Байланыс телефондары:
(727) 397–61–15
(707) 532-77-20
» » Қалихан Ысқақ

Қалихан Ысқақ

23 сентябрь 2018, Воскресенье
1 551
0

Қалихан Ысқақ,

жазушы-драматург, 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


АЛТАЙДА АШЫЛМАҒАН ЖҰМБАҚ КӨП


Алтайды бізден гөрі шет жұрт көбірек зерттеп, көп жазған секілді. Ықылым заманнан бергі соның бәрін жинай берсек неше том боларын бір Алланың өзі білсін. Бәрініңде айтары: Алтайға жетер әлемде екінші жер жоқ дейді. 

Ақбас шыңдары аспанмен тілдескен, аспаны ғарышпен үндескен түркілердің ежелгі Отанына көз тікпеген ел бар ма екен?.. Сан экспедиция, қаншама жиһанкездің зерттеулеріне сүйене келіп, жаһандық пікір: аңызға айналған Жерұйық (Страна Беловодье) Үнді елі мен Орта Азияның аралығы  Бұқтырма өзенінің бойында деген жорамалға тоқтаған еді. Осыған иланған Ресей патшасы Бірінші Петр де екі дүркін экспедиция жіберген екен. Оның ақыры «Бугорщики» атанып кеткен әскери отрядтардың бүкіл Сақ қорымдарын түк қалдырмай тонауымен аяқталған. Зауалды күнді бұрын сезгендей, бабаларымыз зираттарын екі қабат етіп жасап, мәйітті тереңге көміпті де, алтын-күміс секілді қымбат заттарды төбесіне тастай салыпты. Жат көздің жерімізге тамсанғаны былай тұрсын, көрімізді қазғандары да толып жатыр. Бүгін, әріде Сақ, беріде Тұран тарихының куәгері болып отырған Пазырық пен Берел сияқты қорымдар соның айғағы.

Біздің жыл санауымыздың 61-жылы Ергенектінің мекені Отыкенге жиналған қалың түркілер 551 жылы Тұран империясын жариялап барып солтүстік батысқа жылжыған. Отыкен —отыкең, таусылмайтын түпсіз байлық деген мағынада болса керек, көне түркіше Үтікен деп те аталған, Ханғай деген аты бар екен. Мүмкін Хұнғай шығар, әлде Гун-ғай ма екен, түбі тау мен жер атына байланысты болса керек. Қазіргі Алтай өлкесі мен Монғолияның үштен екісі, Төр Алтай мен Өр Алтай, Ертістің Арқаға шығар аузына дейінгі ұлан-ғайыр... Арғын Аттила да (Еділ патша), дулат Ашбөрі хан (хан Аспарух) да, қият Темірше де (Шыңғыс хан) осы өңірден аттанған. Тарихшылардың әлі күнге іздеп жүрген Отыкені де осы. Жат жұрт жан-жақтан қыса келіп, Отыкеннің етек-жеңін кесіп әкеткенде ежелгі жұрттың оймақтай кіндігінде — Өр Алтайға он екі ата Абақ Керей (Шығыс Түркістанда), Төр Алтайға (Катонқарағай ауданы) Ергенектінің Қаратай елі ғана сыйып отыр.

Катонқарағай. Дұрысы — Қатынқарағай - Ана жұртым, Қараорманым, Атамекенім деген мәні бар. Елін, жерін қорғаймын деп бүкіл тарихын соғыспен, қанымен жазған қазаққа қарағайы қорған, тауы бекініс болғанда, өзендері  сол қазақтың көз жасы. Тұтас бір эпикалық халықтың отанын таптап, Отыкеннің ошағын өшірмек болған екі бірдей империяның отаршылдық саясатын ақтау үшін дүниежүзілік тарихта «түркі зорлығының үш кезеңі» деген тараулар да жазылған (Аттила, Ашбөрі хан, Шыңғысхан). Отаршыл империялар біреудің жерін жаулап қана қоймай, сол елдің тарихы мен мәдениетін көшіріп алып, иемденіп те келді. Ең басты зорлық — ен байлығын, кен байлығын тонау еді. Күні кеше, 1886 жылы Қаратай елінің тең жармысы  Шабанбай өңірін Ресей патшасы жекеменшігім деп жариялап, жергілікті халық Бұқтырмадан ат суара алмай қалып еді, ол аздай 1910 жылы патша үкіметі қаулы шығарып, бүкіл Қаратайды Қарқаралыға көшіріп, Алтай аймағын ақ патшаның қанжығасына байлап бермек болды. Арада бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, оның аяғы қазан төңкерісіне ұласты да, әйтеуір ел Аллалап жүріп атамекенде қала берді. Бірақ совет өкіметінің де жарытқаны шамалы: «Не пущать, возвращать не обязательно!» деген жасырын бұйрықпен осы өңірдің шетке ауған халқының тең жармысын 1928-1939 жылдары отап жіберді. Соңғы 70 жылда орманын айтпағанда, кен үшін жері мен тау-тасының талқанын шығарып, радиациялық қалдығын да көмбей тастап кетті. Жыл сайынғы түсті металдың 95 пайызын Қазақстаннан сауып, есесіне республика бюджетіне соқыр тиын бөлмегенін айтсақ та жетіп жатыр. Шүкір, тәуелсіз ел болған соң өзіміздің кім екенімізді танып, жерімізді түгендей бастадық. Біз бөркімізді аспанға атып жүргенде Ресей Қатынсудың бер жағына өтіп алып, Ақа-Лақыдағы Сақтардың көне қорғандары көршінің территориясында қап кетті. Тағы бір көршіміз емініп отырып жер сұрап алғандай болып еді, қалай десек те бәрінің артында әлімжеттік пен империялық психологияның менмендігі жатқан тәрізді-ау...

Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың бұл кітабы қазып оқығанға көп мағлұмат беретін, бір өңірдің кейінгі бір ғасырдағы тарихымен таныстыратын дерекке толы маңызды туынды. Төр Алтайды бұрын да өзінің көркем шығармаларының мәйегіне өзек етіп жүрген жазушы бұл жолы жазушылық өнерден гөрі Атамекен алдындағы өзінің азаматтық борышын алға салған көрінеді. Қаратай елін қамалдай қоршап жатқан ұлы таудың үш медиенін автор бекерге алып отырған жоқ: Көккөл, Шындығатай, Мұзтау — бұлар қазақ дейтін жұрттың шығыстағы үш тіреуі, үш тірегі десек те болады. Қытай, Монғолия, Ресей — үш бірдей мемлекетті қоңсылықа алып, аспаннан алақтап арғы беттегі ежелгі қонысты да еске салатын ұшар биігіміз. Менің шекарам, менің атамекенім, менің отаным дегенді жазушы әдіптің астымен-ақ айтып отыр. Сан ғасырлық тарихты бауырына басып жатқан ұлы таудың рухы оның шыңдарынан да биік екенін орманын кешпеген, тасын баспаған, суын татпаған адам білер ме екен?.. Төр Алтайдың қасиеті де, қасіретіде осы кітаптың ішінде. Автор көргенін ғана емес, көкейдегісін де қоса өріп, оқушының сезіміне, зердесіне тастап отыр...

... Көркіне көз тоймайтын ғажайып табиғаттың ортасын ойып, ұлы таудың ұшар биігінде қаңырап қалған иен мекен жатыр: барақтар, сарайлар, ағаштан төселген жаяу жолдар, тас ұнтақтайтын техника, қайла, күректер, заманы өтіп қаңсып кеткен құрылыстар... Қырық күн шілдеде де қарлы-бұршағы, боран-шашыны басылмайтын бұл мекенді бүгінде тіміскіп келіп-кететін құнудан (росомаха) басқа тірі мақұлық баспайды. Бірақ бір кезде мұнда да адам жүрген, бір кезде бұл жерден вольфрам қазған, алтын жуған. Руданы ит өлген етекке арқалап жаяу тасыған... қияметіне катержан (каторжник) шыдамайтын азапты соры қалың «еңбекші халық» атқарыпты. Катержаннан бір артықшылығы — өле қалса ешкім жауап бермепті, тірі қалса өмірінің ұзын-қысқалығына ешкім куәлік бермепті. Қазір куә болар да ешкім жоқ, өйткені көзі тірі ешкім қалмаған. Аспанмен тілдескен Мұзтаудан қуат аламын деп келетін туристер, ғарышпен тілдесемін деп баратын бұрынғы космонавтар Көккөлге соға бермейді. Себеп... түсті металл бар жерде уран бар, уран бар жерде...

Алтай туралы аңыз көп. Алтайдың алтыны көшіп жүреді, алтынды қуған адамды ажал да өкшелеп жүреді дейтұғын аңыз да бар. Әлібектің қуалап отырғаны аңыз да емес, алтын да емес, өткеннің өкініші мен бүгіннің ақиқаты. Мүмкін, Көккөлдің сезім түршіктірер үрейін, тәніңді ғана емес, жаныңды мұздататын боран-шашынын, боранымен жарыса ұлитын қу медиеннің мұң-зарын салқын суреттеуіде осыдан шығар. «Көккөлді» оқып отырып, ұлы тау сан ғасырлар бауырына басып тұншықтырып жатқан зауалды қазып шығарған XX ғасыр екенін осыдан кейін түсінесің. Әрине, табиғатқа, табиғаттың бір перзенті адамзатқа қасірет әкелетін  заман, оның адресі де белгілі ғой...

Шындығатайға жеткенше жер астына түсіп кеткендейсің. Шындығатайға жеткенше қос қапталыңнан қуалап отыратын заңғар таудың төбесінен жаңбырдай себелеп тұратын сарқыраманың ұшқыны жаныңа рахат сепкендей. 

Шындығатай! Күнді жұрттан бұрын бірінші көреді екен. Күн осы жерде ұлы тауды тесіп шығады екен. Әр биіктің басына жамырап кеткен күн шапағы Қара Лақа өзеніне қайтып кеп қонады екен. Шындығатай жер биігі. Шындығатайға жеткенде төбең көкке жеткендей, көңілің көк тірегендей! Алтай түске дейін адамға шапағын бүркіп дем салады, аруағын көтереді, түстен кейін көкірегіңді басып, пысымен қорқытады. Алтай түске дейін күліп отырады, түстен кейін күңіреніп отырады. Мінезі осындай. Шамырқанып таспа, шамаңнан аспа дегені де. Әлібек Төр Алтайдың үш босағасына үш түрлі мінез тауып берген. Мұзтау — такаппарлығы. Көккөл — мұңы мен көзінің жасы. Шындығатай — тіршілікке деген шапағаты! Бірақ үшеуін қосқанда да ұлы таудың қасиеті мен қадіріне жету қиын. Өйткені, оның жұмбағы көп. Біреулер ол жұмбақты ғарыш қана шешеді деседі. Мейлі, бәрін айтпағанда бізге бабаларымыз тастап кеткен жұмбақ қаншама! Ол үшін бір Әлібек қаншама тер төгер, көп Әлібек қаншама тер төгер?! Тәуелсіз мемлекет болғанымызға да көп жыл өткен жоқ. Босаға мен төрімізді тұйықтағанымыз да кеше ғана. Мүмкін, Төр Алтай енді сол жұмбағын еліне өзі ашып беретін шығар...


«Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» 

кітабына жазылған алғысөз.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«САФАРИ ЖАЗБАЛАРЫ»
АЛДАНҒАН  ҰРПАҚ  (Социализм хикаяты)
05 август 2018, Воскресенье
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ (Социализм хикаяты)
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
05 август 2018, Воскресенье
«ӘЙЕЛ ПАРАСАТЫ»
ӨР АЛТАЙ
05 август 2018, Воскресенье
ӨР АЛТАЙ
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
22 июнь 2018, Пятница
CУРЕТШІНІҢ АЙТҚАН ӘҢГІМЕСІ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасы Ұлттық Кітап Палатасы-"Ақпараттық технологиялық орталығы" Қоғамдық қоры