеуі қол ұстасып отау тіккенде қайталанғаны және бар. Алаңсыз шақтағы қуаныш пен бақыттың нұрлы шуағы мәңгі себезгілеп тұрғандай…
Қазір мен арайлы шұғыланы алтын асықтай мәпелеп өсірген қос құлының Іңкәр мен Дидардың, құлдыраңдап жүгірген немерелеріңнің бал-бұл жанған жүздерінен іздеймін. Жалт-жұлт еткен ғапыл дүниенің қызығы мен шаттығы осы шығар...
Айтпақшы, жазғы демалысында ауылына бармай менің танымдық дүниелерімнің – бүкіл сөзжұмбақтарымның суреттерін сызды. Қазіргі белгілі жазушы, бала кезден жан досы Дидахмет Әшімхановты бірінші курста оқып жүргенде маған ең алғаш таныстырған да Әлібек бауырым. Дидаштың сиясы кеппеген, тор көз оқушы дәптеріне жазылған балауса әңгімелерін осыдан қырық жыл бұрын, тұңғыш рет оқып, өзімізше сарапшылық жасағанымызды қалайша ұмытарсың.
Әуелде Әлібектің шығармашылық әлемі хақында ой бөлісіп талдау мақала жазсам ба деген ниетпен қолға қалам алған едім. Бірақ… Өзіңіз де аңғарып отырған боларсыз, қадірменді оқырман. Әңгіме өзегінің мүлдем басқа арнада өрбігені мәлім. Бұған өзім де еш өкінгенім жоқ. Бұл күнде аты-жөні елімізге жақсы таныс бауырымның сырт көз біле бермейтін кейбір қырлары жөніндегі жүрек түкпіріндегі сырымды бүкпесіз ақтарғаныма қуандым.
6.
…Суретші боп бастап үлкен өмір тезінен өткен Әлібек Асқаровты қазір қалың жұрт қарымды қаламгер ретінде таниды. Тәуелсіз Қазақстанның баспа ісі мен полиграфиясын дамытып, қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Осы саланың мамандары оның ірі ұйымдастырушылық қызметін үкілеп айтары сөзсіз. Республикада жаңадан ашылған “Өнер” баспасының жетекші басшыларының бірі болды. Ұзақ жылдар Министрлер Кабинеті мен Баспасөз министрлігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Қазір Президент Әкімшілігінде, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
Халқы үшін, туған елінің мәдениеті мен әдебиеті үшін талмай қызмет етіп келе жатқан ол негізгі кәсібінен қол үзген емес. Жеке бастың күйін күйттеп, шен-шекпен қуалап, шіренген шенеунікке айналып кетпеді. Ең қуаныштысы осы! Әйтпесе, “ Бетегеден биік, жусаннан аласа” қағидасын берік ұстанған оның әлдекімдерше айғайлап, дарақыланып кеуде соғар атақ-даңқы да бір басына жетіп жатыр.
Өзіндік дара қолтаңбасы мен жазу мәнер-машығы бар Әлібек қаламынан “Құтмекен”, “Тайга толғауы”, “Жасыл әлемге саяхат”, “Ерте түскен бозқырау”, “Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…”, “Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын”, “Социализм әңгімелері”, “Социализм хикаяты”, «Кешегі күннің хикаясы», «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» т.б. кітаптар дүниеге келген. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Өр Алтай мен қайтейін биігіңді...» Пекиннің «Ұлттар» баспасынан жарық көрсе, әңгіме, повестері «Родники рождаются в горах», «Скрип соленого сердца», «Стон дикой долины», «И смех, и слезы, и любовь» деген аттармен орыс тілінде басылып шыққан. Аз еңбек емес. Мемлекеттік, қоғамдық маңызды да, жауапты жұмыстарды білім-білігімен ұршықша үйіріп жүрген азаматтың қолынан ғана келер көл-көсір дүние.
Даралап, қадап ескертер жәйт – сезімтал суреткер Әлібек Асқаров уақыттың лебін, дәуірдің демін, тірліктің тынысын дөп басады. Хас шебер қай туындысында болсын тайпалған жорғасынан әсте жаңылмайды. Шоқырақтамайды. Тақырып іздеп алаөкпе боп аптықпайды, жаңалық қуып желікпейді. Өмірдің өзінен кертіп, ойып алған оқиғаларды сыздықтатып сана сүзгісінен өткізіп, көркемдік биік деңгейде кескіндеп, келістіре кестелейді. Тарихи-танымдық деректерді ұтқыр қиюластырып, тамылжыған пейзажды кейіпкер мүсінін сомдап, оның ішкі психологиясын әр қырынан жарқыратып ашып көрсету мақсатындағы жазушы ізденісі сүйсінтеді.
Әрдайым қаламын суытпай бабында ұстайтын жазушы Әлібек Асқаровтың қай туындысы болсын назар аудартады. Әлгінде мегзегендей оның шығармаларын егжей-тегжейлі талдамасақ та қаламгер мерейін марқайтар жылы лебіздердің қадау-қадауын ғана тілге тиек еткенді жөн көрдік. Кез келгеннің жазған дүниесіне тұщына бермейтін аса дегдар, талғампаз ағамыз Шерхан Мұртаза кезінде “Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді…” жинағы жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде “Романға бергісіз повесть” деп айрықша қуана жазса, белгілі ғалым, әдебиет тамыршысы Шериаздан Елеукенов бұл туынды туралы: “Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген шоқтықты да, шұрайлы роман”, деген пікірді қадап айтқан-ды.
Қазақ әдебиетінің бүгінгі корифейлерінің бірінен саналатын Қадыр Мырза Әли “Социализм әңгімелері” төңірегінде кезінде қалам тербеді. Қазақ қара сөзінің қаймағын қалқып ішкен, поэзия мен прозаның ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген ақын-жүректің лүпілін, кәне, бірге тыңдайықшы: «Әлібек Алтайды, туған Алтайын жырлаудайын-ақ жырлап баққан. Елтіп оқисың. Ғашық болдым Алтайға. Түс көргендей сезіндім. Оған себеп – әйгілі Алтайдың айтып жеткізе алмайтын, жырлап тауыса алмайтын сұлулығы мен соны жанын салып суреттеген Әлібек інімнің туған жерге деген ұлы махаббаты. «Алдымен Құдай болу қиын. Құдай болсаң, жаңбыр жаудыр боқтан оңай» деген екен бір атамыз. Әдебиетке, көркем сөзге келген адам алдымен талантты, тіптен талантты болуға тиіс. Ал талантты, әсіресе, аса талантты адамға әдемі кітап жазу – проблема емес екен!»
Қадым заманнан бастау алған қазақ әдебиетінің салқар көші ілгері, келер ғасырларға ентікпей тарта берері күмәнсіз. Оған менің жүрегім кәміл сенеді. Әдебиет қазанына олжа салып, киелі шаңырақтың бекем уығы боп шаншылу – қалам ұстаған кез келген буын өкілінің темірқазық арманы. Ендеше, ағалар лебізін ірке тұрып, Әлібектің өз замандастарын да тыңдаған дұрыс шығар. Белгілі қаламгер, сыншы Тұрлыбек Мәмесейіт «Алтай» туралы төмендегіше пікір түйеді: «Аталған толғау-эсселердің көркем әдебиет пен көркем публицистика арасындағы айрықша жаңа дүние екендігін баса айтуымыз керек. Өйткені ел тарихы мен жер тарихына саяхат жасай отырып, танымдық мәні мол деректермен әдіптелген, кестелі тіл, кесек бейнелеулермен өрнектелген, көркемдік талаптарға толық жауап беретін бұл шығармаларды қазақ әдебиетіндегі тың жанр деп таныған орынды».
Ал филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов қордалы ойын шегелеп жеткізген: «Әдебиетке келу қиын, орнығып қалу одан қиын, ойып орын алу одан да қиын. Ал әдебиетте белгілі бір бағыттың басында тұру, сол бағытты арнаға айналдыру, жанр ретінде тұрақтандыру тіпті қиямет-қайым. Әлібек Асқаровтың маңдайына қазақ сөз өнерінде сафари жанрының ізашары болу жауапкершілігі жүктелді, осы бақыт қаламгерлік тағдырына бұйырды... Бұл туындылар қазақ қаламгерлерінің өмірді танып-білуі әлемдік сөз өнері өкілдерінің үйренерлік үздік үлгілері арнасында дамуға ауысқанының айшықты айғағы ретінде де қымбат».
Жазушы Әлібек Асқаровтың шығармашылық әлемін әр қырынан тілге тиек етіп, мәйекті деректермен өрнектеуге сараңдық жасау ұят. Ең бастысы, барды бағалап, әдебиетіміздің маңдайын жарқыратып жүрген әріптесіміздің алтыншы асқарына – кезекті биігіне еркін көтеріліп отығанын қуана айтқанымыз абзал.
7.
Иә, көп жұрт оны менің інім деп ойлайтын. Талай мәрте өз құлағыммен естідім де. Содан бері аттай қырық жыл өтіпті-ау. Осынша көктем мен жаз, осынша күз бен қыс… Қаншама су ақты, қаншама су қатты. Құдіретті уақыт-суретшінің кескіндеген тұлғасының бояуы да сан рет өзгергені аян. Көкөрім бозым кез… Алаулаған жастық дәурен… Самайды күміс қырау шалған байсал шақ… Кешегі үлбіреген үміт пен бүгінгі сақайған сенімнің аралығындағы ұзақ ғұмыр-тіршіліктің ізі де сайрап жатыр. Сағынышқа толы жылдар қоңырауын күмбірлеткен сайын мың толқып, алуан-алуан күй кешкенім де анық. Ең қуаныштысы, ең бақыттысы – кіршіксіз лағыл көңілдің бәз-баяғы қалпы. Пердесіз пейілдің сол сызат түспеген қылаусыз мөлдірлігі. Неге шүкіршілік етпеске. Тәуба! Мың тәуба! Ағалы-інілі екеуміз қол ұстасып бірге келеміз. Тағы бір белеске көтеріліп, тағы бір асуға шығыпсың. Әлібек-ау! Бұл сенің талмай қара сөзбен жырлап келе жатқан ақбас шыңдарын күнге сүйдірген өзіңнің табаның тиген сұсты да, тәкаппар Мұзтауың емесін біл. Жәй әшейінгі төңірегіңе жанар жүгіртіп, мерейің тасыған бүгінгі жұлдызды мезетіңде өз-өзіңе есеп берер аялдама төбе дерсің.
Өйткені, сенің аңсарың – мұнар тау, мұзарт шың. Өрлей бер, мұзбалақ бауырым!






