Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Еркінбек Тұрысов

Еркінбек Тұрысов

22 сентябрь 2018, Суббота
1 300
0

Еркінбек Тұрысов,

ардагер-жазушы, Халықаралық «Алаш» 

сыйлығының лауреаты


ҰРПАҚ ҮШІН ҰЛАҒАТТЫ ШЫҒАРМА


"Жақсы кітап жан азығы" екеніне талас жоқ. Әйтсе де өз басым сол азықтың ішінде табиғи көркемдіктен асқан кереметті де, сұлулықты да көрген емеспін.

Отызыншы жылдардың соңында (әскерге кетіп, қайтып оралмаған) жалғыз ағамнан қалған Сәбит Мұқановтың "Адасқандарын" құдыреттей көріп, кейін ұлы кемеңгер Мұхтар-аға өмірде сарқылмайтын "Абай жолына" кенелтіп кеткеннен кейін, "дәмдіден-дәмді" іздейтін дамылсыз, құштар көңіл көп жылдардан құлазып жүргенде інінің емес, тәңірдің сыйлығындай болған — "Өр Алтай..." менің құлазыған жүрегімді ерекше тебірендірді.

Бір өлке, бір ауыл емес, ұланғайыр қазақтың елі мен жерін түгелдей толғандырып отырған заманның дерті жайында керемет — келісті тілмен төгіліп тұрған сыр - асқар Алтайдың көк аспан, мөлдір суындай тазалығымен, кіршіксіз, табиғи сұлулығымен тебірендірді.

Адамның жаны (көңіл күйі) сәуірдің аспанындай құбылмалы күй кешетін құбылыс, ол қашанда жабырқаған шағында жан дауасын іздейді. Оның жолы да, түрі де көп. Қазақтың кең даласын кезген кешкі жібек желдей — "Алтайдың жерінде нұр, көгінде нұр" — дейтін халықтың жайқоңыр әні, Алтай-Ертістің өршіл перзенті, ерте балалық, жастық шақта (соғыс жалдары) қыстың естен кетпес бірнеше күндері қасына еріп бірге жүрген Иса ақынның тебірене айтар толқынды дастандары да керемет болып көрінер еді.

Дүниенің сондайлық керемет-қасиетін Ұлы жүрегіне жинаған кемеңгер Мұхаң: "Әлемдегі жанға жайлы сазды тіл — арабтың тілі, олар сырқатты ән сазымен емдеген", — деп отырар еді. Соны алыс жолдарда, құла дүздегі ұжмақ аралындай бір көлдің көкмайсалы жағасында тамсана отырып тындаған біздер: "О аға, сырқатты ән мен тілдің құдыретімен емдейтін болса,   -   "Абай   жолындай"   ұлы   кереметпен   емдеуге болар" — деп айтуға албырт жастықта батылымыз жетпепті.

Ия, ағайын, ойлап көргенге жан дауасы көп. Жақсы ат, жақын жолдас, түл табиғат, аңшылық - оның жөнін айтпай-ақ қояйын.

Бұдан біршама жыл бұрын "Казтелекорпорацияны" – Шерхан Мұртаза  басқарған кезде "Ән дауа" дейтін атпен Алматының тыңдаушыға толған бір үлкен залынан бір әнші келіншек тамылжыта шырқаған даланың еркін жібек самал желіндей қазақтың келісті-кербез әндері естен кетпей-ақ қойды. Тек біздің қазақ емес, орыстың әйелдері де зал ішінде ән-сазына елітіп, қалғып отырып тындаған сол керемет қайта көрінбей кетті.

Менің білуімде жүрекке жол салған жан тебірентер жақсы кітап, жақсы туынды жүректен өшпейтін ән сазымен сабақтас. Ал оның (кітаптың) адам санасында қалатын өрнекті ізі ән қасиетінен терең, қастерлі.

Бұдан бөтен-бөліп айтатын нәрсе, бүгінгі қызықшыл-қызыл топты домбыра дыңғырында жарты сәттік желге ұшар жел сөзімен желпіндіріп, бозжорғалар тізгінін үстап кетіп жататын құнсыз-нәрсіз әләуләйді, өзгені білмеймін, мен түсінбей-ақ қойдым. Менің байқауымша, бұл үлкен шаруаның басы-қасында жүрген қайраткерлер бұлардың арасынан Сүйімбай мен Қатағанды, Жамбыл мен Құлманбетті, Сара мен Қыз Манатты іздейтін сияқты. Бар болса, табылар кезі болмады ма екен? Жоқ болса, үлттық әдебиет үшін емес, көктемгі көбік қардай өтер-кетер нәрсеге соншалық қызылтер болу кімге қажет?!

Ал енді, турасын айтқанда - Әлібек Асқаровтың "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" хикаяты  өзінің жанға дауа сұлу сазымен бірге заманның әлеуметтік ұлы жүгін көтерген шығарма ретінде ұрпақтар үшін ұлағатты дүние дер едім

Оның алғашқы бетін аударғаннан кейін қолдан түсіре алмадым. Бұл "Алтайдан Астраханға шейінгі ұзақ жолда қалтасына бір түйір құрт салмаған" қайран қазақтың айна жүзіндегі бүгінгі өз өмірі, өз бейнесі. Бейпіл кезең жол ашық. Әр бұлбұлдың өзінше сайрап жатқан кезі. "Жесір жеңгейдің" тоқтысын бір танда жілігіне шейін сорып тастайтын ерке серілер... Дәулетхан мен Оралбекті қайрап сөз сайысына салатын Қамай мен Қарғалдақтың қалың жиынына өзім қатысқандай жеке бөлмені басыма көтеріп рахаттана күлгенім, - естен кетпес!

Қалың қазақ жерінде ауылдан қотарыла қозғалған жұрттың әлі шекесі тасқа тиген жоқ. Маңдайы тасқа тигендер ("жер үйығы Жиделіге" кеткендер) - менің туып өскен Талдыбұлағыма қайта оралып, кепе қазып жатқан ағайындар сияқты Айдарлыға да қайта оралатын күні алыс болмас, - деген ойдамын.


Шымкент қаласы.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры