Шәрбану Бейсенова/ ТАСТҮЛЕК
жазушы, Халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты
ТАСТҮЛЕК
Адамның шынайы болмысын тану үшін күнделікті тіршілікте араласып-құраласып жүру, қызмет жағдайында білу бір басқа да, оның шығармаларын тұщына оқып, көкірегіндегі қат-қабат рухани қазынасына үңілу, ой толғамдарына қанығу тіпті өзгеше сияқты. Өйткені қаламгерді шығармасы арқылы мүлде басқа қырынан таниды екенсіз.
Жуықта қаламы ұшқыр, шырқ үйірілген алтын сақадай ширақ мінезді жазушы Әлібек Асқаровтың туындыларын қайталап оқып шығудың сәті түскен еді. "Тайга толғауы", "Ерте түскен бозқырау", "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" жинақтарының қай-қайсысы да бір деммен оқылатындығына тағы да көз жеткізгенде - әріптес апасы ретінде шын қуанғанымызды жасырғым келмейді. Әсіресе, "Ерте түскен бозқырау" жинағының оқырманына сыйлар рухани әсері, көркемдік деңгейі ерекше.
Қаламгердің әр шығармасында да Алтайдың көркем келбеті барша шырайымен алдыңыздан айқара ашылып отырады. Алтай табиғаты әдебиетте Қалағаңның (Қалихан Ысқақов), Орағаңның (Оралхан Бөкеев), Дидаштың (Дидахмет Әшімханов), тағы басқалардың туындыларында аз суреттелмегені белгілі.
Алайда, автордың өз сезімен айтқанда "Қаратай елінің әулие анасы - Алтайдың" табиғаты Ә.Асқаров шығармаларында кейіпкер тағдырымен қоса өріліп, белгілі бір жағдайда олардың тағдырларына ғаламат әсер етіп, біте қайнасып жатқандығымен көңіл төрінен берік орын алғандай.
Тайганың тұнжыр табиғаты тұнған жұмбақ, барша құпиясын ішіне бүккен сұсты. Мылқау тайгада бір күндік тіршілік үшін үздіксіз күресуге тура келетіні тағы шындық. Оған шығарма кейіпкерлерінің әрекеттері арқылы көзіміз жете түскендей. Жазушы кейіпкерлері қатал табиғатпен іштей үғысып, аң-құстардың тылсым тіршілігіне мысқалдай қарсы келмей, орайласып өмір кешіп жатқандығымен баурайды.
Ә.Асқаров шығармаларының кейіпкерлері тайганың қуыс-қуысында оқшау, қатал табиғатпен бетпе-бет тірлік кешкен аңшы, қорықшы сияқты саяқ жандар. Олар "саяқ болайыншы" деп те болмаған шығар, тағдыр талайы мен өмір соқпағы қақпақылдап, аз күнгі ғұмырындағы дәм-тұзын тайгадан бұйыртуға жазса, не шара?!
Әлібектің бірқатар кейіпкерлеріне тән, ортақ мінез - жалғыздық. Онда да тайгадағы жалғыздық! Тайгада жалғыз-жарым адамның күнелтуінің өзі неғайбыл дүние ғой. Осы бір жанкешті бейнетке жаралған жандардың оқыс тағдырлары оқушысын қызықтырып, алға жетелеп отырады.
"Жазатыр оқиғасы" повесі Ә.Асқаров шығармаларының ішіндегі көркемдік қуаты мол, адам жанының терең қатпарларына үңілген, кең тынысты, ерекше тоқталуға тұрарлық туынды деп ойлаймыз. Тау арасындағы жалғыз үйді тұрақ еткен Қараман аңшының саяқ тіршілігі әсерлі суреттеледі. Аңшы өзімен бірге оқырманын да тайганың қойнау-қойнауына ілестіріп ала жөнелгендей.
Сөзге сараң, оның есесіне, құлағы сақ, көзі жіті, қимылы епті аңшының көкірегі тола шер. Ол қашан да өзімен өзі, томаға-тұйық. Табиғатпен іштей тілдесіп, ұғысып, соның орайына қарай қам-қаракет жасап жүргені. Тайга сырын қылп еткеннен таниды. Қараманның әкесі де үнемі "қанжығасы қанды, мылтығы майлы жүретін олжалы жігіт болған екен" кезінде. Қараман да "тебінгіні терге шіріткен" аңшы. Оқырман тайганың небір тылсым құпияларына кейіпкермен бірге куә болып, небір тылсым сырларға қанығады.
Қараманға тау-тасты кездіріп, тайганы шарлатып қойған аңқұмарлық сезімнен бөлек тағы бір ерен күш бар екен. Оның аты - кек.
Қараманның көкірегіндегі қайнағын кек, басылмас қыжыл өзінен басқа пендеге беймәлім. "Жүрегінің қуаты, көңілінің суаты" жалғыз баласы Тоқтасын кісі қолынан қапыда мерт болғалы, оған өзінің себепші екенін ойлағанда іші у жайлағандай. Осы өкініш аңшыға үйде тағат таптырмайды. Алтынға арбалған қандыбалақ қарақшы Ерофей Талдыбұлаққа түбі бір айналып соғарын ішкі бір түйсіктері арқылы түйсінген аңшы жол торып, тайганы шарлау үстінде...
Повесте тағы ата жұрттан аттамай, аруақтарды күзетіп ескі жүрттың орнында отырған жалғыз үй — Байсал шалдың шаңырағы бар. Қараман мұнда оқта-текте соғып тұрады. Көкірегіндегі толған шерін бірауық сездіргені бар. "Кек жолы әділетті болғанымен алмағайып іс екенін" айтып Байсал қарт Қараманды райынан қайтарғысы-ақ келеді. Оған тоқтайтын адам Қараман ба? Тіршілігінде баласының кегін қайтара алмаса, сүйегіне өшпес таңба болып, ахиретке бірге кетері хақ. Сол үшін ол басын баяғыда-ақ бәске тігіп қойған. "Өзекті жанға бір өлім"...
Солай десек те Қараман елбіреген нәзік сезімді, өмірге құштар жан. Оқиға барысында Торғын екеуінің танысуы да, табысуы да нанымды, характер логикасына сыйымды, әсерлі оқылады. Повестің тілі шұрайлы. Небір әдемі сөз тіркестері, кестелі суреттер алдыңыздан әрдайым шығып отырады. Мысалы, Қараманның Шайтантасқа түнеген уақытындағы бойына қорқыныш пен беймәлім тылсым ұялатқан тайганың тұнжыр түнінің суреті оқырманның да үрейін ұшырып, бей-жай қалдырмайды. Керісінше, Қараманның Ақбұлақ бойына құрған қақпандарын тексере барған жолғы маужыраған түнгі орманның суреті ше? Әсіресе, таң шапағымен басталған құс төресі - құрдың көктемгі сайраны қызғылықты суреттеледі. Бұл өзі түз кезген аңшыға де жылына жалғыз мәрте ұшырасар таңғажайып көріністер. Автор кейіпкерімен бірге осы сұлу сәтке оқушысын да куәгер еткендей.
Повесте табиғаттың құдіреттілігін түйсіндірер, қаламгердің байқағыштығы, сезімталдығы арқылы жасалған детальдар, көріністер, штрихтер мол.
Аңшының көзімен айтылған мына бір суреттерді алалық: күні бойы суға телміріп балық аулаған аюдың қылығы, балқарағайдың басына шығып жаңғағын қаққан аюдың әрекеті, ақ тиіннің ала жаздай қыстық азығын жинауы, балқарағай шаққан бүлғынның мінезі, ат түяғы әзер сияр сыңар аяқ сүрлеуден аңшының бұлғын, сусар, күзен іздерін бұлжытпай айыруы сияқты детальдардан табиғаттың ішке бүккен құпиялары оқушысына біртіндеп ашылып отырады. Шығармада аңдар мен құстардың бізге беймәлім небір түрлері әсерлі суреттеледі.
Қараман бірде Алтайдың қарлы шыңдарында мәңгілік мұзды мекендейтін аң атаулысының ең алғыры, ең жүректісі, ең әдемісі ілбістің ізіне кезігеді. Өзіне емес, ізіне. "Ілбіс былайғы адам түгіл, асқар асуларды кезген аңшыға да жүз жылда бір кезігеді" - деген әкесінің әңгімесі есіне түседі. Ілбіске кезіккеннің жолы оңғарылады деседі екен. Ендеше, иншалла, Қараманның да жолы болар ма екен деп, оқырман оған іштей тілектестік пейілде күй кешеді.
Алайда... Күні-түні, қысы-жазы тайгада жол торыған аңшыға іздеген жауы Ерофей оның тау қуысындағы үйіне өз аяғымен келеді. Ол ақ қашып, қызыл қуған дүрбелең шақта Алтайдан асып, арғы бетке өтпекші ақ патшаның азып-тозған бір топ әскерінің ішінде кетіп барады екен. Аңшы үшін кек қайтарар ұрымтал шақ туғандай. Енді сәл аялдаса қорқау топ уысынан шығып кетпек. Апанын алдырған арландай аласұрып азған топқа жалғыз атты аңшы қандай қайран жасамақ? Оқырман да Қараманмен бірге шарасыз күй кешкендей. Қараман қайтсе де кегін жібермеуге бекінді. Аңдыған жауы алдынан шықса, аянатын не бар? Қараманда енді аландайтындай не қалып еді? Жер ортасына келгендегі көрген аз күнгі қуанышы мен қызығы Торғынды да, оның құрсағында бүлкілдеген жаңа тіршілікті де азғын топ қиып түскен жоқ па? "Ендеше, құдай күнәһар пендесін өзі кеше жатар". Сұмдық іске бекінгендей аңшы қимылы тас-түйін. "Ендігі бір сәтте Алтайдың жасыл орманы қып-қызыл өрт құшағына мәңгілік жұтылып бара жатты..."
Аңшы жамандық атаулыны осылай отпен аластағандай.
"Жазатыр оқиғасы" повесімен іштей үндесетін тағы бір шығарма — "Сарсаң".
Әлібек Асқаровтың бұл туындысында Жекебай аңшының тайгадағы бір жолғы сапары суреттеледі. Иен тайганы қыс ішінде шаңғымен емпеңдей кезген аңшыны дедектеткен қандай құдірет десек, аңшылық өнердің құмары екен. Сонар қуалаған аңшы таң қараңғысында шығып, аң қызығымен тайганың қиян түкпірінен бірақ шығады. Сай табанындағы аңшы қосыны — ескі "ауыз үйге" жетіп құлайды. Сол уақытта басталған боран ұзаққа созылады. Ақ боранда айдалада екі түн, бір күн қамалған аңшының тірлігінен сыздықтатып ұғар сырымыз мол екен. Үш саусағын жазатайым ораққа алдырып, әскерге жарамай қалған Жекебайға майданнан оралған ауылдасы Семенның қағытқан: "Саусағыңды соғысқа бармау үшін әдейі кестірдің", - деген қыжылды тәлкегі намысына тиген. Содан бастап, елден бөлек саяқ тірлік кешкен Жекебай аңшылық өнердің қызығын қызықтап кеткен түрі бар.
Осы сапарында қара бұлғын соғып алып, қанжығасы майланып, мерейі өсіп келе жатыр. Бұл әккі аңшыға да жүз жылда бір кезігер нысаналы сирек олжа болатын. Осы ғүмырында Жекебай аңшылықты бір кісідей-ақ кәсіп еткен еді. Тау мен тасты шарлап, із кесіп, аң мен құстың талайын қанжығаласа да, бұған дейін қара бұлғын ұстап көрген жоқ-ты. "Тәңірім тек түбін оңғарсын, бұл өзі бір қайырлы сапар болды",- деп жорыған Жекебай қоржын ішінен салаң еткізіп, жылт-жылт жүні төңкерілген қара бүлғынды суырып алып жатып. Шіркін, пендешілік-ай!
...Жалпы Әлібектің әр шығармасында да нысаналы қара бұлғын әрдайым қылаң беріп отырады. Осы жолы нысаналы аңға қолы жеткен Жекебайдың сапары шынында да қайырлы болар ма екен деген ой оқыманды қызықтырып отырады.
Қайтар жолында аш қасқырлар үйірі қамаған Жекебай ұстаған аң-құстарын бір-бірлеп қасқырларға лақтыра отырып қашады. "Жекебай ендігі бір сәтте қасқырлар қыр желкесіне таяп қалғанын артына қарамай-ақ түйсігімен сезген. Сезген бойда қоржын ішіне қолын салып жіберіп, қара бұлғынды суырып алды. Жүрегі біз сұққандай шаншып өтті. Бұлғынды лақтырған жоқ, былқ еткізіп артына тастай салған... Ендігі бір сәт Жекебай қалбаң қағып шоқ қарағайға қарай ышқына ұмтылды. Одан арғысы еңіс. Одан арғысы — ауыл, адамдар..."
Адамнан қашып, саяқ ғұмырға ұмтылған Жекебай, ақыр-соңында сол адамдарға қарай жанұшыра ұмтылды.
"Ерте түскен бозқырау" жинағына енген, кезінде оқырмандар тарапынан ілтифатты лебізге ие болған, "Біздің жақтың шалдары" повесі де ерекше тартымдылықпен оқылады. Әртүрлі мінезді тағдырлармен ұшырастырады. Ата жұрттан көшпей жалғыз үй отырған Байсұлтанның қорық қызметкерлерінен көрген зәбірі, Миябайда есесі кеткен қорықшы Айтмолда, ғұмырының аяқталар шағында ауылдастарына монша салып бемекші болып, ақ тер, көк тер боп жүріп «ұры» атана жаздаған Бектұрған, қымыз тасушы Әубәкір тағдырларының күрт үзілулерінде жүрек шымырлатар шынайы өмір шындығы жатыр.
Осылардың ішінде оқырманына ерекше әсер етер мына бір дүниені атап еткім келеді.
Ол — "Қарымта".
Осынау шап-шағын әңгіменің көркемдік қуаты, көтеріп тұрған әлеуметтік жүгі ерекше байсалды. Тұна қалған сурет, ұйып тұрған бала көңіл тазалығы. Есалы шалға жақсылық жасағысы келген ниеті Қарашаны жаза бастырып, орны толмас өкінішке ұрындырып, әттеген-ай дегізеді.
"Қарымтаны", сондай-ақ жоғарыда аталған шығармаларды оқығанымызда осылардың қай-қайсысы да кино өнеріне сұранып тұрған материалдар-ау деген әсерде қалдық. Атыс-шабысқа құрылған қазіргі кино туындыларынан ығыр болған тұста, табиғаттың адам тағдырына ғаламат ықпалын суреттеген, сол арқылы табиғаттың мәңгілік құдыретін түйсіндіру әлдеқайда ізгілікті, жасампаздық іс болмас па еді?!
Әлібек Асқаров шығармаларындағы табиғат пен адамдардың қарым-қатынасы осыны ұқтырғандай.
Адамдар демекші, ауыл адамдарының алуан түрлі шынайы характерлері "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді" жинағына кірген "Жұртта қалған жеті үй" повесінде шебер суреттелген.
Өр Алтайдың төрінен қоныс тепкен Төртінші ауыл құт қонған қасиетті мекен еді. Қазір ондағы жеті үйде сегіз отбасы тұрады. Осы ауылдың кескін-келбеті аяқ астынан алақандағы мұздай еріп жүре береді.
Совхоз орталығы — Мұқырға әуелі бригада кеңсесі ауысады. Кеңседен кейін мектебі жабылады. Мектептен соң дүкені көшеді. Дүкен артынан дәрігелік пункт көзден ғайып болады. Осылайша шағын ауыл өркениет жетістіктерінен бірте-бірте қол үзе береді. Үлкен өмірмен жалғыстыратын жалғыз поштабайдың қызметі еді. Пошта таситын Сәлиманың "Захар торысын" қасқыр тартып кеткен соң, ол да көзден бір-бір ұшты. Орталық сәлерке бермеген соң моторист Сәрсеннің движогі де жалп етіп өшіп, жетімсіреген жеті үй осылай қараңғы тау қуысында қала береді. Шығарманың тілі жеңіл, үнемі үшінші жақтан әзілмен суреттеліп отырады. Жеті үйдегі сегіз шаңырақ иесінің әрқайсысы өзінше типтік дәрежеге жеткен. Бастарына түсіп жатқан қиындықтарды қабылдаудағы қарапайым жандардың аңғал қылықтары табиғи шынайылықтарымен оқушысына әдемі әсер қалдырып, езу тартқызар тұстары мол. Қапысыз қазақы тіршілік...
Кітаптың екінші бөлімінің олеуметтік жүгі қорғасындай ауыр ма деп қалдым.
Оқып шыққан соң еңбегі еш, тұзы сор зая ұрпақтың тұрлаусыз тағдыры пешенесіне жазылған жандарды аяу керек пе, әлде құрметтеу керек пе дегендей екі ұдай сезімде кітаптың соңғы парағын жабамыз.
Шынында көкейіңізден өкінішті бір сезім көпке дейін айықпайды. Шығарма құдыреті деген тегі осы болса керек!
«Астана ақшамы» газеті.