Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ/АЛАСАРМАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН!

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ/АЛАСАРМАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН!

23 сентябрь 2018, Воскресенье
1 331
0

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, 

филология ғылымының кандидаты


 АЛАСАРМАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН!


ӘДЕБИЕТ - бұлқынған өмір, бұлықсыған рух. Әдебиет - жүректің лүпілі, қан тамырының бүлкілі. Әдебиет - даңғаза шу мен дарақы мақтанды бойына дарытпайтын текті де киелі өнер. Тілдің нәрімен, жүректің қанымен өрнектелген көркем туындының құндылығы өзгенің санасын селт еткізер қуатында, шындықты шеберлікпен өрнектеуінде болса керек. Осы тұрғыдан келгенде қызыға оқып, жан-дүниеңді шымырлата әсер алатын шығармаң қайсы деген сауалға "Әлібек Асқаровтың "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" повесі" деп жауап берер едім. "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" - жазушының ұлттық әдебиетіміздің қазынасына қосқан құнарлы үлесі деп жалтақтамай батыл айтуға болады.

Повесте Алтай төріндегі қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі өзіндік ерекше мәнермен өрнектелген. Сырты — әзіл мен күлкі, астары — жан-жүрегіңді сыздатар ауыр мұң. Өз жүрегімнің түбінде бұйығып жатқан. ара-тұра кеуде тұсымды шымырлатып. санамды ине түрткендей селт еткізер етене таныс мұң. Иә, қазақ ауылының қазіргі күйі мен халі шынайылығымен шығарма төріне көшкен.

Әлібек Асқаров туындысына арқау болған — өр Алтайды жайлаған өз ауылынын тағдыры, сол ауылдың мінезі. қылығы, әрқилы тағдырлы тұрғындарының күрделі болмысы. Шығарманы оқи отырып. әрқайсысымыз өз ауылымызды танимыз.

"Өр Алтайдың төрінен коныс тепкен Төртінші ауыл қазақтың құт қонған қасиетті мекенінің бірі еді... "

"Бірі" демейді жазушы. "бірі еді" дейді. Болғанның бәрі баяғыда... Баяғы балалық күнді, құт-береке тұнған қазақтың қасиетті қара шаңырағы болған ауылды сағынған сезім сенделіп-сенделіп, өн бойыңа өкініш, тұншыққан өксік болып қайтып оралады.

"Баяғыда үш көшенің бойында жүз қаралы үй бар еді. қазір өрт тиген қамыстай селдіреп, одан да жетеу-ақ қалған ".

Менің ойыма сонау қиырдағы өз ауылым оралады. Күйі кеткен соң даңғарадай шаңырақтарын бір-екі қараға саудалап, қаладағы балаларына қоныс аударған, одан да ұзаққа шығандап кеткен орта жастағы, егде жастағы ауылдастарымның қазіргі халі нешік екен? Менің ауылым да жүз үйден жұртта қалған жеті үйі бар халде екені ақиқат. Сіздің де ауылыңыз осындай халдің маңында екені шындық...

Көркем әдебиеттің талаптарына толығымен сай авторлық баяндаулар, шебер құрылған, кейіпкер характерін даралай ашатын, оның бітім-болмысын қалтқысыз аңғартатын диалогтар шығарма шырайын тіптен әрлендіре түседі. Бұған жазушының қиял ұшқырлығын, нәрлі, көл-көсір тілділігін, сезімтал қырағылығын қосыңыз.

Әр қилы тағдыр. Сан түрлі адамдар. Ескі көздердің айтуына карағанда, бұрын "Айдарлы" атанған ауыл, кейіннен, "ақ қашып. қызыл қуған" заманда "Коммуна" атанған ауыл, соңғы атауы — "Төртінші бригада" болған ауыл... Орналасқан жері де осал емес. "Алтай жарықтықтың айдарындай көркем жерде орын теуіпті. Түстік қанатында сыңсыған қара орман, қара орманның төрінде ұшар басы күмісше жалтырап Ақшоқы қасқаяды. Бір бүйірінде текшеленген жартасты жон. Текшеленген жартастардың биігінде желмен шулап, самырсын мен балқарағай жайқалады. Ақшоқының алқымынан домалаған Талдыбұлақ ауылға жете арынын басып, сылаңдай аққанымен, төменірек тұста жартастан құлап, өкіре гүрілдеп жатыр. Сарқыраманың арғы бетінде, сонау майсалы машақтың төсінде суы шәрбат Құндызды көлі жатыр жарқырап ". Шебер суреттеу көз алдыңызға әкелген осындай тамаша бітімі бар ауыл тағдыры қандай екен...

Алдымен кеңсе жабылды... Кеңседен кейін ауыл мектебі жабылды. Мектептен соң дүкен жабылды. Ал, керек болса! Жаппай жабылуға ауыл тұрғындарының істер шарасы қайсы. "Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ". Осы қым-қиғаш қайшылығы бар қиналысты жазушы қалай бейнелейді: Мэлс мұғалім көзінің ашықтығы арқасында мұның бәрі дұрыс емес екенін ашына дәлелдегенімен, ештеңе өндіре алмайды. Көнбіс қазақ "оларсыз да күнімізді көрерміз" дейді.

Повестегі Мэлс характері кімді болмасын езу тартқызбай қоймайды. Ауыл адамдарының арасынан өзінің іс-әрекеті, ұстанған бағытымен ерекшеленетін осы бір мұғалім қай-қайсымызға да тым жақын, таныс. Ауыл сыртына саяжай салмақ болғаны, сонау Талдықорғаннан алма ағашын әкеліп отырғызуы, Метрейдің тілін шұбарлықтан арылтпақ әрекеті — бәрі күлкілі әрі иланымды.

"Бәрібір емес, Байеке. Сан түріне қарасақ, әрине, елу екі қырықтан он екі жыл көп. Ал, дыбыстың естілуі, аудиторияға әсері жағынан "қырық" басым. Өйткені, "елу екі" ерін ұшымен ғана айтылады, ал "қырық"қырылдап тереңнен шығады, сол себепті де елу екіге қарағанда салмақты, әсерлі естіледі", — дейді Мэлс-мұғалім. Күлесіз бе?! Күлесіз. Жай күлмейсіз, бас шайқап. рахаттана күлесіз. Соншалықты шеберлікпен келтірілген дәлелді шып-шымыр қылып, шымырлата төгіп отырғаны жазушының екінің бірінен ұшыраса бермейтін өзіндік даралығы.

Жаңа жыл қарсаңында Астана түнін самаладай жарқыратқан. қараңғылыққа түрлі-түсті жап-жарық нұр атқылаған электр сәулесіне көз салып келе жатып, "әттең, ауылда осы жарықтың бір түйірі орнап, балалар тамашалай алсашы", — деп қиялдағанмын. Түрлі-түсті ғажайып шұғылалы жарық көңіліме мұң ұялатқандай болған. Жиі-жиі электр жарығынсыз қалатын алыстағы ауылыммен бірге осы автордың қаламынан төгілген "Үш күн бойы ауыл тағы да электр жарығынсыз ала көлеңкеде отырды...

— Кәреке, бәрі бітті, — деді Сәрсен тиеп болған соң алақанын жайып. — Төртінші ауыл құрыды. Енді бұл ауылда свет мәңгі-бақи болмайды... " деген жолдар ойыма оралған.

Сәлимаға "Рүстем-дастанды" оқытпақ болған Қабден ақсақал, елу екі жыл мал баққан Кәрім шал, оған пана болып, бір-біріне сүйеу болған Нарша кемпір, қазақ арасына сіңіскен Метрей шал мен Пелагея, бәрі-бәрі есіме түскен...

"Жеті үй тағы да жетімсіреп иен тауда қала берді.

Қазақтың ордалы бір ошағының оты сөніп бара жатты... "

Төртінші ауыл тағдырын арқалаған тарау осы жолдармен түйінделіпті.

Ошақтың оты сөнгені ауыл ауасымен тыныстап өскен Сіз бен бізге жеңіл ме...

"Өз отыңды өшірме" деген Ор-ағам (Оралхан Бөкей) осынау қасірет бізден аулақ болсын дегенді тұспалдады ма?!

"Әкесі жаққан отты баласы өшірмес болар" дегенді айтқан Ор-ағамның ауылына деген өлшеусіз сүйіспеншілігі Әлібек-қаламгердің жүрегіне шер болып ұйыпты. Адасып кетсек айналып табар қазығымыз, суыққа ұрынсақ жан-дәрмен келіп жылынар ошағымыз — ауыл емес пе еді. Ауыл — ұлттық рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің ұясы ғой. Бұлағымыздың көзі бітеліп бара жатыр. Замана құйыны үйіріп әкелген шөп-шалам бұлак көзін шел болып басып тұр... Жазушының сыртын күлкі, әзілмен тыстап, ішін саналы адам түйсігін түртер күрделі мәселемен астарлаған туындысынан осындай жан шырылын естіп, ұғынғандаймын.

Повестің екінші бөлімі "төрдегі төртінші ауылдың төбедей көрген төркіні, жұмақтай көрген жайлы мекені" Мұқыр ауылының тыныс - тіршілігін бейнелеуге ойысады.

Кітапты ауылдан келген бір сапарында қолқалап әкеткен әкем тамсана оқып шыққаннан кейін, құрдасы, мектеп директоры сұрап алған екен. Сөйтіп, қолдан-қолға өтіп, тықақтап іздеу сала бергендігімнің арқасында күндердің күнінде сыртқы мұқабасы бөлек, іші бөлек қалпында қолыма тиді.

— Мыналарың не? — деп ашу шақырсам:

— Енді, оқылған соң солай болады. Әлгі (бір ауылдастың атын айтады) сұрап алған қояр да қоймай. Мал кезегі келгенде өзімен бірге ала кетіпті. Сонда ердің астына мұқабасы қатты, ыңғайсыз деп, сыртын бөлек алып қойыпты.

— Ренжірімді де, ренжімесімді де білмедім. 

Кітапқа соншама ықыласы ауған ауылдастарымның қызығушылығы кәдімгідей көңілімді босатты.

Иә, осы Мұқыр ауылы туралы бөлімді оқығанда мен семіз Қанапия туралы біраз ойланғанмын. Күлдіре тұрып күңірентетін бейне. Рухани болмысы дүбара, семіз қарнын аялай сипалаған қалпы шығарманың өн бойынан ойып тұрып орын алған, шебер сомдалып, танылған Қанапияның сөзі мен іс-әрекеті селкеу түскен ұлттық болмыс пен адамдық иманымыздың көрінісі тәрізді...

Мұқыр ауылының ресми атауы "Раздольное" болса, семіз Қанапия: "Осыншалық ұрымтал атты қандай ғана ақылды бас ойлап тапты екен, Раздольное деп керемет тауып қойған" деп тебіренген қалпымен өзінің өресін аңғартады. Совхоз директоры Түсіпхан Түсіпбеков: "Атана нәлетті динамит әкеліп, бір-ақ күнде бұрқ еткізіп қопарып тастайын ба!" деп долданатын, ауылдың күн шығысындағы жартас — Тасшоқы да семіз Қанапия назарынан тыс қалмапты. Ауылдасы Нұрғали қартпен "жартас екі ұшты болатын " деп бітпес дау бастайтын қырқылжың Қанапия мұнымен тоқталса неғыл дейсіз...

Мұқыр мектебіне ат беру туралы ұсыныс тұсында Қанапия болмысы ашыла түседі. Бір ауылдағы ағайын екі рудың арасына от салатын мұндай адамдар қайдан болмасын кездеседі. Яғни, теория тілімен типтік бейне деуімізге де болар. Өйткені...

Біздің ауылда мешіт ашылды. Мешіттің ашылу құрметіне аудан мешітінің имамы — жасы отыздарға жақындаған жас жігіт келді. Аудан, ауыл басшылары қатысты. Сонда мешітке өтіп бара жатқан ғасырдың басындағы ауыл тарихындағы айтулы тұлға, XIX ғасыр аяғында Шығыс Түркістандағы мұсылман халықтары көтерілісін басқарушылардың бірі болған, кейіннен екі мәрте қажылық сапарға барған, ауылда мешіт салған, Сұлтанмахмұт сынды алаштың ардақты ұлын ауылына шақыртып, бала оқытқан Құрбан қажы есімін берсе деген ұсыныс болды. Арты дауға айналды. "Бір ру мен екінші ру тартысы" деп бір пысықай дауды өршіте түсті. Ақыры, жас имам ауыл тұрғындарын мәмілеге келтіре алмағандықтан, бұл мәселені шеше алмады. Әл-ағаңның семіз Қанапиясы осы оқиғаны еріксіз есіме түсірген...

"Менікі әншейін пікір тудыру", — деп мүләйімситін, "Мен бәрін әдейі істеймін. Қызық болмаса, әредік ұрыс-керіс болмаса, бұл қуарған тірліктің сәні болушы ма еді! Атам бөтен болғасын ба, қазақтарды қырқыстырып қойып, қыр басынан қызықтағанды ұнатамын", — дейтін Қанапия сынды тегі белгісіз даукес, кер баққан қисық ауыз сіздің ауылдың да, біздің ауылдың да берекесін қашырар ұнамсыз тип.

Ауылға кірме саналатын Лексей мен Ольга да шыққан тектерін білмейтін жандар. Ұлттық рух пен ұлттық ортадан алшақ кету қандай бейшаралық халге түсіретінін Лексей - Алдаберген, Ольга-Орыншалардың тағдыры арқылы түйсінуге болады. Автор Лексей бейнесін шығарма оқиғасының мазмұнына кірістіру арқылы өте бір өзекті мәселеге бойлап, ұлт жанындағы жараны сезінуді мақсат етеді. Мектепке ат қоюға байланысты қамай мен қарғалдақ руының ұсыныстары өтпей, айтыс-тартыс жүріп жатқан тұста осы Лексейдің ұсынысы орынды деп табылады. Яғни, мектеп Калинин атын иемденеді. Міне, ала болып, ауыздағыны алдырған қазақы тірліктің түрі. Атасы басқа жат Қанапияның лаңы, тегін ұмытқан Лексейдің қылығы бізді не күйге жеткізді? Қаламгер жанын ауыртатын осындай жайттар. Авторлық түйінді "кеңестік дәуірдегі жетпіс жылда қазақ халқының ұлттық генефонды деградацияға ұшырады " деген жолдардан (кейіпкер сөзі) аңғарған ләзім.

Қоғамдағы қым-қиғаш қисынсыздық, ұлттық рухани бітімнің шаңға көмілгендей халі... Ауылдың, сонан соң ауданның тарауы... Ауданның ауданға қосылуы туралы қауесет, қауесет емес-ау, жүзеге асқан ақиқат - осының бәрі замананың шері, өзекті өртер өксік болып оқылады. Жазушы ұлттық фольклорымызға тән түйсікке жеткізе баяндау әдісін — прозадағы ұлттық үрдісті шеберлікпен пайдаланған. Ұлт болмысын, ұлт тағдырын жүрекке жеткізе айтуда бұл стиль өте тиімді.

Қазақ халқының өткені мен бүгіні повестің тұтас мазмұнынан көрініп отырады. Кешегі Отан соғысының зардабы мен жарақатын Әмір шал, Тұрғанбек пен Меңсұлу тағдырларынан аңғаруға болады.

Жоғарыға жалтақтаған тәуелді халіміз Күреңбел деген жотаға застава салу әрекеті тұсында анық байқалады. Жазушы айтар ойын жадағайламай, құрғақ баяндауға ұрынбай, іс-әрекет, қайшылықты тартыс үстінде танытады. Күреңбелге застава салғызбаймын деген Орынбай орманшының шағымының нәтижесі белгілі, әрине...

Мұқыр ауылын біраз басқарған, кейіннен орманшы болған Мырзахмет — Мырзекең;

Мұқыр ауылы туралы энциклопедия жазбақ кітапханашы Дәулетхан;

кержақтар ішінде тұрып, кейіннен қазақ арасына келген Лексей мен Ольга;

қазіргі ауыл молдасы болып отырған, кешеде Нүрпейіс құрдасын талай машақатқа тап қылған Бектемір;

аңғал, не нәрсеге нанғыш, сол аңғалдығымен күлкілі әрекеттерге барған Нұрғали;

ауыл тентегі, моторист Рахман...

Осы кейіпкерлердің әрқайсысы повесть оқиғасының салмағын арттыра түсер бейнелер. Күлкілі әрекет, содыр қылық, мұңлы тағдыр, қисық, қыңыр мінез аталмыш кейіпкерлердің характерін күрделендіріп, болмысын аша түседі. Олардың болмысы арқылы ұлт болмысы танылады. Оқырман жүрегін қозғап, кез келген қалам иесін ойға қалдырар повестің арқалаған жүгі тым ауыр, айтпақ ойы тым әріде...

Қалихан Ысқақтың айтуынша, "үндемей жүріп, үйдей жақсылық жасауға бар" Әлібек-қаламгер сол үндемеуге құмар қалпымен құнды дүниені қолымызға ұстатыпты. Біз, оқырман ретінде құмарлана оқығанымызбен, әдебиетші ретінде бұл туындының құндылығы туралы жазушының тура өзіне ұқсап, біраз уақыт бойы үнсіз келдік.

"Әлібек... тиесілі міндеті мен борышын ойып алып, үндемей-ақ көбімізден бұрынырақ тындырып тастап жүрген жігіттің өтімдісі. Басқамыз шокысын да биіктетуге құмар болып жүргенде ол — "мен қайтейін, Ор Алтай, биігіңді" деп, бүйірден нұқып қалатыны бар. Айта салғаны ма? Жоқ, қайта салмағы бар. Егер мен түсінсем: бауырың жара, басың түгел болмаған соң биігіңнен не қайыр деген күрсініс, заманға деген өкпе-наз. Тек еркеліктің емес. Орынсыз қиғылық та емес. Қисынын тапқан қаламның қан тамырын тапқан қандауырдай қадалған жүзі", — дейді жазушы Қалихан Ыскақ қаламдас інісінің бұл туындысы туралы.

Бүгінгі биігіне екпіндемей-ақ, сырбаз басып келген Әлібек Асқаровтың қаламгерлік қырын танытатын сөз әлі жеткізе айтылған жоқ. Ал, мен алыстағы Алтайды көз алдыма елестете отырып, "Бауырыңнан құт қашып, ауылың құлазып жатса, беу, Өр Алтай, биігіңді мен де қайтейін", — деп іштей ағаның күрсінісіне саламын...

Иә, адамдарымызды аласартып алсақ, тауларымыздың биіктігінен не қайыр?! Аласармайықшы, ағайын.


«Егемен Қазақстан» газеті.


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры