Дәдібас Ердігүл
Дәдібас Ердігүл,
тіл маманы, Ж.Мусин атындағы
Көкшетау педагогика колледжінің
оқытушысы
ЕЛ ДЕП СОҚҚАН ЕЛГЕЗЕК ЖҮРЕК
Әдебиеттің терең де мөлдір айдынынан сусындап жүрген, халқының нар тұлғасын туған жердің тағдырымен сабақтастыра өз шығармаларында көркем суреттей білген қарымды, қабырғалы қаламгерлеріміздің бірі Әлібек Асқаров.
Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті прозашы, эссеші, Өр Алтайдың тарланы, мұнарлы Мұзтаудың мұзбалағы деп танылған жазушы.
Жазушы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Екіаша қыстағында 1951 жылдың 24 қаңтарында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінен бұрын 1975 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесін бітірген.
1975-1986 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналының көркемдеуіш редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1986-1991 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратының Ішкі саясат бөлімінің аға референті қызметтерін атқарды. 1993 жылдан еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары, 1998-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия департаментінің директоры болды. 2005 жылдың ақпанынан Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарады.
Қара сөздің мәйегін суыратын дарынды жазушы «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл елге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997), «Родники рождаются в горах» (2000), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2004), «Социализм әңгімелері», «Скрипка соленого сердца» (2005) т.б. еңбектердің авторы.
Қатон мен Нарын - жаннатым,
Ұштаған ердің қанатын,
Қалихан, Ораш, Әлібек,
Дидахмет боп жырлайды,
Өзіңді бүгін бар ақын!
- деп Серік Ғабдұллаұлы жырлағандай, Қатонқарағайдан түлеп ұшқан танымал талант иелері, ақын-жазушылар баршылық. Дарынды перзенттердің, рухты тұлғалардың алтын бесігіне айналған Өр Алтайдың қайталанбас тылсым қасиеті, Мұзтаудың тәкаппар бейнесі, Көккөлдің ғажап суы Қатонқарағай өңіріне талай саңлақтың келуіне себепші болған да шығар. Өр Алтайға табынып өскен тау ұлының жүрегі мәңгілік өрлікпенен ел деп соғып тұрары сөзсіз.
Әлібек Асқаровтың шығармалары да биіктікті, мұнар шыңды ту еткен, халық жанын мұң еткен, жер келбетін жыр еткен туындылар. Әсіресе, туған елінің келбетін, туған жерінің бейнесін асқан шеберлікпен ашып берген.
«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» және иісі түркінің атажұрты Алтай жайындағы көркем тілмен кестелеген жүрекжарды жан сыры жинақталған «Мұнар тауды, мүзарт шыңды аңсаймын» атты Ел мен Жер жайындағы толғауы оқырман қауым тарапынан жоғары баға алған рухты шығармалар.
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза өз кезегінде Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді...» хикаяты жайлы былай деп ой бөліскен екен:
«Өр Алтай - Түрік әлемінің алтын бесігі.
Әлібек суреттеген кішкентай ауылдың жанынан осы таяуда ғана археологтар адамзаттың көне мекенін тапты. Алтай Алтай болғалы оның асыл құрсағынан кімдер туып, кімдер өтпеді. Ұрпақтар, әйтеуір, үзіліп қалмай, жалғасып келе жатыр. Үзіліп қалса - сол қайғы.
Алтайдың ірі ақыны, толағай суреткері Оралхан Бөкей де өтіп кетті дүниеден. Бірақ жалғассыз емес екен. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты шығармасының соңғы парағын жауып отырып, Алтай жыры үзіліп қалмаған екен деп ойладым».
Шынымен де тау ұлы Өр Алтайдың өр тұлғалы, нар тұлғалы халқын өзінің осынау хикаятында тереңнен суреттеп берген болатын. Хикаят өткен ғасырдың соңындағы «қайта құру» деп аталған реформалық өзгерістердің қазақ ауылына әкелген қилы-қилы әсерін әңгіме етеді. Әдемі әзіл, ұтқыр юмор арқылы жазушы ауыл адамдарының алуан түрлі характерлерін ашады. Жеке адамның басындағы қызық та күлкілі оқиғалар арқылы жалпы қоғамды жайлаған трагедиялық ахуалдарды астармен нұсқап отырады.
Хикаяттың бірінші бөлімі «қайта құру» кезеңі басталғанға дейін «қазақтың құт дарыған қасиетті қонысының бірі» болған Төртінші ауылды сипаттаумен басталады.
Кезінде үш көшесі, жүз қаралы үйі бар «Айдарлы» ауылында бар-жоғы жеті үй, сегіз отбасы қалады. Кейін Төртінші бригада аталып кеткен ауылдың әр кейіпкері - өзінше бір әлем. Олар төменгі жақтағы Мұқырға көшіп кеткен ауылдастарының артынан түрлі себептермен кете алмай қалған жандар.
Бір кездері ортаңғы көшенің бойында бөлімше кеңсесі, дүкен, бастауыш мектеп, медициналық пункт, клуб секілді мәдени және әкімшілік мекемелері тізіліп тұрған ауылды белең алған қоғамдық-саяси өзгерістерге байланысты барлық қажеттіліктен айырып, ең ақыры электр жарығына дейін тартып алып кетеді. Сол кездердегі, яғни «қайта құру» кезеңіндегі әр ауылдың басынан өткен қасіретті жағдай еді. Ұлттың кеніші, алтын бесігі болған ауыл күйрей бастады, ұлттығымыздың бір қабырғасы сөгіле бастады.
Ауыл тұрғындары - мұғалім Мелс, поштабай Сәлима, моторшы Сәрсен, ауыл ақсақалдары - Қабден, Қасиман, Байғоныс, саңырау Кәрім және Метрей атай өз ауылдарын қимай жұртта қалған бейбақтар, Жазушы өзінің қыл қаламының шеберлігімен әр кейіпкердің мінезіне, жүріс-тұрысына, тіршілігіне астарлы юмор араластырып отырады. Оқып отырып еріксіз езу тартасың. Туған жерге кіндігі байланып, орталықтан шеттеліп қалған тұрғындардың әрқайсысының жүрегінен:
«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді,
Мерген боп бір атпадым киігіңді.
Жас өмір өтіп жатыр өксуменен,
Кім түсінер іштегі күйігімді...»
деген өлең жолдары запыранды жыр болып төгілуде.
Жұртта жарым жанды қазақтармен бірге қалған орыс шалы Дмитрийдің жөні тіпті бір бөлек. Метрей атай үшін бұл жер туған жерінен де ыстық, қымбат. Міне, туған ауылдың топырағы бәрін жіпсіз байлап отыр. Перзенттік жүрек әр тал шөпті қимайды ғой, қимайды... Бұндай көріністі оқырманға астарлы түрде жеткізе білген Әлібек Асқаровтың жазушылық шеберлігіне таң қаласың.
Хикаяттың екінші бөлімі Мұқыр ауылының өмірін суреттейді.
Бұл ауыл Төртінші ауылдай емес, әжептәуір үлкен. Кейіпкерлердің санының көптігімен бірге сюжеттің көлемі де ұлғайған. Бұл ауылдың тұрғындары да қарапайым адамдар. Олар да оқырманның жүрек төрінен орын алатын асыл жандар. Ағайынды Нұрғали мен Жанғали, Мырзахмет, Қазтай, Әмір ақсақалдар, тіпті орыстанып кетсе де қазақ ортасына өзі ізденіп келген Лексей де осы жерге перзенттік махаббатымен берік байланған. Олардың астарлы юмормен өрнектелген тағдырын оқып отырып, өз ауылыңның тұрғындары еске түсіп, еріксіз жымиясың. Жазушы тұнып тұрған әдемі юмор арқылы азынаған азап пен қасіретті жырлайды.
Хикаят соңында ел жарасының ауызы тырналғандай замана келбеті кескінделеді: «... Үлкендерде ұлағат, кішілерді ізет қалмай барады бүгінде. Әлде ел азды ма, әлде заман тозды ма, әйтеуір бәріміз де тышқаншылап, ұсақталып кеттік, білем» деген Бектемір ақсақалдың толғанысы, «Жастардың бәрі қағынан жеріген құландай қалаға қашып жатыр. Түзден тоят іздеседі...» деген Орынбайдың күрсінісі қазіргі таңдағы ел ахуалын сипаттап тұр. «Кеңестік дәуірдегі жетпіс жылда қазақ халқының ұлттық генофондының деградацияға ұшырағаны» жайлы өзекті ұлт проблемалары мұқырлық ақсақалдардың жүрек түбіндегі қайғысы.
Жазушы қарапайым ауыл халқының тіршілігін тілге тиек ете отырып, сол арқылы бүкіл ұлт болмысының трагедиясын айшықтай білді. Осы кезде Шерхан Мұртазаның Әлібек Асқаровқа берген бағасы еске түседі:
«Әлібек Асқаров қалам ұшындағы бір нүктеден шартарапқа күн сәулесінің кірпіктеріндей сызық тартып, бүкіл қазақ даласын қамтыған».
Ардағым Алтай, даламның асқан төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы, сері екен,
Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан түсер жері екен –
деп арқалы, дарабоз ақын Ғафу Қайырбеков жырға қосқан Өр Алтайдың тарлан тумасы - Әлібек Асқаров туған жерін, Алтайын «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» атты Ел мен Жер жайында толғауында перзенттік жүрекпенен айшықтаған.
Мұнарлы Мұзтауға, қасиетті де қасіретті Көккөлге, мөлдір айдынын ешкімге лайлатпайтын құла дүздегі Шындығатайға сапар шеккен жазушы туған топырағының таңдай қақтырар табиғатын очерк қылып қағазға түсірген.
Кітап «Көккөл», «Шындығатай» және «Мұзтау» атты үш бөлімнен тұрады. Ұлы таудың үш тірегі болған қасиеті мекендердің жұмбағын шешуге талпынған перзенттің ұшқыр қиялы қашан да ұтқыр. Қалихан Ысқақ кітаптың алғы сөзінде Әлібек Асқаров Алтайды қамалдай қоршап жатқан осы үш қасиетті жерден үш түрлі мінез тауып берді деп айтады. «Мұзтау - тәкаппарлық, Көккөл - мүңы мен көз жасы, Шындығатай - тіршілікке деген шапағаты!» деп бағалапты жазушы.
Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкей кезінде Әлібек Асқаров туралы «Асықпайды. Баппен жазады. Он өлшеп, бір кеседі. Білімділігін айғайлап көрсетпейді. Әдепті жазады. Өз орнын біледі. Түбінде бәріңнен осы Әлібек озады» деген екен.
Арқалы ағаның ізін басқан Әлібек Асқаров Алтай тауының өрлігін, Мұзтаудың мұнарлығын, Көккөлдің қасиетін, Шындығатайдың тәкаппарлығын бойына жиған тау перзенті. Жүрегі ел деп соққан ел перзенті. Оның шығармалары әрқашан да елінің, жерінің тағдырымен сабақтасып жатары сөзсіз.
Көкшетау қаласы (баяндама), 2009 жыл.