Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Әбдімүтәл Әлібеков

Әбдімүтәл Әлібеков

22 сентябрь 2018, Суббота
1 154
0

Әбдімүтәл Әлібеков,

журналист


БІЗГЕ ТАНЫС ТАҒДЫРЛАР


         Қазір өзі көркем әдебиеттің қадірі біршама қашқан заман ғой.  Баяғыша тәуір деген роман-повестерді  сұрастырып, іздеп жүріп оқитын уақыт келмеске кеткендей.  Өкінішке қарай, оқта-текте  «жазушы деген – қолынан жазу ғана келетін адам» деген қоғамда көзқарастың барын да байқап қаламыз. Қалай болғанда да, оқырманның көркем әдебиетке қызығушылығының бәсеңсігенін мойындау  керек. Бұл өзгерістің көптеген  өзіндік себептері барын да білеміз. Дей тұрғанмен  қонағы үшін бір шөлмекке  ақшасын ойланбай жұмсай салатын қазекем, шіркін-ай,  құны сол шамалас бір кітапты ала салуға неге аянады екен деп қынжыласың кейде.          

Ең бастысы, бұдан былай көркем әдебиет пен оқырманның арасы осы алшақтағаны алшақтаған ба деген күдік  мазалай береді. 

           Осы арада бүгінгі күнге тән тағы бір шындықты айтуға тура келеді.  Бар оқырманның өзі зәуінде бір кітап оқуды қолға ала қалса, көбінеки нәрсіз-сөлсіз шығармаларға тап бола ма деймін. Өйткені бүгінде ондай дүние көп, дүкен сөрелерінде де, дүңгіршектерде де  қаптап тұр. Нәрсіз дүниенің оқырманның кітапқа деген көңілін қалдырып,  «бетін қайтарып»  тастары тағы шындық.  

           Мұның бәрін осы салада қалыптасып отырған қазіргі келеңсіз жағдайға байланысты әңгімеміздің әлқиссасы ретінде айтқанымыз ғой. Әйтпесе, жаныңды жадыратып, жүрегіңді тебірентетін, ойландырып-толғандыратын көркем шығарманы оқудан алатын рухани ләззаттың жөні қашанда бөлек емес пе!

         Көп оқырманның бірі ретінде мен де сондай талғамы жоғары, өресі биік бір шығарманы құмарта оқып, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.   

           Әңгіме - бұған дейін «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталатын тамаша хикаятымен, «Көккөл», «Шандығытай», «Мұзтау»  сияқты, сол хикаятқа бергісіз көркем очерктерімен және «Социализм әңгімелері» атты мөлтек әңгімелер шоғырымен есімі  оқырманға жақсы таныс Әлібек Асқаров жайында болып отыр. 

Талантты қаламгер оқырман жұртшылыққа тағы бір тұшымды туындысын ұсынған екен. 

«Жұлдыз» журналының  үстіміздегі  жылғы  бірінші санында жарық көрген  ол шығарма - «Социализм хикаяты» деп аталады. 

         Атауының өзінен де көрініп тұрғандай, шығарма  социалистік қоғамның былайғы адам байқай бермейтін  қалтарысты тұстарын көркем тілмен кестелеп береді.  Рас, ол социалистік қоғамды қайсыбір тарихшылар мен саясаттанушылар сияқты жерден алып, жерге салып жамандап жатпайды. Қаламгер оны хикаят кейіпкерлеріне қатысты оқиғалар мен солардың қасіретті тағдыры арқылы  тартымды әрі қызғылықты  суреттеп, шебер өріп көрсетеді.

          Шығарманың бас кейіпкері Базарқан - кеңестік заманда Қиыр Шығыста әсери борышын өтеген, соңынан тағы бір жыл прапорщик болып, белгілі бір себептермен армиядан қуылған жас жігіт. Армиядан баян таба алмаған соң, енді ол  кәрі Алтайдың баурайындағы туған ауылына бірден жетіп баруға ұялады. Арнайылап ел астанасы Алматыға келіп, бағын сынап оқуға түсуге талпыныс жасайды ғой... Хикаят сол Базарқанның тағы да жолы болмай, емтиханнан «құлап қалуынан» басталады. Амалы жоқ,  оқудан  үмітін үзіп,  ауылға қайту  үшін таңертең  теміржол вокзалына келуінен желі тартады.

 Қырсыққанда,  мұның ауылына жүретін пойызы осының алдында ғана кетіп қалыпты, енді ол келер күнді күтуге мәжбүр болады. Не істеу керек? Әскерде прапорщик болып қызмет жасаған қалталы жас жігіт  несіне аянсын. Алматыға  зәуімен бір жолы түскен екен, ауылға кетер алдында бір «жырғап» қалуды мақсат етіп, әсем қаланы алшаң басып аралап, бой жазып, көңіл көтеруге шығады. Содан келесі күнгі таңға  дейінгі, яғни бір  тәуліктегі кейіпкер басынан өткен нелер бір оқиға -  хикаят мазмұнының  негізгі желісін құрайды. 

          Осы арада  бірден басын ашып алатын бір жайт: көкірегі арманға толы, жан-дүниесі таза Базарқан айналасындағы  ластық пен қиянатты көрген сайын  бәрін тастап ылғи да ауылға кеткісі келеді де тұрады. Жас жігіт  өзіне рухани таянышты  тек сол туған  ауылынан ғана таба алатындай сезінеді. Әрі кейіпкердің осы сезімі хикаяттың  өн бойына арқау болып тартылады.

         Бірақ Базарқан бұл сезімінің де өткінші,  алдамшы екенін  біледі. Өйткені  кейіпкердің мазасыз жаны сол туған ауылына жеткен соң да байыз табуы екіталай. Сөйте тұра, одан әрі қайда барып байырқаларын, осыншалық нені аңсап, нені іздеп жүргенін тағы  білмейді. Қысқасы,  хикаят – жас адамның өмірден өз орнын табу жолындағы, өзін өзі тану жолындағы ізденісі мен жан күйзелісі десек қателеспейміз. Тіпті, жанталасы деуге де келетін шығар. Осы жанталастың астарында  тоталитарлық қоғамның жеке адамның тағдырын тығырыққа тіреген  жымысқы саясаты жатқанын байқаймыз. Жалтақ, жасқаншақ аға ұрпақтың құлдық мінезінің жастарды құрдымға тартқан кесірін де сезінгендей боламыз. 

Қалай болғанда да шығарма оқырманын  енжар қалдырмайды, бірден қызықтырып,  өзіне тартып ала жөнеледі.  

         Жазушы кейіпкердің бір күнгі көрген-білгендерін бірінші жақтан баяндай отырып, түрлі шегіністер мен еске алулар арқылы оқиғалар желісін ширықтыра түседі. Сол арқылы социалистік қоғамның бүгінде аға жасындағы ағайынға  жақсы таныс, ал  жастар  үшін мүлде беймәлім қыр-сырын майдан қыл суырғандай етіп,  біртіндеп,  шым-шымдап аша түседі.    

         Оқиғаларды белгілі бір шартты уақыттың аясында алып көрсету –  әлемдік әдебиетте де, біздің қазақ әдебиетінде де бұрыннан  бар тәсіл.  Асқаров та  осы тәсілді өз хикаятында орынды, нақтылап айтсақ - мейлінше   ұтымды пайдалана білген. Әрі ол үрдіс өзін толық ақтап  тұр.

         Мөлшерінен асып-төгіліп, мезі ететіндей емес, қысқа әрі лыпып тұрған сөйлемдерге құрылған құнарлы тіл, Әлібек Асқаровтың  барлық  шығармаларына  тән   шуақты юмор хикаяттың арқауын бір сәтке де босаңсытпайды. Шығарманы қолына алған оқырман бірден елітіп, оқиға желісін қызықтап,  қалайда оның соңына жетуге тырысады. Мұны біз  хикаяттың тартымдылығы мен қаламгер шеберлігінің басты белгісі деп бағалағанымыз жөн шығар.

          Хикаят кейіпкерлері оқиға барысында қаншалықты шамада  көрініс беретіндігіне қарамастан, бәрі де дара, әрі  әсерлі. Олардың қай-қайсысы да өздерінің іс-әрекеттермен  еріксіз жадыңда қалып қояды. Жазушы солардың әрқайсысының аузына өзіне лайық сөз салады, бойларына шақ іс-әрекеттер жасатқызады. Әрі солардың бәрі де оқырманды ойландырады, толғандырады, аяушылық немесе жеккөрушілік сезімін оятады. Өзіңе онсыз да белгілі ғой дейтін жәйттердің өзі де жаңаша әсер етіп, мәселеге еріксіз өзгеше көзбен қаратқызады. Көлемі шымыр шығармамен танысу барысында өзіңмен мұңдас, сырлас болып кететін аяулы бейнелермен дидарласасың. 

           Мәселен, ел көріп, жер көріп, сонысын әңгіме ете отырып  ауыл балаларының көзін ашып, көңілін оятқан география пәнінің оқытушысы Смағұл мұғалім, сұлулығымен, кербез пәктігімен  жаныңды баурайтын Қанағат мұғалима – міне, сондай  кейіпкерлер дер едік. 

          Асқаровтың бұл хикаятында Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында  ұшырасатын,  трагизмге ұштасып жататын бір нәзік мұң   бар. Айталық, сабақ кезінде шәкірттерге дамыған шет елдердің мықтылығын  айтамын деп, социалистік қоғамның құндылығын төмендетіп алғаны үшін болар, Смағұл мұғалім өз мамандығынан айрылып, белгісіз  бір жаққа жер аударылып кетеді…

         Оқып отырғаныңда «бетіне күннің де сәулесі түспесе екен» деп іштей тілеп, жаманатқа қимайтын, нәзік жанды  жөні бөлек Қанағат мұғалима да  ожар Жандарбектің құрығына ілігіп, мазағына айналады. Ақыр соңында ол да Смағұл сияқты мектептегі мұғалімдігінен босап, әлдеқайда көшіп кетеді.

          Олардың кету  себебін жазушы оқырманға тәптіштей баяндап жатпайды. Саяси сауаты жетіле қоймаған мектеп оқушысы Базарқан олардың жұмбақ жоғалыстарын, әрине, толық білмейді де. Оқырман жұртшылық  олардың сол ауылдан, сол мектептен кету себебін    көңілімен  ғана сезініп отырады.  

          Ал  Базарқанның өнер мен білімге,  әсемдікке іңкәр  мазасыз жас  көңілі қайда жүрсе де  сол Смағұл мұғалім мен Қанағат қызды аңсай береді. Олар бұл үшін арман бейнелер.  Алып ұшқан жас   жүректің  білімге, сұлулыққа, тазалыққа, әлдебір кемел келешекке деген ұмтылысы, соған іңкәрлігі деп қабылдаймыз. 

        Осыдан  кейін оқырман, әрине, Смағұл мұғалімнің кейінгі тағдырын білгісі  келетіні рас. Хикаяттың соңына қарай жазушы оқырманды онымен бетпе-бет жүздестіреді де. Қалай дейсіз ғой?

         Базарқан ертеңіне таңсәріде, пойызға отырар алдында жүрек жалғап, кешегі «мейрамнан»  кейін жан шақыру мақсатында  вокзал дәмханасына бас сұғады. Сол арада анадай жердегі үстелге «қимыл қозғалысы құныс маймылға ұқсаған сырықтай біреу құнжыңдай келіп» жайғасып жатады. Сөйтсе, ол кісі – бүгінде ішкілікке салынып кеткен, оқушылардың бір кездегі үлгі тұтар ұстазы  Смағұл мұғалім болып шығады!

         Әрі қарай оқиғаны жазушы былай суреттейді: 

         « – Смағұл ағай, мен сіздің оқушыңызбын!

           Ағай  төмен салған көзін көтерген жоқ, «дұрыс екен» дегендей басын бір изеді де қойды.

          – Ағай, сіз бізге алтыншыдан бастап, сегізінші класқа дейін географиядан  сабақ бергенсіз... «Жаңа тұрмыс» ауылында.

          – Иә, географиядан сабақ бергенім бар... – деді ағай менің сөзімді растағандай. Бірақ бәрібір  қабағын көтерген жоқ.

          – Біз сіздің Жерорта теңізі жайындағы, Гибралтар бұғазы туралы әңгімелеріңізді керемет қызығып тыңдайтынбыз.

          Осы арада ағайдың төмен сүзілген көзі жайлап мен жаққа бұрылды. Шоғы сөне бастағандай болған сарғыш жанары  сәтке жарқ ете қалды. Соның өзінде тұқырайған қабағын төмен салып отыра берді.

– Гибралтар дедің бе?- деп қайталап сұрады.

-Иә, Гибралтар! – дедім мен қуанып. – Сіз шет елдерде болғаныңыз   

туралы бізге қызық-қызық әңгіме айтып беретінсіз.

         – Иә, Гибралтарда болғаным рас, – деді ағай, даусы    тарғылданып шықты. 

         Кезіндегі әңгімешіл, ашық-жарқын ұстазымның бұлайша тұнжырап қалғаны менің аянышымды тудырды. 

        – Ағай, сіз бізді өз ауылымыз, өз еліміз ғана емес,  бүкіл жер шарын жақсы көруге, бүкіл планетаны сүюге баулыдыңыз емес пе? Есіңізде бар ма? Біз география сабағын керемет ұнатушы едік. Осы сабақты бәріміз де жақсы оқыдық. Сіз бізді арманшыл болуға үйреттіңіз. Біз де сізге ұқсап шет елдерді аралағымыз келетін, Гибралтарды бір  көрсекші деп қиялдайтынбыз.

– Иә, сосын... көрдіңдер ме? – деді ағай.

         –Хм-м! – мен тұтықтым, сосын: – Көргеміз  жоқ! – деп жауап бердім.  

         Ағай басындағы қалпағын шешіп, үстелдің шетіне ысырып қойды. Енді байқадым, ағайдың баяғы толқынданған қою қара шашы боп-боз, өзі сиреп жұқарған. Көптен жуылмағасын ба, майланып, ұйыса жабысып жатыр. 

  – Сен ұшқыш болсам деуші едің ғой? – деді ағай.

           Менің жүрегім мұздап салды. Өстіп төмен қарап тұқырайып отырып-ақ Смағұл ағай мені жазбай танып отыр екен ғой! Не айтарымды білмей, ыстығымның көтерілгенін сездім. Маңдайымнан сұп-суық тер шығып кетті. 

         – Оқасы жоқ, – деді ағай тұқшиған күйі басын шұлғып. – Әлі жассың, өмірің әлі алдыңда... Тек көкірегіңдегі отты өшіріп алмасаң болады. Басқа дүниенің бәрі  өткінші, бәрі де өз орнына келеді әлі».   

          Бұл әжептәуір ұзақ үзіндіні әдейі алып отырмыз. Өйткені, біздің пайымдауымша, мұнда Смағұл мұғалімнің тағдыры арқылы социалистік қоғамның адамның сағын сындырып, рухын  қалай  күйрететіндігі үлкен шыншылдықпен  әсерлі бейнеленген.

          Смағұл – біздің ұғымымыздағы социализм идеясына қарсы ашық күрескер емес. Ол небәрі оқушыларға өзге елдердегі жақсы өмір жайлы әңгімелеп беруші ғана. Бірақ сол үшін  әлде Сібір айдалып, әлде түрмеге қамалып, өмірден осыншама тепкі көріп, еңсесі езіліп, қазіргідей пұшайман халге тап болған. Жазушы оның бәрін тізбелеп баяндап жатпайды. Бірақ ол қазір шабыттана сөйлеп, ойындағысын еркін айтатын баяғы Смағұл емес. Оған жоғарыдағы диалогтар куә. Сауысқаннан сақ, сөзге сараң. Бірақ ақылды жан ғой, өз жолын шәкіртіне тілегісі жоқ.  «Тек көкірегіңдегі отты өшіріп алмасаң болады. Басқа дүниенің бәрі өткінші, орнына келеді әлі» деп, Базарқанды өзінше жігерлендіріп,  ақыл айтып кетеді. 

          Жазушы бас кейіпкердің Смағұл мұғаліммен кездейсоқ кездесуінен кейінгі жан күйзелісін де табиғат көрінісімен астастыра отырып,   сәтті  бейнелеген. 

Ұстазымен қоштасқаннан кейін ол өзін  «бірер жасқа қартайып кеткендей сезініп», қатты қиналып кетеді. Сыртқа шығып, сылбырап жауған жаңбырдың астында  сенделіп ұзақ  жүріп алады. Бала арманын әлдилеп, осыншалық өзіне табындырып келген адамның не себепті мұндай бейшара күйге түскеніне түсінбейді. «Жаңбыр суы шашымнан сорғалап бетімді жуып жатты. Жаңбыр суы ғана емес, менің өзім де ағыл-тегіл жылап келеді екенмін», – деп суреттейді бұл көріністі автор.

          Осы сараң сөздермен жазылған ойлы, астарлы диалогтарды оқыған кезде  бас кейіпкермен бірге оқырманның да жаны  шымырлап, егіліп кеткендей болады. Бұл суреттен біз бір шығармадан келесі шығармаға, бір кітаптан екінші кітапқа  өсіп отырған жазушы Асқаровтың қаламгерлік шеберлігін де, дарын иесі ретіндегі қуат-қарымын да айқын сезінеміз. 

           Жалпы, хикаятта адамның жанын толқытатын, социализмнің шын сыйқын  әшкерелейтін, адамдардың пендешілік мінез-құлқын айқара ашып көрсететін мұндай әсерлі  эпизодтар мен оқиғалар мол деуге болады. 

Базарқанның өмірден өз жолын таба алмай адасып, басын тауға ұрып, тасқа соғып сергелдеңге түсуінің себебін – о бастағы, яғни мектеп бітірген кездегі оқиғалардан іздеу керек сияқты. Сол кездегі саясат мектептен соң қазақ жастарын оқуға жібермей, қолдарына аттестаттарын бергізбей,  «өз еріктерімен» комсомол-жастар шопандар бригадасына аттандырады ғой. Сөйтіп асқақ армандары  жер болып, көкіректегі от  жанбай жатып өше бастайды. Бұлардың мектеп бітірер күнгі қоштасу кештері де көңілсіз, берекесіз басталып, ақыры ұрысысып-тарқасып тынады. Қалаға оқуға барып білім алсақ, заманға лайық маман болсақ деген үміттің бәрі  өшіп  бара жатқанын  анық сезінген, шындығында осы бастаманың ұраншысы өзі болуға тиісті  комсорг Ләззатқа  дейін шыңғырып  жылап жіберуінде үлкен сыр жатыр. Бұл жалғыз комсорг қыздың емес,  Базарқанның да, басқа да кластастардың шарасыздықтан шыққан жан айқайы еді.

Партияның шақыруымен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары класс болып бригада құрған, сөйтіп біреулер қойшы, біреулер тракторшы, енді біреулер сауыншы болып фермаларға кеткен үрдістер біздің де есімізде. Яғни шығармадағы оқиға мен тартыстың бәріне кезінде біз өзіміз де куә болған жандармыз, сондықтан да мұндағының бәрі   бізге таныс тағдырлар дегіміз келеді. 

Хикаяттағы   Нұртай деген жас жігіттің  өзіне «қалыңдық іздеуі», Базарқан мен Жандарбектің арасындағы кикілжің, Базарқанның әскерге аттанар алдындағы Манараны айналдыруы, оған  деген «алғашқы махаббаты», әскердегі әлімжеттік пен әділетсіздік  сияқты оқиғаларды тартымды  эпизодтардың қатарына жатқызуға болады. Бұл оқиғалар өмір шындығына жақындығымен, кейіпкерлерінің жан дүниесінің адалдығымен, өздерінің аңғалдығымен еріксіз күрсіндіреді, езу тартқызады, сонымен бірге, әрине, хикаяттың мазмұнын тереңдетуге қызмет етіп тұр. 

         Тіпті, «джинси оқиғасы»,  дүкендердегі тап бүгінде адам айтса сенгісіз жайт саналатын – тұтынушылардың сыра мен сүтке дейінгі кезегі, мейрамханадағы кісілердің мінездері мен іс-әрекеттері, айтқан әңгімелері мен мақсат-мұраттары да  хикаяттың желісін мейлінше ширатып тұр. 

          Хикаятта  бас кейіпкер Базарқанның аузымен оқиғаның ретіне қарай  жиі қайталанып отыратын «Мен неге ұқпайын, ұқтым, әрине!» деген сөйлем бар. Бұл үлкен жүк арқалап тұрған, адамның, соның ішінде жастардың қоғамның өктемдігі алдындағы  шарасыздығын аңғартатын ой  екендігіне көзіміз жетеді.

           Қысқасы,  шығарма өзімізді кәсіби сыншы емес, қарапайым оқырман ретінде осындай бір жақсы қырларымен тәнті етті. Оқу барысында: «Шіркін-ай, сәтті сценарий әзірленсе, жазушының бұл еңбегі жастарға өзіндік айтар ойы бар, тартымды көркем фильм түсіруге сұранып-ақ тұр екен-ау» деген пікірге келесің. Оның сәті түсіп жатса, қане енді... 

          Хикаяттың соңына қарай, әрине: «Шіркін, Қанағаттай арудың тағдыры қалай қалыптасты екен?» деген ой да мазалай бастайды.

          Міне, ғажап! Кешеден бері күтіп жүрген пойызы қозғалып бара жатқанда ол вокзал перронынан  Қанағат мұғалимасын  көріп қалғандай болады... Көріп қана қалмай, атын атап, қасына жылжып жақындайды. 

Амал қанша, ол қыз Қанағат емес, сырт келбеті соған өте ұқсас өзге жан болып шығады. Несі бар, автордың бұл шешіміне де иланасың, қол соғасың: өмірде адамның ойға алған арманының бәрі орындала беруші ме еді? Өмір осынысымен жұмбақ, шығарма осынысымен де тартысты да тартымды деп білеміз. 

          Ал енді мынаған қараңыз: хикаят Базарқанның бір тәулік бойы  күткен пойызына тағы да отыра алмай   қалып қоюуымен, аңсап сағынып  жүрген ауылына тағы да бара алмай перронда сенделіп қалуымен аяқталады.  

          Осылайша, социализмнің  келешегінің бұлыңғыр болғаны сияқты, Базарқанның да  ендігі тағдыры бәймәлім әрі тұманды қалпында вокзал басында селтиіп қала береді.  Автордың бұл ұтымды шешімі хикаяттың бізге мәлім мұңды желісін одан әрмен еселеп ширықтыра түскендей болады. Қысқасы,  Базарқанның одан арғы тағдыры қалай қалыптасатынын білуді жазушы оқырманның патша көңіліне  қалдырады... 

          Социализм – біздің өткеніміз. Дүниенің бір ғана түстен тұрмайтыны сияқты, әрине, бұл жүйенің де өзіндік  жақсы да, жаман да жақтары көп болды. Асқаровтың бұл шығармасы сол қоғамның  былайша елей бермейтін көлеңкелі тұстарын ашып көрсетуге арналған. Жоғарыда айта кеткеніміздей, социализмнің қазанында қайнап шыққан аға ұрпақ - біздер бұл қоғаммен  жақсы таныспыз. Кейінгі жас ұрпақ ол қоғамды осындай көркем әдебиеттен оқып-білері сөзсіз. Оқып  қана қоймайды, қорытынды жасайды, ой түйеді.  Қалай болғанда да,  бәрімізге де өткенді  білмек – парыз. Тіпті, қателіктерден сабақ алу үшін де білуге тиіспіз.         

          Өзгелерден ойы озық, жаны сезімтал талантты жазушының  мұраты – қашанда  қоғамдық құбылыстардың мән-жайын қалың оқырманға ашып көрсету десек, жазушы Әлібек Асқаров мұны өзінің жаңа шығармасы арқылы тағы да тамаша дәлелдеп отыр.


«Егемен Қазақстан» газеті.






Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры