Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Амантай ӘБІЛҰЛЫ

Амантай ӘБІЛҰЛЫ

22 сентябрь 2018, Суббота
1 000
0

  Амантай  ӘБІЛҰЛЫ, 

                                                             журналист.


      ТӘУЕЛСІЗДІК  ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ  ТАМАША ШЫҒАРМА    


Адамзат баласы тағы бір ғасырды аяқтағалы отыр. Арғысын айтпағанның өзінде тарих еншісіне  тапсырылар соңғы жүз жылдың ішінде халқымыз тар жол, тайғақ кешуді де, күрт өрлеу кезеңін де бастан кешірді. 

Жүріп өткен жолымызды көңіл сүзгісінен өткізсек, қазақ баласының бар ғұмыры ауылдан бастау алатындығы белгілі. Тереңнен қайнап шыққан тұма бұлақтай елдік дәстүрдің, қазақы қасиет пен имандылықтың мөлдір бастауы ықылым замандардан бері осы ауылдар болып келгені рас. Ендеше, ауыл тақырыбы - әлі де жазылып бітпеген, жазыла беретін тақырып.

Әдетте, қазақ ауылдарының тіршілік-тынысы, болмысы мен рухы бір-біріне ұқсас. Дегенмен, әр ауылдың өзгеше тағдыры, өзіндік тарихы бар. Белгілі жазушы Әлібек Асқаров өзінің «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» атты шығармасында бүгінгі ауыл өмірінің бет-бейнесін шеберлікпен жазып шыққан. Шағын ғана қазақ ауылының өзіндік ерекшелігі шығармаға арқау болып, үнемі өріліп, әр кезеңнің ерекшелігі бір-бірімен жымдасып отырады.

Қазақ ауылдарының басына төнген нәубет сонау колхоздастыру, одан кейін колхоздарды ірілендіріп, кеңшарлар құру кезеңінен бастау                    алғандығын, «перспективасыз» деп танылған талай елді мекендердің жер бетінен жойылып, тарихта аты ғана қалғандығын жақсы білеміз. Өр Алтайдың төріне қоныс тепкен бір кездері қазақтың құт қонған қасиетті мекендерінің бірі болған «Айдарлының» тағдыры да мыңдаған казақ ауылдарының тағдырына өте ұқсас.

Ақ қашып, қызыл қуған сонау жылғы аласапыраннан кейін бұл ауыл «Коммуна» аталады, кейін бұл аттан да жұрдай болып нөмірленіп, «Төртінші бригада» деген ресми атқа ие болады. 

Көнбіс қалың қазақ бұл атты өз ыңғайына бұрмалап, «Төртінші ауыл» деп атап кетеді. Асырап отырған бұғы мен маралы жыл санап көбейген сайын кеңшарлар тау-тастың бәрін сатылап қоршап, соның салдарынан «Төртінші ауылдың» да басынан бағы тая бастайды. Ауылдың мал жаяр өрісі тарылып, егер егісінен, шабар шабындығынан айырылады.

Бағылып отырған қой мен сиыр басқа кеңшарларға таратылып беріледі. Қоймен бірге еріп қойшылар, сиырмен бірге еріп бақташылар                     көрші шаруашьлықтарға ауысып кетеді. Әуелі ауылдағы кеңсе, кейін ауыл мектебі, мектептен соң дүкен мен  медпункт  жабылады.

Иә, мұндай жағдай жер бетінен ізімғайым жоғалып, тарихта аты ғана қалған талай қазақ ауылдарының басына төнген қасірет екендігі бұған дейін айтылып та, жазылып та келді. 

Бірақ сол қасіретпен ауыл қазақтарының қалай күрескендігі, намыс туын жоғары ұстап ақырына дейін айқасып баққаны, бұл жолда жеңіске жете алмаса да, ауылда қалған азғана топтың намысын таптатпағандары дәл осылай жеріне жете жазылған жоқ десек қателеспейміз. Кітап авторының бір ұтқан жері, міне, осы.

Сөйтіп, бір кездері азан-қазан болып жататын базарлы ауылда жеті үй қалады. 

Автор осы жеті үйдің әрқайсысының тағдырын суреттеу арқылы бүтін бір халықтың болмыс-бітімін беруде тамаша  ұтымды әдіс таба білген.

Жазушы шығарманы жазу барысында басы жұмыр пенде атаулының әрқайсысы өзінше бір қайталанбас әлем деп келетін ұғымды берік ұстанғанға ұқсайды. Олай дейтін себебіміз - ауыл тақырыбына жазылған соны туындыда қарапайым еңбек адамдарының мол портреті жасалған. 

Жеті үйде сүреңсіз күйкі тірлік кешіп жатқан, адамдардың әрқайсысы қандарына біткен отаншылдық сезім, «атамекен» атты ұлы сөзге беріле бас иіп өткен қазақи мінездерінің  арқасында болашаққа деген сенімін жоғалтпайды. Бірінен соң бірі келген қиындықтарға саналы түрде төзе отырып, қай сәтте де жақсылықтан үмітін үзбейді. Қасиман, Байғоныс, Мелс мұғалім, оның зайыбы Зайра, почташы қыз Сәлимә, қазақ ауылына сіңісіп кеткен Метрей атай, Агафия, моторист Сәрсен, тағы басқа кейіпкерлердің әрқайсысы бір-бір әлем. Олардың бастан кешкен оқиғалары да алуан түрлі, қызықты

Шығарма желісі үнемі әр кейіпкердің басынан өткен әдемі әзілмен өріліп отырады. Сол арқылы оқушысын езу  тартқызып, кейіпкердің ішкі трагедиясына үңілдіреді. Үңілдіре отырып, кеңес дәуірінде өмір сүрген бүтін бір ұрпақтың бойына сіңіп қалған кейбір жағымсыз мінездерден арылуға үндейді.

Повестің алғашқы парағынан-ақ өзінше өрбіген оқиғалар желісі қызықгы жайлармен, аузын ашса жүрегі көрінетін ауыл адамының аңғал қылықтарымен жымдаса қиюласып, оқырманды еліктіріп жетелеп отырады. Қарапайым еңбек адамдарының басынан өткен қызықты оқиғаларды оқи отырьш, кейбір қылықтарына сүйсінесің, кейбір жағымсыз мінездеріне қынжыласың, қиындыққа қайыспас қайсарлығына тәнті боласың. 

Жұртта қалған жеті үйдің өздерінше қарекет жасап, үлкен әлемнен жырақта жетім тірлік кешуі, үлкен әлем шағын ауылды ұмытса да, ауылдағылардың іргелі елді ұмытпауы оқырман жанын толғандырмай қоймайды. Бірінші бөлімнің соңында почташы қыз Сәлимә әкеліп тұратын почтаның тоқтауы, кеңшар басшыларының ауылға жарық беріп тұрған моторды алып кетуі арқылы автор тағы бір қазақ ауылының оты өшкенін оқырман жүрегіне шым-шымдап жеткізеді. 

Повестің екінші бөлімінде шаруашылығында бұғы-марал өсіргені болмаса, басқа ауылдан айырмасы шамалы Мұқыр ауылының тұрғындарының, тағдыры тілге тиек етіледі. 

Төрдегі ауыл жылы орнынан қопарыла көшкенде талайларға пана болған Мұқыр ауылының тағдыры да сол кездегі қазақ ауылдарының тағдырына ұқсас. Арбалған санамен алданған ғұмыр кешкен аға ұрпақ адал еңбек, маңдай терімен орнатқан кеңшарлар да ақыр аяғында жаңа заман талабына сай өмір сүруге икемделе алмайды. Болашақгың иесі жастар ауылдан қалаға жөңкіле көшіп, бір кездері шаруашылығы дүркіреп тұрған Мұқырдың да іргесі сөгіледі. Бірақ бұл қазақ ауылы Мұқырдың іргесінің сөгілуі емес, кеңестік дәуірден қалған ел басқару әдісінің ендігі жерде іске жарамай құрып бітуінің көрінісі еді. Жер-жердегі бұрынды-соңды қазақ халқының өмірінде болмаған ұлы өзгерістер бодан елдің бұғаулы бұзауы болған ауыл тұрғындарының жаңа бір өмірге бет алғанының, ендігі жерде елдің де, жердің де иесі ауылдағы қарапайым халық екенін жазушы оқырманға анық аңғартады.

«Аудан жақтан бастықтар келіп жиналыс жасайды деген келесі күні Мұқырда тағы да жапалақтап қар жауды...» - дейді жазушы сөз соңында. 

Ақ түс жақсылықтьң белгісі, тәуелсіз ел өміріне ене бастаған жақсылықтың нышаны. Аядай ауылды алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын оқырмандарға тұспалдап шеберлікпен жеткізе біліп, жазушы шығарманың соңғы нүктесін қояды.

Ең бастысы, шығарма ауыл тұрмысын бейнелеуде боямасыз шынайылығымен  ерекшеленеді. 

Негізінде қазақ әдебиетінде ұлы серпіліс тудырған кезең 60-80-ші жылдар аралығы екендігі баршамызға белгілі. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта өтпелі кезеңнің қиындығынан ба, әлде болмаса ескі дәуірден қалған рухани жұтаңдықтың салдарынан ба, қазақ әдебиетінің сәл саябырсып, тоқырап қалғаны шындық. Әрине осынау жылдар ішінде көркем әдеби туындылар шықпады деп айтуға болмайды, шықты. Бірақ олар қай дәрежеде, заман талабына жауап бере алып отыр ма? Міне, мәселе осында. 

Соңғы кезде қалтасы қалың азаматтардың да, жағдайы бар шала                      әдебиетші жазушысымақтардың да кітап шығарғыш болып кеткендігі ащы шындық. Әрине, бұл өз алдына жеке  мәселе.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, соңғы кезде ел тарихын, жер тарихын, халқымыздың жүріп өткен жолын шынайы қалпында суреттей алған шығармалардың қатарына тағы бір жаңа туынды қосылды. 

Ол - жазушы Әлібек Асқаровтың ауыл өмірінен тереңнен сыр шертетін «Өр Алтай, мен қайтейін биігінді...» атты шығармасы десек қателеспейміз.


«Дидар» газеті.



Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры