Тұрлыбек Мәмесейітов
әдебиет сыншысы, жазушы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының
лауреаты
АРДА АЛТАЙ – АСҚАҚ ЖЫР
Қасиетiңнен айналайын, Тау деген бiр жатқан жұмбақ әлем, тылсым дүние. Киелi де құдiреттi. Тәкәппар да тектi. Алыстан бар сырын iшiне бүгiп, манаурап жатқандай көрiнетiн тау жақындаған сайын сұстанып, айбаттана түседi. Әрбiр шыңы мен құз-жартасы қараған сайын жiгерлендiрiп, күш-қуат дарытқандай. Тұла-бойыңды шымырлатады. Қойнау-қолаттарына енiп, етене болған сайын белгiсiз бiр күш билеп, тылсым құдiрет өзiне тарта бередi. Тауда бәрi өзгеше, бәрi басқаша. «Таудағыдай еш жерде күн шықпайды, түн болмайды еш жерде таудағыдай» деп Мұқағали тегiннен-тегiн жырламаған шығар. Тауда, тек тауда ғана болатын осындай өзгешелiктi көру, сезiну, түйсiну де адам баласының жаратылысты танып-бiлуi, өзiн сол жұмбақ әлемнiң бiр бөлшегi ретiнде тұтастықта сезiнуiнен туындаса керек.
Осындай тауды, таудың өзгеше табиғатын шығармаларына арқау етiп келе жатқан жазушының бiрi ¾ Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әлiбек Асқаров.
Оның әр шығармасынан тау тұлғасы, Алтайдың асқақ та ажарлы келбетi көркем көрiнiс тауып, тамылжи суреттеледi. Алтай демекшi, бұл таудың кескiн-келбетi Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшiмханов сияқты белгiлi қаламгерлер шығармаларында да әр қырынан көрiнiп, оқырманын сүйсiндiрiп келгенi анық. Бiз сөз еткелi отырған Әлiбектiң жаңа туындысы «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» деп аталады. Бұл кiтаптағы дүниелердiң жазушының бұрынғы шығармаларынан айырмашылығы сол, мұнда ойдан, қиялдан қосылған еш нәрсе жоқ, бәрi де көзбен көрген, көңiлмен түйсiнiп, жүрекпен сезiнген, тамшыдай қоспасыз шынайы туындылар. Қаламгердiң туған жер мен өскен елге деген перзенттiк парызын терең сезiнуден, тауға, топыраққа, өткенге деген сағыныштан туған жан тебiренiстi толғаулары.
Жаңа кiтап бiр-бiрiмен сабақтас, бiрiн-бiрi толықтыратын үш бөлiмнен, яғни, «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау» аталған үш толғау ¾ эсседен тұрады.
Ескерте кететiн нәрсе, осындағы екi дүние – «Көккөл» мен «Мұзтау» - кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған, оқырманға бұрыннан таныс. Алайда, оқырман жақсы қабылдаған ол дүниелер – газеттiк варианты екен. Ал кiтапта бұл шығармалар әлдеқайда толығып, жаңа деректермен дамытылып берiлген. Сондай-ақ, кiтапта автордың жүрген жерлерiндегi тамылжыған табиғат, тау мен шыңдардың деректi суреттерiмен безендiрiлуi – шығармаларды одан сайын шырайландыра, әрлендiре түскен.
* * *
Әуелгi сөз «Көккөл» жөнiнде.
Алтайда туып, есейе келе туған өлкесiн армансыз аралаған автордың көңiлiнен осы Көккөл турасында бiр түйткiл кетпейтiн. Не сыр бар бұл Көккөлде? «Үлкендер Көккөлдiң атын естiсе, көңiлдерiне алаң бiтiп, көп жағдайда тура жауаптан жалтарыса беретiн». Оның үстiне бала кезiнде Көккөл туралы көп әңгiме естiгенi тағы бар. Сөйтiп, Көккөлге деген құштарлық көңiлдегi әдемi бiр сағыныштай жылдан-жылға қордаланып жинала түскен.
Көккөл ¾ жердiң түбi. Қазақстанның қиыр шетi, бұдан әрi қазақ жерi жоқ. Сөйте тұра, Көккөлде үлкен тарих жатыр. Тарих ¾ заман сыры, ел өмiрi, адам тағдыры. Жазушы жаны жай таппай, осы тарихтың шындығын бiлгiсi келедi. Көккөл кенiшi ¾ вольфрам тауы. Үлкендер жағы осы таудың адамдарға талай қасiрет әкелгенiн айтып отыратын. Таң қараңғысынан тұрып, кезектi сменаға кетiп бара жатқанда адамдар қар көшкiнiнiң астында қалған оқиғалар көп болыпты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл жерде негiзiнен еңбек армиясы жұмыс iстептi. Олардың көбiсi Самар, Үлкен Нарын, Катонқарағай аймағының адамдарынан тартылған. Қара жұмысқа әйелдер ғана емес, жас балалар да жегiлiптi. Өндiрiлген өнiм о баста таза соғыс мақсатына жұмсалған, танктердiң бронiн бекiтуге пайдаланылған. Климат жағдайының аса жайсыз, қатал болуы, жұмыстың азапты ауыр, тұрмыстың қиындығынан Көккөлде соғыс жылдарында да, одан кейiнгi кезеңде де өлiм-жiтiм көп болыпты.
Қасқыр мен құну басынған иесiз мекен, аш кезеңнiң үстiндегi өлген ауылдың сыры осындай. Тау асып, тас басып, жүз шақырымдық жол жүрiп келген саяхатшылар көп нәрсеге қаныққандай болды. «Әкелерiмiз бен аналарымыздың, аталарымыз бен әжелерiмiздiң қаншалықты бейнеттi жағдайда еңбек етiп, өмiр сүргенiн жүрегiмiзбен сезiндiк» дейдi автор. Иә, Көккөл әлгi адамдардың өмiрiндегi ең бiр азапты, ең бiр бейнеттi жылдары болған екен ғой. Бейнеттi болғаны соншалық, Көккөлдi артық рет еске алудың өзi жандарын жаралағандай. Зiл батпан сол азапты арқалап өткен ағаларымыз түгелге дерлiк өмiрден озып кеттi. Өкiнiштiсi ¾ бәрi де ерте кеттi. Көбiсi қырық пен елудiң iшiнде, ұзағаны алпысқа жете жығылды. Бәрiнiң дертi бiреу едi ¾ ол «силикоз» болатын. Силикоз деген ¾ өкпеңдi шахтаның шаңы қамап, «цементтеп» қатырып тастайды. Құдайдың тегiн ауасын, кеуденi кере армансыз бiр жұтуға зар болып, тынысың тарылып, ақыры тұншығып өлесiң.
Мiнеки, кезiнде Өр Алтайды шулатқан Көккөл туралы бiр шындықтың басы осы. Тарихты түгендемей болашақты барлау қиын. «Көккөл ¾ Өр Алтай тарихының үлкен бiр бетi, тар жол, тайғақ кештi тағдыры. Сондықтан бiз бiлген азғантай дерек келешекте толығады, кенiш туралы жасырын дүниелер жарық көрiп, шындықтың бетi ашылады деген үмiттемiз» дейдi жазушы. Оған сенiмiмiз үлкен. Өйткенi бiзге жазушының бұл жолдағы iзденгiштiгi ұнайды. Осы сапарда, көрiп отырсыздар, Көккөлдi көрiп қана қайтпаған, жолға шықпас бұрын қаншама зерттеу жұмыстарын жүргiзген. Көккөл кенiшi туралы Шығыс Қазақстан облыстық, Ұлан аудандық мемлекеттiк мұрағаттарынан, Семей қаласы мұрағатынан там-тұм деректер, болмашы мәлiметтер табады. Оның үстiне осы Көккөлге қатысы бар деген адамдармен, көзi тiрi қариялармен ауылдарды аралап жүрiп әңгiмелесу де оңай шаруа болмаған. Осындай iзденiс жолында қажырлы қаламгер кенiш туралы көп нәрсеге көз жеткiзiп, әсiресе, сол кездегi жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайларынан талай-талай таңғаларлық оқиға-әрекеттерге қанығады. Бiр ғана мысал келтiре кетсек, көп нәрсе мәлiм болардай: Көккөлдегi қара жұмысқа шыдай алмай, қашып шығып соғысқа кеткен Антонина Михайловна деген бiр апайдың мына сөзiне назар аударалықшы:
«Екiншi Украин майданында медбике боп соғысқа араластым. Әрине, майданда да бiзге оңай тиген жоқ. Шүкiршiлiк, жаумен шайқасу абырой мен атақ әпердi. Көккөлде ақ тер, қара тер боп қара жұмыс жасағандарға не бердi? Не абырой жоқ, не атақ жоқ, бәрi де силикоздан қойдай қырылып қалды».
Осының өзi-ақ Көккөл туралы көп жайды аңғартса керек. Табиғат пен адамды бiр-бiрiне жау етiп атыстырып-шабыстырып қойған заман-ай дейсiң!..
«Әлiбектiң қуалап отырғаны аңыз да емес, алтын да емес, өткеннiң өкiнiшi мен бүгiннiң ақиқаты» ¾ дейдi осы кiтапқа жазған алғысөзiнде жазушы Қалихан Ысқақов. Иә, Әлiбек сол өкiнiш пен ақиқаттың сырын ашып берген.
* * *
Кiтаптағы ендiгi бiр көлемдi толғау-эссе «Шындығатай» деп аталады. Бұл да жазушының ел мен жерге деген iңкәр сағынышынан туған дүние екенiн автордың мына бiр сөзiнен аңғарғандайсың. «Жер ортасы жасқа келдiк, кейде жүрекке жылу, көңiлге қанағат iздегендей алаңдауды шығардық. Сондайда бодаусыз тiрлiк, боданды қызметiңе емес, айналайын елден әлiге шейiн кiндiгiңдi үзбегенiңе iштей тәубе етiп, көңiлдi жебейдi екенсiң. Жебеп қана қоймайсың, соған марқаясың, малданасың».
Қаламгер осылай деп ағынан жарылады. Елiм, жерiм деп емiрене бiлетiн әрбiр адамның көкейiндегiнi дөп басады. Шынтуайтына келгенде, ел мен жердiң бiрiккен ұғымы туған ауыл емес пе! Ал ендi осы туған ауылдың қадiр-қасиетiн әрқайсымыз қалай сезiнiп, қалай түсiнiп жүрмiз?! Қалада жатып алып «ауыл, ауыл сенi сағындым» дегеннен не шығады? Ауыл кiмге керек? Ауылсыз өмiр сүре аламыз ба? Бiз ауылға керекпiз бе, осы?! «Сөйтсек, бiз ауылға емес, ауылдың бiзге қажетiн ендi пайымдағандаймыз. Ауыл жазған күнделiктi пәндәуи тiрлiктен қажыған жүрегiңе жылу, көңiлiңе нұр, жаныңа қуат беретiн ГЭС екен ғой» деп үлкен толғанысты тұжырым жасап, «туған жер төсiнде аунап-қунап қайтудан асқан рахат бар деп бiлмейтiн» жазушы аса бiр iңкәр сағынышпен қиыр шеттегi Шындығатайға жол тартады.
Туған жер, өскен ауыл ¾ алдымен адамдарымен ардақты, ел иесiндей болып отырған көптi көрген көнекөз қарияларымен қадiрлi. Тiптi, ол жерде ата-бабаларымыздың сүйегi, талай-талай аумалы-төкпелi заманды басынан өткерген ауылдың небiр арыстарының әруақтары жатқан жоқ па! Одан берiде сол ауылды қолымен құрасып, бүгiнгi күнге жеткiзген ардагерлер бар емес пе! Әлiбек, мiнеки, бұл сапарында алдымен сол әруақтарға тағзым етiп, тiрiлерге сәлем берудi өзiне үлкен борыш, перзенттiк парыз санайды. Және олардың әрқайсысының өмiрдегi орнын, елге, ауылға сiңiрген еңбегiн құрметпен еске алып, тағдыр-талайларынан аз-кем сыр суыртпақтап, оқырманын өзiмен бiрге ойландырып отырады. Кешегi Ұлы Отан соғысында мерт болған ауыл боздақтарына бағышталған ескерткiш ¾ обелискiге тағзым етумен бiрге сол тұғырды орнатқан халқымыздың ардақтысы, Еңбек Ерi Бошай Кiтапбаевтың еңбегiне құрмет көрсетсе, барша саналы өмiрiн Катонқарағай өңiрiнде ұстаздық етумен өткiзген Қаратай елiнiң күйеу баласы Сақан Құрманов зиратына тiзе бүгуi жүрек тебiрентерлiк болып шыққан. Қарап отырсақ, алақандай ауылдан да алуан-алуан тағдырларды кезiктiредi екенсiң. «Ауыл десек ¾ менiң құлағыма сызыла сыңсыған әлде бiр ән келгендей болады да тұрады» деп Әлiбек өзiнiң де, өзгенiң де жүрегiн шымырлата сонау бiр бозбала күндерiн есiне түсiредi. Тай-құлындай тебiсiп бiрге өскен, қолынан бал тамған өнер иесi, шешен тiлдi ¾ Жанұзақ Байгереев деген досын сағынышпен күрсiне есiне алады. Жанұзақты жазушы Оралхан Бөкей де жақсы бiлiп, таныған екен. Ол туралы әңгiме болғанда Орағаң: «Шынын айтсам, мына Алматыда бiз емес, Жанұзақ жүруi тиiс едi, ¾ деп екiұшты ой тастап, басын шайқаған» дейдi жазушы.
Осы Жанұзақ төңiрегiнде толғана отырып жазушының сол бiр ауылда өткiзген бозала таңдағы бозбала шақтарына «сапар шегуi», Оралхан Бөкей, Жанұзақ үшеуiнiң тау аралаған кездерiн еске түсiруi толғаудың аса бiр тебiренiстi беттерi деп бiлемiз. «Елден қол үзбеңдер. Алматы кеткендердiң iшiнде елден қол үзгендер көп, бiрақ жетiсiп жүрген бiреуi жоқ» деп, бiр сөзiнде Орағаң аманат жүктесе, ендi бiрде: «Кез келген азамат аяғын жерге, арқасын елге тiреуi тиiс. Мiне, ұлттық топырақ-тамырдан ажырамаған сондай адамдардан ғана нағыз азаматтар шығады» дейдi. «Шындығында, ауылға Оралхандай iңкәр жанды табу қиын едi... Әйтеуiр, Орағаң соңында қалған бiздерге туған жерге деген жүрегiнiң ыстық отын тастап кеткенi шындық» дейдi Әлiбек.
Сапар барысында тау арасына ел iшiне дендеп енген сайын табиғаттың тылсым тынысын сезiнумен бiрге, елдегi ағайынның адал көңiлiне, ақжарқын мiнезiне тәнтi бола жүрiп, ауыл адамдарының әсте бiр-бiрiне ұқсамайтындығына көзi жете түседi. Байқасаң, түрiмен де, жүрiсiмен де, iстеген iсiмен де бiр-бiрiн қайталамайды екен. Ал мiнез-құлықтарына келсек ¾ әрқайсысы бiр-бiр дара тұлға дерлiк.
Осы тұста солардың бiрнешеуiн айта кеткен де орынды сияқты. Айтқаны айдай келетiн «жұлдызшы» атанған Бөжен Төгiсов туралы жайбарақат оқи алмаймыз. Ал соңғы бес-он жылғы қоғамдағы өзгерiстер тудырған жаңа типтi адамдар характерлерi тiптi қызық: Сөзжұмбақ шешiп жұрттың ығырын шығарған Елжас мұғалiм, телесериалдар көргiш Бәтiш апай, табиғат қорғаушылар қоғамына мүше болған Дәурен ағай, көсем де шешен Мұхтар Сахариев, сыбызғышы қария Шанақ Ауғанбаевтар туралы небiр қызықты хикаяларға қанығып, табиғи тума таланттардың қайнары қарапайым ауыл екенiне тағы да көз жеткiзесiз.
Автор сондай-ақ, туған ауылынан, жалпы ауданнан ертерек кетiп, қала жақта оқып-жетiп, кейiндерi түрлi жауапты орындарда қызмет iстеген, ғылым жолына түскен бiрқатар катонқарағайлық асыл азаматтарды кейiнгi ұрпақ бiле бермейтiндiктен, зерделерiне сала кету мақсатымен солардың бiр тобының аттарын атауды өзiнiң азаматтық мiндетi санаған. Олардың iшiнен оқырман бiз де бiр ауыл, аудан ғана емес, бүкiл елiмiздiң мақтанышына айналған зиялы азаматтардың аты-жөнiн бiлiп риза болдық. Айта берсек, жазушы бұл толғауында ел iшiнде үлкендi-кiшiлi қызмет тұтқасын ұстап, туған ауданына, ауылына адал қызмет етiп жүрген, нарық заманындағы тығырыққа тiрелген ауылды тағдыр тәлкегiне тастап кетпей, қамқор болып, қолдарынан келгенше елдiң еңсесiн көтерiп келе жатқан Толқын Райысов, Жанымхан Құндызбаев, Алтайбек Сейiтов т.б. сияқты көптеген азаматтардың атын атап, еңбегiн көрсетiп, мәртебелерiн бiр-бiр көтерiп тастайды. Ел мен жердiң қадiрiне жеткен осындай азаматтардың арқасында елдiң жағдайы жақсарып келе жатқанын айтып, олардың қайсысына да бас иiп, тағзым ететiнiн бiлдiредi. Туған ел алдындағы кiшiлiк пен кiсiлiк осындай-ақ болса керек.
Ел қадiрiн көрген бiледi, жер қадiрiн жүрген бiледi дегендей көз көрмес, құлақ естiмес алыс мекен, құлан жортпас құла дүз, иен өңiр Шындығатайға жеткенше сапаршылар талай жердi көрiп, талай адамдармен жүздесiп, көп нәрсеге қанығады. Шынында да кең байтақ қазақ жерiне, қазақтың елiне күн осы Шындығатайдан шығады екен. Әңгiме демекшi, Алтайдағы аңыз бен әңгiменiң бiр арнасы аңшылық пен саятшылыққа сайып жатады. Толғаудағы осы аңшылық хикаяларынан сыр шертетiн әңгiмелер де оқырманды елiктiрiп, табиғат тылсымдарына бойлата түседi. Жер қадiрi дегенде, айналайын Алтайдың қай қасиетiн айтып тауысарсың. Арғы тарихқа тереңдемей-ақ қоялық. Өр Алтай тектiлiгiн анау жылғы ашаршылық нәубетiнде мықтап көрсетiптi деседi. Өткел таппай ұйлыққан елдi құтты бауырына басып, барымен бөлiсiп, балымен жұғысып, қасiреттi бәлекеттен сақтап қалыпты. Соның арқасында бұл өңiрде ел өткерген аштықтың анау айтқандай сұмдығы болмаған көрiнедi. Осының бәрiне Алтайдың әр белiнен асқан сайын, әр қолатына кiрген сайын көзi жетiп, жазушы өзiмен бiрге бiздi де қасиеттi Жер-Анаға табындырып отырады. Бүгiнде әлем шулап жатқан Берел қорымы, Пазырық қорғаны, Шiлiктi ғаламаты, айта берсең толып жатыр, Алтай жарықтық қойнына нелер бiр ғажайып сырды бүгiп жатқаны ақиқат.
Жазушылық шабытының қайнары осы Алтай екенiн, осы таулы өлке күнi-түнi жадынан шықпайтынын Әлiбек Шындығатайдың адам баспас алыс түкпiрiндегi Мұқыр өзенiнен өткенде ерекше бiр толқыныспен сөз етедi. Өзiнiң «Өр Алтай мен қайтейiн биiгiңдi» романындағы талай оқиға, талай тағдыр автор қиялымен осы жерде өткен. Тау суындай мөлдiр, ақша қардай таза ниеттi әпендiлеу кейiпкерлерi осы арада ғұмыр кешкен.
«Ел iшiне жақындатсаң арамдық жұғып қалады. Сосын кейiпкерлерiм қуланып, өзгерiп кете ме деп қорықтым» дейдi жазушы. Тазалықты тылсым табиғат аясынан, сол табиғатпен қоян-қолтық араласқан адамдар арасынан табады. Иә, бiр қиян шеттегi Шындығатайға тұмса табиғат арасына қаламгер мынау қым-қуыт ғаламнан, алаңы көп тiршiлiктен тазалық iздеп келгендей.
Сөйтiп, Алтайдың арда табиғатының әлдилеуiмен көп дүниенi көрiп, көп адаммен жүздесiп, көп нәрсенi көңiлге түйiп қайтады. Бүгiнгi заманға сай жаңаша тiршiлiк бастап жатқан, жаңғыра бастаған ауылды көрiп сүйсiнедi. Елдiң ақжарқын көңiлiнiң, жұрт шырайының тазалығын көрiп марқаяды.
Осы тұста еске түсiп отыр, жоғарыда аталған «Өр Алтай мен қайтейiн биiгiңдi» шығармасындағы қиыр шетте тау жайлаған қазақ ауылының «қайта құру» деп аталған кезеңдегi қиын тағдыры тебiренiспен көрсетiлiп, ел мен жердiң жағдайына жазушының жаны ауырып, Алтайдың асқар биiгiнен де, көркем табиғатынан да түңiлгендей бiр сыңай байқалса, мына шығармаларда «Өр Алтай, мен сенің биiгiңдi аңсаймын» деген бiр өршiл сезiм, көтерiңкi көңiл аңғарылады. Қайта көтерiле, жаңғыра бастаған ауыл өмiрiне, жаңаша тiршiлiкке сүйсiну, жаңалыққа деген құштарлық, болашаққа деген сенiм байқалады.
«Сол ауылдың уыздай ұйыған салт-дәстүрiнде, имандылық ғұрпында, адамгершiлiк рухында бiздiң ұрпақтың идеологиялық iргетасы қаланды... Бүгiнгi менiң замандастарымның бойынан иненiң жасуындай болса да iзгiлiктi, жақсылық нышанды аңғарсаңыз ¾ қазақтың қарапайым ауылының тәлiмi деп бiлiңiз» дейдi қаламгер. Сөйтiп, көбiмiздiң көкейiмiздегiнi дөп басып, ауылға деген құрмет, сағынышымызды оятады. Толғау соңын жазушы, жалпы бiздiң халқымыздың рухани мәйегiнiң ауылда екенiн, ғасырлар бойы солай болғанын, бүгiнде солай болып отырғанына көзiн жеткiзе тұжырымдайды.
Түйiндей келгенде, «Шындығатай» эссе-толғауы бүгiнгiдей ауылға бет түзеген заманда елiн, жерiн ұмытпаған, туған топырағын қастерлейтiн кiм-кiмнiң де iзгi сезiмiн оятатын, намысын қозғайтын шынайы жүрек отымен дер кезiнде жазылған шымыр шығарма деп қабылдадық.
Дер кезiнде демекшi, осындай ел мен жер туралы жаңаша толғаныспен жазылған кiтаптың жедел жарыққа шығып, оқырмандарға тезiрек жетуiне қол ұшын берiп, демеушiлiк жасаған «Центр Кредит банктiң» Астанадағы филиалының бас директоры Мырзабеков Шаттықберген мырзаға ризашылық айтқанды жөн санап отырмыз.
* * *
Кiтаптағы соңғы толғау «Мұзтау» деп аталады.
Мұзтау. Атақты Мұзтау. Оралхан жазған құдiреттi Мұзтау. «Көңiлiм сенген соңғы жылдарғы бiр шындық ¾ Мұзтаудың қадiрiне бiздiң қазақ әлi күнге жете қоймапты» деп бастайды жазушы толғауын. Әй, енжар мiнездi қазекем-ай, ненiң қадiрiне жетiп едi! Төбесiн көргенiне ғана мәз. Шындығында ары-берi сұрастырып көрсе, күншiлiктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендерi болмаса, бiздiң ағайын арнайы iздеп Мұзтауға ғұмыры бармапты ғой. Не деуге болады? Намысың келе ме, келмей ме?!
Алтайда туып-өскен Әлiбектiң Мұзтау бала күнгi аңсарының бiрi болатын. Әйгiлi тау туралы әр түрлi әңгiме-хикаяларды естiп өскен оған Мұзтау бейнесi сұмдық қиындықпен, тiптi өлiммен қабаттаса елестейтiн. Бәрiбiр ұлы тау өзiне қызықтыруын қоймаған. Әр келген сайын Мұзтауға шұбырған басқа халық өкiлдерiн көрiп: «Мынанша жұрт бесiктегi баласымен қоса жаяу-жалпылы Мұзтауға шұбап бара жатқанда, соқталдай еркектер бiзге не жоқ, осы бiздер неден тайсақтап, неден жасқанып жүрмiз», ¾ деген ой намысын қамшылайтын.
Сөйтiп, тәуекел деп Мұзтауға сапар шегедi. Бұл сапарға дайындық кезiнде де Мұзтау жөнiнде көптеген кiтаптардан, интернеттен бiршама материалдар жинастырып, әжептәуiр зерттеу жүргiзедi жазушы.
Мұзтау ¾ Алтай тауларының ең биiк нүктесi, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қақ күмiсше жарқыраған шың. Мұзтаудың басы мен етегi мәңгi қар, алуан түрлi мұздықтар... Жер шарының энергетикалық өрiсi осы Мұзтауда тоғысқан деген де сенiм бар. Ол энергетикалық өрiс ғарышпен байланысты, сол арқылы бұл маңайға келген адамдарға Мұзтау күш-қуат берiп, жан сарайын тазартады, денсаулығын түзейдi. Осы себептi де Мұзтау ¾ Жер-ананың кiндiгi саналады. Бұл жерге жылына жүздеген альпинистер, мыңдаған туристер тоғысады. Орыстың әйгiлi суретшi-философы Н.К.Рерихтiң iзбасарлары, сондай-ақ Будда дiнiнiң шыққан тегiн iздеушi шамбалашылар легi ала жаздай толассыз шұбырып жатады. Олардың iшiнде алыс шетелден ¾ Италиядан, Германиядан, Австриядан, Индиядан келетiн туристер де баршылық.
Жалпы, Мұзтаудың биiгi жылына 14 күн бойы ғана ашық тұрады екен. Оның өзi шiлде мен тамыз айларына сәйкес келетiн сияқты. Осылай жазушы Мұзтауға әбден зерттеу жүргiзген. Тiптi, Мұзтау мұздықтарының ұзыны мен қалыңдығын дүние жүзiндегi биiк таулармен салыстыра қарастырады.
Қиын-қыспақты, құз-жартасты Мұзтау жолында сапаршылар тау құдiретiн барынша сезiнгендей болады. Әуелгiде тұман арасынан Мұзтаудың жақпар тасты қарлы шыңы жылт етiп көрiнгенде, әйгiлi шыңның заңғар айбары жүректерiн кәдiмгiдей шайлықтырып тастайды. Астанадан алып-ұшып келген көңiл пәсейе қалады. Ұлы таудың пысы басады. Мұзтау бөрiкпен қағып алар оңай олжа емес екенi ендi ғана саналарына жетiп тiксiнiп қалысады. «Мұзтауға беттеген адам ақ ниет, адал пейiлмен жолға шығуы керек, ¾ деген бiр альпинистiң сөзi еске түседi. ¾ Әсте «мен Мұзтауды бағындыру үшiн бара жатырмын» деген асылық ойдан аулақ болу керек. Мұзтау шамшыл, қазымыр, мерт қылады. Көп альпинистер Мұзтау аласа екен деп менсiнбеушiлiк жасап, алданып қалады».
Ал Мұзтауға жақын келгендегi әсер тiптi бөлекше болды. Ұйтқи соққан алапат боранға қарамай, жiгiттер арқаланып кетiп едi. «Мұзтаудың маңайына үйiрiлген ақша бұлттардың әдемiсiн-ай!» деп таңданысты. Оның үстiне Мұзтаудың ұшар биiгiнде боранмен, бұлтпен араласып қыран ұшып жүр едi... Таудың құдiретi-ай десеңiзшi! Ендi бiрде қайдан келiп, қайда тұрғандарынан жаңылысып, жер теңгедей, аспан тебiнгiдей бола қалады. Бiресе әлдебiр жұмбақ әлемнiң, тылсым тыныштықтың ортасына тап болып, қалтырап тоңа бастайды. Қалай болғанда да әйтеуiр бiр тылсым күш баурап билеп алғандай. «Тау адамға қайрат-күш бередi деседi бiлетiндер. Өз басым осы қағидаға имандай сенетiнмiн. Ол үшiн алдымен тауды сезiне бiлу керек, оның ғаламат қуатын, энергиясын бойыңа сiңiре бiлу қажет ¾ дейдi Әлiбек тау туралы толғана келiп. ¾ Сонда ғана таудың құдiретiне, оның ұлылығына бойлауға болады. Әйтеуiр, менiң бiлетiнiм ¾ тауда болған осындай бiрер күнiң мен түнiң бiр жылға медет. Кейiн қыстың қақаған аязында да түсiңе кiрiп, жүрегiңдi жылытып, көңiлiңдi нұрландырып жүредi».
Иә-ә, таудың, тылсым табиғаттың құдiрет-күшiн, адамға әсерiн жазушы өте бiр нәзiктiкпен түйсіне бiлген. Туған табиғаттың әрбiр көрiнiс, құбылысын (жаңбыры мен қарын, бораны мен найзағайын, тұманы мен бұлтын, айы мен жұлдызын) бүкiл жан-дүниесiмен қабылдап, сезінеді-ау шiркiн!
Сезiну үшiн көру, көре бiлу керек қой. Әлiбектiң Алтайға деген алабөтен құштарлығынан оның табиғатты көру, түйсінуі де ешкiмге ұқсамайды. Өйткенi, Әлiбек жазушы ғана емес, суретшi де ғой. Тылсым табиғаттың әр түрлi бояуын ¾ өртенiп жатқандай алаулаған шалғын, күлгiн түске нәзiк бөгiп жатқан алаң, көз арбаған көгiлдiр сағым, қанқызыл түстi таушымылдық, қыз ернiндей үлбiреген таңқурай, ақшешек қаптаған аппақ дала ¾ деп бар бояуымен тап басып, көрiп қабылдайды. Табиғаттың тылсым да тұнжыр көрiнiстерiне әсерленгенде әлемдегi ұлы суретшiлердiң әйгiлi картиналарымен салыстырады. Таудағы манаураған айлы аңғар, ағараңдаған Ақбұлқақ Архип Куинджидiң Днепрiн еске түсiрсе, сыңсыған орман Шишкиндi, шыңдар Рерихтi елестетедi. «Таңғы ауа қандай тұнық едi, айнала неткен ғажайып едi, бәрiне көгiлдiр көзәйнек астынан қарағандайсың. Орал Таңсықбаев ағамыздың жауhар туындысы ¾ «Менiң әнiмдi» көз алдыңа әкелгендей» десе, ендi бiрде «Аспан көгiнде қалқыған Мұзтау көрiнiсiн бейнелеуге айлы түнгi Тадж-Махалды салған Верещагиннiң де шеберлiгi жете қоймас, сiрә», «Табиғаттың қорғасын түстес сұрғылт астарынан бiр-бiрiмен үндес, бiрiмен-бiрi нәзiк нақышпен астаса жалғасқан мың сан бояу түсiн ажыратқандаймын. Бейне бiр валёр тәсiлiнде жазылған Камиль Короның тұнжыр әрi ғажайып пейзаждары көз алдыма келгендей болады» ¾ дейдi.
Көру, сезiну, түйсiну осындай-ақ болар. Кiтаптың әрбiр бетiнен табиғаттың құдiреттiлiгiн, сұлулығын жеткізер жазушының байқағыштығы мен сезiмталдығы арқылы жасалған суреттер мол ұшырасады. Айталық, «Тау қойнауы манаураған қаракөк сағым астарында бiраз уақыт бусанып жатты. Сосын шың бастарындағы қарға шағылысқан күннiң сүт сәулесi бiртiндеп етекке ойысқан»; «Әлдебiр арқыраған адуын өзен биiк тастан екпiндей қарғып, төменге, шатқалға қарай өкiре құлап жатыр»; «Жарқ еткен ашық бояу жоқ, тұнжыр бұлттар шығысқа қарай түнере жылжып барады»; «Мұзтау баяу қозғалатын сияқты, аппақ кемедей қалықтап көк аспанда жүзiп бара жатқандай сезiмiңдi қытықтайды»; «Батар күннiң соңғы шапағы биiк шыңдардың басында ғана iлiнiп дiр-дiр етедi».
Осылайша барша сұлу ажарын ашып, мырзалығын аямай-ақ төгiп салған табиғат көрiнiстерi көңiлге әсер етiп, жүректi сазды сағыныш сыздатқандай болады. Ерекше бiр әсерге бөленiп автормен бiрге елжiрей қарайсың, егiле үздiгесiң. Тылсым да тұнжыр табиғат үнсiз ой тұңғиығына жетелей бередi. Тiптi, баурап алғаны соншалық, көкiректi өзiң де сырын бiлмейтiн белгiсiз сағыныш кернейдi. Сағыныш демекшi, кiтаптағы толғаулардың қайсысынан болса да қаламгердiң ел мен жерге, туған табиғатқа деген ынтызар сағынышы бұрқырай есiлiп жатады. Жоғарыдағыдай әсем көрiнiстерге жайбарақат қарай алмай, «үп еткен самалмен қосылып үлбiреген шәлiдей толқығанда көзiң жасаурайды» дейдi, уыздай ұйыған шалғынды көрiп. «Аттан қарғып түсiп, шешек атқан жер-анаға аунап-аунап алғың келедi...» дейдi тағы да. Неткен шынайы сезiм. Туған топыраққа деген неткен сүйiспеншiлiк! Жастайынан табиғатпен бiте қайнасып, оны аялап, сүйiп өскендiгiнiң бiр дәлелi кiтапта жазушының аңдар мен құстардың небiр түрлерiн атап, ағаштар мен өсiмдiк, жемiс-жидектердiң түр-түрiн ажырата көрсетiп, әсерлене әңгiме етуi деймiз. Олардың бiр-бiрiнен айырмашылығын, тiптi кейбiр өсiмдiктердiң емдiк-шипалық қасиеттерiн де таныстырып өтедi.
Осылайша туған табиғатты, ел мен жердi шексiз құштарлықпен сүйiп жазғандықтан да шығармаларының тiлi төгiлiп түсiп, небiр шұрайлы тiркестер мен шырайлы суреттер оқырманның көңiлiнен шығып, сүйсiндiрiп отырады.
Осы ретте аталған толғау-эсселердiң көркем әдебиет пен көркем публицистика арасындағы айрықша жаңа дүние екендiгiн баса айтуымыз керек. Өйткенi ел тарихы мен жер тарихына саяхат жасай отырып, танымдық мәнi мол деректермен әдiптелген, кестелi тiл, кесек бейнелеулермен өрнектелген, көркемдiк талаптарға толық жауап беретiн бұл шығармаларды қазақ әдебиетiндегi тың жанр деп таныған орынды.
Қаламгер ел мен жердi аралаған кезде осындай әдемi әсерлермен бiрге көңiлге кiрбiң түсiретiн, өкiнiш, мұң ұялататын жәйттердi де ашық айтып, өзiмен қоса оқырманды да ойландырып тастайды. Айталық, бұрындары сай-сала, қойнау-қолаты мыңғырған малға толы қазақтың жазыла жайылатын небiр көрiктi қоныстары мен үкiлi жайлаулары малсыз, жансыз, құлазып иесiз қалған. Е-е, ел аман, жұрт тыныш болса, әлi-ақ өрiсiмiз малға толып, жайлауымыз қайта жаңғырар деп өзiмiздi өзiмiз жұбатамыз. Ал келмеске, қол жетпеске айналған жайлаулар мен атақоныстарды қайтемiз?! Алтайдағы атақты Шабанбай жайлауымен бiз Оралхан Бөкей шығармаларынан таныс едiк. Тәуелсiздiктiң алғашқы аласапыранында белгiсiз себептермен сол жер жәннаты Шабанбай жайлауы сонау Қатынсуға дейiн, тiптi тәңiрiдей Мұзтаудың өзi айналасымен түгел, Ақалақа, Үкөкке дейiн Ресейге өтiп кетiптi. «Шабанбайдай жер қайда, Бұландыдай көл қайда!» деп әнге қосатын қайран асыл мекендер-ай десеңшi!
Жазушы жанын жүдеткен тағы бiр жәйт ¾ автордың өз сөзiмен айтсақ, «айтпайын десең тiлiң қышып, iшiң қыжылдайды». Кейбiр жер атауларының көпе-көрнеу бұрмаланып орысша аталып кетуi. Қаракөл ¾ Язевое озеро, Ақбұлқақ ¾ Белая Берель, Бүркiтауыл ¾ Бернитаул, Қоңыржон – Листвяга, Қарайрық – Черная Берель, Тасшоқы – Щебенюха, тiптi Мұзтаудың өзi барлық жерде тек Белуха деп қана аталады. Бұған мысалды тiзе беруге болады. Не уәж айтарсың?! Көңiлiңе мұң ұялап, жаның жабырқап, жүрегiң сыздайтын-ақ жағдайлар бұл.
Түйiндей келгенде, талантты қаламгердің бұл жаңа кiтабы бүгiнгi тәуелсiз мемлекет азаматының, сыршыл жазушының егемендi елi мен қасиеттi жерi туралы жаңаша жан толғанысы, жүрек сыры деп бiлемiз.
«Егемен Қазақстан» газеті.