Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Заря ЖҰМАНОВА

Заря ЖҰМАНОВА

22 сентябрь 2018, Суббота
1 215
0

Заря ЖҰМАНОВА

жазушы


БІР КҮН ЖӘНЕ БАР ҒҰМЫР


"Жазушы - қоғамның сүйегінен 

адамның жанын іздейтіп бейбақ»

Асқар Сүлейменов


Таяуда, бір  шағын отырыста әдебиетке сәл-пәл жақын ағаларымыздың бірі қазіргі кезде поэзияның прозаға шаң қаптырып кеткенін, ел оқитын дені дұрыс прозалық жаңа кітаптардың жоқтығын үстемелей айтып, қайта-қайта өз пікірін сол жердегілердің санасына сіңіруге тырысты. Желдей есіп отырған ол кісінің сәл саябырлаған сәтінде ретін тауыпөткен жылы ғана «ҚАЗақпарат» баспасынан жарық көрген жазушы Әлібек Асқаровтың "Социализм хикаяты» деген прозалық кітабын оқыған-оқымағанын сұрап едім, «Кешегі соцалистік игіліктердің арқасында бүгінгі биікке көтерілген лауазымды шенеунік не қарық қылып жазды дейсіңқарапайым халықтың өмірін білмегесін?» - деп табанымен шоқ басып алғандай ыршып кеткені.


* * *

Шыны керексонау студент кезімнен танитын Әлібек ағамыздың сол кітабын өзім деекідай сезіммен қолға алып ембір демде оқып шыққанымды ең соңғы бетін жапқанымда барып бір-ақ сездім

Шыңғыс Айтматов «...жазушының о бастағы жаратылысынан көкірегінде көркемдік көзі болуы керек, ал оның таланты мен жеке басының қалыптасуы белгілі бір қоғамдық орта мен сол ортаның рухани тәжірибе-дәстүрімен, мәдени байлығымен, дүние танымымен, саяси кұрылысымен тікелей байланысты», - дегенді бекер айтпаған екен. Аптап желден ерні кезеріп алыс жол үстінде келе жатып, мұп-мұздай, тұма бұлаққа тап болған жолаушыдай неге бас ала алмай қалғанымды арада біраз уақыт өткен соң түсіндім.


* * *

...Әлі есімде біздің ауылға Ресей жағынан келген саудагер әйелдер өрнегі нәзік, аппақ түбіттен тоқылған Орынбор шәлісін әкеп сататын. Қоспасыз, таза түбіттен тоқылған ба, жоқ па екен деп күмәнданған қыз-келіншектер көңіліндегі қаупін сейілту үшін үлпілдей бұрқыраған, көлемі көрпедей шәліні саусақтарындағы титімдей ғана неке жүзігінен өткізіп тексеретінін көргенім бар. Нағыз шебер тоқымашылар солай тоқыса керек.

«Социа­лизм хикаятын» оқып шыққанымда, ең алдымен, сол жағдай менің ойыма оралды. Дәуірдің социализм атты үлкен бір сатысынан өткен коғамның то­лық көрінісін бас-аяғы бір күннің оқиғасына сыйыстырған жазушы шебер­лі­гіне тәнті болғаным сонша, бала кезден санада жүрген суреттер қайта тірілд.

Алыс шетелді дәріптей әңгімелегені үшін жат ойлы жан ретінде қоғамнан аластатылған зиялылар (география пәнінің мұғалімі), қайда барсаң да алдыңнан шығатын шеті мен шегі жоқ кезек (сыраханадағы, дүкендегі, аялдамадағы, т.б.), зәру дүниелердің алаяқтар қолында жүретіні, аудандық партия басшыларының басқа жұмысы жоқтай сауда қоймаларына түскен қымбат дүние-мүлікті алдымен өздері бөліп алып, содан соң сатуға рұқсат ететіні, мектеп оқулықтарында қазақ халқының емес, қазаққа қатысы жоқ өзгелердің тарихын оқытатыны және соны жақсы білмегені үшін ауыл балаларының оқуға түсе алмай қалатыны, дүкен, асхана, ресторан сияқты қоғамдық орындардағы қызметшілердің дөрекілігі, бәрі-бәрі өткен күннің шындығы.

Екіншіден, хикаят оқиғалары үшінші жақтан емес, кейіпкердің өз атынан "мен" деп әңгімеленгеннен кейін, иланымды әрі табиғи шығыпты:

 «Шынын айтсам, түбі бір құларымды өзім де сезгем..  Сезе тұра көз жұмып, тәуекелмен қойып кетіп едім. Соным бекер-ақ болыпты.

Әскерден келген бетім осы еді, ел сияқты жөнімен дайындалуға да уақыт болмады ғой. Баяғыдағы мектеп пәндерін тас ұмытып қалыппыз, жадымызды жаңғырта алмай  қиналдық. Оның үстіне гүлден бал сорғандай кітапқа құмарлығымыз тағы шамалы, сөйтіп о бастан оқуға өгейлігіміз де сыр берген сияқты. Тірсегіміз дірілдеп алғашқы екеуін ілдебайлап тапсырған болып едік, үшіншісінен мұрттай ұштық. «Жазған бала армиядан келген екен-ау» деп бетін бері бұрып, бүйрегі бүлк еткен біреуі болсашы. Өңкей бір тасбауыр, безбүйрек, бұржұйлар!" - деп хикаяттың алғашқы бетін ашқаннан күнде көріп жүрген таныс адамыңдай аңқылдап ағынан жарылған қарапайым кейіпкерге қалай ілесіп кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың.

"Жүрегімізде нұр ойнаған, көкіректе жігер қайнаған арманшыл жастар едік. Тағдыр бізді басқа арнамен ағызып әкетерін қайдан білейік. Мектепті бітірген бойда класымызбен түгел қойшы болып шыға келдік емес пе! Екі жыл «отработкадан» кейін аласыңдар деп, аудандық партия комитеті аттестатты да бергізбей қойды. Көсемдердің ұйғарымына қарсы тұрар қауқар қайсы, мұрнын тескен тайлақтай томпаңдап соңдарынан кете бардық.

... Аялаған арманның бәрі адыра қалды, сағым секілді көзден бұлбұл ұшты. Көкіректе алаулаған жалынның орнында бықсыған шала қалды. Сөйтіп бағыт-бағдардан адаса бастадық. Басымыз бөркімізге симай талайымыз мәңгіріп кеттік», - деген сөздер талай қуғын-сүргінді бастан кешкен қазақ халкының өскелең ұл-қызын тоңы сірескен тоқырау заманында да ұрмай-соқпай, мәңгіртіп, мал соңына салып қойған сол кездегі компартияның бір жымысқы саясатынан сыр шерткендей.

Үшіншіден, бұл хикаяттың әдемі әзіл мен жылы юморға толы тілі оқырманын күлдіре отырып, күрсінтеді, ойнақылана отырып, ойға батырады.

«Анау шақша басын мен таз қылғандай соншалықты шүйліккеніне түсінбедім. "Кет" деген сөзді сасық запыранын төкпей-ақ, адамша да жеткізуге болады ғой. Атасына нәлетті, биллиярдтың шарына ұқсаған  шақша бастан шарт еткізіп шертіп кеп жіберсе!» - дейді абитуриент Базарқан. Оның осы сөзінен-ақ деканға деген өкпе-наласы да, баладай аңғалдығы да шүпілдей төгіліп тұрған жоқ па?!

«Қарап отырсам, - мен пақыр адамша қыз баласына сөз айтып, жігіт секілді бой түзеп жүріп те көрмеппін ғой. Әрине, кешке киноға барып, қолтықтасып көше қыдырған кездер болды, бірақ шынайы ғашықтық дегенді әлі күнге құдай менің маңдайыма жазбаса керек. Шіркін-ай, деп ойлайтынмын кейде, әлгі қисса-дастандарда жырлап жататындай біреуге мен де өлердей ғашық болсамшы. Тіпті сондай бір асқақ та таза махаббат жолында құрбан болғым келетін. Сөйтіп ел ауызындағы аңызға айналып, кейінгі жастарға шамшырақтай үлгі-өнеге болуды арман етуші едім. Бірақ қазіргідей қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған майырайқан заманда оның реті келіңкіремесін тағы сезетінмін», - деген сөздерден ауылдың ауызын ашса көмекейі көрінетін ақ көңіл бала жігітінің образы аңғарылады.

«Екі жылдың ішінде селтеңдеген, желтеңдеген жігіттеріміздің біразы үйленіп, қыздарымыз тұрмысқа шығысты. Шүкіршілік, ақыл жасап әйтеуір бәрі де ауылда қалды. Тек бір қыз ғана шатасып, мұндағы тәп-тәуір жігітін тастап, көрші ауылдың бір жылпың қуына қашып кетті. Оның ақыры қырғын төбелеске ұласыл, көз көгеріп, бет ісіп, қашқынды қуған біздің төрт жігіт аудан жақта он бес күннен түрмеде отырып шықты. Ірілі-ұсақты осындай оқиғалардың салдарынан арамыз сиреп, боздағымыз бордай тозса да, қатарда қалғанымыз намысқа тырысып қой санын кеміткеміз жоқ" - дейді жас шопандар бригадасында жүрген күндерін еске алған Базарқан. Елге кетер алдында, ең болмаса, армансыз қыдырмақ боп Алматыдағы ең мықты ресторанға келіп отырған сәтін суреттеген тұста да езуге күлкі үйірер эпизодтар аз емес:

«Дастархан мәзірі» мен атын естіп көрмеген алуан тағамның толған тізбесі екен, қайсысына тапсырыс берерімді білмей. апайдың өзінен сұрадым: 

- Кеспе көже болса?

Бағана қатты шөлдеп тұрып, «Газвода» автоматынан ішкен суық су тамағымды ұстай қалған ба, үнім қырылдап шықты.

-   Кеспе көже! - дедім жөткірініп.

-   Ресторанда көже бермейді... Көже ішкіңіз келсе асханаға барыңыз.

... Апайдың айтқанына көнбеске лажым қалмады. Әйтеуір у емес, бәрі де жейтін ас қой деп, көк өніс салатына, "зразы» деген бірдеңеге, апай көрсеткеннің ішінен бұқтырылып, картоп қосылған сиыр етіне тапсырыс бердім. Артылып жатса, - желінбегені қалар, тәйірі. Әйтеуір қызық іздеп, қыдырып келген екенмін, дастарқанның мол болғаны, дұрыс қой!» - дейді Базарқан ресторан төрінде отырып. Ауылдың карапайым қара баласы олай еді, бұлай еді деп автор сөзбен суреттеп әуре болмай-ақ, оның іс-әрекеті арқылы бар болмысын көз алдымызға тосады.

Кеңес адамдарының да періште емес, жұмырбасты пенде ретінде емін-еркін демалуына, сәл-пәл босаңсуына, бір сәт еркелеп-еркінсуіне де жол бермейтін сол кезеңдегі қатаң тәртіпті еріксіз еске салатын тұстары аз емес. Ресторанда отырып, қызып қалған жігіттердің дауысы қаттырақ шыға бастағанда, дереу жетіп келген милиция наряды үшеуін де қиралаңдатып өздерімен алып кетеді. «Кімге - күлкі, кімге - түрпі» дейтіндей сәттегі кейіпкер толғанысын автор оның өз сөзімен былай жеткізеді:

«Жігіттердің бұлары, әрине, дұрыс шаруа болмады. Енді үшеуін де «айықтырғышқа» апарып тоғытады. Ертең таңертең мастықтан айығып, естерін жиған соң шырқыратып отырып мойындарына ақшалай айып салады. Тәртіпсіздіктері туралы дереу жұмыстарына хабарлайды. Жұмыста мұндай өрескел факті міндетті түрде партия немесе кәсіподақ жиналысында талқыға салынады. Талауға түскен ондай қызметкер арысы құйрығына қалжуыр байлап жұмыстан кетеді, берісі қатаң сөгіспен құтылады. Сөгіспен құтылғанның өзі жыл бойы тоқсан сайынғы ақшалай сыйлықтан, жылдық үстеме жалақыдан қағылады. Ең қиыны сол - айықтырғышқа түскен қызметкерді пәтердің кезегінен бастап, мәшиненің, телевизордың, мұздатқыштың, кілемнің, қысқасы, қат дүние, игілік қуаныштардың бәрінің кезегінен бір-ақ сәтте сылып тастайды. Құдай оның бетін әрмен қылсын де!» - деген жолдарды оқып отырып, басқаны қайдам, өзім әйтеуір абайсызда қателікке ұрынған адамның басына осыншама көп жаза қолданған кезеңнің де, кез келген дүниені алу үшін алдын-ала тізімге тұрып, кезек күткен заманның да енді қайта оралмайтынына қуандым. Кеңестік кезеңді жазушы ауыз тозып жамандамай-ақ, оқырман көңілін ойран топан ойға толтыратын осындай эпизодтарды ұтымды қолдана білген.

Төртіншіден, осы хикаяттың өн бойы сатыр-сұтыр найзағайдай сатира мен езу жиғызбас юморға толы деуге болмайды, онда оқырман жүрегінің нәзік қылын қозғайтын, тыныш көңілін мұңдылау бір сағыныш сазына бөлейтін, нәзік лирика мен терең психологиялық иірімдер де аз емес. Бір орысы жоқ, ылғи қазақтар ғана тұратын алыс ауылдың кітапханасы сонау Ресейден арнайылап жаздыртып алатын, бұдан басқа ешкім ашып қарамайтын, «Огонек» журналындағы арғы-бергі суретшілердің туындысына тамсана қарап, өзіне ұнағанын лып еткізіп жұлып алып, жинап жүретін, сосын оңашада сұқтана қарайтын Базарқанның болашағынан іштей үміттенесіз. Елде жоқ кәсіпті арман етіп, ұшқыш болсам деп талаптанған бозбаланың қой соңында қор болған жылдарына ішіңіз удай ашиды. Өмір бойы оның құлағынан кетпейтін «Қорлан» әні сияқты Қанағат мұғалимаға деген тап-таза көңілінде тұнып қалған бала махаббатының шынайылығына иланасыз. Орындалмас арман күйінде жүрек түкпірінде сақталған, ғұмыр бойы Жерорта теңізіндегі Гибралтар бұғазын бір көрсем-ау деген арманшыл баланың тәтті қиялын да автор оқырманның ет-жүрегін елжіретіп, сезім пернесін дөп басар штрихтармен бере білген.

Күні кеше ғана өзіміз бел ортасында болған коммунистік жүйенің, социалистік қоғамның кем-кетігін кейіпкер бастан кешкен оқиғалар арқылы берген жазушы ешкімге ақыл айтпайды, ешкімді жамандамайды, тұжырым жасау оқырманның  еркіне қалдырады.


«Жұлдыз» журналы.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры